Адам қарады: 1011 | Жарияланды: 2018-07-12 02:15:16

Бар екен де жоқ екен

Елім деп отқа түскен ерлерге тағзым.

Бұл романдағы оқиғалардың бәрі ойдан шығарылған, осылай болады-ау деген долбар, еркін қиялдың жемісі. Алда-жалда кейіпкерлердің кейбіреуі өмірдегі көзтаныс әлдекімдерге ұқсап жатса, оны күмәнсіз кездейсоқтық деп есептеңіз.

                                                                                                                  Автор

                                             Доллар фабрикасы

Анасының сырқатын естігенде, Асылмұрат  төбесіне жай түскендей жайрап қалды. Сексеннің сеңгірінен асса да, жүріс-тұрысы ширақ, тың еді. Әлі күнге дейін желіден құлын үзілмей, биені өзі сауып, қымызды өзі баптайтын. Өстіп қалқайып алдарында мәңгі жүре беретіндей көрінетін. Опасыз дүниенің дәл бұлай қапияда жалт беріп, аһ ұрғызарын кім болжап білген. Міне, енді жалғыз-ақ сәтте бәрі ойран-топыр боп жаны ышқынды. «Тез Алматыға жеткіз» деген, телефонның арғы жағында дауысы құмыққан інісіне айқайлап. Өзі де көп аялдаған жоқ, жұмыстарын қоластындағыларға табыстады да, Астанадан арнайы рейспен шұғыл ұшып, Аламатыға жеткен беті осы.

Көкдауылдың биыл жаздағы аламан бәйгеден қанжығаға байлаған «Джипімен» жүйткіп отырып інісі де жеткен екен түн асырмай.  Екі айдың ішінде апасы қатты жүдепті сылынып. Еңсесі тік, етжеңді кісі еді, иығы қушиып, үстіндегі зерлі камзолы біреудің киіміндей қолқылдап, етек-жеңі салбырап тұр. Қоңырқай көздері суы қайтқан құдықтай үңірейіп, тереңнен самарқау жылтырайды. Құшағын жая ұмтылған Асылмұратты маңдайынан иіскеп, арқасынан сипады:

– Амансың ба, жарығым?

Асылмұрат тіл қатқан жоқ. Анасын құшақтаған күйі, басына басын сүйеп, өзегін көк жалындай өрлей соққан өксікпен үнсіз арпалысты.

Інісі екеуі оңаша қалған бір әредікте:

– Әбден салдырап қу сүйегі қалғанша қайда қарағансыңдар? Біліне сап бірден неге алып келмедіңдер? –  деген кейіп.

– Өзі айтпаған соң қайдан білейік? – деді інісі кінәлі кейіппен қипақтап. – Жүдегеніне онша көңіл аудармаппыз, тегі. Көкем: «Шешелерің сырқаттанып жүр, дәрігерге көрсету керек шығар» дегенде бір-ақ білдік. Апам сырқатын жасырып жүріпті. «Ауруымды өзім білемін. Дәрігер – Құдай емес, әуре болмаңдар!» деп көнбей қойды. Осы келгенде де машинаға зорлап отырғызғандай әзер әкелдім.

Түн ортасында Үкімет аппаратынан телефон шалып, шұғыл шаруа бар деген соң амалсыз таңғы рейспен Астанаға қайта ұшқан. Інісіне: «Уақыт өткізбей өзің қарата бер, қолым босасымен бірден ораламын» деген. Түстен кейін хабарласса, інісі көңілді: «Асылкен, сүйінші! – деді дауысы саңқылдап. – Апамның науқасы қауіпті емес екен. Экспресс анализ жасады. Қызыл өңеште ісік бар, сылып тастау керек. Әйткенмен күрделі операция. Өзім жасаймын, тек он мың берсеңдер болды дейді.  Өзі бір елпілдеп тұрған жақсы жігіт екен! Ақша жетпесе, «Джипті» сатамын. Апамның тырнағынан садаға кетсін!..»

Қуанайын-ақ дегенмен, даңғырлаған аңқау бауырының сөздерінде күмәннің төбесі қылтиып тұрған тәрізді. Операция жасамай тұрып ісіктің қауіпсіз екенін білетіндей анау қайдан шыққан сәуегей? Көкірегін күдіктің қара көлеңкесі көлегейлесе де, жақсылықтан күдер үзбеуге тырысқан.

Асылмұрат Алматыға келген бойда бірден анасы жатқан ауруханаға тартқан. Бұл кабинетіне кіріп барғанда, ақ қалпақ киіп, стол басында қоқырайып отырған доцент Жұмат Кәрібайыч көз қиығын да салған жоқ, сәлеміне жауап та қатпады.

– Иә, не бұйымтай, айта беріңіз? – деді алдындағы қағазға әлденені сүйкектете жазып жатып.

– Жәке, әуелі сәлемдесейік те, аман-саусыз ба! – Асылмұрат дауысын көтере созып қайта амандасқан. Жәкесі «жөн үйретіп сызылып тұрған бұл кім-ей?» дегендей, сұйық қасын секіртіп, оқшырая қарады да, жыртиған көзі оқыс бағжаң етіп, шарасынан шыға бадырайып, мың-сан үрей балалап, жыпылық қағып, мүлдем жаңа адам боп тұрып келе жатты. Қара-сұр, жалпақ беті шаңы шығып, бозарып кетті.

– Сіз... сіз... – деді аузына сөз түспей қылғынып. Екі көзі екі тамшы жастай, кірпігін қағып қалса, мөлт етіп тамып кеткелі тұр. Мүсәпір, мүләйім. Енді қайтсін-ай. Елағаңмен тізе түйістіріп оң жағында отыратын адамның өзі алдына келіп тұрған жоқ па!

 – Иә, иә, соның өзімін. Дәл танып тұрсыз! – деді Асылмұрат әзілдей жымиып.

– Е, танымағанда! – Жәкеңнің тілі енді кәлимаға келе бастады. – Көзі соқыр біреу болмаса, Қазақстанда Сізді танымайтын кім бар!.. Жүдә, ұят болды ғой, өлә тегі. Мына бір айлық отчеті түскірге басым қатып отырып, байқамай қалыппын...

– Оқасы жоқ.  Темекі тартуға бола ма? – деді Асылмұрат ештеңеге мән бермеген сыңаймен сөз ауанын басқа тарапқа аудармақ боп.

– Неге болмасын, Сізге бәрі болады ғой, тарта беріңіз, тарта беріңіз...

Екеуі шомбал аяқ, қоңыр емен столды екі жағынан өңгере жайғасып, оны-мұны жаймашуақ әңгімемен жөн сұрасып, бет жылытып алған соң, Асылмұрат келген бұйымтайына көшкен.

– Шешем сырқаттанып осында жатыр еді, жағдайын білейін деп келдім.

– Сіздің фамилияңызда ма?.. Ондай адам жоқ еді ғой.

– Ол кісі өз әкесінің атында. Баймұратова Гүлжауһар. Бүгін түсті.

Жәкеңнің жалпақ беті жыбырлап, бүлкілдеп, секеңдеп, діріл қағып... неше түрлі "гимнастикалық" қимылдар жасап, тағы да айрандай іріп қоя берді.

– Ойбүу, Асеке-ай, жүдә, қызықсыз-ау, бастықтарға бірауыз звондай салғаныңызда ғой... ең болмаса, ана інішек те ләм деп тіс жарған жоқ. Апа көпшілік палатада жатыр. Қап-ай, мүлдем ұят болды-ау, жүдә. Қазір кезекшіге айтып, жеке бөлмеге орналастырайын!.. – деп жалма-жан телефонға жармаса берген де, Асылмұрат оң қолын сәл көтеріп, басын шайқады.

   – Әуре болмаңыз. Одан да диагнозы қандай,  соны айтыңызшы?

Жәкеңнің қиналған  жері осы болды. Ішіндегі қоясын лақ еткізіп ақтарып, масқарасын шығара ма деп қорыққанынан жүрегі көжектей қалтырап қоя берді. Самайынан мөлт етіп домалай жөнелген сатқын тамшыны сол бойда саусақ ұшымен іліп алып, сілкіп тастады. Бағана ана жігіті түскірдің сылаңдатып "Джип" мініп келгенін көріп, жілік майы бітеу біреу ғой деп аузын кеңірек ашып жіберіп еді. Енді қиюын тауып қалай құтылса екен?

– Асеке, сізге шындықты қалай айтарымды білмей қиналып отырмын! – деді терлеп-тепшігеніне  ақтау қылып. –  Кемел адамсыз ғой, сізден жасырып қайтейік...

– Ешқандай үміт жоқ па?

– Бәрі Алланың қолында ғой. Әйтсе де дерт қабынып қанға шауып кеткен...

Асылмұрат жүрегі тас түйіліп, тұлабойын суық қарып өткендей болды. Көкірек тілген көк жалын өксік лықси толқып, көмейіне кептелген. Бір дем үнсіз булығып отырды да, аузынан от бүріккендей ышқына күрсінді.

– Сонда таңертеңгі сөзіңіз не? Ініме анализі жақсы деп айтыпсыз ғой? Басқа біреумен шатастырып отырған жоқсыз ба? – деді әлі де болса үміттің әлсіз жібінен айрылғысы келмей.

– Ешкіммен шатастырып тұрғам жоқ, Асеке. Ініңізге олай деген себебім – аз күн болса да, үмітпен жүре тұрсын дегенім ғой. Сіз болған соң, жасырмай турасын айтып тұрмын! Кәрі кісіні босқа азаптап қайтеміз. Әйтпесе мұнда түскендердің барлығына, үмітсіз болса да, операция жасап, ем қолданамыз... ғылыми тәжірибе үшін керек...

 Асылмұрат судыр-судыр сұңқылдаған сөздің бірін естісе, бірін естіген жоқ, зор денесін билей алмай теңселе тұрды орнынан.  Көз алды бұлдырап, босағаға соқтығып, есіктен әзер шықты. Ұзын шұбақ, кең дәлізді бойлай, мас кісіше шайқалақтай басып, түкпірдегі терезе алдына барды. Терезенің шаршысынан үңілген бұлтты аспанның бозамық сәулесін басына киіп, үнсіз тұр мелшиіп. Буындырған өксіктің алдын бөгеп қанша қарысқанмен, көзінің қиығынан мөлт етіп ып-ыстық қос тамшы еріксіз ыршып түсті. «Шынымен тіршіліктегі татар дәмің таусылғаны ма? Қайтсем шыбын жаныңа арашашы болар екем, жан анам! Енді не істейін? Айтшы бір амалын, Жасаған ием-ау! Пендеңді неге мұнша дәрменсіз ғып жараттың?..» Қолы дірілдеп, темекі тұтатты да, ащы түтінді көмейлете жұтып-жұтып жіберді. Үстіңгі қабаттағы анасы жатқан бөлмеге баруға асықпады. Көңілін басып, ес жиып алайын деді. Әйтпесе, бірден жетіп барса, әлем-тапырық мына түрімен бар сырын әйгілейді ғой. Кенет арқа тұсынан қаңыраған кең дәлізді жаңғыртып, мығым басқан аяқ дыбысы жақындап келе жатты. Жалма-жан қалтасынан орамалын алып, көзін сүртті. Бір қырындап көз қиығымен сипай шолған. Иығы қушиған, бір шөкім арық, қара сұр жігіт. Ұрты ішіне кірген, шүңіт көз. Жанай өте берді де, оқтала қарап, қалт тоқтады.

– Асаға, ассалаумағалейкум! – деді қос қолын ала жүгіріп, мұның сәлем мәзіретімен ықылассыз ұсынған қолын уысынан шығармай бастырмалата сөйледі. – Сіз «Жас дәурен» газетінде редактор боп тұрған кезде, алдыңызға талай барғанмын. Екі рет топтама өлеңімді шығарғансыз. Есіңізде ме?

– Тани алмай тұрмын.

– Ертай Қадыржанов деген қағаз шимайлағыш көп ініңіздің бірі боламын.

– Е, Ертай батыр, өзіңді болмаса да, өлеңіңді білемін ғой. Мықты ақынсың. Халің қалай?

– Шүкір. Өзіңіз мұнда неғып жүрсіз?

– Шешей сырқаттанып...

– Ой, Алла, Асыл-аға, сіздер де осында келесіздер ме? Бұл деген бензин шашып өртеп жіберетін, не бомба тастап, күлін көкке бір-ақ ұшыратын албастының ұясы ғой! – Ертайдың тәмпіш танауы қусырылып, қылқиған мойынның тамырлары насоспен үрлегендей білем-білем шодырайып шыға келді.

– Неге?

– Біреу айтса, нанбас едім. Өз көзіммен көріп, жаным күйген соң айтып тұрмын, аға. Бұлар – қап-қара жүрегін ақ халатпен бүркеген жәдігөй, құзғындар. Алдына келгенге бұл да тіршілік иесі-ау, шыбын жанына шипа іздеп көзі жаудырап кеп тұр ғой деп обал-сауапты ойламайды, аспаннан топ ете түскен олжа, пайданың көзі деп қарайды. Қорқыратып жілік майын сорсам дейді есі-дерті. Бір апта бұрын әкемнің қырқын бердік. Осында өз аяғымен келіп еді, айға жетпей өлігін алып шықтық. Қолымыздан келмейді, кеңшілігін Алладан күтіңдер десе, әлі де біраз күн көрер жарығы бар ма еді, кім білсін. Біз Жаңатаста тұрамыз. Әкем фосфор заводында істеген көп жыл. Соның кесірі шығар. Әйтпесе жас қой, елу жеті жас деген не. Аяқ астынан жаман ауыру жабысып, ас жүрмей қалған соң, Таразға апарғанбыз, ондағылар ары тексеріп, бері тексеріп, асқынып кетіпті деп бастарын шайқады. Сонда да үміт үзбей, шетелдің неше түрлі жаңа жабдықтары бар ғой, өкініш болмасын деп осында әкелдік. Үлкені де, кішісі де жалаңдап лыпып тұр. Жоқ, болмайды демейді. Емдейміз, қатырамыз дейді. Асқазанның жарақатын сылып тастаймыз да, қалған бөлігін қызыл өңешке жалғап тігіп қоямыз. Көп адам сауығып кетті. Тек үш мың долларды алақаныма саласың деді. Әуелі бір жалпақ сары келіп, танауының ұшына түсе берген күңгірт шынылы көзілдірігін қайта-қайта сұқ саусағымен ершігінен көтергіштеп, бұзаулайтын сиырдай ұзақ ыңыранды. Өзімнің қайда жұмыс істейтінімді, туыстардың немен айналысатынын сұрады. Дәл бір әкемді КНБ-ға қызметке алғалы жатқан сияқты. Бұл «тергеудің» не қажеті барын қайдан білейін. Жауабыма риза болмады ма, қабағын ашпай үн-түнсіз орнынан тұрып кетіп қалған. Біраз күттіріп барып бөлмеге қарашығы шегедей қатқан жыланкөз, дембелше қара кірді. Ол ештеңе сұраған жоқ, тікелей іске көшті. Кейін білдік қой, сөйтсек бұл жілігі татымайтын арық-тұрақты соятын «таксасы» төмен қасапшы екен. Әкеңнен неңді аяйсың. Жанұшыртып, жан-жаққа жүгірдім. Оңып тұрған туыс та жоқ, ең озғаны шекілдеуік сатып қалт-құлт етіп қурап отырса, қайсысына барып қол жаясың. Екі бөлмелі пәтерімді жалынып-жалпайып банкке кепілге қойып,  жартысын «шапкаға» беріп, несие алғам. Жанталасқанымды қайтейін, екі аптаға жетпей әкем қайтыс болды. Ағаеке-ау, қалай күйінбессің. Жығылған үстіне жұдырық. Беті бері қарамайтынын біле тұрып істегендерін көрмейсіз бе? Бұлардікі – алдына келгенді құр жібермей, алдап-арбап ақша сауу. Біреудің бір күнде болса жарығын ерте өшіріп, обалын мойныма жүктеймін-ау, артындағылардың көз жасына қалам-ау, деп жүрегі шіміркенбейді. Доллар жасайтын комбинатқа айналдырып алған. Өз аяғымен келген әкемді сирағын серейтіп табытын алып шығатын күні, шешеңді сі..н, әлгі жыланкөзді жағасынан шап беріп қылғындырып өлтірейін деп-ақ едім, жұрт ұлардай шулап, айырып жіберді. Жалғыз біз бе десек, осындағылардың бәрі зар илеп отыр. Жаны үшін ештеңені аямайтынын біліп,  бейшараларды сүлікше сорады екен. Екі-үш мың деген бергі жағындағы жәй біз сияқты тесік қалталарды мүсіркегені. Әйтпесе, тамырын басып, кімнің қандай екенін білген соң, желкесі жуан, ішегі майлыларды тауып сиырдай сауатын көрінеді. Ана тымырайған залымға: «біле тұрып неге бізді алдайсың» десем, «мен бәрін білетін Құдай емеспін ғой, қолымнан келгеннің бәрін жасадым» дейді. «Ендеше ақшаны қайтар!» дегем. Сөйтсем: «Ақшаң не шатып тұрған? Алдым-бердім деген қолхат- куәң бар ма? Мен сенен ештеңе алғам жоқ, жоғал!» дейді, шеке тамыры шодырайып. Қолында өлейін деп тағы да ұмтылып едім, әйелім мен шешем «Құрысын, садақа!» деп сол жерде екеуі екі аяғымнан құшақтап жатып алғаны. Садақаны оған бергенше, көшедегі қайыршыға бермейін бе ең болмаса Тәңір жарылқасыны тиетін, және үш мың доллар садақа беретіндей мен патшаның күйеу баласы ма екенмін? Екі күннен бері аңдып жүрмін. Не кабинетінде, не дәліздің қалтарысында оңаша жолықсыншы, міне, мына таспен қара құсынан бір періп, миын аузына түсіремін! – деп бір жақ етегі салбырап тұрған көнетоз сұр пенжагының томпайған оң қалтасын сыртынан басып, салмақтап қойды. Асылмұрат жігіттің тастүйін қайсар жүзіне тіксіне қарады. Көкірегіндегі шиыршық атқан алақұйын арпалысты түсініп тұр.

– Айналайын Ертай, сабыр қыл! – деді иығына қолын салып. – Өйтіп ашуға ерік берме.

– Басқа не істеймін, аға? Қолымнан не келеді? Қорландым ғой әбден... – Екі иығы селкілдеп үнсіз булықты. Жаңа ғана көзінде жасын ойнап жалындап тұрған жігіт жалп етіп сөніп, дәрменсіз кейіппен төмен қараған. Іле дүр серпілгендей, жиегінде жас кілкіген жанарында тентек ұшқын қайта оянды. – Жоқ, ол иттің баласының желкесін үземін. Содан кейін сотталып кетсем де мейлі.

– Бір адамды ұрып-жыққанмен ештеңе өзгермейді. Бұл – системаның дерті. Бүкіл қоғамның бойындағы жегі құрт.  Сонымен күресуіміз керек.

– Бұрын отар болдық деп, бәрін орыстан көруші едік. Енді өзімізбен өзіміз алысатын болдық қой.

– Біз зұлымдықпен күресеміз, соған қарсы майдан ашуға тиіспіз. Оның ұлты, руы жоқ, бауырым.  Андағы қалтаңдағы тасты лақтыр. Ет қызуымен бір пәлеге ұрынып босқа өміріңді қор қыласың...

– Кісіні емдейді десек, бұлардың өзі ауру екен ғой!

– Ауру болғанда қандай! Бұл – қоғамның диагнозы. Қайда барсаң алдыңнан шығатын қасірет. Мұндай керге тап боламыз деп кім ойлаған, бауырым...

 Парақордың аты-жөнін қағазға түртіп алды да, Ертайды ертіп, жоғарғы қабаттағы бас дәрігердің қабылдау бөлмесіне барды. Ертайды осында отыра тұр деп, өзі ішке енген. Мұның осында жүргенінен құлағдар болса керек, көрген бойда атшаптырым бөлменің төріндегі қара былғары креслода үйелеген іркілдек сары орнынан домалаңдай тұрып, мол денесіне үйлеспейтін әбжіл қағылездікпен қалбалаңдап қарсы ұшты. Құшақ жая амандасып, төрге бастады. Өзі креслоға отырмай, столды айналып келіп, қарсыдағы орындыққа жайғасты. Жөн сұрасып біраз отырғаннан кейін Асылмұрат шет жағалап Ертайдың жағдайын айтқан. Жалқақ сарының айтақыр төбесі лап қызарып, шегір көздері шекесіне шығып кетті.

 – Япырай, мынау масқара ғой. Енді қайттік! – деп құйрығымен өрт сөндіргендей бір отырып, бір тұрды. – Институтымыздың тарихында мұндай сорақылық болып көрген емес. Науқастан пара алды деген не сұмдық! Ол иттің баласын ертең-ақ көттен теуіп, ісін сотқа беремін...

«Әй, әртисім-ай, сенің орының сахна ғой!» деп Асылмұрат бастықтың тамаша ойынына тамсанып, іштей таңдай қақты.

 

                                                      Арбат

 

Жарықтық Алматының бұлттануы да, ашылуы да оңай, жылап тұрып күле салатын ерке-тотай сәбидің мінезі сияқты. Аяқастынан түйдек-түйдек балалап, қабара жөңкіген қара бұлт сатыр-сұтыр сабалап өте шықты да, күн көзі жарқ етіп ашылып, жер-дүние қайтадан жайнап шыға келді. Газ бен тозаңнан тазарған мөлдір ауа жуған әйнектей сыңғыр қағады. Үлбірей ескен қоңыр салқын тыныс ашып қанатын желпіп тұр. Жаңа ғана тым-тырыс қаңырап  қалған тротуарлар тағы да арлы-берлі сапырылысқан  халықтың ала-шұбар ағынына айналды. Қайшыласқан лектің ішінде  Асылмұрат та ілесіп келеді. Жүрісі баяу. Етжеңді, сұңғақ денесі еңкіш тартып, екі жағына кезек теңселе ауыр адымдайды. Тротуарды жиектей ақ балтырлары жалт-жұлт жарыса жүгірген ақ қайыңдар жел шайқап бастарын сілкіп-сілкіп қалғанда, мың-миллион тамшы сіркіреп өтеді. Асылмұрат шалқайып, жапырақтан сытыр-сытыр саулаған ақ моншаққа бетін тосты. Жып-жылы тамшылар жүзін жуып, төмен қарай жоси жөнелді. Айналадағы жұрт «мына кісіге не болған» дегендей үрке қарап өтіп жатыр...

Жаяу жүргісі кеп жол ортада машинадан түсіп қалған. Аяңдай басып Төлебаев гүлзарын құлдилап келеді. Анасының ауыр дертке ұшырағаны есеңгіретіп тастағандай, үрей мен уайым көкірегін кеміріп байыз тапқызар емес. Арлы-берлі мойын бұруға шамасы келмей, жұмыс басты боп, күнделікті қарбаластың әбігерімен мұрнынан  шаншылып әбден қалжырағанын енді білгендей. Бойы салығып, ой қажытып, өзіммен-өзім оңаша қалсам деп жақын-жуықтан қашып келе жатқан беті. Бұл гүлзардың әр бұтасы көзіне таныс, көңіліне ыстық. Талай шарлап, қыдырыстаған орыны ғой. Әсілі Алматының сорпа беті қаратаяқтарының дені осы маңға қоныстанған. Жаздың салқын кештерінде, қыстың аязсыз тымық күндерінде орындықтарға жайғасып, шахмат сайысына түскен, мамырлай басып әңгіме-дүкен құрған атақты жазушы-әртистерді, партия-үкімет қайраткерлерін көресің. Ұшыраса қалса, жамырай қауқылдасып, әдейі іздеп барсаң қолыңа түспес үкіметтің белді мүшесі Құдай айдап өзі алдыңа кеп тұрғанда оңайшылықпен жібере қойсын ба! Басқа көшеге бұрылып кетуге бір оқталды да, шалдардың күн еңкейіп, көлеңке ұзармай серуенге шықпайтынын ойлап, ол райынан қайтты.

Қос қапталын қалың көкжелек күрегейлеген ұзын аллея көз суырып созылып жатыр. Арша мен шыршаның жауыннан кейінгі бұрқыраған жұпар иісі танау жарғандай. Өзімен өзі оңаша осылай еркін сейілдемегені қай заман! Өмірі өзінікі емес сияқты, сағат-минутын өз еркімен пайдалануға мүлдем мұрсаты жоқ. Жұмыс-жұмыс деп емпеңдеп уақытының қалай өтіп жатқанын білмейді. Тоғыздан секунд қалмай қаздиып орнында отырады, түннің бір уағында қалғып-шұлғып машинаның жұмсақ орындығында шайқалып келе жатады. Бүгінгі істі ертеңге қалдырмай бітіріп тастайыншы деп жанталасады. Бірақ одан азайып, ортайып жатқан жұмыс жоқ. Күнде осы. Апта сайын саунадан шықпайтын, гольф қуып, тікұшақпен қасқыр аулайтын көптеген әріптестерінің уақытты қалай табатынына таң. Кейде қажып отырып Сандуғашқа мұңын шағатын:

– «Тегі, мен жұмыстың қыбын білмейтін шығармын осы?»

 Сандуғаш иығына басын сүйеп күрсінеді:

 – «Сен тым адалсың. Жұмысты жаныңды салып істейсің. Сондықтан сенің шаруаң ешқашан бітпейді!»

 Сандуғаштай асыл жарға жолықтырған тағдырына риза. Осы күнге дейін әйел боп осалдық танытып бетіне тік келген емес. Өзі үшін емес, мұның өмірімен өмір сүретіндей қас-қабағын бағып елбіреп тұрғаны. Жоққа да, барға да бірдей, бір қалыптан айнымайды. Өзі сияқты лауазымды талай жігіттің қосақтары асып-тасқаннан не істерін білмей еліргендерін көріп жүр ғой, Құдай сондайдан сақтасын. Екеуі МГУ-де оқып жүріп табысты. Тарих факультетінде бұдан екі курс төмен оқиды екен. Алғаш рет Москвадағы қазақ жастарының Жаңа жылдық кешінде танысқан. Үстіндегі киім-әшекейі арзанқол болса да өзіне қонымды, жарасып тұр. Боянбаған. Қобыраған қалың шашын қысқа қидырып, шалқайта қайыра салған. Бәрі қарапайым. Бірақ бойында басқада жоқ бір асыл бардай өзін еркін, такаббар ұстайды екен. Вальс құйынында үйіріліп жүріп, қар ұшқындаған қысқы гүлзарда серуендеп жүріп сәбидей пәктікпен жаудырай қарайтын аялы қара көздердің сиқырына қалай арбалып қалғанын білмеп еді-ау. Ежелгі ата қоныс, қазір Россияның аумағы саналғанмен қазақтың тал бесігін тербетіп, іңгәсіна елжіреген кәдімгі Сарытау – Саратовтың тумасы болып шықты. Үш жасында анадан айрылып, он бірінде әкеден жетім қалыпты. Қолы қысқа болса да, жаны бай нағашы әжесі жүрегінің жылуына орап мәпелеп ержеткізіпті. Кісілік, ізгіліктің уызына мелдектеп өскен. Байсалды, кешірімшіл мінезіне қарап, кейде ауылдағы ғазиз аналардың сабырлы қалпы есіңе түседі. Иншалла, қазір өрімталдай өсіп келе жатқан бір ұл мен екі қыздың анасы. Төрт жыл бұрын Москвадан докторлығын қорғап келді. Университеттің білдей профессоры. Сонда да қалыбынан асып, табан жолынан жаңылған емес. Университет пен екі-араға автобуспен қатынайды. Мүйізі қарағайдай декан, профессор, Үкімет мүшесінің зайыбы. Оның орнында басқа бір шашы ұзын, ақылы қысқа әйел болса, жұртпен бірге  жағаласып автобусқа мініп жүруді қорлық көріп, намыстан жарылып өлер еді-ау. Сандуғаштың ондай ой қаперіне кіріп шықса кәне! Кейде жағын таянып, өзінен өзі мұңайып отыратыны бар:

   – «Мен бүгін өмірді көріп келдім, – дейді ондайда жасаураған қара көздері тұңғиықтанып. – Біздің  қазы-қартаға кекіріп, үлде мен бүлдеге оранып жүргеніміз қылмыс қой!»

 – «Тағы да қайыр-садақа таратып келдің бе?» дейді бұл сөз ауанын әзілге бұрған боп.

      – «Менің садақам кімге қамсау? Бейшараны көргенде өзің де бейшара болады екенсің!.. Біреуде – бәрі бар, біреуде – ештеңе жоқ. Азаттық деп аңсағанымыз осы ма еді? Қандай заманда өмір сүріп отырмыз? Не боп бармыз, Асылкен?!!»

Сандуғаштың осы уайым-парасаты ғой мұның жүрегін елжіретіп өзіне тәнті қыла түсетін.

Жауыннан кейін ашылған күн көзі жаймашуақ. Айнала тым-тырыс, машина сабылысқан ұлы көшеден жырақ. Ұшып-қонған құстардың үні ғана естіледі.

Өзінің іздегені де осы тыныштық еді ғой. Асфальтқа кесте төккен шырша-қайыңның қою көлеңкесін жамылып, асықпай аяңдап келеді. Көкірегі уыздай ұйып, қоңырқай мұңның әлдиінде тербелгендей. Күйкі тірліктің күйбеңінен ада, өз еркі  өзіне тиген   азат, алаңсыз бір сәт. Шұғыл іздей қалса, керек болар деп үкіметпен байланыс номерін ғана қалдырып, қалтателефонның екіншісін өшіріп тастаған. Келгенін білсе, осындағы таныс-білістер жанын қоя ма. Сауна, ресторан,  ланч... Шала шабылып мұрындарынан шаншылып жатқандары. Өздері де шаршайды, мұны да діңкелетеді. Бәрі, жаман-жақсы болсын, курстастары. МГУ-ға ауысқанға дейін бір жарым жылдай КазГУ-де оқығаны бар. Сондағы дәмдес-тұздас болғандары. Москвадан оралысымен бірден лауазымды жұмысқа ілікті емес пе, сол бойда бәрі үйіріліп мұны тауып алған. Өздері ұйымшыл, қайда жүрсе де жұптары жазылмайды. Бұл да қолынан келген  жақсылығын олардан аяп қалған емес, ілікке жарайтындарын түгел атқа қонғызды. Бір-бір мекеменің білдей тізгін ұстарлары. Сонысы қате болды ма деп те ойлайды кейде. Бұл жоғарлап өскен сайын араларындағы теңдік жойылып, сыйластықтары жарамсақтыққа айналып бара жатқандай  һәм сонысын бірінен бірі асырып, өзара жарысқа түсетін сияқты ма қалай, әйтеуір баяғыдағы қарапайым жарастықтарын жоғалтып алды...

Ағаш күркелеген гүлзардың салқын көлеңкесінен сыпырылып шығып, «Жібек жолы» көшесіне бұрылды. Беталысы – «Арбат». Әу бастан өзіндік ой-пікірі бар адамдардың бас қосатын, өнер арқылы қоғамға деген көзқарасын білдіретін орын болғандықтан, ел арасында осылай аталып кеткен. Москваның Арбатымен үндес. Өршіл, асау рух  шарықтап жүрген бостандық аралы сияқты. Өмірге өкпелілер де, қуанышы көкірегіне сыймай аласұрған албырт ғашықтар да, қайсар романтиктер де осында келетін. Совет заманынан солай. Жыртық тізе джинсы киген  жалбыр шаш бардтың қарлығыңқы үнінен көкіректегі әлдебір аңсар оянды. Ал суретші қылқаламынан тамған бояудан басқаша  өмір бүр жарып жататын.

 Асылмұраттың өзі де еркін ойдың тұнығын алғаш рет осы жерде татқан. Букинистік жаймалардың қатарынан диссиденттік әдебиетті таратушылар да табылып қалады. Сыртыңнан бақылап тұрып, кітап қадырын білетіндігіңе көзі жетсе, қасыңа келіп, елеусіз сыбырлап, арықтың іші не қоқыстың астына тыққан қазынасына ертіп баратын. «Мастер и Маргарита», «В круге первом», «АЗиЯ», «Доктор Живагоны» бұл құрдастары заты түгіл атын білмейтін кезде-ақ оқып тастаған. Арбаттың ауасы да, аурасы да бөлек. Мұнда басқаша уақыт өлшемімен өмір сүргендей күйге түсесің. Күйбің тірліктің кір-қоқысынан бойың сілкініп, биікте қалықтап жүргендейсің...

Баяғы көңілмен ентелей жеткен. Көзге ыстық көріністің жұртын сипап тосырқап қалды. Табан астың – қиюласа шегенделген қызыл-күрең құйма кірпіш. Бұрқақтаған фонтан. Қос қапталдағы байлардың меншігіне айналған үлкенді-кішілі үйлердің іргесі мрамормен қапталып, қабырғасы қызыл қышпен өрілген. Көрер көзге бәрі жаңарған, жылтырап жақсарған. Бірақ табаның тигеннен басқа әлемге енгендей баурап әкететін баяғы аура жоқ. Жүдеу иін жоқшылықтың көрмесіне айналғандай.

Арбат мұны босағасынан тіленші кейіппен қолын жайып қарсы алды. Тізесінен кесілген аяғының тұқылын «көрмеге» қойып, ақы дәметкен мүгедек. Шашын тап-тақыр ғып қырғызып тастаған, үстінде жалаң қабат лыпасы ғана бар, бет-аузы көкпеңбек боп қолындағы темір тегешін созған күйі сыз асфальттің үстінде жалаңаяқ тас мүсіндей мелшиген нақұрыс әйелді көргенде, бойын ызғар шарпығандай Асылмұраттың өзі қалшылдап кетті. Дар-дар  еткен күлкіге селк етіп   мойын бұрып еді, анандайда бір топ жігіт ошарылып тұр екен. Қолдарындағы сыраның шөлмегін ауыздарына төңкере сораптап қойып: «Ай-да, Вася, ну-ка, лови!» деп дарақылана күледі. Васясын арсалаңдаған күшік дерсің. Даунмен ауырған, басы жұдырықтай, денесі домаланған бозбала аспанға лақтырған қарабақырды аузымен қағып алмақ боп, ары-бір, бері-бір жүгіреді  далбақтап. Мұқтаждық ауыру-сырқауға дейін қуып Арбатқа әкеліпті. Асылмұрат біріне садақа беріп, бірінен орағытып, қол жайған қайыршы алаңнан тезірек жылыстап өтіп кетуге тырысқан. Көзі оқыс қарсы алдындағы шалқайма орындықта үйелмендей боп отырған кісіге түскенде, еріксіз іркілді. Әуелгіде «апыр-ау, не деген зор адам» деп таңырқаған, іле шырамытқандай болды. Бір жақ көзін баса дәкемен таңып алған. Бет-ауызы көлкілдеген ісік. Шынымен сол кісі ме? Иә, дәл өзі. Әб-ағаң ғой. Майханов! Қазақтың осы ғасырдағы түйепалуаны! Пай-пай, жарықтығым-ай. Отырғанның өзінде орта бойлы адамның түрегеп тұрғанындай. Сәлемдескеннен соң ол да мұны танып:

– О, бауырым, кел, – деп ығысып қасынан орын берді. Асылмұрат та еңгезердей жігіттің бірі еді, палуанмен қатарласа жайғасқанда, әкесінің қасында отырған кішкентай баладай боп қалды. Палуан жалғыз көзімен ожырая қарап, жымиған сыңай танытты:

– Ағамыз қартайғанда ішіп кеткен бе, әлде төбелескен бе деп таңқалып отырған боларсың?

– Олай ойламасам да, таңғалғаным рас?

– Жаурыным жер иіскемеген Майханов едім. Әлемді тамсандырған орыстың Медведін де оңаша  жерде талай рет екі бүктеп астыма салып едім. Амал не, енді жығылдым!..

Асылмұрат түсінбей палуанның бетіне қарады:

– Әлі күресіп жүрсіз бе?!

– Басқа татамида күресіп жүрмін!.. Белдесіп жеңсе, өкпе не. Майханов біреуден таяқ жеді деген ұят екен! – Палуан еске алудан ыңғайсызданғандай басын шайқап кеңк-кеңк күлген болды. – Құдай-ау, тапа-тал түсте мұндайды кім күткен. Қоңырау шырылдаған соң есікті ашқам. Бейтаныс екі жігіт тұр, қара көзілдірік тағып кепкілерін баса киген. «Иә, не бұйымтай?» деп жайбарақат жақындай бергенім сол, бетіме пыш еткізіп әлденені   бүркіп кеп қалғаны. Көзім ашып, басым шыркөбелек айнала жөнелгені ғана есімде. Көзімді ашсам, ауруханада жатыр екенмін. Тұла бойымда сау тамтық жоқ. Ұрған, тепкілеген. Үйдегі ілікке жарарды түгел үптеп кетіпті. Бәрінен бұрын медальдарым мен кубоктарымды айтсаңшы!

– Милиция табатын шығар.

– Таппай қалсын. Сол бар болғырлар нанын адал жесе, балақтағы бит бүйтіп басқа шығар ма еді. Мені былай қылғанда, басқаларға не істемейді. Қарақшы мен қайыршының еліңе айналдық қой. Жаман-жаман деп социализмнен қашқанда, шыққан ұшпағымыз осы сасықизм бе?

– Сөзіңіздің жаны бар, кемшілік аз емес, жеткілікті. Бірақ кім қателеспейді? Көш жүре түзелмей ме?

– Әй, түзеле қояр ма екен? Қиралаңдап барып омақаса орға құламаса неғылсын? Бүлінбеген, былғанбаған не қалды?! Қайда қарасаң да, іріңнің аузындай іркілдеп тұр. Көз қуантып, көңіл  жұбататын жалғыз жер осы Арбат еді, оны да жоқшылық жаулап алды. Айналаңа қарашы, бәрі қайыршы. Бұрын әр жұтым ауада поэзияның, музаның асқақ  рухы есіп, жаныңа қанат байланатын. Ана сақалдыны көрдің бе? – Асылмұрат иегін көтерді. Палуанның дәртедей созылған қолының жотасын бойлай сырғыған жанары қаптаған жайма суреттің ортасында мүштөгін сораптап, мүлгіп отырған қаба сақалға жолықты. – Малдыбаев деген атақты суретші, тойст, бұрын болған, қазіргі тірлігі мынау. Ол да тіленші емей кім? Кезінде Дрезден, Лондон көрмелерінде картиналары қойылған. Россияның еңбек сіңірген суретшісі. Одақ құлағаннан кейін елім деп келген ғой. Елі енесін ұрып, тентіретіп қойды. Айлап-жылдап салатын полотносын кім алады? Үкіметке өнер керек емес. Сондықтан күнкөріс үшін тау, өзен, киіз үй, аттың суретін салып, қара бақырға пұлдайды. Бес жүз теңге берсең, он-жиырма минутта суретіңді салып береді. Бір кезде қазақтың екінші Қастеевті болады деп жүрген жігіт қой!

– Қастеевтен садаға кетсін! – деді Асылмұрат қабағының арасы қатпарланып. – Ондайды халтурщик дейді.

– Неге?

– Өнерге сатқындық жасаған адамды басқаша қалай атайсың? Талант деген Алланың көкірегіңе құйған нұры емес пе. Мыңнан біреудің басына қонар бақыт!

– Ой, бауырым, мұның бәрі айтқанға жақсы. Аш қарында асыл ой, асқақ мұрат бола ма? Жан бағу керек қой.

 – Жан бағу үшін басқа тірлік қылсын. Өнерді бүйтіп қарабайыр кәсіпке айналдырып қорлауға болмайды ғой. Аяқ-қолы бүтін, тепсе темір үзетін азамат, бүйткенше қара жұмыс істесін.

– Жұмыс істейтіндей мұржасы будақтап, моторы дүрілдеп тұрған завод-фабригің қайсы? Қап арқалап сауда жасау мен қайыр тілеуден басқа не кәсіп қалды?

– Сіз бен біз басқа қоғамдық жүйенің тәрбиесінде өскен адамдармыз, дүниеге ескінің көзімен қараймыз, сондықтан жаңаның бәрі жат, ерсі боп көрінеді. Қанша аңсағанымызбен енді тарихтың шығыршығы кері айналмайды. «Үкімет өлтірмейді» дейтін баяғы масылдық психологиядан арылып, уақытқа бейімделуіміз керек.

– Ол жағынан кенде емеспіз ғой. Спортшыларымыз рэкитер болды, ақын мен артист – тамада. Қыздарымыз... айтуға ауыз бармайды. Осыдан артық қандай бейімделу керек?

– Ой, аға, ашынам деп оппозиционер боп кетіпсіз ғой! – деді Асылмұрат кейісті үнмен. – Өмірден тек қара бояу көресіз.

– Мен көргенімді айтам, қарағым. Бояу қосып отырғам жоқ. Өміріңнің бояуы сол болса қайтем. Бейімдел дейсің, бейімделгеннің бірі Әбдіғалам еді. Не болды? Елу мың теңгеге бола бір сілімтік өлтірді де салды! Басқа-басқа, қайран Әбекем өлімге қиятын адам ба еді!.. – Палуан дауысы құмығып, басын үсті-үстіне шайқады. Асылмұрат та еріксіз күрсінді. Палуан ағаның күйзелетін жөні бар. Бірі күрестен, бірі  бокстан алдарына жан салмаған Одақ кезіндегі қазақтың қос тарланы ғой. Тіршілікте жұптары жазылмайтын сыйлас дос еді. Спортқа құмар үлкен-кіші екеуінің есімін тұмардай ғып қастерлеп қатар атайтын. Бокс баһадүрі қайғылы қазаға ұшырағанда қабырғасы қайыспаған қазақ жоқ шығар. Газеттегі «қазанаманы» оқып, бұл да көз жасына ие бола алмай қалған. Даңқты бөксер өмірінің ақырғы кездерінде спорттың басы-қасындағы шенеуніктерден біраз түртпек көреді. Тренерліктен шеттетіледі. Өз алдына бокс мектебін ашсам деп талпынып көріп еді, тағы да шекесі тасқа тиді. Содан спортқа қолды бір-ақ сілтеп, бизнеске кеткен. Ақыры мындай болды. Қос алыптың бірі оққа ұшып, бірі таяққа жығылғанын ойлағанда, көкірегіндегі биігі тапталғандай қорлықты сезімнен ызаға булықты.

 Ар қарайғы өнбес дауды қаузайтын әңгімеге екеуінің де зауқы соққан жоқ. Әлгіндегідей бас жаққа   барыспай, басқа шиырға ат шалдырып, футболдан Барсельонда өтіп жатқан әлем Біріншілігін сөзге талғажу ғып біраз отырғаннан кейін Асылмұрат қайыр-көш айтып, орнынан тұрған. Палуан оның ұсынған қолын уысына қыса сілкілеп, біразға дейін босатпады.

– Айналайын, бауырым, ағамыз  қартайған соң қырт боп кетіпті деп сөге-жамандама. Қай жағыңа қарасаң да былық пен шылық. Құдай көз берген соң, қалай көрмей отырасың. Өзің сияқты кездескен естияр азаматтарға өстіп шағынып, ең болмаса ішімізді босатып алғымыз келеді. Құлағыңа енсе, қаперіңе аларсың, әйтпесе, көңіліне ештеңе жақпай қыржиған кәрінің көп қыжылының бірі дей сал...

 «Бұл ағамыз да қажыған екен! – деді былай шыға бере ішінен күрсініп. – Өмір бойы алақанда жүрген кісі, тұрмыстың аздаған қиындығын көтере алмай қирап қалыпты. Құрыды, азды-тозды деп қара аспанды төндіріп отыр. Осы ағайындар қызық, бүкіл дүниенің парқын қарақан басының пайда-зиянымен өлшейді. Рас, азаттықтың толғағы ауыр, ерге де, елге де сын боларлық міндеттер көп. Теңіз толқығанда түбіндегі қоқыс- лайдың бетіне қалқып шығатыны сияқты, әр кезеңге – бір сұрқылтай, ыбылысқа жанын сатып, һарамға қолын малған жылпос азғындардың етектен тартып жатқаны жасырын емес. Бірақ соған бола бәріне топырақ шашуға бола ма! Ең бастысы – заманның беті түзу. Басың – бостан, жаның – азат. Кеше қарының тоқ, көйлегің көк болғанмен, мойныңдағы шынжырды қарш-қарш шайнап көкке қарап ұлығаның қайда? Жаңа өзің айтқандай, орыстың Медведевін оңашада екі бүктеп астыңа салғанмен ашық кілемге шығар ма едің?  Шығып тұрсаң да жыға алмайсың? Неге дейсің ғой? Өйткені сен – құлсың. Құлдың қожайынды жығуына жол жоқ!»

Баяғыда ауылға демалуға барғанда, етікші Мәлік қарияның Совет Үкіметінің құлағанын естіп жылағаны есіңде. Шошайған сұйық сақалының ұшынан жас тамшылап, еңкілдеп тұрып жылаған: «Тәуба, тәуба, бұл күнді де көрдік-ау! – деген өксігіне тұншығып. – Енді аштан өлсем де арманым жоқ!» Сол патриотизм қазір қайда? Бір емес, екі емес, он бес жыл бойы патриот болудан жалықты ма жұрт? Неге екінің бірі жолыға қалса, көрген зорлығы мен қорлығын айтып зарлап қоя беретін боп алды? Әлде шынымен де ұлы көштің жүгі ауа бастағаны ма?..

Көңілі күмәнға күпті боп, сан-саққа жүгірген ойдың қайсысына ен тағарын білмеді. Телефоны безектеп қоя берген соң, «жұмыстағылар ма» деп апыл-ғұпыл қалтасынан алған. Бейтаныс нөмір. Кім болды екен? Сөйлескеннен соң барып таныды. Мұхит Әбенов! «Шұғыл сөйлесетін шаруа бар»  дейді. Еркіне тиген аз ғана сәттің қызығын бұйыртпай кедергі жасаған досына іштей ренжісе де, «ол не шаруа?» деп көңілі елеңдеп қалды. Қай тұста жүргенін білген соң, «жарты сағатта жетем,  «Жетісудың» алдында тос» деді. Өте дарынды болған соң, әкесінің Қаһан атын еврейдің ыңғайына бұрып, өз араларында «Каганович» деп атайтын. «Әй, Каганович, – деді Асылмұрат басын шайқап, – тағы не ойлап таптың екен!»                                        

Мұхит – талай жылдан бері жұп жазбай келе жатқан досы. Москвада жүріп танысқан. Атақты «Бауманкада» оқиды. Алғаш көргенде ұлы Мұхаңның белгісіз баласының бірі емес пе деп таңырқап қалған. (Ол кісі жайлы алып-қашпа сөз көп емес пе!) Әуезовтің жас кезіндегі суретінен аумайды. Қас-қабағы, маңдайы, шашының бұйрасына дейін ұқсайды. «Талантты адам бар жағынан талантты болады. Сен әдебиетпен айналыссаң, екінші Әуезов болар едің» деп бұлар қағытқанда: «Әдебиетке екінші Әуезовтің керегі жоқ, біреу жетеді. Ғылымға да бір Әуезов керек емес пе!» дейтін әдемі қоңыр көздері ұщқын ата күлімдеп. Бұл оның астамшылығы емес, өзіне деген бек сенімі еді. Расында да бірден жарқ етіп көрініп, аз уақыттың ішінде ғылыми әлемге танылып үлгірген. Кванттық теориядан жазған дипломдық жұмысына бір ауыздан ғылым кандидаты атағы беріледі. Шынашақтай бозбаланың айрықша қабілетіне тәнті болған талай марқасқа ғылым көкжиегіне жаңа Эйнштейннің жұлдызы жарқырап туып келеді   деп дәмеленген. Мықтының мықтысы әзер түсетін «Бауманканы» қызыл дипломмен бітіру – анау-мынаудың маңдайына жазыла бермейтін бақыт. Қазір стендтегі үздіктердің көшін шашы дудырап, ойлы көзін алысқа қадаған қазақтың қара домалақ баласының суреті бастап тұр...

  Обалы нешік, алғашқы  жылдары Елағаң командасын қолдың саласындай өңшең өрім жастардан жасақтады. Әр саладағы талантты мамандарды қасына топтастырды. Ескі дүние қаусап, бағыт түзей алмай жан-жаққа алақтап аңтарылған тұста шылбыр ұшынан іліп әкетіп, ұлы көшті жаңа асуға жетелейтін жігерлі жастар керек болды. Елағаңның алғаш құсы түскен санаулы жігіттердің бірі осы Мұхит еді. Әуелгіде көп толқып, ғылымды қимаған. Бірақ Москвадағы лаборатория жабылып, жұмыстың қиюы қаша бастаған соң, біраз уақыт ғылымды қоя тұруды жөн көрген. Каганович үшін қиын ештеңе жоқ, қайда салсаң да бұзып-жарып мұзжарғыш кеме сияқты өте шығады. Келе салып елдегі банк жүйесін әлемдік стандартқа сай құрып, аяғынан қаз тұрғызды. Энергетика мен өнеркәсіп саласын ұзақ уақыт басқарды. Бірақ соңғы уақытта қағынан жеріп, басқа жаққа қарап мөңірейтін әдет тапқан. Саяси стратегиялық бақытты сынап, шетелдік тәуелсіз баспасөзге сұхбат бергіш боп кетіп еді, ақыры үкіметпен атқұйрығын кесісіп тынды. Елағаң екеуі жарты күн оңаша сөйлескеннен кейін, өз еркімен отставкаға арыз  берген. Екеуара не мәселе жөнінде мәслихат құрғанын ешкім білмейді. Елдікі көлеңкеге тон пішкен құр долбар ғана.

 

                                               Маэстро

Асылмұрат көшенің арғы бетіне шықпақ боп жерасты өткеліне бұрылды. Сұр мрамор баспалдақтар табаны тиген сайын аккордионның тіліндей дыңылдап, төмен түсіп келеді. Кенет әлдеқайдан құлағына скрипканың үні жетті шалқып есіп. Жүрек түбін шым еткізіп, асау толқындай шайқап ала жөнелді. Вивальди ғой, Төртінші сюита! Анау-мынаудың мұны орындауға жүрегі дауаламайды һәм мұндай ғып орындау қайда! Кім болды екен бұл? Ана бір жылдары арлы-берлі өткенде бұл жерден панкилерді көретін. Кейіннен рэпрлер басты олардың орнын. Гитара, саксофон болмаса, скрипка ұстағандарын көрген емес. Мынау үлкен мектептен өткен профессионал! Үйездеген көгілжім, күңгірт сәуле шұбарта    дірілдеп, екі адым жерден арыға көз жетпейді. Жүріс тоқтаған, тым-тырс жұрт бірін-бірі кеуделеп ұйлығып тұр. Асылмұрат бала кезінде талай өнердің жағасына жармасып көрген. Суретші де болғысы келді, скрипкаға да тәуір-ақ құмартқан. Қасапшы сыған Романың соңынан қалмай жүріп, жарты жыл әуреленген. Бірақ қонбай қойды. Қол жетпеген арманның күйігі  қатты ма, әлі күнге дейін скрипка десе жүрегі алып-ұшып тұрады. Москвада жүргенде дүниежүзінен келетін әйгілі скрипкашылардың бір де бір концертін құр жіберген емес.

 Сыңсып, сыбырлай сызылған үн әлдебір күйікті көңілдің шерін шайқағандай бебеу қағады. Кеудеге сыймай тыпырлаған жүректің лүпіліндей жоғары-төмен құйқылжи төгіліп, мың құбылады. Сырлы, сылқым. Өзек суыра өксіп барып үзілгенде, ду соғылған шапалақ, айғай мен ысқырық өткел ішін дүр сілкіндірді. «Маэстро, браво! Еще давай!» Жұрт қосыла қол соғып тұрып алды. Асылмұраттың алдында тұрған бір қартаңдау орыс әйелі күрсініп, басын үсті-үстіне шайқады:

– Господи, какой талант пропадает?!. Қор болған қайран талант-ай десеңші!

Қобыраған сабан шаштың үстіне жантая қонжиған қоңыр шақпақ кепка жел шайқаған күнбағыстай әйелге қарай әнтек иілді. Мұртының оң жақ шалғысы мен оң жақ қасы сарғайып кеткен сидам бойлы, мосқал еркек мысқылдай мырс етті:

– Интересно вы рассуждаете, барышня! Что тут зазорного? Выступать перед нами разве унизительно?

– Я не о том. Он же талант от Бога...Виртуоз! Его место там, на большой сцене!

– И за это спасибочка боженке. А то разве мы в таких лохмотьях можем ли пойти в театр? – Дудар бас шал екі өкшесі екі жаққа қисайған ескі бәтіңкесі мен балағы  қызыласығына жетпей шолтиған шалбарына қулана көз тастап қойды. – Почти полдня здесь торчу, слушая его. И тащусь от него! Даже в театре сейчас вряд ли такое услышишь!

– В этом отношении Вы правы. Да, какой нам театр, господи. Пенсия – одно подаяние, даже на черный хлеб не хватает.

Хошаметшіл қауымның дүркірете соққан шапалағы мен «браволаған» үні басылар-басылмастан скрипка қайтадан сызыла сыңсып қоя берді. Бұл жолы маэстра орыс пен сыған әуендеріне кезек берген. Делебе қоздырар назды, ойнақы попури. «Цыганочканың» алғашқы ноталары құйқылжи төгілгенде-ақ жаңағы айтысып тұрған шал мен кемпір жүздері жайнаң қағып, өкшесімен еденді тарпа тепкілеп, иықтары селкілдеп билей жөнелсін. Соны күткендей желпінген жұрт жан-жақтан қиқулап іліп әкетті. Лезде кішкентай алаңқай әсем ырғалған денелердің асау толқынына көмілді. Қажыған кәрі көкіректерде сонау оралмас сағынышты күндердің асқақ романтикасы қалықтап жүр. Көзілдірігінің шынысы минус үш, алакөлеңкеде айналасы бұлыңғыр тартып, тауықсоқыр боп қалатын әдеті. Иін тірескен елдің соңында ентелегенмен маэстроның құр анадайдан сұлбасын ғана ажыратып тұрған. Жұрттың дені биге қарай ығысқанда арасынан сыналап, алға қарай өткен. Маэстроның жақыннан түрін көргенде, аңтарылып тұрып қалды. Әйгілі Әділгерей! Бәсе, кім де болса, айтулы сойдың өзі боларсың деп ойлаған. Қау боп өскен қара бұйра шашы дөңгеленген сақал-мұртымен тұтасып, өңіне бір түрлі поэтикалық әсем рең беріп тұр. Жанарын анда-санда бір жарқ еткізіп ашып, қарсы алдына қадалғанмен ештеңе көрер емес. Қос ішектен дамылсыз үн сауған ысқы біресе соза осқылап, іле қадала дірілдеп, оңды-солды серпілген сайын жүзі мың құбылып, бүкіл денесімен қосыла тербеледі. «Жарық айдың» соңғы ойнақы ноталарын құйқылжыта екі қайрып тоқтаған. Тағы да ду қолшапалақ, тағы да кеу-кеулеген хошамет. «Әзірге осымен болды» деген сыңаймен маэстро басын үсті-үстіне иіп, скрипкасын қабырғаға сүйеді. Айқара ашылған құндақтың үстіне қызыл-ала, көк-ала "Абайлар", "Шоқандар", "Әбілқайырлар" мен "Абылайхандар" қалықтап қонып жатыр. Маэстро жүрелей қалып, апыл-ғұпыл жинастыра бастаған. Жұрттың соңын ала Асылмұрат жүз доллар тастады. Көктен түскен бақ сияқты бәрінің мысын басып қалықтап келе жатқан «Вашингтонды» аяғын жерге тигізбей қағып алған бойда жып еткізіп, нәскиінің қонышына сүңгітіп жіберді де, «бұл қай жомарт» дегендей еңсеріле жалт қараған. Сенер-сенбесін білмей көзі жыпылықтап сәл отырды да:

– Ой, Асеке, сенбісің-ей! – деп қос қанатын жая ұмтылды. Екеуі құшақтаса кетті. Қатты қысып, бір бірінің арқасын қағысты! Әйгілі скрипкашыны мұндай күйде көргеніне Асылмұрат ыңғайсызданып тұр. «Қап, көрінбей кетіп қалуым керек еді» деп ойлады.

– Иә, хал қалай? – деді қысылған тек тұрмастық кебімен.

– Хал осы, көріп тұрсың ғой! – Әділгерей мұңайып жүзін төмен салды. Содан соң:

–Тоқтай тұр, қазір... – деп отыра қалып, құндақтың түбіндегі тиын-тебенді сыпырып, қалтасына тоғытты. – Тезірек зытырмасаң, «ұры иттің артын  сұқ ит жалайды» деп, рэкет деген пәле, одан қалды милиция осы садақаны да бұйыртпайды!.. Айтпақшы, саған көп рахмет, Асеке, үш күндік табысымды бір-ақ ұстата салдың ғой! – Сәл қиықша қара сөздері шоқша жайнап, шын қуанып тұр. Асылмұрат жүрегі солқ етіп, мұңая күрсінді ішінен: «Беу, еуропалық кез-келген сахнаның сәні болар арқалы талантты мұндай күйге түсірген кім?.. Бәсе, кім?»

 Әділгереймен де Москвада танысқан. Чайковский атындағы консерваторияның скрипка класын бітірді. Оқып жүргенде-ақ талай-талай халықаралық   беделді конкурстарға қатынасып, «Алтын скрипка» атанған. Бесінші курста Англияның Король театрында өнер көрсеткен. Еуропа өнерінің Меккесі атанған қасиетті сахнаға одан бұрын қай қазақтың табаны тиіп еді. Сол бір студенттік күндерін есіне алса, жүрегін сағыныш пен мақтаныш кернейді. "Еһ, қайран Москва, барыңды, нәріңді берген анамызсың ғой сен біздің! Алаламай өнерің мен біліміңді алдымызға тостың...» Осы күнде қағынан жеріген құландай, өткеннің бәрін сыпыра жамандайтын көк езу көпірмелер мен дәлелсіз ғайбатшыл сасық ауыздар көбейіп кетті емес пе. Олардың уәжіне сенсең, орыстың екі беті бірдей қап-қара. Бұл, әлбетте, қияс пікір, қиянат сөз. Рас, өңменіңнен итеріп өксіткен өктем жұдырықты жек көр, бірақ жарыққа жетелеп, маңдайыңнан сипап,  мейрімін төккен аялы алақанды қайда қоясың? Жалпы өткеннен тек жамандық теру – нәрін беріп, аузыңа уызын тосқан үрпіні қыршып алып, түкіріп тастаған кісәпір кесірлік қой. Даналықтың дуасы дарыған Москваның ауасын жұтпаса, мына Әділгерейлер әлемдік орбитаға көтерілер ме еді?

– Все, товарищи, антракт на сорок пять минут! – деді Әділгерей әлі де кеткісі келмей қарайлап тұрған көпке қарап. Содан соң едендегі картон қорапшаны төңкеріп, үстіне газет жайды.

– Кел, Асеке, жүрек жалғап алайық.

 Көлеңкеде қылжиып жатқан қара сөмкенің сары сырмасы алтын тісті ауыздай ашылып, әне-міне дегенше кішігірім дастархан жасап тастады. Екі жұмыртқа, төрт тілім қара нан, сүйемқарыстай қызарған сервилат... Бүйірінде қытай қызы күлімдеген қызыл термосты ашып, тұқымы құрып жоғалуға айналған кәдімгі көзге ыстық "сәбетский» қырлы стакандарға кофе құйды.  Үңірейген өткел аузы жауыннан соң бой шымырлатар леппен сыз тартып тұр. Стакандағы кофенің жиегі жыбырлап, ауаға будың жіпшелері ширатылды.

– Көріспегенімізге қаншама уақыт, Асеке! Былай... нетіп... дүкенге барып келсем қайтеді?

– Қой, әуре болма!

– Иә, дұрыс, саған ұят қой... Ендеше барымен базар. Үйге жүр деп айта алмаймын, өзің көріп тұрсың – жұмыстамын! – деді Әділгерей қулана қасын қағып. Асылмұрат кофеге қол созды. Қырлы стаканның ыстық бүйірі алақанын шымырлатып, сонау өткен күндермен қол алысып тұрғандай, тұлабойын жып-жылы тоқын шарпып өтті. Үстіне бір тілім колбаса салынған қара наннның дәмі қандай! Қайран студенттік кездің дастарханы. Аштан келгендей қара нанды қарбыта асады.

– Жә, дұрыс-ақ бәрі, – деді қалай жөн сұраудың ретін таппай қипақтап. – Бірақ сахнаны көшеге айырбастап жібергеніңе жол болсын!

– Ұлы көсем не дегенін білесің бе?

Қай көсем не дегенін түсінбей, Әділгерейге сұраулы жүзбен қарады.

– «Өнер – халықтікі» демеп пе еді. Сол қағиданы ұстанып, халыққа жақындағым келді! – деп күлімсірей берді де, тез түсін суытып ала қойды. – «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар», Асеке-ай. Сахнадан кетейін деп кетті дейсің бе, қу тіршілік кетірді ғой. Оркестрдің солисі боп күн көру қиынға соқты. Базарға барып жүк тасуға не құрылысқа баруға саусақтарым қатып кете ме деп қорықтым. Амал жоқ, ендігі кәсібіміз осы – бір күн тоқ, бір күн жоқ дегендей.

– Сары қыздар қалай, өсіп жатыр ма? – деді Асылмұрат әңгіме ауанын басқа жаққа бұрмақ боп. Әділгерей   қабағының астына көлеңке ұялап, мұңая күрсінді.

– Иә, өсіп жатыр ғой... Құлындарымды қатты сағынамын.

Асылмұрат тіксіне қарады:

– Қалай?

– Альфия төркініне кетіп қалған. Қазанда тұрып жатыр. Тұрмыстың қыспағына шыдай алмады. Үлде мен бүлдеге оранып алақанда өскен адамға оңай ма? Түсінем, әрине, ешқандай кінә қоймаймын оған. Солар қиналмасыншы деп үйді де сатып, қалтасына салып бердім.

– Өзің ше?

– Өзім... өлмегенге – өлі балық. Жатақханада бөлме жалдап тұрып жатырмын.

Асылмұрат шарасыз күймен басын шайқады.

– Түңілетін ештеңе жоқ, Асеке! – деді Әділгерей дауысы жадырап. – Бұдан да жаманын көрдік емес пе. Мен кемдік көрейін, сен кемдік көр, тағы біреулер кемдік көрсін – ол трагедия емес. Ең бастысы, жұртымыз кемдік көрмесін дейік. Бар жоқтың орнын толтыратын бір ғана байлық бар. Ол – еліміздің еркіндігі. Мен сонымен тоғаямын, сонымен мерейленемін!..

Төрт құбыласы толысқан қамсыз-мұңсыз қалыппен тістері ақсиып, жарқырай жымиды. Асылмұрат фонтандай атқылаған ыстық сезімнен жүрегі лап етіп құшақтай алды да, кеудесіне қатты-қатты қысты. «Айналайын бауырым, мынау дүниені апаттан арашалап, тұнығын шайқалтпай ұстап тұрған сендерсіңдер ғой. Сендердің кіршіксіз ғазиз жүректерің!» деді ішінен, көз шарасынан жас шымырлап.

Ұялы телефон қалтасында тыпырлап үсті-үстіне безектеді. Мұхит қой!

 – Әу, қыз күткеннен жаман сарылдақ қой. Болсаңшы!

Әділгереймен асығыс қоштасты да, мәрмәр тепкішектерді жүгіре басып жоғары көтерілді.

 

                              Құлдар мен құштарлық жәрмеңкесі

 Мұхит уәделі жерде күтіп тұр екен. Жол жиегіндегі мөлт қара джиптің бүйірі қақ жарылып, іштен қол бұлғады. Рульде өзі, іште басқа ешкім жоқ. Қоңырқай жүзі қуқыл тартып, қабағы түйіліп отыр. Сәлемдескеннен кейін:

– Мыналарда түйсік жоқ! – деді иегін жоғары көтеріп. – Жаңа ғана радиодан естідім, Жаңатастағы фосфор заводын жауыпты.

 «Ой, тәйір-ай!» деді Асылмұрат ішінен. Күңіренгеніне қарап, керемет бірдеңе боп қалды ма десе.

– Дұрыс болған. Сары фосфор айналасына ажал шашқан апат емес пе. Зияны ураннан кем емес дейді ғой.

 – Ол құр насихат, елді алдарқату. Технологиясын жетілдірсе, ешқандай қауіп жоқ. Мәселе басқада, жылдық кірісі мемлекеттік бюджеттің жартысына жетеқабыл өндірісті жабудың себебі не? Америкада да дәл осындай сары фосфор заводы бар. Бәсекелестерін ығыстырып, өз өнімдеріне жол ашу керек. Соңғы уақытта Эффеннің ісіне байланысты мәселе неге сиыр құймышақтанып кеткенін білесің бе?

– Оның не қатысы бар?

– Тікелей қатысы бар. Кәкәйларың ашылмасын десеңдер, заводтарыңды жабасыңдар деп отыр. Бұл – көп шарттарының бірі. Жез қармаққа желбезегінен ілінген соң, қалай сүйресе де өз еріктері!

– Мені осыны айтайын деп шақырдың ба?

 – Сабыр, Асеке, сабыр. Әуелі бір-екі көрмені тамашалайық.

«Көрмесі несі? Не жұмбақтап отыр бұл сығыр?» Қара джип дірілсіз сырғи жөнелді. Тіке салып-ұрып жүйткіген күйі Абайды айналып барып, Сейфуллин көшесіне түскен.

– Айналаңа қарай отыр, – деді Мұхит әлденені жұмбақтағандай үнмен. Алды ашық болса да шетке қарай ығысып, машинаның жүрісін баяулатты.  «Е, қарайтын несі бар екен?» деп жан-жағына көз тастаған. Ерсілі-қарсылы ағылған машина, жаяу жүргінші. Тоқта, мынау неғылған адамдар? Жолдың қос жиегінде әрбір отыз-қырық қадам сайын төрт-бестен топтасқан жігіттер. Сөмке, пакеттерін ағаштың бұтығына іліп қойып, көлеңкені саялап үйіріліп тұр. Арлы-берлі өткен машиналарға елеңдеп емекси қарайды. Мұның бет-жүзіндегі құбылысты қалт жібермей көзінің қиығымен қағып ап отырған Мұхит:

– Көрдің бе? – деді мысқылды үнмен.

– Бұлар кімдер?

– Бұл көше – біздің  үлкен жетістігіміз! Қазақстандық еңбек биржасы!

Әудем жер құлдилап барып, үлкен еменнің түбінде шоқайып-шоқайып отырған бір топ жігіттің қасына тоқтаған. Екеуі түсем дегенше орындарынан  ұшып-ұшып тұрып, ентелей кеп қоршап алды.

– Ассалаумағалейкум, аға! – деп жапырлай қол беріп жатыр. Көбі бұл екеуінен кексе болса да кішірейіп, жалпақ қағады. Көздері шүңірейген, жүдеу өңді.

– Аға, қандай жұмыс? – деді қиық көз, шымыр қара. – Бәрін істейміз, Ремонт? Әлде үй, коттедж саласыз ба? Под ключ тапсырып береміз!

– Мамандықтарың бар ма?

– Әрине! – деп жан-жақтан жамырап қоя берді.

– Мен – тасқалаушымын.

– Мен Политехтің ПГС-ін бітіргем. «Жәйремтяж стройда» аға прораб боп істегенмін.

– Мен – монтажшымын, алтыншы разрядты.

– Мен бәрін істей алам, сварщик, электрик, отопление жүргізем... мастер на все руки!

– Қай жақтан келдіңдер?

– Әр жақтан, аға. Мен Шымгенттенмін.

– Ақсудан.

– Жәркенттенмін.

– Мен Жезқазғаннан келдім...

– Елдеріңде істейтін ештеңе жоқ па, немене?

– Құрып тұр ғой, аға, құрып тұр! Әбден қайыршы боп кеттік.

– Қатын-баланы асыраймыз деп қаңғып жүрміз.

– Дала кең, мал бағып, егін салмайсыңдар ма?

– Ой, аға, сіз де айтасыз-ау! Жер қалды ма, есіктің алдына дейін қолы ұзындар бөліп алған жоқ па! Жалғыз сиырыңды жаяйын десең, әкет малыңды, жер менікі, ақы төле дейді.

– Дұрыс, жігіттер! – Мұхит екі қолын шалбарының қалтасына салып, басын изеді. – Маған да керегі өздерің сияқты құрылысшылар. Бірақ бүгін емес, кейін келемін. Машинаға оталдырып, орнынан қозғалғанша ентелей қоршап тұрып алды:

– Келіңіз, аға. Ылғи осы жерде боламыз. Біздің бригадиріміз мына Ораз! – Сұйық  кекілі көзіне түскен тыри сары өзінен де арық, ұрты суалған, қоңқақ мұрын жігітке жаутаңдай қарады. – Ореке, өзің дұрыстап сөйлесші!

– Аға, біз өзбектер сияқты шала-шарпы істемейміз. Бәрін конкретно жасаймыз.

– Бағасына келісеміз ғой, аға. Көп сұрамаймыз...

Жамырай сөйлеп, машина жылдамдық алып екпіндей жөнелгенше соңынан шұбыра ерді. "Бәрін істеймін! Арзанға!" деп картонға бадырайтып жазып, мойнына жіппен іліп алған беті алжа-алжа біреу тіпті қапталдай жүгіріп, дөңгелектің астына түсе жаздады:

– Аға, әгөретіңіздің шөбін жұлып берейін... туалетіңізді тазалайын... мың-ақ теңге... жарайды, бес жүз, аға... аға!..

 Былай шыға  бере Мұхит:

– «Бірінші Алматы» вокзалына барып, тірелгенге дейін осы, – деді күрсініп. – Жолдың екі қапталында өстіп топ-топ болып тұрған жігіттер! Әрқайсының бала-шағасы, ата-анасы бар дегендей. Бір-бір үйдің асыраушысы. Бәріне бірдей жұмыс табыла ма? Бір күн шыдар... Он күн шыдар. Адам темір емес қой. Ашынған соң не істемейді. Ары қарай белгілі ғой!..

Асылмұрат тұнжырап, терезеден сыртқа самарқау көз салды. Күннің кешкі шапағымен көздері қызара жанған биік үйлер, шаштары жалбыраған үйеңкілер шыркөбелек дөңгелеп қалып жатыр. «Өрлей көштім бір сайды» демекші, ұзынсонар шабыстан кейін қара джип бір  заматта жалт бұрылып, кең даңғылмен көсіле өрге қарай заулады.  Саин көшесі екен. Бір кезде шаһардың шеті еді. Ойқы-жойқы шаңы шыққан күрежолдың қарсы беті колхоздың егістігі болатын. Бұл жаққа жолы түспегелі қай заман. Кенеріне симаған алып қала асып-төгіліп, көз ұшына адымдап барады. Қатар түзеген зәулім үй, жайқалған дарақ. Бірақ бұл көшенің даңқы мен  сәні басқаша екен. Ұлы көшенің қос жиегінде ақ қайыңдармен сән таластырып өңкей бір ақ балтырлар тізіле қапты. Әр ағаштың түбінде бір бойжеткен дерсің.

Дәрі ішіп, текелігі қозып құтырған шалдар да осы жерден тоят іздейтін. Бірде сондай қақпастың бірі басы қалтаңдап, қызбен саудаласып тұрса керек:

– "Түу, удай қымбат қой! – дейді сақалы селкілдеп. – Көк базардағы қазыдан да асырып жіберіпсіңдер ғой, түге!"

– "Бар дүние қымбаттап жатқанда, біз неге қымбаттатпаймыз? Бакстің курсы өсіп кетті."

– "Сонда да, шырағым, қымбат қой!"

– "Мен өз "тауарымның" бағасын білемін. Арзан керек болса, ана шетте тұрған қисық аяқ қара қызға барыңыз!"

– " Пішту, ауылнайдың керегі жоқ. Маған сен ұнайсың!"

– "Ендеше не базар?"

– "Кішкене төмендетші?"

– "Жоқ, айттым – бітті. Біз де менттерге налог төлейміз!"

Шарасы таусылған шал:

– "Шырағым-ай, сәл түсірші, сенің де мендей әкең бар шығар!.." дей бергенде қыз:

– "Пошел ты!" деп кеудесінен итеріп жіберіпті.

Осы анекдот есіне түсіп, Мұхит еріксіз мырс еткен.

– Не болды-ей? – деді Асылмұрат қисынсыз күлкіге зілдене ажырайып.

– Жәй әншейін...

Қабағы түйіліп, рульге үнсіз жабысқан Мұхит келесі сәтте оқыс ойнақыланып, әндете жөнелді.

– Кел, кел көшесіне Саинның.

 Күндіз-түні – қашан келсең дайынмын.

 Мұнда қызық, мұнда өмір қайнаған,

 Ұмытасың не екенін уайымның...

Түкке түсінбеген Асылмұрат «Мына сойқан не деп келеді-ей?» деп тіксіне қараған. Тоңқаңдаған джип дөңгелегімен кенерді сүйкей тоқтады лоқ етіп. Мұхит үнсіз. Қос    терезенің әйнегін екі елідей түсіріп қойды. Жарты бетін жапқан қара көзілдірік киіп, орындыққа шалқалаған. Сол-ақ екен қос қапталдағы жапырлаған ақ балтырлар жарыса  басып жақындай берді. Бір сәт ақ балтырлы орманның қоршауында қалғандай болды. Мың-сан үміт ұшқындап, аярлана арбаған көк, қара, қиық, бадырақ көздер, алаулаған, албыраған жүздер түнгі аспандағы толықсыған  ай-жұлдыздай әйнек сыртынан жыпырлай төнді.

– Мырза! – Қақ жарылған толқанды қара шашы ақша жүзін көмкерген пісте мұрын қыздың мауыққан үні үзіліп шықты. – Тай массажын қалай көресіз? Арнайы курстан өткенбіз. Ләззаттың бал-шәрбәтін татам десеңіздер, біз дайынбыз. Қасымда талшыбықтай бұралған құрбым бар. 19 жаста!

Бұралаңдай басып кеп, аққу мойын ақсары қыз тұнжыраған көкшіл көзін төңкеріп терезеге бір қырындай тұрды. Өз бағасын білетін кербез, паң. Етімен ет боп жабысқан қысқа етек көк көйлектің өңіріне қос анары сыймай бұлқынып тұр.

– Алпыс, қырық, тоқсан! Сағатына – бес мың! – деді ерін ұшынан еріне. Ішін тарта, "сенбесең, міне, көр» дегендей, ерекше өркештенген бөксесін бұлғаңдата бір ырғап қойды. Асылмұрат шынтағымен бетін көлегейлеп, салонның алакөлеңке бұрышына қарай тығыла түсті. Терезенің екінші жағынан қып-қызыл боп киінген денесі жалынның тіліндей лапылдап тағы біреу ентелеп  келеді:

– Мен – "стюардессамын". Бір сағат бойы аспанда қалықтатамын.

«Қызыл жалынды» көлеңкесімен бір-ақ сипап өшіріп, келесі сәтте әйнекке таңырайған танау мен жайылған жалпақ ерін шапталды.

– Қара «бұзау» керек емес пе? Алпыс екі тамырыңыз иігенде, дүниедегі өзге рахаттың бәрін  ұмытасыз! – Деуін десе де, дүрдік ерін дүрқара қыз өз арсыздығына беті шыдамай тез бұрылып, теріс қарап кетті...

Асылмұрат екі көзін тарс жұмып, екі құлағын екі алақанымен басып, қылғына ышқынды:

– Мұхит-ау, бұл қай қастандығың! Құтқар мына сұмдықтан! Әкет! Әкет... 

Машина дүр етіп оқыс қозғалғанда, әйнектен тесіле төнген аяр көздер  мен арсыз жүздер кілт серпіліп, шашырай шегінді.

 

                                      Сен лапылдап жанбасаң

Машина бұралаң көшелермен құйғытып келіп, әлдебір шағын гүлзардың маңына тоқтады. Екеуі жерге түсті. Асылмұрат әлгіндегі көргендерінің әсерінен әлі айыға алмай есеңгіреп тұр.

– Мұхит-ау, мен не көрдім? Бұл не масқара! – деді қос шекесін алақандарымен сығымдай қысып.

– Сен өмірді көрдің... Екеуміз орнатқан өмірді!

– Оған екеуміздің қатысымыз қанша?

– Болғанда қалай!

– Біз бе екен оларды сондай жолға түсірген? Адам қандай жағдай болса да, адам боп    қалуы керек!

– Бұл, достым, құр риторика. Адам жаны темір емес, адам дегеніміз жанды биологиялық социум. Бәріне төзетін, бәрін жеңіп шығатын пролетариат жазушыларының геройы ғой деп пе ең? Неге бұзылмасқа, неге өмірдің екпінді ағысына тұншықпасқа?

– Маған осыны көрсетейін деп шақырдың ба?

– Ол ғана емес... Бірақ мұны көргеннің зияны бола қоймас...

Кең, оңаша аллеяда екеуі баяу аяңдап келеді. Жиектегі кісі бойы балапан  шыршалар кешкі көлеңкесімен қол ұстасып, қатарласа адымдайды. Мұхит Асылмұраттың қолтығынан ұстады. Бұйра шашы жидіп жылтырай бастаған төбесі Асылмұраттың иығынан сәл ғана қалқыңқы екен.

– Асеке, менің үкіметтегі үлкен лауазымды жұмыстан кеткенімді әркім әр саққа жүгіртіп жүр. Жеп қойып, сосын қуылды дейтіндер де бар. Бізде жеген емес, жемеген қуылатынын білесің ғой. Мені ешкім қуған жоқ, өзім кеттім. Елағаң бұдан да үлкен қызмет ұсынды, оған да көнбедім.

Асылмұрат бар денесімен бұрылып, таңырқай қарады.

– Сонда не үшін?

– Жаңағы, сен көріп, жағаңды ұстаған Өмірді көрген соң, бәрінен баз кештім! Құр даңғазамен алаөкпе боп жүріп, аз жылдың ішінде қаншама құлдырағанбыз, қаншама азып-тозып, адасқанбыз!

– Қойшы-ей, сен де қара аспанды төндіре береді екенсің! – Асылмұрат жақтырмаған сыңаймен қабағын кіржитіп алға аттады – Ұлы көштің бұралаң жолдарды басып өтуі табиғи құбылыс.

– Сен әуелі көшіңнің бағыты дұрыс па, соны ойланып көрдің бе?

Бұл – Асылмұраттың да өзіне іштей талай қойған сұрағы. Бірақ құрдымға батып, құр өзін азаптағаннан басқа пайда жоғын сезіп, анталаған күдіктің басына шырақ жаққысы келмейтін. Бөтен уайымды көкірегіне дарытпай, «көш жүре түзеледімен» өзін алдарқатуға тырысатын. Енді, міне, ойы ортақ, көңілі алаң пікірлес тапқанға әрі қуанып, әрі таңырқап  тұр.

– Ой, Мұхасы-ау, сен де осындай ма едің?– Сыбырлай демігіп, Мұхитты құшағына бір-ақ көміп, талдырмаш денесін қысып-қысып жіберді. – Мен ғана жалғыз шерлімін бе десем, сен бар екенсің ғой!

– Қателеспеппін, достым! – Мейірлене жымиған Мұхиттың аялы қоңырқай көздері жып-жылы ұшқын атып маздап қоя берді. – Мансап кімді бұзбайды, тамырын басам деп дәмеленген талайдың сасық кекірігіне тұншығып едім.

– Бәрі бүлініп болды ғой. Біз аңсаған азаттық осы ма еді, Мұхасы-ау? Ел қайыршы, жердің асты-үсті талауға түсті. Тұтастай деградация. Күн көріс пен ақша табудан басқа ештеңені ойламайтын адамдардың жаңа сорты қалыптасты. Бағыт-бағдарсыз қаңғалақтап, белгісіз тұңғиыққа сіңіп бара жатқандаймыз.

– Иә, қара халық бүйткен азаттығың бар болсын дейтін дәрежеге жеттік.

– Мұндай кепке қалай тап болдық? – Асылмұрат өз сұрағына өзі жауап іздегендей қабағын қинала түйді. – Әлде бәріне бойымыздағы енжарлық пен бойкүйездік кінәлі ме? «Албасты да қабаққа қарап басады» демекші, саяси авантюристер мен обыр-жебірлер  осы осалдығымызды дөп басып, тұманды толқын үстінде қалтылдаған қайығымызды басқа жаққа бұрып әкетті.

 – Дұрыс айтасың! – деді Мұхит қызбалана, шабытты жүзі жарқ етіп. – Бізде Азаттықтың иесі жоқ. «Тарт қолыңды бостандығымнан!» деп көзі ақиып ақыра аттан салатын халық болмай тұр. Өйткені біз Азаттық үшін алысқан жоқпыз, арпалысқан азапты күрес, қанмен келген жоқ. Шын мәнінде көктен түсті – Романовтар асау басымызды иілтіп, тіземізді бүгілтіп тартып алған бостандықты гуманист, мәрт, демократ Барыс патша алтын табаққа салып ойламаған жерден қолымызға ұстата салды. «Құдай-ау, осы күнге де жеттік пе!» деп шын шаттана алмадық, ескі қорлықтың бәрінің есесі қайтқандай көзімізден ыстық жасымыз парлап егілмедік. Ақ, қызыл патшалар жүз жылда тәрбиелеп шығарған тоқ құлдарға еркіндіктің керегі жоқ еді. Сондықтан оның қадыры жоқ. Қалай оп-оңай келсе, солай оп-оңай қолымыздан сусып бара жатыр. Бірақ халықты шексіз алдап, қорлай беруге болмайды. Бір күні бір-ақ бұрқ етіп оянады...

– Тоқтай қал, – деп, екпіндеген сөздің алдын бөгегендей Асылмұрат сұқ саусағын кезеді. – Халық шексіз қорлыққа төзбейді дегеніңе қосылмаймын. Жалған патетика. Төзбесе, қаншама ұлт пен ұлыс құлдық қамытын ғасырлар бойы киіп, тарих бетінен қалай жоғалып кетті?  Қазақ «екі күн ашыққаннан ақыл сұрама» деп неге айтқан? Кіріптарлыққа түскен адам басын сілкіп шырмаудан бұлқынып шығуы  екіталай. Жоқшылық пен қорлық еңсесін басып мәңгіріп қалады.

– Мен етекбасты көрмеген жаңа ұрпаққа үміт артамын.

– Пәлі, тастың үстінен бидай орғың келеді екен ғой. Қойдан – қой, құлдан құл туады. Көзін ашқаннан әділетсіздікті көрген бала өмір деген осы, осылай болуға тиіс деп өспей ме. Қорлыққа еті өлген көнтері ондай ұрпақтан не үміт-не қайыр?

Мұхит жалт бұрылып, бір қадам артқа шегініп, ажырая қарады:

– Мынауың Құдай салды – мен көндімнің сөзі ғой. Алқымымызға пышақ таянғанда тұяқ серпуге жарамасақ, несіне жер басып жүрміз? Мен лапылдап жанбасам, сен лапылдап жанбасаң, ол лапылдап жанбаса, кім түрер мына түнекті демеп пе еді ұлы патриот.  Халық, сен ойлағандай,  қорылдап жатқан құл емес. Іші қазанның бетіндей сарқылдап ызаға булыққанмен атойлап шығар кім бар деп жаутаңдап Сіз бен Бізге қарайды. Мен құрбаның болайын дейтін оғландарын күтеді!

– Мен халықты құл деп тұрғам жоқ, құлдық қалып сүйегіне сіңбей тұрғанда апаттан арашалау керек деп тұрмын. Әйтпесе артымыз – жар, алдымыз – тұйық!

– Міне, ләмің енді түзелді, бала! – Мұхит оқыс жадырап, Асылмұратты алақанымен жауырын ортасынан салып қалды. – Бағанадан күткенім осы еді ғой. – Қайта байсал тартып, жүзіне сұс жинап ала қойды. – Иә, жұртымызға араша түсетін уақыт жетті. Шыңыраудың шетіне тірелдік. Енді аялдағанымыз – ажалмен тең! Герценше «Қоңырау» қағып, Чернышевскийше «Не істеу керек?» деп шайқалақтауды уақыт көтермейді.

– Большевиктерше әрекет етпекшімісің? – Асылмұрат мұрын астынан мырс етті.

– Олардың жолы – қол емес. Позициялық түрде ашық майданға шығам. Демократиялық қоғамның заң шеңберінде әрекет етеміз. Қазір оппозицияның қалпағын киген шуылдақ партиясымақтар иттің басынан көп. Бірі әсіре ұлтшыл, бірі асыра жүзшіл. Бірімен бірі қырқысып қырық-пышақ. Жоғарыдағыларға керегі де сол. Көбі – билік партиясының клоны. Дирижерларының таяқ ұшымен жусап-өреді. Ал шынайы ниетпен белсеніп шыққандардың нендей күйге ұшырағанын өзің білесің. Асқақ Ақынның партиясын әу баста тапсырмамен  кірген "Шарылдақ" сияқтылар арқылы іштен ірітіп, өз басын сергелдеңге салды! Бұдан шығатын қортынды не? Біздегілерге шынайы демократия керек емес деген сөз, одан қорқады. Осының өзі-ақ режимнің демократияға мүлде жат принциппен өмір сүретіндігінің айғағы емес пе. Бұлар түзелмеске бет алған, қайыр жоқ, оған көзім жетіп болды әбден!

– Қайсымыз оңып тұр дейсің, Мұхасы-ау, ішіміз ит жыртқандай ғой. Сенің бұл жан айғайың – бәрімізге ортақ хал. Көріп тұрып көз жұмсақ, біліп тұрып үндемесек – азаматтығымыз қайсы? Ел тағдыры сынға түсер сәтте жалтарып енжарлық танытқанды тарих кешпейді! – Асылмұрат жалт бұрылып, аяқтарын алшайта шірене басып Мұхиттың бетіне қарады. Әлдебір өжет ұшқын жарқ етіп, көзілдірігінің томпайған қалың шынысын      шарпып өтті. – Баста, Мұхасы, мен қасыңнан табылдым!..

– Ту астынан табыларыңды  біліп ем, тәнтімін өзіңе!

 Мұхит елжірей қарап, досының білегінен қысып-қысып қойды.

– Өзің сияқты алтын сақадай азаматтардың ләмін тыңдап, ризашылығын алайын дегенмін. Құдайға шүкір, бар екен жігіттеріміз. Нариманов пен Зәкиев бастаған талай жайсаң мен қасқа қолдаймыз деп алақанын ысқылап отыр...

Екеуінің атын естігенде,  Асылмұрат елеңдеп қалды, әрі таңырқап, әрі мерейлене  сүйсініп тұр. Бірі әйдік қаланың, бірі облыстың бастығы, соңдарынан қара орман халық ерері сөзсіз. Қаһарланса жолындағыны жайпап өте шығар буырқанған сұрапыл толқын! Қандай бітеу тоңмойын болса да санаспай көрсін. Қашан да асып-тасқандарды тәубесіне түсірер –ақылдан гөрі қорқыныш, әсіресе Исламғали Наримановтың ел ішіндегі беделі ересен. Талай қала мен облысты басқарды. Қайда барса да жығылғанды демеп, жылағанды уатып алғыс арқалап жүрген жігіт. «Ер болса, осындай болсын» деп артынан аңыз ерді: «Басқа керек емес, бізге Наримановты қайтарып беріңдер!» деп жер-жерден мыңдаған адам жоғарыға өтініш жолдап жатқаны. Есесіне, халық жақсы көрген сайын оны билік жек көре түседі. Олар үшін бүкіл оппозициядан сол қауіпті, түтіп жеуге сылтау таба алмай аласұруда... Демек, ол қолдаса, туың желбіреді дей бер. «Әй, ондай күн қайдан бола қойсын» дейтін бұрынғы әрі-сәрі күйден көңілі серпіліп, сенімі беки түсті.

 – Мен Қарсылық майданын құрамын! – деді Мұхит кең ашылған қоңырқай көздері шоқтай жайнап. – Қозғалыс дейміз бе, партия бол ма – оны көре жатармыз. Пышырап әркімнің қанжығасында жүрген демократиялық күштердің басын бір арнаға  біріктірсем деймін. Биліктің қолынан жем жеген жолбикелер һәм тобырлық санамен шектелген топшыл-жікшілдерден әу бастан іргеміз аулақ. Үнімізді жалпақ жұртқа жеткізетін баспасөзіміз болады. Қоғамдық Телевидение ашуды талап етеміз. Қысқасы, ойға алған жоспарымыз жеткілікті. Биліктің оңайлықпен дес бермейтінін білем. Неше түрлі құйтырқы айла-шарғымен аяқтан шалары анық. Бірақ шегірткеден қорқып, егін екпей отырамыз ба? Жоқ, күресеміз, тіресеміз. Жеңбесек те тәубасына түсірер қарсылас екенімізді көрсін... Мен сендердің бар екендеріңді, нар екендеріңді көрдім, білдім. Соның өзі жеткілікті. Бәріңді бірдей бізге қосыл, қатарға кел деуден аулақпын. Сақтықта қорлық жоқ, биліктен бәрін күтуге болады. Ертең олай-бұлай күн туа қалса, түгелдей су түбіне жіберуден тайынбауы мүмкін. Әзірге бетімді ашқан мен-ақ солардың зеңберегінің аузына байланайын. Эстафетаны жалғап іліп әкету үшін бәріміз бірдей бой көрсетпегеніміз дұрыс болар. Ақылын тауып, алыстан қол ұшын беріп отырғандарың абзал!..

Екеуі ұзақ сырласты. Бұрыннан жарасты дос көңілді ортақ ой, аңсарлы ұлы мұрат одан ары жақындастыра түскен. Бүгін ескінің де, жаңаның да ешқандай мейрамы емес еді. Есірген байлардың туған күні мен тойларының құрметіне шығар, іңір қараңғысы қоюлана жан-жақтан күмпілдетіп салют атыла бастады. Ұзын аллеяның бас-аяғына қанша рет барып-қайтқандары белгісіз. Салюттің мың-сан ұшқынындай жұлдызы жамыраған Алматы аспанын жамылып екі дос түннің бір уағына дейін гүлзар ішінде қыдырыстады.

 

                                                 Қызыл папка

Вашингтондағы Бас консулмен сөйлесіп телефонды тұғырына қойған беті осы. Елтөре құбақан жүзі нұрлана жымың-жымың қағып, астындағы қоңыр былғары креслоға батып кетердей сықырлата шалқайып, іле қайта еңсеріліп, байыз табар емес. Жақсы хабардан жаны толқып отыр. Талайдан бергі кеудесін жаншып, тынысын тарылтқан зіл қара тасты әлдекім төңкере серпіп тастағандай, төтенше қуаныштан масайраған көңілі мәз-мәйрам. «Шынашаққа» дән риза. Айналасындағы өзім дейтін жігіттер бірін-бірі қағытып, сырттарынан ат қойыпы алатын. Қолтоқпақтай ғана қалтақтаған шынжау қара жігітті «Шынашақ» десетін. «Шынашақ» болса да, басбармақтай іс бітірді. Құлағына сыбырлаушылардың сөзіне еріп, өзін онша менсініңкіремеуші еді, «ешкі асығы деме, алшы түссе сақа қой» деген осы-ау, міне, қарымын танытып, айды аспанға бір-ақ шығарған жоқ па.

 Атаңа нәлет, әне бір көзі жыртиған жабы немені есіне алса, қаны басына шабады. Осы бүліктің бәрі – соның кесірі. Арқаның даласында түте-түтесі шығып, елге тегін қант таратып, депутат болам деп шабылып жүргенде, қолынан жетелеп әкеп, адам қылып еді. Алымды, іскерлігіне қарап, тәуекел етіп үлкен биліктің  тізгінін ұстатқан. Обалы нешік, ұршықша үйірді, күннен күнге аспандап бара жатқан инфляцияны аз уақыттың ішінде ауыздықтап, шыны керек, мына түрімізбен күніміз не болар екен деп шарасыз күймен көздері алақандай боп отырғанда, бүкіл елді құрдымнан құтқарып қалған. Бас дегенің сартылдап тұрған машина. Бойындағы бұрқ-сарқ тасқындаған неткен қуат екенін білмейсің. Қу жанында тыныштық жоқ, күндіз-түні тыным көрмейді. Тығырықтан шығуға көмектесе ме деген оймен шекесінен шертіп жүріп, шетелден шақыртқан ақылман кеңесшілер мынауың Дэн-сияупиннің өзі ғой деп аузын ашып, көзін жұмған. Сырттан инвесторлар тартты, тоқтап тұрған зауыт-фабриктерді жекешелендірді... бірді-бірге тастаяқтай қағыстырып жүріп, үкіметтің өмірі құтаймайтын қалтасын қаржыға қампайтты. Шатқаяқтанған көштің беті түзелгендей еді. Азап – оныкі, абырой – мұныкі. Қиын кезде тынысымды кеңейткен көмекші таптым-ау деп көңілі марқайған. Әйтсе де қуанышы ұзаққа барған жоқ. Жаман неме жоқ жерден өнер шығарып, жалын күдірейтсін. Өз бағасын біліп, бұған доқ көрсеткен түрі. «Мен болмасам, күнің не болар еді» дегендей жыртиған көзінде бір кекесінді жылт пайда болды. Аяқты алшаң басып, талтаңдағаны өз алдына, шарт қойып шалқалауды шығарды. «Ұрлықтан басқа боқ білмейтін сілімтіктеріңді маған тықпалама, керек кадрды өзім таңдаймыннан" бастады әңгімесін. Одан басқа да талаптары толып жатыр: "Өзен боп шетке ағып жатқан мұнайдың, вагон-вагон ағылған мыс пен алтын-күмістің есебін алайық, кімдердің қалтасына құйылып жатқанын анықтайық....Жоғары лауазымды әкім-қараның, басқаның атына жазып қойып, түгелдей бизнеспен айналысатыны қазір ешкімге жасырын емес. Заңды өзіміз бастап бұзсақ, басқалардан тәртіпті қалай талап етеміз, конституциямыз қол сүртетін қағазға айналмай ма?..» деп көйітсін. Істеліп жатқан істің бәріне қарсы. Оған салсаң, бағыт-бағдарында ешқандай ғылыми негіз жоқ, ұры-қарының жетегінде кетіп бара жатқан бір ел сияқтысың. Опа беретін адамның ләмі емес. Келесі сайлаудың да төбесі көрініп қалды. Мұндайлардан ертерек құтылмасаң – қауіп. Одан салсаң, бұдан шығып, сарнап тұрған пәле, ертең бес аспабын сайлап, белсеніп шыға келсе, қалай деп бола ма! Бүйтіп елді өркендетіп, аброй әпергені құрсын. «Аш пәледен қаш пәле» деген емес пе. Қырғи мекеменің сайыпқырандарын сүркілдетіп соңына салып қойған. Мұндай сақ болар ма, артында із қалдырмай тап-тақыр тазалап отыратын жырынды екен. Мардымды ілік таба алмай, ақыры «қызмет көлігін  жеке басының шаруасына пайдаланды» деген айыппен біраз дедктетіп, арам терін сыпырған. Бір-екі айға жетпей «денсаулығыма байланысты жұмыстан кетем» деп өзі-ақ арыз берді. Сыртқа сыр білдірмеу үшін дұшпан көзі қылып, «жемісті еңбегі үшін» алғыс айтып, орденмен марапаттап шығарып салған. Одан кейін де бизнесін күйттеп жайына жүрмей, саяси қышымасы ұстап, тағы да қыңқылдай бастаған соң, аңға барған жерінде бір «бейтаныс» бандиттер басынан асырып бір-екі рет мылтық атқан екен, батырға да жан керек, «ойбай, өміріме қауіп төнді, саяси көзқарасым үшін қастандық жасалды» деп, өзі-ақ алды-артына қарамай шекарадан аса зытқан. Онда барған соң да тыныш жатпай, мұның іргесінен ор қазып, тіміскіленумен болды. Қолы қызып кеткен Қайып «бұл иттің үнін біржолата өшірейін» деп едіреңдеп барып, интерполға оның шетелде жасырған есеп-шоттарын әшкерелеу жөнінде арыз берсін. Ана қу алдын орап, интерполы құрғырға бұлардың жасырын есеп-шоттарын ұстата қоймасы бар ма. Бүкіл ел шулап, мәжілістегі әне бір төрт-бес қызыл көз өре түрегеліп, әбден масқара бола  жаздаған да, әйтеуір айналып кетейін жөн білгіш жорға жігіттер «бұл кризис жағдайында пайдалану үшін әдейі Үкімет атынан қойылған пәленше қор» деп қиыннан жол тауып, абройын жауып қалған. Ана сүмелек әкесінің көз құны қалғандай сонда да қанды ізіне түсіп, тіміскіленуін қоймады. Әне бір қиын жылдары рыноктық экономиканың майын ішкен майталман ғой деп Эффен дегенді кеңесші ғып алып еді, сонысы енді өзіне сор болып жабыссын. Антұрғанмен қай шайтан шатастырып жолықтырды екен десеңші, барып тұрған жемқор, алаяқ, ол аз болғандай ЦРУ-дың жансызы болып шықты. Іздегенге – сұраған, көктен тілегенін Құдайы жерден беріп, пәлеқор қашқын саржағал газеттерді ал келіп шулатсын. Һаялы мен Эффен үшеуінің яхтадағы бірге түскен суретін басып, айыпкердің  пәленшеге пәленше пара бердім деген айғағына дейін жариялап, жарты әлемге даңғара қақты. Пара деп жүргені жай сый-сиапат. Миллиардқа де жетпейтін ауыз тұщынбас болмашы бірдеңе. Соны да сөз қылған соң несін айтасың! «Жыланға түк біткен сайын қалтырауық болады» деп, сорың құрғыр сол салығы түскірге сараңдық жасап несі бар еді. «Табысын жасырды» деген айыппен қармаққа ілігіп отыр. Бұл елдің соты да қызық екен, кісі өлтірген жоқ, салық төлемегенде тұрған не бар, ойбай-ау, айыбын салып, бармағыңа қыстырғанға хош-риза боп, жылы жауып қоя салмайтын ба. Жоқ, қылмыскер түрмеде отыруы керек дейді. Моральдарының сиқын. Эффендері құрсын, қызыл отқа қуырып жесе де өз еріктері. Бәрінен бұрын мұның абыройын айрандай төккендерін айтсаңшы. Айдай әлемге парақор, жемқор атағы жайылды. Африканың кейбір диктаторларымен бірге есімі қара тізімге ілінді. Батыстың әсіре демократияшыл аристократтары өздерінше кірпиязданып, ондай кісінің қолын алмаймыз, елімізге кіргізбейміз деген де әңгіме шығара бастаған көрінеді. Расында кәрі Еуропаның кейбір елдеріне баруға жасқанатын болды. Сумаңдаған журналистер сұрақтың астына алып масқарасын шығарса, елге не бетімен қарамақ. Рим Папасының қолын алып, «Нобельдің» де бетін бері қаратып қойғанда, қырсық боп қанжығаға жабысқанын қарамайсың ба. Іс насырға шауып бара жатқан соң, ұятты қойып, тура Билекең мен Жөкеңнің өзіне құлаққағыс қылған. Ақ Сарайда талай сиапатына риза боп, құшағына қысқан достары ғой. «Ау, мені дұшпанға талатып қоясыңдар ма, абыройдан жұрдай қылды ғой, жүдә! Ана соттарыңа бірдеңе десеңдерші!» деген. Ана екеуі әуелі ештеңе ұқпай таңырқады, содан соң иығын қағып алақанын жайды: «Бізде – демократия.  Сотқа ғұзырымыз жүрмейді» дейді. Ойбүй, тап әкеңнің аузын... айналдырған ауданның сотына сөздері өтпесе, бүйтіп ел билегендері бар болсын!.. Қысылғанда жол тапқан өзге емес, едірейген мұртынан айналайын, «Шынашақтың» өзі. «Осы істі маған тапсырыңызшы» деп жер теуіп тепсінген соң, Америкадағы елшілікке жіберген. Екі айға жетер-жетпесте қайтып келіп:

– «Таптым бұлардың бабын! – деді алақанын ысқылап. – Енді көреміз әуселесін. Тек ақша керек!»

– «Ақшаға сатылмайды емес пе. Оларда демократия ғой!»

– «Сатылғанда солар сатылсын. Демократия дегені оттаубай!»

 Сұрап отырғаны, томпақтау, әлбетте, бір-екі нөлді дөңгелектеп жібергені белгілі. Е, мәйлі ғой. Жемейтін адам жердің астында. Бұл да тамағы тесік пәндә ғой. Басқаның жегенінен осының жегені адал. Алсын, шашсын, шайқасын, дүниенің бар байлығы мұның бір күндік абыройынан садаға кетсін.

– «Әлемдік аренада Сіздің мәртебеңізді асқақтатып, имиджіңізді көтеру үшін шетелде арнайы қор құрсақ дейміз, – дейді Шынашақ қампиған папкасының қарынын сипап. – Ақшаға жанын сатып жалаңдаған, қаламының ұшы сұржебеден де өткір не бір сұрапыл журналистер бар. Көк қағаздың шетін көрсетіп, «әйт» десең болды, сол сәтінде-ақ, қалауыңа қарай, ақты – қара, қараны ақ қып шығара салады. Қаламның қаһарлы алпауыттарымен қоса, Ақ үй, Британ Сарайына сөзі өтімді сенаторлар мен саяси беделді тұлғаларды да тартпақпыз, бұл іске...»

 «Ой, ақылыңнан айналып қана кетейін-ай!» деген бұл сонда көзінен жас ыршып кетердей ішінен мейірленіп. Бірақ сыртын сабырлы, салқын ұстады. Қабақ берсең қожырап, дандайсып кетуі мүмкін. «Осылай істеу – міндетің, сол үшін сені сонда жіберген жоқпын ба!» деген сұспен самарқау ғана басын изеген:

– "Дұрыс. Осы бағытта жұмысты жалғастыра беріңдер!»

Міне, сол абройсыз істі шырғасын шығармай жым-жылас тындыра қойған Шынашақтан қалай ғана айналып кетпессің. Эффен ақталып, қамақтан босанды. Американың «Әділ» соты жай ғана ақтап қойған жоқ, оны Құрама Штаттың ұлттық мүддесін қорғаған патриот дәрежесіне көтерді. Осының бәрі қосақ арасында күймесін деп мұны арашалаудың амалы, әрине. Әйтпесе су түбіне кетіп тұрған алаяққа бола арам тер боп қайтсін. «Ойбай, бұл деген ғасырдың аферасы!» деп желпілдеткен оппозицияның саржағал   газеттері енді    қай жаққа тұмсығын көтеріп ұлиды екен. Көрсін табынған Батыс демократиясының сиқын! Мешкей деген жақсы ат па, біраз жылдан бері осы бір абройсыз әңгіме бетіне шіркеу боп шетке шығудан да қорғалақтайтын. Талай халықаралық алқалы жиындардан қалды. «Қолдарынан келсе қиратып алсын» деп ештеңені елемегендей сыңай танытқанмен, бір жылбысқы, жәдігөй сезім бәрі бір көкірек түбін дамылсыз кеміріп жататын. Енді міне, сол күйден ада-күде арылғандай, бойы босап балбырап отыр... Айтпақшы, Шынашақ әлгінде «шетелдік газеттерді  оқыған боларсыз» дегендей болып еді-ау. Қуанғаннан есі шығып ұмытып кете жаздаған екен. Үстелдің оң жағындағы референті текшелеп қойған папкаларға көзі түсті. Әдетте қызыл папкаға қуанышты, жақсы хабарлар салынатын. Қара папкада керісінше сынаған-мінеген материалдар жүретін. Соңғы кезде қара папка бос жататын болды. Қарыны қампиып аузы-мұрынынан шыққан қызыл папкаға қол созған. Бір буда мақала. Парақтаған сайын көзі шырадай жанды. «Таймс», «Вашингтон пост», «Дели телеграф», «Юманите», «Гардион»... т.б. Еуропа мен Америкадағы ең әйгілі газет-журналдарда жарияланған етектей-етектей материалдар. Тақырыбын айтсаңшы, күндік жерден мен мұндалап айғайлап тұр. Бірінен бірі өтеді. «Постсоветтік кеңістіктегі бірден-бір демократия аралы», «Кіндік Азияның айға атылған барысы», «Әлем таныған тұлға», «Атом аждаһасының аузын жапқан қажырлы қайраткер»... Жаны сүйсініп тапжылмай түгел оқып шықты. Кейбіреуін қайталап оқыды. Батыс журналистикасында не бір сойқан киттер бар-ау. Қиюын келістіріп, көкейіңді дөп басып "әй, жаным-ай" дегізетіндей сабаздарың қалай-қалай сілтейді десеңші. Тарланбоздардың тындырған ісінің тарихи мәнін енді түсінгендей, Елағаң өзі де таң-тамаша балбыраған бір күйде отыр. «Шынымен осындаймын ба» деп тебіренгеннен көзіне жас үйірілді шымырлап.  Соңғы материалда Американың екі сенаторы Семей полигонын жабуға сіңірген еңбегі үшін мұны Нобель сыйлығына ұсыну жөнінде мәселе көтеріпті. Нобель сыйлығы десе, Елағаңның түн ұйқысы төрт бөлінеді. Жатса-тұрса арманы сол. Бір дерт боп жабысты айықпайтын. Онсыз осы күнге дейінгі жеткен биік, алған асуының бәрі олқы соғып, көңілінің бір шеті  үңірейіп бос тұрғандай қоңылтақсиды. Кіндік Азияда, қала берді иісі түрік әлемінде бірінші боп сол мәртебеге ие болсам деген үміт ұлы аңсар боп жүрегіне байланғалы қашан. Ана бір жылы антиядорлық ұйымның өкілдері әлгі өркеуде Ақынды Нобельге ұсынбақшы боп әңгіме шығара бастағанда, қатты алаңдаған. Ішін өрт жалағандай күйіп-жанып, алдымды орап  кете ме деген қауіптен жаны шырқырап шығып кете жаздаған. Әлбетте, құдайшылығына көшсе, жол да, жөн де соныкі. Империяның күркіреп тұрған заманында кеудесін оққа тосқандай ештеңеден қаймықпастан зұлымдық ошағының үнін өшіруге қалың жұртты көтерген жоқ па. Полигонды жабуға Үкіметті мәжбүрлеген халықтың қаһары. Амал таба алмай шарқ ұрып ақыры Ақынмен оңаша әңгімелескенді  жөн көрген. Көлсайдың күнгей жағалауында ұзақ серуен құрып еді-ау сол күні. Кісі сыйлағанның құлы ғой. Жас күндерінен бергі жақындықтарын алға тартып, мұның өбектеген аста-төк ықыласына ақынның буыны әбден-ақ босаған, риясыз көңілмен табысып, араларына шынайы достықтың алтын көпірі орнағандай еді. Айналасындағылар жан-жаққа бытырап, әркім өз қызығымен боп кеткенде, екеуі қайықты қос жағынан жарыса есіп, көл ортасына қарай көзкөрім жер ұзап барған. «Нобель» туралы әңгімені алыстан орағытып келіп:

– «Саған бір қолқам бар» – деген бұл айдын бетінде баяу ырғалған қайық үстіне ескегін көлденең тастап.

– «Айт!» – Ақын қыран қабағын серпе жадырай қарады.

– «Меселім қайтып қала ма деп жүрексініп тұрмын?»

– «Кісінің құны емес шығар. Қандай қымбат болса да көңіліңнен садаға. Айт қолқаңды?»

– «Антиядролық ұйым сені Нобель сыйлығына ұсынып отыр деп естідім. Шын айтқан сөзіңде тұрсаң, жолыңды маған бер, бауырым. Өмір бойы алдыңда қарыздар боп өтейін!»

– Ой, Құдай-ай! – деді Ақын отыз тісі ақсия күліп. – Сөз деп соны да. Сонша таусылғанда, басқа бір мәнді бірдеңе екен десем. Бердім жолымды. Мен сыйлық алайын,  ат шығарайын деп жүргем жоқ. Ең бастысы – аждаһаның үнін өшірдік. Одан артық, одан зор не сыйлық керек? Егер сен өз кандидатураңды ұсынып жатсаң, екі қолымды бірдей көтеріп қолдаймын. Сол істің басында майлық-сулық боп жүруге даярмын. Өйткені сенің лауреат болғаның – елімізге бедел, қарымың ұзарып, әлемдегі бұдан да зор ізгілікті істердің атқарылуына септігің тиеді ғой».

Жүрегі атқақтап қуанғаннан «айналайын, асылым-ай!» деп аяғын құшақтай кетуге оқтала берді де, кілт іркіліп, бойын тіктеп алды. Сұрағанын алды, дегеніне жетті, енді несіне жалпақтап алтын басын арзандата береді. Есегі судан өткеннен кейін «іс бітті, қу кеттіге» салып, бірден жалт беретін Елтөренің ежелгі әдеті. Сабырлы, ресми қалыпқа түсіп:

– «Рахмет, – деді салқын үнмен. – Бұл сыйлықты қара басым үшін құнттап жүргем жоқ, өзің айтқандай, еліміздің абройы үшін керек. Түсіністік танытқаныңа ризамын!»

Сырты дүрдигенмен, ішінен шөгіп, жасып отыр. Ақынның қасында өзінің қаншалық күйкі, қораштығын сезініп қорынды. «Япыр-ау, неткен мәрттік! – деді амалсыз тамсанып. – Атақ-даңққа қызықпайтын адамды көріп тұрғаны осы өмірінде». Қарап тұрсаң, тағдыр қандай әділетсіз. Біреу бүкіл өмірін арнап даңққа қол жеткізе алмай жүрсе, екінші біреуді даңқ қыр соңынан өкшелеп қуып жүріп өзі іздеп тауып алады. Ақын – сондай бақытты сирек жандардың бірі. Әрине, өзі келген бақыттың қадыры бола ма, сондықтан қызықпайды, елікпейді, керек болса, кез-келген уақытта басынан аттап жүре береді... Ақынның мәрттік танытқаны бір бұл ғана емес, баяғыда да бұған жолын берген. Алғаш рет тақ таласына түскенде, жоғарғы Кеңестің депутатттары ақынның кандидатурасын балама ретінде ұсынған. Жарты әлем аузына қарап, атағы аспандап тұрған сайыпқыран жас пері. Бақ сынасса, мерейі үстем түсері бек мүмкін еді. Сондағы жаны мұрынның ұшына келгенін айтсаңшы. Шашының жартысы сол бір түннің ішінде ағарып кеткен шығар. Бүкіл штаб ақыл таба алмай сарсаңға түсіп, ақыры елші жіберген. Құдай оңдағанда, Ақын екі сөзге келмей сылқ ете түскен. Ертеңінде мәжілісте өз кандидатурасын алып қана қоймай, тарих алдындағы жауапкершілік туралы терең мағыналы сөз сөйлеп, депутаттардың бәрін бұған дауыс беруге шақырған. Бір қызығы, әкесі жасамас жықсылықты жасаған адамға өзін қарыздар сезінудің орнына Елтөренің бойында бір көзсіз өшпенділік оянды. Ол Өзін шексіз сүйетін, сондықтан Өзінен асқандардың бәрін өлердей жек көретін. Ақынның жанында Өзін барынша бейшара, күйкі сезінді. Абройсыз қорлық сәттеріне куә болғаны үшін ішіне кек түйіп, қарадай жауығып қатып қалды. Ұрлығының үстінен түскендей қуыстанып, оның  атын естіген жерде жасып, қорланатын. Сыйлаған боп құр сырты жылмиғанмен іштей атарға оғы жоқ, қолынан келсе, жаншып, таптап тастауға әзір.

 Елтөре таққа жеткенше жолын  тазартып саяси қарсыластарымен күрессе, енді тарихтың төріне шығу үшін тұлғалармен алысты, өлісімен де, тірісімен де. Ешқайсысын аяған жоқ. Бәрін таптады. Бәрін аласартып, күйкі, құбыжыққа айналдырды. Өзінің алдына түсер ешкім болмау керек. Ең алдымен құрыққа ілінген осы Ақын болды.

Елтөре төңірегіндегі үзеңгілестерін бір ғана принциппен жасақтайтын – өзіне шын берілген, адал болса – бітті, олардың қарым-қабілеті, кәсіптік өресіне қарап жатпайтын. Атақ-дәреже, лауазым-портфельді  сыйлық сияқты көңіліне жаққандарға, жеке өзіне көрсеткен қызметіне қарай үлестіріп беретін. Кей лауазымды жаза ретінде қолданатын да әдеті бар. Жазатайым шалыс басқандарды төмендетіп, кішігірім елдерге елші ғылып жіберетін. «Посол дегенің көкенің «пошел» дегені» деп күлкі қылатын кейбір қушыкештер. Бірін өсіреді, бірін өшіреді – билік тақтасындағы пешкаларын шахматтың тасындай сапырылыстырғанына керемет комбинация жасаған ойыншыдай айызы қанып, ләззәтқа бөленетін. Бұл «пешка» санағанмен олар да қаражаяу емес. Кәсіптік деңгей, интеллекті жағынан ақсаса, ақсап жатқан шығар, ал жымысқы, жіңішке есептен ешкімге дес беріп, есесін жібермейді. Шетінен сен тұр, мен атайын. Екі білегін сыбанып, жалаңдап тұр. Сол қабақ танығыш қырғиларға Ақынды сыртынан нұсқап иек қаққан. Тапсырған істі ойындағысынан да асырып орындады. Шіркін-ай,  епті, шебер-ақ өздері.  Ақынды көзден тасалап, көңілден өшірудің тамаша тәсілін тауыпты. Ол үшін  экран мен баспасөз беті жабық, әспеттеп шашбауын  көтерем деушілерге жол жоқ. Останкинодағы әйгілі кештің бейне таспасынан бастап бүкіл жазбалар "Алтын қордан" жойылды. Міне, соңғы он бес жылдан бері оның шығармашылығына қатысты бірде бір хабар жылт етіп телевидениеден көрінген емес. Ең аяғы космонавтика  Күнінде де Гагарин туралы ұлы  поэманың аты аталмайды. Есесіне оны қаралаймын дегендерің айдарынан жел есті. Өзінің дұшпаны мұндай көп болар ма, өз буына өзі пісіп, төңірегін менсінбейтін ортада бағы асып, басы озғанды кім жақсы көре қойсын. Құлатөбел талай жазарманның ішіне қан  қатып жүр екен. «Айт!» деп иек изегеннен-ақ азулары ақсиып тап берген. Азаматтығы, күрескерлігі, ең ақыры ақындығына дейін ит жыртқан терідей таланып, тапталып күресінге лақтырылды.  Бәріне күйе жағылды.  Неғұрлым дарынсыз болған сайын адамның солғұрлым күшеншек, өлермен болатыны рас-ау тегі. Талантқа деген өшпенділігі ме, әлде мардымды ештеңе тындыра алмастарын білген соң, ең болмаса жақсының жағасынан алып атымызды шығарсақ деген көрбілте кісәпірлік болар, әсіресе Жаманхан, Сапыштай деген қос жазарманның қосыла шапқан екпіні тау құлатардай тіптен ерек. Екеуі жарыса төпеп, қазақ тілді газеттердің бетін бермейді. Кім жаман?  Пәленше. Кім оңбаған? Тағы да пәленше. Әлбетте, бұл өлермен өшпенділіктің бір бүйірінде бұлтиып бас араздық, жәй пендешілік қызғаныш та жатқан шығар. Әйткенмен бұлар негізінен саяси тапсырыстарды орындайтын. Ақынға қарсы ымырасыз майданның штатты сайыпқырандары еді. Әрбір сәтті соққылары үшін марапат алып,  ұрттары майланды. Кейде олар желдің қай жақтан соққанын білдірмей ізден адастыру үшін, аракідік билікті де сынаған боп «тура биде туған жоқтың» рөлін ойнап қоятын.

Елтөре Сапыштайға тіптен тәнті. Кепкен шорағайдай, сырты сүлкиген салғырт көрінгенмен, нағыз қолтығы сөгіліп, ұзаққа сілтейтін шалымды жүйріктің өзі екен.  Қанша жылдан бері міне, сүркілдеп ақынның соңынан қалар емес. Бір айтқанын мың қайталаса да, өз дегеніне тістей қатып, қиянпұрыс қисайып жатып алады. Шаршамайды, беті қайтып жасымайды. Ең бастысы – тамаша психолог, бұның көңілін тауып, көкейін дөп басудың тәсілін шебер меңгерген. Жігіттер жақсылап «үшкірсе» керек, соңғы кезде шабуылын басқа тарапта шабыттана өрістетті. Бұл жолы  әлемді дүркіреткен әйгілі антиядролық қозғалыстың тура өзіне  азу басып, оның мән-маңызын жоққа шығарды. «Қозғалыстың қоғамдық ешқандай мәні болған жоқ, демократиялық еркіндікті пайдаланып кейбіреулердің ат шығару үшін жасап жүрген популистік әрекеті, саяси бонапартизм» деді. Ақынның полигонды жабудағы рөлін асатаяқ ұстап ағаш басына өрмелеп плакат іліп жүретін, «сары билетті», самопал қайраткер Есентай айғайшының еңбегімен теңестірді. Шарлатандар құр шуылдап даңғара қаққаны болмаса, шынтуайтында іс тағдырын шешкен Елтөренің өзі екен... Бұған керегі де осы ғой. Сапыштайды сол сәтте кездесе  қалса, сүйіп-сүйіп алатындай жүрегі елжіреп кеткен.

Ел ішінде жүрсе, бірдеңені бүлдірер деген қауіппен біраз жылдан бері қиыр Еуропаға «пошел» болып кеткен Ақын мұндағы қызылтанау науқанныңы көбінен бейхабар. Бірін білсе, бірін білмейді. Білген күннің өзінде шыбын шаққан  құрлы көрмей маңқиып жүре беретін. Бейғам, аңғал. «Сөзім де, өзім де – менің кітаптарымда. Кітабым тұрғанда, мені ешкім тарихтағы тұғырымнан түсіре алмайды» деп мығымситын. Рас, орыс тілді зиялы, ойлы оқырманның жүрегінен оны ешкім де өшіріп тастай алмайды, оған ешбір құдіреттің күші жетпейді. Бірақ олар аз, мардымсыз. Қазір кітап өлген. Фанатиктер мен қалт-құлт еткен кәрі-құртаң аристократтардың кеудесінде ғана соңғы сәулесі қалтырайды. Есесіне, екі көзі ежірейіп телевизор мен интернетке қадалғаннан басқа ештеңеге елікпейтін бойкүйез ұрпақ өсіп келеді ентелеп. Ақын осыны аңғармайтын. Өзінің таңғажайып кітаптарымен бірге тарихтың шаңына көміліп қалатынын білмейтін.

Кітап демекші, кітап оқитын аз ғана қазақтың өзін одан сырт айналдырудың тамаша тәсілі табылды. Жоғарының иек изеуімен басылым-баспалар Ақын өлеңдерін белсене жариялауға кірісті. Әрине, аудармасын. Мұны өздерінше «талантқа тағзым» деп желеуетті. Ерінбегеннің бәрі аударды. Поэзияның киесінен қорықпайтын күшеншектер шамаларының келген-келмегеніне қараған жоқ, өзінің әуелайларының вариацияларын жасады. Супер мұқабамен қапталған томды қолы қалтырай ұстаған оқушы, үш-төрт бетті парақтағаннан кейін: «Ой, Құдай-ай, аты жер жарғанға бір керемет екен десек, бар-жоғы өзіміздің пәленшебай, түгеншеғалидай-ақ екен ғой!» деп, көңілі су сепкендей басылып, кітаптың бетін жаба салатын. Ал әйгілі «АЗиЯ»-ның киген кебі бұдан да мүшкіл. Сонау аласапыран жылдары Ақынмен көже достығы әлі бұзыла қоймаған кезде Сапыштай осы кітапты аударуды өз қолына алған. Аш өзек студенттен бастап ашқарақ    халтурщикке дейін бес-он беттен таратып беріп, апыр-топыр аз уақытта кітап қып шығарған. Сөздіктен қарап қазақша сөзді орын-орнына тікірейтіп қалай салған нағыз мылжың қайыртпақтың өзі. Ескі молланың шала сауат шатпағын оқығандай аз миыңды  атала ғып ағызып жібереді. Ұйқың келмегенде жантайып жатып жарты бетін оқысаң, қалай қор ете түскеніңді білмейсің. Сондықтан қазір жұрттың көбі қазақша «АЗиЯ»-ны демидрол атап кеткен... Қысқасы, идеологиялық штаб аз жылдың ішінде Ақынды жұрттың жүрегіндегі биігінен түсіріп тынды. Қатардағы көп қоңыртөбелдің бірі болды да шықты. Тамаша жұмыс!

Жалғыз Ақынды ғана емес, талай «менмін» деп кеудесі көк тірегендерді жынын алған бақсыдай ғып жіберді. Қанша кекірейгенмен әрқайсының   бір осал тұсы бар. Бірі ашкөз, екіншісі атаққұмар, үшіншісі қорқақ. Ығын тапсаң, иілмейтін бас жоқ. Ашкөз бен атаққұмарды сатып алды; қорқаққа жұдырық көрсетті. Сол-ақ екен бәрі құрдай жорғалап құлдық ұрды. Қазір Елағаңның айналасындағы хороводтың бір-бір тамаша ойыншысы. Ән салатын да, билейтін де солар.

Арғы-бергіде өткен хан-сұлтандардың, Алаш көсемдерінің де оңып тұрғандары шамалы екен. Бәрі де жұмыр басты пәндә. Былық-шылықтары газет-журналда жазылып жатыр. Әулие тұтып жүрген Қонаевтың да құр дақпырты болмаса, дәріптейтін ештемесі жоқ. Оның тұсында жеті жүздей қазақ мектебі жабылды, бірнеше аудан Өзбекстанға өтіп кетті, Сәтбаевты көре алмады... Мемлекеттік насихат машинасының алып дөңгелегі Биіктерді қопара жаншып, таптап келеді. Қарап отырсаң, енді Елағаңның алдына түсер ешкім жоқ, тіріден де, өліден де. Кемеңгер, данышпан, көріпкел... тек бір өзі ғана. Газет біткен жарыса  солай деп  жазады, телевизор солай деп көрсетеді. Оқи-оқи, көре-көре жұрт әбден сеніп болды. Жұрттан бұрын «артық жаратылған теңдессіз ұлылығына» өзі де шүбәсіз иланатын дәрежеге жеткен. Оны сынауға, бұл қалай деп күмән келтіруге болмайды. Ісі мінсіз, сөзі қатесіз. Жаңбыр жақсы жауып, егін мол шықса, метро салынса, жанармай құйғыш ашылса... бәрін мен істедім дейтін. Бір қабақ танығыш епті: «Басшымыздың арқасында еліміздегі әйелдердің бала табуы еслелеп-артып келеді» деп те жіберді. Ешкім күлген жоқ, бәрі бас изеді. Бір күні Елағаң шырт ұйқыдан оянғандай, «ойбай-ау, ананы-мынаны жасадым деген не, тәйірі, конце-концов, осы мемлекетті құрған мен емеспін бе!» деген ойға келді. Сөйтіп, «қазақта бұрын шекара да, мемлекет те болған жоқ, шекараны бекітіп, жаңа Қазақстанды құрған, пәлен еткен, түген еткен... мен, мен, бәрі мен!..» деп кеудесін қағуды шығарды. Хоровод сол жерде-ақ «әтпіш-ау!» деп салды, «ып-рас, әткем  дұрыс айтады!» десті...

Бәрі-бәрі жақсы-ау, әйтсе де жеткізбей келе жатқан жалғыз арман бар. Соны ойласа, аһ ұрған демінен қара тас балқып, іші ит жыртқан терідей іріп қоя береді. Қайран, Нобель! Қашан бақ құсы басына қонар екен десеңші! Ол үшін не істемеді? Қос тізерлеп, тірі өліктей қалтыраған Папаның қолын да сүйді; «дүниені жойт билеген заман ғой, көңілін тапсам, қандастарына сөзін өткізер» деген ниетпен аты Машкей, заты мешкей бас равиннің  төбесінен төмен қарай алтын құйды, елдің жарты байлығын қанжығасына байлады. Еңбегі еш кетпей, оқалы бешпенттің етегіндей дөңгеленіп оңтайы келіп-ақ қалып еді, пәле іздеп шырықты бұзған тағы да ана антұрған емес пе! «Қазақгейт» деген қайдағы бір пәлені шығарып, бүкіл әлемге масқара қылсын. Қанша жыл бастарын әлекке салды. Енді есесіне айналайын Шынашақ, соның бәрінің тігісін жатқызып, шырғасын шығармастан тап-тұйнақтай ғып тындырды. «Қазақгейт» деген пәленің басына су құйып, үнін біржолата өшіріпті. Батыстағы ұрты майланған марқасқалардың аузы жақсы екен, Нобель де қайда қашар дейсің!

Толқыған сәтте орнында отыра алмайтын әдеті Елағаңның. Жақсы лепес өшуге айналған үмітін қайта үрлеп жаққандай көкірегі алабұртып серпіле түрегелді орнынан. Екі қолын шалбарының қалтасына сүңгітіп, бөлме ортасында талтайып сәл тұрды да, аяғын қадап басып, атшаптырым есік пен төрдің арасын ерсілі-қарсылы ұзақ шиырлады. Микроб ұшады деп кабинетіне кілем төсетпейтін. Шаршылап қюластырылған  лаксіз қызылқарағай паркет табан астында тұншыға сықырлайды.

Елағаң айналасындағылардың құлдық ұрып жалпақтауына әбден еті үйреніп кеткен. Жанталасып қалай қызмет қылса да селт етпейтін. Мен жұмысқа тағайындағаннан кейін солай істеуге міндетті деп есептейтін. Бірақ дәл қазір ол принципінен айнып тұр. Шынашақтың  мына ерлігі ет жүрегін елжіретіп жіберді жүдә. Бүкіл әлем алдында абройсыздықтан арашалап алып қалған жоқ па. Бұл еңбегін ескермесе Құдайдан ұят қой! Өтеуін қалай қайтарса екен? Қызмет қылдым ғой деп еңбегін пұлдап жаутаңдайтын еміншектің сортынан емес. Тәубашыл. Осы жеткен мансабы үшін өзін Елағаңның алдында шексіз қарыздар санайды. Үркек құстай пыр етіп әр төбеге бір қонған аз күндік бақ шіркін қашанғы баста тұра берер дейсің үйіріліп. Жыға қисайған күні қасыңнан табылып, қолтықтан демейтін осы емес пе. «Өзіне орден берсе ме екен?» Жақындап келіп, столдың шетіндегі қызыл папканы парақтады. Жоғары лауазымдылардың қайсысы қалай марапатталғаны туралы тізім. Былтыр ғана «Парасат» алыпты. «Жоқ, болмайды. Ел көзіне скромный боп көрінгендері дұрыс. Әлгі «Шевронның» орынбасары боп жүрген баласын депутат қылса қайтеді? Айтпақшы, ол қызталақ бірер жыл бұрын мас болып, есік аузындағы күзетшіні атып өлтіріп біраз шу шығарған еді-ау! Бұлардың бәрі әйтеуір сау сиырдың боғы емес. Түртіп қалсаң, бір былығы былқ етіп мүңкіп  шыға келеді... Енді не істесе екен? Тоқта, өзін неге министр қыла салмайды? Табылған ақыл, сол дұрыс. Тіс-тырнағымен жабысқан өлермен неме дөңгелек айналдырады әлі-ақ. Осындай өзіне итше берілген, жатаберісі жоқ, сенімді жігіттерді өсіріп, өрісін кеңейткені абзал ғой!..»

Елағаңның хоббиы көп: Ипподромда шабандоздармен үзеңгі қағыстырып бәйгеге де шабады; Шымбұлақтың қия беткейінде шаңғы да тебеді; гольф те ойнайды... Бірақ дыз етпе желіктің қызуы ұзаққа бармай, солардың қай-қайсынан болмасын көңілі сырғақсып тез суынатын. Соңғы уақытта өзіне жаңа хобби тапты. Ешқандай хобби жанына дәл мұндай ләззәт сыйлаған емес. Мұнысы бір шахматтың ойыны сияқты, министр, әкім... барлық жоғары лауазым иелерін билік тақтасының жанды фигураларына айналдырды. Гроссмейстер қалай жүремін дейді – өз еркі, бәрі соның көңіл күйіне байланысты. Жантайып жатып ап, қайсысын қалай қозғаймын деп ойға батады. Ферзіні оңға жылжытқан дұрыс па, әлде ладьяны құрбандыққа шалған жөн бе?.. Алақандай шаршыда қаншама комбинация! Просто кайф! Дәл қазір гроссмейстер атпен жүріс жасауға бел буды.

Елтөре дереу орнына отырып, столдың оң жақтауындағы қара түймені басты. Іле қос қабат емен есік сықырсыз ашылып, ішке сидам денелі, ақсары жігіт кіріп келді. Селт еткен сезім ұшқыны жоқ салқын жүз, салғырт қабақ. Төрге ентелемей, именшектеп, көлденең қойылған ұзын-шұбақ столдың шетіне жете бере тоқтады. Екі қолын жанына ұстап, бұйрық күткен сыңаймен сәл басын ие ұмсынып тұрды. Елтөре бұл күнде үлкен-кішінің төменшіктеп тұрғанын жақсы көретін. Талай жыл қасында жүрсе де, бір қалыптан аумайтын сырмінез сыпайылығына іші жылиды. «Кеше ғана портфелін тасып құлдыраңдап жүретін бала еді, мұның да самайын қырау шала батапты-ау!»

 – Жұмаш, – деді Елтөре тәмпіш танауының ұшына мінбелеген алтын сабақты көзілдірігінің үстінен қарап. – Ермек Садықовты Сыртқы істер министрі етіп тағайындау жөнінде Жарлық дайындаңдар!

 Жұмаш жанарындағы жылт еткен ұры ұшқынды кірпігімен қоралап, жалма-жан өшірген. Үнсіз бас изеді де, сыбдырсыз басып шығып кетті.

 

                                                           Ақ сәулеш

Елтөре көзілдірігін түзеп киіп, жиегі алтын зермен шайылған қоңыр шегірен папканы қолына алған. Айқара ашып қалғанда, жер-дүние жарқ етіп жайнап шыға келгендей болды. Өлгенде көрген жалғыз ұлы мен соңғы кезде көңіл қосқан нақсүйерінің суреті. Күніне екі-үш мәрт қарап қоймаса, жаны тыншымайды. Төрт жасар сәбиді баурына қыса, басын сәл еңкейтіп, наздана жаудырған уыздай сұлудың тұп-тұнық бота көздерімен жанары түйіскенде, Елағаңның кәрі жүрегі оқыс тулап алқымына тығылды. Бір туған айдай сызылған керме қас, қайқы кірпік. Сопақша ақша жүзінде бір міні жоқ. Әсіресе татқан сайын құмар ашқан жұп-жұмыр албыраған еріндерін айтсаңшы. Бір қылығынан бір қылығы тәтті, ерке, назды нағыз шығыстың шырайлысы. Жарықтық Омар Һаям хор қызындай ғашығының бір меңіне Самарқандты берер едім десе, бұл Гүлбаһардың оң жақ бетінің ұшындағы тарыдай меңге жер-жиһанның байлығын беруге мақұл. Осы ғұмырында талай ұрғашының уызын сарқыса да, Тәңірім кіндігін жалғар бір ұлға зар қылып еді, ақ түйенің қарыны жарылып, сол арманына жеткізген осы Гүлбаһар. Балпанақтай міне Нұрпатшаны сүйді. Айналасындағы тілеулес ағайын: «ендігі патшамыз осы болсын» деп атын «Нұрпатша» қойғызған. Айналайынның түрін қарашы, сұйқылтым қасы, тәмпіш танауына дейін аумаған өзі, аузынан түсіп қалғандай!..

Ойлап үлгіргенше болған жоқ, стол шетінде жатқан ұялы телефоны «Махаббат вальсін» сызылта жөнелгені. Гүлбаһар! Бәсе, бәсе, ойына тегін оралмаған екен ғой. Осы өзінің кей нәрсені алдын ала біле қоятын бір сәуегейлігі бар. Айналасындағылардың: «Сіз көріпкелсіз, әулиесіз!» деп тамсанатыны тегін емес-ау, сірә. Жарамсақтардың нетүрлі мадақ-қолпашынан басы айнала бастаған Елтөре соңғы уақытта өзінің екі аяқты жәй пенде екеніне күмінданатын күйге жеткен. Бас шұлғып: «Сіздікі дұрыс!.. Сіз кереметсіз!..» деген сайын «осы мен шынында да тегін адам емес шығармын!» дейтін. Қазір де әншейін бір болмашы кездейсоқтықты бойындағы тылсым қасиеттей көріп, өзінің айрықша жаратылысына көңілі беки түсті.

– Жаным... – деді телефондағы дауыс үздігіп.

– Әу! – Елағаңның дауысы қалтырап кетті. Ішінен: «Жаным деген тәп-тәтті тіліңнен айналайын» деп қуаныштан көмейіне өксік кептелді. Қос мұңлық аман-саулық сұрасып, бір-біріне еркелеп, назданып, сыбырласып, күбірлесіп, алқынып... ұзақ жауптасты. Тіл ұшынан сөздің небір шербет-балын тамызып, Елағаңды ентіктіріп, есінен тандырып болған бір сәтте:

– Кешір, Елағасы! – деген үні кілт мұңая күрсініп. – Мен ақымақ сабырсызбын ғой. Кештеу звондауға тағат қыла алмадым. Жұмысыңызға бөгет жасаған жоқпын ба?

– О не дегенің, ақ сәулешім! Бар дүние сенің жолыңда садаға. Қарбалас ештеңе жоқ, айта бер.

– Ендеше Skype-ті қосшыңызшы. Бір минут те болса,  бір-бірімізді көріп отырып сөйлесейікші!..

Елтөре алдындағы ноутбуктің керекті түймесін басқан жалма-жан. Кең экран лып көгілжім тартып  жанған бойда, жер түбіндегі жаннат бағын көз алдына тоса қойды. Доға табан тоқыма бамбук креслода тербеліп, ақ сәулешінің өзі де көрінді пальманың саясынан. Екі саусағын ерніне тосып шөп еткізді. Сүйдім дегені.  Құймышақ қағар толқынды қолаң шашын қос бұрым ғып алдына тастапты. Талпынған қос анардың өркешінен қос бұлақ толқи көтеріліп, жарыса төгіліп жатыр. Наздана қарап, мөлдіреген мұңлы жанарымен бір сипап өтті... Нұрпатша дімкәс әлжуаз боп туды. Қаратпаған дәрігері, қолданбаған ем-домы жоқ. Ет жиып оңалмайды. Өңі боп-боз. Иммунитеті төмен. «Жетпістегі шалдың ұрығы қайбір қауқарлы дейсің» деп Елтөре өзін кінәлап іштен мүжілетін. Маиами, Сейшелы, Мальдиви, Канар... жер жүзінің шипалы орындарын түгел шарлады.  Шипа боп қалар деген үмітпен биыл бір айдан бір Балиде дем алып жатыр шешесі екеуі.

– Қабағыңда кірбің бар ғой, не боп қалды, жаным? – деді Елағаңның жүрегі жас жігіттей елбіреп.

– Жәй, әншейін... – Гүлбаһар кірпігін төмен салып, әлденені айта алмай тұрғандай кібіртіктеді. Елтөре тіксініп қалды.

– Біздің патшамыз қайда?

– Ұйықтап жатыр.

– Денсаулығы қалай?

 – Тіфа, тіфа, жақсы. Бұл жердің ауасы шынымен оған жағады екен. Әжептәуір оңалып қалды.

– Ендеше неге көңілсізсің?

«Соны да түсінбейсің бе?» дегендей Гүлбаһар тұп-тұнық жанарын жарқ еткізіп, томсырая қараған.

– Еһ, еркектер, еркектер!.. – деген күрсініп. – Ештеңені түсінбейсіңдер ғой. Мен сені көргім келеді.

– Міне, көріп тұрсың ғой?

– Оны айтпаймын. Мен сені сағындым. Түнімен көз ілмеймін. Құшағыңа көмілгім келеді. Аймалап, сүйгім келеді, жаным?..

Елағаң табаға түскен сарымайдай еріп, елжіреп кетті. Жанарынан жас шымырлап өксіп жібере жаздады:

– Асылым, ақ сәулешім!..– деді алқына сыбырлап. – Мен де әзер жүрмін!.. Біраз күн шыдашы...

– Жоқ, шыдай алмаймын!..

Елағаң есі кетіп, не қыларын білмей аңтарылды. Тынысы тарылып, ынтықтырған ыстық сезім көкірек қуысын көк жалындай өрлей соғып шарпып өтті.

– Ендеше біраз күнге келіп қайтыңдар. Бүгін түстен кейін арнайы ұшақ жіберем.

– Сөйтші, Елағасы сөйтші. Мен сені сүйемін, жаным!

Айдай жүзі албыраған перизат экраннан төніп келіп, алқына үздіккенде, кәрі жүрек алтын тақты тастай беріп, таусылмас ләззәт сыйлар жалындаған жар төсегіне қарай алып ұшқан.

 

                                                 Сарайдағы бизнес

Емен есікті сиқырсыз жапқан бойда Жұмаш дүр сілкініп, бойын кілт тіктеп, жүзіне жылт кіріп мүлдем басқа адам боп шыға келді. Бетіндегі қабат-қабат масканы есіктің арғы жағында қалдырып кеткендей. Жаңағы мүләйім жүз, сұлық қабақ, еңкіш еңсенің бірі де жоқ, бәрі жым-жылас. Көктемде жартастың жарығынан қабығын сыдырып жылмаң етіп түлеп шыға келген жылан сияқты. «Көңілдісің ғой, не болды» дегендей ақ борық хатшы келіншек сұраулы жүзбен қасын керген. Жұмаш ойнақыланып көзін қысты:

– Гулечка, шефтің шұғыл тапсырмасымен қағаздар дайындаймын. Мені ешкім мазаламасыншы!

 Адымдай басып қарсыдағы кабинетіне кірді де, есігін жауып алды. Жұмаш – сырты самарқау, салғырт көрінгенмен өз есебі түгел жігіт. Сарай ішіндегі сауданы тасты-аяқтай қағыстыратын жырындылардың арасында жүрген соң жұқпай қоя ма. «Бұқа су ішсе, бұзау мұз жалайды». Сырттағы бизнес мұнда да кірген. Қаламұшынан тамып жатқан миллиардтар... Қалам ұшында қалтыраған тағдырлар... Бәрі осындағы биік креслолы кабинеттерде шешіледі. Сондықтан мұндағы капралдың өзі генерал. Жұмаш та өз бағасын бек жақсы біледі. Бизнесін әбден жолға қойып алған. Қожайынға өтініш жеткізу, хат табыстау т.б. қызметтің  өз таксасы бар. Істің оңтайы сый-сияпаттың ыңғайына қарай. Сараңдардың қағазын апталап-айлап ұстайды. Апарған күннің өзінде де шефтің қабағы келіспей қыржиып отырған сәтінде ұстата қойып, теріс визамен қайтартып жіберетін, келесі жолы ондай бейбақтар ақылы кіріп, сауаты ашылып, үлкен кабинетке жорығын Жұмаштың жүзін жылтудан бастайтын.

 Араммен ауызданғаннан бері Жүкең әбден аранын ашып алған, инсап жоқ, алдына келгенді жебей сауып, қақтап сормай жіберген емес, бірақ сонысы құт боп жарытып жатқаны да шамалы. Қолы қалт босай қалса, қаладағы элиталық казинодан шықпайды. Әр жолы қалтасы қағылған сайын «енді аттап бассам – ит болайын, шошқа болайын!..» деп қарғанып-сіленудің жете атасын айтып ант-су ішсе де, амалсыз «ит», «шошқа» боп апта аралатпай қалай келіп қалғанын өзі де білмейтін. Жады ма, сиқыр ма, біліп-сезіп тұрсаң да ес-ақылыңды арбап ентелетіп тұңғиығына тарта берер түпсіз құрдым. Өткен жолы бәске қалтасындағы 30 мың баксті тігіп, қызды-қыздымен  мініп барған  лексус "Джипін» қоса салған. Талай ұтылса да, дәл бұлай шоңқиып көрмеген. Күйіктен есеңгіреп, не істеп-не қойғанын білмеді. Тал қармаған далбасамен бес мың долларлық сағатын, үстіндегі киімін тіккен, сәттілік періштесі шынымен теріс айналса керек, бәрі де кетті.

Мол ұтыстан көңілдері тоғайған ойыншылар енді қызық үшін қылжаққа көшіп: «бұтыңдағы трусиіңді тік, ұтсаң – бәрін қайтарып береміз!» деді. Үміт шіркін қыр басынан қол бұлғаған соң тәуекел еткен. Шиырған асығы тағы да шік түсті.

Жалаңаш құйрығы жалтырап, қыран-топан күлкіні қақ жарып сыртқа атып шыққан. Таңғы алакеуімде әтпішін  газетпен қалқалап, Сол жағалаудағы қымбат коттеджге қарай жын ұрғандай дедек қағып жүгіріп келе жатты. Қоқыс тіміскілеген бір қора бұралқы ит әуелгіде бұл не пәле дегендей үдере қашып біраз жерге барды да, қауіп жоқ болған соң жалт-жұлт етіп алыстап бара жатқан құйрыққа қызығып кетіп, андағайлап тұра қусын, ақ бөкседен әне-міне ала түсердей шәуілдей үріп соңынан қалар емес...

Қарыз сұрауға өзінде де бет жоқ, қарыз десе дос-жарандары да екі қолдарын төбесіне қойып тұра безетін болған бұдан. Әйтсе де аузының салымы зор өзінің. Бұйыртса,  тағы бір несібенің төбесі қылтиып тұр. Былтырдан бері мұхит асып кетіп   жатқан миллиондардың есебі көкейінде. Батыстың алпауыт журналистері мен ықпалды саясаткерлеріне төленетін гонорар. Есепсіз дүниенің қаншасын Шынашақ шым-шымдап     жолдан жырымдағанын бір Құдай білсін. Әйтеуір кеңірдектен мелдектегені анық. Бұл зәнталақ тышқан мұрынын қанатпай қашанғы тымпиып жүре береді. Бір шашылатын  жері осы шығар...

Қиялай қойылған жылтыр, жайпақ үстелді айналып барып, төрдегі креслоға жайғасты. Шынашақтың  соңғы әйелі мұнымен рулас болған соң, қазақтың жалпақ жосынымен жезде деп ойнай беретін. Вашингтондағы «жездекесінің» номерін терді де, телефонды құлағына тосып, креслоға керіле шалқайды. Ұзын гудок үзіліп, тықыр-тықыр тұтқа көтерілгенде:

– Ассалау-мағалейкум, Ереке-е! – деген дауысын маңғаздана созып.

– Уәлей... – дей берді де Ерекең: – күніне қырық сәлемдесіп сарт болдың ба-ей! – деді.

– Ой, жезде, танып қойдың ба?

– Жалғыз балдызымды танымай не қара басыпты?

– Жалғыз деуін, жаның шыққыр. Сен кімдерге жезде болмай жүрсің? Әпшемнің көзіне салған шөбің шөмеле емес, тау мая болған шығар, жүдә!

 Қалжыңмен Ерекеңнің қытықты жерін түртіп өтті. Биыл жазда бір топ байлармен шенеуніктер Ақтеңізде саяхаттап жүріп, кеменің үстінде жынойнақ салған ғой. Ішінде Ерекең де бар. Кәмелетке толмаған орыс, хохол қыздарымен қызыққа батып жатқан кездерінде түрік полициясы тұтқиылдан кәйпті бұзып, үлкен шу шыққан. Аброй болғанда, шефтің құлағына тиген жоқ. Ресми мекемелер «Еліміздің пристижіге нұқсан тиеді» деп үкіметтік баспасөзге жариялауға тиым салған. Сарыжағал газеттер қалпағын аспанға атқанмен, Жүкең жездесінің абройын ойлап, Үлкен үстелге жеткізбеген. Айтпақшы,  сол еңбегін де біраз бұлдаса болады екен-ау.

– Қой-ей, дауасыз, бәдіктенбе! – Қудың іші қылп ете түсіп, өтірік кеңк-кеңк күлді. Содан соң сөзді басқа жаққа қашыртып:

– Бағана ғана сөйлесіп ек қой, қайта-қайта амандасып түсіңнен шошыдың ба? – деді.

– Жоқ, сені сағынып қалдым.

– Е, мұның жақсылық қой. Тыныштық па?

– Ал, жезде, бүгін бір шашылатын болдың! Ақ түйенің қарыны жарылды деген осы.

– Ол не жаңалық, айтшы? – деді Ерекең тосын қуаныштан жүрегі атқақтай аузына тығылып.

– Айтпаймын. Әуелі сүйіншімді бер.

–  Бердім, ата қалауыңды.

– Ендеше балдызың жаяу жүр. Жүйрік мінгіз.

– Қара «жорғаң» қайда?

– Аяғына жем түсті.

Ерекеңнің есебімен қоса мәрттігі де бір басына жетерлік. Миындағы қателестірмес қызыл шырақ жылт етіп жанды: «Көмейін кең ашуына қарағанда, үлкен қуаныш болды-ау, сірә. "Күле қарағаннан көйлегіне жамау сұрап» әбден араммен ауызданып үйренген зәнталақ қой. Басына ақ құйып құтылған абзал. Үлкен кабинетте кішкентай адамның өзі – үлкен. Саған қатысты қағазды шефтің қабағын бағып қалай апарып берудің өзі – үлкен тактика. Бүк түсуің де, шік түсуің де соған байланысты. Бір саусағын ішіне бүгіп жүрсе, қалай деп бола ма, құрсын, жақсы хабар үстінде тарылып қайтем...»

– «Жорғаның» ағы болсын, қарасы болсын, таңдағаныңды қазір-ақ босағаңа байлаймын! – деді жөннен жығылмас мәрттікпен. – Сенен аяғанды ит жесін!

– Бәсе, біліп едім-ау! Тай сұрасам, тұлпар беретін, асыл жездекем-ай! Ал ендеше жүрегің жарылып кетпесін, тыңдай бер. Шеф жаңа ғана бұйрық берді, Құда қаласа, сыртқы істер министрі болатын болдың. Қағаздарын дайындап жатырмыз!..

Шынашақ ана жақта қуаныштан есі шығып, былқылдақ креслоның үстінде шалқалаған күйі аяқ-қолы шашылып үйелеп қалды...                                                    

 

                                                          Әулие ағаш

Жоғары лауазымын пайдаланып, ертеңінде Алматыдағы сорпа беті онкологтарды аяғынан тік тұрғызды. Шешесін қайта қаратып, дәрігерлік консилиум жасатқан. Бірақ нәтиже бәрібір бұрынғыдай боп шықты. Операциядан пайда жоқ, асқынып кеткен десті. Мұндайда ақылшы көп, дәтке қуат үшін көңіл жұбатып кім не айтпайды. Қайсысын тыңдарыңды білмей басың қатады. Біреулер: «дәрігерлер кейде лаға береді, мал болмайды деген талайлар жазылып кеткен. Әне, жаназасын оқып, үйіне шығарып жіберген пәленшекең Израильге барып емделіп келді ғой. Үш жыл болды құлдыраңдап шапқылап жүр!..» деп төндірген соң, көңілі емексіп, кейін өкініш болмас үшін, сол жаққа апаруға да бел байлаған. Демеушілер тауып, Тель-Авивтегі ең таңдаулы емханадан орын сайлап, бәрін дайындап қойғанда анасы бармаймын деп ат-тонын ала қашты. Көпті көрген, көңілі сұңғыла сахи кісі ғой. Қолдан келіп тұрғанда шетелге барып емделген дұрыс қой деп, бұлар қанша жерден жақауратса да, шарасыздықтарын бәрібір сезіп отыр.

­– Е, қарақтарым, мені қинап, өздеріңді әурелеп қайтесіңдер, – деді жайбарақат, сабырлы дауыспен. – Итарқасы – қиянға барып пышаққа түскенше, тып-тыныш өз шаңырағымның астында Құдайдың бұйыртқанын күтейін. Бәріңе ризамын, қарақтарым. Ақ сүтімді міндет етпеймін, шыбын жандарың шырқырап, жүректерің үзіліп жүгіріп жүрсіңдер. Жаман шешелерің жүз жасаса екен дейсіңдер ғой? – Иегіне мінбелеген имек, қоңқақ танауының жотасы үйіріле әжімденіп, жымиып қойды. – Алжыған кемпірден құтыла алмай әлекке түссеңдер, оның несі жақсы. Өмір барда, өлім хақ. Алла ризық еткен дәм-тұзың қай күні таусыларына кімнің көзі жетіпті. Әйткенмен орынымен болған нәрсеге өкініш білдірген күнә. Алланың осы бергеніне мың да бір шүкір. Бір адам бақытты  болса, мендей-ақ болар. Бас аман, бауыр бүтін, бәрің өсіп-өндіңдер, жарықтарым. Немере, шөбере сүйдім. Ішкенім алдымда, ішпегенім артымда, осыдан артық не керек. Мың жасайтын құзғынмын ба. Сендердің алдарыңда, ақыл-есім айқын, Құдайдың бұйыртқан ақ өлімімен көз жұмсам, несі өкініш. Әрнәрсеге ынсап ләзім, қарақтарым. Сексеннің сеңгірі аз жас емес. Алжыған кемпір өледі деп қабақтарың түсіп, күңіренгендерің күпірлік болады Аллаға.

Операция жасайды дегенді естісімен қауіп ойлап, төрткөз түгел  жиналған, ұл-қыз, немере-шөберенің  бәрі осында. Кең залдағы диван-орындықтарға шашырай жайғасқан естияр-үлкендер қарияның өсиет-арзасын тыңдағандай тұнжырап үнсіз қалған. Ерке өскен, шолжың болса да осы үйдің сүткенжесі – Ағайшаны көңілі бос еді. Кешеден бері мұрынын тартқыштап, көзі жасаурап әзер жүрген. Шешесінің мына сөзін естігенде, екі алақанымен бетін басып, өксіп-өксіп жіберді:

– Апа-ау, қоштасқандай бұл не сөзің? Асылкен шетелге  апарып емдетем деп отыр ғой. Барсаңшы сонда, бәлкім сауығып кетерсің...

– Қой, балам, жылама. Бүін-ертең өлейін деп отырған мен жоқ, – деді қария мейірлене жадырап. – Бұйырған кетпейді, жүгірген  жетпейді! Менің бетіме қарап отыра бермей тірліктеріңді жасаңдар!..

Ана сөзін әмірдей көріп, бәрі  ілгерінді-кейінді созалаңдап, орындарынан тұрды. Үн-түнсіз көлеңкедей сүйретіліп бірі сыртқа, екіншілері үй ішіндегі аңқайған көп есіктерге қарай беттеген. Елдің соңын ала орнынан тұрған Асылмұратды апасы қолымен ымдап, қасына шақырып алды.

– Айтқан жеріме бармады деп өкпелеме, құлыным! – деді көк тамыры тарам-тарам арсиған қолымен маңдайынан сипап. Алақаны мұздай, тиген жерін қарып барады. – Жан маған да тәтті ғой. Бірақ өмір бойы мұсылмандарға қарсы ғадауат ашып, майдандасып келе жатқан кәпірдің елін көңілім қаламайды.

– Неге олай дейсіз, апа. Ол – медицинасы өте дамыған әлемдегі ең озық  елдің бірі. Сауығып кетуіңіз әбден мүмкін.

 – Жоқ, балам, болмасқа әуре болып қажеті не? Сен одан да, шетелге апарғаныңдай болсын, Әулие ағаштың түбіндегі қайнардан маған су әкеп бер. Баяғыда, одан бері он жыл өткен шығар, Қарашеңгелге бара жатқанда жолай дамылдап, шипалы деген соң ішкенім бар еді. Құданың құдіреті, бір апта болды, сол дәм жаңа татқандай таңдайымнан кетер емес, ындыным құрып аңсарым ауады да тұрады.

Мұндай ойың – он, қиялың қырық саққа жүгіретін  сәтте далбасалап, кез-келген үміттің  етегіне жармасасың ғой. «Организм өзі аңсап тұрса, бәлкім бір шипасы болатын шығар» деп ойлаған Асылмұрат жақсылыққа емексіген жетім көңілмен. Ертеңінде апасын машинамен ауылға жөнелтті де, өзі шекаралық бекеттерді аралауға шыққан тікұщаққа отырып, жолай Әулие ағашқа соққан.

                                                                  ххх

Аңызбен астасып жатқан талай әңгімені сыртынан естігені болмаса, Әулие ағашты көріп тұрғаны осы. Шынында да ғажап екен. Бітімі бөлек. Өзі бұрын-соңды көріп-білген дарақ тұқымының біріне де ұқсамайды. Үшкілдене созылған күлдей ұсақ құстаңдай жапырақ, жаз ортасы ауып, айнала саржағал тарта бастаса да жаңа бүршік жарғандай жап-жасыл, шырыны төгіліп, үлбіреп тұр. Қызғылт-күрең қабығы жып-жылтыр, сызсаң тырнақ батқандай жұмсақ. Бірнеше ғасыр аптап пен аязды басынан өткерген кәрі ағаштың бойындағы буырқанған нәр мен жастық қуатқа қайран қаласың. Жан-жаққа тарамдала, шоғыр-шоғыр боп жер бетіне шығып жатқан жуан тамырлары қырық құлаш тұңғиықтағы әлдебір тылсым құнарды бойына сіңіре ме екен. Мінсіз бойын көкке созып, тік шапшылған діңнің шеңберіне бес адамның құшағы жете қоюы кәдік. Күнге ұмтылып, теріскейі сиреп қалатын өзге ағаштардай емес, біркелкі дөңгелене жайылған бұтақтарының қарымы он екі қанат киіз үйдің ауқымын артығымен орамаса кем емес. Сәл жел ұйтқыса, ұшар басы аспанды сипап, жыбыр-жыбыр қайнаған жапырағы сансыз қоңыраудай сыңғырлап бар денесімен ырғала теңселеді.

Көне-көне-көнеде, бұдан сан ықылым заман бұрын түстік көкжиегін ирек-ирек тау өркеші  керткен, терістігін көз жетпес сағым буған осынау көсілген кең жазықты Ұлы Жібек жолы басып өтіпті-мыс. Батыстан шығысқа, шығыстан батысқа жөңкіген лег-лег керуен қысы-жазы бір толастамайды екен. Бірде тыраулап ұшқан тырнамен ілесіп жер түбінен талықсып жеткен  қоңыраулы керуен қоналқыға осы араға дамылдайды. Мол сулы мөлдір бастау. Судың ызасы жайылған кең алқап тұсарлықтан көкорай шалғын. Шөгерілген түйелер мойын созым айналасын орай шалып-ақ отығып қалады. Керуеншілер де талай күнгі сүркілден  жолсоқты боп қажып жеткен. Бастаудан таңдайларын жібітіп, беті-қолдарын шайынған соң, бойларын әдеттен тыс сергектік биледі. От басында әңгіме-дүкен құрып көпке дейін көздері ілінбейді. Жолаушылардың көбі қажыдан келе жатқан мүминдер екен. Араларындағы ақ сақалы кіндігіне түскен бір ғұлама Меккеге жеті мәрте барыпты. Қараңғыда біреу басып сындырып кетпесін деп, қария таяғын жерге шанши салады. Таңертең қараса, бунақтары бүр жарып, көктеп тұрғанын көреді. Пайғамбардың табаны тиген киелі топырақта өсіп-өнген жұпар ағаштың құдіреті ме, әлде мына жердің суының бір сиқыры бар ма, әйтеуір қу таяқтың жалғыз-ақ түнде бойына нәр жүгіріп, көктеп шыға келгенін көрген жұрт өз көздеріне сенер-сенбестерін білмей қайран қалады.

 Осы кісі нанғысыз оқиға ескен жел, көшкен керуенмен ілесіп, жалпақ елге аңыз боп жайылса керек. Арлы-берлі өткен жүргіншілер әдейілеп ат басын бұрып келіп, бұл жерді бірте-бірте киелі орынға айналдырып жібереді. Бұтағына ақ байлап, Әулие ағаш атайды. Жуан тамырды қақ тіліп сыздықтай атқақтаған тұма суы шынында да шипалы еді. Көзін шайған зағиптің жанарындағы шелі кетіп, шырағы қайта жанады; ішкен адамның ішіндегі ауыру-сырқауы жазылады. Енді басы ауырып, балтыры сыздаған да, дертіне дауа іздеп жаны шырылдаған  бейбақ та осында.

Асылмұрат бүгін әдейі шашақ төбе десант картузін көзіне түсіре киіп, жарты бетін жапқан үлкен қара көзілдірік тағып алып еді. Сонысы абырой болыпты. Әзірге ешкім тани қойған жоқ. Әйтпесе телевизорды құр жібермейтін жалпақ жұрттың көбіне жүз таныс қой, бірі болмаса, бірі шырамытып, жарамсағы бар, арыз-арманын айтып шағынатыны өз алдына, аяғына оратылып жүргізбей ме деп секемденген. Тіпті кедергі жасамаған күнде  де,  «мынау пәленше екең ғой?» деп сыртыңнан сұғын қадап сыбырлап тұрғанның өзі ыңғайсыз емес пе. Ирек-трек созылған ұзын-шұбақ кезектің соңын ала, елеусіз қалыппен Әулие ағашты тамашалап тұр. Діңнің түбі отырған кісі сиятындай қуыстанып, дәл ортасынан тұманың көзі дірдектей шапшиды. Тамырды қуалап жеті қат тереңнен көтерілген шипалы арасан ба, әлде ағаштың маңынан жол тауып бетімен шығып жатқан қайнар ма екен? Аумағы шелек аузындай ғана. Не кенерінен  асып, жылғаланып ақпайды, не ортаймайды. Балық көздене көпіршіп шым-шым қайнап, қанша су алсаң, сонша су ыдысыңның түбін тебе лықси көтеріледі. Түсі қызғылт-қошқыл, магниі көп болса керек. Сәл қаттырақ шайқалып кетсе, лайланып түбінен борық көтеріледі. Құлақты пластмасса кружканың шетімен шырпып алып, отыз литрлік канистрді толтырам  дегенше сүт пісірім уақыт өтті. Тікұшақ шекара аралап қайта оралғанша қай заман, күн еңкейгенше келе алса жақсы. Асылмұрат айналасын көз аясына көшіріп, асықпай тамашалады.

 Әулие ағаштың жан-жағында жетпіс-сексен қадамдай радиуспен шеңбер сыза шоқ-шоқ ағаш өскен. Арша, қайың, үйеңкі... Әдейілеп біреу еккен бе, әлде өзі осылай өскен бе – кім білсін. Ең ғажабы – бәрі ентелей созылып, әулие ағашқа қарай басын иіп тұр. Қанша жерден табиғаттың кез келген құбылысына жауапты ғылымнан іздейтін парасат иесі болсаң да, мына тылсымның сырын түсіне қоюың екіталай. Шашырай қыдырыстаған жұрт екі-үштен ағаштарды қуалай аралап, суретке түсіп жүр, енді біреулері саялап көлеңкеде отыр. Басқалардан айдыны бөлек алып еменнің айналасы үймелеген халық. Кезек-кезек діңіне құлақтарын басады да, бастарын шайқап, таң-тамаша болысады. Не қызық екен деп бұл да барған. Қожыр-қожыр қабыққа қос алақанын қусырып, құлағын тосып еді, тасыр-тұсыр дыбыстан селк ете қалды. Тура бір жан алып-жан таласып жатқан қаурыт құрылыстың ішіне кіріп кеткендей. Ағаш шапқан балта, кескілеген ара, шеге қаққан балғаның дыбысы. Бас-аяқсыз даңғыр-дұңғыр емес, мақсатты іс-әрекеттің ырғағы.

 Ел аузындағы аңыз-әфсананың қаншалықты растығын кім білсін, бағзы бір заманда Самаркандтағы Ақсарайды соққан, Иассыдағы ғазірет Құл-Қожа Ахмедтің басына қыштан өрнек төгіп, көз жауын алатын Кесене тұрғызған сиқырлы жеті ұста, әлхисса, Қашқарға сапарлап бара жатып, осы жерге түнепті-дүр. Жетеуінің жамбасы тиген жерден жеті тамыр жайылып, еменнің шыбығы көктеп шығыпты. Қазір талай заманның жауыны мен дауылын бастан өткерген алып емен. Жеті тамыры жерден өркештене бунақ-бунақ шығып, жеті жаққа жайылып жатыр.

Қырық үшінші жылы жер ауып келген ағайынды екі ингуш жігіті сақылдаған сары аязда осы ағашты отын қылып кесіп алмақшы болыпты. Жігіттің бірі балтаны құлаштап сілтеп қалғанда сабы опырылып, балтаның басы шыр айнала ұшып қарақұсына қадалады.  Миы аузына түсіп, сол жерде сеспей қатады. Екіншісі жынданып кетеді. Қарап отырып: «ойбай, үстіме ағаш құлап келе жатыр!» деп бақырып тұра қашады екен.

 Әлдебір сыры жұмбақ тылсым энергияның өрісі жайлаған ба, болмаса Алла тағала шынымен кие дарытқан орын ба, қалай болғанда да бір құдірет бар. Көз алдың көгілжім сәулеге оранып, бойыңды бір жеңілдік билейді. Әулие ағаштың түбінде тұрып бір топ адам суретке түспекші болып еді, фотоаппарат тартпай қойды. Объективті қалай бұрасаң да бейне жоқ,бұлыңғыр тұман. Ал басқа жаққа бұрсаң, жарқ ете қалады, ап-айқын.

  Бұрын бұл жерге жаны мен тәніне шипа іздегендер келсе, енді оған қоса қызық іздегендердің саяхат орынына айнала бастаған сыңайлы. Ауыру-сырқаулардан гөрі фотоаппарат, бейнекамера асынып емен-жарқын жайраңдаған жұрттың қарасы басым. Сүт пісірімдей бұрын бір қызыл күрең «Икарус» бір қора кісіні сыпыра-сиыра «қылғытып», ыңыранған күйі қайқаңнан асып кетіп еді, міне енді құла шаңның    шудасын аспанға керіп ентіге кеп тоқтаған ұзын бел «Мерседестің» бүйірінен ала-шұбар топ ағып-тамып түсіп жатыр.

 Қыбыла беттегі тоғайдың қалқасынан қырық жыл бұрын сыланған қотыр тамның төбесі қылтияды. Қора-қопсысы алқам-салқам. Одан ары күрең күзге өңін бермей көк шәйідей көлбеңдеген тепсеңді бойлай оншақты киіз үй қатар  түзеп тұр. Әртұстағы түтіні будақтаған қазан-ошақтың айналасындағы қатын-қалаштың қимылы қарбалас. Жаңағы автобустан түскен қалың топ шашырай шұбап, солай қарай беттеп келеді.

Қотыр там шырақшының құжырасы екенін бағана тікұшақтан түскенде-ақ жөн білетіндер айтқан. Киелі жерге келіп тұрған соң ырым жасап, шама-шарқынша садақа бермек ләзім. Төрт сирағы төрт жаққа талтайған қамыс қалқайманың көш жерге қиялалап түскен көлеңкесіне дастархан жайылыпты. Кернейінен түтіні жыбырлап ұшқан сары самауыр анандайда мұрын астынан мыңқылдай ызыңдайды. Көлеңкенің бір шалғайын жамбасына басып, көнетоз күрең дермантин диван үстінде сүйей салған қанардай жантайып жатқан әйел мұның аяқ дыбысын естісімен, жаулығы ағараңдап басын көтерді. Екі беті бұлтиған, қызылшырайлы. Қарашығы шегедей қатып,  тік қадалған қиықша қара көзінің сұғы өткір екен. Имек сапты жыңғыл таяққа сыңар қолдай сүйеніп, орнынан екі-үш ұмтыла созалаңдай көтерілді. Тұрқы қысқа, шомбал. Екі жағына шайқалақтап, аяқтарын сүйрете басады. Басын изей, жылы қабақпен жайдары сәлемдесіп, төрге шақырды. Ақ шаршы шүберектегі бытырай шашылған құмалақты көз қиығымен нұсқап:

– Бүгін осында үлкен бір кісінің жолы түсіп еді, сол сірә, сіз болмасаңыз-етті? – деді жүзі шуақтанып. «Әй, сәуегейім-ай! – деді Асылмұрат ішінен мысқылдай. – Арнайы ұшақпен ұшып келген кісіні үлкен демегенде не дейсің. Оған бал ашып білгірсінудің не қажеті бар?»

– Қателесіп тұрсың, інім! – деді құмалақшы көкейіндегі сөзді хаттан оқығандай қағып алып. – «Үлкен адам» дегенде, байлығы мен қызыметін айтып тұрғам жоқ, ұшақты қазір кез келген байшыкеш сатып та, жалдап та алады. Мен бұл жерде кісілік үлкендігін, ақыл-парасатының кемелдігін айтамын.

 Жасырған ойын жария ғып тастаған әйелдің мына сөзінен кейін Асылмұрат «аңқау елге арамза молла» санаған алғашқы пайымынан аяқ тартып, тосылып қалды. Ақсары жүзі ду қызарып, кінәсін мойындаған сыңаймен еріксіз езу тартты. Екеуі үстел басына жайғаса бере, соны күтіп тұрғандай, бүйірдегі есіктің шаршысына керілген сарғыш шілтер серпіле ашылып, іштен аяқ-қолы тыриған, қайыс қара бойжеткен шықты. Кірпігі жыпылықтаған ұяң екен. Назарын төмен салып, бір қырын қараған күйі сыбырлай амандасты. Әйелдің иек изеуімен, екі иінінен арсы-күрсі дем алып тұрған жуан қарын самауырды бүкшеңдей көтеріп әкеп, үстелдің шетіне қонжитты да, шай қамына кірісті. Тәмпіш танауының ұшы тершіп, лыпыл қаққан шынашақтай қыздың епті, ыспор қимылына қарап «тәрбие көрген қандай пысық бала»  деп сүйсініп отыр. Соны сезгендей:

– Айналайын Айбүбім – қолғанатым ғой! – деді әйел еміреніп. – Сіңлім. Жуалыдағы ортаншы ағамның кенжесі. Мектепті жақсы-ақ бітіріп еді. КазГУ-дің биофагіне түсе алмады. «Тест» деген пәле шығыпты ғой. Қол ұзындарға жауабын алдын-ала мың жарым долларға сатады екен. Ақы төлеп оқытуға әке-шешесінің шамасы жоқ. Ауылда қарап отырмасын деп осында шақыртып алдым. Мына «Сұңқар» саяхат фирмасының асханасында ыдыс-аяқ жуады. Әрі өзіме демеу.

Асылмұрат таңдайы кеуіп шөлдеп отыр еді. Қаймақ қатқан күрең шай бап болды. Соңғы кезде ет алып, жасына жетпей шау тартқандай, денесі ауырлап барады. Жұмыс-жұмыс деп құйрығы ойылғанша пысылдап кабинетте отыра бермей, тренажерге барып салмақ қумаса болмас, сірә. Бой-бойы шығып, қолорамалымен алма-кезек сүртіп, қос самайынан жарыса жосыған тердің алдын әзер бөгеп әлек.

– Қарындасымның шайы дәмді екен. Әбден қандық! – деп самаурынды орталап барып кесесін, лып етіп қолын созған қызға бермей, дастархан шетіне қарай ысырған.

 – Жарықтық бұл жердің суының қасиеті бөлек қой! – деді әйел шырайы еніп қызара бөрткен Асылмұраттың жүзіне жымия қарап. – Татқан сайын аузыңның дәмі кіріп іше бергің келеді. Сарайың тазарып, іштегі дертіңді қуады. Шайынсаң – етіңдегі жара-қотырды жұлып алады. Бірақ пенде шіркіннен қазір инсап кетіп барады ғой. Бір пысықай келіп, осы жерден скважина қазамыз деп жанығып жүр. «Сарыағаштың» суы сияқты бөтелкеге құйып саудаламақшы. Құдай-ау, сатылмаған неміз қалды? Жерімізді саттық; жетімдерімізді саттық; арымыз бен тәнімізді саттық. Енді міне, иманымызды да саудаға салмақ. Пейіл бұзылған жерде кие тұра ма, Әулие ағаштың суы пиғылымыздан үркіп, тартылып қала ма деп қорқамын... – Әйел алаң көңілмен шағынып уайымының шетін шығарған.

  Шырақшының есімі Рысты екен. Дастархан жиналған соң да екеуі сол отырған күйі шүйіркелесіп, біраз әңгіменің басын қайырған.

 

                                                 Шырақшы                                                    

Рысты ата-ананың кенжесі еді.  Алдында үш ағасы бар. Үшеуі де қақ-соқтан аулақ, шаруа баққан момақан. Бір шаңырақтың кенжесі һәм үш ұлдың ортасындағы жалғыз қыз болған соң Рысты ата-ананың алақанында қақпай көрмей бұлаңдап ерке өсті. Өр мінез, өктем. Жетінші сыныпқа дейін ұлдармен бірге алысып-жұлысып, доп қуып ауылдың арасын дүрліктіріп жүретін. Он төртке шыққан жылы жазда ұшынды ма, әлдененің шалығы соқты ма, екі кештің арасында өз-өзінен есінен танып құлап түсті. Кіресілі-шығасылы есі бар, аудан орталығындағы емханада төсек тартып айға таяу жатты. Әке-шеше байғұста ес-түс жоқ, әлдеқандай болады деп екі көздері алақандай болған. Бір күні есін жия алмай талықсып жатқанда, көз алдынан көшкен бұлыңғыр елестің арасынан бір шөкім аппақ бұлттай боп үзіліп, көлбең-көлбең басқан бір ақ киімді адам жақындап келе жатты. Жүзі ап-анық. Бір көзінің ағы бар, қаба сақалы алқымына кептеле дөңгеленген, орақ мұрын, қарасұр қария. Қасына келіп, кереуеттің үстінен төне қарап, ұзақ тұрды. Сақалы қыбырлап , әлдене деп сыбырлағандай. Жоқ, дұға оқып тұр. Құлағына құйылған қоңыр әуездің құдіретінен жұлын-жүйкесі босап, маужырап барады. Демінен ыстық бу бүріккендей бетіне үшкіріп қалғанда, селк етіп көзін ашып алған. Айналасы ап-айқын. Түс не елес дейтіндей емес. Қария сол орнында тапжылмаған күйі қолын созып: «Түрегел! Тұра ғой!» деді. Бұл жастықтан басын қалай көтеріп алғанын білмейді, орнынан лып көтеріліп, қарияның қолынан ұстады. Қария тәй-тәйлап жетелеген қалпы шегіншектей берді. Тәлтіректеп есікке тақап қалғанда, «құдай-ау, қайда барасың, құлайсың ғой!» деп медбике жүгіріп кеп, ту сыртынан құшақтай алған. Қария көлбеңдеген ақ киімі ақша бұлтқа айналғандай бұлыңғырланып, көз нұрын суыра лезде ғайып болды...  Сөйтіп ай бойы төсек тартып жатқан бұл сол күннен бастап беті бері қарап, көп өтпей аяғына қонған.

Кейін үйге келіп, осы аян берген  қария туралы айтқанда, шешесі жаулығының ұшымен бетін басып, сыңсып жылап жіберген: «Көкем ғой, аруағыңнан айналайын көкем ғой сені желеп-жебеп жүрген!»

Рысты нағашы атасының түр-түсін білмейді. Тумай тұрып қырық жыл бұрын сүйегі қурап қалған кісіні қайдан білсін. Ең болмаса, артында қалған суреті де жоқ. Көз алдына елестеген  қарияның бет-жүзін сипаттап бергенде шешесі: «сол, көкемнің дәл өзі!» деп жағасын ұстаған. Нағашы атасы –Нұрлыбек қажы Бұхарада он төрт жыл оқыған пірәдар екен. Мешіт ұстапты. Аятты мақамына келтіре қоңыр дауысымен күңірентіп созғанда, жылаған бала уанып, ызыңдаған жел тынып, естіген жанның алпыс екі тамыры шымырлайтын еді дейді көнекөз қариялар. Дұғасымен ботасы өлген інгенді идіріп, төлінен жеріген қойға қозысын алдырады екен. Бірде Ысқақ деген жігітті жылан шағып алады. Сонда Құранды сертке ұстап, бір күн, бір түн дұға оқиды. Таң құланиектене бергенде босағаның түбінен қамшының өріміндей қара жылан ирелеңдей шығып, сылқ етіп құлайды. Сол-ақ екен, өнебойы күнп боп ісіп, арсы-күрсі әне кетті, міне кетті боп жатқан жігіт: "Уһ, жаным-ай!» деп ұйықтап кетеді. Сөйткен қажы отыз жетінші жылы «Елді аздырып жүр, жасырынып намаз оқиды. Пантюркистердің құйыршығы» деген жаламен абақтыға қамалып, топты адаммен бірге атылады. Сүйегі қайда қалғаны да белгісіз. Араша түсуге жарамаса да, іштей қанжылаған шарасыз ағайын жалақор сұрқияларды қажының нақақ қаны бәрі бір жібермес деп үміттеніп еді, бірақ кейін жыл артынан жылдар өтіп, түк болмағандай айдарларынан жел есіп, одан сайын тайраңдағандарын көргенде, айналайын әулиенің  аруағы сарт боп  кеткен бе, жыланға дарыған дұғасының киесі оларды неге ұрмайды деп күйінген. Бәлкім аруақ шайтанның қосағында кеткен, түзелмес азғындармен алысқанша, бұзылмаған таза көкірекке иманның   демін үрлегенді барақат санаған шығар?

 Сол кезден бастап нағашы атасы Рыстының түсіне жиі кіретін болды. Бұрынғы шалдуар еркелік, ұшқалақ мінезден пышақ кесті тиылды. Бір-ақ күнде басқа адам боп қайта жаралғандай. Елтең-селтеңнен аулақ, орнықты. Бұйығы тартып, өз қиялымен оңаша қалғанды рауа көреді көбінекей. Нағашы атасы түсіне енген сайын құран оқиды. Басқа пенделік сөзі жоқ. Етегі тобық қағар үстіндегі малынған ақ желбегейден бастап тұтаса ұйысқан сақал-мұрты да аппақ, қасы да аппақ. Тек төбесіндегі дөңгеленген биік кенер топысы ғана мөлт қара. Екі көзі жұмулы. Қос мұнаралы мешіттің суреті зерленген жасыл кілемше-жайнамаздың шетіне шарт жүгініп, қолдарын кеудесіне буған күйі әлдебір аятты оқи жөнеледі. Әуезі өзгеше. Бұрын белсенді болып, кейін пенсияға шыққан соң молдалық құрып жүрген теке сақал шалдардың құлақ тырнаған текірегі емес, ырғап, тербеген қоңыр әуен. Жүйке-буыныңа түсіп шымырлай жайылып, сиқырдай баурап, әлдебір құпия шексіздікке қарай ала жөнелгендей. Түсініп болмас тылсым. Дүниедегі ешбір сөз дәл бұлай толқытып тебірентпес; дүниедегі ешбір әуен дәл бұлай әсер етпес. Көкірегі бордай үгітіліп, еріксіз өксіп-өксіп жібереді. Таңертең тұрғанда жастығы көз жасына шыланып қалатын. Осылайша қатарынан бірнеше күн түсінен шықпады. Оқылған аяттың әуезі құлаққа сіңіп, ұғынықсыз сөздердің сұлбасы көкейге жатталғанша қайталай берді, қайталай берді. Бір күні: «Саған намаз үйретем, жатта!» деді. Әу бисмиллаһ деп «Бақара» сүресінен бастаған. Әр сөзді мақамымен ежіктеп жаттақызады да, содан соң екеуі бірнеше мәрте қосыла қайталайды.

 Бұрын ешқандай іске дәл бұлай құлқы ауып құлшынып көрмеген еді. Бар ынтасымен құлай берілгендікі ме, тілі оп-оңай икемге келіп, ешқандай қиналатын емес. «Бақараны» сол түні-ақ жаттап алған. Жүрегін ағыл-тегіл қуаныш кернеп, өз дауысына өзі құмартып Құран сөзін қайталай бергісі келеді

Көзін ашса, таң сызаттанып келеді екен. Жүзі құп-қу, таңмен бірге бозарып апасы елестей үстіне төніп тұр. Самай шашы дудырап, көлбеңдеген бозғылт ішкөйлегінің өңірін уыстай қысқан.

– Жарығым-ау, түні бойы құран оқып шықтың ғой! Қайдан үйреніп жүрсің?

– Атам үйретті!

– Жарықтығым-ай!.. Сені өзінің жолына түссін деп жүр ғой! Тәуба, тәуба! Кеудеңе құранның нұры құйылса, жаман болмассың, құлыным!

Атасы сол әдетімен күнде түсіне еніп, «дәрісін» ары қарай жалғастыра берді. Сүреден кейін сүре жаттады. «Ықылас», «Ясин»... Ең ақырында қалай ғұсыл алып, сәждеге қалай бас қоюдың  шарттарын тәптіштеді. Бәрін пысықтап болғаннан кейін: «Ал, балам, батамды бердім, Алланың сөзі аманат!» деп ағарған сұлбасы сызаттанған таңның бозала сәулесіне сіңіп ғайып болған.

 Орнынан ұшып тұрып, айналасына мең-зең қарады. Үй іші алакеуім. Ақ таң – атасының ағараңдаған сұлбасы. Көз жетпес қиырдан иек қағып: «Кәне, балам, баста!» деп тұрғандай. Қоламтада құйрық тығып шым-шым боп тұрған жез құмғанды алып, сыртқа шығып келген. Терезенің қиығынан сыздықтаған таң нұрын жерге түсірмей ақшаршы жайнамазбен қалқып алды да, намазға ұйыды. Жүрексіне бастағанмен сәлден кейін буыны бекіп, батылдана түсті. Көкірек түбінде қалт жібермей қадағалаған атасы әр қимылын көрсетіп, әр сөзін құлағына сыбырлап тұрғандай.

 Содан бастап күн сайын бес уақыт намазын қаза қылмады. Жыл айналып келетін отыз күн оразадан да жаңылған емес. Жасырын оқиды. Топ ішіндегі аққарғадай өзін бөтен сезініп, көбінесе оқшау жүруге тырысатын. Сырымды сезіп қоя ма деп қаймығып қуыстанатын. Құрбы-құрдастары білсе күлкі, мазақ,  мұғалімдердің құлағына тисе – шатақ. Әсіресе ораза кезінде қырсыққандай айналасындағылардың туған күн, бастаңғы сияқты той-топыры көбейіп кететіні бар, ондайда қырық сылтау тауып зыр-зыр қашатын. Аяқ астынан күрт өзгеріп тұйықталған мұның бұл мінезіне ен таға алмай құрбыларының бірі таң-тамаша болса, енді бірі ренжіп, атқұйрығын кесісіп кетті. "Өзінше танауын көтеріп, әлдеқандай боп қапты ғой!» деп күстаналайды. Осындай өкпені құлағымен естімесе де, кіртиген қабақтардан оқығанда, пұшайман боп, не дерін білмей қиналады.

Бертін келе бойы үйреніп, арқасын кеңге сала бастады. Қырық қабат қымтап тереңге бүккен құпиясын ет жақын құрбыларына шым-шымдап суыртпақтап, кейбірін тіпті елп етіп дегеніме көне қояр деген дәмемен намазға жығуға әрекеттенген отыз тістен шыққан сөз – отыз белді орай соққан жел, күндік жерден сыбыс аңдып, едірейген құлаққа жетпей қойсын ба. Бір-ақ күнде бүкіл мектеп шу ете түсті.  «Молда қыз», «Абыстай!» деп азан шақырып ат қойып, маңдайына мөр басып берген. Арлы-берлі өткен есерсоқтар қотыр ешкідей сүйкеніп, бірі: «Ей, молда қыз!» деп бұрымынан тартып қалады, екіншісі анадайдан жылтың етіп: «Абыстай!» деп айғай салады. Қай жағыңа қарасаң да, керілген езу, жымсия жыртиған ерін – бірдеңе деп мырс еткелі тұрғандай.

 Балалардың мазағынан да қиыны – мұғалімдердің қотандағы малына қасқыр тигендей өре түрегеліп, өжектегені болды. Әсіресе директор үрейшіл адам еді, үлкен де, кіші де ел сияқты атын атамай, Байдалин дейді. Ұзақ жыл завуч болып істеген. Ағаш кеңірдегі шодырайған, ылай көз, жұтыр қара. Директор шыдатпайтын деседі. Ауданнан Алматыға дейін домалақ арыз айдап, талайдың басын жұтса керек. Арпалыс-айқаспен ақыры дегеніне жетіп, осы орынға таяуда тырнақ іліктіріпті. Өлгенде көрген қызығын енді оңайшылықпен қалай қисын, бірдеңеден ұшынып кетем бе дегенде зәре жоқ. Екі шоқып, бір қарайды. Сауысқаннан сақ. Тәртіптің бір ноқатынан шалыс басу – ол үшін қылмыс. Мұның «сый табағын» класс   жетекшісі буын бұрқыратып алдына тоса қойғанда, төбесінен бомба түспесе де, шоқпармен жалп еткізгендей есеңгіреп қалған. Ойбай аттанға басты. Төрт көз түгел – линейканың алдына шығарып қойып, шолтаңдаған сұқсаусағымен көзін шұқып алардай ежіреңдеп ақырғанда, езуінен ақ көбік қапалақтаған қардай борап-борап кетеді.

– Құрттың ғой бізді, бәріміз су түбіне кететін болдық!

– Ойбай-ау, совет мектебінде оқып жүріп, намаз оқып, ораза ұстайды деген не сұмдық! Мұның аты – жоққа сену, феодализмнен қалған кертартпа, сарқыншақ түсінікпен сананы улау. Әйтпесе Құдай бар деп саған кім айтты? Көзіңмен көрдің бе? Түрі қандай екен, айтшы? Адам боп жаратылғалы Құдайды көрдім деген біреу бар ма? Көкте ме, жерде ме ол пәле? Жерде болса, біз көрер едік. Көкте болса,  космоста айлап, жылдап ұшатын косманавттар көрер еді ғой? Саған ғана тығылып көрінетін ол неғылған Құдай! – Директор зіркілдеген сайын тұла бойы түршігіп Рысты ішінен: «Астағфиралла! Мына білместікпен адасқан бейбақтың күнәсін кеше гөр!» деп Жаратқанға жалбарынып қояды. Алғашында дүйім жұрттың алдында ұялғаннан қара жерде тесік болса, кіріп кетердей аруағы қашып тұр еді, еліріп алған директор:

– Кәне, көрсетші маған сол Құдайыңды! – деп өжектеп қоймаған соң, бұған да тіл бітті:

– Аллаһ бар, Оны көрген адам да бар!

– Не? – Директордың ылай көзі қылиланып қиығынан төгіліп кете жаздады. – Кім көріпті?

– Американың Нил Олден Армстронг деген астронавті!.. 1969 жылы «Апполон-11" кемесімен Айға ұшып барған.

– Не, Құдай сонда Айда тұра ма екен?

– Сол кісі Айдан азанның дауысын естиді. Содан Алланың құдіретіне иланып, мұсылман дініне енеді.

– Оны саған кім айтты?

– Ешкім айтқан жоқ. Оқыдым. «Әлемде талай қызық бар» деген кітапта жазылған. Директорға танымал кітаптың авторитеті тоқтау болған жоқ.

– Шатып жаза береді. Еріккен капиталистер не істемейді, іріп-шіріген елдің ой-санасы бізге үлгі емес.

 Өзін сілкілегені аздай, әке-шешесін шақырып алып, тарыдай қуырып, екі аяқтарын бір етікке тықсын.

– Өздеріңіз жасырынып намаз оқығандарыңызбен қоймай, міне, балаларыңызды да теріс жолға түсірдіңіздер. Болашағын неге ойламайсыздар? Жақында ғана аудандық спартакиада бірінші орын алған мектебіміздің бетіне шіркеу болды!

Жазықсыз күйдіргенге шыдай алмай шешесі шыр-пыр:

– Ойбай-ау, Құран түгілі әліпті – таяқ деп білмейміз, кімге намаз үйреткендейміз?

– Онда қайдан үйреніп жүр?

– Түсінде нағашы атасы аян беріпті.

Оң жақ азуындағы алтын тісі жарқ етіп, Байдалиннің көпірген көк езуі қисая керіліп, құлағына бір барып қайтты.

– Хм. Бәлкім Армстронг сыбырлап үйреткен шығар?

– Көтек, ол кім еді?

– Американың космонавты.

– Е, жақсы адам екен ғой!

– Несі жақсы? Басқа істейтін түк таба алмай еріккен соң, ол да намаз оқиды екен. Қыздарыңыз сол секілділерді үлгі тұтатын көрінеді...

Ақыры мәселесін аудандық комсомол комитеті қарап, комсомол қатарынан шығарған. Комсомолдан қуылған оқушының ертең мектеп бітірген соң оқуға түсуі қиын, болашағы бұлыңғыр екенін ескеріп жаны ашыған кейбіреулер:

– Бұдан былай намаз оқуды қоямын, түзелемін деп уәде бер. Сонда келесі жылы комсомол қатарына қайта алуымыз мүмкін, – десті.

Рысты көкірегіндегі  нық сенімнен айныған жоқ.

– Мен комсомол мүшесі болмасам да, намазымды қоямын деп өтірік айта алмаймын! Пәлесі тиіп кетер деп үрейленген Байдалин құтылғанша асық болды. Ақыры сегізіншіні бітірер-бітірместен жұмысшы жастардың кешкі мектебіне ауыстырып, жаны жай тапқан.

  Көңілі қатты қалса да назаланып, қарғап-сілеген жоқ еді, қайта мұсылман баласына тән ізгілікпен: «Ей, Алла, адасқан пендеңнің бір білместігін кешіре гөр!» деп тілейтін. Құдайдың бұйрығы шығар, бір жылға жетпей Байдалин паралич ұрып, жарты денесі сал болып қалды. Кейін беті бері қарағанда, бір аяғын сүйретіп, таяқ ұстап жүретін. Бет-аузы бір жағына қисайып, езуінен сілекейі сорғалап тұрады. Әйелі мойнына асып берген қара сөмке тізесін ұрып, дүкеннен нан әкеле жатқанын талай рет көрген. Мұны байқап, ол да теріс айналатын, табалағандай болмайын деп кездесуден бұл да тайсақтайтын.

Сөйтіп Рыстының көкірегіндегі талпынған балапан арманның  қанаты қырқылды. Өмірдің жағасына шығып қалғандай жасып, қатты күйзелді. Дәрігер болсам деп армандайтын. Енді оған емексігенің аспандағы ұшып бара жатқан қаздың сорпасынан дәметкенмен бірдей. Жәй қатырма қағаз аламын демесең, кешкі мектепте қайбір оқудың шекесін шылқытамын дейсің. Алып-ұшқан албырт көңіл су сепкендей басылып, салқын тартты. Селт етпес салғырт. Екі қолын бос салып қайда жетелесең де пейілмен дегендей. Бір енжар қалыпқа түскен. Жер бауырлаған қаражаяу тірліктің ілбу көші шылбыр ұшын тастап, қақпайлай жөнелді.

«Бидайдың барар жері – тиірмен», әйел заты боп жаратылған соң, ертерек құтты орынын тапқан да абырой ғой. Құрбы-құрдастарының бәрі оқуға түсеміз деп қызылтанау боп, бір-бір чемодандарын арқалап қалаға аттанғанда, Рысты «Тұрмыстық қызмет» комбинатында пима басып жүрген. Сонда машина айдайтын Бөрібай дейтін жігітпен көңіл қосты. Өзінен мүшелжас үлкен. Ұяңдау мінезімен оң жақта «отырыңқырап» қалған сұрбойдақ. Мұның өзіне де жігіт боп сөз салып қарық қылған жоқ, араға жеңгесі жүріп жарастырған. Екі қолы салбырап тізесіне түскен, еңкіш денелі, қатпа қара. Шүңірек көз. Біреудің әзіл-қалжыңына қоңқақ танауының жотасы қырық қатпарланып, жауырыны мөңкіп мәз болғанмен, өзі сөзден мақұрым. Сонда да қомсынған жоқ.  «Өзімнің қай жерім асып тұр, маған осы да жарар» деген. Әрі жеңгенің мақтауын малданды – көпті көрген кісі, жақсы мен жаманның парқын біледі ғой, дұшпандық ойламас.

 Обалы нешік, Бөрібай былайғы ылпың-жылпың тірліктің қыр-сырына шорқақ болғанмен,  жұмыс десе қара жон. Тау болса да опырып-жапырып тастайды. Тек «жынды суға» келгенде, болты босаңдау. Әйткенмен ондай кінарат еркекке мін бе? Ер азамат түгілі осы күнде аузынан сілекейі ағып, етегі ашылып жататын әйелдің өзі аз емес қой.

Көңілге түрлі күмән мен үрей ұялатып, төрт жыл дегенде зарықтырып барып құрсақ көтерген. Май мейрамында туған қыздарының есімін Мейрамгүл қойған. Көзінің нұры, көңілінің қуанышы. Дүниеде аналық сезімді бастан кешуден артық бақыт бар ма екен! Рысты енді кішкентай сәбиінің тіршілік-тынысымен өмір сүрді: күлсе – қуанады, сәл мазасызданса – жаны мұрынының  ұшына келеді. Шіркін, оқи алмай қалдым-ау деген өкініш, қол жетпеген өксікті арман, күйеуіне деген қоңылтақ сезім... – бәрі артта қалып, көңіліндегі бүкіл жоқтың орынын тырнақтай тіршілік иесі толтырғандай еді. Атын Мейрамгүл қойған соң, Алла тағала мейрамдарың осымен болсын деді ме, одан кейін перзент сүйген жоқ.

Мейрамгүл соңынан не іні, не сіңлі ермей жалғыз өсті. Жаман Бөрібайдың үні шығып, осыған шүкір деудің орнына "Артымда түтінімді шығаратын ұлым жоқ!» деп мияулайтынды шығарды. Арақ десе әуелден өңеші жыбырлап тұратын бейшара сылтау табылып, аузы құрғамайды. Сенің аяғыңа оралғы боп отырған кім бар, ұл тауып беретін қатыныңа барсаңшы, бетіңнен жарылқасын деп, қалжыңдап та, шындап та айтқан. Бөрібай да өлер жерін білетін қу, әңгіменің түтіні қоюланып бара жатқанда, бәленің бәрін араққа аударып, жаздым-жаңылдым деп екі қолын көтеріп, құтыла салатын. Ойлап отырса, опынары көп, әйткенмен қызық-шыжығы аралас ол да бір дәурен екен-ау. Басы аман, бауыры бүтін, ертеңгі күнім не болады деп уайымдамайсың. Екі қолға бір күрек қашан да дайын.

Дүниедегі ең үлкен бақыт сол күрек екенін кім білген, ұстауға күрек, күреуге боқ табылмай, екі қолың салаңдап бос қалғаннан сақтасын де. Сөйтіп жүргенде дауыл тиген теңіздей шайқалып, дүние аяқ астынан астаң-кестең болды да кетті, мызғымастай көрінген Совет үкіметі бір-ақ күнде құлады тыраң етіп. Пратия үшін, коммунизм үшін жаным құрбан деп кеудесін ұрғанда келі түйгендей дүңкілдейтін адал коммунистер қайда кеткені белгісіз, тұяқ  серуге жараған ешкім жоқ, қотанына қасқыр шапқанда қойшы екеш қойшы да дара аузын  күмпілдетіп айбат қылушы еді, шыңқ етіп шиті мылтық та атылмады. Батпақтың үстіне салған үйдей абройсыз қиралаң етіп қирап түскені, бәрінен бұрын қарудың күшімен әзер тұрған ел, халқына жеккөрінішті, азаматтарында отаншылдық сөзім жоқ деп іске алғысыз қылатын іріп-шіріген Америкадан ұят-ақ болды. Әйткенмен ел мәре-сәре. Егемен болдық, шынайы демократия орнады деп қалпағын аспанға атты. Көп өтпей лепірген көңіл су сепкендей басылған. Совет үкіметі керек болмай қалған соң, оның шаруашылық жүйесі кімге керек болсын. Нарықтық қатынасқа көшеміз  деп жаппай қызылтанау науқанға кірісті. «Быткомбинаттың» мүлкін жекешелендіргенде, екеуіне Бөрібай айдап жүрген Газиктің бір дөңгелегі тиді. Бір машинаның он қожасы он жаққа тартты. «Мен айдаймын-мен айдаймын!» деп бір-біріне қимай, ақыры бөтен біреуге сатып, ақшасын бөліп алған. Бөрібай он күн ауыз құрғатпай сілтеп, онбірінші күні бас жазарға соқыр тиын таба алмай қалтасын ары ақтарып-бері ақтарып тұрып: «Бүйткен егемендігі бар болсын!» деген өкпесі түсе күрсініп. Бұрын жұмыс істемесең, соттаймыз деп қорқытып жұмыс істететін қайран Совет үкіметі-ай десеңші, енді істеймін деп ойбайласаң да жұмыс жоқ. Колхоз-совхоз тараған, завод-фабрика қираған. Сеңдей соғылысқан жұрт. Басқа кәсіп болмаған соң, жаппай саудаға көшті. Көппен бірге  Рысты да Қытайдың алақабын арқалап шекара  асты.  Көбіне Құлжаға барады, адымы ұзарғанда Үрімжінің құжынаған базарын адақтап қайтатын. Белі қайысып, қансорпасы шығып тең-тең жүк арқалады. Арзанқол киім-кешек, айна-тарақ сияқты. Ұсақ-түйек. Арзан болса да көз жауын алатын қызыл-жасыл таңсық заттар. Көрші-қолаң- ақ пышақ үстынен үлестіріп әкетеді. Әжептәуір шырланған соң өрісті кеңге салып, Алматының  шетінен бір ауызды жерүй сатып алған. Енді заттарын халқы құжынаған ұлы шаһардың «бит базарына» шығарып саудалады. Тумысынан қағылез, зерек Рысты пайда-зиянның иісін күндік жерден сезіп, сауданың ханбазарында судағы балықтай еркін жүзді. Алыстан арқалаған азап болса да тауарды шекесінен шертіп, өтімдісін екшеп арбалайтын да, дорбалайтын да өзі. Сауда жасайтын – Бөрібай. Сорлы неме қарық қылмады. Аузын ашқан аңқау әрі есепке шорқақ. Ұры да, алдамшы да күндік жерден соны иіскеп табады. «Анау не, мынауың   қанша?» деп алдарқатып, бұл қорбаңдап аударылып-төңкерілем дегенше, көздегендерін қақшып тайып тұратын. Талай рет  жер сипап қалды. Амал жоқ, күндік ақысын төлеп, бір жалаңдаған шұбар келіншекті қасына қосып берген. Бір күні келсе, сауда жасап жарылқайды деген шұбар қатын теңкиген құйрығын Бөрібайдың тізесіне теңдеп ап, екеуі Қызжібек пен Төлеген боп жарасып қалыпты. Орталарындағы босаған «Таластың» қызылы талаурап беттеріне шапқан. Көздерінде шайтан оты ойнап қылмың-қылмың. Өзі бүйтіп еркелеп көрмеген байының қос тізесін ерттеп мініп алғанын көргенде, сексеуілдің шоғын жұтқандай ішінің күйіп-ақ кеткені. Шұбыр қаншықты сол жерде шашынан шап беріп, сүйреп қуып шыққан. Бөрібайға қара бұлттай қабарғанмен, найзағай ойнатып,  нөсерлеткен жоқ бір ғажабы. Өмірі менсініп көрмеген жаман күйеуін, бұл да біреуге керек екен-ау деген ой кимелеп, әлдекім тартып әкететіндей көңіліне үрей ұялаған. Жоғы мен бары бірдей деп күмпигені бер жағы екен, қызғанып өліп барады. Өзін тіпті біртүрлі қимастықпен жақсы көріп кетті, тегі.

Сол жылы Мейрамгүл мектеп бітіріп отырған. Өзім жетпеген арманға қызым жетсін-ақ деп еді, оған мынаадай заман тап келді ғой. Қалталарына қос-қостан диплом салған, тіпті кандидат, докторлардың өзі ала қап арқалап базарда жүргенін көргенде, оқудың не керегі бар деп көңілдері Нілдей бұзылады. Оның үстіне Алматының оқуының сиқы белгілі, ақша төлеп, қатырма қағаз алу ғана. «Үнемі бүйтіп дүние бір қалыпта тұра бермес, қашанғы «қой бағып, көтен жеген озар» дейсің, білім-ғылымның да күні туар, әйтеуір ақша төлеп оқытқан соң Москвадан оқытайық деп те бір ойлаған. Бірақ ол жақта «скинхэт» – «тақырбастар» деген бір пәле шығып тұрған жоқ па. Тапа-талтүсте топтанып көшеде жүретін шибөрілер орыстан басқаны қия бастырмайтын көрінеді. Мұнда неғып жүрсің, еліңе кет деп ұрады, зорлайды, өлтіреді. Осының бәрін милиция мен сот көрмегенсіп бақырайып көріп отырса да көзін жұмады. Телевизорды қарап отырсаң, төбе шашың тік тұрады. Әнеукүні әлгі жүгенсіз сойқандар Москваның базарында сауда жасап тұрған әзербайжандарды заттарын қиратып, өздерін қанжоса сойып салыпты. Көшеде қолтелефонмен өз тілінде сөйлесіп келе жатқан бір қырғыздың қызын пышақтап кетіпті. Құрсын, өлгенде көрген жалғыздарын айдалаға жіберіп қойғанда, екеуінің үйде отырып ішкен асы бойына тарай ма. Ары итеріп, бері тартып, ақыры бірер жыл қолғабыс қып қастарында жүргенін қолай көрген.

 Рысты қызын жер көрсін деп бір-екі мәрте Үрімжі жаққа апарғаны болмаса, қайтып өзімен бірге азапты сапарға сүйреген жоқ. Әкесінің қасына қойды. Әрі көмекші, әрі қарауыл. Енді қатындарға қарап оқыранып көрсін. Құрты қозған кәрі қошқарға күйек байлап көңілі тынышталғандай еді.

Сауда да есірткі сияқты дәмін бір татып алсаң, ындыныңды құртып ынтықтыра түсетін әзәзілдің өзі екен. Біреуім екеу, екеуім үшеу болса екен  дейсің ентелеп. Әуелдегі ойлары – күнкөрісімізді айырсақ қанағат деген шүкіршілік еді. Қайдан! Ел сияқты қол-аяқты еркін көсілетіндей жайлы пәтер керек, баланы оқытуға пұл қажет... Қызылды-жасылды  көз арбап қиялай қашқан қу дүниенің соңынан әне жеттім-міне ұстадым дәмемен дедектеп қуып келеді.

Уыздай дірілдеген аппақ көкірегін тірліктің шаң-тозаң, күйесі тұтты. Бұрынғы тақуалық жоқ. Намазды бірде оқыса, бірде қаза. Алыс жол, үздіксіз бейнеттен қажып талыққанда, қасындағылардың кеу-кеулеуімен бойын сергіту үшін, арақ болмаса да, жеңіл-желпі шараптан ауыз тиіп қоятын әдет тапты. Өстіп боғы сұйылып қожырап жүргенде, бір күні түсінде әлдекім: «шайтанның жолына түсіп азғындайтындай не басыңа күн туды, бейшара!» деп жағынан тартып жіберді. Шырт ұйқысынан шошып оянған. Бейнесін анық көрген жоқ, бұлыңғыр елес қана. Баяғыда түсіне енген нағашы атасы емес, бөтен біреу. Үні сұсты, әмірлі. Жүрегі дүрсілдеп, көпке дейін аунақшып жатып, таң алдында көзі әзер ілінген. Тағы да әлгі бұлыңғыр бейне көлбеңдеді. Бұл жолы дауысы байсал: «Адаспай ақылға кел, балам. Адал нәсіп – Алланың  жолында. Құмалақ домалатқан қоңыздың тірлігіне қызықпа. Айыржотаның етегіндегі Әулиеағаш иесіз қалды, шипалы бастаудың көзін топырақ басты. Сонда барып шырақшы бол!» деп үстіндегі ақ киімінің етек-жеңі көлбеңдеп, кеңістікті кеулей жайлып ұзай бергенде, көзін ашып алған. Алатаудың арса-арса шыңдарынан жырыла лап қойған ақ тасқын жарық терезе тепті.

Рысты түсін неге жорырын білмей дел-сал болды. Әулиеағаш туралы естігені бар. Бірақ айдалаға барып қу ағашты күзетіп, қақшиып отыр дегені ақылына сияр емес. Жаналқымнан алған заман мынау, жұрт әулиеге түнеп, аруаққа ақсарбас атамақ түгілі өз басымен қайғы боп, қоңыз теріп кетті. Қу медиен, қиян түкпірде таспих тартып, тақуа боп отырғанда қайтып күнелтпек? Қалай ойласа да, іске аспас қолқа сияқты. «Жаратқан ием болмасқа пәндасын қинамайды ғой, жәй нәпсінің жетегіне еріп қия басқанына ескертуі шығар» деп өзін өзі алдартқан. Сол күннен бастап шараптан пышақкесті тиылды, намазын қаза қылмай оқыды.

Арада айлар өтті. Бұл не тұспал болды екен   деген әуелгідегі түйткіл сейіліп, көңілі жайлана бастаған. Кенет төбесінен жай түскендей, опасыз тағдыр жусатып салды. Қыс ішінде Бөрібай самопал арақтан уланып өлді. Аузынан ақ көбік ағып, аяқ-қолы селкілдеп, «жедел жәрдем» жеткенше үзіліп-ақ кеткені. Жылай-жылай қара жерге беріп, бірнеше күнгі сарсаңнан талықсып көзі ілініп кеткен бір сәтте, әлгі дауыс құлағына тағы шалынды: «Әлі де кеш емес, бетіңнен қайт, балам!» деді. Есеңгіреген санасы селт еткен жоқ. «Бетімнен қайтатындай, теріс жолда жүр ме екем азып-тозып» деген күйініп.

Тағдыр мұны шындап қырына алған тәрізді. Жыл айналып тағы да қыс түскен. Бүгін жауса, ертең еріп, бір күн мүйіз, бір күн киіз боп тұратын Алматының құбылмалы қысы биыл әдетінде жоқ өнер бастап, босағадан қағына аттаған. Рождествоның шыршасын алай-түлей боранымен шайқап еді, сол бетінен жаңылмастан күн құрғатпай түтеп қаңтарды қыр асырып тастады. Белуардан сіреу қар. Аяз буған ылғал ауа тиген жерін қаңылтырдай қарып түседі. «Айналдырған екеумізге не жетпей жатыр, суықта дірдектемей-ақ қояйық» деп, Рысты ай бойы базарға шыққан жоқ. Аяздың сынуын күткен.

  Мейрамгүл күндердің қалай өтіп жатқанын білмейтін. Таң бозынан тұрғаннан, күн ұзақ бітіп бермес қыбыр-қыбыр сүркілден титықтап, қас қарая төсекке сүріне құлайтын. Төрт қабырғаны күзетіп үйде отыра-отыра енді әбден іші пысты. Бір күні: «Апа, кластас қыздарымен  бірге дискотекаға барайыншы?» деген соң амалсыз жіберіп еді. Жас қой, қашанғы қамалып отыра береді. Елтең-селтеңі жоқ, орнықты. Анда-санда бір өтінгенде бетін қайтармайын. Онсыз да әкесі қайтқаннан бері жұмысқа болмаса сыртқа шығып көрген жоқ, серпілсін деген. Сорлатқанда, Мейрамгүл сол кеткеннен ұшты-күйлі жоғалды. Бірге барған қыздар:  дискотека біткен соң таксиге салып жібергенбіз дейді. Машинаның номерін де, шофердің түр-түсін де білмейді. Қараңғыда көңіл аудармаған. Шыбын жаны шырқырап іздемеген жері жоқ. Милициядан қайран болмаған соң,  құмалықшыға да, көріпкелге де барды.  Бірі: «қараңғы жерде қамауда отыр, қайтарып беру үшін сенен көп ақша сұрайды» дейді. Екіншісі: «Біреу зорлықпен әйел ғып алғысы келеді, қызың көнбеген соң жібермей отыр» деп төндіреді. Ойбай-ау, не болса да тірі болса екен дейді бұл. Уақыт ұзаған сайын үміт жібі жіңішкеріп, күдік жегі құрттай жүрегін кемірсе де, солардың талғажу сөзін дәтке қуат қылатын. Ұйқысыз-күлкісіз арпалыспен араға екі ай салып, қар ерігенде, дәл ауыл шетіндегі жырадан өлігін тауып алды.

Милициядағылар шақырып алып, танисыз ба деп, ақ мата жапқан мәйіттің бетін ашқанда, тілге келмей шарқ етіп еденге құлап түскен. Бірнеше күн ес-түссіз жатты. Дәрігерлер ауық-ауық кеп укол салғанмен, одан тиіп жатқан шипа шамалы. Қимылсыз, сұлық. Тас жұмылған көздерінің қиығынан тынымсыз жас сорғалай береді мөлт-мөлт етіп. Аузына су тамызып өбектеген туыстары «жүрегі шыдамас, не жынданып кете ме» деп үрейлері ұшқан. Бірақ жаны сірі екен. Өлген де жоқ, жынданған да жоқ. Біраз күннен кейін қалқайып орнынан тұрды. Саудыраған қу қаңқасын сүйреп, селт етпес сұлық, меңіреу қалыппен ит тірліктің қыбыр-қыбыр көшіне ілесті еріксіз. Бұрынғы Рысты емес, елесі ұқсас бөтен жан. Ештеңеге қызықпайды, татқанның дәмін, көргеннің түсін сезбейді. Қыбырлап, қозғалып жүрген жанды көлеңке. Анда-санда күйеуі мен қызының суретіне қарап, қаңыраған жетім үйді күңірентіп бар дауысымен өкіріп жылап-жылап алады. Сыз еденді құшақтап, көкірегін шарпыған көк жалын өртті қалай сөндірерін білмей арпалысатын. Ораза, намазды ұмытты. Шырқыраған жанына араша іздегенде, тапқаны    арақ болды. Уын шашып ысылдап аласұрған ішіндегі шұбар жылан  тынышталғанша ішті. Бірақ етегі ашылып, тәлтіректеп далаға шығып кеткен жоқ. Есікті бекітіп ап, өлі-тірісін  ешкімге білдірмей апталап үйде жатып алатын. Есі бір кіріп-бір шығып мәңгіріп отырған сәттерде әлгі таныс дауыс тағы да құлағына күбірлейтін. Ондайда Рысты от алған трактордай өнебойы қалшылдап долырып кетеді. «Өшір үніңді, әулие болсаң да тыңдамаймын сөзіңді! – дейді қос жұдырығын көкке билеп. – Сен маған Құдай жолына түс дейсің, Құдай жолына түспегенде шайтанның жолын қудым ба шоқынып? Құдайда әділдік жоқ. Баурымды тіліп боздататындай не жаздым оған? Айналадағы қаптаған азғын-тозғынды көрмей, неге маған қаһарын төгеді? Қаршадайымнан сәждеге жығылдым, ораза тұттым. Білмей шалыс баспасам, біле тұрып біреудің алажібін аттаған емеспін. Тәнім таза, жаным пәк. Сондағы жарылқағаны асы ма? – дейді жер тепкілеп. – Ішемін, өлгенше ішемін. Тезірек өлгім келеді. Көп болса, тозақтың отына тастар. Одан несіне қорқамын. Тозағы да, азабы да осы шеккен қасіретімнің ширегіне татымас!.."

Қазір ойласа, соның бәрі күпірлік екен ғой. Аллаһ-тағала Аюб пайғамбарды қалай сынап еді? Алтын тағынан айырып,  көше кезген қайыршыға айналдырды.  Аюб сонда да  Аллаһқа деген көңіліне қылау түсірген жоқ. Бір-ақ күнде отыз ұлы мен үрім-бұтағы ажал құшып, қу басы соқайып жалғыз қалады. Бәрі бір Құдай жолындағы құлшылығынан жаңылмайды. Ақыр аяғында алапес дертіне ұшырап, денесі іріп-шіріп, жан төзгісіз азап шегеді. Аюб оған да көнеді. «Жаратқна ием бұлай жазаласа, соған лайық күнәм болғаны ғой. «Уа, пәруардигарым, күнәһар пендеңе рахым ете гөр!» деп жалбарынады. Пендесінің айнымас сеніміне тәнті болған Хақ-тағала оны шексіз шапағатына бөлейді. Сөйтіп Аюбтің басына пайғамбарлық қонады. Аюбтің көргенінің қасында бұныкі не? Бес күндік ораза-намазын пұлдап тұлан тұтты. Өзін Аюбпен салыстырудың орнына, «мен бұлай азап шеккенде, ұры-қары азғындар неге тайраңдап жүреді!» деп байбалам салды емес пе..

Бір күні ішкені аздау көрініп, тағы бір шөлмекке ындыны ауып шалабурыл күйі дүкенге шыққан. Өкіріп-бақырып қайшыласқан күре жолдан ентелеп өте бергенде, ағып келе жатқан бір қызыл машина екпінін тежей алмай, клаксоны бажылдап қақты да кетті. Арқан бойы десе өтірік болар, құрық бойы аспанға ұшып барып асфальтқа күрс ете түскен. Көзінің оты жарқ етіп, ұлы денесінің қураған талды сындырғандай күтір ете түскенін біледі. Одан арғысы қара түнек. Апта жатты ма, ай жатты ма белгісіз. Көзін ашқанда, аққа оранып аурухананың төсегінде жатыр екен. Бас сүйегінен басқасының бәрі сынған. Облысқа не Алматыға жөнелтуге халі көтермейтін болған соң, амалсыз жергілікті дәрігерлер іске кіріскен. Операциядан кейін операция, аяқ-қолдары  гипсте. Күн қайсы, түн қайсы – білмейді, санасы қара тұманға малтығып сандырақтап жатқаны. Көбінекей ауру басатын уколдың көмегімен жан шақырады. Кейде оның да    күші жетпей шыбыны шырқырағанда: «О, Құдай, бүйтіп қинағанша неге алмайсың, енді маған тыныш өлімді де қимадың ба!» деп зарлайтын.

О дүниенің есігіне барып-қайтып жатқан сондай күндердің бірінде Қордай жақтан бір қырғыз әйел келіпті. Одан әрине, бұл бейхабар. Кейін ес жиып, өз-өзіне келгенде білді ғой. Жас шамасы өзі құралпы, кертік танау, шойқара екен. Аппақ сақал-мұрты бұйраланып кеудесіне төгілген сұсты қария үш күн қатарынан түсіне еніп, аян беріпті. «Осындай жерде пәленше деген әйел хал үстінде жатыр, пәленбай ауылда Үмбетқұл деген сынықшы бар. Әйелді соған емдет. Сауыққан соң Әулие ағашқа көшіріп апар, сонда шырақшы  болсын!» дейді.

Үмбетқұлдың ауылына «жедел жәрдем» машинасымен таңертең шыққаннан қиқы-жойқы қыр жолымен ілбіп отырып күн бата іліккен. Мұндай кеспірсіз кісі болар ма: екі көзі екі жаққа алайған қыли, шұбар бет, езуінің үстінде ербиіп екі-үш тал сары қыл тікірейеді. Аузын аңқайта ашып, қайда қарап тұрғанын білмейсің. Шілденің ыстығында қымтанып, түйе жүнін тартқан сырма шапан киіп алыпты. Жолаушылардың сәлеміне жауап қатқан жоқ.

– Ә, келдіңдер ме? – деді өзімен өзі сөйлескендей күбірлеп. – Бәсе, таңертеңнен бері желкем тартып, жауырынымның арасы құрысып болмай қойып еді...

Сыры көшкен қисық ауыз ағаш дарбазаны ойбайлата ашып, машинаны аулаға кіргіздірді. Келетіндерін алдын ала біліп әзірленіп отырғандай, қам кесекпен өрілген жайдақ төбе, аласа тамның бір бөлмесінде төсек-орын  сайлап қойыпты. Алқымдағы күретамырды ұстап, басын шайқады.

– Сүйек теріс біткен. Сынықтың арасы шорланып, сарсу қапқан.

Сол жерде әй-шайға қарамай, қулық емген қара құлынды пышаққа жыққан. Гипсті алды да, өнебойына қазының майын жағып, теріге жылыдай орап тастады. Ағыл-тегіл тер бұршақтап, өлі мен тірінің арасында сандырақтап тәулік жатты. Жылқы жарықтықтың майы бойдағы жел-құз, сарсу-іріңді сорып алып, сүйекті шеміршектей жұмсартады екен ғой.

Үмбетқұл өліге жан салатындай арқа қонған шынында да аруақты сынықшы екен. Теріс біткен жердің бәрін бырт-бырт қайта сындырып, сүйегін шашып тастады, терінің ішінде сылдырап бос жүргендей. Құданың құдіреті, жанына қанша батса да, есінен аумай соның бәрін біліп жатты. Берзентке салып, төрт бұрышынан төрт жігітке көтертіп, оңды-солды шайқап-елеп, сағаттар бойы сынықтың қиюын келтірумен әлектенді. Күміске сірке салған зергердей, тиер-тимес жанасқан саусағының ұшы тарыдай түйірді мүлт жібермей тері ішінен қуалап әкеп орынына қояды. Саусақтың елеусіз әр қимылына тау қопарғандай қажыр-қуат кетіп жатқандай. Бетінің сай-сай әжімін қуалай жосыған тер иегінің ұшындағы бұршақ сиярдай шұңқырға шүпілдей толып, маржандай мөлт-мөлт үзіліп түседі. Денесінің бір шетінен дертті сыпырта қуып келе жатқандай, шипалы саусақ әр жанасқан сайын жаны тыншып, қалай қалғып кеткенін өзі де білген жоқ.

Күнде жаңадан орылған жас құраққа жатқызып, тұлабойын тарақтай маймен сылайды.  Қолының оты бар, жанасқанда алақаны сытырлап,  күйдіріп жібере жаздайды. Бір күні аюдың майы, бір күн борсықтыкі. Түрлі шөптен жасалған ішірткі береді. Бір-екі мәрте Әулиеағаштан су алдырып, соған шомылдырды. Саусақтарының ұшын қалақайға шаққызады. Таң атқаннан қара кешке дейін тыным жоқ.

 Үмбетқұл бар қуатын бұған беріп жатқандай аз күннің ішінде ұрты суалып, жүдеп кетті. Ақыры екі айда аяғына қондырған.  Жолға салып тұрып, қайта-қайта басын шұлғып  алғыс жаудырған бұған Үмбетқұл:

– Қарағым, мені бір сиқыр иесі деп күпірлік ойлама, менің қолым – себеп, құдірет – Алланыкі! – деді.

Міне, сол күннен бері Аллаһтың шафқатына мың да бір шүкіршілік қылып, Әулие ағаштың саясында тіршілік құрып келеді.

                                                                  ххх

Тыныштықты бүлк-бүлк тескілеп алыстан талықсып жеткен тік құшақтың еміс-еміс үнін құлағы шалысымен Асылмұрат орнынан тұрмақ боп ыңғайланған. Рысты тоқтай тұр дегендей қолын көтеріп ишара жасады.

– Қазір, інім. Әңгімемен отырып ұмытып  кетіппін ғой. Құмалақ ашып берейін.

Төрт бұрышына алтын жіппен зер төгіп, ай басқан ақ шаршы шүберекті столдың шетіне жайды. Ішінен күбірлеп аят оқып, бетін сипады. Бұл көрген балгерлер құмалақты үш қатарға түйіп тартушы еді. Рысты өйткен жоқ. Үюлі тұрған қырық бір қара-шұбар бұршақты  уыс толтырып шүберектің бетіне шашып кеп жіберді. Тесірейе қарап, селк ете түсті. Бірақ онысын білдірмей, назарын төмен салған күйі дауысына ажар қосып, көтермелей сөйледі:

– Тегін қазақ емес екеніңді көргеннен-ақ сезгемін. Түсіңді түстеп, жөніңді сұрамай-ақ қояйын. Құмалақ өзі айтып тұр  бәрін сайрап. Екі иығыңа екі алтын самұрық қоныпты – атадан асып туған асыл тегің мен алты алашты аузыңа қаратқан ақылың шығар. Патшадан асқан даңқың бар екен. Осы келгенде уайымың анаңның хал-жағдайы ғой. Алаңдама, ол кемпір әлі көп жасайды. Бірақ... көп жылайды...

Сөзінің аяғын жұтып, іркіліп қалған әйелге Асылмұрат тіксіне қарады. Тұлабойын суық шалып өткендей бір түрлі тітіркеніп, ары қарай тыңдауға өзінің де құлқы болған жоқ. Дәм-тұзына рахмет айтып, асығыс қоштасты да, жер-дүниені басына көтере дарылдап, анадайдағы көк шалғынды көк теңіздей толқытып қонып жатқан тікұшаққа қарай аяңдады.

                                                  Тау жоғалған

Содан бері жыл айналып, жаз өтті. Енді, міне, күрең қабақ күз де жетті жел мініп, жаңбыр жетелеп. Академик-профессорлары бар, медицинаның бетке шығар шам- шырақтары: «Жаман айтпай жақсы жоқ, қам жасай бергендеріңіз жөн» деп қатал үкіммен үміттерін шорт кесіп еді,  мың болғыр Рыстының айтқаны айдай келіп, шешесі қалқайып әлі жүр. Құлан-таза сауығып кете қоймаса да, қыбырлап үйге кіріп-шығатындай қауқары бар. Өткен жылы тікұшақпен Әулие ағаштың суын алып келгенде, есіктен кірер-кірместен апасы: «Келдің бе, құлыным? Әкелші, әкелші!» деп қалтырап, арса-арсасы шыққан көк тарамыс қолдарын сабырсыздана созған. Тамағынан тамшы өтпей, қасық сумен таңдайын жібітіп, қайта түкіріп отырған кісі кесеге толтырып құйған Әулие ағаштың кәусарын соншалық бір аңсарлы қомағайлықпен қылғына жұтып-жұтып жіберген. Сарқып ішіп алды.  Көзін бір ашып, бір жұмып, маужырап, әлі құрып диванға шалқалай берді де, мойыны бір жағына сылқ етіп, қылжая кетті. Сол қорылдағанынан борша-борша қара терге түсіп, бір күн-бір түн ұйықтады. Оянған бойда лоқсып, кесек-кесек көлкілдеген қара бауырдай жарты леген жалқақ қан құсқан. Шипалы арасанның құрамында дертке дауа айрықша бір қоспа болса керек, содан былай шым-шымдап анасының беті бері қарай бастағандай. Күнара телефондасып тұрады. Дауысы ширақ. «Алаңдама, құлыным, күніне екі кәседей қымыз ішемін, ұйқым тыныш. Әзірге шешеңді Құдай алатындай түрі жоқ!» деп күледі.

Өстіп телефоннан дауысын естіп, «тәуірмін, жарығым» деген сөзін көңілге медет тұтқаны болмаса, көптен бері анасының хал-жайын өз көзімен көріп қайтуға жұмыс мойын бұрғызды ма. Қарбалас саябырсыған бір әредікте мұрсат тауып, жолға шығып келе жатқан беті осы.

Аспан қақақұрық. Сүйретілген етегі жер сүйкей, біресе сіркірей жауып, біресе толастап, түйдек-түйдек бұлт көшеді төбеңнен күреңітіп. Суық жаңбырдан топырақ бусанып, бозғылт  тұман көжиекті кіреукелеп алған. Екпінін шыр айнала сөгіліп қалып жатқан қос қапталыңа қарап бағамдамасаң, зымырағаны жыбырлағандай ғана білінетін жорғасынан су шайқалмас «Тойотаның» артқы орындығында өз ойымен өзі боп үнсіз отырған Асылмұрат айналасына мұңая көз тастады. Бұл оның талай тоздырған жолы ғой. Бала күнінен көз таныс. Осы уақытта егіні орылған тақта-тақта атыздар көкжиекке дейін созылып сарғайып жататын. Отау-отау үйілген сабан. Жайылған мал. Ат, есек арба, трактормен отын-шөп тасып, қыбырлап жүрген халық. Қазір соның бірі де жоқ.  Түрен тісі тимей тусыраған бедеу дала. Сорайып-сорайып әр тұста үрпек бас қамыс пен қара қурай селдірейді. Жүйектегі арықтардың табанын топырақ көміп, шөп басқан. Қолаттарды қуалай өсетін шоқ-шоқ қарағаш пен ақ қайыңдар оталған. Бірен-саран шошайған түбірлер «бізде не әкелеріңнің құны бар еді» дегендей, әлдекімге кектене жұдырық түйеді. «Міне, жетістігіміздің сиқы!– Асылмұраттың жымқырылған жұқалтым еріндерінің жігін мысқыл түртті. – Қаңырап бос жатпағанда қайтеді, әкім-қарамен әмпей бір пысық бәрін басып алса, әлде Алматы мен Астанадағы алысты болжап әлден бәрін қамтуға кіріскен бір қырағы көз қырғидікі, өзінікі болмаса да жақын-жуығынікі,  құлақ су мен тоған – екінші бір дөкейдікі. Енді жерге егін еге ме, өртеп жібірі ме – өз еркі. Ал кетпен-күрек ұстайтын қолдар несібеден қағылып, тау-тас, құм-шөлейтке ысырылды. Еңбегі еш, тұзы сор болған соң, қала сағалап, сауданы жағалап қаңғып кетті.  Ауыл-қыстақ тоз-тоз."

 Алматыдан қара үзіп қашықтағаннан-ақ осы сурет: оң жағыңа қарасаң, мұрты тікірейіп бидайы теңіздей толқыған, сол жағыңа бұрылсаң, күнбағысы мен жүгерісі жайқалған кешегі атыз-аңыздар аңылжып қысырап жатыр, қара жердің бұлықсыған құнар-қуаты өссем, өркен жайсам деп бойында булығып жатыр. Ал Алматыға Көктөбенің басынан қарасаң, жаның түршігеді. Күрк-күрк жөтелген көксау қала кір-қожалақ шапанын сүйретіп, Алатауды өрлеп кеткен. Көгалын таптап, желегін отап, өлермендене ұмтылып, белден белге асып, ақ қар, көк мұзға тұмсық тіремей тоқтайтын түрі жоқ. Аласұрып ауыру демін айналасына үрлейді. Шұбырған қара тұманның көші ентелеп Талғар мен Қаскелеңге де жетіпті. Енді біраз жылда Қапшағайдың құмына қарай аяқ созатын шығар. Күндіз-түні өкіріп лоқ-лоқ түтін құсқан кәрі қала өкпесін әзер қағып алқынып жатыр.

Жақында тізгін ұстаған дөкеймен бірге Шымбұлаққа шыққан. Соңғы уақытта бұл талпақ танау, бітеу қара екеуінің бұршағы бір қазанда піспей жүргені рас. Оның өз қызметін адал атқарудан гөрі, жақсы басшының рөлін ойнап, жұрт көзіне түсуге тырысатын дабырашыл тыраштығын Асылмұрат ұната бермейтін. Үкімет мәжілісінде екі-үш мәрте әкімшілік жұмысындағы бетімен кеткен бассыздықты сынап, қара терге түсірген. Бір қызығы, тымырайып теріс айналудың орнына, талпақтанау жиналыс біткен соң: "Асеке, дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады. Сіздің сыныңызды орынды айтылған достық пейіл деп түсінемін" деп қалбалақтасын. Бұл қылығына ен таға алмай таңғалды. Шынымен кек тұтпады ма, әлде ішінде ит өліп жатса да бықсығын сыртына шығармайтын көк тұман тымырсық па? Әйтеуір жөннен жығылған жоқ. Осы жолы: "Бір сенбіңізді маған қиыңыз, Шымбұлаққа барып серуендеп қайтайық әрі салынып жатқан спорт кешеніне байланысты ақыл қосарсыз" деп қиылған соң, қастан дос жасауға тырысатын көңілмен бас тарта алмаған.

Екеуі солқылдаған аспалы жолмен сырғи көтеріліп, жотаның басына шықты. Айнала көбесі сөгілмеген аппақ сіреу қар. Түнде ғана қылаулап жауғандай ақ қылшықтанып, шақырайған күннің көзінде мың құбыла ұшқындайды. Бір қолтығына шаңғысын қысып қатарласа берген талпақтанау:

– Міне, қараңызшы, Асеке! – деп қарсы алдындағы бірімен бірі бой таластыра асқақтаған тізбек-тізбек шыңдардың басынан асыра бос қолын орай сермеді. –  Қандай  ғажап көрініс! Мына қардың астында қаншама миллиард доллар босқа қатталып жатыр десеңізші! Жақында Скандинавия елдеріне барып қайттым. Спорт, туризммен-ақ экономикасы шарықтап, ауыздарынан ақ май ақтарылып отырған ел емес пе. Солардың ақшаны күреп тауып жатқан қыстық спорт кешендері орналасқан жерлердің осы біздің Алатаудың сілемдерінен асып тұрған ештеңесі жоқ. Мына құз-қияларды атықылап тегістеп, саты-саты трамплиндерге айналдырсақ, әлемдік рекордтардың небір көкесі осында жасалмай ма! Құда қаласа, бұл жер өзінше бір қалашық болады. Ұсынысымды көкеге айттым, ол кісі мақұлдап отыр.

Миллиардтарының үйіріне қосылар жаңа миллиардтардың буына ішпей-жемей мас болып шалықтап тұрған талпақтанаудың бетіне Асылмұрат оқты көзімен жалт қарады:

– Жердегі көкең мақұлдағанмен көктегі Құдай мақұлдар ма екен?

Көкем тұрғанда оны қайтем деген кісіше, талпақтанау күтім көрген әдемі тістерін маржандай тізіп, ақсия күлді. "Міне көрдің бе" дегендей, тісін түбіне дейін көрсетіп, бір дем езу жимай ыржиып тұрып алды – тұлабойындағы көз тоқтар жалғыз жылтыры осы болған соң, ебін тауып  ерінінің жігін ашып, бір күліп қалуды әдетке айналдырған болса керек.

– Иесі, киесі бар деп қашанғы табиғатқа жалтақтай береміз? Қар басып, мұз құрсанып иен жатқан жерді пайдаға жаратсақ, сіз қорыққан Құдайдың жолына несі қайшы?

– Құдай – жасампаздықтың жарылқаушысы. Сен қопарам, қиратам дейсің. Мыңдаған жылдар қалыптасқан табиғаттың үйлесімін қайда қоясың? Тау басындағы мәңгілік қар деңгейінің сәл ауытқуының өзі апатқа айналуы мүмкін. Топан су қаптап, етектегі қаланы бір-ақ сәтте тасқын шайып кетпесіне кім кепіл? Басқа қиратқандарың аздай, енді жалғыз Алатауға ауыз салдыңдар ма? Орман-су, тауымыз көп елміз бе? Далиған даламыз бар деп мақтанғанмен, жеріміздің төрт-ақ проценті орман. Оның өзін аз жылда өртеп, отап бітіруге айналдық. Өз елімізге өзіміз неге жаудай шабамыз? Бұдан өткен жыртқыштық бар ма?

­­– Бұл – жыртқыштық емес, мұның аты – игеру! – Талпақ есінегендей еріне тіл қатты. Асылмұраттың жаны ауырып ашына сөйлегеніне елең еткен жоқ. – Нарықтың нанын жеп, суын ішіп отырып, кешегінің әнін айтасыз-ау, Асеке! Аялайық, әлдилейік дейсіз. Қорғаштап, бетіне қарап: "О, туған жер!.. О, қасиеттім!.. Алтын бесігім!.." деп тамсанып отырғаннан май шыға ма? Қазір жер де, су да, ауа да товарға айналып, нарықтық қатынасқа түсуге тиіс! Айналыссыз жатқан өлі зат болмауы керек. Сіздің консерватор екеніңізді әуелден-ақ білемін, жаңа әлемнің есігіне қарай табандап тартсақ та, аттап басқыңыз келмейді!.. Жарайды, сізге екі ұсыныс айтайын деп ем. Бәріміз де тамағы тесік пендеміз, қу тірлік үшін шапқылап жүрген жоқпыз ба. Жасыратыны жоқ, мына салынатын спорт қалашығындағы отельдерді қолы жеткендер пышақ үстінен бөліп алып жатыр. Резервке ұстаған бір-ер обьекті бар. Қаласаңыз біреуін сізге еншілеп, тізімге енгізіп қояйын. Переспективасын өзіңіз ойлап көріңізші: теңдесі жоқ қыстық спорт кешенін саламыз. Әлемдік рекордтар жасалады. Жан-жақтан туристер ағылады. Сыңғырлап құйылып жатқан сары алтын емес пе! – Осыны айтқанда сары алтынның сыңғырын шынымен естіп тұрғандай демігіп, талпақ танауының тесігі одан сайын делдиіп кетті. Асылмұрат көзәйнегінің үстінен алая бір қарағаны болмаса, үндеген жоқ. Қоясын ақтарып, оттай түссін деп тұр. ­– Егер оны қолай көрмесеңіз, басқа вариант бар. Көзге көрінбейтін бизнес. Қаладағы тротуар­­ларға түгелдей брусчатка төсесек деген ойдамыз. Қыруар ауқым, шектеусіз цикль. Біте берсе, екінші түріне жаңалаймыз: клинкерналді плитка, керамогранит дегендей... Жылдағы ағаш егу, көгалдандыру сияқты қайталана беретін жұмыс қой. Тротуар плитасын шығаратын завод ашып, біреудің атына жазып қойсаңыз – бітті, дөңгеленіп жүре береді. Тендерді жылдағысын – жылда өзіміз ыңғайлап отырамыз.Тағысын тағы ойластырармыз. Бизнестің көзі көп қой. Менің алдымдағы мықты қаладағы асфальтті түгел өзі иемденіп алыпты. Екі асфальт заводын салып, туыстарының атына жазып қойған. Не дейсің, майда-шүйдеге бола араздасатын емес...

Асылмұрат бұған не дауа дегендей біртүрлі қажып, шарасыз күрсінді:

­– Ей, бауырым, бізге не жетпейді осы? Он қарынымыз бар ма? Ел жегенді жесек, ішімізді тесіп кете ме? Ел кигенді кисек, иығымыздан түсіп қала ма? Бұл неткен тойымсыздық? Соның бәрін ертең ана жаққа арқалап алып кетесің бе?

­–  "Түстік ғұмырың болса, кештік мал жина" деген. Ана жаққа әлі ерте емес пе бізге?

– Оны бір Құдай біледі!..

Екеуі сақау мен саңыраудай бір-бірін ұғыспай тарасқан.

Міне, Алматының жасыл желегі қураған, кеудесін құрт кеулеген. Қайыршылық та, қылмыс та, қасірет те осында. Қызық қуған әуейі де, жан баға алмай тығырыққа тірелген бейбақ та үмітін арқалап осында ағылады. Мыңдаған қайшылық тоғысып, іштей булыққан қала күндердің күнінде үрлеген қарындай  шермие-шермие бұрқ ете түспесіне кім кепіл. Әлеуметтік дейсіз бе, экологиялық дейсіз бе... жарылыстың көкесі сол. Шынтуайтында бүкіл ел халқының бестен бірін бір қалаға, оның үстіне қиыр шет шекара түбіне шоғырландыру деген өзіңе өзің көр қазу ғой. Ұланғайыр дала сыпырылып иен қалды. Бұрын шашырай қоныстанып, шөкімдей болса да қарайып ес болып отырған ауылдардың түтіні өшті. Оппоненттері урбанизация заман талабы екенін көлденең тартады. «Пәлі, Алматы деревня емес пе!» деп Шанхай, Мехико, Токионы алдына кесе-көлденең тартып көк езуленеді. Ол елдердің халқы қанша, жерінің көлемі қандай, даму сатысы қай дәрежеде – ол жағымен шатақтары жоқ, көз алдынан арғыны көрмейді. Өнеркәсібі мешеу елде халықтың басым бөлігінің жерден кіндік үзуіне болмайды. Әсіресе Қазақстан жағдайында ауылдың күйзелгені – елдің  тозғаны. Ұзын дәме, қысқа есеппен қалаға ентелеген жұрт не істейді? Кел деп құшақ жайып тұрған завод-фабрика жоқ. Қаптаған бит базарды жағалап қап тасып, арба сүйреп, асып кеткенде сауда жасап өлместің күнін көргеннен басқа не кәсіп қылмақ? Еңсе көтертпес итшілеген тірліктен қажыған жан үмітсіздікке ұрынып, күйреп, азып-тозуға бет алады. Арақ ішеді, ұрлық қылады, қылмыстан тайынбайды. Яғни бұл апатқа апаратын тура жол.  Сондықтан барынша  жағдай жасап, шаруа күйттеген елді ауылға тұрақтандыру керек. Малын бағып, егінін салып, сол бейнетінің еселеп қайтқан зейнетін көрсе, кім қара қазанының қаймағын итке төгіп, құтты орнынан қозғалар еді? Қазақтың қазір өз дәмі ішіне жақпайтын болғаны ма? Ет пен сүтті Россиядан, миуа-жемісті өзбек пен қырғыздан, көкөніс, күрішті Қытайдан тасимыз. Дастарханымыз өз жеріміздің ризығымен жасанып тұрса, атызымызда егін жайқалып, бақшамыздың миуасы жұпар аңқып, өрісіміз малға толып, қаламыз да, даламыз да молшылыққа мелдектеп, тасып-шалқып жатар еді-ау!.."

– Қалай тозып кеткен, ә? – деді рульге күжірейе жабысқан қияқ мұртты мұның көңіл ауанын хоштағандай басын шайқап. – Қыбырлап мал жүрмесе, не жайқалып егін өспесе, жер жетім екен ғой. Арлы-берлі өткенде көңіл төріндегі үйреншікті көріністерді жоқтап, жүрегің сыздайды.

Қайрат – Асылмұраттың Алматыдағы құдай қосқан  көршісі, аулалары іргелес. Әрі ауылдасы. Қайыңдыдағы орта мектепті қарайлас бітірген. Аралары екі-ақ жас қана. Сонда да Асылмұратқа "сіз» деп сөйлейді сызылып. Биік лауазымы мен сабырлы қалпы, салихалы мінезі мысын баса ма, көрген жерде қалбалақтап құрақ ұшып тұрғаны. Бұрын мұғалім еді, қазір бизнессмен. Россиядан ағаш әкеліп сатады. Асылмұрат көптен бері машина жүргізбегендікі ме, рульден шығып қалыпты. Әрі ұзақ жолға жалғыз шығудан жүрексінген. Баяғы майлық-сулыққа дайын Қайрат бар,  соған қолқа салып еді, «Ас-еке-ау, сіз не айтсаңыз да ләббаймыз ғой. Кемпір-шалға өзім де көптен бері бара алмай жүр ем,  қайта жақсы болды!» деп елп ете түскен. Міне, тиірменнің тасындай күржиген жалпақ жаурыны дөңгеленіп, рульді ұршықша үйіреді.

Машинаның маңдай әйнегін сепкілдеген ұсақ тамшы тиылып, қарауытқан айналаның қабағы ашыла бастады. Жөңкіген бұлттың жабығынан жылт-жылт күн сығалап, кең далада шұбардың  үйірі жал-құйрығы желбірей шұрқырап, жосып бара жатқандай.

– Асеке, байқап келесіз бе? – деді Қайрат біраз үнсіздіктен кейін мұны қайтадан әңгімеге шақырып.

– Нені?

– Мынау өзіміз талай дамылдап, шөл басқан Көктұма ғой...

«Е, онда не тұр?» дегендей, Асылмұрат сөздің ләмін түсінбей сұраулы жүзбен қараған.

– Ол енді жоқ! – деді Қайрат күрсініп.

– Қалай? – Асылмұрат жұмсақ орындыққа шалқалаған жерінен оқыс серпіліп, бар денесімен еңсеріле жолдың оң қапталына үңілді. Расында да Көктұманың тұсына жеткен екен. Әне Найзатас. Ұшына созған құрық жетпес үшкіл жартас аспанға шаншылып тұр.  Соның түбінде көкшіл құмды бүлк-бүлк түрткілеп, қазан аузындай тұма шымырлап жататын. Жаздың ыстығында арлы-берлі өткен жүргіншінің бұл жерге бұрылмай кететіні кем де кем. Шөлдерін басып, ыдысқа құйып ап  беті-қолдарын шайынып, жартастың айналасына шашырай жайғасып, аңқылдай ескен самалға кеуде тосып рахаттанар еді. Бір кездері қыли көз әзербайжан жігіті қатын-баласымен бірге осы жерге шатыр тігіп, қоңырсыған көк түтіннің иісі күндік жерден жолаушының мұрынын қытықтап, кәуап сатып, біраз мұртын майлаған еді. Кейін түнде біреулер ұрған деді ме, тонаған дей ме, әйтеуір қарасы өщті. Әне, жерошаққа қалаған жылтыр тастың бүйіріндегі күйе  қарайып әлі тұр. Бүлк-бүлк қайнаған су ернеуінен асып жарытпайды. Жиегінен жырыла қашқаны көздің жасындай жылап қана ағады. Соның өзі атшаптырым аумаққа нәр. Жылға бойы қар бір жауғанша буы аспанға шалқып, жап-жасыл боп жататын. Қазір ондай ажар қалмапты Көктұманың жағасында. Уақытпен бірге қартайып, күздің сары-жағал көйлегін киіпті.

– Осы жазда өзінен өзі тартылып қалыпты, – деді Қайрат жайлап бұрылып жолдың иініне машинасын тоқтатып жатып. Екеуі сыртқа шықты. Жағаға жармаса кеткен оспадар, суық желдің екпіні кісі теңселтердей, Асылмұраттың үстіндегі жұқа қоңыр жарғақтың етек-жеңін кеулеп қаудырлата жөнелді.

Құлағымен естігенге көзімен көргенше сенгісі келмегендей, Найзатастың түбіне адымдай басып жеткен. Шымырлай қайнап, шіпілдеп шарасынан асып жататын Көктұма жоқ. Үйінді қиыршық тас пен үңірейген шұңқырға көзі сүрінді. Әлдекім көзін ашпақ боп ерінбей-жалықпай күрек бойы қазыпты. «Уақыт бәрін өзгертеді деген осы-ау. Кешегі бар ­– бүгін жоқ» деді Асылмұрат іштей күрсініп.

– Өзінен өзі қалай тартылып қалған? – деді Асылмұрат Қайратқа мойынын бұрып.

– Өзінен өзі ештеңе болмайды ғой, Асеке!

Қайрат «бері жүріңіз» дегендей, сорабына шөп өсе бастаған жалғызаяқ соқыр соқпақпен жоғары қарай өрледі. Екеуі беткейді қиялап барып, Найзатастың желкесіне көтерілді. Биікте желдің екпіні әлемет. Кеудеңнен итереді шайқалтып. Қарсы алдыңда көз тоқтар тиянақ жоқ, аңылжыған жайдақ жазық.

– Асеке, не көріп тұрсыз?

– Ештеңе.

– Әрине, "ештеңе" болмаған соң ештеңе көрмейсіз!

«Мына сығыр не жұмбақтап тұр?» Асылмұрат ожырая қарағанмен үндеген жоқ.

– "Көрмес түйені де көрмес» деуші еді, сіз тау болса да көрмейсіз-ау деймін. Әнеу ағараңдап жатқан аумақта бұрын ақ шоқы тұрушы еді ғой?

Асылмұрат селк етіп оянғандай айналасын аңтарыла шолды. Бәсе-ау, осы маңда бірдеңе бар сияқты еді. Бедері бөлек, көзге басқаша шалынатын. Төңірек енді жалаңаштанып бос қалғандай. Иә, ағараңдаған ана тұста қыз емшектенген биік ақшағыл жота көкжиекті көлегейлеп, көз аясын толтырып тұратын.

– Сонда ол қайда кеткен? Ағаш құлап, бұлақ тартылса – бір сәрі. Тау жоғалғанды кім көрген? Біреу түп-орынымен қопарып әкеткендей тып-типыл ғой!

– Көрмесеңіз, енді көрдіңіз! – Қайраттың қияқ мұртының шалғысын бүлк еткізіп мысқыл түртті. – Мықтысы кезіксе, тауды көтеріп әкету сөз бе екен? Сим деген шұбар төс алпауыт шығып, Ақшоқыны бір-ақ жазда шаңын аспанға шығарып, тасып әкетті. Көктұманың тартылып қалғаны да соның кесірі.

– Симім кім? Депутат па?

– Біздегі мықтының бәрі – депутат, депутаттың бәрі мықты емес пе. Әлбетте сол!

– Иттің басын мұжыған лағнеттер жердің астын көртышқанша үңгіп, жез-мысымызды бітіргені аздай, енді тасымызға дейін жалмады ма? Мұны қайтпекші?

– Анау Шаған станциясында ақмаржандай ғып шайып, состав-составымен Норвегияға жөнелтіп жатқан көрінеді.

– Норвегияға? – Асылмұраттың дауысы ышқынып кетті. – Тау мен тастың небір көкесі сонда емес пе? Жердің түбінен тас тасығаны қалай?

– Кім білсін, біздің тастың ерекше бірдеңесі бар шығар!

– Ерекше түгі де жоқ, Қайрат. Жәй шағыл тас қой. Мәселе басқада. Ол елдер өз жерінің табиғатын көзінің қарашығындай аялайды. Бір ағаш кессе, екі шыбық егеді.  Біз ғой қорс-қопасын шығарып шашып жатқан. Хайуанның асып-тасуын қарашы, кім  бұған рұхсат берді кекен.

– Облыстың әкімі туған күніне подарить қылған дейді ғой.

– Подарканы тапқан екен. Бұлар енді жер мен суды қалтасындағы заттай көре бастады-ау, көңілі қаласа, сыйлай салады, қанжығасына байлай салады!..

– Е, Асеке, қазір кім нені сатпай жатыр? Қолынан келгендер қонышынан баспай ма!

– Қайрат-ау, не сұмдықты айтып тұрсың! Бұл біздің жеріміз ғой. Туған топырағымыз! – деді Асылмұрат кемсеңдегендей дауысы құмығып. – Жат жаттығын істейді. Кірме-келімсектер сені аяп қайтсін. Тонап, талап, аларын алып болған соң ертең-ақ құйрығын қайқайтып тайып тұрады. Соларға жол беріп, жең ұшынан жалғасып жүрген ана өзіміздің жігіттердің тірлігін айтсаңшы. Туған жеріңнің түйір топырағынан  киелі не бар? Біз үшін қасиетті ештеңе қалмағаны ма?!!

Асылмұраттың сөзі Қайратқа күлкілі естілді. «Бұл кісілер жылы үй, жұмсақ креслода маужырап отырып өмірден бөлініп қалған ғой. Әйтпесе ескі кітаптардағы ақжүрек, аңқау комсомолдың сөзін айта ма? – деп ойлады. – Өмірге биік үйдің терезесінен қарап, бәрі бәз-баяғы қалпы дейді-ау, шамасы!»

 

                                              Қызыл жалды "арыстан"

Жалтақтамай заманның ыңғайына тез бейімделген жігіттің бірі осы Қайрат еді. Еркіндіктің ауанымен бірге, шекара асып ел өміріне лап қойған сауда-саттық, бизнеске үрке қарап, атам қылмаған кәсіп деп кекжиген жоқ, шылбыр ұшынан іліп алып, үйіріп әкеткен. Орта мектепте дырдай завуч болатұғын. Беделі зор, білікті ұстаз. Бұйыртса, әне-міне директорлықтың да төбесі көрініп қалар деп жүрген. Соның бәрін бір-ақ күнде жылы жауып тастады да, бизнестің қан базарына қойды да кетті. Әуелі шеттен келген саудагерлерге делдәл болып, ауыл-ауылды жағалап, жүн-жұрқа, тері-терсек жиды. Қайран қып-қызыл ақша қазақтың қора-қопсысында итжемес боп шіріп жатыпты ғой. Базар деген таразының табағындай   тербеліп, мың құбылып тұрады. Бүгін терінің қаны жерге тамбай тұрса, ертең: ойбай, темір керек, бағасы аспанға шығып кетті дейді. Бәрін тастай беріп темір жиюға көшеді. Елдің ауласындағы жез леген, қалайы итаяқ, шарбақтағы болат арматурадан бастап тұқымы темірдің бәрін қидай сыпырып шекара асырды. Құныға-құныға тіпті баған басындағы электр желілеріне дейін ағытып алып өткізіп жіберген кездері болды. Шекара – іргеде. Қытай деген аш өңешін апандай ашқан аждаһа машиналап , вагондап апар мейлі, әкел-әкел деп тілі жалаңдап қылғыта салады да, алтын құсып алақаныңа тастайды. Рахат. Біраз шыр жинаған соң қолы ұзарды. Ортадағы шұбырған делдалдарды аттап өтіп, түптегі дүмділермен тікелей жалғасқан. Үлкейген сайын кеңірдектерін кең ашады екен. Мейлі ғой, тамағы тесік пәндә емес пе.  Сол жылы жазда ағаштың бағасы ұшты дейсің көкке шарықтап. Кедендегілер әкел деп алақанға түкірді;  милицияң құрақ ұшып ол тұр; қорқтың бастығы көк қағаздың шетін көргенде-ақ етпетінен түсті –  "бір гектар қарағайды списанияға шығарып берейін,  қалғанына өртенді деп акт жасаймыз» деп өзі ақыл қосып, жол нұсқады. Бәрін тастай қылғанда   көресіні жұдырықтай орманшы шалдан көрсін. Шал болғанда, бөтен емес, осы Асекеңнің нағашы ағасы – Тілеуберді. Қанша дегенмен жүз таныс кісі. Тура көрінуге бет жоқ. Бастарына әйелдердің қара колготкасын киіп алып, қарағайды «Дружбамен» дарылдатып қиып жатқан бір топ жігіт. Тілеуберді айғай сап шауып келіп, қамшымен бір-бір тартып өтті. Түрі өрт сөндіргендей. «Тапа-тал түсте бұларың не, жоғалыңдар!» деді ат ойнатып. "Ақсақал, міне, қағазымыз бар, бастық рұхсат берген» десе, «ол қағазбен бір жеріңді сүрт, атам қазір» деді мылтық кезеп. Атып та жіберді. КамАЗ-дың кісі бойы дөңгелегі порт етіп шоңқиды да қалды. Ертеңінде тағы да сөйтті. Қосауызын үңірейтіп жуытар емес. Бірақ  бұлар да жыланның сирағын көрген залымдар ғой, қамданып келген: Бір жігіт арқа тұсынан баспалап барып, бұғалық тастап, ат үстінен аударып түсірді. Сол жерде аяқ-қолын матап,  қарағайға  арқасын жапсырып байлап тастады. Сонда да аузы жабылар емес:

– «Лағнет атсын сендерді!.. Мына қалың ағаштың обалы жібермесін!» – деп жеті ата, жетпіс жеті шешеден ары қарай да, бері қарай да жіберді.

– «Өлер алдында боқтықпен тіліңді кәлимаға келтіресің бе? – деді жаңағы бұғалық тастаған Жұмат деген жігіт басындағы колготкасын түзеп жатып. – Өзің бір о дүниеден үмітің жоқ азғын шал екенсің. Қазір сенен аюларға шашлык жасаймыз!»

Жұматтың білмейтіні бит ішінде. КамАЗ-бен Сібірдің тайгасын оңды-солды кезіп, талай пәлені көрген. Сол Жұмат бүгін үйіндегі үлкен тарғыл мысығын ала келген. Көп аялдамай іске кірісті. Шелекке солярка құйып, мысықты матырып алды да, шақпағын тұтатқан. Отқа оранған мысық баж етіп, қарағай басына бір-ақ шапшыды. Ұшар басына өрмелеп жетіп үлгірген жоқ. Қол басындай қара күйе жерге топ етіп құлап, қақ бөлінді. Қарағайдың бүрі сытыр-сытыр етіп майша лапылдады... Жел ұйтқып, қара түтін шырқ үйірілді. Жалы желбіреп қызыл арыстандар ағаштан ағашқа қарғи жөнелген. Жалынның тілі жалаңдап көкке шапшыған сайын, босқа желге ұшқан миллиондарды ойлап, мұның іші ит жыртқан терідей іріген. «Ит рәсуа болған дүние-ай, бұдан енді ілікке жарар не қалады?» деп тұр. Қабағының арасындағы қатпарланған  қос сызықтан көңіл күйін түсіне қойған Жұмат ол күмәнін жел айдаған  бұлттай сол сәтте-ақ сейілтті. Сөйтсе, қарағайдың бүрі ғана жанып, от қабығын шарпиды екен. Діңі аман. Сібір сайыпқырандарының талайдан бергі озық тәжірибесі көрінеді. Қара базардың қалыптасқан таксасы – он процент арзан бағамен алады. Тек бұтап, қабығын аршып өткізсең болғаны. Бағанадан бері анадайда түтінге қақалып, етек-жеңі шұрқ-шұрқ тұтап тыпырлап жатқан шалға көзінің итімен қарап: «бәрі сенің кесірің, қып-қызыл несібеден қақтың» деп ежірейіп тұрған бұл кілт жадырап, көңіл түкпірінен аяушылық оянды. Қанша дегенмен көзкөрген емес пе, өлімге қимады. Бет-жүзін бүркесе де кім екенін Құдай көріп тұр ғой бәрі бір. Үрейден көзі ақия айналып, шыбынымен қоштаса бастаған шалдың қолындағы кендір арқанды пышақпен шорт қиды да, өзін желкеден бүре ұстап, анандай жерге лақтырып жіберген. Көк шөптің үстіне етпеттей құлап, көкірек қапқан ыстан күрк-күрк жөтеліп, күшене лоқсып құса алмай жатыр. Сөз ұғатындай ес жиғанда:

– «Ей, қақапас! – деген кіжініп. – Осы жерге терең қазып, тепкілеп көміп кетсек, сені кім табады? Қасарыспай ақылға кел. Сен бізді көрген жоқсың, біз сені көрген жоқпыз. Осыдан тіс жарсаң, тұқым-тұяғыңмен қоса құртамыз! Ұқтың ба?! – Батырға да жан керек, шалың тәубаға келіп қалыпты. Дірілдеп-қалшылдап басын үсті-үстіне изеді. – Ұқсаң, жаның – олжа, жоғал!»

 Елдің бәрі Асекең сияқты бұлт мініп, найзағай қамшылап аспанда қалықтап жүрген баяғының романтигі емес қой. Табанымен жер басып, қарапайым тірліктің қағидасымен өмір сүреді.  Симдерді, әкімдерді күстаналайды. Олар басқаша қалай болады, уақыттың, өмірдің балабы осылай болса. «Әділдік, туған жерім, тау-тасым!» деп  еміренеді. Құдайым-ау, ондай сөзді жұрттың ұмытқаны қашан. Бәрі өзгерді емес пе. Өзгермеген мына Асекеңдер ғана ғой.

Әкесі комиссардың ұзын қара былғары плащын қысы-жазы үстінен  тастамай отыз жыл колхоз басқарып еді. Сорайып қыр басында дүрбі салып тұратын, кім қорасында не істеп жатыр, қалт еткізбей бәрін көретін. Арбаның шетіне шошайтып басып әкелген не сүрлем, не жоңышқаны көрсе – ұлы айғай. Не өзі алмайды, не өзгеге алдырмайды. «Колхоз» деп өзеуреген қызыл көз пәле деп ел күліп отыратын. Сірә, Асекең де сол кісіден онша алысқа ұзай қоймаған-ау. Әйтпесе үкіметтегі жарты құдайлардың бірі емес пе. Әне, басқалар қандай, бұл қандай? Тірлігі болса, жаман бизнесменмен ірге түйістіріп құлатөбел коттеджде тұра ма әлі күнге дейін. Қиюын тапқанға, қолындағы телефонның өзі саулап құйылар сары алтын емес пе. Бағанадан бері қақпайлап әкеліп ананы-мынаны қыздырмалатып көрсеткендегі ойы: «Міне, Асеке, айдаладан келіп апырып-жапырып асап жатыр, сонда өстіп отыра береміз бе, біздің үлесіміз қайда?» дегенді меңзеу болатын.

Қайран Асекесі ымға түсінбеді, «иә, деймін-ау, итке жем қылғанша өзіміз игілігін неге көрмейміз?! деп елп етудің орнына, жердің жыртығын жамаған пысықайлар қайдағы бір құм төбені емес, жеті атасынан бері үйінің төрінде тұрған алтын сандықты көтеріп әкеткендей, «туған жерім, топырағым!» деп сұңқылдап қоя берген жоқ па. Мұныкі – әубастан екі есеп, бір қисап. Елдің бәрі арбалап жатқанда, қашанға дейін бұл дорбалап жүрмек. Бизнестің қара майын қалқып ішті, крышасы болса дайын тұрған олигарх. Өз бетімен талпынып көріп еді, жақындату қайда, қай тесіктен сығаласаң да, сүтке тиген күшіктей тұмсығынан бір-ақ шертеді. Қарөзек пен Қияқтыдағы жаңа ашылып жатқан мұнай көздерінен бір-екі бұрғылау орынын алса ғой, шіркін. Өзі-ақ дөңгелетіп әкетер еді.  Тіпті болмаса, инвестор болам деп ентелеп отырғандар да бар. Қосшы бала боп босқа құлдыраңдап жүр ғой дейсің бе. Орайын тауып, оңашада осы бір өтінішін айтсам деп дәмеленген. Бірақ Асекеңнің мына түріп көріп, ол ойын көмейінде іркіп қалды. «Әй, не көкіп тұрсың? Ана келімсектердің тонағаны аздай, сен де қосыла тонағың келе ме?!!» деп арс ете түспесіне кім кепіл?..  Өзінде де обал жоқ-ау, қайдағы бірдеңелерді қоқсытып, көңілін бұзып несі бар еді тыныш отырмай. Жаман ойы: "Ойбай-ау, бауырым, бәрінен құр қалыппыз ғой! Не істейміз, біз де тірлік қылайық та!" деп қопаң етсе, қу құлқынның қызыл түлкісін қиялатып жібермек еді алдынан. Жарайды, тағы бір реті келер...       

Теріскейден жалаңдаған суық жел қара жердің өзегін суырып, ышқына соғады.

 

                                            Жылан көші

Сауыры жылтырап, дөңнен дөңге асып иерелеңдей қашқан ұзын жолдың ұштығы жеткізер емес. Жер шоқтығы биіктеп, қайқаңға өрмелеген машинаның  дыбысы барлыға шығып, екпіні бәсеңдей бастады. Құрық  сілтемдегі жарыса жөңкіген сұрғылт бұлт бауырын көтере алмай шоқы-шоқының басына бір оратылып қаңғалақтап барады. Қысаңның аузына жеткенде, қапталдағы қиядан бір топ арқар көлеңкедей сырғып өте шықты. Қарап үлгірген жоқ, іздерінен тас домалап, бірінің үстіне бірі кимелей қарғып, лезде көзден ғайып болды. Арқардың бұлай тобымен дүркірей қашқанын көріп тұрғаны осы. Бұл көргенде қозы, саулықтары беткейде жайбарақат жайылып, құлжасы құздың ұшар басында оқшырайып тұрар еді. Қасқыр қуды ма, әлде ізінен баспалаған аңшыдан секем алды ма, неден үрікті екен жануарлар?

 Көп өтпей қайқаңда кептеліп тұрған ұзын-шұбақ бір керуен машина көрінді. КамАЗ-ы, жеңіл машинанасы бар, жиырмашақтыға таяу. "Айдалада неғып тұр» деп Қайрат есікті серпе ашып, сыртқа беттеген. Шығуынан кіруі тез болды, анадайдағы анталаған топты адамның қасына жетер-жетпестен жалт бұрылып, кері зытты.

 – Астапыралла, астапыралла! – деді кабинаның есігін апыл-ғұпыл сарт жауып. –Шегір көздері шатынап шекесіне шығып кеткен. – Фу, қандай қорқынышты!  – Тітіркеніп, басын шайқады.

– Не болды сонша, жын көрінді ме көзіңе? – Асылмұрат жолдасының аяқастынан неге сонша зәре-құты қашқанына ен таға алмай әлек.

– Жын көрінсе, бүйтіп шошымайтын шығармын. Жылан көшіп барады!

 Тосын құбылыс болса да Асылмұрат тіксінген жоқ, қайта көңілін әуестік биледі. Қайраттың енді кабинадан сүйресең де шықпайтынын түрінен көріп, мұнша сужүрек болармысың дегендей мысқылмен бір жымиып қарады да, үнсіз есікті ашты.

Жол жиегіндегі дөңестің үстінде ұйлығып тұрған қарашобыр топтың қасына келді. Биіктен иекартпа  аумақ алақанға салғандай көрінеді екен. Қараған бойда селк ете түсті. Күре жолды арқан бойы көлденең қиып, қалың жылан шұбырып барады. Толқып, теңселіп аққан қара өзен. Бірі қамшының өріміндей, енді бірі құлаш кере қыл арқанның үзігіндей, жоталары жылт-жылт етіп,  бастары қақшаң қағып, бірін бірі баса-көктей ирелеңдеп жылжиды. Еңістегі ұшқатты сайдан жігі үзілмей суырылып шығып жатыр, шығып жатыр. Иретіліп аққан қара нөпір тасқын толастар емес. Қамшылар жақтағы қаңқайған қожыр бет жақпар-жақпар қызыл шыңның басына қарай жыбыр-жыбыр қара көлеңке өрмелеп барады.

– Бітетін пәле емес қой, тұрғанымызға бір сағатқа таяды! – Май-май кепкісін шекелетіп киген шүңіт көз қара жігіт саусақ арасында түтіндеген темекінің тұқылын ұрты қомпылдай сорып-сорып жіберді де, тырнақ ұшымен әуелете бір-ақ шертті. – Мына тұрған Жалпақтасқа жете алмай қор болдым ғой. Мал тиеп кері қайтуым керек еді. Мына түріммен қалаға кешке дейін жете алмайтын шығармын. Қап, клиент  шығып тұрғанда, қырсықты қарашы! – Жігіт тықыршып, қасындағы мол пішілген мығым денелі, қызыл бет мосқал кісіге мұңын шағып тұр.

 – Е, бауырым, бірер сағат жолдан қалғанның жарасы жеңіл ғой.  Бәрінен бұрын мынау не  сұмдық, соны айтсаңшы! – деді қызыл бет еркек үрей ұялаған қиық көздері жыпылық қағып. – Өзім өз болғалы мұндайды көрген де, естіген де емеспін!

– Жұт, не бір жамандық боларда, табиғатта осындай тосын нәрселер болатын көрінеді, – деп сөзге тәпелтек сары шал араласты.  Сөз десе аузы қызып тұратын болуы керек, қылқиған мойынын бұрай  созып, қос шынтағымен ышқырын бір көтеріп қойды. – Пәндә баласының пиғылы бұзылды ғой. Әлдебір зауалдың нышаны шығар, кім білсін!..

Жамандық шақырып сұңқылдай  жөнелген шалға қызыл бет еркек жақтырмай қарап, тоң-торыс желкесін берді.

– Не деген бітпейтін нәрсе, қайдан шығып жатыр? – Екі қолын арқасына  айқастырып, қабағын кіржиткен қияқ мұрт, ұзынтұра қасындағыларға сұраулы жүзбен қарап еді, сары шал тағы да елден бұрын іліп әкетті.

– Бұл ордалы жылан ғой. Сілем-сілем қыр-жоталардың астын кеуектеп үйір-үйірімен илектеліп жатады. Жыл сайын балалап көбейіп,  жердің астын үңгіп тереңдей береді. Баяғыда үлкендер: Ордалы жылан ұя салған жоталар бүлкілдеп қозғалып жатады, мал аяғы басса, ойылып түсіп кетеді дейтін. Ондай жерге қыста қар жатпайды, жазда шөп шықпайды. Бұлардың біріне тиіссең, пәлеге қалғаның. Ай өте ме, жыл өте ме, ізіңнен қуып жүріп шағып өлтіреді!..

 «Япырай, мына кісінің  жамандықты төндіріп айтуға үйірін-ай!» деп Асылмұрат қорқынышты нәрсені қоздырмалатқанға бойы түршігіп, сусылдақтың сөзі естілмейтіндей шеттеу жерге барып тұрды. Өзгелер де сары шалдан аулақтап, екі-үштен өзара шүңкілдесіп, әр жаққа бытырап кетті.  «Оу, бұларға жақпайтындай не айттым?» дегендей сары шал қолқылдаған қоңыр шалбарының ауы тізесіне түсіп, талтайған күйі айналасына жаутаңдай қарады.

Арада сүт пісірімдей уақыт өтті. Әлгі күйгелек қара жігіт арасын үзбей қанша темекінің басына су құйғанын кім білсін. Танауы түтіндеп, алақандай жерді арлы-берлі шиырлап, тыпыршумен болды. Бір кезде шыдамы таусылды білем, керуеннің қақ ортасында қаңтарулы тұрған қызыл КамАЗ-ға барды да, от алдырып, есік-терезесін тарс жауып, бар пәрменімен ағындатқан күйі қара «дарияға» қойды да кетті. Қара «толқын» қақ айрылды. Порт-порт жарып, езіп-жаншып шыр айналған ауыр дөңгелектердің ізінен қан шапшып, аспанға шашырады. Ирелеңдеп екпіндей жылжыған қара толқын бәрібір іркілер емес, лықси көтеріліп, іркілдеген қызыл қойыртпақты лек-легімен сол бойда шайып өтеді. Машина қанды боразда тартып, шетке жете бергенде, орта тұстан құлаштай бір қара жылан сарғыш бауыры жалт етіп  аспанға шаншыла атылды да, жебедей созылып барып, қораптың ернеуіне салаң етіп асыла кетті. Асылмұраттың жүрегі мұздап, шарасыз халмен не істерін білмей аласұрды. Қызыл КамАз өкіріп-бақырып ұзай берген.

Сәске ауа жол ашылды.  Қамалып тұрған қалың машина дүрілдей оталып іркес-тіркес асыға қозғалды. Он-он бес шақырымдай өткенде жол жиегінде аударылып жатқан бағанағы қызыл КамАЗ-ды көрді. Айналасы үймелеген халық, қаңтарылған машина. Қайрат машинаның жүрісін тежеп іркіле беріп еді, Асылмұрат шарасыз іске жүрегін босқа ауыртқысы келмеді ме: «Тоқтамай-ақ қой!» деді.

 

                                            Туған үйдің түтіні

Қайыңдыға көз байлана жеткен. Бұл жақты қалың жаңбырдың етегі шалмапты. Сонда да тау арасының ауасы шымыр, аузыңнан шыққан демің ақ буланып, аспанға ширатылады. Кешкі ауыл маңыраған қой-ешкісін қоралап, сиырын күрп-күрп сауып абыр-сабыр. Терезелерден омарта көзденіп шам жылтырап, әртұстан қисайып түтін ұшады. Бұрын осындай қызыл іңір шақта иек артпадағы қара дөңнен қылт етіп шыға келгенде, етектегі атшаптырым жазықтағы жыпырлаған жарық көз аясына сыймай, жамыраған жұлдызды аспанмен шағылысып жыпылық қағатын. Қазір от сирек, ымырт қараңғысын шұрқ-шұрқ тескілеп, ұрының көзіндей әр жерден бір жылт етіп сығыраяды.

Қараңғыны қос алақанымен сипалаған жарықты көріп, сыртқа шыққан әкесінің аман-сәлемнен кейінгі сөзі:

– Құлыным-ау, осы уақытқа дейін қайда жүрсің? – болды. – Қара жолға қарай-қарай екі көзіміз төрт болды. Кешіктің ғой? – Мол құшағына бір-ақ көміп, маңдайынан емірене иіскеді. Еңсегей бойы әлі еңкіш тартпаған, мұнымен емін-еркін иық түйістіріп тұр. Бүгін таңертең бері шығарда телефон шалған, сонысы бекер болыпты, кешіккенге әрнені ойлап, уайым жеген ғой.

Асылмұрат неге кешіккендерінің себебін айтып еді, әкесі сопақ бетін одан сайын созып көрсеткен бөдене құйрық ақсақалын қылғындыра уыстап, басын шайқады:

 – Жылан ауса, жердің тоңы құрық бойы тереңдейді дейтін бұрынғылар. Алтынның буы не арасанның жылуы тау қойнауына қоныс аударған ғой. Биыл қыс мал мен жанға сын болатын шығар.

Қариямен сәлемдескеннен кейін Қайрат үйге жүр дегенге қарамай, осыдан алты шақырым жердегі өз ауылына кетті. Әкелі-балалы екеуі үйге беттеген. Баспалдақпен көтеріліп, емен есіктің тұтқасын сықырсыз тартып қалғанда, іштегі шермиген жарықтың қарыны жарылып, лақ етіп сыртқа ақтарылды. Ақ тасқын жарықты кеуделей жарып табалдырықтан аттаған. Бүлк-бүлк қайнаған жас сорпаның иісі бұрқырап, әр бұрышында бала күннің сағынышты елесі кезген туған үйі елжіреген мейіріммен құшақтай алды.

Бүйірдегі бөлмеден алқымдай тартқан ала шақпақ жаулығын жүре түзеп, апасы шықты. Көзіне ұйқы тығылып, жыпылықтап, жарықтан қорғалап тұр. Емірене құшағын жайып:

– Келдің бе, құлыным! – деп екі бетінен алма-кезек сүйді. – Жаңа ғана жантайып ем, көзім ілініп кетіпті. Құданың құдіреті, соңғы кезде ұйқы меңдеп жүр мені.

– Ерте тұрып, кеш жатып, өмір бойы шала ұйқы боп келдің емес пе, енді қартайғанда соның есесін қайтарайын дегенің де! – Әкесі қулана иек қақты.

– Әйтеуір, мені қажағаныңды қоймайсың. Қайбір жетіскеннен ұйықтайды дейсің. Бойды буған әлсіздік қой.

Анасының бұрынғыдан өңі тәуір. Көзіне жылт жүгіріп, оңалып қалыпты.  Інісі Мәсімжан  үйде жоқ екен. Төрт ұлдың кенжесі, әке-шешенің қолында қара шаңыраққа ие боп отырған сол. Әлі мектепке бара қоймаған  үйемелі-сүйемелі екі ұлы – Самат пен Қанат жатырқауы жоқ, жаңа үйге кірген бойда-ақ құлдыраңдап келіп бассалған. Содан бері бір елі айырылған жоқ. Төрдегі диванға барып отырып еді, екеуі екі тізесін ерттеп мініп алды. «Аға шаршап келді, мазасын алмай бері келіңдер!» деп шешелерінің зекіп, жұдырық түйгенін елең қылар емес. Көрмегенсіп, жылт-жылт еткен танауларын қорс-қорс тартып қойып, бауырына тығыла түсті.

– Айына-жылына бір келген ағаларына еркелемегенде, кімге еркелейді. Отыра берсін! – деді әкесі немерелерін қолпаштап. – Өздері шабандоз бола ма деп жүрмін, атқа сондай үйір. Кәне, атқа қалай шабасыңдар, көкелеріңе көрсетіңдерші? – Екеуі тақымдарын қысып, тепеңдеп одан сайын еліріп кетті.

Мәсімжан жылқы жайып кетіпті. Бәйге аты мен құлын-тайы аралас оншақты қылқұйрықты өзі бағады. Әкенің атбегілік өнері соған жұққан. Жүйрік десе күндік жерден құлағы елеңдеп, ішкен асын жерге қояды. Қаражырадағы көмір карьерінде бас инженер боп тәп-тәуір қызмет істеп жүрген. Табысы да жақсы. Сөйтіп жүргенде, әкесі жүрісі жайлы деп қысы-жазы баптап мінетін көк жорға бедеу бие тоғыз жасында құлындаған. Жалы күлтеленген көк құлынды көрді де, бәрін тастап, соның әлегімен боп кетті. Көк құлын желгенде тымық күнде жел тұрғызып, шапқанда қарсы алдынан қара дауыл үйірген ерен жүйріктің өзі боп шықты. Бұл күнде Мәсімжанның Көкдауылы десе, осы төңіректе елең етпейтін құлақ кем де кем.

– Қазір ұры қатты боп тұр! – деді көкесі шай үстінде шүңіт қабағына көлеңке ұялап. – Көзің қалт етсе, қағып кетеді. Өрісте ме, көгенде ме – қарамайды. Сыртпен жалғасып, жыраққа жөнелтіп отыратын өз ішімізде біреулер бар. Өткен жұмада ғана Бикамал кемпірдің есігін сыртынан тіреп қойып, қорасындағы жалғыз сиырын жетелеп әкетті. Тіпті ұрлықтары шектен шығып, хайуаннан бетер боп барады. Жазда біреудің өрісте жүрген дөнен өгізін маңдайдан кувалдамен ұрып құлатып, бауыздамастан шалажансар күйінде қолын – қол, бұтын – бұт қып балтамен шауып әкетіпті. Осыдан кейін  хайуан демегенде не дейсің! Қолдағы азын-аулақ малды бағу уайым боп тұр.  Жылқыны Мәсімжан іңір түсе өріске шығарады, ел бір ұйықтап оянғанға дейін жайып, қораға әкеп қамайды. Одан кейін мен қарауылдаймын.

– Кешелі бері  күн де жалаңдап тұр. Қара суықта қарағымның әбден сілесі қатты-ау! – деді дастархан шетінде тағамдардан шұқып қана татып отырған шешесі күрсініп. – Тәп-тәуір бұрынғы жұмысын істей бермей, бұл азабы не азап десеңші. Жүйрік бағам деп қысы-жазы арпалысып!..

– Е, бәйбіше, жүйріктің желігі де бақсының жыны сияқты кеудені буған бір дерт қой!

Таңертең кештетіп тұрса, Мәсімжан есік алдындағы кәрі үйеңкінің аша бұтағына артқы екі тірсегінен салақтатып іліп қойып, құйрығы төңкерілген қара ісектің терісін іреп жатыр екен. Мұны көрген бойда пышағын қойдың санына шанши салып, арсалаңдай келіп амандасты. Әке-шешесінің түндегі уайымына қарап, мойыны қылқиып жүдеп-ақ кеткен шығар десе, иығы мен желкесі тұтасып күжірейіп алыпты. Жас адамның семіргені жараспайды ғой, шегір көзі құм басқан індікештей бітиіп қалыпты. Жақтырмағанын жасыра алмай:

–  Жүдеп кетіпсің ғой! – деген қағытып.

 – Жұмыс – ауыр, тұрмыс – қиын! – деді Мәсімжан жалпақ беті одан ары жайыла  ыржиып.

  Түнде ғана бір қойдың басын жеген. Мыналары не исырап? Кейістігін білдірмек боп оқтала берді де, іркіліп қалды. Мұның келгенін естіп, сәлем беруге ауылдың үлкен-кішісі жиналмай ма қазір? Соған жасап жатқан қам-қаракеттері де.

Сыртқы есік сарт етіп, шалқалай ашылды да, іштен көздерін жүре уқалап, екі бала шыға келді. Үстерінде майка ғана бар, кіндіктен төмен – тыржалаңаш. Шыға бері ернеуге қатар тұра қалып шор еткізіп шаптырды. Қарындары шартиып, құйрықтарын тыр-тыр қасып қойып, қайқая күшенгендеріне қарағанда, тентек немелер, дәу де болса, қайсымыздың сумылтығымыздың оғы алысқа атылар екен деп жарысып тұр.

Лапас астында әкесі құлын ұстап, келін бие сауып жатыр екен күрп-күрп. Екі бала шөп басындағы шықты жалаңаяқ кешіп сонда барған. Аталары екеуіне темір күрешкемен көпіршіген саумалдан екі көсіп ұсынды. Ағызып-тамызып бір-ақ сімірді де, жарыса жүгірген күйі, жалаңаш жүргендері енді естеріне түскендей, қаладан келген үлкен ағадан қымсынған түрмен бірін бірі түртпектей күліп, құйрықтары жарқ-жұрқ етіп, аңқая ашылған есіктің аузына қайтадан қойды да кетті.

Жерошақтағы маздаған қидың қызыл шоғына құйрығын көміп, кәрі сүйегі шымырлаған тайқазан әне-міне бұрқ етем дегенше, сәлемдерін соза айтып, ауыл адамдарының алды келіп те қалды. Бірі – жекжат, бірі – көрші. Үлкені бетінен сүйіп, кішісі иіліп қол беріп, қауқылдасып жатыр. Елмен бірге ауыл әкімі де төбе көрсетті. Ауылға кейін қоныстанған болу керек, танымайды екен. Қозы қарынын құшақтаған тәпелтек, қара кісі. Елпілдеген, биязы жан сықылды. Көп отырған жоқ. Кісі қарасы көбейіп, ауылдың оны-мұны тірлігі сөз бола бастағанда үкі көзденіп, үлкен қонақтың алдында мына керауыздардың бірі ши шығарып жүре ме деп қипақтады ма, аудандық акиматтан телефон соғушы еді дегенді сылтауратып, апыл-ғұпыл кеткенше асықты.

Елдің соңын ала, шай дастарханы жиналар сәтте ұзынды-қысқалы боп кластастары – Иса мен Мұқаш та келді. Иса құм толтырған қапшықтай тылтиған төртбұрыш, Мұқаш та етжеңді болғанмен еңселі қараторы жүзінен қайрат тепсінген, томаға көз, қыр мұрын. Осы күйінде-ақ киноға түсірсең, экранның сәні болатын жігіт. Екеуі де бұрын совхоздың маңдайалды тракторшысы болатын. Мұқаш мектепті жақсы-ақ оқып еді. Әсіресе математикаға алғыр. Әкесі ерте өліп, ауыру шеше мен артынан ерген іні-қарындастарын асыраймын деп етекбасты боп ауылдан ұзай алмай қалды.

Шай мен еттің арасында шара толы қымыз келді қара түйіршік майы бетінде қалқып. Көкесі жүздеп жылқы айдаған бабасынан қалған қоңыраулы күміс ожаумен соза сапырып жуасытқан сары қымыздың жұпар иісі кеңсірік жарғандай. Сырлы тостағандар күлмің қағып екі-үш барып-қайтқанда-ақ қаудырлаған кәрі-құртаңдар түнемел бесті қымыздың буына әжептәуір елтіп қалды. Тоспа судың алды ашылғандай арындап әңгіменің ажары кірейін деді.  Әсіресе босағаны ала жайғасқан Мәсімжанның  маңындағылардың дауысы тіпті жарқын. Жеке базар боп гуілдесіп, анда-санда дарылдаған күлкілері мен өжектеген сөздері биік-биік ноталарға барып-қайтып, бір-бірне жеңсік берер емес. Соған қарағанда, көзді ала беріп, бірер шөлмектің мұрынын қанатып үлгірген сыңайлы.

– Әй, балалар, не болды тайынша бұқа сияқты гүжілдесіп! – деді Серікбай ақсақал шел басқан  көзі жыпылық қағып жақтырмай. Бір қарағанда, көзін қысып, әлденені ымдап отырғандай күлкілі көрінеді екен. – О несі-ей, бесеуі жиылып жалғыз жартыны жәукемдегенге сонша ыржалақтап, ынжық немелер! – Дауысында ақсақалдық наразылықтан гөрі, «әй, балалар-ай, өзгелерді де ойласаңдар қайтер еді» дегендей әлдебір базыналық басым.

– Ойпыр-ай, осы шал-ақ жалғыз көзімен бәрін көріп жалақтап отырады екен! – деді Иса сыбырлай жанындағы дәу қараға көзінің астымен қарап.

– Ындыны құрып отырған шығар! – деді анау күңк етіп. – Жау түсіретіндей жалмаңдауын қарашы қақпастың...

– Қой-ей, намаз оқиды емес пе?

– Оқымай қалсын! Кешегі трактордың астында қылжиып жататын алқаш емес пе...

Бұл ауылдың адамдары оппозициялық  газеттермен ауызданып, біраз сауатын ашқан сияқты. Мұрындарынан ақсарбас құрт ыршыған байлар мен жоғарыдағылардың не істеп-не қойғандарын алақанға салғандай көріп-біліп  сайрап отыр. Бірін-бірі көтермелеп, гуілдесіп Ақорданың айналасының   шаңын біраз қағып алды...

– Осы әлгі Әмірикадағы сот не боп жатыр екен? – деді мойыны қылқиған қарашұбар Сүлеймен шал тізесінің сарысуын ауырсына сипап.

 – Қай сотты айтасың? – Бұрын  мұғалім болған Айтқали ақсақал омырауындағы көздің ағындай ромбигін жарқ еткізіп кеудесін тіктеді.

– «Қазақкөйт» дей ме, немене еді?

– Ой, ол бітпейтін дау ғой. Мыналарды қорқытып қойып, Қазақстанның жілік майын қорқыратып сорудың әдісі емес пе?

– Иә, деймін-ау! – деп көзі ежірейген селдір сақал шал өжектеп желортадан киіп кетті. – Әмірика әділетті жақтайды деген құр сандырақ. Оларға керегі байлық қана. Әділдік керек болса, бір сотты онжыл соза ма? Желбезегінен қармаққа ілінген біздің дөкейлер – не десе де ләббай. Қорқытып-үркітіп қалталарын қидай сыпырып жатыр, мұнай орындарын су тегін алып жатыр. Әміриканың демократиясы осы ма?

– Иә, мұнай үшін Иракті бір-ақ күнде басып алған жоқ па. Хұсайын да соры қалың қырт неме екен, қиратам-жоямдеп күшеніп-тышанып еді, бір оқ атуға жарамады. Дәретке отыратын боқтаяғына дейік алтыннан құйдырған дей ме? Көп асқанға бір тосқан, өзіне де сол сауап!

– Балалардың оқыған кәзитіп тыңдасаң, төбе шашың тік тұрады, жүдә! – деді екеуінің аузына жалтақ-жалтақ қарап тосылып  қалған Сүкең қайтадан сөзге араласып. – Біздің сеніп жүрген адамдарымыз былыққа әбден-ақ батқан екен ғой. Не көрінді десеңші сонша құнығып?

– Ана кісіні туыс-туғандары мен айналасы абыройдан жұрдай ғып болды.

– Кім кінәлі? Неге тиым салмайды? – деді селдір сақал тілінің астына бір шымшым насыбайды тастап жіберіп.

– Ой, құрдас-ай, айтуға оңай ғой. Екеуіміз үйіміздегі бір-бір жаман кемпірімізге шамамыз келмей отырғанда, үлкен бір елді басқару жеңіл-желпі шаруа деп пе едің? Солай емес пе, Асылмұрат қарағым? – деп Айтқали өзін қоштар деген үмітпен бұған қараған. Әңгіме ауаны бұлай төңкерілгеннен-ақ рас сөзге қалай уәж айтарын білмей қылпылдап отырған Асылмұрат «сенікі де дұрыс, сенікі де дұрыстың» ыңғайымен:

– Мен не дейін, өздеріңіз де бәрін сезіп-біліп отырсыздар ғой! – деп жалтара жауап қатты. Бұл қашқанмен қымыздың желігі бүйірін түрткілеген шал-шауқан тақымдап қояр емес.

– Е, шырағым, біздің көріп те, біліп те отырғанымыз көп. Қайсы бірін айтайық! – Қаққан қазықтай қақ төрде қаздиып отырған Мүсірәлі жиегі қырқылған қызыл тақиясын желкесіне қарай ысырды. – Заман азды деген осы да. Жоғарыдағылардың істеп жүргені анау болса, төмендегілердің тірлігі қайдан оңсын. Заң, өкімет деген жоқ. Әркім өз бетімен лағып жүр. Жол торыған қарақшы, ел тонаған ұры күн көрсетуді қойды. Бірі қораңнан әкетеді, бірі қорқытып қолыңнан әкетеді. Қорғайды деген мелисаң ұрыны көрсе екі көзін жұмып, екі қолын жаяды: алақанымды майла да, ойыңа келгенді істей бер дейді. Осыған бір тиым бар ма, жоқ па?

– Бәріне бас-көз болатын ауыл мен ауданның әкімдері емес пе, соларды сайламай көзіміз ашылмайды! – деді селдір сақалды жүзі күреңітіп... Бағанағы тапал қара алдына барсаң, айтқан сөзіңді бір жеріне де қыстыра ма? Ел сайлап қойса, қайтсем көңілін табам деп келген-кеткеннің алдында елпең қағар еді.

– Пішту сайларсың! – Айтқали шал ерінін шығарды. – Өткен күзде сен сайлаған депутат өтті ме. Жәй сайлау деген аты. Бәріміз дауыс берсек те, өздерінікін өткізеді. Әкім сайласа да сөйтеді.

– Сайлау демекші, әлгі біздің үйдегі келін бар емес пе, – деді Сүкең керемет бірдеңе айтатындай танауы делдиіп. – Ол бала біздің мұғалім ғой. Сайлау болатын күні төркініне баратындай үлкен ала сөмкені теңкиітіп, артынып-тартынып мектебіне кеткен. Кешке қарай салы суға кетіп, әбден шаршап-шалдығып келіп тұр. «Бүйткен сайлауы құрысын. Тегі әртіс болдық қой!» дейді жыламсырап. Сөйтсе мұғалімдердің бәрін автобусқа тиеп қалаға апарыпты. Апарған киімдерін кезек-кезек ауыстырып киіп,  шаштарын біресе оңға, біресе солға, біресе алға, біресе артқа тарап,  қырық қазанның құлағын тістеген  қиыдырмадай күні бойы қырық есік ашып, дауыс  беріпті. «Осыдан кейін балалардың бетіне не деп қараймыз, ар-ұждан, адалдық  туралы аузымыз қисаймай қалай айтамыз» дейді. Осы былықты жоғарыдағылар білмей отыр ма?

– Пәлі, өздері істетіп  отырса, неге білмейді!..

Іліп-шалып, шылбыр ұшын Асылмұратқа тастай шалықтаған қияс әңгімеге отағасы онша қабақ танытпады.

– Оу, ағайын, дастархан басын партжиналысқа айналдырып жібердіңдер ғой. Саясаттан басқа әңгімелерің жоқ па, тегі? Әй, Сүлеймен, сен-ақ осы сықсиып оқымайтын пәлені оқисың да, жер-көктегі бірдеңені көйітіп кеп отырасың. Ел сияқты ана «Егеменді» оқысаң, ұйқың да тыныш, сөзің де түзік болар еді, – деді сөз аяғын қалжыңға сүйеп. Сүлеймен қолын сілтеді:

– Сол «Егеменіңді» қойшы. Келінге зорлап жаздырған соң, еріксіз кейде қолыма алсам, есіней бастаймын.

Жастармен қоңсы отырып, кіші дастарханнан бір-екі рет тәбәрік татып үлгірген қыли көз Серғали шал бетінің ұшы қызарып, қылқиған мойнын соза өжектеді:

– Әлгі Дулат деген бір кәзит жазушы: «Егемен» деген кәзит бар, ашасың да жабасың» демеп пе еді. Дұп-дұрыс айтады.

– Кәнешні, ашасың да жабасың. Бірдеңесін оқиын десең, мына Сүкең айтқандай, ұйқың келеді.

– Кәнешні, ішіп алып оқысаң, ұйқың келеді! – деді құрдастарының бірі қағытып. Серғали бірақ оған айыл жиған жоқ:

 – Ол кешегі «Социалды Қазақстанның» белбаласы емес пе. Ұқсамасаң тумағыр. «Әкесінің» дәл аузынан түсе қалған. Сол баяғы әләуләй. «Біздің өмір тамаша!», "Көреген күн көсем!»...

– Әй, нағашы, қойшы, өңештемей! – деді көкесі қабақ шытып. – Сенің андағы қыли көзіңе дүниенің бәрі қисық боп көрінеді. Гәзет сенің не теңің, одан да екеуіміз Құран оқымаймыз ба!

– Құранды сен-ақ оқы. Кеше "құдай жоқ, құдай жоқ!» деген қызыл кәмунес едің. Енді құран оқып, ана жақты да алдағың келе ме!..

Ас қайырып, ауыз шайғаннан кейін қариялар: «Ал, Асылмұрат қарағым, әлі біраз күн болатын шығарсың. Ертең біздің үйден дәм тат...» "Жоқ, әуелі біздің үйге келеді!..» деп бір-бірімен кезекке таласа бастаған.

– Ау, ақсақалдар, қоя тұрыңыздар. Кластасымның ендігі билігі өзімде. Ең әуелі менің үйімнен бір қойдың басын мүжиді. Содан кейін қайсыңыз шақырсаңыз да, пажалыста! – деді Иса бәрін киіп-жара шіреніп.

Қайран, ауылдың кең пейілі, қанша жерден азды-тозды десе де, әлі қылау түспепті-ау! Бұлардың біріне барсаң, бәріне баруың керек. Әйтпесе басың дауға қалғаны. «Алалады, менсінбеді» деп өкпелеп, ертең тіпті бет көріспей кетуге бар. Уақыттың тығыздығын сылтау ғып, бәріне рахмет-ризашылығын айтып әзер құтылған.

 

                                                           Достар

Үздік-создық қош айтысып меймандар тараған соң, үш кластас оңаша қалды. Шай қайта демделді. Исаның ымдауымен Мәсімжан мойнына алқа таққан алты қырлы, айбыны асқан «Нұрекенің» қасына үш тырна сирақ хрусталь рюмкадан нөкер қоса, күміс подносқа сап, хан көтеріп дастархан шетіне қойды.

– Айналайын келінжан, біз – еріккен адамдармыз, мылжыңымызды тыңдап қайтесің. Бізге қарамай жұмысыңды істей бер. Мына екі бюрократ мырзаға шынашағымды шошайтып  шайды мен-ақ құйып берейін! –  Иса оттығында қайыңның қызыл шоғы болар-болмас түтіндеп, арсы-күрсі ентіккен сары самауырдың да билігін өз қолына алған. Келін арқасын бермей бір қырындап қысыла жылыстап, есіктен шығысымен, тоқ бүйір рюмкаларды толтыра құйып, үшеуі тартып жіберді. Мұқаш ыстық қуырдаққа қол созбай, жұдырығын иіскеп бір дем қимылсыз отырды да, бүйіріне көсемнің суреті салынған, бедерлі, ұзын шөлмекке қарап басын шайқады.

– Баяғыда Сталин мен Маоға, Ким-Ир-Сенге күлуші едік. Ендігілер одан да асырып жіберді. Бағынатын партиямыз, жүретін жолымыз, кіретін дүкеніміз, ішетін арағымыз... бәрі Нұр. Басқанікі басқа, дәл осыған ешкім зорлаған жоқ қой. Неге біз соншалық жарамсақпыз?

 – Кім шығарса да мейлі, тегінде осы арақты ішкен дұрыс! – Иса сұқ саусағымен шөлмекті нұсқады. – Басқалар сияқты уланбайсың. Нұрекеңнің атын былғап алмайық деп қорқып жанын салады.

– Сөзің бар болсын! – Мұқаш Исаның созған қолын жеткізбей шөлмекті іліп алып, шетке қарай ысырды. – Мен не деймін, қобызым не дейді?

– Кетші-ей, сенің «қобызыңның» зарынан құлағымыз әбден сарсылып болды!.. Кәне, одан да  алып қояйық. Нұр Отан үшін, Нұр партия үшін, Нұрлы тау, Нұрлы жер, Нұр  бұлақ, Нұр академия, Нұр дүкен... бүкіл Нұрлар үшін! Алға!..

– Ойпырмай, ішкен арақтарыңнан да саясат іздеп не боп кеткенсіңдер? Ішіміз кепті ғой, құрысыншы! – Асылмұрат түтіні қисая бастаған әңгімеден ат-тонын алақашты. – Одан да өз жағдайларың қалай, соны айтыңдаршы?

– Жағдайды қалай деуге болады? Біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей... – Мұқаш кібіртіктеп, қызарған мұрынын уқалады. – Жиырма шақты ұсақ, төрт-бес ірі қара бар. Солармен  жан бағып жатырмыз. Бірін жейміз, бірін сатамыз. Соған да шүкіршілік!..

– Үлеске алған гектар-гектар жерлерің бар емес пе? Оны не істеп жатырсыңдар? Мұқаш қолын сілтеді:

– Қаңырап бос жатыр. Жазғытұрым оты басылғанша мал жайылады. Одан кейін шаңы аспанға шығып тулақ боп қалады.

– Қазаққа берсе осы, қолақпандай ғып қолына ұстатқанды ұқсата алмайды! – Асылмұрат тұнжырап төмен қарады. – Тек зарлап жылағанды, жамандағанды білесіңдер... Сендердің қолдарың тисе болды, құрып қала ма? Бұрын колхоздың тонна-тонна астық алатын жері емес пе, оған не болды?

– Тоқта, тоқта, Асекесі, әуелі тыңдап ал! При чем тут қазақ? –  деді Иса қызына  қолын көтеріп. – Әйтеуір қымс етсе, қазақ байқұстың басын боққа батыруға дайын тұрасыңдар! Бұрын жер де, су да колхоздыкі болатын. Енді жер – біреудікі, су – басқаныкі. Бүкіл Саржазықтың таңдайын жібітіп,  тамырын иітіп келе жатқан мына Тостыбұлақ еді ғой. Бірде тасып, бірде жылап ағып, алты ай-жаз жылғасы үзілмейтін. Үш жылдан бері соған да ие табылып, сонау тау бөктеріндегі сағағынан буып тастаған жоқ па. Астананың бір дөкейі сатып алған көрінеді. Үлкен көл жасап,  форель дей ме, алтын балық өсіреді. Айналасы атшаптырым айдын-шалқар. Жаз болса туристер қаптап кетеді. Қайықпен жүзіп, қармақ сап балық аулайды. Жан сақтап отырған жалғыз бұлықты бұрып алды деп сотқа да арыздандық, жоғарыға да жаздық – түк те шыққан жоқ: «бұрынғы заман өткен,  енді тегін ештеңе жоқ. Кім сатып алса, иесі сол. Қағаздары дұрыс, бәрі заңды» дейді. Қайтеміз, шулап-шулап қойдық.

– Өздерің де нашарсыңдар ғой! – деді Асылмұрат қабағын шытып. – Әу дегенде ауылдың тайлы-таяғы қалмай аттан сап, трактордың жолына тұрып алғанда түк істей алмас еді.

– Е, Асылмұрат, айтуға оңай. Түп орынымен қопарылып, дүр көтерілетін ел қайда. Бірі ойға, бірі қырға тартпай ма мұндайда қазекең. Оншақты жігіт бір-екі шалды алға салып, сойылымызды сайлап барғанбыз. Біздің қоқаңдағанымызға қыңған ешкім жоқ. Топырақты жалдап күреп жатқан бульдозердің алдына кесе-көлденең тұрып алып едік, бригадир ме, прорабы ма, сомбреросы қоқырайған дәу : «андағы бульдозердің әр сағаты пәленбай доллар, шығынды мойындарыңа қиып саламын. Іс насырға шаппай тұрғанда тайып тұрыңдар,  әйтпесе  қожайынға звондаймын, қазір-ақ вертолетпен жетіп келеді» деп өзімізді қорқытты.

Асылмұрат шекесін сығымдап үнсіз төмен қарады. Бір ауылдың сүреңсіз тірлігі арқылы жалпақ елді жайлаған індет көз алдына елестегендей жаны құлазыды.

– Есек дәмемен былтыр да, арғы жылы да екі гектер жерге картоп ектім көкетім жыртылып! – Мұқаш мұңын шаққандай, дауысы қоңырайып шықты. – Еккенімді қайтейін, бар еңбегім зая кетті. Жарты қап картоп та алғам жоқ. Тиіп-қашты жауынның себі болмады. Қалаға кетейік десек, оның жөнін таба алмай, енді міне, азын-аулақ малмен ілдебайлап күн көріп отырмыз!

– Бәрінен менің жағдайым жақсы екен ғой! – Ақаңның көңілін қалдырмай рюмкаға жиі қол созып отырған Иса біраз жерге барып қалған еді, қызара бөрткен жалпақ беті алақұйынданып бүлкіл қақты. – Егін салам, мал бағам деп басымды ауыртпаймын. Жеті баланың пәсөбиесі жетеді. Хадиша, құдай бұйыртса, биыл сегізіншісін табам деп, қарынын құшақтып отыр!

– Әуелі әке баласын асыраушы еді, сенің балаларың бесіктен  белі шықпай әкесін асырап жатыр екен ғой! – деді Асылмұрат жымиып. – Не дегенмен сен ерлепсің!

– Қолымыздан басқа не келсін. Сен сияқты дөкей болатындай миымызға оқу қонбады. Айтпақшы, өзің неғып жалғыз жүрсің соқа басың сопайып? Сандуғашты неге ертіп келмедің, жел қағып, беті қарайып кетеді дедің бе?

– Сен сияқты махаббат майданының стахановшысының рекордтарын көрсетуге әкелейін-ақ деп едім, орайы болмады. Үлкен ұлымыз биыл Санкт-Петербургтағы арнаулы мектепке түскен. Бас-көз боп соның қасында жүр.

– О, қайырлы болсын! – деді Иса дауысы байсал тартып. – Оқығанға не жетсін. Баяғыда оқы дегенде оқымаушы едік. Енді оқимын деген баланы оқыта алмай отырмыз.

– Сенің балаларыңның алды институтқа түсетіндей боп қалды, ә? Зымырап бара жатқан уақыт-ай! – Асылмұрат басын шайқады. –  Өзің де қағынып бәрімізден бұрын үйленіп едің.

– Қайдағы бәрінен бұрын? Айсағали менен жеті күн бұрын үйленген. Аузы мұндай салымды болар ма. Ит қауып, жынданған боп жүрмесін деген қауіппен укол соққызуға медпунктке барса, практикаға бір медсестра келіпті. Нина деген хохлушка. Бассалып сол жерде танысады. Кешке киноға шақырып, таңертең үйіне алып келеді. Әкесі қарсы болған екен, не осыны алам, не өмір бойы қатынсыз өтем деп отырып алыпты. Обалы нешік, Нина шынында да жайлы, жақсы қатын болды.

– Шіпркін, сүттей ұйып отырған шаңырақ еді, төбелерінен жай түскендей болды ғой... – Мұқаш күрсініп, назарын төмен салды. Столға қос шынақтап иегін таянған Асылмұрат оқыс серпіліп бойын тіктеді:

– Не деп отырсың? Өздері аман ба, әйтеуір?

– Аманы-аман ғой, бірақ...

– Не «бірақ?»

– Айсағали түрмеде отыр!

– Не  дейді? Оны не қара басты?

 Мұқаш қапелімде жауап қатпай, бұрқ етіп тер бөрткен маңдайын жеңімен сүрткіштеп бүгежектей берді. Иса да қозғалақтап, астындағы ағаш орындықтың кәрі сүйегі сықырлап кетті. Екеуі «сен айт,сен айт» дегендей бір-біріне қабақ астынан қарап қояды. Ақыры беті қалыңдау Иса бастады сөзді:

– Мал құлағы саңырау. Тіпті айтуға ауыз бармайды. Сор түрткендей үш жыл бұрын аудан басына көшіп кетті емес пе, ұлымды музыка мектебіне берем деп. Үлкен қыздарының аты кім еді, әлгі...

– Маржан... Маржан ғой, – деді Мұқаш іліп алып. – Аққудың көгілдіріндей, сондай әсем-ақ бала...

– Әсем болмай қалсын. Сұлулығы сор болды емес пе өзіне бейбақтың! Осы күнде милиция деген қарақшы шықты ғой. Ұрымен жалғасып, малыңды тонайды. Қалтарыста кезіксең, ілік тауып тиісіп, қалтаңды қағады. Бетінің қызылы бар, қылтиып көрінген қыз-келіншекке қырғидай тиеді. Сондай бір сұрқиялар Маржанның сыртынан көз тігіп жүрсе керек. Бойжетіп қалған бала емес пе, қашанғы үйде отырсын омалып, құрбыларымен қыдырады дегендей. Қазір дискотека деген жын-ойнақ шығыпты ғой, бір күні соған барса, екі милиционер ұстап алады. Қалтасына білдіртпей наша салып жіберіп, пәле жабады. «Наркотик таратып жүрсің, сотталасың, әке-шешеңнің  бүкіл дүние-мүлкін тәркілейміз...» деп бөлімшеге оңаша қамап қорқытады. Мұндай зұлымдықты көрмеген сәби не істесін, зәресі ұшып, ес-ақылы шығып кетеді... Ана зұлымдар қармаққа бір іліндіріп алған соң, оңайшылықпен айрылсын ба, өздері ақымақ қылғанымен қоймай, жең ұшынан жалғасқан жемтіктестерінің желік басар қолжаулығына айналдырады. Ел ағасы деп жүрген аудан әкімі азып-тозған нағыз сүмелектің өзі екен, Маржанды сүйрелеп, соның саунасына апарып береді.  Қызының мінез-құлқы күрт өзгеріп, тұйықталып алғанынан ана жүрегі бір жамандықты сезеді. Қоймай жүріп, ақыры шынын айтқыздырады.Сол сәттегі Нина бейшараның қандай күйге түскені белгілі ғой. Мұрынынан қан кетіп, құлап қалады. Жылап-еңіреп Айсағалиға айтады. Ұрт мінезді, қайсар жігіт еді ғой. Шақар болатын. Есіңде ме, жетінші класта жүргенде оныншыдағы «қотыр ешкі» Темірбекпен төбелесіп,таяқ жесе де қайта-қайта ұшып тұрып, долданып шашынан жұлып тас лақтырып, шыңғыра ұмтылып, ақыры анау қашып құтылған... Кейін Нинаның айтқаны ғой, екі күн нәр сызбай теріс қарап жатып алыпты. Бір аптадай өткеннен кейін, қайдан алғаны белгісіз, аңшының дара ауызын ұзын пальтоның ішіне жасырып, акиматтың алдын торуылдайды. Түскі астан ба, балбырап, маужырай  басып машинадан түскен әкімді тамам жұрттың көзінше қойнынан мылтықты апыл-ғұпыл суырып атып салады. Бірақ оқ тимей иығынан жалай өтіп кетеді. Көргендер жыр ғып айтады. Иттің баласының жаны тәтті екен дейді. Баж етіп жерге етпеттей кетіп, еңбектеген күйі көті тарқ-тарқ «салют» атып, машинаның астына кіріп кетіпті. Бұтына жіберіп айналаны мүңкіткен доңызды есік алдында тұрған күзетшілер жүгіріп келіп, сирағынан тартса, бақырып, дөңгелектен тас құшақтап жібермейді дейді, әзер дегенде сүйреп шығарады боқ сасытып... Айсағалиды жеті жылға соттап жіберді. Сотына біз де барғанбыз, бірақ кіргізбеді. Үкім оқылғанда: «сотталдым деп өкінбеймін, өлтіре алмағаныма күйінемін. Тірі шықсам, бәрібір ол иттің баласының қанын ішпей қоймаймын!» деп айғай салыпты... Нина, көзі қарақты емес пе, президентке дейін хат жазып, арызданды. Бірақ онысынан ештеңе өнбеді ғой. Әкімді басқа облыстың бір ауданына әкім ғып ауыстырды. Шаң жуытқан жоқ. "Қыз өзі бұзылған, тәрбиесіз өскен, нашақор...» деп Маржанның өзіне пәле жапты. Сөйтіп досың қазір көк дамбалы көтіне қатып Өскеменде жүр. Нина көзтүрткі болмайын деп бала-шағасын алып, басқа жаққа көшіп кеткен.

– Еліңнің сиқы осы! – деді, Мұқаш үстелдің үстінде айқастырған сіңірлі сом білектерінің түгі тікірейіп. –  Совет үкіметі жаман, жаман дейміз, ол кезде де талай сорақылықтың болғаны рас, бірақ мұндай азғындықты көрген емеспіз. Неге мұншалық құлдырадық? Бұл қалай? Азат ел болғандағы шыққан ұшпағымыз осы ма? Құлдар мен қайыршылардың еліне айналдық. Еркіндік алған шен-шекпенділер мен байшыкеш, ұры-қарылар ғана. Қара халықта не еркіндік бар? Бізді кім қорламай жатыр, кім кеудемізді таптамай жатыр?

 – Құл екеніңді жаңа білдің бе? – Иса қыжылдың қызыл шоғын көсей  түсті. – Бұрын да құл болғансың, қазір де құлсың. Тек қожайының ғана өзгерді.

– Біз – құл емеспіз! – Асылмұрат екі жағындағы ұзаққа шабар жүйріктей бүйірі қызған екі досын иықтарынан қапсыра құшақтап өзіне тартты. – Ештеңе ойламайтын, ештеңенің байыбына бойламайтын адам ғана құл.  Алматыдағы асау басы ноқта керіп аласұрған азат ойдың аяғы ауылға да жетіпті. Мен сендердің ояна бастағандарыңа қуанып отырмын, достарым!..

– Ой, аға, есіктің көзінде неғып жатырсыз? Тұрыңыз, ұят болат-тағы! – Ауызғы үйден келіннің сыбырлаған дауысы естілді. – Төргі үйде ағалар шай отыр, сонда барыңыз...

Есіктен сәл шайқалақтай басып Бектұрған кірді. Кең иықты, дембелше, қарасұр жігіт. Осы ауылдың участковойы. Әлгінде Асылмұратқа сәлем бере келіп, жастармен бірге дастархан басында отырған.

– Кешіріңіздер! – деді жігіт қабағын төмен салып. – Ұйықтап қалыппын.

Асылмұрат жалт қарап еді, көзін жұдырық сыртымен кезек уқалағанмен, ұйықтаған көзге ұқсамайды екен, ақ-қарасы айқын, сергек.

– Тәртіп сақшысы қалғи ма екен? – деді Иса қағыта күліп.

– Жаңа аздап ішіп ем...

– Аздап ішсең, енді көптеп іш! Кел, отыра қал. Татқан да – бір, тойған да – бір.

– Өрекпімей қоя тұршы! – Асылмұрат Исаға қарай қолын сілікті. – Кел, айналайын, төрлет. Мына жаман ағаң кішкене ұрттап алған соң, мықтымсып отыр ғой. Ертең шақырып ап, бір-екі сағат қамап қойшы өзін, сонда көресің мықтылығын. Есімің кім?

– Бектұрған.

– Мына Бесіншідегі автоләпкеші Еркеғалидың баласы. Баяғыда совхоздың прицеп-прицеп сүрлемін түсіріп беріп, әкесінің талай "жартылығын" ішкеміз.

– Е, Ерекең әкейді білем ғой. Әке-шешең бақуатты ма?

– Әкей үш жыл бұрын қайтыс болған.

Асылмұрат бетін сипады:

– Иманды болсын!

Бектұрған тартынған жоқ. Толтыра құйған бүйірлі рюмканы екі-үш рет қамшы салдырмай төңкеріп тастады. Гу-гу әңгіме мен рюмка жарыстан қалыс қалған Мұқаш қана. Жем шоқыған тауықтай, қалғып кетіп-қалғып кетіп, сорайған тұмсығымен үстелдің бетін шоқып отыр.

– Е, ішпей ме десем, шабысың тәп-тәуір, өзіміздің бала екенсің ғой! – деді Иса біраздан соң былғақтай бастаған Бектұрғанның иығына білегін артып. – Баяғыда біз лақтырған "бычокті" тартып адам болған жаман неме ғой... Осы сен бірдеңе бітірдің бе? Әр класты екі жылдан оқушы ең ғой?

Бектұрған езуі ырсиып, бүкіл денесімен селкілдей күліп:

– Ленин бабамыздың өзі "оқы, оқы және оқы" деген жоқ па. "Қайталау – оқу анасы", – деді де, кеудесін тіктеп, "оқысақ – біз оқиық" дегендей маңғаздана қалды. – Алматыда физкультура институтында оқыдым!

– Әй, сен емес, әкеңнің баспақтары оқыған шығар? Дипломың мөңіреп тұрмаса, құдай білсін!

– Е, онсыз бола ма? Түскен соң, өзім де тырыстым. Самбодан мастер спортамын! Мектепте мұғалім болдым.

Мұқаш кеудесінде асқабақтай салбыраған басын көтеріп алды:

– Бала сабап шығарып жіберген!

– Өй, сіз де қайдағы бір... – деп Бектұрған күмілжіп жақтырмай қалды.

– Сонда сені милицияға қалай алып жүр? – деді Иса тақымдап. Мұқаш мырс етіп, қолын сілтеді:

– Милицияға как раз сондайларды алады емес пе!

– Болды, қойыңдар! – деді Асылмұрат терісезулеп бара жатқан әңгімені шаужайлап. – Інішекті тергеудің астына алдыңдар ғой, басқа сөз жоқ па?

Мөлт-мөлт күлім қаққан рюмкалар шөліркей ашылған ауыздарға тағы бір рейс жасап қайтты. Тілдің тиегі одан сайын ағытылып, Бектұрған ағаларының арасында еркін көсіліп отыр.Тамыры қызарған саржалақ көзі кілегейленіп, өз-өзінен ыржалақтай береді. Быршып терлей бастаған соң, формасының үстіне қабаттап киген қаудырлақ желбегейін шешіп тастады.

– Оу, сен орден алғансың ба-ей? – Иса пенжағының оң жақ өңіріндегі жалғыз планкаға қарап.

– Орден сол жаққа қадалады. Бұл – медальдің планкасы.

– Сен сияқты физкультурниді бітірген жоқпыз, сауатымыз жетпейді. Медаль болса да қайырлы болсын! Қашан алдың?

– Біраз болды.

– Қандай медаль?

– "Ерен еңбегі үшін"!

– Мә-ә-ә! – Исаның аузы маңыраған текенің аузындай үңірейіп қалды. – Ол неғылған ерен еңбек? Бандиттермен атыстың ба? Ұры не шпион ұстадың ба?

– Енді былай... жоғарыдағылар бағалап берді ғой!

– Олар неғып біздің еңбегімізді бағаламайды екен? Жиырма жыл трактор айдаған бізде көздің жасындай жылтыр қаңылтыр да жоқ. Менен гөрі қайта мына Мұқаш та тәуір. Сегіз бала тапқан қатынының күміс алқасы бар. Кейде мас болғанда мойнына тағып алады!

– Кетші-ей оттамай!

– Өтірік пе? Ой, шіркін, есіңде ме, стаканға салып, кезек-кезк ішіп таң атқанша жуып едік қой. Сонда мақтанып мойныңа тақпап па едің?

– Е, тақса не бопты, менің де еңбегім бар, күлге аунап тапты ғой деп пе ең! – деді Мұқаш шарасыз күліп.

– Сонымен медальді болдым де, аға лейтенант мырза?

– Жақында капитан болам!

Бабына кеп шалқып отырған Бектұрған ішіндегі мақтанышын жасыра алмады.

– Өйдөйт, бала, талтаңда! Медальді де аласың, звания да сенікі, жоғарыда нағашың отыр ма-ей? Әлде шалдан қалған тоқты мен торпақтың бәрін біреудің өңешіне тықтың ба? Звездочка алғаныңа екі-ақ жыл болды емес пе?

– Асобый заслугаға кезексіз береді.

– Не дейді мына, қызталақ? Тағы жыласаң, тағы сүйтем дегендей, үсті-үстіне таңғалдырып өлтірдің ғой! Сиыр ұрлаған ұрыны ұстай алмай жүріп, ол ненің особый заслугасы? Әлде Иракка барып, соғысып қайтқаннан саумысың?

– Енді біз әскери адамбыз, қайда бұйырса, сонда барамыз.

– Ой, сызбақтатпай айтсаңшы, туатын сиырдай ыңыранып болдың ғой, тегі!

– Тағы бір құйып жіберіңізші! – деді Бектұрған рюмкасын созып. Жалғыз өзі сіміріп салды да, жұдырығын иіскеп, тыржиып біраз отырды. – Жарайды, ағалар, сіздер болғасын айтайын, әйтпесе бізге запрет қой, тек осы жерде қалсын бұл әңгіме.

– То, мынауың Штирлистен кем емес қой!..

– Сөзге қонақ берші, Иса! – деді Асылмұрат жақтырмай. – Иә, айта бер, інішек,

– Айтсам, Көнесу қаласындағы былтырғы дүрбелеңді білесіздер ғой. Соны басуға біздерді де жіберген. Бір айдай сол жақта болдық.

– Не дегенмен менің нағашыларым мықты ғой! – Шынашақтай Исаның астындағы орындық "иә, солай, солай" дегендей сықырлап кетті. – Бойларында қаны бар. Жеті ай бойы ереуілдеп тұрып алды емес пе сіресіп қасқалар. Анасын ұрайын, мықтылардың көтіне қызыл бұрыш тығып бір састырды не боса да!

– Ендеше нағашыларыңызды тәртіп бұзғаны үшін біраз жөнге сап келдік! – деді бектұрған да есесін жібермей кеуделеніп.

– Ол байғұстардың не жазығы бар? Адал еңбегінің ақысын талап еткені үшін кінәлі ме? Анау қытай итің қазақты адам ғұрлы көрмейтін көрінеді ғой. Өз жұмысшыларына айлықты біздікінен бес есе артық береді екен. Сол әділдік пе?

– Оны заң арқылы шешуге болады емес пе?

– Шешсе жеті ай бойы ай қарады ма? Ашындырып әбден қорлады емес пе.

– Әй, мен білсем, ана шетте қашып жүрген пітнә жүгірмек те тиш жатпайды-ау, сірә! – деді бір ұйықтап оянған Мұқаш аузына жұдырық сиып кетердей есінеп. – Қот-қоттап қолтықтарына су бүріккен болу керек. Шетелдің журналистері жылтыңдап кеп арандатып жіберді ғой деймін!

– Ей, ләу-ләу, не қыршып отырсың! – деді Иса ежірейіп. – Шындықты айтса, арандатқан ба екен? Шеттің журналистері сенің жазармандарың жаза алмағанды, жасырғанды жазды. Соның арқасында бүкіл әлем құлақтанып, қолдау көрсеткен жоқ па? Әйтпесе мыналар ойына келгенін істер  еді, нашақор , алқаш дей ме... дей ме өздері біледі.

Бектұрған басын шайқады:

– Мұқаш аға дұрыс айтады. Ереуілшілер соны арқаланып, еліріп алды. Тегі ұят зат жасады емес пе. Саяси ұрандар көтерді. Тіпті ана кісіге теріс сөз айтып, үкіметке кет деді. Бұл деген масқара ғой!

– Кет десе, несі бар, мәселені шеше алмаса, кетсін марғау асып!

– Ой, аға, сіз де қисық сөйлей береді екенсіз! Береке-бірлік деген бар емес пе? Бес адам ереуіл жасады екен деп, айтқанын орындай берсе, оны көрген басқалар қарап отыра ма, олар да шығады өңештеп. Нағыз бардак деген сол! Үкіметтің күш көрсеткені дұрыс. Елге тыныштық керек!

Иса бетіне шыбын қонғандай тыржың етіп, қолын сілтеді:

– Қарық болсаң, отырсың ғой тып-тыныш... Жарайды, бәрінен сен олжалы екенсің, кеудең жарқырап, иығыңа жұлдыз қадапсың. Қалай ерлік көрсеткеніңді айтшы?

– Ешқандай ерлік емес, жәй міндетімізді атқардық. Ішкі әскердің қатарына бізді де қосып жіберді. Бәрі Шымгент жақтың жігіттері екен. Көнесу қаласындағы гарнизонда бір айдай дайындалдық. "Ертең операция барысында шешеңді... деп боқтамаңдар, өлә, жүдә... деген сөзді айтпаңдар" деді ескертіп. Жергілікті полиция операцияға қатысқан жоқ, мекемелерді күзетті, көшедегі тәртіпті қадағалады. Алаңда біз болдық.

– Дәл мейрам күні бүлік шығарғанын айтпайсың ба! – деді Иса қызынып. – Анау қара киімділер кім еді, бәрін былықтырған солар!

Бектұрған екі иығы селкілдеп, желкесін қасыды:

– Біздің адамдар ғой!

– Бәсе, айналадағының бәрін қиратып, айғай-сүрең салған соң, ашынған жұрт еліріп ерді де кетті. Уацаптан бәрін көрдік, сұмдық болды ғой, тегі! Жауға да бұлай өштеспейтін шығар. Аң сияқты қуып жүріп атты ғой. Бір-екі жерде құлап жатқан адамды атқандарын көргенде тіпті көз жасымызға ие бола алмадық қатын екеуміз, жүрегіміз суып кетті!

– Сіздер көрмеген соң білмейсіздер. Ол жақтың қазағының мінезі біртүрлі арсы-күрсі бөлек. Шетінен шақар, өркеуде. Адай деген ел болады екен."Аспанда – Құдай, жердің астында – мұнай, ортасында – Адай" деп паңқығанын көрсең! Талайын подвалға сүйреп апарып, көрдік қой әуселесін. Сонда да өлгелі жатып тілін тартпайды: "Анаңды с...н, сарт-шымкент, көттеріңді айырамыз әлі, тұра тұр!" дейді. "Мә саған айырған!" деп тептік қой, блин!..

– Жетіскен екенсің! – деді Мұқаш қылғына сыбырлап. Кесек денесі селкілдеп, орнынан қопарыла түрегеп келе жатты. – Тұр, кәне! – деді ақырып. Не болғанын түсінбей көзі жыпылықтап орнынан көтеріле берген полиция офицерін іштен бір тепті ыңқита. – Хайуан!..

Анау екі қолы сереңдеп, шалқалап барып шүйдесімен қабырғаға соғылды.Үстіне қона түспек боп тұра ұмтылған Мұқашты асылмұрат желкесінен алып, итеріп жіберді:

– Есің дұрыс па-ей өзі, тепкені несі?!!

– Есім дұрыс. Дұрыс болған соң тептім. Есі дұрыс еместер көтін қысып отырады!..

 

                                    Қызыр мен қызылдың жолы

Кеште төрге төсек салып, әкесі екеуі қонақ бөлмеде оңаша жатты. Туған үйінің төрінде аунаған сайын ата-ананың мейірмді құшағында құндақталған аяулы күндері қайта оралғандай жүрегін аңсарлы сезім шабақтап, тәтті мұңға бөленді. Әр бір зат, әр сызатына дейін көзге таныс, көңілге ыстық. Бір бұрыштан    ұялас күшіктей бір-бірімен алысып-жұлысқан аға-бауыр, әпке-қарындастары шұрқырап әне-міне шыға келердей көкірегі елегізіп, өз-өзінен өрекпиді. Еңселі сегіз бөлме. Тынысы кең. Қарағайдан қиып салған. Төбе мен қабырғаның ішкі беті шегесіз қиюластырылған жылтыр тақтай. "Пай-пай, Сейсекеңнің үйіне кірсең, сандықтың ішінде жүргендей боласың!» дейтін мұндайды бұрын көрмеген көрші-қолаң жан-жағына тамсана қарап, таңдайын тақылдатып.

Бұл үйдің салынғанына отыз жылдан асқан шығар-ау.

Әкесінің қыс бойы ат құйрығына байлап сүйретіп қарағай тасығаны еміс-еміс есінде. Есік алдында тау-тау боп үйіліп жататын. Анасы мен үлкен ағасы Құттыбек ертелі-кеш балтамен қарағайдың қабығын аршып, бұтағын жонып тыным таппайтын. Көктем шыға сақалы қауқиған, езулерінен мүштегі түспейтін екі орыс іске кіріскен. «Қашанғы орысқа телміресіңдер, адамның істегенін адам істейді, үйреніңдер» деп көкесі ауылдағы қолы ұсынықты екі жігітті жандарына қосып беріпті. Таңның атысы – күннің батысы жарыса тақылдаған балтаның дыбысы. Бір жаздың ішінде хан сарайындай сәулетті үй еңсе тіктеп, Қайыңдының о шеті мен бұ шетінен мен мұндалап тұрды. Кейіннен әлгі екі жігіт осы өңірге  танылған атақты шебер боп, небір әсем үй тұрғызды, үйренем деген жастарға өнеге көрсетті. Шешесі: «бұл үйім құтты шаңырақ болды, тай сойып, қоныс тойын жасап жатқанда, әкелерің Социалистік Еңбек  Ері атағын алды деген тілгірам келіп, тойымыз тойға ұласты емес пе» деп отыратын.

Іргені қуалай тартылған құбырдағы су ызыңдап, шойын радиатордың қызуы бет шарпиды. Жылы ауа шым-шымдап сүйегіне сіңген сайын қызыл қарағайдың шайыры аңқып, сарайыңды аша түседі. Бұлттың жабығынан қияқ ай жылт-жылт сығалап, перде тұтылған терезенің шаршысы біресе бозамықтанып, іле қарауытып, дем арасында мың құбылып, үй ішін бұлыңғыр сәуле кезіп жүр. Алақандарын желкесіне айқастыра жастанып, құс жастықта шалқалаған көкесі: «Ой, Аллалап» есінеп, буын-буыны сықырлай қозғалақтап біраз жатты да, қайтадан бері қарай еңсерілді. Мал-жан деп құзғын сәріден тұратын адам, қысыр әңгімемен мазасын алмайын деп Асылмұрат әлгіректе үй-ішінің оны-мұны тірлігін сөз етіп, біраз шүңкілдескеннен кейін үнсіз қалған. Әйтсе де әкесінің көмейін айтылмаған әлдене түрткілейтін сияқты.

– ... Бағана ағайынның сөз  ауанын шет-жағалап өзің де естідің, – деді басқа тарапқа із тастай орағытып. – Мен қабақ бермеген соң, төрімді сыйлап тізгін тартты, әйтпесе аттың басын қоя берер еді-ау.

– Иә, шетінен саясатшы боп апты. Шаруа баққан момын ауыл сияқты еді.

– Шаруа жоқ болған соң сөз бақпағанда қайтеді. Әйткенмен сол айтып отырғандарының бәрі рас, бір қоспасы жоқ. Ашынғанның дауысы ащы шықпай ма. Ел қорғансыз, ер қауқарсыз  күнге тап болдық. Азат болдым деп талтаңдап танауың делдиіп жүргенде, малың талауға, қолың бұғауға түсті. Талау емей немене – өріс толы мыңғыраған малыңнан айрылып жүген ұстап қалсаң? Бұғау емей немене – көрген күнің құлдан төмен болса? Әділет іздеген әлсіздің үнін құлағына іліп жатқан біреу бар ма қазір? Табан астындағы қоңыздай таптай салады. Қорғанышсыз бейбақтың құны да, көретін күні де , міне, осы. Өз жер-өз топырағымызда мал жайып, егін салудан қалдық. Біреу мал өсірейін десе – өріс басқаныкі, егін егейін десе – құлақсудың қожасы әкесінің құнын сұрайды аспандап. Жау шаппай-ақ жайрайтындай бұл не зауал? Жоғарыдағылардың көздері желкесіне біткен бе, осыны неге көрмейді? Көрсе де өстіп былықтырып отыра бере ме?

Асылмұрат қапелімде не дерін білмей үнсіз булықты. Мұздай тер жауырының жігін тіліп өтті.

«Әй, көке-ай, іштегі жараның аузын тырнайсың-ау. Олар көрмейді емес, бәрін көріп отыр, білмейді емес, бәрін біліп отыр». «Көрсе, білсе – неге бұлай?» «Осылай болуға тиіс деп ойлайды» «Е, онда ойы қисық десеңші!» Бір сәт әкесімен, ішін ашса өрбитін сөздің нобайымен ойша жауаптасып алды да:

– Қоғамның даму заңдылығы осылай болып жатыр ғой. Мұның бәрі уақытша қиындық, – деді сырғытпалатып.

– Балам-ау, қашанғы бәрін уақытқа жаба беруге болады? Жиырма  жыл дегенің аз мерзім емес қой. Серпіліп, ілгерлеу қайда? Ұйыққа түскен малдай, тырбынған сайын тереңге батып барамыз. Әлде көшіміздің бет түзген бағыты теріс пе?

– Бұл жерде пәлен деп кесіп-пішу қиын. Біз бұрынғыдан сыр-сипаты мүлдем басқаша қоғам орнатып жатырмыз ғой. Капиталистік жолды таңдағанымызбен, оның экономикалық заңдылықтарынан бейхабар болдық. Алғашқы кезеңдегі қателіктеріміздің негізі содан туындады. Жол сілтеп, жөн көрсетеді деп шеттен алдырған кеңесшілеріміз бір бармағын ішіне бүккен жымысқылар боп шықты. Өмір де еркіңе көнбей иіріп алып кететін ағасы қатты, бұрылыс-бұрмасы көп асау өзен сияқты емес пе. Кейде оң ниетке әртүрлі ішкі-сыртқы жағдайлар қолбайлау болып жатады.

Түлкі бұлаң, жылжытпа сөзді  жақтырмай әкесінің қоңқақ танауы мырс етті:

– Е, қарағым, бұлтарыс-қалтарыстың ондай жіңішке жықпылын біз сияқты кәрі қайдан білейік. Бірақ өз басың мен айналаңның тазалығы үшін қандай жағдай керек? Түсінбеймін. Анау ел бастаған серкелердің төңірегінде әйтеуір қаңқу көп қой. Тыңдап отырсаң, төбе шашың тік тұрады. Мұнайдан бастап бидайға дейін бар байлықты өзара бөлісіп алған дей ме? Байлықтары Американың байларын он орап кеткен дей ме? Ана кісі қайда қарап отыр айналасын былықтырып қойып? Оларға әлі келмейтін болғаны ма. Әлде абыройға жолдас болуға жарамай боққа белшеден батқан туыс-тумаларын бетіне шіркеу көре ме?

– Себеп көп қой, көке. Қайсы бірін айтайын. Естімегеннің өзі жақсы, босқа жүрегіңізді ауыртып қайтесіз.

– Мен естімегенмен ел естиді ғой. Қызырдың жолына түспей, қызылдың соңына ілессе, алды – тұйық, арты – жар. Қасына ұры-қарыдан жасақ жинап не барқадар таппақ, олар кімге опа беруші еді? Анада телевизордан бір көрсеткенде, «осы отырған кез-келгеніңді қолдарыңнан жетелеп сотқа апаруыма болады!» деп әкім-қара нөкерлеріне зіркілдеген жоқ па? Жарты әлемге жария ғып ұры-қарыны үкілеп қасына ұстаған кімге абырой? Шынымен солай болса, шынымен ниеті оң болса, көзінен тізіп оларды неге түрмеге айдамайды? Әлде осындай кінәсі бар кіріптарлар құрдай жорғалауға жақсы дей ме? Біз сияқты кәрінің шолақ ақылы жететін шаруа емес, әйтеуір, қарағым. Жоғарыдағылардың ішіп-жемегені жоқ дегенде, мына жақта отырып біз қарадай қалтыраймыз. Әйтеуір, өзің ондай пәледен амансың ба?

– Құдай сақтасын, көке. Елдің үстемесі көп емес пе. Әйтпесе бәріне бірдей күйе жағуға болмайды ғой. Талай абзал азамат бар. Елағаңның өзіне айтылатын сөздің де көбі – ғайбат.

– Не дейін саған, қарағым. Талай тақтың түбіне жеткен осы құлқын ғой.

 Байлық – уысқа қысқан мұз,

ілезде еріп, жоғалады.

 Билік – басыңа қонған құс,

 пыр етіп ұшса – не қалады?.. Тасысаң да, жасысаң да кісіліктің алтын тағынан түспе, құлыным!..

 Сөйлеп жатып, сөзінің аяғы көмескіленіп барып, иегі кекжие қор ете түсті. Ежелден бергі ғадеті осы. Сөзінің де, ісінің де әрі-сәрісі жоқ. Не істесе де шалт, кібіртіктеп созбалауды білмейді. Қағылез, сергек. Міне, ұйқысы келіп еді, ұйықтай салды. Оянса керіліп-созылмай ұшып тұрады. Қартайса да сүйекке сіңді мінезінен жаңылмаған қағылез. Көкірегі сырылсыз бір қалыпты тыныстап, лезде терең ұйқыға батты. Оң қолы кеудесінің үстінде, сол қолы қапталында сылқ түсіп созылып жатыр. Тамырлары арса-арса шодырайып көрінеді. Өмір бойы қарасүйел уысынан кетпен-күрек түспеген сіңірлі, сом қолдар. Отыз екі жыл колхоз басқарды. Соғыстан тұралап ыңыршағы айналған шаруашылықты аз жылда дүр көтеріп миллионер колхозға айналдырды. Қатардағы колхозшы сияқты, қай жерде егінді құлақ су жырып кетті, қай жерде қар үйіліп жатыр, кетпен-күрек ұстап сол жерде елмен бірге майлық-сулық болып жүретін.

Жұмыс дегенде өзін де, өзгені де аямайтын. Онысы біреуге жағады, біреуге жақпайды, «жердің жыртығын жамайтындай осы-ақ жанталасады да жүреді екен!» деп теріс қарап күңкілдейтіндер де табылатын. Әйткенмен жұрттың көпшілігі «Сейсекең сөйтіп еді, бүйтіп еді» деп кейбір істерін осы күнге дейін аңыз қылып айтып отырады. Елуінші жылдарға дейін «Қызыл Октябрь» колхозы бірыңғай малшарушылығымен айналысыпты. «Мына Саржазыққа жайқалтып сары бидай өсірген, таңдайы тәттіге тимеген халықты қауын-қарбызға қарық қылған қайран біздің Сейсекең еді ғой!» деп отырады  қариялар өткен күндерін еске алғанда қауқылдасып.

Ол кезде Саржазыққа қылтанақ өспейді екен. Жазғұтұрым қар суымен дүр көктеп, біраз күн малға жайылым болғанмен, жаңбыр жаумаса, шілденің сартап ыстығында сағымдай жалқақтанып шаңы аспанға шығып жатады. Колхоздың қос тізгінін қолына алған жас жігіт таудың қойын-қолтығын жырымдап, айдалаға ит-рәсуа ағып жатқан бұлақ-жылғаларға – бір, кенезесі кеуіп аңылжыған ұланғайыр Саржазыққа екі қарап ұзақ-ұзақ ойға батады. Тау баурайын кезіп көп жүреді. Ақыры тәуекелге бекіп, жұмыс саябырлаған қара күзде колхоздың қарымды жігіттерін жауып жібереді де, қысы-жазы басынан қар кетпейтін Ақсеңгірдің етегіндегі тарам-тарам жылап аққан жылғалардың алдын буып, қырқа-жотаның желкесімен жетелей-жетелей сарқыраған бұлақты сар еткізіп Саржазықтың төбесіне төге салды. Сол-ақ екен аңқасы кеуіп, шалажансар мәңгірген дала тасбұлақтың кәусарын қылқ-қылқ жұтып, қалжасы жаққандай бой-бойы шығып бусанып, аз күннің ішінде қылшығы жылтырап, құлпырып шыға келді. Жаз шыға мөлтілдеген тостағандай ойдым-ойдым көлдерге қаз қонып, үйрек ұшып құс базарына айналды. Толқыған көк шылғыннан құлынның жоны қылт-қылт етіп әзер көрінетін.

Әр тұстан меже қойып, бір-бірімен жарысқа түскен таркторлар түрен салып, тыңның бетін түре төңкерді. Тұмсығы түтіндеп, ыңырана жылжыған ДТ-лар ұшы-қиыры жоқ толқыған қара теңізде жүзіп бара жатқан кемелер сияқты. Үш жүз гектардай ұланғайыр алқапқа егін егіліп, бақша салынды. Текшеленген тақта-тақта атыздар қызылды-жасылды құлпырған кілем дерсің. Шілде өтпей-ақ қылтанағы қалмай күйіп, шаңы шығып жататын Саржазық енді міне сары күзде сары бидайы сары теңіздей кенеріне сыймай шалқып тұрды. Үйелеп жатқан тоқтыдай теңкиген ала қарбызына құшақ жетпейді. Сабағынан үзілген балқанақ сары қауынның иісінен-ақ мас боласың. Ел қарық, мал күйлі. Қамбасына қап-қап астық құйылып, қорасына арба-арба шөп үйіліп, молшылыққа мелдектеген жұрт: «апырай, ырыс-құттың бәрі Саржазықтың топырағында көміліп жатыпты ғой, қалай білмей келгенбіз!» десті.

Қайран ол кездің адамдары да бөлек еді ғой. Көңілдерінде көлеңке жоқ, ақжарқын. Сенікі, менікі деспей, бірі үшін бірі күйіп-пысып отқа түсетін. Білек – бір, мақсат – ортақ. Бірде осы Жанғабылды көкесінің атбауырына алып, ойбайлатып қуып жүріп сабағаны есінде. Сонау Қушоқының бауырынан ауылға дейін бақыртып қуған. Өрісте ұйықтап қалып, бағып жүрген сиыры жоңышқаға түсіп кетіпті. Сонда сойталдай азамат талағы айрылып жәбірленудің орнына: «Шіркін, әкем тірі болса, өстіп сабар еді ғой деп көңілім босады» дейтін ыржиып.

 

                                            Шоқы басы – шошайған бейіт

Асылмұраттың ауылға келсе, үйде отыра алмайтын әдеті, асай-мүсейін сайлап, тау-тас кезіп кетеді. Бала кезінен аңсақ. Қылт еткенді қалт жібермейтін қол мерген, ұшқан құсты көздемей-ақ жалпасынан түсіреді. Құлқын сәріден қара кешке дейін қоянның жымы, арқардың ізін кесіп, құз-қияны кезуден жалыққан емес. Көзіне іліккенге қырғын салатын қорқаулықтан ада, күні бойғы әуре-сарсаңнан тоят алатын әуейі аңшылық құмарлық мұныкі.

 Бұл жолы әкесі бірге ере шықпақ болды. «Жолай түлкі-қарсақ қағып, Қоңыртөбеде отырған Тілеубердінікіне барып қайтайық. Көптен хабарсыз, жалғыз әпкесінің де көңілін сұрауға жараған жоқ. Жиенін апарып, сығыр немені бір шашылдырайын, қой соя ма екен, тай соя ма екен көреміз!» деген шешесіне қарай иегін көтере жымиып.

  Тілеуберді – Асылмұраттың нағашысы, шешесінің кенже інісі.  Қыран құс: «аспанда қалқып жүре берейін десем, қанатым талады; жерге қонсам, жалайыр Қарашор алады» деп жылайды екен дейтін осы елде аңыз әңгіме бар. Тілеуберді – сол Қарашордың тікелей ұрпағы. Бабадан қалған өнердің ізін суытпай, ес білгеннен ит жүгіртіп, құс салып, жүйрік баптаумен өмірі өтіп келеді. Ойдағы елмен түтіні қосылған емес, шығандап, қиыр түкпірдегі Қоңыртөбені жалғыз үй ен жайлайды. Айдалада әйелі екеуі жападан-жалғыз. Балалары есейіп, оқығаны оқып, үйленгені үйленіп жан-жаққа кеткен. Анда-санда дүкенге оны-мұны алуға келгенде болмаса, ойға түспейді. Апасы кейде:

– «Апырай, осы Тілеубердінікі не тірлік, ел ортасына неге көшіп келмейді екен?» деп уайымдаса, көкесі:

– «Аңмен бірге аң боп кеткен сол жабайы немені айтпашы! – деп әдейі батыра қалжыңдап, одан сайын шамына тиетін. – Кісімен сөйлескеннен гөрі аң-құспен сөйлескенді артық көреді. Ана қатыны қалай мақау боп қалмағанына қайранмын!» Көкесі балдызым деп бояуын қалыңдатып сөйлегені болмаса, Тілеуберді, асылында, әңгімешіл, қолы ашық бауырмал адам. Бұларды көрсе, "жиенім, құлындарым» деп өліп-өшіп тұрады.  Біраз жыл бұрын көк жорға, бедеу биесі бар болатын, жаратылысы бөлек жануар еді. Құлынынан көп оттамай жарап, бауырын тартып, тұрған жерінде тыпыршып, қарадай екі бүйірі терлеп қарайып тұрады. Кейде бойын жын буғандай құлыперен оңды-солды құйғыта шауып, қан сорпасы шыққанша тыным көрмейтін. Әуелгіде ұрғашы мал деп мән бермеген Тілеуберді көк байталдың бұл мінезінен тегін жылқы емес екенін бірден байқайды. Ойлағанындай тұяқтының тұлпары боп шығады. Табаны жерге бір тиіп, бір тимей созыла  зымырағанда, сұр жебедей ұшатын. Алдына қара салған емес.

Тілеуберді биыл да көк биесін бәйгегt қосқалы жатыр екен десе, дәмегөй атбегілер зар жылайтын. Дөненінен бері бәйгені алдын бермей келді. Он екі жасында бірінші рет құлындап, ары қарай аламанға қосуға обалсынған. Көк құлынның мүшесінен-ақ тұлпар боларын таныған нағашысы  арда емізіп, тай шыққанда: «қарағым, нағашыңның бойын буған желігі саған қонған секілді. Өнерің өрісті болсын. Мына жүйріктің бағын аш!» деп Мәсімжанның белдеуіне байлаған. Міне, сол көк құлын бүгінде Көкдауыл атанды. Мәсімжанның Көкдауылы десе, елең етпейтін құлақ жоқ бұл өңірде.

Әкесі екеуі  жолға  лайық сыпа киініп, керек-жарақтарын қолтықтап сыртқа шықты. Мәсімжан күрең жорға мен Көкдауылды ерттеп мама-ағашқа байлап  қойған екен. Күрең жорға – көкесінің мініс аты, шоқтықты, жал-құйрығы төгілген келісті жылқы. Көкесі жақындағанда басын шұлғып, оқыранып қойды.  Көкдауылдың тұрысы сұлық.  Сиық дейтін сиқы жоқ. Басы үлкен, салпы ерін.Таңырайған кеңсіріне жұдырық сиғандай. Алшиған кеудесінің бұлшық еттері бунақ-бунақ шодырайып тұр. Талай асаудың құлағында ойнап апығын басқан шабандоз жігіт тақым толтырған құрыш денедегі сарқылмас қуат пен тегеурінді сезді. Үзенгіге аяқ салысымен-ақ селк етіп  оянғандай, мойнын қаздай иіп, құлағын қайшылап, дүр сілкініп шыға келді.Ауыздығын қарш-қарш шайнап, көзі ақиып аласұрды. Алдына қара салғызбайтын жыны бар екен. Аттылы адам жақындап қатарласа берсе, атқақтап ала қашады. Қайта-қайта топ-топ тезек тастап, салбараған қарынын лезде тартып алды. Ойнақтай басып, оңды-солды  жайқақтап, ауыздықты тістей тартып, басын жұлқып-жұлқып қояды. Делдиген танауынан құшақ-құшақ бу атқылап, қарадай ентігіп, қара терге түсіп келеді.

– Жамандатқырдың осындайы бар! – деді әкесі кейістікпен ауыл шетіне шыға бере. – Адам сияқты жүріп сөйлесе алмайсың. Бауырын жазып бір айналып келші, жыны басылсын!

 Асылмұрат тізгінді жіберіп қалғанда, серіппедей жиырылған дене есік пен  төрдей жерге бір-ақ қарғыды. Қарсы алдынан қара дауыл тұрды гуілдеп. Қара дауылды төбесімен қақ жара, жалға жабысып жатып алды. Ой мен қыр кезек төңкеріліп, ат баурында дөңгеленді. Көз ұшындағы шоқының баурайын бір айналып қайта оралған. Көкдауыл тізгін сүзе ойқастап әзер ентігін басты. Қара тұяғына дейін қара сүмек. Денесі қалш-қалш етіп, сауырынан жапырақ-жапырақ көбік жапырыла ұшады. Жаңағыдай емес, бойын буған жыны саябырсығандай, сәлден кейін байыздап, басын шұлғып тастап, көсілген көсем аяңға көшті.

 – Е, мұның өстіп бабын таппаса болмайды, – деді көкесі күрең жорғаны тебініп қойып.

Дөңге көтерілгенде етектегі кең жазықта түтіні шашыраған шағын  ауыл дөңгеленіп, көз аясына үйірілді. Кешелі-бері аңғармаған екен, төрт құбыладағы жота-шоқының шоқтығы бейітке толып кетіпті. Ана жаққа қарасаң да – бейіт, мына жаққа қарасаң да – қаңқайған мазар. Екі-үштен шошайып тұр. Бірінің төрт құлағы қалқайып, бірінің күмбезі менмұндалайды. «Қыр астындағы бұрынғы зиратқа қоюға алыссынғандары ма, бұлары қалай?» Айналасын  таңырқай шолып, әкесіне қараған:

 – Көке-ау, көрінген жерге мола салатын мода шыққан ба, бұларыңыз не?

 – Е, балам-ай! Несін сұрайсың!.. – Көкесі терең бір күрсініп, ақбурыл, түксиген қалың қабағының астына көлеңке ұялады. – Бұл да бір біздің азаттығымыздың көрінісі ғой. «Өлгенде көрген бір той» дегендей, қазекең есе тиген соң, еркін сілтеп жатыр. Бұрын қазақ едік, енді ру болдық. Ру деймін-ау, ру болсақ, ұйысып, үйіріліп отырар едік қой. Осы ауылдың түгелге жуығы шомықтың баласы. Ата-атаға бөлініп алдық. Торқалы той, топырақты өлім де, бәрі бөлек. Әр ата кісісі өлсе, шошайтып, меншіктеп алған өз жотасына апарып көмеді. Бір-бірімен бәсеке. Бірі алтындап көк тас қойса, екіншісі күмбез тұрғызады.

 – Біздің берекемізді кетіретін осы алауыздық қой! – Асылмұрат әлдебір шарасыздықпен мұңая көкжиекке көз тастады.

 – Береке деген бергі жағы, түбіңе жетпесе неғыл дерсің. Жақында  көз көріп, құлақ естімеген сұмдық болды. Ана Қасқасудың арғы бетіндегі Жаңатұрмыс бар емес пе, сонда біраз жыл бұрын Монғолиядан екі-үш үй  ағайын көшіп келіп қоныстанған екен, оралман деп жүрміз ғой қазір. Сол ағайындардың бірінің жақында келіншегі қайтыс болыпты. Ауыл маңындағы көп қорымның біріне апарып қойса, бір кемпір айғай шығарыпты. «Қаңғып келген кірме неме, өлігіңді әкет, бұл біздің рудың зираты, жерді жекешелендіріп сатып алғамыз, мұнда менің шалым жатыр, пәленім жатыр, түгленім жатыр, әкет қазір, әйтпесе экскаватор әкеліп қопартып тастаймын! Менің  балам кім екенін осы елдің бәрі біледі, ауданның прокуроры, керек болса, өздеріңді бұл жерден қуғызып жіберем. Басынуын қарашы қаңғыған маңғолдың... әкет қазір, әкет!» деп зікір салады. Қайғы үстіне қайғы жамап, қан жұтып қорланған бейшаралар амалы жоқ, екі сағаттан кейін мәйітті қазып алып, басқа жаққа көмеді.

 – Не деп тұрсыз, көке? – Асылмұрат түсі бұзылып боп-боз боп кетті. Еріні дірілдеп, екі-үш рет жұтынып, әзер тілге келді. – Осыны қазақ қазаққа істеп отыр ма? Құдайым-ау, адам баласынан осындай да азғындық шығады екен ғой...

 – Ата-бабамыз жаудың өлігін де бүйтіп қорламаған. Имансыз кәпір, дінсіз жабайы болсын, көкейінде жылты бар пенде баласы мұндайға барар ма? Ана кәрі қаншық, ең болмаса сиыр сауған салпы етек көп қатынның бірі болса екен-ау, қырық жыл бала оқытқан мұғалім екен садаға кеткір. Не тәрбие беріп қарық қылды дейсің. Ертең өлгенде өзіне сол жерден топырақ бұйырарына көзі жете ме екен ол қақпастың? Сүйегі қурап қай жерде қаларын кім біледі? Бәрінен бұрын елімдеп еңіреп келгенде, маңдайы тасқа соғылған ана ағайынды айтсаншы. Оның тас боп қатқан жүрегі енді қазағым, отаным деп өлсе елжіреп, емірене ме?!!

 – Көке-ау, араға түсіп басалқы айтар дүйім елден бір ақсақал табылмағаны ма?

 – Бар кілтипан сонда ғой, балам! – Әкесі сақалын саумалай сығымдап, басын изей, сәл ойланып барып тіл қатты. – Ешкім оны сөлекет көрмеген. Біздің қорымға апарса мен де сөйтер едім ғой деген пиғыл жатыр емес пе арғы жағында бәрінің. Әйтеуір қазақ бір-біріне ғана мықты ғой. Әлгі оралманның орнында күрд не шешен болсыншы, ауыз ашуға жараса кәне? Неге біз өзгенің алдында ез, өзімізге келгенде қанымыз қарайған қатыгезбіз? Осыны қалай ойласам да, түсінбей-ақ қойдым.

 – Иә, көке, жер сатамыз деп ар-ұждан, кісілігімізді қоса сатып жіберіппіз ғой.

 – Ең бастысы – жікшілдіктің кесірі. Сиырдың бүйрегіндей бөлінетін індет болмағанда, осы пәленің бірі де болмас еді. Совет үкіметі кезінде тамыры қырқыла бастаған бұл кесел ел болдық деп есімізді енді жиғанда, неғып қауға тиген өрттей өршіп кетті? Әлде қолдан жасалған қысастық па бұл? Елдің өстіп етекбасты боп берекесі кетіп, бордай тозғаны әлде біреулерге тиімді-ау, шамасы. Кеше ғой әлгі үйге келген көк езулер ауылдық, аудандық әкімдерді сайласақ, көсегеміз көгереді деп ауыздары көпіріп қыртты емес пе. Пішту! Атасының басы! Қырқысқанның көкесін сонда көресің. Әркім өз лағын теке қоям деп, қырық ру– қырық пышақ болмаса, маған кел!..

 Асылмұрат мең-зең. Одан арғы сөз құлағына кірер емес. Кімге күйінерін білмей іші-бауыры қалтырап, шарасыз халде үнсіз булықты. Түйіліп, кемерлене бұлаңытқан, көкжиекке қарағанмен көз алдының бәрі жансыз, көңіл қылын дір еткізіп серпуге дәрменсіз. Көрмесем екен, естімесем екен деп екі көзін тас жұмып, екі құлағын тарс бітеп, басын алып қашқанда, саялаған жері осы ма? Шешесінің көңілін сұрау сылтау болғанмен, әбден мезі қылған тірліктен серпіліп, біраз күн ауылда аунап-қунап қайтсам ба деген ой жатқан бір бүйірінде. Ол дәмесі адыра қалды. Ақорданың жарқыраған дәліздерінде галстук тағып, қымбат костюм киіп, тоғыз қабат торқаға оранып сырбаз жымиған сұрқиялық қазақтың кең жазирасында ешқандай қымтанып-шымқанбай-ақ, екі санын шапалақтап, тыр жалаңаш шапқылап жүр. Екі күннен бері көргені де, естігені де азғындық пен тозғындық. Мына далада қасиетті ештеңе қалмағаны ма? Жер мен судан бастап кісілік қадыр-қасиетке дейін бағасы жазылған жаймадағы затқа айналыпты.

Түтеген жүзін әкесіне көрсеткісі келмей  Асылмұрат астындағы атын тебініп қалған. Шабыс тілеп шиыршық атқан көкдауыл аударып тастардай шалқалап, көкке шаншыла бір қарғыды да, тізгін кере тоңазыған айдау жолды жалпақ табанымен топ-топ соғып, кетпендей қыршып топырағын бұрқырата саржеліске көшті.

 

                                                      Ақсопы

 Күн төбеге көтеріле Шұбардың жазығына ілікті. Төрт түлік мал үйір-үйір дөңгеленіп қатар жайылып шұбартып жататын болған соң, шұбар атанған деседі. Айналадағы елдің қашқан жылқысы, жоғалған тайынша-торпағы осы жерден табылатын. Әйтеуір тұяқ жетер маңдағы төрт аяқты мақұлықтың ындынын құртып, таңдайын үйіріп тартып тұратын шөбінің бір сиқыры бар. Бұрын «Авангард» совхозының отар-отар қойы мен қаптаған қызылала сиыры жаз бойы кең жазықты тырп етпей жайлайтын. Қой-ешкі түбіне дейін қырқа жеп тықырлаған жасаңға кешке құрығыңды тастап кетсең, түнімен тебіндеген көкке көміліп, таңертең таба алмай қалатынсың. Міне, қазір де күздің қара суығы жердің өңін алып, айнала саржағал тартса да, Шұбардың шүйгіні нілі  сыртына төгіліп, үп еткен желмен торғындай  толқып тұр.

– Баяғыда осы алқаптың бәрі – сонау түстіктегі Бұлғындыдан бастап теріскейі Беласарға дейін Ақсопы деген байдың жайлауы болған, – әкесі көз ұшында бұлдырап, көкжиекке  кенерлей созылған қыр-жоталарды қамшының ұшымен орай жайқап өтті. – Ақсопы мыңыраған қойы мен үйір-үйір жылқысының санын білмепті дейді. Жазда бір, күзде бір сайға қамап, малының ұзын мөлшерін шамалайды екен. Төрт түлігінің тұқымы бөлек. Қойлары ірі, қыс жайлы жылдары таудың күнгейінде тебінмен шығады. Жылқылары жал-құйрығы сүзілген кілең көкқасқа. Бір шеті – Құлжа, екінші шеті Бұхара мен Үргенішке керуен тартып, осы елдің таңдайын тәттіге тигізіп, иығына жылтырақ ілгізіп, өрік-мейіз, торғын-торқаға қарық қылады. Бұрынғының шалдары хат танымаған надан дейміз ғой. Әліпті таяқ деп білмесе де, көкірегі даңғыл, кемеңгерлері қаншама. Ақсопы мал бағудың қыр-сырына бесаспап кісі болыпты. Майын құйрығына жиғызу үшін қойды беткейге салып, өрге қарай жайғыздырады екен, Ал майын арқасы мен кеудесіне жиғызу үшін қойды еңіске қарай құлдилатып өргізген.

– Мынау керемет қой! – деді Асылмұрат шынымен таңырқап. – Зооветеринарияның жілігін шағып, майын ішкен академиктер де мұндайды үш ұйықтаса түсінде көрмес еді.

– Мың жыл қой баққан қойшының да ойына келмейді. Бұл – зейін! Бір ағаш пен екінші ағашты будандастырды деп Мичуринді аспанға көтереміз ғой. Керемет болса, керемет шығар. Бірақ біздің Сопы атамыздың содан қай жері кем?

– Рас айтасыз, көке. Кейде бағалай білмейміз ғой.

– Сол қайран Ақсопы атамыз жиырма сегізінші жылы кәмпескеге ілігіп, итжеккенге айдалып кетеді. Сүйегі қайда қалғаны белгісіз. Төрт түліктен тігерге тұяқ қалдырмай тәркілейді. "Қызылотау" тігіп, жиналыс ашқан уәкілдер Ақсопының қалың малын иіріп қойып, дүние-мүлкін сабақты жібіне дейін сыпырып үйіп қойып, малшы-жолшыларға: «міне, енді қанаушы таптың күні келмеске кетті. Есе-теңдік тиді деген осы. Арыз-тілектеріңді айтып, үлестеріңді алыңдар» дейді. Тәубасыз мұндарлар сарнап қоя береді: Өмірбойы есігінде отымен кіріп, күлімен шықтық. Аузымыз жарып ас ішкеміз жоқ, иініміз жылтырап киім кигеніміз жоқ, пәлен бас мал, түглен мүлік талап етем деп, бірі биеге, бірі түйеге жармасады. Кілем-сырмақты пышақ үсті талап әкетеді. Соны көріп күйінген Ақсопы: «Япырай, осылардың басына үй беріп, алдына мал салғаннан басқа не жазығым бар еді. Жаманға жақсылық қылғаннан итке сүйек лақтырған қайыр екен-ау!» деп бармағын шайнапты. Бірақ оба шыққан үйдей, ел шетінде шошайып жалғыз қалған үйге әлгі жалшы-малшылар ұрланып келіп, бірі мал сойып әкеп береді, екіншісі сүт-айран әкеп тастайды. Төріне кілем төсейді. Бұрынғыдай суын әкеп, отын жағады. Сөйтіп үш-төрт жыл бойы бұқпантайлап жүріп бір үйлі жанды ас-судан тарықтырмайды, суыққа тоңдырмайды. Кейін ақсүйек ашаршылыққа киліккен ел бір-біріне қарайласардай халде болды ма? Әркім өз басымен қайғы боп кетті. Тышқан аулап, ағаштың тамырын сорады. Әлі барлар ілініп-салынып, өлмегенге – өлі балық дәмемен Қытай ауып, Қырғыз асады. Ақсопының кіші әйелі – Меңдібике, өзім көргем жоқ, көргендердің айтысына қарағанда, екі көзі танадай, бетінен нұры тамғап, ажарына ақылы сай адам екен. Ешкімге «әй»деп көрмеген биязы, сахи мінезімен елге сүйкімді болады. Сол Меңдібике бәйбіше Қырғызға қарай шұбырған елге ілесе алмай жолда қалса керек. Осы өзіміздің сельсовет болған Әліпбайдың әкесі Мұқатай тазы жүгірткен аңшы еді ғой. Мұқаң жарықтық бір әңгімесінде: «отыз екінің  ақпаны ма екен, әлде наурыздың басы болар, әйтеуір қыстың бел ортасы. Тісі түсіп, аңға салуға жарамай қалған кәрі тазыны жеп алғанбыз. Бір күні қоянның жымына құрып кеткен қақпандарымды қарайын деп Арқауылдың жотасына шықсам, бір топ қарға, бірі ұшып, бірі қонып, әлдебір қарайғанның үстінде үймелеп құнжыңдап жатыр екен. Аңның жемтігі екен деп қуанып кетіп жүгіріп барсам, ақ қардың үстіне қара шашы жайылып өліп жатқан әйел екен. Екі көзін үңірейтіп  үңгіп тастапты. Киімі мен ұлы нобайынан кім екенін айырып болғысыз, еті желініп, қу сүйегі ақсиған аузындағы алтын тісін көріп Меңдібике бәйбіше екенін әзер шырамыттым. Біздің елде бұрын-соңды одан басқа алтын тісті адам болған емес. Құдай куә, алтын тісті алайын деген ой көкейіме кіріп те шыққан жоқ. Мәйіттің сиқын көріп жаным түршікті. Құзғынның жеміне тастап тұра қашуға тағы да дәтім бармады. Ақ қар, көк мұзда жалаңаш қолмен не істеймін. Қармен бетін жасырып, құранымды оқыдым,» дейтін күрсініп. Е, балам, бұл қу дүние кімге опа берген; қазақтың ғазиз басы қайда қалмаған... Небір сұмдық болды ғой. Естігеннің қоспасы бар, көзіммен көргенді ғана айтайын саған... –  ­Көкесі тізгінін сәл тежей, оң қапталда қалып бара жатқан ұзын белге қарай сақалын қадады. –  Мына Сеңгірдің арғы беті бұрынғы Ворошилов колхозының бөлімшесі болатын. Кейіннен шаруашылықты ірілендіру тұсында ел көшіп кетіп иен қалды ғой. Менің бала кезімде "Киіз қала" дейтін. Көше-көше боп тізілген киіз үйлер. Малды ортақтастырып жиып алған соң, ел артельге біріккен. Естияр боп қалғам, бәрі есімде. Тараншылармен ежелден аралас-құралас боп көргені бар ел жер шұқып, тірлік қылды. Жотаның ылғал кетпес бөктеріне тары, бұршақ салып, картоп екті. Қарулы жігіттер мойнына киіз орап, төрт-бестен түрен тартатын. Сол талқан-тарысын талғажу етіп жұрттың көбі өлмес күнін көрді.

– Ортаққа алған мал бар емес пе, ат-өгіз тұрғанда соқаға жегілгендері несі?

– Өгіз қайдан болсын. "Аша тұяқ қалмасын" деп, қидай сыпырып, ішкеріге айдап әкеткен жоқ па. Ал жылқы біткенге жаудай тиіп, қырып салды. Өзім көрген жоқпын, Сейтақтың Ыдрысы айтатын. Сол кезде қызыл әскер болыпты. Оба шықты, делбе болды деп табын-табын жылқыны қырғызып тастады дейді. Үйір бастайтын қобан айғырлардың күре тамырына ине жүгіртіп спирт салса, қаны қозып алған соң, өлген-тірілгеніне қарамай қалай айдасаң солай қарай еліріп құйғыта береді екен. Небір көкке шапшыған шу асау көк қасқаның үйірі сағымдай көлкіп жер-дүиеге симай кетті дейді. Жан-жағынан мылтық атып, қиқу салып қуғанда, қара тасқындай дүркіреген күйі Қызылдың ұшпасынан бір-ақ құлапты. Кісінеп-шұрқырап іркіле бергендерін соңғылары екпіндей соғып, биік құздан ұмар-жұмар ұшып бара жатты дейді. Соны айтқанда ақсақ Ыдрыс көзінің жасын бір сығымдап алатын. Әлі күнге дейін шұрқыраған дауыстары құлағымнан кетпейді дейтін. Бертінге шейін Қызылдың шатқалында қураған сүйек ақсөңке боп шашылып жататын. Совет үкіметінің жарықтық жақсылығы көп-ақ қой қайтерсің. Бәріне бірдей топырақ шашуға болмайды. Бірақ мешіндегі ашаршылық пен отыз жетінің қырғынын түсінбей-ақ қойдым. Мал асылы жылқы мен ел асылы жақсыларға қырғын салды. Өз халқына өзі жаудай тигені несі? Бұта түбінен бой асырмас жаман-жәутік билеу мен илеуге жақсы деген есеп пе? Ақыл жетпейтін кілтипан, әйтеуір... Қой, бірді айтып, бірге кеттім ғой. Кәрілік деген осы... жаңағы әңгімеме оралайын. Аштық жылы Балқаш бойы, Арқадан ауған ел Қытай мен Қырғызға қарай шұбырды. Аш-жалаңаштар ауылды басып кетті. Жол үсті, сай-салада іші кеуіп қылжиып жатқан өлік. Адам кейпінен айрылған алба-жұлба қайыршылар. Өзі қалт-құлт етіп өлгелі отырған ел несін берсін. Қуады, ұрады... Үй-үйдің жанында баласы-кәрісі аралас домалап жатқан өлікті көресің. Адамның адамдығы тоқтықта ғана екен, ашыққанда айуаннан бетер боп кетеді екен. Көп өтпей ауыл шу ете түсті: "Ойбай, кісі жегіштер шығыпты, балаларды жейді екен!" десті. Елде зәре жоқ. Біздерді әке-шешеміз далаға шығаруды қойды. Ауыл сыртындағы өзекшеде қар суы жырған биік жар бар болатын. Бір топ босқын сонда жайғасып апты. Кісі жейтін солар көрінеді. Естігеніміз болмаса, барып көруге қорқамыз. Бір күні іргедегі Ажар деген әйел  түн жарымында айғайлап дауыс салды: "Ойбай-ай, әкетті! Әкетті!.. Енді қайттім!.." деп зар иледі. Бес-алтылардағы сап-сары домалақ қызы бар болатын. Жарық түсе ауылдың үлкен-кішісі айыр-күрегін сайлап, өзек жаққа барған. Көппен бірге мен де ілестім. Жардың әр жерінен үңгір қазып бекініп алыпты. От лапылдап жанып, үлкен қазан сарқылдап қайнап жатыр. Өздері бір қора адам. Ер-әйелі аралас. Беттері қып-қызыл, семіріп алған. Көздері алақ-жұлақ етеді. Келсең-кел дегендей сойыл-шоқпар кезеніп тұра қалды. Ажар жылап-аңырап: "Жесеңдер – мені жеңдер, қызымды қайтарыңдар!" деп еді, бұғағы салбыраған бір қыли көз, шұбар әйел шайқала басып барып, үңгірден баланың екі алақаны мен екі табанын алып келді де, жардың үстіне қарай әуелете лақтырып жіберді. Шошыған ел "Алла-аллалап", шыңғырып, жылап тұра қашты... Кісілер жалғыз-жарым жүруден қорықты. Түнде екі-үш үй бірігіп, үлкендер балаларды ортаға алып жатады. Сонда да қапысын тауып, зарлатып кететін... Кейін әйтеуір ауданнан мелиса шығып, көздерін құртты ғой. Қашқандарын қуып жүріп атты... Е-е, бұл шыққыр көз сондайды да көрген, қарағым...

Асылмұрат атын тебініп, ілгерлеп кетті. Әкесінің кәрі көзінде жас шымырлап, қиналған жүзін көргісі келмеді. Небір құпияны ішіне бүгіп бүктүсіп жатқан бүкіш жоталарға үнсіз телмірді. Қалың қарағай қаптай шаншылған төбелер тікендері тікірейіп қыбыр-қыбыр өріп бара жатқан алып кірпікшешендер секілді. Қазақтың қураған сүйегі мен шашылған қанынан қанша шыбық көктеп, қанша гүл қауыз жарды екен?

 

                                                 Қорықшы

Тау сағасындағы ойлы-қырлы жалпақ  аңғар иен, жым-жырт. Шоқыта желген қос аттың тұяқ дүбірінен бөтен құлақ   түрткен дыбыс жоқ. Ұшқатты ойпаңды өрлей қырға көтерілгенде, қылаң етіп бір топ қарақұйрық көрінген. Қасқағым сәт  едірейіп-едірейіп ұйлығысып тұра қалды да, іле ес жиып тырым-тырақай шашыла жөңкіді – жел айдаған бір шөкім қара бұлт беткейді бауырлай сырғып барады. Асылмұрат  жалма-жан қос-аузын оңтайлап, атын тебіне берген. Әкесі қолымен ишара жасап тоқтатты:

 – Қайтесің босқа обал қылып. Қан-жынын сорғалатып Тілеубердінің үйіне сүйремекшісің бе. Ол неме онсызда аң-құстың етінен кекірігі  азып  жүрген жоқ па!

Шөккен нардай қозыкеш жерге көлденең сұлап жатып алған қара жалды айналып, ат басын теріскейдегі Аюлыға бұрған. Осы елдің жаз шыға шашырай қоныстанып, үздік-создық созылып барып тұмсық тірейтін төр жайлауы; малшы байқұс арқа-жарқа боп, бәйге шауып, көкпар тартып бір жасап қалатын аз күндік қызық сәттердің сахнасы. Жер бедері кеуделеніп көтеріле түсті. Біраздан бері мал тұяғы тимеген-ау, сірә, тарам-тарам ескі соқпақтардың  сорабын    шөп басып, тек тастақты қырлауытта, аю шала тартқан сиырдың сауырындағы тыртықтай, айғыз-айғыз ағараңдап көрінеді. Анандайдан менмұндалап бір-бірімен бой таластырған Аюлының ақ шыңдары серейіп-серейіп аспан тіреп тұр. Бағанадан бері алды-арттарынан орап өкшелей қуып, бет сабалап берекені алған сумақай жел тау арасына іліне, ізінен адасып қалды, ермек қылар басқа тірі жан таба алмаған соң екі санын шапалақтап айдалада  қаңбақ қуып кетті. Тау іші ықтасын, тымық. Бет қарыған қара суықтың зәрі сынып, жібек желпігендей ауа жұмсарып сала берді. Орманы сыңсыған кең аңғар қойынын ашып, көкірегінің жылы лебін тосқандай, шөп басын болар-болмас ырғаған қоңыр самал уілдей үлбіреп тұр. Қарағай мен самырсынның шайыры аңқыған жұпар ауа сарай ашып, өкпең сыңғырап, жұтқан сайын маужыратып қайта-қайта  есінегің  келеді. Беткейдің етегін орап жыландай ирелеңдеген машина жолмен өрмелеп тұмсықты айналғанда, алаңқайдағы жалаңаш жотаның иығынан түтіні ширатылып жалғыз үй көрінді. Тілеубердінің сол баяғы қора-қопсысы, бір-бірімен мінгесіп-ұшқасып, кең жердің несін аяймын деген мырзалықпен етегін кере шашырай жайылып, бір төбені бір-ақ алып жатыр. Ескі үйдің төбесін итарқаландырып қайта көтеріп, шатырын жаңалаған екен, айналасындағы қарауытқан қоқыстың арасынан айдынданып, тарақтың жүзіндей сай-сай қатпарланған  ақ қаңылтырдың бетінде шақырайған күн сәулесі тиянақ таппай секең-секең тайғанақтап жүр.

Бір қора ит тауды жаңғырта абалап қарсы жүгірді де, иелерінің зекігенін естіді ме, қалт тоқтай ғап, жол ортадан кері қайтты. Е, өзіміздің адамдар екенсіңдер ғой дегендей, құйрықтарын бұлғаңдатып, көздері кілмие еркелеп, әрқайсысы әр жерге шоқиып отыра кетті. Қораның қалқасынан Тілеуберді көрінді қорбаңдап. Үстінде аю терісінен тігілген жеңсіз кеудеше, жиегі жемтірленген құндыз малақайының баусыз құлақтарының бірі салбырап, бірі тікірейіп, бір аяғын сылти теңселген сайын салпаң-салпаң етеді. «Ас-салаумағалейкумін» әндете созып, құшағын кере, көтеріп алатындай ентелеп келді де, қаражорғаның тізгініне жармасып, жездесін қолтығынан демеп жерге түсірді.  Көкесі қапсыра ұстап, иығына әдейі салмақ сала басып қалып еді, анау  теңселіп барып, әзер тіктелді:

 – Кескен теректей құлай кеткенің не?.. Шал-ай, әбден қартайыпсың ғой!

 –  Қартайтмасам, тағы бір әкпеңді берейін деп пе едің!

 – Омай, шіркін, ақсақ иттің дәмесі әудем жерде!..

Шалды тастай беріп, көзі сығырайып, беті мыс табақтай дөңгелене жайылып, Асылмұратқа екі қолын созды:

 – Ой, шірік, аман-есен жүрсің бе-ай! – Қоңқақ танауы қорсылдап, екі бетінен алмакезек сүйді. Айдалада жалғыз үйде отырған адам мені кім көреді деп, үсті-басына қарамай әбден босаңсып кететін болса керек. Киімі олпы-солпы. Көптен ұстара тимей, әржерде бір шашырай шоқтанған сақал-мұрты қотыр ешкінің жүніндей жалбырап, сүрепетін кетіріп тұр. Мойнына асылған екі қолы жібермей, тағы да өзіне тартты.

 – Сені де көретін күн бар екен-ау, жарығым. Жаман нағашыңды ұмытпай елеп-ескергеніңе де шүкір. – Дауысы тарғылданып, қозының тобығындай жұтқыншағы бұлт етіп жұтынып қойды. Былтыр кенже қызының тойына шақырғанда келе алмай, телеграмма салып, ақша жіберген. Өкпе ғып көлденең тартпаса да, шетін қылтитқандай болған, Асылмұрат іші қылп етіп қысылып қалды. Сезікті бұрын секіредінің керімен:

 – Гүлайымның тойына келе алмадық, айып бізден, нағашы! – деді қылпылдап. – Жұмыстағы адам байлаудағы бұзау сияқты, түсінесіз ғой.

 – Е, білем ғой, жарығым. Өкпе жоқ. Біздікі жәй, төбе көрсетсең, абырой болар еді деген ғой. Дос-дұшпан бар, міне, біздің жиен осындай деп төбеміз көкке жетіп қалмай ма. Тіфа, тіл-көзден сақтап, аман  жүріңдерші, әйтеуір!..– Танауы қорсылдап, бетінен тағы да шылп-шылп сүйген.

 – Оу, Тәкесі, жалап-жұқтамай бізге де сүйетін жер қалдырсаңшы! – Нағашы апасы – Сақыпжамал құшағын жайып, емірене ұмтылды. – Ой, жаным сол, қоңқиған түріңнен айналайын! – Көзіне жас алып, маңдайынан иіскеді. Жаңа ит үргенде есік алдына жылт етіп шығып, қайта ішке кіріп кеткен. Басына гүлді орамал тартып, ұзын әрі кең көкшіл бомази халаттың белін көтере іркіп, белбеумен буып алған екен, қолтығы салбырап, қомпиып тұр. Ұрты суалып, томпайып тұратын ақсары жүзін әжім шимайлап, қартайып қалыпты. – Дені-қарының сау ма? Сандуғаш қалай? Ана екі жаман өсіп жатыр ма? – деп жауап күтпей бастырмалата жөнелді.

– Шүкір, бәрі жақсы, – деді Асылмұрат басын шұлғып.

 – Қызымка  Маскуада оқып жүр дей ме?

 – Иә, сонда оқып жатыр.

 – Ой, Алла-ай, шынашақтай баланы айдалаға  қалай жібердіңдер?

 – Қасында Сандуғаш бар ғой.

 – Е, бәсе, әйтпесе жат жерде қиын ғой, тегі.

Жүре сөйлесіп, меймандарын үйге қарай бастаған.

Күздің қара суығы таңертеңнен бергі ұзақ сүркілде бой қармап, қалтыратып жіберген еді. Үйдің іші ұядай екен. Шайыр аңқыған ыстық леп үп етіп бет шарпыды. Босағаның қалқасында маздаған қызыл қарағайдың шоғы шытырлап, пештің аузын шерткілейді. Ұзын сары мысық пештің мойнынан жерге секіріп түсіп, денесін құлаштай созып бір керілді де, сендер кімсіңдер дегендей құлағы едірейіп, меймандарға қарады. Кіреберіске сырт киімдерін шешіп, төрге озған. Қонақжайдағы түкті қызыл кілемнің үстіне басы бітеу сойылған үлкен қоңыр аюдың терісі төселіпті. Нағашы апасы бұлардың алдын орай лып етіп кіріп, кереуеттің үстінде құлақтары тікірейіп тырсиып тұрған құс жастықтарды төрге қатарлай тастаған. Қос-қос жастықты шынтақтай, ақятарын іргеге  қарай созып, жантая-жантая кетісті. Төр мен қапталдағы екі қабырғаға қасқыр, түлкі, бұлғын... неше алуан аңның терісін іліп тастапты. Жақыннан мұрын ұшын түртіп-қашып идің иісі қытықтайды жіңішкелеп. Қылшығы мың құбылып, бірінен бірі өтіп көз арбайды. Қақ төрде лап етіп, қызыл жалын өрмелеп бара жатқандай, ұзын, қызыл түлкінің тұмсығы төбе тіреп, құйрығы еденге сүйретіледі. Құс жастыққа жантайып, үй ішін байқастай шолған көкесі мұртын сылап мырс етті:

 – Өтелші сарттар құсап, үйдің ішін сасытып қоймаға айналдырып жібергенсің бе? Орманшы боп аң-құсты қорғағаныңа болайын. Нағыз сойқан өзің екенсің ғой!

 – Мына терілерді айтасың ба? Қаракүйе түспесін деп әдейі құрғақ жерге іліп қойдым. Қожайындікі ғой. Нөкерімен келіп аң аулап, саят құрады. Сондағы атқандары ғой. Илеп, әзірлеп қоямын. Керек кезінде алып кетеді.

 – Апырау, мынау не деген ұзын түлкі, екі кезден асады-ау, сірә, Қырдың түлкісі ғой, қылшығының раң түстес қызаруын қарасайшы.

 – Иә, былтыр қыста Шақпақтың баурайынан қаққанбыз. Өзі де айлалы кәпір екен. Бір бүркітімді мерт қылды. Бұрын түлкіге түсіп көрмеген тәжірибесіз бала қыран еді. Қанаты суылдап төбеден сорғалап келе жатқанда, не істерін білмей қыржалақтаған пәлекет құйрығын арқасына қайыра бүкшиіп, тастың үстіне тұра қалғаны. Аңғал қыран екпіндей кеп соққанда, құйрықпен бірге сырғып барып, тұмсығымен  тасқа шаншылды. Амал жоқ, қасқырға саламыз деп өңгеріп жүрген тазымды қосып соғып алғанбыз.         Көкесі жымиып иегін көтерді: 

– Тымағым тозып жүр еді. Маған байлайтын шығарсың. 

– Қартайсаң да сұрамшақтығың қалмайды-ау, жезде! – Кеңк-кеңк күлген болды да іле дауысын салмақтап, – Түйе қаласаң да берейін, тек бұған қолқа салма. Кісінікі деп айттым ғой жаңа! – деді. Ары қарай бұл әңгімені қаузағысы келмеген сыңаймен есікке бұрылып тамағын кенеді. – Әй, шайыңды тездетсеңші, бәйбіше.

 – Қазір, қазір, – деген Сақыпжамалдың дауысы ыдыс-аяқтың сылдырымен жарыса  естілді.

 – Ток самауырға қоймай, отқа қайнат. Ток ұрған суды жездеңнің жақтырмайтынын білесің ғой.

– Білем ғой. Әйелдің шаруасына жағаласпай тыныш отыршы!

 Әйелінің сөзіне ұялып қалды ма:

 – Есектің жүгі жеңілдеген сайын жатаған болады деп, үстімізден ток өткеннен бері аузымыздың дәмін алып шай ішуден қалдық! – деді Тілеуберді ақталғандай ыржиып. Сақыпжамал дастархан қамдап ас бөлме мен залдың арасында лыпып жүр өкшесі жерге тимей. Ұзын халатының етегі көлбең етіп, есіктің аузынан бір көрініп қалады.

Тілеуберді буынын сарсу қамаған оң аяғын келісаптай серейтіп алдына тастап, аласа, жайдақ орындықта бұларға қарсы қарап отыр. Үй іші ыссы болса да, үстіндегі аю кеудешесін шешкен жоқ. Бет-аузы быршып терлеп, қалжасы жаққандай маужыраған рахат халде. Маңдайындағы сай-сай әжімнің жықпылын қуалай жылт-жылт балалаған терді анда-санда алақан сыртымен сүйкей сыпырып, жамбасына сүртіп қояды. Суықтың масағы қалғандай, ыстық үйде қымтанып-шымқанып не азабы екен? Қорбиып ебдегейсіз отырысына қарап көкесі тағы да қағытты:

– Жаңа үйіңнің жанынан қарсы алғаның жақсы болды. Әйтпесе, орманның ішінен кездессең, аю екен деп атып алар едік.

 – Дәмең зор екен, орманға сені кім жібергелі жатыр? – деді Тілеуберді де қалжыңның шаужайына жармасып. Қоңқайған қошқар тұмсығының жотасына әжім үйіріліп, қасын қағып қойды. – Ескі  мәшине жолмен келген соң жаның  қалды ғой. Ат басын бұрып, елу қадамдай орман ішіне кірші, не істер екен?

 – Кім?

 – Қожайынның адамдары. Төбе басында баспалап дүрбі салған күзетшілер бар. Мен де соның бірімін.

 – Қожайын, қожайын дейсің қақылдап. Түлкі де қожайындікі, орман да қожайындікі. Жанды-жансыздың иесі Сүлеймен патшадай кім ол өзі?

 – Ой, жездеке-ай, маған оңай кісі қожайын болушы ма еді. Қазір айтсам, шалқаңнан түсерсің. Анау көкенің жиені ше...

Көкесі шалқасынан түспесе де, Еркештің  атын естігенде, селк етіп Асылмұраттың тұлабойы түршігіп кетті: «Құдай-ау, обыр неме енді осы жерге ауыз салған ба? Қашан тояды бұл қорқау жалмауыз! «Елағаңның атын былғап, абыройын төгіп жүрген нағыз жетесіз кері соққанның өзі бұл. Еркеш деген жұрттың сырттан таңған лақабы. Байдың ерке-тотай жалғызы сияқты ойына келгенді істейтін тежеусіз есерлігін мазақ қып қойғандары ғой. Өз аты – Қайып. Елағаңның атын иемденіп істемегені жоқ. Жүрген жері лаң. Бергенді ынсап қылмайды, бермегенді тартып алады. Мұнай да, алтын да, астық та – бәрі қазір соныкі. Қарпып жатыр, қарпып жатыр, қашан қақалары белгісіз.

 – Япырау, Аюлыға да ие табылды ма? – Көкесінің дауысы бір түрлі дірілдеп абыржыңқы шықты. – Ит тартқан терідей жан-жақтан талап жатыр-талап жатыр. Бүйте берсе, бара жер, басар тауымыз қалмас!

 – Қайтесің тарылып, – деді Тілеуберді бейғам жайбарақат есінеп. – Сен екеумізге жер де, тау да жетеді. Кім ие болса да жер орнында тұрмай ма. Бір жаққа көтеріп әкетпейді ғой. Тек аздырып-тоздырмасын де. Қайта иен жатқан жерге ие  табылып жақсы болды. Мынау Қытай деген тажалың шекарасын ашып қойып пәле болған жоқ па, айдаһардың аузындай  әкел-әкел деп бәрін қылғып жұтып жатыр. Кім-көрінген қарағайды машина-машина ғып шауып, бітіруге айналып еді. Жалғыз өзім қаншасымен алыстым. «Ойбай, айдалада өлтіріп кетеді» деп Сақыпжамал зар илеп аяғымды құшақтап жатып алған соң, құрысын дегем, көрсем де көрмеген боп отыра беретін болғам...

 – Сөзіңнің ләміне қарағанда, қожайын тапқаныңа бек ризасың-ау деймін? – Көкесі жақтырмай суық жымиды.

 – Шүкір. Маған қарайған орман аман болса, қаптаған аң-құс үркіп ауып кетпесе болды.

 – Е, ағаш пен аң-құстың қамқоршысы табылған екен ғой! Сонда ол бұл жерді не істеймін дейді!

 – Не істейтінін бізге айта ма? – деп күмілжіді Тілеуберді. Басын шайқап, жүзін төмен салған. Әлдене есіне түскендей өз-өзінен жымиып, бір түрт шайтан жыртақай күлкі бет-аузына быт-шыт әжім боп жабысты.

 

                                               Қожайын

«Не істейді дейді-ау?..» Тілеуберді көзін тарс жұмып алды. Өйтпесе екі санын шапалақтап қарашығына ойнақшып шыға келген мына жын-шайтан сыртқа бір-ақ секіріп қаша жөнелетіндей. Құрсын, ол пәлекетті қамаудан шығармау керек. Көңілінің жабығынан жылт  еткенді көзі шалса, мына сығыр кәрі жездесі жыртиып күліп, қырық жыл қылжақ қылмай ма! Ішінде ұятты бірдеңе болып жатқан бөлменің пердесін жауып қымтағандай, Тілеуберді көзін одан сайын жымқырып жұма түсті. Көзінің қиығынан жылт етіп қос тамшы тер домалады. Абайсызда сып етіп кіріп алып, көз айнасында ойнақ салып жүрген сол бір шайтанды әлі күнге тірі жанға көрсеткен емес. Өзге түгілі айдалада ошақтың бұтын күзетіп күндіз-түні ес болып қасында қалқайып жүретін әйеліне де ләм деген жоқ. Айтқаның не, ол туралы о       йлаудың өзінен қара тер боп қысылады. Ылыққан ит көрсе де, теріс қарап көзімен жер шұқитын әйел заты емес пе, ондайды естісе, «ойбу-у!– деп бетін сызып,– сақалың сапсиып соған қарадың ба-ей, жырғаған екенсің алжыған сорлы!»  демей ме.

«Советтің телебизірі емес, осы күнгінің телебизірі де бұзылған ғой. Осы күнгінің баласы  да оңып тұрған жоқ. Соларды да шаңырақ ұстаған түйедей азамат дейді-ау!..» Өткен жылы Гүлайымның тойына қам жасаймыз деп қалаға оны-мұны алуға барғанда ортаншы ұлдың үйіне қонған. Бір ұйықтап оянса, түн ортасы ауып кеткен екен. Баласы жеке бөлмеде сығырайып телебизір көріп отыр. Таңертең жұмысқа барады, ұйықтамай таң атқанша тесіліп не қарап отыр бұл шіркін, деп шала жабылған есіктің қиюынан мойын созған. Өз көзіне өзі сенер емес. Шайтан елестеп тұр ма деп, ұйқылы-ояу көзін қайта-қайта уқалап қайта қараған. Еліктіріп, еркін алып өзіне қарай сүйрелеп тартып барады-ей; мойнына тас байлап тұңғиығына батырып барады-ей. Есін алып есеңгіретіп жібергендей. Мұндайды бұрын кім көрген. «Құрысын. Астапыралла!» Ұйқыдан шошып оянғандай селт етіп, шегініп кетті. Туалетке кірсе де көз алдында сол сурет, қолын жуса да сол сурет. Жүрегі дүрсілдеп, содан таң атқанша кірпігі ілінсейші...

Талай күн ұйқысын қашырған телебизірдегі сол сиқырлы өмір бір-ақ күнде Аюлыға көшті де келді. Көшкенде, бел асып ұбап-шұбап қоңыраулатып жеткен жоқ. Барқырауық бертөлет бөтен әлемнің пұшпағын төбелерінен топ еткізіп тастай салды, «мә, қоңқай!» деп.

Талтүс еді. Шатқал іші шуаққа бөгіп, маужырап тұрған. Өз жұпарына өзі мас болып қалпақтары көзіне түскен қалың қарағай кенет селк етіп, қанаттары желпілдеп, сүйектері сықырлап арлы-берлі теңселді де кетті. Қыр астынан қылт етіп шыға келген жуан қарын бертөлеттің дауысы мұндай ащы болар ма, дарылдап құлақ жарып барады. Төбесіндегі ебелегі лып-лып ауаны кескілеп, бір жоғарылап, бір төмендеп, қарағайдың басын жапыра құйындай үйіріп, жантайған қалпы үш-төрт рет шыр айналып шықты да, жотаның қыр желкесіндегі айтақырға жайлап барып қонды. Аспанды кіреукелеген шаң шымылдығын түсіргенде, алып көк инеліктің қақ жарылған қарынынан ер-әйелі аралас бір топ адам ағып-тамып түсе бастады. Бұл аты үркіп осқырынған соң жақындай алмай, қожайын бірдеңе деп шақыра ма деген дәмемен состиып анадайдан мойын созып тұрған. Көзі шұбартып кетті. Әйелдері шетінен үлбіреген әдемі. Әйел дейді-ау, әлі бүлдіршін қыз. Бірақ жастарына жетпей қағынған-ау, үстеріндегі киіміне қарасаңшы. Сандары жарқырап, омыраулары жартылай ашық-шашық, көздері ойнақшып тұр. Кермаралдай керілген кербезім-ақ. Кинодағы сұлуларың әдіра қалсын! Араларында «арпа ішінде бір бидай» бір негр қызы да бар екен. Бақырайып қарап қалыпты. Тірі негрді көріп тұрғаны осы. Кинодағы негрдің ері де, әйелі де адам шошырлық сұрықсыз болушы еді. Мынау бір түрлі сүйкімді. Кәдімгі негр сияқты аузы  кере  қарыс, еріні дүрдиген, терісі қап-қара. Бірақ сонда да  сүйкімді. Мұның нендей сиқыр екеніне қанша ойласа да, шөкімдей миы құрғыр жетер емес.  Әрқайсының қасында қанаттарын жайып қыт-қыттап жүргендердің дені мына өзі құралпы, сарытіс, қырқылжыңдар. Соны көргенде өз-өзінен арқасы қозып, ішіне бір желік кіргендей болды. Ұры иттің тұмсығындай бір сумақай сезім аш бүйірінен түртіп-түртіп өтті. «Қой, құрысын. Ендігісі ненің әуселесі. Таранғанмен тазға шаш шыға ма!» Дәл осы сәтті аңдып тұрғандай, жайылып жүрген үйір жақтан жылқы кісінеп еді, астындағы жамандатқыр қара айғыр оқыранып, тезек тастап, тыпыршсын кеп. Бұны қарадай ашу буды. Ауыздық шайнаған айғырдың басын шаужайлай тартып, қамшымен борбайға осып-осып жіберді, осы ғой сені есіртіп тұрған дегендей.

Ұбап-шұбап, теңгедей сыңғырлаған күлкілерін айналаға уыс-уыс шашып, еңістегі ағаш үйлерге қарай құлдилаған. Бұл аңқиған аузын жабуға да шамасы келмей соңдарынан телмірген күйі сілейіп қалған. Бұралаң жолды бұрғылай қалың ағаштың қалтарысына сіңіп кетсе де көріп тұр. Өзінен өзі ұялып, қабақ астынан жасырына жылтиып қарағанмен, қылт еткенді қапы жібермеген екен. Көз айнасына көшірген сиқырлы суреттерді армансыз арлы-берлі аударып-төңкеріп кәйіп ұстап тұр. Жүйрік ат, құмай тазы, қыран құстан басқа қызығы жоқ, көз салса көкжиегі шалқар көл, сағымды белмен шектелген тып-тыныш өміріне мынау бір қылығы бөлек пәтшағарлар баса- көктеп кіріп кеткендей.

Нағыз кино кеш жамырағанда басталды. Аюлының беткейі, әлгі телебизірі түскірдің жылт-жылт еткен әйнегі сияқты, қызықтың қанбазарын көзіңе тосады...

Сай қолтығындағы әрқайсысы бір-бір хан сарайдай сәндеп салынған алты ағаш үй –  қожайынның демалыс жайы. Уақыттың ыңғайына қарай, қыс-жаз демей, дос-жарандарымен жапырлап келіп саят құрып, сайрандап қайтады. Үйге қарап, шаруашылықпен айналысатын оншақты қызметші бар. Бұл орман күзетумен бірге қожайынның мініс аттарын баптайды. Өзі сондай аңсақ желікпе. Жер түбінде жатып тылипонмен қар жауды ма деп сұрайды. «Жауды» десең, аспанды дарылдатып бертөлетпен жетіп келеді. Қансонарды құр жіберген емес.  Бұл да оған салбурынның небір қызығын көрсетті-ау. Аң қуғанда еліріп, қиқу сап елден бұрын шабады. Қопаңдап, аттан құлап, бірдеңеге ұшырамаса игі деп қорқасың. Қасындағы қорғайды деген күзетшілерінің де тақымы бос. Аң көрінсе болды, мылтыққа жабысып, күмпілдете жөнеледі.

 – «Тоқта, ойбай! – дейді ондайда бұл айғайлап. – Бірден атып алған аңның не қызығы бар. Қуайық!»

Қасқырдың ізін кессең, нағыз қызық сол. Бөрібасар қос тазыны бірден ізге салмай екі күзетшіге өңгертіп қояды. Құлағын жымырып қарайған бытқылға қарай ойыса қашқан көкжалдың алдын орап, ашық далаға қайырады. Жан-жақтан қиқу сала қырдан қырға асырып ал кеп қу. Әу баста шығандап кетіп, көз ұшынан қылт-қылт үзіліп барып қайта ілінген жалғыз нүкте сәт санап жақындай береді. Ат болдырып, қасқырдың да тілі салақтап артына жалтақ-жалтақ қарап қыржақтауы көбейген сәтте бұл итті жібер деп айғай салады. Бойын есірік билеп қалш-қалш етіп жалаңдаған тазылар белдері доғадай иіліп ердің үстінен секіріп-секіріп түседі. Екеуі де талай сойқанды бастан кешкен әккінің өзі. Қардың үстінде жеп-жеңіл қалықтай қарғып түз тағысының адымын аштырмайды. Алдыңғысы екпіндеп жеткен бойда кеудемен қағып өтеді. Домалап түскен көкжал есін жиып, орнынан тұрам дегенше екіншісі үстіне міне кетеді. Апыр-топыр қырғын айқас. Шиыршық атып ажал шаша ақсиған көкжалдың азуын дарытпай айлакер тазылар ыршып-ыршып түседі. Айнала соғып, екеуі екі жағынан жұлқа тартып өткенде, көкжал жаны ышқынып көкке шапшиды.

Қожайынның мінезі қызық. Аңмен жау секілді өштесіп, кек алмайынша айызы қанбайды екен. Қардың үстінде шыр үйірілген құйынның шарбысын жарып шалажансар сылқ ете түскен көкжалды тапаншасын көзіне кезеп тұрып, енді атады-ау дегенде бұлардың төбесінен асыра шүріппені басып-басып қалғаны. Арақкеш Әбдіғани жаман дауысы шыға бақырып, жалп етіп жерге құлай кетті. Борсық сияқты қорбаңдап омбы қарды басымен үңгіп кіріп барады. Қожайын есірік буғандай аспанды жаңғыртып арқырай күлді де, кілт тиылып, тоңқаңдаған май құйрықтан бір тепті:

 – «Қасқырдың терісін сыпыр, – деді тұмсығы түтіндеген тапаншасын қорабына салып жатып. – Тірідей!»

 Әбдіғани екі жағы ұшталған кереқарыс ағашпен қасқырдың аузын керіп тастады да, қайқы жүз селебесін саптама етіктің қонышына жанып-жанып алды. Көкжалдың шарасынан шыға шатынаған жанарында көк аспан шырқ айналып жүр. Денесі бір жиырылып, бір созылып, төрт аяғы серең-серең етеді. Бұл дәті шыдамай теріс айналған. Біраздан соң қорқа-қорқа ұрланып көз қиығын салып еді, құдауәнда, қожайын қалжасы жаққандай, мұрынының ұшы шып-шып тершіп, ентелей тесірейіп тұр екен.  Әбдіғани қолы-қолына жұкпай теріні бітеуілеп, әп дегенше бас терісімен қоса сыпырып алды. Қар үстіне сылп етіп, сусып түскен қызылшақа дене әлі де жаны шықпай тыржалақтап тыпыршып жатты.

 – «Мынау тірі-ей, тірі!» – деді қожайын қорыққаны әлде таңырқағаны белгісіз еліре айғайлап. Сөйтті де қайтадан тапаншасын кезеп, патырлата қанжоса осып өтті. Міне, мұның қожайыны осындай...

 

                                                              Қара айғыр

Қонақтарды өкшелемей біраз ұзатып жіберіп, ақырған аюдан да, жер-дүниені басына төңкеріп дарылдаған бертөлетен де селт етпейтін талағы түскір қара айғырға не көрінгені белгісіз, жартылай жалаңаш денелері жарқ-жұрқ, былқ-сылқ еткен өңшең бұраң бел сылқымдар хайуанның көзіне құбыжық боп елестеді ме, осқырынып үркектей берген соң, тізгінін тұқырта ерге қаңтарып, шылбырымен қарағайға байлады да, еңіске жаяу түскен.

Қожайынның жаңа әнеу бір қара келіншекті өбектеймін деп айналасына қарауға да мұршасы болмады-ау. Анандайдан бұл амандассам деп мойынын созып-ақ еді, бірақ бір бұрылып қарамады ғой. Амандаспаса амандаспай-ақ қойсын, көзіне көрініп, нендей тапсырма айтатынын білуі керек. Бәлкім құс салып саят құрамыз, болмаса тау-тасты аралап серуендеуге ат дайында дер.

Қожайын басқаларға өктем, дөкір болғанымен, мұнымен сыпайы сөйлеседі. Ылғи да ағай деп қол беріп амандасатын. Бүгін сол әдетінен жаңылғандай, бұл қанша құрағытып қарағанмен, ең болмаса анандайдан бас иземеді-ау. Қара келіншек мұқыл, көзін қарайтып жібергеннен сау ма өзі.

Келетінін тылипон арқылы алдын ала біліп отырған қызметшілер бәрін тас-түйін әзірлеп қойыпты. Кенері көк тастан өрілген көлдей бассейннің суы токпен қыздырылып жатыр. Су бетіндегі жыбырлаған бу жіпшеленіп ауаға сыздықтай көтеріледі. Ташкенттен әдейі алдырған ерлі-зайыпты аспаздар ақ қалпақтары қоқырайып, самса жапқан тонар мен палау басқан тайқазанның арасында арлы-берлі жүгіріп лыпыл қағады. Әр тұста қуырылып, қайнап, бұқтырылып жатқан ыдыстардың қақпағы ашылып-жабылған сайын неше алуан тағамның хош иісі мұрын қытықтап, шалқып-шалқып өтеді. Әсіресе бағланның сүбесінен тілшеленіп сексеуілдің табына    қақталған кәуаптың түтін сіңді уыз иісі тұмсық ұшынан тиіп-қашқанда, өзгені қайдам, мұның ындыны құрыды. Әлгінде ғана таужуамен дәмдеп пісірілген жарты табақ қуырдық жеп, жарты шара қымыз ішіп, үйінен ықылық атып шықса да, жұттан келгендей ішінің құрты қозғалып, түкірігін жұтып жалаңдап отыр.

 Меймандар жайғасқан кең сарайдың айқара ашық терезелерінен сыңғырлаған, дарылдаған күлкілердің неше сорты мен масаң  дауыстардың жетпіс жеті атасы жарыса шығып, айналадағы қалғыған тыныштықты жақтан тартып-тартып өтеді, ентелеген жалаңаш жартастар қаңқ-қаңқ жаңғырып, сиыр сәскенің кіреукесіз аспанын мың-сан қоңырау әлдилеп тұрғандай.

Шеттегі үйдің қалқасында қызметшілермен бірге бұл да мырза сәскенің тұтам көлеңкесін жамбасқа басып, жантайып жатқан. Күбірлей сөйлесіп, біреу іздеп қала ма деп, қожайындар жаққа жалтақ-жалтақ қарасып қояды. Көзі сығырайып ап осы Айтақынның білмейтіні бит ішінде. Оқымайтын бәлесі жоқ. Отыра қалса, көкке қадалған арық тоқтыдай, алақағаздан көз алмайды. Көп оқыған соң көп білмегенде қайтеді. Анау көкезу Мақсұт екеуі Кәдәпи, Бхутто, Кисинжір... деп қызылкеңірдек  болады да жатады. Міне, сол Айтақын меймандардың абыр-дабыр дауысы жарыса шығып жатқан терезе жаққа көзінің астымен қарап қойып, сыбыр-сыбыр етеді: «Анау көзілдірік таққан шитік сары пәленше деген министр...», «әлгі жуан бөксе қатынды қуалап жүрген шұбар бет поицияның дөкейі...», «анау көзі сығырайған тәпелтек қара түгленше деген мыстың құдайы...» деп бәрін көзінен тізіп түгендеп, құда-жекжатындай түстеп-танып отыр.

Жаңа қонақтардан қайтқан табақтағы "сарқытты" Тілеубердіден басқасы түк көрмегендей таласа-тармаса соғып алған. Теріс қарап кекіріп, тісін аршаның шырпысымен шұқып отырған Нұрдәулет мұрынымен сөйлейтін әдетімен:

– Шіркін, мына қара "байтал" қайсысының тақымында ойнар екен! – деді теріс қарап шырт түкіріп. – Өзін Ебиепия деген жерден әкелген дей ме?

Айтақын екі иығы селкілдеп күліп жіберді:

– Қой-ей, андағың орысша жаман сөзге ұқсайды екен. Эфиопия де.

– Е, орысша жақсы-жаман сөзді біз қайдан білеміз, сен сияқты қатынымыз орыс емес!.. Беу, дүние, бай болған, бастық болғанға не жетсін, бар рахат соларда екен ғой!

– Неғып өкпең түсіп, запыран жұтып отырсың?

– Негір жаман, негір жаман деуші еді, біздің қатындардан мың есе артық екен ғой!..

Көлеңке қырындай ауып, ұзарып барады. Көкпектің сызы өткен соң екінші жамбасына аунаған. Бір уақытта қожайынның Кеша деген оққағары шықты сыртқа теңселе басып. Күж желке, жалқақ сары. Мінезі нойыс, боқтап сөйлейді. Ылғи да бұқа көзденіп, қабақ астынан сүзе қарап сыздап тұрғаны.  Түйенің жарты етіндей неме жай үстіне құлай салса, анау-мынау кісіні салмағымен-ақ жаншып өлтірердей. Таз ба, жоқ ұстарамен жылтыратып қырғызып тастай ма, жез легендей жылтыр басы күнге шағылысып бері беттегеннен бұл да шынтағын қағып, түзеліп отырған. Кеша зіркілдеп ұрса келді:

 – «Әйда, ішке кіріңдер! – деді қолын сермеп. – Қазір меймандар сыртқа шығады. Жылтыңдай бермей үйде отырыңдар!..»

Қызметшілер топырлап ішке кіре бастағанда, бұл сытылып шығып, жалғызаяқ соқпақпен томпаңдай басып, қарағайда байлаулы қалған қора айғырына қарай аяңдаған.

Беткейде бытырай жайылған азын-аулақ қой-ешкіні үй маңына қарай қайырмақтап тастады да, айғырдың ертоқымын алып, тепсеңге апарып арқандады. Қара айғыр басын жерге салған жоқ, жота басындағы жалтаңда үйездеп тұрған жылқыларға қарап ішін тартып, кісінеп-кісінеп қояды. Қора маңында түртіншектеп тағы біраз жүрді.

Бағанағы үй ішінде тұншыққан күлкі сыртқа шығыпты. Сайға сияр емес, кенерінен асып көкке шапшыған шат-шадыман жаңғырығы қыр басына еміс-еміс жетіп тұр. Не шайтан түрткені белгісіз, мұны бір әуестік биледі. Сол қылығына әлі күнге дейін өкінеді. Мұндайды көріп-білмей жүре бергенде, өмірі тыныш еді. Енді, міне, көңіліне елегізген бір түрлі алаң кірді. Сонысына кейде сақалды басыммен бұл не алжасқаным деп беті дуылдайды. У-шу даңғаза дауысқа елеңдеп, бұтаның қалқасына жүрелеген күйі, төменге дүрбі салған. Бармақ басындай дөңгеленген қос шыны жер түбіндегіні суырып әкеп, көз алдына тоса қойды. Әуелгіде селк етіп, басын жұлып  алды. Айналасына алақ-жұлақ қуыстана бір қарап, еркінен тыс әуейілікпен қара тер бұрқ етті. Арақтың қызуымен еліріп, естерінен айрылған-ау шамасы. Еркегі де, ұрғашысы да тыр жалаңаш. Моншаның есігі бір ашылып, бір жабылды. Шулап кіріп, шыңғырып шығып жатыр. Түтіндеген қызылшақа денелер жүгірген күйі бассейннің ақ көбігін аспанға атқызып, күмп-күмп қойып кетеді. Араларында қожайын да жүр. Қабағы түксиген ауыр мінезді-ақ кісі еді. Желпілдеп еліріп алыпты. Әне, үстінен буы бұрқырап моншадан атып шықты қып-қызыл боп. Алдында – тайраңдаған қара қатын. Жілік тістеген қара қаншықтай езуі құлағына жете ақсиып, ыржалаң қағады. Жүгірген бойы қолдарын бастарынан асыра үшкілдей созып, бассейнге жарыса секірген. Шортандай шоршып арлы-берлі жүзіп біраз жүрген соң, сопаң етіп ернеуге шықты да, елірген баладай бірін-бірі түртпектеп қуа жөнелді. Қара келіншектің шындап қашса, жеткізетін түрі жоқ. Қояндай ырғып, ұзын сирағы әр жерден бір тиеді. Жүгіргені билегендей, белі бұралаңдап, қимылы көздің жауын алады кәпірдің. Бірақ барын сап ұзап қашпайды. Назымен ерке еліттіріп, ындыныңды құртқандай. Емексітіп әне жеттім-міне жеттім дегенде, бұлт етіп жалт береді...

 Бірі қуып,бірі қашқан боп көзден ұзап, қарағайдың ішіне кірді. Оңашаға шықтық-ау дегендей жүрістері кілт баяулаған. Сонда да келіншек бұлталақтап ұстатса кәне. Белі бұраң қағып, қырық құбылып билеп жүр. Кенет... төрт тағандап тұра қалған қара қаншыққа қызыл төбет секіре артылсын. Екеуі мінгесіп-ұшқасты да қалды... Бұл шошып кетіп, дүрбісін жұлып алды. Бірақ көзіндегі суретті суырып ала алған жоқ. Басын қалай шайқаса да, ойын ауламақ боп қай жаққа қараса да, көз айнасында шайтанның отын жағып, жылт-жылт ойнап әлгі сурет тұрды да қойды. Жүрегі өрекпіп алабұртты. Қай-қайдағы есіне түсе ме-ау!..

 Баяғыда Қарасуда СПТУ-да оқып жүргенде күйеуі әскерге кеткен аспаз келіншек болған, аты кім еді, тәйірі, Сәлима ма?.. Ұмытыпты. Түйме танауының ұшы бүртік-бүртік тершіп, көзі жылтыңдап күле беретін мұны көрсе. Ол күлімдеген соң елігіп, бұл да жымың қағатын. Көз қиығынан жылт етіп ұрлана қашқан жып-жылы күлкі түсініксіз сырмен бала көңілдің тұнығын шайқап-шайқап өтер еді. Бір күні «жүр, складтан макарон алып келейікші» деді. Қара көлеңке, сап-салқын қойма... Содан екеуі күнде қоймаға барып, зат әкеп тұратын болды... Ұмыт болған сол күндер міне, қайта тіріліп көкірек түбінен "мен мұндалап" қалқып шықты. Тер сіңді, сарғыштанған қолтығының асты сетіней сәл сөгіліп, балғын тәні көгілдір шыт көйлекке сыймай бұлықсыған қайқы бел қара келіншек көңіл төрінде көлбеңдеп тұрып алған. «Қой, ойбай, қой! – деп, ұрлығы жарты әлемге жария боп қалғандай өз ойынан өзі шошып кетті. – Құрысын, ата сақалы аузына түсіп, немере сүйіп отырғанда, бұл қай сасқаны. Елуден жасы асты, ол секілдіні ойлаудан ұялмай ма!» Өзін желкелеп, қалай нықыртса да, бір әзәзіл сезім бәрібір ақтау тауып, бүйірін түрткілейді. «Жасыңа жетпей қартайып жерге қарайтындай не болды? Ана құрдастарыңды көрмейсің бе?..» дейтіндей құлағының түбіне сылқ-сылқ күліп. Сол сәт қалада тұратын кластастары Байжан мен Серікбай есіне түссін сайтандай сап етіп. Жаздыкүні қалаға барғанда, сәлемдесіп кетейін деп үйлеріне соғып еді, екеуінің де орынын сипап қалды. «Құрдасың тоқал алып кетті» деп кемпірлері  мырс-мырс мұрындарын тартады. Байжан мектеп бітіргеннен бері қалада. Институтта дәріс береді. Кәндидат нәук. Ол желіксе бір сәрі. Қаратаяқ деген аты бар. Әйел деген де  бір көрсеқызар бейбақ қой. «Інген көзін сүзген соң, буыршын бұйдасын  үзбей» тұра ма? Ал ана Серікбайға не жоқ десеңші. Жаман шопыр. Осыдан төрт – бес жыл бұрын мас боп, үйінің бұрышын машинамен қағып құлатып, жалғыз сиырын қасқыр тартып, азып-тозып жанын баға алмай ауылдан кетіп еді. Шашын қайырып тарап, иісмай  жағып жылтырап алыпты. Көңіл қосқаны біреудің оңжақта отырыңқырап қалған қызы екен. Әспирантура дей ме, бір жерде оқитын көрінеді. «Тоқалым жиырма  сегізде, қызымнан бес жас кіші. Көрімдігіне бір жылқы дайындай бер» деп қутың-қутың етеді. Тегі, қала кісіні бұзады деген рас. Күнде пәле-бәтірді көрге берген соң, бұзылмағанда қайтеді. Ол түгілі иненің жасуындай ғана жылт еткен бірдеңені көзі шалып қалғанға міне, басына  бақсы ойнағандай боп отырған жоқ па. Әйтеуір, сол күні көңілі құрғыр алақызып жер-көкке сыйса кәне. Айналасының бәрі құлазып солғын тартып, әлдебір өкініш көкірегін аш мысықтай тырнап-тырнап алды.

Арқандаулы қара айғыр аласұрып, қыр асып кеткен үйірінің соңынан ішін тартып азынай кісінейді.

Қара айғыр алыстап кеткен үйірін іздейді. Ал бұның өрекпіген жүрегі  не іздейді екен? Алыстап кеткен әлдене өкіндіре қол бұлғайтындай... Қара айғырды қайта ерттеп  мінді. Құйғытып қырға шықты. Құйғытып еңіске түсті. Өші кеткендей үсті-үстіне қамшы көміп, қансорпасы шыққанша шалғыны жапырылған беткейді қиялап шаба берді, шаба берді. Неге өйтіп жүргенін өзі де білмейді. Қас қарая үйге бір-ақ оралған. Өз үйіне өзі бөтен адамдай жатырқай кірді. Бәйбішесінің әжім айғыздаған жүзін, кетиген тісін жаңа көргендей, киім  киісі, жүріс-тұрысы... бәрі сөлекет, бір түрлі жат. Әншейінде терлеп-тепшіп ішетін қаймақ қатқан күрең шайына да аузының дәмі кірмей, қыржиып отыр.

                                                  Құс фермасы

– Оу, түнімен қой күзетіп пе едің? Мына қасқа ұйықтап отырғаннан сау ма өзі? – Көкесі дауысын көтеріп, басы салбырап үнсіз қалған Тілеубердіні тізесінен түрткен. Өз қиялына елітіп масайрап отырған  Тілеуберді селк етіп көзін ашып алды. Әдемі елестің әсерінен айыға алмай жанары тұңғиықтанып әп-сәтте не дерін білмей абыржып қалған. Қолайсыздықтан Сақыпжамал құтқарды. Дәл сол арада босағадан, басын қылтитып:

– Шай дайын! – деген.

– Ал дастарханға жүріңіздер! – деді Тілеуберді жездесінің қағытпасына  мән бермеген сыңаймен бір жөткірініп алып.  Алға созған оң аяғын қолымен демей бүгіп, орнынан бірнеше ұмтылып әзер тұрды.

Шайдан соң Тілеуберді меймандарына жайғасып отыра беріңіздер деп, өзі сылти басып сыртқа шығып кеткен. Көп өтпей сыртқы есік айқара ашылып, босағаны қорбаңдаған көлеңскесі кептеді. Жалғыз емес. Жылтың етіп жирен қасқа жабағының басы жарыса сығалады. Көзін ашқаннан қолда үйренген жануар үркектемей ішке емініп ентелеп тұр. Иесінің иығына тұмсығын үйкеп, басын шұлғып-шұлғып қояды. Арғы жақтан, енесі ме екен, бір жылқы ішін тартып оқыранып еді, «мен мұндамын» дегендей жұқа танауы делдиіп шіңгірлей кісінеді.

 – Ал, жездеке, Асылмұрат, бері жақындап, бата ғып жіберіңіздер! – Тілеуберді босаға түбіне бірқырын жүрелей қолын жайды. Асылмұрат жаны түршігіп шошып кетті. Нағашысының неге әкелгеніне ілкіде түсінбей, құлынның тұлпар болар бітіміне сүйсіне сұғын қадап, қаперсіз отырған. Көкесі де абыржып қалса керек:

 –  Әй, Тілеуберді! – деп орнынан лып көтеріліп, есікке қалай жетіп келгенін білген жоқ. – Пейіліңе құлдық. Алла риза болсын! Бізді сыйласаң, біздің сөзімізді сөз десең, мына құлынды қоя бер, батырекесі. Обал болады. Бір қора кісі келгендей, айналдырған екі адамға тай соям дегенің қай сасқаның?

– Қоя бері несі? Өздеріңе әдейі атаған малым. Асылкенім жаман нағашысын туыс-жұрағатым деп әдейі ат басын бұрып келгенде, тай соймағанда қой соям ба? Бір қора адам дейсің, бір қора түгілі бір дуан ел Асылкенімнің тырнағынан садаға кетпей ме. Сөзді қойып, батаңды бер, жезде. Әйтпесе Аллаһуакпарын өзім-ақ айта саламІ?

– Қой, қой, қой-ей, тентек! – деді көкесі жалынышпен қолын үсті-үстіне сермеп. – Сенің жомарт екеніңді, дүниенің бетіне қарамайтын мырза екеніңді білеміз. Бірақ мәрттіктің де жөні бар ғой, жарқыным. Сөгіп,  сынайды дейтіндей бөтенің емеспіз, орынсыз шашылған да – астамшылық, исрап қой. Сен – сойдың, мен – тойдым. Көңіліңе семірдік!

– Жоқ, жезде, болмайды! – деді Сақыпжамал. Қашан үлгіргені белгісіз, халатының сыртынан шалғыш тартып, екі жеңін түріп алған, үлкен қалайы тегенені мықынына тіреп жалаңдап тұр. – Асылмұрат қарағым бес жылда бір келгенде соймаған малды қашан соямыз. Енді қашан келетінін құдай біледі. Оған дейін кім бар, кім жоқ! – Қызының тойына ағайын боп төбе көрсете алмағанын өкпе болмаса да, наз ғып бір шалып өткен. Сөз төркінінде жатбауыр, саяқ боп барасыңдар, өздерің дөкей болған соң біз сияқты малма тымақ, салпы етектерді қайтесіңдер деген кекесін де бар ма қалай? Асылмұрат буланған көзілдірігінің шынысын сүрткіштеп қайтадан киді.

 – Тәте, амандық болса, әлі талай келеміз ғой. Тайын да, қойын да жерміз. Бұл жолы әуре болмай-ақ қойыңыздаршы.

 – Қой, бір малдың басын мүжілмегендеріңіз ұят болады.

 – Бұйыртқанды ішіп-жеп жатырмыз. Сол да дәм ғой, ризамыз.

 – Жоқ, әдейі арнап сойған малдың орыны бөлек! – Сақыпжамал алған бетінен қайтар емес, айттым-бітті кесіммен кеуделеп тықсырып барады.

«Қазақтың осысы не қырттық, – деді Асылмұрат іштей күйіп-пысып. – Ешқандай қажеті болмаса да, сөйттім-бүйттім деген құр даңғаза, атақ үшін шашылып-шабылады. Ұялмастан ұяламыз; тоқтының  бәсіне түйе береміз. Осы біздің кейбір моральдік ұстанымымыз да теріс қалыптасқан-ау!»

 – Көңілдеріңізге ризамыз дедік қой. Сол сөзіміз – сөз. Осы тілегімізді орындамасаңыздар ренжимін, – деді Асылмұрат көзі жаудырап айналасына қаперсіз жалтақ-жалтақ қараған құлынды  қалай пышақтан құтқарам деген жанталаспен дауысы қатқылданып. Онысын бірақ Сақыпжамал құлағына да қыстырған жоқ. Бетіне жымия бір қарап:

 – Ой, Алла, ет жемеймін деген қазақты көріп тұрғаным осы. Қалада жүріп, бірішек боп кеткенсіңдер ғой, жүдә! – деді де, күйеуіне қарай иек қақты. – Оу, Тәкесі, сұрап бергенше, ұрып бер деген. Не соятыныңды қонақтардан сұрайсың ба? Неғып отырсың, ерте күнді кеш қылмай болсаңшы, Жарықта ішек-қарынды тазалап алайын. 

Есік көзінде жүрелеген Тілеуберді жайылған күйі тізесінің үстінде сылқ түскен қолдарын қайтадан жоғары көтеріп, кішкентай шегір көздерінен күлкі шашырап,  жездесіне қарай еміне түсті.

 – Міне, нәшәндіктің сөзін естідің ғой. Бұйрық – қатты, жан – тәтті. Орындамасқа лаж жоқ. Кәне, бата қыл. Ысырапшылдық деп қорықпай-ақ қой. Көптен бері әкпемнің көңілін сұрап бара алмай ұятты боп жатырмыз. Бір мал сойып апарып беретін-ақ жөніміз бар еді. Жарты етін жіліктеп, қоржыныңа салып жіберемін. Сорпалансын. Ерте туып арда емген құлын. Енесі қысыр қалып, әлі еміп жүр. Еті уыздай.

 Осымен сөз тәмам дегендей төбесімен сүзе тұқырайып, қонышынан суырған сапысын босаға түбіндегі шарықтың сынығына жанып-жанып жіберді. Асылмұрат сөзін өткізе алмағанына күйініп, қатты бірдеңе деуге нағашысының көңілін қимай абдырап қалған. Абырой болғанда әкесі алдын орап:

 – Ей, Тілеуберді, сен де бір қисайған жағыңа қыңырайып болмайды екенсің! – деді дауысы шыңылтырланып. – Ит өлген жерге қанын сорғалатып қоржын бөктереді деп пе едің. Әкпеңе беретініңді өзің апарып берерсің. Той емес, басқа емес, бір келген қонаққа жылқы сойып, қораңа малың сыймай бара ма? Аты-жөні жоқ бұл не жомарттық? Осыдан мына құлынды сойсаң, бір жапырақ етін аузыма салмаймын! – Ренішті кейіппен желкесін беріп, ішке қарай кіріп кетті.

 – Ойдөйт, деген! – Тілеуберді не жаздым дегендей көзі жыпылықтап аң-таң болып отыр. – Мынау қызық болды ғой. Қонақ – қойдан қоңыр, қозыдан момын, май берсе де асай береді деуші еді. Әй, колхоз бастық жезде-ай, өз үйімізде өз дастарханымыздың билігін бермедің-ау! Жарайды онда, қойдық!

Тартыншақтаған құлынды ноқтасын сыпырып, сауырынан бір салды. Құлын шіңгір-шіңгір кісінеп, анадайда құлағы едірейіп, бірдеңені сезгендей өз-өзінен қара терге түсіп тыпыршып, үсті-үстіне оқыранып тұрған енесіне қарай шаба жөнелді. Сонда барып Асылмұраттың бағанадан бері ұстарының жүзінде қылпылдаған көңілі уһ деп орнына түскен.

«Япырай, енді не істедік» дегендей ерлі-зайыпты екеуі бір-біріне үдірейе қарасып, анадай жерге барып біраз күбірлескен. Сәлден кейін сылти басып, қайта оралған Тілеуберді босағаны басына киіп ішке қарай мойын созды:

 – Оу, жезде, қаланың қаратаяқтары дішке (дичь дегені болса керек)  әуес болады екен, асқазанға жеңіл дей ме. Азар да безер болғаныңа қарағанда, малдың етінен сасық кеңірдек болғансың-ау, сірә. Ең болмаса, тышқан мұрынын қанатайық, діш же. Қақпан мен тұзаққа бірдеңе түскен шығар, қарап келейін.

 – Е, міне, енді жөнге көштің!– деді көкесі жадырай күліп. Тілеуберді есік аузына кептелген көлеңкесін қопара суырып, кері бұрылды. Іші пысып елегізіп отырған Асылмұрат ере шықты.

Екеуі іргедегі ирелеңдей қашқан жалғызаяқ жолмен оңды-солды құлдилап, етекке түсті. Әлі көгі қайта қоймаған кең алаңқайдағы жалғыз балапан қайың көздің жауын алғандай. Балтыры ағараңдап, сап-сары жапырағы әне-міне төгілердей сыбдыр қағады. Сары шашы беліне түсіп, батар күннің шапағына шомылған жас сұлу жалғыздығына шағынып күрсінетіндей. Сайдың өрі қысаңданып, кешкі көлеңкемен түксие қарауытады. Аңғардың жайдақ ауызы жыңғыл, ұшқаты аралас қақалған қалың бұта. Су жырған жарлауытты жағалай итмұрын өсіп тұр шоқ-шоқ шашырып. Түйіні бармақ басындай болғанмен әлі бозғылт, кіртілдеп су татиды. Асылмұрат бір талын үзіп алғанмен, татпай-ақ анадайға шертіп берді. Суық ұрған соң ғой мұның дәмі кіріп уылжитыны. Шіркін, қар бір жауған соң көрсең жел үрген оппаға қылғынып мына шоқ-шоқ итмұрынның басы өрттей лаулап тұрар еді.

 – Анау қаратұмсықтың арғы иінінде суы үй орынындай боп көлшіктенген қайнар бар, – деді Тілеуберді әудем жердегі шолақ жотаға қарай бес тал қылы едірейген иегін көтеріп. – Таудың арқары мен елігі су ішуге сонда құлайды.

 – Басқа жерде су жоқ па?– деді Асылмұрат таңырқай. Сай-саладағы сарқырап жататын бұлақтар тартылып қалған ба деп ойлаған тіксініп.

 – Неге болмасын, бар ғой. – Тілеуберді кібіртіктеп, мыжырайған кепкесін көзіне қарай ысырып, желкесін қасыды. – Мен ол жерге тұз төгіп қоям,– деді жүзін төмен салып. Аңшылықтың әзелгі қағидасын бұзып, серттен тайғандай қипыжақтап тұр. – Бұрынғыдай тау-тас кезуге мұрсат та, қауқар да жоқ. Бір қора ит пен жемсауы салбыраған бүркіттерді асырау керек. Күнде ит жүгіртіп, құс салатын емес. Осындай айлаға көштік амалсыз. Совхоздың баяғыда малға деп үйіп тастаған қара тұзы бар. Керек кезінде бір-екі кесегін қайнар басына апарып қойсам болды, ертеңінде елігі де, арқары да үймелеп жүреді. Таудың шөбі жасық, су татиды емес пе, ащылаған жануарлар тұз көрсе өлген-тірілгеніне қарамайды. Баспалап барам да, таңдап отырып мелкашкамен «тыңқ» еткіземін. Қысы-жазы тазы-қырандарым да тоқ, қызылсырамаймыз.

– Аңшылықтың жақсы әдісін тапқан екенсіз! – деді Асылмұрат жымиып.

 – Енді қайтеміз.

Сөйлей жүріп екеуі қалың бытқылға сұғына енген. Жел жоқ, өзінен өзі шайқалып тұрған анандайдағы қос түп үшқаттың басын көріп, Тілеуберді күлмің қақты:

 – Бұйыртса, қанжығамыз майланатын болды!

 Арқан бойы аралықтағы екі түп бұтаға керіп қойған ауда бір топ құс қанаттары далпылдап, тыпырлап жатыр. Бір дуадақ, төрт саңырауқұр түсіпті. Дуадақты, атын білгенмен, көзбе-көз жақыннан көріп тұрғаны осы. Сидиған ұзын сирақ, қызыл тұмсық, екі ұртында едірейген мұрты бар. Тұрқы марқа қозыдай бұлтиып домаланып тұр. Төсі, қауырсын жүні шымқай көк. Қанаттары қысқа, құйрығы шолтиған. Мынандай денені қалай көтеріп ұшады екен деп таңырқаған. Ойын оқып  қойғандай Тілеуберді:

 – Көк дуадақ деген осы болады, – деді шырматылған аудың етегін жазып жатып. – Қанаты қысқа болғандықтан семіргенде мамырлап ұша алмай қалады. Тауық сияқты жайылып бұта-бұтаның арасында жүреді.

 – Енді бүркіт, тазы ұстап әуреленбесеңіз де болады екен ғой.

Тілеуберді естімегенсіп, теріс қараған күйі тұғжыңдап үндемеді.  Сор түртіп қапияда торға түскен бейшаралар жан бермек оңай ма, тыпырлай-тыпырлай ауға әбден шырматылыпты. Кейбірі тіпті қыбырлауға шамасы келмей шалажансар сілейіп жатыр. Аудың етегін жазып, сол орнына қайтадан құрды. Аяқтары байланған құрдың екеуін Тілеуберді иығына асып, екеуін  екі қолына ұстап алды. Дуадақ Асылмұратға тиді.  Зілдей екен. Жота басына шыққанша қары талып, екі қолына әлденеше ауыстырды. Арсалаңдап алдарынан шыққан төрт ит қанның иісін сезгендей қыңсылап тілдерін жалаң-жалаң еткізген. Тілеуберді:

 – Өй, жалмауыздар, жаңа ғана тойдыңдар емес пе? Жоғал! – деп зекіп еді, төртеуі құлақтары едірейіп тұрған орындарында селтиіп-селтиіп тұрып қалды.

 Есік алдында бел жазып жүрген көкесі бұлардың қолындағы салаңдаған олжаны көріп басын шайқады:

 – Пай-пай-ай, байлап қойып па едің, бардың да алып келдің ғой?

Тілеуберді жауап бергенше:

 – Нағашымның төменде құс фермасы бар екен! – деді Асылмұрат күліп.

Тілеуберді кезек-кезек жаңғырыққа салып, құстардың басын балтамен шапқан. Әрқайсысы әр жерде қанатымен шаңды бұрқыратып тыпырлап жанталасып жатыр. Біреуі, аяғын буған жіп үзіліп кетті ме, ұшып тұрып, бассыз мойынынан қан сигектеп, қанаты жалпылдап жүгіре жөнелді. Анандайға барып омақаса құлады. Қайта тұрып, қиралаңдап оңды-солды тағы жүгірді. Қанды көргеннен құлақтары едірейіп ентелеп тұрған төрт төбет «мынау не пәле» дегендей құйрықтарын бұтына қысып, қыңсылап тұра-тұра зытты. Қашқанмен алысқа барған жоқ. Тәттінің дәмін қимай, құрық сілтем жерден қиястай қарап байқастап тұр. Тілеуберді бастарды жинап ап бір-бірлеп әуелете лақтырып еді, жарыса секіріп, жерге түсірмей қағып ап, күтір-күтір қылғыта салды.

 – Міне, көрдің бе? – деді Асылмұратқа қарап ақталғандай. – Тоқ кезіндегісі осы, аш болса не істер еді? Шеттерінен кінәз өздері. Ит болып тышқан жемейтінін қайтерсің. Өткен жазда әлгі қыздың тойының әлегімен жүріп, екі-үш күн иен тастап кеткенбіз. Келсек қора күзетеді деген иттер жоқ. Ары шақырамын, бері шақырамын – зым-зия. Орманның ішіне барсам, бір маралды жайратып салып, қарындарын көтере алмай төртеуі төрт жерде жатыр теңкиіп. Қарынын тойғызбасаң, жауыз ғой бұлар... – Тұз бен тұзаққа қолын былғағанын аңшылық атына мін көріп, шарасыздығын меңзеп шағынғаны ғой, қайтсін. Тағы да бірдеңе тие ме деген дәмемен ентелей кеп шоқиып отырған басы шелектей, кеудесі алшиған сұр төбет «иә, біз сөйткенбіз, бұ кісі дұрыс айтады» дегендей езуін жырта айырып қыңсылап еді:

 – Өй, ырсиған түрің құрсын! – деді реніштен гөрі сүйсінуі басым дауыспен зілсіз зекіп. Содан соң әлі де шалажансар тыпырлаған дуадақ пен құрларды жиып-теріп жерошақтың басына апарып тастай салды:

 – Ал, бәйбіше, ендігісін өзің қамда!

 

                                                                Өрт

Тау арасындағы желсіз, тымық ауа кешке қарай шымыр тартты. Аузыңнан шыққан демің жіпшеленіп, селдірей будақтайды. Айнала қоңырайып, сай-сайдан қалбалақтап көлеңке өрмелеп келеді. Жерошақта үйтілген құстың майы шоққа шырт-шырт түкіріп, көңірсіген иіс  айналаны алып кетті. Жер бауырлап аяққа оратылған түтіннен қашып үшеуі үй іргесіндегі көлденең сұлаған дөңбекке тізе бүккен. Қабығы сыдырылып жылтыраған дөңбектің сауыры жып-жылы екен. Қиғаш түскен күн көзі уытсыз қызыл кірпіктеніп, жымиған кәрі әжедей елжірей қарайды. Айналадағы анталаған ирек-ирек тау сілемі көкжиекті көлегейлеп, кенері қырқылған көк аспан дөңгеленіп көз аясына сыйып тұр. Төбесімен көк тіреп асқақтаған арса-арса тәкаббар шыңдарға қараған сайын көңіліңе бір ірілік кіріп өзің де биіктеп бара жатқандайсың. Басын қар шалған жоталардың беткейі қабындап өскен қалың қарағай. Көгілжім бу шегіп тұнжырай толқып, белден белге асып көз ұшында жеткізбей қашып барады. Асылмұраттың жанары жамырай өрген қарағайлармен бірге өрмелеп барып, көк төсіндегі қадалған бармақтай ноқатқа жолықты. Көзі жетпей, көзілдірігін киіп қайта қарап еді, қыран екен қалықтаған. Мына Тілеуберді көкесі: «Құзғындының жақпарына ұя салатын қызыл балақ бүркіт бар. Қыранның сойы!» дейтін. Соның бірі-ау, шамасы. Тым биікте самғайды екен. Жемтік іздеп шүйіліп жүрген жоқ, жан баласы жете алмайтын биікте қанатымен күн нұрын сапырып, қыранға тән самғаудың шаттығына елігіп шабыттана шарықтайды. Қанатын жел кеулей аударылып-төңкеріліп, біресе құлдилай сорғалап, іле қайқаң етіп қайтадан көк тұңғиығына серпіле зымырайды. Оған осы сәт самғаудың қуанышынан артық ләззат жоқ сияқты бұл тіршілікте. «Ей, қыран құс, сен қандай бақытты едің! – деді ішінен Асылмұрат қарайған ноқатқа қадалған күйі. – Пенде шіркіннің қиялы ғана жететін биікте емін-еркін есіп-шалқып жүрсің, міне! Сен өршелене самғап өрлеген сайын аспан да бірге көтеріліп биіктеп бара жатқандай. Қыраны жоқ жердің аспаны да аласа болар-ау!»

 – Е, сөйтіп Аюлыдан да айрылдық де! – Көкесі көкірегіндегі қыжылы қайта қоздағандай, күн қонақтаған қызыл алау көкжиекке көзін сығырайтып тұнжырай қарады. – Бүкіл бір ауданның төрт түлігі төскейінде бас түйістіріп, жаз бойы шүйгінінде мелдектейтін төр жайлау еді. Бұл шіркіндер қайдан шыққан  шікірә? Қолы ұзын болған соң орысы ма, кәрісі ме... судың барқынын, жердің шалғынын жырымдап-жұлмалап алып жатыр. Құрығы міне,  төр жайлауға дейін жетті. Сонда қалған ел қайда бармақ? Ұлан-ғайыр алқапты бір адамның баурына басып меншіктеп, қорасындағы жердей қорғаштап-қорығанын кім көрген. Бұрын пәленше байдың қонысы дегенде ол жерді жалғыз өзі жайлаған жоқ, жалпақ әулет, бүкіл рулы ел игілігін көретін.

 – Біздің қожайын – бұрынғының байы емес, – деді Тілеуберді кекесінмен аузын қисайта жымиып. – Онда ру, ел жоқ. Барын ешкіммен бөліспейді. Ана Шұбардан бергі жерге ешкімді аттап басқызбайды.

 – Иә, оны жолай өзім де байқадым. Мал тұяғы тимеген жер шалғыны жапырылып тусырап жатыр. Сүрлеу-соқпақтың сорабын шөп басып көмескіленіп қалыпты. Піскен асы ешкімге бұйырмай төңкеріліп қалған қазандай, шалғыны қураған қыр-жоталарға қарап,  көңілің құлазиды екен.

 – Бұлары не қастық екенін білмеймін. Ен даланың шөбін аяй ма? Биыл жесе, келесі жылы тағы шықпай ма? Алғашқы кезде біраз ел ескі дәмемен ентелеп төр жайлауға келген. Қожайынның күзетшілері қойсын ба, өздерін сабап, жылқы-сиырын бытырлатып атқан соң, бас сауғалап қашқан. Содан қайтып жолаған жоқ. Біреудің меншік жеріне рұхсатсыз кіргенді атып тастауға болатын заң бар екен ғой!

 – Е, бұлар заңды да, одан зорғысын да  өздерінің керегіне қарай жасап алады ғой. Бәрі қолдарында емес пе.

 – Ел ішінде де не бір иттер бар-ау! – Тілеуберді шегір көзі шатынап, әлдебір ашу қысқандай жұдырығымен тізесін түйіп-түйіп жіберді. – Қожайынға ерегескен білеулердің ісі. Атаңа нәлеттер орман-тоғайдың обалын ойламай ма. Жердің не кінәсі бар. Былтыр Шақпақтың беткейін өртеп жіберген жоқ па. Сыңсыған қызыл қарағай еді. Жауыз ғой, жауыз!..

 – Иә, қатты өрт болды ғой. Түнде жалыны қып-қызыл боп бізге көрініп тұрды.

 – Бұл ел не боп кеткенін білмеймін. Тырп еткен тірі жан болмады. Бұрын өрт шықты десе, тайлы-таяғы қалмай аттарына міне сап, күрек-кетпенін тақымына қысып, жан-жақтан жабылып кететін.

 – Е, Тілеуберді-ай, бұрынғы мен бүгінгі бірдей ме? Бұрын жер де, су да, орман-тоғай да елдің өзінікі болатын. Енді бөтеннің нәрсесіне арамтер боп қайтеді? Ертең, құдай бетін аулақ қылсын, жау шапса да сөйтеді. Өз жерін өзі қорғап алсын дейді. Мен осыдан қорқамын. Бұрын жалпақ жер бөліп-жармастан, иісі қазақтың ортақ еншісі болатын. Қазақ даласының кез-келген пұшпағын өз топырағым, отаным деп тұтас құшып елжіреп, еміренетінсің. Енді ана тау пәленше дөкейдікі, мына көл түгенше бизнесмендікі... суына шомыла алмасаң, шалғынына аунай алмасаң, аттап бассаң, басқа елдің шекарасын бұзғандай  атып тастаса, ондай жер жат, бөтен емей немене?

 – Иә, рас айтасың. – Тілеуберді шыбындаған аттай басын шұлғыды.  –Естуімше, біздің қожайын осы жерге курорт салатын көрінеді. Шетелден саяхаттап келген ығай мен сығайлар құс салып, ит жүгіртіп саят құрмақ. Жолдарға тосқауыл қойылып, кірген-шыққанға ақы төлетеді дей ме. Туған жеріңнің тау-тасын аралап, ауасын жұту үшін пұл төлейсің енді!..

 – Қайтеміз, бұл күнді де көрдік!..

 Кешкі көлеңкедей жүздеріне мұң ұялап, екеуі бір сәт томсырайып үнсіз қалды. Бағанадан бері екі үлкеннің сөзіне құлақ қойып отырған Асылмұрат әлдебір құбыжықты көлегейлеп көз алдында тұрған қара перде кенет қақ айрылғандай селк ете түсті.

Жүрегін бір сумақай суық сезім  шым еткізіп шымшып өтті. Айналасы тып-типыл, жалаңаш. Жаңа ғана қараған сайын көз қуантып, көкірегін мейірге  толтырған туған жердің бедер-бейнесі бір-ақ сәтте күңгірт тартып, сағымға сіңіп барады. Мынау қарлы шың, тұнжыраған қара орман... бәрі-бәрі енді созсаң қолың жетпейтін, жүрсең аяғың жетпейтін қиялдағы құр елеске айналғандай. Жәй көкжиектегі көлбеңдеген көркем сурет. Алыстан көресің, сүйсінесің. Бірақ бар болғанмен жоқ, өйткені сенікі емес. Иәки сен үшін  жоқ. Кәдімгі бар екен де жоқ екен дейтін жағылтпаштың өзі. Айналаңа бұрынғыдай жан-жүрегің езіліп туған жерім деп елжіреп, еміренбейсің, пәленше байдың меншігі деп қарайсың. Көкірегің салғырт, немқурайлы. Бұдан былайғы туған жерің де, туған үйің де – өз қораңның қоршауының іші екен. Оның сыртындағының бәрі бөтен, бәрі жат. Өзі сияқты өз шарбағымен тұйықталған мыңдармен, миллиондармен байланыстыратын ортақ ештеңе жоқ. Әкесі жаңа «қорқамын» дегенде осыны меңзеді емес пе. Сұңғыла жүрек бәрін сезіп отыр. Сонда барар жерлері су аяғы – құрдым болғаны ма? Қазақ  асылынан айрылуға бет алыпты. Жерді, суды ит жыртқан тердей жарыса бөлісіп,  оңды-солды қарпып жатқан пәленшеке, түгленшеке байлар қара қазақтың жүрегіндегі «Отан!» деген сезімді тонап жатыр екен ғой түптеп келгенде.

Тілеуберді бұлар келгелі жапырайтып төбесінен тастамаған киіз қалпағын шешіп, басын қасынып еді, құбыжық сурет көргендей, Асылмұрат пен әкесі екеуі тіксіне қарады.Ұстарадан бірер күн бұрын шыққан шүйделі қазан бастың жартысы аттың жауырындай қып-қызыл боп жылтырап тұр.

– Аю тартқандай басыңа не болған, батырекесі?

Жездесінің көріп қалғанына өкінгендей, Тілеуберді қалпағын апыл-ғұпыл қайта киіп алды.

– Не болды дерің бар ма, екі жыл бұрын өліп қала жаздадым емес пе. Құрсын, адам деген аюаннан жаман боп барады ғой! Қорықта обьезщик боп жүргенімде он КамАЗ-бен  бір топ жігіт жігіт келді. Бастарына әйелдің қара шөлкиін киіп алған. "Шал, мынаны ал да, осы тойғаныңмен зыт. Сен бізді көрген жоқсың, біз сені көрген жоқпыз!" деп бір буда ақшаны маған қарай лақтырды. Мен ақшаны өздеріне қарай бір тептім. "Жоғалыңдар, әйтпесе мелиса шақырам!" деп қосауыздың бір оғын аспанға атып, екіншісімен КамАЗ-дің дөңгелегін атқам. Әлдекім желкемнен періп қалғанда, етпетімнен түстім. Көзімді ашсам, қарағайдың түбіне таңып тастапты. Айналам қып-қызыл от, қарағайдың бүрі лапылдай жанып, қызыл жалын біренен-біріне секіріп барады. Төбеме шоқ түсе бастағанда есімді жисам керек, "Өлдім!.. өлдім!" деп бақырып жатырмын.

– "Қалай, жан тәтті ме екен!" – деді біреуі қолымды босатып жатып.

– "Шыбын жанымды қия гөр! – дедім еңкілдеп. – Не айтсаңдар да орындайын."

– "Ендеше артыңды қыс та жоғал. Біреуге бірдеңе дейтін болсаң, тірідей көміп кетеміз!" – деді. Міне, содан қалған белгі. Сол қашқаннан мол қашып, осы Күреңтөбенің басынан бір-ақ шықтық. Қазір баяғы Жалпақбелді көрсең танымайсың. Сыңсыған балқарағай еді ғой. Тіс шұқырлық қылтанақ қалған жоқ. Тыржалаңаш. Жауын мен қар суы орып ырситып тастаған қожыр-қожыр қызыл тас. Бұл Қытай деген сор болды ғой. Іргесін ашып қойып, жілік майымызды қорқыратып сорып жатыр. Орманның бәрін отап бітірді. Жердің қара қыртысына дейін әкетіп жатыр. Сай мен беткейдің шымын ойып, текше-текше ғып жиып қойғанын көрдім!

– Әй, Тілеуберді, – деді Сейсекең өңі күреңітіп. – Қытай-қытай дейсің, қытайдың не кінәсі бар? Ұрлап әкетіп жатқан жоқ, тартып әкетіп жатқан жоқ. Ақысын беріп сатып әкетіп жатыр. Сататын кім? Өзіңнің қазағың емес пе!

– Оның рас. Бәрін сатып жүрген қазақтың өзі. Ішінде өзіміздің ауылдың адамдары да бар!

– Бұл жұрттың пейілі неден бұзылды? Неден мұнша азып барады? Ендігі қазаққа жер де, орман да... Отан да керек емес. Тек ақша керек. Ақша берсе, әке-шешесін де сата салудан тайынбас!.. Сақтай гөр, Пәруардигарым!..   

Асылмұрат байыз тауып отыра алмады, үнсіз түйіліп орнынан  тұрып кетті. Іші алай-түлей шиыршық атқанмен,  аяғын  сабырмен санап басып,  үй сыртындағы дөңеске қарай аяңдады. Айнала қабақ түйіп қарауыта бастаған. Сай-сайдың қолтығына үйездеген ымырт қара судай тұңғиықтанып үйіріле өрлеп келеді. Дөң басына шыққанда беттен шапалақтап жел гулеп қоя берді. Сұп-суық күздің демі. Бірте-бірте көз байланып, төңірек түгел түн қойнына сіңді. Тау да, орман да жоқ – тып-типыл, қарауытқан  тұңғиық. Шыңыраудың шетінде, көкірегің үңірейген қорқыныштан қалтырайды. Енді қайда бармақ, қалай жүрмек? Алабұртқан оймен арпалысып жападан-жалғыз қыр басында селтиіп ұзақ тұрды...

 

                                           Сұржендет

Ертеңінде күрт суытты. Кеше  күн құлақтанып батқанда-ақ секемденіп еді, сол күдігі расқа шықты. Түнде сырғақ себезгілеп өткен екен, шөп басы күмістің ұнтағын шашқандай жылтырап жатыр. Тау арасы ықтасын болғанмен, аспан аласапыран. Терістіктен соққан желдің екпінін қаңғалақ қаққан бұлттан білесің. Қыр астынан балалап жарыса шығып жатқан түйдек-түйдек бұлттар шайқалақтап, әр шоқының басына бір соғылып, беті ауған жаққа маңып барады.  Жолсоқты боп салығып шаршағандыкі ме, салқын үйде бұйығып қатып ұйықтаған екен. Бұлар тұрғанша Тілеуберді ертелетіп қақпан қарап қайтса керек. Қадаға тізгінін бос іле салған мес қарын торы аттың бүйіріне қанжығадан тамшылап, жыланбастанып  қан жұғыпты. Шарбақ ішінде Тілеуберді құнжыңдап, терісі сыпырылған семіз, сұр қоянды бұтарлап жатыр. Үй орнындай биік темір торға қамалған екі бүркіт тоят іздеп шаңқ-шаңқ етеді. Бірі томаға киіп ырғақта тербеліп  отыр. Екіншісінің басы жалаңаш, шегір көздері жалт-жұлт ойнап, бір қанатын сүйрете қырындап жерде жүр.

 – Е, Асылкен, әуестік деген де  бойыңа дендеп кірген дерт сияқты нәрсе екен, қояйын десең, қоя алмайсың, – деді Тілеуберді маңдайының терін жеңімен орай сүйкеп. – Саятшылықтың қызығы да көп, әуресі де жеткілікті. Аңға салмас бұрын бір ай-жарты ай өстіп, қоянның не құстың қаракесегін  беріп баптамасаң болмайды.  Малдың еті араласса, шыр жиып, денесі ауырлап кетеді.

 Құмған ұстап, қора айналып кеткен көкесі қайта айналып келе жатып бері бұрылған. Келе Тілеубердіге тиісті:

 –  Боршаң шығып қой сойып жатар ма десем, қоян екен ғой!

– Сен, шал, тістелемей тиш тұр. Тай соям дегенде ойбайлап безер болған өзің емес пе. Енді қой түгіл қоянның етін де бермеймін.

 – Ойбай, қойдық, көзіңе қарашы, қолыңды кесіп аларсың! – деді көкесі Тілеубердінің қолындағы лыпыл қаққан қайқыбас селебеге  қарап шошынып.

 – Ой, құдай-ай, қол кесіп не көрініпті, пышақты жаңа ұстап жүрмін бе!

Асылмұрат нағашысының қасапшылығына баяғыдан тәнті-тін. Құнан қойды аяғын бумай-ақ тұрған бойда  тақымына қысып тұрып-ақ бауыздай салатын. Қазір де қайқы бас қара сапының лыпылдаған қимылына қарап сүйсініп тұр. Қанды көріп көздері шатынаған жердегі бүркіт тордың арғы шетіне бір, бергі шетіне бір барып, тағат таба алмай ентелеп, шаңқ-шаңқ етеді.

 – Әй, Сұржендет, тәк, тәк, сабыр, сабыр, – деді Тілеуберді еркелете үн қатып. – Мына кәрі жездеңнен ұят болады. Ашқарақ екен демей ме, қой енді... –  Күбірлей жүріп, ішек-қарын, май-безі аралас қалған-құтқанды легендегі бауыздау қанның үстіне төңкере салып, басын шайқай, қуана тыпырлаған бүркіттің алдына қойған. – Же, же, байқұс, енді сенің жалғыз тамағыңнан басқа не қызығың қалды!.. – Содан соң майы мұқият сылынған қос уыстай сұрпы  етті ағаш астауға салды да тұғырдағы бүркіттің қасына барып, томағасын сыпырды. Тұғырдағы сірі қайысты қармай қысқан  тұяқтары сом,  балақ жүні үлпілдеген қызыл екен. Жарықтан жасқана дөп-дөңгелек шегір көзін бір ашып, бір жұмып дүр сілкінді. Кере құлаш сұрғыш-көк қанатын жая сермеп қалғанда, бұлттың жабығынан жылт етіп көрінген күн көзінде мың құбылып, кемпірқосақ ойнады. Астаудың қос ернеуінен шеңгелдей талтая қонып, етті айналасына шаша жұлқылап жей бастады. Әр қимылын қалт жібермей бақылап тұрған көкесі басын шайқап, таңдайын тақылдатты.

 – Мына тастүлегің болайын-ақ деп тұр екен. Аңға салып көрдің бе?

 – Ана үйдегі ұзын түлкіні өткен қыста осы алған.  Биыл, құда қаласа, қасқырға салып көрсем бе деймін.

 – Бабы келіссе, тұяғына ілінгенді құтқармас. Түрін қарасаңшы, жендеттің өзі!

 – Болды, сұқтана бермеші. Жерге түкір. Сығырайып су ағып тұрғанмен, көзіңнің сұғы жаман сенің. Баяғыда есіңде ме?!

 – Е, не бопты?

 – Әлгі Ұшар деген қызыл төбетім есіңде ме? Жалғыз өзі қасқыр алатын сырттаным-ақ еді. Сол күні ит көрмей жүргендей: « Пай-пай, абаданым-ақ екен!» деп басынан сипап, кеудесінен қағып тамсана қалмасың бар ма! Сен де кеттің, қаңғалақтап қамыс арасына қайдан бара  қойғанын білмеймін, бір уақытта қаңқ ете қалған дауысты естіп жүгіріп барсам, әлдекімнің қырық жыл бұрын ұмытып кеткен қақпанына түсіп қапты сорың құрғыр. Алдыңғы оң аяғын ортан белден қыршып түсіпті. Терісіне ілініп салбырап тұр. Қинамайын деп, амал жоқ, атып тастадым. Содан бері қорқам, сенің көзіңнің бір пәлесі бар. Не дегенмен Есентай бақсының жиені емессің бе?!

 – Қой-ей, – деді көкесі. Деуін десе де, «расында да сондай бірдеңем бар ма» деп күмәнданып тұрғандай, қыпыжықтап теріс бұрылды. – Пәлесінен аулақ, бірдеңе боп қалса, жаласына қалармын. Құрсын, одан да мына күркетауық па, бройлер ме, соған қарайын!

 – Әй, шал, шынымен қартайған екенсің, көзден қалыпсың ғой.

 – Өйтіп жала жаппа. Көзім әлі мірдің оғындай.

 – Ендеше бройлерің не? Бұл менің Сұржендетім ғой. Ескі досым.

 – Сұржендет екенін көріп тұрмын. Сұр тауық болыпты ғой.

 – Қой, қой, өйтіп қорлама.  Кіна жоқ бұған, қартайды ғой бейшара!.. Кәл, кәл, Сұржендетім, кәл!– Кеспек үстінде құйрық басып отырған Тілеуберді алақанын қаққыштап шақырып еді, жез легендегі қан-жын аралас майда-шүйдені апыл-ғұпыл қылғытып сап тоят алған Сұржендет тағы бірдеңе дәметкендей жалт қарап, теңселе басып иесіне қарай жақындады. Тілеуберді еркелетіп басынан, сауырынан сипады. – Е, жездеке, кәрілік шіркін кімге опа берген дейсің. Кеше өзің қандай едің? Сабантойда көкпарды  тақымға салып тартқанда, анау - мынау жігітті ат-матыман омақастырмаушы ма едің!

 – Қазір де тұғырдан тайды деп кім айтты?

 – Омай шіркін, қарық қыларсың!..

Бірі атып, бірі қағып, жезде мен балдыз бір-біріне дес берер емес. Асылмұрат Сұржендетті танып тұр, дұрысы атын естіген соң, «е, сол екен ғой» деп шырамытқан. Қайран уақыт қыбырлаған тіршілік иесін қалай өзгертеді  десеңші.

 

                                                       Қансонар        

Осыдан оншақты жыл бұрын, ұмытпаса, МГУ-дің соңғы курсында оқып жүргенде болар, қысқы каникулда ауылға келіп, одан осы Тілеубердінің үйіне соғып, бір жұма саят құрғандары есінде. Сұржендеттің зар күйіндегі тастүлек кезі.  Алшиған кеудесі ақ қылшықтанып, тұтаса төгілген сұрғылт қауырсындары май жаққандай жылтырап, қозғалған сайын күн нұрына жалт-жұлт ойнайтын. Бүркіт қартайған сайын қарая түседі деген рас екен ғой, енді, міне, төсінің сәл алашұбарлығы болмаса, қанат-құйрығы күлгін тартып  түгелдей қарайып кетіпті...

Тілеуберді өзі де бүркітін қайырып, аңға шығуға күн райының оңтайлы сәтін бағып, тықыршып отыр екен. Мұның келуі бап болды. Түнімен тұсарлықтан қар жауып, таңертең аспан нілге малған көк  шәйідей ашылған.

 – Бала, ақжолтай екенсің, – деген Тілеуберді сүттей ұйыған ақкіреуке айналаға жымың-жымың қарап қойып. – Қансонарға дөп келдің!

Саф ауа, сықырлаған ақша қар делебесін қоздыра ма, қаны дуылдап, алақызып, иесін бол деп асықтырғандай тағатсыздана шаңқылдаған тастүлектің ащы дауысы аспанды жаңғырықтырады.

Ақ уызы төгіліп бас жарып келе жатқан таң көк жиектің кесесін толтырып дірілдеп тұр. Екеуі ықшам киініп, асай-мүсейін сайлап атқа қонған. Тілеуберді ешкінің жарғағынан шелек аузындай шіреге керіп жасаған дапты бұның алдыңғы қанжығасына байлап жатып:

 – Бүгін қағушы боласың ғой, аң үркіткенге керек боп қалар, – деген. Шыңылтыр ауаға ызың қосып дыңылдап тұр. Әуестік билеп тырнақ ұшымен шертіп қалып еді, жез леген жерге құлағындай даңғыр ете түсті. Кәнігі дыбысқа елегізіп, иттер қыңсылап, бүркіт шаңқылын үдетіп , айнала у-шу боп кеткен.

 – Қой, ойбай, бала боп кеттің бе! – деді Тілеуберді шарасызданып. – Бүркітті босқа алдап делебесін қоздыра берсең, шабыты тез қайтып қалады!

Тілеуберді хатипамен астарлап, бұғының мойын терісінен тіккен, аузы шынтақ қабар ұзын биялайды оң қолына киді де, мазасызданған бүркітті ат үстінен іліп алып білегіне қондырды. Содан соң ердің қасына бекіткен балдақтың ашасына қолын қойып, тізгінді қағып қалған. Жарау аттар елпек аяңдап, үйден ұзай берді. Әуелгіде алға түсіп, арсалаңдап жүгірген екі тазы көбік қарды кеуделей омбылап, әпіктері басылды ма, сәлден кейін аттың ізін  куалай тілдері салақтап бүлкекке көшті.

Таудың желкесінен көкке шапши, шалқып төгілген қызылшақа сәуле жылт еткен сәтте-ақ қызыл орамалын жайқап жер-дүниені жаулап алды. Көк шыныдай  мөлдіреп тұрған кеңістік жарқ етіп нұрға бөкті. Қарға малтыққан шоқ-шоқ бұта-қараған, ши-қамыстың қалқасынан серейіп көлеңкелер ұшып-ұшып түрегелді. Бұлардың да сереңдеген көлеңкелері сырғауылдай-сырғауылдай сирақтарын қадап басып,  ұбап-шұбап қар үстінде көшіп келеді.  Көбесі сөгілмеген ақ ұлпаның бетінде жүгірген аң, жорғалаған тышқанның ізіне дейін басылған мөрдей сайрап жатыр. Әсіресе тал-бұтасы қалың, қамысты қопа, шилеуіттің айналасында шиыр мол. Ондайда аңсақ тазылар танауларымен   қарды қорс-қорс тартып, алдан қашқан ізді қуалай біраз жер ұзап кетеді де, иелері қабақ танытпаған соң, амалсыз сүлкілдеп қайтадан бұлардың соңынан жүгіреді. «Ием-ау, бұның қалай?» дегендей қыңсылап жалтақ-жалтақ Тілеубердіге қарағыштап қояды. Қардың бетін хаттай оқып келе жатқан Тілеуберді бұған қатарласа беріп:

 – Түлкі-қоянға алданып қайтеміз. Бұйыртса бүгін бір Сұржендеттің өнерін тамашалайық. Солай емес пе?

Асылмұратқа аңшылықтың қайсысы болса да қызық. Әйтсе де: «... Қар әппақ, түлкі қызыл, бүркіт қара– ұқсайды хаса сұлу шомылғанға!..» деп Абай бедерлеген ғажап сурет жарқ етіп, көз алдына тұра қалғанда, көңілін құмарлық билеп алабұртты.

 – Әлбетте, көке, – деген қуана құптап. – «Мылтық құрған атып алады; қақпан құрған жатып алады; тазы салған сілесі қатып алады; бүркіт салған қызыққа батып алады!» деуші едіңіз ғой өзіңіз. Бүркіттің аңға түскенін қызықтағанға не жетсін.

 – Дұрыс айтасың! – Тілеуберді тақымын қысып жорта жөнелді.

Сай қолтығынан суырылып жырақтаған сайын жер бедері жайдақ тартып, айнала дөңгеленіп жайыла түсті. Құлақ түбінен жел тірілді уілдеп. Ат тұяғынан ұшқан қармен ойнап, үйіріле желпіп-желпіп қояды. Жалпақ жонның ығын бөктерлей шоқыта желіп біраз жүргенде, беткейден жарыса құлаған қос із алдарынан кес-кестеді. Құрық бойы алда келе жатқан Тілеуберді тізгін іркіп:

 – Қасқырдың ізі! – деді шарасы кең ашылған  шегір көзі ұшқын атып. – Қаншық пен арлан екен. Әп, бисмилла, қанды басың бері тарт! – Аттың басын ізге бұрып, тебініп қалды.

Қасқырлар әлгі-әзірде ғана жортып өткен сыңайлы. Іздері айқын, ақ құйрықтанып лекіген сырма жел әлі көмескілей қоймапты. Жемтік іздеп сүлкілдеп жолындағы қарайған ши-бұтаны құр жібермей адақтап, шыр айнала  шиырлапты. Із біресе екі айрылып, көз көрімнен орағытып қайта тоғысып, мың бұлталақтап қырдан-қырға асып жеткізер емес.

Сар желіспен сүтпісірімдей жортып, жатаған жотаның желкесіне шыққанда, қасқырлардың қарасы шалынды. Қоян ба, қарсақ па, әлдебір аңды жайратып салып қызылға бөгіп жатса керек. Қыр басына сопаң етіп шыға келген бұларды көрісімен тұра зытқан. Қар үстінде қара жебедей созылып барады. Бұлар да атқа қамшы басқан. Әуелгіде жанұшыртып қара үзіп кетіп еді, бір-бірте аралық қарға адымдап жақындай берді. Қырбаққа қарай ойысып, сонау көз көрімде бұлдыраған дөңнің етегінедегі ойдым-ойдым бытқылғы тұяқ іліктірсек-ау деген айламен жаны ышқынып, барын салуда. Бірақ мына екпінімен қуғыншылар оған жеткізе қояр ма екен. Жол бастаған арлан кенет жүрісін баяулатып, қаншықты алға өткізіп жіберді де, жалт бұрылып, ашық далаға қарай қиялай тартты. Таң айырып көсілмей бүлкектей жортып, артына қарағыштап , кейде тіпті ақсаған боп шоқаңдап қояды. Өзінше «мен сияқты оңай олжаны соғып алсаңшы» деп емексіткен түрі. Асылмұрат аңтарылып Тілеубердіге  қараған.

 – Әй, залым-ай! – деді бүркітші жымиып. – Қаншығын құтқарып жібермек қой. Мәйлі, әуселесін көрейік!

 Залым десе залым-ақ. Шығандамай, емексітіп ізімен ілестіре қашып, қаншығы қуғыннан құтылды-ау деген кезде, «мә, саған аңқит, аузыңа саңқит!» дегендей екпінін үдетіп созыла көсілді. Қырдың етегіндегі қырбақты қуалай зымырап сәт сайын ұзап барады. Таңертеңнен бері қарды омбылап болдырып қалған ба,  арсалаңдап қуған қос тазыны шаңына ілестірер емес. Алды – аңылжыған ашық дала. Сып беріп кіріп кетер деп қауіптенетіндей қопа-бытқыл жоқ.

 – Бас қамшыны! – деді танауы қусырылып елеуреп алған Тілеуберді.  – Біраз қуайық, аптығы қайтып қалжырасын.

 Екеуі қиқу сала даланы жаңғыртып, жарыса шапты. Жер апшысын қуырған қос жүйрік қойсын ба, қасқыр қанша жанын салғанмен қара үзіп кете алмай сәт сайын арақашықтық жақындай түскен. Етек-жеңдерін жел кеулеп бір дөңеске іліккенде, Тілеуберді екпіні шабандай бастаған қос тазыны кә-кәлап шақырып алды да, Асылмұратқа бұрылып:

 – Бұларды енді алға жібермей  қасыңа ұста! – деді. – Ал, кәне дабылды қатты-қатты қақ. Шабыттанып бүркіттің қаны қызсын!

Асылмұрат «Е-еһей!» деп   қиқу сала айғайлап дабылды қағып-қағып жіберген. Сұржендет шаңқылы үдеп, тағатсыздана жұлқынды. Тілеуберді желе жортып қабаққа көтерілді. Томағасын сыпырып, балақ бауын ағытты да, елеуреп дегбірсіздене жұлқынған бүркітті әуеге серпе лақтырған.

Сұржендет құлаш созым қанатын жая қағып - қағып қалғанда, вертолеттің қалағы айналғандай, үй орнындай жердің қары бұрқырап, ақ түтек боран көтерілді. Іле сол түтеген құйынның арасынан суырыла атылып, шырқауға шарықтап бір-ақ шықты да, қанатымен көкті тіліп сорғалай жөнелді. Аспан қақырап, ағып бара жатқан ысылы құлақты жарып жібере жаздады. Қызыққа елігіп қандары дуылдаған Тілеуберді екеуі ат сауырына қамшыны үсті-үстіне көміп, құйындата шапты. Қапталдарында қос тазы жарыса абалап келеді. Әне-міне дегенше болған жоқ, Сұржендет қанаты жалт етті де, тік шаншылып, төбесінен төніп келе жатқан тажалдан қалай құтыларын білмей қыржалақтаған қасқырдың үстіне ағып түсті. Қардың беті шырқ үйіріліп боран болды да кетті. 

Ентелеп бұлар жеткенде, Сұржендет арланды тырп еткізбей астына басып отыр еді. Сырмақ аумағындай айнала шапшыған қызыл-ала қан, қасқырды бір аяғымен шаптан қармап, арс етіп қайрылғанда, екінші аяғымен шап беріп тура төбеден шеңгелдей бүріпті. Шеге қақсаң оңайшылықпен батпайтын тас кепеш сүйекке жембасар үш тұяқ бойлай еніпті, қарсы біткен тегеурін қабақ астынан бүре қысып, көзін ағызып түсірген екен. Шықпаған жаны бар демесең, тырп етуге дәрмені жоқ. Езуі ырсиған күйі тұла   бойы қыбырсыз сіресіп қалыпты. Бүркіт те қимылсыз. Бүкіл денесі тас боп түйіліп қатып қалған. Тілеуберді құрысқан сирақ-сіңірін сипап-уқалап әзер дегенде тұяғын бассүйектен босатып алды. Балақ бауын тағып, томағасын кигізді. Апыл-ғұпыл арланның ішін жарып жіберді де буы бұрқыраған ыстық бауырдан қолбасындай ғып тіліп, Сұржендетке асатқан...

 

                                        Тоқшылықта қанат жоқ                                                

Енді сол Сұржендетті атын айтқан соң ғана «е, сол екен ғой» деп әзер түстеген болды. Әйтпесе онекі де бір нұсқасы ұқсаса кәне. Қанаты қара дауылдай суылдап аспанды қақыратқан Сұржендет... тайыншадай көкжалды тыпыр еткізбей астына басқан Сұржендет... алма-кезек көз алдына елестеп, амалсыз күрсінген. Көк аспанның құдіретті әміршісінің итаяқ жағалап, боқ шоқыған тауықтың күнін кешкенін көргеніне іші удай ашып өкініп тұр. Күмпиіп семіріп алған. Мамырлап, екі жағына теңселіп, аяғын әзер басады. Жанарындағы жарқ-жұрқ жай отындай ойнаған көк жалын жоқ, тойдым, болдым дегендей айналасына бей-жай самарқау қарайды. Осы тіршілігіне бек риза сыңайлы. Бұрынғыдай тұяқтымен шайқасып, азулымен айқасып, қу құлқын үшін жан алып, жан беріспейді. Онсыз да тамақ тоқ, жан тыныш. Өмірдің осы рахатын қалай білмей келген десеңші. Аспанын аңсап, бұрынғыдай шарықтап ұша алмайтынына құсаланбайды-ау, сірә. Тіпті өзінің қыран екенін де ұмытып кеткендей. Жылы-жұмсақтың бәрі алдыңда буы бұрқырап мелдектеп тұрса, ұшудың, аспанда самғап  шарқұрудың керегі не? Тіршілік атаулының түбіне жеткен қу құлқын, кекірік аздырған тоқшылық көк аспанның сұрапыл әміршісін жерге түсіріпті, қанатсыз мешел, жабыға айналдырыпты.

– Нағашы, Сұржендетті қор қылыпсыз ғой! – деді Асылмұрат ренішті үнмен. Қалтасына басын тығып жіберіп нанның қиқымын шоқыған бүркітті қызықтап отырған Тілеуберді «қалай?» дегендей үнсіз иегін көтерді.

 – Қыранды аспанынан айырыпсыз!

 – Айырған мен емес, кәрілік.

 – Кәрілік емес, тоқшылық! Тоқшылықта қанат жоқ.

Сөз төркінін түсіне қойған Тілеуберді қызарақтап, тақиясын маңдайына қарай түсіріп, желкесін қасыған.

 – Обал жасапсың, – деп сөзге көкесі араласты. Тік тұа беруге белі шыдамады ма, еңкейіп шарбақтың ернеуіне қос шынтағын сүйеді. – Жеті атаңнан бері  қолынан  құс түспеген бүркітшісің. Саятшының  жөн-жосығын сен білмегенде кім біледі. Біз көргенде, бүркітшілер өлеузер боп құсы қартайғанда, ел-жұртын жиып, бір малын сойып, бата алып, «біраз жыл қызығыңды көрдім, рахмет саған, ендігі қалған бес күндік өміріңде бастандықтың дәмін тат, еркін шарықта!» деп биікке апарып, балақ бауын қиып қош айтып, ұшырып жібермеуші ме еді.

 – Ол жосықты мен білмейді дейсің бе, жезде-ау! – деді Тілеуберді қабағының астына көлеңке ұялап. – Өлімге қимадым ғой оны.

 – Өлімге қимағанмен қорлыққа қиыпсың.

 – Бүркітпен бүркіттің парқы бар. Қалжыраса да қалт-құлт етіп тышқан аулап, күн көре беретін бұл дала бүркіті емес. Таудың ақиығы ғой. Және Құзғындының жел ұлыған жақпарында ғана ұя басатын Қызылбалақ қыранның тұқымы. Мінезі бөлек, тәкаббар, кекшіл келеді. Ызақор, қолың қата тиіп кетсе, не сабасаң, шамырқанып өзіңе шабуы кәдік. Қарымы қайтып, тұяғынан әл кеткенін сезсе, аңға түспейді. Шырқау зәулімге шарықтап шығады да, қанатын жиып сорғалаған күйі сылқ еткізіп, өзін тастың үстіне тастай салады.  Алдындағы екі қызылбалақ көз алдымда өстіп қирап өлген соң мұны аядым. Қанатының ұшын қырқып, бір жақ топшысын үзіп, аулаға қоя бердім. Ұша алмайды. Тыңқиып тойып алады да тымпиып отырады. Басқа ештеңенің керегі жоқ.

 – Тауыққа тарыдан басқа не керек! – деді көкесі кеңсірігі жарылардай мырс етіп. – Қыран  боп жаралған соң, қыран боп өлуі керек еді. Сен бұл бейшараны ол тағдырдан айырыпсың! Жақсы ажалды бұйыртпапсың!

 – Иә, сөзіңнің жаны бар. – Тілеуберді көзін бір ашып-бір жұмып қалғи бастаған бүркітті жонынан сипап күрсінді. – Өзімнің де қараған сайын жаным ауырады. Қайтейін, ажалға араша түсем деп, абройға араша түсе алмаппын.

Асылмұрат теріс айналды. Баяғы көк аспанды қанатымен қақыратқан сұрапыл Сұржендетті елестеткісі келген, бірақ сыңар топшысын сүйретіп тоятын итаяқтан іздеген, қанатсыз жабы  көз айнасында көлбеңдеп тұрып алған.

 – Бүркіт деген қасиетті құс қой жарықтық. Ой, Алла, белім... – Көкесі тіктеле беріп, белін ұстап, қабағы кіржиіп сәл тұрды да, сөзін жалғастырады. – Ит қалай адал болса, бұл да иесіне сондай адал болады екен. Бұрындар осы елде  Бексейіт деген атақты бүркітші өткен. Ұшырған құсы жерге түспейді екен. Бала кезімізде аулымыз іргелес отырды. Шарғы бойлы, дөңгеленген жирен сақалды, көкшіл көз кісі еді. Бір жолы жылдағыдай қыранын қайырып, зар күйіне келтіріп отырғанда, өзі аяқ астынан төсек тартып жатып қалады. Ержетіп қалған ұлдарының бірі бүркітпен аңға шықпақ болады. «Құстың сырын білмейсің ғой, қалай болар екен» дейді әкесі әуелгіде. Қыңқылдап болмай қойған соң, ақыры рұхсат етеді. Жігіт екі-үш нөкер етіп, таң бозынан аттанады. Жыра-жықпылдан қоян, дуадақ қағып, қанжығалары майланып көсілтіп келе жатқанда, анадайдан қылаң етіп қызыл түлкі қашады. Қызық іздеп елірген көңіл іркілсін бе, апыл-ғұпыл томағасын сыпырып, шаңқылдап елеуреген қыранды аспанға серпе лақтырады. Сәт арасында сорғалап барып шүйіле бергенде, түлкі ін бе, үңгір ме бір жерге зып беріп кіріп кетеді. Ашулы қыран бүркіт жалт беріп, жігіттің өзіне түседі. Жанындағылар жылап-еңіреп мәйітпен бірге қыранды да үйге алып келеді. Ит ұлып, ел у-шу. Жыламаған кісі жоқ. Жаны күйініп, аласұрған Бексейіт селебесін суырып ап, сілтеп қалғанда, қыранның екі сирағын бірдей қиып түсіреді. Бүркіт ұшып кетеді балағынан қаны сорғалап. Көп ұзамай Бексейіттің өзі де қайтыс болды, баланың күйігі қойсын ба. Құданың құдыреті, иесі өлгеннен кейін бүркіт қайтып оралды. Молақ аяғын бүгіп, моланың құлағында шоқайып отырғанын талай көргем. Анда-санда ұшып барып тышқан-мышқан аулайды да, қайтып кеп сол орнында қозғалмай отырғаны. Кейін қабірдің үстінде қанаты жайылып өліп жатыр екен дегенді елден естігенбіз.

 – Бүркіттің иесіне бұлай үйірсек болатынын бірінші рет естіп тұрмын. – Тілеуберді таңырқап басын шайқады. – Ұзынбелдегі жалғыз бейіт сол кісінікі емес пе? Құдауанда, сылағына сызат түспей әлі сол қалпында тұр.

 – Е, тұрмағанда. Жылқының қылын турап, сорпасына иленген желім балшық көктасыңнан мықты.  Су өтпейді, шеге батпайды. Бұрынғының адамдары  да бірдеңе білген ғой.

 – Ол кісінің Жансейіт деген баласы да атақты бүркітші болған деседі ғой?

 – Иә, ондай саятшылар қайда қазір! – деді көкесі көкірек түбінен ескі күннің елесі көшкендей дауысы қоңырланып. – Жансейіт бүркітпен қоса тұйғын ұстайтын. Алғаш колхоздасқан жылдары малынан айрылған ел қатты тарықты ғой. Сонда осы кісі қақпан құрып, ит жүгіртіп, құс салып бір ауылды өзегін талдырмай асырап еді. Өз басым тұйғын салған кісіні көргенім сол.  Тұйғын деп қырғидың  ұрғашысын атайтынын кім білген. Баптап бір-ақ рет саласың, балақ бауын ағытқан соң қайтып оралмайтын көрінеді.  Бұрынғы іргелес екі ауыл  бір колхоз боп, Қоржынкөлдің жағасында отырғанбыз. Күздің қара суығы. Қайтқан құстың Қоржынкөлге бір соқпай кетпейтіні белгілі. Жансейіт жылда ылғи осы уақытта тұйғынын баптап, сайланып отыратын. Бір күні екінді ауа көкжиектен қара бұлттай түйіліп қалың құс көрінді. Сол-ақ екен ауыл іші абыр-сабыр болды да кетті. Біреу оқтауы мен табағын, енді біреу леген мен таяғын алып, Жансейіттің соңынан ілікке жарар үлкен-кіші ұбап-шұбап жүгіре жөнелді. Сыңсып-сұңқылдап көлге қарай төңкерілген қалың құстың алды төбеге іліккенде Жансейіт қанатын желпіп аласұрған тұйғынның балақ бауын қиып жіберген. Мұндай шалт болар ма. Ағындай көтеріліп, лектің қалың ортасын қақ жарып өте шыққанда, аспаннан мамық жауғандай болды. Ізінен құс топырлап құлап жатыр. Әй, бір қиып өткенде жиырма-отызын түсірген шығар. Жансейіт: «Қағыңдар, қағыңдар!» деп айғай салып, өзі де дабылын үсті-үстіне ұрғылады. Ел жан-жақтан қиқулап, қолдарындағы темір табақ-легендерін даңғырлатып азан-қазан. Қиқу үдеген сайын тұйғын делебесі қозып елеурей түседі екен. Шуылдаған құстың тобын оңды-солды орай соғып, жайпап жүр. Кеудеден теуіп, не шеңгелімен желкеден шауып қалғанда, құс байқұс басы сылқ етіп төмен құлдилай жөнеледі. Леген-табағымызды соққылап, айғайға басып екі-үш шақырым жүгірдік-ау деймін. Құстардың аман қалғаны улап-шулап аспанның шет-шетіне шашырай сіңіп жоғалғанда, тұйғынның өзі де  бұлдырап көз ұшынан ғайып болған. Келген ізімізді сыпыра сүзіп кері қайттық. Олжасыз қалған ешкім жоқ. Қолына салаңдатып қос-қостан құс ұстаған ел мәз-мәйрам. Қара суға қақтығып отырған ауыл сонда бір сорпаланып, маңдайы жіпсіп еді-ау...

Екеуінің әңгімесі шай үстінде де жалғасты. Аң-құстың түрліше дағдысын әңгімелей келіп, Тілеуберді түз бүркітінің соңынан жемтік аңдып ылғи да топты қарға ұшып жүретінін айтқан.  Сол қарғалар көре-көре бүркітке еліктеп, соның жүріс-тұрысын қайталауға тырысады екен.  Бүркіт тояттап ұшып кеткеннен кейін өлексеге үймелегенде аңды әрқайсысы өзі алғандай бастарын кекжитіп, маңғазданып бітеді дейді.

 – Е, жаман директордың шофері де басқаның алдында танауын көтеріп, талтаңдап қалмай ма. Бүркітке еліктеген қарға қайта ақылды екен! – деп көкесі дастархан басындағыларды бір күлдіріп алды.

 

                                              Әуелеп ұшқан алты қаз

Шайдан кейін жолға жиналған.

 – Ал, келдік, көрдік. Дәм-тұздарыңа рахмет. Енді біз қайтайық, – деді көкесі. – Асылмұрат қызметтегі адам ғой. Шешесінің денсаулығына алаңдап, бір жұмаға сұранып келген екен. Сендерге сәлем берем, жайлауды аралап қайтайын деген соң келіп қалдық.

 – Нағашысын емес, жайлаудың тау-тасын көбірек сағынған ғой бұл жаман! – деді Тілеуберді  өкпесін қыстырып. – Әйтпесе от ала келгендей тұра қашпай, бірер күн аунап-қунап жатпай ма. Адам құсап бір малдың басын да мұжыған жоқсыңдар.

 – Дәмнен дәмнің үлкендігі жоқ, нағашы. – Асылмұрат еркелей Тілеубердіні иығынан орай құшақтап, бауырына тартты. – Кешеден бері бұйырғанын таттық қой. Ықыластарыңызға Алла риза болсын!

 – Бір тышқақ лақтан нағашыңның ризығы ортайып қалады дедің бе?

 – Тышқақ лақпен құтылмайсың, нағашы. Келесі келгенде, қырық серкешімді айдап әкетем.

 – Е, бәсе, тай соям деп биті домалаған бай немені сөйтіп бір көгенін сыпырып, тақырға отырғызып кетші! – деп көкесі қағыта сылқ-сылқ  күлді. Әзіл-қалжыңмен дабырласып сыртқа шыққанда, шеңбірек атқан қызыл күн тау иығынан құрық бойы табан үзіп қалған екен. Әлгіндей емес, күн қабағы түйіліп барып қайта жадырағандай. Бұлт сұйылып, жотаның  беткейінде ала-шұбар көлеңке көшіп барады. Ұбап-шұбап бұлар жақындағанда, ерттеулі тұрған аттар құлағы елеңдеп ауыздығын шайнады.

 – Қайда жүрсең де аман бол, жарығым. Келін мен балаларға сәлем айт. Енді айналып, келем дегенше,  біз бармыз ба-жоқпыз ба, құдай біледі! – Сақыпжамал Асылмұратды құшағынан босатпай, маңдайынан қайта-қайта иіскеп, жасаураған көзін жаулығының ұшымен сүртті. Бұлар еңіске түсіп, тұмсықты айналып кеткенше қыр басында селтиіп қарап тұрды. Тілеуберді де көз ұшындағы кезеңге дейін шығарып салып, қимай қоштасқан. Бір түрлі қоңырайып, көпке дейін артына  жалтақ-жалтақ қарап бара жатты.

 – Е, қайтсін байқұс, – деді көкесі біраз ұзаған соң. – Айдалада жалғыз үй, оңай ма. Құлазиды ғой. Өзі де қызық. Таудың орманы ол қорымаса,  құрып біте ме екен. Ауырып-сырқасаңдар қиын болады, ел ортасына көшіп келіңдер десем, әне-міне деп созбақтап жүр ғой!..

Түнімен отқа тойған аттар топ-топ тезек тастап, бауырын  тартқан соң жүріс тілеп, ойқастап тізгін сүзіп келеді. Кешегідей  көш жолымен айналмай, жалғызаяқ сүрлеумен Ақшоқыны бауырлай ойдағы ауылға төте тартқан.  Айналадағы сілемі үзілмей қол ұстаса созылған үлкенді-кішілі қырат-жоталардың беткейі сыңсыған орман. Бір шоқы төбесіне дейін шапшып шыққан қарағайдан көрінбесе, енді бір жота тұтаса лаулап , қызарған қайыңның жапырағынан өртеніп тұр. Бірінен бірі өтеді. Жүрегіңе байланып, есіңді алған бір сиқыр.  Алақтап қайсысына қарарыңды білмей көзің бұлдырайды.

Бойы бусанып ауыздық шайнаған аттарды сар желдіріп, сүт пісірімдей уақытта біраз жердің апшысын қуырып бастаған. Жаңа ғана қапталдаса жарысқан апайтөс таулар тұнжырай шегініп, бір бүйір қалып барады. Жер бедері жайдақтанып, шет-шегі көкжиек тепкен кең жазыққа ілікті. Тербелген сары толқын. Жел шайқаған көде мен бидайық ат шашасын қабады. Төңіректе шоқ-шақ өскен бұта-бүргеннен басқа көз тоқтар қара жоқ. Әредік дөңеске көтерілгенде, дөңгеленген қамыстың арасынан шұқанақ көлдердің айнасы бір жылт етіп қалады. Жалтаңда ши-қурай дірдек қағып, орай соққан ызғырық бет жалайды. Күздің құбылмалы күні жаңа ғана жайма-шуақтанып тұр еді, лезде қылт ете қалды. Аспан өз-өзінен шаңытып қарақұрықтанып келеді. Қабарған жым-жырт өлі тыныштық еңсе басып, көңілге белгісіз бір үрей шақырғандай. Бұрылып бір қарағанда, жырақта қалған таулардың басын түйдек-түйдек қара бұлт жұтып қойған екен.

 – Жарықтық жел терісінен шықты ғой орағытып. – Көкесі шапан сыртынан киген жадағайының етегін тақымына қыса қымтап, қаусырына түсті. – Құзғындының басына ілінген бұлт нөсерлетпей кетпейді. Жаңбыр қуып жетпей тұрғанда ел іргесіне жетіп алайық!

 Емініп, онсыз да  төрт аяғын билеп басып тайпалып келе жатқан құла жорғаны сауырдан сыйпай қамшылады. Көкдауыл қатарына жылқы сала ма, құланың мойыны оза бергенде-ақ тізгінді жұлқа тартып, ытқып кетті. Жел гулеп бет сабалады. Жал-құйрығы сүзілген қос сәйгүлік екпіндей көсілген. Тұяқтарын жеп-жеңіл сермеп, сусыған сары даланың бетінде қалықтай жөнелгендей. Шудасы желпілдеп мойынын созған қара үлектей ентелеген қара бұлтқа жуырмаңда жеткізер емес. Жалпақ дала диірменнің тасындай ат бауырында дөңгелеп артта қалып жатыр. Белден белге асып, тағы бір дөңеске ойнақтап шыға келгенде, аспанның бір шеті сыңсып қоя бергендей болды. Еріксіз тізгін іркіп, екеуі жалт қарасқан. Қара бұлттан  суырылып бір топ қаз ұшып келеді екен. Үздік-создық қаңқылдап, мұңлы дауыспен қара аспанның көкірегін тырналайды...

 – Қараша  қаздар ғой! – Көкесі бөдене сақалын көкке шаншыды. – Ұяны кеш басып, балапандары жетіліп, күш жинағанша күткен-ау, шамасы!

Жырақтан қарасы мол сияқты еді, жақындағанда байқады – алтау екен. Көш бастаған атақаз жебедей созылып, таяқ сілтем алда келеді. Қалғандары үшкілдене сап түзеп, қанаттарын бір қалыпты қағып, тұтас денедей ауада дірілсіз сырғиды.

Асылмұраттың аяқ астынан аңсақтығы ұстады.  Кешелі-бері аңға шығып тышқан мұрынын қанатпай салаңдап бос келе жатқаны енді есіне түскендей делебесі қозып, арқасына көлденең асқан дара ауыздың алқымына қолының қалай барып қалғанын білген жоқ. Кәнігі қолмергеннің өзі ғой. Қалт кетпесіне сенімді. Мылтықты иығынан жұлып алып, көздеместен шүріппені басып қалған. От түкірген мылтықтың ащы шаңқылымен көкесінің аһұрған дауысы қабаттаса  жаңғырықты:

 – Қап, әттеген-ай!..

Көзді ашып-жұмғанша көш бастаған көсем қаз қанаты жайыла құлдилап, анандай жерге жалп етіп құлады. Сол-ақ екен аспан асты ұлардай у-шу болды да кетті. Әуелгіде мылтық дауысынан бытырай шашыраған қаздар іле қайта топтасып, екпіндеген күйі көз ұшынан шеңбер сыза қаңқылдап кері оралды. Әлі де жаны шықпай тыпырлап жатқан ата қаздың үстіне шу-шу етіп, төніп-төніп барып көтеріледі. Біресе бұлардың төбесінен ұшады шыр айналып. Шуылдай қаңқылдап, зар төгіп жүр. Көлеңкелерімен сыйпай, қанаттары суылдап, шүйіліп-шүйіліп өткенде, мынау қайтеді-ей деп кәдімгідей тіксініп қалады екенсің.

 – Япырай, бұл не істегенің, балам! – деді көкесі ат үстінде екі жағына кезек теңселіп. – Көш бастаған көсемін өлтірдің. Әне, шулап далада қалды. Енді олар баратын жеріне жете алмайды. Қысқа ұрынып,  бәрі қырылады!..

 Жүзі қатуланып, бұған қарамастан атын тебініп жүріп кетті. Асылмұраттың маңдайынан суық тер бұрқ ете түсті. Ойланбай қылған ісі бүйтіп өкінішке ұрындырар деп кім бағамдаған. «Неғып аяқ астынан мергендігім ұстай қалып еді! – деді іштей мүжіліп. – Атқаннан не ұтты? Жарты жапырақ етін олжа көретіндей қызылсырап келе ме? Жалпасынан түсірдім-ау деп марқайған желіктен басқа не бар? Не деген ессіздік!»

Қаңқылдаған қаздар қыр соңынан қалар емес. Шырқ үйіріліп шулап келеді, зарлап келеді. Қолқа суырған сұңқылдан жер-дүние күңіренгендей. Жүректі кеміріп, үңгіп барады. Асылмұрат дара ауызды апыл-ғұпыл қайта оқтап аспанға күмп еткізген. Сонда ғана үйірілген көлеңке төбеден сыпырылып, бытырай шашырады. Бірақ қанша алыстап, қалай қашқанмен жылаған жетім қаздардың зарлы үні құлақ түбінде ызыңдап тұрып алды.

Әне-міне дегенше жаңбыр да қуып жетті соңдарынан. Етек-жеңінен тамшы сорғалап ентелеген қара бұлт екпіндей жетіп, төбелерінен төгіп-төгіп жіберді сатырлатып. Аттардың жүрісі щабандап, желістен аяңға көшті. Мойындарын ішіне алып, ыққа қарай ығыса береді бүрсеңдеп. Бет сабалап сіркіреген жаңбыр ілезде киімдерін малмаңдай қылған. Асылмұрат селт етпей ер үстінде мелшиіп отыр. Берзент сулықтың етегін қымтап не өңірін түймелеген жоқ, ашық-шашық қалпы. Жауырының жігін  тіліп жыландай ирелеңдеген мұздай тамшы құймышағына құйылса да сезер емес. Меңірейген екі көзі алдыңғы аттың басқан ізінде – шашадан сорғалаған су тұяқ көтерілгенше-ақ мөлт етіп тостаған толтырады... Өкініштің ащы запыраны көкірегін қысып аласұрып келеді.

Қабарған күзгі аспан қара шашын жайып жылап тұр.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                       

 

                                                   Бөгет

Әкелі-балалы екеуі ауылға қалың жауынды соңдарынан сорғалатып ала келді. Сүйектен өткен суық жаңбыр. Көз аштырмай тұтаса сіркіреп, ара-арасында шыбық тірей сауылдап сатырлата құйып-құйып кетеді. Тоқтау жоқ, толассыз. Ауылдың қарасын көріп ентелегенмен аттардың жүрісі кібіртік. Жол табанындағы миы шыққан майтопыраққа аяқтарын қорс-қорс тығып, адымын аша алмай келеді. Тепсеңге салып  төтелей тартайын десең, үзеңгі қаққан қалың ши мен  ошағын-қурай атбаурына жармасады. Көзге көрініп тұрғанмен жеткізіп берсейші ауыл шеті. Митыңдай ілбіп, көзбайлана ілікті-ау әйтеуір.

Әншейінде ат үстінен алып түсіредей абалап алдыңды орайтын иттерде үн жоқ. Ауыл жым-жырт. Етек-жеңдерінен су сорғалап, сірескен денелерін әзер иекемдеп, ер үстінен домалап түскен. Ат тізгінін лапас астындағы қада басына бос іле салды да, екеуі қорбаңдай басып үйге беттеді.

Киім ауыстырып, бет-қол жуам дегенше буы бұрқырап дастархан басына келе қалған ыстық сорпаны үсті-үстіне сораптап, енді жан шақыра бергенде Иса кіріп келді есіктен. Бұрышын үшкілдеп басына киген кенеп қапты босаға түбіне тастай салды да, сәлемін соза айтып төрге озды.

 – Толастамайтын недегн жаңбыр, аспанның түбі тесіліп кеткен шығар, тегі! – деді домбыққан саусақтарын сытырлата уқалап.

 Асылмұратты қонаққа шақыра келген екен. Қой сойып, қазан көтеріп қойыпты.

– Өткенде айтып едім ғой, неге әуре бодың! –  деп Асылмұрат әуелгіде қынжылған. Иса алды-артын орап:

  – Сенің жаңбырлатып келетініңді біліп, монша жағып қойдым! –  деген соң буыны босап, елп ете түсті. Өнебойын суық ұстап, ауырып қалмасам жарар еді деп отырған, ыстық монша бап болатын болды.

Асылмұраттың бетін бері қаратып, көңілі жайланған соң, Иса Сейсекеңе   қарай еңсерілді.

 – Аға, мына жауынның арты не болар екен,  сұры жаман ғой, жүдә?!.

 – Қайтер дейсің, басылар.

 – Басылады ғой... бірақ ана бөгеттен қорқамын...

«Е, оған не бопты?» дегендей Сейсекең қос жастықты шынтақтаған күйі үшкілденген ақбурыл сақалын кекжең еткізіп, иегін көтерді.

 – Алдыңғы күні балық сатып алайық деп Мұқаш екеуміз бөгет басына барғанбыз. Суды көріп шошып кеттік. Кенерінен асып іркілдеп тұр. «Шлюзді ағытып, неге суды жіберіп алмайсыңдар, жаңбыр жауса оқыс қой» десек, қарауыл боп жүргендер: «Қожайын рұхсат етпейді, о кісінің бұйрығынсыз ештеңе істеуге хақымыз жоқ» деп  азар да безер боп безек қағады. Болмаған соң Серғазыға  кеп айтқанбыз. Әкім деп соған бірдеңе айтып жүрген біз де ақымақ. «Бұл біреудің меншігі ғой. Сонымен табыс тауып отыр. Суыңды далаға жібер деп қалай айта алам» деп дауысы артынан шығады. Аға, өзіңіз бас болып,  қозғау салмасаңыз – қауіп!

 Асылмұрат Исаның қуқыл тартып абыржыған түрін көріп, тіксініп қалды. Әншейінде асырып-төндіріп сөйлейтін арсы-күрсі әдеті болғанмен, мына сөзінде шын қобалжу бар тәрізді. Көкесіне қолқа салғанда, бұрын ел билеген беделі мен «ұлың үкіметтің бір дөкейі емес пе» деген ишараны қоса алға тартып отыр. Сейсекең жүзін төмен салып, тақиясын желкесіне қарай ысырды.

 – Бұрын Құдайдың жаратқан    жеріне ешкім көз алартпай жалпақ жұрт ризығын ортақ көруші еді, енді бірі тоғайды, бірі төбе мен сайды менікі деп астына басып отыратын заман болды ғой. Біздің ендігі сөзімізді кім құлағына қыстырар дейсің, қарағым. Серғазының да қыпыжықтайтын жөні бар, әкіммін деп дүрдигенмен мына жер мен судың жақсысын жырымдап, әкесінен қалған мүліктей бөліп алған мықтылардың қайсысына тісі батады?  Шырматылған жіптің ұшы жоғарыда жатыр. Бар гәп сонда. Әйтпесе осы бөгетті салдырмаймыз деп қанша жүгірдік. Сақалымызға қараған біреу болды ма, шуылдап-шуылдап қойдық...

 Әкесінің сөзі Асылмұраттың арқасына аяздай батты. Исаға қарап сөйлегенмен, астарында  «балам, сен тыңданың» ишарасы жатқандай. Алдындағы шайды шала тауысты да, кесенің бетін алақанымен басып, дастарханның шетінен шегініп отырды.

 – Ел-жұртпен санаспайтын ол қайдан шыққан Құдай? – деді ширығып.

 – Осы күнде «құдай» көп қой! – Исаның езуін мысқыл түртті. – Қолында билігі бардың бәрі Құдай! Кім дерің бар ма? Естуімізше Астанадағы дөкейдің бірі. Сот дей ме, прокурор дей ме? Нақты иесі сол. Қағаз жүзінде осындағы бір жамағайынының атына жазып қойған. Анда-санда ұшып келген вертолетін ғана көреміз.

– Әбден асты ғой бұлар, – деді Сейсекең күрсініп. –  Арты қайыр болғай!

Түйіліп, сәл кідіріп барып Иса өксігендей  ішін тартты.

 – Асылмұрат-ау, бұл дүние не боп барады? Тауға бара алмаймыз– пәленшенің меншігі, орманға кіре алмаймыз – түгеншенің қорығы. Малымыз жоғалса, іздеп барудан қорқамыз – атып тастай ма деп жүрексінесің. Барар жер, басар тауың қалмады деген осы шығар.

Асылмұрат әкесі мен Исаның жан ауыртар қыжылды  әңгімесін естіген сайын іштей шиыршық атып, ызаға булықты.

Ауданнан бастап, Астанаға дейінгі үлкенді-кішілі алпауыттардың сұғанақ қолын сұқпаған жері қалмапты-ау. Завод-фабрика, мұнай мен газ, алтын мен күміс аз болғандай, енді қияндағы бұлақтың суына дейін шеңгелін салған соң не айтарсың. Тоймайтын, толмайтын не деген ындын. Жалпақ сары жазықтың таңдайын жібітіп отырған жалғыз бұлақтың алдын буып, сайдың аңғарынан үлкен бөгет жасапты. Жылға-жылғадан жылап аққан қар мен жаңбырдың суы жинала-жинала шалқыған көлге айналыпты. Шілденің ыстығында жағаға төгілген ақ құмға аунап рахатқа батқан елде есеп жоқ. Күн сайын қалаға ағылған машина-машина балық анау. Байекең мұны да місе тұтпай, кірістің жаңа бір көзін ойлап тапса керек. Бөгеннің суын төмендегі егін салған, шабындық орған елге сатады екен. Сары жазықтың екі мың гектардай алқабын қытайлар биыл бұршақ-рапс егеміз деп арендаға алғаннан бері тіптен асығы алшысынан. Осыдан жаз шықсын, бөгеттің әр тамшысы теңге боп сыңғырлайды деп қаптың аузын кең ашып, алақанын ысқылап отырған көрінеді.

Айғыз-айғыз жылаған терезеге қарап қойып, әңгімемен біраз отырған. Жаңбырдың жуырмаңда толастар түрі болмаған соң, Иса қабын басына қайта киіп, Асылмұрат сулығын жамылып, екеуі сыртқа шықты. Жауын бұрынғыдан да үдей түскендей. Айнала көл-жайсаң. Шұқанақ-шұңқырда кілкіген көлшіктердің беті шұрқырап қайнап жатыр. Қай жерді басарыңды білмейсің. Іркілдеген ми батпақ қорс етіп, етігіңді қонышына дейін жұтып әкетеді.

Исаның үйі еңісте. Ауылдың екінші шетіндегі сай қабағын көмкере иретілген көшеге аяқтарын санап басып жетем дегенше, шай қайнатым  уақыт өтті. Бұрын миллионер колхоздың орталығы боп айдарынан жел ескен үлкен ауыл еді. Маңайдағы қора-қопсысы бықсыған қазекеңнің өзге ауылдары сияқты емес, етек-жеңі жинақы. Бірен-саран жеке-меншік қарағай үйлер болмаса, дені бұрыш-қабырғасы ақ-қызыл кірпішпен өрнектелген колхоздың қос пәтерлік стандарт үйлері болатын. Кең, түп-түзу көшелер. Жол жиегін көмкерген тал-қайың... Қазір сол сәннің бірі де жоқ. Жұрттың біразы көшіп кеткен. Есік-терезесіне дейін қопарып алып кеткен үйлердің орыны үңірейіп тұр. «Мынау пәленшенің үйі ғой» деп таныған сайын алыстап кеткен сағынышты күндер есіне оралып, Асылмұрат еріксіз күрсініп қояды.

 

                                                 Қап-қарашка

Исаның ауласы атшаптырым, төбесіне шошайтып бір отау шөп үйілген малқора үркіп бір шетте тұр. Түтіні қисық ұшқан анандайдағы қарағай монша да бөгенайы бөтендігін танытып  теріс қарайды. Кезінде үймелеп кеп қоныстанған жұрт жалпақ жазыққа симай асып - төгіліп, ауылдың шеті күрт құлдилап, ойпаңға қарай ойысқан екен. Оншақты үй жарлауыттың ығына қатар түзей ірге көміпті. Тау қолтығын созыла үңгіген сай аңғары іңір қараңғысына кептеліп, қара өзендей қарауытады.

Сырлы есік сықырсыз ашылып, жан жылтқан нұрлы әлемге топ ете түскендей болды. Мұқаш та бала-шағасымен үйіліп-төгіліп келіп отыр екен, даңғыраған төрт бөлме жайнаған жүз, жадыраған күлкінің шуағына бөгіп тұр. Гүлнәзия мен Мұқаштың келіншегі Шәрипа жарыса ұмтылып, екі жағынан құшақтай алды. Шынайы бауырмал, сағынышты құшақ.

 – Мә-ә, мыналарды қара-ей. Қаланың қаратаяғын қалай-қалай құшақтайды, ә! – деді Иса қасын қағып. – Бізді бүйтіп құшақтаса кәне...

     Гүлнәзия мол денесі селкілдей сылқ-сылқ күліп қолын сілтеді:

 – Қойшы әрі! Жаман трактористі құшақтай-құшақтай құшағым сасып болған жоқ па!

 – Омай, шіркін, жаман тракторист болмаса, осы күнге дейін байсыз отырар  едің!.. Гүлнәзия жауап қатса, байының ары қарай бәдіктеніп кететінін біліп үндеген жоқ. Балалар жамырай амандасып, ағаларына жағалай қол беріп жатыр. Асылмұрат бәрінің бетінен сүйді. Көптің арасынан байқамай қалыпты, «Ассалаумағалейкум, ассалаумағалейкум!» деп шіңкілдеген дауысқа жалт қараса, столдың қалқасынан төбесі ғана қалқып, көзі тесірейген үш-төрттердегі тақырбас қара бала мұрынынан «фонары» жылт-жылт етіп, кіп-кішкене алақанын созып тұр.

 – Уағалейкум - ассалам! Бұл қай батыр-ей?

 – Мен  – осы үйдің иесімін! – деді таңдайы тақылдап.

 – Уайдайт деген! Кімнің баласысың?

 – Исаның баласымын.

 – Е, мына жаман сенің әкең екен ғой?

 – Жоқ, менің әкем жақсы!

Иса екі езуі жайыла ыржиып, көзіне жас алды. Асылмұрат баланы тік көтеріп алып, бетінен сүйді:

  – Өзің де жақсысың. Әкең де жақсы. Таудай азамат бол, құлыншағым.

Бұл мықты жігіттің есімі Арман екен. Әке-шешесінің төрт қыздан кейін аңсап жүріп көрген жалғыз ұлы. Әлбетте, шаңырақтың иесі менмін деп бұл шіренбегенде кім шіренеді. Гүлнәзия босанарда көп қиналып, баланы «кесарево» жасап алыпты. Гормонды дәрінің әсері шығар, қатты толысып кетіпті. Ені мен ұзыны бірдей. Бөлменің есігінен қырындап кіріп, қырындап шығып жүр. Қарап отырмай Иса оны да бір іліп кетті:

 – Міне, қараңдаршы, осындай күйлі қатын кімде бар? Жардай ғып семіртіп  отырсақ та жақпаймыз. «Жаман тракторист» деп менсінбейді.

 – Жаман тракторист екенің өтірік пе? Ең құрса, Мұқаш сияқты бригадир де болған жоқсың.

    Мұқаш қызарақтап орнынан қозғалақтап қойды.

 – Қатын деген осы, – деді Иса сөзінің аяғын қылжаққа бұрып. – Баяғыда бәстесіп төрт бөтелкені қылдай бөліп ішкенде, мақтаған Мұқашың менен бұрын құлап қалмап па еді.

 – Ойпырмай, қандай мықты едің!

 – Несі бар, мықтымын! – Иса Асылмұратқа қарап, көзін қысты. – «Алтын шыққан жерді белуардан қаз» деген. Тағы бір ұл таптырайын десем, замандасың зыр-зыр қашады.

 – Құрсын, енді бала табам деп өлер жайым жоқ, айналайын. Айғырлығың асып, шыдатпай бара жатса, тоқал ал.

 – Алсам алам. Ана депутаттар да екі қатын алуды заңдастыру керек деп шулап жатқан жоқ па.

    Гүлнәзия ерінін сылп еткізді:

 – Басқасын ұқсатып алыпты да, енді сол қалып па оларға!

 Орысша оқыған, кейде қазақтың бұрма сөзін тура түсініп қалатын Шәрипа қабағын шытып, басын шайқады:

 – Әй, Иса, олай деме. Екі кештің арасында жаман сөз айтуга болмайды, шайтан естіп қояды. Тағы баланы қайтесің, Гүлнәзияның денсаулығын ойла. Құдайым осы ұл-қыздарыңның қызығын көрсетсін де!

 –Все, раз тетя Шура сказала, я молчок! – Иса қулана жымиып, алақанымен аузын басты. – Жарайды, қыздар, сендер дастархандарыңды қамдай беріңдер, біз моншаның қызуы қайтпай тұрып күнәмізді жуып келейік...  

Үш еркек орындарынан созалаңдай көтеріліп, сыртқа қарай беттеді.

Есік көзіндегі қоңылтыр күнқағардың астында айналаға көз қыдыртып біраз іркілген. Асылмұрат сөзі сылдыр досының іске ұсынықтылығын көріп, сүйсініп тұр. Аула іші далиған кең болғанмен тап-тұйнақтай. Көз сүрінердей көлденең жатқан ештеңе жоқ. Шарбақтың екінші басындағы ұзын малқораның өзі анау-мынау үйге бергісіз. Қабырғасы ақталып, есік-терезелері сырланған.  Күн мен жаңбыр жеп, далада қаңсып жатқан ештеме көрмейсің. Дәртелері көкке қарап қаңтарылған арба- шанадан бастап, тұз салынған науа мен айыр-күрекке дейін биік лапастың астында. Жал-жал үйілген қи, біркелкі кесіліп текше-текше қаланған тамыздық ағаш. Сіріңке тигізсең лап ете түсердей ақсөңке боп саңғырап тұр. Қай жағыңа қарасаң да ұқыпты, шаруақор қолдың таңбасын көресің. Көз қуантып, көңіл тұщындырады.

 – Мә, мына сығыр көмірді де түсіріп алыпты ғойІ – деді екі қолымен мықынын таянып, қарыны шертиіп тұрған Мұқаш қызығуы мен қызғанышы аралас әрі-сәрі үнмен. Май басқан шегір көздері отын қораның іргесіндегі киіз үйдің орнындай қарақошқылданып жатқан жерге қадала қалыпты. – Қанша тонна әкелдің-ей?

 – Екі тележкі. Бірі – Қаражыраныкі, екіншісі – «Шұбаркөл». Араластырсаң майдай жанады.

 – Сібірдің қысы келетіндей мықтап дайындалыпсың ғой!

 – Үйді абажадай ғып салыппыз да, дұрыс жылымай былтыр балалардың күйісі кетті. Әбден ызасы өткен соң биыл ерте бастан қамданғаным ғой.

 – Осы қазақтар пысық-ей!

 – Ойбай, мынау қазақ болмай қалыпты ғой! Сені не, шешең қалмақтан туып па еді? – деп Иса шап етіп шағып алған.

 – Ой, әкеңнің... бір перейін бе осы!.. – Мұқаш сөз таба алмай қызараңдап, ұрып жіберетіндей күрзідей жұдырығын төбесіне көтеріп сес көрсеткен болды.

Үшеуі жауын астында қорғалақтай жүгіре басқан күйі анадайдағы моншаға сырт айналып  барып кірген. Асылмұрат шаруасында селкеу жоқ мәттаһам досының моншаны осыншама алысқа салып, есігін теріс қаратып қойғанына таң-тамаша.

 – Моншаң неге бөтеннің дүниесіндей теріс қарап тұр?

 – Өзі де бөтендікі! – деді Мұқаш жаңағы кеткен есесінің қарымтасын қайтарғысы келгендей Исаның алдын орап. – Бұған мұндай монша салу қайда!

Иса қарсы дау айтпай сылқ ете түсті.

 – Иә, мына қырт рас айтады. Бізге мұндай монша салу қайда? – деді Асылмұратқа мойнын бұрып. – Көршім Кенжеболат дейтін жігіт еді, сен танымайсың, бұрын «Марксте» тұрған. Сол көшіп кеткен соң, жерін қосып алғам. Алматының шетінен участок алған екен, ағаш үйін бұзып, бүкір шегесіне дейін қалдырмай алып кетті. Моншасына қызығып жүруші едім, бір баспақ беріп әзер алып қалдым. Әп-әдемі моншамды енді  апта сайын қылқиып кеп мынау-ақ тоздыратын болды. Осыған монша не керек екен, қара өгізді қанша жуынғанмен бәрібір ағармайды емес пе. Ең болмаса біз сияқты аққұба болса бір сәрі.

 – Ой, әкеңді... – Мұқаш сөзге шыдай алмай, төбесінен «кертоқай» алмақ боп ұмтыла беріп еді, Иса жалт беріп қолын қағып жіберді.

 – Менің әкемде нең бар. Қап-қара ғып туғызған өз әкеңнен көр. Бірақ қап-қара болғанмен аузының салымы зор-ей өзінің , орысша оқыған сап-сары қызды қағып түсті. Шәрипа не деп еркелететінін білесің бе, «Қап-қарашкам!» деп басынан сипайды екен! – Суылдақ Исаның суша сапырған сөзінде түйірдей дән де бар болса керек, Мұқаш жауап қата алмай булығып:

 – Оттамай есігіңді ашшы, – деді – Жауынның астында жаурап өлдік қой.

 – Ойбүу, зәңгілердің суыққа шыдамсыз екенін ұмытып кетіппін ғой, пардон, мьсе! – Шам жағуға ішке кіріп кетіп еді, сөзінің аяғы құмығып қараңғы дәліздің түкпірінде күңгірледі.

Қарсы қабырғадағы жалғыз көзді терезенің шаршысынан жарқ етіп тілін созған жарық бейуақтың қорғалақтаған көлеңкесін жалғыз-ақ жалап өшірді де, айналаны жарқыратып салды. Моншасы мақтаса мақтағандай екен. Самырсыннан қиып салған моншаның ішін балқарағаймен қаптапты. Қабырғасынан бастап төбесінен еденіне дейін қиюластыра қағылған жуан елі тақтайдың жымы білінбейді. Құрғақ будан кеңсірік қытықтап шайыр аңқиды. Бұлаудағы сатылап қойылған үш сәкіге шешіне салысымен үшеуі сұлай-сұлай кеткен. Сүйегін суық сорып күні бойы аяқ-қолы жылымай дірдек қаққан Асылмұрат ең жоғарғысына шалқалай созылды. Бабымен қоздаған қоңырқай ыстық денесіне бәсең-бәсең шымырлай жайылып, рахаттың шырын тұңғиығына шым батып бара жатты. Буын-буыны балқып, жаны сүйсінгеннен тұлабойы тәтті ыңырсыды. Денесін буған суық бұрқ етіп сыртқа шыққандай алты айрығынан қара тер шүмектеді-ай дейсің. Төменде жатса да екеуі көпке шыдаған жоқ, құйрықтары тегенедей ағараңдап тоңқаң-тоңқаң сыртқа безген. Сарылдаған душтың астында аһылап-уһілеп жан шақырып жатыр. Ара-арасында Иса:

 – Ау, суықтың масағы қалды ма, шықсаңшы. Қазандағы еттен бұрын пісіп қаласың ғой! – деп бұған дабыстап қояды. Одан соң да біраз жатып, жүрегі қаға бастағаннан кейін орнынан тұрған. Ауызғы бөлмеге шықса, ұзын орындықтың бел ортасында басы жылтырап үш шөлмек қаздиып тұр. Атамзаманғы көзтаныс «Жигули» сырасы. Иса бөшкедегі суық суға бір жәшігін тоғытып қойыпты. Асылмұрат легендегі салқын суды басына бір-ақ төңкерді де, орындықтың шетіне жайғасты. Үшеуі ашқыш іздеп сызылмай, әрқайсысы өз шөлмегін орындықтың қырына қақпағын тірей төбесінен тоңқ еткізіп ұрып ашаты да, үнсіз бүйірлерін қағыстырып, қылқ-қылқ аузынан жұта бастады. Көпіршіген шөлмекті орталап барып Асылмұрат уһ деп аузын сүртті.

 – Ит-ай, бапты білесің ғой! – деді Исаға ризашылықпен күлімдей қарап. –  Дүниеде осыдан ратық рахат бар ма екен?

 – Қойшы-ей! – Иса сенбеймін дегендей қолын сілтеді. – Біз қолымыз жеткені осы болған соң амалсыз ішеміз. Сендер ғой, шайқап-төгіп ылғи шетелдікін ішетін, әлгі қандай еді...

 – «Стэлло Артуа», «Хайнекен», «Балтика», «Кулер».. – Мұқаш әрқайсының атын айтқан сайын дәмі аузына келгендей бір тамсанып шұбырта жөнелген.

 – Әне, қатыны орысша оқыған осы жақсы біледі, – деп Иса жолортадан тілін тағы бір сұғып алды.

– Әй, жігіттер, – Асылмұрат құлашын жайып, екі жағында отырған екеуінің иығына қолын салды. – Сендерге – өтірік, маған – шын, мен үшін «Жигулиден» артық сыра жоқ жер бетінде. Адам деген қызық қой. Алғаш татқан дәмі әлі аузымда тұрғандай. Осыны ішкен сайын өткен күндерім мен өздерің есіме түсесіңдер. Иә, біз де  бір кісідей жынды болыппыз-ау қарап отырсақ. Кейде аңсарым ауып кеткенде, екі-үш бөтелке «Жигули» мен тұздалған шабақты газетке орап, үйге алып келетінім бар. Балықтың тарамдалған етін шетінен талмап қойып, тобылғы сыраны сыздықтата жұтқанға не жетсін, шіркін. Қалжам жаққандай борша-боршам шығып отырған маған қарап ондайда Сандуғаш басын шайқап, бетін шымшиды. «Плебей!» дейді мазақтап.

 Үшеуі бір-біріне иықтарын сүйей, қолдарындағы шөлмектерінің түбін әуелетіп, сыздықтата сімірді. Айналада балалық шақтың бұлың-бұлың сәулелі елесі кезіп жүр. Гуілдесіп біраз отырса керек, желке тұстағы бусанған терезе тақылдай жөнелгенде, үшеуі елең етіп жалт қарасқан.

 – Құдай біледі, мынаның орыс қатыны! – деді Иса иегімен Мұқашты нұсқап. – Қой, тезірек киінейік, әйтпесе ол сығыр кіріп келуден тайынбайды, байын біреу осында жеп қоятындай!..

– Кірсе, кіре  берсін. Көз тиеді деп пе ең  бөрткендей бірдеңеңе!

 – Кет-ей, антұрған, «еңбекқорымды» өйтіп кемсітпе!..

«Әй, дауасыз иттер– ай, қойыңдар енді бәдіктенбейді»  айтуға шамасы келмей Асылмұрат кеңк-кеңк күліп, аузындағы сыраға шашалып,  бүркіп  жібере  жаздады.

Сыртта жаңбыр толастар емес.

 Айнала тас қараңғы, бітеу. Жел үйірген қара жауын біресе сіркіреп, біресе шүмектеп, темір шатырды дабылдата сабалайды.

 

                                          Құстар қайтып барады

Бір-ер кәсе шайдан кейін дастархан басы той-думанға айналып жүре берді. Исаның балалары өнерпаз екен. Шетінен ән айтады, домбыра тартады. Кезінде музыка мектебінде сабақ берген Гүлнәзия балаларын тәрбиелеуге бар өнерін салса керек. Тоғызыншыда оқитын тұңғыштары Айбарша шексіз үн мұхитын қанатымен сабалаған аққудай жіп-жіңішке салалы саусақтары фортепианоның аппақ клавиштерін санамалай оңды-солды жүгіріп, жүрек шымшыған мұңлы да назды аккордты дірілдете  басып-басып қалған. Фортепианоның қасында қарсы қарап қатар тұрған Сәуле мен Сәния әйгілі «Құстар» әнін қос дауыспен сызылта жөнелді. Еркін төгілген кең тынысты тұнық дауыс. Қоңыр мұңның әлдиімен көкірегіңді кеміріп кеулеп барады. Қайырмасына келгенде бәрі көтермелей қосылған:

... Ал адамдар күліп бастап өмірін,

Кетерінде жылай да алмай, жылай да алмай қалады!..

Мың мәрте естіген әннің осынау жолдары бұрын аңдамаған әлдебір тылсымды ишаралап тұрғандай Асылмұрат өз-өзінен көңілі жабырқап көмейіне өксік кептелді.     Апалы-сіңлілі бүлдіршін бұдан кейін де бірнеше ән айтты. Бірінен бірі өтеді. Кез-келген сахнаға ұялмай шығаратын әншілер. «Астанаға барған соң телевидениедегі жігіттерге айтып насихаттату керек, – деп түйді Асылмұрат. – Әйтпесе өстіп елеусіз от басында қалып қояды.»

Қыздың кенжесі – Аршагүлдің мінезі шатақтау көрінеді. Неден қитығып қалғаны белгісіз, бұрыштағы орындықта қырын қарап, тымырайып отырып алды. Шешесі:

 – Жүр, ән айта ғой, «Ақ көгершінді» айтып берші. Ағаң тыңдасын, – деп жеңінен тартып еді, иығын қиқаң еткізіп сілкіп тастады. – Өй, жаман қыз! – деді қып-қызыл боп ызаға булыққан  Гүлнәзия. – Отыр ендеше солай омайып. Бұдан былай ән айтам деші, тіліңді жұлып алайын, о несі-ай! Қарадан-қарап қасарып қалатын қояншығы бар өзінің!

 Өнердің үлкені кішкентай Арманда екен. Бетіне сүйектен өрнек бастырып, өзіне арнайы жасаттырған қалақшадай домбырасын тоқаштай қолымен қағып-қағып жіберіп, «Он алты қызды» термелей жөнелгенде, дәл бір үлкен кісі сияқты сөздің мағнасына қарай  қас-қабағын құбылтқанына қарап, қыран-топан бір күліп алған. Әнді айтып болар-болмастан сағатқа қарады да, телевизорды қос деп әкесіне қиғылық салды. «Спокойной ночи, малышиды» қаза жібермейтін әдеті екен. Асылмұраттардың өзінің бесігін тербеткен Пьеханың әлдиі қай сәбидің жүрегін жауламасын. Арман әкесінің тізесін ерттеп мініп, көгілдір экранға тесілді де қалды. Ангелина апай бүгін Ованес Туманянның «Кәрі жөке» дейтін ертегісін оқып берген. Қос бармағын аузына салып, тапжылмай тыңдаған Арман өлеңді сол жерде қағып алып, қайталап шықты. Орысша білмесе де, жаттап алады екен, «р»-ға тілі келмей «л» дейді.

 

Стояла гола,

Как влемя стала

Под ней – пестлый луг,

На ней – сталый бук,

В глубоком дупле,

В уюте, тепле

Кукушка жила,

Детей белегла,

Кукушка пела на суку:

«Ку-ку, кукушечка, ку-ку,

Сколее подластайте,

На волю вылетайте!.. 

Ерте дамыған, айрықша қабілетті бүлдіршін. Әпкелеріне ілесіп қара танып алыпты. Кітапты іркіліссіз оқи береді. Төрт амал есепке де жүйрік. Әке-шешесі тіл-көзден жасқанып, мектепке бермей отыр екен. Ең болмаса беске толсын, содан соң көрерміз дейді. Мектепті естігенде Арман елең ете түсті. Әкесінің арқасына асылып, ұртын томпитып еркелей тіл қатты:

 – Көке, мектепке балайыншы.

 – Онда не істейсің?

 – Оқимын. Жақсы оқып, Асылмұлат ағам сияқты, үлке-ее-ен кісі болам!

 –  Жаман оқымайсың ба?

 – Жоқ!

 – Неге?

 – Жаман оқып,алақ ішкен кісі Мұқаш аға сияқты тіләктіл айдайды.

 Мұқаш ашуланған боп столды жұдырығымен қойып қалды:

  – Сөзін қарашы-ей мына әкесі жаманның. Трактор айдаған кісі емес пе екен?

 – Ол– тіләктіл айдайтын кісі!..

 

                                                      Телегей

Дыр-думанмен  отырып түн ортасы ауа тарқасқан. Исаның бала-шағасы топырлап сыртқа ере шықты. Бәрі жауыннан жасқанып, есік алдындағы күн қағардың астында ұйлығып тұр.  Асылмұрат мен Мұқаштардың жолы бір. «Босқа су боласың, өзіміз кете береміз» дегенге қарамай, Иса шығарып салам деп болмай қойды. Еңкеңдеп көп есіктің біріне кіріп кеткен. Қытайдың үлкен қара целлофан пакетін үшкілдеп басына киіп шықты. Қолында жарты метрдей ұзын қытайдың фонары. Ішіне аз дегенде он батарея сиятын шығар. Жарқ еткізіп еді, жайшылықта қараңғыны арқан бойы ойып түсетін жарығы шаңытқан жаңбырдың қалың шымылдығынан өте алмай, қарға адым айналаға дөңгелей шашырап қорғалап тұр. Қош айтысып жүруге ыңғайлана бергенде Арман «мен де барам» деп қиғылық салды. Жүгіріп кеп әкесін құшақтай алған. Тас жабысып мойнынан айрылар емес. Қалмаймын деп шыр-шыр еткенде, Асылмұрат өз-өзінен оқыс түршігіп, өнбойын бір жат, сұрқия үрейдің сұп-суық демі шарпып өткендей болды. Бала әке-шешесінің «онсыз да жөтеліп жүрсің ғой, суық тиіп ауырып қаласың» деп екі жақтап жалынғанына көнер емес. Болмаған соң діні қаттылау Гүлнәзия құйрықтан бір тартып, Исаның құшағынан тыпырлатып жұлып алған. Аяқ-қолы сереңдеп, тепсіне жұлқынғанда шешесін жығып кете жаздайды. Шоқ басып алғандай жаны ышқынып булыға шырқырады. Бұлар тез-тез басып ұзай берген. Асылмұрат айналып бір қарағанда, күнқағардың астында қалқиып тұрған топты адам ескі суреттей бұлдырап, көз алдынан шегініп бара жатты. Кішкентай Арманның шырылдаған дауысы қыр асса да құлақтарынан кетпей, жауынды түнде соңдарынан өксіп еріп келеді.

Жаңбыр толастар емес.

Бірде сіркіреп, бірде сарылдап, аяққа оратылған жарықтың өтінде тыржалаңаш тамшылар дірдек қағады. Шам ұстаған Иса – алда, миы шыққан тайғанақ жалғызаяқ жолмен ұбап-шұбап қиялап келеді. Қыр үсті жалтаң, демі бет қарыған әжептәуір ызғырық бар екен, сырылдап сырғақ төгіп өтті. Дамылсыз сытырлай саулаған ақ қиыршық айналаны лезде ақ кебінге орап тастады.

Шәрипа мен балаларды үйге кіргізіп жіберіп, үш дос сыртта қалған. Қоштасуға асыққан жоқ. Ауыздарында шылым жылтылдап, лапастың астында оны-мұны әңгімемен бір шама уақыт тұрды. Ауыл ұйқыға кеткен, жым-жырт. Меңіреу түн әлдебір құпиясын ішіне бүккендей қорқыныш шақырып үңірейіп тұр. Кенет күркіреген алапат дыбыс қара түнді қақыратып қақ айырды. Аспанның бір шеті лақ етіп ойылып, әлдене сатыр-сұтыр сарқырап аға жөнелгендей. Бір сұрапыл гуіл ауаны тітіретіп, іле ақтүтек қиыршық бетті осқылап дауыл ұйтқыды ышқына соғып. Табан астындағы жота солқылдап, өз-өзінен теңселе  ойнап кетті. Атом бомбасының жарылғанын көрген жоқ, жарылса – осындай болатын шығар деп ойлады, не болғанын түсінбей зәресі ұшқан Асылмұрат. Ит біткен шу етіп, бір мезетте жан-жақтан жарыса ұлып қоя берді. Ішін тартып үрей шақырған азалы үннен аспан асты азынап кетті. Үйшігінен атып шыққан қара-ала төбет тұқымдастарынан қалыспайын дегендей күресіннің шетіне отыра қалып, тұмсығын көкке соза ұли жөнелген.

 – Ой, әкеңнің... қара басыңа көрінгір! – деп Мұқаш жерден әлденені ала сап атып ұрып еді, бір қаңқ етіп таяқ тастамға барды да, шоқайып тағы да ұлыды. «Мыналарға не бәле көрінген өзі» дегендей үрпиісіп үшеуі бір-біріне қарасқан.

 Әр тұстан лып-лып шам жанып, ұйқыдағы ауыл шошына көзін ашып алды. Жүректерін үрей буған үш жігіт бір-біріне қарады. Тілдері күрмеліп ләм деуге шамасы жоқ. Саусақ арасында түтіндеген темекілерін жерге тастай-тастай салған. Жер солқылдатқан әлдебір  алапат дүбір төменгі аңғар жақтан аждаһадай ысылдап өте шықты. Адамдардың шыңғырған дауысы, жылқының кісінегені, сиырдың мөңірегені, иттің қаңқылдағаны... ұмар-жұмар құлаққа ұрып, сол бойда арқырап-күркіреген құбыжықтың көмейіне жұтылды. Қапелімде ат таға алмаса да, бір сұмдықтың болғанын іші сезген үшеуі жаңағы келген жақтарына қарай тапырақтап жүгіре жөнелді. Құлдилаған сайын қопарыла күркіреген қорқынышты үн күшейе түскен. Қараңғыдан суырылып шығып, сатыр-сұтыр қастарынан ағып өтіп жатқан қалың нөпірге қараса, иттер екен. Үсті-бастарынан су сорғалап, қаңқ-қаңқ етіп басы ауған жаққа безіп барады. Ентелей жүгірген үшеуі өкірген дауыстан сескеніп еріксіз іркілген. Шилеуіт дөңестің жиегіне келіп тоқтапты. Исаның қолындағы қараңғыны сипалаған фонардың қазан аузындай жарығы арқан бойы жердегі жалы аспанға шапшыған телегей - теңіз қара тасқынды көз алдарына тоса қойды. Сонда барып жан шошытқан сұрапылдың шынайы бет-жүзін көріп, төбелерінен батпанмен ұрғандай сілейіп тұрып қалған. Табан асты күрт опырылып бір тұңғиыққа батып бара жатқандай. Исаның қолындағы фонар жерге түсіп кетті, тасқа тиді ме, шынысы шарт етіп сынып, дүние түнекке батты. Баж етіп бақырған жан дауысы аспанды шайқалтып алға қарай ата жөнелгенде, аяғы шидің түбіріне шалынып етпетінен түскен, екеуі есін жиып, жалма-жан екі жағынан шап беріп ұстай алды...     

Тынымсыз себезгілеген сырғақтан айнала бозамықтанып, ақ-қараның елесі еміс-еміс бұлаңытады. Таяқ тастамдағы бұрқ-сарқ қайнап долыра өкірген қара тасқын аңғардың кенерін кернеп, сәт сайын көтеріліп келеді. Әлгінде ғана шамдары жамырай жанып, түтіні жарыса будақтаған төменгі ауыл – тұтас бір көше жым-жылас. Тағы не бар, жұтамын-жалмаймын дегендей тілін жалаңдатып тап-тап берген қара тажал толқыннан шошынып, Исаны сүйрелеген күйі әзер дегенде қыр басына шегініп үлгірді. Иса ғана сұрапылдан тайсалар емес, қоя берсең қойып кетердей есірік буған ессіз күйде.

 – Құлыным-ай, құлыным, енді қайттім! – деп өкіре жылағанда, жұбатуға сөз таба алмай екеуі де өксіктеріне тұншығып үнсіз солқылдайды. – Арманым-ау, жарығым-ау, жаңа жүрегің сезген екен ғой, шырылдап мойныма жабысқаныңда неге тастап кеттім екен. Шынымен бәріңнен айрылғаным ба? Гүлнәзияшым-ау, Арманымды неге алып қалдың?!!

     Ессіз күймен алапаттың астында қалған үйіне қарай ұмтылғанда, екеуіне әл бермей    анандай жерге сүйреп-сүйреп кетеді.

Әне-міне дегенше қырдағы ауыл  тайлы-таяғы қалмай үрейлі жүзбен ентігіп жеткен. Бірін-бірі баса-көктей ентелеп келіп, алдарындағы ордалы жыландай ысылдап, иретіле жөңкіген қара нөпірді көргенде, жанұшырып кері серпілген. Төменгі ауылдағы етжақын туыс-туғандарының не күйге түскенін түсінгендер  өкіріп-өксіп, ышқына сыңып, оған басу айтып сабырға шақырған дауыстар қосылып, төбе басы ілезде ұлардай шулап қоя берді. Не істерін білмей қайрансыз сансыраған жұрт жар жиегін жағалай жүгіріп, арлы-берлі теңселіп жүр. Елмен бірге етек-жеңі далақтап ауылдың әкімі де жеткен екен, ашынған төрт-бес жігіт сол жерде шап беріп, бақырта сүйреп апарып, тасқынның ортасына бір-ақ лақтырған. Өз қайғыларымен әлек боп, Исамен арпалысқан Асылмұраттар оны білген жоқ.

Әр тұста жоқтау айтып зарлаған әйелдердің  үніне иттің ұлығаны қосылып, қар бораған қара түн күңіреніп тұр.

 

                                             Жылап қашқан домбыра

Таң атқанша жұрт улап-шулап қыр басында теңселіп жүрді де қойды.

Таң атқанша өксіп- жылап Исаның жағы семген жоқ.

 Таң атқанша үйірілген ел Исаның, жаңа жауған қардай боп, шашының бір тал қарасы қалмай ағарып кеткенін көрді...

Ұйысқан бұлттың іргесі сөгіліп, жауын тиылды. Кемер соғып жұлқынған тасқынның арыны басылып, бірте-бірте арнасы  шегініп барады. Қос жағалауында кемі бір-бір шақырым ойылып-опырылып ойраны шыққан ор қалды. Кешегі қазаны бұлк-бүлк  қайнап, мамыражай тірлік кешкен үлкен бір көшенің ізі де жоқ, тып-типыл. Сай табанында тау басынан домалатып әкелген қожыр-қожыр қойтастарды сүзгіліп, өкіріп-бақырып батпаққа тұншыққан қара өзен ағып жатыр. Асылмұраттың көз алдына әнеукүні Қақпатастың тұсында өткел бермей жарты күн жолдарын бөгеген жылан көші елестетеді. Ойлап тұрса, ол да бір табиғаттың осы сұмдықты ишаралаған нышаны екен ғой. Мың-миллион жылан бір-біріне оратылып бір тұтас дене боп сай аңғарымен бұлқына ирелеңдеп бара жатқандай.

Шәрипа жылап-еңіреп жүріп термоспен ыстық шай әкелген.

– Бір жартылық ала келмедің бе? – деп Мұқаш жайғдайды түсінбейтін әйеліне жақтырмай ожырайып еді, Шәрипа:

 – Неңе жетісіп ішпекшісің, есің ауысқаннан сау ма?!! – деп ойбай салды. Иса нәр сызған жоқ, аяқ-қолы қалшылдап, көзі алайып, өксумен болды.

– Жүріңдерші, ең болмаса, денесін тауып алайықшы!..–  дейді кемсеңдеп.

Аттылы, жаяу-жалпы қарақұрым көппен ілесіп бұлар да жағаны сүзіп келеді. Аяқтарына қонышы қара санды қабар ұзын резинка етік киіп шыққаны жақсы болыпты. Қырман айдағандай шылқылдаған сары балшық тобығыңа дейін қорс-қорс сорып жүрісті өндіртер емес, тайғанақтап, сүрініп-жығылып сонда да елден қалған жоқ. Тасқын кей тұста өліктерді жағаға лақтырып тастапты. Арғы беттегі мәйітті көзіңмен көріп тұрғаныңмен судан өте алмайсың. Алба-жұлба киімі денесіне жабысқан адамдардың, мал мен ит-мысықтың өліктері теңкиіп-теңкиіп әржерде жатыр. Шкафтың қақпағы, матрац, есіктен бастап леген, шелекке дейін шашылып жайрап жатқан мың-сан мүлік. Айнала жылап-сықтау. Мәйітті таныған жақын-жұрағаттары дауыс салып өкіріп қоя береді. Сайды қуалап алға жылжыған сайын зарлы жоқтау бір-бірімен жалғасып үдей түсті.

 Су шегінгенмен жағасына жақындап бару қиын. Арнаның табаны іркілдеген қара батпақ. Қолы, сирағы не киімінің бір шеті шығып жатқан мәйітті балшықтан суырып алу үшін жолға тас төсеп, не тақтай салып әзер жетесің.

Аңғарды құлдилап бір дөңеске көтеріле бергенде, алда келе жатқан Мұқаш қалт тоқтап: "Астағфиралла!" деп жағасын ұстай алды. Асылмұрат сызды ауада буалдыр тартқан көзәйнегін сүртіп, қайта тақты. Мұқаш қадалған тұсқа қарады да, аң-таң күйі сілейіп қалды. Аңғардағы үйтастарды қаңбақтай домалатқан тасқын дәл жолындағы Баймырза әулиенің бейітіне жете бере екі айрылып, айналып өтіпті. Ұзындығы арқан бойынан аспас қоянжонданған кішкентай өзекшені судың етегі шалмаған. Көк шалғыны жайқалып, қираған, лас, өлі дүниенің арасында қылтиған жалғыз тіршілік жапырағындай елестейді. Тас бейіттің ығында бір топ сиыр мен қой-ешкі ұйлығып тұр. Бейіттің төрт құлағына төрт мысық шығып алыпты. Бір сынық мүйіз мұқыр, қоңыр сиырдың сауырында қызыл әтеш қонақтап отыр. Құдды бір топан суда қалықтап жүрген Нұхтың кемесі дерсің. Бұларды көріп "құтқар бізді" дегендей, сиыр мөңіреп, қой-ешкі маңырап, мысық мияулап... у-шу болды.

Баймырза – елдің сырттан жамаған аты. Азан шақырып қойған есімін ешкім білмейді. Әрі бай, әрі қолы ашық мырза болған соң ел солай атап кеткен. Екеу бітсе – біреуін, жалғыз болса, жартысын жоқ-жітікке жарып беретін жомарт кісі болыпты. Өрістегі шөптің басы айрық бітіп, түйесі мен жылқы-сиырының ұрғашысы қысыр қалмай, қойы егізден тауып, елге таратқаны жыл айналмай еселеп толып отырады екен. Жалпақтаған кедей-кепшікке: "Мен бергем жоқ, сендерге Құдай беріп жатыр. Алғыстарыңды Аллаға айтыңдар!" дейді екен. Әулие десе – әулие, айрықша қасиет дарыған кісі болса керек. Жас төл мен балаға тіктеп қарамайды екен көзімнің сұғы өтеді деп. Көкке шапшыған шу асауға "Әй!" деп зекісе, тырп етпей дір-дір етіп жуасып тұра қалатын көрінеді. Буаз биенің мүшесіне қарап, құрсағындағы құлынның тұлпар боларын таниды екен.

Кәмпескенің лаңында большевиктердің құрығы Баймырзаның да мойнына түседі. Малын тәркілеп, өзін түрмеге салады. "Қарақтарым, қамамай-ақ қойыңдар, отыр деген жерлеріңде отырайын, қаусаған шал қайда қашар дейсің" десе, аналар болмайды. Қанша жерден құлып салса да, "тынысым тарылып кетті, шыдай алмадым" деп қамақтан шығып кете береді. Қолын кісендеп қойса, "намазымды оқып алайыншы" деп ашып алады. Ашуланған қызыл әскер "Әй, киргиз!" деп мылтықтың дүмімен түйіп қалғанда, бұған тимей өз маңдайына сарт етіп, шалқасынан түседі. Есін жиысымен ұшып тұрып, бесатардың шүріппесін басып-басып жібереді. Оқтың ешқайсысы шалға дарымайды. Бұл қалай деп екіленіп тағы атқанда, оқ қайрыла соғып мергеннің өзін мұрттай ұшырады. Сонда Баймырза:

– Дүниені қырып-жойған орыстың мылтығы қазақтың жаман шалын өлтіре алмаса, ұят болар. Қой, мен өлейін. Бәрібір қиюы қашқан дүние болды, бұлар енді тыныш қоймас. Ең болмаса, сүйегім туған жерде қалсын, – деп осы жерге кеп жантайыпты да, өз жүрегін өзі тоқтатып, бақиға озыпты.

Үлкендерден естуінше, әуелгіде үкіметтен қорқып, ешкім белгі қоймапты. Басына қадаған сайғақ үлкен бәйтерек боп өсіпті. Жұрт жасырынып кеп құран оқып жүріпті. Тек кейін бірі – соқыр, бірі – ақсақ соғыстан қайтқан екі жігіт басын көтеріпті. Жақпар тастан қопарып әкеп осы зиратты тұрғызған. "Айналайын әулие соғыста жүргенде түсімізге кірді. Шыбын жанымыз – олжа, тірі оралсақ, осы бабамыздың алқауы" дейді екен. Бала көтермеген әйелдер, дертіне дауа іздеген бейбақтар қысы-жазы басына кеп түнеп жататын. Құрбан шалып, қазан көтеретін. Талай перзент сүйіп, Құдайберген, Тілекқабыл, Жарылқапберді... деп ат қойып, той жасағандарды көрген. Теректің бұтағына байлаған ақты жоқ-жітіктер дұға оқып шешіп алатын. Ел ішінде телі де, тентек те бола береді ғой. Бір жылы қызып алған екі жігіт аққа түйілген ақшаны шешіп алып арақ ішкен екен, сол күні тракторы аунап опат болыпты десетін...

 Мұқаш өз көзіне сенер-сенбесін білмей әлі таңдайын тақылдатып тұр:

– Мұса пайғамбар асатаяғымен теңіздің суын жарып, жол ашыпты деуші еді. Міне, Баймырза бабамыздың құдіреті содан бір кем бе?

– Дұрыс айтасың, Мұқаш, – деді Асылмұрат. – Әулиелер мен пайғамбарлар қай заманда да болған. Бірақ соның қадырын біліп жатқан кім бар, әсіресе біздей надан жұртта?..

Исаның бала-шағасынан ешкім табылмады. Асылмұрат табылмағанын бір жағынан дәтке қуат етіп келе жатыр. Мынандай алапаттан аман қалу мүмкін болмаса да, көзбен көрмеген соң бір бұлыңғыр белгісіздікпен өзін алдарқатып жүре тұрса екен дейді. Қазір шорт кесіліп үміті үзілгеннен гөрі уақыт өте келе көңілі суып, шарасыз көндіккені оңайлау болады ғой деген. Анандайдан кезекті өлікті көрген сайын, бала-шағасының бірі боп қалса, Иса қандай күйге түсер екен деп, зәре-иманы ұшады. Кенет қырдың қалқасынан бір тікұшақ дарылдап шыға келді. Жемтігін самарқау шолған қара құстай жайлап қалықтап, төбелерінен өте берген.

 – Мынау сол, сол!.. – деп Мұқаш қарадай жұлқынып жүгіре жөнелді. – Судың қожайыны осы... Қап, әкеңнің аузы... Мылтығым болғанда атып түсірер едім!.. – Жер тырмалап, қолына түскен таспен соңынан атқылап, біраз жерге дейін далбақтап  қуып барды.

Көз байланғанша іздеді. Құла тасқынды жағалап қозыкөш аумақты шолған шығар. Ары қарай жүрудің мәні жоқ болған соң, қайтуға ыңғайланып іркілгенде, дәл қарсы алдарындағы жартылай құлап, тарам-тарам арсиған тамырларымен жарқабаққа жабысқан бір шоқ итмұрынның басында ілініп тұрған домбыраны көрді. Түнде ғана Арман кіп-кішкентай саусақтарымен тыңқылдатып күй шерткен қалақша домбыра. Иса өкіріп барып бассалды. Баурына басып, кемсеңдеп теңселіп жүр:

– Құлыным-ау, артыңда қалған бар белгің осы ма? Енді мені көке деп кім мойнымнан құшақтайды? Қапияда кеткен жарығым-ай. Ең болмаса саусағыңның ізін иіскейінші! – деп бетіне басып өксігенде, ішегі дірілдей дыңылдап, шанағы дабылдай жаңғырып қара домбыра бірге боздап қоя берді. Мұқаш пен Асылмұрат көзжастарына ие бола алмай қосыла солқылдаған. Иса – алда, бұл екеуі – артта.

Қара домбыра ішін тартып сыңсып, сыбырлай өксіп жылап келеді.

Қара шашы жайылып теңселген түн сеңгір-сеңгір тауларға басын сүйеп, мұңая күрсінеді.

Сәлден кейін Иса өксігін кілт тиып, сықылықтай жөнелді. Көкірегін қуаныш кернеген бақытты жанның күлкісі.

 – Уһ, қарғам сол, табылдың-ау, әйтеуір. Енді сенен ешқашан да айрылмаймын. Қасымнан бір елі тастамаймын. Күнім, жаным менің... – Қу шанақты кеудесіне басып шөпілдете сүйді. Екеуі не істерін білмей сілейіп қатты да қалды. Иса бұларға жалт қарап, жаңа көріп тұрғандай:

 – Әй, сендер кімсіңдер? – деп айғай салды да, өз-өзінен шошынып безек қақты. – Ойбай, мынау қасқыр ғой. Әй, қасқыр, мен саған Арманымды бермеймін, өлсем де бермеймін!.. – Шоқ басқандай шыңғырып, беті ауған жаққа шыбын-шіркей безіп барады.

 – Ойбай, мынау жынданды! Енді қайттік,Асылмұрат–ау! –  деп Мұқаш еңіреп отыра кетті. Асылмұраттың  ойлануға мұршасы болған жоқ. Мұқашты жұлқылап орнынан әзер тұрғызды. Қараңғыда көз жазып қалса, Иса жыраға құлап, не суға түсіп оқыс болуы мүмкін ғой. Өкіріп, өксіп қара түнге сіңіп бара жатқан көлеңкені өкшелеп екеуі қуып келеді. Жылап қашқан домбыра жеткізер емес.

 

                                            Бәрінен үлкен

Асылмұрат ауылдан қабырғасын қайыстырған ауыр мұң арқалап оралды.  Он күн ішінде көз көріп, куә болған жайлар көңілін астан-кестен шайқап, осы уақытқа дейінгі кешкен бүкіл күллі тірлігін мәнсіздендіріп жіберді. Сағым буған сары далада азаппен арпалысып жарты жолға жеткенде, адасқанын біліп аңтарылған жолаушыдай жүрегін өкініш пен  шарасыздық алма-кезек шабақтады. Жас өмірінің жалынды қуаты, оралмас қызыған құбандыққа шалған асыл мұраты шынымен алдамшы елес болғаны ма? Ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндердің бодауына міне у жұтып, жұртта қалған иттей іші ұлып отыр. Ой қажытып бір дәрменсіз күй меңдеп алды. Бір-бірінен балалаған сансыз күмән  шырмауынан босатар емес.

Асылмұрат Астанаға келген бойда, үйіне де соқпастан бірден жұмысына тартқан. Есілдің сол жағалауындағы биік, көгілжім әйнек үйдегілер үрпиісе қарсы алды. Бірі мұның Үлкен үйдегі қызмет орнына қарапайым жол киімімен кіріп келгеніне тосырқай қараса, екіншісі аман-сәлемдерін естімегендей меңірейе қарап, қастарынан өте берген сыз қабақ, сұсты жүзінен тіксініп аң-таң болысты.

Асылмұрат салған бойы Әбдіғұмар Сапарұлының кабинетіне екпіндеп кіріп барды. Төр иесі қашанғы сол езуіне жұқалтым күлкі жаққан жайдары қалпы орнынан созалаңдай тұрып құшағын жайған. Асылмұрат рай бермей, қолын сұлық ұсынды да, қасындағы биік арқалы орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Ұмтылған құшағы қаңтарылып құр қайтса да, Әбекең көзіндегі жылы ұшқынды өшірген жоқ. Орнына қайтадан жайғасып жатып:

 – Иә, Асеке, хал нешәуа ма? – деді әдеттегі  өзімсінген ойнақы дауыспен.

 – Нашар!

 Әбекең жүзіндегі күлкінің қаймағын жиып алып, тіксіне қарады:

 – Неге?

 – Ең болмаса, Үкімет үйінің төбесіндегі тудың түсірілмегеніне таңқалып отырмын!

 – Ол ненің ақысы, батыреке? – Басшының ештеңе болмағандай бейғам қалпына Асылмұрат күйініп кетті.

 – Сіз Қайыңдыдағы апатты әлі естіген жоқсыз ба? Екі тәуліктен асты ғой!

 –А-а! – Әбекең былғары креслоны сықырлата шалқалап, үстелдің бетін саусағымен шерткіледі. «Е, Құдай-ай, сол ма еді» дегендей нәумез. – Иә, естігем. Облыс басшыларына тапсырма берілді. Солар жұмыс жасап жатыр.

– Ресейде бес орыс мас боп өртеніп өлсе, көңіл айтып, қайғырып жалбақ қағамыз. Өз қазағымыз адам емес пе? Осының ішінде жарты орыс, екі корей болса, сол күні-ақ шапқылап жетер едіңіздер! Тек қазақ сорлының ғана құны мен қадыры жоқ сіздер үшін!

– Сондай сөз не керек, Асеке! Ешкімді алаламаймыз, ешкімнің өміріне бей-жәй қарай алмаймыз!

 –  Ендеше Үкімет неге үнсіз? Комиссия қайда? Екі жүзден астам адамның опат болуы мемлекет үшін азалы уақиға емес пе?

 – Ой, Асеке, оның бәрі дұрыс қой... Мына халықаралық Форум деп мұрнымыздан шаншылып жатқан жоқпыз ба. Германияның концлері, АҚШ-тан, Франциядан  мықтылар келеді екен. Дайындық барысын  үлкен кісі өзі қадағалап отыр... Иә, айтпақшы, Қайыңды Сіздің ауылыңыз екен ғой. Бәсе, неғып жаныңыз шырылдап отыр десем... Әлбетте, оңай емес, түсінем... Былай, туыс-туғандарыңыз аман ба өзі?.. – Қалың қабағының астына көлеңке ұялап, қамыққан кейіппен жүдей, күйзеле сөйледі. 

 – Тікелей туысымнан зардап шеккен ешкім жоқ...

 – Е, оған да шүкір!..

 – Бірақ Сіз  бен біз үшін кез-келген қазақстандықтың ешқандай алыс-жақындығы жоқ, бәрі бірдей болуға тиіс қой. Әрбір отбасының қайғысына өз қасіретіміздей қабырғамыз қайысу керек емес пе!

«Қайран патетика!» деп іштей бір мырс етсе де, іле Әбекең үкімет басшысы екені есіне түсіп, тез бойын жиып ала қойды.

 – Әлбетте, әлбетте!.. – деді астындағы емен креслоның сай-сүйегін сықырлата мол денесімен екі жағына кезек төңкеріліп.

Әбекең – нәті жақсы адам. Денесі қандай мол пішілген болса, мінезі де сондай кең. Аңқылдаған, ашық. Елуді емен-еркін еңсеріп тастаса да, сырбаздығына сын түсірген емес. Төбесі сирей бастаған толқынды шашын, қопсыған қалың мұртын, тіпті қиылған қасына дейін көмірдей  ғып бояп алады. Жасырын түлкі жортағы да бар. Өткен жылы шетелдік топ-модельмен саунадағы суреті интернетке шығып кетіп, біраз шу болған. «Қолдан жасаған монтаж, жауларымның істеп жүрген қастандығы!» деп әзер басын арашалаған. Ең бастысы – кейбіреулер сияқты сағаттар бойы, күн, апта, жыл-он екі ай сіресіп шенеуніктің рөлін ойнайтын артистігі жоқ, салдырлаған ақкөңіл. Кабинетінен шыға беріп, зор лауазым иесі екенін ұмытып кетеді, иәки ресмилікті қымбат костюм сияқты шешіп, биік креслоның үстіне тастап кетеді. Ресми отырыстарда болмаса, былайғы уақытта қызметтестерімен сөйлесіп пікір алысқанда, ойындағысын жасырмай салдыр-күлдір ақтара салатын. Қазір де бұған бармағын бүкпей ағынан жарылып отыр. Жарты ауылды жалмаған апаттан гөрі халықаралық форум маңызды екен. Мінберден не телевидение экранынан әлбетте бұлай демейді. Қабағына қайғының қара бұлтын  іліп, дауысынан азаның ызғары есіп, аппараттағылар жазған, одан бергілер он рет сүргілеп, он бес рет сүзгіден өткізіп, микробтан әбден арылып үтіктелген жып-жылмағай сөзді оқып береді. Еш жеріне тиісе алмайсың, жұп-жұмыр, бәрі орнында: «Біздің мемлекетіміз үшін адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ!..» Ой, бәрекелді! Осыдан артық не айтасың енді? Әйтсе де шын сөзінен жалаңаш ішін танып Асылмұраттың көңілі ортайып қалды. Жоғары биліктегі элитаның көбінің ой деңгей, пиғыл-ниеті осы құралыптас. Ұлт үшін отқа-суға ентелеп шырылдаған жүрек жоқ. Халықтың қызметшісі емес, халықтың қожасындай күпсінген кердең көкірек шетінен.

 – Иә, түсінем бәрін, – деді Әбекең сәл үнсіздіктен кейін жұдырығына күрк-күрк жөтеліп тастап. – Қайтейік енді, қайғырамыз, қабырғамыз сөгіледі. Қарайған адамның өлімі кімнің жанына батпайды? Әйткенмен... табиғат апатына не істей аламыз!..

 – Бұл – қолдан жасалған апат!

Әбекең қалың қасын қарғытып алая қарады:

 – Қалай?

 – Атам заманнан бері ел қоныстанып келе жатқан жерді бір-ақ күнде қалай су басып кетті деп ойлайсыз? Сай-салада сарқырап өз бетімен ағып жатқан бұлақ-жылғалардың алдын буып, дәл ауылдың желкесінен бөгет салған. Айдын-шалқар көл жасап, балық өсірген, қайықпен серуендейтін демалыс орнына айналдырған, тамшысын теңгеге бағалап, жазда дихандарға сатқан. Кенеріне сыймай шалқыған көл сел жауғанда лақ етіп бір-ақ төңкерілген.

 – Ол иттің баласына бұлай істеуге кім рұхсат беріп жүр?!!

 – Сіз бен біз, Әбеке! Біздің Үкіметіміз шығарған заң рұхсат беріп отыр. Жерді сатудың, стратегиялық ресурс көздерін қараусыз жекелердің меншігіне берудің бұл алғашқы жемісі ғана, қуырдақтың көкесі әлі алда!

 – Ол кім өзі? Асапаннан салбырап түссе де түрмеде шірітейін!

 – Бекетаев!

 – А-а!.. – Жұдырығын түйіп, ентелеп отырған Әбекең сылқ етіп, бірден әпігі басылып қалды. – Ол кісі сол жаққа дейін қолын созып жүр ме? Қой!

 – Ешқандай қойы жоқ. Бүкіл ауыл шулап отыр. Тасқын болған күні таңертең ЧС-тен бұрын жетіп келді. Мінген ұшағының нөміріне дейін көрдім. Менің қасымдағы жігіт қолында мылтығы болса, атып түсірер еді. Жұрт әбден ашынған, Әбеке. Түбі жақсылыққа апармайды.

Әбекең абыржып, үстелдің бетін сипалақтады әлдене іздегендей боп.

 – Иә, бұл сұмдық екен. Аяқсыз қалдырмаймыз, тиісті орындар тексереді. Заңнан үлкен ешкім жоқ!..

 – Үлкен үйдегілер  бәрінен үлкен ғой! – Асылмұрат жанары тұңғиықтанып мысқылдай мырс етті. – Жалпы біз өзіміз орындамайтын заңды кім үшін шығарамыз осы? Қорғансыз қара халық үшін бе? Әйтпесе, мемлекеттік қызметкерлердің бизнеспен айналысуына тиым салынған заң бар емес пе? Соны кім орындап жүр? Лауазымды биліктегілердің бәрінің  бизнесі бар. Әкесі, баласы, әйелі не көңілдесінің атына жазып қойып, өзі жоғарыдан басқарып отырады. Басқанікі басқа, заңның үтір-нүктесін ең әуелі қадірлеуге тиісті ана «Жиенге» қарақызшы, Қазақстанның жарты байлығын бауырына басып отырған жоқ па.

 – Ойбай, Асеке, не деп кеттіңіз!.. – Әбекең төбе құйқасына дейін лап қызарып, құйрығымен өрт сөндіргендей қопаңдап бір отырып, бір тұрды. – Мұндай сөзді менің кабинетімде айтпаңыз. Мен ештеңе естігем жоқ! – деді төбе жаққа жалтақ-жалтақ бақырая қарап, екі құлағын саусақ ұшымен бітеді ештеңе естімеймін дегендей. Асылмұрат  бастығының неге шырылдап қоя бергенін түсініп кілт тиылды. Айналасын жүгірте шолып, басын шайқады. «Бүйткен тірлігіміз бар болсын» деді ішінен. Әңгімені ары қарай қаузаған жоқ. Жұмысқа қатыссыз оны-мұныны  айтысып біраз отырды да, Асылмұрат орнынан тұрды. Әбекең үнсіз иек қағып, қоштасқан ишара танытты. Түксиген күйі жылтыр үстелдің бетіне қос шынтағын қадап қыбырсыз отыр. Зор денесі сәл еңкіш тартып, емпеңдей басқан жігітті көзінің қиығымен босағаға дейін ұзатып салды. Ауыр емен есік сықырсыз жабылысымен: «Осы баланың боғы сұйылып бара ма, қалай өзі? – деді өзімен өзі іштей сөйлескендей.– Ылғи өстіп теріс-қағыс сөйлейді. Не істесең де жақпайсың, содан басқаның бәрі қазаққа қастық жасап жатқандай шырылдайды да жүреді. Бүгінгі ләмін көрмейсің бе, биліктегілердің бәрі бизнеспен айналысады дейді. Айналыссын. Нарық заманында оның несі айып? Өзгенің қалтасына көзінің құрты түсіп өзеурегеніне қарағанда, үлестен құр қалып өкпелеп жүргеннен сау ма өзі? Бизнеспен айналыспайтын, заңның тура жолымен қатып-семіп, жалғыз жалақысымен қақтыққан шенеуніктен қауіпті ешкім жоқ. Қытайлар алғалы жатқан мұнай бассейніндегі бір скважинаның акциясын бергіздірсе ме екен? Майлы құйқадан асатып, аузын былғап қойған дұрыс-ау, сірә. Содан кейін қалай сайрағанын көрерміз!..»

 

                                              Құм сарай 

Жеке басының мұңсыз-қамсыз кешкен тірлігі, жеткен биігімен өлшер болса, Асылмұрат – өмірге ешқандай өкпесі жоқ адам. Миллионер колхозды қартайғанша басқарған бейнетқор әкенің алақанында таршылық көрмей мелдектеп өсті.  Алайда елжіреуді білмейтін сырты суық, қатал әке  еркелеткен жоқ, қатардағы колхозшының баласы не істесе, соны істетіп отқа да, суға да салды. Көктемгі қой төлдету, жаз бойы қара сояу – масаға таланып пішен шабу, қызылша түптеу... бәрі бұдан қалған. Қаршадайынан тырбынған тынымсыз еңбек бойын  қайрақтай қатырып, шарболаттай ширатты. Міне, сол қанына  сіңген қатаң тәртіп пен еңбекқорлық әлі күнге дейін өрге сүйреп келеді. Қиыр түкпірдегі ауылдың баласы тірек-қолдаусыз өз бетімен барып Москва мемлекеттік Университетінің журналистика факультетіне түскен. Қызыл дипломмен бітіріп келісімен Республикалық жастар газетін басқарды. Жиырма алты жасында министр болды. Содан бері ат үстінде. Қазір үкіметтің ең жас һәм ең беделді мүшесінің бірі. Үзеңгілестерінен айдынын асырып тұрған мұның биік лауазымы емес, зор интеллектісі, кең-шалқар энциклопедиялық білімі мен қиынның қиюын тамыршыдай дөп басатын логикалық ұшқыр қиялы. Жоғарғы кеңестер мен Үкімет отырыстарында кейбір ұлт тағдырына қатысты тартысты мәселелерді шешуде көпшілік мұның аузына қарайтын, еріксіз дәйекті тұжырымына табан тірейтін.

Асылмұраттың әу бастағы арманы ғылым жолы еді. Көшпенділердің этномәдениеті жанын баурап, бала қиялын небір қиырларға шарықтататын. Студент кезінде Ленин кітапханасы мен Орталық архивтен тиіп-қашып қарағанның өзінде, зерттеушісін күтіп жатқан қаншама шексіз дүниенің шетін көрді десеңші. Оқудан соң Алматыға оралып, Құдай қаласа, күзге қарай аспирантураға түсем ғой деп жүргенде, жоғары жақ  қолқалап, ойламаған жерден республикалық жастар газетінің тізгінін ұсынды. Қабырғасымен кеңесіп, бірер жыл журналистиканың ыстық-суығына машықтанғанды қолай көрген. Демократиялық заманның рухына сәйкес газет аз уақыттың ішінде еркін ойдың трибунасына айналып шыға келді. Өзі де құлашты кеңге сермеді, өзгелерге де айқара жол ашты. Жас журналистің тебіреніске толы көркем эсселері мен қоғам өмірінің нәзік қырларын терең зерделеген философиялық астары мол байсалды талдау мақалаларын оқып, көңілі тұшынған идеологиялық хатшы көп өтпей Орталық Комитеттің аппаратына шақырған. Қос тілге жорғадай тайпалған алғыр жігіт қандай қиынға салса да, маңдайы жарқырап іскерлігімен танылды. Одан арғы өмірін Азаттықтың романтикасы құйындай үйіріп әкетті. Мыңжылдық арманының жасыл жайлауына кереге керген жас мемлекеттің шаңырағына алғашқылардың бірі боп уық қадасқанына өзін шексіз бақытты сезінетін.

Шалықтаған қиялдың қанатында шарықтап жүріп, қара жердегі қыбырлаған қарапайым тірліктен табан үзіп кеткендей екен. Енді міне, көз алдын көлегейлеген көк пердені ысырып, өмірдің жалаңаш суретін көргенде, болашақтың бүкіл сәулелі елесі құмнан соққан сарайдай бір-ақ сәтте күйреді де қалды.

Үш күннен бері Исаның қу домбыраны құшақтап зарлаған үні құлағынан, қасіретті кейпі көз алдынан кетер емес. «Жан досым, қайран бауырым, қор болдың-ау, қайтейін!» деді дәрменсіз күймен көкірегі ыңырсып.

Иса жабысқан қара домбырадан әлі айрылған жоқ. Бәлкім ақтық демі біткенше енді құшағынан айырмайтын да шығар?

Алакөлеңке ымыртта Мұқаш екеуі екі жағынан жетектеп әзер үйге жеткізген. Үсті-басын тазалап, жылы жерге жайғастырды. «Айналайын-ай, өзегің талып өлдің ғой, ең болмаса таңдайыңды жібітші» деп үлкендер қанша жігі-жаппар боп, шай мен сорпаны аузына кезек тосса да, татып алған жоқ. Бауырына басқан қу ағашқа біресе еміреніп, біресе еңіреп, сағаттар бойы жағы сембеді. Онсыз да күндіз-түнгі жылаудан көздері домбыққан жанашыр тілеулес ағайын бірі сыңсып, бірі үнсіз тұншыға өксіп, қосыла егілді. Учаскелік фельдшерді шақыртып, укол салғызды. Демидролдың үш кубигін соқса да, әсер етпеді. Одан артық салуға болмайды, жүрегі көтермейді деді дәрігер шарасыздана басын шайқап.

Суыт хабар құлағына тиген алыс- жақындағы жұрағат үздік-созық келіп жатыр түн қатып-түс қашып. Анандайдан «ой, бауырымдап» өкіріп кіреді үйге. Өліні жоқтап өкіріп-бақырып, тірі өлік боп отырған Исаның  мойнына асылады бәрі. Ес жоқ, өкініштен өзектері тілініп, есеңгіреп қалған. Әрқайсысы өз қайғысына тұншығып жылай береді. Исаның мүшкіл халіне мән берер ешқайсысы жоқ. Бұлай у-шудың ортасында отыра берсе, науқастың жайы одан сайын ушыға түсетінін ойлаған Асылмұрат Исаны машинаға салып, түнделетіп Алматыға аттанған. Таңертең жұмыс басталар уақытта психиатриялық орталыққа алып келді. Министрге хабарласып, мықты деген мамандарды табанынан тік тұрғызған. Бірақ олар көңіл жұбатарлық ештеңе айтпады. Консилиум жасап, «қатты депрессияға ұшыраған, беті бері қарауы екі талай» десті. Бар қылған қайраны – Каблуковтағы ауруханаға өтікізіп, өзім тікелей қадағалап отырамын, жақсы қараңдар!» деп тапсырып, көзін бір сығымдап ап, үйге қайтқан. Содан бері қу жанында тыныштық жоқ. Иса есіне түскенде, көкірегі удай ашып, күйініш, ызадан жер-көкке сыймай теңселіп кетеді. Қарайған елдің қанын мойнына жүктеп, жетім мен жесірдің көз жасын арқалаған ашкөз, залым Бекетаевты түрмеге тықпайынша көңілі байыз табар емес. Оны төбесінен төмен қаратып асып өлтірсең де, опат болғандар мен артында қасырет шеккендердің бір тамшы қаны, бір тамшы ащы жасына өтеу болмайтыны анық, әрине. Әйтсе де қылмыскердің жазалануы әділдік үшін қажет қой.

Обалы нешік, Әбекең сөзінде тұрып, Қайыңды трагедиясының себептерін егжей-тегжейлі анықтауға  шұғыл бұйрық берді. Қатысы бар адамның ешқайсысы жазадан тыс қалмасын деді.

 Тергеу бір жарым айға созылған. Әбекеңнің алдындағы Бас прокуратураның тергеу қорытындысын оқығанда, Асылмұрат шалқасынан түсе жаздады. Бекетаевтың аты түгілі заты да жоқ. Қайыңды деген жердің Қазақстан картасында бар екенін де білмейтін сияқты. Ол жаққа аяғын аттап баспаған, тіпті түсінде де көрмеген. «О, сиқыр! О, жауыз!» деді тас шайнағандай азуы шықырлап. Бәрінің иесі Қойшығұлов деген біреу боп шыға келіпті. Қағаздар түгел соның атына толтырылған. Сол ауылдың тұрғыны. Бұрынғы колхозшы. Жасы сексеннен асқан. Ең өкініштісі, сорлы шал үй-орманымен тып-типыл тасқынға кетіпті...

Ызаға булыққан Асылмұрат екі иығы селкілдеп ұзақ күлді:

 – Қатардағы колхозшы, сексендегі селкілдеп отырған шалдың бөгет салып, үлкен шаруашылықты шырқ үйіреді дегенге кім сенеді?

 – Сенейік-сенбейік, құжаттың бәрі сол кісінің атында ғой!

 – Бөгеттің иесі Бекетаев екенін ауылдың итіне дейін біледі.

 – «Иттердің» сөзін іске тіге алмайсыз ғой. Құр сөз дәлел бола алмайды. Прокуратурадағы жігіттер де бірдеңе білетін шығар.

 – Білетініне  күмәнім бар. Атүсті тексерген. Қылмысты ашайық деген құлшыныс болмаған. Кез келген сылтаумен істі жаба салып, тезірек құтылудың әдісі. Құрбан болған, қасірет шеккен қыруар жанның обалы қайда? Жоқ, мен бұлай аяқсыз   қалдырмаймын. Қайтадан тексерту жүргіздіртемін!..

 – Мейліңіз ғой, өзіңіз біліңіз... – деді Әбекең шекесі шытынап құлықсыз, шаршаңқы үнмен.

Әбекеңнің алдынан ширығып шыққан Асылмұрат кабинетіне барысымен дереу ауылға телефон шалып, інісі мен Мұқашқа тапсырма берді. Бөгеттің шын мәнінде қожайыны Бекетаев екенін дәлелдеп, нақты білетін адамдардың атынан прокуратураға арыз жаздыртқан. Елуден астам кісі қол қойыпты. Сол шағым арқылы істі қайта қозғатқан. Бірақ одан да ештеңе шықпады. Бекетаевтың адамдары алдын ала қорқытқандарын қорқытып, сатылғандарын сатып алса керек, айғақ ретінде жауап алғанда, қол қойғандардың бәрі сөзінен танып шыға келіпті. Айбақ-сайбақ жазылған бір буда түсініктемені парақтап отырып Асылмұраттың қаны басына шапты: "О, сорлы! Ел болмайтын етекбасты құлдар!" деді ызаға тұншығып.

                                        

                                              Бекетай мен көкетай

Көп өтпей Алматыда тұратын ағасының үлкен ұлын іңір қараңғысында әлдекімдер таяққа жықты. Ештеңесін алмаған. Қалтарыста тарпа бассалып, тепкілеп кеткен. Асылмұрат оған онша мән берген жоқ. Себепсіз соқтыға беретін бұзақы азғындар аз ба, соның бірі шығар деген.

Бір күні гольф алаңында Қайып ұшыраса кетті. Әдейі іздеп келді ме, әлде кездейсоқ жолықты ма – белгісіз. Жақында генерал атағын алған. Үстінде лампасы жарқыраған, алтын иық ақ шевиот форма. "Осы неме  түнде де шешінбей ұйықтайтын шығар!" деді Асылмұрат ішінен мырс етіп. Анау аман-сәлем жоқ, сол қолын шалбарының қалтасына сүңгітіп, ежірейген күйі оң қолының сұқ саусағын безеп:

– Сен, бала, байқа! – деді. – Кімнің балағына жармасып шәуілдеп жүргеніңді білемісің? Көтің көктен келіп жүрмесін! Бекетаев – менің адамым. Оған тиіскенің – маған соқтыққаның!

Асылмұрат шарт сынайын деп бір тұрды да, әбден есірген топаспен ырылдасқанды өз басына мін көріп, еріксіз ашуын сабырға жеңдірген:

– Бекетаев қыруар адамның ажалына себепкер болып отырған жоқ па?

– Прокуратура бір емес екі рет тексеріп, еш кінәрат таппады ғой. Одан артық саған не керек?

 – Маған әділет керек!

– Этого не хочешь! – Саусақ арасынан басбармағын сойдита қайқайтып салмақтап-салмақтап алыстан біледі. Бұрқ етіп талаураған бүйрек беті қисая езу тартты. – Бір жерін қысқан бай болады дегенді білуші ме едің? Сол сөзді көкейіңе мықтап түйіп ал! Мен сенің барлық қояңды ақтарамын керек болса. Аулыңа барғанда не деп оттайтындарыңды білмейді дейсің бе? Надан тобырға дем беріп желіктіріп жүрген сенсің. Бейбастақ пікірлеріңе қарсы шыққан тәртіп сақшысын таяққа жыққанға дейін барғансыңдар... тұра тұр, бәлем! – деді де, жалт бұрылып жүре берді. Айтарын соңынан айғайлап, шапылдасатын емес, кеңірдегіне кептелген көк жалынды еріксіз кері жұтқан.

"Құдайым-ау, – деді сәл сабасына түскеннен кейін күйініштен қыстығып. – осындай тас бітеу топастар төбемізде ойнақтап, тағдырымызды шешкен соң, өмірде не қасиет қалмақ? Тазаны былғап, тұнықты лайлап бітті  емес пе? Қашанғы төзе бермекші? Жоқ, жоқ, күресу керек!"

Бекетаевтің суға батпайтын сиқырын енді түсінді. Арқасында серейіп Қайыптай тіреуі тұрғанда, әрине, оған кімнің тісі батсын. Бекетай емес, көкетайдың өзі. Әбекеңнің әні анау. Бас прокуратураныкі – "әтікем айтса – болды, әтпіш-еу" деп бас шұлғу ғана. Екі мәрте тексергенде, көрінеу шындықты белден басып, Бекетаевқа шаң жуытса кәне, куә болғандардың бірін майшелпекпен алдап бетінен қайтарып, көнбегендерін жерлеріңді тартып аламыз, мұғалім, дәрігер боп жүрген келін-кепшіктерің жұмыстан қуылады, бала-шағаларыңның амандығын ойлаңдар деп қырық айла-қулықпен  қорқытып-үркітіп, бастарымен қайғы ғып жіберді.

Өткен жолы істің мән-жайын сұрамақ болып, аға тергеушімен жолыққан. Капитан шенін ерте алған жап-жас жігіт. Жұтынып, шырқүйіріліп тұрған сылыңғыр қара. Жоғарының тапсырмасын аса иждаһатпен құлшынып орындайтын болса керек. Ілтифат, сыпайылығында мін жоқ, ұшып тұрып, жүгіре басып келіп қолын алып, елпілдеп жатыр. Буы бұрқыраған қою кофені сораптап қойып екеуі ұзақ шүйіркелесті. Жөннен жығылмайды, сөзден ұстатпайды, сылдырлап тұр. Су астындағы малта тастай жып-жылтыр. Дирижерлары да қай әншіге қандай ән айтқызуды біледі ғой. Мынау – кез-келген жоғары нотаны алқынбай алатын сирек талант. Білімді, іскер, алғыр... Бекетаевқа шүйіліп көк найзаңды қалай үңілтсең де, соққы дарытар емес, құрыш қалқанын қарсы төсеп, қағып түсіреді. Айтыса-айтыса әбден шарасы таусылған Асылмұрат лажсыз басын шайқаған:

– Сенде, бауырым, бәрі бар екен. Тек бір нәрсе жоқ.

– Ол не?

– Принцип жоқ! Алысқа шабасың!..

Асылмұрат орнынан ауыр көтеріліп, есікке беттеген. Жылан көз, жылтыр қара бағанағыдай елпілдеп, жасы үлкен ағаға хайыр-хош айтып ілтифат танытқан жоқ. Жәй бас изеп, қоштасқан мезірет жасады. "Бір дөңгелеттім-ау өзін! – деп мерейленіп отыр. – Сасқанынан не дерін білмей, "принципсізсің"  деді ғой. Мәйлы! Маған жоғарының бұйрығын орындау – принцип!"

Су жаңа формасының етек-жеңін қаққыштап, былғары креслоны сықырлатып, маңғаздана шалқалады: "Осылай еңбек етпесек, кім бізді бүйтіп өсіреді. К шорту, кетсінші ары, әділет, әділет деп мазгамды майыстырды ғой!"

 

                                                         Тұйық

Асылмұрат Қайыңдыдағы қасіретті суретті көз алдынан өткізіп, қалай күйзеліп-күйінсе де, Бекетаевті заң жүзінде жазаға тартқызам деу құр әурешілік екенін түсінді. Шиыршық атып, өзін қоярға жер таппай кең кабинеттің ішінде теңселіп ұзақ жүрді. Шарасыздығына күйінді. Бір сәт қалт тұра қалып, қақ төрдегі арқалығы шалқайған биік қара креслоға жиіркене қарады. Пәленше қызмет атқарам деп қоқырайғанмен, бюрократиялық алып машинаның алдында шыбын ғұрлы қауқары жоқ бишара екен. Беделі зор, мансабы биік мұның өзі қанша бұлқынғанмен маңдайы тасқа тигендей мәңгіріп, бұлай пұшайман болғанда, шындық іздеп шырылдаған қатардағы қарапайым жанға не жорық!  Иса мен Мұқаш ауыл-аймақтағы қиянат-қысастықты айтып құдайдың зарын қылғанда, төмендегі кіші-гірім шенеуніктердің жәй бармақ басты, көз қыстысына балап, онша мән бермеген. Сөйтсе, бұл дерт әділетті қорғайтын үлкен мекеменің қақ төріне қонжиып алыпты.

Не істемек ләзім? Ештеңеден айыл жимасын көрген соң, ең болмаса, қоғамдық пікірмен санасып аяқ тартар деген оймен баспасөзді іске қоспақ болған. Әуелі беделді үкіметтік газеттердің редакторымен сөйлескен. Қайып пен Бекетаевтің атын естігенде, ат-тонын алақашты жаны шырқырап. "Асеке, пенсияға аман-есен жетсем екен деп қалт-құлт етіп әзер отырмын, мені қинамаңызшы!" деп зар илеп қоя берді. Тіпті, бір кезде өзі өсірген, доспын деп құлдыраңдап еңкейіп-тоңқайып кебісін салуға елден бұрын жүгіретін курстасының өзі жеме-жемге келгенде тайқып шыға келді.

– Басым екеу емес! – деді безірейген күйі жылан көзі қабағының астына тығылып.

– Мен үшін жаныңды беретінің қайда?

– Асеке, әр нәрсенің орыны бар ғой!

– Мен әлі орынымнан түскен жоқпын, байқа!

– Осыдан кейін қайда барарың белгілі емес пе.

– Е, соны есептеп отыр екенсің ғой, дұрыс-ақ, өлер жеріңді білесің!..

Үйрек мұрын, жылтыр қараның жүзіне соңғы рет жиіркене бір қарап, үнсіз шығып жүре берген.

Жақын, жақсының бәрінен қайран болмай, амалсыздан оппозициялық бағыттағы телевидениеге қолқа салған. Ештеңеден тайсалмайтын азулы канал, басқа түгілі үкіметтің өзін мүлт кетсе, шаңын қағып, төпелеп алатын. Бастығы ерінін жымқырған, бадырақ, балық көз жойт жігіті еді, естіген бойда елп етіп, қуана құнжыңдады. "Қайыңдыдағы қасіретке кім кінәлі?" деген тақырыпта жиырма бес минуттық сұхбат жазып алған.

Кестеде көрсетілген уақытта Сандуғаш екеуі ұл мен қызын ортаға алып, іргедегі күрпілдек қоңыр диванға жайғасты. Екі бала бірін-бірі түртпектеп, қозғалақтай берген соң, Сандуғаш:

– Қазір папамыз телевизордан сөйлейді. Тыныш отырыңдар! – деп басын шайқап, қабақ түйген.

"Папа осында отырса, телевизордан қалай сөйлейді?" дегендей, үштен жаңа асқан Сәуле әкесінің бетіне таңырқай қарады.

Жүріп жатқан корей сериалының соңғы титры бітер-бітпестен экран жыпылықтап қоя берді. Дыбыс та, сурет те жоқ. Алғашында түсінбей, пульттің түймесін жағалата басып көрген – барлық канал сайрап тұр. Қайта басып еді – сол қалпы. Бір ақауы боп кешігіп жатқан шығар, көрсетіп қалар деген дәмемен ары отырды, бері отырды. Екі тұлымына ақ бантик байлаған кішкентай Сәуле:

– Папа доқ! – деді экранға тесілген қалпы тырбиған екі алақанын жайып.

Сандуғаш екі қолын кеудесіне айқастырып, тас мүсіндей мелшиген күйеуінің қатулы жүзіне қабақ астынан ұрлана бір қарап, орнынан тұрды:

– Жарайды, телевизор бұзылып қалды, кейін қараймыз! – деп балаларды басқа бөлмеге алып кетті.

Асылмұрат балконға шығып, темекі тұтатты. Доғаша иілген ұзын балконнның есік пен төрін теңселе басып ұзақ шиырлады. Күлсалғыш "бақаның" аузына "Мальбораның" қанша тұқылын кептегенін Құдай білсін. Будақтаған көк түтіннің арасынан мың-сан көзі жыпылықтап, түнгі қала шайқалақтап тұр

 

                                                       "Балық"

Елағаң сықырлай ашылған есікке «бұл қайсысы» дегендей қабақ астынан сыздана қараған. Байғабылов зор денесімен есіктің аузын кептеп созалаңдай кіріп келеді екен. Жылусыз жып-жылтыр көк мұз бетінен көз тайғанайды. Көп жылдан бергі сынақтан өткен айнымас серігі. Кезкелген уақытта кіре беруге Сарай ішінде осының ғана құқы бар. «Шұғыл бірдеңе  болды-ау, сірә!» Тіксініп, ішін жиып алды. Түріне қарап бірдеңе аңғару мүмкін емес. Қуану, күйіну жоқ. Беті ағаштан жонылған мүсін сияқты, қашан көрсең бір қалыпты салғырт, салқын. Селт етпес сырға беріктігі үшін сыйлайды. Естігені, көргені, білгені... бәрі ішінде, ойымдағыны өзің тап деп тымпиып тұрғаны, үндемейтін тұйықтығына бола айналадағылар оны «Балық» деп атайтын. Балық десе балық,  талай рет отқа да, суға да салды, қыңқ етіп үн шығарса кәне сабазың. Қайткенмен қызға да, тұзға да бірге барған досы ғой. Сонау аласапыран жылдары Одақтан енші болып алғанда есепсіз дүниені қарпып біраз қызығын көрді емес пе. Сонда сауданың  тілін тауып бәрін майлы ішектей айналдырған осы болатын. Кейін Солтүстік Кореяға сатылған қару-жарақ пен Африкаға жөнелтілген әскери тікұшақтар әшкереленіп, халықаралық үлкен айғай-шу болғанда бәрін өз мойнына алып, бұған шаң жуытпай қорғап   қалған. Содан амал жоқ, төмендетіп, біраз жыл көлеңкеде ұстап, абыр-сабыр басылған соң қайтадан қолына алып келген. Басқа өркеуде біреу болса, «мен білмейтін сырың бар ма!» деп бәлсініп, саудаласпасына кім кепіл. Мұнда ондай бақай есеп, амбиция жоқ. Қандай орынға қайсаң да риза, қанағатшыл. Қашанда сенің көлеңкеңде жүретін, өңмеңдеп бойталастырмайтын осындай момақан жігіттерден айналып кетпейсің бе! Бірақ Елтөре қазір елжірей қойған жоқ, шытынап сіркесі су көтермей отыр. Табалдырықтан аттаған бойда-ақ қожайынның қабағын тани қойған «Балық» именшектей басып төрге озған. Әдеттегідей қожайынның қарсысындағы креслоға жайғасқан жоқ, үстелдің шетіне тақау келіп түрегеп тұрды. Сәлемдескеннен кейін  қағазға оралған алақандай әлденені  алдына қойған.

– Бұл не? – деді Елтөре жақтырмай көзін ойнатып.

– Бейнетаспа...

– Сендер не, мені кино көретіндей ерігіп отыр дейсіңдер ме?!!

– Жоқ, бұл... андай нәрсе емес... Сейсенбиннің   оппозициялық  телевидениеге берген  интервьюі. Өзіңіз қарап шығыңызшы...

– Қарамаймын! – Елтөре ызалана қолын сермеп, алдындағы жатқан кассетті лақтырып жіберді. Кассета жылтыр үстелдің бетімен сырғып  барып сарт етіп  жерге түсті. Үлкен басын кішірейтетін оғаштау әрекет жасап алғанын түсінгендей сәл ыңғайсызданып, сөзінің  аяғын жаймашуақтандырды.

– Елдің бәрі көріп қойса, несіне қараймын?

– Ешкім көрген жоқ.

– Қалай?

– Вайсман эфирге  жібермей маған әкеп берді.

– Оның кім?

– «Көкжиек»   телевидениесінің шеф-директоры. Оппозициядағы жүрген біздің адам.

– Вайсман шошитындай Сейсенбин не айтыпты?

– Өзіңіз тыңдасаңыз жақсы болар еді...

– Мен туралы бірдеңе дей ме?

Елтөре тіксініп бетіне қараған.

– Жоқ... Бірақ үкіметке жақпаған күйесі, тақпаған кінәсі жоқ. Дәрменсіз, нарық заңына икемсіз дейді. Жоғарғы басшылықтағы шенеуніктердің көбі коррупцияға былыққан, қылмыс әлемімен сыбайлас дейді.

Елтөре өзінен басқаға айтылған сынға әрдайым түсіністікпен қарайтын, кең пейіл, кешірімшіл. Қайта сынай түссін дейтін, сонда былықтың бәрін соларға орта салуға жақсы деп ойлайтын.

– Сыннан неге шошисыңдар осы? – деді Елағаң түсін салып. – Мінсіз періште ме едіңдер? Айтшы, қайсың тазасың? Сен тазасың ба?

Өлетін  жерінде Балық үндемейді, ойлайды: «Өзің жетісіп тұрған шығарсың!»

– ... Корейлерге қару сатып, дүниені шулатқан кім? Бар пәлені Коганға жауып, құтқарып қалдық. Әйтпегенде оның орнына түрмеге сен отырар едің!

«Кімді кім құтқарғанын өзің білесің! Қаруды сатып жаман атты болған біз, үндемей ақшаның бәрін қалтаңа басқан сенсің!..» Балық мұрыны шуылдап, ентігіп тұр. Сонда да сүлеленген көзінің қиығында жылт жоқ. Маңдайындағы әжімнің жігін қуалап жалғыз тамшы жылт етіп жорғалай жөнеліп еді, қалтасынан орамал алып, бет-аузын жапыра бір сипап өтті.

Елтөре кімді болса да бір ілік тауып кіріптар ғып ұстағанды жақсы көретін. Әйтпесе өзі болғандай кеудесіне нан пісіп дандайсып кетпей ме... Мен болмасам қайтер едіңдер, кімге қарыздар екендеріңді ұмытпаңдар дегенді үнемі естеріне салып отыратын. Сол әдетімен Балықты біраз тұқыртып алған соң:

– Иә, тағы не айтады ол батыр? – деді.

– Сіздің семьяңызға тиіскен.

– Менің семьям – мен емес қой, сынай берсін. Нақты не айтады?

– Айтқаны сол... түгел жала. Қайып Мұқановичті жамандайды отырып алып. «Үлкен фамилияны пайдаланып, ойына келгенін істеп жүр. Рейдерлікпен айналысып, бөтеннің бизнесін тартып алуда. Ешқандай заң, мораль оған шектеу емес. Жоғарғы бирократиялық биліктің азғындап тозып бара жатқанын осындай лауазым иелерінің мысалынан көреміз!..» дейді.

Қайыптың аңдыған жауы Асылмұрат Сейсенбин болатын. Үкіметтің ең жас мүшесі, алғыр, аса беделді саясаткер, ең бастысы Елағаңның үкілеп үміт артып отырған сүйіктілерінің бірі, яғни қазірден бастап жолдан қағып тастамасаң, ертең бақталас болатынның нағыз өзі! «Семьясына тису Елтөренің өзіне тису емес пе. Баурына сап жылтып жүрген сұр жыланның қалай уын шаша бастағанын көрсін" деп Қайып өзі кассетті әдейі Балыққа әкеп берген.

Елтөре сұйық қасы дір етіп, қабағын шытты: «Осы Қайып иттің де Құдай сүйер қылығы жоқ-ау. Неге тыныш жүрмейді? Өзінің болмаса да, неге мұның абройын ойламайды? Қырықтан асқанша қара басын алып жүре алмайтын бұл да бір сор болды! – Қоздап, қабындап бара жатқан ашудың тізгінін тартып, іле ойы Асылмұратқа ауысқан. – Жә, мына балаға не жоқ. Түсінен шошығандай аяқ астынан  не көрінді? Мен түзей алмаған қисықты сол түзейін деп ері мойнына кете бастады ма, қалай өзі? Бақас болған соң бірінің сыртынан бірі не демейді. Сонда да жоқтан жонып айтылған жақтым күйе емес екені кәміл. Бір кәкірдің  болғаны ғой. Сейсенбиннің өзіне адал екенін біледі, бірақ алысатын басқа жау таппағандай, азуын мұның үрім-бұтағына ақситқаны қалай?!» Ішіне дық сақтап қалса да Балыққа қабақ алдырған жоқ. Екі жаумен біруақытта алысуға болмайды. Әуелі басты жаудың омыртқасын опырған жөн. Сондықтан айтақ күткен ала төбетті Наримановтің соңынан салды да жіберді.

 

                                          Қара сақал

Ержан төртінші сыныпта оқитын. Мектебі алыс емес, екі-ақ аялдамадай жер. Бүгін соңғы сабақ болмай ерте шыққан. Әдеттегідей жолдастарымен бірге жаяу қайтты. Біраздан соң жанындағылардың әрқайсысы өз көшесіне бұрылып кетті де, Ержан жалғыз қалды. Үйге баруға асыққан жоқ. Мектеп пен үйдің арасына қанша минут жүретініне дейін есептеп, басқан ізін аңдып отыратын мамасы әзірге іздей қоймас. Сабақтан бір сағат бұрын шыққанын қайдан білер дейсің. Қалтасында түстіктен үнемдеген екі жүз теңгесі бар. Супермаркеттің бір қанатындағы ойын автоматына бұрылған. Кенет әлдекімнің:

– Әй, балақай! – деген дауысынан селк етіп, жалт қараса, анандай жерде екі қолы қалтасында, шекелей қарап бір ағай тұр екен. Үстінде су жаңа сұр костюм. Қара көзілдірікті, қара сақалды. Былқ-сылқ  бір басып-екі басып қасына таянды. – Осы жерде тұрасың ба?

– Иә, – деді Ержан жүрексіне шегіншектеп.

– Он жетінші үй қай жерде, білесің бе? Ары іздеп- бері іздеп таба алмай қойдық.

– А-а, он жетінші ме?.. қазір... – Көңілінен күдік сейіліп елп ете түсті. – мынау жиырма екі... ары қарай жүріп, солға бұрылсаңыздар...

– Өй, өзің бір жақсы бала екенсің. Жүр, көрсетіп жіберші. Номерлері быт-шыт, әбден шатастық.

Мақтаған соң елгезек бала іркілген жоқ, арқасындағы рюзагін жоғары қарай бір ырғап қойып, емпеңдап алға түскен.

– Біраз жер ме? – деді бейтаныс.

– Жоқ, әнеу үйдің арғы жағынан бұрылсаңыздар болды.

– Ой, біраз жер ғой, машинамен барайық. – Жолдың жиегіндегі қара "тойотоның" артқы есігін ашты. – Отыр.

Бала шегіншектей беріп еді, желкесінен бүре ұстап, салонға сүңгітіп жіберді. Өзі қатарына жайғасты. Есік жабылар-жабылмаста машина орнынан сыбдырсыз сырғи жөнелді. Рульде күжірейіп отырған еңгезердей тақырбас жігіт те қара көзілдірікті, дөңгеленген қара сақалды. Не болғанын түсінбей абыржып, көзі жыпылықтаған Ержан қара "тойото" жалт бұрылып, кең көшемен тура тартқанда:

– Жоқ, он жетінші үй ол жақта емес, мына жақта! – деген айғайлап. Шофер жігіт мойынын бұрып мырс ете түскенде, қияқ мұртының бір шалғысы ұртынан ажырап, қайрылып қалған, дереу саусағымен сипалап, қайта жапсырып әлек.

Ержан бір сұмдықтың болғанын енді сезіп, шыңғыра жылап жіберген. Қасындағы жылмың қара қабағын түйіп, басын шайқады:

– Жылама! Біз саған ештеңе істемейміз. Сен Асылмұраттың баласысың ғой?

– Иә! – Ержан көз жасын кілт тиып, жігіттің бетіне емекси қараған. "Е, папамның таныстары екен ғой!" деп көңілі орнықты. Сонда да сенімін бекіте түскісі келді:

– Папамды танисыздар ма?

– Танығанда қандай! Сенің папаң әйдік кісі емес пе. Елдің бәрі таниды.

Әкесін мақтағанға бала мерейленіп, ұшы тершіген шолақ танауын бір тартып қойды.

– Жыламай тыныш отырсаң, қаланы біраз аралаймыз да, үйіңе апарып тастаймыз. Жарай ма?

– Жарайды. – Қала қыдыруға Ержан қарсы болған жоқ, рюзагін иығынан шешіп, жайланып отырды, қалтасынан телефонын алды. – Мамама айтып қояйын, іздеп қалады ғой!

– Жоқ, болмайды. Әкел бері! – Жігіт дереу қолындағы телефонды жұлып алды.

– Звандап қоймасам, үйге барғанда мамам ұрсады! – деді бала телефонға қолын созып.

– Үйге барғанда мамаң қуанады! – Рульдегі мырс еткен дөй қараның иығы бір көтеріліп басылды.

                            

                                                             Сарсаң

­Баласы кешіккен сайын Сандуғаш жүрегі өз-өзінен өрекпіп, үй ішінде байыз таппады. Әлсін-әлі терезеден тысқа үңіліп, әне-міне қоңырау шыр ете түсетіндей есік жаққа елеңдеумен болды. "Япыр-ау, бұл бала қайда жүр, келетін уағы баяғыда болды ғой?" деп қояды ішінен. Қалтателефоны жауап бермейді. Шыдай алмай үй жаққа бірге қайтатын сыныптастарына хабарласқан. Соңғы сабақ болмай мектептен бір сағат бұрын қайтқандарын естігенде, тіптен есі шығып кетті. Жүгіріп сыртқа шықты. Ауладағы балалардан, көрші, таныстардан сұрады. Дүкендерге кірді, подвалдағы компьютер клубына барды. Болады-ау деген жердің бәрін қарап, қуыс-қалтарысты түгел адақтап шықты. Ұшты-күйлі жоқ. Не істерін білмей далақтап, "бәлкім келген шығар?" деген дәмемен біресе үйге барады, қайтадан далаға жүгіреді. Есі – екеу, түсі – төртеу, не істеп жүргенін білмейді. Газға қойған тамағы қайнай-қайнай әбден сарқылып, қоқ боп күйіп кетіпті. Апалақтап барып қазанды ұстай алғанда, қолын қарып түсті күлбіретіп. Суық судың астына ұстап еді, одан шипа болмады. Солқылдатып жанын көзіне көрсетіп бара жатса да, есі-дерті – Ержанда. Көкірегін бүрген мұздай үрей шеңгелін босатар емес. Күйеуіне хабарлауға бір оқталды да, "қой, көңілін алаңдатып, босқа әбігерге салмайын, келіп қалар" деп сабыр сақтаған. Әне келеді-міне келедімен сарсылып тағы екі сағат өтті. Әбден тығырыққа тірелген соң, амалсыз телефон шалған.

Суық хабарды естігенде, Асылмұраттың тұла бойы ток соққандай қалшылдап кетті. Телефонды құлағына тосқан күйі бір қолын шалбарының қалтасына салып, бөлме ортасында тұрған. Теңселе басып қапталдағы үлкен емен шкафқа иығын сүйеді. Жүрегі дүрсілдей атқақтап, түйіле тұншығып, сәлден соң барып тіл қатқан:

– Жә, үрейлене берме, – деді сабырлы үнмен өзін күштеп. – Бала емес пе, бір жерде айналып жүрген шығар. Интернет клуб пен кино залдың біріне кіріп кетті ме кім білсін. Кино, компьютер десе, бәрін ұмытып кететін әдеті емес пе!

Дауысын барынша жайма-шуақтандырып, Сандуғашты алдарқатқанмен өз көңілі күпті боп тұр. Ә дегеннен іші қылп етіп, бір пәледен сезіктенсе де, жаны түршігіп ондай жауыздыққа сенгісі келмеді.

Дереу полиция бөліміне хабарласқан. Телефонды кергіген біреу алды. Баланың аты-жөнін сұрады да, сытыр-сытыр қағаздарын парақтап:

– Бізде ондай бала түсті деген мәлімет жоқ, – деді.

– Іздестірмейсіздер ме?

– Іздеу салу үшін кемінде бір тәулік өту керек.

– Оған дейін не істейміз?

– Іздеңіздер. Травмопункттен, моргке барыңыздар...

Асылмұраттың қолындағы телефон жерге түсіп кете жаздады.

– Алла сақтасын! Аузың қандай жаман еді! – деді үрейі ұшып. Анау айыл жияр емес:

– Өмір болған соң, бәрі болады, ағасы, – деді өң-бояусыз дауыспен ақылгөйсіп. – Әйтпесе айықтырғыштан сұраңыздар.

– Әй! – деп ақырып жіберді ызаға булыққан Асылмұрат. – Он жасар бала ол жерден не боқ жейді? Ойланып сөйлемейсің бе!

– Несі бар, сегіз жастағының да сонда жатқанын көргенбіз!

– Тіфу, сөзің бар болсын!

Тарс еткізіп телефонды тұғырына тастай салған Асылмұрат: "Осы мен бет-моншағым төгіліп несіне сызыламын, – деді өзін-өзі қыжыртып. –  Заң-заң дейсің, заңның сиқын көрдің емес пе жаңа ғана. Осындайда пайдаланбаған бет-беделің итіме керек пе!" Қалалық ішкі істер департаментінің бастығымен жүз таныстығы бар болатын, мұның атын естігеннен-ақ елпек қақты.

– Сіз айтсаңыз – боды ғой, Асеке, бәрін аяғынан тік тұрғызамын! – деді екі сөзге келместен. – Қазір-ақ жедел іздестіру тобына тапсырма берем. Уайымдай бермеңіз. Жақсылықтан үміт етейік.

Асылмұрат байыз тауып отыра алмады жұмыста. Еркек басымен есеңгіреп өзі мынандай күйге түскенде, Сандуғаш байғұстың не жаны қалды дейсің. Қасына барып демеу болайын деп ойлаған.

Үйге жасқана кірді. Екі көзі бұлаудай, өкіріп бассалар деп сескенген. Сандуғаш ондай әйелдік осалдық танытпады. Бұрқ-сарқ жан арпалысының титтей де дірілі жоқ жүзінде. Не де болса бәрі ішінде жатыр. Кең ашылған қиықша қара көздерінің тұңғиығында әлдебір үркек ұшқын лыпыл қаққаны болмаса, сырты сабырлы, салқын. Байсалды үні, нық жүріс-тұрысымен қайта мұның өзін демеп, сабырға шақырғандай.

                       

                                                             Жаман "кино"

Компьютер мен Iphone – нан  көз айырмайтын қаланың қағылез, сұңғыла баласы әп дегеннен-ақ жүрегі су етіп бәрін сезе қойған. Есік-терезесі тұмшаланған қара машинада келе жатып не істерін білмей өз ойымен арпалысты. "Не істер екен? Қараңғыға қамап, наркотик еге ме? Больницаға апарып, бүйрегін, бауырын біреуге сата ма? Әлде педофил ме? Әлде..." Кинодан көрген небір сұмдықтар көз алдына елестегенде, жаны ышқынып өксікке булыққан. Әйткенмен бірте-бірте жүрегі орнына түскендей болды. Мына екі сақалды, кейінге бүккен бір пәлесі болмаса, әзірге жүздері жайдары, жайбарақат. Бұған қарап қасындағы сақалды бітік көзіндегі шегенің ұшындай шаншылған қарашығы жылтыңдай иек қақты:

– Ереке, сен нешінші класта оқисың осы?

– Төртте?

– Оһо, шал боп қапсың ғой! Кластарыңда қыздар көп пе?

– Көп. Жеті қыз.

– Әдемі шығар, ә?

– Хым! – Ержан басын шайқады.

– Дружить ететін біреуің бар ма?

– Жоға!.. – деді Ержан қызараңдап.

– Ой, сен нашар екенсің ғой! Сендей кезінде мына ағаң үйленем деп шатақ шығаратын!.. – деді шоферді иегімен нұсқап.

– Сіздер менің атымды қайдан білесіздер?

– Ой, Ереке, сені елдің бәрі біледі емес пе. Кластағы ең озат оқушысың...

– Еһе, озат емеспін. Төрт сабақтан "үшім" бар. Мамам ылғи ұрсады.

– Мамалардың бәрі солай. "Бес" алсаң да ұрсады.

– Неге?

– Бір "бес" алсаң, неге екеу алмадың деп ұрсады... Жарайды, қалжың ғой, біз – папаңның танысымыз деп айттық қой бағана.

– Онда мені неге ұрлап әкеттіңіздер?

– Здірәсти, ұрлағаны несі? Біз сені қыдыртып жүрсек, сөзін қара!

– Қыдырғым келмейді, жіберіңіздер.

– Сәл шыдай тұр. Мына ағаң бір тәтемен жолықпақшы. Сондай сұлу тәте. Содан кейін үйіңе апарып тастаймыз.

– Мен бәрібір білем! – деді Ержан кемсеңдей мұрынын тартып.

– Нені?

– Кинодағыдай істегелі жүрсіздер! Біз бай емеспіз...

Бағанадан бері үнсіз тұқыжыңдап рульге жабысқан шофер басын шайқады:

– Мынауың тажал ғой!.. Сенің папаң – байлардан да бай!

– Қалай?

– Ағаң қалжыңдайды, – деді қасындағы сақал. – Міне, жаман киноны көп көрген соң жаман ойлайсың!

– Кино жаман адамды көрсетеді.

– Сонда бізді жаман адам деп ойлайсың ба? Мен саған өкпелеп қалдым. Мынандай әдемі машинамен қыдыртқаннан басқа не істедік?..

Қаланы шыр айналып биік бір үйдің қалтарысына тоқтаған. Дөй қара шофер дүкенге барып, бір пакет оны-мұны алып келді.

– Сен – біздің қонағымызсың, Ереке! – деді қасындағы жігіт. – Қалағаныңды ал.

Үшеуі балмұздақ жеді. Коко-коланы "сосо-сола" дейді екен, "кәне, сосо-сола сасай етейік" деп бір күлдіріп алды.

Шофер рульді шерткілеп, сағатына қарағыштай береді.

– Қанша өтті? – деді Ержанның қасындағы сақалды.

– Үш жарым.

– Тағы да жарты сағат күтейік. Жаны әбден мұрнының ұшына келсін!

– Болмашыға сонша әуре боп... – деді шофер аузын қисайтып. – Соңғы кезде тышқаншылап кеттік қой!

– Шефтің тапсырмасының үлкен-кішісі жоқ, бәрі маңызды.

– Маңызды болса, маңызды шығар. Бұрын арыстанның аузына айдаса да, алғаның азабыңа арзушы еді!..

– Немене, айына бір машина мінесің, тақияңа тар келіп отыр ма? Қанағат қарын тойғызады, шырақ!..

Шофер үндеген жоқ, "сенікі қиын қатты тойып жүрген шығар!" дегендей, бұқа көзденіп қабақ астынан алая бір қарады да, мойынын бұрып әкетті.

                                                              

                                                           Бейуақ

Жарты сағаттай өткен шамада сақалды қалтасынан Ержанның телефонын алып,байланысқа қосты.

Үміт пен үрей итжығыс түсіп, әр секунды сағыздай созылған белгісіздіктен азап не бар? Асылмұрат үйге сыймай сыртқа шыққан. Аула түкпіріндегі қос жиегін балапан қайың көмкерген ұзын аллеяда ерсілі-қарсылы теңселіп жүрді де қойды. Көк желекке көмілген шалқайма орындықтардағы иық сүйескен жастар мен қауқылдасқан кәрілердің бірін де көрген жоқ; алаңқайдағы әткеншек теуіп, доп қуып у-шу болған балалардың дауысын да естіген жоқ. Соқыр, мылқау. Істейтіні бір-ақ қимыл – қолындағы телефонның түймесін қайта-қайта басып, құлағына тосады. Баяғы бір жауап: "абонент байланыс аясынан тыс жерде немесе оның ұялы телефоны сөндірулі..." Бәрібір бетінен қайтпады, көзсіз үміттің жетегімен түймені үсті-үстіне баса берді. Кенет қақылдаған әйелдің жағы қарысып, гудок пайда болды. Қоңырау барып тұр. Жүрегі дүрсілдеп, аузына тығылды. Ар жақтан ешкім көтермесе де, айғайлап жіберді:

– Алло! Алло!..

Ержанның соңғы модельдегі "Самсунгі" қоңырау шалған кісінің кім екеніне қарай қырық құбылып, әндетіп тұрады. Әкесі мен шешесі, туыстары мен достарының әрқайсының айырым музыкасы бар, иәки қоңыраудың әуенінен-ақ кім екенін танып отыратын. "Сарыжайлау" шалқи жөнелгенде:

– Бұл кім? – деді қабасақал иек қағып.

– Папам!

Қабасақал машинадан шықты да, түймені басып, телефонды құлағына тосты.

– Ержан! Ержан! – деді Асылмұрат есі шыға айғайлап. – Амансың ба, құлыным! Қайдасың? Жауап берші!..

– Папочка! – Қабасақал қырылдап жас баланың дауысын салған болды. – Маған алаң болма. Екі жақсы ағамен бірге қыдырып жүрмін!..

– Әй, сен кімсің?!! – Асылмұрат зәресі ұшып шыңғырып жібере жаздады. Жылт еткен үміті жалп етіп сөніп, бойын қайтадан қабындаған үрей биледі.

– Мен Ержанмын ғой. Танымай тұрсың ба, папочка?

– Қылжақты қой, жігітім. Бала қайда? Аман ба өзі?

– Аман... әзірге! – деді қабасақал ойынды доғарып өзінің гүжілдек дауысымен әр сөзіне мән бере. – Ары қарай не болары өзіңе байланысты.

– Тек балама тиіспеңдерші!.. – деді Асылмұрат ыза, намыс... күллі менменсіген сезімді ұмытып, жанұшыртқан жалынышты дауыспен. – Не тілектерің болса да орындаймын, айналайын. Ақша керек пе? Қанша, тек айтсаң болды?

– Шашың жетпейді!

– Сонда не керек?!!

– Не керек екенін өзің бек әйбәт білесің! Солай ма?.. Бұл жолы бір тал шашын түсірмей аман-есен қоя береміз. Келесі жолы қиын болады! Түсінген боларсың? Келістік пе? Ендеше үйіңе барып, тып-тыныш отыр. Бір сағаттан соң барады...                                                            

                                                      ххх

Төңірек күңгірт тартып, ымырт шымылдығын түсіре бастады. Қанатын желпіп жел оянды. Терек басынан төгілген жапырақтар дүр етіп ұшқан топты торғайдай ауада қалықтап жүр. Шеттегі бұралаң көшелермен тоқтаусыз жүйткіген сылаң қара машина биік сұр үйге екі-үш орам жетпей, маңайлап барып тоқтаған.

– Үйіңді тауып бара аласың ба?

– Иә.

– Ал, жақсы, Ереке! – деді қабасақал қолын қысып. – Бізге ризасың ба?

Ержан не дерін білмей иығын қақты.

– Қызық екенсің, жігітім. Күні бойы қыдырттық, балмұздақ әпердік, сосо-сосо сасай қылдық... сонда да риза емессің бе? Жүр, онда ресторанға апарайық!

– Жо-жоқ! – деді шошып кеткен Ержан қолын жұлқылап. – Ризамын. Сіздерге рахмет!..

– Міне, сөзің түзелді!.. Папаңа айт, керек болса, тағы да жолығамыз. Салют! – Сарт жабылған есік қара қыл қаптаған жалпақ бетті қисайған күлкісімен қоса жұтып қойды.

                                                  ххх

Асылмұрат тыстағы әңгімені үйге әкелген жоқ. "Бала неме бір жерде қаңғып жүрген шығар ойынға айналып. Келіп қалар" дей салған. "Е, байғұс, мені аяған соң дәткеқуат үшін айтып тұр ғой, басқа не десін!" деді ішінен Сандуғаш күйеуінің абыржулы жүзіне мүсіркей қарап. Екі бейбақ өзінен гөрі бір-бірін аяйды. Сөйлесуге сөз таппай әр қайсысы өз ойымен әлек. Асылмұрат балконның ернеуіне шынтақтаған күйі бар өшін темекіден алды. Сандуғаш залға кіріп, Донцованың романын қағаз қыстырып қойған жерінен ашқан, сап түзеп лек-легімен көз алдынан көшкен сөздің бірін де ұғар емес. Сонда да көңіл алдарқатпақ дәмемен өзін-өзі зорлап отыр.

Қоңырау зың еткенде, екеуі екі жақтан жарыса жүгірген. Есікке бұрын жеткен Асылмұрат болды. Ыржия күліп босағадан кіріп келе жатқан Ержанды көргенде, өз көзіне сенер-сенбесін білмей аңтарылды. Дін аман, қоңыр рюзагі арқасында, сабақтан жаңа келгендей жүрісі жайбарақат.

– Жарығым! – Тас құшақтап, төбесінен иіскеген күйі, көкірегін өрлей соққан ыстық жалынның алдын бөгей алмай өксіп-өксіп жіберді.

Сандуғаш жол ортада, ары қарай аттауға әлі құрығандай, үн-түнсіз қабырғаға сүйеніп тұрып қалған. Арқасымен сырғып барып, екі аяғын көсіле еденге отыра кетті. Ауа жетпегендей аузы әнтек ашылып сәл отырды да, екі жұдырығымен  екі тізесін алма-кезек ұрғылап, дар етіп күле жөнелді. Өнебойы селкілдеп, сақылдай күлді. Сылқылдаған, сыңғырлаған... неше сортты күлкінің ақыры ықылық атып жылауға ауысты. Өксіп, өкіре қыстықты. Асылмұрат көтеріп апарып креслоға отырғызған. Не болғанын түсінбей үрпиісіп, мамалап екі жағынан құшақтай алған қос құлынын бауырына басып, одан сайын аңырады. Асылмұрат арқасынан аялай сипап қаққыштағаны болмаса, жұбатқан жоқ. Іштегі қыстыққан шер-құсасын тарқатсын деді.

Бейуақта үңірейген бөлмелер үрей шақырып күңірене өксіді.

                                 

                                             Байғыз неге өксіді

Сандуғаш ұзақ уақыт өзіне-өзі келе алмады. Қыстығып, бойын буған үрейден арыла алар емес. Алакеуім бейуақта не болғанын түсінбей үрпиісіп қалған екі бала қосыла жылап, екі жағынан құшақтай алғанда, одан әрмен кемсеңдеді.

– Болды енді, балаларды шошытасың! – деді Асылмұрат, бауырына басып жылы сөзбен жұбатса, егіле беретін болған соң, әдейі дауысын қатайтып айтты. Күйеуінің әміріне құлақ асып үйренген әдетімен үнсіз созалаңдап орнынан тұрды. Ваннаға барып, бетін суық сумен шайып, өзін ретке келтірді. Өксіп жүріп шай қойды, өксіп жүріп дастархан жасады. Үрей қамаған жарым көңіл, өлі тыныштықта ешқайсысы тамақ ішіп жарытқан жоқ.

Дастархан жиылысымен Сандуғаш төсек салып, жатып қалған. Ұлы мен қызын екі жағына алып, кезек құшақтап, кезек иіскеп, қос сәби ана көкірегіндегі уайым-шерді түйсініп, кішкентай жүректері дүрс-дүрс соғып, құртақандай білектерімен тас жабысып бауырына тығыла түскен сайын бордай езіліп, көз жасына тұншықты. Түкке түсінбесе де, аналарын аяп, әрі-беріден соң екі бала да иектері дірілдеп, үнсіз кемсеңдеуге көшкен. Осы үш қарашығынан басқа кімі бар мұның? Ата-анадан ерте айрылған тұл жетім, алдында аға-апа, артында іні-сіңлісі жоқ, жал-құйрықсыз жалқы. Сол бар жоқтың орнын толтырған осы үш қоңыр қозысы емес пе! Жетім көңіл жалғыздығын ұмыттырған сарқылмас қуанышының кәусар тұнығы осы үшеуі ғой...

Жабысып құшақтаған күйі, сәби жүректері ана қайғысымен бірге қосыла сыздап, қыбыр етпей жатқан екі бала бір уақта талықсып барып ұйықтап кеткен. Анда-санда бір күрсініп қойып, танауларын шуылдай тартады.

Асылмұрат байыз таба алған жоқ. Даңғыраған үш бөлмеге сыймай сыртқа шығып, ұзын лоджияда арлы-берлі теңселумен жүр. Шылымның жылт-жылт қызарған шоғы тұнжыраған түннің қара мақпал шымылдығын дамылсыз шұрқ-шұрқ тескілейді.

Өксігі басылғанмен іші өрттей шарпысып тынши алмай, анталаған мың-сан үреймен арбасып арпалысқан Сандуғаш балалардың құшағынан еппен сытылып шығып, орнынан тұрды. Ұзын, көкшіл барқыт пижамын киіп, лоджияға шықты. Терезесі ашық тұрса да, тұншыққан көк түтін  көзін тіліп түсті. Қыш күлсалғыштың бақа ауызы кептелген темекінің тұқылы. Үстіндегі біреуінің құйрығы түтіндеп жатыр. Есік ашылысымен жалт бұрылып, бері қараған Асылмұраттың аузында да шылым жылтырайды.

– Маған да әкелші! – деді күйеуіне қолын енжар созып.

– Оны қайтесің? – "Ойыны ма, шыны ма"дегендей, Асылмұрат сенбей тұр.

– Тартам.

– Неге?

– Сен неге тартасың?

– Ішім күйіп тұр!

– Сенікі күйіп тұрса, менікі өртеніп барады!

– Бұрын шекпеуші едің ғой?

– Бұрын шекпесем, енді шегемін. Әкелші!

Асылмұрат құлықсыз қалтасына қолын салды. "Кенттің" қорабын түбінен тырнақ ұшымен шертіп, сопаң еткен жалғыз сарықұйрықты суырып берді де, "жақсылық қылсаң, бүтін қылдың" есебімен, шақпағын жағып, алдына тосты. Тұтанған темекіні шоғын қызарта ішке сорған. Түтінге қақалып, қиқылдап-шиқылдады да қалды. Тынысы бітіп, үсті-үстіне лоқси жөтелгенде, көзінен жасы ытып кетті.

– Түу, қалай тартасыңда?.. У ғой мынау! – деп темекісін күлсалғышқа тастай салды. – Жүр, – деді сонан соң күйеуін қолынан жетелеп. – Темекіден қайыр жоқ екен, ендеше ішеміз! Мына стресс мені өлтіретін шығар, жанымды қоярға жер таба алар емеспін...

Бардан шотланд вискиін әкеп, екі рюмкага толтыра-толтыра құйды. Екеуі үнсіз ішіп салды. Еселеп тағы толтырды, оны да қаңтарған жоқ.

– Әу, бәйбіше, екеуміз алқаштарша сілтедік қой, тіпті! – Сөз ауанын жаймашуақтындырмақ оймен Асылмұрат өзін зорлағандай еңкілдей күлген болды. Екі бетінің ұшы албырап лап қызарған Сандуғаш күйеуінің иығына құшақтай асылып, өксіп-өксіп жіберді:

– Асылкен, сен өз басыңнан кешпеген соң, жетімдіктің не екенін білмейсің! Мен бәрін көрдім, жоқтықты да, қорлықты да... көрінгенге жаутаңдап, көз жасыма тұншығып жүріп жетілдім. Дүниеде жақынсыз, қорғансыз жалғыздықтан жаман не бар? Бірақ бақытсызбын деп шағынбаймын, тағдыр өзіңе жолықтырды. Ендігі менің әке-шешем де, бауырым да – барлығы да үш балам мен өзіңсің. Мен тек төртеуіңнің тілеуіңді тілеумен өмір сүрем, басқалай менде тіршілік қуанышы жоқ. Бүгінгі жарты күнде жүрегім жарылып өлмей қалай аман қалғанымды білмеймін. Қатты шошыдым ғой, жаным! Әлі есімді жия алар емеспін. Бұл не сұмдық? Ержан жоғалып кеткенде, басыма не ой келмеді дейсің...

– Болды, күйзеле бермеші, ең бастысы – баламыз аман-есен келді ғой... – деді Асылмұрат жұбатпақ боп әбігерленсе де, өз дауысы өзіне сенімсіз естіліп.

– Бүгін аман келді... Ертең не болады?

– Қойшы, ушықтыра бермей. Үрейленетін ештеңе жоқ. Жаман ойлары болса, өстіп жібере сала ма? Ешқандай тиіспеген... Ақша сұраған жоқ. Жәй қызық көріп еріккен біреулер де... – Арғы жағы өртеніп жатса да, түтінін шығармай бетін сипақтап сыр жасырған түрі. Баламен бопсалап, мұның бір жолата үнін өшірмек боп жүрген жауыздардың сұрқиялылығын қалай айтады? Сонда да сұңғыла келіншегі ішкі түйсігімен сұмдықтың жымысқы ізін тап тасып танып тұр:

– Қайдағы еріккен біреулер! – Сандуғаш жас толған жанары жарқ етіп, басын көтеріп алды. – Ішің біліп тұрып, несіне жалтарасың? Бұл тегін емес, Асылкен! Пәле бір емес, екі емес, үсті-үстіне балалап келе жатқан жоқ па? Өткенде Қайсарды таяққа жықты. Одан кейін Мұртазаға істегендері анау!..

Асылмұрат қабағы түксиіп, жүзін теріс бұрып әкетті. Бұл көмейіне бүгіп, көрбілтелегенмен Сандуғаш арғы-бергінің бәрін бөгенайынан танып, көгенге тізіп тұр. Иә, "Бұл қалай болғаны? Дұрыс емес!" деп мінез көрсетіп, сәл мүйізін шайқап еді, содан бері жан ауыртар жақындарынан қанша адам зардап шекті! Әуелі ағасының ортаншы ұлы Қайсарды екі кештің арасында әлдекімдер өлімші ғып таяқтап кетті. Одан кейін кенже інісі Мұртазаға соқтықты. Төртінші курстың студенті болатын. Таңертең үйден шыға бергенде, басына әйелдің қара шөлкиін киіп алған біреу жанай беріп жамбасына ине сұғып алыпты да, қаша жөнеліпті. Содан бірер сағат өткеннен кейін ұялы телефоннан қарлыққан жалған дауыс: "Мен саған СПИД-тің вирусын салдым, енді өлесің!" деп телефонды өшіре салыпты. Мұны білген соң бүкіл туыс-туғанда зәре қалсын ба! Дәрігерден дәрігерді адақтап тексертіп, қаншама сарсаңға түсті. Әйтеуір, сәтін салғанда, пәледен аман боп шықты. Уһ деп енді естерін жинай бергенде, бүгінгі істегендері мынау!.. Әрине, мұның бәрі не үшін екені белгілі.

– Олардың найза ұшын тірегені – Сенсің! – деді Сандуғаш ойын оқып тұрғандай тізгін ұшынан іліп алып. – Топас падоноктардың қолтаңбасы белгілі емес пе. Ашық майданда парасат жарыстырып белдесуге қауқарсыз болғанмен, жымысқы жауыздыққа келгенде, алдарына жан салмайды. Адамды қинап, жанын ауыртудың миллион тәсілін меңгерген. Системаны сынаған кемел ойлы Асанов  не болды? Әуелі он сегіздегі баласын ұрып өлтірді, одан соң өзін улады. Азуын айға білеген журналистер Мержан мен Батырбек қайда? Екеуін де "абайсызда" машина қағып кетті. Бұлар тек қарсыласқанды бассалып көзін жойғаннан басқа ештеңені білмейді... – Сөзін ұйқысынан шошып оянған кішкентай Сәуленің жылаған дауысы бөліп жіберді. Сандуғаш:

– Қазір, жаным, қазір!.. – деп жүгіре басып жатын бөлмеге кіріп кетті.

Асылмұрат асүйдің балконына шықты. Шарасыз ышқынған бір хал жүрегін шеңгелдей қысып, шабақтай осып буындырып барады. Анталаған найза ұшында аласұрған жаралы аң секілді. Айналасы тас құрсау, бұлқынарға дәрмен жоқ. Құдай-ау, неткен былыққан ит тірлік! Қандай жиіркенішті, лас. Зорлық пен зұлымдықтан басқа не бар? Ештеңені көрме, естіме, сезсең де селт етпейтін тас меңіреу мылқау бол дейді. Аузыңа тосқанды көзіңді жұмып, көмейлете күйсей бер, сонда ғана жаның тыныш, жағаң бос. Міне, әділет қайда деп сәл ғана үн қатып еді, не болды? Құтырған иттей қыңсылатып соңынан сойылдарын ала жүгірді, қайтып бас көтерместей біржолата үнін өшіріп таптап, езіп тастамақ. Осыдан кейін өзіңді қалай адаммын деп сезінесің? Бұл қалай деп қыңқ деуге хақың жоқ. Тіл-ауызсыз, ой-сезімсіз тірі көлеңкесің қалбаңдаған... Қайрансыз күйде құрдымға батып бара жатқандай бір сәт көңілін үмітсіздік биледі. Не істеу керек? Бұл азап халден қайтсе құтылмақ? Балконның ернеуінен еңсеріліп төменге үңілді. Түн қараңғылығына оранған асфальт беті қарауытып, алтыншы қабаттан қарағанда шыңыраудың түбіндей үңірейіп тұр. Әлде!.. Қап-қара тұңғиық суырып тарта жөнелгендей. Жоқ!.. Сол сәт ойына оралған әйелі мен үш баласы шырылдап кеп, етек-жеңінен ұстай алғандай шегініп кетті. Есеңгіреп қанша тұрғаны белгісіз. Кенет жаман дауыспен бажылдап байғыз шақырды. Көкірегі біртүрлі суып тітіркеніп кетті. Үрейге үрей қосқандай сұңқылдап, өксіп айнала ұшып жүр...

                                                                                          Бірінші кітаптің соңы.

                                                                                                                     Әмин.

 

 

   

­

 

    

                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                       

 

                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                  

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                    

 

 

                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                       

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған