Адам қарады: 33 | Жарияланды: 2018-05-02 08:02:46

Жарық жұлдыз, Бәйтерек адамы

Адамның миында, оның көруге қабілеті жететін ой ғана ойланады.

Рамта.

 

 Түн. Біздің ауылда жаздың күндері, аспан әлеміндегі жұлдыздар тобы, анық, әрі жарқырап, жақын көрінеді. Бүгін аспан ерекше қап-қара , құс жолының әрбір бедері, ұн сеуіп қойғандай ағараңдап, көкжиекке дейін сөзылып жатыр. Жеті қарақшы деген жұлдыздар тобы бар. Олар жеті санына ұқсас тізіліп тұрады, және саны да жетеу. Осы жеті қарақшының жоғарғы жағында, жап-жарық бір жұлдыз бар. Ол ылғи маған қарап тұрады. Мен, басқа жұлдыздарға да қызығып қараймын, міне анау, соған жақын Темірқазық жұлдызы, міне сол жақта Су құйғыш....олар да ерекше жарқырап тұрады , бірақ олар маған қарамайды. Ойласам да , ойламасам да бәрібір, егер мен түнде далаға шықсам, ол жұлдыз мені тауып алады, әдейі менің ізімнен қалмай бағып жүрген сияқты. Мен кейде аспанға қарамай, тезірек үйге кіріп кетемін, біртүрлі қорқатын сияқтымын. Бүгін де сол жұлдызға қарап тұрмын, көңілімде сәл ғана реніш бар, өмір болған соң болады ғой.Ол мені көргеніне қуанып тұр ма, лыпылдап , жымыңдайды. Мен енді одан қорықпай, байыптап ұзақ қарадым. Ол мені өзіне қарай шақыратындай, «Кел мұнда,мен сені күтіп жүрмін» дейтіндей. Мен оған қараған сайын жұлдыз да үлкейіп, маған қарай жақындап келе жатты. «Кел мұнда, келші!» деп, ғашығым қолын созып тұрған сияқты. « Мен онда қалай барамын?- деп ойладым, -құс емеспін ғой ұшып кететін, самолетім де жоқ.» -«Ойыңмен, ауаны қатты материалдық зат деп ойла да, баспалдақпен шыққандай басып, жоғары көтеріле бер» деген дауысты естідім. Өз құлағыма сенбей, жан-жағыма жалтақтап қарадым. Ешкім жоқ. «Бұл не елес пе?» Қарасам, аяғыммен ауаны қармап жатыр екенмін, аяғым тірейтін тірек таппай, жерге қарай тайып кетті. Сосын тағы да қайталадым, аяғым тағы да тірек таппай жерге түсті. Мен енді, алдымда ағаш баспалдақ бар деп, көз алдыма елестеттім де, аяғымды баспалдаққа басып едім, қатты затқа аяғымның тірелгенін сездім. Осылай бір, екі, үш,.. баспалдақтарды санап, шынымен-ақ жоғары қарай көтеріле бердім. Біраз көтерілген соң , бұрылып артыма қарасам, арт жағымда баспалдақтар жоқ екен. Бірден бойымды қорқыныш жайлады, «бұл қалай?» деп. Осы ойдың келуі сол екен, мен жерге қарай құлдилап, құлай жөнелдім. Жерге тарс етіп, бар денеммен құладым. Көзімді ашсам жерде, есік алдында жатыр екенмін. Аспанға қарап едім, жарық жұлдыз менің тас төбемде, маған қол созым жерде ғана тұрған сияқты. «Жарайсың- деп маған мейірімін төгіп тұр- ең бастысы қорықпа, және артыңа қарама.» Орнымнан тұрдым , еш жерім ауырмаған сияқты. Ойыма тағы да баспалдақ келді. Тағы да алдымнан шынымен-ақ баспалдақ пайда болды. Мен енді, нық сеніммен, баспалдақты басып, жоғары қарай кете бердім. Мені біреу жетелеп бара жатқан сияқты. Жоғары көтерілген сайын, ауаның салқындап кеткенін байқадым. Бір кезде баспалдақ таусылып,алақандай ғана жерде, не істерімді білмей тұрдым. Алдымда аяқ басатын ештеңе жоқ, қараңғы ауа ғана, ал артыма қарауға болмайды. Не істеймін? Осылай ойланып тұрғанымда, біреу прожектор жағып жібергендей жарқ ете қалды да, мені бір күш тартып ала жөнелді.Ойланып та үлгермедім, сол күш ұшырып барып, мені қатты жерге бір-ақ соқты. Қайтадан жерге құлаған шығармын деп ойладым. Бір кезде, көзімді ашып жан-жағыма қарасам, үй де жоқ, аула да жоқ, ауыл да жоқ, айдалада, тақыр жерде жатыр екенмін. Жан жағыма барлап қарай бастадым. Аяғымның асты жұп-жұмсақ, былқылдап тұр, астымдағы жер көтеріліп- басылып, дем алғандай қимылға келіп жатыр. Ешқандай шөп-шалам, жануар, тау-тас , су көрінбеді, айнала бос , тап-тақыр дала. Жерден жұмсақ қана жарық шығып тұр , бұл жарық барлық жерде бірдей, жердің астына біреу шам жағып ,подсветка беріп қойғандай, жердің үсті көкжиекке дейін жап-жарық. Ешқандай не айды, не күнді көре алмадым. Жұлдыздарға қарап,оңтүстік,солтүстікті анықтағым келіп еді, онымнан түк шықпады. Аспан, бұрын мен көрмеген жұлдыздарға толы екен. Үп еткен жел жоқ, ауасы тар, дем алу өте қиын. Ешнәрсеге түсінбей, өзімнің қайда екенімді білмей аңтарылып, қорқып отырдым. Көңілімде үлкен сұрақ: «Мен қайдамын?» Маған жауап берген ешкім болған жоқ. Енді мен орнымнан тұрып бетім ауған жаққа қарай жүре бердім. Жүріп барам, жүріп барам... ал айналам еш өзгермейді, бір орнымда тұрған сияқтымын. Тура бір беговая дорожкада жүріп бара жатқан сияқтысың, айнала өзгермейді, бірақ аяғыңның астынан кетіп жатқан жерді көресің. «Шынымен жүріп бара жатырмын ба,жоқ бір орнымда тұрмын ба» деп ойлап, аяқ астына орамалымды қойдым да, ары қарай кеттім. Біраз жүрген соң артыма қарасам , орамалым едеуір жерде қалыпты.Мен шынымен жүріп бара жатыр екенмін.Бірақ, қанша жүргеніммен, мен еш жерге келмедім,қайда барсам да сол баяғыдай тақыр жер, сол баяғыдай айдала... Осылай ,айдалада жалғыз келе жатсам да, мені біреу бақылап тұрғандай сезімнен арыла алмадым. Жан жаққа жалтақтаумен болдым. Бой-бойым шығып терлеп , әбден шаршап жерге отыра кеттім, су ішкім келіп шөлдедім, таңдайым кеуіп, тұншығып барам. Ауаның тарлығы сонша, моншаның іші сияқты қапырық, әрең-әрең дем алам. Үйдегі бау-бақшаның таза ауасын аңсадым. Шіркін-ай, біздің бақшаның алма гүлдегендегі иісін айтсайшы! Көзімді жұмып едім,көз алдыма гүлдеп тұрған алма ағашы келді. Бір кезде айналам, алма гүлдегендей әдемі иіс аңқып қоя берді, тынысып кеңіп, рахаттана «Уһ» деп дем алдым. Көзімді ашсам, қарсы алдымда алма ағашы гүлдеп тұр! Елестеп тұрған шығар деп , көзімді сипалап , ағашқа жақындадым. Ұстап көрдім, айнала сипап ,гүлдеріне дейін ашып көріп жатырмын. Елес амес шынымен екеніне көзім жеткен соң, осы алма ағашын көріп тұрғаныма қуандым. Ағашқа сүйеніп қалғып бара жаттым.... Оянсам, денемнің шаршағаны басылып, тынығып қалыппын. Ағаш сол күйі, әлі гүлдеп тұр екен. Тілім ісіп кеткендей, аузыма симай тұр, ешнәрсе ойлай алмаймын , тек қана ойыммен «бір жұтым су болса ғой.» деп,тіліммен кезерген ернімді жалай берем. «Бір шыны суық су болса ғой!» Бір кезде, қарсы алдымнан, ауада қалқып, бір шыны су пайда болды. Жан-жағыма қарадым, ешкімді көрмедім. Шыныны ұстап көріп едім, сұп-суық екен. Жалма-жан суды сіміріп, іше бастадым. Рахатын-ай! Бір кезде шөлім қанып тоқтадым. Сосын барып «су қайдан келді?» деп ойладым. Денемді бір түрлі сезім жайлап, көзге көрінбейтін біреулер мені аңдып жүр ме, деп ойладым. Сағатыма қарап едім 14-ті көрсетіп тұр екен . Күндіз екен деп ойладым. Мұнда күн жоқ болған соң, күн бе,түн бе белгісіз. Ойланып біраз отырдым. Мына қарсы алдымдағы, белгісіз жақтан пайда болған, алма ағашы мен судың бекер емесін сезіп тұрмын. «Егер мен, балмұздақ жегім келсе ше?» Ойыма эскимо балмұздағы түсті. Ауада қалқып тағы да эскимо балмұздағы шыға келді. Төбе шашым тік тұрды, «бұл не? Қалай???» Мен ертегі елінде жүрмін бе? Балмұздақты алып жеп көріп едім, нағыз эскимо екен. Сілекейім шұбырып, жаланып жылдам жей бастадым. Сөйтіп, қай жер екені белгісіз, айдалада, гүлдеп тұрған жалғыз алма ағашының астында, мен эскимо балмұздағын рахаттана жалап отырдым....

Менің санама енді , не қаласам да орындалатыны жетті. Ойыма келтіріп ,киімдерімді ауыстырдым, жайлы аяқ киім кидім. Жуынатын сабын, шампунь, тарақ , сүлгі жасап болған соң , жататын төсек-орын, үй жасап алдым. Сөйтіп мен айналама керек заттарды жасаумен әлек болып, соның қызығына түсіп кеттім. Орындалуы оңай, жылдам болғанымен, ол заттарды ойға келтіріп ,елестету қиындау болды мен үшін. Өмірде, айналамдағы заттарға мән беріп қарамайды екенмін. Әйтеуір жобалап ойлаған соң, олардың орындалуы да жобамен ұқсап тұрды. Әдемі үй жасағым келіп еді, бірақ көз алдыма толық елестете алмадым, ақырында үйреніп қалған өз үйімнің аумаған копиясы шықты. Сонымен мен, бар уақытымды, өзіме керек-жарақ заттар жасап,огород егіп, үйді шарбақпен қоршап, есіктің алдын неше түрлі, роза, гладиолус, астра, қызғалдақ.... гүлдеріне жайнатып, кухнядағы столдың үстін әртүрлі тамақпен толтырып қойдым. Сосын аулаға шығып , алма жеп, гүлдерге қара-а-ап отырдым. Мен өмірімде, мұнша нәрсе жасап көрген емеспін. Енді міне өз жұмысыма сынай қарап отырмын. Маған зат жасау өте ұнады. Жұмыстың қыр-сырын жасап жатқанда білесің ғой. Мысалы, столды әуелі төрт бұрыш етіп ойладым, сосын оны дөңгелек етіп өзгерткім келіп еді, пайда болған столым төртбұрыш та емес, дөңгелек те емес, қисық-қисық бірдеңе болып шықты. Машина жасағым келіп еді , одан түк те шықпады. Мен ешқандай машинаны толық жан-жақты көз алдыма елестете алмадым. Ақыр соңында алды мерседес сияқты , арты джип сияқты, ортасы трактор сияқты бірдеңе пайда болды. «Мұндай машина маған керек емес» дедім мен, өз ісімнен ұялып. Мен жасаған машина жоқ болып кетті. Мен сонда, керек емес заттың жоқ болып, жойылатынын білдім. Бұл жерде, зат жасау үшін, ойдың анық , тұрақты, және дәл болуы маңызды екен. Үйде жүргенде тіпті де ойды пайдаланбаймыз ғой, анаған қарап, мынамен сөйлесіп, ойымыз бөлінеді де, бізді қоршаған заттарға мән беріп қарамаймыз да. Енді міне, сол заттарға жете алмай, мынау айдалада, өзімді қоршайтын дүние жасап, әуре болып жатырмын. Менің ойым, бау-бақша, гүлдер жасағанда айнымады, ойымдағылар жылдам,әрі әдемі шықты. Мен табиғатты жақсырақ біледі екенмін. Үйдің айналасына жасыл ормандар,әдемі тау қойнауын, мөлдір суы бар өзен жасадым. Осы табиғатты жасау, көбірек уақытымды алды. Мен суретші сияқты, әрбір тасты, әрбір жапырақты жекелендіріп , сосын оларды топтап ерекше ықыласпен жасадым. Гүлді алаңқай жасағанда сиқыршы сияқты, шабыттанып та кеттім. Мысалы мен бір қызыл, бір сары, бір ақ роза гүлін жасаймын да, оларды оймен көбейтіп жіберемін. Сонымен тап-тақыр жердің бір бөлігі гүлге толып шыға келеді. Сосын көбелектер , өзім білетін құстарды жасадым. Демалып алып, мен енді ақша жасауға кірістім. Столдың үстін бума-бума теңгелерге, долларға толтырып қойдым. Ақшаларға қарап, оларды ұстап, сипап отырдым. Өмірдегі қол жетпес арман ғой, мұншама ақша! Санаған да жоқпын, бір кезде, «Енді мұның не керегі бар?-деп ойладым-Мен қалағанымды ақшасыз да жасай алатын болсам.», сосын, «Қой, бір керегі болып қалар» -деп кішірек сейф жасап , соған ақшаларды салып, кроваттың астына тығып жаттым. Сосын, «Мен неге ақшаларды тығып жатырмын? Мұнда ешкім жоқ қой» деп ойладым да, өзімнің тірлігіме күлкім келді. Тағы да байқағаным, егер менің ойым не қаларын білмей ананы да , мынаны да ойласа ештеңе де орындалмайды.Сонымен бірге заттардың пайда болу жылдамдығы да әртүрлі екен, машина ,үй сияқты заттар көбірек уақытты алды. Ал, аса қажет нәрселер жылдам орындалады, онда да оның біреуі ғана. Мысалы, қарным ашып, ет , бесбармақ, тауық , палау деп шұбыртып ойласам ешқайсысы да келмейді. Сосын мен бәрінен де не жегім келіп отырғанын ойласам сол ойым орындалады. Дәмін біліп рахаттана жеген сезім болады, бірақ асқазан ауырламайды, сәлден соң тойған сезім келеді. Мен енді әртіске ұқсап, ойнай бастадым. Қолымды шырт еткіземін де «Официант, өтініш, маған тауық-гриль әкеліңіз, сонымен бірге ащы томат соусы болсын, бір тілім нан, бір стакан алма шырынын қосып әкеліңіз!» деймін даусымды шығарып. Бітті, сосын, сол дәмдердің келуін ресторанда отырғандай күтіп отырамын. Тойған соң, «Рахмет, столды жинап кетіңіз!» деймін. Стол бар-мәзірімен жоқ болып кетеді. Қомағайлау басым не жемеді дейсің, икра да,балық та, креветка да, торт да... жегім келгеннің бәрін жедім. Бұл пайда болатын тамақтардың калориясы аз ба, мен қайта –қайта тамақ жеумен болдым.... Осылайша дүние жасаудың қыр- сырын меңгерген соң, маған бір жерде отырудың қажеттілігі болмай қалды. Мен тағы да, бет ауған жаққа қарай жүре бердім. Жай жүрмедім, жол-жөнекей жерді көк шөптерге, гүлдерге толтырып, бір жерге сарқырама да жасадым. Кетіп бара жатып, бақ-бақ еткізіп бақа да жасай саламын. Шаршаған кезде кровать жасап, дем алып ұйықтап аламын. Енді маған үлкен етіп шатырлы үй жасаудың қажеттілігі болмай қалды, өйткені дала жылы , тіпті киімдеріңді де шешіп тастағың келеді.... Бұрын мен, еш жан мекендемейтін аралға тап болған Робинзон Крузоға қызығушы едім. Ол аралда, оған керек нәрсенің бәрі болды, бірақ ол адамдарды аңсады. Мен де, сондай аралға тап болған сияқтымын, айырмашылығы ол жерде болатын. Оның кәдімгідей таңы атып , күні бататын. Ал мында, оның ешқайсысы жоқ, тек ойларыңның орындалғаны болмаса. Өзіме серік, адам баласын жасап алсам ба екен, деп ойладым. Алдымен семьям ойға түсті. Кішкентай ұлымды мынадай белгісіз ,біртүрлі өмірге қимадым. Ал, күйеуімді жасағым келмеді. Мен оның сырын білемін ғой, әрнәрседен секемденіп, дереу мені кіналап шыға келеді. Оның үстіне бұл дүние маған белгісіз, қайда екенімді өзім де білмеймін. Бар білетінім мен Жер планетасында емеспін! Робинзонның Пятница деген серігі болды. «Маған да сондай серік болса, бұл құпия да, қызық өмірдің сырын бірге ашсақ!...» Шаршап төсекке құладым, көзім ілініп кетті.

 Оянсам, менің қасымда денесі келіскен, иықты, бойы биік, көздері үлкен, тура әнші Филипп Киркоровтан айнымайтын біреу отыр. Өмірде маған ол әншінің даусы да, өзі де ұнайтын.Оның мейірімді көздеріне, адамгершілік әлсіздігіне қарап, жүрегі нәзік-ау деп жобалайтынмын. Бұл жерде Киркоровтың пайда болғанына таң қалған жоқпын. Бұл жер, ойдың орындалатын жері ғой, Бірақ мен мұнда келгелі ол туралы ойлағам жоқ. -Мен Пятницамын –деді ол қолын созып. -Пятница? Аһ, Пятница! Пятница саған ұқсайтын ба еді?-дедім мен, тілім шатысып. -Кеше сен Пятница сияқты серігім болса, деп ойладың. Осы жердің сырын ашқың келді. Мен осы планетаның тұрғынымын.Сен осы жерге тап болғалы біз сенің қасыңда жүрміз. Мен сенің ойыңа да кіріп жүрдім. Бірақ сен өзіңмен тілдесетін ешкімді қаламадың, тіпті семьяңды да аңсамадың. Сосын ұйықтар алдында Пятница сияқты серігім болса деп ойладың, оның түрі белгісіз болғандықтан, сен жақсы көретін әншінің дене пішімімен, ойың орындалды. Тек, сен мені Пятница деп ата, өйткені Киркоров жұлдыз ғой, ал, жұлдыздарға табыну керек- деп күлді ол. - Сен менің қасымда болсаң, мен сені неге көрмедім? -Сен сездің. Ұйықтағанда да ашылып қалмау үшін, қымтанып жаттың. Сені бақылау, маған сондай ұнады. Әсіресе , сенің бау-бақшада гүлдерге қарап, түк ойланбай тыныш отыратыныңды көріп, қайран қалдым. Адамдар ешқашан ойланбай отыра алмайды. Кел, сол бау-бақшада стол қойып, сен жақсы көретін алма,жүзім, өріктерді жеп отырып әңгіме айтайық.-деді ол. Әп-сәтте, баудағы гүлдердің ішінде стол пайда болды. Ақ дастархан үсті алма,жүзім, өрікке толып кетті. Столдың екі жағында екі кресло пайда болды. -Тоқтай тұр-дедім мен- барып жуынып келейін. Сарқырамадан аққан сумен жуынып, рахаттана суын ішіп те алдым. Пятница да менімен бірге жүрді, мен одан ұялып жүрдім. Қасыңда атақты әнші Киркоров жүрсе қалай қысылмайсың. Ол да маған ерекше сезімді , мейірімді көздерімен қарап қояды. Сосын екеуміз столға келдік, жайласып отырған соң ол әңгімесін бастады. -« Сен тап болған бұл планета , бір кезде Жердің егізінің сыңары болатын. Осы егіз планета бүкіл ғарыш әлеміндегі ең ойлы планеталар болдық. Бұл планеталарды ой массалары – сендер оны ми дейсіңдер, мекендеді. Біздің планетаның ауасының тығыз, желеге ұқсайтынын сен байқадың. Бұл тығыз ауа ойдың әрбір тілегіне сай болып, оған бейімделіп тұрады. Егер сен, оймен қалаған затыңды көрсең, осы тығыз ауа бір-біріне қосылып, сол заттың кейпіне келеді. Біздің ауаның атомдарының жасай алмайтын заты жоқ. Тек ол ойда болуы керек. Осы екі планета да, оны мекендеген ауа массалары да тыныш қана ойды сақтап, жақсы тұрдық. Бізде еш мұқтаждық болған жоқ. Біздің планетамыз біздің нағыз анамыз болды. Ол бізге, ой массаларына, мейірімді жарығын шашып, біз күн-түн деген мәселені білмедік. Ой массалары тек қана жақсы көру сезімінде болғандықтан , ауаны қозғалтатын жел, суық, ыстық деген құбылыстар да болған жоқ. Бізде аштық-алаңаштық , жақсы-жаман деген ұғымдар да жоқ. Бізде ешкім ешкімді өлтірмейді, ешкімді соттамайды, ешкімнен қорықпайды. Бұл қолынан бәрі келетін ой массаларына, сен жасаған, жерге тән материалдық заттар керек те емес. Бірақ , маған сенің гүлдерің ұнады, жақсы көру сезіміне ұксайды екен.-деді ол әңгімесін бөліп, сосын әрі қарай жалғастырды- -Осылай екі планета, бір-бірімізді көрмесек сағынып қалатын едік. Ол планетадағы ой массалары бізге келіп , біз оларға барып ой алысып жүрдік. Бұл бір ең жақсы кез еді. Сосын бірде, ғарыштық үлкен жарылыс болды. Соның дүмпуі егіз планетаның біреуін біздің галактикадан шығарып жіберді. Біз егізімізден көз жазып қалдық. Біз үшін бұл ең қиын кез болды. Екі планетаны жалғап жатқан, ауадағы ой массалары бөлініп қалды. Өзімізде қалған ой бөліктерін, бар күшімізді салып толықтыруға тырыстық. Алайда, бөлініп қалған, жаңа туындап, толып үлгермеген ой толқындары, дами алмаған соң, жойылуға тура келді. Есімізді жиған соң, біз сыңарымызды іздеуге көштік. Оны біз млндаған жылдардан кейін, Күн галактикасынан таптық. Қуанышымызда шек болған жоқ, бірақ біз егізіміздің нашар халін көріп, ойланып қалдық.... Жарылыстың дүмпуі сыңарымызды, сол Күн галактикасынан бірақ шығарған. Күн Жерді аяусыз күйдіре беріпті. Біресе күн, біресе түн, біресе ыстық,біресе суық ауа райы , Жерге, және оның бетіндегі ой массаларына қауіп төндірген. Біздің планетамыз жаны бар, ойлы планета болғандықтан қорғануға тура келген. Ауадағы ой массалары , жылдамдап су жасап, және жерді топырақпен жауып, шөп жасап, тау , ағаштар жасап , күннің көзі өте қоймайтындай етіп жерді қоршап, қорғаған. Күн бәрібір ,суды буға айналдырып, өсімдіктерді қуратып тыныштық бермеген соң, олар жерді озонды атмосфера, ауа қабатымен қоршайды. Ондай ауа қабаты бізде де бар, ол бізді ғарыштың суығынан қорғайды. Бұл ауа қабаты күннің ультрафиолеттік өткір сәулесін Жерге жеткенше сындырып, әлсіздендіреді, және аспанға ұшқан су тамшылары ғарышқа тарап кетпей, жерге қайтадан, қар, жауын түрінде түсіп тұрады. Осылай, Жер күн галактикасында өмір сүруге бейімделе бастайды. Бірақ жердің бетінде, ойлы ауа массаларына керек тыныштық болмады. Ауа райының аумалы- төкпелілігі, жердегі күн мен түн ауысуы, ой массаларын, қатты затпен қоршанып, қорғануға мәжбүр етеді. Міне, сол кезде еш мұқтаждық көрмеген ой массалары, кімге айналарын білмей, бронтозавр, ихтиозавр, динозавр сияқты құбыжықтарға айналады. Және де, әрбір ой массасы өзінің ой мөлшеріне, күшіне қарай, әртүрлі жануарларға, аңдарға, құстарға, балықтарға айналады. Олардың бар мақсаты , ой массасын (миды) өлтірмей сақтау, және ойдан ой туғызу мақсатында жыныстық қатынаспен, және де басқа ұрық қалдыру жолымен, ой массасын ұрпағына қалдыру болады. Ой массалары, бас сүйектің ішіне жасырынған соң, сыртқы дүниеде зат жасау оларға қиын болды. Өйткені ой массасынан тазаланған ауа сұйылып, ой алмасу қиындап кетті, оның үстіне бұл галактикада уақыт өте баяу жылжитын. Сендердің бір жыл уақыттарың, бізде қас-қағым сәт. Осы қыспаққа түскен ой массалары, бір бірімен араласып ой алысу үшін, өздеріне көмекші ретінде тіл және ақылды ойлап тауып, қолданады. Сөйтіп, жылдам болмаса да ой массалары осы көмекшілерінің арқасында ой алмастырып, басқа ой массаларымен бірігіп , дүние жасай алатындай қабілетке жетеді.» Мен тарихи кино көріп отырғандаймын, оның айтқандарының бәрі , экранда жылжып өтіп жатты. -« Біз осының бәрін біліп жүрдік- деп сөзін жалғады ол- бірақ оған жәрдем бере алмадық. Жер мезгілімен, әрбір 13 жылда, бізден жерге қарай, тар ғана саңылау ашылады. Сол кезде біз, жерден бір жанды нәрсе алып, оның ой массасын мұқият тексеріп зерттейміз. Осы зерттеу барысында байқағанымыз: Тек қана күнкөріс, жан сақтау мәселесі ,ой массасының құрылысын қатты өзгертіп жіберген, бұрынғы бүтін ой массасы 3 бөлікке бөлініп кеткен. Бізге мәлімсіз , жек көру , ашу, қорқу, өкіну сезімдері ол тіршілік иесін бір- біріне жау қылып, жойып жіберуге икемдейді екен. Адам пайда болғанда біз қатты қуандық. Өйткені адамның ойында , басқа сезімдерден бөлек, жақсы көру сезімі мол екен. Олардың бәрі, өзін басқалардың жақсы көргенін қалайды, содан өзіне қуат алады. Өзі де, басқаларды жақсы көргісі келіп ынтығады. Содан бері, әрбір 13 жылда, біз көңіліміз ауған адамды осында алдырып, оның ойына ой қосып тұрдық. Сенің алдыңда да, талай адам келген мұнда. Олардың көбісі жерге оралысымен, жақсылықты уағыздайтын, қандай жағдай басына түссе де мойымай, жақсы көруден таймаған, ұлы, данышпан адамдар болды. Оларды адамдар, құдайдың сүйген ұлы деп қабылдап, басын иіп мойындады. Мысалы, Мухаммед, Иисус Христос, Будда, Кришна,Рамта,Ошо ....сияқты адамдар ойдың күшіне сенген, жақсы көру сезімінің артықшылығын біліп, материалдық заттардың елес қана екенін түсінген жандар. Ал, кейбір адамдардың ойлары тынышсыз болды. Олар мұнда келе салысымен арақ ішіп, былапыт сөздер айтып, айқайлап , жылап мазамызды алды. Басқа да , автомат, мылтық сияқты қару-жарақ құралдарын жасағандар да болды. Олардың ойына кіргенменен , өзіміз туралы хабар бермедік. -Сонда сендер еш көрінбейсіңдер ме? -Қаласаң көрінеміз. Бірақ, сенің көзіңмен көріп, сүріп жүрген өмірің елес қана, өткеніңді елестетесің, келешекті елестетесің, ал қазіргі кездегі материалдық дүние, келесі минутта өткен іске айналады. Ол сенің ойыңның жемісі, іші бос атомдардың тығыздалған жиынтығы ғана , ол да елес. - Қалай? Менің мына қолым, стол, ұстасаң қатты ғой, ал алма қандай тәтті! –дедім мен. -Сен ұстап, біліп отырған әрбір материалдық қатты заттар, іші бос , жылдам ,еркін қозғалатын электрондары бар, атомдардың жиынтығы ғана.-деді ол- Ал атом дегеннің не екенін білетін шығарсың? -Жалпы ұғымын түсінемін, терең білмеймін- дедім ұялып. -Егер, материалдық затқа тереңірек үңіліп қарайтын болсақ, ол барған сайын жұмсарып, ақыр соңында энергиялык кеңістікке айналып кетеді. Осы энергиялық кеңістіктікті, іші бос, тек энергиялық күштен тұратын энергиялық қапшықтар , атом молекулалары құрайды. Атом өз төңірегінде айналып жүрген электрондар арқылы, барлық атом молекулаларымен хабарлас болады. Атом электрондары бір мезгілде 3000- даған жерден көрінуі мүмкін. Мұны сендерде, физика тілінде, атом электрондарының «кванттық секіруі» (квантовый скачок) деп атайды. Біздің тілде мұны жай ғана саналық ой алмасу, ой толқындарының араласуы деп айтады. Соның нәтижесінде, осы іші бос, атом молекулалары, ойдың берген сипаты мен бағасына қарай тығыздалып бірігеді де , ойдағы материалдық қатты зат пайда болады. Егер сен, қабырға жоқ деп ойласаң, соған сенсең, алдыңда тұрған қабырға ыдырап сөгіледі де, сен одан оңай өтесің. Сен мұнда келер алдында ауаны баспалдақ деп сендің , сенің сеніміңе байланысты, ауа қатты затқа айналып , сен жоғары қарай жүрдің. Сол сияқты Иисус Христос та судың үстінде жүре алатын болған. Жанып тұрған шоқтың үстінде күймей, сынған шишаның үстінде тілінбей жүретін қаншама адамдар бар. Бұл туралы көп мысалдар келтіре беруге болады." Алдымдағы, атомның құрылысын сипаттаған суретке таң қала қарап отырмын. Мұнда бәрі оп-оңай, ал мен физиканы ешқашан түсінген емеспін. -Бірақ жер бетінде қандай да бір дүние жасау үшін, өте ұзақ , оймен де, денемен де жаттығып, шынығу керек. Сенің ойың жылдам орындалмайды. Ауаның сұйықтығы, адам ойының аумалы-төкпелі толқымалылығы, және басқа адамдардың да ойларының тынышсыздығы бұған бөгет болады. Сол үшін ойды айнытпай, көбірек, осы заттың төңірегінде болуын қадағалап, оның көмекшілері- тіл мен ақылды осы ойға қарап бейімдесең, қалағаның жылдам болмаса да, уақыт өте орындалады. Әр түрлі ой ештеңе де бермейді , оны өзің де байқаған шығарсың. -Сендерге адамды зерттеудің не қажеті бар?- деп сұрадым. - Сендер мекендеген Жер планетасы, біздің сыңарымыз екенін айттым. Оның үстіне, әрбір тіршілік иесінде, біздің ой массаларының бөліктері сақтаулы. Біздің мақсатымыз, жер планетасын , және ондағы ой массаларын, жойылып кетуден сақтау. Біздің ой массалары әрбір тірі жанда бөлшектеніп, бөлініп кеткен соң, тынышсыз, кейбір бассыз, аяқсыз ойлар Жерге қауіп төндіріп тұр. Олар күші химиялық атомнан млндаған есе күшті ядер атомын ойлап тапты. Олардың ойлап тапқан заттары, жарылыс үстіне жарылыс жасап, Жерді, сол күн галактикасынан да тайқытып жіберуі мүмкін. Сол үшін бізге алдымен адам ойының жәрдемі керек. -Ол қандай жәрдем? -Ол үшін, адамдардың ойында орнығып қалған, қорқыныш сезімі жойылуы керек. Адамдардың өмір бойы істейтін тірліктері: - басқаларды қорқытып , бағындыру, - басқа адамдардан, құдайдан немесе өмірден қорқу. - материалдық заттарға табыну. Қорқу сезімі басым болған жерде оның көмекшілері - ашу, ренжу, өкіну, бақытсыздық сезімдері де қосыла жүреді. Ал, бұл ойлар бұзып-жарғаннан басқа ештеңе де істемейді. Егер, адамдарда қорқыныш сезімі жойылып, оның орнына жақсы көру сезімі орнықса- оның ойы да тыныш болады. Сосын, бар адамдардың тыныш ойлары бірігіп, елде тыныштық орнатады. Бірақ адамдар тыныштықты қаламайды...»- деп ол, енді өз сөзіне өзі ойланып қалды. -Ал, сендер нені қалайсыңдар? - Бізге керегі тек тыныштық- деді ол- және саналық ой алмасу. Бізге, ойдың тілегін жеткізу үшін, алай-түлей жел тұрғызып, дауыл соқтырудың қажеті жоқ. Осы тыныштықта, біздің хабар алмасуымыз, күн сәулесінің жылдамдығынан да көп есе жылдам алмасады. Бізге әртүрлі зат жасап шабылудың да қажеті жоқ. Ең бастысы, біз, жақсы көргіміз келеді, біздің қолымыздағы күштің сыры да –осы Жақсы көру сезімінде. Бұл сезім бар дүниенің кілті! -Біздің аумалы –төкпелі табиғаты бар жерде тыныш өмір сүру мүмкін емес- дедім мен. -Оның рас-деді ол- бірақ біздің зерттеуіміздің нәтижесі бойынша,қазір бүкіл жер бетіндегі адамзаттың ойлары бірігіп, өзіне лайық күш алуда. Бұл, олардың қазір, өзара келіссөзге келіп, ынтымақпен, іс-әрекеттерін бір бағытқа жұмсауынан көруге болады. Атап айтқанда, әртүрлі спорттық олимпиадалар, өнердің дамуы, елбасылардың бірігіп, ортақ экономикалық аймақ құруы, соғысқа қарсы манифест, апатқа ұшыраған елге бар адамдардың жәрдем беруі.... қысқаша айтқанда, Жердің әрбір жақсылық жолындағы қадамы бізді қуантады. Енді олар, бұл әлемде, өздерінен басқа да, ой иелерінің бар екенін біліп, және олардың өзін жақсы көретінін сезінсе, Жер планетасының да жағдайы жақсы болатынын білеміз. Біз, өз планетамызды аса қадірлеп қорғаймыз, әрбір минутта, әрбір секундта оған алғысымызды айтамыз, жақсы ойлар сыйлаймыз. Адамдар, өзі басып жүрген жерді қасиеттеп қадірлесе, бүкіл ғарыш әлемін айналып белгісіз нәрсе іздеудің оларға қажеті болмас еді. Оларға керек бақыт, байлық көкте емес сол өзі басып тұрған жерде! Біздің ойымызша, адамдардың осы өмірден алатын ең үлкен бақыты да – жақсы ой, және жақсы көру сезімі! Және, сені қоршаған бүкіл әлемнің сенен күтетіні де – ЖАҚСЫ ОЙ ғана!» Көзім кілдіреп, ұйқым келіп бара жатыр. -Пятница, менің ұйқым келіп тұр-дедім мен. -Ұйықта – деді ол- ал сенің ойың ешқашан ұйықтамайды, мен онымен әңгімелесе берейін. Ол менің маңдайымнан сипады. Оның мені жанындай жақсы көретінін білдім. Өзіңді жақсы көретін жанның барын сезіну қандай бақыт!! Менің де, жүрегінде тек жақсы көруден басқа сезімі жоқ, ой массасына айналғым келді. Сосын көңілім жайланып, ұйықтап кеттім.

 Көзімді ашсам көп адамдар менің үстіме төніп , үймелеп тұр екен. Мен жерде жатырмын, үсті-басым су-су. Шуылдаған адамдардың айтуынша, мені суда ағып бара жатқан жерімнен құтқарып алыпты.Атың кім деп сұрап жатыр. Бойымда төлқұжатым болмаған соң олар мені милицияға тапсырды. Милиция мені, бір ай, темір торға қамап қойып тексерді. Мен аты-жөнімді, қайда тұратынымды айтып едім, ол Қазақстанның басқа түпкірінде болып шықты, ал мені Каспий теңізінен тауып алған. Олар мені есі ауысып, адасып жүрген адам шығар деп , іздеуде жүрген адамдардың тізімінен де тексерді. Өйткені менің түрім көңілдеріне күдік туғызыпты. Маған қараған адамдардың таң қалып тұрғанын сезетін едім. Неге таңданатынын, айнаға қараған кезде ғана түсіндім. Айнадан өзімнің, жердің астынан шыққандай терімнің аппақ, денемнің ап-арық, көздерімнің шарасынан шыға бақырайып тұрғанын көріп, шошып кеттім. Шашымның ұзындығын көрсең, тобығыма түседі және көкпеңбек. Милицияның неге маған шүйлігіп, темір торға қамағанын енді түсіндім. Мен бұл адамдардың ешқайсысын да жек көре алмадым. Қайтадан Жерге түскенімді біліп, ішімнен аса бір қуанышта болып жүрдім, енді мен оларды сағынғанымды және бар жүрегіммен жақсы көретінімді білдім. Олардың маған беретін тамақтары ұнамады, быламық па, қара нан ба, әйтеуір маған жақпаған соң жегім келмеді. Ал, мен болсам алма жегім келеді. Сосын, қатты қарным ашқан соң, үш күн бойы алма туралы ойымды үзбей, ұстап тұрып, алма жасап алдым. Жеп отырғанымды көріп күзетші: -Алманы қайдан алдың?- деді. -Білмеймін- дедім. Қазір мен, маған қойылған бар сұрақтарға «білмеймін» деп жауап беретін болғам. Қазіргі жағдайымда мен, шынымды да , өтірік те айта алмайтын едім. Ол, дереу бастығына барып айтты, бастығы келіп қолымдағы алманы жұлып алды. Көзіне тақап , айналдырып қарады, сосын өзіме қайтып берді. Мен ары қарай алманы жей бердім. Сосын, ғылми институттан ғалымдар келіп, мені бақылап, зерттей бастады. Әр түрлі анализдер алып тексере келе , олар менің асқазанымда түйір де тамақ жоғын анықтады. Бірақ аштық белгісі де жоқ, ақыл-есім дұрыс, денсаулығымның өте жақсы қалыпта , жақсы екеніне таң қалыпты. Олар мені жер астында , көп жылдар бойы фосфор жарығының әсерінде болған деп шешті. Бірақ, неге шашымның көктігі оларды әлі күнге дейін ойландырып жүрсе керек. Сосын, милиция мен айтқан адреспен барып, ұлымды,күйеуімді тауып алып, менің 13 жыл бұрын белгісіз жағдайда жоғалып кеткенімді анықтапты. Неге 13 жыл? Менің ойымша, мен ғарыштағы жұлдызда 3-ақ күн болдым, мүмкін 4 күн шығар. Сосын Пятницаның айтқаны есіме түсті. «Жерде уақыт ақырын жылжиды. Сендердегі бір жыл уақыт , бізде қас-қағым сәт» Мені жан-жақты тексеріп жатқанда , күн сәулесінің әсері ме, терім қоңырланып, шаштарым қарая бастады. Шақырайып шарасынан шығып тұрған көздерім де, күн сәулесінен тайсынып , қысылыңқырап орнына түсе бастады. Сосын, мені алып кетуге күйеуім мен ұлым келді. Мен оларды бірден тани алмадым. Күйеуім, бетін әжім басып, маңдай шаштары түсіп, төртбақтана толып, қартайып кетіпті. Мен кеткенде ұлым 10 жасар бастауыш класс оқушысы болатын, ал қазір ұзын бойлы, қараторы әдемі жігіт болған. Менің өзгермеген жап-жас түрім , олардың көңілдеріне секем алдырған болуы керек, маған қарай қуанып, жүгіре қойған жоқ. Мен олармен амандасып тұрып, күйеуімнің «Енді не істеймін?»-деген ойын оқыдым. Ұлыма қарап едім , менің жап-жас түріме қарап, анасы екеніне күманданып, толқып тұрғанын байқадым. Сосын мен, олардың ойларынан, мені күтпегенін, олардың өмірінің менсіз де жақсы екенін, менің орнымды басқан басқа адам барын, менің оларға керегім жоғын білдім. Енді мен, милиционерге бұрылдым да: -Мен бұл адамдарды танымаймын.-дедім. Күйеуім де, ұлым да маған жалына қойған жоқ. Мен ішке кіріп кеттім. Көңілімде ешқандай толқу, реніш болған жоқ, мен оларды аман-есенде көргеніме қуандым. «Ұлым қандай әдемі жігіт болған» деп таңдануым да бар. Сосын милиция менің бауырларымды тауып келді. Олар мені бірден таныды. Олардың ойларынан, мені сарғайып сағынған, көрсек деп армандаған жақсы ойларды оқыдым. Бәрі мені құшақтап жылап жатыр. «Әпше, шашыңыз өсіп, Қыз Жібек болып кетіпсіз ғой» деп келін де күлдіріп қойды. Жүректеріңнің жылуынан айналып кетейін! Ешқайсысының ойында, «Енді не істейміз?» деген сұрақ болған жоқ. Эпилог Бәрі жақсы. Қазір үлкен қаладан пәтер алып , өз мамандығыммен жұмыс істеп жүрмін. Аяқ астындағы жердің қасиетті, тірі екенін аяқ басқан сайын сезініп жүрем. Кейде, қаланың сыртына шығып, жерге жатып алып, оның кеудесіне басымды қоямын, демалысын тыңдаймын, алыстағы Жарық жұлдыздың сәлемін, сағынышын жеткіземін. Жер де, маған бар ықыласымен жылуын тосып, денеме үлкен күш береді. Сосын, көкке қарап, жарық жұлдызды іздеймін, ол болса әруақытта маған қарап мейірімін төгіп тұрады. «Пятница,- деймін мен, мені еститініне мол сеніммен- Мен жерді қорғауға бар күшімді саламын. Өз тарапымнан, бар тірі жанға тек қана жақсылық, жақсы көру сезімін ғана силаймын. Ал, жақсы көрген адам жамандыққа ешқашан да бармайды. Мен сені жақсы көремін!» Кейде түс көрем. Түсімде, мен Жарық жұлдызға сапар шегіппін. Пятница екеуміз әдемі баулардың, гүлдердің ішінде серуендеп жүрміз. Пятница айтады: -Сенің жасаған гүлдерің бізге қатты ұнады. Сен кеткен соң біз де, өз планетамызды бау-бақшаға, гүлге орап қойдық. Оның үстіне қазір бізде, ой алмасар алдында гүл силау модаға айналды. Сенің орамалың біздің туымыз болды,- деп менің баяғы, осында қалып қойған, сары орамалымды көрсетеді. Бүкіл қарайған ғарыш әлемінде, бір-бірінен алшақтау тұрған , бірақ бір-бірінен аумай қалған, гүлге толы егіз планета жарқырап көрініп тұрды. Планета сияқты алып тұлғалардың бірін-бірі жақсы көруі, жүректі елжіретпей қоймайды. Ал, олар болса, одан сайын жарқырап, айналасына мейірім нұрын төгуде.... Шора, Астана ============================================ БӘЙТЕРЕК АДАМЫ Біздің фирма, сол жағалауда орналасқан, Канада посольствосы мемлекеттік нысанының, дизайн- ішкі көрінісін жобалауға тапсырыс алдық. Дизайн жасауға нақты, ішкі өлшемдер керек болған соң, дизайнерлер мен сәулетшілер , құрылысқа көшіп бардық. Бізге құрылыстың қасынан шағындау вагон тиді. Енді мен жұмысқа , автобусқа мінбей , «Гранд Астана» тұрғын үй кешенінен, Астананың бар әдемі жерлерін аралап, «Казмұнайгаз» нысанына дейін, жаяу барып-қайтып жүрдім. Жұмысымыз, компьютердің алдында қозғалмай отырып істейтін жұмыс болғандықтан, жаяу жүру маған ұнады, әрі ақшаңды да үнемдейсің. Қайтарда асықпай, Байтерек нысаны орналасқан гүлді бульварды тамашалап өтемін. Бұл бульвар Ақ Ордадан басталып, «Казмұнайгаз» нысанына дейін бір сызықтың бойында созыла орналасқан. Бәйтерек осы аралықтың дәл ортасында тұр. Осы жерден қай тұсқа қарасаң да, сәулет өнерінің келісті келбетін көресің. Осындай кезде , бойымды мақтаныш кернеп, бұл сұлулыққа менің де қатысым барын ойлап, сәулетші болғаныма қуанамын. Бәйтеректің күн шығыс жағында АҚ ОРДА үйі ақшаңдап, көздің жауын алады. Оның қасында орналасқан парламент,үкімет үйлері Ақ орданың серіктері сияқты жарасып тұр. Екі алтын түсті, конусқа ұқсаған мемлекеттік нысан, Ақ Орданы нөкерлерімен қоса күзетіп тұрған сияқты. Құлашын кең жайып, дөңгелене орналасқан министрлер үйі, осы керемет нысандардың бәрін бауырына баса, құшақтап тұр. Бәйтеректің күн батыс жағына қарасаңыз, дөңгелене орналасқан «Казмұнайгаз» нысанын көресіз. Бульвардың бойы оған жеткенше оюлы гүлдерге, әдемі таяқ сияқты шамдарға,қазақтың сақина,білезіктерінің үлкейтілген үлгілеріне, отырғыш скамейкаларға, ж. б. түйенің ,жылқылардың «Малые архитектурные формы» дейді ғой, мүсіндеріне бай. Осы «Казмұнайгаз» нысанында үлкен, ашық, арка бар, соның дәл ортасында Франциядағы Эйфелева мұнарасына ұқсап, «Хан шатыры» нысаны көрініп тұрады. Енді, солтүстік жаққа қарасаңыз, басында қалпағы бар «Ішкі істер министрлігінің мемлекеттік сарайын» көресіз. Оған жақын жерде, атышулы «Пекин-Палас» қытай мейманханасы өзіне сай, бай болмысымен мен мұндалап тұрады. Оңтүстік жақта да қалпағы бар , «Сыртқы істер министрлігінің сарайы» бар. Осы алып құрылыстардың ішінде, көзге шағындау ғана көрінетіні- Бәйтерек , сол жағалаудың дәл жүрегінде орналасқан..... Мен, күнде жұмыстан қайтқанда, Бәйтерекке қарап ойланып отырған, екіқабат жас қызды байқайтынмын. Оның күнде осында отыратынына қарап, осы жерге жақын үйлердің бірінде тұратын шығар, деп шамалайтынмын. Ол ылғи жалғыз өзі отырады, қасынан не жігітін, не басқа адамдарды көрмеймін. Мен оны енді, күнде көріп, қасынан өтетін болған соң, амандасатын болдық. Сосын бара келе оның өзі, менің назарымды аударып сәлемдесетін болды. Мен де бар ықыласыммен басымды изеп, өте беремін. Бір күні, жұмыста ұзақ бөгелдім. Ертеңге керек сызбаны тезірек орындап, оны басып шығарғанша біраз уақыт өтті. Қайтайын деп далаға шықсам, қараңғы болып қалған екен. Ауа райы жылы, қаланың шамдары жанып, айналаны жап-жарық етіп тұр. Мен әдеттегідей, Казмұнайгаз нысанының алдындағы көпірге түсіп, сол жердегі домалақ фонтанның қызылды жасылды шапқылаған суын қызықтай қарап , жоғары қарай сәнді оюлы гүлдері бар, бульвармен кете бердім. Подсветка жарықтар, гүлдердің түсін біресе қызғылт, біресе көк, біресе сары түске ендіріп, өзгертіп тұр. Бульвардың таяқша сияқты жарықтары да ерекше жылы, әдемі. Мен енді, осындай әдемі кеште, қыдырып келе жатқаныма қуандым. Ендігі бар ойым, Бәйтеректің Ақ Орда жағындағы, биші фонтандардың биін тамашап кету. Осындай жақсы сезіммен Бәйтерекке де жеттім. Бәйтерек те мені күткендей, бар өнеріне салып, әртүрлі түске ене құбылып тұр екен. Мен, Бәйтеректің жанында , күнделікті жерде отырған, сол екіқабат қызды тағы да көрдім. Таң қалдым, «бұл неге осынша уақытқа дейін мұнда отыр?» , деп. Қасына жақындай бере сәлемдесіп, ары қарай өте бердім.Бір кезде: -Апай, тоқтай тұрыңызшы- деген жаңағы екіқабат қыздың даусын естідім. «Маған айтып тұр ма?», деп мен енді оған бұрылып, сұраулы көзбен қарадым. -Апай, асықпасаңыз, менің қасымда сәл отыра тұрыңызшы.-деп таза қазақша өтінді. Мұндағы жастар,тіпті үлкен қазақтардың өздері, бір бірімен орысша тілдеседі. Мына қыздың таза қазақша ,әдемі дауыспен айтқан өтініші мені сүйсінтті. Бірақ, мен оның дауысынан шарасыздық лебін сездім. Не істерін білмей отырған адам сияқты. «Ол менен бірнәрсе сұрайын деген шығар» деп, қасына келіп отырдым. Іші үлкейіп, дөңгеленіп кетіпті, айы келіп қалған-ау деп ойладым. Сосын, оның көңілін көтерейін деп: -Батыр бала күтіп жүрсің бе,жоқ қыз Жібектей сұлу бола ма?- деп, оның ішін меңзеп көрсеттім. -Білмеймін- деді ол. - Неге? УЗИ-ге түссең сол минутта-ақ көрсетіп береді не екенін. Біздің кезімізде ғой, УЗИ болған жоқ, ал қазіргілер бәрін алдын-ала біліп отырады- дедім. -Маған УЗИ-ге түсуге болмайды-деп , енді ол үндемей қалды. Мен енді таңдана, оның бетіне тіктей қарадым. Көздері мойылдай мөлдіреген, еріндері оймақтай, беті сопақтау келген, аппақ қыз екен. Мынадай сұлуды , оның мына қалпына қимайсың. Еліктей секіріп, қыдырып жүретін кезі ғой, ендігі отырысы мынау. Осы отырысынан бақытты адамның түрі байқалмайды, қайта қапыда қымбат затынан айрылып қалғандай шарасыздық бар. Мен бұл қыздың бір жағдайға душар болғанын сездім. Енді мен де секем алып, оған тағы бір қарадым да: -Не сұрайын деп едің?-дедім. -Менімен тағы да, біраз отыра тұрыңызшы..-деп жалынды ол тағы да. -Жарайды, біраз отырайын , күн де жылы екен-деп мен енді оның көңілін қимай отыра бердім. Сосын: -Атың кім? Қайдансың?-деп сұрадым. -Атым Маржан- деді ол – Алматының Қызылағаш ауылынан келдім. -Мұнда не істеп жүрсің, туыстарың бар ма?-деп сұрадым,тағы да. -Бұл қалада туыстарымыз жоқ. Менің әкем ауылда, тау ішінде жылқы бағады. Шешем, мен кішкентай кезімде, аурудан қайтыс болыпты. Әкем сосын басқа әйел алмай, екі ағам мен мені бағып -қағып жүре беріпті. Мен Астанаға оқуға түсуге келдім. Әкем осынша: «Сонау алыс қаланы қайтесің, мынау тұрған Алматыға-ақ оқысаңшы» -деп еді, мен тыңдамадым. Астана маған –ертегі қала сияқты көрінді. Енді міне, оларға қарайтын бетім жоқ. –деп, төмен қарады. Көздерінен мөлтілдеп жас аға жөнелді. Бірақ жылаған дауысы шыққан жоқ. Әбден осылай күйзеліп, үйреніп қалса керек. -Жылама, саған ренжуге болмайды –дедім мен оны жұбатып-Бәрі де орнына келіп, жақсы болады әлі. Сәлден соң, ол көзінің жасын, қолының сыртымен сүртіп, маған қарады да: -Апай, сіз маған дем беріп тұрған сияқтысыз, көңілім жайланып тұр. Мен сізге өзім туралы бәрін айтқым келіп отыр -деді. Уақыт едеуір кеш болып қалған. Мұндай қыздардың не айтатынын білемін ғой, сонда да тыңдайын деп көңілін қимай отырдым. -Мен былтыр, Қызылағаштағы мектепті жақсы бітіріп, осы Астанаға музАкадемияға оқуға түстім. Үйде ептеп домбыра тартып, ән айтатын өнерім бар еді. Мені бірінші байқаудан-ақ, оқуға қабылданатынымды айтты. Менің қуанышымда шек жоқ, үйдегілерге звондап оқуға түскенімді, жатақханадан үш қыз, бір бөлме алғанымызды айттым. Олар да қуанып, бар ақылдарын айтып жатты, егер қиналсаң, Алматыға ауыстырып аламыз деді. Қасымдағы қыздар осы Астананың төңірегінен болып шықты. Олар ылғи, орысша сөйлеп үйренгеннен бе, тілге өткір, жылдам қимылдайды. Мен кейде оларға ілесе алмай қаламын. Бір күні үшеуміз қаланы аралауға шықтық. Алдымен Бәйтерекке баратын болдық. 21 автобусқа отырып ешқайда бұрылмай, тіп-тіке Бәйтерекке келдік. Көңілдіміз, бір-бірімізге қарап, ананы айтып, мынаны айтып, күле береміз. Менің байқағаным, біздің күлкіміз бар адамның назарын бізге қарай аударып жатты. Біз Бәйтеректің ішіне кіріп, жоғары қарай лифтімен шығып, тамашалап жүрдік. Жоғарғы жақтан қаланың үсті, бәрі анық көрінеді екен. Біз енді, өзіміз тұратын жатақхананы іздеп, оның қай жақта екенін тұспалдадық. Сосын, баспалдақпен жоғары шығып, қолтаңба тұрған жерге келдік. Келсек, мұндағы жұрт домалақ столдың үстіндегі қолтаңба белгісіне қолын қойып, тілек тілеп, суретке түсіп жатыр екен. Бұл қолтаңба туралы, бағана бізбен еріп жүрген қыз айтқан. Оның айтуынша, бұл қолтаңба Елбасының қолының үлгісімен жасалған. Мұнда жер жүзінің, бар елдерінің елбасылары, дінбасылары, өнер қайраткерлері келіп, осы бес саусақты қолтаңбаға қолдарын қойып тұрып, елге тыныштық, жанға саулық тілеген екен. Біз де қолымызды бессаусаққа төмен қарата кигізе, қойып тұрып, бір-бірімізді телефондағы фотоға түсіріп жаттық. Бір кезде, мен де қолымды қолтаңбаға қойып, қыздар мені суретке түсірді. Енді қолымды алайын десем , қолым алынбайды, магнит сияқты қолтаңбаға жабысып қалыпты! Жан-жағымда адамдар қаумалап бол-бол деп тұр, мен болсам қолымды көтере алмаймын. Қыздарға: «Қолымды тартыңдаршы»-дедім. Олар сенбей, мені ойнап тұр деп ойлаған болуы керек,ренжіп қолымды тарта бастады. Қолым ажырамады. Енді олар бар күшімен тартты, бір кезде қолым лезде ажырап, үшеуміз де артқа қарай шалқамыздан түстік. Ана жер биіктеу, тар жер болғандықтан басымызды қабырғаға оңбай ұрдық. Айналадағы адамдар бізге таңдана қарап тұр. «Қайдан келген жабайылар?» деп тұрғандай. Біз ұялғаннан не істерімізді білмей, жылдамдап, лифтімен төмен қарай түсіп кеттік. Сыртқа жүгіріп шығып, «уһ» деп осы орындыққа отыра кеттік. Енді құрбыларым шуылдап, маған бас салды. -Неге сен қолыңды алмай қасарысып тұрдың?-деді. -Мен әдейі еткен жоқпын. Қолым шынымен-ақ қолтаңбаға жабысып қалды-деп мен ақталып жатырмын. Олар сенбеді. Менің қолымды ашып қарады, ешқандай магниті жоқ, жіңішке саусақтары бар кәдімгі қол.Олар бастарын шайқап, енді басқа нәрсе айта бастадық. Бір кезде, Бәйтеректен екі жігіт шығып, бізге қарай жақындады,қасымызға келіп: -Қыздар, бір жерлерің ауырып қалған жоқ па? -деп қалжыңдады. Құлағанымызды көрген ғой шамасы. -Не, ауырса жазатын дәрігер ме едің?-деп Гүлзира құрбым шап ете қалды. -Жоқ, ондай-ондай ханның қызында да болады ғой- деп жұбатты ол бізді. Сосын қылжақтамай, біздің көңіл-күйімізге қарап сөйлесе бастады. Біз олармен танысып алдық. Біреуінің аты Алмат, екіншісінің аты- Дархан екен. Алмат сөйлеп қалған тілді жігіт екен, ол біздің көңілімізді көтеріп, күлдіре берді. Бүкіл кеш бойы сол ғана қыздармен сөйлесіп отырды. Ал, Дархан ләм деп тіл қатпады. Ат жақты , үлкен көзді, осындай әдемі жігіттің үндемей отыратыны бізге қызық. Оны, «Тілі барма өзінің» деп , сөзбен түйреп-түйреп аламыз. Ол сонда да үндемейді, күледі де қояды. Жақсы көріп қалғандай, оның маған қарай бергенінен қысылдым. Сонымен, бесеуміз әзіліміз жарасып, қаланың басқа да жерлеріне барып қыдырдық. Бүкіл кеш бойы, Алмат үш қыздың әзіліне төтеп беріп келеді. Біздің бұрыннан таныс досымыз сияқты. Ал, Дархан сөйлемеді, анда-санда «иә-иә», деп қоштап басын изейді, немесе бізбен қосылып күледі. Енді біз оған көңіл аудармадық, бізге Алматтың өзі де жетіп жатты. Сол күні олар бізді жатақханаға дейін шығарып салды. Ертесіне кешке, олар бізді циркке шақырды. Циркте, екеуі екі жағымызда отырды. Маған орын Дарханның қасынан тиді. Циркті тамашалап отырып, бір кезде ол менің қолымды ұстады. Тартып алуға ыңғайсызданып отыра бердім. Енді, ол өзінің алақанына менің алақанымды қойды, қолымды қиғаштап алақанына айқастырды. Менде енді, алақандарымыз бір-біріне жабысып қалғандай сезім болды. Жүрегімді үрей билеп қолымды тартып алмақ болдым, бірақ қол ажырамады. Не істерімді білмей, қорқып, цирк біткенше отыра бердім. Цирк біткен соң қолымды жұлқып, оның қолынан суырып алдым. Ол маған күле қарап тұр екен, мен де күліп жібердім. Жатақханаға келген соң қыздарға, Дарханның алақанына менің алақаным жабысып қалғанын айтып едім, олар келеке етті. -Көрдік,көрдік, ғашық болып қалғансың ғой, өзің де жабысып қалма. Несі бар, үндемейтіні болмаса, келісті жігіт- деді олар. Сосын, мен қыздармен алақан жабыстырып көрдім, бірақ біздің алақандар жабыспады. Олар одан сайын күлді: -Біздің алақанды нетсін? Сенің алақаның тек Елбасының және Дарханның алақанына жабысатын ақылды алақан ғой-деді. Мен енді үндемей ойланып қалдым. Мұндай әдетім өмірде болмаған, менде магнит күші барын сезбегем. Сосын қолыма қасық, қағаз, тарелка ма көрген нәрсемнің бәрін жабыстырдым,ешқайсысы да жабыспады. Бар ойым осы алақанға көшкен соң ба , алақанымның қызып тұрғанын байқадым. Маңдайыма алақанымды қойып едім, қолым өрттей болып жанып тұр екен. Мен ауырып қалған шығармын деп қорқып кеттім.... Сосын олар, бір күні бізді Мегаға киноға шақырды. Кино біткенше, Дархан тағы да, алақанына менің алақанымды қойып,қолымды ұстап отырды. Сол күннен бастап, біз екеуміз қол ұстасып жүретін болдық. Мен сабақтан келсем, ол күтіп отырады, сосын қол ұстасып, үндемеген күйі жүре береміз, менің де ішім пыспайды , ол да үндемейді. Келген соң, қыздар менен сұрап жатады, «Қайда бардыңдар, киноға кірдіңдер ме, ресторанға бардыңдар ма, ол не дейді?» деп. Мен оларға тек көшеде қыдырғанымызды , паркте отырғанымызды айтамын. Олар бастарын шайқап : -Фуу, қалай ішің пысып кетпейді-дейді. Өзім де білмеймін, сиқыр сияқты бірдеңе. Ол келеді де, жетелеген тайлақтай, жетелеп кете береді. Мен де ұйқылы-ояу сияқтымын. Неге кете берем? Түсінбеймін. Әңгіме айтып, немесе кино көріп жүрсек мақұл ғой, оның бірі жоқ, үндемей, қол ұстасып, көшемен көше кезіп, жүре береміз түніменен. Күнде ойлаймын, соны бүгін айтайыншы деп. Бірақ, ол қолымды ұстаса бітті, бар сөз, бар сұрақ таусылады да, мен тағы да кете берем. Ол менің бетімнен де сүймеді, тек қолымнан ғана ұстап жүрді. Енді, күн өте келе, мен оның қолының жылуын сезіне бастадым. Қолым оның алақанына үйреніп қалды ма, мен енді оның қолын сағынатын болдым. Мен оған ғашық болғанымды сездім. Киноларда, ғашықтар бір-бірімен құшақтасып, сүйісіп жатады ғой. Бірақ менің бойымда ондай сезім жоқ, тек алақаным ғана оның алақанын аңсайды. Қыдырып жүріп, енді мен, оның алақанынан, жүрегінің дүрсілін, мені көңілі құлап сүйетінін, мені мәңгі қорғауға даяр екенін, және тағы да басқа сөзбен жеткізе алмайтын көңіл толқындарын сеземін. Ол сезім толқындары бірінің үстіне бірі толқып келіп, үздіксіз, жүректі шымшылатып, шымырлататын әңгіме айтады. Ол тағы еш таусылмайды. Осылай бір-бірін қимай, қолдарымыз қайтар кезде, әрең деп айрылысады да, ертеңгі кездесер күнді асыға күтеді. Біз осылай, қол ұстасып жарты жыл жүрдік. Менің білгенім: негізі, ғашық болу сезімін айту дұрыс емес. Бұл сезім болғандықтан ол құлақтан кірмейді, оны көзбен де көре алмайсың. Білмеймін, жұрт қалай білетінін, мен алақан арқылы сезіндім- деп ол басын иіп, төмен қарады. Мен оған қайран қала қарадым. Оның жас болса да ойлы , нәзік , сезімді жүрегі мені қайран қалмасыма қоймады. Мен одан, әдеттегі қыздардың айтатын, күйдім-сүйдім, осылай болып қалды дегендей әңгімесін күткем. Енді мен оған сұраулы көзбен қарадым. -Мен сізді түсініп тұрмын-деді ол- Енді қалай, бұлайша екіқабат болдың, деп сұрамақшысыз ғой. Оған өзімнің де таңым бар. -Қалай, сонда сен, қайда , қалай болғаныңды білмейсің бе?-деп сұрадым, сенбей. -Иә, білмеймін. Бір күні біз осы Бәйтерекке келдік. Ол Бәйтерекке қарап басын иді, сосын оны қайталап мен де басымды идім. Сосын ол, мені бірінші рет, құшақтап, қолымнан ұстап тұрды. Біз осылай, бір-біріміздің сырымызды тыңдап, Бәйтерекке қарап тұра бердік. Қанша уақыт өткенін білмеймін, бір кезде мен оның құшағында емес, денесінің ішінде тұрғанымды сезіндім. Денеміз де біреу, аяқ қолдарымыз да біреу, жүрегіміз де бір-бірінің ішіне кіріп біреу болып кеткен сияқты болды... Осылай қанша тұрғанымызды білмеймін, таңғы салқын денемді тоңазытты. Мен көзімді ашып, енді оның сол күйі, құшағында тұрғанымды көрдім. Таң да атып қалыпты, айнала бозарып тұрды. Сосын екеуміз жатақхана жаққа қарай кеттік. Есіктің алдында, ол менен кете алмай, біраз тұрды. Сосын, ол мені тағы да қапсыра құшақтап алды да: -Мен сені күнде, Бәйтеректің алдында күтемін!-деді. Жүрегім бірнәрсе сезгендей болды, бірақ оған мән бермедім.Ертесіне кешке дейін жайсызданып жүрдім. Кешке қарай, Бәйтерекке қарай құстай ұшып келдім. Келсем ол жоқ екен, мен оны осы жерде түнге дейін күтіп отырдым. Ол келмеді. Сосын, мен күнде осы жерге келіп, оны күтетін болдым. Қыздар маған күдіктене қарайды, өйткені мен азып кеттім, оның үстіне ішім шыға бастады. Сосын олар маған шынымды айтуымды сұрады. «Ешкіммен болған жоқпын» деген жауабыма олар сенбеді. Енді олар түгілі, мен өзіме өзім сенбейтін болдым. Кеш болса бітті, мені Дархан күтіп тұрғандай болады да, аяғым осылай қарай жүре береді. Осы отырысымда , мен оны сеземін, күнде мені көріп тұрған сияқты болады да, бәрі ұмытылып, көңілдің әдемі сезімі басталады. Ол сезімде Дархан әрқашан менің қасымда, қолымды ұстап отырады. Сосын мен қалай уақыт өтіп кеткенін де байқамаймын. Сырт көзге бәрі ерсі көрінгенмен , жүрегімде оның келетініне сенімім бар.» Ғашық жүрек айыптауды білген бе? Оның даусынан өкініш лебін де сезбедім, тек бірнәрсеге шешіле алмай толқып тұрғанын сездім. -Енді не істемекшісің?-деп сұрадым- Босанып, балаңды құшақтап осы жерде, ары қарай да отыра бермекшісің бе? -Бала демекші, баланың қайдан шығатынын білемін ғой- деді ол енді ұялып-ол үшін еркекпен қатынаста болу керек. Ал мен ешкіммен де болмағам, Дархан менің ернім түгілі бетімнен де сүйген жоқ. Егер, ол келсе мына жағдайымды қалай түсіндіремін? Бірақ оның маған сенетінін білемін. Сосын, тағы бір жағдай бар. Бір күні осылай Дарханды күтіп отырғам. Көзім ілініп кетті ме, жоқ шынымен болды ма білмеймін, Бәйтеректің ішінен ақ сақалды, басына қазақша қалпақ киген, үстінде аппақ оюлы шапаны бар, бір шал шықты да , менің қасыма келіп отырды. Сосын менің қолымды ұстап отырып: -Балам сен 15 шілдеде босанасың, перзентханаға барма, осында кел, сүйікті жігітіңмен жолығасың-деді. Мен, ол қайда деп сұрай беріп едім, ол жоқ болып кетті. Содан бері ойланып жүрмін,не істесем екен деп, ал бүгін 15 шілде . -Сонда сен балаңды осы жерде босанбақшысың ба?-деп сұрадым , шошына. -Білмеймін-деді ол. Мен енді, ол баласын маған қалдыратындай қорқып кеттім. -Білмесең мені тыңда –дедім мен-қазір машина шақырамыз да, перзентханаға барамыз. Бұл жерде отыра беруге болмайды. Перзентханада балаңды босанған соң, алғың келмесе, қалдырып кетуіңе де болады. Мен дәрігер емеспін ,саған жәрдем бере алмаймын. Телефоныммен Жылдам жәрдемге звондайын деп едім, зарядкасы отырып қалыпты. Мен енді жан жағыма қарап машина іздей бастадым. Қас қылғандай ешқандай машина да көріне қоймады. Бүкіл қала ұйықтап қалған сияқты. Бір кезде, Маржан ішін ұстап ауырсына бастады. Мен енді, бір оқиғаға киліккенімді біліп, не істерімді білмей састым. «Оны көтеріп алып жолға шығайын, біреулер кезігер, ауруханаға апаратын», деп ойладым. Бірақ, мен оны орнынан тұрғыза алмадым. Ол ішін ұстай бүрісіп қалған, тіпті ыңырсыған дауысы да шықпайды. -Маржан, Маржан , көкем басыңды көтерші-дедім мен оны құшақтай. Ол мені естімейтін сияқты, көздерін жұмып алған. Кенет, айналадағы бар жарық өшіп қалды да, дала қараңғы болып кетті. Мен оны құшақтаған күйі, не істерімді білмей, енді жарықтың қайта жануын күтіп отырдым. Бір кезде, біз отырған отырғыш скамейка ауада жылжып, жүріп бара жатқандай болды. Жел тұрып кетті ме, деп ойладым. Осылай ойланып тұрғанымда, мен енді жоғары қарай көтеріліп бара жатқанымызды байқадым, өйткені , аяқ астындағы жер жүріп кетті, төмен қарай. Менің бойымды қорқыныш биледі. Бұл не? Бір кезде сарт етіп жарық жанды. Менің көргенім , біз Бәйтеректің ішінде, қолтаңба тұрған дөңгелек столдың қасында тұрмыз. Жанған жарықтар даланың жарығы екен,бұл жер алакөлеңке, жарық сырттан түсіп тұр. Маржанда үн жоқ, ұйықтап қалған сияқты. Бір кезде бір күш, оны менен суырып әкетіп бара жатты. Мен шап беріп,оның қолынан ұстап алдым. Бір сиқырдың болғанын сездім де, Маржан,Маржан деп, енді оны жұлқылай бастадым. Ол қолымнан сусып шығып, құлап бара жатты. Бір кезде, қарсы алдымнан ақ сақалды , қазақша шапаны бар біреу шыға келді де, ол дереу екі қолын жайып жіберіп, Маржанды жерге түсірмей қағып алды. Мені күтпеген болуы керек: -Сен кімсің-деді сосын маған қарап. Мен жауап айта алмай, қолыммен Маржанды көрсете бердім. Ол енді маған қарамай, Маржанды көтерген күйі қол таңбаға жақындады. Кенет, менің көргенім , көзімді айналдырып жібере жаздады! Төмен қарап тұрған бес саусағы бар қол таңбасы, тұрған жерінде айналып кетті де, енді жайылып тұрған алақанға айналды! Ақ сақалды шал болса, Маржанды диванда жатқандай етіп, осы, алақанның үстіне ұстап тұрды. Бір кезде, жан-жақтан мыңдаған адамдардың дауысы тұтасып, айнала әуенге толып кетті. Мен Маржанға қарап тұрғам, бір кезде оның ішінің бәсейіп бара жатқанын, сосын ақыры білінбей жоқ болып кеткенін көрдім. Мәссаған керек болса! Шал қызды ақырын жерге жатқызды. «Іңгә» деп, шыр ете қалған баланың дауысы шықты. Жалт қарадым! Қарасам, жайылған алақанда, аяқ- қолы тырбаңдап нәресте жатыр екен! Жүгіріп шығып қарадым, ұл бала екен, алмақшы болып едім , қолым батпады, айналасын көрінбейтін әйнекпен қоршап қойғандай. Қайта -қайта ұмсынып, ала алмаған соң: -Бермеймін!-дедім айқайлап- бұл адамның баласы! Ол Маржанға керек! Не деген оңбағансыңдар, бейшара қыздың басын айналдырып...Мені ашу қысып, шу шығара бастадым. -Қызым, тілге келейік- деді ақсақал. Менің дауысымды жақтырмай тұрғаны білініп тұр. -«Жоқ!-дедім, менімен саудаласатындай қорқып ,- мен сендерге бәрібір бермеймін бұл баланы!» Қолыммен қайта-қайта ауа қармай бердім. Бір кезде, мені ток ұрғандай,жерге сылқ етіп отыра кеттім, мені бір күш итеріп жіберген еді. Ақсақал тағы да алдыма келіп: -Қызым, бір әңгімемді тыңдашы -деді. Менің енді басқа амалым қалмаған соң, мойынсұндым. Амалым құрып, мойнымды бұрып, алақанда жатқан нәрестеге қарадым. Ол шынында да шар сияқты шынының ішінде жатыр екен. Көздерін жұмып, тып-тыныш қана жатыр. Сосын Маржанға қарадым, жүзі күлімдеп ұйықтап кеткен сияқты. Енді мен, не айтасың, дегендей сұраулы көзіммен ақсақалға қарадым. Ақсақал көзімен мені бір түйреп алды да, амал жоқ деген кейіппен, әңгімесін бастады. -Бұрынғы кезден, Қазақ ел болғалы ,- деп әңгімесін аңыздан бастады- осы Қазақ елінде, алып бәйтеректің басына , алып самұрық құсы, жылда, алтын жұмыртқа салады екен. Ол жұмыртқа жәй емес, бейбітшілік пен бақыт, елге байлық әкелетін жұмыртқа болыпты. Осы жұмыртқаны , самұрық құс, аң аулауға кеткенде, әбжылан айдаһар жұтып қояды екен. Ол жұмыртқаны жұтып қойған жылы, қырғын соғыс болып, елді ашаршылық жайлайды. Самұрық құс қайда жұмыртқа салса да, әбжылан айдаһар соңынан қалмай, аңдып жүріп, жұмыртқасын жұта беріпті. Ол жұмыртқаны жұтқан сайын, күш алып күшейе береді екен. Ақыры, еш амалы қалмаған самұрық құсы, жұмыртқалайтын мекен таппай, Лапландия жаққа ұшып кетеді. Ол кеткен соң, қазақ елі әркімге жем болады. Әбжылан сияқты, әлі жеткендер жерін тартып алып, таза, қасиетті жерлеріне ядерлық бомбалармен тәжірибе жасап, қазақтардың беделін төмендетіп, тілін ұмыттыра бастайды. Қазақтан, елім деп шыққан ерлерді бір-бірлеп, бірін-біріне қоспай көздерін жойып, елге жек көрсетеді. Бар құнды затын тартып алып, қазақтың шұрайлы әдемі жерлеріне, тауларына , бөтен елдің адамдарын тоғытып жібереді. Қазақтарды қу дала, тақыр жерлерге айдайды да, оларды, өткені есінде жоқ мәңгүрт етеді. Осы кездің бәрінде Самұрық құсы, елге қабырғасы қайысып жүрді, бірақ істер амалы болмады. Уақыт келе, әпжылан айдаһар әлсірей бастады, өйткені оған күш беретін самұрықтың алтын жұмыртқасы болмады.... Қазақ елі тәуелсіздік алғанда, Самұрық құсы еліне қайта ұшып келеді, оны бәрі қуана қарсы алады, бірақ қонатын бәйтерегі болмады. Елдегі бар сәулетшілер жиналып, енді алып Бәйтеректің жобасын сызады. Көптеген жобалардың ішінде Рустембеков жобалаған осы жоба Елбасыға ұнайды. Ол енді, бар көріпкелдерін, бақсыларын , ел ағаларын жинап алып: «Алып бәйтерек салынып жатыр, енді қалай етсек, алтын жұмыртқаны әбжылан айдаһардан қорғаймыз?-деген сұрақ қояды. Содан, көріпкелдер ойласа келіп, «Әбжыланға қарсы тұрар күш, бізде дайын күйінде жоқ, әркімге жем болып әлсіреген қазақ елінен ондай күш шықпайды, оны бейбітшілік, жақсылық тілеген жер бетіндегі бар адамнан жинау керек»-дейді. Ақыры келісе келе, Елбасының қолтаңбасын жасап, самұрықтың жұмыртқасын осы қолтаңбаның астына жасырады. Елбасы сосын, Бәйтерек нысанын бейбітшілік және келісім сарайы деп атайды да , жер шарының бар түпкірінен, елбасыларын, дінбасыларын шақырып осы жерде бейбітшілік туралы келісім жасайды. Сосын, ол адамдар ант бергендей, Елбасының қолтаңбасына қолын қойып, өзіне, еліне- тыныштық, бақыт тілейді. Содан, осында келіп қолтаңбаға қол қойып, тілек тілеу үрдіске айналады. -Неге көз емес, бас емес, қолтаңбаны жасаған?-деп сұрадым. -Адамның ойындағы бар күш сыртқа, оның қолы арқылы, көз жанары арқылы, және тіл арқылы беріледі- деді ол. -Осының ішіндегі бар адамнан табылатын күш- алақан күші. Көп түкірсе көл деген. Адам алақанында ойға қатысты өте сезгіш, және таратқыш күштер бар. Мысалы, көріпкелдер, бақсылар алақан күшімен материалдық заттарды ұстамай-ақ әрі, бері жылжыта алады , бұрынғы өтіп кеткен жағдайларды жобалайды, алақанға қарап алда күтіп тұрған жағдайларды айтады, және қытайда қолының күшімен қабырғаны жаратын сарбаздар тобы да бар. Құдіретті адамдар болса қолымен, ауа райын өзгертіп, жел тұрғызып, жауын жаудырып, өзенді теріс қарай ағызып та жібереді. Ал, өзінің алақан күшінің мағынасын білмейтіндер қаншама! Ананың аялы алақаны ше?... Сонымен, өзіне тыныштық, бақыт, байлық тілеген бар адамның алақан күшін жинап, бір мақсатқа бағыттаса , ол күшке қарсы тұра алатын ешқандай да айдаһар болмайды екен. Осы мақсатпен жасалған қолтаңба сәтті болды. Жер шарының түпкір -түпкірінен келген адамдар, әуелі осы Бәйтерекке келіп, қолтаңбаға қолын қойып, өзіне, еліне жақсылық тілейді. Сөйтіп, осы қолтаңба астындағы алтын жұмыртқаға, жақсылық тілеген, бақыт тілеген, адам қолының күштері жинала береді, жинала береді , әлі де жиналып жатыр. Бұл күш, халыққа сенім берді, елге береке әкелді. Қазақ елі енді өзінің бар екенін, қолынан бәрі келетінін бүкіл әлемге көрсете бастады. Бәрін бұзып-жаратын, жоюдан басқаны ойламайтын Әбжылан айдаһардың, алтын жұмыртқаны алуға шамасы келмеген соң, халық арасын бүлдіріп жүр деп естідік. Ол, басқа елдерде цунами тасқындатып, бомба жарып, самолет жарып, одан көп адамдар зардап шекті. Ол адамдар, біз күшке мұқтаж болған кезде бізге жәрдемге келген, біздің достарымыз еді. Мұның бәрін көріп тұрып, біз енді, алтын жұмыртқамызды сақтап қана, тыныш отыра алмадық. Көріпкелдер тағы да ақылдаса келе, «Әбжылан айдаһарды жеңу мүмкін емес-деді.- Ол қарсылық көрген сайын өршеленіп, көбейіп,күшейе береді, сондықтан да оны залалсыздандырудың жалғыз ғана жолы – оны досыңа айналдыру!» Әбжыланды досына айналдыру үшін, күші одан артық, суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын ой иесі болуы керек болды . Ондай күштің иесі тек қана адам бола алатын. Осы жиналған күштерді ол, осы мақсатқа жұмсау керек еді. -Бала сол үшін керек болды ма? Оны кез келген перзентханадан- ақ алсаңдар болатын еді ғой? -Нәресте жаңа туылғанда, алғашқы демімен оның бойына жаны ғана кіреді. Ол тек қана сезінеді. Ол кезде бала сөйлей алмайды, көзі де көрмейді, құлағы да естімейді. Еңбегіндегі миы да бар ойдан таза, еш қауып күтпей былқылдап тұрады. Ол тек жайлы ,жайсыз сезімдерді ғана сезініп жатады. Кәдімгі перзентханада туылатын, ұрыс-керісі бар, әке-шешеден туылатын нәрестелер бұған жарамайды. Олар іште жатқанда -ақ өмірге қатігез болып туылады. Көзі ашылып,құлағы ести бастасымен ол айналасындағы болып жатқан құбылыстарға назар аудара бастайды. Сөйтіп, ол тілі шығып, жүре бастаған кезде, өмірдің не екенін біліп алады. Сосын адамдар оны, «ұстама, тиіспе, сөйлеме, жылама» деп, оның сезімдеріне шек қоя бастайды. Ары қарай балабақша, мектеп, жоғарғы оқу орындары да, оның миына қалай дұрыс өмір сүру керектігін айтып, ақыл құя береді. Қайда қарасаң дайын жауап, ақыл тұрған соң, адамның сезімдері топастана бастайды да, тамақ жеу, дүние табудан басқа ештеңеге де қабілеті жетпейді. Оларда қорқыныш сезімдері көбірек болады. Сосын біз, жүрегінің ақтығы, осы жиналған күшке сай келетін, қыз іздей бастадық. Ол Маржан болып шықты. Оның алақан күші, магнит сияқты, алтын жұмыртқада жиналған күшке тартыла қалды.Оған кез болған жігіт, самұрық құстың рухы болатын, ол сөйлей алмайтын, тек қана сезетін,ол Маржанды күткеніне ле біраз болған.. Екеуінің алақан күші, жүректеріндегі ғашықтық сезім, осы нәрестені өмірге келтірді. Ғажап емес пе? – деп бала жатқан жерді айналып жүре бастады. Баланың да түрі жылтырап, нұр шаша бастады. -Ол енді, қандай адам болады?-деп сұрадым. -Көп нәрсеге қабілеті бар-индиго балалары дегенді естіп жүрсіңдер ғой. Сол сияқты,біздің бүгінгі туылған нәресте, ерекше адам, ол- Бәйтерек адамы болады. Ол осы туылған күннен бастап, Ұлы күшпен тікелей байланыста болып, табиғаттағы бар күшті бойына сіңіреді. Оған алтын жұмыртқаға жиналған адамдардың қол күштері тікелей жәрдем береді. Ол мұқтаждық, шектеуді көрмейді. Соған орай, оның бойында қорқыныш сезімі болмайды, оның орнына, бүкіл әлемді, бар адамзатты жақсы көру сезіміне бай болады. Бұл Бәйтерек адамының бар нәрсеге қабілеті жетеді. Ол ойдың, ақылдың, тілдің күшін артық меңгерген, табиғаттағы барлық , от, суық, жел, су сияқты тілсіз күштерінің егесі, жылдамдығы күн сәулесінен жылдам, Қаһарман адам болып шығады. Ол әбжылан айдаһарды ақылымен, күшімен өзіне бағындырады және оның күшін қажет жолға жұмсайды. Бәйтерек адамының мақсаты - бүкіл елдің тыныштығын қорғау! Енді оны, бар елдің алақаны аялап өсіреді- деп , жайылған алақанда жатқан балаға қарап басын иді. Мен оған таңдана: -Ал , сіз кім боласыз?-дедім. -Мен қазақ елін тамашалай, аралап жүрген Қыдырмын-деді ол, енді сақалын сипап. -Қыдыр ата!! – дедім , көңілім толқып – мен пендені кешіре көріңіз! Көп нәрсе айтқым келді, сұрақтарым да көп еді, бірақ ойыма ешнәрсе түспеді. Ол соны сезді ме: -Қызым-деді, менің маңдайымнан сипап- сенің ойыңда да, үйіңде де үлкен жақсылықтар болады. Еш қам жеме! Жылы алақан жүрегімді жылытып жіберді. -Баланы Маржан көре ме?- деп сұрадым. -Жоқ –деді ол- оның ойынан, балаға қатысты ойлардың бәрін алып тастадық. Ертең оның есіне екіқабат болғаны түспейді де. Ал, сүйген жігітін Бәйтеректің жанынан кездестіреді, бірақ ол Дархан болмайды..... Менің көзім жұмылып бара жатты.... Көзімді ашсам,Бәйтеректің жанындағы отырғышта отыр екенмін, қасымда Маржан ұйықтап отыр. -Маржан,Маржан –деп иығынан жұлқылай бастадым. Ол көзін ашып, мені танымағандай: -Сіз кімсіз?-деді. Мен енді, ештеңе айтпастан үйге қарай жүре бердім. Ішінің тартылып тұрғанын көрген соң, көңілім жайланып, оған ештеңе деп түсіндіріп жатпадым. Алыстан жаңа таң атып келе жатты. Көз алдыма, Байтеректің басына қонып отырған, самұрық құсы келді.Ол алып қанатын көтеріп, қағып-қағып жіберіп, маған қарай кол бұлғады. Бетіме, оның қанатынан ескен желдің лебі келді. «Бұрын тас қамалдай жабық дүниенің , маған сырын аша бастағаны қалай?» -деп таң қала ойладым мен. Шора, Астана

Қазақ тілінде жазылған