Адам қарады: 296 | Жарияланды: 2019-03-15 12:28:12

Күй құны

Денемді түршіктіріп,

Есімді ұршық қылып,

Жөнелтті сан-санаққа

Шытырман, қырсық қылық.

Жүрегім шайылғандай,

Шаншылып ауырғандай.

Ойнады бұрыштан күй

Сиқырмен құбылғандай.

Қарт отыр жүзі сұсты,

Сылдырлап тиын түсті.

Дәстүрдің сарындаған

Осы ма құны күшті?

Бағасы анықталып,

Күй қалды аяқталып.

Жанымнан тұлпар шапты

Демі өшіп, өліп-талып...

Күн көріс құралы деп,

Домбыра бұралды кеп.

Сақтапты не болса да

Киесін бұл жылда көп.

Кептеліс керуендей,

Көшеде серуендей,

Қиылыс жайлауға ұқсап,

Қалмадым еміренбей.

Ішегі діріл қақты,

Қыздар ақ үкі тақты,

Майысып қарағайлар,

Сарқырап өзен ақты.

Қараңғы қыстың кеші

Болды енді жайлау көші.

Аяздан жаураған жұрт

Жылына түскендей шын.

Қапырық қара қала

Жазира болды дала.

Естіп ем сыңғыр күлкі,

Теңге екен тағы да ала.

Қалтырап қолын созды,

Қарын аш, киім тозды.

Қарбалас қу тіршілік,

Қария тартты "Бозды".

Ащы еді зары неткен!

Осы ма жерің жеткен?!

Қария жан жарасы

Күмбірлеп күйге біткен.

Қан мен тер сорғалайды,

Уақыт тез жорғалайды...

Үйіп-төк қанша тиын,

Жігерді қорғамайды.

Заман жан жылытпайды,

Қатеңді ұмытпайды.

Күй менен қарт қадірін

Ақшаға құрықтайды. "Тық!"

Тағы тиын түсті,

Сыңғыр жоқ, қиын түсті...

Кішкене бүлдіршіннің

Көзі - жас, жеңіл - үсті.

Сипады ол аспапты,

Жетіден әлі аспапты.

Қолында соңғы қалған

Тиынын дөп тастапты.

Қасиет діріл етті,

Ішектер тіпті епті.

Жас ағып домбырадан:

"Күй құны - осы" - депті.

Қазақ тілінде жазылған