Адам қарады: 127355 | Жарияланды: 2018-05-10 04:57:56

Дастархан

 

Әр бір кісінің өміріндегі ең асыл, ұмытылмас жан – ол бірінші мұғалім.

 

Мектепті бітірдік. Еркін өмірге қадам басқанымызға да бірталай жыл болыпты.

Туған ауылым, оның таныс көшелері. Балалық шақтың қамсыз-мұңсыз күндері. Ескі мектеп. Алғашқы ұстаз. Сыныптастар... Қысқасы, естен кетпес келмес күндердің қызықты шақтарын аңсап, ауыл көшесімен көсіліп жүрген күндерім өтіп жатыр. Сіркіреп жауған жаңбырдан кейін сымның тізесіне дейін батпаққа былғанатын ойлы-шұңқырлы лайсаң көше бұл күндері өзгерді. Түзетіліп бетіне асфальт төселді. Үлкен жолдың екі жағы қашан қарасаң да саз-балшық болып жататын. Себебі, ауыл тұрғындары бақшасын суғарып болған соң судың көмейін бекітіп, тоғандағы суды тоқтатудың орнына, алысқа барғанға ерініп, суды  көшеге бұрып жолдың жағасына жібере салатын. Соның салдарынан жол бойы саз қалыптасып, ол жер үйрек-қаздардың сейілдеу айдынына айналатын. Алайда, қазір оның бәрі жоқ. Жолдың екі жағасына отырғызылған ақ теректер бойлап өсіп, көкпен таласқандай қаз-қатар тізіліп тұр. Ауылымызда мұндай ақ теректер бұрыннан бар болса да, ойын баласы болып жүріп, оның қадір-қасиетін білмеген екенбіз. Керек болса, бұтағын кесіп, аша жерін таңдап, рогатка жасап, құс атып ойнайтынбыз.

Енді міне, жол бойында тізіліп көлеңкесін түсіріп, көріктеніп тұр. Осының бәріне енді көзіміз жеткендей.

Мектебіміз ескі болатын. Оның күнбатыс жақ қабырғасының терезелері жоқ болатын. Үзіліске шыққанда сол жерге барып алып, жармақ теуіп ойнайтынбыз. Тамына айғыз-айғыз таңбалар түскен. Жауған жаңбырдан сылағы сыдырылған бір қабатты ескі мектеп кәзір орнында жоқ.

Түрлі-түсті ашылған гүлдер шоғыры құлпырып тұр. Бейне мектеп орнына алуан түсті кілем төсеп қойғандай. Айналасы бетон шеңбермен қоршалған құдық сол қалпы тұр екен. Доп қуып терлеп, шөлдеп қаңсырығымыз түтеп келіп, осы құдыққа бас қоюшы едік. Шөлімізді басып, басымызды көтеріп, құдықты айнала қутыңдап тұратын кездерді ойлап, кеңсірігім ашыды. Балалық шақтың бақытты күндеріне куә болған құдықты көріп көңілім босап, әсерге бөлендім. Оған жақындап келіп, ішіне үңілдім. Дегенмен, жіп байланған шелек түсірілгенде толқыны қабырғаларын соғып мөлдіреп тұратын суы көрінбейді. Біз осы құдықтың жанында тұрып, салқын суынан мейірлене ішіп тұрып, алғашқы ұстазымыз Диләрәм апайымызбен қоштасып едік.

Бізді адам ету үшін қанша еңбектенді деші?! Білгенін біздерге арнады, ерінбей, зерікпей үйретті. Ынтымақты болуды, мейірімді болуды сіңірді. Егер біз болашаққа лайықты ұрпақ болып жетілген болсақ, ол – сөзсіз,  ұстазымыздың еңбегі. Ол кісінің теңдессіз қажыр-қайратының жемісі еді.

Бір сыныпта жиырма бала оқыдық. Ұстазымыз Диләрәм апайдың ауласында әр алуан гүлдер жайқалып ашылып тұратын. Алайда, сол гүлді ауланы енді көре алмай тұрмын. Айналасы қоршалған үйдің қашалары бейне бір мас адам секілді теңселіп тұр. Бірінші сыныптан төртінші сыныпқа дейін оқытқан ұстазымды мұндай ауладан жолықтырамын деп ойламаған едім. Диләрәм апайдың пенсияға шыққанына бірталай уақыт болыпты. Мектеп ол кісіні ұмытып қалған жоқ па екен? Оқушылары ше? «Тимур командасы» бар емес пе еді? Басыма мұндай ойлардың келуімен бір уақытта өзімді де кінәлі сезіне бастадым. Өйткені бізді тәрбиелеген, білім жолына салған аяулы апайымызды ескерусіз қалдырғанымызды ойлап, өз-өзіме ашуым келді. Бейне әдемі актрисаларға ұқсайтын әдемі апайымыз бұл күндері қандай күйде болды екен? Уақыт оның жүзіне әжімдер салып, өңін өзгерткен шығар... Мынау үйінің, ауласының жүдеу тартқаны секілді, өзі де қалжырады ма екен?

Мені құшақ жайып қарсы алған Диләрәм апай баяғы таныс бөлмелері арқылы бұл жолы да төргі бөлмесіне бастады. Үй-іші ұсқынсыз. Соқпа тамнан салынған үй болғандықтан, салқын екені бірден білініп тұр. Мені отырғызып, апайым кіріп кеткен бөлме жақтан «гүмп» еткен дауыс естілді. Сол сәтте апайдың «Азатжан, көмектесіңіз!» деген дауысы естілді.  Ыңғайсыздау жағдайдың болғанын сездім де, қарғып тұрып, апай шақырған бөлмеге кірдім. Тізерлеп отырған апайдың үстіне сандық төбесіне жиналған көрпелер құлап кетіп, басып қалыпты.

– Мертігіп қалған жоқсыз ба, апай? – дедім сасқалақтап.

– Ештеме етпес, көрпенің біреуін шығарып алайын деп едім, бәрін құлатып алдым. Бір сөзде бұлардың үстіме құлағаны да жақсы болды. Сандықтан алатын нәрселерім бар еді, жақсы болды деді күлімсіреп.

Диләрәм апай сандықты ашқан соң, тізілген маталарды бір-бірлеп алып, астынан ораулы затты шығарып, менің қолыма ұстатты. Ұйғырдың ұлттық нақышымен жасалған сандық ескінің көзіндей қызықтырады. Ағашының түсі де түрленіп көрінеді. Тамырлары көгерген қолымен сандық шетін таяна, апайым орнынан тұрды.

– Апыр-ай, адам қартайған соң күш-қуаты да сарқылады екен. Аумаған сәби секілді болады екенсің. Жүр, ұлым, енді екеуміз шәй ішелік, – деп Диләрәм апай төр бөлмеге беттеді.

Өз баласы келгендей қуанып қалған апай мені жұмсай бастады.

– Сен жозыны қойып, қолыңдағы дастарханды сал. Ал, мен, шәй алып келейін, – деді де сыртқа шығып кетті.

Тамға сүйеулі тұрған жозыны қойдым. Диләрәм апайдың құлатып алған көрпелерінен әкеліп, айналасына салдым. Қаттаулы тұрған дастарханды аша бастауым сол еді, денем тітіркеніп кетті. Көңілімнің жұмсақтығы ма, әлде балалық кездің куәсіндей болған таныс дастархан есіме әрнәрсені бір түсірді ме? Қайдан білейін, көңілім босап, көзіме жас үйірілді. Бірнеше тамшысы дастарханның гүлді жиегіне барып тамды. Осы дастарханды көп жыл бұрын мөлдір сулы құдық қасында біздің төртінші сынып оқушылары бастауышпен қоштасқанда Диләрәм апайымызға сыйлап едік. Ол кісі бұл дастарханды қастерлеп сақтап жүр екен. Мінеки, алдымда жайылып жатыр... Ойым он саққа жүгіріп, мектептегі ұмытылмас күндер көз алдымнан өте бастады.

 

БІЗ ТӨРТІНШІ СЫНЫПТАМЫЗ

 

Бір ауылдың жиырма баласының басы бір сыныпқа қосылып, береке мен білім алып келе жатқанымызға үш күз болды. Кәдімгідей тіл табысып, бір-біріміздің мінез-құлқымызды тәп-тәуір түсініп, өзімізді біршама үлкен сезіне  төртінші күзді де бастадық. Бес саусақтың бірдей болмайтыны секілді, жиырмамыз жиырма түрлі мінез шығарып «өнер» шығарып, әр күн сайын ұстазымызға «жаңа сыйлық» жасап, «кісі» болғанымызды көрсете бастадық. Сыныбымызда қыздар көп болатын. Яғни, тоғыз ұл, он бір қыз. Диләрәм апай «азшылық көпшілікке бойсұнады» деп, құлағымызға құйып қойған. Оның үстіне, «қыздарды әрқашанда құрметтеу керек», «қыздарға қол көтеру ұл балаға ұят» деген ақылияны да жадымызға сіңірген-ді. Енді бір жағынан 9 ұлдың екеуі қыздарға қосылып алып, солардың сөзінен шықпайтын болды. Олардың біздермен достық қарым-қатынасы шамалы болғандықтан, 7 бала бір төбеміз. Үзіліске шықсақ та, сыныпқа кірсек те босағаны бірінші болып қыздар аттайды. Киноға барсақ, алдыңғы қатарға тағы солар отырады. Жиналыс ашылып, әлде бір шара өте қалса, олар тағы алдыңғы қатарда. Тіпті десеңіз, қыздардың сумкаларын көтерісіп, үйіне дейін жеткізіп қою да біздің мойнымызда. Мектеп ішінде бас киіммен жүрмейміз, кім де кім бас киіммен көрінсе, сол әдепсіз бала. Көшеде кетіп бара жатқанда ақсақалды ата, ақ самайлы ана кезігіп қалса, мектептің мұғалімдері ұшырасып жатса, бас иіп сәлем беріп, құрмет көрсетуге тиіспіз. Осы қағидаларды қатаң атқару талап етілді. Өйткені бір-бірін сыйлау балалардың нәзік жүрегіне мейірімділік ұялатады, адамдарды құрметтеу ізеттілікті білдіреді екен...

Бала, баланың ісі шала деген. Диләрәм апай біз секілді тентектерге қадағалап, құлағымызға құйып отырса да, қағидалардан аттап, қателіктерге ұрынушы едік. Жаңа оқу жылы басталып, бірінші тоқсанның аяғында біз апайымызға жаңа «сыйлық» жасадық.

 

АЛҒАШҚЫ СЫЙЛЫҚ

 

Қайрат екеуміздің үйіміз бір көшеде. Әр күні таңертең не ол мені, не мен оны ұйқыдан оятып, асығыс-үсігіс мектепке бірге жүгіреміз. Әдеттегідей бүгін де бірге келе жатқанмыз. Үзіліс кезінде жеңдер деп берген кәмпиттерді ауызға салып таусап келеміз.

– Тапсырмаларды орындап, сабаққа даярландың ба? – деп сұрады Қайрат.

– Сен ше? – дедім сұрауына сұраумен жауап беріп.

– Даярланып едім, алайда түсінбедім.

– Неге түсінбейсің, тапсырмалар ауыр емес.

– Оңайы оңай екен, бірақ сөйлемнің бастауыш пен баяндауышының астын сызып белгілеу керек екен, соны біле алмадым, – деген Қайрат өзіне риза емес екенін сездіріп, қолын сермеді.

– Мектепке жетіп барғанша, бірнеше сөйлемді талдап жаттығып көрелік де... Есіңе түсіп қалар.

– Қойшы, Азатжан, сыныпта, үйде миымды ашытқаным жетпегендей, енді жол үстінде бас ауыртар жәйім жоқ.

– Сен ақымақ екенсің. Мысалы, «Мен мектепте оқимын» десек, қайсы сөз бастауыш?

– Әй, Азат, басымды қатырмашы, сыныпқа барғанда түсіндірерсің.

– Тоқта, Қайрат. Көңіл қойып тыңда. Бұл сөйлемде «Мен» сөзі бастауыш, «Кім?» дегенге «Мен» деп жауап беріп тұр. Не істеймін? – оқимын. Демек, «оқимын» баяндауыш. Бастауыш пен баяндауыш байланысты болып тұрады.

Қайрат селқос тыңдап келеді. Дегенмен, аздап қызығушылық байқалды. Шамасы, оңай сезілді-ау деймін.

– Қане, тағы бір сөз айтып көрші, – деді.

– Ондай болса, «Мен фермада істеймін» сөйлемін талдап берші. Бастауышы қайсы? – деп сұрадым.

– «Мен» деп Қайрат кеудесін қақты.

– Достым-ау, мен деп кеудеңді ұрма, ол сен емес, «Мен» сөзі деп айтсаңшы! – деп күліп тұрып жауабын түзедім.

– «Мен» болып тұрса, басқаша не істеуім керек? – деп ол өзінше бұртиды.

– Енді баяндауышын айтшы?

– Баяндауышы «істеймін».

– Мінеки, саған оңай десем сенбейсің. Өзгелерін мектептен қайтқанда қайталаймыз.

Мектепке жетуге аз қалғанда ол мені тоқтатып алып:

– Достым, мен бүгін бір ойыншық жасадым, ешкімге айтпа, мақұл ма? Сыныптағы қыздарды ұрамыз.

– Ол не? Мұғаліміміз ұрыспай ма? – дедім ғажаптанып.

– Қорықпа, Азат. Мінеки, саған да біреуін ала келдім. Оқтары да даяр, – деп Қайрат жанқалтасынан кішкене ораулы затты шығарып маған берді. Асығыстан ашып көруге үлгірмей, сыныпқа кіріп кеттім. Бірінші сабақ бітуге аз қалған кез. Сынып іші жым-жырт. Үстел үстіндегі журналға оқушылардың бүгінгі алған бағаларын қойып отырған Диләрәм апайдың көз әйнегіне бір нәрсе «шақ» етіп тиді де, ашық тұрған журналдың бетіне түсті. Иілген алюминий сымды көрген мұғалім де, оның қандай бағаларды қойып жатқанын бақылап отырған балалар да аң-таң қалды.

– Бұл кімнің істегені? – Мұғалім ашуланып, көпке сұрау тастады. Сынып іші тым-тырыс. Иілген сымды саусақтарының ұшына іліп, жоғары көтерген ол тағы да:

– Сендерден қайталап сұрап отырмын. Бұл қайсыларыңның басыңа келген ой? – деді.

Қыздар ұлдарға, ұлдар қыздарға қарайды. Сынып ішінде дүрлігіс басталды.

– Сөз жоқ, бұл ұлдардың ісі, – деп мұғалім сабырмен үн қатты. – Осыны жасап, қатерлі ойыншықты пайдалануға ниет еткен «қаһарман» кім екен? Әлде ол өзін білдіргісі келмейтін әлжуаз қорқақ біреу ме?

Диләрәм апай және біраз күтті. Ешкімде үн жоқ. Таңертеңгі Қайрат екеуміздің арамыздағы әңгіме есіме түсіп, жүрегім «су» ете қалды. Ойланып қалдым. Айтсам, балалар мені «сатқын» деп мазақ етер ме екен. Не істеуім керек?.. Демалысқа қоңырау шалынды.

Олай болса, қыздар үзіліске шыға беріңдер. Ал, ұлдар, менің жаныма келіп,  жан қалтасындағы бар заттарын үстелге қойсын, – деп бұйырды.

Ұлдар жағы қалталарын қағып көрсетіп, бір-бірлеп сыртқа шығып кетіп жатыр. Маған кезек келді. Жан қалтамдағы орауды мұғалімнің алдына қойдым. Оның ішіндегі екі ұшы байланған жіңішке резинкамен иілген алюминий сымдарды көрген мұғалім қайран қалғандай маған қарады.

– Азатжан, бұл қалай болғаны? Сенен мұндай тәртіпсіздікті күтпеген едім, – деп апай менің жейдемнің бүктеліп қалған жағасын түзеуге кірісті.

Басым салбырап кетті. Оның мейірлі көздеріне батылым барып қарай алмадым. Апайымның көзімен менің көзім түйісіп қалса жалтара алмай, бұл істі кім жасағанын айтып салуым мүмкін. Бұлай бола қалса, менің «сатқын» атанып, беделімнің түскені. Онда мені қыздардың қатарына қосып жібереді. Өшімді еденнен алғандай, бір нүктеге қадалып, мелшидім де қалдым.

– Жарайды, Азатжан, сөйлемесең өз еркің. Алайда бүгінгідей әдепсіз қылығыңмен менің көңіліме дақ түсірдің, – деп басымнан сыйпады.

Мұғалімнің сыпайы сөзінен жұмсарып, тәуекелге бел будым. Достарым «сатқын» десе, дей берсін. Қалай да апайды ренжітпеуім керек. Басыма осындай ой келіп, құпиялықты ашқым келіп тұрған. Қайрат жақындап келіп мені ығыстырып:

– Апай, Азатты кешіріңіз, оның еш күнәсі жоқ. Басыма сондай ой түсіп, қателікке барған мен едім, – деп сынып журналының үстіне бір тал жіңішке сары резинкамен иілген сымдарды қойды.

Мұғалім ақиқаттың айтылғанына қуанды ма, әлде достардың әрқандай кезде бір-біріне көмектесіп шыға алатынына көзі жетті ме, екеуміздің басымыздан сыйпап тұрып:

– Естеріңде болсын, жаным балаларым, бүгін ғой менің көзімді әйнек сақтап қалды. Егер ашық болғанда сендерде өмір бойы өкінетін іс болар еді. Айналайындар, абайлаңдар! – деді.

– Апай, кешіріңіз! Мен сізге емес, алдыңғы партада отырған Сәһидәмнің бантигіне бағыттап едім, – деп Қайрат жылап жіберді.

– Соңын ойламағандарыңнан осылай болды. Алдағы уақытта бұлай істемеңдер. Мыналарыңды көзге түспейтін жерге апарып,  тастаңдар, – деп Диләрәм апай резинка, алюминий сымдарды бізге қайтарып берді.

– Апай, сіз бізді кешірдіңіз бе? – деп сенер-сенбес сұрады Қайрат.

– Кешірдім, балаларым, тек қайталамаңдар! Ал, енді үзіліске шығып келіңдер...

Апайдың кешіргеніне шексіз риза болдық. Әдепсіздік жасағанымызға өкініп, сыныптан сыртқа шықтық. Әсіресе сыныптас қыздар біздің бұл ісімізге ғазаптанып, теріс айналды. Қиын-қыстаудан босанып шығып, таза ауаны кеудесін толтыра сімірген Қайрат менің қасыма келіп:

– Кешір, достым! Ойланбай іс істеп, сені де ұятқа қалдырдым, – деп қолымды алды.

– Осыдан бастап мұндай тәртіпсіздікті болғызбайық деп мен де Қайратқа қол бердім.

 

ВЕЛОСИПЕД МІНГЕН ҚЫЗ

 

Уақыт қандай тез деші... сыныптағы рогатка ату оқиғасы ұмытылып та кетті. Жаздың соңғы күндері, мектептен үйге келе сала бос уақыттың бәрін темекі тігуге көмектесеміз. «Темекі тігу» дегені – жасыл жапырақтарын үзіп алып, темір инелер арқылы жіпке тіземіз. Оны төбесі жабық сөреге асып құрғатамыз. Міне, қазір күз. Суық түсіп, айналадағы барлық жасыл өсімдіктерді үсік ұрды. Енді үйге келген соң сабақтан кейін істейтін іс жоқ. Күз келуімен ауыл ішіндегі есектердің түрі қорқынышты, сүреңсіз болып кетеді. Өйткені олардың көрік беріп тұрған жалын балалар жармақ жасауға кесіп алады. Менің де жармағым бар... Мен оны бір жыл бұрын қыста қатып өлген есегіміздің құйрығын кесіп алып жасаған едім. Біздің сыныптың балалары жиналып, сол жармақты тебеміз. Бүгінде мектептен қайтып, бір топ ұл бала ескі клубтың артында жиналатын болдық.

– Хасан, сағат нешеде келесің? Мен велосипедімді мініп барамын, – деді Құтлұқ серігіне.

– Сағат бестерде кел. Келеріңде ботиыңды киіп ал. Резинка етіксіз келсең, Азаттар бізді жеңіп алады, – деп Хасан мені түртті.

– Пиманы ше, оны да алып келейін бе? – деп күлді Құтлұқ.

Қайрат екеуміздің үйіміз клубқа жақын. Балалар, жармақ тебетін алаң біздің ауладан қараған кісіге көрініп тұрады. Сондықтан да екеуміз анық уақытына келіспедік. Өйткені балалар келсе, Қайрат екеуміз бірдемде жетіп барамыз.

– Құтлұқ бізге велосипедіңді бересің бе? – деп соңымызда келе жатқан Рошангүл мен Шерінгүл сөзге араласты. Және олар – сендер жармақ тепкенше, біз екеуміз велосипедтеріңді теуіп тұрамыз, – деп қосып қойды.

– Паһ, велосипедті сылтауратып, ертеңгі күні апайға жармақ ойнады деп айтпақсыңдар ғой! – деп Важит қыздарға қарады.

– Не, сендер Диләрәм апайдың сөзін естімедіңдер ме? – деп Саһидәм балаларды тоқтатты.

– Не деп еді? – деп бытырай жүріп келе жатқан балалар бір жерге ұйлығысты.

– Егер естімеген болсаңдар, айтпай-ақ қояйын, – деп Сәһидәм қыздардың арасына тығылды. Алайда Важит аса тездікпен оның шашынан шап беріп ұстай алды.

– Е, сен кеше бізді мұғалімге «олар жармақ ойнады» деп шағыстырып жатыр едің. Мұғалім не айтты? – деп Важит Сәһидәмді балалардың арасына жетелеп алып келді.

Басының ауырғанына шыдамаған Сәһидәм айғайлап жіберді. Құйқа терісінің ашып ауырғанынан көзінен жас парлады.

– Жіберсеңші, шашын жұласың! – деп Бәкрим Важиттің иығына бір қойып қалды. Важиттің қолынан босанған Сәһидәм көзін уқалаған бойда қыздарға барып қосылды.

Балалардың назары Сәһидәмде. Көзінің жасын сүртіп, өзін ретке келтірген қыз ұл балаларға алая қарап тұрып:

– Диләрәм апай балалар жақсы оқиды, жармақ тепсе тебе берсін. Ол да бір түрлі дене тәрбие сабағы. Шыдамдылыққа, ептілікке үйретіп, аяқтың бұлшық еттерін жетілдіреді деді – деп Сәһидәм сумкасын айналдырып тұрып, бар күшімен Важитті жіберіп ұрды.

Қыздың ұрып өшін алғанына риза болған Важит өз жолына түсті. Диләрәм апайдың сөзіне арқаланған ұлдар сөзсіз кездесуіне уағдаласып, үйлеріне тарады.

Келіскен уақытта сыныптастардан алты бала жармақ ойнауға бәстесіп тұрып, кірісіп кетті. Құтлұқ мініп келген велосипедін клуб қабырғасына сүйеп қойды. Рошәнгүл мен Шерингүл де пайда бола кетті. Балалардың ойынға қызығып кірісіп кеткенінен пайдаланып, велосипедін жетектеді...

– Рошәнгүл мен тіпті велосипедті көп мініп көрген жоқпын. Маған үйретесің бе? – деп Шерингүл досынан өтінді.

– Мақұл, құрбым. Алдымен мен мініп көремін.

Рошәнгүл велосипедке мінді. Ол екі айналып шыққан соң, Шерингүлге берді. Велосипедтің артынан ұстап, құрбысын жығып алмай, біраз жаттықтырды. Сөйтіп тепе-теңдігін сақтап, ақырын-ақырын жүргізе бастады. Екеуі әбден титықтап ойындары қалғанда, үйлеріне қайтуға жиналды. Сөйтсе де Шерингүлдің қызығушылығы әлі басыла қоймаған екен.

– Рошәнгүл, сен асықсаң кете бер, мен тағы да біраз қала тұрайын. Құтлұққа велосипедті өзім-ақ бере саламын, – деді.

Рошәнгүл құрбысы Шерингүлмен осы жолы соңғы рет мәңгілікке қоштасып тұрғандығын ойлаған жоқ. Егер білсе велосипедті Құтлұққа өзі жеткізіп беріп, Шерингүлмен бірге үйлеріне қайтар еді. Өкініштісі сол, тағдыр оларды осылайша екі жолға салды. Досы ұзай бере Шерингүлге ой келді. Ол үйіндегі атасына велосипед үйреніп алғанын көрсетіп мақтанғысы келді. Сөйтті де үлкен тас жолды кесіп өтіп, үйіне барып көрінгісі келді де, рөлді бұрды. Жолда бір қалыпты баяу келе жатқан ауыр жүк машинасының артындағы жеңіл автокөлік шыдамы таусылып, озғысы келіп жолдың ортасына шыға келмесі бар ма. Жаңа ғана велосипед айдауды үйренген Шерингүл не істерін білмей қалды. Онсыз да ебі қашып қорқып келе жатқан қызды, жеңіл машина бір жақ қапталынан келіп қатты соқты. Қатты басылған автомобиль тормозының шиқылдаған дауысынан адамдар жол бойына лезде жиналды. «Пәленшенің баласы Құтлұқты машина соғып кетіпті» деп біреуі, «Мына велосипедті Құтлұқ мініп жүрген» деп тағы біреуі, «Мен бағана ғана оны көріп едім» деп тағы біреуі даурықты. «Жоқ, ол емес екен, велосипедті мініп жүрген Баситтің қызы Шерингүл екен» деген әйелдердің дауысы естіліп қалды. Қыздың туысқандары да жетті. Үлкен жолдың бойы қайғылы жоқтауға айналды. Қас пен көздің арасында Шерингүл жол апатына ұшырады.

Жармақ теуіп ойнап жүрген балалар оқиғаның бұлай боларын күтпеген еді. Таңертеңгілік бір сыныпта отырған, жаңа ғана сөйлесіп, бірге жүрген Шерингүлді ойлағанда естері кетіп, есеңгіреп қалды. Оның көз жұмғанына сене алмай салынды суға кетіп, бастарын салбыратып үйлеріне тарады.

Осылайша Құтлұқ велосипедінен, 4-сынып Шерингүлдей бір үздік оқушысынан айрылды. Осы оқиғадан кейін Диләрәм мұғалім көпке дейін өзіне келе алмады. Шерингүлдің қайғысы ауыр тиді. Әлде өзін ұстаз ретінде айыпты сезінетін болу керек, жүзін мұң торлап, көзінен жас кеппей қойды. Өзінің қатнас қағидасымен жол ерекшелерін дұрыстап үйрете алмағанына оқушыларының арасында болған бұл аянышты азапқа еңсесі езілді. Әйтеуір үлкен өкініш меңдетіп жіберді.

Өмірдің бір орнында тұрмайтыны секілді, уақыт та тоқтаусыз өтіп жатты. Найзағайдай жарқ еткен күндер артта қалып жатты...

 

Т.Б.Т.К.

 

Бүгін сенбі, аптаның соңы болғандықтан, үй тапсырмаларының берілмейтіндігін ойлаймыз ба, әлде кешке дейін ойын қуып асыр салғымыз келгендіктен бе, сабақтар өте ауыр, уақыт тұрып қалғандай. Екі сабақ қалғанда Диләрәм апай біздің шаршағанымызды сезіп, мұнан ары сабақ өтсе ешбір жұғымы болмайтынына көзі жетті. Сондықтан да соңғы екі сабақтың уақытын біздің ерікті әрекетімізге берді.

– Балалар бүгіннен бастап сендерге жаңа сабақ қосылады. Оның аты қысқаша – «Т.Б.Т.К.» деген. Қысқаша төрт әріптен тұрады. Қанеки, осыны кім айтып бере алады? – деді мұғаліміміз оқушыларға көз жүгіртіп.

Сынып іші тым-тырыс. Диләрәм апай бізді не айтар екен деді ме, күлімсіреп отырып жауап күтті. Енді оқушылар арасында өзара талас-тартыс басталып кетті.

– Мұғалім, бұл өзі жұмбақ па? – деп орнынан тұрды алдыңғы партада отыратын ақ бантикті Сәнийәм.

– Дұрыс айтасың, Сәнийәм. «Т.Б.Т.К.» әріптерін жеке-жеке талдап шешіп көрсек, «Тапқыр болсаң, тауып көр» сөздері келіп шығады. Бұл ойынға қарсы болмассыңдар деп ойлаймын. Өздерің білетін, немесе кітаптардан оқыған жұмбақтарың бар ма?

– «Бар», – деп сыныпты басымызға көтере, жаңғырта дауыстадық. Сабақтан жалығып қалғып отырған оқушылар да біздің дауысымыздан ұйқыларынан сергіп, бастарын көтеріп алды.

Балалар бәрі бірдей ат салысып жұмбақ айтуға және оның жауабын табуға кірісе бастады.

– Кім бастайды? – деп оқушыларға қыдырта көз салды ұстазымыз.

Қол көтерушілер көп. Дегенмен, бәрібір сол Диләрәм мұғалімнің әдеті бойынша бірінші болып айту қыздарға берілді.

– Егістікте саты жатыр, үстінде арба келеді, – деп сұрау тастады Шәмшинұр.

Сыныпқа тағы тыныштық орнады. Ара-арасында саты, арба, егістік сөздері күбір-сыбырдан естіліп қалса да, анық жауабы мынау еді деген ешкім болмады.

– Мен таптым, – деп саңқ ете қалды қуаныштан гүл-гүл жайнаған Құдірет.

– Менше, саты дегені – темір жол, арба дегені – поезд және оның вагондары! Ол осыны айтып орнына отырды. Сынып ішінде құпталған, мақтаулар, қолпаштаулар дүр ете қалды. Жұмбақты Құдірет тапқандықтан, шартылдаған қол шапалақтау оның достарынан қаттырақ естілді.

– «Қолы жоқ, аяғы жоқ есік ашады», «Дәрия бойында жүргендер, қызыл етік кигендер», «Өзі жұдырықтай, құйрығы оқтаудай», «Төрт лап-лап қисық сап-сап, екі дың-дың, бір шып-шып», «Ти десем тимейді, тиме десем тиеді» деген жұмбақтарға оқушылар жел, үйрек, сауысқан, түйе, ерін деп бірден тура жауаптарын айтты.

– Енді балалар, мен сендерге ана тілі бойынша, яғни әріптерді ажырата білу туралы  жұмбақ айтып берейін. Сендердің қаншалықты ұғымтал, зейінді екендеріңді білгім келеді, – деп мұғалім тақтаға «Аспанда бар, жерде жоқ. Алматыда бар, бізде жоқ» деген сөзді жазды.

– Қанеки, кім айтады? Бұл не? – деп ұстазымыз бор болған саусақтарын сүртті.

– Мұғалім, ай, жұлдыз болуы мүмкін ғой, – деп Жамалдин орнынан тұрды. – Алдыңғы жексенбі күні әкем мені Алматыға алып барып еді. Кешкі тұрым ай мен жұлдызды сол жерден де көрдім.

– Жоқ, – деп ұстазымыз басын шайқады, сәл күлімсіреп.

– Мұғалім, мен таптым, ол құстар, – деп Заһидәм орнынан тұрды. Алайда Диләрәм апайдың бас шайқауынан тынышталып, орнына отырды. Сыныптағылардың бәрі бір сәт ойға шомды. Жауабы дұрыс болмаған біраз бала зеріге бастады. Сонымен басқа жұмбақ айтыңызшы, деген ұсыныстар да түсе бастады.

– Балалар, мен сендерге сөзімнің басында айттым ғой, ана тілі, әріптер бойынша жұмбақ жасырамын дедім бе? Сендер соған назар аудармай, басқа жаққа кеттіңдер. Ендеше, әріптер бойынша іздеп көріңдерші!..

– Азат тақтаға шықшы, – деп мұғалім мені шақырды.

– Мұғалім, ол қалай шығады? Саты жоқ қой, – деген Қайраттың дауысынан сыныптағылардың бәрі қарқылдай күлді.

– Қайрат, кешірім сұраймын. Сұрауың дұрыс. Мен басқаша айтуым керек еді, – деп Диләрәм апай бізбен қосылып күлді.

– Аспан сөзі мен Алматы сөзін салыстырып көрсек, әр екеуінде де «А» әрпі кездеседі, – дедім.

– Жәнші, және қандай әріп бар? – деп мұғалім маған қарай жақындады.

– «А» Аспанда бар, «жерде» жоқ. Тағы сол секілді «А» Алматыда бар да, «бізде» жоқ, – дедім.

– Мұғалім әкем маған жаңа жұмбақ үйреткен. Олар өздері мектепте оқып жүргенде құпия хаттар жазған екен, – деп Шаһадәт орнынан тұрды. – Ол есеп және ана тілі дәрісіне байланысты, – деп қосып қойды.

– Қане, Шаһадәт, тақтаға келіңіз, балаларға көрсетіңіз, – деп Диләрәм мұғалім сағатына қарады. Қызықты өтіп жатқан бұл кезде үзіліске шығуды да ұмыттық. Шаһадәт тақтаға сандарды тізіп жаза бастады. 19, 27, 24, 25, 27, 17, 26, 1, 19 және бір бұрышқа 16, 1, 12, 1, 16, 25, 26, 1, 19 сандарын тізді.

Осы берілген сандардың орнына әріп қойып шықсаңдар, белгісіз сөздерді тауып аласыңдар, – деп Шаһадәт орнына барып отырды.

Бұл қандай әріп болды екен? Алфавитімізде 41 әріп бар. Қайсысын қойған дұрыс? Балалар ойланып, жым-жырттыққа батты. Оқушылар ана тілі оқулығын парақтай бастады. Алайда әріптер мен санның сәйкестігін табу ешкімнің есіне түсе қоймады. Өзара ұзақ сыбырласып, күбірге басқан балалардың назарын Диләрәм мұғалімнің өзі бұзды.

– Қанеки, Хашимжан, тақтаға келіп, ұйғыр алфавитін тік қатарға тізіп жазып шықшы, – деді.

Алфавит толығымен жазылып болған соң:

– Енді әрбір әріптің алдына рет сан қойып шық, – деп оқушыларға түсінікті болды ғой дегендей балаларға қарады.

Сынып іші жанданып, жанарлары ұшқындап цифрға сәйкес келетін әріптерді іздей бастады.

– Мұғалім, бірінші сөзді таптып, ол – еліміз Қазақстанның бірінші Президентінің аты екен. Міне, 19 – Н, 27 – У, 24 – Р, 25 – С, 27 – У, –17 – Л, 26 – Т, 1 – А, 19 – Н әріптері деп Қайрат соңғы партадан бас көтере айғай салды.

– Екіншісін таптыңдар ма? – деп мұғалім риза көңілмен балаларға көз салды.

Оқушылар екінші сөзді «Қазақстан» деп тапты. Біз тағы да біраз уаққа дейін отыра беруіміз мүмкін еді. Өйткені бүгінгі көңілді дәріс бәрімізге ұнап тұр. Алайда бізден кейін келіп оқитын екінші сменаға сыныпты босатып беру үшін, қызықты сабақты аяқтап, аса жоғары көңіл-күймен үйді-үйімізге беттедік.

 

КҮДІК

 

Сабақ аяқтап, қоңырау соғылуымен, кең далаға ұмтыламыз да, баққа жүгіреміз. Өйткені дәретхана мектептің ақ терек отырғызылған бақшасының бір шетінде. Жоғарғы сыныптың оқушылары бақты күтеді, арықтарын аршып, суғарады. Оқушылардың өз қолдарымен тіккен ағаштары ортасында әртүрлі мәдени шаралар өткізіліп тұрады. Демалысқа шыға салысымызбен, Хасан, Жамалдин үшеуміз баққа қарай бет алдық.

– Балалар, қараңдаршы, дәретхана өртеніп жатыр ма, не болған? Түтін шығып жатыр, – деп Хасан жүрісін тежеді.

– Дәретхана жанында сыпырынды төгетін шұңқыр бар еді, сынып тазалаған кездегі шыққан қағаз қиқымдарын сол араға апарып өртеуші едік.

– Қоқыстағы қағаздар жанып жатқан шығар, – деді Жамалдин.

– Олай емес, Жамалдин. Дұрыстап қарасаңшы, түтін дәретхана тесіктерінен шығып жатыр ғой, – деп Хасан орнынан қозғалар емес.

– Не болса да барайық, жанып жатса өшірейік, – деп ағаштар арасындағы кетпен тимей, ұзарып өсіп кеткен көк қурайды жұла бастадым.

Дәретхана ішіне кіріп бардық та таңырқап тұрып қалдық. Онда жоғары сыныптың балалары толып алыпты. Әр қайсысының аузында бірден папирус. Будақдатып түтіндете темекі шегіп тұр. Қолымыздағы көк қурайды көрген олардың арасындағы ересектеу біреуі бізге жақындады.

– Не, сендер моншаға келдіңдер ме? Қолдарыңда шыбыртқыларың бар ғой, – деп бізді келемеждеп тіл қатты.

Достарының тауып айтқан сөзіне өзгелері рахаттана күлісті. Әрі темекілерін құшырлана сора бастады.

– Жоқ, аға, біз дәретхана өртеніп жатқан шығар деп ойлап, соны өшіруге кіріп едік, – деді Жамалдин алға қарай бір адым озып.

– Пақ! Міне ендеше, жас от өшірушілер бригадасы жетіп келген екен ғой. Қане, онда өшіре беріңдер, – деп шаштары өсіп кеткен қара бала езуіндегі темекісін біздің алдымызға түкіріп тастады.

Хасан өте тез жылдамдықпен бықсып жатқан темекі тұқылын таптап өшірді.

– Бұларға темекінің оты жақпайтын көрінеді, – деп кіржиген бала маған жақындады.

– Мә, мынаны сорып көр. Егер шекпесең осы дәретханаға қамап кетемін, – деп  өзі тістеп сілекейленген темекісін менің аузыма тықпалады.

Алайда ойы орындалмаған соң, менің иығымнан жұлқа тартып қарсыласқанымды місе тұтпай, зорлықты түрде дәретхананың ішіне тықсырды. Артымнан Хасан мен Жамалдинді де желкеден түйіп, үшеумізді бір қуысқа тықты. Дәретшісімен түтін иісі қосылып, адам төзгісіз сасықшылықтың ішінде қалдық. Қанша уақыт қамауда болатынымызды білмеген үшеуміз бір-бірімізге қарап үрпиіп тұрмыз. Кенеттен «Полундра» деген дауыс естілді. Темекі тартып тұрғандар жан-жаққа тыпырлай бастады. Жол ашылғанын көрген біз де сыртқа ұмтылдық. 6-сыныптың мұғалімі осы жаққа қарай келе жатыр екен.

– Қане, балалар, дәріске кешігіп қалмаңдар, қоңырау шалынып кетті, – деп ол біздің қасымыздан өте шықты.

Жүгірген бойда сыныпқа бір-ақ кірдік. Диләрәм мұғалім сабағын енді бастаған екен. Біздің алқын-жұлқын, ентігіп кіріп келгенімізді көрген ол:

– Сендерге не болған? Осыншалық жүгірген бола ма? – деп босағада тұрған үшеумізге қарап отыруға рұхсат етті.

Мұғалімнің қасынан өтіп бара жатқанымызда, ол кісі бізге бір түрлі күдікпен қарап қалды. Әрі бірден дауыстап:

– Балалар, тоқтаңдаршы, мына жаққа келіңдер, – деді.

Дәріске кешігіп келген айыбымыз бар, алайда отыруға өзі рұхсат етіп тұрып, неге тоқтатты? Әртүрлі ойдың жетегінде тақтаның алдына келіп тұрдық. Мұғаліміміз бізге үңіліп қарап, көзімізге тесілді.

– Қашаннан бастадыңдар? – деп сұрады.

Біз таң-тамаша болып апайымызға тігіле қарадық.

– Тағы да қайталаймын. Бастағандарыңа қанша болды? – деп жан қалтамыздағы бар заттарымызды үстел үстіне қоюымызды сұрады.

Өшіргіш, қаламсап, қабатталған қағаз паршаларынан өзге ештеме таппаған ұстаз ренжулі бейнеде орнына барып отырды.

– Қайда бардыңдар? – деп сұрады, ол енді сыпайы, сабырлы бейнесіне еніп.

–  Апай біз жүгірген бойда дәретханаға барып келдік, – деп Хасан сөз алды.

– Дәретхана өртеніп жатқан болу керек деп ойладық, – деп Жамалдин сөзін жалғады.

– Барсақ, үлкен балалар темекі шегіп жатыр екен, – деп тыныштала қалдым мен.

«Хап» дедім ішімнен, темекінің әңгімесін несіне айттым. Енді жаңағы топ бала мені ұстап алып «сатқын» деп ұратын болды. Не істермін? Өкініп тұрған ойымды ұстазым бірден өзіне бұрды.

– Үлкендерге еліктеп сендер де шектіңдер ме?

– Жоқ, апай. Олар бізді шектіруге мәжбүрледі. Біз қасарыстық. Келіспеген соң, олар бізді түтінге тұншықтырып, дәретке отыратын жерге қамап қойды, – деп Хасан болған оқиғаны айта бастап еді, сыныптағылардың бәрі қыстыға күлді. Оқиғаның айқындалып, бізде айып жоқ екеніне көзі жеткен Диләрәм апайымыз ауыр күрсініп, терең демалды.

– Мен сендердің үстілеріңнен темекі түтіні иісін сезіп, басқаша ойлаған екенмін. Сендерді дұрыс түсінбей қалғаныма кешірім сұраймын, – деп біздің басымызды сипап, отыруға рұхсат берді.

Кезектегі дәріс есеп сабағы болса да, мұғалім темекінің зияны мен зардаптары туралы айта бастады.

– Естеріңде болсын, балаларым. Бір тал темекінің құрамындағы бір грамм никотин бір атты өлтіруге күші жетеді. Темекі шеккен адамдарда рак, өкпе ауруларының болуы сол удың зардабынан болады. Жалпы айтарым, темекі адам өмірін қысқартады, – деді. Күйініп отырып көп деректер келтірді. Сынып іші тыныштыққа шомылды. Ұстаз сөзінен кейін оқушылар үйіндегі темекі шегетін әкелерін, ағаларын ойлап кеткен болу керек, өзара аздап сыбырласып алды.

– Мұғалім, денсаулыққа зиян болса, бізде не үшін темекі өсіреді? – деген Қасиет бәріміздің ойымызды үзіп, апайға сұрау тастады.

Ойламаған жерден қойылған бұл қиын сұрауға апай асықпай ойланып жауап берді.

– Біз өсіріп отырған темекінің жапырағынан тек қана темекі жасамайды, Қасиет, одан кейбір ауруларды емдейтін және өзге мақсатқа пайдалануға заттар алады. Сол үшін де оны өсіруге тура келеді.

 Дәретханаға қамалып ыс сасыған Хасан, Жамалдин және мені сыныптастар көпке дейін мазақ етіп жүрді. Сол оқиғадан кейін егер дәретханадан түтін шығып жатқанын көрсек, жақын жоламайтын болдық. Жоғары сыныптың ересек балалары мені іздеп келіп «сатқын» атандырған жоқ. Ұстап алып ұрмады. Шамасы, болған оқиғаны Диләрәм апайға айтып қойғанымызды ешкім тәртіпсіз балаларға айтпаған болу керек. Бөтен жағдай жүз берген жоқ.

 

БӘКРИМ, МАҺИНУР ЖӘНЕ ОНЫҢ КОМАНДАСЫ

 

Біздің сыныптағы балалардың бәрі пионер. Аркадий Гайдардың «Тимур және оның командасы» кітабын оқып шыққаннан кейін сыныптастарымызбен келісіп, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, жалғыз басты қарттарға көмектесуді ұйғардық. Алғашқы  қадамды Диләрәм апайдың кеңесі бойынша ауылымыздағы жасы ең үлкен, әрі әр алуан себептермен балаларынан айырылып қалған Һевуллам ақсақал мен Жансахан әженің және жалғыз басты Раиса тәтенің үйін таңдадық. Қандай жұмыс болса да оның жетекшісі, бригадирі болады. Сол үшін де өзіміздің Тимур командасына командир етіп ұлдардың арасынан көзге түскен Бәкримді, қыздардың арасынан барлық іске үлгіріп жүретін Маһинурды сайладық. Біздің бұл өтінішімізді мектеп бойынша барлық бастауыш сынып оқушылары қолдап-қуаттады. Одан сайын шабыттанған біздер бұл жұмысты бастап жібердік. Аптаның екі күнінде сабақтан кейін екі группа іске кіріседі. Бәкрим бастаған ұлдар Һевуллам атаның, Жансахан әженің үйіне барып, отынын даярлайды. Су бастап келіп, бақшасын суғарады. Ата мен әженің бар шаруасын тындырып береді әрі қандай тілегі болса да орындайды. Маһинурдың группасындағы қыздар Раиса тәтенің үйін тазалап, жұмысын ретке келтіріп береді. Магазиннен және аптекадан қажетті нәрселерін, дәрі-дәрмектерін әкеліп береді. Келесі аптада группа ауысып, жұмысының жалғасын тапты.

Сондай күндердің бірінде бір қызықты оқиға болды. Тимур командасы кезекті көмегін жасап қайтқан күннің ертесінде Диләрәм мұғалім сабағын кешігіп бастады. Көңіл-күйі өте төмен еді. Сабақ біткенше қанша білдіргісі келмесе де, апайдың қабағы бір ашылмады. Қалай да ренішті жағдайдың болғаны белгілі болды. Отбасында әлде бір келіспеушіліктер пайда болды ма екен? Оның көңілін кім қалдырды екен? Дей тұрғанмен, сұрауға ешкімнің батылы бармады. Соңғы сабақтың қоңырауы шалынысымен, Диләрәм мұғалім Бәкрим мен Маһинурдың сыныпта қалуын өтінді.

– Сөз былай, балаларым, өзімізге үлкен жауапкершілік жүктеп, Тимур командасын құруымыз жақсы бастама. Группадағылар да жап-жақсы еңбек етіп, белсенділік көрсетуде. Алайда кешегі көмектеріңнен кейін Жансахан әжелерің маған арызданып, таңертең үйге кірді, – деді.

– Мұғалім, кеше үйге біз барып едік, – деп Бәкрим сынып жетекшісінің сөзін бөлді.

– Білемін, Бәкрим. Бақшаны суғарамыз деп жерде жатқан асқабақларды таптап кетіпсіңдер. Түйін тастай бастаған асқабақ жапырақтарын батпаққа батырып кетіпсіңдер.

– Апай, балалар таптаған жоқ. Мен өзім қадағалап тұрдым, – деп Бәкрим балаларды ақтап шыр-пыр болды. Біз қайтарда Һевулла атай аралап шыққан болатын.

– Саған және балаларға сенемін, Бәкрим. Қазірше айып бізде. Соны анықтау керек, – деп Диләрәм апай сұраулы көзбен Бәкримге қарады.

– Мұғалім, қыздардың атына арыз бар ма? – деп тыныш тыңдап отырған Маһинур сөзге араласты.

– Жоқ, Маһинур. Сендерге айтар ескертуім жоқ. Сіз де командир болған соң, осындай жағдайларға көңіл бөлсін деп едім. Естіп қойғаныңыз жаман болмас, – деп мұғалім ол екеуіне рұхсат берді.

Екеуі ойланып келеді, бұны кім істеуі мүмкін? Не болмаса біз байқамай басып кеттік пе? Жоқ, жоқ. Ол мүмкін емес, басқа біреудің істегені сөзсіз. Жауапсыз ойдың соңында келе жатқан Бәкрим баспалдаққа сүрініп, жығылып қала сақтады. Ойы сансаққа шашыраған сабақтасын Маһинур сөзге тартты.

– Білесің бе, егер кінә сендерде болса, біздің Тимур командасына бұдан былай сенім болмайды.

– Алаңдама, Маһинур. Бұның сырын анықтаймыз, – деп сеніммен айтқан Бәкрим аяғын соза адымдады. Сыныптастары олардың шығуын тағатсыздана күтіп тұрған болатын. Бірден Бәкрим мен Маһинурды қоршап алған балалар: «Бәкрим, мұғалім не айтты?», «Маһинур, ұстаз неменеге ренжіпті?» – деп үсті-үстіне сұрау жаудырды.

– Қыздар бұл шаруа бізге қатысты емес, біз кетейік. Ұлдар жағы ақ-қарасын өздері ажыратсын, – деп достарын ертіп топтан суырыла берді.

Бәкрим командасын ілестіріп, ағаштың көлеңкесіне беттеді. Ол балалар жайғасып болған соң сөзін бастады.

– Достар,  іс қиындап тұр. Һевуллам ата мен Жансахан әже біздің кешегі жұмысымызға риза емес. Суғарған асқабақтарымыздың сабағын сындырып, таптап кетіппіз.

– Бұл қалай болғаны? Олай болуы мүмкін емес, – деп Жамалдин орнынан тұрды.

– Мүмкін секілді. Балалар, мұғалім барып, өз көзімен көріп қайтыпты, – деді Бәкрим.

– Асқабақтың арасына кім кіріп еді? Хасан екеуміз, – деп Важит өз сұрауына өзі жауап берді. Қызарақтап, таптап кетіп жүрмейік, бассақ та жұмсақ болар деп, жалаң аяқ жүрдік емес пе?

– Бақшаға тағы кім кірді? – деп Бәкрим балаларға сұрау тастады.

– Қайрат, Құдірет, Жамалдин су бастап келдік. Тоған тазаладық, – дедім мен.

– Жарайды, сендер суда болдыңдар, Хасан мен Құтлұқ дүкенге кеткен, – деп Бәкрим балалардың аты-жөндерін атап шықты.

– Соңғысы өзіңсің, – деп Жамалдин оған қарады.

– Балалар, мен бақшаға кірмедім ғой. Қоршау сыртынан бақылап тұрдым. Отырдық. Бұтақтарды жидым, – деп ол да өзін ақтады.

– Ең бастысы, өзіміз барып көрелік, – дедім мен. Балалар қарсы болған жоқ. Сумкаларымызды арқалаған бойда ата мен әженің үйлеріне тура беттедік. Бірақ олар үйлерінде болмай шықты. Һевуллам ақсақал мен Жанасхан әженің көршілері шайға шақырып кеткен екен.

– Не істейміз, балалар? Бақшаға кіре береміз бе? – деп Бәкрим бізге қарады.

– Кірсек, кірелік. Өзімізге-өзіміз жауап табалық, – деп Жамалдин алға озды. Алайда оны өзге балалар тоқтатып қалды.

– Иесі үйде жоқ, қалайша келісімсіз кіреміз? Ұят болады, – деп Важит сөзге араласты.

– Қоршаудың сыртынан байқап көрелік, – дедім мен.

– Міне, бұл дұрыс сөз, – деп Важит мені қолдады.

Үйді айналып өтіп, бақша жағына келдік. Күннің ыстығында құрғап кеткен асқабақ жапырақтарын көріп, оларға жанымыз ашыды. Жапырақтар қусырылып сарғая бастапты. Сөйте тұра, түйінделген асқабақтарды көлеңкесіне жасырып тұрғандай. Шарбақты жағалап келе жатқан Құдірет бізді тоқтатты.

– Достар, қараңдаршы, мында резинка етіктің ізі!

– Не бопты, резинка етікті бәрі де киеді ғой, – деген Қайраттың сөзіне қарап, балалар басқаша ойға бармады.

– Жоқ, бұл ізді мен кеше де көріп едім,  иректері бір жаққа қараған, – деп біздің назарымызды өзіне тағы да бұрды.

– Сен не айтқың келіп тұр? Ежіктемей ашып айтшы, – деп Жамалдин ызалана бастады.

– Һошур ағалардың бақшасының жанындағы тоғанды өзінің бақшасына бұрмақшы болып тұрған екен, мен оған келіспеген едім.

– Не бопты, тұрса тұра берсін, – деді тағы да Жамалдин.

– Тоқташы, кім ол? – деп жамырай сұрады балалар.

– Айса ағаның баласы Пахридин.

– Қайсы Айса? Шофер ма? – Жамалдиннің ызасы қайтып, қызығушылығы оянды.

– Жоқ. Тракторист Айсаның, – деп Құдіреттің берген жауабынан кейін балалар анадайдағы көгал жерге барып отырды.

Іштегі аяқ ізін барлап көріп қайтқан Һашим:

– Асқабақтың арасында да сол резинка етіктің ізі жатыр, – деді көпке қарап.

– Енді не істейміз? Диләрәм апайдың үйіне барамыз ба? – деп Бәкрим балаларға қарады.

– Баралық... осылай да, осылай. Айса ағаның баласының резинка етігінің ізін көрдік, бақшаны бүлдірген сол болу керек деп айтайық, – деді Жамалдин.

– Жоқ, балалар. Алдымен Пахридиннің үйіне барып анықтайық. Кім біледі, оған ұқсайтын резинка етік киген басқа біреусінің ісі болуы да мүмкін ғой, – деп Важит балаларға және ой салды.

– Бізге өштік сайлап, қариялардың асқабағын таптаған кім болды екен, ә?! – деп ашуға булығып отыр Хасан.

– Отырсақ, отыра береміз. Онанда тез барып, істің бетін ашайық, – деген Бәкрим достарын қозғады.

Сумкаларын сүйрете аулаға кіріп келген бір топ баланы көрген Пахридиннің анасы:

– Балам-ау, достарың келіп тұр, – деді.

– Тәте, бізге сіз керек едіңіз, – дер Бәкрим сәлемдесіп болған соң, үлкен кісіні кідіртті.

Есік алдында табан иректері бір жағына қараған резинка етік батпақ күйінде жатыр екен. Мұны көрген балалар кінәлі адамның кім екенін анық сезді.

Болған оқиғаны толық естіген Пахридиннің шешесі ашудан жарылардай болып, баласын үйден айдап шықты. Бұлтаруға амалы қалмаған Пахридин басы кеудесіне салбырап, қариялардан кешірім сұрау үшін бізбен бірге алдыға түсті. Көршінің үйінен енді шыққан қос қария өздерінің көмекшілерін көріп, ризалықпен қарсы алды. Бәкримді үйден жеміс-жидек алып шығуға жұмсаған ақсақал қалғандарымызды жаздық сыпыға отыруға шақырды.

– Таңертең әжелерің асығыстық жасап Диләрәм апайларыңа сендердің үстілеріңнен арыз жасаған екен, ақырын-ақырын үйренесіңдер, балаларым. Асқабақтың бірнеше тал сабағының сынғаны неге тұрады. Ол үшін сендерді жазғырмаймын. Аппақ сақалын сыйпап отырып сөйлеген Һевуллам ақсақалдың сөзін Пахридин бөлді.

– Ата, мені кешіріңіз! Бұл балаларда еш күнә жоқ. Кеше өз бағыма су бастайын десем, бұлар рұхсат етпеген соң, осыларға ашуланып жүріп суғарған асқабақтарын кеште кіріп таптап тастаған мен едім, – деді ол ұялғаннан жерге қарап.

– Кешірімді менен емес, мына тұрған еңбексүйгіш, ізгі ниетті балалардан сұра, – деді ақсақал.

– Есіңде болсын, балам, біреуге жамандық істесең, өз алдыңа қайта айналып келеді. Нені болса да тереңінен тексере ойланып ал. Көңілің ақ болсын. Оқасы жоқ, балаларым. Асқабақтың түбі ылғал, ертең-бүрсүкүні ұайта көктеп жетіліп кетеді, – деген Һевуллам ата бізбен жылы жүзбен қоштасты.

«Айыпкерді» тауып, көңіліміз орнына түсті. Сынып жетекшімізге болған істі ертең айтуға келісіп, үйді-үйімізге тарадық.

 

МҰҒАЛІМ АУЫРЫП ҚАЛЫПТЫ

 

Диләрәм мұғалім кеше сабақ үстінде өзін жайсыз сезініп жүр еді. Жүзінің жабырқаңқы екенін көріп, оның іштей ауырып тұрғанын байқау қиын емес еді. Сондықтан болар, жетекшіміз бүгін мектепке келе алмады. «Ауырып қалыпты», «кеше түні «жедел жәрдем» келіп, укол салып кетіпті», «енді бір ай келмейтін болыпты» деген сөздер сынып ішіне тез жайылды. Бірге болып үйреніп қалғандықтан ба, оның орнына келіп, сабақ берген Хасиет апайды оқушылар көңілсіз қарсы алды. Балаларға оның дөрекі дауысы ұнамады. Соңғы сабаққа дейін зорға шыдады. Қоңырау шалынып, балалар заттарын жиыстырып, сумкаларын көтеріп үйлеріне тарай бастағанда, оларды Маһинур тоқтатты.

– Сабақтастар, Диләрәм апайдың көңілін сұрап, халін біліп қайтайық та! Ол кісі бізді ойлап жатқан шығар.

Оның ойын Бәкрим де қолдады. Командирлер айтса орындалады. Біз де келістік. Бәріміз Диләрәм апайдың үйіне қарай беттедік. Топтасып, көше бойымен келе жатқан балаларды көрген үлкен-кіші, жұрттың бәрі таңырқай қарады. Мінеки, алуан гүлдер ашылған аулада апайымыз айығып, әр бірімізді құшақтап, ұзақтан бері көрмеген жақын адамдардай бетімізден сүйіп шықты.

– Жандарым сол, сендерді бір күн көрмеп едім, сағына бастадым, – деп жүзім сөресінің астындағы көтерме тапшаңға отырғызды. Айтқандай-ақ, сүйікті ұстазымыз бізді келеді деп күтсе керек, алдын-ала даярланған жозы үсті ас-тағамдарға лық толып тұр. Түс әлетінен асып қалғандықтан, печенье жеп, шәй іштік. Жеміс-жидектен тойғанша қарпыттық. Аурудың әсері болса керек, апайымыздың көздері шүңірейіп қалыпты. Жүзі жүдеу көрінді. Біз ол кісіні қоршай отырып, сұраудың астына алдық.

– Мұғалім, қашан мектепке барасыз? Сізді сағындық, – деп шуладық. Біз басқа мұғалімнің оқытқанын қаламаймыз.

– Балалар, қазірден бастап үйрене беріңдер. 5-сыныпқа барғанда әрбір пәннен бөлек-бөлек мұғалімдер дәріс береді. Онда қайтесіңдер?

– Жоқ, мұғалім, біз сізді ғана қалаймыз.

Ол оқушылардың өз сөздерінен қайтпасын білді ме:

– Мақұл, балаларым. Сендердің көңілімді сұрап, іздеп келгендеріңді көріп, құлантаза сауықтым. Ертең жұмысқа шығамын, – деді.

Балалардың «Ура! деген дауысы ауланы жаңғыртты. Тіпті ағаштарда қонақтап отырған құстар да шошынғанынан ағаш арасынан «пыр» деп ұшып шықты. Қақпаның алдына келіп жүк машинасы тоқтап, кабинадан Диләрәм апайдың жолдасы Һесамдун аға түсті.

– Бала бақшасы біздің көшеге көшіп келген бе? – деген ол күлімсіреп, біздің сәлемімізді алды.

– Бала бақшасы емес, кәдімгідей 4 сынып оқушылары деңіз, – деп Маһинур Һесамудин ағаның сөзін түзетті.

– Солай ма, мен білмей қалған екенмін. Байқаймын, апайларыңды жұмысқа шығуға шақырып келген сияқтысыңдар, – деп Диләрәм апайға көзін қысып қойды.

– Жұмысқа шақырып емес, ұстазымыздың көңілін сұрап, іздеп келдік, – деп Маһинур оны тағы түзетті. Һесамдун аға қарқылдай күлді.

– Рахмет сендерге! Әрқашан осылай бірге болыңдар. Ынтымақтарың баянды болсы! – деп бізбен қоштасты.

 

МЕРЕКЕ

 

Әр жылы қазан айының келуімен бәріміздің есімізде қалатын бір күн бар. Ол – мұғалімдер күні. Сол күн де жақындады. Диләрәм апайға қандай сыйлық беруіміз керек? Қайткенде сынып жетекшісінің көңілін көтере аламыз? Осы туралы көп ойландық. Уақыт жақындаған сайын ойымыз әр нәрсеге бір кетті. Өзімен ақылдасуға болмайды. Оның үстіне, оның бәрі құпия, тосын болуға тиіс. Сондықтан да демалыс кезінде, сабақтан шыға сыртқа жиналып ақылдасуды ұйғарып, Бәкрим мен Маһинур құлағымызға сыбырлап айтып шықты. Сыныптан шығып, үйлерімізге кеткен секілді жан-жаққа бытырадық та, бір айналып келіскен жерге жинала кеттік.

– Балалар, не істейміз? Екі күн қалды, – деді Маһинур ағаштың көлеңкесіне келіп отырған топқа тіл қатып. Оқушылар сөздің не туралы екенін білгендіктен, бірден қызықты әңгімеге кірісті.

– Кеше дүкеннен дәу сағат көрдім, соны алсақ қайтеді? – деп Гүлчеһрам сұрау тастады.

– Ақшаны қайдан аламыз? – деді Жамалдин.

– Қанша сом екен? – деп Құдірет сөзге араласты.

Сұраулар аяқталып тынышталған соң:

– Бағасы тоғыз сом елу тиын. Егер әр біріміз елу тиыннан шығарсақ... – Гүлчеһрам сөзінің соңын айтып болғанша, Хасан гүр ете қалды.

– Ура, ата-анамыздан елу тиыннан аламыз да сағатты сатып аламыз. Сонымен сағат біздікі деген сөз, – деп орнынан тұрып кетті, – қалай дейсіңдер, солай етеміз бе?

Оқиғаның соңы қалай боларын күтіп тұрған Гүлчеһрам Хасанның сұрауына «һе-и» деп жауап берді.

– Елу тиыннан бермейді, – деді Қайрат. Өйткені ата-аналар комитетінің кітап-дәптер, қалам-қарындаш сатып алуға жиған ақшасы бар. Бұл тағы не демей ме?

– Сен қайдан білесің, әлде сол комитеттің мүшесісің бе? – деп Құдірет оған тиісе сөйледі.

– Әкесі ата-аналар комитетінің мүшесі емес пе, – деп Жамалдин Қайраттың сөзін жақтады.

– Онда не істейміз? Кімде сөз бар? – деп Бәкрам оқушыларды қыдырта көз салды.

– Менде бір ой бар, – деген Нұрванәм орнаған тыныштықты бұзып, сөз бастады. – Біреуміздің туған күнімізді сылтау ете отырып, кітап сатып аламыз деп сұрасақ беретін шығар, – деп сабақтастарына қарады.

Осылайша соңғы пікірді құптадық та даярландық. Мереке күні сабақ басталу алдында сыйлығымызды мұғалімнің үстеліне қойып, оның келуін күттік. Сынып жетекшіміз есікті ашып, босағадан аттай бере, бәріміз орнымыздан тұрып, біркелкі дауыспен «Мереке құтты болсын, апай!» деп шу ете қалдық. Ойламаған жерден шыққан бұл дауыстан сасып қалған мұғалім кідіре қалды. Құлағын баса қойғысы келіп еді, қолтығындағы сынып журналы сусып жерге түсті. Ол үстел үстіндегі үлкен ораулы қорапты көріп, бізге таңдана қарап:

– Бұл немене? – деп сұрады.

– Сағат, – дедік біз хор айтқандай.

– Кімге?

– Сізге, – деп жауап бердік тағы да біркелкі дауыспен.

Диләрәм мұғалім орауды ашты.

– Ақшаны қайдан алдыңдар?

Апайдың ашуы келе бастады. Бет әлпетінен ренжігендіктің түсі сезіле бастады. Жоғары дәрежелі әдемі қуанышпен отырған балалардың мазасы кете бастады. Олар ыңғайсыздық тудырғанын енді сезе бастады. Командиріміз Бәкрим болған оқиғаны ине-сабақ жібіне дейін айтып берді. Көңіл қойып тыңдаған сынып жетекшіміз сабақты қоя тұрып, бізге түсінік бере бастады.

– Оқушылар, мені құрметтегендеріңе көп рахмет! Алайда сендер мені қуантамын деп, бүгінгі мереке күні ренжітіп алдыңдар. Біріншіден, ата-аналарыңды алдадыңдар. Екіншіден, ұстаздар коллективі алдында мені әспеттеп, ыңғайсыздыққа түсірдіңдер. Сендерді ержетті, жақсы мен жаманды ажырататын болды десем... – деп орнына отырды.

Сынып ішінде шыбынның ұшқаны білінетіндей тыныштық орнады. Тіпті адам отырғаны білінбейді. Өзіміздің өткізген қателігімізді сезіп, басымыз салбырап, ұят бойымызды өртеді. Тіпті қозғалуға дәрменіміз жоқ. Ол да ұзаққа дейін сөйлей қоймады. Сонан соң барып:

– Егер өздерің жасаған заттарды, салған суреттеріңді, қолдан тоқыған бұйымдарыңды ұсынған болсаңдар қуана-қуана қабылдаған болар едім. Енді міне, болар іс болды, өткенге салауат, – деп жүзіндегі реніштің табын кетіруге тырысты.

– Сендер қарсы болмасаңдар, сағатты осында қалдырайық, – деп тақтаның жанындағы бос аралыққа іліп қойды.

Оның тықылдаған дауысы, тіршілік тоқтағандай болған сынып ішіне жан кіргізді. Бізді тірілте бастады. Диләрәм апай да біртіндеп өз-өзіне келіп, бізді одан ары қинай бермей, жаңа сабағын бастап кетті. Қуаныш күлкіміз шыға бастады.

Кейін естуімізше, Диләрәм мұғалім сағаттың ақшасын өз қалтасынан шығарып, ата-аналар комитетіне төлепті. Сол бір мереке күні ұстазымызды қуантамыз деп қатты ренжітіп алғанымыз бізге зор сабақ болды.

ДЕМАЛЫСТАН КЕЙІН

 

Бірінші ширек оқу мерзімі бітіп, сабақ аяқталды. Һашимді есепке алмағанда барлық оқушы озат бағамен маусымды жапты. Қазандағы мерекені атап өткен соң, мектепке жиналдық. Балалар көңілді, бойлары сергек, көздері күлімдейді. Демалыстың әсері тәп-тәуір өзгерістер әкелген. Көрген-білгендерін айтып, қызықтарын ортаға салып, бір-біріне ауыз жаппай айтысып жатыр. Сынып іші ду-ду...

Сабақтың басталуына шалынған қоңырау дауысын да естімеген екенбіз. Сыныпқа Диләрәм апай кіріп келгенде әркім өз орнына ентелеп, анық абыр-сабырға ұласты. Мұғалімге құрмет көрсетіп, орнымызға барып тұрдық. Аздаған уақыттан соң барып, біртіндеп тыныштық орнай бастады. Үстел үстіне журналды қойған апайымыз бізге тегіс көз жүгіртіп алып сәлемдесті.

– Бүгінгі бірінші сабақты «демалыстың әсері» деп атайын деп отырмын, – деді мұғалім.

Кім қайда барды, не көрді, не істеді, қандай қызықты оқиғалар айтып береді? Ендеше алдымен кім бастайды? – деп көпке көз тастады.

Сабақтастарым іштеріне жиналған сөздерін айтып бітіріп қойғанға ұқсайды. Бағанадан бергі гуілдеген әңгіменің біреуі айтылатын түрі жоқ. Ауыздарына су ұрттап алғандай үнсіз.

– Балалар, демалыста ешқайда шықпадыңдар ма? Ешнәрсе көрмедіңдер ме? – деп оқушыларға сұрау тастады, сонда барып орнына көтерілген Шаһадәт:

– Мұғалім,  мен Алматыға барып мерекесіне арналған концерт көрдім, – деді.

– Оны мен де көрдім. Бірақ телевизордан, – деп Заһидәм досына дем берді.

Муғалімдерге арналған концертті бәріміз тамашаладық, – деп балалар бірінен соң, бірі дауыстады. Әр жерден жапырлаған сөздерді сынып жектешіміз тоқтатты.

– Одан өзге ше? Басқа қандай оқиғаларға куә болдыңдар? – деп мұғалім балалардың назарын бұрды.

– Мұғалім, мен де Алматыға барып едім. Айуанаттар бағына барып, әртүрлі жабайы аңдарды, жыртқыштарды, құстарды көрдім. Одан соң трамвайға шығып, қаланы көрдім. Ол тақ-тұқ, тақ-тұқ деп релспен жүреді екен, – деді Жамалдин.

Балалар да әңгімеге шыға бастады. Өздері де қозғалақтап жандана бастады. Бір-бірін қызыға тыңдап, реті келгенде сөз қыстырып отырды.

– Бірінші тоқсанды жақсы аяқтағаным үшін әке-шешем маған жаңа «Орленок» велосипедін алып берді. Демалыста велосипед теуіп ойнадым. Қазір екі қолымды босатып, рөлді ұстамай-ақ жүргізе беремін, – деп мақтанды Важит.

Осы сөзден кейін сынып іші бір сәт тыныштала қалды. Балалардың бәрінің ойына Шерингүлдің қайғылы оқиғасы түскен еді. Бұл үнсіздікті Диләрәм апай бұзып, әсерлерін айтуды өтінді.

– Мен әкеммен бірге қой бақтым. Әкемнің жирен қасқа аты бар, – деп Һашим де ой бөлісті.

Далада таза ауада қыр самалын жұтып, ат мініп жүргенге жетер не бар. Құстардың сайраған үні көңілді күйге бөлейді.

– Сен солай даланы аңсап жүресің де, сабақты дұрыс оқымайсың, – деп Жамалдин мазақтады.

– Бәрі-бір Һашим қойшы болады, – деп Гүлчеһрәм да сөзге қосылды. Олардың бұл сайқы-мазағын Диләрәм мұғалім тежеді.

– Балалар, қандай кәсіп болмасын, оның өз ерекшеліктері көп. Қойшы қойын бағып сендерді етпен қамдайды. Дихан астық өсіріп, қалбаңды дәнге толтырады. Тракторист жер жыртады... Қысқасы, әр кәсіптің өзіндік мәні бар. Жаманы жоқ. Һашимнің әкесіне көмектесуі оның үлкенге деген құрметі әрі оның еңбек етуге деген қызығуы. Ол өте дұрыс істеген.

– Мұғалім, әкем маған трактор жүргізуді үйретті, – деді Нұрванәм, – оның ішіне отырған адам дірілдеп отырады екен. Дауысы құлақ тұндырады. Шынжыр табанының қозғалысы, бейне біз кинолар да көретін танктерге ұқсайды екен.

– Міне, ендеше, Нұрванәм трактор айдауды меңгеріп жатыр екен. Келешекте сендердің сыныптағы қыздар арасынан атақты тракторист шықса жаман болмас. Тохтихан Розахунова, Паша Ангелина, Камшат Дөненбаевалардың ізін басып шықса, біздің сыныптас еді деп мақтаныш етесіңдер.

Сынып іші тыныштала бастады. Байқаймыз, балалар айтатындарын сарқып қалған секілді. Диләрәм апай көптің назарын өзіне бұрып, сөз бастады.

– Балалар, қайда барсаңдар да, не істесеңдер де өздерің туып өскен құтты мекендеріңді ұмытпаңдар. Осы демалыс кезінде біздің ауылда кездесулер болды. Мереке қарсаңында совхоздың үздік еңбеккерлеріне жеткен жетістіктері үшін сыйлықтар тапсырды. Олардың арасында Нурванәмнің, Һашимның әкелері, қысқасы бәріңнің ата-аналарыңның есімдері бар. Сендер оқып жүрген мектепті аяқтап, әскери міндетін өтеп қайтқан ағаларыңмен кездесу ұйымдастырылды. Олар өте көп қызықты әсерлерімен бөлісті.

Ауыл ақсақалдарымен кездесу өткізілді. Әрбір адамның кеудесіне әсерлі сезім ұялатады. Алайда, бұл кездесулерге Бәкрим мен Маһинурдан өзге ешкім қатынаспады. Бағана оларды тұрып сөйлейтін шығар деп едім, бірақ айтқысы келмеді. Міне, осылайша демалыс күндері біздің тірлігімізге көп жаңалықтар қосылды. Тарихымызға қатысты кездесулер өтсе де сендер белсенділік көрсете алмадыңдар. Енді сендер сәби емессіңдер, сыныптағы мәселелерді өздерің алып кетуге жарадыңдар. Туған ауылдарыңның өткені мен бүгінін дәл қазірден үйренбесеңдер, ертең кеш болады.

Диләрәм апайдың жағымды кеңесін құлақ қойып бар ықыласымызбен тыңдаған біздер әр сөзді дұрыс қабылдадық. Ескертулерге ойлана қарап, жадымызға жаттадық. Ара-арасында Бәкрим мен Маһинурға да қарап қояды. Командир болған соң бізге неге айтпады екен деген өкпе де бар. Өзіміздің біреу нұсқаушылық беріп, мынаны істе демесе, жүре беретін әдетімізді ойланып, қатты ұялдық. Өзімізше гүжілдеп, дүрілдеп тұрсақ та, іштей толғанып, ақылмен іс істемейтіндігімізді сезіп, ізденбейтін, тырыспайтын мінезімізге өкіндік.

 

ВАЖИТТІҢ КЕПТЕРЛЕРІ

 

Екінші тоқсан тіпті қысқа. Бұл туралы Диләрәм апай бірінші ширектің ортасында біз өзімізді аздап босатып жібергенімізде ескертіп еді.

– Балалар, қазір сендерде сабақ саны аз. 5-сыныпқа барғанда басқа пәндер қосылады. Ол кезде сыныптан сыртқы уақытта әдеби кітаптар оқуға уақыт таппайсыңдар. Мүмкіндіктеріңді дұрыс пайдаланып, осы бастан өздерің  саналы түрде әдеттеніңдер. Тырысшаң, ынталы болыңдар, – деп күнде қайталап отырды.

Демалыста тым ойынға беріліп кеткен секілдіміз. Санийәмнан басқа ешкім сыныптан тыс кітап оқымапты. Міне, енді босқа өткен уақыттың орнын толтыру үшін бас көтермей кітап оқимыз.

Бүгін Важит сабаққа келмеді. Оған ешкім назар аударған да жоқ. Осыны байқаған Диләрәм мұғалім біз сыныптан асығыс шығуға ыңғайланғанда бізді тоқтатып:

– Важиттің не себепті дәріске келе алмағанын кім біледі? – деп сұрады.

Біз аң-таң болып, бір-бірімізге қарадық. Оның әкесі совхоздың алма бағының қарауылы болып жұмыс істейтін, сол себепті олардың үйі ауылдың бір жақ шетінде еді. Назарымызды сынып жетекшіміз өзіне бұрды.

– Бәкрим, өздері барғысы келген бірнеше баланы ертіп Важиттің үйіне барып келсеңші. Ертең жөнін айтарсың.

Бәкрим қарсы болған жоқ. Оған Қайрат екеуміз қосылып, біз төтелеп Важиттің үйіне тарттық. Алыстан алма бағы да көрінді. Алайда біз мол сулы тоғаннан өте алмай, көпір іздеп көп жүріп қалдық. Енді не істейміз, каналдың арғы бетіне қалай өтеміз?

– Азат басың дәу ғой, ойланып көрші, бір амал тауып қаларсың, – деп шарасыздығын сездірді маған қараған Қайрат. Ол сөйтті де сумкасын астына қойып, жағаға барып отырды.

– Бәтінкелерімізді шешіп, балақты түріп кешіп өтелік, – деді Бәкрим.

– Су өте суық. Оның үстіне, белден асады. Киімді су етіп аламыз, – деген Қайрат судан тітіркеніп отырғанын сездірді.

– Олардың үйіне бақтың қай жағынан кіруші еді? – деп сұрадым.

– Екі жақтан да жол бар. Анау жоғарғы жағында көпір бар, – деді Бәкрим.

– Олай болса, несіне қарап отырмыз. Жоғарғы жағынан айналып келеміз, – дедім, – басқа шара жоқ!

– Тағы да жүреміз бе? Өте алыс қой. Мына тұстан өте салғанда тез болар едік, – деді өзінше күбірлеген Қайрат.

– Не айырмашылығы бар? Бәрібір үйіне жету үшін жоғарыдағы тура келеді, – деп орнымыздан  қозғалдық. Осы кезде қасымызға келген атты адам:

– Бұл арада не істеп жүрсіңдер, батырларым? Адасып кеткеннен саусыңдар ма? – деді бізге қарап.

– Бұл келген кісі Һашимнің әкесі Байруллам аға екенін таныдық. Мұнда келген себебімізді түсінген Байруллам аға атына бір-бірлеп мінгестіріп, бізді ағыны қатты тоғаннан өткізіп жіберді. Іс бітті дегендей, бізге қарап басын изеген аға, сабақ кезінде Һашим айтқан жирен қасқа атымен малға қарай алыстай берді. Ойы іске асқан Қайраттың көзі күлімдеп, судан өтіп алғанына қуанып тұр.

– Міне енді, алманың көлеңкесімен жүретін болдық. Үзілмеген алма болса, ол да біздікі деген сөз, – деп жүзі жанып, бойы жеңілдей бастады.

Алайда бұл қуанышымыз ұзаққа созылмады. Жол батпақ екен.

– Жоғарғы жолмен-ақ барсақ болатын еді. Сен қоймадың. Ал, енді, жүріп көр! – деп Бәкрим екеуміз оны жазғыра бастадық.

– Жол батпақ, тоғандағы су тасып ағып жатыр екен, сол үшін Важит сабаққа келе алмапты деп апайға айтайық та, – деді Қайрат қайтерін білмей, енжар күй кешіп.

– Сонда мұғалімді алдайық дегің келіп тұр ма? Тапқан екенсің алдайтын кісіні?! – деген Бәкрим оның ойын бірден тойтарды.

Біздің келетінімізді біліп, ерік-жігерімізді сынап көргісі келгендей, бақты суғару үшін су салып тастапты. Ер жігіт айтқан сөзінен қайтпайды деп бір амалын тауып абайлап жүріп, әйтеуір Важиттің үйіне де жеттік. Біз келген төменгі жол үйдің артынан алып келеді екен. Біз иттің бар екенін ұмытып, жетіп келген екенбіз. Қайдан шыққаны белгісіз, мойнында шынжыры бар сарала төбет «ыр-р-р» ете қалғанда, батпаққа бұлғанған сумкаларды иттің аузына лақтырып тастап, артымызға тұра қаштық. Қорыққаннан жүрегіміз аузымызға тығылды. Енді бір жағынан аяғымыз батпақ, жүгіруге шамамыз келмей, бақты басымызға көтеріп бақырып келеміз. Дәл қазір ит келіп қайсымызды бірінші қабар екен деп зәреміз ұшты. Ит өзі дәу, жүгіре алмайтын  Бәкримді алдымен тістейтін шығар деп ойлап келемін.

Сырғымалы сымтемір таусылмағанда иттің қайсымызды болса да бас салары сөзсіз еді. Шынжыр тұйықталып, мойнын жұлқа тартқанда барып ит тоқтады. Біз де таяу жерде тұрған жуан алма ағашының бұтағына өрмелеп шығып үлгердік. «Жолбарыс, жолбарыс» деген әйел дауысын естіген сарала төбет біз жаққа қарап үріп қойып, үйге қарай жүгірді.

Иттің қарасы көрінбей кеткен соң барып біздің есіміз орнына келіп, қол-аяғымызға жан кірді. Алманың бұтағынан қарғып-қарғып түсіп, сумкаларымызды алып алуға беттедік. Алайда Жолбарыс бізді тағы да байқап қалып, тұра жүгірді. Біз алғашында «қорққаншаққа қос көрінеді» дегеніндей, ағашқа қалай шығып кеткенімізді білмей қалып едік, бұл жолы бір-бірімізді демеп жатып, зорға шығып үлгердік. Жүгірме жол аяқтағанда барып ит екінші басына қайта жүгірді. Осылайша үй иелеріне бақта бөтен адамдардың жүргенінен хабар беретін секілді. Әлде неше арлы-берлі жүгіріп, тынымсыз абалап үргеннен кейін Важиттің шешесінің қарасы көрінді.

– Әй, қайсыларың бұл? Итті ызаландырып тұрған кімсіңдер? Бақта кім бар? – деп аяғындағы галошын тырпылдатып біз жаққа жақындады.

Жолбарыстың үні басылып, қауіпті жағдай сейілгендіктен, біз де тұра бермей, ағаштан төменге түстік.

– Ой, жандарым-ай! Қайдан жүрсіңдер? Жолбарыс сендерді қатты қорқытқан екен ғой. Жүздерің үрейлі, үсті-бастарың батпақ, сұрларың не болып кеткен? – Әй, жолбарыс, жат енді! Үніңді өшір! – деп итті ұрса бастады.

Батпаққа шылаған жолбарыс емес екенін Важиттің анасы қайдан білсін. Бұл шыдамсыз Қайраттың ісі екенін, біздің оны көндіре алмағанымызды естісе, ұятқа қалармыз. Лай болған сумкаларымызды көтеріп, үйлеріне жақындадық. Үйге кірген соң бұлғанған киімдерімізді шештіріп алған Важиттің анасы жуып-тазалауға сыртқа алып шығып кетті. Бізге Важиттің киімдерін киіп алуға алдымызға қойды.

Важитті үй төбесіндегі шатырдан кептер үйшігінің қасынан зорға таптық. Ол бір қолын таңып, жаулықпен мойнына іліп алыпты. Жыпырлаған ақ кептер оны ортаға алып «гу-гу»-леп, сөйлесіп жатқандай еді. Ол бізді енді ғана көріп, қуанғаннан жүзі жайнап сала берді. Шатырға кіргеніміз сол еді, кептерлер бізден үркіп, Важиттің арғы жағына барып ұйлығысты.

– Қолыңа не болған? – деп Бәкрим оған қарады.

Біздің де білгіміз келіп тұрғаны осы жағдай болғандықтан, назарымызды салып, құлағымызды тіктік.

– Үй төбесінен құлап кеттім, – деді ол сұрауымызды жақтырмаған пішінмен. – Соңы осылай, қолым ісіп кетті, – деп саусақтарын жыбырлатты. Алайда ауырып кеткен болу керек, екінші қолымен ұстай алды.

– Мәссаған, осы төбеден құладың ба? Тірі қалғаныңа қуанғаның дұрыс, – деген Қайрат жерге қарап үрейленіп көзін жұмып алды.

– Жоқ, жігіттер, мен анау тауық категінің үстінен жығылдым, – деді Важит.

– Онда нең бар еді? – Ақылым жетпей тұр.

–  Кеше кеште мысығымыз бір кептерді ұстап алып, қанатын далбырлатып ала қашты. Артынан қуалап тауық қорасының үстіне шықтым. Катек мені көтере алмай ойылып кетіп,  опырылып сынды. Мен болсам, ішіне бір-ақ түстім, – деді Важит өзі де езу тартып.

– Мысық қашып кетті, – деп Важит күлкісін тиды.

– Қап, бейшара кептеріңе обал болған екен ғой, – дедім.

– Кептерді әкем құтқарып қалды, – деді Важит иығына қонған кең қанатты кептердің басын сыйпап.

– Қазір ол кептерді сендерге көрсетемін, – деген ол бұрыштағы коробканың ішінен аяғын ақ шүберекпен байланған кептер алып шығып, бізге көрсетті. Көздері мөлдіреген маржандай қып-қызыл, ақ кептері Важитті өзімсініп, аузымен берген сілекейін шоқылап іше бастады.

– Важит біз ұстап көрсек бола ма? – деп Бәкрим екіленіп қолын кептерге қарай ақырын созды.

– Көріңдер, тек аяғын ауыртып тастамаңдар, – деп Важит кептерін абайлап ұстап бізге берді.

Қолдан-қолға өткізіп, кептерді астына жүн салып қойған коробкаға апарып жатқызып қойдық.

– Қанша кептерің бар? – деп сұрады Қайрат.

– Он тоғыз, – деп жауап берді Важит.

– Біздің сыныпта да он тоғыз оқушы, – деді Бәкрим.

– Сенің кептеріңнің бәрі аппақ қой, қарасы жоқ па? – деп аспанға қарап тұрған Қайрат сұрау тастады.

– Ақ кептерлер – бейбітшіліктің нышаны. Сол үшін де бір ғана түстісін қаладым, – деді Важит.

– Онда біздерде, біздің сыныпта бейбітшілік көгершіндері болдық та?!. – деді Бәкрим.

Біз оның сөзін қостай жөнелдік. Важит қатты-қатты ысқырды. Оның берген шартты белгісін тыңдаған кептерлері онан сайын биіктеп ұша бастады. Тіпті оңды-солды, алдына-артына айнала билеп, өнерлерін көрсете бастады. Оларға сүйіне қарап, құмардан шыға рахаттанып абайлап басып, шатырдан түстік. Важиттің анасы тазалап қойған киімдерімізді киіп, тағы да батпаққа батып жүрмейік деп, алыс та болса құрғақ, көпірі бар жоғары жолмен қайттық.

 

ТАРЗАН

 

Мамық қар жон-жоталарды ақ көрпеге қымтады. Қатты суық қалтыратқан қаңтар айында қысқы демалысқа тарадық. Міне, бүгін каникулдың соңғы күні. Таза ауада қар үстінде бетіңді аязға қарып ойнаған қандай рахат десеңші!..

Һашим екеуміз өте-мөте хоккейді жақсы көреміз. Бұл ойынға қызыққанымыз сонша, көршілердің балаларымен топтасып екіге бөлініп жарысқа түстік. Бір жақ шетте қарап тұрған қара итім Тарзан мені кетіп қалмасын дегендей, өзінше қарға аунап онап, анда-санда біз жаққа да қарап қояды.

Арадан қанша уақыт өткені белгісіз. Ойламаған жерден тосын оқиға туды. Біздің  қақпаға шайбаны лыпылдатып тез әкеле жатқан Һашиммен мен бетпе-бет кездесіп қалдық.

– Азатжан, ұста шайбаны! – деген Һашим бар пәрменімен ұрмақ болып таяғын жоғарыға көтергені сол еді, анадайда қарап отырған Тарзан секірген бойда Һашимнің қолына жармасты.

– Тарзан, қой, кет! – деп мен де айғай салып, итті зекідім. Өзінің орынсыз араласқанына кінәлі сезінген Тарзан менің артыма келіп алдыңғы екі аяғына басын қойып, үнсіз жатты. Есі шыққан Һашим жығылған жерінен тұрып, қолынан ағып тұрған қанды көріп жылаған бойы үйіне кіріп кетті.

– Тарзан, бұл не істегенің? – деп бір жағынан ұрсып, бір жағынан сүйсініп, басынан сипадым. – Соншалықты қызық ойынды бұздың. Һашимнің қолына тісің тиді, мына балалардың бәрі сені жаман ит деп алакөздеп жатыр.

Итім шынымен ұялғандай басын жерге салып, құйрығын бұлаңдатып төменшіктеді. Кірпіктерін жыпылықтатып, «енді қайттім, мен сені ұрғалы жатыр екен деп қалыппын» дегендей, жәутең-жәутең қарады.

– Енді не істейміз? Қазір Һашимнің шешесі, немесе әкесі жетіп келеді. Сені босатып жібергенім үшін мені боқтайды. Тіпті сені өлтіріп тастауы да мүмкін. Кет енді, үйге бар! – дедім Тарзанға.

Алайда Тарзан орнынан қозғалар емес. Өлтіріп тастайтын болды дегенімнің себебі, бұл оның екінші мәрте Һашимге шабуыл жасауы. Біріншісі жазда болған. Һашим менен кітап сұрап еренсіздікпен жетіп келіпті. Мен үйде сабақ пысықтап отыр едім. Терезеден көріп отырған едім. Ол қолындағы тал-шыбығын жыланша ирелеңдетіп ойнап келе жатыр екен. Кенеттен Тарзан шыға келді де Һашимнің қолынан қапты.

– Уай, апа, өлдім, мені құтқарыңдар! – деп Һашим ауланы басына көтерді. Оның сол қолын иттің тырнағы сойып жіберіпті. Жығылғанда сымының тізесі жыртылып қалыпты. Һашим екеуміз мұны ешкімге айтпай-ақ қояйық деп едік. Бірақ оны көрген көршілер бізден бұрын жеткізіпті. Шешем мені қатты ұрысты. Мен Тарзанның оны неге жек көретінін кейінірек түсіндім. Тарзанға «ұшт!» десем болды, бұйрығымды орындап, нені де болса тыпыр еткізбей, бас салатын. Һашимнің қолындағы көк шыбығы айналдырған сайын ауаны тіліп «ұшт, ұшт!» деген дауыс шығарады екен. Иттің аты ит емес пе, менің бұйрығыма үйренген жануар оның шыбығының дауысын басқаша түсінген болу керек.

Ал, бүгін ше? Ол өз айыбын сезгендей, үнсіз жатыр. Байқаймын, Һашимнің таяғының ұшы оның тұмсығына қаттырақ тиіп кеткен болу керек, тұмсығын жалап-жалап, қыңсылап қояды. Бұл күні кеш батқанша алаңдаумен Һашимнің үлкендерін күтумен болдым. Алайда, ешкім мұнда келіп ұрыс шығармады. Ертесі мектепке барғанда Һашимді көрдім.

– Сенің Тарзаның керемет ақылды ит екен. Жазда шыбық ұстап кіргенде қапқан, бұл жолы хоккей таяғын құлаштай көтергенімде сені ұрады екен деп қалды. Ол сені қорғап, мені қапты, – деді ол.

– Сені қатты қауып алған шығар деп таң атқанша ұйықтай алмай шықтым. Үйіңе барайын десем, әке-шешең ұрсар деп батпадым. Кешінде әкең келіп итімді атып тастайтын шығар деп мазасыздандым.

– Ешкімге айтпадым, оның үстіне, сен мені әтей талатпадың ғой, жағдай солай болды...

– Рахмет, Һашим! Тарзанымды тағы бір рет өлімнен алып қалдың, – дедім қуанышымды жасыра алмай.

– Оқасы жоқ. Кемшілік менде болып тұр. Тарзанға қандай айып тағуға болады. Ол саған деген адалдығын көрсетті, – деді де жүгірген бойы сыныпқа кіріп кетті.

Һашимнің сөзінен кейін есім кіріп, күшім толғандай болды. Мектептен шыға сала тура үйге жүгірдім. Тарзанға қуанышымды білдіргім келіп, сумкамды үйге кіргізбестен оның ұясына келдім.

– Тарзан, бері шық. Саған қуанышты хабар алып келдім. Тез сыртқа шық! – деп өзіме шақырдым. Алайда Тарзан ұяда жоқ еді.

– Тарзан, Тарзан! – деп дауыстап шақырдым. «Тырс» еткен дыбыс жоқ. Қайда кетті екен? Әлде біреу атып кетті ме? Һашим болса үйдегілерге айтпадым деп еді, әлде өтірік пе? Кейінгі кезде құтырған иттер көбейіп, ит атушылар бейсауыт жүрген иттерді атып тастайтын болған. Ойлаған сайын бойым түршігіп, үрейім ұшты.

– Тарзан, Тарзан! – деп үнім булығып, жыламсырап шақыра бастадым.

Кенеттен Һашимдердің үйі жағынан күртік қарды баса, бейне аяғынан жаралы болғандай, қисалаңдап жүріп маған жақындады. Жасқа толған жанарыма жаралы иттей көрініпті. Оның бар мүшесі сап-сау болып шықты.

– Тарзан, қайда жоғалдың? Һашимның бағында не іздеп жүрсің? Әлде кешірім сұрағалы бардың ба? Болды, енді қорықпа! Һашим сені кешіріпті, – деп еркелеп маған асылған Тарзанды құшақтап, мұздай суық тұмсығынан сүйіп қойдым.

Менің айтқан сөздерімді түсінген ол, еркелей, құйрығын бұлаңдатып ойнай бастады. Тарзан мені де ойынға шақырғандай қар үстінде жатқан кітап-қабымды тістеп алып, есік алдындағы баспалдаққа апарып қойды.

 

ҰРЛЫҚ

 

Үшінші ширек оқу аяқтап, аз күн демалған соң жалғасты күнделікті сабақтарымыз басталып кетті. Жоғарғы сынып оқушылары емтиханға даярланып, емтихан билеттерін бір-бірінен көшірумен әлек. Әдеттегідей, бүгінгі төртінші сабақтан кейін сыныптан тыс сағат болды. Онда Хизмет Абдуллиннің  әңгімесін оқыдық. Мектебімізде кітапхана бар. Алайда, керекті кітапты іздей қалсаң,  біреуі ғана шығады. Мектептің барлық сыныптары сол  кітаптарды бөлісіп, кезекпен оқимыз. Сыныптан тысқы сағатты аяқтауымызбен тең Диләрәм апай бізге:

– Балалар, ендігі қалғанын үйлеріңе барғанда оқып келіңдер, назар аударып оқыңдар. Ертең сабақтан кейін талқылап көрем. Онан соң Хизмет Абдуллин ағандардың сендерге арнап жазған өзге де әңгімелерімен танысамыз, – деді.

Бұл кітап екі-ақ дана болғандықтан, балалар үйлерінің алыс-жақынына қарап, екі группаға бөлінді. Ұлдардан мен, Қайрат, Құдірет, Маһинурдың группасына қосылдық. Кешкітұрым Маһинурдың үйіне баруға тура келді. Сабақ аяқтап, далаға шығуымызбен тең Қайрат Құдірет екеумізді тоқтатты.

– Достар, менде бір ой бар.

Біз таңданыспен оған қарадық. Оның ойына не келгенін білу мақсатымен оның аузындағы шайнаңдап жеп жатқан нанын тез тауысып жұтып жіберуін сабырсыздана күттік.

– Өздеріңе түсінікті. Тоқсан аяқтап қалды. Егер сыныптан тыс сабақта бағанағы мұғалім айтқандай бес бағасын алсақ, оқу маусымында қорытынды бойынша үздік бітірген боламыз.

– Менде бәрібір ширектік бағам төрт болады, – деді Құдірет.

– Азат, сенің қандай бағаларың бар? – деп Қайрат маған қарады.

– Екі төрт, бір бес, – дедім мен сасқалақтап оның не айтпағын түсінбей...

– Сенің бағаларың менің бағаларыммен ұқсас екен, – деп Құдірет өзінің бағанағы айтқан сөзінен өзгерді.

– Көрдіңіз бе, сол үшін бірден «5» алуымыз керек, – деп Қайрат тез сөйлей жөнелді.

– Біз ер-жігітпіз бе, жоқ па? Егер ұл болсақ, қыздармен бірге даярланбаймыз. Үшеуміз біздің үйде бірге оқимыз, – деді.

Құдірет екеуміз ойланып қалдық. Қайрат айтқандай неліктен қыздардың үйіне барып даярлануымыз керек? Керек болса, олар біздің алдымызға келсін. Маһинурдың үйіне бару бізге лайықсыз болып көрінді.

– Қайрат, кітапты қайдан аламыз? Маһинурда қалды ғой, – дедім мен.

– Құдірет, сен қарсы болмассың? Келісесің бе? – деген Қайрат оның жауабын күтті.

Қарсы емеспін дегенін басын изегеніне қарап сезген Қайраттың көңілі көтеріліп сала берді.

– Ондай болса, басқасын маған қалдыр. Он минуттан кейін кітап бізде болады, – деп сумкасынан және бір парша нанды шығарған ол кітаптарын маған ұстатты. Білесің бе, Маһинур бүгін сыныпта кезекші. Еден тазалайды. Сумкасы коридордағы терезеде тұрады, – деп Қайрат жоғары деңгейлі көңіл-күймен мектептің ішіне кіріп кетті. Көп кешікпей-ақ жейдесінің алды томпайып ол бізге келіп қосылды. Біздің үйге тарттық. Кеште үшеуміз әңгімені қайта-қайта оқып, жақсы даярландық. Бір күндік емес, маусымдық бағамыздың «5» болатынына еш күмәніміз қалмады.

– Қайрат, енді кітапты қайтіп береміз? «Ұры» деген атқа ие болмасақ болды, – деп ескерттім.

– Уайымдамай-ақ қойыңдар. Ала білген ер-жігіт қайтара да біледі, – деп мақтанды ол.

– Таңертең сыныпқа бірінші болып барамын да партасының астына тыға саламын.

Даярлығымыз ойдағыдай болды, ертең Диләрәм апайға көңілі толатындай жауап бере алатынымыз соншалық, үйге әндетіп қайттық.

«Маһинур кітапхананың кітабын жоғалтыпты», «інісі жыртып тастаған болу керек, қорыққанынан жоғалтып алдым деп жүр екен», «кеште достарынан қызғанып, өзі жалғыз оқыпты» – деген сөздерді сабаққа дейін балалар бірінен соң бірі іліп алып сыбыр-сыбыр бір басылмады. Бұл әңгімелер оқушылармен ғана шектелмей, онан асып мұғалімге де жетіпті.

Сондықтан жылап, екі көзі ісіп кеткен Маһинурды жұбатайын деді ме, әлде сыныптағы бұл оқиғаның анық-қанығын білгісі келді ме Диләрәм апай ана тілі сабағының орнына сыныптан тыс сабағын өткізді.

– Кәнеки, Бәкримнің группасындағы кімдер әңгімені оқып келді. Орындарыңнан тұрыңдар, – деді. Он бала бірдей парталарын тақырлатып, орындарынан тұрды.

– Жарайсыңдар, балалар, осылай тату болыңдар, – деп Диләрәм апай ешкімнен сұрап отырмай-ақ «5»-тік бағаны бәріне қойып шықты.

– Маһинурдың группасына кітапты жоғалтып алғаны үшін баға қойылмайды, – деп мұғалім орнына отырды. – Дегенмен, кітапты іздеп табу керек.

– Мұғалім, Маһинурдың группасынан біз даярланып келдік, – деп Қайрат арт жақтан дауыстады.

– Қайрат, біз дегенің кімдер? – деп апай көз әйнегін төмен түсіріп, үстінен сүзіле қарады. Құдірет екеуміз орнымыздан тұрдық. Міне, қазір журналға «5» қойылатын болды деген оймен мұғалімге қарадық. Менің қасыма келіп тоқтаған апай:

– Азатжан, сендердің группаларыңа да айтарым жоқ, даярланғандарың дұрыс болыпты. Алайда бұл үшеуің қайдағы кітаптан оқыдыңдар? – деп қолын иығыма қойды.

Егерде Қайрат  даярландық демеген болса, біздің ұрлығымыз да сезілмей қалар ма еді?! Басқа балалар «5» алғанда біз неге «5» алмаймыз деген қызғанышымыз бәрін жойып салып, әшкерелеп қойды. Апайдың жалғыз сұрауына жауап берудің өзі қиын болды. Ұяттан екі бетім қызарып, өрттей болды. Қайрат ұрлап шықты деп айтқым келіп еді, дегенмен өзімнің де қатысым бар екенін ойлап, партаны шұқылаудан басқа амал қалмады. Өз мүддемізді ғана ойлаған келте ақылымыз соңын мөлшерлемеген таяздығымыз ұятқа душар етті. Балалардың алдында үшеуміз мат болдық. Сыныптастарымыз бізді алакөзбен ата қарауда. «Үйдегі бағаны базардағы нарық белгілейді» дегендей, «5»-тік баға алуды ойлап, мұншалықты сүйкімсіз боларымызды ойласақшы... Бізге таңданып ұзақ қараған апайымыз:

– Жарайды, отырыңдар. Осы қылықтарың үшін әр қайсыңа «5»-лік баға қоямын, – деп журналды аша бастады. – Міне солай, балалар. Ойланбастан өз жеке бастарыңды күттегендерің үшін сыбағаларың осы. Бірлік, ынтымақ, өзара көмектің орнына сендер не істедіңдер. Дұрыс адам болу қазірден басталады...

Сынып іші жым-жырт. Диләрәм мұғалім терезе алдында алысқа көз салып ұзақ тұрды. Дәл мынау оқиғаға байланысты өзін-өзі айыптап жатқан шығар. Немесе келешекте қандай адам болар екен, тағдырлары не болар екен деп азаптанып, іштей таусылып тұрған шығар. Әйтеуір, қатты күйінді. Тыныштықты Маһинурдың өкси жылаған үні бұзды.

– Маһинур, сіз жыламаңыз. Ұлдар байыбына бармастан өздерін сабақ оқыған жақсы бала ретінде көрсеткісі келген екен. Бұл бір ауыр сын сабақ болды. Меніңше, бұл үш азамат енді қайталамайды деп сенемін. Өзімшілдік осылайша өкіндірді. Айналаларыңа қарап, басқаларды құрметтеуді де үйреніңдер, – деді Диләрәм мұғалім.

Ер-жігіт екенімізді дәлелдейміз деп ақымақ екенімізді көрсеттік. Жеке пайдамызды ойлаған осы оқиға ұзаққа дейін ойымыздан шықпады. Дегенмен, уақыт өткен сайын бұл кемшілігіміз ақырындап өшкіндей бастады. Олар да бізді алакөздеуді қойып, араласа бастадық.

ҚОШТАСУ

 

Біз төртінші сыныпты бітірер шаққа таяған сайын ұстазымызға естелікке не берсек екен деп ойлана бастадық. Соңғы кездердегі оқиғаларды көз алдымыздан тізбектеп өткіздік. Диләрәм апайды қуандыру үшін тек өз қолымыздан келетін өнерімізді іске қосуға тоқтадық. Бұл ісіміз сөзсіз оған ұнайды деп тоқтадық. Сыйлыққа әке-шешелерімізден ақша жиып алып берген сағаттың қалай болғанын білеміз. Сол үшін бір жылдағы он екі айды белгі етіп, он екі оқиғаны ақ матаға сызып жазып, оның үстін бастыра әр түсті жіппен кестелеп, өрнектегіміз келді. Сабақтан кейін Маһинурдың үйіне барамыз. Сыныптың қызмет штабы сол жерде. Бәріміз жабылып кесте тоқи бастадық. Суретті жақсы сызатын Шәминұр, Құдірет, Хасан, Жамалдин. Біз айтып берген оқиғаларды сызып, матаға түсіре бастады. Соңында жұмыс бітіп, қолдан-қолға өтіп кірлеп кеткен кестені жууға тура келді. Маһинурдың анасы абайлап жуып, кептіріп берді. Әдемілеп үтіктеді. Балалық шақтың бал дәурені, ұмытылмас оқиғалар, көңіл толқытар сәттер ақ матаның бетінде бедерленді. Мектеп ауласындағы құдықтың мөлдір суынан шөлімізді қандыра ішіп, Диләрәм апаймен қоштасып, бірнеше ай бойы өзіміз тіккен кестелі дастарханымызды мұғалімге сыйладық. Құдық қасында тұрып жүректен шыққан сөзімізді айтып, қолтаңбамызды өрнектелген туындымызды тарту еттік. Осылайша от пен судан тайынбайтын балалық дәуренмен де қоштастық.

 

* * *

 

Міне, сол дастархан көп жылдардан соң алдымнан шығып, қолымда тұр. Көңілім толқып, бойымда өткен күнге деген сағыныш сезімі пайда болды. Қолым аздап дірілдеп, қасиетті мекеннің топырағын алақаныма алғандай күйге ендім. Дастарханды жозы үстіне  жайып, Шәмшинұр, Құдірет, Хасан, Жамалдин салған суреттердің ізімен тігілген жіптерге назарымды аудардым. Міне, біздің сыныптағы жиырма бір баланың басы дөңгелек етіп тігілген. Арасындағы бір қыздың басына айналдыра қызыл белгі салыныпты. Бұл автомобиль шырғалаңынан көз жұмған Шерингүл. Салынған суреттердің бет-аузы, әрине бізге ұқсап тұрған жоқ, астына аты-жөніміздің бірінші әріптері жазылған. Қолына резинка байлап алып қыздардың бантигін нышанға алып отырған сотқар бала, велосипед... «Т.Б.Т.К.» әріптерін көріп көңілім көтеріліп, езу тартып күліп алдым. Жоғары сыныпқа жетіп, жігіт болып қыздарға хат жаза бастағанда сол үйренген тәсілді қолданып, махаббатымызды білдіріп, жұмбақ хаттар жазысқан кезіміз есімізге түсті. Телеграмманың тілін аударғандай, ежіктеп шығарып сөзді табудың өзі қызық еді. Темекі түтіні бұл бізге әркез айтылатын ескерту, денсаулықты күту туралы кеңес болатын.

Қолына сумка ұстаған қыз бейнесі. Алмаға қол созып, асқабақтарға мініп алған балалар. Ол Маһинур мен Бәкримнің жетекшілік еткен «Тимур командалары». Һевулла ата мен Жаңсахан әже, Раиса апайлар. Бұл күндері арамызда жоқ. Сондағыдай Тимур командасы, қайырымдылық жұмыстар қазір бар ма? Жоқ сияқты.

Егер ондай топтар бар болса, Диләрәм мұғалімнің қоршауы мас адамша қисайып тұрмас еді. Ауылдан балалары алысқа, қала жағалап жанбағысты қуып кеткен қаншалаған қарттар азапты күндерін өткізіп жатыр. Әлде бір себептермен асыраушыларынан айырылған аталар мен әжелер, ауру-сырқау, мүгедек жандар ауылымызда бар. Бірақ, солардың жандарына жақын келіп, көмек қолын созған біреулер бар ма? Әй, кім біледі... «Мен ертең ең алдымен мектепке барайын. Диләрәм апайдың жағдайын жеткізейін. Рухані жаңғыруға беттеген жаңа дәуірдің жақсы мектебінде оқып жатқан ұл-қыздарымызда ұнасымды жақсы әдет бар шығар», – деп ойға кеттім.

Дастарханға онан ары көз жүгірттім. Мұнда кроватта біреу жатыр, айналасын көп бала қоршап тұр. Иә, бұл апайымыз ауырып қалып, біздің көңілін сұрап барған кезіміз. Диләрәм апай: «Көшеде кетіп бара жатқандарыңда үлкен кісілерді көргенде бас киімдеріңді алып, еңкейіп сәлем беріңдер», – деуші еді. Келесі бейне апайдың туған күніне сағат сыйлаған сәтіміз. Ол теріс айналып, ренжіп тұр. Иә, жуықта ұстаздар күні. Диләрәм апайды құттықтауды ұмытып қалмайын. Үлкен өмірге жолдама берген тәрбиешімізді қалай естен шығарайын! Көптеген байлықтар сызған екенбіз, ат үстіндегі бала Һашим, трактор рөліндегі Нұрванәм. Олар сол өздері мақсат еткен кәсіптеріне қолдары жетіп, еңбектің үздіктері атанды.

Важиттің  он тоғыз кептері, бейбітшілік, тыныштық заманның көгершіндері болып, жан-жаққа ұшып кеттік. Мынау менің төбетім Тарзан. Һашимнің қолынан тістегелі тұр. «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» деп, байқұс итім бір түнде жоқ болды. Содан қайтып оны көрмедік. Бейшара есті мақұлық еді-ау! Мынау бір суретті бекер-ақ салғызған екенмін. Іші кепкен Қайрат,  қасында «5»-терді аспаннан теріп жүрген Құдірет екеуміз. Сол күнгідей масқара болмаспын. Ұялғанымнан екі бетім тағы да ду ете қалды.

 

 

* * *

 

– Азатжан, балам, сені тостырып қойдым-ау! – деген Диләрәм мұғалімнің дауысы естілді.

Қандай кезде де бізді бажылдап ұрсып, жерден алып, жерге салып көрмеген ақжарқын асыл ұстазым-ай! Тағы да сол жағымды мейірімді даусымен аялай үн қатады.

– Азатжан, үндемейсің ғой, сен кетіп қалмаған шығарсың? – деп ол кісі сары көрпені көтере кірді. – Сені қалада жүріп ауылдың сүтті шәйін (еткен шәйін) сағынып қалған шығар деп, көршінің үйіне сүт сұрай кіріп едім. Олардың тілі енді шыққан немерелері бар. Сөзі де тәтті, қылығы да тәтті. Сонымен сөйлесіп бөгеліп қалдым.

– Қандай қызық әңгіме айттыңыздар? – деп ауыр ойлар мен өткен күндердің елесінен шықтым.

Диләрәм апайдың көңілі көтеріліп, мәре-сәрі. Менің іздеп келіп, амандасқаным бар, көрші үйдің сәбиінің әдемі әңгімесі бар, бәрі қосылып, ол кісіні шаттыққа бөлеп тұр.

– Үйлеріне барсам, ол қыз:   

– Мен енді магазинге әжеммен ғана барамын дейді.

– Неге қызым, әке,  анаңызбен де барыңыз, – деймін ғой.

– Жоқ, әнеу күні шешеммен барып балмұздақ әперіңіз десем, ақшам жоқ дейді. Ал, өзі ерін бояғыш сатып алды. Кеше әкеммен барып, тағы да балмұздақ әперші десем, ақшам жоқ деп, өзі темекі сатып алды.

– Әжеңізбен барсаңыз да ақша жоқ дейтін шығар. Өйткені ыстық күнде суық нәрсе жесеңіз, тамағыңыз ауырып қалуы мүмкін, – десем:

– Жоқ. Менің әжемнің ақшасы таусылмайды. Ол ернін боямайды, темекі шекпейді, – деп қарап тұр. Ал, енді риза болмай көр!..

Диләрәм мұғалімге қосылып мен де күлдім.

– Сүтті алып енді қайтайын десем, әже, сіз маған кәмпит бермедіңіз ғой, – дейді.

– Қызым, сіз маған сәлем бермедіңіз. Сондықтан мен де кәмпит бермедім, – дедім. Ол да қарап қалмай:

– Олай болса, ертең келгеніңізде екі рет сәлем беремін, жарай ма? – деп мені ойландырып тастады. Күлмей не істейін деп еткен шәй құйып маған ұсынды.

Көршінің сәбиінен басталған қызықты әңгімелер біздің балалық кезімізге жалғасты. Қаншалықты қызық күндер өтті. Соның бәрі  тарих қойнауына кетті. Өткен күнге саяхат жасап, қамсыз-мұңсыз өспірімдік кезді еске түсірген сайын Диләрәм апай барған сайын жасара түскендей. Жақын, жақсы көретін адаммен сөйлесу, жан тыныштығына әкеліп, көңілін көтерсе керек. Оның үстіне, еңбегі сіңген оқушысы есейіп келіп, алдында отырса, оның да орны бөлек шығар.

«Жақсы сөз – жан азығы» дегендей, бір жасап қалдық. Демалысым бітіп, қалаға қайтар шағымда тағы бір келіп, халінен хабар алып, қоштасып қайтармын деп ойымды бекіттім.

 

 

Қазақ тілінде жазылған