Адам қарады: 2365 | Жарияланды: 2019-03-19 03:32:54

Ақылды  ара

Ара, сона, бөгелек,

Инелік пен көбелек.

Шыбын-шіркей жиналып

Бас қосыпты, не керек.

 

«Кәне, достар, билелік!»

 Депті сонда Инелік.

Сайран сапты шегіртке,

Желөкпе би үйреніп.

 

«Көйлектерім керемет!»

 Депті сәнқой көбелек.

«Мық-ты-мын, деп,    бә-рі-нен»,

Ызыңдапты бөгелек.

 

Десе сона:

«Бас қатты!»

Ара ғана саспапты.

Қонып гүлге әдемі

Балын жинай бастапты.

 

Инеліктің биінен,

Шегірткенің күйінен,

Ызыңынан масаның

Запы бопты дүйім ел.

 

Көбелектің сәнінен,

Бөгелектің әнінен,

Мезі болған көп жәндік

Кетсек депті жөнімен.

 

Жаны жомарт жарлының

Танытып өз нарлығын,

Ара жайған дастарқан

Тоқтатыпты барлығын.

 

Көбелегі даланың,

Шіркейлері қаланың

Тырнағына тұра ма,

Еңбек сүйгіш араның?

 

Жеткен аңыз әріден,

Күші басым дәріден,

Ара жиған бал-шырын

Тәтті дейді бәрінен...

Қазақ тілінде жазылған