Адам қарады: 325 | Жарияланды: 2018-04-02 02:50:39

Тірі өлік

   Есеп  шотының қоржыны тоқ, атақ-даңқы алысқа кеткен  құрылыс компаниясының  директоры  бөлім бастығы қызметіне жоғарылағанына екі-үш ай  ғана  болған  Абылайды  шұғыл шақыртқанда  «апыр-ай не болып қалды екен» деген беймаза  ойдың маңдайынан суық  тер шығарып,  жон арқасын мұздатып қоя бергені рас еді.  Жасы қырықтан асқан Еркебай Құлмырзаұлы  қоластындағы қызметкерлерді  болмашы ұсақ-түйекке бола шақыртып, «анау қайда», «мынау қайда» деп ызыңдап отыратын кіді  басшының сортынан емес, ойындағысын  бетке  ашық айтатын адам. Ұнатпағанын  сыртқа теуіп, ұнатқанын   ішке тартып, «ақша жоқ», «қаржылық дағдарыс» деген жаттанды сылтауларға қарамастан   айлығын көтеріп, сыйақыға сараңдық жасамайтын жомарттығы тағы бар. «Әлде өткен тоқсанның есебінен ақау шықты ма екен» деген ой-жегімен арпалысып келген  Абылайды әшейінде «бастық бос емес» деп  сарғайта  күттіріп, қажет десеңіз өңмеңдегендерді есіктің алдын  кес кестеп,  бөгеп жібермейтін  хатшы қыздың өзі «кіре беріңіз» дегендей  жылы шырай танытты.

Еркебай Құлмырзаұлы есікке жаққа арқасын беріп, терезе алдында темекі шегіп, төмендегі тіршілікке көз салып тұр екен.

–Жайғасыңыз,-деді ол алдындағы көп орындықтың бірін нұсқап. Абылайға  бастықтың жүзі тұнжыраңқы көрінген.

–Бірден шаруаға көшейік,-деді ол  -жағдай нашар. Сөзін үзген басшының алақандары жып жылтыр үстелдің  бетін  сипап қойды. –Бурятиядағы келісімшарт түзіп, ақшасын аударып қойған әріптестеріміз түрлі сылтау айтып, он авгон ағашты кідіртіп отыр. Ертең ағашқа тапсырып беріп, ақшаларын  әлдеқашан шотымызға аударып қойған мекемелерге   қай бетімізбен қараймыз, буряттық әріптестеріміз  алдап, тақырға отырғызып кетті деп ақталамыз ба? Бурятияға он күндік іссапармен барып, осы мәселені реттеп қайтатын  өзіңізден басқа қолайлы адамды таппай отырмын. Бугалтерияға ескертіп қойдым, осы тап қазір барып, ақшаңызды алып,ертең  Улан-Удэге ұшыңыз, билетіңіз дайын,-деді. Бастық әңгіме осымен тәмам дегендей үстелді алақанымен бір ұрып қойды. «Ереке, келініңіздің айы-күні жетіп отыр еді» деген сөзді айта алмай көмейінде іркіп қалды.

Абылай  мінген ұшақ  кеш бата ұшып,  таң сыз бере  Улан-Удэге табанын тигізді. Алып шаһар  қалың ұйқыдан енді оянып, тіршілік  кірпігін көтеріп келеді екен. Басшының күтіп алады деп тиянақтап тапсырған адамдарын күте күте күдерін үзгеннен кейін  сұрастырып жүріп, орталық автобекетке келген.

–Хоринск ме,-деді кассада отырған түрі қазаққа ұқсас сүйкімді бойжеткен көзіне түскен кекіл шашын қайырып қойып. –Ол алыс, осы жерден бес жүз шақырым, қаласаңыз қазір бір сағаттан кейін сол жаққа жолаушылар автобусы жүреді.

Абылай жол бойындағы сыңсыған орманға көзін  талдыра қарап отырып, қас қарая бес  жүз шақты түтіні бар Хоринскіге жетіп маңдай тіреген. Байқағаны мұнда жергілікті тұрғындардан гөрі жолаушы қапшықтарын арқалап, саяхаттап жүргендер мен ағаш дайындауға әр әр жерден келгендердің қара-құрасы мол  көрінді. Ұзақ жолдан сілікпесі шығып шаршап  келген Абылайдың ағаштан қиюластыра салынған  екі қабатты қонақ үйден орын алып,  жуынып щайынып дем алайын деген  ойы іске аспай қалды.

–Орын жоқ,-деді алдындағы көп қағаздан басын алмай өз шаруасымен өзі болып отырған бойжеткен тіпті  мұның жүзіне  зер салып қарамастан да. «Танымайтын жер, енді қайда барамын» деген сары уайым санасын кеміріп  жеп барады.

–Қарындас, тыңдаңызшы,  мен бұл жердің адамы емеспін, сонау Қазақстаннан келіп едім, -деді ол  осы  сөзіне іле шала қайтарылатын  «Қазақстаннан болсаңыз қайтейін» деген үйреншікті жауапты күтіп. Бірақ ойы алдапты.

–Шынымен де Қазақстаннансыз ба, қазақсыз ба? Таңданған бойжеткеннің көзі шарасынан шыға жаздап,  жалт ете қалған жанарынан от ұщқындады. Жалма жан әлдекімге телефон шалып сөйлесті. Ар жақтағы адамның әр сөзін бас шұлғып тыңдаған қыз:

–Менің есімім Дугарма. Сізді әкем көргісі келеді. Қай бір күні оң көзім тартып жүр қуанамын-ау деп еді, рас екен...Қазір көлік келеді. Біздің үйдің қонағы боласыз.

Әлгінде ғана «қонақжайлылық қазақтан басқа ұлтта жоқ ау» деп  үмітін үзген  Абылайдың қабағы жадыраған. Апыр-ай,  десейші, сонау ит өлген жерде мұны  кім  таниды? Әлде, Хоринскіде нағашысы бар ма еді. Ішінен  «Қазақстаннан көшіп келген біреу болды-ау» деп ойлап та қойды. Әлден соң басы қазандай  түр түсі палуанға ұқсас егезердей жігіт кіріп келіп, Дугармамен сөйлескеннен кейін Абылайға қос қолын беріп амандасып, жүктерін көлікке тиеді. Төбедей көлік қалың қарды тілгілеп, орманды алқапты жағалап, шамдары самаладай жарқыраған   екі қабатты  зәулім үйге  алып келді. Келін күткен адамдай есік алдында ошарылып  тұрған  екі жігіт пен егделеу әйел қошаметтеп күтіп алып, үйге бастады. Еденге төселген қызыл кілеммен қабырғаларға ілінген аң терілерімен, бес алты қылыш пен мылтық үй иесінің жұпыны тұрмайтындығын аңғартып тұрғандай еді. Екінші қабаттағы табалдырықтың тұсында Абылайды  сақал-шашы әппақ қудай, тізесі дірілдеп, аяғын санап басқан қария күтіп алды.

–Амансың ба, балам,-деді ол даусы дірілдеп.–Менің атым Сокто Догдомэ, қазақша есімім Сәрсенбек, тегім Бейсембаев. Қазақ тілін бурятша екпін түсіріп айтқан қария  еті арыған саусақтарымен қолтығынан сүйеп, төрге оздырды.

–Әкеміз орнынан тұрып кетті,-деді балалары қуанып. Қара шаңырақ  әп сәтте қуанышқа көміліп қалды.   Есік алдында өзін жік-жаппар болып күтіп алған егделеу әйел мен екі жігіт зыр жүгіріп жүріп, дастархан жайды. Осыдан жарты сағат бұрын қонақ үйден орын таба алмай, енді қайда барамын деп  пұшайман жеген  Абылай табан астынан үйіліп төгіліп басып қалған  мынандай ыстық қошаметтің не өңі не түсі екенін ажырата алмай, мәңгіріп біраз отырды.

–Мынау менің кемпірім,-деді қарт көзі шүңірейген кейуананы көрсетіп. –Есімі Манже. Үш ұлым, екі қызым бар. Үлкен қызым тұрмыста, Улан-Удэде тұрады. Кенже қызым Дугарманы өзің көрген шығарсын. Осыны айтып, сипақтаған шал бурят тілінде әйеліне әлденәрсе  деп  еді, кемпірі ұмытып кеткеніне қысылған сыңай танытып, бір бөтелке  арақты ортаға қойды. Сәрсенбек шүпілдетіле арақ  құйылған  стаканды отбасындағы қалыптасқан әдет солай ма,  соғыстырған жоқ,  шалқалай беріп,  өңешіне қотара салды. Содан кейін сығырайған көздерін тарс жұмып алып, біраз мүлгіп отырды.

–Ел-жұрт аман ба,-деді  дастарханнан көзін алмай. –Бүгінгідей көкек айында қазағымның қасиетті  жері бусанып, даласы құлпырып тұрған шығар ә!  Сосын:

–Қай жердің баласысың,-деді

–Көке оңтүстіктенмін, Төлеби ауданынанмын,-деді Абылай.

–Ә, Ленгірденмін де деді  ол Абылайдың сөзін түзетіп. –Баяғыда ол Ленгір болатын, бала кезімде нағашыларымды іздеп екі-үш рет барғанмын. Айтпақшы, пойыз жүруші еді ғой,-деді. Ал мен теріскейдің тумасымын. Сен өзің Созақта болып па едің?

Сәрсенбек көзін сығырайта қарады.

–Болғанмын, Қарабура бабамыздың басына барып тәу етіп қайтқанбыз. Шал мәз болып кеңілдеп күліп алды.

–Әгәрәки  болсаң сол Созаққа кетіп бара жатқан күре жолдың  сол жақ қапталында  өткен кеткенге иіліп сәлем беріп тұраған  Келіншектаудың бөктерінде  ұядай ғана Ақтұма деген ауыл бар, көрген шығарсың.  Кіндік қаным тамған  жер сол.  Қайран атақоныс! Даусы тарғылданып шыққан  қарт іштей мүжіліп, шаққа шыдап отыр екен, осы тұсқа жеткенде қыстыға жылады. Қос шырақтан сырғып аққан жас  тарам-тарам болып, қаба сақалды қуалап, көйлегінің өңіріне тырс-тырс тамады. Өксігін басқан соң әйелі берген көлдей орамалмен көзінің жасын құрғатты.

–Қарағым туған ұясынан безіп, ит өлген жердегі  Бурятияның сонау  Хоринск аулында  жүрген бұл  қандай бейбақ деп ойлап отырған шығарсың. Сәрсенбек терең күрсініп алды. Түсінсең, сағыныш деген дерттің  жұдырықтай жүрекке тыным бермей арпалысып келе жатқанына алпыс бес жыл болыпты.  Бір әулеттен екі қыз, үш бала тарадық. Жетімдіктің тақсіретін ерте татып, өскендіктен бе,  өзімнен үлкен ағаларымның еті тірі еді. Үй  жұмысына  пысық әпкелерім де қолында билігі бар адамдарға тұрмысқа шықты. Үлкен жездем кеңшардың директоры  қызметін атқарып, екінші жездем ферме басқарды. Ішіп-жемнен таршылық көрмедік. Бір білетінім, үйден ет үзілмейтін. Алдымдағы екі ағам сол кеңес заманының өзінде еттерінің тірілігінен бе, анау-мынау адамның қолы жете бермейтін  «Волга» көлігін мінді. Ішіндегі еркелеуі мен ғана болдым. Бетімнен ешкім қақпады. Ағаларымның сатып әперген «Москичімен»  бармаған жерім, баспаған тауым қалмаған шығар. Қай жерде қыз-қырқын, ойын сауық сол жерде жүретінмін. Шешем байғұс мына қалпыммен бір пәленің ұшына ілігіп кетер деп  уайымдады ма  екен. әскерден келісімен үйлендірді. Келіншегім Салтанат  көзі боталаған  көрші ауылдың қызы еді. Тоғыз айдан кейін тұңғышымыз Әмірбек дүниеге келді.  Қазір оның өзі аман болса, қырықтан асып кетті. Бірақ құдай сана бермегеннен кейін бәрі де бекер екен,үйде қасы көзі қиылған үріп ауызға салғандай  сұлу келіншегім  тосып отырса да аңсарым далаға ауып  тұратын.

Ақыры пәлеге ұшырадым. Бірде көрші ауылдың  жігіті үйленіп, топ жігіт қызықшылыққа бардық. Арақ есепсіз ішілді. Есімді жинасам, таң сібірлеп атып келеді екен, далада денем тоңазып жатып ояндым. Әппақ көйлектің омырауы адам көргісіз, құсық. Өз демімнен өзім жиіркеніп, маңайыма қарасам,  сұмдық дәл жанымда жон арқасынан қан жосыған бір жігіт жатыр.  Ал, менің қолымда тістері қанға малшынған айыр.  Есімнен айырылып қалдым. Көп ұзамай бір ауылдан қызықшылыққа  келген бес жігіт қамауға алындық. Сот  төрт жігітті әртүрлі мерзімдерге соттады да  айырдың сабынан саусағымның  ізі табылған, тағылған кінәні жоққа шығаратындай дәлелім жоқ мені ауыр жаза – атуға кесті. Үкім оқылған кезімде көзім қарауытып есімнен танып қалғанымды білемін. Қарулы күзетпен Алматыға жеткізді. Ол кездері  ату жазасына кесілгендердің үкімі осындағы тергеу абақтысының  жертөлесінде көбінесе таң сыз бере  орындалатын. Дүниеде өз өліміңді сарғая күткеннен өткен азаптың жоқ екендігін сонда түсіндім. Айналдырған алты ай  ішінде көмірдей қап қара шашым, сахарға салғандай әппақ болып ағарып кетті.

Оқта-текте түрме бастығы  Омарбаев өлім жазасына кесілгендердің  қапастарын аралап тұрады. Денесі мығым, орта бойлы майор шеніндегі жігіт көрген сайын жалпылдап, амандығымды сұрап  қояды. Бірде:

–Бердібек деген ағаң бар екен ,ғой деді. Шіркін, қандай жігіт деп тамсанды. Омарбаевтың  жылы ұшырай қарағандығы  енді санаулы күндерден соң  талқаным тауысылатын маған  жаны ашып, мүсіркегендіктей болып көрінетін. Тар қапаста қамалып, азап тартқанша ертерек өлгенді тіледім.  Жаратқан ием тілегімді қабыл етті. Таң алаукеуімде  түрме бақылаушысы түртіп оятып, әр жерде өлімсіреген жарығы бар тас түнек дәліздің бойымен жіберді. Соңғы сәтімнің жақындағанын сезіп, тілімді кәлимаға келтірдім. Енді санаулы сәттерден кейін жоқпын. Дәліздің түпкіріндегі бес теңгеліктің аумағындай жылтыраған тесікке жақындай бергенімде  шаңқ етіп, мылтық атылды.  Өлдім деп ойладым. Бірақ құлаған жоқпын, сап саумын, жүріп келемін. Кенет дәліздің бір бүйірінен есік ашылып, Омарбаев шыға келіп, мәңгірген мені   қолтығымнан ұстап, оңашалау бөлмеге кіргізіп, қолыма су жаңа төлқұжат ұсынды:

–Енді сен Сәрсенбек Бейсембаев емессің, Сотто  Догданэсің. Уақыт тығыз.  Қазір жігіттер сені жасырын жолдармен киіміңді ауыстыртып, Улан-Удэге ұшатын ұшаққа отырғызып жібереді. Қазақстанды мәңгіге ұмыт,-деп қолымды қысты.  Атылудан аман қалғаным мен үшін әлі жауабы табылмаған сұрақ. Тек Омарбаевтың жылы жымиып, «жездең қандай адам» деп тамсанғанына қарап, Бердібек ағам көп ақша беріп, өлімнен құтқарып қалды-ау  деп топшылаймын. Әйтпесе атылуға кеткен адамның мәйіті арнайы адамдармен  зерттеліп, шығындалған оққа дейін тексерілетін.

Жат топыраққа осылай келдім. Алдымен Селигинск қаласында жұмыс істедім. Сол жерде жүріп мына жеңгең  Манже Отхонмен танысып, шаңырақ көтердім. Азан шақырып қойған атымның, Сәрсенбек, ұлтымның қазақ екендігін жеңгең екеумізден басқа тірі пенде білмейді. Мен бұл жердегілер үшін  Сотто Догданэмін...

Қазақтың дәстүрімен астауға салынып әкелінген үйме табақ еттен  Сәрсенбек қария  екі-үш рет шұқып  аузына салғаны болмаса, мандытып жей алмады. Сірә да меңдеген ауру ырық бермеген тәрізді, қайта –қайта ауа жетпей, демігеді. Қария алқынып отырып, бел ортасынан үзіліп қалған әңгімесін қайта сабақтады.

...Құдайға шүкір тұрмысым жаман емес. Кешегі күнге дейін орман шаруашылығы мекемесін басқардым. Жат жерде жүрсем де өзімнің қазақ екендігімді, өзге ұлтқа алақан жаюды қаламайтын намысқой  ұлттың иесі екенімді ұмытқан емеспін. Бұрын одақтың кезінде  әскери борышын өтеуге келетін қазақ жігіттерімен шүйіркелесе әңгімелесіп, шемен боп қатқан шерімді тарқататынмын. Олардың әрқайсысын бауырыма басып тұрып, туған даламның жұпар иісімен дем алғандай әдемі күйге енетінмін. Сәбет үкіметі құласымен  иісі қазақты көру арманға айналды. Менде бәрі бар,  жетпейтіні, туған жердің топырағы ғана. Кейде құдайдан сол жолы неге атылып кетпедім екен деп өкінемін. Мен қазір тірі өлікпін. Шын мәніндегі Сәрсенбек қағаз жүзінде әлдеқашан атылып, сүйегі қурап кеткен адам. Соттың үкімінен қашып құтылғаныммен  Алланың үкімі еркіме жібере қоя ма?   Ендігі бар арманым, мұсылманша жаназам   шығарылып, тастай қараңғы көрде жату ғана.

Қарт тағы да еңкілдеп еді, қаумалаған балалары тұс-тұстан жылады. Талықсып кеткен қария әлден соң қайтадан есін жиды.

–Балам, Абылай,- деді даусы дірілдеп,- соңғы аманатымды орындап кет, келген шаруаңды  үлкен балам тындырады.

–Апыр-ай,Соктоны төсекке таңып,  сарғайтқан сағыныш екен ғой, жерлесін  көріп сергіп қалғанын қарашы,-деді әйелі Манже де таңқалып.

Ертесіне Сәрсенбек қария ұйқысынан сергек тұрды. Алғашқы сөзі «далаға шығарыңдаршы» болды. Қаһарын төккен қыстың қытымыр аязы  киіп-жарып келе жатқан көктемнің  жылымық лебіне ығысып орнын берген сияқты, ауа райы  тамылжып тұр. Қарт орман жаққа тесіліп ұзақ қарады. Орман үстімен тыраулаған тырналар тобы  тізбектеліп  ұшып барады.

–Көктем жақын екен, жарықтарым-ай, Қазақстанды көктей тіліп, Келіншектаудың үстімен ұшып өткен шығарсыңдар.  Қарт терең тыныстап,қалғып кетті. Кеудедегі сырыл да кілт тына қалған. Сәрсенбек қария бақилық болып кеткен еді. Жүзі алабұртып,  бейне бір тәтті ұйқының құшағында жатқандай.

Абылай ересектерден көргенін жасап, мәйітті жуып, арулап жерледі. Екі-үш күннен кейін келген шаруасын бітіріп, Улан-Удэге қайтты. Аумағы атшаптырым келетін қорымның шетіндегі топырағы әлі дегдіп үлгермеген  бейітте қазақтың  қапияда үзілген бір асыл  бөлшегі қалып бара жатқандай жүрегі сыздап, соңына қайта қайта  қарай берген...

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған