Адам қарады: 72 | Жарияланды: 2018-04-19 04:39:36

Өтіріктің шегі

       

                                        І. Қаладан келген оқушы

                                        немесе Самат өтірікші ме?

     -Бұл-Ердәулетұлы Әділ. Қаладан келген. Мені қатты қуантқаны, Әділ озат оқушы екен. Облыстық пән байқауларына қатысып, көптеген жүлделі орындарды иеленіпті. Қаладан келген Әділ секілді озат оқушы сыныбымыздың өзге оқушыларына үлгі болады деген сенімдемін!-Сыныпқа жаңадан келген оқушыны өзге оқушыларға таныстырған Бағила апай Әділге сынай қарады:

-Солай ма, Әділ?

     Әділ кідірместен жауап берді:

    -Солай, апай. Сізді де, сыныптастарымды да ұятқа қалдырмауға сөз беремін!

     -Жарайсың, Әділ! Өзіңе-өзің сенімді екеніңді көрсеттің. Көрдіңдер ме, балалар, қаланың баласы өзін-өзі қалай ұстайды?  Әділжан, сен анау үшінші партадағы Кәусардың жанына отыра ғой. Кәусар да сыныбымыздың  үздік оқушысы. Ал, балалар, сабақ басталғанға дейін Әділмен жақынырақ танысып алыңдар.

     Бағила апай сыныптан шыққаны сол, оқушылар шуылдасып келіп Әділмен таныса бастады:

     -Менің атым Ержан.

     -Менің атым Ораз.

     -Менің атым Жанар.

     -Менің атым Албина болады..

     -Ал, мен парталасың  Кәусар боламын.

      Кәусардан кейін өзгелерге қарағанда етжеңділеу  ұл бала талтаңдай басып жақындай берді.

     -Ал, мен Самат боламын. Жақсы оқитыныңды, облысқа дейін барғаныңды білдік. Ал, спорт.. спортқа қалайсың? Менің бокстан үшінші разиратым бар.

     -Бокс дейсің бе?  Жаман емес, айналысамын..

     Самат денесі қағілездеу Әділге таңдана қарады.-Сен бе? Бокспен бе? Онда, күш сынасып көрсек қайтеді?

     -Неге болмасын,бірақ, бізге кез келген жерде бокс тәсілдерін қолдануға тиым салынған.

     -Тиым салынған!? Хи-хи-хи! Дәл бір атақты боксер секілді.. Одан да қорқам десей..

     -Қорықпаймын. Шынымен де бізге қатаң тиым салынған. Егер ережеден аттап..

     Сөзін аяқтамады, Самат жұдырығын сілтеп қалды. Соққыны тигізбей бұғып үлгерген Әділ ашуын әрең тежеді.

     -Шын боксерлер бұлай ұрмайды.

     Өз екпінімен біраз алға кетіп барып тоқтаған Самат кейін бұрыла берді:

     -Енді қалай ұрады? Көрсетші.

     -Қоймадың ғой, көрсетейін. –Иығын қозғап, жұдырығын түйіп ыңғайлана бастаған Әділді Кәусәр тоқтатты.

     -Әділ, олай етпе. Самат әдейі айтып тұр. Ол.. ол бұзық бала.

     -Жарайды, Кәусар, сен айтқан соң.. әйтпесе..-Әділ тез басылды.

     -Ә-ә, ақырында қорқып, қыздың етегіне тығылдың ба? Су жүрек, қорқақ!

     -Мен бе қорқақ? Шық олай болса!

     -Шықсаң, шық! Бір-ақ удармен накаут берейін. Сен менің кім екенімді..

Самат  сөзін аяқтап та үлгермеді, Әділ көз леспес жылдамдықпен шықшыттан ұрып сұлатып салды. Біраз уақыт қимылсыз жатқан Самат басын сілкіп-сілкіп жіберіп, қаңғалақтай орнынан тұрды.

     -Шынымен де мықты боксер екенсің. Разиратың қандай?

     -Разрядь болғанда.. сол.. спорт шеберіне үміткермін.           

     -Бәсе, ударың өте мықты екен. Ал, мен.. мен сол.. облысқа дейін бардым да, тастап кеттім. Сен мені кешір, Әділ. Кел, дос болайық.

     -Болсақ, болайық.

     Осы кезде Әділдің жанына Кәусар жақындай берді.

     -Әділ, саған жолықсам деп едім..

     -Әділ досым, онда жақсы. Мен кеттім. Сені Кәусарға тапсырдым.-Сұқ саусағын шошайтып, қулана күлген Самат  сыныптан шығып кетті.

     Әділ Кәусарға қарай бұрылды:-Кәусар, бірдеңе айтайын дедің бе?

     -Әділ, айтқанда не ғой.. Сенің Саматтан алыс жүргенің дұрыс. Ол.. ол нағыз өтірікші. Соны айтайын деп едім..

     -Өтірікші дейсің бе? Марат па? Былай.. түрі өтірікшіге ұқсамайды ғой..

     -Әділ, не десең, о де, ол өтірікшінің нағыз өзі. Онымен дос болам деп сен де өтірікші атанып жүрме. Абай бол.

     -Кәусар, мақтанғаным емес, осы кезге дейін өтірік айтып, біреуді алдап көрген емеспін. Енді, бүгін, табан астынан өзгере қоймаспын.

     -Әділ, ешкім де өтірікші болам демейді, бірақ өтірікші болғанын білмей қалады. Осы есіңде болсын. Қалай дегенде де, Саматтан алыс жүргенің дұрыс.

                                                        

           ІІ. Асылкүл әженің әңгімесі

    немесе өтірік тұмау секілді жұға ма?

     -Әже, әжетай, мен келдім.-Есіктен айғайлай кірген Әділді көріп, Асылкүл әже иіріп отырған ұршығын жанына қойып, орнынан тұра берді:

     -Келдің бе, қарағым? Ал, жаңа мектеп, жаңа сынып, жаңа оқушылар қалай екен? Бір-біріңмен тез тіл табысып кеткен шығарсыңдар?

     -Бәрі жақсы, әже. Сынып жетекшіміз Бағила апай өте жақсы кісі екен. Оқушылардың алдында мені әбден мақтады.

     -Әбден мақтады дейсің бе? Мақтағанды кім жек көрсін, балам..

     -Жоқ, әже, мен оған бола емес, Бағила апай шынымен де өте жақсы кісі секілді.

     -Бағила менің ең жақсы шәкіртімнің бірі еді. Сынып жетекшілерің болғанына қатты қуанып отырмын. Ал, оқушылармен ше? Тіл табысып, достасып кете алдыңдар ба?

     -Достастым. Самат деген баламен, сосын Кәусар деген қызбен достастым. Кәусар кемшілігіңді бетке айтатын шыншыл, өте жақсы қыз секілді, ал

Самат.. Самат..

     -Неге күмілжіп қалдың? Самат досың қандай бала екен?

     -Кәусар оны нағыз өтірікші дейді. Одан алыс жүргенің дұрыс дейді.

     -Кәусар қызым дұрыс айтады. Ол бала шынымен де нағыз өтірікші болса, одан тезірек іргеңді аулақ салғаның дұрыс. «Өтірікшімен дос болма, өтірігі жұғады» деген сөз бекер айтылмаған.

     Әділ таңданысын жасыра алмады:

     -Әже, сонда өтірік те кәдімгі тұмау секілді жұға ма?

-Тұмаудан да жаман, балам. Тұмау жұққанын жөтеліп, дене қызуың көтерілгенінен білуге болады, ал, өтіріктің қалай жұққанын сезбей де қаласың. Содан болар, ата-бабамыз ұл-қыздарын ең алдымен өтіріктен сақтандырған. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам», «Түймедей өтірік түйедей өтірікке айналады», «Өтірікшінің шын сөзі зая кетер». Айта берсем, өтіріктің зияны туралы мұндай нақыл сөздер өте көп.

-Әже, «Өтірікшінің шын сөзі зая кетер» дегенге онша түсіне алмадым. Зая деген не сөз?

-Зая деген сөз.. ол-бекер, босқа дегенді білдіреді. Оны түсіндіру үшін мен саған бір болған оқиғаны айтып берейін.-Асылкүл әже Әділді диванға отырғызып, өзі де жанына жайғасты:

    -Ертеректе, жаугершілік заманда, бір бала «Жау кеп қалды», «Өрт болып жатыр», «Тасқын су алды» деп елді алдап, дүрліктіре береді екен. Жұрт бір сенеді, екі сенеді, одан кейін ол балаға тіпті сенбейтін болыпты. Бір күні түнде әлгі өтірікші бала  ауылдың шеті өртеніп жатқанын көріп, «өрт, өрт» деп жанұшыра айғайлайды. Өтірікшінің сөзінен әбден мезі болған ел: «Е-е, өтірікшінің тағы бір өтірігі де» деп, бастарын көтерместен бейғам жата беріпті. Сөзіне ешкімді сендіре алмаған бала өртпен жалғыз өзі алысып жүріп, өртеніп өліпті. Міне, балам, «Өтірікшінің шын сөзі зая кетер» деген осы. Егер, әлгі бала өтірікші болмағанда, жұрт оны тыңдайтын еді, өзі де аман қалар еді. Бірақ, ол өз өтірігінің құрбаны болды. Қандай өтірік болмасын, оның зардабы өте ауыр болатынын есіңнен шығарма, қарағым. Қолыңнан келгенше, өтірік айтушы болма, өтірік айтатын адаммен дос та болма.

                                                   

                 ІІІ. «Плейстейшен» ойыны немесе

           көңілжықпастық жақсы қасиет пе, әлде?..

      Мектептен шығып,  үйіне асығып бара жатқан Әділді Самат қуып жетті.

-Әділ, тоқташы.. Мен.. мен.. бүгін бір керемет нәрсе көрдім.

-Керемет нәрсе? Ол не?

-Ол ма, не ғой.. Анау кампутер ойнайтын жер ше, сол жерге жаңа ойын келіпті. Екі адам ойнайды екен. Битіп-битіп басқаратын пульт секілдісі бар. Аты жо.. жос.. жос..

-Жостик пе?

-Ия-ия, дәл солай. Жостик. Соның кнопкаларын басып екі адамды төбелестіруге де, футбол ойнауға да, тіпті бокстестіруге де болады екен.

-Е-е, сенің айтып отырғаның  кейінгі шыққан «плейстейшен» ойыны екен ғой..

-Ия-ия, дәл сол плес.. плес.. плесжен дедің бе? Дәл сол. Сен оны біледі екенсің ғой. Ойнасаң, шашатын шығарсың, я? Маған үйретші, досымсың ғой.

-Сен не, сол ойынды дәл қазір ойнағың келіп тұр ма? Жоқ, менің қайтуым керек. Кешіксем, әжем алаңдайды. Сабаққа да дайыналуым керек. Сосын.. қалада бір-екі рет қана ойнағаным болмаса, бұл ойынды мен де жақсы ойнай алмаймын.

-Ту-у, Әділ, кешікпейміз. Бір сабақ бұрын шықтық қой.  Бар болғаны 15-20 минут ойнаймыз да қайтамыз.

-15-20 минут дейсің бе? Жарайды, тек, 15-20 минут қана.. Сенің көңілің үшін..

-Ура! Жарайсың, досым! –Қуанып кеткен Самат Әділді құшақтай алды.

                                        

            IV. Саматтың ақылы

немесе Бағила апай неге таңданды?

Сыныпқа кіре сала, партаға отырар-отырмас  дәптер-кітабын алып үңіле бастаған Әділдің жанына Самат келді. Екі езуі екі құлағында, өте көңілді.

Әділ тыжырына тіл қатты:

-Тым көңілдісің ғой. Сабаққа жүз пайыз дайындалып келгенсің-ау деймін?

Саматтың есіл-дерті басқада секілді.

-Әділ, оны қойшы, бәрінен кешегі плес.. плесжен ше, керемет болды ғой, я? Прямо, класс! Түнімен ұйықтай алмай шықтым. Бүгін тағы да барайықшы, а?

-Тағы барайықшы?-Әділ Саматқа тыжырына қарады.-Мен не деймін, сен не дейсің? Кеше сенің көңіліңе қарап барып, өзім де ойынға беріліп кетіппін. Енді міне, үй тапсырмасына да дайындала алмай.. Қазір апай сабақ сұрап қалса не деймін?

-Не айтамын дейсің бе? Оның бір жолы бар.

-Ол қандай жол?-Әділ елең ете қалды.- Айтшы енді, тезірек.

-Егер, менімен бірге тағы да плес.. плес.. ойнын ойнауға барсаң ғана айтамын.

-Өй-й, сен де.. баршы әрі.-Қолын бір сілтеп  кітапқа үңілген Әділ сәлден соң қайтадан Саматқа бұрылды.-Ал, жарайды, барамын. Сен енді жолын айт.

-Сен ылғи да сабаққа дайындалып келіп, қолыңды көтересің де отырасың ғой.  Тағы да дәл солай «мен айтайыншы, мен айтайыншы» деп қолыңды көтере бер.

-Ей-й, сол ма? Әжептеуір бірнәрсе айтады екен десем.. Ал, сұрап қалса ше? Нағыз масқара сонда болмай ма?

-Сұрамайды. Мен білем ғой. Ал, сұрап қалса сені өзім құтқарамын.

-Құтқарам дейсің бе?-Әділ мырс ете қалды.-Ал, сенің өзіңнен сабақ сұрап қалса ше?

-Сұраса сұрай берсін. Жауап беремін

-Жауап беремін!? Қалай?

-Міне, былай.

Бір-ақ сәтте көзі өлетін қойдың көзіндей аларып, түрі мыж-тыж болып шыға келген   Саматты көргенде, Әділ шошып кетті:

-Самат, бұл сен бе? Саған не болды? Ауырып қалдың ба? Мен қазір.. Медбикеге..-Асыға есікке беттей берген әділді Самат ұстап қалды.

-Керегі жоқ, Әділ, сен сұраған соң көрсетіп жатқаным ғой.. Мен сап-саумын.

    Түрі қайтадан бұрынғы қалпына келіп, күліп тұрған Саматты көрген Әділ таң-тамаша қалды.

-Қалайша? Жаңа ғана сен..

-Енді сендің бе? Айттым ғой, сені құтқарам деп. Тек, менімен бірге

ойынға баратыныңды ұмытып кетпесең болды.-Самат талтаңдай басып сыныптан шыға берді.

Оның қылығына таң қалып, әлі есін жия алмай тұрған Әділдің жанына Кәусар келді.

-Бағаналы бері байқап тұрмын, анау зуылдақ не деп миыңды ашытып жатыр? Өзі мәз, ал сен болсаң, әлденеге қатты алаңдаулы секілдісің..

-Жоқ, Кәусар, бәрі дұрыс. Сабаққа дайындалып, түнде кештеу жатып едім..

-Сенің үй тапсырмасын орындамай ұйықтамайтыныңды жақсы білем ғой, Әділ. Дегенмен, бүгін түрің бір түрлі.. 

Қоңырау соғылып, сыныпқа Бағила апай кірді. Оқушылармен сәлемдесіп, түгелдеп болған соң үй тапсырмасын сұрауға көшті:

-Ал, кәні, балалар. Үй тапсырмасын кім айтады?

Әдеттегідей бұл жолы да бірінші болып Кәусар қолын көтерді:

-Апай, мен айтайыншы.

Бағила апай оқушыларды бір шолып шықты.

-Ал, Кәусар, айта ғой.

Кәусар орнынан тұрып, еш кідірместен сөйлей жөнелді:

-Қазақтың белгілі ағартушы педагогы Ы.Алтынсаринның мысал әңгімелерінде адам бойындағы жақсы қасиеттер мен жаман қасиеттер сөз болады. Әңгімедігі кейбір кейіпкерлердің бойынан адалдық, әділдік, шындық, мейірімділік, сабырлық, төзімділік секілді жақсы қасиеттерді көрсек, кейбір кейіпкерлердің бойынан еріншектік, жалқаулық, қорқақтық, жағымпаздық, алдау, өтірік айту секілді жаман қасиеттерді байқаймыз..

Кәусарды тыңдап отырған Әділ ойға беріліп кеткенін білмей қалды:

«Алдау, өтірік айту.. Мен кеше әжеме бірінші рет өтірік айттым. Әжем менің айтқан өтірігіме сенді. Ал, бүгін сабаққа дайындалмай келіп, тағы өтірік айтайын деп отырмын. Әжем айтқандай, түймедей өтірігім түйедей өтірікке айналып бара жатқан жоқ па?»..

-Өте жақсы, Кәусар. Отыра ғой. Тағы кім айтады?-Бағила апай түрі қашып алаңдап отырған Әділді байқап қалды:-Әділ, сен қатты әбіржіп отырсың ғой. Ауырып қалған жоқсың ба?

Кәусар ойға беріліп кеткен Әділді түртіп қалды:

-Әділ, апай саған айтып жатыр.

Селк ете қалған Әділ  қолын көтере берді.

-Апай, мен айтайыншы. Үй тапсырмасын мен айтайыншы.

-Әділ.. сен.. сен..-Бағила апай Әділге таңдана қарап қалды.

-Апай, шын айтамын. Мен.. мен сабаққа әбден дайындалып келдім.

-Ол не дегенің, Әділ. Сенің ылғи да  дайындалып келетініңді жақсы білем ғой. Мен жай.. сенің түрің әбіржулі көрінген соң.. Жарайды, Әділден басқа кім айтады?-Үнсіз, қимылсыз қалған оқушыларды шолып шығып, сынып журналына үңілді.-Олай болса, бағасы жоқтардан бастайық. Сабақты.. сабақты Самат айтады. Ал, Самат, сабақ айта ғой. «Жақсының жақсысы, жаманың жаманы жұғады» деген. Күнде Әділ секілді үлгілі, озат оқушының жанында жүрсің ғой, бір жақсысы жұққан шығар.

-Апай, дайын емеспін. Кеше дайындықтан шыққан соң тағы да қатты ауырып..-Естілер-естілмес, ыңырси шыққан таныс дауысты естіп, Әділ жалт

қарады. Самат демде науқас адамның кейіпіне еніпті.

Оқушылар үшін бұл үйреншікті жайт секілді, біреуі де селт етпеді. Бағила апайдың да дауысы тым жайбырақат шықты:

 -Тағы ауырып қалдың ба? Жарайды, үйіңе қайта ғой..

Әділ тағы да ойланып қалды: «Ал, керек болса, апай тек менің ғана емес, Саматтың да да өтірігіне сене салды. Өтірік айтып, адамды алдау түк те қиын емес екен ғой»..

                                     

                     V. Көшедегі бейтаныс әже

    немесе Самат аяқ астынан неге ауырып қалды?

Мектеп формасын киіп, сөмкелерін асынған Әділ мен Самат орталық көшені бойлап асыға басып келеді. Самат Әділдің біресе о жағына, біресе бұ жағына шығып ауызы сөзден босар емес.

-Мә-ә, кеше керемет ойын болды ғой, иә? Мен ана жерінде пультті жөндеп басқара алмай қалдым. Әйтпегенде, менің шабуылшым сенің қақпаңа міндетті түрде гол соғатын еді. Мейлі, енді мұндай қателік жібермейтін боламын. Ту-у, тезірек таң атып, кеш түссе екен.

-Самат, осымен болды. Енді, ойын да ойнамаймын, өтірік те айтпаймын. Қиялдана бермей тезірек жүр. Сабақтан кешігіп қалып, апайдың алдында тағы да өтірік айтып тұрмайық.-Аяғын тездете басып жүре берген Әділ үлкен сөмкесін жерге қойып, жан-жағына жалтақтап тұрған  әжені көріп қалды. Ойланбастан әженің жанына барып, сөмкесін ала берді.-Әже, қай жаққа барасыз?  Сізді жеткізіп салайық.

-Өркенің өссін, айналайын. Көп жаса!-Әже алғысын жаудырып жатыр.-Қызымның үйіне бара жатыр едім, мына бір сөмкесі құрғыр..

-Уайымдамаңыз, әже, сізді жеткізіп саламыз.

-Көп жаса, айналайын! Өркенің өссін! Жақсылығың Құдайдан қайтсын.

Сөмкені көтеріп, әжеден озып біраз жерге барып қалған Әділді Самат тоқтатты.

-Әділ, сен жындысың ба? Сабақтан кешігеміз ғой. Ол қызының үйі қай жерде екенін білесің бе өзің?

-Жоқ, білмеймін.

-Білмесең, біліп ал, анау-у-у, ауылға кіре берісте. Ол жаққа барып келем дегенше..

-Ия, тым алыс екен. Бірақ, әжені қалай тастап кетеміз?-Әділ басын қасып, ойланып қалды да, қайтадан сөмкені көтере берді:-Жоқ, сен не істесең де өзің біл, ал мен әжені қызының үйіне жеткізіп саламын.

-Әділ, сен де өзің біл. Мен айтуын айттым. Бірінші сабақ Бағила апайдың сабағы екенін, оқушылардан жазба жұмысын алатынын ұмытпа. Кеше апайды екеуміз де алдадық. Ал, бүгін «осындай да осындай болды» деп былдырлап тұрсақ, апай бізге сене қояр ма екен?

-Сенбейді дейсің бе?-Әділ тағы да ойланып қалды.-Сенің айтқаның да дұрыс сияқты. Бірінші сабақ Бағила апайдың сабағы болса.. жазба жұмысын алса.. Бірақ.. мынау.. әжені.. әжеге не дейміз?

-Ту-у, соны да сөз деп. Мен қатты ауырып, емханаға апара жатқан жоқсың ба? Қарасайшы, маған.-Самат тағы да нағыз науқас адамның кейпіне еніпті. Тығырыққа тірелген Әділ аяғын тырп-тырп басып тақай берген әженің алдынан шықты:

-Әже, кешіріңіз. Сізге көмектесе алмайтын болдым. Досым қатты ауырып қалды. Соны емханаға апармасам..

-Қарағым, «Түсі жылыдан түңілме» деген, түріңе, сөзіңе қарап сүйсініп қалып ем.. –Жүзіндегі қуаныш пен жылы шырай жойылып, сөмкесіне қол соза берген әже Саматқа көзі түсіп, шошып кетті:-Астапралла! Мына баланың түрі не болып кеткен?

-Әже, сізге айтқаным да осы ғой.. Аяқ астынан ауырып қалып.. әйтпесе, сізді.. сізді..-Әділ міңгірлеп, ақталған болып жатыр.

-Балам-ау, «төрінен көрі жақын» сүйегі салдырлаған мені қайтесің, мына баланы тезірек жеткіз емханаға.

-Ал, әже, сіз.. сіз ше?..

-Мені қайтесің, балам. Ажал келмей өле қоймаспын. Одан да ана досыңды өліп қалмай тұрып, емханаға жеткіз. Тезірек!

Сөмкесін мықшия көтеріп, тырп-тырп басып бара жатқан әженің соңынан қарап тұрған Әділ күбірлей берді:

-Кешіріңіз, әже. Кешіріңіз, бізді..

-Оу, жүрсеңші енді. Сабақтан кешігетін болдық қой.-Алдында түк көрмегендей Самат тұр ыржиып.-Қалай, қатырдым ба? Әженің үрейі ұшып кетті ғой.

-Қатырдым дейсің бе?-Әділ Саматқа жақтырмай қарады.-Қайдам.. Біз дұрыс істемеген секілдіміз. Апарып салуымыз керек еді..

-Ту-у, сен де бір.. Айдаладағы бір бөтен кемпірді уайымдап.. Одан да, анау ойын ше, плес.. плесжен ше, сондағы кнопкаларды былай-былай басуын басқанмен, алға жүргізетін кнопканы басуға келгенде, үлгере алмай қаламын.

-Бөтен дейсің бе?–Әділ селт ете қалды.-Сонда, сен ол әжені танымасаң, қызының үйі қайда екенін қалай білесің?

-Әй, қойшы, соны.. Қай жерде екенін итім біліп пе? Әйтеуір айта салдым да. Одан да, жаңағы плесженнің..

-Ей, сонда сен..  мені, өз досыңды өтірік алдап..-Әділ Саматқа ұмтыла бере, мектеп қоңырауының дауысын естіп кілт тоқтады.-Бірінші сабақ Бағила апайдың сабағы дедің бе? Тындық деген осы шығар.

-Тынбаймыз, досым. Мен тұрғанда тынбаймыз. Мұның да бір жолын табамыз. Дегенмен тезірек жүрейік.-Самат асыға басып алыстай берді.

-Жолын табамыз.. Сен-ақ жол тапқыш екенсің, осы.. Көрерміз қалай жол тапқаныңды..-Естілер-естілмес күңкілдеген Әділ Саматтың соңынан жүгіре жөнелді.

                                     

 VI. Орталық көшеде болған оқиға

немесе мейірімсіз оқушылар кімдер?

Оқушылардан жазба жұмысын алып жатқан Бағила апай мазасызданып әлсін-әлсін есікке қарай берді. Ақыры шыдай алмай Кәусарға қарай бұрылды:

-Кәусар, сен Әділ мен Саматтың сабаққа келе жатқанын көрдім деп едің ғой. Олар неге осынша кешігіп жатыр? Екеуі бірдеңеге ұшырап қалмаса жарар еді.-Дәл сол кезде есік қағылды.-У-у! Келді-ау, ақыры..-Асыға шығып кеткен ол көп өтпей түрі қашып ішке ене берді.

-Кәусар, сен үйіңе қайта ғой. Сыртта әкең күтіп тұр.

Бойын қорқыныш билеген Кәусардың даусы да жарықшақтана шықты:

-Апай, неге  қайтуым керек? Үйде бір жағдай болып қалды ма?

-Жоқ, Кәусар, бәрі жақсы. Директордың өзі рұқсат беріп отыр. Бара ғой.

-Рахмет сізге, апай. Сау болыңыз. Сау болыңдар, балалар.

Кәусарды шығарып сап, есікті жауып кірген Бағила апай сылқ етіп орындығына отыра кетті.

-Балалар, кешіріңдер. Жазба жұмысын басқа күні алуыма тура келіп тұр.-Қолымен маңдайын тірей біраз ойланып отырды да, бір шешімге келгендей орнынан көтерілді.-Балалар, бәрібір естисіңдер ғой. Кәусардың әжесін машина қағып кетіп, ауыр хәлде ауруханаға түсіпті. Мұны айтып отырған себебім, екі оқушы бала әжені көре тұра жәрдем бермей қашып кеткенін жұрт көріпті. Қазір сол екі оқушыны іздестіріп жатқан көрінеді. Екі оқушы бала деген соң, біздің Әділ мен Самат емес пе екен деп, іштей уайымдап..-Сөзін аяқтап үлгермеді, есік қағылып, бастары салбырап Әділ мен Самат кіре берді.-Сендер ме? Сендер.. сендер неге кешіктіңдер?

    -Апай, кешіріңіз, біз.. біз.. әлгі..-Әділ Саматқа жалтақтай берді.

-Апай, біз.. біз бір әжені үйіне дейін жеткізіп саламыз деп.. Ауыр сөмкесі де бар екен.. –Мүләйімси сөйлеген Саматты Әділ де қостағанын білмей қалды:

-Ия.. біз.. біз.. Самат екеуміз  әжеге жәрдемдесеміз деп..

-Ух, жүрегім енді орнына түсті-ау.-Терең тыныс алған Бағила апай қуанышын жасыра алмай Әділ мен Саматты Құшақтай алды.-Бәсе, менің оқушыларым осындай болса керек қой. Ал, мен.. мен болсам әлгі сұмдық оқиғадағы оқушылар сендер екен деп.. жаман ойлап.. уайымдап.. Кешіріңдер, айналайындар, мен текке уайымдаған екенмін.

Әділ селт ете қалды:

-Апай, ол.. ол қандай сұмдық оқиға?

-Әділжан, оның несін сұрайсың? Қай мектептікі екені белгісіз, екі оқушы қарт әжеге көмектесудің орнына, жолдың ортасына тастап қашып кетіпті. Сөйтіп, әлгі әжені машина

қағып кетіп, өте ауыр хәлде ауруханаға түсіпті..

-Машина қағып кетіп дейсіз бе?-Әділ ыршып түскенін білмей қалды.-Апай, ол.. ол оқиға қай жерде болған?

-Орталық көшеде. Әже жолдың арғы бетіне өтпек болған секілді.

-Орталық көше дейсіз бе? Ал, ол әже.. ол әже..

-Ия, Әділ, ол әже Кәусардың әжесі болып шықты. Кәусарды сабақтан босатуын босатқанмен, әжесі туралы..

-Кәусардың әжесі?-Әділ сөзді бөліп, айғайлап жіберді.-Машина қағып кетіп, ауруханаға түскен Кәусардың әжесі дедіңіз бе? Сонда қалай? Жоқ, олай болуы мүмкін емес. Тіптен мүмкін емес. Ол әжені біз.. біз.. -Жұдырығын түйіп Саматқа жақындай берді.

Самат Әділдің қолынан ұстай алды.-Әділ, саған не болған? Сен далада емес, мектепте, сыныпта тұрсың ғой. Өзіңді дұрыстап ұстасайшы.

Әділ Саматқа ызалана қарап тұрды да, қолын серпіп жіберіп сыныптан шыға жөнелді.

-Әділ, Әділ.. –Соңынан жүгіре бере тоқтаған Самат Бағила апайға жалтақтай берді.

-Бар, бар, Самат. Жанында болғаның дұрыс.

-Рахмет, апай..-Жүгіріп шыққан Самат спорт алаңына қарай жүгіріп  бара жатқан Әділді әрең қуып жетіп қолынан ұстай берді.

-Әділ, тоқташы енді. Мен.. мен бұлай болатынын білмедім ғой.

Әділ Саматтың қолын қағып жіберді.

-Енді жаныма жолама. Атымды да атаушы болма. Тағы бір ауыз сөз айтатын болсаң, аузыңды қан қыламын.-Біраз жерге дейін жүгіріп барды да, кілт тоқтады.

-Жетер енді. Бұдан әрі шыдай алмаймын. Қазір апайға барам да, барлық шындықты жайып саламын.

Самат тызылдап кетті:

-Әділ, сенің есің дұрыс па? Сосын сен екеуміз де абтаритеттен жұрдай боламыз ғой.

-Авторитет..-Әділ ызалана басын шайқады.-Мен ұяттан, өкініштен өлейін деп тұрсам, сен.. сен авторитетіңді ойлап тұрсың. Барып тұрған ұятсыз, мейірімсіз біреу екенсің. Егер, сен болмағанда, мен ол әжені.. Кәусардың әжесін аман-есен қызының үйіне..

Самат Әділдің сөзін бөліп жіберді:

-Байқап сөйле, Әділ. Бар бәлені маған жаба берме. Сен ол кемпірге шындап көмектесем десең, мен қолыңнан ұстап қалған жоқпын ғой. Сосын, апайға айтам деп қоқаңдайсың. Жарайды, қазір бар да айта ғой. Шындықты айтты ғой деп маңдайыңнан сипай қояр  ма екен? Айтпақшы болған шындықты Кәусарға айтуды да ұмытпа. Шыншыл, батыл, мейірімді деген парталас  досының кім екенін біліп ол да «қуанып» қалсын.

-Кәусар дейсің бе?

-Ия, Кәусар. Мені қойшы, өтірікші екенімді бәрі де біледі. Ал, сен ше? Мынадай масқара ісіңнен кейін ол сенің бетіңді көрмей кетпей ме? Әлде, саған керегі де сол ма?

-Білмеймін, Самат, бірақ, Кәусарды ренжіткім келмейді.

-Енді не дейсің? Олай болса, айтпа. Әжеге жәрдем бермей қашып кеткен оқушылар сен екеуміз екенін кім біліп жатыр?

-Ал, біліп қойса ше?

-Білмейді. Ал, біліп қойса, оның да бір жолын табамыз.

Әділ шарт кетті:

-Бір жолын, бір жөнін.. Сен-ақ жолы мен жөнін тапқыш екенсің. Олай болса, неге өтіріктің үстіне өтірік, жаманның үстіне жаман жамала береді? Неге? Әжем «Түймедей өтірік үлкейе-үлкейе келе түйедей өтірікке айналуы мүмкін» деп еді. Рас екен. Ал, біздің өтірігіміз күннен-күнге үлкейіп, түйе түгіл таудай болып барады. Жетер! Осы жолы мына масқара жағдайдан  аман-есен құтылсам, саған да, өтірікке де жоламауға сөз беремін.

-Оу, Әдеке, тым қатты кетпеңіз. Мен сізге әлі де керек боламын.-Самат түлкіше бұлаң қақты.

-Ту, саған дауа жоқ екен.-Қолын бір сілтеген Әділ мектепке қарай жүгіре жөнелді.

Самат екеуі ентіге сыныпқа кіргенде, қоңырау да соғылды.

-Апай, кешіріңіз. Мен.. мен.. сәл..-Әділ төмен қарап күбіжектей берді.

-Оқасы жоқ, Әділ. Мен бәрін түсініп тұрмын. Барлық оқушы сен секілді терең ойлы, сезімтал, шыншыл болса ғой.. Бірақ, өкінішке орай, әлгіндей ойсыз, мейірімсіз оқушылар да бар.  Егер, олар сол жолы әжеге жәрдемдескенде, мүмкін бәрі де жақсы болар ма еді?-Бағила апай Әділдің басынан мейірлене сипап, оқушыларға бұрылды:-Ал, балалар, сау болыңдар. Ертеңгі сабаққа жақсылап дайындалып келіңдер.-Бағила апай сыныптан шыға салысымен, оқушылар да есікке лап қойды. Ең соңғы партаға сылқ етіп отыра кеткен Әділдің жанына Самат келді.

-Әділ, кәзір үйге барған соң не істейсің?

-Не істегені несі? Әжеме көмектесемін. Сабағыма дайындаламын. Сосын.. сосын ұйықтаймын.-Тыжырына жауап берген Әділ басын көтеріп алды:-Сен не, тағы да бірдемені ойластырып..

-Жо-жоқ, ешнәрсе де емес..-Самат зуылдай жөнелді:-Жәй.. екі-үш видео касета әкеліп қойып едім.. Бокс туралы. Соны көреміз бе деп..

Әділ ызалана мырс етті:

-Пейіліңе рахмет, Самат. Өзің көре бер. Видео көрем деп тағы да сабағым жайына қалып, тағы да өтірік айтар жайым жоқ.

-Өзің біл, Әділ. Мен мұны көріп қойғам. Бокс десе жанын беретін сен көрсін деп.. сәл де болса да іштей жеген уайымынан арылсын деп әкеліп едім..

-Маған бола әкелдім дейсің бе?-Әділ ойланып қалды.-Онда.. онда көрейін. Ең қызық деген біреуін ғана. Сосын үй тапсырмасына дайындалуым керек.

-Ту-у, осы сенің уайымдай беретінің-ай. Бәріне де үлгересің. Көр де тұр, осы видеоны көрген соң, үй тапсырмасына да үлкен шабытпен кірісесің. Сонымен, көруге  келесің ғой?

-Барам, барам. Айттым ғой, барамын деп.

-О, есть!

              

                                   VII. Бағила апайдың әңгімесі

                                   немесе Әділ неден үрейленді?

      Асыға басып мектеп ауласына ене берген Әділдің алдынан Самат шыға келді.

-Сәлем, Әділ.

-Сәлем.. сәлем..

-Қалай, түндегі видео ұнады ма? Класс қой, я?

-Видео дейсің бе? Видео класына клсс қой, ал, сабақ.. үй тапсырмасы ше? Түні бойы бокс көреміз деп таң атқанын да білмей қалыппыз. Қазір апай үй тапсырмасын сұрап қалса не деймін?-Аузын кере есінеген Әділ Саматқа үміттене қарады.

-Не деуші едің? Сол.. өткендегідей «мен айтамын, мен айтамын» деп қолыңды көтере бер. Апай, бәрібір, сенен сабақ сұрамайды ғой.

-Ал, сұрап қалса ше?

-Қорықпа, сұрамайды. Ал, сұрап қалса, мен өзім бір жөнін табамын..

Осы кезде қоңырау соғылып, сыныпқа Бағила апай кірді.

-Амансыңдар ма, балалар.-Отырмай тұрып әдетінше оқушыларды бір шолып шықты:-Кәусардан басқа оқушылар түгел екен. Олай болса, сабағымызға көшейік. Айтпақшы, балалар, бүгін қандай күн екенін білесіңдер ме?

Оқушылар жамырай жауап берді:

-Білеміз, апай. Бүгін 1 қазан-«Қарттар күні».

-Өте жақсы! Ендеше, сабақтың алдында осы жайлы 1-2 минут қана айтып кетейін. Балалар, өздерің де білесіңдер, қарттар яғни аталарымыз бен әжелеріміз өмірге  бірден осылай қарт күйінде келген жоқ. Олар да бір кездері кішкентай сәби, тіпті өздерің секілді бала да болған. Бірақ, өмірдің бұлжымас заңына мойынсұнып, қартайып, бойынан күш тайып, ата-әже атанып, таяққа сүйеніп жүр. Сондықтан, біз ол кісілерге үлкен құметпен қарап, қолымыздан келгенше жәрдем беруіміз керек. Үлкен кісілерді сыйлап, құрметтеу керек екенін тоқтаусыз айтып келеміз. Оқыған адамға бұл туралы көркем әдебиеттер де өте көп. Қасиетті Құран кітабында да өз ата-анасын, үлкендерді сыйламаған адам Жәннатқа бармайтыны туралы жазылыпты. Тіпті, «Ата-анаң қартайған кезде, оларға «тух» деп айтушы болма деп те жазылыпты. Олай болса, балалар, Кәусардың қарт әжесіне жәрдем берместен қашып кеткен екі оқушы сияқты болмай, қарттарды көрсек, оларды құрметтеп қана қоймай, көмек қолын созуға да дайын тұрайық. Ал, енді, сабағымызға көшіп, үй тапсырмасын бір пысықтап алайық. Қалай, бәріміз дайынбыз ба?-Бағила апай орнына отыра беріп, басын партаға қойып, ұйықтап жатқан Әділді байқап қалды.-Әділ!? Әділ, саған не болды?-Әділ тырп етер емес. Апай аң-таң болып Әділдің партасына жақындай бергенде,  Самат орнынан ұшып тұрды.

-Апай, не ғой.. Түнде әжесі ауырып қалып, қатты әбіржіп.. үй тапсырмасына да дайындала алмай.. Маған айтпа деп еді, мен шыдай алмай айтып қойдым.

-Сен не деп тұрсың, Самат? Оны неге ертерек айтпағансың? Әділ, Әділжан, тұра ғой.-Абайлап түрткені сол, Әділ оянып кетіп, апалақтап қолын көтере берді:-Апай, үй апсырмасын мен айтайыншы, мен айтайыншы..

Ду күлген оқушыларды басқан Бағила апай Әділдің қолынан ұстап, мейірлене үн қатты:

-Әділ, әжеңнің ауырып қалғанын енді ғана естідім. Қәзір сен үйіңе қайта ғой.

Әлі ешнәрсеге түсінбей тұрған Әділ шошып кетті:

-Әжем!? Әжем ауырып қалды ма?

-Әділ, кешір, сен айтпа десең де апайға айтып қойдым.-Самат өзгелерге байқатпай көзін қысып үлгерді.

Әділ де бір жайсыз жағдайдың болғанын түсіне қойды.

-Ә-ә, әжем бе? Ия-ия, әжемнің ауырып қалғаны рас. Шын айтамын, апай..

-Әділ, неге сонша ақталасың? Басқасы басқа, ауырмаған әжеңді ауырды деп  сенің өтірік айтпайтыныңды білемін ғой. Асылкүлдей асыл әженің немересі-сен өтірік айтсаң.. Әділжан, сен енді кідірмей, тезірек үйіңе бар.  Сабақтан  кейін мен де үйіңе соғып, әжеңнің хәл-жайын біліп шығармын.-Қатты толқыған Бағила апай сәл кідірді де, оқушыларға бұрылды:-Асылкүл әже демекші, егер сендер тыңдар болсаңдар бір болған оқиғаны айтып берейін. Дәл сендердей бесінші сынып оқып жүрген кезімізде ол кісі бізге сынып жетекші болып келді. Керемет кісі болатын. Өтірікке жаны қас, өте мейірбан жан еді. Жаңағы Әділ де дәл әжесі секілді..-Есік жаққа бұрылып қарағанда, әлі кетпей тұрған Әділді көріп қалды.

-Әділ, сен әлі кетпегенсің бе? Мен саған рұқсат бердім ғой.

-Апай, кешіріңіз. Егер сіз рұқсат етсеңіз, мен де тыңдағым келіп.. Соған..

 -Неге рұқсат бермейін. Ол сенің әжең ғой. Әжең туралы сенің де білгенің жөн.-Бағила апай оқушыларға қарап әңгімесін жалғап кетті:-Ия, сол Асылкүл әже сынып жетекшіміз болып тұрғанда сыныпта бір қыз болды. Сабақтан өте көп қалатын еді. Себебін сұрасаң, жалғаз басты шешесінің  жиі ауырып қалатынын алға тартатын. Бірақ, бір күні шындық ашылды. Әлденеден күмәнданған сынып жетекшіміз оның шешесіне барып жолығыпты. Сөйтсе, ол қыздың шешесі бір рет те ауырмаған, қызын бір рет те сабақтан алып қалмаған екен. Ауырмаған анасын ауырды деп өтірік айтып, бәрімізді алдап келген сыныптасымызға біз де қатты ренжідік. Ертесіне апай әлгі өтірікші қызды сынып жиналысына салды. Біз Асылкүл апай ол қызға өте қатаң шара қолданатын шығар деп ойлағанбыз. Бірақ, олай болмады. Апай өтіріктің өте жаман қасиет екенін бірнеше мақал-мәтел, нақыл сөз, мысалдармен түсіндіре келіп, әлгі қызға: -Сен өтірік айтып мені, сыныптастарыңды оп-оңай алдап келдің. Бірақ, есіңде болсын, бізді оңай алдағанмен, өзіңді жоқтан бар ғып жаратқан  Құдайды ешқашан да алдай алмайсың. Өйткені, Ол сенің де, менің де, бәріміздің де не істеп, не қойғанымыздың  бәрін көріп, естіп тұр. Рас, адамға ауруды да Құдай береді, бірақ Ол сенің анаңа ауру берген жоқ қой. Ал, сен ауру емес анаңды ауырып жатыр деп бізді алдап келдің. Құдай бұл жаман қылығыңа ашуланып, анаңа шынымен де ауру берсе не істейсің? Ол кезде қандай өтірік тауып айтасың?-деп сөзінің соңын қатқыл аяқтап еді. Кейін Асылкүл апай айтқандай сол қыздың анасы  шынымен де ауыр науқасқа ұшырап, төсек тартып қалды. Өтірікші қыз болса, науқас шешесіне ас-су дайындап, күні-түні жанында болып, сабақ түгіл ұйқы-күлкіні де ұмытты. Қаршадай қыз анасын апармаған жері, қаратпаған дәрігері қалмады. Бірақ, Асылкүл апай айтқандай Құдай қатты ренжіген болу керек, байғұс анасы сол науқасынан жазылмай, қайтыс болып кетті.

-Қайтыс болып кетті? Қалайша?–Әділ орнынан  ұшып тұрып, қалай айғайлап жібергенін байқамай қалды.

Бағила апай Әділдің жанына келіп, басынан  мейірлене сипады:

-Әділжан, бұл оқиға да сенің кішкентай жүрегіңді ауыртты ма? Сені түсініп тұрмын. Әжеңді уайымдайсың ғой. Бүйтіп өзіңді-өзің іштей жей бергенше, тезірек әжеңе бар. Көресің, бәрі де жақсы болады.

Әділ шошына селк ете қалды.

-Әжем?! Әжем де ауырып қалуы мүмкін ғой? -Жанұшыра сөмкесін алып, аяғы әр жерден тиіп, сыныптан шыға жөнелді.

Соңынан сүйсіне қарап тұрған Бағила апай күбірлей берді:

-Алтын бала. Өте ойлы, өте сезімтал, өте мейірімді..

                                      

                                            VIII. Тағы да қорқыныш

                                  немесе Әділ аяқ астынан неге өзгерді?

-Әже, әжетай, қайдасыз? Жол бойы қорқыныш пен үрейге беріліп, үйге асыға жеткен Әділ әжесін іздеп барлық бөлмелерді қарап шықты.-Әжем үйде жоқ. Әлде.. әлде шынымен де ауырып қалды ма? Егер, шынымен де ауырып қалса..-Ыза мен өкініштен көзінен ыстық жас ытып-ытып кетті.

-Әділжан, бүгін ертерек келіпсің ғой.-Есіктен кіріп келе жатқан әжесін көрген Әділ қуанышын жасыра алмай  құшақтай алды:

-Әже, сіз қайдан келдіңіз? Ауырып қалған жоқсыз ба?

-Әділжан-ау, неге олай дейсің? Аллаға шүкір, сап-саумын. Сені бұлай ерте келіп қалады деп ойламап едім. Мен тезірек кешкі ас-су қамына кірісейін. Есікке қарай бұрыла берген әжесін Әділ тағы құшақтай алды.

-Жоқ, әже, ештеңеге әуре болмаңыз. Шайды өзім қоямын. Бәрін де өзім істеймін.

-Қарағым-ау, бүгін саған не болған? Күндегі істеп жүрген шаруаларым емес пе?-Асылкүл әже есікке қарай бұрыла берді.

-Жоқ-жоқ, әже, бұдан былай тамағымды өзім пісіріп, шайды да өзім қайнатамын. Мектепте солай деп айтты. Сіз барып, ұршығыңызды иіріп, демала беріңіз.

-Қарағым-ау, мектептерің айтса, айтқан шығар, бірақ үйде тамақ пен шайды..

-Ту-у, әже, айттым-ғой, бәрін өзім істеймін деп. Маған сенбейсіз бе?

-Қарағым-ау, саған неге сенбейін. Қайта, есейіп, ақыл тоқтатып қалғаныңа қуанып тұрмын. Дегенмен, ошақ қасы, ас-су деген ер адамның емес..

-Ту-у, әже, сізге айттым ғой..

-Жарайды, жарайды, балам. Сенің де бір ойлағаның бар шығар. Мен барып ұршығымды иіре берейін.-Асылкүл әже аяғын тырп-тырп басып бөлмеден шығып кетті.

Әділ терең тыныс алды:-У-ух! Құдайға шүкір, әжем ауырмапты. Енді, барлық жұмысты өзім істеймін. Бірінші мәселе, тамақ пісіруім керек. Әжем жақсы көретін тамақ пісіремін.-Емпеңдеп есікке жете бере кілт тоқтады.-Бірақ, менің өтірік айтқанымды Құдай кешірді ме екен? Кешірмей қойса қайтемін? Менің өтірік айтқанымның кесірінен әжем.. әжем ауырып  қалса не істеймін?       

                                      

                                                    IX. Өтіріктің шегі

                                     немесе Әділ қалай тәубесіне келді?

-Ей, Әділ, сен өтірік айтуға әбден үйреніп алдың. Үйренгенің сондай, сап-сау әжеңді ауырып қалды деп өтірік айттың.  Енді міне, сенің сол ойланбастан айтқан өтірігіңнің кесірінен әжең шынымен де ауырып, ауруханада жатыр. Бұдан былай әжеңнің істеген ісінің бәрін өзің атқаруыңа тура келеді. Отын-су дайындау, үй ішін тазалау, тамақ пісіру секілді жұмыстардың бәрін өзің істейтін боласың. Неғып жатырсың? Тұр, орныңнан! Анау үюлі жатқан кірді жуып, ауырып жатқан әжеңе тамақ дайында.  Сабаққа дайындалуды да ұмытпа!

Бұрын-соңды естіп көрмеген ерекше зор дауысты естіп шырт ұйқысынан шошып оянған Әділ мәңгіріп отырып қалды. Бір кезде барып әжесінің үйде жоқ екені, қатты науқастанып  ауруханада жатқаны, кеше ол кісіге ыстық сүт пен ыстық тамақ  әкелем деп уәде бергені есіне түсіп, орнынан  атып тұрды. Асығыс киініп, жуынып келді де, тостақ толы сүтті пешке қойды.  Сосын қолына пышақ алып, картоп арши бастады. Көңілі алаң болып отырып ұмытып кеткен екен, пешке қойған сүт «быжылдап»  тасығанда, селк ете қалып, пышақпен саусағын кесіп алды. Қан саулаған саусағын шүберекпен орай салып, пешке қарай ұмтылды.  Асып-сасып оттан ала бергенде, тостақ қолынан түсіп кетіп, ыстық сүт аяғына төгілді. Қолынан қызыл қан саулап, аяғы күйіп, жан дуысы шыққан Әділ неге екені белгісіз, безілдей өз бөлмесіне қарай жүгірді. Бөлмесіне кіре бергенде, табалдырыққа сүрініп кетіп етбетінен түсті. Ішін ыза өртеп қанша жатқаны белгісіз, таныс дауысты естіп, басын көтерді.

-Апай, сізге айттым ғой, ұйықтап жатыр деп, ал, сіз болсаңыз..  

Сөйлеп тұрған шынымен де Кәусар екен. Бірақ, сүйкімді де мейірімді Кәусарға мүлдем ұқсамайды, үрейлі кинодағы қорқынышты кейіпкер қызға айналып кеткендей.

-Кәусар, сен дұрыс айтқан екенсің. Әжесінің жатқаны анау төсек тартып, мұның жатқаны мынау, рахаттанып. Ей, суайт, сабақ қайда?-Екі білегін сыбана өзіне төніп келе жатқан Бағила апайының түрі де өте қорқынышты екен. 

-Апай, әжеме тамақ дайындаймын деп қолымды кесіп, аяғымды күйдіріп алдым. Сенбесеңіз көрсетейін. -Жаралы  қолын ораған шүберекті алған Әділ

өз көзіне өзі сенбеді. Қолы сап-сау, тіпті тыртық та жоқ. Аяғы да күймеген. 

-Жетер енді, бүгінге дейін сені өзге оқушыларға үлгі етіп келіп едім. Әлгі қарт әжеге жасаған жақсылықтарың болмаса, Самат екеуіңнің де..

Бағила апайдың сөзін Кәусар бөліп жіберді:

-Апай, сіз қандай жақсылық туралы айтып тұрсыз? Бұлар ол әжені арғы бетіне өткізбек түгіл, жолдың қақ ортасында  қалдырып қашып кеткенін, ал, ол кісіні көлік қағып, ауыр жарақаттанып ауруханаға түскенін білмейсіз бе?

-Кәусар, сонда.. сонда көлік қағып, ауыр жарақаттанып ауруханаға түскен сенің әжең де, ал, ол кісіге көмектеспей қашып кеткен әлгі екі мейірімсіз оқушы мына Әділ мен Самат па? Сен.. сен қателесіп тұрған шығарсың? Бұлар.. бұлар керісінше бір әжеге көмектестік деп еді ғой..

-Апай, көмектескен, көмектеспегенін өзінен сұрасаңызшы. Әй, бірақ, мұндай суайт шындықты айтады дейсіз бе?

-Мен.. мен шынымен де әжеге көмектесейін дегем, бірақ, Самат.. Самат.. -Міңгірлеп ақталмақ болған Әділге Кәусар тағы шүйілді:

-Әне, айттым ғой, тағы да бар кінәні өзгеге жауып жатыр.

-Жетер, Әділ! Сенің кім екенің енді белгілі болды.-Әділге жиіркене қараған Бағила апай Кәусарға бұрылды.-Кәусар, мен мұны білмедім ғой. Білгенде.. Ал, енді..  қазір әжең қалай? Әлі ауруханада жатыр ма?

-Бүгін шықты. Шыға сала Саматтың үйіне кеткен. Оны бір жайлы еткен соң осында келем деген. Өзін жолдың ортасына тастап кеткен Самат пен Әділ екенін біліп алыпты. Апай, мен қорқам. Әжем қатты өзгеріп кеткен. Егер, осында келсе.. 

Кәусар сөзін аяқтап үлгермеді, есік  шалқасынан құлап түсіп, соңына маймыл ерткен, түрі қорқынышты кемпір айғайлай кірді:

-Әлгі оңбаған қайда? Мына балдақпен басын жарып, аяғын сындырайын.-Қос балдағын таянып, сау аяғымен шойқаңдап, Әділге ұмтылды. Алдынан шығып тоқтатпақ болған Бағила апайды тымақша лақтырып жіберді де, сақылдай күліп, Әділді балдағымен сабай жөнелді.-Тағы да қарт кісіні жол ортасында қалдырып, қашып кетесің бе? Тағы да өтірік айтып алдайсың ба?

-Жоқ, енді қашып кетпеймін. Енді ешкімді алдамаймын. Уәде беремін. Тек ұрмаңызшы, әжетай, жалынамын.-Әділ қанша шырылдаса да, кемпір жібір емес.

-Жоқ, анау мисыз басыңды жарып, аяғыңды сындырмай тоқтамаймын.-Балдағын көтере бере ойланып қалды.-Жоқ, сап-сау әжеңді ауырып қалды деп өтірік айтқан сендей оңбағанға бұл өте жеңіл жаза. Мен сені қорсылдаған торайға айналдырамын.-Кемпір әлденені күбірлеп, қос балдағын көтере берді.

-Жоқ, әже, мен енді өтірік айтпауға уәде беремін. Мені торайға айналдыра көрмеңіз. Жалынамын, әжетай!-Әділдің көзінен ыстық жас ытып-ытып кетті.

-Жоқ, солай етуім керек. Жер бетінен бір өтірікші болса да азая берсін. Айтпақшы, ана досың да жалынып, жылаған. Бірақ, көріп тұрсың, балалар мазақ қылып соңынан қуып жүрсін деп ыржалаңдаған маймылға айналдырдым. Әй, маймыл, кім екеніңді айт, мынаған.-Кемпір аң үйретушілер секілді бір балдағын көтеріп қалып еді, әлгі маймыл маймылша ішін шапаттап алды да, адамша сөйлеп кетті:

-Мен Саматпын, мен Саматпын. Сен торай боласың, сен торай боласың. Екеуміз ойнаймыз, екеуміз ойнаймыз..

-Естідің ғой, досың да сенің тезірек торай болғаныңды қалайды. Ендеше, мен де өз ісіме кірісейін.-Кемпір тағы да әлденелерді күбірлеп, қос балдағын көтере берді.

-Жо-жоқ, мен торай болғым келмейді. Мен.. мен адам болып қалғым келеді. Ешқашан өтірік сөйлемейтін шыншыл, қайырымды оқушы болғым келеді..

Жан дауысы шыға шыңғырып, шошып оянған Әділ орнынан ұшып тұрып, айнаның алдына келді. Айнадан өз бейнесін көрген соң ғана қорқынышы басылып, кері бұрыла берді де, тог ұрғандай кілт тоқтап, ойланып қалды. «Ия, бүгін  қорқынышты  түс қана көрдім. Ал, егер, өтірік айтуды қоймасам, бір күні шынымен де торайға.. торайға айналып..»-Өз ойынан өзі шошып, денесі қалтырап кеткен Әділ тізерлей отыра кетіп, екі қолын жая  күбірлей бастады:

-Құдайым, мені кешіре гөр. Менің өтірігімнің кесірінен әжемді ауырта көрме. Әжеме де, апай мен Кәусарға да дәл бүгін барлық шындықты жайып саламын. Енді өтірік айтпауға серт беремін. Енді өтірік айтсам торай болып кетейін.-Бетін сипай бергенде, ас үй жақтан әжесінің мейірімге толы жылы үні естілді:

-Әділ, Әділжан, тұра ғой, қарағым. Шайың суып қалатын болды.

                                                          

                                                  СОҢЫ

 

 

Қазақ тілінде жазылған