Адам қарады: 638 | Жарияланды: 2018-04-02 02:47:55

Зауал

 Құжынаған көлік кептелісінен табанына шөңге кірген баладай кібіртіктеп зорға шыққан төбедей  джиптің қолтығы   даңғыраған жолға түсісімен  жазылып сала берген. Бағанағыдай емес, жанға жайлы бірқалыпты  жүріс көлік ішіндегілерді тербетіп, тәтті ұйқының құшағына шым-шым тартып барады. Алдыңғы орындыққа жайғасқан шойын қараның кірпігі айқасып, әлсін әлсін көзі жұмылып келе жатыр еді, бойды балбыратқан өлім-ұйқы ақыры тайталасқан денені еркіне бағындырды. Бұлғақтаған  шақшадай бас орындықтың жақтауынан жайлы орнын тапқаннан кейін  әуелі әнтек ашылған ауыздан  пысыл шығып,  оның соңы  кісіні  шошытып оятатындай қорылға ұласқан.  Ішке тартылған дем бірте бірте  шиқылдап, естілмей кеткен кезде  «апырмай, мына кісі жүріп кеткен жоқ па екен» деп секемдене  қарағандар  өлімсіреген қорыл баяғы қалпына қайта түскенде «е, тірі екен ғой » деп сәттік үрей билеген  көңілдерін орындарына түсірген.

–Апыр-ай, Кенжекеңнің ұйқысы қатты екен ғой,-деді шекесі үнемі тершіп жүретін  шикіл сары  Нәрікбек басын қайта қайта шайқап.

–Ау, енді  судья болуды оңай деп жүрсіңдер ме, түнімен іс қарап, қағаз кемірген  шығар,-деді көзі ілініп бара жатып жер-дүниені көшірген қорылдан оянып кеткен Қамысбай жол  қапталында  қалып бара жатқан жұпыны тірлікке  самарқау кейіпте  көз сала отырып.  –Қазы болу жауапты жұмыс, бірақ кірісі көп мамандық. Ау, ақша шіркін, ағыл-тегіл науадай құйылып жатса, адам шаршай ма? Нәкең  екеуміздің алты айда табанымыздан тозып жүріп  табатын нәпақамызды  Кенжекеңдер  айналдырған  алты сағаттың ішінде  тауып алады.  Солай емес пе, Нәке деп  онысын жанындағы Нәрікбекке мақұлдатып қойды.  Сөйлеген сайын   малта сорған адамдай  екі жағы бұлтылдап  тұратын  Нәрікбай Қамысбайдың сөзін құптаған сыңай танытып, бас шұлғығанымен   жақ ашпады. Санасын  жан дүниесін кемірген ой-жегінің ырқына  алдыртып отыр. Кенет алдыңғы  орындық сықырлап,   қозғалыс байқалған:

–Өз ісіңе адал бол, арамдық жасама, -деген дауыс шықты. Оны айтқан   осы әлгінде ғана жер-дүниені көшіріп жіберердей қорылға  басқан Кенешебек екен.

–Өй, қойыңызшы  Кенжеке ішпесеңіз, жемесеңіз Көктөбенің тұмсығының астындағы әрі бері өткен адам көз тоқтатып, қарамай өтпейтін   зәулім үйді қай ақшаңызға салдырттыңыз,-деді Кенешбекпен жақын араласатын, құрдастығы тағы бар Нәрікбек лекіте күліп алып.  

Кенешбектің  ащы шындықты мойындағаны ма, әлде титықтатқан  тірліктен  шаршап, көңіл хошы болмай отыр ма, құрдасының әзілге айналдырып айтқан  сөзін көтере алмай,  қызарақтап қалды:

–Нәрікбек, айтшы, қай заманда әділетсіздікпен жағаласып, келе жатқан   әділдіктің  жолы болып еді? Осы отырған қайсысыңның  өңешің бітеу? Жемейсіңдер ме, жегенде қандай?  Қаптап ақша беріп, тендер ұтып аласыңдар да ай өтпей жатып, қабырғасы қақырайтын арзан үй салып, жұртқа сатасыңдар, ау құдайдан қорықпайсыңдар ма? Ал,Қамысбай біз  сенің Астанадан алты үй алып, бес балаң мен  қатыныңа төбедей көлік мінгізіп  талтаңдатып қойғаныңды білмейді дейсің бе? Сол қыруар дүниені халықтың тапқан  несібесінің үстінен  қалқып ішпесең, қалай жинадың? Әлгінде ғана  көңілді  отырғандардың қарқ-қарқ күлкілері пышақ кесті тиылып қалған.

–Кенеке өзіңіз де құр жүрген жоқ шығарсыз,-деді Қамысбайдың жүзі күреңітіп. Қанша қылмыс жасаса да ақшасы барларды шапандарыңның етегімен  қымтап, түгі жоқ мүсәпір-міскіндерді соттайтындарың өтірік пе?  Біреудің кетпенін ұрлағанды жазаға тартып, миллиондап пара алғандарды   жұрттың көзін бақырайтып  қойып, құтқарып жібересіңдер. Өзің айта қойшы, осы енді әділдік пе? Құдайдан қорықпайсыңдар ма? Қызынған Қамысбай Нәрікбектің  «тым қатты кеттің» дегендей  қайта қайта  жеңінен тартып тоқтатпақшы болғанына   көнбей едәуір жер ұзап барып тоқтады.

–Қарағым, Қамысбай,-деді  енді жүзі күреңітіп кеткен Кенешбек арттағыларға бір қырындап қарап отырып. Судьяның «қарағым» деп  сыпайы бастаған сөзінің   ар жағында атан түйе тарта алмайтын ауыр зіл жатыр еді. –Әділдіктің қай заманда  жеңгенін көріп едің. Тарихтың беті ақ пен қарадан ал,  мына қайшыласқан тіршілік солардың күресінен  тұрады. Ұтыласың, ұтасың, біреуге алданасың, біреуді алдайсың. Әділдік іздеп көз жасы шұбырғандардың қайсысының ұшпаққа шыққанын көріп едің?  Көзің жетіп тұрған ақиқатты ашып айтуға мына жүйенің қақпайлап отыратын   ішкі тәртібі  ерік бере қоя ма?  Ау, онда не үшін жүрсін демексін ғой, бәріміз де  қатал күн көрістің  шылбырына байланған адамбыз. Кейін сол саналы түрде жасаған күнәмізді «заман солай болды», «қорықтық», «үріктік» деп  көлегейлейміз. Бұл атам замандардан  өңін өзгертпей келе жатқан келе жатқан  қағида. Шапылдап сөйлеп, аузынан түкірігі шашыраған   Кенешбек «әй, сен осы сен не түсінесің» дегендей шаршаған кейіп танытып, қолын сілтеді.

Ойыннан от шығып, қалжың ретінде айтылған бір ауыз сөз осыншама кикілжің тудырады деп ешкім де ойламаған еді.  Жиырма жыл бойына  басынан мантиясы мен үстінен  шапаны түспей,  сырт адамға  әділдігін кесіп  айтатын адамның кейпінде  сырбаз да  сыпайы көрінетін  Кенешбектің  Қамысбайдың мына сөзін  көтере алмай іштей түйіліп қалғаны рас еді.  Нәрікбек құрдасының ренжігенін сазарған жүзінен байқап:

–Әй, сәбәкі әзіл ғой,- деп иығынан қаққанымен де Кенешбектің тырысқан қабағы  жазыла қоймады. Сосын көліктің жүргізушісіне:

–Володя қалтарыстау бір жерге тоқтай кетші, тамақ жібітіп алайық,-деді.

Көлік жүргізушісі де Нәрікбектің жанында жүргендіктен ысқаяқ болып қалған ба,  басшысының  нені қалайтынын қас- қабағанын ұғып, көгалға жайнатып дастархан жайып тастады.  Нән сөмкеден   екі-үш шөлмек арақ пен тоңазытылған қазы-қарта шығарылып,  қияр мен қызанақ туралған кезде әлгінде  тырсиып тұрған былғары дорбаның  екі  бүйірі ішін тартып, қабысып  қалды. Нәрікбек:

–Қазыны қиялап тура,-деп құнжыңдап қызмет көрсетіп жатқан Володяға тапсырмасын беріп,  өзі стакандарға жағалатып арақ құйды. Әлгінде әзіл айтамын деп отырып, артық кеткен кінәсін жуып шайғандық па, бір жөткірініп алып Кенешбекке сөз берді.

–Ал, Кенеке құдай жолымызды оңғартып, демалысымыз сәтті өтіп, қанжығамыз майланып қайтсын, ұзақ жол,  бір ауыз тілегіңізді айтыңыз деп бастаған сөзінің соңын қалжыңдасып үйреніп қалғандықтан ба, –қазының сөзі қабыл болады  дейді  ғой осы жұрт деп дастарханға жайғасқандарды бір күлдіріп алды.

  Үкім оқыған кезде  кібіртіктемейтін Кенешбек  тілек айтуға шорқақ екен, судьяның тамағын қырнап бастаған сөзі:

–Құдай жолымызды оңғарсын,- дегеннен аса алмай қалды.

  Алланың атын естігендер еріндеріне жақындап қалған стакандарды  қоя салып жапатармағай  беттерін сипасқан.

Едәуір уақыт қауқылдасып отырып,  көгалға  екі –үш  шөлмекті  домалатып, бос  қалдырған  топ  Екіаса шатқалына күн сәске болмай-ақ жетіп барған. Таудың қиялап өтетін  жолы қиын болғанымен  төрт доңғалағы қатар жұмыс істейтін көлік сыр бермеді. Шатқалға сұғына орналасқан  кішігірім ағаш үйден  шыққан бес-алты адам  келін күткендей қораланып тұр екен,  меймандарды  құрақ ұшып  қарсы  алды. Кенешбектің  мектепте бірге оқыған жора жолдастарына дейін бәрі түз-түгел   осында жүр.

–Ал, Кәке туған жерге  хош келдіңіз! десті олар. Меймандар  белі қайысқан дастарханнан дәм татысып, ағаштан  қиюластырып салынған  моншаға кіріп, шаршағандарын басты.

–Ау, аңдарың қайда,-деді қызулау Нәрікбек қабырғаға сүйей салған ағылшын винтовкасын бір сипап қойып. Есепсіз ішілген  арақтың уыты  басына шапты ма екен, аузынан сілекейі шұбырып,  қайта қайта  ықылық атып отыр.  Бағаналы бері  алыстан келген меймандарға қызмет көрсетіп зыр жүгіріп  жүрген орманшы  жігіт  « енді не істейміз»  дегендей  таңырқаған сыңаймен  жанындағы  иегіне шошайтып сақал қойған  қалақтай қара шалға қараған. Ол қозғалақтап қалды:

–Екіасаға күнде келе бермейтін  сыйлы қонақсыздар, қазан көтеріліп жатыр, Мына Кенешбек осы ауылдың азаматы, өзім арқалап өсірген бала. Таудың табиғаты бөлек, анау Екіасаның ұшар басын орап, етекке мысық табандап түсіп келе жатқан түнерген  қою қара бұлтты көрдіңдер ме, ол жаумай қоймайды. Менің ақылымды тыңдасаңыздар  бүгін жата жастанып, дем алып, елдің  дайындаған дәмінен ауыз тиіп, тынығыңыздар, ертең ертемен үш салт  атпен шығып кетесіздер,-деп сөзін меймандарға  арнап айтқанымен «жөн-жосығын өзің білесің ғой» дегендей  Кенешбекке қарады.  Сор түртіп тұр ма екен,  айтылған тілектердің  соңын күтпестен жөпелдемете екі –үш стаканды бірінен соң бірін өңешіне тастап алған Нәрікбек ғана басы бұлғаңдап аталы сөзге   құлақ аса қоймады:

–Жо..жоқ болмайды, аңға бүгін шығуымыз керек, ертең директорлардың кеңесі өтеді, оған мен бармасам болмайды,-деп қасарысып отырып алды.

–Қарақтарым,  таудың жолы қауіпті деген ақсақалдың сөзін жүре тыңдап, орнынан көтерілді. Нәрікбектің  басы бір  қисайса  түзелмейтін  қыңыр мінезін жақсы білетін  Кенешбек пен Қамысбай:

–Онда жаяу кеттік,-деп еді шала мас Нәрікбек оларды  да тыңдай қоймады.

–Әйда, Володя машинаңды оталдыр,-деп өзі алдыңғы орындыққа жайғасып алды. –Қажет десең осы көлікпен  сонау таудың ұшар басына шығамыз,-деді басын ақ шалған шыңды қолымен орап көрсетіп.

Кенешбек пен Қамысбай амалсыз көнген. Көнекөз қарияның айтқаны рас болып шықты.   Бұлар  орманшының үйінен  едәуір жер ұзап шығысымен Екіасаның қар шалған ұшар шыңдарының басынан  найзағай шартылдап, күн күркіреп еді, әлгінде ғана қабағын қарс жауып алған  ауа райы кілт бұзылып, табиғат шіркін көз  жасын көлдетіп төгіп-төгіп  жіберді. Таудың қия бетіндегі жолмен ыңырана тартқан көліктің доңғалақтарын  беткейдің саңлауларын  қуалап, төменге қарай   сарқырап аққан топан  су  лезде  бөгеп тастады.

–Тоқтама, алға жүре бер,-дейді мастығы тарқай қоймаған Нәрікбек  қолын сермеп.

–Кері қайтпасақ болмайды,-деді сасқалақтаған Володя.

–Әй слушай,-деді шегір көздері шатынай қараған Нәрікбек.- Сен немене, менің сөздерімді тыңдағың келмей отыр ма? Уволю.

Бастығына жалтақтаған көлік жүргізушісі  газды  үстін үстіне берген кезде  белуарынан  суға батып кеткен доңғалақтар  шыр айналып,  төбедей джиптің арты  жардың ернеуіне ілініп қалды.

–Ойбай құрыдық, өлдік деді отырғандар шу етіп.

Жауынның суымен езіліп,   жас баланың еңбегіндей былқылдаған жолдың ернеуі  көліктің доңғалақтарын  өзіне қарай тартып барады. Құдай қаққанда  майдың үстіндегі қасықтай төмен қарай сырғыған көліктің алдыңғы жағы  жол бойындағы   сорайып  тұрған  найза тасқа ілігіп, ауада ілініп  қалды.

–Е, жаратқан ием өзің жар бола гөр,-деді үшеу. Қалтылдап тұрған көліктің тепе теңдігін алдыңғы орындықтағы екі адамның  салмағы ұстап тұр ма:

–Қозғалсақ құрыдық,-деді Володя.

Кенешбек ұялы телефонына жармасқан. Құлақты сарсытатын бір жауап: «байланыс аясынан тыс жердесіз».  Ендігі үміт  көлікті ұстап тұрған  жолдың ернеуіндегі  таста ғана. Ол қашанға дейін шыдайды?

–Нәрікбек осының бәрі сенің кесірің,-деп ашуға булыққан  Қамысбай  есіктің артқы есігін аша беріп жоғарыдан қарағанда  төмендегі өзені  есілген арқандай болып ширатылып,  ағып жатқан тереңдікті көріп   «ойбай» деп қайтадан жауып алды. Кез келген артық қимылдың  қалтылдаған көлікті  төмен алып кетуі мүмкін еді.  Жаратқаннан жәрдем, тірі пендеден көмек  болмайтындығынан күдерлерін үзген  үшеудің  көкіректеріндегі әлі сөніп бітпеген  үміт оты жыланның арбауына түскен бұқпа торғайдай қанаттарын сабалап, жанұшырады.

–Иа, Алла өзің жар бола гөр,-деді Кенешбек.

Қас қағым сәтте  зауылдап өте шыққан  елу  жылдық ғұмырды  қыр асырған қатал тағдырдың    жарық дүниенің  тәттісінен әлі де   дәмелі үшеудің   жолына   бүк түсіп жатып алғанын қарашы. Алла-ау, ішіп тамаққа, киіп киімге жарымай, қоқыс ақтарып, нәпақасын тауып жүргендерге сыйлаған  жетпіс жылдық ғұмырыңды  бізге  қимағаның қалай?    Жаратқан ием-ау, тіршіліктің түгесілер тұсы бұл емес еді ғой,  күні ертең, ұзатылатын қыздың, табалдырықтан аттайтын келіннің қызығын кімге бұйыртайын деп тұрсың?  Кенешбек Астанада қызмет атқаратын баласының  бүгін ертең   келін түсіретінін  ойлағанда өзегі өртеніп, еңкілдеп жылап жіберді. «Иә, Алла күнәм болса, кешіре гөр». Алдында отырған Нәрікбек кәдімгідей дауыс шығарып, еңкілдеді.  Өзі  бордай үгетіліп отырған Кенешбек  оның  «Құдайым-ау, мына зауалды қай пейілімнен тауып едім» деп жалын ата күрсінгенін анық естіді. Бағанағыдай емес, мастығынан сауығып кеткен Нәрікбек қалтылдап отыр. Бұғағы салбыраған жігіт  ағасы  тағдырдың тірлігіне мойынұсынғаны ма көз жасын сүртіп, ағыл-тегіл жылап  тұрған  көліктің терезесінен сыртқа көз салды. Жауын төпеп тұр.

Осы Нәрікбектің  дүниеге келе сала  құрылыс компаниясының басшысы бола салмағандығын,  кезінде  жұпыны тіршілігі бар отбасының  жатаған  баспанасында  кіндігі кесіліп, жоқшылықпен алысып ер жеткенін, мұның да жылдар бойына ішке бүгіп, тіс жармай келген күнәсі бар ет пен теріден жаратылған пенде  екенін мына «Нәке» «нәкелеп» құрақ ұшып, алдын орағытып жүргізбейтіндер қайдан білсін. Нәрікбектің көз алдына басында шляфасы, қолында портфелі бар,  май басқан денесі іркілдеп,  жүрген сайын ауа жетпегендей алқынатын орта жастағы  жігіт ағасының бейнесі келіп тұра қалған.  Ол  «Антұрған-ау, жиған-терген байлығымды пайдаландың, тым құрыса, оқта-текте еске алып, әруағыма бағыштап,  құран  оқысаң  қайтеді» деп өкпе айтып тұрғандай. Нәрікбектің  маңдайынан сұп-суық мұздай тер шықты.

Жоқшылық қажытқандықтан ба, әкесі марқұм тым қатал кісі еді. Нәрікбектің шаруаға қырсыздығын, тірлікке икемінің жоқтығын бетіне басып, «әй, қызталақ,  адам болмайсын-ау» деп түңіліп отыратын. Бірақ шүңірек көзді, екі жағына пышақ жанып алғандай арық, қатпа шал қателесіпті. Талайларды тентіретіп, базар жағалатып жіберген   қатал заман Нәрікбекке бақ болып жабысты. Қапшықтарын арқалаған жұрт жаппай Астанаға көшіп   жатқан  тұста  Нәрікбек те әйелі мен екеуі сол жаққа қоныс аударып, орыс кемпірдің сыз иісі бұрқырап, ірге тасына ыза шапқан кішкентай сарайын жалдады. Ес білгелі көліктен тақымы  босамаған Нәрікбек  құрылыста да мандытып жұмыс істей алмады. Бірде келіншегі Сәнім танысының  3000 АҚШ долларына шетелдің көлігін сататынын, келісілген ақшаны бөліп-бөліп төлеуге  болатынын айтқанда қуана келіскен.  Енді ескі көлігін дырылдатып, күнұзаққа  жолаушы тасып, нәпақасын табуға кіріскен.

Бірде әуежайдан қайтып келе жатқан Нәрікбекті  шляфасының күнқағары  мұрнының ұшына дейінгі жүзін анық көрсетпей, көлегейлеген  бейтаныс тоқтатқан. Уағдалы жеріне жеткізіп салғаннан кейін ол қолына  2000 мың теңге ұстатып жатып:

–Азсынба бауырым, мен әлі Астанада аптаға жуық аялдаймын,  жұмысымды бітіргенше жанымда жүрсең, күніне 3000 мың теңгеден төлер   едім деді.  Нәрікбек қуана келісті. Бұл  сол кез үшін аз ақша емес еді. Апта ішінде екеуі шүйіркелесе әңгімелесіп тез  араласып  кетті. Астананы аралатты,  моншаға апарды. Тек  қанша жақындағысы келсе де бейтаныс аты-жөнін ашып айтпай, сырын ішке бүгіп қалды.

–Қазақ жасы үлкенді аға деп құрметтеген, мені  солай деп  атасаң жетіп жатыр,-деді ол.

Сенбі күні ағасы үлкен зәулім үйдің жанына тоқтатып, қолындағы сөмкесі мен портфелін көліктің жүк салғышына салып, ертең таңертең келуін өтінген. Уағдаласқан жерде күткенімен  кеше кеткен қонақтан хабар болмаған. Түс қайта  жедел жәрдем келіп, беті ақ матамен жабылған әлдекімді  зембілге салып алып шыққан.   Ұйтқи соққан тентек  жел  ақ матаның бір  шетін көтеріп қалғанда  жүрегі зу етті.  Бейне бер тәтті ұйқыға кеткен адамдай  жүзі балбырап  жатқан  кісі  күні  кеше ғана осында  өзі әкеліп салған бейтаныс   ағасы  еді. Мәйітті қоршағандардан  «не  болған» деп сыр тартып сұрап көріп еді, «марқұмның жүрегі тоқтап қалыпты» деді. Сол сәт, «ау, мен бұл кісіні танимын,  сөмкесі мен портфелі көлігімнің жүк салғышында» деп айтуға  қанша рет оқталғанымен  «ішінде не бар  екен»  деген ынтазарлық  еркін тұсаулай берді. Астанадан едәуір жер ұзап барып, сөмкенің құлпын бұзып ашқанда өз көзіне өзі сенбеді. Бума-бума доллар мен есеп-қисап жазылған бухгалтерлік құжаттар.  Нәрікбек сақтық үшін  соншама  ақшаны тауып алғаны жөнінде ешкімге тіс жармай, тапқан олжасын  беліне байлап, бағамы жоғары Алматыға келіп, долларды теңгеге ауыстырып, түскен ақшаны Бішкекке апарып, қайтадан көк қағазға айналдырғанда артық кемі жоқ  500 мың АҚШ доллары болып шыға келген. Оның  елу мыңына ойланбастан  Астананың ортасынан ойып тұрып, 5 пәтер сатып алып, шетелдіктерге жалға беріп қойды. Алыс қалалардан жүк таситын фуралар сатып алды.  Табан астынан  бақ қонып, байып кеткен Нәрікбек   айналдырған үш-төрт жыл ішінде  ауқаттылардың қатарына қосылып, ірі  бизнестің табалдырығынан аттады.  Басында « әй, осы қиянат жасаған жоқпын ба » деп обал-сауапты ойлап,   іштей мүжіліп жүретін еді, кейін іштегі ұры ой   «ау, ақталатындай  қандай жөнің бар, соншама ақшаны сен ұрлап не тартып алған жоқсың ғой, несібең емес пе» деп жұбатқаннан кейін уайымдауды  біржолата ұмытқан. Бірақ сырт көзден таса жасалынған  сол жамандықты  жаратқан жадынан шығара қоймаған екен.

Өмірден күдер үзе бастаған Қамысбайды да өткен өмірдің өкіндіретін тұстары  жүрегін сыздатып отыр еді.

...Соттың шешімі шығып, сот орындаушылары  баспанасын тартып алуға  келгенде адам баласына имандай сенетін кәрі кемпір мынандай әділетсіздіктен әл-дірманы құрып, отырған орнынан  жер таянып тұра алмай қалды.

–Балам-ау, үйдің құжаттарын  тіркеуге тұрамын дегеннен кейін алжыған басым  сеніп бере салған жоқ па  едім, құдайдан қорықпайсың ба,-деді кейуана өкіріп жылап, - басқа емес, дастарханымнан дәм татып жүрген  сен арамдық жасайды деп ойламаппын. Апа, апалап жүріп кемпірдің сеніміне кіріп, бас сенімхат жаздыртып, баспананы өз атына рәсімдетіп  алған  Қамысбайдың есебі түгел еді. Меңдуана жегендей мең-зең болып, бір көрпесі мен жастығын арқалаған кейуананы сот орындаушылары қолтығынан сүйеп, босағадан шығарып салды. Еңіреп барады, дауыс шығарып айтқан түйір-түйір сөздері сай-сүйекті сырқыратады:

–Қамысбай-ау, балам-ау, шалымнан қалған баспана еді ғой, енді қайда барамын? Қамысбай  теріс айналған.

–Құдай бар болса, екі дүниеде де қызық көрмей өт!

Кемпірдің сол  даусы  құлағының түбінен әлі  естілетіндей. Қамысбайдың тынысы тарылған.

Кенешбек те қалың ойдың құшағына қамалып отыр еді. Талай істі қарап, талайларға үкім шығарды. Бұра тартқан жерлері де болды. Бірде күйеуін қасақана өлтірген келіншектің ісін қараған. Істегі жинақталған дәлелдердің бәрі айыпталушының кінәлі екендігін дәлелдеп тұр еді. Іле шала төраға шақыртқан. Шашы бурыл тарта бастаған  басшы  әлденәрсеге  мазасызданып, бөлме ішінде ерсілі қарсылы кезіп  жүр екен.

–Әлмағанбетованың ісі сенде екен  ғой,-деді ол  кісі өлтіру бабы бойынша айыпталған келіншектің ісін  Кенешбектің қарап жатқанын біле тұрып. –Былай ғой енді...Келіншектің ағасы қауіпсіздік комитетінде жұмыс істейді екен, сол кісінің өзі хабарласты. Ұяттау болып тұр...

–Әлеке-ау,  тастай дәлелдерден қалай аттап өтемін, тіпті тырнаққа ілігетіндей  бұдыр жоқ,-деді Кенешбек ақтала сөйлеп,  алақанын жая беріп еді, төраға ойын шорт кесті.

–Аппеляциялық алқаның төрағасы да сондай пікірде. Көрдің бе жоғарыдағылар солай деп отыр.  Келіншекке  шығаратын қатал  үкіміңнің сиясы кеппей жатып,  күні  ертең  аппеляциялық сатыда іске алғысыз болып, бұзылатынын ұмытпа. Ал, екі үкімің өзгерсе, ертең сот жюринің алдында екілік алып қалған баладай, самайыңды қасып, жер шұқылап тұратыныңды  қаперден шығарма. Зейнеткерлікке де абыроймен кеткен дұрыс шығар, қалай ойлайсыз  Кенжеке деп қойды. Төрағаның соңғы сөзінде «байқа, бала» деген зіл жатыр еді. Кенешбектің үні шықпай қалды.

Сот отырысын тым құрыса, арқа сүйейтін жаңа мән-жайлар табылып қалама деген оймен сағыздай созғанымен келіншектің әрекетін ақтап алатындай дәлелдерді таппай қойды. Сұрақ-жауап алу кезінде де айыпталушыны кінәлап, «адам өлтірдің бе, сотталасың» деп  әділдікті  жақтаған сыңай танытып, жәбірленушінің үмітін сөндірмей келген судья үкім шығарар кезде қолдың кірі іспеттес қызметтің құлына айналғанын өзі де аңғармай қалды. Он беттік үкімді шала-пұла оқып, жәбірленуші тарапқа  шағымдануға құқықтарының бар екендігін түсіндірместен  папкасымен жүзін көлегейлеп,  шыға жөнелген. Ұяты шыдатпады. Жалғызынан айырылған  жәбірленушінің   жүзі адам шошырлық кейіптегі анасы Кенешбектің бөлмесінің есігін жұлқи тартып кіріп келген.

–Құдайдан үмітің бар ма, Кенешбек,-деді ол «құрметті судья» деп сызылмастан . –Мойнында адамның қаны бар қылмыскерді қалай ақтап отырсың? Кенешбек көзімен жер шұқыған. Айқай-шуды естіген күзетшілер жаны күйзеліп тұрған келіншекті қолтығынан жұлқи  ұстап, бөлмеден күштеп шығарды. Жаны жаралы келіншек есіктен шыға бере соңғы сөзін айтып қалды:

–Құдай жазаңды берсін,Кенешбек  сен де зар жылап қал!  Мына  қарғыс судьяның   тұла бойы  қалтыратып жіберді.

Құдайдың құдіреті келіншектің   қарғысын періште шіркін «әумин» деп қойды ма екен, арадан ай өтпей жатып  сауда-саттықпен айналысып жүрген  екі әпкесін әлдекімдер айуандықпен өлтіріп кетті. Қаза дегеннің салмағының қалай болатынын, істеген жамандығыңның айналып келіп, түбі  өзіңді табатынын Кенешбек сол кезде  ғана түсініп,  бармағын тістеген. Бірақ бәрі  кеш еді. Шарасы жасқа толған Кенешбек  «е, Алла тағала күнәмді кешіре гөр»,-деп бет сипады.

Төбедей көлік тағы бір шайқалып қалды. Қу темірдің тұтқынына айналған  төртеу тағы да улап-шулап  құдайға жалбарынды.  Секіремін деп есікті аша берген  Володяны  Нәрікбек иығынан  тартып ұстағанымен  әркімнің өз жаны өзіне  тәтті екен. Көздері шатынаған Володя:

–Сіз маған дәл қазір  бастық емессіз,-деп қол созым жердегі жартастың ернеуіне қарай  ышқына секірген.  Салмақты  ұстап тұрған Володя  ма әлде тағдырдың маңдайларға  жазған кесімді үкімі солай  болды ма, бағаналы бері  қалт-құлт етіп тербетіліп,   тұрған  көлік арқаннан босаған  сәйгүліктей  төмен қарай көз ілеспес жылдамдықпен құлдилап,   құдайға жалбарынған үшеуді  өзімен бірге ала кетті.

Іле-шала төменнен  құлақ тұндырарлық  қатты  жарылыс естіліп,  соңынан қою жалын бұрқ ете қалған.

 

                                                        

 

 

Қазақ тілінде жазылған