Адам қарады: 8826 | Жарияланды: 2018-03-27 09:12:49

Тас бауыр

 Желдің ұйытқуы денені шымырлатады. Бұрын соңды болмаған үскірік аяз. Қардың үстінде етігімен жүрген адамның еш аяқ ізі білінбейді. Тек сықырлаған сырт-сырт етілген дыбысы естіледі. Бұндай аязды күні жұмсақ қардың өзі қатып қалады. Қаһарлы қыс бұл үйдің ішіндегі адамдарды аямады. Мүмкін суықтан ба, әлде адамның мінезінен болар. Тағдыр бұл отбасыға сынақ бергендей дірдектетіп, бір бөлмелі жазғы сарайда үш ағайындыны бүрістіріп қойды. Біреуі арбаға таңулы. Бұл қалай болған, ата-анасы қайда кеткен, мұншама қараусыз қалғандары несі деген ойда боларсың? Өмірдің қаталдығы жетімдерді сынаққа түсірді. Қазір арбаға таңулы Сағыныш ол кезде әлі кішкентай, бес жаста болатын. Бір күні балалармен асыр салып ойнап жүргенінде үйдің ауласында қағылған қазыққа сүрініп құлап, аяғын сындырып алған. Ал ата-анасы ауруханаға да апармаған еді. Содан бері осы арбада отырғанына он екі жыл. Тас бауыр аналары осыдан төрт жыл бұрын әкесі қайтыс болған соң, басқа ер адамға тұрмысқа шығып кетіп қалған. Балаларға пана болатын мейірімді адам кездеспеді. Сағыныштың мүгедектікке алатын зейнетақысына қызыққан туысқан ағасы мен жеңгесі қамқорлыққа алғандай болып асырап алып, бір жылға жетпей үйлерінде тұрғызбай қуып жіберді. Сағыныштың туу туралы куəлігі мен мүгедектік жәрдемақысының ақшасы түсетін банк карточкасын алып қойды. Қазіргі таңда бұл жетімдердің жалғыз асыраушысы үлкендері Қарлығаш еді. Ол күн-түн демей жұмыс іздеп кетеді. Жасы жиырма бестен асып кетсе де тұрмысқа шықпай, өзін емес артындағы бауырларының қамын ойлап, күндіз-түні жұмыс істеп, бауырларын асырап жүр. Таңнан қара кешке дейін жұмыс іздеп, кейде үй көрмей кетеді. Сағыныштан кейінгі інісі Асқар сегізінші сыныпта оқиды. Одан кішілеу Айым үшінші сынып оқиды. Өзі үйдің суықтығынан жиі ауырып қалады. Бөлмені жайлаған меңіреу үнсіздікте тек қана балалардың күрк-күрк жөтелінен ғана тіршілік бары сезіледі. Осы сарайдың иесі анда-санда қылқылдап сарай ақысын сұрап келетін. Кейінгі кездері жағдайларын түсінгендей, келмейтін болды. Бұл отбасы Астана қаласына осыдан он жыл бұрын ата-анасымен көшіп келген. Қандай бақытты кездер болатын. Ағылшын мамандығы бойынша колледжде оқып жүрген Қарлығаш əкесінің жағдайына байланысты оқуын аяқтай алмай қалды. Қарлығаш анасынан гөрі әкесін қатты жақсы көретін еді. Аналары суықтау болатын. Балаларына дұрыс қарамайтын. Əкелері құрылыста жұмыс істеп бала-шағасын асырап жүрді. Құрылыста жүргенде аяқ астынан этаж үйді салып жатқанда сақтандыру жібі үзіліп кетіп қатты жарақаттанып ауруханада бес ай төсек тартып жатып қалып қайтыс болды. Əкелерінің жылын бермей жатып анасы тұрмысқа шығып кетті. Мүмкін төрт баласының ертеңгі болашағын ойламай, өз бақытын тауып осы ауыртпалықтан құтылғысы келген болар. Тағдырдың қандай сынағы болсын ауыртпалығын көтеріп бауырларына ананың орына ана, əкенің орнына əке болған қайсар жан Қарлығаш отбасындағы ауыр жүкті өзі көтеріп жүрді. Күн көрістің қамымен талай жерде жұмыс істеді. Мекемелерде еден жуушы болып жұмыс істеді. Талай рет жетімдер үйінен адамдар келгенде өзімнің бауырларымды асыруға қауқарым жетеді деп, тырмысып бермей қалды. Бір күн аш, бір күн тоқ дегендей. Бір тілім нан таба алмай қалатын күндері де болды. Қайрымды көршілері жиі көмектесіп, тамақтандырып тұрды. Таң атысымен Қарлығаш мына үйдің суығынан балалар тоңып қалар деп, қолындағы азғантай екі мың теңге ақшамен көмір сататын жерге келді. Базарда тұрған саудагерлер сияқты айқайлаған дауыстар шығып жатты. – Көмір алыңыздар. Маркстың көмірі, Шұбаркөл, Екібастұздың көмірі – деп жан-жақтан естіледі. Қарлығаш көмір сатушының біреуінің алдына келді. – Ағай көміріңіздің бағасы қанша теңге тұрады. – Бір тонна көмір он бес мың теңге. Қаппен алсаң үш мың теңге. Үсті-үстіне көмірдің бағасын көбейтіп тұр. – Мұншама бағаны қайдан аласыздар. – Алмасаң алмай-ақ қой, қарындасым. Бəрі осы баға – дейді сатушы. Шынымен де көмірдің бағасы шарықтап кеткен. Амалсыздан қолдағы ақшасына жететіндей бағаға сатып алды. Жаяулап Астана көшесінде келе жатып парктың жанына келіп демалып алайын деп орындыққа отырады. Сол жерден ерлі-зайыпты адамдар жүр. Біреуінің қолында кішкентай екі-үш жастағы сәбиі бар. Бұрынан танитын адамдай көрінді. Қарлығаш қасына жақындап барды. Өйткені ол өзінің анасы болатын. – Анашым, анам менің, сізді сағындық неге бізді тастап кеттің? Қайтшы үйге?! - десе де, əйел бұрылмай қолдағы баласын жетектеп жолдасына жүр кетік дегендей ишара жасады. Жолдасы Қарлығашты танып қойды. – Бұл сенің үлкен қызың Қарлығаш емес пе? Неге сөйлеспедің? – Ондай балам жоқ. Өткен өмірімен өмір сүргім келмейді. – Анашым жануар екеш, жануар да өз баласын тастамайды. Бұныңыз қалай? – деп көзінен жасы ағып айғайлап айтса да анасы естімегендей болды. Осы сәтте суық үйге жылулық кіргендей. Көрші Айман тəте кіріп келді. Айман тəте суық бөлмеде жатқан үш жетімектің бүрсең қағып жыртық-жыртық көрпелерді жамылып, жылу беретіндей бір-біріне тығылып отырған балаларды көріп аяп кетті. Айман тəте өте мейірімді жан. Жолдасы он бес күндік вахтаға кеткенде, осы балаларға ыстық тамақ пісіріп əкеледі. Тамағы сондай дәмді. Ана деген осындай болу керек шығар. Өзінің екі баласымен бұларды тең көреді. Бұл балаларға өз баласындай қарайды. Өзі де жастай ата-анасынан айырылған, бірақ асырап бақан ата-əжеден мейірімділік көрген. Айман тəте жиі келе алмайды. Күйеуі он бес күндік вахталық жұмысқа кеткенде ғана осы үйге бас сұғып тұрады. Əйтпесе күйеуі білсе: – Сен неге осыларды аяп жүресің? Осыларды мүсіркей берсең басыңа шығып кетеді. Одан да өзіңнің екі балаңа қара, - деп ұрысып, көгала қойдай ұрып тастайтын. Айман тəте жолдасы кеткен соң балалардың жағдайын білуге келді. Балалардың күрк-күрк жөтелгенін естіп аяп кетіп, ыстық тамақ пісіріп əкеледі. – Балаларым-ау мына суық үйде қалай жатырсыңдар?! Əпкелерің қайда? – Қарлығаш əпке бүгін көмір əкелемін деп кеткен, – деді тоңғанан балалар дір-дір етіп сөйледі. Сол уақытта есік ашылып, Қарлығаш орта қап көмірмен келді. – Алақай енді жылынатын болдық қой. Ура-ура! – деп бала көңілімен қуанып. – Айман тəте келгеніңіз қандай жақсы болды. Үйде ішетін тамақ қалған жоқ дейді. Екі күн балалар нан ғана жеп жүр, ішетін шай да бітіп қалды. “Жұт жеті ағайынды, бір айналдырса шыр айналдырады” дегендей, бірақ сіз үйге келіп, жебеуші періштедей қамқорлық жасап жүрсіз. Бұндай жақсылықты анам да жасамас болар. – Қой қайдағы. Адамдар бір-біріне көмектеспесе несіне адам болып жүр. Бұл сендерге тағдырдың сынағы. Көмірді жақпай біздің үйге келіңдер. Жолдасым жұмысқа кеткен, он бес күнен кейін келіп қалар. Жылы үйде жақсылап демалалыңдар. Сабаққа да қалмай барасыңдар. Төртеуі де Айман тəтетенің үйіне келді. Жылы үйдің аурасы бөлек дегендей. Жылы үйден Сағыныш, Асқар, Айым жөтелдерінен айыққандай болды. Асқар мен Айым сабақтарына барып жүрді. Қарлығаш істеп жүрген жұмысынан шығып кетті. Мүмкін ендігі тұратын жұмысынан көтеріліп қалармын деген ойда жүрді. Өзі компьютерді еркін меңгерген. Сондықтан осы жұмысты алдын-ала білмеді. Мектепке компьютерді жақсы білетін адам керек деген соң барған. Директордың хатшысы болып жұмысқа кірісті. Бақытжан директор ханым орысша мінезді. Қазақи тəрбие көрген Қарлығашты бір көргенен ұнатпады. Қарлығаштың жазуы онша емес. Күндегі қайталайтын сөзі: – Мақұлық, жазуың қиқы-жиқы. Интернеттен шығарып бергенге мəзсің. Бар кетші! Үйіңде неге отырмайсың?! – деген сөзден күнде əбден шарса да бауырларын асырау үшін шыдады. Екінші айдың ортасында үстінен хатшы алды. Қарлығаш оған үндеген жоқ. Оны ендігі айдан бастап тәрбиешінің көмекшісі ретінде жұмысқа алатын болды. Оған да көнді. Айдың аяғына дейін хатшы болып жұмыс істеді. Екінші айдан бастап тәрбиешінің көмекшісі ретінде жұмысқа алынды. Түнде еден жуушы болып басқа жерге де орналасып алды. Үйдің қарасын көрмей кетті. Үйіне анда-санда келетін. Қыс та қаһарын төгіп тұрды. Көктем де келмей қойды. Алдыңғы айда, осы айда Астанадағы сарайдың иесі ақша сұрап келмеген. Аяқ астынан аласұрып келді. Бұрынғыдай емес, жағдайлары түзелген, жазғы сарайдың іші жылы. Тамақтары тоқ, киімдеріне де ақша жетіп жүрді. Екі бала сабақтарынан қалмай күнде баратын болды. Сағыныш, Асқар, Айым алаңсыз үйде болатын. Түн болып төсектерін салып ұйықтайын деп жатқан, сол кезде есік дүнкілдетіп қоймай қойды. – Бұл кім? - деді Асқар. – Осы үйдің иесімін есікті ашшы – деген соң есікті ашқан. Тура осы үйдің иесі. Жау тигендей: – Алдынғы айдың, осы айдың ақшалары қайда? – деп діңкілдеп ұрса бастады. Сағыныш төсекте жатқан болатын ұйқысынан оянып еңбектеп қалтасынан жиырма мың теңгені шығарып үй иесінің алдына барып: – Қолымызда осы ақша, осыны ала тұрыңыз. Кейін тағы беріп қалармыз. – Осы ақшамен алдамақсыңдар ма? Тапқан екенсіңдер. Ақымақтар, – деп Сағыныш берген ақшаны қалтасына салып алды. – Шығыңдар үйден, тез болыңдар – деп далаға үшеуін қуып жіберді. Баратын жерлері жоқ. Қарлығаш болса күні-түні жұмыста не балалардың ұялы телефондары жоқ хабарласатын. Жеті қат қара түнде қуылды. Жан ашитын Айман тəте болса отбасы мен ауылдағы туыстарына кеткен. Басқа қайырым берер, жанашыр көрші тапайсың. Түннің суықтығы ызғырық шашып, құйқаны шымырлатады. Көрші маңайдың есік, терезелерін қағып көрді. Ешкім ашқысы келмеді. – Не керек сендерге. Өзіміз де жалдамалы пəтерде тұрамыз – деп кіргізбей есіктен шығарды. Бүрісіп үшеуі бір бұрышта отыра қалды. Қайда барады, не істейді? Қыстың соңғы айы бұл балаларды өздерімен ана дүниеге алып кетерін кім ойлаған. Адамдардың осындай тас бауырлығынан жапа шегіп бір-бірін құшақтаған күйі үсіп қалып, о дүниеге кете барды. Таң атқанда ел оянып жұмыстарына бара жатқанда үш жетімнің үсіген денесін көреді. Өздерінің үйлеріне кіргізбеген кінәсі екенін мойындамайды. Тек қана өз қарабастарын ойлаған көршілері Қарлығашты үш бауырының өліміне кінәлі деп көп жылға соттатып жібереді.

Қазақ тілінде жазылған