Адам қарады: 2381 | Жарияланды: 2018-06-25 02:23:15

Атуға бұйырылған адам

Атуға бұйырылған адамның көрмегені жоқ. Бұл дүниенің бәрі жалған, бәрі бір күндік екен. Он бір ай жеке камереда жатып, ақыры, жарық жалғанмен қош айтысты. Бар бәле өзінен. Егінін егіп, құрағын отап, жайқалып тұрған сары егіске орақ салып бітіп, қыраулы қыспен қауышқанда атуға бұйырылып отыр. Кеңестің заңы әділ, оған қарсы келіп ешкімді жеңе алмайсың. Орыс жігітінің көкірегіне пышақ салды да, ақсақ аяғымен сылти басып мілитсаға өзі барды. Он бір айда көрмегені жоқ, күрк-күрк жөтеліп, Шиелі мен Ақмешіттің арасында салдырлақ пойызбен арлы-берлі жүрді де қойды. Соғысқа қатысып, Сталинградты қорғағанын да елеген ешкім жоқ. «Сендей қазақтың екі аяғын бір етікке тығамын» деген сөзге қарсы келген жігіттік намыс емес, үлкен ұлтты қорлау деп бағаланып,  ең жоғарғы жаза – ату жазасына бұйырылсын дегенде, мілитса кеп қолына кісен салды. Өзі де күрк-күрк жөтеліп жүр еді, не істерін білмей дағдарып қалды. Қыраулы қыста көкірегі мұздай боп тағы бір күрк ете қалды. «Қош, ағайын!» – деді бәріне бірдей қарап. Соттан кейін мойын бұрғызбады, оның үстіне өмірмен қош айтысып тұр. Ауыр бап айналасына қаратпады, көк аспанға бір рет көз салып үлгертпеді. Бір ғажабы, Мәскеуден қыдырып келген, бәрін басынып, өмірден озған жігіттің әйелі сотқа қатысып, куәлік те айтпады. «Саған керегі осы еді» деген немере қарындасының сөзін құлағы шалып қалды. Қарсылардан басқа ешкімді көрмеді.

Аудандық сот ұлт мерейін үстем қып жоғарыға жалтақтап қарайтын сыңайлы. Бұлардың есебі түгел. Өзін өлімге итермелеген Ақкенже үкімнен кейін сот залынан тұра қашты. Бар бәле осыдан басталған жоқ па?

«– Жұмеке, бір саптаяқтан сыра тартып қайтайық. Оратын күрішіңды орып алдың ғой» – деп қоймады сол күні.

Бұрын күріш орылып біткенше аузына арам ас алмаушы еді. Енді сары егістің беті қайтып, топырақ өңін берді. «Адалды тастап, арамға асығыстық жасап, бар бәле осыдан болды ма екен?» деп те секем алады.

«– Не болды, оратын күрішіңді орып болдың ғой», – деп бір көзі соқыр Ақкенже тағы да шүйлікті.

Барлық уақытта құрдасының көңіліне қарайды. Перзенті жоқ жігіттің өмірде тұлдыр жүргенін ойлайды да, әр айтқан сөзін көңіліне алып қала ма деп жалтақтап тұрады. Әйтпесе Жұмабай өмірде құдай күш берген, тек Алла жар бермеген жалғыздың өзі. Түрменің де дәмін татып, нанын жеп, суын ішті. Темір торға екі рет барды, ол жақтың да  өзіне тән абыройын алды, шыдамай кеткенде дес бермес жігіттік – жұдырық жұмсаумен көзге ілікті. Сонымен аты шықты. Енді бәрімен қош айтысып, бұл дүниенің бір күндік екенін біліп отыр. «Қош, ағайын!»  деп, ел-жұртты зар еңіретіп бара жатыр. Жақын-жұрағат қыстың көзі қырауда буынып-түйініп, еті мен майын мілитсаға апарып, ақырғы сөз, ақтық ниетін дәм арқылы білдіруде. Бұның тәбеті жоқ. Дәмнің қайсысы өзіне жетіп, қайсысы қызыл жағалыларда қаларын да бір құдай білсін. Атуға бұйырылған адамда асқа деген дәм-зауқат болмайды екен. Қарап отырсаң, тәбеттің бәрі тіршілікте екен ғой.

Қыстың көзі қырауда таң атар-атпастан Ақмешітке алып кетті. Бір жарым сағаттық жолда Жұмабай сартылдақ вагонның темір торына қадалып отырып ақтық сапарға қалайша аттанғанын ойлап аһ ұрды. Сауаттылыққа келсе, ешкімнен кенде емес. Техникум бітірген, мал маманы деген кәсібі бар. Істесе істі опырып жібереді. Бірақ, әйтеуір осы бір үш мүшел ғұмырында кежегесі кейін тартып, азаматтығы  абыройсыздыққа ұрындырды да тұрды. Соғыста Сталинградты қорғап, бір аяғын беріп, протез салдырды. Оған алған құжаты бар. Бірақ жұрт сияқты зияткерлік көріп, шіреніп шалқақтамады, кездесуге шақырса бармайды, екі рет түрмеге түскені бетіне шіркеу боп көлденең тартады да тұрады. Өлең жазбаушы еді, он бір ай тергеу абақтысында жатқанда жан серігі – қара сөз ақ қағазға ұйқас боп үйіріліп түсе берді. «Осы менің өмірде жолым болмауының себебі не екен» деген сауал көлденеңінен кеп суыртпақтап сыр тартты. Бір перзенті ұл – оның өң-түсін көрген емес, біреуі қыз, ол – тұрмыста, еркегі делқұлылау күй кешкен бір бейбақ дейді. Осылардың бәрін өмірге әкелген өзі.  Оларға да бұл өмірдің рахатын сыйламаппын». Күрк-күрк жөтеліп отырып, сұп-суық пойыз-түрмеде бір тамшы қақырықты түкіріп тастады. «Не кінәратым болды екен бұл өмірге? Кімге жақпай қалдым?...»

Жұмабай туған жерден ақтық сапарға аттанып бара жатып, Байқоңыр тұлабойын байлап тастаған сүлесоқ далаға көз қиығын салды.  Торлы терезеден ештеңені де көре алмайсың, бір бұрыштан көз қиығын салғысы кеп ақырғы рет армандап еді. «Бір кінәм бар. Әйтпесе... – деді де, «Туған топырақ, қош!» деп соғыс көрген жүрегі тұлабойын тепкілеп өтті...

 

***

Алпыс үшінші жылдың қысы сұмдық ызғарлы болды. Дөңгеленіп біткен қыс айы осылай адуын боп аяқтала ма, қалай өзі? Өзі қатысқан Сталинград шайқасы да қойны-қонышына мұз қатқан есте қалар ерекше майдан болды, жауынгерлер саусағын жеңіне тығып жүріп соғысты, сөйтіп Паулюсті тұтқынға алғандардың ішінде өзі де бар еді. Фельдмаршалды тұтқындадың деп ел-жұртқа ордень берді, ең болмаса медальға қазақ баласының мерейі жетпеді. Аяғын танкінің оғы жұлып кетіп, протез салды. Он бір ай, он бір күн майдандық госпитальда жатып, ақырында елге оралды.. Қарап отырса, бір адамның басына түскен зұлматтан бұл да кенже қалмаған секілді. Оқу-тоқудан да кенде емес. Әдебиетті де ешкімнен кем оқымаған, тек көргенін көрдім деп айта алмайды, біліп тұрса да білдім деп жарқырап көзге түсе қоймайды. Әйтпесе «Соғыс және бецбітшіліктегі» Наполеон мен Кутузовты көріп тұрғандай ғып суреттеп, ауыл балаларына кино көргендей ғып әңгіме қылады. Фельдмаршал Паулюсті Сталин тұтқынға түскен баласына айырбастамағанын Жұмабай жыр ғып айтқанда, ауылдың бір шалы: «Ой, бишара-ай, перзентінен айрылған қатыгез екен де», – деп, көз жасын сығып алыпты, дейді. Біреулер болса, «Перзентін қалай қиды екен» деп, Сталиннің тәкәппарлығына таң қалыпты. КазГУ-ді бітірген әдебиетші мұғалімдер жиын-тойда мұның алдын орағытып кете алмайды. Әрине, Жұмабай ұрттап, көмейіне ащы су тигенде ғана маңдайы тершіп, қызыл тіл алға шығатын. Қарап отырса, өзі су бетіне қараптан қарап отырып шыға алмайтын бір жалтақ үйрек сияқты. Ащы су ғана өзін ел-жұрттың алдына шығарарын жер ортасы жасқа жеткенде білген сыңайы бар.

Жұмабай түрмеде жатып, жоғары тарапқа шағым жазуды бір адамнан кем білмейтін сауаттының өзі. Оған білімі жетеді. Бірақ жан-дүниесі жақсылық тілеп, шағымдануды қалаған емес. Өйткені, бір-ақ баппен кесілген ол төрт-бес жылды арқалап, көп ұзамай азғантай мерзімде адал еңбегімен көрініп қайтып келеді. Бұл жолы өмірмен біржола қоштасып отыр. Ағайын-туыс, жора-жолдас тегіс мілитсаның алдына шығарып салды. «Келін-кепшік пен немере-шөбереден де ұят болды-ау» деп мұңайып, арғы жағы көп нәрсені айта алмай қоштасып қала берді.

«Кәрі қойдың жасындай жасымыз қалғанда жаман атпен кеткеніміз...». Күрк-күрк етіп өлім абақтысында жатып ойлайтыны ­– «осы мен қай ниетіммен тап болдым екен осы өлімге? Әке-шешем қой аузынан шөп алмас момын, тұқымымда адам өлтіріп, қиянатқа қолы барған пенде жоқ. Пейілі түзу пенде мен болуым керек еді?!» деп, кең маңдайын  қу сүйегі қалған етсіз алақаны арлы-берлі сипалай берді. Күрк-күрк жөтелгенде «Енді өлсем,  құрт аурумен өлмей еркекше өлейін» деп те бір талпынып қалды. Бұл жердің де өзіндік намысы бар. Еркекше келдің бе, еркекше кет. Енді бір жыл көлемінде Жоғарғы Сотқа шағым жазуым керек. Оны Мәскеу қарайды. «Мәскеуден қыдырып кеп, табытпен қайтқан ұлы халықтың өкіліне Отанымыздың астанасы қашан да оң қолын береді. Олардың ақ деген алғыс, қара дегені қарғыс боп тұр ғой. Тезірек мына қапастан мені құтқарып, тарс еткен бір оқ тағдырымды шешсе екен» деп дызақтады. Күрк етіп бір жөтелгенде құлағына сержант жігіттің қазақша сөйлеген сөзі естілді.

  • Аға, су ішесіз бе?
  • Жоқ, қарағым, – деп тік отырып мілитса жігітке бетін бұрмады. «Құдай біледі, мынау мені білетін біреу» деп, өз-өзінен намысы келді. – Жол үстіндегі ақтық дәм-тұз ғой деп, алай-түлей күй кешті. – Ол маған су іш деп сұрап тұрған жоқ па...

***

Ақтаушылардың айтуынша, қылмысқа негіз қалаған Ақкенже боп шықты. Сталинградты қорғаған қаһармандығы ерекше бағаланып, сөйте тұра, екі рет адам ұрғаны атап айтылып, үлкен ұлттың өкілін өлтіргені интернационализмді аяққа таптау боп бағаланды. Рақымшылық жасап, Мәскеу мейіріммен қарап тұрып, емексітіп, өлген ұлттың маңдайынан сипады. Пышақ біреудікі, бұл өз намысын қорғаған пақыр ғой деп түсіністікпен қарап, өлім жазасы он бес жылға ауыстырылып, қылмыс негізін жасаушыға бес жыл беріліп, бұл өмірде әділеттің бар екендігі аян болды. Жұмабай аса ауыр колонияға жіберілді, өмірдің шырағы жанды. Бірақ, оның әлі күнге жанын жейтін бір нәрсе – «осындай күнәға қалайша тап болдым, анам мен әкемнің атын осы күнәға душар қылғаным не? Кезкелген күнәнің бұл өмірде бір себепшісі болады. Мен бұл өмірде осындай кінәратқа қалайша тап болдым екен?» деп, жаны ширықты. Ол қатаң ереженің қып-қызыл шәйін ішіп жатып та күндіз-түні осыны ойлады. «Тұқымыңда адам өлтірген біреу бар ме еді?» – деп, сол жердің бетке ұстары келген күні сауал қойғанда, тұмсықтан бір қойып, өзіне келтірді. Ол жекпе-жекке шақырды.  Сол жердің заңы бойынша ол өзіне-өзі келгесін екі жақ боп бөлініп тұрды. Жұмабайдың бар сенгені – бұлшық еті. «Е-е, Мәскеуден қыдырып келген қонақты қоян құрлы көрмеген қазақ қой бұл» деп, ол жұдырығын шүйірді. Сол жердің мәтібиі күшін асыра алмады, кеш келсе де билікті Жұмабайға берді. Ереже солай. Жұмабай қанында бар қазақылығын танытты, темір тордың кісәпір қылықтарынан бас тартты. Оның үстіне Ұлы Жеңістің мерейтойы келе жатыр. Түрменің саяси жетекшісі оңаша шақырып ап, өзіне ғана айтты. Адамға жаны ашитын ар жағы терең жігіт екен. «Ағай, сіз соғыс ардагері екенсіз, ерте шығуға талаптаныңыз, Отан соғысы сіздерді ақтайды ғой» дегеннен кейін тыныш жүріп, тыныш тұруға тырысты. Сөйтіп сол жердің жақсы адамы боп, жұдырық пен пышақтың кейінгі тірі кейіпкеріне айналды. «Бірақ, осы мені өлімге итермелеген қандай іс-әрекет, осы жазаны қай ниетімнен таптым екен?» деп, өзіне-өзі сауал қойып, күндіз көк аспанға, түнде жұлдыз бен айға қарап, аңтарылып жатты да қойды.

 

***

Бұның аты аталмады. Біраз әйел ақтауға ілікті. Әйелдер колониясында сыңсып, бір-бірімен қош айтысып, жуынып-шәйініп, пойызға асыққан төмен етектілер түрменің көркін келтірді. Еркектер аз. Соның бірі – Жұмабай. Он екі жыл отырды, бұның жеңілдікке ілікпей қалғанын бәрі естіпті. «Сол іліккенде ғой» деген қысқа қайырған сыпсың сөзді естігенде, әжептеуір мерейі өсіп қалды. Сол сөздің өзі біраз жерге апарып тастады, бостандыққа шықпаса да қапастағы абыройының асқанына мәз болды. «Менің пешенеме жазылған жаза осы әйелдердің бір ауыз сөзінде, қызыл тілінде...». Ол темір торға сықсиып қарап тұрып,  қос қолымен төрт бұрышты темірді құшырлана қысты. «Мені анам кешірмей жатыр. Ол мәңгі кешірмеуі де мүмкін? Анасын түсінде сан рет көрді. Үндемей, сүлесоқ тұрады. Елес боп қараған бір бейне. Анадан да жас қалды. Анасы өлімге итермесі анық, бірақ перзенттік парызымды өтедім бе, жоқ па деп тұрып, алпыс екі тамырында бір еркектік сезім аласұрып, шарқ ұрғанын қарашы. Сол күні, өлім жазасына аттанар күні, анасының әлемтапырық бейнесін көрді. Үн-түнсіз тіл қатпаған сүлесоқ қалпы. Сірә, өлімге қидым деген сөзі ме екен. Ішінен шыққан перзентін ібіліс болса да өлімге кім қисын. Әйтеуір бір өкініші бар. Сонан кейін әрі-сәрі болды. «Не істеп қойдым екен бұл өмірге?» ­– деді күн түспеген камерада әрлі-берлі жүріп. Ақыры білді, бұл өмірде тірінің де, өлінің де себеп-салдары мен бодауы болатынын. Иә, бәрінің бодауы бар. Ақбөкеннің де, оқ атқан мергеннің де атқан оғының қарымы қайтып кеп өзіне не перзентіне тиеді екен. Бұл өмірде бәрінің қарымтасы бар. «Мені де некелескен жарым Сәнгерім кешірмей жатыр ма екен» деді де, бұдан отыз жыл бұрын некесі қиылған мүләйім жан-жарының бұлың-бұлың бейнесі көз алдынан көлең ете қалды. Әкесі алып кеп қосқан жетім қыз, бұл болса соғысқа қатысып, кімсің Жұмабай боп әр шөптің басын бір сындырған атышулы жігіт, сонымен он бір ай отасты. Тағы да тағдырым он бір айға кеп тірелді. Он екі айға жетпеген, бір айы бұлың-бұлың етіп басын ала қашқан біртүрлі өмір.

...Қаратаудың етегінде қой бағып жүріп, аяғы ауыр жас жарын қыстың көзі қырауда төмен қарата тырқырата қуғаны есінде. Сонысы жігіттік емес. Көмекейінде аздап ұрттап алған қызыл шараптың буы бар. Жас жары болса іші томпайып, етектегі ауылға қарай тырқырай қашты. Ішінде сәбиі, көкірегінде, Құдай біледі, адамзатқа айтқан қарғысы бар. Не өзі, не жатырындағы қол-аяғы бекімеген он бір айлық перзенті қарғап жатты. Сол кеткеннен мол кетіп, қайтып келмеді. Кейін білді, басқа біреумен түтін түтетіп, шаңырақ көтергенін. «Іште қалған балаңды сыртқа шыққанда көресің, ол күнге де жетесің» деп хат жазып жіберіпті атылуға негіз қалаған Ақкенже. Бұрын естімеген бұл сөзге де жан-дүниесі селк ете қалды. Тек сол күнге жеткенше тағатың таусылады екен.

Бәрі бар, білім десе білім, арғы-бергіні қозғағанда сауатына жұрт сүйсінеді. Маржандай жазуы мұғалімдерді жолда қалдырады. Мал мамандары мал тұқымын асылдандыру туралы сөз болғанда алға түсіп кеткен Жұмабайды тоқтата алмай: «Мал емес, адам туралы айтайықшы» деп, тізгінді тартады. Оның аржағында «Өз басыңа ие болсаңшы» деген бір мысқыл тұрады. Сонда менің түбіме жеткен не өзі? Сол біреудің он алты жасар жетім қызын Қаратаудан жайлауға дейін жалаң аяғымен жайдақ атқа мініп тырқырата қуғанымды да тіршілік әліге дейін кешірмейді-ау деймін. Сәбидің де салмағы мен айтар сөзі бар. Ананың жүгі ауыр болады, дейді. Сәнгерім жетім болса да сұлу, көп сөйлемесе де бір айтары бар епті еді. Менің өмірде жолым болмай, бұл дүниеде ату алғаным да осыдан» деп, ол төрт бұрышты терезені қоршаған тармақ-тармақ темір торды жуан жұдырық – қос қолымен құшырлана қысты. «Енді қалған күндерімде мені кешірсе сол Қаратаудан кең жайлауға дейін жалаң аяғымен сызды жерді шымырлата басып, біреуден жақсылық тілеп, жәутеңдей қашқан Сәнгерім ғана кешірсін. Сонан соң анам екеуінің жүрегінде ақау қалмаса болғаны». Сонан кейін түтін түтетіп жарытпады, салдырлақ вагоннан түспей қойды, сол жердің біртуары боп, түрменің қып-қызыл шәйіне мейірін қандырды. Кей-кейде «Бұ жаққа да біреу керек болған шығар» деп, жаны рахаттанып, езуі тартады. Бұ да адамзаттың бір рахат шағы. Енді өмірінің сол кезіне дарияның ескі көпіріндей үрейлене қарайды.

Жұмабай өзінің жалғыз адамдық бөлмесінен сыртқа щықты. Көп бұрын көз алдынан бұлың-бұлың еткен бір бейне елес боп елең ете қалды. Анасының бейнесі де әпсәтте бұрылып қайта оралғандай қалпы бар. Қанша дегенмен анасы ғой, «перзентімді кеш» деді ме екен, ұлының бейнесі де оған ап-анық көрінген шығар. Жұмабай жаны шырқырап, сарғайып кеткен сот үкіміндегі «Сендей қазақтың екі аяғын бір етікке тығамын» деген сөзді тауып алды. Оның өмірін өзгерткен осы сөз. Ақ қағазға көшіріп жазып, сол сөздің астын сызды. Темір торда зейнетке шығып, өзімен-өзі боп, сол жердің тәтті нанын жеген біреу аласұрып, аһ ұра бастады. «Апа, мен сонда еркек басымды аяққа таптатпайын дедім. Орыс айтқан бір аяққа бір етік неге тарлық қылды екен. Сол үшін басымды биік ұстадым. Екі аяқтың бір етікке симайтынын көрсін дедім. Құдай қосқан қосағым Сәнгерім, ішіңе салған перзентіңе әке боп иелік ете алмадым. Атпен қуғанда табаныңнан өткен сыздың ызғарын енді сезіп отырмын. Аяғы ауыр әйелдің алғысы шаттыққа бөлесе, қарғысы жібермейді екен. Оған сендерді көрмеген көп жылда көзім жетті». Ақсақ аяғы сыздап, бостандықтан айырылғандар бөлмесінде жалғыз  қалған ол өмірден өтіп кеткен анасы мен отыз жыл бұрын қасынан қапысыз кеткен жан-жарынан кешірім сұрады. Ешкімге иілмейтін басы қос төмен етектінің алдында иіліп, шешесінің жансыз бейнесі мен айдалада өзінің амандығын тілеп жүрген сол бір жанды бейнеге тағзым етті.

Кеше саяси жетекші жігіт үш бет ақ қағаз беріп кетті. «Кешірім сұрап жоғарыға шағым жазыңыз» деді жаны ашып. «Ешқайда, ештеңе де жаза алмаймын» деп, бүгін тоқетерін айтпақшы, «онан да екі аяғы бір етікке тығылмай кетіп, екі арада қалған қазақтың өз үйі – өлең төсегінде ың-шыңсыз өмір сүруіне бір тап-таза бап керек емес пе деп кесіп айтамын». Жейдесін иығына жамылып, ащы темекінің біреуін тұтатты. – Төрт мүшелім түрмеде өтіпті, енді неден қорқамын» деп, торлы терезелерге қарап, сыртқа шықты. «Лагер менің жайлауым, түрме менің өз үйім» деп миығы тартып, бір ақынның өлеңін күбірлеп айтып, кең жайлауында протез аяқпен арлы-берлі жүріп алды.

Биіктегі тарам-тарам темір тор – өмірден баз кешкендердің мекені – олар болса үкімді үрейлене күтіп жатыр.

Ол он жыл бұрынғы сықсиған жарықпен қоштасқан сыйқын ойлады.

Соңғы кездері ойлайтыны – өзі ат үстінде, табанынан сыз өткенше қуған құдай қосқан қосағы жалаңаяқ болса да еркекке еміренген қалпы жоқ, оның алғысы мен қарғысы жатырындағы он бір айлық шаранамен бірге сыртқа шықты. Тағы бір өзінен пайда болған мүләйім бейне күнде алдынан бір рет көлеңдеп өтетін боп жүр.

Жас келген сайын адам адамды бір көруге ынтық болады екен.

Әсіресе, атуға бұйырылған адамдар.

 

 

Қазақ тілінде жазылған