Адам қарады: 242 | Жарияланды: 2018-06-05 05:28:22

Тілін ұмытқан қарға

 Ерте, ерте, ертеде.

Ешкі жүні келтеде.

Ұшып-қонып қарғалар

Жүріпті бір өлкеде.

Жоқ сотқар мен тентегі.

Солай дейді ертегі.

Сонау күннің қасында

Қанаттарын серпеді.

Жеті өнерді біліпті.

Көктен жұлдыз теріпті.

Қарқылдамай, шоқымай,

Бақытты өмір сүріпті, ...

Көп оқуды тауысқан.

Ала көңіл сауысқан,

Қастық ойлап оларға

Жүріпті аңдып алыстан.

Көре алмапты бірлігін,

Көре алмапты елдігін,

Көре алмапты қарғаның

Ірілігін, өрлігін.

Намыс- қорған, қамалы.

Бәрі ақылды,саналы.

Ойланыпты сауысқан:

Бар,- деп,- қандай амалы.

Сұм,іші тар, айлалы

Сауысқан торын сайлады.

«Тілін құртам алдымен»

Осы болды байламы.

Тегіс жерде сүрінер,

Азып-тозып, бүлінер.

Тілін жойсам егерде,

Алдыма кеп бүгілер.

Сөнер жарық күні де,

Солар мәңгі гүлі де.

Жер бетінен жоғалар

Шағым айтар кіміне? ...

Киініп сәнді, үлгілі.

(Ойы өзіне белгілі).

Қарғалардың еліне,

Ұшып келіп бір күні.

Тауып аңқау қарғаны,

Мың құбылып алдады.

"Қарқ-қарқ" деуді үйретіп,

Жолын әрі жалғады.

Ия, солай, балалар!

Текті еді қарғалар.

Дөңгелегі бүгіннің,

Қалай кері айналар?!

Жаңа тілге сүйенді.

Өз тілінен жиренді.

Сөйтіп барлық қарғалар

Қарқылдауды үйренді.

Шығарды оғаш қылықты.

Дүниеге құнықты.

Аз уақытта қарғалар

Ана тілін ұмытты.

Бәрі аяр, қу боп алды.

Ынтымағы жоғалды.

Береке мен ырыс та,

Тастап кетті оларды.

Айлар, жылдар өтіпті.

Мұндайды кім күтіпті?!

Құрыш қанат қарғалар

Ұсақталып кетіпті.

Өмір сүрмей жарқылдап,

Ұғысыпты қарқылдап.

Тапқан асын шоқып жеп,

Ұшады екен жалпылдап.

Соған уайым шегеді

Тағдырына көнеді.

«Қар-р-р» дегені қарғаның

Өкініп, «Қап»,- дегені. ...

Айбынды, асқақ болғаның,

Ана тілің- қорғаның.

Тілің өлсе сенің де

Өспей, өнбей, солғаның.

Тілің –берік тұғырың.

Балапаным, мұны ұғын.

Лайлауға болмайды

Ана тілің- тұнығың.

Ана тілің- желкенің.

Қандай болар ертеңің!?

Туған тілді ұмытпа,

Қастерле оны, өркенім.

Тез өтті ғой келте күн.

Аштым ойдың мен кенін.

Ал осымен, балалар!

Аяқталды ертегім.

 

Қазақ тілінде жазылған