Адам қарады: 1533 | Жарияланды: 2018-08-27 05:35:27

Жұмақтың тамшысы

Аршынталға жапырақ ілініп жатады.

Аршынталдан жапырақ үзіліп жатады.

Аршынталда жапырақтың қалып қойғаны жоқ.

 

***

 

Мәдет сырттан көз алмай сағаттап отырған.

Күн желемік. Оны пәниталдардың қозғалысынан көріп отыр. Біресе жапырып терезе жақтауын ұрады, біресе қайтып алыстап кетеді.

Анығы пәнитал жапырағынан арылып жатыр. Жо-жоқ, қозғалыстың қатысы жоқ. Жай тұрып та жапырақсызданып жатады. Ақыры тұттай жалаңаштануға бет алады. Сол кезде құстардың қанат сусылымен көктем де қайтады. Пәниталға қайтадан жапырақтар іліне бастайды.

Дүниеге сәби келерден бұрын аршынталдың бұтағы қотырлана бастайды. Қырық күн өткенде әлгі бұтақ бүр жарады.  Дүниеге тіршілік иесі келеді. Дүниеге мен келдім деп сәби келеді.

Шын мәнінде ол келіп қойғанды. Қырық күн бұрын.

Осыдан қырық күн бұрын ол бар болған.

Ол енді осылай бар болып тұрады.

Ол мәңгілік бар болып тұра алмайды.

Бір күні жоқ болады.

Жоқ болатынынан қырық күн бұрын.

Біреулер мұны зомби дейді.

Біреулер мұны өзіемес дейді.

Бәлкім, марқұм болар...

Марқұм...

Тірі марқұм!..

Бәлкім, аруақ болар...

Тірі аруақ!..

Марқұм болмайынша ол аруақ бола алмайды ғой. Ендеше ол марқұм болып үлгермеген марқұм.

«Аршы астынан біреуі жасыл, бір ақ тамшылардың бірі сол жапыраққа түседі».

Күн сіркіреп тұр. Күз болған соң сіркірейді де. Бірақ түссіз тамшылар. Не жасыл емес, не ақ емес. Тамып жатыр, тамып жатыр. Соның бірінің жапыраққа тұрғаны жоқ. Қалай пайда болса солай ғайып болып жатыр.

«Егер жапыраққа ақ тамшы тамса, марқұмның жәннатқа баратындығына белгі. Ал егер керісінше, жасыл тамшы тисе, тозаққа баратынына хабар береді».

Құлағына біреу сыбырлап тұрған сияқты. Әлде мұны бір жерден оқыды ма екен.

Мәдеттің бұл айықпаспен ауырғанына бес жылдың жүзі болған.

Бұл бәрін сезеді, түйсінеді.

Ел мұның жаназасын күнде шығарып жатады.

Бұл болса қасарысып тірі жүр!

Тірі жүргісі келмесе де тірі жүр.

Әлде бұл да жоқ болатын қырық күнінде тұр ма?!

Әйтеуір бір нәрсені сезеді. Жан дүниесімен.

Жамандық деп те айта алмайды.

Жақсылық деп те айта алмайды.

Ол әйтеуір өзінің таусылып бара жатқанын сезеді.

Балауыз шам сынды.

Бүгін ол қатты қорықты.

Бала-шағасы үшін.

Көңіліне бір алаң кірген.

Жоқ, алаңдай  алмайды.

Жаратушы оларды өз несебесімен жаратқан ғой.

Шүкіршілігін алға салсын.

– Шүкір, Алла... – деді ол.

Ешкімге жаманшылық жасамаған.

Ешкімнен жаманшылық күтпейді.

– Шүкір, Алла,  – деді қайталап.

Ол өзін жеңіл сезінсін.

Мәдет терезеден көз алмаған күйі ұз-а-ақ отырды.

Өзі бар сияқты.

Өзі жоқ сияқты.

Бір нәрсе қысып тұрған сынды.

Ол соны бүкіл жан-дүниесімен сезінді.

Көштің алдын бермедім деп айта алмайды. Көш соңында қалмағаны да айдай анық. Нан сұрап келсе май жағып берді. Бөз сұрап келсе ине-жіптен шығарып берді. Ешкімнің ала жібін аттамады. Әкесі бәлшебек еді. Оның өзінде қызылы. Соңсөзіне шақырған. Алдына барған.

– Мені партбилетімнен ажыратпаңдар, – деген.

Күн шықпай жатып мейрамсуын ішкізген. Жаназасын шығарғаннан кейін ағаш табытын келтірген. Қабіріне жеткенде табытын топырақ үстінде қалдырған. Алайда партбилетін алып қала алмады.

Сонысы жанын алып қалды. Әйтпесе ит қосып, жұмыстан қуғандай еді.

Ол әманда өзін мұсылман баласы санап келді. Мұсылман болып өмір сүрді ме? Мұсылман амал, ғибадатының кемшін түсіп жатқанына көзі, әрине, жетіп тұр.

Алайда мұсылман болып өлетіні анық!

– Ләй иллаллаһ,  – деді ол қысылып барып.

Сол-ақ екен денесі жеңілденіп сала берді. Қолына қанат байлағандай ұша жөнелді.

Ол биіктеп бара жатты. Көз алдында манағы бақ қалып барады.

Сол пәниталдан бір тал жапырақ үзіліп түсті.

Мәдет сол жапырақты анық көрді.

Ол да ұшып бара жатыр еді.

Жапырақ бір аунап түскенде жапыраққа тамған ақ тамшыны жазбай таныды.

Қазақ тілінде жазылған