Адам қарады: 2453 | Жарияланды: 2018-03-28 12:14:56

Өкініштер өткелінде өткеннің

Өкініштер өткелінде өткеннің

Арыла алмай алжастырған мың ойдан

Сенің жаның шұғыласы көктемнің

Менің жаным күз секілді мұңайған

 

Жанарымнан бір мөлдір мұң тайғанап

Жүрегімде сүттей сезім тұрды ұйып

Ақ жүзіңді айдың ерні аймалап

Келбетіңе күн кеткендей нұр құйып

 

Әр таңымды үмітпенен атырдым

Өміріме өлең болып сен ендің

Сенен өзге жанды көрмес соқырмын

Сенен өзге жанды естімес кереңмін

 

Солай болып сендегі бар ұйғарым

Тұрақ таптың жүрегінен өзгенің

Бақыт деген сенің ғана дидарың

Бақыт деген сенің ғана көздерің

 

Пейіштегі періштемен теңесер

Болмысыңа бас ұрады жер әлем

Сен естіген ең ұлы сөз не десе

Мына сенің атыңды айтып берер ем

 

Көңілімді шырмағанда қаяу-мұң

Өксігімді өлеңіме жасырдым

Мен сен десе тозаққа да даярмын

Бар күнәсін арқалап ап ғасырдың

 

Құштарлықтың әуелетіп мұңлы әнін

Түндерге арттым терең ойдың салмағын

Сенің кінәң мені ғашық қылғаның

Менің кінәм сені сүйіп қалғаным

Қазақ тілінде жазылған