Адам қарады: 6914 | Жарияланды: 2018-05-29 05:45:00

Қашқын

Деректі роман 

Таң рауанында Егізкөлді ендей өткен жайдақ атты Қарақұмның қағыр жазығын басып, күн шыға Жиек өңіріне жетті. Жүргінші әлденеден секем алғандай жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап, түз тағысынша жалғыз тартып келеді. Айнала тып-тыныш. Тек буыны әбден қатқан шөп басын сыпыра тербеп, күздің салқын сары желі еседі. Дәл осы сәтте оған алыстан әлдебір қараң-құраң көрініп, беймәлім біреулер тап берсе астындағы жараукерді сықпыртып зыта жөнелуге де дайын. Ол Сағидолла еді.

Сағидолланың осы бір сары жазықта сағымдай жүйткіп, сар желдіртіп келе жатқанына екінші күн. Беталысы ұлан-ғайыр қазақ даласы. Бұл 1966 жылғы Қытай еліндегі «Мәдениет зор төңкерісі» лап ете түскен аласапыран кез болатын. Алғашында билік басындағылардың өзара талас-тартысымен басталған саяси науқан көп өтпей мемлекетті «Либералды буржуазиялық» элементтерден тазарту деген ұранмен бүкіл қоғамды шарпып, соңы жаппай бүліншілікке ұласқан. Бұдан жалпы елдегі бай-манаптар, жоғарғы мансап иелері, қарапайым шаруалардан қалыс қала қойған ешкімі жоқ. Әсіресе, шет мемлекеттерде туған-туысы, ет жақындары тұратындардың барлығы саяси қылмыскер санатында басты күдіктіге айналған. Сонымен Шығыс Түркістан өңірін мекен еткен қазақтардан маза қашып, жас-кәрі демей жаппай қудаланып, шеттерінен тұтқындала бастаған. Олардың мейлі абақтыдағысы, мейлі сырттай бақылауға алынғандары болсын көрген қорлығы мен тартқан азабы жан төзгісіз. Жаратқан ием бұл сұмдықты адам баласының басына бере көрмесін!

Жақында жоғарыдан «кімде-кімнің қандай да бір қылмысы болса, жұрт алдына шығып, өзін-өзі әшкерелеп, өзге күдіктілерді де атап көрсетуі тиіс» делінген. Үндеуге үн қосу – көпке міндет. Бұл да отқа май құйғандай жаңа тұтанған күрес өртін өршіте түскен. Күн санап елден береке кетіп, обал-сауапты ойламастан біреуге-біреу жала жауып, біреуді-біреу ұстап беру көбейген. Мұндайда онсыз да адам аулауда алдына жан салмайтын арнайы жасақ қарап қалсын ба? Бесқаруын сайланып бәріне де сақадай сай тұрып, бұрынғыдан бетер сұстанып алған. Енді оларға коммунистік партияның топ-топ белсенділері қосылды. Дүрбелең басталғалы қарапайым халық көргілікті сол белсенділерден көріп келеді. Олар елден ерек білектеріне қызыл тағып, күн-түн демей, ауыл-аймақты шарлап, үйір-үйір шибөріше шұбырады да жүреді. Тіпті, кешкілік ел орынға отырған тұста әр үйдің маңын торып, есік-терезесін аңдып, тың тыңдайтын болған. Осылайша, жұрттың дастарқан басында айтқан әр сөзінен саяси астар іздейтіндер кейде ұрынарға қара таппай кез-келген үйге баса-көктеп кіріп, тінту жүрізеді. Қызыл білектілер кірген үйінің астаң-кестеңін шығарып, үй иесін қалай да бір сыныққа сылтау боларлық дәлелдермен жығуды көздейтін. Сондай сәтте үйден алыс-жақын шет мемлекеттерден келген хат, сурет табылып жатса, үй иесінің басына қара бұлт үйрілгені. Әй-шайға қарамастан тұтқындап алып жүре береді. Олар қолға түскендерді алдымен өз дегендеріне көндіру үшін қамалған жерінде ауыр соққының астынан алады. Ол ол ма? Келесі күні тұтқынды «күреске алу» деген ұранмен байлап-матап жұрт алдына шығарады. Күреске алынғандарға ешкім аяушылық танытпауы тиіс. Егер бәзбір адам ара түсіп, жанашырлық танытса, қоса жазаланады. Мұндайдан жұрт та тегіс хабардар. Сол үшін халық қандай да бір сұмдық жайды көзімен көре тұра іштен тынып, үнсіз қабылдауға мәжбүр.

Белсенді топ күреске алынғандардан көптің көзінше бірден жауап ала бастайды. Олардың әрбірін «иә, мен қылмыскермін» дегізбейінше еш тынбайды. Не айтады, сорлылар? Айта қоярлық не бар дейсің оларда? Әр тұтқын үшін таразының бір басында шындық, келесі басында жалғандық тұрады. Нағыз ақ пен қара арбасқан сәт. Онсыз да тәулік бойы жеген таяқтан ісіп-кеуіп құр сүлдері қалған бейбақтарға қинаудың сан түрі қолданылады. Өлсем де әділдік жолында өлейін деп жұмған аузын ашпағандардың тілін тартып, қылбұрау салып шу асаудай шыңғыртса, енді бірінің қос қолын там қабырғаларына шегелеп қойып, саусақ көбелеріне ине жүгіртіп, құлын да құлынын шығарады. Сонда шыбын жаны мұрнының ұшына келіп, шырқырай-шырқырай сұлап түскен кейбір жанның жаратқаннан өмір емес, еш қиналыссыз кететін өлім тілеуден басқа амалы да жоқ. Мұндайды етжүректі пенденің көзбен көріп шыдауының өзі екіталай.

Бұл қызыл білектілердің қолға түскендерді ашық жазалау арқылы көпшілікке жасаған қатаң ескертуі. Мұндай мейірімсіздік пен тағылыққа Алланың айрықша жаратқан жаны сірі, ілуде бір кездесетін пендесі ғана шыдар. Ал, болмысында бордай үгілгіш бопалаң жандардың жол ортадан бауша түсіп, бақилық болып жатқандары қаншама? Көп өтпей күреске алынғандардың алды жарық дүниеден мүлде күдер үзіп, өз-өзіне қол жұмсап та көз жұмған. Кейбіреулердің әділдік жолында қасарысқан бойда ауыр соққыдан қол-аяғы сынды, көзі шықты. Ақыл-есінен адасып қаңғып кеткендері де болды. Сөйтіп, аз уақыт ішінде жалған жаланың құрбанына айналғандардың саны еселеп артқан. Осылайша, айуандық пен арсыздық  жайлаған өлкеде азап қамытын киіп, ажырғы арқалағандардың бірі – осы Сағидолла. Ол сол бір жан төзгісіз қатыгездікке бола Толы абақтысынан қашып шыққан еді.

Оқиға осыдан бір күн бұрын болған. Сағидолла алғаш төңкеріс оты дүр ете түскен сәттен-ақ күдіктілердің қатарында қолға түскен. Бар айыбы –  Қазақстанда тұратын ет жақындарымен хат алысып, аман-саулық сұрасқаны. Бірде оған Көкпектіде тұратын туған әпкесі Хадиша мен жездесі Қалижаннан бір парақ хат келген. Хатта олар барлық ағайын-туыстың хал-жағдайын сұрастыра келіп, «Сағидолла, біз өздеріңді қатты сағындық. У ішсең де руыңмен іш деген бар, енді мүмкіндік болып, шекара ашылып жатса сендер де ештеңеге қарайламай, елге өтіп алыңдар. Бір жерде болып, күнімізді бірге көрерміз» деген бір сөйлем ғана жазылған. Сол хат – оның қылмысының басты айғағы. Құдай-ау, осы да қылмыс, осы да айып болып па? Егер шынымен жасаған қылмысың болса мейлі ғой. Қолыңмен істегенді мойныңмен көтеруге пейілсің, ондайда өзіме де обал жоқ дерсің. Ал, мынау ше? Мынау – қып-қызыл жала, қып-қызыл қорлық, бейкүнә жандарға көзбе-көз жасалып жатқан қиянат қой. Бұдан асқан қатыгездік, бұдан асқан сұмдық болмас-ау, сірә?!

Әділдік біткен адыра қалды. Арада екі ай өткенде сот Сағидоллаға жеті жылдық жаза тағайындап, темір торға тоғытқан. Негізі соңғы үміт қара қылды қақ жарып, төрелік айтады деген сотта ғана болатын. Оның да әділдігі осымен шектелді. Сот үкімі жарияланған күннен бастап онымен бірге жазалағандардың барлығы әйгілі «Барсакелмес» атанған Такламакан шөліне жер аударылады. Сағидолланың елден ерекше ат бапкерлігі мен асқан ұсталығына бола жергілікті түрмеде қалдырылған. Оған абақты ауласында бағып-бапталатын, жергілікті шенді-шекпенділердің қызметтік көліктері – отызға жуық мініс атқа қарау міндеті жүктелді. Аттар бірінен-бірі өтетін жүлделі жүйріктер мен өңшең су төгілмес жорғалар. Сонымен, Сағидолла соңғы жарты жылдан бері түрме қорғанының әр бұрышынан қаққан қазықтай қақиған қарулы қарауылдардың қатаң бұйрығымен, солардың иегінің астында еңбек етіп келген. Күні бойы қорған ішін диірменнің тасына жегілген атша айналып, қара терге малшынатын. Бірде тау-тау болып үйілген топырақтан балшық илеп, қалыптап кірпіш құйса, енді бірде атқораның жыртық-тесігін жамап, маңайға көлденең шөп жатқызбай тазалап шығады. Әредік аттардың асты-үстіне қарау, жем-шөбі мен суын беру тағы бар. Осындай күйбеңмен күнелтіп келген ол өткен күнгі екінті мен ақшам арасын тағатсыздана күткен. Жай кездері зу етіп өте шығатын уақыт мұндайда тоқтап қалатындай. Әйтеуір, бір кезде зарықтыра күттірген межелі мезгілге де жеткен. Сағидолла осы бір оңтайлы сәтті қалай да ұтымды пайдаланып қалуға барын салды. Зыр жүгіріп өзіне тиесілі шаруа қамын күйіттеумен әбігер. Алдымен ат оқырларына толтыра шөп салып, төбеден төніп тұрған күзетшіге бас изеп, ишарат етті де, ширақ қимылдап қақпадан шықты.

Кешкілік қала көшелерінде көлік қарасы онша көп болмағанымен, жұмыстан қайтқан жаяулар легі мол. Аяқ алыстарын тездетіп, қоналқыларына қарай беттеген жұрт біріне-бірі қарайтын емес. Әр күні дәл осылай басталатын тынымсыздық ымырт үйірілгенше сең көшкен өзендей жөңкіліп-жөңкіліп барып әрең толастайтын. Бүгін де солай. Сағидолла енді қорған сыртындағы ұзын ағаш кермеге қаз-қатар байланған жылқыларды қос-қостан жетелеп суатқа беттеді. Бұлқына аққан бұлақ суы да алыс емес – түрме алдындағы көпір астында. Қара сұлымен бапталып, нағыз бәйге алар бабында тұрған жануарлар шетінен елірме. Басын сәл ғана босатып, еркіне жіберсең жұла тартып, ойнақтай жөнелгісі келеді. Түрме қорғанының биік мұнарасынан қарауылдаған күзетші атбегі жақтан бір сәт көз алар емес. Ақ найзалы қаруын серт ұстап, әр қадамын аңдумен тұр. Аттар тегіс суарылып, өз оқырларына жайғастырылып болып қалды. Дәл сол сәтте Сағидолла соңғы аттың шылбырын шешкен бойда қарғып мініп, зыта жөнелген. Бірақ қыбыр еткен қимылды бағып тұрған қарауылдан мұндай әрекет сірә қалыс қала қойсын ба? Қытайшалап «тоқта, тоқта, қайт артыңа!» деген қатқыл үнмен қатаң ескерту жасады. Бірақ оны тыңдаған Сағидолла жоқ. Ізінше тарс – тұрс еткен мылтық үні естіліп, аспанға бірнеше мәрте оқ та атылды. Сонда да кері қайтар емес. Қайта, атын одан сайын сауырлап, көлденең көлбеп жатқан бірнеше көшені кесіп өте шықты. Бір қуанарлығы, маңайда өтіп жатқан жұрт қарасы мол болғандықтан, оқ оған тура бағытталып атыла қойған жоқ. Қас қарайып барады. Сағидолла адам аяғы саябырси бастаған қалтарыс көшелерден бір бұрылып, көл түбіне сүңгіген балықтай әп-сәтте көзден ғайып болған.

Осылайша қас пен көздің арасында қылмыскерлерінің бірінен айырылған күзетшілер бірін-бірі кінәлап, сан соғып қала берді. Өтер іс өтті, енді олар да қарап жатпас. Жан-жаққа хабар жіберіп, қашқынды қалай да қолға түсіруге қам жасауы керек қой. Сағидолла сол бір қарғыс атқан қамау орнынан бір сытылып шығуы шықты, әрі қарай не болмақ? Ендігі барар бағыты қалай? Көрер тағдыры ше? Бәрі-бәрі бір Алланың қолында. Ол осылай қашуды жоспарлаған күннен бастап-ақ бірден шекара асып, қазақ даласына тартуға бел буған. Себебі, онда ұлан-ғайыр жері, іргелі елі тұр ғой. «Ондағы қара орман халықтың ешбірі маған кет әрі дей қоймас. Тым құрыса құдайға қараған біреуі өз құшағына алып, қанатымен қалқалар. Ет жақындарым да бар. Ал, отбасым, бала-шағам ше? Олар Аллаға аманат. Мұнда да туыс-туған, жақын-жағаластарым аз емес. Тым болмаса соларға арқа сүйеп, күндерін көрер. Алдымен өзім бір аман-сау елге жетіп, табан тіреп алайыншы. Сосын тағысын тағы көре жатармын» деген.

Сағидолла қаладан шыққан бойда іргелес Тесіпаққан ауылының кең аңғарлы сайына түсіп құлдай жөнелді. Ойы онға, санасы санға бөлінген. Бірден елге тартсам ба? Әлде, жолай ауылға соғып, балаларыма алыс сапарға аттанып бара жатқанымды ескерте кетсем бе екен? Ал, қуғыншылар ауылға менен бұрын жетіп, үйде күтіп отырған болса ше?..

Әйтеуір, сапырылған ойлар маза берер емес. Бірі кіріп, бірі шығады. «Абайлармын. Алдымен ауылға барайын. Ауыл маңындағы әрбір бұлың-бұшпақ, бой тасалар жердің бәрі де таныс, бірдеңесі болар. Жасырынсам да жан баласы таппайтын қуыс-қуыстары да бар. Оның үстіне ауыл жолдан көп бұрыс емес, онсыз да сол маңнан өтем. Алдымен ауылға бұрылып, атқа ер, жолға азық алып аттанайын» деп түйді. Сонымен, аққан жұлдыздай ат үстінде дәл осындай бір байламға келген ол ақыры өз ауылы Ақбелдеуді бетке алған.

Іңір қараңғысы. Көзкөрім жердегі бел-белестер мен қырқа-қыраттардың қарауытқан сұлбасы ғана көрінеді. Аспан ашық. Зеңгір көктен жамырай қараған жұлдыздар шоғыры бірте-бірте көбейе түсті. Осыған дейін ат тізгінін тартпай құйғыта жеткен Сағидолла қаладан ұзай бере бір қалыпты желаяңға ауысқан. Бар сиынары – жаратушы жалғыз Алла. Көңіл шіркін астаң-кестең. Бір сәт байыз тауып, орнығар емес. Әредік тоқтай қалып, алыс-жақындағы дыбыс-сыбысқа да жиі құлақ түреді. Бірде қала жақтан айғай-шу, дабыр-дұбыр естілгендей болды. Тіпті, жақын маңнан шыға ма, қалай? Жүрек құрғыр зу етті де, тайдай тулап ала жөнелді. Ойланып тұрар уақыт па бұл? Сағидолла атын тебініп жіберіп, төңіректі торлаған қараңғылық құшағына зу етіп ене берді. Енді оған қалай да қолға түсіп қалмау керек. Құдай сақтасын! «Жаман айтпай, жақсы жоқ», алда-жалда қырсық шалып, ұсталып қалса, оның аяғы не боларын ол біледі, әрине. Әдетте, беттеріне тура қараған бейкүнә жанды жабыла сабап, өлімші етіп тастап кете баратын қызыл білектілер ұстап алса аясын ба? Тірі қалдырды деген күннің өзінде қол-аяғын сындырып, мүлде мүгедек етіп қоюы да мүмкін. Олардың оған қандай жаза қолданып, қандай халге душар етері де белгілі. Бәрі де көңіл түкпірінде сайрап тұр.

Сағидолла қуғыншы дүбірін естіген сәттен-ақ тақым қағып, ат басын алысқа жіберген. Күдір-күдір жусанды даланы қусырып, құстай ұшып келеді. Талай-талай аламанда алысқа шауып әбден жатылған бәйге кердің қазірге қарлыға қояр түрі жоқ. Шапқан сайын екпіндеп, қос танауын қусырып, жиі-жиі пысқырынып қояды. Негізінде, бұл ат Толы ауданындағы шенділердің бірі Үсен деген адамға тиесілі. Шашасына шаң жұқпаған, атағы алыс-жақын аймақтарға мәлім әйгілі сәйгүлік. Жергілікті жұрт оны үнемі Үсен баптатып, мінетіндіктен «Үсенкері» атап кеткен. Ежелден қазақ сахарасы той-думансыз болған ба? Үсенкері бұған дейін бұл өңірлерде өткен небір дүбірлі додада сан мәрте топ жарып, үш тоғыздан жүлде алып келген. Егер үкімет түрлі сылтаулармен жұрттың жеке мал-мүлкін тегіс сыпырып әкетпегенде мұндай жел жануардың құны тек алтын, күміспен ғана бағаланар еді. Сағидолла алғаш абақты ауласындағы аттарды өз қарауына алған күннен бастап-ақ Үсенкеріге бірден көзі түскен. Міне, содан бері оған ерекше күтім жасап, іштей дәл осы сапарға дайындап келген. Қуғыншылар қара үзіп қалса керек, аздан соң әлгіндегі айғай-шу, дабыр-дұбыр да басылып, түн төріне тегіс бір тыныштық орнағандай болды.

Бірде Сағидолла қос тізгінін қымтап ұстап, талмай шауып келе жатқан атын езулей тартып, зорға тоқтатты. Демін ішіне алып, түн пердесін жамылған төңірекке тағы бір мәрте құлақ түрді, еш дыбыс жоқ. Аттылардың да тұяқ дүбірі естілмейді. Бәрі де тынған. Жапан түзде жалғыз өзі. Әрі қарай тоқтаусыз жүріп, түннің бір уағында Ақбелдеуге де келді. Әудем жерден қарауытып көрінген жарықсыз ауыл сырттай қарағанға тым-тырыс. Іште не болып жатқаны бегісіз. Ауылға жақындаған сайын өзелене үрген иттердің ащы үні анық естіледі. Мұндайда әжесі марқұм: «Шығыңдаршы сыртқа, біреу-міреу келді ме? Иті құрғыр неғып абалап кетті. Жеті қараңғы түнде кім болды екен өзі?» деп отырушы еді. Иә, сол сөз, сол әже бейнесі қас-қағым сәтте оның көз алдынан бір елестеп өтті. Тынымсыз үрген ит дауысынан сезіктенді ме, Сағидолла бірден ауылға кірген жоқ, жолдан бұрыс бұлыңғыр аумаққа қарай ат басын бұра берді. Онсыз да жол бойы оған қуғыншылар мені үйден күтіп отырған жоқ па екен деген бір ой маза бермеген.

Мейлі ол жазықсыз болсын, мейлі сүттен ақ, судан тұнық болсын белсенділер үшін ол – жазасын өтеуші қылмыскер, түрмеден қашқан қашқын. Сол үшін оның үйін, ауыл-аймағын қарулы жасақ қатаң бақылауға алып, көз ілмей күзетіп тұрған да болуы мүмкін. Қалай да сақтық керек. Сағидолла атын ауыл сыртындағы түйе бойлап өскен ши арасына жасырып, жаяулап жақындап келеді. Әр қадамын еппен басып, тықыр еткен дыбыс шығармауға тырысады. Бірде оған таяу жерден бір жылт еткен әлсіз жарық көрінгендей болды. Ол тұра қалды. Анықтап қарап, айналаны тегіс бір шолып шықты, бірақ ештеңе көрінбеді.  Бұл не өзі? Айсыз түндегі аққан жұлдыздың жарық еткен сәулесі болар? Әлде жай елес пе? Бәлкім, далаға түнеп қалған тайынша, торпағын іздеген ауыл адамдарының бірі шығар? Бірақ, алдамшы сағымдай әлгі жарық қайтып көзге түспеді. Тағы ілгеріледі. Көп өтпей таяу жерден аласұра үрген ит дауысы жиілеп кетті. Ізінше сол иттерге біреудің қатты зекіген қатқыл үні естілді. Долданған төбет қауып ала жаздады-ау, шамасы. Үрейлі дауыс құлақ жарардай саңқ ете түсті. Сағидолла ауылға барудың қаншалықты қауіпті екенін сонда сезгендей. Алқынған жүрегі атқақтап жалт беріп, жасырына берді.

Иә, жол бойы оны тынымсыз мазалап келген ой мен күдік-күмән еш алдамапты. Өзінен бұрын жеткен қуғыншылар ауылды айнала қоршауға алып, күзетті де күшейтсе керек. Енді байқалды, әр жерде қолдарына жарық алған біреулер жүр. Осылай боларын алдын-ала сезгендей сақтана білген Сағидолла кері қайтып, адымдай басып атын қалдырған аумақты тапты. Ол атына жеткенде аспанды алқызыл нұрға бөлеп, ай көтеріле бастаған. Келген бойда төс қалтасына қолын салып, қойын дәптері мен шолақ қаламын алып, бір парағына қолжазба қалдырды.

«Аяулы менің жан жарым және балаларым! Бұл хатты жазған отағасы – Сағидолла. Өздеріңе мәлім, жақында маған аудандық сот жабылған жалған жалаға қарамастан жеті жылымды түрмеде өткізу жазасын кесті. Өкініштісі сол, олар істің ақ-қарасын ажыратқан да жоқ. «Құмырсқаның тас басқаны тәңірге аян» деген ғой, менің жазықсыз екеніме Алла куә. Сөздің шыны керек, түрмедегі жағдай да мәз емес. Күн сайын екінің бірін өлтіріп кетіп жатыр. Маған да сол қарғыс атқан жерде қалудың өзі өте қауіпті болғандықтан, қашып шықтым. Сонымен не де болса Қазақстанды бетке алып кетіп барамын. Сендерді сағынғаным соншалық, сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Сонда да басымды бәйгеге тігіп, өздеріңді бір көріп қайтуға бел буып, ауылға келген едім. Бірақ, соңыма түскен қуғыншылар мені үй маңына жолатпады. Барлықтарыңа амандық, саулық тілеймін. Тірі болсақ, түбі бір табысармыз» деп, айтар ойын қысқа ғана тұжырымдады да хат соңына айшықты әріптермен «Сағидолла» деп қолын қойды.

Хат алакеуім ай жарығында көз мөлшермен жазылды. Түсініксіз жері болса түзетіп оқыр. Жазылар хат жазылды, айтылар ой айтылды. Енді оны табыстап кетудің жолы қалай? Ол шорт бүктелген ақ парақты өз отбасына тиесілі шаппалыққа бастар жол бойына алып барды. Қыстың қамын жаз ойлар қарбалас шақ ғой. Бұл жолдан таң атысымен әрлі-берлі оның өз балалары, шөп-шалаң жинауға келген көрші-қолаңдары да көп өтетін. Хатты келесі күні таныс біреу тауып алып, балалардың біріне табыс етер деген оймен көзге тез түсетін жол үстіне жұдырықтай таспен бір шетінен бастырып қойып кетті.

Әлгінде ғана туған айдың аппақ сәулесі ойлы-қырлы өлкеге тегіс тарап, айналаны айшықтай түсті. Сағидолла қайта оралып атқа қонар алдында Ақбелдеу аумағына тағы бір мәрте қимастықпен қарап алды. Ол тумысынан осы өлкеде өсіп-өніп келеді. Туған жерін, бала-шағасын, жанұясын тастап, жалғыз кету кімге оңай дейсің? Амал нешік, тағдыр солай, маңдайына жазылғанына көнеді де. Бір кезде оның мұндағы күндері өте көңілді еді, халық та бейғам күн кешкен. Әкесі Досжан өзінің өмірден ертерек өтерін сезсе керек, жалғыз ұлы Сағидолланы бар өнерге баулып, қиядағыны шалар қыран болып жетілуге жебеген. Онда олардың кірсе шыққысыз алты қанат ақ үйі, өріс толы малы да болған. Мал қамымен жаз жайлауға, қыс қыстауға көшетін. Өз кіндігінен тараған төрт баланың үшеуі қыз. Бар үміт артар қолғанаты да, шаңыраққа ие болар азаматы да – осы Сағидолла. Ұзақ жыл ұсталықты кәсіп еткен Досжан ат баптап, құс қайырудың қас шебері. Ұлы Сағидолла қалқайып қатарға қосыла бастағаннан-ақ қасына алып, тұрмыстық бұйымдардың түр-түрін жасайтын. Тіпті, керек дегенге бесатарды да қолдан соғып беретін. Осыған бола жыл он екі ай оларды іздеп келер адам қарасы еш сейілген емес. Біреулер керек-жарағын іздеп келсе, енді біреулер қажетіне тапсырыс беріп қайтып жататын. Кейде әкесі ат азығын дайындап, қару-жарағын асынып, Сағидолланы ертіп қырға шығатын. Бәрі де қу тіршілік қамы. Олар иенде бірнеше күн еру болып, аң аулап, саятшылықпен серуен құрып қайтатын. Мұндай сапар Сағидолла үшін өте қызықты еді. Әсіресе, жаз күндері ашық аспан астында түнеп, қоңыр аңы қойша өретін Майлы-Жайыр, Барлық, Орқашар тауларының қойнау-қойнауын кезген сәттерін айтсаңшы. Бәрі-бәрі де көз алдында. «Әке көрген оқ жонар», уақыт өте келе Сағидолла құралайды көзге атар мерген, он саусағынан өнер тамған ұстаның өзі болып жетілген. Біреулер оны «мерген Сағидолла» деп атаса, енді біреулері «ұста Сағидолла» деп атайтын болды.

Сағидолла ес білгелі әкесі Досжан мен анасы Ұлбаланың арқасында ішер ас, киер киімнен еш тарығып көрген емес. Көп өтпей әпкелері ұзатылып, өзі де үйлі-баранды болды. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырысымен қормал әкесі мен аяулы анасы дүние салды. «Әкенің дәулеті балаға дәулет болмайды» деген, олардың көзінің тірісінде тірнектеп жиған бар малының да көп қайыры бола қойған жоқ. Біразы өздерінің қонақасы мен жылдығына арналды. Ал, қалғанын өкімет «Кәнпеске», «Тайқазан» деген желеулермен тышқақ лақ қалдырмай сыпырып алған. Бүгінде Сағидоллаға әкеден қалған бар мұра – бойына біткен асыл өнері. Ол сол өнердің арқасында ешкімге алақан жайып жалтақтамастан өз тірлігін өзі дөңгелетіп келген. Арада төңкерісі құрғыр дүр етіп, дүйім елге зауал төндірмегенде, бәлкім, бәрі де басқаша болар ма еді. Онда ел де қам-қайғысыз тіршілік етіп, Сағидолла да бұлай «қашқын» атанбас еді. Енді, міне, бір ауыз сөз тыңдар пенде жоқ, ешкімнен әділдік таппай арпалысып жүр. Сағидолла ара-тұра ат тізгінін қағып, соқпақ-соқпақтармен соқтыртып келеді. Оның абақтыны артқа тастап, жайдақ та болса ат мініп, алысқа аттанып бара жатқан беті осы.

Сағидолла басқа емес, қыбыр еткен қараң-құраң көзге бірден көріне кететін Жиек өңірінен тез өтіп кетуге асықты. Етектегіні ілер қырандай құлдилап барады. Бұдан ары – Құлыстай. Құлыстайдың құба жазығы шилі. Еңістеген сайын Еміл өзеніне дейінгі атшаптырым аумақ бітік өскен қара көк қияқтар мен ойдым-ойдым шалшық сулар, ит тұмсығы өтпейтін ну қамысқа бастайды. Сағидолла қамысты нуға іліне бере ат басын тартты. Таң атқалы оразасын да ашпаған. Тіпті, кеше түсте түрмеде жеген түйе көзіндей тоқаш пен екі кесе салқын қара шайдан басқа нәр татқан емес. Қазір де бұл маңнан тіскебасар бірдеңе табу қиын. Басқа амалы бар ма, көнеді, шыдауы керек. Алда тағы қандай тағдыр күтіп тұрғанын кім білсін? Осыдан жарты күн бойы мөлдіреген көк аспаннан басқа ештеңе көрінбейтін қамыс арасында бой тасалаған ол, түс ауа атын жетелеп ашық аумаққа шықты. Ойлы-қырлы атырапты аптап ыстығымен қуырып, Құлыстайда күн жалындап тұр. Сары дала, сары сағым. Жақын маңда жан баласы жоқ. Сағидолла атына мініп, қамысты алқаптың қарсысындағы бір белге шыға келгені сол еді, келесі бөктерден жер қайысқан қалың түйелі көш көрінді. Олар күз аспанын қүңіренте қайтқан жыл құстары секілді. Оңтүстікті бетке алып, үдере тартып барады. Бүгін-ертең саябырси қоятын түрі жоқ.

Сағидолла ағынды судай жөңкілген көш легіне қарап біраз тұрды. Аялы жоқ уақыт, алдамшы сағым дүние-ай! Осы жолдармен қаншама жолаушы жүріп, қаншама керуен көшті десеңші? Көштегі Тарбағатайдың елі. Жыл сайын бұл ел наурыз бен сәуірдің, қыркүйек пен қазанның өліарасында осы жерлерді басып, осылайша көшіп өтетін. Ендігі бағыты – Майлы жотасындағы Итбайлаған мен Саршоқы. Көш жайын ешкім түсіндірмесе де, Сағидолла оған әбден қанық. Өйткені, оның әкесі Досжанның Биғатым есімді бір қарындасы болатын. Биғатым бұдан біраз жыл бұрын осы елге ұзатылған. Қазір үйлі-баранды, балалы-шағалы. Күйеуінің аты – Қабылжан. Олар әр жылғы көктем мен күзгі көшінде осы жолмен өтетін. Жолай мұнда біржар күн ерулеп, ат-көлгін тынықтырып, Ақбелдеудегі ағайын-туысқа соғып, аман-сәлем жасап қайтатын. Алайда, биыл Сағидолланың өз әлегі өзінде болып, жаз бойы хабар-ошарсыз қалған. «Жан қысылса жақынын табады», енді ол әпке-жездесінің бұл көште бар-жоғын білмек болып, тағы бір белге шықты. Көштің алды көп ұзамай байырқалай бастапты. Сарғұсын мен Желдіқараның әр жыра-жылғасына жылыстай сіңіп қонып жатыр екен. Көз жеткісіз алқапта мыңғырған мал табынынан инешаншар орын жоқ. Мал да бір, құжынап жатқан құмырысқа да бір. Әр отбасы келіп түскен аумақта топ-топ шомды түйелер мен ер-тоқымды аттар бекітуімен жайбарақат жайылып жүр. Жаңа қонысқа тігілген итарқалар мен жаппа қостардың алдындағы жер ошақтардан көкшіл түтін көтеріледі. Сағидолла жөн сұрамаққа сол маңдағы мал қайырған біреуге арнайы ат басын бұрды. Оған жолыққан өзі тұстас қыр мұрынды, қара торы жігіт аса кішіпейілдікпен сәлем алып, ізгі ілтипат білдірді. Қол беріп, қысқа ғана аман-сәлем жасасқан малшы Сағидолланың сұрағына қарай бірден ел жайын, көш бағытын, түсіндіре бастады. Сағидолланың жүзіне қадала қараған ол:

– Сіз осы аймақтың тұрғылықты тұрғыны болсаңыз жақсы білетін боларсыз. Бұл ел сонау қазақ-қытай шекарасын бөліп жатқан әйгілі Тарбағатай тауының күнгей бетінен көшіп шықты. Бүгін үшінші күн. Барар жері алыс болған соң ел жүк артарын қинамай бір қалыпта табан аударып келеді. Бүгін осы өңірде болып, таң ата жапа-тармағай тағы кетеді. Бұл көштің алды. Ал, кейбір ат-көлігін жайрақ қамдап қалғандар әлі артта. Енді осы сарынмен  біз жол бойы қона түнеп, Алла бұйырса айға жуық уақытта Майлыға жетіп бірақ тынамыз ғой, – деді.

Сағидолла жігіттің сөзін бас изеп қана тыңдап, бөтен ештеңе айтқан жоқ. Тек бұл елдің көшкеніне қарай күннің де ашық тұрғаны қандай жақсы болған деп өз тілеулестігін ғана білдіріп қойды.

– Иә, бір қуанарлығы сол. Радиодан берілген ауа райын болжаушылардың мәліметінше күн әлі ашық болады деп жатыр ғой. Жалпы, біз секілді көшпенді халық үшін қашан қыстауға жетіп орнығып алғанша күннің осылай ашық бола тұрғаны абзал, – деді жігіт.

Сағидолла көш жайынан толық хабар алған соң, бұдан әрі көп тұруға онша ынтыға қоймады. Әр сөзін келте қайырып, асығыстық сыңай танытты да, жездесі Қабылжанның бұл көште бар-жоқтығын сұрады. Малшы алдымен Сағидолла сұраған адамдармен өздерінің қысы-жазы  ауылы аралас, қойы қоралас көрші отыратынын айта келіп, қазір де жиі қарым-қатынаста екендіктерін жеткізді. Осыдан соң ол қолындағы тобылғы сапты қамшысын екі бүктеп еңкейте киген елтірі тымағын сәл көтеріп қойып:

– Біздің көрші әпке-жездеңіз болса, онда жолыңыз болды. Қабылжанның ауылы осыдан бір сағат бұрын анау мал көрінген төбенің астындағы сайға келіп түскен. Ендігі олар да қос тігіп, шай-шалаңын ішіп, орнығып қалған болар, – деді. Осыдан соң-ақ, Сағидолла көп бөгелген жоқ. Жол сілтеген жігітке алғысын айтып, қоштасты да, сайға қарай желе жөнелді.

Сағидолла келіп түскенде үй маңы аткөпір. Түйе шөгерген жерлердегі тең-тең жүктер әлі толық жиыла қоймапты. Апайы Биғатым мен жездесі Қабылжан сол теңдерді бір жерге үйіп, үстін киіз үйдің артық-ауыз жабыншыларымен жауып, қымтап жүр екен. Олар алғашында келген қонақтың Сағидолла екеніне онша мән бере қоймады, өз әлектері өздерінде. Оны тек жақындап келіп, «Ассалаумағалейкүм» деп дауыстап сәлем бергенде ғана бірақ таныды. Олар Сағидолланың бұлайша жетіп келерін күтпеген болса керек. Алғашында сәл тосылып, таңырқай қараған екеу артынша бірінен соң бірі келіп бас салып құшақтай алды. Қалай дегенмен де, адам баласы үшін туған-туыстың орны да, жөні де бөлек қой. Сағидолланың тосын келуі апайы Биғатымның жанында жатқан бір жаралы сезімді селт еткізгендей болды. Жездесі Қабылжаннан гөрі Сағидолланы құшағына алған бойда, сан мәрте құшып сүйіп, бір сәт көз жасына ерік берді. Тіпті, іштегі шерге толы сағынышын өзгеше бір мұңлы әуенмен шұбырта жөнелді.

«Жүрсің бе есен, қарағым,

Бір келер деп санадым.

Екі көзім төрт болып,

Жолыңа қанша қарадым.

 

Аман ба, туған ауылым,

Ағайын-туыс, бауырым.

Күндер өтті-ау аялсыз,

Сипатпаған сауырын.

 

Сарғайып сені күткенде,

Қыс өтті, жаз бен көктем де.

Басқалар неге келмеді,

Ұмытып мені кеткен бе?

 

Өзіңді жаным іздедім,

Үмітімді үзбедім.

Бір жамандық естідім,

Жала жапты бізге кім?» – дей келіп, өксіп-өксіп бір тыныстағандай болды. Биғатымның бұлайша мұң шағып жылауының да өзіндік мәні бар. Ел құлағы – елу, осыдан біраз уақыт бұрын көршілерінің біріне келіп қонған бір жолаушы оған Сағидолланың аяқастынан қолға түсіп, ұзақ жылға сотталып кеткені туралы шала-пұшық хабар жеткізген. Міне, содан бері күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалған Биғатымның көңілі пәс, жүзі де жүдеу. Ауыл алыс, жер шалғай, ұшарға  қанаты жоқ. Іштен тынып, әр таңын сары уайыммен атырып келген. Олардың мынадай егіле жылап, емірене табысуын қағытпа сөзбен қалжыңға айналдырған жездесі балдызын арқадан қағып, үйге бастады. Әлгінде ғана Биғатымның қос жанарынан моншақтай төгіліп, жүзін жуған жас тамшылары оны уайымнан сейілтіп, тұла бойын бір сергітіп тастағандай болды. Осыдан соң-ақ оның жабырқау тартқан жанарынан шат-шадыман шаттықтың лебі есіп, кіреукеленген қабағы шайдай ашылды. Жүзіне күлкі үйіріліп, дауысы да бұрынғыдан жарқын-жарқын шыға бастады.

Сағидолла төрге шығып әбден жайғасқан соң апайы мен жездесі одан тағы бір мәрте ауыл аймағының аман-саулығын сұрады. Бірақ, олар бірден тізе бүгіп отыра қойған жоқ. Қайта екеуі қатар қозғалып қостан шықты да Биғатым жерошақ жаққа бұрылып, Қабылжан балаларын ертіп көзкөрім жерде жайылып жатқан қоралы қойға қарай беттеді.

Шай қайнатым әредік. Сағидолла есік алдындағы үш сирақты темір мосыға қара шәугім ілінгелі ішек-қарны шұрылдап, зорға шыдап отыр. Қанша жақыны болса да сыр білдірмей сабыр сақтауға тырысады. Бірде Биғатым Сағидолланың аяқ жақ тұсына бір тізерлеп келіп отырды да, сыбырлай сөйледі:

– Өткенде біз біреуден сені сотталып кетіпті деп естідік. Содан бері  санам санға, ойым онға бөлініп, түн баласы ұйқы көрмейтін болдым. Жатсам-тұрсам бір өзіңді ғана ойлаумен басым қатты. Тіпті, соңғы кездері көз іле қалсам болды, бір түрлі жаман түстер көріп, көз алдымды торлаған қалың тұғиық тұмандай уайымнан бір арыла алмай-ақ қойғаным. Ақыры жездең екеуміз ақылдаса келіп, ел қыстауға қонып, бас-аяғымыз жиналған соң, арнайы ауылға барып қайтуға бекіген едік. Сол жолы Ақбелдеудегі, Толыдағы басқа да  туыс-туғандарға аман-сәлем жасап, сенің де жағдайыңды бір біліп қайтайық деп жоспарлап қойған болатынбыз. Бүгін міне өзіңді көріп көзайым болғаныма  тәубе етіп отырмын деді.

Дәл осы сәтте сырттан дабыр-дұбыр үн естіліп, жездесі есіктен шығырық мүйізді үлкен қызыл қойды көлденең тартты. Сағидолла басқа ештеңе айтқан жоқ. Күректей қос алақанын жайып, бөгде ешкім болмаған соң жасы үлкен әпкесіне қарап еді, ол да басын изеп, бата өзіңнен дегендей ишарат білдірді. Сонымен, ақ бата беріліп, мал да сойылды. Көп өтпей сырттағы бар шаруа тындырылып, үй иелері қонағымен бірге тегіс дастарқан басына келіп жайғасты. Олар қара қоста қаймақталған қытайдың қызыл күрең шайын тарта отырып, әлгіндегі үзіліп қалған әңгіме желісін қайта сабақтады. Бұл жолы сөзді жездесі Қабылжан бастады:

– Иә, Сақа, сөз сенде. Қайдан келесің жайдақ атпен? Ел іргесі тыныш па әйтеуір?

Ел-жұрт, туыс-туған өздерің көргендей дін аман. Тек қоғамнан тыныштық үркулі. Оның үстіне дәл қазіргі бұл өкіметтің жүргізіп жатқан саясаты, сендерді білмеймін, біздің жақтың халқын тым жүйкелетіп жіберді. Жалпы, ондағы қазақтың беткеұстар азаматтары мен ақын-жазушыларына қырғидай тиюде. Тіпті, бір ауыз сөзді аңғармай айтып қалғандар мен біз секілді шетте туыс-туғандары барлардың барлығы бақылауда. Оларды жаппай қаралап, қойша көгендеп темір торға тоғытып жатыр. Бір өкініштісі, ұсталғандардың алды өлім жазасына, арты ең аз болғанда үш-бес жылдан жаза арқалауда.

Сағидолланың бұл айтқандарын қостай сөйлеген Қабылжан:

– Бізде де сол, оңып тұрған ештеңесі жоқ. Жаз бойы жайлау үстінде шолақ белсенділер екі күннің бірінде жұртты жинап алып, өткізген қылмыстарың болса өздіктеріңнен айтыңдар. Шетелде тұратын ет жақындарың бар ма? Олармен хабар алысасыңдар ма? Келген хат болса жасырмай әкеліп көрсетіңдер, мұндайдың ешбірін жасыруға болмайды, ол қылмысқа жатады деп жар салды. «Жаман сырын айтамын деп, шынын айтады» деген, біраз адамдар өз аузынан тауып, ұсталып кетті. Ал, өз жағдайың қалай? Өткенде біреуден сен туралы бір жайсыз хабар естіп, қатты сасып қалдық. Ол не жағдай?

– Ол да рас. Бұл дүрбелең бастала салысымен олар мені ұстап әкеліп, алғашында бірнеше мәрте тергеуге алды. Бірақ, тәулік бойы нәр татырмай, түрлі қинаулар қолданып, түп-тұқияныма дейін қазбаласа да, шеттегі туыстардың барын айтпай қойғам. Кейін үйді барып тініткенде Қалижан мен Хадиша әпекемнің бір парша хаты табылып, мені сорлатты. Сонымен сот маған «ұлтшыл», «шетке қашу тобының бас атаманы», «қылмысын жасырған тоңмойын» деген қисынсыз айып тағып, жеті жылға жаза кесті. Бір қуанарлығы, жергілікті түрме басшылары маған ұсталық жасатып, ат баптату үшін Толыдағы түрмеге алып қалды. Ал, басқаларды әйгілі «Барсакелмес» атанған Такламакан шөліне жер аударып жіберді.

Бұдан соң балдызының жүзіне үрейлене қараған Қабылжан:

– Сұмдық-ай! Бұрын қазақ даласындағы Алаш арыстарын «халық жауы» деген сылтаумен «Итжеккенге» айдап, көзін құртыпты деп естуші едік. Енді, міне, өгізге туған күн бұзауға да туып, сол нәубет өз басымызға да келді десеңші? Бұл да біздің шетте қалған қазақтарды жоюға бағытталған тағы бір қитұрқы саясат екені анық. Сақтай гөр, Алла! Мұның ақыры немен тынар екен? – деп күбірлеп, демін ішіне тартып, қатты бір күрсініп алды.

Дастарқан басында отырғандардың бәрі үнсіз. Үлкен-кіші Сағидолла мен Қабылжан арасында айтылған үрейлі түстей әңгімені үнсіз қабылдап, ұйып тыңдап отыр. Олар қоғамдағы қатыгездікті, жан баласының бір-біріне жасап жатқан қиянатын сөз еткен сайын адам азып, халық басына ақырзаман төніп келе жатқандай сезіледі.

– Сөздің шыны керек, қазіргі жағдай жантүршігерлік. Жалпы бұл төңкеріс шаш ал десе, бас алатын қатыгез қанішерлер үшін іздегенге сұраған болды. Мақсаты – ұру, соғу, бүлдіру. Олар біз секілді қолға түскендерді аясын ба? Аяусыз қорлап, азаптауға құмар. Тепкінің астынан алып, күні бойы таяқтан көз ашқызбайды. Басымызға елдің күресіндерінде жатқан ескі қағаздардан қалпақ жасап кигізіп, жүзімізге қара күйе жағып, байлап-матап қала көшелерін аралатады. Жасырары жоқ, сол таяқтың кесірінен менің де сан мәрте естен танып, тәуліктеп нәр сызбай жатқан кездерім болды.

Мұны естіген Биғатымның қол-аяғы дірілдеп, тұла бойы түршігіп кетті. Үрейлі көзі шарасынан шығып, алақаны мен аузын жауып, «сақтай гөр, Алла! Сақтай гөр, Алла!» деген сөздерді жиі қайталап, сыбырлай берді.. Осыдан соң Сағидолла сөзін қайта сабақтап, тағы бір оқиғаға ойысты.

– Ол ол ма, таяуда Толы ауданын басқарып келген қазақтың екі бірдей азаматын тұтқындады. Оның бірінің жамбасын елдің көзінше күйдіріп, «50» деген таңба басып, екіншісін өлімші етіп сойылға жыққан. Ізінше бірнеше белсендіні сойылға жығылған жігіттің үйіне жіберіпті. Олар тізгін ұшымен оның үйіне барып, терезесін қаққан. Үркердей бір топ баламен қолға түскен жарының өлі-тірісін біле алмай ділгіріп отырған әйел «бұл кім?» деп дауыстаса керек, шабармандар: «Біз, біз... Аш терезеңді, байыңнан хабар әкелдік» деген. Байыңнан хабар әкелдік деген соң бір жақсылық болар деп үміттенген байқұс әйел жығыла-сүріне терезеге қарай ұмтылған. Ол терезе тұтқасын тарта бергені сол-ақ екен шабармандардың бірі ақ матаға оралған қып-қызыл бір нәрсені ішке қарай лақтырып жіберепті. Матаға түйілген жаңа бауыздалған иттің басы екен. Осыдан кейін терезеден қараған бір шабарман төрдің алдына барып түскен қан жоса матаны нұсқап: «Ей, қатын білесің бе, ана матаға не оралғанын? Бар, аш та, көр, ол сенің байыңның басы» деген. Баж еткен әйел сол жерде талып қалыпты. Қазір ақыл-есінен адасқан біреу. Өзінің не айтып, не қойғанын да білмейді. Бірде күліп, бірде күйеуінің атын атап айғайлап жылай береді екен.

Әңгіме осы жерге келгенде бағанадан үнсіз тыңдап отырған Қабылжанның бүкіл қаны басына шапқандай болды.

– Тү-у! Құдайдан тартсын, құдайдан тартқырлар! Бұл тым шектен шыққандық қой! Алладан бір зауал келмейді екен өздеріне?! – деп кейіді.

– Жаратқан ием, мұндай қорлықты жан баласының басына бермесін. Мен оны дұшпаныма да тілемес едім. Осындай сұмдықтарға ет жүректі пенденің қалай ғана қолы барады десеңізші? Сол қорлыққа шыдай алмаған біраз адам өз-өзіне қол жұмсады. Ал, кейбіреулері ауыр соққыдан тілге келмей кетіп, біразы мүлде мүгедек болып қалды, – дейді Сағидолла өкініш пен шарасыздық танытып.

Бұл оқиғалар Биғатымға тіпті де ауыр тиді. Естіген құлағы, баяндаған бауыры жазықты емес. Құйып отырған шайын беруге шамасы жоқ, қолы дірілдеп ебі қаша берді. Бірақ білдірмеген болады. Ол басқасы емес, осыдан бірнеше жыл бұрын қытай мен орыс өздерінің ішкі келісімі арқылы қазақ шекарасын ашып, өтер елді өткізіп, өтуге үлгермей қалғандарын енді жаппай жазалап жатқанына ызалы. Бұл қарға тамырлы қазақ үшін біреудің жары, біреудің жалғызы екі елде қақ бөлініп қалған нағыз сергелдең кез ғой. Ет жақындарынан көз жазып қалғандар қалайша хат-хабар алыспай тұра алсын? Оның үстіне жаламен жеті жылдық жаза арқалап отырған мына бейбақ інісінің артында жап-жас жары, шегірткедей төрт баласы бар. Олардың ертеңгі күні не болмақ? Ондай бейкүнә сәбилерді шулатып, жеті жыл ғұмырын тар қапаста өткізу кім-кімге де оңай дейсің бе? Осының бәрін сан мәрте қаузап, ой елегінен өткізіп шыққан Биғатым соңында өзінің қанша оталып қопаға түскенімен қолынан келер еш шарасы жоқтығын сезгендей болды. Ілезде орағытқан ойын жинақтап, қайратына қайта мінді. Іштей бекініп, ақыры бауырына бар білген ақыл-кеңесін айтып, жұбатуға көшті.

– Сағидолла, сен ер-азамат емессің бе? Өмір бір орында тұра бермейді. Бірде оның қаһарлы қыстай ызғарына кез болсаң, енді бірде шуақты күндей жылуына бөленесің. Адам баласына осының бәрі сынақ. Оларды бастан өткеру үшін темірдей төзім, қорғасындай сабыр қажет. Атам қазақ «аққа құдай жақ» деген ғой, бүгін болмаса ертең сен де ақталып шығарсың. Саған жала жапқан сұмпайылар әйтеуір бір күні өз жазасын алады. Он сегіз мың ғаламды жаратқан – жалғыз Алла. Сол үшін барлық жақсы-жаманды жөнге салу тек бір Алланың ғана қолында. Біз асыққанмен жалақорларды жазалауға жаратушы жалғыз иеміз асықпайды. Бәрін де өзі реттеп, әділетті жанға мейір-шапағатын төгеді. Бұған бола өзіңді өзің қинап, құр таусыла берме. Қайда жүрсең, үскініңді түсірмей, еңсеңді тік ұста. Белің босағадай берік, әр басқан қадамың нық та ширақ болсын. Өзің қандай да бір жұмыс атқарарда алды-артыңды ойлап, ақылмен жаса. Басыңа қандай қиын күн туса да біреулерді жазықсыз қаралама. Өзің білесің, әке-шешең қаншалықты жоқшылық тартып, қиындықтарды бастан өткерсе де, тағдырына налыған емес. Қайта, өздеріңе тағылымды тәрбие беріп, алдалдық пен біреудің ала жібін аттамауды үйретті. Әрдайым барға қанағат, жоққа сабырлық етіп, қысылып, қиналғандарға көмектесіп жүруді дәріптеді. Бұл жолы тағдыр сені тағы бір сынға салған шығар. Сол сыннан сүрінбей өту – басты парызың. Сенің еш кінәсіз екенің Аллаға және өзіңе ғана аян. Оның бәріне уақыт төреші. «Басқа түссе, баспақшыл», құдайдың басқа салғанын көресің де, көнесің – деп білген ақылын айтты.

Апайы айтқан әр сөзді үнсіз тыңдап, іштей қабылдаған Сағидолла сөз соңында басын изеп қана бәрін түсіндім дегендей сыңай тантты. Бірақ, ол бар болмысты ашыла айтқанымен, өзінің түрмеден қашып келе жатқаны жайында тіс жарған жоқ. Тек: «Бізді бүгін осы маңнан шөп шауып жинатуға әкелді. Сонымен, шөпшілерге шалғы-тарақ, жетіспей басқалар керек-жарақ сатып әкелуге таяу жердегі Дөрбілжін қаласына түсіп кетті. Мен біреуден сіздердің көшіп келе жатқандарыңызды естіп, түрме бастығынан жалына сұранып жайдақ атқа міне салып, сұрастыра-сұрастыра жеткенім осы болды» деген.

Осымен тоқтаусыз ішілген шай, сағаттап айтылған әңгіме бір сәтке толастағандай болды. Сәлден соң дастарқан шеті түріліп, Сағидолла үй иелерімен бірге бой жазып, сыртқа шықты. Айнала у-шу, абыр-сабыр. Көшпенді ел мал және көлік қамымен әбігер. Шексіз де шетсіз аспан әлемін қызыл күрең нұрға малып тағы бір күн тау асып, тағы бір кеш кіріп келеді. Елмен қатар ат-көлігін бекітіп, мал түлігін түгендеген Қабылжан отбасындағы үлкен-кіші ымырт үйіріле қара қосқа қайта жайғасты. Осыдан әлгіндегі шаруа қамымен үзіліп қалған әңгіме ел жатарға дейін еш толастаған жоқ. Олар бірде жер жүзіне тарыдай шашырап кеткен иісі қазақ баласының басындағы нәубет жайында сөз қозғаса, енді бірде жұмыр басты пенделердің күні үшін күлік жеп, бір-біріне жасап жатқан қиянаты туралы ашына айтады. Әр айтылымның түп төркіні бір. Бір ғана төңкеріс төңірегінен туындаған әңгіме алыс-жақынды, ата тарихты, бәрі-бәрін де шарпыды. Дегенмен алма-кезек сөз алғандар әңгіме бағытын басқа арнаға бұрып, болып жатқан сұмдық жайды бір сәтке болса да ұмытқысы-ақ келеді. Бірақ, түсіп алған бір сүрлеуден ешкім шыға алар емес. Арқандаулы атша айналып сол шиырға соға берді. Осылайша қараңғы түн, қара қоста ұзақ отырып сыр бөліскен Сағидоллалар уақыттың біраз жерге барып қалғанын енді байқағандай. Биғатым ширақ қимылдап, қостың әр бұрышында қонақтаған көгершіндей көздерін ашып-жұмып, қалғып-шұлғып отырған балаларын қозғап, өзі қазан-ошаққа қарай беттеді. «Жезденің жақсысы әкедей», Сағидолланың бұл өлкедегі ең жақын деген арқасүйер жанашырларының бірі де осы Қабылжан мен Биғатым. Алғашында ол апайы мен жездесіне бар шындықты жайып салып, қалып бара жатқан бала-шағасын, жанұясына қамқор бола жүруді тапсырғысы келген. Бірақ, ойлай-ойлай келе, «әй, қой, бәрін дүрліктіріп қайтем? Менің осында болғанымнан не пайда? Онсызда жеті жыл ғұмырым итқорлықпен абақтыда өтпек. Тіпті қашпай қалсам да көптің бірі болып, белсенділер қолынан өліп кетуім мүмкін. Жабулы қазан  жабулы күйінде қалсын. Жолым болып ата-жұртқа жетсем, Алланың маңдайыма жазғанын тағы көрмеймін бе? Бала-шағаны бір құдайға тапсырдым» деген.

Көп өтпей дастарқан жайылып, алдыға қойылған астау толы етке бата тіленді. Сағидолла үйде бөгде ешкім болмаған соң қонақ ретінде «ал, бәрің де түгел келіңдер» деп бір үн қатты да:

«Әуелі Құдай оңдасын,

Пайғамбарым қолдасын.

Дұшпанымыз тұралап,

Еш жамандық болмасын.

 

Арайлап атып ақ таң да,

Күніміз күліп аспанда.

Жаратқан Алла жар болып,

Жолымыз болсын жортқанда.

 

Сүрінбесін нарымыз,

Жана берсін бағымыз.

Алдағы күнде бас аман,

Қауышайық бәріміз, Аллаһу әкбар!» – деп күректей қос қолымен жүзін сипады. «Жақсы сөз – жарым ырыс», айтылған батаны үлкен-кіші тегіс қостап, «әумин» десіп, бет сипасты.

 Алакеуім шамның жарығы. Қоралана отырып, жапырақтап туралған майлы етке қол салғандар арасында бір сәт үнсіздік орнады. Біреуге біреу қарар емес. Ауызға түскенін апыл-ғұпыл асап, қызыл өңештетіп жатыр. Басқаны қойшы, тапқанын тамағына қысылмай талғау етер еркіндікте ғой әйтеу. Сағидолланы айтсаңшы! Ол тұтқынға түскен жарты жылға жуық уақыттан бері осылай бір тойып ас ішкен емес. Оған әр жапырақ ет пен әр ұрттам шай да, сорпа да майша жағып барады. Маңдайынан бұрық ете түскен тер айғыздап ағып тұтас жүзін жуа берді. Сағидолланың мына бейнесіне қадала қараған Биғатым іштей «қайтсін-ай, қарғам! Жегені –  таяқ, істегені – ауыр еңбек. Қарғыс атқыр түрмеде бұған кім не бере қояр дейсің? Әбден ашығып, аш өзегіне түсіп кетуге шақ қалыпты-ау өзі» деп ойлады. Оның үстіне Сағидолланың өң-әлпетінде әлі де қара қотырланып, толық жазыла қоймаған азапты күндердің айшықты белгісіндей айқыш-ұйқыш түскен соққының табы бар. Осының бәрі Биғатымның жанын жаралап, жүрегін сыздата берді. Олар бұл дастарқан басында ұзақ отырған жоқ. Ас ішіліп, арғы жаққа ел қондырған соң-ақ жатып демалуға қамданды. Жатар алдында Биғатым қос бүйірі қампиған қызылала қоржынды босағаға таман қойып жатып «Сағидолла, мынау саған. Ішіне біраз шай-тұз, піскен ет пен нан салдым. Үйдің дәмі ғой. Ертең түрмеге барғанда ауқат етерсің. Ал, мына кеудешені қамсау қыл, қыркүйек айы да аяқталды, енді қазанның қара суығы бар. Байқасам, киген киімің де тым жұқа көрінеді. Ертең біз бір қараңғы, бір жарықтан тұрып, көше жөнелеміз. Өзің біраз демалып ғана қайтам деп отырсың, кетеріңде мына азықты ұмытпа. Қайда жүрсең аман жүр, амандықпен жолығайық» деп қоштасқан. Өйткені, Сағидолла төсек салар алдында оларға «менің мінгенім – көбең жылқы. Біраз тынығып, демін алған соң өзім қалаған уақытта тұрып, кете беремін. Сіздер жол соғып әбден шаршаған боларсыздар. Маған қарайламай, алаңсыз жатып демала беріңіздер. Таңертең тағы да жол жүресіздер ғой» деп ескерткен.

Жатар алдында ол үйдегі үлкендермен тағы бір мәрте қоштасып, шеткері орынға киімшең барып қисая кеткен. Қонақ  кетем деген соң, жарық та сөндірілген жоқ. Тек бақа ауыз керасин шамның білтесі түсіріліп, жарығы басылған. Үй іші ала көлеңке. Сағидолла көз ілер емес. Сананы шырмаған сан түрлі ой сан-саққа тартып әлек. Шартарапты қиялмен шарлап, шаңыраққа телміре қарап ұзақ жатты. Күні бойы жол соғып әбден діңкелеген үйдегі үлкен-кішісі жастыққа бас қойысымен бірден қорылдап, ұйқыға кетті. Сағидолланың күткені де сол еді. Орнынан еппен қозғалып, аяғына жездесінің оң босағада сүйеулі тұрған ұзын қонышты саптама етігін, үстіне ішігін киіп, қоржынын қолтықтап үйден шықты да, атына тағы соның ерін ерттеп мініп кете барды. Дегенмен, оның өз көздегені бар. Мүлт жіберер емес. Бәрін де өзі құрған жоспарға сай әрекет етумен келеді.

Таң алды. Дөңгелене туған айдың аппақ сәулесімен айнала айшықтала түскен. Енді жүрер жол, барар бағыт та айқын. Сағидолла жүре келе көз ұшында көлбеп жатқан заңғар да, зәулім Тарбағатай тауына қарай бет алды.

                                               

                                                     ІІ

 

Үсенкері жануар қамшы салдырар емес. Жұла тартып жүрген сайын арындай берді. Жол бойы Сағидолла өз жездесінен еш сұраусыз алып кеткен ат әбзелдері мен киім-кешектері үшін қынжылды. Ойлаған сайын екі беті дуылдап, өзін апайы мен жездесінің алдында кешірілмес күнәға батқан жандай сезіне берді. Бірақ, амал нешік? «Ер басына күн туса, етігімен су кешер», басқа емес, оған дәл қазір азуын айға білеген айдаһардың аранынан аман құтылудың өзі олжа. Егер басына бұл күн тумағанда, әділетсіз қорлық көрмегенде, бала-шағасын, жанұясын тастап осылай босып кетер ме еді? Бәрін сырып қойып бұта-бүргенді паналаған торғайша тозып қайтсін? Сондықтан, не де болса беттің арын белбеуге түйіп, осылай істеуге мәжбүр.

Көп өтпей тамылжыған таң да атты. Жер әлем алтын күннің шүлен шұғыласына малынып, жан біткен тағы бір күндік тіршілік қамына кірісе бастаған. Осы кезде оған алыстан ұбырынды-шұбырынды бір топ көрінгендей болды. Сағидолла селт етіп, ат тізгінін тартып, қараң-құраңға көз тоқтата бір қарап шықты. Бұлар кім болды екен өзі? Жүрістері де тым суыт. Қарсы алдымнан төніп келе жатқаны несі? Осы мен қуғыншылардың қоршауында қалып қойған жоқпын ба?

Жүрегі қобалжып, сасқалақтай берді. Қазірге олардың кім екенін парықтау қиын. Әйтеуір, ұбырынды-шұбырынды аттылар алдағы қырқа-қырқаттар мен бел-белестерден асып, тура тартып келеді. Десе де, «сақтықта қорлық жоқ», Сағидолла ат басын бұрып, алдымен олардың кім екеніне көз жеткізіп алуға тырысты. Бұл жолмен кімдер жүрмеді дейсің? Жер жарықтық жаратылғаннан бері сансыз жүргінші жүріп, сан батыр қол бастап жорыққа аттанғаны анық. Бәлкім, ертемен Шәуешектің базарына бет алған мал саудагерлері шығар?

Лезде Сағидолланының санасын күдік, күмәнға толы әр түрлі ой  бір шарпып өтті. Сөйтсе, олар тағы да сол үдере көшкен ел екен. Сағидолла қаусаған қарттың маңдайына түскен әжімдей тарам-тарам көш жолымен жақын келіп, жанай жүргендермен жай ғана сәлемдесіп өте берді. Олар үшін Соғидолла да таңырқай қарарлық жан емес. Сол баяғы қоржын-қолаңын бөктеріп, бейсауат жүрген көп жолаушының бірі де. Енді бұл көш күні бойы толастайтын емес. Біріншісі қыр асса екіншісі, екіншісі өтсе үшіншісі, тағысын тағы жалғаса бермек. Тіпті, бүгін де, ертең де одан әрі де осылай жөнкіле бермек. Қобалжыған көңіл сәл де болса орныққандай болды. Көш өз бағытымен, Сағидолла өз бағытымен тартып барады. Бір қуанарлығы, қазірге өкшелей қуған қуғыншы болған жоқ. Болмай-ақ та қойсын. Олар әлі де сол ауыл маңын айналсоқтап, Сағидолла барады-ау, барады-ау деген жерлерді тінтіп, ағайын-туысының үйін торуылдаумен жүрсе керек. Тосыннан келіп түйісіп қалмаса, енді олардан төнер көп қауіп жоқ. Өйткені, Сағидолла күн жүріп, түн жүріп, әбден ұзап кеткен.

Сағидолла бұдан былай да аялдамады. Тек сиыр түс мезгілінде Тарбағатай тауының баурайындағы қойтасты қоңыр адырға келіп кірді. Шөбі сиреп, қурап ұша бастаған кең алқап құлазып тұр. Елде жоқ, иен. Шамасы, бірнеше күннен бергі жапырыла көшкен ел дәл осы жерлерден аттанса керек. Ол, өзінің бірнеше тәулік бойы көз ілмей әбден қалжырағанын енді сезгендей. Мең-зең күйде түсіп, қалғып-шұлғи берген соң ат басын жолдан аулаққа бұрып, бір биікке шығып жайғасты. Ондағы ойы – «жау жоқ деме – жар астында». Осы жерден айналаның бәрі анық көрінеді екен. Таяу маңнан салып ұрып біреу-міреу келе жатса бірден көрінер. Егерде ондай біреулер көзге түсіп жатса әйтеуір қапы қалмаспын. Осында біраз көз шырымын алып, түс ауа жолға шығайын. Атым да тынығып, оттасын» деген. Сағидолланың қоржын толы азықтан бір түйір алып ауызға салуға шамасы келген жоқ. Атын бекітіп, ерін жастанып қана жантая берді.

Заңғары бұлт бүркеніп, төбесі көк тіреген Тарбағатай тауы әудем жерде тұр. Ақ самайлы қарттай сабырлы да салмақты, маңғаз қалпында. Жақындаған сайын биіктей береді. Енді оған сол биіктен асып, шекара сызығын аман-сау аттау – арман. Ол да айтарға болмаса оп-оңай іс емес. Оқыс басып, көзге түсіп қалса, мұздай қаруланған шекарашылардың бірі сөзге келместен бір тал оқпен жайратып салуы да мүмкін ғой.  Сондықтан да, оның әр басқан қадамына қырандай қырағылық, сауысқандай сақтық қажет.

Сағидолла шаңқай түс мезгілінде бас қойған ұйқыдан күн еңкейе бірақ  оянды. Көзін ашса айдаладағы ашық аспан астында жатыр. Ол алғашында дегбірі қашып, жаман састы. Орнынан ұшып тұрып, алдымен атын қойған аумаққа қарады. Бәрі де орнында секілді. Үрке қарайтын дәнеңе жоқ. Үсенкері жануар өзі бекіткен жерден көп ұзай қоймапты. Төскейдегі сары сірікті пырт-пырт жұлып, басын жерден алмастан пыр-пыр пысқырынып қояды. «Құдайым, сақтай гөр! Ұйқы да бір, өлім де бір-ау, тегі. Ұзақ жатып қалыппын. Уақыт та біразға барған екен, тездеп аттанайын. Бастысы атым аман, айналам тыныш болғанына шүкір» деп ойлады. Ол, көп бөгелген жоқ. Аз отырып ауқаттанып алды да, «бісімілләсін»  айтып атқа  қонды.

Сағидолланың қырқа-қыраттардан асып, сай өрлеп Тарбағатай тауына келіп кіргеніне де біраз болған. Жай күндердің өзінде басынан бұлт арыла қоймайтын мұнарлы тау бүгін де тым түнеріңкі көрінеді. Төбедегі бұлт төгіп-төгіп жіберердей төніп келеді. Айтқандай сәл жүрмей жатып-ақ жаңбыр себелеп, оған ұйытқып соққан күшті жел қосылды. Сонымен лезде айналаның әлем-тапырағы шықты. Ілгері басқан сайын долданып, ту сыртынан ұрған ызғарлы тамшы атқа да, адамға да байыз таптырмады. Ырық берместен ықтасын жаққа ықсыра берді. Көп өтпей жаңбыр соңы қарға айналып, аяғы ақ түтек боранға ұласты. Енді, міне, қар да борап, боран да ұйтқып қос бүйірден бірдей қысты. Шегінерге жол жоқ. Сағидолла ес кетіп, жан шыққанда Тарбағатай тауын  тұмсықтай барып зорға асты. Күн де батқан-ау, шамасы. Онсыз да бураша бұрқылдап, қаһарына мінген қарлы құйын ештеңені көрсететін емес. Барар бағыттан жаңылдырмаса игі еді. Сағидолла өзінің қайда келіп, қай жерде жүргенінен де бейхабар. Шекара сызығы қайда қалды? Мына қарлы боранмен қабаттаса келген қараңғыда оның шекарашылардың қолына өзі барып түсуі де мүмкін ғой. Бар білері – кері бұрылып кеткен жоқ. Ой мөлшермен ілгерілеп келеді. Әйтеуір, асудан асқаннан кейін жолдың ылдилай түскені анық. Ол қос тізгінін қымтап ұстап, ат басын еркіне жіберіп қана отырды. Бар жәрдем тілері жалғыз Алла. Бірде ол іштей күбірлеп: «Ей, жаратқан ием, өзің жар бола көр! Мына қараңғылық қаптаған меңіреу түнде мені барар бағытымнан адастыра көрме! Әйтеуір, шекарадан бері қалып қоймай, аман ассам екен. Қолға түссем де, елге жетіп түсейін. Атып өлтірсе де, өз елімнің сарбаздары атып өлтірсін. Сүйегім тек атажұртта қалса арманым жоқ, еш өкінбес едім!» деп тілеген.

Айнала ақ мұнар. Қай мезгіл болғаны да белгісіз. Бірде  жол еңістеген сайын қарлы боранның қарқыны бәсейіп, жауған қар да баяулай берді. Үсенкері болса «шу» дегізбестен желмен жарысып, тартып келеді. Енді бірде ат аяқастынан тік қарғып, шыңғырып-шыңғырып барып төбеге ұрғандай шорт тоқтады. Бейғам отырған Сағидолла аттан ауып түсіп қала жаздап барып қайта орнықты. Ары тебінді, бері тебінді. Ат тұрған орнынан қозғалар емес. Тіпті, қамшылап та көрді, жануар төрт аяқтаған бойда қалшылдап дір-дір етеді. Сағидолла қатты састы. Не болғанын біле алмай дал. Құлама құз жартасқа тура келіп қалдым ба? Жоқ  әлде түн кезген бөрі, болмаса ашыққан аю қамап тұр ма деп те шошыды. Әйтеуір, бір сұмдықтың болғаны анық. Өйтпегенде осыған дейін жұла тартып келген жануардың лезде мұндай күйге түсуі мүлде мүмкін емес еді. Сонымен, ол не де болса Алланың басқа салғанына көндім деген тәуекелмен аттан түсті. Тізгінін ер қасына іле салып, алдыңғы жақта не болып жатқанын білмекке тырысты. Ол ат басына жақындай бере сіріңке тартты. Қораланған қол қуысындағы жылтыраған әлсіз жарық жел лебімен оңды-солды шалқып, ештеңе дұрыс көрінер емес. Одан сайын жақындап, екінші мәрте сіріңке шаққанда оның үрейленгені соншалық, тұла бойы дір етіп, тітіркеніп кетті. Ат алдында тізгін-шылбырға оралған екі үлкен мақұлық отыр. Бір қызығы, олар қазірге атқа да, адамға да айбар шегіп, шабуыл жасай қойған жоқ. Сағидолла қолындағы сіріңке қорабын ашып, тағы бір мәрте сіріңке тартуға ыңғайлана бергенде оның ту сыртынан біреулер келіп жарық түсірді де, қатқыл үнмен «тұрған орныңнан қозғалма!» деген қатаң ескерту жасады.

Құлақ, шіркін, елең ете қалды. «Иә, қазақ қой бұл келгендер. Менің естігенім – нағыз қазақтың үні, қазақтың. Олар менің ет жақындарым екен. Демек, мен ел шетіне ілінген болдым ғой. О, жаратушы жалғыз ием, мені еш адастырмай елге жеткізгеніңе шексіз шүкір! Жеттім-ау, ақыр! Енді сендердің қолыңда өлейін!».

Сағидолланың қуанышында шек жоқ. Қос қолын көтеріп, оларға бағынышты екенін білдіріп бір орында қозғалмай тұра берді. Әйтеуір, ол өзі аңсаған елге келіп, қазақ дауысын ет құлағымен естігеніне мәз. Дәл осы сәтте одан бақытты жан жоқ шығар-ау, сірә?!

Түскен жарықтан енді анық көрінді, кері атты тізгін-шылбырдан алып, тыпыр еткізбей отырған тайыншадай-тайыншадай қос қарала ит екен. Екі құлағы тебінгідей, түрлері де суық. Жарық түсірушілер келісімен иттер ат тізгінін тастай беріп, иелеріне қарай бұлаңдап еркелей жөнелді. Сағидолла теріс қараған бойда қос қолын көкке көтеріп әлі тұр. Келгендер оның бойында жасырынған суық қаруы, болмаса басқа бірдеңесі бар ма деп ойласа керек, қолын түсіртпей тұрып, өн бойын тегіс бір тінтіп шықты. Бірақ, күдіктенер ештеңе тапқан жоқ. Сосын олар тіс жарып ештеңе айтпастан атын жетелеп, адамын ертіп жүре берді. Олар өздері тұрған аумақтан шамалы жүргенде алдыларынан көше шамдары жарқыраған бір ауыл көрінді. Сағидолла үшін ауыл үйлерінің салыну үлгісі де өзгеше. Бірден көзге ұрып тұр.

– Бұл қай жер? – деп сұрады ол.

– Мақаншы ауданының Бақты ауылы, – деді бір сарбаз. Басқа артық ештеңе айтқан жоқ. Негізінде Сағидолла Тарбағатай тауын асып, Ақшәулі  арқылы, Аягөзге өтуді көздеген. Алдымен сол жердегі туыстарымды тапсам, әрі қарай бір жөні болар деген. Бірақ, ол өзі мөлшерлеген жерден мүлде қиыс кеткен екен. Мынаған қарағанда әлі де сол Қытай шекарасының түбіндегі Бақты аумағында жүргеніне таң. Сақтай гөр, Алла! Сарбаздар қолына түспей тағы біраз жүргенде Қытай жеріне қайта өтіп кеткендей екен. Сағидолла жарық түбіне келгенде бірақ байқады, өзін ұстап әкеле жатқан бес әскердің үшеуі қазақ, екеуі орыс көрінеді. Олар оны ауыл көшелерінің бірімен шеткері орналасқан бір кең аулаға бастап кірді.

Аула іші тым-тырс. Жыбыр еткен жан жоқ. Қамау орны дейін десе, қарулы күзет көрінбейді. Тек кірген қақпаның оң босағасында жалғыз шырақ айнадай жарқырап тұр. Қақпа да алаң-ашық. Сағидолла «мені бүгін осындағы үйлердің біріне қамап қоятын болды-ау» деп топшылады. Тағы бір таңғаларлығы, ұстап әкелген сарбаздар Сағидолладан «сіз кім едіңіз? Қайдан келдіңіз? Қайда барасыз?» Жо, жоқ... Бір ауыз сөз сұраған жоқ. Алдымен оның өз көзінше атын қақпаның сол жағалауындағы ат қораға байлап, өзіне аула төріндегі үйлердің бірінен жатар орын көрсетті. Сағидолла қазақ жігіттерін жақын тартып, біраз бірдеңелер сұрағысы келген. Бірақ ешкімнің ештеңе айта қоятын түрі жоқ. Бәрі де үнсіз. Сарбаздар Сағидоллаға ас-тағам, көрпе-жастық дайындап беріп «сіз осында демалыңыз» дегенді ғана қазақ тілінде айтты. Ал, өз араларында мүлде орысша сөйлеседі. «Бәлкім тәртіп солай шығар. Сағидолла ештеңе де түсінген жоқ. Енді жайланып тамақтана бастап еді, сарбаздардың бірі қалмай шығып кетті. Есікті де бекіткен жоқ. Бұл елде қолға түскен адамдардың бәріне осылай жұмсақтық танытады ма? Әлде, ұлтым қазақ болғаны үшін бе? Енді ертеңгі тергеу кезінде де осылай болса игі еді. Жоқ, екі сөзге келместен тарпа бас салып, өлімші етіп тастайтын сұмпайылар мұнда да бар ма?»... Түпсіз ой. Тереңіне бойлап болмайсың. Бірі кіріп, бірі шығып жатыр.

Даңғарадай дара бөлме. Жалғыз өзі. Ортасы опырылып түсетіндей былқылдақ төсек тым жайсыз. Сағидолла көз ілер емес. Құр аунақшып жүз ойланып, мың толғанады. Осыған дейін болған болмыстың бәрі де көз алдында. Қаз-қалпында бір елестеп өтті. Бірде ол еппен басып ауыз үйге, одан әрі далаға шықты. Қазірге оны күзетіп тұрған жан баласы жоқ. Далада да тыныштық. Өзі келгенде жапалақтап жауып тұрған қар да басылған. Аспандағы бұлт үдере көшіп, арасынан ай сығалай бастапты. Атының қасына барып, сіріңке тартып көріп еді, ол да орнында екен. Жануар оқыр толы көк шөпті күрт-күрт күйсеп тұр. Сағидолла басқа емес өзін еш қараусыз қалдырып кеткен сарбаздарға таң. Сонда олар бұл адам кім екен өзі, қараусыз қалды. Қашып кетіп жүрмей ме дегенді ойламады ма? Адам сенгісіз әрекет. Әлде олар Қытай шекарашыларына хабар айтуға кетті ме екен? Сағидолла сасқалақтай бастады. Сасқалақтамай қайтсін? Шынымен де шекарашылар Қытай жаққа хабар айтып, бір адамдарың біздің жерге өтіп кетіпті деп кері қайтарып жіберсе оның біткені ғой?! Осыған дейін қашып-пысып жеткен бар еңбегінің де зая кеткені де. Ол ақыры мені күзетіп тұрған ешкім жоқ екен, не де болса ел ішіне таман еніп кетейін деген оймен абың-күбің жиналды да аттанып кетті.

Түн іші. Ауыл ішінде айнадай жарқыраған қалың шырақ. Ол ат жүрісін жылдамдатып, бір көшеден өтіп, екінші көшенің орта шеніне жеткенде әлгіндегі қос қарала ит қайдан шыққаны белгісіз тағы сап ете түсті. Жарыса келіп, оны алды-артына қаратпастан ат тізгінінен алып, шыққан ауласына қайта әкеліп тықты. Сағидолла еш амалсыз. Қамшы білеп қарсылық көрсетуге де қаратқан жоқ. Ол атын орнына байлап, өзі жайғасқанша иттер көз алмай қарап жатты да, орныққанда шығып-шығып жүре берді. Иттер әбден ұзады-ау деген кезде Сағидолла қайта қамданды. Бұл жолы да иті құрғыр оны алысқа жіберген жоқ. Қалай амалдап ауылдан шығып кетейін десе де, екі иттің құрық бойламайтын қулығынан құтыла алмаған ол соңғы рет атын тастап, жаяу кетуге бекіген. Бәрібір ұзатпай ұстаған төбеттер оны екі білектен қапсыра тістеп, жатар орнына тағы сүйреп кіреді. Амалы таусылып, әлі құрыған ол әбден діңкелеп келіп қисая кетті. Сонымен, тұяқ серпіместен ұйқыға кеткен оған өңіндегі бұл оқиғалар түс болып тағы қайталанды.

Түсінде оның өзі туып-өскен өлкесіндегі кезі екен. Қайғысыз-қамсыз жүрген оны бірде біраз жерлестерімен бірге аяқ-астынан ұйтқып соққан бір қара құйын ұшырып ала жөнеледі. Ел-жұрты, туыс-туғаны қанша қарманып, құтқарып қалуға қам жасағаны мен еш амалы болмайды. Қайта қаһарлана соққан жел одан сайын долданып, ұршықша иріп әкете береді. Тіпті, бірде саптастарынан көз жаздырып Сағидолланың басын тасқа да, талға да соғады. Жол бойы кездескен ағаш бұтақтары мен қолға ілінер кедергілердің бәрін де қармап көрді. Бірақ қайран жоқ. Амалы таусылған Сағидолла жаратқанға сан мәрте сиынып, біткен жерім осы болар деп те топшылаған. Бірде аспандатып, бірде жер бауырлатып қаңбақша ұшырған қара құйын оны ақыры итарқасы қияндағы бір теңізге айдап түсіреді. Тынып тұрған теңіз түбі. Аш бөріше анталаған қалың жыртқыш  жан-жағында. Тісін қайрап, тірі жіберетін емес. Әрбірі өзінше айбар шегеді. Теңіз тереңіне тұншыға бойлап, зорға көтерілген оның соңынан үріккен жылқыдай дүркірей қуып жеткен асау ағыс тағы көміп өте шықты. Әйтеуір, бір пәледен құтылдым-ау дегенде екіншісі дайын.

Ес кетіп, жан шыққанда одан да құтылуға таяған оған аузын арандай ашқан бір алып акула тап береді. Тағы қашады. Қос өкпесі аузына тығылып енді шағаласы шарық ұрған жағажайға жеттім-ау дегенде, күн көзін көлегейлей ұшқан қалың қара құс пайда бола кетеді. Олар кеңістікті бірнеше мәрте айналып, айналып келіп ішінен қара үзіп шыққан біреуі Сағидолланы іліп әкетеді. Екі иықтан шеңбектей қысып көкке көтерілген қара құс оны биіктетіп барып ақ көбігін аспанға атып, асып-тасып жатқан толқындар құшағына қайта лақтырады. Осылайша теңіз тереңіне үш бойлап, үш шыққан ол соңғы рет бір қалың орманға қарай бет алады. Орман іші тіпті де сүркей. Жаңа ғана соғыс жүріп өткендей. Қып-қызыл қанға боялып, айқұш-ұйқыш сұлап жатқан адам өліктерінен аяқ алып жүргісіз. Жүрегі құрғыр дір ете түсті. «Құдай-ау, неге кез болдым? Қайда жүрмін өзі? Ал, мына қырылып жатқан адамдар кімдер? Арасында менің жерлестерім де жатыр ғой. Тіпті, бірінің денесінде саутамтық жер қалмаған, түте-түте. Оларды айдалаға соғысқа әкелген кім сонда? Жоқ әлде, қызыл білекті белсенділер айдап әкеліп қырып салды ма екен?» Ештеңе түсініп болмайсың. Ілгері басқан сайын тұла бойы түршігіп кетті. Ол жердегі мәйіттер арасынан өзінің бір танысын көріп, марқұмның ашық қалған көзін жаба бермек болып еді. Қайдан шыққаны белгісіз бір топ көкжал гүр етіп тұра ұмтылды. Қасқырлар бірінен бірі қалыспай жарыса қуып келеді. Қоян бұлтаққа салып, тоғай арасынан шығар жол таппай жүрген оны әлгіндегі қос қарала ит тағы келіп тарпа бас салды. Иттер алға, бөрілер кері тартады. Оңайлықта жібере қоятын емес. Өліспей беріспейтін сияқты. Олар теріше жұлмалап, көкпарша додаға салған Сағидолланы ақыры терең бір орға құлатып тынады. Тағы қарманып, тар зынданда әрі-бері бұлқына беріп көзін ашса, үйдің іші жап-жарық. Там қабырғаларына терезеден күн сәулесі түсе бастапты. Үйге бірнеше сарбаз кіріп, оның бірі Сағидолланың көрпесінен тартып оятып тұр екен. Ол әлгіндегі арпалыстардың жай ғана түс екенін сонда сезді. Түс те болса қаз-қалпында. Өңіндегідей ап-айқын. «Сақтай гөр, Алла, ендігі көрер бейнетім бұдан да ауыр боламаса игі еді-ау...» – деп ойлады сонда Сағидолла іштей күбірлеп.

Сол күні таңғы астан кейін сарбаздар оны өзі қонып шыққан Бақты ауылындағы бір әскери орынға бастап барып, тергеуге алды. Тергеу орнына алдымен жасы қырықтар шамасындағы бір әскери шенді орыс жігіті келіп кірді. Ол жанындағы қазақ тілмашы арқылы оның қайдан келгенін, қайда бара жатқанын сұрап, бұл сауалдарға нақты әрі асықпай ойланып, толық жауап беруін әмір етті. «Егер жалған айтып, бірдеңелерді жасыратын болсаң және бізді құр әуреге салып алжастырам десең, өз обалың өзіңе, бізден еш жақсылық күтпе. Онда оның жазасы тіпті де ауыр болады» деп ескертті. Қойылған әрбір сұрақ пен берілген жауапты олардың оң жағындағы үстелге келіп жайғасқан әскери киімді, аққұба жүзді кішкентай қазақ қызы жазып отыр. Ол да шамасы көп оқыған, қос тілді еркін меңгерген жан секілді. Сонымен, алғашқы тергеу басталды. Орыстың қойған сауалы бойынша Сағидолла өз өмірбаянын әу басынан бастап үтір, нүктесіне дейін қалдырмай баяндауға кірісті.

– Атың кім сенің?

– Сағидолла.

– Әкеңнің аты?

– Досжан.

– Ұлтың ше?

– Қазақ.

– Туған жерің, туған жыл, ай, күнің?

– 1929 жылдың 16-шы сәуірінде, Қытайдың Тарбағатай аймағы, Толы ауданына қарасты Майлы тауында дүниеге келгем. Орта жүз, он екі Абақ Керейдің Жәдік деген руынанмын.

– Қазіргі тұрғылықты жерің?

– Толы ауданының, Ақбелдеу деген ауылы.

– Үйленгенсің бе?

– Үйленгем.

– Жанұялық жағдайың?

– Әйелім және үш ұл, бір қызым бар.

– Білімің?

– Арнайы жоғары білімім жоқ. Тек төте жазуда 4 сынып бітірген толық хат жазарлық сауатым бар.

– Мұнда бала-шағаңды тастап не себепті келдің?

– Өздеріңізге мәлім, осыдан бірнеше жыл бұрын екі мемлекеттің ішкі келісімі арқылы бір-ақ күнде шекара ашылып, Қытайда қалған қазақтың жарым-жартысы елге ағылды. Ал, өтіп үлгермегендер үйірінен адасқан жылқыдай шұрқырап арғы жақта қалып қойды. Біз де дәл сондай ет жақындарынан көз жазып қалғандардың бірі едік. Алайда араға екі жыл салып Қытай үкіметі шеттегі туыс-туғандарымен жай байланыста болып, хат-хабар алысқандарды жаппай қаралап, түрмеге жаба бастады. Солардың қатарында мен де тұтқындалып, жалған жаламен жеті жылға бас бостандығымнан айырылдым. Сонымен, осыдан үш күн бұрын орайын тауып Толы қаласындағы түрмеден қашып шығып, осында жеттім. Басты мақсатым – осы жерде қалу. Ендігі төрелік өздеріңізде, – деді Сағидолла.

Бұл күнгі тергеу шамамен 5-6 сағатқа созылды. Әр тергеудің соңында жауап алушы «осы айтқандарыңның барлығы шындық па?» деп қайта-қайта кесете берді. Көрген қиындықтарының бәрін ысырып қойып, елге есен жеттім ғой деген патша көңілді Сағидолла еш саспастан тергеушілерге «бір тәңірге аян. Бұл айтқандарымның айна қатесі жоқ шындық» деп сенімді жауап қайтарды. Тергеушілер олай болса тергеу құжатының соңына қолыңды қой деп, әр параққа толық аты-жөнін жаздырып, бармақ табын бастырады. Сағидолла бәріне де мақұл. Тергеуші сөзінің соңында «басқа да ұмытып қалғандарың болса, әлі де есіңе түсір, жақсырақ ойланып, жан-жақты жауап беруіңе тағы біраз уақытың бар» дейді.

Осылайша, басталған тергеу бір жұмаға созылды. «Қытай – темір ноқта, орыс – қайыс ноқта» деген, бір қуанарлығы бұл тергеуде олар сәл де болса жұмсақтық танытты. Орынсыз қысым көрсетіп, Қытайдағыдай темір шұра салып, шыңғыртып қинаған жоқ. Қалай қинаса да Сағидолланың айтар сөзінің ақиқаты осы. Әр күн сайын бір тергеуші келіп жауап алады. Олардың арасында қазағы да, орысы да бар. Бәрінің тергеу барысында қояр сауалының түп төркіні бір. «Қайдан, не үшін келдің? Ол жақта қандай қызмет істедің? Енді не істемексің, қандай ойың бар?» деген сауалдар жиі-жиі қойылады. Сағидолла олардың бәріне де сол алғашқы жауабын қайталаумен болды. «Сөз соңында Сағидолла әр тергеушіге менің сіздерден сұрайтын бір ғана өтінішім бар. Мені атсаңдар да, қамасаңдар да мейлі. Әйтеуір, қазақ даласында қалуыма мүмкіндік беріп, Қытайға кері қайтармасаңыздар болғаны. Керек десеңіздер, менің Семейдің Аягөз ауданы маңында ағайын-туыстарым, Көкпектіде туған әпкем Хадиша, жездем Қалижан тұрады. Мені жалған айтып, шындықты жасырып отыр десеңіздер соларға хабарласып, сөзімнің шын-өтірігіне көз жеткізулеріңізге де болады» деп жалынады. Бірақ оның бұл өтініші ескеріле ме, жоқ па қазірге жауап жоқ. Бәрі де тергеу қорытындысында белгілі болмақ.

Сағидолланың Бақтыда жатқанына да сегіз күн өте шығыпты. Соның соңғы екі күнінде тергеу сап тыйылған. Жай ғана оның ас-тағамын уағында беріп, бәйге атындай мәпелеумен болды. Мұндай ілтипаттың соңын тағатсыздана күткен ол бәрі осылай аяқталса деп тілеген. Бір күні аяқастынан Бақтыдағы шекара жасақтары жаппай қарбаластыққа түсті. Олар алдымен аумақты мұнтаздай тазалап, одан соң барын киіп, бақанын қолға алып дайындаған. Осыдан екі тәулік өткенде Бақты ауылына шекара қызметінің бір тікұшағы келіп қонды. Ұшақтан түсер мәртебелі мейманды сарбаздарды сапқа қойып, әскери шенділер тікесінен тік тұрып қарсы алды. Сол күнгі түскі астан кейін олар Сағидолланы тағы да тергеу орнына бастады. Ғимараттың сыртқы кіреберісінен ішкі едендеріне дейін су жаңа қызыл ала кілем төселген . Тергеу бөлімі тым-тырыс. Құлаққа ұрған танадай. Сәлден соң құрақ ұшқан қос сарбаз жарма есікті айқара ашып, еңгезердей қарашұбар жүзді бір адам ішке енді. Үстінде жоғары шенді әскери киім. Кеуде толы жарқыраған медаль. Адымдай басқан сайын қоңыраулы күймедей ордендері шылдыр-шылдыр етеді. Отырғандар тегіс орындарынан тұрып, құрмет білдірді. Ол кірген бойда төрдегі үстел басына барып бірақ жайғасты. Басқалар оның қол ишаратынан кейін ғана орындарына отырып, айтарын күтті. Сағидолла көп өтпей өз ісіне соңғы нүкте қойылатынын енді сезгендей. Топ ортасында тұрып бейтаныс жандардың бәріне жалтақ-жалтақ қарап қояды. Ол басқа емес, жоғары шенді тергеушінің қазақ болып кездескеніне қатты қуанған. Ал, тергеуші генерал болса қазірге жақ кірісін ашқан жоқ. Алдына қойылған іс-құжатарына тесіліп, бірден парақтап шыққан соң Сағидоллаға қарап:

– Алдымен өзімді таныстыра кетейін. Мен сіздің осы ісіңізге бола Мәскеуден арнайы жіберген тергеуші боламын. Атыңыз кім сіздің?

– Сағидолла.

– Сағидолла, бұл сізге беріліп отырған соңғы мүмкіндік. Енді осы мүмкіндікті пайдаланып, бар шындықты бүкпесіз айтуыңызға болады. Ештеңені де жасырып қаламын деп ойлаушы болмаңыз, – деді қатаң түрде.

 Сағидолла басын изеп ишарат етті де, сегіз күннен бері сан мәрте қайталап, әбден жаттанды болып қалған өмірбаяндық хиқаятты тағы қайталады. Көңілде күдіктен көрі үміт басым. Алладан бір шарапат болса, маған осы адам арқылы болар деген ойда. Алайда, сағызша созылған тергеу нәтижесі бұл күні де шықпады. «Өлім де болса тез игі», Сағидолла соңғы шешімді сарыла күтіп, тағатсыздана тосты.

Келесі күні тергеуші құрам оны тағы да ортаға алып, айтар ойын тыңдап, өзара ақыл-кеңестерімен бөлісті. Сағидолла олардың алдында отыр дегені болмаса, ештеңе түсіне қойған жоқ. Бастабында әп-әдемі қазақ тілінде басталған кеңес толықтай орыс тілінде жалғасты. Бұл тергеушілердің өзіне түсінікті де ұғынықты болуы мүмкін. Сағидолла үшін бір түйір сөзі миға қонбайтын мүлде жұбақ тіл. Олар бір-біріне дес бермей ұзақ сөйлесті. Бірақ не айтқаны, не шешкені белгісіз. Бірде абың-күбің жиналып, түскі асқа тарасты. Сол күннің екінші жартысы барлық әскери шенді-шекпенділерді қатарына алған  әлгі қазақ басшы Сағидоллаға көпшіліктің көзінше «сен бізден ешнәрсе жасырған жоқсың ба?» деп сұрады. Бейнесі сұсты, қойған сауалдары да қатаңдау. Сағидолла басын шайқап:

– Аллаға аян, ештеңені де жасырғам жоқ, – деді.

– Олай болса, кеуде киіміңді шеш те, алдыңдағы экранға қарап тұр, – деп бұйырды қазақ генарал.

«Экран» деген атауды тұғыш рет естіп тұрған Сағидолла оның не сөз екенін түсінген жоқ. Кеуде кимін шешіп, қолтықтығына қысқан бойда жан-жағына жалтақ-жалтақ қарай берді. Сәлден соң оның артында тұрған қос сарбаздың бірі қолтығындағы киімін ілгізіп, өзін алдындағы там қабырғасына орнатылған төрт қырлы экранға қарама-қарсы тұрғызып қойды. Осыдан кейін ішкі есіктердің бірінен әскери киім киген жастау орыс жігіті кіріп келді. Ол қолындағы қорапшадан шағын бір аспапты алып шығып, оны тоқ көздеріне жалғады да Сағидолланың жалаңаш иығына салып, экранға қарады. Қаз-қатар отырғандардың көзі де экранда. Жамырай қарасты. Сағидолла аң-таң. Мұнымен не істер екен деген кісіше экранға бір, басқаларға бір қарап қояды. Әйтеуір, қинау амалы емес екені анық. Бәлкім бұлар бір жұқпалы дерт болмасын деген күмәнмен денсаулығымды тексеріп жатырма деп те ойлаған.  Бірақ олай болмады. Алғашында сәл шұбарланып барып,  айқындалған экраннан оның кеуде тұсы толық көрінді. Тіпті, аспапты жақындатқан сайын денесіндегі әрбір бөрткен, тарыдай меңге дейін анықтала түсті. Желке тұсынан қойылған аспап сырғи-сырғи оң иықтың үстіне барды. Төрде отырғандардың бәрі тапжылмай тесілуде. Бірде оның иығынан аса түскен үлкен қара дақ көрінді. Отырғандардың барлығы дақты көре салысымен жарыса сөйлесіп кетті. Бәрі де орыс тілінде. Олардың не айтып, нені меңзеп отырғаны беймәлім. Анда-санда экранды нұсқап-нұсқап қояды. Бірде иықтан көрінген ұзын қара дақты көрсеткен әскери шендінің бірі Сағидоллаға:

– Анау не? – деді экранды нұсқап. Не айтар екен деген кісіше бәрі Сағидоллаға жамырай қарады.

– Ештеңе түсінбедім. Бұл нені білдіреді? – деді сұрағына сұрақпен жауап берген ол.

Отырғандар сәл тосылып бір-біріне бір қарасты. Соңында әскери тәртіппен орнынан ұшып тұрған Мәскеуден келген қазақ басшы Сағидоллаға:

– Сен ең кемінде он жыл мылтық асынған адамсың. Сенің иығыңдағы мына қара дақ ұзақ уақыт құрал асынғаннан пайда болған. Оны өзің де көріп тұрсың. Бұл сенің мылтық асынып, әскери салада қызмет еткеніңнің айқын айғағы. Ал, сенің тергеуде берген жауаптарыңның барлығын шындық десек, мұны қалай түсіндіресің, неге жасырдың? – деп шұқшия қарады.

Сонда ғана олар қойған сауалдың түп төркінін түсінген Сағидолла:

– Ағатай, менің құрал асынғаным рас. Себебі, біздің әулет кедей және ұзақ жыл бойы ауыл шаруашылығымен шұғылданып келді. Ағайын- туғанымыздан ешкім әскерге барып, заң саласында қызмет істеп көрген емес. Үйімізде әкем Досжаннан қалған бесатар аңшы мылтығы әлі күнге сақтаулы. Керек кезінде дәл сондай құралды өз қолымнан соғып алатын шеберлігім тағы бар. Мен жастайымнан әкем Досжанға еріп Майлы-Жайыр, Барлық пен Орқашар деген таулардан аң аулап өстім. Сіз айтқандай он жыл емес, үйдегі қаруды он үш жыл асыныппын. Тіпті, айта берсем құралайды көзге атар мергеннің өзімін. Сол үшін жерлестерімнің біразы мені «мерген Сағидолла» деп атаса, енді біреулері «ұста Сағидолла» дейтін. Кешіріңіздер, мен мына аңшылық жайындағы әңгіменің бұл тергеуге еш қатысы жоқ қой деген оймен бастапқыда айтпағаным рас, – деп түсіндірді.

Бұл жауабы оларды еш қанағаттандыра қоймаса керек, орталықтан келген қазақ басшы:

– Осының барлығын алғашқы күннен бастап жасырмай айтуың керек еді. Енді бәрі де кеш болады-ау, – деп екі иығын бір көтеріп қойып, шығып кетті.

Сағидолланың айтқандарының барлығы да шындық. Алайда, тергеушілер бұл жауабын ескере ме, ескермей ме ол жағы белгісіз. Дегенмен, тергеу аяқталар кезде ойламаған жерден көңілге күдік ұялатар мына бір істің пайда бола кеткені Сағидолланы қайта-қайта абыржытып, жиі-жиі алаңдата берді.

Келесі күні таңғы астан кейін бірнеше сарбаз Сағидолланы бір бітеу көлікке кіргізіп, қол-аяғын кісендеп, көзін таңып қойды. Жүрегі құрғыр зу ете түсті. Сонда мені бұлар түрмеге жаба ма? Жазығым не менің? Әлде басқа бір қалаға алып барып қайта бастан тергеуге ала ма?

Сананы жаулаған сан сұрақ. Не болып жатқаны түсініксіз. Сағидолла сарбаздардан мені қайда әкеттіңдер деп сұрағысы келді. Бірақ, оған ешкім жауап бере қоятын емес. Көп кідірместен көлік дүр етті де, өз бағытымен құстай ұшып кете барды. Таң бозынан аттанған олар бірнеше сағат тоқтаусыз жүріп, діттеген жеріне жетіп бірақ тоқтады. Сағиддолла көз таңғышын шешкенде өзінің Қазақ-Қытай шекарасында тұрғанын көрді. Сөйтсе, оның атажұртымда қалсам деген талабын ешкім ескермеген. Керісінше, тергеу қорытындысы бойынша оны Қытайдың Кеңес Одағына арнайы жіберген тыңшысы деп қарап, келген еліне кері қайтару туралы шешім қабылдапты. Сонымен, олар Сағидоланы Шығыс Қазақстанның Майқапшағай шекарасы арқылы Жеменей өткелінен Қытай шекаршыларына табыс еткен. «Сорлы тышқан соқыр мысықтың барына сенбейді» дегендей, Сағидолла олардың бұлай істегеніне еш сенгісі жоқ. Алғашында бәлкім өңім емес, түсім болар деп те ойлаған. Бірақ, шынымен де солай болды. Кейде адам баласы он сегіз мың ғаламның жаратушысы жалғыз Алланың барын біле тұра бір-бірімізге сенім артып, бір-бірімізден үміт күтіп жатамыз. Бәлкім, бұл шариғат заңы бойынша күпіршілік шығар. Пенделер басынан өтетін жақсылық пен жамандық, бақ пен сор, ажал мен бейнет атаулының барлығы қолдағы дүние емес. Сол үшін де әр істің өз ойлағаныңдай болып шыға беруі неғайбыл, ол тек жаратушының ғана қолында.

 Осылайша екі оттың ортасында қалып опа таппай қайтқан Сағидолланың ұлан-ғайыр жері, іргелі елі тұрса да, билік басқа біреулердің қолында екеніне енді көзі жеткендей болды. «Замандардан бергі қара басын қатерге байлап, ел үшін, жер үшін күресіп, өткен ұлт жанашырларының барлығының аңсаған арманы – бір ғана тәуелсіздік емес пе еді? Егер елім тәуелсіз болғанда, кешегі Мәскеуден келген генерал қазақ мені ешкімге жалтақтамастан өз қанатымен қалқалаған болар еді ғой. Онда мен де бүгін өз тәуелсіздігімді тойлап, өз елім, өз жерімде еркін көсіле бастаған болар едім. Тіпті, бүгін ешкім мені торға түскен торғайдай шырылдатып, мына сұмпайылардың аузына салып бермеген болар еді. Ара түсер ешкім қалмапты. Тәуекел енді. Тағдырымның маңдайға жазғаны осы шығар. Тек өліп кетпесем тағы да шыдармын» деп іштей бекінді сонда Сағидолла.

Қазақ сарбаздарының көзінше құрша жорғалаған Қытай шекарашылары Сағидолланы жылы шыраймен қабылдап алғандай сыңай танытқан. Оның бас-аяғына қарап, үсті-басын қағып-сілкіп мейлінше мейірімділік көрсетіп жатқандай көрініс берді. Ал, табыстаушылар бұрыла салысымен байырғы қатыгездігіне қайта басты. Олар тұтқынды тік тұрған жерінде мылтықтың дүмімен ұрып сылқ еткізді. Енді оған ара түсер ешкім де жоқ. Тіпті, оның өлген-тірілгенімен ешкім санасар емес. Адам да бір, қағып түсіріп өлтіре салатын шыбын-шіркейде бір секілді. Әйтеуір, еш аяушылық болмайтыны анық. Жығылған үстіне жұдырық болып іштен тиген ауыр соққыдан ес жия алмай екі бүктеліп жатқанда жанына бірнеше сарбаз келіп тарпа бас салды. Ізінше шыр еткен ысқырық үні естіліп, сол маңдағы шекара қызметінің барлық жасақтары сапқа тұрды. Олардың мұндайға әбден көзі үйіреніп кетсе керек. Алдыларында қол-аяғы байлаулы, сұлап жатқан қара басты адам анау. Оған назар аударған ешкімі де жоқ. Бәрі де түк болмағандай, қаздай тізілген қатарға барып тұра-тұра қалды. Жасақ басшысы сарбаздарды оңға-солға тегістеп, еркін тұру бұйырғын берген соң әскери шенділердің бірі сытылып алға шықтты. Ол қолындағы қағазына қарап, бірнеше сарбаздың атын атап шақырды да, оларға тұтқынды өзі қашып шыққын Толыға жеткізуді міндеттеді. «Айтылған сөз – атылған оқ», бұйрық берілді ме, орындау  – парыз. Тапсырма алған бес әскер көп аялдаған жоқ. Ыңырсып жатқан Сағидолланы қол-аяғынан алып, алдарында тұрған шағын жүк көлігінің үсіне топ еткізді де, орталарына алып, аттанып кетті.

Дәл осы тұста Шығыс Түркістандағы Алтай мен Тарбағатайдың арасы мұндай көліктер үшін үш күндік жол. Олар Сағидолланы көздерінен еш таса қылған жоқ. Қас қақпай күзетіп, жол бойы еш жерге түнетпестен, байырғы түрмесіне жеткізді. Қашқын жайы Толы халқына күні бұрын хабарлынып қойса керек, оларды дүйім жұрт болып қала сыртынан қарсы алды. Мұндайға бойында жаны бар адам қалмай келіп қатысуы тиіс. Егер кім де кім бір сылтау айтып бармай қалса, қылмыскердің жақтасы ретінде қатаң жазаға тартылады. Сол себепті, алдын-ала хабарланған жиын, топтан ешкім қалмауға тырысатын. Қарақұрым халық қарасы көрінісімен көлік қарқынын бірден бәсейтіп келіп тоқтады. Енді бұдан арғы түрмеге дейінгі бір шақырымдай жолға  Сағидолланы жаяу жүргізбек. Көлік тоқтар тоқтамастан білектеріне қызыл таққан бірнеше белсенді оны сүйреп түсіріп, тепкілей жөнелді. Мұндайда оларға әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмайтын. Өйткені, бар билік солардың қолында. Тіпті, біреуге біреудің қой дегені былай тұрсын, бір-бірінің жүзіне тура қараудан қорғанатын заман. Енді бірнеше күн бірге жол жүріп, алып келгендердің өзі оған бұрылып қараған да жоқ. Көпшілік алдында қолдарындағы құжатқа қол қойғызып алысымен өз жөніне кете барды. Белсенділер жұрт көзінше қол-аяғы байлаулы тұтқынды аяусыз азаптауға тұрды. Оның қанға боялған жүзіне қара күйе жағып, басына ескі-құсқы киізден қалпақ кигізіп, білгенін істеп жатыр. Бұл олардың жұртқа «сендердің де көретіндерің осы» дегендей ескертуі еді.

Сағидолланың қол-аяғы бос емес. Қанша мықты болса да, қолға түссе батырдың да күні қараң. Осылайша темір таяқтың астынан алған есерсоқтар оны абақты қақпасынан аттай бере талдырып тастады. Түрме қақпасы тарс жабылды. Ол енді өлсе де, ұзақ жатып есін жиса да, соның ішінде. Өлсе сүйегі шығар. Бұған дейін де мұндай текпіден небір қазақ азаматтарының мәйіті шыққан бұл қапастан. Ол – бұл жерлердегі үйреншікті іс. «Адам – итжанды» дейтін бұрынғылар, қаншама ауыр соққыдан өлдіге шығарған талайдың өзі құдайдың құдіретімен тірі қалған. Бәрі де бір Алланың қолындағы іс ғой.

Бірде есік алдында қанға боялып жатқан Сағидолланы бұрынғы түрмелестері көріп ішке енгізген. Бұрын ондағы бір бөлмеде бес қазақ жатқан. Оның бірі – мұғалім, бірі – студент, енді бірі – ғылым кандидаты, профессор, тағы бірі дәрігер болатын. Оған бесінші болып мерген Сағидолла қосылған. Олардың бәріне де тағылған айып біреу, ол – шетелмен байланыстағы аса қауіпті саяси қылмыскерлер деген жала.

Бұл жолы Сағидолланы Толы түрмесінде ұзақ ұстаған жоқ. Бірақ, сол қысқа уақытта шолақ белсенділерден жеген таяқ, аяусыз азаптау жанына жаман батты. Талай мәрте темір өкшенің астында қалып, талай тәулік ес-түссіз қалған. Осыдан бір жұма өткенде сот Сағидоллаға жанындағы төрт азаматпен бірге қайтадан үкім кесті. Оған «нағыз шетке қашу тобының бас атаманы» деген айыппен бұрынғы жеті жылдық қамау жазасына тағы сегіз жыл қосқан. Сонымен, ол бақандай он бес жылдық ауыр жазамен Шығыс Жоңғардың оңтүстігіндегі Такламакан шөліне бірақ жөнелтілді.

 

                                                               ІІІ

 

Сары бөрте ешкінің қаптал жүніндей бұп-бұйра тарғыл құмды Тарым ойпатында әуе айналып жерге түсетіндей аптап ыстық. Жаз айы бастала салысымен тырс еткен тамшы тамбаған. Сынап бағамы әдетте 50-60 градустан түспей тұратын бұл өлкеде тіршілік етудің өзі мұң. Тіпті, кенезесі кеуіп, қаталаған пенденің бір ұрттам су тауып ішуі де екіталай. Оның үстіне үнемі көз аштырмай, оңды-солды ұйтқып соғатын желден жер әлем мұнартып, жел өтінде сырғымалы құмнан лезде тау-тау төбешіктер пайда бола қалатын. Ондайда қия бассаң адасасың, қайта айналып тұрағын табу қияметтің қиыны. Ал, мекенінен көз жазып, із-түзсіз кететіндердің аман-сау оралатындары да некен-саяқ. Оларды іздестіруге көп ешкім батылдық етпейтін. Қалай батылдық етсін, жер жағдайы болса мынау. Ондайлар көбінде көлеңкесіз, сусыз атырапта шөлден ұшып, қисайған жерінде құм басып көзден ғайып болады екен. Осы бір ит байласа тұрғысыз, құлазыған қу даланы ежелден ұйғыр халқы мекен еткен. Олардың шалқытып жатқан шаруашылықтары да шамалы. Әйтеуір, азын-аулақ мал асырап, ұсақ-түйек сауда-саттықпен ғана өлместің күнін көріп келген. Дәл осы тұста бұл аймаққа жалпы Қытайдың түкпір-түкпірінен үш жүз мыңнан астам адам жер аударылыпты. Олардың арасында жақсы-жаман, оқымысты-надан, ер-әйелден құрам тапқан әр ұлттың адамдары бар. Барлығы да түрлі айыппен қысқа және ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айырылғандар. Кейбірі бүгін бе, ертең бе деп, кесілген өлім жазасының орындалуын күтіп отырғандар.

Сағидолланы біраз адамдармен бірге Күшәр аймағына қарасты Сексентам жаза лагеріне жеткізді. Айдаладағы алып қорған ішіндегі қанаттас салынған қос түрме. Бірі ерлерге, екіншісі әйелдерге арналған. Арасын шамамен бес-алты метр биіктіктегі жалғыз дуал бөліп тұр. Әйелдер абақтысындағы қазақ қыздары тегіс саяси қылмыскерлер. Олар студент, мұғалім, дәрігер және өзге де салада лауазымды қызметте болған оқымыстылар мен шетте туыс-туғаны бар ұлтжандылар. Ерлер де солай. Аты әйгілі ақын-жазушы, әнші-күйші, өрелі өнерпаздар мен ерекше дарын иелері. Ал, өзге ұлттың қыз-келшектері, керісінше, ұры-қары, жезөкшелер мен есірткі шегіп, улы бұйым саудалаған баукеспелер. Ерлері құмар ойнап, банк тонаған, кісі өлтіріп, қарақшылық жасағандар мен әйел затына күш қолданғандар. Қылмыскерлерді әкелген бойда топ-топқа бөліп, ондағы көшпелі құмды тізгіндеп, ағаш отырғызуға, сортаң жерлерді құнарландырып, егістікке айналдыруға жұмылдырды. Онда тек «саяси қылмыскер» деп танылған қазақтарды бірыңғай тоғыз елді мекенге бөлген. Олардың басым көпшілігі Сексентам жаза лагерінде. Сағидолла да сол топта. Жалпы қазақ тобындағылардың үштен бірі оның өз жерлесі. Осыдан көпке дейін жер аударылған адамдар легі еш толастаған жоқ. Қаншасы жазықты, қаншасы жазықсыз, ол жағы жаратуышы жалғыз Аллаға ғана аян. Бір ғана қазақ тобына аптасына кемінде он-он бес қылмыскер қосылады. Бұл сұмдық әлі қаншаға жалғасары да белгісіз. Әйтеуір, жан біткен қойша көгенделіп жеткізіліп жатыр.

Темірдей жалындаған құм мен шыжыған күннің астында үзіліссіз еңбек. Құмырысқаша қайнаған қалың адам. Біреуді біреу білмейді. Тіпті, сіңбіруге мұршалары жоқ. Қайдан мұрша болсын? Желкеден төніп тұрған қарулы қарауыл. Олардың бар баққан, күткені де сол. Ешкімді бір-бірімен тілдестірмейді. Тек үнсіз қимылдап, үзіліссіз жұмыс жасауы шарт. Жан-жағына бұрылып қарауға да рұқсат етілмейді. Түрмедегі тәртіп бойынша қылмыскерлер әр күні таңғы астың алдында аула ішіне сапқа тұрып, бір-бірден Қытай көсемі Мао Цзедунның таңдаулы шығармаларын жатқа айтады. Бірнеше томнан тұратын шығарманы кім қаншалықты көп білсе, соншалықты жақсы. Қазақ зиялы қауымының арасынан күн көсемнің бар шығармасын үтір, нүктесіне дейін қалдырмай жатқа сыдыртатындары да табылды. Ондайларға тамақ және жүріс-тұрыс жағынан біраз жеңілдіктер бар. Сондықтан, қара басының қамы үшін кім талпынбасын? Әркім шама-шарқынша қолына тиген кітаптан жаппай шығарма жаттауға кіріскен.

Ағынды судай жөңкілген аялсыз уақыт зулап өтіп жатты. Айналаны аптап ыстығымен қуырған түс мезгілі еді. Қылмыскерлер күнделікті дағдысы бойынша сап түзеп, түскі асқа оралды. Олар аулаға кіргенде түрме қорғанының ішкі жағалауында жаңадан әкелінген тағы бір топ отырған. Түрлері адам танығысыз. Бейне көрден жаңа шыққандай аппақ, шаң-тозаңнан екі көздері әрең-әрең жылтырайды. Барлығы да Сағидолланың жерлестері. Арасында, тіпті, әлі кәмелеттік жасқа толмаған Керейхан есімді жұдырықтай қара бала бар. Оның ағасы белгілі ақын Керейғазы Нұрсадық деген азамат. Ол да осында. Керейғазы екі жыл бұрын жиырма үш жасында жиырма жылдық жазамен осында жіберілген. Оның да түбіне жеткен атажұртты аңсаудан туған төрт шумақ өлең.

Еліктің лағындай екі көзі жәудіреген оның жас інісі жан-жағына жапақтап, бәріне үрке қарайды. Қақпадан кіргендердің бәрі оларға бұрылып, жағалай қол беріп сәлемдесіп өтіп жатты. Бала өзімен бірге келген бір үлкен адамның артына тығылып, етегіне жабыса береді. Сағидолламен бір қатарда келе жатқан Керейғазының қос қолын созып, ойламаған жерден өз інісін көргендегі кейпін көрсең ғой, сөзбен айтып жеткізгісіз. Жынданған адамша көкке қарап бір түрлі сүркей дауыспен сақылдап күліп кетті. Тағы бірде бар даусымен: «Айналайын, Қытайдың өкіметі-ай, бізге көрсетпеген нең қалды? Алдымен шетелге табынушылардың бас атаманы деп өзімді жазаладың. Ол аздай бүгін, міне, әлі 16 жасқа толмаған інімді жер аударыпсың. Енді артта қалған кәрі анам мен қарындастарымды да құрықтап осында жеткізсеңдер тіпті керемет болар еді! Бір үйлі жан «Күн көсеміңнің» үндеуіне үн қосып, Тарымның бұйрат құмында өмір сүретін едік» деп ашына сөйледі.

Бұл ұрынарға қара таппай жүрген коммунистік партия белсенділерінің қалауы болды. Осыдан соң-ақ олар оны текпінің астынан алды. «Сен тіл жағыңа сүйеніп, Қытай билігіне, оның саясатына қарсы шығып тұрсың» деп дүрелеуге тұрды. Оның бұлайша дауыс көтеріп, әбден ашына сөйлеуінің де өзіндік мәні бар. Себебі бұлар Сағидолла туып-өскен Толы ауданының адамы. Бір әулеттен тараған Керейғазы, Керейхан есімді осы екі ұл, үш қыз. Әкелері Нұрсадық Шығыс Қазақстанның Ақсуат ауданының тумасы. Найманның тоқабай руынан. Елді ашаршылық жайлаған аласапыран жылдары Нұрсадық Қытай асып, Толыдағы абақ керей руы көп шоғырланған ортаға ірге тебеді. Оларды бауырына басып, барымен бөлісе білген Керей ата ұрпақтары аз уақытта туған-туыстай етене жақын болып кеткен. Кейін керейлер ортасында өмірге келген екі ұлының есімін Керейғазы, Керейхан қоюы  да содан. Осылайша киелі өлкеде ұл-қызы өмірге келіп, шаңырақтары шаттыққа тола бастаған Нұрсадық ақсақал аяқастынан дүние салады. Бірақ «өлгеннің соңынан өлмек жоқ, тірі адам тіршілігін жасар» деген, қамқор әкеден жас қалған бес бала ерге бергісіз адуынды анасының күш-қайратына сүйеніп күнелтеді. Кейін Керейғазы жоғары оқу орынын үздік тәмәмдап Толы ауданындағы №1 орта мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмысқа тұрады. Жастайынан өнерді сүйіп, өлеңді серік еткен Керейғазының отты жырлары түрлі басылымдарда көптеп жарық көріп, жұрт назарын аудара бастайды. Күндердің бірінде оның:

«Қазақстан – жер жүрегі дүрсілдеген,

Сені ойлап кезім бар ма күрсінбеген?

Алыста аңсап сені жүргенімде,

Қалады қай қиырда қыршын денем» деп басталатын «Қазақстаным» атты тағы бір жаңа өлеңі жарияланған. Өлең басыла салысымен ауыздан-ауызға тарап, атажұртын аңсаған талай жанның сағынышын қозғап, сана-сезімін селт еткізген. Бұл Қытай өкіметінің шеттегі туыс-туғандары барларды жаппай қудалай бастаған алғашқы мезгілі еді. Өлеңде ешқандай саяси астар болмағанымен, тырнақ астынан кір іздегендер үшін таптырмас айғақ болған. Міне, осыдан бастап Керейғазының сары ізіне шөп салып, қыр соңына түскендер қалайда оны орға жыуға жанталасқан. Бір күні кеште жұмыстан қайтқан Керейғазымен ере келген бірнеше адам оның үйіне басып кіреді. Олар әй-шайға қарамастан үй ішінің астаң-кестеңін шығарып, қуыс-қуысқа дейін ақтара бастаған. Қарсыласуға шама жоқ. Үйдегі анасы үйелмелі-сүйелмелі бес баласын бауырына басып, оларға «басқа қалағандарыңды ал» дегендей үрке қарап қана тұра береді. Белсенділер көздеріне көрінгенді қопарып, қолдарына ілгенді бүлдіріп жүріп, үйдегі жалғыз ағаш сандықтан Керейғазының әкесі Нұрсадықтың кезінде Кеңес Одағы таратқан қызыл паспортын тауып алады. Осымен бұл отбасындағы үлкен-кішінің барлығы нағыз тап жауының үрім-бұтағы саналады да, ең алдымен үйдің тұңғышы Керейғазыны тұтқындайды.

Көп өтпей оны «шетке табынушы» деген айыппен жиырма жылдық ауыр жаза кесіп, жер аударып тынады. «Пәле бір айналдырғанды шыр айналдырады» деген, тағдыр кейде тым қатал-ақ. Ол пендесінің бар-жоғы, ақ-қарасымен санасып жатпастан, оған батпан сорды арқалатып қоятын тұстары тағы бар. Енді, міне, Керейғазының көрген қорлығы аздай, соңынан ерген жалғыз інісі Керейханды да сол шыңырауға лақтырыпты. Ал, адамзат тарихында кәмелеттік жасқа толмаған он бес жасар баланы саяси қылмыскер ретінде ұзақ жылдық түрмеге жабу басқа ешбір елде кездеспеген екен. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас», құмырсқаның илеуіне түссе қыранның да күні қараң. Мұндайда әділетсіз заңға ара түсіп, жазықсызға жәрдем берер Алладан басқа кім бар? Қалай айтсақ та бәрібір, екіжүзді жағымпаздардың айы оңынан туып, жұлдызы жарқыраған заман. Олардың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Қарсы тұрып, бір сілтей алмайтын шоқпардан не пайда? Оны құр белге байлап не керек? Керейғазының да бұл әділетсіздікке төзбей, бұлайша шу-шұрқан шығаруының да сыры осында. Әйтеуір, «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», өлсем де айтарымды айтып өлейін дегені ғой. Өйтпегенде қол-аяғы бұғаудағы адамның құр айқайдан басқа қолынан не келуші еді? Басқасы басқа, олардың қымс етсе жабылып, итше талай кететін қорлығына қарасаңшы? Нақұрыстар Керейғазының естен танып жатқанымен еш жұмыстары жоқ. Әкелерінің көз құны бардай бірнеше белсенді одан сайын долданып, әлі де тепкілеп жатыр.

Бұрқылдаған ақ шаң арасындағы арпалыс біразға созылды. Жығылған үстіне жұмсалған аяусыз соққы Керейғазыны лезде қып-қызыл қанға малып, сұлатып тынды. Осы сәтте түрме қарауылының шыр еткен ысқырығы шалынды. Жиылғандар сытылып-сытылып тамақтану орнына қарай беттеді. Көз алдында болған ауыр жағдайға ара түсіп, жолдасын арашалай алмаған Сағидолла қатты қапаланып, амалсыз басын шайқап: «Ей, опасыз жалған дүние-ай! Жаратушы жалғыз тәңірім, қамшының сабындай ғып берген қысқа ғана ғұмырда не жазып едің біздің маңдайымызға? Әлде Адам ата ұрпақтары өз алдыңда өткізген күнәсі үшін осы жазаға лайық па еді? Жұмыр басты пенделердің бір-біріне жасап жатқан зұлымдығы мынау. Соларды көре тұра қалай жол бердің? Тіпті, пұтқа табынып, құрт-құмырсқаны қорек еткен сорлылардың жөні бір бөлек еді ғой?! Мейірім атаулыдан жұрдай, тілі де, діні де басқа. Ал, аузында иманы бар, бес уақыттық намазын еш қаза қылмайды деген мына ұйғырлардікі не? Қос білегін сыбанып алып, солардың сойылын соғып, басы сыйса артына кіріп кеткісі келіп-ақ жүр. Қазақ біткеннің обал-сауабына қарамастан, қойша көгендеп қойып шеттерінен құрбандыққа шалып беруге дайын. Осы ма сонда бұлардың мұсылманшылығы? Осы ма сонда бұлардың адамкершілігі? Әттең-әттең, қол-аяғым бұғаудан босап, астыма әбзелді ат тиер ма еді? Ат тиіп, кең сахарада сайысқа түсер бір сәт туа қалса көрсетер едім сонда оларға кімнің кім екенін» деп іштей тынды. Белсенділер бұрыла салысымен түрмелестері Керейғазыны қолтықтап сүйеп ала жөнелді. Сағидолла Керейғазының орнында жанын қоярға жер таппай шырылдап жылап отырған Керейханды жетелеп, өз тұрағына қарай беттеді.

«Үш күнен соң көрге де үйренеді» деген, тұтқындағылардың мұндай зұлымдық пен озбырлықтың бәріне әбден еті үйренген. Сол баяғы қоқан-лоқы, сол баяғы зорлық-зомбылық астындағы азапты күндер тағы да жалғасып жатты. Керейғазыға сілтенген әңгіртаяқ одан ары басқалардың да басында ойнап, қан қақсағандар қатары еш сиреген жоқ.

Киер киімсіз, көрпе-жастықсыз келген Керейхан сол бойы Сағидолланың жанында қалды. Түнде қойнында жатады, күндіз бірге еңбекке еріп барады. Оларға тиесілі жатақтың оңып тұрғаны шамалы. Жапан түздегі алып қорған ішіне салынған қамыс төбелі ескі тоқал тамдар. Оған адам жатқызуды айтпағанда, мал түнетудің өзі аянышты. Өйткені, ұзақ жылдар қараусыз қалып, жан баласы бас сұқпаған әр бөлме сыбасқан шаң, айқыш-ұйқыш тартылған өрмекшінің торы. Оны тазалап жатуға түрмедегілердің еш құқығы жоқ. Көлденең жатқан көсеуді рұқсатсыз қозғаудың өзі айып. «Басқа түссе басбақшыл», бас еркіндігі өздерінде болмаған соң басқаның айтқанына көнеді, айдағанымен жүреді. Оларға әр күнгі берілетін тамақтың да жайы белгілі. Жай күндері бір адамға екі жүз грамдық жүгері наны мен бір мезгіл қатықсыз қара суға тоғытылған қырыққабат немесе картоп, бұдан сырт аптасына екі мәрте ғана бидай ұнынан пісірілген түйе көзіндей бір-бір тоқаш береді. Бұл ми қайнаған ыстықта он екі сағаттық үзіліссіз жұмыс жасайтындардың жұмырына жұқ та болмайтыны анық. Түрме басшылары үшін тұтқындар өлместік ауқат алып, көп жұмыс тындырғаны есеп. Олардың өлген-тірілгенімен еш жұмысы жоқ. Сағидоллаларға алдымен отыз шақырым жерге арық-тоған тартып, әр бес метр жерден бір ұңғыма қазу міндеті жүктелген. Осы арқылы олар жердің таяз қабатындағы сор суды сыртқа шығарып, тереңдегі таза су көзін ашпақ. Оған арнайы пайдалана қоятын қазіргідей техника, құрал-жабдық дегендер атымен жоқ, бәрі де қолмен тындырылады. Көлік дегеннен түрме әкімшілігіне тиесілі жиырма шақты өгіз және жалғыз бұзаулы үлкен сары сиыр ғана бар. Керек кезінде олар бұл жануарларды арбаға жегіп, құм, топырақ, тас, кірпіш таситын.

Күні бойы істеген ауыр еңбектен әбден діңкелеп оралатын түрмедегілерге уағында ұйықтап, демалу деген бір рахат қой. Бірақ ондай да бұйырмапты. Түн баласында да еш тыныштық жоқ. Себебі, олар жатқан әр үйдің төбесіне жабылған қалың қамыс арасын кеулеген қандала мен бүрге. Илеудегі құмырсқаша бірі кіріп, бірі шығады. Шам жарығы сөне салысымен басталатын қансорғыштармен арпалыс таңға жалғасатын. Ұзақты түн көз ілместен шыбындаған атша тыпырлаған әр бөлменің тұтқындары сарт-сұрт сабаланатын да жүретін. Нағыз күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмейтін қияметтік азап осында. Бұл онсызда сіңіріне сүйеніп әзер жүрген аш-арықтар үшін жығылған үстіне жұдырық болған. Сонымен, жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартқан бұл қысымға шыдамаған қазақтар қатары бірте-бірте жұбына жеткен пырақ малша бауша түсті. Көп өтпей құлап түскендердің алды көз жұмып, арты кірпігі ғана қимылдар ауыр хәлде қалды. Ал, тырс еткен тамшы суға зәру Тарым ойпатындағы мұндай тағылықты жүргізіп отырғандар – кілең ұйғырлар. Ондағы қазақтар көргілікті қытайдан емес, енді сол жергілікті ұйғырлардан көрді. Себебі, Сексантам жаза лагеріндегі әрбір лауазым иесінен қарапайым күзетшіге дейін тек ұйғыр ұлтынан. Олардың ес білген баласынан егде тартқан қарттарына дейін қазақ десе қаны қарсы. Бұлай болатыны 1951 жылы Сексентамға Қытайдағы ұлт-азаттық көтерілісінде ерен ерлігімен танылған әйгілі Оспан батырдың қолға түскен сарбаздарын әкеліп қамайды. Тумысынан алкеуде, өркөкірек келетін ұйғырлар қазақтарға өз үстемдігін көрсетіп, құлдықта ұстағысы келген. Бірақ жастайынан ат құлағында ойнап, түз тағысынша еркін өскен баһадүр батырлар оған бағынбаған. Қайта тас қапасты жарып шығып, бірін-бірі құтқарып, қолдарына қару алады. Жан алысып, жан беріскен шайқаста қарсыластарын шетінен жер жастандырған қазақтар ақыры Гималай тауын асып, Үндістан, Кашмир арқылы Түркияға қарай өтіп кете барған. Бұл қақтығыс жалпы Тарым ойпатындағы ұйғырлардың қынадай қырылған жеңілісімен ерекше есте қалған. Сондықтан, олар бұл жолғы Сексентам жаза лагеріне топ-тобымен әкелініп жатқан қазақтарға еш оң қабақ танытпаған. Қайта, үрке қарап, оларды сол баяғы «банды қазақтардың» тұқымы санаған. Күндердің бірінде ойламаған жерден тағы бір бас көтерудің бұрық ете түсуінен қауіптенген олар, қазақтарды барынша аш-жалаңаш ұстап, еңсе тіктетпеуге тырысқан.

Ара-тұра қар түсіп, болымсыз суығымен, қысқа ғана екі айда алғашқы қыста жылып өте шықты. Тіпті, наурыз айының өзі шілдеде ғана кездесетін шіліңгір ыстықпен басталды. Жаның қанша тастан жаралса да бетбақ құмның бет шалатын темірдей қызуына шыдау оңайға соқпасы анық. Көнбеске амалың да жоқ. Алайда, аш қарын ауыр еңбекке жегілгендердің әл-қуатты дегендерінің өзі алысқа бара қоймады. Айтып-айтпай аш өзегіне түскендердің қатары бұрынғыдан да көбейіп, күн санап өлген-жіткендердің саны артты. Әр күн сайын аш-арықтың кейбірі еңбекке барар жолда, кейбірі еңбек алаңында бүк түскен күйі сұлай берді. Мұндайда исі қазақ баласы бірін-бірі қолтықтап, бірі-біріне сүйеу болған. Олар бірі құласа жабал қимылдап, әрбірі қолындағы аздаған нанынан қой асығындайдан болса да бөліп беріп, құлағандарының жанын сақтап қалуға қам жасаған. Осылайша қазақтар басына төнген ауыр күн одан сайын қиындап, өлім мен өмір ортасындағы нағыз арпалысқа түскен.

«Көтеремнің аузы көкке жетсе, көксау да өлмейді» дегендей, аштық жайлаған түрмедегілер көктем айын асыға күтетін. Себебі, қар кете салысымен жаңа көктеп шыққан алабота шөбі олар үшін табылмайтын тамақ еді. Шөп буыны қатқанша оны қайнаған суға тоғытып жеп қосымша азық ететін. Қазақтарға қарағанда өзге ұлт өкілдерінің өлім жазасына үкім етілгендерінен басқасының жағдайы тәп-тәуір. Олардың тойып ас ішуіне, еркін сөйлеп, жүріп-тұруына жол ашық. Өйткені, ұйғырлар алда-жалда қазақтар тағы да бас көтере қалса, оларды қол шоқпары ретінде пайдаланбақ. Сонымен ұры-қары, содыр-сотпақтардың айы оңынан туып, жұлдызы жанды. Жұмыстың жеңілі, тамақтың дәмдісі де соларда. Қазақтарға басқасын айтпағанда біреудің жүзіне тура қарап, бірдеңе сұрауға да рұқсат жоқ. Қандай жағдай болса да «тамағым тоқ, жағдайым жақсы» деуі тиіс. Егер біреу-міреуге бір ауыз сөзді артық айтып қойғандар болса, оның сол күннен бастап сорының қайнағаны. Белсенділер ондайлардың жер-жебіріне жетіп, ел алдында адамның өңі тұрмақ, түсіне де кірмейтін жаза қолдануға дайын.

Дәл осындай айуан азаппен кісі қолынан қаза тапқандар аз емес. Оған ара түсіп, ақтап алуға ешкімнің батылы да бармайтын, шамасы да жетпейтін. Осымен Тарымдағы тағдыр тәлкегіне тап болған қазақтар арасынан күн санап ауру-сырқау көбейіп, көз жұмып жатқандар саны еселеп артты. Қаратұяқтан хәл кетіп, ондағы қазақ атаулы тағы бір қырғынға ұшырай бастаған. Осы нәубет тұсында аяқастынан Сексентам жаза лагерінің бір ұйғыр басшысы ауысып, орнына Үрімжіден арнайы жолдамамен Қойымхан есімді қазақ жігіті келіп отырды. Жас шамасы отыздан енді асқан Қойымханның бұл лауазымға келуі мүлде жұмбақ. Ешкімнің үш ұйықтаса түсіне де кірмейтін іс. Әдетте болымсыз мансап иесін көрсе құрша жорғалап, құрақ ұшатын ұйғырлар Қойымхан келісімен өзгеріп сала берді. Тіпті, қоғадай жапырылып, әрбірі шексіз мейрім иесі болды да қалды.

Қойымхан орын-тағына жайғаса салысымен өзінше іс бастады. Ол алдымен жалпы түрмедегі жағдаймен егжей-тегжейлі танысып, тұралап қалған тұтқын қазақтарға қол ұшын беруге барын салды. А дегеннен қазақтарды жұмыстың ауыр-жеңіліне қарай үш топқа бөлген. Біріншісі – ел қатары еңбек ете алады-ау деген әлділері. Екіншісі – қысты күні қыр аса алмайтын пырақ тоқтыдай сұрыпталған, күйі төмендері. Үшіншісі – өлім мен өмір ортасында қалған, әйтеуір, бойында шыбын жаны бар ауру-сырқау, аш-арықтары. Аш-арықтардың біраз уақыт ем-дом қабылдап, демалуына да рұқсат берілді. Осы жеңілдіктердің бәрі басқалардың қарсылығына қарамастан тек Қойымханның бұйрығымен ғана бірден жүзеге асты. Сырқат адамдардың дені өткір түрдегі іш ауруға шалдыққандар. Оларды дауалайтын емші табылғанымен, дәрі-дәрмек деген атымен жоқ. Ал, сырқат жандардың жағдайы тым мүшкіл. Қойымхан ойлана-ойлана келіп қазақтар арасындағы қолдарынан іс келеді-ау деген бірнеше азаматты таңдап алды. Оларға түрме қарамағындағы жалғыз бұзаулы сиырды сауғызып, әр күнгі сүтіне ұсақтап туралған ащы сарымсақ қосып, айран ұйытып, ауруларға кезек-кезек ішкізе беруді бұйырды.

Келесі кезекте ол жалпы жаза лагеріндегі қазақтарды 10 күн бойы далаға жатқызып, жаппай тазалық жасатуға кіріскен. Алдымен тұтқындардың киер-киім, көрпе-жастығына дейін тегіс бір дәрілетіп шықты. Біраз адамдарға маңайдағы елдің мал қораларынан қап-қап көң алдырып, оған да дәрі сеуіп, бөлме басы сайын тұтатып қойған. Осылайша есік-терезелері тұмшаланып, бірнеше тәулік тұрғанда әр үйдің төбесіне жабылған қалың қамыс арасынан қырылып түскен бүрге мен қандаланың қалыңдығы төрт еліге жеткен. Тіпті, үйге кіріп шыққын адамнан қар басқанай айшықты із қалады. Жаппай жасалған тазалық пен ем-домның арқасында ауру-сырқаулар тегіс аяқтан тұрып, қалт-құлт етіп қатарға қосыла бастаған. Көпшіліктің еңсесі бір көтеріліп, бит пен бүргеден көзі ашылғандай болды. Тамақ та бұрынғыдан молайып, қуырмаштарға өсімдік майы қосылатын деңгейге жеткен. Бұл көк шөпті қорек етіп, өлместің күйін кешіп жүрген тұтқындар үшін үлкен қолдау еді. Көп өтпей жаза лагеріндегі жалпы жағдай бірте-бірте оңалып, ондағы қазақтар бұған дейін көріп келген тепершіліктен бір сәтке болса да арылғандай болды.

Осылайша кездейсоқ келген Қойымхан қазақтарға Алланың әмірімен арнайы жіберілген құтқарушыдай сезілді. Жайшылықта іскерлігі мен қазақы қалжыңы бірдей жүретін Қойымханның арқа-жарқа ақпейілдігінде шек жоқ. Дүйім жұртқа қай қырынан да ұнамды. Әр мезгіл есік пен төрдей қара қоңыр аттың ортан беліне отырып, құмырсқаша қайнап, жер қопарып жатқан қалың тұтқынды бір аралап шығатын. Осы барыста ол сұсты да қатал бейнемен қабақ шытып, жалпы еңбекшілерге: «Өз мідеттеріңді ойдағыдай  орындаңдар! Орындамағандарыңа сыбаға дайын. Оларды өз қолыммен жазалап қырам да, жоям!» деп зор дауысымен бір айғайлап өтетін. Артынша қазақтар жаққа бір соғып: «Әй, сендер тым қиналып кетпеңдер. Жаңағы менің айғайым ана ақымақтарға қаратылған. Жай ғана көрсетіп қойған қырым ғой» деп сыбыр етіп, атын тебініп кете баратын.

Оның бұл қылығын қазақтар тобы түсінеді, әрине. Ал, өзгелер алдында Қойымхан шынымен де қатал. Әділдік жолында қылдан да тайған емес. Берген бұйрығын біржола орындататын. Бірақ, Қойымханның өзгеге емес, өз ұлты үшін істеген әрбір қайырымдылығы бара-бара басқаларға мүлдем ұнаған жоқ. Күн өткен сайын қазақтардың хәл-ахуалы жақсарып, күш-қайраты толыса бастағаны, әсіресе, жергілікті ұйғырлардың үрейін алып, зәре-құтын қашырды. Сонымен, олар алдымен қазақтарды қанатының астына алып, қамқор болып жүрген Қойымханға тісін басып, ебін тауып, тақтан тайдыру жолында жанталасты. Арада айлар аунап, тағы біраз уақыт өтті. Бастабында таз адамдың басындай аламыш-аламыш, шөбі де ала-құла шығатын бұл аймақ енді жап-жасыл орман-тоғайлы егістікке айнала бастаған. Бірақ соншама жанның табан ет, маңдай терінің тегін бодауына келген жер ырыздығы тағы да айналып келіп сол жергілікті ұйғылардың еншісіне тиді. Олар айналасы екі жылға жетпейтін уақыт ішінде игерілген тың өңірге жеміс-жидек, қауын-қарбыз егіп, өз шаруаларын дөңгелете берді.

Қойымханның ежелден исі қазақ баласының іргесі тимеген бұл аймаққа түрме басшысы болып келуінің жұмбақ сыры кейін белгілі болды. Дәл сол кезде Қытай еліндегі қазақтар арасынан білікті де білімділігімен танылып, лауазымды қызметте жүргендердің бірі – Мағауия Жакулин болса, енді бірі оның інісі – Әнуар Жакулин болатын. Ағалы-інілі екеудің Шығыс Түркістандағы ұлт азаттығы жолында сіңірген еңбегі де ерен еді. Кейін Әнуар Іле облысын, Мағауия Тарғабатай аймағын басқарған. Уақыт өте келе Мағауия өлкелік сыртқы сауда басқармасының тізгінін ұстаса, Әнуар Бейжіңдегі ұлттар баспасын және Шынжаң өлкелік құрылыс және партия комитетінің әкімшілік-заң басқармасының басшысы, өлкелік прокуратураның прокуроры сынды жоғарғы қызметтерде болған. Ең бастысы  Шынжаң өлкелік саяси заң комитеті ІІІ басқармасын басқарған Әнуар Сәлжан есімді тағы бір ұлтжанды азамат бар еді. Тіпті, оның заң саласында абыройы да биік, айбарынан ат үркетін.  Қойымхан, міне, сол адамдардың ықпалымен Тарым өңіріндегі жазықсыз жәбір көріп, жапа шегіп жүрген қазақтарға қол ұшын беруге астыртын жіберілген адам болып шықты.

Сәуір айының басы. Аспан ашық болғанымен, жер әлем мұнартып, айнала біртүрлі шаңғыттанып тұрған. Қойымхан әдеттегісінше атқа қонып, қаннен-каперсіз еңбек алаңын аралап келе жатқан. Кенеттен бейсауат біреулер пайда бола кетті де, дүйім жұрттың көзінше Қойымханды ұрып-соғып тұтқындап ала жөнелді. Не болғаны белгісіз, ел аң-таң. Тек Қойымханды тарпа бас салғандардан үріккен қарақоңыр ат тізгін-шылбырын шұбатып шыға берді. Оны ұстамақ болған бірнеше адам қаумалай жүгірген еді, бірақ үріккен ат қайыру бермеді. Қайта одан сайын қашып, қос үзеңгісі қапталын соғып, үйреншікті жеріне қарай құйындатып кете барды. Қойымхан қандай қылмыспен қолға түсті? Жабылған жала ма? Әлде шынымен солай ма? Ол жағы белгісіз, білу де қиын. Мән-жайды түсіндіретін де жан жоқ. Біледі-ау дегендердің өзі тілін жұтып қойғандай, ештеңе айта қоятын емес. Ертең өгізге туған күннің бұзауға да туары анық. Осы ойлағандар ендігәрі жұмған аузын ашпауға бекінген шығар бәлкім. Әйтпегенде әдетте түрмедегілерге бар жаңалықты, бірді-екі етіп жеткізетіндер де сол бір топ ұйғырлар болатын. Кім білсін, алдын-ала оларға да қатаң ескерту жасалған болар. Қалай дегенмен де бұл оқиға бір күтпеген жағдай болды. Әсіресе қазақтар үшін тіпті де қиынға соғары хақ. Олардың ертеңгі күні не болмақ? Кеше ғана құлдықтан құтқарып, аз уақыт ішінде өздерінің бар арқасүйер жанашыр-жақынына айналып үлгерген арыстай азаматынан қас-қағым сәтте айырылып қалу шынымен де  өкінішті-ақ.

Қойымханды белсенділер бірнеше күн текпі мен тергеудің астынан алып, ақыры түрмеге жауып тынды. Негізі оның үсінен жергілікті біраз адамдар арыз жазып, шағым түсіріпті. Олар жазған арызда «Қойымхан өз қызметін асыра пайдаланып, барлық қылмыскерлерді бет-бетімен жіберді. Ол ол ма? Мемлекеттік қызметке кір келтіріп, бірнеше ұйғыр қыздарының намысына тиді. Соның кесірінен айрандай ұйып отырған үш бірдей отбасының берекесі кетіп, шаңырағы шайқалды» делінген. Осыдан кейін-ақ жергілікті тәртіп сақшылары оның үстінен түскен арызды еш тексеріп, тектеп жатпастан тұтқындап кеткен. Бұл өсек-аяңды өрттей өршітіп, өшіккенін орға оп-оңай түсіре салатын аласапыран кездегі біреулердің әдейі ұйымдастырған әрекет екені айдан анық еді.

Айтты-айтпады, уақыт өте келе бұл оқиға Қойымханды Сексентамда тұрғызбауға бағытталған қитұрқы әркет екені әшкере болды. Қойымхан қолға түскен күннен бастап оны ешкіммен хабарластырмаған. Оған басқа қазақтарға көсеткен зорлық-зомбылық пен ауыр қинау тәсілдерінің бәрін қолданған. Пәле қайдан, жала қайдан, тасада тұрып тас атқандар оны аяқтан шалып солай жықты. Алайда ол оған еш мойыған жоқ. Қайта ізінше ақталып шығып, өзіне күйе жаққандарға кімнің кім екенін көрсетті-ау шіркін. Ақыры олардың өзі құрған торына өздерін түсіріп кете барды. Қойымхан көп ұзамай өлкелік заң басқармасының біріне басшы болып ауысты. Қазақтар болса көңілдері түсіп, елі көшкен қыстаудай құлазыған далада құлазып қимастықпен қала берді. Бірақ ол кетерінде мұндағы жағдай үнемі өз бақылауында болатынын ескертіп кеткен. Бұл жолы Қойымханның орын-тағына Әбіламет есімді бір ұйғыр жігіті келіп отырды. Диірменнің тасындай дөңгеленген дүние кәделі жыртыстай біреуден біреуге қалып келеді. Ал, байлық пен мансап деген баяны жоқ қолдың кірі. Мәңгілік кімге жолдас болған дейсің? Ұйғырлар Қойымхан кете салысымен қазақтарға тағы да қырын қарап, байырғы әрекетіне қайта басқан.

Құбының құба құмды қу даласында құмырсқаша қайнаған қалың адам. Бір жартысы жер жыртып, егін егуде. Енді бір бөлігі тас қопарып, тау тегістеп, жол жөндеп, құрылыс салумен жанталас. Қылмыскерлер біркелкі нөмірлі киім киген. Бұрынғысынша қарулы қарауыл қалт жібермей күзетіп тұрады. Соның ішінде ауыр қылмыс өткізіп, қатаң жаза арқалағандардың кейіп-кеспірі тым сүркей. Басқаларға қарағанда сақал-шашы өскен, нарау көңіл, өмірден мүлде түңілген, қабақтары да қатулы. Енді оларға бәрібір секілді. Әйтеуір, өлім жазасы атқарылатын күнді күтіп ғана сарыуайымға салынып, құр сүлдері жүргені анық. Олардың аяқ-қолдары тегіс құрсауланған. Ауыр кісен мен кең бұғаулы ұзын шынжырға қосақталып, он адамнан бірге жұмыс істейді. Әр топтың соңында мұздай қаруланған бірнеше сарбаз. Ешкімнің ол маңға баруына, тілдесуіне мүлде тыйым салынған. Құдай ондайдан өзі сақтасын, әрине. Өлерін өзі біліп, ажал бүгін бе, ертең бе деп күтуден асқан қорлық бар дейсің бе? Жалпы онда соншама қылмыскер жылдар бойы тәуліктеп істеп жатса да бітпейтін жұмыс бар. Әр қылмыскер арқалаған жазасының ауыр-жеңіліне қарай еңбекке жегілген.

Сексентам жаза лагерінің әкімшілігіне тиесілі ұзын-ырғасы үш жүзге жуық ұсақ мал бар. Сағидолланың бірнеше жерлесі сол малға бақташы болып кеткен. Малшылар үнемі тау сағалап, жайылым қуып, суат іздеп жүретіндіктен басқаларға қарағанда еркінірек. Олар нағыз айдаланы мекен еткен жабайы тайпалар секілді. Әдейілеп іздеп барғандар болмаса, басқа ешкімді көріп, тілдесу деген мүлде болмайды. Тек жазға салымғы төл алу мен күзгі жиын-терін мезгілінде ғана тағы біраз адам көмекке баратын. Көмекшілер күзде шөп-шалаң шабысса, көктемде төл алуға септесетін.

Тағы бір жазға салымғы мезгіл. Ми қайнаған ыстықтан айнала жалындап тұр. Мал төлдеп болып, қозы-лақ тегіс қарақұлақтанып қатарға қосыла бастаған. Сағидолла малға санақ жүргізетін екі ұйғырмен бірге малшылар тұрағына келді. Санақшыларға малдың ірі басы белгілі болғандықтан жыл сайын ерген төлді ғана анықтап санға қосатын. Олар әр төлдің бір-бір құлағын кесіп, ең соңында жиған құлақты санау арқылы қозы-лақтың санын шығарады. Қалыптасқан дағды солай. Сағидоллалар көп аялдаған жоқ. Бір қараңғы, бір жарықтан өрістеп, күн қыза оралған малды қоралап, мал ұстауға кірісті. Қора есігінде санақшы екі ұйғыр тұр. Бірінің қолында ен салатын қайшы, енді бірінде құлақ жинайтын ыдыс. Олар қос-қостан қолтықтап әкелген қозы-лақтың бір-бір құлағын шорт кесіп, ыдысына сүңгітіп жатыр. Түске қарай қара терге малшынған мал ұстаушылар әбден титықтап, іс-әрекеттері де баяулай бастаған. Ұйғырлар болса, оларға тыным бермей, сәл кідірсе ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, боқтық сөзбен әбден жүйкелеп тұр. Оның бірі ара-тұра малшыларға қарап: «Ой, тумысында малдан басқа ештеңе көрмеген өңшең топас қазақ! Тездетіңдер енді, күн деген түс болды!» деп кіжініп қояды. Бірақ оған ешкім қарымта жауап қатқан жоқ. Қатпайды да. «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» деген, үнсіз ғана әркім өз жұмысымен жүре берген. Тек Сағидолла ғана «көрсетем қазір сендерге топастықты» деп бір күңк етті.

Санақшылар үшін қолдарына дәптер алып, мал санын жазудың өзі бір мәртебе. Шекірейе қарап, шенділерше шіренеді. Оның үстіне тұтқын қазақтарды зыр жүгіртіп, айтқанын орындату басқа кімнің қолынан келмек? Олар басқалар алдында қалай да өздерін жоғары ұстауы тиіс. Әйтеуір, шолақ белсенділердің кез-келгені осылай істеуге әуес. Бірде екі ұйғырды дәрет қысса керек, қолдарындағы құлақ салынған ыдысты қора жағалауына қалдырып, аулаққа дәрет сындыруға кетті. Дәл сол сәтті көздеген Сағидолла жүгіріп барып ыдысқа салынған құлақтан бір уысын жанқалтасына сүңгітіп жіберіп, түк болмағандай орнына келіп тұра қалды. Осыдан соң ол малшыға қарап:

– Малдың ішінде егіз туғандары барма? – деп сыбырлай сөйледі.

– Бірнешеу ғана, – деді малшы бәсең үнмен.

– Олай болса, санақшыларға егіз туған мал жоқ де. Менің қалтамда кемінде 10-15 құлақ бар. Ал, ана нақұрыстар мал санын тұрақтандырған соң бұл қозылар өздеріңдікі болады. Оны қозы жетілгенде өз керектеріңе жаратып, түрмедегі аш-арықтар көмекке келсе мейлінше сорпалап қайтарасыңдар, – деп жымың етті.

Мал санағы көңілдегідей өтті. Санақшылар ештеңе сезген жоқ. Сағидолланың қалтасына түскен құлақтан он үш марқа бақташылардың еншісінде қалды.

Түрмедегі күнделікті күйбең жалғасып, аялы жоқ уақыт ағынды судай жөңкіліп жатқан. Такламаканның шөл даласына шүлен шұғыла шашып тағы бір таң атты. Сағидолланың орнынан қозғаларға шамасы жоқ. Ыңқылдап-күрсілдеп қатты ауырып қалыпты. Жайшылықта жөн-шөкімді көп елей қоймайтын оның өң-түсі де қашқан. Тіпті, кірпігін зорға қимылдатады. Шамасы шойырылып қалса керек. Аунап түскен сайын белім-белім деп дөңгелене береді. Хәлін сұрағандарға: «Қозғала алатын емеспін, белім әкетіп барады», – дейді ол. Жанындағылар оның мұндай ауыр хәлде жатқанын және таңға көз ілмей шыққанын түрме басшысы Әбіламетке жеткізген. Таңғы астан кейін Әбіламет ауруды өз көзімен көріп, оны сол күнгі еңбектен босатқан. Босағадан аттай бере ол бірнеше азаматқа «Сағидолланы қолтықтап далаға шығарыңдар, ащы күнге қақталып ағыл-тегіл бір терлесе жазылып кетеді» деп ескерткен.

Сонымен аула сыртында нәр сызбай жатқан ол түске қарай аяқтан тұрып өз-өзіне келе бастапты. Бірде ол қақпадан шығып бара жатқан бала Керейханды көріп, жанына шақырды. Керейхан негізі ауыл орталығындағы жалғыз наубайханадан түскі асқа нан әкелуге бара жатқан. Оны Сағидолла біледі, күткені де сол болатын. Ештеңеден бейхабар Керейхан Сағидолла шақырған соң жүгіріп жетіп келген. Сағидолла оған ыңырси сөйлеп: «Әй, Керейхан, сен топ басшысы Шәкен ағаға барып айтшы. Түскі нанды ептеп барып мен алып келейін. Себебі, өзің білесің, өткенде үйден келген бір жаңа жейдемді сол наубайхананың қожайыны Әметке бес тоқашқа ауыстырған едім. Ол иттің баласы сол нанды, әне берем, міне береммен әлі күнге созбақтап жүр. Өзім бармасам беретін емес. Соны барып әкеліп алайын. Басқа нанды да мен ала келермін», – деді.

Басын изеп жүгіре жөнелген Керейхан аула ішінде ғана жүрген Шәкенге барып Сағидолланың өтінішін жеткізді. Олардың дауысы қорған сыртындағы Сағидоллаға ап-анық естіліп тұр. Шәкен сәл тосылып барып, қосылғандай сыңай танытты. Ишартына қарап сөздің артын тоспай қайта жөнелген балаға дауыстаған Шәкен: «Әй, Керейхан, Сағидолла барам десе барсын. Дегенмен, байқа, ол ақымақ қашып кетіп, екеумізді де сойылға жыққызып жүрмесін», – деп ескертті. Шәкеннің ескертуін ет құлағымен естіп тұрған Сағидолла жымың етіп езу тартты да қойды.

Бастабында аяғын еппен басып әрең қозғалып бара жатқан Сағидолла біраз ұзаған соң аяғы аяғына тимей жүгіре жөнелген. Оның соңынан көз алмай қарап тұрған Керейханда сонда да бөтен ой бола қойған жоқ.

Сағидолла кеткелі ет асым уақыт өтті. Бірақ ол қайтып келмеді. Тіпті, еңбекшілердің түскі асқа келетін уақыты да болды. Көп өтпей екі иығынан демалып Шәкен жетті. Ол есіктен кірген бойда Керейханға аюша ақырды. «Жаңа айттым ғой мен, ол ит қашып кетпесін» деп, – Сағидолла кеткелі бір сағаттан астам уақыт өтті. Қашып кетпесе осы уақытқа дейін қайда жүр? Осылай боларын сезіп едім», – деді де, Керейханға «Бар, тез тауып кел» – деп бұйырды. Бала Керейхан Әметтің наубайханасына жүгіре жөнелді. Оған да тағат қылмаған Шәкен оның соңынан өзі де кетті. Жайшылықта бір аяғын сылтып басып зорға жүретін Шәкен көз көрім жерде зыр жүгіріп бара жатқан Керейханның соңынан зор дауыспен «бол, тездет, тездет енді» деп ақсаңдай басып ұшып келеді. Олар бірінен соң бірі наубайханаға келіп кірді де, аман-сәлем жоқ,  Әметтен:

– Мұнда Сағидолла келді ме? – деп сұрады, ентіге сөйлеп.

– Келді.

– Нан алды ма?

– Алды.

– Қайда кетті? – деді екеуі қатар тіл қатып. Бұл екеуіне таңдана қараған Әмет:

– Сағидолланың бұдан шамамен бір сағат бұрын өзінің оған берешек бес тоқашына түрмедегілердің он сегіз нанын қосып алып кеткенін айтты.

– Біттік,біттік, құрыдық енді!

Көздері бажыраң етіп бір-біріне қараған екеу Сағидолладан лезде көз жазып, жер сыйпап қалғанын сонда білді. Енді олар кері қайтып, болған жайды түрме басшысына мәлімдеді. Әбіламет біразға дейін ләм-мим деместен сыздана қарап отырып қалды. Кімнен көреді? Сағидолланы еңбектен босатып, қорған сыртына шығартқызған да оның өзі. Десе де оның қашып кетуіне нанға баруға рұқсат еткен Шәкен де, бала болса да Керейхан да себепші. Сол үшін Керейхан мен Шәкен де еш жазасыз қалмады. Белсенділер оларды ауыр соққының астынан алып, сұлатып тастап жүре берді.

Түскі ас та жайында қалды. Әбіламеттің бұйрығымен сол маңдағы жалпы жазасын өтеушілер мен екі жүз елуге жуық жасақ лезде тікесінен тік тұрды. Олар барлық жерді жүнше түтіп, битше қарады. Бірақ Сағидолла жоқ. Құдды бір жер жұтып кеткендей зым-зия. Бұл іздеу он-он бес күнге жалғасты. Сонымен ол ізім-ғайым жоғалды. Оны іздеушілер таң бозынан тұрып тұс-тұсқа кетеді де, күн бата құр қайтып оралады. Арада тағы біраз уақыт өтті. Тіпті, оны «көрдім, білдім» деген жан болмады. Біреулер бір жерден бір бейсауат адам көріпті десе тағы жақсы ғой. Сол маңға адам жіберіп, ақтарып-төңкеріп қарайтын. Ал, Сағидолланы ел ақырында қайдан іздеп, қайдан табарын білмей ділгірді. Қашқан қашқын туралы алыс-жақын аймақтардың бәрі тегіс құлағдар болған. Жер-жердегі сақшы мекемелеріне қашқынның суреті ілініп, жұртқа да толық жария етілген. Бір күні таңғы астың алдында Әбіламет жаза лагеріндегілердің бірін қалдырмай шұғыл жинады. Көпшілік алдында шығып, нығыздана сөйлеген ол кеше кеткен жоқшылардың Сағидолланың мәйітін тауып келгенін жеткізді. «Бірақ адам денесі алуға келмейді. Шыжыған күннің ыстығымен әбден сасып шіріп кеткен. Тіпті, көзін қарға-құзғын шұқып, етін ит-құс жеп кетіпті. Негізгі дене бітімі еңгезердей, Сағидолланың дәл өзі. Иә, бұл – айна-қатесіз сол. Бұл алқапта одан басқа біреудің айдаладағы шөлге барып, көз жұмуы мүмкін емес. Мәйіт Сағидолланікі, оған ешкімнің күмәні болмасын» деп кесетті. Сонымен олар Сағидолланы біржола өлдіге шығарып, ондағы адамдарға «кімде-кімге қашам десе жолы ашық. Бәрінің де көретіні сол. Жер жүзінде «Барсакелмес» атанған бұл шөлден адам тұр ғой, ұшқан құс, қашқан аң тірі құтылып көрмеген», – деп ескертті.

Осыдан соң Сағидолланың лагерьдегі саптастары арасындағы күбір-сыбыр көбейіп, өсек-аяң желдей есіп жүрді. Біреулер: «Оған обал болды, қашам деп  несі бар екен байқұстың. Бостан босқа ит-құстың жемі болды. Басқасын қойшы иен далада жүзі жасырусыз қалды-ау, сорлының» деп күйінсе, енді біреулер: «Кім білсін, өлген адам ол емес шығар. Бір де болмаса тағы бір жерден дерегі шығып қалар» деп үміттенген. Ал, жергілікті ұйғырлар болса, Сағидолла қаңғып жүріп шөлден ұшып өлгенін, енді біреулері иенде қасқыр жарып кеткенін айтып шуласып жүрді. Әйтеуір, ел арасындағы алыпқашпа әңгіме көпке дейін толастаған жоқ.

Негізі Сағидолла түрмеден қашуға ел тегіс тепкіге ұшырап, кейбіреулер аштық пен сырқаттан көз жұма бастаған сәтте-ақ бекінген. Алайда арада Қойымхан келіп тағы бір үміт оты жылт ете қалған соң ақсақтың аялына бағып, оны кейінге созып жүрген. Енді Қойымхан болса кетті. Мұның кесірі бір тисе, жаңа келген басшы Әбіламетке тиеді. Онсызда ұйғыр біткеннің қазақ десе кірпідей жиырылып, қас жауындай санайды. Сағидолла сол күні нанды алған соң лагерь ауласына қайтып келген. Келген бойда ол асханаға бармастан қақпа алдындағы сиыр байлап жүрген лапастың жертөлесіне кіріп жасырынған. Ол осыдан біраз уақыт бұрын лапастың жеріне төселген тақтайдың атынан бір қолайлы орын көрген. Әр күні малға жем-шөп саларда оның астына түсіп, ішін реттеп басы артық керек-жарағын сонда жасыра берген. Соңғы кездері лапас астына бірде түрменің үлкен сары сиыры, енді бірде есік пен төрдей ақ өгізі байлулы жататын. Ондағы малдарға қарайтын, басқа да алып кел, барып келге баратын – сол баяғы бала Керейхан. Бірақ Сағидолланың лапастың жер төлесіне жасырынып жүргенінен Керейхан да мүлде бейхабар. Білген де, сезген де емес. Білсе де тіс жармас еді.

Сағидолла сол күнгі алып кеткен нанын жертөлеге жасырып, азық етіп, жарты айдан астам уақыт өткізді. Күндіз тырп етпестен жатады. Ал түндерде түлкіше жортып, алыстау ауылдың тұрғындарынан өзіне қажетті киім-кешек, азық-түлік олжалап қайтады. Бар бітірері сол – қу тамақ пен алыс сапардың қамы. Осылайша жақын жерден жайлы орынға жайғасқан ол, жаза лагеріндегі бар жайдан да хабардар. Тіпті, өзін ат сабылтып іздеп жүргендердің не айтып, не бітіріп келгендерінің де бәрін біледі. Сонымен төңіректің төртбұрышынан оны іздеп сабылғандардың аяғы ақыры Сағидолла өліпті деген хабардан кейіп сап тиылған. Ел де әбден күдерін үзе бастаған соң ғана жолға шыққан. Сағидолла құла түздегі құба шөлден жол тауып кетудің қаншалықты қиын әрі қатерлі екенін біледі. Бірақ біле тұра белді бекем байлаған. Не соры, не жолы болар. Әйтеуір, көңілге «ер азығымен бөрі азығы жолдан» деген сөзді медеу тұтқан. Сағидолла Сексентам маңынан ұзап кеткенше еш жерге кідірген жоқ. Тек аялдамай, аптықпай алға жылжи берген. Ол алғашқы он күнде тоқтаусыз жүрген. Онда да күндіз көзге түсіп қалам ба деп, ылғи да түнделете берген. Несі бар? Түн жарықтық жүруге де қолайлы. Біріншіден, салқын. Екіншіден, ел көзінінен таса. Тек барар бағыттан жаңылмаса болғаны. Енді ол бұдан әрі күндіз-түні қарманып, қарға адым жер болса да артта қалдыра беруге тырысты. Қанша күн, қанша ай жүрері белгісіз. Бастысы қазақ даласына жетсем болды, кері қайтпаспын. Егер тағы да біреулер кері қайтарамыз десе, сол жақта өлейін, сүйегімді қайтарсын» деп іштей бекінген...

 

                                                       

 

 

           

1045

  Кітаптағы бас кейіпкер  Сағидолла Досжанұлы

                                               (1929-2010)

                                                

MkhZUGjtFzA

 

Сағидолланың Толыдағы ең алғаш қашып шыққан түрмесі

 

Taklamakan

 

Әйгілі Такламакан шөлі

 

лобнор

 

Кезінде су жылқысы тіршілік еткен Лобнор көлінің ядролық сынақтан кейінгі көрінісі

 

 

IV

 

    Екінті мен ақшам арасы. Сағидолла Күшәр қаласына жақын маңдағы бір ауылға кірді. Ауыл тұрғындары біріне-бірі қарайтын емес, кешкі мал бөлумен әбігер. Сағидолла да қолына таяқ алып, күні бойы мал соңында болған бақташылардың бірінің кейпінде ауылға енген. Жан-жағына жалтақ-жалтақ қарайды. Ары-бері өткендер арасынан мынау қазақ-ау дейтін ешкім көзге түспейді. Бәрінің де түр-тұлғасы, бөгенайы бөлек жандар. Ит арқасы қиянға қаңғырып барып қалған біреу болмаса қайдағы қазақ дейсің мұнда. Көзге түсетін де қисын жоқ қой. Ондағылардың дені ұйғырлар мен моңғолдар. Одан қала берсе азын-аулақ дүнгендер мен қытайлар. Ауыл тұрғындарының бар тірлігі мал мен егін көрінеді. Кейбіреулері өрістен оралған малын қоралап жатса, енді біреулері үйлеріне қарай беттетіп барады. Дәл осы сәтте Сағидолланың ту сыртынан семіз торы бие жетелеген бір егде жастағы ұйғыр адам өте шықты. Бір иығында шумақталған арқаны, бір қолында темір қазығы бар. Әлгі адам ешқайда бұрылған жоқ, биені жетелеген бойы ауыл сыртына шығып кетті. Сағидолла теке мүйізі көрінетін жерден баспалап соңына түсті де, таса-тасадан сығалап, аңдыды да жүрді. Қария көп ұзаған жоқ, жетегіндегі жылқысын ауыл сыртындағы ескі қорған ішіндегі шаппалықтың шетіне арқандап кері қайтты.

Іңір алды. Дала жап-жарық. Күн батып кеткенімен, аспан әлемін торлаған қызыл алау әлі сөне қоймаған. Сағидолла бас-аяқты көп шолды. Ат арқандап қайтқан қарттың ізімен кері қайтып келе жатып, жол бойындағы бір үйдің қорғанынан асып түсті. Аула іші тым-тырыс, ешкім көрінбейді. Тек екі бөлмелі шағын балшық үйдің есігі айқара ашық тұр. Абайлау керек. Адамы қайда? Есігі ашық тұрғанына қарағанда біреу болуы да ықтимал. Ол барысша баспалап барып үй босағасынан сығалады, үйде жыбыр еткен жан жоқ. Ауыз үйдің бір бұрышында күлді-көмеш от жағатын ошақ. Ошақ маңы ретсіз қойылған ыдыс-аяқтан адам адасатындай. Енді ол есігі жартылай ашық тұрған ішкі үйге үңілді. Үй іші көк түтін, көзді ашытады. Тамның оң қабырғасына жапсарлай қойылған темір төсекте біреу шалқадан жатыр. Басын есікке, аяғын төрге жіберген әлгі адам ояу жатқан секілді. Анда-санда бір қозғалып, қолындағы ұзын сапты түтікшемен қорқорын құшырлана сорады. Дәл осы сәтте ол үйдегі бар мүлікті, дүн-дүниені бірақ көшіріп әкетсең де сезетін емес, өз әлегі өзінде. Сағидолла аялдаған жоқ. Кері шегініп, ошақ басындағы ыдыс-аяқтан өзіне керегін алды. Үлкен ұн қалтасына жартылай салулы тұрған ас тұзының үстін шай, шәйнек, сіріңке мен пышақ, тағы бір ас пісіретін шағын ыдыс сияқты заттармен толтырып алып шыға жөнелді. Көп өтпей қас қарайып, ымырт үйірілді. Ел орынға отырған тұста Сағидолла бағанағы өзі көрген торы биені аяғындағы арқанымен ноқталап мініп, аттанып кетті.

Жым-жырт түн. Жұлдызды аспан. Дүңк-дүңк еткен аттың аяқ дүбірі ғана естіледі. Ол қатты жүріп атын қинаған жоқ, тек семіз малдың қызыл май болуынан қорқып, бір сарынмен ілбіп ғана келеді. Сол аяңмен Сағидолла келесі күні түске қарай Күшәр қаласынан сексен шақырымдай қашықтықтағы иен жатқан Ешкілік тауына шығып бірақ жайғасты.

Тұмса табиғат, тұнық ауа. Жанға жайлы-ақ, шіркін. Баяғы жайлаудағы жаңа қонысқа көшіп түскен елді еске түсіреді. Қалың қарағайлы қапталдан мың құбылта сайраған құстардың үні, шөп арсындағы шегірткенің шырылы жарыса шығып құлақ тұндырады. Маусым айы аяқталып қалғанымен, Ешкілік тауының жота-жондарында әлі де қар жатыр екен. Сағидолла енді осы жерде біраз уақыт болып, өзіне күтім жасамақшы. Астындағы атын сойып, мейлінше бір сорпаланбақ. Басқа амалы да жоқ, күйі тым төмен. Түрмеден сіңіріне сүйеніп әзер шыққан жанда не күй болушы еді? Енді біраз тойып ас ішіп, күтінбесе оның мына түрімен шекара асып елге жетуі былай тұрсын, орта жолда демі үзілер түрі бар. Торы биені қолға түсіргендегі құрған жоспары, ойлаған ойы да осы болатын. Алдымен сорпа-су ішіп, әбден қуаттанып алған соң белді бекем байлап, «бісіміллә» деп алыс сапарға аттану. Кешегі нашақордың үйінен алып шыққан орта қап тұз да, ас пісіруге арналған ыдыс-аяқ пен пышақ та бәрі-бәрі де соның қамы.

Сағидолла көп бөгелген жоқ. Ыстық ұрттап, шөл басқан соң торы биені бір бұлақтың бойына жайлап жығып, лезде етін мүшелеп, жілік-жілігімен тұздап іліп ала қойды. Осыдан соң ол орман тасасына амалдап қойылған арсады ет сары мейіздей боп кепкенше еш қозғалған жоқ. Мол етпен өз-өзін күтіп, айға жуық уақыт өткізді. Жағдайы да жаман емес. Қайдан жаман болсын, жегені қазы-қарта, жал-жая. Тіпті, кешегі жүдеп-жадап келген жүзіне қан жүгіріп, қыстау сонысына жіберілген құр аттай томырылып, тойына бастаған. Бірде ол Ешкілік тауының құзар басына шығып ұзақ отырды. Ендігі ойы – көп айналмай елге жету. Жеткен соң осы көрген азап пен тозақтың бәрін ұмытып, жаңа бір тірлік бастау. Енді мұнда қалудың еш қисыны жоқ. Ойда-жоқта тағы қолға түссе, түрмесі құрғыр тіпті де қатал жазамен қарсы алары анық. Сондықтан, оның бар үміті атамекенде. Баяғыдай байлап-матап шекарадан қайта өткізіп тастамаса, әрине.

«Көрмеген жердің ойлы-шұңқыры көп», осы бір ұшы-қиырсыз Тарым ойпатынан қиырдағы елге жету оңай дейсің бе? Оған бастар бағыт, жүрер жол қалай? Алда нағыз асқар тау, ағынды өзен, құмды шөл жатқан жоқ па? Бұл жолғы бәленбай мың шақырымдық алыс сапар Сағидолла үшін тіпті де ауыр һәм мехнатты болмақ. Сағидолланы атажұртқа бастайтын жол сілемі екеу. Екеуінің де азабы аз емес. Таңдау өзінде. Біріншісі – төтелеп кету. Егер төтелеп жүріп, тура тартса, небір қағыр шөл басып, тоғыз қатар таудан асуға тура келеді екен. Соның бірі – әйгілі шығыс Жоғар Алатауының сілемі Тянь-Шанның мұзды асуы. Жыл он екі ай қар жамылып, мұз құрсанып жататын бұл шыңнан Сағидолланың аман өтуі екіталай. Оның үстіне оған дейінгі барар жолды айтсаңшы, ойлаудың өзі қорқынышты. Кезіндегі қуғын-сүргінге ұшыраған қаншама қазақтың жанын жалмаған да сол мұзтау болатын. Бұл туралы ел есінде қалған талай ақиқат бен аңыз бар. Памир, Гималай асып, Анадолыға дейін жеткен қазақтардың азапты тағдырының бір парағы, жүріп өткен жолы дәл сол мұзтауда жатыр.

Оқиға ХХ ғасырдың орта шенінде болған. Батыста орыстың, шығыста Гоминдаң өкіметінің қысымына ұшыраған қазақ торғайдай тозған. Күйі барлары еріксіз елден кетуге мәжбүр болып, ауа көшкен біраз халық боса-боса күндердің бірінде сол мұзтауға жеткен. Түркияны бетке алған көшке енді мұзды асудан асуға тура келген. Заңғарын көк жалтыр мұз бен қою қара түтін торлаған таудан көш көліктері құлап, қыруар адам шығынға ұшыраған. «Жұт жеті ағайынды» деген ғой, тіпті, биіктеген сайын ыс тиген халық бауша түсіп, бақилық бола бастаған. Ойламаған жерден тағы бір қатерге тап болған елдің әбден есі шығып, амалы таусылған. Осы кезде елге көшбасшы болып жүрген бір қария таудың ыс торлаған аумағындағы тіршілік ететін дала тышқандарының үнемі ауыздарына жылқы тезегін көлденең тістеп жүретінін байқайған. Тезекте ыстан қорғарлық бір қасиеттің барын сезген сұңғыла қарт қалған адамдарға тезекпен мұрынды тұмшалап өтіп көруге кеңес берген. Сонымен мұз үстіне киіз үйдің үзік, туырлықтарын жайып, ысқа жылқының тезегін тосқауыл еткен кейінгілер, әйтеуір, асудан аман асыпты.

Сағидолла төтелеп жүрсе Такламакан шөлін ендей өтіп, дәл сол адамдар тап болған мұзды да ысты асудан асуға тура келеді. Ал екінші жолмен жүрейін десе – тым айналма. Онда оған мүлде кері жүріп, Күшәр, Бүгүр, Қарашәрі, Корла, Тоқсын мен Тұрпан аймақтарын басып, Үрімжі арқылы Еренқабырға тауын айналып батысқа тартуы керек. Бұл жол негізі жалпы жүретін жолдың үш есесіндей алыс. Сонымен «ары тарсаң арба сынады, бері тартсаң өгіз өледі» демекші, Сағидолла сан түрлі ой мен сарсаңға түседі. Ақыры жүз ойланып, мың толғанған ол төтелеп кетсем мұз бен шөлдің бірінен ажал құшармын, алыс та болса, ел жағалап айналмалы жолмен кетейін деп түйген.

Күн еңкейіп қалған екен. Ешкілік тауының басында арыны да, беріні де шолып ұзақ отырып қалған Сағидолла енді тұрағына қайтып, жол қамына кірісіп кетті. Түні бойы орағытқан ойлар легімен арпалыса-арпалыса көз ілген ол, келесі күні құзғын сәріден жолға шығады. «Асқар таудың басына қалықтап ұшып қыран да, жыбырлап жүріп жылан да шығады деген бар, жаяу да болсам тірі жанмын ғой, Аллам сәтін салса күндердің бірінде жетермін елге» деген бір сеніммен көз ұшында бұлдырап көрінген сары құмды сағым далаға қарай бет алған. Күйбең тірліктің тылсым сырын тұла бойына бүккен меңіреу дала біреудің арып-шаршап, жазықсыз жәбір көріп, тентіреп жүргенімен жұмысы не? Әйтеуір, алысқа аттанып бара жатқан ұлымен қимай-қимай қоштасып тұрған ақ самайлы анадай еңсесі биік Ешкілік тауы алыстап артта қала берді.

Сағидолланың жапан түзде құмандай жалғыз қара болып келе жатқанына да біраз уақыт өтті. Жүріске де еті үйреніп, жаяуға да жатыла бастаған. Тек шыжыған ыстықтан маужырап мең-зең күйге түскенде ғана ыңғайлы орын тауып, көз шырымын алатын. Қаншама жол, қаншама қиындық бар әлі? Бірақ табаны тілініп, тас басып, алқынып асқар тау асса да, тағдырға шыдап, бір сәт қыңқ етіп көрген емес. Ол өзінің ақыл-айласына сенбесе, мұндай тәуекелге бел бумас та еді.

Жаяу сапар жалғаса берді. Бірде ол Күшар, Бүгүр аймақтарынан өтіп, Байынғұлын моңғұл облысына қарасты Қарашәрі қаласына жетті. Кешкі бір алагеуім сәт. Сағидолла бірден қалаға кіріп кетсем ыңайлы орын табылмай қала ма деген оймен қала шетіндегі қалың мұсылман зиратының арасына бұрылып, қисая кетті. Күндіз күн қатты ыстық болған. Жол соғып әбден шаршаса керек, түні бойы тұяқ серіппей ұйықтаған екен. Таң ата тағы жинала бастаған ол өзінің зират арасында жалғыз түнемегенін байқады. Тақыр төбе бауырайын алып жатқан қалың тас мола арасын онымен бірге жеті-сегіз адам паналап шығыпты. Олардың бірнешеуі орнынан тұрып, ұсақ-түйек заттарын реттеген болып жүрсе, қалғаны әлі де ұйқыда. Түрлеріне қарасаң біреуге сес көрсетіп, атып-шауып кететіндей емес. Жүріс-тұрысы, киім киістері де тым жұпыны. Бәрінің де үйсіз-күйсіз жүрген жоқ-жітік жандар екенін бірден байқауға болады. Шамасы, олар көптен бері осы зират арасын мекендеп жүрген жергілікті мұсылман балалары болса керек. Өйткені, ондағы қытай, моңғол ұлттарының бейіт арасына түнеуі былай тұрсын, маңынан жүруге батылы жетпейтін. Зиратқа түнегендер Сағидолланың өз қатарларына келіп қосылғанына титтей де таңырқаған жоқ. Қайта, күнделікті бірге жүрген адамдарындай жақын тартып, қолда барымен бөлісуге әзір екендіктерін білдірді. Аздан соң ұйқыдағылар да бір-бірден тұрып, әркім өзінде барын ортаға қойып, таңғы ас ішуге отырды. Сағидолла да еш тартынған жоқ. Алыстан арқалап келген дорбадағы сүрленіп піскен жылқы етінен бір-бір жапырақтан үлестірді. Алғашқы танысу осылай басталды. Олар Сағидолланы бастап күні бойы қала көшелерін кезеді. Бәрі де қу құлқының қамы. Біреулері елге киер киім, ішер ас үшін жалданса, енді біреулері әрі-бері өткендердің ұстатқан садақасын алып, қонаға зират арасына оралатын. Олардың дені ұйғыр болғандықтан, Сағидолла өзі жақсы білетін ұйғыр тілінде еркін сөйлесіп, бірден тіл табысып кеткен. Бұл адамдарды жергілікті жұрт «тіленшілер» деп атайды екен. Сағидолланың тіленшілер арасында біраз уақыт қала тұрғысы келді, себебі, мұндай адамдарды ешкім тексеріп-тектеп жатпайтындықтан Сағидолла үшін аса қолайлы еді. Осыны ойлаған ол осы жерден біраз ақша тауып, ат-азығын қамдап, Қарашәріден бірақ аттануға бел буған.

Қаладан тіленшілерге ұзақты күн кешке дейін істейтін іс те, ішетін ас та табылып тұрды. Тіпті, күндер өте келе ауласында ұсақ-түйек жұмыс жасатып, отын-суын енгізткісі келгендердің таңдауы ең алдымен Сағидоллаға түсетін болды. Себебі, онда басы артық сөз жоқ. Тек ас-тағамын уағында беріп, ақысын төлесе болғаны. Әр шаруаны апырып-жапырып істеп,  лезде тып-типыл етіп тындырып тастайтын.

Сағидолланың тіленшілер қатарында жүргеніне де аттай желіп айға жуық уақыт өте шығыпты. Енді оның қалтасында азын-аулақ қаражаты, қоржын толы жол азығы бар. Тек қуса жететін, қашса құтылатын әбзелді ат керек. Аңсаған арманы да сол. Жастайынан ат десе ішкен асын жерге қоятын дағдылы атбегінің қырағы көзінен текті жылқы тұқымы қалыс қалып көрген емес. Қисыны келіп, көңіліндегідей ат табыла қалса ештеңеге қарамастан қазір-ақ аттанып кетуге дайын. Соңғы кездері жатса-тұрса ойлайтыны сол болған.

Сағидолла жалпы Қытай жеріндегі даңқы жайылған әйгілі сайгүліктердің дені осы Қарашәрі өңіріннен шығатынын жақсы білетін. Ол жайындағы аңыз әңгімелерге де әбден қанық. Қарашәрі жылқылары шеттерінен жүйрік, дене бітімі де көрікті келеді. Кезінде осы аймақтағы Тарым өзені құятын Лобнор көлінде болмысы бөлек бір текті су жылқылары тіршілік етіпті. Оны көзбен көріп, қолда баққандардың айтуынша, су жануары біркелкі ақ түсті. Құйрық жалы төгілген, әдемі қамыс құлақ. Тек суда тіршілік еткені болмаса, кәдімгі жылқылардан көп айырмашылығы да жоқ. Бір ерекшелігі – қар барысы секілді тұтас денесінің әр жеріне қызыл мөр басылғандай дөңгелек-дөңгелек теңбіл түскен. Айшықты теңбіл жануарды тотыдай түрлендіріп тұрады. Жылқылар көбінде теңіз түбінде жүреді екен. Тереңде олардың қалай тыныс алып, қалай тіршілік ететіні, немен қоректенетіні мүлде беймәлім, мүлде жұмбақ. Әйтеуір, Лобнор маңын мекен еткен халықтың бар білері – жануарлар үйір-үйірімен ара-тұра жағаға шығады. Олар шөп сонысын қуып, бір-екі сағат бас алмай жайылған соң, аталығы уақыт болды дегендей белгі беріп, үйірінің шып-шырғасын шығармай, бәрін жинап көлге қарай бағыттайды. Сонда қайтқан қаздай тізілген жануарлар тай-тұяғына дейін қалмай көлге шоп-шоп түсіп, балықша малтап кете баратын. Су жылқылары өрісте жергілікті жылқылармен үнемі үйірі айқас жайылатын. Дәл сондай сәттерде оның аталығы кейде жергілікті жылқының айғырын қуып шығып, біткен бие шоғырын жалғыз өзі иемденіп алады екен. Келе-келе жергілікті елдің жылқысының су жылқысымен қаны алмасып олардың нағыз тұлпар текті  ұрпағы өрбіген.

Сағидолламен бірге Сексентам жаза лагерінде жазасын өтеуге барған Құрманбай есімді бір қария бар еді. Қазыналы қарт сол су жылқысын көзбен көріп, қолда өсіргендердің бірі. Түрмедегі кезінде ол жылқы жайында сөз бастала қалса болғаны, су жылқысы туралы әңгіме шертетін. Тамылжыта айтылған әңгімеден сол ортада шыбын ұшпас тыныштық орнап, жан біткен сүйсіне тыңдайтын. Әсіресе, оның көп ел естіп көрмеген су жылқысы туралы хикаяты талайды таңдандырған. Құрманбай Лобнор аумағын ұзақ жыл мекен етіп, табан аумай мал баққан. Су жылқысының қыры мен сырына әбден қанық. Оның ес білгеннен бергі бар ғұмыры сол өлкеде өткен. Кейін «ұлтшыл» деген желеумен түрмеге түсіп, Такламакан шөліндегі азап пен тозақтың кермек дәмін бір кісідей тартқандардың бірі. Ол өз алдына отау құрып, шаңырақ көтергелі мал қамымен жаз жайлауға, қыс қыстауға көшетін. Әр жылғы мамыр мен маусым аралығында ел қатарлы Лобнор аумағына қоныс аударатын. Төрт түлік біткеннің жалғыз суаты сол көл болатын. Онда аққу-қаздары қалқып, шағаласы шарық ұрған айдын көл аумағы көркем де көз жеткісіз еді. Ара-тұра үріккен жылқыдай дүркіреген бұйра жалды толқындар бірін-бірі қуып, бір сәт тыншымайтын. Жер жарықтық жаралып, Алланың құдіретімен сол көл пайда болғалы оның қаншама ғасыр дәл солай арпалысып, асып-тасып жатқанын кім білсін?!

Бір жылғы мамыр айының басы болатын. Құрманбай көп жылдардан бері өздерінің жазғы жайлауы Лобнор көлінің аумағына көшіп барған. Ол әр күні таң бозынан атқа қонып, қоралы қойын өрістеткен бойы суатқа бет алатын. Бір күні Құрманбай малын қаптатып көл бойына барған. Астына мінгені қара қоңыр бие. Қоңыр бие жануар сол жылы қысыр қалғандықтан нағыз мініске берік күйінде еді. Қар көбесі сөгілгеннен бері үстінен ер де түспеген. Көл бойына барысымен Құрманбай қоңыр биенің ерін алып, бекітіп отқа қояды да, жаяу мал қайырмақтап кетеді. Күндегі дағдысы солай.

Жағалау әдеттегідей төрт түлікке толы екен. Қара-қорым ауыл малдарының арасында топ-топ су сиырлары мен үйір-үйір су жылқылары бейғам жайылып жүр. Құрманбай қаннен-қаперсіз әудем жердегі бытырай жайылған қойын жинап, көлге қарай беттетіп келе жатқан. Бірде оның ат қалдырған аумақта жүрген су жылқысының айғыры басын төмен салып, екі жаққа сілкіп-сілкіп тастап, бекітулі тұрған қоңыр биеге жетіп барады. Айғыр қоңыр биені ары айналып, бері айналып, иіскелеп сәл тұрады да, бірнеше мәрте жұптасып үлгереді. Бұған қатты таңданған Құрманбай болған жайды кешке үйіндегілерге жеткізеді. Бұл көрініс оның малын суға түсірген кездерінде бірнеше рет қайталаныпты. Осыдан соң-ақ ол биенің ай-күні толып құлындар сәтін тағатсыздана күткен. Тіпті, қоңыр биенің басынан құс ұшырмай мәпелеп, одан туар құлынды көруге асыққан.

Келесі жылғы ақпан айының аяғы. Далада қар борап, жел ұйытқып тұрған. Сол күні түнде қоңыр бие түсі су жылқысынан сәл өзгешелеу қоңыр теңбіл түскен еркек ақбоз құлын тауыпты. Дегенмен су жылқысынан аумай-ақ қалған жануар. Құрманбайдың қуанышында шек жоқ. Бір текті малдың ұрпағына ие болғанына өзінен басқа бақытты жан жоқтай сезініп, шаттығын бөлісер жан таппаған. Тек іштей «Е, құдіреті күшті жаратушы жалғыз ием, осы берген әр түйір дәніңе, азды-көпті ризық несібеңе, шаңырағымызға біткен жалғыз жылқы баласынан туған мына бір өзгеше төлге тәубе! Бәріне де шүкір!» деген тілектерін іштей қайталаумен ғана болған.

Қазақ ежелден ырымшыл халық қой. Құрманбай құлынға тіл-көз тиіп жүрмесін деген оймен болған жайды көп уақыт тіс жарып ешкімге айтпаған. Тіпті, іргелес отырған көрші-қолаңдарынан да жасырып, сыр білдірмеуге тырысқан. Құлын күн санап өсіп, біраз уақыт өткенде өзгеше қылықтар шығара бастаған. Бірде ол танауын едірейтіп, әдемі қамыс құлағын, жеңді білектей шолтиған құйрығын тіктеп, өрлі-қырлы зыр жүгіреді де, енді бірде жайбарақат жайылып тұрған енесінің үстінен ары асып қарғып, бері асып қарғып ойнақ салады.

Көп өтпей жұрт біткен тегіс көлге қарай көш түзейді. Байырғы көл, байырғы аумақ. Ел келгелі қыс бойы сұлық жатқан ойлы-қырлы өлкенінің тұла бойына қан жүргендей болады. Төскей-төскейлерге шоғыр-шоғыр ақ шаңқан үйлер тігіліп, алқабы мыңғырған малға толады. Құрманбай да ел қатарлы өз жайлауы, өз жұртына келіп жайғасқан. Әр күні ол көлге барған сайын байырғы әдетінше қоңғыр биесін жағалауға бекіте салып, жаяулап мал соңында жүретін. Тіпті, соңғы кездері ол қоңыр биені су жылқыларының жайылымға шығар аумағына әдейі бекітіп кететінді тапты. Ондағы ойы жалғыз бие биыл тағы қысыр қалып жүре ме, айғырдан шықса тағы да су айғырынан шықсын деген дәме еді. Бірақ пендеміз ғой. Бәрі біз ойлағандай бола беру қайда? Бастан бақ, астыдан тақ кетейін десе оп-оңай. Екі дүниенің жаратушысы жалғыз Тәңірге еш қиын емес.

Түс мезгілі. Бір күні Құрманбай малын өрістетіп, көл бойына келгенде су жылқылары әлдеқашан судан шығып, жағалаудағы жасыл құраққа бас қойған екен. Асығыс қимылдаған ол қоңыр биені су жылқысына таяу жерге бекіте салып, өзі малына кетеді. Екі көзі жылқы жақта. Енесін айналсоқтаған ақ құлын асыр салып, көл бойында өрлі-құрлы жүгіріп ызғыртып жүрген. Бірде су жылқысының айғыры қоңыр бие жаққа құлағын тігіп сәл тұрды да, шаң боратып жетіп барады. Жануар бара салысымен биені де, құлынды да иіскелеп сәл кідірді де, шорт бұрылып үйіріне қарай қайта жөнелді. Айғыр барған бетте үйірін шырқ иіріп көлге бағыттады да, өзі құйындата келіп, қоңыр биенің жанында жүрген құлынды желкеден тістеген беті үйірінің соңынан теңіз тереңіне бойлап кете барады. Құрманбайдың айғай салуға да шамасы жоқ. Тұрған орнында жер текпілеген күйі қала берген. Ал қоңыр бие жануар шыр-шыр кісінеп, құлынының соңынан барып жағаны жағалайды да жүреді. Көз алдыдағы көрініс осылай тынған. Сөйтіп барға қанағат етпей, аспандағы айға қол созған Құрманбай лезде жер сыйпап қалады. Іші удай ашып, не істерін білмей ділгіреді. Осыдан ымырт үйірілгенше ол су жылқысымен бірге құлын қайта шығып қала ма деген үмітпен көп күтті. Бірақ жылқы да, құлын да  су бетіне шықпаған.

Құрманбай: «Сол оқиға күні бүгінге дейін көз алдымда қалып, айықпас арман  болды. Бірақ мен білетін көптеген адамдар  су жылқысынан талай құлын алып,  көз алдымда өсірді. «Өкінішке орай, кейін Қытай өкіметі сол өңірдің адамдарын 100 шақырым қашықтықтағы Қарашәрі аймағына көшірген. Көлді арнайы ядролық сынақ алаңына айналдырып, 1964 жылы алғашқы атом сынағын өткізген. Бірінші реткі сынақта көлдің беті тоғыз тәулік бойы шұрқылдап қайнап жатыпты. Осыдан кейін-ақ сол көл тартылып, судағы тіршілік иесінің тұқымы тұздай құртылды» – деп, налитын.

Кейін ел қолында қалған су жылқысынан тараған үйір-үйір жылқы Қарашәріге әкелінген. Олар ондағы араб жылқыларымен қосылып жүлделі жүйрік, су төгілмес жорға болып, атағы алыс-жақынға тарған. Міне, осыдан бастап Қытайдағы өзге аймақтың адамдары Қарашәріден жылқы сатып алып, айғыр салуды үрдіске айналдырған.

Сағидолла Құрманбайдың жылқы жайында айтқан әр әңгімесін зер сала тыңдайтын. Құлақ естігенді көз көреді деп, кім ойлаған, сол су жылқысы жайындағы әңгімеге арқау болған Қарашәрі жеріне дәм айдап, Сағидолланың өзі де келді. Енді Алла істің сәтін берсе, бұл аймақтан сол жүйріктердің бірін тауып мініп, Атырау мен Алтайдың арасын жалғап жатқан қазақ даласын бетке алу ойда.

 

V

    

Сағидолланың көлденең өткен көк аттыға көз сүзе қарап, өзіне ыңғайлы көлік іздеп жүргеніне бірнеше күн болды. Бірақ еш жерден көңілдегідей жылқы баласы кездесе қойған жоқ. Тіпті, соңғы күндері қала маңынан көрген бірнеше ат та кісі қызығарлық емес, бәрі де жабы малы. Нағыз ер қашты болған қойға жетпес қой торылардың өзі. Ондай малды алыс сапарға міндің не, мінбедің не? Одан жаяу тартып кеткеннің өзі артық. Бұл күндері Сағидолланың өз еркі өзінде. Қайда барам, қайда тұрам десе де оған сұрау салып, тектеп жатқан жан жоқ. Ал, тіленшілерге сен барсың ба, жоқсың ба, бәрібір. Зират арасына оралсаң неге оралдың, келмесең неге келмедің демейді. Сенің бар-жоғың, қанша табыс тауып келгеніңде олардың еш шаруасы болмайды. Әйтеуір, өздерінің қарны тоқ, күнделікті аз да болса тиын-тебен, нәпақасы табылып тұрса болғаны, басқаны керек етпейтін сияқты.

Әдеттегідей зират арасына түнеп шыққан Сағидолла бірде абың-күбің жиналып, қала жаққа бет алды. Қимылы ширақ, жүрісі де тым жылдам. Әлденені жоғалтқан жандай жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап, аяғы аяғына тимей жүгіре басып барады. Себебі, оның әлгінде ғана осы маңан ат жетелеген біреудің қылпын көзі шалып қалған. Ат жетелеген жаяу көп ұзай қоймаса керек еді, зиратқа жақын андыз-андыз салынған үйлердің ара-арасымен жайбарақат өтіп бара жатқанын өз көзімен көрген. Қас-қағымда қалай бұрылып кете қалды екен? Сағидолла адымдай басып, тағы бірнеше үйден өткенде жолдың қарсы бетінен оның қарасы көрінді. Есік пен төрдей қарашұбар аттың шылбырын жинап ұстаған жастау ұйғыр жігіті қала шетіндегі жаңадан салынып жатқан үйлерге қарай бет алып барады екен. Сағидолла көңілдегідей көлікті кездестірдім-ау ақыр деген оймен оның қыр соңынан қалған жоқ. Тек әудем жерден қарасын көріп, ерді де отырды. Қарашұбар ат мақтаса мақтағандай, құйрық-жалы сүзілген, дене бітімі де кесек. Нағыз жүлде алар жүйріктердің бірі екенін өзі-ақ әйгілеп тұрғандай. Сағидолла жануарды көрген жерден ұнатқан. Сонымен ол ұзақты күн кешке дейін сол аумақты торыды да жүрді. Ат иесі болса құрылыс алаңына бара салысымен қарашұбарды қамыттап арбаға жегіп, тас, топырақ тасумен болды. Тек түс мезгілінде ғана бір-екі сағат жем-шөбін беріп, тынықтырған соң жұмысына қайта кіріскен.

Күн еңкейе жігіт қарашұбарды жайдақ мініп кері қайтты. Байыған күннің соңғы алауы жер-көкті шарпып, төңірек қызыл нұрға малынған. Сағидолла теке мүйізі көрінетін жерден қара шұбар аттыдан көз алмай аңдып келеді. Қанша дегенмен аттының аты атты ғой. Аттыға жаяу ере алсынба? Атқа қонысымен жел аяңдата жөнелген әлгі адам қалаға кірісімен көзден ғайып болды. Сағидолла ары қарады, бері қарады, көзге ілінер қылаң жоқ. Ымырт үйіріліп, көз байланды. Осылайша күн бойы аңдығанынан әп-сәтте айырылып, «әттеген-ай» деп қалған ол ұнжырғасы түсіп жатар орнын тапты. Десе де, оның көңілі тоқ, жүрегі орнықты. «Көрген жерде көде бар», ертең үй салған аумақты тағы да торымақ. Ерте ме, кеш пе оның сол маңға бір соғары анық. Сағидолланың шұбар аттыдан көз жазып қалуы бір емес, қатарынан үш күн де үш мәрте қайталанды. «Айналдырған жау алмай қоймайды» деген, төртінші күн таңсәріден қас қарайғанға дейін көз алмай аңдыған ол, ақыры оның аттаған босағасын, байланған оқырын өз көзімен көріп қайтты.

Сол түні Сағидолла ел шырт ұйқыға кеткен кезде қарашұбар атты алып, аман-сау алыс сапарына аттанып кеткен. Алғашында ауыздықпен алысып, ойнақтай жөнелген жануардың тізгінін еш тежеген жоқ. Қайта, қаладан шыға бере басын еркіне жіберіп, ағызған бойда алыстай берген. Алайда, ақ алақан адамдай біраз уақыт ат мінуден қожырап қалған оған бұл жүріс оңайға соқпады. Ертоқымсыз ат, астына салғаны атпен бірге алып шыққан жалғыз ішпек. Аттың қыр арқасы батып, әбден жүйкеленген оның бірде жаяу, бірде атты аяңдай беруден басқа амалы қалмаған. Сол сарынмен келесі күні түске қарай бір кілкіп ағып жатқан қара сулы шағын өзен бойына келіп түсті. Жағалау бітік өскен қалың қамыс екен. Маңайы тып-тыныш. Жыбыр еткен жан да, бейсауат жүрген мал да көрінбейді. Әредік баяу ескен жел лебімен қамыс басы ырғалып, арасында әлдене жүргендей сылдыр-сылдыр етеді. Сағидолла ұзақ отырған жоқ. Тек азырақ ауқат алып, шамалы ат шалдырған соң-ақ аттанып кетті.

Алда әлі талай тар жол, тайғақ кешулер бар. Кім білсін, тағы қандай сын-сынақтардың тұрғанын. Орағытқан ойды да, көлбең еткен көп елесті де жақсылыққа балап, өз-өзін жұбата беруден басқа шара не? Сағидолла таң атқалы көлігін шерден шыға көсілтіп жүре алмап еді. Ат үсті енді жайлырақ сезіліп, жүрісі де манди түскендей болды. Әлгінде қара сулы өзен жағасынан аттанар алдында екі шеңгел қамыс қиып әкеліп, оны аттың қыр арқасын қымтай таңып тастаған. Үстіне қоржын-қолаңын салып, ішпегін тартып, амалдап мінген. Ат жануардың жүрісінде мін жоқ. Әңгіме тек ердің жоқтығында. Егер ер-тұрманы толық болғанда қарашұбармен салып-ұрып ендігі талай шақырым жолды еңсеріп тастаған да болар еді.

Осы жүріспен Сағидолла үш тәулік дегенде әйгілі Қарашәрі өзеніне жетті. Ағысы қатты асау өзен өткел беретін емес. Оның үстіне сол күні тауға жауған қалың жаңбырдан өзен суы бұрынғысынан молайып, арнасынан асып-тасып жатыпты. Қара құйындай ұйытқыған қарасұр өзеннен өтуді қойғанда, қараудың өзі қорқынышты. Жарықтық долдана түсіп, жағаға таяу жердегі шөккен түйедей тастарды еш іркіліссіз ағызып әкетіп жатыр. Бір өткел болу керек еді, таяу маңда өте қоярлық ыңғайлы жер көрінбейді. Бірақ қалайда өту керек, себебі Сағидолланың барар бағыты солай.

Ол өзенді жағалап келе жатып жол бойы жолыққан біреуден төменде жалғыз көпірдің барын ұқты. Енді осы өзеннен бір өтіп кетсе біраз кедергіден құтылған болар еді. Одан ары тағысын тағы көре жатар. Алыпқашпа ой жетегіне түсіп кеткен Сағидолла өзінің көпірге қалай жетіп келгенін де сезбей қалды. Ұзыннан-ұзақ салынған көпірдің кеңдігі – ат шаптырым. Қырсыққанда көпірден күні-түні адам аяғы үзілмейтіндіктен арнайы күзет қойылыпты. Күзетшілер атты-жаяулы өткен-кеткеннің бәрін тосып, бірден тексеріп өткізіп жатса керек. Алғашында бірден өте шығам ғой деп ойлаған Сағидолла күзеті құрғырға тым жақын келіп қалыпты. Енді кері бұрылып кетудің еш қисыны жоқ. Не де болса атын тебіне түсіп, көпір үстінде көз алмай қарап тұрған күзетшілерге тура тартты. Күзетшілерге жақындаған сайын ол аттың екі жағына кезек теңселіп, мас адамша бірде ұйғыр, бір де моңғол тілінде айғайлап ән айта берді. Бұл оның ұстаса ұстап қалды, ұстамаса өтіп кетермін деген матқапыда ойлап тапқан жалғыз амалы болатын. Бірақ қаққан қазықтай қақиып тұрған қос сарбаз оны құр жібере қойсын ба, ат басын ірікпестен ағып өте шығуға бейім келе жатқан адамды тізгін-шылбырдан алып, зорға тоқтатты.

Бір күзетші одан  қытайшалап: «Жігітім, қайдан келесің, қайда барасың?» деп сұрап еді, Сағидолла оның сұрауын толық түсініп тұрса да, сыр білдірген жоқ. Тек сөзін ұқтырмай көпірдің келесі басындағы іргесі тиіп тұрған ауылды нұсқап міңгірлей берді.

Екі күзетші бір-біріне қарады. Олар өзара ұйғыр тілінде сөйлесе келіп, біреуі: «Маңайдағы малшылардың бірі шығар, өзі ішіп алыпты» – деді де, бара берсін дегендей ишарат етті. Ат шылбырын ұстаушы оны жібергелі жатқан, тышқаққа қас қылғандай қарама-қарсыдан сау еткен бір топ атты адамның жетіп-ақ келгені. Екінші сарбаз жібергелі тұрған шылбырды қайта қармап ұстап, келгендерге моңғол тілінде: «Мына адамды танисыздар ма? Сіздердің ауылдан емес пе?» – деп сұрады. Бастарына айыр қалпақ, аяқтарына қайқыбас ұзын етік киген әлгі адамдар өңшең ауыздықпен алысқан құр аттарын ойнақтатып келіп Сағидолланың жүзіне олай өтіп бір үңілді, былай өтіп бір үңілді. Соңында олар «біздің ауылда мұндай адам жоқ» деп басты бір-ақ шайқағады. Жүргіншілер қайтқан қаздай тізіліп алып өз жолымен кете барды. Сағидолла өзінің қолға түскенін сонда ғана сезіп, үнемі өзі көп қолданатын «иттің барып өлген жері-ай» деген жаттанды сөзін тағы бір қайталады.

Сол күні күзетшілер оны көпір маңдағы бір тергеу абақтысына апарып қамаған. Жергілікті тәртіп сақшылары алдына келген мұндай айыптыны аясын ба, олардың іздегені де сол емес пе? Тәулік бойы кірпік айқастыртпастан сұрақтың астынан алды. Бірде ұйғыры, бірде қытайы, енді бірде моңғолы келіп тергейді. Бәрі де еш оңдыртқан жоқ. Бірақ қанша ұрып-соғып, қылбұрау салған асаудай шыңғыртып қинаса да, тұтқын жақ кірісін ашқан жоқ. Ол мүлде мылқау адамның кейпіне еніп, одан сайын қасарысып алды. Тек анда-мұнда қол әрекеттерімен бірдеңелерді нұсқап көрсеткен болады. Әйтеуір, оның тамағы сау, алдына келген астан бас тартпайды. Бергенін апыл-ғұпыл асай салып, көзі жәудіреп қарап отырады. Олар оны бірнеше тәулік нәр татырмай ашықтырып та, ас та төк тамақ беріп тойғызып та байқады, бірақ сөз жоқ. Тіпті, оған қинаудың сан түрін қолданып та көрді, бәрібір тіл қатпады.

Осымен тұп-тура бір жұма уақыт өтті. Тұтқыннан жауап алудан мүлде күдер үзген тергеушілер болған жайды басшыға барып жеткізген. Амалы құрыған түрме басшысы бірде Сағидолланы өз алдына алдырып, оны ұстап әкелген қос сарбазды қоса шақыртыпты. Қос сарбаздың келуін тағатсыздана күтіп отырған түрме басшысы олар есіктен кіре салысмен Сағидолланы нұсқап: «Сендерде ес бар ма? Не сөйлей алмайтын, не құлағы естімейтін мылқау адамды қайдан тауып әкелдіңдер? Енді оны қайдан әкелсеңдер сонда алып барып атына мінгізіп жолына салыңдар!» – деп ақырды. Сағидолла алғаш көпірдегі күзетшілер тоқтатқан сәтте мылқау адамның кейпіне енуі керек еді. Бір ағаттық жібергенін сонда біліп, тек: «Я, Раббым, жейтін таяқты жедім, көрер қорлықты көрдім. Енді мына албастылардың құрығынан өзің құтқара гөр» деген бір тілегін қайталай берді. Күзетшілер үнсіз қалған жоқ, жарыса сөйлеген олар қияқ мұрты едірейіп, түксие қараған ұйғыр басшыға: «Иә, басеке. Бұл сіз ойлағандай  сақау да, саңырау да емес. Біз оны алғаш ұстаған сәтте ол аттың екі жағына бірдей теңселіп біресе ұйғыр, біресе моңғол тілінде ән айтып сарнап жүрген болатын. Өзі ішіп алған, қып-қызыл мас көрінді. Тіпті, оның бұл әрекетін төменгі ауылдағы бір топ атты моңғолдар да өз көзімен көрген» – деді.

Мұны естіген тергеу басшысының шеке тамырлары білеуленіп, ызадан жарылып кетердей болды. Орнынан ұшып тұрып, жерде жүресінен жүгініп отырған тұтқынға қайта төнді.

– Ей, мылқау мыналар шын айта ма? Ал, сөйле, әніңді айт енді! Әлде бұлар өтірік айтып тұрған шығар? Болмаса сендер айтыңдар, – деп есік жақта тікесінен тік тұрған қос сарбазға қарай жүрді.

– Біздің айтқанымыз шындық, ақиқаты сол басеке, – деп қос сарбаз шыр-пыр.

Сағидоллада үн жоқ. Жерге қараған бойда тесіліп отыр. Тергеу басшысы қос сарбазға жетпестен кері айналып, Сағидоллаға: «Сөйле, мылқауым, естимісің бе? Сөйлемейсің бе? Сөйлемесең мен сені әлі-ақ сөйлетем, сарнайтын боласың әлі» – деді де, қоластындағыларды шақырды. Жау жайрататындай есіктен сау етіп кіріп келген бірнешеуге оның түп-тұқиянына дейін анықтап, шынын айқызып, ақиқатына көз жеткізуді бұйырды.

Осыдан соң-ақ оны тергеу орнына қарай сүйрей жөнелген өңшең алкеуде, әпербақандар еш аяған жоқ. Алдымен ауыр соққыға жығып, естен тандыра бір тепкілеп алды. Құрым етік, темір өкшенің астында қалып сан мәрте сұлап түскен Сағидолла әлі де болса босатып жібере ме деген үмітпен тағы біразға дейін шыдап көрді. Бірақ шыдамның да шегі бар ғой. Адам қинауға келгенде алдына жан салмайтын сұмпайылар сабыр сақтататын емес. Сәт сайын кісінің өңі тұр ғой, түсіне де кірмейтін сұмдық амалдарды ойлап табады. Алла тағала тірлігінде кейбір пендесін ерекше бір сын-сынақтан өткізеді екен. Бірақ Сағидолланың басынан өткеріп жатқан мұндай ауыр күндерді ешкімге бере көрмесін. Бірде олар қол-аяғы байлаулы жанды ағаш сырыққа көлденең асып ашық отқа қақтаса, енді бірде қызған көсеумен қол-аяғын қарып жанын шырылдататын. Бұл азаптау тағы бірнеше тәулікке созылды. Сағидолла олардың қолданған әрбір жаза түрінен шындыққа көз жеткізбей тынбайтынын ұқты... ақыры шындықты айтып тынды.

Тергеу залы. Тұла бойы тұлыптай ісініп, қанталаған көздері әрең-әрең жылтыраған Сағидолла тергеушілер алдында жауап беріп отыр. Ол өзінің Сексентам жаза лагеріндегі жазасын өтеуші екенін айта келіп, бірде түрмелестеріне ренжіп шығып кеткен беті адаса-адаса осында жеткенін баяндады. Сонымен, екінші мәрте қолға түскен Сағидолла істің ақ-қарасын ажыратып, ақиқатына көз жеткізгенше көпір маңындағы абақтыда болды. Осыдан кейін оны бір түннің ішінде өзі қашып шыққан бұрынғы жаза лагеріне қайта жеткізді. Сағидолланың соңғы тергеу абақтысында жеген таяғы, тартқан біраз күндік азабы болмаса, жалпы жағдайы жақсы еді. Ол алғаш жоғалған кезде екі беті пышақ жаныған қайрақтай жұқарып, сүйек-сүйегі сіңіріне ғана ілініп әрең кеткен. Ал, бүгін мүлде басқаша. Жайлаудың сарқымызын сапыра ішіп, бағлан етімен сорпаланып келген жандай қызара бөртіп, тойына бастаған.

Қарашәріден ауыр шынжырлы кісен мен ажырғы кигізіп әкелген Сағидолланы ешкімге жолықтырған да, тілдестірген де жоқ. Тек көліктен түсіріп жатқанда көріп қалған бірнеше түрмелестерінің зәре-құты қашқан. Өйткені, әдетте мұндай ажырғыланып, арнайы жасақпен жеткізілетіндердің дені өлім жазасына кесілуші еді. Өлімге үкім етілген сорлының күні бұртын оңынан, солынан, алды мен артынан арнайы суретке түсіретін. Ал, үкім оқылатын күні оның ең алдымен аяқ-қолын мықтап кісендеп, мойнына дәл осындай ажырғы тақтай іліп қоятын. Тақтайға айыпкердің толық аты-жөні жазылып, үстінен қызыл бояумен айқастырып сызып тастайтын. Бұл қылмыскердің басқа емес, өлімге айдалып бара жатқанының айқын бір белгісі. Осыдан соң онсыз да құр сүлдері қалған жанды ашық көлікке шығарып, қала көшелерінің бірін қалдырмай аралатып шығады. Осылайша оны жұртқа тегіс бір рет көрсетіп, ендігі қылмыс өткізгендердің көретін күні осы дегендей ескерту жасайды. Санаулы сағаттардан соң жарық дүниемен біржола қоштасқалы кетіп бара жатқан бейбақтың түрі қандай суық десеңші?! Тура қарағанда көздері өңменіңнен өтетін. Көрген жанның тұла бойы түршігіп, іштей тәубесін үйірумен ғана болады. Ондайдың құдай бетін ары қылсын, әрине.

Сағидолла енді Сексентам жаза лагеріндегілердің тергеуінде. Айналып-айналып келіп нағыз бір шаш ал десе, бас алатын қанқұйлылардың қолына түсем деп ойлап па еді?! Мұндағы тергеушілер кілең ұйғырлар. Негізі мұндай кезде оларда жан баласына жаны ашу деген мүлде болмайтын. Шеттерінен сен тұр, мен атам дейтін өңшең баскесерлердің өзі. Бірі бастаса, екіншісі қостап тергелушіні өлімші қылып бірақ шығаратын. Бір-екі тергеуден соң Сағидолла олардың қоятын сұрағын, азаптау амалын да жаттап алды. Бәрі де сол баяғы «Сені қашуға кім итермеледі? Сыбайласың кім? Қашқанда қайда барам деп ойладың, Совет өкіметіне ме? Біздің бұл өлкеден тірі жан, тісті бақа тірі құтылып көрген емес» дегенді жиі қайталайтын. Тергеу залына бір кіріп кеткен соң олар айыпкерге қинаудың небір түрін көрсетіп, не істесе де өз еркі. Оның үстіне басшыларының бұйрығы олар үшін заң. Қолға түскен сорлының өлген-тірілгенімен жұмысы жоқ. Қылмыскерді қалай да болмасын «Бар кінә өзімде, қолыммен істегенді мойныммен көтерем» дегізіп, тергеу құжаттарына өздігінен қол қойып бергенінше тоқтамайтын. Бұл жолғы тергеудің соңғы үш тәулігіндегі қинау Сағидолланың жанына қатты батты. Сан мәрте құлап, ес-түссіз қалды. Жауап алғалы кіргендердің бәрі де алдымен Сағидолланың айтқандарының үтір-нүктесін қалдырмай жазып алғандай болады да, соңында бір сылтауын тауып, түрлі-түрлі қинау тәсілін қолдануға көшетін. Кейде оны қолдарына ұстап кірген келте сапты шоқпармен ит жемі ғып мылжалай соқса, кейде асып қойып дүрелейтін. Сосын сұлық қалған сорлыға мұздай су шашып, есін жиғызып, қайта желкелеп әкеліп ұсақталған әйнек сынықтарының үстіне жалаңаш тізерлетіп қойып тергеуін жалғастыра беретін.

Тергеу басталғалы ауыр соққы мен боқтықтан көз ашпаған Сағидолла бұл жолы да аман қалды. Осыдан бірнеше күн өткенде оны баяғы Қойымханның орнына келген түрме басшысы Әбіламет өз алдына алдырды. Енді оны өзі тергемек. Әр істің ығына қарай жығылып, небір тығырықтан шығар жол тауып кете беретін Сағидолла бұл жолы барын салып көрмек. Ол ендігі тергеуші Әбіламет болғанына қуанды. Бұл іске соңғы нүкте қоятын да соның өзі. Себебі, Әбіламет – ерекше мақтау сүйетін, даңғой жан. Ол бөскен сайын мақтай түссең, ұшып-қонып жүріп, шұғыл шешім қабылдай салатын алаңғасарлығы тағы бар. Сол үшін өтірік те болса, оның жамандығын жасырып, жақсылығын асырып, тасын төрттен қоя беру керек.

Сағидолланы тергеу бөліміне алып кіргенде Әбіламет жалғыз екен. Үстіне сары түсті әскери киім киіп, сыртынан белін жалпақ былғары белбеумен шарт буынған. Мықынында салақтаған тапаншасы қозғалған сайын санын соғады. Ешкімді де көзге ілетін емес. Құдды бір ауыр ойға батқан адамша терезеге қарап тесіліпті де қалыпты. Тұтқынды желкелеп кірген екеу тергеуші үстелінің алдындағы жерге жүрелетіп қойды. Әбіламетте үн жоқ. Бірде теріс қараған бойда оң қолын көтеріп күзетшілерге шыға беріңдер дегендей ишарат етті. Олар шығып кетті. Осыдан кейін ғана ол кері бұрылып, үстеліне қарай беттеді. Сағидоллаға көз қырын да салған жоқ. Қоразша кербезденіп көкке қарайды. Ол ақ қағаз бен қалам, сия қойылған үстелге келіп жайғасқаннан кейін ғана тұтқынның жүзіне түксие бір қарап:

– Сағидолла, сен мені танисың ба? – деді.

– Иә.

– Жақсылап тыңдап ал. Естіп тұрсың ба мені?

– Құлағым сізде.

– Бүгін сенің ендігі тағдырыңды мына мен шешемін. Қазір бұл аймақта менен басқа ешкімнің билігі жүрмейтінін өзің де жақсы белесің. Сондықтан да менің ақ дегенім ақ, қара дегенім қара. Ал, сен бар шындықты айтасың. Айтқызбай қоймаймын, әрі мені алдаймын деп құр әуре болма. Өтірік қоссаң, жазаң тіпті де ауырлайды. Онда менен еш жақсылық күтпе. Естідің бе? – деп шұқшиды.

Аяқ-қолы кісендеулі оның қарсы алдында жүресінен жүгініп отырған Сағидолла:

– Құп, мырза, сізді алдауға қайлай батылым барсын? Бүгін сізден ештеңені де жасырмаймын. Әрі өзім де сіздің келуіңізді асыға күтіп жүрген болатынмын, – деді жағымпаздана.

– Не үшін? – деді Әбіламет таңдана қарап.

– Себебі, сіз бәріне қарамастан біздің жайымызға баса назар аударып, әр істе батыл шешім жасай аласыз. Сосын сіз берген бұйрықтар бұлжымай орындалады. Оған сенімдімін, – деп жайлап-жайлап оның мақтауын асыра берді.

Жақсы сөз – жарым ырыс қой. Жақсы дегенді кім жек көрсін. Бұл мақтауға төбесі көкке жетердей көтеріліп қалған Әбіламет:

– Олай болса, сен маған мынаны айтшы, мен саған ешқандай зорлық-зомбылық көрсетіп, қол ұшымды да тигізген жоқпын. Соны біле тұра сен не себепті түрмеден қаштың? Әлде мені Қойымхан секілді жаңа орнымнан кетірем деп ойладың ба? Жо-жоқ, ондай жаман ойың болса орындала қоймас, – деді басын шайқап.

– Турасын айтсам, мұнда сіздерге тағар зәредей де кінәм жоқ. Сіз бізге қолдан келген бар жақсылығыңызды жасап, қолғабыс етіп келдіңіз. Оныңызға рахмет. Менің жоғалып кету себебім, сол күні өзіңіз де көрдіңіз қатты ауырып, шойырылып қалдым. Оған сіз сендіңіз. Тіпті, жаныңыз ашып, сол күнгі еңбекке жібермей алып қалдыңыз. Бірақ, менің сырқаттанғаныма өз жанымда жүрген қандастарымның ешбірі сенген жоқ. Нағын айтсам мен осында келгелі олардың барлығы, анау бала Керейханға дейін маған еш сеніп көрген емес, бір бармақтары ішінде. Мені тағы қашып кете ме деген жаман оймен бәрі де іргесін аулақ салуға тырысады, біреуі де ашылып әңгімелеспейді. Қысқасы олар бір жақта, мен жалғыз бір жақтамын. Осындай өкпе-ренішке бола сол күні оларды бір тәулік аш қалдырайын деген оймен түскі азықтарын алып кетіп қалып едім. Бірақ мына құлазыған қу даладан жол таппай, адасып кеттім.

– Адасып кеттім... Адасып кетіп қайта тірі қалыпсың. Бұл жерден адасқан адам тірі келген емес. Су ішері бар мына сен секілді мыңнан бір адам ғана тірі оралады. Тағы да ескертем, бұл жерден тек ажалына асыққан адам ғана қашады. Сонымен осыншама уақыт қайда жүрдің? –  деді Әбіламет.

Сағидолла:

– Сонымен біраз ұзап шыққан соң қайдан келіп, қайда бағыт аларымды білмедім. Ақыры басым ауған жаққа қарай беттеп, күндердің бірінде Қарашәріге жеткенімді бірақ ұқтым. Одан әрі алысқа бара алмасымды біліп, өзім де қайтып келейін деп жүргенде сол жердегі көпірде қолға түстім. Бұл тек жер сырын білмей, адасып кетуден болған оқиға. Көңілімде қашып кетейін деген ой мүлде болған емес. Болған жайды Қарашәрі көпіріндегі тергеушілерге де толық айтып, тергеу қағазына қолымды да қойып бергенмін. Оны құрығыңыз ұзын өзіңіз де сұрастыра жатарсыз. Мен өз қателігімді мойындаймын. Әрі сізден басымды иіп кешірім сұраймын. Енді атсаңыз да, шапсаңыз да өзіңіз білесіз. Бар шындық осы, – деп, болған болмысты бүкпесіз жайып салғандай сыңай танытты.

Сағидолланың осыған дейін ұйғырлардан көрген қорлығын, жеген таяғын былай қойып, оның мақтауын асыруы алдағы күнкөрісі үшін. Ал өзінің қазақтарға деген өкпе-ренішін айтып, өзін олармен мүлде араз адам етіп көрсетуінде де үлкен мән бар. Бұл оның ешкімге кесірімді тигізбей, не көрсем өзім ғана көрейін дегені. Оның мұндай адалдығын ешкімді араға салып, жығып бермейтінін, турашылдығын саптастары да жақсы білетін. Бұл күнгі тергеуде Әбіламет артық қинау көрсетіп, дөрекілік танытқан жоқ. Керісінше, Сағидолланың мақтауынан кейін жібіп сала берді. Әредік күзетшілерді шақырып оның қол-аяғындағы кісенін алғызып, еркін отыруына да мүмкіндік берген. Бұл Сағидолла көріп келе жатқан неше түрлі тергеулердің ішіндегі ең бір жеңіл әрі әңгіме түрінде өткен тергеу болды.  Сағидолланың берген әр жауабы толық қағаз бетіне түсіріліп, соңына бармағын басып, қолын қойғызған соң алып кетті. Ендігі шешім Әбіламетте.

Келесі күнгі таңғы астан кейін Сексентам жаза лагеріндегі барлық жазасын өтеушілерді түгел жинап, Әбіламет мінберге шықты. Сарбаз біткен сапқа тұрып, айналаны тегіс қоршауға алған. Қабақтары қатулы, қимылдары ширақ. Көп алдында басын төмен салып Сағидолла тұр. Тесіле қараған көзін жерден бір алған жоқ. Аяқ-қолында ауыр кісен. Қозғала қалса шалдыр-шалдыр етеді. Бір қуанарлығы – бүгін оның мойнында көпке үрей тудырған ажырғы тақтай жоқ. Демек, ол өлім жазасынан ада деген сөз. Бірақ ендігі тағдыры не болмақ? Тағы қанша жыл арқалары бір құдайға ғана аян. Сағидолла басын сәл көтергенде қарама-қарсы тұрған саптастарын көріп, жүзінен ерекше бір бауырмалдықтың жылы лебі бір шалықтап өткендей болды.

Әбіламет сөзін көп созған жоқ. Алдымен  түрмедегі жалпы жағдайды, қатаңдатылған тәртіп-түзімді қысқа ғана бір шолып шықты. Сосын басқосудың бас кейіпкері Сағидолла мәселесіне ойысты. Алғашында бәрін қырып-жойып жіберетіндей сұсты бейнемен сөз бастаған ол сөйлей келе сәл бәсеңдеп, сабасына түсе берді. Сағидолланың жоғалу себебін, тергеу қорытындысын тәптіштеп бір түсіндіріп шықты. «Бұл жолы түрмеден қашу деген Сағидолланың ойында мүлде болмаған. Себебі, оның өз түрмелестеріне кішігірім өкпе-реніші болғандықтан оларды бір күн ашықтыру мақсатында азығын алып кеткен. Соның салдарынан адасып, Қарашәрі аумағында қаңғырып жүрген жерінде қолға түскен. Мұны тергеу нәтижесі анық айғақтап отыр. Оның үстіне осындағы тергеу мен Қарашәріден жіберілген тергеу қорытындысы бірдей шықты. Ол құжатта да Сағидолланың адасып барып қолға түскені анық айтылған» деп Әбіламет сөзін қысқа қайырды. Әбіламет сөзін аяқтай салысымен, жергілікті соттың өкілі айыпкердің бұрынғы он бес жылдық жазасы еш өзгеріссіз қалатынын жеткізді. Десе де, оның мемлекет заңын көзге ілмей қаңғырып кетіп, түрме тәртібін өрескел бұзғандығы үшін ішкі жаза қолдану Әбіламетке жүктелгенін айтты.

Бұл өзі ешкім күтпеген жаңалық болды. Сағидолланың іштей тебіренісі мен шаттығында шек жоқ. Ол да жаза бұлайша жеңіл болады деп еш күтпеген. Өзі болса бұл жолы жаза мерзімі кемінде тағы бес жылға ұзартылады-ау деп ойлаған. Бірақ, бар шешімді өзі шығарған Әбіламет оған бір жыл бойы қол-аяғы кісендеулі күйі еңбекке айдалып, қатаң бақылауда болатынын ескертті. Оған қолданған жаза осы болды. Сағидолла бұрынғы жылдарының үстіне тағы да жыл жамалмағанына қуанды. Әрі ол көпшілік алдында бұдан былай өзінің тәртіп бұзбай, түзелетінін айтып серт берді.

Байырғы шөл... Байырғы еңбек... Сағидолла ауыр кісенмен еңбекке жегілгелі де екі айдан астам уақыт зулап өте шыққан. Ұйықтаса да сол кісенмен ұйықтайды. Күн де жалындайтын. Күнмен бірге жалындаған шойын шынжырлы кісен де аяқ-қолын қарып, әбден діңкелететін. Соңғы кездері Сағидолла жиналыс сайын елдің алдыңғы қатарына барып жайғасып алып, Әбіламеттің аузынан шыққан әр сөзді қағып әкетіп, қостай жөнелетінді шығарған. Үнемі берілген тапсырмаларды зер сала тыңдайтын зерек жандай кейіп танытып, ұйғыршалап: «Бұл кісі өте дұрыс айтады. Ал мен болсам болымсыз іске бола өз қандастарыма өкпелеймін деп қазір опық жеп жүрмін. Амалым қанша? Өзіме-өзім істедім. Сол кезде Әбіламет басшының ақылын құлақ салып тыңдаған болсам, мұндай хәлге мүлде түспеген де болар едім» – деп, үнемі өкінішін білдірген сыңай танытатын. Осыдан бастап ол күнделікті Әбіламеттің мақтауын асырып, тасын төрттен қоюудың қас шеберіне айналды.

Мұндайда саптастары мен жерлестері жиналыс тарай салысымен Сағидолланың сөзін сан-саққа жүгіртіп, әзіл-қалжыңға айналдырып әкететін.

– Жаның шыққыр, Әбіламетті мақтағанда бетің бір бүлік етпейді-ау сенің, – десе, енді бірі:

– Мұның айтқанына ол мәңгүрт мәз-мейрам болып, өзінен басқа жан жоқтай шалқалайды. Осы сенің тағы қандай сұмдық бастағалы жүргеніңді кім білсін? – деп, бірінен соң бірі іліп әкетіп мысқылдайтын.

Таң алдындағы елдің тәп-тәтті бір ұйқыдағы кезі. Аула ішінен әлдебір адамның жылаған дауысы естіліп, айнала ұлар-шу болды да кетті. Үрейлі үннен селт етіп оянған Сағидолла басын жастықтан жұлып алды. Үй іші жап-жарық. Бөлмеде өзінен басқа жан қалмапты. Сасқалақтаған ол жанында жатқан бала Керейханды іздеп: «Керейхан, Керейхан!» деп бірнеше рет дауыстап шақырды. Бірақ бала жоқ. Жалаң аяқ, жалаңбас, кісенін шылдырлатып есікке қарай ұмтылды. Үстінде түрменің нөмірлі киімі. Есік алдында топырлаған қалың адам. Топ ортадан мұңлы әйелдің жылған даусы шығады. Сағидолла алғашында белсенділердің бірі Керейханды сұлатып салған-ау деп ойлап, тез жетуге асыққан. Ол ентелеген топтың арасын жара-мара ілгерілеп барады. «Мұнда не боп жатыр өзі? Неге ешкім ештеңе айтпайды? Керайхан, балам, қайдасың?» – дейді ол алқынған жүрегі аузына тығылып. Сағидолла бұдан да тезірек жүргісі келеді, бірақ зіл батпан шойын шынжырлы кісен адымын аштырар емес. Бекітулі атша тыпырлады да қалды. Ес кетіп, жан шыққанда Сағидолла топ ортасына барып кірді. Жерде зар жылаған ақ самайлы бір ана отыр. Құшағында Керейғазы мен Керейхан. Ағыл да тегіл көз жасын төккен ана мұңлық:

– Не жазып ем бұл тағдырға? Не істеп қойдық бұл қытайдың өкіметіне, бізді осылай сорлататындай? Бізді бұл күйге салған сұмпайылардың көзіне көр топырақ енсін. Ешқашанда жолы болмасын! – деп шерден шыққанша қарғысын жаудырып қапаланып отыр. Үлкен ұлы Керейғазы:

– Болды, апа, тоқтау ет. Біреу-міреу естіп қояды-ау, – деп шыр-пыр. Ана байғұс болса ештеңеден тайынар емес.

– Естісін еститіндер, қамасын мені де. Бостан-босқа тірі өлік болып жүргенше мен де сендермен бірге жатайын осында, – дейді ызаға булығып.

Ана әлі де бауырына басқан қос ұлын ажыратпай шын көрдім бе, өтірік көрдім бе дегендей екеуін кезек-кезек құшырлана иіскеп, мекірене сүйіп-сүйіп қояды. Қаумалап тұрған қалың қауымнан бір пенде шығып, ананы жұбатуға шамасы келмеді. Бәрі де ана зарын тыңдап, бірге егіліп тұр. Келе салып сілейіп тұрып қалған Сағидолла сәлден соң ғана жерде аяғын жия алмай отырған ананың иығындағы ескі қоржынын алып, қолтығынан демеді. Осыдан соң ақыл-есін жиып, қайта бір қайраттанған ана еңсесін енді тіктегендей. Өзін қос ұлымен бірге қолтықтап алған кісенді адамның жүзіне үңіле қарап:

– Құдай-ау, Сағидолламысың? – деді бір күрсініп алып.

–Иә, –деді Сағидолла ана жүзін жуған жас тамшыларын кісенді қолымен сүртіп тұрып.

–Түу, жарығым-ай, саған да көргілікті көрсетіпті-ау мына тас жүректер. Керейханымды туған ұлыңдай аялап, қапаста жатсаң да қамқор болып жүргенің үшін мың рахмет саған, жаным. Алладан қайтсын, Алладан! Келші бері, маңдайыңнан иіскейін, – деді ана мейірлене.

Сағидолла еңкейе берді. Маңдайынан өпкен ананың жылы демі бүкіл жан дүниесін жібітіп, ерекше бір мейірімге бөлеп барады. Соңғы кездері үнемі сойыл мен соққыдан көз ашпай жүрген бұл маңдай осындай бір жылулық пен ізгілікті сезінбегелі қашан?

Керейғазы мен Керейханның анасы сонау жер түбінен кәрі жанын сүйреп қалай келді? Қалай іздеп тапты? Енді қалай қайтпақ? Көпке дейін елді мазалаған сұрақ осы болды. Бірақ ана екі ұлына да тіс жарып ештеңе айтпаған. Бәрі ішінде, өзіне ғана мәлім. Тек, жанына еріп жүрген бір орта жастағы қазақ жігітінің көмегімен ғана жеттім деген. Сөйтсе, ана ғаріп екі ұлы бірдей жазықсыздан жазықсыз жер аударылып кеткен соң ұзақ уақыт төсек тартып жатып қалған екен. Үш қызы болса жас. Оның үстіне арқа сүйер ағайын біткен шекарадан ары қалған. Ал, Қытай өкіметі шетте туыс-туғаны бар мұндай адамдармен басқалардың қарым-қатынас жасауына мүлде тыйым салған. Әйтуір, бірді-екілі көңіл жетер жамағайын ғана ұрланып келіп, азын-аулақ азық-түліктерімен бөліскен. Ол неге тұрмақ? Балалы-шағалы отбасының қай жыртығын жамауға жетеді дейсің, әйтеуір ауған түйені басқандай ғана демеу ғана. Сонымен отбасылық жағдай қиындап, ана хәлі күннен-күнге төмендей берген. Қанша жүгірсе де «Барсакелмеске» кеткен екі ұлдан еш хабар ала алмаған.  Осы бір зілмауір сырқаттан арыла алмаған ананы орнынан тұрғызу алды азаматтық жасқа енді толып келе жатқан үйелмелі-сүйелмелі үш қыз үшін оңайға түспеген. Олар бала болса да анасының екі ұлының күйігінен  осы күйге түскенін ұққан. Бәлкім, үйде сары уайымға салынып жата бергенше, бір барып ұлдарының өлі не тірісіне көз жеткізіп келсе көңілі орнығар, көңілі орнығар да олардың бір күні болмаса, бір күні босап келеріне сенім артар. Уайымнан серпіліп, өмірге үмітпен қарар. Бірақ «қысқа жіп күрмеуге келмес», арман болғанмен дәрмен жоқ. Жалғыз басты ана жол қаражатын қайдан алмақ? Біреуден қарыз табылғанның өзінде кейін оны қайтара қояр шама қайда? Өздері тек өкіметтің көпке ортақ беретін арқар жалақ жүгері ұнымен ғана өлместің күнін көріп келеді. Бұдан өзге сырттан кіріп тұрған соқыр жармақ кірісі де жоқ. Басқасын былай қойғанда, тумысында бұл өлкеден біреу аттап басып көрмеген Такламакан шөліне кәрі адам қалай жетпек?

Күндердің бірінде үш қыз ақылдаса келіп: «Апа, сіз әлденіп, орныңыздан тұрыңыз. Екі ұлыңызды барып көрем десеңіз бұлай жата берген жарамас. Қам жасаңыз, біздің бірімізді тұрмысқа беріңіз. Құдаңыздың азын-аулақ дүние-мүлкінің де керегі жоқ, күйеу болам деген жігіт сізді ертіп Тарымдағы екі ұлыңызды көрсетіп келсе болғаны. Келісім осы болсын» деген. Бастабында ана бауыр еті балаларының бірін жат біреуге жетектете салудың қаншалықты қиын екенін біліп бастартса да, ақыры ойлана-ойлана келіп сол ақылға тоқтаған. Екі ұлыма барам деген бір ауыз сөз күш берді ме, осыдан көп өтпей ана орнынан тұрып, өзіндік қам-қарекетке кіріскен.

Бір күні таң сәріден ол белді бекем буынады. Үлкен екі қызын өзіме қолғанат болар деген оймен үйге қалдырып, кенже қызын ертіп жаяу аудан орталығына тартады. Күні бойы қызын жетелеп, адамдары қайшыласқан базар маңын торыған ана жұртқа: «О, халайық, кімде-кім мені Тарымдағы жер аударылып кеткен екі ұлыма апарып, бір көрсетіп әкелем десе, осы қызымды соған тұрмысқа беремін. Жігітке көп мін тақпаймын, әйтеуір, исі мұсылман баласы болса болғаны» – деп жар салады. Бірақ, бірінші күні ымырт үйірілгенше мен апара қоям дейтін жан табылмаған. Екінші күні таңнан кешке дейін жүрсе де, келісімге келген ешкім болмапты. Тек үшінші күні кешке қарай орта жастағы бір қазақ жігіті келіп, «апа, сіздің талабыңызды мен орындайын» деген. Ана бейбақ күйеу болар жігіттің жасының үлкендігімен санасып жатпай, бастысы қазақ баласы болғанына қуанған.

Осыдан бірнеше күн өткенде олар жігіттің тапқан азын-аулақ тиын-тебені мен оның шағын жүк көлігіне отырып бірнеше мың шақырым қашықтықта жатқан Тарым ойпатына қарай жолға шығады. Бірақ, көлігі құрғыр орта жолға жетпестен сынып, одан әрі жол тосып баруға тура келген. Олар бірде жаяу, бірде көлікпен айдан астам уақытта Сексентамға жетіпті. Бір қуанарлығы – дәл осы тұста елдегі жүріп жатқан төңкерістік науқан сәл де болса босап, аз да болса тыныштық орнай қалған. Түрме шенділері итарқасы қияннан айшылық жол басып, өліп-талып жеткен ананың екі ұлына жолығуына да көп шектеу қоймаған. Осылайша мың бір жапамен жер түбінен келген ана қос құлынының жанында бірнеше күн болып, мауқын бір басып қайтқан.

Уақыт – керуен. Жаңа дүние кірлігіп, ескісі ел есінен шыға бастаған. Тағы бір алқалы жиында Әбіламет Сағидолланы жер көкке сыйғызбай мақтады. Сөзінің соңында оның тындырған жұмысына, күнделікті тәртібіне «өте жақсы» деген баға да берді. Көпшілік үнсіз. Тіпті, сол мақтаудың буымен оның аяқ-қолын кісендеудің енді керегі жоқтығын айтып, кісеннен де босатып тастаған. Сонымен Сағидолланың арқасынағы зіл батпан жүк түсіп бір жеңілдегендей болды. Көп өтпей оған еркін жұмыс жасауға мүмкіндік беріп, қорған сыртына да шығарады. Бұл тұста түрмедегі ахуал титтей оңалып, Қойымхан салып кеткен сүрлеумен бір іздене бастаған. Тек ауыр қылмыс өткізгендер мен жаңадан келгендер ғана қатаң бақылауға алынып, басқаларды ұзын шылбыр, кең тұсаумен көздеуге көшкен. Сағидолла түрме сыртына шығарылған соң ондағы үлкен алма бақтың ішінде ұсталық жасайтын болды. Ашық алаңдағы шеберханада ұстаға қажетті ошақ, көрік пен құрал-сайман толық дайындалған. Көмекшісі – баяғы сол бала Керейхан. Жастайынан темірден түйін түйіп өскен ол бұл жұмысқа кірісе салысымен барын салып, күні бойы еңбеккерлерге қажетті күрек, кетпен, айыр, тарақ, балға-шот сынды заттардың түр-түрін соғады. Әредік түрме басшыларына арнайы мүйіз сапты сәнді қанжарлар мен әдемі кездіктер соғып беріп, олардың да көңілін аулап қоятын. Ол тұста мұндай шебер қолдан шыққан заттар мүлде тапшы, кейбірін базардан ақшаға табудың өзі қиын. Сондықтан, сол аумақтағы жергілікті тұрғындар да Сағидолланы жиі іздейтін болған. Олар оған өздеріне қажетті бұйымдарға көптеп тапсырыс беріп, ақысына азық-түлік пен лайықты тиын-тебен төлейтін. Осыдан соң-ақ оның тасы өрге домалады. Шеберлігін байқап, өнеріне сүйінген Әбіламет бір күні бала Керейханды шақырып:

  • Керейхан, біз түрме әкімшілігіне тағы біраз өгіз сатып әкелдік. Оған да сен қарайсың. Қазір барып өгіздерді санап өткізіп ал, – деп бұйырды. Керейхан үнсіз ғана басын изеп, басшының айтқанын зер сала тыңдап тұр. – Тағы бір тапсырма бар, сен ана өзің бағып жүрген бұзаулы сары сиырды күніне екі мезгіл сауып, сүтін пісіріп Сағидоллаға беріп тұрасың. Өйткені, ол күннің ыстығында отқа қақталып, тынбай жұмыс жасап жатыр. Істеген істері де көңілге қонымды. Бұдан былай оның жағдайын анда-саңда өзім де барып тексеріп тұрам. Сен менің осы айтқанымды екі етпей орында», –  деген. Басшының айтқаны – заң. Керейхан берілген тапсырманы екі етпей орындап, Сағидолланы күнделікті сүтпен қамдап тұрды.

Айлар аунап, арада тағы біраз уақыт өтті. Сағидолланың өз жұмысы өзінде. Бұрынғыдай желкесінен төніп, істе-істенің астынан алып тұрған ешкім жоқ. Күні бойы бақ ішін айналсоқтап темір-терсегін төмпешдейді де жатады. Күзетшілер мен басшылар күн аралатып бір келіп шолып кетеді. Кейде керек-жарағын сылтауратып, жақын жердегі базарға да барып қайтатыны бар, осылайша аз уақыттың ішінде Сағидолланың жағдайы басқалардан көш ілгерлеп, азық-түлік пен басқа да тұтыну бұйымдары жағынан көпке көмек қолын созатын деңгейге жетті.

 

 

 

Шілденің шіліңгір ыстығы. Айналаны жан төзгісіз жалын шарпып тұр. Тісті бақа, тірі жан біткен басқа пана болар көлеңке таппай әлек. Түске қарай Керейханның қарауындағы өгіз табынына оқыра тиіп, тоз-тозы шыққан. Қолына құрықтай ұзын шыбық ұстаған Керейхан қара терге малшынып, оқыра қуып бет-бетіне кеткен өгіздерді зорға жиып, қорасына қарай беттетіп келе жатқан. Керейхан малын бір ізге салып, Абыз деген ұйғырдың қауын-қарбыз алқабының маңынан енді өте бергенде «Керейхан, Керейхан!» деп айғайлаған дауыс естіді. Жалт қараса, Сағидолла екен. Ол үлкен қарала қарбызды қақ бөліп, енді жегелі отырыпты. Ойында ештеңе жоқ Керейхан жүгіріп қасына жетіп барды. Бірақ екі көзі малда. Сағидолла жалтақ-жалтақ қарап, тағатсызданып тұрған баланы көп бөгеген жоқ. Алдындағы қарбызының жарымын қарпытып, баланы қатты бір құшақтап, екі беттен кезек-кезек сүйді де қоя берді. Тап бір бұл өлкемен біржола қоштасып бара жатқан адам тәрізді. Керейхан ештеңені аңғарған жоқ. Сағидолланың құшағынан сытылып шығысымен қарбызын қолтықтап, өгіздерін абақты ауласына қарай қуа жөнелді. Сағидолла оның соңынан ұзақ қарап тұрды. Бала аяғы-аяғына тимей зыр жүгіріп барады. Әредік қолтығындағы қарбызға қол салып, асап-асап қояды.

Осыдан шамамен екі-үш сағат өткенде лагерь ауласына жалпы қылмыскерлерді сырттай бақылауға жауапты Қадырсамсақ деген ұйғыр келіп кірді. Ол қақпадан аттай бере «Керейхан, Керейхан!» деп айғайға басты. Бір өзі тау қопарып келгендей қабағы қатулы, сөздері де зілді көрінеді. Ештеңеден бейхабар Керейхан көп кідірместен жетіп келді.

– Сен Сағидолланы көрдің бе? – деп сұрады Керейханнан.

– Иә, аға, көрдім, – деді ол сабырлы да салмақты бейнемен.

– Қай жерден, қашан көрдің? – деді Қадыр тағы қайталап.

– Түстің алдында. Мен мал қайырып келе жатқанда Абыздың қауындығының шетінде қарбыз жеп отырған.

– Оның үстінде қандай киімі бар? – деді тағатсыздана тіл қатып.

Киіміне көп назар аудармаса керек, Керейхан сәл тосылып барып «білмеймін, аға» – деді. Сол-ақ екен, қаңтардағы қара бурадай қалшылдап, ашу-ызаға булыққан Қадыр екі сөзге келместен оған тап берді. Тісін тісіне басып, қолына таяқ орнына ұстап келген темір сырықтың астынан алды. Бала тілге келместен серейіп түсті. Жүзін қан жауып, ыңырсып зорға жатқан оған тағы тап бергенде, сол маңнан өтіп бара жатқан бір қария оның қолындағы сойылын жұлып алды.

– Қадыр, саған не болған? Мына қаршадай баланы өлтірдің ғой? Обал емес пе? – деді ол ентіге сөйлеп.

– Үй, мен бұл иттің баласына бақтағы ұста Сағидолланы көрдің бе десем, көрдім дейді. Қайдан десем, Абыздың қауындығынан көрдім, – деді. Ал, оның үстінде қайдай киімі бар десем, білмеймін дейді. Өзін өлтіре салайын ба? – деп ұмтылғанда қария оның қолын тағы тосты.

– Ей, Қадыр, бұл бала шынын айтып тұр. Себебі, оның екі көзі оқыралаған малда. Ол алдындағы мал елдің егінін жапырып кетпесін деп басқаға назар салмаған. Әйтеуір, күнделікті өзі көріп жүрген Сағидолланың сол жерде отырғанын көрді. Сондықтан баланы бекерге кінәлап тұрсың, – деп жерде жатқан Керейханды сүйеп тұрғызып, жатағына қарай сүйеп ала жөнелді.

Қадыр жеткізген хабардан соң барлық адамдарды жинаған түрме басшысы сарбаздарды сапқа тұрғызып, Сағидолланы жерге кіріп кетсе де, іздеп табыңдар деген бұйырық берген. Лезде түрме аумағы адамдар сең көшкендей абыр-сабыр күйге түсті. Жан біткен жан-жаққа атанды. Сарбаздар шартарапқа шауып шарқ ұрып іздеп жүр. Бұл жолы да алыс-жақын жердегі қуыс-қуыстың бірін қалдырмай тінтіп шықты. Бірақ, Сағидолла жоқ. Ешкім еш дерек таппады. Зым-зия. Сол күні кешқұрым қашқынды іздеуші сарбаздардың бірі Әбіламетке келіп, Сағидолла ұсталық жасап жүрген аумақтан жаңа соғылған бір бесатар тауып алғандарын мәлімдеген. Құрал Сағидолланың жұмыс киміне оралып бақтағы бір талдың түбіне көміліпті. Бұл дақпырт қамысқа тиген өрттей дүр ете түсті. Ауыздан ауызға тарап, жалпақ жұрттан маза қашты. Әсіресе, қазақтарды құл орнына пайдаланып күнделікті тепкінің астынан алатын жергілікті ұйғырларда зәре жоқ. Үрейлі хабар аз уақыт ішінде бүкіл Сексентам өңірін шарпыды. Тіпті, кейбір бірді екі деп жеткізетіндер табылған бесатардан басқа қашқында тапанша да болуы мүмкін деген жорамалды шынға айналдырып жіберген. Сонымен Сексентамдағы әрбір түрмеге жауаптылар мен олардың отбасындағылар әр таңды елеңдеумен атыратын болған.

Негізі Сағидолла қашып шыққан күні көп ұзамаған. Сол жердегі қауыншы Абыздың егістік басына тіккен шөп күркесінің іргесінде ғана жатқан. Күркеде үнемі егінді мал мен ұры-қарыдан қоруға Абыздың өзі қалатын. Іргесі бума-бума қамыспен қымталған лашықтың асты үлкен ұңғыма. Елеусіз ғана бұл орды Абыздың үйіне кеткен сәттерін пайдаланып, Сағидолланың өзі дайындаған. Бұдан Абыз да бейхабар. Сағидолла оған бір кіріп алған соң көп шықпайтын. Келген адамның бәріне Абыз жауап беріп қайтаратын. Бұл Сағидолла үшін қолайлы да жайлы орын болды. Тіпті, Сағидолла қашқан күні оны сабыла іздеп жүргендер Абызға қашқында суық қару болуы мүмкін екенін айтып, сақ болуды көп ескерткен. Осыдан бастап Абыз қосқа жалғыз жатудан қорқып тағы бір жігітті ертіп келіп жүрген. Олар көздері ұйқыға кеткенше өткен-кеткендерін айтып, ұзақ әңгімелесетін. Тіпті, кейде бір-біріне қыздар туралы қызықты әңгіме айтып мәз болысса, кейде атышулы қашқын жайында жиі сөз ететін. Сағидолла көбінде өзі жайлы ауыздан ауызға тарап жатқан өсек-аяңды осылар арқылы естіп алатын. Ол жоғалғалы екі аптадан астам уақыт өткенімен, оны көрдім-білдім деген жан болмаған. Бірте-бірте сабыла іздегендер де күдер үзген. Ақыры тірі болса бір жерден шығар, өлген болса сүйегі табылар деген оймен іздеуді де тоқтатқан.

Тағы бір ымырт қараңғысы еді. Сағидолла абың-күбің жиналып, шыға бергенде күрке алдында Абызбен жүзбе-жүз ұшырасып қалды. Былай боларын еш ойламаған. Тіпті, Абыз осыншама тез келеді деп те күтпеген. Күнделікті Абыз кешкі асқа қайтқан соң ел жатарда бірақ оралатын. Бір тәуірі ол жалғыз келіпті. Олай болмағанда екі азамат жабыла қимылдап, Сағидолланы тарпа бас салып, тырыстырып байлап тастауы да мүмкін ғой. Абыз бастабында  бұл  кім деп қолындағы жарығын оның көзіне түсірген. Сағидолла екенін бірден таныған да оның қарсылық көрсетуге шамасы да келмей, шегіне берген. Абыздың сұрағына еш іркілместен «Мен көкең Сағидолла ғой» деген ол оны алқымнан ала түседі. Сағидолла бір қолымен Абызды алқымдай қысып, бір қолымен кездігін иегіне тіреген. Жан керек екен байғұсқа.

– Ал, сөйле, – деді Сағидолла тістеніп.

– Жо, жоқ, Сағидолла бұлай істеме. Мен сен туралы ешқашан ештеңе айтқан емеспін. Әлі де айтпаймын. Тек мені босатшы, – деді жалына сөйлеп.

Сағидолла қолын одан сайын қыса түсіп:

– Абыз, осыдан мені көрдім деп жан баласына тіс жаратын болсаң, мен де қарап қалмаймын. Айтқаным айтқан! Естідің бе, ей? Оң құлағыңмен естіп ал! Керек десең, менде жанқұрал да бар. Бір түнде келіп сені бала-шағаңмен қоса қырып кетем. Тірі жүргің келсе, аузыңды жап! – деген.

Қол-аяғы дірілдеп, ешкімге ауыз ашпауға уәде еткен оның «жанымды қалдыр, жанымды қалдыр» дегеннен басқаға шамасы келмеген.

– Ал, қалдырдым жаныңды. Бірақ менің ескертуімді есіңде берік сақта. Егер ертең аузыңа ие болмай, біреулерге бірдеңе айтып қойсаң, онда не боларын көресің, – деді де, Сағидолла лып етіп қою қара түннің құшағына сүңги берді. Абыз булыға жөтеліп, қосына еніп кетті. Енді ол жанымды қалдырсаң аузымды ашпаймын деген сөзінде тұра ма, жоқ әлде Сағидолланың уысынан шығып алған соң оны орға жыққысы келе ме, ол жағы белгісіз.

Осыдан соң Сағидолла бірден алыстап кеткен жоқ. Себебі, оған мен кете салып Абыз жан-жаққа хабар беріп, соңыма қуғын түсе ме деген тағы бір ой сап ете түскен. Арқыры ол арқалап жүрген азығын белгілі бір жерге жасырып, келген ізімен кері қайтты. Кері қайтып, қас қақпастан шөп күркені аңды да отырды. Қос жақ жым-жырт. Абыз кірген беті шыққан жоқ. Тек анда-саңда оның күрк-күрк жөтелген дауысы естіледі. Ымыртта кірген Абызды ел жатарға дейін Сағидолла да тышқан аңдыған мысықтай күзетті. Бір уақытта ыңырсып әнін айтып, оның жанындағы жігіт те келді. Өзі тым көңілді көрінеді. Ол лашыққа жақындай бере:

– Абыз аға, Абыз аға барсыз ба? – деді дауыстай сөйлеп.

– Иә, иә, бармын.

– Ә-ә, мен ұйықтап қалды ма десем.

– Жоқ, ұйықтағам жоқ. Абыз солғындау ғана жауап қайырды.

Бірақ олар бүгін күндегідей бірден шешіліп, шүйіркелесіп кеткен жоқ. Әншейінде ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін дүр Абыздың мысы басым. Үні шықпай қалыпты. Оған жанындағы жігіт те таңдана қараса керек.

– Абыз аға, бір жеріңіз ауырып жатыр ма? Жо, жоқ Тұрғынжан бәрі дұрыс, – дейді Абыз. Осыдан шамамен жарты сағаттай уақыт өткенде Абыз  үнсіз қалған серігіне Тұрғынжан, Тұрғынжан ояусың ба? – деді.

– Иә, аға, ұйықтағам жоқ.

– Мен бірдеңе айтсам, сен ешкімге айтпайсың ба, – деді Абыз сыбырлай сөйлеп.

– Жоқ, аға, бұл не дегеніңіз, айта бер. Алла біледі, ешкімге айтпаймын, – деді Тұрғынжан бір айтқанын бірнеше қайталап.

– Олай болса айтайын. Бұл әңгіме тек екеуміздің арамызда ғана қалсын. Шын айтам, сен деп, саған сенген соң ғана айтып жатырмын, – деді, Абыз тағы кесетіп. – Егер бұл оқиға аузыңнан шығып, көпке тарап кететін болса, онда екеуміздің де тірі қалуымыз екіталай.

– Қойыңызшы, аға, қорқытып, үркітіп, жұмбақтамай айтыңызшы енді.

– Мен жаңа Сағидоллаға жолығып қалдым.

– Қайдан? – деді сасқалақтаған Тұрғынжан.

– Осы маңнан.

– Неғып жүр екен?

– Білмедім, қолында өзі соққан тапаншасы да бар көрінеді.

 – А,

– Шынымды айтсам, бүгін көз іле алмайтын сияқтымын, қатты қорқып жатырмын.

– Тағы ескертем саған. Мұны жан баласына айта көрмеші.

– Иә, аға айтпаймын.

– Егер оның соңынан қуғыншы түссе, ол сөз жоқ біз айтты деп ойлайды. Онда екеумізді де құртады. Бір-ақ түнде келіп отбасымызды ойран етіп, өлтіріп кетуден тайынбайды. Қайта, сол пәле осы жолы қолға түспей кететін жеріне кетіп тынсыншы, – деді. Дәл осылай деген Абыздың сөздерін ет-құлағымен естіген Сағидолланың көңілі енді орныққандай. Алаңсыз аяңдап өз жолымен кете барды.

Енді ол не де болса тездетіп, мына қағыс атқан Күшәр аймағынан шығып кетуді ғана көздеді. Шамасы жетсе бірнеше тәулік көз ілмей жүруге де пейіл. Қазірге онда біраз жолға жетерлік азық та, темір-терсек соғып, тірнектеп жиған ақшасы да бар. Ары қарай «бөрі азығы мен ер азығы жолдан» деген, тағысын тағы көрмей ме? Осылайша жатса-тұрса, жаратқаннан жәрдем тілеп, алысты аңсаған Сағидолла үшін және бір сапар басталып кетті. Алда оны қандай тағдыр күтіп тұрғаны бегісіз. Ол тек бір Аллаға ғана аян.

Арада екі аптадай уақыт өтті. Күнді түнге жалғап, тынбай жүрген оның қазіргі аяқ алысы жаман емес. Еш ойланбастан екінші рет өзі қолға түскен Қарашәрі өңірін бетке алып тартып келеді. Әр басқан қадамы, жүрген жолы, барар бағыты санаулы. Бірде ол Күшәр аймағын артқа тастап, Бүгүр қаласына жақын маңдағы бір елді мекенге келіп кірді. Азығы да тақа таусылған, қарны да аш. Тіпті, соңғы бір жарым тәулікте аузына түйір дән салған емес. Тек қара суды алданыш етіп, ауық-ауық ұрттап, таңдай жібітіп келген. Енді оған қалай да жол азық табу керек. Қарын тоқ болса,  қайғы да жоқ. Әуелі Алла жол кедергісінен сақтасын деші! Амандық берсе, аңсаған жеріне ерте ме, кеш пе әйтеуір бір жетері хақ.

Шалқар түс мезгілі. Шұрқырап ашқан қарын, қарауытқан көз енді ештеңеге қаратар емес. Өзегі талып жеткен Сағидолла өзі кірген ауыл үйлерінің біріне бұрылып, ашық тұрған қақпадан ішке еніп кетті. Аула іші жым-жырт. Тым-тырыс, ешкім көрінбейді. Тек қора жақта бірнеше тауық қоқыс үйіндісін қазып, жайылып жүр. Сағидолла кірген бетте сол тауықтарға тап берді. Бар даусымен қоқақтай қашқан қызыл қораз мекиендерді бастап қақпаға қарай зытты. Сағидолла да қалыспай қуып келеді. Көздегені де сол қызыл әтеш. Жан ұшырта қашқан тауықтар лезде үй қорғанына жапсарлай салынған ұясына барып кірді. Сағидолла кідірген жоқ. Тауық ұясының алақандай аузына қол салып, қызыл әтешті суырып алды да, бауыздап жіберді. Жан бермек деген оңай ма? Басы кесіліп, қанға бөккен қызыл әтеш екі қанатымен жер сабалап, шаң боратып жатыр. Қораздың тұяқ серпір сәтін күтіп тұрған Сағидолла үй иесінің шығып өзіне үрке қарап тұрғанын сонда көрді. Үй иесі қырықтар шамасындағы қытай азаматы екен. Бірақ Сағидоллаға мұның не дей алған жоқ. Қайта, ұстағанын алсын деген кісіше бердірейе қарап қала берді. Сағидолла да көп бөгелген жоқ, жаны шала шыққан қызыл әтешті қос сирақтан қысып ұстап, келген ізімен кері бұрылып кетті.

Жаяу сапар жалғаса берді. Жол бойы ол өзі басып өткен елді мекендегілердің бергенін қолынан, бермегенін жолынан қағып кетіп келеді. Одан басқа амалы да жоқ. Дегенмен қанша аш-жалаңаш жүрсе де оның өз ұлтына деген мейірімі шексіз. Исі қазақ баласына зәредей залал келтіріп, ине сабақ жібін алған емес. Бұл оның тумысынан тұла бойына қалыптасып қалған әдеті, риясыз ізгілігі еді.

Сағидолла жолға шыққалы айдан астам уақыт өткен. Талай-талай аудан, қалалар мен ауыл-аймақтарды артта қалдырыпты. Ендігі басар жолдың да жайы белгілі, кедір-бұдыр сүрлеу-соқпақтарға толы. Соның ішіндегі ең үлкен бөгет – өткен жылы оның өзі қолға түскен Қарашәрінің көпірі. Жол бойындағы оның уайымы да сол көпір. Сан түрлі ойға кетіп, өзеннен өтудің өзге де жолын қарастырған болады. Бірақ еш қисыны жоқ. Бәрібір айналып келіп сол көпірге тіреледі. Ары ойлана, бері ойлана, қашсам да жылдамырақ болатын, көпірге дейін бір көлік тауып мінейін деген ойға келген. Содан бастап қарайғанға қалт жібермей бір қарап өтетін болды.

Ұзақ жол, ұшы-қиырсыз дала бітіп беретін емес. Оның үстіне Сағидолла шыққалы көбінде түн жүріп келген. Тек соңғы кездері ғана ұзақты күн жата бергеннен жалығып, түс ауа жолға шығып кететін болған. Күн еңкейіп, аптап ыстықтың беті қайта бастаған сәт. Ол енді бір белден асып, еңістей бергенде, өзектің арғы шетінен бекітулі жалғыз жылқы көрінді. Оның шідерімен жүргеніне қарағанда жақын маңайда ел бары анық. Кім білсін, «Алла істің сәтін берсе, бай түсіп астындағы атын береді» деген осы болар. Айдалада кенезесі кеуіп, азып-тозып келе жатқан пендесіне Раббісының жолықтырған тосын сыйы болар, бәлкім. Көксегенім көп іздетпей табылды-ау ақыры деген оның қуанышында шек жоқ.

«Ей, жаратушы жалғыз ием, күнәм болса өзің кеше гөр. Мен қалай да мына атты сұрақсыз мініп кетуге мәжбүрмін. Қамыққанда өзіңнің жолдан бұйырған әр түйір дәніңе, ұрттам суыңа тәубе. Енді, міне, ойламаған жерден мына жануарды жолықтырдың. Оған да шүкір!» деген ол алдымен айналаны бір шолып алды. Маңайда бұдан өзге еш қарайған көрінбеген соң, атқа таман жақындай берді. Жануар қозғалатын емес. Пыр-пыр пысқырып қойып, басын жерден алмастан қамсыз жайылып тұр. Жылқы тарпаң мінез танытқан жоқ. «Жүрісі де сағыз, жөнсалдау мал көрінеді. Мейлі шабан, мейлі жүрдек, не болса ол болсын. Дәл қазір көлік таңдап жүретін кез емес қой. Табылғанының өзі олжа. Әйтеуір, бұл ат менің алдағы көпірден аман-сау өтуіме бір себін тигізсе болғаны да». Осылай деп ой түйген ол ер-тоқымсыз атты бірде мініп, бірде жетелеп өз жолымен кете барды.

Ақшам алды. Күн батқанымен құмды өлкедегі қызыл алау әлі толық қайта қоймаған. Айнала жап-жарық. Сағидолла жүре-жүре иен даладағы бір ауылға келіп кірді. Біреу-міреу қоңыр атты танып қойып жүре ме деп оны ауыл сыртына бекітіп кеткен. Реті келсе енді осы жерден атына ер, өзіне азық тауып алмақ. Ары айналды, бері айналды, бірақ алақандай ауылдан тіске басар бірдеңе ала қоятындай дүкен де таппады. Басқа ештеңенің қисыны болмаған соң әр үйдің аумағын торып біраз жүрді. Бірде оның ту сыртынан келген бір ұйғыр жігіт үш қойды тездете айдап, одан озып өте шықты. Астына мінгені әдемі салкүреңнің өзі. Жануар жорғалай басып, жұла тартып барады. Ал, қойлар болса, ешқайда бұрылатын емес, ойнақ салады. Ішіндегі қозылы қара қойдан өзге, қылшық жүнді еркек қызыл қой айрықша көзге түседі. Жайбарақат келе жатқан Сағидолла енді аяқ алысын тездетіп, қойшыны өкшелей қуып ере жөнелді. Көп ұзамай қойлар ойнақтаған бойы келесі бір қақпаға барып кірді. Сағидолла да сол үйді жанай өтіп, қорғанның аласалау тұсынан барып үңілді. Аула ішінде бөгде ешкім көрінбейді, шәу етіп үрген ит те жоқ. Жігіт аттан түсіп, қойын шарбақ қораға қамаған соң, үйіне қарай беттеді.

Жұрт шырт ұйқыға кеткен кез. Сағидолла өзі көрген ауладағы қора-қопсыны бірден тінтіп келеді. Әр қуысқа бір үңіліп, сіріңке тартады. Бірақ бағанағы көрген күрең ат жоқ. Қалай да болу керек еді, өйткені оның әбден кешке қарай келгенін өз көзімен көрген. Әлде... Иесі атты дала жайылысына жіберіп қойды ма екен? Жоқ әлде басқа бір орынға байлады ма, белгісіз. Ол айналып уақыт ұттырған жоқ. Күрең ат орнында болмаған соң, оның ері мен өзі көрген қызыл еркек қойды арқалап шығып, ауыл сыртында қалған атына тартты.

Түннің бір уағы. Қызыл қойдың сорпа-суына мейлінше бір тойып аттанған Сағидолла енді сәл де болса қамсыз. Онда қазір қоржын толы азық та, әбзелді ат та бар. Демек, көпірге көлік тауып барсам деген ойы орындалды. Шабандау болса да ер-тұрманды атқа қонғалы ол хан тағына жайғасқандай. Сол жүргеннен мол жүріп, келесі күні кешке қарай баяғыда өзі қолға түскен Қарашәрі көпіріне келіп жетті. Қияметтің қыл көпіріндей бар қиындық осында. Бұл жолы қалай да мүлт жібермеуі тиіс. Егер қапыда қолға түссе, оның күні тіптен қараң. Оған қолданылар жаза да белгілі.

Алдымен ат басын сәл іркіп, айналаны тегіс шолып алды. Қазірше тыныштық. Көпір үстінен жүріп жатқан жүргінші де көрінбейді, тек оған таяу жердегі өзен жағасында бір топ сиыр мен оншақты жылқы қамсыз жайылып жүр. Малдар өзеннің арғы жағындағы ауылдардың бірінікі болса керек, көпірге қарай беттеп барады екен. Сол-ақ екен, Сағидолла малдың бас-аяғын жинап, көпірге таман таятып тастап, өзі алдымен күзетшілерге қарай тура тартты. Егер де күзетшілер тоқтатпаса, салып ұрып өте шықпақ. Ал, тоқтатып жатса тағысын тағы көрмек. Бұл жолы аянар емес. Тәуекелге  бекінген. Бұдан басқа амал да жоқ. Күзетшілер оның тізгін тартпасын біліп, алдын кес-кестеп барып тоқтатты. Кигені әскери киім, оң иықтарына найзалы қару асынған қос сарбаздың бірі ұйғыр, екіншісі қытай көрінеді. Олардың біреуі ұйғыршалап:

– Қайдан келесің, қай ауылдан боласың? – деп сұрады. Сағидолла да тосылған жоқ.

– Малшымын, дарияның арғы жағындағы ауылданмын, – деп нұсқады. Ондағы ұйғырлар үлкен-кіші өзендердің барлығын «дария» деп атайтын. Бірақ олар бұрынғыша қадалып, ат тізгінінен алып тұрған жоқ, селқостау. Дәл осы сәтте көпірдің арғы жағынан бір атты адам бір топ жылқыны бастырмалата қуып өте берді. Сағидолла күзетшілерге «Ананы қара! Әкетті, әкетті!» деп айғайға басып, тұра ұмтылды. Қос сарбаз да жалт қарады. Алғашында сарбаздар не болып кеткенін түсінбей қалса керек, кідіріп қалды. Сағидолла болса, қоңыр атты сауырлап тебіндетіп барады. Тоқтатып тұрған адамын еш тексерусіз жіберіп алғанын енді білген екеу оның соңынан «Тоқта, тоқта!» деп тұра жүгірді. Сағидолла бұрылған жоқ. Олар аспанға оқ атып, ескерту жасаса да қайырылар емес. Көпірден өтіп барып алдындағы биік бір қорғаннан өтер жол таппай тосылды да қалды. Енді ол атын тастай беріп іркілместен қорғаннан асып, келесі дәл сондай бірнеше кедергіден де сүрінбей өтіп кетті. Сонымен, ер-тоқымды ат та, қоржын толы азық та қалды. Қала берсін, қарауылға ұсталып қалмағанының өзі – олжа.

Сағидолла басқа емес, ең үлкен бір кедергіден өткеніне қуанды. Алда әлі талай бұралаң жолдар жатыр. Дегенмен, мына көпірден өту оған жол бойы жатса-тұрса үлкен уайым болған. Әйтеуір, құдай оңдап одан да аман өтті. Енді аз да болса арқасындағы ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалды. Алдағы сапардың берер сыйы тек бір Алланың ғана қолында.

Сол түні ол қуғын түскен Қарашәрі өңірінен тезірек шығып кетуге тырысты. Еш кідірген жоқ. Бір қолайлысы аспан ашық. Сүттей аппақ ай нұры айналаны анық көрсетіп тұр. Қыбыр еткен қара, тау мен дала, аяқ қағар әр түйір тас та көзге анық көрінеді. Кешеден ат мініп аптығы басыла бастаған оның басына енді жаяушылық күні тағы орнады. Керек десең қолында жүрек жалғарлық түйір дәні де қалмаған. Бастысы – екі аяғы сау. Адымдай басып ойлы-қырлы өлкемен аттай желіп келеді. Жүре-жүре ол бір сайға түскенде ойламаған жерден бір топ жылқы кез бола кетті. Оның ішінде бірен-саран тай, құлындар ғана бос. Ал, ірі басы бекітулі. Сағиддола үшін бұл іздегенге сұраған болды. Жылқылар бір жылғаны айнала шиырлап бас алмай жайылып жүр. Ол үркітіп алмайын деп еппен басып, шеткері тұрған біріне барып қол созды. Қос құлағын кезек қайшылаған құла бие алғашында қырын қарағанымен, тарпаң мінез таныта қойған жоқ. Басы-көзін сипап сәл үйірлестірген соң аяғындағы жіппен ноқталап мініп, бірден ағыза жөнелді. Жануар су төгілмес жорғаның өзі. Несін айтасың, қамшы салдыратын емес, лыпып тұр. Астына жайдақ та болса ат тиіп, көңілі орныққан оның енді ас тауып ішуге де бұрылғысы жоқ. Асу-асу бел-белестерден асып, бұйра құмды адырлармен бұрқыратып барады. Осы жүрістен танбай, жол бойы жабайы жеміс-жидекті қорек еткен ол, келесі күнгі ымыртта бір тауға шығып бірақ жайғасты. Тәулік бойы аш құрсақ ат үстінде әбден қалжыраған Сағидолла қисайған жерінде қалды. Себебі, Қарашәрі көпірінен өткеннен бергі оның көсіліп бір демалғаны осы. Қанша қашып-пысып бой тасалап жүрсе де, қазірге көңілі тоқ. Көпірден өткеннен бері бойды билеген үркек үрейден де, ұйқы бермес сары уайымнан да арыла бастағандай.

Сағидолла сол ұйқыдан күн шыға бірақ оянды. Табиғаты тамылжыған тау іші тым-тырыс. Сайда бойжеткен қыздың бір білеу бұрымындай мөлдір бұлақ бұлқына ағып жатыр. Сәлден соң ол өзі түнеп шыққан төскейді айналсоқтап тұрған құла биені жетелеп суға беттеді. Ат суын басқанша барар бағытын, жүрер жолын мөлшерлеп біраз отырды. Керек десең, оның ендігі жолға ұрттам су құйып алатын қуыс ыдысы да жоқ. Бәрі де алдыңғы күні көпірден өткенде қоңыр аттың қанжығасында қалған. Тіпті, қазір де жүрек жалғай қоятын тістем дәні болмаған соң оразасын қара сумен ашты. Ақыры орағытқан ойын орнықтырып, «құр уақыт өткізіп қайтем, жүрер жолым болса алыс. Табан аударып, жыбырлай берейін, бісіміллә» деп жолға шықты.

Ол бір белден асып, таудан енді түсе бергенде қарама-қарсы беттеп келе жатқан қалың малға ұшырасты. Таңертеңгі шабытпен әр шөптің басын бір шалып өткен қой, ешкі қайда барып байырқалары белгісіз. Бір қапталға сыймай, құмырсқаша құжынап келеді. Сағидолла малды үркітіп алам ба деп бұрыла жүріп, бақташыға қарай тура тартты. Ондағы ойы бақташыдан жөн сұрап, жол білу. Шошақ төбелі қара қалпағын баса киген әлгі малшы құла биесін жетелеп, өзіне тура келе жатқан адамды көріп тұра қалды. Қолындағы ұзын таяғына сүйеніп, шашау шыққан малына жиі-жиі айғайлап, ысқырып қояды. Сағидолла жақын барды. Малшы бас изеп, жылы шыраймен моңғол тілінде аман-сәлем жасады. «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» деген, осыдан соң-ақ Сағидолла да еш тартынған жоқ. Өзі жақсы білетін моңғол тілінде сөйлесе кетті. Ол өзін бір топ бекітулі жылқыдан айырылған жоқшы ретінде таныстырды. Сосын жетегіндегі құла биені нұсқап:

– Мынаны осы таудан таптым. Ал қалғаны жоқ. Сіз малшы екенсіз, ондай бөтен-бастақ мал көзіңізге түспеді ме? – деп сұрады.

Малшы басын шайқап, құла биеге бір, Сағидоллаға бір қарап қояды. «Жоқшы болса қалай жаяу жүр? Қолында не жүгені, не ноқтасы жоқ. Өң-әлпеті де жұттан шыққандай» деп ойлап тұрса керек. Сағидолла кідірген жоқ. Сөзін жалғай түсіп, бұл маңдағы ауыл-аймақ, ел-жұрттың жайын сұрастыра кетті. Малшы оған:

– Сәл жүрсеңіз алдыңыздағы бөктерден шағын бір ауыл кездеседі. Ол – біздің ауыл. Онда бірен-саран ұйғырлар болмаса, дені моңғол ұлты шоғырланған. Сондықтан жұрт оны «Моңғол ауылы» деп атап кеткен. Тірлігі осы мал. Сіз сұраған бөтен мал көзіме түспеді. Десе де төменгі ауылдағы өзге де малшылардан сұрастырып көріңіз, халық қой, бәлкім біреу болмаса біреу көрген шығар, – деп жөн сілтеді.

Жұрт таңертеңгі малын өрістетіп жіберіп, тегіс шайға отыра қалған кез. Атын жетелеп ауылға кірген Сағидолла әр үйдің маңын бір шолып, қыбырды бағып келеді. Бірақ өзіне керектісі көрінбейді. Тек үй бас сайын өзелене үріп шыққан бірді-екілі ит Сағидолланы шығарып салып, кері қайтып жатты. Сағидолла ауылдан шеткері орналасқан бір үйдің жанындағы отын үсінде жинаулы тұрған қос ер-тоқымды көріп қуанып кетті. Бірден жетіп баруға батылы бармай, маңайлап қана олай бір өтті, былай бір өтті. Бір тәуірі жыбыр еткен жан да, үріп шыққан ит те жоқ. Ақыры ешкім көрінбеген соң ол атын отынды қалқалай барып тоқтатып, ылдым-жылдым ердің бірін ерттеп мініп зыта жөнелді.

Сағидолла көздегеніне қол жеткізген соң көп бөгелмеді. Атын ағызған бойда ауыл сыртына шығып кетті. Құла бие жануар су төгілмес жорғасынан еш танар емес. Сақпының тасындай зымырап, шаң боратып барады. Шылбырын қағып, сәл тебінген сайын екпіндей берді. Ол сол қарқынмен енді бір құмды өзектен өте беріп, жар жағасында жайбарақат жайылып жүрген бір топ қойдың ішінен бір қызыл марқаны іліп әкетті. Сағидолланың қызылға шүйліккен қырандай бұл әрекеті сырт көзден қалыс қала қоймаса керек, мал маңында жүрген бір топ бала болған болмысты ауылға жеткізіп, лезде жұртқа тараған. Сонымен олар бұл істі ауыл әкіміне хабарлап, азаматтар тегіс аттанысқа келген. Тіпті, әп-сәтте жал-жалдың басына қарауыл қойылып, ауылдағы шағын жүк көлігімен бір топ адам да шыққан. Осылайша біреудің малын, біреудің ерін қолды еткен жоқшыны ұзатпай ұстауға бекінген жұрт атты-жаяулы болып, жан-жаққа бет алған. «Батыр – аңғал» деген, Сағидолла болса бұдан мүлде бейхабар. Ауыл маңындағы бір сайға түсіп, қызыл тоқтының бірнеше жілігін көмбемен пісіріп мейлінше тойып, енді атқа қонғаны сол  екен, жақын маңнан бір айғай-шу естілгендей болды. Бірақ оны елеген ол жоқ, түк болмағандай өз жолымен аяңдап кете барады.

Осыдан кейін-ақ, оған қуғыншылар әр бағыттан лап қойған. Сағидолла жалғыз аяқ жолмен сай аузына шыға келісімен қолдарына ұзынды-қысқалы шоқпар алған бір топ жаяу тағы бірнеше атты қоршай берді. Жүрегі құрғыр зу етіп, абдырады да қалды. Күтпеген жерден тағы бір пәлеге ұшырағанын сонда сезген ол өзінің қалай қашарын да білмей дал. Шынымен қоршауда қалғанын енді ұқты. Керек десең, қару етер сынық таяқ та жоқ онда. Бастабында сәл сабырсызданып барып, артынша сабасына түскен Сағидолла енді олармен не де болса бір айқасуға бекінді. Ол ат басын бұра тартып, қоршауға алған топтың арасынан өзіне шоқпарын білеп, төніп келе жатқан ала атты қалмаққа қарсы ұмтылды. Бар ойлағаны – шоқпардың астында қалмау. Оған қырандай қырағылық пен тегеуірінді тездік қажет. Қалмақ тұспа-тұс келіп, шоқпар сілтеді. Сағидолланың күткені де сол болатын. Қолтықтай өтіп, оң білектен сап берді. Аса сілтенген шоқпар дарымай қалды. Сағидолла көз ілеспейтін жылдамдықпен оның қолын қайырып әкетіп, шоқпарын жұлып алды да, қарсыласын қара құстан қойып қалды. Бар пәрменімен ту сыртынан ұрылған шоқпардан еңгезердей қалмақ қалпақтай ұшып түсті. «Өлтірді, өлтірді!» десіп көпшілік шу ете қалды. Қаншалықты жарақат алғаны белгісіз. «Қайта шапқан жау жаман», Сағидолла енді өзін қамап тұрған топқа қарай ұмтылды. Қара ала атты қалмақ құлап түскен соң оған ешкім тосқауыл бола алған жоқ. Ағызып келе жатқан аттыға жаяулар жарыла қашып, жол берді. Қолға тиген шоқпарын оңды-солды сілтеп, қырат аса жөнелген оның соңында тағы да айғай-шу қаптады да кетті. Әр төбенің басынан қарауылдағандар моңғол тілінде шуласып, «анда кетті, мұнда кетті» деп бір-біріне хабар жеткізіп жатты.

Сағидолла келесі бөктердегі ұзын-сонар кенере жолға түскен соң, барар бағыты – батысты бетке алған. Бірақ, оның оң бүйірінен жанай кеп қадалған жүк көлігіндегілер оны еркіне қоймады. Еріксіз ат басын тауға бұрғызды. Ол енді бөктер жолды тастай беріп, тауға қарай бет алды. Тауға барып бой тасаламақ. Апандағы аюша гүрілдеп, толассыз ышқынған көлігі түскір еш қалысар емес. Әйтеуір, қоян бұлттаққа салып, атты асқан қырат-қыраттың бәрін қуып, қалмай келеді. Сағидолла түнде де осы маңға түнеп шыққан. Айналып, айналып қайта тапты. Күн де еңкейіп барады екен. Алыстағы ауыл иттерінің үні, арттағы машинаның гүрілі, адамдардың айғай-шуы, бәрі-бәрі де анық естіліп тұр. Тіпті, қуғыншылар сені ұстамай тынбаймыз дегендей әліде өкшелей қуып келеді. Сағидолла болса өзі өрлеген саймен бірнеше тұмсық айнала беріп, үлкен тас тұйыққа келіп қамалды да қалды. Көлік дауысы жақындап келеді. Жан-жағына қанша қарап тырысқанымен, сытылып шығатын жол жоқ. Ақыры аты қалып, өзі тастан-тасқа жармасып, құзға қарай өрмелей берді. Көп өтпей улап-шулап арттағылар да келді. Сағидолла оларды жоғардағы қалың жақпар жартастардың арасында жасырынып жатып анық көрді. Көліктен түскен бір топ адам ер-тоқым мен тізгін-шылбырын шұбатып бейқам жайылып тұрған құла биенің маңын ары қарады, бері қарады. Бірақ тапқан жоқ. Осы кезде оларға тағы бір атты адам келіп қосылды. Олар айналаны тағы біраз тінте қарады да, бірден жаңағы атты адамның бұйрығымен құздан құлаған тастай сырғып, төмен түсті. Қуғыншылыр көлік маңына жиналып, біраз тұрды. Не айтты, не қойды белгісіз. Әйтеуір, біріне бірі ырық берместен біраз шуласып тұрды да, күн бата кері қайтты. Осылайша бірнеше тәуліктік жолда оның табанын жерге тигізбей жеткен құла бие жануар әлгі аттының жетегінде кете барды.

                                                 

 

VIІ

    

Сағидолла Қарашәрі көпірінен өткеннен бергі айдан астам уақытта Үрімжі айналып, Санжы, Құтыби, Манас сынды ірі қалаларды артқа тастапты. Осы аралықта бұрынғыдай жол азықтан көп тарыға қойған жоқ, аракідік қала базарларына кіріп, қолында бар тиын-тебенімен қарын қамын бір күйіттеп шығатын. Үлкен-үлкен базар, қарақұртша қайнаған қалың адам, біреуді біреу білмейді. Тек оған көлденең тексеруге дөп келіп, ұсталып қалудан сақ жүрсе болғаны. Сөйтіп ол үнемі алыстан айбаттана көрініп, ұшы-қиырсыз ұзыннан-ұзақ сұлап жататын Еренқабырға тауына да жетті.

Бұл өңір ХХ ғасырдың орта шеніндегі Шығыс Түркістан қазақтарының көшбасшысының бірі болған әйгілі Қалибек Хәкімнің ескі жұрты. Шығысында Манас, батысында Қорқыс өзені. Тіпті, қуа берсең сонау Үрімжі, Қаратау, Боғдаға дейінгі кең атыраптың бәрі де ежелден қазақ мекен еткен жерлер. Жер шарында қазақ баласы аяқ баспаған тау мен тас, іргесі тимеген жер қалды ма екен, сірә? Сағидолла соның бәрін ойлап, киелі өлкенің бір шетіне іліндім-ау ақыры деп кең тыныстағандай болды. Тіпті, Еренқабырға тауының бөктеріндегі «Қалибектің дөңжайлауы» аталып кеткен бір биікте ұзақ отырып, өткен-кеткенді тағы бір мәрте есіне алды.

Кезінде Гоминдаң өкіметінің қысымына ұшыраған Қалибек Хакім кейін біраз елді бастап атақты Гималай тауын асып, Түркияға өтіп кеткен. Мұндағы ел біз Хакім Қалибектің жерлесі едік деуден, тіпті, атын атаудан қалған. Ал, Қалибек аға болса, нағыз елі үшін еңіреп өткен ер еді ғой?! Оның алғашқы мекені Майлы-Жайырда мен де туып өскем. Есіл ер қазір дүниенің қай бұрышында жүр екен деші, бар ма екен өзі өмірде? Жоқ, әлде ол да мен құсап, саз кешіп, запыран құсып, келте ғұмырын жазықсыз қуғын сүргінмен өткізіп жүр ме екен?..

Бұдан ары Сауан ауданы. Сарғая піскен егін. Сағым қуған дала. Күн де ашық. Несін айтасың, нағыз шаруаға жайлы мезгіл. Сол күні Сағидолла Дөңжайлау маңына түнеп, таң ата тағы да жолға шыққан. Тек исі қазақ баласының іргесі тиген жерлерді көріп көз айдын, көңілі де тоқ. Сауан жұрты тегіс орақ науқанына кірісіпті. Біреулер ат, өгіз арбаларға тиелген қап-қап астығын жөткеп әкетіп жатса, енді біреулер шаңтас соғып, масақ теріп, бидай ұшырумен әбігер. Қырманды алқапта қаурт еңбек. Бірақ, осы бір аста-төк өнімнің жергілікті елдің игілігіне беріле қоймасы анық. Бәрібір ақысыз өкіметке тапсырылады. Ал, халық ше? Халықтың хәлі тым мүшкіл. Ашаршылықтан әлі толық арыла қоймаған, жұттан шыққан тоқтыдай жүдеубас. Ала жаздайғы диқан-шаруалардың маңдай терінің бұл бодауы кімнің қазанына түсіп, кімнің құлқынында кетіп жатқаны да белгісіз. Әйтеуір, астық тапшы. Дегенмен, мына бір ғана көз жеткісіз атыраптағы толықсыған дән теңізіне қарап, елде ашаршылық дегенге сену қиын. Қалай айтсақта ақиқаты сол, ай сайын жұрт ең төмен өлшеммен жан басына шақтап берген жүгері ұнын қорек етіп, өлместің күнін көріп келеді. Егер ел ауқаттырақ болғанда Сағидолла бұдан былайғы жолында кездескен қазақ баласының үйіне түнеп жүре берсе ешкім де оған кет ары демес еді. Амал нешік, «жоқ жомарттың қолын байлайды» деген, жоқшылыққа амал да жоқ, ел жайын, жұрт жайын біле тұра кімге-кім өкпелегендей.

Сауан аумағы. Сайын даланың жота-жондарын әлсіз нұрымен шалып, күн еңкейіп барады. Сағидолла сары бөктердегі егіс алқабынан шығып, енді бір ауыл шетіне іліне бергенде алдынан есік пен төрдей кері атқа мінген біреу кез бола кетті. Оның қайдан шыққаны белгісіз, ауыл арасында бір топ сиырды жинақтап, көше бойлатып айдап барады екен. Тоқтап сәлемдескен жоқ, басын изеп қана өте бері. Ат мінісі, әбзелі қазақилау болғанымен, түр-тұлғасы басқа, қытай тектес. Басына кигені ақ тақия, діндар адамға ұқсайды. Бәлкім, ол осы аймақтағы қазақтармен етене жақын болып кеткен қалың дүңгендердің бірі болар. Мейлі енді, кім болса ол болсын. Басқа емес Сағидоллаға оның аты ұнады.

Түннің бір уағы. Ай жап-жарық. Кештен бері ауыл маңын айналсоқтап шықпай қойған Сағидолла ақыры кері атты ер-тұрманымен қолға түсіріпті. Көп айналған жоқ, бісімілләсін айтты да, өз бағыты, өз жолымен тарты кетті. Алда Шиху қаласы. Сағидолла бұл аймақта көп жүрмегенімен, жалпы жол сырына қанық, көкейінде сайрап тұр. Оның Сауан мен Шиху арасындағы елсізде желдей есіп келе жатқанына да екі күн өтті. Түнде кері атты беті ашық жерлерге бекітіп, өзі жанында түнеп шығады. Жануарға жан пендесіз иенде қасқыр шауып кетуі де мүмкін. Құдай сақтасын, жаман айтпай, жақсы жоқ, аң-құс аңдып, шұбырып жүрген шибөрілер кез бола кетіп, тобымен бірақ жабылса біткені ғой. Қолында сынық бұрауы да жоқ жалғыз Сағидолла оларға не істей алмақ? Аты тұр ғой өзін жазым етері анық. Бағына орай ондай сұмдық бола қойған жоқ, болмай-ақ та қойсын. Енді қырсыққанда көпке бармай қоржыны босап, жол азығы таусылыпты. Міне, содан бірнеше тәулікке созылған аштық оны әбден қалжыратты. Жанын жай таптырмады. Ат үсті болса да барған сайын буын-буыны құрып әлсірей берді. Тіпті, қанша қарбанса да құлазыған қу даладан жүрек жалғар ештеңе табылатын емес, табылатын да қисын жоқ. Тек ара-тұра торсығындағы судан жұтып, аш құрсағын алдаусыратқан болады. Құр су ауқат бола ма, оның үстіне мұндайда әудем жердің алыстап кететіні бар емес пе. Бір елді мекен кездесер деген үмітпен көз көрімдегі бір қыраттан асса, алыстан мұнартып екіншісі көрінеді. Аптап ыстықта алдамшы сағымдай созылған жол сілемі осылай жалғасып, бітіп бермей-ақ қойды. Шиху қаласына дейін тағы біраз жол бар.

Сағидолланың аш қарын ат үстінде келе жатқанына екі тәуліктен асқан. Жол бойы не бір ауыл, не бір жан баласы кездеспеді. Бар сенер жалғыз серігі – кері ат. Әйтеуір, далада қалдырмас деген сеніммен соның күйін күйттейді. Кейде, тіпті, жануарды тынықтырып, қарнын тойдыру үшін өзінің аштығына қарамастан айдалада әдейі еру болады. Жүре келе ол үлкен бір күре жолға келіп түйісті. Ендігі үміт тек сол жолда. Үрімжіге бет алған жүк көліктері мен басқа да жүргіншілердің дені осы жолдан өтетін. Сары ізіме шөп салып, ат сабылта іздеп жүрген қуғыншылар болмаса, мұнда мені кім танып жатыр, біреу болмаса біреуді тоқтатып, тіске басар бірдеңе сұрармын деген оймен ілгерілей берді. Осыдан соң көп жүрмей ол бір жерге құмырсқаша ұйлығып, қаптап жатқан қалың көгершінді көріп қуанып кетті. Шамасы жол бойына ары-бері астық тасымалдаушылардан бір қап бидай түсіп, шашылып қалса керек, қаптаған қалың кептер бас алмай теріп жатыр. Өздері үркетін емес, табан астынан ұшқаны ұзамай айналып-айналып келіп қайта қонады. «Өлмегенге өлі балық жолығады» деген осы-ау, сірә. Сағидолла аттан түсіп, үйірлі құсты тобымен көздеп тас атты. Олардың көптігі мұндай жақсы болар ма, әр лақтырылған тастан көп олжасыз қала қойған жоқ. Лезде қос-қостан сұлатып, аш өзегін жалғап, кептер етіне кекіре тойып, жан шақырғандай болды.

Араға апта салып, Сағидолла Шиху қаласына да жетті. Дәл сол тұста оның Сексентам жаза лагерінен қашып шыққанына тұп-тура екі жарым айдан асқан. Осы аралықта қаншама шөл, таусылып бітпейтін  қырқа-қыраттар мен асқар-асулар артта қалды десеңші? Алда тағы біраз жол мен шекара өткелі тұр. Соның бәрін еске алған оның көңілі көп күдіктен сәл де болса арыла бастағандай. Шиху қаласына келісімен Сағидолла бірден Жұмахан есімді бір танысының үйін іздеп тапты. Жұмахан бір жыл бұрын Сексентам абақтысынан босап шыққан. Ол да сол баяғы жасықсыз жаланың құрбаны болып, бес жыл жаза арқалаған көп қазақтың бірі. Кесілген бес жыл мерзімін толық өтеп қайтқан Жұмахан Сағидолланың ит арқасы қияннан қалай келіп қалғанына аң-таң. Тіпті, түсіне де кірмейтін іс еді, себебі, Жұмахан босап қайтқанда Сағидолланың өтелмеген әлі он екі жылдан астам уақыты бар болатын. Онда Жұмаханның жұмысы не, Сағидоланның аты әйгілі қашқын екенін жақсы біледі. Бірақ, біле тұра ол жағынан тіс жарып ештеңе сұраған жоқ, екеуінің де етектері жасқа толып, еңіреп табысты. Өйткені, «ашыққанда жеген құйқаның дәмі кетпес», олар небір қиын-қыстау кезеңдерде жарты бидайды жарып, бүтін бидайды бөліп жеген, талай ащы-тұщының дәмін бірге татқан саптас. Сағидолла досының үйінде үш күн болып, басы-көзін, киім-кешегін тазартып, шаш-тырнағын алдырып, бір жасап қалғандай болды.

Сағидолла Жұмаханның үйінде болған осы бір үш күнде біраз әңгімелер айтылды. Бірақ түрмедегі жалпы жағдай, қазаққа төнген нәубет бәрі-бәрі қамтылса да, Сағидолланың түрмеден қашып шығуы жайында мүлде сөз қозғалған жоқ, жұмбақ күйінде қала берді. Бұл туралы шынын айтса да, Жұмахан ешкімге сыр шашпайтыны белгілі, әрине. Дегенмен, Сағидолла өзінің азып-тозып жүрген мына хәлін ойлап, досының бала-шағасын үркітіп алам ба деп қорыққан. Тек шай үстіндегі бір сөз кезегінде Жұмаханға: «Мені ұсталық істеп белсенді еңбек еткенім үшін мерзімімнен бұрын босатты. Сонымен, жол-жөнекей бір көлік тауып мініп, ауылға беттеп барам» деген. Бұл сөзге Жұмахан нанды ма, нанбады ма белгісіз, одан әрі ол да қузап сұраған жоқ, Сағидолла да басы артық ештеңе айтпады. Жұмахан бастысы оның аман-сау қайтып келе жаратқанына қуанған. Қуанбай қайтсін, олар сол бір қарғыс атқан жаза лагерінде не көрмеді, аштықтан, ауру мен ауыр қинаудан ес жимай кетіп жатқан талай жанды өз көздерімен көрген. Оған қарағанда тәубе. Сол тұста оларда бір ғана арман болатын, жатса тұрса Алладан тілері біреу-ақ еді. «Е, жаратушы жалғыз ием, көп жасамасақ жасамай-ақ қояйық, бірақ бізді мына бір тозақтан өзің құтқарғайсың. Сүйегіміздің ит-құсқа жем болып, Такламаканның шөлінде қалуынан өзің сақта, туған жерден бір уыс топырақ бұйыртсаң ғана болғаны» дейтін.

Жұмахан шамасы жеткенше досына бір малын сойып, үш күн бойы асты-үстіне түсіп күтті. Төртінші күні таң қылаң бере оның ат-азығын сайлап, жолға өзі шығарып салды. Ол қимай қоштасып бара жатқан Сағидолланың соңынан көз алмай қарап ұзақ тұрды. «Шіркін, Сағидолла нағыз ер, уәдеге берік асыл азамат қой, мұндайлар ілуде бір кездесер. Әрдайым жортқанда жолың болсын, аңсаған арманыңа жет!» – деп іштей тілегін тіледі. Жұмахан басқа емес, Сағидолланың басына қандай іс түссе де, өзін ғана көрсетіп, өзгелерді арандатпайтын адалдығы мен турашылдығына дән риза. Ол біреуге біреу жала жауып, жан біткен жаппай жәбір көріп жатқан тұста да шындықтан, ақиқаттан тайған емес. Жазықсыз жапа шеккен жандарға сан мәрте ара түсіп, қол ұшын созған да – осы Сағидолла. Тіпті, біреу үшін өзі сорланған кездері де көп оның. Қалай дегенмен де Сағидолланың исі қазақ баласына жасаған жақсылықтары айтып тауысқысыз. Біреу үшін жанын беруге дайын тұратын асыл қасиеті оны танитын әрбір адамның да есінде.

Сағидолла Шиху қаласынан аттанған бойда араға бір қонып, өзі туып өскен Майлы тауының етегіне келіп ілінді. Көңіл шіркін астаң-кестең. Сағыныштан көзден аққан жас жүзін жуып, ағыл-тегіл бір сәт босап қоя берген. Туған жерін тірі көрем деп ойлап па еді, кеткелі үш жылға жуықтаса да жер жарықтық еш өзгермеген. Жердің не жазығы бар, зұлымдық атаулының барлығы сол жердің бетін мекен еткен адам қолымен жасалып жатқан жоқ па? «Қарабауырдың май бөктері» аталатын сексеуілді алқап қалың аң-құстың мекені.

Үйір-үйір даланың кер шабдар жылқысы да осы жерде. Жаңа ғана бір тобын кездестірген. Енді ілгері жүрген сайын түйе шудасындай сарыбалақ сексеуіл арасынан жалт беріп қашқан топ-топ қарақұйрықтар мен көк қияқты қоға түбінен ұшқан қырғауылдардан ат үркеді. Ол бірде ат шаптырым аумақты алып жатқан құмды өзекті кесіп өтіп, сары бөктерден бұлдырап көрінген Сарықамыс, Бұрқыстай мен Сарыжақ ауылдарына қарай бет алды. Әр жерден малшылардың ақ шаңқан үйлері көрінеді. Алыстан ауылдың дәмін аңсап, кенезесі кеуіп келе жатқан ол келесі кездескен үйдің біріне әдейі бұрылды. Қапырық ыстықтан даланы айтпағанда үй ішінің өзі тынып тұр. Екі үй қатар тігіліпті, іргесі белдеу арқанның тұсына дейін түрілген. Үйде бөгде ешкім жоқ көрінеді. Тек жиырма жастар шамасындағы екі бойжеткен қыз бен естияр бір ер бала ғана жүр. Қазақы дәстүрмен иіліп сәлем салып, ізгі ілтипат көрсеткен екі қыз әлгі баланы шақырып, қонақтың атын ұстатып үйге бастады.

Қонақ жайғаса салысымен қыздар көп кідірместен есік алдындағы жерошаққа от тұтатып, үш сирақты темір мосыға шай асты. Шай қайнатым әредік. Сағидолла төр алдында қабаттай салынған кестелі көрпенің үстінде шынтағына жастық қойып жамбастап жатқан. Үй іші оюлы сырмақ, қатталып жиналған көрпе жастық пен сәнді жасауға толы. Оң жақта қайқы бас ағаш төсек, тұсына тұскиіз ілініп, жас жұбайлардың шымылдығы құрылыпты. Ал есіктен кіреберістегі сол жақ босағада саба толы іркіт сәл божыса аузынан асып төгілердей іркілдеп әзер тұр. Сағидолла келіп түскелі ет асым уақыт өтті, қыздар асығатын емес. Ошақ басында барып ауыздары сөзден бір босамай-ақ қойды. Екеуара бірдеңелерін айтып, анда-санда нәзік үнмен сықылықтап күлісіп те алады. Олар қонақ түскен үй жаққа кезек-кезек қарап, көздерімен бір шолып қояды. Сағидолла ештеңені елеген жоқ, баяғы көңіл, сабырлы да салмақты қалпы. Қыздарда бөтен ой бар-ау деп күдіктенген де емес, төр алдында еш уайымсыз көсіліп жатыр. Енді бірде қыздардың іргелес үйге кіріп алып күбір-күбір айтқан әңгімесінен «Бұл кісі сол қашқын болмасын» деген сөзі Сағидолланың құлағына бірден шалынды. «Қашқын» деген сөзден секем алған ол үй іргесіне жақындай түсіп, қыздар жаққа құлақ түрді. Екі қыз ер баланы шақырып: «Өткенде ауданнан келген басшылар жиналыста Сағидолла деген кісі Тарымдағы түрмеден қашып кетіпті, көрген-білгендер болса хабарласын. Егер көріп тұрып жасырғандар қатаң жазаланады демеді ме? Мына кісінің түр-тұлғасы мүлде бөтен. Сен төменгі Дәукеннің ауылына барсаң, сонда ауыл басшылары бар. Соларға барып хабарла. Біз қонақтың шайын бергенше сендер де келіп қаларсыңдар» деп тапсырма беріп жатыр екен. Сағидолланың алыстан аңсап, алып-ұшып келген көңілі су сепкендей басылды. Бәрін ет құлағымен естіді, енді екі қыз шай емес, бал берсе де бата ма? Сағидолла еш кідірместен үйден шығып, белдеудегі ат шылбырын қолына алды. Осы сәтте үй іргесінде ырс-ырс етіп, тілі салақтап, әзер дем алып жатқан қара ауыз ит арсылдай жөнелді. Сол-ақ екен, үйден жүгіріп шыққан екі қыз кетуге бет алған қонағын көріп: «Ой, аға қайда барасыз? Шай да қайнап қалды ғой. Біз енді дастархан жаяйық деп жатсақ, мұныңыз не?» деп жығыла жабысқандай болды. Бірақ Сағидолла атқа мініп алған. Ат тізгінін сәл тартып, екеуіне: «Төменгі ауылда жатқан бастықсымақтарыңа барып айтыңдар! Одан әрі аудандағы белсенді топтарыңа да жеткізіңдер! Мен әлгінде өздерің айтқан Тарымдағы Сексентем түрмесінен қашқан Сағидолланың дәл өзімін. Енді мені іздегендер болса Қазақстанның ұлан-ғайыр даласынан табады!» – деп ескертті де, атын бір тебініп жүріп кетті.

Сағидолла бұдан былайғы ел жайына да, жер сырына да әбден қанық. Жаңағы қыздар бастықтарына барып айтып, одан соң аудан орталығына хабар жеткізгенше кемінде үш-төрт күн уақыт қажет. Телефон байланысы деген мүлдем жоқ, тек мұндай шұғыл хабарлама арнайы шабарман арқылы ғана жеткізілетін. Осыны ойлаған Сағидолла енді еш қамсыз. Ауыл адамдарынан жасқанатын да, үрейленетін де емес. Дегенмен, «жау жоқ деме, жар астында», сақтық керек, байқаған абзал. «Әлгі қыздар кімге қызмет етіп, кімнің сойылын соғып тұрғанын өздері де білмейді. Осындай берекесіздігіміздің кесірінен қаншама қазақ орға жығылды, қаншама қазақ жазықсыз жәбір көріп, қаншама қазақ жапа шегіп жатыр? Қазақтың жауы – қазақ қана деген осы-ау, сірә?» деп ойлады сонда Сағидолла.

Сағидолла сол күні Қарабауырдың батысындағы Суыр, Шалғай тауларына шығып түнеді. Бұл өңірдің сай-саласы, әрбір жыра-жылғасына дейін әбден таныс. Себебі, ол жастайынан әкесі Досжанға еріп, өз қолдарымен соққан бес атарын асынып, аң-құс атып көп кезген. Сондықтан да бұл маңдағы Суыр-Шалғай, Майлы-Жайыр, тіпті, одан арғы Барлық пен Орқашар тауларына дейінгі атырап бәрі-бәрі де жаттаулы, бес саусақтай көңілінде сайрап тұр. Оның үстіне өзімен бірге айыпталып, кейін бақылауда қалған Сайдығұлан деген үлкен жездесінің қыстауы да осы маңда. Бірақ Суыр-Шалғай, Қарашоқы өңірі қазірге елсіз, тек жазда қыстаулықтарды қоритын бірен-саран қорушылар ғана қалған. Сағидолла ертең сол жездесінің қыстауына да соқпақ. Ондағы ойы, жылда дәл осы тамыз айында мұндағы әр қыстаудың иесі салт келіп, шөп шабатын. Сол шөпшілер арасында жездем Сайдығұлан да келіп қалды ма деген дәме еді. Егер кездесе қалса жалпы туыс-туған, бала-шағаларымның жайын ұғып, саулығымды айтып кетейін деген.

Сағидолла түннің бір уағына дейін көз ілмеді. Бірде ол басын көтеріп кең тыныстап, меңіреу түннің салқын жұпарын құшырлана жұтады, енді бірде шалқалай түсіп жұлдызды аспанға телміре қарап ұзақ жатады. Әредік көз алдына әлденелер елестеп, «қайран менің қазағымның дархан даласы-ай» деп күрсініп қояды. «Арғы шеті орысқа, бергі жағы шүршүттерге тиіп, өз жерімізден өзіміз пана таппай, босып жүрген түріміз мынау» – дейді өз-өзіне күбірлеп.

Сағидолланың бұл ойының да астарлы ақиқаты бар. 1862 жылғы «Шәуешек келісімі» деген құжатқа Санкт-Петербургте қол қойылған. Сол кезде патша өкіметі қазақ даласының шығысындағы Алтай, Тарбағатай мен Іле аймақтарын тұтас Қытайға қаратып берген. Сонымен арада бір ғасыр өткенде, яғни 1962 жылы Орыс-Қытай елі тағы бір келісімге келген. Онда кезіндегі Қытайға берілген осы үш аймақтың жері үшін Қытай жағы орысқа еңбеккүш ретінде адамын қайтаруға міндеттеледі. Екі ел біраз уақыт ортадағы шекараны ашып қойып, Қытайға тиген жердің бодауына берілетін адам саны әбден толғанда шекараны тарс жапқан. Көште қазақ жеріне қарай ағылған қазақтардың алды өтіп, арты Қытайға тиген жерде қалып қояды. Кейін Қытай билігі үш аймақта қалған қазақтардың барлығына «шетке табынушылар» деген ат қойып, шетінен ұстап жазалайды. Сол шетке қашу тобының бір мүшесі деген желеумен жазықсыз сотталып, соры қайнағандардың бірі, міне, осы Сағидолла болатын.

Осы болмыстардың бәрін қайта бір елестетіп шыққан Сағидолла «Шіркін, ата-бабаларымыз армандап кеткен тәуелсіздікке қашан қол жетер екен? Бұл жолы менің алдымда тағы қандай тағдыр күтіп тұр? Бағым ба, әлде сорым ба, ол жағы бір Алланың өзіне ғана аян» деген ойдан арыла алмай, терең-терең тыныс алып, кезек-кезек аунақши берді. Осымен түннің бір мезгілінде талығып барып әзерге көз ілген.

Келесі күні түске қарай Сағидолла жездесі Сайдығұланның қыстауына келді. Бұрынғыша алдынан қарсы ала шығатын әпке-жезде жоқ, жан пендесіз иен қыстау тоналған үйдей есік-терезелері үңірейіп, құлазып тұр. Жанарына үйіріліп жас та келді. Бұл, әрине, сағыныштың жасы. «Басқа қыстауларда бірен-саран шөпшілер бар көрінеді. Менің туыстарым қалайша келмеді екен, келуі керек еді ғой. Әлде мен кеткенде қатаң бақылауда қалған жездем Сайдығұлан сол бойы тас қапаста қалып қойды ма екен» деп те ойлады. Алдымен аттан түсіп, қыстау алдындағы бұлақ бойына барды. Тусыған шөп арасынан әрең-әрең жылтыраған тасбұлақ жылып ғана ағып жатыр. Сағидолла қос қолдап бастау суынан тартып-тартып жіберді. Жұтқыншақтан өткен салқын зәмзәм алыстан аңсап жеткен оның зарығын басып, сарайын ашып, бір сергітіп тастағандай.

Қыстауда ешкім болмаса да, Сағидолла екі түнеп, үшінші күні тағы бір қыстауға келіп түседі. Ол да иен, жыбыр еткен жан баласы жоқ. Алдымен жайланып ас-суын ішіп, сәл демін алған соң атын жетелеп, төскейдегі қыстаудың қой қорасына барып кіреді. Төбесі ашық тас қораның жағалауына айналдыра қи жиналыпты, тек қора төріндегі біраз қи құлап, қасқа тісінің бірі түскен адамның қызыл иегінше кетиіп тұр. «Балақтағы бит аттан түсіреді» дегендей, Сағидолланың ұзақ жолдан денесі кірлеп, әбден бит басып кетсе керек, ат шылбырын қораның ішкі жағалауына іле салып, жейдесін бит пен сіркеден арылтып ұзақ отырды. Мұндай бейсауат адамның қарасын жал-жалға шығып қарауылдайтын қыстау қорушыларының бірі байқаған. Қорушы дереу сол маңдағы шөпшілерге шауып барып, мән-жайды мәлім еткен. Олар бірден аттанысқа келіп, Сағидолланы отырған жерінде тыпыр еткізбей ұстауға қам жасаған.

Сағидолла бұдан мүлде бейхабар. Қамсыз күйде өз әлегі өзінде болып отыра берген. Тек кері ат оқыранып, жер тарпығанда ғана селт етіп, жейдесін іле сала атқа қарғып мінген. Әдетте бөгде біреулердің тықырын сезсе, жануар иесіне осылай хабар беретін. Бірақ сәл кеш еді. Ол атына міне салып, енді ұмтылмақ боп, қораның есіге қараса бес-алты атты адам тұр. Қолдарында бір-бір шоқпар, енді қайда қашасың дегендей ат үстінде шіреніп, шекірейе қарайды. Сағидолла қора ішін айналып, айналып келіп, кері атты төрдегі қидың кетігіне салды. Жануар іркілген жоқ, бір метрден астам биіктіктен тұяқ ілместен атылып шығып кетті.

Аттылар қораны айнала шауып келгенше Сағидолла қыстау желкесіндегі тас қияны аса жөнелді. Енді кері ат жеткізсін бе, тіпті, қуып жеткен күннің өзінде Сағидолла оларды бір-бірлеп сұлатып салуға дайын. Бірақ олай істеген жоқ, себебі, бәрі де қарапайым қазақтың баласы, дүрмекке еріп, дүркіреп жүрген алкеуде жастар. Олар етектері желбіреп Сағидолланы біраз жерге дейін қуып барды, бірақ жете алған жоқ. Қыстау сонысында жүрген тоқ аттары тұралап, бірінен соң бірі алыстап артта қала берді. Енді олардың жете алмайтына әбден көзі жеткен Сағидолла ақыры ат басын өзі тартты. Тосып тұрып жақындап қалған үш аттыға қарап: «Жә, бауырлар сол орындарыңда қозғалмай тұрыңдар, біраз сөйлесейік» – деді ауыздықпен алысып тықыршып тұрған кері атты шаужайлай түсіп. – Мен сендер ойлағандай ұры да, қары да емеспін, жай жолаушымын. Қыстауларыңнан сынық бұрау алғам жоқ. Шынымды айтсам өзім үш айлық жол басып келе жатқан қашқынмын. Мына тұрған жартас қораны қыстайтын Сайдығұланның туған балдызымын. Осыдан үш жыл бұрын сотталып, Тарымға жер аударылып кеткем. Содан Түрмеден қашып шығып, Қазақстанды бетке алып келе жатқан жайым бар» – деді.

Жігіттер бір-біріне қарасты да, ешқайсысы үндемеді. «Бірақ сендер мені қуып жете де, шайқасып жеңе де алмайсыңдар. Мені ұстап бергенде сендерге түсер соқыр жармақ пайда да жоқ» деген Сағидоллаға жігіттер жауап қатпады, мән-жайды енді түсінгендей, ыңғайсыздана берді. Тіпті, сөз соңында оған жанашырлық сыңай танта бастағандай болды. Соғидолла: «Тағы бір айтарым, жолыққаның Сайдығұланға менен үш қайтара сәлем айтарсыңдар, аман-сау елге кетіп бара жатқанымды жеткізерсіңдер. Бәрің де аман болыңдар!» – деді де, ат басын бұрып жүріп кетті. Жігіттер де алғашқы арын жоқ. «Сау болыңыз! Жолыңыз болсын!» десті де, таңдана қарап тұрып-тұрып, кері қайтты.

Қоңыр күздің қоңыраулы даласы. Сағидолла әйгілі Майлы тауының жота-жондарындағы көш жолдарының бірімен сыдыртып келеді. Ат үстінде алыс-жақынға көз салып, айналасын шола қарайды. Таныс аймақ, таныс маң. Майлы өңіріндегі Нарынсу, Аршалы, Кертас жайлауындағы ел тегіс етекке қоныс аудара бастапты. Бөктер-бөктердегі жыра-жылғалардан андыз-андыз тігілген ақ боз үйлер көрінеді. Маңайы мыңғырған малға толы. Алла бұйырса ол енді бір-екі күнде Алакөлдің тұсынан бірақ шықпақ. Жүрер жолдың көбін еңсеріп, азы қалды. Ендігі үлкен бір кедергі – шекара өткелі. Сағым үйірген сары жондағы иір-қиыр көш жолы бірде оны ылдилатып сайға бастаса, бірде тастақ бел-белестерден асырады. Сағидолла таудан түсіп, тағы бір бұйратқа қарай бет ала бергені сол-ақ еді, алдынан жер қайысқан түйе табынын қайырмақтаған бір бойжеткен кез бола кетті. Өзі жаяу, иғында тезек толы қабы, бір қолында ұзын шыбығы бар. Қыз өзіне қарай тура тартып келе жатқан жолаушыны көріп, қабын жерге қойып, сыпайы ғана сәлемдесіп, ізгі ілтипат білдіре берді. Қарапайым ғана қазақтың қызы. Оның әдемі келген аққұба жүзіне тоқтаусыз ойнақшыған қара көздері жарасып-ақ тұр. Қарлығаштың қанатындай қиылған қиғаш қастары көркін тіпті аша түскендей. Бірақ шыт-шыт жарылған қолдары мен терісі көшіп жемтірленіп кеткен еріндерінен тұралатып тұрған тұрмыс тауқыметін анық аңғаруға болады. Оның үстіне даланың аңызақ желінде тезек теріп, ер азаматша мал соңында жүрген тірлігі мынау. Әйтеуір, өзін қанша көңілді ұстап, сыр бермеуге тырысқанымен, жан дүниесінен бір кірбеңдіктің бары сезіліп тұр.

Сағидолла қызға алдымен өзінің алыс жолдан келе жатқан жолаушы екенін айтып, жөн сұрады. Алғашында сәл тосырқап, жүзін төмен салып ұялшақтай берген қыз біраздаң соң ғана шешіліп, жалпы жайды түсіндірді. Сөйтсе, қыз әке-шешесінен ерте айырылған тұл жетім екен. Қазір бір малшы қарияның отымен кіріп, суымен шығып, өлместің күнін көріп жүргенін айтты. Мұны естіген Сағидолла өзінің түрікпеннің түбінен азып-тозып келе жатқанын мүлде ұмытқан, енді оны «бұл бейшара қызға қалай көмектесем, қалай қол ұшын берсем екен» деген ой мазалай берді. Тағдыр сынына ерте ілініп, мезгілсіз марқайғаны болмаса, байғұс қыз бүлдіршіндей. Тіпті, бұғанасы да толық қата қоймаған. Осының бәрі Сағидолланың жан дүниесін лезде астаң-кестең етті. «Әйтеуір, қайда барсаң, ит көрмес, түтін танымас күйге түсіп қаңғырып жүрген қазақ» деп іштей налыды. Шынымен де, өзі қашып-пысып жүрген жаннан не қайыр? Сағидолла «Әлде бұл қызды өзіммен бірге шекара асырып алып кетсем бе екен? Бәлкім... Басқа не амал?» деп шиыршық атып ары ойланды, бері ойланды. Ақыры сәл сабырға келіп, алдымен не істеу керектігін ойластырып алу үшін біраз аялдауға тура келді. Ол атын отқа қойып, қыздан:

– Үйің таяу ма? – деп сұрады.

  • Иә, көп алыс емес, – деді бойжеткен бәсең үнмен.

– Олай болса, сен андағы қаптағы тезегіңді үйіңе апарып таста да, маған балға, тістеуік алып келе қойшы, атымның бір тағасы босап қалып еді, қайта қағып алайын. Мен осында біраз ат шалдырып, сенің малыңды қайырмақтай тұрармын. Сосын қалған істі тағы ойластырармыз, – деді. Қыз басын изеп, қабын арқалап үйіне қарай жөнелді. Сағидолла шашау шыққан түйелерді қайырмақтай жүріп ойға кетті.

Қызды өзіммен бірге шекара асырып кетейін, бірақ ертеңгі күніміз не болмақ? Шекараны аман асққан күннің өзінде баяғыдай кері қайтарып тасаса қайтем? Онда екеуіміз бірдей сорлап, түрменің түбінде шіриміз ғой. Онда бұл қызға бақыт емес, бәле тауып бергенім ғой. Ал қыз осында қалса көрген күні мынау. Не істеуге болады? «Ары тартсаң арба сынады, бері тартсаң өгіз өледінің» кебі. Қой, қыздың жылы орнын суытпайын. Оған өз жайымды, бар шындықты айтайын. Қыз өзі не дер екен?..

Көп ұзамай үйіне кеткен қыз да оралды. Сағидолла айдалада қызға атының басын ұстатып қойып, төрт тағасын суырып, теріс қаратып қаға бастады. Себебі, енді шекара өткелі жақын, бір серпілсе елге де жетпек. Ал, аттың тағасын теріс тағалағаны – ілгері жүрсе, кейін кеткен жылқының ізі түседі. Шекара маңында біреу-міреу із шалып, қуғындап жатса, бір септігі тиер дегені. Сағидолланың ішкі есебі осы. Қызбен арадағы әңгіме біразға созылды. Алғаш кездескендей емес, екеуі бұрынан таныс-біліс, сырлас адамдардай шүйіркелесіп кеткен. Сағидолла ақыры қызға өз басынан өткен барлық жайды, бүкпесіз шындықты айтты. Тіпті, ол өзінің түрмеден қашқан қашқын екенін және бұдан бұрын да шекара асып, орыс әскерлері кері қайтарып тастағанын да жасырған жоқ. Бұл жолы да үш айдан астам уақыт жүріп, сонау Такламакан шөлінен бері ұшы-қиырсыз даламен жаяу-жалпылы осы жерге жеткеніне дейінгінің бәрін баяндады. Қыз Сағидолланың жан төзгісіз кешірмелерін естіп аяп кеткен, жүрегі елжіреп, бірге қамығады. «Бұл қиындықтарға қарағанда менің көрген күнім әлдеқайда жеңіл екен-ау. Мен емес, нағыз тағдыр тәлкегіне ұшыраған жан мына кісінің өзі екен» деп бойжеткен ойға шомып отыр.

Қоштасар сәт. Сағидолла атын тағалап, ер тұрманын, әбзелдерін тағы бір мәрте бекемдеп алып, атқа қонды. Сосын қызға қарап: « Ал, айналайын, ағаңды кешір. Сенің бар жағдайыңды жақсы түсінем, әрі мұндағы тозақтан сені құтқарып  кеткім-ақ келді. Бірақ қалай ойлап көрсем де шамам келетін емес. Өйткені, жаман айтпай жақсы жоқ, ертең мен тағы қолға түсіп, шекарашылар Қытайға кері қайтарып тастаса, менімен бірге сен де сотталып кетесің. Онда сені елге ертіп кетемін деп осы күніңе зар қылып қоямын ғой. Сен енді не де болса шыда. Ал мен тағдырдың басқа салғанын тағы да жалғыз көрермін» – деді. Қыз да оған түсіністік танытып, қимай-қимай қоштасып, сәт сапар тілеп шығарып салды.

Осыдан көпке дейін Сағидолланың жатса-тұрса көз алдынан қыз бейнесі бір кетпей-ақ қойды. Бірде бейшара қыздың жат босағада жүрген аянышты хәлі көз алдына келсе, енді бірде оның қоштасар сәттегі ақ торғындай жүзін бойлап, сынаптай сырғып түскен моншақ-моншақ жас тамшылары елестейді. Сағидолла қыздың көрген машақатын естіп тұрып, жан азабын сезіп-біліп тұрып қол ұшын бере алмай кеткеніне қынжылды.

Қызбен қоштасқан бойда ол Майлы тауының батысындағы Достық шекара өткелімен шеттесіп жатқан Қоңыробасаз жайлауынан келіп шықты. Бұл өңір де оның өзі туып-өскен Толы ауданына қарасты малшылар жайлауы. Кезінде қазақтың қас батыры Қаракерей Қабанбайдың ірге қонысы болған. Шөбі шүйгін, суы мол киелі өлке талай тарихи болмыстарға куә. Жазда жайқала өскен қарабас бетегеден жатқан құлын көрінбейтін. Шамалы жел тұрса, бетеге басы ырғалып, көз жеткісіз атырап өркеш-өркеш теңіздің толқынындай тулап ала жөнелетін. Ал, Қоңыробаның батысындағы қысы-жазы басынан қар кетпейтін шоқтығы биік құз – Шалғыш тауы. Қоңыробадан Шалғыш тауына дейінгі аралық бұта-бүргенді тапал төбешіктермен жалғасып, қаздиған қара шағылды биік шоқыларға барып тіреледі. Соның бірі – Түйебас. «Түйебас» атауының да мәні тереңде. Өз дәуірінде қас батыр Қабанбайдың қубас аты мен ақбас атан түйесінің болғаны анық. Осы өңірді мекен еткен батыр бірде ақбас атан түйесін жетелеп, біраз қолмен шығысқа аттанады. Айлық сапарынан батыр ақбас атанға алпыс қап ащы артып қайтады. Оны жұртқа тегіс үлестіріп берген соң екінші мәрте тағы да жолға шығады. Бұл жолы жануарға одан да мол тұз артып қайтса керек, түйе Қоңыроба жалауындағы үлкен сазға жеткенде белі үзіліп өліпті. Сонымен батыр өміріндегі жанына ең жақын ақбас атан түйесінің бас сүйегін таудағы ең биік жартастардың біріне шығартқызып қойған екен.  Осылайша түйенің бас сүйегі қойылған қара шоқыны жұрт «Түйебас» атап кеткен. Арада бірнеше ғасыр өтсе де «Түйебас» атауы ұрпақтан-ұрпаққа қалып келеді. Ал, сол жалама жартасқа шығарылған бас сүйек саф алтындай әлі күнге сақтаулы. Кейін батырдың түйесі өлген саз бойына төгілген ащыдан шағын ащы көл де пайда болыпты.

Жаз бойы әбден тұяқкесті болған Қоңыробасаз жайлауында жыбыр еткен жан жоқ. Елі көшкен кең алқап құлазып-ақ тұр. Күн де еңкейіп қалған екен, Сағидолла осы маңға түнемек болып, сазға таяу жердегі зиратқа бұрылды. «Дөңгелек бейіт» аталып кеткен кең қорғанды бұл мазар ХІХ ғасырда Майлы өңірінің әйгілі би, үкірдайы болған Мамырбек төренің Бөкей есімді ұлының зираты болатын. Мамырбек төреде жалпы жеті ұл болыпты. Бірінші әйелінен Бөкей, Бөтеке, Қасен, Оқап туса, екінші әйелінен Тұрысбек,  Жарқынбек және Қызыр есімді ұлдары болған. Бөкей қапыда қаза тауып, көкірегі қайғыдан қақ айырылған би дәстүр бойынша жыл толысымен ұлының ақырғы асын берген. Жаз шыға жүз жылқының құйрық-жалын күзетіп, қылын лайға қосып отыз атты адамға кештіріп, осы қорғанды тұрғызған екен. Міне, содан бері бірнеше ғасыр өтсе де қарапайым ғана сары балшықпен сыланған қорғанның мұрты ойылмаған.

Жалпы бұл аймақта қазақ тарихынан тағылымды сыр шертетін көне қорымдар мен құнды айғақтар аз емес. Қоңыробадан солтүстікке қарай атбасын бұрған жанға қырық шақырымдай жерден жер ұйығы «Жетіоба» деген шағын бір елді мекен кездеседі. Алқабы ну орманды болмағанымен, таңғажайып табиғаты ерекше тамылжып тұрады. Алдымен жасыл бұйратты тау бөктеріндегі шағын жазықтан төңкерілген тайқазандай жеті төбе көзге түседі. Көсілген көк теңіздей аумаққа еш қисынсыз орналасқан бұл төбелерге қарап астарына тағы бір тарихи сырдың жатқанын сезесің. Тіпті, ой шыңырауына тереңдей бойлап кетсең кешегі сақ, ғұн дәуіріндегі бабаларымыздың жер боп кеткен зираттары шығар деп те топшылайсың. Оған да дәлел болар айғақтар жетерлік. Осыдан бірнеше жыл бұрын Сағидоллалар алғаш жазаланған тұста Жетіоба жұрты да жаппай қудаланған. Олардың алды ұсталып, арты қатаң бақылауға алынып, ауыр еңбекке тартылған. Бір күні ауыл адамдарына Жетіобадығы тас қорымдардың бірін қазып, тасын аудан орталығындағы құрылыс алаңына жеткізуді бұйырады. Сонымен ондағы ес білген баладан егде тартқан қарттарға дейін тас қазуға жұмылдырылған. Еңбекерлерді ауданнан келген біріне бірі бағынбайтын екі топтың белсенділері қадағалайды.

Тас қазу жұмысы айға жуық жалғасады. Бірде сол тас қорымның астындағы топырақ қабаты ойылып түсіп, үңірейген ордан атымен бірге жерленген бір адамның сүйегі шығады. Алғашында тосын жайдан үрейленген жұрт көрді қайта жаба бастаған, бірақ басқамен жұмысы жоқ белсенділер мәйітті толық қазып шығаруды бұйырған. Бұйрық қатты, жан тәтті, ақыры тас қазушылар көр аумағын кеңейтіп, топырағын аршып, аттың да адамның да сүйегін алып шығады. Ортан жілігінің өзі бір метрден асатын алып адам аты, ер-тұрманы және дулығалы сауыт-сайманымен бірге жерленіпті. Тіпті, батырдың қылышының өзін жөн-шөкім адамның көтеруі екіталай. Оның сабы мен қыны, кереуке көзді қалқаны алтынмен апталып, ері, өмілдірік, құйысқанына дейін қошқар мүйізді ою-өрнек салынып күмістелген. Ал, атының бас сүйегі бір метрге жуықтайды. Сүйекті қайта көмгізген белсенділер құрал-сайман мен ат әбзелдерін бірден талап әкеткен. Кім білсін, марқұм қазақ даласын тұлпарының тұяғымен таптап, елін, жерін жаудан қорғаған батыр бабаларымыздың бірі шығар. Дөңгеленген дүниеден кім өтпеді, хан да, қара да жасап кеткен жалпақ әлемдегі қазақ хандарының оң қолының бірі болар, бәлкім.

Дөңгелек бейіт басына келіп түскен Сағидолла алдымен жалпы аруақтарға, Бөкей марқұмға білген құранын бағыштады. Осыдан соң от тұтатып, құр шаймен жүрек жалғап қана ерін жастанып қисая кеткен. Сол түнгі ұйқы оның көптен бергі есте қалған ең жайлы демалысының бірі болған. Тек таңға жуық бір түс көріп, оны да жақсылыққа балады. Түсінде ол өз ортасында жауырыны жерге тимеген белді балуандардың бірі екен. Соңғы кездері дүйім жұрт алдындағы белдесулердің бәрінде еш жолы болмайды, біресе орысы, бірде қытайы, бірде ұйғыры, тіпті, моңғол балуандарына дейін алып та, шалып та жығады. Кейбір күрес майдандарында алған ауыр жарақаттан сан мәрте естен танып, ажал аузынан қайтады. Соңғы рет ол ұлан-ғайыр қазақ даласында өтетін тағы бір сайысқа баруға бел буады. Сонымен алыс сапарға қамданып жатқанда оған ақбоз атты бір әулие келіп ақ батасып беріп өз қолымен аттандырады. Таң алдындағы жылқышы торғайдың ысқырығынан ояна кетіп, көзін ашса түсі екен. Жаңағы ап-анық көріп жатқан болмыс лезде ғайып болды да, өзінің зират арасында түнегенін сонда біледі. Түс те болса жаман емес, үмітсіз – шайтан деген, осыны көңіліне медеу тұтқан Сағидолла атқа қонып, Түйебасты артқа тастап, Шалғыш тауының аласырақ тұсынан ары асты. Түс ауа таудан түсіп, қалың қарағанды бөктерге енді іліне берген еді, жол бойы иесіз жүрген бір топ қой ұшыраса кетті. Соны қуған мал үйірінен бөлініп кетсе керек, арылы-берілі жүгіріп, арасындағы бірнеше сары тісті саулық зор дауыспен жиі-жиі маңырап-маңырап қояды. Тәңірімнің көлденең кездестірген несібесі осы малда болар деген оймен Сағидолла атын тебініп, үрке қашқан қойларды бастырмалата қуа жөнелді. Қас-қағымда кезең асырмай қуып жеткен ол қырандай шүйіліп барып арасынан томырылып айырықша көзге түскен ақ тоқтыны ат үстінен іліп әкетті. Ендігі азық осы болмақ. Олжасын өңгеріп, қат-қабат қарағанды қыраттарды асып, үлкен өзен бойына келіп жайғасты. Жағалау бітік өскен тал теректер мен итмұрынды нулар. Кіріп кетсең қайта жол тауып шыққысыз. Ол бір ашық алаң тауып мал сойып, отын тұтатты. Алакөлді бетке алып арқырап ағып жатқан асау өзен еш іркіліссіз. Бұл маңдағы тек осы өзен ғана емес, асып-тасып аққан әрбір бұлақтың асыр салып құяр айдыны – сол Алакөл. Сағидолла әредік жаққан отын қузап қойып, асау ағысқа қарап ұзақ отырды.

Бұл өлкенің су екеш суы да, мына тоқтаусыз ағып жатқан ағынды өзені де менен әлдеқайда бақытты-ау, сірә. Себебі, олар шекара сызығын еш қиындықсыз кесіп өтіп, мен аңсаған сайын даладағы өз үйірін тауып қосылып жатыр. Шіркін, маған да дәл осындай қам-қайғысыз, бейғам өмір нәсіп етілетін күн болар ма екен тегі?..

Бұдан ары шекара салт аттыға шамамен екі-үш сағаттық жол. Сағидолла тым жақын бармай, ас ішіп, ауқат алған соң сол маңға қисая кетпек. Түс ауа келген ол жарты күн уақытын өзен жағасында ары-бері жүріп, ұзақ-ұзақ оймен тербелісте өткізді. Өйткені, таң ата шекара аспақ. Тарымнан шыққалы да тұп-тура үш жарым ай уақыт өткен. Келер күнінің не сыйлары, қандай хикмет әкелері бір тәңірдің қолында ғана.

Түн қараңғысы еді. Ұйықтады деген құр аты, ашық аспан астында ары-бері аунақшып, ақыры атқа қонған Сағидолла таң ата Алакөлдің өкпе тұсынан келіп шықты. Оның күткені де сол болатын. Тау сағалай жүріп, жарықта шекара сызығын көзбен көріп аттау. Тосыннан шекарашылардың көзіне түсіп қалам ба деп жалтақ-жалтақ қарап, әйтеуір, қазақ даласына аман асқандай болды. Бірақ бөгелген жоқ, тоқтаусыз жүріп келеді. Осыдан көп өтпей қай жағынан келіп қалғаны белгісіз үш дөңгелекті мотоциклге мінген үш сарбаз оны тым-тырақай қуды да кетті. Сақпының тасындай зулаған кері ат оларды шаңына да ілестірген жоқ. Шапқан сайын арындап, қара үзіп кете барды. Жол-жөнекей тағы бірнеше мотоциклге мінгендер қосылды. Енді олар қансонарда түлкі қаққан құсбегідей айғай-шу салып, жан-жақтан қаптап төніп келеді. Бірнеше ит те жіберген. Азу тістері арсиған қасқыр тектес өңшең қара көк иттер оны бір қамысты өзенге қарай тықсырды. Сағидолла кері аттың басын бұра тартып, өзен суына түсіп өрлей жөнелді. Себебі, иісшіл иттер суға түсіп кеткен адамның иісін таппай, бағытынан адасады дегенді естігені бар. Бірақ, иттер қалысар емес. Жақын маңнан қуғыншылардың айғай-шулы дауыстары естіліп таяп келеді. Осыдан көп өтпей Сағидолланың аты қопа қамыс арасындағы шалшық суда құйға батып қалып, тыпыр етпестен қолға түсті.

Сабаздар Сағидолланы алдымен Алакөл өңіріндегі бір әскери орынға жеткізген. «Аузы күйген үріп ішеді», тергеу басталысымен Сағидолла еш аянған жоқ, бірде-бір болмысты жасырмады. Баяғы балғын бала кезінен бастап өз басынан өткерген барлық оқиға мен тағдыр талқысына түскен сан алуан кешірмелердің бірін қалдырмай баяндап берді. Тергеу екі аптаға созылып, ақыры Алматыдағы әскери сот оған соңғы үкім шығарды. Барлық дәлелдер мен айғақтарды алға тартқан әскери соттың судьясы Мәскеуден келген шешім бойынша Сағидолланың қазақ жерінде қалуын бұйырды. Бірақ, оның шекара заңын бұзып он үш шақырымға дейін баса көктеп қашып кіргені үшін бір жарым жыл түрмеде отыратынын жеткізді. Айтылған сөз – атылған оқ, кесілген жаза – жаза. Үкім  шыққан екен, енді оны ешкім де өзгерте алмайды, бәрібір өтеуі керек. Сонымен, Сағидолла бұл жазаны Қарағанды облысындағы абақтыда өтейтін болды. Алайда Сағидолла кесілген жазаға еш қабақ шытпады, керісінше, оның қуанышында шек жоқ. Себебі, оған «өз жеріңде қалдың» деген бір ауыз сөздің өзі жеткілікті. Тірі адамға бір жарым жыл деген не тәйірі, көзді ашып жұмғанша өте шығады. Тіпті, жан баласы тірі қайтып көрмеген әйгілі «Барсакелмес» атанған Такламакан шөлінен бірінші болып аман-сау аңсаған арманына жеткен осы Сағидолла ғана емес пе? Сол тозақта қаншама тағдыр таусылып, қаншама жас қыршынынан қиылды десеңші.

Сағидолла басқа емес бұл жолы өзін қайтадан Қытай еліне кері қайтармағанына дән риза. Сол күні кеште оны Алматыдағы теміржол бекеті арқылы Қарағандыға жөнелтті. Өзімен бірге үкім шығарылған тағы екі адам бар: Оның бірі орыс әйел, енді бірі жастау орыс қыз. Олар не істеп, не үшін түрме жазасын өтеуге бара жатыр, Сағидолла одан мүлде бейхабар. Әйтеуір, Қарағанды түрмесіне бірге жөнелткені анық. Пойыз алысқа атылған оқша зулап барады. Сағидолла өзі жалғыз бір бөлмеде, оған қанаттас бөлмеде орыс қыз бен келіншек. Олар ара-тұра бөлме ортасындағы темір тор орнатылған алақандай тесіктен кезек-кезек келіп таңдана қарайды. Жер түбінен мың бір жапамен азып-тозып жеткен Сағидолланың тағдыры оларға да ерекше әсер етсе керек, әлденені айтып жеткізгісі келеді. Бірақ, амал нешік, бірінің тілін бірі ұғып жатқан жоқ. Жеткізер ой, айтар сөз өз-өз көкейлерінде ғана сайрап  ғана қала берді.

Ұзақ сапар. Шақыр-шұқыр темір жолдағы тербеліс. Діттеген жерге жетпей тыншыр емес. Жабағының жалындай ұйысқан Сағидолланың шашына, жүдеу тартқан сүркей жүзіне таңдана қарасып, бас шайқасатын кыз-келіншектің де көзі үйренгендей. Алғашқыдай емес таңдана қарауын сиретіп, ара-тұра терезе астындағы болымсыз тесіктен ұсақ тас кәмпиттер өткізіп береді. «Ашыққанда жеген құйқаның дәмі кетпес», еріндері кеберсіп бір ұрттам суға зар болып келе жатқан тұста оның сарайын ашқан, таңдайын жібіткен сол тәттінің дәмі еді. Сол тәтті, сол дәм Сағидолланың таңдайынан өле-өлгенше еш кеткен емес. Қарағанды түрмесіне жеткен ол әртүрлі ұлт, әртүрлі қылмыс өткізгендер арасында біраз уақыт болды. Арада аттай желген алты айға жуық уақыт зулап өте шықты. Бір күні жоғарыдан арнайы бұйрық түсіп, онда Сағидолланың еш кінәсіз екені айтылып, ақыры қамаудан босатты.

Енді бәрі де артта қалды. Елге жетті, еркіндік алды. Қалған ғұмыры өзі аңсаған қазақ даласында, Аягөздің Үшбиік елді мекеніндегі ағайын-туыстарының арасында өтті. Өз алдына үй болды, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Бір бейнеттің зейнеті бар. Араға жиырма жыл салып, ол өзі аңсаған тәуелсіздік туы тұғырында желбіреді. Осылайша тағдырдың салған саны санақсыз сындарына қара нардай қайсарлығымен шыдай білген әйгілі қашқын 2010 жылы 81 жасында өз елі, өз жері, өз төрінде өмірден озды. Сағидолланың көзі тірісінде әр әңгімесіне арқау болып, көңіл түкпірінде мәңгілік қалған бір өкініш, бір арманы болған. Ол – соңғы рет қашып келе жатқанда жол бойынан жолыққан қарапайым қазақ қызының аянышты тағдыры. Өзінің оған қол ұшын беріп құлдықтан құтқара алмаған шарасыздығы еді...

 

 

 

ЭПИЛОГ

                                           немесе автордың соңғы сөзі

 

         Әлі есімде, 2001 жылдың мамыражай маусым айы болатын. Қытайдан атажұртына біржола қоныс аудару қамымен жүрген екі қаламгер мені іздеп келді. Оның бірі танымал ақын, жазушы Ғаппар Біләл, екіншісі белгілі ақын Керейғазы Нұрсадықұлы еді. Керейғазы кезінде менің осы «Қашқын» кітабымның бас кейіпкері Сағидолламен бірге тұтқындалып, жиырма жылға Такламаканға жер аударылған адам. Сағидолланың жан досы, әрі түрмелесі. Олар таңның атысымен мені ертіп Аягөзге аттанатындарын айтты. Несін айтасың, ел мен жерді талай жыл армандап зорға жеткен екеуінің де көңіл қуанышында шек жоқ. Арнасына сыймай буырқанған өзендей асып-тасып, лепіріп тұр. Түнімен жолға қамданып, күн шыға жолаушылар автобусымен Аягөзге тарттық. Көлік іші ығы-жығы қалың адам. Әр жерден біреулер түсіп, біреулер мінеді.

Бірде Керейғазы менен:

– Осы Аягөз бен Үшбиіктің арасы қанша жер? – деп  сұрады.

– Осыдан екі жыл бұрын барып едім. Шамамен қырық-елу шақырымдай болуы керек. Онда жұмысыңыз бар ма еді? 

– Сағидолла деген досым сонда тұрады деп естігем. Бұл жолы қалай да оған жолығу керек, – деді де, басқа ештеңе айтқан жоқ.

Шалқар түс мезгілі. Автобус жол бойындағы бір жерге тоқтады. Жолаушылардың барлығы түсіп сәл кеңіп қайта шығатын болды. Біз де жерге түстік.      

 – Бұл қай жер? Шағын бір қоржа секілді екен өзі, – деді ол.

 – Бұл негізі Таскескен аумағы, «92» деп аталады. Алдымызда Шыңқожа батырдың ауылы бар. Енді Аягөзге 92 шақырым қалды, – деп  түсіндірдім. Көп өтпей Аягөзге де жеттік. Біз көліктен түскенде Аягөздің танымал ақыны Азанғали Тұраров аңқылдап-жарқылдап қарсы ала шықты. Сонымен Аягөз қаласына көп аялдағамыз жоқ. Шай ішіп, шөл қандырған соң Азанғалидың өтінішімен Мыңбұлақ жайлауына шығып кеттік. Бір жақсысы арамызда ішімдікке үйір ешкім жоқ екен. Қонақтар бағлан еті мен саба толы сары қымызды сапыра отырып, өткен-кеткенді бір толғады-ау, шіркін. «Әкесі тұрып ұлы сөйлегенен без» деген, дастарқан басында мен айта қоятындай ештеңе  болмаған соң  әр қаламгердің қызықты хикаятын безбенге салып тыңдадым да отырдым. Ара-тұра үлкендердің өтінішімен сыдыртып жатқа өлең оқыдым, дауысым келмесе де қолыма домбыра алып ән айттым. Қызыл іңірде басталған әңгіме қыза-қыза түннің бір уағына дейін жалғасты. Үш қаламгердің де көргені мен өмірден түйгені аз емес екен. Үшеуі  өздерінше үш әлем, бірінен бірі өтеді. Әр басқан қадамы, бастан өткергендері  шырмауы көп шытырманға толы.

Бірде Керейғазы:

    – Сендер не көрсеңдер де туған өлкелеріңде көрдіңдер ғой, мені айтсаңдаршы? Жастық шағым, итқорлықпен елдің шетінде, ажалдың өтінде, жан баласы тірі қайтып көрмеген Такламаканның шөлінде өтті. Жиырма үш жасымда нақақтан нақақ жиырма жылға жер аударылдым. Жиырма үш жылдан кейін Қытай өзіме жаза кескен залда мені ақтады. Құдайдың құдіретін қарашы, жақында 23 мамыр күні тағы да сол залда шығармашылық кешім өтіп, жиырма үш ат мініп атажұртыма аттандым. Осылайша жиырма үш саны мен үшін бақ та, сор да болған. Кім ойлаған дәл осылай елге жетем деп. Тарымнан қайтып келіп, қырық бес жасымда шаңырақ көтердім, алғашқы екі сәбиім қыз бала болды. Оған да шүкір деп жүргенде елу жасымда Алла бір ұл берді. Шешем марқұм оны еркелетіп Елубай атап кетті. Негізгі азан шақырып қойылған аты – Марғұлан. Менің бар ғұмырымның шежіресі сол Марғұланға арнаған «Ұлыма» деген өлеңімде айтылды ғой деп ойлаймын. Ол өлеңді  сіздерге менің мына Айдын балам жатқа оқып берсін, – деді. Үйдегі үлкен-кіші  «ал, кәне» деп жамырай маған қарасты.  

«Жалғыз ұлым жалғыздықта қиын-ақ,

Жүрмесе екен ұйтқып соққан құйын ап.

«Ғұмыр берші бермесең де басқасын»,

Деп Тәңірге әкең күнде сыйынад.

 

Алса біреу жағаңнан кеп, кім қолын,

Ұстар екен арашалап білмедім.

Не болады болашағы деп күн-түн,

Ойлайтыным өз тағдырың бір менің.

 

Жасыра алман мен жанымның бұл мұңын,

Жас та жылжып бара жатыр құрғырың.

Телмең қағып жат біреудің үйінде,

Жүрмесе екен жалтаң көз боп бұлбұлым.

 

Арыны да, беріні де қозғадым,

Болса екен өз дәнің мен өз бағың.

Деген сөз бар «жары Құдай жалғыздың»,

Уайымымнан серпілдім де, қоздадым.

 

Аз-көбіне айырма оны ұжданнан,

Қарғалдақтай тусын құздан, мұздардан.

Көпшіл болшы, барыңды елден аяма,

Ас-суыңды ағайыннан қызғанбан.

 

Жалғыз ұлым – Марғұланым, жүрегім,

«Бала, бала» деп  құдайдан тіледім.

Жарық көрдің елуінде әкеңнің,

Түсіп қалмай қай жерімде жүр едің?!

 

Марғұланым, маздап тудың тік қарап,

Біреу мәз боп, біреу жатты сұқ қадап.

Күні үшін күлік жеген жандардай,

Өткізбе өмір, айналайын, бұқпалап.

 

Кім боласың мен белгілеп бермеймін,

Ақ та, көк те деп ат қояр ел кей күн.

«Әкеңді» деп  адамдарға тілдетпе,

Мен намыстан өлем, қайтып келмеймін.

 

Марғұланым, жалғыздығың сонда еске,

Түсер бірақ, амалың жоқ көнбеске.

Есті болсаң елден кенде қалмайсың,

Ата-бабаң отау тіккен он бесте.

 

Сен туғанда қандай күйде болдым мен,

Түк те ұқпадың, хабарың жоқ ол күннен.

Қозғап алдым мізбақпаған жүректі,

Сүйіншісін естігенде-ақ елдің мен.

 

Содан бері жүрек науқас деп мені,

Дәрігерлер көп нәрседен шектеді.

Қуанғаннан болды десе біреулер,

Енді біреу азаптан деп тектеді.

 

Аз емес ед азабы да әкеңнің,

Жүрегімді бірақ аман әкелдім.

Қуаныштан, қуаныштан қозғалды,

Өкінерлік жоқ негізі әкеңнің.

 

Шалқып, шалқып қайта саған оралам,

Дұшпандардың тіл-көзінен бол аман!

Жалғыздықты жаттарыңа білдірмей,

Алман-бермен, ақ көңілді бол адам!» – деп түйіндедім.

Келесі күні түс ауа қайтадан Аягөзге келдік. Керейғазы қаладан әлдебіреулерге қоңырау шалды да, бізге:

– Үшбиікке бармайтын болдық, Алматыға тартайық, – деді.

Кешке қарай Аягөзден отарбаға мініп, теміржолдағы тербеліспен ырғақтай-ырғақтай  таң ата Алматыға жеттік. Алдымен шаһардағы Фурманов көшесі 179 (қазіргі Назарбаев даңғылының бойына орналасқан) бір қонақ үйге барып жайғастық. Күні бойы әлдекімдерге қоңырау шалып хабарласқан Керейғазы кешкі асқа отырғанда бізге: 

– Бүгін жуынып-шайынып ертерек демалайық. Таңертең бір көлік келеді, қала сыртындағы «Шаңырақ-2» деген жерге барамыз, – деді. Мен жай ғана сыр тартқым келді де:

– Онда не бар? – деп қойдым. Ол сәл ғана езу тартып:

  •  Осы біздің Аягөз айналып таппай жүрген қашқын досымыз сонда екен, барған соң көресің. Қызықтың бәрі сонда, – деді.

Айтқанындай келесі күнгі таңғы астан кейін бір қызыл түсті жеңіл көлік келіп алды-артымызға қаратпастан ала жөнелді. Құмырсқаша қайнаған қалың көліктің ара-арасынан жол тауып құстай ұшқан жүргізуші бізді лезде «Шаңырақ-2»-ге жеткізді. Ол кезде Шаңырақ аумағы алан-ашық. Жаңадан андыз-андыз үйлер енді салына бастапты. Біз көліктен түскенде шамамен үш-төрт жас шамасындағы баланы жетелеген еңгезердей бір адам қарсы ала шықты. Бізден гөрі Керейғазыны ұзағырақ қапсыра құшақтап, бір сәт екеуі де көздеріне жас ірікті. Осыдан соң-ақ ол  бізді жаңадан тұрғызылған шағын үйге бастады. Үйде бөгде ешкім жоқ екен. Төрге шығып тіземізді бүгіп, әбден жайланғанымызда әлгі адам білегін бірден сыбанып ас қамына кірісті. Қимылы ширақ, қандай іске де ыспарлығы көрініп тұр. Бірде ол мұздатқыштың есігін ашып жатып, бізге бұрылды да:      

– Сіздерге арнаған малым Аягөздің пойызымен бүгін шықты. Десе де құралақан емеспіз, – деп жаңадан сойылған малдың жарты етін алып шықты. Сонымен қария тамақты да өзі асты, үстелді де өзі жасады. Тіпті, үйде әйел адам жоқ дейтін емес, дастарқан үстіне түрлі-түсті жеміс-жидектер мен тағамдар қойылып, лезде құлпырып шыға келді. Үнді шайын бір демдеп жақын қойып алған соң оның күйбең-күйбең жұмыстан қолы босағандай болды. Осыдан кейін Керейғазы ол кісіге бізді бірден таныстыра келіп:

  •  Мына кісі – неше күннен бері менің шарқ ұрып іздеп жүрген қашқын Сағидоллам. Бұл адам баласы тірі құтылып көрмеген сонау Такламакан шөлінен бірінші болып елге қашып келген атақты қашқын, – деді. Сол сол-ақ екен, төр алдында отырған жазушы Ғаппар Біләл орынан ұшып тұрды. Ол көз ілестірмес жылдамдықпен Сағидолланы тағы бір мәрте құшақтап: 
  • Айнала кетейін Сағидолла, мен сізге бұрынды-соңды еш жерден кездеспесем де сіздің ерлігіңіз жайында мына Керейғазы мен мұның інісі Керейханнан көп естіген едім. «Өліспеген көріседі» деген осы шығар, өзіңмен Алматыда табысам деп кім ойлаған, – деді.

Олар қайта орнықты. Сосын Керейғазы:

– Сағидолла, екеуміз көрген тағдырды, сенің сонау құба шөлден мың бір мехнатпен қашып елге жеткен ерлігіңді жазуға біздің ғұмырымыз жетпейтін шығар. Оны осы бастан қолға алып, бір жазса жаста болса мына Айдын жазар деп саған ертіп келдік. Бүгін біз бар болған болмысты қаз-қалпында баяндауға тырысып көрейік, – деп  шорт кесті.

Түс ауа басталған Тарымдағы елдің тағдыры Сағидолланың үш мәрте түрмеден қашуы сол күні алғаш рет маған әңгімеленді. Арада төрт жыл өткенде Сағидолла маған Талдықорғандағы Керейғазының інісі баяғы Тарымдағы түрмеде өзінің қойнында өскен Керейханның үйінде жолығып, болған болмысты тағы бір мәрте қайталай есіме салды. Міне, содан бастап Сағидолламен бірге түрмеде болған Керейғазы, Керейханнан, тағы басқа  біраз адамдардан нақты деректер жинап, «Қашқын» атты деректі романымды жазып, жарыққа шығаруға бел будым...

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған