Адам қарады: 53 | Жарияланды: 2018-04-20 03:01:26

Қобыз бен домбыра

    Ертеде ағайынды екі шебер өмір сүріпті. Олар оң саусағынан өнер тамған жандар болыпты. Бірінің аты – Тапқыр, екіншісі – Алғыр екен. Екеуінің алтын қолдарынан шыққан өнер туындырына    жұрттың бәрі қызығыпты. Тапқыр жасаған қобыздың мұңды әрі зарлы дауысы адамдарды терең ойға шомдырса, Алғырдың жасаған қос ішекті домбырасы елдің көңілін аулайды екен. Ол домбыраның пернелерін қаға түссе болды, небір әсем ән мен күй төгіліпті. Қобыздың сыйқырлы үні жабырқаулы жандардың жанын емдепті.

  Бір күні қазақ елінің бір ханы жарлық шашыпты. «Кімде-кім менің жұмбағымды шешетін болса, соған ат басындай алтын беремін» депті. Ханның жұмбағы мынандай екен: «Үлкен кемем суға кетті, қалтылдаған екі қайығым үлкен теңізге барғысы келеді». Бірақ жұрттың ешбірі ханның жұмбағын шеше алмапты. Жұрт «Қазақ жерінде үлкен теңіз жоқ, хан нені меңзеді екен?» деп бас қатырыпты. Сол кезде ханның бас уәзірі Данажан:

-  Хан ием, сіздің жұмбағыңызды шешетін бір дана адам қалмады. Менің өзім де сіздің қандай құпия жасырғаныңызды біле алмадым» дейді. Сонда хан: «Хандығымда менің жұмбағымды шешуге лайықты ешкім қалмады ма?» деп сұрайды. Сонда бас уәзір:

- «Өнерлі» деген ауылда ағайынды екі жігіт бар деп естігенмін.  Бәлкім, сіздің жұмбағыңызды солар шешіп қалар, - дейді.

- Олай болса, әлгі екеуің алдыма алып келіңдер! – деп бұйырады. Ханның сөзін екі етпей, хабаршы салт атпен шауып кетеді. Хабаршы Алғыр мен Тапқырға келіп:

-  Сендерді хан ием щақырып жатыр, - дейді.

- Біз - момын жандармыз. Өнермен ғана күнелтіп жүрген жайымыз бар. Бізді хан иеміз не үшін шақырды екен? – деп сұрайды ағайындылар.

 - Сендер ханның жұмбақ жасырғанын естімеп пе едіңдер? Хан жұмбағың шешкен адамға алтын беремін деп жаһанға жар салды емес пе?

- Бізге алтын да, күміс те керек емес. Хан жұмбағының жауабын естігісі келсе, өзі келсін, - дейді Тапқыр.

- Хан қыздарың ерте келсін, - дейді Алғыр.

- Мен сендерге ханның әмірін жеткіздім. Егер менің соңымнан ермесеңдер, хан бастарыңды алады!

   Хабаршының сөзіне екеуі күлімсіреп, райларынан бас тартпайтынын білдіреді. Ханның алдына құйғыта шауып келген хабаршы болған жайтты жеткізеді.

Хан қаһарына мініп, қатты ашуланып:

- Менің бұйрығымды орындамайтын олар кімдер?! Кәне, сауыт-сайманымды  дайындаңдар! Қазір барып екеуің басым өзім барып шауып аламын! – дейді. Сол кезде бас уәзір Данажан:

- Хан ием, ашуыңызды басыңыз. Ашу – дұшпан, ақыл – дос деген. Екеуінің сіздің алдыңызға келмеуінің бір сыры бар шығар. Мән-жайды барған соң білейік. Серуенге шыққандай болып қыздарыңыз ды ерте барыңыз. Егер сіз қол астыныңыздағы елдің өнерлі екі адамын өлтірсеңіз, жұрт сізден теріс айналатын болады, - дейді. Хан бас уәзірдің ақылын жөн санап, серуенге шыққандай сәйгүліктерін сайлап, екі қызын қоса алып сарайдан шығады. Олар өнерлі екі жігіттің ауылына жүріп кетеді. Ханнның ауылға кіргенін естіген Алғыр мен Тапқыр аспаптарын алып, жотаның үстіне жайғасады. Әуелі Тапқыр қобызын қыл таяғымен ысқылап, аса мұзды да зарлы әуенді ойнай бастайды. Бұл ғажайып әуен адамдарды терең ойға батырып, жанының жарасын жеңілдетіпті. Хан       қобыз сарының құлақ құрышы қанғанша тыңдап, тілмен айтып жеткізе алмайтын әсерге бөленіпті. Тапқыр күйін ақтағанда ханға:

- Хан ием, үлкен кемеңіздің суға кеткені – әйеліңізден айрылғаныңыз. Сіздің әйеліңіздің өмірден ерте озғанына жаныңыз ауырып жүр екен. Қобыздың тылсым үнімен жан жараңызды  емдей алдым ба?  - дегенде Хан басын изеп:

- Иә, жаным сондай ауытпалықта еді. Сен бүгін еңсемді көтердім. Ризамын, саған! Сен жұмбағымның бірінші бөлігің шештің, енді екінші бөлігін тауып көр, - дегенде, Тапқыр:

- Жұмбақтың екінші бөлігін Алғыр інімнің шешуіңе рұқсат етіңіз, - дейді. Хан келісімін береді. Алғыр күмбірлеген домбырасымен бой жетіп қалған екі қызының көп ұзамай келін атанып, жат жұрттық болатынын жырлайды. Домбыраның үні маңайды шаттыққа бөлеп, хан жүзі жылып сала береді. Ән мен күй тоқтағанда бас уәзір Данажан: «Үлкен кемем суға кетті, қалтылдаған екі қайығым үлкен теңізге шыққысы келеді» деген ханның жұмбағың түсініпті. Хан өнерлі екі жігітке дән риза болады.

- Мен уәде еткен ат басындай алтынды екеуіңе теңдей бөліп беріңдер, - деп бұйырады. Сонда Алғыр мен Тапқыр:

- Хан ием, егер рұқсат етсеңіз, бізге беретін алтынды мына халыққа таратып берейік. Бала-шағасы көп отбасылар алсын. Бізге алтын-күміс керек емес, бізде өлмейтін, таусылмайтын рухани қазына бар. Ол – қобыз бен домбыра. Бұл екеуі барда ел ешқашан рухани кедей болмайды. Біз ел-жұтты аралап, қайғысын қобызбен жүбатып, қуанышын, той-думанын домбырамен ән айтып, күй шертіп, нәпақамызды табамыз, - дейді.

- Бәрекелді! Сендер өнерлі ғана емес, ақылды да тапқыр жан екенсіңдер. Мен екі қызымды сендерге қалыңдық қылып берейін, - дейді хан.

  Қыздар ай десе аузы бар, күн десе көзі бар, ақылына көркі сай арулар екен. Көрікті де қайратты, ақылды да өнерлі жігіттерді ұнатып қалыпты. Сөйтіп, қазақ даласында отыз күн ойын, қырық күн той болыпты. Ағайынды Тапқыр мен Алғыр балаларына бар өнерлерін үйретіп, дәстүрді ұрпақтан ұрпаққа жетуін аманат етіпті. Міне, сол күннен бері қобыз бен домбыра қазақтың киелі аспаптары саналады екен.

Қазақ тілінде жазылған