Адам қарады: 96 | Жарияланды: 2018-09-08 04:11:03

Жүргізуші 154

Көліктер қараңғылық əлемінінің мазасын қашырып, алыстан көздерін жарқ еткізіп бір-біріне сəлемін беріп зымырауда. Олардың жарықтарынан кірпіктеріне ұйқы ілінген Талғаттың көзі одан əрі жұмылып, бүкіл дене салмағымен рөлге құлап барады. Бір мезетте қарама-қарсы бағыттағы жəне өзінің көлігінің дабылынан шошып денесін көтеріп, рөлді айналдырып өз бағыты бойынша жолға түсіп, əріректе тоқтады. Маңдайдан шықан суық тер ұйқысын шая бастағанда, басқарусыз қалған ауыз жыбырлап

  • Атаңа нағылет ұйқы түбіме жетпей қоймайтын сияқтысың! - деп, жұдырығымен өз-өзін салып қалды. Əуре болғаны соншалық көлігіндегі жолаушы жайлы ұмытты, арт жағынан дауыс естіген соң кешірім сұрамақ боп денесін бұрды. Тілін кəлимаға үйіріп отырған жасы алпыс беске аяқ қоя бастаған əйел, жүргізушінің назарын байқап жым болды. Көлік қызып болатын уақыт өтпей:
  • Неге олай істедіңіз? -деп, сөз бастады.
  • Түсінбедім?
  • Неге өзіңізге жəбір көрсетіп жатырсыз?
  • А, оған мəн бермеңіз! Егер, қателігімді кешетін болсаңыз жолымызды жалғастырсақ?
  • Қам сүт емген пенде болған соң ондай-мұндай кездеседі.

Талғат кілт бұрап темір тұлпарынының тізгінін ұстады. Тұяқтары талай жердің бетін сипап өткен сəтте, жолаушы назарын жолдан алмай, бір сəтке қасындағы Тəкеңе сəл бұрылып

  • Сенің ақырыңа ұйқы емес, бас ауруын басатын дəрі жетеді! -деді де бір нүктеге жанарын байлады. Жүргізушінің ойы жол мен ұйқының арасы болғандықтан, құлағы шалыс естіп,
  • Айып етпесеңіз, естімей қалдым... – дегенге жолаушы айтқандарын айнытпай қайталады. Ендігі шофер Талғаттың бойы үшке бөлінді, бірақ соңғысы маңыздырақ. "Олай айтуына не себеп?", "Сөзінің жаны болса, қайтем?", "Жə, əр сандыраққа көңіл бөлетін болсам, о заманда ана дүние есігін ашатын шығармын", "Бірақ...." деген сынды сөздер миына сарқырама суындай құйылып, бірден болмаса да, кеудесіне қойылған дəн бас көтере бастады. Өлім ағашы əр демде көркейіп келе жатқанда əлгі сəуегөй апаның дауысы ойын бөліп
  • Балам, осы жерден тоқтай сал... - деген сөздер құлағын қытықтап айналасынан өтіп кеткенін сезіп, не дегенін білу ниетпен
  • Апа, не дейсіз?
  • Өтіп кеттің, тоқта деймін!

Тəкең белгілі мекеннен асып кеткенін жаңа ғана аңғарып, кері қайтты. Сəуегөй апаны құтты ұясына жеткізген сəтте, əлгі жолаушы тағы ауыз ашты

  • Есіңде болсын! Ұмытпа! Бас жазатын дəрі сенің өліміңе себепкер болады.
  • Олай айтатындай себеп бар ма? Неге мен сізге сенуім керек?
  • Өйткені болашағыңды бейпұл айтып бердім. Кейін жеті атамнан қонған қасиет бар! Сен, сенбе өз құлқыңда! - деді де есікті тарс еткізді.

Бұл сөздерге Тəкең нана бастағандай, өлім ағашы бой көтеріп, ойы мен жанарын белгісіз бір нүктеге жинады. Тыныштық орнаған сайын аспан қараңғылығы бойына сіңіп жатқанда, рацияда дауысы

  • Жүргізуші 154 тыңдап тұрсыз ба? Жүргізуші 154 -деп қайталанған сөз боулинг шарындай домалап келіп ойын сан-саққа ұшырды.
  • Тыңдап тұрмын!
  • Жүргізуші 154 сізді жаңа тапсырыс күтіп тұр!
  • Лəйлə, мүмкін болса оны басқаға берші, әлім кетіп тұр, қазір барып кезегімді тапсырамын!
  • Жарайды! Сізді күтеміз! - деп, байланыс үзілді. Тəкең бар күшін жиып, көлігін от алдырып белгіленген орынға бет алды.

Есеп айырып үйіңе жол салды. Бірақ өз-өзінен мазасы қашып сəуегөйдің айтқанын ойламауға барын салса да, кеудесіндегі ағаш бүр жарды.

Есік тарсылдатып тұрғанына көр қазатын уақыт болса да, арғы жағынан əрекет байқалмайды. Бар ашуы аяғының ұшына жиналғандай, аямай бір тепті. Содан кейін ғана арғы жағынан

  • Бұл кім ей? Түн жарымында мазаны қашырған - деген Сəнира дауысына
  • Мен! Аш! - деп қысқа қайырды. Əйелі есікті ашуы ашса да, бірақ түкке түсінбей ұйқының құшағынан арыла алмай күйеуіне "не болды дегендей" қарауда. Талғат кірген бойда қимылсыз. Сөз тізгінін Сəнира алып
  • Сен бүгін таңға жуық келмеуші ме едің?

Киеуінің жүзінен көз айырмай ұзақ үнсіздіктен соң:

  • Білмеймін... - деген жауаптан кейін, білгеніңді істе дегендей қолын бір сілтеп бөлмесіне кіріп кетті. Ері бəз қалпын бұзбай дəліздегі ілгіштей жансызданған. Үстіне киім ілсең де сезер емес.

Сəнира таңғы ұйқыдан оянып ас бөлмесіне жеткені сол еді, онда жары отыр.

  • Бəрібір ұйықтамайды екенсің, жұмысыңды бітіріп бір-ақ келмедің бе?

Тəкең үнсіз, тіпті еріні жыбырламайды.

  • Саған бəрібір, тұрмыс сенің миыңа кіріп те шықпайды! Егер мен құмырсқадай жан күйдірмесем, баяғыда-ақ инеліктей арам қатар едің!
  • Киеуі үнсіз, қақсаған дауыс құлағына кіріп шықпағандай. Жүргізуші 154-тің түрін көрген əйелі Сəнира мəселенінің төркініне жетпесе де, бір жастыққа бас қойған адамға сəл болса да жаны аши бастағандай
  • Саған не болған, тыныштық па? - деген сұрақтарға жауап тапаған соң жақындай
  • Талғат! Тəке... - деп,  маңдайын ұстап көрді, бəрі қалпында сияқты. Көп ұзамай жұлқып еді, жүргізуші 154 енді оянғандай, ой құшағынан сəл арылып, үнсіз басын бұрды. Сəнира шыдай алмай қайта сұрады
  • Тыныштық па?
  • Не дейсің?
  • Мен саған манадан бері айтқанымды естіген жоқсын ба? Меңіреу болғаннан саумысың?
  • Білмеймін...
  • О, тоба! Көзге күйік болмай жат та, қат!

Тəкең жай күнде мұндай қарым-қатынасқа сай жауап қайтаратын, бірақ ол əдеттегі уақытта еді. Ал, бүгін мойынсұнып жатар бөлмеге бет алды. Əйелі өз көзіне өзі сенер емес:

  • Мынаған жын көрінген бе? О, тоба! - деген қалпы уайымға батып кетіп бара жатқан шетінен өзін суырып шығарып, мына күйде жындыханадан нөмер ашқызып қоятын сияқтымын - деді де ас қамына кірісті.

Жұмыс киімін киюге жатар бөлмеге кірсе, ері төсек үстінде отыр, көзі бір нүктеде. Бұған тілін майыстырса да, сөз өтпесін сезіп, жұмысқа əзірленіп жатқанда

  • Мазам қашты - деген Тəкеңнің сөзі бөлменің ғана емес əйелінің де тыныштығын бұзды. Біраз шошып қалған екен, өз-өзін ұшықтап жатып
  • Туф... туф... туф...! Ой, Алла! Сен сөйлей аласың ба не? - деді, бірақ ері естіген жоқ
  • Тез əсер ететін дəріңді берші?
  • Қайсы?
  • Жатар алдын ішетін
  • Ұйқы дəрісі ме?
  • Мына хəлімде өз-өзімді мерт қылатын шығармын!
  • Қазір тұра-тұр киініп алайын - деп, айтарын айтса да, бірақ түпкі ойы киеуінің түсініксіз қалпынан тез құтқару ойымен дəрі құтысын тез-тез ақтара бастады. Не болғаны белгісіз бір мезетте Тәкең бүкіл пəтерді басына көтеріп
  • Бірақ, дəрілерді шатастырып алма жəне үйдегі бүкіл бас ауруын жазатын дəрілерді қоқысқа лақтыр, енді олар бізге керек емес - деп дауысын жоғарғы кернеуге бір-ақ жеткізді.
  • Жай ма? - деп қолындағы пластинаны шырт етіп аузына салып - сендей адаммен бас аурусыз өмір сүруге бола ма? - деп жұтып,  басқа дəріні киеуіне ұсынды.
  • Сөзді көпіртпей, айтқанды істе! - деп аузына салып жұтып, көңілі тынышталғаны сол-ақ ед, Сəнира есінеп, көзі үшбұрыштана бастады. Киеуіне берген емші құмалағының сыртындағы жазуға көз тастап,
  • Мен дəрілерді шатастырып алған сияқтымын... - деген бойда еденге сұлық құлады. Ал, Тəкеңнің көз алдына түндегі жолаушы кемпірдің бейнесі келіп
  • Мен сені ескерттім емес пе? - дегендей наразылық танытып кері айналып алыстады. Асқазанына түскен дəрі жоғары көтеріліп тамағыңа тірелді. Көзінде бөлме жарығы өлімсіреп, қараңғылық баса берді, баса берді... Тынысы таралып, қарлығып төсекте жанымен алысып, бір мезетте тынды. Кеудесіндегі өлім ағашы жеміс берді.

Қанша уақыт өткені белгісіз Сəнира жерден басын көтеріп, қабырғадағы тықылдап шаршамаған сағатқа көзі түсіп, үйден жан ұшыра шығып бара жатып

  • О, тоба! Мазасызданғаны анау ма, бас ауруын жазатын дəрінің өзіне ұйықтап қалыпты ғой! Мені оятса, ең болмаса төсекке жатқызса несі кетеді десеңші – деп, ауызы жыбырлап, есікті кілттеп жұмысына беттеді.

Үй ішіндегі тыныштықты дəліздегі Тəкеңнің киімінің ішінде қалып қойған рация бұзды "жүргізуші 154 жағдайыңыз жақсарды ма?", "жұмысқа шыға аласыз ба? ", "жүргізуші 154...." -деген сынды дауыстар бөлмелерді жаңғырыққа толтырды. Бірақ оған жауап беретіндей тірі жан болған жоқ.

Қазақ тілінде жазылған