Адам қарады: 244 | Жарияланды: 2018-04-06 02:12:34

Дәрменсіздік

      Кілдіреген арық денесі кең костюмінің ішінде қолпылдап, сорайған  мойыны жағасынан  қылқиып  шығып жүретін   Олжабай  әкесінен қалған қара орманды сатып, қалаға көшіп келгеніне енді өкініп отыр. Бау-бақшалық жерінің енепат болғанын қайтейін, көптен күтім көрмегендіктен  сылақтары түсіп, қабырғалары жарыла бастаған  қоржын тамды көршісі Амантайға зорға сатты. Есігінің алдында түйеден бастап, түйетауыққа дейін шұбырып жүретін  Амантайды ауылдастары дүние жинап, ауқатты тұратындығын көре алмай ма,  оны әкесінің азан шақырып қойған өз атымен емес, «тірмізік» деп атайды.  Бұл  қандай қыршаңқы тілден шықса да ұйқысы сергек, қашан да қу дүниенің жыртығын жамаумен алаөкпе болып жүгіріп жүретін  Амантайдың бүкіл болмысы мен  жүріс-тұрысына, жұрттан алабөтен пиғылына қарай  дәл  берілген баға еді.  Әшейінде қолында ұстап отырған сиыры мен бес алты майда малын  жұрттың көзін ала бере  өзгенің бақшасына кіргізіп жіберіп,  қойы үзіп жеген  көк шөптің өзін пайда көретіндер де тумысынан дүниеге жақын Амантайдың қора-қопсысына маңайлап бара бермейді. Шегір көзді Амантайдың бір көтерілсе, жуық арада бұрқ-сарқ етіп, күннің күркіріндей басылмайтын дойыр мінезінен жасқанады. Қай бір жылы  бау бақшасына түскен Күнипа кемпірдің ала сиырының аузын сыммен байлап,  тілсіз жануарды екі –үш күн  аштан қатырған Амантайдың тірлігі аядай ауылдағыларды шошындырып, жағаларын ұстатқан. Сол Амантай Олжабайдың бұрыннан көріп жүрген жұпыны үйін алыстан келіп тұрған адамдай  айналдыра қарап шығып, есіктің алдындағы кесілген теректің діңіне жамбасын тигізіп, насыбайын атқан.  Оның  ішке түйгенін ә дегеннен  ақтарып салмағанына қарағанда  Орынбай шалдың үйін менсінбей қорашсынып  отырғандығы  тыржиған қабағынан анық аңғарылып тұр еді. Денесіне қуат беріп, сәттік ләззатқа бөлеген көк бұйра насыбайды  сұқ саусағымен ернінің арасынан іліп алып, табанының астына былш еткізіп, тастай салғаннан кейін  ғана «тіфа»  «тіфалаған» Амантай сөзге келді.

–Мына үйің мал қорадан басқа ештеңеге жарамайды,-деді  ол бұл кешегі  өзі көзін  көрген Орынбайдан қалған қара орман-ау, мына ошақтың басында  сол қатпа шалмен талай рет  шүйіркелесіп, бес күндік жалғанның қайтып оралмайтын мезеттік сәттерін өткізіп едік-ау деп  қарттан  қалған жалғыз тұяқ Олжабайдың  көңіліне қарамастан ойындағысын дүрс еткізіп айта салды.

–Орекеңнің жері шұрайлы, басында бұлаққа жақын бұл жерге  қазық қағып меншіктеген мен едім, кейін Орекең қиылып сұрағаннан кейін  сақалының ағынан аса алмай қалдым. Шіркін, ескінің көздері қандай адам еді деп  тамсанып қойды.  Жарық  дүниеде көзі жоқ әкесін мақтап, дәріптесем, Олжабай саудасын бұзып, арзанға беріп қала ма деген дәме ме, әлде шын ойы солай ма, Амантай бесті атты сынап көрген атбегідей баспананы тағы да бір айналып шығып, бағасының болар жерін айтты.

–Миллион теңгеден аспайды,-деді ол « мына бағама қалай қарайсың» дегендей жіпсиген  көздерін сығырайта қарап. Олжабай да қыңыр шалға беріле салмай:

–Ойбай Әбеке-ау, қара жердің құнының өзі сол емес пе еді деп еді, Амантай илікпеді, «айттым, бітті, басқа беретін ақшам жоқ» дегендей ырғай таяғын беліне қыстырып, бүкшеңдеп жүре берген.

Олжабай Амантайдың бағасын келіншегіне айтып, одан  «мына кісінің айтып отырғаны қандай әңгіме» деп таңырқап, құптайтындай сөз күтіп еді, керісінше ол  күйеуін одан сайын тұқыртып тастады.

–Төбесіне алабота өсіп, құлауға шақ тұрған мына тамыңды кім алады дейсің, ең әуелі  үйіңнің ұсқынына қарасаңшы,-деп шалқайды.

Сырт көзге қораш көрінгенімен    бұл үйдің әрбір кесегінде әкесі марқұмның  елесін еске түсіретін  қолтаңбасы жатқандығын келіншегіне түсіндіре алмады. Айтатыны сол баяғы бір сөз. Үйді сатайық та қалаға көшейік, түпкірдегі ауылда жүре  берсек, кішкентай Оңғар ертең кім болып шығады. Сен сияқты  еден жуатын әйелдермен шапылдасып ұрсысып жүретін мектептің қарауылы болсын дейсің бе?

Олжабай әкеден жалғыз екендігін,  қоныс аударған кезде тым құрыса,  сағалап баратын танысы түгілі, ақыл айтатын жанашыр  жақынының жоқ  екендігін  жат ортада жалғыз қалғанда  ғана ұқты. Бірақ қайтарға жол жоқ еді. Қалаға көшіп келіп, пәтер жалдап, жұмыс іздеймін деп жүргенінде Амантайдың түйіншекке орап берген арзымайтын  ақшасының жартысы ағын судай ағып,  жаратылып кетті.  Әдетте қаладағы тіршіліктің жөн-жобасын білетін адамдар  ерте көктемнен жиын-терін жасап, алдын ала қам жасайтын еді, ал Олжабай үйін саудалап, өткіземін дегенінше жапырақ сарғайып, қоңыр күз түскен. Ішінде отын-суы бар пәтер жалдауға  қу ақшасын қимады. Қайта  Олжабайға қарағанда қолында дипломы бар  келіншегі пысықтау болып шықты. Айналдырған ай жарым уақыт ішінде қаладағы  үлкен бір фирмаға  жұмысқа орналасып үлгерді. Қанша дегенмен де әйел заты ғой деп қолындағы ақшадан там-тұмдап, шығындап, бірсыпыра киіндіріп еді, келіншегі көздері боталап, жасанып шыға келген. Ал, орта біліммен қалып, әрі қарай оқымаған  Олжабайға  базар жағалап,  шұлық сатып, кейін арба айдағаннан басқа оңтайлы жұмыс табылмады. Таңертең кетіп, қас қарая  тапқан таянғанына екі тандыр наны мен майын көтеріп келіп тұрғаны. Азынаған үйге от жағып, көрші үйдің келіншегіне бағуға  берген Оңғарды алып келеді.Күндегі сан рет қайталанатын қоңыр төбел  тірлік осы.

Жұпыны үйдің  жүдеу тіршілігі осылайша  өз  арнасымен сырғып ағып жатар ма  қайтер еді, егер,  шаңыраққа тосыннан қырсық келіп килікпегенде . Қыстың қақаған суық күндерінің бірінде өкшесін өкшесіне соғып, жүк тасуға жалдайтындарды күтіп тұрған Олжабайға  көрші үйдің келіншегі телефон шалды.

–Оңғардың қызу көтеріліп жатыр, тез жетіңіз,-деді даусы дірілдеп. Көлік жалдап, құстай ұшып жетсе, анығында да таңертең ғана қолды аяққа тұрмай, құлдыраңдап жүгіріп жүрген  Оңғар безгек тигендей қалшылдап, сұлқ жатыр. Маңдайына қолын тигізіп еді, өртеніп тұр.Табан астынан үрліген-сүрліген болып қалды. Жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген Оңғарды екі-үш адам зембілге салып, ішке алып кетті. Ертесіне бұларды көзілдірігі бұжыр мұрнының үстіне ілініп қалған ақ бас шал қабылдады. Ол ойындағысын ашық айтпай, іркіп, сырқаттың белгісі жазылған парақшаларды аударыстырып біраз отырды. Қайта қайта бас шайқаған профессор әлден соң ғана:

–Жағдайы жақсы емес,-деді бұлардың қалтылдап шаққа тұрған үмітін біржолата  белорасынан шорт үзіп.–Тез арада ота жасалмаса, айырылып қалуларың мүмкін.

–Сонда не істеуіміз керек,-деді келіншегі Әсем солқылдап жылап.

–Айттым ғой, ота жасау керек деп. Ресейдің Санкт Петербург қаласынан дәрігер шақыртпасақ, ол біздің қолымыздан келмейді,-деп шарасыздықпен алақанын жайды. –Ота ақылы...Ақтық үкімін оқыған судья сияқты дәрігер «бұған не дейсіңдер» дегендей сыңаймен екеуіне қарады.

–Сонда... сонда қанша болады,-деді келіншегі тұтығып. Профессор алдындағы қағазға отаның бағасын жазып көрсетті. Ерлі зайыптылардың көздері шарасынан шыға жаздады. Жиырма мың АҚШ доллары. «Мен айтарымды айттым, ендігі сөз өздеріңде» дегендей  бүкіл жүкті екеуіне арқалатқан жүзі шаршаңқы профессор орнынан тұрған. –Ақша осы аптаның аяғына дейін дайын болуы керек. Тәңірім-ау мұндай қаражат үріп ішіп отырған байлардан табылмаса,  қанын жалап, битін сыққан кедей-кепшіктің қалтасында қайдан болсын. Олжабайдың  мынандай бағадан демі бітіп, басы айналса, шарасы жасқа толған келіншегі  дәрменсіздіктен еңіреп жылап жіберді. Жоқшылық  қос бейбақтың алқымына қолдарын  шеңгелдеп салған еді.

Әркімнен   жалынып-жалпайып бетінің суын бес төгіп жүріп қарызға ақша сұрағанымен   соқыр тиын да   таппай амалы таусылған Әсем  өзі жұмыс істейтін мекеменің бастығына кіріп еді, әшейінде сұсты көрінетін Болат Кенжебекұлы үріп ауызға салғандай сымбатты келіншекті жылы шыраймен қарсы алды. Келген шаруасын  тыңдап болғаннан кейін тұнжырап біраз отырды.

–Қиын екен, жүдә қиын екен...

Елуді еңсерген Болат Кенжебекұлы көздері боталап, өзіне жәутеңдеп жәрдем күте қараған келіншекті мүсіркегені ме, жоқ әлде қалтасынан суырып бере салатын жиырма мың теңге емес, жиырма мың долларды салмағын  ауырсынды ма  қайта қайта бас шайқады. «Біреуге жүзін беріп,  енді біреуге жон арқасын көрсетіп тырсиып қалған қатал тағдыр-ай» Өз кіндігінен бала өрмегеннен кейін  сәбидің аты аталған ортадан жылыстап кетіп қалуға даяр тұратын   Болат Кенжебекұлының  көкірегіндегі  ескі дертті  мына әңгіме қайта  қоздыртып, жүрегін езіп барады.  Науқас болса да сондай  шаранаға зар етіп қойған мына   тағдырға не айтарсың. Елуде еңсең түссе, алпыста күш қуатың кеміп, арқандаулы аттай алысқа ұзай алмайсың. Ар жағында жүректі дір еткізетін қу бас деген атау да алыс тұрған жоқ. Кінараттың  отыз жыл отасқан келіншегі Сағирадан екенін біледі. Тек  құлай сүйіп қосылған қосағы болғандықтан  мінін бетке басып айтуға келгенде  дәрмені жетпейді.

–Жиырма мың доллар аз ақша емес. Өлі тыныштықты Болат Кенжебекұлының  өлімсіреп шыққан үні бұзып жіберді. «Жоқ деп айтама» деп салы қарадай суға кетіп үрейленіп  отырған Әсем төске құлаған басын оқыс көтеріп алғанда   бастықтың ашқарақ жанарының  тұла бойын аймалап, тіміскілеп отырғанын байқады.  Шыдай алмады, көздерін ала қашты.

–Ақша жағын ойластырармыз-ау...Бастық әңгімесін  ортасынан  үзіп, айтар ойын көмейінде іркіп қалды.

–Құдай үшін көмектесе көріңіз,   айлық алмай тегін  жұмыс істеуге пейілмін, тек көмектесе көріңіз... Амал айласы таусылып, бар үміті мына самай шашын ақ шалған бастықтың қолында тұрғанын аңғарған келіншек еңіреп жіберді. Болат Кенжебекұлы бордай үгетіліп, жасыған Әсемге графиннен су құйып беріп, сабырға шақырған түрі ме, арқасынан  аялай сипады. Бөгде алақанның табы тиген кезде дір ете қалған талдырмаш дене іле шала басылып қалды. Қарсылық сезілмегенін  аңғарған  суық қол енді  сумаңдап барып, қолтықтың астындағы  томпиған қос анарға барып жай тапты. Бағаналы бері алабұртып отырған бастықтың көмейінде қандай ойдың бұғып жатқанын  енді ғана  сезді. «Бұл не істегеніңіз, қолыңызды тартыңыз» деген сөзді батылы жетіп  айта алмады. Жан жақтан анталап, аяғына тұсау салған  мұқтаждық пен кіріптарлық  асау мінезді тәкаппарлығынан айырып,  ауыздықтап тастаған еді. Болат Кенжебекұлы шапшыған асау нәпсісін едәуір жерге ұзатып салып, көңілін жайландырғаннан кейін  төрдегі сейфін ашып, бес-алты бума ақшаны алдына тастады. Шу асауды жуасытып алғаннан  соң үстемдіктің өз қолында екенін сезді ме екен, бағанағыдай емес, ашылып сөйледі.

–Айналайын, менің бір иіске зар адам екенімді білетін шығарсың, егер ағаңның өтінішін орындап, балпанақтай бала тауып берсең, бұл ақшаның сұрауы жоқ. Игілігіңе жарат, баламыз ертерек сауығып кетсін.

Әл үстінде жатқан Оңғардың жанын аман алып қалатын , бірақ артында атан түйе  тарта  алмайтын  салмағы бар  жиырма мың доллар қат-қатталып  алдында жатыр. Тек саусағының ұшын тигізсе, мұныкі. Адамдық ар мен перзент тағдыры таразы басында тайталасып тұр. Көзінің ағы мен қарасындай Оңғарының тек өзінен көмек күтіп жатқандығы ойына түскен кезде дірілдеген саусақтардың  жып-жылтыр үстел үстімен жылжып барып, әппақ ардың тазалығын лайлайтын ақшаға қалай тигенін өзі де аңғармай қалды.

Анығында да ақша көмектесті ме, әлде тәңірі қолдады ма әл үстінде жатқан Оңғар айналдырған екі-үш айдың ішінде құлдыраңдап жүгіріп кетті. Қараша үйдегі тіршіліктің қаңсыған тамырларына қайтадан қан жүгірген. Күйеуі осыншама ақшаны қайдан тапқанын сұрап еді, бастығынан қарызға алғанын айтқанымен жиырма мың доллардың кезегін күтіп тұрған аманатын жасырып,  іркіп қалды.

Осыдан кейін Болат Кенжебекұлымен арадағы жасырын  қарым қатынастары жиілеп, екеуі тау аралап қыдыратын болды. Күйеуіне қарағанда  денелі, бойынан  күш қуаты қайта қоймаған бастығы шөлден қаталап келген адамдай  денесін қалауынша умаждап, құмары қанғанша еркінен шығармайды.

Арадан алты ай өткенде жасырын жасалынған сұмдық жария болып, денесі толысып, іші біліне бастаған. Болат Кенжебекұлы өлердей қуанып, сұқ саусағына томардай алтын жүзікті кигізе салғанымен отбасындағы ойран-топырды Олжабай бастады.

–Ақ төсегімді лайлап жүрген сұрқия!

Көздері шатынап, аузынан ақ көбігі бұрқыраған  Олжабайды тоқтататындай күш жоқ еді. Келіншегін жерге жығып салып, келсаптай жұдырығын көкке көтерді.

–Айт, қаншық мына бала кімдікі?

Сұмдық-ай, әшейінде саусағының ұшы тиіп кетсе, ботадай боздап қоя беретін келіншегінің қан-сөлсіз   безерген жүзінде   үрей жоқ еді.

–Сорлы-ау, соншама ақшаны кім бостан босқа ұстата салатын еді...Әсем ағыл-тегіл жылады.–Кім тегін береді? Олжабайдың тамырлары адырайып, тарс жұмылған жұдырығы ауада ілініп қалды.–Құдай осылай сорлатып қойса не істеймін.

Ыза ма, жоқ әлде  асау  заманның  толқынына төтер бере алмаған   сорлылығын мойындағаны ма Олжабайдың жанарынан жас шығып кетті. «Әй қу өмір-ай». Бірі кемдік еткен дүние-ай! Шегесі ретсіз қағылған  тұрлаусыз тіршіліктің  белгісіндей  болып, енді  үш  айдан кейін дүниеге келетін қаны басқа, алайда адам деген ұлы аты бар кішкентай сәби  мұның сол дәрменсіздігін өмірбақи  көзге шұқып өтпейді дейсің бе? «Құдай-ау, саған не жаздым, жазығым не?»  Өзегі өртенген   Олжабай бармағын тістеді.   Бірақ  қанша ойланса да  жанын езген  сауалына  жауап таба алмады.

Мүжіліп отыр...

 

Қазақ тілінде жазылған