Адам қарады: 143 | Жарияланды: 2018-09-06 02:19:18

Балалық шақтан базарлық

Пролог орнына

-Ата, ертегі айтып беріңізші! Тоғыз жасар немерем жатарда осылай деп қыңқылдайтынды шығарды. Әуелде ойымнан оп-оңай қиюластырған мөлтек ертегілерді қосып-шатып қызықтырып алған сияқтымын. Енді басым бәлеге қалды. Ана тілі оқулығынан ұзамаған шынашақтай баланы етектей ертегілер жинағы маңайлата қоя ма? Теледидар тетігін басқандай менің аузымды бағады. Ғаламтордағы шытырманды шарламағанына тәубе дейсің де, естеліктер есігін қағасың.

Біздің жадымызда қалғаны-баяғы оқушылық кездегі сана сандығында сақталғандары ғана. Шынтуайтына көшсек, ертегіге ертерек арбалғанның бірі өзім. Кітап әлеміне құмарлық немереме де жұғысты болған сыңайлы. Құртақандай болып шұбалаңқылықты бұл да ұнатпайды. Амал жоқ, қулыққа көшуге тура келді. Құстар мен балықтарды адамша сөйлетіп, ойдан мазмұн құрасам, соған кәдімгідей иланып таңырқап қалады. Келе-келе мұның да жалықтыратыны байқалды.

Шынымен сасайын дедім. Бұрын кенже қызым да осылай тосылдырған. Бастауыш сыныптан кейін балалық шақтан бір-жар эпизодты әңгімелеп бергенмін. Енді ізімнен қалсайшы?! Жалғасын сұрап күнде мазалайды. Сөйтіп жүріп үзіп-жұлқып бас-аяғы бір хикаятқа өзек боларлық бұлаң дәурен баянын ауызекі әңгімелеп шыққанмын. Ақыры сол әсер қағазға салмақ салып, тәп-тәуір дүние оқырман арасына жол тартқан еді.

Қайтесің, қазақ үшін немереден тәтті ештеңе жоқ. Құшағыңды нұрға толтыратын, апыл-тапыл басқан әр қадамына емпеңдетіп қоятын, балдыр-бұлдыр тілімен емешеңді үзетін құдірет иелеріне ләппай қызметші қылған Жаратушы бұйрығына мың да бір тәубе! Аталар мен әжелер соған да марқаяды. Өтінішін ешқашан екі етпейсің. Өзіңнен-өзің бағынғың, жағынғың келіп тұрады.

Немере назарын аяулы атамекенге бұрып, балалық шақтың қамтылмай қалған тәлімді тұстарынан кертіп-кертіп әңгімелеуге көштім. Ертегілер еріксіз ығысып кетті. Шамалаймын, атасының алыс дәуірдегі арманшыл кейпі, ауыл адамдарының бүкпесіз болмысы ұрпақ жанарында сүйіспеншілік ұшқынын маздатқандай. Қаланың қасаң тірлігінен ойша ғана емес, шынымен-ақ тартынып, бойын ата тек нәрі сіңген ауылды көруге ынтызарлық билеп алғаны қуантты. Шіркін, адамзат әлемі аталар мен балалар ынтымағындай періштелер төрелігін пір тұтса ғой!

 

Сірә да қаршадай кезімнен ойламайтыным жоқ. Бір ауылдың жақсысы мен жаманын айыру пешенеме жазылғандай, үлкендер туралы өзімше топшылайтынды шығардым. Маңайдағы шұбырған шибұттар мен бозөкпелерді тіл ұшына түсіргім келмейді.

Қияли болып қалыптасуыма тұрмыс қаталдығы түрткі. Қоңторғай тірлігіміздің шешілмеген сұрауы көп. Ауыл шетіндегі бәкене үйіміз құдды төрткүл дүниенің оңтүстік беткейін шолуға соғылған барлау бекеті сияқты. Жалғыз терезеге таңылған тоқал тамның құрылыс кілтипанына басым жетпейді. Әйткенмен аязда шытынамайтын, жаңбырмен жуынатын бір қабат қалың әйнек мен үшін сән түзейтін шарайнадан әсте кем емес. Тақала кеткенде деммен мұнарланып, тыншу таппас саусақтарым нешеме бейнені құбылтады дейсің!

Үйіміз күркедей болғанымен, көңіл төріміз кең жайлау. Көз алдымдағы өмір өлшемі, әке мен шешенің күнделікті қам-қарекеті есею тұтқасына ерте қол создырды. Қаншама намыс буғанымен, шау тартқан, тұрмыс тоқпағы титықтатқан солардың дегенін екі етпеймін. Сауын жоқ кездері таң алакеуімнен қос-қостап түйе ұстаған туыстарды жағалап, шайлық сүт әкелемін.

Босағасы жоқ дала ондайда тым тарылып кеткендей сезіледі. Амал қанша, кіріптарлық еріксіз көндіктіреді. Ботасын байлап, түйе қорадағы ақырға шөп салып, малдың тезегін алып дегендей, ретіне орай қолғабыс жасауға тура келеді. Сонда барып қожайынның жүзі жылиды. Шелек толы шүпілдеген сүт кішкене топатайға ернеулетіп сыздықтай бастайды.

Сірә да тапсырманың жайлысы болған ба?! Ақ қағазға жақындауым шағым жазудан қалып алды десем, айыптай көрмеңіз. Ескіше де, жаңаша да хат танымайтын егделердің көкейіндегісін шындық шимайына ұқсатуым жобадан алыстамағанына қуанамын. Қарастығы жоқ, маңдайдағы құндызын соғыс жалмаған өлмелі кемпір-шалдың өтінішін зарлатып-ақ жазамын. Шөп шабуға мініс көлігін сұрайды. Қарт колхозшының пай үлесінен дәметеді. Шай-су, ем-дом кемдігіне аз-кем ақшалай жәрдем күтеді. Басқармаға жетпей тұрып, аңыратып оқып беремін. Екеуі де көзіне жас алады.

-Қолыңнан айналайын, құлыным!

Мақтаумен желпініп, Ақжан басқарманың жолын тосам. Кеңсеге ере кіріп, тілдей қағаздың хабарын күтем. Майданда ұртын оқ тескені күлімсірегенде шұқырайып, жүдә, ажарын аша түседі. Қушыкештеу кісі бастықпын деп бәлсінбей, алдындағы шынашақтай баланың шама-шарқын сынаудан да кет әрі емес.

-Жазуыңды ажырата алмай отырмын. Кәне, мынау құжынаған шыбындай шатпағыңды дауыстап оқып шықшы!

  • басқарманың ақшыл сары жүзі күреңітіп барады. Қырғыннан қайтпаған Сәруар ағам онымен түйедей құрдас екен. Арыз тыңдап емес, ағыл-тегіл сыр бөліскендей. Жаныма келіп басымнан сипады, арқадан қақты.

-Шүкір дейміз, шырағым! Артыңда өзіңдей үкілі құйрық тайы тұрғанда, Сәруар сынды боздақтар қалайша ұмыт болсын?! Көкем мен апама сәлем беріп кіріп шығармын. Ылғи «5»-пен оқитыныңды мұғалімдеріңнен естігем. Сен оқудың ізінен қалма! Әлі бір күншідей болмай, жетіліп кетесің. Ағаңның майданнан жазған хаттары ылғи өлеңдетіп тұрмайтын ба еді? Қара да тұр, түбі бір жерден шығасың. Сөзің солай сөйлеп тұр!

* * *

Адам тану әліппесін балалар көзінен кім іздей қояды дейсің?! Жауабын таппаған сұрақтарым маған өмірден де, кітаптан да қадала қарауын қояр емес. Қазақ ертегілерінің етженді топтамасы біржолата қиял әлеміне еліктіріп әкетті. Кітапханашы Жолтайдың кеңшілігімен ауыл кітапханасының сөрені майыстырған құндылықтарына емін-еркін қол созатын сенімге кірдім.

Жұқалтаңы, қалыңы аралас, алуан түрлі мұқабалы кітаптарды шаңнан арылтуға сыныптас достарды тарттым. Біздің олжамыз-есептен шыққан тозыңқы кітаптар мен газет-журналдың көне тігінділері. Жас оқырмандарды Жолтай аға ара-тұра осылай ынталандырады. Жүдә, кітапхана кілтін ұстап жүруге рұқсат етті.

Жазу мәнері қыз қолтаңбасындай Монтай мен тазайындыққа бір табан жақын Даниярды, қара күшке мықты Жәнібек пен Қайсарды, бойға келгенде өкпесі жоқ Нұртайды көмекшілікке алып, жазғы каникулдың бір айын кітапханада өткіздік.

Рухани еңбек деген тамаша екен-ау! Сарғайған, мүжілген кітап беттерін жай парақтай салмайсың. Нешеме жылдар қолдан-қолға өткен, майлық-сулық орамалдай дақ түскен Сервантестің «Дон Кихоты», Даниал Дефоның «Робинзон Крузосы», Жюль Верннің «Он бес жасар капитаны» тәрізді батыстағылардың балалық шағына аяушылық, сүйсініспен ортақтастыратын, жас таңдамайтын тамаша туындыларды қалай ғана дәтің барып қоқыс жәшігіне тастарсың! Ішкі дауыс «Тәйт, тарт қолыңды қазынадан!, Өлмес мұраны тірідей көмбе!»- дейді аласұрып.

Пайдалану мерзімі жеткен кітаптарды есептен шығару туралы ауданнан келген нұсқау мен тізімге жалтақ-жұлтақ қараймыз. Жолтай болса еш саспайды.

-Акт жасалады. Түк қорықпаңдар. Жыртуға қимасаңдар, үйлеріңе әкете беріңдер.

Бұл дүниеде бөліс деген үлкенге де, кішіге де ауыр сынақ шығар. Ошақ қасындағы тамызықтай алым-жұлым бір бума кітап шынымен таласқа түсіретіндей. Табанда ой тапқан Монтай ретсіз реніштің жолын кесті.

-Біз бұл кітаптарды бөліспейік. Оқып болайық та, екіншімізге берейік. Сөйтсек, бәріміз де түгел танысып шығады екенбіз.

Мен оқуға шалтпын. Бір бастасам, аяқтамай тынбаймын. Ауылдың қақ ортасында зіркілдеп тұрған дизельден жүз қаралы үйге жарық тарататын электрик Хасен түнді күндізбен айқастырып әуре болмайды. Лампочканы бір сөндіріп, бір жандырып жыпылықтатады да, артынша қараңғылық пердесін түсіреді. Ол қорылға басқанда, шеткері үйдің жалғыз терезесінен таң атқанша шам сәулесі сембейді.

Бұл жолы олжа кітап Тихон Семушкиннің «Аласталған Алитеті» мені мұзды өлкеге саяхат жасатты. Жөңкіген бұғылар табыны, мәйітті арулап жөнелтудің орнына-көз көрмеске айуандар жемтігіне қалдыру аң-таң қалдырады. Яранганы ықтаған якутардың мәрттігі, шхунасын тасалаған делдалдар, аса бағалы аң терілерімен сауда жасаушылар, айбатты аңшылар көпке дейін көз алдымда тізбектеліп, тайга мен тундра әлемі өжет ойға жетелейді.

Келесі күні Даниярдың тісі бата қоймаған Георгий Тушканның «Жора» деген қалың кітабы Памирге қарай өрлетіп, тау тынысының саф самалымен желпіді. Жас аңшының шың-құзға альпинисше өрлеуі, құралайды көзге атқан мергендігі аузымның суын шұбыртты. Еті кесел атаулыны жым қылатын ұлар деген құс туралы осы кітаптан ұғындым. Әсіресе, Жораны ымнан түсінетін айнымас серігі Теке деген иттің иесіне шексіз берілгендігі тәнті етті.

Біздің ауылда ит ұстауға әуестік атымен жоқ. Қызғанатын заты, қоритын дәулеті болмағандықтан ба, абалаған дауыс естілмейді. Бәлкім, екі күннің бірінде балық асылып не қуырылатындықтан, тісі ақсиғандардың таласатын да жөні жоқ шығар. Әлде фосфорға бай су маржанын қылғытқан жеті қазынаның бірі балық сияқты мылқау кейіпке көшкен бе? Олай дегенге илансам, балық қылқанын бір езуімен саудыратып, екінші езуімен дәу кеспені көмейге қылғытатын балықшылар сәл нәрсеге кеңірдектеп, дауыстары дауыл көтергендей танауларын желпілдетіп жіберетіні неліктен? Демек, гәп сүйекте емес, дағдыда!

* * *

Кеуде сабаламайтын артықшылығыма достарым бөтен ой білдірген емес. Бұрын бос уақытта жағалауға ұмсынған ақ шағылда ойын көрігін қыздыратынбыз. Қашаннан шетімізден тапқырмыз. Құмға жүрелеп отыра қалып, он башпайдың өрнегімен машина доңғалағының ізін салуды Жәнібек бастады. Шынында да нәтижесі керемет боп шықты. Жүк машинасының да, «Виллистің» де ізін айнытпай құм бетіне түсіреміз. Даланы айқыш-ұйқыш шиырлаған қара жолға түсіп алып жүрелеп жарысамыз. Озу шарт емес, өрнек салу қызық.

Нұртай құмда өсетін томардың топырақ кеулеген тарам-тарам тамырларын рация желісіне ұқсатып, байланыс амалына бейімделуде байқағыштық танытты. Ішек сағыздай ирелеңдеген жіңішке тамырларды аңшылардың оқшантайындай етіп, кеудемізге, белімізге шандып орап аламыз. Жуан томарды телефон тұтқасына жаратамыз. Шаң-шұң дауыстан құлақ тұнады.

Биік жардың саз қыртыстарын қырнап, әртүрлі пішіндегі кескін жасауға Данияр бейім екен. Саусағымыз қалам мен өшіргіш орнына жүріп, аң мен құс, тұрмыстық бұйымның ыңғайға келген түрінен шағын көрме құралғандай. Момақан Монтайдың бақалшақты тізбелеп, қарындастарымызға көзмоншақ, әжелерімізге таспиық жасауға құлаққағысы ең пайдалы ұсыныс болды. Бұрын адыраспанның түйнегінен әзірленген моншақты киелі өсімдік ретінде босағаға іліп қойғанбыз. Бұл жолы әртүрлі реңктегі бақалшақ алқамызды үйдегілердің бөтен көрмесі хақ.

Қашаннан қиқарлығы басым Қайсар осы жолы нағыз «ойыны осылғыр!» дейтін кейістікке душар етті. Қайдан ойына келгенін қайдам, жылқының кепкен тезегінен махорка жасап әлек. Қалтасынан тілдей қағаз шығарып, тезек үгіндісін себелеп, қарымы саусақтай добалақтанған орамды ауызға апарды.

Шырпы тиген бойда кеудіреген тезек түтіндеп берді дейсің. Шашалып-қақалып қапелімде тұншыққан Қайсарға жапатармағай көмекке ұмтылдық. Мұндай жайсыз әрекеттен бейхабар баланың қолынан не келеді? Теңіз суын себелеп, көйлегімізбен желпіп жатырмыз. Өңі бозарып, шөлмектей болған Қайсар сәлден соң есін жиды. Оқтын-оқтын лоқсиды.

Ауылда темекіні сәндеп шегетін екеу-ақ. Партизан атанып кеткен Әбіл ата үнемі махорка тартады. Тілі желімнен бетер. Газет қиындысы ерніне тиді дегенше, аузы бекітілген конверттей болып жымдаса қалады. Шоқтай қызарған темекі ұшынан күл ұшырмайды. Әйткенмен, артынша жөтелге басып, қартаң жүзі булығып дегбірі қашады.

-Окоптан тапқан азап қой!-деп айыптыны алыс жылдар жортуылынан іздейді.

Ал, тракторшы Дөңестің темекі тарту машығы күлкі оятады. Жүзі үнемі жайын жотасындай қарауытқан ағеден ағаның ойнақшыған көздері танауынан темекі түтіні кері лықсығанда, кәдімгідей аларып кетеді. Тыжырына шегіншектей бергеніміз әсер етті ме, кейін маңайына бала айналса, шегіп тұрған темекісін таптай салатын болды.

* * *

Кітапханашы Жолтайға мың да бір рахмет! Сынып жетекшісі әрі әдебиет пәнінің мұғалімі Әбдіраш ағайдың жазғы тапсырмасы жүз пайызға орындалатыны ақиқат. Оқу үздігі деген сабақтағы бедел екен. Кітап оқуға құмарлық күнделікке қойылатын бағалармен өлшенбейтініне дауымыз жоқ. Өзімді іштей білгіш санайтын көзқарастан тайып түсуіме тура келді. Момақан Монтай «Робинзон Крузо» дейтін ғажайып туындыны меншіктеп алғандай рай аңғартады. Аймағымыздан белгісіз аралдың белгілерін іздейді.

-«Үшшоқы», «Қушоқы», «Жанқожа» жаққа саяхат жасап, туған өлке қойнауын армансыз шарлағанға не жетсін!,-дейді ұрандатып.

Сарыла кітап оқу сөйлеу тілімізге кітаби дағды қосқандай. Кейде өзеуреп, қызыл кеңірдек боламыз. Содан әрі кітапхананың күңгірт бөлмесінде ондық шамды айнала оқырмандық әсерімізді бөлісеміз. Мен Жора туралы майын тамызып әңгімелеймін. Данияр «Он бес жасар капитанды» басына жастанып ұйықтаса да менен көрмеңіз. Теңбіл жейдесін үстіне ілсе, қазір-ақ капитан бала атанып кетердей. Қайсар «Қажымұқанды» қайта-қайта парақтайды. Жәнібек мұқаба сыртында аузын ашқан алтын балық бейнеленген «Қазақ ертегілерін» кеудесіне қысып күлімдейді. «Мың бір түнді» қызғыштай қорыған Нұртай көзі күлмің қағады. Бала ұғымына ерсілеу кітап болса керек, оғаш жерлеріне келгенде кәдімгідей қызарақтайды.

Айтты-айтпады не керек, біз алғаш рет шексіздеу көрінген уақыт бағасын білдік. Тұп-тура жұмыстағылардай жөнге түстік. Таңғы шайдан соң мал жайғарамыз. Үйдегілер қай-қайсымыздың да кітапқа үйірсектегенімізді бөтен көрмеді. Жолтай сыйлаған көне газет-журналдар оқу бұрышымыздың сәніне айналды. Қызылды-жасылды журнал суреттерінен әп-әдемі фотомонтаж жасап алдық. Мұнымызға әке-шешеміз, оқта-текте бас сұққан көрші-көлем, ағайындар да таңырқайтынды шығарды. Басқарма Ақжан мақтауын келістіргендей, түбі бір жерден шығатынымызға ығылана бастағандаймыз.

Кітапхана өміріне біртіндеп еніп бара жатырмыз. Бүкіл кітап қорын түгендеп, тіркеу кітабына түсіріп нөмірлейміз. Бір қолдан шықсын деп жазу жағын мен мойныма алдым. Бас бармақ, балалы үйрек, ортан терек деп тақпақтайтын үш саусаққа күш түсті. Шөп шапқанда алақанымыз ойылып, саусақтарымыз мүйізгек болып қатқыл тартатын. Сол сияқты сәмбі талдай майысқан жұқалтаң саусақтарым су сорған мақтадай үлбіреп сала берді.

Әр кітаптың 17-бетіне ұзынша штампты зуылдатып басып отырған Жәнібектің қолы-қолына жұқпайды. Нөмір қондырған Даниярдың көзі мен қолы бір-біріне бақылау орнатқан. Кітаптарды тіліне, түрлі салаға жіктеп, санын нақтылаған Нұртайдың жауапкершілігі тым ауыр. Көптен тазартылмаған, шаң қапқан ірілі-уақты кітаптардың барлығын күн көзіне қақтырып, көшкен үйдің жұртын тазалағандай тірлігіміз енді бүкіл ауылға мәлім болды.

-Мынаны қара!-деседі өткен-кеткендер-Қылжақбас Жолтай нағыз көмекшіні тапқан екен. Бұл бәрінің де тілін табады.

-Міне, біз оқытқан балалар осындай!-деген мұғалімдер қолпаштауы мақтау қағазынан әсте кем емес. Мектеп директоры Құланның:

-Алғашқы қоңырауда сендерді құрметтейтін боламыз!,-деген ризашылығы жаңа оқу жылы таянып қалғандай әсерге бөледі.

* * *

Әкем таудай толқынмен алысқан теңіз тарланы. Соғыс жылдарында сүйменмен көкше мұзды қарш-құрш ойған. Ет пен тері ортасын құрыстырған шаншу тыл дүрбелеңі тұсында жауырыннан қадалған. Оқтан бетер сол сүр аурудан айығар түрі жоқ.

Сонда да өмірге құштарлығы керемет. Қайраты қайтқанын елең етпейді. Тұңғышы Сәруардың отаншыл қасиетін аузы тозғанша айтуға әзір. Ағамыздың майданнан жолданған көгершін қанатындай үшкіл хаттарын ел болып күткен. Сағыныш бояуымен сырланған, оқ-дәрі исі сіңген үшбу хаттардың дені өлеңдер. Аманат жырды көз көргендер жанарларын жас шылап күрсінте, күңіренте жеткізеді.

Қолдан-қолға өтіп, жұлым-жұлымы шыққан майдан жәдігері апамның тер сіңген жаулығына түюлі. Төбедегі бағанда құбыла бетте ілулі тұрады. Еркін тақырыпқа жазған шығармамда жауынгер хатын өзек еткенмін. Жайшылықта сұстылау Әбдіраш ағайдың жанары жасаурап, көңілі бұзылды. Арыстай азаматын соғыс жалмамаған үй некен-саяқ шығар-ау. Оның да ағасы ұрыс даласында хабарсыз кеткен. Қанды қырғын ортасынан қияндағы балықшы ауылына міні құрғамай жеткен сол хат қасиетті шығар, тегінде!

Сәруар көкеме ұқсап өссін дей ме, әйтеуір әкем мені лажын тапса қызмет адамы қылмақшы. Ауылдық кеңестің төрағасы Кенже сәлем берген сәттерінде:

-Менің де баламды үйретсейші,-дейді тамырын басып.

-Жазуы, оқуы қандай еді, Кәмен көке?-деп анау да дәмелендіріп қояды.

-Мектептегі ең білгіш осы. Жазуы керемет!

Мұндай мақтауды бөтен көрмеймін, қысылмаймын да. Бәрі рас. Қазір топ жетекшісімін. Ұландар бөлмесін көрсе көз тоятындай етіп жабдықтадым. Бір кілті каникулда жүрсем де менің қолымда. Күнделігімдегі бестік бағалардан көз сүрінеді. Маржандай төгілдіріп жазуда Әбдіраш ағайға еліктеп, төселіп қалғанмын. Көркем жазу машығына бейімділігім, мазмұндама мен шығарма жазудағы тіл дамыту үрдісім қабырға газетінің редакторлығы міндетін мойынға артты. Қоғамдық жұмыс деген бастан асады. Балалардың көпшілігі маған үйір.

Бір сапарда қалаға барғанда, Бәтес құдашаның үйінде түстеніп отырып, іргедегі оюлап тастаған қызыл күрең домбыраға зейілім ауа берді. Жездеміз Кенжеш ағаш ұстасы екен. Мен қызыққан дүниені өзі соғыпты. Тұрқы жыр алыбы Жамбылдың домбырасына келеді. Тамақ жайына қалып, қолым жүретін ән-күймен шағын бөлмеге күмбір-күмбір үн қостым.

Әкем төтесіне көшті. Қалауы-қызыл домбыра.

-Мына қарға тұяқ кенжетайым оқуда озат, өнерге іңкәр. Өмірлік серік ақжолтай олжасы болсын. Бер бізге домбыраңды, күйеу бала!

Шебер қипақтап, қатты қиналды. Құдаша да соның қас-қабағын бағады. Әкем қызыл құлақ он сомдықты алақанға қыстырды. Бата беруге ыңғайланды.

-Қолыңа құт дарысын, айналайын!

Жезденің жүзі жібіді. Құдаша жекжаттық көпірі сыр бермегеніне мәз. Ана омырауынан зорға ажырайтын сәбиге ұқсатып, қолыма құс ұясына қондырғандай етіп домбыраны ұстатты. Төбем көкке жетті!

* * *

Үш ай каникул басқа жылдары өтіп болмайтын сияқты еді. Биыл олай емес. Пайдалы істің тығыны ашылды. Нәтіміз бала емес пе, аракідік ден сергітер, ой бөлер ойынға кезек береміз.

Түрлі-түсті орталық журналдардың бірінен дастархан мәзіріндегі салат жасау туралы сілтемені оқыған кітапшылдар болып, тың ой тастадық.

-Дала салатын дайындап көрейікші!

Ойыншылар иық қиқаңдатты.

-Оны қалай жасаймыз? Қаладағыдай бәрі табылатын базарымыз жоқ қой. Бұл сауалға жауабымыз дайын тұрған. Көмейіміз бүлкілдеп, мүмкіндік көзін санамалай жөнелдік.

-Кәрсе жақтан талай рет көсік қаздық емес пе? Оның сәбізден несі кем? Бұл-бір. Қаптай өскен көк жуа және бар. Тақырлықта сүт татитын қаракеней көп. «Қыземшек» бетте илан өседі. Осылардың басын қосса, салат болмай қайтеді?!

Уәжіміз көкейге қонғандай. Көз алдымызға тәрелке толы салат елестеп, қасыққа қол созу ғана қалғандай.

Ертеңіне келісім бойынша жабайы жемістерді жинастыруға тұс-тұсқа шашырап кеттік. Ауыл баласына қашанда қала дәмі таңсық. Тосын сыйды әркім өз үйінің дастарханына ұсынбақ. Кенеп қалтадағы көсіктерді тазартқанда, сәбізден еш айырмасы жоқ. Көк жуа дегенің топан. Картоп тәріздес иланды қоламтаға көміп пісіріп алдық. Бармақтай қаракеней мойылдай боп мөлдіреп шыға келді.

-Енді қаймақ қосса қатып кетеді!-деген қосымша ұсыныс та құп алынды.

Кітапхананың оқу залын қақ жарған ұзын столдың беті «дала салатынан» көрінбей кетті. Таң атты. Түс болды. Бірімізді-біріміз көруден қалдық. Үй-ішіміздің де әбігері шықты. «Дала салаты» өзін ақтамады. Күні бойы ішімізді бүріп, сыртқа қарай зырлаймыз. Бәрін бүлдірген қаракеней екен. Салаттың қарамы азайған соң, қиқалап қосқанымыз бекер болды. Өзіміз де кіп алып едік. Алдымыз ауыл фельдшерінің іш ауруға қарсы түйме дәрілерін қылғытудамыз. Бүкіл ағарған аузымызға тосылды. Үлкендер қою күрең сүтті шайдан қағылды. Жаңалығымыз жазадан бетер болды. Ендігәрі мұндай әсіре қызыл тәуекелге бармайтынымыз талқыға жатпайтын ақиқат еді.

* * *

Осы келеңсіз жағдаят дені сауға қолды бір серметкенімен, Алла ғана алдарқатқан Дәулет ағаны қатты абыржытыпты. Басы ауыратын адам. Нағыз «етегі елпі, жеңі желпі» дейтұғын ауыл қазағы.

-Апыр-ай, неғып тегіс ауырып қалдыңдар? Түнімен мазам болмады. Бақсы бабам аса таяғымен түрте берді. Сендердің қиналғандарыңды сезген ғой, жарықтық. Домбыра ұстаған інім, қобыз үйренсең, біздің әулеттен де бақсы рухымен тілдесер жан табылар еді...

Бұл кісінің таудай тұлғасына қарасаң, боз кілемнің шаңын қаққан балуан дерсің. Жүйке ауытқуы бары анық. Үнемі күтімсіз жүреді. Кір-қоңын көбіне апама жудырады. Көзі алаңғыттанып, теңселген күйі:

-Жаман қайның жидіп кетпесін десең, киімдерімді шыршыттай қылып тазалап бер!

Осындай ойлы назды кеміс адам айта ма? Қол-аяғы балғадай екінің бірінен мұндай шұрайлы сөз есіте де алмайсың. Ауылда біреу науқас зардабын тартса, бұл қоса қиналады. Мүгедектігі себепті жәрдемақысына дорбасын сықай толтырып пряник алады. Қатып-семіп қалған құрт та қысы-жазы осы Дәулеттің терең қалтасынан ізделеді. Өңшең қара борбайлар сол күні жалақ-жұлақ етіп, оның сырты әбден майланып тері тәрізденген дорбасына көзін сүзеді. Ондайда күрт қызынып, айқайға басады.

-Өңшең пәлекеттер, сендерге құда жолыға тарататын тәттім жоқ. Әке-шешелерің сатып әперсін. Жарымжаннан жырымшылауға әуес болмаңдар! Дым білмейтін ауышты тапқан екенсіңдер.

Мұнысы-айқай деген аты ғана. Маймөңке сыпайылықты суқаны сүймейтіндіктен, кейде өзімсінгендікті осылай сездіреді. «Пәлекеттерге» қол басындай прянигінен бөліп, ауыздарын қаужаңдатып қояды. Кәделеп шай ішіп, терлеп-тепшігенін сирек көреміз. Есесіне, төбесін күн тескендей, шәйнек шүмегінен езуіне төгілдіріп, қара суды қотарады. Бір қолтығында шыжыммен байластырған қара шәйнек жүреді.

  • адамның үйсіз-күйсіз, көрінген босағаны сағалағанына жүрегіміз сыздайды. Балалы отбасының Дәулетті шетке қаққанын естіген емеспіз. Сарайдың алдын, түйе қораны ықтай салып, мызғитынына көз үйренген. Үстіндегі қара шекпені, жазға дейін басынан тастамайтын құлақшыны тұманды, дауылды, боранды күндерде оны ертегідегі диюларға ұқсатып жібереді.

Ақыл кемдігі туралы ел ішінде түрлі әңгіме бар. Біреулер жылым арқанын орап жүргенде, басына терте ағаш соққан дейді. Басқалары перінің салқыны тиген дегенге илантады. Әйтеуір, пендеге де, хайуанға да залалы жоқ, қайғы-мұңсыз, періште көңілмен жоспарсыз ғұмыр кешкен диуанадай Дәулет ағаны үлкендер жағының қатарға тартпайтынына кәдімгідей шамырқанамыз.

Мәңгілік балалық түйсіктегі жабырқау жан қаннен-қаперсіз ауылдастарын төніп келе жатқан өрттен құтқарғанын қалайша ұмытарсың?! Бірде көлденең көк аттылы ауылға жете бере, ұйысқан ебелекті алқапқа шоғы басылмаған темекі тұқылын лақтыра салады. Ебелек мұндай жанғыш болар ма, желмен жарысып сыдырта лаулай жөнеледі. Көде-көде шөп жинаулы ашық қораларға әлдеқалай ұшқын түсті дегенше, бүкіл ауыл өрт оранды дей бер!

Құдай кездіріп қойған Дәулет бұл кезде ауыл шетінде жүрген. Жалынды байқау бойына түсініксіз бажылға басып, жан-дәрмен күйде отқа ұмтылады. Қара шекпенді былғалақтатып, жанған ебелекті соққылайды. Табанымен таптайды. Қара шәйнектегі суын сарқып себелейді. Дорбасынан пряник пен құрт шашылғанына қарамай, кенеп қалтамен де жасқап, ұшқынды үгіндіге айналдырады. Тұп-тура Дон Кихоттың желдиірменмен алысқаны тәрізді оқшау

жекпе-жек!

Апалақтап жеткендер өртті тоқтатқан Дәулетке айдаһардың аузын айырған хас батырдай сүйсініп, алғысын айтады. Кемпір-шалдар батасын беріп, қазаны қайнаулы қолы ашықтар дастарханға шақырады. Осы қарбаластың біріне де мән бермеген Дәулет ентігіп басып, теңізге беттейді. Күйелеш болған денесін емес, жамандық атаулыны мөлдір ағыспен тазартуға бара жатқандай.

* * *

Қоғамдық жұмыс қолғанаттарына құда түсуші және бір қызмет көзі пайда болды. Есігі екі жаққа қарайтын ауылдық кеңес конторының бірінші басында-кітапхана, екінші басында-пошта бөлімшесі. Жолтайдың жылпылынан пошташы Манаштың қыңқылы кем соққан жоқ.

-Әй, тілалғыштар, сендерге екінші кілт керек емес пе?

Келте кекесіннің төркінін түсінбеген кейіптеміз. Шегір көзі шытынай жаздап, артынша шуақ төкті. Мұрны айна-қатесіз сүйір бұрышқа ұқсайды. Онысы қаралай күлкі оятады. Өтінішін май жалатқан нандай етіп тәттілейді. Қалжыңнан қақпан құратын сөз мергені. Кейінгі кездері көбірек жұғысып кетіп еді. Кітапхананы мұражай тәріздендіріп жібергенімізге ризалық білдірген. Көп сәлемнің көлеңкесінен түпкі мақсаты қылаң берді.

-Жастау кезде шапшаң едік. Елуден енші алғасын, адам шау тартады екен. Қандай жақсы жұмыс болмасын, түбінде жалықтырмай қоймайды.

Мәлімдемесі мұңға айналған Манаш терең күрсінді. Оны аяп кеттік.

-Қолдан келгенше сүйеніш болайық, аға!

Әрине, балаға қарағанда өмірге ересектер епті келеді. Пошташы былайша зарлауықтар қатарына жатпайды, бірақ шыбын ызыңын қалт жібермейтін саққұлақ. Қалжыңнан қанағат тапқанда, маңдайы шай ішкендей жіпсіп сала береді. Тұстастары: «Мұның мәриям шөбі бар. Сөзі өтпейтін жері жоқ, айтқаны орындалады»,-дегенді бекерден-бекер тіл ұшына түсірмеген болар. Сөйткендейін, біз де қапелімде Манаштың сақамен мұрттай ұшыратын манайына айналып шыға келдік.

Аз күнде пошта қызметіне еніп үлгірдік. Алдымен қаладан келетін автобусты күтеміз. Бума-бума газет-журналды сөре бетіне жағалай саудыратып жаямыз. Басылымдарды түріне қарай айырып, бірнеше нөмірін бірге беттейміз. Ауыл бойынша мекемелердің, тұрғындардың жазылу парақшасына үңіле отырып, тиісті газет-журналын шекесіне үй егасы есімін қондырып текшелейміз. Одан арғысы-хат тасушы дорбасына сықай толтырылған ақпарат жүгін үй аралап табыстау.

Газет айырып, жіктеуге Жәнібек пен Данияр шалымды екен. Кітапқа штамп басып, нөмірлеуге машықтанған олар пошта қызметінің әліппесін тез меңгерді. Монтай мен Нұртай қабылданған, жөнелтілетін хаттарды және телеграммаларды сұрыптап, журналға тіркейді.

Жазу жұмысы тағы да мені адаспай тапты. Посылка, бандероль қабылдау барысы аса ұқыптылықты талап етеді. Бағалы затты ақ сәтенмен тырситып орап, жіптіктей болған бетіне тіліңмен сия қаламды жалап, адрес түсіру оңай шаруа емес. Көркем жазу үлгісінен гөрі баспа әріптерді тізілту жарнама жасау қолтаңбасына бейімдеп барады.

Манаштың тамыры шодырайған қолдары бандероль, посылканы қағаз жіппен айқыш-ұйқыш буғанда жып-жып етеді. Байламдарға түтіндетіп сургучты ерітіп құйғанда, құдды металл балқытушыға ұқсайды. Түбінде, осы кісіге сақамызға қорғасын құйдырып аламыз-ау, шамасы?! Қайсар осы шаруаға қолғабыс жасайды.

Сұрампаздық, мүләйімсу бізге жат. Үлкендерше айтқанда, бұйырғанына қанағат. Пошташы газет-журнал оралған май өткізбейтін сары қағаз сыйлайды. Артық-ауыс газет-журналдан, кендір жіптен ығыстырады. Кірістен шығарылған, жарға ілулі тұратын темір пошта жәшігін берді. Сонымен, тағы бір кілт қолымызда!

Кітапхана қазына аралы сияқты болса, байланыс бөлімшесі ақпарат ордасы іспеттес. Республикалық, облыстық, аудандық газет жаңалығына алдымен төнеміз. Алаулатқан, жалаулатқан журналдар қолымыздан өтеді. Қашан қожайынына жеткенше, көз майымызды тауысып, үлгірсек түгелдей, үлгірмесек шолып дегендей, әйтеуір талай қызыққа қанығамыз.

Хат тасушы жортуылына жаңа көмекшілер қосылды. Әркім өзі тұратын маңайды қолайлады. Арғы бетке Қайрош, дүкен жақтағыларға Тортай, контор жаққа Боташ, кәрсе беткейге Мәлік аптасына үш рет құстай ұшып, хат-хабар жеткізеді. Солардың жолы болды: ағарғаны алдында, бауырсағы қалтасында дегендей, үй бас сайын құр жібермейді.

* * *

Конверт сыртындағы қилы-қилы қолтаңба хат сақшысындай. «Абайлаңыз, фото!», «Аттай шап, адаспай тап!» және басқа үзілдіріп жазылған үшбу сөздер құпиялық хабаршысындай. Газеттерден әдебиетші ұстазымыз Әбдіраштың мақаласы көзге оттай басылады. Бойымызда қалам желігі пайда болды. Қиял әлемі қол бұлғап, жел қуған ақша бұлттар бетіндегі жұмбақ әріптермен жазылған сұлу сөздерді іштей оқытады.

Қаһарманды ойдан іздемей, өмірден табу әлдеқайда нанымды болатыны көкейіме қона кетті. Көз алдымда шатақ шал Суат бейнесі қылаң берді. Тырнақалды талпыныс қиқар көрші болмысын дәптер бетіне түсіртті. Бұрын да сабақ үстіндегі мазмұндаманы түрлендіріп жіберетінмін. Достарыма Суаттың бастан кешкен ерекше оқиғасын желпінте әңгімелеуім ұнаған сияқты.

Көзімді тырнап ашқалы, бір білгенім-көршіден асқан сыншы, оған жетер жанашыр жоқтың қасы. Оң жақтағы дуалдас шал Суат-нағыз қырсықтың өзі. Жұрт оны «қыршаңқы» деп атайды. Тауып қойылған.

Бірде ашық теңізде оқшау қалады. Қапелімде жел тұрып кетеді. Қалтылдаған қу қайық ағысқа қарсы аттап баспайды. Қысылтаяңда жан тері шығады. Бойы мықырдың сөзі қандай содыр!

-Қуат ессе құйындайсың! Жұбат ессе жұлқынасың! Маған келгенде сендерді не қара басады, өзі?!-деп, ескекті бірінен соң бірін белағашқа соққылайды.

Ұр да жық қашанда ұтылады. Сабынан морт сынған ескектер күл алатын қалақтай шолтаңдайды. Тепе-теңдігін жоғалтқан қайық ыға жөнеледі. Зәре-иманы қалмаған шадыр мінезді шал амал таппай дағдарады. Жаратқанға жалбарынып, көкке қолын саумалайды. Қайықтан, ескектен іштей кешірім сұрап далбасалайды. Төбеден қиқулаған шағалалар шоғыры Төлегеннің Қыз Жібекке қоштасу зарын қанаттарына қондырған алты қаздай елестейді. Мынау жарық дүниенің аман-есен әр сәтіне баға жетпесін осы жолғыдай ешқашан шынайы сезініп көрмеген шығар?!

Табиғат әмірші қыршаңқының тілін кәлимаға келтіріп, әп-сәтте тыныштық туын желбірете қойған. Солығын басқан кәрлі теңіз баладан бетер момақан кейіпке енген. Қайта соғар дауылдан қаймығып, ыққан қайықты өзектің қамысты тұсына қарай шолақ ескекпен қақпайлайды. Онысы тұп-тура бас білмеген асауға жерде тұрып қамшы сілтегендей күлкілі көрінеді.

Содан не керек, қопа ішіне енгесін, нар қамыстан байластырып таяу жасаған болады. Қайықтың зәкірін ұйыққа ендіреді. Әбден қалжырайды. Әсіресе, түн қинайды. Су шайқап, қайық тағы да бет алды ығып кете ме деп қауіптенеді. Бір жағынан ел аузындағы су перісі туралы қауесет те қатер қоршауын тарылта түседі.

Теңіздің түнгі тынысы алабөтен қорқынышты екен. Су гүрілі жүрек қақпасын соққылайтындай. Қалғып, мүлгіп отырып, су перісінің ойша сұлбасын іздейді. Айдынға емінген ай сәулесі шынымен-ақ қараңғылық пердесінен тылсым сұлуына хабар салатындай. Ащы сумен таңдай жібітіп, шайынып, таң атқанша көз ілмей шығады. Күні бойы көз жетер жерден бір адамның қарасын таппай дірдек қағады.

Сірә да іштен тынған ауыр. Жайшылықтағы жақсылы-жаманды сөз алмасуға зар болған апуын шал жынын алған бақсыдай. «Адамның күні адаммен!» дейтін көне қағида «өзіңе де сол керек!» деген табалау сарынымен тұқыртады.

Үшінші күн дегенде, көкжиектен жылымшылардың дәу қара қайығы көрінеді. Әуелде қуанғаннан дыбысы да шықпаған. Шом тәрізденіп буылған қамыс сайғауға көйлегін іліп бұлғаңдатқан кезде барып, қарлығыңқы үнмен жағаны жаңғырықтырды.

-Бері келіңдер! Мен мұндамын!

Алыстағылар мұнда Суаттың сүтке тиген күшіктей болып бүрісіп отырғанын қайдан білсін?! «Құтқарыңдар!» деген дабыл сөзін айтуға бірбеткейлігі жіберер емес. Мүсәпірлік табан астында ғой. Ақыры балықшы қайығының тұмсығы туралап бұрылғанда, көзі жайнап сала берді.

-Айналайындар, ағаларыңды құтқарыңдар!

Қамыстың шуылы, желдің уіліне қосылған мағынасыз айқайды ұшандағылардың құлағы шалды. Теңіздегі кебежедей жылым қайықтағы қырағы көз бригадир Жанғана айдындағы аралдай қопадағы жанұшырған жалғызды бірден байқады.

Өң-түс жоқ, әбден қалжыраған қиқар шал кемсеңдеген күйі алып балықшының қамқор құшағына ене берді.

-Ақұдай! Көретін жарығым бар екен! Аллаға шүкір. Жақсылықтарың Алладан қайтсын, қарақтарым!

Әй, бұл пенде дегенді қойшы! Ел аузында бірде қоюлатып, бірде сұйылтып жиі әңгімеленетін осы оқиғадан кейін Суат шал қой аузынан шөп алмайтын момын болған шығар деп дәмелене қоймаңыз. Баяғы шолақ билік, шолтаң мінез әлі де үстем.

Бөгдеге анау айтқандай қыжылы жоқ, үй ішілік быжылы көп қыран топшысындай қарттың қиғылығына күлесің де қоясың. Кітап әлеміне ынтыққан қатарларыма қазақы болмысты Суат көршім туралы қылтима шимайым кәдімгідей ұнап қалған түрі бар. Ой тапқыш достарым мақпал сөзбен астыма көпшік қойып жатыр.

-Майын тамызып жеткіздің ғой, жүдә?! Тамаша кейіпкерлер арамызда жүр екен ғой. Дәл осы жазғаныңды жетілдірсең, «Қыршаңқы шал» деген шағын әңгіме шығатын түрі бар. Тілің лыпып тұр ғой өзі!

* * *

Бұрын мойнымыздан оқу қамытын босатқан бойда теңізге аттандайтын әдетімізден қағылғанымыз енді еске түскендей. Бүгін жағалауға қарай жосылдық. Тұп-тура өрістен оралып, ана баурайына тұмсық тыққан жас төлдейміз.

Әдебиет әсері тіл безетеді. Бұлғын терісін жамылған якуттардың қайық үстінен морждарға гарпунь шанышқанындай, екпіндей жүгіріп, оқтай атылып, бұйра толқынға қойып кетеміз. «Ойхой!-деген шаттық шалқуын хор әншілеріндей сәндеп бір мезетте айтамыз. Жоғары-төмен құлдилап, қиялап ұшқан шағалалар бала даусынан қауіп күтпей, су бетінде ойнақ салады. Бармақтай балапан торғайлардың бір уыс болып аунақтап құмға шомылғанын қайталаған күй кештік.

Тік жардың майланып сусып тұрған көк сазын иіс сабын тәрізді денемізге үйкелеп жатырмыз. Көбік шығармайды, әйткенмен теріңді жібітеді. Ары қарай тырнақ батырған осыну жанталасы жалғасады. Кейбір тапқырлар саусақ басына бақалшақ кигізіп, арқасын аяусыз тырналайды. Сыртынан қарасаң, адам аярлық көрініс! Моншасы жоқ ауылдың монтиғандары бұдан басқа қандай амал таппақ?! Енапат теңіз суы сүлгімен сүртінуді қажет етпейді. Күнге кептірініп, денемізді құрғатамыз. Ұзақ шомылудан бет-аузымыз жүн түткендей болып бүрісіп те қалады.

Қаншама кекірік атып тойып келсең де, ащы су бәрін сорып алып, лезде қарының ашады. Тентек ой қашанда табанда келеді ғой.

-Бычок ұстап, пісірсек қайтер екен?

Мәліктің үні дәл осы жолғыдай құлаққа жағымды тимеген шығар.

-Қызық ұсыныс! Байқап көрейік.

Ортақ мәміле бәрімізді су астына қайта сүңгітті. Балықшылар дәстүрінде күндіз ау, қармақ салу үрдіс емес. Ау көбіне кешкілік құрылып, түнгі балық қозғалысынан олжа күтіледі. Тереңнен өрілетін жылым төгу уақыт таңдамайды. Тізелік судан күндіз балық аулау-қашпаған сиырдың уызын дәметумен бірдей нәрсе.

Теңізге мұхиттан әкелініп жерсіндірілген бычок деген кіндіктей торсиған қара пәле жақсылық хабаршысы емес сияқты. Түрі жайын тектес. Соның мың есе кішірейтілген нұсқасы. Бұл жалмауыз қай балықтың болмасын шашқан уылдырығымен тояттайды. Балық қорын көбейтуге емес, керісінше кемітуге әдейі жіберілген су астының жансызы секілді.

Табиғаты тосын, түсі суық болғанымен, шапшаң емес. Су астындағы тастардың астын кеулеп, жасырынып жатады. Алақаныңмен қаусырып ұстап аласың. Балалық әуестіктің бычок дәмін татуға тапсырмасын орындау амалы да табылды. Жағада жатқан бірнеше бос консерві қалбырын құммен ысқылап, жуып тазарттық. Қазанымыздың түрі осы. Тұщы су, нан ала шықпағанбыз. Амал қанша, теңіз суын қалбырларға құйып, тастардан ошақ жасап, қу шөп жинадық. Сәті келгенде, сонадайдан Дәулет ағаның төбесі көрінді. Оның дорбасынан шырпы да, нан да табылды.

-Ащы суға ас пісіріп, іштерің кетсін дейсің ғой, өңшең пәтшағар! Ана жолғы салат-малаттарыңның шатағын ұмытып кеттіңдер-ау, ә?!

Сақ-сақ күліп кеңкілдегенде, дені саудан бетер. Қара нәсілді көрсе бетін шымшитындар шойын қазан түбіндей Дәулетті көрсе не істер екен?!

Жан азабын арқалаған аға бұл жолы да өңшең шуылдақтарды тағы бір кеселеген кедергіден құтқарды. Қолдағы қалбырлар қара шәйнектің шүмегіне тосылды.

Лаулаған шөп алақандай қазандағы бычоктарды балбыратып пісірді. Бір жұтым су алғаш қайнаған сәттен-ақ балық майымен шыланып, тәтті тұнбаға айналды. Тікені, қылқаны жоқ, қабыршақсыз қылдай балықты тек талмай бересің. Жаға дастарханына Дәулет аға да ортақтасты. Беліндегі орамалын жайып жіберіп, дорбасынан нан шығарды. Жүдә, маңдайымыздан тер шыпшыды. Бұл жолы «салат сабағы» қайталанған жоқ. Дәулет ағаның қара шәйнегіне су іздеген бұлдырықтай жұтындық.

* * *

Тіл алғышқа тапсырма сірә да таусылмайды. Кітапхана хан сарайындай болды. Байланыс бөлімшесінің жұмысы қызды. Бұл өзгерістер бас-аяғы он шақты баланың қолынан өтті. Жалғыздың аты-жалғыз. Жолтай мен Манашқа шынымен де тұрақты көмекші қажет. Осы жағдайды оқу жылының алғашқы жиынында ортаға салғым бар. Әрине, мектеп басшылығының да келісімі керек.

Каникулдың соңғы айы шаршағанымызды сездірді. Әйткенмен, кітап пен газеттің үнсіз ымдауы еріксіз емпеңдетеді. Кітапханаға бума-бума жаңа кітаптар келді. Мұндай қуанбаспыз. Қолда бар қорды әлдеқашан сүзіп шыққанбыз. Іздейтініміз-қызық кітап. Осы жолы сол ой кетігіне көркем кірпіш қалана кетті.

Ана буманы ашамыз-Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тері» қоламтаға көмілген табада піскен нандай. Нарттай қызарған ықшам кітап парақтауыңды күтеді. Мына буманың қағазын сыпырамыз. Бердібек Соқпақбаевтың «Жекпе-жегі» мен мұндалайды. Және бірінде-Зейнолла Шүкіровтің «Сырлы дүниесі» сұлудай сызылады. Бумалар ашылған сайын араны ашылған тамақсау жандай әрбір жаңа кітапқа жапатармағай қол созамыз. Бояу исі саф самалдан бетер.

Несін айтасың, көптен бері көжені талғажу қылған адамның табақ толы етке қол салғанындай қармап қалатын сәт туды. Жас жазушылардың «Жол басы» деп аталатын жасыл тысты мұқабалы кітабы әдебиеттегі жаңа есімдерге сүйінші сұратқандай. Сафуан Шәймерденовтің «Инеш», Зейін Шашкиннің «Доктор Дархановы» сияқты махаббатты қаузайтын туындылардағы бастан кешпеген бұл сезім көңіл қытықтайды.

Тамашасы сол, кітапханаға жаңадан тіркелген әдеби кітаптардың ауылдағы алғашқы оқырманы өзіміз. Май шамның білтесі бұл күндері төмендей түседі. Түні бойы кітаптан көз алмаймыз. Кейде екі ұштылау аяқталған шығарма осылай жалғасса деген ықыласымыз түсімізде көлбеңдейді.

Жаңалық жерде жатпайды, аспандамай тұрмайды. Жаңа кітап әсерін ішімізге сыйғыза алмай, күндізгі, түнгі ойындарда қауышқанда, жағымыз талмастан жырлайтын болдық. Шетімізден әңгімешіл қылған қызықты кітаптар мен олардың авторларына алғысымыз шексіз. Оқуға зауқы жоқ Жолтайдың өзі жаңа кітаптар жайлы бізден оңашалап тыңдайтын болды.

–Бұдан былай, әйелдердің пішу-пішу, еркектердің гу-гуін ермек қылғанша, әдеби кітапты жастанып жатып оқу керек екен. Сендер мені бір жазда өзгертіп жібердіңдер, оқығыштар!

* * *

Басқармамен тақымдас, оның ойға-қырға шапқылайтын шабарманы Шәміл орынбасардың беделі бөлек. Айқаймен емес, айбатпен жеңеді. Сол қып-қызыл белсенді бұрын ауылға үрдіс емес қабырға газетін шығарып, әйелдер жағы бетім-ай десті.

Алғашқы нөмірінде ақ жаулықтыға шүйлікті. Қора сыртындағы қиды кішігірім шоқыға айналдырған Мәнсия есімді келіншекті қоғамдық жұмысқа қырсыз, бас пайдаға ессіз берілген өлермен ретінде мықтап сынаған. Сурет салуға да икемі жаман емес сияқты. Беті шиқандай, денесі торсықтай Мәнсия тезек жинауға еңкейсе де, бөгденің алдында нағыз илікпейтіннің өзі болып бейнеленіпті.

Не дегенмен, жария сөздің пәрмені күшті. Сол-ақ екен, ауыл арасы мал тезегінен арылды. Әшейінде ұрысты тілеп алатын ауызды қауым бұл жолы үнсіз қалды. Үкімет адамы деген ұғым бәрінен биік тұрды.

Мектептің қабырға газеті де бет-жүзіңе қарамайды. Шәміл сияқты Әбдіраш ағайдың да тілі удай. Ойып түсетін ұйқасты әп-әдемі келтіреді. Сайқымазақ суреттер де жұтынып, сын мазмұнын құбылта түседі. Сабаққа кеш келген ұйқышылдар, ирелеңдеген жыландай екілік торына шырмалғандар, кезекшілікте байқалған уақ кемшіліктерге шейін сатира садағымен түйреліп жатады. Редколлегия деген аты болмаса, мәтіні де, көркемдеуі де, ең аяғы жазылуы да Әбдіраш ағайдың қолынан өтеді.

Бүкіл науқани шара, соны бастамалар фельдшер Талғатқа жүктеледі. Өне бойынан жаңалыққа жақындық мен мұндалап тұрады. Домбыра, баян, мандолин тарта біледі. Фотоға түсіруден де хабардар. Ауылдың қыз-келіншек, жігіт-желеңіне алғаш рет клубта би ұйымдастырып айран-асыр қалдырған. Биді білетіндер некен-саяқ. Әскерден келгендер мен студенттер бұрымы тізе қаққылаған бойжеткендер мен сылаң қаққан күлімкөз жеңгелердің бірқатарын би әлеміне жақындатты. Бұл үрдісті ауыл болып тамашалап, құдды концерт көргендей әсерде қалды.

Өзі жан-жақты қабілетті. Спорт десе жанын салады. Қазақ боксы мен күресінің даңқы асқақтап тұрған кез. Әбдісалан Нұрмаханов, Әбілсейіт Айхановтар ауыздан түспейді. Сол мақтаныш дүмпуіне «Жекпе-жек» повесінің рухы қосылғанда, бала біткен бокс қолғабын киюге құмартып берді дейсіз!

Клубтың сахнамен жапсарлас түкпір бөлмесі бұрыннан бос. Ішіне ескі-құсқы, есептен шыққан заттар жинаулы екен. Талғат сол орынды басқармадан бокс үйірмесіне жаратуға рұқсат алды. Жұдырық жұмысына құмарлар әлгі қуыс бөлмені сыпырып, әктеп, бір жобаға келтірді.

Талғат студент шағында бокс секциясына қатысыпты. Екі жұп бокс қолғабын байластырып, босағаға іліп қойды. Бұрышқа ағаш үгіндісі мен қиыршық құм араласқан тербелмелі қап орнатты. Қос қолға сүғылатын лапа дейтін түйетабан-жаттықтырушының негізгі құралы.

Жаттықтырушының көрсеткені, кітаптан оқығанымыз бір арнаға тоғысты. Дене қыздыру, боксшының рингтегі алғашқы дағдыларын жеделдеткенді қалаймыз. Бәріміздің аңсарымыз-бокс қолғабын киіп, боксшы кейпіне ену. Сол салтанатты сәт те туды. Талғат әрқайсымызды жұптап, бокс қолғабын түйістірудің тұсаукесер рәсімін жасады.

Алғашқы соққылар ауа қармап жатты. Арасында бет, мұрынды қызартқан төте жұдырықтан жасқанып та үлгірдік. Көз көгерді, мұрын қанады. Жүгіріс, жіптен секіру онша шаршатпайды. Есесіне, қарсылас қимылынан көз айырмай, дәл соққы дарыту діңкаңды құртады екен. Құс пыр етіп, мергеннің мүлт кеткені

тәрізді өзіңді іштей тұқыртасың. Ойлау мен ойнау қатар жүретін бокс өнері әдіс пен бұла күштің бірлігін пір тұтады.

Жаттығулардың бірінде кәрседе балық қатыруға мұз оятын Өмен дейтін нойыс шырқымызды бұзды. Қызара бөртіп, жұптасып жатқан жасөспірімдерді кимелеп алға ұмтылды.

-Әй, боксшысымақтар, қайсың шығасың менімен? Жұдырықтасу үшін жүректі болу керек.

Ол шалқалақтай қарқылдап, бокс қолғабының бірін рұқсатсыз кие бастады. Намыс буғанда, ақыл артқа шегінеді. Тығыншықтай Данияр ортаға ойқастап шыға келді. Бәріміз іштен тынып, өзімізді зорға ұстап тұрмыз. Аюдай одыраңдап фуфайкасын шешкен күйі қара қолғапты бұлғаңдатқан Өменге бір-ақ аттап жеткен Данияр иектің астынан көтере соқты. Мәссаған, безгелдек! Анау қалпақтай ұшты. Аузынан ақ көбік көпіршиді. Зәреміз ұшып кетті. Қолын уқалап, сүлгімен желпіп жатырмыз. Бір кез терең дем алып, алаңғыттанған көзімен айналасын шолды.

-Мен қайда жатырмын?

-Бокс бөлмесінде!

Есі енді кірді ғой деймін, орнынан жүрелеп әзер тұрды. Жаңа ғана екпіндеп кірген жайсаң қисалаңдаған күйі қарасын батырды. Кешірім сұрауға жүзі шыдамады білем.

Еркектер мәселесін бір-ақ жұдырық шешетініне кәміл көзіміз жетті. Әлсізге күш көрсететіндерге тыйым жасау үшін бөрікті атаулының бокстан хабардар болуы қажеттілік тәрізді. Араша түсуге де батылдық, кез-келгеннен таяқ жемейтіндей тәсіл де керек.

Ертеңіне жағы көгерген Өмен жаттығуымызды жетім баладай қорғалақтап қызықтады. Қара тер, қара жын болып, ауада соққы зуылдатқан тарамыс талапкерлерге сүйсінісі бөлек. Үзіліс сәтінде жанымызға жайғасып, ұялған тек тұрмастың кебін киді.

-Жұдырықтың үлкен-кішісі болмайды екен. «Күш атасын танымас» деген мақалды дұрыстап есіме салдыңдар. Енді сендерге ешкім соқтыға алмайды,-деп дарақы күлкісімен айыбын жуып-шайды.

Таңмен таласа далада безілдеп жүгіретініме апамның көзі үйренді. Тек ішімді соққыға төзімді етемін деп қарнымды нан тақтайдың қырына соққылап, оқтаумен түйгіштесем жан дауысы шығады.

-Ақырындап, абайлап дайындалсайшы. Бір күні қарның жарылып кетер, қарағым.

Қора ішіндегі бағанда құм салған қап тербеліп тұрады. Мен қарғып-орғып, жұдырықты түйіп алып, міз бақпаған қапты ышқынта соғамын. Төбедегі үрлік сықырлайды. Осы әрекетті бойы жеткенді мүйізімен осқылайтын ешкі есерлігі сияқты көретін апам сөз аяғын әзілге жеңдіреді.

-Жүдә, сүт шайқап май алатын мес сияқты ғой, мынауың. Бір күні байқамай қаптың орнына месті түйгіштеп, бізді ағарғансыз қалдырмағайсың, Жанайжан!

Қайран ана! Күні бойы тыным көрмейтін, жаулық ұшы қисаймай, кір де жұқтырмайтын қайран ана табиғаты қандай дархан! Бақыттың да, байлықтың да кілті, берекенің бұлағы солар ғой! Құс көлеңкесінен тоңады деп қызылшақа кезімізден мәпелеумен келесің. Сенің лебізің Алла рақымының ұшқыны ғой. Ана демі-барлық уақытта перзент емі.

* * *

Кітапхана мен байланыс бөлімшесінің шабарманы қылған көңілді күндері зерде парағындағы көп нүктені көбейтті. Оқулықтағы шектеулі мәліметтердің жалғасын түпнұсқалардан таптық. Шынымен-ақ, білгіш болып барамыз.

Оймақтай ауылдың болашақ серкелері кітаппен достасты. Үлкендер атқаратын қызметтің баспалдағы балаларды жатсынбайтынын білді. Жұмысқа деген адалдық, берілгендіктің дәмін татты. Алыс пен жақынды жалғайтын хат-хабардың құндылығын бауырмалдықпен ұғынды. Шымырлардың шашпауын көтерген даңқ тұғыры да қол бұлғайтындай.

Былтырдан бері ойынға есеміз кеткендей үй көрмейтін қаңғыбастықтан арылдық. Мектеп маңын жасыл желекпен жайқалттық. Ата кәсіп балықшы өміріне де жақындай түстік. Пайдалы істер жаңа нәтижеге бет бұрғызды. Ескерту есітпей, алғыс алған ізгілік ізі сенімді соқпаққа айналды.

«Туған ай тураған етпен бірдей» дегендей, тамыздың әр тәулігі түн пердесін жылдам түсіруде. Алғашқы қоңырауға бас-аяғы он шақты күн қалды. Жетінші сыныптың партасына қонжиятын сәт тақады. Жинақтала бастадық. Көңіл күпті. Табысымыз намысқа ұласты. Мектепке базарлық кәдесін ұсынбақпыз.

-Жолтай аға берген кітаптардың бүтінінен жинастырып, ұландар бөлмесіне тарту етсек қайтеді,-деген Данияр жол тауып кетті. Арада аз-кем үнсіздік орнады. Бір жағынан үйіміздің сәніне айналған қызықты кітаптарды қимайтын сияқтымыз. Ойлап көрсек, сол дүниені тыққыштай бермей, басқалардың да рахаттана оқығаны әділетті болмақ. Бәріміз қас-қағымда осындай ортақ топшылауға тоқтадық-ау деймін.

-Ендеше, әрқайсымыз үш кітаптан қосайық. Шапшаңдық танытқан Монтайдың көзі жайнап барады. Қос бума кітап қолымызды талдырғандай күй кештік. Сыйлығымыз әлі де орталау тәрізді. Қалайда бір нәрсемен толықтыру қажеттігін сезіп тұрмыз.

-Соған Манаш ағаның пошта жәшігін қоссақ, қатып кетпей ме?! Жәнібектің ұтырлы ұсынысына бәріміз бас изедік.

Мен де жайбасар емеспін. Ой еркін әуелі достарыма қалдырдым. Қаптың түбін қаққандай етіп шеті көрініп тұрған мүмкіндікті алға тарттым.

-Талғат ағадан сыр тарттым. Кет әрі емес. Басқармадан рұқсат алатын сияқты. Клубтың өзіміз жаттыққан бөлмесін мектеп оқушыларына арналған бокс секциясын ашуға жаратсақ, қандай тамаша!

Тіл алғыштар талқысы бір арнаға тоғысты. Мектепке сый- ұстаздарымыз бен оқушы қауымға үлкен мәртебе. Балалық шақ атты періштелік белес ой тазалығынан жан рахатына қадам бастырды. Өмір кітабының бір бетінде үлкендер, келесі бетінде балалар болып тағылым дәмін татқандаймыз. «Алдыңғы толқын-ағалар, кейінгі толқын-інілер» дейтін ежелгі ел тәлімі санамызға сіңді. Арман бекетінің қияндағы қиялшылдары осы жарасымның бір кездері өткен шақпен өрнектелетінін бұл тұста қаперіне де ілместей әсер құшағында еді.

Тамыздың соңғы түнінде көз ілмей, қыркүйектің сағынышты таңына асыққан жағалау жаңашылдары бүгін жүрегі жарылардай шаттыққа кенелді. Алғашқы қоңырау салтанатына ауыл тегіс жиналған. Дастархан жайылып, табақ тартылмағаны болмаса нағыз тойға бергісіз мереке. Мектеп маңайы айнадай тап-таза. Сай беткейіне былтыр егілген тобылғы түстес талдар ерекше өң берген.

Дене шынықтыру алаңы жанұялық мінбер іспетті. Сақалын саумалаған қарттар мен қарқарадай кимешектерін күн өпкен әжелер клубтан әкелінген орындықтарға жайғасты. Басқа ірі басты адамдар отындық бөренелерге қатарласып аяқ суытты. Жастар жағы жиынның жел бетін қаусырмалап тұрды. Ортаға беті алқоңыр матамен көмкерілген оқытушылар бөлмесіндегі жалғыз ұзынша үстел қойылған. Басқарма Ақжан, мектеп директоры Құлан, ауылдық кеңес төрағасы Кенже, Шәкен ақсақалдар жиналыс төріне көтерілді.

Салтанатты сап құраған жүзден астам оқушы ішінде белсенді балалар жайраң қағады. Әсіресе, 6-сыныптың алты арманшылына деген құрмет айрықша. Олар тұп-тура «Ер Төстік» ертегісіндегі «Сегіз ұлым бір төбе, Төстігім бір төбе» дегендейін ерекшеленді. Жанай мен Монтай, Данияр мен Жәнібек, Қайсар мен Нұртай топ алдына шығарылды. Алаулаған жүздерінде есею ұшқыны қылаңдайды. Қызыл галстукті комсомолдың төс белгісімен қазір-ақ ауыстыратындай әсерде.

Палуан тұлғалы директор жел сусытқан шашы көзіне құлағанын елең етпестен асқақ үнмен жиынды ашты.

-Оқу жылы мектебіміз үшін аса абыройлы басталғалы отыр. Алақандай ауылда жұмбақ ештеңе жоқ. Былтыр 7-сыныптың жасөспірімдері мектеп ауласына жабайы талды жерсіндіріп, бұған дейін ауыл болып ескермеген жаңалық жасады. Биыл мынау алдарыңда тұрған 6-сыныптың алты алғыры ауылдағы халыққа қызмет көрсететін орындардағы ағаларына жәрдемдесіп, ізгі қадам жасады. Мінекей, жазғы каникулды босқа селтеңдемей, осылайша өткізуге болады екен. Бұл-барша шәкірттеріміз үшін жақсы өнеге. Ұстаздар қауымы атынан оларға алғыс жариялаймын. Балаларын қоғамшыл қылып тәрбиелеген ата-аналарына да рахметіміз шексіз.

Құлан ағайдың алып құшағына еніп шыққан алтаудың жүрегі өзінде жоқ. Келесі сөзге көшкен Ақжан басқарманың ақ кителіндегі майдандық орденін сипалап тұрып тебіренген лебізі елді елжіретті.

-Қарақтарым, сендер осы ауылдан соғысқа аттанған жампоздардың жұрнағы екенсіңдер. Бауырларының шат күлкісі үшін шейіт болған сол боздақтардың әруағы өздеріңді дәйімі қорғап жүрсін! Атам қазақ мұндайда «Жігіт болды деген осы!»-деп марқаяды. Колхозшылардың жалпы жиналысы қаулысымен жауқазын жеткіншектерге балықшылардың қоры есебінен бір-бір портфельді сыйға тартамын.

-Мәссаған! Таңдай қаққан бүлдіршіндер қос қоржынды, қос суырмалы портфель иелеріне қызыға қарайды. Қайдағы қызғаныш-бәрінің ойы жақсылыққа асығу!

Жұртшылық тағы бір майдангердің сөзін күтті. Бір аяқты ұрыс даласында қалдырған ауылдық кеңес төрағасы Мырзаш қос балдаққа сүйеніп, ақ тілегін ақтарды.

  • қарға тұяқ балалардан үлкен үміт күтемін. Араларынан оқымыстылар да шығар. Ең бастысы-бұлар осы бетінен танбаса, тамаша азамат болып қалыптасады. Отанды сүю үшін алысқа аттандаудың қажеті жоқ. Туған жерге махаббат әркез ауылдан басталады. Менің сыйлығым-қаламсап. Шетінен жазғыш болсын.

Жағалау қадірмені Шәкен қарт батасын берді. Пошташы Манаш пен кітапханашы Жолтайдың да қолтығы бос емес көрінеді. Әзірлеген сыйлықтары бар тәрізді. Топ ішінде бұларды сүйсіне қадағалаған Талғат алға шықты. Шоқ-шоқ гүлді уыстаған аға тәлімгер Бақташ та бермен беттеді. Темірқанат балапан сықылды жеті жасар балдырған саусақтарын талдырған жез қоңырауды баяу сыңғырлата мақтаулы топқа ұсынды. Ал, тіл алғыштар қаздай тізіліп, өздері тапқан каникул базарлығын ұстаздар шоғырына тарту етті.

Арада апта өткенде Әбдіраш ағай аудандық газетке кітап достары туралы құлаштай мақала жазды. Бүкіл оқушының назары осыларда. Дәлізде көрсе, жол береді. Бастамашыл балалар бұрынғыдай сабақтан шығу бойына тікелей үйге асықпайды. Алдымен кітапхана мен поштаға, одан соң клуб ішіне бас сұғады. Жаңа дағды оларды мектептен тыс өмір сабағына тыңдаушы ғана емес, үлес қосушылар санатына қосқандай.

Бос уақыт туралы бас қатырмайтын болдық. Таңдаған үйірмеміз тарих пен әдебиет, спортқа бұрынғыдан да жақындата түсті. Бос парақтардан қиып алынып тігілген қойын дәптер төсқалтамнан түспейді. Бірдеңелерді түртетінді шығардым. Алғашқы кейіпкерім алдатпады. Суат жайлы шағын әңгімем республикалық балалар газетінде жарияланды. Әдебиет үйірмесінің отырыстары ауыл кітапханасында өтіп жатты. Тіліміз тәттіленіп, шетімізден сөзшең болып барамыз.

 

Эпилог орнына

Немерем ата әңгімесін ұйқыға айырбастамады. Сұрақтар қардай борады. Тіл алғыш достарымның кейінгі тағдырын тәптіштеп сұрастырды. Қырау шалған самайыма бетін тақап, шаршаңқы жүзіме мейірім шуағын төккісі келгендей. «Біз де бала болғанбыз» дейтін аталар аңсауының астарын шынымен-ақ ұғынып қалғандай. Ауылға саяхатшы көзімен аңсары ауғанын жасыра алмай әлек. Болашақ туындыға кейіпкер боп енген ағаларға ұқсағысы келетіндей.

Көптен мызғымай тұрған кітап сөрелерін нәзік саусақтар шарлай бастады. Қызылды-жасылды мұқабаларды сипалап, қаламгер еңбегінің қуатын сезінгендей. Қара да тұр, бір күні: «Ата, бала кезден кітапты көп оқыпсыз. Жаңашыл мұғалім, қаламы жүйрік журналист атаныпсыз. Өмір көшіндегі сол қимас белестеріңіз де тәп-тәуір кітапқа өзек болуға татиды ғой. Ертегіге бергісіз ғажайып дәурен туралы неге жазу столына отырмайсыз? Біздің ауылдан да бір жазушы шықсын та!»-деп тақымдауы да ғажап емес. Бүгін ертегі, ертең әңгімеден сусындаған өскелең ұрпақ шапшаң уақыт шарпуымен хикаят, романдарға тісі бататын болса, аянып қалатын не бар?! Аталарға тыныштық жоқ енді!

  • күндердің еншісіндегі шаруа. Студенттік шақтан бергі жинақтаған құнды кітаптарымды бұдан әрі шаң қаппай, жаңа заман өкілі қимастықпен парақтаса, арман не?! Аталардың аманатын әспеттейтін мұрагер немерелер көп болсын десек, көпті көрген көнекөз ретінде немерелерімізге ертегі айтып, талқыға толы өміріміздің жарияланбаған сырларын сағына шертуден жалтармайықшы! Бұл-шығармашылық ләззат қана емес, нағыз шынайы өмір есебі.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған