Адам қарады: 471 | Жарияланды: 2018-04-13 03:45:05

Айтолды - Ақсұңқар немесе бейіт басындағы кемпірқосақ

     Мен өзім басқаға серік қоса алмасам да ойға серік қоса алатын сияқтымын. Үнемі ойда жүретінім сондықтан. Адамдар жүзінің құбылысын тез аңдаймын. Дегенмен, оларға тосқауыл бола алмаймын. Мейлі, олардың да қорытып жүрген өз ойлары бар шығар. Ойсыз ешкім жүре алмайды ғой. Жақсы болсын, жаман болсын ойдың орны бөлек.  Менің білетінім: ой тоқтаса – өмір доңғалағы да тоқтайды. Мені білетіндердің ішінде менің әңгімелерімді тыңдайтындар некен – саяқ. Оны жасырмаймын. Сондықтан көргенімді жазбаға түсіремін. Сыртыма шығармасам да әңгіме тыңдамайтындарды аяймын. Жастайдан құймақұлақ болғандар уақыт өте келе әңгіменің майын тамызатын болады. Сөзсіз, әңгімесіз, қоғам, адамдар әулеті – әлеумет қалай жетіледі. Жетілмейді! Мен бұған қол қоямын. Әңгімеде бір ғана шарт бар. Ол – әңгіменің кейінгілер теріп алатындай жемісті болуы!

     Бір жерден қылт еткен оқиғаның төбесі көрінсе мен сол жерден табыламын. Біреулер оқиғадан қашып, өзіне өзі үрей шақырып жатады. Менің олардан ерекшелігім – қорықпаймын, қажет бола қалса оқиғаны өзім туындатамын... Барлық жердегідей біздің ауылда да зират бар. Ауылға ортақ зираттан аулақтағы төбе басында тағы да бір бейіт бар. Бұл төмпешік о баста екеу болғанға ұқсайды. Жауын – шашын екі моланы біріктіріп жіберген сияқты. Кейіннен ауыл адамдары жиналып басына бейіт тұрғызған. Бірақ, бұл мола кімге тән, қашан пайда болған, мүмкін әншейін төмпешік шығар – ол жағын ешкім білмейді. Әйтеуір, төмпешік болған соң басын қарайтқан. Ауданның, ауылдың кейбір адамдары ол төмпешікті өздеріне, өздерінің руларына бейімдеп аңыз, әңгіме құрастырғысы-ақ келді. Біреулері қосыла алмай арманда қалған ғашықтар деді, біреулері майдангершілікте қазақ тапқан батырлар деді. Бірақ олардың ешқайсысы да біреуді иландыра алатындай жүйелі әңгіме жасай алған жоқ. Ешқашан бірікпейтін кемпірқосақтың жеті түсіндей айтқандары үйлеспеді. Осы ойда жүргеніме көп болған. Ендігі жерде, күндіз-түні сол бейіт жақтан көз алмаймын ғой. Ойдың жетегіне түсемін деп ұйқыдан да қалдым.

     Таң саң беріп қалған шақ болуы керек. Мені біреу оятты ма, дауыстап шақырды ма, әйтеуір әлденеден елегізіп сыртқа шықтым. Үйді айнала бере көзім әлгі бейіт жаққа түсіп кеткені. Селт ете қалдым. Бейіт басында кәдімгі кемпірқосақ тұр екен. Көзімді уқалап-уқалап тағы да қарадым. Кәдімгі кемпірқосақ! Әдеттегі кемпірқосақ жарты аспанға жамырап жатпай ма? Мынау болса кіп-кішкентай. Бейіттің аумағындай ғана. Аспан жаққа көз жүгірттім. Жұлдыздар жарқырап тұр. Жаңбыр түгілі бармақтай бұлт та жоқ. Мен апыл-ғұпыл жолға жиналдым. Анау-мынауымды жинақтап жүргенімде таң атып кетіпті. Кемпірқосақ ғайып болды. Бұл қалай деген ой менің санама қонақтап қалды. Қанша аңдысам да бұдан кейін ол кемпірқосақ көрінбеді. Күз түсті. Көктің жүзі тарғылданды. Суық жел сумаңдап жердің бетін үргілеп сыпырғыштай бастаған. Мен ол кемпірқосақ туралы ұмытқан да сияқты едім.

      Бірауық ойдан сергиінші деп бүгін ертерек жата қалғам. Ой деген мұндайда тіпті қамап алады ғой. Бүгін де қасақана солай болды. Оның үстіне дәлізде қарлығаштың ұясы болатын. Күз түскен соң қарлығаштар балапандарын қанаттандырып жылы жаққа кетіп қалған. Ұя орнында қалып кеткен. Сол ұя еденге тарс ете қалды. Шашылып қалған ұя қалдықтарын жинақтап дорбаға салып далаға алып шықтым. Үйді айнала бере төбешік басындағы бейітке көзім түсіп кетсе бола ма. Міне, қызық! Өзім көптен күтіп ұмытуға айналған кемпірқосақ жарқырап тұр. Аспанда бұлт болғанымен жаңбыр жаумаған еді. Көршілер әлі ұйқыға бас қоймаған кез болатын. Айтсам ешкім сенбес деп мен бұл жолы Төленге бардым. Далаға шығып кетші дедім. Менің кей-кейде оғаштау әңгімелерімді ол құрдасым білетін. Менімен бірге далаға шықты. Екеуміз бейіт тұсты бетке алып әңгімелесіп тұрмыз. Байқаймын ол әлі ештеңе көрген жоқ. Маған кемпірқосақ анық көрініп тұр. «Не үшін шақырдың...» деді көршім. Анау көне бейіт жаққа көз салшы. Төлен көршім ары қарады, бері қарады... Түк жоқ. Жеті қараңғыда не бар ол жақта деп сұрады менен. Мен оның ештеңе көрмегенін анық білдім. «Жай әшейін» дедім сонан соң. Көршім маған күдіктілеу көзбен бір қарады да «сау бол» деп үйіне кетіп қалды. Не болса о болсын деген оймен мен үйге келдім де керек-жарағымды алып жұмбақ бейітті бетке алдым. Үйдегілер сезген жоқ. Ол төбешіктің өзі де әудем жерде. Мен айрылып қалам ба деген оймен кемпірқосақтан көзімді алмай келемін. «Далада қалған жолаушы болса жалғыз бейітке түнемейді, қалыңды іздейді. Ұры-қары болса – жарқыратып от жақпайды. От жаққан күнде де жалынынан кемпірқосақ шықпайды ғой» деп ойланамын. Осындай ойлармен жүріп отырып бейітке келіп те қалыппын. Кемпірқосақ бейіттің төбесінде қол созым ғана жерде тұр. Дәл мұндай оқиғаға осы уақытқа дейін менен басқа ешкім кезікпеген болу керек. Әдебиеттерден де оқымаған едім. Бейіттің ішіне үңіліп едім, ортасы ойылып қалған қос төмпешіктен басқа ештеңе байқалмайды. Кемпірқосақ орнында тұр. Маған бір батылдық пайда болды.  Қолымдағы құрықты алдым да кемпірқосақты түртіп жібердім. Кемпірқосақ бүйірін тартып қалды. Құдды бір тірі мақұлық секілді. Өзі орнынан қозғалған жоқ. Менің орнымда басқа біреу болса қандай жағдайда қаларын білмеймін... Мәселен, көршім Төлен. Ал, менің қызығушылығым мен оқиғашылдығымның қасында үрей дегеніңіз жіп есе алмайды. Әйтпесе, дәл қазір жын-шайтанның нағыз шалықтайтын кезі ғой: түннің жарымы, ай қараңғы, бейіттің басы... Мен кемпірқосақ дегеннің мұндай дене болатынын білмеппін, менің ойымдағы кемпірқосақ – эфирлі дене. Эфирлі дене материалды денеге кедергі болмауға тиіс. Яғни, менің құрығым кемпірқосақты кедергі санамау керек еді. Мұнда бәрі керісінше... Ойым сан-саққа жүгірді. Кемпірқосақтың басы қайда, аяғы қайда, соны болжағым келген. Кемпірқосақты ондай белгі жоқ болып шықты. Екі ұшы да доғал. Кемпірқосақты тағы да бұрыңғыдан батылырақ құрығыммен түрттім. Бұл жолғым әсер етті білем, төмен салбырап тұрған екі доғал басы маған қарай иіле бастады. Бірақ көп созылған жоқ. Мені барлап жатқандай болып көрінді маған. Кемпірқосақта көз де, ауыз да жоқ еді. Мұндай мақұлықты мен бұрын еш жерде кездестірмегем және бұл мақұлықтың ешқандай да эфирлі дене еместігін, егер дене болса плазмалық екендігін білдім. Мұндай тылсым нәрселер тек қана биологиялық тұрғыдағы денелерге әсер ете алады. Тау мен тасқа әсері болмайды. Мүмкін ғарыш мұхитынан келген адамзатқа беймәлім бір зат шығар. Менің білетіндерім осы. Не істесем екен? Жамбасымда арқан бар болатын. Соны шешіп алдым да кемпірқосақтың беліне қарай лақтырып жібердім. Арқаным кемпірқосаққа оралып қалды. Арқанды сілкілеп өзіме қарай тартып көріп едім, кемпірқосақ орнынан жылжымады. Бір кезде арқан шешіліп кетті. Не де болса қолыммен ұстап көрейін деп кемпірқосақтың денесіне саусақтарымды тигізіп едім, қалай болғанын суреттей алмаймын, өзім кемпірқосақтың ішіне сүңгідім де кеттім. Мен оқиға өрісін тез түсіндім. Өлшемі басқа әлемге өтіп кеткендігімді бірден білдім. Менің басымда мұндай оқиғалар көп болған. Айта кетсем артық емес шығар. Бірде Бетпақтың бір шетінде ұшып жүрген дөңгелек шарлар көбейіп кетті деген сөздерді есіткен соң, мен оларды іздеп барғам. Расында солай болып шықты. Тымық түндері жер астынан жылт етіп ұшып шыққан шарларды қызықтағанмын. Бұл ұшқыш шарларда білгілі бір бағыт болған жоқ. Қалай болса болай ұшады, көлемдері де әр түрлі. Бұл шарларды «ұшатын беймәлім тәрелкелер», «ақырзаманның хабаршылары», «әруақтар» деп көкіген сауатсыздар да болды. Алайда, мен оны бірден түсіндім: бұлар жер астынан қысылып шыққан газ бөлшектері болатын. Кейіннен бұл шарлар ұшатын аймақтардан газ өндіретін кешенді құрылыстар салынып, елдің бұрыш-бұрышына газ құбырлары тартылды. Ойымның дұрыс екендігіне көзім жетті. Мені күстаналап жүргендер жым болды.

     Бірақ, газды дене деуге келмейтін кемпірқосаққа жолығуым бірінші рет. Тірі зат дейін десем, кемпірқосақта ұшатын қанат та жоқ. Негізінде, өлшемі басқа әлем дегенімізбен, мұнда да адамдар немесе рухи денелер өздерінің туған жерлерінде, өздері үйренген өлкелерінде жүреді. Мен кемпірқосақтың ішінде, дұрысы құшағында отырып, өзіміздің Қаратауды, оған жалғасқан басқа да таныс таулар сілемін, бетпақтың барханды даласын, өзен-көлдерді  бірден таныдым. Жан-жағымнан әртүрлі дауыстар шығып жатты. Олардың бәрінің де сөздері түсінікті еді. «Мен қайдамын, - деп айқайладым жан жағыма, - сендер кімсіңдер?». «Бұл аймақ саған таныс па» деп сұрады менен бір дауыс. Мен бұл дауыстың өзім ішінде тұрған кемпірқосақтың дауысы екендігін білдім. «Таныс» деп жауап бердім. Тағы бір байқағаным мен кішкентай деп ойлаған кімпірқосағым жарты әлемді доғаланып жауып тұрған бір алып болып шықты. Өйткені мен Қаратауды түгелімен, таудың оңтүстік-шығыс бөлігін алып жатқан Шақпақ пен оған жалғасқан қырғыздың Алай тауларын алақандағыдай көріп тұр едім. «Олай болса сен мұндағы болып жатқан оқиғалардан қалай қалыс қалғансың, зерделі жанның жүрегіне азық болатын тарихыңды неге қаузамағансың, өзің басында отырған бейіттің қалай пайда болғандығынан, жер-анасы өзінің торқадай құшағына бөлеп алған бұл пенделердің кім екендігінен неге хабарсызсың» деп маған ұрысқандай болды. Мен кешірім сұрадым. Шын мәнінде білмейтіндігімді айттым. «Ендеше тыңдап ал» деді маған кемпірқосақ: бұл бейіт, мұнда жатқан әруақтар туралы сендер - жер пенделері қателесіп жүрсіңдер. Бұл ертеде болған оқиға. Ол заманда да періштелер көкте, тәңірінің жаратылысы жындар мен адамдар жерде өмір сүрген. Мен көк періштесінің бірімін, жердегілер мені «кемпірқосақ» дейді. Жер тұрғындарының бәрі бірдей мені көре алмайды. Ол үшін тек қана рухани тазалық, тағы да рухани тазалық керек. Жерде болып жатқан бірде бір оқиға алдымен Жаратушының, сонан соң біздің назарымыздан тыс қалған емес. мәселен, мына сенің сексен үйлі ауылыңнан мені көре алатындар үш-төрт-ақ адам. Осыдан сабақ ала бер. Қазір жерде жын көп, адам аз. Рухани тазалығы жоқ адам да жындар қатарын толықтырады. Жердегі жындар мен адамдар уақытша сынаққа жіберілгендер. Олардың көпшілігі мұны біле бермейді. Ұсақ пендешілікке барады. Өздерінің тұрақты да мәңгілік мекеніне абыроймен оралуды олардың пешенесіне жазылмағанын білмейді. Мұндай пендешіліктің соңы өздері үшін де ұрпақтары үшін де үшін ақырзаман – тозақ оты екендігімен істері жоқ. Әруақ сыйлауды, әруақты мадақтауды ұмытады. Олар ұмытқан сыйлы әруақты біз ұмыта алмаймыз. Ескерусіз қалғандарына осылай келіп тұрамыз. Солардың бірі мына сенің алдыңдағы екі төмпешік! Бұл екі төмпешіктің кім екендігін ешкім білмейді, білмейді емес, іздеуге, ізденуге пендешіліктері, күйкіліктері қолбайлау, сылтаулары көп. Әруағын сыйламаған ел – азады! Осыны білмейді олар. Осы мінездері арқылы кейінгі ұрпақтарына  өздерінің кім екендігін нақты саралап бере алмайды. Адам баласы қай кезде де байлық емес, әруақты мадақтау арқылы жеңіске, мақсатына жетіп отырған. Енді нақты оқиғаның өзін айтайын:      

     Сенің сегізінші атаңның өмір сүрген тұсы. Ол кезде де жер тұрғындары арасында «алып кел мен шауып кел» секілді барымта қарымталар болып жататын. Оларға бұл қателіктерді жындар жасататын. Мына өзің тұрған Қаратаудың қожыр-қожыр тастары мен сонау Алай тауының тарғыл-тарғыл жондары не көрмеген. Алыс-жұлыстың мекені болған бұл ара. Арагідік татуласу мен қол қосулар, құдандалы бітімдер де болып жатқан. Сондай мамыражай күндердің бірінде сенің сегізінші атаң қырғыздың айдай сұлу Гүлбике атты бір қызымен көңіл қосқан. Төркіндері қыздарын ырғап-жырғап енді ұзатамыз, Қаратау мен Алай тауының басын біріктіреміз деп жүргендерінде қайтадан ұлтаралық басараздық иық көтеріп, той болмай қалған. Содан мезгілді күні жетіп Гүлбике Айтолды атты бір қызды дүниеге келтірген. Тамырында сақау қырғыздың емес, қазақтың асау қаны тулаған Айтолды өсе келе алғыр, батыр тұлғалы болды. Соғыс өнерінде алдына жан салмады. Сайыпқыран мерген, жауырыны жерге тимеген палуан болып шықты. Осы кездері ғой, Мерке, Жуалы, Түркібасы мен Жыланды жортуылшыларының көрші қырғыздарға барымтаға шығулары сап тыйылғаны. Оған себеп, қырғыздар жақтан бір жас «перінің» пайда болғаны еді. Бұл «пері» қазақ жырындыларына бір мал да алдырмады. Әгәрәки, ілуде бір мал қолды болса, қазақтар жағы ертеңіне он малынан айрылып отырды. Жас «пері» ешкімге елінің ақысын жібермеген. Қалыңға қарсы жалғыз шабатын мұндай жүрек жұтқанды қазақтар бұрын көрмеген-ді. Аты аңызға айналған бұл жас «пері» - Айтолды болатын. Өкініштісі - бойжеткен өзінің қазақ қызы екендігін, сенің сегізінші атаңның қанынан жаралғандығын білмейтін еді.

     Бұл кезде сенің сегізінші атаң өмірден өтіп кеткен. Атаңның артында Көктұйғын, Ақсұңқар атты екі бала қалған. Екеуі де атаның жоғын жоқтай алатын, ұлтының кегін кектей алатын топжарған батырлар еді. Қазақ пен қырғыз арасындағы дау-дамай өмірі біткен бе? Осындай шайқастардың арасында жүріп бір күні сенің Көктұйғын атаң қырғыздың сол Айтолдысы туралы есітпей ме? Ретін тауып қырғыз көріктісін іздеп барған. Көруге көркі бар, сөйлесе сөзі бар, батырлығы мен қайраты елден асқан, халқының тұмарлысы Айтолдыны Көктұйғын атаң қатты ұнатқан. Қалай болғанда да інісі Ақсұңқарға алып беріп, өзіне келін етпекке ниеттенген. Қазақ халқының ықылымнан бері келе жатқан ұлттық дәстүрі осындай. Аға ініге қашанда қамқор болады. Іні ағаның айтқанынан шықпайды. Мұндай ынтымақ ыдырамайды. Көктұйғын атаң інісі Ақсұңқарға бұл жағдайды, Айтолды туралы айтқан. Інісі ағасына бас изеген. Бұл келісімнен соң Ақсұңқар Айтолдыны арнайы барып көрген. Көріп келгені былай тұрсын, Ақсұңқар қасы-көзі қиылған Айтолдыға өлердей ғашық болып келген. Айтолды қыз да көп ұзатпай келісімін берген. Елім деп еңіреген ерін елі қалай сыйламасын. Бүткіл Қаратау аймағы алдағы болар құдалыққа дайындалып жатқан кез еді. Қазақтар мен қырғыздар арасындағы кезекті шайқас барымта-қарымта басталды да кетті. Неге болса да сақадай сай болып келген қырғыз қарымташылары қимылының аяғы үлкен ұрысқа айналды. Бұл жолғы шайқастың ірі болғаны сондай алыс-жұлыс ауқымы мың шақырымға дейін созылды. Екі жақты қақтығыс қарт Қаратауды сілкілеп, түте-түтесін шығарып жатты. Сондай ұрыстың аса салмақты бірі осы аймақта, яғни, қарт Қаратаудың бір бөлшегі - осы Қостұрада болған. Әсіресе, қырғыз жауынгерлері арасындағы ерекше бір топ ешкімге дес бермеді. Өздері бар-жоғы оншақты ғана адам еді. Мінген тұлпарлары желден жүйрік, адырнадан ағытқан жебелері құдды найзағай сынды еді. Күн демей түн демей ойламаған жерден тарпа бас салатын бұл топ жүріп өткен жерде тек қана шаң қалды, шаңға аунаған адамдар мен тұлпарлар қалды. Қазақтардың басы қатты. Ақылдаса келе тапқаны: бұл топтың басшысын құрту керек деді. Мергендер іріктелді. Жебелердің ұшы умен суарылды. Мұндай оқ сипап өткен жерде ештеңе қалмайды. Жүз қаралы мерген әлгі топтың соңына түсті. Жылдамдығы желдей топ жеткізе ме? Қазақ мергендері екінші түнемеге жайғасқан тұста шабуылды қырғыздардың өздері бастады. Аспанда бір шөкім бұлт жоқ айлы түн болатын. Қаратау қойтасының қалтарысынан кенет атылған семсер азу, серіппе тірсек көкбөрідей жалт ете қалған топтың артында мергендердің жартысына жуығы жер жастанып қалған. Шабуылшылар көп ұзаған жоқ, аттарының басын кері бұрды. Алайда олар бұл тосқауылдағылар тек қана мергендерден құралған жауынгерлер екенін білмеуші еді. Сонда да болса екінші рет сыпырып өте шықты. Тағы да біраз мерген жер жастанып қалды. Бұл мергендер тобының басшысы Ақсұңқар болатын. Ақсұңқардың іздегені қырғыздар жағының басшысы. Ақыры ол да көзге шалынды. Адырнадан ұшқан жебе қарауылдағысын айнымай тапты. Аттың үстінде шалқалап қалған қырғызға жетіп барған Ақсұңқар аттан құлап бара жатқан жауынгердің кенет жерге екі аяғымен дік ете қалғанын көрді. Аралық тым жақын еді. Екі жауынгер лажсыздықтан құшақтасты да қалды. Бірақ, кеудесін жебе тесіп өткен қырғыз жауынгері тым әлсіз еді. Қырғыз жауынгерінің кеудесін тесіп өткен жебе Ақсұңқардың да кеудесіне тіреліп тұрған болатын. Соған қарамастан Ақсұңқар қырғыз жауынгерінің жүзін көріп қалғысы келген. Оның ойын дәл сезгендей сүттеніп тұрған ай жарығы да жауынгер бетіне түсе кетті. Ақсұңқардың көзі бір сәтке түк көрмей қалды да қайта ашылды. Айтолды!  Айтолды!! О, Тәңірім!!! Ақсұңқардың өзі де шалқалап құлай берген Айтолдының үстіне гүрс ете қалған. Өткір, уға суарылған жебе ұшы Ақсұңқардың да кеудесін тесіп өтті... Олар бірін бірі білмеген күйде опат болды.

        Мына сені ортасына алып жатқан екі төмпешіктің шын тарихы осы! Бірі сенің туған ағаң болса, екіншісі туған әпкең! «Қилы-қилы заман болған, қарағай басын шортан шалған» деп осыны айтады.

     Менің басым айналды. Екі көзіме ерік бере алмадым. Талықсып кетсем керек...

      Көзімді ашсам, бейіт ішіндегі екі төмпешіктің ортасындағы ойықта жатыр екенмін... Қатты тоңып қалыппын. Қайран өмір-ай!  Таңертең сөлбірейіп үйге қайттым.

         Бұл оқиғадан соң кемпірқосақты көрмедім.

         Бәлкім бұл кемпірқосақ бейнесінде көрініп жүрген өзім есімін де білмейтін сегізінші атам шығар...

Қазақ тілінде жазылған