Адам қарады: 78 | Жарияланды: 2018-04-19 04:38:08

   Ел боламын десең, бесігіңді түзе

 

                                                          

                                                                     Бала тәрбиесі мен мектеп өміріне арналған екі бөлімді драма

 

   Қатысушылар:

Елжан—5 (9) сынып оқушысы

Нұрбай—Елжанның әкесі, беделді қызметкер

Мәрзия—Елжанның анасы, беделді қызметкер

Ерлан—Елжанның ағасы, оқушы

Әділ—Елжанның сыныптас досы

Жантас—Елжанның сыныптасы

Назгүл—Елжанның сыныптасы

Ұлпан—Елжанның сыныптасы

Әйгерім--Елжанның сыныптасы

Мектеп директоры

Азамат—оқытушы

Сәнімкүл--оқытушы

Мектеп инспекторы

 

                                             БІРІНШІ БӨЛІМ

                                                       Бірінші көрініс

Жиһазға бай кең бөлме. Төр жақтағы ашық тұрған есіктен Нұрбай мен Мәрзияның бір-бірімен ұрсысқан айғайы естіледі.

Нұрбайдың дауысы: Жұмыстан шыға алмадым дейсің бе? Сонда қалай? Сен жұмыстан шыға алмады деп мен әбет ішпеуім керек пе?

Мәрзияның дауысы: Жоқ, Нұрбай, мен үйге ертерек қайтпақ болғам, бірақ, жоғары жақтағы бастығым аяқ астынан бір мәлімет сұрап, соған отырып қалдым. Әйтпесе..

Нұрбайдың дауысы: Жетер! Маған мәлімет-сәліметіңнің түкке керегі жоқ. Маған керегі бір шәйнек қайнап тұрған су ғана. Шаршап-шалдығып жұмыстан келгенімде, өз үйімнен бір кесе шай іше алмасам несіне үйім бар деп жүрмін?  Несіне әйелім бар деп жүрмін?

Мәрзияның дауысы: Нұрбай, саған не болды сонша таусылып? Мен де ойнап жүрген жоқпын ғой. Басшылық қызмет болған соң жауапкершілігі де жоғары, жұмысы да көптеу..

 Нұрбайдың дауысы: Жә, жә, жетер. Ары қарай айтпай-ақ қой. Бәрі түсінікті. Сен атқарған қызметті мен де атқарып, сен тапқан ақшаны мен де тауып жүрмін дегенің ғой. Әрине, әрине, оған дауым жоқ. Шынында,  бір шәйнек су қайната салу  бастық атыңа томпақтау екен-ау.  Кімге өкпелейін? Кімді жазғырайын?  Қызыл империя әйелдерді еркектермен теңестіріп кетіп еді, бүгінгі жаңа саясат әйелдерді еркектерден асырып түсуге күш салып жатыр. Енді міне, «Қатын бастық  болып» бір кесе шай ішу де үлкен проблемаға айналып барады.

Мәрзияның дауысы: Т-у-у, Нұрбай, сен не деп кеттің? Жалғыз мен ғана емес, қаншама әйелдер жүр ғой бастық болып. Бұрын да айтып едім ғой, егер мақұл десең, үй қызметшісін..

Нұрбайдың дауысы: Ә-ә, міне, міне, сенің ендігі арман-дертің де сол емес пе? Үй қызметшісін жалдап, шайыңды соған қойдырып, өзің кең кабинетіңде, жұмсақ креслода.. Мүмкін, ана Ерлан, Елжаннан кейін тағы бір қызды өмірге әкеле салуыңа да сол жоғары лауазым, кең кабинет, жұмсақ кресло кедергі келтіріп жүрген шығар? Мүмкін, дәрежең өзге әйелдерден биік болған соң, бала табуға да арланып..

Мәрзияның дауысы: Жетер, Нұрбай, жетер! Шыдамның да шегі бар. Бір шәйнек су қайнамай қалды деп осынша сөз айтқаның қалай? Қызметші жалдап, шай қойдырсақ несі бар? Жұмсақ креслода отырсам, текке отырғаным жоқ, сен тапқан ақшаны мен де тауып жатырмын. Ия, бала таппасам да, ақша тауып жатырмын. Ақшаның артықтық еткен жері бар ма еді? Ал, баланы.. баланы.. Алдымен ана екі баламыздың жайын ойлайық та. Сосын.. сосын сол құрып кеткір бір шәйнек суды өзің-ақ қайната салсаң да құл болып кетпес едің ғой..

    Мектептен оралған Елжан (5 сынып оқушысы) ұрысты естіп, сілейіп тұрып қалады.

Нұрбайдың дауысы: О-о, өте тамаша айттың. Мен тапқан ақшаны сенің де тауып жатқаныңды, тіпті менен де көп тауып жатқаныңды мойындаймын. Ал, әлгі құрып кеткір шайға келсек, ол шайды мен келген бетте-ақ қайната салмақшы болғам, бірақ, құрып кеткір әлгі ток шәйнекті таба алмадым. Іздемеген жерім жоқ. Таба алмадым. Мүмкін, газ бар емес пе дерсің? Ол да жоқ. Қырсыққанда ремонт жүріп жатыр екен.

Ашуланып есіктен бері шыға береді. Соңынан Мәрзия да шығады.

Елжан (жасқаншақтай) Әке, сіз.. сіз ток шәйнекті іздедіңіз бе? Мен.. мен оны.. оны..

Нұрбай: Ия сол құрып кеткір ток шәйнекті.. Тауып алып шай қоя салғанымда, шешең айтқандай құл болып та кетпес едім. Осыншалық ұрыс-керіс те болмас еді. (Елжанға бұрылып) Әлде, ол шәйнектің қайда екенін сен білесің бе?

Елжан: Әке, мен ол шәйнекті.. ол шәйнекті.. көрші үйдегі апаға бердім. Шәйнектері күйіп кеткен екен. Сол кісі сұратқан соң.. Әлия келген соң..

Нұрбай: Әй, сен не деп тұрсың? Көршіге бердім дейсің бе?  Сонда не, біз шайды шелекпен қайнатады деп ойладың ба? Саған оны кім бер деді?

Мәрзия: Ия, оны неге бересің? Көрдің бе, сенің сақылығыңның арқасында әкең екеуміздің қай жерге дейін барғанымызды.

Елжан: Мен.. мен қазір жүгіріп барып алып келемін.(Кете бергенде есіктің қоңырауы қағылады). Мен барып ашамын. (Шығып кетеді де, ток шәйнекті алып келеді). Әлия ғой. Апам үлкен рахмет айтып жатыр дейді. Шәйнегін жөндетіп жатыр екен, соған  шеге бұрағышты сұрайды. Мен оның қайда тұрғанын білем. Қазір әкелемін. (Кете береді).

Нұрбай: Тоқта! Сен өзі бізді көзіңе де ілетін емессің ғой. Жоқ деп айт. Дүниені біреу үшін жиып жатқан жоқпыз ғой.

Мәрзия: Иә, жоқ екен дей сал.

Нұрбай (Мәрзияға) Міне, сен жұмсақ креслода отырғанда, үйде не болып, не қойып жатқанын көрдің бе?

Елжан: Апа, әке, қалай жоқ деп айтамын? Мен оны көрдім ғой. Мектепте бізге: Ешқашан өтірік сөйлемеңдер. «Түймедей өтіріктің түйедей өтірікке айналып кетуі мүмкін» деген..

Нұрбай: Әй, мынау қайсымызға тартып сақы боп кеткен? Жоқ деп айт дедім ғой, саған.

Елжан: Әке, бар нәрсені қалай жоқ деп айтамын? Ол сыныптасым Әлия ғой..

Нұрбай: Мынау қайтеді-ей! Сонда, өтірік айтпаймыз деп дүние-мүлкімізді кім көрінгенге тарата беруіміз керек пе? (Ұялы телефоны шырылдайды. Көріп) Ей, осы біреу де..  (Телефонын столдың үстіне тастай салады.Телефон біраз уақытқа дейін шырылдап барып басылады).

Мәрзия: Жарайды, Әлияға өзім түсіндіріп айтамын. (Шығып кетіп, сәлден соң келеді).

Ойпырмай, әрең қайтардым ғой. Жаңа ғана Елжан бар деп еді ғой-деп кететін емес. Бірі ақжүрек, бірі бетбақ. (Елжанның қолынан шәйнекті жұлып алып, ішкі бөлмеге кіріп кетеді. Соңынан Нұрбай да кетеді).

Елжан (аң-таң, ойлана) Үлкен кісілер де бар нәрсені жоқ деп өтірік айтады екен ғой. (Үй телефоны шырылдайды. Тұтқаны алып) Алло, ия, Нұрбайдың үйі. Әкем бе, әкем бар, үйде. (Осы кезде ішкі үйден асыға шыққан Нұрбай «мені жоқ деп айт» дегендей екі қолын қайшылап ымдайды) Қәзір, тұтқаны әкеме беремін. Әке, сізге. (Тұтқаны береді).

Нұрбай (ашулана тұтқаны жұлып алып құлағына тосады да, өзеурей) Әллө-ө-ө, Әбеке,  бұл сіз бе? Ол не дегеніңіз? Сізді ұмытып маған не көрініпті. Өзім де енді қоңырау шалам ба деп жатыр едім. Телефонымды ма? Неге өшіремін? Ол құрғырды ұмытып кабинетте қалдырып кетіппін. Әбеке, ол не дегеніңіз? Сізден қашып мен қайда барамын. Әрине, Әбеке, міндетті түрде бүгін кешке дейін бітіретін боламын. Бітіремін, Әбеке, бітіремін. Сонан соң сізге.. (Тұтқаны қойып) Тұтқаны қоя салды. Өтірік айтқанымды біліп қойған секілді. Ендігі жайым не болар екен? Қап, кешке дейін ұстатпағанымда, бірдеңе қып құтылып кететін едім. (Елжанға) Ей, сүмелек, саған кім тұтқаны көтер деді? Мені неге бар деп айтасың, а? Тұтқаны көтерген қолыңды сындырып, сумаңдаған тіліңді көмейіңмен қоса жұлып алайын ба, осы. (Қолын көтере Елжанға төнеді).

Айғайды естіп, іштен Мәрзия шығады.

Елжан (жасқана) Әке, мен.. мен дұрыс істемедім бе? Сіз.. сіз барсыз ғой. Сосын мен..

Нұрбай: Өшір үніңді! Әй, миғұла, бір жолға әкем үйде жоқ деп өтірік айта салсаң, тілің кесіліп қалатын ба еді? Әй, тіпті болмаса, өліп қалған деп неге айтпайсың сен оңбаған.

Елжан (таңдана) Әке, сіз.. сіз тірі жүрсіз ғой? Өліп қалды деп қалай өтірік айтамын?

Нұрбай: Қап, мына есалаңды қайтсем екен? (Қолын көтере Елжанға төнеді).

Мәрзия: Қойшы Нұрбай. Ақымақпен  ақымақ болып, жүйкеңді тоздырмай. Жүр, шайымызды ішейік. (Әділге) Ал, сен енді көзге күйік бола бермей, өз бөлмеңе бар.

Асыға-аптыға Ерлан кіреді.

Ерлан (Елжанның алдын кес-кестей) Сен тоқтай тұр. (Нұрбай мен Мәрзияға) Папа, мама, бүгін  менің әбден позорым шықты. Мына сүмелектің кесірінен. Бұл тек  менің ғана емес, сіздердің де позорларыңызды шығарды.

Нұрбай, Мәрзия (қосарлана) Позорымызды шығарды?..

Ерлан: Ия, бұл сүмелек өзінің бір сыныптас баласымен жекпе-жекке шығуға қорқып,

«қоян жүрек, қорқақ» деген ат алыпты. Онымен де қоймай: «Егер әке-шешем үлкен қызметкер болмағанда, мен сенімен төбелесуден қашпас едім»-деп ділмәрсіп, өзінің сүмелектігін сіздерге жаба салыпты. Оның бұлай еткені менің намысыма қатты тиді. Егер, бұл сүмелек осы уақытқа дейін мен секілді спортпен мықтап шұғылданғанда, өзі де, біз де мұндай масқара болмас едік.

Мәрзия: Мен шынымды айтсам, осы баланы алғаш рет апарғанда болмаса, одан бері  мектебіне бір рет те бас сұқпаппын. Сондықтан, мектеп пен оқушылар туралы көп нәрсе біле бермеймін. Бірақ, біреудің басын жарып, көзін шығарып сотқар атанғанша, қорқақ атанып-ақ тыныш жүргені жақсы емес пе?

Нұрбай (Мәрзияға) Әй, сен ненің жақсы, ненің жаман екенін қайдан білейін деп едің. Еркектердің ісін еркектерге қалдыр да, өз шаруаңды біл. Бұл ездің мына масқара тірлігіне Ерлан түгіл мен де намыстанып тұрмын. Ерлан дұрыс айтады. Мұны тезірек бір спорт секциясына беру керек.

Мәрзия ренжіп ішкі бөлмеге кіріп кетеді.

Елжан: Әке, мен онсыз да бокс секциясына..

Нұрбай (мән бермей, сөзін бөле) Өшір үніңді. Қатысасың. (Ерланға) Ал, сен мұны өзің қалаған бір спорт секциясына ертеңнен қалдырмай жаздырып, жүріс-тұрысын бақылайтын бол. Сен сияқты батыл, жігерлі, шыншыл болса, жаман болмас.

Ерлан: Жарайды, папа, ертеңнен қалдырмай өзім қатысып жүрген күрес секциясына жаздырамын. Бірақ..  мұның тағы бір бүлдіргенін айтсам, сіз қатты ашулана ма деп..

Нұрбай: Ол не тағы? Тағы не бүлдіріпті, бұл есуас? Айт, жасырмай.

Ерлан: Айтқанда.. не ғой.. Бұл сүмелек әлгі баламен жекпе-жекке шығудан қорыққанымен, мынау көршіміз Әлияға бола бір баланың мұрнын бұзып, балшыққа батырып кетіпті.

Нұрбай (сенбегендей) А-а, мынау ма? Бұл сүмелектен таяқ жеп жүрген ол қай сүмелек?

Ерлан: Әке, ол.. (Қалта телефоны шырылдайды) Мен қазір.. (Асыға  шығып кетеді).

     Нұрбай (көңілдене Елжанға жақындап) Сөйтіп, мұрнын бұзып, балшыққа батырып кеттім де. Міне, міне. Менің балам осындай болса керек қой. Мен де сендей кезімде ешкімге есемді

жібермеуші ем. Ал, сонымен оның мұрнын қалай бұздың? Соны айтшы.

     Ержан: Папа, енді бірінші өзі ғой.. Әлия мен барлық  қыздардың  көзінше бойы бір қарыс болып д-шы сабағында алдыма тұрып алыпты. Сен енді менің орынбасарымсың. Ал, орынбасар деген бастығынан кейін тұрады,--дейді. Сосын мен.. мен..

    Нұрбай: Қарай гөр өзін. Мына сенің алдына тұрып алды ма? Орынбасарым дейді еще. Ал, сен ше? Ол сүмелекті алдыңа тұрғызып қой-е-е-п сүмірей-е-е-п..

    Елжан: Неғып сүмірейеді екем. Бойым одан ұзын ба, ұзын. Бұрын бірінші боп тұрып келдім бе, тұрып келдім. Құйрығынан бір теуіп, етбетінен түсірдім де, бірінші болып тұрып алдым.

    Нұрбай: Бір теуіп дейсің бе? Ха-ха-ха.. Молодец, балам. Мен де оқушы кезімде ешкімді алдыма тұрғызған емеспін. Жарайды, сонымен ол бала сол етбетінен түскен күйі..

    Елжан: Жоқ, папа. Сабақтан қайтып келе жатсам, тағы да алдымнан шығып: - Бұдан былай Әлиядан  он километр алыс жүретін бол. Мен оны сүйем-деп, талтай-е-е-п тұр. Сосын мен..

    Нұрбай: Ха-ха-ха! Алыс жүр дей ме? (Кілт тоқтап) Ал, сен ше? Алыс жүр дегенге..

    Елжан: Неге алыс жүреді екем? Алыс жүрсең, өзің алыс жүр  дедім де,  иектің астынан періп жібердім. Сальто жаса-а-а-п барып жолдың бойындағы балшыққа былш ете түсті.

     Нұрбай: Ха-ха-ха! (Ішін басып күліп) Сальто жаса-а-а-п барып былш ете түсті  дейсің бе? Ой, не могу.. Әй, айтпақшы, ол.. ол байғұс бала қай байғұстың баласы? Мен танимын ба?

    Осы кезде Ержан келеді.

Ержан: Танисыз әке. Ол байғұс бала сіздің  жаңа бастығыңыз Әкімбек ағайдың баласы. Бүкіл мектеп шулап жатыр. Папа, сосын, бұл балаңыздың сабақ үлгерімі де өте төмен екен.

Анау апайы да, мынау апайы да..

Нұрбай (шошып) Не дейсің? Менің бастығым Әкімбек пе? (Елжанға) Әй, сол ма деймін? Айтпақшы, ол балшықта.. Қап, тұншығып өліп қалмаса жарар еді. (Кетпек болады).

Елжан: Жоқ, ол өлген жоқ. Үсті басы сатпақ-сатпақ боп, папама айтам деп жылап кеткен.

Нұрбай (өзімен-өзі) Құдай-ау, не боп кетті, өзі. Жаңа ғана сол Әбекең өтірігімді біліп қойып, телефонмен сойып салып еді, енді, мынадан кейін шәңгекке іліп қойып ірейтін шығар. (Елжанға) Ей, сүмелек, сұмдық күшің тасып бара жатса, әлгі өзіңмен жекпе-жекке шыққан баланың мұрнын неге бет қылмайсың? Әбекеңнің жалғызынд нең бар?

Елжан: Әке, енді одан бойым ұзынына ұзын ғой..

Нұрбай: Ә, күйдіргі, күйдіргі. Бойым ұзын дейді ғой. Сенің бар ақылың сол бойыңа шығып кеткен. Ал, мына қауағыңда түк те жоқ. Пустой. (Елжанды төбесінен нұқып қалады). Әй, сүмелек, тізеңді бүксең де екінші болып тұрсаң бірдеңең кететін бе еді-ей. (Елжанның аяғын теуіп қалады. Ол қиралаң етіп тізерлеп отырып қалады). Міне, осылай. Әлия, Әлия дейді. Қыз сенің не теңің-ей, мұрныңның боғын сүрте алмай жүріп. (Елжанды төбесінен нұқып жібереді). Әй, есерсоқ, сен өзі білесің бе, кімнің баласын соққыға жыққаныңды? Әй, білесің бе деймін саған? (Елжанды бір қолымен жағасынан бүре ұстап,  тұрғызып алып, екінші қолымен жағынан тартып-тартып жібереді). Әй, саған айтам. Білесің бе деймін? (Тағы да жағынан тартып-тартып жібереді).

Мәрзия  шығады.

Мәрзия: Нұрбай, саған не болды? Осынша ашуланғаның не? (Елжанды қалқалап)  Сен тағы нені бүлдірдің? Бар бөлмеңе.

Елжан өкіре жылап шығып кетеді.

Нұрбай (Елжанның соңынан айғайлап) Жыла, жыла. Мені ақыры өлтіріп тыныпсың ғой. (Жүрегін ұстап) Ух, жүрегім-ай! Шынымен-ақ.. шынымен-ақ бәрі көрген түстей өте шыққаны ма? Шынымен-ақ.. шынымен-ақ қызметімнен, кресломнан  айрылғаным ба? Әбекең.. Әбекең.. (Кемсеңдеп  кете береді).

Мәрзия: Нұрбай, шайды қайнатып, дастархан жасап қойдым ғой. Қайда асықтың?

Нұрбай (кекете) Рахмет, сүйіктім. Сен қайнатқан шайға әбден қанып, балаң пісірген тамаққа да әбден тойдым. (Жүре беріп) Айтпақшы, ол қайнатқан суыңа тиіспе. Мүмкін, кешке менің мәйітімді жууға жылы су керек болып қалар. (Шығып кетеді).

Мәрзия (түсінбей) Құдай-ау, әкелерің не деп кетті? Мәйіті несі? (Сағатына қарап) Ойбу, ызу-ғызу боп жүріп, жұмыстан кешігіп қалыппын ғой. Жарайды, мен жұмысқа кеттім. Мәселенің анық-қанығын кешке келген соң білерміз. (Ерланға) Ал, сен ана ініңе бас-көз бол. Сабағын, тәртібін қадағала. (Сөмкесін алып, асыға шығып кетеді).        

Ерлан (масаттана) Ех-х! Мықтысың, Ерлан! Өзіңнің кім екеніңді тағы бір көрсетіп қалдың.

Ырза болған кейіпте шаттана секіріп түсіп кете бергенде, есік қоңырауы қағылады. Ерлан шығып кетіп, қолында папкасы  бар Азамат екеуі кіреді.

Азамат (жан-жағына қарап) Ата-анаң жұмысқа кетіп алған ба? Қап! Ол кісілерге жолыққанымда жақсы болатын еді. Мен қазір Елжанның сынып жетекшісінің орнында уақытша жүрмін. Бүгін ата-аналар жиналысын өткізген едік. Барлық ата-аналар келді деуге болады. Ал, Елжанға ешкім келмеді. Білем, әкең мен анаңның жұмыстан қолы босай бермейді. Тым болмаса, сен-ақ қатыса салуыңа болатын еді ғой. Жарайды, мен мұнда сол жиналыста ата-анасының алдында Елжанға салтанатты түрде тапсырылуға тиіс болған біраз мақтау қағаздарын алып келдім. (Папкадан бір парақты алып) Мынау Елжанның бесінші сыныпты үздік бітіргені туралы мақтау қағазы. (Екіншісін алып) Ал, мынау, облыстық пән байқауында бірінші орынды иемденгенін айғақтайтын құжат. (Тағы алып) Ал, мынау, бокстан жасөспірімдер арасында өткен Республикалық жарыста екінші орын алғаны үшін берілген мақтау қағазы. Жалпы, Елжан сыныбының ғана емес, мектебіміздің мақтанышы. Өте тәртіпті әрі оқу озаты. Пәндік жарыстарда облыстан көрініп жүрген дарынды оқушы. Мектебіміздің атын Республикаға дейін шығарып жүрген мықты спортшы. Үйде үлкен кісілер жоқ екен. Бұл қағаздарды саған қалдырып кетейін. Әке-шешең жұмыстан келген соң оларға міндетті түрде көрсететін бол. Жарай ма? Ұмытып кетіп жүрме.(Қағаздарды пакетке салып, Ерланға береді).

Ерлан: Әрине, ағай, әрине. Міндетті түрде көрсетемін. Ұмытпаймын. (Пакетті алады).

Азамат: Жақсы, Ерлан. Мен саған сендім. (Шығып кетеді).

Ерлан (қолындағы пакетке қызғанышпен қарап) Оқу озаты! Облыстан көрініп жүрген өте дарынды оқушы! Бокстан, анау-мынау емес, бокстан Республикада 2-орын алған мықты спортшы! Бұл қалай? Балаларымыз оқып жатыр-ау деп осы уақытқа дейін мектепке бір рет бас сұқпаған папам, мамам мақұл, білмей-ақ қойсын, бұл туралы, інім туралы жанында жүріп мен қалай ештеңе білмегем? Мынау.. мынау сұмдық қой! Бұл туралы, Елжанның озат оқушы, мықты спортшы екенін папам, мамам білсе, менің.. мына менің хәлім не болмақ? Күнделігіме өзім баға қойып, озат оқушы атанып жүргенімді, күрес секциясына қатысам деп алдап жүргенімді, (күйіне) тіпті, сыныптағы ұлдардың ішіндегі ең жасық, жігерсізі екенімді, өздерінің  қызмет-беделі мен ақшаның арқасында ғана қалт-құлт етіп жүргенімді біліп қойса күнім не болмақ? (Ойлана) Ақша демекші, ал егер папам, мамам ақша бермей қойса ше? Сұраған ақшасын тауып бермесем, ана оңбаған озбырлар мені тағы да тепкінің астына алады ғой. Оны қойшы, жемей жүрген таяғым ба еді, ал, барлық шындықты папам мен мамама айтып қойса ше? Менің де есірткі қабылдап, өздерінен алған ақшаның бәрін соған жұмсап жүргенімді жайып салса ше?(Үрейлене) Жо, жоқ, олай болмау керек. Мен бұған  жол бермеймін. Папам да, мамам да, тіпті Елжанның өзі де бұл жайлы ешнәрсе білмеу керек. (Пакеттегі қағаздарды алып, жырта бастайды). Ия, Елжан туралы да ешкім ешнәрсе білмеу керек. (Жыртылған қағаздарды пакетке салып) Сонда ғана бәрі дұрыс болады. (Қалта  телефоны шырылдайды. Қолы дірілдей телефонды алып) Алло, Макс?! (Тез өзгеріп, тәкәппарлана) Өй, бұл сен бе едің? Мен саған айтып едім ғой, телефон соғушы болма деп. Немене? Жаңа тауар келді дейсің бе? Өте сапалы? Онда несін мыжып тұрсың. Бар да ақшаң жеткенше ал. Сосын.. сосын мұны әзір Макске айтпай қоя тұр. Оған өзім сюрприз жасаймын. Бағасы жоғарырақ екен дейсің бе? Хорошо, ақшаны да ала барамын. Ұмытпаймын. (Тәкәппар қимылмен телефонын өшіргені сол, қайтадан шырылдай жөнеледі. Ашулана құлағына тосып) Ей, сүмелек, мен саған айттым ғой. Ақшаны өзім алып барамын деп.. (Бірден өзгеріп, жуасып) Ма.. ма.. Макс.. Бұл сен бе? Ме.. ме.. мен сен екеніңді байқамай қалдым. Кешір. (Қорқып, қолындағы пакет жерге түсіп кетеді) А-а-а-ақша дейсің бе? Өте сапалы тауар дейсің бе? Ма.. ма..  Макс, анау не ғой.. Папам, мамам бүгін әбетке келмеді. Әрине, әрине, бұл сылтау емес екенін білем ғой. Жоқ, жоқ, Макс. Сені алдап өле алмай жүрмін бе. Ия, ия, қазір жолшыбай папамның кеңсесіне соғып, айтқан ақшаңды қалай да апарып беремін. Міне, шықтым. (Аяғы әр жерден тиіп  шығып кетеді де, сәлден соң қайтып келіп пакетті алып кетеді).

Өз бөлмесінен Елжан шығады.

Елжан (жан-жағына қарап) Ешкім жоқ қой. Бәрі қайда кеткен? (Шығып кетіп, тез қайтып келеді) Ерлан ағам да жоқ. Күресіне кеткен шығар? (Ойлана) Ерлан менің үлгерімімді төмен деп неге өтірік айтты екен? Біраздан бері бокске қатысатынымды, Республикалық сайыста 2-орын алғанымды да ешқайсысы білмейтін секілді. (Телефон тұрған столға жақындай бергенде, телефон шар ете қалады. Қатты шошып кеткен Елжан екі қолымен төбесін басып, отыра қалады. Сәлден соң сүйретіле тұрып, дір-дір етіп телефонға қолын соза беріп, қайта тартып алады. Осылай тағы қайталайды.  Сәлден кейін қатуланып) Жоқ, Ерлан ағам дұрыс айтады. Аяқ астынан әдепті бола қалмай-ақ, ол баланы тәубесіне келтіруім керек еді. Бірақ, әлі де кеш емес. Ертең ол баланы жекпе-жекке шақырып, көкесін танытамын. Мен әлі-ақ сыныптың ғана емес, мектептің де атаманы боламын. (Телефон тағы шырылдайды) Жоқ, енді сен де мені қорқыта алмайсың. (Қос жұдырығын түйіп, бокстың қорғаныс тәсілін жасап тұрады да, шырылдап тұрған телефонды төбесінен қойып қалады. Телефонның үні кілт өшеді) Міне, осылай! Енді мені телефон түгіл ешбір адам  да қорқыта алмайды. (Бокстың түрлі әдістерін жасап, шығып кетеді).

Сахна бірден қараңғыланып, арада біраз жылдар (4 жыл) өткенін білдіретіндей ерекше бір музыка ойнап тұрады. Жарық жанған кезде бұрынғы кішкентай, момын Елжанның шыққан жағынан киім киісі, түр-келбеті бұзық балаларға ұқсайтын ересек Елжан (9 сынып оқушысы) қалта телефонын құлағына тосып, тәкәппар, жағымсыз қимылмен талтаңдап шығады.

Елжан (ашулана) Ей, сен не? Бұл сөзді мына маған, Элге айтып тұрсың ба? Бұл мәселені кейінге қалдырмай дәл бүгін түнде  шешеміз. Сантамен сөйлестім. Жекпе-жекке келісер емес. Барған соң тағы бір айтып көремін. Келіспесе, Сантаны өзім реттеймін. Мен бұйрық бермей, біреуің де оқыс қимылға барушы болмаңдар. Бұл мәселе базарсыз жекпе-жекпен аяқталса, біздің ұтқанымыз. Жоспар дейсің бе? Қазір өзім де барамын. Күтіңдер. (Асыға шығып кетеді).

                                                     

                                                                Екінші көрініс

Қараңғы түн. Айдала. Екі жақтан топ-топ болып даудырасып шыққан ұл балалар бір-біріне жақын келіп тұрады да, Елжан мен Санта ортаға шығады. Болар-болмас жарықтан бәрінің тек қараңдаған сұлбалары ғана көрінеді.

Елжан: Санта, бағана телефонмен де айттым ғой. Тағы да айтам. Бұл мәселені көпті араластырмай, екеуміз-ақ шешейік. Менің жігіттерім бұған келіседі.   

Санта: Мен де сонда жауабын айттым ғой деймін, Эл. Мен де, менің жігіттерім де бұған келіспейді. Бәрін де сол бұрынғыша шешеміз. Шекісуден қорқамын десең, оныңды айт. Әйтпесе, бір-бірімізді әдемі сөзбен ерітпей, тезірек мәселені шешіп алайық.

Елжан: Санта, әлі де ойлан. Жұдырықпен емес, ақылмен шешейік. Әйтпесе, менің ешкімнен қорқа қоймайтынымды өзің де білесің ғой.

Санта: Иә, білемін. Сол үшін де сенімен жекпе-жек шығуға келісе алмаймын. Одан да таң атып қалмай тұрып, тезірек өз жұмысымызға кірісейік.

Елжан: Солай ма? Жарайды. (Ойлана) Онда былай етейік. Жаппай төбелесте сен жақ жеңсе, сенің айтқаныңның бәрін де орындаймын. Мен жақ жеңсе, ашуым тарқағанша сенмен жақсылап тұрып есеп айырысам. Келістік пе?

Санта (мысқылдай) Эл, сен сөзбен қоқыта бермей, қорқақ емес екеніңді күшіңмен

көрсетшеңші алдымен. «Ұрыста тұрыс жоқ» Одан да тезірек іске кірісейік. (Топқа қарап)

Кәне, жігіттер. Бүгін бір еркін көсілейік.

Елжан: Амал қанша. Біз де қарап қала алмаспыз. (Топқа қарап) Қәне, достар, бір кісідей қимылдап, жеңіске жетейік. Тек, бағанағы айтқанымды естен шығарушы болмаңдар.

Екі жақтың балалары демде  ұстасып, төбелесіп, бір-бірімен араласып кетеді. Айғай-шу, кіжіну, «мен қазір сені сындырамын»,«қараңғыда сүйегіңді таба алмай қаласың», «базарға келіп нең бар еді?» деген сияқты сөздер.

Бірін-бірі аямай төмпештеп, ұрып-соғып жатыр.

Бірін-бірі аямай тепкілеп жатыр. Біреуге екі-үшеуі жабылып жатыр.

Бірін-бірі аямай қылқындырып жатыр.

Бірі бас сауғалап, қашып, бірі соңынан қуып бара жатыр. Әйтеуір ана жерде де, мына жерде де кәдімгі қырғын төбелес болып жатыр.

Қарсыластарын қуып жүріп сабаған  Елжан Сантаны көріп қалады да, қаша бергенде шалып құлатады. Сәлден кейін екі жақтың балалары да жинала бастайды.

Елжан (Сантаға төне түсіп) Санта, мен саған басында-ақ айтқан жоқпын ба, екеуміз ғана шешейік деп. Бәрібір соңғы нүктені сен екеуміз қоятын болдық қой. Ал, енді не істейміз?

Санта (жасқана) Елжан, мойындаймын. Біз жеңілдік. Енді ешнәрсе істеудің де  керегі жоқ.

Елжан: Жоқ, Санта, керек. Бұдан бұрын басқаша шешуге болатын еді.. Ал, енді керек. Кәні, орныңнан тұр.

Санта (жасқаншақтай орнынан тұра беріп) Елжан, кешір. Сенің қатты ашулы екеніңді білемін. Бірақ.. бірақ  главарлар болып келісімге келуімізге болады ғой.

Елжан: Әрине болады, Санта. Неге болмасын. (Жанынан өте беріп, Сантаны иектің астынан ұрып жібереді. Санта шалқасынан серейіп түседі). Санта, орныңнан тұр. Бұл не жатыс? (Сантаның бетінен шапалақтай бастайды).

Санта (есін жиып, қаңғалақтап орнынан тұра береді) Маған не болды?

Елжан: Ешнәрсе болған жоқ, Санта. Бірақ, енді болады. (Сантаны ішінен түйіп жіберіп, бүгіліп қалғанда қос қолымен желкесінен ұрады. Жер сүзе құлаған оны тепкілей береді).

Әділ: Елжан, жетер енді. (Елжанды қаусыра құшақтап, ажыратпақ болады).

Елжан: Әділ, мені ұстама. Мен оған өзімнің қорқақ емес екенімді көрсетейін. (Әділге бой бермей, құшағынан шығып кетіп, Сантаны тағы тепкілей бастайды).

Әділ: Жарайды, Елжан, білгеніңді істе. Бұған дейін бұзақы Елжан атанып келіп едің, енді адам өлтірген қанішер Елжан деген атқа ие бол. Ал, мен кеттім. (Кете береді).

Елжан (тез өзіне келіп, кейін шегіне береді). Әділ, досым, сен не дедің? Адам өлтірген Елжан дедің бе? Ол.. ол.. оның өзі ғой. Мен.. мен.. менің қандай кінәм бар?

Әділ: Рас, Елжан, кінәлі сен емес, Сантаның өзі. Бұдан кейін өзі де кінәсін түсінетін шығар. Кеттік, Елжан. (Елжанды иығынан құшақтай, топтан шыға береді).

Сәлден соң біраз балалар бұлардың соңынан еріп, қалған балалар Сантаны тұрғызып, сүйемелдеп сахнадан алып шығып кетеді.

                                           

                                                  Үшінші көрініс

Мектеп директорының кабинеті. Директор столға шұқшиып, әлдене жазып отыр. Есік қағылып, Азамат кіреді.

Азамат: Ұрықсат па екен? Шақырған екенсіз..

Директор: Кел, кел, Азамат. Мұнда, жақынырақ отыр. (Азамат отырады). Не себепті шақырғанымды өзің де сезіп отырған шығарсың. Директор болып келгенім кеше ғана, бірақ, әлгі 9 а сыныбының оқушысы Нұрбайұлы деген, аты Елжан ба еді, мені шаршата бастады. Жеке құжаттарын қарап отырсам, 5 сыныпты бітіргенге дейін одан озат, одан тәртіпті, одан дарынды оқушы болмапты. Тіпті, бокстан Республикалық жүлдегер де атаныпты. Ал, 6 сыныпқа қалай көшкен, солай бірден өзгеріп шыға келіпті. Сабақ та, спорт та, тәртіп те жайына қалып, тоңмойын, бұзық оқушыға айналған. Мұнда қалай келдім, содан бері: «Нұрбайұлы үйтіп қойды». «Нұрбайұлы бүйтіп қойды». «Елжан ұрып кетті». «Елжан соғып кетті» деген жағымсыз сөздерді ғана естумен келемін. Өткендегісі анау. Көрші мектептің бір баласын аямай сабап, өлтіріп қоя жаздағаны. Қайта өз әкесі дер кезінде араласып, «Арба да сынбай, өгіз де өлмей» іс ың-шыңсыз аяқталып, «Жабулы қазан жабулы күйінде қалды». Енді міне, «Жығылғанға жұдырық», Сәнімкүл Сәлімқызы да ол сыныптың жетекшілігінен бас тартып отыр. Төрт-бес жыл бойы Нұрбайұлы секілді қиын оқушымен алысу.. Қайта осы уақытқа дейін төзіп келіпті. Соған.. ары ойланып, бері ойланып, 9а сыныбына жетекші етіп сені жіберсем бе деп отырмын.

Азамат (селт етіп) Қалай дедіңіз? 9а сыныбына? Ол сынып.. ол сынып..

Директор: Ия, дәл сол сынып. Білемін, ол сыныпта «қиын оқушы» Нұрбайұлы оқиды. Бірақ, сенен басқа лайықты ешкімді көрмей отырмын. Бүкіл мектеп ұжымы да сенің болғаныңды қалап отыр. Қабырғаңмен кеңесіп көр. Жоқ, шамам келмейді, бас тартам десең..

Азамат: Ол не дегеніңіз? Мен.. мен келісемін. Нұрбайұлы  былайша жаман бала емес. Ойы да, ақылы да бір басына жетіп артылады, бірақ, бәрін қырсығып, әдейі істейтін секілді. Мен ол сыныпқа баруға келісемін. Тек, сізге бір өтінішім бар.

Директор (қуана) Келісемін дейсің бе? Міне, нағыз педагог осындай болса керек! Өтінішім бар дейсің бе? Ол қандай өтініш?

Азамат: Елжанды осында шақырып, онымен біраз сөйлессеңіз деп едім. Мен де сөйлесейін.

Директор: Ым.. м.. Ол қалай болар екен? Мені көрген соң  қырсығып..

Азамат: Жоқ. Олай болмайтынына мен кепіл. Елжан сізді өте қатты сыйлайды.

Директор: Солай дейсің бе? Олай болса, шақырайын. (Телефон тұтқасын көтеріп) Маған 9а-дағы Нұрбайұлы Елжанды шақырып жіберші. (Тұтқаны орнына қояды).

Директор мен Азамат қызу әңгімеге кірісіп, әлденені талқылап жатыр. Олар бізге анық көрінгенмен, дауыстары естілмейді. Сәлден кейін сахна алдына Елжан шығып, үсті-басын, шашын ретке келтіріп, енді жүре бергенде, қарсы жақтан Сәнімкүл мен Жантас шығады.  Елжан жалма-жан жеңін түрініп, түймелерін ағытып, шашын қобыратып, ұнамсыз кейіпке еніп, талтайып тұра қалады. Сәнімкүл мен Жантас жанынан қорқақтап өте береді.

Елжан (ысқырып) Ей, сен бері кел.

Сәнімкүл, Жантас (екеуі де селк етіп, жалт қарап) Мен бе?

Елжан: Сәнімкүл апайды шақырып, үйдегілерден бәлеге қалар жайым жоқ. Ал, Жантик, сені біраз төмпештеп, ашуымды басқым келіп тұр. Тез менің алдыма кел.

Жантас: Мен.. мен.. (Сәнімкүлге жалтақтай, жасқана басып, Елжанға жақындайды).

Елжан: Сен кел дегенде неге тез келмейсің, а? (Жантастың жағасынан ұстай алады).

Сәнімкүл (үрейлене) Әй, Елжан, Елжан, сен не істеп жатырсың? Қап! Мына баланы-ай, ә. Өлтіретін болды-ау, ә. (Тез бұрылып, директордың кабинетіне кіріп кетеді).

Оның қолын сермеп, болған жайды директорға айтып жатқаны бізге  көрініп тұрады.

Елжан (қолын босатып, Жантастың жағасын түзеп) Жантас, ренжіме. Сәнімкүл апайды көрген соң, осылай істеуіме тура келді. Енді бара бер.

Жантас «рас айта ма» дегендей аң-таң болып тұрады да, зыта жөнеледі. Осы кезде директор кабинетінен атып шығады.

Директор (Елжанды көріп) Ә-ә, Елжан, келдің бе? (Жантасты іздеп, үрейлене) Жантас қайда? Ол сенің жаныңда тұр деп еді..

Елжан: Ағай, ол көйлегінің  түймелерін салмаған екен, әшейін соны салып бердім.

Директор: Жарайды, оны кейін сөйлесерміз. Кәне, кабинетке кір. Сені тосып отырмыз. (Кабинетке кіріп, орнына отырады.)

Елжан (кабинетке талтаңдай кіріп, Сәнімкүлге қарап тұрып) Сонымен тағы да менің тағдырымды өзгерту үшін жиналдыңыздар ма? Ал, онда тезірек кірісіңіздер. Бірақ, босқа әуре боласыздар ма деп қорқамын. Өздеріңіз ойлаңыздаршы. Мен не үшін өзгеруім керек? Әкем де, шешем де жоғары лауазымды қызметкерлер. Мектеп директорлары түгіл, одан үлкендерінің өзі алдарында құрдай жорғалайды. Әсіресе, әкем өзіне жақпаған адамды аямайды. Маған ерегісіп, көрші тұратын сыныптасым Әлияның үйін бір түнде басқа ауылға көшіріп жіберді. Сондай мықты, қаһарлы әкенің баласы бола тұра мен неге қалағанымды істеп, шалқып-тасып жүрмеймін? Сабақ оқып несіне бас қатырамын? Тіпті, олар менің мектеп бітірген аттестатымның дұрыс болуын да ойластырып, кейбір мұғалімдерге ауыз бастырық беріп, келісім жүргізуде. Менің айтып тұрғанымның бәрі де рас. Маған сенбесеңіздер, анамның жан досы Сәнімкүл апайдан сұрауларыңызға болады. Ал, енді тағдырымды өзгертуге кірісе беріңіздер. (Талтаңдай басып келіп, диванда отырған Сәнімкүлдің бір иығын баса, шалқалай отыра кетеді).

Сәнімкүл: Ойбу, мен сабағымды ұмытып кетіппін ғой.  (Асыға шыға жөнеледі).

Елжан (орнынын тұрып, тез-тез көйлегін түймелеп, жеңін түсіріп, шашын ретке келтіріп) Мені кешіріңіздер. Сәнімкүл апайды көрген соң осылай ерсі қылық көрсетуіме тура келді. Ал, сіз екеуіңізді өте құрметтеймін. Сондықтан, алдарыңызда басымды иіп, тағы да кешірім сұраймын. Шақырған екенсіздер, міне, алдарыңызға келіп тұрмын.

Директор: Ия, Елжан, Азамат ағайың екеуміз өзіңмен жүзбе-жүз отырып сөйлессек деп едік. Кел, мында отыр. (Азаматтың қарсы алдындағы орындықты нұсқайды. Елжан отырады). Өзің білесің, менің мұнда келгеніме де тым көп уақыт болған жоқ. Бар болғаны.. бар болғаны.. (Күнтізбені парақтай бастайды).

Елжан: Сөзіңізді бөлгеніме кешіріңіз, ағай. Сіздің біздің мектепке директор болып келгеніңізге бүгін бір ай, жиырма тоғыз күн болды.

Директор (алдындағы күнтізбеге қарап) Дұрыс айтасың. Бір ай, жиырма тоғыз күн болыпты. Елжан, сен мен туралы жақсы білетін секілдісің. Ал, мен сен туралы әлі көп нәрсе білмеймін. Шынымды айтсам, осында келгелі сен туралы тек қана: «Нұрбайұлы үйтіп қойды». «Нұрбайұлы бүйтіп қойды». «Елжан ұрып кетті». «Елжан соғып кетті» деген жағымсыз сөздерді ғана естумен келемін. Саған қатты ренжіген кездерім де болды. Бірақ, ашуымды ақылға жеңдіріп, «шара қолдануға асықпайын, әлі де бақылап, зерттей түсейін» деген ойға келдім. Сені шақырған себебім, Азамат ағайың екеуміз өзіңмен ашық сөйлесіп, ой-пікірімізді бөліссек деп едік. Бірақ, жаңағы Сәнімкүл апайыңның алдында көрсеткен қылықтарыңнан кейін, олай етудің қажеті жоқ-ау деген ойға келіп отырмын.

Елжан (басын қасып) Ағай, кешіріңіз. Артықтау кеткенімді мойындаймын. Бірақ, бірақ,  сіздердің айтқандарыңыз менің мінезімді өзгертуі де мүмкін ғой..

Директор: Өзгертуі де мүмкін дейсің бе? (Ойланып)Жарайды, олай болса саған оқушы кезімдегі басымнан өткен бір оқиғаны айтып берейін. Дәл сендей кезімде мен де өз сыныбымдағы, тіпті мектептегі барлық ұлдарға билік жүргіздім. Өзің де білесің, бірде керісіп, бірде келісіп, күндер өтіп жатты. Сыныбымызда кілең ауқатты жанұялардың балалары оқыған соң ба, күнкөрістері төмендеу Талғат деген бала мен Нұргүл деген қыз көзімізге тым жұпыны әрі қораш көрінетін. Ол екеуі бір-бірімен көрші тұратын әрі екеуінің де әкесі жоқ болатын. Ессіздік қой, бір көзінің аздап кінәраты бар Нұргүлді «ақи» деп, ал, Талғатты «тілемсек» деп кемісететінбіз. Өйткені, Нұргүлге ылғи да болысып жүретін ол ақша десе, бәріне көнетін намыссыз еді. 9 сыныптың соңына таман Нұргүлдің екінші көзі де көрмей қалып, сабаққа келуін тоқтатты. Ал, Талғат болса, бұрынғыдан да тілемсек болып кетті. Ақша берем десең, табаныңды жалауға дейін баратын еді. Ол ол ма, көктем-жазда күн-түн демей жер аударып, кесек құйып, қыста қар күреп, ақша табатын. Сонша ақша тауып жатса да, тілемсектігін қоймайтын. Оның сол тілемсектігін пайдаланып, бізді қойшы, төменгі сыныптағы қалтасы қалың оқушылар да  ақша беріп, айтқандарын орындататын. Өздерінен әлдеқайда ересек оқушының құйрығынан теуіп мәз болатын. Бірақ, Талғат оған да намыстанып, ашуланып жатпайтын, қайта ақша тапқанына қуанғандай, жүзі жайнап тұратын. Бір рет сынап көрмекші болып, бәске қомақты ақша тіккенімізде, ол күрестен мектебіміздің атын Республикаға дейін шығарып жүрген жоғарғы сыныптың оқушысын  жеңіп қойды. Тағы бір бәсте, бірде-біріміз секіре алмаған биіктіктен оп-оңай секіріп кетті. Тағы бір қомақты бәс тікенімізде, ешқайсымыздың миымыз жетпеген есеп пен формуланы демде шығарып берді. Жаңа оқу жылында Нұргүл сабаққа келді. Жазғы демалыс кезінде көзіне ота жасатыпты. Екі көзі танадай жарқырап, тіптен көріктеніп кетіпті. Бірақ, жүзі өте сынық еді. Есесіне, оның көршісі Талғат сабаққа келмей қалды. Бірде Нұргүл қараптан-қарап жағымнан тартып-тартып жіберді. Ұлдан жемеген таяқты қыздан жегеніме арланып, қолымды көтерсем де, оның өткір де әдемі жанарынан тайсақтап, бүгежектей бердім. Барлық жайды жылап тұрып, Нұргүлдің өзі айтып берді. Сөйтсек, біз секілді ойсыздардың келеке-мазағына төзіп тапқан тиын-тебенін де, қыс-жаз, күн-түн демей жұмыс істеп тапқан ақшасын да Талғат сыныптас досы-Нұргүлдің көзіне ота жасату үшін жұмсапты. Ал, өзі сол ауыр бейнеттен аяқ-қолы қимылсыз қалып, ауруханаға түсіпті. Бұл жайды естігенде, алғаш рет өз істеген істеріме қатты өкіндім. Алғаш рет өзімнен-өзім жиіркендім. Сыныптастарымның алдында Нұргүлден тізерлеп отырып кешірім сұрадым. Алдына барып, тізерлеп отырып, Талғаттан кешірім сұрадым. Жоғары сынып оқушыларының ерікті қаржы қорын құрдық. Өте көп қаржы жиналды. Барлық қаржыны Талғатты емдеуге жұмсадық. Көп ұзамай, Талғат науқасынан айығып, қатарымызға қосылды. Содан бастап  мектебімізде әлсізге күш көрсету, келекелеу секілді жаман да жиіркенішті көріністер сап тиылды. Міне, ізгілік пен парасатты, адамгершілік пен мейірімді жайпап, тамырыма тереңдеп еніп бара жатқан бұл індеттен мен осылай арылған едім. Білмеймін, егер, Талғат пен Нұргүл секілді аяулы жандарды кездестірмегенімде, мен осылайша ұстаз, бала тәрбиешісі болар ма едім әлде.. әлде жастық ғұмырым темір тордың ішінде өтер ме еді?(Төмен қарап, үнсіз қалады).

Елжан (толқи, көзі жасаурап) Талғат аға нағыз жігіт екен. Ал, мен болсам.. мен болсам көршім әрі сыныптасым Әлияға титтей де жәрдем бере алмаған нағыз бейшарамын.

Директор (Елжанға бұрылып) Ести алмадым. Маған бірдеңе дедің бе?

Елжан (орнынан ұшып тұрып) Жай, ағай. Мен шыға берсем бола ма?

Директор: Әрине, бірақ, сен өз пікіріңді білдірмедің ғой.. Айтайын дегенім, өзіңді мазалап жүрген ойың болса, қандай да бір ұсынысың болса, бізге айтуыңа болады.

Елжан (таңдана) Мен бе? Ағай, сонда біздің де ұсыныс айтуымызға бола ма? Бұрынғы директор апай бізді тыңдамақ түгіл..

Директор: Неге болмасын? Егер пайдалы ұсыныс айтып жатсаң, мен оны қуана-қуана қабылдаймын. Айтатын жақсы ұсынысың бар ма?

Елжан: Ағай, ұсыныс болғанда, не ғой.. Сынып жетекшіміз Сәнімкүл апайдың орнына басқа адам, ер кісі болса жақсы болар еді. Әйтпесе, кейінгі кезде  қыздар боянып, әлем-жәлем киініп, ұлдар бір-бірінің бетінен сүйіп амандасатын әдет шығарды. Ол ол ма, кейбір ұлдар бір-бірімен қыздарша бажылдасып, бет тырнасуға дейін барып жүр. Егер, сынып жетекшіміз ағай болса, біз де сол кісіден үлгі алып, сол кісіге ұқсауға тырысар едік дегенім ғой..  

Директор: Сені түсіндім, Елжан. Біз де дәл осы мәселені талқылап отыр едік. Азамат ағайларыңды сынып жетекші етіп тағайындасам, сендер қарсы болмайтын шығарсыңдар?

      Елжан (қуана) Азамат ағай дейсіз бе? Сынып жетекшіміз шынымен де Азамат ағай бола ма? Неге қарсы боламыз? Қайта біздің балалардың бәрі Азамат ағайды өте жақсы көреді. Тіпті, бұрынғы директор апайымызға сынып жетекшісіміз Азамат ағай болсын деп талай рет өтініш те жазғанбыз. Бірақ ол кісі бізді адам деп құлақ аспастан Сәнімкүл апайды жіберді. Кейін директор да, жаңа жетекшіміз де соңымыздан мықтап түсіп алды. Оқушы болсақ та «ұл» деген атымыз бар емес пе, біз де басымызды ие бермей, өзімізге түсінікті тілде жауап беріп отырдық. «Жақсысың» десе, жаман болдық. «Жамансың» десе, одан сайын жаман болып көрінуге тырыстық. Көре тұра, көрмеген болдық. Біле тұра, білмеген болдық. Олардың Азамат ағайды да қатты қудалағанын білемін...

Директор (Азаматқа) Солай ма?..

Азамат: Ия, балалардың сол өтінішінен кейін олар маған да жылы қабақ танытпай қойды. Мектептен де кеткізбек болды.

Елжан: Ия, сол бұрынғы директор бізді жинап алып: -Азамат ағайларың өзі намаз

оқығанымен қоймай, діни уағыз айтып, сендерді уландырып жүр. Сондықтан, одан алыстау жүріңдер. Қай-қайсың болма, сол ағайларыңның жанынан көрсем, оңдырмаймын-деген.

Азамат: Ержан, оның не керегі бар еді?..

Директор (ойлана) Солай ма? (Елжанға)Елжан, сен енді сабағыңнан қалмай бара бер. Менің саған айтарым, бір-ақ нәрсе. Бұзықтық, тәртіпсіздік секілді жат қылықтардан арылуға шамаң келе ме, келмей ме, оны білмеймін. Өйткені, ол сенің тікелей намысың мен күш-жігеріңе байланысты. Ал, қайтадан бұрынғыдай  дарынды оқушы, әрі мықты спортшы атанып, мектебіміздің мақтанышына айналатыныңа кәміл сенемін. (Азаматқа) Ал, Азамат, сен не айтасың шәкіртіңе?

Азамат: Мен бе? Мен Елжанды осы мектептің табалдырығын аттаған күнінен бастап білемін деп айта аламын. Оның барлық жат қылықтардан арылып, сіз айтқандай мектебіміздің мақтанышына айналатынына мен де кәміл сенемін.

Елжан (басын иіп) Сенім білдіргендеріңізге үлкен рахмет. Сенімдеріңізді ақтауға және бұдан былай мектептің де, сіздердің де аттарыңызға сөз келтірмеуге уәде беремін. Сіздерге көп рахмет. Сау болыңыздар. (Шаттана, асыға басып шығып кетеді).

Директор (соңынан сүйсіне қарап тұрып) Былай.. жаман бала емес секілді. (Ұялы телефоны шырылдайды.Телофонды  көтеріп) Алло, тыңдап тұрмын. Қанша мұғалім дейсіз? 60!? Сағат 11.00-де? (Сағатына қарап) Жарты сағатқа да жетпейтін уақыт қалыпты. Неге ертерек айтылмаған? Жарайды, жарайды. Бірнәрсе етуге тырысармын. (Телефонын өшіріп, ренжи)  60 мұғалім жиналысқа келсін дейді. Табан астынан сонша мұғалімді қайдан табамын?

Азамат: Табан астынан дейсіз бе? Қайта жарты сағат бұрын хабарлап отыр ғой.

Жұмысыңызға араласқаныма айып етпеңіз. Бұрынғы директорымыз мұндай кезде екі-үш сыныпқа  бір мұғалімнен қалдырып, қалғанын техперсоналдарға қосып, жиналысқа қуатын.

Директор (таңдана) Бір мұғалімнен қалдырып дейсің бе? (Телефоны шырылдайды. Көріп, Азаматқа) Азамат, сен ана тәлімгер қыз екеуің мұғалімдерді жинаңдаршы. Тағы да солар секілді.. (Азамат шығып кетеді.Телофонын көтеріп) Алло, тыңдап тұрмын. Немене? Жоғары сыныптан 20 оқушы? Оу, жаңа ғана 60 мұғалім деп едіңіздер, енді тағы да 20 оқушы.. Зал толмай жатыр? Ал, ол оқушылардың сабағын қайтеміз? Жарайды, жарайды, сізді түсіндім. Қазір жіберемін.  (Телефонын өшіріп,өзіне) Сонда, өзі біз бала оқытамыз ба әлде.. (Телефоны шырылдайды) Алло, айта беріңіз. Концерттің билеті? Ә-ә, біз оның ақшасын кеше-ақ өткізіп қойғанбыз. Мұғалімдерге салмақ түсірмейік деп мектеп басшылары болып бөліп алдық. Немене? Өтпей жатыр? Тағы 50 билет? Ақшасын кешке дейін? Оу, бұларыңыз енді.. Сіз де түсінсеңізші мені. Мен бұл жерге толмаған залды толтырып, өтпеген билеттерді өткізу үшін келгенім жоқ қой. Бұл жерге келгеніме ме? Екі ай енді толады. Әрине, жұмыс істеймін деп келдім. Жарайды, жарайды, бәрін түсіндім. Артық кеткеніме кешірім сұраймын. Қолымнан келгенше жұмыс істейтін боламын. (Ары қарата дауысы естілмей кетеді. Телефонын өшргені сол, тағы да шырылдай жөнеледі. Тағы да қызыл кеңірдек айтыс. Тағы қоңырау, тағы айтыс. Сәлден соң қатты ашуланып, телефонын столға лақтырып тастап, шығып кетеді).  

                                           

                                                     Төртінші көрініс

Мектеп залы. Назгүл шығып, біраз дайындық жасап алып әсем дауыспен «Ақмаңдайлым» әнін шырқайды. Сәлден соң Ұлпан мен Әйгерім шығып, Назгүлге көрінбей ән тыңдап тұрады.

Ұлпан (Әйгерімді түртіп қалып)Не болды? Өстіп аузың ашылып тұра бересің бе?

Әйгерім (селк етіп) Ту-у, Уличка, қорқытып жібердің ғой. Қарашы, дауысы керемет қой.

Ұлпан: Айко, сен не, ән тыңдайын деп келіп пе едің, әлде?..

Әйгерім: Жарайды, Уля, мен қазір.. (Әнін аяқтап, қатты ойға батып кеткен Назгүлдің жанына барып  қолынан жұлқи тартып қалады).

Назгүл (құлап қала жаздап, бойын әрең тіктеп) Әйгерім?! Сен не? Жын ұрды ма?

Әйгерім: Қатты ойланып кетіпсің ғой. Әділді ойлап тұрсың ба?

Назгүл: Онда сенің не шаруаң бар? Жайыңа жүре берсейші.

Әйгерім: Сені түнде мейрамханаларда аспаз болып жүр дейді. Әділ де қара жұмыстар істеп, саған көмектесіп жүр деп естідім. Астанаға баратын ақша жинап жүрсің бе?

Назгүл: Не естісең, бәрі рас. Оны неге сұрадың? Әлде, сен де маған көмектескің келе ме?

Әйгерім: Көмектессе несі бар? Көмектесемін.

Назгүл (қуана) Рас па, Әйгерім? Маған шынында ақша өте керек болып тұр.

Әйгерім: Стиральный машина бұзылып, үйде кір-қоқыс көбейіп кетті. Соны жуып берсең..

Назгүл (ренжігенін білдіртпей) Кір-қоқыс дейсің бе? Жарайды, жуып берейін.

Әйгерім: Жуып берейін дейсің бе? (Мысқылдай) Сонда, кухня, ванна, туалетті тазалап

бер десем де мақұл дейсің бе?

Назгүл: Неге мақұл демеймін? Тазалаймын. Жаңа айттым ғой, маған ақша керек.

Әйгерім(өзіне) Мына қызды бұлқан-талқан етіп, соғысты бастаймын ба десем.

(Мысқылдай) Шынымен туалетті де тазалайсың ба? Бір түрлі.. жиіркенбейсің бе?

Назгүл (күрсіне)Неменеме жетісіп жиіркенем? Қолым аздап былғанар, есесіне маңдай теріммен тапқан тиыным мен наным адал ғой. Ал, маған ақша керек. Көп ақша керек.

Әйгерім: Сонда қанша ақша керек?

Назгүл: Өте көп. Ең аз дегенде 60-70 мың теңгедей  керек.

Әйгерім (мырс етіп) Бар болғаны 60-70 мың теңге ғана ма? Кешір, ол ақша не үшін керек? (Ойлана) Ә-ә, енді білдім. Ертең Республикалық ән байқауында жүлделі орынға ілігудің қамы екен ғой. Бірақ, бұл ақшаға олар туфлиін де сүртпейді ғой..

Назгүл: Ән байқауы? Жүлделі орын? Түсінбедім. Бұл ақшаның оған қандай қатысы бар?

Әйгерім: Қой-қой, Назко, бәрін де түсініп тұрсың. Нағыз зымиянның өзі екенсің. Бәсе, Әділ екеуі сонша жанталасып неге ақша жинап жүр десем.. Бірақ, бұл байқауға жыртық-жамау сен емес, анау Уляның барғаны әлдеқайда дұрыс болар еді. Жюрилер қанша сұраса да тауып беріп, қалай да орын алып қайтар еді. Бірақ, сен.. (Назгүлді қолынан жұлқи тартып қалады).

Назгүл: Уля?! Ұлпанды айтасың ба? Қызық екен. Барам десе оны кім ұстап тұр?

Әйгерім (тістене) Сен.. сен ұстап тұрсың. Сен болмағанда, бұл байқауға Уля баратын еді. Бірақ, сен.. сен біз тірі тұрғанда байқауға бармайсың. (Назгүлді тағы жұлқылай бастайды).

Назгүл (қарсыласып) Жетер, Әйгерім, байқауға қайсымыз баратынымызды бір Құдай ғана біледі. Алла баруды нәсіп етсе, сендердің тірі тұрған, тұрмағандарыңа қарай қоймаспын.

Әйгерім (ызалана) Қарайсың, қаратамыз.. (Тағы да бас салып жұлқылай бастайды).

Әйгерім мен Назгүл бір-бірінің шашынан тартып, алысып-жұлысып кетеді. Сәлден соң ентігіп, қатты шаршаған Назгүлді Әйгерім жығып алып қылғындыра бастайды. Осы кезде асыға басып Ұлпан  шығады.

Ұлпан Әйгерім, сенің мұның не? Тоқтат! Өлтіресің ғой.. (Әйгерімді әрең ажыратып, Назгүлді орнынан тұрғызады).

Назгүл (үсті-басын ретке келтіріп, Ұлпанға мысқылдай қарап) Айтары жоқ, сценарийің өте тамаша, Ұлпан. Бірақ, сен бұлай күш жұмсап менің бетімді қайтара алмайсың. Сосын, мына итаршың да өз рөлін дұрыстап ойнай алмады. Біріншіден, менің тас-талқан болып ашуланғанымды күтпестен, ұрыс-төбелесті өзі бастап кетті. Екіншіден, ақшаны не үшін жинап жүргенім туралы да саған мәлімет бере алмады. Қолынан түк келмейтін мұндай боскеудеге мені жұлмалатып сырттан тамашалағанша, өзің келіп сұрасаң да айтып беретін едім ғой.

Әйгерім: Ей, сен кімді итаршы деп тұрсың? Мен саған көрсетем қазір.. (Ұмтылады).

Ұлпан (Әйгерімді ұстап қалып) Жетер, Айко, не айтатынын естиік.

Назгүл: Айтсам, мен ақшаны жюрилерді сатып ау үшін емес, науқас анамды

Астанаға  қарату үшін жинап жүрмін. Дәл қазір менде бұдан басқа ой да, мақсат та жоқ. Ал, байқауға келсек, мен ақшаға да, басқаға да емес, тек бір Құдайға, Құдай берген талантыма ғана сенемін. (Сынай қарап тұрады да, ішкі есікке кіріп кетеді).

Әйгерім (ентіге) Бекер ұстап қалдың, Уля, оны.. оны бір жайлы етуім керек еді..

Ұлпан: Сен не, онсыз да дімкәс қызды өлтіріп, сотталып кетейін деп жүрсің бе? Ол дұрыс айтады. Шынында біз оны бұлай жеңе алмаймыз. Басқа жолын іздеуіміз керек. Басқа жолын.. 

Осы кезде Назгүлдің «Ақмаңдайлым» әнін шырқаған әсем дауысы естіледі.

Әйгерім: Уля, байқайсың ба, дауысы шынымен де керемет қой! Меніңше, Республикалық ән байқауына да осы қызды жіберетіні анық.

Ұлпан: Айко, сен неге олай дейсің? Ол облыстық байқауда бас жүлде алса, мен бірінші орын алдым. Сол күні сенің бренд көйлегіңді жуып, напиток пен моржныйдан көбірек ішіп-жеп тамағымды ауыртып алмағанымда, бас жүлдені ол емес, точно мен алатын едім.

Әйгерім: Оны білем ғой, Уля. Бірақ, мына қыз, алдыңды орап кетпесе жарар еді..

Ұлпан: Жоқ, Айко, ол емес, мен оның алдын орап кетемін. Ол жағын  ойластырып та

қойдым. Бүгінде ақша шешпейтін нәрсе жоқ қой. Сәнімкүл апайға оңашада..

Асыға басып әлем-жәлем киініп, бетіне баттастыра бояу жаққан Сәнімкүл  шығады.

Әйгерім: Сәләмәтсіз ба, апай.

Ұлпан: Сәнімкүл апай, бүгін тіпті құлпырып кетіпсіз ғой. Көйлегіңіз қандай әдемі!

Әйгерім: Ой-й, апайдың талғамы өте жоғары ғой.. Өткенде киіп келген костюмі ше? Апайды дәл он жасқа жасартып жіберген жоқ па? Жарқырап-жайнап кіріп келгенде..

Ұлпан: Дұрыс айтасың, Айко, не дегенмен талғамы биік  өнер адамы ғой. Мен де өскенде дәл апай секілді киінуге тырысам. Сонда жұрттың бәрі меннен көзін алмайтын болады.

Сәнімкүл (үстіне, көйлегіне қарап) Рахмет, қыздар! Затымыз әйел болған соң.. «Әйел көркі шүберек» деп.. шайлығыма жетпейтін айлығымнан жырып.. Бірінші болып сендер байқадыңдар. Қаншама адам көрді. Әлгі ару қыз ба еді, ауру қыз ба еді, Назгүлді айтам, ол да көрген. Біреуі де ләм-мим демеді. Бірақ, оған несіне ренжимін. Ондайлар өнердің,  моданың не екенін қайдан білсін. Ал, сендер.. сендер бірден байқай қойдыңдар. Текті жерден шыққан көкірегі ояу, көзі ашық, талғамы биік қыздар екендеріңді тағы көрсеттіңдер.

Ұлпан: Ой-й, апай, тіптен аспандатып жібердіңіз ғой. Енді.. мынадай модный киімді көрмесе, соқыр ғана көрмейтін шығар.

Сәнімкүл: Рахмет, айналайындар. Барлық қыздар сендердей болса ғой.. (Ойланып) Айтпақшы, неге келіп едім? Ә-ә, әлгі Назгүлді көрмедіңдер ме? Соған келген екем ғой..

Ұлпан: Назгүл дейсіз бе? Оны неге іздедіңіз?

Сәнімкүл: Іздегенде.. Сол қызды Республикалық ән байқауына дайындау керек боп тұр.

Әйгерім: Республикалық ән байқауына?! Назгүлді ме? Біздің Уля, Ұлпан ше?

Сәнімкүл: Ұлпан дейсің бе? Ұлпан да өте мықты әнші, бірақ басшылардың ұйғарымы..

Әйгерім: Апай, музыканың нағыз маманы сіз емес пе? Сіздің айтқаныңыз болу керек қой.

Сәнімкүл: Ұлпан, сен өзің не дейсің? Шынымен де барғың келсе..

Ұлпан: Апай, мұндай үлкен байқауға кімнің барғысы келмейді. Әрине, барғым келеді. Тек..

Әйгерім (киіп кетіп) Уля, тек-пек демей турасын айтсайшы, барамын деп..

Ұлпан: Айка, оны енді.. апай шешеді ғой. Назгүлді дайындаймын деген жоқ па?

Сәнімкүл: Ия, басшылар солай деп ұйғарған соң.. Егер, Назгүлдің өзі бармаймын десе немесе барғызбаудың бір жолы табылса, мен сені.. сені қуана-қуана апарар едім. Бірақ, ондай.. 

Әйгерім: Апай, шындап іздесе, әппақ аққудан да қара дақ табуға болады. Назгүл деген кім сонша? Бәріміз жабылып іздесек, оның да бір осал жерін таба алатын шығармыз?

Ұлпан (шаттана) Таптым, таптым! Мен оның ең осал жерін білетін секілдімін. (Сәнімкүлдің құлағына сыбырлайды).

Сәнімкүл (қуана) Бұл ой менің басыма қалай келмеген? Жарайсың, Ұлпан! Оның дауысы қай жерге дейін жететінін көрейік. Мен қазір.. (Ішке кіруге оқталады).

Ұлпан: Апай, біз көрінбей-ақ қояйық. Егер, мені апаратын болсаңыз, жолыңыз, тамағыңыз секілді шығынның бәрін өз мойныма аламын.

Сәнімкүл(елжіреп) Айналайын, өзіңнен бұрын апайыңның жайын ойлайсың-ау.. (ойланып) Болды. Сен енді жолға дайындала бер. Байқауға сен барасың.

Ұлпан: Рахмет, апай, бұл жақсылығыңызды ұмытпаспын. (Әйгерім екеуі сахнаның алдындағы тасаға келіп тығылып, бақылап тұрады. Іштен Назгүл шығады).

Назгүл: Сәләмәтсіз ба, апай. Мен әнге дайындалып.. Өзіңіз айтқан «Ақмаңдайлымды»...

Сәнімкүл: Әй, сен қыз ақмаңдайлым-бақмаңдайлымыңды қоя тұр. Енді басқа әнді, «Бұлбұлды» айтасың. Қалай, бұл әнді айтуға шамаң келе ме? Дауысың жететін бе еді?

Назгүл (таңдана)Апай, қалайша? Сіз айтқан соң мен «Ақмаңдайлымға» ғана дайындалдым ғой. Өзіңіз білесіз, бұл да жеңіл ән емес, ал, «бұлбұл» тіпті ауыр ән. Оған дауысым.. дауысым..

Сәнімкүл: Әй, міңгірлемей бірден айтшы. Шамаң келе ме, келмей ме?

Назгүл: Айтып көрейін, апай. Сіз сәл көмектессеңіз..

Сәнімкүл: Көмек-сөмекті қой да, кәні, баста! (Назгүл әсем дауыспен «бұлбұл» әнін орындағанда елтіп тыңдап тұрады да, бірден қаһарлана қалады) Тоқтат! Бұл не, ыңырсып. Бір тон жоғары көтер. (Назгүл сәл қинала ән айтады) Тоқтат! Әлі де төмен. Тағы бір тон жоғары ал.

Ұлпан (Сәнімкүл мен Назгүлді телефонға түсіріп жатып) Қызық енді болады, Айко. Ана байғұс қыз ән айтам деп қалған  жарты өкпесінен де айырылып қалмаса болғаны. Хи-хи!

Әйгерім: Өкпе дейсің, бүйрегі де түгел емес қой ол байғұстың. Күшеніп ән айтам деп

жалғыз бүйрегі де істен шығып қалмаса де.. Хи-хи!

Сәнімкүл: Тоқтат! Бұлай болмайды. Тағы бір тон жоғары көтер.

Назгүл (ентіге) Апай, бұдан артық көтеруге дауысым жетпейді. Бұдан әрі қарай қалай көтеруге болатынын алдымен өзіңіз көрсетіп беріңізші.

Сәнімкүл (бажылдай) Ә-ә, сен ақырында мені мазақ қылайын дедің бе? Байқауға қатысатын мен бе, сен бе? Қатысады екенсің, айтқанымды орындайсың. Орындамайды екенсің, жолың әне, бара бер. Сені он орайтын әншіні табам. (Назгүлді жұлқып қалады).

Назгүл: Апай, мен олай дегенім жоқ қой. Жай, сіз қалай айту керек екенін үйретсеңіз, мен..

Сәнімкүл (бет бақтырмай) Үйретермін мен саған, үйретермін. Қазір мен саған көрсетейін, қалай үйрету керек екенін. (Қатты ашуланып, Назгүлді жұлқи тартқанда, ол құлап қалады).

  Ұлпан телефонға түсіріп тұрып, Әйгерімге «телефон соғып әлдекімді шақыр» дегендей ишара жасайды. Әйгерім біреуге телефон соғады. Көп өтпей жүгіріп Әділ келеді.

Сәнімкүл (Әділді байқамай құлап жатқан Назгүлді жұлқылай береді )Қарашы-ей, мұны, мұрын боғын сүрте алмай жүріп мені сынамақшы.. Осыдан қара да тұр, сені байқауға қатыстырсам, Сәнімкүл атым өшсін..

Әділ: Тоқтатыңыз! (Сәнімкүлдің қолынан ұстай алып, Назгүлді тұрғызады) Апай, сізге не болды? Мұныңыз не? Сіз.. сіз педагог емессіз бе? Бұлай етуге қалай дәтіңіз барды?

Ұлпан: Саған айтқан жоқпын ба, Айко, қызық болады деп. Тамаша болды, я? Хи-хи..

Әйгерім: Айтпа, Уля. Сенің де істемейтін бәлең  жоқ екен. Екі арада модница апайымыз бәлеге қалды. Хи-хи..

Сәнімкүл (қатты сасқалақтап) Әділ, сен бе? Мен.. мен.. былай байқауға дайындап..

Әділ (қатқыл) Сәнімкүл апай, сіздің қалай дайындап жатқаныңызды өз көзіммен көрдім. Енді, қалай дайындап жатқаныңызды мектеп басшылары мен құқық қорғау орындарының алдында да өз аузыңызбен айтып беруіңізге тура келеді. Жүр, Назгүл.

Сәнімкүл (жаны шыға) Әділ, айналайын, тоқташы. Мен.. мен сәл ашуға бой алдырып алдым. Біраз қамшылап алайын дегенім ғой..  Мектеп бойынша Назгүлден артық ән айта алатын оқушы жоқ. Сондықтан, уәде берем, Назгүл байқауға міндетті түрде барады.

Әйгерім: Уля, мынау модница не деп тұр? Байқауға Назгүл барады дей ме?

Ұлпан: Жаны мұрнының ұшына келген адам солай демегенде не дейді? Сайрай берсін. Қазір оны басқаша сайратамын. Тек, аналар кетсінші.

Әділ(ойланып) Жарайды, апай, сіз ұстазсыз ғой, сөзіңізде тұратын шығарсыз. Мен де бүгінгі көргенімді ешкімге айтпауға уәде беремін. Ал, егер.. сіз уәдеңізден тайып..

Сәнімкүл (сөзді бөле) Айттым, бітті. Барады дедім, барады. Тек, сен де уәдеңде тұр.

Әділ: Жарайды, апай, сау болыңыз. (Назгүлді жетелеп шығып кетеді).

Сәнімкүл: Ух, әйтеуір аман қалдым-ау.. Бұл қайдан сап ете қалды? Қой, неғып тұрмын? Енді сол қызды мықтап дайындап, байқауға апарудан басқа жол қалмады. (Кете бергенде, Ұлпан мен Әйгерім шығады) Қыздар, сендер қайдан жүрсіңдер?

Әйгерім: Апай, біз байқауға кім баратынын білуге келдік. Қалай шештіңіз?

Ұлпан: Ия, апай, соны айтыңызшы.

Сәнімкүл(сасқалақтап) Айтқанда.. солай деп айтуын айттым ғой.. Бірақ басшылар

көніңкіремей.. Байқауға сол қызды.. Назгүлді барады деп..

Әйгерім: Апай, сіз жаңа ғана байқауға Ұлпан барады деп кесіп айтқан жоқ па едіңіз? Табан астында уәдеңізден неге айнып қалдыңыз?

Сәнімкүл (қатулана) Сен қыз не, маған ақыл үйреткің келіп тұр ма? Айттым ғой, басшылар көнбей жатыр деп.. Оның үстіне әлгі Әділ деген.. (Аузын қолымен баса қояды).

Ұлпан: Апай, турасын айтыңызшы. Мені байқауға апаратын болдыңыз ба, жоқ па?

Сәнімкүл: Жоқ, апара алмаймын. Байқауға Назгүл барады. Енді мен кетейін.

Ұлпан: Бұл сіздің соңғы шешіміңіз бе? Сәлден соң шешіміңізді тағы өзгертіп жүрмеңіз.

Сәнімкүл: Соңғы шешімім. Менің шешімімді өзгертетіндей сен кім едің?

Ұлпан: Мен жай ғана оқушымын. Бірақ сіздің шешіміңізді өзгертуге күшім жетеді.

Сәнімкүл (дызылдай) Әй, сен не деп оттап тұрсың? Ұлпан-Ұлпан дегенге тым есіріп барасың ғой. Өз орныңды білгенің жөн болар, құрметті әнші шәкіртім.

Ұлпан: Сіз де өз орныңызды білгеніңіз жөн болар, құрметті модница апайым. Апай-апай дегенге сіз де тым асқақтап барасыз ғой. Сіңіліңіз ретінде сізге бір ақыл айтайын. Өткенде киіп келген әлем-жәлем костюміңізді де, бүгінгі киіп келген мына шоқпытыңызды да бұдан былай кимей-ақ қойыңызшы. Сонан соң, бетіңізге жағып жүрген мына шақырайған опа-далаптарыңызды да өзгертіңіз. Сіздей жасы келген  әйелге қанық түстен гөрі солғындау түстер көбірек жарасады. Сіз үшін Айко екеуміз намыстанып өлетін болдық. Солай емес пе, Айко?

Әйгерім: Ия, апай, Уля дұрыс айтады. Сіздің киіп жүрген киімдеріңіздің бәрі бүгінде модадан қалған, оның үстіне сізге жараспайды да. Ал, ана клоундар ғана жағатын опа-далаптарыңызды  вообше пайдаланбай-ақ қойғаныңыз жөн болар еді.

Сәнімкүл (аң-таң болып) Әй, сонда сендер.. Бағана маған айтқан мақтауларың.. Мені әшейін мазақ еткен екенсіңдер ғой. (Басын шайқап) Ақымақ басым, сендерді шын көңілден айтып тұр екен деп.. (Серпіле) Жоқ, қыздар, мазақ болатын апайларың мен емес. Бұл әрекеттерің үшін әлі-ақ өкінетін боласыңдар. Ендігі ісім сендермен болады. Ал, сен, Уличка сұлу, бұдан былай Республикалық ән байқауы түгіл мектеп ішілік байқауға да қатыспайтын боласың. Ал, сен, Айкошка, сабақ үлгерімің төмен болғанмен, жап-жақсы сайрай алады екенсің. Сенің де сайраған тіліңді көмейіңмен қоса жұлып алмасам, Сәнімкүл болмай кетейін.

Ұлпан: Апай, тым аптықпаңыз. Ұрып-соққаныңызға көне беретін біз Назгүл емеспіз. Сіз мені Республикалық байқауға апармайтыныңызды кесіп айттыңыз. Бұл сіздің Назгүлге күш көрсетіп жатқаныңызды көріп қойған Әділден қорыққаныңыз ба?

Сәнімкүл: Әділ?! Көріп қойған?.. Сендер оны қайдан білесіңдер?

Әйгерім: Апай, біз бәрін білеміз. Өйткені біз бәрін суретке түсіріп алдық.

Ұлпан: Бірақ Әділден неге қорқасыз? Оның қолында ешбір айғақ жоқ қой. Қорықсаңыз бізден қорқыңыз. Нақты айғақ мына біздің қолымызда.

Сәнімкүл: Айғақ? Тағы қандай айғақпен қорқытпақсыңдар? Сендерді текті жерден

шыққан қыздар деп жүрсем.. Сырттарың жылтыр болғанмен, іштерің толы қыл-жыбыр екен ғой.

Ұлпан: Ия, апай, біз сондаймыз. Бірақ, қазір айғағымызды көрген соң сол жиіркенішті бетімізден бір сүйейінші деп, Астанадағы байқауға арқалап апарайыншы деп жалынып жылайтын боласыз. Сіздің бояу баттасқан көріксіз түріңізді көргіміз кеп біздің де өліп-өшіп тұрғанымыз шамалы. Барлық айғақты телефоныңызға аударып қойдық. Соны тамашалап, рахатқа батыңыз, модница апай.Чау! (Қолдарын бұлғап Әйгерім екеуі шығып кетеді).

Сәнімкүл Көрейік қандай нақты айғақ екенін. (Телефонды қосып көргені сол, түрі бұзылып сала береді) Мынау не сұмдық! Түк қалдырмай түсіріп алыпты ғой, оңбағандар! Құрыды деген осы шығар. Енді қайттім?(Есінен танғандай сұлқ тұрып қалады). Жоқ, мен оларды тоқтатуым керек. Қолында бірде-бір тірі айғағы жоқ Әділдің бір мәнісі болар, ал, мына.. мына екі улы жыланың алдын алып, бір әрекет жасамасам, уын шашып, шақпай қоймас. Қыздар!.. Ұлпан, Әйгерім, тоқтаңдар!.. Мен сендермен сөйлесуім керек. (Сүріне-қабына шығып кетеді).

                                                          

                                                            ЕКІНШІ  БӨЛІМ

                                                  Бесінші  көрініс

Екінші көріністегі дала. Қараңғы түн. Елжан, Әділ, Жантас шығып жерге отыра кетеді.

Елжан: Директор ағай айтып берген әңгімені оларға айтуын айтқанмен, «қалай болар екен? -деп қатты алаңдап едім, бәрі сәтті аяқталды-ау, әйтеуір. Ойлап отырсам, қаншама уақытым, күш-жігерім ойсыздықпен текке өткен екен. Бүгін ғана іштей кемірген ауыр ойдан арылып, бір рахаттанып қалдым. У-у-у.. (Екі қолының саусағын желкесіне айқастырып керіледі).

Әділ: Ия, Елжан, сол әңгімеден кейін терісіне жүріп, терісіне қарай сөйлейтін Санта мен өзінен өзгені мойындамайтын Нұрдың жуасып сала бергеніне таң қалдым. Сол әңгіменің арқасында бітіспес қас дұшпанға айналған екі мектептің балалары да оп-оңай келісімге келдік.

Жантас (орнынан тұрып кетіп) Ей, қойыңдаршы екеуің де елжірей бермей. Келісімге келген түгі де жоқ. Бүгінше олар да жүректері еріп, «мақұл, мақұл» деп кетті. Бірақ бұл «бейбітшілік» ұзаққа бармайды. Ерте ме, кеш пе, арамыздан бір есерсоқ шығып, бұл нәзік келісімді бұзары даусыз. Сол кезде барлық балалар үшеумізді мазақ ететін болады.

Әділ: Жантас, мысық тілеу болып, күн ашықта қара бұлтты төндіре бермей, жақсы жағын айтсайшы. Әлде, шынымен де кешегі қырқысумен өткен күндеріңді қимай тұрсың ба?

Жантас: Ия, Әділ, қимай тұрмын. Түсінесіңдер ме? Қимай тұрмын. Ең жаныма бататыны, өзімізді-өзіміз авторитеттен жұрдай еттік. Енді бізге ұлдар мен қыздар түгіл, көшедегі иттер

де адам екен-ау деп пысқырмайды. Ендігі күніміз де қызықсыз, сүреңсіз болып өтетін болды.

Елжан (орнынан тұрып) Жантас, сен не деп тұрсың? Сонда, сен кешегі  қатыгездік, мейірімсіздік, оспадарсыздықпен өткен күндерді ең қызықты күндерім деп есептейсің бе? Бұл сөзің маған ұнамай тұр. Бүкіл ұлдар болып әрең-әрең келісімге келдік пе дегенде, кертартпа ойыңмен араға іріткі салмай тыныш жүр. Әрине, сын сағатта көрінгің келсе, көрініп, қиындық туса, қараңды көрсетпей кететін сен үшін ол күндер қызықты болған да шығар, ал, барлық жауапкершілікті өз мойныма алып, біреуіңе бірдеңе болып қалмаса екен деп үрейлі күй кешкен мен үшін ол күндердің әрбір минуты тозақпен тең болғанын сен білесің бе?

      Әділ (орнынан тұрып) Ия, Жантас, директор ағайдың  әңгімесі де, бүгінгі жасаған ізгі ісіміз де сенің эгойстік санаңды өзгерте алмағанына мен де қатты қапаланып тұрмын. Директор ағай..

Жантас (сөзді бөле, айғайлап) Директор ағайдың әңгімесі! Директор ағайдың әңгімесі! Осы бір құрып кеткір былжырақ әңгіме қайдан шыға қалып еді? Сол әңгімедегі ана бір тілемсек әумесер ана бір соқыр қызға жақсылық жасапты деп бәріміз әумесер, тілемсекке айналуымыз керек пе? Жоқ, мен олай ете алмаймын. Ондай қайырымдылықты мына Әділ секілді жыртық-жамаулар жасай берсін. Қора сыпырсын, туалет тазаласын, ақша тауып анау сыныптағы дімкәс досы Назгүлді емдетіп, сауабын алсын.

Елжан: Жантас, жетер! Сен тым артық кеттің.

Әділ: Елжан, қоя бер. Айтарын айтып болсын. Ия, Жантас, идеяң жаман емес. Бірақ, ол қызды емдетуге сонша көп ақшаны қайдан табамын? Мүмкін, ана Талғат аға секілді  қалтасы қалың саған өзімді бір жерімнен  тепкізіп, маңдай теріммен табармын ол ақшаны?

Жантас: Оны өзің білесің. Бірақ, бір нәрсе анық. Қандай жолмен болсын, сенің ақша табуың керек. Сонда ғана анау дімкәс қыз да..

Елжан: Жантас, жетер енді! Директор ағайдың айтқан әңгімесінен кейін ойланып, енді түзелдім бе дегенде, мені тағы сынағың келіп тұр-ау деймін? (Жантасқа ұмтылады).

Әділ (Елжанды тоқтатып) Елжан, керегі жоқ. Қалай дегенде де, Жантастың айтып тұрғаны шындық. Бірақ, Жантас, мынау есіңде болсын. Мені жыртық де, жамау де, туалет тазалайсың де, оған еш арланбаймын. Бұл менің қалауым емес, тағдырым. Ал, Назгүлді тағы бір кемісетер болсаң, айтпады деме..  Бірақ, саңылаудай ғана санаң болса, бұлай айтпас едің ғой.

Жантас: Ей, сен не деп тұрсың? Сонда, мені санасызсың дегің келіп тұр ма?

Әділ: Қалай ойласаң да өзің біл. (Ойланып) Жантас, мысалы, сенің анаңның екі бірдей бүйрегі істен шығып, өлім хәлінде жатса, сен не істер едің?

Жантас: Мысалы дейсің бе? Не істеуші едім?  Құдайға шүкір, бүгінде адамның сатылмайтын ағзасы жоқ. Бүйрек деген сөз болып па? Сатып аламын да, анама салдырамын.

Әділ: Міне, көрдің бе, бұл саған түкке тұрмайды. Сатып алып, салдыра саласың. Өйткені, саған ақша проблема емес. Ал, Назгүл ше? Оның бүйрек сатып алатын ақшасы жоқ. Сондықтан, машина қағып кетіп, қос өкпесі мен екі бірдей бүйрегі қатты зақымданып, өлім хәлінде жатқан анасына өзінің бір бүйрегі мен өкпесінің жартысын беруге мәжбүр болды. Шын жігіт болсаң, бір бүйрегің мен өкпеңнің жартысын алдырып таста. Сонда ғана Назгүлдің қандай хәлде жүргенін сезіне аласың. Мұндай ерлік қолыңнан келмей ме, оның атын аузыңа да алушы болма.

Жантас: Алсам не қыласың? Сол бір дімкәс қыз үшін досыңмен төбелеспекпісің?

Әділ: Сол қыз үшін дейсің бе? Жантас, сен Назгүл секілді қыздың анасына берген бүйрегінің жартысына да тұрмайсың. Сендей ойы пасық, сөзі сасық, ақшасының көптігіне мастанып,

адамгершілікті ұмытқан, ақылы дімкәс наданды өзіме дос та санамаймын.

Жантас: Ей, кім дімкәс? Кім пасық? (Әділді соғып жібереді де, екеуі төбелесе кетеді).

Елжан: Ей, тоқтатыңдар. Бұларың не сендердің? (Екеуін ажыратпақ болғанмен, шамасы келмейді). Әй, барыңдаршы, екеуің де. (Шеткері шығып отыра кетеді).

Жантас пен Әділ ұстасып, төбелесе береді. Ұзақ уақыт төбелестен кейін, жеңіліп бара жатқан Жантас қалтасынан пышақ суырып алады.

Әділ: Сен оңбаған ақырында маған пышақ салайын дедің бе?

Елжан (жалт қарап) Пышақ?! Тоқта, Жантас. Таста пышақты.

Ары қарай үшеуі де бір-бірімен ұмар-жұмар ұстасып кетеді. Қараңғыда ешнәрсе анық көрінбейді. Елжанның: «Жетер енді, қазір екеуіңді де оңдырмаймын» деген айғайы естіледі. Көп өтпей Жантастың жандауысы шығады. Музыка ойнап, олардың дауысы естілмей кетіп, қимылдаған сұлбалары ғана көрініп тұрады. Қолдарына фонар ұстаған мектеп инспекторы мен Азамат жүгіріп шығады. Фонардың жарығы  қан болып жатқан Жантас пен қимылсыз жатқан Әділге, қан-қан болған пышақты ұстап тұрған Елжанға түседі.

Азамат (шошына, таңдана) Елжан?! Сен.. сен не істегенсің?

Елжан: Кешіріңіз, ағай. Мен уәдемде тұра алмадым. Бәріне де мен кінәлімін.

Мектеп инспекторы (қалта телефонын алып) Алло, жедел жәрдем! Қаланың сырт жағындағы қыраттан жаралы екі оқушыны таптық. Біреуі ауыр жаралы..

Әділ (есін жиып, қаңғалақтап орнынан тұрып) Елжан, сен не деп тұрсың? Кінәлі сен емес, мен ғой. (Азаматқа) Ағай, ол өтірік айтады. Жантасқа пышақ салған мен.

Азамат: Әй, сендер не? Пышақ салып, бір-біріңді  қызыл қан қылғандарыңа мақтанып тұрсыңдар ма? Елжан, Әділдің айтып тұрғаны рас па? Ол пышақ салған мен деп тұр ғой?

Елжан: Жоқ, ағай, ол менен қорққан соң айтып тұр. Пышақ міне, менің қолымда тұр ғой..

Әділ: Ағай, қайта Елжан өтірік айтады. Жантас екеуміз қатты ерегісіп қалып..

Мектеп инспекторы: Дауласуды доғарыңдар. Қайсың кінәлі, қайсың кінәсіз екендеріңді бөлімге барған соң анықтайтын боламыз.

Осы кезде жедел жәрдемнің ащы айғайы естіліп, бірте-бірте жақындай береді.

                                                       

                                                     Алтыншы көрініс

Мектептің кең залы. Ата-аналар жиналысы өтейін деп жатыр. Директор, Азамат, Сәнімкүл кіріп, төрдегі  столға барып отырады.

Директор (орнынан тұрып, залдағы ата-аналарға (көрермендерге) қарап) Құрметті ата-аналар! Қадірлі әріптестер! Бүгінгі төтенше ата-аналар жиналысын өткізуіміздің  себебін өздеріңіз де жақсы білесіздер деп ойлаймын. Кеше түнде болған оқыс оқиға бәрімізді..

Оның дауысын музыка әуені басып кетеді. Директор қолын сермеп, сөйлеп тұр. Сәлден соң барып дауысы естіледі.

...Сіздерді осында жинауымыздың себебі де міне, осы. Ашуға жеңдіріп, бір-біріне суық

қару жұмсаған бұл үш оқушыны мұндай қиындықтан сіздердің салиқалы ойларыңыз, пәтуәлі пікірлеріңіз ғана құтқарып қала алады. Сондықтан, сіздердің мұндай күрделі мәселені ашудың жетегінде кетпей, ақылмен шешкендеріңізді қалаймын. «Мен бұл мектептің басшылығына кеше ғана келіп едім» деп сіздердің алдарыңызды ақталғым келмейді. Дегенмен, әлі де көп нәрселерді біле бермейтінімді де жасыра алмаймын. Сондықтан, «Келеңсіз оқиға не себепті туындады? Оқушылар мұндай жат әрекетке не үшін барды?» деген сұраққа сіздердің де жауап іздеп, өз ой-пікір, ақыл-кеңестеріңізді ортаға салуларыңызды өтінемін.

Сәнімкүл (қолын көтеріп) Мен айтсам болар ма екен?

Директор: Сөйлеңіз. Музыка пәнінің мұғалімі Сәнімкүл Сәлімқызы.

Сәнімкүл: Сөйлегенде.. Мен өз басым, Елжан мен Жантасты ондай қатыгездікке барады деп тіптен де ойламаймын. Өйткені, олар текті отбасынан шыққан балалар.  Әке-шешелері оқыған, мәдениетті әрі жұрт тік тұрып сыйлайтын лауазымды қызметкерлер. Олай болса, осындай текті кісілердің тәрбиесін алып, текті отбасынан шыққан балалар мұндай жат қылыққа барады деп ойламаймын. (Отырады).

Жантастың анасы (дауысы): Мен Сәнімкүл ханымды өте қолдаймын. Жазықсыз жапа шеккен Жантастың мамасы болғанымнан емес, айтқан сөзінің көкейге өте қонымды болғаны үшін. Директор мырзаның айтуынша, суық қару тек менің баламда ғана болған, сол қарудан жарақат алған да тағы менің балам. Бұл тіпті көкейге қонбайды ғой. Мен өз баламды жақсы білемін.  Менің баламның мектепке суық қару апаруы тіптен мүмкін емес.

Әділдің анасы (дауысы): Мен Әділдің анасымын. Сіздердің айтқандарыңызға тіптен түсіне алар емеспін. Сіздердің айтуларыңызша, қызметі жоғары, дәулетті ата-аналардың балалары мейірімді ақжүрек те, біз секілді жарлы-жақыбайдың балалары нағыз баскесер, қатыгез болғаны ма? Сәнімкүл ханым, сіз жаңа текті кісілер дедіңіз. Сонда, сіздіңше кімнің байлығы көп, лауазымы жоғары болса, соның барлығы текті болады да, кедейдің бәрі тексіз болғаны ма? Айтыңызшы, сіз өзіңізді қай текке жатқызасыз?

Сәнімкүл (ұшып тұрып) Сіз.. сіз неге олай дейсіз? Менің.. менің айтайын дегенім..

Директор (орнынан тұрып) Сәнімкүл Сәлімқызы, сабыр сақтаңыз. Отырыңыз. (Залға қарап) Құрметті ата-аналар! Сіздер де мұнда не үшін жиналғандарыңызды естен шығарып алған сияқтысыздар. Тағы да айтайын. Өткен түні болған сорақы оқиға не себепті туындады? Неден қателестік? Оқушылардың тәртібі неге нашарлап кетті? Олардың тәртібін жақсарту үшін ұстаздар мен ата-аналар болып не істей аламыз? Міне, осы тұрғыда аталық ақылдарыңыз бен келелі кеңестеріңізді берсеңіздер екен.

Ұлпанның анасы (дауысы): Мен Ұлпанның  мамасымын. Жасырмаймын, менің қызымның сабақ үлгерімі өте төмен. Оған қоса қырсық, бірбеткей мінезі тағы бар. Төменгі сыныпта оқып жүргенде сабағы да, тәртібі де жаман емес еді. Енді, кім жаман, менің қызым  жаман. Не себепті бұлай болды деп ойлайсыздар? Мен турасын айтайын. Мұның бәріне ұстаздар ғана кінәлі. Айлық алуды жақсы біледі, ал, оқушыларға тәлімді тәрбие, сапалы білім беруге келгенде, ой-өріс, білімдері жете бермейді. Қайтіп жетеді? Он мұғалімнің тоғызы ақылы оқуға, онда да сырттай оқуға түсіп, бір кітаптың бетін ашпастан, бір әріп жазбастан, ақшаның арқасында бітіріп келіп жатса. Ал, біз, ата-аналар, сондай сауатсыз мұғалімдерге балаларымызды оқытып жатырмыз. Факультатив сабақ дейді, қосымша сабақ дейді, әйтеуір балаларымыз азаннан кешке дейін мектепте. Олар ол жақта не істеп жатыр? Қандай білім, қандай тәрбие алып жатыр? Оны мұғалімдер ғана біледі. Сол себепті оқушылар тәртібінің осыншалық құлдырап кетуіне, оқытып, тәрбие беріп жатқан мұғалімдері ғана кінәлі деп есептеймін.

Жантастың анасы (дауысы): Жаңағы Ұлпанның  мамасы өте дұрыс айтты. Екі қолымды көтеріп қолдаймын. Менің де Жантасым төменгі сыныпта жүргенде, жап-жақсы тәртіпті оқушы еді. Енді міне, бір күннің ішінде суық қару ұстаған, онымен қоймай сол қарумен өзін-өзі жарақаттаған есерсоқ кулиганға айналып шыға келді. Семьямыз қандай екенін жаңа Сәнімкүл ханым айтып кетті. Олай болса, баламның мұншалық өзгеріп кетуіне кінәлі кім? Әрине, дұрыстап тәрбие бере алмаған мұғалімдер. Мен өзім экономика, қаржы саласында жауапты қызмет атқарғандықтан, басқаларға қарағанда мұғалімдерге көбірек жағдай жасалып, айлығы да жыл сайын көтеріліп жатқанын жақсы білемін. Бірақ, олар сол жақсылықтың қарымтасын қайтарып, оқушыларға жоғары деңгейде тәрбие-білім бере алмай жатыр.

Ұлпанның анасы (дауысы): Өте дұрыс айтасыз. Бұрынғы мұғалімдер мен бүгінгі мұғалімдерді салыстыруға тіптен болмайды. Бұрынғы мұғалімдер оқушыларға тәрбие-білім беріп айлық алса, қазіргі мұғалімдер оқушыларына өсек айтып-ақ айлық алып жүр. Жақында подружкамның подружкасының былай деп сапырып тұрғанын өз құлағыммен естідім: «Сырттай оқып алған дипломым болса да, «мұғалім болу қиын» деген соң қорқып, базарда сауда-саттық жасап жүрдім. Таяуда ғана «араға адам салып», сұрағанын беріп, бір жақсы мектепке мұғалім болып орналастым. Сөйтсем, мұғалім болудың түк те қиындығы жоқ екен. Ең бастысы сабағыңа кешікпей келсең болды. Ары қарата оқушылармен бірге 40 минутты бірдеңе қылып өткізесің. Аннан-мұннан қосып-шатып сабақ түсіндірген боласың. Байғұс оқушылар тыңдайды. Олар базардағы зат сатып алушылар секілді сенімен айтысып-тартысып, салғыласып жатпайды. Қарсы бірнәрсе айтпақ болса, мұғалім екеніңді білдіріп тыйып тастайсың. Рахат! Өзің би, өзің қожа. Мектепке барып, әйтеуір 40 минутыңды өткізсең болды, жалақың жазылып жатыр» Міне, орта жастан асқан мұғалімнің сөзінің сиқы. Ал, енді өздеріңіз айтыңыздаршы, осындай мұғалім оқушыға қандай білім, қандай тәрбие беріп жарытады?

Залдан дауыс:

-О-о, мұғалімдердің жұмысы рахат екен ғой..

-Ия, мұғалім  дұрыс айтса да дұрыс, бұрыс айтса да дұрыс.. Байғұс оқушылар..

       -Ия, оқушыларды кінәлай берудің қажеті жоқ. Бәріне мұғалімдердің өзі кінәлі.

-Ия, бәленің бәрі алдымен мұғалімдердің өзінен шығады.

-Неге олай дейсіңдер? Үйдегі жалғыз балаға қарауға шамамыз келмейді. Ал, мұғалім..

-Білім министрі қанша айтып жатса да, оқушылардан ақша жинау тоқталар емес..

       -Оқушылардан  бұрын мұғалімдердің тәртібін қарау керек қой..

       Сәнімкүл: Директор жолдас, маған болар ма екен?

       Директор: Сіз бе? Тағы да жаңағыдай..

       Сәнімкүл (сөздің аяғын күтпестен, орнынан тұрып) Құрметті ата-аналар! Сәл тыныштық сақтаңыздар. Айтайын дегенім, сіздер мұғалімдерді орынсыз кінәлап жатырсыздар. Айтайын дегенім, мұғалімдер де өздеріңіз секілді ет пен сүйектен жаралған адам. Олар да жұмыстан бос кезінде демалғысы, қыдырғысы келеді. Дұрыстап киінгісі келеді. Мысалы, затым әйел болған соң, өнер жағында жүрген соң менің де заманға сай дұрыс киім кигім келеді. Бірақ, айлығым шайлығымнан, одан қала берсе, қағаз-қаламымнан артылмайды.

      Директор (қаламсаппен столды тықылдатып) Сәнімкүл Сәлімқызы..

      Сәнімкүл (өрекпи) Жоқ, директор мырза, мен бүгін бәрін айтамын. Мойнымды жұлып алса да бәрін айтамын. Жаңа мұғалімнің жұмысы рахат екен ғой деп жатырсыздар. Жоқ,  мұғалімнің жұмысы сіздер айтқандай еш уақытта рахат болған емес. Сіздер жұмысы рахат екен ғой деп жатқан мұғалімдеріңіздің кім екенін, бүгінгі жағдайы, тіршілігі қандай екенін, мен саусағымды бүгіп тұрып санап берейін. (Бір саусағын бүгіп) Біріншіден, салтанатты жиындар мен басқа да түрлі ресми, мәдени шаралар кезінде  кең залдың ішін толтыратын, сондай-ақ сырттан концерт, цирк ең арғысы қуыршақ театры келсе де күштеумен билет сатып алатын кім? Мұғалім. Екіншіден, сенбіліктерде болсын, жоғары жақтан дөй басшылар келгенде болсын, көше-арықтарды  күл-қоқыстан тазартып, талдардың түбін әктеп, аяқ астынан ақ тер-көк тер болатын кім? Мұғалім. Үшіншіден, сайлау кезінде айдаладағы бір мықтыны депутат ету үшін арамтер болып жүгіретін кім? Тағы да сол мұғалім..                               

      Директор (қаламсаппен столды тықылдатып) Сәнімкүл Сәлімқызы..

      Сәнімкүл (енді ғана өзіне келіп, алақанымен ауызын басады) Ой, мен.. мен.. Кешіріңіз.. Мен.. мен бұлай айтайын деген жоқ едім. Кешіріңіз.. (Орнына отыра кетеді).

     Азамат (қолын көтеріп) Рұқсат па екен?

     Директор: Сөйлеңіз. 9а сыныбының жетекшісі Берікұлы Азамат.

     Азамат: Құрметті ата-аналар! Өздеріңіз де біліп отырған шығарсыздар, кешегі келеңсіз оқиғаның кейіпкерлері менің сыныбымның оқушылары болып отыр. Мен де ол сыныпты кеше ғана алып едім деп ақталмаймын. Сынып жетекшісі ретінде жауап беруге дайынмын.  Бірақ, дәл қазір мені бұл мәселе емес,  жаңағы менің алдымда сөйлеген кейбір ата-аналардың сөзі қаттырақ ойлантып отыр. Әсіресе, барлық кінәні тек мұғалімдерге жауып, өздерін ақтауға тырысқан  ата-аналардың сөзіне таң қалдым. Балаларымыз азаннан кешке дейін мектепте деп барлық жауапкершіліктен құтылғыларыңыз келеді. Ал, шын мәнінде олар мектепте бар жоғы 6 сағаттай уақыт қана сабақ оқиды. Одан әрі қарата ата-аналары, отбасы жауапты. Әрине, қосымша сабақ, дайындыққа келген оқушыларға да тиісті мұғалімдер жауап береді. Бірақ, көптеген ата-аналар балаларының мектепке кеттім деп алдап, басқа жақты жағалап кететінін біле бермейді. Өткенде ғана тәртіп сақшылары жоғары сыныбымыздың үш оқушысын түнгі клубтың алдынан ұстап алды. Таңға дейін балаларының үйде бар-жоғын білмеген ата-анасы қалай жауап берсін? Тікемізден тік тұрып біз жауап бердік. Ең ащы шындық-кейінгі жылдары бала тәрбиесіне қатысты орасан шексіз жұмыстар тек мектеп пен мұғалімдердің мойнына ғана артылып, отбасы, ата-ана мұндай жауапкершіліктен қалыс қалып бара жатыр. Атап айтар болсам, көпшілік ата-аналар мектепке жиі-жиі келіп, ұл-қыздарының жайымен танысып тұрмайды. Бауыр еті-балаларының ол жақта не істеп, не қойып жатқанынан тіптен бейхабар. Балаларының тағдырынан, болашағынан гөрі өз қызмет-мансабын немесе күнделікті күйбең тірлігін көбірек ойлайтын ата-аналар да бар. Соның салдарынан көптпеген оқушылар мектепте өздерін тым еркін ұстайды, кейбірі тіпті мұғалім екен-ау деп оның айтқан ақыл-кеңесін құлағына да ілмейді. Меніңше, тәрбие отбасынан басталу керек. Ал, үйде дұрыс тәрбие көрмеген баланы мектеп бірден түзетіп жібереді деу тіптен ақылға симайтын...

Жантастың анасы (дауысы): Әй, шырағым, үйде тәрбие көрмеген деп кімнің үйін, кімнің баласын айтып тұрсың? Ата-аналар туралы мұндай пікір білдіретіндей сен кім едің?

Ұлпанның анасы (дауысы): Ия, сен бала не деп оттап отырсың? Әлде, осында отырған бәрімізді бес саусағыңдай білесің бе?

Азамат: Артық кетсем, кешіріңіздер. Бірақ, бұл менің жеке пікірім емес, мүйізі қарағайдай зерттеуші педагог-ғалымдардың пікірі, қоғамның пікірі. Ал, біраз ата-аналар туралы бес саусағымдай болмаса да, аздап білетінім рас. Өйткені мен өз сыныбымдағы барлық оқушылардан отбасылық және әлеуметтік жағдайы туралы мәлімет жинап алдым. Мәселен, Жантастың анасы сіз жолдасыңыз екеуіңіз де балаларыңызды осында қалдырып, Астанада  жауапты қызмет атқарып жатырсыздар. Бауыр еті-балаларыңызды кейде үш ай, кейде жарты жыл, кейде тіпті бір жыл бойы көрмейсіздер. Туған ата-анасының мейірім-тәрбиесі түгіл жүзін де жыл бойы көрмейтін балаға «Неге бұлай боп кеттің? Неге бүйттің?» деп біз қалай өкпе арта аламыз?  «Менің балам неге бұлай болып кетті? Неге бүйтті?» деп сіз бізге қалай өкпе арта аласыз? (Зал қол шапалақтап, гуілдеп барып басылады) Ал, Ұлпанның анасы-сіз беделді мекеменің бірінде бас есепші болып қызмет етесіз. Таңнан кешке дейін жұмыстасыз. Жиі-жиі шығатын іс сапарларыңыз тағы бар. Қызыңыз көбіне сіздің жаныңызда емес, үйіңізге жалғастыра салынған  киім-кешек, мата дүкенін басқаратын сіңіліңіздің жанында болады. Тәрбиені де тек сол кісіден алып жатыр деп айтуға болады. Ал, қызбала ең алдымен туған анасынан тәрбие-өнеге алу керектігін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Өз сөзімді Аса көрнекті педагог-тәрбиеші В.А.Сухомлинскийдің ұлағатты да әсерлі мынадай екі  сөзімен аяқтағым келеді: «Қызмет бабында сіздің жұмысыңыз қандай жауапты, күрделі болса да, үйіңізде сізді одан да жауаптырақ, одан да күрделілеу, одан да нәзік ең маңызды, ең қажетті, ең бір кейінге қалдырмайтын жұмыс-адам тәрбиесі күтіп тұратыны есіңізде болсын. Біздің әрқайсымыз, құрметті әке мен ана, мынаны түсінуіміз керек, тәрбие көрмеген шала сауатты надан адам бүлінген двигателімен аспанға көтерілген ұшақпен бірдей-өзі де күйрейді, жұртқа да өлім әкеледі».

«Егер сіз жер бетінде өзіңізден кейін із қалдыруды армандасаңыз, көрнекті жазушы немесе ғалым, космос кораблін жасаушы немесе периодтық системаның жаңа элементін ашушы болу міндетті емес. Жақсы бала тәрбиелеп-ақ өзіңізге қоғамнан берік орын қалдыра аласыз. Жақсы азамат, жақсы ұл, жақсы қыз, жақсы ата-ана тәрбиелесеңіз болады»  

Отырғандар біразы қарсылық таныта шулап, қалғаны ду қол шапалақтайды.

Директор (орнынан тұрып, залға қарап) Қарап отырсам, осында келген ата-аналардың барлығы дерлік әйел кісілер екен. Сондықтан, рұқсат болса, мен орталарыңызда отырған жалғыз ақсақалға сөз бергім келеді. Ақсақал, сіз бүгінгі жиналыста айтылған сөздерден қандай ой түйдіңіз? Қандай ұсыныс, пікір білдіресіз?

Қария (дауысы): Рахмет, балам. Бірақ, мен не айтамын? Шынында осы жерге келген жалғыз ер адам мен екенмін. Немерем Назгүл жиналысқа келіңіз деп қайта-қайта айтып қоймағасын келіп едім. Енді келгеніме өкініп те, ылғи келіндердің ортасында отырғаныма қысылып та отырған жайым бар. Бөрікті деген атым бар ғой, өз пікірімді айтсам, айтайын.

Жасым жетпістен асып барады. Көргенім көп деп айта алмаймын, бірақ өмірден түйгенім бар. Бір кездері біз де шәкірт болдық, бірақ өміріміз басқашалау еді. Ұстаздарымыз болды, олар да бүгінгі ұстаздардан өзгешелеу секілді еді.. Ол кезде ұстаздар келе жатқанда шәкірттер тұрмақ, ауылдағы ең үлкен басшылардың өзі шетке шығып жол беретін. Е, қарақтарым, несін айта берейін, біздің кезімізде ұстаздан өткен құрметті адам, мұғалімнен өткен құрметті мамандық жоқ еді. Ал, енді, естіп те жүрмін, көзбен көріп те жүрмін, бүгінгі мұғалімдердің абырой-беделі төмендеп, оларға деген құрмет те тым азайып бара жатқан секілді. Бұған тек әлі ақылы толмаған жасөспірімдерді кінәлай беруге болмайды. Кінәнің бір ұшын әуелі ата-аналардан, қала берді мұғалімдердің өзінен де іздеу керек. Құдретті Жаратушы ең алдымен адамзаттың рухын жаратқанын, оны мұсылман әрі кіршіксіз таза етіп жаратқанын көзі ашық баршамыз білеміз. Яғни, нәресте жарық дүниеге мұсылман, пәк-таза күйінде келеді, ал оның таза жүрегін кірлетіп, есейе келе жағымсыз қылықтарға бой ұруына ата-аналары-өзіміз себепкер болып жатамыз. Ал, жүрекке дақ түсіп, кірледі деген сөз-ол тұлғаның болмысы да жаман жағына қарай өзгерді деген сөз. Бұл жөнінде сүйікті Пайғамбарымыз(с.а.у.): «Адамда бір мүше бар. Егер, ол таза болса, қалған мүшенің бәрі таза, ол таза  болмаса, қалған мүшенің бәрі таза емес. Ол мүшенің аты-жүрек» деп өте тамаша айтқан. Әрине, ешбір ата-ана өз перзентін жаман болсын демейді. Бірақ, оны жаман жолға жетелейтін жаман үлгі-өнеге көрсетіп жүргенін өздері де байқамай қалып жатады. Әлі ақылы шала балаларды төрт қабырғаға қамап, алдарына сиқырлы жәшікті қойып, оларға қайтіп адам өлтіріп, қайтіп баскесер, жауыз болуды да үйретіп жатқан кім? Өзіміз. Үкілеп өсіріп отырған ұл-қыздарымыздың ертеңін қара түнекке айналдыратын жын-шайтандардың мекенін өліп-тіріліп  салып жатқан кім? Ол да өзіміз. Сол ойынхана салып жатқан пенденің бірі оған кеткен шығынның бір ғана бөлігін күнкөрісі төмен жанұяға берсе ғой.. Ас-ауқатын әрең тауып отырған сол үйдің балалары ең алдымен киінер еді, оқу құралдарын алар еді, мектепке барар еді, оқыр еді.. Олай болса, ата-аналар, ұстаздар болып оқушылардан бұрын алдымен өзімізді тәрбиелеуіміз керек секілді. Ең алдымен өзіміз иманды болуымыз керек. Өйткені имандылық қасиет қана адам жанын  өзімшілдіктен, қатыгездіктен, мансапқорлық пен басқа да жаман әдет-қылықтардан тазартады. Имандылық қасиет қана адамды ізгілікке, мейірімділікке, қарапайымдылыққа, әдептілікке жалпы  адамгершілікке жетелейді. Енді, бүгінгі жиналыстан қандай ой түйдім, соны айтайын. Ренжісе де айтайын, өз басым жаңағы келіндердің кімді жақтап, кімді даттап отырғанын түсіне алмадым. Ал, әлгі баламның айтқаны дәлелді әрі көкейге қонымды болды. Дегенмен, мен ананың айтқаны дұрыс, мынаның айтқаны бұрыс деп пікір айтудан аулақпын. Айналайындар-ау, мейлі ата-ана бол, мейлі мұғалім бол, екеуіңнің де илеп отырғандарың бір терінің пұшпағы емес пе? Илеген пұшпағың жақсы иленіп, көңілден шықса, сен де, сен де, сен де қуанбайсың ба? Әлгі бір мысал бар еді ғой.. Бәрі бірлесіп бір жаққа қарай тартпай, аққу көкке, шаян шөлге, шортан көлге тартқандықтан, арба бір елі де жылжымай, орнында қалатын. Сол сияқты, «Саусақ бірікпей, ине қолға ілікпейді» деген де нақыл бар. «Бес саусақ жұмылса, жұдырық» дегендей ата-ана, мұғалім, қоғамдық ұйымдар, тіпті, көпті көрген ауыл ақсақалдары болып, жан-жақты тәлім-тәрбие беріп, бірлесіп жұмыс жасалғанда ғана кез келген келеңсіздік пен қылмыстың алдын алып, дер кезінде берік тосқауыл қоюға болады деген ойдамын. «Қыз анадан үйренбей өнеге алмас. Ұл атадан үйренбей сапар шекпес» дейді данагөй Қорқыт бабамыз.  «Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтпаса, ел болғанымыз қайсы?» «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді ғұлама жазушы Мұқтар Әуезов. Қай кезде де, қай жерде де, осы үш ғибратты сөзді жадымызда ұстай білсек, балаларымызды оқытқан мұғалімдер-сендер де, сол балалардың  ата-аналары-біздер де жаман болмаймыз. Менің айтайын дегенім осы. Рахмет, қарақтарым.

Зал ду қол шапалақтап, гулеп барып басылады.

Директор (орнынан тұрып) Рахмет, сізге, ақсақал. Аз сөйлесеңіз де, түсінген адамға көп нәрсе ұқтырдыңыз. Құрметті ата-аналар! Бағана, сөзімнің басында айттым ғой, көп ұзамай ішкі істер бөлімі жақтан бір хабар келіп қалу керек. Ал, оған дейін сөйлеймін, ой-пікірімді айтамын деген ата-аналар болса, сөйлеуіне рұқсат. Ал, егер, осы да жеткілікті, аяқтайық десеңіздер..

Жантастың анасы (дауысы): Әй, директор, сен жиналысты аяқтайық деп не айтып отырсың? Өз ойымды айтпақ болып едім, ана мұғалім бала жап-жас бола тұра бетімнен ала кетті. Жарайды, мен сәл артықтау кеткен де шығармын. Оған кешірім сұраймын. Ал, менің балам ше? Қызыл қан болып зардап шеккен менің балам үшін кім жауап береді? Кім менен кешірім сұрайды? Айтпақшы, менің жалғызыма пышақ салған әлгі оңбаған қанішердің ата-анасы жиналысқа неге келмеген? Әлде, олар жоғары лауазымды қызметкерлер болғандықтан, шақыруға қорықтыңдар ма? Сендер қорықсаңдар қорыққан шығарсыңдар, ал мен оларды да, директорың бар, сынып жетекшілерің бар, сендерді де қосақтап сотқа беремін.

Осы кезде асыға басып мектеп инспекторы келеді.

Инспектор: Кешіріңіздер, тиісті құжаттарды реттеп, жеткенім осы болды. (Директорға) Рұқсат етсеңіз, мен мән-жайды сәл түсіндіріп кетсем..

Директор: Рұқсат.

Инспектор: Құрметті ата-аналар! Кешегі болған оқыс оқиға туралы бәріңіз де хабардар боларсыздар деп ойлаймын. Сондықтан, ол оқиғаны  сіздерге тағы қайталап жатпай-ақ, сол оқиғаға қатысқан Нұрбайұлы Елжан, Лесбекұлы Жантас және  Асқарұлы Әділдің өз қолымен жазылған түсініктерін оқып бергенді жөн көріп отырмын. (Бір парақты алып оқи бастайды) Түсінік. Мен, Асқарұлы Әділ.. (Ары қарата музыка ойнап, дауысы естілмей кетеді де, сәлден соң естіледі) Ол кезде қараңғы түскен болатын. Жантастың қолында пышақ барын байқап: -Пышақ!-деп айғайлап жібердім. Ол маған шынымен де пышақ салмақ болған соң, мен де қорғана бастадым. Осы кезде Елжан келіп бізді ажыратам дегенше, мен Жантасты аяғынан шалып қалдым. Ол құлап түсті де, жанұшыра шыңғырып жіберді. Сонда ғана оның бүйіріне пышақ қадалып қалғанын көрдім де, тез пышақты суырып алдым. Елжан қатты ашуланып, қолымнан пышақты жұлып алды да: -Тез бұл жерден кет. Барлық жауапкершілік пен кінәні мен өз мойныма аламын-деді. -Жоқ, кінәлі сен емес, мен ғой, сондықтан, өз ісіме өзім жауап беремін-деп, мен көнбедім. Елжан маған: -Егер, кінәні мойныңа алсаң, сені жазалайды. Ол кезде өзі науқас анаң саған көмектесуге шамасы жетпей, құсадан өліп кетуі де мүмкін. Ал, кінәні  мен мойныма алсам, маған түк те болмайды. Әке-шешем бар байлығын шашса да, мені ақтап алады-деді. Мен оған да көнбей айтысып тұрғанымызда, Азамат ағай мен инспектор ағай келіп қалды. Кенет, ішімнен тиген қатты соққыдан есімнен танып құлап қалдым. Есімді жисам, қолына пышақ ұстаған Елжан Азамат ағай мен инспектор ағайдың алдында бар кінәні өз мойнына алып тұр екен. Мен оның кінәсіз екенін айтпақ болып едім, Елжан: -Ол менен қорыққан соң солай айтып тұр-деп мені сөйлетпей қойды. Негізінде, Елжанның ешқандай да кінәсі жоқ. Кінәлі Жантас екеуміз. Жантас пышақ әкелгенімен қоймай, оны қолданбақ та болды. Ал, мен оған пышақ салмасам да, оның осылай жарақат алуына себепкер болдым. Осы айтқандарымның бәрі өз қолыммен жазылғанын растап қол қоямын.

Сәнімкүл (ұшып тұрып, директорға) Кешіріңіз, тысқа шығып келуге ұрықсат етіңізші.

Директор: Рұқсат.

Сәнімкүл асыға басып шығып кетеді.

Жантастың анасы (дауысы): Әй, инспектор бала, сен не деп шатып тұрсың? Осы уақытқа дейін менің балам жәбірленуші саналып келіп еді, енді аяқ астынан қылмыскер де өзі болып шықты ма? Сонда қалай? Өзі пышақ әкеліп, сол пышақты өзіне-өзі салғаны ма? Сандырақ! Бұған кім сенеді. Бәрің жабылып, әлгі дәудің баласын ақтап, менің баламды қылмыскер етпексіңдер ғой. Жоқ, оларың бола қоймас. Мен бұған жол бермеймін.

Инспектор: Сабыр етіңіз, апай. Мен бар болғаны өзіме берілген тапсырманы орындап, сол оқиғаға қатысушылардың өз қолымен жазып берген түсінік-жауабын сіздерге таныстырып жатырмын. (Екінші парақты алып оқиды) Түсінік. Мен, Лесбекұлы Жантас, достарым Елжан мен Әділдің берген түсінігімен толық танысып шықтым. Екі түсінікте де болған оқиға бұрмаланбай дұрыс жазылған. Алғашында ашумен  жала жауып, Әділді кінәламақ болғаным рас. Бірақ, Елжанның Әділді құтқару үшін бәр кінәні өз мойнына алғанын естігеннен кейін, оның адамгершілік қасиетіне бас иіп, ойымнан қайттым. Шын мәнінде, бәріне кінәлі жалғыз мен. Екі мектептің ұлдары өз ара келісімге келгенін қаламай, жалғыз өзім наразы болдым. «Таз ашуын тырнадан алады» дегендей, «жыртық-жамау, кедейсің» деп Әділге тиістім. Керек болып қала ма деп, үйден алып шыққан пышақты оған қолданбақ болдым. Бірақ, абайсызда құлап қалып, пышақпен өзімді-өзім жарақаттап алдым. Менің жарақат алуыма Елжанның да, Әділдің де еш қатысы жоқ. Мен ол екі досымды да мақтан тұтамын. Өзімді олардың алдында өте кінәлі сезінемін. Қолыммен істегенімді мойныммен көтеруге дайынмын.  Түсініктің өз қолыммен жазылғанын растап қол қоямын.

Зал дуылдап кетеді.

Жантастың анасы (дауысы): Жоқ, бұлай болуы мүмкін емес. Менің баламның қылмыскер болуы, мұндай түсінікті өз қолымен жазуы тіптен мүмкін емес. Мен жоғары жаққа шағымданам. Мен бұл істі бұлай қалдырмаймын. Мен.. мен.. (Шатып-бұтып, айғайлап жатады).

Сахна қараңғылана береді.

                                             

                                                 Жетінші  көрініс

Бірінші көріністегі Нұрбайдың үйі. Елжан келгенде іштен сумаң етіп Сәнімкүл шығады. .

Елжан (таңдана) Сәнімкүл апай!?  Сә.. сә.. сәламатсыз ба. Сіз..сіз мұнда неғып  жүрсіз?

Сәнімкүл (сасқалақтап) Сә.. сә.. сәламатсың ба, Елжан. Сен.. сен келіп қалдың ба? Мен.. мен мамаңда шаруам болып..

Елжан: Бірақ, апам үйде жоқ қой. Іссапарға кеткеніне екі күн болды.

Сәнімкүл: А-а, ия, ия, үйде жоқ екен. Ол есімнен шығып кетіпті. (Бірден өзгеріп, өзеурей) Ал, сен өзің ше? Аман-есен, бәрінен құтылып дегендей келіп қалдың ба? Мен сенің кінәсіз екеніңді білгем. Бүгінгі жиналыста да сені ақтап сөз сөйледім. Бірақ, сенің ана Әділ досыңды қорғап қалу үшін ол жасаған қылмысты өз мойныңа алғаныңа мен де түсіне алмадым.

Елжан: Түсінбедім дейсіз бе? Түсінбеген соң екен ғой, жиналыс аяқталмастан тіке біздің үйге тартқаныңыз. Дар ағашын құрып қойып, әкем де мені күтіп отыр десеңізші.

Сәнімкүл (түсінбей) Дар ағашы?(Тез өзгеріп) Қой, мен кетейін. (Асыға  зыта жөнеледі).

Ішкі есіктен Нұрбай шығады.

Нұрбай: Ә-ә, сен келіп те қойдың ба? Мен де өзің айтқандай бар дүниемді шашып,

сені түрмеден босатып алу үшін енді ғана шықпақ болып жатыр едім.

Елжан: Әке, сіздің маған қатты ашулы екеніңізді білемін. Басқадай амалым болмады. Әділдің отбасы өте жұпыны.  Науқас анасы екеуі ғана тұрады. Егер, ол жазаға тартылар болса,

анасының жайы не болмақ? Сондықтан оны құтқарып қалмақ болып.. құтқармақ болып..

Нұрбай: Ә-ә, құтқарып қалмақ болдың ба? О-о, менің балам қандай мейірбан, қандай қайырымды еді. Мен сені мақтан тұтамын, ұлым. Сені қаншалықты мақтан тұтатынымды саған қалай көрсетсем екен? Былай көрсетсем бе екен? (Елжанға жақындап, оң қолымен жағынан тартып жібереді). Әлде, былай көрсетсем бе екен? (Сол қолымен тағы тартып жібереді). Мүмкін, саған деген құрметімді былай көрсетуім керек шығар? (Тағы жағынан ұрады, ашулана айғайлап) Ей, жарымес, менің дүние-байлығымда сенің қандай шаруаң бар-ей? Әлде, мен өліп-талып сол дүние-байлықтың бәрін жоқ-жұқана, кедей-кепшіктің жоғын түгендеу үшін жиып жүрмін бе? Сен бүкіл жұрттың алдында: «Барлық байлығын шашса да, әкем мені құтқарып қалады» деп жар салыпсың ғой. Оны қандай оймен айттың-ей, сен миғұла? Өзімізден де артық сеніп келген анау Ержан ағаңның нағыз суайт әрі ұрлықшы, ол ол ма, нашақор болып шығып, бар байлығымды шашып, атымды былғап кеткені аз ба еді, саған? Әлде, сені де үйден қуып, сол ағаңның жанына, интернатқа апарып тастайын ба?

Елжан: Жоқ, әке, мен мектепті бітіріп, өз қалаған оқуыма түскім келеді. Мені ол жаққа жібермеңіз, өтінемін. Енді мұндай ойсыз әрекет жасамауға уәде беремін. Кешіріңізші мені, әке.

Нұрбай: Ә-ә, бәрін бүлдіріп, мені дүйім жұртқа масқара етіп, енді кешірім сұрап құтылмақсың ба? Осы уақытқа дейін де мектебіңді, мұғалімдеріңді шулатып, «Нұрбайдың кулиган баласы» атансаң да, мән бермей келіп едім, ал, бүгінгі тірлігің тіпті шектен шығып кетті. Сөздің қысқасы, ертең ертемен жолға шығасың. Жүргізушім апарып салады.

Елжан: Әке, айттым ғой, ол жаққа барғым келмейді. Мектепті бітірген соң..

Нұрбай: Сенің барғың келе ме, келмей ме, оны мына мен шешемін. Айттым бітті. Барасың.

Елжан: Әке, түсініңізші. Мектебімізге жаңа директор келіп, Азамат ағай сынып жетекшіміз болғалы, мен барлық жаман әдетімнен арыла бастадым. Кеше де басқа мектептің балаларымен төбелесу үшін емес, келісімге келу үшін барғанбыз. Бәрі ойдағыдай болып еді.. Жантас..

Нұрбай: Жетер! Сөзіңді босқа шығын қылма. Айттым, бітті. Ертең жүресің.

Елжан: Солай ма, әке? Олай болса, ол жаққа мен де бармаймын. Осы уақытқа дейін айтқандарыңыздың бәрін істеп, көңіліңізден шығуға тырыстым. Бірақ, «отырсам опақ, тұрсам, сопақ болып» бәрібір сізге жақпадым. Төменгі сыныпта жүргенімде мен айтқан шындықты өтірік деп,  ағам айтқан өтірікті шын деп, мені адам қатарына да қоспадыңыз. Екінің бірінде, «ынжықсың, езсің» деп мені жерге тығып, ағамды үлгі еттіңіз. Ал, жоғары сыныпқа көшкен соң сіздің сыныңыздан қорытынды шығарып, мектептегі күші басым оқушылардың қатарына қосылып едім, «кулиган» атанып тағы жақпадым. Ал, енді сол бұзықтықтың бәрін тастап, озат, тәртіпті оқушылардың қатарына қосылуға тырысқанымда, тағы да сіздің қаһарыңызға

іліктім. Айтыңызшы, әке. Сіз туған ұлым ғой деп бір рет болса да тілегімді орындап, бір рет

болса да маңдайымнан сипап көрдіңіз бе? Бесінші сыныпта оқып жүргенімде, әлі ақылы кірмеген шынашақтай маған ерегісіп, сыныптас көршім Әлияның үйін бір түнде басқа ауылға көшіріп жібердіңіз. Күнкөрісі өте төмен екеніне де, жалғыз жанашыры-анасының ауыр науқас екеніне де қарамадыңыз. Аяғыңызға бас ұрып жалынып, жылағаныма да, кішкентай жүрегімнің тілім-тілім болып жараланғанына да қарамастан көшіріп жібердіңіз. Естуімше, көрші ақысы деген өте қиын нәрсе екен. Ақыретте не істеп, не қойғаның, жақсы не жаман болғаның көршіңнен сұралады екен. Ал, сіз болсаңыз, Құдай қосқан оң жақтағы көршіңізді бұралқы иттен де жаман қылып, қыр асырып лақтырып тастадыңыз..

Нұрбай (сөзін бөле) Ей, боқмұрын, сен енді әкеңе ақыл үйретейін дедің бе? Көрші ақысы деп сен оған басыңды ауыртпай-ақ қой. Ақыретте де өз ісіме өзім жауап беремін. Ал, айтылған жерге қалай да барасың. Барасың! Барасың! Барасың!

Елжан: Әке, неге түсінбейсіз? Неге барғым келмейтінін айттым ғой. Бармаймын. Ұрсыңыз, ұрыңыз, тіпті өлтіріңіз, бармаймын. Бармаймын! Бармаймын! Бармаймын!

Нұрбай: Ей, миғұла, сен енді туған әкеңе қарсы шығайын дедің бе? Мен саған көрсетейін әкеге қарсы шыққан қандай болатынын. Мә саған! Мә саған! (Елжанды шапалақпен ұрады). Ақырында, өз асыраған күшігім өзімді қапты-ау. Сені бүйтіп ырылдатып қойғанша, өз қолыммен буындырып өлтірейін. (Қатты ашуланып, Елжанды мойнынан қыса бастайды).

Елжан (тұншығып, қырылдағанмен, қарсылық көрсетпей) Ия, әке, өлтіре салыңыз. Өз қолыңызбен өлтіріңіз. Сонда, сізге де, маған да жақсы болады.

Нұрбай: Мынау жарымес шынымен-ақ өлгісі келіп тұр ма? Тіпті қарсылық та көрсетпейді ғой. (Саусақтарын босатып, Елжанды серпіп жібереді де, тез-тез басып шығып кетеді).

Елжан (мойнын алақанымен сипалап) Жоқ, мен мектебімді, ұстаздарымды, достарымды тастап еш жаққа бармаймын. Олай еткенше, өлгенім жақсы. (Селт етіп, қуана) Ия, ия, айтпақшы солай етуге де болады екен ғой. (Тез шығып кетіп, арқан әкеледі де, бір ұшын төбеге байлап, екінші ұшынан тұзақ жасайды. Орындық әкеліп, үстіне шығып) Бұл әрекетімнің мұсылманға тіптен жат екенін білемін. Бірақ осылай етпеске амалым жоқ. Сүтке тиген мысықтай әркімнен бір айғай естіп, күнде өлгенше, бір-ақ рет өліп, тозаққа-ақ барайын. (Тұзақты мойнына салып) Қош болыңдар, достарым. Қош бол, Әлия. Кешіре алсаңдар, мені кешіріңдер. (Секіре бере, ойланып тұрып қалады. Мойнынан тұзақты алып, жерге түсіп, ішкі бөлмеге кіріп кетеді. Әлден соң барып магнитафон алып шығып, столға қояды). Ия, бұл шынында дұрыс болды. Ал, енді еш ойланбастан, қорықпастан.. (Қайтадан столға шығып, тұзақты мойнына сала бере тоқтап қалады). Тоқта, мен өзі не істейін деп тұрмын? Ал, өлейін. Сонда біреудің бір нәрсесі кете ме? Шындығына келгенде, мен неге өлуім керек? Менің қандай кінәм бар? Өзін-өзі өлтіру қолынан түк келмейтін, жасық, қорқақ, бейшаралардың ісі емес пе? Жоқ, мен ондай бейшара атанғым келмейді. Сондықтан өлмеуім керек. Керісінше, жіберген қателіктерімнің бәрін орнына келтіру үшін күресіп, қалай да жеңіп шығуым керек. (Жігерлене арқанды лақтырып жіберіп, жерге секіріп түскен кезде стол үстінде жатқан телефоны шырылдайды. Телефонды алып) Алло, сізге кім керек? Ия, мен сол Елжанмын. Кім дейсің? Әлия! Әлия, бұл шынымен де сенсің бе? Қайдан телефон соғып тұрсың? Осы жерден?!.. Қай жер? Мектептің жанында?.. Менің телефонымның нөмірін.. Назгүлден алдым дейсің бе? Түсіндім, түсіндім. Қалай-қалай? Әкемнің өзі алдырды дейсің бе? Ертең көшіріп әкелетін болды? Мынау тіпті керемет болды ғой! Қазір.. қазір барамын. Мені күт. Міне, ұштым.  (Қатты қуана, асыға басып шығып кетеді).

Ол шығып кете салысымен, асыға басып Нұрбай кіреді.

Нұрбай: Елжан, ұлым, мен келдім. Мен бәрін ой елегінен өткіздім. Менікі дұрыс емес екен. Сыныптасың Әлия қызыммен де сөйлесіп қойдым. Құдай қаласа ертең ертең көшіріп әкелемін. (Елжанды іздеп, жан-жағына қарап, арқанды көреді. Жүгіріп барып арқанды ұстап, үрейлене)  Елжан, ұлым, сен.. сен не істемексің? Жоқ, жоқ, сенің бұлай істеуің мүмкін емес. (Ішкі бөлмені, барлық бөлмені аралап шығып) Сен қайдасың, Елжан? Сен.. сен бұлай ететін бала емес едің ғой. (Магнатифонды көріп, жанына келіп, оны қосқанда, Елжанның дауысы естіледі).

Елжанның дауысы: Әкешім, анашым! Өмірмен қош айтыспай тұрып, іште жасырған мұң-сырымды айтып кеткенді жөн көрдім. Мен кішкентай кезімде өзімнен кейін де бір інім, не қарындасым болса деп армандадым. Ерлан ағам мені жиі жәбірлеп, жақсымды тартып алатын. Көбіне үйде жалғыз қалатынмын. Сондай кездерде, «неге інім, не қарындасым болмады екен» деп мұңға бататынмын. Мектеп табалдырығын аттап, шәкірт болған соң да ағам секілді өтірік айтудан қашып, сабағымды да жақсы оқуға күш салдым. Сыныптағы мақтаулы оқушылардың бірі атандым. Менен басқа оқушылардың ата-аналары жиналыс болсын, басқа болсын, мектепке жиі-жиі келіп, балаларының қуанышын бөлісіп, жетістігіне марқайып қайтатын. Ал, мен олардан артық жетістікке жетсем де, біріңіз мектепке бір рет  келіп, «жарайсың» деп маңдайымнан бір рет сипамадыңыздар. Оқушы болған соң мен де сіздердің мақтауларыңызды естіп, мұғалімдер мен оқушылардың алдында мақтанғым келетін. Бірақ, сіздерден мақтау естудің орнына тек қана жеку естіп, таяқ жедім. Ағамның айтқанына ғана сеніп, «сүмелексің, есуассың, езсің, ынжықсың» деп мені жерге тығумен болдыңыздар. Әлі ақыл-есі кіре қоймаған менің сағымды сындыру үшін бе, әлде, кедей болып сындарыңызды бұзды ма, сыныптас көршім Әлияның үйін бір түнде көшіріп жібердіңіздер. Кішкентай бала болсам да, жүрегім қатты жараланды. Содан осы бүгінге дейін «оны бір көрсем, шамам келсе, қайта көшіріп әкеліп, шамам келмесе, анасы екеуінің алдында кешірім сұрасам» деп армандаумен келдім.  Кейбір кісілер мен Сәнімкүл апай секілді мұғалімдердің сіздерге бола алдымда қоғадай жапырылып, жайдан-жай мақтай жөнелгенінен де әбден мезі болдым. Керісінше, әке-шешем біреулерді алдында зыр жүгіртіп, айтқанын орындататын билік иелері емес, барлық адамды тең көретін, мұқтаждардан жәрдемін аямайтын қарапайым жандар болғанда ғой деп армандадым. Сыныптас досым Әділге де сондай оймен көмектеспек болып едім, оның аяғы осылай болды.

Осы уақытқа дейін «жан деген тәтті ғой. Адам өзіне-өзі қол салуға дәті бармайтын шығар» деп ойлаушы едім. Сөйтсем, олай емес екен. Неге екенін білмеймін, қазір менің ойымда бір ғана нәрсе тұр. Ол-мына өмірден тезірек кету. Сонда ғана барлық қиындықтан құтылатын секілдімін. Бірақ, ол үшін қандай жолды таңдасам екен? Дегенмен, ең соңғы қалауым да, таңдауым да осы болғандықтан, ондай жолды табатыныма еш күмәнім жоқ. Қош болыңыздар. Кешіре алсаңыздар мені кешіріңіздер. Бақытсыз ұлдарыңыз Елжан.

Магнитофон тоқтайды.

Нұрбай: Жоқ, бұлай болуы мүмкін емес. (Естен танғандай, айғайлап, магнитафонды жерге ұрады. Үрейлене) Не дейді? Ондай жолды табамын дейді ме? (Еркінен тыс жүгіріп барып, арқанды ұстайды. Ойланып) Құдайым-ау, сонда ол.. ол бұдан басқа.. бұдан басқа да.. Өзіне өзі қол салып.. (Қолымен жүрегін басып тұрып қалады). Елжан, Елжан, құлыным, сен қайдасың? (Жанұшыра жүгіріп шыға бергенде, өте көңілді Елжан келеді). Елжан, құлыным, бұл сен бе? Құдайға мың тәубә, тірі екенсің ғой, құлыным. (Елжанды құшақтай алып, жылап жібереді). Кешір мені ұлым, кешіре гөр. Магнитафонға жазған сөздеріңнің бәрін тыңдадым. Сенің кім екеніңді, өзімнің кім екенімді енді білгендей болдым. Мен.. мен жаман мен жақсыны айыра алмаған нағыз көрсоқыр, мейірімсіз, оңбаған надан болып келіппін. Мен.. мен..

Елжан: Әке, олай демеңіз. Мұның бәрі менің кінәм. Менің ойсыздығым менің оспадарсыздығымның кесірі. Сізді осынша алаңдатқаным үшін мені кешіріңіз.

Нұрбай: Жоқ, ұлым. Сенің ешбір кінәң жоқ. Сенің кіршіксіз таза жаныңды аямай жаралаған мен кінәлімін. Ия, тек қана мен кінәлімін. (Елжанның екі иығынан ұстап) Елжан, ұлым, мен сен туралы осы уақытқа дейін шынымен де көп нәрсені білмеппін. Магнитафондағы сөздеріңнен кейін көп нәрсені ұқтым. Сенің алдыңда уәде беремін.  Бүгіннен бастап бұрынғы жіберген қателіктерімді түзеуге, жақсы әке болуға күш саламын. Інім, қарындасым болса деп армандапсың. Бұл енді, бір Құдайдың қолында ғой.. Беріп жатса, біз де қуана қабыл алуға әзірміз. Ал, бұдан басқа қалауыңның бәрін де орындауға толық шамам келеді деп ойлаймын. Ең алдымен қай қалауыңды орындауым керек екенін де білетін секілдімін. Ертең кешке дейін Әлияның үйін қалаға көшіріп әкелемін. Оларға бұрынғы үйінен де жақсы үй дайындап қойдым.

Елжан (Нұрбайды құшақтай алып) Әке, сіз сондай жақсы адамсыз!

Нұрбай (Елжанды құшақтап, күліп) Балам-ау, бір қалауыңды орындаймын деп едім, бірден жақсы адам болып шыға келдім ғой. (Кемсеңдеп) Рахмет балам, рахмет. Жақсы адамсың дегенің үшін рахмет. Балам, қара да тұр, әлі-ақ саған өзімнің жақсы әке екенімді де дәлелдеймін. Мен қазір сол үй жақтағы жұмыстарды бір барлап қайтайын. Сосын, жолай мешітке соғып, имамға жолығамын. Болады десе, сенімен бірге намаз оқуға мен де дайынмын. Мен кеттім, ұлым. Сен мынау үйдің ішін ретке келтіріп қой. Шешең келіп қалса, шошып кетіп жүрер. Бүгінгі болған жай туралы оның білмей-ақ қойғаны дұрыс. (Емпеңдеп, асыға басып шығып кетеді).

Елжан (екі алақанын жая, көкке қарап) Я, құдыреті күшті  Құдай, ризамын өзіңе! Бір-ақ сәттің ішінде қаншама қуаныш сыйладың! (Ойлана) Айтпақшы бұл қуанышты хабарды достарыма да жеткізіп қояйын. (Асығыс шыға беріп, тоқтап қалады). Алдымен үйдің ішін ретке келтіріп кетейін. (Сынған магнатифонды сыртқа тастап келеді. Орындыққа шығып, төбеге байланған арқанды шешіп алады. Орындықты орнына қойып, арқанды алып шығып

кетеді).

                                                      СОҢЫ

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған