Адам қарады: 313 | Жарияланды: 2018-04-02 02:49:22

Киіксайдағы кісі өлімі

 

Етектегі ауылдан ырғалып-жырғалып, күн тұсау бойы көтеріле жолға шыққан  үшеудің жүрісі мандымай -ақ келеді. Бетіндегі топырағын  аңызақ жел суырып, қу тақырға айналдырған жылан аяқ жолға тұяқтарын дік-дік  басқан  көк тайқар ғана  ауық-ауық ауыл жаққа қарап, аңыраса, Әбдібектің астындағы  көк дөнен  ауыздығын сылдыр еткізіп,  қайта қайта пысқырады. Әбдібек пен Кенжеғалиға қарағанда жасы үлкендеу, әлгінде ғана ернінің астына тастап алған шөкімдей  насыбайын жол бойына тфә-тфәлап  түкіріп келе жатқан Бәкірбайдың   ғана  кер төбелі   тың тәрізді, әлсін-әлі шыбындап, бас шұлғиды. Бұл ауылда  мына құранды ерде құнтиып отырған  қуақы тілді, құнжыңдап жүретін  шалды өз атымен атайтындар аз. Жұрт жас кезінде мұрнына құрт түсіп, мыңқылдап сөйлейтіндіктен Бәкірбайды  бетіне Бәке деп елпілдегенімен  сыртынан  пұшық деп атайды.Үшеудің ішіндегі жасы боз шәпкесін мыйлықтыра киген Кенжеғали  ғана.Әкесінен жастай айырылып, жалғыз шешесіне бас-көз болып отырған  жалғыз ұл.Жасы отыздан асса да ақыл тоқтатпағандықтан ба, қысыр сөзге әуес, малтасын езіп, мылжыңдап сөйлейтін көк езулігі бар. Көбінесе, әкесі құралпы Бәкірбайды қағытып, қыжырттағанға әуес.

–Бәке, осы  киік түгілі қояны жоқ мына сайды неге Киіксай деп атаған,-дейді оны жауабын осы кезге дейін  сан рет естісе де қасақана.

–Ит білген бе,-дейді жаратылысынан кек сақтамайтын Бәкірбай дүңкиген  ернінің астындағы насыбайды сұс саусағымен  іліп алып жатып.–Қай бір жылы дүниеден өткен Бәйділданы, Байдекеңді білмейтін шығарсыңдар,-деді ол жан жағына қарап алып, –Сол Байдекеңнің әкесі  Қалымбекті көзім көрді. Жарықтық осы сайдың іші сыңсыған киік еді деп отыратын. Ор текедей орғыған киіктің көптігі сондай астарында жарамды аттары барлар құрық тастап, ұстап алады екен.

–Бәке,  енді мынауыңыз таза өтірік ғой,-дейді езуіндегі «Беломорканалды»  тілімен  екі ұртына   алма кезек апарып ойнатып  отырған  Кенжеғали. –Ол қандай киік қыл арқанға қылша мойынын тосып, бұйдаланған түйе сияқты бүлкілдеп,  еріп жүре беретін. Бәкірбай айтқан әңгімесі  серіктерінің көңіліне қонбаса да, қайта қоймайды.

–Баламысын деген, ау, ол кездің адамдары  қандай еді, шіркін. Сол Қалымбекті өз көзіммен көрдім. Екі иығына екі кісі мінгендей, еңгезердей кісі еді. Е, қазір сендерге бәрі ертегі ғой, деп қолын сілтеді. Арадағы әңгіме  әртүрлі тақырыпта қозғалғанымен  күндегі қайталанатын көрініс осы . Бәкірбайдың басында  тер сіңді болып, жиектері  маймен   жылтырап, өңі кете бастаған көнетоз тақия.Әбдібек ғана  бас киімсіз, күн ыстық кезде   қол орамалының төрт бұрышын түйіндеп,  киіп алады.

Қысыр әңгіменің қызығымен уақыт өткізген үшеу Қызылсеңгірдің желкесіндегі  ескі қорға келіп маңдай тіреді. Кешегі қалдырып кеткен  қалағы мен кетпені, бүйірлері майысқан  шелектері сол  орындарында жатыр. Бәкірбай күндегі әдетімен атының ерін алып, бос жіберді. Аяғына тұсау салынған кер төбел  кібіртіктеп жүре алмай, қос аяқтап секіріп, оты тұнған көкорай шалғынның арасына сіңіп барады. Жұмысқа бірден  кірісіп кетуге жүректері дауаламаған     үшеу көк шалғынға жантайып-жантайып жата кетті. Көк аспан көз алдарында төңкеріліп тұр. Сонадай жерден ескі қораның  бір шеті опырылып құлаған қабырғасы «мені қайтесіңдер» дегендей  үңірейіп  қарайды. Бәкірбай бір жамбастап отырып, насыбайын атты, Әбдібек пен Кенжеғали темекілерін бұрқылдатып,  енді сонау бұлақтың тұсынан суды кім жығып келер екен деген ойдың құшағында қамалып  отыр.  Оның өзі де едәуір жұмыс. Арық бойымен шылжырап ағып келген  суға шықылдаған  тасы бар топырақты қопсытып,  балшық илеудің өзі бір қиямет қайым.

Бәкірбай үлкендігіне басып:

–Кенжетай,-деп  еркелете беріп еді, шоқша сақал шалдың не айтқысы келіп отырғанын бипаздап сөйлегенінен   аңғарған Кенжетай барқ ете қалды:

–Өй, Бәке сіз де титықтап отырған адамды  жұмсағаныңызды қоймайды   екенсіз. Одан да таңдайымызды жібітіп алсақ, қайтеді,-деді жанындағы  көкжиекке телміре қарап отырған Әбдібекке бұрылып. Оның да құлқыны қурап отыр ма:

–Айтпақшы, бүгін кімнің кезегі еді,-деді. –Бүгін ақсақалымыз, Бәкеңдікі емес пе еді. Бәкірбай да осыны күтіп отырғандай қойнынан  бір шөлмек шарапты суырып алды. Кенжеғали туралған қияр мен екі-үш тілім нан оралған газеттің орауын жазды.  Бөтелкенің тығыны ағытылып, үш кесеге шүпілдетіліп, шарап құйылды. Әбдібек,  ернін жалап, «ал» дей берген кезде  Бәкірбай ышқырын ұстап:

–Түзге отырып келейін,-деп аулаққа шығып, бір шөкелеп отырып зәр сындырды. «Қартайған адамдардың  бұрандасы кетіп қалады екен ғой» деді  Әбдібек. Әкесіндей Бәкірбайды жақтырмағандығы  кіржиген қабағынан көрініп тұр еді. Жұмысқа бірге келеді, сәлемі түзу демесең, екеуінің арасы жақсы емес, ит пен мысықтай. Осыдан үш жыл бұрын  отыннан қайтып келе жатқан Бәкірбайдың баласының көлігі аударылып, құданың құдіреті  жанында отырған Әбдібектің маңдайына біткен жалғыз ұлы  опат болған. Әбдібек баласының өліміне әлі күнге  дейін Бәкірбайдың ұлын кінәлайды. «Сол иттің баласы арақ ішпегенде   мұндай жағдай болмас еді»  деп тісін шықырлатып, кіжініп отырады. Бірде бөтен ойы жоқ Бәкірбай басшыларды жамандап, әділдіктің жоқ екенін айта беріп еді, Әбдібек бұрқ ете қалған.

–Бәке,  осы сіз әділдік туралы айтып, ақылгөйсімей ақ қойыңызшы,-деді. Бәкірбай кінәлі екенін түсініп:

–Е, бәрі алланың ісі ғой,-дей беріп еді,  қаны басына шапшып отырған Әбдібек оталып қоя берді:

–Алланың ісі болмай-ақ, бәрі адамның ісі...

Осы әңгімеден кейін Бәкірбай сыз жерді баспай, саясат туралы әңгімеге араласып, жақ ашпайтын болды.

Қақырынып-түкірініп, қолын шайып дастарқан басына жайғасқан  Бәкірбай келе сала кесе толы шарапты сіміре жұтып, мұртының шалғысын сүртті.

Лайды илеп, екінші қатардың кесегін қалай берген кезде  Бәкірбай кенет «ішім», «ішім» деп бүктетіліп, құлап қалған. Жанын қоярға жер таппай, аласұрып, жер аунаған Бәкірбайдың лезде тынысы тарылып, қорылдай бастады.

–Не де болса, пәле шараптан келді,-деді Әбдібектің көзі алақандай болып.

–Шарапты әкелген басқа емес, Бәкеңнің өз емес пе, таза болмаса біз неге саумыз,-деді Кенжеғали.

Кенжеғали Әбдібектің көк дөненіне мініп алып, ауылға қарай шапты. Поштадағы телефоннан  аудандағы полицияға хабар беріп, өзі  ауылдың фельдшері Қалдықызды алып келгенде осы әлгінде ғана сап сау отырған Бәкірбай бақилық болып кеткен еді. «Бүгін бар адам, ертең жоқ деген осы». Әбдібек білетін дұғасын оқып, Бәкірбайдың  аспанға қарап қатып қалған жанарын жапты.  Кенжеғалидың ізінен  шаңдатып  жеткен тергеу тобы оқиға орны мен Бәкірбайдың денесін жан жағынан суретке түсіріп, мәйіт пен шараптың босаған  шөлмегі мен кеселерді өздерімен бірге ала кетті.

Екі күннен кейін мәйітке жасалынған сараптаманың қорытындысы да дайын болған. Сарапшылар Бәкірбай Сейсенбековтің өлімі уланғаннан деп тұжырым жасады. Прокуратураның аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Кенжебек іс материалдарымен танысып, сарапшыны шақыртты. « Бәкірбай марқұм шараптан уланса,  онда  жанындағы серіктері  неге дін аман?» «Тосын ажал қайдан келді?»  Тергеушінің  көкейінен осы сауал кетпей қойды.

–Кенжеке марқұмның қанының құрамынан тез әсер ететін у табылды, мүмкін сынап, мүмкін күшала,-деді сарапшы.

Әбдібектің өмірбаянымен танысып шықты. Жасы 50-де. Екі қызы бар, жалғыз баласы жол апатынан қайтыс болған. Ауылдастары арасында сыйлы, жұмыс орнынан жақсы мінезделеді. Бұрын соңды тәртіп бұзып, жауапқа тартылмаған. Тек жалғыз баласынан айырылып, жер таянып қалған Әбдібектің  Бәкірбайға деген  өкпесінің қара қазандай екенін араласып-құраласып жүргендердің бәрі жақсы біледі.  «Байғұс,  үкілеп өсіріп отырған жалғыз ұлынан айырылғаннан кейін мүлде шөгіп кетті» десті ауылдастары. Апатқа ұшыраған көлік Бәкірбайдың баласыныкі. Көретін жарық сәулесі таусылмады ма екен,  қабырғасы сынған Бәкірбайдың баласы ауруханада  ай жарым уақыт жатып, емделіп шықты. Ал, Әбдібектің баласы... Жалғыз қызығынан айырылып, іш құса болып жүрген Әбдібектің  Бәкірбайдан  кек алуы да әбден мүмкін ғой». «Мүмкін, мүмкін».

Әбдібек тергеушінің алдына  түңіліп келді:

–Мені соттаңыздар,-деді ол.–Бәкірбайды өлтірген менмін. Менен басқа кім болушы еді, жалғыз баламнан айырды, ал мен Бәкірбайдың өмірін қидым. Қалай ойлайсыз, әділдік деген осы емес пе?

–Сонда қалай өлтірдіңіз?

–Тамағынан мытып қалып едім, шал емес пе, қылжиды да қалды...

–Ал, серігіңіз Кенжеғали оны растап тұрған жоқ ,  оның  екеуіңіз шарап ішіп болғаннан кейін едәуір уақыттан кейін  Бәкірбайдың іші түйіліп құлап қалғанын растайтын  түсініктемесі мынау. Әбдібек сасқалақтап қалды:

–Мен сізге болған шындықты  қоспасыз айтып отырмын.

–Кенжеғали шарап  ішкен кезде қайда болды?

–Қайда болушы еді, жанымда отырды. Ол одан кейін тағы да бір кесе шарап ішті.

–Күдіктенетіндей еш нәрсе байқамадыңыз ба?

–Жоғә. Ол басын шайқады.

–Бәкірбай мен Кенжеғалидың арақатынасы қалай, басараздығы бар ма еді?

Әбдібек «білмеймін» дегендей иығын қозғады.

Кенжебек енді  Кенжеғалидың өмірбаянымен танысып көрді. 1967 жылы дүниеге келген. Әскер қатарында болып қайтқан. Отбасылы. Екі  ұлы бар. Шаруашылықта  қара жұмыс істейді. Мамандығы тас қалаушы. Оғаш қылығы жоқ. Тәртіп бұзып, жауапқа тартылмаған. Сүйікті ісі аң аулау. Кезінде  Бәкірбайдың  үйімен қоңсы тұрған. Кейін Кенжеғалидың әкесі ауылдағы бұлақтың  түбінен үй салып, солай қарай көшіп кеткен. Арғы түбін қазып, таратып  көрсең, Бәкірбай мен Кенжеғалидың  ру жағынан  бөтендігі жоқ, бір атаның балалары.  «Дастарханның басында болған үшеу». «Бәкірбайға қастық тілеген қайсысы»?  Әлде, марқұм үйінен уланып шықты ма екен? Сананы сарсытқан сан тарау ойдың ұшы ұстатар емес.

Кенжебек ауыл адамдарымен тағы да сөйлесіп көрді. Жасы жетпістен асқан Тұрарбек қариямен сөйлесті. Қарт сырқаттанып қалған  екен, басын орамалмен шарт буып, пеш түбіндегі төсекте  бүк түсіп жатқан жерінен жолықтырды. Шүйкедей қара кемпір орнынан әзер тұрып, сары самаурынға су құйып, ұңғысына от тастады.

–Марқұм, Сұлтан менен бес жас кіші еді. Әйелі Ажарды  көрші ауылдан  өзіміз алып қашып келдік.  Ол кезде Ажар қандай, қос бұрымы тірсегіне соққан, екі беті алмадай  реңді қыз  болатын.  Тұрарбек қарт өткен өмірдің құшағына шым-шым сіңіп, тамсанып қойды. –  Ал, Сұлтан  бір тоға, артық сөзі жоқ, сыпа жігіт еді. Ажар бишара жаратқанның жазуы  шығар, балалары шетінеп тұрмай жүріп, ақыры осы Кенжеғалиды көтерді ғой. Кейін Сұлтан  су суарып жүріп, өкпесіне суық тигізіп, алып, ақыры құрт  аурудан қайтыс болды.

Келген қонаққа дастархан жайып, сары самаурыннан шәйнекке сарылдатып су құя берген кемпірі  осы тұсқа жеткенде тосыннан  әңгімеге   араласып:

–Осы жұрт Кенжеғалиды пұшық Бәкірбайдың баласы деп жүр ғой,-деді. Шалдың қабағы түксиген:

–Сен де қай қайдағыны айтып,  оттай береді екенсің. Шынашақтай кемпір жасып төмен қарап, күңкілдеді:

–Жұрттың айтқанын айтамыз дағы...

–Ал, сен айтпа...Түріне қарамайсың ба, тура  құйып қойған Сұлтан емес пе? Кемпірі көмейіне келіп қалған сөзді іркіп қала алмаса керек:

–Қойшы, мұрны кертиіп, күлгеніне дейін Бәкірбайдыкі емес пе. Тұрарбек  мына төрде отырған қонақ болмаса, еті арыған саусақтарымен  түбін сипап отырған   кесені кем иек кемпірге  әлдеқашан  жіберіп қалар ма қайтер еді, амалы құрып, шаққа шыдады.

–Ауылдың қатындарының күңкілі ғой. Ажардың ақтығына құдай куә!  Шал сұқ саусағын көкке қарап шошайтты.– Жұрттың аузында әлдекімдер    Бәкірбайды таң ата  Сұлтанның үйінің терезесінен шығып келе жатқанын  көріпті  деген өсек  бар. Қане айтшы, кім көріпті...Ау, тым болмаса, құдайдан қорықсаңдаршы...Шапылдап сөйлеген шал едәуір жер ұзап барып, демін алды. –Кенжеғалидың  саятшылығының өзі Сұлтаннан дарыған емес пе? Дүниеден қайтқанынша, бүркіт ұстап, тазы жүгіртіп өткен  құсбегі  әкесінің   әкесі Қилыбайдың ұстаған арқары мен қоянының етінен  осы өңірде ауыз тимегендер  некен саяқ. «Шіркін, Милыбай қайнағамның арқарының еті-ай» деп үздігіп отыратын адамның бірі өзің емес пе едің,-деді кемпіріне қарап.–Өтірік деп айтшы.. Шүйкедей кемпір жым болған. –Мына Кенжеғалилар  қоянның шиырлаған ізіне тұзақ құрып, өлексеге у тастап, қасқыр мен түлкі ұстағанына мәз. Тұрарбектің  қазіргі саятшылыққа   көңілі толмады білем, «осыларды қойшы» дегендей қолын сілтеді.

–Сонда  уды қалай қолданады,-деді Кенжебек ынтығып.

–Қалай қолданады  несі , күшәланы өлген малдың етіне қосады, қасқыр дегеніңіз ашқарақ емес пе, қызыл көргеннен кейін бас салады. Әрі қарай аяқтары серейіп, сеспей қатады.

–Уды қайдан алады?

Тұрарбек  мырс ете қалды:

–Қазір ақшаң болса, не жоқ дейсің, тәйірі  бәрі бар. Мына іргедегі Түркістанның базарынан күшәланың түр түрін  табасың.   Шал кеседегі шайын сарқып ішіп, бетін сипаған. 

«Жә, уды шарапқа қосқан Кенжеғали ақ болсын делік.  Не үшін?  Қаңқу сөз үшін бе?   Әбдібектің де Бәкірбайдан кек   алатындай өз  есебі бар емес пе»? Одан да күдіктенуге негіз көп, жалғыз баласынан айырылды.

Кенжебекті Кенжеғалидың үйінен  бала арқалаған кемпір күтіп алды. Кейуана  көзін адырайтып көрсететін көзілдірігінің астынан «қай баласын» дегендей сүзіле қарап алды. Мән-жайды түсіндіргеннен кейін апыл-тапыл басқан баланы еркіне жіберіп, жылап алды.

–Бұл жалғанның қызығын көре алмай кеткен Сұлтаннан қалған жалғыз  тұяқ ғой.  Кілдіреп жүрген жаман шалды сол қораның басында  өліп қалады деп кім ойлаған. Талқаны таусылып тұрған шығар...Әйтпесе  қу пұшыққа кімнің қастығы бар дейсің... Қу жалғызға жұмыс біткен құрып қалса да ішінде бір арамдығы бүгулі  жататын Бәкірбайдың қасына жолама деп  қанша рет ескерттім, тыңдады ма,  қайтейін. Осы ауылдың кейбір көгеріп, көктемегірлерінің  Кенжеғалиды  Бәкірбайдың баласы деп сыртымыздан әңгімелеп,  пықсытып жүргенін де талай рет естідім. Кімнің аузына қақпақ  қоясын, Сұлтанның алдындағы ақтығыма құдай куә. Кейуананың екі иығы селкілдеді, орамалының ұшымен бетін басып солқылдады.

Кенжебек істегі дәлелдермен мұқият танысып,  қайтадан сот сараптамасын тағайындаттырды. Ауыл адамдарының іске тігілген жауаптарын оқып көрді. Олардың бірде бірінде Кенжеғалиды қолымен ұстап алатындай  дәлел  жоқ,  сол баяғы  кіл «солай дейді» деген  секілді  өсек-аяң, қаңқу сөз. Сарапшылар  Бәкірбайдың емханадағы кітапшасындағы  қанының тобын Кенжеғалидыкімен салыстырып,  үлкен айырмашылықтың бар екенін тапты. Демек, Кенжеғали  Бәкірбайдың  баласы емес. Өлімге апарған өкінішке  жұрттың өсегі ғана  себеп болған тәрізді. Кенжеғалиды жауап алуға шақырды. Өңі сынық жігіт прокурор  ұсынған орындыққа құлықсыз отырды.

–Марқұм Бәкірбаймен ара қатынастарыңыз қалай еді,-деді Кенжебек.

–Жақсы, Бәкелеп жүрдік ғой...бас араздығымыз жоқ.  Прокурордың қолында Кенжеғалидың кінәсін тап басып,  айыбын мойнына қойып беретіндей дәлел тым аз еді. Айғақты зат та жоқ. Сондықтан да Кенжебек Кенжеғалидың мына  қойған сауалын қалай қабылдайтындығын өңіндегі өзгерістен байқау үшін сұраққа төтесінен көшті.

–Бәкелеп жүрсеңіз онда неге оның кесесіне күшәла тастадыңыз?

–Қашан, қай уақытта?

 Кенжеғали сасқалақтап қалды.

Кенжебек әңгімесін әрі қарай сабақтады:

–Оқиғаның неден басталғанын айтқың келмесе, өзім баяндайын. Ауыл адамдарының  желдей ескен өсек-аяңы ес білгелі саған тыным бермеді. Ақыры ол өшпенділікке айналды.  Пұшық Бәкірбайдың баласы деген  қаңқу сөзден осылай құтылғың келді.  Жоспарлаған ойың жүзеге асса, ең алдымен күдікке Әбдібектің ілігетінін алдын ала  өлшеп, таразылап алдың. Кесеге шарап құйған сенсін. Ыдыстың  жақтауынан сенің ғана қолтаңбаңның ізі  табылды. Ауылда күшәланы сенен басқа қолданатын адам да жоқ. Оны оқта-текте ем үшін ішетін Аманбай қарияның сал болып төсек тартып жатып қалғанына биыл  екіші жыл. Кенжебек «мұныма не айтар екенсің» дегендей Кенжеғалиға қараған. Күдіктінің басы төсіне құлап салбырап кеткен еді. Саусақтары дірілдеп отырып,  темекі  тұтатты.

–Жасым отызға келіп екі баланың әкесі атансам да «Бәкірбай пұшықтың баласы» деген сөз қыр соңымнан ілесіп қалған емес. Күйдім, жандым, намыстандым. Бірақ  жан дүниеңдегі сапырылысып, тәніңді шабақтап жатқан  азапты кім түсінеді? Анамнан сұрай алмадым.  Отыз жыл бойына құлағымды сарсытып,  естіп келе жатқан  өсекпен келісе салар ма қайтер едім, өткен жолы төртінші сыныпта оқитын кіші балам «әке, балалар сенің атаң Сұлтан емес, пұшық Бәкірбай» дейді сол рас па» деп сұраған кезде санамнан өше бастаған  әлгі ой алдымнан атойлап   шыға келген. Сол кезде сенесіз бе,  Бәкірбай маған бұрынғыдан да жеккөрінішті, жексұрын  көрініп кетті. Әдепкіде күшәланы қазанына тастағым келген. Бірақ іле шала ол ойымнан қайттым. Жауым Бәкірбай емес пе, балаларының жазығы не? Өзгелердің обалына қалғым келмеді. Ойлана келе  уды шарапқа білдіртпей  қосқаннан  басқа қолайлы сәтті таппадым. Шынымды айтсам, Бәкірбайды өлтіргім келген жоқ, төсекке таңып, мүсәпір еткім келді. Кім ойлаған бәкінің ұшымен қырнап, салған тырнақтай күшәладан ажал табады деп...

Кенжеғали «айтарымды айтып болдым» деген адамдай, тұнжырап төмен қарады. Кенжеғалидың қолына кісен кигізілген. Ертесіне жедел топпен бірге ауылына барып, жасырып қойған күшәланы тауып берді. Темір торы бар көлік орнынан қозғала берген кезде, кем иек кемпір:

–Жалғыз-е-е-м, бізді тастап қайда барасың,-деп  етпеттеп жерге құлаған. Сай сүйекті сырқырататын зарлы дауыс көлік бұрылысты айналғанша  құлақтарының түбінен өшпей  тұрып алды.  Аудан орталығына шығар  жолдың оң қапталында  тұз-дәмдері таусылып, қара жерді мәңгілік мекеніне айналдырғандардың  қорымы қалып қалып барады. Сол көп бейіттің арасынан  ақ кебінге оранған     Бәкірбай тосыннан  шыға келіп,  тіршілікте  қу дүние үшін  жаға жыртысқандарға  « бес күндік алдамшы  дүниенің  қызығын көпсінсеңдер, мен кеттім» деп қарап  тұрғандай еді.

Кенжеғали екі қолымен шекесін  шеңгелдей қысып, еңкілдеп жылады...

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған