Адам қарады: 434 | Жарияланды: 2018-11-05 14:22:04

Ғашық болып көрмеген Айпара

Шытырманға толы хикаялардағы адамдардың өмірлері бір мезгілдік күнмен ғана өте бермейді. Жоқ жерден шайқасу керек зұлым пайда болады. Оны жеңу жолында бас кейіпкерлер көп жаттығады, зұлымды тауып, жеңу мақсатында саяхаттайтыны да бар. Әлемнің тең жартысын аралап-аралап жүріп, көптеген нәрселерді көреді, жаңалықтарға куә болады, ал ең бастысы, өздеріне жақтас достарды кезіктіреді. Соңында өз теңіне қосылып, бақытты ғұмыр кешеді. Бірақ шын өмірде ондай нәрсе мүлдем жоқ. Өкінішті-ақ әрине, бірақ шын өмір іш пыстырарлық жағдайларға ғана толы.

 – Иә, Айпара, не жаңалық бар?

– Ой, мама, не жаңалық болушы еді? Сол баяғы өмір. Сол кешегі тағы да қайталанған күнделікті күнім, - деп анасына жауап берген қыз өз бөлмесіне кіріп кетті. Енді ғана университеттен үйіне оралған қыз әбден шаршаған еді. Сөмкесін төсегіне лақтыра сала, Айпара жайғасып отыра да қалды. Қалтасынан ұялы телефонын алып шығып, әлеуметтік желілерге көз салды. Бір жұлдыз Оскар алыпты, біреулер күлкілі бейне түсіріпті, бір бетте нақыл сөздер жазылып тұр екен. Құттықтаған, мазақтаған, не болмаса тақырыпқа қатысы жоқ жарнамаларға толы пікірталастар да көп. Бірде аз, бірде миллионнан асқан лайктар да жеткілікті. Қыздың байқауынша, ешқандай жаңалық жоқ. Бәрі сол баяғыша. Әрине, посттардың көбісі өзгерген. Кешегіден ерекшеленетіні рас. Бірақ студентке жағып отырған ешнәрсе көрінбейді. Соның өзінде ол ұялы телефонын қолынан тастар емес. Оны ойға да алмайды. Әйтеуір ары қара қолды экранға сипатып, отыра берер ойы бар.

– Қызым, шай дайын, тамаққа кел, - асүйден шыққан дауысты қыз естіген жоқ. Анасы жаңағысын тағы да қайталап, кішкене дауыс көтерді.

– А? - анасының даусы енді ғана құлағына жеткен қыз қолынан ұялы телефонын тастамай, бөлмеден басын сығалатты.

 – Тамақ дайын деймін.

– Қазір, тоқтай тұр. Мен әлі киімімді ауыстырған жоқпын. Бес минут. Өз құлағына сенбеген орта жастағы әйел қызының бөлмесіне кірді. Рас екен. Айпара әлі шешінбепті.

 – Ойбу! Басын істей ма, сенің? Келгеніне жарты сағат болып қалды ғой. Ал сен әлі отырсын. – Қойшы, мама, қазір дедім ғой. Қазір. Кері жауап қатуды дұрыс көрмеген Айпараның анасы асүйге кейін қайтты. Үй киімін ауыстырып, дәрет алып, беті-қолын жуған қыз дастархан басына 10 минуттан кейін жетті. Күріш көжені ішуге кіріскен қыздың екі көзі сол баяғынша әлі ұялы телефонда. Шайын құйып, оны да алдына қойып берген анасы басын шайқады да қойды. Өзіне де шай құйған әйел қызынан көзін алмай отырды. Өзгерген заман. 40 жыл бұрынғы кезден ерекшеленетін жастар. Техника мен ғаламторға жабысып қалған адамдар. Бұрынғы уақыттары шай ішіп отырған мына әйел де қыз болған. Бірақ ол заманда ол өз анасымен, аға-әпкелерімен әңгіме-дүкен құрып отыратын еді. Мектепте болған жаңалықтарымен бөлісетін еді. Өзіне тиісіп, мазасын алған ұлды жамандап отыратын еді. Иә, ол заман керемет болған. Сол замандар оралса ғой, шіркін! Айпара өзімен әңгімелессе ғой. Әйел тырысып көрді. Қызына түрлі сұрақтар қойды. Бірақ қызы әлсін-әлсін жауап беріп, ұялы телефонынан көзін алған жоқ. Біраздан соң бетін сипап тұрып та кетті. Кешке қарай жұмыстан отағасы оралды. Әйелі мен қызы оны қарсы алып, бәрі дастархан басына жайғасты. Бұнда бір ғажап болды. Анасы қалай таңқалса, әкесі де солай таңқалды. Олар бір-бірлеріне бұл көріп отырғандары түс емес пе екен деп, бірнеше рет қарап қойды. Бір-бірлерін шымшуға да барды. Мәселе Айпараның ұялы телефонсыз отыруында еді. Бұл расымен түске ұқсаған жайт. Қолынан дерліктей ешқашан тастамайтын ұялы телефоны қазіргі кезде жоқ.

– Шешесі, мынаның ұялы телефоны қайда? Сынып қалды ма?

– Әй, білмеймін! Сынса сынған шығар. Мен де түк білмеймін. Бірқ осы түсте ғана...

 – Папа, «мына» дегенің кім? - деп қыз анасының сөзін бөліп жіберді. – Менің атым бар. Оны өзің қоймап па ең?

– Кешірші, Айпара, - деп әкесі орнынан түре келіп, қызының мандайынан иіскеді. Ол әйеліне қарағанда ірі болған. Сондықтан ол өз орнына қорбаң-қорбаң оралды. Сол аяқтарын әзер-әзер ақырын басқан бауырсақ әкесінің жүрісіне Айпара шыдамай күліп жіберді. Оның себебін түсінген анасы қызына тыныш отыр деп, сыбырмен ғана ескерту жасады.

 – Сөйтіп, Айпара, ұялы телефоның қайда? - деді анасы қызының көңілін толықтай тыныштандыру үшін.

– Қуат көзін толтыруға қойып, өшіріп тастадым. Қалған қуаты аз болса да Айпара негізінде оның өзіне ыңғайлы амалын білетін қыз. Тоқ көзі асүйде де бар. Тамақ жеп, шай ішетін уақытта соған тығып қоятын әдеті бар. Бірақ қазір оның сонысын неге істемегенін ата-анасы түсінер емес. Бұны ұққан қыз бәрін түсіндірді:

– Балалар сабақты сұрап мазамды алды. Жазған хаттары тек сол ғана. Тыныштық бермей қойды. «Білмеймін» десем де қоймайды. Жаза береді, жаза береді. Қанша шыдауға болады, а? Жетер! Маған бірнеше сағат тыныштық керек.

– Ие, солай де... - деді студенттің әке-шешесі бір ауыздан түк түсінбесе де... Соқыр да, саңырау да болмаған қыз анасы мен әкесінің аңырап қалған түрлері мен дауыс ырғақтарынан олардың ешнәрсе ұқпағанын ұқты. Сол себепті бір күрсініп, бәрін түсіндіруге кірісті де. Қалай екенін қыздың өзі байқамағаны сөзсіз. Осы түсіндіруінің ішіне университет сипаты мен ондағы мұғалімдер, студенттер жайы да кіріп кетті. Сабақ барысындағы оқиғалар айтылды. Шәкіртақысы мен төлеп оқу мәселесі қаралды. Кей кездері болып тұратын аға оқытушы, профессор деген атақтарға ие мұғалімдердің таза өз араларындағы ұрысы пен тек студенттер арасындағы ұрыстарды Айпара өсек қылды. Өзі жақсы араласатын қыздар мен ұлдардың аттарын атады. Оның тобында аяғы ауыр, әрине, үйленген қыз бар екен. Ол үнемі боянып, шашын жайып жүретін, топтағы ең сұлу қыз болып есептеледі. Ал Айпараның өзі екінші орында. Бірақ бұл өзі солай ойлағандықтан емес. Оған солай деп, бір ұл айтыпты-мыс. Оның келтірген мысалдары да ойға қонымды болған. Сондықтан да Айпара сол екінші орынға келісіп отыр. Осында қыздың анасы үстелдің үстін тарс ете ұра қалды. Ол өзінің қызының тек бірінші орынға ғана лайық екенін айта бастады. Өткені Айпара туылғаннан бері әсемдікке ие. Бұны әкесі де қолдады. Ол кіп-кішкентай болып, үй ішін аралап, ана бөлмеден мына бөлмеге жүгіргенде әкесі оны ешқашан да ұстай алған емес. Неге десе, әкесі бір орынсыз себеп айттты. Оның айтуынша, ол сол кездері арық болған еді. Ол керек десең, олимпиада чемпионы бола алар еді. Айпара мен әйелі бірігіп, қой десе, ол өзінің мектептегеі бар марафондардың жеңімпазы болғанын сөз қылды. Ал өзінің тұңғыш та жалғыз қызы туылғанда ол әлі де керемет сұлбалы болыпты. Сондықтан да ол қуылыспақ ойнағанда Айпара секілді баланы оп-оңай ұстап алуына шамасы жететіне сенімін білдіріп отырды. Бірақ та бәрібір ұстауға дәті бармаған екен. Міндетті түрді әдейі жеңілуі керек қой. Әйтпесе, оның ай десе аузы, күн десе көзі бар ару қызы жылап қалатыны анық. Ал Айпараға жылауға болмайтын еді. Ол жыласа, оның сүп-сүйкімді жүзі өз сұлулығынан айырылып қалатынына сенімі мол. Орынсыз болса да, әкесінің сол хикаясын бірінші рет естіген қызына бұл – тек қуаныш қана сыйлайтын бағалы естелігі. Одан кейінгі қызғаныш білдірген анасының естелігі де өте керемет.

– Айпараның әкесі, ал мен ше? Мен сенің алғашқы махаббатың емеспін бе? Өзің солай деп едің ғой. Бірақ қазір сен өз сезіміңді қызыңа білдіріп отырсын ба, өзі қалай? - деп бастап, қыздың анасы өздерінің бір-бірімен алғаш кездесуі жайлы естелігін баяндады. Айпараның ата-анасы университетте кездесіпті. Жоқ, қыз бұны баяғыдан-ақ біледі. Бірақ ол олардың қандай жағдайларда жақындасқандығын білмейді екен. Сөйтсе олардың ара-қатынасы әкесінің қадамынан басталыпты. Болашақ ерлі-зайыптылар бір университетте, бір факультетте, бір топта оқыған. Жас бойжеткен ең үздік студент болса, оның болашақ жұбайы соңғы орыннан ғана көрінетін жігіт болыпты. Онысы сабақтан көп қала беретіндігінен. Ол сыртта жұмыс жасайтын еді. Бірақ бұдан оның отбасы кедей, жағдайы нашар деп қорытынды тиіу – бұрыс іс. Айпараның атасы мен әжесі орта таптың адамдары. Оларды тіпті ауылдағы байлардың қатарына жатқызуға болар. «Онда сен неге жұмыс жасадын?» - деген қызының жауабына әкесі өзінің Алматыға барып, оқи бастағанында жаман іші пысқанын айтты. Кезінде ауылда көп жұмыс жасайтыны бар. Ал қалада тек қана оқу бар. Ол өз өміріне тым болмаса бір түс беру үшін таксист болыпты. Оның арқасында әдемі астананы күнде-күнде аралады. Бұрындары көрмеген көшелерді көріп, Алматының картасын жадқа сақтап алды. Әрине, ол кездегі айдаған машинасы өзіндікі болған жоқ. Бірақ кейіннен соны сатып алыпты. Жігіт студенттік оқудың соңғы жылында машинасы бар студент атаныпты. Ол солай ғана ұнатқын қызының жүрегін жаулап алыпты-мыс.

 – Қойшы! - деді жұбайы, – сен менің жүрегімді машинаң болғандықтан ғана жаулап алмадың ғой. – Жоқ, сен менімен тек сол машина иесі атанғанда ғана кездесуге келістің.

– Олай емес! Айпараның анасы оның әкесімен келіспей, естеліктерге тағы бір шолу жасай бастады. Жігіттің машинасы болмаған күннің өзінде-ақ қыз оны бұрыннан ұнатып жүріпті. Топ ішіндегі ең үздігі болса да, ол өзін соншалықты ақылды санамапты. Оның ойынша, бұл орынға әлі машинасы жоқ жігіт лайық болыпты. Ол сабақтан көп қалса да, нағыз зерек дара еді. Мұғалімдердің арасында оның сүйікті студенттер қатарында болғаны да анық. Өмірдегі бар нәрсені білетіндей, оның өзіне қойылған сұраққа жауап бере алмаған күні болған жоқ. Әр кітаптың авторын, оның баспасы мен шығу тарихын, ең бастысы, онда кездесетін бар терминдерді түгелдей жатқа айтып бере алатын. Бірақ соның өзінде кейбір мұғалімдер оның сабаққа келмей жүргенін ұнатпайтын. Сондықтан да ол жаман оқитын студенттердің қатарына түсіп қалыпты. Бұдан оны бір жақтан аяй түскен қыз да бар. Қазіргі кезде жұбайынының есінде жоқ шығар, бірақ бір студент қыз топтасып істейтін жұмыстарды мұғалімдерге тапсырғанда, орындағандардың арасына ұлдың да атын қоса жазып қоятын. Соның арқасында ғана жігітті оқудан шығарып тастаған жоқ. Ал сол қыз – қазір де жанында жүрген, оған қыз бала сыйлаған әйел болып кетті. Ұйықтағанда сүйген жігіті жайлы түсті көп көретін, тұрғанда ол келетін күндері ғана сәнденіп баратын студент, ол кездері өзінің ғашық болып қалғанын білген жоқ. Жігіттің сабақ айтқан кездегі еш кедеріске ұшырамайтын анық даусы расымен де керемет болған. Құлаққа кіріп, жанға тек қана жылылық сыйлайтын ғажап дауыс. Әр қадамына, әр қол бұлғауына қарай бергін келеді, қарай бергін келеді. Көзді басқа жаққа қаратуға еш тілек жоқ. Бірақ екеуінің көздері кездескендегі жағдайы қандай... Ондайда қыз көзқарасын дереу басқа жаққа аударып тастайтын. Жігітті тыңдамағандай болып, түк қызық емес дегендей белгілермен жанында отыратын құрбысымен әңгіме соғатыны да бар. Ал сабаққа мүлдем келмейтін күндердің жөні бір басқа. Қыздың көңілі солғындалып, сабаққа деген ешқандай қызығы қалмайтындай. Әйтеуір болашақтағы өмір үшін керек деп, үй жұмысын айтып беріп, сабақ барысындағы тапсырмаларды қателіксіз орындайтын. Алайда оның бәрі қаламай, әзер істеген қыздың күйі ғана. Бірнәрсе жетіспейтіндей, университет іші өте кең көрінетін. Бір кабинеттен екінші кабинетке бару немесе көтерілу ұзақ жолдан тұратындай. Сабақ болып жатқандағы уақыт та бітпей қояды. Иә, әлі де болашағы алда қыздың өмірі жанында, айналасында, жақын маңда жігіт болмаған кездері түк қызықсыз екен. Қыз кей кездері өзін-өзі соңғы демін күтіп жүрген кемпірге де ұқсататын. Бірақ неге екенін сонда да ұққан емес. Ал бірнеше жылдан кейінгі жігіттің ұсынысы – қыздың есін енді-енді жиуына әкеп соқтырған еді. Қыз уақытты созбастан, сол жерде-ақ келісімін бере салды. Сол сәтте, ол өзінің осыншама жылдар ішінде жігітке ғашық болғанын сонда ғана ұққан. Осындай өте қызықты кеш өтті де кетті. Түн қоюланып, бәрін ұйқыға шақырды. Үстелдің үстін жинап, сүртіп, ыдыс жуған қыз ата-анасының осындай ғашықтық хикаяларын бірінші рет естіді. Ол әлі де ұйықтаған жоқ. Асүйдегі істеген жұмысының кесірінен емес, бұл жаңағы естігендерінің әсері ғана. Айпара түні бойы ата-анасының жастық шақтарын елестетумен жатты. Егер де ұйықтап қалса, Алладан тек бір нәрсені сұрады. Ол өз түсінде осы хикаяны көргісі келеді. Өзінің ғашып болып қалғанын ұқпай жүрген анасы мен Алматыны таксист болып аралап жүрген әкесімен танысуды армандайды. Оларды оқу аяқталмай тұрып, тез арада қосқысы келетін жеңгетай болуды аңсайды. Олардың бірге жүріп, бақытты болған жүздерін көруді қалайды. Ал бұның бәрі ертеңінде өзі де махаббат сезімінің дәмін татқысы келетін тілекке әкеп соқтырды. «Махаббат. Ғашық болу...Қызық, бұл сезім өмірде расымен де бар ма екен? Ата-анама қарасам – бар. Түрлі-түрлі телехикаяларды тамашаласам – бар, - деген қыз өмірінде алғаш рет осы бір жұмбақ сезім жайлы ойлана бастады.

– Бір жақтан қарасам, қорқыныш сезімі бар болса, махаббат та болуы керек секілді. Адам қорықса, оның жүрегі дүрсіл-дүрсіл соғып кетеді ғой. Демек, ғашық болуда да солай шығар. Шын мәнінде өз жұбыңды күні-түні ойлап, мазаң кететін шығар. Оны көргенде жүрек тоқтаусыз қатты соғуы да мүмкін. Әр күнді бақытпен ғана қарсы алып, өмір сүруге деген ынта арта түседі. Жүзің де, ішкі жан дүниең де тек қуанышқа толы болар. Ал ол сені сатқанда, қатты қиналатынын да сөзсіз. Жанынды біреу тырнап жатқандай, жылай беруіңді тоқтата алмайтынын да болар. Иә, махаббат деген қуанышпен қоса қайғыны көрсете алатын сезім екені анық. Сондықтан да, мен тым болмаса бір рет, егер ол тіпті менің жұбайым болмаса да, ғашық болғым келеді. Өз басымнан өткізгім келеді».

Қазақ тілінде жазылған