Адам қарады: 30816 | Жарияланды: 2018-03-16 03:10:32

Тазша және Күнікей

екі актілі, жеті суретті пьеса

 

Қатысушылар:

Тазша бала

Күнікей қыз

Қожанасыр

Алдар көсе

Қыдыр баба

Шығайбай

Есек

Шырпы

Тұз

Нөль

Бір

Екі

Үш

Төрт

Бес

Алты

Жеті

Сегіз

Тоғыз

Он

Басқа сандар (жүз, мың, миллион, миллиард, т.б.)

Бірден онға дейінгі  сандар апта күндері, айлардың аттары аталатын көріністерде және сандар көрсетілген тиындар сахнаға шығарда өзгеріп, түрленіп, осы рольдерді орындайды.

 

Бірінші  перде

Бірінші сурет

Есегін жетелеп Қожанасыр, ала дорбасын арқалап ала шапанды Алдаркөсе келеді. Тазша бала асық ойнап жатыр. Күнікей ыдыс-аяқпен ойнап отыр.

Тазша бала:

Алтын сақамды лақтырдым!

Алшы ма, әлде тәйке ме?

Күнікей:

Бір дегенім – білек,

Екі дегенім – елек.

Үш дегенім – үйшік,

Төрт дегенім – торсық,

Бес дегенім – бесік.

Алдаркөсе мен Қожанасыр кіреді.

Тазша бала:

АссалаумаҺалейкум!

Күнікей:

Сәлем бердік, атай!

Алдаркөсе мен Қожанасыр қосарланып:

УаҺалайкумассалам!

Алдаркөсе:

Аманбысың, балақай!

Көп пе жиған асығың?

Асық ойнап жасырын,

Жүрген болсаң одан да

Жасайық та айырбас.

Қапшығымның түбінде

Жатыр не бір асылым.

Тазша бала:

Нені айтасыз, ағатай!

Керегі жоқ маған ешбір асылдың,

Қап түбінде босқа жатқан масылдың.

Кейде асық, кейде аяқ доп ойнаймын,

Тазшасымын жиырма бірінші ғасырдың.

Алдар көсе:

Асық ойнаған азар,

Доп ойнаған тозар.

Осы күні бәрінен

Білімі бар озар.

Қожанасыр:

Айналайын!

Бұл Алдар

Шайтанды да алдаған,

Жас баланы кім алдар,

Жаман әдет қалмаған.

Есіктен Қыдыр баба кіреді. Отырғандар орындарынан

ұшып тұрып,сәлем береді.

Дауыстар:

АссалаумаҺалейкум!

Қыдыр баба:

УаҺалайкумассалам!

Қожекең мен Алдар да

Мұнда отыр ғой!

Мәссаған!

Жолым түсіп кеп едім

Ауылына сандардың,

Дос көп екен, аңғардым.

Барлық сандар киелі,

Мен де оларды сүйемін.

Тазша бала:

Алдар ата!

Наурызда

Елді алдауға болмайды.

Шындықты айтып тұрсаң да,

Алдар деген атың бар,

Сөзіңе ешкім нанбайды.

Алдар:

Қойдым, қойдым ендеше!

Қожанасырға қарап:

Кім болып ем мен кеше?

Қожанасыр:

Шығайбайды алдадың,

Мыстанды да алдадың,

Шайтанды да алдадың,

Бірақ, Тазша баланы

Іле алмады қармағың.

Қыдыр баба:

Маған салса таңдауды,

Ұмытыңдар алдауды.

Теңестіріп күн, айды,

Наурыз келсе шырайлы.

Ақ ниетпен мұндайда

Бата берген ұнайды.

Алдарыңда сан асу,

Барлығыңды сынайды,

Шыдамдылар шыдайды,

Сабырсыздар құлайды.

Алдар көсе:

Алақанда – бес саусақ,

Екі қолда – он саусақ.

Тазша бала:

Он тарапқа кетпей ме

Жан-жағына жол салсақ,

Онға бөліп өтпей ме,

Жағамызға қол салсақ?!

Қожанасыр:

Олай деме, балақай!

Он саусағың біріксе,

Туыс болып шықпай ма?

Екі алақан біріксе,

Уыс болып шықпай ма?

Бөлек кетсе саусақтар,

Қуыс болып шықпай ма?

Бірге жүрсе барлығы,

Ырыс болып шықпай ма?

Күнікей:

Қараңдаршы аспанға,

Күн шығыпты өрмелеп,

Қос қолыңды қосқанда,

Шығады екен дөңгелек.

Ақ сандығым ашылсын,

Ішінен жібек шашылсын!

Алдар көсе:

Бері қара ендеше,

Сиқыр білем мен неше.

Кәне, бері  қарайық,

Саусақтарды санайық.

Бас бармағым – бастысы,

Балаң үйрек – жақсысы,

Ортан терек –  ұзыны,

Шылдыр шүмек –  қызығы,

Кішкене бөбек – тәттісі.

Күннің көзі ашылды,

Он саусағым шашылды.

Алдар көсенің екі қолынан он саусақ секіріп түседі.

Олар он санға айналады.

Алдар көсе:

Зейін қойса оқылар,

Әрбірінің аты бар.

Бір:

Өзім жеке, дарамын,

Таудан биік талабым.

Ауылына сандардың

Көшті бастап барамын.

Екі:

Аққудай жұп жазбаймыз,

Қатар ұшқан қаздаймыз.

Бірге туған егіздей

Жұбымызды жазбаймыз.

Жұрт та бөліп жатпайды,

Екі дос деп мақтайды.

Үш:

«Үш бар жерде күш бар!» – деп,

Үш алуға құштар көп.

Дұрыс емес ол да аса,

Жақсы оқушы болмаса.

Төрт:

Төрт орындық аяғы,

Төрт құбыла баяғы.

Түн ұйқысын төрт бөлген

Анам құшақ жаяды.

Төрт түлік – ел ырысы,

Төртеу үйдің бұрышы.

Төрт аяғын тең басқан

Төрт амал ғой, дұрысы.

Бес:

Бес саусағым қолдағы,

Бес жұлдыздың тармағы.

Бес асыл зат:

Қанағат,

Талап,

Рақым,

Терең ой,

Еңбек елдің арманы.

Алты:

Ағайынды алты ұлмыз,

Сақтап ата салтын біз,

Мәңгі-бақи ұстаймыз

Татулықтың қалпын біз.

Алтау ала болмайды,

Бірін бірі қолдайды.

Жеті:

Жеті бірдей өренбіз,

Жеті шумақ өлеңбіз,

Жеті түрлі бояумыз,

Жеті түрлі әуенбіз.

Мейлі, бізді мақтама,

Бірақ, бекер даттама.

Көкте  Жеті қарақшы,

Жеті күн бар аптада.

Сегіз:

Сегіз өрім қамшымыз,

Қиянатқа қарсымыз.

Сегіз қырлы, бір сырлы

Жақсы істерге жаршымыз.

Тоғыз:

Тоғыз сауыт киініп,

Досқа тоғыз иіліп,

Біз шыққанда сапарға,

Ел қарайды сүйініп.

Тоғыз жолдың торабы

Тоғысқандай болады.

Тоғыз ерді көргенде

Ел көңілі толады.    

Он:

Қолдасқанда онымыз,

Бір адамның қолымыз.

Қатар тұрсақ онымыз,

Кетер кеңіп жолымыз.

Жұмыс істеп, тынбаймыз,

Күш-жігерді шыңдаймыз.

(Сандар сөйлеген сайын олардың іс-әрекеті  ту сыртынан

көрсетіліп, экраннан өтіп жатады).

Қожанасыр:

Ел сөздерін құп алар,

Пәлі, мықты мыналар!

Әрқайсының сөздері

Іс жүзінде сыналар.

Алдаркөсе:

Төңірегін көрсе олар,

Жетпей тұрған нәрсе бар,

Тек сол келіп қосылса,

Болар нағыз қансонар.

Қожанасыр:

Жетпей тұрған оның кім,

Жауып тұрған жолын кім?

Алдаркөсе:

Жыртық менің шапаным,

Бірақ, тонбай жатамын.

Осы жыртық тесіктен

Шықан еді атағым.

Сол тесікті нөл деймін,

Онсыз өмір сүрмеймін.

Шапанын сілкіп қалса, «О» секілді  ойсыраған

 тесіктен Нөл секіріп жерге түседі.

Нөл:

Мені санға қоспайды,

Нөл деп сызып тастайды.

Бірақ, қандай сан болсын,

Менен қорқып қашпайды,

Соңдарына тіркелсем,

Қайда болсын, бастайды.

Алдаркөсе:

Енді тағы қараңыз,

Саусақ бүгіп сананыз.

Нөлді қоссақ, түбіне

Сан жетпейтін боламыз.

Қожанасыр:

Кәне, Бірім, басташы,

Басқа санды қоспашы.

Жүз жасаған шалды да

Бір серпілтіп тасташы.

Тазша бала ортаға дөңгелек үстел әкеліп, Күнікей көрпе төсейді. Қыдыр баба, Алдар көсе, Қожанасыр жайғасып, малдасын құрып отырады.

Дастарханда – Нөлге ұқсас шелпектер, Бір секілді ұзынша кәмпиттер, Сегіз секілді тоқаштар, т.б. тәтті тағамдар.

Күнікей:

Дәм алыңыздар, аталар!

Тазша бала:

Қабыл болсын баталар!

Қыдыр баба:

Бісімілла, рахман-рахим!

Қайда жүрсеңдер, жол болсын,

Ырзық-несібе мол болсын!

Аллаһу акпар!

Барлығы  беттерін сипайды.

 

 

Екінші сурет

 

Сахнада Қожанасыр, Алдаркөсе, Тазша бала мен Күнікей.

 

Қожанасыр:

Қалада да дағдарыс,

Ауылда да дағдарыс,

Дағдарыста дағдармай,

Керек боп тұр жанбағыс.

Тазша бала:

Дағдарыстың шылығын

Тудыратын қызғаныш,

Көрген кезде қылығын,

Кетеді екен мұздап іш.

Алдар:

Тұрған кім бар жаны ашып,

Байларға анау қарашы.

Думан-той да бәсеке,

Болып жатыр кіл жарыс.

Қожанасыр:

Шыдау керек бәріңе,

Алла басқа салған іс.

Тазша бала:

Байдың асын ендеше

Алдап алсақ қайтеді,

Санап қойған малдарын

Таңдап алсақ қайтеді?

Алдар:

Олай болса, ал, кеттік!

(Алдан ауыл көрінеді. Мыңғырған мал. Қазан-ошақта ас қайнап жатыр)

Қожанасыр:

АсалаумаҺалейкум, Шығайбай,

Саған көп жан табынады құдайдай.

Құдайы қонақ едік біз,

Ауылыңа түстенуге келіппіз.

Шығайбай:

Қонақ болсаң қайтейін?

Қазандағы ас өзімізге жетпейді.

Алдаркөсе:

Жұғындарын берсең кедей-кепшікке,

Сені ешкім де сөкпейді.

Шығайбай:

Сорлы кедей білмейді ғой бағаңды,

Ырысыңды ағыл-тегіл төк, мейлі.

Қожанасыр:

Мына сөзің өле-өлгенше

Көкейімнен кетпейді.

Тазша бала:

Амалсыздан беріп тұрған асың да

Көңіл жоқта тамағыңнан өтпейді.

Алдар:

Не деп айтам мен мұны,

Жағдай мәлім ендігі,

Баяғыда  алдап едім бұл байды,

Екінші рет алданбасы белгілі.

Шығайбай:

(Қожанасырға қарап)

Тоқта,тоқта, қырсық шал!

Миығыңнан күлдің ғой.

Пісіп жатқан палаудың

Иісін жұттың, білдім ғой.

Қожанасыр:

Айтып тұрған сөзі шын,

Түсінбедім, не үшін?

Сеніменен бұл жайлы

Жасап па едік келісім?

Шығайбай:

Болмаса да жұмысың,

Келіп ең ғой күн үшін,

Жұтып тұрдың бір сағат

Дәмді палау иісін.

Ақы төле сол үшін!

Қожанасыр:

Бұл не қылған қылығың,

Жұтып тұрсам бір сағат,

Мұны білсем, мұрынды

Қоймас па едім тұмшалап?!

Шығайбай:

Не десем де тек дейсің,

Ақы бермей, кетпейсің.

Алдар:

өзің қысады)

Ал, Қожеке!

Бәрін өзің реттейсің.

Қожанасыр:

Жоқ болса да аласым,

Қандай ғажап күн бүгін?!

Шықпаса да бүйірім,

Иісіне палаудың

Міне, менің тиыным.

Ақша алғандай боласың,

Тек естісең шылдырын.

(қалтасынан тиын салынған дорба алып, байдың құлағына шылдырлатады)

Тазша бала:

Сыбағаңды ал, надан,

Тиын қалды дорбада.

Дорба бүлкілдеп, ішіндегі тиындар асыр салады.

Келгендер сыртқа беттейді.

Алдар:

Енді мені тыңдаңдар,

Босқа қарап тұрмаңдар.

Шығып жүрсе атағы,

Шығайбайдың шатағы.

Мына киім байлардың

Киіп жүрген шапаны.

Соны әбден ұғып ал,

Кәне, үстіңе киіп ал!

(Қожанасырға береді)

Сараң байға не дейік,

Әуселесін көрейік,

Тамақ піскен уақытта

Бір оралып келейік.

Тазша менен Күнікей

Жатсын ауыл сыртында.

Ал атқосшы мен болсам,

Қисаймайды мұртың да.

«Әзірет сұлтан ұрпағы

Қожа әулиемін» - деп қойғын,

Содан кейін алдына

Не қойса да, жеп қойғын.

Қожанасыр:

Болсын, болсын!

Орта толсын!

Алдар:

Тек кетерде ат жайып

Жүрген жалшы-малшыға

Ас сап бер де.

Қонақтан

Қалған-құтқан бар шығар.

(сахна айналады, Қожанасыр көп кісінің арасында  ет жеп отыр. Біраздан кейін қолын сүртіп, табақта жатқан майды шапанының етегіне жағады)

Шығайбай:

Алыңыз, Қожа әулие, алыңыз,

Сізге бұйырған ақ, адал малымыз.

Қожанасыр:

Қалдым білем қартайып,

Мен жатайын жантайып,

Күнде болмас мұндай той,

Же, шапаным, ал тойып!

( шапанының етегін майға тығады)

Қолдан келген қоңышынан басады,

Шапанымның өзі де еттен асады.

Есегім де жем жеп, қалды әлденіп,

Шапанда екен бар көрік.

(Сахна тағы айналады.Шығайбай сыртқа шығады.Қарны қампиып кеткен.Аулада салдыр-гүлдір дыбыс естілед)і.

Шығайбай:

Бұл кім?

Мұнда не қып жүрсің сандалып?

Алдар:

(тасадан дауысын шығарып)

Жүргенім ғой әншейін

Кетсем бе деп санды алып.

Шығайбай:

Е,ендеше жүре бер,

Қысыр сөзді малданып.

( ауланы айналып кетеді)

Алдар:

Естідің бе, ей, Тазша,

Қапы қалма, қамданып.

Тазша:

Санның бәрін алайықшы түгендеп,

Тұрған кезде шам жанып.

Алдар:

Бірін шашау шығармай,

Санның бәрін тығып қойған Шығайбай.

Тазша бала:

Оның атын атама,

О,тоба!

Алмас пышақ қап түбінде жата ма?

Міне, таптым!

Бір бұрышта торсиған қапшық тұр.

Алдар қапшықты ашады,

Сандар қап ішінен қарғып шығып,бытырай қашады.

Күнікей:

Мен біреуін ұстадым.

Бір:

ұлқынып)

Мені қатты қыспағын.

Алдар:

Санды жүрген сандалтып

Жандар менің дұшпаным.

Тазша бала:

Сандар, бізден қашпаңдар,

Асықпаңдар, саспаңдар!

Шығайбайдың ауылын

Біржолата тастаңдар.

Санды санға қосатын

Саналыны қоштаңдар,

Бірлік болмай тірлік жоқ,

Бізді алысқа бастаңдар.

 

Сандар сап түзейді. Алда Бір.     

Бір бастап, нөл қоштап, Жүз пайда болады.

Оның артынан Мың,  Миллион, Миллиард келеді.

Жүз:

Бірге дәм мен тұзымыз,

Жазылмайды жұбымыз.

Жүріп өтсек жүзіміз,

Жол боп қалар ізіміз.

Мың:

Көппен бірдей сырымыз,

Қалың қолдың ұлымыз.

Жапырамыз тауды да,

Жүрер болсақ мыңымыз.

Миллион:

Жайнап тұрған реңі,

Ел деп соққан жүрегі,

Ел тілегі – бейбіт күн

Миллиондардың тілегі.

Миллиард:

Миллиард – жарқын үніміз,

Миллиард – айтар сырымыз.

Асулардан аса алсақ,

Миллиард – біздің шыңымыз.

Экраннан сандар көші өтеді. Қолбасшысы – бір.

 Артында – қалың қол.

Алдаркөсе:

Білдің бе енді, Қожеке,

Нөлсіз сан жай сөз екен.

Қожанасыр:

Бір – сандардың бастауы,

Қалған сандар – достары.

Мүмкін екен, алайда,

Нөлсіз алға баспауы.

Он сан нөлді айналып қол ұстасып билейді, бірін бірі сүйрейді.

Алыстан ақ отаулар тігілген қазақ ауылы көзге шалынады.

Сандар кезек-кезек сөз алады. Олардың біреуі ер бала да,

екіншісі қыз бала бейнесінде.

 Мәселен: Бір – ер бала, Екі – қыз бала, Үш – ер бала,

Төрт – қыз бала. Осылай кете береді.

Бір:

Аймалап сүйген,

Көңілге түйген,

Мәз болып, күлсең,

Сен үшін күйген

Анаң да біреу.

Келтіріп нақыл,

Айтатын ақыл,

Қамқоршың, панаң

Жаныңа жақын

Әкең де біреу.

Сүйенсең – сүйеу,

Қисайсаң – тіреу,

Қаттыға қатты,

Тәттіге тәтті

Туған жер біреу.

Жасамай қастық,

Жүретін дос қып,

Сүрінсең – төсек,

Жығылсаң – жастық

Туған ел біреу.

Екі:

Нұр шашып алдан,

Шырақтай жанған

Қос көзің – екеу.

Сөздерді жиып,

Тыңдайтын ұйып

Құлақ та екеу.

Қол ұшын берген,

Қолдасып көрген

Қолың де екеу.

Жүргенде жебер,

Жүгірсең демер

Аяқ та екеу.

Дем беріп көпке,

Ұшырған көкке

Қанат та екеу.

Өмірді білген,

Жұптасып жүрген

Адам да екеу.

Үш:

Үйіңнің құты

Ошақтың бұты

Санасаңүшеу.

Ең мықты пішін

Мысырда мүсін

Қарасаңүшеу.

Бағың не сорың,

Алатын орын

Жарыста – үшеу.

Сөзіме  сенгін,

Кезегі ердің

Бұлар да – үшеу.

Төрт:

Хайуан мен малдың

Табаны төртеу.

Кез келген жанның

Амалы төртеу.

Зарықсаң  қатты

Екі көз төртеу.

Қамықсаң қатты,

Сегізкөз төртеу.

Баспанаң болса,

Бұрышы төртеу.

Жасқанар болсаң,

Құбылаң  төртеу.

Бес:

Қаймықпай мыңнан,

Қол болып тұрған

Бармағым бесеу.

Жұлдыздың мәнін

Ала алсаң тауып,

Тармағым бесеу.

Көңілің толса,

Салмағың болса,

Алмағың  бесеу

Келсе егер шамаң,

Алатын бағаң

Ардағың – бесеу.

Алты:

Бересісі бес болса,

Аласының саны – алты.

Ала болса ағайын,

Арасының саны – алты.

Еткен еңбек еш болса,

Бағасының саны – алты.

Бақыт бізге кеш қонса,

Алашымның саны – алты.

Жеті:

Бояудың түрі,

Әуеннің үні

Кәдімгі жетеу.

Аптаның күні,

Айтатын жыры

Кәдімгі жетеу.

Қыртысы жердің,

Қабаты көктің

Кәдімгі жетеу.

Бары да құттың,

Саны да жұттың

Кәдімгі жетеу.

Сегіз:

Мал болса семіз,

Төл туса егіз,

Түбі оның – сегіз.

Жігіттің  міні,

Жүректе сыры,

Қыры  оның – сегіз.

Серінің сәні,

Шырқаған әні

Бұлар да – сегіз.

Ұққанға мәнін,

Жұмақтың саны

Бұлар да – сегіз.

Тоғыз:

Құдада – кәде,

Батырда – сауыт,

Дәрінің саны

Ем қылар тәуіп,

Дұшпанның қолы

Ер қылар қауіп.

Барлығы – тоғыз.

Торабы жолдың,

Танабы жонның,

Қабаты тонның,

Қиюы тордың,

Қамалды қоршап

Қазылған ордың

Барлығы – тоғыз.

Он:

Сарбаз болса – онбасы,

Барлық санның жолдасы,

Мың онбасы жиылса,

Болып шығар қол басы.

Он – сандардың  жалғасы,

Сары майдай тортасы.

Барлық сандар біріксе,

Болып  шығар ордасы.

Тазша бала:

Қой көбейсе – отар,

Жылқы өскенде – үйір.

Сиыр көбейсе – табын,

Жақсы көңіл күйім.

Күнікей:

Қою сүт пен айран,

Қымыз, шұбат,майың.

Келді дейсің қайдан?

Дәмді тамақ дайын.

Екеуі қол ұстасып, дөңгелене билейді,

кезек-кезек сөйлейді.

Мықты болсаң, ал, тап!

Бәрімізге ортақ,

Бір дегенім –  бура,

Екі дегенім –  ешкі,

Үш дегенім – үлек,

Төрт дегенім – тайлақ,

Бес дегенім – бесті.

Алты дегенім – айғыр,

Жеті дегенім – жабағы,

Сегіз дегенім – сиыр.

Тоғыз дегенім – торпақ.

Сандар алда. Маңайдан маң-маң басқан түйелер, отар-отар қой,

үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр көрінеді.

 

 

Үшінші сурет

 

Алдаркөсе, Қожанасыр, Тазша бала мен Күнікей қыз ортада.

Төрде – тақта.

Сандар – сапта.

Алдаркөсе:

Толған сандар жан-жағым,

Орындалар арманым.

Қожанасыр:

Санда бар да,санатта жоқ,

Кездеспей ме сандарың?

Алдаркөсе:

Он саусағым кірікті,

Сүйтіп, сандар бірікті.

Қожанасыр:

Кәне, сандар!

Бір біріңмен қол алып,

Әрқайсысың болыңдаршы бір әріп.

Күнікей:

Барлықтарың болсаңдар да қай әріп,

Сол әріптен сөйлем құрап шығалық.

Бір:

Бір дегенім

Б – білім,

І – ілім,

Р – рақым,

Осы болсын сенің мақсат-мұратың.

Екі:

Екі дегенім

Е – елдік,

К – кеңдік,

І –  ізет де,

Арлы болсаң, солар тұрар күзетке.

Үш:

Үш дегенім

Үүйіңүйің,

Ш – шаңырақ,

Ол болмаса қалар көңіл қаңырап.

Төрт:

Төрт дегенім

Т – талап,

Өөнер,

Р – рақат,

Т – таза жүрсең,

Жолай алмас бір апат.

Бес:

Бес дегенім

Б – берік,

Е – ерік,

С – сағыныш,

Осы үшеуі түгел болса, толы күш.

Алты:

Алты дегенім

А – арман,

Л – лайық,

Т – тыныштық,

Ы – ынтымақпен

жиналады ырыс-құт.

Жеті:

Жеті дегенім

Ж – жігер,

Е – ерлік,

Т – тәуекел

І –  ілтипатпен

басталған жол кең екен.

Сегіз:

Сегіз дегенім

С – сөз,

Е – еркіндік

Г – гүл өскен,

І  – ірі болғын,

З – заңғар көкпен тірескен.

Тоғыз:

Тоғыз дегенім

Т – теңдік,

О – оқу,

Ғғылым де,

Ы – ырыздық болса,

З  – заманында бүлінбе.

Он:

Он дегенім

О – Отан,

Н – намыс емес пе?!

Шығарады сені осылар белеске.

Алдар көсе:

Сандар қандай білімді,

Меңгерген бар ғылымды.

Сандардың айтқандарын Күнікей тақтаға жазып тұрады.

Жазулар тақтадан айқын көрініп тұрады.

Тазша бала:

Он саусақты санап ап,

Айтайыншы санамақ.

Бір біліп,

Екі естіп,

Үш үзіп,

Төрт түзіп,

Бес бөліп,

Алты алып,

Жеті жетіп,

Сегіз сермеп,

Тоғыз толғап,

Он орғып,

Он бірге жеттік.

Сандар  әрқайсысы өздеріне тән қылық көрсетеді

Алдаркөсе:

Пай-пай-пай!!!

Күнікей:

Он саусақты санап ап,

Мен де айтайын санамақ.

Он орып,

Тоғыз торып,

Сегіз серік,

Жеті желіп,

Алты асып,

Бес басып,

Төрт тасып,

Үш  үйіп,

Екі еріп,

Бір берік

Белестен өттік.

Сандар түрлі жаттығулар жасайды

Алдар көсе:

Айналайын, бал-қызым,

Көз тоймайтын қараса,

Кем емессің Тазшадан,

Тақпақтарың тамаша!

Қожанасыр:

Пирамида салдырған

Перғауындар кешегі,

Жұрт назарын аударған,

Дұрыс болған есебі.

Тазша бала:

Пирамида – жылтізбе,

Білген кісі көретін,

Әр үшбұрыш – бір мезгіл,

Төрт мезгілге бөлетін.

Күнікей:

Пирамида пішіні

Сызып қойсаң он екі.

Он екі айдың мүсіні

Жылда айналып келетін.

Қожанасыр:

Әр мезгілдің саны бір,

Үш айдан – бір үшбұрыш.

Түгел санның мәні бір,

Шыққан есеп дұп-дұрыс.

Алдаркөсе:

Қараңыздар анықтап,

Қыран құстай қалықтап

Астананың жыр-әні

Пирамида тұр, әні!

Алыстан Пирамиданың бейнесі көрінеді.

Көңілді күй ойналып, Тазша бала мен Күнікей би билейді.

Отырғандар қол соғады.

 

 

Екінші перде

 

Бірінші сурет

 

Қожанасыр мен Алдаркөсе екеуі кеңесіп отыр

Қожанасыр:

Қалтам тесік, Алдеке!

Қарным ашып кеткені.

Тойып алсақ қайтеді,

Қоя тұрып өкпені.

Алдаркөсе:

Білесің ғой, күн қазір

Қарап қалған бұйымға.

Барлығына біз әзір,

Сол да, тәйірі, қиын ба?

Сандарды мен әп-сәтте

Айналдырам тиынға.

Алдардың шапанының қалтасында тиындар сылдырлайды.

Олар сусып жерге төгіледі.

Бір тиын, Екі тиын, Бес тиын және Он тиын жан-жаққа бытырай қашады.

Қожанасыр:

Әрқайсысың он бөлек,

Қайда кеттің дөңгелеп?

Тиындар:

(дауыстары естіледі)

Айтпаймысыз анықтап,

Бізден сізге кім керек?

Тазша бала:

Алу үшін бір дерек,

Ең алдымен Бір керек.

Бір  шырбы қорабы ішінен қарғып шығады.

Әуелі жалғыз тал болып

бір бүйірімен тұрады да, шыр айналып Бір тиынға айналады.

Бір тиын:

Түрім осы – нансаңыз,

Бір тиын мен боламын!

Алып берем, тонсаңыз,

Шырпының бір қорабын.

Шырпы:

Бір қорабым – бір тиын,

Ең арзаны осы ғой.

Тазша бала:

Шырпы болу тым қиын,

Ол адамның досы ғой.

Күнікей:

Бірақ, қорап ішінде

Оның жүзі жатады.

Тазша бала:

Бір тиынға тұр қарап

Жүз шырпының Отаны.

Машинаның гүрілі естіледі. Оның алдыңғы екі доңғалағы тиынға

айналады. Доңғалақтың бетінде Екі деген жазу бар.

Екі тиын:

Екі тиын мен болам,

Екі Бірмен бірдеймін.

Қосылмаса басқа сан,

Жалғыз өзім жүрмеймін.

Қожанасыр:

Ол да дұрыс!

Екіні

Қаққа бөлсең – Бір шығар.

Ал екі Бір қосылса,

Оған қарсы кім шығар?

Қожанасыр:

Мен бір есеп берейін,

Кім шешеді, көрейін.

Санды кімдер елемес?

Елемеген жөн емес.

Екі Екі және Бір

Үшеу болып, әне, жүр!

Есебімді өзің шеш!

Бірге ұқсас бір бала екі аяқты арбаны сүйреп бара жатады.

Тазша бала:

Екі Екіге, Қожеке,

Бірді қосса – тура Бес.

Екі аяқты арба төрт доңғалақты көлікке айналады.

Оның үстінде тағы да Бірге ұқсас бала отырады.

Машинаның рулінің ортасынан Бес деген жазу шығады.

Бес тиын:

Мен Бес тиын боламын,

Кімнен мақтау естиін?

Қожанасыр:

Кейбір нашар баланың

Дейді: құны бес тиын.

Тазша бала:

Сабыр түбін тоссаңыз,

Тиын сырды ұқпай ма?

Екі Бесті қоссаңыз,

Тұп-тура Он шықпай ма?!

Екі алақанын бір біріне қосып, қос қолын уқалайды

Күнікей:

Ал мынауың Он тиын,

Келеді оған тұз ғана.

Тұз:

Астың дәмін келтірген

Білсеңіздер, біз ғана.

Күнікей:

Мақтанасың құр текке,

Ой-толғамың төмен ғой.

Тұз:

Естіп пе едің, бір ақын:

«Ұятсыз қыз – иодсыз

Тұз секілді» – деген ғой.

Қожанасыр:

Пәлі!

Мынау терең ғой!

Тазша бала:

Күнікей оған жатпайды,

Елдің бәрі мақтайды.

Астың дәмін тұз келтірер.

Елдің сәнін қыз келтірер.

Тиындар дөңгелеп қайтадан Алдаркөсенің қалтасына түседі.

Енді оның қойны-қонышынан сандар ақтарылады.

Бір Тазша баланың қасына барады.

Алдаркөсе:

Бір дегенім – ұл,

Тазша, бетін бұр!

Бір енді Күнікейдің жанына барады.

Қожанасыр:

Бір дегенім – қыз,

Одан қалар із.

Күнікей, бері жүр!

Алдаркөсе:

Екеуміз де дұрыс айттық, шамасы,

Әне, екеуі қатар тұр!

Екеу болар – қараса.

Қожанасыр:

Ұл менен қыз тіл тапса,

Болса болсын!

Тамаша!

Үш:

Кел, достарым, ойнайық,

Бірді жалғыз қоймайық,

Сандар екі топқа бөлінеді.

Олар ойын ойнап, у-шу болып жатыр.

Сандар:

Біз де айтайық тізбелеп,

Бізден сізге кім керек?

Кейіпкерлер:

Әрқайсысы өз есімін атайды.

Он

   Тоғыз

      Сегіз

         Жеті

           Алты

               Бес

                 Төрт

                    Үш

                       Екі

                         Бір

                            Нөл!

Тазша бала:

Айтылып сан ақырғы,

Кеме көкке атылды.

Алып ұшты ғарышқа

Ғарышкердей батырды.

Кейіпкерлер:

Бір

   Екі

     Үш

        Төрт

            Бес

               Алты

                  Жеті

                     Сегіз

                        Тоғыз

                             Он !

 

Күнікей:

Қайта айналып қонғанша,

Жатыр алда жол қанша?!

Кетті кеме ғайып боп,

Түгел санап болғанша.

Тазша бала мен Күнікей қыз екеуі қосылып әндетеді.

Күннің көзі дөңгелек,

Айдың жүзі дөңгелек.

Бір де керек, нөл керек,

Қайда барсақ, сан керек!

Алдаркөсе:

Айтқандары жөн екен,

Қайда біздің телефон?

Тазша бала:

Күн астында Күнікей,

Телефоны мінекей!

Күнікей  қалтасынан қалта телефонын алады.

Тазша бала:

Телефонда орнатқан

Тоғыз-ақ сан болады.

Сол тоғызы жан-жақтан

Жылдам хабар алады.

Күнікей:

Нөл – бірді  алып көрсеңіз,

Шыққан өрттен қорғайды.

Нөл - екіні  терсеңіз,

Тәртіп бұзар болмайды.

Нөл – үшті  алсаң, күйінбе,

Жедел жәрдем заулайды.

Нөл - төртті  алсаң, үйіңде

Газдың иісі қалмайды.

Телеграф нөл - алты,

Досқа лебіз арнайды.

Нөл - жетіңіз шалғайға

Шұғыл сәлем жолдайды,

Төмен түспей еңсеңіз

Болса кімнің керегі,

Нөл – тоғызды  терсеңіз,

Түгел айтып береді.

Қожанасыр:

Атқарады телефон

Тоғыз ұлдың міндетін.

Сырын білген жөн екен,

Хабарласса кімде-кім.

Әрбір сан өз алдына нөл салып, телефон құлағын тыңдап,

тамсанып тұрады.

Алдаркөсе:

Жеті күні аптаның

Сарайындай патшаның,

Енді аптаға қарайық,

Жеті күнді санайық.

Үлкен Күнтізбе ашылады. Оның парақтары ашылған сайын

ішінен сандар қарғып шығады.

Жеті сан алға шығады, қалғандары қарап тұрады.

Қыдыр баба:

Сендерге берер батам бар,

Аттарыңды атаңдар,

Дүйсенбі:

Менің атым Дүйсенбі.

Бір аптаның басында

Нөкерлерім қасында,

Жеті сайын желпініп,

Көш бастаймын расында.

Сейсенбі:

Менің атым Сейсенбі.

Жатса жұмыс үймелеп,

Дәметпеймін сый бөлек.

Сабыр сақта сондықтан

Болмау үшін күйгелек.

Сәрсенбі:

Менің атым Сәрсенбі,

Аптаның жеті күнінде

«Р» әрпі бар қандай күн?

Сәтті күн деп түбінде

Өзім де соны таңдаймын.

Бейсенбі:

Менің атым Бейсенбі.

Адамдарға жаны ізгі,

Ұмыттырмай парызды.

Пісіретін жеті нан

Күн боламын маңызды.

Жұма:

Менің атым Жұма екен,

Бұл күнді жұрт бағалап,

Қасиетін саралап,

Көппен бірге мешітке

Жиналады жамағат.

Сенбі:

Сенбі менің есімім,

Мінез-құлқы бес түрлі,

Артқа салып бес күнді,

Отырамын дамылдап,

Алаң  қылмай ешкімді.

Жексенбі:

Менің атым Жексенбі,

Әдемі  күн  ендігі,

Жегіп алып сенбіні,

Думан, сейіл көбейіп,

Дем алары белгілі.

Қожанасыр:

Көкте – Жеті қарақшы,

Бір аптада – күн жеті.

Көрсең, көзден кетпейді

Жетеуінің суреті.

Алдаркөсе:

Сырын терең түсініп,

Жеті шелпек пісіріп,

Жеті санын әспеттеу –

Мұсылманның міндеті.

Тазша бала:

Дүйсенбай мен Сейсенбай,

Сәрсенбай мен Бейсенбай,

Жұма, Сенбай, Жексенбай

Деп ат қою қазақтың

Әрбір күнге құрметі.

Жеті күннің жанында жеті сан сап түзеп тұрады.

Қыдыр баба:

Қос қолын жайып, бата береді

Айналайын, жеті күн!

Елдің бәрі сүйетін,

Тауып өмір тетігін,

Қабыл болсын ниетің.

Қызық болсын күндерің,

Жарқын шықсын үндерің.

Тату-тәтті болыңдар,

Жолыққанда күнбе-күн.

Әумин!

Сандар:

Айтқаныңыз келсін, Қыдыр баба!

Жолыңызды берсін, Қыдыр баба!

Сахна айналады.

Атқа мінген, қолындағы тұғырға бүркітін қондырған

Тазша бала ортаға шығады.

Бір бұрыштан оған Күнікей қарап тұрады.

Қожанасыр:

Сансыз бізге күн де жоқ,

Сансыз өмір мүлде жоқ.

Бар ғұмырды, расында,

Төрт түліктің жасын да

Осы санмен санаймыз.

Қабағына қараймыз.

Білгіміз кеп шын жасын,

«Қаншада?» деп сұраймыз.

Тазша бала:

Қолының саусақтарын санай бастайды

Құлын туса о баста

Тай болмай ма бір жаста.

Екі жаста – жабағы,

Құйғытып кеп шабады.

Барған болсаң сен елге,

Үш жасында құнан де.

Төрт жасында дөнен де,

Атын атап, дәлелде!

Бес жасында бесті де,

Бір қолдағы бес – міне!

(Жылқының өсу жылдары экранда алмасып тұрады.

Бір жастағы тайға Бір, жабағыға Екі, құнанға Үш,

дөненге Төрт, бестіге Бес сандары мініп алады.

Біреуі құйғытып шабады, біреуі аттың құлағында ойнап,

жерден теңге алады).

Алдар көсе:

Бәрекелді, жарайсың!

Болады әлі талай сын.

Бүркіт жасын жаңылмай

Кәне, қайсың санайсың?

Тазша бала:

Бір жасында – балапан,

Одан кейін – ақ сұңқар,

Ім... ім...

Ұмытыппын көбісін,

Үйреткен-ді жан-атам.

Қожанасыр:

Біліп алшы, балақан,

Бірде бүркіт балапан.

Екі жаста қан түбіт,

Ұстау қиын алақан.

Үш жасында жас тірнек,

Төрт жасында тастүлек.

Қонып тұрса тұғырда,

Берік ұстар қас білек.

Тазша бала:

Енді түсті есіме,

Бөгелгенмін несіне?!

Бес жасында мұзбалақ,

Алты жаста көктүбіт.

Аңшы жүрсе із қарап,

Аң алуға  көп үміт.

Күнікей:

Қана жеті жасында,

Жаңа сегіз жасында,

Тоғыз жаста майтүбіт,

Бүркітшінің қасында.

Тазша бала:

Бозым  онға толғанда,

Баршын он бір болғанда.

Лақса он екіде,

Кежір тартып, қартайып,

Болады екен арманда.

үркіттің жасы да әр санның жанында сахна бұрышындағы экраннан көрсетіледі).

Қыдыр баба:

Тарих анық жазады

Көнермейтін ілімін.

Бәсе, бәсе!

Бәріңнің

Терең екен білімің.

Тағы да ойын ойнаңдар,

Текке қарап тұрмаңдар!

Алдар көсе:

Әңгіме айтпай жүрмейміз

Қалдық бірге отырып,

Жан баласы білмейтін

Айтсақ қайтер өтірік.

Қожанасыр:

Айтсақ, әйда, айтайық,

Шамамызды байқайық.

Қызық көрдім түсімде,

Біздің ауыл ішінде,

Таң атпастан шақырып,

Қораз жатыр ақырып.

Ақ боз атым мөңіреп,

Азан-қазан төңірек.

Кім-кімнің де ісі көп,

Сиыр жатыр кісінеп.

Тұс-тұсымнан жамырап,

Түйелер жүр маңырап.

Алдар көсе:

Сондай қызық түсімде

Болды ауылдың ішінде.

Құрбақалар шырылдап,

Торғайлар жүр құрылдап.

Қаз-үйректер қыт-қыттап,

Өзен бойын жағалап,

Күшігім тұр мияулап,

Мысығым тұр абалап.

Тазша бала:

Сондай қызық түсімде

Болды қала ішінде.

Аспанда ұшып кісі көп,

Автобустар  кісінеп,

Бағдаршамдар жымыңдап,

Сиыр жатты құлындап.

Күнікей:

Жалған айтсам, оңбайын,

Бірде барсам қалаға,

Көше толған комбайн,

Сиыр жеккен шанаға.

Жылқы қуып біреу жүр,

Үйден биік шөптері.

Бұлтты жуып біреу жүр

Мақтаменен көктегі.

Тазша бала:

Оны бұрын естіп ем,

Бетін ашып кітаптың.

Суреттегі пешті мен

Найзағаймен тұтаттым.

Отын таппай өңірден,

Көктен бұлтты түсірдім.

Бұлтты бұтап, көмірден

Тәтті ботқа пісірдім,

Күнікей:

Кеткен едім қол сілтеп,

Тұз табылмай базарда,

Дәмі балдай болсын деп,

Сабын салдым қазанға.

Қасығымды қалайы

Мұзға қосып еріттім.

Қалқып шықты бар майы

Шырынындай өріктің.

Тәбетімнің шапқаны,

Ғажап болды шынымен.

Мұндай тәтті ботқаны

Жеген жоқ ем бұрын мен!

Тазша бала:

Сұмдық көрдім мен тіпті...

Бірде барсам ауылға,

Көл өртеніп кетіпті

Қатты жауған жауында.

Қуып жүрдік күн ұзын,

Тайдай екен балығы.

Сойып өңшең семізін,

Көлде қалды арығы.

Ауылда ғой береке,

Сүтін саудық жайынның.

Болып думан, мереке,

Етін жедік қайыңның.

Көктен ұстап бергені

Үйітілген қаз-үйрек.

Әжем біздер келгелі

Нан пісірді, саз илеп.

Күнікей:

Ел болған соң, әрине,

Амал бар ма сенбеске?

Біздің жақта әр үйде

Оянады ел кешке.

Келіп көрсең, байқарсың,

Азан-қазан сол маңай.

Футбол көріп қайтарсың,

Ал доптары — толған ай.

Ойнай-ойнай ұдайы

Аяқтарын талдырды.

Теуіп-теуіп сол айды

Тырнақтай-ақ қалдырды.

Тазша бала:

Қозы мініп, қой бақтым

Көкте бұлттың үстінде.

Қардан қаймақ қайнаттым

Жерге қайтып түстім де.

Шүйіліп кеп қойымды,

Алып кетті бір шыбын.

Шірей сілтеп сойылды,

Қан жалаттым тұмсығын.

Шыбын мұңын айтып көп,

Жылаған соң баладай,

Бір қорасы қайтып кеп,

Жығып салып талады-ай.

Күнікей:

Қой бастайтын серкені

Алып қашты саршұнақ.

Қуып бердім мен оны,

Қара санды қамшылап.

Шықпай серкем ойымнан,

Шауып келе жатқанда.

Көл үстіне қойылған

Түсіп қалдым қақпанға.

Тайды ілетін торғайым

Көлдің суын тауысты.

Өтірік айтсам, оңбайын,

Естідім бір дауысты.

Екі иығын жұлып жеп,

Келеді ұшып дәу жайын.

Кетті тізем дірілдеп,

Қиын болды хал-жайым.

Жаудың бетін қайырып,

Тайсалмады көк торғай.

Жағын екі айырып,

Жайынды жер қаптырды-ай!

Тазша бала:

Кереметке тап болған,

Таң қалмаймыз біз енді.

Қазандай зор қақпаннан

Жасап алдым үзеңгі.

Апарсам деп ойладым

Суды аспанға тамызбай.

Сүйтсем, бұлтты қойларым

Күйсеп жатыр сағыздай.

Көк торғайды ап қолыма,

Әбден шаршап, болдырдым.

Бүйірін қысып қалдым да,

Бұлттың үстін көл қылдым.

Салқын сумен суарып

Қойларымды шөлдеген,

Сондай қатты қуанып,

Қайтып келдім жерге мен.

(Өтірік айтыстың көріністері

би қимылдары арқылы сахнада көрсетіледі)

Алдаркөсе:

Байқаймысың, Қожеке,

Қанша айтсақ та көпіріп,

Бізден артық балалар

Айтады екен өтірік.

Қожанасыр:

Өтіріктің кезінде

Көріп ең ғой пайдасын.

Бірақ, жастар біздерден

Асырады айласын.

Қыдыр баба:

Мұның бәрі ойын ғой,

Көрсететін достарға.

Ақиқатсыз қиын ғой,

Шындық шықсын асқарға.

Қиыспаса өтірік,

Қалай ғана сенерсің,

Болса дағы не тірлік,

Шындықпенен көгерсін.

Қожанасыр:

Бәрекелді!

Алдаркөсе:

Иншалла!

Айтқаныңыз келсін!

Өтірік айтыста әртүрлі әрекет көрсеткен сандар

енді тұтас шепке айналады.Олар көңілді күйдің

ырғағымен сахнадан адымдап өтеді.

 

Екінші  сурет

 

Сандар көгалда демалып жатыр.

Бір мықшыңдап қырға шығып барады.

Нөл дөңгелеп сайға түсіп кетіпті.

Алдар көсе ортада тұр.

Алдар көсе:

Ауырса да өз етім,

Табылатын қажетім.

Ескі ауру қалса да,

Қалмайды екен әдетім.

Алдар деген атым бар,

Жүрегімде отым бар.

Шайтанды да алдаған

Суайт деген затым бар.

Көп қулыққа бармайын,

Тек Тазшаны алдайын.

Тазша бала келеді.

Алдар көсе:

Есеп-қисапқа қалай едің, әй, бала,

Тазша бала:

Жаман емес.

Бірақ, мені алдама!

Алдар көсе:

Бірге нөлді қосқанда не болады?

Тазша бала:

Бір қалады, нөл болса жоғалады.

Алдар көсе:

Нөлге бірді қосқанда не болады?

Тазша бала:

Онда, әрине, тағы да бір болады.

Алдар көсе:

Бірден бірді алғанда не қалады?

Тазша бала:

Екі бірлік ол кезде дем алады.

Алдар көсе:

Бір менен нөл сол кезде қайда кетер?

Тазша бала:

Бір төбеге, нөл болса сайға кетер.

Алдар көсе:

Алданбайсың, қу бала, алданбайсың,

Амалды тегіс жаттап алғандайсың.

Қыдыр баба:

Алдайтыны Алдардың басқа бала,

Компьютерді меңгерген Тазша бала

Өркені өссін!

Жаратқан, жар болғайсың!

Тазша бала Екі мен Алтының қасына барып,

құлақтарына сыбырлайды.

Олар орындарына. аунап түсіп, біреуі Бес, біреуі Тоғыз болып

төңкеріліп тұрады.

Тазша бала:

Бірге бірді қосқанда не болады?

Алдар көсе:

Екі емес пе?

Тазша бала:

Олай емес!

Қасында Бес емес пе?

Дұрыс қылған есепті осы емес пе?

Тазша бала:

Үшке үшті қосқанда не болады?

Алдар көсе:

Алты емес пе?

Екі үштің алты болуы шарт емес пе?

Тазша бала:

Қосындысы Алты емес сіз іздеген,

Қараңызшы!

Сан тұр ғой Тоғыз деген.

Алдар көсе өз көзіне өзі сенбей:

Апырмай!

Есеп, шіркін өзгере ме,

Дәл бұлай өзгергенін көз көре ме?

Басқа сандарға алақтап:

Алты қайсы, білмедім, Тоғыз қайсы,

Енді қалай сенемін өзгелерге?!

Тазша бала:

Алдар ата!

Көзіңізге қараңыз,

Санды қайта санаңыз.

Бес пен Тоғыз қайта аунап тұрғанда

Бес Екіге, Тоғыз Алтыға айналады.

Қожанасыр:

Алдаркөсе!

Енді мысың басылды,

Бала, міне, қулығын да асырды.

Тазша балаға қарап:

Келсем деп ем бәйгеге бір сый алып,

Қалтам тесік.

Тұрмын соған ұялып.

Алдар көсе:

Сол да сөз бе, Қожеке!

Сыйламайсың ба есегіңнің қодығын?

Қожанасыр:

Менен көрі мына Алдардың қолы ұзын,

Шығайбайды алдап мінген аты бар,

Дорбасында неше түрлі заты бар.

Алдар көсе:

Әй, болмады!

Осыны түгел берейін.

Қожанасыр:

Мен ендеше не дейін?

Қодық емес,

Есегімді берейін.

Жаяу жүріп көрейін.

Өзіне өзі:

Бар болса егер аямас ем түйесі мен биесін,

Есек, бірақ сағынады-ау иесін.

Есегін мойнынан құшақтайды.

Есекке тіл бітеді.

Есек:

Сізсіз күнім не болады, Қожеке!

Қожанасыр:

Саспа, Есегім!

Мені ақымақ деп пе едің?

Тазша бала жеп-жеңіл.

Бүйіріңді көп соқпайды өкшемен,

Енді жүгің жеңілдейді деп сенем.

Тазша бала:

Көп рахмет, аталар!

Менде де бір қата бар.

Жиырма бірінші ғасырда

Есекті ешкім мінбейді.

Дорба арқалап жұрмейді.

Бірақ, кейбір балалар

Есепті де білмейді.

«Есеп білмеген – есек» – деп

Жануарды  тілдейді.

Ақиқатты қолдаймын,

Сыйларыңды алмаймын.

Тек реніш болмасын,

Қатарымнан қалмаймын.

Есек:

Аламын деп отырғанда дамылдап,

Жеңіл емес, кетті-ау жүгім ауырлап.

Алдар көсе:

Алмағаның есекті,

Есті бала екенсің!

Қожанасыр:

Дара, дана екенсің.

Көсем болар ма екенсің!

Қыдыр баба:

Шешен болар ма екенсің?

Жүретін жолың кеңейсін.

Алдың ашық, көретін

Сандарың жылда көбейсін!

Барлығы қолдарын жаяды.

Қосуда қате кетпесін,

Алуда  кемдік болмасын,

Бөлгенде теңдік сақталсын,

Көбейту болсын жолдасың.

Әумин!

 

Үшінші сурет

 

Көктем. Жас шөп. Жайылған мал.  Наурыз көже қайнап жатыр.

Қыдыр баба ақ таяғын қолына ұстап келеді.

Қыдыр баба:

Ассалаумаһалейкум, жұп және тақ сандар!

Жылдың көшін бастаңдар.

Көптен қалған ырым бар,

Кәне, сапқа тұрыңдар!

Асықпаңдар, саспаңдар!

Бір Қаңтар деген жазуды мойнына тағып алып, алға шығады. Басқа сандар да одан көргендерін істейді. Әрбір айдың кескін-келбеті мойынға таққан жазуда бейнеленеді.

Қыдыр баба:

Жарайды!

Әңгіменің енді келді орайы.

Сауалым бар сендерге,

Наурыз жылдың қай айы?

Үш:

Құт әкелген әр үйге,

Бірінші айы, әрине!

Бір:

Ал бірінші болмаса,

Одан оның қасиеті кеми ме?!

Бірақ, менің ойымша,

Григориан күнтізбесі бойынша

Ең бірінші ай – Қаңтар,

Одан кейін – Ақпан,

Татып жүрген дәм-тұз,

Сосын барып Наурыз.

Қыдыр баба:

Олай емес, жарандар!

Енді мені тыңдаңдар!

Күн менен түн теңескен,

Барлық сандар кеңескен,

Қатар келген екі сан,

Жиырма екісі – жыл басы,

Бәрінен зор тұлғасы,

Наурыз – айдың ең басы,

Қалған  айлар – жолдасы.

Наурыз ғана сондықтан

Болу керек қолбасы.

Сөзім осы аталы!

Сандар:

Енді біздер не істейміз!

Қыдыр баба:

Олай болса, түзетіңдер қатаны.

Бір Наурызды алып, көштің басына шығады.

Басқа сандар да жазуларын ауыстырып, әрқайсысы өз орнын табады.

Қыдыр баба:

Наурыз, Көкек, Мамыр –

Бұл көктем айы,

Бір, Екі,Үш санының өктем айы.

Маусым, Шілде, Тамыз –

Бұл жаздың айы,

Төрт, Бес және Алтыншы санның айы.

Қыркүйек, Қазан, Қараша –

Күздің айы,

Жеті, Сегіз, Тоғыз салар іздің айы.

Желтоқсан, Қаңтар, Ақпан –

Қыстың айы,

Он, Он бір, Он екінші – сұстың айы.

Сандар төрт топқа бөлініп, әр топ жыл мезгілдері

секілді әртүрлі түске боянып, ерекшеленіп тұрады.

Бір:

Наурыз тойын әдемі

Әжем еске түсірді.

Біздерге арнап әдейі

Наурыз көже пісірді.

Жеті:

Ашылды да кебеже,

Дәм әзірлеу басталды.

Әжем наурыз көжеге

Жеті түрлі ас салды.

Сегіз:

Бидай, күріш, тары бар,

Бар сүр ет пен шұжығы.

Ащы құрты тағы бар,

Көже – елдің ырзығы.

Тоғыз:

Қасиеті көп дейді,

Татып көрдім мен өзім.

Әлі аузымнан кетпейді

Дәмі наурыз көженің.

Наурыз жыры айтылады

Хор:

Наурыз тойы келгенде

Болмас көңіл шерменде.

Нұр ойнайды жүзіңде

Достарыңды көргенде.

Наурыз, Наурыз!

Берейін қолда барымды.

Наурыз, Наурыз!

Жадыраттың  жанымды.

Берекелі от басы

Ата үмітін ақташы.

Жібиді екен бұл күні

Самарқанның көк тасы.

Пәле-жала жерге еніп,

Үлкен-кіші тебіреніп,

Бір сілкіндік бәріміз,

Наурыз тойы, сен келіп.

 

Көңілді  күй ойналады

 

 

Төртінші  сурет

 

Ортада Алдар көсе мен Қожанасыр.

Олар алыстан Тазша бала мен Күнікейді көреді.

Екеуінің алдында шахмат тақтасы.

Алдар көсе:

Тураған ет – толған ай,

Күндер зулап, жылдар ағып өтіпті.

Қожанасыр:

Біздер көрген Тазша менен Күнікей

Бозбала мен бойжеткен боп кетіпті.

Тазша бала:

өзіне өзі

Ханталапай ойнаушы едім асықпен,

Ханқамауды ойнайыншы ғашықпен.

Екі қолына екі әскерді жасырып, қос қолын алға созады.

Күнікейге қарап:

Қалауыңды ала ғой!

Күнікей:

Оң қолыңды аш!

Ақ түстісі менікі,

Ал сенікі қара ғой!

Тазша бала:

Айналайын сөзіңнен,

Онда жүріс өзіңнен,

Ұтылмауға бейілсің,

Көріп тұрмын көзіңнен.

Күнікей:

Шариғатты молда білер,

Алдағы істі Алла білер!

Тазша бала:

Жеңген кісі айтсын, бірақ, қалауын.

Күнікей:

Жеңемін деп желбіреп тұр-ау танауың.

Олай бола қоймас.

Алыстан Алдар көсе мен Қожанасыр қарап тұрады.

Алдар көсе:

Бәс тігемін!

Тазша бала жеңеді.

Қожанасыр:

Күнікей оның сыбағасын береді.

Алдар көсе:

Ал, көрейік!

Тек жанына бармайық,

Алыс тұрып барлайық.

Қожанасыр:

Ханқамауды ойнап жатса белсеніп,

Бозбала мен бойжеткенде бар ма айып?!

Күнікей:

Ал, бастадым!

Тазша бала:

Саспағын!

Күнікей:

Тағы да алға шығайын.

Тазша бала:

Кімнен қорқып, бұғайын?

Былай жүрдім, мінекей,

Жүріс сенен, Күнікей!

Екеуінің жүрістері экраннан көрініп тұрады.

Күнікей:

Жаяу әскер берік шебін бұзбасын,

Оң қанатты нығайтамын өз басым.

Тазша бала:

Күнікейдің алу үшін үрейін,

Олай болса сол қанаттан кірейін.

Күнікей:

Бұл жерде де жолыңды мен тосамын,

Майданға енді атты әскерді қосамын.

Тазша бала:

Қап!

Уәзірден де қайран болмай тұрғаны.

Күнікей:

Көп ойланбай, жылдамырақ жүр, кәні!

Тазша бала:

Енді қалай жүрсем екен?

Білмедім.

Атты әскердің жолын кессін пілдерім.

Күнікей:

Пәлі!

Сонда сенгенің бе пілдерің,

Дұрыс болды дәл осылай жүргенің.

Қолбасшылар жайратады тосыннан,

Қарсы шықса кімде кім.

Пілді жеп алады.

Міне, ақыры құрған торға тап болдың!

ШаҺ!

Көтер қолыңды!

Тыпыр етпе!

Мат болдың!

Тазша бала:

Қыз да болсаң пәле екенсің сен өзің,

Күнікей:

Алған беттен қайтпайтын

Ханға ұқсайды сенің-дағы міңезің.

Тазша бала:

Мен хан болсам, ханым болсаң қайтеді?

Күнікей:

Дәмесінің зорын-ай!

Дәл осы ойың – ертегі.

Тазша бала:

Ертегі емес, анау тұрған Хан-шатыр,

Қол созымдай жерде тұр.

Осы сәтте Алдар көсе мен Қожанасыр тасадан шыға келеді

Алдар көсе:

Біз куәміз, куәдүрміз!

Қожанасыр:

Куәлікке жүрәдүрміз!

Алдар көсе:

Күнікей қыз тіксін жеңіс жалауын!

Қожанасыр:

Жеңген жағы жеңілгеннен алу керек қалауын!

Күнікей:

Олай болса, Тазша бала

Астанадан үй алсын.

Сол арада Наурыз тойын тойлауға

Үлкен-кіші жиналсын!

Алдаркөсе:

Тілегені осы ғой,

Оған Тазша неге бекер қиналсын?

Тазша бала:

Жеңілсем де келіп тұр

Көңілімнің қошы.

Көктен іздегенім жерден

Табылды деген осы!

Астанаға барып мен,

Несие алам банктен!

Қожанасыр:

Сәл сабыр ет, қарағым,

Бұрын онда болып па ең?

Тазша бала:

Болмасам, енді боламын,

Барам десем, барамын!

Не қаласа Күнікей,

С