Адам қарады: 1803 | Жарияланды: 2018-07-16 02:41:05

Саяхатшы достар

Ертегі-хикаят

І бөлім – Ауылда

Ешкім жоқта

Бұйығып, үйшікте жатқан күшік Таймастың іші пысты. Тымпыңдап, аулаға шықты. Ешкім жоқ. Көлбеңдеп ілесіп жүрген өз көлеңкесін тырнағымен тартып көрді. Бірақ көлеңке  шәниіп жатқан қалпынан өзгермеді. Ары-бері жүгіріп еді, соңынан қалмай қойды. Көлеңкесінен озғысы келіп, қанша тыртаңдаса да, құтыла алмады.

Салпаңдап мазалаған құлағын тістелемекші еді. Бірақ тыныш тұрмайтын құлағы ұстатпады. «Енді не істеймін?» дегендей аңырды.

Мазақ еткендей шолтаңдап жүрген құйрығына көзі түсті. «Басқа жерден ойыншық іздеп жүрем бе? Өзімде де бар екен ғой!» деп, қуанғандай,  бір керіліп алды. Сосын құйрығын тістелеп көрмекші болып, шыр айналды. Құйрығы Таймастың өзінен жүйрік екен, жеткізбей-ақ қойды. Бірақ Таймас тез шаршап қалатын әлсіз емес, қуа берді, қуа берді.

Бір уақытта басы айналып, құлап қала жаздады. «Біреу көрсе, ұят болар-ау» дегендей жан-жағына қарап еді, абырой болғанда, ешкім жоқ екен.

 

Алғашқы сұрақ

Ауланың ішін тіміскілеп, әлдене іздеді. Бір уақытта шарбақтың түбінен қуыс байқап қалды. Иіскеледі. Кәдімгі топырақ иісі. Арғы жағынан басқа иістер шығады. Өтіп кеткен машиналардың, малдардың иісі. Қуыстап, тырналауға кірісті. Бір уақытта басы сыйды. Тағы да тыпырлап, үңги берді. Шүңірейген қуыс кеңіп, арғы жағынан жеткен иістер, дыбыстар тіпті молайып кетті.

Сып беріп кіріп, сопаң етіп, арғы жаққа шықты. Сілкініп, жүніне жұққан топырақтан тазарып алды да, жан-жағына қарады. Кісілер кетіп барады. Ұзын, қысқа... әкелер, апалар, ұлдар, қыздар...

Таймас олармен амандасқысы келді:

  • Әуп, әуп, әуп!

«Сәлеметсіздер ме! Қайда барасыздар? Аттарыңыз кім?» дегісі келгенін ешкім ұқпады.

«Неге ұқпайды? Не деуім керек еді?»

Таймас алғаш рет өзіне осылайша сұрақ қойды.

Торғайлардың күлуі

Таймас аспанға қарады. «Қызық бірдеңе бар ма екен?» Ақша бұлттар ақырын жүзіп барады. Шашылған мақта сияқты. Кенет бұлттардың астына әлдеқайдан зулап келген торғайлар жыпырлап кетті. Шиқ-шиқ етіп, төмен құлдилады. Тура өзіне құйылып келе жатқандай.

Жападан жалғыз тұрған Таймас сескеніп қалды. Торғайлар жапырлап шоқып тастамай ма? Немесе жан-жағынан жабылып, көкке көтеріп әкетпей ме?..

Бірақ Таймастың қанаты жоқ қой. Талпынып көрсе, қайтеді?..

Таймас төрт аяғын тарбитып, қанат қылып... секіріп қалды.

«Оһ!»

Қарнымен жерге жалп етті.

Өй, өй! Торғайлар төніп келеді. Қалай қорықпайсың?! Қазір қызылала қылып, шоқып тастауы ғажап емес. Таймас ауыртқанды қаламайды.

Құйрығын қысып, шалғынның ішіне қойып кетті. Торғайлар жан-жағына қонып, шөптің арасынан бірдеңелерді шоқи бастады.

Тығылып жатқан Таймастың іші пысты. Шөптің балағынан қылтитып басын шығарды: 

  • Әуп, әуп, әуп! Торғайлар, мұнда нағып жүрсіңдер?

Торғайлар әнмен жауап қайырды:

  • Қалың шөптен дәмді,

Теріп жейміз дәнді.

Билеп жүріп бірге,

Шырқатамыз әнді!

Таймас оларға қатты қызықты. Шыдамай, шөптің ішінен ұмтылып, бері шықты:

  • Мен де дән шоқып, жегім келеді.

Торғайлар сыңғырлап, күліп қоя берді. Кейбірі қанаттарын сабалап, енді біреулері шөпке аунап, күле бастады:

  • Хи, хи, хи. Шиқ-шиқ, шиқ-шиқ. Хи, хи! Сен қалай шоқисың? Біздікіндей кішкентай тұмсығың жоқ қой. Сенің араның дәә-уу! Титтей дәндерді қалай шоқисың?

Таймас өз өмірінде алғаш рет ойланып тұрып қалды. Сонда да торғайлардан айрылғысы келмеді:

  • Сендермен ойнағым келеді. Сендер сияқты шиқылдағым келеді.

Торғайлардың ішек-сілесі қатып күлді:

  • Хи, хи, хи, шиқ-шиқ-шиқ. Сен шиқылдай алмайсың. Сен – күшіксің, торғай емессің. Мейлің, ал шиқылдап көрші.

Таймас күшеніп көрді. Бірақ шиқылы «Әуп, әуп, әуп!» - деп, әупілдеп шықты.

Торғайлар күлкіден жерге домалап құлады:

  • Ананы қара, күшіктің шиқылдағанын қара! Сөйтіп те шиқылдай ма екен. Сен үріп тұрсың. Өйткені сен – күшіксің. Ал біз – құспыз. Біз ұша аламыз. Қарашы. Хи-хи, хи. Қош, сау бо-оол!

«Қалай ұшады?!»

Күшік таңданып, тұрып қалды.

 

Таймас пен лақтар

Тағы да жалғыз қалды. Не істеу керек?

Таймас көшемен жарыса созылған соқпақпен жүгіріп келе жатты. Көшенің аяғында  асыр салып ойнап жүрген лақтарды көрді. Тып-тыныш тұруды білмейтін секілді. Біресе оттайды, біресе бір-бірімен сүзіседі. Сосын жарысады, секіреді.

Таймас аузы аңқиып, құлағы салпиып, қарап тұрды.

Жалықты. Шыдамады:

- Әуп, әуп, әуп! Не істеп жатырсыңдар?

- Мә-әә, біз ойнап жүрміз, мәә, - деп, лақтар жамырай жауап берді.

- Әуп, әуп, сендермен бірге ойнағым келеді.

- Кел, - деді тұқыл мүйізді ақ лақ. Солай деді де, секіріп, артқы аяқтарымен тік тұрды да, бар пәрменімен Таймастың шекесінен періп кеп қалды.

- Өй, өй, өй! Ауырттың, ауырттың! - Таймас қыңсылап жіберді. – Басымды жарасың, өйтіп сүзбе мені!..

Лақ иегін көтеріп, таңданды:

  • Сүзіспесек, қалай ойнаймыз?

Таймас не дерін білмеді.

  • Сендер сияқты оттай алам, - Таймас амал тапқанына қуанды. Көңілді лақтардан ұзағысы келмеді.
  • Кәне, көрейік, қалай оттайды екенсің, - ақ лақ жақындап келді.
  • Әуп, әуп! Қара!

Таймас лақтар сияқты жайлап оттағысы келіп еді, түк шықпады. Қауып-қауып, асап көрді. Шөп ащы екен. Еріксіз тыжырынды. Кемік сүйек секілді тәтті емес.

  • Әп-шүу, әп-шүу! – Еріксіз түшкіріп жіберді.

Лақтар жарыса жамырасып, күле берді:

  • Сенімен ойнаған қызық емес бізге. Сүзісе алмайсың. Оттай алмайсың. Ең болмаса, маңырау да қолыңнан келмейді. Сенімен қайтіп ойнаймыз?

Әне, бұзаулар жайылып жүр. Саған солармен ойнаған қызық болар. Барып көр.

 

ТАЙМАС ПЕН БҰЗАУЛАР

Бұзауларға келді. Лақтармен салыстырғанда, бұзаулар әлдеқайда үлкен. Лақтар төмпешік болса, бұзаулар жүретін жоталар тәрізді. Кішкентай күшікке олар «Қош келіпсің!» деп елеп, қарайтын емес.

- Әуп, әуп, әуп! – Таймас қуана амандасты.

Бірақ бұзаулар оның не деп тұрғанын түсінбеді. Сол себепті:

  • Мөө-өө, неге босқа үресіі-ің? Мазамызды алма-аа, - деп, мөңіреді.
  • Мен, мен... – Таймас сасқалақтап, шашалып қалды. – Сендермен ойнағым келеді, әуп, әуп.
  • Қайті-ііп? – Қоңыр бұзау таңданып, мойын бұрды.
  • Әуп, әуп! Міне, былай, - деп, Таймас құйрығын бұлғаңдатты.
  • Жо-ооқ, олай еме-еес, - қоңыр бұзау ерініп жауап қайтарды.  – Біз олай ойнама-аай-мы-ыз. Ойнаймын десең, біз сияқты мөңіре, мө-өө, мөө-өө.
  • Мөңірей алмаймын, - деді Таймас өзін қынжылып.
  • Олай болса, бізге сенімен ойнаған қызық емес. Басқа достар ізде! – Бұзаулар бұған мойын бұрып қарауға ерініп, өз жөндеріне кетті.

«Неге бұлай?»

Таймас тағы да өзіне өзі сұрақ қойды.

 

ОРМАН -ШӨП ЖӘНЕ ЖҰМБАҚ ИІС

«Енді кіммен ойнаймын?»

Таймастың басы қатты. Басқалар мұнымен неге ойнамайды? Қарашы, анау қалың шалғынды! Жасырынбақ ойнағанға қандай жақсы!

Міне, қызық! Шөптердің басы өзінен өзі қозғалады. Неге? Бергі шеті емес, ары таманда. Жел жоқ. Егер шөптің жаны болса, жүріп кетер еді. Жансыз шөп қалай жыбыр-жыбыр етеді.? Шөп өзінен өзі билей ала ма?

Кішкентай Таймас бергі көк майсаға бауырын төсеп жатып алды. Біртүрлі таныс иіс мұрнын желпіп өтетіндей. Бұл неғылған иіс?!

Таймас орнынан тұрды да, шоқиып отырды. Тұмсығын созып, иіскелеп көрді. Таныс, бірақ түсініксіз иіс! «Іздеу керек.» Асықпай, ақырын басып, қалыңның ішіне сыналап кірді.

Айналасы – жұпар исі мұрынды қытықтайтын гүлдер аралас жай шөп емес. Ешкім көрінбейтін, ештеңені көрсетпейтін ну жыныс, іші жұмбаққа толы орман. Шөп-орман Таймастан әлденеше есе биік. Жатып алып, тағы да иіс аңдып байқады. Биік шөптің қуысында жүргенде, күннің көзі көрінбей қалады екен. Мұндай иін тірескен ну жыныс джунглида да жоқ.

Шіркін-ай, осы қалың шөпті жапырып, жатып ұйықтап алар ма еді! Бірақ әлдебір иіс мұрнын қытықтап қояр емес.  Қалың шөптің ішінде бірдеңе бар. Біреу мұны аңдып жүрген шығар.

Шөптің ақырын сыбдыры естіледі. Таймас бұған дейін сыбырлайтын немесе жүретін шөпті көрген емес.

Шөп-тоғайдың ішінде кім тығылып жүр? Иістен мұрны қышып барады. Еріксіз түшкіріп жіберді. Жоқ, мұрнын қысып үлгірді, түшкірген жоқ. Таймас неге бұлай етті?

Өйткені ақылы бар. Жасырынып жүрген белгісізді қорқытып алуы мүмкін. Ол қорқып қашып кетсе, Таймас кім екенін көре алмай қалады...

 

Қызыл жұмбақ

Ой, мынау не? Шөптің жоғарғы жапырақтарының, сабақтарының арасынан сумаң-сумаң етіп, әлдене көрінді. Үстіңгі жағын араның тісі секілді үшкілдеп тастағандай. Қалыңның ішінен бір көрініп, қайта жоқ болады. Сосын тағы солай... Шөптің кеуде тұсын ала қыдырып бара жатқан қызыл тіл сияқты. Жоқ, тіл  емес, жоғарғы шеті үшкілдері көп кесінді секілді. Жан-жағына кезек теңселіп, бұлт-бұлт етеді. Біресе былғаң-былғаң! Бұл не жұмбақ? Жүретін тіл бола ма?!

Тығыла ма, әлде әдейі солай  көріне ме? Бірдеңені нұсқай ма, қайтеді өзі?

 Иіс тіпті күшейіп  барады. Сірә, мына қызыл жұмбақтың иісі... кенет өзіне шабуыл жасап жүрмей ме? Абайлау керек. Жаңағы үшкілдер Таймастың құлағын қыршып алмай ма? Әлде құйрығын кесіп жібермей ме? Бұл жерде көмекке келе қоятын ешкім жоқ.

Қызыл тіл немесе қызыл жұмбақ неге жермен жүрмейді? Неге жоғарыда көрініп тұрмайды? Қалың шалғынның ішін қалайша көлденеңдеп кезіп жүреді? Таймас мұндай ғажайыпты ертектен де естіген емес. Бәлкім, жұмбақ мульфильм шөптің ішін аралап жүрген шығар? Ж-ооқ,, мультик тек теледидарда ғана ...

Таймас иіс аулап, үнсіз шоқиып отырды. Бірақ кім босқа отырғысы келеді дейсің, шыдамады:

- Әуп, әуп, әуп! Қызыл тіл, сен кімсің? Сәлеметсің бе!

Аяқ астынан тауықтың сасқалақтаған жан даусы шықты:

  • Қыт-қыт-қа-аат, ойбай, қыт-қы-аат! Мені қорқытқан кі-ім?

Қалың шөптің ішінен қанаттарын сабалап, сасқалақтаған шұбар тауық басын қисайтып, үркіп шықты:

  • Таймас, бұл сенбісің? Мені қорқытқаның не?
  • Сен екеніңді білген жоқпын. Қайдан келген қызыл тіл деп тұрғам.
  • Тіл емес, менің айдарым ғой, - тауық қанатын жайып масаттанды. – Сенде менікіндей айдар жоқ.
  • Оны қайтем? – деді Таймас мысқылмен. – Қарашы, менің құлағым сенің айдарыңнан үлкен.

Тауықтың басы қыл-қылт етіп, таңдана қарап алды:

  • Рас, нағыз салпаң құлақ екенсің, жарайсың. Ал мұнда нағып бостан босқа жүрсің?
  • Ойнайын десем, ешкім жоқ...
  • Жарайды, кейін сенімен бірге ойнайын. Қазір қарным ашып тұр. Алдымен тойып алайын. Сосын саған «қыт-қы-ыат!» деп, белгі берем. Сонда жетіп кел, жарай ма?

Осылайша екеуі қоштасты.

 

Таймас – нағыз күшік

Құлағы салбырап, ілбіп келе жатыр еді, қарсы алдынан дәу Тарғыл Төбет шықты:

  • Таймас, неге сөлбіреп келесің?
  • Торғайлар да, лақтар да, бұзаулар да ... менімен ойнамай қойды.
  • Олар сенімен неге ойнамады?
  • Өйткені мен шиқылдай алмадым. Сүзісуді де білмедім. Маңырай алмадым. Мөңіреу де қолымнан келмеді.

 Тарғыл Төбет қарқ-қарқ күлді:

  • Ха, ха, ха! Олар сен сияқты әупілдеп, үре алмайды. Жіліктің басын сен секілді кеміре алмайды. Ал сен соның бәрін де істей аласың. Неге?

Тарғыл Төбет қулана қарады. Сосын езу тартып, алдыңғы оң аяғын леп белгісі сияқты әуелете  көтерді:

  • Өйткені сен – нағыз Күшіксің!
  • Оһо-һо-о! Әуп, әуп, әуп!  Мен бәрін де істей аламын. Мен – нағыз Күшікпін! – Таймас айғай салды. – Ала-қа-ай!

Қуанғаннан көшеде шапқылап кетті. Өзінің нағыз күшік  екенін дәлелдегісі келген шығар...

 

Асқар мен Таймас

Кешке қарай Асқар апасымен бірге балабақшадан келе жатты. Таймас арсалаңдап, алдынан шықты.

- Әуп, әуп! Сәлематсың ба,  Асқар!

- Сәлем, Таймас. Нағып ары-бері шапқылап жүрсің?

- Өйткені ешкім менімен ойнамай қойды.

- Неге?! – Асқар таң қалды.

- Өйткені құстар да, лақтар да әупілдеп үре алмайды. Тіпті бұзау да дәп-дәу болып ап, әупілдей алмайды.  Асқар, сен «әуп, әуп» дей аласың ба?

- Иә-ә. – Асқар аузын толтырып «әуп, әуп, әуп!» деп көрсетті.

- Оһо-о! Асқар, сенің қолыңнан бәрі келеді екен. Сенімен ойнауға бола ма?

- Әрине.

- Алақа-ай! – Таймас қатты қуанды. – Мен енді Асқармен ойнайтын болдым. Ура-аа!

Сосын екеуі кешке дейін қуыспақ, жасырынбақ ойнады.

 

Ай оянып кетті

Ақша бұлттың үстінде Ай бұйығып, домаланған қалпы ұйықтап жатыр еді. Екеуінің асыр салып, ойнап-күлген дауыстарынан оянып кетті.

  • Е-еей, сендер нағып шулап жатырсыңдар? – деді Ай көздерін кең ашып.
  • Ойнап жүрміз, - деді  Асқар жымиып.
  • Мен де сендермен ойнайыншы, - деп, қызықты Ай.
  • Бізбен ойнағың келе ме? – Асқар таңдана сұрады. - Сен Жерде қалай жүресің? Аяғың жоқ...

Егер біз саған доп лақтырсақ, қалай ұстайсың – қолың жоқ...

  • Мен сияқты «әупілдеп» үре алмайсың, - деп, Таймас та қарап тұрмай құйрығын бұлғаңдатты. – Одан да біз саған келейік те.
  • Жарайды. – Ай бірден келісті. – Е-еей, жұлдыздар! Ақша бұлттарды алып, Жерге барыңдар. Асқар мен Таймас күтіп тұр.

 

Жұлдыздардың уайымы

Жұлдыздар қуанып кетті. Кішкене көздері жыл-жылт етіп жымыңдасты:

  • Ура-аа! Біз Жерге ұшамыз. Қандай екенін көреміз. Қыдырамыз, ойнаймыз...

Сосын ойланып, бір-біріне қарады. Тұрған орындарында қозғалақтай бастады. Сосын бәрі жамырап күлді:

  • Хи, хи, хи. Мәссаған, біздің қолымыз да, аяғымыз да жоқ екенін ұмытып кетіппіз. Біз қалай жүреміз?
  • Ә-әә, солай екен-ау. Оны мен де ұмытып кетіппін, - деп, тербелді Ай. – Жарайды, ештеңе етпес. Орындарыңда күтіп, тұра беріңдер. Жерден жайраңдап келетін қонақтарды көріңдер. Олардың қолдары да, аяқтары да бар...
  • Олар қандай бақытты-ыы! – ойнақы жұлдызшалар қатты әсерленді. – Ал біз болсақ, бір орында тұрамыз, бір орында ойнаймыз.

      Ай олардың сөзін бөліп жіберді:

  • Уайымдай бермеңдер. Әркімнің өз тағдыры бар. Ренжімеңдер. Жел, же-ел, қайдасың? Мені естимісің? Бері келші!

 

Желдің көмегі

-Пи-уу, пи-уу! – Жел ысқырып қоя берді. – Ести-міін, ести-міін. Көмек керек пе?

- Ия. Нағып босқа ысқырып, аласұрып жүрсің? Қайда жоғалып кеттің? Ақша бұлттарды ертіп Жерге бар. Асқар мен Таймас менімен ойнағысы келеді. Аспанды көрсек дейді. Соларды жеткізші маған!

- Пи-уу, пи-уу. – Жел қуанып, әндете ысқырды.

Ақ мамық бұлттарды дереу жинап алды. Оларды жетекке алып, Жерге ұшып кетті.

  • Пи-уу, пи-уу, келіңдер достар, отырыңдар, - деп, Жел шырқ үйірілді. Алдарына тап-таза, ұлпа бұлттарды жайып тастады. Ал өзі тыным таппай, шыр айналып жүр.

Асқар мен Таймас жымиып, бұйраланған жұп-жұмсақ бұлттарға отырды. Сол сәтте лақ, бұзау және шұбар тауық бұларды көріп қалды. Олар шу көтеріп, жалма-жан жетіп келді:

  • Тоқтаңдар, тоқтаңдар. Біз де аспанға барғымыз келеді. Бізді ала кетіңдерші. Аймен ойнағымыз келеді.
  • Жарайды, бәрің де отырыңдар. Бірге барсақ, көңілді емес пе! – деп Асқар келісті.

 

ІІ бөлім.

Аспанда

Аспанға саяхат. Жұлдыздар

Сонымен жердегілер аспанға ұшып кетті.

Қалалар, орман-таулар, өзендер, көлдер – барлығы бұлдырап, төменде қалып жатты. Аспанға бет алған жолаушыларға құстар таңдана қарады. Қызығып ілесіп еді, біраздан кейін шаршап, төменде қалды.

Алқаракөк аспанда жыпырлаған жұлдыздар. Әртүрлі. Маңғазы мен мазасызы, жарқылдағы мен томсырайғаны аралас жұлдыздар аспанға әзер сиып тұрғандай. Барлығы да қалықтап келе жатқан саяхатшыларға қызыға қарайды көздерін алатын емес. Ардагер мен күшікті, бұзау мен лақты, шұбар тауықты олар ешқашан жақыннан көрген емес. Қызыққан жұлдыздардың бұлармен ойнағысы келеді. Өкінішке қарай, олар тым алыста еді. Саяхатшыларға жақын келіп, алаңсыз ойнауға шамасы жоқ еді. Сондықтан алыс болса да, езу тартып,  әдемі кірпіктерін жыпылықтатып, ұйықтамай қарай берді.

Шетсіз, шексіз аспан әлемі керемет әдемі екен. Осынша ғажайып, ұлан-байтақ деп кім ойлаған?

 

Аспанда қанша жұлдыз бар?

Саяхатшылар  бұрын ешкім көрмеген шырқау биікке көтерілді. Бірақ жұлдыздар жеткізбей, тіпті алыста жылт-жылт етіп, ойнап тұрды. Алтын инелі қырауға ұқсайды. Немесе піскен шоңайнаның гүлдерін теріп алып, жыпырлатып қойған сияқты. Кейбірі бір жаққа қарай зулап бара жатады. «Олар жасырынбақ ойнап жүрген шығар», - деп, ойлады саяхатшылар.

  • Мөө-өө, - бұзау тұмсығын көкке қарай көтерді, - бізге қанша жұлдыз қарап тұр?

Асқар бұзауға қуақылана қарады:

  • Кәне, санап көрейік. Ал, кім бастайды?
  • Мен, мен, қыт-қыт, -деп, тауық қызынып қыт-қыттап, қанаттарын жайып жіберді.
  • Олай болса, бастайық...
  • Бір, екі, үш, төрт, бес! Бір, екі, үш, төрт, бес!..
  • Қалай санайсың өзің? - деп тоқтатты Асқар. – Беске дейін екі рет санадың. Бестен кейін алты, жеті емес пе! Содан кейін сегіз, тоғыз, он!..
  • Беске дейін ғана санай аламын...  -  тауық ұялып,  төмен  қарады.
  • Ха-ха, ха! – достары жамырап күлді.
  • Ал, кәне, кім дұрыстап санай алады?

Барлығы да онға дейін ғана санау біледі екен.

  • Сендер де қызық екенсіңдер. Оннан ары санай алмау ұят емес пе?! Аспандағы жұлдыздарды қайтіп санайсыңдар?
  • Мөө-өө, Асқар, бізге санап берші-іі, - деп, бұзау өтініп мөңіреді.
  • Жарайды! – Асқар бәлсінбеді.

-Бір, екі, үш...

Мыңға дейін санағанда, шаршаған жолаушылар ұйықтап кеткен еді. Ардагердің де кірпігі ауырлады. Ұйқысы келді.

Ай да, жұлдыздар да тәтті ұйқыға шомды.

Тек Жел ғана тыным табуды білмеді. Ұйықтап жатқандарды аялап, бұлттарды ақырын қалқытып, ертіп келе жатты.

 

 

Аспанда жасырынбақ ойнау

Ай басқалардан бұрын оянды. Жерден келген достар шырт ұйқыда. Айдың оянғанын көрген Жел тыпырлап, ойқастап кетті. Жалы шудаланып, бұлттарды жұлқына алға тартты. Оқыс қимыл саяхатшыларды оятып жіберді.

  • Жасырынбақ ойнағыларың келе ме? – деді Ай күлімдеп.
  • Қыт-қыы-ыт, қыт-қы-ыт, - тауық әндетіп жіберді. - Әрине-ее!..
  • Әуп, әуп, әуп, - деп, Таймас та қоштады.
  • Иә-әә, иә-әә, - бұзау мөңіреп қосылды.
  • Олай болса, көздеріңді жұмыңдар! Мен тығыламын. – Ай жалт етіп қарады.

Бәрі көздерін жұмды. Ай бұлтқа оранып, жасырынып жатып алды. Достар жабыла іздеуге кірісті.

Олай жүгірді, бұлай жүгірді.

Ай зым-зия жоғалып еді, қараңғылық лезде қоршап алды. Айнала жөнді көрінбейді. Жұлдыздар шаршаған ба, жарығы тым көмескі. Аяқтың астында – үнемі тіреп тұратын үйреншікті, қатты Жер емес, жүндей жұмсақ, буылтық-буылтық бұлттар. Омбылап, шаршайсың.

Біріне бірі жалғасып жатқан бұлтық-бұлтық бұлттардың үстімен жүгіріп іздеу оңай емес. Тарбиып жатып алған үндемес жондар. Қай қуысында Айдың тығылып үлгіргенін ешкім білмейді. Жүгірмек түгіл, тез жүру қиын.

Саяхатшылар Айды табамыз деп, әр төмпектің астын қанша ақтарса да, таба алмай келеді. Бұйра-бұйра, домаланған бөкшелер бітетін емес. Саяхатшылар ентіге бастады.

  • Хи-хи-хи, - шыр айналып қарап жүрген Жел күлкісін тия алмады. – Пи-уу, пиуу, табу қиын, ә?!
  • Хи-хи, хи, хи! – Сүп-сүйкімді, ойнақы жұлдызшалар сыңғырлап күле бастады. – Сендерге көмектесейік пе?
  • Жоо-оқ, өзіміз-ақ табамыз, - Асқар көнбеді. – Келіңдер, басқаша іздейік.

Бұзау шаршаңқы дауыспен мөңіреді:

  • Мөө-өө, қалай?
  • Бәріміз қатар тұрайық. Сол қалпымызды бұзбай, алға жүрейік. Қай жерде не барын қалдырмай, біліп келе жатамыз.

Бұл сөзді бәрі мақұл көріп, қатарласып, алға адымдады. Біраздан кейін Айды тапты. Бұлттарды бүркеніп, оранып алған күйі ұйықтап қалыпты. Оянып, көзін ашып еді, айнала жап-жарық болып кетті.

  • Әй-әй, -әй-әй, ұят-ай! Ұйықтап қалыпсың, ұят-ай! Жасырынбақ ойнап жүріп, ұйықтап қалдың, әй-ай, әй-ай, - деп, саяхатшылар жамырасты.
  • Кешіріңдер, кешіріңдер, менің сүйікті достарым, - деді Ай ұялғанынан. – Сендерді ұза-ақ, күтіп шаршадым. Аспан түнде салқын ғой. Бұлттарды оранып жатып едім, бұйығып ұйықтап кетіппін. Ендігәрі олай етпеймін!
  • Онда тұрған ештеңе жоқ. Соған бола қиналма, қымбатты Ай – Ару, - деп, жұбатты  Асқар.

Есін жиған Ай шығысқа қарады:

  • Әне, көкжиектен Күн ақырын көтеріліп келеді... Мен енді үйіме қайтуым керек. Сау болыңдар, достар. Кездескенше! Әзірше...
  • Сау бол - Айсұлу! – Достар дуылдасып қоштасты.

 

Күн мен бұлттар

Таңертеңгісін көкжиектен Күн көрінді. Маздап тұрған дөңгелек от сияқты. Алғашқыда қызыл сияқты еді. Содан кейін қызғылты азайып, ажары алтынға ұқсады. Ешкімге, ештеңеге жалтақтамай, Аспанның төсіне қарай өрлеуге  бет алды. Аспан көкірегін кең ашып, Күнді күтіп тұрған еді. Шаршаған жұлдыздар үйіне ұйықтауға кетті.

  • Сәлематсыңдар ме, менің қымбатты достарым! – деп,  Күн күлімдеп тіл қатты. – Қайда ұшып бара жатырсыңдар?

Барлығы үшін Асқар жауап берді.:

  • Біз аспанда саяхаттап бара жатырмыз.
  • Жарайсыңдар, жарайсыңдар! Ыстықтаған жоқсыңдар ма?
  • Иә,ә, ыстық болып бара жатыр, әуп, әуп! - Таймас тілін салақтатып, ыстықтай бастағанын жасыра алмады. – Қайда қашып құтыларымызды білмейміз!

Саяхатшыларға жаны ашыған Күн олардан аулақтап, алысқа-аа ұзап кетті. Басқаны күйдіріп жіберетінін білетін Күн көкке көтеріліп алған соң, жан-жағына қарады:

  • Же-еел, қайдасың? Бұлттарды тезірек әкел. Жаңбыры мен бұршағы  болсын. Саяхатшылардың ойнағысы келуі мүмкін. Менің ыстық қызуымнан оларды бұлттар қорғайды.
  • Пи-уу, пи-уу, кәзір әкелем! – Жел құйындата жөнелді. Қолма-қол қаптаған қошқылсұр бұлттарды қалықтатып әкелді. Жанға жайлы салқыны  бар бұлттар саяхатшылардың төбесінде жүзіп келе жатты.

Енді Күн ойнауға кірісті. Бегемоттың жоны секілді бұлттардың арғы жағына тығылады, бұлар тез тауып алады. Өйткені Күн тығылған жердегі бұлттар бірден ашық бояуы айқындалып, қарақошқылдары сұрғылт түске ауысады. Сондықтан шығар, Күннің жасырынуы қиынға соқты. Күн қайда жасырынса да, достар шуылдап кетеді:

  • Күн, күн, біз сені тауып алдық. Көріп қойдық, шық тезірек! – деп, айғайлап, әндете берді.

Олар осылайша ұзақ ойнады. Ақыры Күн де шаршап, дем алғысы келді.

 

Қасқырдың шабуылы

Бұлттар асықпай, алаңсыз жүзіп бара жатты. Айнала – көкжиегі жоқ, көгілдір әлем. Саяхатшылардың мінгені – қыруар ақ теңдей тізілген бұлттар. Саялағаны – шатыр емес, қою, жүзбе бұлттар.

Асқар таулардың үстімен ұшып келе жатыр. Төменде жайқалған ормандар, кілемдей жайылған көк майса... Бұғылар, аюлар, түлкілер, қонжықтар, суырлар... – бәрі томпаңдап, әрқайсысы өз тіршілігімен әуре. Әне, қозы-лақтар құлдыраңдап, жотадан етекке қарай жарысады.

  • Әуп, әуп, әуп! – Қашанда құлағы түрік Таймас шыдамай, үріп-үріп жіберді. – Қап! Ананы қараңдар! Анау сұр қасқыр құлынды қуып барады. Жетсе, жеп қояды.

Саяхатшылар қадағалап қарай бастады.

Құлағын жымырып алған сұр қасқыр жұлдыздай ағып, зәресі ұшқан құлынды қуып барады. Биенің көзі шатынап, құлынын қорғаштап, қасқырдың алдын кеседі. Көлденең тұра қалып, артқы аяқтарымен тебеді. Кісінеп, әлдеқайдан көмек шақырады.

Бірақ бие қалай тепкілесе де, қасқыр жалтарып үлгіреді, өзіне соққы дарытпайды. Жүні тікірейіп, биенің өзіне қарсы шабады. Бие шыр айналып,  қайта тебеді. Бұл сәтте қасқыр құлынға қарай зулап бара жатады. Құлын бұрыла қашып, енесінің алдына келеді. Жанұшырып шыңғырады. Бие де шыңғырып, ышқына кісінейді. Танауы делдиіп, шаршай бастағаны байқалады.

Екеуінің шыңғырып кісінегені тып-тыныш аспанға жетіп, дір-дір еткізгендей. Қасқыр қайта ұмтылады, бие өзі өлсе де, құлынын аман алып қалғысы келіп, жанталаса көлденеңдейді. Жандалбасалап, тұяқтарын дәлдеп серпеді. Жәрдемге шақырып, шыңғыра кісінейді. Қасқырдың ақсиған азуы күн сәулесімен жарқ етіп қалады.

Бие шаршаған соң, қасқыр оны жарып тастайды. Құлынды да құтқармайды, жеп қоятыны сөзсіз. Не істеу керек?

Бие мен құлын таудан төмен қарай құлдилап, құйғытып барады. Бірақ қасқырдың екпіні ерен, аралары жақындай түседі. Қия беткеймен қашу қолайсыз болғандықтан, екі қашқын екеуі ғана сиятын тар өзекке түсіп, төмен заулады. Бірақ, әне, жолда үйдей тас маңқиып, көлденең жатыр. Қашқындар оны айналып өткісі келсе, қасқыр бірден жетеді. Ешқайда бұрылмай тура тартса, үйтасқа барып соқтығады да, өледі. Сөйтіп екеуі де қасқырға азық болады.

Осының бәрін көріп тұрған Асқар дереу шешім қабылдады:

  • Шұбар тауық, маған жұмыртқа берші. Тез!

Шұбар тауық қанаттарын жайып жіберіп, қыт-қыттап алып, жұмыртқа берді. Асқар қасқырдың көзіне дәлдеп тұрып, жұмыртқаны жіберіп қалды.  Осы сәтте өңкиген тасқа соқтығысуға шақ қалған бие мен құлын екеуі екі жаққа жалт бермегенде, маңдайлары соғылып, мерт болар еді.

Жұмыртқа қасқырдың көзіне тиіп, жарылды. Ақ уызы сарысымен араласып, қасқырдың көзін тұмшалап тастады. Тұмсығына қарай ағып, түрін адам көргісіз қылды. Қасқырдың зығырданы қайнап, ұлып жіберді:

  • Уу-уу, ештеңе көрмей қалдым. Әкеңді танытам, қазір! Бәрібір қуып жетем!

Көзі ештеңе көрмесе де, ашуланып, аласұра алға ұмтылды. Жынданып, заулаған бойы тапжылмай қасқайған таутасқа келіп, тұмсығымен соғылды.

  • Ойбай, ойбай! – Қасқырдың көзінен от жарқ етіп, айқайлап жіберді. – Ойбай, тұмсығым, тұмсығым...

Омақаса құлап, ылдиға қарай домалап кетті. Төменде үлкен жар бар еді, көзі көрмей қалған қасқыр құлдилап домалаған бойы сол екпінмен жардан құлады. Етекте буырқанып, тасып ағып жатқан тау өзені қасқырды қақпақылдап алды да кетті.

Бие мен құлын аптығын басып, қарап тұрды да, қуаныштан кісінеп жіберді:

  • Иә-аһ, Ия-һа-һа! Асқар, саған рахмет! Достарыңа рахмет!
  • Құтылғандарың жақсы болды. Байқап жүрсеңдерші, - деп Асқар қолын бұлғады. Достары да дуылдасып, қуана қоштасты. – Қош болыңдар, қош болыңдар!
  • Қош болыңдар! – деп кісінеді құлын мен бие. - Рахмет, қайырымды құтқарушылар! Бақытты болыңдар!

Қорқаулардың шабуылы

Көгілдір таулар түу, сона-ау алыста қалды. Төменде сахара – сар дала. Анда-санда селдіреген сирек ағаштар, тарбиған бұталар көрінеді. Жайылып жатқан жапан далада жан жоқ. Аспаннан қарағанда ескі сарысұр дастарқан сияқты.

Сұрғылт, сирек шөпке жайылған отар тоятын емес. Тіміскілеп тапқан шөпті қырқып жеп, ұзақ шайнайды. Тоқтамай, әлдеқайда жылжи береді. Қойшы бала түнімен ұялы телефонымен ойнаған тәрізді. Қатып ұйқтап жатыр. Бұлттың үстінде бақылап отырған жолаушылар еріксіз езу тартты:

  • Ананы қара, қойшы бала қорылдап жатыр. Қойы бытырап, жоғалады-ау.
  • Әуп, әуп! Көп қорқау әуегімен келе жатыр.  Қазір қойларды қырады!
  • Қыт-қыт-аат, қыт-қыт-аат! – Шұбар тауық өршеленіп, баланы оятқысы келді. Бірақ қойшы оянбады. Ұйқысы қатты.
  • Мәә-әә, мә-әә, - лақ бар даусымен маңырады. Бірақ бала қойшы селт етпеді, ұйықтай берді.
  • Әуп, әуп, әуп! – Таймас тыныш таба алмай, бар күшімен үріп-үріп жіберді. – Асқар, енді не істейміз? Бір амалын тапсаңшы.

Асқар ойланып қалды. Сосын не істеу керектігін айтты.

Бұлттың нақ ортасына бұзау серейіп нық тұрды. Оның жонына шыққан Асқар лақты қолын созып, тік көтерді. Лақтың тұқыл мүйізіне шұбар тауық ұшып шықты.

  • Маған бұлттардың ішіндегі бұршақтарды бере бер. Тезірек. Тезірек! – деп, асықтырды Асқар. Тауық бұршақтарды шоқып алып, жылдам-жылдам ұсына берді. Асқар бұршақтармен қорқауларды атқылай бастады.

     Аспан мен жердің арасында болған бұл ғажайып оқиғаны барлық елдердің теледидарлары көрсетіп жатты. Жұлдыздар жамырасып, «жарайсыңдар!» деп, сыңғырласты.

Жұдырықтай бұршақтар оқтай зуылдап, қорқауларды соққылай берді. Шекелері мұз бұршақ тиіп іскен қорқаулар алақтап, жан-жағына қанша қараса да, ешкімді көре алмай, зәрелері ұшты. Аямай дәлдеп атып жатқан - қайдан шыққан мергендер?

  • Кетіңдер ары! – Асқар қаһарланып ақырды. Оны бұзау қолдап, мөңіреп, аспанның астын жаңғыртты.

Лақ ашумен маңырады.

Таймас айбат шегіп арсылдады.

«Қыт-қыт» емес, «қат-қа-атт!» деп, шұбар тауық шақарланып, бұлтты тарпып-тарпып жіберді.

Аспанның астында, жердің үстінде жарыса жаңғырыққан ашулы дауыстардан зәресі ұшқан қорқаулар тығыларға жер таппай аласұрды.

Ал, шойын доптай шүйіліп, шүйдеден соққан бұршақтар үсті-үстіне шабуылдады. Қаттылығы тас сияқты, суықтығы мұз сияқты.

  • Ойба-ай, ойбай! Қандай қорқынышты! Қатты ұрып жатыр! – Қорқаулар аспаннан күркіреген қаһарлы дауыстар мен толассыз соққыдан есеңгіреп, бет-бетіне бытырап қашты.
  • Асқардың жауынгерлері  әлсіздерді қорғайды! – деп, қорғаулар әуегінің арланы мойындады. – Қашайық. Әйтпесе, бәріміз құримыз.

Жазықсыз, момақан қойларды қырмақ болып шүйліккен жауыздардың осылайша тоз-тозы шықты.

Ештеңені білмей, қаперсіз жатқан қойшы бала ұйқтай берді. Қойлар да жайбарақат жайылып, қорқаулардың келе жатқанын білмей қалды. Мұны көрген саяхатшы достар ұзап бара жатты. Алда не күтіп тұр? Белгісіз...

 

ТАҒЫ ДА АСПАНДА

Аспаннан тесірейіп, тек Күн ғана қарап тұрғаны жақсы-ақ. Бірақ ойнақы жымиып ұшқындаған жұлдыздар көрінбесе, іш пысады екен. Төбеден төңкерілген тұңғиық көк аспанның арғы жағында не барын білу қиын. Күлімдеген күннің ыстығынан ақша бұлттар қорғап келеді. Аспанда да, бұлттардың үстінде де қызығатын ештеңе жоқ. Ары-бері жүгіргің, ойнағың келеді.

Лақ құлақтары желпілдеп, Таймасқа келіп еді, ол созалаңдап тұрды да, ойнап қашты. Екеуі қуыспақ ойнауға кірісті. Бірі қашып, екіншісі қуып жүріп, домалап, томпиып жатқан бұйра бұлттарға әлсін-әлсін сүріне берді. Құлайды да, тұрады. Қуады да, құлайды. Бірақ ешқайсысы жыламайды. Төңкеріліп жатқан бұлттар  қырқылған қойдың жүні сияқты жұп-жұмсақ. Бірақ матрас секілді серпінді емес. Құласаң, еш жерің ауырмайды. Бірден мейірімді, мамық әлемге күмп бересің. Мәпелеу үшін тосып жатқандай. Қайта-қайта құлай бергің келеді. Тұрам дегенше, анау қашып үлгереді.

Бұзаудың олармен ойнағысы келіп еді, қызықсыз екен. Лақ пен күшік кішкентай ғой, бұлт-бұлт етіп, сытылып кетеді. Өңкеңдеп, өзеуреп жеткен бұзау өз екпінімен сүрініп құлайды. Анау екеуі сылқылдап кеп күледі:

  • Хи-хи-хи, ха-ха-ха...
  • Мен аспанда ойнағым келмейді, - деп, бұртияды бұзау. – Тым жұмсақ, аяғым батып кетеді. Жерге қайтқым келеді...

Аттап басып, шұбар тауық жақындады:

  • Қайда қарап тұрсың?
  • Қара-а-ашы, аспан шексі-із мұхит сияқты-ыы... –бұзау тұмсығын көкке көтере, созып мөңіреді.
  • Көріп тұрмын, - деп, тықылдады тауық. – Сенің жотаңа шығып, жақындап көрейінші.
  • Мейілі-ң...

Тауық қанатын қағып, бұзаудың арқасына ұшып шықты. Екеуі де көз талдыратын, ұшы-қиырсыз көк аспанға телміре қарады. Бұларды көріп, Таймас пен лақ тоқтай қалды:

  • Сендер қайда қарап тұрсыңдар?
  • Аспанға. Қызық бірдеңе көрінетін шығар.
  • Қарайтын ештеңесі жоқ. Күннің жарқыраған сәулесі бәрін жасырады.
  • Иә, солай екен. – Бұзау мақұлдап, басын шұлғыды. – Аспан керемет әдемі, бірақ қызық емес.
  • Қарайтын ештеңесі жоқ. Жоқ дедім ғой, - деп, шұбар тауық қытқылдап қойды. – Балапандар болмаса, мына жақта ішім пысып, өлетін түрім бар. О-ой, әне, әне! Жерге қараңдар!

Барлығы төмендегі Жерге көз жіберді.

 

Балапандар мен жылан

Ұшар басы көкпен таласқан алып бәйтерек көрінеді. Дәу бұтағының түбіндегі ұяда үш балапан шүпірлеп, аянышты шиқылдайды. Ана-бүркіт жоқ, қорек іздеп кетсе керек.

Осы сәтті пайдаланып, қарашұбар жылан бір бұтақтан кейін келесі бұтаққа оратылып, өрмелеп барады. Қуанып, ысылдап қояды. Асығып бара жатқаны айқын. Қорғансыз балапандарды тезірек жұтпақшы.

Жыланды байқап қалған балапандардың зәресі ұшты. Дір-дір етіп, қорқып, жылай бастады:

  • Әке-шеше-ее! Қайдасыңдар? – деді шырылдап жылап. – Бізді құтқарыңдар! Жылан бізді жейін деп келе жатыр. Қайдасыңдар? Тезірек қайтыңдаар!..

Олардың жан дауысы әуелеп, безек қақты. Жалынышты шырыл саяхатшыларды шыр айналып жүріп алды. Байғұс балапандарға қалай көмектесу керек? Бұлар – аспанда.

Ойланып тұруды ұнатпайтын тауық бар даусымен қыт-қыт-тап қоя берді:

- Қыт-қы-а-ат!

Жылан селт еткен жоқ.

Лақ тоқтай қалып, күшенді. Барын салып, маңырап бақты. Жыланға ешқандай әсері болмады.

Қатуланған Таймастың жүндері шаншылатын инедей тікірейіп кетті. Ашуланып, бар күшімен үрді. Үлкен төбеттер сияқты арсылдайын-ақ деп еді, бірақ қалай дегенмен күшіктің аты күшік. Даусы шыңылдап, шәңкілдеп шықты.

Жылан былқ етпеді.

  • Мен байқа-ап көре-е-е-йін! – Бұзау мөңіреді. Қарнын қампитып, мойнын созып, аспанның астын жаңғырықтыра мөңіреді:
  • Мөө-өө, мө-өө!..
  • Өй, өй, құлағымыз ауырып кетті... – Лақ пен шұбар тауық, тіпті Таймас та шыдамай, құлақтарын жапты.

Бірақ ... жылан көз қиығын да салмады.

  • Бостан босқа неге күшенесіңдер? Жылан естімейді. Құлағы жоқ, - деді Асқар.
  • Енді не істейміз? – Жаны ашыған тауық жан-жағына жалтақтады. Лақ пен Таймас бастары салбырап, не дерін білмеді. Үлкен көздеріне мұң толған бұзау күрсініп алды да, Асқарға  қарады:
  • Асқар, сен ақылдысың ғой. Бірдеңе ойлап тапшы. Балапандарға қалай көмектесе аламыз?
  • Соны ойлап тұрмын өзім де. Идея! – Асқар алақандарына шарт еткізді. – Қалайда құтқару керек. Шұбар тауық, сен мына біздің төбеміздегі бұлттарға қарай ұш. Қай жерде жаңбыр көп, сол жерде шоқып тесіп жібер. Ең жаңбыры көп жерінен. Мен жейдемді шланг сияқты ұстап тұрам.

Шұбар тауық жалма-жан ұшып барып, бұлттың қою, қалың жерінен тесті. Нөсер шашырамай, бір тесіктен атқылағанда, сарылдаған тасқынға айналды. Аққан сайын күшейіп, күркіреген даусынан достар бір-бірінің сөзін ести алмады. Асқар жейдесін шланг сияқты орап жіберіпті, атқылаған сұмдық күшті тасқынды тура жыланға бағыттап тұрды.

Жылан олай-былай бұлталақтағанымен, тоқтамай төпеген ағын маза бермеді. Басын бұлт-бұлт еткізіп, оңға, біресе солға алып қашты. Бірақ одан ештеңе шықпады. Жейде-шлангіден атқылаған су күшейе берді.

   Жыланның күші азайып, әлсірей бастады. Бір созылып, бір жиырылған ұзына бойында пайда болған дірілден арылғысы келіп, сілкініп-сілкініп көрді. Бірақ діріл кетпеді. Дымы құрып, біресе басы, біресе құйрығы былғаң-былғаң етті.

Жейденің жеңінен атқылаған алапат ағын үдей берді, үздіксіз соққылай берді. Ес жиғызбады, алға бастырмады.. Жылжымақ түгіл тыныс алу қиынға соқты.

Жылан далбасалап, жапырақтардың, бұтақтардың тасасына тығылуға жанталасты. Бірақ біресе гүрілдеп, біресе күркіреген ағын қайда қашса да құтқармай, тауып алып, төпелей берді. Осынау шабуыл көп заманнан бері тоқтамай, жалғасып келе жатқандай. Мұндайға төтеп беру, құтылу мүмкін емес еді. Тынбай төпелеген топан су жыланға мәңгі тоқтамайтындай көрінді.

Олжадан күдер үзген жылан бұратыла ширатылып, бұтаққа оралып алды. Алайда қайда тығылса да, өршеленген ағын тауып ала берді. Ақыры жексұрынды ағаштан ұшырып түсірді.

Жылан ирелеңдеп, жерге құлады. Бұлғалаңдап, ұзап кетпекші еді, ағын-тасқын соңына түсіп, қуып берді. Жорғалап жылжуына мұршасын келтірмей қаңғалақ қақтырып, бәйтеректен алыстатып әкетті.

Бақылап тұрған балапандар жылағандарын қойды. Шат-шадыман қуанды:

  • Ала-қаа-ай, құтылдық. Аман қалдық! Асқар, саған және сенің достарыңа рахмет!  - деп, мәз болды.

Осы кезде қанаттары суылдап, асыға жеткен алып бүркіт оралды. Әлі құрып, былғалаңдап ағып бара жатқан жыланды көріп, мән-жайды бірден түсінді:

  • Асқар, барлығыңа мың да бір рахмет Бақытты болыңдар! – деді күркіреген дауысы аспанды жаңғырықтырып.

 

Пілдің баласына көмектесу

Ақша бұлттар саяхатшыларды ешкім көрмеген, ешкім білмеген түу алысқа апара жатты. Әне, төменде – Жерде ұлан-байтақ Сахара шөлі сарғаяды. Безеріп алған құласұр құмда қыбыр еткен жан көрінбейді. Елсіз. Шынымен-ақ ешкім жоқ па?

  • Оһо! Пілдер кетіп барады. – Қырағы Таймас тамсанды. - Әуп-әуп!
  • Қыт-қыт-қыт, олар қайда бара жатыр? – деп тауық та белсеніп қалды.
  • Олардың саған қарайтын мұршасы жо-ооқ, - деп, мөңіреді бұзау. – қарамайсың ба, әбден шөлдеген.  Әзер ілбиді. Іздегені – су.
  • Мәсса-аға-ан, - лақ жаны ашып маңырап қоя берді. – Мә-әә! Пілдің баласы құлап қалды. Оған не болды?
  • Шөлдеп, қалжыраған. Тұра алатын емес. – Асқар жанашырлық білдіріп, басын шайқады.
  • Қара, қара!  Анасы топтан бөлініп, қалып қойды. Баласын айналып, кете алмай жүр. Тұмсығымен түртіп, орап көтергісі келеді. Бірақ бала пілдің тұруға шамасы жоқ. – Шұбар тауық өзінің байқағыш екенін білдіргісі келіп, көп сөйлеп кетті. Бірақ құр сөзден не пайда? Бала пілді оятқысы келді. – Қыт-қы-ыыт, қыт-қы-ыыт.
  • Ол ұйықтаған жо-ооқ. Шөлдеп өле-ее-йін деп жаты-ыыр, -мұңайыңқы бұзау көңілсіз, ақырын мөңіреді.

Таймас үрпиіп, Асқарға жалына қарады. Бірақ үндемеді.  Оның бірдеңе ойлап табатынына сенеді.

Асқар шұбар тауыққа мойын бұрды.

  • Біз бәріміз сені кезек-кезек анау қара бұлттарға лақтырамыз. Сен шоқып, жыпырлатып тесе бер. Сосын жаңбыр жауады, пілдер аман қалады.

Лақ пен Таймас, Асқар мен бұзау тауықты кезектесіп лақтырды. Ол құшырлана шоқып, бұлттарды шұрқ тесік қылды. Бұлттар ертегідегідей ғажайып үлке-ен су бүріккішке ұқсады.

Су көрмей сұлқ жатқан өлі құмға осылайша кенеттен нөсер құйды. Тұмсықтары салбырап, аяқтарын әзер қозғап бара жатқан пілдер таңданып, тоқтай қалды.

Бұл қайдан келген жаңбыр? Кімнің шапағаты?

Нөсер тоқтаусыз құйды. Бала пілдің жанында шалшық жайыла бастады. Кірпігін бір ашып, бір жұмып, қиналып жатқан бала піл жаңбырдың тысырын бірден естіді. Денесіне сансыз майда тамшылар еркелей соғылып, серги бастады. Тұмсығын созып, жаңбыр тамшыларына тосты. Сосын көзін кеңірек ашып, о, ғажап! басын көтерді. Жымиып, анасына қарады. Ана піл тұмсығымен баласының басынан сипады:

  • Тұра ғой, ұлым. Мінеки, көлшік мөлдіреп жатыр. Қанғаныңша іш. Өлімнен аман қалдың.

Бала піл асықпай тұрды. Асықпай сілкінді. Тұмсығын шүмектете созды. Рахаттанып, су сорып ішті. Айналаның бәрі өзгеріп, жайнап, әдемі болып кеткен сияқты көрінді.

  • Ана, көлшік қайдан пайда болды? Жаңа ғана ештеңе жоқ еді ғой. Әне, көлшік енді көлге айналып барады. Енді су бәрімізге жетеді.
  • Су ано-оу жақтан келді, - ана піл тұмсығын көтеріп, аспанды нұсқады. Асқар, сен әйбат баласың. Ешуақытта естен кетпес жақсылық жасадың. Бізді бір ажалдан құтқардың!
  • Рахмет сендерге, қайырымды саяхатшылар! – деп пілдер Сахараны жаңғырықтырды. Солардың арасынан бала пілдің жіңішке даусы да естілді:
  • Асқар, саған да, достарыңа да шын жүректен рахмее-еет!

 

Жаттығу

Шеті көрінбейтін көгілдір тұңғиықта ақша бұлттар көші шұбатылып, алға қалықтап барады. Күннің ыстығынан көлегейлеп қорғаған қою бұлттар да төбеде қалмай келеді. Бір уақытта бұйығып жатқан лақ жан-жағына қарады да, орнынан тұрып, керіліп алды. Сосын өзінен өзі секіре бастады. Асыр салып, ары да, бері де шапқылады.

  • Мөө-өө, се-еен не-ее істе-ееп жүрсі-ің? – Созып мөңіреген бұзау жамбастап жатқан күйі ұзын кірпіктерін көтеріп, таңдана қарады.
  • Жата береміз бе? Келіңдер, дене шынықтырайық. Жалқауланып,  босқа жатқанша, жаттығу жасайық! – деп, лақ секіріп-секіріп қойды. Сосын секеңдеп, бұзауға жүгіріп келді. Секіріп, артқы аяқтарымен тік тұрды да, бар күшімен арқасынан тұқыл мүйізімен періп кеп қалды:
  • Кел, сүзісеміз!
  • О-оой, қо-ойшы. Қытығымды келтірмеші. Сенімен сүзісу үшін тұруым керек. Сосын еңкею керек. Қойшы, ерінем, - бұзау асықпай керіліп тұрды. Лақ сүзе бастады. Бірақ бұзаудың маңдайына жете алмады. Жаңадан шығып келе жатқан титтей тұқыл мүйізі бұзаудың тізесінен аса алмады. Бұзау еріксіз жымиды:
  • Ой, ой, қытығымды келтірдің. Қытықтамашы, - деп, тайраңдап, қашып кетті. Лақ соңынан қуды.
  • Әуп, әуп, Асқар, кел, біз де жаттығу жасайық. Сен мені қуып ұста, ал шұбар тауық сенің соңыңнан қусын.

Таймастың бұл ұсынысын құп алып, үшеуі бірінің соңынан бірі қуды. Осылайша олардың дене шынықтыру жаттығулары басталды. Өйткені мұндай жаттығуды үнемі жасап жүрмесе, әлсіз, қорқақ, жылауық болатынын бәрі білетін. Жаттығу жасамайтындар көп ауыра беретінін де білетін. Ал, ауру, әлсіз болсаң, ешкімге жақсылық жасай алмайсың ғой.

Сондықтан саяхатшылар әртүрлі жаттығуларды құлшына жасап жатты. Асқар оларға жаттықтырушы болып, «былай, былай» деп көрсетіп, бірге қайталады.

 

Ақымақтар соғысы

Бір уақытта лақ тоқтай қалды:

  • Мәссаған, мынау не? Гүрс-гүрс етіп жатқан не?

Денешынықтырушылардың бәрі де кідіріп тұрды. Төменге қарады. Адамдар автоматтармен, зеңбіректермен бірін бірі атып жатыр. Танктер гүрілдейді, ракеталар да ұшып барады.

– Соғыс ойынын ойнап жатқан шығар. - Таймас достарын тыныштандырғысы келді.

  • Олар шынымен соғысып жатыр. Әкелер мен ағалар бірін-бірі өлтіріп жатыр. Балалар мен аналарды да... – Асқар айыптай сөйледі.
  • Оо-олар неге бірін бірі өлтіреді? Сонда сиырды кім сауады-ыы? – Бұзау түсіне алмай, аңырып тұрып қалды.
  • О-ой, иттерді де атып тастады. Сұмдық. Ондай Жер маған ұнамайды. – Таймас жыламсырап, қыңсылады. – Жерге бармаймын.
  • Соғысып жатқандар – ақымақтар. Жерде ақымақтардан ақылды адамдар әлдеқайда көп! – деп, Асқар достарын жұбатты. – Басқаны ататындар – қорқаулар, қасқырлар. Ал, адамдар тек жақсылық жасайды.
  • Біз тек жақсылық жасайтын боламыз! – деп достары бірден қолдап кетті.
  • Жарайсыңдар, жарайсыңдар! – Ақша бұлттар да, қара қошқыл бұлттар да жиекшелерін бір біріне шапаттап, қуана қолдау білдірді.

Екі жағында пайда болған алтын қанаттарын алақан сияқты шапалақтап, Күн де ризашылығын айтты:

  • Жарайсыңдар.  Жақсылық жасауға қашан да дайын болыңдар!
  • Әрқашанда дайынбыз! – Достар бірауыздан әндете жауап берді.

 

 

Жерге оралу

  • Аспанды аралағанымыз жететін шығар, - Асқар достарына жымиып қарады. - Әрине, мұнда да қызық... Бірақ мұнда адамдар жоқ. Қалалар, ауылдар, үйлер, бақтар жоқ. Бәрінен бұрын бір де бір балабақша жоқ. Іш пысады. Жерге қайтайық.
  • Бәріміздің де қайтқымыз келеді, - достардың бәрі шулап қоя берді.
  • Жел, жел! Қайдасың? Бізді үйімізге апарып тасташы!

Асқардың өтінішін естіген Жел мың бұралып, ширатылып жетіп келді:

  • Пи-уу, пи-уу, - деп ысқырды. – Апарайын. Ештеңе істемей, ішім пысып кетті. Сендердің өтініштеріңді қуана-қуана орындаймын.

Саяхатшыларды жерде күтіп тұрғандар көп еді. Балалар, ата-аналар, тәрбиешілер... Балапандар көңілденіп, билей бастады, әтештер қуана шақырды, сиырлар сағынышпен мөңіреді. Иттер құйрығын дирижерлардың таяқшасы сияқты бұлғап тұрды.

Ағаштар мен гүлдердің қуанғаны сонша, нәзік жапырақтарын шапаттады. Қарсы алуға ұшып келе жатқан торғайлар қанаттарын шапалақтап, ауада аунап, жоғары-төмен ұшты, неше түрлі ойындар көрсетті. Мәз-мейрам болып, шиқылдай  күліп, «чик-чирик» деп, әндете  қарсы алды:

  • Жарайсыңдар, жарайсыңдар! Бұлтпен саяхат шегуді қалай ойлап таптыңдар? – деп, таңғалды.

Барлық қарсы алғандардың қуаныштары қойнына сыймай, шат дауыстары бұлттарға дейін естіліп жатты:

  • Қош келдіңдер, біздің қымбатты ғарышкерлеріміз! Сендердің саяхаттарыңды теледидардан тамашаладық. Жер серігі арқылы бәрін білеміз. Қобалжыдық та, қуандық та. Намысты қолдан берген жоқсыңдар. Жердің нағыз түлектері деген атқа лайық екендеріңді дәлелдедіңдер. Жердің түлектері қашанда мейірімді, қашанда жақсылық жасауға дайын!
  • Біз жақсылық жасауға әрқашан дайынбыз! – десті достар. 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған