Адам қарады: 341 | Жарияланды: 2018-03-27 05:01:01

Үңгірдегі үшеу

 

 

Алматыда қылмыс жасаған адамның алып Алатаудың қойнауына жасырынуы қалай оңай болса, сол маңнан көзге көрініп, қолға түсіп қалуы да аса қиын емес. Өте «ақырын басып, анық жүретін» сақ адам болсаң да, мойынға жүктелген кісі қаны бәрібір ізіңді айшықтамай қоймайды.

Тау үңгіріне төрт ай жасырынған алматылық үш қарақшы тұтқындалған күні аға жедел уәкіл, полиция майоры Ерсін Сембин Алатаудың қарлы шыңына көз сығырайта қарап тұрып, осылай ойлады.

Түнде дүкенге кетіп, жалдамалы пәтерлеріне ентіге кірген Төлеу:

– Алмат, бұл жерден дереу кетуіміз керек! Полиция іздеу жариялап жатыр. Қара, мына жасаған бейнелері саған ұқсайды, – деп қалтасынан умаждалған бір қағазды алып шығып, үстелдің үстіне лақтыра салды. Қағазға қолын самарқау созған ақ майкалы «атамандарына» қасында бір шиша сырадан сіміріп отырған арық Андрей тышқан көзі жылтыңдап, жасқана қарады.

– Маған қатты ұқсап тұр ма, не? – деп күжірейді оған, жайшылықта да қабағы қатулы жүретін Алмат темекісін тұтата отырып.

– Иә, былай... ага, ұқсайды, – деп қипақтады қазақтілді орыс.

– Мм, солай де. Басқа не байқадың-ей, Төлеш?

– Ештеңе. Мына қағазды үй қабырғасынан жұлып алған соң, супермаркеттен он бөтелке сыра мен тіскебасарларды алдым да, үйге қарай зыттым.

– Өй, сужүрек неме! Әкел, анау он бөтелкеңнің біреуін!

Топ басшылары сыр білдірмей, бір мырс еткенмен, қалған екеуінің мазасы қаша бастады. Қолдары қалтырап, жүздері бозарып, ұстаған ыдыстары жиі салдырлай берді. Өздерінше онысын білдірткісі келмей, әр әңгіменің басын бір шалып, өзара қалжыңдасып қояды. Алмат езуін қисайта мырс етіп, екі серігіне басын бір шайқады.

 

***

Бұлардың тоғыз қабатты үйдің бесінші қабатындағы бір бөлмелі пәтерді жалдап отырғандарына бір жұма болды. Үшеуі де смартфондарын сатып жіберген. «Сол арқылы ұсталып қаламыз» деген қауіппен ешқандай телефон ұстамайды. Жаңадан алған жалғыз нөмірді әдейі тіркеуден өткізген жоқ. Оны қалаған уақыттарында көшедегі кез келген біреудің телефонына салып, керек адамдарына хабарласып тұрмақ. «Астанадан қыдырып келіп едік» деген сылтаумен пәтерді бір аптаға жалдағаннан бері күндіз-түні іште қамалып отырады да, түн ортасында біреуі ғана тысқа шығып, жолдың қарсы бетіндегі сауда үйінен бір күнге толық жететін азық-түліктерін алып келеді. Бұл жолғы кезек Төлеудікі еді. Ол дүкен жанындағы үйдің қабырғасы мен аялдама бұрышынан өздеріне іздеу жариялаған хабарландыруларды көріп қалды. Көз нұры қалғандықтан, алыстағыны онша көрмейді. Ал үйдің қараңғы тұсында ілулі тұрған қағаздағы Андрей екеуінің фотороботын біреу жыртып тастапты. Таныстары болса керек. Тек Алматтың бейнесі қалған сол хабарландыруды жұлып алып, қойнына лып еткізді де, жылдамдата басып, дүкенге қарай беттеді. Артынан біреу қалмай еріп келе жатқандай сезініп, жүрісін одан сайын үдете түскен. Көшенің жарық тұсына шыққанша аяғының буындары босап, тамыз түні онша салқын болмаса да тістері сақылдап, маңдайынан суық тер бұрқ етті.

Алақ-жұлақ етіп дүкенге кіріп келгенде, екі полицейдің сауда жасап жүргенін көрді. Сол-ақ екен, өз-өзінен одан сайын қуыстанып, аузы құрғап, тынысы тарылып қалды. Жүрек дүрсілі таңқылдап өңешінен естіліп тұрғандай. Сыраға қолы бармай, олардың шығып кетуін күтіп тұрғанда, қолынан біреуінің жеңі жанап өтті. Талып қала жаздап, көзі қарауытып барып есін жиып қараса, екі полицей бұның қасынан әлдеқашан ұзап кетіп, кіреберіс есікке жақындап қалған екен.

 

***

Алмат, Төлеу, Андрей – әр облыстан оқуға келіп, әр салада жұмыс істеп жүріп, бертінде Алматының әр жерінде кездесіп қалып танысқан достар. Бір-бірінің сырын он екі жылдан бері өте жақсы біледі. Үшеуі де бойдақ. Демалыс күндері баратындары – түнгі клуб пен сауна. Өздеріне сол сыра ішіп, қорқор шегіп, қыздардың арасында отырғаннан асқан қызық жоқ сияқты көрінеді.

Бірде түнгі клубтың ішінде отыратын бос орын болмағандықтан, үшеуі жолда кездескен бір дәмханаға кіре салды. Онда біраз отырып, денелері қызған сәтте ортаға шығып жұлқына билей жөнелді. Билей жүріп танысқан үш қыз бұлардың құшағында еркелеп, беттерінен кезек-кезек сүйіп, өздері отырған үстелге шақырды. Арақ ішеді, билейді, аймаласады, дәмханадан шыққан соң қонақ үйде көңіл көтеруге келіседі. Сөйтіп отырып, үш жігіт үш қыздың барлық ішіп-жемінің ақшасын төлеп тастады. Соған көз жеткізген бір бойжеткен сөмкесінен телефонын алып, тысқа шығып сөйлесіп келді. Арада көп уақыт өтпей, еңгезердей алты жігіт кіріп келіп: «Мына қыздар – біздің қарындастарымыз. Үйге алып кетеміз», – деп дікеңдей жөнелді. Бұндай басынуды көрмеген үш «сері» де еселерін жібермеуге тырысып, әлгі «чайкалардан» ішіп-жеулеріне төленген шығынды қайтарып беруін талап етіп, шу көтерді. Дәмхана әкімшісі мен күзетшілері жабыла жүріп сыртқа шығарып жібергенде, алты жігіт жабылып тепкінің астына алған үшеудің бірі – Алмат жанқалтасына салып алған бәкісін екі қарсыласының жүрегіне сұғып-сұғып жіберді. Олардың пышақ жарақатынан жер жастанғанын байқамаған қалған төртеуі: «Спортиксің бе, не?», – деп бұған жаппай жабыла кетеді. Сол кезде достарын көптің езгісіне қалдырғысы келмеген Төлеу жерден шолақ труба тауып алып, Андрей бір тас ұстап, екеуі төртеуін төрт жаққа сұлатып салды. Көше бойында «чайка» қыздар: «Құтқарыңдар! Өлтірді...», – деп шыңғырып жүр. Көздері қанталаған үшеуі естерін сонда бір-ақ жиып, қаша жөнелді. Ауыз-мұрындары қанағаны болмаса, беттері көгермеген. Жолай бір құдық сушүмегінен беті-қолдарын жуып алып, көшеден такси ұстап, жалға пәтер беретін жерге тартты.

 

***

Сол күннен бері үшеуі бір жұма бойы болған оқиғаны еске де алмай, жаман түс те көрмей, алаңсыздау жатыр еді. Төлеу ала келген біржапырақ қағаз көңіл-күйлерін құртып, келесі күннің таңында пәтер иесіне хабарласты. Мақсаттары – ондағы Андрейдің төлқұжатын алып, дереу қала сыртына қашып шығу.

 

***

Базарға жүздерін күнқағарлы баскиім, қара көзілдірікпен жасырып барып, соңғы жалақыларынан қалған ақшаға екі қытайлық ала сөмкені ыдыс-аяқ, жылы киім, азық-түлікке толтырған үш дос таксимен Андрейдің талғарлық аңшы досына соғып, одан 16-шы калибрлі құжатсыз мылтығын елу оғымен сатып алды. Бұл орайдағы ой – жықпыл арасындағы қалың жыныспен көмкерілген тау үңгірінің біріне жасырынып, түздің аң-құсын азық етіп, ертедегі батырларша өмір сүру. Бұл жүрістерінен еш хабары жоқ аңшыны «Табиғатқа демалуға бара жатырмыз. Сол жақтан құс атып әкелеміз», – деп алдап қойды.

Таксиге келіскен ақшасын төлеп, қала шетіне шығаберістен түсіп қалған үшеу із жасыру мақсатында басқа бағытқа ауысып, тау арасымен жаяулап-жалпылап, арып-ашып екі күн жүрді. Ара-тұра шың етегіндегі қалың қарағандардың түбіне жасырынып, үстерінен төніп тұрған жартас астында тынығып, жүрек жалғап алады.

Ақыры адам аяғы, мал тұяғы баспаған жерден жел үңгіп тастаған тау қуысына тап болды. Үш адам еркін жатып, қысы-жазы тұра беретіндей шағын үңгір екен. Тек аузына бір адам ғана сиятын қуыс қалдырып, тас қалап тастаса жеткілікті. Түбінде сылдырап тау бұлағы ағып жатыр. Алдын иісі бұрқыраған құндақ шырмауығы көмкерген. Бір-екі адым жерде жабайы қарақат, долана, жалбыз, таңқурай өсіп тұр. Құр, шіл, кекілік, бөдене дегендерің қимылдаған сайын пыр-пыр етіп ұшуда. Кішігірім марқадай орқоян секеңдеп, үңгір аузына өзі келіп тұрады. Биік-биік ақтерек пен көктерек, қарағай, қайың, арша, самырсын, шынар, мүк басып мүлгіген алып емен, итмұрын тікені арасынан бұларды ешкімнің іздеп таппасы анық еді, егер қақпан, тұзақ құруды білмейтін алаңғасарлық жартасты үнемі мылтық дауысымен жаңғырықтырып тұрмағанда...

 

***

Үңгір іші Төлеу жаққан оттың жалынымен әжептәуір жылынып, желтоқсанның алғашқы аптасына сыр бермей тұр. Күндіз Алмат атып әкелген қоян етінің қуырдағы танауды қытықтайды. Алматтың өзі екі досын «асырап» жүргеніне марқайған сыңаймен оларға анда-санда көз астымен бір қарап қойып, төрде майшамның жарығымен кітап оқып отыр. Ал Андрей оттың жылуынан маужырап, есіней отырып, ара-тұра қазан жаққа көз қиығын салып қояды. Төлеу болса, темекісін құшырлана сорып, оның шоғына тесіле қарап, терең ойға шомып кеткен.

Кенет жіп керіп, үңгір ішіне орнатқан кішкентай қоңырау шылдыр ете қалды. Алмат орнынан атып тұрып, шапшаң қимылмен оқтаулы мылтықтың құндағын қайырып алды. Сырттан үкінің дауысы естілді.

– Өй, үкі екен ғой! – деді ұйқысы шайдай ашылып, қапелімде не істерін білмей абдырап қалған Андрей.

– Қазір оны бір-ақ атып, жалпасынан түсіремін!.. – деп Алмат сыртқа жүгіре шықты.

Ал кіреберісте сойылын құлаштай ұстаған Төлеу «Уфф!» деп маңдай терін сүртіп, орнына енді жайғаса бергенде, сырттан апыр-топыр алысқан дыбыс естілді. Бұлар саңылауға бұрылып қарағанша, ішке екі гилза түсті де, одан пысылдап газ тарай бастады. Андрей құлап бара жатып:

– Үкі емес екен ғой... – деп үлгерді.

 

***

Төлеу мен Андрей естерін сыртта жиды. Етпеттерінен жатыр. Артқа қайырылған қолдары кісендеулі екен. Айналада суық қаруланған сақшылар әлденелерді айтып, дабырласып жүр. Облыстық жедел уәкілдер, тергеушілер, криминалистер, жедел қимылдайтын арнайы жасақ сарбаздары... бәрі жинала қалыпты. Сөздері дұрыс естілмейді. Бір қойтасқа сүйеніп Алмат отыр. Оның да қолы артқа қайырылған. Сол жақ шекесі сәл жырылыпты.

– Ерсін, ақыры бұл істі аяғына дейін апарып, осы жерді тауып келгенің үшін сенің шенің өсетін шығар, ә? – деген бір полицейдің қалжыңдай күлгені естілді.

Төлеудің қасында қағазына әлденелерді түртіп алып тұрған жас майор әлгі әріптесіне бұрыла қарап:

– Еһ, капитан, капитан... Көп сөзді қой да, үңгірдің іші-сыртын дұрыстап тексер! – дегенді жылы жымиып, жеңіл бұйырды.

 

Қазақ тілінде жазылған