Адам қарады: 37692 | Жарияланды: 2018-05-29 03:02:35

Тұран баһадүрлері

 

                                            «Өз  тарихын  білген  халық  бақытты  ғұмыр  кешеді».

                                                                                  Мұхаммед  пайғамбар (с.ғ.с.)

 

                                               «Орыстың  ұлы  ғалымы  Ломоносовтың  қиянатқа 

                                    шыдамай, қыруар  жұмысын  жинап  қойып, тарихпен 

шұғылданғаны  бар. «Неге  бұлай  істедің?» деген 

әріптестерінің  сауалына: «Ұлттық  сананы 

қалыптастыруда  тарихтың  атқаратын  міндетін  өзге 

бірде-бір  ғылым  атқара  алмайды»  деп  жауап  қайырған».

                                                                  Б. Д. Греков «Ломоносов историк.                         

                                                                            Историк материалист» кітабынан.

                       

                                               «Сауатымызды  ашсақ, оның  үстіне  шет  жұрттың 

бірер  тілін  біліп, азды-көпті  жазба  мәдениеттермен  таныссақ 

болғаны, үш   мың  жылдық  тарихы  бар  халқымыздан  отыз 

жастағы  өзіміз  білгір  болып  шыға  келеміз. Халықта  ештеңе 

жоқ  және  ештеңе  білмейтін  секілді».

                                                                       Әзімхан  Тышанұлы, доцент, ғалым,

                                               Шыңжаң  халық  баспасының  аға  редакторы.

 

 

 ТҰРАН   БАҺАДҮРЛЕРІ НЕМЕСЕ   ЕР,  БИ,  НАРДЫҢ   ЕРЛІК   ЖОРЫҚТАРЫ

                    (Тарихи-танымдық,  фантастикалық  хикаят)

                                    

                                               Үркерліктер

      Сарыағаш   кентінің  орталық  көшесі  саябаққа  келіп  тіреледі. Жазда  демалыс  кезі  болғандықтан, балалардың  көбі  осы  саябақта. Майда балалар  ойын  алаңындағы  әр  түрлі  әткеншек, сырғанақтарды  ермек  етсе, ересектері  көбіне  спорт  алаңы  мен  шағын  стадионды  айналшықтайды. Балалардың  тағы  бір  сүйіп  ойнайтын  жері – саябақ   төріндегі  «Ерлік  алаңының»  маңы. Шеңберлене  салынған  алаңның  бір  бүйірінде – ескерткіш-монумент. Онда  дала  қаһармандары, Тұран  ерлері – Алып  Ер  Тоңға, Тұмар  ханым,  Шырақ  батыр,  Мөде  қаған,  Еділ  патша, Тоныкөк,  Күлтегін, Қайыр  хан, Бейбарыс  сұлтанның  қоладан  құйылған  сом  бейнелері  қаһарлы  да  сұсты  көрінеді. Ескерткіш-монумент  «Тұран  қаһармандары»  деп  аталғанымен, балалар  ескерткіш  алдындағы  алаңды  өздерінше  «Ерлік  алаңы»  деп  атап  кеткен. Бұл  алаңды  әсіресе  бір  үйдің  үшем  егіздері – Ертөре, Битөре, Нартөре  сүйікті  орындарына  айналдырған. Үйлері  саябақтың  іргесінде  болғандықтан, уақыттарының  көбін  осы  алаңда  өткізеді. Семсерлесу, күрес, тир  ату, асық  ойындарын  ойнайды  немесе  үшеуі  ескерткіш  алдындағы  орындыққа  жайғасып  алып, кітап  оқиды. Әке-шешелері  олардың  ел  тарихын  сүйіп  оқитынын  және  ерлікқұмарлықтарын  ескеріп, күні  кешегі  13  жас – мүшел  тойларында  үшеуіне  «Дала  қаһармандары», «Қазақ  батырлары», «Тарихи  тұлғалар»  атты  көркем  суретті  әдемі  кітаптар  сыйлаған. Міне, осы  кітаптар  соңғы  кездері  олардың  қолдарынан  түспейді. Ұзынша  орындыққа  жайғасып  алып, біреуі  кітапты  дауыстап  оқыса, қалғандары  оны  ұйып  тыңдағанды  сүйеді. Тіпті  үйлерінде  де  жастанып  оқуды  әдеттеріне  айналдырған.

      Үшем  болғандықтан, үшеуінің  де  түр- келбеттері  егіз қозыдай  ұқсас. Киіп  жүретін  киімдері  де  бірдей. Сол  себептен  былайғы  жұрт  үшеуін  жиі  шатастырады. Ал  ата-аналары  мен  достары  оларды  тек  шаштарына  қарап  қана  айыратын. Үшеуін  түстеп  тану  үшін  әкелері  Еділ  олардың  шаштарын  әрдайым  үш  түрлі  алғызатын.   Ертөренің  кекіл шаштары тікірейіп  тұрса,  Битөренің  төбесінде – желкілдеген  айдар, Нартөреге  екі самайынан   тұлым  қойғызған.  Бірге  ойнайтын  балалар  олардың  аттарының  «төрелерін»  алып  тастап, Ер, Би, Нар  деп  қысқартып  атайтындары  былай  қалып,  кейде  «тұлымды», «кірпі», «айдарлы»  деп  те  атайтын. Ал  үшеуі  оған  ренжімейді,  қайта  сол  ерекшеліктерін  мақтан  тұтатын  сияқты. «Ата-бабамыздан  қалған  шаш  қою  үлгісі  ғой. Біз  сол  ер  бабаларымыздың  ғұрпын  қайта  жандандырдық. Ер  болсаңдар,  сендер  де  сөйтіп  шаш  қойыңдаршы», – дейді. Ал  әлгілер  содан  кейін  жым  болғаны  былай  тұрсын,  олардың  сол  ерекшеліктеріне  ауыздарын  аша  қарап, іштей  қызығып  та  қалады. Бірақ  сондай  ерлікке  тәуекел  ете  бермейді.

      Балалар  бүгін  де  Ер, Би, Нарға  еріп, «Ерлік  алаңына»  келді. Үшемді  орталарына  алып, каз-қатар  тұрды  да, күндегі  әдеттерінше  бабалар  ескерткіштеріне  тағзым  етті. Артынша  бәрі  қолдарын  кеуделеріне  қойып:

                      Біз – Тұранның  ұлдарымыз!

                      Ерлік – басты  ұранымыз!

                      Ойын  да  соған  дайындық,

                      Отаншылдық – жыр-әніміз! –

деп  девиз-ұрандарын  айтты. Содан  кейін  өздері  қалаған  ойындарына  кі-рісіп  кетеді.

       Ақшам  жамырай  балалар  үйлеріне  біртіндеп  тарай  бастады. Біреуі: «Ой, көріп  жатқан  сериалым  басталып  кетті. Мен  жөнелдім» деді. Екін-шісі: «Үйдегілер  күтіп  қалады. Тамақ  ішетін  уақыт  болды» деп, інісін  ер-тіп  үйіне  зытты. Үшіншісі: «Компьютердегі  ойыным  қалып  қойды»  деп, ол  да  тайды. Бір  кезде  алаңда  үшуі  ғана  қалды, айнала төңіректе  қараңдаған адам  көрінбейді. Олар  қобалжыған  жоқ, «Біздің  әке-шешеміз  қызметтерінен  кеш  келеді. Оған  дейін  кітап  оқи  тұрайық» деп, үйреншікті  орындықтарына  жайғасты. Олар  көше  шамының  жарығымен  кітап  беттерін  аударыстырып  қарап, суреттерін  тамашалап, қалың  әсерде  отырғанда, құлақтарына  бір  гуілдеген  дауыс  естілді. Үшеуі  бастарын  көтеріп, дауыс  шыққан  көкке  қарап  еді,  жұлдызды  аспаннан,  шынын  айтқанда,  беріден,  яғни,  ұшақ,  тікұшақ  ұшатындай  жақыннан  асты-үсті  жарқыраған  «тәрелкені»  көреді.  Оның  өткір  сәулелі  шамдары  мың  құбылып  ойнап,   жайымен  жылжып,  ескерткіштің  тұсына  жақындай  берді.

      – Беймәлім  ұшатын  объект! – деді  Нар  таңғалысын  жасыра  алмай.

      – Тура  біздің  төбемізге  ұшып  келеді!  Тез  жасырынайық!

      – Олар  тәрізі, мына  алаңға  қонбақшы!  Жүріңдер, бауырлар,  ана  бұтаның  тасасына  барып,  білдірмей   бақылайық.

      Үшеуі  жылдам  итмұрын  бұтасының  артына   жасырынып, жапырақтарының  арасынан  әлгі  «тәрелкені»  бақылай  бастады.

      «Тәрелке»  айтқандай-ақ,  дәл  төбеге  келіп  «тоқтап»,  астынан  төрт  аяғын  шығарып,  жайымен  лифт  сияқты  төмен  сырғыды  да, алаңның  ортасына  келіп  бабымен  қонды. Бүйіріндегі  есігі  ашылды. Ішінен  адам  кейіпті, жылтырақ  киімді, төбелерінде  антенналары  бар  үш  гуманоид  шықты. Олар  ескерткіштің  алдына  барып,  жан-жағынан  шұқшия  қарап,  монументтегі  батырларды  фотоаппарат  сияқты  құралдарымен  түсіре  бастады. Кенет  біреуі  ескерткіштің  түбіне  төртбұрышты  бір  затты  қойды  да, содан  шыққан  шұбатылған  сымды  кемелеріне  тартты.

      – Ой, олар  біздің  ескерткіштерімізді  жарып  кетпекші!!! – деді  Нар  үрейленіп. Осы  сөздің  сиқыры  әсер  етті  ме, кенет,  бойларын билеген  үрей  сап  жоғалып, кеуделерін  бір  орасан  күш кернеп, үшеуі  де  батылданып  кетті.

      – Жо-оқ! Біз  оған  жол  бермейміз! – деді  Ер  орнынан  атып  тұрып. – Кәне, қылыштарың  мен  қалқандарыңды  алыңдар! Алға, бауырлар! – үшеуі  қаруларын  жарқ-жұрқ  еткізіп,  жүздері  сұстанып,  аяқтарын  нық,  батыл  басып,  алаңға  жетіп  барды.

      – Тоқтаңдар! Қозғалмаңдар! – деп  олар  айбат  шеге  алға  жылжыды.

Гуманоидтар  сол  тұрған  жерлерінен  қозғалмай,  балаларға  таңдана  қарады.

      – Анау  аспаптарыңды  жинап  алыңдар!  Біздің  бабаларымыздың  ескер-ткіштерін  қопарып,  жойғалы  тұрсыңдар!  Біз  жарғызбаймыз! – деді  Ер  өткізгіш-сымды  ұстап  тұрғанына  төне  түсіп.

      – Ә-ә, – деді  олар  балалардың  ойын  түсіне  қойып. – Қорықпаңдар.  Біз  ескерткіштеріңді  жарайын  деп  жүрген  жоқпыз.

      – Онда  мыналарың  не?!

      – Бұл  өткізгіш  қой.  Кемедегі  аппаратқа  жалғап, ескерткіштің  жалпы  табиғатын  зерттейік  деп  едік.

      – Мұндай  обьектілердің  адамдарға  тигізетін  әсер-ықпалын  ұғайық  деп  едік.

      – Ә-ә, онда  зерттей  беріңіздер, – деді  балалар  тез жадырап, сабасына  түсіп. – Сіздер  кімсіздер?  Қайдан  келдіңіздер?  Не  мақсатпен  жүрсіздер?  Біз де  сіздер  туралы  білгіміз  келеді.

      – Біз  сіздер  «Үркер»  деп  атайтын  шоқжұлдыздар  жүйесінен  келдік. Яғни, үркерліктерміз.  Ал, мақсатымыз – сіздер, жерліктер  тұрғызған  мына  сияқты  ерекше  құрылыстар  мен  монументтердің  мән-мақсаты  мен  таби-ғатын  зерттеп -түйсіну. Сөйтіп  жерліктер  туралы  жан-жақты  мағлұмат  жинау.

      – Сендерге  таң  қалып  отырғанымыз, – деді  екіншісі  сөзді  әрі  қарай  жалғап. – Бұрын  жерліктер  бізді  көрген  замат  тұла  бойлары  қалшылдап, қорқып, үркіп,  естерінен  танып  жатушы  еді. Ал  сендер  қорқып-үркудің  орнына,  батырларша  айбат  шегіп, бізге  тап  бердіңдер. Соған  қарағанда, мына  ер  бабаларыңның  ескерткіші  сендердің  бойларыңа  күш-қайрат  пен  рух  дарытатын  сияқты  ғой?

      – Дұрыс  айтасыз, – деді   Би  оны  қоштап. – Біз  батыр  бабаларымызды  мақтан  тұтамыз  және  құрметтейміз. Еліміздің  тарихын  терең  білуге  ұмтыламыз.   Сол  ер  бабаларымызға  ұқсап  біз  де   батыр, қаһарман  болғымыз  келеді.

       – Иә, батыр  бабаларын  құрметтеп,  мақтан  тұтатын, ерлеріне   арнап  осындай  зәулім  де  сәулетті  ескерткіштер  орнататын  биік  рухты  елге  еш-қандай  жау  қорқынышты   емес  шығар. Тіпті  біз  де  сендерден  сескеніп  тұр  емеспіз  бе, – деді  олар  күлімдеп.  – Осы  батыр  бабаларыңның  ерлік  тарихын  білесіңдер  ме?

      – Білгенде  қандай! – деді  үшеуі  нық  та  сенімді  үнмен.

      – Бізге  әңгімелеп  бересіңдер  ме?

      – О-о! – деді  Би  басын  шайқап. – Батыр  бабаларымыздың  ерлік  хи-каяларын  әңгімелеуге  бір  түн  тұрмақ,  бірнеше  күн  жетпейді. Сіздердің  де  уақыттарыңыз  тығыз  шығар.

      – Дұрыс  айтасың.

      – Онда  сізде  көшіретін  аппарат  бар  ма?  Біздегі  мына  кітаптарда  барлығы  жазылған, – деп  қолдарындағы  кітаптарды  көрсетті.

      – Иә, бар, – деді  де  біреуі  жылдам  барып, ескерткіш  түбіндегі  әлгі  аппаратты  әкеліп, қақпағын  ашты  да, балалар  берген  үш  кітапты  соған  салды. Бір  минут  өтті  ме, өтпеді  ме, қақпағын  қайта  ашып, кітаптарды  балаларға  қайтарды. – Көшіріп  алдық. Үлкен  рақмет  сендерге.

      – Сіздерге  жақсы, – деді  Нар  таңданғанын  сездіргісі  келмей. – Сонау  ғарыш  түкпірінен  «тәрелкелеріңізбен»  ұшып  келіп, жеріміздің  табиғатын  ұңғыл-шұңғылына  дейін  зерттейсіздер.  Керекті  мағлұмат,  деректерді  жылдам  көшіріп  ала  қоясыздар.  Ал  біз  болсақ  ертеде  өткен  батыр  бабаларымыздың  ғұмыр-деректерін  қанша  оқыдық  десек  те, үзіп-жұлып  қана  білеміз. Шіркін, сіздер  сияқты  біз  де  ата-бабаларымыздың  дәуіріне  саяхат  шегіп, ғұмыр-тұрмыстарын  ұңғыл-шұңғылына  дейін  зерттей  алсақ  қой.

      – Оның  ешқандай  қиындығы  жоқ ,– деді  үркерліктердің  бірі  кеуде-сіндегі  қобдишадан  медальон-тұмар  сияқты  бір  затты  суырып  алып  жа-тып. – Біз  де  сендердің  биік  рухтарың  мен  ер-жүректіктеріңді, батыр  ба-баларыңа  деген  сүйспеншіліктерің  мен  отаншылдықтарыңды  құрметтеген-діктен, берген  дерек-мәліметтеріңе  риза  болғандықтан, мына  «Кеңістік сағаттарын»  сендерге  тарту  етпекпіз, – деп, үшеуіне  үш  сағат  ұстатты.

       – Мойындарыңа  іліп  немесе  қолдарыңа  тағып  алыңдар. Бетіндегі  мына  айнасын  бассаңдар, экраны  ашылады.  Барғыларың  келген  заманның уақыт  өлшемдері – секөнд, минут, сағат, ай, жыл, ғасыр, дәуірлерді  көрсетеді. Осы  сағат  арқылы  тарих  қойнауында  қалған  өткен  дәуірлерге  де, болашаққа  да  кеңістік  ауыстырып, саяхат  жасай  аласыңдар.

       – Ежелгі  дәуірлерге  де  барып  келе  аламыз  ба? – деді  Ер  қуанышын  жасыра  алмай,  жүзі  алаулап.

       – Иә, ол  үшін  уақыт  белгілерін  барғыларың  келген  жыл, ғасыр, дәуірге  қойып,  картасына  бойлық-ендіктері  мен  мекен-тұрақтарын  түсіріп,  туралайсыңдар  да, мына  түймесін  басып  қаласыңдар. Сол  мезет  өздерің  тұрған  кеңістік  өзгеріп,  қалаған  дәуір,  қалаған  жерден  шыға  келесіңдер.

      – Ал, кері  оралу  үшін  ше?

      – Онда  мына  көрсеткіштерді  бүгінгі  заманға  туралайсыңдар. Түсідіңдер  ме?

      – Түсіндік.

      – Онда, балалар, біз  жиналайық. Ал, арман-тілектерің  орындала  берсін. Көріскенше.

      – Сіздердің  де  жолдарыңыз  болсын!  Көріскенше!                                                                 

      Үркерліктер  құралдарын  асықпай жинап,  кемелеріне  беттеді. Басқышпен  көтеріліп  кемелеріне  кірді  де, есіктер  жабылды.  Бір  кезде  қозғалтқыш  іске  қосылып, жерден  баяу  көтерілді  де, асты-үсті  жарқырап, көбелектей  шыр  айналып, бірте-бірте  алыстап, жұлдызды  аспанның  түнегіне  нүктедей  кішірейіп  сүңгіп  кетті.

      – Алақай! «Тілегенің  алдыңнан  іздемей-ақ  табылар!..»  – деді  Нар  Алтынсариннің  екі  жол  өлеңін  айтып.

      – Табылады!!! – деді  қалған  екеуі  де  қуана  сағат  ұстаған  қолдарын  жоғары  көтеріп.

      – Көптен  армандаған  аңсарлы  тілектерімізге  жететін  болдық!!!

      Үшеуі  күш  пен  жеңіс, шарапат – бірлікте  дегеннің  белгісі – жұдырықтарын  түйістіріп,  артынша  түйілген  қолдарын  көкке  көтерді.

      – Енді  Алла  қаласа, батыр  бабаларымыздың  заманына  жорыққа  шыға-тын  мүмкіндігіміз  бар.

      – Онда, бауырлар,  жорыққа  дайындалайық!

      – Жорыққа  дайындалайық!!!

                                                        ***

      Ертеңінде  үшеуі  Әлімтаудың  бір  қиырында  жайлау төрінде  отырған  Жұмабай  аталарының  шаңырағынан  табылды. Аталарының үйіне  бір  күн  қонып, ата-әжелеріне  деген  сағыныштарын  басып,  ертеңіне  олармен  бірге  таңғы  шайға  отырған. Шай  үстінде  Би сөз бастады:

       – Ата, әже, біз  жыл  сайын  жазғы  демалысымызды  сіздердің  жанда-рыңызда  өткізіп, жылқы  бағуға  қолқабыс  тигізуші  едік  қой. Бұл  жолы  жоспарымыз  өзгеріп,  жайлауға  шыға  алмайтынымызды  ескерткелі  келдік. – деді  қарияларға  еркелей  қарап.

      – Бізге  бәсіреге  берген  аттарыңыз – Ақбозат,  Көкбозат, Тоқбозатты  мініп  қайтсақ  деп  едік. Соған  қалай  қарайсыздар?

      – Иә, тай-құлын  кезінен  мініп  өскен  өздеріңнің  аттарың  ғой. Өздері  де  елеңдеп,  сендерді  сағынғандай  елегзіп, күтіп  жүрген. Жылқының  жайын  білетін  жылқышы  балалар  емессіңдер  ме, мініңдер, рұқсат. – деді  аталары  мейірленіп. – Бізге  көмекшілікке  өзге  немерелеріміз  де  жетеді.

      – Ой, шалым-ау, бұлардың  орны  бөлек  емес  пе? Не  деп  кеттің?! – деді  әжелері  жік-жаппар  болып. – Әне  бір  жылы  бұл  айналайындар  ала  жаздай  бағып  жүрген  бір  үйір  жылқыңды  түз  тағыларына  бермей, аман  алып  қалған  жоқ  па?  Өзге  немерелерім  бұлардың  орнын  баспақ  түгіл, тырнақтарына  да  татымайды, – деп, әжелері  осыдан  екі-үш  жыл  бұрынғы  бір  оқиғаны  еске  түсірді.

       – Әрине, әрине, бұл  немерелерімнің  орны  бөлек  қой. Оған  дау  жоқ,– деп  жатыр  аталары  да  қауқылдап. – Менің  айтпағым, «орнын  жоқтатпайтындар  бар,  шүкір»,  дегенім  ғой.

      – Ә, солай  демейсің  бе, – деді  әжелерінің  де  көңілі  орнына  түсіп.

      Ал, әжелері  айтқан  әлгі  оқиға  былай  болған. Қариялар  сол  күні  бір  жұмыстарымен  ауылға  кетіп, жылқы  басында  Ер, Нар, Би  үшеуі  қалған  еді. Ерік  өздеріне тиіп, шеуі  қыр  басында  өздерінше  алысып  ойнап  жүрген. Бір  кезде  сай табанында  бабымен  жайылып  жүрген  жылқылар  дүрлігіп, Торы  айғырдың  әрі-бері  ойқастап  шапқылап,  шұрқырап-кісінеп,  есі  шыққаны. Балалар  елең  етіп, «не  болды  екен»  деп  анықтап  қарап  еді, қой  тастардың  арасынан  қараң  еткен  бір  қасқырды  байқап  қалды.

      – Қасқыр! – деп  үшеуі  дереу  төңіректерінде  шалғында  жайылып  жүрген  аттарына  қонып, «ит-құс  келіп  қалса»  деп  аталары  сақтықпен  қалдырып  кеткен  бұзаутіс  қамшыларын  көкке  үйіріп, «қиқулап»,  сайға  қарай  жөңкіле  шапты. Жақындағанда  байқаса, қасқыр  біреу емес, бес-алтау  екен. Балалар  сол  екпіндеген  күйі  қасқырлардың  алдынан  кесіп  өтіп,  төбелерінен  қамшы   үйірді.   Айналып  келіп,  үсті-үстіне  соққылап,  жасқап,   соңдарынан  түре  қуып, екі  бөлтірігін  соғып  алған.

      Ауылдан  түс  ауа  қайтып  келген  атасы  мен  әжесі немерелерінің  бұл  ерлігіне  риза  болғаны  сондай,  үшеуіне  үш  құлынды  бәсіреге  байлап  берген.  Соғып  алған  қасқырларының  терілерін  де  «ауылға  апарып  көрсетіңдер,  өздерің  түсірген  олжаларың  ғой!»  деп  беріп  жіберген. Сол  еншілеген  бәсірелері  биыл  дөнен  болып,  үшеуін  Ақбозат,  Көкбозат, Тоқбозат  деп  атап, әр  келген  сайын  жандарына  серік  етіп,  шапқылап  мініп  жүрген. Бүгінгі  келістерінің  жөні  мынау.

      Олар  жолға  жиналарда  аталарынан  бата  сұрады.

      Аталары:

      – Ал,  балаларым,  қолдарыңды  жайыңдар, – деді  де:

                     Бір  Тәңірім   жарылқасын,

                     Кімді  жарылқаса,  соның  жағында  қылсын.

                     Жортқанда  жолың  болсын,

                     Жолдасың  Қыдыр  болсын!

                     Адассаң,  жолға  салып  жүрсін,

                     Сүрінсең,  құлатпай  алып  жүрсін.

                     Мың  бәле,  жүз  қатерден,

                     Аман-сау  қағып  жүрсін!

                     Ақ  батам  қабыл  болсын,

                     Қабылдаушы  қадір  қылсын!

                                                           Әумин! –

деп,  немерелерін  бір-екі  бел  асырып  шығарып  салды.

      Олар  жолда  келе  жатқанда, Би  кенеттен  мынадай  сауал  қойды:

      – Біз «Кеңістік сағаты»  арқылы  батыр  бабаларымыз: Алып  Ер  Тоңға,  Тұмар  ханым,  Мөде  қаған,  Шырақ  батырлардың  заманына  жорық  жа-сағалы  жүрміз.  Бірақ  біздің  бойымызда  олар  елеп-ескерердей  қандай  ерекше  күш-қасиет  бар?  Немесе  олардың  сый-құрметіне  бөленердей  қандай  ерлік  жасамақпыз?  Міне, соны  ойладыңдар  ма,  бауырлар? – дегені.

      Бой-бітімдері  еңселі  де  сүйріктей  жараған  тұлпар  мініп,  көңілдері  лепіріп  келе  жатқан  бауырлары  кенет   ойланып  қалды.

      – Сен  біздің  әдемі  ой-қиялымызды  бұздың  ғой, – деді  Ер аузын  бұр-титып. – «Қандай  ерекше  қасиет»  дейсің.  Біз  күнде «Ерлік  алаңында» әскери  ойындар  ойнап,  күресіп,  семсерлесіп,  тир  мен  садақта  көздеп  атуды  үйреніп,  шыңдалып  жүрміз  ғой. Бұлар  ерекше  қасиет  емес  пе?

      – Әр  жазғы  демалысымызды  жайлауда  өткізіп,  аң  аулап,  із  кесіп,  бәсіре  аттарымызды  үйретіп, көкпар  тартып,  бәйгелерге  қатыстық. Бұл  жаттығулар  да  ерекшелік  емес  пе?

      – Біріншіден,  біздің  бойымыздағы  бұл  ерекшеліктер  ерте  замандағы  ата-бабаларымыз – олар  үшін  қалыптағы  жағдай, – деді  Би  бауырларына  сынай  қарап. – Олар  туа  салып,  көзін  ашқаннан  ат  құлағында  ойнап,  соғыс  өнерін  үйреніп,  игеріп  ер  жетеді.  Ендеше  олар  бізді  не үшін,  қандай  қасиеттеріміз  үшін  құрметтеп, өздеріне  тең  санап,   жандарына  серік  етуі  тиіс?  Екіншіден,  олар  онсыз  да  ерлік  пен  қаһармандықтың  үлгісін  көрсетіп,  тарихтан  ойып  орын  алды.  Ал,  біз  қандай  ерлік  жасап, оларға  қандай  үлгі  көрсетпекпіз?  Соны  ойландыңдар  ма?

      Ана  екеуі  жауап  орнына  иықтарын  көтеріп,  жүздері  бозарып,  көздерімен  жер  шұқып, бастары  салбырады...

            

 

 

 

 

 

 

 

«Түрік,  ол  елінде  жүргенде  бақалшық  қауашағына  жасырынған   маржан  сияқты, оның  қадір-қасиетін  танып, бағалап  жатпайды. Ал ол  бақалшықтан  сыртқа  шыққанда  бағасы  еселеп  артып, патшалар  тәжі    

мен  сұлулардың  мойын, құлақтарын  безендіретін  асылға  айналады».

Алып  Ер  Тоңға (Афрасиаб), ер түркілердің  кемеңгер    патшасы.

                                                                                  

«Назар салсаң, бұл түркінің бектері,

Жаһанның әз бектері, асыл тектері.

Түрік  бектері  ішінде  атын  асырған,

Алып Тоңға  Ер  еді, құты  тасыған».

                                                                        Жүсіп Баласағұн, «Құтты  білік» XI-ғасыр.

 

                                          Сақа   мейрамы

 

      Жолға  тас-түйін  қамданған  Ер, Би, Нар  аттарының  басын  «Ерлік  алаңындағы»  бабалар  ескерткішінің  алдына  әкеліп  тіреді.

      – Тарих  қойнауына  сүңгитін  жорығымыздың  басын  қайсы  кезеңнен  қайырсақ    екен? – деді  Нар.

      – Әрине, Алып  Ер   Тоңға  заманынан  бастаймыз, – деді  Би  алдындағы  бабаның  алып  мүсініне  қарап  тұрып. – Өйткені,  тарихи  танымымызды 

кітаптың  алғашқы  беті  сияқты  ең  ежелгі  дәуірден  бастаған  дұрыс  емес  пе. Ал  Алып  Ер  Тоңға  заманы – біздің  дәуірімізге    дейінгі  VII  ғасыр.

      – Ендеше  VII-ғасырдың  қай  жылдарына  сүрен  саламыз?    

      – Меніңше  «Кеңістік сағатымызды»  біздің   дәуірімізге  дейінгі  626-625  жылдардың  аралығына  туралайық. Өйткені, дәл  осы  жылдарда  бабамыз  Алып  Ер  Тоңғаны  парсы  патшасы  Кейхосрау  алдап  қонаққа  шақырып, оны  нөкерлерімен  бірге  у  қосылған  шарапқа  тойдырып, қырып  тастамайтын  ба  еді. Біздің  мақсатымыз, соның  алдын  алу, бабаларымызды  апаттан  құтқару  емес  пе.

      – Иә  дұрыс  айтасың, – деді  Ер  тісін  қайрап. – Біз  бабамызды  құтқар-уымыз  керек. – Ойланып  барып:

      – Бауырлар,  ежелгі  дәуірден  жеткен   «Алып  Ер  Тоңға»  дастанындағы  мына  жолдар   естеріңде  ме:

                           Алып   Ер  Тоңға  келеді,

                           Жүз  мың  әскер  ереді,

       Оған  Би  мен  Нар  қосылады:

                           Жүз  мың  жебе  кереді,

                           Жер   қайысқан  қол  еді.

                           Тәңір  сүйіп   жаратқан,

                           Әлемді  өзіне  қаратқан,

                           Қаһарын  жауға  таратқан

                           Көк  тәңірінің  ұлы  еді!

      – Кәне, бауырлар,– деді  Ер  бауырларына  кезек-кезек  қарап. – Сағатымызды  көне  дәуір – біздің  дәуірімізге  дейінгі  626  жылдың  Наурызына  туырлайық.

      Үшеуі  де  жеңдерін  ысырып,  «Кеңістік  сағаттарының»  айналарын  бас-қылайды. Содан  кейін  оң  қолдарын  кеуделеріне  қойып, ұрандарын  екпін-мен  айтады:

                           Біз – Тұранның  ұлдарымыз,

                           Ерлік – басты  ұранымыз!

                           Жорыққа  сай,  дайынбыз,

                           Текті  елдің  қыранымыз! –

       Үшеуі  де  сағаттарының  түймесін  сырт  еткізіп  басып  қалады.

                                                                 ***

       Біздің  дәуірімізге  дейінгі  626  жылдың  Наурыз  айы.  Парсы  елінің  Нейнәва   қаласының  маңындағы  басы  жайпақ, ат  шаптырымдай  жазық  кең  жота. Алып  Ер  Тоңғаның  қалың  әскері  Ұлыстың  ұлы  күні – Наурыз  мерекесін  тойлау  үстінде. Көк  жотаның  бір  қанатында  күрес, жамбы  ату, садақ  тарту,тағы  басқа  сайыс  өнері  қызу  жүріп  жатыр.  Сай  жақтан    көкпаршылардың  қиқу  салып  даурыққан  дауыстары  естіледі. Жонның  екінші  қанатында  қазан-қазан  ет  асылып, көже   қайнатқан, саба-саба  қымыз  піскен  қызылды-жасылды  киінген  әйелдер.

       Жасыл  жонның  орта  тұсындағы  мереке   үшін  арнайы  тігілген  еңселі, кең  асырда*  да  думан  қызған. Үсті  мол  тағамнан  қайысқан  үлкен  дас-тарқанда  төңіректегі  тайпа  көсемдері  мен  ақсақалдар, билер  мен  қол-басшылар  жайғасқан. Төрдегі  кең  иықты, еңселі, алып  денелі  кісі  өзге-

лерден  ерекше  көрінеді. Бәрі  ақ  сақалды, ақ  киімді  бір  күйшіні  ортаға  алып, соның  қобызбен  егіле  тартқан  күйін  қорғасындай  балқып,  қымыз  ішіп  балбырап  тыңдау 

 

 

Асырда* – хандарға  арнайы  тігілетін  зәулім,  кең  жорық үйі.

үстінде. Үздіге-создыға  шыққан  күй  әуені  қай-қайдағыны  еске  түсіріп,  жауынгерлерді  бір  күрсінтіп  алып  еді. Жүректі  езген  көне  күй  буырқанып  аяқталғаны  сол  еді,   іштегі-сырттағы  жауынгерлер: «Ой,  бәрекелді,  күйші   ата!   Туған  елді  еске  түсіріп,  бір  жасап  қалдық  қой!»  деп,  қошемет  сөздерін  жаудырды.  Лепес,  тілектер  сұйыла  бергенде  ішке  бас  күзетші  кірді. Ол  төрдегі  алып  денелі  әлгі  кі-сіге  қарап  тұрып:

       –  Хан  ием,  қияндағы  жұрттан  келген  үш  бозжігіт  Сіздің  алдыңызға  кіруге  рұқсат  сұрайды. Қалай  бұйырасыз? – деді  басын  иіп.

       –  Рұқсат,  кірсін.

       Бәрі  есікке  қарап  елеңдей  қалған.  Ер, Би, Нар аяқтарын  кібіртіктеп  басып  ішке  кіреді.

       – Кәне, бұл  жігіттерге  көже  құйыңдар!

       Үш  даяшы  оларға  бір-бір тостақтан  көже  ұзатты.  Үшеуі  ыдыс  толы ұлыс  көжені  бір  деммен  төңкере  ішіп, босаған  тостақты  қайтып  берді.

       – Бәрекелді!  Ұлыстың  ұлы  күні  жақсы  ас  қалғанша,  жаман  қарын  жарылсын  деген.  Ал,  енді  бұйымтайларыңды  айтыңдар.

       Үшеуі  бірден:  

       – Хан  ием! Бізді  өз  қосыныңызға  қабылдап  алуыңызды  өтінеміз.  Сізге  адал  қызмет  еткіміз  келеді! – деді.

     Бәрі қыран-топан күліп  жіберді.  Алып  кісі:

     – Сендерді «қияндағы  жұрттан»  дегенге,  өзге  елден  келген 

жатжаұттық  екен  десек,  түркіше  сөйлегендеріңе  қарағанда,  өз  тумамыз  екенсіңдер  ғой.  Қандай  өнерлерің  бар?

     – Ән  айтып, күй  тартамыз...  Ым...

    Іштегілер үйді  бастарына  көтере күліп  жатыр.

     – Ал,  жауынгерлік  өнерлерің  ше?

     – Садақ  ату,  қылыштасу,  күрес...

     – Кәне,  үшеуіне  иақ  беріңдер!

     Үш  қарашы  үшеуіне  оғымен  үш  мүйізді  садақты  ұстатты.

     – Сырттағы, жамбыларды  көрдіңдер  ме?

    Балалар  арттарына  қарап еді, биік  бағандарда  ілулі  тұрған  теңгедей жылтырақ заттарды  көріп,  бастарын  изеді.

    – Соларды  атып  құлатыңдаршы!

      Үшеуі  садақтарын  оқтап,  адырналарын  жайлап  тартып,  жамбыларды  асықпай,  ыждахаттылықпен  көздеп ,  атып  қалады. Бірақ  үшеуінің  де  оғы  жамбыға  тимей,  жанай  өтеді.

      – Наш- а-ар! Кәне,  енді  біздің  жігіттерді  шығарыңдар. 

      Ортаға  үш  жігіт  шығады  да, оқтаулы  жақтарын  бірден  көтеріп, көздемей  атып  жібереді.  Үш  оқ «зу- у»  етіп,  жамбыларды  атып  түсіреді.

      Алып   кісі  үшеуіне  сынай  қарайды:

      – Қалай  екен?!. 

      – Мергендеріңіз  мықты  екен.

      – Ал, енді  үш  балуанды  шығарыңдар!

      Ортаға  желкелері  күжірейген, бұлшық  еттері  бұлт-бұлт  еткен  үш  балуан  шығады. Бір  қарағанда,  кескін-келбеттері  алып  бұқадай  бұл  үшеуін  бойлары  сырықтай  бауырлардың  алып  та, шалып  та  жығулары    мүмкін  еместей  еді. Бірақ  Нар  екі  жағындағы  бауырларына  кезек  қарады  да:

      – Бұлардың    қолына  түссек, үшеумізді  үш  бүктеп,  лақ  құрлы  көрмей  атып  ұрады. Сол  себепті,  қолдарына  түспеудің  амалын  жасап,  каратэ  тә-сіліне  салып, қарақұстарынан  теуіп-теуіп  құлатайық. Басқа  амалдың  бәріне  бұлар  мыңқ  етпейді, –  деді.

      – Дұрыс  айтасың, сөйтсек-сөйтейік!

      Үш  балуан  үш  жақтан  анталап  жақындай  бергенде,  бұлар  олардың  уысына  түспей  бұлт-бұлт  етіп,  сытылып  шығып  кетеді.  Осылайша  олар жолбарыстың  алдындағы  мысық  сияқты  ептілік  көрсетіп  жүреді  де,  кенет  үшеуі  келісіп  қойғандай  бір  көз  ілеспес  шапшаң  қимыл-әрекетке  барады. Олар  мысықша  көкке  секіріп, шыр  айналады  да, бар  екпіндерімен  балуандардың  қарақұсынан  теуіп-теуіп  өтеді. Қатты  соққыдан  есеңгіреген  балуандар  жерге  кескен  теректей  гүрс-гүрс  құлайды.

      –О - о - о!!!

      – Әп, бәрекелді, жарайсыңдар, жігіттер!

      – Бұл  жолы  ерледіңдер!.. – деп қауқылдай  даурығысты  жұрт.

      Алып  кісі  де  таңданысын  жасыра  алмай  басын  шайқап,  нөкерлеріне  қарайды:

      – Бұл  жігіттерге  үш  торғауыт  сауыт  пен  қару-жарақ  беріңдер! Қосыныма  қабылдадым! – дейді  өктем  үнмен.

    Бауырлар  «Ур-а-а!»  деп  бір-бірін  қаусыра  құшақтап,  қатты  қуанысты. Сол  лепірген  күйлерін  жасыра  алмай,  үшеуі  жұдырықтарын  түйістіріп, түйілген  қолдарын   серпе  көкке  көтерді.                                          

    Үшеуі  сыртқа  шығып, сауыттарын  киініп  қайтып  келіп  еді:

  • О, бәрекелді!  Жауынгерлік  сауыттарың  құтты  болсын!
  • Бұларды  сайыпқыран  батыр  деуге  енді  жарады! деп  лепірді  жұрт.

Бауырлар  бұл  жолы  марапат-мақтауға  оншалықты  еліккен  жоқ.  Оның орнына:

     – Дат, тақсыр! – деді тосыннан.

     – Датың  болса, айт!

     – Біз  сізге  әрқайсымыз  бір-бірден  сауал  қойсақ  деп  едік.

      – Қойыңдар  сауалдарыңды!

      Бірінші  Ер  шығады  алға:

      – Тақсыр, осы  өңірден  бастап  сонау терістіктегі  Қап  тауы*  мен  парсының орталығына  дейін  сұғына  жатқан  елді  Мидия, Мад  елі  дейді. Сол  жұрт  сіздің  атыңызға  байланысты  қойылған  ба? Соның  анық-қанығын  білсек   деп  едік.

      – Бұл  сұрағыңа  менің  оң  қол  биім  жауап  берсін.

      Оң  қол  би  тамағын  кенеп, жанындағы  Алып  кісіге  көз  қиығымен  бір қарап  алып,  сөзін  бастады:

      – Бұл  кісіні  ел-жұрты  қошеметтеп  Алып  Ер  Тоңға  деп  атағанымен, шын  аты – Мәди. Ал  парсылар  бұл  кісінің  атақ-даңқынан,  қаһары  мен  жеңімпаз,  жаугершілік  жорықтарынан  үріккенінен  «Афрасияб»  деп  атайды. Афрасияб  парсыша – «жан  түршігерлік  қорқыныш  пен  үрей  әкелетін  адам»  деген  ұғымды   білдіреді. Яғни, бұл  кісінің  аты  аталған  жерде  парсылардың  жылаған  баласы  сап  тыйылып, өздері  қорқыныш  пен  үрейге  бой  алдырады.

      Дәл  осы  тұста  Алып  Ер  Тоңға  қабағын  түкситіп, көзін  алартып, ұртын  торситады  да:

      – Қалай, мен  қорқынышты  құбыжыққа  ұқсаймын  ба? – деп, өзі  шыдай  алмай  қарқылдап  күліп  жібереді. Қалғандары  да   қыран-топан  күлкіге  ерік  береді.

      Оң  қол  биі  сөзін  әрі  қарай  жалғайды:

      – Біздің  бұл  парсы  жұртын  билеп-төстеп  келе  жатқанымызға  екі мүшел, төрт  жыл  болды.

      – Яғни, жиырма  сегіз  жыл! – деді  Ер.                              

      – Иә, дұрыс  айтасың. Бір  ұрпақтың  өміріндей  уақыт  осы  өңірді  жайлап,  билеп, қоныстанып  отырғаннан  кейін  біздің  жұртты  «Мәди  елі» демей  не  дейді?!

      Енді  алға  Би  шықты:

      – Көктен  түскен  қасиетті  төрт  кітаптың  бірі  Тауратта (Библияда) былай  делініпті: «О, Израиілдің  шаңырағы, мен  сендерге  алыс  солтүстіктен  қара  нөпір  халық  әкелдім. Бұлар – көне  халық, мәңгі  жасайтын  халық, оның  тілін  сендер  білмейсіңдер, не  айтқанын  ұқпайсыңдар. Қалқаны – ашылған  қабір  сияқты. Қолдарында  садақ  пен 

 

 

Қап  тауы* – бүгінгі  Кавказ.

найза. Олардың  барлығы  да – баһадүрлер. Сенің  егініңді   таптайды, қыздарың  мен 

ұлдарыңды  қорлайды,  ірілі-ұсақты  малдарыңды  сояды, жүзімдіктерің  мен  бақшаларыңды  отайды. Сен  сенген  қалаңның  қамалдарын  болат  семсерімен  жермен  жексен  етеді. Бірақ  сол  күндері, мен  сендерді  қолдап, жебеймін» – депті  Яхва  құдайлары. Бұл  туралы  не  дейсіздер? Сіздер,  сақтар,  шынымен-ақ  олар  айтқандай  жауызсыздар  ма?

      Алып  Ер  Тоңға  дәу  басын  шайқап,  кеңк-кеңк  күлді  де, енді  сол  жағындағы  нөкеріне   қарап:

      – Бұл  сауалға,  менің  сол  қол  биім,  сен  жауап  берші, –  деді  мейірлене.

      Сол  қол  биі  де  бұл  сауалды  күтіп  отырғандай  шешіліп  сөйлеп  берді:

      – Біз  парсы  жұртын  ғана  жаулап,  қол  астымызға  қаратып  қоймай, батыста  сонау  Вавилон, Ассирия, Палестина  патшалықтарының  жерін  де  атымыздың  тұяғымен  таптап, тізе  бүктірдік. Ал  ар  жағындағы  Мысыр, Элам  жұрты, мына  түстік  бүйрдегі  Үнді  жұрты  бізге  бас  иіп, салық  төлеп  келеді.  Егер  қажет  болса,  оларды  да  баса  көктеп,  жерлерін  жаулай  аламыз.  Бірақ  біз  олар  айтқандай  жауыздыққа, ұрлық-қарлыққа  бой  берген  емеспіз. Рас,  қарсылық  көрсеткендерін  аяусыз  жаншыдық, қарсылықсыз  бас  игендеріне  рақымшылық  жасадық.  Қорыққан  бұрын  жұдырықтайды  дегендей,  олардың  салып  жатқаны  құр  байбалам  ғой. Сендер  соны  айтып  жатқан  боларсыңдар?

      Би  қанағаттандым  дегендей  басын  изеді. Енді  алдыға  Нар  шықты:

      – Дүние  жүзіндегі  ең  көне  «Авеста»  деген  кітап  бар. Бұл  кітапта  жер  бетіндегі  ең  ежелгі, алғашқы  дін – зороастр  дінінің  негіздері  мен  қағида-лары  жинақталған. Осы  діннің  ұйытқысы  Заратуштра  пайғамбар  мен  Тұран  даласының  өкілдері, арий  жұрты  және  сіз  жайлы  да  әңгіме  қоз-ғалады. Менің  сұрайын  дегенім, Заратуштра  пайғамбар  мен  сіздің  ара-ңызда  қандай  байланыс  бар? Міне, сол  жөнінде  білсек  деп  едік.

      – Ә, сен  Зәрдаш  пайғамбар  туралы  айтып  тұрсың  ғой, – деді  Алып  Ер  Тоңға  бурыл  тартқан  қаба  сақалын  тарамдап.  – Ол  біздің  туған  ғой,  Бозаттының  баласы.  Хазар*  мен  Арал  маңында  түйе  бағып,  ой  қуып  жүріп,  пайғамбарлықты  нәсіп  еткен.  Бір  Тәңір – Күн  Тәңіріне  ғана  сиы-нуды  уағыздағаны  үшін  тұрандықтардың  қысымына  ұшырап,  парсы жұртынан  пана  тапты. Сый-құрметіне  бөленіп,  дінін  таратты.  Жалпы  оның  уағызында  көп  пайдалы  жайттар  бар.  Мен  Зәрдаш  бабамыздың  хақ  дініне  осы  жерде  көз  жеткізіп,  бабамыздың  ілімін  өз  халқына 

 

 

Хазар* – Каспий  теңізі.

қайтаруды  парыз  санап  жүрмін. Елді  бір  қаған  билейтіні  қандай  хақ  болса, жер-дүниені  де  бір  Тәңірі  билейтіні  сондай  хақ  емес  пе.  Бізді  осы  бірлік  байланыстырып  тұрған  шығар. Ал, Әуезді  кітап  дегеніңді  мен  білмейді  екенмін.

      – Ер  баба,  «Авеста»  деңіз,  оны  білмейтін  де  жөніңіз  бар. Ол  кітап  сіздердің  заманыңыздан  V  ғасыр  кейін  барып  дүниеге  келген  ғой.

      – Сен  бала,  көріпкелсің  бе,  мұның  бәрін  қайдан  білесің?..  Е,  мейлі,  мұның  бәрін  кейін  сұрастыра  жатармыз. Ал,  қазір...

      Дәл  осы  кезде  сырттан  қарашы  кіріп:

      – Хан  ием, қиырдағы Мысыр  елінен  елші  келді. Қабылдауыңызды  сұрайды, – деді  басын  иіп.

      – Кір - сін! – деді  Алып  Ер  Тоңға  екпінмен.

      Жанында  екі  зәңгі  серігі  бар  ұзын  бойлы  қара  сұр  кісі  кіріп  келді.  Ол  сырты  оймышталып, алтындалған  папирус  қағазының  орамасын  жазды  да, үзіп - үзіп  былайша  оқып  шықты:

      – Жер  жүзінің  жартысынан  көбін  жаулап  алған, ұлық та жеңімпаз  әміршім!  Мысыр  елінің  патшасы  Нехо  перғауын  Сізге  жалынды -жалынды  сәлем  жолдайды. Сізге  деген  құрмет  пен  берілгендіктің  өтеуі  ретінде  екі керуен  асыл  бұйымдар  мен  алтын-күміспен  көмкерілген  тарту-таралғыларды  перғауынның  мерекелік  сый-тартуы  ретінде  қабылдауыңызды  сұраймыз. Және  сонымен  бірге  әр ай  сайынғы  алым-салықты  да  уақтылы  жеткізіп  тұруға  міндеттенеміз. Соның  өтеуі  ретінде  біздің  елімізге  әне-міне  басып  кіруге  дайын  тұрған  қосыныңызды  тоқтатуға  бұйрық  беруіңізді  өтінеміз. 

      Сіздің  атақ-даңқыңыз  аспандап,  қазынаңыз  молая  берсін  деген  ізгі  тілекпен  Нехо  перғауын».

      Елші  айтып  болдым  дегендей  қолын  кеудесіне  қойып,  басын  иді.  Қолындағы  ораулы  папирусты  Алып  Ер  Тоңғаның    нөкеріне  берді  де,  өзі  бұрынғы  орнына  кері шегінді.

      – Мейлі, Мысырға  шабуыл  жасауға  асықпай-ақ  қояйын, –деді Алып  Ер  Тоңға  елшіге  сынай  қарап. – Дегенімен,  Нехо  перғауыныңа  айтып  бар,  алым-салығын  бұрынғыдан  екі  есе  көбейтсін,  сонда  ғана  өтініштерің  орындалады. 

      – Болсын,  тақсыр! – деді  елшілер  тағы  да  иіліп  тағзым  етіп. Сол  күй-лері  бір  бүйірге  шегініп,  шеткерірек  барып  тұрды.

      – Даяшылар  қайда,  бұларға  да  кесені  толтырып  наурыз  көже  құйсын.  Өздері  жарытып  тамақ  ішпей  ме,  арық  қатпа  екен.  Елдеріне  біраз  шыр  жинап  кетсін.

      Айнала  отырғандар  патшаларының  сөзіне  тағы  рақаттанып  күліп  алды.

      Даяшылар  оларға  көже  толы  кесені  ұсынып  жатқанда,  сырттағы  қарашы  қайта  кірді:

      – Хан  ием,  Кейхосрау  шах  хатшысын  жіберген  екен,  алдыңызға  кірсін  бе?

      – Бұл  жиен  нағашысын  не  себептен  еске  алып,  керек  етіп  қалды?  Кірсін.

      – Кейхосроуды  неге  жиен  дейді? – деді Нар  Бидің  құлағына  сыбырлап.

      – Өйткені,  оның  әкесі  Сияуыш  тұрандық  қызға  үйленген.

      – Сияуыш  Алып  Ер  Тоңғаның  қолынан  мерт  болған  жоқ  па  еді?

      – Иә,  кескілескен  бір  соғыста  Алып  Ер  Тоңғамен  жекпе-жекке  шы-ғып,  ажал  құшты.  Ал  баласы  Кейхосрау  әкесінің  орнына  таққа  отырыпты  ғой.

      Осы  кезде  сусар  бөрік, түйе  жүн  қоңыр   шапанды  хатшы  кіріп  келді  де,  иіліп  тағзым  етті.

      – Ұлы  тәңірқұт!  Кейхосрау  Сізді  Ұлыстың  ұлы  күнімен  құттықтап,  дұғай-дұғай  сәлем  жолдады.  Егер  мүмкіндігіңіз  болса,  бүгін  жиеніңіздің  мерекелік  дастарқанының  құрметті  қонағы    болса  екен  деп,  ілтифат  етті.

      Алып  Ер  Тоңға  дөңгелек  жүзі  шырайланып,  ақ  жарыла  күліп  алды  да:

      – Енді, жиеніміз  жайылып  жастық,  иіліп  төсек  болып  жатса, нағашысы   неге  бармайды  екен.  Барамыз!  Бар, солай  сәлем  айтып  бар!

      Ер  Нардың  құлағына  еңкейіп:

      – Осы  дастарқанда  емес  пе, Алып  Ер  Тоңғаның  адамдарын  шетінен  мас  қылып, шараптарына  у  қосып  қырып  салатыны?

      – Иә, осы  дастарқанда.

      – Ендеше  сол  жайды  айтып, барғызбай  қойсақ  қайтеді?

      – Жоқ, болмайды, – деді  Би. – Біріншіден, «Тәңірқұттың  екі  сөйлегені – өлгені», тәңірқұт  «барамыз»  деп  уәде  берді.  Екіншіден, осындай  Ұлыстың  ұлы  күні  тұрандықтардың  дәстүрі  бойынша,  жауының  да  дастарқанынан  бас  тартпайтын  салт  бар.  Кейхосраудың  есебі  де  осы  емес пе. Сондықтан,  бұл  жолы  үндемейік,  ал  барған  соң  бір  мәнісін  табармыз.                                 

                                                          ***

       Шахтың  мейман  күтетін  кең  залы. Дөңгелене  жасалған  кең  үстел. Төрде  нағашылы-жиен  болып  Алып  Ер  Тоңға  мен  Кейхосрау  отыр. Алып  Ер  Тоңғаның  оң  жағына – тұранның  игі  жақсылары – уәзір, билер  мен  ақсақалдар, қолбасшылар  мен  нояндар, Кейхосраудан  төмен  парсының  игі  жақсылары  жайғасқан. Ал,  Ер,  Би,  Нар  есік  жаққа  жақындау  орналасқан. Үстел  үстінде  тұрандықтардың  ұлттық  тағамдары – үйме  табақ  ет, қазы-қарта,  қымыз,  бауырсақ,  ірімшік,  ұлыс  көже    тағы  басқа  тағамдар.

       Би  жанындағы  бауырларына  сыбырлайды:

       – Бауырлар,  байқадыңдар  ма,  дастарқандағының  бәрі – тұрандықтардың  ұлттық  тағамдары. Демек, бұл – қонақтарына  деген  сый-құрметтің  белгісі,  қонақтарының  көңілін  көтеріп,  жайландырудың  бір  тәсілі. Ал,  дастарқанның  екінші  бөлігінде  меніңше, парсының  ұлттық  тағамдары  мен  шараптары  әкелінеді. Сөйтіп, қонақтарын  жақсылап  сыйлап, қыздыра  отырып,  өздері  де  мерекелік  көңіл  күйге  енеді. Сондай  қызу  отырыстың  үстінде  қонақтардың  алдына  улы  шараптар  қойылады... Түсіндіңдер  ме, бауырлар?

      – Түсіндік.      

      – Ендеше  сылтауратып  далаға  шығайық. Сол  жерде  ақылдасармыз.

      Үш  бауыр  орындарынан  тұрып, күтуші  жігіттерге  далаға  шығудың  ым-ишарасын  жасайды. Олар  бірден  түсініп, біреуі  оларды  сыртқа  ертіп  әкетеді.

                                                          ***

      Үшеуі  дәретханада  тұрып, бірден  жоспарға  кіріседі.

      – Бауырлар, біздің  ең  басты  мақсатымыз, ас  үйге  бару  екенін  білесің-дер  ғой?

      – Иә, білеміз. Жаңа  келе  жатқанда  ас  үйдің  қайда  орналасқанын  байқап  алдық  қой. Осы  үйдің  батыс  қанатында, төменде  екен.

      – Ендеше, мына  ашық  терезеден  төмен  түсуіміз  керек. Бауырлар, белімдегі  арқанды  шешіп  алыңдаршы, – Ер  көйлегінің  етегін  жоғары  көтереді. Нар  мен  Би  оның  беліндегі  ораулы  арқанды  тарқатып, босатып  алады. Оның  бір  ұшын  терезе  жақтауына  байлайды  да, екінші  ұшын  терезеден  ары  асырып  жібереді.                                                

                                                           ***

      Үшеуі  дәліз  бойымен  еппен, мысықтабандап  жүріп, асхананы  тауып  алады. Бірақ  есігінің  алдында  бір  күзетші  тұр  екен.

      – Енді  не  істейміз? – деді  Ер  қобалжып. – Әлде  оның  көзін  жоғалтамыз  ба?

      – Жоқ, болмайды, – деді  Би. – Парсылар  күдіктенсе, жоспарымыз  жүзеге  аспайды.

      – Онда  қандай  амал  бар?

      Бауырлар  ойланып  қалды. Бір  кезде  Нар:

      – Мен  қазір  күзетшінің  алдына  барамын  да, адасып  кеткенімді  айтып, қонақ  күтетін  залдың  қайда  екенін  сұрап, шалғытып  тұрамын. Сендер  сол  кезде  байқатпай  кіріп  кетесіңдер. Ал, мен  жөнелдім.

      – Жолың  болсын!

      Нар  күзетшінің  алдына  барып, адасып  кеткенін  айтып  еді, ол  қонақ  балаға  ұзын  дәлізді  көрсетті  де:

       – Осы  дәлізбен  тіке  жүре  берсең, оң  жағыңнан  жоғары  көтерілетін  текпешекті  көресің. Сол  арқылы  келесі  қабатқа  көтеріліп, оңға  бұрылсаң, оюлы   алтын  есікті  көресің. Міне, сол  өзің  іздеген  қонақасы  беретін  үлкен  бөлме.

       Нар  рақмет  айтып, дәлізге  қарай  аяңдады.

       Дәл  осы  уақытта, Ер  мен  Би  күзетшінің  арт  жағынан  асханаға  өтіп, аспазшылар  мен  даяшыларға  байқалмай, үстелдің  астына  кіріп  кетеді. Соның  астында  тұрып, үстел-жапқыштың  арасынан  сығалап, асханадағы  бар  жайды  бақылап  отырады.

       Аз  өтті  ме, көп  өтті  ме, бір  уақытта  асханаға  бас  уәзір  кіріп  келеді. Ол  бас  аспазды  оңаша  шығарып, бір  шынысауытты  ұстатады  да, құла-ғына  сыбырлап  бір  нәрселерді  түсіндіреді. Аспаз  «түсіндім»  дегендей  басын  изейді. Уәзір  кеткеннен  кейін  бас  аспаз  шынысауыттағы  сұйық-тықты  іргеде  қаз-қатар  тұрған  төрт  құмыраға  құйып  шығады.

       – Көрдің  бе? – деді  Ер  бауырына  қарап. – Құмыраларға  у  құйып  шықты. Енді  оларға  шарап  құяды  да, қонақтарының  алдына  апарады. Әне, бас  аспаз  даяшы  жігіттерге  кетті. Біз  оларды  тезірек  басқа  құмыралармен  алмастырайық.

       Екеуі  жүгіріп  барды  да, у  құйылған  құмыраларды  алып, олардың  орнына  басқа  құмыраларды  ауыстырып  қойды. Әлгі  құмыраларды  өздері  жасырынған  үстел  астына  апарып  жасырды  да, өздері  еппен  жылдам  жүріп, асхананың  шығар  есігіне  беттеді.

      – Енді  күзетшіден  қалай  шығамыз? – деді  Ер.

      –Былай  болсын, – деді  Би. – Біз  үшеуміз  егіз  қозыдай  ұқсас  емеспіз  бе?  Мен  қазір  Нар  болып  күзетшіге  барайын  да, адасып  кеткенімді  ай-тып,  жолды  тағы  сұрайын.  Ол  түсіндіріп  жатқан  кезде,  сен  сытылып  шығып  кетесің.  Жарайды  ма?

      – Болсын, – деді  Ер. 

      Би  сыртқа  шығып, күзетшіге  жақындады.  Күзетші  көзі  шарасынан  шыға  таңданып:

      – Сен  мұнда  қайдан  жүрсің?!  Мен  әлгінде  ғана  саған  жол  көрсетіп  едім  ғой, – деді.

      – Рас, көрсеттіңіз. Бірақ  мен  байқаусызда  басқа  жаққа  бұрылыппын.  Содан  адасып  жүріп, асхананың  қызметшілеріне  арналған  екінші  есігінен  кіріп  кетіппін. Маған  жолды  асықпай  қайта  түсіндірсеңіз.

      – Онда  жүр, – деді  күзетші  Биді  дәлізге  таман  ертіп  әкеліп. – Жақсылап  ұғып  ал. Осы  дәлізбен  тіке  жүре  бересің, оң  жағыңнан  жоғары  көтерілетін  текпешекті  көресің. Сол  арқылы  келесі  қабатқа  көтеріліп, оңға  бұрылсаң, оюлы  алтын  есікті  көресің.  Міне, сол  өзің  іздеген  қонақасы  беретін  үлкен  бөлме. Енді  адаспай  тауып  бар.

      – Рақмет, – деді  де  Би  дәлізге  қарай  аяңдады.

      Ер  сол  уақытта  күзетшіге  байқалмай  сытылып  шығып  кетеді.

                                                         ***

      Ала  көлеңке  бөлме. Бөлменің  екі  жағына  ұзынынан  қойылған  сәкілерде  тұрандықтар  сұлап-сұлап  қалың  ұйқыда  жатыр.  Бір бүйірде жатқан  бауырлар  орындарынан  тұрады  да, Алып  Ер  Тоңғаның  жанына  жетіп  барады. Қорылдап, қатты  ұйқыға  берілген  оны  үшеуі  үш  жақтан  тартқылап,  әрең  оятады  да,  ақырын  сөйлеп  бар  жағдайды  түсіндіреді.

      – Мүмкін  емес! – деді  Алып  Ер  Тоңға  таңданып. – Біз  тірі  қалдық  емес  пе!

      – Өйткені, біз  улы  құмыраларды  ауыстырып  қойдық. Содан  тірі  қалдыңыздар.

      – Түк  түсінсем  бұйырмасын! – деп, Алып  Ер  Тоңға  басын  шайқайды.

      – Көп  кешікпей  қаруларын  жалаңдатып,  парсылардың  өздері  де  келіп  қалуы  тиіс. Сонда  бәріне  түсінесіз. Ол  үшін  біздің  адамдар  ояу  күйде  қаруларын  сайлап,  дайын  жатулары  керек.

      – Онда  бәрін  оятыңдар! – деді  Алып  Ер  Тоңға  бір  сілкініп. – Дайын  болыңдар  десеңдер,  дайын  жатайық.                                     

                                                          ***

      Бір  уақытта  сырттан  адамдардың  топырлап  жүрген  дыбысы  естіледі. Жатын  бөлмеге  соңына  қарулы  нөкерлерін  ерткен  Кейхосрау  шах  кіріп  келеді. Қолдарындағы  май  шамның  жарығын  үйдегі  жатқан  адамдарға  түсіріп, барлап  қарайды.

      – Әне, бәрі  тарақан  құсап  тырапай  асып  қырылып  жатыр, – деді  бас  уәзір  қуанышты  үнмен. – Демек, кешегі  жеңімпаз  жауларыңыз  бүгін  табаныңыздың  астында, шах  ием.

      – Қайран,  Афрасиаб! – деді  Кейхосрау  шах  масаттанып. – Сен  осылай  қор  өліммен  жер  жастанам  деп  ойлаған  да  жоқ  шығарсың.  Мен  әкемнің  кегін,  халқымның  кегін  қайтардым!  Бүгіннен  бастап  сақтардың, тұрандықтардың  күні  өшті. Ұлы  парсылардың  күні  туды!  Бүгінгі  күнді  мен  «Сақалардан  құтылған  күн, Сақа  байрамы!»  деп  жариялаймын.  Ал, әскерім, қылыштарыңды  қындарынан  суырыңдар!  Жайрап  жатқан  сақалардың  басын  аламыз!

      Дәл  осы  кезде  Алып  Ер  Тоңғаның  да  жолбарыстай  айбынды, арыстандай  айбатты  дауысы  шығады:

      – Ал, арыстарым,  алдаспандарың  мен  наркескендеріңді  көтеріңдер! Парсылардың  пасық  бастарын  біз  домалатамыз!

      Осыны  айтуы  мұң  екен,  сұлап  жатқан  тұрандықтар  орындарынан  ұшып-ұшып  тұрып,  қылыштары  мен  айбалталарын  жарқ  еткізіп,  көкке  көтереді.  Парсылар  не  болғанын  түсінбей,  ауыздарын  ашып,  қалшиып тұрып  қалғанда,  тұрандық  баһадүрлер  оларға  лап  қояды.

      Алып  Ер  Тоңға  шах  Кейхосрауды  лақ  құрлы  көрмей  жұлмалап  жат-қанда,  Ер,  Би,  Нар  бас  уәзірге  бас  салып,  үшеуі  үш  жақтан  жабылып, оны  кескілеп  тастайды.

      Парсыларды  баудай  түсірген  жеңімпаз  тұрандықтар  көп  өтпей  аттарына  қонады.  Ал  атқа  тақымдары  тигеннен  кейін  оларға  ешқандай  жау  төтеп  бере  алмайтыны  белгілі  емес  пе...

                                                         ***

     Үшеуі  сарай  сыртында  тұрандық  сайыпқырандардың  ат  үстінде  әрі-  бері  ойқастап,   парсының  аттылы,  жаяу-жалпылы  әскеріне  «әңгір-таяқ»  ойнатып  жатқанын  көріп,  кеуделерін  бір  түрлі  мақтаныш  па,  әлде  биік  рух  па,  бір  керемет  күш  билеп  кетті. 

     Қайратты  шашы  тікірейіп  кеткен  Ер  бауырларына  кезек-кезек  көзі  ұшқын  ата  қарап  қойып:

     – Біздің  де  қолдан  бірдеңе  келеді  екен  ғой! – деді  лепірген  көңілмен.

     – Иә,  келеді  екен! – деді  екеуі  оны  қостап.  Үшеуі  әдеттегідей  бір-біріне  жұдырықтарын  түйістіріп,  артынша  түйілген  қолдарын  көкке  көтерді.                                               

                                                                                                                                                                              

                                                

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                                                 «Скиф  Анахарсис  Гнурдың  ұлы  және  скиф       

                                                                 патшасы  Кадиудтың  бауыры  еді; оның  шешесі 

                                                                 грек  қызы, сондықтан  да  ол  екі  тілді  де  білетін.                   

                                                                 Ол  скифтер  мен  эллиндықтардың  дәстүрі, өмірді 

                                                                жеңілдетудің  жолдары  туралы  жазды  және  әскери 

                                                                айла-тәсілі  жөнінде  сегіз  жүз  өлең  шығарды.

                                                                Ерекше  шешендігімен  көзге  түсті, «скифтік  сөйлеу 

                                                                мәнері»  деген  мәтел  оның  осы  қасиетіне 

                                                                байланысты   қалыптасқан».

                                                                        Диоген Лаэртский, «Әйгілі  философтардың

                                                                        өмірі, тағылымы  және  шешендік  сөздері 

                                                                        туралы».

 

                                                                «Ұзақ  сапардан  соң  Анахарсис  Скифияға 

                                                               оралып, өз тумаларына  эллиндер  тұрмысын  үйрете 

                                                               бастады. Бірақ  іс  атқарып, сөзін аяқтағанша  оққа 

                                                              ұшып, мәңгілік  өмір  сүрушілер  қатарына  қосылды».

                                                                                                                 Диоген  Лаэртский.

 

                                  Анарыс – жеті  ғұламаның  бірі

 

      Би  мен  Нар  алаңдағы  күрес  жаттығуынан  кейін   үстеріндегі  күрткелерін  шешіп,  жеңіл  футболкаларын  киіп  алды.  Екеуі  орындыққа   сұлап,  әлгі  киімдерін  бастарына  қойып  жастанып,  айқаса  жатқан  күйі  алқынған  демдерін,  терлеп-тепшігендерін  басып,  біршама  үнсіз  дамылдады.  Нар  ұялы  телефонына  жармасып,  ғаламтор  желісінен  мәліметтер  қарауға  кіріскен.  Ал,  Би  орындық  жақтауындағы  сөмкесінен  жазба  дәптерін  алып  парақтап,  сондағы  жазғандарын  саралап  оқып  отырып,  бір  қиялға  кіріп  кеткенін  байқамай  қалды.

      – Не  ойлап  отырсың? – деді  Нар  басын  көтеріп.

      – Ертедегі  эллиндер  Анарыс  бабамызды – Анахарсисті  айтамын,  құрмет  тұтқандары  сондай,  қабірінің  басына  арнайы  ескерткіш  белгі  орнатып,  тұғырына  «Тіліңе,  құлқыныңа  және  он  екі  мүшеңе  ие  бол» деп,  өз  сөзін  ойып  жазыпты. Сол  ұлы  бабамыз  жайлы  ойлап  кеткен  екем.

      – Иә-ә, қалай  еді... – Нар  маңдайын  ұстап,  бір  жайды  есіне  түсіріп  әуреленді.

      – Би,  олар  мына  өлең-жырымен  бабамызды  аза  тұтқан  екен:

                                 Жат  жерді  кезген  Анарыс  скифтерге  оралды,

                                 Туғандарын  эллинше  оқытуды  қолға  алды.

                                 Алайда  данышпанның  тіл,  ақылы  кесір  боп,

                                 Қауырсынды  сұр  жебе  арқасына  қадалды...

     Екеуі  осы  өлеңнің  мән-мағынасын  терең  ұққысы  келгендей  біраз  үнсіз  жатты.  Аздан  соң  Би:
        – Со-ла-ай, – деді  Нарды  қоштап. – Эллиндер  бабамызды  әлемдегі  жеті  данышпанның  қатарына  қосып,  оның  айтқан  қанатты  сөздерін «Скиф  осылай  дейтін» деп  ауыздарынан  тастамай  айтып  жүргені  де  сол  құрметтері  емес  пе.

       – Би, сен  сол  жеті  ғұламаны  атап  шыға  аласың  ба?

       – Есімде  қалса,  қазір  көрейін, – деді  ол  көзін  жұмып.  Ішінен  қайталап,  еске  түсірді  де, – көне  замандық  тарихтың  атасы  Геродот  пен  Страбон,  Секст  Эмпириктер  өз  еңбектерінде  Анарыс  бабамызды  «Әлемдегі  жеті  ғұламаның»  біріне  жатқызыпты. Олар  бабамызды  Фалес, Солон,  Периандр,  Клеобул,  Хилон,  Биант,  Питтактармен  қатар  атайды, – деді  мақтанышпен.

          – Анарыс  бабамыздан  қалған  мына  сөздер  бүгінгі  заманымызға  да  келеді  емес  пе: «Ең  ақылды  адам – ел  билеуден  аулақ  болған  адам», «Татымсыз  мың  досың  болғанша,  татымды  бір  досыңның  болғаны  артық»,  «Базар – бір-біріңді  алдауға, тонауға  әдейі  жасалған  орын»,  «Бір  ғажабы, Элладада  жарысқа  өнерпаздар  түседі  де, оларға  өнері  жоқтар  баға  береді»,  «Элладада  мені  ақыл-парасат  қорғап  еді,  өз  елімде  қызғаныш  құрбаны  болдым...»

       – Иә - ә, – деп  күрсінді  Би. – Бабамыздың  қызғаныш  құрбаны  болғаны  қандай  қиянат!

      Дәл  осы  кезде  олардың  жанына  танауы  делдиіп  Ер  келді. Ол  қолындағы  сөмкесін  орындыққа  қойды  да,  жейдесінің  етегін  ышқырынан  шығарып,  желпінді:

       – Ой, мына  күннің  ыстығын-ай, терлеп,  пысынап  кеттім  ғой.  Ана «Сарыағашты»  берші,  аңқам  да  кеуіп  кетті.

       – Іздегеніңді  таптың  ба? – деді  Нар  «Сарыағаш»  минералды  суын  Ердің  қолына  ұстатып  жатып.

       – Біз  таппай  қоямыз  ба.  Біздің  үйдің  үстіңгі  жағында  екі  орамнан  кейінгі  көшеде  тұратын  Мұрат  бар  емес  пе. Соның  әкесі  инкассатор  ғой. Әкесінің  ескі  броножилеті  бар  екен,  соны  алып  келдім,  міне, – деп, сөмкені  ашып  көрсетті.

      – Ой, бәрекелді! – деді  Би  қуанғаннан.

     Үшеуі  әдеттегідей  жұдырықтарын  түйістіріп,  бір-біріне  қарап  жымыңдасты.

      – Енді  сәтін  салса,  ертең  таңертең  сапарымызға  аттанайық, – деді  Нар  алақанын  ысқылап.

      – Иә, сәтін  салсын.                                                    

                                                            ***

       Ертеңіне  күн  ұясынан  шыға  ағайындылар  сауыт-саймандарын  киіп, жол  қапшықтарын  арқаларына  асынып, «Ерлік  алаңына» келді.

      – Біз  сонда  ертедегі  Қара  теңіздің  солтүстік  батысындағы  Днестр  өзенінің  сағасынан  шығуымыз  керек  қой? – деді  Нар  бауырларына  қарап.

      – Геродоттың  жазуынша, Анарыс  бабамыз  өмірінің  соңғы  кездерінде  жан-жағы  ну  орманды,  тау-тасты  Гиллея  шатқалында  тұрыпты  ғой.

      – Кәне,  картаны  берші, – деді  Би  Нарға  қарап.

      Нар  қойын  қалтасынан  картаны  алып,  керекті  бетін  ашып,  жазып  көрсетті. Би  картаға  үңіліп  қарады  да:

      – Днестрдің  сағасы  шамамен  отызыншы  бойлық  пен  қырық  алтыншы  ендіктің  қиылысқан  тұсында  екен.  Ендеше  «Кеңістік  сағаттарыңды»  30-ыншы  бойлық  пен  46-ыншы  ендікке  туырлайсыңдар.  Ал,  уақыт  көрсеткішін  біздің  дәуірімізге  дейінгі  555 жылға  белгілеңдер.

      – Белгіледік, – деді  бауырлары  бір  шамадан  кейін  қабаттаса.

     Үшеуі  келісіп  алғандай  оң  қолдарын  кеуделеріне  қойып,  әдеттегі  ұрандарын  екпінмен  айтады:

             Біз – Тұранның  ұлдарымыз,

             Ерлік – басты  ұранымыз!

             Жорыққа  сай, дайынбыз,

             Текті  елдің  қыранымыз! –

деп, қолдарындағы  сағаттарын  «сырт»  еткізеді.

                                                                  ***

       Біздің  заманымызға  дейінгі  555  жыл. Ағайынды  үшеуі  аласа  бұталар  сирек  өскен  төбесі  таз  биік  жотаның  жонынан  шыға  келді.

       – Ой, қандай  тамаша! – деді  Би  жан-жағына  барлай  қарап. – Айнала  атырап  алақандағыдай  көрінеді. Құдды  жаңа  жаралып  жатқан  тіршілік  енді  оянып, өзің  сол  жердің  кіндігінде  тұрғандайсың.

       – Па,  шіркін! – деді  Нар  екі  қолын  мықынына  тіреп,  көкжиекке  паңдана  қарап. – Төңіректің  барлығы  менің  табанымның  астында. Мен  соның  қожасындаймын.

       – Әй, мынау  төмендегі  шалқып  жатқан  Қара  теңіз  ғой!

       – Ал  анау  тарам-тарам  болып  Қара  теңізге  сұғынып  жатқан  көк  белдеу  Днестр  емес  пе.

       – Айналасының  бәрі  сонау  шексіздікке  дейін  созылып  жатқан  жынысты  орман.

       – Ал, қожайындар, енді  не  істейміз? Қайда  бет  аламыз? – деді  Ер  төменгі  баурайға  дүрбімен  көз  салып  тұрып.

       – Кәне, берші, – деді  Би  Ердің  қолындағы  дүрбіні  алып. – Сонау  тау  жартастарының  етегіндегі  ашық  алаңды  көрдіңдер  ме? Геродоттың «Ахиллес  ат  ойнатқан  алаң»  дейтіні  сол  жер  емес  пе?

       – Иә, ар  жағы  Днестр  сағасы, жан-жағы  жынысты  орман.

       Қолындағы  сағат  сияқты  тағып  алған  тұсбағдарға  қарады  да:

       – Мен  сол  бағытты  белгілеп  алдым.  Ендеше,  бауырлар,  тарттық  алға!                                                  

                                                               ***

       Олар  адам  аяғы  баспаған  қалың  шілікті  тоғайдың  арасымен  шөп-бұталарды  жапыра,  тікен,  бүргендерді  өткір  пышақтарымен  кескілеп, тыңнан  жол  салып  келеді.  Әредік-әредік  алдарынан  құр,  шіл  сияқты  құстардың  «пыр-пыр»  етіп  ұша  жөнелгені,  қоян,  қарсақ  сынды  түз  аңдарының   үрке  қаша  жөнелгені  болмаса,  ет  қайнатымдай  жүргенде,  тірі  жанды,  не  болмаса  ел-жұрттан  хабар  берер  жол,  сүрлеуді  кездестірмеді. 

     – Е-е, – деді  Нар  маңдайын  жырған  бір  тікенді  бұтаны  қолымен  сындырып  жатып. – Әр  шақырым  сайын  елді  мекен,  жерлері  тарам-тарам  жолға  айналған,  ну  орман,  жынысты  тоғай,  қалың  шілікті  қыр-белдерден  жұрдай  болған  бүгінгі  Еуропа  жерінің  кешегі  күні  осындай  адам  аяғы  баспаған  жабайы,  жапан  түз  болғанына  тіптен  сенбей  келемін.

     – Біз  де  солай  ойлап  келеміз.

     – Әлгінде  биік  жотадан  байқаған  ашық  алаңқайымыз  қайда  кеткен?

     – Жоқ  әлде  адастық  па?

    Би  қолындағы  тұсбағдарына  қарады:

     – Мүмкін  емес!

     Үшеуі  өстіп  мойнын  созып,  жан-жақтарына  қарап  әупірімдеп  жүріп,  жынысты  бұта  арасынан  да  шықты-ау. Әлгіндей  елегізген  көңілмен  ашық  далаңқайлы  алапқа  іліккендері  сол  еді, бес-алты  қадам  жүрмей  жатып  алдарынан,  бір  тал  қайың  түбінен  салт  атты  жас  жеткіншекті  көрді. Ол  бұларға  қаратып  садағын  кезеніп  тұр  екен.  Бауырлар  үшеуі  де  қолдарын  көтергенімен,  адамзат  баласын  жолықтырғандарына  қуанып,  күлімсіреп,  жайлап  жақындай  берді:

     – Бізде  қару-жарақ  жоқ,  сіздерге  достық  көңілмен  келе  жатырмыз, – деді  Ер  өздерінің  доспейіл  екенін  байқатып.

      – Қайда  бара  жатырсыздар? – деді  жеткіншек  сол  сұсты  күйі.

      – Біз  Анарыс  деген  кісіні  іздеп  келеміз.

      – Анарыс?!.  Ол  кісі  менің  қожайыным  ғой. Сіздер  оны  қайдан  білесіздер?!

       – Біз  ол  кісінің  қандас  бауырлары  боламыз.

       – Анарыс  бабаның  ғұлама,  данышпандығы,  әлемдегі  жеті  ғұламаның  бірі  болғандығы  жайлы  сырттай  естіп,  атына  қанығып,  мақтан  тұтып  жүруші  едік. Енді  оны  жақыннан  танып-біле  түссек  деп,  жолығуға  бара  жатқан  бетіміз  еді.

       – Ой, ол  кісіні  менен  артық  ешкім  білмейді, – деді  жеткіншек  садағын  қылшанына*  салып,  атынан  түсіп,  қауғалақтап. – Өйткені,  мен  оның  бала  жастан  бергі  атқосшысымын.  Атым – Ардан.  Міне,  сықап 

алған  қоржынымды  көрдіңдер  ме,  қожайыныма  бір  аптаға  жетерлік  азық-түлік  апара  жатырмын.

       – Бала  жастан  атқосшы  болсаңыз, өте  жақсы! – деді  Ер  қуанып.                      

       – Онда  сіз  Анарыс  бабамен  Элладаға  бірге  барған  боларсыз?

       – Әрине!  Е - е, онда  біз  тура  ертегідей  қызықты  дәурен  сүріп  едік  қой,  – деді  тамсанып. – Жолымыз  бір  екен,  мен  сендерге  бұл  хикаяны  басынан-аяғына  дейін  айтып  берейін,  жол  қысқарсын, – деді  құлшынып.

       – Иә, айтыңыз.  Құлағымыз  сізде, – деді  балалар  да  көктен  тілегені  жерден  табылғанына  қуанып.

       – Анарыс  хан  ием  ата-бабасынан  ел  билеп  келе  жатқан  тәңірқұт  тұқымы.  Бабасы  Сапарғали,  атасы  Елек,  әкесі  Қоңыр – нағыз қаракөк  үзілмеген  тектен  тараған.  Анарыс  хан  иемнің  өзі  де  таққа  отыратындай  мүмкіндігі  бар  еді.  Бірақ  таңдаған  жолы  басқа  болды.  Ол  Қоңыр – Дәукет  ханның  грек  әйелінен  туған.  Сол  себепті  шешесінің, бірге  еріп  келген  арнаулы  қызметшілердің  тәрбиесін  көп  көрді. Жасынан  эллин  тілін  де  үйреніп,  сауатын  ашты. Оқу-білімге  ұмтылып,  нағашы  жұрты – Эллада    елін  көріп-білуге  ынтығып  өсті. Сонымен  бірге  тұтық, билердің  шешендік  келесіне  түсіп, сөз  өнерін  меңгерді.  Өзі  де  билік  айтып, шешендікке  құмартқан.  Әскери  жорық  өнерін  де  бір  кісідей  игеріп, талай   жорықтарға  қатысып,  ноян-қолбасшы  болды.  Әкесімен  бірге  дау-шар, ел  ішілік  жиындарына  араласып,  билік  мектебінен  де  өткен  еді. Міне,  енді  таққа  отырады,  ел  билейді  деп  жүргенімізде,  тосын,  күтпеген  мінез 

 

 

Қылшан* қайың  тозы  мен  теріден  қаптап  жасалған  оқ  салатын  сауыт, қорамсақ.

көрсетіп,  өзге  жолды  таңдады. Таққа  бауыры  Сабылды  отырғызды  да,  өзі  ұзақ  жолға,  сапарға  жиналды. Үлкен  сақ  тегеленіне*  киім-кешек, көрпе-төсегін,  азық-түлігін  артып,  мені  атқосшы  етіп  алып,  түстікті  нұсқап,  «ал  кеттік»  деді.

     Біз  арбамен  ұзақ  жүрген  жоқпыз,  бір  портты  қалаға  келгеннен  кейін    үлкен  кемеге  ауысып  міндік. Қаншама  теңіз-сулардан, таңсық  елді-мекендерден  өттік.  Ақырында  аңсап  барған  Элладаның  Афины  қаласына  да  жеттік. Осы  жол-сапарымыздың  өзі  айта  берсең,  өз  алдына  ұзақ  жыр-хикая. Мен  одан  да  Афиныдағы  қызықтарды  айтайын. Сонымен  қалаға  келсек, халық  ығы-жығы.  Айнала  жыпырлаған  үйлер,  қисық-қыңыр  тасты  көшелер.  Біз  ат-арбамызды  керуен  сарайға  қойып,  жаяу-жалпылап  қала  араладық.  Бәрі  біздің  үстіміздегі  киімімізді, түр-сипатымызды  оғаш  көріп, ошарыла  қарайды. Түртіп,  сипап  көруге  тырысады. Олардың  жеңіл-желпі, салпылдаған  кең  етек  киімдері, тас  үйлері  мен  базарлары  бізге  де  таңсық.  Ауасы  ыстық,  қапырық  екен, үсті-басымыз  пысынап  кетті. Оның  үстіне  тұйық  көшелеріне  талай  тіреліп,  адасып,  қатты  абыржыдық. Үйлері  мен  адамдары  жыпырлаған  қаласынан  көңіліміз  қалып,  елімізге  қайтып  кетпекші  болғанбыз.  Осындай  жағдаймен  салымыз  суға  кетіп, құмырашылар  көшесімен  келе  жатқанымызда:    

      – Әй,  бауырлар,  сабыр  етіңдерші, – деген  өзіміздің  түркіше  ыстық  сөзді  естіп, артымызға  жалт  бұрылдық.

      Эллинше  киінген,  сақалын  қырынған,  белінде  ақинақ  семсері*  жоқ  демесең, түр-келбеті  сақ  жұртына  тән  адам  қуып  жетті.  Біз  таң  қалып, аңырып  тұрғанымызда,  ол:

      – Жаңылмасам, сен  Дәукет  ұлы  Анарыс  боларсың? – деді  тосыннан.

      Бөтен  елде  өзіміздің  ана  тілінде  сөйлейтін  біреуді  кезіктіргенімізге 

әрі  хан  иемді  танитын  адам  болып  шыққанына  қатты  қуандық.

Анарыстың  көзінен  жас  ыршып  кетті.

      – Ал, сен, бейтаныс  жан, мені  қайдан  танисың?

      – Мен  де  сендер  келген  өңірден  шыққанмын, – деді  ол. – Менің  атым  Тоқсары.  Алайда  сен  танитындай  текті  тұқымнан  емеспін.

      – Көрер  көзге  танымағаныммен,  сені  мен  де  сыртыңнан  білемін, – деді  Анарыс. – Тоқсары  деген  біреудің  Грекияға  құмартып,  отбасын  Сақ 

елінде  қалдырып,  Афиныға  қоныс  тепкенін  естігем. Қазір  осында  емші-дәрігер  болып,  халықтың  құрметіне  бөленіп,  атақ-даңқың  шартарапқа  жайылғанынан  да 

 

 

Тегелен* үстіне  киіз  үй  орнатылған  арба.

Ақинақ  семсер* – ұзындығы 30 – 50 см ақ күміс  мойнақты сақ  семсері.

хабардармын.

       – Иә,  мен  сол  адамның  нақ  өзімін, – деді  Тоқсары  толқып. – Ел-жұртым  мені  ұмытпай, еске  алып  тұрады  екен-ау.

       – Ендеше, біліп  қой, – деді  сонда  Анарыс. – Мен  сені  өзіме  ұстаз  тұтамын. Грекияға  деген  құштарлығыңнан  от  алып,  алдыма  үлкен  мақсат   қойып,  сенің  артыңнан  жеттім.  Ата-бабаларымыз  кие  тұтқан  семсер  мен  қалқанның,  бір  Тәңірдің  атынан  өтінемін, Тоқсары.  Жат  жерде  жалғыз  қалдырма  бізді,  өзің  ертіп  жүріп  Афиныдағы,  содан  соң  бүкіл  Грекиядағы  көруге  тұрарлық  жердің  бәрін  көрсет.  Бұл  жердің  салт-дәстүрімен,  халқы,  мемлекет  өмірімен  де  таныстыр.  Осылардың  бәрін  көріп-білмей  қайтып  кетуімізге  жол  бере  көрме.

        – Сенің  сөздерің, – деді  Тоқсары, – құмарланып  келіп  есік  алдынан  қайтып  кететін  адамның  сөзіне  ұқсамайды. Афиныны  да,  бүкіл  Грекияны  да  аралатып  көрсетемін,  білмейтін  нәрсеңді  үйретемін. Мұнда  шеттен  келгендерді  баурап  алатын  кереметтер  көп.  Қаланың  сиқырына  бір  еліксең,  өзге  нәрсені  ойламайтын  боласың.  Афиныда  Азия  мен  Еуропаны,  Мысырды  шарлап  аралаған,  көрген-түйгені  мол,  даналықтың  шыңына  көтерілген,  ізгі  қасиеттерімен  бүкіл  халықтың  құрметіне  бөленген  Солон  деген  данышпан  бар.  Егер  қаласаң,  сонымен  таныстырайын.  Егер  оның  назарына  бір  ілігіп,  досына  айналсаң,  ол  арқылы  сен  бүкіл  Грекияны  білетін  боласың,  ең  бастысы,  оның  қалайша  әйгілі  адам  болғанын  ұғынасың.

        – Онда  несіне  тұрмыз, Тоқсары, – деді  Анарыс  тағатсызданып. – Мені  ең  алдымен  сол  кісіге  таныстыра  гөр.                                                 

                                                            ***

      Біз  Афины  көшелерін  аралай  жүріп,  айналасы  гүлзар,  жүзімдіктермен  көмкерілген  ақшаңқан,  биік  сарайдың  алдына  келіп  тоқтадық. Тоқсары есікті  қағып  еді, ар  жағынан  жұпыны  киінген  бір  құл  шықты.

      – Әй, Солон  дананың  қызметшісі, – деді  Тоқсары. – Сен  Солонға  мынаны  айта  бар:  Сонау  қиырдағы  Скиф  даласынан  сақтардың  ханзадасы,  даналық  ілім  іздеген  Анарыс  деген  пірадар  білім-зердесін  сынатып  қайту  үшін  келіп  тұр. Көңілі  қаласа,  дос  болып,  бар  пейілімен  сыйласуға  дайын  екен  деп  айт, – деді  серпіле  сөйлеп.

      Қызметші  Тоқсарының  жанындағы  кісінің  киім  киісінен, ерекше  түр-сипатынан  жат  жұрттық  екенін  түсіне  қойып, Тоқсарының  сөзін  Солонға  айтып  барды.  Көп  өтпей  қайтып  келіп,  Анарысқа  қарап:

      – Солон  сізге:  «Есі  бар  адам  досты  өз  отанынан  іздейді.  Жат  жарылқамас  болар»  деп  сәлем  айтты, – дейді. Сол  сәтте  Анарыс:

      – Онда  тез  қайтып  барып  мынаны  айт:  Солон  дана  дәл  қазір  өз  шаңырағында – отанында  отыр. Елінің  төрінде  отырып,  достан  қашқаны  несі?  Досына  дос  қосатын  осы  мүмкіндікті  жібермесін, – деп  тауып  айтып,  қызметшіні  кері  жүгіртеді.

      Көп  өтпей  тапқыр  жауапқа  сүйсініп,  риза  болған  Солон  дананың  өзі  үйінен  шығып,  Анарыс  хан  иемді  құшақ  жая  қарсы  алады.

      Міне, осыдан  бастап  Эллада  елінің  ғұламасы  Солон  мен  хан  ием  Анарыстың  достығы  қашан  ұстазы  көз  жұмғанша  үзілген  жоқ. Олардың  өзара  пікір  алысулары  мен  әңгіме-сұқбаттары  сағаттап,  кейде  күннен  түнге  ұласатын.  Мен  түсіне  бермейтін  терең  де  күрделі  ойға  құрылған  талдаулар  мен  заң,  жарғыға  қатысты  мәселелерді  шешетін.  Кей  жағдайларда  хан  иемнің  Солонның  өзіне  ақыл  қосып, тапқырлық  танытатын  кездері  де  көп  еді.

      Сол  уақытта  Солон  мемлекеттік  басқару  ісіне  өзгерістер  енгізіп, заң-жарғылардың  баптарын  жетілдірумен  айналысып  жүр  екен. Сол  жарғыларға  Анарыс  хан  иемнің  әңгімелерінен  түйген  көптеген  тың  ойлар  мен  біздің  даланың  даналық  үлгілерін  қосып,  өзгертеді.

      Анарыс  хан  ием  Солонмен  бірге  әр  түрлі  мәжілістер  мен  пікірталасуларға  қатысып,  өзінің  де  ой  ұшқырлығын,  сөз  шеберлігін  танытты.

      Бірде  Анарыс  хан  ием  грек  ғұламаларымен  бірге  Кіші  Азиядағы  Лидия  мемлекетінің  патшасы  Крез  сарайындағы  басқосуда  болды.  Әдетте  ғұламалардың  бастары  жиыла  қалса, ортаға  бір  ой-пікір  тастап, сол  жайында  өз  ой-түйіндерін  айтып,  әңгіме  өрбітетін.  Бірақ  бұл  жолы  олай  болмады.  Крез  патша  түр-сипатымен  өзгелерден  ерекшеленіп  тұрған  хан  иеме:

      – Жан-жануар  мен  жәндіктердің  ішіндегі  ең  өжеті  қайсы? – деп  сауал  қояды. Анарыс  хан  ием:

      – Ең  тағы  аңдар, себебі, олар  өз  бостандығы  үшін  жанын  қияды, – деп  жауап  береді.

      – Жан-жануарлар  мен  жәндіктердің    ішіндегі  ең  әділетті  өмір  сүретіні  қайсы? – деді. Анарыс  хан  ием:

      – Ең  әділетті  тіршілік  ететіндер  де  тағы  хайуандар. Олар  заңмен  емес, табиғаттың  ырқымен  өмір  сүреді. Табиғат – құдайдың  жаратқан  жаратылысы, ал  заңды  адамдар  өз  қолымен  жасаған. Сондықтан  да  адамның  шығарған  заңынан  Тәңірдің  ақ  жолы  әлдеқайда  әділетті, – дейді. Крез  патша  Анарысты  мазақ  ету  үшін:

      – Осы  жыртқыштар  даналықтың  да  негізгі  мәйегі  болып  жүрмесін, – дейді. Сонда  Анарыс  хан  ием:

      – Заң  негізінен  гөрі  табиғаттың  ұлылығын  мойындаудың  өзі – даналықтың  белгісі, – деп  тауып  айтты.

      Сол  уақыттарда  Крездің  патшалығы  дәуірлеп  тұрған  еді. Еліне  келген  қонақтарына  байлығын  көрсетіп  мақтанып, өзін  ең  бақытты  адамдардың  біріне  қосатын. Сол  дағдысы  бойынша  Крез  патша  бұл  қонақтарына  да  сән-салтанаты  тасыған  сарайын  аралатып,  асыл  тастар  мен  алтын-күміске  малынған  қазынасын  көрсетеді. Содан  кейін  ол  қонақтарынан:

      – Сендер  көп  елді  аралап  көрдіңдер,  көңілге  көп  нәрсе  түйдіңдер. Шындықтарыңды  айтыңдаршы,  бұл  дүниеде  менен  бақытты  адамды  көрдіңдер  ме? – деп  сұрайды. Сонда  Солон  дана:

      – Иә, көрдім, – дейді. – Ол  Телл  деген  менің  жерлесім. Ол  рухы  биік, ақ  көңілді, ер  мінезді  кісі  еді. Артында  қалған  балалары  да  өзі  сияқты  ер  жүрек  те  батыл,  ашық-жарқын  жігіттер  болып  жетілді. Оларды  жеткілікті  мал-дүниемен  қамтамасыз  етіп,  өзі  бір  соғыста  қаһармандық  пен  отаншылдықтың  үлгісін  көрсетіп  қаза  болды.  Міне,  сол  азаматты  мен  бұл  дүниеден  бақытты  өтті  деп  санаймын.

      Солон  Крезге  есі  дұрыс  емес, тым  жадағай  сияқты  болып  көрінеді. Сонда  да  ол  бір  үмітпен:

       – Телден  басқа  тағы  бір  бақытты  адамды  білесің  бе? – деп  сұрайды.

       – Білемін, – дейді  Солон. – Олар  Клеобис  пен  Битон  деген  бір-біріне  сондай  бауырмал,  аналарын  да  төбелеріне  қойып  құрметтейтін  ағайындылар  еді. Бірде  олардың  өгіздері  жайылымнан  ұзақ  күттіріп  келмей  қояды. Содан  олар  арбаға  өздері  жегіледі  де, аналарын  отырғызып  алып,  сонау  қияндағы  Гера  храмына  апарады. Ондағылардың  бәрі  аналарына  «Балаларыңызды  үлгілі  тәрбиелепсіз.  Қандай  бақыттысыз!»  дейді  сүйсініп.  Аналары  да  көңілі  көкке  жеткендей  қуанады.

      Олар  сонда  құрбандық  шалып,  ет  жеп, аңқалары қанғанша  су  ішеді  де, ертеңіне  ауырмай-сырқамай,  елдің  құрмет-пейіліне  бөленген,  бақытты  күйлерінде  о  дүниеге  аттанады.

      –Ал,  мені, – дейді  ызаланған  Крез, – сондай  бақытты  жандардың  санатына  қоспайсың  ба?

      Сонда Солон  оның  ашу-ызасын  өршіткісі  келмей  әрі  құрдай  жорғалап,  ыңғайына  құлай  кетпей,  былай  дейді:

       – Лидия  патшасы!  Бізге, эллиндерге  құдай  сабасынан  асып-төгіл-мейтін  пейіл  берген.  Сол  пейіл  бойынша  біз  өмірді  асып-төгілген  байлық  бойынша  емес,  жалпыхалықтық  құндылықтармен  бағалап  үйренгенбіз. Сол  тұрғыдан  бір  сәттік  бақытты  біз  бақыт  деп  есептемейміз. Ол  адамның  тағдыр-талайына  байланысты.  Кімде-кім  өмірінің  соңына  дейін  армансыз  бақытты  өтсе,  сол  жанды  біз  бақытты  деп  санаймыз.  Ал  қазірше  бақытты  болғаныңмен, ертең  басыңа  қандай  аумалы-төкпелі  заман  орнайтынын  біз  қайдан  білеміз – ол  бір  жүйрікті  бәйгеге  қосып, мәреге  жетпей  тұрып,   орта  жолда  марапаттағанмен  тең  емес  пе? – деп  аяқтайды. Солонға  көңілі  толмаған  Крез  енді  Анарыс  хан  иеме  үміттене  қарайды. Анарыс  хан  ием  Солонды  қоштағандай  бір  мысалды  айтады:

       – Бірде  саудагерлер  іші  алтын-күміс  пен  байлыққа  мәймілдеп  толған  кемемен  сапарға  шығады. Орта  жолға  келгенде  кемелері  батып  бара  жатқанын  көріп,  саудагерлер  жан  сауғалап  қайықпен  қашады.  Байлыққа  қызыққан  қарақшылар  салдарымен  жүзіп  келеді  де, кемедегі  байлықты  салдарына  тиейді. Ашкөзденген  қарақшылар  салдарына  қазынаны  аузы-мұрнына  келтіре  толтырады  да,  жағаға  жетуге  асығады.  Бірақ  олардың  салдары  асып-төгілген  салмақты  көтере  алмай  суға  батып,  қарақшыларды  да  құрдымға  ілестіріп  әкетеді, – дейді. Сонда  санасына  сәуле  түспеген  Крездің  көңілі  біржола  қалған  еді.

       Күндердің  күнінде  Крез  патша  осы  жеткен   байлығын  қанағат  тұтпай,  көңіліне  желік  бітіп , көрші  жатқан  парсы  еліне  соғыс  ашады.  Бірақ  сол  кезде  парсы  патшасы  Кирдің  бағы  жанып , жолы  жүріп   тұрған  еді. Ол  Крездің    қолын  бір  айламен   тас-талқан  етіп  жеңеді  де, Крездің  өзін  қолға  түсіреді. Соғысты  алғаш  бастаған  айыбы  үшін  оны отқа  жағып  өртемекші  болады.  Крездің  қол-аяғын  байлап,  үйілген  отынның  үстіне  шығарады. Сонда  қайғыдан  қан  жұтқан  Крез  Солон  мен  Анарыс  хан  иемді  еске  алып,  ажалы  алдында:

       – О, Солон ! О, Анарыс! О , Солон! О, Анарыс! – деп, даусы  қарлыға ,  күңірене  айқайлай беріпті.

       Кир  патшаға  оның  бұл  күшенгені  қызық  көрінеді  де,  «Бұл  байғұс  патша  өлімі  алдында  не  деп  алас  ұрады?»  дап  сұрайды.  Сонда  Крез  оған   Солон  мен  Анарыс  хан  иемнің  кезінде  өзіне  кандай  даналық айтқанының   бәрін  баяндап  береді. Крездің  бұл  әңгімесіне  қатты  риза  болған  Кир  оны  босатып, өзінің  қарамағына  қызметке  алыпты.

       – Иә,  Анарыс  бабамыз  жайлы  кейінгі  дәуірлерде  де  тарих  атасы   Геродоттан  бастап , Лукиан,  Плутарх,  Страбон ,  Диоген  Лаэртский   сынды  ғұламалар  да  өз  кітаптарында  тамсана  жазды,  –  деді  Ер  осы  тұста    шыдамы  жетпей  киіп-жарып.

       –  Ол  жағын  мен  білмейді  екенмін, – деді  Ардан . – Бірақ  Анарыс  хан  иемнің  нақыл  сөздерін  жұрт  ауыздарынан   тастамай  айтып  жүреді.

       – Анарыс  бабаның  нақылдарын  біз  де  айтамыз , –  деді  Нар. –  Мәсе-лен, «Дүние – шексіз , оның  алды  да , арты  да  жоқ , хақиқатқа  да  мөлшер  жоқ , өткен  күннің  белгісі  жоқ», «Тән  – жанның  құралы , жан – құдайдың  құралы».

       – «Еркін  адам   дегеніміз  –  өз  қалауымен , өз  заңдарымен   өмір  сүретін  адам» , – деп  әрі  қарай  жалғады  Би. –  «Жаман  адам   көмір  сияқты:  күйдермесе  де  күйелейді»,  «Жақсылық  та  – тілден ,  жамандық  та – тілден».

      – О-о! Хан  иемнің  көп сөздерін  біледі  екенсіздер  ғой, –  деді  Ардан  балаларға  таң  қала  қарап.

      – Жо-оқ , бәрін  біле  бермейміз , – деді  Нар. – Мәселен,  Анарыс  баба  скифтер  мен  эллиндердің  тұрмысы  және  соғыс  өнері  жайлы  800 жол  өлең  жазған  дейді.  Сол   өлең-жырлары  бізге  жетпеді.   

      – «Элладада  мені  ақыл-парасат  қорғап  еді, өз  елімде  қызғаныш  құрбан  етті»  деген  сөзді  бабамыз  қандай  жағдайға  байланысты  айтты?  Соны  білмейміз.

      – Хан  ием  мұндай  сөздерді  қашан  айтты ? Мен  де  білмеймін , –   деді  Ардан  ойланған  кейіппен.

      –  Оны  сіз  білмейсіз. Анарыс  баба  оны  өлер  алдында  айтты.

      –  Хан  ием  қалай  өлмек ?! –  деді  Ардан  таң  қала  шоршып.

      – Біз  Анарыс  бабаны  сол  ажалдан  құтқаруға  бара  жатырмыз . Анарыс  бабаға  қауіп   төніп  келеді , алдына  тезірек  жетейік , – деп  еді, Ардан  еш  нәрсе  түсінбеген   кейіппен  аңырып  тұрып  қалды.  Нар  айналасына  бажайлап  қарап  алды  да , Арданның  құлағына  бір  жайттарды  сыбырлап  айтып  жатты. Арданның  бет-әлпеті  біресе   бозарып ,  біресе  қызарып,  енді   бірде  қайта  қалпына  түсіп , мың  құбылумен  болды.  Бір  кезде  барып:  

       – Құп  болады! – деді  де, айналасына  жіті  көз  салып. – Біз  келіп  қалыппыз,  хан  иемнің  тұрағы  мына  кезеңнің  артында, – деді,   алдарындағы  жотаны  нұсқап. Олар  жотаға  шыққанда,  ар  жағынан  ат  шаптырымдай  үлкен  алаңқайды  көрді. Алаңқайдың  бір  жағы  құмдауытты  өзен  атырауына  тірелсе,  қалған  жақтары  ну  орманды  тау  баурайына  сұғына  еніп  жатыр  екен.  Алаңқайдың  тастақты  бір  бүйірінде  үсті  жабық  үлкен  сақ  арбасы  тұр.  Арба  жанындағы  ошақта  от  жанып,  үш  аяқты  мосыда  қазан  асулы. Ошақ  басында  гректердікіндей  кең  етек  ақ  жейделі  бір  кісі  отыр.  Ардан  балаларды  сол  кісінің  алдына  апарды.

       Балалар  жөн  сұрасып,  негізгі  келген  шаруаларын  реттеп  болғаннан  кейін, Анарыс  бабаның  қазіргі  жай-күйімен  де  танысты.

        – Ең  жақын  досым  әрі  ұстазым  Солон  қайтыс  болғаннан  кейін, оның  жылын  өткізіп,  барлық  мұраларын  ретке  келтіріп,  шәкірттерінің  біріне  тапсырдым  да,  елге  қайттым, – деді  Анарыс  әңгімесін  жалғап. –  Сондағы  басты  көздегенім – өз  жұртымның  сауатын  ашу,  скиф  мемлекетінің  негізгі  тұғырын,  яғни  грекиядағыдай  патша,  тәңірқұттан  бастап,  әскері  мен  қарапайым  халқына  дейін  заңмен, тәртіппен  өмір  сүріп,  жүріп-тұруға  қалыптастыру  еді. Сол  мақсатта  еліме  келе  салып, сауат  ашу,  шешендік  өнері  ұғындырғыларын*  аштым, балаларды  оқыттым.  Бос  уақыттарымда  скифтердің  өмір-тұрмысына  лайықтап  жарғы  баптарын  құрастырумен  айналыстым. Күндердің  күнінде  сол  заң-жарғыларым  дайын  болды. Қайта-қайта  қарап,  пісіп-жетілді-ау  деген  күні  қала  халқын  жинап,  ел  алдында  оқып  бердім.  Бірен-саран  бай-шонжарлар  болмаса,   көпшілік  халыққа  бұл  заң-жарғы  қатты  ұнады. Ел  менің  еңбегімді  қолдап-қуаттап  қана  қоймай,  тәңірқұттың  құзырына  апарып,  бекіткізуімді  өтінді. Елдің  ыстық  ықыласына  бөленген  заң-жарғыны  мен  тақта  отырған  бауырым  Сабылдың  қолына  тапсырдым. Мән-маңызын  түсіндіріп, тезірек  қабылдауын  өтіндім. Ол  заңмен  танысып  шығайын  деп  алып  қалды. Бірақ  көп  өтпей  менің  ісімнен  береке  кетті. Артымнан  аңдушы, арандатушылар  көбейіп,  жан-жақты  қудалауға  түстім.  Шәкірттерім  сабақтарына  келе  алмай, ұғындырғым  жабылып  қалды. Содан  кейін  осылай  ел-жұрттан  безіп,  еріксіз  дәруіш-қаңғыбастық  жолға  түсуіме  тура  келді.  Жағдайым  осылай,  жас  достарым. Енді  тек  даңғыра, кепшік  қағып, көктегі  бір  Тәңірімнен  халқымызға,  ел  басшыларына  таупық-тәубе*  беруін  тілеймін. Байланған  көздерінің  ашылуын, қудалау,  көре  алмаушылықтардың  жолы  кесілуін  тілеп,  жалбарынумен  күн  өткізудемін.

       Дәл  осы  кезде  сенімді  күтушісі  Арданның:

      – Дастарқан  дайын,  тамаққа  келіңіздер, – деген  даусы  шықты. 

      Олар  үлкен  тақта  тастың  үстіне  жайылған  дастарқанның  айналасына  жайғасты. Балбырап  бабымен  піскен  жылқы  етін  жеп, сорпа  мен  қымыздан  дәм  татты.

       – Анарыс  баба, – деді  Би  қымызды  төңкеріп  ішіп  болып. – Эллиндер  сізді  де  Солон,  Фалес,  Периандрлар  сынды  ғұламалардың  қатарына  қосып,  құрметтеп  өтті.  Шешендік  даңқыңыз  шартарапқа  жайылды. Дегенімен  бізге  мына  жайды  түсіндіріңізші: Олар,  яғни  Биант,  Питтак, Солондар  эллиндік  шешендік  мектебінен  қалыптасып  шыққан,  сол  ортадан  оқу, тәрбие,  өнеге  көріп  жетілген  кісілер  еді. Ал,  сіз  Скифиядан, яғни,  оларша  айтқанда, жабайы  өлкеден  бардыңыз,  ендеше  шешендік  өнерді  қалайша  тез  меңгеріп,  игеріп  кеттіңіз?  Соны  түсіндіріңізші.

 

 

Ұғындырғы*  – мектеп.

Таупық-тәубе* – тәубеге  келу, түсіністік.

       Бұл  сауалға  Анарыс  баба  бар  мейіріммен  жымия  күліп  тұрып, асықпай  жауап  берді:

       – Е,  балалар,  бір  негіз,  тұғыр  болмаса,  мықты  үй  тұрғыза  алмайсың. Олар  қанша  жерден  жабайы  дегенімен,  біздің  де  өз  далалық  өркениетіміз  қалыптасқан.  Біздің  скифтердің  арасында  да  аузымен  құс  тістеген  шешендер,  қара  қылды  қақ  жарған  билер,  өлең  мен  жырды  төгілткен  суырыпсалма  ақындар  мен  жыраулар,  ән  мен  күйден  саз  өрген  дала  өнерпаздары  аз  емес.  Мен  солардың  қайнаған  ортасында  өсіп-жетілдім,  солардың  келісіне  түсіп, шешендік  талайымды  сынадым.  Мен  эллиндерге  сондай  ұғындырғыдан  өтіп, шыңдалып  барған  едім. Олардың  қатарларына  тайпалған  жорғадай  бірден  қойып  кеткенім  де  содан.

       – Ал,  енді  мынаған  жауап  беріңізші,  сіз  ата-бабаңыздан  бері  қара  көк  үзілмеген  тәңірқұт,  хан  тұқымынансыз.  Ендеше  қалайша  хандық, билікті  тәрк  етіп, шешендік  өнерді  таңдадыңыз?

       – Бұл  жолды  таңдауыма  бірнеше  себептер  болды, солардың  ең  негізгілерін  айтсам, біріншіден, әлгінде  айтып  өткендей, жастайымнан  далалық  шешендік  өнердің  қайнаған  ортасында  өстім, тәлім  алдым, соның  әсері  ме, менің  тұла  бойымды  шешендік  өнерге  деген  талпыныс, сүйіспеншілік, құштарлық  билеп  алды. Ақыр  соңында  жүрегім  билікті  емес, өнерді  таңдады.  Екіншіден,  бұл  билікті  сеніп  тапсыруға  лайықты  адам  бар  еді. Ол – менің  бауырым  Сабыл.  Оның  бойындағы  тасқындаған  қайрат-жігеріне,  өктемдігі  мен  өрлігіне  мен  ілесе  алмас  едім. Осы  жайларды  ой  елегінен  өткізіп, таразылай  келе,  менің  жолым, тағдырым  билік  емес,  шешендік  өнер  екенін  ұғындым,  сол  жолдың  ыстық-суығына  төзіп,  тауқыметтерін  арқалауға  бел  будым...

      Тамақтан  кейін  балалар  асық  ойынына  отырды. Анарыс  әдеттегіндей  құрулы  тұрған  даңғыра, кепшіктің  алдына  барып, оларды  бір  ырғақпен  қағып, Тәңірге  құлшылық  етудің  рәсіміне  кірісті.

      Даңғыра  бір  қалыпты  соғылып,  Анарыс  әуен-ырғаққа  жан-тәнімен  беріліп  кеткен  бір  тұста,  айнала  ұшып  жүрген  сауысқандардың  үдере  шыққан  шиқылы  ерекше  естілді. Балалар  елең  етіп, орындарынан  ұшып  тұрды. Алаңдап  қарап  еді, Анарыстың  арт  жағында  әудем  жерде  садақтарын  кезеніп  тұрған  салт  аттыларды  көрді. Балалар  ауыздарын  ашып  үлгергенше, қауырсынды  жебелер  зуылдап  ұшып, Анарыстың  арқа-жонына  «сарт-сұрт» етіп  қадалып  жатты. Бірақ  бір  таңқаларлығы,  қанша  оқ  тисе  де Анарыс  баба  құламай  тұр. Ол  оқ  атқандарға  бұрылған  кезде  байқаса, жебелер  жон  арқаға  дәл  тигенімен,  ешқайсысы  денесіне  дарымаған.  Бәрі  шетінен  лыпа  көйлекті  тесіп  өткенімен, жебелер  төмен  салбырап,  матасына  ұшынан  ілініп  тұрды.  Бұл  оғаш  көрініске  оқ  жаудырған  жауынгерлердің  өздері  таң  қалғаны  сондай,  ауыздарын  ашқан  күйі  тұрып  қалған. Бір  кезде  естерін  жиып, басшыларына  ілескен  бойы  желе  шоқытып,  Анарыстың  жанына  жетіп  келді.  Басына  мұрақ*  кигені  Сабылдың  өзі  екен. Ол  Анарысқа  сұстана  қарап: 

       – Саған  жебелер  неге  дарымайды? – деді.

       – Ол  жебелерді  дарытпаған – біз, – деді  Ер  суырылып  алға  шығып.

       – Сендер  кімсіңдер?

       – Біз  Анарыс  бабаның  қағушы  періштелеріміз, – деді  Би  де  ілгері  адымдап.

      – Қанатсыз  қандай  періштесіңдер!  Жалған  айтпаңдар!

      – Ал, сіз  бауырыңыз  Анарыс  бабаны  қалайша  өлімге  қиып  отырсыз?! – деп, Нар  да  бауырларының  қатарына  қосылды.

     Сабыл  жауынгерлеріне  қарап:

      – Мына  тырбиған  бақаларды  менің  аяғыма  жығып,  тәңірқұтқа  қарсы  шыққандардың  қалайша  жер  қабатынын  көрсетіңдерші, – деді  саусағымен  нұсқап. 

       Үш  жауынгер  аттарынан  түсіп, өздеріне  сенімді  түрде  балаларға  жақындай  берген.

       – Бауырлар,  дәл  тамақтарынан  тебейік! – деп  сыбырлады  Ер  жайымен.        

       – Дайындалыңдар!  Ал...

      Үшеуі  бір  мезгілде  шыр  көбелек  айналған  күйі  каратэ  тәсілімен  аяқтарын  көтеріп, «сарт-сұрт» тепкен  еді, мұндайды  күтпеген   әлгі  жауынгерлер  бірінен  кейін  бірі  кескен  теректей  жалпасынан  түсті.

       – Кәне, бәрің  жабылыңдар! – деді  ызаланған  Сабыл  қалған  жауынгер-леріне  иек  қағып.

       Жиырма  шақты  жауынгер  жан-жақтарынан  шеңберлей  қоршап, анталап  жақындай  бергенде, Нар  бауырларына: «Сағаттарыңның  минуттық  тілдерін  басыңдар!» деп  айтып  үлгерді.  Жауынгерлер  жабыла  лап  қойғанда,  бауырлар  ізім-ғайым  жоғалды. Балалардың  көзден  ғайып  болғанына  қатты  үрейленген  жауынгерлер  жан-жаққа  бытырай  кейін  серпілген.  Бір  минуттан  кейін  балалар  тұрған  орындарында  қайта  пайда  болды. Сабыл  да  өзінің  сескеніп  қалғанын  байқатқысы  келмей:

       – Жабылыңдар! – деп  тағы  ақырды. Жауынгерлер  сабасына  түсіп, қайта  ұмтыла  бергенде,  бауырлар  қайта  жоқ  болды.  Бұл  жолы  зәрелері  зәр  түбіне  жетіп, естері 

 

 

 

Мұрақ* – қаған, хандар  киетін  бас  киім.

ауыса  есеңгіреген  жауынгерлер  жан-жаққа  бытырай  қашты. Балалар  қайта  пайда  болды.

       – Ал, енді, Сабыл  мырза, біздің  кім  екенімізге  көзіңіз  жетті  ғой, – деді  Ер  тәңірқұтқа  тура  қарап. – Енді  өзіңіздің  жоқ  болатын  кезегіңіз. Мәңгі бақи  жоқ  боласыз. Ал, бауырлар,  сиқырға  дайындалыңдар...

       – Сабыр,  сабыр,  жігіттер, – деді  Сабыл  бұл  жолы  сескенгенін  жасыра алмай. – Не  тілейсіңдер,  қалауларыңды  айтыңдар?!

       – Тілегімізді  орындайсыз  ғой?

       – Тәңірі  алдында  ант  етемін!

       – Біздің  әрқайсымыздың  тілегіміз  бар.  Менің  тілегім: Анарыс  бабаға  бұдан  былай  қастандық  жасамайсыз! Соңына  аңдушы, тыңшы  қоймайсыз! – деді  Ер.

        – Болсын! – деді  Сабыл  басын  иіп.

        – Ұғындырғы,  білім  ордаларын  ашып,  бала оқытуына  кедергі  жасамайсыз! – деді  Би.

       – Болсын!

       – Анарыс  бабаның  заң-жарғысын  қабылдап,  іс  жүзінде  орындалуына  қатаң  бақылау  қоясыз! – деді  Нар.

      Сабыл  қарасұр  жүзі  бозарып, біраз  уақыт  үнсіз  тұрып  қалды.  Бір  уақыт  еріндерін  әрең  қимылдатып,  тісінің  арасынан  сыздықтата:

       – Бол-сын! – деп, ернін  тістеп, жерге  шұқшиды.

       – Ал,  енді,  келген  жақтарыңызға  ат  басын  бұрып,  бізді  оңаша  қалдырсаңыз.

       Сабыл  әскерін  жинап,  келген  жолдарымен  еңселері  түсе  кейін  шегінді.

       Қуанышы  қойнына  сыймаған  Анарыс  баба:

      – Менің  сақтаушы,  жебеуші  періштелерім! – деп  балаларды  бауырына  қысты.

      – Сендер  шын  мәнінде  періштесіңдер  ме? – деді  Ардан  өз  күдігін  ішінде  сақтап  қала  алмай.

      – Жоқ, біз  де  кәдімгі  ет  пен  сүйектен  жаралған  адамдармыз.

      – Онда  сендер  қалайша  көзден  ғайып  болдыңдар?!

      – Ол  мына  сағаттың  құпия  тіліне  байланысты, – деп  балалар  қолдар-ындағы  сағаттарын  көрсетті.

       – Ал, хан  иеме  оқ  жаудырып,  қастандық  жасайтынын  күні  бұрын  қайдан  білдіңдер?

       – Біз  бағана  болашақтан  келдік  деп  айтқан  жоқпыз  ба. Бізге  уақыты  өтіп  кеткен  Сіздің  заманның  барлық  оқиғалары  бесенеден  белгілі  жай  ғой. Соны  ұғыңыздар.

       – Е, мейлі,  ұғуға  тырысайық.  Ал,  әлгінде  хан  иеме  сыйлық  ретінде  қоймай  кигізген  оқ  өтпейтін  жейделеріңіз  сыйқырлы  нәрсе  ме?

       – Ол  жейде  сыйқырлы  емес.  Кәдімгі  өздеріңнің  жауынгерлерің  киетіндей  сауыт,  оқ  өтпейтін  темірден  тоқылған  қарапайым  жейде.

       – Ал, енді... – деп  Ардан  тағы  бір  сұрақты  қойғалы  тұрғанда, Анарыс  баба:

       – Болды,  қой  енді,  кейін  бәрін  біле  жатарсың.  Ал  қазір  аттарды  тегеленге  жек,  елге  қайтайық.  Арман-мақсаттарымызды  орындауға  жұмылайық,– деді  құлшына.

       – Құп  болады,  хан  ием! – деген  күйі  Ардан  ат-арбаны  жегуге  жүгірді.

       – Ал,  періштелерім  менің!  Жүріңдер.  Ел-жұртымызға  тезірек  жетейік! – деп, Анарыс  баба  жас  баһадүрлерді  емірене  бауырына  қысып , арбаның  артынан  ілесті.

 

 

                                          

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                                                       

                                                                   «Кескілескен  шайқаста  мен  жеңіп  шықсам  да,

                                                                   тірі  қалсам  да, сен (Кир – К.О.) менің  түбіме 

                                                                    жеттің.

                                                                   Өйткені,  жалғыз  ұлымды  айлакерлік  қулық-

                                                                   сұмдықпен  қолыңа  түсірдің, ажалына  жеттің. Тап 

                                                                   сондықтан  да  енді  мен, өзіңе  ескерткенім 

                                                                   сияқты, қанға  деген  тойымсыз  құмарыңды                                   

                                                                   қандырамын». Кир  қазасы   жайлы  көптеген 

                                                                   әңгіменің  неғұрлым  шындыққа  жақыны  осы  деп 

                                                                   ойлаймын».

                                                                                                        Геродот «Тарих».

 

                                                                           «Кир  үшін  қасіретті  аяқталған  бұл  шайқас 

                                                                   табанды  Рим  легионының  парфияндық  қолбасы 

                                                                   Суреннің  атақты  салтаттыларымен  кездескен 

                                                                   Красстың  парсылармен  соғысын  еске  салады.

                                                                   Массагеттердің  ұшқыр  сарбаздары  Кирдің 

                                                                  әскерін   шыр  айнала  қоршап, қоянқолтық  айқасқа 

                                                                   жоламай, парсылардың  жаяу  әскерін  жебенің 

                                                                   астына  алды. Жаяу  әскерден  гөрі,

                                                                   салтаттылардың  оғы  көп  еді  және 

                                                                   қорамсақтарын  дер  кезінде 

                                                                   толтырып  әкеле  қоятын, өйткені  қосын  күрені 

                                                                   жақын  жерде  орналасқан».

                                                                              В.В.Струве, «Кавказдың  солтүстік 

                                                                              Қара  теңіз  жағалауы  мен  Орта  Азия 

                                                                              тарихы  туралы  ойлар».

 

                                                         Кирдің  түсі

  

      Үшеуі  «Ерлік  алаңына»  таң  сәріден  келді. Астарында  жан  серіктері – Ақбозат,  Көкбозат,  Тоқбозат. Үстерінде – Алып  Ер  Тоңға  сйылаған  сауыт-сайман,  бойларында –бес  қару, арқаларында –жол  қапшық.  Олар  әдеттегідей  Тұран  баһадүрлеріне  тағзым  етті.

      – Ал, – деді  Би. – «Кеңістік  сағаттарыңды»  біздің  дәуірімізге  дейінгі  530  жылға  туралап  қойдыңдар  ғой?

      Бауырлары  сағаттарын  тексеріп  көрді  де:

      – Туралап  қойдық! – деді.

      – Онда  біз  Тұмар  патшаның  заманына  сапар  шегеміз. Ал, ұранымызды  бастайық:

                             Біз –Тұранның  ұлдарымыз,

                             Ерлік – басты  ұранымыз!

                            Жорыққа  сай, дайынбыз,

                            Текті  елдің  қыранымыз! –

      Олар  өз  ара  келіскендей,   сағаттарының  түймесін  басып  қалады. Сол  сәтте  кеңістік  өзгеріп, үшеуі  ежелгі  дәуірден  шыға  келеді. 

                                                                ***

      Парсының  жеңілуді  білмейтін  Кир  патшасы  Вавилон  жорығынан  кейін  біздің  дәуірімізге  дейінгі  530  жылы  Сақ  даласына  келіп  кіреді. Өзінің  бармақтарынан  бақайшағына  дейін  қаруланған  300 мыңдық  қалың  әскерімен  жолындағысын  тасқын  судай  жайпап,  тыңнан  түрен  сала  келіп,  ұлы  Сейхунның*  бойына  тоқтап,  күрендерін  тігеді. Алдыңғы  бақауыл  жасақтарымен  Сақ  елінің  әскери  күшін  сараптап,  жер  жағдайымен  таныса  келіп, өзінің  басты  қарсыласы – Сақ  падишасы  Тұмар  ханымның  ордасына  елші  жібереді.

                                                               ***

      Тұмар  ханымның  еңселі  ақ  ордасы. Төрдегі  биік  тақытта  Тұмар  ханым. Төңірегінде  уәзірлері  мен  қолбасшылары.  Бір  бүйірде  оның  ұлы  Спаргапис, жанында  онымен  бауырласып  үлгерген  Ер,  Би,  Нар  отыр. Ашық  тұрған  есіктен  парсы  елшісі  кіріп  келеді. Ол:

       – Сақтардың  ұлы  падишасы, Тұмар  ханым. Сізге  парсының  ұлы  патшасы  Кир  дұғай-дұғай  сәлем  жолдайды.  Ол: «Сақтардың  ұлы  ордасының  жесір  ханымы  маған  жар  болуға  қалай  қарайды  екен.  Екеуміз  екі  елдің  басын  қосып, мықты  күш  болып  бірігіп  ел  билейтін  едік», – дейді. Сіздің  ұйғарымыңыз? 

      Тұмар  ханым  оған  жауабын  көлбілтелемей  бірден  айтты:

      – Қалың  қолымен  жерімді  басып, жаншып  тұрып,  бүйтіп  аярлық  жа-сағанына  жол  болсын.  Оның  бұл  жымысқы  айласына  түсе  қалатын  ашықауызды  тапқан  екен. Бар,

 

 

 

Сейхунның* – Сырдарияның.

Киріңе  айт: Келген  жолымен  кері  қайтсын! Кир  көзін  маған  емес,  менің  еліме,  жеріме  салып  отыр. Ата-баба  әруағы  жатқан  жерді  жаттың  табанына  таптатқызып,  қорлатпаймын.  Соны  айтып  бар! – деп  елшіні  кері  жібереді.                                                 

                                                        ***

        Тұмар  ханымның  жауабын  естіген  Кир  бойын  ашу-ыза  кернеп,  әс-керіне  Сейхунның  үстінен  өткел  салуға  бұйырады.  Бұл – соғысамын  деген  белгі  еді. Мұны  сезген  Тұмар  ханым  Кирге  жаушысын  жібереді  де,  одан  мынандай  сәлем  айтты:

   – Мидиялықтардың  патшасы!  Өз  жөніңе  кет  дегенге  көнбедің. Ендеше  тұрысатын  жеріңді  айт!  Дарияға  өткел  салып  әуре  болмай-ақ,  үш  күн-шілік  жерге  кері  шегініңдер. Сонда  соғысамыз.  Оған  көнгің  келмесе, сен-дерге  жолды  босатып,  біз  үш  күншілік  жерге  кері  шегінейік.  Жауабыңды  кешеуілдетпе.

                                                      ***

       Кирдің  жорық  шатырында  әскери  кеңес  жүріп  жатыр.  Кир  алдында  қолбасшылар  мен  әскери  кеңесшілер  ғана  отыр.   Кир  оларға  барлай  қарап:

     – Иә, сендер  не  дейсіңдер? Томиристің  айтқанындай  үш  күндік  жерге  кейін  шегінейік  пе, әлде  олардың  шегінгенін  қалайсыңдар  ма?

       Біраз  үнсіздіктен  кейін  кеңесшілердің  бірі  сөз  алды:

       – Тақсыр, – деді  ол  бір  құпия  сырды  ашқандай  жігерлене  қарап.  –  Біздің  кері  шегінгеніміз  дұрыс  болар. Өйткені, біз  шегінген  жеріміздің  ой-шұқырын  бес  саусағымыздай  біліп  аламыз. Сақтарға  қарсы  соғыс  майданын  ашқан  кезде  сол  білігімізді  пайдаға  асыратын  боламыз. Сөйтіп, оларды  тықсыра  қуған  жағдайда, сақтардың  шегінетін  жері  қалмайды. Өзен  иініне  әкеліп  қамап,  дүрліккен  жауды  қойдай  бауыздап,  қыра  беруге  де  тиімді.

       Әскербасының  бұл  ойын  басқалар  да  қуаттады.  Кир  де  осы  ойға  жығыла  берген.  Кенет  осы  кеңеске  қатысып  отырған  лидялық  Крездің*  басын  шайқап  тұрғанын  байқап  қалды.

      – Иә, Крез, басыңды  шайқағаныңа  қарағанда, келіспей  тұрған  сияқтысың  ғой? Неге  келіспейсің, соны  айт?!

      – Уа, әміршім, – деді  Крез  нық  та  сенімді  үнмен. – Егер  сен  өзіңді  және  әскеріңді  елден  ерекпіз  деп  бағаласаң, онда  мен  пікір  айтып  әуре  болмай-ақ  қояйын.  Ал, егер  сен  өзіңді  кәдімгі  ажалды  адам  деп, әскерің  де  өзіңдей  пенделерден  құралған  қол  деп  есептесең,  әрдайым  бір  адам-ның  жолы  бола бермейтінін  ұғын.  Егер  сен  жауды 

 

Крез* – 560-546 жылдары Лидия мемлекетінің патшасы тағында отырған. Кейін оның патшалығын Кир жаулап алып, оны өзіне қызметке алған.(Алдыңғы  тарауды  қара).

өз  жеріңе  енгізсең, оның  өте-мөте  қатерлі  деп  білемін.  Жеңілген  жағдайда,  мемлекетіңе  де  қауіп  төнеді,  олар  жеңістің  желігімен  сені  еліңнің  түкпіріне  дейін  өкше-леп  қумай  тоқтамайды.  Ал  жеңіске  жеткен  күнде  Томирис  иелігіне  түре  тиіскенге  не  жетсін! Әйелдің  тілін  алып,  жауын  өз  жеріне  енгізу – Кам-бис  баласы  Кирге  өліммен  тең  емес  пе?! Сонымен  ақылымды  алсаңдар, дариядан  өтіп  жаудың  шегінген  жеріне  дейін  баса  көктеп  барайық  та, мынандай  айла  жасайық:  Өз  қосынымызда  көп  қой  сойып, ат-көпір  етіп  ас-су  әзірлейік. Әсіресе  шарап  жағы  ырғын  болсын. Содан  соң  орны-мызда  әлсіз  әскер  қалдырып,  дарияға  қарай  шегініп  кетерміз. Менің  ойымша, өздері  бұрын  татып  көрмеген  тағамның  үстінен  түскен  жау  дәмге  тарпа  бас  салады.  Ал,  одан  арғысы   белгілі  емес  пе.

      Осы  екі  ұдай  пікірді  салмақтап  көрген  Кир, әуелгі  ұсынысты  тәрк  етті  де, Крез  пікірін  қабыл  алды. Сөйтіп, Тұмар  ханымға  «уәделі  жеріне  шегінсін», - деп  шапқыншы  жібертті.

      Тұмар  ханым  уәдесінде  тұрып, қосынын  дариядан  үш  күндік  жерге, қасиетті  Қаратау  қойнауына  қарай  шегіндірді. Кир  болса  қарақұрым  әскерін  дариядан  жайлап  өткізе  бастады.

       Кир  қосынын  дариядан  өткізген  күннің  түнінде  түс  көреді. Түсінде  немере  ағасы  Гистасптың  үлкен  ұлы  Дарий  биік  таққа  отырыпты. Екі  иығында  қос  қанаты  бар  дейді. Бір  қанаты  Азияны, екінші  қанаты  Еуро-паны  бүркеп  тұр  екен. Түсінен  шошып   оянған  патша  түсінің  мәніне  ой  жүгіртіп, оны  тегін  емес  деп  жориды. Немере  ағасын  шақыртып  алады  да, екеуі  оңаша  отырғанда  оған  былай  дейді:

       –  Гистасп, сенің  ұлың   Дарий*  жасы  жетпеген  соң  жорыққа  қатыстырылмай, елде  қалған  еді. Сол  ұлың  менің  тағыма  таласып, өміріме  қастандық  жасағалы  жүр. Менің  кәміл-пірлерім  әмісе  қамымды  жеп  жүретіні  және  алдымды  алып  отыратыны  өзіңе  аян. Сол  кәміл-пірлерімнің  көрсетуінше, түсімде  сенің  үлкен  ұлыңды  көрдім. Екі  иығында  екі  қанаты  бар  екен, бір  қанатымен  Азия, екінші  қанатымен  Еурпоны  бүркеп, менің  тағымда  тұр  екен. Соған  қарағанда, сенің  ұлың  менің  өміріме  қатер  төндіргелі  жүргені  даусыз. Сол  себепті  дереу  Персияға  қайттағы, мен  мына  жауды  жеңіп, елге  оралғанша  жауапқа  дайындай  бер. 

       – Уа, ұлы  патшам, – деді  Гистасп  оның  аяғына  жығылып. – Сен  елі-міздің  даңқын  аспандатып, жарты  әлемді  жаулап  алдың. Ол  елдердің  бәрі  салық  төлеп, еліміздің 

 

 

Дарий* – Кир өлгеннен кейін парсы патшалығы тағына Дарий отырады. Ол да үлкен империя құрып, көптеген елдерді жаулап алады.

дәулетін  арттырып, тасқындатса, бұл – сенің  арқаң. Ендеше  саған  кім  қастандық  ойласа, ол  бізге  де  жау. Ондай  жаулық  ой-лайтын  парсылықтың  тумағаны  игі  еді! Туа  қалған  күнде, ертерек  өліп  кеткені  абзал-ды! Түсіңде  көргендей,  баламнан  қауіп  ойласаң – бердім  со-ны  қолыңа  құрбан  ғып!  Елге  барып, оны  тұтқынға  алайын! – деп, патша-дан  шыға  сала, атқа  қонып, елге  қарай  жол  тартты.                                     

                                                      ***

       Дәл  осы  уақытта  Спаргапистің  шолғыншы  жігіттері  барлаудан  орал-ған  еді. Олар  парсы  әскерінің  орналасу  жағдайын  баяндады.  

       – Кир әскерінің  негізгі  бөлігі  жорық  қамымен  алға  озып  кетті. Ал, азық-түлік,  шаруашылық  жағын  қамдайтын  бақауыл  жасақтары  тыл          

жақта  қос  тігіп  қалып  қойды. Соларды  басып  қалуға  мүмкіндік  бар, – деді  жорықшы  жігіттің  бірі.        

       – Иә, – деді  Спаргапис  ойланып. – Біз  жауымызды  азық-түлік, киім-кешектен  айырсақ, олардың  соғысу  қабілетін  әлсіретеміз. «Темірді  қызған  кезде  соқ»  дейді. Ендеше  бізге  жеңісті  жақындата  түсетін  мүмкіндік  туып  тұр, – деді  ол  жанындағы  қолбасшысына. – Әскерді  жорыққа  да-йында!  Дәл  қазір  аттанамыз!

       Қолбасшының  сыртқа  шыққаны  сол  еді, даланы  жорық  дабылы  жаңғырықтырды.

      Спаргапис  ағайынды  бауырларға  қарады  да:

      – Ал,  жігіттер,  жүріңдер,  атқа  қонайық! – деді. Өзі  жауап  күтпестен  оққағарларын  ерткен  күйі  сыртқа  шығып  кетті.

      – Бұл  қалай  болғаны? – деді  Нар. – Олар  парсылардың  құрған  тұзағына  түскелі  бара  жатыр  ғой. Олар  осындай  айламен  сақтардың  үштен  бір  бөлігін  қоршап  алып,  қырып-жойып,  Спаргаписті  қолға  түсіріп,  өлтірмейтін  бе  еді? Бұл  қауіптің  алдын  алу  үшін  Спаргаписке  бәрін  айтып, түсіндіруіміз  керек.

       – Дегенмен, ол  қырғын  түнге  қарай  болмайтын  ба  еді,– деді  Ер. –Сақтар  жеңістерін  тойлап,  парсылардың  әдейі  қалдырған  мол  тағамдарын  жеп,  көл-көсір  шараптарын  ішіп,   мастанып  бейғам  ұйықтап  жатқан  кезде  ың-шыңсыз  басып  қалмайтын  ба  еді. Ендеше  біз  олардың  жеңіске  жететін  мүмкіндіктеріне  неге  тосқауыл  болмақпыз?!  Қайта,  парсылардың  күшін  осылай  әлсірете  бергені  дұрыс  емес  пе? Ал  содан  кейін  біз  қоршалатындай  қауіптің  алдын  алуға  тырысамыз.

       – Иә, Ер  дұрыс  айтады, – деді  Би  оны  қостап. – Жеңіске  жетіп  алайық,  ал  кейінгісін  уағында  көре  жатармыз. Кәне, атқа  қонайық, бауырлар! – Үшеуі  бойларындағы  қару-жарақтарын  түзеп,  нық  адымдап  сыртқа  беттеді.        

 

 

                                                   ***

       Спаргапистің  қолы  парсы  жасақтарына  тұтқиылдан  тиісті.  Бірақ  пар-сылар  да  тез  есін  жиып,  айтарлықтай  қарсыласты. Соған  қарамай  Спаргапистің  сайланып  шыққан  қолы  қалың  жауды  нөсердей  жауған  оқтың  астында  қалдырып,  қоғадай  жапырып  жатты.  Одан  кейін  олар  жан-жақтан  анталап,  тікелей  шабуылға  шықты.  Алдыңғы  шептің  бір  бүйірінде  Ер,  Би,  Нар  да  қайқы  қылыштарымен  олай-былай  осқылап, аттарының  кеудесімен  екпіндей  омыраулатып, парсыларды  баса-көктеп  таптап  бара  жатты.  Ақыр  соңында  парсылардың  қалғаны  сақтардың  жойқын  шабуылына  төтеп  бере  алмай,  бас  сауғалап  қаша  жөнеледі. Спаргапистің  жеңіл  атты  әскері  оларды  өкшелей  қуып,  жаудың  сау-тамтығын  қалдырмай  жайпап,  қалған-құтқанын  тұтқындап,  кері  оралады. Жеңістеріне  масаттанған  жауынгерлер  дабыл  қағып,  кернейлетіп, енді  біреулері  ат  үстінде  өнерлерін  көрсетіп,  парсылардың  қос  тіккен  тұрақтарына  шат-шадыман  күйде  қайтып  келе  жатты.  Парсылардың  қосына  таяй  бергенде,  кенет  Би  астынан  су  шыққандай  тыпыршып, бауырларына  былай  деді:

       – Ер, Нар!  Садақтарыңды  оқтаңдар! – деді  бұйырып.

       – Иә, неге?! – деп, аң-таң  болған  Ер, Нарға:   

       – Шарап  көзелерін  атамыз! – деді  Би  әудем  жердегі  қос  арасындағы  қаз-қатар  тұрған  көзелерге  қарата  садағын  көздеп.

       – Ә, иә! – деп, бауырлары  түсіне  қойып,  олар  да  садақтарын  көздеп, үшеуі  бірінен  соң  бірі  көзелерді  дәлдеп  атып, қирата  бастады.

      Әуелгіде  не  болғанын  түсінбеген  Спаргапистің  жігіттері  аңтарылып  тұрып  қалған.  Ең  алдымен  Спаргапистің  өзі  есін  жиды:

      – Әй, сендерді  жын  ұрған  ба?!  Тоқтатыңдар  бассыздықты! – деп  ақыр-ған. Бірақ  бауырлар  оның  айқайына  тоқтаған  жоқ,  көзелердің  бәрін  жайратып  салды.

      – Әй, басбұзарлар! – деді  Спарагапис  ашу-ызадан  түтігіп. – Егер  жай  күндері  болса,  менің  бұйрығымды  орындамағандарың  үшін  үшеуің  де  өлім  жазасына  кесілер  едіңдер.  Дегенімен,  сендердің  жанқиярлық  ерліктеріңді  ескеріп,  жазаларыңды  жеңілдетем. – Жанындағы  жасақтарына  қарап. – Үшеуінің  де  қару-жарақтарын  жинап  алып,  аяқ-қолдарына  бұғау  салып,  тұтқындап,  үйқамаққа  алыңдар! – деп  ақырды.

      – Дат, тақсыр! – деп  Ер  сөз  сұрайын  деп  еді, Спаргапис: 

      – Жабыңдар  ауыздарыңды!  Көзіме  көрсетпей  тез  алып  кетіңдер  бұларды! – деп,  жасақтарына   өктемдікпен  бұйырды.

      Жасақтар  үш  бауырды  аттарынан  жұлып  алып,  дедектете  сүйреп, алып  кетті.

      – Ал, сайыпқырандарым! – деді  Спаргапис  сап  түзеген  әскеріне  барлай  қарап. – Сендердің  жанқиярлық  ерліктеріңнің  арқасында  бүгін  шарапатты жеңіске  жеттік. Жарайсыңдар!  Енді  сендерге  жеңіс  тойын  тойлауға  рұқсат  берем.  Парсылардың  мол  дастарқанын  көріп  тұрсыңдар  ғой. Тойғанша  ішіп-жеңдер,  күліп-ойнаңдар. Тек, әтте-ең, – деп  аз  бөгеліп  барып,  сөзін  қайта  жалғады. – Бар  шарапты  әлгілер  қиратып, төгіп,  рәсуа  еткенін  қарашы.  Амал  нешік, енді  өздеріңнің  жанторсықтарыңдағы  қымыз,  шалап,  шұбатпен  ғана  сусын  басарсыңдар. Ал, жақсылап  дем алыңдар! – деп,  ер  жүрек  жауынгерлерін  еркіне  жіберді.                                   

                                                        ***

      –Енді  қайттік?! – деді  қызуқанды  Ер  бауырларына  қарап. – Біз  парсылардың  алдауына  түсіп, қоршауда  қалып, қырылатын  болдық  қой.

      – Оларды  қоршауда  қалу  қаупінен  сақтандыратын  тек  біз  едік, біздің  де  көрген  күніміз  мынау.

      – Бұл  жерде  Бауыржан  атамыздай  мықты  қолбасшы  керек  шығар, – деді  Ер  бауырларына  кезек  көз  тастап. – Александр  Бектің «Арпалыс» кітабы  естеріңде  ме?

      Сонда  Бауыржан  ата  Мәскеу  түбіндегі  қаланы  қорғау  соғысында  батальонымен  бірге  бес  рет  немістердің  қоршауында  қалып, бесеуінде  де  қоршауды  жарып  шығады. Соның  алғашқысында  ол  асып-сасудың  орнына  батылдық  пен  тапқырлықтың  үлгісін  көрсетіп, қоршауды  «ромб  әдісімен»  тас-талқан  етеді. Яғни, соғысқа  жарамды  сарбаздарды  ромб  тәрізді  сапқа  тұрғызады  да, ортасына  жаралылар  мен  санитарларды  тиеген  арбалар  мен  зеңбіректерді, басқа  да  ат-көліктерді  орналастырады. Сөйтіп, немістердің  сақадай  сай  әскери-техникалық  колонналарын  күтпеген  жерден  сына  сияқты  бұза-жарып  өте  шығады. Бұл  да  әскери  тапқырлықтың  бірі.

      – Иә, осы  әдісі  кейін  әскери  оқулықтарға  енгізіліп, арнайы  тактика  ретінде  оқытылып  келеді  емес  пе.

      Бауырлар  біршама  серпілгендей  болып  еді, бірақ  өз  бастарындағы  жау  қоршауы  естеріне  түскенде,  қайта  қалың  ойға  беріліп,  үнсіз  қалды.

      Кенет  Нар  үнжұрғалары  түсіп  кеткен  баурыларын  иықтарынан  қағып:

      – Эврика! Мен  таптым! – деп  айқайлап  жіберді.

      – Иә, нені  таптың?

      Ол  жауап  орнына  қойнынан  қойын  дәптер, қаламсап  алып,  алдына  қойды.

      – Кімде  металл   теңге  бар?

      – Менде  жүз  теңге  бар, – деді  Би  қалтасынан  шығарып  көрсетіп.

      – Бәрекелді! – деді  Нар  жанары  ұшқын  атып. – Енді  хат  жазып, теңгені  астына  мөр  етіп  басамыз  да, Спаргаписке  беріп  жібереміз.

      – Содан?..

      – Содан  кейін  тағы  көре  жатармыз.

      Нар  отыра  қалып  хат  жазды  да, теңгенің  бетін  сиямен  бояп, мөр  етіп  басты. Оны  шиыршықтап  орап,  сыртынан  қолорамалымен  қаптады  да, оны  күзетшілердің  бірінен  «Спаргаписке  апарып  бер»  деп  ұстатып  жібереді.

      Біраздан  кейін  күзетші  қайтып  келді  де:

      – Үшеуің  де  менмімен  бірге  жүріңдер. Спаргапистің  алдына  барамыз, – деді. 

      Күзетшілер  оларды  Спаргапистің  жорық  шатырына  алып  келді.

      – Мына  хатты  оқи  аласыңдар  ма, қайсың  оқисыңдар? – деді  Спаргапис  олар  кірген  бойда. 

      – Мен  оқимын, – деді  Нар  алдыға  шығып,  хатқа  қолын  созып.  Ол  хатты  алысымен  орауын  жазып,  оқи  жөнелді:  « Спаргапис!  Көк  Тәңірдің  атынан  аян  етемін! Тап  қазір  төрт  құбылаға  шолғыншыларыңды  жібер. Парсылар  сендерді  қоршап  алды. Олар  өздеріңді  қойдай  топырлатып  қырып-жойсын  демесеңдер,   мына  үш  елшімнің  қол-аяғын  босатып, солардың  айтқанын  тыңдайтын  болыңдар. Олар  сендерге  жол  нұсқайды.

                                                            Ерекше  ілтипатпен  өздеріңнің  туғандарың –

                                                                                                         Зәрдаш  пайғамбар.»

      – О, Тәңірім! – деді  қолбасшылар  көкке  қарап, таң  қала  тізе  бүгіп. 

      – Иә-ә! – деді  Спаргапис  хатты  қайта  қолына  алып, оған  үлкен  мән  бере  үңіліп. Содан  кейін  оң  жағында  отырған  қолбасшысына  былай  бұйырды:                                      

      – Орхан  батыр! Төрт  құбыламызға  шолғыншы  жігіттерді  жібер! Тышқан  құсап  жорғалап,  құс  болып  ұшса  да, төңіректі  тезірек  барлап  келсін!       

                                                            ***

       Ымырт  қараңғысында  шолғыншылар  бірінен  кейін  бірі  қайтып  келіп, бірінің  аузына  бірі  түкіріп  қойғандай  «Қоршауда  қалыппыз!» деп  айтып  жатты. Спаргапис  Ер,  Би,  Нарды  бұғаудан  босатты  да,  қару-жарақтарын  қайтып  берді.

      – Иә, жігіттер, айтыңдар,  қалың  қоршауды  қалай  бұзып  өтеміз?

      – Тақсыр, ол  үшін  былай  етеміз, – деді Би. – Бар  әскеріңізді  сапқа  тұрғызасыз  да,  оларға: «Біз  қоршауда  қалдық», – деп  шындықты  айтасыз.                              

      – Иә, сонымен?

      – Қоршауды  түн  қараңғысында  Темірқазықты  бетке  алып  терістік  бағытта  бұзып  өтеміз. Сол  жауапты  жорыққа  қару-жарақтарыңды  сайлап, жақсылап  дайындалыңдар! – деп  әмір  бересіз. Кейін  үш-төрт  тұтқын  парсының  қашып  кетуіне  жағдай  жасайсыз. Олар  қандастарына  барып  қосылып,  біздің  жағдайымызды  баяндайды  да,  барлық  күшін  терістік  бағытқа  шоғырландырады.  Ал  біз  алдымызға  қалған  тұтқындарды  саламыз  да,  қоршауды  әскер  қатары  селдіреген  түстіктен,  дария  бағытында  бұзып  өтеміз. Тақсыр, біздің  жоспарымыз – осы.  Ал,  сіздің  алып-қосарыңыз  бар  ма?
      – Өте  тапқыр, мықты  жоспар  екен! – деді  Спаргапис  толқып, қуанғаннан  алақандарын  ысқылап. – Ешқандай  алып-қосарым  жоқ!  Дәл  өздерің  айтқандай  іс  жүргіземіз! – деді  де  өзі  Ер,  Би,  Нарды  кезек-кезек  бауырына  алып,  құшырлана  қысты.

       Сонымен  қараңғылық  үйіріле  жіберген  шолғыншылар  қайтып  келді. «Парсылар  негізгі  күштерін  терістік  бағытқа  шоғырландырып  жатыр.  Ал   түстікте  әскер  күші  селдіреп  қалған, – деп  баяндады  олар. Осы  мәліметті  алысымен  Спаргапис  қалған  тұтқындарды  алдыға  салып,  қолын  түстікке, дария  бағытына  қарай  бастай  жөнелді.

       Парсылар  шынымен-ақ  алда  келе  жатқан  тұтқын-жерлестерін  көріп, олардың  «атпаңдар, біз – өздеріңбіз!» – деген  парсы  сөздерін  естіп,  өз  қосынымыз  келе  жатыр  деп,  қамсыз  қалған  еді. Олардың  артынша  лап  қойған  Спаргапистің  қолына  парсылар  жарытып  қарсылық  көрсете  алмай,  босқа  қырылды.  Спаргапистің  жасағы  қоршауды  осылайша  бұзып-жарып  өтіп,  сақтардың  негізгі  қосынына  көп  шығынсыз  келіп  қосылды.  Сол  күні  Тұмар  ханым  мен  аман-есен  оралған  ұлы – Спаргапистің  қосынында  шынымен-ақ  алғашқы  жеңіс  тойы  тойланып, Ер, Би,  Нарға  сол  тойдың  бас  қаһармандары  ретінде  үлкен  құрмет  көрсетіледі.

      Дегенімен, басты  ұрыс-қимылдары  да,  негізгі  жеңіс  реті  де  әлі  алда  еді.                     

                                                                 ***

     Келесі  күні  Тұмар  ханым  Кирге  шапқыншысын  жұмсап,  былай  дегізеді:  «Қанқой,  Кир!  Сен  менің  ұлымды  алдап  қолға  түсірмек  болып  едің,  арам  ниетің  жүзеге  аспады. Тәңірім  бізді  қолдады.  Менің  ұлым  сенен  айласын  асырып,  сенің  аузыңды  аңқитып,  қоршауыңнан  сытылып  кетті. Енді  менің  мына  ақылымды  ал. Сен  сақтардың  күші  мен  айла-әрекетіне  құрық  бойлата  алмайтыныңды  ұқтың  ғой. Енді  есен-аманыңда  жөніңді  тап.  Егер  үйітпесең,  соғысамын  десең, Көк  Тәңірі  атымен  ант  етіп  айтайын,  қаншама  қанға  тойымсыз  болсаң  да,  сені  адам  қанына  мәймілдете  тойғызбай  қоймаймын!  Соны  ұғып  ал!»

      Бірақ  Кир  әйел  падишаның  бұл  сөзін  құлаққа  ілмеді, «Соғысқа  дайындала  бер!» деп  жауап  жіберді.

     Тұмар  ханым  болса, Кирдің  өзі  айтқан  ақылға  тоқтамасын  білді  де, бар  әскерін  жинап,  парсыларға  қарсы  шеру  тартып  шықты. Бұл  бұрын-соңды  көз  көріп,  құлақ  естімеген  соғыс  болды.  Ең  алдымен  қарсыластар  алыстан  бір-біріне  жай  оқтарын  қара  нөсердей  жаудырды. Сақ  сарбаздары  Кирдің  әскерін  екі  жағынан  қоршай  торуылдап, жақындап  барып,  улы  жебелерді  зуылдата  атып, кері  шегініп  кетіп  отырды. Алдыңғы  лектегі  парсылардың  жаяу  әскерінің  қатары  сирегенде,  Кир  патша  атты  әскерін  майданға  қосты. Тұмар  ханым  да  Орхулан  бастаған  атты  әскерін  шығарды.  Бұл  соғыс  кешкі  ымыртқа  дейін  созылып  итжығыспен  аяқталды.

     Таң  сыз  бере  басталған  келесі  күнгі  соғыста  Кир  арбалы  әскерін  жапты. Арбалардың  доңғалақтарына  өткір  жүзді  шалғылар  бекітілген  еді. Тұмар  ханым  оларға  қарсы  аттылы  садақшыларын  жіберді.  Олар  епті  қимыл-әрекеттерімен  арбалардан  қашқақтай  жүріп,  ысқырма  жебелерімен  жау  әскерін  баудай  қиып, парсылардың  зәресін  ұшырады.

      Келесі  кезекте  парсылар  қалқан-қамалды,  найзалы  ауыр  әскерімен  сақтарды  таптап  өтпек  болды. Тұмар  ханым  оларға  «Үлкер  жәрік» соғысын  салды.  Екі  жақтан  үш  жүз-үш  жүз  адамнан  топтасқан  атты  әскерлер  бірінен  кейін  бірі  шауып  барып, нөсерлетіп  садақ  атып,      қайтып  кетіп  жатты. Осылайша  бірнеше  мың  адам  топ-топ  болып  бірінен  соң  бірі  кіріп,  парсының  жаңғақтай  мықты  шымыр  әскерінің  быт-шытын  шығарды.  Кир  шыдай  алмай  өзінің  ең  сенімді  атты  әскерін  майданға  жаудырды. Тұмар  ханым  да  қыр  астында  жасырынып  тұрған  ұлы  Спаргапистің  қолын  шабуылға  шығарды. Біздің  қаһармандарымыз  Ер,  Би,  Нар  да  сол  жасақпен  бірге  қылыш,  алдаспандарын  жарқыратып, парсыларды  ығыстыра  бастайды.  Кир  сақтардың  барлық  қолының  айқасқа  араласқанын  көріп, ең  мықтылардан  құралған  өз  қолымен  ұрысқа  кірісіп  кетеді. Тың  күш  сақтарды  ығыстыра  бастайды. Осы  кезде  Тұмар  ханым  бар  дауысымен  айқайлап:

       – Сақ  елінің  еркін  арулары! Ар-намысыңды  қорғайтын  кезің  келді. Біріңнің  әкең, біріңнің  жарың, біріңнің  бауырларың  мына  қанды  қырғынның  ішінде  жүр.  Жанымыз  олардан  ардақты  емес.  Кіріңдер  майданға! – деп  ұран  тастап, өзі  солармен  бірге  майданға  қойып  кетеді.

       Ер-апалардың  қан  шайқасқа  кіргенін  көріп,  сақ  сарбаздарының  намыс-жігері  қозып,  бұрынғыдан  бетер  жанталаса  шайқасты. Содан  Кирдің  әскері  жойқын  күшпен  кері  серпіліп,  қоғадай  жапырылып  жатты. Мұны  көріп, шошынған  Кирдің  көзіне  түнеу  күнгі  қөрген  түсі  қайта  елес  бергендей  болды. Сонда  ғана  ол  сол  түстің  бар  мәнісін  ұғынды. Ол  түс  Кирдің  ажалына  көрінген  аян  екен. Мұның  тағына  Ахемендер  ұрпағынан  тарайтын  Дарийдің  отыруы – соның  көрінісі  болып  шықты.                                                                               Кирдің  көз  алдына  Хазар  теңізінің  буырқанысындай  жойқын  толқын  елестеді. Сол  толқын  бара-бара  екпін  алып, қалың  парсыларды  баса  көктеп  келе  жатыр  еді. Дәл  сол  кезде  қайдан  пайда  болғанын, Тұмар  ханымның  ұлы, ақ  боз  атты  Спаргапис  пен  Ер,  Би,  Нар  бастаған  сарбаздар  Кирдің  алдынан  шыға  келді. Ер,  Би,  Нар  патшаның  оққағарларымен  алысып  жүргенде,  Спаргапис  Кирдің  өзіне  тұра  ұмтылады.  Кир  мен  Спаргапистің  жанталасқан  айқасы  сүт  пісірім  уақытқа  созылды. Сақтардың  ұраны  күшейіп  кеткеннен  алаңдады  ма, әлде  жас  арыстанның  айбатынан  сескенді  ме, атының  басын  кейін  бұра  бергенде, Спаргапистің  алдаспаны  Кирдің  басын  қағып  түсіреді. Патшаларының  ажал  құшқанын  көрген  парсылардың  одан  әрі  қарсыласуға  дәрмені  болмай,  жапырыла  ығысып,   жандалбасалап  шегінді.  Сақ  жауынгерлері  оларды  түре  қуып,  жолдарында  кесе  көлденең  жатқан  Сейхунның  кең  дариясына  топырлатып  тоғытып,  үстерінен  жебе  «нөсерін»  жаудырды...

      Сөйтіп, Тұмар  ханым  мен  оның  ұлы  Спаргапис  бастаған  ұлы  сақ  ордасы  «Азия  әміршісі»  Кирдің  үш  жүз  мыңдық  қалың  қолын  қирата  жеңіп. Ұлы  жеңіс тойын  тойлады. Сол  тойда  Тұмар  ханым  Кирдің  кесілген  басын  ызалана  түйреп  тұрып:

      – Іздегенің  қан  еді, ал  қанғаныңша  іш  ендеше! – деп, сабадағы  шүпірлеген  қанға  найзаға  түйрелген  патшаның  басын  матырып –матырып  алады  да, әудем  жерге  жиіркене  лақтырып   жібереді.

 

                                  

                           

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                                                      

 

 

                                                                                        «Бұл – аңыз  емес, тарихи  шындық».

                                                                                                  Полиэн, «Соғыс тактикасы»

                                                                                                  кітабынан,   б.з.б. II-ғасыр.

 

                                                                                         Әскер  жина  сақтардан –

                                                                                         Қанжармен  қақ  қапталдан.

                                                                                         Жарылқасын  аруақтар,

                                                                                         Артсын  арай, ақ  таңдар!

                                                                                         Тұлпарға  туды  байлаңдар,

                                                                                         Садақтарды  сайлаңдар!

                                                                                         Сүңгіні  жауға  сұғыңдар,

                                                                                         Ата  жауды  қуыңдар!

                                                                                                 Соқыр  жырау Саксафардың 

                                                                                                 сақ   жауынгерлеріне  берген 

                                                                                                 батасы, В.Янның

                                                                                                «Финикия  кемесі» кітабынан.

 

                                      Дарийдің  «зәмзәм  суы»

 

       Жаздың  жаймашуақ  күнінің  бірі. Ер,  Би,  Нар  сауыттарын  киіп, қажетті  заттар  мен  жолазық  салынған  қоржындарын  аттарына  өңгеріп, үшеуі  «Ерлік  алаңына»  келді.

       – Айтпақшы,  Бетпақдаланың  картасы  мен  тұсбағдарды  алдыңдар  ғой? – деді  Би.

       – Алдық,  олар  менің  қоржынымда, – деді  Нар.

       – Біз  бұл  жолы  елсіз, сусыз  дүз  даламен,  жыртқыш  тағылары, улы  жәндіктері  жыртылып  айырылатын  шөл  даламен  жол  жүреміз  ғой, – деді  Ер. – Сол қиындықтардың  бәріне  төтеп  беруіміз  керек.

       – Соның  бәріне  дайындалып,  қамданып  шыққан  жоқпыз  ба. 

       – Иә, дұрыс  айтасың. Енді  тек, жорығымыз  сәтті  болсын!

       – Сәтті  болсын!

       – Ал  енді, бауырлар,  «Кеңістік  сағаттарыңды»  біздің  дәуірімізге  дейінгі  517  жылғы  сақ  дәуіріне, Бетпақдала  шөліне  туралаңдар, – деді  Би.

       – Иә, тураладық! – деді  Нар.

       – Тураладық! – деді  Ер. Үшеуі:

                                   Біз – Тұранның  ұлдарымыз,

                                   Ерлік – басты  ұранымыз!

                                   Жорыққа  сай, дайынбыз,

                                   Текті  елдің  қыранымыз!

       Сол  сәтте  кеңістік  өзгеріп, үшеуі  ежелгі  дәуірдегі  Сақ  даласынан  шыға  келеді.

       Айнала  иен  дала,  жапан  дүз. Ұшы-қиыры  жоқ  жазық  даланың  әр-әр жерінен  боз  жусан,  қызғылт  бұйырғын  мен  сораң  көрінеді. Көкте  құйқылжыта  сайраған  бозторғай  даусы  болмаса,  айнала  атырапта  тіршілік  белгісі  байқалмайды...

                                                        ***

      Қыр  жонындағы  үш  асыр  еңселі  көрінеді. Айналасына  ақ  боз  үйлер  мен  тегелендер,   жорық  шатырлары  жыпырлай  орналасқан. Үй  арасында  қаран-құран  етіп  жүрген  елдің  ішінде  әскери  сарбаздар  басым. Ақ  боз  үйдің  біреуінің  алдында  үлкен  тай  қазанда  буы  бұрқырап  ет  пісіріліп  жатыр.

      Үш  елдің  игі  жақсыларының  бәрі  ортадағы  асырда  бас  қосқан. Еңселі  үш  тақытта  үш  елдің  тәңірқұты – Омар, Тамыр,  Сақұстар  отыр. Олардың  айналасында  уәзірлер  мен  билер,  қолбасшылар. Тәңірқұттар  кеңесі  қызу  жүріп  жатыр.

       – Ел  іргесі  сөгілді, – деді  Омар. – Батыстан  мидиялық  Дарийдің  700  мыңдық  қолы  көкті  жапқан  қарғадай   қаптап, баса  көктеп  келеді. Кешегі  күндері  олар  Томиристен  ойсырай  жеңілгендерін,  патшалары  Кирдің  басы  осында  қалғанын  ұмытпаса  керек. Енді  көрмейсің  бе,  парсылар  бұл  далаға  бұлтты  шегірткедей  тағы  төпеп,  кеткен  кектерін,  жіберген  еселерін  еселеп  өндіріп  алуға  өңмендеп  келеді. Топан  судай  ойран  салған  бұл  жауға  қандай  қайран  көрсетеміз?  Қалай  тосқауыл  болмақпыз?

       – Біздің  бүгінгі  кеңесіміздің  мақсаты  да  сол  емес  пе. «Бір  жағадан  бас,  бір  жеңнен  қол  шығарып», үшеуміз  қол  біріктірейік. Сөйтіп, күшімізге  күш  қосып,  бір  жұдырық  болып,  сол  топанға  төтеп  берер  тас  қамал,  қасқайып  қалқан  болайық. 

       – Е, мұныңыздың  бәрі  бос  қиял, – деді  Сақұстар. – Үшеуіміз  біріксек  те, бар  болғаны  екі  жүз  мыңға  жетер-жетпес  қол  құрамыз. Қара  құрттай  қаптаған  Дарийдің  қолына  қандай  қамал,  тосқауыл  болмақсың?  Қайта  сені  жан-жағынан  қаусырып, бір  уыс  насыбайдай  алақанға  салып, бір  атып  жоқ  қылмай  ма. Одан  да  үшеуміз  жеке-жеке  әрекет  жасайық. Жауды  көкжал  бөрідей  әр  тұсынан  «шолақ  соғыс» тәсілімен  жұлмалап-жұлмалап,  жүйкесіне  тиіп, әлсіретейік.  Содан  басқа, содан  ыңғайлы  жолды  көріп  тұрған  жоқпын.  Менің  ұйғарымым – осы.

      Омар  мен  Тамыр  ойланып  қалды.

      – Кир  патшаның  құмырсқадай  қаптаған  әскерін  Тұмар  ханым  тас-талқан  етіп  жеңген  жоқ  па  еді.  Біз  сол  құрлы  жоқпыз  ба. Ең  дауасы  күш  біріктірейік...

      – Сендер  өздерің  тізе  қосып  соғысамыз  десеңдер, соғыса  беріңдер.  Ал  мен  әлгі  ойымнан  қайтпаймын.

      Сақұстардың  осы  тұжырымын  білгендей, сырттағы  бақауылдардың  бірі  ет  пісіп, дайын  болғанын  хабарлады.

       Ет  желініп, сыртқа  тоқтық  басуға  шыққанда  да, тәңірқұттар  мен  қолбасшылардың  жүздері  жабығыңқы,  еңселері  түсіңкі  күйден  танған  жоқ. Сақұстар  астан  кейінгі  отырысқа  қарамай  суыт  жүріп  кетті.

      Омар  мен  Тамыр  алдағы  жорықтың  жайын  ақылдасып  отырғанда, сырттағы  күзетшінің  бірі  бас  сұқты: 

      – Шырақ  деген  жылқышы  жігіт  алдарыңызға  кіргісі  келіп  рұқсат    сұрайды. «Жорыққа  қатысты  ой-ұсынысым  бар», – дейді?

      – Кірсін! – деді  іштегілер. 

      Асырға  өткір  көзді, қияқ  мұртты, сіңірлі  ірі  денелі  қара  жігіт  кіріп  келіп, ортаға  қамшы  тастады.

      – Иә, датың  болса, айт! – деді  Омар.

      – Әлгінде  сіздердің  жүздеріңізден  торығуды  байқап,  шыдай  алмай  келіп  тұрмын, – деді  Шырақ. – Иә, парсылардың  күші  жойқын, екпіні  қатты  екенін  қарапайым  жұрт  біз  де  біліп  жүрміз.  Егер  құлақ  қойсаңыздар, менде  бір  ой  бар.

      – Тыңдауға  дайынбыз,  айта  бер.

      – Менің  ойымша,  жаудың  екпінін  әлсіретудің  бір  ғана  жолы  бар. Қазір  біз  шөл  даланың  шегінде  тұрмыз. Бұдан  әрі  қарай  ұшы-қиырсыз, елсіз, сусыз  Бетпақдала. Демек, жауды  сол  иен  жатқан  шөл  далаға  ілестіріп,  індетіп  апарып,  діңкелетіп  құрту  керек. Сол  міндетті  мен  мойныма  алсам  деймін. Тұтас  ел-жұртты  қырғынға  ұшыратқаннан, бір  адамның  ғана  құрбан  болғаны   жөн  емес  пе. Тек, менің  бір  өтінішім  бар: Мен  олай-былай  болып  кетсем, балаларыма,  ұрпағыма  қамқор  боламыз  деп, сөз  берсеңіздер.

       – Шырақ! – деп  жауап  берді  Тамыр  патша. – Сен  осы  далада  өмір  бойы  жылқы  бақтың,  бұл  даланың  ой-шұңқырын  бес  саусағыңдай  білесің. Енді  мойныңа  үлкен  міндет  алып,  еліңе  шырақ  болғалы  тұр  екенсің,  жолың  болсын!  Ал, бала-шағаңды,  отбасыңды  уайымдама. Біз  оларды  қанатымыздың  астына  алып,  қамқор  болуға  уәде  береміз. Олар  жетімдік  көрмей,  арғымақ  ат  мініп  жүретін  болады. Ырыс-несібелерін  ортайтпаймыз...

                                                        ***

     Келесі  күні  екі  патшалықтан  құралған  қалың  сақ  жұрты  Ұлы  көшке  тас  түйін  дайын  тұрған  еді.  Олар  қозғалуға  тек  қағандарының  әмірлерін  күтіп  тұрған.  Кенет  ортаға   отбасы,  бала-шағасын  еңіретіп,  олармен  қимай  қоштасқан  Шырақ  қара  бурадай  буырқанып,  түтігіп  шыға  келді. Ол  елдің  алдында  қасқайып  тұрған  күйі:

       – Ал, онда, – деді  бұлшық  еттері  бұлт-бұлт  ойнап  ширығып. – Мен  алдарыңызға  тас-түйін  дайындықпен  келіп  отырмын. Мені  мына  өткір қанжармен  қидалап-кескілеңіздер.  Бетімді,  өне  бойымды  сау  жер  қалдырмай  тілім-тілім  етіңіздер. Сөйтіп,  жарақаттап,  ит-қор  етіп, парсылардың  жолына  тастаңыздар.  Әйтпесе, олар  маған  сенбейді, – деп, көзі  қанталап,  қанжарды  жерге  тастады.

      Бірақ  айнала  анталап  тұрған  сақ  жауынгерлерінің  ешқайсысы  батылы  барып  жердегі  қанжарды  ала  қоймады. Ешқайсысы  қас  батырға  зақым  жасауға  қимай, мен  істеймін  деп  алға  суырылып  шықпады. Айнала  елдің  ешқайсысы  тырп  етіп  қозғала  қоймағанын  көрген  Шырақ  сүзеген  бұқадай  жан-жағына  қарап  алды  да,  жердегі  қанжарды  өзі  көтерді.  Қанжарын  күнге  шағылыстыра  «жарқ-жарқ»  еткізіп  ойнатып, бұлшық  еттері  білем-білем  кеудесі  бір  көтеріліп, бір  басылып,  өткір  қой  көздері  ұшқын  атып, тістерін  шақыр-шұқыр  еткізіп  қайрады  да, айнала  жұрттың  көзінше  өзіне-өзі  қол  жұмсады.  Беті-қолын, тұла  бойын  өткір  қарумен  қан-жоса  етіп  аямай  тілгілеп, кескілеп  тастады. Айналасында тұрған  жұрт  оның  айқыш-ұйқыш  тілгіленіп,  қан  сорғалаған   денесін  көріп,  ауыздарын  ашып,  жағаларын  ұстады:

       – Уа-а! Өзін де  аямады ғой бұл!

       –  О, тоба!!!

       – Тәңірім  сақтай  гөр!.. – деумен  ғана  тынды.     

                                                           ***

       Көшкен  жұрттың  ескі  жұртында  күнге  шыжып, кіре  жолдың  шаңына  аунап  жатқан  жерінен  оны  парсылардың  шолғыншы  жасақтары  тауып  алды. Тұла  бойы  қызыл  ала  қанға  боялған  күйінде  Шырақты  Дарийдің  алдына  жеткізді.

      – Маған  олардың  не  істегенін  көрдіңдер  ме? – деді  ол  тісін  қайрап. – Жауыз  иттер!  Оларға  мен  әлі  көресісін  көрсетемін! Ит  терілерін  басына  қаптатамын!  Егер  қажет  болса,  жол  бастап  барайын.  Мен  білемін  олардың  қайда  бет  алғанын. Сендерді  сақ  әскерінің  тура  үстінен  түсіремін!  Сөйтіп, мені қорлап-жәбірлегендері  үшін  олардан  қалайда  кегімді  аламын!

       Шырақтың  қып-қызыл  қанға  боялған  сықпытын,  қарғанып,  тісін  қайрағанын  көріп, парсылардың  сенбесіне  амалы  қалмады.

      – «Өлмегенге  өлі  балық  кездесер»  деген, – деді  Дарий. – Кәне, сүйемелдеп  тұрғызыңдар.  Жарасын  таңып, үсті-басын  тәртіпке  келтіріп, тамақ  беріңдер.  Бізге  жол  бастаушы  керек.

      Сөйтіп, Шырақ  парсылардың  сеніміне  кіріп, оларды  шөл  даланың  шалғай  түкпіріне  бастай  жөнелді.

      – Төңіректегі  құдықтар  түгел  уланған,  шөбі  өртелген, – деді  Шырақ  парсыларға. – Оларға  апаратын  қауіпсіз,  төте  жолды  тек  мен  ғана  білемін...                                     

                                                        ***

      Бауырлар  ұшы-қиырсыз  шөл  даланы  қақ  жарып  жүріп  келеді. Олар  жүзген,  қылша,  құмсағыз  бен  жантақ  өскен  ала  тақыр  мен  құм  төбелерді  артқа  тастап, із  кесіп, айнала  атырапқа  барлай  қарайды. Алдағы  тағы  бір  төбенің  жонына  шыға  бергенде,  Нар:

       –  Ер,  дүрбіні  бере  тұршы,  сонау  көкжиектегі  қарайған  жолақты  көрдіңдер  ме, соған  көз  салайын. – деді. Ол  дүрбіге  шұқшия  үңілді  де, – Бауырлар,  мына  келе  жатқан  қалың  әскер  ғой.  Мә, сендер  де  анықтап  қараңдаршы, – деді.

      Олар  да  дүрбіні  кезек-кезек  алып  қарай  бастады.

      – Иә, алдында  бір  топ  шолғыншылар  да  келеді. Солардың  арасында  жол  көрсетіп  жүрген  Шырақ  та  бар  шығар.

      – Дұрыс  айтасың. Шолғыншылардың  бәрі  әскери  киімді – дулыға, сауытты  да, тек  бір  адам  ғана  жай  киім – шапан, басына  қалпақ  киген. Сол  Шырақ  болуы  керек.

      – Иә, дұрыс  айтасың. Сол  Шырақтың  өзі. Үстіндегі  бақташы  киімі  ғой. Енді  оны  өлімнен  қалай  арашалап  аламыз?  Соның  жайын  кеңесейік.

      – Олардың  шөл  даланы  кезіп  келе  жатқандарына  қанша  күн  болды  екен? Алдымен  соны  анықтауымыз  керек. Өйткені,  жетінші  тәулікте  бар  сыр  ашылып,  Шырақтың  басына  қауіп  төнбейтін  бе  еді?

      – Сондықтан  ара  қашықтық  сақтап  жүріп, оларды  бақылайық. Әне, парсылардың  түр-кескіндері  анығырақ  көріне  бастады.  Жүздерінен  шаршағандық  пен  қажығандық  байқалады.  Күш-қайраттары  да  сарқылған,  ілбіп,  сүйретіле  басып  жүріп  келеді. Әне,  кейінгі  әскер  қатарынан  бір  арба  мен  үш  салт  атты  бөлініп  шықты. Арбаның  үстінде               үлкен  бөшке. Соған  қарағанда,  оларды  айнала-атырапта  су  бар  ма  екен  деп, барлауға  жіберген  болуы  керек.

      – Суға  барлауға  жіберген  бе?!

      – Иә, суға  барлауға  жіберген.  Өйткені, олар  қазір  судан  қаталап  келеді  емес  пе. Әне, олар  бері, сайға  түсіп  келеді.

      – Бәрекелді! – деді  Нар  қуанып. – Өте  тамаша!  Бауырлар,  біздің  күткеніміз  де  осы  емес  пе?!

      – Иә, олар  арбаларын  дәл  біздің  жоба-жоспарымызға  сай  жібергенге  ұқсайды.

      – Әне,  олар  жақындап  қалды,  – деді  Ер.  – Садақтарымызды  оқтап  әзірленіп  тұрайық.  Мен  ортасындағы  сардарын  аламын.  Ал  сен  Би – оң  жағындағысын,  сен,  Нар,  – сол  жағындағысын  көздеңдер.  Мен  «Ат!»  дегенде,  үшеуіміз  бірден  атайық.

      – Ал,  арбадағы  сарбазды  ше?

      – Арбакешті  ме,  оны  тірідей  қолға  түсірейік.  Егер  қашуға  әрекеттенсе,  жеңіл  жарақаттайық.  Өйткені,  ол  бізге  «тіл»  үшін  керек  қой.

      Дәл  осы  кезде  парсы  арбасы  да  таяқ  тастам  жерге  жақындап, таяп  қалған  еді.

      – Ал  оларды  нысанаға  алдыңдар  ма?

      – Алдық.

      – Онда... атыңдар!

      Үшеуі  керілген  жебелерін  жіберіп  қалып  еді, ат  үстіндегі  үш  жауын-гер  бір  мезетте  омақаса  құлады.  Ал  арбакеш  атын  тоқтатып,  әуелгіде  не  болғанын  білмей  абдырап  қалды  да,  тез  есін   жиып,  атының  басын  бұра  бергенде,  Ер  оны  оң   қолынан  дәлдеп  атып,  жарақаттады.  Ол  қолымен  әлек  болып  жатқанда,  үшуі  тасадан  жүгіре  шығып,  арбакешті  қаумалап   ұстап  алды.

      – Атың  кім? – деді  Ер  тұтқынға.

      – Сәлім.

      – Сәлім, тек  шыныңды  айт!  Егер  бір  сөзің  жалған  болса,   мына  кезеулі  оқтан  ажал  құшасың.

      – Тек, шындықты   айтайын.  Мені   өлтіре  көрмеңіздер, – деп  жалынды  тұтқын.

      – Шырақтың  жол  көрсетуімен  қанша  күн  болды  келе  жатқандарыңа?

      – Бүгінгі  күнмен  жеті  күн...

      – Дарийдің  әскері ,  жағдайы  қалай?

      – Халіміз  нашар, – деді  тұтқын  еті  қашқан  жақтары  қушиып. – Әскерлер  болдырған,  қажыған.  Мына  бас-аяғы  жоқ  тозақ  шөлдің  ыстық  күніне  қақталып,  аңқамыз  кеуіп  қаталап  келеміз. Бойынан  әл-дәрмендері  кеткеңдер  жол   бойы  сүйретіліп, сұлап  қалып  жатыр. Шегірткедей  қаптаған  қалың  әскердің  жартысына  жуығынан  айырылдық. Қазір  Дарийдің  өзі   жаңдалбасалап,  не  істерін  білмей  әлек.  Жан-жаққа  біз  сияқты  су  барлаушыларын  жібергенімен,  олар  да  бір  жұтым  су  таппай  құр  қол  қайтып  жатыр.  Біз  де  соның  біріміз, – деді  көзі  тұманытып.

      – Жол  бастаушы  Шырақтың  түр-келбеті, киген  киімдері  қандай?

      – Оның  басында – ақ  киіз  қалпақ, үстінде – шоқпыт  шапан,  бет-аузы  тілік-тілік. Әскер-сарбаздардың  арасынан  бірден  байқалады.

      – Ал, бауырлар, – деді  Би. – Мұны  аяқ-қолын  байлап,  осында  қалдырайық   та,  дереу  іске   кірісейік.

      – Иә,  іске  кірісейік. Бүгінгі  күн – Шырақтың  басына  қауіп  төнетін  күн.  Оны  өлім  аузынан,  парсылардан  арашалап  алуымыз  керек. 

       Үшеуі  әдеттегідей  жұдырықтарын  түйістірді.

                                                                 ***

       Шырақ  батырдың  жол   көрсетуімен  келе  жатқан  парсылардың  қалың  қолы  алдан  көрінген  биік  жотаға  сілікпелері  шығып  әрең  көтерілді.  Жотаның  биігінен  айнала  атырапқа  көз  салып  еді, түстігі  мен   терістігі,  шығысы  мен  батысы – төрт  құбыласы  түгел  иен  жатқан  құлазыған  даланы  көрді. Қанша  тінтіп  тіміскілегенімен, айнала  төңіректен  өзен-көлдің  белесін, елді  мекен, адам  тұрағының  елесін  де  көре  алмады. Мұны  көргенде  Дарий  патшаның  төзімі  таусылып, жерге  тізерлей  шөгіп, көкке  қарап  қарғанды. Ал  оның  Ранасбат  атты  сенімді  қолбасшысы  қылышын  қынабынан  суырып,  Шыраққа  тұра  ұмтылды.  Сонда  Шырақ  оған  тәкаппарлықпен  қасқая  қарап  тұрып:

       – Уа, жеңіс  деген  осы! – деп  шаттана  дауыстады. –Мен  ата-бабалар-ымның  жерін  жаулап  алғысы  келген  Дарий  патшаның  қанқұйлы  қолын  жалғыз  өзім  шөлге  қамап, дымын  құртып  тұрмын.  Сендерді  жан-жақтар-ыңнан  елсіз, сусыз  ен  дала, қу  медиен  қоршап  тұр. Төрт  құбылаларың  бетпақ  дала, қай  жаққа  жүрсеңдер  де,  елді  де, суды  да  таппайсыңдар. Жеті  күнге  дейін  шөл  даладан  көз  ашпайсыңдар, аптап  ыстық  пен  шөл  азабынан  көресілеріңді  көресіңдер. Ал  менде  ешбір  арман  жоқ. Кіңдігімді  кескен  туған  жерімде  қаным  төгілетіні  үшін,  сүйегім  осы  арада құмға көмілетіні  үшін  бақыттымын! – деді  көздері  ұшқын  атып.

       Ашуға  булығып, қаны  қарайған  Ранасбат  алдаспанын  жарқ  еткізіп, Шыраққа  көзі  қанталай  қарады. Өздерін  осындай  бейшара  халге  түсіргені  үшін,  оған  зәрлене  қарап,  табанда  жеп  қоярдай  айбат  шекті.

      – Ә,  қара  құзғын,  көресіні  сенен  көрдік  қой! Бізді  қинаған,  адастырып  қу  шөлге  әкеп  тастаған  бұл  жауыздығың  үшін  өзің  де  қиналып  өлесің.  Мына  тырбиған  аяқ-қолдарыңды  қазір  шауып  тастаймын,  осы  жерде  өзің-ақ  күнге  қақталып,  майың  шыжып  өлесің, – деп,  алдаспанын  көтеріп, Шырақты  шауып  тастамаққа  ұмтыла  бергенде, «Су-су!  Дарий  патшаға  су  әкеле  жатырмыз, жол  ашыңдар, жол  ашыңдар!» деген  дауыс  шықты. Бәрі  сол  дауыс  шыққан  жаққа  жалт  қарап  еді, қалың  әскер  екі  жаққа  қақ  айырылып,  бөшкелі  арбамен  су  әкеле  жатқан  сарбаздарға  жол  берді.

      – Дарий  патшаға  су  әкелдік, – деді  сарбаздар  бөшкелі  арбаны  Дарий  мен  Ранасбаттың  алдына  әкеліп  бір-ақ  тоқтатып.  Арбадан  секіріп  түскен  үш  сарбаздың  бірі  бөшкенің  аузынан  шұбатылып  шығып  тұрған  түтікшені  Дарийдің  қолына  ұстатты. – Уа, патшам, мына  бөшке  толы  «зәмзәм  суы». Асықпай, дәмін  сезініп  сораптап  ішсін  деп, әдейі  түтікпен  беріп  отырмын.  Қанып  ішіңіз, тақсыр.

       Еріндері  шырт-шырт  жарылып, бар  есіл-дерті  бір  жұртым  суға  зар  болып  келе  жатқан  Дарий  көздері  тұманытып, еш  нәрсенің  парқына  бара  алмастай  еді. Ол  түтікті  жалма-жан  кезерген  аузына  салып, суды  құмығып  жұта  бастап  еді, қақалып-шашалды  да  қалды.

       – Байқап, асықпай  ішіңіз, патшам. Бөшкедегі  су  бәріңізге  жетеді.

       Аузы  кезеріп, құрғақ  еріндерін  тілдерімен  жалаған  әскерлердің  бәрі  Дарий  патшаның  аузындағы  түтікке  ашкөздене, тағатсыздана  телміреді. Тіпті  Ранасабат  та «су» деген  сөзді  естігенде,  есі  ауысып, өлтірейін  деп  тұрған  Шырақты  ұмыта  арбаға  ұмтылды.  Ал  бұл  кезде  әлгі  үш  сарбаз  бір  шетте  елеусіз  қалған  Шырақты  жетелеп  ерткен  күйі  жұрттың  арасына  сіңіп  кетті. Олар  қалың  әскердің  арасынан  сытылып  шыққан  бойда  сайда  жайылып  жүрген  аттардың  бірнешеуін  ұстап  алды. Әрқайсысы  бір-бір  атқа  қарғып  мініп,  сай  табанымен  құйғытып  шаба  жөнелді. Олар  сол  бойда  өздерінің  бұрынғы  жайларына  келді  де, қаңтарулы  тұрған  аттарын  жетекке  алып, ары  қарай  тоқтамастан  тартып  отырды.

      –Мені  өлімнен  құтқарып  алғандарыңа  алғысым  шексіз, – деді  Шырақ  жүйіткіп  бара  жатып, жанындағы  үш  батырға. – Бірақ  оларға  бір  бөшке  суды  тастап  кеткендеріңе  түсінбедім.  Мен  оларды  елсіз, сусыз  шөлге  қаңтарып,  діңкелетіп,  сілікпесін  шығарып,  көздерін  тұздай  құрту  үшін  әкелген  жоқ  па  едім! 

       – Шырақ  аға, – деді  Нар жұмбақ  жымиып. – Онда  бір  бөшке  су  жоқ. Бөшкенің  аузына  бекітілген  бір  тостаған  су  ғана  бар. Ал  бөшкенің  іші  толған  құм.

       – Біз  бөшкенің  аузын  темір  қалқанмен  жауып,  шынжырмен  құрсап, құлыптап  кеткенбіз. Дарий  мен  Рансбат  қалқан  астындағы  суды  жіңішке  түтікше  арқылы  сарқып  ішеді  де, суы  таусылған  соң,  оның  қақпағын  аша  алмай  әуреге  түседі.  Ал  біз  сол  уақытта  ізімізді  суытып  үлгереміз.

       – Бәрекелді!  Тапқыр  екенсіңдер!– деді  Шырақ  жас  батырларға  қатты риза  болып.

      – Мына  торсықты  алыңыз, аға. Кенезеңіз  кеуіп  келе  жатыр  ғой. Қымыз  ішіп,  шөліңізді  басыңыз, – деді  Ер  жанторсықты  Шырақтың  қолына  ұстатып.

      – Рақмет,  батырлар,  бәрін  жан-жақты  ескерген  екенсіңдер, – деп   қатты  толқыған  Шырақ  батыр  торсықты  аузына  төңкеріп,  ішіндегісін  төгіп-шаша  қымыз  жұтты.

 

 

 

 

 

 

 

 

                                                                         «Александр  Македонскийдің  бұйрығы  бойынша,                                                

                                                             Сырдарияда  Александрия   Асхата (Шеткі 

                                                             Александрия) деп  аталған   қала  салынды... Сақтар 

                                                             өзеннің  екінші  жақ  бетінен  гректерді                   

                                                             садақтан  атқылайтын. Ал, Александр  көшпелілерді 

                                                             катапультпен  атуға   бұйырған, оларды  шегінуге 

                                                             мәжбүр   етті, сонан  соң  әскерімен   қуғындай 

                                                             түскен-ді. Алайда  қуғындаймын  деп  жүріп  жеңіліске     

                                                             ұшырай  жаздаған  грек  әскерлері  қалаға  қайта 

                                                             оралды. Александрдің   өзі  де  дәл  осы  уақытта  не 

                                                             ауырып  қалды, не  жарақаттанды.

            Осылайша, Александр  Македонскийдің  Яксарттың

            (Сырдарияның)  арғы  бетінде  тұратын  сақ 

            тайпаларын  талқандап, өзіне   бағындырамын  деген 

             ойы  сәтсіз  аяқталды».

                                                                                              «Қазақтар» анықтамалығынан.

 

                      Ескендір  Зұлқарнайынның (Александр  Македонский) елшілері

                                              сақтарға  келіп: «Біздер  жеңілу  дегенді  білмейтін ұлы  патша                       

                                              Александр  Македонскийдің елшілеріміз», – деп  өздерін    

                                              таныстырғанда, сақ  елшілерінің  басшысы: «Сендерде 

                       жеңілмейтін  тек  патшаларың  ғана, ал  біздерде  әрбір  сақ 

                      жеңілмейді»   деп  қасқайып  тұрып  жауап  беріпті.

                                                                                                        «Түркістан» газетінен.

 

   «Ескендір  қайтқан  төбеден»

 

      Арқаларында  жолқапшықтары  бар  ағайынды  үшеуі  төрттағандап  тырмысып, Шаймерден  төбенің  жотасына  көтеріліп  бара  жатты. Алдында  келе  жатқан  Ер  жотаға  шыға  келді  де, бауырларына:

      – Мен  бірінші  шықтым! – деп  мақтанды.

      Артынша  Би  мен  Нар  да  биік  жотаға  ентіге  көтерілді.

      Жота  үсті  ары  қарай  еңістеу  келген  кең, жайпақ  жазық  екен. Көктемгі  салқын  лепті  жұмсақ  самал  ауыз, тыныс  жолдарынан  лап  етіп,  кеуделерін  кернеп  кетті. Әлгіндегі  шаршап-ентіккендерінен  түк  қалмағандай.

      – Қандай  керемет! – деді  Нар  бетін  самалға  төсеп.

      – Анаң  қараңдаршы, ақ-шаңқан  үйлерімен  Сарыағаштың  шеті  де  Шаймерден  төбеге  жетіп  қалыпты  ғой, – деді  Ер  сол  бүйірден  қалайы  шатырлары  күнге  шағылысқан  жыпырлаған  үйлерді  көрсетіп.

       – Шіркін, сол Сарыағаштың даңғыл жолынан осы Шаймерденге қарай тіке тас жол салар ма еді, – деді Би қиялдап.

       – Ол не үшін?

       – Сүйікті де көрікті Сарыағашымыздың туристік әлеуеті осы тарихи Шаймерден төбемен кеңейе түспей ме?

       – Ә-ә.

       – Әне, Дарбаза  кенті  де  алақанға  салғандай  иегіміздің  астында  жатыр, – деді Ер де кеудесін кере саф ауаны жұтып тұрып.

      – Шаймерден  әулие  мешітіне адамдар  көп  келетін  болыпты  ғой, – деді  Би  төбе  етегіндегі  мал  сойып, ас  қамдап  жатқан  адамдар  мен  бір  шетте  қаз-қатар  иіріліп  тұрған  автокөліктерге  қарап.

      – Сен  оны  айтасың, мына  қасиетті Ер  Дәуіт  төсіне  де  зиярат  етушілер  көп  келетін  болған. Әне, үюлі  темір-терсектердің  алдында  шоғырланып  тұрған  адамдарға  қараңдар.

      – Қызық, Ер  Дәуіт  төсіне  зиярат  еткеннен  кейін  олардың  мамандық  шеберліктері  мен  ұсталық  өнері  шынымен-ақ  алға  басар  ма  екен?

      – Кім  біледі, бірақ  сенім  деген  ұлы  күш  бар  ғой.

       – Менің  естуімше, Ташкенттің  он  екі  қақпасының  бірі  осы  Дарбаза  сайында  болған  дейді?  Сол  рас  па  екен?

       – Қақпа  демекші, сонау  көне  сақ  заманында  Александр  Македонский  бірнеше  ай  қоршап, басып  алатын  темір  қақпалы  қамал  да  осы  өңірлерде  болған  дейді. Өйткені, ол  сақ  жауынгерлерінің  қатты  қарсылығына  ұшырап, Сырдариядан  өте  алмай  кейін  қайтатын  еді  ғой.

      – Болса  болар, – деді  Би  ойланып. – Халқымызда  «Ескендір  қайтқан  төбеден»  деген  көнеден  келе  жатқан  мәтел  бар  емес  пе.  Мүмкін, Ескендір  осы  біз  тұрған  төбеден  қайтқан  болар?

      – Қызық  екен, – деді  Нар  да  ойланып.

      – Әй, біз  осы  жолқапшықтарымызды  арқалап  жүру  үшін  әкелген  жоқ  шығармыз, – деді  Ер  екеуіне  сынай  қарап. – Анау  ықтасын  көкмайсалы  жерге  барып, дастарқанымызды  жайып  отырайық  та. Біз  мұнда  демалуға  келген  жоқпыз  ба.

      – Иә, жүріңдер, – деді  Нар  бірден  келісіп. – Дастарқан  үстінде  мен  сендерге  Ескендір  жайлы  бір  шағын  аңызды  айтып  берейін.

       Олар  бір  түйетастың  түбіне  келіп, иықтарындағы  жолқапшықтарын  шешті. Ішінен  бір  үлкен  одеал,  құрақ  көрпешелер  алып,  көкмайсалы  жерге  төседі. Ортасына  клёнка  дастарқан  жайып, тағы  бір  қапшықтан  тағамдар  мен  сусындарды  алып  қойып  жатты.

      – Ал  айта  бер, – деді  Ер  аузына  бір  тоқаш  пен  кесек  етті  ытқытып, шайнаңдап  тұрып. Нар  ұртындағы  шайнаңдаған  тағамын  жұтып, стақандағы  лимонад  сусынын  асықпай  ішіп  болып,  әңгімесіне  кірісті:

      – Бірде  осы  өлкелерде  жорықта  жүрген  Ескендір  Зұлқарнайын  кең  сахарада  қоныстанған  сақ  ауылына  тап  болады. Олардың  бірінің  киіз  үйіне  кіріп, дем  алып, айналасына  барлай  қараған  Ескендір  үй  ішіндегі  көздің  жауын  алған  ою-өрнектердің  мәнісін  сұраған  екен  дейді. Сөйтсе, үй  иесі: «Өзіңіз  отырған  ақ  киізге  қара  ою  түсіреміз, ол – мыңғырған  бай  бол  дегеніміз. Қолтығыңыздағы  жастыққа  құс  тұмсық  ою  саламыз, ол – келген  қонағымыз  құстай  еркін  болсын  дегеніміз, Анау ер-тұрмандағы  өрнектер «айбалта»  оюы. Оған  мінген  ер-жігіт  батыр да  қаһарлы  болсын дегеніміз. Ал  мына  тұтулы   тұрған  сырмақтағы  «қошқармүйіз»  оюы,  бұны тұтынған  үйдің  адамдары  бай-бақуат  болсын  дегеніміз», –  деп  жауап  беріпті. Сонда  Ескендір  Зұлқарнайын:

       – Е-е, мен  киіз  кітаптың  үстінде  отыр  екенмін  ғой, – деп, көшпелі  ауылға  тиіспей  аттанып  кетіпті  деседі.

       – Қызығы  сол, – деді  Ер  аздаған  үнсіздіктен  кейін  жұтынып. – Ескендір  бұл  сақ  өлкесіне  жорыққа  шыққанда, ғалымдары  тынбай  іздеген «фәлсафалық  тасты»  осы  жақтан  табамын  деп  дәмеленген  екен.

       – Фәлсафалық  тас?!

       – Иә, өмірдің  мәні  мен  шексіз  билікке ,  байлыққа   сол  тас  арқылы  жетуге  болады-мыс.

       – Ол  сонымен  бірге  сақтардың  алтын-күміс  байлығына  белшесінен  батып  қалам  деп  те  ойлаған  емес  пе?

       – Айтпақшы, оның  әкесі  Филипп II-де  сақтардың  алтынын  іздеп, 20 мың  қолмен  Дунайдан  өтпеп  пе  еді. Бірақ  ол  да  сақ  патшасы  Атейді  жеңе  алмай,  құр  қол  қайтқан  еді  ғой.

       – Ал, енді  бауырлар, осы  жерде  үлкен  әңгіменің  кезегі  келді, – деді  Би  екеуіне  кезек  қарап. – Сол  әйгілі  қолбасшы  Александр, өз  тілімізбен  айтсақ  Ескендір  жас  ханзада  кезінде  әйгілі  ғалым  Аристотельдің  шәкірті  болмап  па  еді.

      – Иә, ғұлама ғалымнан  үш  жыл  білім  алып,  ғылым  тілін  де  меңгерген  еді.

      – Сол  үшінші  жылы  ұстазы  шәкіртіне  батасын  беріп,  екеуі  кеңес  құрыпты...

                                                                  ***

      Аристотель  қолындағы  жып-жылтыр, дөңгелек  мыс  шарды  шәкіртіне  ұстатып  жатып  былай  депті:

      – Бұл – жер  рәуішті  шар, саған  бойтұмар  ретінде  берейін. Көрдің  бе, айна  тәрізді  бетінен  екеуміздің  бейнеміз  көрінеді. Бұған  біз  ғана  емес, мына  айналамыздағы  заттардың  бәрі, анау  үйлер, ағаштар, көшелер – қысқасы,  жер  бетіндегінің  бәрі  сыйып  кетеді. Тіпті, қарашы, төбеміздегі  көк  аспан,  күн,  айдың  да  нұрлы  бейнесі  бетінен  шағылысып  көрініп  тұр  емес  пе. Бұл  кеңістіктің  бәрін  ішіне  сыйғызатын  зат  әрі  ең  жетілген мінсіз  форма. Сен  де  осы  шар  рәуішті  менен, кітаптан  алған  ілім-білімді  шар  сияқты  басыңа  жинадың. Енді  сол  алған  біліміңді  ел  игілігі  үшін  жарат. Ғылым-ілім  қуып, адамзат  үшін  пайдаңды  тигізуге  асық, – деген. Сонда  Ескендір  былай  дейді:

       – Ұстаз, мына  шарды  көргенде  маған  мынандай  ой  келді. Шар  жер  тәрізді  дедіңіз. Сіз  оны  іліми  ауқымыңызбен  тұтас  орап, ақылыңызбен «қаусырдыңыз». Пифагор  оны  білікпен  «көтерді». Ендеше  мен  неге  тыс  қаламын. Мен  оны  өзімнің  иелігім  етсем  деймін. Соған  қалай  қарайсыз?

      Аристотель  басын  шайқады:

      – Сен  көктегі  құдай  Зевс  сияқты  болғың  келеді  ғой. Қанша  тырыссаң  да  бола  алмайсың. Ол  құдай  болса, сен  адамсың. Қанша  жерден  патшаның  ұлы  болсаң  да, жердегі  жұмыр  басты  пенденің  бірісің. Саған  көңіл  жүйрік  пе, көк  дөнен  жүйрік  пе? – десе, сен  көк  дөнен  дейсің. Мен  сені  бұлай  үйретпеген  едім  ғой?

      – Ақсақал, – деді  сонда  Ескендір. – Мен  туғанда, үйіміздің  төбесіне  қыран  құс  қоныпты. Өзі  екі  басты  екен. Біреуі  батысқа  қарапты – ол  батыс  сенікі  дегені, біреуі  шығысқа  қарапты – ол  шығыс  сенікі  дегені. Оған  да  сенбес  едім. Мен  туғанда  Эфестегі  Артемида  храмы  өртеніпті. Яғни, жер  шарын  өрт  сияқты  жаулап  аласың  дегені.

      – Сен  атың  шықпаса  жер  өрте  дегеннің  керін  келтіріп  тұрсың. Бұл – Геростраттың  оспадарсыз  ісінен  туған  мақал. Әлгі  храмды  атын  шығару  үшін  өртеген  сол. Қайтсын, бишара, қолынан  басқа  бір  өнер  келмегені  ғой. Дегенімен,  храмды  өртеу,  құлату,  қирату  оңай,  тұрғызу,  салу,  көтеру  қиын. Саған  шәкіртім  ретінде  айтарым, сен  сондай  храмды  тұрғызуға  ұмтылғын.

      Ескендір  ұстазының  қолына  қарап:

      – Қолыңыздағы  нендей  зат? – дейді.

      – Бұл – түйінді  жіп. Гордиан  түйіні – қырық  мың  түйін. Мұны  ешкім  шеше  алмаған,  шеше  де  алмайды.

      – Әкеліңіз  бері, – ол  жіпті  қолына  алады. – Мен  бұл  түйінді  былай  шешер  едім... – Ол  қылышын  алады  да, түйінді  шауып  тастайды.  Арқан  кесіліп  түседі. – Міне, түйініңіз  шешілді.

      Сонда  Аристотель  басын  тағы  шайқап:

      – Саған  дауа  жоқ  екен, – депті.        

                                                       ***

       Біздің  дәуірге  дейінгі  329  жыл. Темір  қақпа  алдында, оған  оқ  жетпейтін  жердегі  кең  жазықта  сансыз  қалың  қол, тігулі  жорық  шатырлары. Бұрқасын  дауыл, қара  нөсер  алдында  бір  мамыражай, тамылжыған  ашық  күндер  болады  емес  пе.  Сол  сияқты  әскерлер  де  ертең  қантөгіс  соғыс  болады  дейтіндей  емес, өз  ара  топ-топ  болып  отыра  қалып, әзіл-қалжың  айтысып, енді  біреулері  ортаға  от  жағып, тамақ  қамына  кіріскен. Әскердің  бір  қанатында  қамалға  қаратып  қатарлап  тізіп  қойған  катапульттер  мен  баллисталар* қараңдайды. Олардың  алдында  да  топталған  жауынгерлер, күзетшілер. Солардың  жанында  сақ  бақташыларындай  жұпыны  киінген, қолдарында  үлкен  местері  бар  үш  бала  жүр. Олар  қолдарындағы  ағаш  тостағанға  иықтарындағы  местің  аузын  еңкейтіп, айран  көже  құйып, сарбаздарға  кезек-кезегімен  ұсынып  жүр. Олар  кесені  төңкеріп  сіміріп  салады  да, артынша  жеңдерімен  тершіген  маңдайларын  сүртіп:

      – Ух, рақат  екен! Мұздай  салқын  көжені  қайдан  алдыңдар? – дейді.

      – Бұлақ  суына  салқындатқанбыз.

      – Тағы  бір  кесесін  құйшы.

      – Болмайды. Басқаларға  да  жетсін  де. Кәне, динарыңызды  ұмытпаңыз, – дейді  алақанын  жайып. Олар  шөнтектеріне  қол  жүгіртіп, қызыл  шақа  бақыр  алады  да, балалардың  алақанына  шиырып  салады.

      – Пайдакүнем, бірақ  ақылды  балалар  екенсіңдер.

      – Абай  атамыз «Есектің  артын  жусаңдар  да  ақша  тап» деген.

      – Абай  аталарың  кім?

      – Біздің  елдің  ұлы  ақыны.

      – Ә-ә!

      Балалар  енді  келесі  сарбазға  жақындайды. Солайша  олар  катапульттің  жанындағы 

 

Катапульттер* – тас, дөңбек  ататын  машиналар.

Баллисталар* – найза  сияқты  ұзын  жебелерді ататын  машиналар.

күзетшілер  мен  сарбаздарға  да  жақындады. Жауынгерлерге  көже  толы  кеселерін  ұсынады  да, өздері  белдіктеріне  байланған  торсықтарын  алып, ішіндегі  сұйықтықты  катапульттер  мен  баллистерге  де  шашады.

      – Әй, әй! Оларға  неге  су  шашасыңдар?

      – Сіздер  сусындап  көже  ішкенде, олар  да  шөлдерін  қандырса  болмай 

ма?

      – Ой, ақымақ, балалар-ау, олар  тірі  жан  емес  қой  шөлдейтін, – деп  сарбаздар  шек-сілесі  қатып  күледі.    

      – Бізде, сақтарда  сондай  дәстүр  бар. Тірі  жан  ба, тірі  жан  емес  пе, бәрі-бір, сіздерге  шөл  қандыратын  көже  ұсындық  па, оларға  да  сусын  беруіміз  керек.

      – Ха-ха-ха!  Дәстүрлеріңе  болайын. Ал, катапульттер, балаларға  ақша  төлеңдер, ха-ха-ха!

      – Сіздер  төлеп  жатырсыздар  ғой, сол  да  жетеді  бізге, – деп  балалар  келесі  катапульттерге  көшеді.

      Ал  сарбаздар  болса  балалардың  күлкілі  тірліктеріне  мәз-мәйрам.

      Сөйтіп  балалар  местеріндегі  көжелерін  сарқып, катапульттер  мен  баллисталардың  бәрін  адақтап  оралып, топтанып  отырған  жауынгерлердің  жандарына  келіп  жайғасқан.

      – Иә, катапульттер  сусын  бергендеріңе  риза  болды  ма?

      – Риза  болды, – деді  балалар  да  көздері  жылтылдап  жымиып.

      – Ертең  тағы  келесіңдер  ме?

      – Келеміз.

      – Ха-ха-ха, ха-ха-ха!

     Дәл  осы  кезде  жалба-жұлба  ұзын  шаштары  бетіне  түсіп  кеткен, сақал-мұрты  ұйпа-тұйпа,  қолында  аса  таяғы  бар  бір  диуана  олардың  жандарына  жақындап,  қайыр  сұрағандай  алақанын  жайды.

    – Бұлардың  салттары  қызық  екен. Біреулері  көже   сатып  ақша  тапса, енді  біреулері  қайыр  сұрайды, – деп,  қолындағы  өзі  жеп  жатқан  бір  үзім  нанды  қайыршыға  ұстатты. Ол  нанды  иығындағы  асып  алған  дорбасына  салды  да,  асықпай  ілбіп,  алақанын  тағы  жайды. Өзі  жан-жағына  барлай  қарап  қояды.

       Балалардың  бірі  қалған  екеуін  ымдап  шетке  шығарды  да:

      – Бауырлар,  бұл  жүрген  Сыпатай  баһадүр  емес  пе? – деді  сыбырлап.

      – Иә, жан-жағына  қарап  барлап  жүргеніне  қарағанда,  дәл  соның  өзі. Тарихи  оқулықта  Спаргаписті  жау  арасына  дуана  болып  кіріп,  жаудың күш-қуатын  барлады  деп  айтады  ғой.

      Дәл  осы  кезде  бергі  шеттегі  сақ  адамы  сияқты  қысық  көз  бір  жауынгер  қайыршыға  сүйек  ұсынып  жатты  да, иегін  көтеріп  сұқтана  қарап:

      – Ой, сен  Сыпатай... – деп  келе  жатыр  еді, диуана  жанаса  беріп, ішіне  бір  қойып  қалды. Ол  «ыңқ»  етіп  еңкейіп  еді, жауынгерлер  өре  түрегелді. Бірақ  балалар  олардан  бұрын  жүгіріп  жанына  жетті.

      – Ішегі  түйіліп  қалған  ғой, – деп  оны  құлаған  жерінен  көтеріп  алды.     – Сіздер  әбігерленбей-ақ  қойыңыздар.  Біз  оны  салқын-саялы  жерге  апарып  жатқызып,  уқалап-емдеп,  есін  жиғызамыз, – деді  де, оны  бір  жағынан  балалар,  екінші  жағынан  диуана  демеп, бір  шоқ  ағашқа  қарай  алып  жүрді.  Жауынгерлер  өздерімен  өздері  болып  кетті.  Олар  сүйемелдеген  адамды  бір  қалың  бұтаның  тасасына  әкеліп  жатқызды.

      – Рақмет,  балалар,  сендер  кімсіңдер?

      – Аға, біз  сіздердің  адамдарыңызбыз. Қауіптенбеңіз.

      – Мені  қайдан  танисыңдар? Мені  таныған  мынау  сатқын  Катен  ғой. Енді  мұның  көзін  жою  керек, – деп, қойнынан  қанжарын  ала  беріп  еді, Ер  алақанын  жайып:

      – Тоқтаңыз,  аға, – деді  жайымен. – Ана  жауынгерлер  келіп  тексеруі  мүмкін.  Егер  пышақталып  өліп  жатқанын  көрсе, бізді  де  жайымызға  қоймайды. Оған  ұйқы  дәрісін  берейік,  бізде  бар, – деп, ішкі  қалтасынан  ораулы  қағазды  алып  шықты. – Үш-төрт  түйірін  іщкізсек, сеспей  қатып ұйықтайды.

      Балалар  дәріні  Катеннің  аузына  салды  да, су  ішкізіп  жұтқызып   жіберді.

      – Бәрекелді, мені  тағы  құтқардыңдар, – деді  диуана  балаларға  риза  болып. – Сендер  мұнда  не  істеп  жүрсіңдер?

      – Сыпатай  аға,  біз  ана  катапульттер  мен  баллистардың  бәріне  жанғыш  май  құйып  шықтық.

     Дәл  осы  кезде  шарап  ішіп  масыққан  бір  жауынгер  жақындап  келеді:

     – Балалар, біздің  Катен  не  болды?  Есін  жиды  ма? – деді  ол.

     – Аға,  әне, пысылдап  ұйықтап  жатыр.  Біраз  жата  тұрсын, кейін  тағы  уқалау  керек.

     – Ой, жасаңдар,  қолдарыңнан  бәрі  келеді  екен.

     – Бәрі  келеді, аға. Сіз  уайымдамай  орныңызға  бара  беріңіз.

     Көңілі  орныққан  жауынгер  бұлғалаңдап,  өз  серіктеріне  қарай  аяңдады. Балалар  Сыпатай  батырды  орталарына  алып,  жоспарларын  сыбырлап  түсіндіріп  жатты:

      – Пә-ле! – деді  Сыпатай  батыр  басын  шайқап. – Қандай  ақылды  баласыңдар?!  Онда  іске  сәт, батырлар!  Мені  де  қатарларыңа  қосасыңдар  ғой? –деді жымиып.

      – Әрине!

                                              

 

                                                         ***

     Түн  жарымнан  асып,  жауынгерлер  біртегіс  ұйқыға  бас  қойды-ау  деген  кезде, төртеуі  мысықтабандап  жасырынып  барып,  катапульттің  басындағы  күзетшілерді  ың-шыңсыз  сұлатып  салды. Кейін  басына  шүберек  орап, май  құйып  дайындап  қойған  қолдарыңдағы  ағаштарын  әскерлердің  отына  тұтатып  алды  да,  қаз-қатар  тізілген  катапульттер  мен  баллистарды  адақтап  шетінен  от  қойып , лаулатып  шықты.

      Төртеуі  істерін  бітіргеннен  кейін, түн  қараңғысына  сүңгіп  бара  жатып  арттарына  қарап  еді,  машина  қарулар  шетінен  жалынға  оранып  лаулап  жанып  жатты.  Риза  болған  Ер:

      – Батыр  аға, олардың  қала  бұзатын  ең  қауіпті  қаруларын  істен  шығардық-ә?! – деп  еді:

      – Жарайсыңдар! – деді  Сыпатай  батыр  да  ықыластанып. – Сендер  бүгіннен  бастап  менің  дарабоз  сайыпқыранымсыңдар!

      Үшеуі  оң  қолдарын  бір-біріне  қаратып  созып,  жұдырықтарын  түйістіріп,  түйілген  қолдарын  көкке  көтеріп,  ризалықтарын  бекітті.  Бұл – күш,  жеңіс,  шарапат – бірлікте  дегеннің  белгісі  еді.    

***

       Келесі  күні  таң  құланиектенгенде  Ескендірдің  македондық  қарақұрым  әскері  ұзын  каре*  әдісімен  сап  түзеп  қамал  қаланы  бетке  алып  жылжып  бара  жатты. Төрт  бұрышты  биік  қалқандарынан  артындағы  адамдары  тіптен  көрінбейді. Тек  ұзын  сариссалары*  ғана  найзадай  шошайып,  қаз-қатар  тізіліп  сұсты  көрінеді.  Кәдімгі  тас  қалқанды  алып  тасбақадай  біртұтас  сесті  көрінеді. Сондай  бірнеше  тасбақа  қамал  басындағы  сақтардың  нөсердей  жауған  жебелеріне  сабы  мызғымастай  болып  жылжып  келеді. Фалангалардың  екі  жағында   жеңіл  қаруланған  аттылы  сардарлар  да  сап  түзеп  барады.  Сардарлары  бұйрық  берді-ау,  шамасы,  қамалға  елу-алпыс  метрдей  қалғанда  олар  қорғанға  қарай  лап  қоя  жүгірді.  Қолдарында  ұзын  саты, арқан, найзалары  да  бар  екен. Соларын  қамалдың  биік  қабырғаларына  тіреп,   сатылармен  өрмелеп, өлермендене  ұмтылып  барады. Қорған  басындағы  сақ  жауынгерлері  мен  әйел, бала-шағаларына  дейін  қарап  тұрған  жоқ. Македондықтарға  жоғарыдан  жебе  жаудырып,  тас,  кесек,  бөрене  лақтырып, енді  біреулері  қайнаған  су, қара май  құйып, солдаттарды,  сатыларды  аударып  тастап  әлек. Айқай-шу,  ызу-қиқу,  ыңырсыған 

 

 

Каре* – жаяу  әскердің  төртбұрышты  шаршы  түріндегі сап  түзілісі.

Сариссалар* ұзындығы 7-8 метр  ұзын  найзалар.

дауыстар  төбе-құйқаңды  шымырлатады. Солардың  арасында  Сыпатай  батыр  бастаған  дарабоз  сайыпқыраңдар  да, садақ  керіп, оқ  жаудырып  жүрді.

      – Иә, олардың  катапульттері  қалмапты, – деді  қала  әмірі  Оксират  Сыпатай  мен  балаларға  ризалықпен  қарап. – Сонысына  да  шүкір.

      – Бірақ  біз  олардың  қақпа  бұзатын  құрылғыларын  жоюды  ұмыт  қалдырыппыз, – деді  Сыпатай  қақпа  жақты  иегімен  нұсқап. Олар  сол  жаққа  назар  салып  еді, бірнеше  македондық  астында  дөңгелектері  бар  ұзын, жуан  бөренелі  құрылғыны  итеріп,  қақпа  алдына  тақап  қалыпты. Бір  уақытта  басына  үшкір  темір  қапталған  әлгі  жуан  бөренемен  темір  қақпаны  соққылай  бастады. Үсті-бастарына  сауыт  киіп,  бөрене  итерген жауынгерлер  төбелерінен  қардай  бораған  жебелерді  тіптен  елемейтіндей. Бөренеге  қадалған  басына  шала  байланған  жебелерді  де  жануына  шамасын  келтірмей  темір  қолдарымен  ысырып  тастайды  да,  қақпаны  екілене  соққылайды.

      – Бұны  енді  қалай  жоямыз? – деді  қала  әмірі  әбігерленіп.

      – Үстерінен  бірнеше  жауынгерді  арқанмен  түсіріп, бөренесін  басып  алсақ  па  екен? – деп  Сыпатай  батыр  өз  ойын  білдіріп  еді:

      – Арттарындағы  анау  жебе  жаудырған  қорғаушылары  оларды  қырып  салады  ғой, – деді  қала  әмірі.

      – Иә-ә, – деді  Сыпатай  келісіп. – Ал, сайыпқырандар, сендердің  қандай  ойларың  бар?

      Балалар  да  өз  ара  кеңесіп, амал  ойлап  дайын  тұрса  керек. Нар  алақанындағы  бір  уыс  шарды, Ер  бір  уыс  петарданы* көрсетті.

      – Біз, – деді  Би  сабырмен. – Мына  қуықтарға  жанғыш  май  құямыз  да, аузын  мына  жарылғыштармен  тығындап,  оны  жебе  басына  байлаймыз. Осыларды  қазір  тұтатып, бөренені  дәлдеп  атпақпыз, – деп  үшеуі  бірден  іске  кірісті. Сөйтіп  олар  осы  әдіспен  төрт-бес  минутта  оннан  аса  жебені  дайындап  қойды. 

      – Ал, іске  сәт! – деп  бауырлар  әлгі  петардалы  жебелерді  тұтатып, үшеуі  бірдей  кезектесіп, бөренені  көздеп  ата  бастады. Оқтардың  бөренеге  «кірш-кірш»  қадалғандары, «тарс-тұрс»   етіп  атылғандары  сол  еді, сауытты  солдаттар  үрейленіп,  бойларын  билей  алмай  бастарын  ала  қашты  дейсің!  Бөрене  лезде  жалынға  оранып, бет  қаратпай  жанып  жатты. Бұл  таңғажайып  көрініске  Сыпатай,  қала  әмірі  бастаған  сақ  жауынгерлерінің  таңданғаны  сондай, ауыздарын  әнтек  ашқан  күйі  аңтарылып  тұрып  қалған  еді. Ал  македондықтар  әбігерге  түскендері  соншалық, жалын  лаулаған 

 

Петарда*  – Жаңа  жыл, мерекелерде  білтесін тұтатып  отшашу  ретінде  қолданатын ойыншық  бытыралар.

бөренелеріне  жолай  алмай  шарасыз  күйде  айналсоқтап, сапырылысып  жүрді  де  қойды. Бұл  кезде бөрене лаулап жанып, іске алғысыз болып қалды. Мұны көрген  бауырлар  өз  ара  жұдырық  түйістіріп, мәз  болып  жатқан. Естерін  жиған  сақ  батырлары  оларды  бауырларына  қысып, шексіз  ризалықтарын  білдіруде  еді.

      Көп  өтпей  жолдары  болмаған  македондықар  кейін  серпілді.                                         

                                                     ***

      Зәулім  де  іші  кең  патша  шатырының  ішінде, шомбал  емен  столдың  басында  бес-алты  адам  отыр. Төрде  Ескендір  патшаның  өзі.

      – Катапульт,  баллисталарымыз,  қақпабұзарымыз  өртеніп,  басымыз  тасқа  тигендей  болып, міне, бір  аптадан  асты, сақтардың  Темір  қақпасын  ала  алмай  қарайып  отырмыз. Енді  не  істемек  керек? – деп, ол  әскербасыларын  кішкентай  жылтың  көзімен  барлап  өтті. – Қандай  ойларың  бар  айтыңдар?!

       Гефестион  мен  Клитке  қарап  еді, олар  үндей  қоймады. Аристотель  ұстазының  жиені, тарихшы  Каллисфеннің  тұмсығын  алға  созып,  ұмсынып  тұрғанын  көріп:

      – Иә, айта  бер, – деді.

      – Тақсыр, мен  айтсам, – деді  ол  жұтынып. – Сіздің  жеңімпаз  әскеріңіз  жарты  әлемді  билеген  Дарийдің  жеті  жүз  мың  қалың  әскерін  бір  емес, бірнеше  рет  тас-талқан  етіп  қиратып, ақырында  тізе  бүктірді. Сөйтіп, Кіші  Азия, Мысыр, Парсы, Согдиана  мемлекеттерін  жаулап  алып, даңқыңыз  әлемге  шарықтады. Енді  келіп, жабайы  сақтардың  шағын  бір  қамалынан   тайқып  кеткеніміз  жараспас. Менің  ойымша, жалдамалы  әскеріміздің  бір  бөлігін  осында  қалдырып,  негізгі  күшімізбен  сақтарды  Яксарттан  ары  қарай  тықсыра  қуып, бұл  қамалдың  айнала  сыртын  жаулап  алайық. Содан  кейін  қайтып  келіп, сақтардың  жалдамалы  күшімен  бұл  қамалдың  да  ойранын  шығаруға  үлгереміз.

       Ескендір  бұл  амалды  ішінен  салмақтағандай  үнсіз  тұрды  да,  кейін  жарайсың  деп  құптағандай  жымиып  күлді.

      – Бұл  пікірді  біз  де  қостаймыз, – деді  Гефестион.

      – Маған  да  ұнап  тұрған  жайы  бар, – деді  Ескендір  жайдарыланып.  – Онда  ертеңгі  жорыққа  дайындалыңдар. Ал, тағы  айтатын  ой-пікірлерің  жоқ  па?

      – Тақсыр, – деді  сол  қол  жағында  отырған  көріпкел-балгері  жөткірініп. – Жаңа  әлгінде  катапульттерді  түгел  өртеп  кетті  дедіңіз  ғой. Соларды  өртеген  сақты  Катен  деген  сардарыңыз  біледі  екен. Ол  қазір  шатырдың  сыртында  тұр, шақыртайық  па?

       – Иә, келсін, – деді  Ескендір.

       Ішке  кеуделі  келген  тапалтақ  бойлы, дөңгелек  жүзі  қызара  бөрткен  қысық  көзді  Катен  кіріп  келіп, қолын  кеудесіне  қойып, басын  иді.

       – Иә, сөйле.

       – Тақсыр, мен  оны  білемін. Өткенде  ол  диуана-жансыз  болып, әскеріңізді  аралап  жүр  екен. Мен  оны  танып  «Сыпатай» дей  беріп  едім, ол  ішіме, жүрегімнің  астынан  бір  қойып, талдырып  тастады.  Кейін  есімді  жимай  ұйықтап  қалыппын.  Катапульттерді  де, қақпа  бұзар  бөренені  де  өртеген  сол.

      – Аты  кім  оның?

      – Сыпатай, сақтардың  әскербасысы.

      – Сол  Сыпатайды  алдыма  тірідей  әкелген  адамға  мен  ат  басындай  алтын  беріп,  осындағы  бір  қаланың  әмірі  етер  едім, – деді  Ескендір  кіжініп. – Сен  бүгіннен  бастап  сонымен  айналысатын  бол!

      – Құп  болады, тақсыр! – деп  Катен  тағы  басын  иді.                                             

                                                        ***

      Қамал  басында  әмір,  Сыпатай,  Ботақан  батыр,  Ер,  Би,  Нар  македондықтардың  лагерін  бақылап  тұрған.

      – Олардың  шатырлары  да, әскерлерінің  қарасы  да  азайып  қалыпты, қолдың  негізгі  бөлігі  қайда  кетті  екен?

      – Меніңше  олар  қамалды  айналып  өтіп, сырт  жағымыздан  қапыда  соқпақ-ау.

      – Барлауға  жіберген  шолғыншыларымыз  келгеннен  кейін  бәрі  белгілі  болар.

   Бауырлар  бір-біріне  қарап  түсінісіп  алды  да, сөзді  Нар  бастады:

      – Біздің  болжауымызша  олар  лагерлерінде  бізді  шалғытатындай  аз  ғана  бөлігін  қалдырып,  қолдың  негізгі  бөлігі  батыс  тараптағы  сақтарды  тықсырып, Яксартты  айналып  өтуге  кетті.

     – Бұл  жоба  да  шындықтан  алыс  емес, – деді  Сыпатай  алыс  көкжиекке  көз  жүгіртіп.

     Бір  кезде  қамалға  шығатын  тепшектен  бірнеше  адам  көтеріліп, бері  қарай  келе  жатты.

       – Ә, міне, шолғыншыларымыз  да  келді.

       Мығым  денелі, ширақ  қимылды  Ардақ  батыр  келе  былай  тіл  қатты:

       – Біз  маккедондықтардың  бір  сардарын  қолға  түсірдік. Оның  айтуынша,  македондықтардың  негізгі  қолы  батыс  жақты  бетке  алып  суыт  жортып  кетіпті. Ал  мұнда  қалған  аз  бөлігін  бізге  қара  болып  көрініп,   шалғыту  үшін  тастаған  сыңайлы. Олар  осылай  сақтардың  күшін  бөлшектеп  жойып, жаулап  алмақ.

      – Ә, менің  дарабоз – сайыпқырандарым  біліп  айтқан  екен. Ескендірдің  ол  айласы  жүзеге  аса  қоймас. – Сыпатай  енді  қала  әміріне  қарады, – Сіз  өз  жасағыңызбен,  қала  тұрғындарымен  қамалды  берік  ұстайсыз  ғой.  Ал  мен  өз  қолыммен  македондықтарды  айналып  өтіп, алдынан  күтіп  алмақпын.  Лажы  болса,  Абес,  Шу  қағандармен  күш  біріктіріп,  Ескендірге  тойтарыс  беруге  тырысармыз.

      – Онда  жолдарың  болсын, Тәңірім  өздеріңді  қолдап  жүрсін!

      – Айтсын!

      Әмір  екеуі  төс  қағысып  қайырласып, Сыпатай  бастаған  батырлар  әлгі  баспалдаққа  қарай  аяңдады.

                                                                   ***

       Ескендір  Зұлқарнайынның  сансыз  қолы  Яксарттың  бергі  алабына  жыпырлатып  шатыр  тіккен  еді. Македондық  қол  дария  жағасындағы  кең  алап  бойында  шұбатылған  сап  түзеп,  дарияның  арғы  бетіндегі  сақтарға  күші  мен  сесін  көрсеткендей. Қалқандарын  таса  етіп  кезектесе  оқ  атып  қояды. Ал  сақтардың  жасақтары  дария  жағасындағы  қалың  қамыстардың  арасына  кіріп  алған. Олар  да  оқ  боратып,  дес  берер  емес.

      Ескендірдің  өзі  бірнеше  әскербасымен  биік  жотаның  басында  тұр. Дулығасындағы  шошайған  құстың  қос  тарам  қауырсыны  самал-желмен  тербеліп, оны  айбатты  етіп  көрсетеді. Қос  мүйізді  Ескендір  деген  аты  да  содан  қалған  болуы  керек. Ол  арнасы  кең  дарияның  қос  жағасын  асықпай  барлап  болып,  сардарларына  басын  бұрды:

      – Сап  түзеген  әскерлер  сол  орындарында  тұрып,  қарсыласа  берсін. Ал  қосалқы  топта  тұрған  қалған  жауынгерлер  жағадағы  қамыстарды  орып, сал  жасасын. Тері-терсектер  мен  шатырлардың, сулықтардың  ішіне  шөп- шалам  тығып, мес  жасасын. Дарияны  кесіп  өтіп, арғы  жағалауда  соғысамыз. Сендердің  бұған  алып-қосарларың  бар  ма?

      – Жауынгерлерден  естіп  білуімше, сонау  биік  жотаның  арғы  бетінде  ағаш, тоғайлар  бар  көрінеді. Жауынгерлердің  бір  тобын  ат  арбалармен  жіберіп, соларды  да  жинап  әкеліп, салға  пайдаланған  жөн  болар?

       – Дұрыс. Арбаларды  да, сатыларды  да – бәрін  пайдаланыңдар. Әйтеуір, жорықты  бүгінгі  түн  қараңғысында  бастауға  үлгеріңдер.

      – Құп  болады, тақсыр! Онда  біз  жөнелейік.

      – Барыңдар!

     Олар  аттарына  мініп,  шаптыртып  жөнеле  бергенде, өзі  де  қолын  аузына  сұғып, ысқырып  қалады. Төменде  жайылып  жүрген  сүйікті  аты  Буцефал  ысқырықты  ести  сала  шоқтығындағы  үкісі  желбіреп,  шауып  келеді. Алдына  көлденең  тұра  қалып,  үстіме  отыр  дегендей  тізесін  бүгіп, басын  шұлғиды.  Ескендір  қара  сүліктей  сұлу  атына  ырғып  мініп, төмендегі  жорық  шатырына  қарай  жорғақтата  жөнеледі.

 

                                                                 ***

      Түн  жарымында  дайын  болған  үлкен  салдарға  жағалай  қалқанды  әскерлерді  отырғызып, ортасына  ескекшілер  мен  садақшылар,  сақпан  ататындар  орналастрылды. Ал  жеңіл  әскер  мен  жалдамалылар  кіші  салдар  мен  местермен  жүзіп  өтетін  болып  келісілді. Сөйтіп  Ескендірдің  бұйрық  беруімен,  бірнеше  жүздеген  салдар  мен  қайықтар,  бірнеше  мыңдаған  күпсер* мен  местер  бір  мезетте  дарияға  жағалай  түсіріліп, түнгі  жорықты  бастап  берді. Олар  қос  қанатын  бірнеше  жүздеген  метрге  құлаштай  жайып, алып  қарақұстай  сап  түзеп,  дарияның  ортасына  қарай  жылжыды.  Кенет  төбелерінен  адамның  үрейін  ұшыратып  зуылдаған  дыбыстар  мен  мың  сан  отты  жұлдыздар  пайда  болды. Бұл – арғы  беттегі  сақтардың  жаудырған  зырылдауық  отты  жебелері  еді. Македондықтардың  салдары  бірінен  кейін  бірі  лаулап  жанып,  отқа  оранып,  жер-дүниені  адамдардың  аянышты  айқайы  мен  ыңырсығаны, аттардың  шұрқырай  кісінегені  алып  кетті. Салдары  шетінен  өртеніп,  көп  адамдарды  оқ  жайратып,  суға  батып  қырылып  жатқан  соң, македондықтар  кейін  шегінуге  мәжбүр  болды.

                                                           ***

     Түнгі  жорықтан  Ескендір  де  оң  жақ  иығының  астынан  ауыр  жараланып  оралған  еді. Ол  таңертең  шатырында  есін  жиып, таңып 

тастаған  иығының  ауырғанына  қарамай, жанына  қолбасшылары  Гефестион, Кратер, Кен, Артабасты  шақырып, кеңес  құрды. Кратер:

     – Жасыратыны  жоқ, сіз  ауыр  жараландыңыз, әскердің  рухы  түскен, жорықты  әзірге  тоқтата  тұрайық, – деген. Ескендір  басын  шайқады:

     – Болмайды.

     – Сақтардың  даласы  кең, олар  қашып  жүріп  соғысады,  жеңу  қиын. Одан  да  кейін  қайтып, оңтүстікке, Үнді  еліне  жылжиық.

     Ескендір  оған  да  көнбей, тоқтатып  тастады. Басын  Гефестионға  бұрған.

      – Бізде  Катен  сақ  бар  емес  пе? – деді  ол  Ескендірге  тіке  қарап.     – Кеше  ол  арғы  беттегі  сақтардың  арасынан  Сыпатайды  көріпті. Менің  басыма  мынандай  ой  келді. Сол  Катенді  сақтардың  арасына  жіберейік. Ол  Сыпатайдың  сеніміне  кіріп, сақтардың  патшасы  мен  Сыпатайды  тұтқындап  әкелсе, патшасы  мен  қолбасшыларынан  айырылған  сақтардың  сағы  сынып, біздің  жеңісімізді  жеңілдетер  еді, әрі  сіздің  де  тілегіңіз  орындалады.

    

 

Күпсер* – судан  өткенде  пайдаланатын  үрленген  тері  торсық.

      – Катен  олардың  сеніміне  қалай  кіреді?

      – Ол  үшін  сіздің  келісіміңіз  керек.

      – Қандай  келісім?

      – Сақтардың  жылқы  дегенде, әсіресе  сұлу  сәйгүлік, тұлпар  дегенде, жаны  қалмайтынын  білесіз. Сондықтан, сіз  рұқсат  берсеңіз, Катен  сіздің  Буцефалыңызды  алып  кетіп, Сыпатайға  барады  да, Ескендір  жараланып  қайтыс  болды, міне  аты  деп, Буцефалды  Сыпатайға  сыйлайды. Тұлпар  мініп  қуанған  әрі  жеңіске  масаттанған  Сыпатай  Катенді  бауырына  тартып, той  жасайды. Қолайлы  сәт  туғанда, Катен  серіктерімен  бірге  сақ  патшасы  мен  Сыпатайды  қолға  түсіріп, Буцефалмен  кері  бізге  қайтып  келеді. 

     Ескендір  өзінің  сенімді  серігі  әрі  көп  жылдардан  бері  мініп  бауыр  басқан  Буцефалын  қимай,  біраз  ойланып  тұрды  да,  ақырында  тәуекелге  бел  байлады:

     – Несі  бар, бұл  табылған  ақыл  екен! – деді  көзі  шырадай  жанып.  –  Кәне,  Катенді  шақырыңдар!

                                                               ***

      Сақ  даласында, сақ  жасақтарының  арасында  той-думан  қызып  жатыр. Қазан  асылып,  сабалардағы  қымыз  сапырылуда. Бір  шетте  күрес, аударыспақ,  жамбы  ату  сияқты  ойындардың  қызығына    берілген  жауынгерлердің  айқай-шуы  естіледі. Сыпатайдың  асырының  алдында  байлаулы  тұрған  Буцефал  бір  орында  тұрақтай  алмай  кісінеп, тықыршып, әрі-бері  ойқастайды. Асырдың  ішіндегі  адамдар  да  қымызға  қызара  бөртіп, көңілді  отыр. Төрдегі  Әбес,  Шу  тәңірқұттардың  оң  жағында  Сыпатай  батыр, одан  төменіректе  Катен  жайғасқан. Ол  тершіген  маңдайын  сүртіп  тастап, алдындағы  қымыз  толы  үлкен  тостағанды  қос  қолдап  алды  да, басына  көтере  сарқып  ішті. Кейін  қолымен  сақал-мұртын,  аузын  сүртіп  жатып  былай  деді:

        – Ө-ө-өй!!! Өз  жұртымның  берекесіне  ел  жеткен  бе! Бір  жарылқап  қалғанымды  қарашы!  Жал-жая,  қарта  жеп,  қарнымның  шермиіп тойғанын-ай!  Жылқы  еті  еттің  төресі  ғой,  жарықтық!  Сары  қымыздың  тіл  үйірер  дәмі  қандай,  шіркін!  Бұларды  қатты  сағынып  қалыппын , – деп  кекірді.

       – Сонда  македондықтар  саған  жылқы  еті  мен  қымыз  бермеген  бе?

      – Ой, олардың  тамағы  құрысын!  Құс  еті  ме, шөп-шалам  ба, қайдағы  бір  тәттілер  ме, қарап  тұрып  жүрегің  айниды. Ал  жылқы  еті  мен  қымызды  түсіңде  де  көрмейсің. Олар  жылқы  ұстағанымен, етін  арам  деп  татып  алмайды, бие  саумайды  екен. Оның  орнына  қайдағы  бір  су  татыған  ащы  ішімдік  ішеді.

       – Ха-ха-ха!  Ха-ха-ха!  Байғұсым-ай,  сорлап  жүріпсің  ғой!

       – Айтпа! Бойымдағы  бар  күнәні  Яксарттың  суына  жуып, тазарып, ақталып  өздеріңе  оралып  келдім  ғой. Құр  қол  келмей,  патшасының  тұлпарын  әкелдім,  халқыма  жақсы  хабар  әкелдім...

                                                                  ***

      Бұл  кезде  үш  бауыр  жамбы  атқандардың  арасында  шеберліктерін  шыңдап, күрес  тамашалап  жүрген.  Біраздан  кейін  олар  оңашаланып  шығып  ақылдасуға  кірісті. Катеннің  жайын  сөйлесті.

      – Бауырлар, – деді  Би  екеуін  айқара  құшақтап. – Меніңше, бұл  Катен  серіктерімен  бірге  жай  келген  жоқ. Бір  тапсырмамен  келді.

      – Иә, олары  айтпаса  да  түсінікті  ғой. Өйткені, бізге  Ескендірдің  жайы  тарихтан  белгілі  емес  пе. Патша  жараланса  жараланған  болар, бірақ  өлген  жоқ. Ол  сақтардан  тайқып  кеткеннен  кейін  Үндістанды  жаулап  алмайтын  ба  еді.

      – Иә, дұрыс  айтасың. Үндістанды  жаулап  алғаннан  кейін  Вавилонға  қайтып, сонда  безгектен  асқынып  ауырып, отыз  үш  жасында  дүние  салады  ғой.

      – Сонда  олардың  келісінде  қандай  мәніс  бар?  Тәңірқұттар  мен  Сыпатай  батырдың  алдында  жағымпазданып, сенімдеріне  де  кіріп  алғанын  қарашы, бәтшағардың!

      – Иә, олардың  өміріне  қырағы  да  сақ  қарауымыз  керек,  бауырлар...

                                                                  ***

      Бауырлар  түн  жарымынан  ауа, жұрт  тегіс  ұйқыға  бас  қойғанда,  Әбес  тәңірқұт  пен  Сыпатайдың  шатырын  кезек-кезек  күзетумен  болды.  Ал  Шу  батыр  отырыс  аяғында  өз  қосынына  кеткен  еді. Сондықтан  олар  тәңірқұт  пен  Сыпатайдың  өмірінен  қатты  қауіптенді.

     Күзеттің  келесі  кезегі  Ерге  тиген. Ол  сыртқа  көз  салып,  аңдып  жатып  қалғып  кетіпті. Бір  кезде  сыртта  бір  нәрсе  «тысыр»  ете  қалғаннан  Би  селк  ете  қалып, ұшып  тұрды.  Ол  есік  аузына  келсе, Ер  табалдырықта  етпетінен  жатқан  күйі  пысылдап  жатыр  екен. Ол  сыртқа  көз  салып  еді, Сыпатайдың  да, тәңірқұттың  да  шатырының  алдындағы  күзетшілер  орнында  тұр  екен. «Е, тыныш  екен  ғой»  деп  жайбарақат  тұрған  еді, кенет  тәңірқұттың  шатырының  тасасынан  екі  адам  баспалап  шыға  келді. Олар  екі  күзетшіні  бас  салып,  жайратып  салды  да,  өздері  солардың  орнына  тұра  қалды. Тасадан  тағы  екі  адам  шығып,  асырдың  ішіне  еніп  кетті. Би  бірден  жұлмалап  серіктерін  оятты.

      – Бауырлар, – деді  сыбырлап. – Олар  тәңірқұттың  шатырына  кіріп  кетті. Ал  сырттағы  күзетшілер  солардың  адамдары.  Жүріңдер, Сыпатай  батырға  барайық. Оның  да  күзетшілері  солардың  адамдары  болуы  мүмкін, шатырының  артынан  абайлап  кірейік.

      Көп  өтпей  үшеуі  шатырдың  арт  жағынан  баспалап  барып, бір  саңылауынан  ішке  көз  салып  еді, Сыпатай  жерде  қол-аяғы  байлаулы  жатыр  екен. Басқа  ешкім  жоқ. Олар  шатырды  пышақпен  тіліп  жіберді  де, ішке  енді. Кірген  бойда  Сыпатайдың  аузындағы  тығынды  жұлып  алып, қол-аяғын  босатты.

      – Бәрекелді, сайыпқыран  екенсіңдер! – деп  Сыпатай  бауырлардың  қолдарын  қысты. – Енді  сырттағы  күзетшілерінің  көзін  жояйық. Екеуің  солардың  орнын  алмастырасыңдар. Оларды  іште  күтеміз.

      Айтқандарының  бәрін  орындап  болғаны  сол, тәңірқұттың  шатырынан  шыққандар  бір  адамды  көлденең  көтеріп, бері  аяңдады. Катен  мен  серіктері  байланған  тәңірқұтты  ішке  кіргізіп, Сыпатайдың  жанына  жатқызды.

      – Ал, сендер  Бусепал  мен  аттарды  әкеліңдер, – деді  масаттанған  Катен  серіктеріне. – Мен  бұларға  Ескендір  патшаға  қандай  тәртіппен  кіру  керек  екенін  түсіндіре  берейін.

      – Хи-хи-хи! – деп  серіктері  дауыс  шығармай  күлді.

      – Ал, тез  барыңдар!

      Олар  сыртқа  шыға  бергені  сол  еді, Сыпатай  Катенге  бас  салды. Ал  бауырлар  қалған  екеуін   аяқ-қолдарымен  соққының  астына  алып, екеуін  екі  жаққа  сұлатты.

                                                                   ***

     Таң  құланиектенген  мезгілде  Сыпатай  мен  Ер,  Би,  Нар бастаған  сақ  батырлары  Катен  мен  оның  екі  серігін  Яксарттың  жағасындағы  өздерінің  салдарына  әкелді.  Катенді  тұтас  байлап-матап,  серіктерінің  сол  қолы  мен  аяқтарын  байлап, үшеуін  салға  отырғызды. Әлгі  екеуінің  байланбаған  бос  қолдарына  екі  ескек  ұстатып, салды  суға  жіберді. Ана  екеуі  ағып  кетпеуі  үшін  жанталасып,  жалма-жан  ескектерін  есе  жөнелді. Батырлар  олардың  жанталасқан  ебедейсіз  әрекеттеріне  шек-сілелері  қатып  күліп  жатыр.

      – Ал, Катен, – деді  Сыпатай  қарлығыңқы  үнмен, – Ескендірге  сәлем  айт,  бізді  күтсін. Көп  кешікпей  алдарына  қаруларымызды  жалаңдатып  барамыз,  жандарын  шүберекке  түйе  берсін.  Ал,  Бусепалды  уайымдамасын,  мен  оны  Ескендірдің  көзіндей  көріп  жаратып  мінем. Ха-ха-ха!

      – Уа-ха-ха!..

                                                           ***

      Сыпатайды  әкеледі  деп  күткен  салмен  Катеннің  байлаулы  келе  жатқанын  көрген  Ескендір  бойын  үрей  билеп,  қатты  тіксініп  қалды. Бір  кезде  есін  жиып, Катенге  көзі  қанталап  төне  түсіп:

      – Әй, малғұн,  Буцефалым  қайда?! – деп  еді, Катен  сескеніп,  қатты  қорқып,  жерге  қарады. Ескендір  бет-аузы  көгеріп, түсініксіз  сөздерді  боратып,  айқайлап  жынданып  кете  жаздады. – Бұларды  суға  батырыңдар!.. – деді  соңында  долдана  булығып.

      Катен  мен  оның  серіктері  бастарын  иіп, жылап-жалбарынып, жанталасып  бағып  еді, оларынан  түк  шықпады. Ескендір  көріпкел – балгері  Аристандрды  шақыртып, мұның  мәнісін  сұрап  еді, ол  көзін  жұмып:

      – Бұл  жаман  ырым, – деді  күбірлеп. Өзі  аузын  жыбырлатып  зікірін  оқыды  да, басын  көтеріп  Ескендірге  қарады. – Тақсыр, тағдыр  сізді  кері  қайтуға  бұйырып  тұр  екен... – деді  селкілдеп.

     Ескендір  бұйра  шашты  басын  екі  қолымен  сығымдап  қысып,  білек, қолдарындағы  сіңірлері  көгеріп,  білеуленіп,  көзін  жұмып,  меңіреу  адамдай  шарасыз  күйде  тұрып  қалған  еді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                  

                                                         «Азамат  соғысындағы  аласапыраннан  кейін 

                      Қытайдың  жан  саны  мен  әскери  күші  хұндардан 

                      анағұрлым  көп  еді. Алайда  б.д.д. 200-жылы  Мөде 

                      тәңірқұты  Хань  әулетінің  негізін  қалаған  Лю  Банды 

                      жеңді  де, оған «бауырмалдылық  пен  татулық» туралы 

                       келісімге  зорлап  қол  қойдырды, яғни  жер  туралы 

                       талап   қойған  жоқ, бірақ  оның  шығынын  өтеуге 

                       мәжбүр  етті. Келісімнің  шарты  бойынша  қытай 

                       патшасының  қызын  тағылардың  тәңірқұтына 

                       қалыңдыққа  беріп, жыл  сайын  оларға  сый-сияпат 

                       есебінде  салық  төлеп  тұруға  тиіс  болды».

                                                                                                                Л. Гумилев.

 

                                                     «Түріктердің  арыстан  текті  қасиеттері: ержүректік,

          айнымас  сенімділік, төзімділік, пәле  ойлап  тұзақ  құру  сынды                                  

          екіжүзділіктен  аулақтығы, жарамсақтыққа  жаны  қас, талан-              

           тараж  бен  зорлыққа  әуестігі, өркөкіректік, жасанды                 

           күнәкарлықтан  тазалығы, үй  шаруасына, қол  жұмысына       

            қырсыздығы, пәрмен  жүргізетін  қызметтерге  әуестігі».

                                                                                       Ибн Хассуль, Газнева  шенеунігі.

 

                             Мөде  тәңірқұттың  тұғыры

 

      Саябақтағы  «Тұран  баһадүрлері»  ескерткішінің  алдында  отырған  Ер, Би,  Нардың  бұл  жолғы  әңгімелері  батырлық  пен  соғыс  өнері  жайында  өрбіген.

       – Мен  сендерге  мына  бір  қызық  деректі  келтірейін, – деді  Ер  қойын  дәптеріне  үңіліп. – «1807 жылғы  орыс-француз  соғысы  кезінде  орыс  әскерінің  бас  қолбасшысы  Барклай  де  Толи  «Скиф  жоспары»  деп  аталатын  арнайы  соғыс  бағдарын  жасайды. Бұл  жоспар  бойынша  орыстар  француздармен  ашық  беттеспей, тиіп-қашып  соғысуы  тиіс  болатын. Бұл – партизандық  әдіс. Тегі  Шотландиядан  тамыр  тартатын  Барклай  соғыс  дәл  осылай  өрбісе  ғана  француз  әскерін  діңкелетіп  жеңуге  болатынын  түсінді. Бірақ  ойға  алған  жоспары  жүзеге  аспай  қалды. Орта  жолда  оның  орнына  Кутузов  бас  қолбасшы  болып  тағайындалып,  ол  өз  жоспарын  бекітеді». Бұдан  аңғарғанымыз,  соғыс  өнерінде  «Скиф  жоспары»  деген  әдіс  те  бар  екен.

       – Дегенімен, әлгінде  мысалда  келтірілген  бас  қолбасшы  Кутузов  та «Құттыз» атты  атадан  өрбіген  түркі  тектес  халықтың  өкілі  емес  пе.

       – Иә, айта  берсек, әлемдік  соғыс  өнеріне  түркі  тектес  халықтың  қосқан  үлесі  мол. Мәселен, Шыңғыс  хан,  Бату  хан,  Бейбарыс,  Ақсақ  Темір,  Баязид  сынды  әйгілі  қолбасшылардың  соғыс  тактикалары  әскери  академияларда  бүгінгі  күнге  дейін  оқытылады  емес  пе.

        – Ал  оларға  аты  аңызға  айналған  қолбасшы  атамыз  Бауыржан  Момышұлын  неге  қоспайсыңдыр? – деп  килікті  Ер. – Оның  әскери  кітаптары  мен  доктриналарын  Фин, Израиль, Кубадағы  әскери  мектептерде  арнайы  оқытып  келген  жоқ  па.

       – Иә, айта  берсе, әңгіме  көп, – деді  Би  оларға  тоқтау  салғандай  болып. – Біз  ғұннан  тараған  бабамыз  Мөде  тәңірқұттың  заманына  сапар  шеккелі  отырған  жоқпыз  ба. Міне,  соғыс  өнерінің  бастау  алатын  тұстарының  бірі – сол  заман. Соған  дайындығымыз  қалай? – деп, бауырларына  кезек  қараған.

       – Дайынбыз  ғой, – деді  Нар  сабырлы  қалпы.

       – Ендеше  аттарыңды  ерттеңдер! – деді  Би  әскери  тәртіппен.

                                                           ***

      Үшеуі  Алтын  таудың*  күнгей  етегіндегі  жынысты  тоғайдың  арасынан  топ  етіп  шыға  келді. Олар  әуелде  айнала  атырапқа  барлай  қарап,  жүретін  жол,  бағыттарын  айқындап  алғанды  жөн  көрді. Өзара  ұйыса  өскен  итмұрын,  шетен,  бүрген  мен  шырғанақ  және  тағы  басқа  аласа  ағаштардан  тұратын, адам  аяғы  баспаған  биік  қау  шөпті  ну  тоғайдан  жол  тауып  жүру  мүмкін  емес  еді. Айналаға  дүрбімен  көз  салған  Нар:

       – Етек  жақтың  ағаштары  сирек,  жері  жазықтау  екен,  төмен  түсейік, бауырлар, – деді  де, өзі  аттан  түсті. Қалғандары  да  аттарын  жетекке  алып,  ұйысқан  бұталарды  ашып,  бір-біріне  ілесе  жүрді. Өйтпесе  қалың  қау  шөптен  аяқ  алып  жүрудің  өзі  қиын  еді. Үшеуі  қатарласа  жүріп, алыстан  жылтырап  көрінген  өзенге  қарай  аяңдады. Бір  ағаштың  тасасынан  өте  бергендері  сол  еді, кенет  аттары  құлақтарын  қайшылап, пысқырынып, тоқтай  қалды. Балалар  алдарына  қарап  еді, алты-жеті  қадам  жерден  үлкендігі  өгіздей  екі  жолбарысты  көрді. Олар  да  бұларды  байқап,  айбат  көрсете,  жан  түршіктіре  ырылдай  бастады. Балалардың  жетегіндегі  аттары  тұла  бойлары  дірілдеп, бастарын  бұрып,  ытқып  қашпаққа  жұлқынып  еді, Би:

   

 

 

Алтын  тау* – Алтайдың  ертедегі  атауы.

   – Аттарыңды  жібермеңдер. Олар  қашқан  жандыққа  өршелене  ұмтылады, – деді. Сол  мезет  үшеуі  де  аттарының  тізгінін  күш  сала  тежеді.

       – Онда  садағымызды  көздейміз  бе? – деп  Ер  қорамсағына  жармаса  беріп  еді,  Би:

       – Жебе  оқ  оларға  ине  сұққанмен  бірдей,  ал  ызаланған  аң  еш  нәрседен  қайтпайды, – деді.

       Бұл  кезде  жолбарыстар  кеуделерін  жерге  төсеп, атылуға  оқталған  еді.

        – Олар  бізге  секіргелі  дайындалды, осылай  қайрансыз  тұра  береміз  бе? – деді  ызаланған  Ер.  Дәл  сол  кезде  Нардың:

        – Айтқандай,  қалталарымызда  газ  баллондарымыз  бар  емес  пе, тез  суырыңдар! – дегені  сол  еді, үшеуінің  де  қолы  сол  бұйрықты  күткендей  көз  ілеспес  жылдамдықпен  қалтаға  сүңгіп,  баллондарын  суырып  алып, пышылдақтарын  басты. Аңдар  иісшіл  келеді  емес  пе, жағымсыз  иіс  танауларын  түршіктірген  болуы  керек, екеуінің  де  ширыққан  ызалары бірден  басылып,  пысқырынып,  жиіркене  бастарын  бұрып,  келген  жақтарына  қарай  мысықтай  зыта  жөнелді.

      Үшеуінің  де  бойларынан  суық  тер  бұрқ  ете  қалды.

      – Уф-ф! Тұла  бойымыз  қалшылдап  кетті  ғой!

      – Бұл  газ  баллондар  қалайша  бірден  есімізге  келмеді?!  Бәрекелді,

Нар,  бәрімізді  бір  ажалдан  алып  қалдың!

      – Білмеймін, – деді  Нар  басын  шайқап. – Неге  екенін, сасқалақтап  қолымды  қалтама  сұқсам, саусақтарым  газ   баллонға  тигені. Олардың  бар екені  сонда  ғана  есіме  түсті.

     – Әйтеуір, бұл  жарық  дүниеде  көретін  күніміз  бар  екен.

     – Жүріңдер, бауырлар,  ана  өзеннің  жағасына  барып, аялдап  өзімізге  келіп  алайықшы.

     Үшеуі  де  сол  сөзді  күткендей, иек  астындағы  өзенге  бет  алды.

                                                                       ***

       Олар – өздері  де, аттары  да  өзен  бойында  әл  жиып, тынығып  алған  соң, жолға  қайта  жиналды.

       – Біз  жыл  санаудың  біздің  дәуірімізге  дейінгі  209 жыл,  ғұн  заманында  жүрген  жоқпыз  ба?

       – Иә, Шығыс  Түркістандағы, яғни  түстік  Алтайдағы  ғұндардың  атамекеніндеміз. Бірақ,  міне,  бір  жарым  сағаттай  болды,  жүріп  келе  жатқан  жолымызда  ел-жұрт  тұрмақ,  адам  баласы  көрінбейді. Оларды, Мөде  тәңірқұттың  тұрағын  қалай  таппақпыз? 

       – Ол  әлі  тәңірқұт  емес, ханзада   ғой, әкесі  Түмен  тәңірқұт  емес  пе?

       – Бәрібір, қайсысы  болсын, мақсатымыз – соларға  жолығу  ғой.

       – Тоқтай  тұрыңдар! – деп, құлақ  түре  тың  тыңдады  Ер. – Бір  нәрсе  пысқырынып, жерді  дүрсілдетіп  жатқандай  сезіледі  маған, тыңдаңдаршы. 

        – Иә, мына  жақын  маңда  сияқты.

        – Анау  тұрған  ор  ма, шұңқыр  ма, не  ол? – деп, Нар  ортасы  ойыстау, айналасына  ағаштар  мен  бұталар  жаймалап  төселген  бұталы  алқапты нұсқап  көрсетті. – Дауыс  та  сол  жақтан  шығады.

        – Жүріңдер, барып  көрейік.

        Үшеуі  де  бұл  жолы  садақ, жебелерін  оңтайлап, ор-шұңқырға  жайлап  жақындай  берді. Олар  жақындаған  сайын  шұңқыр  ішіндегі  бәле  аласұрып, жерді  «дүңк-дүңк»  соққылайды. Үшеуі,  сескенгеніне  қарамай, аттарын   тізгіндеп, тебініп, қайсарлана  алға  жылжыды.  Жақындай  бере  терең  шұңқырдағы  тулап, жоғары  шапшыған  жабайы  жылқыны  көрді. Жанталасқан  жылқы  да  оларды  көріп, бар  даусымен  арқырай  кісінеді.

       – Иә-ә, – деді  Ер  садағын  қорамсағына  қайта  салып  жатып, – Бір  аңшылардың  терең  ор  қазып,  бетін  жасыл  бұталармен  білдірмей  жауып  қойған  апанына  құлап  түскен  екен.

       – Түр-түсі  жабайы  жылқы – тарпаңға  келеді  екен, – деді  Би. – Жағда  Бабалықұлы  деген  этнограф  атамыз  «Тарпаңның  бойы  үй  жылқысынан  аласалау,  жалы  қара,  ұйысқан  қалың, түстері  тышқандікіндей  сұр,  құла  көк  болып, бауры  боз  келеді»  деп  еді. Мынаның  түр-келбеті  дәл  соған  келіп  тұр  емес  пе, демек  тарпаң  ғой.

      – Иә, айғыры  екен  және  бұлар  үй  жылқысына  қарағанда  өте  күшті, аты  айтып  тұрғандай  тарпаң,  асаулау  келеді  дегенді  де  сол  кісі  айтқан  жоқ  па.

       – Бұны  енді  не  істейміз?

       – Құтқарып, ордан  шығарып  жіберу  керек  қой, әйтпесе  обал  емес  пе.

       – Қалай  құтқарамыз?  Шығарып  алуға  күшіміз  жетпейді.  Ор  да  терең  екен, шамамен  үш  метрден  кем  емес.

       – Түбіне  мына  ернеуіндегі  ағаштарды   тастайық. Жетпесе, балта, қылышымыз  бар  емес  пе, ана  тоғайдан  ағаш-бұталарды  жинап  әкеліп, соларды  да  салайық. Бір, бір  жарым  метрдей  толтырсақ, кейін  өзі  де  қарғып  шықпай  ма?

      – Бауырлар, мен  бұл  тарпаңды  не  істеу  керек  екенін  таптым, – деді  Ер  өрекпіп, – Бұл  айғырды  Мөдеге  апарып  сыйласақ, қатып  кетпей  ме?

      – Сөйте  алсақ, бізге  үлкен  абырой  болар  еді.  Бірақ  әлгінде  өте  күшті, асау  деп  айтқан  жоқсыңдар  ма. Бізге  әл  берер  ме  екен?

      – Амалдасақ, оның  жөнін  табуға  болады. Үшеумізде  де  мықты  арқан  бар  емес  пе. Сол  арқанмен  үшеуміз  үш  жақтан  мойнынан  тұзақтап, тартып  тұрамыз  да,  астына  ағаш-бұталарды  тастаймыз. Шығарып  алған  соң  да, үш  жақтан  жетектеп  жүрсек, тулап-тулап, шаршаған  соң  қоймай  ма?

       – Бұл – тапқан  ақыл  екен. Онда  кәне, тез  іске  кірісейік, бауырлар.

      Олар  тоғайдан  бірнеше  бума  ағаш-бұта  тасып  әкеліп,  шұңқырдың  ернеуіне  үйіп,  жинап  қойды. Содан  кейін  арқандарының  бір  басын  тұзақтап, тарпаңның  мойнынан  тастады.  Арқанның  екінші  ұшын  ордың  үш  жағында  тұрған  аттарына  әкеліп, ердің  алдыңғы  қасына  керіп  байлады. Екеуі  аттарына  мініп, арқандарын  ұстап  тұрды  да, ордың  жанында  қалған  Ер  шұңқыр  ернеуіне  айналдыра  жиналған  үйме  ағаштарды  итеріп, құдыққа  түсіре  бастады. Ор  ішіндегі  тарпаң  тулап-тулап,  түскен  ағаштар  шұңқыр  табанында  қатталып  жинала  берді. Бір  уақытта  аттың  алдыңғы  бауыры  шұңқыр  ернеуіне  жететіндей  биікке  көтерілді.  Ер  қалған  үйме  ағаштарды  да  теуіп-теуіп  құлатты  да, өзі  жүгіріп  барып  атына  қонжиды. Бұл  кезде  табаны  биіктей  түскен  тарпаң  да  бір-екі  тулап,  құдық  ернеуінен  қарғып  шыққан  еді. Ол  сыртқа  шыққан  соң  да  мойнындағы  тұзақтан  құтылғысы  келіп, екі  аяғын  көтере  көкке  шапшып, тарпуын  қоймады.  Біздің  жігіттер  де  арқандарын  үш  жақтан  тартып  берілер  емес. Бірақ  тарпаң  қанша  күшті  болса  да, шұңқыр  ішінде  аласұрып, шаршаған  болуы  керек, бие  сауым  уақыттан  кейін  жуасып,  басылды.  Бір  уақытта  үсті-басы  терден  малмандай  болып, жігіттердің  жетегіне  қарсылықсыз  мойынсұнумен  болды.

                                                                ***

       – Күн  екіндіге  таяп  қалды, кешке  дейін  бір  ел-жұртты  кездестірсек, жақсы  болар  еді.

       – Иә, ең  болмаса, қайда  келіп,  қайда  бара  жатқанымызды  білетін.

       – Ой, ана  салт  атты  баланы  қараңдар! – деп  тоқтай  қалғандары  сол  еді,  ағаш  арасынан  шыға  келген  бала  да  бұларды  көріп,  аз  іркілді  де, атын  бұрып, қашуға  айналды.

       – Бауырым, біз  қас  емеспіз, доспыз, доспыз! – деп  еді, оған  бала  тоқтамай, атына   қамшы  басты.

       – Мә, мынаны  сендер  ұстай  тұрыңдар! – деп  қолындағы  арқанды  Нарға  ұстатып,  Ер  де  оны  қуа  жөнелді.

        Сүт  пісірімдей  уақыттан  кейін  жарлауыт  төбенің  артынан  Ер  де  көрінді. Жанында  әлгі  бала.      

        – Бауырлар,  жолымыз  болды! – деп  айқайлады  ол  сонадайдан. – Жайғасуға  орын  іздеңдер, бар  мәселені  тамақтанып  отырып  шешеміз.

       Би  мен  Нар  аттарды  ағаштарға  арқандап  қойып, өздері  бір  жайпақ  тастың  үстіне  дастарқан  жайып  жатқан.

        – Ой, мына  тарпаң - айғырды  қалай  ұстап  алдыңыздар?! – деді  бала  жабайы  жылқыға  қызыға  қарап.

        – Бір  орға  құлап  кеткен  екен, содан шығарып  алдық.

        – Шұңқырдан  қалай  шығардыңыздар?

        – Тоғайдан  ағаш-бұталарды  жинап  әкеліп,  шұңқырға  тастадық. Сөйтіп, ордың  түбін  таяздатып  едік, тарпаңның  өзі  секіріп  шықты.

        – Одан  кейін  оны  қалай  ұстап  қалдыңыздар? – деп  тарпаңға  жақындай  беріп  еді, ол  үркіп, мойнындағы  арқанды  тарта, көкке  тулады.  – Әне, көрдіңіздер  ме, бұлар  өте  күшті, тарпаң  жылқылар, кез  келген  үлкен  кісілердің  өзіне  бой  бере  бермейді.

        – Үшеуміз  үш  жақтан  мойнына  тұзақ  арқан  салып, сонымен  тартып  ұстап, әрең  мойынсұндырдық.

        – Бәсе, ер  екенсіздер! Енді  мұны  қайда  апарасыздар?

        – Сенің  әкең  Мөде  ханзадаға   сыйламақпыз.

        – О-о! Менің  әкем  мұндай  асау  жылқыларды  өте  жақсы  көреді. Керемет  сый  апарасыздар!

       – Ер, мұнда  келіңдер, – деді  бауырлары. – Ішке  ел  қондырамыз.

       – Қазір, – деді  Ер  атын  тұсап  жатып. – Жүр, Лаушаң, дастарқанға, шай  ішеміз.

      Ер  бауырларына  күлімдей  жымиып  жақындады  да:

       – Танысыңдар, бауырлар,  бұл  жігіттің  аты – Лаушаң, біз  іздеп  келе  жатқан  Мөде  ханзаданың  баласы.

       – Ой, бәрекелді!

       – «Жолы  болар  жігіттің  жеңгесі  алдынан  шығар» деген. Кездескенімізге  өте  қуаныштымыз!  Атым – Нартөре, – деп  қолын  созды.

       – Ал  менің  атым – Битөре.

        – Менің  де  қуанышымда  шек  жоқ, – деді  Лаушаң. – Алдын  сіздерді  көргенде  менің  әкемді  аманатқа  алған  иузилер  екен  деп, қолға  түспей  сытылып  кетпек  болғам. 

       Оның  қарны  қатты  ашқан  екен, дастарқандағы  ет  пен  жұмыртқаны  еңсере  жеді, бірақ  шайдың  орнына  өз  торсығынан  қымыз  ішті. Дастарқан  үстінде  жолға  неге  шыққанының  бар  мән-жайын  айтып  берді.

         – Біз  ауылдағы  бір  топ  бала  ертемен  аңшылыққа  жиналмақ  болғанбыз.  Ағам  Хансаймен  бірге  оның  отауына  кірдік.  Ол  аңшылық  құрал-саймандарын  түгендеп  жүрді  де,  мен  ұйқым  қанбағандықтан, жата  тұрайын  деп, төсекке  сұлай  кеткем. Жұмсақ  төсекке  басым  тигені  сол, көзім  ілініп  кетіпті. Бір  кезде  атамның  даусын  естідім  де, селк  етіп  ояндым.  Қарасам, Хансай  жоқ, үйде  жалғыз  өзім. Атамның  үйге  жақындап  келе  жатқанын  байқап, зып  беріп  кереуеттің  астына  кіріп  кеттім.

          – Балаң  аңшылыққа  кетті  ме? – деді  атам.

          – Иә, әлгінде  ғана  бір  топ  баламен  жөнелді  ғой, – деді  қытай  шешем. 

        – Енді  біз  де  қазір  иузилерге  жорыққа  аттанамыз, – деді  атам  тегене  тола  қымызды  ішіп  жатып. Осы  кезде  мен  тұла  бойымды  аяздай  тітіренткен  сұмдық  жайға – атам  мен  қытай  шешемнің  сұмдық  келісіміне  куә  болдым.

        – Әйтеуір  жорықтарың  сәтті  болып, Тәңірім  бастарыңды  жазымнан  сақтап, аман-сау  оралтуға  жазсын!

        – Тәңірдің  емес, сенің  көптен  бергі  арман-тілегіңді  орындап, тұңғыш  баламның  басын  құрбандыққа  шалғалы  отырмын  ғой.

       – Қой  әрмен, бұл  екеуміздің  де  бір  мәмілеге  келіп, бәтуаласқан  шешіміміз  емес  пе. Хансай  да  өзіңнің  өзегіңді  жарып  шыққан  тұқымың  ғой, Мөдеден  қай  жері  кем. Кешегі  балгер  де  айтқан  жоқ  па, «тақ  мұрагерің  ретінде  Хансайды  көріп  тұрмын»  деп.  Демек, Тәңірдің  өзі  Мөдеге  қысқа  ғұмыр  жазған. Тағдырдың  жазғанына  амалымыз  қанша.

        Атам  бұдан  кейін  ләм-мим  демей, орнынан  атып  тұрып, сыртқа  жөнелді. Сұрқия  шешем  де  оның  артынан  ілесті. Ал  мен  болсам, денем  мұздай  болып  қалшылдап, тек  көз  жасыма  ерік  бердім. Сол  күйі  сыртқа  атып  шығып, белдеуде  дайын  тұрған  атыма  қондым. Әкемді  құтқарып  алу  үшін  жау  еліне  жол  шегіп  келе  жатқан  бетім  еді, Тәңірім  жар  болып, сіздерге  жолықтым.

       – Ендеше  қам  жеме, бауырым,  әкеңді  құтқарып  аламыз.        

       – Кешке  дейін  жау  ордасына  жете  аламыз  ба?       

       – Қараңғы  түсе  жетіп  те  қалуымыз  мүмкін.

       – Онда  тіптен  жақсы,  кәне, жылдам  жиналайық.

       – Жиналсақ,  жиналайық.  Жолымыз  болсын!

                                                                       ***

       Бұл  кезде  иузилер  елінде  үлкен  топалаң  жүз  берген,  анығырағы  соғыс  өрті  өршіп, басылған-ды.  Шеткі  ауылдарға  тұтқиылдан  тиіскен  ғұн  жасағы  олардың  керегесін  қиратып, шаңырағын  ортасына  түсірген  еді. Бұл  шапқыннан  хабар  тиісімен  Туйхон  уаң  қолын  жинап, шұғыл  аттанып,  есерсоқ  ғұн  жасағын  тырқыратып  қуып  салған. Содан  ол  ордасына  ымырт  түсе  кеш  оралып,  келе  сала  аманатта  отырған  Мөдені  алдына  алдыртқан.

        – Опасыз  әкеңнің  не  істегенін  естідің  бе?! – деді  Туйхон  уаң  қатты  ызаланып. – Бізді  алдап, баласы  сені  татулықтың  кепілі  ретінде  аманатқа  қойып, өзі  бізге  тұтқиылдан  шабуыл  жасады. Сөйтіп, екі  арадағы  келісімшартты  бұзды,  сені  құрбандыққа  шалды. Бұл  енді  бізді  емес, өзін  алдауы. Енді  бұдан  былай  сенің  тәуелсіз  елің  жоқ. Бұдан  былай  еліңді  қытай  шешеңнен  туған  әумесер  інің, яғни, Хань  патшалығының  жиені  басқарады. Былайша  айтқанда  Хань  патшалығының  дегенімен  жүретін  қуыршақ  Тәңірқұт  таққа  отырады  деген  сөз. Бірақ  мен  мұнда  соны  күтіп  ай  қарап  отырады  дейсің  бе. Оған  дейін  еліңді  мен  басып  аламын, аяр  әкеңнің  шаңырағын  күл-талқан  етемін, түсіндің  бе?!

        Онсыз  да  ызаға  булыққан  Мөде  бұл  сөздерді  жай  тыңдап  отырсын  ба. Тістері  шықырлап, білек  бұлшық  еттері  бұлт-бұлт  ойнап,  екі  қолын  шынжырмен  кере  тартып  тұрған  жасауылдарды  тырбаңдатып,  қолдарын  бауырына  жиып  алды  да:

        – Ешқайсыңның  да  дегендерің  бола  қоймас! – деді  нық  та  сенімді  үнмен.

        – Болады, – деді  Туйхон  уаң  кекесінді  дауыспен. – Біріншіден, түн  асырмай,  бүкіл  елімнің  алдында  мына  өзіңнің  басыңды  аламын. Оған  дейін  соған  дайндалып,  көндіге  берсін  деп,  мына  дудыраған  басың  мен  бұлт-бұлт  еткен  қолдарыңа  ағаш  қамыт  кигіземін. Кәне, әкеліңдер  де  кигізіңдер! – деді  ол  нөкерлеріне. Сыртта  бұйрық  күтіп  отырған  нөкерлері  баса  көктеп  кірді  де, Мөденің  ақырғанына  қарамай  бәрі  жабылып, басы  мен  екі  қолына  ағаш  қамытты  кигізді. Желке  жағын  нән  қайыспен  шандып  байлап, аяғына  кісен  салғаны  сол  еді, Туйхон  уаң:

       – Құжырасына  әкетіңдер! – деді  әмірлі  үнмен. – Өлім  сағатын  сонда  күтсін.

      Нөкерлері  Мөдені  екі  білегінен  қапсыра  ұстап, сүйрелей  жөнелді.

                                                                       ***

       Олар  Туйхон  уаңның  ордасының  шегіне  ымырт  түсе  жеткен. Аттарын  сай  табанындағы  шоқ  ағаштың  арасына  байлады  да, өздері ауыл  шетіне  таяп  барды. Бір  топ  тораңғының  түбіне  жасырынып, орда  айналасын  сол  жерден  бақыламақ  болған. Бірақ  Лаушаң:

       – Мені  үлкендер  бала  екен  деп  елей  қоймайды  ғой. Ауылға  барып, әкемнің  қай  үйде  жатқанын  біліп  келейін, – деп  рұқсат  сұрады.

       – Мейлі, барлап  келе  ғой, – деді  Би. – Бірақ  абайла, сақ  бол. Мә, мынаны  ал, – деп, темекі  тұтатқышты  қолына  ұстатты. – Мына  бүртікшесін  жылжытсаң, шамы  жанады, – деп, бір-екі  рет  көрсетіп  берді. Бала  әуелде  таң қалса  да, қолына  алып, сипап  көріп, шамын  қалай  жағуды  үйреніп  алды. – Егер  өзіңе  қауіп  төнсе, шамын  бізге  қаратып, екі  рет  жағасың. Ал  әкеңнің  қай  үйге  қамалғанын  тапсаң, сол  үйдің  тұсынан  үш  рет  жағасың  да, ешқандай  әрекетке  бармай, дереу  бізге  келесің. Ары  қарай  не  істейтінімізді  осы  жерде  ақылдасамыз. Жарай  ма?

        – Жарайды, – деп  Лаушаң  ауылға  қарай  аяңдай  жөнелді.

   Бала  кеткелі  бие  сауымдай  уақыт  өтті, бірақ  ешқандай  хабар  болмады.

        – Лаушаңға  не  болды? Мен  барып  байқап  келсем  бе  екен? – деп  Ер тағатсызданып, орнынан  тұруға  дайындалған.

        – Әне, шам  жанды! – деп  Нар  шам  жанған  тұсты  нұсқап  көрсетті. – Бір... екі! Ой, бауырлар, оның  басына  бір  қауіп  төнген  сияқты!

        – Онда  мен  барайын, – деп  Ер  түн  қараңғысына  сүңгіп  кетіп еді, көп  өтпей  Лаушаңмен  екеуі  қайтып  оралды.

       – Иә?! – деп  бауырлар   Лаушаңға  сұраулы  жүзбен  қарап  еді, ол:

       – Менің  әкем  ордаға  жақын  тұстағы  шеткі  үйде  екен. Басы  мен  қолдарына  қамыт  кигізіп,  аяғына  темір  кісен  салып  қойыпты. Есік  алдында  екі  күзетші  бар.

        – Сен  оны  қалай  таптың?

        – Кішкентай  балалардан  сұрап  білдім. Бауырлар, тезірек  барып  әкемді  босатып  алуымыз  керек. Өйткені, орданың  алдына  халық  жиналып  жатыр. Әкемді  сол  жерде, жұрттың  алдында  өлтірмекші  екен.

       – Ә, онда  асығуымыз  керек.

      – Айтқандай, темір  кескішті  де  алып  жүрейік, – деп  Нар  жол  қапшығына  жармасты.

      Олар  от  тұтатқыштың  шамымен  жол  тауып, ауыл  шетіне  жақындай  беріп  еді, бір  ит  алдарынан  үріп  шыға  келгені.

       – Бұнысы  жаман  болды  ғой, – деді  Би. – Енді  бұған  қалғандары  да  үн  қосып,  адамдарының  да  көңілін  аударуымыз  мүмкін.

      – Не  істесек  екен  а, атып  өлтіреміз  бе?

      – Онда  қыңсылап, одан  бетер  назар  аудартқызады.

      – Ә-ә, таптым, – деп  Би  қалтасынан  газ  баллонын  суырып  алды  да, итке  қаратып  пышылдатты.

      Көзі  мен  танауына  қатты  әсер  еткен  өткір  иістен  шошынған  ит, құйрығын  бұтына  қысып,  әлсіз  қыңсылап,  беті  ауған  жаққа  зыта  жөнелді.

      – Бауырлар,  осы  баллонды  басқа  жағдайларда  да  ұмытпай,   ескеріп  жүрейікші.

      Олар  бір  үйден  өтіп, екінші  үйге  келгенде, Лаушаң :

      – Міне, мына  үй, – деп  бір  қараша  үйді  көрсетті.

      Би  мен  Лаушаң  үйдің  екі  жағынан  қарауылдап  тұрды  да, Нар  мен  Ер  қанжар,  кескіштерін  алып,  іске  кірісті. Сыртқы  арқандарын  кесіп, туырлықты  тігінен  тілді  де, керегелердің  айқасқан  жеріндегі  бау-басқұрларды  да  бытырлатып  үзіп  тастады. Екеулеп  керегелерін  екі  жағына  ысырып  жатыр  еді, Мөде  ханзада  да  бұлардың  құтқарушылар  екенін  сезіп, сол  тұсқа  жылжып  жақындады. Ол  қамыт  бауларды  үзіңдер  дегендей  арқасын  беріп  тұра  қалды. Ер  қолындағы  қанжарымен  қамыттың  таспаларын  бытырлатып  кесіп  тастады. Мөде  ханзада  қамыттан  құтылып, ұйыған  қолдарын  ысқылап  тұр  еді, Нар  кескішін  көрсетіп:

         – Аяғыңызды  бері  жақындатыңыз, – деді.

         Кісеннің  шынжырларын  да  бытырлатып  кесіп  тастағаны  сол,  Мөде    керегелердің  саңылауын  өзі  қолымен  үлкейтіңкіреп, сыртқа  атып  шықты. Мөде  сыртқа  шыққаны  сол  еді, Лаушаң  қуаныштан  елжіреп,  жүгіре  әкесінің  мойнына  асылды. Ер:

       – Іште  ер-тұрман  бар  ма? – деп  еді, Мөде:

      – Бар, төсектің  астында, – деген,  Ер  зып  етіп  саңлаудан  ішке  кірді. Бір  кезде  ол  да  ер-тұрмандарды  алып, сыртқа  шықты.  Би:

        – Жүріңіздер, – деп, шамды  жағып, оларды  келген  жақтарына  бастай  жөнелді.

        – Ой, бәрекелді, мықтысыңдар  ғой! – деді  Мөде  ханзада  арқандаулы  тарпаңды  көрген  бетте.

       – Бұл  сәйгүлікті  сізге  сыйға  әкелдік, – деді  бауырлар.

       – Рақмет, бауырлар! – деді  Мөде  құшағындағы  баласын  жерге  қойып  жатып. – Сендер  маған  өмір  де  сыйладыңдар  ғой.

       Артынша  өзі  тарпаңды  арқанынан  ұстап, оның  тулап,  мөңкігеніне  қарамай  діңі  жуан  бір  ағашқа  мойнынан  тартып  байлады  да, әлгі  ер-тұрманды  арқасына  қондырып, ерттеді. Өзі  қарғып  мініп  алды  да:

       – Ал, бауырлар,  арқанды  жайлап  жібере  беріңдер, – деді.

       Айғыр  үстіне  қонжиған  «бәлені»  олай  бір, былай  бір  көкке  шаншыла  тулап,  лақтырып  тастай  алмай  әуреге  түсті. Бір  уақытта  барып  Мөде  ханзада:

       – Аттарыңа  қонып, менің  артымнан  еріңдер! – деді  де  қанжарымен  тарпаңның   мойнындағы  арқанды  шорт  үзіп,  құйғыта  жөнелді. Балалар  да  оның  соңынан  ілесті.

                                                                      ***

       Мөде  ханзада  мен  жас  серіктері – Ер,  Би,  Нар,  Лаушаң– бәрі  ғұндардың  Ордасына  аман-есен  жеткен. Мөде  ханзаданы  тірі  келеді  деп  ойламаған  ел-жұрттың  қуанышында  шек  болған  жоқ. Тұман  тәңірқұт  та  баласының  сау-саламат  келгеніне  қуанған  болып, асты-үстіне  түсіп, ақ  сарбас  қой  сойды.  Ел-жұртын  Ордасына  жинап,  думандатып,  тойға  ұластырды. Біздің  жас  баһадүрлер – Ер,  Би,  Нар  осы  тойда  Мөде  ханзаданың  оң  жағына  жайғасып, ең  құрметті  қонақтары  ретінде  сый-құрметке  бөленді.                                             

      Тойдың  ертеңіне  Тұман  тәңірқұт  баласы  Мөдемен  Ордасында  оңаша  жағдайда  әңгіме-сұқбат  құрған.

       – Балам, сенің  ерлігіңе, амал-әрекетіңе  өте  ризамын! – деді  Тұман                                                                                                                                                                                                                                           тәңірқұт  оны  арқасынан  қағып. – Сенің  иузилерді  бұзып-жарып, аман-есен  оралатыныңа  сенгем. Сенен  мұндай  әрекетті  күткен  едім, – деген.

       – Әке, мен  онда  сен  күткен  әрекетке  бара  алғам  жоқ, анығырағы, мүмкіндік  берген  жоқ. Оның  есесіне  бір  Тәңірімнің  және  Ордаңдағы  қонақтар – үш  жас  баһадүрдің  қолдап-қуаттауымен  тұтқыннан  босануға  мүмкіндік  алдым.

       – Әйтеуір  босанып  келдің  ғой, – деді  әкесі  екі  ұшты  оймен. – Олардың  шегарасындағы  бектері  де  жиі  шабуылдап  қоймаған. Бірде  малымызды,  бірде  жанымызды  барымталап  болмаған  соң, төзіміміз  таусылған  еді. Одан  бұрын  саған  деген  сағынышым  да  ыза-кегімді  қоздырып,  найзаға  қалай  жармасқанымды  білмей  қалдым. Тұтқиылдан  шабуыл  жасап, олар  есін  жинағанша  ішкерілей  кірермін, сені  де  алып  кетермін  деп  ойлағам. Бірақ  ол  ойым  жүзеге  аспай  қалды. Олардың  күші  басым  шықты, – деп  басын  төмен  салды.

       – Әке, – деді  Мөде. – Бекер  қажи  берме  енді. Мен  қасыңда  отырмын  ғой, өткен  іске  салауат. Одан  да, әке, алдағы  күндерді  ойлайық. Жау  қолында  жүріп, көп  нәрсеге  көзім  жетті, көп  нәрсеге  көзім  ашылды.

          Енді  менде  бұрынғыдай  алаңсыз  тірлік,  жастық  желік  күндер  болмайды. Айналамыз  толған  жау,  олардың  бар  мақсаты – қайтсе  де  сені  әлсірету, іштей  кеміру, ыдырату  екен. Сосын  аранын  кең  ашып  тап  беру, жұта  салу,  қалайда  жоқ  қылу  екен. Олардың  тойымсыз  аранына  түспеу  үшін  сен  қалайда  күшті  болуың  керек, күшті  болуың  үшін  көкжалдай  әккі, нардай  төзімді,  қырандай  қырағы,  құмырсқадай  ынтымақ-тәртіпті, жолбарыстай  мықты  болуың  керек  екен. Сол  үшін,  әке, сізден  бір  ғана  тілегім  бар:  маған  бір  түмен*  әскер  беріңіз. Мен  оларды  әлгінде  айтқандай  қасиеттерге  шыңдап,  еліміздің  қорғанысын  күшейтемін.

Еліміздің  тәуелсіздігін  баянды  етемін, – деп, шоқтай  жанған  өткір  көзімен  тік  қарап  еді, әкесі  оты  сөнген  жанарын  тайқытып  әкетті:

        – Мейлі, дегенің  болсын, балам, – деді.

                                                                 ***

        Ол  Орданың  түстік-батысындағы  көсіліп  жатқан  кең  жазыққа  бірнеше үлкен  асыр  мен  қараша  үйлерді, шатырларды  айналдыра, қатарластыра  тіктірді. Ат  байлайтын  бағаналар, белдеулер  орнатты. Бір  түмен  әскерін  сол  тігілген  үйлер  мен 

 

 

 

Бір  түмен* – он  мың  қол.

шатырларға  бөліп  орналастырды. Келген  күннің  ертеңінде-ақ  әскери  жаттығуларын  бастап  кетті. Ол  әскерін  ондық  жүйемен  топтастырған  екен, яғни, он  сарбаздан  тұратын  ондық (онбасы  басқарады),  жүздік (жүзбасы),  мыңдық (мыңбасы) – бәрі  жиылып  он  мың  қосын – бір  түмен (түменбасының  қарауында).  Әрбір  ондық,  жүздік,  мыңдық  өз  тобына  жауапты. Топтан  бір  адам  қорқақтық  жасаса, жаралыларын  тастап  кетсе,  немесе  қару-жарағы,  киімі  түгел, бүтін  болмаса, сол  топтағы  сарбаздар  мен  топбасшысы  жауап  береді. Қауырт  бір  жағдай (жау  шабуылы),  не  әскери  дабыл  соғылып,  бұйрық  берілгенде, сол  топтар  жылдам  жинала  қалуы  керек. Немесе  шілдей  шашырап,  бытырап  кетуі  керек. Бұйрықты  бұзғандар  немесе  орындамағандар  қатаң  жазаланады (дүре  соғылады,  не  өлім  жазасына  бұйырылады). Мөде  қолбасшы  жиылған  түмен  қосынының  алдында  әскери,  соғыс  жағдайында  әр  кім  өзін  қалай  ұстау  керектігін  тәптіштеп  түсіндіріп,  ең  бастысы  әскери  тәртіптің  қатаң  сақталуын  міндеттеумен  болды.

          Бұлардың  бәрін  әскери  нөкерлердің  жанында  бақылап  тұрған  Нар  бауырларына  қарап:

       – Байқадыңдар  ма, бауырлар, әскери  тәртіпті  ұйымдастыруы  тура  Шыңғысханның  жасақ  заңына  ұқсайды  ғой, – деп  еді, Ер  мырс  етіп:

       – Шыңғысханың  Мөдеден  мың  төрт  жүз  жылдай  кейін  дүниеге  келген  жоқ  па. Қайта  керісінше, Шыңғысханның  жасағы  Мөде  тәртібін  үлгі  тұтқан  десең, шындыққа  келіңкірейді. Өйткені, біздің  заманымыздағы  әскери  мамандар  да  өз  еңбектерінде: «Шыңғысхан  әскери  күш-қуатын  ежелгі  дәстүрге  негіздеп  түзген, бірақ  бүкіл  жарты  әлемді  жаулап  алған  жеңімпаз  атты  әскерін  өз  шығармашылық  күш-қуатымен  ұтымды  ұйымдастыра  білген» деп  атап  көрсеткені  белгілі. Ендеше  бұл  Мөде  де  ата-баба  дәстүрін  жетілдіре  қолданып  отыр, – деді.

       – Иә, дұрыс  айтасың, – деді  Би  Ерді  қостап. – Ата-бабаларымыздың  әскери-жауынгерлік  күші  мыңдаған  жылдық  тәжірибемен  байып,  ұдайы  жетілдіріліп  отырғаны  рас. Әйтпесе, түркі  текті  баһадүрлердің  шығысы  сонау  Амурдан  батыстағы  Апенин  түбегіне  дейінгі, түстігі  Кіші  Азия мен  Үндістаннан  терістіктегі  Балтық  жағалауына  дейінгі  жауынгерлік  ерлік  жорықтары  мен  қоныстанулары  қалай  жүзеге  асар  еді. Ондағы жұрттар  да  осал  емес  еді  ғой.  Демек, ата-бабаларымыздың  жауынгерлік  шыңдалуы  мен  әдіс-айласы, күш-қайраты  мен  жылдам-ептілігі  олардан  үстем  болғаны.

      – Мен  де  бұл  сөзіңе  дәлел  келтірейін, – деді  Нар  жөткірініп. – Ортағасырлық  араб  елшісі  әрі  тарихшысы  Ибн  әл-Факих  бір  жазбасында:  «Хираджит,  яғни  араб  сарбазы  жебесіне  бір  оқ  салғанша, түрік  он  рет  атып  үлгереді. Хираджит  теп-тегіс  жерде  атпен  қалай  шапса, түрік  дәл  сондай  жылдамдықпен  таудан  түсіп  келе  жатып  та  шаба  алады...» – деген  екен.

      Мөденің  әскери  жаттығуларды  ұйымдастыра  білген  шеберлігіне  бауырлар  өте  тәнті  болды  және  өздері  де  жаттығулардан  тыс  қалған  жоқ. Аттың  құлағында  ойнау,  қылыштасу,  найзаласу,  мергендік,  қару  түрлерін  шеберлікпен  қолдану, ту  мен  оттың  белгілерін*  үйрену,  шабуыл  мен  қорғаныс,  шегіну  мен  із  жасыру, табиғи  белгілер  мен  бағдарларды  танып, ажырата  білу  өнері – бәрі-бәрін  шеберлікпен  меңгеруге  жаттықты.

       Жауынгер – сарбаздардың  алғырлығы  мен  ептілігі,  жаттығуларды  тез  меңгеріп,  қабылдап  алу  шеберліктерінде  де  шек  жоқ  еді. Бір  көрсетсе  болды,  қағілез  де  епті  қимылмен   қағып  алады. Шауып  келе  жатқан  аттың  бауырынан  айналып  өту,  жүйткіген  атпен  алдындағы  немесе   арттағы  белгілерді  садақпен  дәлдеп  ату, арқан  лақтыру,  найзаның  басына  бекітілген  ілгекпен  қарсыласын  аударып  түсіру,  жердегі  болмашы  із-белгілер  арқылы  із  кесу – олар  үшін  туа  бітті  бойларына  қонған  қасиет  сияқты.

        Жуынгерлер  жаттығулардың  қайсысын  болсын  құлшыныспен  орындайды  және  бір-бірінен  асып  түсуге  тырысады.  Жаттығудан   кейін  қолдары  босай  қалса  немесе  екі  кештің   арасында, не  түн  мезгілі  болсын  шаршап-шалдықтық   деп  жатып  алмай, ойын-жаттығуларға  тағы  кірісіп  кетеді. Аударыспақ,  арқан  тартысу,  күрес,  көкпар,  білек  сынасу,  жамбы  ату,  ат  жарысы  сынды  ойындарға  қызу  араласады. Олар  үшін  асық  ойындары   да  соғыс  әдіс- тәсілдерін  жетілдіруге  қызмет  ететін   сияқты: «Хан» ,  «Талапай»,  «Үш  табан»  – көздеп  ату,  шабуылдаудың  оңтайлы  әдістерін  таңдау,  әскерді  топтастыру  мен  бытырату  машықтарына   негізделгендей.

       Қолбасшылар  мен   сардарлар  да  бұл  кезде  қарап  жатпайды. Ат   шаптырымдай  аумақты,  тақтайдай  тегіс  алаңға   қой,  арқар,  сайғақ,  құлан, жылқы, түйе  асықтарынан  сайланған,  түрлі  түске  боялған  400-500  мың  асықты  рет-ретімен  орналастырып, шашып  тастайды. Асықтардың  түрлі  түсті, үлкенді-кішілі  болып  бөлінуінің  де  мәнісі  бар. Қызыл  асықтар – ғұндарды, көк  асықтар – жау  әскерлерін  аңғартады.  Ал   сақа  ретінде  қолданылатын  асықтары – сардарлар  мен  әскербасылар.  Қырық  телімге  сызбаланған  ойын  алаңының  қақ  ортасында  «Бақ»  деп  аталатын  қамал  орналасады. Ойынға  қатысқан  тараптар  осы  қамалға  иелік  ету   үшін  неше  түрлі  әдіс-амал,  ой-қажыр,  күш-қайрат   жұмсайды. Ойынның  тартысты  өтетіні  сондай,  кейде  бірнеше 

 

Ту  мен  оттың белгілері* – басшыларының  ту, оттың  көмегімен  беретін  белгі-бұйрықтары.

күнге   ұласып   кетеді  екен. Бейсауат   жүрген  адам  немесе  мал  ойынның  тәртібін,  асықтардың  орналасқан  жерлерін  бұзбау  үшін,  алаңды  айналдыра  ағаш  шарбақтармен  қоршап   қояды. Жауынгерлер  ойынды  сол  қоршаудың  сыртында  тұрып   тамашалайды. «Тәртікем»  деп  аталатын  бұл   ойынға  ат  үстінде  де, жаяу  жүріп  же  қатысуға  болады. Қолбасшылар  мен  сардарлар  кейде  асықтарды  өздері  атса,  кейде  бұған   арнайы  дайындалған  көмекшілерін  нұсқау  беріп  қатыстырады  екен.

      – Иә-ә, міне, әскери  стратегия  мен  тактика! – деді  Ер  ойынға  қатысуға  құлшынып, делебесі  қозып. – Әттең, бұл  «Тәртікемді»   жетік   білмеймін  ғой, әйтпесе!..

           – Әйтпесе, мен  де  кірісіп  кетер  едім,  – деді  Нар  да  бір  ұртынан       жымия  оның  сөзін  жалғап. – Бұл  ойында  әрбір  асықтың  дәл  бір  әскердегідей   жүктелген  мақсат-міндеттері, орналасу  тәртібі  мен  жүйелері  бер  екен.

      – Құтты   шахматтағыдай,  қалтарыс-бұлтарыстары  көп,  амал-айла, ақылға  құрылған  күрделі  де , қызықты  ойын  екен, – деді  Би  де  қарап  қалмай.

                                                               ***

      Бұл  кезде  Тұман  тәңірқұт  пен  қытай  тоқалы  екеуі  де  құр  қарап  жатпаған  еді. Әйелдің  төркінінен – Шын  патшалығынан  мол  тарту-таралғымен  елшілер  келіп, соларды  күтіп, жағдайларын  жасады. Сонымен   бірге  құпия  түрде  болашақ  тақ  мұрагері  мен  Мөденің  жайын   да  ақылдасты. Саясаттары  бір   жерден  шығып, ханымның  баласын – мұрагер  ету, бақталасы, әскер  жиып  күшейіп  келе  жатқан  Мөденің  көзін  жоюдың  әдіс-амалын  қарастырды. Дегенімен,  бұл  жайдың  шет  жағасын  ордадағы  күтуші-күңдерден  естіген  Мөденің  өзі  де    хабардар  болған.

      Бірде  ол   сап  түзеп  жиылған  қолының  алдына  келіп:

      – Әскери   жаттығу, шыңдалуларың  қалай?! –  деді. Түмен  бір  ауыздан:

      – Жоғары! – деді.

      – Жорық, соғыстарға  дайынсыңдар  ма?!

      – Дайынбыз!

      – Өз  сардарларыңның  бұйрық-жарлықтары  мен  іс-әрекеттерін  бұлжытпай  көзсіз  орындауға  дайынсыңдар  ма?!

      – Дайынбыз!

      – Онда  мен  сендерді  байқап  көрейін. Егер  араларыңда  менің,  жалпы  сардарларымның  бұйрық,  іс-әрекеттерін  дәл   орындамайтындар, жалтаратындар   болса, олар  қатаң  жазаланатын  болады,  соны  көкейлеріңе  мықтап  түйіп  алыңдар!  Кәне, сол  қанаттағы  шеткі  ондық – алға  шығыңдар!

      Онбасы  бастаған  ондық  алға  шығады.

      – Соңымнан  еріңдер! – деп, өзі  жүйіткіп  шаба  жөнеледі.

      Олар  да  Мөденің  соңынан  ілеседі. Ордаға  бет  түзеп   шапқан  Мөде  жолда  жайылып  жүрген  өзінің  ең   сүйікті  ереулі  аттарының   бірін  көреді. Ол  сол  жүйіткіген  күйі  оқталған  садағын  атына  қаратып  атып  қалады. Оның  қимыл-әрекетін   бұлжытпай  қайталап  келе  жатқан  сарбаздар   да  жебелерін  жаудырады. Бірақ   араларында  Мөденің  сүйікті  жүйрік   атын  атуға  қимағандар   да  бар  еді. Мөде  онбасшыға:

        – Атқа  қадалған  жебелерді   әкел! – деді.

       Мөденің  өзінікін  қоспағанда, алты  жебе  атқа  қадалған  екен. Оларды  иелеріне  қайтарып  беріп, қуаттағандай   иықтарынан  қақты.

        – Ал  қалған  төртеуіне  әрқайсысына  үш   жүз   шыбықтан  дүре  соғылсын! – деді.

       Мөде  сап түзеп  тұрған  жауынгерлеріне  барып,  тағы  бір  ондықты  алға  шығарды. Оларды   соңына  ерткен    күйі  тағы  да  Ордаға  қарай  шапты.

      Дәл  сол  кезде  ханым, Мөденің  қытай  шешесі  елшілерді   жарты  жолға  дейін  шығарып  салып,  қайтып  келе  жатқан.  Жүйткіп  келе  жатқан  Мөде  садағын  сол  шешесіне  қаратып  кезеп,  атып  қалды.  Сарбаздары  да  оның  әрекетін  бұлжытпай  қайталады. Бірақ  араларында  ханымнан  қорқып,  тайсалғандар  да  бар  еді. Мөде  онбасшыға:

      – Ханымға  қадалған  жебелерді  әкел! – деді. Онбасы  не  болғанын  түсінбей, үрей  мен  қорқыныштан  состиып  тұрып  қалған  күтуші, кәзинактарға  назар  аудармай,  ханымның  жанына  келді. Сұлап  жатқан  ханымның  кеудесінен  жебелерді  суырып  алды.

      Мөденің  өзінікін   қоспағанда,  сегіз  жебе  ханымды  жаһаннамға  жіберген  екен. Оларды  иелеріне  қайтарып, әрқайсысының  иықтарынан  қақты.

      – Ал  қалған  екеуінің  әрқайсысына  үш  жүз  шыбықтан  дүре  соғылсын!

     Мөде  сап  түзеген  қолына  келіп, тағы  бір  ондықты  алға  шығарды. Оларды  да  артына  ілестірген  күйі  Ордаға  қарай  шабады.

       Бұл  кезде  елшілерді  қозы  көш  жерге  шығарып  салған  Тұман  тәңірқұт  та  қайтып  келе  жатқан. Мөде  әкесін  кес-кестеп  өте  берді  де, садағын  тартып  қалды. Оның  әр  қимыл-әрекетін  бағып  келе  жатқан  артындағы  сарбаздары  да  ысқырма  жебелерін  бір  мезгілде  жаудырды. Кеудесіне  оқ  қадалған  Тұман  тәңірқұт  сылқ  құлап, аяқтары  үзеңгіге  ілініп  салбырады  да  қалды. Онбасы  аттарының  үстінде  үрей  мен  қорқыныштан  ес-түссіз  тұрған  нөкерлерге  сынай  бір  қарап  өтті  де, тәңірқұттың  кеудесіндегі  жебелерді  бір-бірлеп  суыра  бастады. Мөде  оларды  санап  көріп  еді, он  екен!

       – Бәрекелді! – деді  ол  сарбаздарына  сүйсініп.  Артынша  әлгі  әскербасылар  мен  оққағарларды  нұсқап. – Мыналардың  қаруларын  алып, өздерін  тұтқындаңдар! – деп  еді, сарбаздар  сол  есалаң  күйде  тұрған  қолбасшы,  жандарларға*  жапатармағай  жармасты. Олар  Мөде  ханзаданың  адамдарына  қарсылық  көрсете  алған  жоқ.

                                                       ***

       Мөде  бар  билікті  қолына  алған  соң, әкесіне  қарасты  қарулы  күш – түмендерді  түгел  өзіне  қаратты. Ұлы  ғұн  Ордасының  бұрынғы  әскери  қуатын  қалпына  келтіру  үшін, оларды  бір  қолға  топтастырып, қайта жасақтады. Әрбір  сардар, сарбаздың  әскери  тәжірибе, күш-қуат, ептілік-икеміне  қарай  оларды  жеңіл,  ауыр  атты  әскер  қатарына  бөлді.  Жеңіл  әскердің  әр  сарбазына  екі  садақ, сауыт  бұзар  оқтары  бар  қос  қылшан  үлестіріп, қалқан, қылышпен  жабдықтады. Ауыр  атты  әскерге  садақ, қорамсақ,  қалқан  өз  алдына,  әрқайсысына  қайқы  қылыш,  найза – сүңгі, айбалта,  шоқпар-күрзіден  таратты.   Әрқайсысына  екі-үштен  ерулі  аттар  бекітіп  берді. Сөйтіп  жасақтарын  темірдей  тәртіп  пен  әскери  даярлыққа  қайта  жұмылдырды.

       Мөде  тәңірқұт  әскерге  жарамдылардың  бәрін  соғыс  ісіне  қатысуға  міндетті  етті, бұл  міндетті  атқарудан  сырғақсып,  қашатындар  өлім  жазасына  кесілді. Әр  сарбаздың  соғыс  кезінде  қолға  түсірген  олжасын, алып  келген  жетім-жесірлер  мен  тұтқындарын  өзі  меншіктеуін  заңдастырды. Мұндай  тәртіп  жауынгерлерді  жаугершілікке  құлшындырып, жеңіске  жігерлендірді.

                                                           ***

        Бұл  кезде  шегаралас  көршілер  дунхуан  елінің  күш-қуаты  толысқан  шағында  еді. Олардың  шанюйі  Тұман  тәңірқұттың  өлгенін, Мөденің  әлі  жас, тәжірибесіздігін  пайдаланып, күшеймей  тұрғанда  ғұндарды  басып  алып, өзіне  қаратуды  көздейді. Сол  мақсатта  тиісуге  сылтау  іздеп,  Мөдеге  елшісін  жібереді.

         Жылдың  бесінші  айында  елдің  арқа-басы  кеңіп, желілерге  бие  байланып, ғұн  Ордасында  «Қымызмұрындық» тойланып  жатқан.  Дунхуан  елшісі  келіп, Мөдеден  әкесінен  қалған  дүлділ  атты  беруін  сұрап, шанюйінің  сәлемін  айтқанда,  қымызға  қызара  бөртіп, ду-ду  көңілді  отырған  жұрт  тіксініп-ақ  қалды. Бұл  тосын  жайға  қатты  ойланған  Мөде  Ордасына  ақсақалдарды  жиып, солардан  ақыл  сұрады. Олар  келісіп  қойғандай  бірауыздан:

        – Бұлары  бізді  қорлағаны. Той-қуанышымыздың  сәнін  бұзып, киелі, қасиетті 

 

 

Жандарлар* – тәңірқұттың  жеке  басының  қауіпсіздігіне  жауапты  жасауылдар.

 

атымызды  сұрағаны  несі!  Дөң-айбаты  өзіне, бермей  құр  жіберу  керек, – деген. Сонда  Мөде:

             – Ел  мен  ел  арасындағы  бейқуат  тыныштық  пен  ынтымаққа  не  жетсін. Сол  берекелі  өмір  үшін  бір  қылқұйрық  құрбан. Берейік, – деп, елшіге  әкесінің  көзіндей  болған  кер  құла  сәйгүліктің  шылбырын  ұстатты.

       Жаздың  тамылжыған  күннің  бірінде  Мөде  тәңірқұт  өзен  жағасындағы  жасыл  жонға  шатырын  тігіп,  жер-суға,  көкке  арнап  тасаттық  өткізіп  жатқан.  Дунхуанның  шанюйі  сәйгүлік  атты  қанағат  тұтпаған  ба, елшісін  тағы  жіберіпті. Бұл  жолы  ол  тәңірқұттың  ханымдарының  бірін  қолқалап,  бұрынғыдан  бетер  қиғылық  салды. Мөде  тәңірқұт  ақсақалдар  мен  уәзірлерін  шатырына  шақырып, «не  істейміз?» деп  ақыл-кеңестерін  сұраған.

       – Дунхуандардың  бұл  басынғандары  несі?!

       – Біздің  де  ар-намысымыз  бар. Одан  да  тұрысатын  жерін  айтсын! – деп  ақсақалдар  өрекпиді. Мөде  тәңірқұт  күні  кеше  ғана  бас  құраған  қолының  әскери  дайындығы  әлі  шалағайлау  екенін  ойлады. Әрі  беріп  жатқан  тасаттығына  де  кесірі  тимесін  деп:

        – Астымдағы  атым  мен  қойнымдағы  қатыным – елімнің  садағасы. Іргесі  бір  елдің  татулығы  үшін  бір  шөпжелкені  қимаймыз  ба? – деп, ханымдарының  бірін  жаушыдан  беріп  жібереді.

         Содан  бір  жарым-екі  ай  өткенде  ғұндардың  тұлпар  аты  мен  ханымын  місе  тұтпаған  шанюй  елшісін  тағы  жібереді.

      – Мен  шанюйіміздің  тапсырмасымен  келіп  тұр  едім. «Біздің  елмен  іргелес  Қоңырсай  жайлауын  қара  күздің  алғашқы  суығына  дейін  мал  жайлатып,  өріс  етуге  бере  тұрсын. Иен  жатқан  кең-байтақ  жеріңіз  сол  бір  пұшпаққа  бола  тарыла  қоймас. Малымыздың  бір  бөлігін  сол  жайлауға  айдап  салып  едік», – деп  сәлем  айтты, – дейді.

       Көрші  елдің  әуелгі  екі  қолқасын  қанағаттандырған  Мөде  бұл  жолы  да  қарсылық  көрсете  қоймас  деп  ойлаған  ақсақалдар:

      – Қиян  түкпірдегі  иен  жатқан  дала  ғой, бір  маусымға  шөбінің  түбірі  жұлынып, жері  тоза  қоймас, – деп,  жайбарақат  қана  келіскен  ыңғай  танытады. Осы  кезде  адамдарынан  мұндай  жауап  күтпеген  Мөде  тас-талқан  ашуланады:

      – Өздерің  не  деп  оттап  тұрсыңдар?!  Бұл  бассыздық  қой!  Бұрынғы  қолқаларына  келіскенім – ат  пен  әйел  жеке  өзіме  тиесілі  болатын. Сондықтан  ел  тыныштығы  үшін  ол  қорлықтарына  төзіп,  шыдап  бағып  едім.  Ал  жер  менікі  емес  өздеріңдікі,  елдің,  халықтың  ырыс-құты  ғой. Бір  пұшпағы  болса  да  қалайша  беріп  қарап  отырмақпыз?!  Ар-намысымыз  қайда  қалды?!  Бар, шанюйіңе  айт, тұрысатын  жерін  айтсын! – деп  қаһарланып,  елшіні  қуып  шығады.

       Мөде  сол  көтерілгеннен,  даярлықтары  тас  түйін  болған  бүкіл  қолын  атқа  қондырады. Астамсынған  дунхуандар  естерін  жиғанша, олардың ордасына  атой  салып, баса  көктеп  кіреді. Елі  мен  жерін, малын  өзіне  қаратып, ер-жігіттерін  әскеріне  қосып  алады.

      Мөде  дунхуандарды  тас-талқанын  шығарып  жеңіп, еліне  мерейлері  өсіп, шат-шадыман  болып  оралған. Бірақ  Ордасына  жақындағанда  оны  бәйбішесі  жылап-сықтап  қарсы  алды. Мөде  айналасын  түгендегендей  барлап  қарап:

       – Не  болды? – деп  сұраған. Әйелі  одан  бетер  дауыс  салып:

       – Елімді, төркінімді  жау  шапты!  Шаңырағымызды  ойраңдап,  әке-шешемді, бауырларымды  кескілеп  тастапты... – дегені  сол, әйелі  талықсып, құлап  түсті.

       – Кімдер  шапты? – деп  еді, сол  елден  сытылып  қашып  келгендердің  бірі:

       –Иузилер... – деді  даусы  дірілдеп.

       Иә, бұл  сол  баяғы  өзі  аманат  болған  ел  еді. Өзінің  қайынжұрты  әрі  одақтасы, әке-шешесіндей  жақын  тартып, сыйласып  жүрген  кісілердің  мерт  болғаны  оған  да  қатты  батып,  жүрегіне  соққы  алғандай  күйге  түсірген. Бірақ  ол  бойын  қайта  тіктеп:

      – Мен  олардың  өздерінің   шаңырағын  ортасына  түсірем! – деді  тісін  қайрап. Содан  кейін   бәйбішесінің  есін  жиғызып,  қолын  қайта  атқа  қондырды.

      Мөде  бүкіл  қолымен  өкпесін  қолына  алып,  суыт  жеткенде, үйсін  елін  шапқан  жау  ізін  суытып  үлгерген  еді. Олар  қирап,  өртенген  орда  мен  мал-мүлкі  таланып, тоз-тозы  шыққан  бір  шоғыр  ғана  елдің  үстінен  түсті. Келсе, Нәнди  бидің  өзі, бәйбішесі  мен  тоқалдары, балалары  түгел  кескіленіп  өлтірілген,  мәйіттері  бір  жерге  жиналып,  қатарластырылып  қойылған  екен. Мөде  оларды  арулап  жерлеп, естерін  енді  жиып  жатқан  жұртқа  келсе, бәйбішесі  жүрегі  қарс  айырыла  еңіреп, жоқтау  айтып  отыр:

        – Мамыражай  жатқан  ақ  ордам  едің,  шаңырағың  кескіленіп,  ортасына  түсті. Тәңіртаудай  пана  болған  әке-шешем, Еренқабырғадай  қорған  болған  бауырларым  келместің  кемесіне  мініп  қайда  кеттің?! Төрт  құбыласы  тең  болған  Үйсін  елімді  енді  қайдан  табам?!  Үрім-бұтақсыз    қалған  Ордаңды  бұдан  былай  кім  көтереді? Бір  елді  осылай   құрдымға  түсірген  жауға  нәлет!.. – деп, етегі  жасқа  толып, езіліп  отырғанда, бір  әйел   етегіне  сүріне  жайлап  жақындап, айналасына  күдіктене, сенімсіздене  қарап:

       – Ха-ным, бір  бауыр-ың-ыз  тірі  қалды, – деді  сыбырлап.

      Ханым  жылауын  сап  тыйып:

       – Кәне, қайда  ол?! – деп, әлгі  әйелге  жабысты.

       – Жүріңіздер, мен  оны  жау  көріп  қоймасын  деп, өзен  жағасындағы  қау  шөптердің  арасына  жасырып   қойған  едім, – деп, жұртты  өзі  бастап  алға  түсті. 

       – Ол  қалай  аман  қалды?– деді  ханым  соңынан  ілесіп  келе  жатып.

       – Жау  келіп, аласапыран  болып  жатқанда ,  мен  оны  қазан  астына  жасырып  қойған  едім. Кейін  оны  көзді  ала  беріп, батпақ  арасына  апардым.

      – Ендеше  оны  баяғыдан  бері  неге  айтпадыңыз?

      – Бойымды  үрей  билеп  алғаны  сондай, аузымды  аша  алмадым  ғой. Сіздің  сай-сүйекті  сырқыратқан   ащы  жоқтауыңыздан  кейін  барып  бойым  босап,  жүрегім  жібіді, –  деп  ол  елді  өзен  жағасына  ертіп  әкелді.

      Олар  қорыс  батпақтан  жайлап, абайлап  өтіп  келсе, жұмсақ  шөпте  шалқасынан  жатқан  баланы  бір  ене  қасқыр  емізіп  жатыр  екен. Мұны  көргенде,  жұрттың  бәрі  таң  қалысты.

      – Даланың   ит-құсына  дейін  еміреніп,  көк  бөрінің  иігеніне  қарағанда,  бұл  бала  тегін  болмады, – деді  Мөде.

      – Иә, бойында  бір  кие-қасиет  болғаны  ғой.

      Бөрі  бұларды  көре  салып,  қамыс  арасына  кіріп  кеткен.  Мөде  баланы  екі  алақанымен  көтеріп  алып:

      – Бұл  ұланның  аты  кім? – деді.  

      – Елжау.

      – Ендеше  бұл  тәлейі  бар  ұлан  бүгіннен  бастап  Елжау  би  болсын, – деді  Мөде  салтанатты  үнмен. – Өсіп  ер  жеткенше  менің  қамқорлығымда   болады. Кейін  бұл  оғланды  үйсін  елінің  тағына  отырғызам. Үйсіндердің  отын  қайта  жағам.

       – «Өшкенім  жанып, өлгенім  тірілді»  деген  осы, – деді  ханым  көзінен  жасы  пырылдап. – Ата  тегім, тұқымым  құрып, өмір  бойы  жылап  өтем  бе  деп  ойлаған  едім. Тәңірімнің  көзі  оң  екен. Сізге  де  алғысым  шексіз, – деді  әлгі  әйелге  қарап. – Бүгіннен  бастап  Елжау  бидің  өкіл  анасы  боласыз, – деп,  әйелді  бауырына  қысты.

      – «Орнында  бар  оңалар»  деген  осы, – деді  үйсін  жұрты  бойларынан  жүк  түскендей  жеңілдеп.

                                                                    ***

          Мөде  қолын  бір  аптадай  тынықтырып, тағы  бір  аптадай  әскери  даярлықтан  өткізді  де,  өткенде  үйсін  елінде  айтқан  сөзінде  тұрып, иузилерге  жорыққа  аттанады. Олардың  үйсіндерге  келтірген  керін, өздеріне  қайтармақ  әркеті  еді  бұл. Бірақ  ол  үйсіндерге  шабуылдаған  Туйхон  сияқты  тұтқиылдан  тиіскен  жоқ. Оған «менің  табаныма  тапталатын  ақырғы  сәтін  күтсін!» деп  жаушысын  жіберді. Өзі  кешкі  іңірде  қолын  иузилердің  шегарасына, яғни, тұмсығының  астына  әкеліп  кідіртті  де, әскерін тамақтандырып, шабуылдың  даярлығына  кірісті. Иузилерден  өзі  қашып  шыққандай  түн  қараңғысы  түсісімен   жауынгерлерінің  әрқайсысына  басына  қара  май  сіңірілген  жүн-жұрқа  оралған  жарты  құлаштай  ағаштарды  үш-төртеуден  ұстатып  жатты. Әскер  сапында  жүрген  бауырлардың  бірі:

        – Бұл  не  үшін? – деп  еді, Мөде:

        – Бұл  ата-бабамыздан  келе  жатқан  әскери  амалдың  бірі – Самала  соғысы – деді  жұмбақ  жымиып. – Әр  жауынгер  екі  отты  шамдалдан  ұстап  шабуылға  шығады. Сонда  қарамағымда  жиырма  мың  жауынгер  болса, жау  көзіне – қырық  мың, қырық  мың  болса – сексен  мың  болып  екі  еселеніп  көбейіп  көрінеді.

       – Ә, ия, – деді  Би. – «Самаладай  боп  самсап, самаладай  бір  топ  шыға  келді» деген  сөздер  содан  шыққан  екен  ғой.

       – Дұрыс  айтасың. Осыдан  кейін  иузилердің  үрейі  ұшпай  көрсін!

      Мөденің  айтқаны  келді. Түн  қараңғысында  иузилердің  ордасын  самсаған  оттар  қоршап, жан-жақтан  айқай -сүреңді  салып  шабуылдаған  кезде, олармен  соғысамыз  деп  тас  түйін  тұрған  иузилердің  бойын  алапат  үрей  билеп  алған  еді. Олар  жан-жақтарынан  шексіз  теңіздей  толқып,  самсаған  оттар  мен  құлақ  тұндырар  күркіреген  ұраннан,  дауылпаз, дабыл, ұран  сияқты  саз  аспаптарының  құлақ  тұндырған  даусынан  ақырзаман  алдындағы   топан  су  қаптағандай  қорқынышты  күйге  түскен  еді.  Олар  аяқ-қолдары  дірілдеп, Туйхон  уаңы  мен  қолбасшыларының  алдын  бөгеп  «Тоқтаңдар!  Қайтыңдар  артқа! Тірсектеріңді  қырқам!» деген  айқай-сесіне  де  қарамай,  сай  табанына  қарай  топырлай  жөнелді. Дегенімен, уаңы  мен  қолбасшыларына  шын  берілген, соғыс  майданын  тастап  кетуді  ар  көрген, өліспей  беріспеуге  бекінген  жасақтар  да  көп  еді. Олар  Мөденің  жасанып  келген  қолын  бар  айбарын  сала  күтіп  алып, кескілескен  айқасқа  кірісті.

       Әскери  шыңдалудан  өткен, рухтары  жеңіске  деген  сеніммен  суғарылған  Мөде  қолы  қойсын  ба. Олар  иузилерді  ет  пісірім  уақытта  еңсеріп, жанталаса  қарсыласқан  уаңы  мен  қолбасыларын  жамсатып  салды. Ал  одан  кейін  сайға  қашқан  тобырларды  қоршап  алып, қарусыздандырып, тұтқындау  мәселесі  көп  әбігерге  салған  жоқ.

       Мөде  жеңістеріне  жігерленгені  сондай,  жаулаушылық  соғыстарын  тоқтата  алған  жоқ. Одан  кейін  батыстағы,  терістіктегі,  шығыстағы  көршілерін  де  бірінен  соң  бірін  өзіне  қаратып  жатты. Сөйтіп, ойдағы  ғұндар (дунхулар),  кейін  иузилер, сәнбилер, қаңлылар  ғұн  ордасы  тәңірқұтының  төңірегіне  топтастырылып, әскерін  күшейтті, Ұлы  ғұн  ордасының  ішкі  бірлігін  нығайтып  алғаннан  кейін, енді  адамдары, халықтары  көбірек  түстік  өлкелерге  көз  тікті.

        Цин  империясының  билеушілері  өздерінің  терістіктегі  ұйысқан  ұлы  көршілерінен  қатты  қауіптенетін. Оларға  жиі-жиі  елші  жіберіп, Ғұн  ұлысының  тұрмыс-тіршілігін, ішкі  саяси, әскери  жағдайын  мұқият  қадағалап  отырған.  Ғұндардың  өрістеп  келе  жатқан  жауынгерлік  құдіретінен  сескенген  олар  шегарасын  көшпелілер  шабуылынан  қорғану  үшін  6000 шақырымдық  Ұлы  Қытай  қорғанын  тұрғызып  жатты...        

        Мөде  тәңірқұт  өзінің  жеңісті  де  табысты  жорықтарының  арқасында, осы  Ұлы  Қытай  қорғанының  түбіне  дейін  келген  еді. Ғұн  әскерінің  алдыңғы  сапында  жүрген  Ер,  Би,  Нар  биіктігі  алты  метрлік  алып   қорғанға  таң  қала,  қызығып  қарап  тұрғанда,  жандарына  Мөде  тәңірқұт  келді:

        – Бұлар  тасбақа  сияқты  тас  қорғандармен  қаншалықты  қорғанып  бақса  да, егер  қаласақ, бұл  қорғандарды  да  бұзып-жарып  өте  алатыныма  сенімдімін, – деді  мығым  үнмен. – Бірақ  өзімнің  кең  байтақ  Онон, Керулен, Орхон  өлкелерім  мен  бұл  қорғандардан  да  биік  Еренқабырға, Тәңіртауларым  тұрғанда, олардың  балшықтан  соғылған  үйлері  мен  қалаларын  қайтем. Алайда  мен  кең  байтақ  жазиралы  Ордос  өңірін  қайтарып  алуға  күш  салатын  болам.

       – Дегенімен, сіз  де  осы  қорған  сияқты  артыңызға  бір  ескерткіш  қалдырсаңыз  жөн  болар  еді. Кейінгі  ұрпақтарыңыз  еске  алып  мақтан  тұтып  жүретін, – деді  Нар.

       – Иә, дұрыс  айтасыңдар, – деді  тәңірқұт  ойланып. – Елдің  басын  біріктіріп, ұлысымды  нығайтып  алайын.  Бейбіт  заман  туып  жатса, оны  да  қолға  алармын.

       Мөденің  әскери  ұстанымы – қандай  соғыс, жаугершілік  болсын, қарсылас  жауын  мейлінше  аз  шығынмен  жеңіп, тізе  бүктіруді  мақсат  тұтатын. Сол  мақсатына  орай, ол  жауына  көп  жайғдайда  тұтқиылдан  шабуылдап,  ес  жиғызбай  жайпап  тастайды. Егер  қарсыластың  қорғанысы  мықты  болса, құрсауын  босатып, жалт  бере  шегініп, өзіне  қолайлы  сәтте  қайта  шабуылдайды. Немесе  қарсылас  күші  басым  болып  шықса, кейін  серпіле  шегініп, олардың  көзінен  таса  болып, бытырап  кетеді. Жау  өз  күштерін  бөлшектеп, қорғанысы  әлсіреген  кезде, олар  ерулі  аттарына  қонып, жер  астынан  шыға  келгендей  тосыннан  шабуыл  жасайды.

       Мөде  асырына  қолбасшылары  мен  сардарларын  жиып  алып, әскери  жоспарларын  түн  ортасына  дейін  талқылап, пысықтайтын. Бұл  жолы  да  сондай  кезекті  талқылау  жүріп  жатқан. Осы  арада  Ер  өзі  оқып  қаныққан  жайларды  еске  түсіріп, былай  деді:

        – Сіздердің  әлгі  әдіс - тәсілдеріңізді  қытайдың  «Вэйшу» жылнамасы  да  қуаттайды, – деді  ойын  жинақтап  сәл  кідіріп. – Соғыс  кезінде  ғұн  жасақтары  сапқа  тұрмайды, олардың  қайсысы  қолбасшы, қайсысы  жәй  жауынгер  екенін  білу  қиын, соғыста  тұтқиылдан  атойлап,  күтпеген  жерден  оқыс  кері  шегінеді, табандап  соғыспайды»  делінген.

         – Иә, дұрыс  айтқан, – деді  Мөде  күлімдеп. – Хань жұрты*  бізбен  де, біздің  ата-бабаларымызбен  де  талай  замандардан  бері  соғысып  келеді. Олардың  да  қалай  соғысатынын  біз  жақсы  білеміз. «Үйреніскен  жау  атыспаққа  жақсы» деген  содан  шыққан.

        – Ал  егер  мынандай  жағдай  болса  қайтесіз? – деді  Ер  жердегі  екі  түрлі  асықтарды  бір-біріне  қарама-қарсы  параллель  қойып  шығып. – Міне, осылайша  бетпе-бет  қанат  жайып  сап  түзеп  тұрсыздар. Шегініп, тайқып  кетудің  мүмкіндігі  болмай, ашық  соғысқан  жағдайда  не  істейсіздер?

       Мөде  бұл  жолы  өзі  жауап  бермей, оң  қанат  қолбасшысына  қарап:

        – Иә, Борған  батыр, мұндай  жағдайда  сен  не  істер  едің? – деді.

       – Мен  алдымен  жағдайды, қарсылас  әскерлердің  орналасу  жай-күйін, әлсіздеу  тұстарын  бағдарлап  алар  едім, – деді  Борған  батыр. – Содан  кейін  жеңіл  әскерімді  жаудырып,  бұрқыратып  оқ  атып, ес  жиғызбай  шалғытам. Сондай  тұста  жаудың  әлгі  әлсіз  қанатына  ауыр  әскерімді  кенеттен  лап  қойғызам. Олар  қанатты  сынадай  бұзып-жарып  өтіп, қарсыластың  сапын  ту-тулақай  етіп  қана  қоймай, күштерін  жинақтауға  да  мүмкіндік  бермес  еді, – деді  ол  Мөдеге  қарап.

      – Дұр-ыс, – деді  Мөде  ойланып. – Тағы  бір  жолы  бар.  Әлгіндей  шалғытып  тұрып,  бір  қанатын  айналып  өтіп,  жаудың  ту  сыртынан  тиісу.

       Бұл  жағдайды  да  Мөденің  баласы  Лаушаң  асықтарымен  көрнекі  түрде  көрсетіп  берді.

       – Ал  егер  бетін  аулақ  қылсын, қоршауда  қалып  қойсаңыздар  не  істейсіздер?

       – Балам, бұған  сен  жауап  берші, – деді  Мөде  енді  Лаушаңға  назар  аударып. – Сен  де  талай  талқылауларға  қатысып,  асықтарыңмен  көмектесіп  жүрсің  ғой.

     – Ондай  жағдайда  мен  жау  қоршауының  әлсіздеу  тұсын  тауып, әскеріме  жалаумен  бағыт  нұсқап  белгі  беріп, сол  тұстан  сына  тәрізді  лап  қойып,  жарып  өтер  едім, – деп  әкесіне  қарап  еді, Мөде  басын  изеп:

      – Дұрыс. Лаушаңды  бүіннен  бастап  қолбасшылыққа  алсам  болады  екен, – деді  қарқылдай  күліп.

      – Әке, маған  бір  түменді  берсеңіз  болады, – деді  Лаушаң  шын  ниетімен. Бәрі  қыран-топан  күліп  жіберді.

      – Несі  бар, балам, ол  күндерге  де  жетерсің, – деді  Мөде  баласының  басынан  сипап, ойланып.

 

 

Хань жұрты* –қытай халқы дегені.

                                                           ***

      Біздің  заманмыздан  бұрынғы  202 жылы  Цинь  әулетін  тақтан  тайдырып, билік  басына  келген  Лю  Бан  жаңа  империя – Хань  империясының  негізін  қалаған  еді. Ол  солтүстік  шегараларын  нығайта  түсу  үшін  Ордос  өңіріне  қолбасшыларының  бірі  Қан  Шиді  тұтық  бегі  етіп  бекіткен  болатын.

        Жорығын  қайта  жандандырған  Мөде  тәңірқұт  қалың  әскерімен  Ордос  өңіріне  келеді. Тұтық  бегі  орналасқан  бекініс-қамалды  қоршап  алып, Қан  Шиге  «өз  еркіңмен  беріл, аман  қаласыңдар. Егер  қарсыласатын  болсаң, ерте  ме  кеш  пе, қамалыңды  қиратып,  өздеріңді  шеттеріңнен  қырып  саламыз» деген  талап  қояды. Қан  Ши  айнала  қаптаған  қалың  қолды  көріп, елшісін  жіберіп, өз  еркімен  берілетінін  мәлімдейді.

        Император  Лю  Бан  ең  сенімді  қолбасшысының  ғұндар  жаққа  өткенін  және  Ордос  өлкесінен  айырылғанын  естігенде, бойын  қатты  ашу-ыза  кернейді. Содан  ол  қолын  жинайды  да,  өзі  бастап  ғұндарға  жорыққа  аттанады. Өзіне  қарсы  300 мыңнан  аса  қалың  әскер  келе  жатқанын  естіген  Мөде  айла-әдіске  көшеді. Патшаның  алдына  қолға  түскен  Қан  Шидің  әскерін  жіберіп, олардың  тау  баурайына  қарай  ішкерілей  шегініп  қашуын  талап  етеді. Олардың  бұл  талап-тілекті  орындамасқа  амалы  жоқ  еді. Өйткені, қытай  әскері  өздерін  де  жазалауға  сайланып  келе  жатқан  жоқ  па.

        Тұтқындарды  бастап  келе  жатқан  ғұн  жасақтары  қытайдың  қалың  әскеріне  бората  оқ  жаудырып  еді, екі  арада  атыс  қызу  басталып  кетті. Шай  қайнатым  уақыт  өтті  ме, өтпеді  ме, ғұн  жасақтары, олармен  бірге  тұтқын  жауынгерлері  де  жаппай  шегініп, тау  баурайына  қарай  қашты. Ызаға  булыққан  Лю  Бан  қалың  қолына: «Қуыңдар  оларды, бірін  қалдырмай  қырыңдар!» – деп, әскерін  қашқынардың  артынан  өкшелей  қуғызады.   

       Бұл  кезде  Мөде  тәңірқұт  қолын  бірнеше  бөлікке  бөліп, тау  жоталарын  айналдыра  әскерін  жасырып, тағы  бір  бөлігін  кіре  беріс  қалтарысқа  қалдырған. Патша  әскерлері  өтіп  болды-ау  дегенде, олар  тау  аралығындағы  табиғи  «қақпаны»  жаба  қойды.  Сөйтіп, Лю  Банның  үш  жүз  мың  әскері  ғұндардың  қоршауында  қазаға*  түскен  балықтай  әрекет-амалсыз  бастарын  тау-тасқа  соғып,  теңселіп  қалды. Және  бұл  тұрыстары  аттай  жеті  күнге  созылған  еді.

      Патшалық    әскеріне  ғұн  қолының  ерекше  салтанаты  қатты  әсер  еткен  болатын:  Шығыс  беттегі  жотада  өңкей  қызыл-жирен  атты  жауынгерлер  сап  түзеп  тұрса, түстікте – ақ  боз  атты  әскерлер, батыста – қара  атты  сарбаздар, терістікте  кілең  қара 

 

 

Қаза* – балық  аулайтын  аудың  бір  түрі.

көк  атты  жасақтар  сап  түзеп  самсап  тұрды.  Ғұн  еліне  барып  келген  елшілері  «олардың  сарбаздарының  киімдері  жалба-жұлба,  қайыр  сұрап  жүреді,  халқы  жоқ-жітік, бейшара  халде  тұрады» деп  айтып,  патшаны  сендіріп  қойғаны  сондай, Лю  Бан: «оларды  қалпақпен-ақ  ұрып  сұлата  саламыз»  деп  күшін  көрсетейін  деп  келген,  мына  көрініске түс  көргендей  аузын  ашып  қайран  қалды. Ғұн  жауынгерлері  биік  жотада  тұрса  да  мына  қақаған  аязға  қыңқ  етпей, беттері  қызара  бөртіп,  ауыздарынан  буы  бұрқырап,  өзара    әңгімелесіп, бұларды  кекетіп-мұқатқандай  қарқ-қарқ  күліп  тұрды.  Патша  енді  өз  әскерлеріне  қарап  еді, шынымен-ақ  бәрі  шетінен  қытымыр  аяздан  жүні  жұлынған  тауықтай  бүрісіп,  қалшылдап-дірілдеп,  жылыну  үшін  бір-біріне  тығылыса  жақындап, үрпиісіп  тұр  еді. Лю  Бан  жанындағы  қолбасшысына  ызалана,  ызғарлана  қарады:

        – Бұлар  неге  бүрісіп, бейшара  халге  түскен?! – деді  қатқыл  дауысын  тісінің  арасынан  шығара.

      – Тақсыр, біздің  әскерлер  жылы, оңтүстік  өлкеден  келген  ғой, – деп  ақталғандай  болды  қолбасшысы. – Суыққа  төзе  алмай  тұрғаны  содан  шығар. Оның  үстіне...

      – Оның  үстіне  не?

      – Бір  апта  қоршаудан  азық-түлігіміз  таусылып, әскеріміз  ашығуда.

      – Мен  ондай  себеп-салдарыңды  мойындамаймын, – деді  Лю  Бан  ақырып. – Сарбаз  қандай  жағдайда  да  сарбаз! Әне, ғұн  сарбаздарының  биік  жотада, суық  өтінде  қасқайып  тұрғанын  қарашы!

      – Олар  асқазанды  ысытатын  жылқы  етін  жейді  және  бойды  қыздыратын  қымыз  ішеді, тақсыр...

       – Жап  аузыңды, малғұн! – деп  ақырды  Лю  Бан. Кейін  әскеріне:

       – Сарбаздар, бойларыңды  тіктеңдер! – деді. Олар  бойларын  түзеп  бақты.

        – Қаруларыңды  жауға  кезеніп, ғұндарды  атыңдар! – деп  бұйырды. Сарбаздарының  біразы  үсіген   икемсіз    қолдарымен  садақтарын  ұстай  алмай  әбігерленсе, енді  біразы  адырналарын  тарта  алмай  қиналды. Тартып, атқанның  өзінде  оқтары  қисық  ұшып, орта  жолда  тасқа  соғылып  құлап  жатты. Жоғарыдағы  ғұндар  патша  әскерінің  бұл  бейшаралықтарын  бетке  басқандай  тауды  жаңғырықтыра  күлкіге  айналдырды. Лю Банның  ызадан  қаны  қайнағаны  сондай, ақылшы-уәзірлеріне  қарап:

      – Енді  не  істейміз, қандай  амал  жасаймыз?!  Жоқ  әлде  осылай  әрекетсіз  тұрып, қырыла  береміз  бе?! – деді  даусынан  жалыныш  пен  жабығу  байқалып.

      – Тақсыр, менің  ойымша  бұлардан  аман-есен  құтылудың  бір  ғана  жолы  бар, – деді  уәзірі  патшаның  құлағына  сыбырлағандай  болып.

      – Ол  қандай  жол, бағанадан  бері  неге  айтпай  тұрсың?! – деді  патша  дегбірсізденіп.

      – Ол  жол – Мөденің  бәйбішесінің  аузын  алу.

      – Оның  аузын  қалай  аламыз? Бәйбішесі  бұл  жерде  жоқ  қой?!

      – Сабыр  етіңіз, тақсыр. Ол  былай:  Біздің  қатарымызда  арбаларына  жібек  кездемелер  мен  әшекей  бұйымдар  артқан  көпестер  бар  емес  пе. Олар  қарусыз,  әскери  адамдар  емес  қой, ғұндар  олардан  қауіп  күтпейді. Мөде  тәңірқұттан  соларды  босатып  жіберуін, яғни, әлгі  тауарларды  бәйбішесіне  апарып  беретінін  айтып, оларды  қоршаудан  шығаруын  өтінеміз. Ғұндар  көпестерді  босатуға  келісуі  мүмкін. Ал  біз  көпестерге  тапсырма  жүктейміз, яғни, олар  тауарларды  бәйбішеге  апарып  беріп, көзін  қызықтырып, тағы  әкеліп  беретінін  айтады. Осы  жақсылығымыздың  өтеуі  ретінде  патшаны  әскерімен  бірге  босатып  жіберуін  сұрап, Мөде  тәңірқұттан  арашаға  түсуін  өтінеміз. Қалай, патшам, осы  ой-жоспарым  көкейіңізге  қонады  ма? – деп  еді, көзі  шырадай  жанып, жүзіне  қан  жүгірген  патша:

         – Бәрекелді!  Кәне, тезірек  іске  кіріс, – деді  балаша  қуанып.

       Мөде  олардың  тілегін  қанағаттандырып,  көпестерді  қоршаудан  шығарып,  күзетші-жасақтарына  оларды  күзетіп  жүруін  тапсырады.

    Бұл  жағдайдың  бәрін  тәңірқұттың  жанында  бақылап  жүрген  Ер, Би, Нар  Мөдеден  рұқсат  сұрап, киіз үйге  барып, жылынып  келетіндерін  айтты.

      Оңаша  киіз  үйге  кіріп, оттың  алдына  отырған  соң  бауырлар  шұғыл  кеңеске  кірісті.

        – Енді  не  істейміз, бауырлар? – деді  Би  екеуіне  кезек  қарап. – Тарихтан  белгілі  болғанындай, олар  тауарларын  бәйбішеге  апарып  беріп, қызықтырып, өздеріне  арашаға  түсуін  өтінеді. Бәйбіше  бас  тарта  алмай, Мөдеге  келіп  араша  сұрайды. Тарихи  дерек  бойынша, Мөде  олардың  бәрін, патшасымен  бірге  босатып  жіберіп, кейін  бармақ  тістеп  өкініште  қалмайтын  ба  еді?  Ал  біз  сол  жайдың  алдын  алу  үшін  бір  амалын   табуымыз  керек.

        – Иә, бір  амалын  табуымыз  керек.

        – Сұңғыла  да  сарабдал  тәңірқұт  Мөде  бұл  жайды  уәзірлері  мен  әскербасыларының  алдына  қойып, әдеттегідей  кеңеске  салады. Бізден  де  пікір  сұрайды. Сонда  біз  не  айтып, не  қоюымыз  керек, соны  ақылдасып  алмаймыз  ба?

        – Иә, жөн  айтасың, – деді  Нар отты  көздерімен  ойлана  қарап. – Барлық  жайды  ұңғыл-шұңғылына  дейін  қарастыруымыз  керек...

                                                                  ***

      Шынымен-ақ  Мөде  тәңірқұт  бәйбішесінің  арашасынан  кейін  шұғыл  Хан  кеңесін  шақырды.

       – Лю  Банның  қалың  қолы  міне, екі  жеті  болды, біздің  темір  құрсауымызда  жатыр. Олардың  әскері  аштық  пен  аязға  шыдай  алмай, күннен-күнге  жүнжіп,  қауқарсыз  тобырға  айналып  барады. Біздің  сарбаздарымыз  да  қаншалықты  мығым, шыдамды  дегенімен,  күн  өткен  сайын  олардың  төзімдері  де  сыр  бере  бастады. Оны  өздерің  де  байқап  жүрсіңдер.  Демек,  оларды  одан  әрі  қамап  ұстағанымызбен  мағына  жоқ. Енді  не  істейміз, пікір-кеңестеріңді  айта  отырыңдар?

       – Оның  не  ойланатыны  бар, – деді  әскербасы  қызынып. Өзі  алақанын  көрсетіп. – Олар  біздің  мына  уысымызда  етке  үймелеген  шыбындай  қонақтап  тұр  емес  пе. Енді  былай  алақанымызды  «ап» деп жұмып, мыжғылап  бірін  қалдырмай  қырып  салуымыз  керек. Сонымен  шаруасы  тәмам.

       – Жоқ, өйте  алмаймыз, – деді  Мөде  басын  шайқап. – Олардың  орталық  патшалығында  қаптаған  Хань  жұрты  жатыр. Көптің  аты  қашанда  көп. Олардың  кеуделеріне  қатқан  ыза-кек  жаулық  өшпенділікке  ұласып, менің  тұсымда  болмаса  да, ұрпақтарыма  кесірін  тигізуі  мүмкін. Ал  мен  сол  ұрпақтарым  үшін  бай  да  қуатты, тыныштық-берекелі  мемлекет  құрғалы  жүрген  жоқпын  ба. Тағы  қандай  пікірлерің  бар?

        – Ал, егер, әскерлерін  тұтқынға  алып, патшасын  босатып  жіберсек, қалай  болады? – деді  уәзірлерінің  бірі.

        – Соншама  адамды  тұтқындап  ұстайтындай  менің  абақтыларым  жоқ  қой. Және  оларды  ұстап  тұруға  қаншама  күш-қаражат  керек.  Ал  жауынгерлерімнің  қатарына  қосатындай,  өздеріңдей  сайдың  тасындай  баһадүрлер  тұрғанда,  жұрттың  соғысуға  жарамсыз, әл-қауқары  жоқ  қаңсығы  мен  таңсығы  маған  не  керек? Тағы  қандай  ой  айтасыңдар?

     Жұрт  бастарын  төмен  салып, үнсіз  тұрып  қалды. «Сендер  не  айтасыңдар»  дегендей, тәңірқұт  енді  бауырларға  қараған.

        – Ұлы  Қытай  қорғанының  түбіндегі  біздің  айтқан  ой-ұсынысымыз  есіңізде  ме? – деді  Би  Мөде  тәңірқұтқа  қарап.  Жауабын  күтпей  сөзін  әрі  қарай  жалғады. – Сіз  де  осы  қорған  сияқты  мәңгілік  мұра  болып  қалатын  бір  ескерткіш-тұғыр  орнатсаңыз  болар  еді  деп  ой  тастап  едік  қой. Міне, сол  ескерткішті  биік  тастан  қашап  тұрғызып, Ұлы  жеңістеріңізді  соған  жазып  қалдырыңыз. Оны  тұрғызу  үшін  Хань  патшалығы  әскерінің  арасынан  тас  қашаушы, құрылысшы, шеберлерді  іріктеп  алып  қалыңыз  да, қалғандарын  өз  жөндеріне  жіберсеңіз  болады.

      – Ал  менің  қосарым, – деді  Нар  сөзді  іліп  алып. – Сіз  Хань  патшасымен  жеңімпаз  ретінде  келісім-шартқа  отырасыз  ғой. Ендеше  одан  мол  олжа  мен  салық  талап  ететініңіз  белгілі. Ал  біздің  ұсынысымыз: Ата-бабаңыздан  құтты  қоныс  болып  келе  жатқан  осы  Ордос  өңірін  өз  иелігіңізде  мәңгілікке  қалдыру  жөнінде  тыныштық  пен  ынтымақтастық  келісімін  түзіп, хаттама-құжатына  мөр  бастырып  алыңыз.

      – Ой, тақсыр, мен  кеше  түс  көрдім, – деді  Ер  ернін  жалап. – Түсімде  Хань  патшасына  уәзірі  мынандай  кеңес  айтыпты: Қызыңзды  немесе  сарай  қызметкерлерінің  бірінің  қызын  Мөде  тәңірқұтқа  мол  жасауымен  әйелдікке  ұзатыңыз. Оны  тәңірқұт  аяулысына  балап, ханым  мәртебесін  береді. Ал  тәңірқұт  күйеу  бала  ретінде  Сізге  сыйластықпен  қарайды. Ханымнан  туған  бала  да  мұрагер  ханзада  ретінде  кейін  таққа  отырады. Ол  тәңірқұт  болғанымен, сізге  жиен  болып  келмей  ме? Былайша  айтқанда, нағашы  атасы  Сіздің  алдыңызда  құрдай  жорғалайды. Сөйтіп, жауынгер  ғұндардың  ұрпағын  соғыссыз-ақ  бағындырып  аласыз, – деген  екен,  Хань  патшасы  бұл  ақылды  құп  алыпты. Ертең  келісім-шартқа  отырғанда, Хань  патшасы  Сізге  сый  ретінде  осы  ұсынысты  айтады. Сіздің  бұл  қақпанға  түспегеніңіз, келіспегеніңіз  жөн  болар  еді, менің  айтар  ұсынысым – осы, хан  ием, – деп  тоқтады  Ер.

       Мөде  тәңірқұт  қабағын  түйіп, біршама  ойланып  барып:

      – Сендердің  айтқандарыңның  бәрі  жөн  екен. «Жас, жас  та  болса  бас» деген, бәрекелді, бауырларым!  Ой-ұсыныстарың  ескеріледі, – деді  кеңесті  түйіндеп.

                                                                ***

      Сөйтіп  Мөде  тәңірқұт  Хань  патшасы  Лю  Банмен  тыныштық  пен  ынтымақтастық  келісім-шартына  отырды. Келісім-шарт  бойынша, Хань  патшасы  ғұндарға  мол  олжа  мен  салық  төлейтін  болып  міндеттеніп, Ордос  өлкесін  ғұндарға  мәңгілікке  қалдыруға  келісті. Хань  патшасы  өзінің  тәңірқұтқа  деген  үлкен  сый-құрметі  ретінде  қызын  ұзатпақ  болғанда,  Мөде  тәңірқұт  бұл  сыйдан  бірден  бас  тартты.

       Хань  патшасы  мен  әскерлерін  босатып  жібергеннен  кейін  көп  өтпей  Мөде  тәңірқұт  бір  үлкен  істі  қолға  алды. Сол  өлкедегі  бір  биік  құз-тауды  таңдап  алып, тұтқындардың  арасынан  іріктеп  жинап  алған  сан мыңдаған  тас  қашаушы  шеберлер  мен  құрылысшыларды  соған  жапты. Биік, сом, алып  құзды  күн-түн  демей  қашатып, ойғызып, еңселі  ескерткіш-тұғырын  жасатты. Тегіс  бетіне  Мөде  тәңірқұт  өз  қағанатының  шежіресі  мен  Ұлы  жеңістерін  ғұн  сына  жазуымен  ойып  жазғызды.

        Бұл  ескерткіш «Мөде  тәңірқұтының  тұғыры» деп  аталып,  ғұн  қағанатының  алтын  дәуірін  мәңгілікке  әйгілеп, Ұлы  Қытай  қорғанымен  бірге  бүгінгі  күнге  дейін  жеткен  көрінеді.

       

       

 

 

                                                                         «Аттила  есімі  адамзат  тарихындағы  ұлы 

                            адамдар – Александр  Македонский  мен  Юлий 

                            Цезарьдың   қатарынан  орын  алды».

                                                        А.Тиерри, «Аттила  және  оның 

                                                        мұрагерлерінің   тарихы». 

 

                                                                 Бабамыз  батыр  Еділ-ді,

                                                                Еділ  кімнен  жеңілді?

                                                                Көндірген  екен  ырқына

                                                                Сонау, төменгі  жатқан  көп  елді.

                                                                Қарсыласқан  талай  батырлар

                                                                Ат  артына  теңделді.

                                                                Кезекті  күні  келгенде,

                                                                Мынау  бес  күндік  дүниеден

                                                                Ол  да  өтіп  жөнелді.

                                                                              Сабыр  жырау.

 

 

                                Еділ  «Тәңір  тоқпағы»  ма?

                                

       Бауырлар  «Ерлік  алаңының»  жанындағы  жасыл  алаңқайда  садақ  атудан  жаттығып  жүрген. Ер  сексен  метрлік  нысананы  жүз  метрге  жылжытып, қайтып  келе  жатқанда, мына  жыр  жолдарын  екпінмен  оқыды:

                     Сонау  бұрғынның  көп  елін,

                     Түгелдей  тізе  бүктірген,

                         Батыстағы  көп  жұртты

                        Бір  шыбықпен  айдаған.

                        Қалың  түрік  көп  халқын,

                        Дүниеге  үстем  етем  деп

                        Мынау  сұм  жалған  дүниеден

                        Еділ  батыр, бұл  өткен...

        – Мә-ә, сенің  мына  екпініңмен  Еділ  бабамыз  тіріліп  келгендей  болды  ғой, – деп  тырқылдап  күлді  Нар. 

         – Біздің  заманға  «Еділ  батыр» жырының  жетпей  қалғаны  өкінішті, – деді  Би  садағын  нысанаға  көздеп  тұрып. – Егер  бұл  жыр  жеткенде  бар  ғой, ғұн  дәуірінен  көп  нәрсе  тіріліп  келгендей  болар  еді.    

         – Бірақ   тарихшы  ғалым  Самат  Өтенияздың  «Аттила» атты  зерттеу  кітабы  қолымызға  тиді  ғой.

        – Иә, сонысына  да  шүкір, бұл  кітапта  Еділ  бабамыз  жайында, Батыс-тағы  Ғұн, Рим  империялары  туралы  көп  мағлұматтар  бар  екен.

        – Тарихтан  оқығанымыздай, Еділ  бабамыз  дүниенің  бәрін  бағындырып, билеп-төстеп  үйреніп  қалған, он  екі  ғасыр  бойы  дәурен  сүрген  Рим  империясын  құлатып, құлдық  қоғамды  жойып, жаңа  феодалдық  дәуірге  жол  ашып  берді  емес  пе.

       – Еуропалықтар  сол  себепті  де  оны  «Құдай  қамшысы» деп  бекерге  атамаған  болар?

     – Кім  біледі, әйтеуір  Еуропа  халықтары  оған  Тәңірдің  жердегі  өкіліндей  көріп  бас  игені  сондай, «Аттила»  деп  ауыздарынан  тастамай, қаншама  жыр-аңыздар  мен  дастандар  тудырды. Мәселен, VI – XVI ғасырлар   аралығында  латын  тілінде  «Аттиланың  Галлияға  жасаған  бірінші  жорығын», неміс  халқы  «Хилдебранд  туралы   жыр»,  « Нибелунга  туралы  жыр»  дастандарын, исландтар  «Эдда», «Волсунга  туралы  сага» жырларын, норвегтер « Тидрек  туралы  сага», «Норнагест  туралы  хикаялар» ертегі, аңыздар  жинағын, даттар «Хвен  хроникасын» кешкі  отырыстарында  бала-шағаларымен  бірге  тыңдап, Аттиланың  ерлік-жорықтарына  тамсанатын.

       – Ал  кейін  XVI – XVIII ғасырларда  бұл  жыр-дастандар  драматургия-лық  шығармаларға  арқау  болды. Француз  драматургі  П. Корнель «Аттила» трагедиясын, испандық  драматургтер  К. Вируес «Қаһарлы  Аттила», Л.Гевара «Аттила  тәңір  құты» пьесаларын, неміс  драматургтері  Ц. Вернер «Хун  королі  Аттиланы», Р. Соломон «Нибелунгалықтар  байлығын», Т.Эмануил «Брюнхилда» трагедиясын, Ф. Геббель «Зигфрид», «Зигфридтің  ажалы», «Кримхилданың  кегі» пьесаларын  жазып, сахналарынан  түсірмей  келеді.

        – Композиторлары  да  Еділ  рухынан  шабыттанып, В. Франк «Хун  королі  Аттила» операсын, Р. Вагнер «Нибелунгтер  сақинасы», «Рейн  алтыны», «Зигфрид» музыкалық  шығармаларын, Ф. Малиперо «Бургундиялық  принцесса  Хилдегунда», Д. Верди «Аттила» операларын  дүниеге  әкелді. Оларды  сахналарынан  түсірмей, өлмес  туындыларға  айналдырды.

        – Олардан  суретшілері  мен  киношылары  да  қалысқан  жоқ.

        – Ал  тарихшы  ғалымдарын  қайда  қоясың? Олар  Еділ  бабаның  өмірі  мен  Ғұн  империясын  дендей  зерттеп, «Аттилатану» мектебін  қалыптастырған  жоқ  па.

        – Француз  тарихшысы  А.Тиерри  1856 жылы  Аттилатану  ғылымында  үлкен  төңкеріс  жасап, «Аттила  тарихы» атты  екі  томдық  зерттеу  еңбегін  жазды. Бір  қызығы, сол  ғалым  осы  еңбегін  қорытындылай  келіп, Еділ  бабамыздың  орны  мен  маңызын  Александр  Македонский, Юлий  Цезарь  сияқты  үлы  тұлғалардың  қатарына  қойған.

       – Ал, Карл  Маркс  пен  Фридрих  Энгельс  шығармаларында  керісінше  Наполеон  Бонопартты  Аттилаға  теңеген.

       – Қызық, соның  бәрін  олар  ненің  құрметіне  жасаған? Еділ  баба  олар  үшін  басқыншы  жау, жабайы «варвар» халықтың  өкілі  емес  пе  еді?

      – Қызық  болатыны  сол, Батыс, Шығыс  Рим  империялары  мен  герман  тайпалары, яғни  бүкіл  Еуропа  мемлекеттері  бірігіп, Еділ  патшаның  көзін  жоюдың  қаншама  айла-әрекеттерін  жасап  бақты  емес  пе. Сол  мақсаттарына  Ғұн  елшілерін, өз  елшілерін  де  пайдаланбақ  болды. Бар  күштерін  жинап, соғысып  та  көрді.

      – Өздері  Ғұн  империясына  тәуелді  болып, салық  төлеп  тұрып, Еділ  патшаға  сүйікті  қыздарын  берді.

      – Ал, Рим  императорының  қарындасы  Онория  ханым  Еділ  патшаны  құлай  сүйіп  ғашық  болғаны  сондай, сол  үшін  отбасында  талай  азапқа, қинауға  түсіп, Еділге  қосыла  алмай  дүниеден  арманда  өтті.

     – Ақыр  соңында  жаулары  жабылып  жүріп  жеңе  алмаған, өлтіре  алмаған  Еділ  патшаны  қойнындағы  сұлуы, Бургунд  королінің  қарындасы  Илдона  бір  түннің  ішінде  у  беріп, Еділ  бабаны  ажал  құштырды.

     – Сол  Илдонаға  бекер  үйленген. Оған  емес, Онорияға  үйленгенде, ғұмыр  жасы  ұзақ  болып, Ғұн  империясын  бұдан  да күшті  мемлекеттер  қатарына  қосып  кетер  ме  еді.

     – Бірақ  Онорияға  қолы  жетпей  кетті  ғой.

     – Иә-ә, – деді  Нар. – Еділ  бабаның  ғұмыр  тарихы  талай  құпия-сырды  бойына  бүгіп  жатқан  сияқты.

      – Ендеше, бауырлар, сол  құпия-сырларды  шешу  үшін  Ғұн  дәуіріне, Еділ  баба  заманына  жорыққа  жиналайық.

      – Жиналсақ  жиналайық.

                                                     ***

      Ер, Би, Нар көшені  тасырлата   мініп  жүрген  тұлпарларын  кеше  ғана  жайлаудан  әкелген. Сол  жайлау  желігі  басылмай  үшеуі  бүгін  ойнақшып, қандай  жолға  да  дайынбыз  дегендей  тықыршып  тұрды. Бауырлар  аттарын  ойнатып, жорғалатқан  күйі  «Ерлік  алаңының» алдына  келді.

      – Біз  Еділ  бабаның  қайсы  оқиғасынан  бастасақ  екен? – деді  Ер  монументтегі  Еділ  бейнесіне  қарап  тұрып. – 452 жылғы  Каталун  шайқасы  қарсаңына  барсақ  па  екен?

      – Әлде  Рим  империясын  аяғына  жығып, Рим  қақпасының  түбіне  келген  кезі – 453 жылға  туырлайық  па?

      – Меніңше, «Кеңістік  сағатын» 448 жылға  қойған  жөн  сияқты, – деді  Би  ойланып.

      – Неге?

      – Өйткені, сол  жылы  Еділ  патша  Рим  империясының  елшілері – Максимин, Вигил  және  грек  жазушысы  Прискті  қабылдамайтын  ба  еді?

      – Иә, дұрыс  айтасың, қабылдайды.

      – Ендеше  сол  оқиғаға  туырлап  барсақ, бәрін  басынан  бастағандай  боламыз. Ал, кейін  өздерің  айтқан  кезеңдерге  де  соғамыз.

      – Түсіндік, дұрыс  екен, – деді  Нар  Биді  құптап. – «Сағаттарымызды»  448 жылға  қойып, картадан  Венгрия  мемлекетінің  бұрынғы  жұрты  Паннонияның  Сардик  қаласын  белгілейік.

      Қолдарыңдағы  дәуір  картасынан  Паннонияның, Сардик  қаласының  орнын  белгілеп, координаттарын  «сағаттарына» түсірді  де, үшеуі  бір  дауыспен:

                        Біз – Тұранның  ұлдарымыз,

                        Ерлік – басты  ұранымыз!

                        Жорыққа  сай, дайынбыз,

                        Текті  елдің  қыранымыз! –

деп, «сағаттарының» түймесін  басып  қалды. Сол  сәтте  кеңістік  өзгеріп, үшеуі  ежелгі  дәуір  қаласының  бір  көшесіне  тап  болды.

                                                              ***

      Үшеуі  тас  көшенің  жиегінде  асық  ойнап  жүрген  балаларды  көрді  де, соларға  жақындап  барды. Бастарына  қозы  бөрік, үстеріне  белдерін  кісе  белбеумен  буған  күпі  киген, сол  бүйірлерінде  салақтаған  ақинақтары  бар, кәдімгі  қазақ  балаларынан  аумайтын  қысық  көз  қара  домалақтар  екен.

      – Армысыңдар, бауырлар?! – деп  амандасып  болғаннан  кейін  Ер:

      – Еділ  патшаның  сарайы  қайда  екен, жол  көрсетіп  жібересіздер  ме? – деді.

      – Анау  тұрған  зәулім  ақ  үй – Еділ  патшаның  сарайы, – деп  балалар  жамыраса  жол  нұсқады.

      Ер, Би, Нар  балалар  нұсқаған  көк  күмбезді  ақ  үйге  қарай  ат  басын  бұрды.

      Олар  биік  қорғанды  сұр  қақпаның  түбіне  тақап  келіп, аттарынан  түскенде, алдарынан  күзетші  шықты.

     – Иә, не  мақсатпен  жүрсіңдер? – деді  күзетшінің  бірі.

     – Біз  Еділ  патшамызға  жолықсақ  деп, алыстан  ат  арытып  келіп  едік? – деді  Ер.

      – Еділ  патшамызға  жолығам  деушілер  сендерсіз  де  жетіп  артылады, –  деді  олар  сермелген  семсердей  «сарт»  етіп.

       Ер  мен  Би  не  айтарын  білмей  тосылып  тұрып  қалған  еді.

      – Біз – балгерлерміз, – деді  кенет  Нар  жол  тауып. – Еділ  патшаның  өмір  жолын  болжап, алдағы  жорықтарының  нәтижесін  айтып  бермекпіз.

        Бұл  уәжді  сөз  оларға  күшті  әсер  еткен  болуы  керек:

       – Онда  жүріңдер, – деп, шені  жоғарылау  біреуі  оларды  ертіп  жол  бастады  да, есік  алдындағы  күтушілер  аттарын  алып  қалды.

       – Сен  оған  қалайша  бал  ашпақшысың? – деп  сыбырлады  Ер  Нардың  құлағына.

       – Оның  алдағы  өмір  жолы  бізге  тарихтан  белгілі  емес  пе. Соны  көзбен  көргендей  айтып  берсек, не  қиындығы  бар.

       – Онда  көрейік,– деді  Ер  күлімдеп.

      Олар  екінші  қабатқа  көтеріліп, үсті  арка  сияқты  сәулетті, кең  дәлізбен  жүрген  күйі  алдында  күзетшілері  тұрған  түкпірдегі  есіктің  тұсына  келді. Сардардың  өзі  ішке  кірді  де, біраздан  кейін  қайта  шығып:

        – Кіріңдер, – деді.

      Патша  сарайы  зәулім, оймышталған  сән-салтанатты  болғанымен, жылтыраған  алтын, күмістерден  ада  екен. Төрдегі  емен  тақытта  кең  иықты, мығым  денелі, басы  үлкен, қараған  жерін  ойып  түсердей  өткір  қысық  көзді  Еділ  патшаның  өзі  отыр. Оң  жағында  төменіректе  отырған  сирек  боз  сақал-мұртты  кісіні  Еділ  патшаның  ұстазы  әрі  ақылшысы  Едіге  би  болар  деп  жорамалдады  бауырлар.

       – Иә, бауырлар, алдымызға  қандай  мақсатпен  келіп  отырсыңдар? – деді  патша  күмістей  сыңғырлаған  жағымды  дауыспен.

       – Біз  үшеуміз  ағайынды  көріпкел – балгерлер  едік, – деді  Нар  оң  қолын  кеудесіне  қойып  тұрып. – Сіздің  шапағатыңызға  бөленген, өміріңізге  бей-жай  қарай  алмайтын  пенделеріңіз  болғандықтан, өмір  жолыңызды  болжап, бал  ашып, тамшыдай  болса  да  себіміз  тие  берсін  деп, алдыңызға  бас  иіп  келіп  тұрмыз.

       Үшеуі  де  бастарын  иіп, мезіреті  жасады.

        – Балды  қалай  немен  ашасыңдар?

        – Алақаныңызға  қарап  ашамыз.
        – Онда  жақын  келіңдер, алақаныма  қарап  аша  қойыңдар, – деді  патша  күректей  жалпақ  алақанын  тосып.

      Үшеуі  тақтың  алдына  көтеріліп, патшаның  қолына  ойлана  үңілді.

      – Сіз  таққа  433 жылы  отырдыңыз. Сол  жылдан  бастап  остготтардан  басқа  германдардың  гепид, герул  тайпаларын, 437 жылға  дейін  Бургундия  корольдігін  түгелдей, Рим  провинциялары  мен  Мезия, Фракияны  Ғұн  империясының  құрамына  қостыңыз.

      – Жас  кезіңізде  Римде  оқып, білім  алдыңыз. 425 жылы  Рим  легион-дарымен  бірігіп, готтарды  талқандауға  қатыстыңыз. Рим  императоры  Валентианның  қарындасы  Онориямен  танысып, бар  жүрегіңізбен  естен  кетпестей  жылы  шуаққа  бөлендіңіз.

       – Бұл  бәтшағарлар  не  деп  кетті-ай! – деп  Еділ  патша  Едіге  биіне  қарап  рақаттана  күлді. – Дұр-ыс!  Әрі  қарай  жалғастырыңдар.  

       – Шығыс, батыс  Рим  императорлары  мен  герман  корольдіктері  Сізден  өлердей  қорқады. Сіздің  өміріңізге  бірнеше  рет  қастандық  жасағанымен, олары  сәтсіз  аяқталады. Жуық  арада  Шығыс  Рим  империясынан  елшілер  келмек. Олар  да  өміріңізге  қауіп  төндіреді. Сақ  болыңыз.

        – Ескерейін. Ары  қарай.

        – Алдағы  452 жылы  Труа  қаласының  маңындағы  Каталун  жазығында  Рим  империялары  мен  герман  тайпаларының  біріккен  қосынымен  үлкен  шайқасқа  түсесіз. Екі  жақтан  да  шығын  көп  болады, бірақ  сіз  жеңіске  жетесіз.

      Сол  кезде  сарай  ішіндегі  кісілердің  бәрі  өре  түрегеліп:

        – Патша  ағзам  жасасын! Патша  ағзам  жасасын! Патша  ағзам  жасасын! – деп  дауыстады.

       – Бәрекелді! – деді  Еділ  патша  да. – Әрі  қарай!

       – Сол  соғыстан  кейін  барлық  жорықтарыңыз  сәтті  болып, ақыр  соңында  453  жылы  империя  астанасы  Рим  қаласының  қақпасына  дейін  барасыз. Ұлы  жеңісті  қазанасыз!

       – Патша  ағзам  жасасын! Патша  ағзам  жасасын! Патша  ағзам  жасасын! – деді  сардарлар  да.

         – Сол  жеңістерден  рухыңыз  көтерілгені  сондай, Бургунд  королінің  қарындасы, сұлулығымен  дүйім  жұртты  таң  қалдырған  Илдиона  ханымға  көңіліңіз  ауады. Дегенімен  біздің  кеңесімізді  тыңдасаңыз, Илдиона  ханымға  емес, Онория  ханымға  үйленсеңіз, ғұмыр  жасыңыз  ұзақ, өміріңіз  бақытты  болады.

      – Илдиона  ханымға  үйленсем  ше?

      – Онда  өміріңізге  қауіп  төнеді.

      – Түсінікті. Оны  енді  алда  көре  жатармыз. Тәңірі  бұйырғаны  болар. Рақмет! Көріпкелдіктеріңе  өте  риза  болдым. Не  қаласаңдар, соны  берейін, қысылмаңдар, айтыңдар.

       – Бізге  еш  нәрсенің  қажеті  жоқ, – деді  Би. – Ең  басты  тілегіміз – бізге  өз  жаныңыздан  орын  ұсынып, адал  қызметкеріңіз  болуға  мүмкіндік  берсеңіз.

      – Мақұл, болсын! Мен  үшін  өте  жеңіл  тілек  айттыңдар  ғой, – деп  бар  пейілімен  күліп  еді, басқалар  да  ілесе  күлді. – Тағы  қандай  тілектерің  бар?

      – Үшеуміз  Сізге  үш  сауал  қойсақ  деп  едік.

      – Ойпырмай, бұл  да  жеңіл  тілек  болды  ғой. Мейлі, қойыңдар! – деп  ойнақы  езу  тартты.

      – Сіздің  атыңыздың  Еділ  деп  қойылуында  қандай  сыр  бар?  Еділ  өзенінің  бойында  туғансыз  ба?

      – Жоқ, мен  осы  Паннонияда  туылғанмын. Ал  Еділ  өлкесі  біздің  ата  қонысымыз. Әкем  Мыңзық  сол  ата  қонысымыз  Еділ  өлкесіне  деген  өз  сағынышы  мен  құрметін  танытып, менің  атымды  Еділ  деп  қойыпты. Бүгінде  Еділ  өлкесі  мен  Қара  теңіз  аралығындағы  ұлы  даланы  менің  үлкен  балам  Эллақ  билейді. Ал, келесі  сауалдарыңды  айтыңдар.

      – Сізді  еуропалықтар  не  себептен  «Құдай  қамшысы», «Тәңір  тоқпағы» деп  атайды?

      – Бұл  сұрақтарыңа  менің  оң  қол  биім, ақылшы – ұстазым  Едіге  би  жауап  берсін.

       – Мұның  мәнісі, балалар, өте  тереңде  жатыр, – деді  Едіге  би  салмақты  да  салиқалы  дауыспен. – Шығыс, батыс  Рим  империялары  мен  герман  тайпалары  осы  уақытқа  дейін  ата-баба  дінін  ұстанып, құлшылық  етіп  келген  халық  еді. Ал  енді  бүгінде  жаңа  пайда  болған  христиан  діні  ата-бабадан  бері  қанға  сіңген  бұл  дінді  ығыстырып, өз  үстемдігін  кеңінен  жүргізіп  келеді. Императорлар  мен  корольдер  осы  дінді  қара  халықтың  арасына  жаппай  тарату  үшін  барлық  амал-әрекеттерді, керек  кезінде  күштеуді  де  кеңінен  қолданып  келеді. Ал  мұндай  зорлық, күштеулерге  халық  наразы. Ертеден  келе  жатқан, бойға  сіңген  өз  сенім-нанымдарынан  кім  оңайлықпен  ажырай  қойсын. Халық  сондай  дағдарыста, алакөңіл  хал  кешіп  жүргенде, Еділ  патшамыз  пайда  бола  кетті. Яғни, Еділ  патшамыз  келді  де, жат  дінді  насихаттап, кеуделеріне  нан  пісіп  жүрген  императорлар  мен  корольдердің  бастарына  әңгіртаяқ  ойната  бастады, – деп  еді, отырған  жұрт  ду  күлді. – Олар  дінді  насихаттамақ  түгілі  өз  бастарымен  пұшайман  болып  кетті. Содан  болар, Еуропа  халқы  Еділ  патшамызды  Құдайдың  жерге  жіберген  өкілі, яғни, жаңа  діншілдерді  тәубесіне  түсіретін  «Құдай  қамшы», «Тәңірі  тоқпағы» деп  атап  кетті. Еділ  патша  оларға  қанша  жерден  жау  болса  да, өз    батырларындай  санап, аңыз-әңгімелері  мен  жырларына  қосып, қаумалап  әкетті, – деп  Едіге  би  өз  орнына  қайта  жайғасты.

      – Еділ  патша  соғысқұмар  ма? – деді  Нар  өз  кезегі  келгенде.

      – Бұл  сауалға  менің  сол  қол  биім  жауап  берсін, – деді  Еділ  патша. Сол  қол  би  орнынан  тұрды:

      – Жоқ, Еділ  патша  да, біз  де  соғысқұмар  емеспіз. Біз  де  елімізде, айналамызда  тыныштық, бейбітшілік  болғанын  қалаймыз. Бірақ  айналамыздағы  елдер, әсіресе  әлемді  билеп-төстеп  келе  жатқан  Рим  қағанаты  өздеріне  көрші  қонған  Ғұн  сияқты  күшті  мемлекеттің  болғанын  қаламайды. «Қорыққан  бұрын  жұдырықтайды» деген  мәтел  бар  емес  пе, олар  Еділ  патшамыздан  қатты  қорқады. Содан  да  олар  жемтігін  қорыған  жыртқыш  аңдай  ызаланып, көрші  отырған  бізді – Ғұн  қағанатын  қайтсек  жер  бетінен  жойып  жібереміз  деп, аласұрумен  келеді. Бұрын  тиісіп, әр  түрлі  айла-әрекеттерін  жасап  келеді. Ал  біз  олардың  осы  пасық  әрекеттеріне  тойтарыс  беріп  қана  қоймай, есе  қайтарып, алдарындағы  «бәліштерін» тартып  алып, өздерін  есеңгіретіп  келеміз, – деп  ол  да  болдым  дегендей  орнына  жайғасты.

      – Ал, сайыпқырандар, сауалдарыңа  қанағаттандыңдар  ма? – деді  Еділ  патша  көңілдене  езу  тартып.

      – Қанағаттандық, – деді  бауырлар  бірауыздан.

      – Ал  мен  сендердің  тілектеріңе  қанағаттанбадым, – деді  Еділ  патша  балаларға  сынай  қарап. Кейін  өзі  бір  қызметкерін  қолын  бұлғап  шақырып  алды:

      – Мына  үш  сайыпқыранға  сарайдан  өз  алдына  орын  сайлап, киім, тамақпен  жабдықтап, әр  қайсына  бір-бір  қалта  тіллә  беріңдер. Түсіндің  ғой?

      – Түсіндім, хан  ием.

      – Онда  рұқсат. Міне, сайыпқырандар, енді  мен  де  қанағаттандым, – деді  патша  қулана  жымиып.

***

      Бүгін  патша  нөкерлерінің  арасында  біздің  үш  сайыпқыран  да  отыр. Патша  қолы  бостау  уақыттарында  Едіге  биімен  бірге  ел  ішіндегі  азаматтық  істерді  де  қарай  береді  екен.

      Бір  сардар  Еділдің  алдына  ғұн  жауынгері  мен  еуропалық  қызды  әкеліп, былай  деді:

      – Мына  оңбаған  жауынгер  біз  шайқасып  жатқанда, мына  гот  қызымен  сарайға  тығылып  алып, махаббат  қызығына  беріліпті. Бұларға  қандай  жаза  бұйырасыз? – деді  патшаға  қарап. Еділ  патша  қыз  бен  жігіттің  жүзіне  байыппен  барлай  қарады. Қыздың  әдеміше  келген  жүзінен  ұяңдық  пен  бұйығылық  табы  білінеді. Көзінің  айналасы  мен  беті  қызарып  кетіпті, көп  жылағаннан  болуы  керек. Ал  жігіттің  кейпінде  оған  қарағанда  кереғарлық  бар, көзқарасынан  арсыздық  пен  кердемсудің  ұшқыны  жылтылдайды. Бірақ  Еділ  патша  алдымен  бұларды  орағыта  сынап  алмақ  болып, қызға  шүйлікті:

      – Қыздың  жолы  жіңішке  деген. Сен  ыңғай  танытпасаң, мына  жауынгер  жолдан  таймас  еді. Өз  абыройыңа  ие  болмағаның  үшін  сені  өлім  жазасына  кесемін. Ал, жауынгер, сен  де  өктемдігің  мен  ойсыздығың, тәртіпсіздігің  үшін  жаза  алуың  керек  еді, бұл  жолы  жастығыңды  ескерейін, боссың, – дейді.

      Әлгі  жазаны  естігенде  қыз  үрейлене  үрпиіп, басын  төмен  салып, қиналған  кейіппен  танауын  жиі  тартқылай  берді. Ал  жігітте  ондай  қиналыстың  ізі  байқалған  жоқ:

      – Тақсыр, мен  кете  берейін  бе? – деді  жазадан  аман  қалғанына  қуанып.

      – Жоқ! – деп  ақырды  сонда  Еділдің  жүзі  сұрланып. – Егер  сен  қызға  шыр-пыр  болып  ара  түскеніңде, екеуіңді  де  жазадан  босатар  едім. Ал, сен, шірік, өйтудің  орнына, басыңның  аман  қалғанына  қуандың. Әскери  тәртіпке  мойынсұнбаған, қызға  әлімжеттікпен  зорлық  жасаған  сенің  кінәң  мен  жазаң  ауыр. Мына  шірікті  зынданға  тастаңдар  да, қызды  жайына  жіберіңдер, – деді  сардарға  қарап.

    Қыздың  жүзі  алабұртып, не  қуанарын, не  жыларын  білмей  әрі-сәрі  күйге  ұшыраса, жігіт  табанда  бейшара  халге  түсті. Жігітті  екі  сақшы  алып  кетті, қыз  да  арттарынан  ілбіп  ілесті.

      Олар  шығып  кеткені  сол  еді, Еуропа  нәсілдес  екі  сардар  келді. Біреуі  қолына  ер-тұрман  ұстап  алған, сонысы  тұрып:

      – Мына  дінсіз, – деді  жанындағы  серігін  көрсетіп. – Менің  басыма  ер-тұрманын  қойып, күнә  арқалады. Сол  күнәсін  жуғаны  болсын  деп, ер-тұрманын  алайын  десем, бергісі  келмей  қасарысады. Тақсыр, сізге  әділдік  іздеп  келіп  тұрмыз.

     – Тақсыр, бұл  кісінің  мені  айыптағанына  түсінбей  тұрмын, – деді  екінші  сардар. – Біріншіден, мен  дінсіз  емеспін, ата-баба  дінін  ұстанамын. Екіншіден, бұл  кісінің  пікірінше  мен  дінсіз  болсам, оған  ер-тұрманның  қандай  айыбы  бар? Өз  ер-тұрманымды  оған  не  үшін  беруім  керек? – деді  ағынан  жарылып.

     – Сен  оны  неге  дінсіз  деп  айыптайсың? – деді  Еділ  патша  біріншісіне  қадала  қарап.

     – Мен  христиан  дініндемін, хан  ием. Ал  ол  өзі  мойындап  отырғандай, ескі  дінді  ұстанғандықтан, дінсіз  деп  есептеймін. Христианның  алдында  оның  ұстанған  нәрсесінің  бәрі  харам  болып  табылады. Менің  басыма  харам  нәрсесін  төсеген  айыбы  үшін, оның  ер-тұрманы  менде  қалуы  тиіс. Соны  шешіп  берсеңіз.

      – Демек, сенің  алдыңда  Тәңірілік  сенімнің  өкілі  біз  де  дінсіз, харам  екенбіз  ғой?! – деді  Еділ  оған  сұстана  қарап.

     – Жоқ – жоқ, бұл  жерде  сіздердің  ешқандай  қатыстарыңыз  жоқ, – деп, басын  иіп  елпілдеді  әлгі  христиан. – Мен  мына  франк  жігін  айтам.

     – Ал  өзің  қайсы  тайпадансың?

     – Мен  де  франкпын.

    – Ендеше  тыңда, франк  христианы, өз  қандасыңды, адамдарды  дінге  бөліп  алалағаның  үшін  сенің  өзің  күнаһарсың! Кәне, ана  ер-тұрманды  иесіне  қайтар! Және  әлгі  айыбың  үшін  өз  ер-тұрманыңды  да  мына  жігітке  бересің! Түсіндің  бе?!

       – Түсіндім, хан  ием, – деп  ол  қолындағы  ер-тұрманды  серігіне  ұстатты  да, өзі  тізерлей  шөгіп  бас  иді.

      – Сенің  жазаң  мұнымен  шектелмейді, – деп  Еділ  патша  бір  шетте  тұрған  түменбасыға  қарады  да. – Адамдарды  дінге  бөліп  алалағаны  үшін  мұның  арқасына  жүз  мәрте  дүре  соғылсын! Және  мына  Жарлығымды  тәртіпке  енгізіңдер: Бұдан  былай  менің  әскерімнің  арасында  мұндай  алалаушылық, нәсіл, дінге  бөлушілік  болмайтын  болсын! Ондай  ши  шығарған  адамдарды  табанда  өлім  жазасына  кесемін. Жауынгерлерге  осыны  құлаққағыс  етіңдер. Мынаны  әкетіңдер! – деді қаһарланып.

      Әлгі  франк  жігіті  Еділ  патшаға  таңдана  қарап  тұрып:

      – О, жаратқан, Құдай  қамшысы  ғой  бұл  кісі! – деді  таңданып.

      Нөкерлер  әлгі  христианды  да  дедектетіп  сүйреп  алып  кетті. 

                                                     ***

      Түстен  кейін  Еділ  патша  Едіге  бимен  еріп  келген  Шығыс  Рим  патшалығының  елшілері  Максимин, Вигил, Прискті  қабылдады. Олар  патшаға  әкелген  мол  тарту-таралғыларын  тапсырып  болғаннан  кейін, елшілерді  бастап  келген  Максимин:

       – Император  ағзам  сізге  және  отбасыңызға  зор  денсаулық  тілейді, – деді.

         – Мен  де  императорға  сондай тілектемін. Иә, императорларың  Херсонес  бітіміндегі*  шарттарды  неге  толық  орындамай  келеді? Ең  алдымен  соны  түсіндірші  маған, – деді.

       – Келісімде  көрсетілген  соғыс  шығындарын  төледік. Салықты  да  бізге  ауыр  түскеніне  қарамай  уақытында  төлеп  келеміз,  жоғары  мәртебелім...

       – Ал, ғұн  қашқындарын  қашан  қайтарасыңдар? – Осы  кезде оның  өткір  жанарына  Вигил  ілігіп  еді, оған  дүрсе  қоя  берді. – Әй, ұятсыз  хайуан, сен  неге  менің  Ордама  ұялмай-қызармай  тағы  да  келіп  тұрсың? Өткен  жолы  саған  қашқындарды  қайтармай  Ордаға  аяқ  басушы  болма  дегенім  қайда?!

   

 

Херсонес  бітімі* – 447 жылы  Херсонесте  римдіктер  мен  ғұндардың  арасында  үлкен  шайқас  болып, ғұндар  жеңіске  жеткен. Осы  соғыстан  кейінгі  келісімде  Рим  империясы  үшін  өте  ауыр  шарттар  белгіленген  еді.

   – Тақсыр, Константинопольда  ғұн  қашқындары  қалған  жоқ. Бәрін  қайтарып  жібергенбіз...

       – Өтірігіңді  доғар! Мен  сенің  осынша  иттігің  үшін  өлімтігіңді  жыртқыштарға  жем  қылар  ем. Әттең, елшілік  дәстүрді  бұзғым  келмейді...

        Біліп  қойыңдар, қашқындар  ешкімге  де  пайда  келтірмейді. Егер  біз  шабуыл  жасайтын  болсақ, олар  сендердің  ешқандай  қалаңа  қорған  бола  алмайды. Біздің  қашқындар  Римде  өте  көп, – ол  жанындағы  хатшысына  қарады. – Мына  елшілерге  қашқындардың  аты-жөні  жазылған  тізімді  оқып  берші.

      Хатшы  қолындағы  қағазды  жазып, тізімді  оқи  бастады.                                             

                                                           ***   

       Келесі  күні  бауырлар  елшілерді  өздеріне  қонақасыға  шақырды. Үстел  үсті  қайысқан  тағамдар. Елшілер  тамаққа  тойып, қызыл  шарапқа біраз  қызына  бастаған  кезде  Ер  үстел  үстіне  бір  қалтаны  қойып, мынандай  сауал  тастады:

       – Сіздер  Онория  ханымның  қайда  екенін  білесіздер  ме?

       – Иә, білеміз, – деді  Максимин. – Ол  Римдегі  императорлар  сарайында. Шешесі  Плацидия  оны  үйқамақта  ұстап  отыр.

     – Оны  неге  үйқамақта  ұстайды?

      – Өйткені  ол  сендердің  патшаларың  Аттилаға  қатты  ғашық, – деді  Вигил  әлгі  қалтаға  көз  қиығын  салып  қойып. – Біз  осы  жаққа  жиналар  алдында  ол  Еділ  патшаларыңа  хат  пен  бірге  неке  сақинасын  да  беріп  жіберген. Біз  оны  Еділ  патшаға  тапсырдық. 

        – Онория  ханым  біздің  патшамызды  құлай  сүйетін  болса, неге  оны  Еділ  патшаға  ұзатпайсыздар? Сонда  Еділ  патша  сіздерге  жау  ретінде  қауіп  төндіруді  доғарып, төлеп  жатқан  салықтарыңызды  да  кешірер  еді.

       – Өйткені, Онория  ханымға  «Август» деген  атақ-дәреже  берілген. Бұл  дегеніміз, егер  ол  кімге  тұрмысқа  шықса, сол  адам  Римнің  де  билеушісі, қожайыны  болады  деген  сөз. Ал  шешесі  Плацидия  оның  Еділге  шыққанын  қаламайды. Онория  қашып  кетпеуі  үшін  оны  үй  қамаққа  алып, есігіне  мықты  күзет  қойған.

         – Бізге  сол  Онория  ханымның  бөлмесін, сарайдың  ішкі  жобасы  мен  Рим  қаласындағы  орналасқан  мекенін  көрсетіп, мына  қағазға  сызып  бере  аласыздар  ма? – деді  Би  ақ  қағаз  бен  қаламды  олардың  алдына  қойып. Олар  қағазға  назар  аударған  күйі  үндемей  тұрып  қалды.

       – Егер  сызып  берсеңіздер, мына  бір  қалта  тіллә  сіздерге  бұйырады, – деп  Ер  қалтадағы  алтындарды  үстел  үстіне  сыңғырлата  төгіп, оларға бағдарлай  қарады. Үшеуі  енді  алтынға  тігіле  қарап, еріндерін  жаланды. Бірақ  үндеген  жоқ. Ер  үстел  астынан  екінші  қалтаны  алып, алтындарын  сыңғырлата  әлгілердің  үстіне  шашты. Елшілер  енді  жұтынып, иектерімен  алға  ентелей  түсті, бірақ  ләм  деп  тіл  қатқан  жоқ. Ер  үстел  астынан  үшінші  қалтаны  шығарып, оны  да  сыңғырлата  үйілген  алтын  ақшалардың  үстінен  саулатты. Бұл  жолы  үшеуінің  де  көздері  ойнақшып, иектерімен  алға  ұмтылды. Дегенімен, Вигилдің  төзімі  жетпей, ана  екеуіне  итальян  тілінде: «Бұлар  ханымды  алып  қашпақ  ойда  ғой, бірақ  оның  күзеті  мықты  емес  пе. Біз  де  барған  соң, оның  күзетін  еселей  түссін, сақтықты  арттырсын  деп  айтамыз. Несіне  қорқамыз, сарайдың  жобасын  сызып  беріп, алтындарын  бөліп  алайық?» деді. Максимин  де  алтыннан  көзін  алмай, әрең  шыдап  отыр  екен, «Мейлі, бірақ  құпиямыз  ішімізде  болсын, соған  келісесіңдер  ғой?» «Келіспегенде. Үшеуімізге  де  бас  керек  емес  пе» – деді  Вигил: 

        – Әкел, қағаз, қаламдарыңды, – деді  де, үшеуі  ақылдаса  отырып, Император  сарайының  сызба–жобасын  қағазға  түсіріп  жатты. 

                                                                 ***

        452 жыл. Труа  қаласының  маңындағы  ат  шаптырымдай  алқапты  алып  жатқан  Каталун  алаңы. Айнала  төбелі, жоталы  беткейлер. Орта  тұстағы  жайпақтау  жота  ғана  өзгелерінен  ауқымды  да  еңселі  көрінеді. Міне, сол  жотаның  оң  жағындағы  биікте  өз  одақтастарымен – ғұндар, сол  тараптағы  қырда  көмекші  отрядтарымен  римдіктер  мен  везеготтар  жайғасқан.

        Гесперейліктердің*  әскері  былай  орналасқан  еді: Оң  қанатта – өз  везеготтарымен  король  Теодорид, сол  тарапта  римдік  легиондарымен  әйгілі  қолбасшы  Аэций  орналасқан. Король  Сангибан  аландарымен  солардың  ортасына  ала  орын  тепкен. Өйткені  ол  Еділдің  екпінінен  сескеніп, әскери  сақтық  жасап, екі  ұшты  әрекетімен  одақтастарының  сезігін  тудырып  алып  еді. Содан  олар  Сангибанды  орталарына  ала  жайғасып, оның  әр  қимылын  бағып  отырды.

       Ғұн  қолында  Еділ  патша  өзінің  іріктелген  жаужүрек  әскерлерімен  орта  тұсқа  орын  тепкен. Ер, Би, Нар  да  солардың  қатарында. Олар  Алып  Ер  Тоңға  сыйлаған  сауыттарын  киіп, қайқы  қылыш, қалқандарын  асынып, шоқтығы  биік, еңселі  Ақ  боз, Тоқ  боз, Көк  боз  аттары  арқылы  айналасындағы  ғұн  жауынгерлерімен  иық  теңеседі.

      Ал, екі  қанатта  Еділге  шын  берілген  қолбасылар – Балаәмір  мен  Ардарық  өздерінің  сансыз  жасақтарымен  сен  тұр, мен  атайын  дегендей  сақадай  сайланып  тұрды.

     Жауынгерлер  бәрі  өз  орындарына  жайғасып  болғаннан  кейін, қолбас-шылар  мен 

 

Гесперейліктер* – Батыс  римдіктер.

сардарлар  патшаның  жанына  жиналды.  Еділ  патша  римдіктердің  қалай  орналасқанын  аңғарып-байқағаннан  кейін  қолбасшыларына  әр  қайсының  соғыс  кезіндгі  міндетін  айтып, нұсқауларын  беріп  жатты. Өздерінің  соғыс  тактикасын  түсіндіріп  болғаннан  кейін  ол  Алтынжалын  тебініп, биіктеу  жерге  шықты  да, сарбаздарына  бет  бұрып, мынандай  жалынды  сөздерді  ағытты: «Арыстандарым, жолбарыстарым, сайыпқырандарым  менің! Сендердің  қарсы  алдарыңда  ой-мақсаттары  бір, ынтымағы  жарасқан, жұдырықтай  түйілген, тастүйін  әскер  тұрған  жоқ. Біреуі  жапалақ  боп  көкке, екіншісі  дуадақ  боп  шөлге, үшіншісі  шиебөрі  боп  інге  ұмтылған  әскери  тобыр  тұр. Ал  тобырды  қалай  жәукемдеу керек  екенін  сендер  мен  айтпай-ақ  білесіңдер. Римдіктердің  тасбақа  қалқанын*  талқандап, везеготтарды  бүйірден  соғып, аландарды  алып  соғудың  мың  түрлі  әдіс-айласын  білесіңдер. Олар  сондықтан  да  ана  жотаны  алуға, жыра-жықпылдарға  жасырынуға  ұмтылады, лажы  болса, қояндай  қашуға  бейім  тұрады. Ал  сендер  оларды  буырқанған  теңіз  толқындарындай  лек-легімен  басып  қалыңдар, жанартаудай  жойқын  күшпен  атқылап, төмен  лықсыған  лава  болып  жайпап  жіберіңдер!

       Біз  оларға  қарағанда  жылдам, жеңіл, икемдіміз, жауға  бас  көтертпей  екпіндетіп  соққы  берейік – олар  ес  жия  алмайтындай  болсын. Бізді  ата-баба  рухы, жауынгерлік  рухымыз  қолдасын! Алға, тек  алға, сайыпқырандар! Міне, мен  бірінші  оқты  атып, жол  ашып  берейін!  Егер  Еділ  сайысқа  түссе – қарсыласы  өлім  құшпай  қоймайды!» – деп, адырнаға  бір  жебені  қойып, кере  тартты  да, жау  жаққа  қаратып  жіберіп  қалды.

      Осы  жалынды  сөздерден  от  алып, жігер  күші  тасыған  жауынгерлер жауға  лап  қойды. Келісім  бойынша, екі  қапталдағы  жеңіл  әскерлер  лек-лек  болып  шабуылға  ұмтылған. Олар  жаудың  дегбірін  ала  ұрандатып, қиқулаған  күйі  римдіктердің  үстіне  жебе  нөсерін  жаудырды  дейсің. Топ-топ  болып  екпіндете  шауып  тұстарына  төніп  барады  да, жалт  бұрылады.

       Олардың  орнын  екінші  лек, үшінші  лек  жалғастырып, толқыннан  толқын  тудырып, селдей  қаптап  жатты.     

        Алдыңғы  лектегі  әскерінің  қатары  селдіреп, тоз-тоз  болып  жатқанын  көрген  Аэцийдің  есі  шықты. Бұлай  жалғаса  берсе, ең  мықты  жауынгерлерінен  айырылып  қаларын  ойлап, ол  шабуыл  тактикасын  шұғыл  өзгертті. Үш  әскердің  де  басын  біріктіріп, Ғұндарға  сына  болып, қадалып, оларды  қақ  жара  жылжып, алдағы  биік  жотаға  ие  болуды  көздеді. Сол  биік  жотаға  іліксе, ғұндардың  мына  жойқын 

 

 

Тасбақа  қалқаны* – римдіктердің  әскери-соғыс  тактикасының  бірі.

шабуылына  табиғи  тосқауыл  қояры  анық. Әне, оның  діттеген  ойы  орындалып, жұдырықтай  түйілген  қолы  ғұндарды  ығыстырып, алға  жылжып  барады. Соны  көргенде  Аэцийдің  жүзі  нұрланып ,  айналасындағы   қолбас-шыларына  «біздің  күшті   көрдіңдер  ме»  дегендей  иек  қақты.

       Оған  сасатын  Еділ  ме. Ол  осындай  боларын, римдіктердің  биіктіктен  араша  іздеп  жанталаса  ұмтылатынын  баяғыда-ақ  болжаған  жоқ  па  еді. Олар  енді  екі  қанаттан  атты  ауыр  әскерлерін  жапты. Олар  римдіктерді  екі  бүйірден  тықсырып, қысқаш  сияқты  қусыра  бастаған. Мұны  көрген  Аэцийдің  жыны  қозды. Арыстандай  ақырып: «Олар  бізді  оңай  шағылатын  жаңғақ  деп  ойлайды-ау  деймін. Біздің  де  қышқашымыз  дайын. Кәне, сендер  оларды  қапсырыңдар!» деп, Теодорид  пен  Сангибанды  екі  жаққа  жіберді. Олар  көп  өтпей  таңдаулы  ауыр  атты  әскерімен  ғұндарға  лап қойды. Еділ  патша  да  қарызда  қалған  жоқ. Балаәмір  мен  Ардарықтың  таңдаулы  сарбаздарын  босатып  қоя  берген. Биік  жотаның   айналасы  адам  тасқынынан  қазандай  көпіршіп, бұрқ-сарқ  қайнап, сарт-сұрт  соғылған  темір  қарулардың  зыңылы, ақырған, ыңырсыған  адамдар  мен  ышқына  кісінеген  жылқылардың  даусынан  құлақ  тұнады. Ең  соңында  бұл  сұрапыл  шайқасқа  шыдамдары  жетпей  Еділ  мен  Аэций  бастаған  қол  да  тың  күшпен  қосылды.

        Шайқасқа  қызу  кіріскен  Ер, Би, Нар  да  қайқы  қылыштарымен  жауларын  жасқап, есе  берер  емес. Дөңбектей  ірі  денелі, қаба  сақалды  бір  римдік  жауынгер  қарсы  келіп  қалып  еді, Би  мен  Нар  екі  жақтап  онымен  сайыса  кетті. Ал  Ер  оның  сол  бүйірінен  шыға  келіп, қалқан  ұстаған  қолын  иықтан  төмен  сайып  түсірді. Қолы  қалқанмен  бірге  жерге  жалп  ете  қалды. Жауынгер  кесілген  қолына  жалт  қарап, не  болғанын  түсінбей  қаңғалақтап  тұрған. Сол  мұрсатты  құр  жібермеген  Би  мен  Нар  оның  кеудесіне  қылыштарын  сүңгітіп  жіберді. Жау  жауынгері  жерге  кескен  теректей  құлады. Дәл  сол  мезетте  Ер  жаумен  сайысып  жатқан  Еділ  патшаның  қолындағы  қылышы  қатты  соққыдан  қақ  бөлініп, сынып  түскенін  байқап  қалды. Қарсыласы  басындағы  үлкен  қызыл  тәжі  мен  алтын  зерлі  сауытына  қарағанда, римдіктердің  патшасы  әлде  қолбасшысына  ұқсайды – Еділдің  қарусыз  қалғанын  мысқылдағандай, «енді  менің  олжамсың» дегендей  тістері  ақсия  күліп  тұр. Ер  ойланып  жатпай  қолындағы  қылышын  Еділ  жаққа  көкке  лақтырып  жіберді. Еділ  де  оны  байқай  қойып, қаруды  балдағынан  қағып  алды  да, масайрап  тұрған  әлгіні  сайысқа  қайта  шақырды. Оның  ызасы  қайнап, көзі  шатынап, қылышын  патшаның  басынан  асыра  қойып  қалмақ  болып  көтере  беріп  еді, Еділ  оны  сақалының  астынан  орып  жіберді. Еділ  жау  қолындағы  салақтаған  қылышты  жұлып  алды  да, «Бәрекелді, батырым!» деп, Ерге  өз  қылышын  қайта  табыстады.

      Күн  батпайын  десе  де, түн  қоймайды  дегендей, әлгіндей  қан  төгіс  арпалыстарға  толы  бұл  соғыс  та  ымырт  қараңғылана  саябырсып, екі  жақ  өз  лагерлеріне  қарай  ығысты.

                                                                  ***

      Таң  сыз  бере  сергек  ұйқылы  жауынгерлер  жонға  шығып  байқастап  еді, кешегі  соғыс  алаңы  тау-тау  өліктерге  толып  кетіпті. Жазылмаған  соғыс  заңы  бойынша, екі  тарап  та  алаңдағы  өз  өліктерін  жинап  алып  кетуге  ерікті. Арнайы    бөлінген  сарбаздар  арбалары  мен  зембілдерін  апарып, оларды  тиеп  өз  жағына  тасып  жатты. Екі  жақтан  да  шығын  көп, 165 мыңнан  аса  адам  қаза  тапқан. Дегенімен  соның  төрттен  үштейі  римдік  мәйіттер  еді. Сондай-ақ  Рим  қолбасшыларының  бірі, везеготтардың  королі  Теодоридтің  өлігі  де  сол  мүрделердің  арасынан  табылған.

      Лагер  маңында  Аэций  мен  Сангибан  және  Рим  жауынгерлері  король  Теодоридті  аза  тұтып, қабырғалары  қайысып  күңіреніп  тұрған. Әкесінің  басында  еңкілдеп  жылап  отырған  Торисмунд  бір  кезде  орнынан  атып  тұрып, аяғын  нық-нық  басып  қолбасшылардың  жанына  келді.

       – Мен  сапқа  тұрып  соғысуға  дайынмын! – деді  ол  жүзі  сұрланып, ернін  жымқыра  ызалана  сөйлеп. – Әкем  үшін  кек  қайтарамын, ғұндарды  еселеп  қырамын!

       Бірақ  оны  салғырт  тыңдаған  Аэцийдің  ойы  басқада  еді. «Теодорид  сынды  тәжірибелі  де  мықты, сенімді  қолбасшымнан  айырылып  отырмын. Ал  мына  Сангибанға  сеніп  болмайды. Оның  үстіне  жауынгерлерім  де  молынан  шетінеді, қатары  сиреді. Мына  Еділдің, ғұндардың  қаһары  мен  екпіні  жаман», деп, олардан  сескенгенін  байқатқысы  келмей, сонау  жота  басындағы  қатар  түзеген  ғұндардың  қарасын  көзінің  қиығымен  барлап  өтті. «Енді  соғыссам  жеңілуім, әлемге  масқара  болып   жеңілуім  кәдік. «Есің  барда  еліңді  тап» деген. Қой, масқарам  шықпай  тұрғанда  кейін  қайтайын. Ал  мына  есірікке  қандай  сылтау  айтсам  екен  а? Ә, таптым!» Ол  Торисмундты  былай  шетке  шығарып, әкесінің  қазасына  ортақтасқан  көңілмен  арқасынан  жұбата  қағады:

       – Әкең  Теодорид  аса  салиқалы  елбасшы  болумен  бірге  тәжірибелі  де  айбарлы  және  өте  сенімді  қолбасшылардың  бірі  еді. Оның  қазасы  бізге  де  сондай  ауыр, өкінішті  болды. Дегенімен  өлгеннің  артынан  өлмек  жоқ, тірі  адам  тіршілігін  істейді. Өздеріңе  өмір  берсін. Өзің  де  кешегі  шайқаста  батыл  да  ер  жүрек  жігіт  екеніңді, әке  жолын  жалғастырар  ұл  екеніңді  байқаттың. Мен  сондықтан  да  сенің  болашағың  жарқын  болуын  тілеймін. Сен  мұнда  соғысамын  деп  жүргеніңде, елде  қалған  бауырларың  әке  қазасын  естіп, артында  қалған  қазынасын  өз  ара  бөлісіп  алып, сені  еншіден  құр  қалдырмасын. Қолдарына  байлық  біткеннен  кейін  таққа  таласып, сен  айдалада  қалып  жүрме. Сол  себепті  сен  әкеңді  елге  апарып  арулап  жерлеп, таққа  отырудың  амалын  жаса. Ал  соғысуға, кек  қайтаруға  қашанда  үлгересің. Менің  саған  ағалық  қамқорлығым  ретінде  айтар  кеңесім – осы, – деді  салмақпен. Торисмунд  ойлана  келе  осы  шешімді  қабыл  алды. Ол  әскерін – везеготтарды  жинап, сапқа  тұрғызды  да, әке  денесін  арбаға  салып, өз  елі – Галлияға  қарай  жол  тартты. Олар  кеткеннен  кейін  бұрыннан  екіұшты  болып  жүрген  Сангибан  да  бұдан  әрі  соғысудың  мәні  қалмағанын  ұғып, аландарды  сапқа  тұрғызып, ол  да  еліне  тайып  тұрды.

       Бұл  кезде  Еділ  патша  қарамағындағы  әскерін  жөнге  келтіріп, соғыс  жағдайына  дайындап, қолбасшыларымен  бірге  алдағы  шайқастың  жөн-жобасын  талқылап  тұрған. Рим  шеріктерінің  топ-топ  болып  бөлініп  бара  жатқанын  көріп, олардың  жаңа  бір  әскери  тактикасы  болар  деп  ойлаған. Бірақ  жіберген  барлаушы  жігіттердің  әкелген  хабарларынан  кейін – жеңіске  қол  жеткізгендерін  түсінді. Еділ  патша  осы  жаңалықты  жариялап айтқаны  сол  еді, әскері  жер-көкті  жаңғырта  «ұр-а-а-лап»*, туларын  бұлғап, бас  киімдерін  көкке  атып  жатты...

                                                           ***

     Еділ  патша  Каталун  шайқасындағы  ұлы  жеңістен  рухтары  биіктеп, қайрат-жігері  тасыған  қолын  сол  екпінмен  Батыс  Рим  қалаларына  қарай  бастады. XII ғасыр  бойы  бүкіл  әлемді  билеп-төстеп  дағдыланған, мейманасы  тасыған  Рим  империясы  бір  бүйірден  пайда  болған  қауіпті  жау – Ғұн  империясынан  қорыққандары  сондай, ішкендері – ірің, жегендері  желім  болып  жүрген. Тіпті  Рим  императорлары  Марсиан  мен  Валентиан  бір-біріне  «Аттила – менің  де  қожам, сенің  де  қожаң. Ол  келе  жатыр, сарайларыңды  дайындай  бер» деп, ашу-ызаға  булығып, үрейге  бой  беретін. Қорыққан  бұрын  жұдырықтайды  деп, бейбіт  жатқан  ел – Ғұндарды  түрткілеп  тыныштық  бермейтін. Сол  ызалары  өткені  сондай, Еділ  патша  бұл  жеңіске  қанағаттанбай, Рим  империясын  біржола  құлатуға  бекініп, тура  Римге  қарай  жорыққа  аттанды. Олардың  жолындағы  алғашқы  ірі  қала  Аквилей  еді. Бұл  қала  ғұндардың  жеңімпаз  әскерлеріне  қарсыласып  бақты. Ғұндар  да  өршелене  шабуылдауын  қоймады. Қаланы  жан-жағынан  қоршап  алды. Қорғандарға  сақ  жебелерін  нөсердей  жаудырды. Тас  атқыш  құрылғыларымен  тас, кесек, қара  май  сіңіріліп, от  қойылған  ағаш  дөңбектерін  боратты  дейсің. Қорғанының  түбіне  топырақ  үйіп, биік  қамалға  ұзын  саты  қойып  төпелеп – жоғары-дан, басы  істік  жонылған  бөренелермен  қақпаларын  қойғылап – төменнен 

маза  бермеді. Ақырында  қатты  діңкелеген  қала  халқы  берілуге  мәжбүр  болды.

 

Ұр-а-а-лап* – ғұндардың  «ұр! ұр!» деген  сөзінен  шыққан  әскери  соғыс  ұраны. Осыдан  келіп  бүгінгі «ура, ура» деген  ұран  пайда  болған.

Қорғанысқа  Батыс  Римнің  жеңіліс  тапқан  қолбасшылары  Аэций  мен  Торисмунд  көмек  қолын  созуға  да  батылдары  жетпеді.

      Бұл  жеңілістен  кейін  өзге  қала  тұрғындарының  рухы  сөнгені  сондай, қарсылық  көрсетуді  қойып, қол  қусырып, біртіндеп  берілумен  болды. Сол  тәртіппен  Милан, Лион, Флоренция, Равенн (астана) қалалары  Еділ  патшаға дәм-тұздарын  ұсынып  жатты. Ал  Париж, Тулуза, Марсель  сияқты  жорық  жолынан  шеткері  жатқан  қала  тұрғындары  жалмауыз  ғұндардың  атын  естігеннен  үрейленіп, қаланы  тастап  қашты.

                                                           ***

       Равенн  қаласын  алғаннан  кейін  Ер, Би, Нар  өз  ара  кеңесіп, тура Римге  тартқанды  жөн  көрді. Олар «Кеңістік  сағаттарына» Римнің  кординаттарын  түсірді  де, көп  өтпей  қаланың  тас  көшелерінен  шыға  келді. Би  қалтасынан  Рим  елшілері  сызған  қала  жобасын  алып, үшеуі  қағазға  шұқшия  үңілді. Сол  жоба  бойынша  Рим  императорының  сарайын  іздеп  тапты. Енді  оған  тіке  апаратын  жасырын  жер  асты  жолының  бір  тармағын, соған  кіретін  жасырын  есіктің  бірін  де  сызба  арқылы  тауып  алды. Есік  Тибр  өзенінің  тіке  жағалауында  екен. Олар  төрт  атты, айтқандай, өздері  мініп  жүргендеріне  қоса  және  бір  атты  қосақтап  әкелген  болатын. Оларды  жағалаудағы  қалың  бұта  түбіне  байлап  қойды. Өздері  темір  кескіш, тұсбағдар, электр  шамы, қару-жарақ  сияқты  керекті  заттарды  кісе, қалталарына  салып  алды  да, есікке  жақындады. Сырты – жуан  темір  торлы, іші  ағаш  есік. Темір  тордың  ішкі  жағына  үлкен  құлып  салынған. Ер  темір  кескішпен  құлыпты  «шырт» еткізіп  кесіп, құлыпты  алып  тастады. Темір  есікті  ашып, ішкі  есікті  итеріп  көріп  еді, ашылмады. Оның  құлпын  монтировкамен  бұзып, теуіп  ашып  ішке  кірді. Іші  қараңғы, ұзын  дәліз. Электр  қол  шамдарын  жағып, тұсбағдарға  қарап  алды  да, дәліздің  бойымен  жылдам  басып  жүре  жөнелді. Олар  ұзын  дәлізбен  шай  қайнатым  жүргенде, алдарынан  аяқ  дыбысы  мен  адамдардың  сөйлескен  даусы  естілді. Балалар  шамдарын  сөндіріп, қабырға  қалтарысына  жабыса  қалды. Екі  римдік  сақшы  айбалталарын  иықтарына  қойған  күйі, бүйір  дәлізден  шыға  келді. Олар  шамдарын  түсіріп, түзу  дәліздің  шығыс, батыс  жақтарына  анықтап  қарап  алды  да, әңгімелерін  жалғастырып, қарсы  беттегі  бүйір  дәлізге  түсіп, көрінбей  кетті. Олар  ұзады-ау  дегенде, балалар  жолдарын  ары  қарай  жалғастырды. Біршама  жүргеннен  кейін  тағы  бір  бүйір  дәліз  көрінді. Ер:

        – Осы  жерден  бұрыламыз  ба? – деп  еді, Би:

        – Жоқ, сызба  бойынша  біздің  бұрылатын  жеріміз  оңтүстік  бағыттағы  екінші  дәліз  болу  керек. Ал  бұл  солтүстікке  бағытталған. Ары  қарай  жүреміз.

       Олар  тағы  біраз  жүргенде, түстік  бағыттағы  дәліз  де  кездесті. Балалар  сол  дәлізге  бұрылып, жүріп  келе  жатыр  еді, сол  бүйірден  жоғары  көтерілетін  тепкішек  кездесті.

       – Міне, осы  тепкішекпен  көтерілеміз, – деді  Би.

       Үшеуі  жоғары  көтеріліп, бір  алаңшадан  шыға  келді.

       – Ой, мұнда  үш  жаққа  кететін  үш  есік  тұр  ғой. Үшеуі  де  шомбалдай  темір  есік. Қайсысына  кіруіміз  керек  еді? – деп  Нар  Биге  қарады. Ол:

       – Білмеймін, міне, қараңдар, сызбада  көрсетілген, – деп  қағазды  жайып, шам  жарығымен  үшеуі  де  үңілді. Сызбада  тек  бір  есік  көрстілген  еді.

       – Мүмкін, мына  ортасындағы  есік  болар? – деді  Нар, шамның  жарығын  ортасына  түсіріп.

      – Оны  қалай  ашамыз? Құлпы  ар  жағында  ұқсайды  ғой.

      Олар  орнынан  тұрып, есіктердің  үшеуінің  де  жапсарына  монтировканы  сұғып, жабыла  күшеніп  біраз  әуреленді.

      – Үшеуі  де  былқ  етпейді. Енді  қайтеміз?

      – Күткеннен  басқа  шарамыз  жоқ. Қарнымыз  ашып  кетті. Кәне, қапшықты  берші, – деп  ол  Нардың  арқасындағы  қапшықты  шешіп  алды. – Тамақтанып  алайық. Одан  кейін  көре  жатармыз.

      Олар  тамақтанып  бола  бергенде, ортаңғы  есіктің  артынан  аяқ  дыбыстары  естілді. Балалар  есіктің  жанындағы  тасаға  тұра  қалды. Құлпын  сықырлатып  болғаннан  кейін, ортаңғы  есік  ыңырси  ашылды. Ішке  үш  адам  кірді. Оның  екеуі  сақшылар  болар,  әлгінде  балалар  келген  дәлізге  түсіп  кетті  де, біреуі  сардар  болуы  керек  шамның  жарығымен  қалған  екі  есікті  байқастап  қарады. Кейін  артына  бұрылып, есікті  итеріп, енді  шыға  бергенде, Нар  қолындағы  шамын  жандырды  да, қайта  сөндіре  қойды. Әлгі  сардар «бұл  не» дегендей, ішке  қайта  кіріп, айнала  қарай  бастап  еді, Ер  монтировканы  оңтайлап  ұстап, оның  басына  қойып  қалды. Ол  омақаса  құлады. Ер  өзінің  киімін  жылдам  шешіп, қапшыққа  салды  да, әлгі  сардардың  киімін  киіп  алды. Оның  денесін  үшеуі  көтеріп  апарып, тепкішек  астына  жасырды. Үшеуі  артықауыс  заттардың  бәрін  сонда  қалдырды  да, тепкішекпен  қайта  көтеріліп, ашық  есікпен  сыртқа  шықты. Кең  дәлізбен  жүре  отырып  орта  тұстағы  есікке  жетті. Есік  артындағы  тепкішекпен  жайлап  көтеріле  беріп  еді, жоғарыдан  аяқ  дыбыстары  естілді. Олар  тепкішек  астына  жасырына  қойды. Қызметкер  әйелдер  екен. Олар  өз  ара  әңгімелескен  күйі  есіктен  шығып  кетті. Балалар  тепкішекпен  қайта  көтеріліп, дәліз  есігінен  бұрыла  бергенде, есік  алдында  тұрған  кәрзіңкені  көрді. Ішіндегі  қызметкерлер  киімі  екен. Әлгі  әйелдер  бір  себептермен  кейінірек  алатын  болып  қалдырып  кетсе  керек. Би  мен  Нар  ішінен  бір-екі  киім  алып, үстеріне  киіп  алды. Сонымен  олар  дәлізбен  жүре  отырып, оң  жаққа  бұрылғанда, дәліз  тұйығынан  екі  күзетшіні  көрді. Ер  жол  бастап  үшеуі  сол  күзетшілерге  жақындай  берді. Олар  сардар  мен  қызметші  киіміндегілерді  өз  адамдары  екен  деп, жандарына  таяп  келгенше  аңғармай  қалды. Бөтен  адамдар  екенін  біліп, естерін  жиғандары  сол  еді, жігіттер  оларды  құлақ  шекеден  теуіп-теуіп, сұлатып  салды. Есікті  ашып, ішке  еніп  еді, төрдегі  айна  алдында  шашын  таранып  отырған  қызды  көрді. Қара  қоңыр  шашы  бұйралана  төгілген, ат  жақтылау  келген  бидай  өңді  әдемі  қыз  бұларға  таңдана  да  үрке  қарады. Балалар  да  қыз  сұлулығы  мен  салтанатына  тамсанып, есік  алдында  тұрып  қалған. Бірінші  болып  Ер  есін  жиды:

      – Бауырлар, бұл  қызға  Еділ  патшадан  келгенімізді  қалай  түсіндіреміз? Ромул  тілін  білмейміз  ғой, – дей  бергені  сол  еді, қыздың  өзі:

      – Еділ?! Сіздер  Еділ  патшадан  келдіңіздер  ме?! – деді  түркі  тілінде  таң  қала.

     – Иә, бізді  Еділ  патша  жіберді, – деді  Ер  де  таңданып. – Сіз  түркі  тілін  қалай, қайдан  үйренгенсіз?!

      – Өйткені, мен  тіл  үйрену  үшін  арнайы  ғұн  қызметкерлерін  ұстадым  ғой. Солармен  ғұн  тілінде  сөйлесіп, тілдеріңізді  меңгеріп  алғам. Сіздер  мұнда  қалай  келдіңіздер?!

       Би  жауап  орнына  қойнынан  орамалға  оралған  бір  затты  алып, орауын  жазды  да, бір  хат  пен  сақинаны  қыздың  қолына  ұстатты. Балалар  мұнда  келер  алдында  Еділ  патшадан  Онорияның  атына  хат  жаздыртып, аты  жазылған  сақинасын  сұрап  алған  еді. Қыз  қуаныштан  жүзі  гүлдей  құлпырып, бірде  сақинаға, енді  бірде  хатқа  үңіліп, ішкі  толқынысын  жасыра  алмады. Көзінен  жасы  тамып, хатты  іштей  әрең  оқып  шықты.

      – Еділ  патшаның  өзі  қайда?! – деді  кенет  балаларға  бар  пейілімен  сүйсіне  қарап.

      – Ол  енді  жауынгерлерімен  Рим  қақпасына  да  таяп  қалған  болар. Біз  сізді  алып  кетуге  келіп  едік.

      – Онда  неге  тұрсыздар? Мені  сонда  алып  барыңыздар.

      – Жүріңіз! Айтқандай, үстіңізге  іліп  алатын  қызметкерлеріңіздің  бір  киімі  жоқ  па?

       – Бір  халат  бар  еді, – деп, киім  шкафынан  соны  тауып  алды  да, үстіне  жамылып, белбеуін  буынды. Ер  есіктен  басын  шығарып  қарады  да:

       – Соңымнан  еріңдер, – деп  сыртқа  шықты. Үшеуі  соңынан  ілесті. Олар  тепкішектің  алдындағы  алаңға  тақай  бергенде, әлгіндегі  екі  әйел  алдарынан  шыға  келгені. Әйелдер  бөтен  адамдарды  көріп, үрейленіп, айғайлауға  оқтала  бергенде, Онория:

       – Тыныш! – деп  тиып  тастады. – Үн  шығармаңдар, тс-с! – деп, саусағын  ерніне  тақап  белгі  берді. Олар  үн  шығара  алмай  состиып  тұрып  қалды. Бұл  уақытта  балалар  мен  Онория  тепкішектен  түсіп, әлгіндегі  жер  асты  жолының  есігіне  барып  қалған  еді. Сол  кезде  ғана  әйелдер  естерін  жиып, шыңғырып, байбалам  сала  бастады.

      Балалар  тепкішек  астындағы  қапшықтары  мен  шамдарын  алып, жолдарын  жарықтандырып, Онориямен  бірге  дәліз  бойымен  жүгіре  жөнелді. Олар  көлденең  жатқан  екінші  дәлізден  аса  бергенде, арттарынан  қуғыншылар  көрінді. Балалар  сыртқа  шығып  еді, жар  болғанда, аттары  орнында  тұр  екен. Онорияны  қосалқы  аттарына  мінгізді  де, өздері  де  аттарына  қонды.

        – Ал, енді  Онория  ханым, бізді  Рим  қақпасына  қарай  бастаңыз!

        – Әрине, жүріңіздер! – деп, ол  да  атқа  қамшыны  басты. Біраз  жерге  барғаннан  кейін, арттарына  қараған  еді, қуғыншылар  да  сыртқа  шығып, ат-көлік  іздеп  аласұрып  жүр  екен.

       Қала  қақпасының  маңында  әскері, бейбіт  тұрғындары  аралас  халық  көп  екен. Төртеуі  соларды  қақ  жарып  өтіп  бара  жатты. Олар  қақпаға  таяй  бергенде, арттарынан  қуғыншылардың:

      – Қақпаны  жабыңдар, ханымды, Онорияны  ұстаңдар! – деген  қатты  дауыс, айқай  шықты. Қақпа  маңындағылар  ханымның  кім  екенін  айыра  алмай  тұрғанда:

      – Атқа  мінген  төртеуді  ұстаңдар! – деп  тағы  айқайлады.

       Сонда  ғана  қақпа  алдындағы  жауынгерлер  төртеуінің  алдын  бөгей  берген. Бірақ  біздің  үш  баһадүр  қылыштарын  алып, әрі-бері  сілтеп, алдағыларды  жасқап,  жол  аша  берді. Қақпадан  өте  бергенде, араларын  ашып, Онорияны  алға  өткізіп  жіберді.

       Бұл  кезде  Еділ  патша  қақпаның  арғы  жағында  I – Леон  папамен  келіссөз  жүргізіп  тұрған. Ол  қақпа  алдындағы  айқай-шуға  елеңдеп, қақпа  жаққа  көз  салғаны  сол  еді, өзінің  сүйікті  ғашығы  Онорияны  көрді! Өз  көзіне  өзі  сенбей, жанындағыларға:

       – Мына  қыз  Онория  ханым  ба, Тәңірім-ау?! – дей  бергенде:

       – Иә, мен  Онория  ханыммын! – деді  қыз  да  ақ  құба  жүзі  алаулай  күлімдеп.  Еділ  патша:

       – Онория,  жаным! – деп,  атын  тебініп  қап,  қыздың  жанына  жетіп келді.

       Жауынгерлер:

       – Біздің  ханым  келді, ұр-ра-а-а!!! – деп  қуаныштан  бөріктерін  аспанға  атты.

       – Біз  Ұрымды  тізе  бүктірдік!

       – Біз  Ұрымды  да, ханымды  да  алдық!

       – Жеңіске  жеңіс, тойға  той  ұласты, ұр-а-а!

       – Жасасын  Еділ  патша!

       – Жасасын  Ер, Би, Нар  баһадүрлер, ұр-а-а!..

       Рим  қақпасының  түбінде  осындай  шаттық  пен  қошамет  сөздерде  шек  болмады...

 

                                                                          «Түрік  мемлекетінің  құрылуы  бүкіл  адамзат 

                   тарихында  белгілі  дәрежеде  бетбұрыс  кезең 

                   болды.

                   ...Түркілердің  қоғамдық  өмірі  мен  әлеуметтік 

                   институттарының  күрделі  түрлері  қайран 

                   қалдырады: ел, меншіктің  сатылық  жүйесі, шендер 

                   иерархиясы, әскери  тәртіп, елшілік  дәстүрі,

                   сондай-ақ  көрші  отырған  елдердің  идеологиялық 

                   жүйелеріне  қарсы  қоятын, мұқият  әзірленген 

                   дүниетанымының  болғандығы  таң  қалдырады».

                                       Л. Гумилев, «Көне түріктер», А.,         

                                      1994ж., 4-5   беттер.

 

                                                            «Оңтүстік  Сібір, Орталық  Азияда  қала  мен 

                    қала  мәдениеті  Түрік  қағандықтары (VI-VIIIғ.ғ.)

                    кезінде  көрініс  тапты. Орхондағы  көнетүрік

                    «руникалық» ескерткіштерінде (Күлтегін, Білге

                    қаған, Тонұқұқ) балыққала, балықдағы-қалалық,  

                    барқ-ғимарат  сынды  түрік  төл  атаулары  кезігеді.               

                    Тан  дәуірінің  жылнамаларында  түріктердің  дін 

                     ордасын (684ж.) және  астана  қаласы  Хэйшачэн  

                   (Қарақұм, 682ж.) қаласының  іргесін  көтергені   

                    хабарланады. Ол  астанасын  түріктер 

                    Қарақұмбалық  деп  атаса  керек...»

                                                               Л. Р. Қызыласов, «Городская  цивилизация 

                                                              средней  и  северной  Азии», М. 2006, 29-30б.

 

                                                         «Айтар  сөзім  болса, мәңгі  тасқа  жаздым».

                                                                                                           Күлтегін.

 

                                   Төр  орнатқан  Тоныкөктің «Мәңгі  елі»

 

       Ер, Би, Нар «Еуразия  университетіндегі»  «Жазулар  мұражайын» аралап  жүрген. Зәулім  де  кең  залдың  кіре  беріс  дәлізінен  төріне  дейін  әр  түрлі  ұстындар  мен  сөрелерге  қойылған,  қабырғаға  ілінген, тіпті  өз  алдына  алып  баған  сияқты  беті  жазулар  мен  сурет-кескіндерге  тұнған  неше  алуан  тас  діңгектер  мен  жазу  ескерткіштері  көрген  адамның  есін  тандырғандай. Бауырлар  өздерін  ғимарат  ішіндегі  жазу  мұражайында  емес, кеңістіктен  кеңістік  ауыстырып, сонау  тас  дәуіріндегі  жартасты  петроглифтердің  арасында, сақ  сахарасындағы  үшкіл  жазулы  сеңгірлерде, ғұн  ғасырындағы  ғажайып  тас  қорғандар  мен  өлкелерде, түркі  заманындағы  бітік  жазулы  қорымдарда  жүргендей  ерекше  сезім-әсерлерге  бөленген. Иә, шынында  да  мұндағы  жазу  ескерткіштерінің  әрқайсысы  әр  дәуір, әр  өңірлерден  жеткізілген  еді. Алматы  іргесіндегі «Таңбалытас» пен  Алтай  үңгірлерінен  табылған  пиктографиялық  суреттер – тас  дәуірінен, Есік, Талас, Пазырық  өңірлерінен  әкелінген  сына  жазулы  заттар – сақ  заманынан, Алтай  жоталары  мен  Енисей, Керулен  аңғарларынан  табылған  таңбалы  тастар – ғұн  ғасырларынан, Орхон-Енисей, Сарыарқа  өлкелерінен  көшірмелері  әкелінген  балбал  тастар  мен  Елтеріс, Құтлығ  қағандардың  мүсіндері, «Күлтегін», «Тоныкөк», «Білге  қаған» тұғырлары – түркі  кезеңдерінен  сыр  шертіп  тұрғандай  еді. Біз  кезінде  өркениеті  өркендеген  елден, өркенді  бабалардан  қалған  мұраларымыз  деп  менмұндалап  өздеріне  тартатын. Әр  ескерткішке  мұқият  үңіліп, байыппен  қараған  бауырлар  тұла  бойларын  кернеген  ұлы  сезім  мен  биік  рухтан  қатты  шабыттанып, ой-толғаныстары  мен  білік-пайымдарын  да  іркіп  қала  алмады.

       – Мен   сендерге  бір  қызық  жайды  айтайын, – деді  Нар  бір  түрлі  жұмбақ  жымиып. – Құпия  жазуы  бар  бұл  құлпытастарды  орыс  ғалымдары  Н.Ядринцев, С.Ремезов, Еуропа  ғалымдары Д.Миссершмид, Н.Видзен, И.Страленберг  алғашқылардың  қатарында  XVIII-ғасырдың  басында  Енисей  өзені  аңғарынан  тауып,  көшірмелерін  алып, әлемге  жар  салып  жариялайды  емес  пе. Олар  бұл  ұстындарды  тапқанымен, құпия  жазуларын  көпке  дейін  оқи  алмай, сырын  шеше  алмай  бастары  қатып  сенделіп  жүреді. Сөйтіп, жүргенімен  қоймай, әр  түрлі  болжамдар  айтады. Бір  ғалымдар  жазулардың  түп  тамыры  парсы, үнді, қытай  тілдерінен  бастау  алады  деп  жорамалдаса, енді  біреулері  оны  ежелгі  моңғол, фин-угор, славян  жазулары  деп  сандырақтайды. Сонда  деймін-ау, кеудесіне  нан  піскен  олар  құпия  жазулы  ескерткіштерді  түркі  бабаларымыздың  атажұртынан  тауып  тұрып, жазу  тілін  түркілерге  қиғысы  келмегені  ғой. Бірақ, қап  түбінде  қанжар  жатпайды  дегендей, 1893 жылдың  25-қарашасында  дат  ғалымы  Вильгельм  Томсен  әлемді  дүр  сілкіндіріп, таң  қаларлық  мәлімдеме  жасайды. Яғни, жазу  тілі – күтпеген  жерден  түркі  тілі  болып  шығады, ең  алғашқы  оқыған  мәтіндері «Тәңірі», «түрік» деген  сөздер  екен!

       – Иә, біздерді  Тәңірімнің  өзі  қолдап  тұрғаны  ғой!

       – Сендерге  осы  орайда  тағы  бір  қызықты  айтайын, – деді  Би  де  бауырларына  қарап  жымыңдап. – Сендер  Олжас  Сүлейменовтың «Азиясы»  мен  Әнес  Сарайдың «Асылдың  сынығы»  кітаптарын  оқыған  ба  едіңдер?

       – Иә, аударыстырып  қарап  шыққанбыз. Айта  бер?

       – Әлгі  кітаптарда  Шумер  өркениеті, мәдениеті, тілі  жөнінде  де  талдаулар  жүргізіп, олардың  көне  түркілерге  ұқсастығын  жан-жақты  ашып  көрсететін  еді  ғой?

       – Ә, иә, әлгі «Дүниежүзі  тарихында» өтетін  ежелгі  Шумер  мәдениеті  емес  пе?

      – Иә, дәл  солай. Батыс  археологтары  Кіші  Азиядағы  Тигр  және  Евфрат  өзендерінің  төменгі  сағасынан  біздің  дәуірімізге  дейінгі  4000 жыл  бұрын, яғни, біздің  дәуірмен  қосқанда 6 мың  жыл  бұрын  өмір  сүрген  көне  қалалардың  орнын  аршып, әлемге  Шумер  өркениетін  таптық  деп  жар  салмайтын  ба  еді?

      – Иә.

      – Жер  жүзіндегі  ең  ежелгі  мемлекет – Вавилон  өркениетінен  де  бұрын  өмір  сүрген  сол  көне  халықтың   бас  құдайының  аты  Діңгір, яғни  біздіңкіндей  Тәңір  болып  шыққан  ғой.

      – Бұл  енді  бір  сәйкестікке  бола...

      – Жоқ, олардың  басқа  құдайларының  да  аты  ұқсас. Мәселен, Уту – біздегі  От, Ан – Лил – Аспан – Жел, Эреш – кигал – Еріклік, Мама, Ие, Марту  құдай  аттарының  түркілердікінен  айырмасы  қайсы? Сондай-ақ  кітап  авторлары  шумердің «ада» (әке, ата), «ерен» (ер, сарбаз), «емек» (тіл), «бильге» (білге, дана), «уш» (үш), «кен» (кең) және  тағы  басқа  алпыстан  аса  сөзді  мысалға  келтіріп, олардың  түркі  сөздерімен  сай  шыққанын  талдап  түсіндіреді. Өз  ара  ауысты  дейтіндей  бір-екі  сөз  емес, тұтас  сөздер  жиынтығы  біздің  ата  тілмен  сәйкес  келіп  жатқанына  қалай  таңданбассың.

      – Демек, біздің  түркі  өркениеті  еуропалықтарды  былай  қойғанда, көне  Мысыр, Ассирия-Вавилон, қытай  өркениеттерінен  де  кем  түспегені  ғой?

      – Солай  болып  тұр  емес  пе.

      – Көне  Шумер  қалаларының  құландыларын  археологтар  қазба  жұмыстары  арқылы  тапса, әлгі  алпыс  сөз  аспаннан  түспеген  болар. Сол  қазындылардың  арасынан  тас  жазулар  ма, әлде  ыдыс, қыш  жазбаларды  тауып, оқып, Шумер  сөздері  деп  келтіріп  жүргендері  содан  болар?

      – Иә, дұрыс  айтасың. Қазындылардың  арасынан  бетінде  сына  жазулары  бар  қыш  табақтары  да  көптеп  табылған. Ғалымдар  соларды  оқып, Шумер  жазбалары  мен  сөздерін  қалпына  келтіріп  қана  қоймай, адамзат  қауымының  тұңғыш  әдеби  дүниесі «Гилагамеш»  («Білгеміш») дастанын  қайта  тірілтті  емес  пе.

      – Олай  болса, тіптен  қызық  болды  ғой, – деді  Ер  масайрап. – Парсы-манихей  жазуы  III-ғасырдан  бастау  алса, Сирия, армян  жазулары – V-ғасырдан, Арап  әліпбиі – VII-ғасырдан, орыс-славян  жазуы  грек  әліпбиі  негізінде – IX-ғасырдан, монғол  жазуы  XIII-ғасырдан  пайда  болса, түрік  ата-бабаларымыздың  бітік  жазулары  мен  кітаптары  біздің  дәуірімізден  бұрынғы  төртінші  мыңжылдықтан  бері  қолданылып  келген  екен  де! Ендеше  кердемсінген  еуропалықтардың  біздің  ата-бабаларымызды  мәдениеттен  жұрдай, көшпелі, жабайы-варвар  халық  деп  кемсітіп  келгендеріне  жол  болсын!

     – Бұл – өзі  жығылып  жатып  сүрінгенге  күлгеннің  кері  ғой.

     – Мен  сендерге  бір  қызықты  айтайын, – деді  Би  көзі  жылтыңдап  күлімдеп. – Қазақтың  43 атадан  тарайтын  басты  рулары  мен  олардың  аталарға  бөлінген  тармақтарының  әрқайсысының  өз  белгі-таңбалары  бар  емес  пе?  Өткенде  соларды  бір  газеттен  көріп,  қолыма  қағаз-қалам  алып,   асықпай  бағдарлап  қарап  шыққам.  Сонда  қызық  болғанда,  сол  ру  таңбаларының   ішінен  бүгінгі  біздің  оқып  жүрген  кирилл,  латын  әріптеріне  айнымай  ұқсайтын  25  әріп  пен  20  шақты  математикалық  таңбаны  таптым. Ал  біздің  ата-баба  ру-тайпаларының  тарихы  бірнеше  мыңдаған  жылдар  тереңінде  емес  пе?  Ендеше  ол  әріп-таңбаларды  кім-кімнен  алған?..

     – Бұны  сен  қызық  дейсің,  тіптен  ғажап  қой?! – деді  қызуқанды  Ер  таңданып.

     – Иә,  құпия-сырдың  бәрі  тереңде  екен! – деді  Нар  да  жүзі  мың  құбылып.

     Олар  сол  арадағы  сақ  сына  жазулы  тасқа  шұқшия  қарап,  тігіліп,  ұзақ  уақыт  әсерленіп  ойланып  тұрып  қалған  еді.

     – Әлемдік  ғылым  өркениеттің  шарттары  деп  төл  жазуы  болуды, қала  салу  мен  сурет-мүсін  өнері  дамуын  айтады  екен, – деді  Нар, «Мойын  шор» мүсін-құлпытасының  алдына  келгенде  әлгі  әңгімені  қайта  жалғап. – Ендеше  түрік  жұртында  мұның  бәрі  бар  емес  пе. Бірнеше  мың  жылдықты  құрайтын  төл  жазуын  әлгінде  айттық. Кезінде  соғыс-шапқыншылықтардан  қирап  қалғаны  болмаса, еліміздің  әр  түкпірінен – Отырар, Сарайшық, Жанкент, Сауран, Шымқала, Испиджаб, Тараз, Баласағұн  секілді  жүздеген  қаланың  орны  мен  жұрты  белгілі. Түркілердің  атамекені  Орхон-Енисей, Шығыс  Түркістаннан  да  жиырмадан  аса  кенттің  қазындылары  табылып  отыр. Мүсін  өнеріне  келсек, еліміздің  әр  түкпірінде  кездесетін  балбал  тастар  мен  тастан  қашалған  келінтастар, батырлардың  мүсіндері, Орхон-Енисей  өлкесінен  табылған  мына  Мойын  шор, Елтеріс  Құтлық  қаған, Күлтегін  қолбасшының  мүсіндері – түркілерде  де  мүсін  өнерінің  дамығандығын  көрсетпей  ме?

     – Күні  кеше  белгілі  түріктанушы  ғалым  Қаржаубай  Сартқожаұлы  археолог  баласы  Жантегінмен  бірге  Орхон-Енисей  өңіріндегі  Қызылкенттен  жеті  қаланың  орны  мен  бірнеше  жер  асты  кешендерін  барлап, зерттеді. Соның  біреуінен  үш  килодан  аса  алтын  заттар  мен  бітік  жазуы  бар  түркі  ақшалары, түркі  адамдары  бейнеленген  45 мүсін, қабырғаларға  салынған  панорамалық  суреттер  табылған. Еуропа  кескіндемешілері  қабырғаға  немесе  картина  етіп  сызып XVIII-ғасырдан  бастап  панорама  жасаса, біздің  бабалар VII-ғасырда-ақ  қыштан  мүсін  құйып, түрлі  көріністерді  кескіндеген. Егер  ислам  діні  шектеу  қоймағанда, сурет-мүсін  өнері  одан  беріде  тіптен  шарықтап  дамитындай  екен.

       – Сен  әлгінде  жазба  өркениеті  дедің  ғой. Әлем  бойынша  бүгінге  дейін 18 мыңнан  аса  көне  түркі  жазба  жәдігерлері  мен  таңбалары  табылған  екен. Соған  қарағанда, қағаз  қолжазбалары  мен  кітаптары  да  молынан  болса  керек. Бірақ  олардың  көпшілігі  соғыс-шапқыншылықтар  мен  ислам  өркениетінің  таралуына  байланысты  жойылып  кетті. Соның  өзінде X-XI-ғасырларда  дүниеге  келген «Түрік  сөздігі», «Құдатқу  білік» сияқты  төл  тілімізде  жазылған  кітаптар  біздің  заманға  жетті  ғой.

       – Ал  енді  өркениет  дегенге  мемлекет  деген  ұғымды  кірістіретін  болсақ, ол  жағынан  да  бабаларымыз  өзгелерден  ілгері  болмаса, қалып  қойған  жоқ. Мәселен, римдіктер  өз  шежіресін  Римнің  негізі  қаланған  күннен  (б.д.д. 753 ж.) бастаса, Арабтар  Мұхаммед  пайғамбардың  Меккеден  Мәдинаға  көшкен  жылынан  бастап  есептейді. Ал  француздар  өз  тарихын  ұлы  Карлдың  империяны  бөлген  жылынан, яғни, 843 жылдан  бастайды. Біздің  түркілер  үшін  тарихи  мемлекеттілігін  қалыптастырған  дата – 545 жыл! Яғни, осы  жылы  Бумын  қаған  бірінші  Түрік  қағанатын, мемлекетін  құрған.

       – Әлгінде  сен  түркілердің 18 мыңнан  аса  жазу  ескерткіштері  бар  дедің . Белгілі  ғалым Т.Жұртбайдың  жазуына  қарағанда, сол  ұшан-теңіз  байлықтың  үш  жүздейі  ғана  оқылып, ғылыми  айналысқа  түскен  екен. Бірақ  олардың  көбін  осы  уақытқа  дейін  түркітекті  қазақ  ғалымдары  емес, орыс, неміс, дат, француз, қытай, монғол  ғалымдары  түпнұсқадан  оқып, айналысқа  түсірген. Солардың  дені  біздің  тілге  аударылмай  келеді  екен. Сонда  менің  таң  қалатыным, біздің  ғалымдар  не  істеп  келген?! Әлгі  ұшан-теңіз  жазба  мұраларымыздың  құпиясын  кім  шешеді?

      – Өзіміз  ғой  өркениеттілігімізді  ісімізбен  дәлелдей  алмай  жүрген.

      – Өкінішті, әрине, бірақ  құр  қол  емеспіз. Ғ.Айдаровтың «Орхон  ескерткіштерінің  грамматикасы», «Көне  түркі  ескерткіштерінің  тілі», М.Жолдасбековтың «Асыл  арналар»  зерттеу  кітаптары  бар  емес  пе.

      – Бар  болғанымен  олар  КСРО  кезіндегі  дүниелер  ғой.

      – Ендеше  тәуелсіздік  тұсында  дүниеге  келген  зерттеулерді  де  айтайын. Қ.Сартқожаұлының «Байырғы  түрік  жазуының  генезисі», М.Жолдасбековпен  бірлесіп  дайындаған  екі  томдық «Орхон  ескерткіштерінің  толық  атласы» кітаптарын  қайда  қоясың? Соңғы  үлкен  еңбек – Атласты  түркологияның  атасы  В.Радловтан  беріде  ешқандай  мемлекеттің  ғалымдары  әлі  шығармаған.

      – Иә, бұл  еңбек  жайлы  мен  де  естігем. Түркологиядағы  бүгінгі  күнге  дейінгі  ашылған  жаңалық-деректердің  бәрін  қамтып, толықтырып, 110 жылдан  кейін  шығып  отырған  үлкен  атлас. Дегенімен, бұл  да  аз. Неге  дейсің  ғой? Өйткені, Т.Жұртбайдың  жазғанына  қарағанда, қытайдағы  ұйғырлар  мен  монғолдар  Тұрфаннан, Дунхуаңнан, Енисей  аңғарынан, Шианьннан, Пенжикенттен  табылған  түркі  мұраларын  өз  тілдеріне  аударып, өздеріне  меншіктеп, 300 том  кітап  етіп  шығарған  екен. Олардың  айтуынша, тікелей  ұрпақтары  біздер  әлі  қалың  ұйқыда  қалғып  жүрген  көрінеміз.

      – Иә-ә!..

      Біраз  үнсіздіктен  кейін  Ер түскен  еңсені  қайта  жігерлендіріп  жіберетін  әдетіне  бағып, бір  жырды  екпінмен  оқи  жөнелді:

                              Биікте – Көк  Тәңірі,

                              Төменде  қара  жер  жаралғанда,

                              Екеуінің  арасында  адам  баласы  жаралған.

                              Адам  баласы  үстіне  ата  тегім

                              Бумын  қаған, Істемі  қаған  отырған.

                              Отырып, түркі  халқының  төрін,

                              Өкіметін  қалыптастырған.

                              Төрт  бұрыштың  бәрі  дұшпан  екен,

                              Сарбаздарымен  аттанып,

                              Төрт  бұрыштағы  халықты

                              Көп  алған, бәрін  бейбіт  еткен, иелік  еткен.

                              Бастыны  еңкейткен,

                              Тізеліні  бүктірткен!.. –

деп, «Күлтегін» жырын  түйдектете  жөнелген.

      – Осындағы «...Төрін, өкіметін  қалыптастырған» деген  жол  бар  ғой, – деді  Би  Ердің  сөзін  бөліп. – Сондағы «төр» сөзі «үкімет», «мемлекет» деген  мағыналарды  береді  екен. Елтеріс, Қапаған, Білге  қағандар  бастап, олардың  дана  ақылманы  болған  Тоныкөк, қолбасшы  Күлтегін  бабалар  қостап, екінші  Түрік  қағанатын, төрін  орнатты. Сөйтіп  олар  «бір  жағадан – бас, бір  жеңнен  қол  шығарып» бірлесе  отырып, «Мәңгі  ел» деген  заң  Жарғысын  шығарып, түркі  мемлекетін  мәңгілікке  орнатып,  қалдырмақшы  болған  екен.

      – «Мәңгі  ел»?! Заң  жарғы?!

      – Иә, иә, таң  қалмай-ақ  қойыңдар. Өйткені, әлгі  үш  қағанның  да  бас  уәзірі, кеңесші-ақылманы  Тоныкөк  баба  емес  пе? Ал  ол  жас  кезінде  Табағаш  елінде  бес  жыл  оқып, кейін  прокурор  дәрежесінде  қызмет  еткен. Содан  өз  жұрты  түркілерді  қытай  елі  сияқты  баянды  етпек  болып, «Мәңгі  ел» атты  Жарғысын  құрастырған.

      – Қызық  екен?!

      – Мәңгі  ел... Бүгінгі  Елбасымыздың  қазақ  мемлекетін  мәңгілік  етпекші  болған  идеологиясы  да  осы «Мәңгілік  ел» емес  пе?

      – Иә, тап  солай! Бұл – бабалар  жолы.

      – «Моңғол»  деген  сөздің  де  шығу  тегі  сол «Мәңгі  ел» деген  сөзден  туындаған  дейді.  Шыңғыс  хан  өзі  құрған  III-Түрік  қағанатын  мәңгілік  етем  деп  жүріп, қарауындағы  түркі  жұртының «моңғолға»  айналғаны  да  содан  екен.

       – Бұл  да  қызық  болды.

       – Ал,  әлгі  Тоныкөк  бабамыздың «Мәңгі  ел» Жарғысы  біздің  күнге  неге  жетпеген?

       – Соның  жайын  енді  біз  анықтамаймыз  ба?

       – Дұрыс  айтасың!

Үшеуі  іс-бірліктің  белгісіндей  жұдырықтарын  түйістірді.                                                   ***

      716 жылдың  көктемі. Көк  түріктердің  ертеден  келе  жатқан  жазғы  астанасы, Орда  тігер  іргелі  мекені – Дугин  кентінің* аумағы  атшаптырым  жерді  алып  жатыр. Кең  ауқымды, еңселі, биік  ғимаратты, мұнаралы  үйлері  кенттің  орта  тұсына  бір-біріне  жанаса  шоғырланған  екен  де, олардың  ағаш  қоршауының  сыртында  және  кенттің  айнала  шет  жақтарында  орташа,  шағын  көлемді  жатаған  үйлер  жыпырлай  орын  теуіпті. Және  бір  ерекшелігі, үйлер  қандай  көлемде  болса  да  негізгі  дені  бөрене  ағаштармен  қиюластырылып  салынған. Үйлердің  аралығындағы  кейбір  көшелерге  ғана  тас  төселгені  болмаса, негізінен  дала  гүлдері  көмкерген  жасыл  шалғынды  белдеулермен  ұласып  жатыр.

      Осы  кенттің  терістік  шығыс  іргесіндегі  көк  жонда  жаңадан  тағы  бір  кент  пайда  болғандай. Бір  өзгешелігі, ондағылардың  бәрі  ақ  шаңқан  киіз  үйлер  мен  шатырлар, телегендер* мен  қатар  тізілген  үсті  жабық  арбалар, ағаш  қашаларға  қамалған  малдар. Кенттің  халқы  түгел  осында  көшіп  келгендей  әрі-бері  сапырылысып  жүр. Белдеу-

 

Дугин  кенті* – бұл  мекеннің  төңірегіндегі  Орхон  өзені  екі  саласының  аралығындағы  құт  дарыған  өлкені  түркі  жұрты  Жер  Ана – Өтүкен  деп  те  атайды.

Телеген* – үстінде  киіз  үйі  бар  көшпелі  арбалар. Орыстың «телега» деген  сөзі  де  осыдан  алынған.

желілерге  қаз-қатар  аттар  байланған, ошақтарға  қазан  асылып, алаңдарда  ойын-сауық  құрылып, той-думан  немесе  жәрмеңке  өтіп  жатқандай  дүрмекті.

      Жасанды  «кенттің»  батыс  бетіндегі  еңселі  ақ-шаңқан  үйлердің  бір  бүйірінде  неше  түрлі  ту, байрақтары  желбіреген  кең  де  зәулім  асыр  менмұндалайды. Сол  төңіректе  ғана  адам  қарасы  сирек, тыныштық  пен  әскери  тәртіп  орнаған. Өйткені, бұл  асырында  Қапаған  қаған  ұзақ  бір  түкпірден  келген  елшілерді  қабылдау  рәсімін  өткізіп  жатқан.

      – Иә, қадірлі  қонақтар, қош  келіпсіздер?! – деді  Қапаған  қаған  елшілермен  өз  ара  аман-саулық  сұрасып  болғаннан  кейін. – Жайлы  орналастыңыздар  ма, ұйқыларыңыз  қанды  ма?

      Земарх   деп  таныстырған  бас  елші  аудармашысымен  бірге  ортаға  шығып, тағзым  бергеннен  кейін  тамағын  қырнап  қойып:

      – Иә, жақсы  орналастық, – деді  басын  тағы  изеп. – Әсем  табиғаттарыңызға  тамсанып, балдай  жұпар  ауаларыңызды  түнімен  жұтып, сіміріп  шыққаннан  ба, ұзақ  жол  жүріп  келгенімізге  қарамай, өзімізді  сергек, қунақ    сезініп  тыңайып  қалыппыз. Сонымен  бірге  сіздердің  кешегі  қабылдауларыңызға  да  риза  болып  отырмыз. Әсіресе  екі  алау  оттың  арасынан  тазартып  өткізу  рәсімдеріңіз  айрықша  ұнады.

    – Бұл  біздің  бір  үлкен  істі  бастағанда, көш  кезінде, жатжұрттық  қонақтарымызды  қабылдағанда  жасайтын «Алас»  деп  аталатын  ата- бабаларымыздан  келе  жатқан  жақсы  рәсімдеріміздің  бірі, – деді  Қапаған  қаған  асықпай  мейірлене  сөйлеп. – Сіздер  сапарлап  жүрген  жолдарыңызда  қаншама  мазар, елді-мекен, жыра-жықпылды  басып  өттіңіздер. Сондай  ұзақ  жолда  бойларыңызды  құрсаған  бәле-батардың  бәрі  әлгі  екі  алау  оттың  арасынан  өткенде, аластатылып, сыпырылып  түсіп, тазарып  шығасыздар. Өздеріңізді  жеңіл  сезінесіздер. Бұл  рәсімді  бір  сөзбен  «Алас»  деп  атайды.  Ал, жәрмеңкелеріңіз  қалай, саудаларыңыз  жүріп  жатыр  ма?

     – О, айтпаңыз! Ән-күй, ойын-думанмен  қыздырып  жібергендеріңіз  сондай, той-салтанат  сияқты  мерекелік  әсерге  бөлендік. Халқыңыз  да  сондай  ақ  жарқын, кең  пейіл, қонақжай  жұрт  екенсіздер.

     – Біз  де  сіздердің  ақ  жарыла  айтқан  ашық   лебіздеріңізге  ризамыз, – деді  қаған  жылы  жымиып. – Ал, енді  келген  қадамдарыңызға  гүл  бітсін! Тілек-мақсаттарыңызды  айта  отырыңыздар?!

    – Сіздің  кең-байтақ,  шексіз  қағанаттың  батыс  қанатындағы  жұртыңыз, әсіресе 

 

 

 

 

Понт*, Меотида*, Хазар* теңіздері  жағалауындағы  халқыңыз  түстік  беттегі  парсылармен  ежелден  үлкенді-кішілі  шайқас, қақтығыстарға  түсіп  келе  жатқаны  белгілі. Сіздер  сияқты  біз, Византия  қағанаты  да  олармен  ірілі-ұсақты  соғыстарды  бастан  өткеріп  келеміз. Сондықтан  біз  Сіздермен  ортақ  жауымыз – парсыларға  қарсы  Одақ  құрғымыз  келеді. Соған  байланысты  Сізбен  берік  келісім  жасасақ  деген  ойдамыз.

     – Бұл  мәселеде  біздің  ойымыз  бір  жерден  шықты. Жарайды, қарсы  емеспіз, – деді  Қапаған  қаған  қысқа  қайырып. – Оған  өз  алдына  Төрімізбен  бірге  арнайы  келісімге  отырасыздар. Тағы  қандай  шаруаларыңыз  бар?

     – Ұлы  Жібек  жолының  терістік  тармағы  толығымен  Сіздердің  қадағалауыңызда. Біздің  сауда  керуендеріміз  де  Сіздер  бақылайтын  жолды  қауіпсіз  сезінеді. Бірақ  соған  қарамай  Хазар  теңізінің  батыс  бөлігіндегі  жол  тармағында  ара-тұра  қарақшылық  шабуылдар  жүз  беріп  қалады. Сол  бұзақылықтарды  жөнге  салып, қадағалауды  күшейте  түссеңіздер тіптен  ғанибет  болар  еді  деп  тілейміз.

     – Жолдың  бұл  тармағына  біздің  Тардуш  ханымыз*  жауапты, – деп  Қапаған  қаған  оң  бүйіріндегі  Марғұлан  шадқа  қарап  еді, ол  орнынан  тұрып, оң  қолын  кеудесіне  қойды  да:

      – Тақсыр, – деді  басын  иіп. – Ол  қарақшылар  біздің  жұртымыздан  емес. Қап  тауынан* асып  келеді. Мен  олардың  патшаларына  «жұртыңды  тыйып  ұста» деп  жаушы  жіберіп, ескерту  жасадым. Егер  алда  тағы  қайталанатын  болса, әскерімді  жабам  деп  дөң-әйбат  көрсеттім. Енді  ондай  тонаушылыққа  бара  қоймас.

      – Естідің  ғой?

      Земарх  басын  изеп  қанағаттанғанын  білдірді.

      – Біздің  тағы  бір  өтінішіміз – Сіздермен  қару-жарақ, әсіресе  сапалы  болаттан  жасалған  қару-жарақ  пен  ат-көлік, елтірі-былғары  саудасын  өрістете  түссек  деген  игі  тілегіміз  бар.

      – Ол  да  болатын  шаруа, – деді  қаған  қасын  қағып. – Оның  жайын  да  ертеңгі  отырыста  Төрмен  бірге  асықпай  хаттайсыздар.

    

Понт* – Қара  теңіз.

Меотида* – Азау  теңізі.

Хазар* – Каспий  теңізі.

Тардуш  ханы* қағанаттың  батыс  қанатын  басқарса, Төлес  ханы – шығыс  бетін  билейді.

Қап  тауы* – Кавказ  тауы.

  Елшілер  отырған  қатардың  бір  бүйірін  ала  Ер, Би, Нар  да  жайғасқан  еді. Олар  елшілердің  керуеніне  жолдан  қосылып, ілесіп  келген. Бауырлардың  жанында  Інел  ханзада. Ол  өзімен  қатарлас  бауырларға  кешеден  бері  үйірсектеп, жандарынан  шықпай  жүрген. Оған  мұндағы  іш  пыстыратын  отырыс  емес, сырттағы  той-думан  қызықтырақ  көрініп, бірге  ертіп  шығайын  десе, қонақтарының  көңіл  қалауына  қарап  отырған. Қағанның  әлгі  жауабынан  кейін  олар  да  төзіп  отыра  алмай, Інелге  ілесіп  сыртқа  беттеді.

      – Сендерде  ақша  бар  ма? – деді  Інел  сыртқа  шыққан  бетте.

      – Жоқ.

      – Онда  мен  берейін, – деп  беліндегі  кісесінің  көн  қалтасын  ашып, бір  уыстай  алтын  теңгелерді  алып, бауырлардың  алақанына  үлестіріп  салып  шықты. – Жәрмеңкеде  тауар   алсаңдар  керек  болады.

      Бауырлар  алтын  теңгелерді  аударып-төңкеріп  қызыға  тамашалады  да:

      – Бұл  ақшаларды  өздеріңде  соғып  шығарасыңдар  ма? – деді.

      – Әрине. Ана  бетіндегі  бітік  жазуларына  қарасаңдаршы. Бұл  теңгелер – біздікі. Ал  әлгі  Ұрым  елшілерінің  теңгелері  мынандай  болады, – деп, түркі  ақшаларынан  өзгеше  екі-үш  теңгені  алақанына  салып  көрсетті.

      Ол  теңгелерде  латын  әріпті  жазулар  мен  әджі*,  пирамидалар  кескінделген  екен.

      Балалар  артқы  жағында  жайма, сөрелері  бар  қатарластырып  орнатылған  арбаларға  жақындады. Айнала  төңірегінде  қарапайым  жұрт  пен  әскери  сарбаздар  бір-бірін  кимелеп  үйіріліп  жүр. Арба  жақтауларында  неше  түрлі  киімдер  мен  салпыншақтар. Жаймаларда  да  жылтырақ  моншақтар  мен  әшекейлер, күміс, мыс, мүйізден  жасалған  айна, тарақ, түймелер, қыш  ыдыстар  мен  бұл  маталар...

      Саудагерлері – орақ  тұмсықты  гректер. Оларға  біреулері  қызыл  шақа  теңгелерін, аң  терілерін  тықпаласа, енді  біреулері  жетегіндегі  ірілі-ұсақты  малдарын  көрсетіп, мұрша  берер  емес. Бауырлар  да  Інелді  орталарына  алып, бір  арбадан  екіншісіне  ауысып, әуестікпен  қызықтайды. Сондай  бір

тұста  Би  Інелді  оңаша  шығарып:

      – Бауырым, біз сенің  аға-әкелерің: Күлтегін, Марғұлан, Тоныкөк  мырзалармен  жақыннан  таныссақ  дейміз. Сол  баһадүрлердің  жақын  көмекшілері, қызметшілері  болғымыз  келеді. Бізді  алдарына  апара  аласың  ба? – деді.  

      – Е, оның  қандай  қиындығы  бар  екен, – деді  Інел  сенімді  түрде.  – Қаласаңдар,

 

Әджі* – крест.

бүгін  кешке  жолықтырайын. Ал  ертең  мен  сендерді  Боғда  тауына  апарсам  деймін. Онда  біздің  ата-бабаларымыздың  қасиетті, киелі үңгірі  бар.  Қағанатқа  қарайтын  тайпалардың  таңбалары  қашалған  тастар  мен  балбал-мүсіндер, барық* пен  тас  тақыттар  және  тағы  басқа  қызықтар  бар. Соларды  аралатып  көрсетем.

      – Болсын! – деді  Би  қысқа  қайырып.

                                                           ***

      Тоныкөк  бабаның  он  екі  қанат  ақ  Ордасында  Тоныкөктің  өзі, Марғұлан  мен  Күлтегін, Иолықтегін  мен  Інел  және  Ер, Би, Нар – бәрі  қызу  әңгіме-кеңеске  кіріскен. Иолықтегін  алдындағы  қымыз  толы  шараны  қос  басты  ожаумен  әредік-әредік  сапырып  қойып, босаған  тостағандарға  қымыз  құйып  беріп  отыр. Ортадағы  үш  аяқты  шамдалдың  жарығынан  төңірегіндегі  адамдардың  көлеңкелері  кереге  тұстан  зорайып  көрінеді. Үйдегі  адамдармен  бірге  олар  да  алқақотан  жайғасып  алып, әңгіме-

сұқбатты  жарыса  тыңдап  отырғандай.

      – Е, бауырлар, – деді  Тоныкөк  қолындағы  кесе  толы  қымыздан  бір  ұрттап  қойып. – «Қала, кенттеріңізді  көбейтіп, неге  отырықшы  елге  айналмайсыздар?» дейсіңдер  ғой? Тәңірге  шүкір, шаһарларымыз  жетеді. Сонау  батыстағы  Қара  теңізден  шығысымыз  Амурға  дейін, терістігіміз  Сібірден  түстігіміз  Тибетке  дейінгі  кең-байтақ  қағанатымызда: Азақ, Керіш, Қоржын*, Бесоба*, Жанкент, Рамитан*, Йаса*, Шаш*, Тараз, Суяб, Шу, Талхир, Алмалық, Бесбалық, Тұрфан, мына  Дугин  дегендей  қала-жұрттарымыз  баршылық. Бірақ  біз  жаппай  отырықшы  елге  айналуды  қаламаймыз. Өйткені, бүгінгі  таңда  түстігіміздегі  табғаштар  бізден  жүз  есе  көп. Егер  біз  жаппай  отырықшы  елге  айналсақ, олардың  бір-екі  шабуылынан  тас  қалаларымызда  тұяқ  серіппей  мерт  боламыз. Тарих  бетінен  сызыламыз. Шөптің  шүйгінін  қуалап, судың  тұнығын  сағалап, кеңістікте  емін-еркін  қозғалыста  болсақ, олардың  қандай  шабуылына  да  ерік  бермейміз. Тәңіріміз  жазса, халқымыз  көбейіп, жауынгерлерімізді  жоғалтпай  күшейіп, баянды  да  мәңгі  елге  айналар  болсақ, сонда  ғана  жаппай  отырықшылық  жайын  қолға  алармыз... – деп,  сөзін  аяқтамай,  төбеге  қараған  күйі  терең  ойға  беріліп  кетіп  еді.

     – Иә, Тоныкөк  жәкем  айтқандай, баянды  да  Мәңгі  ел  болу – біздің ежелден,  Бумын,  

 

 

Барық* – Тәңірілік  діннің  арнайы  сыйынатын  үйі, храмы.

Азақ, Керіш, Қоржын* Қара  теңіз  жағалауындағы  қалалар.

Бесоба* – Орынбор.

Рамитан, Йаса, Шаш* – бүгінгі  Бұқара, Түркістан, Ташкент.

Мұқан, Істеми*  қағандықтарынан  бергі  аңсарлы  арманымыз, – деп  Марғұлан  шад  сөзді  әрі  жалғады. – Көрген-түйгені  көп  Тоныкөк  ағамыз  бас  болып, әкеміз  Елтеріс, ағамыз  Қапаған, мен, інім  Күлтегін, Иоллықтегіндер  қос  болып, төріміздің «Мәңгі  ел» Жарғысын  түзіп, тасқа  қашап, кітапқа  түсіріп  қойғанбыз. Сол  Жарғымыздан  шет 

шықпай, еліміз  еңселі, Төріміз  төскейлі, қағанатымыз  қуатты  өмір  сүрсек, мақсат-мұратымызға  жетерміз...

     – Әттең  дейтін  жай, соңғы  кездері  Қапаған  ағам  шет  жайлап, тура  жолдан  айныған  жайы  бар, – деп, Күлтегін  одан  әрі  әңгімені  іліп  әкетті.

– Кейінгі  кездері  шау  тартты*  ма, дана  ақылманы  Тоныкөк  ағамды  емес, тегі  жат-жұрттық  уәзірі  Жу  Шудың  кеңестерін, мына  Інелдің  қытай  шешесі, жеңгеміздің  іріткі  сөздерін  көп  тыңдайтын  болып  жүр.

      – Ол  менің  шешем  емес, Бөге  мен  Сағаның  туған  шешесі, – деп  Інел  шыдай  алмай  тыз ете  қалды. – Менің  қаным  таза, бөрі  байрақты  Ашина  әулетіненмін! Оны  шеше  деп  есептемеймін!

   Оның  қызба  сөзіне  бәрі  кеңк-кеңк  күліп  жатыр. Күлтегін  де  қымызына  шашалып  қалды.

      – Әзілім  ғой, – деді  Күлтегін  оны  бауырына  қысып. – Сенің  Көк  түріктің  нағыз  айдарлы  ұрпағы  екенің  бәрімізге  белгілі. Ал, анау  Бөге, Саға  дегендерің  сенен  садаға  кетсін! Қапаған  ағам  солардың  іріткі  сөзін  тыңдап, ата-бабамыздан  келе  жатқан  салтты, мұрегерлік  жөніндегі  Жарғымызды  тәрк  етіп, орнына  аға  баласы  емес, өз балаларын  дайындап  жүргені  бізге  қатты  батады, – деді  күрсініп.

      – Мен  де  содан  қорқамын... – деді  Тоныкөк  жердегі  босаған  тостағанын  шыр-көбелек  айналдыра  шиырып. – Қой! Оның  жайын  Тәңірі  жазса, алда  көре  жатармыз. Одан  да  мен  мына  ұлдарыма  өзіміздің  Көк  Түріктің  ата  шежіресін  аңызынан  бастап  айтып  берейін, – деп, әңгімеге  ұйып  отырған  Ер, Би, Нарға  мейірлене  көз  тастады.

      – Сонау  қадым  заманда  түркі  елін  бір  қаған  басқарыпты. Бұл  кезде  түркі  елі  аса  қуатты  екен. Олардың  жебесі  жетпеген  жер, әскері  алмаған  ел  қалмапты. Бұлардың  даңқы  жер  жарып, атағы  асқар  таулардан  асып  тұрған  заманда, көрші  елдің  әміршісі  оларға  зұлымдық  ойлапты. Осы  оймен  олар  түркілерге  қарсы  соғыс  жариялайды. Қан  майдан  енді  қызып  келе  жатқанда, жау  жасағы  шегініп  қаша  жөнеледі. Бұл  олардың  айла-тәсілі  еді. Түркі  қолы  оларды  түре  қуады. Олар  бір  межеге  жеткенде, тосқауылда 

 

Бумын, Мұқан,  Істеми  қағандар* – 542-576 жылдары  бірінші  Түрік  қағанатының іргесін  қалаған  қағандар.

Шау  тартты* – бұл  жерде  қартайып, ақыл-есінен  алжасты  ма  деген  мағынада

тұрған  жасақтары  жан-жақтан  қоршап  алады. Сөйтіп, қапылыста  қоршауда  қалған  түркі  әскері  жеңілістің  ащы  дәмін  татады. Жау  оларды  кәрі-жас  демей  қырып-жойып, бір  ұл  балаға  келгенде, оны  өлтірмей, аяқ-қолын  кесіп, үлкен  бір  сазға  апарып  тастайды. Қансырап  жылап  жатқан  бейшара  балаға  Көк  Тәңірі  иіді  ме, көктен  қанатты  қаншық  бөрісін  жібереді. Қаншық  бөрі  баланың  қанын  тілімен  жалап  тоқтатып, емшегін  аузына  салып  емізіп, ер  жеткізеді. Кейін  ол  бала  бөрімен  қосылып, бірге  өмір  сүреді.

       Күндердің  күнінде  бұрынғы  жаулары  байқап  келуге  адамдарын  жібереді. Олар  аяқ-қолсыз  жігітті  өлтіргенімен, бірге  тұрған  бөріні  ұстай  алмайды. Қаншық  бөрі  қанатын  қағып  көкке  көтеріліп, бір  биік  таудан  асып  ұшып  кетеді. Қонған  жері  жан-жағы  биік  таулармен  көмкерілген әсем  қойнау, етек  жағы  шөбі  шүйгін  жазық  дала  екен. Қанатты  бөрі  сондағы  бір  үңгірге  тұрақтап, он  ұл  табады. Олар  өсіп-өніп, көрші  елдің  қыздарын  алып, көбейе  келе  бір  қауым  ел  болады. Әлгі  он  ұлдың  үлкенінің  есімі  Ашина* екен. Ол  бауырларының  алдында  ақылды  да  зерек,  алғырлығымен  көзге  түсіп, билікті  қолына  алады. Өздері  тұрып  жатқан  жұмақ  тектес  жерді   олар  «Ергенеқон»* деп  атайды. Бұл  мекен  оларға  құтты  қоныс  болыпты. Бірнеше  жүздеген  жылдың  ішінде  Ашина  жұрты  өсіп-өніп, тұтас  бір  халыққа  айналыпты. Мыңғырған  малдары  Сумер  тауы  қойнауындағы   жазыққа  сыймайтындай  дәрежеге  жетіпті.

Содан  Ашина  жұрты  таудың  бір  қойнауын  қопарып, кеулеп , жарып-шағуға  келмей,  тұтасып  тұрған  тасын  өртеп  ерітіп, сыртқа  шығатын  жол  салуға  қамданыпты.  Сөйтсе, еріткен  тастары  темір  екен. Кейін  темірден   алғаш   рет  құрал-сайман,  қару-жарақ  соғып, өздері  ұста, жауынгер  елге  айналыпты. Тұрақ  еткен  тауларының  ең  биік  шыңы  өздері  соғатын  дулыға  кейіпті  екен. Сондықтан  тауды  Түрік* деп  атап  жүріп, өздерін  де  түркі  жұрты  атап  кетіпті.

    Олар  темірден  сауыт-сайман  құрсанып, болаттан  қару-жарақ  асынып, бөрі  басты  ту  көтеріп, тесік  таудан  сыртқа  лап  қойыпты. Алдарынан  кездескен  бұрынғы  жауларын  тас-талқан  етіп  жеңіп, тықсырып  қуып, олардың  жұртын  өздеріне  қоныс  етіпті. Сол  алғашқы  жеңіс  қазанған  жерді, кейін  өздеріне  құт  мекен  болған  өңірді  Өтүкен  деп  атапты.

     Міне, балаларым, біз  сол  ата-бабаларымыздың  құтты  қонысы  болып  келе  жатқан  киелі  Өтүкен  жерінде  өсіп-өркендеп  келеміз...

 

Ашина* – асыл  текті  қасқыр, бөрі.

Ергенеқон* – шатқалдағы  қоныс немесе ежелгі  түркілердің  мифологиялық  жерұйығы.

Түрік* – ол  замандарда  дулығаны «түрік» дейді  екен.

                                                                ***

      Елшілерді  шығарып  салғаннан  кейін  көп  өтпей  Қапаған  қаған  жазғы  жорыққа  жиналды. Ұлы  жорық  алдында  уәзірі  Жу  Шу  қағанға  мынандай  ақыл  берген  еді: «Хан  ием, егер  менің  кеңесімді  тыңдасаңыз, тоғыз-оғуздарға  Күлтегін  мен  Марғұлан  шадты  жібермей, өзіңіз  аттанғаныңыз  жөн  болар. Сонда  жорығыңыз  сәтті  болып, жауыңызды  жеңіп  оралған  жағдайда  халқыңыз  алдында  даңққа  бөленіп, әлгі  ағайындылардан  мәртебеңіз  аса  түсер  еді.

      – Ал, сонда  оларды  қайда  жіберемін?

      – Күлтегінді  Ордаңызды  қоруға  қалдырыңыз  да, Марғұлан  шадты  қарамағыңыздағы  тардуш  елін  тәртіпке  салуға  батысқа  жіберіңіз. Сонда  өзіңіздің  ұпайыңыз  түгел  болып, олардың  да  жөнін  табасыз.

       Қапаған  қағанға  уәзірінің  кеңесі  ұнай  кетті  де, дәл  сол  айтқандай  іс  тұтты. Күлтегін  батырды  Ордада  қалдырып, Марғұлан  шадты  тардуш  еліне  жөнелтті. Ал  өзі  үлкен  қосынымен  тоғыз-оғуздарға  ұлы  жорыққа  шерулетіп  аттанды.

       Дегенімен  тағдыр  тәлкегі  болар, істің  бәрі  уәзір  айтқандай  емес, керісінше  болып  шықты. Қапаған  қағанның  мол  әскерімен  жорыққа  аттанып  кеткенін  естіген  қарлұқтар  осы  қолайлы  сәтті  өз  пайдаларына  шешпек  болып, қаған  Ордасына  күтпеген  жерден  шабуылға  шықты. Олар  Ордада  тәжірибелі  қолбасшы  Күлтегіннің  қалғанынан  бейхабар  еді.

      Ордаға  жау  келе  жатқанын  бақташы  балалардан  алдын  ала  естіген  Күлтегін  дабыл  қаққызып, қарулы  жасағын  жиып  алды  да, өзен  жақтағы  қалың  тоғайдың  арасына  жасырынып,  сіңіп  кетті. Қарлұқтар  бейбіт  ауылға  шауып, оңай  олжаны  бөлісіп  масайрап  жатқанда, Күлтегін  жігіттерімен  ұрандатып  лап  қойып, оларды  қапыда  басып  қалады.Сөйтіп, Күлтегін  батыр  қарлұқтарды  тас-талқан  етіп  жеңіп, ел-жұрты  алдында  даңққа  бөленеді.

       Ал  бұл  кезде  Қапаған  қаған  басқарған  түрік  қолы  да  Тол  өзені  бойында  Байырқу  тайпасын  күйрете  жеңген. Алайда  бұл  қуаныш  ұзаққа  бармады. Жеңіс  қазанып, әскерін  шерулетіп, масаттанып  еліне  қайтып  келе  жатқан  жолында  қаған  орман  жиегінде  жайылып  жүрген  бұғыларды  көреді. Аңшылық  құмарлығы  қозып, алды-артына  қарамай  қиқу  салып, соларды  қуып  кетеді. Әскерінен  бөлініп, аң  қуып  ағаш  ішінде  жүргенде, орманда  өзі  талқандаған  байырқулықтардың  бір  бөлігі  жасырынып  жүрсе  керек, соларға  кез  болады. Олар  қаған  мен  бес-алты  оққағарына  сол  арада  бас  салып,  қоршап,  аттарынан  аударып  түсіріп, бәрін  жайратып  салады.

 

 

                                                           ***

      Қапаған  қағанның  соғыс  жорығында  жүріп, байырқулықтардың  қолынан  мерт  болғанына  көп  өтпеген. Қаған  тағы  иесіз  қалып, мұрагерлік  туралы  мәселе  туындайды. Қайғылы  қазадан  естерін  жия  салып, қағанның  ұлдары  Бөге  мен  Сағаның  барын  салып  таласқа  түскені  де  соның  жайы  еді.

       – Әкемнің  тағына  мен  отырамын! – деді  Бөге  ұр  да  жық  мінезіне  бағып  өктемсіп. – Өйткені, әкем  мені  көзі  тірісінде  кіші  хан  етіп  тағайындап, өз  орнына  дайындап  жүрген.

       – Сен  қатыгез, қызбасың, – деді  інісі  Саға  оған  шытынай  қарап. – Халықты  қатыгездікпен, зұлымдықпен  ұстап  тұра  алмайсың. Әкем  мені  де  шад  етіп  тағайындап, ел  билігіне  баулып  жүрген...

       – Ал, сен  зымиян, арамсың, – деді  Бөге  оның  сөзін  бөліп. – Қағанатты  сен  де  зымияндықпен, қулық-сұмдықпен  басқара  алмайсың.

       – Тоқтаңдар, балаларым, – деді  шешелері  олардың  таласы  керіске  ұласып  бара  жатқан  соң  шыдай  алмай  килігіп. – Ақ  тер, көк  тер  болып  таласқаннан  не  шығады. Одан  да  ақылға, жөнге  келіңдер. Әкелеріңнен  қалған  ел  ұлан-байтақ. Қағанатты  екіге  бөліңдер  де, төрді  екеуің  бірлесіп  басқарыңдар.

       Ағаларының  таласына  араласпай, бір  шетте  сабыр  сақтап  үнсіз  тұрған  Інел  өгей  шешесінің  бұл  сөзіне  шыдай  алмай:

       – Шеше, сіз  не  деп  кеттіңіз?! Жеріміз  ұлан  байтақ  болғанымен, біздің  ата-бабамыздан  мұраға  қалған  емес  пе.  Қағанат  бөлінбейді! – деді  қызынып  және  шешесінің  табғаш  қызы  екенін  байқатып. – Сондай-ақ  ата-бабамыздан  келе  жатқан  мұрагерлік  туралы  заң,  дәстүр  де  бар. Көк  түріктердің  ежелгі  қағидасы  бойынша  әке  тағы  немере  інілеріне, яғни, Марғұлан  ағаға  қалуы  керек. Әкеміз  де  Марғұлан  ағаға  көп  үміт  артып  жүрген...

       – Әй, малғұн! Сен  не  деп  кеттің?! – деді  Бөге  ашуға  ерік  беріп, Інелге  ызбарлана  қарап. – Жап  аузыңды! Таққа  отырып  алайын, бірінші  ісім  сенімен  болсын!

      – Маған  не  істесең, соны  істе! – деді  Інел  де  өзін  әрең  ұстап. – Мен  үшін  халқымыздың  бірлігі, қағанатымыздың  бүтіндігі  мен  мықтылығы  қымбат.

      – Айтысты  қоя  тұрыңдар, мырзалар! – деді  осы  кезде  Жу  Шу  алақанын  қағып, жігіттердің  назарын  өзіне  аударып. – Сабыр  етіңдер. Одан  да  бәрің  бірігіп, табғаш  патшасына  хат  жазыңдар. Елші  жіберіңдер. Алып  елді  билеп  отырған  патша  жиендері  сендерді  де  қамқорлығына  алып, қағандық  биліктеріңізді  заңды  түрде  бекітіп  берсін.

      – Ал  сіз  қайда  бұрып  бара  жатырсыз?! – деді  Інел  тағы  тыз  етіп. – Бұл – сатқындық  қой!

      – Түсіне  білген  адамға  бұл – сатқындық  емес, біздің  әулеттің  қамы, – деді  Саға  ызғарлы  көзімен   Інелге  төне  қарап. – Патша  заңды  түрде  бекітіп  берсе, Күлтегінің  де, Марғұланың  да  ауыздарын  аша  алмайды.

      – Жоқ! Бұл – табғаш  патшалығына  өз  еркіңмен  бодан  болу  деген  сөз!

      – Әй! Мен  саған  аузыңды  жап  дегенім  қайда?! – деді  Бөге  ақырып. Есік  алдындағы  жасауылға  қарады  да:

      – Мына  иттің  қол-аяғына  кісен  салып, үйқамаққа  тастаңдар! – деді  Інелді  саусағымен  нұсқап  көрсетіп. – Біздің  ұлы  ісімізге  кедергі  болмасын!

      Жасауылдар «Құп  болады!» деп, жылдам  жетіп  келді  де, Інелді  қарсыласқанына  қарамай, қос  қолынан  мықтап  ұстап, сүйреп  алып  кетті.

                                                               ***

       Інел  кенет  ат  тұяғының  дүбірінен  оянды. Үстіндегі  көрпесін  бір  шетке  ысырып  тастап, шынжырлаулы  қол-аяғымен   жайлап  жылжи  отырып, кереге  тұсына  жақындады. Киізін  түріп, сыртқа  көз  жіберіп  еді, таң  құланиектеніп  қалған  екен. Ол  сай  табанында  Бөге  мен  Сағаның  бір  топ  аттылы  кісіні  жолға  шығарып  салып  тұрғанын  байқады. Інел  ағаларының  табғаш  еліне  Жу  Шу  бастаған  елшілерді  жасырын  аттандырып  тұрғанын  түсіне  қойды. Есік  алдындағы  кісілердің  жөткірінгенін  естіп, өзіне  күзет  қойылғанын  да  аңғарды. «Бұл  жайды  енді  Күлтегін  ағаға  қалайша  құлағдар  етсем  екен?» деп  ойланып  жатып, көзі  ілініп  кетіпті. Бір  кезде  ешкінің  маңырағанынан  көзін  қайта  ашты. Киізді  түріп, сыртқа  қарап  еді, бір  бақташы  бала  мал  айдап  барады  екен. «Оны  қалай  шақырсам  екен? Дауыстасам, күзетшілер  естіп  қояды ». Кенет  басына  бір  ой  сап  етті. Ол  жалма-жан  лақтың  даусына  салып, «мә-ә, мә-ә» деп  дыбыс  шығарды. Бақташы  бала  қалып  қойған  төл  екен  деп, жалт  қарап  еді, бұл  қолын  бұлғап, шақыру  ишарасын  жасады. Ол  жетіп  келді  де, Інелді  көріп: «Ой, ханзада!..» дей  бергенде, бұл «тс-с!» деп  оны  тоқтатты. Даусын  жайымен  шығарып: «Күлтегін  ағаға  тезірек  барып  хабар  бер! «Айтатын  шұғыл  шаруасы  бар  екен» де, тез  осында  жетсін!»

      – Құп  болады, мырза! – бала  жүгіре  жөнелді.

                                                                    ***

      Бір  уақытта  есік  алдынан «тасыр-тұсыр» еткен, біреулердің «гүрс-гүрс»  құлағандай  дыбыстары  шықты. Артынша  есікті  түре  ашып  Күлтегін  ағасы  кіріп  келді.

      – Ой, Інел, саған  не  болған?! Кім  бұл, сені  кісендеп  қамап  қойған?! – өзі  жауап  күтпестен  беліндегі  қанжарын  алып, Інелдің  қол-аяқтарындағы  шынжыр  сымдарының  түйіскен  жерлерін  ажыратып, кісендерді  ағытып  жатты.

      – Бөге  мен  Саға  ғой. Олар  бүгін  таң  алагеуімде  табғаш  еліне  Жу  Шу  бастаған  елшілерін  аттандырды. Өздерін  қаған  етіп  бекітсін  деп, патшасына  хат  жазып  жіберді:

      – Ә, ол  оңбағандардан  бәрін  күтуге  болады. Бізді  құлдыққа  салып, бодан  ел  етпек  екен  ғой! Ол  арамы  мақсаттарына  жеткізе  қоймаспыз. Онда  былай  болсын: «Сен  тардуш  еліне  шап! Марғұлан  ағаңды  ертіп  алып  кел. Мен  елшілердің  соңына  түсіп, жолын  кесемін.

      Екеуі  сыртқа  шықты.

      – Ал, жолың  болсын!

      – Сіздің  де  сапарыңыз  оң  болсын!

      Олар  қол  қысысып, төс  түйістірді  де, өз  жөндеріне  кетті.

                                                                   ***

       Қаған  Ордасына  күзетші  келіп  кірді:

       – Хан  ием, – деп  ол  Бөге  мен  Сағаға  кезек  қарады. – Күлтегін  бізді  соққыға  жығып, Інелді  босатып  әкетті.

       – О, сұмырай! – деді  Бөге  кімге  қаратып  айтқаны  белгісіз. – Не  істесе, о  істесін! Біз  әйтеуір, елшілерімізді  аттандырдық.

       – Олар  елшілердің  арттарынан  қуып  кеткен  болуы  мүмкін, – деді  Саға  сезіктеніп. – Егер  елшілеріміздің  көзін  құртса, біздің  де  сорымыз  қайнағаны.

       Бөге  бозарып  біраз  бөгеліп  тұрды  да:

       – Оны  анықтауымыз  керек. Егер  дәл  солай  болса, бізге  де  жақсы! – деді  көзі  шырадай  жанып, алақандарын  ысқылап. – Алып  Елетмишке  барып, сұрастырып  көрейік. Егер  Күлтегін  жасағымен  елшілерді  қуып  кетсе, біз  бірнеше  түмен  қолмен  олардың  соңына  түсеміз! Сөйтіп, Күлтегіннің  көзін  құртамыз! Ал, ағасы  Марғұланның  шаруасы  жеңілдеу.

       – Бәрекелді! Асығымыз  алшысынан  түсіп  тұр  дегеніміз  осы! – деп, Саға  да  ыржалаңдады. – Олар  қуып  барған  бізді  өз  адамдарымыз  екен деп  жайымен  қарсы  алады...

       – Ал  біз  күтпеген  жерден  Күлтегін  мен  Інелдің  бастарын  қиып  түсеміз!

       Екеуі  бір-бірінің  алақандарын  жігерлене  соғып, сыртқа  шыға  жөнелді.

       Көп  өтпей  Орда  маңынан  әскери  дабыл  қағылды.

                                                                       ***

       Бөге  мен  Сағаның  бұл  жорығын  Қапаған  қағанның  Күлтегіннен  кейінгі  екінші  қолбасшысы  Алып  Елетмиш  бастап  шықты. Егер  ол  Күлтегіннің  көзін  жоятын  болса, жаңа  қағанаттың  бас  қолбасшысы  болатынын  айтып, алдын-ала  келісіп  қойған  еді. Сондықтан  болар, Алып  Елетмиш  бұл  жорыққа  жігерленіп  шығып, әскерін  жол  бойы  тынықтыруға  да  құлықты  болған  жоқ. Ерулі  аттарына  мініп, дамылсыз  жорта  отырып  олар  Күлтегін  жасағын  ет  пісірімдей  уақытта  қуып  жетті. Анығырағы, Күлтегін  сарбаздары  шырамытып  танылатындай  ара  қашықтыққа  жете  бере  Алып  Елетмиш  бөрілі  байрағын  жоғары  көтеріп, әрі-бері  шайқай  бастады. Оның  бұл  әрекеті, олар  көк  түркінің  туын  танып, сабаларына  түссін  деген  қулығы  еді. Нәтижесі  тез-ақ  көрінді, өз  туларын  таныған  олар  аттарының  басын  доғарып, аңтарылып  тұрып  қалған  еді.

      – О-о!  Олар  қақпанымызды  қапты! – деді  Саға  есі  шыға  қуанып.

      – Алып  аға! – деді  Бөге  де  желігіп. – Осы  екпінімізбен  тоқтамаймыз, оларды  таптап  өтеміз! Бәрінің  бастарын  шетінен  қағып  түсеміз! Ал, көкжалдар, қаруларыңды  жасырын  ұстап, шабуға  дайын  отырыңдар! Алдарына  жете  бере  қылыштарыңды «жарқ»  еткізіңдер! Біздің  туымыз  да, күніміз  де  жоғары! – деп  есіре  ақырды.

      Топан  судай  қаптап  жөңкіліп  келе  жатқан  олар  Күлтегіннің  аз  жасағын  шынымен-ақ  таптап, жайпап  кетер  ме  еді. Бірақ  бәрі  басқаша  өрбіді. Сол  екпіндеп  қаптап  шапқан  күйі  Күлтегін  сарбаздарына  таяқ  лақтырымдай  жер  қалғанда, күтпеген  жай  болды.

      – Күлтегін  аға, сақ  болыңыз! Жау, жау, жау!!! – деп, кенет  бірнеше  ащы  дауыстың   шапқыншы  дүрмек  арасынан  қосарлана  шыққаны.

       Иә, бұлар  біздің  сайыпқырандар – Ер, Би, Нар  еді! Ордада  әскери  дабыл  қағылғанда, бұлар  да  қарап  қалмай  Бөгелердің  шерігіне  қосылған. Бірақ  Бөге  мен  Сағаның  әлгіндегі  сатқындық, арсыз  даурығуынан  кейін  олар  Күлтегін  ағаларына  төнген  қауіпті  тез  түсінді. Олар  жолда  өз  ара  жақындасып, бір-бірінің  қолын  ұстасып, ыммен  серттесіп, Күлтегін  ағаларын  бірлесе  құтқаруға  бекінген. Содан  үшеуі  бар  дауыстарымен  айғай-сүрең  салған  еді.

       Бөге  мен  Саға  жер  астынан  жік  шыққандай  болған  бұл  дауыстан, «бұлар  кім  болды  екен?» деп, аттарының  басын  іркіп, аңтарыла  бұрыла  берген. Сайыпқырандар  қаруларын  жалаңдатып  «ұралап», оларға  қарай  тұра  ұмтылды. Нар  мен  Би  Бөге  мен  Сағаны  сайысқа  шақырса, Ер  Алып  дәудің  өзіне  атылды.

      Әлгінде  түкке  түсінбей, жасағын  қойдай  иіріп, мәңгіріп  тұрған  Күлтегін  айқасқа  түскен  бауырлар  мен  Бөге, Сағаларды  көрді  де, барлық  мәнді  түсіне  қойды. «Ал-ға-а-а!» деп, жасағын  бастап, бұлар  да  оларға  лап  қойды. Ер  Алып  дәумен  аңдысып, арпалысып  тұрғанда, Күлтегін  бір  бүйірден  ағып  келіп, оның  назарын  өзіне  аудара  айқаса  кетті. Екі  алыптың  тау  қопарғандай  алапат  сайысы  сүт  пісірімге  барған  жоқ. Күлтегіннің  қару  сермеу  қарымы  жойқын  болғаны  сондай, анау  қорғанамын  деп  жанұшырып  жүріп, басының  қалай  қағылып  түскенін  білмей  қалды. Одан  кейін  көп  өтпей  Бөге  мен  Саға  да  ат  жалын  құшты. Сардарлары  саптан  шыққанын  көрген  қалған  сарбаздардың  екпіні  басылып, бір  жағынан  өз  адамдарына  қару  кезенуге  батылдары  бармай, екіншіден  Күлтегіннің  қаһарынан  сескеніп, қарсылықсыз  қаруларын  тастады.

       Күлтегін  барлық  қолды  өзіне  қаратып, оларды  сапқа  тұрғызды  да, алдарында  тұрып, қаһарын  төге  ақырды:

       – Сендер  қайда  айдаса  жөңкіле  беретін  түйсіксіз  малсыңдар  ма?! Өз  адамдарыңа  шауып, бұларың  не  қылған  есуастық? Әлі  де  жақсы, бір-бірлеріңді  арақаттағаныңмен, өлтіруге  жеткен  жоқсыңдар, –  деп, ұшқын  атқан  сесті  жанарымен  сапты  солдан  оңға  қарай  жайымен  барлап  шығып  еді, сарбаздарының  кінәларын  үнсіз  мойындап,  бастарын  төмен  салып  тұқырып  тұрғанын  көрді  де, өзі  де  сабасына  түсті. – Мейлі, ханзадалар  мен  қолбасшыларың  бастап  шыққаннан  кейін, қарсылық  көрсете  алмай, әскери  тәртіппен  бойсұнғандарыңа  бұл  жолы  түсіністікпен  қарайын. Мына  алмас  қылыштың  жүзімен  ескертіп  айтайын, бұдан  былай  мұндай  жөнсіздіктерің  қайталанбайтын  болсын!

      Барлық  сарбаз  бір  ауыздан:

      – Құп  болады, қолбасшы! – деп, бір  кісідей  саңқ  етті.

       Күлтегін  біраз  үнсіздіктен  кейін  атының  басын  саптың  алдында  оқшау  тұрған  үш  бауырға  қарай  бұрды:

       – Сайыпқырандарым  менің! Қолдаушы  оққағарларым  менің! Қағушы  періштелерім  менің! – деп, мейірлене, елжірей  тіл  қатты  да, кенет  боз  Азман  атынан  сыпырылып  түсіп, бауырларға  жақындады. Үш  батырды  барлық  жауынгерлерінің  көз  алдында  кезек-кезек  төс  айқастыра  құшып, балапандарын  бауырына  қысқан  қырандай  қошемет  көрсетті. – Ал,  енді, сайыпқыран  сардарларым! Мына  сарбаздарымды  сендерге  тапсырдым. Ордаға  бет  түзеп, қайта  беріңдер.

       – Ал, өзіңіз  ше?

       – Біз  де  андағы  елшісымақтардың  көзін  жойғаннан  кейін  көп  өтпей  арттарыңнан  қуып  жетеміз.

       – Онда  жорықтарыңыз  сәтті  болсын!

       – Айтсын! – деп  Күлтегін  жасақтарымен  бірге  қайта  атқа  қонып, түстікті  бетке  алып  жорта  жөнелді.

                                                                   ***

       Олар  Дугин  кентінің  орталығындағы  «ш»  әрпі  тәріздес  бір-бірімен  ұласып  жатқан  үлкен  де  ұзын  ғимараттың  бір  бүйіріндегі  есіктен  ішке  енген. Олар  деп  отырғанымыз: Інел  мен  Ер, Би, Нар.  Інел  екі  апталық  сапарынан  кеше  оралған. Қағанаттың  батыс  қанатын  басқаратын  тардуш  шады  Марғұлан  ағасын  шақырып  ертіп  әкелген. Енді  бүгін  бауырларды  бастап  келіп, елорда  орталығындағы «іскерлер  шаһристанын» аралатып  көрсетпек. Олар  табалдырықтан  аттаған  бойда  ұзын  дәлізге  тап  болды. Бөлмелері  тек  дәліздің  бір  жақ  бойында  екен. Інел  кіре  берістегі  бірінші  есікті  ашып:

      – Бұл – тас  мүсіндер  мен  құлыптастар  шеберханасы, – деді.

      Бауырлар  табалдырық  аттағандары  сол, жақпар  тастар  мен  биік  баған  тастардан  тұратын  ауқымды  тау  шатқалына  тап  болғандай  әсерге  бөленді. Баған  тастардың  бірнешеуі  бетінде  сына  жазулары  бар  қырлы  құлыптастар  болса, қалғандары  неше  түрлі  балбалдар  мен  мүсіндер: оюлы  бешпет, шекпен, бастарына  кимешек  киген, торсық, тостаған  ұстаған  кемпіртастар  мен  өрнекті  сауыт-сайман, дулыға  киген, қолдарына  найза, қылыш, садақ  ұстаған  жауынгер  мүсіндері. Араларында  аттылы, түйелі  жауынгерлер  мен  тасбақа  үстіне  орнатылған  ұстындар  да  бар.

      – Бұлар – түркілердің  мәңгілік  уақытты  бедерлегені, яғни  мұраларымыз  бен  жазбаларымыз  мәңгілікке  қалсын  деген  тілек-армандарын  білдіреді, – деп  Би  тас  бетіндегі  сына  жазуларды  ойлы  қалыпта  сипалап  тұрды.

      Бауырлар  әр  ұстынға  аңтарыла  қарап, соларға  арбалағандай  ерекше  қалыпқа  түссе, Інел  өзін  еркін  сезініп, біреуі  саты  үстінде, енді  біреулері  жерде  тұрып  тас  қашап  жатқан  шеберлерге:

      – Қалай, істеріңіз  дұрыс  жүріп  жатыр  ма? Қашан  дайын  болады? – деп  сауал  тастады.

      Бәдізші  шебер  болса  жауап  берудің  орнына  екі  езуі  құлағына  жете  ыржиып, басын  изеп, бас  бармағын  көрсетіп, жұмысын  жалғастырумен  болды. Інел  бауырларға  біртегіс  бетіне  қатар-қатар  жазу  түсе  бастаған  тағы  бір  бағанды  көрсетіп:

      – Бұл  бітіктас  менің  әкем  Қапаған  қағанға  арналған. Әне, жазуы  орта  тұсына  таяп  қалыпты, – деп, жанында  тұрған  қолында  кескісі  мен  балғасы  бар  шыңшыға:

      – Бұйрық  аға, бұл  бітік  жырды  қанша  күнде  жазып  бітіресіз? – деді.

      – Тәңірі  жазса, бір  аптада  бітіп  қалар, – деді  шебер  алдындағы  оқтаулары  ашылған  қолжазбаға  үңіліп  қарап  қойып. – Ең  бастысы, әкеңе  арналған  бұл  жыр  көркем  де  шебер  жазылған  екен. Оқыған  сайын  шабытым  қозады.

      – Иә, бұл  жырды  жазған  жыраудың  өзі  қара  жаяу  емес.

      – Жыраудың  аты  кім?

      – Тоныкөк  абыз  ғой. Ол  кісінің  шеберлігіне  шәк  келтіруге  болмайды,– деді  Інел  қолжазбаға  қайта  үңіліп. – Тоныкөк  атаның  бұдан  басқа  жыр-қиссалары  көп.

      – Біз  де  тыңдағанбыз, – деді  Нар  өткендегі  бір  жиында  өңкей  ақын-жыраулардың, арасында  Төныкөк  абыз  да  бар, жыр  айтыстарын  бірнеше  күн  бойы  қатарынан  айыздары  қана, рақаттана  тыңдағандарын  еске  түсіріп.

       – Абыз  атаның  тасқа  шекілген  жыр-дастандарын  енді  ұрпақтары  да  мың  жылдықтар  бойы  оқитын  болады.

       Бөлменің  арғы  басынан:

       – Бауырлар, бері  келіңдерші! – деген  Ердің  даусы  шықты. – Мынаны  қараңдаршы!

       Бұл  үшеуі  Ердің  жанына  жетіп  барды  да, қабырғаға  салынған  көрсетілім  суретке (панорама) ауыздарын  ашып, таң  қала  қарады. Онда  қабырғаны  тұтас  ала  кең  ауқымды  шайқас  көрінісі  бейнеленген  еді. Аттылы,  жаяуы  аралас  қалың  әскер  өз  ара  қызу  қан  төгіс  айқасқа  түскен. Қарсыласып  найзасымен   түйреп  тұрған  орта  тұстағы  ақ  боз  атты, көбе  сауытты  алып  тұлғалы  сардар  ерекше  сұсты  көрінеді. Оның  арғы  тұсындағы  бөрілі  ту  көтерген  жауынгер  де  екінші  қолындағы  алдаспан  қылышымен  шашын  төбесіне  түйген  қарсыласын  бар  екпінмен  шауып  түсер  алдында  тұр.

      – Бұл  боз  Азманымен  тұрған  Күлтегін  аға  ғой, табғаштарды  таптап, жапырып  жатқан.

      – Адамдарының  айқас  үстіндегі  ширыққан  сұрапыл  да  шынайы  кескін-келбеттеріне  қарағанда, суретшінің  хас  шеберлігінде  мін  жоқ.

      – Шарғын  ағаның  салғаны  ғой.

      – Қызығы  сол, – деді  Нар  Биге  қарап. – Өткен  жылы  түрколог  ғалым  Қаржаубай  Сартқожаұлы  да  көк  түркілердің  қорымын  ашып, осындай  кескіндеме  суреттерді  көргенін  айтады. Ол  кісі  кейін  арнайы  әдебиеттерін  қарастырып, еуропалықтардың  көрсетілім  өнерін XVIII-ғасырдың  аяғынан  бастап  игеруге  кіріскендерін  анықтап, көк  түркілердің  бұл  өнерді  VI-VII-ғасырда-ақ  меңгергеніне  куә  болып, таң  қалған  еді. Міне, біз  де  сондай  күйде  тұрмыз.

      Олар  жапсар  қабырғадағы  екінші  көрсетілімді  де  сондай  көңіл  күймен  тамашалады. Мұнда  үш  ту  бедерленіпті. Оның  бірі  оң  қанатты, екіншісі  сол  қанатты, үшіншісі  орталық  Орда  туын  көрсеткені. Ал  оның  алдында  тәу  еткен  түркі  жауынгерлерінің  бейнесі  тірі  адамдай  айқын  көрінеді.

      – Бұл – біздің  ата-бабаларымыздың  ту, байрақты  ерекше  қастерлей  білгенін, жауынгерлік  рухтары  биік  болғанын  байқатады.

      Олар  Бидің  бұл  сөзінің  дұрыстығын  келесі  бөлмеге  өткенде  де  анық  аңғарды. Анығырағы, келесі  бөлмелер  шеберхана  емес, қоймалар  болып  шықты. Өйткені, есік  алдында – әскери  күзетшілері, арнайы  қоймашылары  бар  екен. Қоймашы  құлыптаулы  есікті  ашып, балаларды  ішке  кіргізеді. Бауырлар  үй  төбесіне  дейін  жететін  қатар-қатар  биік  сөрелерден  сауыт-саймандар  мен  қару-жарақтардың  сан  алуан  түрі  мен  мол  қорын  көріп, қайран  қалды. Інел  әр  сөреден  өткен  сайын  қару  түрін, олардың  қасиетін  тізбелеп  айтып  жүр:

       – Мына  қатардағылардың  бәрі  кіреукелі  сауыттар. Дөңгелек  темір  шығыршықтан  тоқылған, кіреукелеп  торлап  жасалған  сауыт. Оның  шынжыр  торы  денеге  батпау  үшін  ішінен  киіз  кебенек* киеді.

       – Ана  тұрғандар  берен, зере, ақ  сауыттар. Олар  асыл  болаттан, алтын, күміс, мыс  сияқты  жылтырауық  шығырларды  үзбелестіру  арқылы  жасалады. Кеуде  тұсындағы  жүректі  қорғап  тұратын  екі  бөлек  табақшаларын  «шарайна»  деп  атайды. Соғылуы  қиын  болғандықтан, өте  қымбат  бағаланады, хан-қағандар  мен  қолбасшылар  киеді.

       – Ал  мына  қатардағылар – көбе  сауыттар. Мұның  да  бірнеше  түрі  болады. Анау  көріп  тұрғандарың  тырнақ  көбесіне  ұқсас  темір, қола, жылқы  тұяғынан  жасалған  қабыршақтарды  қобылап, қатпарлап  тізіп  жейде   тәріздес  етіп  жасайды. Жүректің  тұсын, білекті, тізені, иықты  садақтың  оғынан, қылыштан  қорғау  үшін  жалпақтау  темірден  қобылап  жасалған  түрлері  де  бар. Анау  түкпірде  тақталы, жалаңқат, қаптамалы  сауыттар  өз  алдына  тізулі  тұр...

       – Інел, сөзіңді  бөлейін, – деді  Ер  оның  иығына  қолын  салып. – Бұларды, яғни  сауыттар  мен  дулығаларды, қару-жарақтарды  неге  өстіп  қоймаларға  қойып  тастаған? Әлде  сарбаздар  ел  тыныштығында  үстіндегі  жарақтарын  уақытша  осында  қалдырады  ма?

       – Жоқ, олай  емес. Сардарлар  мен  сарбаздар өздеріне  тиесілі  сауыт-саймандары  мен  қару-жарақтарын  үстеріне  киіп  жүреді  немесе  үйлерінде  сақтайды. Ал  бұл  қоймада  жатқандар – жаңалары. Сарбаз  қатарына  жаңа  қосылғандарға  немесе  сардарлар  мен  сарбаздардың  әр  түрлі  жағдайларда  жарамсыз  болып  қалған  жарақтары  осы  жаңаларына  ауыстырылады.

      – Олардың  кез  келгеніне  беріле  береді  ме?

      – Берілмейді. Біріншіден, шадтар  мен  қолбасшылардың  рұқсатын  алу  керек. Екіншіден, жандарында  әр  жауынгерге  арнайы  үлестірілген  футулары  болуы  керек, – деп, кісесінің  қалтасынан  сына  жазулары  мен  бөрі  бейнесімен оймышталған, бір  шетінде  тесігі  бар қола табақшаны  көрсетті. – Бұл  мөр  таңбалы  белгіні бас қоймашыға көрсетпей,  сарбаз, мейлің  сардар  болсын, ешқандай  зат  не  бұйым  ала  алмайды.

      – Е-е, кәдімгі  куәлік, құжат  сияқты  екен  ғой.

      

      Кебенек* – жауынгерлер  мен  малшылардың  аязда, жауын-шашында  киетін  жұқа  киізден  тігілген  сырт  киімі.

          – Ал  мына  сауыт-саймандар  мен  қару-жарақтарды  қай  жерде  жасайды?

          – Біздің  кентте  ұсталар  мен  ұста  дүкендері, жарақшылар  мен  оқшылар, шеберлер  мен  зергерлер, місікерлер  мен  ісмерлер, үйшілер мен тұрманшылар  көп. Біреулері  сауыт-сайман, қару-жарақ  соқса, енді  біреулері  киіз  үй, телеген  мен  арбалар, ер-тұрман  жасайды. Енді  біреулері  етік, аяқ  киім, тағы  біреулері  әскери  киім, жай  киім  тігумен  шұғылданады. Ар  жаққа  бармай-ақ  қояйық, онда  ат  сауыттар  мен  жыға, дулыға, томағалы  дулыға  сияқты  бас  киімдер  бар. Мен  сендерге  қару-жарақтарды  көрсетейін, – деп  ол  бауырларды  келесі  қатардағы  сөрелерге  апарды.

      – Мына  қатардың  бәрі: семсерлер  мен  палаштар, селебелер  мен  қанжарлар*. Ал  бұл  қатарда – қылыштар  мен  қырқарлар, сапылар  мен  алдаспандар*. Ал  мына  бір  шоғыр  қару –наркескендер. Бұлардың  сабын  сүйектен  немесе  мүйізден  оймыштап  жасап, алтын  немесе  күмістен  әшекей, өрнек  салады, асыл  тастармен  нақыштайды. Хандар  мен  шадтарға, қолбасшылар,  мен  ерекше  көзге  түскен  батырларға, құрметті  қонақтарға  сыйға  тартылатын  дүние, атадан  балаға  ауысатын  бағалы  мұра. Менде  де  әкемнен  қалған, соғдылар  сыйлаған «Нарақпан» деген  наркескен  бар.

      – Кәне, көрейікші, – деп  бауырлар  ілулі  тұрған  наркескендерді  алып,

аударып-төңкеріп, шұқшиып, таң  қалып  қарап  жатыр.

     – Өткір  екен, болаттан  соғылған  ғой?

     – Иә, сапалы, саф  болаттан  соғылған, сабы алтын, күміс, асыл тастармен өрнектелген.

     – Өткенде  византиялық  елшілердің  «қару-жарақ  саудасын  өрістетейік» дегенінде  үлкен  мән  бар  екен  де?

     – Иә, біздің  ұсталар  мен  жарақшылардың  қызыл, ақ, көк  болаттан  соққан  сауыттары  мен  қылыш, семсер, көксерек*,  көк  сүңгі, атпа  найза  сияқты  сапалы  қаруларымызға  жатжұрттықтар  қатты  қызығады. Ондай  қаруларға  жүздеген, мыңдаған  аттың  құнын  төлейді...

      – Ал, мына  шеткі  қатардағылар – шоқпарлар мен күрзілер, сойылдар мен сақпандар, садақтар  мен  жақтар, саржалар, қылшандар  мен  қорамсақтар, олардың  оқтары: сайгез, сауытбұзар, қозыжауырын, ысқырма  жебелер...

      Бауырлар бұл қоймадағы қару-жарақтың молдығы мен сан алуан түрлілігіне қатты қызығып, таңдай қағып, ерекше әсерленіп, әрбір жарақты аударыстырып ұзағынан қараумен болды.

 

Қанжарлар* – ұзында-қысқалы, екі  жүзді  түзу  қарулар.

Алдаспандар* – ұзынды-қысқалы, бір  жүзді  қайқы  қарулар.

Көксерек* – көк  найза.

                                                        ***

      Олар  дәлізге  қайта  шыққанда, жол-жөнекей  Інел  басқа  құжыраларды  да  таныстырып  бара  жатты.

      – Мына  қоймада  азық-түліктер  сақталады.

      – Сонда  қандай  азық-түліктер?

      – Кептірілген, қақталған  еттер, кеппе  нандар  мен  талқандар, құрт, ірімшік, құрғақ  қымыз, құрғақ  сүт  және  тағы  басқалар. Оларды  ұзақ  жорықтар  кезінде   жол-жөнекей  тамақтан, ішіп-жемнен  тарықпау  үшін  жауынгерлерге  мөлшермен  таратып  береді. Ал  мынау  қоймада  киім-кешек, аяқ  киім, ер-тұрман  әбзелдері  сақталады. Анау  келесі  бөлмеде  хабаршылар  мен  жаушылар, лаушылар  мен  есепшілер, салық  қызметкерлері  жайғасқан. Олар  кең-байтақ  қағанатты  байланыспен  қамтамасыз  етеді, хабар-ошар, жарлықтар  таратады, қағанаттың  қай  түкпірінде  қандай  оқыс  оқиғалар, жау  шабуылдары  мен  жорықтарын  ұйымдастырып  отырғанынан  елді  хабардар  етеді, жаушылар  мен  салықшыларды  және  тағы  басқа  адамдарды  апарып-әкеліп, жеткізумен  шұғылданады.

        – Сонда, мәселен, сонау  Қара  теңіз  жағалауында  византиялықтар  қағанатқа  соғыс  жариялап  немесе  шабуылға  шықты  делік. Сол  хабарды  Ордаға  қанша  уақытта  жеткізеді?

        – Екі-үш  күнде.

        – Екі-үш  күнде?! Ол  қалайша  жүзеге  асады? Ара  қашықтық  бірнеше  мыңдаған  шақырымдарды  құрайды  ғой?

        – Екі  арадағы  жүздеген  хабар  мұнаралары  мен  от,  жалау  белгілері  арқылы  хабар  алмасуға  ондай  қашықтықтарың  түк  емес.

       – Қызық  екен!

       – Міне, керемет!

       – Күні  кеше  ғана  мен  айшылық  алыс  жердегі  Марғұлан  ағаның  Ордасына, Суяб  қаласына  лаушылар  арқылы  бірнеше  күннің  ішінде  барып-келіп, Марғұлан  ағаны  осында  жеткіздім  емес  пе.

       – Ғажап! – деп  Ер  бауырларына  қарады, – телефон, ұшақтары  жоқ  заманда  бұл  кереметтің  кереметі  ғой!

       – Шыңғысхан, Бейбарыс  замандарында  да  осындай  әдіс-тәжірибелерді  қолданған  болар?

       – Әбден  мүмкін!

       Олар  осындай  әсерде, сезім  күйде  жүріп, сыртқа  қалай  шыққандарын, ғимараттың  орта  тұсындағы  дәлізге  бастайтын  есік  алдына  қалайша  келіп  қалғандарын  білмей  қалды. Інелдің:

       – Мен  енді  сендерге  өзіміздің  ұғындырғыны  таныстырайын, – дегенде  ғана, бауырлар  естерін  жиды. – Мен  де  осында  оқып  жүрмін. Қараүзген  оқушымын. Ал, кіріңдер.

       Олар  сынып  ішіне  енгенде, тақта  алдында  тұрған  Тоныкөк  абызды  көрді. Бөлме  ішінде  отыз-қырық  шақты  үлкенді-кішілі  балалар  отыр. Олар  едендегі  киіз  үстіне  көлденең  төселген  көрпешелерге  малдас  құрып  жайғасқан. Алдында  ұзынша  келген  аяғы  қысқа  жайпақ  үстелдер. Әр  баланың  тұсында  ұзындығы  бір  жарым  қарыстай  қос  оқтауға  оралған  қағаздар  жатыр – онысы  дәптерлері  болса  керек. Балалар  екі  оқтауды  ашып  қойып, арасындағы  қағазға  қауырсын  қаламмен  бір  сөздерді  жазып, түртіп  отыр. Інел  бауырларды  Тоныкөк  абыздың  алдына  әкелді  де:

      – Тоныкөк  ата, мен  бұл  достарыма «іскерлер  шаһристанын» аралатып, таныстырып  келе  жатыр  едім. Бұл  ісіме  қалай  қарайсыз?

      – Әрине, аралатып  көрсеткенің  дұрыс. Өзің  сабақтан  содан  қалған  екенсің  ғой? – Абыз  ата  оның  жауабын  күтпестен  бауырларға  назар  аударды. – Бауырлар, бұл – біздің  ұғындырғымыз. Ал, мына  отырған  балалар – болашақ  шадтар  мен  бектер, билер  мен  сардарлар, құснихатшылар*  мен  шижаламағыштар*, зергерлер  мен  ұсталар  және  тағы  басқа  маман  иелері. Табғаш  жұртынан  көргенімізді  істеп, ұғындырғы  ашып, кітап  жазып, желкілдеген  ұрпақтарымызды  сауаттандырып  жатырмыз.

      – Дұрыс  екен, ата, – деді  Би  ризалығын  байқатып. – Қағанаттарыңыз  кең-байтақ. Мұндай  орасан  елді  ұстап  тұру  үшін  көп  мамандар  қажет  болады. Ал, жазуларыңыз  қандай, бітік  жазу  ма?

      – Иә, өзіміздің  бітік  жазуымыз. Ал, өздерің  оқи  аласыңдар  ма?

      – Аздап, – деді  үшеуі  қызарып.

      – Ой, бұларың  жарамайды. – Өзі  бор  алып, тақтаға  жаза  бастады. – Мынадай  таңбалардың  мағынасын  ұғып, түсініп  алсаңдар  болды  ғой, кейін  тез  жаттап  меңгеріп  аласыңдар, – деп  тақтаға  бірнеше  таңбаны  түсірді. – Міне, мына  тау  сияқты  өркеш  бейнені             қыр  дейді, төменбағытталған  сызығымен  жерді  көрсетіп  тұрған  мына  таңбаны          йер  дейді, мына  таңбаны     тақ  дейді, төмен  жақты  көрсетіп  тұрған  мына  таңбаны           іш  дейді. Қалған  әріптердің  де  осындай  өз  бітімдеріне  лайықты 

 

Құснихатшылар* – кітап  көшіріп, түктейтін  адамдар.

Шижаламағыштар* – хатшылар.

мағыналары   бар. Соларды  ұғып, түсініп  алсаңдар, бітік  жазуын  тез  меңгеріп  кетесіңдер.

      – Тоныкөк  ата, мен  бұл  қаріптердің  бәрін  достарыма  кейін  үйретемін, – деді  Інел. – Мен  достарыма  басқа  орындарды  да  көрсетпек  едім.

      – Ә, жарайды. Дегенімен, мен  бауырларыңа  түрік  бітік  жазуының  қайдан  пайда  болғанын, олардың  бір  пішінге  қалай  сыйып  кеткені  туралы  қысқа  аңызды  айтып  берейін. Сонда  бұл  жазулар  мен  таңбалардың  мәні  түсініктірек  болады, жарай  ма?

      – Жарайды, айтыңыз, ата.

      – Мен  сендерге  өткенде  Көк  түркілердің  ата-бабалары  туралы  аңыз  айтып  бермеп  пе  едім?

       – Иә, айтқансыз, ата.

       – Бұл  аңыз  соның  жалғасы  сияқты. Көк  түркілердің  ана  басшысы  Қанатты  бөрі  ұрпақтарын  жинап  алып, оларға  бітік  жазудың  барлық  белгі, қаріптерін  таныстырып  шығыпты  да: «Кімде-кім  осы  белгілердің  бәрін  қайдан  пайда  болғанын  жинақтап, бір  ізге  салып  берсе, сол  балам  Білге  деген  атаққа  ие  болып, сол  күннен  бастап  осы  жұрттың, елдің  басшысы, көсемі  болады», – деп, жұмбағының  жауабын  табуға  бірнеше  күнге  мұрсат  береді.

       Күндердің-күнінде  белгіленген  күн  туып, Қанатты  бөрі  ұрпақтарын  тағы  жинайды.

       – Иә, жұмбақтың  шешуін  кім  тапты? – дейді  Ана  бөрі  жан-жағына  қарап.

      Біраз  үнсіздіктен  кейін  тікірейген  қара  шашты, өткір  көзді  Ашина  ортаға  шығып, алақанындағы  кепкен  саз  балшықты  көрсетеді. Оның  бетіне  мынандай  шаршы  таңба  сызылған  еді:

 

 
 

 

                                                                         

 

       Ана  бөрі  қырағы  көзімен  пішін  таңбаны  бір  бағдарлап  өтті  де, риза  кейіппен  Ашина  баласының  арқасынан  қағып,  былай  деді: «Бүгіннен  бастап  Ашина  сендердің  көсемдерің. Ол  менің  барлық  қаріп  таңбаларымды  бір  шаршыға  жинап, бүтін  пішін  етіп  ерекшелендіріп, ақылдылық  танытты. Сонымен  бірге  ол  мәңгілік  Білге  Ашина  деген  атаққа  ие  болды. Ал  менің  барлық  белгілерімді  жинаған  оның  шаршысы  сендердің  ен-таңбаларың  болып  қалады...»

       Иә, бауырлар, жұмбақ-аңыз  қалай  ұнады  ма?

       Ауыздарын  ашып, тамсанып  тұрған  үшеуі  аталарының  сұрағынан  кейін  ғана  селк  етіп  серпілгендей  әсерден  шығып:

       – Иә, ғажап, кермет  екен! – деді  жарыса.

       – Ата, – деді  Нар  қағілездік  танытып. – Сонда  бұл  таңбаға  түркі  бітік  жазуы  қаріптерінің  бәрі  сыйып  кеткен  бе?

       – Иә, бойына  түркі  қаріптерін  түгел  сыйғызған. Оны  кейін  сауаттанғаннан  соң  өздерің  де  анықтап, көз  жеткізетін  боласыңдар.

       – Байқайсыңдар  ма, мына  пішін-белгі  бір  қырынан  қарағанда  зымыранға  ұқсайды  екен.

       – Өзі  көктен, ғарыштан  келген  бітік  жазу  болғаннан  кейін  солай  ұқсауы  керек  қой.

      Тоныкөк  абыздың  алдындағы  кітапқа  көзі  түскен  Ер  өзін  ұстап  тұра  алмай:

      – Ата, алдыңыздағы  қандай  кітап? – деп  сауал  қойған.

      – Е, бұл  кітап  па, өткенде  өздеріңе  айтқан «Түркі  төрі  мен  мәңгі  елінің  Жарғысы»  ғой. Қазір  мен  осы  заң-қағидалары  жөнінде  сабақ  өтіп  жатырмын.

      – Қызық  екен, – деді  Би  елең  етіп. – Біз  осы  «Жарғы»  туралы  да  көп  нәрсе  білгіміз  келеді. Бұрын  түркі  елінде  мұндай «Жарғы» болған  ба  еді, әлде  алғашқысы  ма?

      – «Жарғыны» жазуға  қандай  ой, мақсат  түрткі  болды?  Кімдермен бірігіп  жаздыңыз?

      – Және «Жарғының» жалпы  мазмұнымен  жақсылап  танысып  шықсақ  деп  едік?

      – Ой, балалар, сауалдарың  өте  қызықты  да, терең  сырлы  екен. Әрі  сыр-сипаттылығымен  менің  де  көңіліме  жаққан  жайы  бар, – деді  Тоныкөк  абыз  жылы  жымиып. – Бұл  мазмұнды  сауалдарыңа  мен  атүсті  жауап  бергенді  қалап  тұрған  жоқпын. Бауырлар, егер  келіссеңдер, осы  мәселеге  арнаған  толғамды  әңгімені  бүгінгі  кешке  қалдырсақ. Ал, қазір  мен  мына  сабағымды  ары  қарай  жалғастырайын. Жарайды  ма?

      – Жарайды! – деді  бауырлар  бірауыздан.

      – Ал  енді, бауырлар, рұқсат, «шаһристанды»  аралап, танысыңдар, – деді  Тоныкөк  абыз  мейірлене  жымиып.

     Төртеуі  сыртқа  беттеді.

                                                                 ***

      Інел  келесі  есікті  ашып  еді, бөлменің  кіре  беріс  бетінде  қаз-қатар  жайғасып  кітап  жазып  отырған  бірнеше  адам  мен  домбырада  күй  орындаған  Иолықтегінді  көрді.

      – Бұл  кісілер – құснихатшылар, – деді  Інел  әлгі  адамдарды  көрсетіп.     – Басқа  тілдегі  кітаптарды  түркі  тіліне  аударады, бір  кітапты  бірнеше  кітап  етіп  көшіреді, кітап  түптейді.

      Олар  енді  байқады, бөлменің  екінші  бөлігінде  сөрелерде  тізіліп  сан алуан кітаптар  тұр  екен.

      – О-о, қаншама  кітаптар! – деді  Ер  шыдай  алмай  таңданып.

      – Қызық! – деді  Нар  да  Биге  қарап. – Бұл  кітаптар  біздің  заманымызға  неге  жетпеген?

      – Оның  бірнеше  себебі  бар. Біріншіден, біздің  ата-бабаларымыз  бұл  жерден  ығысып, батыс  өлкелерге  қоныс  аударды. Ал, мұнда  қалған  халық  будда  дінінің  өкілдері  болғандықтан, жат  жұрттың, жат  діннің  кітаптарын  жойып  жіберген  де.

      – Батысқа  ауғандары  кітаптарды  өздерімен  бірге  алып  кетпеді  ме?

      – Алып  кетсе, алып  кеткен  де  болар. Бірақ  онда  да  арабтар  келіп, ислам  дінін  орнатқан  жоқ  па. Олар  да  өздеріне  жат  кітаптарды  түгел  жойып, өз  мәдениеттерін, діндерін  таратқысы  келген.

      – Ал, тағы  бір  себебі, соғыс-шапқыншылықтар  дейсің  ғой?

      – Иә, дұрыс  айтасың. Бүліншіліктен, өрттен  де  жойылды. Тек  бірен-саран  тас  кітаптар  ғана  біздің  заманға  аман  жетті.

      Осы  кезде  Інел  Иоллықтегін  ағасына  жолығып, қайтып  келді  де:

      – Жүріңдер, достар, кітаптарды  көрсетейін, – деп  өзі  бастап  сөрелерге  қарай  аяңдады. Олар  сөрелерге  жақындасымен  текшелердегі  жиналған  кітаптарды  аударыстырып  қарай  бастады. Кәдімгі  өздеріне  таныс  түптелген  кітаптар  аз  екен. Есесіне  әлгінде  мектепте  көргендей  оқтауларға  оралған  қолжазбалар  молынан  болып  шықты. Үшеуі  қолжазбаларды  аударыстырып  көріп, тістері  батпайтын  болған  соң  Інелден:

     – Бұл  қандай  кітап?

     – Мынаның  аты  не? – деп  сұрап  жатты.

     – Е, ол «Сәуегейлік  кітабы» ғой, ал  бұл «Жұлдызнама, мүшел  жылдар» кітабы, «Ғұн, түрік  шежірелері», «Түрік-табғаш  сөздігі», – деп  жауап  беріп  келді  де, кейін  өзінің  оқығандығын  байқатпақ  болды  ма, сұратпай-ақ  заулай  жөнелді. – Мыналар: «Алып  Ер  Тоңға», «Зарина», «Тұмар», «Шырақ  батыр» атты  ежелгі  заман  сақтарының  қаһармандық  дастандары. Ал, бұлар: «Еділ  батыр», «Оғыз  қаған», «Көк  бөрі», «Ергенеқон» – ғұндық  дәуір  дастандары. Мына  тұрғандар: Қорқыт, Көрұғлы, Тоныкөк, Иоллықтегін  ағалардың  жыр  кітаптары... – деп  судыратып  келе  жатыр  еді, оның  сөзін  Иоллықтегіннің  қауқылдаған  даусы  бұзып  жіберді:

       – О-о, Ізгілік  Шор, қош  келдің! Сені  де  көретін  күн  бар екен  ғой! Кел, кел, жайғас  мұнда, – дегені  сол  еді, Інел  де:

       – Ой, Ізгілік  аға! – деп  қуанып, бауырларды  жетелей  жөнелді. – Жүріңдер, кітаптарды  кейін  тағы  таныстыра  жатармын. Ал  қазір  қолға  оңайлықпен  түсе  бермейтін  өнерпаз  кісі – Ізгілік  ағаның  ән-жырларын, күйлерін  тыңдайық, – деп  бауырларды  ерте  жөнелді. Ол  да  ағасымен  қауқылдай  амандасып, артынша  бауырларды  таныстырды. Одан  кейін  ағасын  таныстыруға  келгенде, тағы  шабыттанды:

        – Ізгілік  аға – бұл  атырапқа  аты  әйгілі  сазгер, жыршы, әнші, қысқасын  айтқанда  сегіз  қырлы  өнерпаз. Мына  тұрған  саз  аспаптарының  бәрінің  құлағында  ойнайды! – деп, қабырғаға  ілінген: дауылпаз, қобыз, сырнай, сыбызғы, даңғара, жетіген  және  тағы  басқа  көзге  таңсық  аспаптарды  нұсқап  көрсетті.

      – Е-хе-хе-хе! – деп  аңқылдай  күлді  Ізгілік  Шор. – Інел  бауырымның  асыра  мақтағанының  есесін  қалай  өтесем  екен? Кәне, не  орындайын, айтыңдар? – деп  домбырасын  қолына  алды.

      – Алдымен  өз  күйлеріңізден  бастаңыз.

      Біршама  кідірістен  кейін  бөлме  ішін  домбыраның  әуезді  қоңыр  үні  кернеп  бара  жатты...

                                                               ***

       Ел  жайлауға  көшіп, шөп  басы  толысып, ақ, қымыз  молайған  мамыр  айының  ортасы. Орхон  өзенінің  жазық  жағалауына  жүздеген  киіз  үй  мен  шатырлар  тұрғызылған. Осы  жазғы  ауылдың  орта  тұсындағы  ақ  торғын  жібектен  кең  де  еңселі  етіп  көтерілген  асырдың  алдындағы  алаңға  түркі  ұлыстары  мен  тайпаларының  бетке  шығарлары  түгел  жиналған. Асыр  тұсындағы  биіктеу  жозыға  Тоныкөк  бастаған  абыз  ақсақалдар  мен  ел  билеген  шадтар, бектер  мен  билер, қолбасшылар  жайғасқан. Алқақотан  отырған  көпшілік  жұрттың  арасында  ою-өрнекті  жеңсіз  киген  жігіттер  зембілмен  жаңа  піскен  ет, қымыз  тасып  аяқтары  жерге  тимей  лыпылдап  жүр. Тағы  біреулері  мырзалардың  алдындағы  еттерді  турап, кеселерге  қымыз  құйып, қызметтерін  ептілікпен  атқарады. Елдің  алдына  ас, тағамдар  тартылып  болғаны  сол  еді, Тоныкөктің  жанындағы  дінбасы  абыз  орнынан  тұрып, аспанға  қарата  қол  жайды. Қалған  жұрт  та  тастан  биік  етіп  қашалып  жасалған  қос  мүсінге  қарап  қол  созды. Інелдің  жанында  отырған  Ер, Би, Нар  да  жұрттың  істегенін  қайталап  тұрған.

      – Бұл  кімдердің  бейнесі? – деді  Ер  Інелге  қарап.

      – Көк  Тәңірі  мен  Ұмай-Ана  бейнелері  ғой, – деді  Інел  сыбырлап. – Біз  жыл  сайын  осындай  мезгілде  осы  жерге  жиылып, елімізге  молшылық  пен  құт-береке  сыйлағаны  үшін, алдағы  күндеріміздің  де  берекелі  болуы  үшін  Көк  Тәңіріне  сыйынып, құдайы  шаламыз.

      Ол  айтып  болғаны  сол, дінбасы  абыз  қарлығыңқы  даусымен  салауат  оқуын  бастап  кетті:

                           Е, Тәңірім, бізге  төбемізден  қалқан  бол,        

                           Еділ  жерім  мәңгілік  шалқар  бол.

                           Е, Тәңірім, онда, оң  жолыңа  баста!

                           Жарылқасаң  өзіңнен  кім  бар  басқа!

                           Жаз  жайлауын  жаусыз  ет,

                           Қыс  қыстауын  қарсыз  ет,

                           Дүниеде  мұңсыз  ет.

                           Толғатқанын  ұлды  ет,

                           Тамызғанын  май  ет!

                           О, Тәңірім, медет  ет!

                           Құрбан  шалдық  жолыңа,

                           Қабыл  ет, қабыл  ет!

    Басқа  жұрт  та  оны  қостап  қуаттай  жөнелді:

                           О, Тәңірім, қолдай  гөр,

                           Бар  жақсыңды  жолдай  гөр!

                           Түркі  халқының  мерейін

                           Биіктетіп,

                           Жау-дұшпаннан  қорғай  гөр!

                           Мың  тағзым  саған, Тәңірі!

                           Мың  тағзым, Ұмай-Ана!

                          Жер-суымды  жұмаққа  бөлеп,

                          Нұр  себетін  сен  ғана.

                          О, Тәңірім, қолдай  гөр,

                          Бар  жақсыңды  жолдай  гөр! –

деп, бәрі  үш  қайтара  тағзым  етіп, салауат  айтты.

       Ет  желініп, қымыз  ішілгеннен  кейін, әлгіндегі  бауыршы*, сабадар* жігіттер  келді  де, жұрттың  алдындағы  ас-тақтайдағы  сүйек-саяқтарды  жинап  алып  кетті. Оларды  өзен  жағасындағы  құрбандық  ұстынына  апарып, лаулап  жанып  жатқан  отқа  «шыж-быж» еткізіп  аударды. Бұл  да  құрбандық  шалудың, Тәңіріге  тие  берсін  жоралғысының  басты  мезіреті  еді.

 

      Бауыршы* – ас-су, дастарқан  жайын  басқаратын  адам.

      Сабадар* – қымыз  жайын  басқаратын  адам.

 

          Жұрт  онымен  де  шектеліп  қалмай, кезегімен  келіп, әлгі  Тәңірдің  алып  мүісіні  мен  Ұмай-Ана  бейнесіне  қолдарын, маңдайын  тигізіп, тілек  тілеп, тәу  етіп  жатты. Шеткері  тұстағы  әйелдер  мен  аналар  да  қарап  қалмай, жағалаудағы  діңі  биік, бұтақтары  көп  ағаштарға  ақтық  байлап, қолдарын  жайып, аспан  рухына  сыйынумен  болды.

      Кенет  Күлтегін  батырға  тән  зор  даусымен  жұрттың  назарын  өзіне  аударды:

      – Уа, иелігімдегі  халқым! Оңымдағы  шад, апыт  бектер, солымдағы  тархат  бектер, отыз-татар, тоғыз-оғыз  бектері, сөзімді  түгел  естіңдер!

      Аспанда  көк  Тәңірі, төменде  қара  жер  жаралғанда, екеуінің  арасында  адам  баласы, Көк  түркі  жаралыпты. Бір  кездері  ел  басына  күн  туып, түрік  халқы  жойылып  бара  жатты. Сол  кезде  жоғарыда  Көк  Тәңірі, Түркінің  киелі  Жері, Суы  былай  депті: Түркі  халқы  жойылмасын, мәңгілік  ел  болсын  деп, әкем  Елтеріс  қағанды, төр иесі  Тоныкөк  ағамды, анам  Елбілге  қатунды  Тәңірі  төбесіне  тұтып, жоғары  көтеріпті.

     Төрт  тараптағы  халықты  көп  алған, бәрін  берекелі, бейбіт  еткен. Менің  әкем  қаған  осыншалық  істерді  тындырып  болған  соң, ит  жылы  оныншы  айдың  жиырма  алтысында  қайтыс  болып, доңыз  жылы  бесінші  айдың  жиырма  жетісінде  жерленді.

      Орнына  ағам  Қапаған  қаған  отырды. Ол  да  бөрілі  байрақты  еңкейтпеді. Елге  ел, байлыққа  байлық  қосты. Түркі  елі  мәңгі, бақуатты  болсын  деп  аттан  түспей  күресіп  жүріп  Қапаған  ағам  да  жау  қолынан  опат  болды. Олардың  қасиетті  рухын  тәңірім  бақилық  етсін.

      Ал, енді  халқым, қара  жұртым, осындай  Тәңірге  тағзым  еткен  қасиетті  күні, ұлы  жиында  қағанаттың  қара  шаңырағын  қайта  тіктейік. Қағансыз  қалған, иесіз қалған  таққа  заңды  мұрагерін  отырғызайық. Мұрагеріне  лайықты  адам  бар  ма, алдымен  соны  шешейік, – дегені  сол  еді, жұрт  жан-жақтан  жапырлай  дауыстады:

      – Бар  мұрагер, Марғұлан  шад  бар!

      – Марғұлан  аға  лайықты!

      – Заңды  мұрагері  ол!.. – деп  қалың  ел  дүрлігіп, бір  дауыспен  қолдап  жатты.

      – Лайықты  адамды  дұрыс  таптыңдар, халқым, – деді  Тоныкөк  абыз  ақсақалдық  сөзін  айтып. – Ежелден  келе  жатқан  ата-салтымыз  бойынша, сонау  Көк  түркілердің  алғашқы  төр  иелері  Бумын, Істеми, Мұқан  қағандардың  жарғысы  бойынша, аға  тағына  лайықты  інілерінің  бірі  мұрагер. Тәңірі  қолдаған  бұл  заңды  ешбір  жан, ешқандай  сырт  күш  бұза  алмайды.

      Ал, қара  жұртым, бүгіннен  бастап  Марғұлан  інім  Білге  қаған  болсын! Көк  Тәңірдің  жердегі  тірегі, мәңгі  түркі  елінің, төрінің  жүрегі, мықты  білегі  болсын!..

      Қане, ақ  киізді  әкеліңдер, Білге  қағанды  биікке, билікке  көтеріңдер!..

      Бір  шетте  дайын  тұрған  төрт  нөкер – ел  ағалары  ақ  киізді  төрт  бұрышынан  ұстап  әкеліп, жозының  үстіне  жайып  қойып  еді, екі  адам  Марғұлан  шадты  қолтықтап  әкеп, киіздің  ортасына  малдасынан  отырғызды.

      Ел  ағалары – би, ақсақалдар  мен  шадтар, қолбасшылар  мен  бектер  шығып  сөз  сөйлеп, тақ  үміткерінің  жақсы  жақтарын  мақтап, кемшіліктеріне  сын-пікірлерін  айтып, тілек, лебіздерін  жеткізіп  жатты. Тақ  мұрагері  оларды  мақұлдап  тыңдаумен  болды.

      Содан  кейін  әлгі  төрт  нөкер  мұрагер  отырған  киізді  иықтарынан  асыра  жоғары  көтеріп, жұрт  алдына  әкелді  де, күннің  қозғалыс  бағытымен  айнала  жүрді. Осылайша  тоғыз  рет  айналыс  жасады. Әр  айналған  сайын  қаумалаған  жұрт  тағзым  етіп, бағыныштылық  рәсімін  көрсетті. Үміткердің  әйелі  мен  туыстары  алтын-күміс  теңгелерден  шашу  шашса, қаумалаған  жұрт  жапа-тармағай  теңгелерді  теріп  әлек.

      Айналыс  тоқтағаны  сол  еді, ел  ағалары  келіп, оның  үстіндегі  сыртқы  киімдерін – қалпағы  мен  белдігін, шапаны  мен  шекпенін, шалбары  мен  етігін  шешіп  алды. Ал  шапан  мен  шекпенді сол  арада  «дар» еткізіп  айырып,   қалың  жұрт  пышақ  үстінен  жапырақтап  бөлісіп  алып  жатты.

      Інел  мен  Ер, Би, Нар  да  жұрттан  қалыспай  шашу  теріп, жыртыс  алуға  ұмтылды. Таласқа  түскен, сапырылысқан  жұрттың  арасынан  Бидің  қолына  шапанның  бір  жапырағы  тиіп  еді, ол  жыртысты  Інелдің  алақанына  салып:

      – Бұл  тәбәрік  саған  да  жұғысты  болсын! – деді.

      – Айтсын! – деді  Інел  көңілденіп. – Дегенімен  мен  де  Марғұлан  ағадай  лайықты  адам  болуым  керек  қой.

      – Сондай  атпал  азамат  болатыныңа  біз  қазірден  сенімдіміз.

      Осы  тұста  бір  ерекше  жағдай  болды.  Жыртыс  алып  жарылқап,  «гу-гулескен»  жұрт  басыла  бергені  сол  еді,  Тоныкөк  абыз  орнынан  тұрып,  қолын  көтерді:

      –Ағай-ын!  Тынышталыңдар!  Маған  назар  салыңдар! – деді  әуезді  де  салмақты  үнмен. – Міне,  менің  қолымда  Көк  түркілердің  қасиетті  де  қастерлі  кітабы  – «Түркі  төрі  мен  мәңгі  елінің  Жарғысы».  Мен  бұл  кітапты  қазір  таққа  отырған  Білге  қағанға  өз  қолыммен  табыс  етемін.  Білге  қаған  бұл  қасиетті  кітапты  қолына  алып,  ант  етіп, Түркі  мәңгі  елін  кітапта  жазылған  заң-жарғылардың  бір  сөзінен  ауытқымай  әділ  жолмен  басқаруы  тиіс.  Сонда  ғана  біз   Мәңгі  елге  айналамыз! – деді  де,  бұзау  терісімен  қапталған  қалың  мұқабалы  кітапты  қос  қолымен  ұстап,  асықпай  жүріп  барып,  тақта  отырған  Білге  қағанға  табыс  етті.

     Білге  қаған  кітапты  қос  қолымен  ұстап  тұрып,  елге  назар  салған  күйі  тебіренісін  жасыра  алмай  былай  деді:

      –Мен  Көк  түркі  елін  бүгіннен  бастап  өле-өлгенше  осы  қасиетті  «Түркі  төрі  мен  мәңгі  елі  Жарғысындағы»  заң-жарғылардың  бір  сөзінен  де  ауытқымай  әділ  басқаруға  ант  етемін!.. – деп,  кітаптың  мұқабасын  өбіп,  маңдайына  үш  рет  тигізіп  тәу  етті.

      Қаған  сайлауда  бұрын-соңды  болмаған  осы  тосын  жай  қалың  елге  қатты  әсер  етсе  керек.  Олар  бір  ауыздан:  «О,  Тәңірім,  жарылқай  гөр!  Осы  ой-тілегімізді  қабыл  қыла  гөр! – деп,  Көкке  қолдарын  жайып,  сиына  жөнелді.             

      Бұл  рәсім  аяқталғаннан  кейін  Білге  қағанның  үстіне  алтын  зерлі  жібек  шапан, оюлы  шалбар, оқалы  етік, басына  мұрақ   кигізіп, қолтықтап  апарып,  алтын  зерлі, ою  жабулы, ер-тұрманды  арғымақ  атқа  мінгізіп  жатты.

     Дүбірлі  тойды  арқалы  жырау  Иоллықтегін  бастап  берді:

                           Ей, қағаным, саған  ұзақ  өмір  болғай,

                           Ей, қағаным, тұтқан  жолың  түзу  болғай!

                           Көктен  Тәңірі  түсімде  берді  аян  маған,

                           Байтақ  жерін  ұрпағыңа  бергіз  деп  саған...                       

                             

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

     «Ол (Әл-Фараби – К.О.) – аса  ірі  мұсылман       

                 фәлсафашыларының  бірі. Олардың  ешқайсысы  да                                 

                 оның  деңгейіне  жеткен  жоқ. Әбу  әли  ибн  Сина  да                                                                                

                  (980-1037) өзінің  шығармаларын  жазу  үстінде оның                                                  

                   еңбектерін  пайдаланып, сол  арқылы  мәшһүрлікке  қол                                

                   жеткенін  еске  алады».

                  Ибн Халликан, «Китаб  уафайат  әл ағайан...»

 

                                 «Түріктің  кім кеміткен  музыкасын,

                                 Фараби  тоғыз  шекті  домбырасын.

                                 Шерткенде тоқсан тоғыз түрлендіріп,

                                 Жұбанып, кім тыймаған  көздің жасын?!»                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                     

                                                                М. Жұмабаев.      

 

                                Әл-Фарабиден  жеткен  қоңыр  саз

 

      Нар  саябаққа  кірген  бойда  өздерінің  үйреншікті  жерлері – «Ерлік алаңына» қарай  аяңдап, Қадыр Мырза Әлидің  мына  өлеңін  мәнерлеп  оқи  жөнелді:

                        Екі  ішектің  бірін  қатты, бірін  сәл-сәл  кем  бұра,

                        Қазақ – нағыз  қазақ  емес,

                        Нағыз  қазақ – Домбыра!

                        Білгің  келсе  біздің  жайды,

                                   содан  сұра  тек  қана:

                        Одан  асқан  жоқ  шежіре,

                                   одан  асқан  жоқ  дана.

                  Ақиқатты  айтқандардың  бәрі

                                       осылай  сорласын

                        Деп  бір  қаһан  шанағына

                                   құйған  оның  қорғасын.

                        Жалған  сөйлеп  көрген  емес

                                    бірақ  соның  өзінде:

                        Аппақ  жалын  күйдің  жанын

                                   жалап  жатқан  кезінде.

                        Екі  ішектің  бірін  қатты, бірін

                                 сәл-сәл  кем бұра.

                        Қазақ – нағыз  қазақ  емес,

                        Нағыз  қазақ – Домбыра! –

 деп  өлеңін  екпіндетіп  аяқтаған  күйі  келді  де, ұзынша орындыққа  жайғасқан  екі  бауырының  арасындағы  ашық  тұсқа «жалп» етіп  отыра  кетті.

       – Ой, өзіңнің    көңіл  күйің  жақсы  ғой? – деді  Би  оған  бұрыла  қарап. – Көңілді  болсаң  айтшы, осы  өлеңде  қандай   аңыздың  түйіні  бар?

       – «Ақсақ  құлан» туралы  аңыздың! – деді  Нар  сол  көтеріңкі  күйінен  танбай. – Бірде  әлемді  билеген  Шыңғысхан  елге  мынандай  жарлық  таратқан  екен: «Кімде-кім  ұлымның  өлімін  естіртетін  болса, соның  көмейіне  қайнап  тұрған  қорғасын  құямын!» – деп.

       Күндердің  күнінде  үлкен  баласы  Жошы  хан  Бетпақдалада  аң  аулап  жүріп, үйірін  қорғаған  құланның  тепкісіне  түсіп, мертігіп  қайтыс  болыпты. Оның  өлімін  қаһанға  естіртейін  десе, әлгі  жарлығынан  сескеніп, алдына  ешкім  бара  алмапты. Естіртпесе  тағы  болмайды. Ел  осылай  не  істерін  білмей  дал  болып  тұрғанда, Кетбұға  деген  күйші  ортаға  шығып: «Мен  барайын!» депті. Ел  оның  ханға  емес, тіке  өлімге  бара  жатқанын  біліп, үндей  алмапты. Бір  шешімге  келген  Кетбұға  абыз  алдын  бөгемек  болған  жақын  дос-жарандарын   сабырға  шақырып, Ақ  Ордаға  қарай  батыл  аяңдапты. Ордаға  кірген  күйші  қаһанмен  амандасып, аман-саулық  сұрасқаннан  кейін  басқадай  «ләм» деп  тіл  қатпапты. Шыңғысханның  нұсқаған  орындығына  отырып  жайғасқан  соң, домбырасын  алдына  алып, аз-маз  құлағын  бұрап  күйге  келтіреді  де, бұрын  ешкім  естімеген  бір  күйді  ағыта  жөнеледі. Қасиетті  күй  тілі  Жошы  ханның  құла  дүз  –сахараға  жолға  шыққанын,  тұяқтарымен  жер тарпыған  құлан  үйіріне  кез  болғанын, олардың  шабысын, аңшылардың  қуғынына  түскенін  саз  ырғағымен  дәл  жеткізіп, баяндай  жөнелгенде,  сұңғыла  Шыңғысхан  да  күй  тілін  айнытпай  ұғып, елтіп, ұйып  тыңдайды. Саһараны  дүрсілдетіп, екпіндетіп  қашып  бара  жатқан  құланның  бірі  кенет  тоқтай  қалып, екі аяғын  көтере  жоғары  шапшып, ышқына  кісінегенін, содан  кейін  тістерін қарш-қарш  шайнап, қуғыншылардың  өзіне  қарсы  шапқанын  саз ырғағымен  шебер  суреттейді.  Күй  қағысы  кенет  күрт  өзгеріп, қатты  соқтығысты  көз  алдына  елестеткендей  өршелене  тақылдап, «Жошы  құлады» дегендей  еңіреген  үнді  қайталай  береді. Күйдің  одан  кейінгі  бет  алысы  тіптен  жүйке  шымырлатады: «Балаң  өлді, ай  ханым, балаң  өлді, ай  ханым» деп, ұлының  өлімін  естірткендей  бебеулей  жөнеледі. Көзінен  жасы  аға  күрсіне  жұтынған  қаһан  орнынан  атып  тұрады:

      – Тоқтат  күйіңді! – дейді  ол  қаһарлана  ақырып. – «Жошы  өлді» деп  тұрсың  ба?! – дейді  сұстана  қарап. Күйші  өткір  сұстан  көзін  тайдырып  әкетпей, оның  сөзін  растағандай  сазарып  тұрып  алды. Шыңғысхан  сол  алқынған  күйі  нөкеріне  қарап:

      – Мынаның  көмейіне  қорғасынды  қайнатып  құй! – дейді  сұқ  саусағымен  Кетбұғаны  көрсетіп. Жендет  лаулап  жанған  отқа  ұзын қышқашын  сұғып, қара  күйелеш  қалбыр  ыдысты  суырып  алады. Ішіндегі қызыл  шоғын  көрсете,  асықпай  әкеле  жатқанда: 

       – Дат, тақсыр! – дейді  күйші  сонда  ғана  тілге  келіп. – Жошының  өлімін  мен  емес, мына  домбыра  жеткізді  ғой, – деп, домбырасын  көрсетеді.

      Қаһан  сонда  ғана  ақылына  келіп, қолымен  жендетін  тоқтатып:

      – Қорғасыныңды  мына  домбыраның  шанағына  құй! – деп, саусағымен домбыраны  нұсқап,  шындықты  мойындағандай   әмірін  өзгертеді.

      Міне, домбыраның  шанағы  тесік  болатыны  содан  қалыпты.

       – Қандай  күшті  аңыз! – деді  Ер  әңгіме  ауанынан  шыға  алмаған  күйі. – Бұл – күй  құдіретін  ұғындыратын  әйгілі  «Ақсақ  құлан»   ғой!

       – Иә, бұл – домбыраның  да  құдіретін  танытатын  аңыз!

       – Оның  кұдіретін  көрнекті  ақын  Ілияс  Жансүгіров  атамыз  жыр  тілімен  былай  жеткізеді, – деді  Ер  көзін  жұмып: 

                                             Домбыра, сенде  мін  бар  ма?                                 

                                             Мінсіз  болсаң – тіл  бар  ма?

                                             Тіл  жоқ  деуге  бола  ма,                                                            

                                             Тілден  анық  үн  барда?

                                             Домбыраның  күші  мол

                                             Көмейінде  күй  барда.

       – Айтқандай, – деді  Нар  екеуіне  кезек  қарап. – Менің  сендерге  айтайын  деп  келген  жаңалығым  да  осы  домбыраға  байланысты. «Жас  қазақ» газетіне  берген  сұқбатында  түркітанушы  ғалым  Қаржаубай  Сартқожаұлы  домбыраның  ең  көне  түрін  көргенін  мәлімдеді. Түркі  халықтарының  қасиетті  қонысы  болған  Алтай  жотасындағы  бір  үңгірден  ежелгі  заманда  жасалған  домбыра  табылыпты. Түр-келбеті  кәдімгі  біздің  екі  шекті  домбырадан  айнымайды  екен. Аспаптың  мойнында  бір  жол  түркі  бітік  жазуы  бар  дейді. Сол  жазу  үлгісінің  көнелігіне  қарап, домбыраның  бесінші  ғасырда  жасалғанын  анықтапты.

       – Осыдан  он  алты  ғасыр  бұрын  жасалған  болса, шынымен-ақ  көне  екен. Жазуын  оқып  па?

      – Иә, оқыған. Онда: «zupar  küü  cöre  sebıt  ıdmıs» деп  жазылған, яғни «жұпар  күй  әуені  бізді  сүйіспеншілікке  бөлейді» делінген.   

      – Шынымен-ақ  біздің  түркі  ата-бабаларымыздан  қалған  саз  аспабы  екен.

      – Бұл  пікірдің  шыңдығын  орыстың  академик  ғалымы  Виноградов  та  растайды, – деп  Би  сөмкесінен  бір  жазба  дәптерді  суырып  алып, керекті  бетін  ашып  оқи  жөнелді: «Археологиялық  олжалардың (қабырғадағы  сурет, күйдірілген  саз – терракота) ішінде  кем  дегенде  осыдан  екі  мың  жыл  бұрын  тұтынылған  қос  ішекті  аспаптың  бейнесі  айрықша  назар  аударады... Бұған  бүгінгі  күнге  ең  тектес, ең  жақын  аспап  ретінде   қазақтың  домбырасы  мен  қырғыздың  қомузын  жатқызуға  болады», – деп  жазыпты  ғалым. Одан  әрі  В.В. Виноградов  ыспалы  аспаптардың  отаны  да  Орта  Азия  екенін, қазақтың  қобызы  осы  күнгі  виолончельдердің, скрипкалардың, альттардың  арғы  атасы  екенін  айтады.

      – Иә, бұл  онсыз  да  белгілі  жайт  қой, – деді  Ер  қызуланып. – Тоғызыншы  ғасырда  Сыр  бойында  өмір  сүрген  Қорқыт  бабамыз  емес  пе  қобызды  ойлап  тапқан. Тіпті  оның  «Қорқыт», «Аққу», «Тарғыл  тана», «Қоңыр», «Әупбай» дегендей  қобыз  күйлері  де  жетті  біздің  заманымызға.

       – Күй  өнерін  ғұмыр  бойы  зерттеген  филолог, этнограф  ғалым  Ақселеу  Сейдімбек «Күй  шежіресі» атты  зерттеу  кітабында  «Халқымыздың  6000 күйі  мұра  болып  жетті» деп  еді, сол  даусыз  шындық  қой.

        – Сен  оны  айтасың, өткен  ғасырдың  жиырмасыншы-отызыншы  жылдары  музыказерттеуші  А. Затаевич  қазақтың  1000 әні  мен  500 ән мен  күйін  бірінен  соң  бірін  жинақ  етіп  шығарғанда*, француздың  әйгілі  жазушысы  Ромен  Роллан: «Бұл – музыкалық  фольклор  жинаудағы  дүниежүзілік  рекорд», – деп  қайран  қалған  жоқ  па.

       – Онда  күні  кеше  үлкен  кітап  болып  шыққан  «Қазақтың  дәстүрлі  1000 күйі» антологиясы* мен  сегіз  томдық  «Қазақ  музыкасының» антологиясы*  да  рекордқа  кіруі  тиіс  қой.

      – Біздің  халық  музыка  өнерінен  онсыз  да  бірнеше  рекорд  жасаған. Күні  кеше  қытайдағы  қазақтар  15000  адам  бірден «Қара  жорға» биін  билеп – бір  рет, 10000  адам  «Кеңес» күйін  бір  уақытта  домбырамен  шертіп,  екінші  рет  Гиннесс  рекордтар  кітабына  жазылды  емес  пе.

      – Иә, ондай  рекордтар  біздің  елімізде  де  қайталанды  ғой. Әйгілі  фольклортанушы  Г.Н.Потаниннің  «Қазақтың  тұтас  даласы  ән  салып  тұрғандай  сезіледі» дегені  бекер  болмаса  керек.

 

  * «Қазақтың  дәстүрлі  1000  күйі» антологиясы, 2011ж.

*«Қазақ  музыкасы»  антологиясы, I-VIII-том, 2004-2009 жылдары  жарық  көрген.

  А. Затаевич* «Қазақ  халқының  1000 әні», 1925ж.                                                                          

                         «Қазақ  халқының  500 ән-күйі», 1931ж.  

      – Оның  да  мынандай  негізі  бар. Ел  ішіндегі  қариялар  ерте  заманда  жердің  үстімен  әннің  ұшқанын  және  ол  төмен  ұшқан  жерлерде  адамдардың  ән  салып  үйренгенін  айтады. Сонда  ән  қазақтың  шеті-шегі  жоқ  даласының  үстінен  жерге  ең  жақын  ұшыпты. Міне, сондықтан  қазақтар  әлемдегі  ең  бірінші  әншілерге  айналған  екен.

       – Ән  салғаны  былай  тұрсын, музыка  теориясын  ең  алғашқылардың  бірі  болып  тереңдей  зерттеп «Музыканың  ұлы  кітабы» атты  көлемді  еңбек  қалдырған  да  тоғызыншы  ғасырда  өмір  кешкен  отырарлық  бабамыз  әл-Фараби  емес  пе.

       – Бұл  кітапты  еуропалық  ғалымдар  бүгінге  дейін  жоғары  бағалайды,                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                        – деді  Би  өзінің  жанында  үнемі  алып  жүретін  «киіз  кітабын» ақтарып  жатып. – Міне, француздың  көрнекті  музыка  зерттеушісі, «Музыканың  ұлы  кітабын» (Китаб әл-мусики әл-Кабир) 1930-35 жылдары  француз  тіліне  аударған  Р. Эрланже  былай  депті: «...Фарабидің  бұл  салада  кейіннен  араб  тілінде  жазған  авторлардан  артықшылығы  жер  мен  көктей». Ал  ағылшынның  қазіргі  үлкен  бір  музыка  зерттеушісі  Г. Фармер «Музыканың  ұлы  кітабы» Фарабиді  орта  ғасырлардағы  музыка  жөнінде  жазған  ең  үлкен  автор  болды  деген  пікірімізді  дәлелдеп  отыр» деп, оны  толықтыра  түседі.

       – Бұл  кітап  қазақ  тіліне  аударылған  ба?

       – Аударылған  жоқ, – деді  Нар  музыка  үйірмесіне  қатысып  жүргенін  байқатып. – Содан  кейін  ғой  біз  еуропалықтардың  шайнап  бергенін  оқып, музыканы  да  сол  еуропалықтарша  тартып, шертіп  ойнаймыз.

       – Ендеше  біз  әл-Фараби  бабамызды  Отанына, яғни  туған  жері  Отырарға  қайтарайық  та! – деді  Ер  жаңалық  ашқандай  еліріп.

       – «Қайтарайық» дегеніңді  қалай  түсінеміз?! – деді  Би  таңданып. – Әлгі  еңбектерді  қазақ  тіліне  аударайық  дейсің  бе?

       – Жоқ, мен  оны  айтпаймын. Бізге   жеткен  бір  аңызда  бабамыз  туып өскен  қасиетті  Отырар  топырағының  бір  шөкімін  өмір  бойы  тұмар  етіп ұстап, отанына  деген  сағынышын   сонымен  басқан  екен  дейді. Егер  біз бабамызды  тірі  кезінде  елге  оралуына  мүмкіндік  туғызсақ, біріншіден, сол  уайымын  кетіріп, туған  елімен  қауышуына  көмектесер едік. Екіншіден,  ғылыми  еңбектерін  өз  отанында  жазуына  жағдай  жасар  едік. Ал, үшіншіден, ең  бастысы  да  сол, еліне  қайтқан  бабамыздың  еңбектері  де  қазақ  тіліне  тезірек  аударылып, ғылыми  айналысқа  да  жылдам  түскен  болар  еді. Осы ойыма  қалай  қарайсыңдар?

      – Бұл  табылған  ақыл!

      – Дұрыс  қараймыз! – деді  бауырлары  қуанып.

 

                                                           ***

      Олар  «Кеңістік  сағатының»  көмегімен  945 жылғы  ортағасырлық  Халаб  қаласының   тар  көшелерінің  бірінен  шыға  келді.

      Қаланың  ыстық, қапырық  көшесінде  жұрт  сирек. Көше  қиылыстарынан  оқта-текте  бастарына  шалма  ораған, ұзын  етек  ақ  жейде, дамбалды  ер  кісілер  мен  пәренжілі  әйелдер  шыға  келгенімен, балаларға  жетпей  көлденең  тар  көшелердің  біріне  кіріп, қайта  жоқ  болады. Сөйтіп, адамдармен  кездесе  алмай  дал  болып  тұрғанда, есек  арбалы  бір  кісі  жандарынан  өте  берген. Нар  атының  жүгенін  Ерге  ұстатты  да, өзі  жүгіріп  алдынан  шығып, әлгіні  тоқтатты.

      – Бізге  әл-Фараби  деген  ғалым  керек еді. Оны  қайдан  табамыз? – деді  арнайы  мектептен  оқыған  арабшасымен  ежіктеп.   

      – Әл-Фараби?! – деп  қайта  сұрады  арбакеш  есегін  тоқтатып.

      – Иә, әл-Фараби.

      – Онда  соңымнан  еріңдер, – деп  ол  есегін  қайта  тепеңдетті.

      – Бауырлар, жүріңдер, мына  кісінің  соңынан  ерейік, – деп  Нар  арбакешті  көрсетті.

      Олар  енді  аңғарды, шұңғыл  арбаның  іші  толған  кітап  екен. Есектің  жүрісіне  сай  аттарын  жайлап  аяңдата  отырып, арбаның  соңынан  ілесті.

      Арбакеш  көк  күмбезді  мешіттің  жанындағы  үлкен  бір  ғимараттың  тұсына  келгенде, арбасын  тоқтатып, есік  алдында  тұрған  қызметкерлерді шақырды.

      – Міне, медреседегі  кітаптарды  әкелдім. Тасытып  алыңдар, – деп  айтты  да, көзі  бауырларға  түсіп. – Айтпақшы, мына  жеткіншектер  дамулла  әл-Фарабиді  іздеп  келген  екен. Ол  кісі  осында  ма? – деді.

      – Иә, осында, әдеттегідей, қалың  кітаптардың  арасында  шұқшиып  отыр, – деді  қызметкерлердің  бірі.

      – Онда  бұларды  сол  кісіге  жолықтырыңдар. Киген  киім, сөздеріне  қарағанда, алыс  өлкеден  келген    жолаушыларға  ұқсайды.

      – Жүріңдер, – деді  қызметкердің  бірі  бауырларға  иек  қағып.

      Олар  аттарын  ғимараттың  бір  бүйіріндегі  керуен  сарай  қызметшісіне  ұстатты  да, өздері  қызметкердің  соңынан  ілесті.

      Бауырлар  келсе, Фараби  кітаптарды  орндарына  жинап  қойып, өзі  бір жаққа  асығыс  жиналып  жатыр  екен. Ердің:

      –Ата, біз сізді іздеп  келген  едік, – дегені  сол  еді, түркі сөздерін  алғаш естіген  ол балаларға  қараған  күйі  аңырып  тұрып  қалды. Кенет, көзінен жасы  ытқып, жаны  қалмай  бәйек  болып, балаларды  ыстық  ықыласпен кезегімен  бауырына  қысып  шықты.

      – Түркі тілінде  сөйлегендеріңе  өз тумамды