Адам қарады: 1413 | Жарияланды: 2018-03-13 01:57:25

Ең әдемі құс қайсы?..

- Ең әдемі құс қайсы?

Ол қай құсқа ұқсайды? –

Деп Бек қойды сұрақты,

Жауап күтіп тұрақты.

 

- Аққу ғой ең әдемі,

Әсемдіктің әлемі.

Сұлу әрі сымбатты, -

Деп Айтуған тіл қатты.

 

- Жүрген жері – ән елі,

Жерде, көкте әдемі.

Жақсы қаз бен тырна да,

Деді жайлап Нұрбала.

 

- Төбесінде айдары,

Түрлі бояу,

Жайдары.

Ұшып-қонып  жырлаған,

Көкек, – деді Байдалы.

 

- Жоқ, Байдалы, шатаспа!

Көкекке өсек матасқан.

Тек өз атын шақырып,

Күлкі  болған  ақыры.

 

- Бүркіт – кербез, көрікті,

Биік самғар ерікті.

Шаңқ еткенде дауысы,

Жаңғырады тау іші.

Ортақ сымбат, күш оған,

Артпас басқа құс одан...

Көпті аузына қаратты,

Қостаймыз ба Маратты?!

 

Түсінбепсің сұрақты,

Жауап тап дәл, тұрақты...

«Ең әдемі құс қайсы?

Ол қай құсқа ұқсайды?

 

Кімдер ұқты, ұқпады?—

Деп Бек сөзін нықтады.

...Қоштамаспын, қоштармын

Айтуынша достардың,

 

Тотылар да түрленген,

Қырғауыл да «гүлденген»...

Дуадақ та көрікті,

Айтуға әркім ерікті.

 

...Мақтап  Күркетауықты,

Санат  сөзін  тауысты.

Баяу ғана Балғабай:

- Әсем,- деді – Жалбағай.

 

- Бұлбұл, – деді Берікбай,

- Қызғыш, – деді Серікбай.

...Түйеқұс, Құр, Бірқазан,

Тазқара, Ұлар, Көкқұтан.

 

Сұңқар, Үкі, Шағала,

Құладын, Шіл, Жапалақ.

Қаршыға, Қырғи, Күйкентай,

Тауқұдырет, Тоқылдақ...

 

Атаусыз құс қалмады,

Әркім ойын жалғады.

Тура жауап таппады,

Сұрақ сірә, жақпады.

 

Күмәнданып қарады,

«Алдамаса жарады?!».

Топ  дуылсыз болар ма?

Бек жымиды оларға.

 

Жымиғаны батты ма?

Ашуланып шаптыға:

 - Сұлу құстар аталды,

Күліп тұрсың  беталды.

 

Сұрақ қойдың өтірік,

Кеттің бөсіп, көпіріп!

Басты босқа қатырмай,

Білсең айтшы жасырмай, -

 

Деп Жұмажан булықты,

Бұл – өзінше қулық-ты.

- Сендер үшін жұмбақ-ты,

Шешуі оның қымбат-ты.

 

Нұрдың қарап үстіне,

Бек ым қағып, тіл қатты:

- Жейдесінің кеудесі,

Көгершіндер бейнесі.

 

Құс  біткеннен әдемі,

Көгершіндер  әлемі!

Суреті, өзі, қимылы,

«Бейбітшілік» символы.

 

Бейбіт күннен – ақ таңнан,

Өмір нұрлы,

Шаттанғам.

Құс сұлуын саралап,

Сендер мынау мақтанған.

 

Көгершіндер бейнесі,

Кептерлердей кейде осы.

Әрқайсына  ой  салды,

Нұрдың  киген  жейдесі.

 

Құлпырғандай  жер  үсті,

Достар  қоштап, келісті,

Пікірталас –  жемісті,

Кеңейткен  ой – өрісті.

Қазақ тілінде жазылған