Адам қарады: 290 | Жарияланды: 2018-03-30 06:25:45

Өжет есек

Тайлақтай– бота

Салпаңқұлақ– қодық

Түлкі

Қасқыр

Қожайын

 

1 – сахна

Аулада Салпаңқұлақ пен Тайлақтай қапшық толы бидайды әндетіп тасып жүр.

Қандай жұмыс болса да,

Атқарамыз бірге біз.

Қиындықты бірлікпен,

Қолұстасып жеңеміз.

Салпаңқұлақ:

Тайлақ үшін шаршамай,

Тасыймын мен қапшықты.

Тайлақтай:

Салпаңқұлақ сұраса,

Бере салам жантақты.

Екеуі:

Бақыт берер баршаға,

Береке бар достықта.

Тату болса достарың,

Құшақ толар шатыққа.

Салпаңқұлақ: Тайлақтай, егер шаршасаң демала тұруыңа болады. Мен тасый беремін.

Тайлақтай: Ө-ө...Салпаңқұлақ, мен сенен екі есе үлкенмін ғой?! Демек, мен көбірек тасуым керек. Егер шаршасаң, демалуыңа болады.

Салпаңқұлақ, шаршағаннан бұрышта тұрған арбаға отыра кетеді.

Тайлақтай: (жаны ашып) Салпаңқұлақ, не болды...шаршадың ба?!

Салпаңқұлақ: (ентігіп басын шайқайды) Аф-фа-фаф-фф...

Тайлақтай: Бір жерің ауырды ма?! (Салпаңқұлақ басын шайқайды) Енді не болды?!

Салпаңқұлақ: Шөлдедім...

Тайлақтай: Уфф...Бірден солай демейсің бе?! Мен қалған қапшықтарды тасый берейін. Сен...Қожайын келемін дегенше тездетіп барып, су ішіп кел.

Салпаңқұлақ басы салбырап су ішуге кетеді. Шарбақтың арасынан жылмаңдап Түлкі шығады.

Түлкі: Оһо-һоһ-һо?! Ту-уу, Тайлақтай...Бір өзің осынша қапшықты қалай тасып тастағансың?!

Тайлақтай: Ә-ә, қу Түлкі...Сенбісің?!

Түлкі: Түлкімін...Түлкімін...Ал, қулық жағын ойлану керек.

Тайлақтай: Сеніменен сөйлесуге уақытым жоқ. Табаныңды жалтарт. Мен сен ғұсап ерігіп жүрген жоқпын. Қожайын келемін дегенше қапшықтарды тасып үлгеруім керек.

Түлкі. Тасы...Тасы әрине...Үлгермесең белгілі жайт қой...Қожайыннан таяқ жейсің. Сенің қожайының қатігез...Бір өзіңе осынша жүкті тасытып...

Тайлақтай: Бір өзім емес...

Түлкі: Бір өзің болмағаны қалай?!

Тайлақтай: Қасымда Салпаңқұлақ бар. Ол шаршаған соң су ішіп келуге кетті.

Түлкі:Су ішіп келуге кетті?! Сен ше?!

Тайлақтай: Мен...Ол келгенше қапшықтарды тасый беремін.

Түлкі: Ақымақ!..

Тайлақтай: Түлкі, мен шаршап тұрмын...Сондықтан ашуыма тимей, аулақ кет...Таяқ жеп қаласың.

Түлкі: Қорыққаным-ақ...Ой, шегім-ай?!.Ашуым дейді ғой...Сенде адасып жүрген қайдағы ашу?! Ақымақтығыңды өзің дәлелдеп тұрсың.

Тайлақтай: (Түлкіні шап беріп) Кім ақымақ?!

Түлкі: Әрине...Сен ақымақсың!

Тайлақтай: (ашуланып Түлкіні төмпештей бастайды) Ақымақтың көкесін көрсетейін саған...

Түлкі: Ойбай-й...Жібер...Жіберші?!

Тайлақтай: Ашуыма тиген екенсің, сазайыңды ал...

Түлкі: Жібер...Жіберші...Жалынамын?!

Тайлақтай: (Түлкіні жіберіп) Солай болсын...Аяққа оралмай жөніңе кет.

Түлкі: Мен саған...Мен саған жаным ашығаннан ақымақсың деп тұрмын. (ұмтылған Тайлақтайдан қашып) Өтірік болса өзің айтшы... Салпаңқұлақ неге су ішуге кетті?!

Тайлақтай: (өңкілдей күліп) Ақылы көптің сұрағының түрін?..Шөлдеген соң су ішуге кетті де?!

Түлкі: Жо-жоқ...Ол сені ақымақ қып, жұмысқа жегіп қою үшін алдап кетті.

Тайлақтай: Соқ өтірікті?!

Түлкі: Өтірік болса...Тасыған қапшықтарды санашы...

Тайлақтай: Не үшін?

Түлкі: Алдымен сана...Сұрақты соңынан қоясың. (Тайлақтай санайды) иә...Қанша қапшық екен?

Тайлақтай: Тоғыз...Мына соңғысын қоссам – он қапшық болады.

Түлкі: Он қапшық қой, ә? Енді...Осы қапшықтың нешеуін Салпаңқұлақ тасыды?!

Тайлақтай: (Салпаңқұлақ тасыған қапшықтарды санап) Үшеу...

Түлкі: Аһа?! Тоғыздан аламыз үшеуді...Қалады – алты...Қолыңдағы қапшықты тағы да сенің тасыйтыныңды есепке алсақ...Сенің үлесіңе тиеді...Жеті қап...Енді не айтар екенсің?!

Тайлақтай: Не айтуым керек?

Түлкі: Айтсам...Ренжисің...Ал, шындығында кімнің қулығы күшті екен?

Тайлақтай: Сен бар ғой, қу Түлкі...миымды қатырмай жөніңе жөнел. Әйтпесе, қалған жұдырықты қосуыма болады.

Түлкі: (күйіп кетіп) Есекте ми жоқ деуші еді...Нағыз мисыз сен екенсің!..Өзің ойлап қарашы...Салпаңқұлақ – қапшықтың көбін саған тасыту үшін әдейі...шөлдеген боп су ішуге кеткен. Ал сен...Еріндерің салбырап, бар қапшықты бір өзің тасып жатырсың. Енді айтып көр...Кімнің қулығы күшті екен?! (Тайлақтай басын қасып тұрып қалады) Аһа? Солай ма, бәлем?! Жүдә...Тамағымнан алып...Қылғындырып...Ал...Жауабын тауып көр! Досым деп жүрген Салпаңқұлақ – нағыз арамның тап өзі!

Тайлақтай: Сонда...Маған не істе дейсің?!

Түлкі: (Тайлақтайды мазақтап) «Не істе дейсің маған...» Не істеуші ең...Құтылудың жолын ізде.

Тайлақтай: Неден?!

Түлкі: «Неден» емес – Кімнен де?!

Тайлақтай: Ал...Кімнен?!

Түлкі: Ой, суми...Кімнен болушы еді – Салпаңқұлақ есектен де?!

Тайлақтай: Жоқ-өй...Мен...Салпаңқұлақты ешқайда қумаймын. Керек болса өзің кет. Салпаңқұлақ – менің ең жақын досым.

Түлкі: Туф?! (жыны келіп, амалсыздан айланы күшейтіп) Бері қарашы...Тайлақтай былай ғой...Әне-міне дегенше қожайынның келетін уақыты болады. Солай ма?!

Тайлақтай: Солай делік...

Түлкі: Мынанша қапшықтың бәрін базарға апаратын кім?!

Тайлақтай: Мен...

Түлкі: Өзің қарашы...Сен барлық қапшықты бір өзің арқалап базарға өліп-өшіп тасыйсың. Ал, Салпаңқұлақ болса...қожайынның немересін мектептен әкелуге тайып қалады. Ал, енді миыңды қозғалт...Кім ақымақ...кім арам екен?! Нағыз адал дос болса, базарға апаратын қапшықтарды неге сенімен бөліспейді?! Аһа...Басыңды қасыдың ба?! Солай болсын...

Тайлақтай:Сонда...Маған неғыл дейсің?!

Түлкі: Салпаңқұлақтың көзін жоя алатын кім?!

Тайлақтай: (ойланып) Қожайын?..

Түлкі: Әрине – қожайын!..Көп ұзамай қожайын базардан оралады. Сен...Салпаңқұлақты жата кеп жаманда.

Тайлақтай: Жаманда?! Не деп жамандауым керек?!

Түлкі: Не деп жамандаушы ең... «Сіз қалай үйден шығасыз, солай Салпаңқұлақ түк істемей, әрдеңені сылтауратып, сытылып кетеді. Бар жұмысты бір өзім істеймін. Жасыл шөп пен салқын суды менімен бірдей ішіп-жейді...Ауыр жұмысты жалғыз маған итеріп салады...» де?!.

Тайлақтай: Жо-жоқ...Олай дей алмаймын. Салпаңқұлақ маған ылғи көмектеседі ғой?!

Түлкі: Тфу?! Түйе десе - түйесің-ау?! Мынаны айтшы...Салпаңқұлақтың жазасын бергің келе ме?!

Тайлақтай: Білмедім...Міндетті түрде беру керек пе не?!

Түлкі: Әрине?! Ол үшін менің айтқанымның бәрін орында. Ар жағын көре жатарсың. (сығалап) Жобамда...Салпаңқұлақтың өзі де келе жатқан сияқты. Мен, әзірге көзге түспей қоя тұрайын. (сып етіп кетеді)

 

2 – сахна

Көңілі сергіген Салпаңқұлақ шығады.

Салпаңқұлақ: Ой, рахат-ай?! Тайлақтай, енді сен барып су ішіп, сусындап кел. Қалған қапшықты мен тасыйын. (Тайлақтайдың қолындағы қапшықты алмақ болады)

Тайлақтай: Керегі жоқ. (Салпаңқұлақты итеріп жібереді. Салпаңқұлақ ұшып түседі) Өзім...Өзім-ақ...

Салпаңқұлақ: (орнынан тұра қапшыққа жармасып) Тайлақтай, саған не болған?! Тайлақтай?! Қожайын келемін дегенше барып, су ішіп келсейші?!

Тайлақтай: Жаның ашый қалыпты ғой?!

Салпаңқұлақ: Түкке түсінсем бұйырмасын...Саған не болған?! (қапшыққа жармасып) Маған бер дедім ғой?! (таласа бергенде қапшықтың ауызы ашылып, бидай шашылып қалады) Аһ?! Шашылды...Енді қайттік?!

Тайлақтай: Өтірік қана дым білмегенсімей – арам екеніңді мойында.

Салпаңқұлақ: Арам?! Мені айтып тұрсың ба?!

Тайлақтай: Өзіңнен басқа кімді көріп тұрсың?!

Салпаңқұлақ: Тайлақтай, су ішіп келемін дегенше не көрінді саған?

Тайлақтай: Көрінгені сол...Бар қапшықты маған тасытып, өзің су ішкісі келгенсымақ болып қашып кеттің.

Салпаңқұлақ: Олай деме...Мен де тасыдым ғой?!

Тайлақтай: Солай ма?! Ендеше сана!..Өзің тасыған қапшық пен мен тасыған қапшықтарды санашы.

Салпаңқұлақ: Қажеті қанша?!

Тайлақтай: Сонша...Сана деген соң – сана!

Салпаңқұлақ: Жәрайды...(қапшықтарды санайды! Сен тасыған қап – алтау...Мен тасыған қап–үшеу...Біреуі – екеумізге де жоқ...Себебі...шашылып қалды. Қожайыннан ұрыс еститін болдық. (кетпек болады)

Тайлақтай: Қайда барасың?!

Салпаңқұлақ: Бидайды жинап, қапшыққа салмасақ...Қожайыннан ұрыс естиміз ғой?!

Тайлақтай: Сен жауаптан жалтармай, алдымен сұраққа жауап бер. Демек...Сенің тасыған қаптың санынан – мен тасыған қаптың саны екі есе көп...Солай ма?!

Салпаңқұлақ: Солай...

Тайлақтай: Демек...Қапты көп тасымас үшін су ішуді сылтауратып, қашып кеткеніңді мойындайсың ғой?!

Салпаңқұлақ: (жыламсырап) Тайлақтай...Шын сөзім?!.Мен сені алдайын деген ойым болған жоқ...мен...Мен қап тасымас бұрын қожайынның немересін мектепке апарып тастап келдім ғой...есіңде ме?! Сен сол кезде астаудағы салқын суды ішіп...тыныстап жатқан болатынсың.

Тайлақтай: Сен, арамдығыңмен қоса – күншіл екенсің ғой?!

Салпаңқұлақ: Қайдағы күншіл...олай демеші?! Мен жәй...есіңе салғаным ғой...Есіңе түсірші...

Тайлақтай: Нені...сен ақ тер, көк тер боп қожайынның немересін тасып жүргенде мен сусындап...тыныстап жатты демексің ғой?!

Салпаңқұлақ: Мен не айтсам да – терісіне шығарып саған не болған?! Біз екеуміз ешқашан ұрыспаушы едік қой?!

Тайлақтай: Өйткені...Мен сені әлсіз деп ылғи аяйтынмын. Сен болсаң...Қулығыңды асырып жүр екенсің.

Салпаңқұлақ: Олай деме, Тайлақтай...Мен де сені өте жақсы көремін. Қолымнан келгенінше көмегімді аямаймын.

Тайлақтай: Қайтіп аямайтыныңды көрдік. Осынша уақыт мені ақымақ етіп келіпсің. Бұдан былай ақымағың мен емес.

Салпаңқұлақ: «Ақымақ» деп айтқан жоқпын ғой?! Сен...ешқандай да ақымақ емессің...Мен...Күні бойы...ұзақ жүрген соң...Қап тасыған соң...шөлдеген едім...(жылап жібереді)

Тайлақтай: Өтірік жылап, жаны ашыйды екен деп үміттенбе...Қапты кім шашса – сол жинасын. Мен кеттім...(кетеді)

 

3 –сахна

Салпаңқұлақ жылап, қолындағы сыпырғымен шашылған бидайды жинап, қапшыққа салып жүр.

Салпаңқұлақ: (жылап әндетеді)

Тайлақтаймен таңертең,

Бірге шөпті жеген ем...

Осынша жыл бөлісіп,

Қиындықты көрген ем...

Аяқасты Тайлақтай,

Неге сонша бүлінді?!

Қапшық санап...сенбестей,

Көзіне не көрінді (армандап)

Тайлақтаймен күнде біз,

Бірге жүкті бөлуші ек...

Кешке...тыныс аларда,

Ертегі айтып, күлуші ек...(күрсінеді)

Сол достықты қайтадан,

Орнатсақ қой ортаға.

Барлық қапты бір өзім,

Тасыр едім арбаға!..

Сумаңдап Түлкі кіреді.

Түлкі: Оһ-һо-һо-һо?! Бағанадан бері тыңдап тұрмын...Тыңдап тұрмын...Сенің жылаған дауысыңнан жүрегім елжіреп, көзіме жас келді. (жылаған болады)

Салпаңқұлақ: Ыһ-һақ...Жер бетіндегі ең жақын досымнан ауыр сөздер естісем...(жылайды)

Түлкі: Досымнан?! Досың кім еді?!

Салпаңқұлақ: Тайлақтай...

Түлкі: Тайлақтай?! А?! Әлігі...Өзінен басқа ешкімді менсінбейтін Тайлақтайды айтып тұрсың ба?!

Салпаңқұлақ: Тайлақтай туралы олай айтпа!..Тайлақтай – жер бетіндегі ең мейрімді...Ең адал дос. Тайлақтайсыз қалай өмір сүремін?!

Түлкі: Сен емес...Сенсіз өмір сүретініне керек болса – Ол қайғырсын. Жыламашы енді...Туһ?! Айтпасыма қоймадың ғой?! Жаңа ғана «менсінбейді» деген сөзіме сен қатты ашуландың. Ал мен...шындықты айттым.

Салпаңқұлақ: Шындық?! Қайдағы шындықты айтасың?!

Түлкі: Сен енді...Жылай бермей, алдымен жақсылап тыңдашы. Шынымды айтсам...мен бағана бір келіп кеткенмін.

Салпаңқұлақ: Келіп кеткенмін?! Қай кезде?

Түлкі: Сен су ішуге кеткен кезде. Иә...Мен осы жерден өтіп бара жатсам...Әлігі жоқтап тұрған Тайлақтайың; «Оңбаған Салпаңқұлақ...Қит етсе болды, жұмыс істемеудің амалын тауып, қашып кетеді. Әзірге үндемейін. Осыдан қожайын келсін...Жұмыстан қашқанның көкесін көзіне көрсетейін...» дегенін өз құлағыммен естідім.

Салпаңқұлақ: Соқ өтірікті?! Тайлақтай мен туралы олай деп ойламайды.

Түлкі: Ойламаса...Жаңа ғана өзіңе «арамсың» деген жоқ па?!

Салпаңқұлақ: Сен...Сен оны қайдан білесің?!

Түлкі: «Салпаңқұлаққа не дер екен» деп әдейі...осы маңайда тың тыңдап жүрдім. Ақыры...Өзінің пиғылының қаншалық арам екенін көрсеткен жоқ па?! Сондықтан...көз жасыңды көлдетпей-ақ қой. Ондай достың барынан-жоғы.

Салпаңқұлақ: Мен туралы неге жаман ойлайды?! Мен Тайлақтайға ешқашан жамандық жасаған емеспін ғой?!

Түлкі: Демек...Бар пиғылын ішінен сақтап жүрген!..Онысымен қоймай, шашылған бидайды жинауды саған тастап кетті. Әгәрәки, қожайын келе қалса ше?! Шашылған бидайды көрсе, аяйды деп ойламаймын. Сол кезде...Бар таяқты жейтін кім?! Әрине – сен!..

Салпаңқұлақ: Бидайды менің кесірімнен шашып алдық.

Түлкі: Сен бар ғой, Салпаңқұлақ...Айтқанынан қайтпайтын есек десе...ашуланады ма деп аяп тұрмын. Айтайын десем...Шындықты көргің келмейді. Мәселен, сен...қапшық тасығанға дейін не істедің?

Салпаңқұлақ: (сәл ойланып...қуанып) Ық-қақ!..Тайлақтай екеуміз қосылып ән айттық.

Түлкі: Мен саған «не айттың» деп емес, «не істедің» деп сұрап тұрмын.

Салпаңқұлақ: Ық-қыққ...(біраз ойланып) Қожайынның немересін мектепке апарып тастап келдім.

Түлкі: Сол кезде Тайлақтай не істеді?

Салпаңқұлақ: Тайлақтай?! Тайлақтай көлеңкеде...су ішіп...демалды.

Түлкі: Міне?! Сен, құлағың салпаңдап азаннан-қара кешке дейін дамылсыз жұмыс істеп...Арасында қожайынның немересін мектепке апарасың. Ал Тайлақтай болса...Көлеңкеде рахатанып жатып, демалады. Осыдан кейін Тайлақтайдың адалдығына сеніп көр?! Онысымен қоймай, қапшықты саған тасытады. Қожайын келгенде бар жұмысты бір өзім істедім деп шыға келеді.

Салпаңқұлақ: Жоқ...Тайлақтай ешқашан мақтанбайды.

Түлкі: Өйткені, мақтанып әуреге түсуді қажет етпейді.

Салпаңқұлақ: Сонда қалай?!

Түлкі: Солай?! Қожайын келемін дегенше, немересін мектептен әкелетін уақыт болады. Сен – мектепке кетесің. Сол кезде...Тайлақтай кеудесін керіп, бар жұмысты бір өзі атқарған боп шыға келеді. Әрине...Бүгінді есептемегенде...

Салпаңқұлақ: (басы салбырап) Бүгін қожайын ерте келемін деген.

Түлкі: Ке-ре-мет?! Қожайын келетін күні қасақана бидайды шашып, саған тастап...өзі кетіп қалды?! Қожайын келе қалса таяқты кім жейді?!

Салпаңқұлақ: Ық-қық...Мен...әрине...

Түлкі: Соны білсең...Тайлақтайдың қаншалық сатқын екенін біле бер. Ол сені қожайыннан таяқ жесін деп әдейі сатып кетіп отыр. Сондықтан, ондай сатқыннан бойыңды аулақ ұстағаның абзал.

Салпаңқұлақ: Сонда маған не істе дейсің?!

Түлкі: Қожайын келгенде...Тайлақтайды әбден жаманда.

Салпаңқұлақ: Қалай?!

Түлкі: (басын ұстап) Неткен мисыз едің?! «Қожайынның жұмысынан шаршадым деп бидайды қасақана шашып кетті» де?!

Салпаңқұлақ: Жоқ...Өтірік айта алмаймын...Сен бар ғой, сумаңдаған қу Түлкі?!.Маған досымды жамандап сумаңдағанша, табаныңды жалтарт! Әйтпесе бар ғой...Қожайынның дәу төбетін үйшігінен шығарып жіберемін.

Түлкі: Жо-жоқ...Төбетті шығара көрме?! Өзім...Өзім-ақ кетемін...Қап?! Бағанадан бергі еңбегім – еш болды-ау?! Мисыз есек!..Тыңдамағанның сазасын қожайыннан өзің-ақ тартарсың!..(кетеді)

 

4 – сахна

Салпаңқұлақ шашылған бидайды қапшыққа салып жатыр.

Салпаңқұлақ: Оңбаған қу Түлкі?!. Мен Тайлақтайды ешқашан... ешқашан да сатпаймын!..Дос болған соң – адал болу керек. Менің жер бетінде жалғыз досым – Тайлақтай бар. Егер, Тайлақтайды сатсам...Қалай өмір сүрем?! (жылап әндетеді)

Болдың екен егер дос...

Адал болғын қашанда.

Дос дегенің қапшыққа,

Жинап салар бидай ма?!

Егер досты арзанға,

Бағаласаң озбайсың.

Қиын сәтте досыңа,

Әркез қолың созғайсың.

Тайлақтайды ешқашан,

Өсек сөзге сатпаймын.

Қажет десе бар қапты,

Жалғыз тасып тастаймын.

Болмаса егер, Тайлақтай,

Өмір қызық болмас ед...

Тайлақтайсыз қораға,

Ешбір қызық толмас ед...

Қожайын кіреді. Шашылған бидайды көріп, қатты ашуланады.

Қожайын: Бұл не деген бассыздық?! Менің маңдай теріммен келген бидайды шашқан кім?!

Салпаңқұлақ: (құлақтары салбырап) Қожайын...Сіз?!.Мен...Біз...Жо-жоқ, Мен...Кешіріңіз...Тасып жатқанда байқамай...Мен қазір...Тез жинаймын.

Қожайын: Тайлақтай қайда?!

Салпаңқұлақ: Тайлақтай...Осы жаңа ғана...Басқа қапшық қалды ма екен деп тексеруге кеткен.

Қожайын: Соңғы кезде сен жалқауланып барасың. Бүйте берсең, базарға апарып сатып жіберемін.

Салпаңқұлақ: Кешіріңіз...Мен қазір...(сасқалақтап жүріп қапты қайта төгіп алады)

Қожайын: Көзің бар ма, жоқ па?! Сені базарға апарып сатып, әуреге түсіп жатпаймын. Сені бар ғой...Тап осы тұрғаныңда көзіңді құртамын. Жоғал көзімнен?! Кет?! (Осы кезде Тайлақтай шығады. Салпаңқұлаққа араша түспей, тұрып қалады)

Салпаңқұлақ: Қумаңызшы өтінемін...Тайлақтай, сен қожайынға айтып түсіндірші?! Бидайды абайсызда...байқамай төгіп алдық қой, ә?! Тайлақтай, неге үндемейсің?!

Қожайын: Қарап тұрмай ортаға Тайлақтайды қоспақсың ба?!

Салпаңқұлақ: Жо-жоқ...Тайлақтай...Тайлақтай екеуміз...

Қожайын: Оңбаған...Немеремді мектепке тасуды қалай сеніп тапсырғанмын?!  Мына түріңмен немеремді бір пәлеге ұрындырарсың?!

Салпаңқұлақ: Ық-қық...Жо-жоқ...Неге...Мен туралы жаман ойлайсыз?! Мен сіздің немереңізді...өте...өте жақсы көремін. Қорадан кетсем...қайда барамын?! Өтінемін...қумаңызшы?!

Қожайын: Кетпейді екенсің – базарға апарып сатып жіберемін.

Салпаңқұлақ: Ық-қық...(жылайды) Сатылғым келмейді... Жәрайды... Кетсем – кетейін... Ық-қық...Тайлақтай...(жылап, шығып кетеді)

Қожайын: Оһ?! Осыншама жүйкемді жұқартып?! Тайлақтай, сен тірлігіңе кіріс...Мен барып, шамалы демалып алайын.

 

5 – сахна

Тайлақтай су тасып, шөп арқалап жүр.

Тайлақтай: (құлағын түріп тың тыңдап қояды. Біреуді күтіп жүргендей) Оһ?! Салпаңқұлақ екен десем...Құлағыма үні келгендей ме?..(күрсінеді)

Қожайын: (ашулы) Тайлақтай...ісің неге өнбей кетті?! Қапшықтар неге тасылмаған?!

Тайлақтай: Қазір...қазір тасыймын...(қапшықтарды біртіндеп тасыйды)

Қожайын: Бүйтіп...біртіндеп тасыйтын болсаң, келесі базарға дейін тасып бітіре алмассың?! (ортаға жиналған қапшықтардың қасына келіп) Тайлақтай, ана жақтан арқандарды әкел. (Тайлақтай жүгіріп арқанды әкеледі) Арқанмен ана екі қапшықтың басын біріктіріп байла. Олай емес...(өзі ашумен екі қапшықты қосақтап байлай бастайды. Қосақталған қапшықтарды Тайлақтайдың арқасына артып) Міне...Өстіп тасы.(кетеді)

Тайлақтай қосақталған қапшықтарды тасып жүр. Шаршағаннан тірсектері дірілдеп отыра кетеді.

Тайлақтай: Шаршадым...Неткен бітпейтін қапшықтар?!

Қожайын: Мен сені қапшық тасып жатқан шығар десем...рахаттанып демалып жатырсың ба?! Мен саған демалғанды көрсетейін?! (қолындағы шыбықпен Тайлақтайды сабай бастайды. Жаны ауырған Тайлақтай жылап жібереді) Базарға баратын уақыт болды. Бұл оңбаған жалқау, шәниіп отырысын қарай гөр?!

Тайлақтай: Мөһ-һ... Ұрмаңызшы... Жалынамын... Қожайын... Отырғаным осы жаңа ғана болатын. Ұрмаңызшы... Құдай үшін ұра көрмеңізші?!

Қожайын: Арамтамақ?! Мені базардың саудасынан қалдырайын деген екенсің ғой?! Қане, тез тұр?! Жаныңның барында қаптарды тасы. Әйтпесе...Салпаңқұлақтың соңынан кетесің. (шығып кетеді)

Тайлақтай: Мөһ-һ...Салпаңқұлақ?..Бүйтіп...Бір минут демалғанға бола таяқ жеп...қорлық көргенше...Салпаңқұлақтың соңынан кеткенім жақсы...Салпаңқұлақ...Қайда жүр екенсің?! (орнынан тұра бере құлап, аяғын қатты ауыртып алады) Мө-һө...Аяғым...Аяғымды баса алмаймын...Енді қайттім?! Қожайыннан таяқ жегеннің көкесін көретін болдым-ау?!

Қасқырды ерткен Түлкі шығады.

Түлкі: «Тамақ қайда, тамақ қайда» деп миымды ашытып ең... Әне... тамақ дегенің алдыңда үйіліп жатыр. Қалаған жағыңнан талап жей бер.

Қасқыр: Өй, мынауың кәдімгі түйе ғой?!

Түлкі: Немене...Аздық етіп тұр ма?!

Қасқыр: Керісінше...Қарным тойып бір жейтін болдым дегенім ғой?! Өзінің қоңы дұрыс екен. Дүниеде шандырдан жеккөрерім жоқ.

Тайлақтай: Мені...Мені жемексің бе?!

Қасқыр: Жоқ...Майлы етіңді сылқылдатып сорамын.

Тайлақтай: Тез кет...Әйтпесе бар ғой...әйтпесе қожайын шығып өзіңнің етіңді сылқылдататын болады. Қожайынмен ойнама. Мылтығы бар.

Қасқыр: Қожайын...Мылтығы?! Ей, қу Түлкі...Сен маған қожайынның барын айтқан жоқсың ғой?!

Тайлақтай: Айтпағаны дұрыс болған...

Қасқыр: Несі дұрыс екен?

Тайлақтай: Сені әдейі...Қожайын атып алсын деп ертіп келген ғой.

Қасқыр: Солай ма?!

Түлкі: Өтірік?! Мынаның жандалбаса сөзіне сеніп тұрсың ба?! Құлағыңа іліп әуре болма. Қожайыннан таяқ жеп, көзінен сорасы ағып отырып...біреуге жала жабады.

Тайлақтай: Жаланы мен емес–сен жауып тұрсың. Оңбаған қу Түлкі... Сен болмағанда...Салпаңқұлақпен ұрыспас едім. Салпаңқұлақ сенің кесіріңнен үйден қуылды.

Қасқыр: Салпаңқұлақ?! Есек те бар ма не?!

Түлкі: Фу...Есектің сасып кеткен етін жемекші ма едің?!

Тайлақтай: Тап саған қарағанда – Салпаңқұлақ таза...адал. Қайта, мен адал емеспін.

Қасқыр: Немене, сенің етің арам ба?!

Тайлақтай: Менің...пиғылым арам...Салпаңқұлақты қожайыннан арашалап алып қалмадым...Керісінше, қуылғанын қаладым. Бәрі мына қу Түлкінің кесірінен.

Түлкі: Хи?! Бар пәлені маған жаба салады екенсің де?! Өз миың қайда?!

Қасқыр: Соны айтам-ау?! Өз миың қайда кеткен?!

Тайлақтай: Өз миым...Қу Түлкінің аяр сөзіне еріп...досымды саттым. Әттең, аяғым қатты ауырып тұр. Әйтпесе...

Түлкі: Не істемек едің?!

Тайлақтай: Сені желкеңнен сығып, қожайынға апарып берер ем. Қожайын теріңнен қуана-қуана тонына жаға салар еді.

Түлкі: Өкінгеннен пайда жоқ...Қасқыр, мынаның сөзіне аузыңды ашып, неғып тұрсың?! Қане, кіріс.

Қасқыр: Мынауың тым үлкен екен? Қай жағынан бастасам екен?

Түлкі: Алдымен тамақтан жәукемдемейсің бе?! Құлатсаң – арғы жағын көре жатамыз ғой?!

Қасқыр Тайлақтайды бассалады. Тайлақтай беріспей айқасады. Салпаңқұлақ, Тайлақтайдың дауысын естіп, жүгіріп шығады.

Салпаңқұлақ: Тоқтаңдар?! (Қасқырмен айқасып) Тиіспе?! Тиіспе Тайлақтайға?!

Қасқыр: Өй, мынау кім тағы Ха-ха-ха?! Мынау есек пе?!

Салпаңқұлақ: Дәл таптың. Қане, бұл арадан кетіңдер. Әйтпесе... (қорадан мылтықты алып шығады) Атамын!..

Түлкі: Ой, Салпаңқұлақ, саған не болған?! Ойнағанды түсінбейсің бе?!

Салпаңқұлақ: Қайтіп ойнағаныңды көріп тұрмын. Қане, жан керек болса табандарыңды жалтартыңдар!

Қасқыр: Қ...Қазір...Сен абайла...мылтығың атылып кетер.

Салпаңқұлақ: Атылып кетпеуі саған байланысты. Егер, тездетіп кетпесең, атылғанның көкесін көресің.

Түлкі: Жәрайды енді...Кетеміз дедік қой...Міне...кеттік...(екеуі қашып кетеді)

Тайлақтай: (ұялып) Салпаңқұлақ...

Салпаңқұлақ: (кібіртіктеп) Тайлақтай...

Тайлақтай: (қуанып) Салпаңқұлақ?!

Салпаңқұлақ: (құшақ жая жүгіріп) Тайлақтай?! (екеуі құшақтасады)

Тайлақтай: Салпаңқұлақ...Мені кешірші...

Салпаңқұлақ: Сен де мені кешір...

Тайлақтай: Сені...Не үшін?!

Салпаңқұлақ: Қожайынға араша түспеді деп ренжігенім үшін.

Тайлақтай: (ұялып) Ара түспегенім...Маған ұят болды ғой...Сен мені кешір. Мен...Қу Түлкінің алдамшы сөзіне еріп...Ұзақ жылдан бергі жан досымды саттым...Кешір мені Салпаңқұлақ...

Салпаңқұлақ: Жәрайды...Кешірдім...

Тайлақтай: Салпаңқұлақ, шынымен кешірдің бе?!

Салпаңқұлақ: Әрине?! Өзім де сені сағындым. Доссыз өмірдің қызығы жоқ. Кел, екеуміз бұдан былай ешқашан ұрыспайық?!

Тайлақтай: Кел!..Ендігәрі...ешқашан ұрыспаймыз!..(екеуміз әндетеді)

 

                        С о ң ы                         

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған