Адам қарады: 131 | Жарияланды: 2018-08-22 02:37:38

Ұлыған түн

                                                       І

   Таудан ауылға қарай жел соққанда теректің жапырақтарынан жыр есіп, осынау күреңге оранған ауланың шаңдарын көтеріп, ашылмағанына бір ай болған есіктің табалдырығына тозаңдар кір қанаттарымен қона қалатын.      Терезенің жақтауына өрмекші торын салған әйнектен, жасөспірімдердің кіршіксіз жанары, келіншектің кірпияз саусақтары көрініп тұрушы еді. Жазғұтыры ауласы гүлзарға оранып құлпыра түсетін. Қорадан сиырлардың мөңіреп, қойлардың маңырағаны, иттің үріп, балалардың у-шуы, бәрі қосылып бір оркестр бола қалушы еді. Ал қазір ше, тышқан кемірген киіздер, құмырысқа үймелеген табалдырық, сынық велосипед, әрі төңкерілген қазан ғана көресің... Ал анау пештің қасында жатқан иттің табағына ботқа төгілмегелі қай заман...

                                                   ІІ          

      Қапановтар отбасы у-шулап көк маскивчтің есгін айқара ашып, топырлап түсіп жатты. Перзентханадан шыққан Күнімханның құрметіне ауыл аймақтағылар жиналып тәтті-пәттісін алып шаушын шашып, құтты болсынын айтып жатыр. Отағасы Мергентайдың қуанышы қойнына сыймай түгел ауылды, қуыстай үйіне шақыруда. Қолында періштедей пәк қызы Перизат, ананың жатырындағы әлемнен, әлдеқайда үлкен ғаламға келгенінен хабары жоқ, әкесінің ыстық құшағында пыс-пыс етіп ұйықтап жата берді. Көктегі қарлығаштар, би-билеп, бұл-бұлдар ән шырқап, ағаштар сыбдырлап, күннің жанары күлімдеп барлығы сәбиге барша мейірімін төгіп жатыр. Бәрі-бәрі оның анасы, әкесі болуға дайындай осы бір ауланың үстінен тысқары шықпай-ақ қойды. Бұл үйде бірнеше күн бойы той болып, қуаныштан қуаныш жалғаса берді. Кішкентай сіңлілеріне әпке боп жүрген Назымның жасы – тоғызда, Гүлсімнің жасы – жетіде. Екеуіде анасына қолғабыс етіп, үйдегі анау-мынау шаруаның барлығын тындырып, шаңырақтың берексін кіргізіп отырады. Бірақ керегеден суық жыланның кіріп келе жатқанын ешкім сезбеген еді...

       Күнімхан таң атысы, күн батысы шаруадан қолы босамайды. Соған қарамастан бәріне де үлгереді. Бірақ, Мергентайдың мінезі күн өткен сайын құбыла түсіп барады. Әкімшіліктегі жұмысына баруды доғарып, көп ішетін боп алды. Ол былай тұрсын Күнімханды сабап та алатыны тағы бар. Алғашында тұрмысқа шыққанында күйеуі ұрмаған еді, енді не болғанына аң-таң әйел түн ішінде көзінің жасын сығып алатын болды.

          Бір күні Назым көрші үйден кіп-кішкене күшік алып келді. Анасына:

  • Қараңызшы, мына кәндек күшікке. Бейсенбай ата, үйіндегі күшіктің бәрін балаларға таратып жатыр. – деді. Күнімхан, жақтырмағандай қарағанымен, үйге де бір ит керек екенін құп көрді де, басын изей салды. Гүлсім қызыға қарап: - Атын не деп қоямыз, - деді, күшіктің арқасынан сипалап. Назым:
  • Ақтөс деп қояйық, -деді.

...Ақтөс Күнімханның аяғына оратылып, қайда барса да соңынан қалмай жүрді. Күнімхан бұнысына ашулана қоймады, қайта мейрімін төгіп, табағына сүйегін тастап, құдайдың берген рызқысын аямады. Иттің бауыр басуы тез екен, тіпті Күнімхан базарға барса да аялдамаға дейін шығарып сап, келгенінше орнынан тапжылмай күтіп тұратын. Күн-дөңгелек аспан-жолында дөңгелей берді. Күнімхан базарға барған сайын мейіз-тәттісін себетіне толтырып оралатын. Қыздары мәз-мейрам боп қалушы еді. Перизатты бесік арбаға салып, екі қызын екі жағына ертіп ап көрші-қолаң, дос-жаранның үйіне айына бір серуендеп қайтушы еді. Ондайда Ақтөс қастарынан қалсын ба, «кет» десе де кетпей, «қал» десе де қалмай жандарынан екі елі шықпайтын. Сондайда кәндектің жанары «мен сендерді қорғау үшін туылғанмын» деп тұрғандай. Жолда кезіккен алабай иттердің үргеніне жіңішке даусымен қарсы үретін. Бір күні Күнімхан қайын әпкесінің үйіне қыдырып бара жатқан еді, алдарынан бір төбет жол бойындағы үйдің шарбағынан үріп шыға келді, оны естіген басқа үйлердің бір-бір иті бұларға қарай жүгіре түсті. Иттердің үрген даусынан шошыған қыздар жан дәрменімен шыңғырды. Ақтөс бұлардың алдына шығып әлгі иттерге кіп-кішкене денесімен қарсы ұмтылып жүгіре жөнелді. Жан-жақтан шабуылдаған иттерге таланып жатса да, тістеген жерінен қан шығарғанша, еш айрылмай бар күшімен арпалысты. Осынау сәтте иесіне қалай адал болу керектігін осынау бір кәндек ит ауыл былай тұрсын әлемге көрсетіп жатқандай болатын. Аяқ-қолы, басынан таланған Ақтөсті қалдырып үш төбет жайларына кете берді. Күнімхан мен қыздары барынша жанталасып төбеттерге тас лақтырып Ақтөсті қорғап бақты. Құлақ-шекесінен қан аққан кәндек ақсаңдап олардың барар жеріне дейін жеткізіп салды. Қыздары итінің қандай өжет екендігін мектепте сыныптастарына мақтана айтып жүрді.

         Кешкі асты дайындап болған Күнімхан отағасын дастархан басында үй ішімен күтіп отырған сәті еді. Үйге тәлтіреңдеп Мергентай кіріп келді. Қуыстай асүйге арақтың исі мүңк ете қалды. Назым мен Гүлсім мұрындарын баса түсті. Аузына ақ ит кіріп көк ит шығып жатқан Мергентай Күнімханға ұрыса жөнелді:

  • Әй, қатын, мына сені ма? Отасқанымызға он жыл болды ерім деп бір күтіп алуың жоқ. Не бір ұл туып бермедің. Жасыңа жетпей шашың болса анау ағарып кеткен, жүзіңді әжім басқан. Қыз кезіңдегідей қылдай мүсінің жоқ. Күнімхан:
  • Мергентай не деп тұрсың? Енді уақыт өткен сайын адам қартаяды емес пе, оның үстіне қаншама жыл бейнет көріп шықтық...
  • Былшылдама, не бейнет көріп едің? Жетім өскеніңді айтып тұрсың ба, әлде ерте жұмысқа кірісіп дәретхана жуып өскеніңді айтып тұрсың ба? Әлде...
  • Тоқтат, - деді, Күнімхан ашуланып. Бетіме қаншама жылдан бері соның бәрін басып келесіз. Өтінем қойыңызшы, келіңізші оданда ыстық көже ішіңізші. – деді. Дастарханға жақындап келген Мергентай:
  • Көже дейсің бе, иттің қатыны, көже дейсің бе? Мә саған көже деп, - дастарғанды асты үстіне төңкеріп тастады. Бұрышта бір уыс боп бүрісіп қалған балалардың үрейі ұшып жыламсырап бір-біріне тығыла түсті. Бесікте жатқан сәбидің жылаған үні шарықтай берді. Күнімхан (қорыққан әрі таңғалған қалпымен)
  • Мергентай, саған не болды, - деді, ызадан булығып.
  • Не болды дейсің бе, ей сорың атқыр қатын, сені алғанша анау жесір Бағиланы алғанда едім, осыншалықты құрдымға батар ма едім,  мұншалықты бейшара болар ма едім. Ол сенен әлдеқайда сұлу әрі ақылды. Мен оны сүйіп келгем, сүйе де берем. Сені көрген күніме қарғыс атсын, - деді де Күнімханды томардай жұдырығымен көк ала қойдай ғып ашуы тарқағанша ұрды, сосын есікті тарс жауып үйден шығып кетті. Далада Мергентайдың бақырған үні естілді әрі боқтаған. Сосын «Аяғым, аяғым, бұл үйдің иті де малғұн» деп, итті бір тепті-ау деймін, кәндектің қыңсылаған үні қораға дейін естіліп барып үзілді. Шаңырағы шайқалған үйдің ортасында мең-зең күйде Күнімхан етегін жасқа һам қанға толтырып отырды.  Күнімхан күйеуінің жесір Бағилаға бірнеше жылдан бері барып жүретінін білсе де, өзін төмпештеп ұрып жатса да еш сыр берген емес. Ал Мергентай түн ішінде тұрып кетіп қалатынды шығарған, сосын уақыт өте келе үйге қонбауды шығарды.   Осы үйдің шырқы бұзылмасын деп еркегінің қыңыр-қисық мінезінің бәрін көтеріп келеді. Енді қайтпек керек. Ол есін жиып түк болмағандай дастарханды көтеріп, үйді жинастырып балаларына тамақ берді. Ішінде тек қана бір ауыз сөз, «балаларымды қалайда жеткізуім керек...»

     Түн ішінде Ақтөс ұзақ ұлыды...

Мергентай Бағиланың есігін барып қақты. Бұл уақытта Мергентайдан басқа ешкім келмейтінін білгеннен бе, «кім бұл?» деп сұрамастан есікті жәймен ашты. Мергентай есі ауған адамша Бағиланың қу жанарына қарап тұрып:

  • Жаным, ішке кірейік сөйлесетін әңгіме бар, деді. Бағила:
  • Тез оралдың ғой, әйелің қуып шыққаннан сау ма?
  • Айтпашы сол мыстанды, алдыма түс, айтарым бар, - деді де екеуі түкпір тамға қарай кірді, іңірде екеуі ішкен коньяктың рөмкелері, жеген балықтары, жердегі шашылып жатқан көрпе жастық бәрі сол қалпында. Құдды бір Мергентай ешқайда кетпегендей.
  • Ал, - деді Бағила қысық көзін одан бекер сығырайта түсіп, сосын орындыққа екеуі жайғасты. – бірдеңе ішесің бе жігітім?
  • Арақ бар ма?
  • Бар, қазір, - деп, қабырға шкафынан арақтың бөтелкесін шығарып, екі бокалға толтырып құйды. – ішші, жігітім, шөлің қанғанша, күйігің басылғанша іш, - деді. Мергентай бокалды аузына бір төңкере салды да, қиярды бір тістеп әңгмесіне кірісе жөнелді.
  • Үйдегі қатын құрысын, сүймеймін оны. Үйдегі шаруадан басқа білетіні жоқ. Әлемде не боп жатыр, дүниеде нендей жаңалық бар, түк білмейді. АҚШ-тың қазіргі президентін сұрасаң «АҚШ деген не» дейді. Тым сауатысыз, жеккөрем. Мен сені сүйемін, - деп, еденге дүрс ете отыра қап оның тізесіне қос қолын батыра қысып алды. Бағиланың құмарға толы жанарына қарап тұрып, ішіндегісін ақтарып салды:
  • Сені сүйем, Бағила. Сен бәрін білесің, бәрінен хабарың бар. Сен ғажапсың, сұлусың, ақылдысың. Кетейікші екеуміз, қашайықшы бәрінен. Осы ауылдан шығайықшы, әлем көрейікші. Бәрін тастайықшы. Үй, бала-шаға бәрі қалсын, ештеңені ойламайық. Тек екеуміз және әлем ғана бар, басқа ештеме жоқ. – деп, қолдарын қыздың беліне жүгірте берді, жүзінен иіскелеп, сүйе берді. Бағиланың көзінен отты ұшқындар шашырап, «дегенім болды ма» дегендей:
  • Жарайды, кетсек кетейік, жаным. Мен де осы ауылдан шаршап кеттім. Үйден бір адым бассаң болды шал-кемпір мен бала-шаға. Сол кәрі қақпастардың ақылынан-ақ жалығып болдым. Не өлмейді, өлсе де бітпейді. Кетсек кетейікші, Ыстамбұлға барайық, сосын Парижде қыдырайық. Шетелде қалып жұмыс жасайық, сол жақта мәңгі қалайық. Тек мына жақа келмей-ақ қояйықшы.
  • Келмейміз, ханшайымым! Шетелде екеуміз ғана қаламыз, қалай өмір сүрсекте өзіміз білеміз. Ол жақта бұндай дәстүр мен дінге қатып қалған шал-кемпірлер жоқ. Ол жақта бұндай ауыл жоқ, не істеп, не қойсаңда жұрттың сенде шаруасы болмайды.
  • Жөн-ақ, алайда ол жақа бару үшін ақшаны қайтпекпіз. Мен үйді сатармын, басқа ештеңем жоқ...
  • Біраз жыл бойы тығып жинаған азды-көпті ақшам бар. Және қатынымның күміс, алтындары бар. Ол бәрібір оларды тақпайды, дүниеге қызықпайды, қатынымның сонысы жақсы, - деп азғын езуімен күліп алды. – және үйді сатам, көк масквичті сатам, тракторымды сатам. Соның бәрі, сосын сенің үйіңді қосқанда ақшамыз жетіп қалады-ау, ал қалғанын сосын көре жатармыз...
  • Үйді сатсаң қатын-балаң далада қалмай ма? – деді, Бағила кекесінмен сынай түсіп. 
  • Оларға үй табылады ғой, жерде қалмас. Не көп туған-туыс көп.

       ...Күн артынан түн, түн артынан күн жалғасып өте берді. Ештеңе өзгермеген, есік алдындағы күндегі тіршлік. «Сырт-сырт» етіп сыпырып жүрген Назым мен Гүлсімнің бір күлісіп, бір өкпелесіп жүргені. Қолынан іс түспеген Күнімханның ары-бері шапқылап жүрісі. Әйтеуір осы үйде өмір барын, тіршілік барын көрсетіп тұрғандай. Мергентайдың үйге айлық әкелмегені қай заман. Күнімхан әйтеуір үндемейді, жыланның ініне қолын сұғып қайтеді. Бала-шағамның нәпақасын Алла береді, бастысы шаңырақ құламасын деумен жалғыз сиырдың сүтімен базарға құрт-айран сатып күндерін көріп жүргені бар. Мергентай үйге келсе аптасына бір келеді, келсе де көп отырмайды, томсырайып тамағын ішеді не, қатынын бір сабап алады. Қолынан әйтеуір қағаз түспейді, Күнімхан сол қағаздарға не болды екен деп көзін тігіп қап еді «баж» ете қалды: «Нең бар, ауданның қағаздары, бәрібір түсінбейсің сен» деп, зекіп тастады. Алайда бір білгені бар ма, «мына жерге қол қойып жіберші» деді, сыпай түрде. Ойында ештеңе жоқ Күнімхан қағазға шимай-шатпақ қып қол қойды. Бірақ күйеуінің зекігенін көңіліне алып қалған әйел, содан бері қағаз атаулысына қарау былай тұрсын айналып өтетін болды. Ақтөс болса Мергентайдың қарасын көрсе, үре жөнеледі. Мергентай мына итті атам деп бірнеше рет оқталғаны бар еді, Күнімхан аяғына жармасып «тоқта да тоқта, көкем» деп,  жығыла түсіп, ол аздай Ақтөс үшін таяқ та жеп алғаны бар. Ашуын әзер тыйған Мергентай «О заманда, бұ заман ит өз иесіне үре ме екен, енді алдымнан үріп шығатын болса, айтпады деме, атам» деп, жарылардай бұлқан-талқан болып кетті. Ендігәрі Мергентай атып жүрсе, қой, бәлесінен аулақ деп Ақтөсті Күнімхан  ит күркесіне байлап қоятын болды. Кәндек ит, ары үріп, бері үріп ақыры босатпасын білді-ау деймін үруін қойды.

         Мезгілді мезгіл қуалап, жапырақ пен қар атысып, күн менен түн жүгіріп, бір-бірін ұстатпай бара жатты. Күнімханның шашының ағы қалыңдай берді, бетіндегі секпілі тереңдей берді. Жүрегі шаншып ауыратынды шығарды. Барған сайын шау тартып, жүйкесі тоза берді. Анда-санда бір талып қалатын болды. Кішкене қыздары шешесіне жалынып дәрігерге қаралуын өтінсе де, байқұс ана «жоға, ештеме емес, шаршағаннан ғой, ертең-ақ қойып кетеді» дейтін. Мергентайдан екі аптаның жүзі болды хабар жоқ. Соны уайымдап, түн баласы дөңбекшіп ұйықтай алмай шығатын болды. Жүріп үйренген Перизатының келешегін ойлап, бойжетіп қалған қыздарының ертеңін уайымдап түн қараңғысында шаштарына жұлдыздардың қоқымдары үздіксіз қона берді...

     Бір күні үйіне қап-қара «ланд-круизер» көлігінен бірнеше адам келіп түсті. Қарындары қампиған, костюм-шалбар киген, бірі қызыл галстук таққан, енді бірі көк галстук таққан екі еркек және көзі шарасында ойнақшып қалған сорайған жас жігіт. Қастарында ілмиген, көзілдірік таққан, еріндері үйректің тұмсығындай, шаштары тоққа күйгендей сары-көк бір әйел. Қисайған шарбақты сорайған жігіт аша беріп еді, байланып тұрған ақтөс бар даусымен ауланы басына көшіріп үре бастады. Жібін үзіп кетердей бар күшімен әлгілерге ұмтылады. Олар сескенбестен аулаға баса-көктеп кіріп келді. Қолдары толған пәпкі мен қағаз. Күнімханды күйеуі қағаз көрсе сескендіріп тастаған әдетінше, қағаздардан көзін тартып алды да, «кім болды екен бұлар» дегендей, жүздеріне үңіле қарады. Ешбірін танымайды. Ақтөстің ырылы мен үруі үдей түсті. Олар бастарын мәдениетті түрде изеп, өздерін таныстыра түсті:

  • Сәлеметсіз бе, біз әкімшіліктен келіп тұрмыз, - деді, әсіресе, әкімшіліктің «ә» әрпін «ә-ә-ә-ә-ә» деп соза түсті. Күйеуіңіз несие алып сіздің үйіңіз және үйіңіздің ішіндегі жиһаздар, сосын көк масквич және тракторды кепілдікке қалдырып кетті. Мінекейіңіз, құжаттар бәрі түгел, үш күн ішінде үйді босатуларыңыз керек,- деп еді, Күнімханның басы шыр көбелек айнала берді, құлағына қызыл галстуктағы қарынбайдың жағымсыз даусы жаңғырып барады, құлағын құрттай кеміріп барады. Өңі ме, түсі ме белгісіз. Қарынбай сөзін жалғастыра берді: - Мергентай Қапанов міне өтініші, қолы, барлық құжаттар түгел. Сіз де мына бір жерге қолыңызды қойып жіберіңіз сонымен тәмәм. А-а-а айтпақшы үш күн ішінде үйді босатуды ұмытпаңыздар. – деді. Күнімханның кеудесіне биік бір қабырға құлап түскендей болды. Кірпік қаққанша болған жоқ, есінен танып жерге қалпақтай ұшты. Айналасына бала-шағасы мен қарынбайлар үймелеп алды. Күркеден Ақтөстің ыңырсыған үні шығып жатты...

     Күнімхан есін жинағанда, айналасында қараң-күрең адамдар топырлап жүргендей болды. Алайда көзін аша алар емес. Бәрін естіп тұр. Бұл жатқан жері ауылдың кішкене ғана медпункті еді. Сырттағы, іштегі тіршілік бір-бірімен қайнасып жатыр. Ауырған жанға бұл жерде тыныштық жоқ. Өзі бұзылайын деп тұрған кіп-кішкене бір там. Тек сыртында «Медпункт» деген тақтайтадағы жазудың ерекшелеп тұрғаны болмаса. Күнімхан бәрін тыңдап жатыр, бірақ көз құрғыры ашылар емес. Денесін қимылдатайын деп еді, әлсіздіктен бе, өне бойы ауырып, қозағалар емес. Тек әлгі үйге келген дөкейлердің өңінде ме, түсінде ме көргенін ажырату ғана қалды. Айналасындағы у-шуға құлақ түріп еді, арасынан таныс дауысты іліп алды. Қыздарының жылап отырған сесі. «Қайран балапандарым-ау, бәрі рас болғаны ма! Шыдаңдар аналарың жазылып кетеді, әлі-ақ үйімізге ораламыз, үйімізге... ораламыз... Қорықпаңдар ботақандарым, әкелерің келеді әлі-ақ, содан-соң, бәрі жақсы болады», деп жатыр еді ішінен, арғы жақтан шәңкілдеген бір дауысты қаласа да, қаламаса да естіп қалды: «Сорлы балалар-ай! Тірідей жетім болды-ау, шешесінің жатысы мынау, өлім аузында, не дейді, құдай-ау «прыстып» дей ма» қасында бір әйел «прыстып» емес, «приступ» десей» деп жөндеп қояды. Анау қатын өсек айтқысы кеп, аузының суы құрып, «иә, сондай бірдеңе, ал әкесі ше, оңбаған мен соның сөйтетінін білгенмін. Баяғыда-ақ сезіп ем соны. Есіңде бар ма, бір рет айтып едім ғой осының Бағиламен бірдеңесі бар деп. Айтқаным келмеді ма, келді. Енді не дейсің, әне, қатын, бала-шағасын тастап Бағила жесірмен Пәріжге кетіп қалыпты. Ал керек болса, бетім-ай! Енді мыналар не үй жоқ, не күй жоқ далада қалды ғой! Осынысын естіген туған туыстары не дегенін білесің бе, ей, қатын» деді екіншісінің құлағына сыбырлап, «не дейді, көтек» деді екінші қатынның құлағының құмары қана түсіп, «Былай дейді, егер Күнімхан аман болып жатса, бай тауып береміз дейді, бірақ қалайда үйімізге кіргізбейміз демесі бар ма, сосын астапыралла, өліп қалса, балаларын жетімдер үйіне береміз дейді, мә саған!» ... Осыларды естіп жатқан Күнімханның дүрс-дүрс етіп әлсіз соға бастаған жүрегінің үні бір тоқтап, бір бастап әзер соғып жатты. Оның сол әлсіз жүрегі «дүрс-дүрс» етіп көкірегінде жанайхайымен ышқына сөйлеп жатты: «Өмірдің бұрымынан ұстап тұратындай, ғұмырдың балдағына сүйенетіндей, заманның көшіне еретіндей, тағдырдың сынына төзетіндей күшім қалмады. Әлсіреп қалдым, шыдамымның шырағы сөнді. Бәрі бітті. Балапандарым-ау, сендер үшін тұрар едім, бірақ қатты шаршап кеттім, шамам жетер емес. Сорлы аналарыңның әлсіздігін, кешіріңдерші. Аллаға тапсырдым сендерді, алтындарым. Қош, аман болыңдар...» Терезенің алдында күншуаққа шомылып тұрған көк кептер көкке қарай мәңгілікке ұшып кетті...

                                                         ІІІ

          Ақтөс күркеден қалай босанғаны белгісіз, ышқына-ышқына жібін үзген сыңайлы. «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» деуші еді, кім білсін, басы ауған жаққа қарай кете беріпті.

       Ауылдан ұзақта итін ерткен қатын ылғида түз даланы кезіп жүреді. Әлі күнге шейін түн ортасында жапан даладан аспанға қарап иттің ұлығаны үзілген емес...

Қазақ тілінде жазылған