Адам қарады: 27 | Жарияланды: 2018-07-10 02:31:11

Кинологты кім көрді?»

Түк басқан бетін әлдебір ыстық  леп шарпып өтті. Түн жарымында әрі ішіңкіреп келген соң үйдегілердің мазасын алмайын деп, биік басқышпен қисалаңдап жоғары көтерілді де дәліздегі дайын төсекке қисая кеткен-ді. Содан тұяқ серіппей ұйықтасын, дене тітіркендірген күздің қара суығын да елеген жоқ. Ескілеу шолақ тонды қаусырмалап, үстіне жапқаны есінде. Бойдан қызу тарқады ма, таң алдында тісі-тісіне тимей қалшылдады, жә, онысын қойшы, бәрінен бұрын таңдай жібітерлік бір жұтым суға қол жалғайтын иман жүзді пендені кезіктіргенді айтсаңшы! Адам-ау түс көріп жатқаннан сау ма. Кейде ақыл-есінен  ауысқан кісіше миығынан күледі. Ондайда тонғаны да, шөлдегені де ұмытылады. Төрт құбыласы түгел, әлгі бетіне тиген жылы лепті қас пен көздің арасында жоғалтып алмайын дегендей, екі қол, екі аяғын еріксіз ербеңдетіп, беймағұлымдау күй кешеді. Шыбын жаны кеудесінен құс боп ұшып кетсе де, осы бір рақат сезімнің құшағында тым-тырыс жата берсем дейді.  Ойда-жоқта мынадай кереметті кезіктіремін деп кім ойлаған. Тар төсекте талықсыған сұлу бикештің ыстық демі де дәл мұншалық әсер етпес... Ой-хой, сөйле, сөйле данышпаным! Қиял шіркіннің осынша жүйріктігіне не берерсің, қас сұлудың ыстық деміне өлердей боп қашан тұншығып еді?! Ұмытылуға айналған еміс-еміс елестер... Жұп-жұмсақ бірнәрсе маңдайына тиеді, қыртыс-қыртыс мойынын қытықтайды. Тұла бойына от бүркігендей қызу дарытады.

          Бастың іші мың-миллион микробқа толы. Әлде суы тартылып, қақсып қалған құмдағы құдыққа ұқсай ма. Не десең о де, бір ақиғаты – шекесі солқылдап әкетіп барады. Оның емі бір стақан «самопал». Бірақ оны осы тұрғанда кім бере қойсын. Дегенмен шүкіршілік, бір үміт алыстан-алыстан өлеусіреп қол бұлғайды. Әне, мұнысы мына дүниемен ақи-тақи қоштаспағандығының белгісі. Яғни, жүрегі дүрсілдеп, кеудені үсті-үстіне ұрғылайды. «Тіріл, жан-жағыңа қара, өлмес күніңді осы бастан ойла» дейтін шығар. Жүректі осынша езгілейтіндей не әкесінің құны қалды?! Өстіп жатып, тілге келместен жүрегі тоқтап қалатындардан әулие ме. Жүрекке салмақ түсіруге болмайтындығын бес саусағындай біледі. Ол туралы сөйлесе кісі жаңылдырар. Ал жеме-жемге келгенде сол «лекциясының» бірін де өз қажетіне жарата алмайды. Табанының бүрі жоқ, тайғанақ. Көңілшектігін мүлде ауызға алмаңыз. О...оу, басы сынып бара жатса бір-екі рөмкіден кейін тормыз бер, сөйт те сол орыннан тездетіп тұрып кет.

         Жеткерген өйте алмайды, мінез атаулыдан мақұрым. Жұрттың бәріне жалпақшешей. Қалтасындағысын түгел тауысқанша тыным таппайды. Ертеңінде өстіп ит боп жататындығын және қаперге алмайды. Екі жыл әскерде қалай шыдап жүргеніне таңы бар.  Әлденеден құр қалғандай, әскери киімін ғана олжа тұтып, сүмірейіп қайтып келді. Келсін, Жеткергеннен біреу бірнәрсені қызғанама. Бәли, үлкен қаланың күн батысына шашырай қоныстанған туған ауылы мүлдем өзгеріп кетіпті өзі жоқта. Көше сол, үйлер сол, ал адамдары бір түрлі, кездесе қалсаң амандық-саулығын сатып аласың. Онысы бер жағы ғой, «сен осы көзге шыққан сүйелдей боп неғып жүрсің?» дегендей, ағынан қызылы қалыңдау ашқарақ көздерімен суық жымиып, тұла бойыңды түгел тінткілейді. Ине сұғып алғандай денең тітіркенеді. Одан арғысын түсініп оқу да аса қиынға соға қоймайды: «әскерден келдім деп әкіреңдеме, көргенбіз сендейлердің талайын. Бос жүріс ел бұзады. Ел қатарына қосыл, не, бұл арадан қараңды батыр!»

         Қайда барады. Ауылдан құдайдың қара жұмысы да табылмады. Бұлай болар деп ойламаған. Құрығанда сиыр баздың төңірегінен бірдеме  бүйырлар деп дәмеленген. Түк таппаса малдың қиын ояр. Қи оюға да конкурстық тәсілмен қабылдаған соң, өзгесіне не жорық. Ауыл капиталистік жүйеге бүтіндей бауыр басып үлгерген. Іргеде халықаралық әуежай. Месқарын ұшақтарға тыным жоқ, көзді ашып-жұмғанша бірі қонып, екіншісі ұшып жатады. Әскерден келген бойда, онда да әкесінің бір танысы арқылы сонда тұру үшін керекті құжаттарын тапсырған. Және әскерден жаңа келгендігі «көздір», ішкі тәртібі темірдей. Мақтау қағаздарын қоса өткізді. «Күтіңіз, хабар өзімізден» деді кадр бөліміндегі орыс әйелі. Күтті, табандаған жарты жыл күтті. Ақыры әуежайдан хабар болмады, үміт үзілді.

         Жеткерген қазір «шабашниктер» бригадасының белді мүшесі. Десант, дабыл түссе тастүйін дайын. Бес-алты адамнан жасақталған бригада жұмыс талғамайды. Күндіз-түні бәрібір. Бұлардікі өліп-тіріліп қимылдау, есеп-қисап басқа адамның шаруасы. Нысанды дер кезінде бітірсең, азын-аулақ тиын-тебен бірер апта өмір сүруіңе жарайды. Одан соң тағы күту. Қалта телефоныңа қоңырау түскенше  зықың шығады. Кеше кешкілік әлдекімнің сарайын бітірген. Обалы нешік, қожайын қолма-қол есеп айырысты. Қомақты қаражат болмаса да, әке-шешеңді алдауға жарайды. Ондайда топтан жырылып қайда қашасың. Ертең де жүздесетінің сол сабаздар. Жүзіктің көзінен өтетін кейбірі «сабраз» жасауға тым шебер... Артына қарамай сілтеңкіреп  жіберіпті жазған басы. Миды мың құмырсқа кеміріп жатыр. Дың-дың. Бұрын-соңды кездеспеген бір ыстық леп әлсін-әлі бет шарпиды.

                                                   ХХХ

         Тоқ-та! Тоқта дейді, алдымен Жеткергеннің жүрегі тоқтап қалмаса сол-ақ! Темір керует бір ересен күшімен аспанға лақтырып жібергендей, көзі алақтап, орнынан атып тұрды. Құрғап қалған тамағын үсті-үстіне жұтынды. Төргі бөлменің есігі әлі ашылмапты, соған қуанды бір жағы. Яғни, шешесінің кебісін сүйретіп, сыртқа шықпағаны ғой; жалғыз сиырды қақтап сауып, өріске жібермегені ғой. Кіршеңдеу терезеден бозамық сәуле себезгілейді. Тұла бойы дір-дір. Адам сенбейтін құбыжыққа тап болғандай және ол құбыжығы тура төсегінің басында ұшырасқандай екі қолымен ауа қармап, тілі кәлимаға келе алмай тұтығып, бір орында сілейді де қалды. Не ілгері, не кейін шегіне алсашы. Өзін ғайыптан тап болған адамдай сезінді. Мен шынында қайда жатырмын деді бір ойы. Басын шайқады, сәл іркіліп ізінше өз-өзінен қуат алатын станоктай бас деген жарықтықтың кешегі сойқанның бәрін ұмытып, сарт та сұрт жұмыс істеп кеткендігін қараңыз. Ғайыптан тап болдым ба деп  несіне шіренеді, жастау кезінде қиял-ғажайып романдарды көбірек оқушы еді, соның әсері иектеген болар осы тұста. Дәмесінің зорын! Аспан  қайда, Жеткерген қайда?! Ол сол баяғы өзінің үйреншікті мекенінде. Әуежайдан ұшып-қонған ұшақтардың гүрілін де анық естіп тұр. Төңірегінде айта қаларлықтай өзгеріс жоқ. Тып-тыныш. Тып-тыныш дейді-ау, қайдағы тыныштық?! Мынау не деген сұмдық?!  Қарсы алдында тілі салақтап, ұзақ түнгі сылпыл жүрістен діңкелеп, көздеріне үймелеген ірің үлкейіп, біреу түртіп қалса бір жамбасына қарай құлап кетуге әзер тұрған дәу төбетті көріп тұрғаны рас па, өтірік пе?! Әлде жын-шайтан  елестегеннен сау ма. Кейде адамның жүйкесі шаршағанда, тіршілік қамыты мойын қажағанда өстіп, көз алдынан әлденелер көлбеңдеп өтеді-міс; ол сені әлдебір сиқыр күшімен  алдап-арбап  ізінен сүмеңдетіп ертіп қояды-мыс. Тәңір-ай, еселаң күйге ерік берсең осы-ау; қайдағы  жүйке  жұқарған, қайдағы мойын қажаған қамыт?! Қазір таң атсын, көкесінің де көңілін табады. Ақшаның біраз бөлігін ертең бас жазармын деп бөлек қалтаға салған. Мына жағдай ондай «иттікті» көтермес, басын бұзбастан шалдың қолына ұстатуға бекінді. Ертеңгі шай үстінде қалай-қалай шалқақтағандығын көреді тірі тұрса: «Бай болып, бақша мұратыңа жету лезде-ау, кемпір, естіп тұрмысың, саған айтып жатырмын, балаға табыс таппайсың деп ұрыспа!»

         Жеткерген бойдағы діріл атаулыдан толық айыққан соң тізе бүгіп, дәу төбеттің жанына жақындады. Маңдайынан сипады. Қос бүйірі солқ-солқ. Қанша күн нәр татпағандығын бір құдай білер. О, береке тапқыр-ау, өзінің көңілі босағандығы аз еді, соқыр болғыр жанары не көріп тұр? Иттің де жылайтыны рас па, ит те шынымен жылай ма? Егер жыласа оны тығырыққа тіреген не зауал?! Дәу төбеттің қазандай басын тура жүрек тұсына тақап, қаттырақ құшақтады. Ту...у тереңнен өксікке толы ыңырсыған, аянышты үн естіледі. Жеткергеннің кеудесінен басын кейін тартқысы жоқ. Сағынып қалған ба сорлы?! Қойшы, ә?! Жаттанды ұғымды қайталағысы келмеді. Оның бірнеше күннен бері нәр сызбастан сар желіп, ашық алаңқайлардан қорқынышсыз өтіп, адам қарасы көбірек жиналған тұстан бетекеден биік, жусаннан аласа боп, талай-талай темір қоршаулар мен ағаш шартақтарды артқа тастап, ажалым жетсе өлермін, өлмесем бір қараға тұяқ іліктірермін деп жанкештілікпен осы араға жетіп отырғаны – иттің ілмиген көзінде жазулы  еді. Дәу төбеттің арадан бірер жыл зулап өтсе де Жеткергенді тауып алуына түрткі болған не жағдай? Және қанша бір иттік инстинкт күшті ғой десе де, иесін адаспай тауып келуін қандайлық ғылыми тұжырымға жатқызуға болады?!

         Жеткергеннің үстөл үстіндегі дәкімен бүркелген тостағанға енді көзі түсті. Шешесінің түнде әзірлеген тамағы ғой. Кеш келсе  де ауыз тиер деген еш болмаса. Алдына «мың қой салып айдап келген» мұның тамақ  атаулыға тәбеті шапса, кәні! Бұйырған. Дәу төбет аштан бұратылып өлуге келгендігін қайдан айтсын. Алдыңғы аяғын алға созып жіберіп, тостағаннан тұмсық ажыратуға шамасы жетпеді. Мастық тарқаған. Төбеттің кеудесінен құйымшағына дейін сипалаумен әуре. «Қалай тауып келдің, қалай тауып келдің?» дей береді не күлерін, не жыларын білмей. Әскери қоршаудан қалай сытылып шыққандығына қайран. Әлде қартайған итті қайтеміз деп бостандыққа жібере салған ба?  Сонда Н. бөлімшесіндегі әскери қалашық пен ауыл арасындағы қашықтықты кім өлшеген. Ми шаршайды түбің түскір! Енді өзіне де, дәу төбетке де ондай  есептің қажеті шамалы. Артынан іздеушілер келмесе жарады, әйтеуір.  Иә, иә,  Жеткерген Н. бөлімшесіндегі әскери борышын осы дәу төбетпен бірге өткізген. Кинолог. Мақұлықтың қас-қабағындағы өзгерісті тап басатын шеберлік пен ептілік бойға біртіндеп қалыптасты. Цирктің мынау деген дрессировщигін жолда қалдырар.

         –Сен мені тыңда,– деді ішіне бір қауым ел қонған соң төбетті бауырына тартып,– маған деген махаббатыңды іспен дәлелдедің.

         Мұнымды біреу-міреу естіп қалмады ма дегендей, жан-жағына күдіктене қарады. Махаббат. «Махаббатыңды ақыры тауыпсың ғой» деп көкесінің мырс-мырс күлмесіне кім кепіл. Біреуді мұқатуға, әсіресе Жеткергенді мұқатуға келгенде алдына жан салмас: – Айта берсін, сенің қожайының мына мен. Ұмытып қалған жоқпысың, атым – Жеткерген. Мұнан былайғы өмірді де бірге өткізерміз, аман жүрсек. Не айтарымды да білмеймін, сен менің тура есімді тандырдың. Бұлай болар деп үш ұйықтасам түсіме кірсеші. Мықты екенсің, мен сені бүйтіп іздемес ем... Максим деген бұрыңғы атыңды ұмыт. Сен бүгіннен бастап Құтжолсың, Құтжолсың, Құтжолсың!

         Құтжол әлдене деп қыңсылайды. Ризашылын білдіргендей дымқыл тұмсығын қойынына тығады.

                                              ХХХ

          Құтжолды көргенде көкесі тіксініп қалды: – Қайдан таптың?

         –Осы маңнан.

         –Бұл маңнан мұндай итті кезіктірген жоқ едік. Ауыру-сырқаудан аман ба?

         –Аман.

         –Справкасын мойынға тағып жүр ме екен?

         –Тақпаса да білеміз.

         –Білгішін. – Төбетті тысқа шығып бара жатып, бір айналып өтті: –Ақылды ғой өзі, жат десең жатады, тұр десең тұрады.

         –Онысы бер жағы.

         –Иә, тағы қандай өнерін білесің?

         –Иісшіл.

         –Иісшіл ит үйге бөтен адамды кіргізбес.

         Сүт пісіріп жатқан шешесі шап ете қалды: – Қай қонағыңнан құтыла алмай жүр ең,  соры қайнаған! Ит әулие ме, есік алдына апар да байлап таста, қора-қопсыға сес болар әрі кетсе.

         –Құтжолды өйтіп қорлата алмаймын!

         –Не, не дейді?! – Шешесінің көзі шытынады: – Қасыңа алып жатпақпысың, есік алдына байламағанда.

         –Қасымда жатады.

         –Ел-жұртқа күлкі болмағанымыз қалып еді... Сен мұнан бір нәрсе ұғып тұрсың ба-ау?!.. – Сол шытынаған көзімен көкесіне қарады. Манағы қолға тиген азын-аулақ қаржының әсері ме, шал ренішсіз еріншектене жымиды: –Қасымда жатады дей ме?..

         –Не естісең сол! Ана жалғыз қыздың жамандарын үйге кіргізе алмай, ақыры соған зар боп қалмасақ.

         –Адамнан ит ақылды деді ғой ұлың.

         –Иттің ақылын шайға қосып ішем бе.

         –Құтжолдың ақылды екені рас, сенің не ойлап  тұрғаныңды лезде сезе қояды, – деп үстемеледі Жеткерген.

         –Қолдарың ұзарады десеңші...

         –Ұзарғанда қандай.

         –Анау-мынау әкеле қойшы деп дүкенге де жұмсармыз.

         –Одан қашпайды.

         –Оу, мұнан артық не керек?! Естіп тұрмысың, кемпір, екі жағыңа кезек қисаңдап, дүкенге кетіп бара жатқаныңды  ешкім көрмейді. Үйден шықпасаң да шаруаң дөңгеленіп жүре береді. Мұнан артық қолқанатты қайдан таппақсың?! – Сөзінің әзілі қайсы, шыны қайсы ажырата алмайсың. Күнделікті дағды, күлін көп салған ащы насыбайды алақанға үйіп, астыңғы ерінге апара бергені сол еді, Құтжолдың желкесі күжірейіп, орнынан ұшып түрегелді.

         –Мынау қайтеді-ей?!

         –Солай, насыбайдың құрамында инедей болса да никотин бар.

         –Болсын, тағы ненің барын кім білген, сонда немене маған насыбай атпаңыз дей ме?

         –Соған тіреліп тұр... – Жеткерген шаруаның ыңғайлы жағына көшті,– Егер сіз Құтжолмен бірге осы үйде тұратын болсаңыз, онда амал не насыбаймен қоштасасыз.

         –Насыбаймен жолдас болғаныма қырық жыл. Сендердің нелерің кетті, сатып алатын өзім, пенсияма...

         Шешесі ауызүй жақтан дауысын кенеп, театрдан спектакль көріп, ең қызық тұсына келгендей, үсті-үстіне қолшапалақтады: – Мынау бір ойда-жоқта жолыққан олжа болды-ау! Көзін жоғалт деп  ұрысып ем. Егер әкеңнің насыбайын тастатса...

         –Сендер немене, а, адамды ажалынан бұрын өлтірерсіңдер! Насыбайды тастаса жасарып кетеді деймісіңдер?!

         –Жасарасыз, сөзсіз жасарасыз. Денсаулығыңыз да, жүріс-тұрысыңыз да жөнге түседі. Бастысы, жөтелден құтыласыз.

         –Онда маған бәрің жабылып тоқал әперетін шығарсыңдар.

         –Ендігі арманың сол болса, дайындал! – Шешесі әлденені тақтай еденге дүрс еткізіп тастап жіберді. Құтжол  құлағын тікірейтіп, дыбыс шыққан жаққа жалт қарады.

                                                    ХХХ

         Екі-үш ай ішіндегі өзгерісті айтпаңыз! Құтжол қолға әбден үйренген соң іргедегі әуежайға: ...осындай да осындай, есірткінің иісін алыстан сезетін төбеті барлығын әрі алған мақтау-марапаттарының жылын, күнін көрсетіп, өзінің әскерде кинолог болғандығын, иттің жан-дүниесін бір адамдай білетіндігін баяндап, тілдей түйіндемені қайта жөнелткен. Аусымдық қызметке бірден қабылданды. Құтжолдың  мойынын қаттырақ құшақтамасқа амалы бар ма, иттің беделі адамның беделінен асып түсті бұ жолы. Жұмысқа тұрғалы Құтжол талай контрабандалық жоспардың жолын кесті. Иттің иесі де бір қауым еңсе тіктеді. Өздерінің үстінен қарайтын мекеме басшысы Жеткергенді көргенде дәп бір туған нағашысымен жүздескендей жылы-жылы амандасады, әке-шешесінің хал-ахуалын сұрасады. Пенделік-ай, осы абырой-атақтың кімнің арқасында науалап құйылып жатқандығын  білмейді емес, біледі-ақ. Өзім дегенде өзегің өртенетіні рас. Сездірмейді. Ар-ожданы одан әрі төмендеуге жібермейді.

         Аусым аяқталып, бригада ауысар мезгілде Құтжол екеуінің атшаптырым бөлмеде оңаша қалатыны бар. Құжаттарға қол қойылады. Иттердің иіс сезгіштік қасиеті қайта тексеріледі. Құтжол жалғыз емес. Жарты сағат сайын ұшып-қонып  жататын ұшақ салондарын жәй тіміскілеп шығудың өзі біраз күш. Иіс деген жарықтық ауада қалғып тұратын түтін болса кәні, оқ жылан секілді әп-сәтте ізін білдірмейді. Және иттің тұмсығына таяқ боп тиетіндері қаншама. Оны әрекет еткендер білмесе, былайғылардың дені түсіне бермейді. Көзге көрінбейді, ал иіс сезгіш қабілетті қас пен көздің арасында қалпақтай ұшыратын улы дәріні санап тауыса алсаң. Адам миының қабілет-қарымы иттің иісшілдігіне орын ұсынады амалсыз. Жүйке жұқартатын түйін осы. Аузынан сілекейі шұбырып, құлағын жымқырып, іші-бауыры қабысып,  ілмиіп әзер жүрген қайдағы бір төбет  қанша жыл ойлап-пішкен айла-амалыңның аяғын ілезде аспаннан келтіреді. Дәлел-дәйегің түкке аспайды. Иттің рөлі үстем, үстіне шық жұқпайды. Бұған қайтіп зығырданың қайнамас. Сонан соң көзге көрінбес сойқандар жүріп жатады екі аралықта. Иттің ағзасы да темірден жаралмаған. Мүлт кететіндері жетерлік. Ондай иттің иесіне де сенім азаяды. Бірте-бірте сырылып қатардан шығып кетеді. Бұған келгенде Құтжолдың алдына түсетіндер сирек. Илеуі қанып, әбден тұзға піскен көнтерідей анау-мынауыңды елемейді, анау-мынауды місе тұтпайды. Өр, құлағы тік, тұмсығы аспанда. Соған орай қауіпті аймақ саналатын Оңтүстік өңірден келетін ұшақтар Құтжолдың еншісінде. Аракідік ұрлық істейтіндердің өкпелері қара қазандай. Аман-есен ұшақтың кеденіне келеді де, кептеліске ұшырайды. Бәріне «кінәлі» Құтжол. Иесі де төңірегіндегілерге тәкәппарлана көз жүгіртеді. Айлық жалақысына үстеме қосылады айтқызбай.

         Міне, жеке-дара қалғанда Жеткерген де манағы сырт көзге жасаған әртістігін, пенделігін ұмытып; ұмытып емес, бар ниет-пейілімен тілсіз мақұлықтың алдында мың мәрте бүгіліп, бас иеді. Артықтау кеткен астамшыл мінезі үшін кешірім өтінеді. Құтжолдың тұмсығын кеудесіне тығып, әдеттегідей мойын омыртқасын армансыз сипайды, маңдайынан сүйеді. Сүйкімді асын алдына қояды да сәбиінің қимыл-әрекетін қызықтағандай, көз алмастан қашан Құтжолдың бүйірі шыққанша орнынан тапжылмайды. Иттің де сезім-түйсігі керемет, тәулік бойғы сүргін жүгірістің ащы тері біртіндеп тарап, өз-өзіне келген соң тұла бойын сілкіп-сілкіп, иесінің қамқор көңілін жауапсыз қалдырмайын дегендей тілін салақтатып, Жеткергеннің түк-түк самайын бір жалап өтеді. Сірә, екі жақтың да есебі түгел.

         Әуежай басшылары Құтжолды территориядан тысқа шығарма деп құдайдың зарын қылады. Бұл заң талаптарына да үйлесімді. Мына заманда итке жаулық жасаймын десе, кез келген тұста мылтық оқтаулы. Олай болуы мүмкін емес деп те айта алмайсың. Ал ұжым күні-түні тіртінектеп, ойға-қырға сұрау салып, әлі күнге дейін Құтжолға тең келетін төрт аяқтыны дайындай алмағандарына өкінішті.

         Күзет бөліміндегі Құтжолға жасалатын күтім орасан. Мына қырсықты қараңыз, ит иесінен бір адым ажырағысы келмейді. Бір құдірет екеуінің кіндігін байлап қойғандай. Аусым ауысарда Құтжол иесінің ауладан қашан шығарын күтіп, шөптесін үстінде шоқиып отырады. Бұған жұрттың көзі үйренген. Одан әрі қинағың да келмейді, иісшілдік – үлбіреген ақ мақта. Ақ мақта тез кірлеуге бейім. Амал нешік, Жеткергендерге үйден қатынау үшін жеке көлік бөлінген. Мұнан алақандай ауыл түгел құлағдар. Оның бер жағында, Жеткергеннің әкесі арқылы үш-төрт ауылдасынан өтініш кеп түскен. Өтініштің ауа-жайы белгілі, «баламызды әуежайға жұмысқа тұруға жәрдемдес». Қанша жерден тілдерін түртсе де, бұл Құтжолдың арқасы ғой деуге шамалары келмейді. Мақұлықтың адам тілін түсінбейтіндігі қандай жақсы, баласы жұмысқа тұрғандар терезесі қаракөлеңкеленген мәшиненің олай-былай өткенде амандығын тілегендері болмаса, Құтжолдың маңдайын бір сипауға зар.

         Әкесінің де жүріс-тұрысы өзгерген. Шақырған жерге баяғыдай тұра жүгірмейді. Саяқ жүргенді ұнатады. Қай жұмыссызды жарылқайды. Жеткергеннің де абыройын ойлайды. Ілгеріде ұлының намысын қамшылаған боп, қағытып сөйлейтіні бар-ды: «Құтжолды құшақтап жатып, үйлену жайын ұмытып кетпе!». Бүгіндері онысы тиылған. Терезесі қаракөлеңкеленген жеңіл мәшиненің есік алдында қаңтарылып тұрғаны да дәтке қуат.

                                                                ХХХ

         Беймезгіл уақытта есік қағылған. Екі «шабашник» екі иықтарынан ентіге дем алады. Жеткергенді үйден ұстағандарына мәз: – Сен өзгердің, кісі болдың. Баяғы күніңді басы бүтін ұмыттың. Әліңді біл, Аяз би...

         –Тәртіп, тәртіпке бағынған құл болмайды.

         –Әне, мақалдап сөйлейсің, жүдә! Бізді де адам қатарына қосқың келмейді. Қалаға жетер жолпұл таппай, алақан жайып алдымызға талай келуші ең...

         –Ол уақыт, өтті-кетті...

         –Ал біз бір нәрсеге қолымыз жетті екен деп, кешегі күнімізді ұмыта алмаймыз.

         –Сонымен әңгіменің тоқ етері.

         –Бірер сағатыңды бізге қиясың. Егер дүние содан күйіп кетеді десең, өзің біл. Бір топырақтың төліміз, жолымыз бүгін түйіспесе, ертең түйісер. Ішетін суымыз, жұтатын ауамыз бір. Былай шығып шер тарқатысайық. Сен кеткелі де қаншама оқиға өтті басымыздан. Біріміз балалы болдық, біріміз ағайыннан айырылдық. Бірақ сен төбе көрсетпедің. Ендігі қалған өмірді төбетпен бірге өткізгің келсе еркің. Айтуын айттық. Бұған біздің түгіміз қисаймайды. Айдалаға айтқан базынамыз болар әрі кетсе...

         Ауыл сыртындағы арық бойына жайылған жұпыны дастарқан түннің бір уағына дейін жиналмады. Ескі достардың көп-көрім қошеметі әлсіз буынға түсті ме, әлде біраздан бері ащы суды татып алмағандықтың әсері ме, бір кезде Жеткергеннің көз алдынан алқызыл жалын жүгіріп өтті; бастың іші баяғыдай хан базарына айналған; жан-дүниесі аяқ астынан аспанға шығандап, көңілі көк тіреп, дарылдаған дауысымен масайраған топтың хорына қосылды. Жүрегі алқынып, ауызына тығылды. Қой болмас үйге қайтайын деп, екі-үш мәрте тұрып кетуге талпынып еді, шегелеп қойғандай орнынан көтеріле алмады. Құтжолдың екі көзі төрт болып, әрбір сықырға елеңдеп, есік алдын күзетіп жатпасына кім кепіл. Арақ иісін де сұмдық жек көреді.

         Дәл осы тұста халықаралық әуежайда төтенше жағдай орын алғандығын, көп мөлшерлі есірткі тасымалына жол берілгендігін, күзет қызметкерлерінің қырағылығына сенім жоғалып, біреше кісінің істі болғандығын жергілікті ақпарат құралдары сағат сайын жанталасып, жоғары кернеулі эфир арқылы әлем жұртшылығына таратып жатты. Бірақ лаулаған оттың төңірегіне жиналып алып, жынды әуеннің ырғағымен тәлтіректеп билегендер босаған бөтелкелерді бір-біріне соғып, ыржалақтап күлгендерінен басқа былайғы дүниеден бейхабар еді.

         Түннің бір уағында қап-қара аспан қақ айырылғандай, жарқ-жұрқ найзағай жарқылдады. Артынша шелектеген қара нөсер құйып берді. Жеткерген  жол бойындағы шалшық суға сан мәрте жығылып-тұрып, үйіне  әзер жетті. Қақпа аңқиып ашық жатыр. Қалбалақтап ішке кірді: – Құтжол, Құтжол, қайдасың?! – деп бір жамандықты сезгендей жанұшыра айқайлағаны есінде... Іші-бауыры бір уыс боп бүрісіп, басын қайда қоярын білмей, тақтай еденді аяусыз тырналағаннан басқа қайраны таусылған дәу төбеттің жаны алғашқы күн күркірегенде-ақ шығып кеткен-ді. Арнаулы зертханада тәжірибелі мамандардың қатысуымен  ағзаға тексеріс жасалды. Уланған деген жалғыз жол протоколға түсті.

         Ал содан бері Жеткергеннің қайда жүргені белгісіз.

Қазақ тілінде жазылған