Адам қарады: 212 | Жарияланды: 2018-09-03 12:20:28

Нар идірген

Қысқаметрлі фильм

 

 

«Өнердiң өмiрден айырмашы­лығы – өнер өмiрден үйренбейдi. Оның жаратылыстан болмаса, өмiрден алар дәрiсi жоқ. Өнердiң өз өткенi, өз бүгiнi, өз логикасы мен динамикасы бар».

 

Асқар Сүлейменов

 

 

Пролог

Күркіреген ақжал толқын боп жатқан өзенге жас бота ағып бара жатады. Шарасыз енесі (іңген) өзенді жағалап жүгіреді.

 

1-эпизод

Ымырт. Қоңыр бұйра таулар. Көктемнің көгілжім тұманы даланың анық қай жер екенін бірдірмей беймәлім, тылсым күйге бөлейді. Ылдырмақ-шылдырмағы тағылған оншақты түйеге мінген, кейбіреуінде тіркеме түйелері бар шағын керуен баяу жылжып келеді.

 

2-эпизод

Иен таулардың бұйығы қолтығына құныса қонған қоңырқай көне тамдар. Шағын қыстақ. Қыстақтың маңатында боздаған, күрк-күрк жөтелген, күрт-күрт күйіс қайтарған шудасы әлі түспеген сабалақжүнді түйелер. Аулақтағы таулармен түйе өркештері астасып бұйрланып, коңыр толқын боп көрінеді.

 

3-эпизод

Шағын тамның ішіндегі екі адамның күйбеңі. Кекселеу әйел (отанасы) шуда иіріп, балшықтан соққан мештің түбінде отыр. Кешкі тамақтың қамын күйттеп, осы үйдің бойжеткен қызы да түйтіңдеп әлек. Бірақ құлағын әлсін-әлсін сыртқа тосады. Қыздың жүзі сынық. Әдемі қара көзінің алды сора-сора жас. Отанасына білдірмей тығылып жылайды. Қызының жылағанын байқап қалған шешесі, иіріп отырған ұршығын тақымына басып, ол да сырттан тың тыңдады. Аулақтан әлдебір зарлап жылаған дауыс талып естіледі. Осы кезде тыстан отиесі кіреді де қыздың жанарындағы жасты байқап қалады. Ол отанасына қарайды сұстанып. Ол сыртағы дауысты тыңдайды. Отиесі де тың тыңдап состиып тұрып қалады.

 

4-эпизод

Топ түйенің шет жағында боздап зарлаған бозғыл сары іңген тұр. Адам секілді дір-дір етіп, зарлап жылайды. Отиесі бір топ түйені  қыстақтың маңынан ұзатыңқырап «ат-шу» деп айдап салды.

 

5-эпизод

Дала. Түн. Арагідік бақырған түйе. Шағын керуен бір қалыппен, ырғалып жүзіп келе жатқан су бетіндегі қайық секілді жылжып келеді.

 

6-эпизод

Төбеге шынжырмен іліп қойған дәлеңкедегі біліте шамның жарығын отанасы өшірді. Үйдің ішінде бозамық қана жарық бар. Оң жақ нарда әдемі келген қыз жатыр. Басын болымсыз көтеріп, тағы да тың тыңдады.

 

7-эпизод

Таң. Дала қоп-қоңыр. Қар жоқ. Қыстақтың шетін-ала жартылай ашық шатырдың астында жәрмеңке қызды. Аң терісі, қолөнер бұймдар, қытайы маталары, ираны қалы кілемдері. Үнді шайлары... Бір шетте келең қыз-бозбала, қыз-келіншектер басына шалма салған бір сайқымазақтың қызығын тамашалап, үймелесуде. Бір-екі сиқыр көретті. Сосын тағы бір-екі өнерпаз қолдарында аспаптары бар, күй шертті. Жұрт күйге ұйып қалыпты. Жастау жігіт бір қызықты күй тартып еді, түні бойы бозінгенді аяп жылап шыққан қыз да уанып, тіптен күйшіге елітіп алыпты. Қыз болымсыз жымың қағады. Ол да мұның әсем жымиысына елітіп, күйімен баурай түсті.

Сосын шардаққарын мосқал керуенбасы, мұртын ширатып қойып:

– Ал жәмиғат, алған бұйымдарың игіліктеріңе жарасын! – деді де өз жалшыларына бұрылып:  – Керуенді қозғаңдар, – деді.

Осы кезде манағы күй шертіп отырған егде күйші кенет серектеп, дірілдеп, аузынан көбігі ағып, талып құлап түсті. Керуенбасы тамырын ұстап көрді де басын шайқады. Сосын шарасыз «әумин» деп бетін сипады.

Әлдебір кәрі әжелер көздерін сүртті.

 

8-эпизод

Керуенді тоқтатып қойып, бір топ ерлер ақымдап қазылған лақат қабірге әлгі бейтаныс адамды өзінің үстіндегі ақ дамбал, ақ жейдесімен жатқызды да қасына өзінің күміс белдігін, қысқа кездігін, қолындағы домбырасын қосып көміп тастады. Жұрт кейін шегінді. Жас күйші (шәкірті) ғана меңірейіп қалып қойды. Бір жалшы оны сүйрелеп жүр деп еді, меңірейіп отырған күйі отырып алды. Керуенбасы қолын бір сілтеді де керуенді бастап иен түзге жөнеп берді.

 

9-эпизод

Төрт адам үнсіз ет турап, шай сораптайды. Отанасы мен отиесі қыз бен қонақ жігіттің бір-біріне қарай беруін аңдап, жақатпай қарасыты. Жігіт өзінде қалған шағын жолдорбасының ішінен бір қолайнаны алып,  қызға ұстаты. Үй иелері сәл жібіп: «рақмет» дегендей мәзірет жасады. Қыз мәз болып қоржын бөлмеге еніп кетті. Сосын майшамды жақты. Өзін көрді айнадан. Екі беті балбырып тұр. Бетін ұстады, оттай ыстық. Ерінінде бір түсініксіз ғашықтық сезім бар. Құлағында манағы сиқыр күй әлі ұйып қалыпты. Қыз өзінің түрін қайта-қайта қарай берді. Тіптен ол айнадағы бейнені сүйіп, аймай түседі. Тыстан отанасы кірген де барып қымтырылып, ерінін тістеледі.

 

10-эпизод

Таң рауандап қалған уақыт. Далада көгілжім тұман баяу көшіп жүр. Топырағы кеппеген төмпешік бейіт. Бейіт маңында жайылған түйелер. Кенет бейіттің ақымдалған жағының топырағы омырылып ішіне қарай түсе бастады. Жер астынан құмығып шыққан жан-айқай шықты. Түйелер де қарап қалыпты. Кенет әлгі омырылған бүйірден шошаңдап ағаш көрінді. Ағаш – домбыраның басы болып шықты. Кәрі күйші үстіндегі ақзу киімі балшық-балшық, қолы қан, жүзі сондай ұсқынсызданып көрден шығып келді. Жан-жағына үрейлене қарады да отыра кетті. Мең-зең боп біраз отырып, есін жиғандай болды. Бейіт маңында жайылған түйелерге қарды. Зарлап, жылған іңгенді көрді. Іңгенің екі көзінен сора-сора жас ағады.

 

11-эпизод

Кәрі күйші баяу жылжып, шеткі тамның алдына жете бергенде үйден отанасы шығып келе жатқан. Кенет мұны көріп, жан-даусы шығып баж ете қалды да ойбайлап үйге кірді. Артынан отиесі шықты.

 

12-эпизод

Шалдың үсті-басы ретке келіпті. Екі көзі қыздың жұмыр төсінде жүр. Бәрі үнсіз шай сораптап отыр.

Осы кезде аулақтағы зарлаған бозіңгенің даусы шықты.

Кәрі күйші шайын бір ұрттап:

– Мұның жарасын мен білім.

Үй иелері бір-біріне қарады.

Жас күйші де қомданып жолдорбасындағы қоңыр домбырасын алды.

Кәрі күйші мана қабірде үзілген домбырасының ішігін тағып, ретке келтірді. Үй иелері бұлардың не істейтінін аңдады да қызға бұйда ұстатып, түйелерге қарай жөнелтті.

 

13-эпизод

– Аруана кімнің күйіне иісе, арудың көңілі соған жібісін, – деді егде күйші.

Ашуланған отиесі бозінгеннің бұйдасын ағытып жібермекші болып еді, отанасы ішіне бір қулық бүккендей отиесін тоқтатты. Қыз да бұл шартқа бейіл тұрғаны көрінді. Қыз шалға бір, жігітке бір қарады.

Қыз көнегін алып, бозіңгенің бауырына отырды.

– Әуелгі жол қашанда жасы үлкендікі, – деді, мұны көруге келген бір қарт кісі.

Қыз «көс-көс» деп інгенің емшегін ұстады. Қап-қатты. Егде күйші қоңыр домбырасымен күрп-күрп еткізіп күйін бастай жөнелді. Әбден арып-ашып, зарлып кетеуі кеткен, бауыр еті ботасынан айырылған бозіңген әуелі зарлауын қойып, күйге елітіп үнсіз тұрды. Алыстан бұларға қарап қалған адамдар бұл кереметке қайран қалды. Інген ептеп күйіс қайтарғысы келгендей жібіп-жіпсіп тұрғаны білінді. Осы кезде қыз інгенің емшегін тасқып ұстап алған-ды. Бірақ саусақтарының арасынын шып-шып сүт шығып та қалған еді.

Кенет отиесі «доғар» деп күйшіні тоқтатты. Егде күйші іңгенге бір, қызға бір қарады да кезекті жас күйшіге берді.

Жас күйшінің күйі жаңағы кәрі күйшінің күйіндей қамырықты емес, адам уататын тәтті де емес, салтанатты-ойнақы күй болып шықты. Қыз бағанадан түйенің жүйе-жүйесі жіпсіп, бусанып босап тұрған емшекті бастқанда сырылдап неше күнгі сүт ағытыла жөнелді. Бірақ жігіт күйді інгенге емес қызға арнап тартып отырған тәрізді. Қыздың қос омырауы тырсиып, інгенмен бірге балбырап бара жатты. Күй құдіреті ме, әлде жастықтың албырт ілебі ме ол да меймәлім.

 

14-эпизод

Түн. Там сыртында жол жүруге шомдап-қомдаған бір түйе матаулы. Қоржын тамның бір бөлмесінде екі күйші жатыр. Бір бөлмеде үй иелері. Аяқжақ нарда балбырап қыз жатыр. Жас күйші сандырақтап мағынасыз бірдеңе дейді. Кәрі күйші ұйықтай алмай дөңбекшіп бір аунап түсті. Үй иелері де бейқам ұйқыда.

Кәрі күйші орынан ақырын тұрды. Қыз жатқан нарға қарады... Сосын  жолға дайындалған екі жолқоржынның ортасын байланған қайысты ұстап көрді. Кәрі күйші шешпекпі болып әрі-бері тартып еді, қолы икемге келмеді. Сосын жұрт оянып кетпесін деп ақырын жас күйшіге қарады да қоншынан кездігін алып қайысты қиды.

 

15-эпизод

Егде күйшы сырттағы түйені матауын шешіп, жолға шықты. Шағын қыстақтан шыға бере топ түйенің ішіндегі бозіңгенді көрді. Ол домбырасын алып, түйе үстінен ақырын бір тәтті күй шертіп еді, іңген бұған қарай жүрді. Күй шертіле берді. Іңген ере берді. Олар ұзай берді.

 

16-эпизод

Айнала бұлыңғыр тұман. Жігіт пен қыз қуаласып ойнап жүрді. Жігіт қызды ұстап алып аймалай түсті. Кенет қыз жұлқынып, жігітің қушағынан сусып шықты. Енді тағы ұмсынып ұстай берген де өткенде өзі берген айнаны басып кетіп, бетін сындырып алыпты.

Жігіттің түсі екен. Таң атыпты. Маңында кәрі күйші жоқ.

 

17-эпизод

Жігіт пен қыз бір түйеге шөмшек артып, иен далада ойнап-күліп келе жатты.

 

Фильмнің соңы

 

Қазақ тілінде жазылған