Адам қарады: 537 | Жарияланды: 2018-05-10 10:33:44

Мен бармын, Мен жанмын!

Жарқыраған қатты жарықтан оянып кеттім. Үйдің ішінде қызылды- жасылды жарық ойнап тұр екен. Дәл менің төсегімнің бас жағында жарқырап бір нәрсе тұрды ,жарық көзге шағылысып, біреу айнамен ойнап тұрғандай. Көзімді тіктеп «бұл не екен?» деп байыптап қарадым. Көбелек сияқты, жоқ көбелек киімі бар адам ба? Ол маған қарай жақындады, мен қорыққаннан артқа қарай жылжып, шегіне бердім. Қанаттары жібектей құлпырған, мозаика сияқты, түрлі- түсті әдемі екен. Үйдің ішіндегі ойнап тұрған жарық та, осының қанаттарынан шағылысқан жарық сияқты. Денесі, әйелдің денесі сияқты өте сымбатты,киімі балықтың қабыршағы сияқты жалт-жұлт еткен алтын түсті, араның көздері сияқты дөп-дөңгелек үлкен көздері бар, дөңгелек кішкене ғана ауызы бар бір нәрсе, маған қарап тұрды, және оның көздерінен жарық төгіліп тұрған сияқты . Менің таң қалуға да мұршам болған жоқ, миымды ұрып тұрған сұрақ: «Бұл не?» Бірақ, сұрауға не дауысым шықпады, үнім өшіп қалған сияқты, тек жүрегім ғана кеудемнен шығып кетердей тарсылдайды. Ол тағы да маған қарай жақындады, жүріп емес, жүзіп келе жатқан сияқты, еш дыбыс шықпайды, тіпті қанаттары да қозғалған жоқ. Ауызын жыбырлатып бір нәрсе айтқандай болды,бірақ мен ештеңе естімедім. Демімді ішіме тартып тыныш қана отырғанымда оның жіңішке, нәзік дауысын естідім. Дауысы әрәң-әрең естіледі ,оны есту үшін мен демімді мүлде тарттым. Ол менің қолымды алып сипады, сипаған сайын бір жылу жүрегіме құйылып, өрекпіп қорқып тұрған жүрегім орнына түсіп жайланып кетті. «Қандай әдемі !» -деп ойладым, бірақ айта алмадым. -Сен соны сезбей жүрсің ғой - деген бәсең дауыс естілді,мен оның сөйлеп жатқанын білдім- ылғи өзіңді басқалардан қор санап, жек көресің, бар ойлайтының басқалардың қамы ғана, өзіңе еш мән бермейсің. «Бұл не зат, неге бұлай дейді?»-деп ойладым мен, бірақ айта алмаймын, тек көзім бақырайып оған қарап отырмын. -Мен сенің ЖАНыңмын -деді ол, менің ойымды біліп қойғандай-Қорықпа. Өз ойыңмен өзің әлек болып, сен менің дауысымды еш естімейсің. Сондықтан менің саған осылай көрінуіме тура келді. «Жан? Менің ақылым ауысты ма? -деп ойладым,-жоқ өлейін деп жатырмын ба»? Өзім, ауыр ой еңсемді басып, тіршіліктің таршылығынан шаршап жүргенімде, ендігі жетіспегені осы еді. -Сені осындай азапқа салып, шаршатып жүрген сенің өзіңнің ойың,тілің және ақылың -деді ол. Бойымды ашу қысып, басыма шапшып шыға келді. -Ақылым? Осы ақылымның арқасында шығар менің елден қалмай өмір сүріп жүргенім. Ойланбасам кім болам? Сөйлемей қалай жүремін?- ашудың күші ме, дауысым шығып кетті де, қатты-қатты айттым. Ол менің тағы да, қолымнан сипады,қайтадан жүрегім орнына түсіп, енді мен оған еш кіршіксіз сенетінімді сездім, еш қауып-катер жоғын,оның сөздерінде мен білмейтін мән барын ақылыммен емес бар денеммен сезіндім. Ал ақылыма ешнәрсе симайды. -Сенің ойыңда, тіліңде және ақылыңда дүниені қозғалтар өте үлкен күш бар. –деді ол-Бірақ сен осы күштерді өзіңе керек нәрсеге емес, өзіңе керек емес нәрсеге жұмсап жүргеніңді білесің бе? Мысалы; саған керек нәрсе, -сен көп ақша тапқың келеді, өйткені банкке қарызың бар, Ал ойың білмейді қайдан алатынын,әрнәрсені ойлайды,ананы істесем бе,жоқ мынаны істесем бе деп, Тілің айтады- Менде ақша жоқ-деп. Ақылың болса есеп-қисабын жасап жібереді де- көп ақша табу үшін алдымен көп ақша керек, сондықтан біз көп ақша таба алмаймыз-дейді. Енді ойлан, ақылың мен тілің «жоқ» деп тұрғанда ,ойыңдағы мақсатың орындалуы мүмкін бе? Енді тағы бір мысал: Ойың айтады- мен ауырып тұрмын-ау, неден болды екен?-деп. Ақылың болса-Жасың келді ,әрине ауырасың, сенің жасыңдағылар ... деп кімнің қандай аурумен ауыратынын айтып шыға келеді. Тілің таныстарыңның бәріне –Мен ауырып қалдым деп, ауруының белгісін егжей-тегжейіне дейін тәтпіштеп айтып шығады, тіпті телефонда ұзақ, тек ауруыңды айтасың. Бұл жағдайда сен қалай да ауырасың, өйткені ақылың,тілің және ойың бір келісімге келіп саған ауру келтіріп тұр. -Сен ше? Сен ештеңе айтпайсың ба? –дедім оны кіналай. -Мен айта алмаймын, мен тек қана сеземін және ойыңның, тіліңнің, ақылыңның әрекеттеріне қарап не болатынын білемін. Мен сездірер едім,білдірер едім, бірақ күні бойы өткен- кеткенді,жетіспеушілікті ойлаумен, ақылың есеп-қисап жасап әркімнің ақылын тыңдаумен, тіліңмен өтірік- шынды айтумен менің дауысымды естімейсің, тіпті бір мезгіл мені тыңдау үшін тырыспайсың да. - Маған ешкім сенің жаның бар, соны тыңда, деп айтпаса мен оны қайдан білемін? - Жарайды, адамның бойынан жан кеткенде ол не болады? - Ол өледі яғни, қайтыс болады. -Ал жаны қайтып кірсе ше? - Ол тіріледі. -Адамға ақыл, ой, тіл, қай кезде керек? -Ол тірі кезінде. -Иә, жаны жоқ кезде ақыл да, тіл де, ой да жұмыс істей алмайды, өйткені олар жұмыс істеу үшін күш алу керек, ал олар күшті ЖАНнан алады. Адамның ЖАНы генератор сияқты ішкі ұлы күшті санаға келтіріп тұрып , құдайдың құдіретті күшімен жалғасқан. ЖАН адамға тәуелсіз, ұлы КҮШ қана. Оған бәрібір сен қандай болсаң да, сені қорғайды, қалаған нәрсеңнің бәрін береді. Бізді қоршаған дүние, осы ішкі, ҰЛЫ КҮШтің көмегімен қозғалысқа түседі. Ал, сыртқы дүниені қозғалысқа келтіріп, зат жасау үшін , адамның санасына : 1. Ой 2. Тіл 3. Ақыл керек . Бұл қасиеттер адамның бойында бар. Сондықтан да сенің ойлайтын ойыңның да, сөзіңнің де күші өте үлкен. Бұл өмірде адамнан басқа ешкім, сыртқы дүниені қозғалысқа келтіре алмайды,яғни дүние жасай алмайды. Айналамызда көріп жүрген нәрселердің бәрі әуелі адамның ойында туады, сосын оны ақылы, тілі өмірге келтіреді. Аңдар,жануарлар, өсімдіктер сыртқы дүниеге егелік ете алмайды, олар тек қана ішкі күштің арқасында өмір сүріп, ұрпағын қалдырып, «Бұл қалай ?» деп сұрақ қоймастан өмірден өте береді. Олардың бәрі адамның сыртқы дүниенің қожасы екенін сезеді.-деді ол. Көп нәрсеге түсінбесем де бұл пәлсапалардың маған қатысы жоқ, деп ойладым -Сен өзіңді осы өмірдің қожасымын деп ойлайсың ба? -Жоқ, егер мен сондай құдіретті болсам осылай қиналамын ба? Жұмыстың түрі анау,ақша жоқ, тіпті не істерімді білмеймін- дедім мен абайлап қана көп сөйлемей. ЖАН мен сөйлесу оңай емес екен, ішіңдегіні біреу біліп тұрғанда өтірік-шынды еркін айта алмайсың. -Мұның бәрі сенің басыңа туған жағдай ғана,осы жағдайды шешу үшін не істедің? - Не істейін, қолдан келген жұмысты істедім, Құдайдан жалынып көмек сұрадым. Менің жолым жабылып қалған сияқты, біреулер жамандық жасап жүрген шығар. -Сенің басты қателігің де осында-деді ол- - Біреулерді кіналайсың, жамандық жасап жүр ме деп,егер сен солай ойласаң, сол ойыңа лайық күш аласың, сөйтіп,біреулердің саған жамандық жасауына жол бересің. - Жалынып көмек сұрайсың , «менде жоқ» деп, Тіліңмен «жоқ» деп тұрсаң, алатын көмегің де «Жоқ» болады. - Әркімнің жұмысын істейсің, құл болып кетуге дайынсың, сен істейтін жұмыс, талант сенің бойыңда бар , тек қана бір мезгіл жаныңа үңіліп, «Мен не істегім келеді?» деп сұрасаң болғаны ғой. -Сонда мен жоқ нәрсені бар деп, өтірік айтуым керек пе? Жағдайым жаман болса, жақсы деп қалай күле аламын? -Жанға бәрібір, сенің өтірік сөзің де, шын сөзің де күш алады, яғни іске асады. Ол деген сөз «Жақсы десең жақсы болады, жаман десең жаман болады», бұл сенің берген бағаң,сондықтан орындалуы да сен қалай айтсаң солай болады. Мен таң қалдым , өтірік айтқанды ешкім жақсы көрмейді, ал ЖАНға бәрібір! Не тілесең де орындаймын деп тұр! «Ертең кредитке төлейтін ақшам бар» деп өтірік айтсам ба екен, деп ойладым, кредитті ойлағаным сол екен, бүкіл денемді қорқыныш билеп, шарасыздық сезім жайлады. -Дәл қазір, сен не ойлап отырсың?-деп ойымды бөлді ол. -Ертең кредит төлеудің ең соңғы күні, ақшаны қайдан аламын,шефтан сұрасам ба екен, деп ойланып отырмын. -Енді, бұл ойыңды ертеңге қалдыр. Дәл осы, қазір, осы минутта өзіңді қалай сезініп отырсың? -Егер, осы кредит мәселесі болмаса, қазір, жылы жерде рахаттанып демалып отырар едім, ал қазір қорқып отырмын,соны ойлап. -Әлі де, ертеңгі мәселені ойланбай , дәл қазіргі , ОСЫ ШАҚтағы, осы минуттағы сезіміңде толығырақ бол. Міне жылы төсек, үйдің іші тап-таза, денің сау, сен ояндың... болды , кешегі күнді де,ертеңгі күнді де, бір сәтке болса да, есіңе алма. ОСЫ СӘТтің әсерін көбірек ұстап, жаныңа жағар тыныштыққа енуге тырыс. Кино көргенде немесе сурет салғанда адам ешнәрсе ойламай соның әсеріне беріледі ғой, сол сияқты, тек бұл жолы, сенің бар денең, миың демалып , тыныштыққа енеді, ешнәрсе ойлағың келмейді. Мен орнымнан тұрып, қайта отырдым. Мазалап болмаған ертеңгі күннің проблемасын ысырып қойдым да, айналама барлап қарай бастадым. Үйдің ішінен мені мазалайтындай ешнәрсе көрмедім. Осы түсінік әсер етті ме, көңілім жайланып, бар денем босап кетті. Терең күрсініп қалай дем алғанымды да білмей қалдым, тағы да терең күрсініп дем алдым, міне тағы да... терең күрсіне дем алған сайын, иығымнан ауыр жүк түсіп жатқандай... Осылайша жанымды жеген ауыр уайымнан, бір сәтке болса да, арылып,сергіп қалдым. Көзімді жұмып, осы сәттің тыныштығын тыңдап, біраз отырдым... Көзімді ашсам, қасымда ешкім жоқ, күн көтеріліп, таң атып қалған екен. Тез-тез жуынып , киімдерімді киіп, жұмысқа кеттім. Жұмысқа мен автобуспен бір сағатта жетемін. Жол бойы ешнәрсе ойламай, тек осы сәттің тыныштығына қайта –қайта оралып отырдым. Әрине, кейде ұмытып кетем, қаптаған ойлар бастан кетпей ананы да, мынаны да ойлап жатқанымды сезсем, жылдам ОСЫ СӘТке түсе қоямын. Бұл негізі, онша қиын емес екен. Бұрынғы ойларым,уайымдарым, қайтадан шыға келгенін сезсем: «Ей не деп былшылдап жатырсыңдар?»- деп тиып тастаймын да, жылдам осы шақтың еш уайымсыз, тыныш әсеріне берілемін. Жаныма қанша үңілгім келіп тырыссам да, мен оны есіте алмадым. Тыныш қана демімді алмай тың тыңдағаныммен, тек қана жүрегімнің дүрсілін ғана тыңдай алдым. Жұмыста да күні бойы, есіме түскенде, осы сәтке оралып отырдым. Осы күннің ең қызығы, бастық менің айлығымды берді және үстіне жақсы істегеніңіз үшін деп премия қосыпты. Мен барып, келер айға үйдің кредитін төледім. *** Сол күнгі кеш. Түнде тағы да көз шағылыскан жарықтан ояндым. Электр жарығына ұқсас, бір алтын шар, жан-жақты жап-жарық етіп тұрды. Шардың үлкендігі футбол добындай және ол гауһар тасы сияқты қырланған. Осы көптеген қырларының бөліктерінен шыққан жарық, миллиондаған түр шашып түр. Жүзік көздеріндегі мен көрген бриллиант тастары, мынаның қасында жәй әшейін шыны сияқты. Мұндай да болады екен, бейне бір сиқырланған адам сияқты көзімді алар емеспін, қараған сайын осы тілмен айтып жеткізгізсіз көрініс мені түбіне қарай тартып бара жатты. Мен оған қарай қолымды создым, міне жылуын сездім,бірақ қолым катты нәрсе сезген жоқ, қолымды ары қарай жылжытып сипай беріп едім, шар өшіп қалды. Үйдің іші тас қараңғы болып кетті. Қолыммен ауа қармап тұрғанымда, тура қарсы алдымнан , столдың үстінен жарқ етіп, шар қайта жанды. -Мені ұстауға болмайды -деді дауыс, шардан шығып тұрған сияқты, бірақ сөйлеп тұрған ауызға ұксайтын ештеңе көрмедім. Тек шардың біресе қатты, біресе төмен болып жарығының өзгергені болмаса -Мені ұстамақ түгілі көзімен көрген адам жоқ. -Кешір. Кеше көбелек сияқты едің, ал бүгін шарға ұқсайсың. Сені кім деп айтсам екен? -Мені ЖАНым деп атасаң мен саған жақын боламын-деді ол-Адамдар жақсы көрген адамын «жаным» деп жанына балайды, ал өз жанын қиналғанда ғана «Жаным қысылды-ау» деп есіне алады. Мен оған бүгінгі болған жағдайды айттым. -Білем-деді ол-Сен білесің бе, неге аяқ астынан сенің уайымың шешіле қалды? -Жоқ –дедім мен-осы күнге тура келген шығар. -Сені қоршаған айналаңда, саған керек нәрсенің бәрі бар. Бірақ, олардың саған келуі үшін, сен тарапынан әзірлік, тыныштық керек. Сен « жоқ» деп тырысып-бүріскен сайын, сені қоршаған дүние де тырысып –бүрісе береді, өйткені сен алқымынан қысып жібермей тұрсың. Және «Жоқ, жоқ» деп келе жатқан байлықты өзің беттен қайтарасың. «Жоққа жүйрік те жетпейді» деген мақал бар. Ол деген сөз, сен бар ойыңмен ,тіліңмен «жоқ» деп тұрғанда, сыртқы дүниені қанша шарлап іздесең де, таба алмайсың керегіңді. Өйткені , сенің өзің «жоқ» деп түбінен, балталап шауып тастадың. Ал, егер сен ОСЫ СӘТтің бар-мәзіріне шүкіршілік етіп, қуанып, өзіңнің ойыңдағы арманыңа жету үшін тірлік жасап, тыныштықта болсаң ғана, алға қойған мақсатыңа жетесің. Жоқ болса да «бар» деп барыңды бағала. Бүгінгі күн соған куа. Кейде, шешілмей, ұзақ жанды жеген мәселені жайына қойып, бір күнге болса да табиғатқа шығып, демалып, шашлык жасап, суға түсіп, көңілденіп келсеңіз, ол мәселенің оп-оңай шешіліп жатқанын байқайсыз. Тілегіңіздің орындалуына қажет күш алу үшін, сіз тарапынан тыныштық, өмірге деген сенім болу керек. Тыныштық –деген, сенімді болу, күманданбау, және осы күніңе шүкіршілік етіп, қуану деген сөз. -Қанша рет шүкіршілік етіп-ақ жүрмін. Сонда да, құдай мені қысып тастады,әуелі семьям бұзылды, балам не оқымай, не жұмыс істемей, мойнымда отыр. Өмірде тырысқан нәрсемнің бәрі бекер болды. Ендігі жайым мынау қаржыдан қысылып жүрген..- деп зарлап бастадым да, оның айтқандары есіме түсіп сап тиылдым. Менің қылығым күлкілі болып көрінген болуы керек,ол күлді. Күлкісі ашық, әдемі болғаны сонша, мен оны күлдіргеніме қуандым. Сосын екеуміз қосылып күлдік. Көптен бері рахаттана күлгенім осы шығар, мен күлуді де ұмытып қалған шығармын деп едім. -Шүкіршілік ету деген, ол барға қанағат ету ғана емес, ең бастысы өзіңнің БАР екеніңе қуану, ОСЫ СӘТте жағдайыңның жақсы екеніне қуанып, келер сәтте ,(минутта,күнде..) одан да жақсы болады деп, келер күнді қадірлі қонақтарың келетіндей, қызықты жайттар болатындай күтуде. ОСЫ СӘТтің қадірін білсең, оны бағаласаң, ертеңгі күніңнің одан да жақсы болатынына сене бер, өйткені келер шақ ОСЫ СӘТтен басталады. ОСЫ СӘТтегі тыныштық, жақсы сөз, сенім, көңілдің тоқтығы -ертеңгі келетін мол байлықтың, бақыттың бастауы. Ал, ОСЫ СӘТтегі, көңілдегі күдік, сөздегі ашу-ыза, шарасыздық- ертеңгі күні дәл осы сезімдерді расстайтын жетіспеушілік, кемшілік, ауру сияқты мәселелерді алып келеді. «Бүгін не ексең, ертең соны орасың» деген сөз сол! Жаман айтып жақсылық алуға болмайды, жамандыққа тек қана жамандық келеді. Сондықтан да әрбір күннен, әрбір сөзден, әрбір адамнан, тек қана өзіңе керек жақсылық ізде.. -Семьям бұзылды дедің. Жанұя деген –сол ұядағы ЖАНдардың бірігуі,бірін-бірі сезінуі, сыйлауы.Күнделікті ұрыс-керіс, кемсіту, опасыздық бұл жанұяның ешқайсысына да жақсылық әпермейді. Осындай жанұям болса, деп ешбір адам қаламайды,бірақ көбі осындай жанұя құрады. Ол адамдардың тікелей сөз сапасына, және тынышсыз ойларының астамшылығына байланысты болады. Ауызынан боқтық түспейтін адам, сол боққа өзі белшесінен бата қарық болады, және қасындағыларды да былғайды, өйткені сөздің күші үлкен. Жанұяда бір адамның ғана жақсылыққа тырысқаны жеткіліксіз, ондағы бар жан ауырлықты бірге көтеріп, бірікпесе, әркім әр жаққа тартып, ол жанұя емес, нағыз тозақ ұясы болады. Сондықтан, сенің у-шусыз кеткенің -үлкен ерлік!» Көзіме лүпілдеп жас толды, жүрегімді өксік қысты. Көңілімде ЖАНға деген ыстық ризашылық сезім пайда болды. -«Балаңа қайта-қайта оқымайсың,жұмыс істемейсің деп айта берсең әрине нәтижесі солай болады,өйткені сен өзің тіліңмен соған итеріп тұрсың.» Ұлымның жақсы адам болуын көруден басқа менде еш арман қалмаған еді, енді қандай болса да ұлым барына қуандым. -Ал, сен болсаң, «Құдай мені қысты» дейсің, әңгіме құдайда емес сенің өзіңде... -Әрине бәріне мен кіналымын ғой –дедім мен жұлып алғандай. -Мен сені кіналап тұрған жоқпын- деді ол- Қателік жасаған адамның бәрін кіналы деп айыптасақ, онда бар адамзат, бірі қалмай кіналы болып шыға келеді. Адамға қателік жасау маңдайына жазылған қасиет. Ол сол қателігінен сабақ алады. Ол үшін адамды айыптауға болмайды. Мысалы, сен табиғатты, «Неге күн шықпай жаңбыр жауып тұр ?» деп айыптамайсың ғой. Бірақ кіналы деген сөздің мағынасы өте ауыр. Әдетте адамдар бір-бірін сен кіналысың, деп айыптайды, немесе мен кіналымын, деп өзін-өзі жазалайды. Біздің ұғымда жақсы-жаман сөздер жоқ, тек қана энергия(күш) бар, сондықтан да әрбір сөз өз мағынасына лайық күш алады. Сен қалай «мен кіналымын ғой» деп үстіңе ауыр жүк арта саласың? Кіналы деген сөздің ауырлығын сезесің бе? -Иә, мен кіналымын, деп ойлаған сайын, өмір сүру де қиындап кетеді. -Өзіңді кіналау, біреуді кіналау ,жамандау, жек көру, жылау -бұл сенің ғана ауыр тастарың. Бұл сезімдердің, оған қатысты сөздердің ауырлығы сонша, олЖАНның бар күшін сорып алады да , адамда сосын, өмір сүруге еш әлі қалмай жата береді. Ондай адамдарды «Албасты басып жатыр» дейді. Албасты дегенді, ауыр қара таспен салыстыруға болады. Оның ешкімге қатысы жоқ, ол тек қана сенің ойыңда. Сен біреудің не ойлап отырғанын білесің бе? Сезбейсің де, егер өзі айтпаса. Әркімнің өз ойы өзінде, албастысы да сонда. Оған ешкімнің қатысы жоқ.Сен біреулерді кіналап, өзіңді кіналап, жек көрумен тек қана өзіңе зиян келтіресің. -Мен, қанша рет, мені ренжіткен адамдарды кешіріп, өзімді ақтап, ойланғанмен ештеңе шықпады,қайта-қайта ойыма келе береді. -Сол үшін сен ойыңа қарауыл қоюың керек. -Қарауыл? Ол не тағы да? -Шошыма, қазір түсіндіремін. Сен ОСЫ СӘТтің тыныштығына кірер кезде не істедің? -Мені алаңдатқан ойды ысырып қойдым, яғни ойымды тыйдым. -Саған ОСЫ СӘТтің тыныштығы ұнады ма? -Ұнады, бірақ лезде жоғалтып ала берем, өйткені басқа нәрселерді ойлап кетем. -Сенің миыңа әртүрлі ойлар қаптап кетпеу үшін, сен ойыңа қарауыл қоясың. Әр кезде қарауылдан, «Мен не ойлап отырмын ?» деп сұра , сосын, не ойлап отырғаныңды білесің. Сосын « Маған бұл ой керек пе?» деп сұра. Егер, бұл ой керек болмаса, ойыңды басқа ойға бұр. Әдетте, адамдар баяғы болған жағдайларды, кім ренжіткенін, мен неге бүйтіп айтпадым, сүйтіп айтпадым- деп ойлап отырады. Өткен шақты ойлаудың, бүгінгі күнге еш пайдасы жоқ, ол тек ойды шаршатады,ЖАНның ішкі дүние күші босқа рәсуа болады. Нәтижесінде адам текке шаршайды. Қазір сен не ойлап отырсың? -Бүгінгі бастықтың маған айтқан сөзіне, неге бүйтіп жауап бермедім-деп ойлап отырмын. -Осыны ойлау саған енді керек пе? -Жоқ. -Енді, сен ойыңа қарауыл қой. Қарауыл қазір аңдып тұрады, кандай ой келеді деп. Мен көзімді жұмып, қазір қандай ой келер екен деп, ойымды аңдып отырдым. Ұзақ отырдым, ешқандай ой келмеді. -Иә-деп мені бөлді ЖАН- ұзақ күтуге тура келеді. Қарауылдың қарап тұрғанын сезген ой, келуге асықпайды. Әрине, ойсыз күні бойы жүре алмайсың. Ой деген, ағып жатқан өзен сияқты, әртүрлі нәрселер ағып келе береді.Неше түрлі қоқыс- реніш, өкпе, ауру, ашу сияқты ойлар, бұл өзенді ластайды. Қарауыл осы ластайтын ойларды аңдып тұрып, алып тастап, ой өзенін тазалайды, және өзенді өзіне қажет бағытқа қарай бұрып отырады. Енді, сенің қарауылың әркезде ойыңа сақ болады, гөй-гөйін салып жатқан ойыңды ұстап алады да, керек болмаса лақтырып тастап , ойыңды өзіңе керек ойға қарай бұрады. -Өзіңе керек ой деген не? -Сенің осы өмірдегі басты мақсатың не? -Бақытты болу, бай болу. Басқа ешнәрсе айта алмадым. Мақсатым көп еді, ешқайсысы есіме түспеді. -Бақытты болу,бай болу бұл жалпылама ұғым ғана. Оны саған дәлірек анықтау керек, өзіңе не керегін. Ойдың ЖАНнан алатын күші өте көп, ол күшті ғылми тілмен айтқанда психотрондық күш деп атайды. Ал ойға бәрібір, не ойласа да, оған тек ЖАНнан күш алса болды. Міне сол себепті, ол, «Әй дер әже жоқ, қой дер қожа жоқ» не болса соны ойлайды, бұл деген сөз- сенің ойың саған, сенің өміріңе қожалық етеді. Енді сен, ойыңа қарауыл қойған күннен бастап, өз ойыңның қай бағытқа қарай ағып жатқанын бақылап отырасың, бақылап қана қоймай оны ауыр ойлардан тазалап , ойға өз арманыңды енгізесің. Бұл деген сөз- сен енді өз ойыңның қожасысың, яғни егесісің! Сонымен, сен ойыңа қарауыл қойып, әртүрлі қоқыстардан тазалап отырып, өзіңе керек мақсатыңды ойыңа кіргізесің. ОСЫ СӘТтің тыныштығын бағалап отырып, сен өз мақсатыңа оймен жетесің, яғни тағы да ғылми тілмен айтсақ, ойыңда әуелі статикалық құбылыс - бейнелік сурет, сосын динамикалық құбылыс- бейнелік суретке байланысты іс-әрекет, пайда болады. Ойыңда сен қазірдің өзінде бақытты, бай адамсың. Соған орай сенің айтатын сөздерің де, істейтін істерің де өзгереді. Құр ойлап қана қойған аз, ойыңның тілегіне тілдің және ақылдың күші келісіп, қосылуы керек.Егер сен, өз санаңдағы осы күштерге қожалық ете алсаң, сенің бар қалауыңды орындайтын Алладин шамына еге боласың, яғни саған бағынбайтын еш жағдай болмайды. -Өй деген, тіпті ертегіге бұрылып кеттік қой-деген сөздің, тілімнен қалай шығып кеткенін де білмей қалдым. Ол үндемей қалды,оның көңілі толмай қалғанын сездім, ішім біртүрлі қобалжып кетті. Сосын сөзімді жуып-шайып сұрадым: -Мен ылғи армандап, мақсатымды ойлаймын да жүремін. Неге мен жетпеймін сол мақсатқа? -Оған кедергі сенің тілің және ақылың.. -деді ол. Ол сөзін бітірмей жатып, жарық өшіп қалды да, шар жоқ болып кетті. Далада, қылауланып Астананың таңы атып келе жатыр екен. Балконға шығып, ұзақ қарап тұрдым. Таң атар кездің көз қуантар келбеті керемет–ақ екен. Міне, күн қып-қызыл боп көкжиектен шығып келе жатыр, ал, күнді кесіп тұрған алыстағы бұлттар, осы қызыл түске малынып тұр. Аспан көкпеңбек боп, осы күннің келбетін айқындай, анықтап тұр. -Мен не ойлап тұрмын –деп, қарауылдан сұрадым. Сосын, еш ойдың жоғын білдім. Мен ОСЫ СӘТтің тыныштығында, таң ату кезін тамашалап тұр екенмін. Алыстан менің таңым атып келе жатты.... *** Осы күннен бастап, мен ойымды аңдумен болдым. Бұл ОСЫ СӘТтің тыныштығына енуден қиындау болды мен үшін. Өйткені, жұмыста әр нәрсеге көңілің бөлінеді де, өзіңнің бұрынғы қалпыңда ойлап, сөйлеп жүресің. Сонда да, есіме түскенде ойымдағы қарауылға сұрақ қойып отырдым. Бір ойымда, мен баяғыдағы енемнің «Жұрттың келініне күлетін едім , өз келінім де нағыз жайбасар болды» деп айтқаны есіме түсіп , соған өзімді ақтап, уәж келтіріп отыр екенмін. Мен бұл ойды тиып тастадым да «Маған өмірде не керек?» деп сұрақ қойдым. Бұл сұраққа жауап алмай жатып, ойым тағы басқа жаққа қарай бұрылып кетті. Бұл жолы мен ұлыма « Неге бұлай жата бересің? Оқымасаң, ең болмаса жұмыс істесейші. Қатарыңнан қалып кететін болдың ғой, мені шаршаттың ғой...» деп жатыр екенмін. Бұл ойды да тиып тастап , тағы да «Маған өмірде ең қажет нәрсе не?» деп сұрақ қойдым. Ойым әрнәрсе айтты, «Арықтау, бай болу, бақытты болу, шетелге сапар шегу, машина алу, әдемі киімдер алу....» Осылайша тізіліп кете берді, ешқандай мынау деген, бір мақсатты көрмедім. Ойым тағы да бұрылып кетті. Бұл жолы, 14 автобустың сирек жүретіні туралы, бастықтың жұмысқа әдейі ,біз кетер кезде келіп,ананы-мынаны сұрап, жолымыздан қалдыратыны туралы, жыным келіп ренжіп, ойлап отыр екенмін. Осы күн аяқталғанда, мен күні бойы, не болса соны ойлап жүретінімді білдім. Не деген сұмдық! «Маған өмірде не қажет?» деген сұрағыма қысқа да нұсқа жауап ала алмадым. ------------------------------------------------------------------------------------------------------------ Қанша рет күнде дайындалып жүргеніммен ,ЖАНым қайта көрінбеді, тіпті белгі де берген жоқ. Оның әруақытта менімен бірге, менің кеудемде екенін білемін, бірақ сонда да онымен сөйлескім келеді. Ойларымды күнде аңдып, енді оның нені ойлайтынын біліп қалдым. Қысқаша айтатын болсам ол: -Баяғы болған жағдайларға, адамдарға деген ашу, өкпе, реніш, өкініш.... -Күнделікті өмірге көңіл толмау,жек көру,ренжу, майда- шүйде пайдаларды ойлау.. -Бай адамдардың қасында қысылып,оларға жалпылдау, бастықты жек көру, одан тайсыну.. -Көп ақшам болса деп армандау, қиялдау... Егер мен бұрын, «Е құдай, маған бақыт , қаржы бере көр!» деп жалбарынушы едім, мешітке де сол үшін баратынмын. Енді құдайды да , тағдырды да жайына қалдырдым. Күндегі менің әрекетім- ОСЫ СӘТтің тыныштығына ену (осы кезде иығымнан өкпе,реніш,кіналы сезіну,қаржы уайымдары түсіп жоқ болып кетеді.) , және тынышталып отырып ойымды бақылау болды. Ойым да реттеліп қалған сияқты. Қарауыл нағыз қарауыл болды, сәл ренішті ой келсе болды, «Ойбай,болмайтын басқа ой гөй-гөйін салып жатыр!»-деп дабылын қағып шыға келеді. Алғашқы кезде ана ойды да алып тастап, мына ойды да тыйып тастап «енді не ойлаймыз?» деп састым. Сол кезде мен ой-дүниемнің таяз екенін, егер ойларымның бәрін алып тастасам, менде «Бай болу , бақытты болу»дан басқа, негізгі мақсатымның жоғына көзім жетті. Әуелгі кезде анаған қаржы керек, мынаған қаржы керек деп, ұсақ-түйекті мақсат еттім. Тартыншақтап , артыма қарап, ең төмен мөлшерде ойлаған соң ба, артық та емес, кем де емес, тура маған керек мөлшерде қаржы келіп тұрды. Мен бұрын, өзімді ақылдымын деп ойлаушы едім, көп оқимын, көп ойлаймын деп. Басты мақсатымның не екенін білмеген соң, менің көп нәрсені білгенімнен не пайда??? Менің ойымда, менің өмір жолым, бір бағыттағы үлкен жол емес ,ирелеңдеген ,біресе ана жаққа қарай,біресе мына жаққа қарай бұрылған адасып жүрген жіңішке соқпақтардан тұратын сияқты. Армандарым да көп, бірақ ешқайсысымен тұрақты айналыспағам. Тағдыр мені қайда айдаса, сонда жүре бергем. Өмірде, мен істемеген жұмыс та қалмаған шығар... Қойшы соны, енді ойлап керегі не? *** Арада үш ай өтті. Тағы да түн. Мен ұйықтай алмай, тыныштандыратын музыканы қойып, қайта- қайта ОСЫ СӘТке түсіп отырдым, мазалаған ой болған жоқ. Мызғып кеттім бе, жоқ шын мәнінде солай болды ма, мен жатқан бөлме жарық болып кетті. Күндіз сияқты, бірақ терезенің арғы жағы қап-қараңғы. Әлі де түн екенін білдім. Жарықтың тегін емес екені, мен үшін белгілі жайт. ЖАН мен танысқалы, түнде жарық көрсем ЖАН ба екен деп елеңдеп жүретінмін. Қазір де солай ойладым. Айналама қарап, жарық қайдан шығып тұр екен, деп іздей бастадым. Ондай еш зат көре алмадым. Бірақ, үйдегі әрбір зат өзінен сәуле шашып тұрған сияқты, қабырғалар да ерекше жарық, тіпті менің өзім де жарық шашып тұрмын ба деймін? Көңілім жайланып , өзімді ерекше жақсы сезіндім. Ештеңе көрмесем де, санаммен ЖАН мен сөйлесетінімді түйсіндім. Қарайтын белгілі зат болмағандықтан , мен басымды төмен салып, тынышталып, тыңдап отырдым. Сосын: -«Сен қайдасың?» –деп сұрадым. -«Мен сенің жүрегіңдемін –деді ол. -Жүректе? Жүректе жан болады дегенді естімегенмін, оның тек қана, дук-дук деп соғып тұрғанын анда-санда еститінмін. -Менің негізгі міндетім- осы жүректің тақтамастан соғып тұруын қадағалау, оған өмір сүруге керек КҮШ беру. Осы жүректен адамның ЖАНы санасына, және бар денесіне күш береді. -Адам жанға қалай еге болады? -Нәресте анасының ішінде өсіп жатқан кезде, ол адамның денесіндегі клеткалар сияқты, белгілі бір программада өсе береді. Нәрестенің ең алғашқы демімен, біз бұл өмірдің есігін ашамыз да, ең соңғы демімен қайтып кетеміз. Сондықтан да адамдар, өлген адамды қайтып кетті, қайтты, немесе қайтыс болды дейді. Жанның қасиетті екенін қазақтар ежелгі кезден-ақ білген. Қазақтардың ұғымында, әрбір адам, бәрінен бұрын ол ЖАН! «Мал-жан аман ба?» деп сұрайды,немесе , «жаныңа жақты ма, бар жаныңен беріл жұмысқа, жанға қуат тіле...» дейді. Бұл жанға байланысты айтылған өте дәл мағынасындағы ұғым. Және де жанды өте биік бағалаған. Мысалы: « Асыл жан екен, адал жан екен, қасиетті жан екен ...» деп жанға қатысты сөздердің бәрі ерекше жақсы сөздермен аталған. «Жан ана, жан дос, жан аға, жан әке, жан жарым, жан балам ...» деген сөздер де жанның қасиетін дәлірек анықтайды, және бұл адамға берілген ең биік баға. Бұл керемет сөздер. Осындай сөздерден кейін адамға қанат біткендей, ризашылық сезімі пайда болады, ал адам риза болса, сен үшін бәрін жасайды. Ал, «арам жан екен» деп айтпайды, «арам адам екен, арсыз адам екен,қасиеті жоқ адам..» деп айтады. Адам деген-оның тек сыртқы физикалық денесі ғана, егер, бойдан жан кетсе, онда қасиетті ешнәрсе де қалмайды. Ал, басқа көп ұлттарда, жан деген о дүниелік ұғым, оларда адам деген ат мақтаныш. Мен айтар едім, сен адамзат баласысың деп, ең бастысы СЕН ЖАНсың. Сен өзіңді ЖАНмын деп сезінесің бе? Не деп жауап берерімді білмедім, сосын шынымды айттым. -Жоқ,жаны бар адаммын ғой.-дедім. -Сен өзіңді «жаны бар адаммын» деп материалдық затқа теңеп тұрсың, ол деген- «Көйлегі бар манекен» дегендей ұғым береді. - деді ол. -Енді мен кіммін? -Сен ЖАНсың, сен БАРсың! Бұл сөздер құлағыма бір түрлі естілді, «естімеген елде көп» екенін білетінмін, бірақ мұндайды есту.... ойыма кіріп те шықпаған! -Мен ЖАНмын,Мен БАРмын?-дедім күмандана. -Иә, бірақ сұрақ қойма , бұл МЕН деген сезіммен айт!- деп бұйырды ол. -Мен БАРмын, мен ЖАНмын! – деп қайталадым, сөздердің орнын ауыстырып.Сосын тың тыңдап отырғандай ішкі сезімімді бақылап тыныш отырдым. Ішкі жан сарайым кеңіп кеткендей әсер болды. Денемді қысқан құрсау босап қалғандай. Иығым тіктеліп, арқа сүйер пана табылғандай, бір сенім пайда болды. Сонымен бірге өзіме деген үлкен құрметті сезіндім. Мен өзімді жоғалтып алып, қанша жылдан кейін әрең тапқан сияқтымын , сонымен қатар, сол менің табылғаныма шексіз қуаныш сезімі бар бойымды жайлады. МЕН БАРмын,МЕН ЖАНмын! Бұл не сонда? Сөздің , тілдің кереметі ме? Бұл сөзде бар адам біле бермейтін ерекше күш бар сияқты. Әзірге әлі санама онша жетіңкіремей тұр, бірақ ең бірінші әсерін айтып жеткізе алмаймын,әрі қарай не боларын қайдам. Маған бір құпия сыр ашылғандай! МЕН БАРмын,МЕН ЖАНмын! Бұрын, мені қоршаған дүние өте үлкен сияқты, ал мен өзімді, осы дүниенің кішкентай ғана бір бөлшегі сияқты, әлсіз көруші едім. Енді, маған үлкен күш берілгендей, мені қоршаған дүниеде маған келер қауып-қатер жоқ екенін сезіндім. Қолымнан бәрі келетін сияқты, өзіме деген үлкен сенім,құрмет пайда болды. БАР болған қандай жақсы! Есіме бауырларым түседі, менің қиналған кездерімде демеу беріп жүретін ылғи. Кейде мен «Ұлымның тойын қалай жасаймын, қолда қаржы жоқ» десем, олар «Сен оны уайымдама,біз БАРмыз ғой» дейтін. Осы сөзге көңілім толатын. ЖАН! Бұл сөздің қыр-сырын кім білген! «Малым жанымның садағасы,жаным арымның садағасы» дейді қазақтар. Жапонда «Харакири» деген ұғым бар. Ол өз жанын өзі қия салатын сарбаздар туралы. Өзім де жаным қысылғанда, өлгім келетін. Соған қарап ЖАН деген түкке тұрғысыз, арзан көрінуші еді, енді бұл ойларымның дұрыс емес екенін бар ойыммен, бар денеммен сезіндім. Ойым, ЖАН туралы , ар-намыс туралы уәждер келтіріп, ойлай берді. Ұлттық ар-намыс, әйелдік ар-намыс..т.б.намыстар ... әр елде әртүрлі. Бір елде өте ұятты жағдай , басқа елде үйреншікті, назар аударуға тұрмайтын нәрсе, тағы бір жерде ол мақтаныш. Меніңше, бұл ЖАНнан қол үзіп қалған соң , ақылдың ойлап тауып алған шектеу пәлсапалары. Ондай шектеу пәлсапалары әр түрлі дінде,политикада, және жергілікті топталған халықтарда, салт-дәстүр ретінде сақталып, орындалып келеді..... Бұл ойды үзіп тастадым да: -«Жарайды, өмір сүру жағдайына қарай, ар-намыс ұғымы, әр елде әрқалай, ал олардың ЖАНы ше?» -Олардың бәрінің жаны таза, ҰЛЫ КҮШ-деді ол- Мысалы материалдық өмірдегі энергия- электр тогын алып карайтын болсақ, ток адамды өлтіріп те жатады,жақсылық жасап та жатады. Сол үшін токты, жақсы немесе жаман деп бөлмейді. Ол күш қана. Адамды жазалайтын да, мазалайтын да,тозаққа да, жұмаққа да түсіретін оның ЖАНы емес, оның тынымсыз ой сапасы, тілі және ақылы! Ал ЖАНға қалатыны, тек шыдау ғана. Адам ЖАНына билік ете алмайды. Ал ойына ,тіліне, ақылына билік ете алады,тек қана мағынасын, күшін түсінсе болғаны. -Сонда менің ЖАНым , президенттің ЖАНымен, және қылмыскердің ЖАНымен де тең бе? -Тең –деді ол-сенің жаның бәрімен тең, тек қана олардың емес, миллионердің де,ұлы ғалымдардың да, әншілердің де жанымен тең. Оларда бар күш сенде де бар. Бар айырмашылығы , әрқайсыңның нені ойлап, нені айтып, нені істейтіндеріңде ғана. Мен ойланып қалдым. Өмірде, мынау жақсы, мынау жаман деген көзқараспен қарайтын мен үшін, мынадай айырмашылығы жер мен көктей теңдік түсініксіз еді. -Сонда президенттің және қылмыскердің жандары тең бе? –деп тағы да сұрадым,санама жетпей тұрғанын білдіріп. -Иә, тең- деді ол – егер екеуін атағынан айырып, бір кемеге отырғызса, олардың ЖАНдары бірігіп кетеді, іс-әрекеттері де бір мақсатқа жұмсалады. «Кемедегінің жаны бір» деген сол. ------------------------------------------------------------------------------------------------------------ МЕН БАРмын, МЕН ЖАНмын! Әп-сәтте көңілім орнына түсіп, терең дем алып қалам, кейде, қайта-кайта терең дем алам. Терең дем алған сайын денем босап, ойым тиылып, менің ішімде, мықты күшке ие адам пайда болады, сол күш ешнәрсені ойлатпай, өзінің бар екеніне жүрегі жарылардай қуанышта. «Офигееееть!» дедім орысшалап. Жүрек жарылардай қуанып тұрып, жайсыз ой ойлай алмайсың. Тек қана таңдану, ризашылық сезімі көзіме жас алдырады. Бұл реніш жасы емес, ұшу кезіндегі қуаныш жасы. Бұл сезім, ішкі дүниеңді толтырып, басқа ешқандай сезімдерге жол бермейді. Ешнәрсе ойлай алмайсың ,ой жоқ. Ойым енді не ойлайтынын білмей дағдарып, тілім де сөз айтудан шошып қалғандай үндемейді. Әйтеуір ішім тола, көңілім тоқ. Бұл бір рахат дүние болды. Өткен-кеткен, келер күндер мазаламайды. Кейде өзіме «Ей, келер күніңді ойласай..» деп бастасам , қарауылым тиып тастайды да, ОСЫ СӘТтің тыныштығына кіргізіп қояды. Мені бір сиқыр баурағандай осы сезімнен шыққым келмейді. Осыған байланысты, менің өмірге деген көзқарасым да өзгерді. -Әуелі менде жақсы , жаман сөздерінің айырмашылығы өзгерді, жақсы жағдай болса да,жаман жағдай болса да мен үшін көптен күткен жағдай сияқты, көңілімді шайқамады. Жақсыға таспадым, жаманға ренжімедім. Бұрын біреудің сөздерін екі, үш күн ойлап ренжуші едім, ал енді, басқа ой ойлауға ішімде орын жоқ сияқты, жұқпай, түсіп қала береді. -Менде еш кемшілік қалмаған сияқты, түріме де, жүріс-тұрысыма да көңілім толады. Осыған орай арықтау, әдемі киім алу...деген сияқты кедергі мақсаттарым жоғалып кетті. Тіпті алдыңғы тістерімнің жоқтығы да , той-томалақтарға баруға, адамдармен сөйлесіп өз уәждерімді айтуға, тіпті достасып , жақсы көруге де кедергі болған жоқ. Мен өзімнің осындай екеніме, БАР екеніме мақтаныш сезімде болдым. -Кенеттен, мен түк істемей жата беретін ұлымның, елде жоқ керемет жақсы бала екенін байқадым. Жүрегім езіле жақсы көріп, енді қайтып бұрынғы «Неге..»деп бастайтын «әнімді» қайталамадым. Әйтеуір, бүгін болмаса ертең, өз жолын табатынына сенімдімін. Адамдар өмір бойы бірге болуы мүмкін емес қой, оны осындай, аман-есенде көріп жүргеніме қуандым. -Жетіспей тұрған қаржы мәселесі де, менің ішкі жан тыныштығымды шайқалта алмады. Қайдан мұндай сенім келгенін білмеймін, маған, айналамдағы мен білетін адамдардың бәрі, менің жағдайымды жасайтындай көрінеді. Ең бастысы, мені қоршаған дүние маған жау емес екені , онымен күресуді, ештеңе дәлелдеуді қажет етпейтін , менің нағыз қорғаушым болып шықты. Маған керек ақша, көп болмаса да түсіп тұрды. Осы көңіл күйлеріне байланысты, ылғи ойлайтын ойларым да мынадай болды: -«Мені коршаған орта мені өзі қорғайды.» -«Бүгін жағдайым жақсы, ал ертең одан да жақсы болады.» -«Маған керек ақша, өзі, оп-оңай келеді, маған оны шарқ ұрып іздеудің қажеті жоқ.» -«Мен бәрін білемін, қолымнан бәрі де келеді.» -«Мені бәрі жақсы көреді, мен де оларды жақсы көремін.» -«Менің достарым,таныстарым, бәрі менің жағдайымды жасайды.» - «Мен қалаған арманыма оп-оңай жетемін.» Қарауылдың арқасында осы ойлар, мен кейде бақыламасам да, қайта-қайта ойналып, санамда бекіді. Уайым әкелетін ойларға керек орын болмады ма, менің ойымнан мүлдем түсіп қалды. Менің ең бір таңдай қағып, таң қалатыным да осы жайт. Менің тарапымнан ешқандай зорлық болған жоқ, қайда кетіп қалды екен олар? Мен енді ешқашан да, ешқандай жағдайда да , басымнан не өтсе де, ренжіп, қайғыда болғым келмейтінін анық білдім. Суықтап, бір апта ыстығым көтеріліп , ауырып жатқанымда да , ауруға деген ашу болған жоқ. Мен РАХАТТАНЫП ауырдым, ал ойым болса, өзінің әдемі әуенін қайталап, ойнай берді. Бұрын мұндай жағдай менде ешқашан болған емес. Ауру келгенде, мен қатты қиналатынмын, бар денеммен , бар ойыммен. Ендігі білгенім, егер ойың сау болса денеңнің ауырғаны түк те емес екен. Әншейінде менде жұмысы жоқ ұлым да, сауығуыма шипа тілеп, дәрі әкеліп, тамақ істеп, мамалап жүрді. Көңілде еш сұрақ болмады , менің өмірден тілегенім де, тек осы сияқты. Осындай кайфта бір жыл өтті. --------------------------------------------------------------------------------------------------------------------- Осылайша, бар нәрсеге шүкіршілік етіп, жан тыныштығына малына жүре бердім. Осы жүрісім ЖАНыма жаққан болу керек, қайтып белгі бермеді. Бақытты болуға көп нәрсе керек емес екен. Әр күнім, алдыңғы күннен де жақсы болып келеді, еш уайымсыз, жұмысымды істеп жүремін. Еш мақсатсыз , армансыз, ешнәрсеге де талпынбадым. Диоген деген адам туралы оқығаным бар еді. Ол теңіздің жағасында, бөшкені үй ретінде қолданып, бар дүниені керек етпей, бір күні тамақ ішіп, бір күндері ішпесе де елдің бәрінен аса бақытты болған екен. Күні бойы оның істейтін тірлігі, теңізге қарап ойлану, сосын бөшкесінде түске дейін ұйықтау болыпты. Сол елді, ұлы қолбасшы Македонский жаулап алып, теңіздің жағасына мұны көруге келгенде, орнынан тұрып сәлем де бермеген екен, қайта «Былай тұр, күнді көрсетпей көлеңкелеп тұрсың!»-деген. Диогеннің елден асқан бақытты, қамсыз,ешкімге тәуелсіз өміріне ұлы қолбасшы қатты қызығыпты. Күндегі қырғын соғыс, адамдардың көз жасы, оның жүйкесіне тиіп жүрген болуы керек, «Ендігі өмірімде сен сияқты қамсыз балып, теңіздің жағасында жатқым келеді» депті. Оған Диоген « ендігі өміріңді күтіп керегі не, сен оны дәл қазір жасауыңа болады.» деген екен. Мен өзімді осы Диогенмен салыстырам, бірақ айырмашылығы, ол ешкімге, ешнәрсеге тәуелді емес еді, ал мен болсам ақшаға тәуелдімін. Осы ақша мәселесі болмаса, мен де қозғалмай жата берер ме едім. Білмеймін, бірақ бар әрекетім, осы ақшаны табу үшін жұмсалады. Осы жұмыстың барына шүкір деп, айдың соңында алатын жалақым үшін барам жұмысқа. Өзім осылай тынышталғанмен , сырттан көп өзгеріс бола қойған жоқ. Күнкөріс қаржы болып тұрды , кейде аяқ астынан мен білмейтін адамдар жұмыс беріп, артық ақша да болды. Бірақ менің, жетіспеушілікті көріп шайлығып қалған ақылым, ақшаны мейлінше, керегіне жұмсай алмады. Мен ылғи, «ертең болмай қалуы мүмкін» деп, үнемдеп жүрдім. Оның үстіне, ойдағы қарауылым да , қаржы мәселесі көтерілсе болды тиып тастайды, «дәл ОСЫ СӘТте оны ойлаудың қажеті жоқ», деп. Ақшаға тәуелділік, менің ойымды алаңдата берді. Бәрі жақсы екенін білемін, бірақ көңілім одан да жақсы болуын қалайды. Енді менде сұрақ пайда болды. Егер мен мол байлыққа ұмтылсам, көңілім қайтадан шайқалып , жан азабына түсіп кетпеймін бе? Жалқаулығы басым мен үшін тағы да бір нәрсеге ұмтылу, талпыну, қорқыныш туғызды. Осылайша біресе барыма шүкіршілік етіп, біресе көп ақша тапқым келіп, әрі-сәрі болып біраз уақыт жүрдім. Білмеймін соның әсері ме, біресе аяқ астынан табыс табылып, біресе уәделі, бар ақшаны да ала алмай жүрдім. Бірақ, қандай жағдай болса да, менің тыныштықтағы көңілім шайқалған жоқ. Бар болса да, жоқ болса да менің жағдайым жақсы болды, мен бәрібір бақытты едім. Адамның ойында ұры ойлар болады ғой, сен оны мойындамасаң да келіп тұрады, осы ұры ой келгенде ұрлық істеген адам сияқты қымсынасың, өзіңнен қуасың. Ұят болса да айтайын, енді маған анда- санда «Не істесем көп ақша табамын?» деген ұры ой келетін болды. Әрине бұл ой жаңалық емес, бірақ осы оймен бірге мазасыздану, бай адамдардан кеммін деп ойлау... сияқты сезімдер келетін болған соң ,мен бұл ойға көп мән бермеуге тырысып, оны алып тастайтын едім, оның орнына «маған керек ақша өзі келеді» деген сенім болды, ешнәрсе ойлап бас қатырған жоқпын. Не істесем көп ақша табамын? Ойым бар нәрседен таза болып шықты, ешнәрсе жоқ, ешқандай байлықты көз алдыма елестете алмадым. Біз әркезде ақылды алға саламыз ғой, ол ойдың бухгалтері, яғни есепшісі. Ол болады десе істейміз, болмайды десе істемейміз. Ақылым әрі есептеп, бері есептеп: « Бұл мүмкін емес -деді,- егер тұрақты жұмыс болып, белгілі айлықты ай сайын алып отырсаң, соған да шүкіршілік ет, немесе қосымша жұмыс ізде.» -деді. Менің мамандығым сәулетші, бұл әрқашан да уақытша жұмыс. Құрылыс болса жұмыс бар,құрылыс тоқтаса жұмыс жоқ. Оның үстіне жобалау мекемелері де, жеке кәсіпкерлердің қолына көшкен. Олар ақыны өз көлемінде толық төлемейді , қанша төлегісі келсе сонша береді. Оған еш шек жоқ, бұрынғы совет заманындай еңбек еткен жылдарың, жұмысыңның күрделігі есептелмейді. Жұмысты үйіп тастап, күндіз-түні уақытыңды алуы мүмкін, бірақ айлығың сол қалпында қала береді. Ал, құрылыс тоқтаса, сені «бессодержание» дейді, ақы төленбейтін демалысқа жіберіп қоя салады, ондай демалыстар үш айдан алты айға дейін созылады. Сенің, осы ақысыз демалыста не күн көріп жүргеніңде ешкімнің жұмысы болмайды. Сосын, жанталасып басқа жұмыс іздейсің. Егер жолың болса 1-2 жыл істейтін тұрақты жұмыс табасың, жолың болмаса 2-3 ай істеп кете бересің тағы да. Елде, үкімет ауысып дағдарыс болса, ең алдымен жұмыссыз, аш қалатындар да осы сәулетшілер, инженерлер, құрылысшылар. Өз өмірімде, осындай дағдарыс екі рет басымыздан өткені бәрімізге белгілі. Мен өзімнің, жақсы сәулетші екенімді білемін, сосын ба, мекеме жабылатын болса, мен соңғы күніне дейін жүремін. Міне 2жыл болды кейінгі жұмыс орнымда істеп жүргеніме, ал қазір мамандардың көбі ақысыз демалысқа кеткен.... Мен енді ақылымды тыңдап қосымша жұмыс іздедім. Негізгі жұмысым 9-дан кешкі 6-ге дейін болғандықтан, жұмыс уақыты өз қалауыңша болатын, «Орифлейм» заттарын сатушы болып тіркелдім. Енді мен жұмыста жүріп «Орифлейм» заттарын да сатып жүрдім.Орифлеймнің еш зияны болған жоқ, заттарын адамдарға ұсынып сату да өнер екен. Мен адамдармен танысып, пікір алысып , өмір туралы өз ойларымды да айтатын болдым. Бірақ мен Орифлеймнен көп ақша таба алмадым, өйткені алу-алмау адамдардың өз еркі болуы керек, оның үстіне кейде есеп-қисаптан жаңылып, ұтылып та қаламын. Бір сөзбен айтқанда «Мартышкин труд» дейді ғой, көңіліңе тура келмесе болмайды. Бірақ бұл Орифлеймнен де жақсы табыс тауып, шетелге барып жүрген адамдарды білемін, олар тек қана Орифлейммен айналысады. Ал мен, қандай болса да сәулетшілік мамандығымнан алыстағым келмейді. Иә, пайдалы емес, бірақ жаным сүйеді бұл жұмысты. Менің о бастан лотерея билетін алып ойнайтын да әдетім бар еді, бағымды әлі сынап жүрмін, әзір көп мөлшерде ұтыс алған жоқпын, бірақ аламын ба деген үмітім бар. Бұрын ұтылып қалсам, ашуланып, «неге алдым ақшаны құртып?», деуші едім, енді басқа адамдардың да , көп ақша ұтып баюына, менің де себебім тигені мені куантатын болды. Осы лотереяға кеткен шығындардың бір күні маған қайтып келетініне сенімім бар. Бұл өмірде не берсең соны аласың ғой. Былай қарасаң бәрі жақсы, кредит төлесем де үй бар, аз болса да ақша бар, ең қуаныштысы ұлым да полицияға жұмысқа тұрып, досы Нұрлан екеуі бірдеңе істеп шауып жүреді ылғи, сосын менің қабағым ашық, ұрыс жоқ... Сонда да менің көңілім алаңдаулы, бір нәрсе істеуім керек сияқты,бірақ білмеймін не екенін. Меніңше, мен қолдан келгеннің бәрін істеп жүрмін. «Адамға тыныштық жақпайды» деген сөзде шындық бар-ау деймін, әйтпесе бұл не? Бірақ, мен осы істеп жүрген тірлігімнен, тек қана өлместің күнін көретінімді білемін. *** Бір жыл өткен соң. Көзіме түскен қатты жарықтан ояндым. Терезеден үйдің ішіне қарай прожектор сияқты жарық құйылып тұр екен. Жарық біресе аппақ, біресе көк, біресе қызыл болып өзгеріп құйылады. Жаным келген шығар деп, жүрегім қуанышқа тола терезеге жүгіріп бардым. ...Кейінгі кезде, көңілімді алаңдатқан сұраққа жауап таба алмай, ЖАНымды көбірек шақыратын болғам. Менің мәселемді тек сол ғана шешетін сияқты. Түнде жатқанда да, күнделіктегі жазбаларды оқып , оған риза болып, сағынып жатқам. Кімді айтсаң сол келеді деген, бар нәрсе ой арқылы беріледі-ау деп ойладым. Ол әртүрлі жолмен, әр түрлі кейіпте келетін болған соң, бұл жолы қалай болады екен деп, білмек болып ынтығуым да бар... Сыртта жарық жоқ екен, жарық тек терезеден шығып тұрған сияқты. Қолымды жарыққа тостым. Ол біресе аппақ, біресе көк, біресе қызыл болып құбылып кетті, бейне бір менің қолымды алып амандасып жатқандай... -«Сәлем!- дедім сыбырлап. Жауап болмады. Демімді қатты тартып тың тыңдадым, естімей тұрған шығармын, деп. Кенет жүрек тұсым бұлқынып кетті де: -Уһ, қысып тастадың ғой. –деген дауыс естілді. Мен әлім құрып еденге құладым. Басым столдың аяғына тиді ме, тарс ете қалды да, көзім қарауытып кетті. Көзімді ашсам өзімнің төсегімде жатыр екенмін. Тезірек жан-жағыма қарай бастадым. -Қозғалма- деді дауыс- сен басыңды ұрып алдың. Дауыс жүрек тұсымнан шығып жатқан сияқты, көңілім әдеттегідей жайланып кетті. Қозғалмай жата бердім, бірақ көзім ашық, терезеден құйылған жарыққа қарап жатырмын. Сөздің әр дыбысында, жарық әртүрлі түске боялып, өзгеретінін біліп жаттым. -Өзіңді құр бекерге шаршатып жүрсің- деді ол, амандық жоқ, саулық жоқ, тіпті басың ауырып қалды ма деп те сұраған жоқ.- екі жұмыс түгілі он жұмысты қатар алып жүрсең де мол табыс таба алмайсың. -Мен енді не істесем болады? Бұл ой мені алаңдатып жүр.-дедім мен. -«Егер, осы қазіргі жағдайыңа көңілің толмаса , мол табыстың көзін өзіңнің бойыңнан ізде. Сенің бар өміріңе жететін талант сенің бойыңда бар, тек сен жүрегіңмен қалап не істегің келетінін анықтасаң, оның орындалуына жеткілікті күш аласың. Және ол, жалпы халыққа бірдей, жақсылық әкелетін нәрсе болуы керек. Мысалы, дүкенде бар адам керек затын сатып ала алады, сатушы оларды сен ақсың, сен қарасың деп бөлмейді. Бірақ, анау анадай істеп байып жатыр деп жұрттың істегенін қайталап, мол табыс таба алмайсың. Сен істейтін нәрсе сенің жүрегіңнен шығуы керек. Бар кезде де , жоқ кезде де сенің айнымай істейтін нәрсең не?» Мен ешнәрсе айта алмай тұтығып тұрып қалдым, ұяттан өртеніп кетейін деп тұрмын, ешқандай хоббиімнің жоқтығына. Сосын шынымды айттым: -Ештеңе де, тек телевизор көремін, кітап оқимын , анда–санда күнделік жазамын.Мен енді мол табыс таба алмайтын болдым ғой,- дедім мен өзіме өзім үкім шығарып. -Сеніңше мол табыс деген не? Ол саған неге керек?- деп сұрады ол. -Мол табыс деген көп ақша, көп ақшаң болса машина да аласың, шетелге де барасың, жақсы жар да табасың... –деп ақшаның пайдасын айтып сайрай бастадым. -Һім, -деді ол, ішім қобалжып кетті, тағы да оның ренжіп, көңілі толмай қалғанын сездім, сосын өзіме келіп, жалма-жан ақтала бастадым. - Қазіргі жағдайым жақсы ғой, бірақ ақша мәселесі көңілімді алаңдата береді, мен ақшаға тәуелді болудан құтылғым келеді-дедім. -Сонда саған қанша ақша керек?-деді ол. -Миллион доллар – дедім мен ойланбастан, түйе сұрасаң бие береді деп есептеп, ал шынымды айтсам маған қанша ақша керегін өзім де білмеймін, және мен сұраған млн доллардың теңгемен қанша болатынын...білмедім, есептеу керек екен. Ақшаның буы қысты ма , дәл қазір алатындай, жатқан орнымнан тұрып отырдым. - Егер сен, өзіңнен млн долларлық өнер көре алмасаң, және сенің істейтін жұмысың, сөзің, млн долларға бағаланбаса, яғни лайық болмаса, ондай байлық саған қалай келеді? -деді ол. Түрлі- түсті болып өзгеріп тұрған жарық, сұп-суық көк түске боялып , менің жауабымды күткендей, біраз уақытқа, өзгермей қатты да қалды. Ішім мұздай болып суып кетті, өзімді бар өмірім таусылып, өлім алдында тұрғандай сезіндім. -Жарайды-деді ол, мені жұбатқандай, жарық қайтадан әдемі түске еніп өзгеріп шыға келді- Саған түсіндіріп көрейін. Бізді қоршаған бар әлем, тартылыс күші арқылы тепе –теңдікті сақтап тұр. Жердің тартылыс күшінің арқасында сен де ұшып кетпей, жерде аяқ басып тұрсың. Сен өз ойыңның , сөздеріңнің өзіне лайық күш алатынын білесің. Бұл күш ғылми тілде метафизикалық күш деп аталады. Сол күш- сыртқы дүниедегі өзіне лайық заттарды , жағдайларды тартып, сенің өміріңе келтіреді. Оны өзің де байқаған шығарсың, есіңде ме, «Жақсы десең жақсы болады, жаман десең жаман болады». Адамның ойындағы мол байлық, сыртқы дүниенің байлығын өзіне қарай тартады, ал ол байлық жалғыз келмейді, өзіне сай байлықты ала жүреді. «Сай сайға құяды, бай байға құяды» деген сол. Одан басқа да «Байлар одан сайын байиды, ал кедей барынан да айрылады» деген сөз бар. Байлар бай екеніне күманданбайды, кедей де кедейлігін мойындайды. Сондықтан да баймын деп ойласаң бай боласың, кедеймін деп ойласаң барыңнан да айрыласың, бұл сенің өзіңе берген өз бағаң. Ал сыртқы дүние соны айнытпай растайды. Осыған орай, -біріншіден, сенің өмірден күтетін байлығың, әрқашан сенің ойыңда болуы керек. - екіншіден,сенің тілің ылғи осы байлықты алып жатырмын деп айтуы керек, тіліңнен «жоқ» деген сөзді алып таста,ешқашан да, қандай мәселе болса да,ойыңмен де оны айтушы болма, өйткені оның күші бәрінен де күшті, жылдам орындалады, оның орнына «бар» деген сөзді айт. Жұрт сенде бар екен деп ойласын. -үшіншіден,сенің ақылың, сені осы байлыққа лайық болу жолына қарай жетелесін. Бар есеп-қисабың, сенің бой түзеуіңе, үйіңді толтыруға, сенің қалаған жұмысыңды алаңдамай істеуіңе лайық жағдай туғызуға жұмсалсын. Тартылыс күші, өзінің шамасы келетін, өзіне ұқсас нәрселерді ғана тартады. Егер, сырт кейпің қалай болса солай, мардымсыз болса, оған келетін байлық та мардымсыз болады.» Барлық ақылды кітаптарда жазылатын ортақ көзқарас, мені онша таңдандыра қойған жоқ. Одан да ЖАН, өзінің қолынан бәрі келетінін білдіріп, маған көп ақша ұстата салмайды ма, сонда мен өзімді көрсетер едім, бай болғанның қалай болатынын.... Ал, енді тағыда бұрынғыдан да көп жұмыс тілеп алдым. Жарайды, енді мен бұларды қалай іске асырам, бұрын да талай рет тырысып көргенмін, одан бірақ ешнәрсе шықпаған. Бизнес те жасағанмын,басқа да ақша түсетін жұмыстардың біразын істедім, басы жақсы басталғанмен, соңында менің оған деген зауқым болмай, тастап кетемін. Менің талантым бұрқ етіп көтеріледі де, ұзаққа бармай өшіп қалады.... Осылай мен өз ойыммен болып кеттім. -Бұрын сен әрнәрседен қорқып, ойың тынбайтын- деп менің ойымды бөлді ол- және ол жұмыстардың бәрі сенің жүрек қалауың емес еді, сен жұрттың істегенін қайталадың. Саған тағы да түсіндіріп көрейін. Сен ОСЫ СӘТтің тыныштығына кірерде не істедің? -Ойымды тыйдым. -Ал қарауылың не істеді? -Ойымды бақылады, реніш, өкініш, ашу сияқты ойларды алып тастады. -МЕН ЖАНмын,МЕН БАРмын деп қайталағанда ше? -Өзіме деген сенім,құрмет пайда болды, және бойыма үлкен күш берді, қолымнан қазір бәрі келеді. Мен сені түсініп тұрмын , енді саған не кедергі деп сұрамақшысың ғой? Ол жауап бермеді,сосын: -Қазір не ойлап жүрсің?-деп сұрады. -Ойым бос, тек қайтсем көп ақша табамын деп алаңдаймын. - Осы уайым-қайғыдан таза, бос ойыңа өзіңе керек байлықты кіргіз, машина керек пе, үй керек пе, жоқ киім керек пе... ақылыңнан сұра не керегін,тек одан қайдан аламын деп сұраушы болма. Сосын осы байлықтың сенде барын сезін. -Жоқ нәрсені қалай сезінемін? -Ол қиын емес. Мысалы: Адам өзін әр киім кигенде әртүрлі сезінеді, тойға киетін көйлек кисең көңілің көтеріліп, сол киімге сай етіп таранасың,боянасың сөйтіп өзіңді әдемі сезінесің. Әдемі машинаға мінсең өзіңе деген құрмет пайда болады, үйіңде дастарханың тола болса мақтаныш сезімі болады....т.б. -Бірақ менің байлық туралы ойым әртүрлі болып кетеді әр кезде. -Ойың әртүрлі болып кетпес үшін, осы байлық туралы, өзіңе ұнаған түрлі –түсті суреттерді қырқып алып, қатты қағазға жабыстырып күнде көз алдыңда тұратын жерге іліп қой. Бұл әуелгі кезде ойыңды анықтап, оны бекітуге пайдасы тиеді. Өйткені ондай ортада өспеген адамға оның бәрін ойына келтіру, қиындау болады. Енді осы суреттерде не болса, сол сенің байлығың. Уақыт өте келе, ол суреттердің ішіндегі біреуі сенің назарыңды ерекше өзіне аударады. Сен оны күнде көресің , ойлайсың.Сосын сен сол байлыққа қарай қадам басуың керек. -Қалай? -Мысалы, сен машина алғың келеді, машинаның суретін көріп тұрған аз, сен сол машина туралы бар хабарды біліп ,оның қай базарда қанша тұратынын біліп, соған көңіл қойып іздене бастасаң, сенің бар ынтаң осыған ауады, яғни сен оған оймен еге боласың, ал дүниедегі бар зат тек өзінің егесіне ғана келеді. Сонымен, сен оймен егелене бастасымен сыртқы дүниенің бүкіл тартылыс күші де қимылға келе бастайды. Мүмкін оны саған біреу сыйға берер, мүмкін ұтып аларсың, мүмкін жарты бағасына аларсың...әйтеуір қалай болғанда да тартылыс күші ебін тауып оны саған келтіреді. -Қолымда қаржы жоқта, мен қалай оны қарап іздеймін? Алдымен, ақша табу керек шығар? -Егер, бүгін ұлың үйленемін десе, сенде қаржы бар ма? -Жоқ. -Сонда сен үйлену тойын жасамайсың ба? -Жасаймын. -Қалай жасайсың ақшаң жоқ қой? -Бәрібір жасаймын-дедім мен- табамын ақша , білмеймін қалай ,бірақ той жасап берем. -Міне, -деді ол-Сен әр мақсатыңа осындай сеніммен қарауың керек. Ал, алдымен ақша табамын сосын аламын деген бос қиял ғана. Ол деген –«егер болса...сонда ғана...» деген екіұшты мағына береді , мұнда бір шешім жоқ, тек қиял ғана, сондықтан да ол өмірде орындалмай тек қиялда қалып қояды. Тек ақша табу жолында, бүкіл өмірің құр босқа өтіп кетуі мүмкін. Ал, ақша деген, белгілі бір заттың, немесе жұмыстың құны, ол өзінен өзі бос жүрмейді. Сосын, тағы бір назар аударатын жағдай, сен алатын машина сенің ғана қалауың болуы керек, егер ол бақталастық болса, «мен анау адамнан қаламын ба,мен де аламын» деген сияқты, сенің шығынға ұшырауың мүмкін, өйткені ол сенің жан қалауың емес , оның егесі басқа адам. Сен қалаған машина саған оңай, әрі көп шығынсыз келеді. Осы машина туралы ойларыңды тырысып, өзіңді өзің зорлап ойлама. ОСЫ СӘТті бағалай отырып, ойыңмен осы машинаның айналасында қимыл жаса, бірге рахаттанып өмір сүр, таныстарыңа машинаңның артықшылығы туралы әңгіме айт, қолыңа түскен ақшаны машинаңа есепте. Сонда бұл машина сенікі болады. Ертегі тыңдап отырған сияқтымын, бәрі осылай оп-оңай болса, неге жұрттың бәрі байып кетпейді? -Оған кедергі көп адамдардың тілі-деді. Мен таңданып қалдым жылдам жауапқа,оны ойлап та үлгермеген едім. -Көп адамдар ойындағы арманына жоламайды, көргенде өзін қор санап қымсынады. Мысалы: сен ойыңмен қымбат машина алғың келеді. Ал ол машинаны көргенде, бағасын көріп, «мен бұл машинаны ала алмаймын,қымбат, менің қалтам көтермейді» дейсің, сөйтіп сен тіліңмен бірінші кедергіні қойдың. Қасыңа сатушы келіп-« Сізге менің жәрдемім керек пе?»-деп сұраса, сен қаймығып, -«Жоқ, жәй әншейін көріп жүрмін.»-деп шеттей бересің. Бұл кезде сен өзіңнің арманыңның орындалуына екінші рет тілмен кедергі қойдың. Сосын бұл ойың қалай орындалады? Егер сен сатушыға, «Иә, мен осындай машина алайын деп едім, жақсы қасиеттерін айтыңызшы» -десең, сатушы саған осы машина туралы бар мәліметтерді береді. Нақты қанша бағаға беретінін біліп, визиткасын алып, «Ойланып көрейін,хабарласамын» деп осы машинаға лайықты екеніңді білдіріп кету керек. Сатушы сені алатын адам, бұл машинаның егесі сен деп ойлауы керек. Және осы туралы достарыңның пікірін тыңда.Олар сенің осындай машина іздеп жүргеніңді білсін. -«Пәленше машина алайын деп жатыр екен» деген көптің сөзі де ,тартылыс күшіне күш қосып, тезірек осындай машина алуыңа себепші болады. Егер бір адам туралы «ол бай ғой» деп ел айтатын болса, оның байлығының үстіне байлық қосыла береді. Өйткені тілдің ЖАНнан алатын күші үлкен. Аңдыған жау алмай қоймайды дегендей, сен қолайлы сәтті күтіп, аңысын аңдысаң алмай қоймайсың. Есіме үлкен інім түсті. Мамам ылғи «Жүріңдер, Талғат байдың үйіне барып тамақ ішіп келейік» дейтін, сөйтіп ол «Талғат бай» аталып кетті. Сол інімнің байлығына байлық қосылып, шынымен-ақ байып кетті. Күні бәрімізден артық.... -Сөзді абайлап айту керек,өзіңе керек нәрседен басқа, ештеңе айтудың тіпті де керегі жоқ. Ешнәрсе істемей-ақ тек тіліңмен бар жақсылықты жойып жіберің мүмкін. «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген мақал да бекерге айтылмаған. Тілдің жүйріктігі сонша «Тілімен Меккеге жеткізеді» дейді. -Менің алуға шамам жетпесе «алайын деп жатырмын» деп қалай айтамын, ол өтірік болып кетпей ме? Суға батып барамын деп, екі рет жұртты алдап, үшінші рет шынымен суға батып кеткен адам сияқты болмаймын ба? - Бұл жақсы мысал. Өз басына пәле тілеп , қайта-қайта тілімен айтқан адам, сол пәлеге ақыры тап болады.Мұнда еш айырмашылық жоқ. Тілдің күші жақсыға да, жаманға да бірдей. «Алайын деп жатырмын» деген сөзде еш анық хабар жоқ, бұл тек жарнама ғана. Сен сыртқы дүниеге маған осы зат керек деп, тілегіңді жеткізіп қана тұрсың. Ал сенің ойыңның, тіліңнің күші осы затты саған келтіру үшін жұмыс істейді. Сондықтан, ойдың тілегін тілмен бекіту керек, тілмен өмірге келтіру керек. Әрбір сөздің , әрбір дыбыстың өзіне лайық күші бар. Біздің дауысымыз осы бөлмеде ғана қалып қоймайды, ол бүкіл дүниеге жаңғырық болып тарап кетеді. «Отыз екі тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды» деген сөз сол. Сосын ол сөздер өз мағынасына лайық істермен, өзімізге қайтып келеді, «Жоқ» десеңіз бәрін жоғалтып, «бар» десеңіз мол етіп үйіп тастайды. Сондықтан да, өзіңе керек сөзді ғана айт, енді сенің қарауылың, сенің ойыңды ғана емес, сөзіңді де бақыласын. Ол қиын емес,оны өзің де байқаған шығарсың. Сөздердің мағынасы туралы бір-екі ауыз айтайын. -Жалыну, жалбарыну сөздері – сен лайық еместігіңді, әлсіздігіңді білдіресің, сондықтан да әлсіздігіңді күшейтесің, алатын көмегің де аз болады. -Жақсы көру, мақтау сөздері- бұл сөздің төресі, сенің алдыңдағы бар жанның көңілін саған қарай бұрады, алатын көмегің де үлкен, жақсы сөздер естисің, жаның қуанады. -Бұйыру, кемсіту, астамшылық сөздер- сенің ой кемшілігіңді білдіреді, алатын көмегің де басқа адамның бұйырғанын, кемсіткенін есіту болады. -боқтау,былапыт сөздер- сенің ойыңның ластығын білдіріп тұр, өмірден алатының да лас тірліктер, адам ұру, арақ ішу, алдау ...болады. -Жылау, қарғау, кіналау сөздері – сенің ойыңда ауыр тас, албасты барын білдіріп тұр, оны тезірек алып тастап, сөзіңді тыймасаң, соның бәрі өзіңе қайтып келеді. Сөздердің мағынасын, олардың осыншалықты құдіретті екенін білмейді екенмін. Мен өмірде, көңіл күйіне қарап осы мағынадағы сөздердің бәрін айтам. «Маған тілді қырқу керек екен» -деп ойладым ішімнен шошына. -Сен қандай ақылдысың?-дедім мен.Сосын екеуміз бірдей күліп жібердік, жоқ, мен оны әдейі мақтайын деген жоқпын, шын көңіліммен айттым. -«Шын жүрегіңмен айтқаныңды білем-деді ол- Біздің қаншалықты әңгімелерімізде сен осымен 2 рет қана жақсы сөз айттың, Біріншісі,ең бірінші кездескендегі «Кандай әдемісің» деген ойың, және осы «қандай ақылдысың» деген сөз. Мен қуанып тұрмын.» Мен таңданып қалдым. «Егер ешкімге тәуелсіз ЖАН, осы сөздерге марқайып қуанса..., адамдарға тіпті майдай жағатын шығар- деп ойладым- Жақсы сөз айтып жүру керек екен.» Мен осымен әңгіме біткен шығар деп ойладым. -Мені ақылды деп мақтадың ғой -деді ол көңілдене- енді ақыл туралы айтайын. Сөзден ауытқымайық, біз мол байлыққа қалай жетеміз деп отырмыз. Ақылдың ең басты тірлігі, айналадағы болып жатқан жағдайларға, елге, жерге қарап сені соған лайықты етіп дайындау. Сен мысалы ауа райына қарап, жасыңа қарап, істейтін жұмысыңа қарап киім киесің, осы елдің салтын сақтап, осы тілде сөйлеп жүресің. Мұның бәрі АҚЫЛдың арқасында.Ақыл өмірден көргенін ғана түйіп-біліп есеп жасайды. Сондықтан да «Көп жасағаннан емес,көпті көргеннен сұра» дейді халық. Егер сен көшеде аборигендер сияқты беліне шүберек байлап жүрген адамды көрсең, немесе маған қара дегендей қызылды-жасылды боянып жүрген адамдарды көрсең олардың ақылы кем адам екеніне сене бер. Адам ақылының мөлшерін киген киімнен, жүріс-тұрыстан, дене бітімінен, және тұрған үй жағдайынан білуге болады. -Ақылдың ойдан не айырмашылығы бар, ақыл да ойдан шығатын сияқты ғой? -Иә, ақыл да ойдың бір түрі. Егер сенің ойың есеп-қисап жасап, қайда жүру, не істеу бағытын белгілеп , шешім қабылдаса –бұл сенің ақылың. Егер сенің ойың сезімге берілсе ,өткенді ойласа, армандаса,... -ол ойың. Ой есеп жасамайды, ол тек сезімге беріледі, ал ақылда сезім жоқ- ол тек қана есеп. Ақыл сенің тапқан ақшаңды, ауа райын,елдің салтын...бәрін есепке ала отырып сені осы айналаңдағы өмірге, осы жағдайға лайық етіп дайындайды. Егер, сенің ойыңда мол байлық болса , сен сол мол байлықтың егесі болуға дайын, яғни лайық болуың керек. Сен өзіңді дәл қазір мол байлыққа лайықпын-деп ойлайсың ба? -Лайық болу деген не? -Лайық болу деген – дайындалу, сол байлықты қабылдауға дайын болу деген сөз.Егер дәл қазір үйіңе құдалар келсе , сен оларды қарсы алуға дайынсың ба? -Жоқ-дедім мен- олар алдын ала айтатын шығар, дайындаламын ғой. -Айтшы , қалай дайындаласың? -Үйді тазалаймын, әртүрлі тәтті тамақтар әкелемін, шашыма әдемі прическа жасап,боянып-сыланып , әдемі киімдерімді киемін, дастархан жасаймын- дедім. -Бізді қоршаған бұл дүниеде адамның, МЕН деп өзінің бар екенін көрсететіні, алдымен оның сыртқы кейпі, жүріс- тұрысы, киім киісі. Осыған қарап, сыртқы дүние, алдымен ол адамның ақылын қабылдайды, сосын тілін тыңдайды- тіл ойдың тілегін жеткізеді. Осыдан соң, тартылыс күші, сенің қандай өмірге лайық екеніңді анықтайды да, сол өмір саған келеді. Мұнда тұрған еш, бас ауыртар формула жоқ, ОЙды,ТІЛді,АҚЫЛды бір мақсатқа жұмсасаң , қалағаның болады. Қазақта «Болмасаң да ұқсап бақ» деген сөз бар. Егер сен бай болғың келсе, миллионерге ұқсап жүр, королева болғың келсе сондай жандарға ұқсап,әдемі болып жүр. Ойыңдағы бай адамдарға сырттай болса да ұқсайтын болсаң, онда сен сол мақсатыңды қабылдауға дайынмын деп ойлай бер. Золушка ертегісіндегі сиқыршы әйел, Золушканың патша сарайына кіруі үшін , әуелі оның сырт кейпін жөндейді. Әдемі көйлек кигізеді, шашын түзейді, аяғына хрусталь туфли кигізіп, атқосшысы бар, ат арбаға мінгізіп жібереді. Оның сырт түріне қарап, есік алдындағы патша күзетшілері, принцесса келді деп ойлап, есікті айқара ашады. Сенің сыртқы келбетің, айтқызбай –ақ байлықтың есігін айқара ашатындай әсер беру керек. Мол байлыққа ие болу үшін үлкен дайындықтар керек. Егер сенің алдыңғы тістерің жоқ болса , денең семіз болса, етігің жыртық болса, дастарханың жұтаң болса –сені мол байлыққа лайық адам деп айтуға бола ма? Мен жер шұқып ештеңе айта алмадым, бұрын өзімнің сыртқы түріме көңілім толмайтын, сосын тыныштала келе маған ұнайтын болды, енді мол байлыққа қол созсам, бойымды шын мәнінде түземесем болмайды екен. -Байлық саған «келе жатырмын» деп айтып келмейді,-деп жалғастырды ол сөзін - сен қашан осы байлыққа лайықпын,оны қабылдауға дайынмын деп, өзіңе көңілің толып сенімді болғанда ғана есігіңнен кіріп, төріңе отырады. Сол себепті, әрдайым дайын болу үшін, сен мына жағдайларды еске ұстап жүр: -Бойыңды түзе, шашыңды әрдайым әдемі ұстап, таза, жыртығы жоқ киім киіп жүр... -Үйіңді таза ұста, шашылған үй ойды шашыратады -Дастарханыңды барынша толтырып, ең бастысы, қонаққа деп жылы-жұмсағыңды сақтап қой, «Қырықтың бірі қыдыр» деген, саған келер байлық алдымен қонақ болып келуі мүмкін. -Ешқашан да салпылдап, ұзақ жолда жаяу жүрме... -Қиналып жұмыс істеме, егер басқа жұмыс болмаса осы жұмысыңды жақсы көруге тырыс, сонда ол қиын болмайды. Сені көрген адамдар сені шынында бай адам деп ойлау керек. Бірақ алдымен ойлан, саған керегі қандай байлық? Ол көп ақша ма, мүмкін басқа нәрсе шығар? -Білмеймін, менде бірақ, бәрі болған, машина да, күйеу де, көп ақша да, үлкен үй де, бірақ мен сондай бақытсыз болдым. Ал қазір сондай бақыттымын, жетіспей тұрғаны ақша ғана. -Жарайды-деді ол-сен оны әлі анықтайсың. Жүрегіңді тыңда, көңілің қалайтын істі ғана істе. Ойыңды, тіліңді,ақылыңды бір мақсатқа бағыттасаң ғана мақсатыңа жетесің. Ең бастысы, әрдайым тыныштық қалпыңды сақта, қалай болғанда да... Көзімді ашсам үйдің іші жап-жарық, сағат 12 болыпты. Қалай ұзақ ұйықтағам? Жұмыстан да қалып кеттім. Бұл түн, мен үшін ең ұзақ түн болды, мен бір түн емес бір жыл ұйықтап енді ғана оянғандаймын. Басым шайдай ашық, тек желке тұсымның ісіңкіреп, ауырып тұрғанын байқадым. Отыра қалып, түндегі әңгімені күнделікке сол қалпында жазуға тырыстым, бірақ кейбір жерлерін ұмытып қалған сияқтымын. Кейінгі 5 жылда ғана, менің күнделіктерім 10-шақты қалың дәптер болған. Мен мұнда көрген түстерімді, арманымды , оқыған кітаптарымды жазамын. Бұл дәптерлерде менің қиналған кездерім, құдайдан жалынып тілек тілегенім, ашу, реніш, өкініш ... сияқты көңіл күйлері басым. Көңілімнің түбінде мен шексіз бақытсыз болдым, өзімді-өзім кіналау, басқалардан төмен санау, күйеуіме жалтақтау , оның мені қорлап, қол жұмсауына жол ашты. Өзімді қанша басып, бәрін кешіріп, тырысқанымнан түк шықпады, ол өзінің лас сөздерін, таяғын одан сайын үдетіп жіберді. Мен ылғи, бүгін не болар екен, деп қорқып жүрдім. Кетуге бел байладым, бірақ ұлымды жетім атандырғым келмей, жүре бердім. Ұлым мектепті бітіріп, оқуға басқа қалаға кеткенде, ол «өнерін» одан сайын үдетіп жіберді, оған қоса көңілдес тауып алды. Осындай семьялық қатынас мені, бәрін тастап, адам жетпес алыс қалаға қашып кетуіме мәжбүр етті. Бірақ ,өзіңнен бәрібір қашып құтыла алмайды екенсің. 20-жылдық көңілді күйзелткен, реніштің ауыр тастары мені одан сайын жаншып, баса берді. Пәле жалғыз келмейді ғой.... қойшы, олардың бәрін тізіп жаза берсем қағаз жетпес. Осындай қиын жағдайда мен өлімге де әзір едім, егер ЖАНым болмағанда. ОСЫ СӘТтің жан тыныштығы, ауыр ойлардан тазаланып , ойды бақылау , өзіме деген құрмет , сенім, менің айналамдағы адамдарды да, мені құрметтеуге икемдеді, мен де оларды құрметтедім. Достарым менің өзгергенімді айтады, өзгеру емес, мен мүлде басқа адам сияқтымын, «ат басындай алтын тауып алғандай» сөздерім нық, жұмысым жылдам, көңілім тоқ. Әркімнің өз періштесі бар, менің періштем, менің ЖАНым! Құдайдың маған берген мол бақыты да осы шығар! Бұл, менің санама, өміріме құйылған құдіретті сәуле! Мұндай бақытты тілмен жеткізу киын шығар, оны тек қана сезіну керек. Бүкіл дүние жүзі, менің жағдайымның жақсы болуын ойлайды, және мені жақсы көреді! Не деген керемет сенім! Ал, ақша табу жолына келсек, егер дәл осындай бақытты сезімде болсам, оған да жетеріме сенемін. Ұлы Рамта айтқандай: « Барлық ұлы істер оңай, шын жүрекпен орындалады!» (Все великое достигается с легким сердцем!) Енді мен жоспар құратын шығармын, немесе не істегім келетінін анықтайтын болармын, мен оны әлі білмеймін, бірақ ол, басқа кітап болары сөзсіз. 

Қазақ тілінде жазылған