Адам қарады: 501 | Жарияланды: 2018-08-27 05:45:42

Наурызкөже

Хикаят

Қазақтың аяқтыға жол бермей, етегіне оралып жататын қарадомалақ балалары сынды Ақшағат қазаншұңқырына жамырай орналасқан көп шақты бұрқ-сарқ қайнап жатыр. Әлгі қарадомалақтардың  Селмес, Бірлес, Жалғас, Ұйымдас, немесе Баспақ, Қаспақ, немесе Қанжарбек, Жанжалбек, Қойқойбек  болып шұбырып беретін жаңылтпаш есімдерін жадыңда да ұстап тұра алмайсың. «Шығыс», «Батыс», «Қиыр», «Оңтүстік – Шығыс» болып кете барады.

«Қиыр» шақтысын былайғы жұрт «Қаржұтқан» дейді...

 

***

 

Ел аяғы басылған соң самбыр-самбыр әңгіменің арты саябырсып, сонан күбірге ауысып, сонан барып біржолата пышақкесті тыйылды. Өздері мұны тас қараңғы бөлмеге енгізіп жіберіп, бұл қайтер екен деп тың тыңдап тұрғандай.

Бөлмеге кіруі кіргенімен ортаға жетер-жетпестен қалт тоқтады. Солай қанша тұрғаны белгісіз өзін біреу қолынан жетелей жөнелгенде ғайыптан құтқарушысы келгендей бұйдасы тесілген тайлақтай елпілдеп берген. Өзіне өзі келгенде төсек үстінде отырғанын көрді.

Отыра-отыра қараңғылыққа бой үйретті. Ақ пен қараны ажырататындай күйге келген. Байқаса есік көзінде көлбеңдеп біреу жүр. Аяғының ұшымен жүрген күйі есікті сыбыссыз жапты. Тырс еткен дыбысы шыққан жоқ. Жабылған есікпен бірге әлсіз нұр да ғайып болған. Бұл отырған орнынан атып тұрды. Шамасы келсе қашқысы бар. Бәрі де бекер екен. Төсекке таңылып қалғандай әлгіндегі орнынан қозғалмапты.

Есік жақтағы көлбеңдеп жүрген сұлба тура өзіне беттеді. Жайлап басып жанына келді. Бұл кейін шегінгендей болған. Ол барынша жақындай түсті. Бұл сонда ғана барып таныды.

Өзінің Іңкәрі...

Өзінің ұмсына да қысыла созған қолы бір сәт ауада салбырап тұрды да қолаң шашқа барып сіңіп кетті. Ерітіп барады, еріп барады. Бұл қайта сол отқа қақталғысы келгендей бауырына кіре түседі. Өзі ет пен сүйектен жаралмағандай. Жапыраңдап еріген қорғасынша таусылып барады. Таныс та бейтаныс қытық тұла бойын жаулап алған. Енді бір қараса алпамсадай денесі еріп тынып, іңкәріне айналыпты. Өзі жоқ. Бары – іңкәрі.

Өзіне өзі келгенде әлі де төсек аяғында отырғанын көрді. Қол созым жерде, бөлмені ай нұрына шомылдырып іңкәрі жатыр. Әлгіндей емес, қанша жақын тұрса сонша шырқау алыстап кетіпті. Қаншама ұмсынғанымен, қаншама жансебілденгенімен іңкәріне жете алар емес, жете алар емес...

Наурыз сүлдері құрып, тұла бойы дел-сал күйі төсекте ұ-зақ жатты. Түні бойы ұйқы соймай аптап кешіп шыққандай борша-борша терлепті. Денесі бір түрлі можаланып, төсектің де ұйқы-тұйқысы шыққан.

Алғашқыда әке қойнында жатқан қамсыз баладай түс ауғанша төсекте шалжиып жатқанына айран-асыр болды. Артынан көңіл түпкірінен әлдеқандай ашу көтеріліп, тызетпе әйел мінез танытып  ол да басылды.

Түс көргені есінде. Зейінін қаншама жұмылдырғанымен не көргенін көктайғақта тұрғандай дөп баса алмай-ақ қойды. Әлдекім өзін мәңгілік өкінішке қалдырып кеткен сынды, әлдекім ақырына дейін жетерлік қуаныш сыйлап кеткен сынды. Әйтеуір, төсектен тұрғысы жоқ. Өзіне етенетаныс та таңсық бір сезімнің құшағынан босана алсашы. Тіпті сол құшақтан босанғысы келмейтіндей. Бір нәрсеге алаң, бір нәрсеге қуанулы.

Өзінің ұсынысымен ағылшындар кенін алып, жауып кеткен шақтыны қалпына келтірем деп тыраштанып жатқандарына жарты жылдың жүзі айналыпты. Қылует өтіп жатқандар қарқындарына қарқын қоса түскендей. Енді бір секірсе қылуетті іске қосатын сыңайлы. Содан бері не күлкі, не ұйқы жоқ.

Киімдерін жүре ілген күйі телефон құлағына жармасты. Киімдерін жүре ілген күйі ыссы шай ұрттады. Киімдерін жүре ілген күйі сыртқа беттеді. Есік тұтқасын ұстағанда бүгін жылдың жаңасы екендігін есіне түсірді. «Бүгін наурызкөжеге сылқия бір тояды екенбіз» деп қойды. Шығып бара жатып келіншегі Әсемге жұмыста кешіге қоймайтынын айтып үлгерді.

Қашаннан келе жатқан әдеттері. Қалай жылдың жаңасы солай үйде кішігірім той-томалақ өткізеді. Әсіресе, көрші-қолаңдардың ойын балалары бұл күнді кәдімгідей тосып жүреді. Олар үшін не жемедім, не ішпедім дейтін күн осы күн. Кейде тілеулес жігіттері наурыз көженің соңын өзінің туған күніне айналдырып та жіберетін.

Сақи дүние ұзатылар қыздың жасауынан әрмен көз етіңді суырады. Аяқ басуға жарайтындардың бәрі топ-топ болып қыдырып, қалыңдық жасауын көруге шыққандай мәре-сәре. Ең болмағанда көз қиығын тастап қалайық дегендей бір-бірінен бой асырады. Өзінің де бір сәт мына қарайған қарашыл топқа қосылғысы келді. Солар сияқты жұмыр басты пенде болып еменжарқын дауыстап сөйлеп, риясыз күлгісі келді...

Тағдыр бұған күлуді жазбағандай. Іске қосылмаған қылуетті ойлайды. Сонсоң өзінің осыншама босап, бос белбеу болғанына назаланады. Жаңа ана бейқам шат тобырға қосылғысы келсе, енді қашқандай бір күйге түскен.

Жаны жалғыздықты қалайтын сынды. Шақтыға келгенде де әркім-біркімді шақыртып, сабылтқан жоқ. Қолжарық алып, жұмыс киімін алдырғанда әлдеқашан киініп үлгеріп, өзін күтіп тұрған басқаларын көрді. Бұл ешқайсысына тіл қатпастан орталарын қақ жарып өтіп, оқпанды бетке алды. Бастығымызға не жазып қалдық дегендей аңтарылып қалған оларға мойын бұрып қарамады да.

Әйтеуір бір нәрсеге алаң, әйтеуір бір нәрсеге қуанулы...

Мойнақта тұрып әлгілерді бүгінгі наурызкөжеге шақырып қойсам ба деп бір ойлады, артынан шақыртпай-ақ өздері келіп жүр емес пе деп көтеріліп келе жатқан қорапты тосып тұра берді.

Оқпан қорабымен қылуетке жалғыз түскенде бастығын топ адамның ортасынан көріп, тағы да солай көрем деп ойлаған оқпаншы шал мұның соңынан ергендері қайда дегендей оқпан торын бірден жаба қоймай біресе бастығына, біресе оқпан мұнарына тесіліп абдырады да қалды. Тіпті, бастығының ұсынған қолын да алмады. Бұл оған да мән бермеді.

Есін жия келе күйкентай шал бастық балаға не өкпелерін, не бәлағаттарын білмей айран-асыр болды да қалды. Басқалар болса бұл жосық білмейтін мұңдарды айызы қанғанша өзі білетін боқауыз сөздермен бәлағаттап айдынын бір асырар еді.

Шақты болған соң салқара даладағыдай мұнда жалғыз жүруге болмайды. Соны біле тұра бастық баланың квершлагпен аңдыздап бара жатқаны анау, соны біле тұра өзінің опық жеп тұрысы мынау. Қалайда өзінікі  жөн емес. Бастық деп қара басып қалғаны. Әйтеуір, ертең бір сөгіс алатыны анық. Бастық бала аман болса болды. «Бір пәлекет бола қалса жауап беретін өзі».

Ол кенет бастығының артынан тұра жүгірді. Келер сәт қалт тоқтады. Оқпанды қараусыз тастап кетуге болмайтыны есіне түсті.

Алыстан ыстық  ауадан еріген мұздың сарылы келеді. Бұл солай қарай асығып келеді. Әйтеуір, бүгін көңілі алып-ұшып тұр...

Солайынша әжептеуір жер өндіріп тастапты. Квершлагты алқымдап қалғанында сушығырды көруді ұмытып кеткені есіне түссін. Амалсыздан кейін бұрылған.

Оқпаншы шал бастық баланың аман-сау келе жатқанын көргенде талып түсе жаздаған. Етсіз қолымен жүрегін басып ұзақ тұрды. Енді өлсем де жібермеспін деп ойлап үлгергенінше, бастық бала қараңғылыққа қайтып сіңіп жоғалған.

Жағажолмен жүріп келе жатып шойынжолға түсті. Одан кемерінен асқан жүлгіні шалпылдатты. Күні бойы қоныш жағалап келе жатқан су бір кезде үйіріліп, тоқтауы жоқ жүгірістен басы шыр айналғандай боп қонышы қайырылған етігінің ішіне құйылды. Бұл оған да қарамады. Сәл тізе бүксе сыбағасынан қалатындай жүгіре басып келеді.

Онда да осындай түсініксіз жайтты бастан кешкен еді.

Қараусыз қалған қылуеттің оқпанын қайта жарақтағанда жылдар бойы жиналған ұшы-қиыры жоқтайын мұз дүниені көрген. Қылует емес мұзқұрсау сынды көрінген. Жұмыс барысына сырттай қаныға жүріп, мұзқұрсаудың мұрты сынғанда барып қылуетке түскен. Түсер түспестен қалтырап, жаурап қоя берген. Көрдей суық дүние жақындаса мұзға айналдырып жіберетіндей өзін кері итерген. Бұл сонда жанын алып қалар құдырет күш қолжарығындай мұздүниеге сәуле шоғырын бағыттаған. Мынау тажал шашқан мұздүние ақшаңқан жарықтан суқараңғы боп қалатын соқыр аттардай көрінген.

Сонда көрген...

Сүт байлаған  албыраған келіншектей түске енбес малынып тұрған дүние сәулемен шағылысып көз қарыған. Көзінің жауын алған. Алдында бейне мұзқұрсау емес, жақұт пен лағылдың, гауһар мен ақықтың, алтын мен меруерттің қоспасы тұрғандай пенде болып бір сәт пұшайман пенделіктің ырқына беріліп, өзіне жат та ететаныс бір беймәлім күй кешкен. Онда да әлденеге налулы, әлденеге қуанулы-тын.

Өзіне өзі келгенде тас жынысын уатардай ісініп кебінген, үрулі қуықтай тырсылдап тұрған мұздүниенің шыныдай мөлдірлігін аңдаған. Жарық қиялай түскенде мұзқұрсаудың әр жағындағы дүниені қолға ұстағандай танықтаған. Сонда көңіліне үлкен бір ой түйіп қалған. Сонда мейлі балтала, мейлі қылышта, мейлі дәрі қойып ат – көбесін сөктірмей мізбақпай тұрған мұздүниеге шексіз алғысын айтқан. Қожан шал қайтыс болып, әскердегі баласы келгенше бір жеті тұрған мәйіт мұзбен бұзылмағанда ойының түзулігіне сенімі арта түскен.

Бұл сол құпия дүниесімен қауышуға асыққан сынды. Қалай дегенде осыншама көл-көсір мұздүниенің түзілуі тегін емес. Осынша айқар мұздүниенің жыныс қыртысындағы көзге тамызғандай тамшылардан құралды дегеннің өзінде соншалықты мөлдір болуға тиіс емес. Демек қалай дегенде де бұл мұзқұрсаудың бір жерінде алапат көз бар, алапат тас қайнар бар. Бір ғана суға бола шақты қаншама қаржыны желге ұшырғандай болып отыр. Қазірдің өзінде мұз тасқынынан анау-мынау шақтының қажетін өтейтін қосымша бір тоғансу жасалып отыр. Алапат көз ашылса ше?!

Бұл сол үшін қаншама басын қатырды. Жұмыс аяғы көрінісімен мұны да мазасыздық жайлап алған. Ел сияқты креслосында отырып басқармай қылуетке күніне он сан түсіп, шығып жүрді. Мүмкін, өзін осынша дедектетіп, қазір де қолды аяққа тұрғызбай келе жатқан сол – көз болар.

Қабырға белдеуіндегі ортты көргенде тізе бүккісі келді. Қақас жерге келген соң пеш түбінде отырғандай жылы жерден шыққысы келмеді. Оның үстіне отырар орынға атылған дәрі жәшігінің кездесе кеткені бар емес пе? Орт жанға жайлы тигенімен байыздап отырар уақыт қайда?

Алайда ебіл-себіл еріп жатқан мұзға неге барғысы жоқ?!

Ауыш адамдай енді өзін мұнда не жетелеп келгенін түсінбеді. Қол астындағыларын ел сияқты телефонмен тілдесіп жұмсай салмай, астынан су шыққандай өзінің неге жетіп келетініне түсінбеді. Онда да жоқ, мұнда да жоқ мынау аты атаусыз ортта неге отырғанына түсінбеді... Расында да, мұнда несіне жетісіп отыр?!

Күні бойы асыққандай болғаны қайда? Неге асығулы, неге қуанулы?! Жарайды, асықсын, жарайды, қуансын... Ендеше сіркесі неге су көтермей отыр?!

Неге ғана бұл барар жер, басар тау қалмағандай бекіре балықтанып жүреді. Айқай-шуы аз, бар жұмысы бір-екі беттік қағаз шимайлы жұмысынан қашқаны несі?! Арқадағы алып комбинаттағы ортанқол кадрдың бірі емес пе еді?!

Сол жылы орнын тастап, шақтыға ауысып келгенінде пәленшекеңнің баласы қызметте төмендепті-мыс сынды қаңқу әңгімені құлағына да қыстырмаған. Әсем де бөтен мінез шығармай түсіністік танытқан. Құптаған жоқ. Ең бастысы қарсы да болған жоқ.

Жетпей жатқан жоқ. Бәрі де жетеді. Қала берді артылып жатыр. Абырой да жетеді, атақ та жетеді. Бірақ тап бүгін бірдеңе жетпей тұр...

Басы мен аяғын таптырмайтын шым-шытырық бірдеңе. Шытырман. Онсыз да басы қатып жүргенде біреу өзінің ми қабатына шытырман жазып кеткендей ойға алған ісін маңдытпай бедеу ойдың бодауында кетіп қалады.

Өзіне өзі келе алсашы. Мынау алпыс құлаштан асып жығылатын шыңырауға тасқайнар іздеп келмеді ме? Ендеше оны тарс есінен шығарғаны несі?!

Айналасына жіті көз тастап келеді. Оқтай түзу штректің кей жерінде көз бардай көрінгенімен, оған өзінің сенгісі жоқ. Бұл үшін ең әуелі көз керек. Қалайда көз керек. Тасты тесіп шыққан. Тасқайнар...

Төбелер жалаңаштанып та бітіпті. Әр жерден көрінген ақтаңдақ мұздың алапат көзді байлап тұруы кісі күлерлік жайт. Сонда көздің қайда болғаны?!

Қолындағы қолжарығымен төбе, қабырға біткенді адақтап шықты. Жоқ!

Жоқ болуы мүмкін емес! Әлде жоғары кен қыртысында болғаны ма? Оның қанша биіктікте болғаны? Жарайды, сонда ол мұнда қалай көз тауып құйылып жүр?

Ыстық ауа құбыры солқ етті де шыбынызың біржолата өшті. Демек қыр үстіндегілер су деңгейінен асқаннан кейін қосымша сушығыр орнатып жатқан болды.

Оқпан тартып, көз байлаған қалың тұман бара-бара сейілейін деді. Суға айналған ағайындарынан қалмайын дегендей қалың бу оқпанға жөңкіді.

Ертеңгілік әрі-сәрі боп тұрғанын тағы бір көз алдынан өткерді. Кеудесінде бір қоламта бар сияқты. Пысынаған соң қысқа күртешесінің алқымын ашты. Енді ауыртпалық атаулы аяғына түскендей адымын аштырмады.
Жүлгі суы тартылып, топ-топ боп жағаға шығып қалған мұз кесектер қайраңдап тарбаңдаған ақбауыр балықтар тәрізді бір шығып, бір батып қалқып жүр. Өзінің ойлаған ойын шындыққа шығарғысы келгендей мұз кесектері баяу қозғалып, жүлгіге түсіп жатыр. Жай тұрмай аяғымен итеріп біреуін түсірді, сонсоң екіншісін, сонсоң үшіншісін... Мұз кесек балықтар жарыса қалқи жөнелгенде оларға бейне өзі жан бітіргендей аруақтанып, арқаланып кетті. Мұз кесектерін түсіре берді, түсіре берді...

Келер сәт сыйлар жаны түгесіліп қалғандай сұлқ түсті. Мұз кесегінің біреуін қолына алып, суық шекесінен шыққанша отырды. Отыра да берер ме еді...

Жылы алақанда еріген мұз кесегі қолға тұрмайтын балықтайын сусып түсті. Бұл қолына іліккен тағы біреуін ала салды. Шынымен осы балық па дегендейін тесіле қарады. Ішінде әлдене қарауытатын сияқты. Көз нұры жетпеген соң тура ортасынан қаққа айырды. Қақ айырды да өз көзіне өзі сенбеді. Біреу өзінің не істеп тұрғанын көріп қоймады ма  дегендей алақ-жұлақ етіп жан-жағына қарады.

Оның қолында шепшір тұр еді. Иә, иә, шепшір... Әйелдердің асыққанда аяғына қоңылтаяқ іле салатын шепшірі.

Өзіне ететаныс шепшір сияқты. Кәне, енді есіне түсіре алсайшы, кімнің аяғынан көргендігін.

Өзіне бүгін бірнәрсе болғандай. Түс көреді. Есіне түсіре алмайды. Өзі қолымен ұстағандай шепшірдің кімдікі екенін тағы да дөп баса алмайды. Кімдікі, қайдан көрдімнің аяғын түптемей жатып, бұл мұнда қайдан жүрге тіреледі. Оған да жауап таппаған соң шепшірдің оң сыңарын іздеуге көшті, сол сыңары қолына түспегендіктен оң сыңары алысқа ұзамай өзін айналшықтап жүргендей көрінді. Ал кеп қараңғылықты қолжарығымен әрі осқыласын – жоқ, бері осқыласын – жоқ. Бәрібір таппай қоймайтындай әлгінде қараған жерін қайтып адақтап шығады. Сөйтіп жүргенінде жарық жоғарыда сүңгіленіп салбыраған шәуішке түсті.

Ол өзіне қарай қолын жая ұшып келе жатқан аруды көрді. Түсінде көрген іңкәрі. Дәл түсіндегідей екі көзін ләззат тілегендей тас жұмып алыпты. Ашар болса мына қараңғылық айнұрға бөленіп қоя беретіндей. Сол талшыбықтай бұратылған, түсінде өзін қорғасындай еріткен жұтынып тұрған сұлу сымбат. Дәл түсіндегідей үстіндегі лыпасы ұлпа тақымын жабар-жаппас түріліпті. Түсінде қолынан шығып кеткен сол іңкәрінің от-аптап денесі қайыр болмаған өзін табалап, мұнда кеткен өшін мұз құрсауын ебіл-себіл ерітіп алып жатқандай.

Бұл ұмсынып көкке қолын соза бере мұрттай ұшып түскен. Қабырғаға соғылып басы зеңіп кеткендей болды. Оған да қараған жоқ. Үсті-басынан су аңдыздап сүмірейіп жүлгіден шықты. Қолма қол қолжарығына жармасқан. Әне, міне өзін баяғысынша өліп, өшіп құшып қорғасын қылып ерітіп жіберетіндей.

Кенет қорғасын боп еріп бара жатқан денесі мұздап қоя берді.

Іңкәрі іңкәрі емес...

Жоқ, өзінің  іңкәрі...

Іңкәрі...

Іңкәрі емес...

Жазира!

Сол!..

Сол!.. Жазира жеңгесі!..

Көкке созылған қолдар сылқ түсті. Қолдан шыққан қолжарық қараңғылықты доға жасап осқылап барып тасқа түсіп бытшыт болды.

Сүңгіленген әйел денесімен қатар жатқан қарайғанды айғақтағысы келмегендей қараңғылық өзінің қойнына алып, меңіреу күйіне көшті.

Штрек ішін тілін тістеген өлі тыныштық жайлады...

 

***

 

Жер астына алғаш түскен күні бұған бала деп қараған жан болмады. Азамат болды деген осы деп, өз атына қолпаш айтып, қысқа ғана жосық сілтеп, титықтап біткен аттың делбесін қолына ұстата салған. Содан ұшы қиыры таусылмайтын әрі-бері тоқтауы жоқ итің жүріс...

Жүлгі арнасынан шығып, жол қапталын шайып жатыр. Ат тұяғынан түсер-түспестен пайда болатын дөңгелек шұңқырды қайта суға толтырып, тағы да қай жерден із түсер екен дегендей жалақтап алған. Теңкиіп-теңкиіп жол қапталында ұшырасып қалатын қойтастар белуарынан су кешіп, жер тістеп жатқандарынан тұрмайтындай. Қар көріп, не бой көрсеткен көк көріп жарымаған соң жылмағай, көз тартар, не көз тоқтатар қарайғаны жоқ сүреңсіз көріністен көз де қажиды. Қарыншашы алынған баланың басындай жылмиып жатқан дүние...

Сыртта шілденің қолқаңды суырып алар аптабы тұрса мұнда қансалқын. Кешелері тандырдың деміндей бет шарпыған ыстық жел тұрғанда шыбын жанын сыйғызар салқар дүниеден сая таппай құрақ ұшып сандалғанына қарағанында мына көрдей қап-қараңғылық – жер асты тұла бойға дел-сал рахат жүргізіп, жұмақтың қақ төрінде жүргендей әсер қалдырады.

Жердің үстінде жүргенде телпегін теріс айналдыра киіп, ешкімге де көзінің қиығын салмайтын кеудемсоқтардың өзі мұнда жынын алдырған бақсыдай момақан күйде жүреді. Мұндағылар жеті қат жер астының есеп айырысатын жер еместігін ең алдымен өздері біліп, бүкіл жан-тәнімен сезініп тұрады. Қырда бір-бірімен дүрдераз пендең жер астына түскеннен кейін бәрін тарс есінен шығарады. Он сегіз мың ғаламның бір-біріне сүйеніп тұрғанын осы жетіқат шыңыраудан айқын түйсінесің. Соның бір тіреуі орнынан жылжып кетсе ең алдымен өзекті жанға қауіп. Сондықтан мұндағылар бір-біріне тілеулес болып жүреді. Мұнда бас сауғалап болмайды. Өзіңнің амандығыңды ойласаң ең әуелі серіктесіңнің амандығын ойлауға тура келеді.

Мұнда сайын даладағыдай желбір жекендеп жүруге болмайды. Сенің әйтеуір біреуге тәуелділігіңді осы шақтыда жүріп білесің. Сен ең алдымен серіктесіңнің амандығынан тәуелдісің, ол да сондай. Ол да сенің қамыңды ойлап жүреді.

Жер астының жарығы болмайды. Көктің жарығы қырда қалған, мұндағы жарық көңілдің жарығы. Сол тас қараңғылыққа қарамастан ел жүрер жолын біледі, бағытын сұрамай-ақ айырады.

Мұнда шойынжол бар. Оны өздері балақ жол дейді. Оның өзі айтарға ғана. Мұндағы жол қырдағыдай түп-түзу емес, шалбардың балағындай бұралаң. Сонда да бұлар көштен қалып жатқан жоқ. Алар кенін алып жатыр, берер кенін беріп жатыр.

Мұнда ешкім де жалғыз жүрмейді. Өзі де жалғыз емес. Жанында аты бар. Мұның серігі адам емес, адамға бергісіз ат. Жарықтық бәрін айтқызбай-ақ түсінеді. Ол сені бағып тұрады. Көзі көрмесе де. Бәлкім, оның үшінші көзі бар ма екен?

Ақал дейді ондай көзді. Көзі басыр болса да көретін жандар бар, ақал дейді соларға қаратып.

Шақты төрт ауысыммен істейді. Әр ауысымда жегінде бір-бір аттан болады. Қыр үстінде атқора бар. Тап сондай атқора жер астында да бар. Онысы аран пен өжіреден ғана тұрады. Араннан қысы-жазы шөп үзілмейді. Өжірелер де бос тұра бермейді. План керек болғанда ауысым жегінінде ондаған ат жүреді. Олардың әрқайсы балақжолдағы өз орындарын біледі. Оларды үйретіп керегі жоқ, олар бәрін айтқызбай істейді.

Кенді вагонмен тасиды. Вагонның толғанын жазбай таниды. Сен белгі бергенше тартып отырады. Гудок аңырады екен, бітті, вагон алдына келіп тұра қалады. Қайтып гудок аңырағанда ол да шақтерлермен бірге жұмысын тоқтатады. Оған енді вагон сүйреткізе алмайсың.

Аттарды шошаңдатып жер үстіне шығара бермейді. Шақтының аяқжолы қашанда су болып жатады. Соған байланысты тұяқ сүйегі өсіп кетеді. Оны жону үшін қыр үстіне шығарады. Басқа уақыттың бәрінде жер астында болады.

Шақты астындағы жылқының бағып-күтімі жылқышының мойнында. Бедел жағы десятниктерден бір де кем емес.  Өздерін қонық дейді. Старшай, младшай болып бөлініп жатады. Мұндағысы старшайы. Оның қашан ұйықтап, қашан тұратынын ешкім де білмейді. Білетіндері әйтеуір жылқы жарықтық қашанда орнынан табылады.

Майданнан келіп шақты жұмысына жегілген аттар да баршылық. Олары әбден тақыстанып алған. Өмір бойы шақты жұмысында жүргендей жүрістерінен жаңылмайды. Іштерінде Орлов тұқымдары да бар. Бөрене аяқ онысы қанша вагон тіркесең де тарта береді. Буденовка дегендері де бар. Атауында тұрғандай орыстар жағы оны маршал деп әспеттеп жатса, қазақтар да бақанаяқ деп қалыса қоймайды. Өздері қозғалмаса тұрған орнынан қозғалта алмайсың. Лайсаңмен жүргенде кәдімгідей лай атып отырады. Сондай боқсаңнан айдаушы балалардың жылтырап көзі ғана жүреді.

Маңдайының тайқылығынан болар бұған екеуі де бұйырмады. Бұған бұйырғаны кәдімгі қазақысы. Ақшағаттықтар оны да Бодықтың көгі деп аспандатып отырады. Бодық деп әспеттеп отырғандары осы елдің батыры, боқты байы. Батырдың жауға мінген қылқұйрықтары шақтер болады деп кім ойлаған.

– Көк, – дейді.

Қалғаны түсінікті. Бұл да бір есті мал.

Міне, қызық, бұған бұйырғаны сол батырдың Көгі екен. Көгі болғанда ат емес, биесі. Езулеп көрген емес. Қарашылдығы да шамалы.

Жер астына не үшін түсіргенін білетін сынды, жарықтық. Қамшы көтертпей тартып отырады.

Қырдағы жылқылардың бәрі бірдей жер асты жұмыстарына жарай бермейді. Жараса жаңағыдай желбуаз, өкпелері тесілгендері ғана жарайды.

Жылқы жарықтықтың жөтелмейтіні белгілі.

Өзі де солай ойлайтын. Онысы бекершілік екен.

Жөтелгенде кәдімгідей адамға ұқсап қылғынып жөтеледі. Сондайда жаны шығып кете жаздайды. Ондай жылқыны сол күні-ақ қыр үстіне шығарады. Сойысқа шығарады.

Шақты жанында асхана бар. Онда шақтерлердің тормозогын дайындап отырады. Тормозок  деп кәдімгі тамақты айтады. Оның ішінде міндетті түрде ет тағамы болады. Жұмыс арасында қолдары қалт еткенде сонымен қуаттанады. Көлденең жұртқа дәндібай да жоқ. Қалтаңды қағып шығарған ақшаңа да ала алмайсың. Тамақ талонмен босатылады. Ал талон тек шақтерлерде ғана болады.

Кейде осы шақтерлердің барлығы шақтыға талон үшін түсе ме деп келте ойлап қалатыны бар. Өйткені талон соңында бала-шағалар жүреді. Тесік өкпе шақтерлер солайша өз аузынан жырып, бала-шағасын ас-суанымен де асырайды.

Міне, қызық, бұлардың өкпе ауруын силикоз дейді.

Онымен, әрине, адам ауырады. Жер астындағы. Шақтерлер.

Одан кейін жылқы жарықтық.

Силикоздан жылқы оңалып кетті дегенді естімепті. Сондықтан да оны пышаққа жығады. Адамның да оңалатыны шамалы. Силикоз болса да сүйретіліп жүре береді.

Бұл өкпе ауруы. Суық тимеген. Ешкімнен ештеңе жұқпаған.

Шаң қапқан. Кенді шақтерлер шапқымен омырады. Содан шыққан шаң көз байлап сейілмей тұрып алады. Жерасты желдеткіші дегені оны желдетіп тазалап үлгермейді. Содан барып өкпені шаң қабады. Бұл бір шаң болғанда тозаңы. Одан өлсең де құтылмайсың. Шаң деген жел үлп етсе сейіледі ғой. Ал тозаң болса қуыс атаулыны бітейді. Мұрын қуысы, ауызы қуысы қашанда солайша кермек татып тұрады. Үлкендерден құм жеген дегенді еміс-еміс еститін, солары рас болып шықты. Бұлар тозаң жұтады.

 

***

 

Қырдың құдырет қасиетін оқпан түбінде тұрып бір жұтым ауасын жұтқанда түсінгендей боласың. Алдыға әйеншектей басатын көткеншек жануар осыны түсінегендей оқпанның қашығына қарамастан бір жұтым ауаға бола вагондарды шірене тартатындай.Әлгінде ғана титықтап келе жатқан жануарға осынша күштің қайдан келетінін түсінбейсің. Бәлкім, мынау зілмеауыр вагондардан тезірек құтылғысы келетін шығар. Бәлкім, оқпаннан есер саумал ауаға асығатын шығар. Қалай дегенде саумалда көк исі бар ғой...

Бәрібір. Аттың қазіргі саумал ауамен алар тынысы да, вагондардан босап аяқ суытары да сәттік қана. Вагондар оқпанмен әрлі-берлі көтеріліп түскеннен кейін қайта жегіледі.

Сондайда жануарды аяп кетеді. Апасы қалтасына тықпалаған малтаны шығарып, аттың аузына итермелейді. Жануар сонда тұрған орнынан қозғалмай қайзап ұзақ тұрады.

Алғаш шақтыға түскенде шөлдегені бар. Бұл шөлдің қысысы атымен бөлек еді. Әйтеуір бір қанбайтын шөл. Кейін білсе ауа жетпегендіктен шөлдейді екен. Ал суда еріген оттегінің болатыны белгілі. Кейін оған да үйреніп кетті.

Шақты аттарының жаныңды ауыртатыны түн мен күнді айыр алмайтындай басырлығы. Көзі орнында, еттенбеген, шеміршектенбеген, тіпті қарашығы да орнында. Алайда көрмейді. Көрмесе де әйтеуір бір күшпен өзінің аяқ жолын өзі табады. Қыр үстіне шығарып, бас жібін алсаң болды үйді тауып барады.

Оның үстіне қасабалы қатындай көрік пен сымбаттан жұрдай. Тарпаң жарықтықтар жылқы мінезінен ада-күде, мәстектен жаман осы сынық тірліктеріне бойұсынып кеткен. Сарықтарын басқанда да мәстектеніп тұрады. Осынау титықтаған түрлеріне қарап жарым жолда төрт аяқтап теңе түсіп, тұралап қалар дея ойлайсың. Жоңышқа арасында жиде кешкендей қанталаған аяғын көргенде аза бойың қаза болады, сондайда атты шалмадан босатып жібергің келеді. Ойыңның ағат екенін біліп, енді не амал тапсам екен деп абдырайсың. Сол кезде ойыңды оқып қойғандай танауын делдите ауа қарпып, ышқына жөнеледі. Мейлі, тағы бір онын тірке, бәрібір тартып кететіндей. Сенің әлгі келтірген күпірлігіңді бекерге шығарғысы келгендей  құр тартып ала жөнеледі. Сенің мүсіркеуіңді көтере алмайтындай.

Осы тірліктері бітпейтіндей болып көрінеді. Алайда оны өзгерте қоятындай жақын маңда ешқандай күш жоқ. Сол тірліктің тоқтайтын сәті де болады.

Гудок...

Гудок үніне дейін жер түбіне айдасаң жүре берер жарықтықтар гудок үнінен кейін аяғына жем түскендей қарыс қадам ілгерлемейді. Мұндайда қамшыдан да қайран кетеді.

Басына бостан алған жарықтықтар шұрқырай кісінесіп, қылует  ішін азан-қазан қылып, еркіндік пернесін сөйлетеді. Қала берді шалмадан босанар сәтті тыпырши күтіп, гудок үнінен қақас қалғандарға хайуанат та болса «кезектерің аяқталды, қайтыңдар» деп күлдір-күлдір кісінеп тіл қатады. Сонан әлімсақтан лайланып ағып жататын жүлгінің әлем тапырығын шығарып, оқпанға қарай шаба жөнеледі.

Гудок аңырады.

Тағы бір жұмыс күні аяқталды.

Өз міндеттерін өтегенін білгендей қолдағы карбид шамы да бұйраланып жанбай, жалп-жалп етеді. Енді болмаса бұларды, бұларды болғанда өзі мен көмекші баланы көзге түрткісіз қараңғылықтың қойнына тастап кететіндей «бол-бол» мен «тез-тезге» алып асықтыра түседі.

Қылуеттегі аттардың шоқырақ шабысынан кейін қайта тыныштық орнап, шапқылар мен балғаның соңғы шақылы да сап тиылып, бара-бара өлі тыныштық орнайын деді. Селкеу, селт еткен көлденең сыбыс жоқ. Таң алдындағы жылқы жусар тыныштық. Ең соңы бүлкілдеп ағып жататын жүлгі де дыбыссыз ағып, жүйкеге тиеді.

Алғашқыда әрлі-берлі жүрістен аяғы қан қақсаушы еді, енді екі қолы салдырап түсіп қалып жүр. Бұл намысқа тырысады. Жұмыстан шаршап, шалдығып келсе де бірден жантая кетпейді. Артық-ауыс үй шаруасын тындырып барып тізе бүгеді.

Екі иығы тағы да саудырап қалыпты.

Екеуара бір шам.

Өзі алдыда.

Көмекші бала артта...

 

***

 

Ондада  осылайша екеуі келе жатқан. Қожан алдыда, өзі артта-тын. Ілби басып, апасының айтқандарын пысықтап келе жатқан. «Қазір сауысқаннан сақ болатын кезің, бір шоқып екі қарағайсың. Аллам да пендесін сақтанса ғана сақтайды. Мүшел жас ықылым заманнан жертартар болып саналады. Сол мүшел жаста тұрсың. Наурызкөжеге ілігіп кетсек әр жағында ақ та шығып қалар».

Қайран, наурызкөже!..

Бұлар наурызкөже татпағалы үш жылдың жүзіне айналыпты. Ауыздағы дәмі сонда да кетер емес.

Апасының меселін қайтарғысы жоқ. Не айтса да көтеріп алады. Кейінде тіпті шікәмшіл болып алған. Қаңтар көкесінен қарақағаз келгелі уһілеп бір орында отыра алмайды.

Өлімсіреген жарықтарын өшірген. Доғал бұрылыстан өткенде ауысымы аяқталған шақтышлардың он сан жарығы мен мұндаалп жамырап қоя берген.  Бұрынғыдай емес, бүгін Қожан да тістеніп алыпты.

Бұл да жақ жазбады. Оқпанға жақындап қалған соң бұл амалсыздан сөз бастаған. Ертеңгілік жұмысқа келе жатқанда қасқыр көргенін, өз жолымен кетпей біраз соңынан ергенін, сонан үйге жалғыз қайтуға жүрегі дуаламай тұрғанын жеткізген.

Қожан тырс етіп үн қатпады. Оқпанға келгенде ғана мырс етті.

Ішқұрылысының бір жері үзіліп түскендей болды. Сонан қорынсын. Дүниеге пенде болып келген соң өзін дәл өзіндей пендеге қорлатпау керектігін сол жолы түйсінген. Безбендеп қараса адам үшін ең ауыр жаза қорлау екен. Қорлаудың дәулет, бақ, даңқ асырумен ғана емес қарапайым сөз асырумен де астас екенін сонда бағамдаған.

Сол өлердей қорынған күйі қырға шыққан. Батар күнді байлап болмайды, мұнда да қараңғылық белең алыпты. Кеудеңе қорқыныш үйелетеді.

Қожанды іздеген.Кетіп бара жатыр екен. Барақтан қияс барады. Жесірлерді төңіректегені ғой. Ал кеп Қожанға ит жыны келсін.

Қожан бір аяғын жарым жартылай беріп қайтқанда бұл сонау өздері қарауылтөбеге айналдырып алған Найзакескеннен тосып алған. Майданнан тап бір Қаңтар көкесі оралғандай өті жарыла қуанып еді. Сол жолы сүйіншілеп өз үйіне жүгіргені де сондықтан шығар.

Майданнан шақты алып қалған ауылдың итақай еркектерінің әңгімесі көрпе асты ғаламаттарынан аспайтын.Қайсыбір дарақылары өзін көңілдестеріне сүйреп те көрген. Бұл сонда өзі жақсы көретін Жазира жеңгесі бар, барша әйелдерді жек көріп кеткен. Қылмысы бар келіншекті көрсе алыстан айналып, жақыннан ұшырасып қалса көзін төмен салып өтер еді. Қылмысты олар емес, өзі істегендей өзін ыңғайсыз сезінетін.

Мұндай әңгімелерге Қожан араласпайтын. Әрі-беріден кейін қатқыл сөзге барып, тиып тастайтын. Сөйткен Қожан барақты бетке алып барады.

Сонда кешегі Жазира жеңгесінің, көрші отырған Алау, басқа да жесірлердің өз шаштарын өздері жұлып, Құдайдан өздеріне өлім тілегені жалған болғаны ма?!

Содан бастап бұл ауылдың барша еркек кіндіктерін жек көріп кетті. Майданға бармағандары үшін жек көрді, жесірлерді тәлкек қылғандары үшін жек көрді...

Сол түні аспанға бір уыс күміс шашып жібергендей әр жерден жұлдыздар көрінген.

Апасының нар жігіттің аузында тәуекел жүрер деген сөзі сеп болып, ауылды бетке алған. Сол тауабы жарым жолға ғана жеткен.

Ендігі мұның жауы тыныштық, бұл күні бойы қасқырдан емес осы тыныштықтан қорқып келе жатқандай. Апасымен тілдесіп отырғандай мүшел жасты таратады, жыны келіп Қожанды қыжыртады, соңынан қанша жақсы көріп тұрса да Алау жеңгелерін жазғырады...

Жермешел үй сол күні өзіне жеткізбей-ақ қойсын.Өзімен жасырынбақ ойнағандай қараңғылық жерарқаны бір қапталына алып, көрсетпей-ақ қойған.

Міне, алаөкпе болып ұшып келеді. Ұшып түсті. Қазір мұның қолын қол, бұтын бұт қылып шабақтайды...

Сан мың құмырысқа жыбыр аяғынан басына, басынан аяғына түскен...

 

***

 

Жер-көктің бәрін қараңғылық басып алған. Жарық дүниеде бірін бірі көкелеп жүрген өзекті жанның барлығы да жер астына түскен соң өзгеріп сала береді. Жөн-жосықсыз ашу шақырады. Бас-көз демей жылқы жарықтықты төпелейді. Қала берді мұндағы тас та, темір де бет-аузыңды жырып, ең құрығанда күйелештеп қалады.

Алдында көлбеңдеп кетіп бара жатқан көлеңкені қуып жеткен. Кертөбел екен. Бұрнағыдай емес, жүні жығылып, аяғын әйеншектей басады. Өзінің дыбыс қайырғанына селт еткен жоқ. Қалтасын қанша адақтағанымен оны алдандыра қоятындай ештеңе таппады...

Кейінгі кезде Қожан Жазира жеңгесімен әмпейі екен деген қаңқу сөзді бұл да естіген. Әлгіндегі ойы соның өтеуі. Іштей жеңгесін өлердей қызғанады. Барша еркектен. Ал Қожанмен арадағы әңгімеге сенгісі жоқ. Алайда  сол әңгіме шығып тұр.

Штректен су жалдағанның шалпылы естіледі. Бұл Қожан келе жатыр деген сөз. Шалпылдатып тек сол ғана жүреді.

Ол бөренелердің ортасын ала отыра кетті. Араларында ештеңе болмағандай. Тіпті өзінен де ерте келген бұған таң қалмады да.

Екі-үш жерде екеулеп жүріп сына қақты, екеулеп жүріп тіреулерді қиюластырды. Ендігі қалғаны қаққан қададай шошайып үркерленіп тұрған тіреулердің басын көлденең мәткелермен жауып қосу. Тіреушілердің құйтырқысына көнбей, жүйкелеріне тиетін жұмыстың біреуі осы. Мәткелер ұзынды-қысқалы болып, көзеген жерге дөп түсе бермейді. Оларды жоғарыға шығарып, қайта түсіру, қайта өлшеп, қайта кесу адамды қарап тұрып шаршатады. Мұндай өніксіз жұмыстан екі қолыңды төбеңе қойып, тентіреп кеткендейсің.

Жолтемір траншқа дер уақытында жеткізілген. Бірақ оған бұлар асыға қоймады. Ең алдымен күні бойы қол байлаған мәткелерді қиюластырды.

Жолтемір бірінші көріп тұрған ноқайы емес. Біріктіргінің біреуін алып, тартып отырған. Траншқа тартатын жолдары отыз қадамдай жер.

Жолтемірдің біреуін көзінен іліп енді тарта бергенде Қожанның өзін шақырған дауысын естісін. Артынан оның ыңырсыған дауысын естігендей болды. Бұл қолындағысын ата жөнелген. Шалынып қалып, құлап та қала жаздады. Тұра салып ұмыт қалған карбид шамына жүгірсін.

 

***

 

Дікіңдеп тұрып алатын десятникті көрді мұның ит жыны қозып қоя береді. Тіреулеріңнің астына сына қағасыңдар деп, біріктіргілеріңнің-ақ жетпейді деп, көлбеу мәткелерің біркелкі емес деп, әйтеуір бір пәлесін төндіреді де тұрады.

Қожан жарадар болғаннан бері ұйқы да азайған. Таң атпай тұрып оқпанды бетке алады.

Оқпандағы өлеусіреген жарық бұл кім дегендей бір жалп етіп, өзін қараңғылыққа итермелейді. Жарық үзілгенде барып, қолдағы карбид шамына от беріп қылуетті әрі бойлайды. Ауысым соңындағы қопарылыс дүмпуін естиді. Гудок үнін тағатсыздана күтіп бара жатқан Кертөбелді ұзатып салады.

Кеше қансорпасы шығып түсірген нән бөренелердің біріктіргілерін ағытты. Олардың ұзын саны жиырма жеті. Не кемімейді, не артпайды. Біреуі жоғалды дегенше Қожан болса оны таппай қырға шықпайды.

Біріктіргі санаулы. Күнделікті тіреу жұмысына отызын ғана береді. Оның өзі күнде қолға тие бермейді. Кейде ескі тіреулерді жарып алуға тура келеді. Кейде ойламаған жерден өздері ұшырасып жатады.

Қожандай тіреулерді қиюластырып, жымдастыратын тіреушіні мүтіл шақтыдан таппайсың. Өзі айтқандай-ақ қала салып жүретін адам. Оқтай түзу штректер осы Қаңтар көкесі екеуінің қолынан шығыпты. Соғыс болмағанда шынымен қала салып жүрер ме еді?!

Баршылық болса бәрін айқай-шусыз бітірер ме еді?! Алайда, жоқ... Біріктіргі де, бөрене де, шеге де... Мұнда бәрі санаулы. Соны біле тұра десятник шамдарына тиеді. Ерегістіре берсе Кертөбелге кете салады...

Шақтыда жер асты көліктері жетісе бермейді. Әрбір жегін атқа бес вагон ғана тіркейді. Ал жер астындағы вагондардың ұзын саны жүздің үстінде ғана. Ат аз да, вагон көп. Соған орай әлді аттарға жеті-сегіз вагон да тіркеле береді. Шақты басшылары оны көріп жүрсе де көрмегенсиді. Жегін аттардың барлығы да осы Ақшағаттан. Ішінде биелері де бар. Бұлардікі Кертөбел. Бие. Қыр үстіндегі жұмыстардан аспайды.

Әлгінде десятник тағы да қыжыртып кеткен. Жүріп келе жатқан штрегің үйдегі жеңгеңнің аяғындай деп. Көмекші бала тырқылдай жөнелген. Ал өзінің ит жыны келсін. Десятник әлгі сөзімен Қожанның ширегінен келмейсің дегенді айтып тұр еді.

Бұрғышылар үшін транш өтудің, тіреушілер үшін оған тіреу жүргізудің машақатынан гөрі қаупі көбірек. Сауысқан сақтықпен жүрмесең төбеден, не бүйірден сауып түсетін тастың арасында мүшеленіп қалуың қас пен көздің арасында. Осыған қарамастан аяқтыға алыссынатын жер өтіпті.

Жұмысқа жойыт деген Қожанның өзі мүшеленіп қала жаздаған. Онда да траншқа тіреу жұмыстарын жүргізіп жатқан. Қожан табиғатынан мазасыз болатын, сол мазасыздығынан бейнет көре жаздады.

 

***

 

Қожанды суқаны сүймей жүрген кезі.

Үйге бас сұққанда аяқ асты жиналып қалған ауыл адамдарын көріп, денесі тітіркеніп қоя берген. Осындай апақ-сапақта соншама адамның жүруі тегін болмаса керек-ті. Мұндай жиындардан жүрегі әбден зәрезап болған. Үйге бас сұққанда ғана жүрегі орнына түскен. Апасы мен Жазира жеңгесі қазан-ошақ жанында жүр екен. Төрт көздері түгел сияқты.

Сонда да бұл абдырап қалған. Өзін біреулер жиен деп шақырғанда таңырқанысы одан әрмен күшейген. Сонда ғана малдасын құрып, төрде отырған Қайдауыл нағашысын көрді.

Біраз көр-жер әңгіме айтылды. Дастарқанға бата қайырылды.

Сонда да дастарқаннан тұрған адам болмады. Апасы да, Жазира жеңгесі де отырған орындарында қалды. Артынан күңіренген, жер түбінен шыққандай нағашысының дауысы шыққан:

– Шырағым,  Қаңтар қарағымның соңынан ере шыққан мына қайныңның етегінен ұста... Қалғанын бір жаратқанға тапсырдық...

Бұл алғаш ұқпай қалған.

Басы омырауына түскен Жазира жеңгесі қыстығып жыласын.

Бұл үйден ата жөнелген. Айдалаға. Жүгіріп келеді... Жылап келеді. Кәдімгідей дауыс салып...

Жылай-жылай көз жасын тауысты. Өзінің Найзакескен түбінде отырғанын көрді. Қаңтар көкесінен қарақағаз келгенде осы Найзакескенге келіп жылап алған.

Екі тізесін қаусыра құшақтаған күйі ұзақ отырды. Отыра-отыра мына дүниеге сыймайтындай болып көрінген делқұлы күйінен арылды.

Орнынан тұрды. Құлдимаға тас лақтырды. Сонсоң барып ауылдың барша еркегін сыбап шықты. Көлденеңнен бала сүйген қатындардың атын атап тұрып бірін де қалдырмады...

 

***

 

Сол тұрған күйі ауылға көз салды.

Сол тұрған күйі шақтыға көз салды.

Найзакескенге дейін ирелеңдеп келіп, одан әрі атылған оқтай ата жөнелетін қамыссаптанған жолға түсті. Осылай тарта берсе Адыр стансасына жетеді. Одан әрі қарай теміржолдың өзі жеткізер...

Ақшағаттан ұзағанымен, Адырдан аспады. Ондағы уайонкомды бірден-ақ тауып алған. Бұл соғысқа жарамайды екен. Болмаған соң үйдегі жайтты да жайып салған. Құлақ асқан жан болмады. Немістерді баудай түсірмек болған ниетінің жүзеге аспағанына опынды.

Сыртқа алып шықты. Өз көзіне сенсе, кәне? Көктен түскендей болып Жазира жеңгесі мойынына оратыла кеткен.

 

***

 

Майдандағы жағдай жақсарып, елдің жығасы қайта көтерілген.

Ауылда соғыс басталғаннан бері бірінші рет наурызкөже берілді.

Дәл сол күні Кертөбел биелері құлындады.

Сол күні бекінбей келген нәрсесіне бекінсін.

 

***

 

Сол күні ауылдың үлкендері мұны тағы да ортаға алған. Екінің бірі деген олар. Не ағаңның орнын басасың, не Жазира жеңгеңнің басына азаттық бересің деп.

Кешке Қаңтар көкесінің үйіне аяғын санап басып бара жатты...

 

***

 

Ел аяғы басылған соң самбыр-самбыр әңгіменің арты күбірге ауысып, сонан біржолата өшті. Бөлмеге кіруі кіргенімен ортаға жетер-жетпестен қалт тоқтады. Солай қанша тұрғаны белгісіз. Өзін біреу жетелей жөнелгенде соңынан еріп берген. Біреудің Жазира жеңгесі екенін біле тұра соған сенбегендей күй кешсін.

Жазира жеңгесі ыдыс-аяқ жуды ма-ау, ас үйді тазартты ма-ау, әйтеуір күйбеңдеп жүріп алды. Бұл таң атқанша солай жүре берсе екен деп тіледі.

Жазира бөлмеге енгенде бұл манағы орнынан төсекке байланып қалғандай қозғалмағанды. Жеңгесі жанына келді. Бұл шегінгендей болды. Солай ұзақ отырды.

Біраздан кейін өзіне өзі келген. Жеңгесі тұрып кетіпті.

Кенет құлағына көйлек суылы келді. Шешініп жатыр еді жеңгесі. Сонан өзі де көрінді.

Ішкөйлекшең алдына келді. Денесі тітіркеніп қоя берсін.

Ол тағы жақындады. Бұл тағы да шегіне түскен.

Енді барар жер жоқ еді.

Мойынынан тас құшақтап алды...

Ағыл-тегіл жыласын.

Жеңгесіне қосылып өзі де жыласын.

Қорс-қорс етіп...

 

***

 

Сыртқы есік қағылды. Іштей жаратпаған.

Қақпаны қатты ұрғаны соншалық екеуі де орындарынан атып тұрған.

Есік ашылып екеу кіріп келген.

Оттық талы сөне берген соң жершамды тұтатқан.

Есік көзінде Қожан мен Қаңтар тұр еді.

 

***

 

Көкесі екеуі келгенде Қожан қазаншұңқыр басында тұр еді.

– Осы жерге келгенде Жазира зым-зия жоғалып кетті, – деді Қожан.

Не сұмдық болғанын бұлар енді түсінгендей болған.

 

***

 

Көкесінің ауылға басқа майдангерлердей оралмауын әркім әр саққа жүгіртті.

Майданнан қашыпты, дезертір көрінеді деген де әңгіме шыққан. Үш күн бойы Қожан екеуі құлдаманы төңіректеп шықпасын.

Таң сыз бере апасы оятқанда Қаңтар көкесімен тізе қосып отырған Қожанды көрді. Алдарында оралғы жатыр еді.

Бәрі ауыл сыртындағы қорымды бетке алғанда бар жағдайды түсінген еді.

Сол күні Жазира жеңгесін жерлегендеріне сенімді еді.

 

 

Қазақ тілінде жазылған