Адам қарады: 5783 | Жарияланды: 2018-04-16 02:14:24

Мерген Әлия

Қатысушылар:

Әлия – мерген қыз.

Ержан: - лейтенант.

Уралский: - гвардия полковнигі

Ефимов – әскери саяси жетекші

Ставский – жазушы

Хелемский – майдан тілшісі

Гальперин – майор

Бандуров – рота командирі

Құрманов: - жауынгер, Әлияның досы

Сержант Даулетов(Старшина Даулетов): - Әлияның досы

Валентина – мерген қыз

Надежда – мерген қыз

Зинаида – мерген қыз

Жарков – комбат

Тәжі – Әлияның нағашы әжесі

Әбубәкір – Әлияның нағашы ағасы, әскери қызметкер

Ақсақал – Тәжінің тамалас ағасы

Сән – Әбубәкірдің жолдасы, жары

Маржан – Әлияның анасы

Молдабек – Әлияның туған атасы

Бәйбіше – Молдабектің кемпірі, Әлияның әжесі

Молдажан – Молдабектің ағасы, ауыл ақсақалы

Күлше – келіншек

Күләйша – келіншек

Күнсұлу: - келіншек

Сырға апа – сары қарын бәйбіше

Батима – тоқал

Бұрыш – үй иесі, кемпір

 

 

(драмалық қойылым)

АКТ 1                                            

І бөлім

( Төрт – бес жас келіншек киіз басып жатыр. Қолдары қалт етсе еріндері сыпсыңдап әңгіме басын қайырып тастап отыр).

Күләйша: - Молдабек баласына Молдағұлдың қызын сұрай барыпты...

Күлше(одырая қарап): - Немене, Қобдадан басқа қыз табылмап па?

Күләйша: (жақтырмай): - Тух Күлше! Сондай сөздің  керегі не? Қыз айттыра барғандардың өзі біледі. «Қатын алма, қайын ал» деген Молдабек Молдағұлмен құда болғысы келген шығар. Жүз жылдық күйеу, мың жылдық құда демекші, бұл елдің Ожыраймен қыз алысып, қыз беріп жүргені осы ма!

Күнсұлу: - Сонымен құдалар келісіп пе?

Күләйша: - Келіскен көрінеді, бірақ Молдағұл қызын жастау десе керек...

Күлше: - Қыз жас бола ма екен?

Күнсұлу: - Ол әлгі Дүйсеннің қызымен жасты емес пе?

Күлше: - Дүйсеннің қыздары ыбырсып жатыр, соның қайсысын айтып отырсың?

Күнсұлу: - Әлгі Асылға кеткені ше?

Күлше: - Ой, онда ақсақ шал болды ғой...

Күнсұлу: - Иә тап соның өзі!

Күләйша: - Ол сорлы қыздың ұзатылардағы зарлаған үні осы күнге дейін құлағымнан кетер емес. Сол шалға кетпеймін деп басын тауға да, тасқа да ұрды. Қыз сорлының қай айтқаны болып жатыр. Аяқ – қолын байлағандай етіп берді де жіберді.

Күлше: - Неге ол сорлы болады?! Шалға шыққан тек Дүйсеннің қызы ма?

Күләйша: - Сорлы болмаса, жап – жас қыз алпыстағы шалға кете ме?..

Күлше: - Мен де алпысқа жақындаған шалға келдім. Менен басқа үріп ауызға салғандай екі әйелі бар екен. Әйел шалға келе ме, малға келеді. Балаларымыз бар өмір өткізіп келеміз. Бүтін құртты бөліп жейміз, жарты құртты жарып жейміз. Олар мені қызындай көрді, еркекпен ісім болған жоқ, отымен кіріп, күлімен шықтым...

Күнсұлу(сөзге араласып): - Иәәә, еркек қартаятын ба еді? Еркектің аты еркек, оны құдай артық жаратқан. Құдай әйелді етегінен жарылқасын. Ұл-қыз туса жаман әйел болмайды. (мысқылдап): - «Жаманның жамбызынан» дегендей, әйел тек баласымен теңеледі. Болмаса осынша жарығанынан алды дейсің бе?

Күләйша: - Сендердің жақтарыңа жылан жұмыртқаласа мен риза болар едім. (артына қарап дауыстап): - Әй, жүгірмек саған су әкел дегенім қайда?

Сырға апа(бағанадан бері үндемей енді араласып сөзге): - Екі – үш қатынның бірі болудан дүниеде өткен қорлық бар ма! Өзіңнің көрген азабыңды былай қойғанда, екі қатынның баласы екі рулы ел емес пе?

Күнсұлу: - Сырға апай дұрыс айттыңыз. Қатын үстіне барғанның оңғанын көргенім жоқ. Жылай – сықтай күні өтеді. Өткен жылы ғана шалымыздың бәйбешесі өліп, көзім ашылды. Міне, енді жасым елуге жақындап қалды, жылым мешін.

Күлше(сықылықтап күліп): - Ойбай Күнсұлу апа! Екінші әйелге ұқсамайсыз! Жап – жассыз!

Күнсұлу(зілсіз): - Қоя тұрсаңшы!(үнсіздіктен соң): - Ойлап тұрсам не қызық көрдім?! Ештеңе! Жастық шағымның бәрі күйзелу – күңіренумен өтті. Тіпті өз баламды бауырыма баса алмаушы едім. Екі сөзінің бірінде: «Сен сол тоқалда туатын ба едің, өзім тудым», деп, бірін – бір, екісін – екі демей өзі бауырлап, балаларыңды да өзіңе қарсы қоятын жарықтық сөзім ауыр болмасын.

Күлше: - Күн көрсетпесе де бәйбішені қимай отырсыз ба?(күліп).

Күнсұлу: - Енді қайтейін! Қара жер естіртіп бармасын дегеннің кебі де.

Сырға апа: - Қой қатындар – ай! Күн ысып бара жатыр. Жылдам қозғалып бітіріп тасталық!

Күләйше(қолымен көзін көлеейлеп): - Қой! Тездетіп қимылдайық.(жан – жағына қарап): - Қап! Жаңағы көк шыққырға айтып едім су алып кел деп, жоқ болып кеткенін қарашы.(ұмтылып тұрып жатып): - Өзім барып алып келейін. Қараң қалғыр!

(Келіншектер қимылдап шаруаларын бітіріп жатады. Ағаш үйдің екінші жағында қазан – ошақ басында қартаң Бәтима мен Бұрыш кемпір жүр. Бағанадан келіншектердің әңгімесіне құлақ түріп жүрген Бәтима)

Бәтима(Бұрыш кемпірді жағалап мұңын айтып жүр): - Бәйбішенің қорлығы есімнен кетпейді.

Бұрыш кемпір(ошақ жанындағы үстелге отырып жатып): - Ие?

Бәтима(қазанның астындағы отты бері тартыңқырап):  -Сол деймін – ау! Жоқ жерден бір бәлені ойлап тауып, шалымызға сабататын да қоятын.

Бұрыш кемпір(қазанның бетін ашып, қолындағы ожаумен сорпаны дәмін татып): - Ет те пісіп қалды. Содан ие!

Бәтима: -  Бір күні нан пісіріп, тамақ асып, бар – жоғын дайындадым да, сілті қайнатпақшы болып, итсигек оруға кеттім. Кешке оралсам, кісіміз тас – талқан болып ашуланып, жеті атамды боратып боқтап жатыр.

Бұрыш кемпір: - Қызғанып жүрген шығар қараң қалғыр!

Бәтима: - Аң – таң болып айта бастасам, сөзімді құлағына да ілмейді. Сөзі де, қолы да тиіп жатыр. Көгермеген жерім қалмады. Менің бір әдетім, кеудемнен жаным шығып кетпесе болды, үй шаруасынан қалмаймын. Бәрібір өзімнің илейтін тонымның пұшпағы. Бәйбіше: «тоқалды әдейі өзім алдырдым» дегенде міндеті жер жарады. Барар жерің, басар тауың жоқ. Қайда кетем.(кемсеңдеп)

Бұрыш кемпір: - Сонымен күйеуің неге ұрып  боқтады? Дайындап кеткен тамағыңды неге бермеген?

Бәтима: - Оны бәйбішеміз әдейі істеген.

Бұрыш кемпір: - О, тоба!(қазанның қақпағын ашып қарап, киізді болып қалған келіншектерге қарап):  - Күлше, ет салатын астауды алып кел.

Күлше: - Қазір.(сахныдан шығып кетеді.)

Бәтима: - Көршілерді шақырып жеп қойған. Ал, кісіміз әрі кеш, әрі қарны ашып қайтқан. Оның үстіне әлгі сөзді естіген. Соңында бәріне ашуы келіп, өшін алмақшы болған. Бір  - екі күн өтен соң «бұл не істегеніңіз апа?» десем, «күйеудің қолы тиіп тұрмаған әйел, әйел ме» деп қарқ – қарқ күледі.

Бұрыш кемпір(ернін сылп еткізіп, бетін шымшып): - Есі дұрыс емес екен –ау шайтанның!(Күлшеге қарап): - Түсіріп болдың ба?

Күлше: - Болдым. Үйге апара берейін.

Бұрыш кемпір: - Сорпасы тұра берсін ыстық күйінде. Бәтима ана кенеппен жауып таста бетін. Құм – топырақ түсіп кетіп жүрер. (Киіз басып болып орындарын жинастырып жүрген келіншектерге қарап): - Қане, үйге жүріңдер! Ет те дайын болды.

(Барлығы шығып кетеді.)

 

 

ІІ бөлім

(Ауыл абыр – сабыр. Молдабектің үйіне келін түсіп жатыр. Ел – жұрт келін келеді дегеннен қапылыста. Қыз – қырқын, жігіт – желең, ауыздары сыпсыңдаған жеңгелер. Әсіресе, бөлек тұрған бес – алты әйелдің әңгімелері Маржан туралы)

Бала: - Келін келеді! Келін келеді. Ауылға жақындап қалды! Сүйінші!

Көпшілік: - Аяғы құт болсын. Мәә, ала ғой сүйіншіңді. Мынау кімнің баласы?

Молдажанның немересі ғой! Әп – бәрекелді! Сен де осындайға жет!

Күлше (келін келетін жолға қарап): - Жақындап қалыпты.

Күнсұлу:- Қане. Келіп қалыпты. Келін анау ақ жүйріктің үстінде отырғаны ғой.

Күләйша: - Дәл сол! Молдағұл қызына артық жасау бермесе де, жақсы киіндіріпті... Молдабек баласына лайық қызды тапқан екен, бой десе бой, сын десең сын тал бойында бір мін жоқ... Шешесін көрмейсің бе, әлі ханның қызындай...

Күлше: - Сәукелесі де сәукеле - ақ екен!

Күнсұлу: - Иә! Бірақ бұдан да әдемі сәукеле де болған деседі. Бес жүз жылқыға бағаланған.

Бәтима: - Сен анау Байсақал деген байдың қызының сәукелесін айтып отырсың ғой. (тамсанып): - Сәукеле деп соны айт. Төбесінің өн бойы алтын, меруерт, маржан, асыл тастармен өрнектеп алтын жіппен әшекейленген.

Күлше: - Қолындағы сақиналары мен білегіндегі білезіктері де алтынмен апталып, күміспен күптелген шығар. Бетін ашқан соң шай құйғанда көреміз.

Күләйша: - Сонда немене Молдағұл бай деп пе едің? Ондай байлық қайдан болсын?

Күнсұлу (Күләйшаға сыбырлай сөйлеп): -  Жоқ сөзді айтпа! Молдағұл құдайдың пәлесі, бай болмаса да, о жақ, бұл жаққа барып тұрады, көп адамдармен қатынасады. Анау әйелін көрмейсің бе?

Күлше: - Асқан байлығы болмаса да еті тірі ... Баласын оқуға беріпті. Қазір орыстармен достасып жүр дейді.

Күнсұл: - Мен бір топсалы білезікті қызына жүз елу биеге алып бергенді көрдім.

Күлше: - Қайдан?

Күнсұлу: - Ақтөбеден.

Күлше: - Бай ғой шамасы

Күнсұлу: - Байдың аты бай, несін айтасың? (Күләйшаға сыбырлап): - Байды да құртам деушілер бар деседі.

Күләйша: - Өшір үніңді! Адам есітпесін. Байды кім құртатын еді. Құдайдың өзі болмаса...

Күнсұлу: - Басқа ешкімге айтпаймын. Тек сізге айтамын. Аузымның осындайлығы бар, айта салам, соңынан байымнан азап көрем.

(Осы кезде жастар кіреді сахнаға. Келіннің үстіндегі киімі аппақ көйлек, биік сәукеле. Әшекейленген. Көйлектің сыртынан қызыл қазақы оюмен салынған әсем қамзол. Кірген топпен барлық ауылдың адамдары амандасып, бір – біріне құтты болсын айтып жатыр. осы кезде қолында домбырасы бар әсем киінен жігіт ортаға шығып, келіннің бетін ашады.)

Сері жігіт:

Қуаныш той сыйға алып,

Көктеменің кезінде,

Отыр жұртың жиналып,

Тілек тілеп өзіңе,

Айтарымыз әуелі,

Ел-жұртыңның сәлемі,

Келін жаман демейік,

Алғысқа әр кез бөлейік,

Сыяр болсын үйге әрең

Балаларың көбейіп.

Таныстыр деп елімді,

Таныстыр деп жерімді,

Отырған да шығарсың

Айтсақ бәрін ұғарсың,

Жаужүрек өңшең батырлар,

Өскен Қобда жері бұл.

Естіп пе едің, келінжан,

Қобыландыдай батырды.

Естіп пе едің, келінжан,

Исатайдай батырды,

Махамбеттей ақынды.

Осыншама бұл елден

Батыр неге көп болды?

Осыншама бұл елде,

Ақын неге көп болды?

Ойлап жауап берейін,

Тереңнен толғап көрейін,

Есіңе алып, келінжан,

Өссін әр кез мерейің.

Қорғау үшін жеріңді,

Көп болыпты батырлар.

Жырлау үшін еріңді,

Көп болыпты ақындар.

Сондай елдің ағасы,

Жақсылардың жағасы,

Өзің қанша піссең де,

Орнына түспес сабасы.

Жатса да құлап тұра алмай,

Қияға қарар қырандай

Молдабек ата бір сәлем

Көпшілік: - Әп-берекелді! Молдеке шаңырағыңа құтты келін болсын! Бақ дарысын!

(Күй! Әуен. Келіннің беті ашылды)

Сері жігіт: - Ал, енді, ағайын келіннің беті ашылды. Жаңа түскен келіннің аяғы құтты болсын деп үлкендерден бата сұрап, Молдабек ағамыздың ақ дастарханынан дәм татуға төрге қарай озайық!

Көпшілік: - Бәрекелді. Дұрыс шешім. Батаны Молдажан ағамыз берсін! Әулеттің үлкені, ел алдында сыйлы сол кісі берсін.

Молдажан(ортаға шығып): - Ал, ағайын, жай қолыңды! Мен берейін батамды!(бата беріледі)

Сері жігіт: - Ал, Молда аға бастаңыз өзіңіз төрге қарай! Құдалар қош келдіңіздер!

(Күй! Әуен. Жарық сөнеді.)

 

ІІІ бөлім

(Үй іші. Үш бөлмелі үйдің іші аса жұпыны емес. Төрде ілулі домбыра. Кебеженің үстіне көрпелер тиянақты етіп жиналған. Төрде Молдабектің кемпірі дастарханның басында отыр. Сахнаға Молдабек қақырынып кіріп келеді. Басында тақиясы. Шоқша сақалы бет – жүзіне жарасымды.)

Молдабек(дастарханға сүйеніп отыр берді): - Иә, бисмилла!(молдасын құрып, сәл үнсіз отырып): - Түнімен жата алмадың ғой! Не ойлағаның бар кемпір?

Бәйбіше(күрсініп): - Не ойлаушы едім шал – ау! Тек қайдағы нәрселер еске түсіп...(Молдабектің алдына қарай астан итеріп): - Өзіңде түнімен дөңбекшіп шықтың ғой.

Молдабек (нанның шетін үзіп, аузына салып): - Таң қараңғысында көзім ілініп кетіпті. Таң ата бір түс көріп... Үйімнің ішінде жатырмын деймін. Ұйқымнан тұрып тысқа шығыппын. Шықсам, құдай сақтасын! Жайқалып тұрған айнала сұрғылт түске боянған деймін. Бір кезде көзің жамандық көрмесін аспаннан алай – түлей дауыл көтеріліп, сол дауылмен батыс жақтан қарға құзғын қаптап ауылдың шетінен қырғидай тиді дейсің. Япырмай, мыналар қайтеді ей деп қашайын десем мына аяқ құрымағыр қозғалмай қатты да қалды. Бойымнан әл кетіп өзіме қарай топтанып келе жатқан құзғындарға қарап «өлген жерім осы шығар» деп қорғана беріп едім, жаңағы ұшып келе жатқан құзғын көз алдымда қасқыр тиген қойдай тоз-тоз болды да қалды. Сөйтсем бір кішкене ғана құс құзғындарды бірінен соң бірін баудай түсіріп жүр. Кішкентай құстың тырнақтары сондай өткір ме дедім. Алыстан жалт – жұлт етіп семсердей лыпылдайды ау келіп. Анықтап қарасам, кәдімгі қарлығаш. «Ойпырмай, мына жұдырықтай 8/ құстың мықтысын – ай»,- деп таңданып қоямын. Сөйтсем жалғыз бұл қарлығаш емес мыңдаған қарлығаштар аспан төрінде құзғындармен кәдімгі арпалысып жатыр. Бір кезде жаңағы құзғындардың басшысы ма дедім ақ бас құзғын көз алдымдағы қарлығашпен қиян – кескі ұрысты бастамас па. Қарлығаштан он есе үлкен құзғын барын салып жатыр. Қарлығашта қарсылауын қояр емес. Бір кезде ақ бас құзғын тұмсығын қарлығаштың кеудесіне салды дейсің. Қарлығаш шаңқ етті де семсер тырнағын құзғынның тамағына салды. Ұмар – жұмар екеуі төмен қарай құлдилады. Мен де жүгірдім. Барсам екеуі де жан тапсырған деймін. Ебіл – дебіл жылап жатырмын. Айналамдағы бүкіл халық жылап жатыр деймін. Сөйтіп жатып оянып кетіппін. Тамағым кеуіп қалыпты.

Бәйбіше: - Жақсы түс екен шал – ау! Түсінде жылап оянса жақсылыққа жориды ғой. Тыныштық болса екен.

Молдабек (шынтақтап жатып): - Кемпір?

Бәйбіше: - Ау!

Молдабек: - Сен келінге Нұрмұхамбеттің бір шаруамен жүргенін түсіндіріп қой. Кешіккенге көңілі жабығып жүрсе керек. Жүзі сынықтау көрінеді. Туғаны туғанындай тұрмай, жүрегімді де дертке толтырды...(күрсініп)

(Сахнаға Маржан кіреді. Аяғы ауыр. Қолында сары жез самауырын. Жүзі сынық. Шетінеп кеткен екі баласын сағына ма, көз жасын көрсетпей төгіп – төгіп алатын.)

Бәйбіше(шай құюға отырған Маржанға зілді кескінмен): - Иә, сенің туғаныңды білдік.

Молдабек (тоқтатпақшы болып): - Кемпір – ай, тырнақ астынан кір іздейтін кейбір әдеттерің жаман – ау.

Бәйбіше (Молдабекке қарап): - Дұрыс сөзді айтқанға неге шағымданасың? Мен оның жылағанын сезіп айттым ғой.

Молдабек (сабырлы күйде): - Жыласа жыласын. Ішінен шыққан баласы болғасын! 

Бәйбіше: - Біз неге жыламадық? Қайын енемізден қорқып, әрі ұялып үш – төрт бала туғанша «менің балам» деп арып – ашқан жан емеспіз. Тіпті өлгенде де, көз жасымызды көрсетуге қорықтық. Ал, бұл болса сол баланы біз өлтіргендей қабағы қарс ашылмайды. Құдайына не керек болған соң соны алды да кетті. Болмаса мен одан тірідей өлсем де айырылар ма едім.(кемсеңдеп, кимешегінің ұшымен көз жасын сүртіп): - Өзегім өртеніп барады, Қайтейін!

(Үшеуі үн – түнсіз шайларын ішті. Бір – екі шыныаяқтан кейін Молдабек кесесін төңкеріп қойды. Маржан шай құйып бергені болмаса, өзі ішпеді.)

Бәйбіше(байқап): - Маржан шырағым, өзің енді іше бер. Біз болдық. Мына көрші атаң кеше науқастанып қалыпты деген сол кісіге көңілін сұрап кіріп шықпақпыз. Бізге ренжіме қатты айтты екен деп. Бәрі Нұрмұхамбет екеуің үшін. (Молдабектің тұруға ыңғайланып жатқанын көріп): - Шал?

Молдабек: - Ау!

Бәйбіше: - Бата жасасаңшы.

Молдабек (молдасын құрып, екі қолын жайып): - Дастарханға береке берсін. Аумин!

Бәйбіше(шалына риза болмай): - Сонан басқа айтарың жоқ па? Келініңе жақсы бір бата берсеңші!

Молдабек: - Менің аузыма түскені сол болды. Ендігісін өзің жалғастыра қой. (кемпірін қошеметтеп): Ананың ақ батасынан артық дүниеде не болушы еді.

Бәйбіше (тілек аралас бұйрықпен): - Жақсы, жай алақаныңды!(Маржан ұшып тұрып алақанын жаяды): - Ендігі балаларыңның өмірі ұзақ, бақытты болсын! Бейнетін де, рахатын да өздерің көріңдер!

Молдабек (риза кейіпте): - Бәйбішем, бұл сөздерің періштенің құлағына шалынсын!

(Дастархан басынан Молдабек пен бәйбіше тұрып шығып кетеді. Маржан отырған күйі қалады. Жарық өшіп, әуен ойнатылады. Іңгәлаған сәби дауысы шығады. Бұл – Әлия еді.)

 

 

IV бөлім

(Сахна қара көлеңке. Қараңғы да Маржан жерден бірдеңе теріп жүреді. Тез – тез қимылдайды. Қолына ілінгенді етегіне салып жатыр. Бұқпантайлап кері бұрыла беріп еді)

Күзетші дауысы: - Бұл кім? Тоқта!

(Маржан қаша жөнелді.)

Күзетші дауысы: - Тоқта! Атам!(мылтықтың дауысы тарс ете қалады)

Маржан(сахнаның шетіне қарай құлап): - Аһһһһ!

(Зарлы әуен. Жарық өшеді)

 

V бөлім

(Үй іші. Кішкене ғана жер үстелді жағалап екі адам отыр. Бірі Әлияның нағашы әжесі Тәжі, екіншісі алыстан келіп «қайыр болсын» айтып келіп отырған ақсақал.)

Тәжі(күрсініп): - Ух! Дүние – ай!

Ақсақал(басу айтып): - Сабыр ет, Тәжі! Өлгеннің артынан өлмек жоқ.

Тәжі: - Ағажан – ау(кемсеңдеп): - Қайтейін! Бізді қойшы мына екі баланы ойлап жүрегім қарс айырылады.

Ақсақал: - Құдайдың ісіне көнбеске шара жоқ. Көнесің.(осы үйдің келіні Сәннің ұсынған тостағанынан ауыз тиіп): - Нұрмұханбет естіп пе еді?

Тәжі: - Естіді. Келді. Мына Әлияш пен Бағдатын маған тастап кетті аманаттап. Қайтсін байғұс! Соңына шам алып түскесін.(кемсеңдеп): - Маржанға бір сөзінде: «Мыналар мені «бай баласы» деп қуғындауын қояр емес. Ойыл асып кетпесем болар емес. Мен кешегі кеткен қалың елдің Жемнің бойынан жайлы жер қарап келемін. Мен келгенше шыдай тұрыңдар» депті. Енді, міне Маржанымнан айырылып аңырып отырмыз емес пе? Қайтейін! Ажал айдап келді ме?

Ақсақал(сақалын салалап): - Бұл аштық неге апарып соқтырмай жатыр?

(Үйге әскери адам кіреді. Бұл Әбубәкір.)

Әбубәкір(тұншыға): - Апа! Апа! Маржан..... рас па?(Тәжінің қасына келіп тізесімен дүрс етіп отыра кетеді. Тәжі Әбубәкірді бас салып жоқтауын айтады.)

Тәжі(дауыс салып): - Әбжәнім – ау!

Қара бір тау қамал бар,

Биік бір тауда самал бар.

Айналайын, халқым – ау

Алланың ісіне не амал бар.

Ашығып талған өзегі,

Жамандық жүрек сезеді.

Айырылдық біз Маржаннан

Келмесе де кезегі.

Артында қалды Әлия

Суыды – ау енді жылы ұя,

Бауыры Бағдаш жас еді

Көреді – ау бейнет сұрқия.

Бай, молдаға айналып,

Азамат жүр дал болып.

Енді қайтіп күн көрер

Анасыз мұңлық аш болып

Аһһһһ!(екеуі өксіп ұзақ жылайды)

Ақсақал: - Әбубәкір шырағым, жылама, бұл тағдырдың ісі.(дауысын қаттырақ шығарып): - Сен жыласаң, анау қамкөңіл жиенің де жылайды қарағым!

Әбубәкір(дауысы дірілдеп): - Жау жоқ жерде жаралы болу қиын екен. Апамның өлімі орны толмас өкініш болды.

Ақсақал(сабырлы күйде): - Бұл жалғыз сенің бауырыңның басына төнген қара бұлт деймісің? Кім – кімге де жеңіл емес. Түтіні шықпай қалған үйлер аз емес, шырағым! Сабыр ет!

Әбубәкір: - Иә! Соңғы барғанымда «Қарағым, Қаракөзім, бауырым» құшақтап жылап еді. Қоштасқаны екен ғой. Білген екен ғой.

Тәжі: - Құлыным – ау!

Ақсақал(Тәжіге қарап): - Сабыр ет, Тәжі. Көз жастарыңды төге бермеңдер. Өліге ауыр тиер.

Әбубәкір(күрсініп): - Ең болмаса сол кезде хал – жағдайында сұрамадым ау!  «Әбжан, Әлияны алып кет! Көзім жұмылып кетіп жатса, армансыз болайын» дегенде «қайдағыны айтпа» деп ұрсып едім. Сезген екен – ау! Әттең, білсемші!

Ақсақал: - Адам сезеді.(ойланып): - Енді артының қайырын тілеп, құран бағыштау ғана. Артында қалған қос перзентіне Құдай тағала ұзақ ғұмыр берсін! Әмин!(бетін сипайды.) – Мен жүрейін.(тұруға ыңғайланып)

Әбубәкір: - Әмин!(Ақсақалға қарап): - Отырмадыңыз ба ақсақал?

Ақсақал: - Рахмет айналайын! Естіген соң жол алыс болса да отыра алмадым. Өлімнің жолы ауыр жол. Қайғыларыңа ортақтасып келіп отырғаным кәрі сүйегімді сүйретіп(Тәжіге қарап): - Тәжіжан, бекем бол!

Тәжі: - Құдай разы болсын, аға!(Әбубәкірге қарап): - Ағаңды шығарып сал, Әбжан

Ақсақал: - Қаралы үйге келген адамды шығарып салмас болар. Жаман ырым. (шығып бара жатып): - Тек жақсылықта, аманшылықта кездесуге жазсын. Аман болыңдар!

Әбубәкір: - Жақсы ақсақал!(Орнына отырады. Үнсіздік. Сән кіріп дастархан үстін реттестіре бастайды. Сәнге қарап): - Әлиялар қайда?

Сән: - Сыртта ойнап жүрген.

Әбубәкір: - Тамақтарын ішіп пе еді?

Сән: - Ішіп шығып кетті.

Әбубәкір: - Ммм(Үнсіздік. Тәжі күрсіне береді. Сән де үнсіз шаруасын шаруалап жүр. Ұзақ ойланып): - Апа! Сән сен де отыр.

Тәжі(қарлығыңқы дауыспен): - Тыңдап отырмын.

Әбубәкір: - Мына екі бала Маржанымның аманаты. Бағып – қағу, өсіріп – жетілдіру бізге парыз. Әсіресе маған міндет. Тірі болсам жылатпаспын. Қабақтарыңызды шытпаңыздар. Бауырыма басып адам қылып шығарамын. Оқытамын, тоқытамын.

Тәжі: - Дұрыс айтасың, құлыным. Бізден басқа кімі бар енді?

Әбубәкір(Сәнге бұрылып): - Бауырыңа өзімнен шыққан бала деп бас. Сапурама бауыр болсын! Бәріне тең қара. Еркеліктерін көтере біл. Анасындай бола алмасақта, мейірімімізді аямаспыз.(Сән құптағандай басын изеп отырады)

Тәжі(күрсініп): - Қарағым – ай!

Әбубәкір(сәл үнсіздіктен кейін): - Бұйыртса жол жүреміз. Қоныс аударамыз.

Сән(аңырып): - Қайда?

Әбубәкір: - Қызмет бабымен Алматыға. Екі – үш күнде жолға шығамыз.

Сән: - Тағы да ма?

Әбубәкір: - Қызмет соны талап етіп отыр. Мына алмағайып заманда отбасын асырау үшін бәріне көнесің.(Сәнге қарап): - Заттарың жинастырып дайындала бер. Балалардың киімдерін қамда. Жолда салқын тиіп ауырып қалмасын. Апа сізде.

Тәжі: - Жақсы қарағым!(түргеліп жатып): - Балаларды қадағалап келейін. Бірдеңеге ұрынып қалып жүрер.(Шығып кетеді. Артынша Сән де шығып кетеді.)

Әбубәкір(кемсеңдеп): - Бауырым!(Әуен ойнатылады. Әбубәкір жылап отырады. Көз жасын сүртіп): - Жеткіземін. Жылатпаймын!

Жарық өшіп, пойыздың дауысы естіледі. Пойыздағы абыр – сабыр басылып екі адам әңгімелесіп отыр. Ер адамның дауысы – Әбубәкір, кішкене қыз баланың дауысы – бала Әлияның.

Бала Әлия: - Қақа?

Әбубәкір: - Ау, Әлияш

Бала Әлия: - Әңгіме айтшы!

Әбубәкір: - Қандай әңгіме?

Бала Әлия: - Батырлар жайлы.

Әбубәкір: - Біздің өңірден шыққан атақты батырлар көп. Әсіресе, Қобыланды батыр туралы ерлік аңыздар жеткілікті. Қобыланды батыр өте үлкен, алып батыр болған. Суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын...

Бала Әлия: - Онда Қобыланды батыр неге өлген?

Әбубәкір: - Мен саған өлді дегенім жоқ. Батырлар өлмейді. Мәңгі жасайды. Түсіндің бе?

Бала Әлия: - Онда Қобдаға мені ағама апарып қайтқанда Қобыланды батырдың бейіті деп көрсеткенің қайда?

(Әбубәкір үнсіз қалады.)

Бала Әлия: - Тағы айтшы, қақа?

Әбубәкір: - Не айтайын?

Бала Әлия: - Қыздардан батыр болмай ма? Неге олар туралы айтпайсың?

Әбубәкір: - Қыздардан да батырлар аз емес. Құртқа, Гүлбаршын, Ақжүніс, Қарлығалар батырлардың ақылгөйі, жолдасы болған.

Бала Әлия: - Өййй, қызық емес.

Әбубәкір: - Неге?

Бала Әлия: - Өздері соғыспаған соң.

Әбубәкір: - Өздері соғысқан қыздар да аз емес... (Сөзден іркіліп қалады.): - Жатып ұйықта, Әлияш. Жол алыс.

(Ұзап кетіп бара жатқан пойыз дауысы. Әуен ойнатылады.)

 

АКТ 2

І бөлім

(Левитанның даусы. Соғыс. Ұшқан оқтың, жарылған снарядтың, алыстан атылған зениттің зіркілі. Күн батуға таяу. Екі әскери адам келе жатыр.  Бұлар лейтенант Ержан мен ефрейтор мерген Әлия)

Ержан: - Ленинград тұрғындары эвакуацияға кетіп жатыр. машиналарды соларды көшіруге пайдаланады.

Әлия: - Үлгере алар ма екен. Әйтпесе сорлы халық қырылып қалады – ау!

Ержан: - Барын салып жатқаны анық. Жалғыз әскерлер ғана емес, қолында қайраты, бойында күш қуаты бар ақсақал адамдар да бар.

Әлия(Алға қарай жылжып бара жатқан Ержанға): - Ержан!

Ержан: - Ау!

Әлия: - Осылай жүре береміз бе? Әлде дамылдаймыз ба?

Ержан: - Село, хутор болмас па екен деп келемін. Маңайда пана болатындай ештеңе көрінбейді.

Әлия(Өзін күтіп тұрған Ержанға жақындап): - Қараңғы түсіп кеткелі қашан?(жан – жағына қарап): - Мынау не нәрсе қарайған?

Ержан: - Қане?(Әлия нұсқаған жаққа қарап): - Бұзылған ескі сарай ма? Ммм мынау шөмелелер ғой. Жүр барайық.

Әлия(шөмелелердің қасына жетіп, арқасындағы қапшығын түсіре бастады): - Мен шаршадым. Оның үстіне шөлдеп кеттім.

Ержан(келіскендей): - Не де болса осы жерге түнейміз.(иығындағы заттарын түсіріп): - Бәлкім, ертең үлкен жолдан машина кездесер.

Әлия: - Мұның дұрыс. Жеті қараңғы түнде...

Ержан(сөзін аяқтатпай): - Мен мына сарайдың бұрыш – бұрышына көз жүгіртіп келейін. Сақтық та қорлық жоқ.(автоматын арқаланып шығып кетеді. Әлия әрі – бері тұрып, екінші шөмелеге мінбекші болып шығып көрмекші еді сырғанақтап міне алмады. Шөмелені айналып орнына қайтып келді.)

Әлия(қасына келген Ержанға қарап): - Осы шөмеленің қуысына отырайық. Төбесіне шыға алмадым тайғанақтап.

Ержан: - Сабан маясы ғой. Құрғақ әрі жылырақ болады.

Әлия: - Сабан шөптен гөрі тайғанақ келеді.

Ержан: - Оның дұрыс. (шөмелені үңгіп жатқан Әлияға): - Сен маған котелогіңді бер. Су алып келіп, біржолата отырайын.

Әлия(котелогін беріп жатып): - Сарай сыртында құдық көріп едім, суды содан аласың ба?

Ержан: - Мен де көрдім. Бірақ беті ашық екен. Қосаяқ түсіп кетуі мүмкін. Суды жерден қазып алармын.

(Ержан шығып кетеді. Әлия шөмеленің түбіне орналасып, винтовкасын қолымен сипалап, үнсіз отырады.)

Ержан(қолындағы котелокпен жақындай бере): - Жері сулы екен. Сәл қазып едім, мөлдір су бұрқ ете қалды.(су құйылған котелокті Әлияға берді. Суға бірден бас қойған Әлияға): - Ішпе, біраз дем алған соң іш.

Әлия: - Неге?

Ержан(жанына отыра беріп): - Білмейсің бе, қазақта ыстықтай атқа да су бермейді ғой. Оның үстіне біз адамбыз.

(Әлия қапшықтан бір – бір тілім нан, жуа мен колбаса алып, котелоктегі суды алма – кезек тамақтана бастайды.)

Әлия: - Сабан жылы болады екен. Бойым жылынып келеді.

Ержан: - Бұл бидайдың сабаны екен. Тарынікі болса бұдан да жылы, кәдімгі мамықтай болады.

Әлия: - Осының өзіне де шүкір.

(Екеуі қапшықты жинастырып, иық тірестіре отыра кетеді арқаларын сабанға тіреп. Үнсіз.)

Ержан(үнсіздікті бұзып): - Әлия?

Әлия: - Ау!

Ержан: - Туған жеріңді, анаңды, әкеңді сағындың ба?

Әлия(күрсініп): - Анамды еміс – еміс білем. Кішкентай кезімде қайтыс болған. Әкемді көрмегелі біраз жыл болды. Негізі нағашыларымным қолында өсіп, осы Ленинградтан білім алдым. Сен ше?

Ержан: - Менің ешкімім жоқ. Ата – анам, бауырларым кешегі аштықта қайтыс болып кетті. Өзім балалар үйінде тәрбиелендім. Туған жерден сағынатын басқа ешкімім жоқ.

(Тағы да үнсіздік)

Әлия(үнсіздікті бұзып): - Білесің бе, Ержан?

Ержан: - Нені?

Әлия: - Осындай түнде далада Лара жүреді дегені рас па?

Ержан: - Ешқандай Лара деген пәлені білмеймін. Гитлер жүр десең – дауым жоқ.

Әлия: - Горькийдің әңгімесінде Лара туралы айтылады ғой: «Изергиль кемпірде» ше?

Ержан: - Ол ертегі ғой.(Әлияға арқасын беріп, аударылып): - Жатып көз шырымыңды алып ал. Таң да атуға жақын.

(Шинельдерінің жағасын қымтап қаруларына сүйеніп отырған күйі ұйқыға кетеді. Қарашаның ызғарлы желінінің дыбысы. Үнсіздік. Қораздың шақырған дауысы. Таң қылаң беріп қалады)

Ержан(басын көтеріп): - Әлия, қораздың шақырған дауысы ма?(орнынан тұрып): - Деревня дәл қасымызда болыпты.

Әлия: - Көзден түн жасырған екен. Әйтпегенде деревняға барып қонсақ та болады екен.

Ержан: - Біз енді әскерміз ғой. Далаға қонып үйрене берейік те.

Әлия: - Кеттік, ендеше!

 

ІІ бөлім

(Блиндаждың іші. Еменнен жасалған ағаш үстел. Үстінде карта жайылып жатыр. Блиндаж бұрышында телефонист отыр. Карта бетіне үңіліп бригада командирі Николай Матвеевич Уралский мен саяси жетекшісі Василий Иванович Ефимов тұр. Темекілерін бұрқыратып ойлану үстінде.)

Уралский: - Иәә, бұл құзғындар мына тұсқа орналасып жүйкеге тиіп тұр.

Ефимов: - Батальонның адымын аштырмай тұрғанын көрмеймісің.

Уралский: - Қорғанысқа жатып, өздерінің оңтайлы позицияларын жасап алғанға ұқсайды.

14

Ефимов: - Қашанғы жатар дейсің? Бір күні сеңі де бұзылар.

Уралский(орындыққа сылқ етіп отыра кетіп): - Құдай білсін.

Ефимов(бинокльмен алдыңғы шепті қадағалап): - Тек...

Уралский: - Не айтпағыңыз бар жолдас саяси жетекші?

Ефимов: - Айтпағым. Қарсы жақтың тынши қалғаны мені алаңдатып отыр.

Уралский: - Менің ойымда сол.(темекісін тұтатып): - Бүгін түнде барлаушы жіберіп, мүмкіндік болса «тіл» алдыру керек.

Ефимов: - Дұрыс шешім комбриг жолдас.(алыста ұшқан жау самолетінің даусына құлақ сап): - Мына құзғындарына біздің бригаданың үстіне сансыз снарядтарын лақ еткізу  түк емес.

(Телефон шыр ете қалады.)

Телефонист: - Алло! 54 бригаданың жауынгер – телефонист ... (тоқтап қалып): - Құп болады!(Уралскийге қарап): - Жолдас комбриг сізге Армия штабынан...

Уралский(жылдам барып тұтқаны алып): - 54 бригада командирі Уралский сізді тыңдап тұр!(темекі тұқылын алдында тұрған қаңылтыр банкіге нығыздап): - Әзірге тыныш жолдас полковник.... Көңіл бөлгендеріңізге рахмет, жолдас полковник.(трубканы қоя салып): - Жолдас политрук, тілегімізді берді. Біздің бригадаға мергендер жіберіпті. Келіп те қалған шығар.

Ефимов: - Мергендер келсе, әлгі «құзғынның» көзін жоярмыз, бәлкім. Өзі әккі болып алыпты. Із тастап атады.

Уралский: - Соны бірыңғайлап алсақ.(қол сағатына қарап): - «Тіл» әкелмесек болмас. Осылай жасырынбақ ойнау қашанға дейін созылар дейсің. Қолымызда бір мәлімет болса ғой.(есік жаққа қарап): - Кім бар сыртта?

Кезекші жауынгер(кіріп сымдай тартылып): - Қатардағы жауынгер Иванов сіздің...

Уралский: - Жауынгер Иванов, мені тыңда. Қазір Армия штабынан мергендер келеді. Соларды қарсы алып, осында алып кел!

Кезекші жауынгер: - Құп болады жолдас командир!

Уралский: - Бара бер!

Ефимов(жауынгерді көзімен шығарып салып): - Мен саяси жұмысты өрістетіп отырмын. Осындай тыныштықты пайдаланып қалмақ ойым бар, командир, мұнымен келісесің бе?

Уралский: - Қалай ұйғарсаң да бұл шаруаның ретін білесің. Мен төрелік ете алмаймын. Тек бір тілегім, жас мергендер де назардан тыс қалмасын.

Кезекші жауынгер(есіктен кіріп): - Рұқсат па жолдас командир?

Уралскиий: - Рұқсат. Баянда!

Кезекші жауынгер: - Сіздің бұйрығыңызбен мерген қыздарды алып келдім. Штаб алдында сапта тұр.

Ефимов: - Мерген қыздар?

Уралский: - Қызық екен.(кезекші жауынгерге қарап): - Кіргіз!

Кезекші жауынгер: - Құп болады жолдас командир.

Уралский(қабағын түйіп): - Қатырған екен. Жарыған деген осы шығар. Немене  асханаға жіберуге адам таппай жатыр ма екенбіз. Мұнысы несі? «Өз оттарына өздері жылынсынның» кебі ғой бұл!

Ефимов: - Майдан деген ойыншық емес қой. Қыз балаға ауыр тиіп жүрмесе...(терең демалып): - Бұйрықтың аты бұйрық.

(Осы кезде мерген төрт қызды ертіп лейтенант Ержан ішке кіреді.)

Ержан(бұйрық беріп): - Бөлімше түзел! Тік тұр! (адымдап Уралскийдің алдына барып әскери тәртіппен): - Жолдас полковник, мергендер бөлімшесі сапта тұр! Баяндаушы лейтенант Есенгелдин!

Уралский: - Еркін тұр!

Ержан(мерген қыздарға қарап): - Еркін тұр.

Уралский: - Мерген қыздар де?

Ержан: - Дәл солай, жолдас полковник!(әскери сөмкесінен қағаз алып мергендерді таныстырады):

Ержан: - Мерген Зинаида Папова

Зинаида: - Мен!

Ержан: - Мерген Валентина Яковлева

Надежда: - Мен!

Ержан: - Мерген Надежда Матвеева

Надежда: - Мен!

Уралский(шетінде тұрған кішкене қазақ қызына жақындап): - Жауынгер аты-жөнің кім?

Әлия: - Мерген Молдағұловамын, жолдас гвардия полковнигі!

Уралский: - Есімің?

Әлия: - Есімім – Әлия, жолдас гвардия полковнигі!

Уралский: - Мергенмін дейсің?

Әлия: - Дәл солай!

Уралский(Әлияға қарап сәл ойланып, Ефимовке қарап): - Бізде осы жаралылар бар емес пе?(бұрылып Ефимовке қарай жүріп): - Асханаға барып, соларды тамақтандырсын.

Әлия(саптан бір адым алға шығып): - Жолдас полковник, рұқсат етіңіз!

Уралский(бұрылып): - Тыңдап тұрмын, жолдас Молдағұлова.

Әлия: - Мен майданға картоп аршуға келген жоқпын. Жаудың көзін жоюға келдім.(полковниктен именбей): - Иә, жолдас полковник, жаудың көзін жойсам ба деп едім.

Уралский: - Солай де.(Әлияға жақындап): - Винтовкаңды көрсем бола ма?

Әлия(жылдам қимылдап, ұсынып): - Дәл солай!

Уралский(винтовканы сипалап сыртындағы жазуды оқиды): - Үздік атқаны үшін комсомолдың Орталық Комитетінен.(оптикалық дәлдікті реттейтін тұсына қарап, Әлияға қайтарып, күлімсіреп): - Бағанадан бері осылай демеймісің!

Әлия: - Мен, міне осындаймын!

Уралский: - Жарадың! Жауды жайрата беруіңе тілектеспін!

Әлия: - Совет Одағына қызмет етемін!

Уралский: - Орныңа бар!

Әлия: - Құп болады!

Уралский(кезекші жауынгерге қарап): - Маған автоматшылар батальонының командирі Жарковкы шақыр. Жолай ескерт. Мергендер Жарковтың қарамағында болады. Мергендерге бірдеңе болса басымен жауап береді.

Кезекші жауынгер: - Құп болады!(шығап кетеді)

Уралский(Ефимовқа қарап): - Жолдас саяси жетекші! Алдыңғы шепті қадағалап қайтсақ қалай қарайсыз.

Ефимов: - Барсақ барайық, жолдас полковник.

Уралский(Ержанға): - Лейтенант сізде жүріңіз!

(Үшеуі шығып кетеді. Мерген қыздар емін – еркін өздері қалады.)

Валентина: - Уфф! Сәл болмағанда асханадан бір – ақ шыға жаздадың – ау, Әлия.

Надежда(Әлияны құшақтап): - Онда бізге көңілсіз болатын еді. Осылай жұбымыз жазылмасыншы.

Зинаида: - Надя, мынаны қарашы

Надежда: - Не ол?(қыздар бір – бірімен шүйіркеліп, Әлия бөлініп шығады. Әуен ойнатылады.)

Әлия(күбірлеп): - Анашым менің, мен, міне есейдім. Елімді қорғайтын жасқа жеттім. Қобда мен Нева суын тел сімірген қарашығың ел басына қара бұлт үйірілген кезде енжар қала алмады. Әскери комиссариаттың табалдырығын тоздырып, мергендер мектебінен бір – ақ шықтым. Жауған қардай бораған майдан шебіне де келдік. Бұдан былай қасық қаным қалғанша бармын. Ата – бабалардың жеріне  жауды аттатпайтыныма кәміл сенуіңізге болады. Анашым менің,  Қобыланды батырдың аруағына сиынамын. Қажет болса туған атырапта қан төгілмес үшін ғұмырымды қиюға әзірмін!

Валентина: (қасына келіп): - Не дейсің, Әлия?

Әлия(селк етіп): - Ештеңе...

Надежда(комбаттың келе жатқанын көріп): - Бөлімше сапқа!(мергендер киімдерін түзеп, тұрған соң): - Бөлімше түзел! Тік тұр!(келіп тұрған комбатқа әскери тәртіппен адымдап, баяндап): - Жолдас комбат, мерген бөлімшесі сапта тұр. Баяндап тұрған....(жақын маңға снарядтар ысқырып келіп түсе бастады. Қыздар қорыққаннан жерге жата қалды. Жер сілкіндірген дауыс тоқтаған кезде үстерін қағып тұра беріп): - Жолдас комбат, мерген...

Комбат Жарков(қолын бір сілтеп): - Жарайды, жарайды...

Надежда(күмілжіп): - Енді бұл...

Комбат Жарков(күлімсіреп): - Бүгінше баяндамай – ақ қой жолдас...

Надежда: - Матвеева.

Комбат Жарков: - Иә, жолдас Матвеева.(алдыңғы шепке қарап, соң қыздарға қарап): - Қорқып кеттіңіздер ме? Бұл – біздің күнделікті көретін құйқайымыз. Әлі – ақ бұған да көндігіп кетесіңдер. Шама – шарқымызша сендердің қырғын ұрыстың ортасына баруларыңды тежеуге тырысып, қолдан келгенше амандықтарыңды сақтауға күш саламыз. Бірақ соғыстың аты соғыс, әрбір қадамдарыңды абайлап басыңдар. Сақтанған айып емес.

Әлия: - Жолдас комбат, сонда соғыспаймыз ба?

Комбат Жарков: - Неге? Соғысасыңдар! Бәрі уақытымен.(қыздарға қарап): - Заттарыңды алып соңымнан еріңдер!(жүріп бара жатып): - Енді үйдегідей емес. Бірақ өмір сүріп тұруға болады. Комбриг бұйырды – бұйрығын орындау керек. Жүріңдер!

(Шығып кетеді. Әуен ойнатылып, жарық сөнеді. )

 

ІІІ бөлім

(Жертөленің іші. Бұл күнде Әлия сақа мерген. Бірнеше шеберлік танытып, жау мергендерін құртқан майдан даласында атағы жайылған. Омырауында жарқыраған «Даңқ» ордені. Жертөленің қабырғасына сүйеніп хат жазып отыр. Арасында қарындашын тілімен сулап қайта үңіледі. Оның аржағында ағаштан жасалған кереуетте Надежда отыр.)

Әлияның дауысы:  - Отаныма сәлем! Сәлеметсіз бе, аяулы Сапура! Сен мені ұмыттың ба? Калинин батпақтарынан осымен бірнеше мәрте жазып отырмын, бірақ, сенен бірде-бір хабар қолыма тиетін емес. Мұны қалай түсінуге болады? Мүмкін, сен жазбайтын боларсың, мүмкін хат ұзақ жүретін болар. Бірақ саған не туралы жазбақпын? Бұдан бұрын хабарлағанымдай, жақсы тұрып жатырмын. Майдандағылардың санатынан болсақ та, үлкен қауіп төніп тұрған жоқ. Өйткені қорғаныстамыз. «Аң аулауға» да сирек шығамыз. Ал қалған уақытта демаламыз. Өзім туралы осы. Қымбаттым, өзіңнің өмірің туралы, ауыл туралы, апай жөнінде, Әбубәкір ағам турасында толығырақ жаз. Ол туралы ештеңе білмеймін. Тіпті оның адресінен де бейхабармын. Егер онвң адресін білген болсаң, маған салып жібер. Мен туралы апайға айт. Мен оған да хат жазғанмын жауап жоқ. Әзірге осы ғана. Мен туралы ағама хабарла. Қайда тұратынын білсең, адресін салып жібер. Қымбаттым, сенің хабарыңды асыға күтем. Өзің туралы толық жаз. Бәріне сәлем! Тезірек көріскенше! Өзіңді сүйдім. Лия.

Надежда(ойланып отырған Әлияны құшақтап): - Ойланып кеттің ғой Лия. Жазып болдың ба?

Әлия(Надежданың қолын сипап): - Ауылымды, Қобдамды, балалық шағымды ойлап кеттім. Хат жазған сайын осылай толқимын. Өзің жазып болдың ба?

Надежда: - Ия. Не жазарымды білмей қысқаша амандығымды білдірдім.

Әлия: - Оның дұрыс. Анаң амандығыңды біліп отырса, оған сол да бақыт қой.

Надежда(Әлияның иығына басын сүйеп): - Анау ше?

Әлия: - Не ол?

Надежда: - Өзімізбен бірге оқыған әскери мектепте. Кім еді? Бізді осында алып келіп, шығарып салған лейтенант жігіт.

Әлия: - Ержанды айтып отырсың ба?

Надежда: - Иә, иә Ержан... Сен онымен байланысыңды үзіп кеттің бе?

Әлия: - Неге үзейін... Хат алып тұрамын. Қазір ол госпитальда. Алдыңғы шепке қайту жолында маған соқпақшы. Неге сұрадың?

Надежда(күліп): - Жай. Ммм онда келеді екен ғой.(сыбырлап): - Сен оны сүйесің бе?

Әлия(қызарып): - Жарайды Надя! Бұл әңгімені тоқтатайық.

Надежда: - Неге түсіңе кіреді деп қорқасың ба? Жігіттің түске кіргені жаман бола ма?

Әлия: - Жоқ. Түске кіргені емес. Көз алдымда елестеп тұрып алады. Ұйқым қашады.

Надежда(күлімсіреп): - Ол жақсы жігіт. Ер жігіт ол мен адам танысам.

Әлия: - Сағынып жүрем. Мүмкін содан шығар.

Надежда: - А солай ма?(құшақтап): - Лиям менің. Сен де жақсы көре алады екенсің ау!

Әлия: - Адам болғасын сағынамын да.

Надежда: - Қаталдығыңды көріп айтып отырғаным ғой. Әсіресе жауды жайратар шақтағы түріңді көрсем...

Әлия: - Ол жау ғой. Оған қатал қарамасаң өзіңді алып түседі.

(Қолында котелоктері бар сержант Абдулла Даулетов, атқыш Айсары Құрманов, мерген Валентина Яковлева жертөлеге кріп келеді.)

Валентина(құшақ жайып): - Лия, Надя қымбаттыларым!

Надежда: - Ой Валя! Мынаны қара Лия кім келгенін!(құшақтасып мәз – мейрам болады)

Сержант Даулетов: - Туү қыздар – ай кеше ғана кеткен жоқсыңдар ма?

Әлия(амандасып): - Абдулла сен де қызықсың. Соғыстың уақыты емес пе?

Құрманов: - Әлия дұрыс айтады. Сен де бір...(күліп)

Сержант Даулетов: - Осы ауызы құрғырға ие бола алмадым – ау!(аузын алақанмен ұрғылап): - Сосын Әлиядан сөз естимін.

Әлия(күліп): - Болды, болды. Бізге де Абдулла керек.

Құрманов: - Ал, қыздар, мынау біздің бөлімшеден сарқыт. Ауыз тиіңдер!

Надежда: - Мяя не деген керемет. Лия дастархан жасап жіберейік. Шаймен. (Абдулла мен Құрмановқа қарап): - Өздерің түсінетін шығарсыңдар.

Сержант Даулетов: - Әрине түсінеміз. Бұйртса соғыс біткесін дұрыстап тұрып ішеміз шайды тамақпен.

Надежда: - Келіңдер, отырыңдар! Қандай жақсы болды! Лия екеуміздің ішіміз пысып отыр еді.

(Барлығы столға отырып арқа – жарқа болады)

Сержант Даулетов: - Ыстықтай ішіп алыңдар! Сендерге құр қол келмейік деп..

Валентина: - Айсары болмағанда бұл да жоқ еді.

Сержант Даулетов(күліп): - Ой бұның байланыспайтын адамы жоқ. Қатаң аспазшы Катя апайды да құрығына түсіріп достасып алыпты.(Құрмановқа қарап): - Мақтанып жүргені ғой.(ду күледі)

Әлия(күлкіні бұзып): - Күлкі жақсы. Мына жексұрын немістерді қашан көзін жояды екенбіз? Неге қорғаныста жатып алдық. Түсінбедім.

Валентина: - Ой, Лия, осы сенің қызбалығың бар ғой... Әлі – ақ үлгереміз: соғысып та, күйеуге шығып та. Солай ма Абдулла жолдас?

Сержант Абдулла(кружкадағы шайды тартып жіберіп): - Солай, солай. Валя тосыннан сұрақ қойып аузымды күйдіріп алдым ғой.

Надежда: - Мен Лияны қостаймын. Босқа қашанғы отыруға болады? Бұдан да тылда көбірек пайда келтірер едік. Майданға келдік екен, жауды жер жастандыруымыз керек.

Құрманов: - Иә соны айт.(керіліп): - Фашистердің көзін тезірек құртсақ екен, көзге түрткі қылмай.(үнсіздік)

Валентина: - Абдулла бір жақсы әңіме айтшы.

Сержант Даулетов: - Қандай әңгіме?

Валентина: - Тәжік батыры Желал мен оның сүйіктісі Гүлжамал сұлу туралы.

Сержант Даулетов: - Ол аңызды түнде жұлдызды аспанға қарап айту керек.

Құрманов: - Абдулла саған сұрағым бар?

Сержант Даулетов: - Ал қоя ғой атқыш Айсары батыр.

Құрманов: - Абдулла біз сені өз ортамыздың Желалы деп санаймыз. Сонда сенің Гүлжамалың кім?

Сержант Даулетов: - Әлия Молдағұлова.(бәру ду күледі): - Несі бар! Өзі батыр, өзі мерген Әлияны жақсы көріп Гүлжамалға теңесем айып па?

Надежда: - Ешқандай айып жоқ. Бәріміз де Лияны жақсы көреміз.

Әлия(күліп): - Қойыңдар! Ұялтып тастадыңдар мені.(Құрмановқа қарап): - Айсары қазақтың бір әнін шырқап жіберші.

Құрманов: - Құп болады, жолдас мерген ару(тамағын кенеп):

Ақ көйлек, қызыл бешпент әдемі қыз,+

Тиген жоқ әлі ешкімге, әдемі-ау, әлегіміз.

Бірге өскен кішкентайдан құрбым едің,

Өзіңнен әлі күнге, әдемі-ау, дәмеліміз.

(Сырттан дауыс естіледі. Ән кілт үзіледі.)

Сырттағы дауыс: - Ефрейтор Молдағұлова!

Әлия: - Мен!

Сырттағы дауыс: - Сені бригада штабына шақырады! Ұрыс та тұрыс жоқ.

Әлия: - Құп болады!(достарына қарап): - Достар мен кеттім.

Барлығы: - Сәттілік!

Сержант Даулетов(Әлия шығып кеткен соң): - Қап әй ә!

Надежда(тамсанып): - Қандай әдемі әуен еді.

(Жарық өшіп, алыстан атқылаған зениттің әлсіз үндері естіліп тұрады)

 

IV бөлім

(Бригада штабы. Бригада командирі полковник Уралский телефон тұтқасында тұр. Темекісін шиырып тартып қояды)

Уралский: - Құп болады жолдас полковник. Бұйрығыңыз орындалады.(тұтқаны орнына қойып): - Сыртта кім бар?

Кезекші жауынгер(ішке кіріп әскери тәртіппен): - Жолдас полковник сіздің...

Уралский: - Жарайды. Штабқа майор Гальперин мен рота командирі Бандуровты шақыр.

Кезекші жауынгер: - Құп болады жолдас полковник.(бұрыла беріп еді)

Уралский: - Тоқта! Және мерген Молдағұлованы шақырт.

Кезекші жауынгер: - Баяндауға рұқсат па жолдас полковник.

Уралский: - Рұқсат.

Кезекші жауынгер: - Мерген Молдағұлова осында штабта.

Уралский: - Тіптен жақсы. Шақырт.

Кезекші жауынгер: - Құп болады.(шығып кетіп, қайтып кіреді.): - Жолдас полковник сізге жазушы Ставский мен тілші Хелемский Армия штабынан келіп тұр. Кіруге рұқсат сұрайды.

Уралский: - Кірсін!(әскери жеңіл киіммен екеуі кіреді. Оларды қарсы алып): - Қош келдіңіздер жолдастар! Төрлетіңіздер!

Ставский: - Рахмет жолдас полковник.

Уралский: - Жаңа ғана Армия штабынан телефон шалып сіздердің арнайы келе жатқандарыңызды ескерткен болатын.

Ставский: - Иә, иә.

(осы кезде майор Гальперин мен рота командирі Бандуров кіреді.)

Уралский: - Жолдастар жоғары шығыңдар! Іс асығыс. Шешімін табу керек.(орындыққа жайғасқан екеуіне қарап): - Армия штабынан келген қонақтар: жазушы Ставский, тілші Хелемский.(жазушы мен тілшіге қарап): - Майор Гальперин және рота командирі Бандуров.(бір – біріне қарап бас изеседі): - Келген шаруалары...

Ставский: - Келген шаруамыз жолдастар! Бригада туралы мәлімет алып газет бетіне шығару және мерген қыздар туралы таныссам деп едім. Әсіресе мерген Молдағұлова туралы.

Уралский(күлімсіреп): - Міне керемет. Біздің Әлияның даңқы жер жарайын деп тұр.(Ставскийге қарап): - Мерген қызымыз туралы кімнен естідіңіз?

Ставский: - Майдан мергендерінің слетінде үшінші екпінді армияның атақты мергені Ыбырайым Сүлейменовпен танысып, Әлия туралы содан естіген едім.

Ыбырайым өзінің қарындасымен хат жазысып тұратынын айтқан болатын.

Майор Гальперин(сөзге араласып): - Мерген Ыбырайым. Ол жігітпен бір – екі рет кездескем. Қазақ жігіті.

Ставский: - Майдан мергендері туралы мәліметтер жинап, кітап жазып, кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде қалдырсам ба дегенмін.

Уралский:  - Дұрыс айттыңыз жолдас Ставский. Мерген Молдағұлованы осында алдыртып жатырмын. Әңгімелесіп түртіп алуыңызға болады.

Ставский: - Рұқсат етсеңіз жолдас полковник! Мен алдыңғы шепке мерген Молдағұловамен барсам деп едім.

Уралский: - Біздің бет алдымыздағы немістер белсенділік көрсетіп тұр. Атыс ұясына бару сізге қауіпті болар.

Ставский: - Өзім көрмеген, басымнан кешірмеген оқиға туралы әсерлі етіп жаза алмаймын.(сабырлы күйде): - Ал мәселе қауіп туралы болатын болса, онда маған қауіпті нәрсе Әлияға қауіпті емес пе?

Уралский: - Әлия қазір алдыңғы шептің әдісін алған сақа мерген. Ал сіз болсаңыз, жаңа келдіңіз.

Ставский: - Алдыңғы шеп маған жат емес. Мен талай – талай мергеннің қасында болып көрдім. Фин соғысында да болдым.

Хелемский(сөзге араласып): - Владимир Петровичті тоқтата алмайсыз жолдас полковник. Қауіп – қатерді өз басынан кешпесе, поэтикалық түйсік ала алмайды.

Уралский: - Жолдас Ставский, өзіңіз біліңіз. Менікі тек сақтандыру ғана. Қаңғыған оқ тиіп кетпесіне кім кепіл?!

(Әлия кіреді. Әскери киіммен. Иығында винтовка.)

Әлия(әскери тәртіппен): - Жолдас гвардия полковнигі, мерген Молдағұлова сіздің шақыртуыңызбен келіп тұр.

Уралский: - Бері жақындаңыз, жолдас Молдғұлова!(Ставскийге қарап): - Міне, біздің мерген қызымыз.

Ставский: - Амансың ба, Әлия?

Уралский(өзіне қарап тұрған Әлияға): - Еркін тұрып сөйлесе бер Әлия. Сізбен сөйлесуге келіп тұр бұл кісілер.

Әлия: - Жақсымын.

Ставский: - Мен жазушымын. Фамилиям – Ставский. Мына кісі – тілші. Негізгі мақсатымыз майдан туралы және майданда ерлік көрсеткен батырлар туралы және(мүдіріп): - Сіз туралы жазсақ па деп едік.

Әлия(Уралскийге қарап): - Жолдас полковник, рұқсат болса?

Уралский: - Айта беріңіз жолдас Молдағұлова.

Әлия: - Анығын айтсам жолдас Ставский мен туралы жазбасаңыз деп едім.

Ставский: - Неге?

Әлия: - Мен ерлік көрсеткенім жоқ әлі. Мені мақтай бермесеңіздер.

Уралский: - Неге Әлия? Ерлік істеген адамды мақтап жазып, бүкіл майданға үлгі етіп тарату – газеттің міндеті. Оған бола қысылудың қажеті жоқ. Керісінше қуану керек. Түсіндің бе?

Әлия: - Дәл солай, жолдас полковник!

Уралский: - Енді дұрыс болды.(Бандуровқа қарап): - Мерген Молдағұлова мен Ставский алғы шепке барады. Соны қадағалайсың!

Бандуров: - Құп болады жолдас полковник.

Уралский: - Жолдас тілшіге ақпаратты сіз жинап бересіз жолдас майор.

Майор Гальперин: - Бұйрығыңыз орындалады.

Уралский(Ставскийге қарап): - Ал, жолдас Ставский, жолыңыз болсын!(Әлияға): - Айтпақшы, алдыңғы шепте тағы бір жаудың мергені пайда болыпты. Содан сақ болғайсыз.

Әлия: - Құп болады жолдас полковник.

Уралский: - Жолдарың болсын! Сәттілік!

Әлия: - Совет Одағына қызмет етемін!

(Бандуров, Әлия, Ставский шығып кетеді. Үнсіздік.)

Майор Гальперин(басын шайқап таңдана): - Қарай гөр өзін, көздегенін аттап бастырмайтындығын жұрт жыр қылып айтса да, «мен ешқандай ерлік жасаған жоқпын» дейді.

Уралский: - Иәә!(темекісін тұтатып): - Қарлығаштай болса да қыранның қимылын жасайтын қаршадай мерген қыз.

Майор Гальперин: - Рұқсат болса, жолдас полковник!

Уралский: - Рұқсат.

(Майор Гальперин мен тілші Хелемский шығып кетеді. Артынан Уралский де шығады. Жарық сөнеді.)

 

V бөлім

(Жер бауырлап алға қарай жылжыған Әлия шөбі қалың өскен төмпешіктің үстіне жата қалып, винтовканың көздеуішінен алға қарады. Артынша ырсылдап бүкеңдеп Ставский жетті. Мойнында салбыраған бинокльі бар.)

Әлия(сыбырлаған күйі): - Жер бауырлап жүріңіз.(қолмен ишара жасап, қасына жеткен Ставскийге): - Ебедейсіз екенсіз! Әлгінде сіз жер бауырлаған жоқсыз. Тізе бүгіп бүкендедіңіз.  Байқап қалса екеуміз де құрып қалатынымызды білесіз бе?

Ставский(тыз етіп жанына келіп топырақ қапқан оқтан ыршып түсіп): - Байқап қалды ма?

Әлия: - Жоқ. Есіңізде болсын снайпер оғы жалғыздап келеді және турашыл болады. Мынау(оқ түскен жерді көрсетіп): - Мынау пулеметтің оғы. Шашырап ұшады. Енді қозғалмаңыз. Күтейік. Байқап қалса, анау траншеяға қарай жылжимыз.

Ставский: - Жарайды.(кеуіп қалған өңешін жұтынып): - Қалай тез едіңіз?

Әлия: - Соғыстың өзі үйретті.

Ставский: - Әлия, сіз...

Әлия: - Айта беріңіз.

Ставский: - Майданға қалай келіп қалдыңыз?

Әлия: - Өзім сұранып келдім.

Ставский: - Сұранудың да себебі бар емес пе?

Әлия: - Рас айтасыз.(күрсініп): - Сұрапыл соғыс басталғанда өзім оқыған, өзім сүйген Ленинградтың отқа оранғанын көрдім. Жылаған сәби, қарны жарылған ана, отқа оранған ақсақалды қариялар мен ақ жаулықты аналар бәрі – бәрі көз алдымда тұр. Өшпенділігім артты. Қолымда(үнсіз қалды)

Ставский: - Қолыңызда?

Әлия: - Құшағымда жау самолетінің оғынан қыршын кеткен Володяның денесі. Көздерін әнтек ашып, соңғы демін ышқынып шығарғанда жанымды қоярға жер таба алмадым. Сол кезден бастап кек алуға бекіндім.

Ставский: - Иәә.(басын көтеріп): - Басылған сияқты.

Әлия: - Дұрыс айтасыз.(төмпешікке көтеріліп винтовканың көздеуішінен төменге қарады)

Ставский(басын әнтек көтеріп, бинокльмен қарап): - Әлия, ана көл жақты қараңызшы.

Әлия: - Мақұл.

Ставский(үңіліп): - Мыналар екеу екен. Біреуі әйел адам.(даусын қаттырақ шырағып): - Иттер! Парадқа келгендей жүр ғой. Әйелін ертіп курортқа келген мырза секілді.

Әлия: - Анау маған «таныс» офицер. Жаз бойы түсіп, енді күз болғанда...(атуға ыңғайланып): - Ылғи көремін. Күнде көлдің арғы жағындағы мүйісіне түсетін еді. Атуыма алыс болатын.

Ставский: - Күздің жылы кезінде түсіп қалғысы келген шығар.

Әлия: - Мүмкін. Әне бір қамыс та бөгет жасайтын. Әбден еркінсіген ғой. Бүгін тіпті жақын келуін қараңызшы. Атайын ба Виктор Петрович?

Ставский: - Асықпа, Әлия! Суға түсіп шомылсын. Бәлкім, бері таман малтып жақынырақ келер.

Әлия(көнбей): - Жоқ Виктор Петрович! Шошқалар елімнің көлін лайламасын(саусақтарымен винтовканы сығымдап ұстап): - Қайсысынан бастайын?

Ставский: - Әуелі офицердің көзін құрт!

Әлия: - Жоқ! Анау офицердің қасындағы әйел – Германиядан келген фрау емес. Осы маңдыкі. Жолдан қосылған опасыз. Жау мен опасыз қатар келсе әуелі опасызды құрту керек.

Ставский: - Неге?

Әлия(тістеніп): - Жау жасырынбайды. Анау табылмай кетуі ықтимал. Сондықтан...(винтовка тарс етті, іле – шала жылдам оқтап тағы атты): - Осылай болуы керек.

Ставский(бинокльмен үңіліп, мойнын созып): - Бітті екеуі де.

Әлия(Ставскийді иығынан төмен тартып): - Көп шықпаңыз. Әйтпесе біздің позицияны байқап қалады.(оңға қарай бұрылып, көздеуішке қайта үңіліп): - Анау ойпатта бұлардың асханасы бар.

Ставский(бинокльмен қарап): - Мына екеуі кімдер?

Әлия: - Бұлар су тасып жүр шамасы асханаға. Қайсынан бастайын?

Ставский: - Алдыңғысынан баста.

Әлия(винтовкасынан төрт рет атты да, төмен жайлап сырғып, тісін ақсита күліп): - Қулықпен өтірік өліп жатса, қосымша сыбаға артық болмайды.

Ставский(басын шайқап): - Қандай епті едіңіз! Алдыңғысын емес неге соңғысын бірінші аттыңыз?

Әлия(күліп): - Егер алдыңғысы құласа, артта келе жатқаны оны көріп жата қалуы мүмкін.

Ставский: - Ақылға қонымды.

Әлия(жалғастырып): - Егер әуелі артқы адам құласа, алдыңғы адам оны бірден көрмейді. Желкесінде көз жоқ қой. Ал бұрылып көргенше, біз де үлгереміз.

Ставский(риза болып): - Ақыл мен айла бойыңда қатар екен қарындасым. Сізге риза болдым.

Әлия: - Мені мақтай бермеңіз.(көтеріліп қарай беріп еді, тыз етіп топыраққа кірген оқты көріп): - Кейін қайтайық, Виктор Петрович.

Ставский: - Неге?

Әлия: - Жаудың мергені байқап қалды. Жаңағы оқ винтовкадан шыққан оқ

Ставский: - Солай ма?

Әлия: - Қазір бұл жерге жау снарядын төгеді. Кетіп үлгермесек топырақтың астында қаламыз.

Ставский: - Ендеше кеттік.

Әлия: - Сіз кете беріңіз. Осы арадан қоштасалық. Бағанағы келген ізбен.

Ставский: - Сіз ше, Әлия?

Әлия: - Мен позицияны ауыстырамын. Жаңағы жаудың мергенінің көзін құртуым керек. Меніңше жолдас полковниктің ескерткен мергені осы.

Ставский: - Жарайды.(ойланып): - Сізбен барсам қалай болады?

Әлия: - Жоқ енді қауіпті. Сау болыңыз!

Ставский(жер бауырлап кетіп бара жатқан Әлияға қарап): - Мықты бол қалқам! Сақ боларсың! Тірі көріселік!(бұрылып жылжып): - Не деген қайсар едің қалқам!

(Жарық өшіп, ысылдаған оқтар мен снарядтың жарылған дауыстары шығады.)   

 

VI бөлім

(Абыр – дабыр. Ерсілі – қарсы жүрген әскери адамдар. Беріліп жатқан әскери бұйрық. Танк гүрілі. Армия штабынан бұйрық келіп, жаппай бригада шабуылға дайындалуда. Қаңтардың қаһарлы аязды күні таңғы дауыс анық естіледі.)

Дауыс: - Бөлімше дайындал! Қару – жарақтарыңды сайлаңдар!

(Уралслий, Ефимов, майор Гальперин сахнаға шығады. Үстерінде шинель. )

Ефимов: - Нағыз қаһарлы қыс енді басталды.

Уралский: - Яяяя. Мұндай қысты біраз болды көрмегелі.

Ефимов: - Қар да қалың. Жүрсең омбылап жүре алмайсың. Біздің жаяу әскерге қиын болмаса игі.

Уралский: - Жаяу әскерге қиындау болары анық. Бірақ танкілер салған ізбен жүріп отырса, қиындау болмас.

Ефимов: - Танктен бөлінбеу керек дейсің ғой.

Уралский: - Дәл солай жолдас политрук.

Майор Гальперин: - Жау жағына да оңай тимес.

Уралский: - Әрине оңай тимейді. Туған жердің қысы біздерге көмектесіп – ақ тұр. Естеріңізде болса, 43 – тің қысы Ленинрад қоршауын бұзуға көмектеспеді ме?(қол сағатына қарап): -  Шабуылға көтерілуге жарты сағат уақытымыз бар. (екеуіне қарап): - Басқа роталармен үнемі байланыста болып, маған хабарын жеткізіп отырыңдар.

(Сахнада рота командирі Бандуро бастаған автоматшылар мен пулеметілер ротасы сап түзеп өтіп барады. Рота  сапында Әлия мен Надежда бар)

Уралский(оларды көріп): - Командир Бандуров!

Бандуров: -  Тоқта! Түзел! Тік тұр!(Уралскийдің алдына әскери тәртіппен келіп): - Жолдас полковник, рота командирі Бандуров сіздің шақыртуыңызбен келіп тұр!

Уралский: - Жақсы!(рота қарап): - Қалайсыңдар қырандарым!

Рота: - Жақсымыз жолдас полковник!

Уралский: - Жарайсыңдар! Алдымызда үлкен міндет тұр! Ол мына алдымызда тұрған жау ұясын талқандап, жерімізді азат ету. Отанымыз кең байтақ туған жер сендерге сенім артады. Мен гвардия полковнигі Уралский сенім артамын!

Рота: - Совет Одағына қызмет етеміз!

Уралский: - Бәрекелді қырандарым! Жолдарың болсын! Туған жерді азат етіңдер жау қолынан!

(Сахнаға Ержан шығып Уралскийлердің қасына жақындайды.) 

Ержан: - Лейтенант Есенгелдин сіздің бұйрығыңызбен келіп тұр.

Уралский: - Келдің бе? Командир Бандуров!

Бандуров: - Иә жолдас полковник!

Уралский: - Лейтенант Есенгелдин бүгіннен бастап сенің ротаңның пулеметшілер бөлімшесін басқарады. Бір сөзбен айтқанда, сенің қарамағыңа кіреді.

Бандуров: - Құп болады жолдас полковник!

Уралский: - Ендііі...(қол сағатына қарап): - Он бес минут уақытымыз бар. Картаңыз қайда?(Бандуровқа қарап): - Бір пысықтап өтейін.

Бандуров(әскери сумкасынан картаны шығарып): - Мінекейіңіз!

Уралский: - Біздің бірінші мақсатымыз – Насва станциясындағы жау позициясын алып, Казачиха деревнясын, оның сыртындағы Монаково биіктігіндегі жауды ығыстыру және Казачиха батысындағы Новосокольники қаласын жаудан азат ету. Түсінікті ме?

Бандуров: - Түсінікті жолдас полковник!

Уралский: - Ең бірінші автоматшылар бөлімшесі кіреді. Пулеметші бөлімшесі екі қанатта болсын. Ал мерген қыздарымыз сендердің желкелеріңде болады. Олардың мақсаты  - оқ боратып жатқан жаудың атыс ұяларын, пулеметтерін, офицерлерін нысанаға ала отырып, өз ротасын алға жылжыту. Түсіндің бе?

Бандуров: - Түсіндім жолдас полковник!

Уралский(қолын беріп): - Жолдарың болсын батырларым! Сәттілік! Амандықта көріселік!(Уралскийлер шығып кетеді)

Бандуров(ротаға қарап): - Оңға бұрыл! Алға бас!

Әлия(шыдай алмай): - Ержан!

Ержан(күлімсіреп): - Әлия?!(Бандуровқа қарап): - Жолдас командир рұқсат болса?

Бандуров: - Танитын ба едіңіз?

Ержан: - Дәл солай жолдас командир! Әскери мектепте бірге оқығанбыз.

Бандуров: - Рұқсат. (жақындап қалған Әлияға): - Көп кешікпеңдер!

Әлия: - Құп болады, жолдас командир!(ротаны бастап Бандуров кете береді)

Ержан: - Әлия!

Әлия: - Ержан! Сен қалай...

Ержан: - Мені осында сендердің бригадаларыңа жіберді.

Әлия: - Солай ма?(таңданып)

Ержан: - Солай!(Әлияның екі иығынан ұстап): - Бойжетіпсің.

Әлия(арқасынан қағып): - Зіңгіттей командир болыпсың.(екеуі күледі)

Ержан: - Ендеше кеттік.

Әлия: - Кеттік.

Ержан: - Жауды жеңген соң жүздесеміз

Әлия: - Дұрыс айтасың(екеуі шығып, жарық өшеді)

(Арпалыс. Таңғы сағат сегізде жау позицияларына қарай зеңбірек пен «Катюшадан» соққы жіберді. Төмен құлдиылаған совет армиясының самолеттері. Танкілердің гүрілдеген даусы. Әр түрлі қарудан атылған дауыстар. «Уралаған» советтік жауынгерлердің ұрандары.)

Бандуров(қолында пистолеті): - Жолдастар! Алғаааа! Урааа!(ортаға қарай шыға береді. Соңынан Әлия шығып бір тізерлеп винтовкасынан оқ жіберіп тұрады.)

Бандуров(қарсы алдынан шыққан неміс офицерімен арпалыса кетеді): - Құзғын неме!(ақырып): - Сендерге өлім болсын!(арпалыс үстінде неміс офицері Бандуровты қабырға тұсынан пышақпен ұрады.)

Әлия(байқап қалып): - Ит – ай!(атып түсіріп, жараланып қалған Бандуровқа қарай жүгіреді): - Жолдас командир! Жолдас командир!

Бандуров(ентігіп): - Жарайсың Әлия.

Әлия: - Сөйлемеңіз! Мен қазір....(қапшығынан бинт алып, жараланған жеріне баса береді): - Шыдай тұрыңыз! Көмекке келеді қазір!

Бандуров(қолынан ұстап): - Әлия тыңда! Жауынгерлерді шабуылға көтер!

Әлия: - Жолдас командир!

Бандуров: - Бұл бұйрық! Орында! Жауынгерлердің рухы тұспесін.

Әлия: - Құп болады жолдас командир!(жан – жағына қарап, атып тұрады): - Жолдастар! Отан үшін, ел үшін! Алға! Жолдас! Урааа!(Уралаған дауыс ұрандап шығады.): - Урааа!(екі – үш адым жылжи бергенде, тасадан шыққан неміс офицері пистолеттен Алияға қарап оқ атады. Оқ тиеді. Бір сәт толқып өзін атқан неміс офицерін көріп): - Құтылмайсың жауыз!(тістеніп): - Жібермеймін! Өзіммен бірге ала кетемін.(немісті атып түсіріп, сылқ етіп отыра кетеді. Шалқалақтап құлап бара жатады.)

Бандуров(жыламсырап жер бауырлап жылжи алмай): - Әлия! Әлия!

(Сахнаға «уралап» жау соңынан қуып бара жатқан бір топ жауынгер өте береді. Ішінде Ержан. Әлияның құлап бара жатқанын көреді.)

Ержан(шалқасынан жатқан Әлияның басынан сүйеп): - Әлия! Әлия! Бұл мен Ержан! Жарқыным көзіңді аш!(бетінен ұрып): - Әлия!

Әлия: - Ержан сенбісің?!(бетінен әлсіз сипалап)

Ержан: - Мен, мен!

Әлия: - Жау....

Ержан: - Сөйлеме. Қазір, қазір! Медсанбатқа жеткізем.(Әлияны көтеріп артқа бұрыла береді): - Қазір!

Әлия(сыбырлай): - Отаным...!(қолы түсе береді)

Ержан: - Не дейсің...?(қолындағы Әлия соңғы рет демін шығарып, қолы сылқ етіп, шалқайып, шашы жайылып кетеді.): - Әлия! Әлия!(құшақтаған күйі тізерлеп отыра кетеді. Ән кетеді):

Ақ көйлек, қара қамзол-ау, әдемі қыз-ай,

Тиген жоқ әлі ешкімге, әдемі-ау, әлегіміз-ай.

Бірге өскен кішкентайдан құрбы мa едің-ей,

Біз сізден әлі күнге, әдемі-ау, дәмеліміз-ай.

Сәулелі алтын айымсың,

Бақытым сенсің, барымсың.

Дариға мынау жалғанда,

Таңдап бір сүйген жанымсың.

Ақ көйлек, қара камзол белін буған-ей,

Жан едің қатарыңнан, әдемі-ау, дара туған-ай.

Мен сізге ғашықтықтан-ау сөз айтамын-ей,

Аржағын өзің шешіп, әдемі-ау, өзің ойлан-ай.

(Жарық өше береді.)

VII бөлім

(Жарық жанады. Жас қабірдің жанында топ жауынгер. Бастары салбыраңқы. Көздерінде жас. Гвардия полковнигі Уралский сөйлеп тұр.)

Уралский: - Жас жанын шүберекке түйіп, бүгін ғана жанымызда жүрген Әлия енді жоқ. Елің үшін, Отаның үшін қаза таптың, Әлия! Сен сонау кең сахара қазақтың даласында дүниеге келіп, Ленинградта өстің. Екі елдің емшегін тел еміп өстің. Қызымдай болып кетіп едің. Қош, қалқам! Қош, қазақтың мерген қарлығашы! Сен келер ұрпаққа аңыз болып, атың өшпейді. Өшірмейміз! Сенің арманыңды орындап, жауға сен үшін соққы береміз! Серт береміз!(жауынгерлерге қарап): - Жолдастар! Әлия бүкіл майданымыздың маңдайдағы жұлдызы еді, оның ерлік даңқы еді. Бүгін Москвадан хабар алдық. Әлияға Совет Одағының батыры атағы берілетін болды.

Жауынгерлер(айқайлап): - Урааа! Урааа! Урааа!

Уралский(Ержанға қарап): - Лейтенант Есенгелдин! Маған келіңіз!

Ержан(әскери тәртіппен): - Жолдас полковник...

Уралский: - Жақсы.(қасына еріп келген жүргізушісінен винтовканы алып): - Мынау Әлияның винтовкасы. Осы винтовканың жауынгерлік даңқын жалғай түсуді, осы винтовканы бұдан былай да ерлік атқа бөлеп, Германия жеріне дейін жеткізуді гвардияның атынан ефрейтор Молдағұлованың жерлесі Есенгелдинге тапсырамын!

Жауынгерлер: - Ураа! Урааа! Урааа!

Уралский(винтовканың шаңын сүртіп тұрған Ержанға): - Магазинінде атылмаған патрондары бар. Салют бер!(Ержан винтовкадан үш рет оқ атты. Онымен бірге барлық жауынгер оқ атты.)

Уралский: - Сонымен қатар лейтенант Есенелдин бүгіннен бастап атқыштар ротасына командир болып тағайындаласың.

Ержан(әскери тәртіппен): - Құп болады жолдас полковник!

Уралский: - Және есіңізде болсын! Бұл – Әлияның ротасы.

Ержан: - Құп болады жолдас полковник!

Уралский: - Ал баста жолдас лейтенант.

Ержан(бұрылып):  - Рота түзел! Тік тұр!

Старшина Даулетов(саптың шетінен саңқ етіп): - Жолдас лейтенант! Сізге бағынышты атқыштар ротасының құрамы түгел сапта! Совет Одағының батыры Молдағұлова жоқ! Ол Советтік Отанның бостандығы мен азаттығы жолындағы ұрыста қаза болған!

Ержан: - Рота оңға бұрыл! Алға бас!(Ержанмен бірге жауынгерлер шығып кетеді)
Уралский(жауынгерлердің артынан қарап): - Иәә! Жақсының өзі өлсе де, аты өлмейді деген осы. Әлия, сен ерліктің үлгісі болдың. (жүргізушісіне қарап): - Армия Штабына жүреміз, дайындал!

Жүрізуші: - Құп болады!

(Екеуі шығып кетеді. Әуен. Жарық өше береді.)

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған