Адам қарады: 423 | Жарияланды: 2018-09-14 13:32:54

Ит тірлік

 

      № 24 пәтердің итін соңғы кездері бір жайсыз түс мазалап жүргені. Және көретіні жалғыз түс. Тастай қараңғы жертөленің әйнегі сынған терезесінен ішке түскен ай сәулесінің  тұсында екі-үш күшік арпалысып, ойнап жүр. Жандарында сабалақ-сабалақ жүндерінің астынан қабырғалары ырсиып, жиі демін алған өзі жатыр. «Не деген бейшара халге түскенмін»-деп қояды түсінде. Сыз тартқан бетонды жерден денесі тітіркеніп, жонының еті дір-дір етеді. Алдыңғы екі аяғына басын салған күйде самарқау жатқан еді, сырттан естілген  дауысқа елең етіп, құлағын түре орнынан атып тұрды. Жаңағы бей-жай күйдің ізі де жоқ. Көздері үрей мен қорқынышқа толды. Мүжілген сирек сары тістерінің арасынан тілі салақтап әрлі-берлі жүрді де, біраздан кейін қауіп жоқтығына көзі жеткен соң орнына келіп қайта жайғасты. Бірінен соң бірі жанына арсалаңдап жетіп келген күшіктері қыңсылап, салбыраған бір-бір емшегіне жармасты да сүт емуге кірісті. Балаларын бір бір иіскеген соң көңілі орнына түскендей болғанымен күдірейген мойын терісінен әлі де толық тыныштала қоймағаны сезіледі...

    Осылайша бойын үрей билеп, қан қысымы көтерілген сәтте мойнындағы былғары қарғыбауы тынысын тарылтып оянып кетеді әлгі ит. Көзін ашып айналасын бажайласа күн сәулесі молынан шуағын шашқан кең сарайдай зәулім пәтерде жатыр екен. «Апырмай..., бұл не түс, қайта қайта бұралқы иттің кейпінде неге көрем өзімді? Құдайға шүкір иесіз жүрген қаңғыбас емеспін. Әлде қожайыныма бір нәрсе болып қалды ма?» - деген ой сап етті де басына, өз ойынан өзі шошып кетті. Енді қайтсін, күшік кезінде базардағы мың сан иттің ішінен таңдап алып, құлағына үш қайтара «Сақ құлақ» деп айқайлап ат қойғалы бері осы иесімен бірге жасасып келеді.  Иттің күні қожайынымен деген қағиданы бұл сол кезде ақ мықтап санасына сіңіріп алған. Сондықтан да қашан да, қай жерде де иесінің саулығын тілеп жүреді.

   Саққұлақ орнынан тұрып пәтер ішін кезіп кетті. Экскурсияда жүргендей әр бөлмеге бір кіріп, экспонаттарға бергісіз қолдан жасалған жихаздарды, хрусталь ыдыстар мен жардағы қымбат бағалы портреттерді, жер-жерден әкелінген түрлі әшекей бұйымдарды тамашалап біраз жүрді. Содан кейін ауызғы бөлмедегі өзінің орнына келіп жамбастап жата кетті. Кіре берістегі бұл орынды да бұған қожайыны қадап тұрып көрсетіп берген. Ия, дүние мүлік деген жетеді. Осының бәрін иесі жинағанда оның жанында бұл да бар. «Кім білсін, мен болмағанда, мұндай бақ-дәулетке кенелер ма еді...?» - деп Саққұлақ тіпті бұған өзінің қатысы бардай сезінеді кейде. Сүйтіп өз-өзіне көңілі толып бей-жай жатқан кезі еді, темір есіктің құлпы сықыр етті де, ішке жас күшікті ерткен қожайыны кіріп келді. Со бойда атып тұрып Саққұлақ арсалаңдап иесінің жанына жетіп барды, біресе бір жағына, біресе екінші жағына шықты, содан соң алдына тұра қалып құйрығын бұлғаңдатып, жарқын-жарқын дауыстап үріп қойды. Қуанышын білдірген түрі. Өйстіп құйрығын оңды-солды бұлғаңдатса қожайынының көңілі көтерілетінін әбден біліп алған. Оған иесі де әдетте  құлақ түбінен, мойнынан сипап, риза екенін білдіретін.  Бірақ..., бүгін өйтпеді. Қожайынның көңілін өзіне бұрмақ болып итіміз қанша әуреленсе де, оның мұнымен ісі болмады, ертіп келген итінің қызығына батып, сонымен әуре. Саққұлақтың кеудесінде бұған дейін өзіне белгісіз, түсініксіз бір сезім шым етті. Дегенмен, ол не сезім деп талдап тұратын мұрша болды ма онда? Иесінің өзіне мән бермегені алаңдатты оны, алаңдатқан жоқ, жанына батты тіпті. Енді не істерін білмей сәл абдырап тұрды да, содан соң қожайынының көңілін анық аулайтын, еш мүлт кетпейтін айласына көшті. Барды да, иесінің үй тәпішкесін тісіне қыстырып алып келді де аяғының алдына тастады. Бұл да оның бұрыннан пайдаланып келе жатқан әккі айласының бірі еді. Саққұлақ дегеніне жетті. Мәз болған иесі мұны да айналып, толғанып екі қолымен жағынан ұстап тұрып мұрнынан сүйді. Сөйтті де ас бөлмеге қарай кіріп кетті. «Е-е бәсе, манадан бері сөйтпейсің бе, енді міне жөнге келдің»-деп  иесінің артынан қарап риза болып тұрған Саққұлақты шәу еткен күшіктің  даусы еріксіз өзіне қаратты.

  • А, сенбісің,-деп жаңа қожайынмен еріп келген күшікке менсінбеген кейіппен бір қарады.- не болды сонша үйді басына көтеріп?
  • Мен жәй, әншейін...
  • Не жәй әншейін? Есіңде болсын, мұнда дауыс шығаруға алдымен қожайынның, содан соң менің ғана хақым бар. Ал сен мұнда әзірге ешкім емессің.
  • Кешіріңіз. Мен тек сіздердің командаларыңызға қосылғаныма қуанышты екенімді білдірейін деп...
  • «Команда» деймісің? Хм,«команда...» Жақсы айттың-әй бала. Дұрыс, біз шеф екеуміз бір командамыз. Мен қожайынды солай «шеф» деп атаймын, сен де солай атайтын бол. Сен жалпы болайын деп тұрған балаға ұқсайсың. Атың кім өзі?
  • Қожайын Сақтан деп қойды атымды.
  • Былай болсын онда, Сақтан. Сен әзірге менің қарамағымда боласың. Менің айтқаныммен жүріп, дегенімді тыңдасаң жаман болмайсың. Мен саған мұндағы тәртіптің бәрін түсіндіріп беремін. Тек менен айрылма. Ал әзірге, «шеф» орныңды белгілеп бергенше, анау жерге барып орналаса бер,- деп Саққұлақ жаңа көршісіне өзінің кілемшесінен төмендеу, дәл кіре берістегі орынды көрсетіп берді. - Міне, осында жайғас. Сәлден соң қожайын ас ішіп, тынығып алғаннан кейін бізді далаға ертіп шығады. Сол кезде мен саған басқа да ережелердің мән жайын түсіндіре жатармын.- деді де, өзі ас үйдің есігіне тақалып барып іштегі әңгімеге құлақ салды.

 Сөйтсе әңгіме аяқталуға жақын қалыпты. Қожайынның әйелі күйеуінің екінші итті жетектеп келгеніне риза емес сияқты. Күйеуі уәж айтып әлек.

  • Саққұлақтың аңның ізін кеспек түгілі аулада мышық қуалауға да ебі жоқ. Мышық қумақ түгілі, тышқан ауламайды.

Оған әйелі көнетін емес. «Біз ол иттің тұқымын да, тегін де білмейміз ғой, неңе сеніп алып келдің оны»- дей беріп еді, «Болды, доғар енді» деген қожайынның қатқыл даусы естілді. Саққұлақ селк етті де, бір нәрсеге ұрынбай тұрғанда табанымды жалтыратайын бұл жерден деп өз орнына тайып отырды. Естіген әңгіменің байыбына бара алмай біраз жатты. Қайдағы аң, қайдағы мышық? Бұл неге оны қуалау керек? Тышқан аулап не жыны бар? Түк түсінсе бұйырмасын. Аңның ізіне түсуді білмесе оған кім кінәлі? Сол иесінің өзі кінәлі үйретпеген. Әуелі үйретпей ма екен адам деген. Ізін таппақ түгіл, сол аңның өзін де көрген жоқ бұл. Ал мышық қуалағаннан не пайда? Бәрібір жеткізбейді ол сұмырайлар.Әй қойшы сол «шефты», не болса соны әңгіме қылып...   

   Біраздан соң қожайыны Сақтан екеуін ертіп далаға шықты. Күні бойы қамалып үйден шықпаған Саққұлақ иесі шылбырын босата салысымен ауланың ол жақ бетінен бұ жақ шетіне алма кезек жүгіріп есі кетті. Бір сәт тоқтай қалып Сақтанды көзімен іздеп еді. Оны қожайын қарғыбауға байлап ұстап отыр екен. Маңайды әзір білмейтін болғандықтан жанынан жібермей отырған болу керек деп топшылады Саққұлақ. Осылай жын қаққандай жалғыз өзім шапқылап жүре берем бе деп тұрғанда көрші подъезден ескі досы-дәу төбет атып шықты да бұған қарай беттеді. Жанына келіп екеуі жаңалық алысып, амандық-саулық сұрасып дегендей...,біраз серуендеді.  Соңында көрші ит астарлы бір әңгімені бастады.

  • Ия, Саққұлақ, жаныңа бір көрші келді деп естідік қой...Аты кім өзінің?
  • Қожайын Сақтан деп қойыпты. Оны неге сұрадың?
  • Қайдан тауып әкеліпті, неге әкелді, білдің ба?
  • Жоқ.
  • Бекер, ондай нәрселерді біліп жүру керек.- деді төбет бұл мәселеде бір гәп бар екенін сездіріп.
  • Не білгенің бар, айтсайшы тағатымды тауыспай,- деп күйіп кетті Саққұлақ.
  • Менің қожайыным сенікімен дос болғасын айтып отырмын саған. Бағана бір әңгімені құлағым шалып қалды. Сенің қожайыныңның жаңа бастығы аңшылыққа әуес көрінеді. Бәріне аңшылыққа жарамды ит табыңдар, жақында саятшылыққа шығамыз депті.
  • Содан?
  • Соданы несі ей мынаның,- деп енді дәу қара ит күйгелектенді.- Аңшылықта кімнің иті көзге түссе, соның тасы өрге домалайды. Ондай абырой әперген итке қожайыны да оң көзқарас танытатыны анық. Анау жәмән күшік нағыз із кесетіннің өзі болайын деп тұр. Түрінен көрініп-ақ тұрған жоқ па! Сол бәле алдыңды орап кетсе қайтесің?  Сонда сенің жайың не болады, соны ойладың ба?
  • Мә-ә...Солай де. Е-е енді түсінікті болды... – деп Саққұлақ ойланып қалды,- түсімде бұралқы итке ұқсап жүргенім де осыған көрінген екен ғой...
  • Қайдағы бұралқы ит, не деп кеттің сен өзі?-деген досының сұрағын ол құлағына да ілген жоқ.

«Жоқ, ол бола қоймас»- деді де «Қайда барасың, тоқтай тұр»- деп ізінен айқайлаған досына қарамастан Саққұлақ тіке үйге тартты. Алғашқы ойы қолына түскен бойда күндесінің парша-паршасын шығару еді. Бірақ сабыр сақтап оған бара қоймады. Екеуі жанжалдасса, әлден мышық қуаламайды деп мін тауып жүрген иесі кімнің жағына шығары белгісіз. Шын ашуланса қожайыны мұның талай көрмелер мен жарыстарда алған медальдарына да қарамастан, артынан бір теуіп қуып шығатынын бұл жақсы біледі. Сонда не істеу керек? Не болса да ашуға бой ұрмай, асықпай ойланып алған жөн деген шешімге келді. Сөйтті де, үйге келген соң өз орнына жайғасып,тығырықтан шығар жол іздестіруге кірісті. Алайда, қанша ойланып толғанса да басына бір ой келмей ұзақ қиналды. Бір уақытта көзі ілініп кетіпті. Түсіне сол баяғы бұралқы қалпында қоқыс контейнерлерін кезіп жүрген кейпі келді. Азып-тозған, ашыққан. Қыстың қақаған аязында қалтырап, дірілдеп әр контейнерге бір үңіліп, азық іздеп иіскелейді. Түк таппаған соң маңайдағы басқа қоқыс үйінділеріне жүгіреді. Жанында өзі сияқты сирақтары сыриып, құлақтары жалпиып, құйрықтары бүріскен иттер өріп жүр. Бәрінің ойы бір - тіске басар бірдеңе табу. Бір кезде тобыр ит мұны ортаға  алып, сұрақтың астына ала бастады.

  • Неғып жүрген бейшарасың?
  • Мұнда қайдан жүрсің?
  • Бұрын көрмеген едік қой сені,- деген сұрақтардың қайсысына жауап берерін білмей

абдырап тұрып қалды. Тек;

  • Мен бейшара емеспін,-деуге шамасы келді Саққұлақтың.
  • Енді кімсің? Түріңе қараса өзіміз сияқты нағыз бейшарасың. Қожайының да жоқ бұралқысың.
  • Өтірік, мен иесіз емеспін. Сенбесеңдер міне,- деп Саққұлақ мойнындағы

қарғыбауын көрсетті.- Ием болмаса кім тағады бұны маған.

  • Онда сені қуып шыққан.
  • Сен тастандысың...  
  • Сорлы бейшара,
  • Тастанды,- деп ентелеп келе жатқан қаңғыған иттерден артқа шегіншектеген

Саққұлақ;

  • Жоқ, жо-оқ, мен тастанды емеспін,- деп айқай салды...

   Шошып оянса түсі екен. «Ух. Не деген жаман түс. Қайдағы пәле қайдан кіріп жүр өзі»- деген оймен Саққұлақ бір жағы аман-есен үйде екеніне қуанса, екінші жағынан уайымдап қалды. Не болса да бұл жәй түс емес. Бір бәлеге ұрынатын шығармын деді ішінен. Ішек асқазаны сорып қарны ашқандай болды. Ас үйдегі өзінің табағына барып жүрек жалғамақшы болып еді, тәбеті тартпады.

   Сол күннен бастап Саққұлақтан маза кетті. Сары уайымға салынып ас ішуден де қалды, далаға шыққанда жүгіріп ойнауды да қойды. Үй ішінде де тілі салақтап, басын төмен салған күйі жабырқап жүретін болып алды. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылды. Қаралай жүріп жүдеп кетті өзі. Содан күндердің бір күнінде ес жиды-ау әйтеуір. «Қой мұным болмас, бүйтіп жүре берсем расында далада қалармын»- деп шешті. Олай болса не істеу керек? Ұзақ ойланып, толғанып бір амалын тапты-ау әйтеуір. Анау күнгі ас үйдегі болған әңгімеде қожайынның әйелі Сақтанды ұнатпаған секілді еді ғой. Онда осыны пайдаланып «шефтың» әйелін өз жағына тарту керек деп шешті. Оны қалай жүзеге асыратынын жоспарлап та қойды. Сол әйелдің жанынан шықпау керек. Қайда барса да ізіне еріп жүрем. Аң аулап, мышық қуаламасам да дүкеннен қайтқанда дорбасын арқалауға шамам жетеді, қоқыс шығару да қолдан келетін шаруа. Алдымен содан бастайық. Кейінгіні кейін көре жатармыз деді. Біраз уақытқа дейін бұл жоспары нәтиже беріп келген еді. Мұның тірлігіне қожайынның әйелі дән риза болып жүрді. Әйелі ризаның байы да риза. Иесі соңғы кезде бұған оң қабақ таныта бастағанда..., аяқ астынан бәрін өзі бүлдіріп алды.

     Кешкісін жұмыстан келген қожайыны туфлиін шешіп, жалаң аяқ бөлмеге кіріп кеткенін байқап қалған Саққұлақ иесінің тәпішкесін тісімен іле сала ізінен жүгірді. Ас үйге кірген бойда еш нәрсені байқамастан дарылдап қожайынға жете бергенде оған тамақ әкеле жатқан әйелін қақты да кетті. Әйел шалқасынан құлап бара жатып ыстық сорпа құйылған ыдысты қолынан шығарып алды да, ол столдың жақтауына тиіп барып жерге тарс етіп сынды. Одан шашыраған сорпаға күйіп қалған күйеуі «А-ай» деп айғайлап жіберді. Атыздай болып кеткен көздерінен от шашып, кімнен өшін аларын білмей Саққұлаққа қарады да «кет, жоғал»- деп бүйірінен бір тепті. Ит қыңсылап барып есікке қарай зып берді. Ауызғы бөлмеге өтіп, не болып не қойғанын әлі де түсіне қоймаған Саққұлақ біреудің ыржиып тұрғанын байқады. Қараса Сақтан екен.

  • Неменеңе жетісіп күлесің?- деп арп етті оған.
  • Жәй, әншейін,- деді Сақтан жәйбірақат.

Не деп күшікке тиісерін білмеген Саққұлақ «Тұра-тұр бәлем, көрсетермін мен саған ыржиғанды»- деп іштей кектенді.

     Бұдан арғы күндер Саққұлақ үшін тіпті де қиямет болып кетті. Иесі бұны елеуден қалды. Әйелі де танымайтын адамдай айналшақтап өтетін болды. Оған өзінің міншілдігі қосылды. Кез келген нәрседен секем алатын болып жүр. Не істеп, не қойса да ешкімге жақпайтын сияқты көрінеді де тұрады. Қалай десе де, Саққұлақтың ендігі өмірі қыл үстінде тұрғандай еді. Қожайыны далаға қуып жіберсе не істемек? Қалай күн көрмек? Айтатындайы бар. Осы жасқа келгенше өзіне азық табуды да үйренбеген сорлы емес пе. Құйрығын бұлғаңдатып, иесінің асты-үстіне шығып көңілін аулағаннан басқа қасиеті жоқ. Ал бірақ менен басқа кімі бар оның?! Осы уақытқа дейін шашбауын адал көтеріп келген жоқ па едім. Мен болмасам анау күшіктің бітіргенін көрер едім. Демек көзін ашу керек қожайынның. Мен болмасам күні қараң екенін сездірту қажет. Ең бірінші ана күшіктен құтылған жөн. Ол барда мен үшін таң атып, күн шықпас. Сол сүмелекті бір жайлы қылған соң қожайын да райынан қайтар деді де, Саққұлақ енді Сақтанды ығыстырудың ретін іздестіре бастады. Ондай әдістерге шебер ол, көп ұзамай оның да амалын тапты.

   Күнделікті серуендердің бірінде Саққұлақ Сақтанды жанына шақырып алып:

  • Сен осы анау үйде тұратын дәу қара төбетті білесің ғой,- деп сұрады.
  • Бостанды ма? Білем.
  • Сол жақында маған келіп бір тосын жаңалық айтып мақтанып кетті.
  • Ия, не дейді?
  • Оның иесі біздің қожайынның орнын тартып алмақ көрінеді.- деп бүлк етпей

өтірікті қойып кеп қалды Саққұлақ.

  • Ау, ол екеуі дос емес пе еді?
  • Дос дейді... қайдағы дос? Қызметте достық деген жүрмейді. Бұлар, жәй күндері күліп, сыйласып жүргенмен, реті келсе, бірін-бірі қағып тастауға дайын жүреді. Білдің бе?
  • Мәс-саған... енді қайттік,- деп Сақтан абдырады.
  • Саспа. Оған жол бермейміз. Құдайға шүкір, мышық қуалай білмесек те, біз де бір нәрсе білеміз.-деді Саққұлақ қожайынның сөзін еріксіз еске алып.
  • Сонда не істейміз?
  • Былай бала. Ертең Бостан иесі екеуі әдеттегідей далаға шығады. Сол кезде сен оның иесін тістеп аласың. Ол ауруханаға түссе біздің «шефтың» орнына таласпақ түгілі аман қалғанына риза болады. Түсіндің бе?
  • Ой Сәке, сол біздің қолдан келе қояр ма екен,- деп Сақтан күмілжіді.
  • Е-е, неге келмейді?
  • Анау дәу қара досыңыз иесіне жеткізбей ақ талап тастамай ма мені.
  • Оған алаң болма. Ол дәуді мен өз мойныма алам. Шыққан бойда өзіме шақырып алам да, әңгімеге айналдыра тұрам. Тек сен дұрыстап, бар күшіңді сал. Аңшылыққа жарайтын бала дейді ғой сені,- деп Саққұлақ кекесінмен иесінің сөзін тағы

қайталады. Сөйтіп соған келісті де, екеуі үйге қайтты.

   Үйге келген соң жұрт ұйқыға кеткенше Саққұлақ күшік кезінен бастап әрбір сәтін есіне алып, көзін іле алмай біраз жатты. Иесінің алғаш мойнына қарғыбау салғаны, сүт құйып алдына тосқаны, бәрі күні кеше ғана болғандай. Есейген сайын қожайын қарғыбауды бір ілгешекке кеңітетін. Мұның өзі бұған өсудің кезекті бір баспалдағындай еді. Жаңа белес. Ой-хой, дәурен-ай. Бәрін айт та, бірін айт, осы үйдің табалдырығын аттағалы бері ішкені алдында, ішпегені артында, бір молшылыққа кенеліп еді-ау. Енді келіп мына бір сүмелек соның бәрінен мені айырмақшы деп Саққұлақ ұйықтап жатқан Сақтанға қарады. Алаңсыз пыш-пыш етіп жатқан күшіктің тағдыры ертең шешілгелі тұрғаны есіне түсіп кетті де, бір сәтке күмәнданып қалды. Ертең далаға айдап шықса, бұл байғұстың күні не болмақ? Көшедегі көптің бірі болып қаңғалап кетеді-ау деп ойлап, аяп кетті. Бірақ, жүрегін енді елжірете бастаған сезімін со бойда тұншықтырып тастады. «Жоқ. Әркім күн астындағы орны үшін әлі келгенше күресуі тиіс. Мен емес, өзі кінәлі біреудің нәсібіне таласқан. Мен тек өзімнің заңды орнымды қайтармақпын»- деп өзін-өзі қайрап та, ақтап та алды Саққұлақ.

   Ертесіне уәделі уақытта Саққұлақ пен Сақтан далаға шығып дәу қараның иесімен шығуын күтті. Көп ұзамай олар да көрінді. Қожайыны үй алдындағы отырғышқа жайғасып ешнәрседен секем алмастан газет оқуға кірісті. Саққұлақ салған жерден жүгіріп барып төбетті былай алып шықты да, әңгімеге айналдырды. Бір жақ көзімен Сақтанға қарап қояды. Ол бір орында тықыршып қозғалатын емес. Уақыт болса өтіп барады. Қара төбеттің иесі кетіп қалар ма екен деп қауіптенген Саққұлақ Сақтанның жанына жетіп барды. Жете сала:

  • Неғып тұрсың ей сен?- деп айғайлады.
  • Сәке, бір түрлі бата алмай тұрмын. Сол мәселені басқаша шешудің амалы болмас па екен? Мүмкін «шефқа» жеткізерміз мән жайды. Сосынғысын өздері білер.
  • Әй, есуас, біріншіден сенің айтқаныңды қожайын құлағына да қыстырмайды. Екіншіден естігеннің өзінде де сенбейді саған. Ал ол қызметінен айрылса біз екеуміздің де күніміз қараң болады. Соны түсінемісің сен милау. Бол бар айтқанды істе. Мен ана есалаңды ұстап тұрайын- деді де Саққұлақ қайтадан қара төбетке

қарай безе жөнелді. Жетіп барып артына қараса Сақтан қара төбеттің иесін батке алып шауып барады екен. Көзді ашып жұмғанша ештеңе байқамай газетке үңіліп отырған адамның жанына шауып барды да, «Гәу-гәу»-леп тірсегін қырш етіп тістеп алды. «А-а-ах»- деген жан дауыс шықты. Ізін іле-шала айналадағы адамдар шулап қоя берді. «Құтырған ит», «Ит қапты адамды», «Құтырған ит қапты», «құрту керек оны», «көзін жою керек» деген айқайлар естіліп жатты. Аяқ астынан аула апан-топан болды да қалды.

   Сол күннен қайтып Саққұлақ Сақтанды көрген жоқ. Досының алдында ұятқа қалдырғаны үшін иесі оны көп ойланбастан бір жаққа апарды да тастады. Қайда, кімге? Ол жағы беймәлім. Әйтеуір бұл үйде жоқ. Бастысы сол.

     Шамалы уақыт өткен соң бәрі бәз-баяғы қалыпқа келді. Қожайынның досы да аман қалды. Айнала жұрт та тынышталды. Сақтан деген күшіктің болғанын да ұмытты бәрі . Саққұлақтың жағдайы түзеліп, көңілі орнына түсті. Тек анда-санда түсінде бұралқы иттердің арасынан Сақтанды көріп шошып оянады. Содан соң «Өзі кінәлі, өзі»- дейді ішінен.            

 

Қазақ тілінде жазылған