Адам қарады: 25952 | Жарияланды: 2019-04-03 01:57:21

Арпалыспен өткен ғұмыр-ай

үш томдық тарихи-көркем шығарма

 

І-ТОМ

КҮҢ МЕН ХАНЗАДА

(роман)

 

 

І-ТАРАУ

ШӨЛ ДАЛАДАҒЫ ЖҰМБАҚ ҚЫЗ

1.Қарақшытөбе

Әне, анау-у – Қарақшытөбе! Содан аман-есен өтсе болды, арғы жағы қауіпсіз. Қарақшытөбені кішігірім тау десе де болады. Баурайында Қостөбе деген екі төбешік бар. Жол сол Қостөбенің екі ортасынан өтеді де, екі айырылады. Содан екі жол Қарақшытөбені екі жағынан айналып өтіп қайта қосылады. Бұл төбе Қызылдың құмындағы ең аты әйгілісі де, әрі ең қауіптісі. Қызба қанды қарақшылар да, аздаған тобы бар, қанды қарулы жол торушылар да осы тұстан шыға келулері мүмкін...

Байлархан бұл жолмен бұрындары да қаншама мәрте жүріп, бұл жол ол үшін өзіне таныс екі ауыл арасындағы сүрлеудей болып, әбден кәнігіленген болса да, дәл қазір бір өзгеше ысқуатта әсер ала келе жатқан. Бойы да елегізігендей ме қалай, айналасын жаңа көргендей жан-жағына алаңдай береді. Кешегі ішкен Кермене шарабының әсері ме, соның әлі қайта қоймаған уыты ма, түсіне алмады.

Ол тағы да жан-жағына елеңдей қараған. Бұйраланған сарғыш өрнекті жалаңаш шегеқұм беткейлері болмаса, анау жатқан жал-жал жуаншық төбелердің ойпаңдары жүзген мен томаршаға тола сығылысып, сыңсыған тоғайды көз алдыңа елестетеді.

Соңында ілесіп келе жатқан керуенге де бағанадан бері бір де бір рет көз салмағанды. Енді жарты көштік жердей аралықта соза тізбектеліп келе жатқан керуен көшіне қайта-қайта қарағыштайды.

Қызылдың құмының қолаттарындағы өсімдік атаулының бәрі де түстері біріне бірі ұқсағанымен жаратылысы әртүрлі. Тасбақа тасалайтын тырбық бұталардан бастап, құм тағылары – қабылан, қарақал (қарақұлақ) мен мәліннің бойларынан асатын қараотынды жыныстармен бірге тіпті түйелі жолушыны жасырар сексеуілдер сықаса өскен алапты жағалай керуен маң-маң басып алға жылжуда.

Мұның желке тұсында келе жатқан, ақ байталға мінген, қазақы бүрмелі көйлегінің етегі самалға желбіреген, масаты мінтәлі, көк орамал тартқан, кәрі қыз болса да әлі онжетідегідей, өңін бермеген сұлу қыз – Шаһназа, Байларханның мазасыз қалыпқа түсіп, жалтақтай бергенін сезіп, атын тақымдай, оған қатарласа берді. Қатарласа беріп тіл қатты:

– Байлархан бек, неге жан-жағыңызға қарағыштап, алаңдайсыз, қарақал әлде қасқырлардан қорқып келе жатқаннан саумысыз?

– Бұл шөлдің тағылары адамға шаппайды, оларға жем болар жемтік мұнда көп. Менің елеңдеп келе жатқаным шөлдің жабайы аңдары емес, жабайы қарақшылары. Ей, Елдәрі! – деп Байлархан дауысын көтере көмекшісін шақырды. Атын борбайлата шауып келген, ірі денелі апайтөс қырма сақалды жігіт басын иіп, құлақ тосты:

– Ләпбай, керуенбасы!

– Ей, Елдәрі-қосынбасы, біз Қызылдың құмынан өттік пе?

– Жо-оқ, Байеке, өзіңіз көріп келе жатқан жоқсыз ба, біз әлі құмдамыз ғой. Жан-жағыңызға қарап көз салып көрсеңізші.

– Елдәрі, айналайын, жан-жақты шолып отыршы, біздің керуенімізді біреулер аңдып жүргендей болып көрінеді, көңіліме.

– Қам жемеңіз, Байлархан мырза, кешегі ұйқысыз өткізген түніңіз бен сол түні бойы сілтеген шараптың әсері болар, – деп, жымия күліп көзінің қиығын Шаһназаға салған. Сосын атына қамшы басып, керуеннің соңына қарай шапты.

Шаһназа сырт пішінімен Елдәріғе сыр бермей төңкере қылымсып, әбден болып-толып қалды да, іштей қаны қайнай ашуланды. Байларханға көрсетпей, Елдәрінің соңынан қарап тұрып оған ернін шығара ғайбат қылды. «Реті келгенде ең әуелі сенің желкеңді қиярмын», – деп ойлады. Сөйтті де сегіз өрім бұзаутіс қамшысын сығымдап-сығымдап қойды.

Байларханның басы қатты ауырып келеді. Кешегі бір аялдамада бұған жағынушылар жүдә көп болып еді. Қызылдың құмының ең бір аса ірі бекеттерінің бірі – Баймұрат ұзақ жол жүріп келе жатқан керуеншілер, етек-жеңін жиып, бас-аяқтарын түзеп, жан шақырып алар молшылықты аялдама. Сол Баймұраттан өткендеріне де міне бір жарым күн. Содан бері құмды шөл бітер емес. Сонау алыстан, сол қапталдан Нұрата тауларының сілемдері болып есептелінетін тырбық қыраттар бір көрініп, бір көрінбей, олар да керуеншілерді ұзатып салған. Олар артта қалып жатса да, керуен жолын жағалаған сексеуіл мен жүзген қалар емес. Құмтарысы мен келіншекбозы, сасыр мен балықкөзі аралас өскен боз құм, боз шөл ішті пыстырады.

Йә-ә, ойды ой жалғайды. Басы қанша ауырып келе жатса да көңілі түйіткілденіп, небір мазасыз ойлар санасын сан-саққа бөлейді.

Қайдан екенін білмейді, есіне Жая хан түсті. Осы Бұхара әмірлігіне қарасты Көктіңұлы ханы Жүсіпқожаның ағасы – Жая бұрын осы өңірде хан еді. Ол өзінің бас уәзірі Ысаның дегенімен жүріп ел басқарды. «Ойсызды би сайласаң, тәкәппар етерсің» дегендей, сол Жая бір күні Ысаның айтқанына жүрмей, өз дегенін істеген...

...Бұл Байлархан сол кездері – жас саудагер. Арқа мен Ұлытаудан тапқан бар байлықтарын керуенге тиеп алып Бұхараға, Шаржауға, Үргенішке, Мейрам-әліге, Мәреуге апарып сатып, ол жерлерден Ұлы Далаға керек бұйымдарды әкелетін. Ол уақыттардың да дәл қазіргіден айырмашылығы жоқтың қасы. Қазір де тап сол кәсібі. Екі жақтың «боқтық» дүниесін біріне бірін айырбастап, сапырылыстырып жүрген жайы бар.

Айырбас үстінен де, сауда үстінен де әжептәуір нәпәқа қалады. Нәпәқа дегені ұяттау шығар, шындығында белшеден батар пайда қалып жатыр. Оның үстіне...

Осы тұста Байлархан жан-жағына қарап-қарап алды. Ойын біреу сезіп қалғандай ұялыс тапқан. ...Ия, оның үстіне аздап ұрлығы да бар. Керуен жолында кездескен иесіз мал ретінде талай жылқылар мен түйелерді керуеннің алдына немесе көш кейін соңына салып айдап кете беретін суық қолдылығы бар еді. Керуен жолында иесіз мал қайдан жұруші еді? Мұнысы әшейін гәп. Шындығында бұл Байлархан тауықтың тұмсығының алдынан тарысын тартып алмаса да, жымын білдірмей жымқырып кетер өңкей тісқаққан жымысқы ұрыларды жанына жинап жүрерді.

Бір алғанда көп алмайды. Он-онбестен асырған емес. Аз малды сіңіру де оңай. Бірақ кейде Таскент маңайына барғанда жылқыны үйірімен, түйені келесімен әкететін. Таскентте сыбайластары көп. «Апам жездеме сай» дегендей, ондағылары да өзі сияқты өңкей жымысқылар. Үйірді де, келені де күнге жеткізбей жіліктеп, жымын білдірмей жібереді.

Бұлардан басқа, Байларханның тағы бір кәсібі бар. Ол – құл сату. Сауда жасап жүрген жерлерінде үйсіз-күйсіз жүрген қаңғыбастарды, жетім-жесірлерді алдап жұмысқа алады да, басқа шаһарға барғанында жылатып, еңіретіп оларды құл базарға сатып, пұл қылады...

Осы тұста, «осылардың бәрін несіне еске алып келемін осы» деген оймен Байлархан жан-жағына қарап алды да, жерге бір түкірген. Өзінің оғаш қылығын жанындағылар байқап қалмады ма дегендей, ол арқа жағына жайлап көз тастады. Сөйтсе, өзінің соң жағында келе жатқан Шаһназа бұдан көз алмай, тесірейе қалған екен. Байлархан өзінен-өзі ұялыс тапқандай болды. Бұл енді осы бір қыздан несіне ұяла қалды екен? Бұл қыз қандай қыз өзі? Кешегі бір аялдама – Қамбарқұдықта осы бір қызды жолықтырған...

...Керменеден шыққанда Кенимехтен азғана жүгі бар, екі түйеден тұратын жолаушылар ілесіп еді. «Бірге ілестіріп ала кетіңізші» деп, өлердегі сөздерін айтып, жалынып отырып алғасын, бұл оларға өздерімен бірге жүрулеріне рұхсат берген еді. Сонымен олар жолай үн-түнсіз еріп отырып, Баймұратқа келгенше сыр бермей, осы Баймұратқа келгенде ғана танысып сырласпақшы ниеттерімен бұған жолыққылары келген. Бірақ әккі Байлархан «арғымақты байтал бастаса, аңғал еркекті сайқал бастағанмен бірдей ғой» деген халық даналығын еске түсіре, қастарына қатын ерткен бұл топты жанына жолатпады. Содан тағы бір күн өткенде, Қамбарқұдықтың аялдамасында әлгі Кенимехтің адамдары ебін тауып бұған бәрібір жолықты. Қамбарқұдық аялдамасында Байлархан шатыр ішінде аз-кем демалып жатқан. Сырттан қарауыл қызметшісінің дауысы шықты:

– Байлархан мырза, сізге кенимехтік керуеншілердің басшысы жолығу үшін кіруге рұхсат сұрап тұр, не бұйырасыз? – деді. Байлархан әрі-бері ойланғандай болып, жөппелдемде жауап бермеді. Сонда да: «елге жақындап қалдым ғой, несіне елеңдей беремін, кірсе кірсін, не айтпақшы ойы бар екен, білейін» деген байламға келген. Кенимехтік керуенбасы басына пәрәнжі жамылған бір кәнизәкті шатырға соңынан ілестіре кірді. Біраз «сіз-біз» әңгімеден кейін кенимехтік керуенбасы:

– Біз Қамбарқұдыққа дейінгі жолды білмеуші едік, біздерді адастырмай осыған дейін ертіп алып келгеніңізге мың да бір алғысымды білдіремін. Енді бұдан әрі Шардараға осы тұстан шығатын тіке жолды өзім де білемін, ал мынау Сізге деген алғысымның белгісі. Сіз қарсы болмаңыз, қарсылық көрсетсеңіз жүдә қапа боламын, аз болса да көптей көріңіз, – деп кәнизәктің әппәқ, сұлу қолының жетегін бұған ұстатты. Кәнизәк өте сұлу екен. Мазандарандық па, әлде хорасандық па, онысын ажырата алмады, өйткені өзбекшені де. Қазақшаны да мандыртып сөйлей алмайды екен. Қыр мұрынды, оймақ ауыз, бозғылт келіншек өз тіліне қазақша-өзбекше араластырып, Байларханды үйіріп әкетті. Керменеден шыққалы бері шарапты ауызына алмай, әлденеден секемденгендей, көңілі қобалжулы еді. Мына Шаһназа – кәнизәк жайсызданған көңілді орнына түсіріп, аз-кем рахатқа батырды. Шарапты әбден сағынғандай көп ішті. Таң ата, бұл ұйқысынан оянса, қасында ашық-шашық Шаһназа-кәнизәк пысылдап, ұйқыны періп жатыр. Байлархан оған біраз үңіле, таңдана қарап қалғанды. Сосын оның ашық-шашық жатқан жалаңаш сүйкімді дене бітіміне барлай да, қызыға көз салды. Содан соң ғана ойға қалған, «мына қатын қайдан келді» деп. Есіне кешегі Керменеден ілескен керуенбасының тірлігі түскені сол еді, бұл дерреу киініп алып, қызметшісін шақырып әлгіні іздетіп еді, қызметшісі оны таба алмай, далаңдап бос қайтып келгенді. Содан бұлар керуенді тез арада аяқтарынан тік тұрғызып, жолға шыққанды...

...Енді міне, басы кешегі сол шараптан ауырып, дыңылдап келе жатқаны. Кәнизәк құла биеге мініп, бұдан сәл кейіндеу қалыңқырап ілесуде еді.

Әне, анау-у – Қарақшытөбе. Содан аман-есен өтсе болды, арғы жағы қауіпсіз. Қарақшытөбені кішігірім тау десе де болады. Баурайында Қостөбе деген екі төбешік бар. Осы Қарақшытөбені көзі бір сәт бағдарлаған еді, Байларханның есіне тағы да Жая хан, оның уәзірі Ыса түсті. Ол тіксінгендей әсерде қалды. «Осы бір, түу-у баяғыдағы оқиға мұның ойына бүгіндікке екі мәрте түскені несі» деп, таңданғандай еді...

...Ия, ол кезде, бұдан онбес шақты жыл бұрын мынау Тұранды көсіле жайлаған Көктіңұлы елінің ханы Жая жарықтық еді. Шардарада тұратын Танап деген байдың Қалысбай деген баласы ханның үйіне қонаққа келіпті. Оны әкесі жіберіпті. Әкесі Жая ханның сыйлас досы екен.

Байлархан Арқадан керуен тартып келе жатып, бұл да Жаяның ордасына тоқтайды. Бұл керуенбасы болғандықтан бұны да Жая хан жақсы көріп сыйлайтын еді. Ол Байларханды әлгі Қалысбайға серік болып, меймандықта отырсын деген ниетпен үйіне шақырғанды. Қалысбайдың негізгі шаруасы қыз айттыру екен. Өзіне емес, сексенге келген әкесіне айттырмақшы. Соның ыңғайын қыздың әкесіне қалай жеткізбекке ақыл һәм рұқсат сұрауға Қалысбайдың келген түрі көрінеді. Хан бас шұлғып отырып рұқсат берген. «Сексендегі шалға онбестегі қыз, тоқалдыққа сәл-пәл қолайсыздау болар» деген уәзірі – Ысаның сөзін өтірік естімегендей сипат танытқан. Естісе де анау Танап байдың жолдастық, достық пейілімен бірге оған қоса беріп жіберген торғайдың балапанының үлкендігіндей, жұмыр қос алтын құйма, ханның қос құлағын тас керең ғып бітеп тастады ма, кім білген, әйтеуір, ол Ыса сөзіне жауап қатпады. Ыса да екінші қайтара үндемеді. Іштей «мейлі өзі білсін, бұл шаруа мемлекеттік маңызы бар шаруа емес қой» деп қоя салған. Сонда «сен ертіп барсаң қайтеді» деген Жаяның емінгеніне бұл да жауап бермеді. Ал Ысаның үндемегенін пайдаланып Байлархан құйысқанға қыстырыла кеткен:

– Онда, мен-ақ «күйеу жолдас» болып бара салайын, әрі-бері жол жүріп, мұндай тірліктерге араласпағалы не заман, осындай әдет-ғұрыптарға араласуды әбден аңсадым. Бүгін қолым бос, ертең асықпай сапарға шығармын, керуеншілер де аунап-қунап дем алып алсын. Әйтеуір қыз үйі осы жақын жерде тұратын  болса болды, – деген.

– Ойбай-ау, жақын ғой, осы жерден бес-алты шақырымдай жерде, теріскей таманда, Қолат деген төбенің етегінде. Ақыры бүгін ерігіп отыр екенсің, барсаң бара ғой, – деп Жая хан қуаныштан құнжыңдап қалды. Бұл ұсыныс пен жауапқа Ыса үнсіз бас шайқап, ләм-мим, тіл қатпаған.

Әлгі айттырғалы отырған қыздың өзі де, оны туған шешесі де орақ тілді шайпауыздар екенін, сылқымсып отырған ұрғашы маймыл не ойлайтынын Ыса білетін. Бірақ, обалы не керек, олар көрінгенге тиісе беретін ақымақтар да еместі. Қыздың әкесі өте момын жан. Адам сыйлай білетін естілігі де, елді қорғай білетін ерлігі де бар кісі. Ыса бұларға «барған бетте келген шаруаларыңды тіке бастап, шалдың көңіліне тиіп қалмаңдар» деп ақыл айтқысы келіп бір оқталды да, бірақ ол ойынан тез қайтқан. «Қоя бер, барғасын өздері көрер, нем бар осылардың тірлігіне араласып, оның үстіне мынау Байлархан ит «мен барам да, мен барам» деп сумаңдап отырған жоқ па, барсын, көрсін, сосын сыбағасын алсын»  – деген, іштей.

Қалысбай мен Байлархан құдалыққа, Қолаттөбеге салып ұрып жетіп келгенде үйдегілер енді бесін шайына отырған беттері екен.

«Ассалау-у-мағалейкө-ө-ө-м» – деп жамырасып бұлар кіріп келгенде үйдегілер, бұларға ит үріп үй ішіне хабар салмағанына таңырқағандай, мына қонақтардың жерден шықты ма,  әлде көктен түсті ме, ойда жоқта пайда болғандарына қайран қалғандай кейіп таныта, орындарынан тұра-тұра қарсы алып төрге шығарысқан. «Кім болсаңдар да қасқырдың не иттің етін жеген қисық болдыңдар ғой» деп, шал іштей бал ашқанды.

Әңгімеден әңгіме қоздап, сөздің тумасы туа-туа ақыры құдалық туралы гәптің толғағы келді. Толғату кезегі Қалысбайда болғанымен ол бұра тартып, айналып өтіп, әңгіменің нысанасын дөп баспай, түлкі бұлаңға салып, жөппелдемеде жерік сөзінің төркінін білдіре алмай, әуре бола берген соң, Байлархан аттың басын төтесінен жіберген.

– Бұл балаңыздың манадан бері тіке айта алмай малтасын езіп, діңкәләп, Сізге емеурінімен түсіндірерге қисынсыздана отырғандағысы сол, мынау ғой, мына сіздің қызыңызды шешелікке сұрап келіп отыр, міне гәптің төркіні!

– Әй, не дейді мына көксоққандар?! Мына тәлпіштің сөзі ырас па? Ал мәгәрки рас болса, онда еліңде ақсақал-көксақалды кемиектерің құрып қалған ба? А?! – деп кемпір баж ете қалды.

– «Қатыны кеткен, қызы бар ауылға қарап жылайды» дейді ғой, бірақ байекемнің қатыны көп, сіздің қызыңызды тоғызыншы тоқалдыққа сұрап отыр, олай болса тоқал айттыруға ақсақал-көксақалды жіберу шарт емес. Құдалыққа біз сияқты қылшылдаған жігіттер де жетіп жатар, – деп Байлархан нықтап қойды тағы да.

Шал үндемей немересіне қарады, сұраулы жүзімен.

Бұл қыз – шалдың немересі. Шалдың баласы мен келіні, яғни мынау бұйырса тоқал болғалы отырған бойжеткен қыздың әке-шешесі бағанағы Баймұрат тарапта бөлек тұрады екен. Олар қыз тағдырын атасы мен әжесінің қолына сеніп тапсырыпты. Қыз атасының емеурінін түсінді де құдаларға:

– Сыланайын десем байдан қорқам, сыланбайын десем тоқалдан қорқам дейтін бәйбіше болсам деген арманым бар еді. Ондай ниетімнің белінен басқыларың келген екен. Олай болса сендердің беттерің ұят отына түбі күймейтін табақтай екен десем қателесермін, бірақ шындығында ыдырап тұрған дамбалдай екен, көздерің сол дамбалдың ыдыраған тесігіндей екен, қызарып тұрғанына қарағанда ол тесік  көз емес көтен секілді екен. Әлде ауыздарың көтен бе, енді пысылдатып жел шығару ғана қалды, – деп, сосын «пірп» еткізіп ернін шығарды да үйден шығып кетті.

Қалысбай мен Байларханның ауыздарына құм құйылды. «Мынадай шайпауыз қыз сексендегі әкеме тоқал болып жарытпас, бірақ мына сөзіңе бір опық жегізермін» деген оймен кектенген Қалысбай үйден үн-түнсіз шықты да жүре берді. Байлархан қазандағы бұрқ-сарқ қайнап, енді пісуге шақ қалған сүр қазының дәмін татқысы келіп, әрі-бері қипақтап үйден шыққысы жоқ еді, бірақ тыста Қалысбайдың атын ерттеп, енді мініп жатқан дыбысын естіп, амалсыздан сыртқа шықты. Кемпір-шалға «ал, хош болыңдар» деп айтуға да сөзін қимағандай, үндемей келіп атына мінген.

Сонымен Қалысбай қыздың шайпау сөзін көтере алмай, оған қатты кектеніп Қосжарсуаттағы Жая ханның үйіне сол бетпен барып жатып алады. Ол құрдан-құр жата бермей ертеңіне қыздан кек алуды да ойлаған еді.

Сол күні қыз мал қарап жалғыз жүрген жерінде ебін тауып, сай-қолаттармен, сексеуіл бұталарға жасырынып жүріп, жақындап келіп, айдалада оны қуып жүріп ұстап алады да, әбден зорлайды. Сөйтіп кеш бата ғана үйіне жібереді. Сосын сол жерден тіке «Шардара, қайдасың» деп тартып кеткен екен. Зорланғанға қорланған қыз сол бойда үйіне қайтпай, тура ханға барады да болған жайыттың бәрін жасырмай, жайып салыпты. Бұл хабарды естіген хан қатты ашуланып, әлгі Қалысбайды іздетеді. Жоқ. Жерге кіріп кеткендей жоғалыпты. Өзінің хандық заңын іске асыра алмаған хан енді одан сайын ашуланып, не істерін білмей дал болады. Сосын Ысаны шақыртыпты. «Мынадайда, мынадай болыпты, енді не істеуіміз керек, ол нақұрысқа қандай шара қолданамыз?» – дейді. Ыса жөнін айтады. Ол:

– Қасиетті Тәуке ханның жеті жарғысында айтылғанындай, ондай қылмыстыны дарға асу ләзімдүр, – дейді.

– Ау, бізде ондай дар ағашы да жоқ ғой, дарды Таскенттен жалға ала тұрамыз ба?

– Жоқ болса болдыру ләзімдүр, анау Сырдарияның жағасындағы жиде мен қарағаштың ұзын, жуандарынан кесіп әкеліп, дар жасата салу керек, әрі бір хандыққа бір дар керек-ақ. Хандығың да, Ордаң да сұсты көрініс береді. Одыраңбайлар Ордаңа келіп ойран да, ойын да салуға сонда сескенеді. Сонда ғана шын мәнінде хан боласың, мәртебең өседі, – деп Ыса ойын-шынын араластыра ақылын нығарлайды.

– Әй, мына ақылың ақыл-ақ! Осындай жөні түзу ақылыңды ертерек неге айтпағансың?! – деп Жая хан Орда алаңына дар тұрғызуға кіріседі. Қалысбайды тауып дарға асатынына сенімді хан, оны әлдеқашан асып қойғандай әсерде болып:

– Бір адамды дарға астыруға сен себепкер болдың, жүзіқара! – деп, әлгі қызды бұл маңайдан аластатуға жарлық берген екен. Оның жолы да оңай табылыпты. Қызды Байларханның керуеніне ілестіріп Бұхара, Баймұрат тарапқа жіберіпті.

Бұл шешімге қарсы болған Ысаның сөзін құлағына ілмепті. «Әрі кетсе Баймұраттағы әке-шешесінің қолына барар, жолда өлмес, мұндағы кәрі кемпір-шал бір күндерін көрер. Болмаса жәрдем беріп тұрармыз, қазынадан» депті. «Байларханға бекерге қосып жіберіп отырсыз» деген Ысаға, «басқа амал жоқ» дегендей иығын қиқаң еткізген де қойған.

Па, шіркін, сонда ғой осы Қарақшытөбе тұсына келгенде Байларханның санасына әлгі қыз туралы бір ой жылт ете қалғаны. Сол ойымен ол осында тез шатыр құрғызып жіберіп, ішіне әлгі қызды оңаша кіргізіп алып, әбден құмарынан шыға жәукемдеп алғаны. Содан Баймұратқа келгенде бұның күйі келіп, әлгі қызды тағы бір құшпақшы болған. Оған нөкер жіберіп шатырына шақыртып еді, ол қыз үшті-күйлі жоғалып кетіпті. Жолдың қай тұсында қалып кеткені ешкімге беймәлім еді. Намысына әбден от болып жанған қыз жолай сексеуілдер шоғырланған ылдида керуеннен жасырынып қалып, керуен ұзаған мезгілде бетінің ауған жағына жүгіре-жүгіре, ертеңіне ғана бір аңшыға тап болады. Бірақ оның аңшыға кездескенін, сол үйде жүріп аңшыға күйеуге шыққанын, күйеуге шығар бұрын оның Қалысбайдан ба, әлде Байларханнан ба белгісіз, әйтеуір бір қыз туып алғанын бұл Байлархан білмейтін...

Со-о-ла-й-й...

Бұл жайт неге қазір есіне түсті екен?

Йә, Қосжарсуатқа анау әлгі құда болып келген көксоққан Қалысбайды несіне жадына ала береді? Ол сонда Жая ханның дарынан аман қалып еді-ау. Кейін бұл қайтар жолда Қосжарсуатқа соққанында ол туралы әңгіменің қызығын естіп еді.

«Т-ү-үһ-һ, құрысын! Оны естен шығарған дұрыс»....

...Байлархан арқа тұсына бұрыла, шұбатылып келе жатқан керуен тізбегіне барлай көз салды. Ұзақ жолдан шаршағандай кейіптегі, ауыр жүктері арқасына салмақ салған керуен тізбегі жүрістерін мандытпай келе жатқандай көрініс берген. Тіпті түйелер мойынына асылып, итінген сайын әртүрлі дыбыс беретін, үлкенді-кішілі қоңыраулардың да мазасы кетіп, сыңғырлаған дыбыстары сиқырлы да, сүйкімді әуендерінен ада болғандайды.

Қостөбенің ортасына кіре бергенде жаңағы боз биедегі сұлу кәнизәк, атын қаттырақ тебіне итіндіріп, жылдамырақ жүргізе Байларханның қасына жанаса қатарласты. Керуенбесы қапталдаса сумаңдай жанасқан келіншекпен қалжыңдасуға тіпті құлықсыз еді. Ол көзінің астымен Шаһназаға бір қарады да, атының шабына өкшесін қадай, асықтыра ілгерілей, алға озған.

Осы сәт Қостөбенің оң жағынан ызы-қиқу ысқырық естілді. Онан соң аттар тұяқтарының дүбірімен қосыла дұшпандық ниеті бар «ұрра-ұр, соқ!» деген дауыстар шыққан.

Шаһназа осыны күтіп келе жатқан еді, ол ат жамбасына қамшы сала Байларханның соңына жетіп алды. Жетіп алды да Байларханның «басы мен мойынын жалғастырып тұрған қарақұсы осы тұс-ау» деп, бұзау терісінен сегіз өрім етіліп өрілген дырау қамшысымен сілтей ұрған. Бірақ Байлархан кешеден бері, тіпті керек десең одан да бұрын көңілі қобалжып келе жатқаны, осындайдың боларын сезген еді. Керуенбасы атының сол жағына жантайып үлгергенді. Бар күшпен шірене сілтенген қамшы ойлаған нысанаға тимей, Байларханның оң аяғының сан етін шалбарымен қоса тіліп өтті. Кәнизәк енді екінші рет қамшы сілтеймін дегенше, күзетшінің біреуі келіншектің иығынан найзамен түйрей, аттан аударған. Байлархан да аттан құлады. Қимылдауға аяғының ауырғаны шыдас бермеген.

Қарақшылардың алдыңғы тобы айқай-сүреңге салып керуеннің орта тұсына тиіскен шақта, соңғы легі бытырай, оның алты-артын орағытуға ниеттеніп шашырай шапты. Керуен күзетшілері де талайдан бері атқара алмай жүрген өз міндеттеріне кірісіп те кеткен.

Тосыннан келген айқайшыл көп аттылының жау екенін сезгендей, тізгінде келе жатқан нар түйелер жетектегі бұйдаларын бырт-бырт үзе, ойқастай, тізбектен шыға беттерінің ауған жақтарына қаша бастаған.

Ноқта баумен бірге құйрықтары да үзілуге шақ қалғандары бақыра жындарын шашып, долылана тапырақтап, үстеріндегі жүктерін аудара, төгіп-шашып шетке қашып жатты. Тіпті кейбірі үстіндегі жүктің тепе-теңдігін сақтай алмай тыраң асып құлап та жатты. Керуен күзетшілері мен қарақшылар қым-қыут соғысты бастан кешіруде еді.

Айқай-сүрең сүт пісірімдей уақытқа созылды да сосын сап тыйылды. Күзетшілердің айқасқа шыққандары өлді де, қорыққандары қашып кетті. Оларды қууға қарақшылардың уақыты жоқты. Шашыраған керуенді тез қалпына келтіріп, тез арада құмға сіңуді көздеген ниеттері, олардың шалт та асығыс, тез де әбжіл қимылдарынан байқалар еді.

 

2. Қаландарлар. Дар ағашы. Жая хан

  Осы кезде қасқа тұстағы Қарақшы төбе баурайындағы жол айрықтан мұздай әскери киінген қырық шақты жігіттен құралған, қаландарлар көрінді. Бұл  қаландарлар әскери адамдардың ең мықтылары. Қаландарларды Бұхарада, Меймургте, Хозморганда, Мервте және тағы басқа үлкен діни шаһарларда даярлайды. Олар дінді жақсы білумен қатар, әскери өнерге өте жетік болады. Бірақ соғыста шейіт болмай, жараланып, әскер қатарына жарамаған жағдайда, олар топтана жүріп, диуаналықты кәсіп етеді де, ел аралап, діни насихат жүргізеді, өнер көрсетеді, тіпті қайыршылыққа дейін барады. Қаландарларды Қытайда, Жаурупада «монах» дейді. Олардың Қытайдағылары құр қолмен төбелесуге өте жетік келеді. Бірақ олардың Бұхарада дайындалатындары да монахтардан кем төбелеспейді.

  Бұл қаландарлар тобы Бұхарада арнаулы дайындалып, қазір шекара күзетінде қызметте еді. Олар керуеннің талауға түсіп жатқанын бірден байқап қалып, қарақшыларға қарсы дүрсе қоя беріп, ат бастарын жіберген. Опыр-топыр айқас қайта басталды. Әлгінде ғана түре қуып қайта айдап жетекке әкелініп бұйдаланған түйелер, бұйдаларын парт-пұрт үзісіп қайтадан тапырақтай қаша бастаған.

  Мұндай жағдайды көрген Байларханның күлкісі келген. Түйелердің алма-кезек әрекеттері әлде мынау ойламаған жерден келіп қалған құтқарушы күштің әсері ме, әйтеуір оның езуіне күлкі келген. Бірақ ол күлмеді, қуанғанынан жылап жіберген.

  Болат қылыштардың жауды орып түсіп жатқан дауыстарынан соң «ах» ұра аттан аунап, құлап жатқан қарақшылардың тірі қалғандары енді керуенді тастай, Қостөбенің арғы жағына қарай өкшелерін көтере қаша бастады.

  Осыларды етпеттеп алып байқап жатқан шала есті Байлархан енді басын көтерген. Қасында шала жансар домалап жатқан Шахназаның басынан бір теуіп, бар ашуын басты. Ол қызды сол аяғымен, сол отырған орнында тепкен еді, аяғын сілтеп қалғанда оң аяғының бағанағы қамшы тілген жарақаты жанын шығарта ауырып, шолтаң ете отырған жерінен қайта құлап түсті.

  Шалажансар қыздың жаны сірі екен, ол бар күшін жинап алды да қолындағы қамшысымен Байларханның басына ұрған. Асылы Байлархан шіркінде оққағар бар ма, қамшы тағы да мүлт кетті. Ол сілтенген қамшы кескінінен қорқа әрмен қарай домалағанда қамшы ысқыра барып майқұйрыққа борп ете тиіп дамбалын айырып түсті. Байлархан құйрығына қамшы тигенде «ойбай» - деп бір бақырып, орнынан тұрмаққа әрекет жасады. Бір қолымен қылышының балдағына сүйене, екінші қолымен құйрық тұсын уқалай орнынан әзер тұрды. Жаңағы қамшы тиген жамбасы мен санының қатты ауырып тұрғанын енді қаттырақ сезгендей, әйтпесе бағана соғыс жүріп жатқанда бұл шықпа жаным шықпалап бұғып жатқанда қамшы тиген жерінің мұндай аши ауырғаны онша білінбеп еді. Енді қорқыныш сейілгесін ауырғаны жанына батып барады. Жан-жағына қарап еді көзіне ілкіде сұлап жатқан адамдарды көрді.

  Жолай керуенге ілескен адамдарды да, күзетшілерді де қарақшылар аямай-ақ қырған екен. Шахназаның шалажансар денесінен сәл әрменіректе аяғы айқаса құлап керуен күзетшісі өліп жатыр. Оның қапталын ала шалқалай сұлап бір қарақшы қалыпты. Киімі де, басындағы сәлдесі де қара түсті екен. Анықтап қарап оның кешегі Кенимехтен ерген керуеншінің біреуі екенін таныды. Қамбарқұдықта бұлардан қалып кеткен жауыз.

  Байлархан енді Қостөбенің бас жағына көз салды, сөйтсе жаңағы мұздай киінген сарбаздар алдарына он бес шақты қарақшыны салып, қойдай маңыратып айдап келеді екен. Бұл көрініс жүдә қошеметті де, қуанышты көрініс еді. Бұндай тамашаны көрген, жаңағы дөңкиіп-дөңкиіп, әр жерде жұтқа ма, әлде боранға ұшыраған қойлар өлімтігіне құсап, өтірік өліп жатқан адамдар орындарынан сілкініп үсті бастарын қағына орындарынан тұра бастағанды. Олар да Байларханнан ешбір кемдігі жоқ кәззәптар еді.

  Егерде мына құтқарушы топ келіп бұларды құтқармағандарында, олардың тағдырларының не болары бір Аллаға аян-ды. Жау қолынан сол өтірік өліп жатқан жерлерінен-ақ ол дүниеге аттанарлары шүбәлі еместі.

   Жолды жағалай келе жатқан әскерлер, жүре-жүре келіп тура Байлархан тұрған жерге келіп тоқтады. Дөңкиіп-дөңкиіп жатқан жеріндегі орындарынан дін аман, сау-саламат түрегеліп, бұларға жолай ілесе келген екі-үш керуеншілер:

-Біздердің керуен басшымыз міне мына кісі, - деп Байларханды көрсеткен, Қаландарларды бастап келген екеудің оң жағындағы бірі – ірі денелі, басына дулыға киіп, онысын сыртынан осы Тұран қазақтарының әскери әдетімен көгілдір орамалмен байлап алған, сұлу жігіт қоюлығын көтере алмай салбырай беретін мұртын ширата құлағына қарай қайырып қойды да, атынан түсіп бұған жақындап келіп сәлем берді.

-Жүктері ауған түйелеріңізді көк майсаға жайып жіберіп біраз отықсын деп, қарап тұрсыз ба? – деп әзілдеді сосын. Жаңа ғана соғыс ашып, қарақшылардан ынтымағы кетіп ыдырап кеткен керуен түйелерін жүгімен қоса қайта тартып алып келгеніне міндетсіп тұрған жоқ, қайта сол ісіне рахаттанып, қуана күлімдеп тұр. Байларханда да ұят жоқ екен, қысылғаннан жерге кіре ұялудың орнына:

-Мына келіншек қамшымен ұрмағанда, мәгәрки қамшы жамбасымды сындырардай опыра ауыртып аттан аударып түсірмегенде, керуенді өзім-ақ қорғайтын едім, - деп екі қолымен төсін қағып-қағып қойды. Оның бұл сөзін әзілі деп түсінген сарбаздар езу тарта көңілденіп күліп алды:

-Ал, керуенбасы мырза, қайдан келесіз, қайда барасыз?

-Керменеден келе жатқан жайым бар, Әулие Атаға барамын. Одан ары қарай Арқа тұсқа жетуім керекті, бірақ онысын әлі нақты шешкен жоқпын, оны Әулие Ата бегі немесе оның керуен нұсқаушысы шешер. Өзімнің тегімді сұрасаңдар, Арқаның қазағымын. Ұлытаудың батыс жағын жайлаған қалың елденбіз.Тіленшіұлы Байлархан деген ағаларың мен боламын.

        –Анау қарақасқа аттың үстінде қаздиып отырған Мир Саид бек. Бұхараның Нұр Атадан Көктерекке дейінгі керуен жолының және шекаралық күзет әскерінің қолбасшысы. Мені сол кісінің оң қолы деп есептеңіз. Ал қазір барып алдына басыңызды иіп тағзым етіңіз.

  Байлархан ақсаңдай басып, қарақасқа аттың үстінде қаздиып отырған, мынау құтқарушы қолдың басшысы Мир Саидтың алдына барып етпетінен түсіп, қашан оған «тұр, басыңды көтер» дегенше жата береді. Сосын барып басын көтерген соң:

-Алдияр тақсыр, жәрдем жасап керуенімді және жанымды мына сұмырай қарақшылардан құтқарғаныңызға мың да бір алғыс, сіздің жолыңызға жаным пида. Мына керуенде небір хұрсан қылар дүние мүліктер бар, ішінен аралап жүріп қалағаныңызды алсаңыз, мен сізге бір шымшым да ренжімей, қайта қуанар едім, - деп тағы да маңдайын жерге тигізіп жатып алды. Мына керуенбасының мына сөзі мен қылығына сарбаздар тағы да жамырай күліскен. Мир Саид те «мырс» ете езу тартты. Сөйтті де Исмайылға көзінің қиығымен қарап күліп қойды. Исмайыл мына қандас бауырының жұрттың алдында сайқымазақ болып жатқанына намыстанғандай болған. Енді амалсыздан дауыс көтерген:

-Ей, Байлархан, тұр орныңнан, сенің келекең бе, әлде мазағың ба? Әлде анау қарақшылардан қорыққаныңнан не сөйлеп, не қойғаныңды білмей сандырақтап тұрсың ба? Бұл қай сандалғаның? Егер бізге дүние-мүлік керек болса, сенен сұрамай-ақ барлық керуеніңді айдап алып кете бермейміз бе? – деді.

Сосын дауысын жұмсарта:

-Біз сізге керуеніңізбен қоса мына қозыдай көгенделіп тізіліп тұрған қарақшыларды да сыйға тартқымыз келіп тұр, - деді.

-Жоқ, ойбай атамаңыз, қарақшылар өздеріңе бұйырсын, маған өз керуенімде жетеді, - деп екі қолын қайта-қайта ербеңдеткен.

-Е, неге керек емес? Қоқанда құл базары бар, апарып сатсаң қаншама ақша болады, - деп енді Исмайыл күлді.

Байлархан ойланып қалды. Іштей күбірлеп ойламаған жерден түсер түсім пайдасын есептеп тұрғандайды. Жаңағы шапқыншылықта бүлінген, бүлдірілген мүліктердің орнын толтырар, тіпті үстеме пайда әкелер құнды нәрсе ғой мына жігіттің айтып тұрғаны. Осылай ойлаған Байлархан енді мына қарақшыларды берсе алатын сыңай таныта Мир Саидке мүләйімси қараған. Ал Мир Саид Исмайылдың мына әзіліне іштей риза көңілмен жымия езу тартуынан жаңылмай отыр екен. Қарақшылар, оның ішінде кеше ғана Шахназаны сыйға тартқан керуеншінің, әлгі құл базар туралы сөзді естігенде жүзі түтігіп, көздері шараларынан шыға бақырайып қорқып кеткенді. «Жоқ, біреуге құл болғаннан қан майданда өлгендеріміз артық» - деген ойларын білдіргендей байлаулы тұрған орындарынан бұлқынысып, жұлқынысып жатыр. Ызалы айқай-шу шығарып ауыздарына келген боқтық сөздерді аямай, ғайбат көрсетіскен сыңайларын танытысқан оларды, сарбаздар найзаларының өткір ұштарымен нұқып, қылыштарының қырымен ұрғылап тыныштыққа шақырған.

-Ойнасақ та біраз жерге барып қалыппыз, керуеніңді жина да Әулие Ата шаһарыңа қарай тарта бер. Қарақшыларды Мир Саид Бұхараға алып кетеді, бұларды құл қылып сатып пайда түсіремін деп дәмеленбей-ақ ғой, одан да анау алдыңдағы мүлкіңе ие болсайшы, адам саған анау алдыңдағы боқ дүние емес, ондай қазақтың ата кәсібінде жоқ нәрсені ойыңнан шығарып таста, миыңа ұялатпа, - деп Исмайыл атына қарғып мінді. Сөйтті де:

-Мен Мир Саидпен Қамбарқұдыққа дейін барамын, содан соң оларды ары қарай шығарып саламын да, қайта ораламын. Сіз ештеңеден қорықпай тарта беріңіз. Соңыңыздан қуып жетеміз. Қазір анау шаһиттерді арулап көмуді ұмытпа, құран оқып бет сипаңыздар, - деп енді Исмайыл «сізге» көшкен. Бағанағы қарақшылар шабуылы кезінде және құтқарушы сарбаздар мен қарақшылардың айқасы кезінде төбе асып қашып кеткен кейбір күзетшілер мына тыныштықты алыстанбақылай көріп енді-енді осында қайтып келіп жинала бастады. Керуенге ілесіп келе жатқан басқа да жолаушылар жиналып, барлығы іске кірісіп кетті.

-Исмайыл інім, сендер мынау жолмен бұрын соңды жүрмейтін едіңдер ғой, сіздерді мен үшін Құдай айдап келген шығар-ә, бұл кімнің жарлығы болды екен? – деп Байлархан белгісіз біреулерге риза болып басын изеп-изеп қойды.

-Ие, Байеке, сөзіңіз дұрыс. Бұрын бұл жол әскери күзетке алынбағаны рас. Жолдың енді күзетке алынғаны қарақшылар тау жықпылдарын қойып енді мынау жапан шөлге шығып кетті. Таудың іші де тыныш емес. Бұл тек күнін көру үшін жүрген қарақшылардың жұмысы емес, мұнда мемлекет-аралық саясат жатыр. Бұхараның жауы екі бүйіріндегі ел Қоқан мен Хиуа. Мынау қарақшылар солардың дем беруімен қимылдап жүрген құйтұрқылары. Бұл керуен жолымен тек ғана Сіз емес талай керуендер жүреді. Ұлы Даламен бірге бұл тарапқа Орысиетпен, Жаурупадан тізілген керуендер қатарын түзейді. Қоқан мен Хиуа олардың тікелей Бұхараға өтпей, өздерінің үстінен жүргенін қалайды ғой. Сонда пайда шаш етектен, әрі мына жолдың тынышсыздығы Бұхараның абыройына дақ түсіреді емес пе? Ұлы Жібек жолының осы тармағына тыныштық орнатуды әкем Жүсіпқожаның ұсынысымен Бұхара әмірі Насыролла қолдап отыр.

-Ие, бәсе мен осы кейінгі бірер жылда мына жолмен жүрмеп едім, әй өзім де сезіп едім, мына жолдың тынышсыз екенін.

-Оның үстіне сол бірер жылдан бері біздің тарапта мал жоғалуы тиылды, бірақ осы Қамбарқұдық, Қарақшытөбе, Баймұрат тұстарында керуен тонау жүдә жиілеп кетті, бұл әдейі біреуге қарсы ұйымдастырылып жүрген тонаушылыққа да ұқсайды.

Осы тұста Байларханның құйрығы қыпылдап кеткен. Бұның бұл өңірдегі мынау тармақ жолмен жүрмегеніне шынындада бірер жыл болған. Сол бірер жылда мына өңірмен Қосжарсуат маңайында мал ұрлау сап тиылыпты, олай болса бұдан басқа ешкім бұл өңірден мал ұрламайды екен да. «Не деген аңқау да, адал халықтардың мекені бұл Тұран қазақтарының жері?» - деп әрі іштей таңданды. Ал енді жаңағы бұның «бұл өңірге ат ізін салмағаныма бірер жыл болды» деген сөзін мынау ат үстінде қырандай сүзіліп отырған мына жігіт, ден қойып ойлай қарап, қорытындыласа менің ғана ұры екенімді жоғалған малдарға тек мен ғана кінәлі екенімді білер еді. «Тіпә-тіпә» беті аулақ, ол ойланбай тұрғанда әңгімені басқа жаққа бұра қояйын деген оймен Байлархан:

-Исмайыл шырағым, мына шалажансар жатқан қатынды не істесек екен, жанын жаһаннамға жіберсек қайтеді, құр қинағанша? – деген.

-Обал сауапты білмейтін адамсыз ба, ол әйел заты ғой, қайта оның сауығып кетуіне жәрдеміңізді тигізсеңізші.

-Обалы жоқ сайтан қатын бұл, бұны өлтіріп тастамасаң бұл әлі талайға кесірін тигізеді, - деп Байлархан бұдан бұрын болған уақиғаны тез-тез қысқаша айтып берген.

Әңгіменің түп төркініне түсіне қоймаған Исмайыл неде болса анау қансырап жатқан әйелдің өзінен біліп көрейінші деген оймен оның қасына жақындап келіп, оны әңгімеге тартқан. Найза мен қылыш бірдей жарақаттаған әйел сөзін мандыртып жеткізе алмады. Тек ғана анау Қарақшы төбенің оң қапталындағы сайда, сексеуіл бұталарының арасында он бес жасар бір қыздың жасырынып отырғанын, лажы болса сол қызды айдалаға қалдырмай бұл арадан алып кетулерін өтінді де одан әрі сөйлеуге мұршасы келмей үзіліп кетті.

Исмайыл жағдайдың анық-қанығына жете алмай, бұл туралы енді кімнен мандыртып жауап аларын білмей тұрғанда, бұған тез жолға аттанайық дегенді айтуға Мир Саид келгенді.

         Бұлар кетерінде  Байлархан дәп бір туған інісін алыс жолға шығарып салып тұрғандай көзіне жас алғанды. Есеңгіреп қалған екен, есі енді кіргендей, ат үстінде отырған Исмайылдың аяғын құшып тұрып:

  -Сен маған іні болуға жарадың шырағым, аманшылықта көрісейк. Енді кездессек менің саған арнаған сыйым дайын тұрар. Өле өлгенше қарызбын! – деген.

  Мир Саидке де осындай сөздер айтты. Мынау Байларханның үрейленген қалпынан енді арылып есі кіргенін Исмайыл түсініп оған өз өтінішін білдірді:

  -Байлархан мырза, сізге де бір өтінішім бар, сіз қазір бір-екі адамдарыңызды анау Қарақшытөбенің оң қапталындағы сайда сексеуіл арасына жіберіп алыңыз. Сол жерде он бес жасар қыз бұғып отырған көрінеді, сол қызды дін аман елге жеткізіп, өзінің қалаған жеріне қалдырып бір жақсылық жасаңыз, - деген.

  -Жарайды, дегенің болады інім, ол Шымкентке барамын десе де Сайрамға, Таскентке барамын десе де апарамын. Тіпті Әулие Атаға дейін алып кет десе, тегін апарамын, сол сенің сөзің үшін одан бір тиын да алмаймын, ол туралы қам жемей, ойланбай жөніңе жүре бер. Ал кездескенше сау тұр қарағым, - деп Байлархан жылағандай болып қоштасты. Сарбаздар даңғыраларын қағып, кернейлетіп, сап түзеп, тұтқын қарақшыларды орталарына алып, Қамбарқұдықты бетке алып жүріп кетті.

     Байлархан мына ойда жоқта аспаннан түскендей болып жәрдемге келген сарбаздарға таң қала соңдарынан ұзақ үн-түнсіз қарап тұрды.

  Әлгі Исмайылдың айтқан тапсырмаларын шала-шарпы орындап, керуенді жолға шығарған. Анау Қарақшытөбе маңындағы сексеуіл  ішінде бұғып отырған қызды да ұзақ іздемей оңай тауып әкелген қызметшілерге ырза көңілін білдірген.

  Он бестегі қыз үріп ауызға салғандай сұлудың өзі екен. Толқынданған ұзын бұйра шашы тобығына түседі. Түрі Тұранның қазағына да, өзбегіне де, тіпті иран нәсіліне де келеді екен. Бірақ сөйлеу мақамы сартша болып шықты.

  Мұқият қарап осы қыздың өзінің бір танысына ұқсастығын байқаған. Әрі-бері ойланып қанша бас қатырса да түк есіне түсіре алмады. Түк те есіне түсіре алмаған соң, қауашақтай басының шақшадай кішірейіп, миында ес атаулыдан, жады атаулыдан шымшымдай да қалмағанын, мына әлгінде ғана болып өткен топалаң аласапыранның әсерінен көрген ол керуенді жолға асықтырды.

  Қызды қара мая үстіндегі жүгі бостау қоршауға отырғыздырып, тізбекті тізілдіріп керуенді түзеді. Ыңырси, боздай қозғалған түйелер тізбегі, енді сәніне келіп, керуен әуені жылқылардың пысқырысқан дыбыстарымен қоса керуеншілердің «әйт-шулеген» дауыстарына ұласты. Опай-топай сандалтып кеткен қыстың қысқа мерзімді болса да қаһарлы боранынан көз ашып жұмғанша құтылған, сөйтіп көктем шуағына асыққан тырналар тізбегіне ұқсай тізіле қозғалған керуеннің сәнін енді тізбектелген түйелер мойынына тағылып әсем бір саз шығара сыңғырлаған қоңыраулардың сыңғыр- сыңғыр үндері кіргізді.

  Байларханның көңілі сиыр сауым щақ өткеннен соң жадырайын дегендей болған. Әлі алда талай-талай жол жатыр, бірнеше күндік жер болса да маңдай тұстан ескен самалдан туған жердің хош иісі келіп тұрғандай сезілер-ді.

  Түу, қияндағы қасиетті Арқа мен оның сәукелесі – Ұлы Ұлытау болмаса да, бір екі көштік жердегі сылаңдай аққан Сырдың бойындағы жайқалған шөптердің аңқыған иісі мен жай ғана, толқыған толқын дыбыстары естіліп жатқандай әсерде еді. Туған жерге қарыс-қарыс, сүйем-сүйем жақындап келе жатқандықтан бұл да бір белгісі болар. Көңілі құлазудан арылып, енді шалқығандай болды.

  Еске түспейтін нәрселер азайыпты. Қайдағы жайдағылар туралы мың ойланып енді тағы да баяғы он бес-жиырма жыл бұрынғы Жая хан есіне түскен. Сол Жая хан еске түсуі мұң екен енді ғана жадынан бағанағы жолдан тауып алған сұлу қыз орын алды. «Ее, кімге десем, мынау қыз әлгі кісәпір Қалысбайға ұқсайды екен ғой, яғни сонау баяғы орақ тілді, шайпауыз қыз осы жолда жасырынып қалып кеткеннен соң тірі қалған екен-ау. Дұр-ресс болған...»

  Ал, сонда бұл қыз неғып бұта арасында жалғыз жасырынып жүр? Жұмбақ нәрсе. Мұны тәптіштеп сұрап алу ләзім. Енді ол қыз әңгіменің бүге-шігесін айтса де. Айтпаймын десе айттырып көруім керек. Сонда бұл қыз менің де қызым болды-ау, ә?

  Байлархан өзінен өзі жымыңдап күліп қойды. Жымыңдап күліп қойғаны, сонау баяғыдағы әлгі шайпыауыз қызды осы Қарақшытөбе қолатының астында оңашалап жәукемдеп бір рахатқа батқаны есіне түскен. Сол мұның жымыңдап күліп отырғаны. Онда бұл қыздың нақты әкесі сол Қалысбай жындының өзі болды. Иә, тура сол Қалысбай, ойпырмай-ә, әдемі қыр мұрны мен шүңірек қара ала үлкен көздері, сол Қалысбайдың көшірмесі. Әпербақан жынды болса да жігіттің әсемі ғой Қалысбай. Мына қызының сұлуын қарашы, үріп ауызға салғандай. Шешесі де шайпыауыз бәдік болса да нақ арудың өзі еді ғой, сондықтан да ғой мыңғырған малы бар, шіріген бай Қалысбайдың сексендегі әкесін менсінбей қойғаны. Әйтпесе басқа төмен етекті біреу болғанда ма, сексен емес тоқсанға келген шал болса да шіріген байға тоқалдыққа тиіп алар еді. Сол Қалысбайдың кесірінен аңқау Жая хан тағынан тайды емес пе?...

  ...Қалысбайдың қылығына ашуланған Жая хан Ысаның ақылымен хан Ордасы тұрған Қосжарсуатқа зәулім дар құрғызады. Бірақ бейбіт өмір сүріп жатқан Көктіңұлының игі-жақсылары жиналып Қосжарсуатта бұл дар ағашы өте қорқынышты көрініп тұрғанын, лажы болса осы дары құрғырды бала-шаға көрмейтін аулақтау жерге апарып тұрғызуды өтінген дейді.

  Бұған Жая көне ме, ол келген халайыққа: - Ау, жарандар, бұл дар ағашы Ордаға қорқыныш емес, қайта басқарудың сәнін келтіріп, сыртқы жауға ерекше бір сұс әкеліп тұрған жоқ па? – деп уәж айтыпты.

  Көпшілік бәрібір райларынан қайтпай сол Орда маңынан кетпей отырып алды. – Оу, халайық егер райларыңнан қайтпайды екенсіңдер онда мен сендерге хан болмаймын, басқа хан тауып алыңдар ендеше, түге, - деп Жая жанбастап жатып алыпты дейді. «Ойбай-ау, біздің Көктіңұлында бұл Тұранның мына пұшпағына хан боларлық, таққа лайық адам жоқ деп тұрмысың, қоңыратта лайықтылар көп, бірақ ондай шешімге Бұхара әмірі – Хайдар көнер ме? Көнбейді ғой. Әмірлікке қарасты кіші хандықтардың ханы тек ғана қожадан болуы шарты бар ғой, Бұхара әмірлігінде. Әмір иелігінен басқа хандықтарда яғни Қоқан мен Хиуа да ханды төреден сайлайды емес пе. Сен хандықтан кетсең орныңа басқа бір қожа келер, ол қандай болып келеді, ит біліп пе? Ал енді мына Ыса хан болар болса, басымызда әңгір таяқ ойнады дей бер, сені қимаймыз, бірақ бұл жолы айтқаныңа көнбейміз» - деп игі жақсылар да орындарынан қозғалмай отырып алыпты дейді. Жая хан шамалы мақтау сүйер кісі еді ғой, жарықтық. Хандыққа Ысадан гөрі өзін тәуір көріп отырған көпшілікке риза болып, енді райынан қайтып, дарды  Орда алаңынан алдырған екен, бірақ түпкі ойынан қайтпапты. Дарды сонау алыстағы Көкшымылдық тарапта орналасқан Жүсіпқожаның Қосқұдығына орналастырыпты. Қосқұдыққа қосарландыра Дар Басы деген атау да беріпті. Шекесіне бір дар аздық еткендей, сосын екінші дар құрғызыпты. Онысы сонау Айғырұшқан тауының арғы бөктеріндегі жазық алаңқайдағы жерде екен. Ол жердегі құрған дардың айналасын таспен қоршатып, маңайына ағаш отырғыздырыпты. Тас пен қыштан үйлер салғызыпты. Жазғы жайлауға шыққанда Орда қызметшілері сол жерге жиналып көптеген мәселелерді шешетін көрінеді. Тіпті бара-бара ол жер кішігірім хан Ордасына айнала да бастаған. Жердің атын соңына Тас Дар Басы атап кеткен дейді. Байлархан ол жерден де талай әрлі-берлі жүрген...  («Дарбасы», «Тасдарбасы» деген елді мекендер әлі де бар)

  Ұлы жібек жолының бір тармағы қазір де сол жерден өтеді. Иншалла осы жолы да сол жолдан өтер, болмаса екінші жол баяғы Қосқұдық – Дарбасының үстінен жүрер...

  ...Жая хан Қалысбайды қайдан да болса тауып келуге, сарбаздарына бұйрық беріп оны қалай да дарға асуға дайындалып күтіп жатады. Бірақ қырсыққанда жуық арада табылар Қалысбай болмады. Шардараға  оны үйіне қайта-қайта іздеп барған шабармандар «ухит-сухит» жауап айтып, тапсырманы мандытпай-ақ қойған.

  Шабармандардың өтірік шапқылап, Қалысбайды әдейі таба алмай жүргендерін Жая хан білмесе де, бас уәзір Ыса палуан білерді. Бірақ білсе де жұмған аузын ашпай, Жая ханға бұл жолы ақыл қоспаған. Не басының іскені бар, Қалысбайсыз да мемлекеттік іс бастан асады. Осы жер дауы мен жесір дауы-ақ миды ашытып-ақ болды. Бұл Тұранның Даласында жер қанша көп болса, сол жер үшін дау одан да көп. Жаугершілікте басы ажырамайтын қазақ жайшылықта басы бірікпейді. Оның басты себебі малы көп. Көп малды бір жерге асырай алмайсың.

  Жая хан ойға алған ісін тындыра алмай мазасы қатты кетіп жүрді. Бұл қашан Бұхара әмірі сияқтанып немесе Қоқан ханы құсап, болмаса Хиуа ханындай болып қылмыскерді дарға асар?

  Өзі үкім шығарып, халықтың көзінше, қылмыстыны шырылдатып тұрып дарға астырса, па-а шіркін, абыройы асқақтап кетер еді.

  Қалысбайды тауып алып дарға асу пәрменін бергелі бір жылдай уақыт өтіп барады. Төбесін көрсететін Қалысбай жоқ. Шынында да бұл кездері Қалысбай әкәң ысқырып өлең айтып Ұратөбедегі базарда саудасын қыздырып жүрген. Бір күні Жая хан алдына Ысаны шақыртқан.

  -Ал, Ыса шырақ, Қалысбай есіңде ме, оны тауып алып дарға асу жарлығына бармақ басқаныма бір жылдың жүзі болып барады. Орда жұмысын тындырымды-ақ орындап жүрсің, бірақ мынау жұмыс қалып барады. Ханның екі сөйлегені өлгені деп бабаларымыз айтып кеткен. Неғыламыз, өлеміз бе енді? – дейді.

  -Жоқ, өлмеңіз, - деген екен Ыса, - сол жарлығыңызды ұмыта салмайсыз ба?

  -Ойбай-ау, қалай ұмытамын?

              -Кәдімгідей, ол жарлығыңыз неге орындалмай жатыр деп осы кезге дейін сұрап, қуынып жүрген жан баласы бар ма? Билердің де, ақсақалдардың да, тіпті анау қуылып кеткен қыздың атасының да сол қыңыр Қалысбайда шаруалары жоқ ғой.  Қыздың атасын қазынаның пұлымен бағып жатырсыз, шүкір жанын күйіттеп өмір сүріп жатыр.

  -Ол шал жанын күйіттеп өмір сүріп жатқаны дәл менің жаныма батады, себебі оның осы кезге дейін ішіп-жеп жатқан атаукері қазынаның пұлы, дәл сол пұлды неге Қалысбайдан өндірмейміз, а?

  -Қалысбайдан қалай өндіреміз, егер оны дарға астырар болсаңыз?

  -Енді жолы қалай сеніңше, тап осы жолы бұлталақтамай айт, жөн болса айтқаныңды орындаймын.

  -Е, оның жолы оңай, «анау шалдың осы кезге дейін ішіп-жеген атаукерінің құнын төлесең бір қасық қаныңды кешемін, Қалысбай!» десеңіз, ол «жан» деп төлейді.

  -Ау, оны жер мен көктен іздеп таба алмай жүрген сен емес пе?

  -Кім, мен бе? Мен іздеген емеспін, өзіңіз емес пе шабармандарға тікелей пәрмен беріп жүрген, маған іздетпей. Мен іздесем, оны жерге кіріп кетсе де табар ем, бірақ мен оны тапқаныммен Сіз ол антұрғанды тілін салақтатып дарға аспақшысыз, жоқ өйтіп неғыласыз, одан да жаңағыдай пұлын алайық та, жіберейік.

  -Ау, сонда елге жария болған менің жарлығым орындалмай қала бермек пе, оу, сонда менің патшалық абыройым қайда қалады, сосын да мынау қос дарды пәленбай ақшаға не үшін құрдық?

  -Ол туралы әсте уайымдамаңыз, әліптің артын бағайық, ел-жұрт ғой, сонша қалың ел бола тұрып қалайша бір қылмыс жасай қоймас дейсіз. Ертеңнен қалдырмай менің анау көксоққан Қалысбайға баруыма пұрсат беріңіз, ісіңізді бәрін тындырып келемін, - дейді Ыса.

  Содан ол Жая ханнан рұқсат алысымен Шардараға аттанып, әлгі Қалысбайдың кәрі әкесіне жолығып, оны әбден қорқыта зәресін зәр түбіне жеткізіп, одан алтын да, мал да, жалпы керек дүниенің бәрін алады. Сосын атының басын Ұратөбеге бұрады да қырық нөкерімен барып, ол жерде сауда жасап, шаш етектен байып отырған Қалысбайды тауып алады ғой.

  Шынын айту керек Қалысбай қанша мықты болғанымен мына қатал мінезді, ойнап жүріп-ақ өлімші етіп сабап немесе өлтіріп кете беретін мінезі бар Ысаны көргенде қорыққанынан қалтырап кетеді. Оның дегенінің бәрін орындайды. Ыса дүние-мүліктерді көліктерге сықастыра артып енді  Тасдарбасыға қайтарында Ұратөбенің әкіміне жолығады. Ол кезде Қоқан мен Бұхара арасы тынышталған шақ.

  Ұратөбенің де біресе Қоқан қарамағына, біресе Бұхара қарамағына өтіп, әбден рәсуәсі шығып шаршаған уағы. «Қайдан келдің, кімсің?»  Ешкімнің шаруасы жоқ.

  Ыса сонымен Ұратөбенің әкімінен:

  -Дарға асуға жазаланған қылмыскерің бармадүр? – деп сұрайды.

  Онысы басын шайқайды.

  -Тауып берсейші! – дейді бұл.

  Анаусы енді басын қаттырақ шайқайды.

  -Жолын жасаймын, құрғақ қасық ауыз жыртар, майлаймын, пұлды үйіп төгемін, - деп бұл да қоймайды.

  Ұратөбе әкімі бәрібір басын шайқауын қоймайды.

  Әкімнен түк шықпағасын Ыса басын салбыратып еліне қайтып келеді. Бірақ іздегенге сұраған, Ордада ызым-қиқы дау болып жатыр екен. Сөйтсе бір келімсек түйесін жоғалтып, сол жоғын осы Тасдарбасыдан іздеп келген екен. Жая хан да бұрқан-талқан ашулы кейіпте. Кейпінің соңы әлгі келімсекті Ордаға ұрықсатсыз кіргені үшін дарға асуға тіркеледі. Сонымен сөздің түйіні Қалысбайды асу үшін құрылған дарға айдаладағы бейкүнә байғұс асылыпты. Соңына Жая ханның бұл қылығын кешірмей, ел толқып игі жақсылар мен жайсандар, билер мен ақсақалдар бас қосып мәслихат жасап, Бұхара әміріне өтініш айтып, оны елден аластатыпты. Содан бұл толқудың соңы насырға шабатынын түсінген Жая хан Ысаның ақылымен бір түнде жасырын түрде Арқаға асып кете барыпты...

  ... Байлархан терең күрсініп қойды. Ия, бұл уақиғаның болып өткеніне де он бес жылдың көлемінен асыңқырапты-ау... Мынау жұмбақ қыз енді қандай жаңалықтарын алып келеді екен?...

 

3. Кездейсоқ кездескен әнші қыз

          Әжептәуір көрінетін, көк сырмен боялған дарбазасы бар үйдің қасынан өте беріп еді, сол дарбаза қасында жуан талға сүйене, көлеңкелеп отырған, ән мақамына берілген, өзі қатарлы қызға түсті көзі.

  Кәмшаттың терісінен, әлде құндыздың терісінен бе, әйтеуір қылшығы үлпілдек, тығыз терімен, айналасы көмкерілген қоңыр масаты дүппәсінің доғалдау төбесінде үкі қауырсыны қадалған.

  Үкі қауырсынының түбінің айналасына кілең жылтырақ теңгелер жабыстырыла қадалыпты. Ондай теңгелер күмісі, алтыны араласып, жаңағы көмкерме терінің астынан қатарласа салбырайды. Сол қатарласа салбырап тұрған теңгелер қатарының астыңғы ішкі жағынан да қатары көрінген зерлі шашағы тағы бар.

  Тура маңдай тұста, әлгі дүппә-бөрікті көмкерген терінің қылшығы үстіне меруерт қадалыпты. Көгілдір торғыннан тігілген көйлектің етегі тізесін, аяғын, мәсісін жауып, бүрмеленген етегі жерде көлбеп жатыр. Көйлек сыртында қырмызы жеңсіз мінтә.

  Белін қаусырма қысып тұр. Мінтәсі оқаланған екен.

  Әдемі.

  Сол әдемілікке қыздың сұлулығы одан сайын жарасады.

  Әппәқ қыз.

  Сүттей ақ, сопақшалау жүзі өте тартымды, өзіне шақырып тұрғандай. Ән айтып отырып, қара көзі күлімдеп, ол Мәделіге қараған.

  Мәделі де қызға көзін айырмай салып біраз тоқтап тұрған. Қыз да әнін соңына дейін аяқталғанша жалғастыра берді. Бірақ ол да Мәделіден көз алған жоқ.

  Ән жүдә ұзаққа созылды. Әлде қыз бір қулықпен созып отыр ма, бірақ Мәделіге әннің өмір бойы аяқталмағаны керек болып тұр, мына тұрысында.

  Ән қалықтап аспан биігіне шыға шырқаған кезде, қыздың оймақтай ауызының ашылғаны да байқалмады, тек ғана қыздың дөңгелектеу қара көзі қысыңқы тартылып кетеді.

  Ән мақамына, оны орындап тұрған қыздың сұлулығы мен оның дауысына балқып, бір рахат күй кешіп тұрған Мәделіні арқа жағынан біреу келіп, иығына қатты итеріп қалды осы кез.

  Бұл дүниені ұмытып, өзінің қайда тұрғанын есінен шығарып, ерік болмысымен әуенге беріліп кеткен Мәделі, иығынан әлдебіреу қатты жұлқып қалғанда қыздың тура алдына омақаса құлай жаздады.

  Абырой болғанда, айқара ашылып тұрған дарбаза есіктерін тіреп қойған белағаштан етпеттей секіріп бара жатып ұстай алғанды. Мұны көрген қыз шошынып орнынан атып тұрды.

  Ән сап тиылды. Мәделі қатты ұялыс тауып, қыз жүзіне назар салып еді, қыз жүзінен мазақтаудан гөрі әбіржудің нышанын көрді.

  Бірақ бәрібір сұлулығын жоғалтпаған, хас сұлу күлсе де, жыласа да әдемілігін жоғалтпайды. Қызда бұған деген жанашырлық пен қаналыстың белгісі жоқ емес.

  Осы бір табан астынан пайда болған өзгерістен соң оның себепкерін көрмекке Мәделі арқасына жайлап бұрылды. Бұл алғашында ойлап еді, арқасынан итеріп қалған, қыздың әкесі болар деп, сөйтіп бұрылып қараса әкесі де емес, атасы да емес, әшейін өзінен сәл жасы үлкендеу, мұрын астында мұрты тебіндеп қалған жігіт екен. Оның мұқатып тұрған түрінде бұны кемсіту сыңайы да байқалады. Ал маған не істемекшісің дегендей, екі бүйірін таянып, шіреніп, адамның жынына тиер түрде.

  -Неғып, бұл қызға қарап калдың, өміріңде қыз көрмеп пе едің? Кімсің өзің, осы қазір тұрған жеріңде мұрныңды бет қылайын ба, а?! – деді әлгі жігіт түкірігі шашырап.

  Мәделі мына сауалға ашуланғанынан жауап та қата алмады. Үн-түнсіз, жігіттің бетіне қарап біраз тұрған. Бұл үнсіз тұрысын бұның қорқып тұрғанына бағалап, әлгі жігіт, Мәделіні енді біраз төмпештеп алмақ ниетпен оның қасына жақындаған.

  Мәделі оның ойын тез түсінді де өзі оның қасына жақындай берді. Сөйтіп жігіттің алдына жайлап келді де, қақ тұмсықтан жұдырықпен бір перген.

  Жігіт қолын сермеп үлгермей, шалқасынан мұрттай ұшты. Екі қолы мен екі аяғы төрт жаққа кетіп, төрт-бес құлаш жердегі борпылдақ топырақты сүзе құлады.

  Мына қыз енді жүгіріп келіп жігітке араша түсер деп еді, жоқ ондайы болмады, қыз тез-тез жылдам басып үйіне еніп кеткен.

  Жігіт орынынан тұра алмай сол күйі жатқанды. Оның жуық арада орнынан қозғалмайтынын Мәделі де біледі. Өзінің нағашы атасы, атақты батыр – Жаушыға да тартқанын, өзінің жүрек жұтқан батыр – әкесі Жүсіпқожаға да  тартқанын өзі сезеді.

  Талай төбелестерде қарсыласқан өз қатарлары бұның бір жұдырық сілтегенінен қалған емес.

  Үйіне кіріп кеткен қыз қолынан жетелеп шешесін ертіп шықты. Өзі асығыс жүріп, сөйлеп келеді:

  -Торыбайдың өзінен болды, оған қой деңізші, өзінен өзі тиісті, мына бала жай өзімен өзі тұрса да, Торыбай оны итеріп жіберіп, құлата жаздады. Бұл бала кінәлі емес, Торыбайдың өзі кінәлі.

  -Қызым-ау естідім ғой, несіне айта бересің, Торыбай кәне, өзі қайда кеткен? – деп апасы Торыбайды іздеп жан-жағына қарап қарманды.

  Енді Мәделі бұл жерден тез-тез кетіп қаларын да, әлде әліптің артын бағып осы жерде күтіп тұра берерін де білмей, сарсаң күйде тұрғанды. Алпыстарға келіп қалған ана, Мәделінің қасына қызымен қатарласа келіп:

  -Кәне, жаңағы қағынғыр Торыбай? – деп емінді.

  -Әне, әнеуу-у жатыр көшеде шаң қаба аунап, - деп Мәделі сұқ саусағын шошайта, көшені көрсетті.

  -Ойбай көтек, не дейді?! Мен оны... мен оны, көшеде шаң басып жатқан тулақ па десем, ойбай-ау өлтіріп қойғаннан саумысың, тіпті қимылдамайды ғой, - деп анасы оған қарай жүгірді.

  Қыз әдемі көзін бір төңкеріп алып, сосын қабағының астымен жымия қарады. Сөйтті де:

  -Сауап оған, өзі ғой тиіскен. Өзіне де сол керек, әркімге бір тиіседі, жайына қарап жүрмей. Бір жұдырық тигеннен өле қоймас, - деп Торыбайға жақындаған.

  Барса Торыбай апасының жәрдемімен басын көтеріпті. Тұмсығы тез арада ісіп, көздері жұмық болып қалыпты. Көзінің орнында екі сызық әрең жылтырайды. Абырой болғанда бұл азғана қарбаласты көршілер байқамады.

  Қыздың қасындағы ана, өзінің інісінің содырлығын бұрыннан білетіндігінен, мына жағдай туралы көшеге жар салмады әйтеуір. Ол қыздың көмегімен Торыбайды үйге тәлтіректете, сүйемелдей алып кетті. Мәделі енді бұл жерден кеткісі келмей біраз қипақтап тұр еді, іздегенге сұраған дегендей, жаңағы қыз тез арада үйінен қайта оралды. Сілейіп тұрған бұның алдына тез-тез жүгіріп келді де, өзін өзі әрең тежеп кілт тоқтады. Дәл бір бұрыннан, ежелден, баяғыдан, көптен бері сағынып жүрген, ескі танысын, кәдімгі қимасын, сонардағы сүйгенін қазір, енді, дәл осы кезде көргендей, ентелей, ынтызарлана, сағына жүгіріп келіп, жігіт алдына бір қадам қалғанда, құшақтай жаздап, аймалай жаздап, есі кете ентіге, әрең тоқтады. Неге, не үшін осынша асығыс келгенін, неге, неге тез тоқтала қалғанын қыз өзі де түсінбеді.

  Тек ғана дөңгелектеу нәркес жанары күлімкөзденіп, шарасызданып Мәделінің көзіне тіктеп қарап тұра берген. Егер дәл қазір осы ауылдың ер жеткен сүр бойдақтарының бір тентегі болса, мына жағдайда мына сілейіп, ындыны кеуіп тұрған мына шарасыз қызды бас салып құшақтап әбден аймалар еді. Мынау құмырсқанын беліндей үзілейін деп тұрған қыпшасынан әбден құмары қанғанша қысар еді.

  Бірақ Мәделі әдепті бала. Бұл жолы да әдеп сақтады. Қанша әдеп сақтаса да жүрегінде махаббат сезімі оянған кез ғой. Бұл да қызды бас сала құшақтап, ақ тамағынан иіскей жаздап, бірақ өзін өзі тежеп әрең тоқтатқан. Күндіз тапа-тал түсте ұят болар. Қайткенде де жігіт өзі бастап бір сөз айтар деп үміттеніп телміріп тұрған қыз мына Мәделіден қайран болмағасын сөзді өзі бастады:

  -Шынында да осы сен, кімсің?

  -Мен. Мен бе, Мұхаммедәлі, былайынша Мәделімін.

  -Мұхаммед Әли, Мәдәли?!.

  -Ия, Мәделі.

  -Қоқанның ханы ма?

  -Жоқ, Қоқанның ханы емес.

  -Қайдан келесің?

  -Таскенттен.

  -Ташкеннен?!

  -Ия, Таскенттен.

  Қыз таңырқай біраз үнсіз тұрды. Бірақ қос жанарын Мәделінің жүзінен айыратын емес. Таң қала, оймақтай ауызын ашыңқырай тағы біраз, жігіттің жүзіне барлай қарап тұрды да:

  -Енді қайда барасың? – деді.

  -Сәдірқожаның үйіне.

  -Мына Сәдірқожаның үйіне ме? – деп қыз сұқ саусағымен бұл жерден көзге көрініп тұрған ұзынша етіп салынған, итарқа тамды көрсетті.

  -Ия... Сол Сәдірқожаның үйіне.

  -Немене, олар туыстарың ба еді?

  -Ия, ағайындарым еді.

  -Ол үйге қашан келдің?

  -Осы қазір, енді келе жатырмын.

  -Ее, жаңа айтқан екенсің ғой, Тәшкеннен келе жатырмын деп.

  -Тәшкеннен емес, Таскенттен келемін!

  -Бәрібір емес пе?

  -Жоқ, сізге бәрібір болса да, маған бәрібір емес!

  -Неге?

  -Негесі сол, Тәшкен деп, өзіңнің шала екеніңді білдіріп тұрсың, таза болсаң Таскент дер едің ғой!

           -Солл-ай... , солай де.

  Қыз жігітке тағы да таңдана барлай біраз қарап тұрды.

  Мәделі өзін базардағы сатылар бұйымдай көріп алғысы келіп қызығып тұрған мына қыздың қылығына ыңғайсызданып тұрса да сыр бермей ақырына дейін шыдап баққысы келген. Тіпті ол қыздың бұл сұрақ қойыстары мен ынтығып тұрған қылығы бұған ұнап та тұрғанды. Сондықтан да қыз бұған таңатқанға дейін сауал бере берсе де жауап беруге ерінбейді. Ерінбегені не, қуана қуана келісер. Қыз енді жігіттің бойына көз салды. Қапсағай жауырынды мына бала өзінен тіпті ұзын екен. Үстіндегі қалалық түрлі түсті киімі жараса қалыпты. Әсіресе басындағы төрт бұрышты әдемі тақиясын екі орап байлап бос жіберген орамалы жігіттің иығы мен жауырынын жауып, бұған жігіттік ерекше бір сұс беріп тұр. Тура баяғының батырларындай.

  -Мен білсем сен менімен құрдас шығарсың осы? – деді  қыз.

  -Білмедім.

  -Мен он жетідемін, өзің нешедесің? – деп қыз тағы ынтыға қарады.

  -Мен бе, мен он сегіздемін, - деп Мәделі өзін мына қыздан үлкен етіп көрсеткісі келіп құрдастығын жасырды. Қыз маржан тістерін көрсете күліп, жүдә қуанып кетті.

  -Бәсее-е, өзімде солай ойлап едім, менен не бір жас үлкен, немесе менімен жасты шығар деп, ал анау жаңағы жігіт жиырма екіде, ол менің нағашым, өте қызғаншақ, содыр жігіт. Мені жұрттан қызғыштай қориды. Көпшілік жиындарға жібермейді.

  -Ол тағаң болса, үйіне кетпей есек тағалап жүр ме мұнда?

  Мәделінің бұл сауалына қыз сыңғырлай күлген. Сосын ұзақ сонарлау әңгімеге кірісіп кетті.

  Ол маған неге екені түсініксіз, әйтеуір үйіне бармай осында тұрады. Біздің Көктеректің базарында таразыбан болып жұмыс істейді. Әкесі бай саудагер, Шардара шаһарында тұрады. Менің әкем де Қалысбай деген Шардараның атақты бай саудагері.

  -Қалысбай дейді? Қалысбай, Қалысбай..., бұрын мен бір жерден естігенмін бұл есімді. Ал енді нағашың да, өзің де Шардараның адамдары екенсіңдер, неғып жүрсіңдер бұл жерде?

  -Мен шешеміз екеуміз баяғыдан, кішкентай кезімнен осында тұрамыз, менің әкем нақсүйерімен Шардарада тұрады, ал бәйбішесі Қосжарсуатқа жақын жерде тұрады. Менің шешем әкемнің тоқалы. Әкемнің бес-алты әйелінің жан-жақта өмір сүріп жатқанына түсінбеймін. Бәлкім әкем саудасын жүргізіп, ел аралап жүруіне ыңғайлаған шығар. Әкем мұнда анда-санда бір келіп сауда жасап, бізге азық-түлік, мүлік, алтын, ділдәні көп-көп қылып әкеліп береді де, өзі Шардара мен Ұратөбедегі нақсүйерлерінің үйіне кетіп қалады.  Мен сені бір көргенде-ақ шынымды да, сырымды да айтып қойдым ғой, - деп бетін шымшып дауысын шығара қаттырақ күліп алды.

  Ал Мәделі болса: «Мына қыз шын ғашықтық дертке ұшырап жынды болып тұр да, не шынымен жынды шығар» - деп қисса жырлардағы, баяғы замандағы шығыстағы ғашықтарды еске алды. Ондай құбылыстан бұл Мәделі де ада емес-ау.

  Бұл да Мәжнүнге  ұқсап тұрды. Қыз жүзінен көзін тайдыра алмай, қимастықпен бұл жерден кете алмай, бір іңкәрліктің дариясына шомылып, шыға алмай тұр.

  -Мен онда, кеттім, - деді Мәделі күмілжіп.

  -Кете бер!

  Қыз көзін ойнақшытып тағы бір төңкеріп алды. «Кетсең алыс кетпессің, маған керек болып қалсаң, өзім-ақ тауып алармын» деген сыңайда. Мәделі айтқан сөзіне және өз ойының орындалмай қалғанына өкініп қалды. Жігіттің ойы өз нарқын арттырып көрмекші-тін. Жаңа ғана «мен кеттім» деп айтқан жігітке қыз: «қайда асығасың, барар үйің міне тұр ғой, тұра-тұр әйтеуір бір барарсың» дейтін шығар деп күтіп еді, онысы болмады.

  -Неғып тұрсың, енді, бара бер, әлде менің есімімді сұрап алуға ұялып тұрсың ба? Атымды айтпаймын, мен керек болсам өзің сұрап біліп аларсың, әне-е, көрші атам үйінен шықты, мына тұрысымды көрсе ұят болар, - деп бұрылды да үйіне қарай аяғын тез-тез басып кете барды.

 

  Рысбибі апасы, кешкілік асқа майпалау дайындапты. Бұл тамақтың қазақша атауы майлы палау.

  -Палау – қазақтың сөзі. Палау деген тағамды өзбекше «аш» дейді. Яғни ас дегендері. Бірақ палаудың алғашқы шыққан отанын ешкім де білмейді. Палауды алғаш дәмін татып көрген күпілі қазақ, «паһ, шіркін дәмі палдай /бал, әсел/ тәтті екен, мынау нағыз пал-ау!» - деген екен. Содан бұл дәмнің түрінің аты палау болып кетіпті-міс. Мүмкін рас шығар, біздің қазақ ат қойғыш, тілге бай ғой, - деп Сәдірқожаның үлкен ұлы Кәдірқожа білгішсінді.

  -Әй, тамақтың атын тергеп не қылайын деп едіңдер, маңызы тамақтың атында емес, дәмнің затында, тамақ жеп отырғанда көп сөйлемей, тек ғана дәмнен алып және қонаққа алдырып отыру керек, Мәделіжан жесейші, - деп Рысбибі апа үлкен жайпақ ағаш табақтағы асты Мәделінің алдына ысырыңқырап қойды. Ас дәмді болыпты, апайы бар өнерін салып-ақ дайындаған екен.

  Тамақ желініп болғасын енді Рысбибі шай құйды. Шай құйып отырып сөзден де қалар емес.

          Енді бұл Рысбибі апа тағы бір ұзақ сонар әңгімеге кіріспей тұрғанында сыртқа шығып кетіп, Кәдірқожаны ертіп алып, Келес бойына қыдырып келуді ойлаған Мәделі, Кәдірқожаның бүйірінен түртіп, далаға шығып келейік деп ымдаған. Ас қайырылып дастархан тез жиылғасын бұлар сыртқа шықты. Бұлармен ілесе Кәдірқожаның қарындастары Керімсұлу мен Алма шыққан.

 

4. «Жүзік салу». «Ақсүйек»

           Бұл төртеуі өзенді бетке алып, ауылдың өзен жақ шетіне шықты. Үлкен базардан әрі өтсең Ұлы Жібек жолының бір тармағы  қиқа-жиқа арба жолдардың қатары, ойылып қалған түйе жолдар мен сызыла қалған есек жолдары бар Таскент – Сарыағаш – Ишанбазар – Шардара соқпағы өтерді. Бұл Көктерек Сарыағаш пен Ишанбазардың ортасында. Бірақ Сарыағаш пен Таскентке өте жақын орналасқан.

  Балалар ойнайтын тегіс көкорай ажырықты алаңқай осы жолдың арғы бетінде, иретіле аққан ару Келестің қойнауында. Балалардың ойнауына жүдә қолайлы жер. Айлы түн сүттей жарық. Бұлар төртеуі алаңқайдың шетіне кіре бере-ақ кішкене балалардың шулай ойнаған дауыстары да естіліп жатты.

  «Тыштым-сидім құмпақ, тыштым-сидім құмпақ» - десіп балалар сонау ескі «бәдікке» ұқсастау, ескі қазақы ойынның қызығына беріліпті. Мәделі де кішкене кезі есіне түсіп, ойын әуенін біраз тыңдап алмақшы болып тоқтап, балалар дауыстарына құлақ тоса, аз-кем аялдап тұрды.

  «Иығым күйді-көтім күйді мәә-ә, иығым күйді-көтім күйді мәә-ә»...,

-«Артыңдағы немене?

-Аппақ-аппақ жұмыртқа!

-Бір қанатын берсейші?!

-Боқ қанатын жесейші!»

 -Екі жақтайын ба, бір жақтайын ба?» «Әлің келсе тыржақта, әлің келсе тыржақта!».

  Мұны естіп Мәделінің көңіліне күлкі қонақтады. Өзінен өзі мәз болып күліп, есіне балалық шағы оралды.  Қызық ойын еді-ау шіркін. Енді қазір бұл сияқты ойынды ойнауға ұяттау сияқты. Қанша дегенмен балалықтан өтіп, жігіттік есі кірген ғой. Ал анау кішкентай балаларға бұл ойын өте қызықты ғой, бұл да сондай кішкентай болса дәл қазір барып оларға қосылып кетер еді. Мәделі балалық шағына саяхаттап үнсіз тұра берер ме еді, егер Кәдірқожа оның жеңінен тарпағанында.

  -Қап мына көршінің әнші қызы тағы да келіп қалыпты-ау, ойынды да, ойынның қызығын да, бәрін де құртатын болды-ау, - деп Кәдірқожа таусыла сөйледі.

  -Е, неге ол ойыңды құртады екен?

  -Сен анау, кішкене балалардың ойнап жатқан жерінен әріректегі үлкен балалар жиналған топ арасындағы үкілі бөрік киген қыпша бел көк көйлекті қызды көріп тұрсың ба?

  -Иә, көріп тұрмын.

  -Көріп тұрсаң, ол өзі жақсы қыз, өзі әнші, дауысы өте керемет.

  -Ал, онда не деп тұрсың, қайта бізге жақсы емес пе, әнін тыңдаймыз.

  -Тыңдағаның құрысын, кейін берекеңді қашырады, одан да тыңдамай-ақ, оларға жоламай-ақ аулақ жүрген жақсы, - деп Кәдірқожа тоқтап қалды. Осы кезде қасындағы екі қарындастары да:

  -Жүріңдер үйімізге қайтайықшы, бүгін де бір берекесіз ойын болғалы тұр екен, - деп үрпиісті. Мәделі жаңа әлде ғана анау көрші қыздың осында екенін көріп қуанышы қойнына сыймай шаттана бастап еді, мына туысқандарының сөздерінен секем алайын деді.

  -Не болды-ей сендерге, соншама үрпиісіп, қайтсақ қайтармыз, бірақ себебін айтсаңдаршы, адамды ойландыра бермей, - деп Мәделі анығын білгісі келген.

  -Өй, анау қыздың үйінде бір есерсоқ ағасы бар, өзі Шардараның байының баласы, өзі осы жақта жүреді. Бұл қыз оның жиен қарындасы...

  -Жарайды, жарайды, түсінікті, енді арғы жағын айтпай-ақ қой, мен-ақ жалғастырайын, - деп Мәделі екі қолын көтеріп Кәдірқожаның сөзін тоқтатты. – Бұл қыздың жаңағы нағашы ағасы өте қызғаншақ, ол қыздың қасына жақындап кетсең немесе сөйлессең, не болмаса бірге ойнап-күлсең бітті, таяқ жейсің солай ма?

  -Солай. Оның үстіне одан бүкіл Көктеректің  балалары қорқады. Тек ғана балалары емес, үлкендері де қорқады. Ал әкім де, сүдір де, қазы да, найып та, ол жігітке сатылған, соның сөзін сөйлейді.

          -Өй, қой, Кәдеке, көршінің мақтауын жеткіздің, арғы жағын айтпай-ақ қой, мен ол жігітті танимын, - деді жайбарақаттана. Бұл сөзге Кәдірқожа таңданғандай кейіп танытты. Мәделіге күдіктене қарап:

  -Бәсе, бәсе бағана мен үйге келгенде, сен үйде тығылып, мына қыздарға жүн түтісіп отыр едің, бәсе, бұл неғып қыздарға көмектесе қойды екен десем, біздің үйге келе жатқаныңда Торыбайға жолығып, одан таяқ жеген екенсің ғой, - деп күлді. Мәделі мына Кәдірқожаның сөзді бір бастаса сампылдап, ұзаққа шабатын әдетінің Рысбике апасының мінезіне аумай тартқанына таң қалды. Бірақ Рысбике сөзді көп сөйлегенімен үйге ырыс әкелгіш. Мына Кәдірқожаға сондай қасиеті де жұққан болса мына мылжыңдығы білінбес еді деп ойлаған Мәделі:

  -Кәдірқожа көке, жасыңда қалжыңды көп айтсаң, үлкейген соң мылжың боларсың деген қазақта мәтел бар, енді жарты жолдан қайтпалық, неде болса бара көрелік, ал алда-жалда ол тиісіп бара жатса онысын көрерміз, жүр барайық, - деп Кәдірқожаның жеңінен тартқан.

  -Барсақ барайық, бірақ ол сол жерде болса онда анау қызға жоламай жүреміз. Егер де ол бұлардың арасында жоқ болып мұнда кейінірек келсе, онда ол келген заматта осы төртеуміз тобымызбен үйге үн-түнсіз кете берейік. Сонда бізге тиіспейді.

  -Жарайды сенің дегенің болсын, - деді Мәделі.

  Жаңағы ойнап жатқан кішкентай балалар қастарынан өткен бұларға үрпиісе- үрпиісе бір-бір қарап алды да, ойындарын одан әрі жалғастыра берген: «-Артындағы немене? –Аппақ-аппақ жұмыртқа! – Бір қанатын берсейші?! – Боқ қанатын жесейші!!! – Боқ қанатын жесейші!!! Екі жақтайын ба, бір жақтайын ба? – Әлің келсе тыржақта, әлің келсе тыржақта!» - Әне инем түсіп қалды, міне инем түсіп қалды!» - десіп балалар шуылдаса, ойындарын жалғастыра берген.

  Бұлар, арасында жаңағы әдемі қызы бар топқа келіп қосылды. Бұл топтың арғы жағында да бірнеше топ ойынның қызығына батып жатыр.

  Айгөлек-ау, Айгөлек, Айдың жүзі дөңгелек,

  Теміршіден дем шығар, үзеңгіден  тер шығар.

  Ақ терек пен көктерек, Көктерекке кім келед?

  Бізден сізге кім керек, Көктеректен кім керек?

  -деген көпшілікпен айтылып жатқан ойын дауысы естіледі.

  Жаңағы әдемі қызы бар топ дөңгелене қатар тізіпті. Қатардағы қыз бен бозбала аралас. Ортасындағы ойын жүргізуші олардың әрқайсысымен қос қолын беріп, «ассалаумаалейкүм» дегендей, ойыншылардың екі қолын бірдей алып, амандасып жүргендей сыңай танытуда.

  Ойыншыларға жақындап келіп қалған төртеудің арасындағы Мәделіні әлгі әнші қыздың назары байқап қалып, ойын қатарында тұрған жерінен бұған қарай жылдам басып келді де, мұның қолынан ұстап алды. Сосын: «Келдің бе, бері  жүр, алтын жүзік ойнаймыз» - деп өзінің қатарына тұрғызған.

  -Тобымыз көбейді, егер жүзік әлігіге дейін салынып қойылса онда ойын қайта басталсын, - деді ойынға қатысушылардың біреуі. Жүзік әлі тасталынбапты, ойын жалғасын таба берді. Ойын басқарушы қатар дөңгелекпен топтың арасын қайта-қайта айналуда.

  Асаба дөңгеленген ортаны төрт айналды, бес айналды, алты айналды. Әйтеуір әзірше жүзіктен аман. Енді соңғы жетінші айналымда маған сала қоймайтын шығар, жүзік алғашқы айналымдарда-ақ біреудің қолында кеткен болар деп енді ғана Мәделі еркін жайбарақат тұр еді, осы жетінші айналымда жүзігі құрымағыр мұның алақанында қалып кетті. Әншейінде қорықпайтын жүрегі су ете қалған. Дәп бір ұрлық жасап қойғандай жан жағына қараған. Оң жағында әнші қыз, сол жағында Керімсұлу. Керімсұлуды қоя берші, мына әнші қыздан ұялып, әбігерленгендей сыңайы бар.

  Бағанағыдан бері бұл оның жүзіне жүз рет қараған шығар. Бірақ бәрібір оның түрі мұның есіне ешқандай сақталмайтын сияқты, тағы да қарай бергісі келеді. Мұнысын қыз да іштей сезетіндей, бұл оған қараған кезде ол да бұған қарайды да, жанарлары бірдей түйіскенде, бойжеткен назарын төмен сала қояды.

  Асаба топты жетінші рет айналған соң, ортаға шығып, ойыншы көпшілікке біраз қарап үнсіз тұрып қалған. Ойыншылар қолдарын қусырып тұрғанымен құрсаудың шеңберін тарылтып жіберіпті. Тіпті Мәделі мен әнші қыздың иықтары түйісіп қалыпты. Ойын жүргізуші асаба қыздар мен бозбалаларға,  «кейін, кейін жылжыңдар» - деп шеңберді кеңейтті. Ойыншылардың араларының алшақтықтары бір қадамдай болды-ау дегенде, «жүзігім қайда?» - деп айқайлаған.

  Ойын үйдің ішінде ойналса, жүзік салынған адам қасындағы екі көршісіне білдірмей орнынан тұрып кетер еді, егер көршісі біліп қойса оны орнынан тұрғызбай, қимылдатпай құшақтап отырып алады. Ал енді ойын сыртта далада болғандықтан керісінше, жүзік салынған ойыншыны көршілері жерге отырғызбауы керекті. Орнынан көтеріп, арқалап аласың ба, әлде құшақтап, белінен қысып екі аяғын жерге тигізбей көтеріп тұрасың ба өз еркің. Мықтылар күш бермеуі мүмкін, бірақ көрші екеу болғаннан соң екеулеп жабылып жүріп дегендерін іске асыруға болады. Ойынның мақсаты қыз бен жігітті жақындату ғой.

  Мәделі жүдә ыңғайсыз жағдайда қалды. Намысы екі жаққа да бірдей тартып тұр еді. Біріншісі, қыздарға ерік бермей, жерге отыра қалу, сөйтіп өзі айыптан құтылып мына екі қызға айып төлету. Бірақ екінші жағынан қараса, өзі мына мөлдірдей болып тұрған қыздарға бірі туысқаны, бірі бүгін ғана танысса да, жүрегінен орын ала бастаған, қимасындай сияқты ғой. «Шырылдап» отырып, оларға айып төлетуге намысы жібермей-ақ тұр. Керімсұлуды қойшы, ол өзіміз ғой, айтса бір ән айтар, әлде бұратыла билеп берер. Ал мына қыз ән салар, бірақ айып төлеткенім ұяттау болатын болды деп ойлап тұрғанында асаба тағы айқайлаған. «Көрейін, егер мына қыздар білегімнен ұстап шындап бара жатса, жерге отыруға мыналар маған дес бермеген сияқты сыңай танытып, айыпты өзім төлеп бір ән айтып бере салармын» деп іштей ойлана Мәделі жерге жүрелей отыруға ыңғайлана берді. Бұлай да болады екен-ау, мына екі қыз бұған қарар емес, олардың енді екі көздері арғы жағындағы көршілерінде. Олар тіпті Мәделіге жүзік салар-ау деген ой қаперлеріне кірмегендей. Мәделі ешкімнің қарсылығынсыз, жерде жүресінен отыр, жұрт күлісіп жатты, «әй, қыздар жан-жақтарыңа қарасаңдаршы» деседі. Мұның барлығы әп-сәтте, қас-қағымда болды. Көрші қыз сыңғырлай күлді. Сосын:

  -Өлә-әә, мен саған жүзік салады деп ойламаппын, - деді. Ол сөзін естіп қойған асаба:

  -Мейманның да бір өнерін көріп-тыңдауымыз керек еді, бейқам тұрған өз обалдарың өздеріңе, енді айыптарыңды төлеңдер, - деп екі қыздың қасына жетіп келген. Керімсұлу қолындағы білезігін берді. Әнші қыз да қолынан білезігін алмақшы болып жатыр еді, асаба:

  -Тоқтай тұр, білезік, сырғалар көбейіп кетті. Біріңдікі біріңе ауысып кетеді. Онсыз да ауысып кетіп жатқандары көп-ақ. Ондайды азайту керек, сондықтан маған сенің мына бөрігің ұнап тұр, соны бер деді.

  -Қойыңызшы, бәрібір емес пе?! – деп қыз бөрігін бергісі келмеген.

  -Қой болмайды, бересің, айттым ғой мына білезіктер егіздің сыңарындай екен, айдың жарығында ауысып кетеді деп,  - деген асаба, қыздың бөрігіне жабысты. Қыз амалсыздан бөркін шешіп беріп еді, оның қалың шашы иығына, одан төмен бөксесіне, одан төмен қарай балтыр тұсты сипалай өтіп, тобыққа тоқтады. Орап-орап бөрігінің ішіне тығып тасталған қолаң шаш, ширатыла түсіп, жартылай жайыла, кейбір сілемдері иықтан оза, алға қарай асыла құлап, тырсиған томпақ кеудені жаба сипай, тобымен төменге, етекке құлап жатқандары бар. Бұны көрген жігіттер мелшиіп-мелшиіп тұрып қалды. Ауыздары ашылып, мына сұлулыққа таң қала қарады. Ай астындағы Айсұлу осындай болатын шығар. Айдың күміс сәулесі, әппәқ жүзді одан сайын әрлендіріп, қап-қара қою, ұзын да қара шаштың бояуын қанықтырып, одан сайын аруландыра түскен. Ақ пен қара қатар тұрса, кейде нағыз сұлу сурет сала алады екен. Ақ маңдай, қара қас, ай қабақ, қара кірпік, ақ бет, қара көз, ақ тамақ, қара мең, ақ балтыр, қара қал, ақ жүз, қара шаш!

  -Түу-у, шашым қобырап кетті ғой, бөрігімді қайтып беріңізші! – деп әнші қыз ренжігендей болды. Асаба да мына сұлулыққа есі кетіп, есеңгіреп қалды ма, әйтеуір бөрікті тез иесіне қайтарып берген. Қыз біраз әуреленіп, шашын орап-орап төбесіне үйіп, бөрігін киіп алды. Сосын:

  -Ауысып кетпек түгіл жоғалып кетсе де мейлі, мә мына білезігімді ала ғой! – деп ыңғайсыздана, Мәделіге көзінің қиығын салған... Білезікті алмауға ешқандай қарсылық көрсетпеген асаба, енді көпшілікке қарап:

  -Кәне, көпшілік не дейсіңдер, тағы бір дөңгелетеміз бе, әлде осы табыстарымызбен соқыр қазыға жүгінеміз бе? – деген.

  - Жүгінейік, жүгінейік! – десіп шуласты, көпшілік. Оларға осы дұрыс еді, егер тағы дөңгелетсе, өздерінің ішінен тағы бір екеуі айып төлейді, оданда тезірек мына айыптылардың өнерлерін тамашалаған дұрыс ғой. Сөйтуге асықты бұлар. Асаба:

  -Кәне Кәдірқожа ортаға шық, сен әзірше айыпты емессің ғой, сені соқыр қазы сайлаймын, - деп оның қолынан ұстап ортаға шығарды. Сол жерде қыздардың біреуінің орамалын алып, Кәдірқожаның көзін таңып тастады. Сөйтіп айыптылардың берген заттарынан тұратын, ортадағы үйменің ішінен бір тақияны суырып алды да:

  -Мына заттың иесі қандай өнер көрсетсін? – деп Кәдірқожаға қараған. Кәдірқожа аз-кем ойланып тұрды да:

  -Тауық болып шақырсын, - деді.

  -Кәнекей, мынау кімнің тақиясы еді? – деп ойын жүргізуші көпшілікке қарады. «Құрақбайдың тақиясы» - деп көпшілік шулап жатыр. Ортаға Құрақбай шығып, түнде қалай тауық болып шақырамын, одан да таң атқанды күтейін, - деп уәж айтты.

  -Е, онда құрбақа болып бақылдасын, қазір дегендей уағы,  - деді қазы. Мүйіз сұраймын деп құлағынан айрылғандай болған Құрақбай: «Қазы деген бір сөзінде тұруы керек, қораз боламын» - деп қарсы дау айтып жатты. Ойыншылар бірі күлісіп, біреулері өкпелескен кейіп білдіруде.

  -Қазының айтқанын орындау керек, әтеш болып шақырсын.

  -Жоқ, құрбақа болып бақылдасын!

  -Немене, ойынды бұзып? Ойын бұзғанды ойыннан шығару керек.

  -Тақиясын бере салшы, соның бақылдағанын тыңдамай-ақ қояйық.

  -Жоқ, тақиясын берме, тақиясын анау алысқа бұталардың арасына лақтырып жібер, жүрсін сол таң атқанға дейін тіміскіленіп, іздеп.

  -Үй-й, қойыңдаршы тауық болып шақыра салсын да, - деп біреуі Құрақбайды жақтап еді, «барқ, бақ, бақ, барқ» - деген дыбыс шығарып, Құрақбай бақа болып бақылдай салып еді, жұрттың бәрі қыран-топан күлкіге батты да қалды.

  -Жете ме? – деп асаба қазыға қарады.

  -Менің көзімді шешсеңдерші, көзіммен бірге құлағымды да байлап қойғансыңдар ма, Құрақбайдың дауысы естілмей жатыр, - деп қазы бәлсінді. Сосын көзіндегі орамалды шешіп алды да:

  -Кәне Құрақбай, берменірек келіңкіреші, дұрыстаңқырап бақылдашы, - деген еді, Құрақбай «уа-арық» деп дыбыс шығарды. Бұған көңілі толмаған Кәдірқожа  Құрақбайдың қолынан ұстай жетектеп ортаға шығарған. Сосын оған «аяғыңды бүгіп отыр» - деп әмір етті.

  -Ал аяғымды  бүгіп отырдым.

  -Енді  екі қолыңның саусақтарын жайып, алақаныңмен алдыңдағы жерді еңбектей тіре!

  -А-ал!

  -Әб –бәсее, енді құрбақаның отырысына ұқсайсың. Бұл көрініске жұрт ду-ду күлісіп жатты.

  -Енді, барқылдайын ба?

  -Жоо-оқ, тұра тұр, алға қарай төрт аяқтап секіресің де, сосын барқылдайсың, сондай қимылды үш төрт рет қайталауың керек, үйтпесе бомайды.

  -Өй қойшы-ей, ұят ғой.

  -Ұят емес, қызық қой, қызық болады, сенбесең төрт аяқтап қарғып көрші, қарғыған сайын «барық, уарық» деп дыбыс шығар, сонда аумаған құрбақа боласың, кәне, қанекей бір-екі рет істеп көрші, сосын өзің-ақ үйреніп кетесің, - деп Кәдірқожа Құрақбайдың арқасынан қаққыштап қояр емес.

  -Егер қазының айтқанын істемесең, тақияңды бермеймін, тура анау ағып жатқан Келеске лақтырамын, - деп асаба да қояр болмады. Сөздері құрдастарға тамаша жарасып-ақ тұрды. Айтқандарын істемесең мына құрдастарынан құтылуға болмайтынын түсінген Құрақбай, ыржаң-ыржаң күліп алды да, бақаға ұқсап бір қарғып, «бақ, барық, уарық» - деп екі қарғып, «бақ, барық, уарық» - деп секіріп-секіріп қойды. Көрермен ойыншылар қыран-топан күлкіге батып қалған. «Ақыры болар іс болды, енді  азы не, көбі не, көпшілік бір қарық болсын, онда» дегендей Құрақбай да жаңағы қимылы мен дауысын оншақты рет қайталаған. Мынаусы бір рахат қызық боды, оны сөзбен айтып жеткізу қиынды. Керімсұлу күлкіден ішегі түйіле жаздап жерге отыра қалған, көрші қыз «аха-ха»-лап күліп, Мәделінің иығына екі қолымен қалай асылғанын өзі де білмей қалған.

  Құрақбай енді әбден қызды, ол күлегештерді күлкіден әбден шаршата жығайын дегендей, төрт тағандап, секіріп, барқылдап жүр. Оны асаба қуып жүріп әрең дегенде тоқтатты.

  -Өй тірілігің бар болсын, болды, болды, рахмет, үлкен жігіт бол, тоқтай ғой енді, - деп құрдасының арқасынан қақты. Сосын:

  -Қалай екен, ырзасың ба? Тақиясын берейін бе? – деп асаба ерекше бір ықыласын Құрақбайға аударып, Кәдірқожаға қарады.

  -Жо-жоқ, тағы бір..., - деп қазы да қояр емес.

  -Қой-ей, болды-ей енді, әкел тақиямды, - деп Құрақбай тақиясына жабысты.

  -Мә, жарайды ала қойшы, - деп асаба оның тақиясын қолына ұстатты да:

  -Мынау заттың егесін қандай айыпқа бұйырасыз? – деді қолына білезікті ұстап. «Ол, ол ма?» - деп көзі байланған Кәдірқожа біраз ойланып қалды. «Жылқы болып кісінесін немесе бір аяқтап ортаны үш рет айналсын» десем бе екен, - деп екеуінің қайсысын айтарын білмей тұрғанында, ойыншының біреуі « ән айтсын» деп сыбыр ете қалған. Бұл сыбырды естіп қалған Кәдірқожа, мына зат  кімдікі болса да жақсы әншінікі немесе ән дегеніңнің иісі мұрнына бармайтын, ән айта алмай, барылдап, қырылдап, масқара боп, жұртқа күлкі болар біреудікі екенін сезіп қойды да:

  -Бір ән айтып бере қойсын, - деді. Асабаның қолындағы көрші қыздың білезігі еді.

  -О-о, жақсы болды ғой, ол менің білезігім, әкел, мен ән айтып беремін, Кәдірқожа тағы бір бәлені шығара ма деп зәрем ұшып, қорқып тұр едім, жақсы болды ғой! – деп қыз қуана күліп, ортаға шықты.

  -Мә, мынау домбыра! – деп асаба арқасына асып алған домбырасын алып, қыздың қолына ұстатты. Қыз домбыраны қолына ұстап оның құлағын баппен келтірді. Дауысын кенеп, ыңғайланып алып:

  -Жақсылап тыңдап алыңдар, мынау менің көптен бері ойланып, толғанып жүріп жаңадан шығарған әнім еді, кімге арнағанымды өзімде білмей жүргенмін, бүгін ол табылғандай болды. Енді иесі табылған соң жүрек түкпірінде сақтап неғылайын, көпшілікке де тыңдатар кез келді, төрелігін өздерің айтарсыңдар, - деп домбыраны мойнына асып алды да, оның құлақ күйін тағы да тексеріп көріп, бабына келтірді. Сосын бір сағынышты әуенді шертіп ала жөнелген. Саз алғашқы естігеннен-ақ, Мәделінің арқасы шымырлап, өзін қоярға жер таппай кеткендей болды. Саз әуезге айналды да, әуез әуенге айналды. Әуен қалықтап, қыздың дауысы ең жоғарғы шекке жетті. Ән қалықтап тұрып бірден төменге түсті де, созыла сағымданып, сағынышты сарыала жапырақтарын түсіріп күзді елестетті. Қыр гүлінің қызыл-сары бояулары араласа, жүректі қан-жоса қыла қинай, келші, жетші тезірек жаныма, дегізіп, лүпілдете соқтырып, сананы сан-саққа жүгіртіп, біресе қуанта, біресе біреулерден қызғанта, көре алмай ғашығын, боздатып мұңайта, түсінде көріп, бел құшып, аймалар, иіскетер алқымды, қуанып күліп сыңғырлап, қол ұстасып жүгіртер, ғашықтарды елестетті бұл ән. Ән ұзаққа созылды. Мәделінің бағанағы көшеде келе жатқандағы естіген әні.

  Мәделі бір орнынан қозғалмай, көзін қыздың жүзінен алмай, бұл жолы да бағанағысынан танбады. Ән соңы ішектей созылып аяқталды. Қыздар әнші қызды қаумалап, құтты болсын айтысып жатты. Жігіттер көтермелеп, таңдай қағысып, таң қала мақтасып жатты.

  Жүзік ойыны айыпқа берген заттарды әнге, биге, күлдіргі қимылдарға айырбастаумен түннің бір уағында аяқталған. Әлгі «ақ терек, көк терек» деп шуласып жүрген балақайлар үйлеріне әлдеқашан тарқасып кетіпті.

  -Балалар, бір рет «Ақсүйек» ойнайық та, сосын ұйқысы келгендер, үйлеріне қайта берер, оған қалай қарайсыңдар!? – деп асаба көпшілікке қараған.

  -Ойнайық, ойнайық! – десіп, - өткендегі ақсүйек қайда екен? – дескен қыз, жігіттер асабаның сөзін қолдады.

  -Ә, оны қазір тауып келемін, өзім бір жерге тығып қойғанмын, - деп Кәдірқожа өзен бойындағы, шетте тұрған биік талға қарай жүгіріп кетті.

  -Іздесек іздейік, бірақ «Ақсүйек» ойыны әр жерде әртүрлі ойналады. Сіздердің ойындарың біздердікіне ұқсай ма, әлде өзгеше ме? Шартын айтып көріңдерші?

  -Жоқ, сен ең әуелі өздеріңдікін айтып көр.

  -Жарайды, айтайын, біздің ауылдың «Ақсүйек» ойыны мынадай: Мына шеңбер секілдендіріп, кішкене меже сызамыз. Сосын, қазір бәріміз екі топқа бөлінеміз. Әр топтың бір-бір басшысы болады. Шек тастаймыз. Шек қайсысына шықса ойынды сол бастайды. Екі топтың да ойыншылары бір жерге үймелеп, теріс қарап тұрады. Жаңағы шек шығып, ойын бастауға құқ алған топтың басшысы, жаңағы үймелеген екі топ теріс қарап, көздерін жұмып, алақандарымен басып тұрғандарында, ақ сүйекті әлінің бар келгенінше күшпен алысқа лақтырады. Сосын «ал іздейміз» дейді. Жеке дара немесе  екеуара жұптасып, кейде үшеулеп жүріп жаңағы сүйекті іздеу керек. Ақ сүйекті ең бірінші тапқан адам: « Алақай ақ сүйек, басыма қонды бақ сүйек» - деп, мына шеңбер межеге қарай жүгіреді. Сол ақ сүйекті тапқан адамның қарсыластары оны қуып ұстауы керек. Ал ол жаңағы соңынан қуып келе жатқан қарсыласы бұған енді жетеді-ау деген кезде ол ақ сүйекті өзінің жақтасына лақтырады. Анаусы оны қағып алып әрі қарай жүгіре береді. Егер қарсыластары жетіп алып, оның денесіне қолын тигізсе, ақ сүйекті оған беруі тиіс. Жақтастар қайсысы болса мейлі онысы болсын, қарсыластарына жеткізбей, ақсүйекті оларға бермеудің амалын істеуі керек. Қатты жүгіріп, қақпақылдап, біріне бірі лақтыра, межеге жетулері қажет.

  -Біздің ойнайтын «Ақсүйегіміз де» осыған ұқсастау, бірақ біздердікі екі топқа бөлінбейді. Жұп-жұп болып бөліне іздейді.

  -Сосын?

  -Сол, ақ сүйекті тапқан адам мадаққа ие болады.

  -Оның несі қызық, біздерде жеңілген топ әр ойында айыпқа бір затын беріп отырады, ойынның қайталану саны топта ойнайтын адам санымен өлшенеді. Ойын межеге жеткенде айыптылар соқыр қазының шешімімен айыбын ән айтып, би билеп, қызықты қимылдар жасап заттарын қайтып алады.

  -Мадаққа ие болғаннан осынысы дұрыс екен, қызық болады, - деп жаңағы асаба болған жігіт қуана қоштады, - келіңдер осы шартпен ойнайық.

  Сонымен ойыншылар екі топқа бөлініп, ақсүйек лақтырылды. Көрші қыз Мәделінің қолынан мықтап ұстап алды да:

  -Жүр, екеулеп іздейікші, - деп оны қолына жетектей ұсынысын білдірген. Мәделі, жүрегі лүпілдей, шамалы ұялшақтаса да, қыз тілегін қайтармай, ақсүйекті бірге іздеуге шықты. Межеден шамалы ұзап шыққасын қыз айтты:

  -Біз бәрібір бұл жерден ақ сүйекті іздеп таба алмаймыз, одан да жүр, сонау ару Келесті жағалайық, бәлкім сол маңнан тауып алармыз, - деп.

  Екеуі өзен жағасына келген. Енді бұл жерде Мәделі ынта-шынтасын сала, ақ сүйекті іздеп жүрген сыңай танытып жүр. Бірақ, қайда-аа, Келестің жағасы ну тоғай. Ақ сүйекті айлы түнде емес, күндіз тал түсте іздесең де таба алмайсың. Қалай болғанда да бұл жақта ақ сүйек қайдан болсын. Адам лақтырмақ түгілі, «қытайшамен» атсаң да ақ сүйек жаңағы межеден бұл жерге дейін жетуі екі талай. Ақ сүйек бәлкім жаңағы межеден жүз қадамдай алыста жатқан болуы керек, ал бұлардың іздеп жүрген жерлері ол межеден кем дегенде жүз елу- екі жүз қадамдай қашықтықта. Мәделі тек қыздың көңілі үшін ғана ақ сүйекті іздеп жүр. Қыз Мәделінің қолынан тас қып ұстап алған, ол қалай қарай жүрсе бұл да қалмайды. Мәделі әдейі ынта-шынтасымен іздеп жүргендей, бұта-бұтаның түп жағын етігінің басымен түртіп-түртіп қояды. «Бұл жерде жоқ екен, енді анау сабағы суға малынып тұрған, кесілген талдың түбінде жатқан шығар, жүр сонда барайық» - деп Мәделі солай қарай жүрген. Екеуін де іштей күлкілері қыштап келеді. Бірақ білдіргілері келмейтін сыңайлы. Өздерінше барын салып іздеп жүрген кейіпте. Судың жағасын «шылп-шылп» шылпылдатып, әрі бері кезіп жүрді. Сосын біраздан соң әнші қыз:

  -Мәделі, сеніңше қалай осы, ақ сүйек суға түсіп кеткен жоқ па екен, бәлкім, а? – деді.

  -Түссе түскен шығар, жүр өзеннің ішін іздейік, - деп Мәделі тоқтап шешінуге ыңғайланды.

  -Өлә-ә, жындысың ба, су салқын ғой.

  -Несі бар, салқын болса, мен суықтан қорықпаймын, сен түскің келмесе өзің біл жағада отыра бер, мен ақ сүйекті судың ішінен өзім-ақ іздеймін, - деп отыра қалып етігін шешпекші болып жатқанда қыз:

  -Мен, ақ сүйекті іздеп шаршадым, одан да жүр анау-уу, қисайып тұрған талдың қасына барып біраз отырып, дем алайық, - деді.

  -Дегенің болсын, біраз демалып, шаршағанымызды бассақ, ақ сүйекті осы маңнан оңай-ақ тауып алармыз, - деп Мәделі жымия күлді.

  Екеуі күлісіп жүріп, өзенге қарай етпеттей, ұмтыла өсіп тұрған талдың қасына барған. Тал мен өзен жағасы арасы құмдауыт екен. Кепкен шеге құм мен майда түйіршік тастар араласқан екен кей жерлері. Бұрын бір кездері бұл жер өзеннің табаны болғанға да ұқсайды. Өзенге қарай ентелей өскен талдың түбінде бір де бір шөп өспеген. Айналасы таза құм. Қыз шынымен-ақ шаршаған ба, әйтеуір тал түбіне жетісімен құм үстіне жүресінен отыра қалды. «Үх, шаршағаным-ай» деді. Мәделі шекпенін шешіп, жайып тастады да:

  -Мына құс төсектің үстіне отырсаң болар еді, жердің сызы суық шығар, - деп бәйектік ыңғай танытты. Сосын өзі де жаюлы шекпеннің шетіне жайғасты. Етігін шешіп, шетке лақтырып тастап, жалаң аяғын құмға тықты.

  -Ой рахатын-ай, жаңа әлде аяғым ысып кетіп еді, - деп тобығына дейін құммен көмді. Сөйтті де иегін екі тізесіне қойып, тілерсегін құшақтап отырды. Қыз жерге төселген шекпеннің екінші жағына келіп отырып, жігіттің арқасына өзінің арқасын сүйеді. Қыздың арқасы өте ыстық екен. Мәделі үндемей отыра берді. Қыз бөрігін шешіп, өзінің сол тізесіне  кигізіп қойды да, оң аяғын алға созды. Қолаң шашы тағы да таудан құлаған қара тасқындай, сауылдай төгілді. Толқындана келіп бір бөлігі Мәделінің омырауын жаба, тізесіне сусып, ұшы құмға жайылып, өзен жақтан лекіп тұрған саумал желге желбіреп жатты. Қыз шашының өзіне тән жұпар иісі мұрын қытықтап, кеудені кере дем алғызып, көңілді бір іңкәрлікке жетеледі. Жігіт қыз шашының қытығына қимастықпен құмартып, есінен айырыла елітіп отыра берген. Үн-түнсіз. Еш қимылсыз. Қанша уақыт болса да осылай отыра берер еді, бірақ үнсіздікті тағы да қыз бұзды.

  -Сен бала, осы ұйықтап қалған жоқсың ба?

  -Жо-жоқ!

  -Онда неге үндемейсің?

  -Не деймін?

  -Бір нәрсе десеңші.

  -Жаңағы ақ сүйек табылды ма екен?

  -Мына отырысымыз ақ сүйек іздегеннен қызықтау емес пе, асылы сендер жақтың екі топқа бөлініп ойнағанынан біздің жақтың жұптасып ойнағаны қызықты-ау ма деп қалдым?!

  -Сен қыздың айып төлеп ән айтуға онша зауқың жоқ-ау, деймін, менімше.

  -Менің шашым саған кедергі келтіріп жатқан жоқ па? – деп қыз қулана күлді.

  -Жоқ, қайта маған жақсы болып қалды, жылынып отырмын, - деп Мәделі де қуақыланды.

  -Мен бұрын шаштың жұмсағы, қаттысы, ұзыны, қысқасы, түсінің түрлі түстісі болатынын білуші едім, бірақ шаштың суығы әлде ыстығы болатынын бірінші рет естіп отырмын.

  -Онда сен жігіт атаулымен мұндай жағдайда бірінші рет кездесіп отыр екенсің дә?

  -Сен Ташкенде тұрасың ба? Ол жерде де кешқұрымда, ай жарықта өзіміздің қазақтың ойындарын ойнай ма?

  -Ташкен емес, Таскент!

  -Таскент? Таскент!, Үййі-бай, тілім сақау сияқты бұратылып тұр ғой, «ш» әрпіне тілі келмейтіндер, оны «с» деп айтады, мысалы, «күшік» деген сөзді «күсік», «мышық» сөзін «мысық» деп айтады сақаулар, сол сияқты үйренбеген адамға Таскент деген сөз де сақаудың сөйлегеніндей болып тұр ғой.

  -Жоқ, мүлде олай емес, қайта Ташкен дегенің сені сарттың қызына ұқсатып тұр, бұрындары осы өзіміздің өзбектеріміз де Таскент дейтін еді, кейін келе-келе Тошкен дейтінді шығарыпты, біз қазірден бастап абай болмасақ, тек сен сияқты Көктеректің қазағы ғана емес, бүкіл Тұран қазақтары Тәшкен деп сөйлейді. Сонда біз Ұлы Дала қазақтарының алдында үлкен ұятқа қаламыз...

  -Мені ондай саясат қызықтырмайды ғой, қайтейін, ал сен менің жаңағы сұрағыма жауап бермедің...

  -Мен ол жерде ойнап жүрмедім ғой, мен ол жерде медреседе оқыдым емес пе?! Медреседе азаннан кешке дейін оқытады, жұмыс істеуге де үйретеді. Бірақ қиын жұмысқа салмайды. Уақтылы тамақтандырып, уақтылы ұйықтатады, көшедегі ойындарға шығармайды. Тәрбие тәртібі сәл қаталдау.

  -Сонда не, әке-шешең Тәшкенде тұрмай ма?

  -Әке-шешем Қосжарсуатта. Ертең ауылыма жол жүремін. Ертең Сәдірқожа көкем Қауыншыдан жұмысын бітіріп келіп қалса, одан көлік сұрап алып, ауылға қайтамын.

  -Сен мықты жігіт екенсің.

  -Оны кәйтіп біліп қойдың?

  -Үш жыл Тәшкенде оқу оңай емес, сен әлден дайын домыллаһ емессің бе? Негізі оны айтқым келіп отырғаным жоқ еді. Сенің бағанағы күшіңе таң қалдым. Торыбай оңай жігіт емес, бағана мен осында көпшілікке шыққанымда ол орнынан тұра алмай жатқан. Енді одан сақ болғайсың. Қиқарлығы қатты, ақысын алмай қоймайды. Ол қиқар мінезімен, сенің бір ұрғаныңа құлағанына намыстанып, орнынан әдейі тұрмай жатқан да болуы керек. Оның ендігі ойының бәрі, сенен қалай да өш алу болады, ал сен ештеңе ойламай, оның қызғыштай қорып жүрген қызының арқасына арқаңды сүйеп жайбарақат жатырсың, мұны көрсе ол намыстан өті жарылып кететін шығар. Жүрегінің түгі бар дейтін жігіттер осы сендей болатын шығар.

  -Шыли мақтап жібердің ғой, осы сені соған айттырып қойған жоқ па екен, оған айттырмаған болса, онда басқа біреулерің жоқ па әйтеуір?

  -Әзірше жоқ. Айттыруға көбісі менің әнқұмарлығымнан, жұрт ортасына қымсынбай шығып, тоқтаусыз айта беретін әншілігімнен қашқақтайтын болуы керек. Ал өз еркіммен әліге дейін біреуді жақсы көрген емеспін. Сен ше? Саған айттырып қойған қыздар көп шығар?

  -Өзіме айтып, әлі ешкімді маған айттырған емес, ал менсіз әке-шешемнің не істеп жүргендерін білмеймін.

  -Өзіңнің ойыңда жүрген біреуің бар шығар ә?

  -Жоқ-ей, айтып отырмын ғой, үш жыл Таскентте жүрдім, енді ғана ғой есейген сияқты болғанымыз. Таскентке кетерден бұрын ауылда балалар-қыздар болып түйе бағатынбыз. Түйе бағамыз деймін-ау. Оны түйекешке ұқсап баққан да емеспін. Әншейін әйтеуір, ауылға қайтып келіп қала беретін кейбір аруаналар болады, соларды өрістегі келеге қосып, сондағы түйекештерге тапсырып келеміз. Әке-шешелеріміз бізді сонда әдейі жіберетін болуы керек, көңіл көтеріп, далаға қыдырып қайтсын деп. Бірақ біздерге, келеге жақын бармаңдар, оның үлегі не буыршыны тістеп алып жүрмесін деп тапсыратын.

  -Келе?

  -Ия, келе.

  -Ол не, келе деген?

  -Келе деген бе, ол мысалға жылқы тобын «үйір» дейміз, сиыр тобын «табын» дейміз, қой-ешкі тобын «отар» дейміз, сол сияқты түйе тобын «келе» дейміз.

  -Біздің ауылда түйе сирек қой, топтатып, не еді әлгі, келе етіп бақпайды. Түйенің көп жиналатын жері керуенсарайда. Мұндағылар түйелерін сол керуеншілерге жалға береді. Келе деп сенің сөзіңді бөліп жібердім-ау, әңгімеңді жалғастыра бер.

  - Жалғастыратын дәнеңесі жоқ, не айтамын?

  -Қосжарсуат хан ордасы дейді ғой, ол жерде малшылар мен қатар егіншілер де, балықшылар да көп екен деп естідім, сенің әкең солардың қайсысы?

  -Ешқайсысы да емес.

  -Енді кім, әкім бе?

  -Хан ғой.

  -Қойшы-ей, Жүсіп хан ба, сенің әкең?

  -Немене ұқсамаймын ба?

  -Е-е-е, бәсс-е-е, ұқсайсың, ұқсайсың. Ханзадамын де?

  -Сендерде ханның баласының әйелін не дейді, ханша дей ме, әлде ханым дей ме?

  -Ханша деп қызын айтады, ханым – әйелі. Ал баласының әйелін ханның келіні дейді, неменеге сұрадың?

  -Жай әшейін, - деп қыз жай ғана күрсініп қойды.

  -Хан келіні болмақ ойың бар-ау, шамасы?

  -Несі бар, олардың да келіндері біздердей ет пен сүйектен жаратылғандар шығар, дәм-тұз бұйырса бола салармыз. Бірақ сіздер Бұхараға қарайсыңдар ғой. Қоқан иелігінен қыз алмайтын шығарсыңдар?

  -Қыз дегенің салық пен зекет емес қой, ала береміз.

  -Біздерде қыздарды да салық орнына ала береді, сіздерде қалай, Қоқаннан өзгешелігі бар ма?

  -Негізі сендер Қоқанға салық төлемеулерің керек еді, себебі осы Келес өңіріндегі Көктерек, Қауыншы маңайы Көктіңұлы хандығының жері. Елдің тыныштығын ойлаған Бұхара әмірі Насыролланың келісімімен бұл жердің тұрғындары, Қоқанға салық төлейді. Ал Жылға, Дарбазадан әрі қарай Сыр бойына дейінгі малшы егіншілердің бәрі салықтан бос. Сырдың арғы бетінен сонау Тамды, Үшқұдық, Нұрата, Баймұрат сияқты Көктіңұлы хандығына қарайтын жерлердің адамдары Бұхараға зекет төлейді, бірақ олардың алатын салығы сендерден Қоқан алатын салықтардан үш еседей аз. Бұхараның Қоқанға қарағанда мұсылманшылығы зор. Мұсылманшылық, имандылық жүрген жерде адамгершілік азбайды, халық тозбайды. Адамның адамға деген мейірімі, сүйіспеншілігі, сыйластығы мол болады.

  -Осының бәрін медреседе оқыта ма?

  -Әрине, бірақ енді бұдан былай ол жерде де білім беру, оқыту қатты өзгерістерге ұшырап жатыр. Мемлекетті басқару тәсілдері, халықпен жұмыс істеу, хандықты тұрақтандырып, оны күшейту әрі одан сайын ұлғайту жолдары қатты өзгерістерге ұшырап, жаңа тәсілдерге көшіп жатыр. Егер жаңа құсбегі – Ескендір бұл райынан қайтып, өзгеріс ендіруін баяулатпаса, сөз жоқ биыл не келесі жылы Бұхарамен аралықта қым қиғаш дау-дамайға килігіп соңы қатты соғыспен аяқталып, Қоқан ханы Мұхаммед Али де, бектердің бегі Искандер бек те тақтарынан таяды. Сол жаңа саясаттың арқасында мен де Таскентте оқымайтын болдым, енді Құдай жол түсірсе, Бұхараға барамын.

  -Сенің әңгіме айтысың үлкен адамдардың сөздеріне ұқсайды екен, әлде оқыған адамдар солай сөз саптай ма қайдам. Сен, айтпақшы, менің есімімді сұрамадың-ау? 

  -Бағана өзің ғой, кейін айтамын деген, сол уәдеңді күтудемін

  -Мен сені осында, Көктеректе біраз болатын шығар деп едім, өзіңе тиісіп, біраз миыңды ашытып, басыңды айналдырып, тәлпіштеніп жүре берейін дегенмін. Оным әшейін балалық қиял екен. Сен ертең еліңе жүресің. Күтетін уақытың жоқ, мен енді саған есімімді айтайын, Таһмина деген құрбың мен боламын, туыстарымның бәрі мені Балдай дейді.

  -Неге?

  -Балдай тәтті, әнші дегендері шығар, - деп қыз сыңғырлай күлді.

  -Сен бағана Қосжарсуатта әкемнің бәйбішесі тұрады дедің-ау, жолың түссе келсейші біздің ауылға да. Айтпақшы бізде келер оншақты күнде той болады, соған шықырып отыр деп ойлай бер. Кәдірқожа, Керімсұлулар барады, солармен бірге барарсың, қайткенде де кел. Жарай ма?

  -Тойдан қалмауға тырысамын ғой.

  -Бәйбішенің біз қатарлы балалары бар ма, мен танитын шығармын?

  -Бар, Күләш деген қызы бар.

  -Ее, Сабира апа екен ғой. Иә, енді есіме түсті, бағанағы Қалысбай деген кісі, сен соның қызы ма едің, көңіліңе келсе де айтайын, ол кісі қайдам қандай екенін, бірақ жас кезінде сотқар болған адам дейді. Біздің Жая атамыздың хандықтан кетуі сол кісінің бір қисықтық тірлігінен болған дейді.

  -Білмеймін, әйтеуір әйелқұмарлау жан болыпты ғой жас кезінде, мен білмейтін әлі қаншама тоқалдары бар екенін қайдам. Бірақ өз ісіне пысық жан ғой. Кім әкесін жек көреді. Сен не айтсаң да көңіліме алмаймын ғой. Мен біртүрлі тоңа бастадым, қайтпаймыз ба?

  Мәделі үнсіз отыра берген. Қыздың шашының жұпар иісіне елітіп, орнынан қозғалғысы келмей отырған. Әйтпесе мұның да аяғы тоңа бастағанды.

  -Ұйықтап қалдың ба ей, жігіт? Жүр, қайтайықшы, - деп қыз Мәделіге бетін бұрды. Сөйтті де, жігіттің бетінен «шөп» еткізе сүйіп алып, орнынан атып тұрған. Тез-тез қолаң шашын бір бұрымдап, орап жіберіп, бөрік ішіне жасырып, бас киімін киіп алды. Сосын үйіне қарай аяқ басып, кете барған.

  Мәделі енді орнынан қозғала, аяғына шұлғауын орап, етігін киіп, орнынан түрегелген кезде, қыз ауыл шетіне ілігіпті. Жігіт асықпай аяңдап алаңқайға келді. Мұнда ақ сүйек іздеп жүрген ешкім жоқ, бәрі әлдеқашан үйлеріне кетіп қалыпты. Аспанда жұлдыздар қаша бастапты. Ауыл ішінен әтештердің шақырған дауыстары естіліп жатты.

 

ІІ- ТАРАУ

 

ПАРМАНАШЫ ЯДГАР БЕК

 

1.Ишанбазарда

  Ишанбазардың құрметті әкімі доп-домалақ, сеп-семіз, денесімен басы біртұтас, бөренедей дәуқара екен. Көзі де күлтілдеп ісіп кетіпті. Шамасы кеше түнімен көкнәрді кесеге езе ішіп, карта ойнаған-ау.  Карта деген құмардың да бұл маңайға келгеніне алпыс жылдай болып қалған екен. Әсіресе осы маңның әкімдерінің таптырмас ермегіне айналған.

  Соңғы алпыс жылда бұл маңға келген жаңалықтардың тағы бірі арақ. Бірақ бұл шіркінді әзірше қолынан келіп, қонышынан басатындар ішеді. Бұл қызметтегі үлкен кісілер ишан мен молдалардан жасырынып, оларға білдірмей оңашада кәйіп етеді екен. Арақты бұл Ишанбазар түгілі Таскенттің базарынан да табу қиын. Оның табылатын жері тек ғана керуенсарайлар. Ишанбазар керуенсарайы Таскент керуенсарайынан кішілеу болғанымен Көктеректегіден анағұрлым үлкен.

  Әсіресе Қызылжар мен Троицк шаһарларынан келетін керуендер дәл осы Ишанбазарға бір соқпай өтпейді.  Оның себебі осында Орынбордың сауда уәкілдігі орналасқанды.

  Осы келімсектердің аталары бұл жерге бұдан алпыс шақты жыл бұрын осы арақтың ізін салып, жолын ашқанды. Жаппай жалпылама ашпаса да, там-тұмдап үкімет қызметкерлерін ауыздандырып, бойларын үйретіп, солардан біраз абырой мен құрмет алған да сияқты. Бірақ бұл ащы судың қарапайым халыққа пайдасыз екендігі түгілі тіпті зиянды екенін ишандар мен молдалар мына ел басқарушы жайсаңдар мен қасқаларға қанша ауыз шаршатып айтқандарымен бұл ащы судан ат құйрығын кесер бұлардың түрі көрінбеген. Ит пен бала қорыған жерге өш боладысы дұрыс шығар, сонымен бірге бұл жердің әкім, сүдір, найыптары да қорыған нәрсеге өш екенін білдіргендей.

  Осы Ишанбазардың әкімі де сондай екен, бұл туралы жасырын жансыздар Таскенттің жаңа  бектер бегі – Искандер бекке жеткізіпті. Бұл хабарды естіген Искандер бек, уақыт өткізбей тез арада парманшы Ядгар бекті осы Ишанбазарда тәртіп орнатуға және карта ойыны мен ішкілікті түбірімен құртуға һәм арақ пен карта сатушыларды тұтқындау үшін Ишанбазарға аттандырды.

  Ядгар бекке бұдан да басқа шұғыл мемлекеттік тапсырмалар бар болатын. Бұл тапсырмалар Қоқан хандығындағы қазақ уәләятының астанасы Таскентке бағынысты және жартылай бағынысты ел-жұрт пен елді мекендердің дамуының жаңа жобалары хақында тұғын.

  Бұлардың ішіндегі ең түбегейлі мәселелердің үлкені салық туралы жаңа пәрменнің жаңа жобасы-тын. Осы жобаның алғашқы сынақ қадамын осы Ишанбазардан бастап көрмек. Ишанбазар шекаралық жер.

          Елдің жағдайы мақтарлық емес көрінді. Жүдә кедей. Мақта егіп, егін салғандары өте аз. Әр үйде бес-алты қой мен бір-екі сиырдан артық мал жоқ. Бұлардың келе жатқанын алдын ала біліп қойып, малдарын тығып тастаған-ау дейін десе, онысы ақиқатқа келіңкіремейді, қора қопсылары тар. Көбісі шіріп-іріп құлағалы тұр. Зекетшілерді көргеннен-ақ адамдары оларға айқайлап, қарғап-сілеп, балағаттап зар илей бастайды. Иттері де арық, құр сүлдерін алып, үруге әрең дауыстары жетіп, кейбірі қыңсылап, бұта түбіне, әлде қисайып тұрған қора айналасына қашады. Мұрты майланып, қарны салбырап, қызара бөртіп жүрген ауыл алпауыттары дегендері жоқтың қасы. Бұлар кештете демалуға түскен үйлерінен семіз қой жей алмады.

  Енді екі күн аралап, үшінші күн дегенде Ядгар бек бұл жердегі ауылдардан тіпті түңілді. Әбден қалжырап шаршаған. Әлде де жергілікті зекетшілер мықты екен, зекет төлеушілердің шыңғырған-бақырғандарына, айқай-қарғысына елеңдемей, өз істерін тындырып жүр. Өздерінде аяушылық жоқ па, әлде еттері өліп әбдеп бойлары үйреніп кеткен бе безіреюден танбайды. Енді біраздан соң Ядгар бектің құлағы шыңылдап, басы ауыра бастаған. Жүрегі айнып, лоблыды. «Тозақты көрмеген, жұмаққа мұрнын шүйіредінің» кебі болды-ау бұл, Таскенттің өмірі тозақ па деп жүрсе, жоқ ол жер дәп мына мекендерге қарағанда ұжмақ іспеттес екен. Ол енді қасындағыларын жинап алды да:

  -Енді жігіттер, қайтайық, қалғанын кейін жалғастырармыз. Мынау жиналған малдарды кешегідей Ишанбазарға өткізіп санағын алыңдар. Ал сен екеуің сонда барыңдар, - деп бір нөкерімен бір зекетшіні Ишанбазарға қайтарды. Оларға: «Ишанбазардағы әкімге айтыңдар, ондағы тірліктерді өзі жалғастыра берсін, мен осы жерден тіке Ташкентке қайтамын» деп тапсырма берген. Сөйтіп қасындағы бір нөкері мен қосшысын алып өзі Құркелесті бойлап жүріп отырды.

  Сосын ат үстінде келе жатып ойға шомды. «Искандер бектің мұнысы жөн болмады, оған ақыл айтқан менікі де дұрыс болмады, халықтың қарғысына ұшырамасақ игі боларды. Шынында да қатты зорлық жасап жатқан жоқ па екенбіз? Мынау ел біздің ойлағанымыздай бай ел емес екен. Қазақтар шіріген бай болады дейтіндері қайда бұл? Жұрттың айтқанына сене бергеніміз қалай бұл? Өзіміз қазақтардың арасында болып көрмегесін басқа біреулердің айтқандарына сене бергеніміз бе? Мұндағы елдің барлығының жағдайы осылай болса, бұларды жылма-жыл кедейлендіріп, тақырға отырғызғанда біздің мемлекетімізге не пайда, сонда болашақ не болмақ? Жұрттан барын екі жылда сыпырып алсақ одан соң не күн көреміз? Жо-жоқ болмайды. Бұнымызды доғаруымыз керек, ең болмаса бес алты жыл қоя тұруымыз керек. Иә, бес алты жылға қоя тұрып шыдауымыз ләзім. Халыққа әзірше дәл қазір жеңілдік жасап, әлдендіріп алсақ, енді бір бес-алты жылда күйленеді. Халық бір әлденіп алса, бастары аман болып тұрса, салықты бес емес он еселеп те төлейді. Осыдан барғасын осы ойымды Искандерге айтып түсіндірейін» - деп бел байлады.

  Құркелестің тармақтары да, салалары да баршылық екен. Дәл осы бір тұстарда саласы да болып, тармағы да болып бөліне иір-қиыр ағып жатқан арықтар мол көрінді. Енді бірде үлкен өзен солтүстікке қарай қашты. Бұлар да өзенмен бірге теріскейге бет алғанды. Арықтар мен атыздар бөліп жатқан мақта егістіктері кейде тығыз, кейде таздың басындай. Мақталықта да, егістікте де түк шықпай арам шөп қаулай өскен тұстар жүдә көзге көп ұрынады. Сонау шетте бір шайла көрінген. Ядгар бек соны көре сала атын тоқтатып:      

  -Мына мақташылардан харадж алып па едіңдер? – деп көңілсіз сұрады.

  -Ия, Сіздер келмей тұрғандарыңызда-ақ алып қойғанбыз, өйй, бұл жердегі мақташылардан мақта терімі басталып,  науқан орталанбай жатып қолдағыларының бәрін сыпырып алып қойғанбыз! – деп зекетші Тұрхан насаттана жауап берген.

  -Онда биылғы жаңа пәрмендегі зекет түрін бұлардан биылша жимағанымыз жөн болар.

  -Е, неге?

  -Негесі сол!

  -Ал биылдыққа төлемегендерден ше, олардан да бес есе алмаймыз ба сонда, түк түсінсем бұйырмасын, - деп Тұрхан иығын қиқаң еткізді.

  -Олардан жаңаша алу керек, алты есе емес, он есе, жиырма есе! – деп Ядгар бек ақырып жіберген. Ішінен «Мынауың нағыз шаш ал десе бас алатынның біреуі ғой, қап өзіміз де нағыз ит екенбіз, осыншама сергелдеңге неге түсіп жүрміз» деп ойлай бере алдындағы тұрған зекетшіні басына қамшымен салып қалғысы келіп бір тұрды да райынан тез қайтқан. «Бірақ бұл байғұста тұрған не бар? Өзім емес пе едім, пәрменді адал орындаңдар деп үйреткенім, осы мен қандай өзгерістерге ұшырап барамын? Жындандым ба? Қой, сап көңілім, Ұлығ Қоқан ханы мәртебелі Мұхамед Әли үшін және Искандер бек үшін жаным пида деп ант бермеген бе едім? Олай болса бұл қай сасқаным?  Бірақ мынау қиналған халықтың ашыққан  көздері оқтай атып, қарғыстары жан жүйкемді  тоздырып бара жатқан жоқ па?»

  -Тақсыр, сізге не болды?! – деп Тұрхан мұның ойын бұзбағанда, бұл талып құлар ма еді қайтер еді. Баяғы Қожакенттегі соғыстың зардабы да бар-тын. Тәжіктер ол шаһарды Хужант дейді. Сол шаһарды Қоқанға қосуға қатты қимыл жасаған осы Ядгар бек сонда қатты жараланғанды, енді анда санда осылай сыр білдіріп қояды.

  -Ештеңе болған жоқ, анда санда осылай бірдеңе болады, соңымнан қалмаңдар! – деп Ядгар бек енді атына қамшы басып айдалаға шаба жөнелген. Астындағы күрең айғыр шабысқа жақсы екен, шүу деген бұйрықты алмай жатып-ақ тақымы қысылғаннан оқтай зулай жөнелді. Құлақ түбінен ызғырық желді ызыңдата, құйғыта шапқан. Тұрхан мен нөкер де соңынан ілесе шауып қалыспауға тырысып, аттарын лекіткен. Ядгар бек қиян далада ұзақ шапты. Әлде де шаба берер ме еді, алдынан ескі құлаған мазар көрінбегенде. Талай ескі замандарды басынан кешіре, әбден шөгіп, төрт құлақтары үгітіліп, құландыға айналған мазарды дәл қасына келгенде әрең байқаған. Әрең байқаған да атының ноқтасын шірене тартқан. Бар күшімен шауып келе жатқан ат бірден тоқтай алмай, айналшықтап барып кідірді. Ядгар бек атынан ауып барып, құлай жаздап қайта түзелген. Мұнысы несі сонша шауып, өлетін бала молаға қарай жүгіредінің кері ме мұнысы, мына қазақтың даласы моласымен айқындалғаны ма? Өзіме де обал жоқ, дала кең деп шаба бергенім не менің, бұл дала кең болғанымен оны кең деп ойлау әсте қате пікір болар, бұл даланың әрбір жусаны, әрбір төбешігі, әрбір сайы, бұл жердің перзенттері үшін саусақпен санаулы болар. Қаласын берсе де даласын бермейтін қазақтың бізден бір артықшылығы осында ма екен?

  Кер даланың самалы Ядгар бектің құрысқан денесін ширатқандай болды. Енді ол кең далаға сүйсінгендей қараған. Есіне әжесінің қазақ екендігі түсті, бірақ ол кісінің қай аймақтан екенін білмейді, әйтеуір дала қазағының қызы екен. Бұл сол кісінің ұрпағы болғанынан да шығар, дала саумал самалымен немересінің бетінен аймалай өпкендей әсер етті. Ядгар бектің көңілі шалқып, денсаулығының тез қалпына келгенін сезді. Соңдарынан енді қуып жеткен серіктеріне жылыұшырай:

  -Сусындарың бар ма? – деп күлімсірей қараған.

  -Сусын болғанда, жүдә қатты шауып шығандап кеттік білем, оқасы жоқ, қымыз ішесіз бе, әне, анау шайлада қымыз болады, Көктіңұлының еріккен аңшылары, шайла тігіп, аң аулап жатқандары, - деп Тұрхан әудемжердегі тігілген қосты көрсетті.

  -Олар бұл жерде неғып жүр, өздері жер салығын төлей ме?

  -Қайдағы жер салық, Харадж да, зекет те төлемейді.

  -Төлемесе біздің жерде неғып жүр, қуу керек.

  -Сызып қойылған шекара болмағасын, біз оларға ештеңе істей алмай қойдық, біздердің малымыз олардың жерінде жайылатын болғасын, біз де оларға әзірше күш көрсете алмай жүрміз.

  -Ә, солай де, онда барып көрейік, не әңгіме айтар екен.

  -Барғанымыз жөн, әкелерін танытып, тезге салып берсеңіз, жүдә сауап болар еді, «біз Бұхара әмірлігінің Көктіңұлы еліміз, сендей сасық қоқандықтарды танымаймыз», деп бізге менсінбей қарайды, – деп Тұрхан өкпесін де, кегін де жайып салды. Ядгар бек мына сөзді естіп қазақтың бұлай бөліне бірі-бірімен ит-ыржың болуларына қоқаңдықтарша қуанудың орнына қайта ренжігендей болған. Бүкіл мұсылмандарды, ұлттарды ғана емес қандас туыстарды бөліп қойған мына хандық саясатқа нәлет жаудырғанын өзі де байқамаған.

 

 

2.Ешкім күтпеген уақиға

  Сырттағы төрт иттің төртеуі де абалап үріп, алысқа ұзап бара жатқанын шайла ішінде енді шай қамына кірісіп, судың ыдысын іздеп жүрген Қосбалта естіп, тез сыртқа шықты. Жаңбыр, қар суларын сел, тасқын кезінде ойпаңға апарып құятын қара арықты бойлай үш салт атты осылай қарай жорға жүріспен келе жатыр.

            «Бұлар кімдер болды екен» деп екі қолын күннен көлегейлеп біраз қарап тұрды. Мұздай қару-жарақ асынып, әскери киініп алған оларды көргенде Қосбалтаның алғашқыда жүрегі мұздап қоя берді де, бірақ, демде өзіне-өзі келген. Шайлада қалған қылышына барғысы келіп бір тұрды да, ол өз ойынан тез қайтып, шайла ішінде дем алып жатқан Фаридты дауыстап шақырды. Бұрын қайбір қаймана келе жатқанда мұнша әбігерге түспейтін мінезі сәл-пәл өзгеріске ұшырап тұрғанына өзі түсінбеген. Сөйтіп дегбірсізденіп тұрғанда, үш салт атты да бұның алдына келіп қалды. Амандық, саулықтан соң «шайлаға кіріңдер» деп бұл емеурін білдіріп еді, «сусын берсеңдер, мынау шайлаңа аз-кем жайғассақ па деп едік, егер рұқсат берсеңдер ғана» - деп Ядгар бек кішіпейілдік танытқан.

          -Рұқсат әуелі Алладан, содан соң бізден, мырзалар, көңіліңіз тыныш болса сусын табылар, аттан түсіп аз-кем дем алыңыздар. Қатын бала-шаға ауылда еді, бірақ өзіміз де бір мейманның көңіліне жағатындай қызмет жасай алармыз, – деп Қосбалта келімсектерді мейман ретінде күтуге бел байлаған сыңай көрсеткен. Ядгар бек риза көңіл білдіріп атынан түсті. Қоңсы шайладан сәлем бере шыққан Фарид көліктерді, орылып әкелінген балықкөз бен палоты пәлектеріне оттатуға ыңғай білдіріп, арық жағасына қарай алып кеткен. Қосбалта шайлаға жайғасқан меймандарға шұбат әкелді. Сосын:

          -Қайын енелерің бар ма, жоқ па ол жағын білмеймін, бірақ әйтеуір онша жек көрмейді екен, тайлақ етінен қуырдақ болып жатыр еді, сол сіздерге де бұйырмақшы екен, сәл сабыр қыла тұрыңдар, енді бір түйе сауым кезде ол да пісіп қалар,- деп қонақтарының қастарына жайғасқан. Ядгар бек мына ақкөңіл жігітке қызыға қарап отырды да:

          -Жігітім көңіліңе ризамыз, Алла бұйыртса берер дәміңнен қашпаймыз, қалай қарайсың, Тұрхан бек? – деп қасында Бұхараны жаулап алып келгендей шіреніп жатқан зекетшіге қараған. «Ойсызды би сайласаң, тәкаппар етерсің» дегендей, Тұрхан мына Таскент парманашысының «өзінен ақыл сұрағанына» жүрегі жарылардай желпініп, көңілі ісіңкіреп кетіп, парманашының мына сөзін түгел естігендерге мұрнының астымен қарап отырды да:

  -Пүфф, - деді дәл бір біреу қасынан сасық жел шығарып қойғандай тыжырына әрі маңғаздана. Сосын: - Бұл қуырдақ «піссе, бұйырса, бұйырмаса» деп қарап отыратын жағдай жоқ, мен әйтеуір қалай болғанда да жеймін, қарнымыз ашыңқырап кетті, - деп сол күйі, оң жамбастап жатқан жерінен қолын бүйіріне таяна өтіріктен кеңкілдей күлді.

  Ядгар бек мына сөзден соң қайта ашуланып сазара қалған. Бірақ жекіріп сөз қатпады. Тұрхан парманашының бет-құбылысының тек өзгергенін, оны тағы да ауырып отырдыға санап Қосбалтаға:

  -Біздің парманашы бек аздап науқастанып отыр еді, көп сөйлеп көңіліне жақпайтын сөз айтпаңдар, енді ыстық шай әкелсеңдер дұрыс болар, ептеп анау дене қыздыратындарың болса кәнекей, - деді. Соны айтып ол Ядгар бекке қарап еді одан ешқандай мақұл не қарсы жауап болмағасын, оң алақанын қайта-қайта жер сиырғандай жалаңдатып, Қосбалтаға ымдай берген. Қосбалта ымға түсінбейтін бала емес, түсіндім дегендей басын изеп шайладан шығып кетті. Фарид екеуі қоңсы шайладан Ишанбазарда дайындалып жасалатын, балдай шырын шараптың бір месін былқылдатып көтеріп әкелді. Мұны көрген Ядгар бек сәл-пәл тыжырынса да қарсы сөз айтпады. Мына жігіттер бір көңілдерін көтергісі келген екен де, үйде ішкізбейміз, жұмыста ішкізбейміз, мынау түзде де тиым салсам ыңғайсыз болар, бүлінетін ештеңесі жоқ қой, оның үстіне мына Тұрхан да ішкілікке ыңғайы асып тұрса да мені сыйлап, менімен жүргелі ауызына шарап алған емес, бүгіндікке бір рұқсат бере салайын, бұл жерде әдеп бұзыла қоймас деп ойлаған. Шарап әкелінсе де, Қосбалтаның көңілі пәс түскендей еді. Бірақ оның орнына Фарид қуанулы. Бұның бұндай бал ішімдікке көңілі әуес, бұл жерде айдалада, әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ жерде шарап сілтегенді өте жақсы көретін. Тек ғана Қосбалтаның тәк-тәгімен бұл зиянкестің ізіне басыбайлы түсе алмай-ақ жүрген. Мына былқылдақ мес сол күйі былқылдай бұлардың қолдарына қонып, мына дастарханға келгенде  бұның да шырағы жанып көзінің алды жайнап шыға келгенді. Ядгар бек шарапқа сол қырын қараған күйінше отырысынан жаңылған жоқ. Ішпеді. Қасындағыларға ішіңдер деп те айтпады. Ішпеңдер деп те тиым салмады. Қосбалта бір пиялайын тауысты да «мен болдым, көп іше алмаймын, әлгі қуырдақты көріп келейін» деп шайладан шығып кеткен. Қосбалта кеткесін Фаридке еркіндік тиіп, үлкен кесемен бірінен соң бірін, үш-төртеуін өңештен өткізіп жібергенді. Тұрхан одан қала ма? Бірге бір, екіге екі, үшке үш деп Фаридтен қалысар емес. Тіпті бір кесе көптеу ішіп озды. Аш қарынға түскен шарап оңдырсын ба, Қосбалта қуырдақтың астындағы отты қозғап келемін дегенше, мына екеуінің сөздері де өзгере бастапты. Ядгар бек шала ұйқы болып қалғыңқырап отыр екен.

  -Әй, қуырдақ келгенше шыли сапырмай тұра тұрмадыңдар ма, аш өзектеріңе түседі ғой, байғұстар-ау, - деді Қосбалта зілсіз дауыспен.

  -Байғұс дейтіндей сен бізді, кімсің өзі?! – деп Тұрхан зірк ете қалған. Бұл сөзге Қосбалта іштей шамданып қалса да ештеңе демеді. Бірақ Фарид Тұрханға ала көзімен ата қараған. Тек Қосбалтаның ернін тістеп ымдауымен өзінің ішкі ашуын әрең тежеген. Қосбалта:

  -Қуырдақ та бір шамалы уақыттан соң пісейін деп қалыпты, оған дейін аз-кем әңгіме айта отырайық, - деді. Сосын:

  -Е, жүргінші екенсіздер, қарап отырғанша бұйымтайларыңызды айта отырыңыздар, бәрібір айтылатын нәрсе ғой, кетер алдында айтты не, қазір айтылды не, - деді. Осы кезде шарапқа мас болып отырған Тұрхан, әңгімені бастауын Ядгар бектен күтпей-ақ сөзді төтесінен қойды:

  -Сен не деп отырсың, мені танымадың ба? Қайдағы жүргіншілер? Мен сені бір өткендегі, бетімді қайтарып жібергендеріңе кешірім өтініп, дәм сыйлап, шарап сыйлап отыр ма екен деп үндемесем, сенің бізді менсінбей жүргіншілер деуің қалай, ой шіріктер! – деп әкіреңдеген.

  -Әә, қай жерде көрдім деп, бағанадан  бері есіме түсіре алмай отырсам, Қоқанның құйыршығы ма едің? – деп Қосбалта тісін ақсыйытты . – Мына нөкерлерің де Қоқаннан келді ме?

  -Ей, сен байқап, көзіңді ашып қара, мынау қарасақал Қоқанның осы өңірінің парманшысы, Тәшкеннің он биінің біреуі, құсбегі Искандердің шөбере ағасы және оң қолы Ядгар бек, - деп Тұрхан басын иіп, бекке қарап тәжім жасады. Ядгар бек жөткірініп қойды. Біраз паңданғандай үнсіз отырды да, солай, түсіндің бе дегендей Қосбалтаға ежірейе үңілді. Сосын:

  -Қоқан жерінде тұрғаннан соң ханына қызмет жасап, салығын уақтылы төлеп отырған абзал болады. Оның үстіне қазір енді бұдан бұлай қарай салық алты есеге дейін көбейген, оны да ойлау керек. Салықты уақытында хәм төлеп тұрсаңдар, Ұлығ хан Мұхамед Алидің сендерге рахымы түседі дүр, - деп шайланың іргесіне аузындағы насыбайын шырт түкіріп тастады.

  -Кімнің жерінде тұрғаннан соң дейді? – деп Фарид басын кекшең еткізіп көтеріп алды. Ол сөздің басын шала естіп қалған сыңайлы.

  -Қоқанның жерінде! – деді Тұрхан қатты дауыстап.

  -Қоқан дейді? Қоқан керек болса салықты бізге төлесін,  Келестің суын ішіп отырып, мынау Ұлы Даланың асын ішіп отырып, даңғыраңа тышайын дегендерің бе, бұл? – деп Фарид қисайып жатқан жерінен көтеріле отырды.

  -Ей, сен мас болып қалдың ба, мас болмақ түгілі есіңнен ауысып қалсаң да мұндай сөздерді ендігәрі айтушы болма, тіліңді кесіп аламын, гөдәк! Ондай сөзді естімейтін болайын! – деді әп-сәтте көзі шатынап ұясынан шыға жаздаған Ядгар бек. Парманшының мына пәрменіне ыға қоймаған Фарид:

  -Қандай сөзді? – деді оған сыздана қарап.

  -Кімнің жерінде дегеніңді, бұл Қоқанның жері!

  -Атаңның басы! Бұл Ұлы Даланың оңтүстік пұшпағы – Тұран қазағының жері! – деп Фарид орнынан атып тұрды. Сосын:

  -Қоқанға салық төлеудің қандай болатынын мен сендерге көрсетейін! – деп анадай жерде шаншылып тұрған күрекке қарай жүгірген. Істің насырға шауып бара жатқанын кеш түсінген Тұрхан:

  -Әрине, әрине қазақтың жері, бірақ жұрт қатарлы зекетіңді төлей бермейсің бе, бір кесе шарапқа мас болып қалдың ба түге?! – деп оның соңынан жүгіре беріп еді, оған Фарид қарамады. Қолына іліккен күрекпен Тұрханды әлгі «Қоқанның жері» деген сөз шыққан ауызынан салып жіберіп шалқасынан түсірді. Мына басталған кесапаттың енді оңайлықпен бітімге келместігін тез түсінген Қосбалта, орнынан қарғып тұрды. Әлгі Тұрханды күрекпен бетінен ұрып мұрттай ұшырып, енді жүгіріп келе жатқан Фаридті шаппақ оймен қынабынан қылышын суырмақшы болып жанталасып жатқан Ядгардың бетінен бір теуіп шалқасынан жатқызған. Шайла құлап, оның бір тіреуішін Қосбалта суырып алды. Шайланың қамыс пен топырақ жаппасына, торға түскен жайындай бұлғақтап әрең шыққан Ядгар бекті Қосбалта шайланың тіреуіш бақанымен басынан тағы ұрды. Ол қылышын сермеп үлгермей етпетінен түскен. Енді Қосбалта Фаридке көмекке ұмтылды. Бұл кезде Фаридпен Ядгар бектің нөкері қылыш сермесіп жатқан. Нөкер ірі нардай. Буырқанған бурадай өкіріп, бақырып, Фаридті таптап кетердей секіріп-секіріп ұрыс салып жүр. Ол қолындағы қылышымен Фаридтің қару етіп ұстап жүрген күрегінің сабын екіге бөліп тастаған екен. Фарид қашқалақтап, секіріп, домалап жүріп анау құлап жатқан Тұрханның беліндегі қылышын қолына іліндірді. Бірақ оны қынынан суырып үлгермеді. Нөкердің барылдай айқайлап сілтеген қылышы оның иығын орып түсірген.

  -Қап әтеңе нәлет-ай! – деп осы кезде жәрдемге үлгермеген Қосбалта қолындағы тіреуіш бақанмен нөкердің беліне ұрған. Қолынан қылышы ұшып түсіп, қисая аударылған нөкерді жерде жатқан оның өз қылышын алып, мойнынан шапты. Ақырған дыбыс естіліп, бұл кейін бұрылып қараса, түтігіп Ядгар бек келіп қалыпты.

  Екеуі сүт пісірімдей қылыш ұрысты. Қосбалта қазақтың аты әйгілі батыры Лұқпанның ұлы еді. Ол әкесімен бірге Жүсіпқожа қолымен Сырдың арғы бетіндегі қарақшыларға қарсы жорықтарға талай қатысқан жырындының өзі болатын. Жүсіпқожа хан бұл Қосбалтаны жастығына қарамай жиырмаға толар толмаста-ақ қырық басы етіп қойғанды. Денесі шағын болса да орғыған қояндай шапшаң әрі жылдам-ды.

  Ядгар бек те бостан босқа парманшы болып жүрген жоқ шығар. Оның Қоқан ханы Мадалиге тек ғана басы істейтіндігінен де емес, сонымен қатар орасан күш иесі және де айлакер қылышкер, майдандасу өнерін жетік меңгерген сайыскерлігімен де ұнаған әккіс еді. Тек ғана Ядгар бектің Мадали ханға шамалы қайшылау саясаты ұнамай оны хан ордасынан шеттетіп, Таскент құсбегінің қол астына жібергенді. Асылы Қоқан хандығына бағынысты басқа уәләяттарға қарағанда мына Таскент уәләяты тіпті күрделі еді. Оны басқару және бір қалыпта ұстап тұру қиямет қайым қиынды. Бәлкім оның тұрғындарының ұлты бөлектігінен бе, әлде басқа уәләяттардың бәрін қосқанда да оны он орап алатын жер ауқымының кеңдігінен бе, әлде сонда тұратын халықтардың сирек орналасуынан ба және де ру-руға бөлініп шілдің боғындай шашырап кеткендігінен бе, әйтеуір түсініксіз еді.

  Ядгар бек Таскентке парманашы болу лауазымын алғанына қуанбаса ренжімеген. Өзінің іштей суқаны сүймейтін сол бір жұлдызы қарсы Мұхамед Али ханнан шамалы болса да алыстау жүретінін ойлап, қайта көңілі біршама көтерілгендей де болған. Хан бұны осы Таскентке жіберер пәрменімен таныстырып жатқанында бұған мұқатқандай жүз құбылысымен айызы қана қараған. Бұл оның бұлай қарағанына іштей таңданған да. Іштей түсінбей «мені бір Тұрфанға немесе Кәпірстанға /Нұрстанға/ жібергендей тіпті айызы неге ғана қана қалды екен бұл ханның? Мынау тұрған өзіміздің Ташкентке жібергеніне неге ғана менен бір ақысын алғандай қуанулы екен бұл сайтан?» деген. Енді түсінейін деді. Дәл қазір түсінейін деді. Бұл Таскент Әндіжан мен Намангандай мамыражай, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныш, маужыраған жер емес екен. Мұнда шілдің боғындай бытыраған, бір бірін қосылмастай қас көретін, сонымен бірге, бірінен бірі ажырамастай дос көретін адамдар тұрады екен. Бұнда кейбірі су мен майдай біріне бірі тіпті де жұғыспайды екен. Сонымен қатар кейбірі жігі жоқ сүйектей ажырамайды екен. Енді байқайын деді, мұнда бұлаң құйрық түлкілерінен ақырған арыстандары көп екен. Міне, мына ақымақтардың арыстаннан нелері кем? Ашулары шартта-шұрт, найзағай ойнағандай. Не болды? Үшеуі мерт болды. Енді мына екеуміздің қайсысымыз мерт болар екенбіз? Ядгар бек осылай ойлай жүріп Қосбалтамен сайысып-ақ бақты. Бірін бірі алар емес. Енді сайысып жүріп Ядгар бек қарсыласына сұрақ салған: 

  -Сенің далаңда бәрі осындай, меймандарын сыйламайтындар ма? – деп айызы қана қылыш сілтеген.

  -Жоқ, біздің дала қонақжайлы, бірақ тонаушыларды сыйламайды, оларды былай істейді, - деп Ядгар бектің сілтеген қылышын бойына дарытпай қағып жіберді де өзі шабуылға шықты.

  -Біз тонаушы емес, билеушіміз!

  -Жоқ қателесесіз, біздің өз билеушіміз бар.

  -Ол кім еді мен естімеген?

  -Ол Жүсіп хан!

  -Оны Бұхара ғана хан таниды, ал біз танымаймыз.

  -Соны білсең не дейсің?

  Бұл екеуі осылай сөзбен де, қылышбен де қағысып біраз жүргеннен соң шаршады ма, енді үнсіз сайысты. Үсті бастарын түгел қан жауып кеткен. Қылыш тиіп кескен жерлері тызылдай ауырып тұрса да жан беріп, жан алу үшін екеуі де бірін бірі аямады. Бір ыңғайын тауып Қосбалта Ядгар бекті ұршығынан теуіп құлатқан. Құлай бере қолы аспанда қарманғанда оның қылышын да бір ұрып ұшырып жіберді. Қылышты осы жолы да асығыс сілтеп еді, онысы қиялай барып қапталымен Ядгар бектің басына тиіп, есінен тандыра жер жастандырды. Енді оның мойынын шабамын деп бұл қылышын аспандата көтеріп еді, арқасынан құр сүлдесі ілініп әрең дегенде келген Тұрхан бұның жауырын тұсына кездігін қадады: Қосбалта бар күшін жинап қылышымен Тұрханның белінен шауып үлгерген. Содан Қосбалта да, Тұрхан да жерге бірдей құлаған.

  Аспан айналып түскендей болған. Тіршілік тыныштыққа ұласты. Жаңағы шатыр-шұтыр, шаң-шұң пергілескен, бірін бірі алқымдап, аянбай қимылдаған жігіттердің қимыл әрекеттері тылсым дүниеге өтті.

  Арпалыс сәтте абалаған иттер мына үнсіздіктен шошынғандай аспанға қарап ұлып-ұлып алды да, үрпиісіп үнсіз шошайып-шошайып отырысты.

  Ашық аспан түнеріп, жоғарыда тазқаралар мен құзғындар пайда болған. Олар да үнсіз қалықтайды.

  Осынау құлаққа ұрған танадай тыныштықты бір сәт Ядгар бектің ыңырсыған дыбысы бұзды. Бұл дыбысқа иттер арс-арс үрді де айдалаға қарай қашқан.

  Ыңырсыған жалынышты үннен ит екеш ит те қорқып кеңістікке қарай безгенді. Ядгар бек сүйретіліп орнынан тұрмақшы болып еді, онысы орындалмады. Біраз қансырап қалыпты. Денесінің қылыш тиген жерлерінен әлі де қан тамшылауда еді. Ол еңбектей жылжып қылышын тауып алды, оған сүйеніп орнынан тұрып, ақсаңдай әрең дегенде маңайында бұған жаны аши, таңырқай қарап тұрған аттың қасына барды.

  Айдалада сұлап жатқандардың арасынан тірі жанды көріп қуанғанынан ба, әлде мына ессіз екі аяқтылардың бірін бірі болмашыға мерт қылып жайрап жатқандарына өкінгеннен бе, жануар осқырынып жіберіп, ұзақ кісінеді. Мына жайрап жатқандардың жалғыз іске жарар тірісі осы ғана екеніне сенді ме, әлде мынау жәрдемсіздің халін түсінді ме, әйтеуір, өзіне мінуге икем жасағандай болды. Сөйтіп есті жануар алдыңғы аяғын бүгіп Ядгар бекті мінгізіп алуға ыңғай білдірген.

  Бұл Фаридтің аты еді. Ол ең болмаса мына тірі жанды өз ауылы Тасдарбасыға жеткізбек ниеттінде сияқты. Сосын ол Тасдарбасы жақтан мына қимылсыз жатқандарға жәрдем келер деген ойы бар сияқты.

  Ядгар бек барлық күшін жинап, аттың арқасыына асылған. Ат өзінің үйреншікті жолына түсіп Тасдарбасы қайдасың деп жай ғана аяңмен жүріп отырды. Үстіндегі адамның құлап қалмауы үшін жайлы жүріске салды.

  Иттер алысқа лағып кеткен. Үрген дауысы да естілмейді. Тек ғана бағанағы Тұрханның «бұйырмаса да жеймін» деген қуырдағының күйген қолқаны қаптырар иісі ғана білінеді бұлардың соңында...

 

 

3. Қос қасқыр мен Ядгар бек

           Мәделі Көктеректегі Сәдірқожаның үйінен шығарда Таһминамен ыммен ғана қоштасты. Қыз шарбақтан шықпай көзінің астымен қарап шығарып салды. Сәдірқожа Мәделіні жаяу жіберуге ыңғайсызданып, оның астына нағыз бәйге аты – Көкбестіні мінгізгенді. Жүсіпқожа ханның немере қарындасын алғандығынан Мәделіге жезделік сый-сыяпат көрсеткендігісі болар. Ол соңына қайта-қайта қарайлай берген Мәделімен Көтеректің әудемжеріне дейін келіп, қош айтысып, елге сәлем жолдағасын, астындағы бәйгекөк Көкдөненінің бетін үйіне қарай бұрған.

         Ал Мәделі былай шыға бере Көкбестінің жүгенін қоя берді. Ытылып тұрған жануар «мына жаңа егеме шабысымды көрсетейін» деді ме, оқтай зымырады. Мәделіге де керегі осы еді. Таскентте жүргенде атпен шабуды сағынатын. Енді елге келе жатыр. Енді еркіндікпен «ер қанатымен» ұшатынына қуанды. Ет пісірімдей уақыт шапқасын Көкбестінің қолтығына қолын салып көрді. Көбесі сөгіліп, қолтық терлей бастапты. Енді шабысты баяулата, сүт пісірім уақыттан соң аттан түсіп жаяу жүрді.

         Содан жаяулата жүре-жүре шаршағасын тоқтап, қоржыннан ас-ауқат алып жеп, дем алып алған. Атты да демалдырды. Ол көкшүйгінге жайылап біраз жусаған. Местен су ішкізді.

         Күн еңкейгенде Көкбестінің ертоқымын түзетіп қайта атқа қонған еді. Жануарды асықтырмай бір қалыпты аяңмен жүріп отырған. Көкбесті анда-санда танауын бір пыр еткізіп терін суытып, «таңасуда» еді. Толық ай толықсып қазақтың дөңгелек жүз аппақ қыздарындай болып, жер жүзіне өзінің күміс нұрын аямай-ақ шашуда. Ай беті сүттей. Жер беті күндізгідей жарық болмаса да айналадағы жаратылысты бірінен-бірі ажырата тануға әбден болатын еді. Жұлдыздардың бәрі қашқан. Бағытты бағдарлауға жұлдыздарға сенуге болмайды. Тек қана айға ғана қарау керек. Оған да қайта-қайта қарап отырмасаң, ай қозғалысын өткізіп алсаң қателесуің мүмкін.

  Кенет сонау көкжиектен жылқының ышқына кісінеген дыбысы шықты. Жылқы жануар жаны қиналып пышаққа ілінгенде немесе мойнына бұғалық түскенде, әлде қасқыр тартқанда осылай кісінеуші еді. Қатты қиналғандағы жан айқайы. Мәделінің денесі жаңағы жанұшыра кісінеген жылқы даусын естігенде сәл мұздағандай болды да, тез жиналды. Ат көрпенің астына қыстырылған дойыр қамшысын суырып алып, қолына оңтайлап ұстады. Біраз тың тыңдап еді, жаңағы дыбыс енді шықпады.

  Айдалада бұл не қылған дауыс, бұл маңайда ауыл да, қыстау да жоқ. Мал да, ел де Сырдың жағасында, Арыстың сағасында, некен саяғы Ордабасы мен Ақдалада. Отырықшылары мен жатақтары елді мекендерде. Әлде құлаққа солай естілді ме. Құлаққа солай естілді дейін десе Көкбесті де құлағын тікірейте дауыс шыққан жаққа жалт қараған. Шайтан дауысы болса жылқы өйтіп қарамас еді ғой, ал ол ібіліс болар болса, онда жануарларға білінбеуі де, көрінбеуі де керек.

  Мәделі тілін кәлимаға келтіріп алды. Жаңағы денені жайлаған шамалы қорқыныш пен елегізу сап тиылды. «Илла-лла-һи-илла Аллаһ, Мұхаммед расул Аллаһ» - деп тағы бір қайталады. Енді жігіттің бойын бір құмарлық биледі. Аттың басын солай қарай бұрды да, қолындағы қамшыны қыса ұстап, дауыс шыққан жақты бағдарға алып, солай қарай шапты. «Айтақ-айтақ» - деп ит қосқандай айқайлап қойды. Аз-кем шауып отырып ойпаңға түсіп  еді, міне қызық, бір жалғыз жылқы әрі-бері ойқастап жүр. Түзу бағытпен қашпайды, ойпатты айнала шауып жүр. Енді байқады, соңында құйрық тістесе, енді тістеймін, енді секіремін, енді жабысамын деп алдым-бердімге салып қасқыр жүр. Жан-жақты не болып жатыр, бұл маңайда басқа жандар бар ма, жоқ па, оны ұмытқан. Жылқының бар ойы құтылу, ал қасқырдың бар болмыс мұраты осы жылқыны қайтсе де ұстау, жеу. Жылқы жануар ойпаңмен біраз ұзай шабады да, қайта айнала қашады. Жаңағы жеріне қайта бұрылып келеді де тағы кері кетеді. Мәделі бағыт-бағдармен жай-жапсарды түсінді де, бір Аллаға сиынып, Көкбестінің тізгінін босатты. Ит-құс көрсе жыны бар ма қайдам, Көкбесті қасқырға қарай тұра ұмтылды.

  Мәделі де өзін жігерлендіріп «Алатауға» басты. Ат дүбірі мен айқайды естісе де қасқыр қылығынан жаңылмады. Жылқының жанын алқымына келтіре қууда еді. Жылқы байғұс енді ғана жанын сақтар бір жәрдем келе жатқанын сезді. Сезді де енді қуғыншыға ыңғай бере, айналма шабудан айнып, түзу қашты. Мәделіге де керегі осы еді. Қылтың-сылтың, жан-жаққа бұлтыңдамай тіке сытылған жылқы мен қасқырдың соңынан түсіп кеп берген. Көкбесті де ырду қызыққа қосылып кетті. Бұрында Сәдірқожамен бірге Сарыжонда қасқыр-түлкіні талай қуған. Қуып отырып, озбақшы болып жанамалай өткенде Сәдірқожаның бір қамшы сілтеуінен қалмай «қаңқ» етіп белі шойырыла құлаған талай қасқырды да, түлкіні де көрген. Сондайда бұның да делебесі қозып, еті қыза түсетін. Өзі де қасқыр қуып әбден әккі болған еді. Енді міне тағы да мына тамашаға қосылып кетті. Көкбесті мына ырду-дырдуға қызыға кірісе қасқырды әудем жерге барғызбай-ақ қуып жетті. Кәрі сіңірі шығып, ыңыршағы айналған кейуана қаншық онсыз да алдындағы жылқыны қуып жете алмай, діңкәләп жүр еді, Көкбестінің қуғынға қызыққаны сонша, жетіп алып оны алдыңғы болат тұяқтарымен таптап кете жаздады. Арттағы ат тұяғының дүсірін кәрі қаншық сонда ғана естіп, соңынан келіп қалған қауіпті көзбен көрмей-ақ сезіп, құйрығын бұтына қысып оңға қарай тайқып кетті. Мәделінің күткені де осы еді, ұшына жұмыр тас байлағандай түйіні бар сегіз өрім дойыр қамшымен арқа жонынан салып өтті. Қасқыр «арс» ете етпеттей омақаса құлап, қиралаңдап орнынан тұра алмай жатып қалды. Соңынан түскен қауіптен құтылғанын сезген жылқы жануар шиыра көтере қашқан жал-құйрығын түсіріп сонадай жерден кері бұрыла, екі құлағын тікірейте бері қарап оқыранып тұрды да, қатты кісіней ары қарай шауып кетті. Сол шауып кеткеннен қайта кері бұрылып даланы аз-кем ойқастап жүрді. Мәделі жылқының мына жүрісіне түсінбей біраз соңынан қарап тұрған. Жылқы біресе оқыранып, біресе кісінеп әудем жерде айнала шауып, бір кезде барып қалың өскен жусандардың арасына тоқтады. Енді Мәделі бұл атты ұстамақшы болып солай қарай бағыт түзеді. Жирен айғыр енді ерсілі-қарсылы шаппай бір жерді айнала, кісіней жер тарпып, кейде қос аяқтап аспанға қарғып-қарғып мазасызданды. Мәделі жиренге жақындай бергенде байқады, жылқыға таяқ тастам жерде қараңдай созылған сұлба жатыр екен. Жақындап, анықтап қараса, қырындай құлап бір адам жатыр да, оның қайыстан тігілген көк етігінің өкшесіне тістей етбетінен омақасып түскен арлан серейіпті. Екеуі де қимылсыз. Үнсіз. Еш нәрседен бейхабар. Мәделі аттан түсіп, қамшысын оңтайлап, жәйменен жылыстап жақындай түсті. Сосын тоқтап «кімсің-ей» деп дыбыс шығарған. Жауап болмаған соң тағы да жақындай түсті. Жәйлап үңіле қарап көрсе, беліне қылыш байлаған, қаруы сайланған, басында сәлде, киімі ерекше әскери адам ес-түссіз жатыр. Оның өкшесін тістей құлаған арлан, жағы қарысып, жан тәсілім қылыпты. Мәделі жатқан кісіні шалқасынан аударып, мұрны мен кеудесіне құлағын тосып, тіршілік хабарын естімекші болып, тың тыңдаған. Кеуде тұстан жүректің әлсіз дүрсілі естіліп тұрғанын білді де, атына барып торсықты әкелді. Қапелімде басына сүйейтін ешнәрсе таба алмаған соң, аяқ жақта өкшені тістеп созылып жатқан қасқырдың жағына қамшы сабын тығып, оның тісін етік өкшесінен ажыратып алды да, сүйреп отырып, әлгі жатқан адамның басына жастады. Торсықтағы судан ұрттап алып, әлгінің бетіне екі-үш мәрте бүрікті. Сәлден соң одан ыңырсыған дыбыс шықты да «су-у» дегендей сөз естіді. Аздап, бір-екі тамшы су аузына тамызылды. Мәделі енді оның үсті-басына анықтап қараса киімдерінің пышақпен тілгілегендей әр жер, әр жері жырым-жырымы шығып жатыр. Жырымдалған жерлеріне қан жағылған. Кей жерлеріне денесі де көрініп тұр. Мұның тірі екеніне көзі жеткізген соң оның аузына тағы да екі-үш тамшы су тамызды да, тез орнынан тұрып, бағанағы қасқырды іздеуге беттеді. Әлгі жирен айғыр әлі аяғын тарпып оқыранып тұр екен. Мәделі оған аяғын бір басып, екі басып жәймен жылжып жүріп, жүгенінен ұстап алды. Жануар есті екен. Басын иіп, мұны иіскеп, жалбарынғандай, Мәделінің қолтығына тұмсығын бірді-екілі тығып-тығып қойды. Жирен дәл сол тұрған жерінде шідерленді. Алысқа ұзап кетпесін деп ноқта жібін сол жерде өскен жыңғыл түбіне байлады. Көкбестімен шауып отырып әлгі қасқыр-қаншық жаққа барды да, оның желкесінен бүре ұстап, құйрығын жер сыдырып осында әкелген. Екі қасқырды теңдеп жиренге артайын деп еді, онысы аспанға шапшып, құлағын жымитты, бір орнында шиыршық айналып, қасына жолататын емес. «Мына бәтшағарың, өмірінде қасқыр көрмеген болып шықты ғой» - деп Мәделі енді оларды Көкбестіге теңдеп артты. Екі қасқырдың мойындарынан қосақтап байлап, ердің артқы қасының иегіне,  әлгі Сәдірқожа байлап берген, оралған ат  жабудың үстін ала, асылдырып қойды. Олардың тұмсықтарын түйістіріп қойса да, жүдә алыптар екен, құйрықтары мен артқы аяқтары жерде оратылып жатты. Көкбестіге бәрібір, үстіне үйреншікті жүк артқандай міз бақпай тұра берді. Әлгі кісіні ыңырсыта жүріп, жиренге көлденең асып, аяқ-қолын салақтатып, атты жетекке алды. Әрі-бері ырғалып аттың үстінен ауып кетпесін деп, жүген делебесін ағытып алып, сонымен оны бір-екі шандып, ерге байлап тастаған. Суыт жүріп отырып таң алакеуімде Ыса атасының күздеуіне жетті-ау әйтеуір.

  Күздеу Тасдарбасы мекенінен берірек орналасқан екен. Шүйгін шөптің әлі де мұрты бұзылмаған. Сете, сағаны да, қоңырбасы да, боз жусаны да жайқалып тұнып тұр. Он төрт әлде он бес пе, әйтеуір сол шамалас киіз үйлер, аймақты дөңгелек жасай тігіліпті. Сол дөңгелеп тігілген үйлердің қақ ортасында төрт ақбоз үй тұр да, шамалы алға таман оза Ақ үй тігілген екен. Ақ үйге жапсарлас, одан кішкенелеу бес қанатты киіз ақ үйді жабыстырып тігіпті. Сірә сол кішкене үйге үлкен ақ үй арқылы кіретін болуы керек. Онысы әлде жатын бөлмесі немесе қонақ бөлме. Ортадағы бұл үлкен әлгі дөңгелеп орналасқан киіз үйлер көш бойы қашықтықта тігіліпті. Жұлдыздардың бәрі көгілдір аспан тұңғиығына сіңіп батып кеткендей. Тек ғана сұлу айдың күміс жүзі мұнарланады. Алтын күн алтын сәулелерін, қызғыш сары шапағының үстіне шаша «Көк шымылдықтың» белдеріне өрлей бастауға да аз-ақ қалған екен. Таңғы мүлгіп тұрған тыныштық пен ауылдың тәтті ұйқысын бұза  иттер дауысы шәңкілдей де, гүрілдей де, әупілдей де шығып жатыр. Әр үйдің алдында бүк түсіп әлде, аяғын керіп, құлағын төсеп тыныш жатқан иттер әулеті, бірінің дауысынан бірі оянып жақтарын ашып, үру қызметін бастады. Қырыққұдық тұстан көрінген қос қарайғанды бетке алып, бөрібасары бар, тазысы бар, алапары бар, қаншығы бар, әйтеуір сен тұр мен қабайын дейтін ержүрек, жауға бастап айқай сүрең салып, өзі сосын артта қалып қоятын, отқа май құйғышы бар, оншақты иттен тұратын топ, шапқындата беттерін бері қарай салды.

 

 

4. Таскентке жүрер алдында

            Екі күн өткесін Исмайыл келді. Ишанбазардағы біраз жаңалығын айтып, Қоқан ханының да, жаңадан келген Таскент құсбегінің де бет алыстарының жақсы емес екендігінен хабардар қылған. Сосын Ысаны оңаша алып шығып:

  -Көке, атқа мініп былай серуендеуге қалайсыз? – деген.

  -Қызық-қызық әңгіме айтатын болсаң құба-құп, белге шығып ат жарыстырамыз ба? – деп күлді Ыса.

  Ыса нағыз сейіс еді. Атты одан артық баптайтын бұл маңайда сейіс немесе атбегі жоқ десек артық айтқандық емес. Көкпар бермес Қызыл тұлпар мен желден озатын Ақ айғыр ауылдың сәні еді. Ыса сол айғырды мінді. Исмайыл өзінің сары қасқасына аяқ салды.

  Ауылдан ұзай бере Исмайыл сөз бастады.

  -Көке, - деді, - сізді ауылдан шетке әдейі алып шықтым, бір өзіңізге айтатын хабарым бар.

  -Тыныштық па балам?

  -Сол, тыныштығы болмай тұр ғой, сізден басқаларға әдейі сездірмей, өзіңізді оңаша алып шығып едім. Анау Лұқпан қарттың күйеу баласы – Қосбалтаны ауыр халде жатқан жерінен алдыңғы күні аңшылар қосының басынан тауып алдым.

  -Тірі ме өзі? – деп Ыса шыдамсызданды.

  -Тірі, Дарбазадағы Сұлтанның үйіне жеткіздім. Қасындағы Фарид мерт болыпты. Қосбалтаны жасырып емдетіп жатыр. Мұны ешкімге тіс жарып айтпаңдар деп тапсырдым оларға. Өзін түнде ешкімнің көзіне түсірмей апарғанмын. Қылыштасып кескілескен екен, жауырынына кездік кіріпті, бірақ өкпе, жүрекке бойламаған. Бойламаған дегенімнен қорықпай-ақ қойыңыз, өкпе мен жүрекке дарымапты дегенім ғой. Сүйегі, іш құрылысы әйтеуір аман екен. Шарап ішкен, мастықтан ба, әйтеуір талып жатқан жерінен кездестім. Қан көп кетпеген екен.

  -Ойпырмай-ә, енді мұндағы анау жаңағы бейтаныспен майдан ашқан ғой шамасы.

  -Дәл солай, ол бейтанысыңыз маған таныс. Танысам да жұрттың көзінше танымаған болдым. Ол Таскент құсбегінің оң қолы, парманашы Ядгар бек деген болады.

  -Ойпырмай-ә, енді Таскент бұл ауылдың сазайын тарттырады десейші.

  -Ол жағын білмеймін, бірақ білетінім бұл кісінің бір нөкері мен жол бастаушысы, әрі Ишанбазардың зекетшісі Тұрхан дегені де сол жерде мерт болыпты.

  -Астапыралла, Құдай сақтай гөр!

  -Соған қарағанда сол аңшылармен бір ымыраға келе алмаған болулары керек. Бұлар әбден есіргендер ғой. Аңшылардан зекет сұраған шығар. Қорған соғуға алып кетемін деген шығар, кім білген, әйтеуір бір жанжалдың болғаны анық.

  -Енді Қосбалтаның денсаулығы қалай?

  -Беті бері қараған, дұрысталып кететін шығар. Анау Сәнімкүл байғұс, күйеуін өлімше еткен Ядгарды бар жанын салып емдеуде екен. Мейлі онысы жөн шығар, оған ештеңе айтпауымыз керек.

  -Ал енді мен айтайын, - деді Ыса біраз ойланып алып, - Анау Жүсіптің келін түсіру тойы келесі аптада. Сол той өтіп болғанша, осы кісіні әбден емдей тұруымыз керек. Сосын мұны ешкімге айтпай, сыртқа хабар тигізбестен осында ұстауымыз керек. Той өткесін Жүсіп бәріміз ақылдасып бір мәмілеге келіп шешерміз, оған қалай дейсің, ал сосын, бұл кісіңе оған дейін іздеу салмай ма?

  -Іздеу сала қоймайтын шығар, себебі әлгі зекетшіні Ишанбазардың әкімі, «осы Ядгар бекке сен басыбайлы көмекшісің» деп бекітіп берген. Сосын бұл кісі қасына Таскенттен бірге еріп келген жәрдемшілеріне «осы жұмыстарыңмен бір айдай айналысып, түгел бітіріңдер, жинаған салықтарыңды хаттап, қосшы жалдап Таскентке жібере беріңдер, Таскентте науқан аяқталғасын кездесерміз» -деген.

  -Мұнысы жөн болған екен, онда бұл туралы ешкімге тіс жармайық. Қосбалтаның келіншегі де елден шықпасын. Жаңағы Таскент бегінің орынбасарына қарауылдыққа Қасымды, Аппақты, сосын Келесті қалдырайық. Көлденең келген көк аттыға орынбасардың мұнда жатып емделіп жатқанын тістерінен шығармауын қадағалауымыз керек.

  -Көке, маған да бір ой келіп тұр.

  -Иә, шырағым, ақыл жастан деген, айта бер.

  -Осы кісіні, анау Бесқотанның ара белдерінің бір қалтырысына үй тіккізіп, сонда емдетіп, қарауылдатпаймыз ба?

  -Ол да жөн, үш-төрт күнде әлденіп қалса, түнделетіп ешкімге білдірместен сол жерге апарайық, оған дейін, Қасым мен Келесті сонда жіберіп үй тіккізген дұрыс.

 

  Ядгар бек үш-төрт күнде беті бері қарап, көзін ашты. Аздап сөйлеуге де мұршасы келіп қалған. Оның қасына Мәделі көп барып жүрді. Ерніне су тамызып, жарақаттарына ем дәрі жағып, күніұзақ қызмет жасады. Ядгар бек те мына бір елгезек жасөспірімнің:

  -Ата халіңіз қалай, жазылуға жақындап қалдыңыз ба, еш жеріңіз ауырып жатқан жоқ па? – деп күніге күлімсірей қасынан шықпай жүргеніне дән риза еді. Әттең атының кім екенін сұрап, біраз әңгіме айтар еді, бірақ әлі жоқ, тіл жуыспайды. «Иә, жо...» деген екі әріптің басын құрауға ғана шамасы жетіп діңкелейді. Мұны түнделетіп айдың жарығында зембілге салып далаға алып шыққанда да қасында Мәделі-оғлан бірге еріп жүрген. Біраз жерге дейін шығарып салып, кері қайтарда Мәделі Ядгар бекпен қош айтысты да, Айтқожа екеуі кері қайтпақшы болып, енді Көкбестінің үзеңгісіне аяғын сала бергені сол еді, Ядгар бек «ұлым!» - деп айқайлап жіберді. Жігіттер мына кісінің онша сөйлей алмай  жатып мұндай дауыс шығарғанына таңдана қарасты. Түйеге жегілген екі дөңгелекті арбаның үстінде жатқан Ядгар бек басын көтергісі келіп қиналған еді, онысынан түк шықпады.

  -Ата қозғалмаңыз, әзірше сізге қимылдауға болмайды, - деп Сәндікүл бәйек болды. «Ұлым» деген өзіне айтылған сөз екенін Мәделі түсініп, Ядгардың қасына қайта барды. Ол тағы «ұлым» деді, сосын «ал» деді. Оң қолын қозғалтып белдік тұсты көрсеткен. Ядгар бектің киімдері арбаның соңғы жағындағы қобдишада еді. Ол Сәндікүлге ымдап соны көрсетті. Қасына жақындатқан қобдишаны көргесін «аш» деді, «шы» деді. Сәндікүл киімдерді кезек-кезек шығарғасын, қобдиша түбінен алтындалған белдікті қолына іліндірді. Сонда ғана Ядгар саусағын шошайта белдікті көрсетіп «ұлым, ал, яды...гар... лик», деді. Мәделі бәрін түсінді де, Ядгар бектің көңілін қалдыруға болмайтынын біліп, сөзге келместен белдікті алған. Ядгар қолын сәл жоғары көтерді. Хош айтысқаны. Мәделі де «сау тұрыңыз, ертерек жазылыңыз» - деп атына қарай аяңдады.

 

         Жүсіпқожа Таскент елшілігіне баратын адамдарды Ысаның қыстауына қалдырып, өзі Мәделі мен Лұқпанды ертіп, Бесқотанның ара беліне түс әлетінде жеткен.

         «Ассалаумағалейкум» деп кіріп келген қонақтарға алғашында әңгімелерін кілт үзіп, таңырқай қарасқан үйдегілер, қонақтарды тани сала, орындарынан өре түрегелді. «Уағалейкум салам» десіп, қуана қарсы алысты. Қонақтарды төрге оздырған Аппаққожа:

  -Ойпырмай, Мәделіжанды алға оздырып, бізге алдын ала хабар бермедіңіз бе? Алдыңыздан шығып қарсы алар едік қой, үлкен басыңызды кішірейтіп, аңдаусызда кіріп келдіңіздер-ау, - деп ыңғайсызданғандығын білдірді.

  -Оқасы жоқ, арнайы қонақ болуға келе жатқан түрім емес, өткінші жолаушылармыз. Ядгар бекке жолығатын азғана шаруамыз бар. Сосын жол жүреміз. Ыстық ықыласыңды білдіргенің үшін сені Құдай жарылқасын деп Жүсіпқожа бетін сипады.

  Бір-бірінің амандық саулығын, үй-ішін, бала-шағаның есендіктерін сұрап болғасын, той туралы да аз-кем әңгіме болды. Сосын негізгі мәселеге көшкен Жүсіпқожа:

  -Ядгар бектің осында емделіп жатқан хабарын естіп келген жайымыз бар. Денсаулығыңыз түзеліп келе ме? – деді оған бетін бұрып.

  -Иншалла, тәуірмін. Осындағы саусағынан ем тамған келін бар екен. Әуелі Құдай, сосын осы келіннің һәм осындағы жаны жайсаң жандардың арқасында атқа мінуге жарап қалдым, - деді Ядгар бек.

  -Сіздің мұнда келген хабарыңызды білсек те, себебін біле алмадық. Ести сала келуге ауылда жақсылық жағдай болып жатқандықтан кездесуді сәл кейінге ысырғанбыз. Ештен кеш жақсы дейді ғой. Тойды аман-сау өткіздік. Міне көрістік. Аман екенсіз, денсаулығыңыз түзеліпті. Енді  біздің Мәделіге кездесер сонау түннен бұрынғы жағдаяттардан хабар бере отырыңыз, - деді Жүсіпқожа.

  Ядгар бек ыңғайсызданып, орнынан қозғалақтап қойды. Тік қарап отырған жүзін төменшектете, сәл ойланған. Осындағы отырған жұрт тым-тырыс болып, оның жауабына құлақ түрді. Лұқпан оған дем бергендей жөткірінді.

  Ядгар бек ойлады: «болар іс болды, оның несін жасырамын, бұл қазақтарды бұрын сырттай жақтырмағанмен, басқа біреулердің айтып жамандауымен ғана, бұның көңілі бұларды жаман көргенімен, шындығында енді көз көріп, сөз саптасып, араласқаннан соң, бұлар анау айтқандай, арқаны теріс қаратып, жауырынын беретін жамандарға ұқсамайды екен. Олай болса шындықты жасырмай, сөздің турасын айтқан ләзім болар». Осы оймен, Ядгар бек Қосбалтаның қосына дейінгі және сонда болған уақиғаларды түгел айтып берген. Түгел айтып берген де, «енді қайтсеңдер де өз еріктерің» дегендей Жүсіпқожа мен Лұқпанға кезек-кезек жәутеңдегендей қараған.

  -Болар іс, болған екен. Кінә сізден де, біздің жігіттерден де болған. Ол тірлік өтті, кетті. Оған екі жақты реніш тудырмаса керек. Бірақ бұл уақиға бықсып жатқан шаланы тұтандырып, қаулаған өртке айналдырар себеп болып тұр. Осы өртті болдыру, не болдырмау сіз бен біздің шешімімізге, келісімімізге байланысты. Сіз Таскент бегінің оң қолы, парванашысыз. Қоқан ханының да, Таскент бегінің де барлық пәрмен, бұйрықтарын сіз халыққа жеткізушісіз, керек жағдайда солардың атынан дұрыс болсын, болмасын, пәрменді өзіңіз де шығара бересіз. Әрине ол тек өз қарамағыңыздағы жерде ғана. Мен Сіз танымаған Жүсіпқожа – осы Көктіңұлының ханымын. Мені халық сайлаған жоқ. Хандық атақты Бұхара әмірі берді. Қазақта қазір хан көп. Ол атақты біздің қазақтың хандары өз халқынан емес, көрші мемлекеттерден, қазақтың қас жауларынан алуда. Орысиеттен хандық атақ алған біздің батыс өлкелерімізде қаншама хандар бар. Қытайдың Тәңірқұтынан хандық алған біздің шығысымызда да хандар жетерлік. Оңтүстікте хандық атақ алған менен басқа хандар да баршылық. Бұлардың бәрін халық ала бие сойып, ақ киізге орап хан көтермесе де, хандығын танып, ығына жығылуда. Халыққа басшы керек, қорғаушы керек. Халық ханды дәл қазіргі жағдайда өзі сайламайтынының себебі, арада алауыздық көп. Таққа таласушылар баршылық. Алпауыттар тек қана өзін ғана ханға лайықтымыз деп бірін бірі жеп қоюдан тайынбайды. Бұл сырт көзге алақандағыдай көрініп тұр. Сыртқы көршілер бірімен бірі біте қайнаспас жау. Сондықтан олар өздеріне жақсы жерлеріндегі біздің қазақ алпауыттарын пайдаланып қалмақ ниетімен, өздеріне ұнағандарын хан сайлайды да, барлық жәрдемін содан аямайды. Орыс, Қытай, және Бұхара қазақтан хан қойса, Хорезм қазақтан кіші хан, Қоқан қазақтан датқа сайлайды, шаһарлары мен ауылдары әкім қояды. Олардың өйтетін себебі, өздерінің атағы да хан. Ал Орысиетте патша, Қытайда құттәңірі, Бұхарада әмір. Мен бұрын осы үшеуінің саясатын құптаушы едім. Енді олардың алғашқы екеуін де жөн көрмеймін. Неге десеңіз, Орысиет те, Қытай да хандықтың билігін бергенімен бұрын елдің ішкі саясатына араласпаушы еді. Енді қазір олар біздің солтүстік батысымыздың да, шығысымыздың да, ішкі жағдайларына қол сұғуда. Ал Бұхара әмірі ондай емес. Олар бізден зекет те, салық та алмайды. Өзіңіз де білесіз, зекет пен салық жылда төленетін бір мөлшердегі төлем. Оны азайтуға не көбейтуге жоғарыдағы шешуші адамдардан басқалардың қолынан келмейді. Біз Бұхараға ондай зекет пен салық төлемейміз. Біз өзімізді сыртқы жаулардан оларды қорғауы үшін ерікті түрде сыйлық беріп тұрамыз. Оның мөлшерін олар емес, біз шешеміз. Сондықтан олар бізге басқа көршілерден артық. Ал Қоқан ханына көңілім толмайтын себебі, біздің Алпамыс бабамыздың жырындағы, «берсең де бер бес теңге, бермесең де бер бес теңге, ойма таздан отыз теңге, қырма таздан қырық теңге» дегізіп, ауыздарын арандай ашады. Қоқанның біздің ел басқарушыларына кіші хан деген атақты да қимай, өз еліндегідей датқалық мансап бергендігі, оның біздің елді басынғандығы. Қоқанға бағынышты ел емес, өз меншігіндегі уалаят ретінде қарауы. Ал олай дейін десең, өз уалаятындағы жеңілдіктерді, оларға бағынышты біздің жұрттарға жасамайды. Тіпті медресе салу, халықты ағарту жұмыстары да жоқ. Жақсылықпен келмей, тонап, қырып-жойып кетеді. Бұхара әмірі келіп қазақтарға ойран салып кетіпті дегенді естідіңіздер ме, жоқ, ал Қоқан мен Хиуа қырғындары туралы естіп жатамыз. Орысиет пен Қытайдың да біздің жұртта істеп жатқан саясаты сау сиырдың боғы емес. Бірақ Қоқанның саясатының қолапайсыздығы олардан да тым өтіп кеткен. Мысалы, мына сіздің әнеукүнгі істеген тірлігіңіз қиямпұрыстық емес пе?

  Онсыз да басын салбыратып, ұяла-қызара ыңғайсызданған Ядгар бек бұл сөзді естігенде, жүрек тұсын ұстай алып, үһілеп жіберді. Сосын:

  -Хан ием, жүдә, қатты айттыңыз. Лажы болса кешірерсіз. Бізден бір әбестік болған еді, - деп екі қолын кеудесіне ұстап басын иді.

  -Болар іс болды, өкпелейтін, ренжитін кейіп танытпаймыз деп бағана сөз алдында айтып едім ғой, ыңғайсызданатын дәнеме жоқ, - деп Жүсіпқожа басын шұлғыды. – Бірақ ол оқиғаны енді әзірше келін естімей-ақ қойсын. Ол ештеңе білмейді. Бірақ ол бұрын білген жағдайда да сізден жәрдемін аямайтын еді, қазір де аямайды. Біздің қазақтың бір ұлылығы кең пейілінде ғой.

  -Хан ием, егер құпия болмаса, ендігі ойыңыз қалай, мені еліме қашан қайтарасыз? – деді Ядгар бек.

  -Аманшылық болып, денсаулығыңызды жақсылап түзеп алғасын еліңізге де қайтарсыз. Сіз әзірше осында болып, денсаулығыңызды өз қалпына келтіріп алғаныңызша, біз өз елімізге сізді пайдаланып алмақ ниеттеміз. Сіз таңданбаңыз, сізді біз егіс ектіріп, не мал бақтыру ниетте емес, одан зор, осындағы бүкіл халыққа жақсылық әкелер жұмысқа тартпақпыз. Ол жұмысты сіз осында емделіп жатып-ақ атқарасыз. Біздің негізгі арман ниетіміз Қоқан ханының оған жапсарлас мекендегі елге салық пен зекет ауыртпалығын салдырмау. Әрине, біз оның ішкі саясатына қол сұға алмаймыз. Сонда да ол жерде біздің бауырларымыздың да жасап, өмір сүретінін естен шығармаймыз. Қоқан ханы ішкі саясатты өз қарамағындағы халыққа теңдей жүргізуді қалаймыз. Далада жалғыз жүрген қазақты ұстап алып, қорған салдыруға зорлап апару дегені не сұмдық. Әр түтіннен алатын зекеті бұрынғыдан үш-төрт есе арттырғанын қалай түсінеміз? Өздері әрең күнін көріп, бал-шағасын сіңірі шыға еңбекпен зорға бағып отырған халықты бұлай қанауға бола ма? Жер иемдену үшін сыртқы соғыстарға қаржы керек дейді, ол үшін қарапайым халық күйзелуі керек пе, ханның Қоқандағы иттеріне күніге бір қой сойып береді екен, ол иттері біздің бал-шағадан артық па? Ит қанша жақсы болғанымен оның аты ит, ал мұндағы аш-жалаңаш болып жатқандар мұсылмандар ғой. Ол онысымен қоймай енді біздің иеліктерімізге басын сұға бастады. Бұл Мадали ханның емеуріні болуы керек, әйтпесе шекараның шегінен сіздер аттамас едіңіздер ғой. Қазақтың қаласы Таскентті алғанымен қоймай, енді қазақ шаһарлары Шымкент, Әулие ата, Түркістан, Созақты зар илете қанап тонауда. Олардан бұл шаһарларды қайтарып алуға менің шамам келмейді. Олар үшін Бұхара әмірі де маған жәрдем жасамайды. Бірақ мен өз иелігіме, мынау алақандай жерімдегі маған сеніп отырған адамдарыма жәрдем беруім керек, оларды мен тірі тұрғанда Таскент бегіне де, Қоқан ханына да таптата алмаймын. Бұл үшін менен Бұхара әмірі де көмегін аямайды. Бұл менің қорқытқаным емес. Шыным. Бүгіннен бастап сіз Ядгар бек, Таскент сарай нұсқаушысы Тіллақожа һәм іс жүргізушісі Шарқыбай менің тұтқынымсыздар. Таскент Беглер бегі Ескендір сіздерді сыйлап, өзіне керек адам деп есептесе, онда ол менің шартыма көнеді. Мәселенің бар болмысы осы. Ал жаңағы Тілләқожа мен Шарқыбай бек менің тойыма Бұхарадан арнайы келген Бұхара әмірінің Елмырза бастаған елшілерімен кездеспекші болып Қосжарсуатқа келген екен. Мен Сіздің жағдайды естігесін дерреу ол екеуін тұтқындадым. Қазір олар Қосжарсуатта, үй қамақта, - деп Жүсіпқожа Ядгар бекке қарады.

  Ядгар бек мына сөзді есітіп, түнермеді. Қайта Жүсіпқожаның мына амалына риза болғандай, күлімсірей бас шайқады. Сосын:

  -Хан ием, ұрымтал жерді дәл тауыпсың. Искандер бек бұл шартыңызға көнеді. Ол менсіз шешім шығара алмайтын жаңа құсбегі екенін білесіз. Енді сіз  ойлап қалмаңыз,  Ядгар бек осында жатқанда Искандер бек шешім шығара алмай әуре-сарсаңға түседі деп...

  -Мені де Таскентке ала барыңыз демекшісіз бе? – деп Лұқпан Ядгар бектің сөзін бөлген.

  -Жоға, мен ондай түлкі қулықтан қазір адамын. Олай айтсам, мына сіздердің маған істеген жақсылығыңыз бен берген нандарыңның киесі ұрмай ма? Мен осында жатқалы сіздердің елдеріңіз хақындағы бұрыңғы ойларымнан қайттым. Қазір тіпті басқаша түсініктемін. Сіздің халқыңызға бекерге азар беріппіз. Ендігі бар ойым сіздерге тек қана жәрдем беру. Сол үшін де мен сіздерге өз қолыммен Искандербекке хат жазып беріп жіберейін. Бұл хат сіздердің бұл сапарларыңызға үлкен жәрдемін тигізетініне сенімдімін, - деді Ядгар бек шын ақ көңілімен.

  -Мұныңыз да мақұл іс екен. Онда осы қазір ас желініп болғасын біз жолға шығамыз. Хатыңызды тез дайындасаңыз біз де ертерек жүріп кетсек жақсы болар еді, - деп Жүсіпқожа риза көңілін жасырмады.

  -Құп болады, хатты өзіңіз де оқып көрерсіз, ұнамаған жерлерін айтып, өшірткізуіңізге болады, - деді Ядгар бек.

 

 

ІІІ-ТАРАУ

ТӨРТ ДІЛДӘЛІК КҮҢ

 

1.Құлбазарда

           Таскенттегі Беглер бекпен сұхбат ойдағыдай өтті. Келісімге келуге Ядгар бектің хатының да зор көмегі тиген. Шардара Көктіңұлы хандығының қарамағына өтіп, Шыназ Бұхара қарамағынан Қоқанға ауысты. Қоқанға қарасты Бадамға Асқар датқалыққа бекітілді. Кездесу соңында болған шешімдер мен бұйрықтардың қорытындысы хатқа түсіріліп, үш дана жазылып, екеуін Елмырза мен Жүсіпқожа алды да, біреуі Таскент бегінде қалды. Ас желініп, қымыз бен шараптан аз-кем ауыз тиген соң, елшілер сарайдан шыққан.

  Таскент беглер бегі Искандер бек өз қызметшілерімен бірге елшілерді Сарайдан ұзағанша шығарып салды.

  Бағбандардың басшысы тұратын көк желекке оранған көшеден оңға бұрылған жерде үлкен монша бар. Одан әрі кең алаңқайда кәуәпхана мен жайма базар жайылады. Сол жайма базар үздік-создық қиралаңдай отырып құлбазарға тіреледі.

  Елшілер, мына бесін ауған кезеңде де базардың әлі саябырсымағанына таң қалғандай еді. Анау өздеріндегі Ишанбазарда, Дарбасыда, Ордабасыда базар дегендерің құлқын-сәріден басталып, тал түс болмай тарқайтын. Ал мынау базар бесін аумақ түгілі, түнемелге дейін қыбырлаған күйін берер емес екен.

  Ескендірбектің мұншама тез, оңай, қамшы салдырмай бұлардың айтқанына көне қойғанына түсінбей қым-қуыт көп ойда келе жатқан Лұқпанның, тағы бір ойы, сол Таскент бегінің мақұл сөзіне сенбегені еді. Осы ойын өзімен бірге келе жатқан көмекшілерге білдіріп еді, Әбдімүтәліп шейх:

  -Лұқпан бек, сене беріңіз, мынау шартнамада бәрі жазылған, қол шегіп, мөһр басылған. Оның мұндай көнбістікке барғаны, ол Бұхарадан қауіп күтіп отырғандүр. Әуелі Жаратқан иеміз Алланың, сосын әміріміздің даңқы артқай һәм де оның шарапаты барлық мұсылман қауымға тигей. Ұлық әмір тіпті Бұхарада құлбазар ашуға тиым салды емес пе? Самарқандағы құлбазарды жаптырмақшы. Ал енді көзімізбен көріп тұрған мынау сұмдық тек ғана Қоқан хандығы мен осы қазақ иелігінің орталығында бар жағдай. Ау, сендер мына көрініске қараңдаршы, қаншама тағдырлар, құлақ кесті құл болып тұр. Бұл бишаралардың кінәсі не еді? Кімге жамандық істеген? Бәлкім іштерінде, қанішер қарақшы болғаны да бар шығар. Бірақ бәрі емес қой. Анау әйел балалар ше, жас жігіттер ше? Кімге зияны тиді екен? Бұлардың не жамандық шығады. Жамандық шығу түгілі, біреудің жақсылығына зар болып жүргендер емес пе? Бұлардың барлық күнәсі, зекет пен салықты төлей алмағандықтарында ғой. Қоқан хандығының мына саясаты дұрыс емес. Бірақ қайтесің амал бар ма? – деді

  Құлбазардағы құл саудалаушылар, әртүрлі адамдар, жасы да, кәрісі де бар. Ұлттары да, киім киісі де әркелкі. Соған қарағанда, алыстан келіп, сауда жасап жатқаны да, осы иек астынан да келгендері бар. Тіпті алыпсатарлар да кездеседі. Олардың кейбіреуінде сататын құлдары бір екеуден болса, баз біреулерінде жиырма-отыздан асады. Құлдардың киімдері де әрқилы. Өрім-өрім жыртылғандарымен бірге, ескілеу болса да, бұрын әскер бастықтары немесе керуен басқарған адамдар киетін киім кигендері де баршылық. Үнді, Қытайдан, Орысиеттен, Жаурупа мемлекет ұйымдары өкілдері де кездеседі.

  Көздері шүңірейе, тілерсектері қиыла жаздап тұрған, мына бейшараларға жаны аши қарап, келе жатқан Мәделінің көзі, басына ала тақия, үстіне шапан киген ұзын бойлы өзбек жігітіне түсті.  Оның түрін өзіне таныс біреуге ұқсатып, атының басын тартып тұрып қалды. Әрі-бері қарап, ойланып тұрды да, кімге ұқсайтынын енді есіне түсірген. Сөйтсе, ананың түрі айна қатесіз, өзінің осы Таскентте медреседе бірге оқыған Фазылдан аумайды екен. Фазылды еске ала салысымен, Мәделі атынан түсіп, жігіттің қасына барды. Оның бұған жақын келгенін көрген құл саудагері:

  -Келіңіз, келіңіз, қызметші сатып аласыз ба, арзан беремін, - деп аяққа оратыла берді. Мәделінің мына ісіне түсінбеген елшілер де аттарының басын кідіртіп, көңілдерін солай аударған. Мәделі  әлгі жігіттен кім екенін сұрап көріп еді, ол мардымды жауап қатпады. 

  -Ныспы, тегімді несіне сұрайсың, менің кім екенімде не шаруаң бар, құл керек болса саудагермен саудалас та, ақшаңды бер де ал, ия болмаса, мені бір ханның баласы деп тұрсың ба? – деді әлгі ала тақиялы жігіт.

  -Әй, құл, үніңді өшір, мына кісендеулі күніңнен гөрі, одан да ақшаға тез сатылып, мына мырзаның қол астында еркіндікте қара жұмыс істеуге асықпайсың ба? – деп саудагер оның кеудесінен таяғымен түртіп-түртіп жіберді. Сосын Мәделіге қарап:

  -Жұрт, мынау арқандаулы күйінен, тез құтылғанша асығып, алармандарға «мені алыңыз, мені алыңыз» деп жалынып-жалбарынып тұрар еді, ал мынау, ешкімге өтпегенін қалайды. Тілін безеп, қасарысып тұрғанды кім жақсы көреді. Оншақты күн болды, осы әумесерді өткізе алмай жүргеніме. Нанның соры болды. Сауданы келістір де алшы осыны. Дене бітімі қандай әдемі. Қолдан құйған құрыштай, жұмысыңды екі пай етіп істейді, - деді.

  -Қанша дейсің?

  -Екі ділда, арзан беремін, қазір базарда күндердің өзі екі ділдаға барып қалды.

  -Төрт қойдың бағасы ғой.

  -Алты қой де, - деп саудагер енді төлемді мына жігіт қоймен беретін шығар деп ойлап қалған.

  -Қоймен де ала бересіз бе?

  -Тілла бермесең, басқа затты шамалы қымбаттатып аламын.

  -Мақұл келістік, енді ділдәңді берейін, - деп Мәделі шапанының өңірін ашып, кісесіне жіппен таңылған әмиянының аузын шешіп, ішінен екі ділдаға жететін күміс теңгелерді санап, саудагердің қолына ұстатты. Сөйтті де әлгі жігітті аяғындағы кісенін босаттырды. Үндемесе де қипақтаған оны қолынан ұстап, жетектеп бері алып шықты. Жүсіпқожа баласының тірлігіне араласпай үнсіз қарап тұрған еді. Сонда да бұл жігіттің Мәделіге не керегі барын түсінбей тұрған. Мәделі бері шыға бергенде екі-үш әйел шуылдай жөнелген.

  -Балам, саған Құдай жақсылықтың бәрін үйіп-төксін, бізді де аяй көр, мына арқаннан босата көр, сатып ал шырағым, біз де сенің отыңмен кіріп, күліңмен шығуға жарармыз, - десіп жатты. Мәделі сәл тоқтап әлгілерге жаны аши қараған. Әлгі әйел-кемпірлердің көздері шүңірейіп, әбден аштықты көрген екен. Көйлек дамбалдары өрім-өрім жыртық. Мәделі саудагерге әмиянындағы күміс теңгелерді көрсетіп, оны өзіне шақырды. Сосын ол қасына келген кезде оның қолынан шап беріп ұстап алды да:

  -Қолыңды жай, - деді. Мына жігіттің не істегісі келіп тұрғанын саудагер түсінбеген. Сонда да қолын жайды. Мәделі оның алақанына күміс теңгелердің бәрін төкті де:

  -Құдай үшін, мына әйелдердің бәрін азат етіңіз, - деген. Саудагер қуана жымиып қойып, тез арада күміс теңгелерді санауға кірісті. Сосын:

  -Мынауың он екі әйелге жетеді екен, біреуі қалып қоятын болды. Немесе екеуі қалады, себебі мына бір бойжеткен төрт ділдә болады. Бұл Кермененің гөзалі. Қарашы өзінің түріне, қандай керемет. Фархадтың Шырыны, Тахирдың Зухрасы, Төлегеннің Жібегі, Ғарибтың Шаһсенемі ғой... Мехмене бану, Фаранғыз, Ләйлі!. . жоқ, жоқ, Мәжнүннің Ләйлісі сұлу болмаған, Мәжнүн – өзі оны құлай сүйгендіктен Ләйлі оған сұлу көрінген, ал мынау хас сұлу. Бұл сүйгенге де, сүймегенге де сұлу, міне мынаған қарашы, белі қандай жіңішке, мына менің білегімдей ғана, ал енді бөксесіне бір көз салшы, сенің мына көк атыңнын жамбасынан үлкен болмаса, кіші емес, кеуде шіркін, шарап құйған торсықтардай домалануын көрмейсің бе? Вах, вах, - деп басын шайқап-шайқап қойып, түкірігін жұтты. Сосын:

  -Осы қыз төрт ділдә, бұны тастасаң, басқасын алып кете бер, егер мұны алсаң, онда екеуін тастап кетесің, - деді нығарлап.

  Елшілер бірі-біріне қарап мырс-мырс күлді. Жүсіпқожа әліптің артын бағып, енді Мәделі не істер екен, - деп күткен. Мәделі әлгі қыздың сұлулығына көз тойдырып қарап-қарап алды да:

  -Жарайды, сен қыз қала ғой, сен әрі бір таныс қызға өте ұқсас екенсің, екеуіңнің қайсысыңа үйленерімді білмей бас қатырып жүрермін, өте әдемі екенсің, жерде қалмассың, бір қалталы біреу келіп алып кетер, мына кәрі құртаңнын арасында бұғылып, көзге түспей жүргенің де болуың керек, енді жалғыз өзің көзге түсерсің, - деп басқа кемпірлер мен әйелдерді сатып алатынын білдірді. Сөйтіп енді, саудагер арқандарды шешіп жатқанда Ақжар датқасы Тұрғанбек мына тірліктің соңына дейін шыдай алмай саудаға араласты.

  -Әй, саудагер, анау қыздың да аяғын босат, төрт ділдәңді мен берейін, - деген. Тұрғанбектің даусы қатты шығып кеткен болуы керек. Кәрі шалдың мына сұлуға ындыны кеуіп тұр ма, әлде қызындай қызға жаны ашып тұр ма, онысын түсіне алмаған қасындағылар тағы күлісіп алды. Мәделінің не істегісі келіп тұрғанын білетін Жүсіпқожа:

  -Ол қыздан дәмеңді үзе бер, Тұреке, Мәделі бұл бейшараларды Қосжарсуатқа айдап апарып күң етіп жұмсағысы келіп, сауда жасап жатыр деп ойлап тұрсыз ба? – деді.

  -Ол Мәделіжанның өз еркі ғой, бірақ анау байғұс қызды, көзін жәудіретіп, қалай бір өзін тастап кетеміз?

  -Ә, ондай ойың болса, оныңыз жөн, - деп Жүсіпқожа Тұрғанбек датқаға ырза көңілмен қараған. Саудагер әлгі құл-күңдерді құжат-қағазын жазып, базар бастығына Мәделіні ертіп барып, мөр басып, қол шектіріп, оның қолына ұстатып, қайтып осында келген.

  Бұлар енді топтана біраз жүріп, қаланың шетіне іліге бергенде Мәделі осында шамалы кідіріс жасайық деген ұсынысын білдірді.

  Сосын атынан түсіп бағанадан бері үндемей келе жатқан жігіттің қасына барды. Екеуі құшақтасып біріне бірі кеуде қысысып ұзақ тұрған. Әбден сағыныш мауықтары басылып, құшақ ажыратқасын сөзді әлгі жігіт бастаған:

  -Құдай айдап сендерді осында әкелген екен, Аллаға мың шүкіршілік, - деді.

  -Иә, Фазыл бұл не жүрісің, бұндай жағдайға қайдан тап болдың? – деді.

  -Сол баяғы, Мүдәрістің сақалын кеспекші болған ісіміздің ақыры осы болды. Әлгі жексұрын Мырзаби, осы Таскенттің шаһар жазалаушы әскерінің нұсқаушысы Мырзахметтің інісі екен. Ол барлық болған жағдайды ағасына айтып қойыпты. Ал ағасы тез арада біздің ағайдың үйін тауып алып, менің қайда жүргенімді, оны ұрып-соғып айтқызыпты. Мен сол күні ертелеп Марғұланға қашып бармақшы болып, жолда келе жатқанымда, артымнан атты нөкерлерімен қуып жетіп ұстап алды. Сөйтіп екі-үш күн зынданға тастады. Одан әйтеуір қылмыс, адам өлтіргендей ауыр емес және жәбірленушінің күнәсі тек біреу ғана, сол Мырзабиден басқа шәкірттер оған қарсы болып, куәлік айтқан қазы зынданнан босаттырып, құлбазарға елу теңгеге саттырды. Түскен түсім мемлекет қазынасына түссін деген шешім қабылдап, осы жаңағы саудагерге беріп жіберген. Бұл саудагер мені танитын адамдарды біліп қойса, он-он бес ділла айтып жүрді. Бағана сені әдейі танымай тұрғаным да содан. Егер мен, «О, Мәделі қайдан жүрсің?» - дегенімде, сенен бағаны көп сұрайтын еді.

  -Сенің шыдамың темір екен, ал мен сенің мына үнсіздігіңе түсінбесем де, сонда да сөйлесейінші десем, танымағандай болдың, сосын өзінің бір ойлағаны бар шығар, деп осылай оңаша шыққанға дейін мен де сені танымаған сыңай білдірдім, бірақ мәселе тек ақшаға тіреліп тұрғанын білгенімде, сол жерде-ақ сенімен амандасып, құшақ айқастырар едім ғой. Әнеукүні жүз діллаға кісенін сатқан досың, енді сен үшін, киімін сатса да, сені бұл құлдықтан құтқарар еді.

  -Иә, Мәделі ол мінезіңді білемін ғой. Ал мына беліңдегі кісең, сол баяғы кісе ме, базардан өз кісеңді танып сатып алдың ба?

  -Жоқ, бұл кісені басқа кісі маған сыйлыққа берді, ол туралы айтатын әңгіменің де уақыты кейінірек келер. Қазір енді не істемексің? Еліңе барасың ба, әлде бізбен ауылға жүресің бе? Қазы-қарта жеп, қымыз ішіп, әлденіп қайтасың, жүрсей бізбен бірге.

  -Ауылыңа барып қазы-қартадан ауыз тиіп, жылқының етін жеп, қымызын ішсем, ондағылар айтпай ма, мына өзбек әншейінде тоқшылығында екен, енді қарашы аш болғасын, жылқының етін жеуін, шарап ішпей қымыз ішуін деп мазақ етер, деген әзіл сөзін айтып Фазыл күліп алды. Сосын: - Есің барда еліңді тап деген, рұқсат берсең мен қайтайын, - деді.

  -Біздің Мәделінің жолдасы екенсің қарағым, қайда жүрсеңдер де аман болып, біріңді-бірің ұмытпай жүріңдер. Ауылыңа, ата-анаңа барамын дегенің де жөн. Олар сені балам медреседе оқып жатыр деп қуанысып жүр ғой. Ал сен екеуіңнің мүдәріске қол көтерген тірліктерің көңілге ұнамайды. Енді болар іс болған екен, өкініш жоқ. Марғұланға жаяу бару оңай емес, қарағым, мына он ділданы чүнчагіңе салып ал, қарның ашып қалмасын, - деп Жүсіпқожа оған ақша ұсынды. Өзіне ұсынған пұлды алуға қымсынып Фазыл төмен қарап тұрды. Оның ақша алуға ұялып тұрғанын түсініп, Мәделі әкесінің ұсынған ақшасын, өз қолымен Фазылдың алақанын ашып, ділданы ұстатып, саусақтарын қолымен қысып тұрды да:

  - Намыстанатын уақыт емес, әкем сені өз баласындай көріп, саған ділда беріп тұр. Сен бізге мынадай жағдайда емес, үлде мен бүлдеге оранып, ханзада болып тұрсаң да, сені өз баласындай көріп, саған ақша ұсынар еді. Ол біздің елдің салты, ұялмай-ақ қой, - деді. Фазыл «тәңір жарылқасын» айтып, кеудесін иіп, тағзым етті. Сосын Мәделі күңдерге қарап:

  -Ал, апайлар, кенайылар, сіздер де боссыздар. Мә, мына еріктік хаттарыңызды алыңыздар, елдеріңізге, үйлеріңізге қайтуға асығыңыздар, - деген. Әйелдер шуласып, ақ баталарын бере бастады. Елшілер өздерінің қадірінше әлгі күңдіктен босағандарға күміс теңгелерден үлестірді. Әйелдер таласып-тармасып теңге алып жатқанда, олардың ешқайсысына қарамай, Мәделінің қасына келген әлгі сұлу қыз:

  -Әдәжан, менің барар жерім алыс. Бұхараға барғанша, маған бәрібір бейтаныстардың ойы бұзықтары жамандық жасаулары мүмкін. Рұқсат болса, мен сенімен бірге кетейін. Мына жақсылықтарыңа қарағанда, сендердің елдерің маған да құт мекен болады деген сенім жүрегімде орын алып тұр. Мені өзіңізбен бірге ала кетіңіз, - деп жүресінен отыра қалып басын иіп, тағзым етті. Мәделі бір шешімге келе алмай әкесіне қараған. Жүсіпқожа жымиып күліп қойды. Ойша көзімен елеп, әлгі сұлуды үлде мен бүлдеге орап, ханшадай киіндіріп, көзалдына елестетіп көрді. Сосын өз-өзіне іштей «сап, сап көңілім, сап көңілім», деді де қасындағыларға қараған.

  Қанайдың өткір, қаршыға көзі қызды ішіп-жеп барады.

  Сапақ та одан қалысар емес. Мұртының ұшын, қабаттасып кеткен сақалынан ажыратып алып, құлағына қарай шиырып-шиырып қойып, аттың үстіне ауа жаздап, қисая қызға қарап отыр.

  Әшейінде тас-түйін қабағы бір ашылмайтын жаужүрек Мир Саид, көзі күлмең қағып, түздің қарға аунаған түлкісін көрген қыран бүркіттей, қанатын қомдағандай, қызыға қарап қалыпты.

  Елмырза бек езуінен су ағардай, алақанымен аузын басып үңіліп қалыпты.

  Тек Әбдімүтәліп-шейхтен өзгелерінің бәрі қызға қызығып отыр. Бәрінің де көңілі жас, енді қайтсін. Жетпіске тақап қалған осындағы ең жасы үлкен Лұқпан да, оның өкшесін басып келе жатқан ер Шонай мен Тұрғанбек датқа да қыздан кет әрі емес.

  Шейх мына тұстастарының ауыздарының суы құрып отырғандарын көріп, аспанға қарап: «Е, жаратқан Алла, мына қырдың кәрі қырандарының осы қисық қылықтарын өзің кешіре көріңіз» - деп күрсініп қойды.

  Мәделі жөпелдемеде әкесінен нұсқау болмағасын, қыздың қолтығынан демеп орнынан тұрғызған. Сосын қыздың айдай сұлу жүзіне бағдарлай қарады. Тек қана өзбекше сөйлеп тұрғаны болмаса, тура Таһминадан аумайды. Көз тостағаны үлкен. Тостаған түбінде сәл ғана қысыңқылау ағынан қарасы көп көз жанары мөлдіреп, тура Таһминадай әппақ болмаса да қараторы өңі әдемі-ақ. Бөксесіне түскен бұйра шашы да толқынданып, қараағаштың қалың бұтақтарындай арқасын жауып тұр. Шыптаның шиіндей тарап қырық бөліктен өрілген екен. Мәделі есіне Таһмина түскенде жүрегі қобалжып, санасына сағыныш ұялағандай болды. Жасы үлкендер ештеңе айтпағасын бұл Фазылды көрсетіп:

  -Сені мына жігіт үйіне алып кетсе қалай қарар едің, - деді. Бұл сөзді естіп қалған Фазыл:

  -Мен оны басыма ұрамын ба? – деп күлген, - мен оның атын білмесем, өзі менен жасы үлкен де болар.

  -Менің атым Дармина. Сенен үлкен болсам, үлкен шығармын, - деді қыз жұлып алғандай. –Бірақ менің де сенімен бірге кеткім келмей тұр. Сенімен бірге Марғұланға барсам, бәрібір ол жердің әкімі көріп қойса, еркіндігімді тартып алады.

  -Қой қызым, олай деме, жұрттың айтқан қауесет сөзіне сенбе. Қазір өзі заман өзгерді ме, әлде адамдар өзгерді ме қайдам, жұрттың бәрі өзі барып, қолмен ұстап көрмеген жерді, оның адамдарын жамандап шыға келеді. Мына мен, Таскенттің бегі мен қасындағы адамдарын бұрын бір кәззаптар деп еститінмін. Содан мен өзім де солай ойлайтынмын. Енді қарасам олай емес екен. Сен бізбен бірге жүргің келіп тұрғаны біздің баратын жеріміз туралы ештеңе естімегенсің, әлде біздің қайда барғалы тұрғанымызды білмейсің, - деді шейх Әбдімүтәліп.

  -Жоқ, Атажан мен сіздермен бірге тозаққа да барар едім, егер бірге алып кетсеңіздер. Сіздер бұл жерде, мұнша адамды босатып, бостандық алып беріп отырсыздар, ал өз елдеріңізде оданда көп жақсылық істейтіндеріңе көзбен көрмей-ақ сеніп тұрмын. Мен мынау Фазылмен де бірге еріп кетер едім, оның маған ықыласы аумай тұр, жаңағы сөзі-ақ көңілімді қалдырды.

  -Құрметті, адамдар, - деді әйелдер арасынан үлкендеу біреуі, - бұл қызды біздер-ақ ертіп кетер едік, бірақ байқап тұрғанымыздай бар ықыласы сіздерге ауып тұр ғой. Көңілі құлап тұр екен қөңілін қалдырмаңыздар, бұл қыздың. Бұхарада барар туыстары жоқ, себебін бізден сұрамаңыздар, кейін өздеріңізге айтып берер.

  Бұл қызды қайткенде де өздерімен бірге алып кету керек екенін түсінген Жүсіпқожа:

  -Жақсылық қылсаң бүтін қыл деген бар ғой, бізбен бірге жүре берсін, ауылға барғасын көрерміз, ел кең ғой, біреулері қызым деп қабылдап алар, алмаса біздің үйде-ақ жүре берер. Мәделі, сен Көкбестіге мінгізіп ал, жолай Сұлтанның бір атын көлікке сұрап алармыз, - деді.

  Мәделі әкесінің сөзіне басын изеді де, Фазылмен құшақ айқастыра қоштасты. Бостандыққа шыққандар да улап-шулап рахметін айтып, аз-кем соңдарынан ілесе жүре, біраздан соң, әрқайсысы қалаған жақтарына тарай берді.

  Шаһардың Шағатай дарбазасынан шыққан жолаушылар аттарының басын тіке Көкшымылдықтың Дарбазасындағы Сұлтанның үйіне қарай беттеткен.

 

 

2. Айдай сұлу Сербинәз

           Бұлар Сұлтанның үйінің шарбағына кіргенде күн батып қараңғылық қоюланған еді. Таңғы құлқын сәріде кетіп, қараңғылық қоюланғанда қайтып келген елшілерге Сұлтанқожа таңдана қарап:

  -Ат-көлік аман-есен жеттіңіздер ме? Тез оралдыңыздар ғой, Таскент бегі қабылдамады ма? – деген. Қонақтар жайылған көрпешеге жайланып отырған соң.

  -Жоқ, бәрі ойдағыдай болды. Таскенттің жаңа бегі іскерлігін көрсетті. Арты солай жалғаса берсе жаман болмас, - деді Жүсіпқожа. Сосын Таскентте болған жайттарды қысқаша әңгімелеп берген.

  -Жақсы болыпты. Әсіресе Ордабасы, Қотырбұлақ, тыныштық табатынын айтсаңызшы. Асқардың датқа болғаны құтты болсын бәрімізге, - деп Сұлтан қуанып қалды.

  Мәделі ақсақалдар арасына араласпай кіші үйге кірген еді. Сербиназға Дарминаны таныстырды. Алтын жүзіктей жарқыраған сұлу да, кербез Сербиназ мына өзіндей сылыңғыр сұлуды көре салысымен, ыстық достық ықыласын білдіріп, оны өзінің жан дүниесіне жақын тартты. Бүгін монша жағылып жатыр еді, ондағы жуынып жатқан Тасқожаны асықтыра, қуып шығып, Дармина екеуі шомылуға кіріп кеткен. Кірер алдында өзінің сәнді киім-кешектерін екі-екіден ала кірген. Талайдан бері су көрмеген, Дарминаның үсті кірге батып-ақ қалған болуы керек, шамасы, әлде тәлпіш қыздар, бірін бірі қытықтап, күліп ойнап, жылы судан шыққылары келмеді ме, моншада ет асымдай уақыт шомылған. Ет пісіп қолға су құяр алдында екі қыз жаңа киімдерін киіп, үлде мен бүлдеге оранып, дастархан басына сәндене келді. Үй-іші түгел ауыздарын ашып Дарминаға таңдана қарап қалғанды. «Мұндай да ару перизат болады екен-ау. Неткен ғажап сұлу еді» деген сұрақ әркімнің-ақ көкейінде тұр еді. Шын салыстыра қарағанда, Сербиназ да одан кем түспейтін, бірақ «ауылдағының ауызы сасық» деген мақалдағыдай мұндағылардың көзі Сербиназға үйренгендіктен бе, әлде қолдағы алтынның қадірі болмайтындығынан ба, әйтеуір жұрттың көзі Дарминада еді. Шынында да өзбектің қыздарына қазақтың ұлттық киімін кидіріп қойсаң оның қазақ не өзбек екені білінбесе де, бәрібір сұлулықтың реңін ашар еді. Бүрмелі көкшіл көйлек, қызғылт бешпент қызды құмырсқа белдендіріп, бөксесін кеңейтіп, көріктендіріп тұр. Қыпша бел көйлекті өзбек қыздар Хорезмде болмаса, Самарқан мен Таскент кимейтін. Ал киетіндері де осы Таскент қазақтарының нымшасы мен қыпшабел көйлегі еді. Бұлардың ұлттық көйлегі кеудесіне дейін тар болып келеді де, тура кеуде ұшынан төмен қарай кең етек болып тігілетін.

  Дармина отырғандардың бәрі өзіне сұқтана қарағандарынан ұяла назарын төмен салып, кібіртіктеп қалды. Оның әдеп сақтап қысылып тұрғанын көрген Сербиназ қыздың қолынан жетектеп келіп дастархан басына отырғызды. Сосын:

  -Бұл Дармина деген қызыңыз екен, апа. Нұр Атаға жақын жерде, Қызылдың құмындағы Қарақшытөбеде туылып өскен тәжік қызымын дейді, - деп Сербиназ Дарминаны Жұлдызайым апаға қысқаша таныстырған болды...

 

  Кешкі ас желініп болғасын, Жұлдызайым апа отауға кетіп қалды да, бұлар той қызықтарын естеріне түсірген. Сербиназ Таһмина туралы әңгімелеп, оның кейінгі күні Мәделіні күте-күте, екі көзі төрт болғанын айтты.

  -Сенің Исмайылға еріп белгісіз жаққа кетіп қалғаныңды есітіп, «аһ ұра» қиналған. Сенің ең болмаса бір ауыз сөз айтпай кеткеніңді бізге айтып, қапа болғанын білдірді. Бізбен бірге күлмей де, ойнамай да қойды. Ән айтпақ түгілі, ауызын да ашқан жоқ. Өзі жүдә қатты қызғаншақ-ау деймін. Біреуден «өй, Мәделі Исмайылмен бірге Таскентке қыз көруге кетті, қастарында достары Рысқұлбек пен Мұсабек бар дейді, сосын сотқар Сұлтанқожа бар екен. Саған тимеген қызды күшпен әперемін депті-міс, Сұлтанқожа» деген өсекті есітіпті.

  -«Ол мені қайтсін, менің қолымнан бұлбұлға ұқсап сайрағаннан басқа не келеді. Мәделіге сиыр сауатын, күбі пісетін, тосап қайнатып, қолы боста өзімен күресетін мықты қыз керек шығар. Бәсе, біліп едім, ол менің әншейінде айтқан әнімді ғана жақсы көретінін, ал менің өзімді қайтсін, ол» деп иығы солқылдап жылап та алды ғой. Сосын «той менің не сәнім еді, неге келдім екен осында, Көктеректе сайрап жүре бермей, аспандағы айдан дәмеленген өзімде де обал жоқ» деп ебіл-себілі шығып, еңіреді-ай бір, - деп Сербиназ әзіл-шынды сапырылыстырып әңгіменің майын тамызды. Өзі бір де бір күлмей байсалды әңгімелеп берген еді. Сосын:

  -Ә, айтпақшы, Мәделі, Таскенттен алған қалыңдығың осы Дармина екен ғой, тү-у, енді түсіндім, әлгі Таһминаның әңгімесі есіме түспегенде бар ғой мына қыздың өтірігіне сеніп жүре берер едім. Дұрр-ресс, құтты болсын! Мен ертең-ақ Таһминадан сүйінші сұраймын, - деп Сербиназ біраз сыңғырлап күміс күлкісін төгіп алды. Дарминаның көзі атыздай болып Сербиназға қараған.

  -Сербиназ ханша, мен шынымды айттым, мен қалыңдық емеспін, - деді сосын жалынышты үнмен. Сербиназ Дарминаның түрінің бұзылып кеткенін көріп:

  -Менің жәй әшейін қалжыңым ғой. Мәделіні көрсем осылай қалжыңым қозып кетеді де, әзілдескім келеді де тұрады. Бұл аңқау ғой, менің айтқаныма сене береді, - деп қойды.

  -Иә, жүдә сеніп, енді болмағанда, талып қалайын деп отыр едім, - деп Мәделі мұрнын тыржитты.

  -Сені Бұхараға оқуға кетеді дейді ғой.

  -Оны да Таһмина айтты ма?

  -Ол айтпай кім айтады, ендеше? Біздің ағаларымыз бен інілеріміз сырларын тек ғана қалыңдықтарына айтады емес пе?

  -Енді сендерден сүйінші сұраймыз ба? Бұхараға барсақ барармыз.

  -Тү-уу, еркек болып неге жаратылмадым екен, жүдә қапамын, жігіт болғанымда, мен де шаһарларды аралап, оқу-білім іздеп, жер дүниені шарлап кезер едім. Қыздарды қылығыммен қызықтырып, бәрінің бастарын айналдырар едім.

  -Қатырады екенсің, еркек болмағаныңа да шүкіршілік, әйтпесе біз қызсыз қалар едік.

  -Әсіресе, Таһминаны ешкімге бермей, өзім айналдырар едім. Егер Мәделі деген жігіт, таласатын болса онымен жекпе-жекке шығып, «ағажан енді қайтып, Таһминаға жоламаймын» дегізер едім.

  -Сайра, сайрай бер, бұлбұлым, - деп Мәделі жымиып қойды. Дарминаның ішек-сілесі қатты. Әзілдері жарасқан мына екеуіне қызыға күлді.

  -Сен мына қызды Таһминадан аумайтын сұлу болғасын әдейі бірге ертіп жүргенсің ғой, ә?

  -Иә, оны сағынғанда, бұл қыздың жүзіне үңіліп отырайыншы дегенмін.

  -Дармина ханша, өлең айта аласың ба?

  -Айтамын, бірақ қазақша емес, өзбекше, тәжікше.

  -Сендердің тұрған жерлеріңде қазақтар көп емес пе?

  -Көп ғой, бірақ өлеңдерін үйренбеген едім. Менің әкем тәжік, шешем қазақпын дейді, бірақ осы кезге дейін оның туысқандарын көрген емеспін. Ал әкемнің ағайындары Кермене жақта өте көп, біз онда талай қыдырып барғанбыз. Бірақ не үшін екенін білмеймін, біздер Қарақшы төбе маңында жалғыз үй болып өмір сүрдік, - деп Дармина мұңайып қалды да, ауыр күрсінді. Қыздың көңіл-күйінің пәсейіп қалғанын сезіп қойған Сербиназ:

  -Мейлі өзбекше айтып көрші, мен өзбекше өлеңдерді де ұнатамын, өткенді көп есіңе түсіре бермей, ән айтып көңіліңді көтерсейші, - деді.

  -Тәжікше айтып берейін. Тәжікше өлеңдердің мақамы өзбекшеге ұқсас болады, бірақ сөздеріне сіздер түсінбейсіздер. Сонда да тыңдап көріңіздер, - деп Дармина асықпай жайлап, жіңішке дауыспен бір әуенге бастады. Мұңлы екен, алысқа жетелеп әкетті, қайта әкелмей сонда сағынта, махаббат зарын жеткізді. Ал бұл мұңлы ән енді тағы да есіне Таһминаны түсіре Мәделіні көңілсіздіріп жіберді. Мынау тиіп тұрған Көктерекке жете алмай, сүйіктісімен кездесе алмай «аһ» ұрып, ертең елге кете барарын ойлап, сәл жабырқаған. Көзін сәл жұмыңқырап, шалқасынан жатып алып, Дарминаға қарап та, Таһминаны көз алдына елестеткен. Құдая тоба, тура Таһминаның көшірмесі, тек ғана ол тәжікше өлең айтып отыр. Толқын шаштарын жекелеп қырық тарау тармақтап өрмей, желкесіне бос жіберген. Дарминаның бұрымының ұзындығы Таһминанікінен қысқалау болса да, қалыңдықтары бірдей екен. Нәркес көздері де, қыр мұрындары да, оймақтай ауыздары да тура құйып қойғандай.

  -Қыздар, маған бір ой келіп тұрғаны, осы қазір Таһмина мына Қосқұдық – Дарбасыға жақын, осыдан екі қыр асқан жерде, қойшы ауылдағы апасының үйіне қыдырып келген екен, қараңғылықты жамылып, сол қызға барып келейік те! – деді Сербиназ Мәделіге сынай қарай. Мұндай күтпеген хабарды естіген Мәделінің қуаныштан көзі жайнап кетті.

  -Қой-ей, шының ба, Сербиназ?     

  Сербиназ рахаттана сыңғырлай күлді. Еркелей, көзін төңкере қарады. Сосын:

  -Мен әзілдеп айтсам, сен оны шынымен сағынып отырсың ғой, бірақ бар ғой, ол сен туралы көп ойлайды. Басқа балалар бір төбе, сен бір төбе.

  Сербиназдың мына сөзіне Мәделі не дерін білмей дағдарған. Мәделінің шынымен қиналғанын көріп ерке қыз енді шынына көшті.

  -Рас айтам, Мәдеш, сен өкпелеп қалдың-ау деймін, көңіліңді көтере бер, қызың осында, сол тойдан Көктеректе бір-ақ күн болды да, содан бері осында, бәлкім әлгі бұзық Торыбаймен ренжісіп қалып, енді өкпесі басылғанша осында жүр, немесе бар ғой дәп сені сағына осында біздің үйге жақын жерде күтіп жүр, сенің әйтеуір біздің үйге бір соғатыныңды біледі ғой, ол қу қыз, жүр барайық, бірақ бар ғой, үлкендерге білдірмейік, онда. Сен қалай қарайсың, Дармина, бізбен бірге барасың ба?

  -Бізбен бірге барасың ба, дегені несі, мұнда қалғанда не істейді, әрине барады.

  -Шаршағанға ұқсайды ғой, қалжырап, көзі жасаурап, ұйқысы келіп отыр ма дегенім ғой. Әлде жаңағы әнің еліңді сағындырып жіберді ме? Жүр, дала кезіп, тамашалап қайтайық, - деп Мәделі күле қарады.

  -Онда сен, аттарды ерттей бер, біз Дармина екеуміз шекпен-шалбар киіп шығамыз, Дарминаға даланың қызықтарын көрсетейік.

  -Қойшылар ауылы алыс емес пе, жолда бізді қасқыр жеп қоймай ма, түнде? – деп Дармина өзінің қаупін білдіріп, көзі жәудірей Сербиназға қарады.

  -Қасқыр кездессе, Мәделі бар ғой, соны көрсетеміз де өзіміз қашып кетеміз, - деп Сербиназ күлді.

  Сыртқа шыққасын Дармина «атқа жалғыз өзім мініп жүруге қорқамын, түнде жолда үріксе құлап қаламын ғой», - деп Сербиназға мінгесетінін білдірген.

  -Ертең Қосжарсуатқа дейін Мәделінің артына мінгесіп, оның арқасына жабысып бармақшымысың, жоқ, оның бола қоймас. Мәделі Таскенттен осы Дарбазаға дейін сенің мінгесуіңе әрең көніп келген шығар, ертең өзіңе жеке ат-көлік береді, сонда жолай үлкен кісілердің көзінше тоңқалаң асып, құлап, шаң қауып, тозаңнан көзің жылтырап жатса, жұрт маймыл көргендей, езулері жыртылғанша күлмей ме? Өйтіп көпшілікке масқара болып құлағанша, қараңғыда көпшіліктің көзіне түспей, қазір құла! Мінгесуге болмайды, бір өзің бір атқа мінесің, атты олай-бұлай бұрып үйренгеніңше, мен жетектеп, Мәделі айдап жүреді, - деп Сербиназ Дарминаның айтқанына көнбей, оны ең жуас ат, Сұлтанның торысына мінгізді. Дармина атқа мінгенде, басы айналып құлап қалуға шаққа қалып, шыңғыруға ұялып, әрең отырды. Мәделі Көкбестіні, Дармина мінген торыға жанамалата бірге жүріп, Сербиназ торыны жетекке алды. Ерге жабысып жатып алған Дарминаны Мәделі аяп-ақ кеткен. «Бәсе бағана жолда мені қапсыра құшақтап алғанында бір мән бар екен-ау байғұс, қыздың» деген іштей. Сосын ол торының ерісінің алдыңғы қасынан ұстап отырды да:

  -Дармина ханша, сол қолыңмен менің иығыма сүйеніп, оң қолыңа ноқтаны орап, мына ердің  алдыңғы қасынан менімен бірге ұста. Көзіңді әзірше жұмып отыра бер, біраздан соң анда-санда ашып қой, бір-екі шақырым жүргесін үйреніп кетесің, - деді.

  Дармина жалғыз өзі атқа отырудан қорқатынын білгендей, ауыл иттері де шабалана, аттың аяғына оратылуда еді. Иттер үре ұмтылған сайын, шыңғырып жібере жаздап, тек ғана мына Мәделіден ұялғаннан ернін тістелейді. Бұрын құм арасында жүрген кезінде әкесі бұны атқа мінгізуді де үйретпепті. Елге қыдырғанда шешесі екеуін түйеге мінгізіп, қоршауға отырғызып апаратын. Ол кісінің әке деген аты болмаса әкеге де ұқсамайтын еді ғой. Ол көзі шүңірейген, мұрны қоңқиған нағыз тәжік, бұл ол кісіге мүлде ұқсамаған. Сол ұқсамағандығынан ба екен, мұны ол кісі тіпті қасына да шақырмайтын, атқа мінгізбейтін, қызындай көріп еркелетпейтін. Бірақ, әйтеуір, қол жұмсамайтын, босқа ренжітпейтін. Бұл тек ғана шешесімен бірге еді, ол қайда барса, бұл да сонда. Сондықтан да шығар, бұның иран тілін шала біліп, ал анасының тілі – тұранша жақсы сөйлейтіні. Ал құмға келіп кетуші бірді-екілі келімсектер әкесі мен тәжікше шүйіркелесіп ара арасында, енді тұранша сөйлесейік деп қазақша-өзбекше араластыра сөйлейтін. Олардың сөздерінің арасында «ж» әріпі сирек кездесетін. Тіпті осы Дармина да қазір тұран тілінде сөйлейді. Ойланып отырса, қазақ сөздеріне «ж» әрпін қоспай, кейде өзбекше араластырсаң тұранша болады екен.

  Ауыл шетінен ұзағаннан соң, тыныштық орнайын деді. Анда-санда бір арпылдап, иттер де алыстап қалып барады. Тек кейде бірді-екілі пырылдаған ат танауларының дыбыстарымен, аяқтарының құлаққа жұмсақ тырпылы естіледі.

  -Көзіңді ашып келесің бе? – деді Мәделі.

  -Иә, бағана ашқанмын, иығыңнан қолымды аламын.

  -Алсаң ал, бірақ құлап қалма!

  -Құлап қалмайтын шығармын.

  -Дұр-рес-с. Неге құлап қаласың?... Қазір түннің қараңғысында атпен жүріп үйрену оңай. Күндіз бар ғой, атқа алғашқы мінгеніңде төмен қарасаң басың айналғандай боласың, қазір саған ат тұяғының астындағы дөңгеленіп жатқан жер көрінбейді ғой. Ал, ... мен бөлек жүремін.

  -Жүріп көр, болмаса бақырамын.

  -Бақырма, неге бақырады екенсің, түнгі құлақ төртеу болады, ауылдағылар «не болды екен?» деп осында шауып келер, бізге бәрібір, сені тастаймыз да қашамыз, - деп Сербиназ қорқытқан.

  -«Жүріп көр, болмаса бақырамын» дегеніңе түк те түсінбедім, сонда бөлек жүрсем бақырасың ба, әлде бөлек жүргенімде бір өзің қорықсаң бақырасың ба? – деді Мәделі.

  -Бөлек жүре беріңіз, өзім жүремін деймін.

  Бағанағыдан гөрі, енді қазір ат үстіне жалғыз отырып, үйренісейін деді-ау шамасы, енді ыңылдап ән айта бастады, Дармина.

  -Мына тепеңмен қойшы ауылға күн көтерілгенде бір-ақ баратын шығармыз, ең болмаса жорғаға көшейік те, - деді Сербиназ асығыстығын білдіріп, сосын өзі астындағы ақтаңкерді тебініп, жорғаға басқан.

  Дармина да намысқа тырысты ма, әлде атының жайлы жүрісіне бойы үйренді ме, бұл да «шу-шу» -леп Мәделіден оза бастады.

  Қойшылар ауылының тұрғындары әлі түгел ұйқыға кете қоймаған екен. Жүргіншілер үш үйден құралған ауылдың ең бергі шеткісіне жақындай тоқтаған.

 

 

3.Таһминамен соңғы...

  Сербиназ ол үйге кіріп, онда аз-кем отырды да, Таһминаны сыртқа ертіп шықты. Алғашқы кездесуіндей емес, бұл жолы Таһмина Мәделіні көре салысымен, оның алақанын қысып, өзі маңдайын жігіттің кеудесіне басып біраз тұрған. Сосын:

  -Арнайы мені іздеп келдің бе? – деген жай ғана.

  -Тек қана сен үшін келдім, қалай келгенімізді Сербиназ айтқан шығар. Сен де осында менің келетінімді білгендейсің-ау, қойшы ауылға келгеніңді айтамын.

  -Енді, әрине солай сияқты. Ал Сербиназ асығыстықпен болса да түгел айтты-ау деймін, - деп, сосын ол Дарминамен сәлемдесіп болғасын, бұл қызды танымаған рай танытып:

  -Бұл құрбыны танымадық ғой, Таскентке барып қалыңдық әкеле жатқаннан саумысың, Мәделі? – деген.

  -Қалыңдығы болса сенің алдыңа әкелер ме еді, сен қыз Мәделіні Дарминадан қызғанып тұрсың-ау шамасы? – деп Сербиназ сөзге араласты.

  -Еркектер қос-қостан әйел ала бермей ме, алысқа кетпей-ақ менің әкемді-ақ айтшы, үш-төрт пе әлде бес-алты ма қатыны бар, - деп Таһминаның үні қарлығыңқы шығып төмен қарады. Сербиназ құрбысының көңіл-күйі төмендегенін байқады да Дарминаның иығынан жайлап түртті де, былайырақ кетейік дегендей ым жасап, қой қораның екінші жағында мама ағашына байлаулы тұрған аттарына қарай аяңдады. Иттер бұл жолы да үрмеді.

  -Бүгін Сербиназдың үйінде қонып, жолға ертең шығатын шығарсыңдар, - деді қыз бір қимастық үнмен.

  -Маған салса, осы ауылда қала берер ем...

  -Не үшін қаласың, еліңе бармайсың ба?

  -«Не үшін?» дегенің дұрыс емес, «кім үшін?» десейші.

  -Бәсе, кім үшін? – деп қыз күлімсірей көзін төңкере қарады. Көңілі көтерілейін деді-ау шамасы. «Өнердің иелері бала мінез болады-ау, ренжуі де, қуануы да тез» - деп ойлаған Мәделі:

  -Мен Таскент бегі үшін емес, мен мұндағы туысқандарымды сағынғандықтан емес, мен тек осындағы біреу үшін ғана келдім. Қәне, өзің айта қойшы, кім ол өзі? – деді.

  -Сен Таскент бегі үшін келмесең, туысқандарың үшін де келмесең, онда басқа бір танысың бар да, оны мен танымайтын шығармын?

  -Тануың керек, танисың, айта бер.

  -Көрмеген адамымды қайдан айтамын, ең болмаса түрін түстесейші. Мысалы, қыз ба, әлде жігіт пе?

  -Қыз.

  -Әдемі ме?

  -Ару, сұлу, ондай періште еш жерде жоқ.

  -Сосын қандай ерекшеліктері бар?

  -Ерекше көзге түсетін ешнәрсе жоқ, - деп Мәделі енді сөздің сабын жіңішкелендіріп жіберді. Сосын қыздың көңіл-күйін өзгертпекші болып: - Тіпті ол қызға ғашық болудың да реті жоқ-ау деймін, - деген. Таһмина Мәделі ұстап тұрған саусақтарын оның қолынан жылдам босатып алды да, теріс айналып, кеудесіне түскен тоғыз тарау бұрымын умаждап, тұрып қалды. Мәделі қыздың мінезінде бұлт ойнап, найзағай жарқылдайын деп тұрғанын көріп, тез арада бұлтты жылы сөзімен сейілтпекші болып:

  -Дегенмен, шындап үңіле қарап, зер салсаң ешкімге ұқсамайтын ерекшеліктері бар, соны есіме түсіріп, айтып көрейінші, - деп жай ғана күліп қыздың иығына алақанын салып, әсте-әсте ырғап-ырғап қойды. Қыз иығындағы Мәделінің қолын сырғытып төмен түсірмекші болып, иығына алақанын апарған, бірақ жігіттің қолын ұстағанымен, оның қолын әлсіз ырғап-ырғап қойды да, орнынан қозғалуға дәрмені келмеді.

  -Есіңе түсірсең түсіріп көр, Таскентке барамын деп, қара қызды қасыңа ертемін деп, есіңнен шығып қалған шығар!

  -Жоқ, енді есіме түсті, қолаң шаш, бұрымы ұзын.

  -Е, Сербиназдың қасындағы тұрған анау қара қыз ғой, шашы ұзын, жуан бұрым, өзі менен аумайды екен...

  -Иран – Бағындағы бұлбұлдай әнші өзі, көмейі сыңғырлаған күміс, жүзі толықсыған айдай, беті сүттей аппақ, азанда ашылған райхан гүліндей пәк, таңғы күн шапағындай арайлы, Самарқандағы патша сарайынан да көркем, күннің сәулесіндей шуақты, Әкім Лұқпандай шипалы, туған жердей қымбат, даналардың сөзіндей асыл...

  -Ондай қызды танымаймын, анау қара қыз сондай шығар?...

  -Онда тағы бір ерекшеліктері бар, әлі айтып тауысқан жоқпын, талабы Алатаудай биік, мінезі ботаның мінезіндей жұмсақ, сөзі балдан да тәтті, көзі қарақаттай, өзі шырын...

  -Танымаймын...

  -Өзі өкпелегіш...

  -Таптым, танимын, - деп Таһмина жүзін Мәделіге бұрды да, оның кеудесіне басын қойып, қолын жігіттің мойнына асып:

  -Бағанадан бері солай демейсің бе? Өкпелегіш деп. Мен сондаймын. Өкпелегішпін. Бұл мінезімді тастай алмай-ақ қойдым. Бұл менімше әкемнің басқа әйел алып, бөлек кетіп қалғанынан ба деп ойлаймын. Сен ше Мәделі, қанша әйел аласың? Саған ғашық болмайтын бұл дүниеде қыз жоқ шығар. Мен қорқамын. Сен басқа біреуге үйленетін сияқты болып тұрасың. Осы қызғаншақтығымнан тауып, сенен айрылып қалмасам болғаны, - деп Таһмина күрсінген.

  Мәделі үнсіз тұра берді. Үйлену деп тұр ғой мына қыз. Үйлену туралы ойлады ма бұл Мәделі. Әлі ондай ой өңінде емес, түсіне де кірмеген. Үйлену деген мәселе бұған қандай болып көз салмақ. Бұхараға барып ілім-білімін жалғастыру жайына қалмаса де. Үйлене сала ол жаққа қаңғу бұның қолынан келмес. Кемінде екі үш жыл қалыңдығыңның қасында болмасаң, үйдегі әке-шешең де оң қабақ танытпас. Одан кейінгі оқудың не қажеті бар. Үй тірлігінен-ақ қолың тимейтін шығар. Әкем мен үйленген соң басқа отауға шығарса, күйбең тірлік басталмай ма?

  -Неге үндемей қалдың? Тағы бір қыз туралы ойланып тұрсың ба? Анау қара қызды неге қасыңа ертіп жүрсің? – деп Таһмина енді басын жоғары көтеріп жігіттің жүзіне қарады.

  -Ол қызға жаныңды ашыта қарасайшы, өкпелегішім менің,  ол үйсіз-күйсіз қыз. Барар жері, басар тауы жоқ жетім қыз, құл базарда сатылғалы тұрған жерінен құтқардық. Біз кең пейілді қазақпыз ғой, сен сәл де болса, бір мезет оған қарсылас қыз болсаң да, қазақ ұлтынан екеніңді, жаныңның дархан екеніңді, ұлтымызға тән мейірімділігімізді еске алшы.

  -Дұрыс қой, Мәделі, саған сенемін. Құдай жарылқасын сені, саған мың да бір рахмет, - деп Таһмина біраз үнсіз тұрды да, - ол қызды енді қара қыз деп атамаймын, өзімнің туған бауырымдай көремін ендеше, - деді. Қыз тағы да басын Мәделінің кеудесіне қойып, үнсіз күрсінген. Сосын:

  -Сенің қандай ойларың бар, ертең не істейміз, келешекті айтамын, - деген.

  -Оны Құдай біледі, сонда да бір нәрсені ескертіп көрсем деймін, әкем Бұхараға жүреміз деп айтқан.

  -Қашан?

  -Осы келер айда шығар, әй одан да ерте жібермесе де, күзем аяқталып, енді ел қыстауға көшкелі дайындықтар үстінде ғой. Сол көш басталмай тұрып мені жіберетін шығар. Әйтпесе олардың қашан барлық ел қыстауға көшіп болғанша, әрі бері шапқылап, қолдары тимей қояды ғой.

  -Оған дейін де кездесетін шығармыз?

  -Мен келіп кетуге әрекеттенемін. Бірақ сен де үйіңде жүре бермей, Қосқақтағы Күләшке барып қайтсаң болар еді.

  -Мен әнеукүні ғана барып келдім ғой, енді жуық арада анам жібере қоймас, оның үстіне Торыбай сор болды, аяғымды қия бастырмайды.

  -Онысы мен үшін жақсы ғой, әйтпесе бір апайтөстің көзіне түсіп қалсаң, дүние-мүлкін аямай, сені қалыңдыққа алып қойса ше?

  -Ту-у, ондай жаман сөз айтпашы, Құдайым сақтай көр, ондай болса қайтер едім? Көрген күніміз құрсын, қыз болып неге туылдым екен, а? Жоқ, Қосқаққа бармаймын, сенің мына сөзіңнен кейін қорқайын дедім, енді үйден шықпаспын.

  -Е, неге? Сен ондай апайтөстерге қарсы тұра алмайсың ба? Жігерлі, қайсар қыз едің ғой?

  -Қарсы тұра алмаймын-ау деп қорқамын, шешем еңіреп тұрса, көнбеске амал жоқ, әкемнің де мінезі шатақ кісі ғой, Құдай оған сөз айтқызбасын, айтқызса орындамай қоймайтын қатал бірбеткей кісі. Ол кісіні келесі аптада Шардараға шақыртып жатыр екен, оны анау нағашым Торыбай айтты. Сондай жағдай, шешем екеуміз әкеме барып жолығып қайтпақшымыз. Ол кісінің не дейтінін, жаңағы сен айтпақшы, жаман нәрсені білдірейін деп жүр ме? Қандай қайшылық десеңші, жұрт туған әкесіне құстай ұшқысы келіп, сағына ұмтылыс жасаса, мен керісінше енді оған аттап басқым келмей тұр. Жүрегімде туған әкеме деген сағыныш сезім де сөніп бара жатқандай. Таза, пәк көңілім, түтінмен ысталғандай, ащы дәмі қолқаңды бітейді. Жүрегімді шаншытып, кенеземді құрғатып, кеңірдегім буылып өліп кетпесем болғаны, Мәделі.

  -Жаман қиялға берілме, Таһмина, Құдайға шүкір де, мен сенің қасыңда тұрмын ғой, уайымдама. Шардараға нәсіп болса, мен де барамын. Әкеңнің ондай ойы болса, мен сені сол күні алып қашамын, - деп жігіт қызды аймалай өзіне тартты. Қыздың қолаң шашынан жұпар иісі аңқып тұрды. Оның маңдайынан сүйіп, тамағынан иіскеді:

  -Қорқынышыңды сейілт, балым, айттым ғой, ондай жағдай болса алып қашамын деп.

  -Сенің алып қашуың үшін, ондай жағдай болуын тілемей-ақ қояйын. Айттырып алғанға не жетсін шіркін, - деп қыз тағы «ах»-ұра күрсінді.

  -Шардараны Көктіңұлы хандығы Таскенттен қайтып алды. Келесі аптада бәлкім Жүсіпқожа әкем Шардараға әкім және сол аймаққа би тағайындауға жамиғат жиналатын дуанға қатысуға барар. Біздің хандықта датқа деген болмайды, ауыл мен қыстауға әкім, аймаққа би сайлайды. Оның қазіргі датқасы Дәулетияр не айтар екен? Қоқан ханын жақтап, Таскентке өтіп кете ме, қайткенде де бір тағайындау болуы тиіс.

  -Сенің әкең Таскентке барғанда сол Шардара туралы барып па еді?

  -Тек қана Шардара туралы емес, бұдан басқа да біраз мәселе туралы болған.

  -Бұрыңғы Таскент бегі, бірталай әскерін төгіп, Шардараны әрең бағындырған деп естіп едім, енді мына жаңа бек оны қалайынша оңай бере салған?

  -Оның орнына Шыназды алды ғой.

  -Ондай саясатқа онша түсінбеймін, бірақ соның не қажеті бола қойды екен?

  -Не қажеті болғанда, тереңге үңіле ойлап қарасақ, Шыназ Көктіңұлы хандығына емес, тікелей Бұхара әміріне қарайтын. Бірақ түпкілікті емес. Зекет, салықты Таскент ол жерден көбірек алып кетіпті, қым-қиғаш бүлік салып, ел тыныштығын қайта-қайта алып тұратын. Оны қорғауға Жызақтың әскері босқа әлекке түсіп, соншама алыс жерден келе бермейтін. Енді Жызақ Шыназға алаңдамай тек қана өзін қорғай алады. Ал Шардараға керісінше Таскенттің ықпалы жүріңкіремей-ақ қойған. Оларға қарағанда Көктіңұлы хандығының әрекеті басымдау ғой. Шардараның барлық халқы Таскентке бағынғанын қаламайды. Сосын бір дұрыс болған жері Шыназ Бұхараға бағыныштылығынан шығып, Қоқан қарамағындағы қазақ иелігіне кірді. Ал Шардара ол иеліктен шығып, Бұхараға тікелей қарамай, Көктіңұлы иелігіне кірді. Түбінде екі шаһар да қазақтың иелігінде болғаны емес пе?

  -Біз кішкентай адамбыз ғой, жұрттың әкімшілік бөлінісіне араласа алмаймын, бірақ қазақтың жері кеңейіп, шекараларының ұзара көбейгеніне тілектеспін. Шардараға шынында да сен келсең тәуір болар еді, келесі аптада.           

  -Әрине, сен шақырып тұрғаныңда, бармағанда не істеймін? Әрине баруға тырысамын.

  -Кел. Келуіңе тілектеспін. Енді, түннің біраз уақыты болыпты, сендер қайтыңдар, нәсіп болса Шардарада жолығармыз, - деп Таһмина жігіт жүзіне қимастықпен қарады. Мәделі қызды аймалап, тағы да тамағынан иіскелей, өзіне  тартып үнсіз құшақтап аз-кем тұрды да:

  -Жақсы онда, келесі кездескенше сау тұр, - деп кері бұрылып Сербиназдар тұрған жаққа аяңдады. Екеуінің қоштасқанын көрген Сербиназ бен Дармина Таһминаға жақын келіп, қыздар бірінің бірі беттерінен сүйісіп қоштасты.

  -Сен қыз, айыпқа бұйырма, үйіңде қонақ болып жата алмадым, мына Дарминамен де жақын таныстыра алмадым, аманшылық болса, әлі кездесерміз талай, сау тұр жаным, Таһмина, деп Сербиназ оның маңдайынан сүйген...

 

4.Қалысбай мен Байлархан

  ...Ишанбазардан шыққан Байлархан бастаған керуен, Жызақта екі күн сауда жасауға, әдеттегіден сәл ұзақтау тыныстауға тоқтаған.

  Ұратөбеде сауда дүкендерін ашып, сонда біраз мерзім ақшаны да, сататын мүліктерді айналымға түсірген, Қалысбай кейіннен Ұратөбе үшін Бұхара-Қоқан жанжалы ушығып, сауда мазасы кете бастағасын ондағы дүкендерін біржола Жызақ пен Шардараға көшіргенді. Ол өзіне сенімді адамдарын дүкен саудасына қойып, өзі оларды бақылауға алып, бірде сол Жызаққа, бірде Шардараға, енді бірде Көктерек пен Таскентке келіп, дүкендерінің жай-күйін, сауда жағдайының мәселелерін шешіп, осы шаһарларды аралап жүретінді.

  Қалысбай мен Байлархан осы жолы Жызақта кездескен. Жызақтың үлкен базарының бір шетіндегі гүлзар бақта орналасқан кәуәпханадан дәм алып отырып, өткен-кеткен әңгімелерді айтысты. Байлархан өзінің керуенінің Қарақшы төбеде қарақшылыққа ұрынғанын да жасырмады. Тіпті сонда да керуенінің аман қалғанын мақтанышпен айтқан. Бірақ Исмайылдың жәрдемімен құтқарылғанын онша келісті түрде көрсетпеді. Негізгі құтқарушы өзі және нөкерлері екенін айтып мақтанған. Сосын:

  -Қалеке, есіңізде ме, сонау баяғы Жая хан, сол Жаяның сізді дарға аспақшы болғаны? – деген.

  Қалысбай, бұл сөзге таңданса да, «иә, есімде ғой» - деп басын изей салған. Сонда да «мына түлкі, сонау баяғы оқиғаны не үшін есіме салып отыр? Ол оқиғаны дәл қазір есіме түсіретіндей, соншалық не қажеті бола қойды екен? Оның қазірге дейін уақыт өлшемінен өше қоймайтын салдары жоқ еді ғой. Оқиға өтті-кетті, Жая Арқаға кеткен, ол бұл дүниеде қазір жоқ та шығар, бар болғанымен, енді оның мені ұстап дарға аса қоюына күші келмейтін болар» - деп ойлаған Қалысбай сонда да:

  -Байеке, сол бір әлдеқашан ұмытылып, құрғап кеткен көлдің орнындай кездерді несіне есіңізге алдыңыз? – деді.

  -Еске түсіретін себеп болғасын ғана айтып отырмын, Қалеке, сол Қарақшы төбедегі қарақшылар оқиғасының аарқасында сол жерден біздің керуенге бір қыз қосылды.

  Қалысбай, оқыс басын көтеріп алып, Байларханның жүзіне үңіле қарап қойды. Қалысбайдың мына жағдайы, оның сонау баяғыдағы әкесіне айттыра барған қызды есіне түсіргендігі екендігін Байлархан ұққан. Ұққан да «ә, кәрі түлкі, енді біраз ойланатын шығарсың, әңгімені анықтап айтып беруімді өтінерсің, менің осындағы саудамды  жүргізуіме енді өзің-ақ арзан бағамен келісерсің» деп ойлады. Енді мұны біраз қызықтырайын деген ықыласпен:

  -Қалеке, қызыңыз үлкен болып өсіпті. Көркем, әдемі...,  - деді.

  -Тоқтай тұр, ол өзі қайда, осында әкелдің бе, сен ол қызды сенің қызың деп қалай айтып отырсың?

  -Тура сенің аузыңнан түсіп қалғандай.

  -Ол қалайша, менің аузымнан түсіп қалады? Оның үстіне ол қаңғып, Қарақшы-төбеде қайдан жүр? Менің Көктеректе, Ұратөбеде, Хожандта, Шардарада, Көкшымылдық қойнауында және Қосжарсуатта қыздарым бар. Олар Қарақшытөбеде неғып адасып жүр?

  -Білмеймін, неғып адасып жүргенін, бірақ, ол қыз сенің жаңағы айтқан жерлеріндегі қыздарыңның біреуі де емес. Себебі ол ондай жерлерді бұрын көрмек түгілі атын да естімеген.

  -Иә,  айта бер, айта бер!

  -Айтсам айтайын, бірақ алдын ала келісіп алайық, сен менің керуен басы екенімді білесің, менімен бірге керуенімде бас саудагердің бар екенін де білесің. Мұнда сауда жасағаны үшін салықты сол төлейді. Мен мұнда бекерге қаңғырып жүрген жоқпын. Керуенбасылығыммен бірге сауда жасаймын. Бірақ сол майда сауда үшін мен бас саудагерге баж төлеп отырамын. Онысы мен үшін көптеу болып тұр. Сен менің мүліктерімді өзің сатып бер, сен менен делдал пұлыңды алма. Анығын айтар болсақ, маған түсім көптеу түсу керек. 

  -Сен ең әуелі, жаңағы қыз туралы айт, оның жайын салмақтап көрейік. Егер айтар хабарың аса қадірлі болса, бағасын шығару қиын емес. Бәлкім бір дүкенді саған басыбайлы сыйлармын.

  -Жоқ, сен ең әуелі уәде бер.

  -Сен де дүниенің әбден соңына түскен, боқ домалататын қоңыздай екенсің, айттым ғой, салмақтап көрейік деп.

  -Жоқ, алдын ала келіспесең айтпаймын.

  -Айтпасаң өзің біл, кім білген сенің не ойың бар екенін, бәлкім айтып отырғаныңның бәрі шылғи өтірік шығар?!

  -Өтірік болса нем бар ол қыз туралы әңгіме қозғап, менде бір сүйенетін, шыбықтай дәлел болғасын айтып отырғаным, керек болмаса өзің біл, мен жұмған аузымды ашпадым ендеше.

  -Әліңе қара, әуелі бұл Жызақта мен әкім болмасам да, сол әкіммен бірге «Орақ», «Сүдір» - лерін асықтай иіретін менмін. Мен айтсам бұл жерге тек қана сен сияқты Арқаның қазағы емес, Қоқанның өзбегі де сауда жасауға кіре алмайды. Оданда, бастаған екенсің, әңгімеңді жалғастыр!

  -Өй, өй, Қалеке, бір ашуыңызды беріңіз, мен әшейін сіз неғылар екен деп, әдейі сынап көрмекші едім, қайтемін айтпай, ол әңгімені ішіме сасытып, ол қыз сіздің қызыңыз болуы  керек, сізге өте ұқсас, өзіңіз де тіпә, көз тимесін, қазақтың жігіттерінің ішінде десем аздау болар, адамзаттың сұлуысыз ғой. Осы әр жерде шашылып жүрген көп қатындарыңыз сіздің байлығыңызға емес, сіздің түріңізге ғашық болып тиіп жүр-ау, - деп Байлархан енді Қалысбайға жағынуға кірісті.

  -Әй, көп мақтай берме, көзің өтіп кетер, Арқаның қазақтары қасиетті болады, сен оларға тартпағансың, бірақ жаманның сандырағынан қорық деген бар.

  -Ой, Қалеке, не десеңіз о деңіз, бірақ анау қыз сіздің сонау баяғыда әкеңізге айттырып барған қыздан туылған-ау шамасы.

  -Не дейді-ей, мен ол қызбен бір-ақ рет жуыстым ғой.

  -Ой, Қалеке, оның несіне таңданасыз, туам десе, қатындар сіздің жуысуыңызды күтпей-ақ,  бір көз салғаныңыздан қоздай бермей ме? – деп Байлархан қарқылдай күлген. Мына түлкінің мына сөзіне Қалысбай да езу тартты.

  -Әй, қу түлкі-ай, мақұл айта бер, бір дүкен сенікі, ал ол қыз қайда, қазір осында ма? Менің әкелік сағынышым ояна бастады, көрсетсейші, көрімдігін дайындайын.

  -Көрімдік беретініңізді қайдан білейін, оның үстіне ол қызды сізге әкелемін деген ойым жоқ еді, сізді кездестірем бе, кездестірмеймін бе деген.

  -Не дейді-әй, ажалға бара жатыр ма едің, соншама?

  -Жоқ, Алла сақтасын! Сізге әкелуге ойым бар еді, бірақ сіз ол қызды қабылдайсыз ба, қабылдамайсыз ба, некесіз туылған деп, қуып жібересіз бе, сосын маған бұны неге әкелдің деп дүрсе қоя бересіз бе, деп мен оны әзірше әліптің сыңайын білейін деп, мұнда әкелмедім.

  -Ол қайда қазір? 

  -Ол Таскентте болуы керек.

  -Не дейді, Таскентте? Әй, кәпір, сен ол қыз менің қызым екенін білген болсаң Қосжарсуаттағы Жөкебай шалдың үйіне қалдырып кетпедің бе?

  -Ол туралы тіпті ойламаппын. Таскентке барса бір күнін көрер деп сонда апарғызып тастаттым.

  -Апарғызып тастаттым дейді? Әй, апарып тастағандар сенімді жігіттер ме еді, арам ойдан таза ма?

  -Өзіміздің жігіттер ғой.

  «Қап мынаны-ай» деп Қалысбай ойға кетті. Қазіргі заманда қыздан кім қашушы еді, қыз дегенің алысты жақындататын, жатты туысқан етер, елдің дәнекері емес пе? Құда жекжатты көбейтетін де солар. Некесіз туса да мен одан несіне қашамын. Қайта бір мықтыға тоқалдыққа берсем де, менің ұпайым көбейе бермес пе еді? Түрі маған тартқан дейді, ә?! Олай болса әдемі болар. Аса ірі шонжарлардан құда тауып берейін деп тұрған қыз болды ғой. Қой, мен оны іздеп табуым керек, қайткенде де» деген ойын Байлархан бөліп:

  -Қалеке, не ойлап кеттіңіз, әлгі қазір жүзге толған әкеңізге айттыра барған қалыңдық қыз есіңізге түсіп отыр ма? Сізде байлық жетеді ғой, сауданың түбін түсірдіңіз, енді осы жинаған мал-мүлкіңіздің арқасында бір шаһарға әкім болып, қолыңызды майға бөктіріп отырмайсыз ба?

  -Дұрыс айтасың, әкім болу да ойда бар, бірақ мына Жызаққа әкім болу қиын. Мұнда жемқорлық көп. Бұл жердің әкімі, әншейін біз сияқты байлардың арқасында ғана әкімдік мөрді қолына ұстап отыр. Менің бір арманым Шардараға әкім болу, бірақ ол жерге Таскент мені тағайындамайды. Олар өз адамдарынан басқаны жуытпайды. Сен сөзді басқаға аудармай әлгі қыз туралы айтып бер, - деді Қалысбай Байларханға енді жайдары көңілмен. Байлархан Қалысбайдың көңіліне тимейтіндей сөзбен, майын тамызып отырып, болған жайтты айтып берген. Ол іштей бұл Қалысбай сол қызды тауып ала қояр дейсің бе, онысы қазір Таскенттен әрі, Қоқан, Қошқар асып, Тұрфанда күңдікке кеткен шығар деп ойлаған.

  Қалысбай мына әңгімені естіген соң, қызды Таскент барып іздеуге құлқы болмады, себеп, ол жерде туылып-өскен балалардың өзі, бір-екі көше сыртқа шықса, өздері адасып кететін, оның иір-шиыр көшелерінен қызын іздеп таба алмайтынын білді. Ол енді сонау Қарақшытөбеден, Баймұрат, Қамбарқұдыққа дейін шарлап, сол баяғы әкесіне айттырған бойжеткенді іздеп таппаққа бекінді. Соған кездесіп, мән-жайға қанықпаққа, оған қажет болса жәрдем бермекке ниеттенді.

  Бір-екі күн аз-кем дайындықтан соң, қасына төрт жігіт алып, азық-түлігін артып, Қалысбай Қызылдың құмына Дарминаның шешесі - Қатшаны іздеп табуға сапар шекті...

 

5. Ұзақ сапар алдында

          Жүсіпқожа үлкен ұлы Тұрсынның тойына келген меймандарын біраз әбігерге салғанын айта келе олардан кешірім сұрауды да ұмытпады. Ядгарбектің Дарбазада Қосбалтамен жанжалының соңы бірнеше адамдардың шығынына ұласқандықтан, той өтісімен осы тойға келген Таскент уалиятының жауапты адамдарын тұтқынға ұстаған еді. Жағдайдың бәрін Таскентке барып, ондағы Искандер бекпен сөйлесіп, түсініскен соң Жүсіпқожа Қосжарсуатқа келе салысымен Тілләқожаны, Шарқыбай бек пен Ядгар бекті, еліне қайтарған. Сөйтіп тыныштық орнағаннан соң енді тойға келген бұхаралық меймандарды жолға аттандырудың қамына кіріскен. Қонақтардың жасы үлкендігіне, қызметтеріне қарамай бәріне бес түйеден, он жылқыдан той кәдесін жасады. Қаракөк пүліштен тігіліп, күнқағары алтындалған жібек жіппен оюланған, қазақы айырқалпақ пен шекпен жапты. Қонақтар тойға деп маталардың кейбір түрімен бірге тай-тай мақта әкелген болатын. Оның үстіне кептірілген жемістердің түр-түрін және көзе-көзе шарап әкелуді де ұмытпапты. Алаған қолым береген дегендей енді оның есесі түйемен, жылқымен қайтып отыр. Осы бір мейман шығарып салу кәдесін бітіріп, екі-үш күн тынығып, Жүсіпқожа Шардараға жүрмек ниетте еді. Соны Елмырзаға айтып, бұған қалай қарайтынын білгісі келген. Сонда Елмырза:

  -Жүсеке, бұнда біраз болдық ғой, менің араласатын да онда тірлігім жоқ. Онда тағайындаған билеріңнің кім екендіктерін қосымша хабарларсыңдар. Өзіңізден артылатын тірлік жоқ. Кімді би етіп сайласаңыздар да немесе тағайындасаңыздар да мен құптаймын. Түбінде онымен жұмыс істесетін сіз ғой, менікі әшейін әмірге кеңес беру. Сізді оған мақтап кеңес беруден жалықпаспын, - деген. Одан соң шейх Әбдімүтәліп:

  -Шардарадан медресе ашу жағын қарастырамыз, ол жерге жөні түзу имам қою керек. Жағдай дұрысталып тұрса, үлкен мешіт салуға Бұхарадан ұста шеберлер жіберермін. Тек қана оларға күтім болсын. Тауықтың күркесіндей, бір нәрсені жәпірейіп қоймай, үлкендеу, аумақты, көркем хәм көз тартар, зәулім, биік етіп салдырыңыздар. Әлігі жаңа тағайындайтын шаһар әкіміне, имам мен хазіретке соны баса тапсырыңыз. Дін жолында да пітір мен садақа түрлері көп.  Халыққа айтып түсіндіріп, күш көрсетпей, жетесіне жеткізсе, көпшілік деген кеніш қой, көп түкірсе көл дегені де бар, үлкен мешітке қаржы жинап берер, - деп қолын жайып бата берді. – Сосын, Жүсіп хан, қазір діни білім жоспары бойынша, ілім алудың уағы. Осы күзден қыс айларына дейін медреселерде, Әл-ғибрат пен тауарих жүргізіледі. Мына Мәделі оғлан сол кестеден кенже қалып қоймасын. Лажы болса бұл бала бізбен бірге жүрсін. Бір аптасы не, бір айы не, ақыры оқуға баратын мүрид үшін медресеге, ертерек барғаны тәуір ғой. Мыдарыстармен таныса берсін, өзі жақсы көретін Абдулла абыздан дәріс алар. Ол жарықтықты, Құдай қаласа Бұхарадан ба, Ромитаннан ба тауып алып, үлкен медресеге мұғалім етіп тағайындармын, - деді.

  -Ықыласыңызға мың бір шүкір, дегеніңіз болсын, Мәделі оғлан сіздің қарауыңызда. Осы баламды білімдар, діндар әрі болашақта хан болуға лайық адам етіп шығарсаңыздар болды. Мен дүние мүлкімді аяман. Керек нәрселеріңізді ұялмай айтып, хабар жеткізіп тұрсаңыздар болады ғой. Мына інім Мир Саид ай сайын осында келіп тұрады емес пе, өзіміздің туысқандай болып қалды. Оның үстіне балам Исмайыл да екі айда, үш айда Бұхараға барып тұрады емес пе? Бұрын Мәделі балам Таскентте оқып жүргенде Таскент биіне айына отыз ділдә, әкіміне жиырма ділдә беріп тұратынмын. Сол бағаны сіздерге де беремін айына.

  -Жо-о-оқ, қам жемеңіз, Мәделі оғлан мемлекет қазынасының есебінен оқитын болады. Сізден үстеме алмаймыз ғой. Мемлекет қазынасынан басқа бізде мешіттерден түсіп отыратын түсімнен де білім-ілімге бөлінетін қаражат бар. Балаларды оқытуға сол жетеді, - деп шейх Жүсіпқожаның беріп тұрармын деген қаржысына қарсылық көрсетті.

 

 

 

 

 

ІҮ-ТАРАУ

АРМЫСЫҢ, ҚАСИЕТТІ ШАҺАР – БҰХАРА!

 

1.Жапандағы жалғыз үй

               Бұхаралық қонақтар Қосжарсуат өткелінен аман есен өтіп, Қызылдың құмын бетке алып жүре берді. Мәделі Мир Саидпен қапталдаса отырып, астындағы Көкбестісін тебінбей еркіне жіберген. Көкбесті есті жануар ғой, бір қалыпты жүрісімен Мир Саид мінген қара аттан не озбай, не қалмай жортып отырды. Қосжарсуат қол бұлғап артта қалып бара жатты. Сырдың арғы бетінде жиекті жағалай қоштасып тұрған ағайын-туыстың арасында орамалын бұлғап «тез оралғайсың, мен сені сағына күтемін» деп қимастықпен қош айтысып Таһмина тұрғандай, Мәделі артына қарайлай, қайта-қайта мойнын бұра берген. Мойнын бұра, қадала қарай берген. Қосжарсуат бұлдыр сағымға айналғанша қарай берді...

 

  ... Мәделі мен Дармина ілескен бұхаралық қонақтар Қарақшытөбе мен Қостөбеге кеш батып, қараңғы түсе ілінді. Жан-жақтың қандай жер екенін іңір қараңғылығынан ажырату қиынды. Тек қана жүргіншілерді бастап келе жатқан Мир Саид пен оның жолға кәнігі болып қалған жырындылары болмаса басқалары жолдың қай тұсында келе жатқанын да, қандай өлкеде өтіп бара жатқанын да білместі. Қостөбенің құдығы басына да бір қонып алуды ұйғарды бұлар.

  Таңалакеуімде оянған Мәделі орнынан тұра сала, қасында құрылған қос жанына барды. Қостың ішіне бас сұқпай, сырттан:

  -Дармина қыз, ояндың ба? – деп дауыстаған.

  Қос ішінен дыбыс шықпады. Енді Мәделі қаттырақ айқайлаған. Оның даусынан оянған Мир Саид бек, тағы да екі-үш жігіт әудем жерден бастарын көтерісіп:

  -Мәделі оғлан не болды? – деген.

  -Мына қыз жауап бермейді.

  -Жауап бермесе, қостың ішіне басыңды сұғып, байқасаңшы, ішінде бар ма екен, ә, бәлкім, шай қоюға шөпшек теруге, әлде басқа шаруамен қыр асып кеткен болар.

  -Қосқа оның рұқсатынсыз басымды сұқсам, ұят болмас па екен?

  -Ұялсаң қаттырақ айқайлап оят, ол бәлкім ұйқықұмар қыз шығар, қайткенде де сығалап, байқап көруіңе тура келіп тұр, - деп Мир Саид күле сөйлеп, Мәделінің қасына келді.

  Мәделі бір, екі рет Дарминаның атын атап, дауыстап, одан жауап болмағасын амалсыздан, кенеп матадан жасалған қостың ішіне жайлап басын сұққан. Қостың ішінен, анау қу қыз мұның маңдайынан періп қала ма деген күдік те жоқ емес.

  Бірақ қателесіпті, қос іші бос, қыз көрінбейді. Қыздың жоқ екенін көрген Мәделі дереу Мир Саидке айтты. Мир Саид қарауылды шақырып сұраған. Ол:

  -Бағана, дала енді жарықтала бергенде анау құм белге шығып бара жатқан. Арамызда жалғыз әйел заты болған соң, оның өз шаруасы бар шығар деп ешнәрсе демегенмін. Тіпті оған көңіл де аудармаппын. Әлі қайтып келмеген бе, немене? – деді.

  -Келетін уақыты болды ма?

  -Қайдан білейін, әйтеуір сүт пісірімдей уақыт өтті.

  -Онда тағы бір сүт пісірімдей уақыт күтейік, қане, қарап тұрмаңдар, шай қамына кірісіңдер, шай ішіп, таңғы асымызды ішіп, жолға шығайық, - деп Мир Саид жолаушыларды қамдандыра бастады. Елмырза бек пен Әбдімүтәліп шейх дәрет алуға қыр асты. Тез арада сәрідегі қарбалас басталып кеткен. Шідерлі аттарды айдап келуге, жетектегі қос түйенің үстіне артылар жол азықтары мен су торсық, метейлерді жинастырып, буа бастады нөкерлер. Құдықтан су тартылып, әуелі түйелер, сосын жылқылар суарылды. Шай да қайнап, жолаушылар дастарханға жиылған. Дарминадан әлі хабар жоқ. Ол қыз кешіккен сайын Мир Саид пен Мәделінің дегбірлері қаша бастады.

  -Мир Саид бек, маған рұқсат етіңіз, мен барып Дармина қызды іздеп келейін, - деп енді ол ішіп отырған шайын қоя салып орнынан түрегелген.

  -Қасыңа екі нөкер ал!

  -Нөкердің керегі не, бәлкім ол қыз анау қырдың астында, ішін ұстап отырса қайтемін, оның тірлігіне араласып, нөкер ертіп барғаным ұят болмай ма?

  -Жоқ, олай деп ойламаймын, өз тірлігімен отырса, қазір келетін уақыты болды оның, нөкерлерді ертіп ал, кім білген, бәлкім қарақшылар қолына түсіп қалды ма? Олар ол қыздың қол аяғын байлап тастап, енді оны іздеп келетін адамды күтіп отырған шығар. Бір нөкер сендерден кейін жүрсін, сезікті нәрсе болса хабарлар, - деп Мир Саид бір нәрсені сезгендей нықтап тапсырды.

  Мәделі нөкерлерден алға оза Көкбестіні асықтыра түсті. Бұйрат құм әжептеуір биіктеу. Ол тастақ таулардай тік жарлы биік емес, жалпая жазылып жатқан қыр. Оның төбесіне шығып, арғы жағына асу үшін беткеймен бие сауым уақыт жүруің керек. Мұндай бұйрат құмдар көп, бәрі жалғасып кете барады.

  Мәделі, мына қыз алдымнан қандай жағдайда шығар екен деп ойлана-ойлана бұйраттың төбесіне де жақындаған. Ол енді аттан түсіп, еңбектеп, бұқпантайлап, бұйраттың төбесіне барып, басын сәл көтере аңди, арғы жағына көз салды. Сусылдаған құм үстінде қыздың ізінен басқа ештеңе көрінбейді. Қарабұта мен жүзгендердің, сексеуіл мен жыңғыл түптеріне алыстан көз сала бажайлады. Тірі жан көрінбейді. Құм бетіндегі із, алыс көкжиекке бір өзі кете барған.

  Мәделі бұйраттың төбесінен бері түсіп, Көкбестіге қайта мінді де, бұйраттан әрі асып кетті. Үшеуі құм бетіне түскен қыз ізінен жаңылмай, аттарын асықтыра жүріп отырды. Ізден адаспай, оны қуа оншақты шақырым жүргеннен соң, алдарынан бір ескі мал қора көрінген. Содан садақ тартым жерден ұзақтау арақашықтықта бұлар тоқтап, мал қораға бажайлап қарап алды. Мал қора жүдә ескі болғанымен, құр емес сияқты. Мал байланған болар. Көп болмаса да аз-кем болған, әлде болды, әлде болар. Ол жағы беймәлім. Себеп дәл қазір ол қорада мал көрінбейді. Бәлкім өрісте болар. Қораның оң қапталында тігулі киіз үйдің сұлбасы жартылай көрініп тұр. Жартысы қораның арғы жағында жасырылған. Үйден кіріп-шыққан ешкім байқалмайды.

  -Бұл жер қарақшылардың мекені болмауы керек, қалай ойлайсың? – деп Мәделі нөкер Шаюсуптан сұраған.

  -Кім білген, қарақшыларға сенім жоқ, оларда бірақ дәл мынадай жасаған қоралар болмайды. Олар егер біреуден баса көктеп тартып алса, ол жерде дем алып, тынығып, тағы да сол маңайды тонап, бір ай, жарым ай жүруі мүмкін, содан кейін ауыстырады.

  -Түсінікті, онда сендер осында анау сексеуіл түбінде мені күтіп жата беріңдер. Ол жерде ешкім болмаса немесе Дарминаны кездестірсем белгі беремін, ал, тез арада белгі ала алмасаңдар, керуен жолға қарай өкшелеріңді көтерерсіңдер. Сол барған беттеріңмен Бұхараға қарай қаша бермей, мені құтқарып алу естеріңнен шығып кетпесін, - деп Мәделі күлді де, жайлап, бір басып, екі басып, жаяу киіз үйге қарай аяңдады. Қораны айналып өтіп киіз үйдің дәл есігінің алдынан шықты. Тырс еткен тіршілік белгісі білінбейді, бірақ піскен нан мен еттің иісі аздап-аздап сезілгендей. Бұл енді, қанжарын қынынан суырып, жайымен басып, киіз үйдің ашық тұрған есігінен сығалай ішке қарады. Төр алдында бүк түсіп Дармина жатыр. Үй жасаулары жартылай жинастырылған. Нан мен еттің иісі дәл осы үй ішінен шығып тұр. Тіпті үй ортасындағы ошақтың оты бықсуда. Жартылай жанған тезек қоламтасы майда көк түтінін сыздықтатып шығаруда еді.

  -Дармина, бізден қашып кетіп, тығылған жерің осы ма? – деді Мәделі есік                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                босағасына сүйене ішке көз сала.

  Бұл дауыстан оқыс селк ете қалған Дармина басын көтеріп алып Мәделіге қараған. Көзі бұлаудай болып ісіп кетіпті. Әбден жылап, енді шаршағасын, шала ұйқыға кеткен сыңайлы.

  -Бұл кімнің үйі?

  -Біздің үй.

  -Әке-шешең қайда?

  -Білмеймін, әкем баяғыдан жоқ. Шешем...

  -Келіп қалар ма екен? Мына жапан шөлде қайда барып келуші еді?

  -Еш қайда, малды өріске айдап кеткен шығар десем, ондайға ұқсамайды. Қорада малдың жас қиы көрінбейді. Соған қарағанда шешемде бір-ақ мал қалған да, соны сойып жеп, пісіріп, бүгін бұл жерден біржола кетіп қалған-ау, шамасы, әлде біреулер алып кеткен. Себебі, жылқылардың жаңа іздері бар. Үйдің іргесі мен артына ескі-құсқыларды жауып тастапты. Киімдердің кілең жыртық жарамсыздары ғана қалыпты.

  -Олар кім болды екен, шешеңді алып кеткен?

  -Білмей отырмын.

  Бір салым уақыт өткесін Мәделінің есіне әлгі нөкерлер түсті де, Дарминаны асықтыра үйден алып шықты. Қолынан жетектеп, тез-тез Көкбестіге мінгестірді де, әлгі Мир Саид күтіп отырған тұсқа қарай шапқан. Мир Саид бастаған қарулы топ бұның қарсы алдынан бұйрат төбесінен көтеріле шауып шыққан.

 

2.Орнығу.

 

  Бұхараға кіріп келгенде, Мәделі «Мың бір түннен» оқыған ертегі шаһарға енгендей әсерде болды. Күмбезі көк мұнарланған биік үйлер көп екен. Әсіресе шет-шеті көркем оймышталған мұнаралар ғажайып көріністерімен көз тартады. Тас төселген көшелері тап-таза. Кейбір көшелері жым-жырт, адам тұрмайтындай, ел енді бір көшелер ызы-қиқы шулаған базаршылар мен жүргіншілер. Саудагерлерден аяқ алып жүргісіз. Қазақы киінгендер, ілуде біреу болмаса жүдә аз. Оның орнына бұл жерде өзі бұрын көрмеген киімдердің небір түрлерін киген жүргіншілер көп екен. Беттеріне әйнектей жұқа пәренже жапқан, көйлектері небір гүлге боялған, бірақ аяқтары жалаң қыз-келіншектерді көрді, кейбірі тіпті аузы-мұрнын орамалмен таңып та алады екен. Бастарына жеңінің бір ұшын киіп алып, яшмақтарының жағасын ауызына тістеп, сары жылтыр дөңгелек топпы киген түркмен әйелдерін де көрді.

  Қызық. Таскентке қарағанда мұнда тұрмыстық киім үлгілері айырмашылығы ат пен түйедей. Мұнда киімдердің бояу өзгешелігі көп. Кімнің қай ұлттан екенін киім киісінен бірден-ақ тануға болады екен.

  Әмірдің сарайында бір күн қонақта болды. Ертесіне әмір Насыролла өзіне шақырып алып.

  -Мәделі оғлан, оқу білім іздеп келіпсің, оның жақсы болған. Енді соның қамына кірісуің керек. Сені осы сарайдың оқытушыларының қарамағына беріп, жатын жеріңді де осыдан сайлауыңа болар еді. Онда өмірдің әр алуандығын байқамай мұндағы өміріңді біржақты өткізіп аласың ба деп отырмын. Қалай болғанда да жас адам өз бетімен өмір сүруге талпынғаны дұрыс. Сені сарайда құрметті меймандай күтіп, оқытуыма болады. Бірақ етің де, мінезің де сондай молшылық пен өкім етушілікке үйреніп кетеді де, болашаққа, үлкейіп бойыңа адамгершілік жинақтауыңа нұқсан келе ме деп ойлап отырмын. Лажы болса өз еңбегіңмен өмір сүргенге не жетсін. Өз еңбегіңмен деп отырғанда сені бір тас қопарып, көше сыпыр деген сөзді айтып жатқаным жоқ. Өзіңе лайықты нәрсені істей берсін деген әкелік ниетім. Абдулла қожа Субхан Ата медресесінде дәріс оқытып жатқан көрінеді. Мен саған бір қызметші беремін. Сол сені сонда апарады. Сол атаңның білімімен сусындайсың. Енді жатын жердің жағдайын ойланатын болсақ, онда сол қызметші – түркмен жігіт, Мерет тауып береді. Әлгі қасыңдағы өзіңмен бірге еріп келген қызметші қызың екеуің тұрарсыңдар. Екеуіңе жапсарлас тұрған екі бөлме тауып берсе жетер. Сосын аз-кем ақыл айтып қояйын. Қызметші қызыңмен бір бөлмеде жатпағайсың. Бұл жер қазақтың кең даласы емес, киіз үйде аяқтасып жата беретін. Бұхарада олай істесең әңгіменің астында қаласың, өзбек байыса там салады деген мақалды білетін шығарсың. Мәгәрки Мерет қызметші бір бөлмелі пәтер тауып, осында бола беріңдер, екі бөлмелісін кейін тауып берермін десе көнбе, қайткенде де таптырып ал. Мен саған қызметшің қыз болғандықтан ғана бөлек тұр деп отырғаным жоқ, сонымен қатар жалпы қызметші, күң, малайларды бөлек ұста, оларды сыйлап, жақсы көріп, өзегің үзіліп бара жатса да, іргең аулақтау болсын. Сені мұнда ханзада деп есептейді, жүрген жүрісің де, сөйлегенің де, мейлі ол саудагер болсын, мейлі ол кедей болсын, мейлі ол әкім болсын, өзіңді биік ұстауға тырыс, сосын қысқа жауап беруге дағдылан. Көшеге көп шықпа, керек жағдайда Меретпен не болмаса сол пәтер алған жерде танысқан дұрыстау адамды ертіп шыққаның жөн. Көшеде өзіңе-өзің сырт көзбен қарап жүр. Шаһар ортасында тәртіп бұзудан аулақ болғайсың. Ханзадалық рәсіммен бекзаттық танытып жүргейсің. Өзбек-қазақ бауырлас халық. Дегенмен бұл жерде қазақтан гөрі өзбек көп. Сондықтан лажы болса көбінесе солардың әдет-ғұрпын сақта. Одан ұтылмайсың. Саған қызметші етіп түркмен жігітін беріп отырмын. Олай ету себебім, бұл шаһарда түркмендер де қазақтар сияқты аз. Екеуінің сөздерің жарасар деп ойлаймын. Егер өзбектен не сарттан қызметші берсем, қанша дегенмен жергілікті ағайындары мұнда көп қой, бірде болмаса, бірде сөзі тиіп кете ме деп ойладым, сенің айтқаныңды шала-шарпы істеп, дандайсып кетсе, сен де қарап тұрмассың. Ренжу, ұрыс-жанжал содан шығады. Ол мен үшін жақсы емес. Атаң Жүсіпқожа алдында екеуміз де ыңғайсыз жағдайда қалармыз. Медреседе пәлсапа, тауарих, әл ғибрат пәндеріне қызығып кетпей, дін тауарихы мен маңызына, оның құрылымы мен даму мәселелеріне көңіліңді көбірек бөлгейсің. Алғашқы айтқан пәндеріне көп қызықсаң, ақыры ол сені жынды етіп жіберуі мүмкін. Пәндер жаратылысы да, пайымдаулары да, дәлелдері де өзінше дұрыс заңдылық, бірақ ол қазіргі саяси құрылымға қайшы. Саясат ілімнің негізін, айтқанын көтере алмайды. Тіпті керек десең діннің де кейбір тармақтары мен Пайғамбар хадистерінің бірлі-жарымдарын қазіргі өмір көтере алмайды. Онда: «адамның бәрін өзіңдей көр, қолдан келгенше жақсылық істе» дейді. Онысы дұрыс, дәл сенімен мен жұрттың бәріне бірдей жақсылық істей алмаймыз. Ол үшін халықтың бәрі бірдей болуы керек. Ал мұнда, бұл шаһарда бәрі бірдей емес. Бұл шаһарда байы да, кедейі де, жақсысы да, қарақшысы да, қашқыны да, ұрысы да, бейшарасы да, малсыздары да бар түрлі-түрлі халық.  Енді солардың бәрін бірдей ету үшін күресем дейтін адам әуелі оқып білім алу керек, айналаңдағы адамдардың көзін ашып, Құран Кәрімді шын мағынада үйрену керек. Ауылды жердегі, айтқандарының жартысы өтірік дүмше молдалардың орнына білімді, салихалы діни білгіштермен ауыстыру керек. Оған уақыт керек. Қазіргі мемлекетаралық саясат та солқылдап тұр. Көршілеріміз Хиуа да, Қоқан да, Орыс пен Қытай да, Иран мен Қазақ елі де солқылдап тұр. Біріне-бірі жәрдем беріп, оқу білімге ұмтылудың орнына, көздерін алартып, бірін-бірі жеп жіберуге дайын. Мен көбірек сөйлеп кеттім-ау деймін, Мәделі оғлан. Оқығаның жақсы, қажет жағдайда келіп тұр, сарай есігі сен үшін әрдайым ашық. Мир Саидпен хабарласып тұрғайсың. Хош саған кетуіңе рұқсат, - деген әмір иіген шырай танытты.

 

  Мәделі Мерет тауып берген бір түркменнің пәтерінде тұрып жатты. Үлкен үйден бөлек, оңаша салынған қоржын там екен. Жері үлкен. Бау-бақша жеміске малынып тұр. Қазір күз болғасын әсіресе күздік шабдалы мен алхордың бұтақтары жеміске тола. Қауын мен асқабақ жылтырап теңкиюде. Қоржын тамның бөлмелерінің үлкендіктері бірдей, ішіне түркменнің қызыл ала қалылары төселіпті. Жатын ағаш төсек қойылған. Мыстан жасалған шырағдан, аяқ-табақ қоятын ағаш кебежелер бар. Мереттің үйі де бұл жерден онша қашық болмады. Ол керек уағында осында болып, базардан азық-түлік әкеліп беріп, кешкілік үйіне кетеді. Бір бөлмеде Дармина тұрып жатты...

  Бұл қызды Қонысайым баласына ертіп жіберген. Шайын қойып, тамағын істеп беретін қызметшілікке тағайындаған. Іші пысып жалғызсырамасын деген. Бірақ бойдақ балаға бойжеткен қызды ертіп жіберу, қасқырдың қасына қойды жолдас еткенмен бірдей екендігін Жүсіпқожа күліп отырып айтып еді. «Менің балам ондай әдепсіздікке баратын бала емес, ешнәрсесі  жоқ, ағалы-қарындастай болып жүреді, қайта сіз шығар, кәрі арыстандай болып, сол қызға сұқтана қарай бергеніңіз, қазақ байыса қатын аладының керін келтіріп, дәмеленіп қалғаннан саумысыз, - деген. Жүсіпқожа қатты ұялып қалды. Тура әнеукүнгі Асқар екеуінің әңгімесін мына Қонысайым естіп қойғандай болды. Мына қыздан қызғанып отыр ма, іштарланып. Анау бәйбіше мен үлкен тоқалдың жандары кең жайлау екен ғой, бұл Қонысайымға үйленгенде де бір көлденең мінез көрсетпеген. Қойқан мынау қыздан құтылғысы-ақ келген екен. Мейлі барса барсын. Мәделіжанға серік болар. Бұл жерде қазақ арасында сіңісе алмай жүре ме, ол жер не дегенмен өз ұлтының көп тұрақтаған жері ғой, деп ойланып та қойған.

 

3.Абдулла абыздың әңгімесі

          Яғмыр аға жылқы базарда делдал болып істейді екен. Мұнда күнара базар. Жұма күні шаһар бойынша мешітке намазға жиналады. Осы күнге дөп келсе базар тоқтатылады. Түс қайта атжарыс болады екен. Яғмыр делдалдығымен бірге шабандоздардың махалласында сейіс болып та істейтін. Сейістігімен бірге ол білгір ат сыншысы. Жарысқа түсер жүйріктердің қайсысының озар бағы бар екенін алдын ала айтып та береді. Айтқаны көбінесе расқа айналатын немесе ең болмағанда көмбеге екінші болып келетін. Ол Мәделінің Көкбестісін көрген заматта-ақ, мынау бір нағыз дүлдүл екенін бірден байқаған. Аттың болмысынан танитын атбегі мына қазмойын сылаң көкті бірден-ақ Ақалтеке тұқымының таза қаны екенін байқаған. Мұндай асылдың бағын байламай, бәйгеге қосу керектігін, оған дейін ептеп баптау қажет екенін Мәделіге айту керек деп білген. Оқудан бос кездері Мәделі үйде жатып алып кітап ақтаратын, Дарминамен әжіке-күжікелесіп, анда-санда әңгіме айтысатын. Енді Яғмыр ағаның мынаусы тіпті жақсы болды. Көкбестіні сейісханаға апарып, баптайтын болды. Айына бір ділдә төлеп ерекше күтімге алдырған. Айына немесе қырық күнде болып тұратын ат жарысына дайындалып жүріп, сол жарыста екінші бәйгені алған. Бәйге сыйлығы да мол болды. Екі түйе мен отыз қой болды. Оларды айдап келген Яғмыр ағаның қуанышында шек жоқ.

  Кешкілік осы жетістікпен келген мол сыйлықты бас қосып атап өтуге Яғмыр әйелі Оғылкерек дайзаға айтып, оған мол етіп тамақ істеткен. Өзіне жандары жақын, аралас-құралас болып жүретін үш-төрт қарияны қонаққа шақырды. Мәделіге де: «Балам, анау қарындасың екеуің бүгін біздің үйде қонақта болыңдар, жақсы әңгіме айтып үйде отырайық, сосын анау Меретті шақыр, медреседе жақсы көріп сыйласып жүрген мыдарысың болса, оны да шақыр, басқа кім бар, оларыңа да айтқайсың» деген. Мәделі Меретті тез тауып алып, «егер шаһарда болса, Мир Саидты шақырып кел, сосын Абдуллақожаны үйге ертіп кел» деп жұмсады. Өзі Дарминамен қонақ күтуге Яғмыр ағаға жәрдемге кіріскен.

  Отырыс таныстық білістіктен басталып, одан әңгіме-гүрріңге ұласты. Арасында Яғмыр сазандалық күйшілігін көрсетті. Түрікпенше дутарды жақсы тартады екен. «Бұл да біздің домбыраға ұқсас екен» - деді Мәделі дутарды ұстап көріп.

  -Сіздерде бұны не дейді?

  -Біздерде домбыра дейді, пернесі қойдың ішегінен жасалады, ал сіздің дутардың пернесі сым темір екен.

  -Дұрыс, сіздердің домбыраларыңыздың пернесі қойдың ішегінен жасалса, онда ол Тұранның ең көне аспабы екен.  Біздің дутар одан кейін, сым темір өмірге келгеннен соң, ойлап шығарылған болуы керек. Дутар деген сөздің өзі екі нәсілдің құрама сөзі, «Ду» - дегені парсы-тәжіктің «екі», ал «тар» дегені тармақ, талдау деген тұран сөзі. Сонда дутар деген сөз екі ішек, екі тармақ, дегені ғой. Асылы сымтемір ішек, Жаурупадағы күй аспаптарының осында әкелінген үлгілерінен алынса керек, - деп Яғмыр одан әрі түсіндіруге кірісті. – Ал енлі мына бір күй аспабын көрсетейін, ондай аспап сенің еліңде бар ма, бар болса қалай аталады? – деп дутарға ұқсаған, бірақ одан әлдеқайда кіші, шанағы домалақ аспапты басқа бөлмеден әкеліп көрсетті.

  -Е, бұндай да бар біздің қазақта, бұны қобыз дейді. Бірақ біздің қобыздың шанағы ашық тостаған сияқты болады. Сіздердікі домбыра сияқты екен, бірақ шанағы былғарымен күптелген бе қалай? Мына ысқысы да өзгешелеу. Біздің қобыздың ысқысы балдағы иінді болып келеді, сіздердікі түзу екен, кәне бұның атын не дейді, шалып көріңізші, дауысын есітейін.

  -Бұның атын «ғыжақ» дейді, қазір шалып көрсетейін, - деп Яғмыр ғыжақты оңтайлап тізесінің үстіне қойып, ысқыны оң қолында ұстап, ысқылай бастады. Аспап, пештің үстінде асықпай қайнап жатқан шәугім дауысындай ыңылдаған түрлі әуен шығара күй төге бастады. Оған қосылып Яғмыр түркменнің халық әнін айтып берген. Ән Қазтуған жырларының негізіндей екен. Жұлқа тартатын кездері де, баяулап сыңсып тұратын сабырлылығы да бар екен.

  Тамақ жеп болып, біраз күй тыңдаған. Шумақ аяқталғанда «йық-йық» деген қайырмасы да қызық естіледі. Енді Абдулланы ортаға алысты.

  -Ата, кәне, сіз көп жасап, көп кезгенсіз, көп көшті көргенсіз, бізге бір ұлағат болар әңгіме айтып беріңіз, - деп қолқалаған.

  -Жарайды айтайын, көргенімді емес, білгенімді айтып берейін. Көргенін әркім-ақ айта береді, ал енді білгеніңді айту қиын. Ондай нәрсені білім дейді. Сол білімнен сендерге шет-пұшпақтап жеткізіп көрейін, сенсеңдер сене қоярсыңдар, сенбесеңдер ан-санда ойға алып жүрерсіңдер! – деп Абдулла қожа ыңғайланып отырып, бір әңгімеге кірісіп кетердің алдында көпшілікке қарап:

  -Сіздер осы адамзат ғұмырының қаншаға созылатынын білесіздер ме? – деді.

  Мынадай тың сұрақ көпшілікті ойландырып-ақ тастады. Тахирмулла деген ақсақал:

  -Адамзат ғұмыры ақырзаман болып, жерлерді топан су қаптағанға дейін созылатын шығар, енді оны Алла біледі, - деді. Басқалары да бір ауыздан «Иә Жаратқанның бір өзіне мағлұм болар, біз оны білмесек керек» - дегенді айтты.

  -Өте орынды, бірақ сонда да менің ойымда бір ғажайып пікір бар. Егер діни саясатқа қарсы пікір болса, бұл әңгімені тыңдап болғасын, басқа жерде ешкімге айтпаймын деп уәде беріңіздер, - деді Абдуллақожа тағы көпшілікке қарап. Тахирмулла тағы да іліп әкетті.

  -Ғұлама, пірадар, егер ол пікіріңіз тікелей дінге қарсы болса, жұмған аузыңызды ашпай-ақ қойыңыз, бекерге мына жерде отырғандар бірді-екілі жастарды жолдан тайдырып жүрерсіз, - деді көзін ежірейте.

  -Абдулла қария өзі хазірет  бола тұрып жолдан тайдыратын әңгімені айтпайтын шығар, ондай әңгіме болса, мынадай пікірім бар деп те сөйлемейтін болар, неде болса айтып көріңіз, - деп Яғмыр ынталана қызығып отырғанын білдірді.

  -Айтыңыз!

  -Айтып беріңізші, - деп көпшілік қауқылдасып қалды.

  -Мақұл айтайын, сонау бағзы замандарда Алла-тағала Адам Ата мен Хауа Ананы жаратыпты дейді.

  -Е, мынауың жөн екен ғой, - деп жаңа шәлекей-шалыс қырын қарап ыңғай бермей отырған Тахирмулла қария күле қарады.

  -Сол Адам Ата мен Хауа Анадан тараған ұрпақтар адамзаттың жаратылысының алғашқы кезеңі есептеледі. Сол жаратылған кезінен осы заманға дейінгі адамзат дамуын осы қазіргі жаңа туылған нәресте мен қырыққа келген жігіттің аралық өмірімен салыстыруға болады. Адамзат алғашқы жаратылғанда нәресте сияқтанып іңгәлап бақырудан өзге сөз білмейді екен.

  -Тіпті жүре де алмай ма сонда?

  -Иә, алғашында жатып алған, айналасындағылармен істері болмаған. Сосын қимылдап, еңбектеп жүрген. Ауызына не іліксе соны жеген. Содан уақыт өте келе жеті жастағы баланың мінезіндей де дәуір келген. Ол дәуірде адамдар сөйлеуге енді машықтанып келе жатқан, тілмен сөйлеуді ойлап таба бастаған кезі. Олар оның алдындағы бірнеше дәуір бұрын еңбектеп қимылдағаннан, орнынан тұрып жүруді үйренген еді.

  Содан бірнеше мың ғасыр өткесін он екі-он бестегі жасөспірімдердің әрекетіндей құрал-сайман, қару жарақ ойластыра алатын болыпты. Он сегіз-жиырмадағы жігіттік шақтық дәуірі де келіп, олардың бірімен-бірі алысып-жұлысып төбелесіп жүретіндей, енді адамзатта әртүрлі қарумен, мемлекет пен патшалыққа бөлініп қырғын соғыстар дәуірі болған. Адамзаттың жігіттік, балалық шағынан енді үлкею сәтіне көшеді. Енді ақылмен ойланатын дәуірге өтіп, қала-шаһарлар салып, киімнің небір түрлерін, тігін тігіп, су тартып, егін егіп, өзі жасайтын там ойлап тауып, өзі от шашатын қару, өзі жүретін арба ойлап шығара бастайды. Бос жатқан жерлерге түгелдей егелік етеді.

  -Қазіргі дәуіріміз, адамның қанша жасар кездегісі деп ойлайсыз, - деді Тахирмулла енді әңгімеге қызыға қарап.

  -Қазір сол қырықтар шамасында-ау, менің ойымша, қырықтағы қылшылдаған уағы, қазір екі ұдай жағдайда ғой, қып-қызыл төбелесі де бар, ел қамын ойлайтын ынтасы  да бар, білім мен өнерді білсем деген ұмтылысы да бар.

  -Ал ендігі адамзат болашақта қалай болмақ, соны да айта салыңызшы, - деді Яғмыр асыға.

  -Келешегі зор ғой адамзаттың, елудегі шағы жетіп, ісін тек ақылмен атқарар, алпыстағы шағы келіп жұрттың бәрі дана болар. Бірақ жетпіске жеткендегі дәуірлерге қызықпаса да болады. Ол уақыт адамзат еңбектенуден қашып, дайын нәрсеге әуес болады. Сексенде билік бәйбіше мен тоқалдардың қолына өтетіндей, ол заманда әйелдер барлық істі басқарады. Патшасы да, ұлығы да, хан, әмірі де әйелдер болады. Тіпті сол кездегі ұрпақ мәселесі де қиындай түсуі мүмкін. Сексен-тоқсандағы шалға жас тоқал әпермесең, бәйбішесінен ендігі жерде ұрпақ өндіруіне күмән болар. Әлгі жас тоқалдың орнына баланы қолдан жасайтын аспап ойлап табылар. Бірақ ол көпке ұзамайды. Адамзат сөйтіп әлсіреп өзінен өзі жойылуы кәдік, - деп Абдулла қария көршілеріне көңілсіз қарады.

  -Ой, пірім-ай, мына сөзіңіз кісіні ойлантарлық нәрсе екен.

  -Құдай сақтай гөр!

  -Ол заманға әлі көп уақыт бар шығар? – деп Яғмыр көзін алақ-жұлақ еткізіп Абдуллаға қараған.

  -Қорықпай-ақ қойыңыз, сіздің жетпісінші ұрпағыңыз ол заманға жете қоймайтын шығар, бірақ бір айтарым жас балалық кезімізде, осы уақыт деген шіркінді өткізе алмай-ақ қоюшы едік қой, ал қазір қарасаң сол баяғыда өткізе алмайтын уақытымыз енді зымырап өтіп, өзімізге жеткізбей өтіп жатыр емес пе? Енді соған қарап ойлаймын, адамзаттың сол балалық дәуірінде ұзақ-ұзақ ғасырларға созылған. Сол уақыттардағы өзгерістер кезеңдерінің аралығы жүз мыңдаған ғасыр болса, ендігі өзгеру кезең аралықтары жүз мыңдаған ғасыр емес одан он, жиырма әлде елу есе аз болар, тіпті болашақтағы өзгеру кезеңдері аралығы одан да қысқарады.

  -Құдай сақтай көр! Сонда қазіргі кезгі адамзаттың қырық-қырық бес шамасы ғой, ә, әлі уақыт бар екен, - деп Тахирмулла жымыңдап күліп қойды. Сосын:

  -Қой, хазірет, мұныңызды қара халық естімесін, әсіресе әмір Насролланың сарайындағы шейх Әбдімүтәліптің құлағына тимесін. Алдын-ала болжам айту – Құдайға күпірлік. Алла не істеймін десе өз еркі, оған шәк келтіруге болмайды, - деді.

  -Иә, Рахымы күшті жаратқан Алла, өзі біледі, менің әлгі ертегім әшейін бір пікірім ғой, жаман көріп, «жақтыр-жақтырма» деп айтпаймын, бірақ естіп едік ешкімге айтпай-ақ қойыңдар, - деп Абдулла көпшілікке қараған. Сөйтіп енді ондай әңгіме айтпай-ақ қояйын деп отырып, бірақ тағы бір әңгімені бастап қойғанын өзі де байқамай қалды. Оған себеп болған өзіне шікірейе жақтырмай қарап қалған Гочы шал еді. Міз бақпай одырая көз салып отырғаны, тура аумай қалған сүзеген текенің шабуыл алдындағы кейпіне ұқсап тұрған. Сонысын көрді де:

  -Гочы, бір әзіл айтайын, адамның түрі мен мінезі сол адамның есіміне де байланысты болатынын білесіз бе? Сіздің мына отырысыңыз тура сүзеген қошқардың отырысы, - деп еді, жұрт ду күлді.

  -Шынында да көп жағдайда солай болады, мен туылғанымда нағашым қошқар әкеліп сыйлаған екен. Түркпендер не болса, соны ырым етіп ат қоя береді ғой. Әкем сол үйге келген қошқар ырыс болсын деп Гочы /қошқар/ деп қоя салған.

  -Әй, қайдам, нағашың ешкі әкелсе, гечі /ешкі/ деп қоймас еді-ау, қошқар әкелгені қандай жақсы болған, - деп Тахирмулла құрдасына қарап жымиды. Жұрт ду күлді.

  -Жоқ, шындығында олай емес, менің тағы бір пікірім бар, оны да тыңдап алыңдар. Адамның мінезі мен түрі ол адам жанының бұрын кімнің денесінде болғандығында. Нәресте туылғанда, оның кеудесіне жан кірерде ол қайдан келді... соған байланысты. Егер ол бұрыңғы өлген сиырдың жаны болса, бала сиыр мінезді болады. Түлкінікі болса, сұм, айлакер, түрі де түлкінің түріндей сумаңдап тұрады. Батыр, жаужүректер арыстанның, аюдың, жолбарыстың жандары. Баяғы заманға қарағанда қазір арыстан жүректілер аз. Сонда да бар әйтеуір. Ол жандар баяғы арыстандар да болып, әлі денеге кірмей бос жүргендер. Адамдардың көбісі хайуанатқа ұқсамайды, мінезінде, түрінде де ондайға ұқсамайтындар көп. Олардың жаны бұрын шейіт болған адамдардың жаны.

  Адам өлгеннен соң ұжмаққа не тозаққа барады. Ұжмаққа бару деген сөз, оның жаны сайрауық құстарға кіреді. Сайрауық құстар еш қиыншылық көрмейді, қайда ұшамын, не жеймін деп қайғырмайды. Орман-тоғайдағы мол жемістің арасында қаннен қаперсіз өмір сүреді. Ал тозаққа түсті деген олардың жаны есек пен ит және сол сияқты күнә, жаманшылықтарына байланысты хайуан денелеріне өтеді. Таразыдан жеп, халықтың еңбегін алдаған саудагер тасбақаның денесіне, күң жұмсап, құлды дүрелеп, еңбек ақысын бермей, өзі еңбекке қолдың ұшын да тигізбеген, жатыпішерлердің жанын Алла тағала аямайды. Ондай арам адамдардың жанын есекке береді. Хайуандарды сондықтан тілсіз етіп жаратқан. Егер оларға тіл бітсе, олар бұрыңғы өмірлерінің қандай болғанын айтып берер еді, егер ондай бола қалған жағдайда, дүние тепе-теңдігі бұзылып, жан-жануар, адамзат, бірін-бірі қырып-жойып жіберер еді.

  -Бәсе, Бұхарада ат пен түйеден есек көп. Бұл жердегі бұрыңғылар бәрі құл иеленушілер болған екен ғой, деп Гочы күлді.

  -Жоқ, қателесесің, Бұхарада да, басқа жерде де қазір қой көп. Қойдың жаны жуас, момын халықтың жаны. Бірақ олар да өмірлерінде кішігірім болса да, күнәһарлық жасаған. Адам деген пенде ғой, кейде ауызыңнан қатты сөз шығып кетеді, біреудің көңіліне тиесің, қатыныңа ұрсасың, малға айқайлайсың, ашуланып келе жатқаныңда, аяғына оратылған мысықты тебесің, кейде біреуді алдайсың, қысқасы бұл өмірде күнәкәрлік көп қой.

  -Ал, адамның жаны шыбын-шіркейде де бола ма? – деді Яғмыр.

  -Жоқ, шыбын-шіркей, құрт-құмырсқада болмайды. Егер олар зиянкестіп жасап, адамның тазалығына, денсаулығына, жүйкесіне әсер ететін болса, оларды аямай өлтіріп жою керек. Оған Құран Кәрімде рұқсат берген. Аяғы төртеуден асса ол адамға дос-жақын бола алмайды, - деп Абдулла қожа күлді. Көпшілік ойланып қалған. Көпшілігі көз алдына жан-жануар, жәндіктер елестетіп, іштерінен олардың аяқтарын санап отырғандай. Ойлап қараса, аяқтарының саны төртеуден көптерінің шынында да, адамзатқа түк пайдасы жоқ екен.

  -Сонда менің жаным бұрын қойдың жаны болғаны ба? – деді Гочы таңданыс танытып.

  -Солай болуы мүмкін, - деді Абдулла.

  -Әй, Гочы,ойланып көр, есіңе түсер, бұрыңғы өміріңде кімнің үйінде маңырап тұрғаныңда. Сені бәлкім қасқыр жеген шығар, әлде бір меймандарға сойылдың ба? – деп Тахирмулла жұртты ду күлдірді.

  -Есіме түсті, мені меймандарға соярда, сен сол меймандарды үйге кіргізгің келмей, арпылдап тұр едің ғой, - деді Гочы да есесін жібермей.

  -Арпылдап үрсем де меймандар кеткесін, сенің сүйегіңді кемірдім емес пе? – деген Тахирмулла құрдасының сөзіне шамданып.

  -Жесең, сол күні сүйегіме қақалып өлген болуың керек, себебі, екеуміздің бір жылдың бір мезгілінде туылған, түйдей құрдас емеспіз бе? – деп Гочы сөзінің соңын құрдасының қалжыңы екенін көпшілікке білдірген.

  -Әңгіме айтсақта әзілге бергісіз етіп айттық, жаңағы сөзіме де сеніп қалмаңдар, ғұлама адамдар қияли болады ғой, сол қиялдан туған қиял-ғажайып пікірім ғой. Шығыстың қиял-ғажайып ертегілері осындай көңілдің жүйріктігінен туған ғой, - деді Абдулла қожа жымия.

  -Айтқаныңыз қиял-ғажайып ертегіге ұқсаса да шындыққа бір табан жақын екен, себебі менің есегім шөп берсем тәбетпен жемейді, нан көрсе аузының суы ағады. Соған қарағанда, баяғыдағы біздің көшедегі зекетші бар еді ғой, зекет жинаймын деп үйіңдегі тандырға пісіріп қойған наныңа дейін, қоймай сыпырып әкететін. Мына есегімде сол марқұмның жаны бар-ау деймін, - деп Гочы жұртты тағы күлдірді.

  Уақыт біразға таянып қалғасын, меймандар тарқасты. Мәделі Абдуллақожаның әңгімесіне рахмет айтып, оны жолға шығарып салды да:

  -Ата, Көкбестінің бағы жанып, бүкіл Бұхара бойынша бәйгенің екіншісін алды ғой. Сол салымнан сіз де құр қалмаңыз. Бәйге салымнан жоралғы болсын, бір түйе мен он қойды сізге байладым, - деді.

  -Ой, балам өркенің өссін, ниетіңе рахмет, бірақ мына жоралғың көп қой, өзіңе бұйырсын, маған сол бір қойда жетеді емес пе, оны да алмас едім, тек сенің сөзіңді қайтарғым келмей тұрғаны, - деген.

  -Жоқ, болмайды, менің айтқанымды алыңыз, енді бір екі күнде өзім айдап апарып беремін, - деп Мәделі тұрып алды. Жігіттің шын пейілімен айтып тұрғанын, оның бермей қоймайтынын түсінген Абдулла:

  -Жарайды, онда, Алла ниетіңді қабыл қылсын, бір түйең мен үш қойыңды алайын, қалғанын жарлы жақыбайға таратып берерсің, - деді.

  -Сіз менің бергенімді ала беріңіз, жарлы-жақыбайға таратуға қалғаны да жетеді. Оларға жетеуін таратамын да, қалғанын анау Яғмырға берсем деймін. Мына малда «сенікі-менікі» жоқ, қалағаныңызша жұмсап, ала беріңіз демекшімін оған, адамгершілігі мол жақсы кісі екен өзі, - деді Мәделі.

  -Олай болса сен асықпай тұра тұр, келесі аптада Ромитанға барамыз, сол кезде екеулеп айдап барармыз малдарды, әзірше Яғмырға айт, бір қойды сатып, әлгі малдарға жем-шөп сатып алып, баға тұрсын деп. Ромитанға барып, көңіл сергітіп қайтарсың, - деді Абдулла Мәделіге риза болып.

4.Сұлтанқожаның үшбу хаты.

  Бір күні Исмайыл келді. Ол: -Иә, қалай екен Бұхара, оқуды тастап қашып кететіндей, бұл саған Таскент сияқты жақын жер емес, алдым-бердімге салып, шыдап жүрсің бе? – деген күліп.  Ауылдың біраз әңгімесін есітіп, көңілі марқайып қалды Мәделінің. Шай ішіп, әңгіме- дүкен құрып отырғанда Исмайыл да жігітшілік әдеті ме, қайдам, әйтеуір Дарминаға қайта-қайта көз салып қарай берген. Мәделі ағасының мына қылығын ерсі көріп:

  -Аға, алдыңыздағы пиялайды төгіп алмаңыз, - деген жымия күліп. «Бізге келген кісілердің сөздері маған айтылғанмен, көздері бикеште болады, «қыз бен алтын көздің құрты дегені рас-ау деймін» - деп әнеукүні Мир Саид келгенде де екі көзін осы Дарминадан айырмағанын есіне түсірген.

  -Әй, інім-ай, «қатынды кім алмайды, қызға кім көз салмайды» дейтін пендеміз ғой, оданда күнде осында түнеп жүрген өз жағдайларыңды ойла, қазір екеуіңнің де дуылдап ысып, мұзды ерітердей жалындап, не болса соған қызығып, көрсе-қызарлық жасайтын, ебелектей ұшып-қонып, ессіздікке еліктеп, есерсоқ көңілшектік кездерің ғой, абайламай тірлік жасап, аңдаусызда шоқ басып алған, ойнақтаған ботадай болып қалмаңдар, дегім келеді, қарағым, - деп Исмайыл Мәделіге ағалық ықыласпен қарады.

  -Қам жемеңіз, аға қазір бірге тұрғанымызға жарты жылдай уақыт болыпты. Дастарханымыз бір болғанымен, төсегіміз де, жастығымызда бөлек. Сіздің айтқан ақылыңызды осындағы жанашырлар да күнара болмаса да аптада, айында, кейбірі анда-санда айтып қояды. Дармина екеуміз ағалы-қарындастаймыз, сызылып, сырбазданып отырмаймыз. Бір үйде жүргесін әр түрлі жағдай болады ғой, кейде тәжікелесіп те қаламыз, бірақ тез татуласамыз. Кейінгі кезде осы қызды жұрттан, жұрттан емес-ау тіпті өз жақындарымнан қызғанатын күй кешіп жүрмін, мұным қалай деп кейде таңданамын.

  -Е-е, ол күні-түні бірге тұрғандықтан, сен де бұл қызға ағалық мейірбандық қасиет пайда болған ғой. Бұл қыздың әкесі де, шешесі де, ағасы да сенсің. Сен өзің солай ойламасаң да жүрек әмірі сондай қарағым. Тату-тәтті, ынтымақты тұрыңдар. Енді бірер жыл шыдасаң оқуың да бітіп қалар. Медресе бітірген қағазыңды алып, ауылға қайтар болсаң, Құдай қаласа, елден қызмет істерсің. Өзің қаласаң сол қағазыңмен оқу жалғастырғың келсе, Бағдат, Стамбулға барарсың. Бұл қызды сенің қасыңа байлап қоймайтын шығар Жүсіпқожа көкем. Сендерді осында жіберер де: «Бізде тоқал алғыш ағайын көп қой, бірде болмаса, бірде көздері қарауытып, солардың біреуі мына қызға қолқа салар, одан да басы бос, құлағы тыныш болып, әрі Мәделіге ес болар, жалғызсыратпас, тамағын істеп, тазалығына қарап жүре берсін, өз бағынан көрер, онда өз нәсілдестері көп қой, құлай сүйіп, жақсы көріп бара жатса, рұқсат сұрап, хабар айтар» - деген ниет-пайымдаумен жіберген еді ғой. Сенің айтуыңа сенсек, онда жаман болмады. Көкем маған: «екеуінің жағдайларын біл, қыздың ол үйге басы симай, баладан қорлық көріп жүрсе, байқап көр, егер ондай жағдай болса, қызға бостандық бер де, еркіне жібер» деген.   

  -Ал, қалай Дарминахан, мына Мәделі саған қорлық көрсетіп жатқан жоқ па, ұялмай да, қорықпай да, ашығын айта бер, айналайын, сенің жағдайыңды білгім келеді, - деді Исмайыл үлкен легенге палау салып әкелген Дарминаға.

  -Вай, аға, түсінбедім, қорлығы несі? Мәделі менің ағам, қайта мен оған кейде ұрысамын. Бос уақытыңда көшеде сандалмай үйде отыр, көшедегі нашақорларға, бұзықтарға қосылып кетпе, - деймін. Бұның Мерет деген қызметшісі бар. Сол екеуі кейде демалыс күндері ұзақ күн көшеде болып келеді. Ал мен үйде осыны ойлап, қорқып отырамын, біреулермен төбелесіп қалмады ма деп. Өткенде бір рет бұл базарда көпшілік топпен төбелесіп қалған екен. Кейін Мир Саид олардың басшысын он күн зынданға тастатқызған. Әйтеуір, әңгіме Бұхара әміріне жетпеді.

  -Базарда төбелес ашу бұл жердегі ең ауыр қылмыс екен, оны біз қайдан білейік, - деп Мәделі ақтала сөйледі.

  -Қарағым-ау, сен өзіңнің кең далаңда жүрген жоқсың ғой, бұл жер бөтен жер, бөтен ел ғой, мұнда парсы да, тәжік те, еврей де, орыс та, сарт та, өзбек те, түркі де, араб та бар. Сен  қазақсың ба, өзбексің бе, базардың аты базар, көпшілік жер, сырттағы базар. Бұл жердің базары сенің Дарбазаңдағы сіргелі мен қоңырат базары емес қой. Көңілге жақпаса ұрда-жық, сатыр-сұтыр төбелесе ала жөнеліп, ертеңіне бір-біріңді жаңа көргендей, құшақ айқастыра сағынысып кездесетін. Дармина дұрыс айтады, көшеге шығуыңды азайт. Көкбесті не жағдайда, аяғына жем түскен жоқ па? Бағу қиын болса мен алып кетейін, - деп Исмайыл енді шаруа жағдайына көшті.

           -Айтпақшы, Шатан саған хат беріп жіберген, анау қоржынды бері әкелші, - деді сосын. Мәделі жымыңдай күліп, орнынан лып көтеріле бұрыштағы екі қалтасы қампия толтырылған ауыр қоржынды Исмайылдың қасына әкеліп қойды. Исмайыл асықпай қоржын бауды шешіп, ішінен шүберек матаға оралған бөлек-салақ орамдарды шығара бастады.

  -Мынау қарынға салып толтырылған қуырдақ болар, - деп үлкен орамды Дарминаның алдына қойды. –Сендерді мұнда ашаршылықта жүр ғой деп ойлады-ау деймін солар? Міне, мынау піскен қазылар екен. «Әне, айттым гой» деп тағы бір үлкен оралған дастарханды қоржынның екінші қалтасынан шығарды. Дұрыс, сендер аш қалмаңдар. Мына біреу түйіншекте маталар бар екен, сендер жалаңаш жүр деп ойлаған ғой. Исмайыл аз-кем күліп алды. Мәделі шыдамсызданып отыр. «Қайдағы бір мата мен қуырдақты көрсете бергенше, тезірек хатты бермей ме» деп іштей ынтығулы еді. Бірақ сыр бермеуге тырысты. Исмайыл тағы бір орамды шығарып «мынау Дарминаханға арнайы тігіп беріп жіберген қазақы көйлек-көншек, бешпент, мәсі. Аяғы тоңып қалмасын» деген болар. Мынау әлгі мылжың Рысбике апамыз тоқып беріп жіберген түбіт орамал, оны да мына қызына беріп жіберді. Шапан салмапты әйтеуір, қоржынға сыймаған ғой, әйтпесе салар еді. Сенің тымағыңды салыпты. Шапан, сырмақты анау матадан тіктіріп алар деген шығар. Мына біреусі несі деп бір кішкене ораулы түйіншекті, шие байланған түйінді тісімен шешіп, ішін ашты. Алтын сырғалар мен білезік, маңдай-алқа, төс-алқа екен. Таза қазақы ою өрнекті алтын бұйым. Е, бұл Дармина қыздарына екен, әдемі болып жүрсін деген ғой. Дұрыс, құтты болсын. Мә, тағып ала ғой, - деп Дарминаға ұсынды.

  -Ай, әлгі хат қайда кеткен, мен оны қоржынға салған сияқты едім ғой, - деп сипақтап қоржынның екі қалтасының түбін кезек-кезек іздеді. Табылмай жатқанына Мәделі шыдай алмай тез-тез, қазы, қуырдақ, маталар түйілген түйіншектерді шешіп, ішін әрі-бері қайта-қайта ақтарып шықты. Түрі бұзылып ең бір асылынан айрылғандай қарманды. Исмайыл алғашында сасқалақтағанымен, бешпентінің ішкі қалтасын іздеп, хатты тауып алды да:

  -Ей, Мәделі іздемей-ақ қой, мында екен, қоржыннан май жұғып, сиясы еріп кете ме деп жолай қалтама салған екенмін ғой, мә, хатың, - деп оған күле ұсынды.

  -Оқып қойған жоқсыз ба? – деді Мәделі шоши қарап.

  -Жоқ, менің ондай кісі хатын оқитын иттігім жоқ қой, әкел онда қазір оқиын, - деп қайта қолын созған.

  -Жоқ-ей, болмайды, - деп Мәделі секіре орнынан тұрып, сыртқа қарай жөнелгенді.

  -Әй, мынау жынды ма, тұра қашқаны несі, ең әуелі әкесі мен шешесінің беріп жіберген сәлемдемесінен ауыз тиіп, берген сыйлықтарына тәу етпей ме екен? – деп Исмайыл реніш білдірген. Оның сөзін естіп қалған Мәделі қайта келіп, дастарханға отырды. Ата-анасы беріп жіберген дәмнен ауыз тиіп, маталарға маңдайын тигізіп тәу етті. Сосын Исмайыл бата оқып, астарың дәмді болсын, бұйымдарың жақсылыққа бұйырсын деп тілек айтты. Мәделіге енді бара беруіңе болады деп рұқсат берген.

  Мәделі ышқырына тығып алған хатты жүре-бара ашып, көз жүгірткен. Үй сыртында оңаша жер тауып алып, сонда отырып хатты оқыды. Сұлтанқожаның қисайтып жазатын әріптері көзіне оттай ыстық көрінген. Не айтты екен, Таһмина қалай екен, сол туралы көбірек айтса игі еді деген тілек бар еді. Сұлтанқожа амандық-саулықтан соң: «Анау қызыңа әлі жолыға алмадым, қыстауға көшеміз деп-ақ қол тимеді. Ойға да, қырға да менен басқа адам жоқтай мені жұмсайды, бірақ өзің білесің ғой, жұрттың бәрі қыбырлап жатты ғой, қайтейін. Шардараға да жіберген жоқ...»

  -Тух! – деді Мәделі іштей, - неткен қауырт жұмыс ол, барлығы Шатанға тіреліп қалған екен да... .

  «Шардараға алып бармаймыз, не бар екен онда барлығыңа, ербиіп, енең сүт пісіріп дайындап отыр ма? – деп мені де, Әзімді де, Нұржанды да тастап кетті...»

  «...Шынында да Әзім мен Нұржанға не жоқ, қасыңа адам ертпесең жүре алмайсың ба, өз дара басыңды ғана алып кетуіңе сұранып жалбарынбадың ба?...»

  «...Ең болмаса бір өзім барайыншы десем, әй мынау неге түсінбейді, тойға бара жатқан жоқпыз ғой, - деп арқамнан шапалақпен шарт еткізді. Басым салбырап қала бердім...»

  «...Көштік жерден қалмай, соңдарынан ілесіп отыруың керек еді, әшейінде сотқарлығыңа түйе бойламайды, осындай  қажет кезінде пайдаланбайсың...»

  «...Асқар көкем Бадамға датқа болған...»

  «...Ол мен сол жерде жүргенде болған жоқ па еді, мен емес пе оны Таскент бегінің аузынан естігенім, хатты мылжың сөзбен толтырмай, Мәделіге осы қажет-ау деген сөздермен толтырмай ма?...»

  «...Қызық болды, сол екпінмен Асқарға өкпелеп, өкпемді Ғазизайымға барып айттым...»

  «...Қатырыпсың, Ғазизайым сені Шардараға апара қояр!...»  

  «...Ғазизайым: - Атам мен Асқар жоқ кезде қашып кетпейміз бе? – деді...»

  «...Не деп кеттің-ей, Шатан?...»

  «...Ақылына риза болдым. Қоя бер, Шардараға кейін өзім барып көрермін, болмаса, Көктерекке-ақ барармын, әйтпесе Сербиназ бар емес пе, содан-ақ жағдай білермін, - деп ойлап Ғазизайымның тілін алдым да екеуміз сол түні қаштық. Ағайын арасында біраз дау-жанжал болды. Мені ауыл-аймақ қыстауға көшерлерінде әбден жұмсап-жұмсап алып, қыстауға қонып болғасын, той жасаймыз деп алдап, той жасамақ түгілі туысқандарым Ғазизайымның ағайындарының (сіздердің дегенім ғой) жағына шығып кетіп, бізді қуып жіберді. Қазір Ғазизайым екеуміз қараша үйде Көкжидеде тұрып жатырмыз. Бұл жер қыстау ма, әлде жайлау ма айырып болмайды. Себебі алдымызда бес ешкі, екі қой, екі сиыр,  екі жылқымыз бар. Бұндай малмен қыстау мен жайлауды ажыратуға болмайды ғой. Отырықшы хал кешіп, ешқайда көшпейміз. Егер ағайын райынан қайтып, өз келесіне қоспаса, онда сол Көктерекке, әлде Ишанбазарға көшемін бе деген ой бар. Нағашымның ауылы Арыста ғой. Бәлкім сонда кетермін. Бұл Ғазизайымға үйленген хабарды естіп, сен де түңілерсің бәлкім. Ғашықтық деген сезім туысқандық шекараны білмейді екен. Ең болмаса сен мені түсінерсің. Әй-й, байтал түгілі бас қайғы дегендей, енді сенің менен Таһмина туралы хат күтуің де қиын шығар, сен түңілме, бауырым, өзім арнайы барып, хабар аламын, арнайы саған хат жазамын, өкпелеме. Қазір алысқа шыға алмай жүргенім, Ғазизайымды айдалаға жеке тастап кете алмаймын, оны өзіммен бірге алып кетейін десем, малға кім қарайды? Қарындасым Гүлфайруз осында екі күн болып еді, жәкем келіп ұрысып-ұрысып алып кетті. Сөйтіп қос мұңлық кімге шерімізді тарқатарымызды білмей, зар илеп, айдалада күн кешудеміз. Жақында Мұсабек досың келіп кетті. Ақ көңіл жақсы жігіт қой. Хабарымды естіп, жағдайымды білуге келіпті. Үш саулық, бір сиыр әкеліпті. Ол біздер туралы: құр бас екеуі тұрып жатыр, алдарында сауын малдары да жоқ, аң аулап күн көріп жатыр екен деп есітіпті. Осы жұрт өсекті де түбін түсіріп айтады ғой. Сондай әңгімені ести салысымен Мұсабек те осында асыға жеткен жағдайы бар екен. Әңгіме тыңдап, шерімді тарқатып біраз ішім босап қалды. Мұсабекке ризамын. «Рысқұлбек, Тәжібай, Есімдерге айтармын, олар да келіп тұрар, мен де ат ізін салып жүрермін» деді. Сосын «әйтпесе Бөріжарға көшсейші, сонда тұрарсың» деген. Мен «қой болмас, ағайын ашуын басқасын, өздері іздеп келер, мен Бөріжарға тұра қашқаным жарамас, жұрт соңымнан, бөліне қашып кетті, деп өсек айтар». Бөріжар мен Бадам тиіп тұрған жоқ па, Асқар Бадамда датқа , ол жерде де күн көрсетпес, - дедім. «Оның Бөріжарда не шаруасы бар, Бөріжардың датқасы менің туысым Қанай ғой, биі менің ағам Сапақ, несіне уайымдайсың» деді Мұсабек. Қарға қарғаның көзін шұқымайды, бәрі ауыз жаласқан қиямпұрыстар ғой, сен көңіліңе алма дедім. Қанша қарға десем де қайнағам ғой, ей Мәделі сен де көңіліңе алма, жағдай өзі солай болып тұрғасын айтқаным еді. Кеше Исмайыл келіп біздің үйге қонды. Асылы осы кісі нағыз ақкөңіл адал аға. Көңілге тиер ешқандай сөз айтқан жоқ. Қайта Ғазизайым екеумізді айналып-толғанып, сәл шыдаңдар, ағайындардың өздері әлі-ақ іздеп келеді деп көңілімізді көтеріп тастады. Біздің қараша үйімізді менсініп, қонып кеткенін айтсаңшы, мал жайғаймын деп сыртқа шығып, оңаша отырып, көңілім босап, жылап алдым. Әбден еңірегім келіп еді, өзімді-өзім әрең басып тоқтаттым. Дауысымды естіп қойса, ренжіп жүрер деп шыдадым. Сотқар болған адам көңілшек болады-ау деймін. Қазір менен жуас ешкім жоқ шығар бұл дүниеде. Сен де кешір, көңілге тиетін тірлік жасап қойдық, өзің түсініп көресің ғой. Хат жаз. Көңілдегіні бүкпей айта бер. Енді түсінген шығарсың Таһминаға бара алмай жүргенімді. Сау тұр онда. Айтпақшы, Асқар ағаң Шардараға тоқалдыққа алуға қатын тауып алыпты дей ме, әлде айттырып қойыпты дей ме, өзі көп қатыны бар саудагердің айтыскер қызы деді ме, әнші қызы дей ме, Ұратөбе, Жызақта дүкендері бар-мыс, аты Қа... Қалжыңбай деді ме, Құлжасбай деді ме, әйтеуір сондай бір сыбыс бар. Анығын біле алмадым. Біз бір қатынға үйленіп елге сыймай жүргенімізде, ол үш қатын алып, Бадамда датқалық құрып сайрандап жүрмекші. Неғып он қатын алмайды, бірақ біз сияқты пақырларды аяса қайтеді солар. Ал онда жақсы, амандықта көрісейік деп бауырың Шатан».

  Мәделінің қабағы салбырап, ұнжырғасы түсіп кетті. Ай, сотқар Шатан-ай, немене жазғансың мына хатыңда, менің ойламаған нәрселерім ғой. Ағайындар ақылдарынан адасқан ба? Сұлтанқожаны аямаса да, Ғазизайымға жандары ашымай ма? Жалғыз қалғанды бөрі жейді деген аталы сөзді білмей ме. Білсе де әдейі «жесін» деп жеке қалдырғаны ма? Мәделі сүлесоқ келіп, Исмайылға осыны айтқан.

  -Е, е, Мәделі, қарағым-ай, үлкендердің ісіне араласуға бола ма? Сенімен мен кішкентай адамбыз. Ақсақалдардың қазақ үрдісі бойынша айтқанынан қадам шықпауымыз керек ғой. Мен Шатанның үйіне барғанымды ешкімге айтқан жоқпын. Менің қолымнан келер жақсылығым сол ғана еді. Үлкендерге қарсы тұруға болмайды. Олай етсең кейінгі өсіп келе жатқан ұрпақ бізге де солай жасайды. Дәстүрді бұзуға біздің қақымыз жоқ. Жол аша алмаймыз. Ата жолын бұзу бізге болмайды, қарағым, - деді.

  -Асқар көкем кімге үйленбекші екен? – деді Мәделі әлі қабағын түйе ашулы кейіп танытып. Исмайыл басын оқыс көтеріп алды да Мәделіге таңқала қарап қалды.

  -Үлкен кісілерде не шаруаң бар, үйленсе үйленеді де, әкеміз Жүсіпқожа да төртіншісін алғалы жүр. Онда тұрған не бар? Өздері біледі дедім ғой, - деді дауыс көтере. Сосын лезде даусын пәсейтіп, ашуын қайтып алды.

  -Білмедім қарағым, Шардараның бір бай саудагердің қызы дейді ғой.

  -Кім екен аты? – деп Мәделі енді өңмеңдеп Исмайылдың қасына жетіп барған. Исмайыл інісіне таңдана қарап күліп жіберді.

  -Саған Шатан хатты сиқырлап жазып жіберген жоқ па, түсің өзгеріп тұр ғой, қарағым-ау? Қайдам, ұзынқұлақтан естуімше сол саудагердің тоқалының деді ме, бәйбішесінің деді ме, қызы екен. Ол өзімен бірге тұрмайтын көрінеді.

  -Аты кім екен өзінің? Мәделінің буын-буыны дірілдей босап, аяғының үстінде әрең тұр еді.

  -Кім деп еді атын, өй, құрмағыр, кім деп еді, Таңсұлу ма, Тұрсынкүл ме, әлде Күләш пе еді, әйтеуір соған ұқсас ат, деп Исмайыл екіұшты айта салған.

  «Ух» деп Мәделі жерге отыра кетті. Жүзі жайнап сала берген, өзінен-өзі мәз болып күліп жібергенін байқамай да қалғандай. Исмайыл да күлген. Інісінің күлгенін, сұрақты әдейі беріп, мені қатырдым ғой деген ойы шығар деген. Мәделінің бар ойы Таһминада екенін қайдан білсін. Таһмина деген есімді бұрын естіген, бірақ Мәделі тура сол қызды ойлап тұрғанын қайдан білсін, қайран аға.

  -Аға, мен Шатанға хат жазып беріп жіберсем, қолына тапсырасыз ғой, ә, - деді енді еркелей ағасының қасына келіп,оны құшақтай арқасынан қағып.

  -Сен айтсаң, ол Арқа асып кетсе де тауып алып, хатыңды арнайы тапсырамын күнім, - деп Исмайыл інісінің маңдайынан иіскеп, бетінен сүйді.

  -Жүсіпқожадан ер болып туған тек сізсіз ғой, -деді Мәделі де аға көңілін асқақтата көтергісі келіп: Ол енді Дарминаға бетін бұрған. Қонысайым апасының беріп жіберген сырғаларын, білезігін, маңдай-алқа, төс-алқасын тағып, көйлек, көншек, бешпенті мен мәсісін киіп алған Дарминаға Мәделі бір сәт аңтарыла қарап қалды.

  -Әй, мына қыз таза қазақтың ханшасы ғой, - деді сосын оның қасына жақын барып. Енді осылай киініп жүр, мұндағы өзбек, түрікпен, сарт саған енді қырындауға батылы жетпес. Мұндағылар қырындағыш. Сөзбен жеткізбесе де бет-әлпетінің құбылысынан-ақ танытып қояды пәтшағарлар. Әнеукүнгі Мир Саидтың қимастықпен көзсалғаны жүрегіме тіпті ұнамады. Менің орнымда жасық біреу болғанда, қарындасың әдемі екен, айналдырып көндіріп бер, мен алайын дер еді, менің шатақ мінезімді білгесін бе қайдам, ондай сөз айта алмады. Айтпаса да бет құбылысынан таныдым. Бұл сөзді естіген Дармина беті қызарып ұялып қалған.

  -Ту-у, Мәделі, сен де осы сөзді қайталай береді екенсің, әнеукүні түркпендерден қызғандың, базарға барсақ, базаршылардан қызғандың, ол байғұстар өздерінің өзбек қызы шығар, сенің бір қоңсың шығар деп әзіл сөз айтса айтқан шығар, ол әзілдеріне ешқайсымыздың ештеңеміз кеткен жоқ ғой, бекерге өзің алдымен қызылкеңірдек болдың. Сенің қылыш асынып, дулыға кигеніңнен олар сескеніп, сізден кешірім сұрап құтылды, -деп Дармина болмашы реніш білдірді.

  -Ұяттау болған екен. Сені де түсінуге болады, Бұхарада Дармина сенің қызың да, қарындасың да, туғаның да, туысың да. Осыны қызғыштай қорып, қызғанбағанда не істерсің, - деп Исмайыл түсіністікпен қараған. Дармина мәз болып, көзін Мәделіге бадырайта қарап, басын қылтың-қылтың билеттіріп, ернін қымқыра тістеп, иек қағып қойды.

  -Сен Бұхара базарына қылыш асынып, дулыға киіп шығатын болғансың ба? Медреседе оқитын жігіт, басына сәлде, аяғына кебіс киіп, беліне шалма орап, қолына кітап ұстамай ма?

  -Ой, біздің Мәделі сөйтеді ғой, бірақ анда-санда базарға шыққанда ғана қылыш асынатыны бар, - деп Дармина алдын-ала жауап берген.

  -Көктеректе айтпап па еді, он сегізге дейінгілер қару ұстауға болмайды деп, - деді Исмайыл інісіне күле қарап.

  -Бұл жерде мені кемінде жиырма жасар деп ойлайды. Оның үстіне әмір Насролла өз қолымен қылыш пен дулығаны маған арнайы тапсырған. Енді оны кимегенде не істеймін. Дулыға киіп, белге қылыш байласаң, денең қызып, өзіңнен өзің біреуге соқтыққың келіп, тулап тұрады екенсің. Базардағы соның әсері ғой.

  -Енді есің бар ғой, қарағым, Таскенттегідей, мыдырыстың сақалын кесеміз дегеніңдей, мұнда енді біреудің басын кесіп алма әйтеуір, тек жүрсең, тоқ жүрерсің, сенің мұндағы басты мақсатың оқып білім алу, шығыс пен батыстың білімімен сусындау. Қылыш асынып, атқа міну қашпайды, әлі талай қымқуат айқастарды басыңнан кешірерсің асықпасаң, солтүстік батыстан өңмеңдеп орыс келеді, қоқиланып Қоқан сыртымыздан айналуда, осы екі жауымыз тұрғанда, небір айқастарды көрерсің. Сен қазір уақытың барда оқып ал. Медреседе соғыс өнерін үйрете ме, үйретсе соны жан-тәніңмен үйреніп ал.

  -Соғыс өнерін үйретпейді, соғыс тарихын өтеді. Мұнда харбий /әскери/ мектеп бар. Соған ауысайын ба? Мыңбасы немесе «Тарақ» /полковник/ болып шығармын... Сосын бәлкім  «Орақ» /генерал/ болармын.

  -Қой оныңды, сені таба алмай қалармыз. Хорезмге ме, әлде Иранға ма, шекара әскеріне қолбасы етіп жіберсе, сонда өмірлік қалдым дей бер. Менің мына жүрісім де жарамайды. Менімен бірге Зікір де келді.

  -Ол қайда?

  -Керуен сарайда. Менің бұйрығымды күтіп жатыр. Ертең жолығармыз. Ол да Бұхараның шекара әскеріне қызметке кірген. Бір аптадай боламыз.

  -Абдуллақожаның үйіне барып қайтайық, сізді келсе маған айт деген. Ромитандағы үйіне шақырған еді, сонда барып қыдырайық, - деді Мәделі Исмайылға.

  -Барсақ барайық...

 

           Бұлар Ромитанға қыдырып барып Абдулла абызға сәлем бергендеріне риза болғанымен, сонда Көкбестінің ұрланғаныны қатты қапа болып қайтқан еді.

 

5.«Тырдай жалаңаш қыздар хауызындағы» оқиға

  Үлкен көшелерде көлеңке қуар талдар да жоқ. Биік дуалдар тал түсте көлеңкесін қызғанғандай етек астына басып алып, өзім де ыстықтап тұрмын, әрмен жүрші дейтіндей. Бұлардың тік тұрған тұрыстары Мәделіге Исмайылдың айтқан ақылын есіне түсіргендей еді. Исмайыл еліне кетерінде:

  -Өз бағаңды өзің білумен қатар, жұртты да бағалай біл. Қисық-қыңырларға тым жақындамай жүр, ұры тағылардай мүләйімсіп, қутыңдап тұрғандарға да жоламағайсың. Еңкейгенге еңкей, шалқайғанға шалқай. Еңкейіп етпетінен түсіп жатқандарға да таза ықылас бермей, оны да абайлағайсың.

  -Кім бұрын еңкеюі әлде шалқаюы керек?

  -Сен бөтен жерде жүрсің, өзіңді сыншымын деп ойла да, жан-жағыңа қара. Саған ізет көрсетіп, шын ықыласымен сыйлап тұрса, сол еңкейгенді сен де сыйла, ал көзі қитарланып, қабақ түйе қарап, менсінбей мұрнын шүйіргендерге сен де еңкеймей, қайта шалқай, яғни, қабағыңды түймей-ақ теріс айналып кете бер.

  -Ал еңкеймесе әлде шалқаймаса қайтейін, - деп Мәделі сөзді әзілге айналдырған.

  -Құр сіресіп дуалдар ғана тұрады. Адам пенде болғасын онда түрлі мінез болады. Соны санаңа жеткізіп, тереңдей түсіне білуің керек, - деді Исмайыл бос әзілдің керегі жоқ екенін ескертіп.

  Сол Исмайыл айтқандай, мына дуал қабырғалар да қисая созылып жатса да, тіке тұлғасын көрсетіп міз бақпай тұр. Сен оның қасынан өтесің бе, өтпейсің бе, оған бәрібір. Тек қана жолыңа бағыт береді. Бағытыңнан ауытқытпай, көшеден бұлтартпайды.

  Кесек дуал қисалаңдай, ирелеңдей отырып, әлден уақытта таусылды да үш төрт қадамдай ағаш дуалға ауысты. Ағаш қиюластыра қағылған екен. Бұрын дарбаза орны болғанға ұқсайды. Көше кішкентай әрі тар болғандықтан мұндағы дарбазаны алып тастап орнын ағашпен бекіткен-ау шамасы. Ал оның орнына жаңа дарбазаны арғы беттен үлкен жолдан шығарса керек шамасы. Мәделі балалығы ұстап осы ағаш дуал арасынан жырық жер іздеп, арғы жағына сығалап көрмекші болды. Жан-жағына қарап еді, жыбырлаған тіршілік көрінбейді. Жұрттың бәрі тал түсте, аспан айналып түсер ыстығында, үйлерінің терезелерін қараңғылап алып, демалып жатса керек.

  Бұл олай-бұлай жүріп ағаш дуалдан кішкене жырық тапты. Көздің қиығы әрең сияды. Мәделінің қызығушылығы бойына толып, әлгі жырықтан дуалдың арғы жағына сығалап қарап еді, нағыз қызық арғы жақта екен. Аула іші гүлге оранған, алқызыл, сарыала, көгілдір гүлдер. Арғы жағында зәулім, іргелі, аумақты кірпіш үй биік өскен тал-теректердің көлеңкесінде қалыпты. Алма мен өрік қалың екен. Үйдің айналасы жүзімнен көрінбейді. Әрменірек шетте түтін шығып жатыр, самса мен кәуәптің иісі келеді. Анау гүлдердің қақ ортасында, үш төрт бадам ағашының қасында суы тола мөлдіреп хауыз тұр. Хауыз жағасында, төрт бес бойжеткен қыз-келіншек анадан жаңа туғандай тырдай жалаңаш суға шомылуда. Суға гүмп-гүмп шомылып, қайта шығып, хауыз жағасына шығып керіледі. Бірінің бірі белдерінен, емшектерінен қытықтап, суға қайта секіреді. Бірақ дыбыс шығармайды. Мынау мың бір түн ертегісін көзге көрсетіп тұрған аула тіршілігіне қызыға қарап, өңім бе, түсім бе дегендей Мәделі көзін уқалап-уқалап жіберіп қайта қарады. Қыздардың дене бітімдері көз тартады. Жіңішке бел, толық бөкселері бұлтыңдап, бірін-бірі қуаласып жүгіргенде кеудесіндегі қос анарлары дірілдей, қолаң шаштары жылқының жалындай желбірейді. Мәделі енді қарай беруге дәті бармады. Оның үстіне көшеде аяқ тыпыры да естіліп қалғанды. Көшемен есек мінген шал келеді екен. Бұл енді алға оза берді.

           Көшеде өтіп бара жатқан есек мінген шал Мәделіге көзін сала бір-екі мәрте қарап-қарап қойды. Шал мұның әлгі жалаңаш қыздарға дуал жырығынан сығалап қарағанын біліп қойғандай, жүзінде күлкі үйірілгендей еді. Мәделі де дәл бір ұрлық жасап қойғандай, кібіртіктеп басып, аяқтары біріне-бірі шалынғандай болды. Қараптан-қарап ұялып, арқасы терлеген. Шал оза беріп арқасына қайырылып тағы бір жымия қарап еді, қоржын ішіне жартылай симай тұрған түйіншек топ етіп жерге түсті. Жігіт лып етіп оны жерден көтеріп алып, қарияға ұсынған. Әбден әккі болған есек те, үстіндегі жүктің бір бөлігі түсіп қалғанын білгендей кілт тоқтаған еді. Шал тағы жымия күліп:

  -Тәңір жарылқасын, балам! – деп түйіншекті қоржынға нығыздай сала бастады.

  -Аумин! – деп жүрісін жалғастыра берген Мәделіге:

  -Ұлым, біреулерді іздеп жүрсің бе? Мен анау көше бұрылысында тұрамын, таба алмай, адастырып алғаның болса айтып көр, бәлкім септігім тиер, - деді.

  -Ата, мен керуен сарайға бара жатыр едім, мына көше төте болғасын осыған түстім, бұл көшеден бірінші рет жүруім.

  Мына қуақы шал керуенсарайда не жоғалтқанымды бәрібір сұрайтын шығар деген оймен Мәделі өзінің жоғалтып, анығын айтса қолды болған Көкбестісі туралы қысқаша айтып берді.

  -Хош-ш, солай-й де. .! – деді шал есегін әліде орнынан қозғамай жігітке бар ықыласын аудара. Басқа жерде жоғалтқан затыңды Бұхарадан іздегенің жөн. Бұл шаһар тоғыз жолдың торабы. Ірі табыс табамын деген ұрылар да, саудагерлер де осы шаһарға жақсы мүліктерін бір көрсетпей кетпейді. Ал енді сен анау дуалдың арғы жағына не үшін сығалап қарап тұрдың? – деп қария жігітке қарап жымың-жымың, иек көтерді. Сосын: - Атын іздеген жоқшы, жәлепхананың тесігінен сығалай ма? – деп қарқылдай күлген.

  -Ой, ата не дедіңіз, жәлепханасы несі? – деп Мәделі күлерін де, күлмесін де білмей дағдарды. «Мына шалдың бағанағы қутыңдай жымиысы тегін емес екен. Бұл мен туралы басқаша ойлаған екен. Қызқұмар, нәпсіқұмар деп ойлап қалды-ау» деген ой келгенде Мәделі тағы да қызарақтап ұялып қалды.

  -Е, балам, ұялмай-ақ қой, анау жаңа сенің сығалаған тесігіңді мен мұштармен жоңқалап тесіп қойғанмын. Кейде көңілім тасыған кезде, мен де келіп сол жерден сығалап, жастық сұлулыққа ынтызар көңілмен қарап тұрамын. «Әне қыз кетіп барады десе, сексендегі шал басын көтереді» - деген әския бекерге айтылмаған. Бұл бұрын басқа біреудің үйі еді. Олар көшіп кетті де мына жерді монша қожайыны сатып алып, жәлепхана жасады. Сенің бара жатқан керуен сарайыңдағы мықты саудагерлер осында бас қосып демалады. Бұл жер әрі үлкен мейманхана, кәуәпхана, дәмхана. Жоғалтқан қаладағы ығай мен сығайларыңды, осында күніге келіп тұрсаң, бір аптаға жеткізбей іздеп табасың. Мұндағы қыздардың да науы әртүрлі. Үнді, араб қыздары, Рум мен Қытайдың қыздары, Орыс пен Пәрәңгістанның қыздары, өзіміздің Бұхара, Самарқанд, Хорезм, Марғұланның қыздары. Түр-түрі бар, - деп шал басын шайқап-шайқап қойды. Шал сөзін тағы жалғастырды.

  -Сенің сөз саптауың Түркістанның қазағына ұқсайды екен.

  -Дәл таптыңыз, ата, сол шаһардан болмасам да, соның маңынанмын.

  -Осы Бұхарадан Созаққа, Аралдан Әулиеатаға дейінгі жердің бәрін біздер Түркістан деп атай береміз. Ол уалаяттың  шаһарларында қазақтар мен өзбектер араласып тұрады, ал даласының бәрін осы біздің Бұхарадай қазақтың малшылары жайлап алған. Біздің Бұхара тілі сәл парсыға бұрмаланған ғой. Тілдің тазасы сол Түркістанда, Созақта. Менің нағашы жұртым – Созақ. Анығырақ айтсам сол Созақтың иек астындағы Көктөбеде. Ер жігіт үйінен қырық қадам шықса мүсәпір дейді халық. Ал сен енді астындағы атыңды ұрлатып алғаның – қанатыңнан айрылғаның. Сен балам, қазір менімен бірге біздің үйге жүр, көшеде тұрмайық. Апаңа сәлем бер. Төркіндерінен адам келгенін көрсе, қуанып қалады байқұс кемпір. Сосын сені мынау кәуәпханаға апарайын. Қожайынмен таныстырып қоямын. Алда-жалда іздеген адамыңды соған айтып қойсаң, әрі кетсе бір аптаның ішінде тауып береді. Оның зияны жоқ. Түркістан мен Шымкенттің саудагерлері осы бір орынға көп келгіш-ақ. Тамыр-танысыңды да кездестіріп қалуың әжеп емес. Бәлкім еліңе сәлем айтарсың солардан. Пұл-ақшадан тарықсаң осында келіп жерлес таныстарыңнан ала тұруыңа болар. Жалпы бұл жермен танысып қойғаныңның  өз басыңа зияны тимес. Жүре ғой, айналайын, - деп шал Мәделінің жауабын күтпей, есегіне «ых» деп әмір берді. Есек екі құлағы салбырап, шала ұйқыда тұр еді, қожайынның бұйрығын ести сала, екі құлағын көтеріп ала, алға митыңдай жөнелді. Мәделі де қарсы уәж айта алмай, шалды қапталдай жүре берді. «Барсам, бара салайын, керуен сарайына үлгерермін» деген.

  Хасан шалдың кемпір төркін елінен келген жігітті бар көңілімен қарсы алған. Шай беріп, енді бір палау баспақшы болғанда Хасан оны тоқтатып:

  -Кемпір, ас қамдауға асықпай-ақ қой, біздің, Мәделі балам екеуміздің бір асығыс шаруамыз болып тұр, сол жұмысымызды тындырып келейік, ас қамына содан соң-ақ кірісе берерсің, - деді.

  Шалдың ұлдары үлкен саудагерлер екен. Қыздары да ауқатты адамдарда күйеуде. Кемпірі екеуі бір ұл, бір қыз немересін қолдарына алып, соларды қызықтайды екен.

  Кәуәпхана ауқымды. Ортасы адамдар әрлі-берлі өтіп жүретін жол, екі жағы жағалай орналасқан сәкі, кәт, топчанг... Төбесін жүзім жапырақтары жауып, піскен де, піспеген де, жүзімдер салбырап тұр. Адамдар да баршылық. Кілең еркектер. Кәуәп жеп отырған бір де бір әйел заты көрінбейді. Мәделі мен Хасан жағалай жүріп отырып, бір бос сәкіге жайғасты.

          Мәделі кәуәп жеп отырып, қария екеуі бір екі кесе шараптан да алып қойды. Хасанның маңдайынан, екі бетінен тер тамшылай бергесін, ұзын жаялықтай орамалымен сүрткіштеген. Мәделі де терін сүрте, жан-жағына қарап отырғанда, арғы беттегі, сонау шеттегі сәкі үстіндегі жайғасқан адамдарға көзі түскен. Олар бір нәрсеге келісе алмай керілдесіп кеңірдек жыртысуда еді. Мәделі олардың айтысына құлақ түріп көріп еді, не үшін себебіне түсінбеді, әйтеуір дау басында бес-алты адам отыр. Олардың көпшілігі ортада отырған бір адамға жабыла дау айтып жатыр. Ал анау ортадағы әрмен қарап арғы жағындағысының жағасынан ұстап сілкілеп ол да бір нәрсені айтуда. Енді әлгі ортадағы адам ананың сілкілеп отырған жағасын жіберіп бергі жағына қарады. Сол жағындағысының жағасына жармасты. Мәделі оның түрінен бірден таныды. «Оу, мынауың әлгі Байлархан керуенші ғой. Жан-жағындағылардың жағасынан ұстап сілкілейтіндей анау жазғандардың не жазығы болып қалды екен?» Мәделі әрі таңданды, әрі қуанды. Баяғы Көктеректегі Байларханға деген реніш ұмыт болғандай. Мынадай шетте жүріп бір танысын көргенде, баяғы реніштен көңілде ізі де қалмады. Ол орнынан тұра берді де, қайта отырып жатып:

  -Ата, анау отырғандар біздің Түркістаннан. Танып отырмын өздері керілдесіп жатыр екен. Барып сәлем берсем ыңғайсыз болмай ма екен? – деді.

  -Ә, ә айтпадым ба, саған, мұнда әлі талай танысыңды кездестіресің деп. Ал енді керілдесіп жатқан адамдардың үстіне барып сәлем бергенің әдепсіздік емес, тек өзіңе ыңғайсыз болады. Ашу үстінде олар сені танымай қалып, сөзі өзіңе де тиіп кетуі мүмкін. Керілдескенді ажыратпа, төбелескенді ажырат, - деп Хасан енді әлгі бұрышта отырған даукештерге мойын бұра қараған. Ол біраз үңіліп қарап алды да:

  -Е, е оларды мен де танимын. Анау ортадағы керуенші, қасындағы отырғандар, делдалдар, әне біреусі әпербақан ұр да жық ұры, ол соның жағасынан ұстап отыр ғой. Оң жағындағысы зымиян ұры. Оның арғы жағындағы тыныш отырғаны баукеспе ұры.

  -Ал, онда әлгі керуенбасыңыз да сау сиырдың боғы емес, ұры болмаса да алдамшы, жымысқылығы бар.

  -Дұрыс айтасың, жігітті жолдасына қарап, таны дейді, осыншама тобырдың ішінде сау адам отыра ма? – деп Хасан мұздай шараптан тағы бір тартып жіберіп, Мәделіге де кесе тола шарап ұсынды.

  -Мә, мынаны ішіп жібер де шөліңді бас. Аз-кем күте тұр, дау-дамайлары басылсын, сосын-ақ барарсың сәлемдесуге, елдің амандығын сұрастырып, мауқыңды басарсың, - деді сосын Хасан.

  Мәделі де күте тұрғанды дұрыс көріп сусынды дем алмай сіміріп салды. Сосын жастыққа қисая ыңғайланып жамбастап жатып аналардың дауының аяқталуын күткен. Хасан да шалқасынан жатып көзің жұмып алып демалуда еді.

  Анау жанжалшылардың қасында бөлек кәт-сәкілерде көрші-қолаң алқа қотан отырғандар да оларға біреулері адырая, енді біреулер аттың шабына ши жүгірткендей, қытықтағандай іштей «үр, ит соқ» -тың кейпін таныта қарауда еді.

  Махаллада отырғандардың аз бөлегі тыныштықты бағалай, желсіз күндегі су бетіндей тегіс мүләйім болса да, көпшілігі шараптың буына мас болып, онысы рахатқа батырып мүлгітудің орнына, іштерін қыздырып, жан-жағына қармандырып, шалт қимылды уақиғаларға аңсарын аударып қызды-қыздыға құмарлар еді. Неде болса мына жанжалдың көпшілікті бір қызыққа батырары сөзсіз болып тұрғандай. Енді-енді шартта-шұрт қызу төбелес қарқын ала жаздап, ұйытқыған дауылдай күшіне мініп, қайта басылып, жел үрлеген шаладай жаңа лапылдап, тез өшіп, жұртты өзіне қаратуда еді. Ақыры болмады.

  -Ай, қазақ, мен саған жым отыр деймін, жым бол, анаңды, - деп Байларханға қарама-қарсы отырған өгіздей жуан, қара сақал, жалтырбас орнынан тұра, оған қарай атылған. Атылғаны сол еді көнектей жұдырығы Байларханның тұмсығына тиген. Осыны күтіп отырған, қасындағы жанжалдастары да жабыла кетті. Байлархан да қағілездің бірі екен, тұмсығына тиген жұдырыққа дес бермей қарсыласып жатыр. Опыр-топыр жұдырықтар Байларханның арқасына да, бетіне де жауып жатты. Бұлар енді опыр-топыр алыса домаланып сәкіден құлаған. Мәделіге өтіп кеткені, кісілердің Байларханға жұмсап жатқан жұдырықтары емес, әлгі «қазақ» деген бөлектеу сөзі еді. Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді дегендері дұрыс болып шықты. Әлгі сөзді ести сала Мәделінің қаны басына шапқан. Жанжалшылар топырлай сәкіден құлаған кезде-ақ Мәделі солардың маңайында еді. Ол енді көптен бері төбелес, айқас көрмей құрысып жүрген денесін жазып алғысы келіп, ол тобырдың шетінен тұрғызып алып шықшыттарынан ұрып құлата берген. Төртеуі Мәделінің бір бірден ұрған жұдырығына шыдай алмай шалқасынан түсіп тұрмай қалғанын басқалары көріп төбелестерін сап тиды. Ол аяқ астында тепкінің теперішін көріп бүк түсіп жатқан Байларханды тұрғызып алды. Үсті басын қаққыштап, оны жетектеп алып, кәуәпханадан алып шықты. Көпшілік шейхтың киіміндегі мына баланың орасан күшіне, жүрегі түкті батырлығына таң қала бастарын шайқап қала берген. Мәделінің соңынан ере шыққан Хасан тіпті мақтанышта еді. Өзінің ұлы көпшілік арасында ерлік көрсеткендей, жүдә маңғаз кейіп танытып, кәуәпханадан шайқатыла шықты. Ал кәуәпхананың иесі шын ерлікке сүйсінгені сонша, кәуәп пен шараптың ақысын да сұрамады. Тек ғана:

  -Інім рахмет, өте жақсы істедің, осы бұзықтар-ақ біздің кәуәпхананың мазасын ала беруші еді, тіпті өзіміздің тәртіп сақшыларымыз да бұларға қарсы бір сөз айта алмаушы еді. Жоқ, керегі жоқ, төлемей-ақ қойыңыздар, тек ғана күніге осында бір келіп, мынадай жанжалшылардың тоқырақ бастарынан осылай қылып «тәкімәйт» алып тұрсаң болғаны, - деп Мәделіге ырзалығын білдірді.

  -Енді есін жиғасын ана төртеуі де бұл жерге келмейтін болар, келуге енді намыстанатын шығар, көпшіліктің алдында, жүдә сауап қылдың балам, - деп Хасан да риза болды. Олар бұл шаһарға жаңадан келген саудагерлерді алдап, мүләйімсіп сөйлеп, арбап осында әкеледі, шарап ішкізіп, сөзден сөз қуалап, шатақ шығарып, ақырында төбелеске апарып, соңынан барып тонап алады.

  -Оларға барлығы сыр алдырып қойған, бата алмайды, сен оларды танымағаның жақсы болды, танығаныңда сен де тиісе алмас едің, енді қорықпа олар бұл жерге жуымайды, - деп Хасен Мәделінің арқасынан қағып қойды.

  Байлархан аузы мұрнын жуып өзіне өзі келгесін барып Мәделіні шырамыта таныған. Біраз әңгіме айтылды. Әңгімеден әңгіме шығып оның ұшы Көкбестіге тірелді.

  -Мен Шаржау маңайында оншақты жылқы сатып алғаным бар, бәлкім солардың арасында сенің Көкбестің болуы мүмкін, себебі онда ақалтекелер, оның ішінде көктер де бар. Сонда барып көрелік, сенікі болса бағасына келісерміз, - деді Байлархан ақы пұлын ұмытпай.

  Хасен шал, үйіне қарай бұрылатын жолда қалып кетті де Мәделі мен Байлархан керуен сарайдың атқорасына келген. Атқораға кіру үшін де талай күзетшілерден өту керек екен. Тіпті кейбіреулері Байларханның өзін де мөрлі қағазын көрсеткеннен соң, әрең өткізген. Атқора ауқымды екен. Аралары белдеу ағаштармен бөлінген, шет жағалаулары жаппа. Қамыспен жауып үстіне балшық құйылған. Қабырғалары пахсамен көтерілген екен.

  Атқорада небір сәйгүліктермен қатар, жабылар да, арғымақтар да, тарпаңдар да бар. Қатар-қатар бөлінген қораларды аралап келе жатып, қара белдеу ағашының алдында Байларханның күзетші адамдары тұрған қоршауға келген. Бойы биік, жалы төгілген, қазмойын Көкбесті Мәделінің көзіне оттай ыстық боп шалынды. Көкбестіні әбден сағынған екен. Мәделінің көңілі босағандай болды ма, әйтеуір қуанғаннан айтарға ауызына сөз түспегендей еді. Қора кіреберісіндегі қос белдеу ағаштан, әбжіл қимылмен әрі өткен Мәделі жылқының қасына айнала жол тауып өтіп, Көкбестінің жанына барып, оның мойнынан құшақтап біраз тұрған. Көкбесті де есті жануар ғой, басын төмен иіп сағалдырығын Мәделінің тізесіне үйкелей, ол да сағынышы мен қуанышын білдіруде еді. Сонан соң басын жоғары көтере ышқыны бір кісінеген. Алғашында Көкбесті шынымен осы Мәделінің аты екеніне неғайбыл көңілмен қарап тұрған Байлархан да сенді. Бұл жерден тез арада кетейікші дегендей, алдыңғы аяқтарын кезек-кезек тарпып тұрған Көкбестінің, асыл текті жануар екенін байқаған Байларханның ішіне қызғаныш оты жанғандай еді.

  -Мәделі шырақ, жоғалтқан атыңды тауып алғаныңа сеніп тұрмын, кешіктірмей бағасына келісейік, мен мұны бір түрі келіспеген кержақтан жүз ділдәға сатып алғанмын. Не дегенмен сауданың аты сауда, егер Көкбестіні алғың келіп тұрса, бағасына келісейік, - деді.

 

 

6. «Түс түлкінің боғы» ма?

            Көкбестіні көрген Яғмыр қатты қуанды. Дарминаның қуануы тіпті айтқысыз еді. Әне, айттым қой, өткенде түсімде Көкбестіні көрдім деп, бұйырған алысқа кетпес, бұйырмағанға қол жетпес деген осы ғой деп, мәз болып жүр. Мынадай жарқын күлкілі әйбәт, әдемі қызды көріп Байларханның жүрегі дүрсілдей соғып, ындыны кебе қызығып қалған. Қазақша-өзбекше араластырып, анда-санда түркпен мен тәжік сөздерін араластырып қойып сөйлеп жүрген мына қыздың қай ұлт екенін түсінбей-ақ қойды. Қабағы шүңіректеу демесең, қазақ қызы сияқты. Бірақ қазақта да көп қой, шүңірек қабақтылар. Мейлі, кім де болса, сүйкімді сұлудың өзі екен. Осы құрғыр қызды қай жерде көріп едім деп Байлархан аз-кем  бұрынғы өткен саяхаттарына ой жіберген. Есіне жөпелдемеде түсіре алмады. Әлгі қыздың қолаң шашы, әдемі дене бітімі, жүзінің сұлулығы, әйтеуір біреуді мегзейді. Қім еді-ей сол дей, енді Байлархан, тағы да қызыға, өткен шақтарды көз алдына елестетіп көрді. Әрі-беріден соң есіне түсірген. Е, е, әлгі Шардарадағы бай саудагер Қалысбайдың Таһмина есімді қызы екен ғой. Ой бір ол да керімнің өзі ғой. Сылаңдап тұр-ау, сылаңдап тұр. Бұл ықыласын ол қыздың әкесіне шым-шымдап білдіріп еді, антұрған көнбей қойған.

  ...Осы жақында ғана, Қосжарсуаттағы бір мықтымен құда түсіп қойдым, енді кеш қалдың, уәде Құдайдың ісі, оны бұза алмаймын, қалыңның бірер бөлегін алып та қойдым, - деген Қалысбай. Бұл ондай қалыңмалды еселеп беретінін айтып еді, ол:

  -Байеке, ол кісілермен әзілдесуге болмайды, ертеңгі күні маған да, саған да құйрығымызға қалжуыр байлауға тура келіп жүрмесін, оның үстіне, құйрығы жер иіскемейтін қаңғып жүретін сіздей күйеу баладан көрі, иісі қазақ пен өзбекке беделі бар, иман жүзді адамға барғаны мен үшін пайдалырақ болып тұр, - деген.

  -Сөзіңізге қарағанда, бір кәртәміс болды ғой, күйеужаның?

  -Бір-екі әйелі бар екен, нақсүйерлікке барады да.

  -Маған тисе, бәйбіше болар еді.

  -Қырыққа дейін үйленбей, дүкен қуып жүрген, күйеуден бәйбіше күтімін күтуі ақымақтық шығар, - деген Қалысбай. Сөз сонымен доғарылған. Мұның аузының суы құрып, Таһмина қызға, үйіне кіріп-шығып, сыңғырлап жүргенінде оған қарай-қарай ындыны кеуіп отыра берген. Сосын бұл отырыс келіспегесін, Қалысбайға қош айтысып шығып кеткен еді. Енді сол қыздың кескін-келбеті, басқа есіммен қайта оралып тұр. Мына жас бала бұл қыздың күйеуіне ұқсамайды. Елпілдеп жүгіріп жүріп, шәй қойып, ас-су дайындап, үй шаруасына беріліп жүргеніне қарағанда ең жақын туысы болар. Сонда да анығына жетпекші оймен:

  -Мәделі шырақ, мына қызым, сенің көршің шығар, - деді .

  -Жоқ, көршім түрікпен, бұл менің туған қарындасым. Байлархан көзін жұмып отырып, тағы ойға қалды. Анау Шардарадағы Қалысбайдың қызынан аумайтын сұлулар көбейіп кетті ғой, бұл. Менің жүрген жерімде, Қалысбай сері, жүрген жолында бір-бір қыздан тудырып кете берген бе? Осы қыздай қызды мен сонау Қостөбе-Қарақшыда кездестірген жоқпын ба? Ол қыз арықтау, әлжуаз, түздің тағысындай жабайы еді. Мынаусы оған қарағанда сыпайы, қала мәдениетін бойына дарытқан, өте ұлағатты екен.  Ойлан, Байлар бек, осы қыздың сол баяғы күңдікке Ташкенге сатып жіберген сол жабайы қыз болып та жүрмесін. Қалысбай ол туралы кейінгі кездескенінде жұмған аузын ашпап еді ғой, менің де сұрау есімнен шығыпты.

  Енді бұл туралы ол Мәделіден шым-шымдап сұрақ салып, байқатпай біліп алу саясатын ойластырды. Жаңа әлде ғана дастархан үстінде айтылған Көкбесті саудасына бұл әлі келісіңкіремей отыр еді. Сауда таза алтын ділдә болмады. Жүз жиырма алтын ділдәны Мәделі таба алмайтынын білдіріп, бұған бір түйе мен он қой және сексен ділдә бермекші екенін айтқанда, бұл аз-кем ойлануға пұрсат сұраған еді. Мәделінің: «Көкбесті қуанышына қой сойып тамақ жасатайын» деген сөзіне «Жоқ, мен қайтайын, тез есеп айырыссақ болды, бір шыныаяқ шайың да жетер» дегенді. Енді сол сөзіне өкінгендей болды. Қойын сойдырып, етін астырып, құмыра тола шарабын алдыртып, осында қонса, мұны қай қайын атасы қуып жатыр. Әлі де кеш емес. Жаңағы сауда шешіміне жауап беру пұрсатын созыңқыраса болады. Енді бірақ сол ойды бірден айтса болмайды, мына бала, әдейі мына қыз үшін жата жамбастап қонғым келіп отырғанын сезіп қалар. Қашан өзі «кәне, саудаға келістіңіз бе?» дегенше әңгімені шеттетіп, қайдағы жоқты қойыртпақтатып отырған ләзім. Осы әңгіме дегеннің түр-түрі бұның тілінен күн ыстықтағы сарымайша ағып отыратын еді. Дәл қазір сол хикаяттардың бірі есіне түссейші. Ең болмаса, тақырып таба алмай дал болды. Мына қыз ішкі сарайына кіріп алып, мұның әңгіме тақырыптарын жалап-жұқтап, сыпырып-сиырып алғандай. Дүңгірлеген бос кеуде. Тілі сақау. Ләм-мим үнсіз. Есіне әлгі кәуәпханадағы бұзықтар түскен еді. Олардың нағыз жалмауыз, қу түлкі, мүләйім, арбағыш екендіктерін айтып, олардың мұны керуенсарайдан шыға бере-ақ жолықтырып, аузынан кіріп, артынан шыға, жылпостанып, жымысқыланып, бұның іші бауырына кіріп, туысқан, дос, жолдас тапқандай, бұған: «Е, қазақбай, біз қазақ жерінде болғанбыз, тентіреп түк таппай, аш-жалаңаш кезіп жүргенімізде, сол қазақтардың кең пейілдері меймандостарын көріп адам болғанбыз. Міне енді сол жақсылықтарын қайтарудың амалы келіп тұрғанын қарашы, жүріңіз, сізді бір осы шаһардың ең дәмді, бетке тұтар кәуәпханасына апарайық. Ол жерді ешкім бұрын-соңды көрмеген. Ондай жер әлемде жоқ. Сосын сол жерде қызойнақ бар. Оған да апарамыз. Әлемде теңдесі жоқ сұлуларды құшасың. Бәрін өзіміз төлейміз. Міне ақша. Біздің әйтеуір бұрыңғы көрген жақсылықтарымызды кімге де болса, әйтеуір сол қазақ даласынан келген адам көрсе болды, міндетімізден құтыламыз да, сосын ертең Исфаханға аттанамыз. Жүріңіз, бал татыған шарап ішеміз, шырын татыған кәуәп жейміз, райхан иісті гүл қыздарды құшамыз» - деп әлгі қулар бұны еркіне көндірген. Олардың сырттан келгендерді осылай алдап түсіріп, отырыс аяқ жағында әкелген адамына әдейі тиісіп, шарапқа мас болған сияқтанып, көңілге келер сөз айтып, ақырында жанжал шығарып, өздері кетіп қалып, ақысын әлгі ертіп келген адамы төлейтінін бағана Хасан қария айтпап па еді. Осы туралы әңгіме қозғамақшы еді, бірақ бұны сол жанжал мен қатты таяқ жеуден осы Мәделі емес пе құтқарған. Оны айтып, ризалығын білдірсе, Көкбестінің нарқы төмен түскелі тұр. Жоқ, ол болмайды. Бұл әңгімені қозғамау керек. Оданда басқа бір тақырып айтып, уақыт оздыра тұру абзал. Осы тыныш отыра берсем, Мәделінің өзі-ақ бір әңгіме бастамай ма екен? Іздегенге сұраған, осы тұста Мерет келіп қалған еді. Енді жағдай түзеліп, тірлік өзі дөңгеленіп сала берді. Көкбестіге құтты болсын айтқан Мерет, енді Мәделінің бос қарап жатқанына таңданыс білдіріп:

  -Оу, Мұһаммедәліхан, қазандарыңның астынан түтін көрінбейді, сойысып жатқан малыңды да байқап тұрғаным жоқ.  Үйіңде мейман бар екен, өздерің айтқандай, сенің Көкбестіңді осы кісі тауып әкеліп беріп жатса, бұл қандай іштарлық? Қой сойысатын адамды күтіп жатырсыңдар ма? Мен дайын, тек қайсысы екенін көрсетсең болды, - деп тісі ақсия күлген.

  -Мейманым рұқсат бермей отыр, - деді Мәделі ыңғайсызданып.

  -Оу, осы түркі тілдес халықтарының ішінде тек қана қазаққа қана тән мақалды сен өзің айтпап па едің, есіңе түсірейін: «Жаман үйдің қонағы билейді» дейтін мақалдың ашық меңзеп тұрған жері, қонақ қой сойма дейді, сен соймайсың, қонақ шай әкел дейді, сен әкелесің. Жо-жоқ, мен білетін қазақтарда ондай болмайды. Қонағына ешнәрсе айтқызбай, шайын да, майын да, өзі әкеле береді, тіпті астындағы жалғыз атын да сойып береді олар.

  -Бұл кісі, қонақ жоралғымен келіп отырған жоқ қой, сауда ниетпен, қарақан тірлігімен келіп отыр, мына Көкбестінің саудасына келісе алмай ойланып отырған жағдайымыз бар. Осы істі тындырып алғасын, мейман күту мәселесін ойластырармыз, - деді Мәделі ақтала сөйлеп.

  -Е, олай болса, дұрыс екен, ал не дейді мейман, енді уақыт оздырып ойлана бергеннен түк шықпас, айтыңыз кесіміңізді, - деп, Мерет енді Байларханға үңілді. Байлархан қипақтап қалған. Егер мақұл келістім десе «Қош, аман бол, Байлархан» деп қазір қайтарып жіберетіндей, өйтсе мына бір қарақат көз сұлудан өмір бойы айырылып қалатындай көрінген.

  Ол:

  -Мейлі болмаса, қой союларыңызға рұқсат, жата-жастана қона кетерміз. Өзіміздің қазақтың үйіне бір қонбай кетсек, түркпеніне де, өзбегіне де өсек болармыз, ал саудаға келсек Мәделінің айтқанына көнемін. Бергеніне береке берсін, әумин, - деп шоқша сақалын сипады.

  -Е, бәсе, біздің Мәделінің көңілін адам баласы қалдырмас еді, тәңір жарылқасын, мехман аға, - деп Мерет риза көңілін білдірді. Сосын:

  -Дарминажан, үйге дастарханға салар тәтті мен жұмсақтарың баршылық па, әлде дүкенге барып келе қояйын ба? – деді орнынан лып етіп ұшып тұрып.

  -Әй, түрікпен, сен дүкенге барсаң, маған да бір құмыра шарап ала келші, жүдә шекем қысып, басым ауырып отырғаны, бағанағы тал түстегі күннің ыстығы өтіп кетті ме қайдам? – деді Байлархан, кәуәпханадан шарап ішіп мас болғанын білдіргісі келмей. Бет аузы көкала қойдай, көгере ісіп, денесі қозғалуға шамасын келтірмей, ауырсынып отырғанын сездіргісі келмесе де, қабақ шытқанынан онысын Мәделі ғана байқап отыр еді. Шарап әкелуін өтініп, тапсырма бергенімен Байлархан Меретке пұл ұстатпады. Мәделі мен Дармина сыртта күбірлеп сөйлесе, Меретті дүкенге жіберді.

  Ет желініп бола салысымен Яғмыр асығыс-үсігіс үйіне кетті. Мына үшеуінің шараптан қайтпай ішіп отырғандары оған ұнамаған.

  -Мерет, балам қайтпаймыз ба, деп бір екі рет айтып та көріп еді, Мерет «қазір Яғмыр дәде, қазір» деп ырғалып жырғалып отырып, дәл қазір жөппелдемеде орнынан тұра қоятын рай білдірмегесін, өзі тұрып кетіп қалған. Шарапты да үлкен көземен әкелген еді, жуық арада таусыла қоймады. Байлархан еріккенінен ішіп отыр, Мәделі Көкбестінің саудасына қуанып ішіп отыр, ал Мерет қызыққанынан ішіп отыр еді. Шарап дене қыздырып, жігіттерді көңілдендіріп жіберген. Мәделі мен Мерет анда-санда қарқылдай күліп, дауыстары еркін ашық шығып, күлдіргі әңгімелер айта бастаған. Мереттің әдеті, көңілі көтерілсе Кеминенің әпенділігін айтады.

            ...Үстіне арыстандай төнеглі тұрған, саудагер Байларханның құшағына екі қарыс төменде Дармина маужырап ұйықтап жатыр. Қазір аш қасқырдай, аузы ақсиып, әлі қайымаған жас уылжыған тоқтыны жәукемдеуге даярланған Байларханның ұмар-жұмар астына түсуіне сәл-ақ қалған. Әлде бұл тоқты емес, түздің сұлу елігін елестеткендей. Оны мұрты тікірейген, жоны күржиген жолбарыс бір-ақ қарпып жұтпақшы. Жолбарыс па әлде бүркіт пе. Жоқ жолбарыс та емес бүркіт те емес, енді шамалы жақындап қараса шиебөрі екен. Бұл «әй кет, әй кет,» деп айқайлап көріп еді дауысы шықпады. Шиебөрі үрікпеді де, ал қаннен қаперсіз елік еш нәрсе сезбей маужырап, жусан көлеңкесінде жатыр еді. Бұл енді, иығындағы садағын алып, қорамсадан жебе салып, әлгі шиебөріні атпақшы болып, оны көздеуге дайындалған. Сөйтсе әлгі шиебөрі тура көз алдында арыстанға айналды. Арыстанды мына жебемен өлтіре алмасын біліп, ол енді беліндегі, Бұхара әмірі сыйлаған алмас қылышын шығарған. Қылышын оңтайлап ұстап , басын дәлдеп, енді қолын жоғары көтере беріп еді, әлгі арыстан енді, өз ағасы Асқарқожаға айналып кетті. Бұл қылышын тастай сала көзін уқалап қайта қарап еді, Асқардың жәукемдеп жатқан елік емес, тап өзінің сүйіктісі Таһмина. Асқар оның кеудесіне мініп алған, екі қолымен оның әппәқ жұмыр анарын умаждап сығымдайды. Таһмина айқайлап көмек сұрауда, «Мәделі, Мәделі, !» деп ойбай салуда. Бұл не істерін білмей дал бола, орнынан қозғала алмайды. Өз ағасына бұл қалай қарсы тұрар? Ең болмаса Таһмина мұның айттырып қойған қалыңдығы да емес. Туыстарының ішінде бұлардың көңілдері жақын екенін тек Сұлтанқожа мен Сербиназ ғана біледі. Ал үлкендерден шешуші орын алатындардан, үй-жай отбасы, болашақ қамын қарастыратын әке-шеше, аға-жеңге, ата-әже дейтін көштің алдыңғы нарларынан бұлардың махаббаттарын бірі де хабардар емес. Олай болса, Таһминаға бұл қалай араша түсер? Ағасы Асқар не істейтінін өзі біледі, өзі шешеді. Жасы кіші іні оның ісіне араласпауы тиіс. Оның үстіне айдаладағы саудагердің тоқалының қызының бұлардың әулеттеріне бес бересі, алты аласы жоқ қой. Ал енді бұл жағдайда мынау алысу-арпалысқа қарамай бұрылып кете беруіне де шама жоқ. Жан жүрегімен елжірей сүйетін Таһминасы, өзінің жақсы көретін ағасы Асқардың астынан шыға алмай бұлқына айқайлап «Мәделі, Мәделі құтқар!» деп көмек сұрауда. Не істерін білмей әбден алас ұрған, Мәделі бастығырылып, терге шомылып, ұйқыдан оянып кеткен...

  Мәңгіп, енді әлгі уақиғаның мұның түсі екеніне қуана берген Мәделі әлгі дауысты тағы естіді. Ау, мынау Таһмина емес, Дарминаның дауысы ғой. Орнынан ытқып тұра, қыз жатқан бөлмеге қарай жүгірді.

  Кіріп барса..., опыр-топыр, алысып –жұлысу... Байлархан әлгі қасқырдай болып, тоқтыны жәукемдегелі жатыр екен, бірақ абырой болғанда қыздың киімдері бүтін. Дарминаның оң қолы Байларханның сақал мұртын умаждай бүріп, бетін бес елі керіп жіберердей. Оның бір көзі одырайып, екінші көзі әлгі сақал мұртпен керіліп сызыққа айналыпты. Екінші қолымен Байларханның білегінен қарыса қатып, айрылар емес. Екі аяғы бірдей қимылдап оны тепкілеуде. Басын олай-бұлай қимылдатып алас ұрып, жігіттің иығын, төсін тістелеуде. Байлархан бар күшін салып ырсылдай, бір қолымен біресе қыздың аузын басып, біресе оның киімін шешпекші болып жанталасуда еді, екінші қолын қыз шеңгелінен босата алмай әуре. Мәделі мына көрініске көз ашып-жұмғанша бір қарап алды да Байларханды арқасынан бүркітше бүріп ұстап, жоғары көтеріп, есік аузына лақтырып жіберді. Жәрдемге келген Мәделіні көрген қыз орнынан атып тұрып, оны құшақтай алып, өксіп-өксіп жылап жіберген. Қыз Мәделінің мойнына асылып тұрып әбден жылады. Бірақ дауыс шығарып бақырған жоқ. Қыздың өкпе солығы басылғанша Мәделі де міз бақпай тұра берген. Қыздың жас жуған бетін орамалымен сүртіп, алақанымен оның шашынан сипап, біраз бәйек болды. Қыз әбден өксігін басқасын, оны сүйемелдеп әкеліп төсекке жатқызған. Үстіне көрпесін жауып ләм-мим сөз айтпай сыртқа шықты. Байлархан көрінбейді. Яғмырдың кәрі иті шабаланып үріп, әупілдеген үнін енді басыңқырапты. Сонысына қарағанда Байлархан дарбазадан шығып кетсе керек. Мәделі енді атқора мен малқораға барды. Көкбесті орнында. Түйе күйіс қайтарып ол жатыр. Саулық тоқтылар түгел сияқты. Ол енді дарбазаға барып, оның ашық тұрғанын көріп, ішінен мықтап бекітті, әлгі кәрі төбетті оның босағасына байлап қойып, қайта келген. Оң жақтағы көденің үстінде шалқасынан ұйықтап жатқан  Меретке көзі түсті. Үйден шекпен ала шығып, оны таңғы салқында тоңғандай бүрісіп жатқан Мереттің үстіне жапты да, қайта үйге кірді.

 

7.Мазасыз бір күндер

           Уақыт бәрін ұмыттырады ғой. Мәделі Абдулла ғұламаның айтқан ақылын орындап әмір Насроллаға барған еді. Әмір қуана келісті. Мәделі енді әмір сардардың арнаулы діни-харбий мектебіне қабылданып, соның атты қаландарлар даярлайтын бағыттағы арнаулы сыныпында тәлім-тәрбие ала бастаған.

  Мұнда «Діни негіздерінен» де басқа мемлекеттік канундар мен хукуг мәселелері, пәлсафа оқытылады екен. Одан басқа аптада бір рет әскери тәртіп негіздері және құрылымы да оқытылады. Қалған мезгілде сабақ тыңдап ми қатырып отырмайды, қылыштасу, найзаласу, төбелесу, ат үстінен аударыспақ, күш сынасу, жылдамдық сайысы, шыдамдылық сайысы, қағылездік сайысы, әбжілдік сайысы, өжеттік сайысы оқытылып, іс жүзінде сыналып жүргізіледі. Мәделіге де керегі осы еді. Таңның атысынан күннің батысына дейін әскери өнер үйренуден жалыққан емес. Таһмина да азаннан кешке дейін еске түсіп мазаны ала бермейтін болды. Тек ғана Дармина айтқанды істемей жүр.

  Оған еркіндік беріп: «- Төрт құбылаң ашық, барам деген жағына кете бер, өз еркің өзіңде, ақша керек болса қалағаныңша тауып беремін, боссың»- деп еді, онысы ойбайлап жылап, мұны әбігерге түсірген. « - Мен сенің қарындасыңмын деп жүрсем, сен мені үйден қуғаның не, мен кетсем сенің жағдайың не болмақ, менің саған не зияным тиді? Менің жаным сенің жолыңа құрбан деп жүрсем, сен мені далаға қуғаның не, ойбай-ай, ыңң-ңа-а, не жаздым Құдайға, Таһмина әлі көрмей жатып, күйеуге шыққан-шыпағанын білмей жатып, түлкінің боғындай түске сеніп, бәрінен түңілгенің не ойбай-ау, ыңң-а-а, Таһминаны саған қоспай, біреуге қосақтаған Құдай, одан да Таһмианны саған қосып, ақысына мені құрбандыққа ала салмады ма екен? Аң-ңа-а? Байлархан деген малғұнды әкеліп бір қорлаттың, енді үйден қуып екі қорлайын дедің бе, аң-ңа-а? –деп зар илеп жылап Мәделінің де жүйкесін босатқан еді.

  Содан қайтып Мәделі ол қызға оның бостандығы туралы жақ ашпайтын болды. Ол байқұс та Мәделі үйге кіріп келгенде жүрегі дірілдей, тұнжыр көзі жәудірей, оған қорқа қарайды. «Қашан кетесің, ей» - деп айтып қала ма, деп зәре иманы қалмай аяғының ұшымен ғана басып, бәйек бола зыр жүгіреді. Қыздың мына қимыл қарекеті Мәделінің жүрегін шымырлатып, жанына қатты батып жүрді. Қанша жылы шырай танытып, «Дармина қарындасым, айналайын» деп сөйлесе де, қыз қуып жібере ме деген қорқынышын баса алмай-ақ қойды.

  Енді Мәделі қулыққа көшпекке ниет еткен. Ол Дарминаны қасына шақырып алды да:

  -Жаным, қарындасым, бүгін Исмайыл келді, - деді.

  -Е, келсе, көкемді осында неге ертіп келмедің, мен тәтті ас пісіріп беретін едім ғой, - деді қуана күліп.

  -Исмайыл асығыс екен, елге тез жүріп кетті, кетерінде «Қойхан апам, Дарминаны сағындым, ауылға жіберіп алсын» депті, иә, иә, қызымызды сағындық қой, ол қызымызды көретін күн туар ма екен, деп Жүсіпқожа көкем де сағыныш білдіріп жатқан көрінеді, - деп Мәделі Дарминаның жүзіне күлімсірей қарап қойды. Дарминаның жүзіне қуаныш үйіріліп, орнынан атып тұрып, секіріп-секіріп алды.

  -Ә, ә, сен мені қуғаныңды енді көкем мен апама айтып беремін, осыдан ауылға барғасын, - деп тағы да секіріп-секіріп, жарқын-жарқын күліп қойды. Сосын сол күлімсіреген күйінше Мәделінің қасына қайта отырып:

  -Ә, ә, Мәделі мені үйден қуды деп айтайын ба, айтпайын ба? – деді.

  -Қой-әй, неғыласың айтып, осы қыздар деген халық, жұртты жамандауға неге сонша ұста болады екен? – деп жігіт енді өп-өтірік қапаланды.

  -Мақұл, бір рет кешіремін, енді қусаң бәрін тізіп көкеме айтып беремін, білдің бе? – деді көзін ежірейтіп, маңдайын мұның маңдайына тигізе, тұнжырлығы да, жәудірлігі де жүзінен ғайып болып, енді барлық шешуші ойын кезегін өзіне алған шахматшыдай, паңдық байқатты.

  -Кел одан да шахмат ойнайық, - деген Мәделі қорыққан сыңай танытып.

  -Шахмат басымды ауыртып жібереді, оданда дойбы ойнайық, - деді қыз.

  -Қойшы ұтылып қаласың да, соңынан жылайсың.

  -Өзің ғой, қарау ойнайтын.

  -Одан да асық ойнайық, қарауы жоқ, «хан алшы?!»

  -Қазір шай қойып келейін, асықты дайындай бер, - деп Дармина қуана сыртқа шығып кеткен.

  Сонау бір кездегі Байлархан келген түнгі уақиғадан кейін салы суға кетіп, одан Мәделі оған еркіндік беріп, «қалаған жағыңа кете бер» дегені одан сайын ұнжырғасын түсіріп жүрген Дарминаның бүгін ахуалы түзеліп, көңілі қуанышқа толып, содан бері бір жадырағаны шығар. Асық ойнауға да, шахмат, дойбы бәсекесіне де қатысуға пейілі бар. Онда да қуана-қуана келіседі. Өзі құмартып отыр. Көптен бері көңілінің шырқау биікке көтерілгені осы бүгін шығар. Жүсіпқожа мен Қонысайымды өзі көріп келгендей, қуана күліп олар хақында әңгіме айтудан да жалығар емес.

  -Жүсіпқожа көкем рұқсат берсе, Қойхан апаммен бірге Дарбазаға қыдырып барамын. Олар мұндағы қызын сағынған ғой. Мен ше, тіпті жүдә сағындым. Қонысайым апам Көктерекке... . , - деп келе жатып тілін тістеп алды да Мәделіге көзін төңкере ұрын қарап қойды. «Қап» деп іштей өкініп қалған. Сол аты ұмытылмағыр Көктеректі несіне айттым, әлгі Таһминаны еске түсіріп?! Ол Мәделіден ешқандай қарсылық сөз, не жүзінде өзгеріс болмағасын, әңгімесін ары қарай жалғастырды. «... Мен апаммен Дарбазаға барамын, Сербиназға қызық-қызық әңгіме айтып беремін. Оған «Нежеп оғлан», «Қырық қыз» дастан-жырларын айтып беремін. «Қырыққыздағы» Сербиназ атты батыр қыз нақ сол өзіміздің Сербиназ секілді елестейді маған. Ал қырыққыздың қолбасшысы – Гүлайым сұлу нағыз Таһмина... әлгі Керімсұлу.

  -Қойшы-ей, Керімсұлу түнде қараңғыда далаға шыға аламайтын қорқақ қой,  ал Гүлайым дегенің Сербиназдай батыр әрі сұлу, әрі ақылды қыз ғой, асылы Гүлайым сұлу саған ұқсайтын болар,  - деп Мәделі Дарминаны қолпаштай күліп қойды.

  Дарминаның ботадай көзі ойнақшып мәз бола жымиды. Өзін жүдә бақытты сезініп отырған қыз:

  -Е, неге, ондай болу бізге қайда-а? – деген. Сосын: - Әлгі Дарбазадағы бала ше, Тасқожа ма еді, Сербиназдың інісі, Тасқожа десе дегендей, өз ісіне тастай пысықтың өзі ғой, анадай тірлігімен, сол бала болашақта нағыз шіріген байлықтың астында қалғалы тұр-ау, ә? – деді.

  -Е, неғып, оны қалай білдің?

  -Қолынан келмейтіні жоқ, бәрін өзі тындырып жүр, анау өзі жасаған бесіктер мен келілерін көрдің бе?

  -Қойшы, соны өзі жасай қойды дейсің бе, әшейін Сұлтан көкем мен Жұлдызайым апам баласын еркелетіп, асыра мақтап жүрген шығар.

  -Жоқ, рас, Сербиназ алдамайды, сол айтты.

  -Сен ауылды көп айта бердің ғой, шынымен сағынғансың ба? Сенің жүрегіңдей кең жүрек, әй, қайдам, біздің замандастарымызда жоқ шығар. Сен ғой, Дарбазада бір-ақ күн, Қосжарсуатта бір-ақ апта болдың, сол қысқа мерзімде соншама адамдар жүрегіңнің түбіне орналасып қалыпты, тіпті оларды сен сағынып отырсың, бұл қалай?

  -Олардың барлығы жақсы адамдар ғой, оларды қалайша сағынбассың. Осыдан Қосжарсуатқа бір жетіп алсам, екіншілей сырт жолға шықпаспын.

  -Менімен бірге де шықпайсың ба?

  -Қойхан апамның қасынан кетпеймін.

  -Пах, шіркін, сағыныш мауқың басылғасын, Мәделі, қайда барасың, мені де ала кетші, деп Көкбестінің құйысқанына жабысарсың әлі-ақ.

  -Жабыспаймын, апамның қасынан шықпаймын.

  -Күйеуге беріп жіберсе қайтесің?

  -Күйеуге шықпаймын. Қонысайым апам мені жылатып, күйеуге бермейді.

  -Онда елге қайтамыз ба? Апамды да қатты сағынғансың-ау деймін.

  -Қашан қайтар екенбіз? Сені сардар жібере ме?

  -Жібермесіне қоймаспын. Кетеміз де қаламыз. Тек сен айтсаң болды.

  -Маған бір ой келіп жүр, Мәделі. Мен үйде бос жүрмін, өзіме пайда келтіретін оншама тірлік атқара алмай жүрмін...

  -Неге, хат таныдың, кітап оқи аласың...

  -Ол да дұрыс шығар, мен енді қылыш, найза сайысы өнерін үйренгім келеді. Сен маған үйретші.

  Мәделі ойланып қалды. Сайыскерлік пен найзагерлік қыз баланың қызығар өнері емес, қазақта «байтал шауып, бәйге алмас» деген мақал сияқты сөз де бар. Бұл қызды сайысқа үйретсем, бұл ертең күйеуін ашуланғанда найзалап жүрмей ме?

  -Дармина-ау, сен ондай өнерді үйренген соң, қандай жерге пайдаланбақшысың, әсілі, өнер дегенді, өмірде бір пайдаға асар-ау деген ниетпен үйренбей ме?

  -Жоқ, мен Жаухариден мынадай сөз оқығанмын: «Өнерді үйрен де жирен» - деген. Оны үйренбей жатып, жиренуші болма дегені.

  -Қой, сайыскерлік пен найзагерлік өнер емес.

  -Онда сен неге үйрендің?

  -Мен еркекпін, мен сені, оны, Отанды қорғауым керек.

  -Мен ше?

  -Сен қорғамасаң да болады. Сен... Сен бала тауып, күйеуіңнің жағдайын жасап, үй-тұрмысына қарауың керек.

  -Оның дұрыс шығар, бірақ мен сол сайыскерлікті үйренгім келеді.

  -Сайыскер, найзагер болып алып, ертең күйеуің жыныңа жақпаған күні оның құйрығына найза сұғып алып жүрмейсің бе? – деп еді, екеуі де қосарлана мәз болып, күліп алды.

  Сосын, бәрібір Дармина жеңіп, ертеңнен бастап, атқора ішінде Мәделі қызға күніге жекпе-жек өнерін үйретумен шұғылданды.

 

 

8.Дарминаның әңгімесі

  Дармина бұл өнерді үйренуде де өте зеректік көрсеткен. Ол Мәделімен тайталаса сайысатын жағдайға келген. Тіпті кейде ол Мәделіден өнерін асырып та жүрді. Ондайда Мәделі намыстанып қалмайды, қайта Дарминаны мақтап, мерейін өсіріп қояды.

  Бір күні жаттығудан соң Дармина Мәделіге:

  -Мен бұл өнерді сенен үйрендім, ол үшін әуелі Құдайға, сосын саған рахметімді айтамын. Енді үйренген себебімді айтайын, - деп әңгімеге кіріскен.

  -Сенің маған айтып беруге тиіс көп жағдаяттарың бар ғой, тек соны өзің біліп, маған айтпай-ақ жүрсің, ал мен сені өзі-ақ бір күні айтар-ау деп сұрамай жүрмін. «Асықпаған арбамен қуып жүріп, қоян алады» демекші, міне оның да өзінің уақыты келді-ау деймін.

  -Келді. Сенің осыншама сабырлылығыңа ризамын, Мәделі. Менің өткен кезеңдерімді, кіммін, қайдан шыққанмын, ата-анам кім, бұл туралы сен де сұрамадың, Жүсіпқожа көкем де сұрамады. Қонысайым апам мен Сербиназ білгісі келіп еді, мен шамалы бұрыс жауап бердім. Оным шындыққа жанаспады ма, әйтеуір олар да сөздерін басқаға бұрып жіберген еді.

  -Енді бұрмаламай айтатын шығарсың?

  -Айтайын, менің әкем аңшы еді. Шешем үй шаруасында. Біздер сонау баяғы Қарақшы төбе маңындағы жалғыз қорада тұрдық. Неге жалғыз тұрғанымызды сол кейінгі кезге дейін түсінбей жүрдім. Қарақшытөбе тұсындағы сол қораға айында не аптасында кейде екі-үш, ал кейде жиырма отыз түйе не жылқы әкеліп қамалатын. Олар сол жерден оншақты күннен бір жарым-екі ай мерзімдер аралығы өткеннен соң алып кетілетін. Қорада мал бар кездері әкем мен шешем сол малдарға қарайды, ал жоқ кездері әкем аң аулап кетер еді.

  Бір күні қораға жиырма шақты жылқы әкеліп қамалды.

  -Кімдер әкеліп қамады, әкең бе?

  -Жоқ, әкем өте кедей адам, біреудің малына анда-санда қарасып, одан өзге аң аулаудан басқа, ол кісіде кәсіп жоқ қой, біздің қораға түйе жылқы әкеліп қамайтын басқа бір кісілер, мен енді ойлап отырмын, сол кісілер қарақшылар болуы керек деп. Олар мына өздері әкелген малды қораға қамап, оларға қарап, күтім жасауды әкеме тапсырады да, өздері кетіп қалады. Сол малға қарап, құм арасына шығарып, жайып бағып жүріп, бір күні кешке оралмады. Біз шешем екеуміз ертеңіне іздеп шыққанбыз. Таба алмадық. Теңіздей жайылған, арғы жағына көз жетпейтін, бұйрат-бұйрат құмның қай жағынан іздеуді білмейтін едік. Оның үстіне жаяу қайда барасың? Әрі кетсе, үш-төрт бұйратқа дейін, жан-жақты шарлап, ешқандай із кесе алмағасын, іздеуді де қойғанбыз. Азық-түлік таусылып, аштық жайлады.

  Бір күні бақытымызға қарай әлгі қарақшылар келіп қалмасы бар ма? Олар жағдайды естіп білгенімен, алғашында сенбей біраз әлек-шәлегімізді шығарған. Сенің байың малды сатып, өзіне жарату үшін, ол жылқыларды өзі ұрлап кеткен шығар деген де әңгіме болды. Бірақ көпшіліктің арасында жақсы да адам кездеседі ғой. Олардың арасындағы бірі:

  -Расул бек, сардар, сенің әкең Уаламихан да дәл сен сияқты, ешкімге сенбей, ойлайтынының барлығы арамдық еді, сен қойсайшы осы мінезіңді, мен сені әкең тұтқындалғаннан кейін бір дұрыс тәрбие беремін деп қанша тырыссам да, сен бір осы мінезіңді тастай алмадың-ау, - деді.

  Расулбек осы топтың басшысы болса да, әлгі адамнан кешірім сұрады да:

  -Енді сіздің ойыңызша қалай болуы керек еді? – деді.

  -Сен бұл нашарларды қинап сөз айтпа, бұлар онсыз да асыраушысынан айрылып отырғандар, қарасаңшы екі көздері аштықтан шүңірейіп кетіпті, - деп сөзін әрі қарай жалғастырды. –Ей, Исфара, анау аттың беліндегі азық-түлікті түсір, барлығын мына бейшараларға әкеліп бер, өздеріңнен де, кәне, барлықтарың қоржын, торсықтарыңдағы азық-ауқаттарыңды шығарыңдар, беріңдер мына мүсәпірлерге. Мүсәпір мен бейшараларға жақсылық етсеңдер, Құдай күнәләрыңды кешіп, ұжмақтың төрінен орын аласыңдар, - деп өзі бастап қоржынынан нан, қауынқақ, піскен ет алып біздерге ұсынды. Мен де, шешем де қуанғанымыздан жылап жіберіп, өксігімізді баса алмай отырып, тағам жеуге кірістік.

  Олар өздеріндегі бар азық-түліктерін біздерге тастап, жуық арада қайтып соғатынын айтып, мен білмейтін жаққа кетіп қалған.

  Содан бір жарым ай өткенде олар қайтып оралған. Олар жоғалған жылқылардың қолды болғанын айтты және оны кімдер алғанын да біліпті. Әкеміз туралы хабар айтпады. Сосын жылқыларды айдап алып кеткен керуеншілер екенін, сол керуенді қайтар жолда, осы Қарақшы төбе тұсында тосатындарын айтты. Жылқыларды айдап кетушілердің ысылған қарақшылардай әккілер, не қарақшылықтың түбін түсірген жырындылар екен деп шешкен олар, жылқылардың ақысын тек қана олардың керуендерін тонаумен ғана қайтаратындықтарын айтып келіскен.

  Олар сол керуенді тонап, сонан соң тонаудан түскен мал-мүлікті құмның үстімен Нұр Ата тауларына қарай айдайтынын айтқан. Сосын мені өздерімен бірге ала кетіп, Жызақта тұратын әкемнің туысқандарына апарып тапсырамыз дегенді. Маған Қарақшытөбе тұстағы қалың сексеуіл арасында оларды күтуім керек екенін ескерткен. Сонымен «керуен қайтар жолға шығыпты, ертеңдері осы тұстан өтеді, керуенді тонай салысымен құм ішіне сіңеміз, қызың әлгі қалың сексеуіл ішінде тығылып, бізді күтіп отырсын, біз керуенді ала салысымен, қызыңды да қосып алып, тез арада көзден таса болуға тырысамыз. Сен бізді күтіп осында отыра бер, біз керуенді тонап алған мүлкімізді Жызаққа өткізіп, қайтып келерміз. Енді тез-тез хабар алып тұрармыз» - деп әлгі қарақшылардың біреуі келіп ескертіп кетті. Ертесіне әлгі айтқан қалың сексеуілдің арасына келіп отырып, ұзақты күн күттім. Ешкім келмеді. Келесі күні тағы күттім. Сол күтіп отырғанымда, басқа бір бейтаныс нөкерлер келіп, мені алып кетті. Онда барсам, мені әлгі Жызаққа апарып тастаймын деген қарақшылар тұтқындалыпты. Біразы өліпті. Менің шешемнен түрі аумайтын бір әйелдің, қылыш кесіп, өліп жатқан денесін көрдім. Мен оның жүзіне қарай бергеннен соң, керуенбасы менен ол әйелдің кімің еді, - деп сұрады. Мен білмейтінімді айттым. Керуенбасы сенбеді. Мен оған ешнәрсе айтпауға іштей өзіме уәде бергенмін. Ол менен Таскентке күң болып сатылып кеткенше жөнді жауап ала алмады. Ол керуенбасының кім екенін айтайын ба?

  -Енді әңгімені бастағаннан соң, аяғына дейін толық айтқаның ләзім.

  -Ол керуенші – Байлархан.

  -Байлархан?!            

  -Иә, Байлархан.

  -Ой, кәззәп, Байлархан-ай, ол әкеңді өлтіріп, малын ұрлаушы қарақшы ма екен? Осы әңгімеңді неге ертерек айтпадың? Баяғы жаздың шілдесінде есіңде ме, Көкбестіні тапқан күніміз, Байлархан үйге келіп еді ғой, әлде сенің айтып тұрғаның басқа Байлархан ба?

  -Жоқ, сол Байлархан.

  -Ол сені бұрын қайда көріп едім деп, біраз саған көз сала қарағанынан байқағанмын. Яғни ол сені таныды. Базардан сатып алынған күң екеніңді біледі.

  -Оның маған, сол керуен жолда не айтқанын білесің бе?

  -Мен қайдан білейін айта берсейші.

  -Ол айтты, сен Қалысбайдың қызы емессің бе? Әкеңе тартып, әдемі болып туылыпсың деді.

  Менің әкемнің аты Қалысбай емес, Дәдәмәт мерген десем, жоқ, сенің шын әкең Қалысбай, енді жүрген жеріңде «Қалысбайдың қызымын» деп жүр деді. Сіз мені енді сол Қалсыбай әкемнің үйіне апарасыз ба десем, жоқ, апармаймын, ол сені қабылдай ма, қабылдамай ма, кім білген, оның алты қатыны бар, бала-шағалары жетерлік, ол алты қатыны алты жерде тұрады, сені ол қайсы қатынының қолына апарар? Кім білген, «мен не қызсырап жүр ме едім, бұл қызды несіне әкелдің?» деп маған дүрсе қоя берсе қайтемін, - деді.

  Сөйтіп, ол мені бір адамына, Таскентке апарып тастауды тапсырды. Ол адам құл базарға бір ділдәға сатып, жөніне кеткен.

  -Ол сені неге күңдікке не кәнизактыққа алмады екен?

  -Ол менімше, сол Қалысбайдан қаймыққан болуы керек. Сондықтан саған да жоқ, маған да жоқ, деп Таскентке апарғызып тастаған шығар.

  -Сонымен Қалысбай деген кім болды екен?

  -Білмеймін, мен де естіген емеспін.

  -Егер менің Қалысбайдың қызы екенім рас болса, онда мен қазақ болғаным ғой?

  -Ә, сенің Дәдәмәт мерген әкең өзбек пе еді?

  -Жоқ, өзбек емес сарт, бірақ шешем қазақ.

  -Солай де, әкең сарт болса, онда тәжікше мен өзбекшені қайдан үйреніп жүрсің?

  -Өй ол оңай ғой, сол екі тілдің қосындысы емес пе, сарт тілі?

  -Иә-йә, солай екен ғой, ал енді сен қалайымша Қалысбайдың қызы болып жүрсің?

  -Онысы маған да жұмбақ.

  -Ол жұмбақты біз сен екеуміз шешуіміз керек, дегенмен сайыс өнерін дұрыс үйренгесің онда, бұны тек ертерек айтуың керек еді. Мен сенен нағыз сайыскер шығаратын едім.

  -Әлі де кеш емес.

  -Кел, қылыштасасың ба?

  -Келсең, кел.

  -Тұра тұр, ерікпей, әлгі әңгімеңді неге бұрынырақ айтпадың, қуып жібере ме деп қорықтың ба?

  -Иә.

  -Енді неге айтып тұрсың, енді қорықпайсың ба?

  -Қуады деп қорықсам да, өзім жеке өмір сүруге қорықпаймын. Өзімді-өзім қорғай аламын, тіпті біреулерге күш те көрсете аламын. Мен бұрын бұйығы едім-ау, ә, мына дене шынықтырудың әсері-ау деймін, өзімді-өзім тіпті еркін сезінемін, сенен бұрын қорыққан сияқты болып жүруші ем, енді қорқу деген жоқ, қайта сені ынты-шынты болмысыммен, денеммен жақсы көретін сияқтымын.

  -Махаббат па?

  -Жоқ... сыйластық шығар.

  -Қойшы-ей, сенбеймін, бұрында да осындай едің ғой.

  -Саған білінбейді ғой, бұрын мен өзімді іштей күштеп жүрген сияқты едім, енді бір еркіндікте жүргендеймін.

  -Қайдам, мен түсіне алмадым... Түсініксіз... Ал енді Байларханды кездестірсек не істейміз?

  -Өзің де іштей біліп тұрсың ғой, - деп Дармина қолындағы қылышпен, атқора қабырғасына сүйеніп тұрған сырықты шауып түсірді...

 

Ү-ТАРАУ

ЕЛШІ

 

Ерлер бар дауысы жер жарып өткен,

                                                                        Жарқыраған жұлдыздай ағып өткен.

                                                                     Ерлердің ел сыйлаған бірі болып,

                                                                   Жүсіпұлы Мәделі дарын өткен.

/Тұрсынәлі ақын/

 

1.Хош  болып тұр, қайран Дармина!..

...Қыз да шынтуайтқа кірісті. Оның шын жаттығуға кіріскенін Мәделі қыз жұдырығы бұның тұмсығына екінші мәрте тигенінде білді. Қыз жұдырығы батпандай бола бастапты. Мәделі мына Дарминаның қылыштасудан жекпе-жек ойынында шын қарсыласы бола алатынына қуанды. Бірақ тұмсығының ауырғаны ішкі намысын қоздырып барады. Қанша шыдаймын дегенімен жігіт шыдай алмады, әлде денеге таяқ батқанда қол еріксіз қарсы қозғалысқа көшетіндіктен бе, әйтеуір екеуінің қылышы шан-шұң дыбыс шығара айқасып қалған кезде, Дармина тағы да Мәделінің тұмсығына ұра беріп еді, Мәделі одан шалт қимылдап Дарминаны шықшытынан ұрып, домалатып түсірді.

Қыздың қолындағы қылышы да ұшып түскен. Жігіт өзінің шындап кеткенін енді байқап, Дарминаны орнынан тұрғызуға оның қасына жүгіріп барған. Осы кезде бұл жерге даладан ентіге жүгіріп келген түрікпен қызметші Мерет:

- Өй, өй Мәделі өлтірдің ғой бұл қызды, не жетпей жатыр еді екеуіңе!?-деп, көзі бақырайып кеткен ол, жерде сұлап жатқан Дарминаның бетіне үңілді.

- Біз әшейін ойнап жатырмыз! – деп, Мәделі қызды жұлқылай орнынан тұрғызып жатты.

-Бұл қандай ойын? Егер ойындарың осындай болса шындарың қандай болады? Ойбай Құдай басқа салмасын, не деген сұмдық ойындарың мынау? – деп, Мерет ренжіген кейіп танытты.

- Жағым қисайып кеткен жоқ па? – деп, ұнжырғасы түсіңкіреген Дармина беттерін уқалап, орнынан тұрмай отырып алды.

- Не болды, қыз?

- Еш нәрсе!

- Қой-ей қыз, ашуланба!

- Ашуланып тұрған мен жоқ, қойшы әрі!

- Ойнап жүріп жыласаң басың таз болады

- Қойшы, Мәделі! Жылайын деп тұрған ешкім жоқ!

- Мейлі, бүгінге осы жаттыққанымыз да жетер – деп, Мәделі Дарминаның анадай жерде жатқан қылышын алып, жақтауда сүйеулі тұрған қынына салмақшы болып жатқанда Мерет:

- Сен солай деп ойлайсың ба? Бәлкім ойындарың осымен осылған шығар - деді мұңая.

- Мерет аға, бұл қай сөзіңіз?

- Мә, мына ашық хатты әмір Насыролланың шабарманы әкелді, қазір ғана. Оның айтуынша сен ертең Құмкентке елшілікке жүруің керек...

- Не дейді? Қазақ еліне ме, мен де барамын ба онда? – деп, Дармина қуанып кетіп, орнынан атып тұрғанды.

- Жоқ, Мәделінің бір өзі, - деп, Мерет сыбырлай сөйледі. Бұл сөзді естіген Дармина Мәделіні құшақтап ап:

- Мені сен осында тастап кетпекшімісің? – деп, жалбарына қараған.

- Дармина бекем бол, менің қолымдағы тірлік болса мен сені ешқашан қасымнан тастамаймын ғой – деп, Мәделі ылажсызданған.

- Онда сен мені жаңағыдай етіп тағы аямай ұршы, мен сені сағынбай жүрейін – деп, Дармина қатты мұңайды

- Қой Дармина мұңайма! Мен сені өзіммен бірге алып кетуге тырысамын. Кешір мен сені аямай ұрғаныма, бірақ бұл ойын ғой – деп, Мәделі Дарминаның бетін алақанымен жайлап сипап қойды.

- Қарындасым уайымдама, егер Мәделімен Құмкентке бара алмасаң ұнжырғаңды түсірме! Бұнда біздер сенің туған ағаларыңнан кем емеспіз, саған қамқор бола аламыз, Мәделі де бір айдың ішінде қайтып келіп қалар - деп, Дарминаға жұбату сөз айтты Мерет.

 

Мәделі түнімен көз ілмеді. Елін сағынған екен. Көз алдынан әке шеше, ағайындары түгел елестеп өткен. Таһмина мұңая елес берді. Одан соң Дармина көз алдына тұрып алған. Байғұс қыз енді нағыз адам болып келе жатқанда көңілі пәсейіп, уайымшыл болып қалмаса болғаны. Оны елге өзіммен бірге алып кетуіме әмір рұхсат бермейтіні белгілі, әрине!...

Дармина да ұйықтай алмай жатты. Оның да көз алдына ата анасы, Қосжарсуаттағы жаңа таныстары, барлығы елестеп көз алдынан өткен, сосын Мәделі елестеп тұрып алған. "Ол мені қайтсін, мен күң екенімді ұмытпауым керек" деп булыға жылап алды. Таң да атты. Әтештер қайта-қайта шақыра бергесін Дармина төсегінен тұрып ас бөлмеге барды. Одан ортаңғы бөлмеге шыққан. Төрдегі шеткі есік Мәделінің жатын бөлмесі. Есігі ашық тұр екен. Қыз мысық басумен жайлап барып есіктен сығалаған. Мәделі де екі көзін бақырайта ашып шалқасынан түсіп, жоғары қарап жатыр екен. Бұл Мәделінің жүзіне әбден қарап алды. «Ертең сағынармын-ау, әбден тоя қарайыншы» деді іштей.

Сосын жайлап басып жүріп Мәделінің жол киімдерін дайындап, таңғы асты әзірлеуге кіріскен. Қолынан пиялайдың төртеуін түсіріп алып саңғырлаған дыбыс шықты.

Бұл дыбысқа елеңдеп, жатын бөлмеден Мәделі шығып "не болды?" деп сұраған.

-Ешнәрсе!

Мәделінің көзі енді Дарминаның қобыраған шашына түсті. Күніге танертең ол Дарминаның тоғыз өрімге өрілген, кейде сол тоғыз өрімін басын ората байланған қалыпта көретін. Бүгін олай емес. Қыздың шашы қобырап кеткен. Тура Иранның қыздарындай. Жоқ, иранның қыздарындай емес, олар шаштарын тарап жүреді ғой, мынау шашы қобыраған тап осы Бұхараның сыған қыздарындай.

- Ау, саған ие болған?

- Ешнәрсе!

- Айта ғой, жаным! – деп, Мәделінің жүрегі елжірей Дарминаға қарады. Осы сөзден кейін ғана қыз қолындағы ыдыстарды қоя сала, өз жатын бөлмесіне жүгіріп барып етпетінен түсе аңырады-ай бір. Дармина баяғыда осы өзіне бұл жерден кетуіне рұхсат бергенде "кетпеймін" деп осылай бір жылаған. Енді қазір де:

- Мені қайда тастайсың, мені де бірге ала кет, елге барғасын мені бәрің ұмытасыңдар, мен жалғыз қаламын ғой! – деп, өкси жылаған...

Содан Мәделінің құйқа тамырлары шыңылдай жүріп, таңғы асын да ішпей, әмір сарайына тартқан.

Дармина жылай-жылай орнынан тұрып Мәделінің үйден кетіп қалғанын білгесін Меретке барып Бұхараның Қосжарсуатқа шығар қақпасына апаруын өтінген. Көзі білеудей болып жылаудан ісініп кеткен мына қыздың жағдайын түсініп, Мерет тез атарбаны дайындады.

Бұлар арбамен митыңдап қақпаға жеткен кезде, әмір Насыролладан "Таскентте енді бір айдан соң болатын уалаят дуанына қазақ сұлтаны Абылайұлы Қасымның қатыспауына және оның Бұхарамен одақтас болуына ықпал жасауға " тапсырма алған Мәделі қырық нөкерімен қақпадан әудемжерге дейін шығып кетіпті.

Мәделінің құлағында әмір Насыролланың "Таскентте қоқандықтар қазақтарға қастандық жасауы мүмкін деген сыбыс бар, ол рас па өтірік пе белгісіз, лажы болса Қасым әулетінің сол дуанға қатыспауларын өтіне үгітте, бірақ қастандық хақында оларға ашық айтпа, себебі ол нақты белгісіз, біз қастандық жасалады деп бірақ ол жасалмай қалса біз қазақтардың алдында өтірікші болып абыройымыздан айырылып қаламыз әрі олардың дуанға келмегендері біздің себебімізден екенін Қоқан біліп қойса ондағы жүрген біздің елшілерімізге зияндары тиюі мүмкін, қалай дегенмен де, сақ қимылдап, екі жаққа да жақсы көрінгейсің, Қасым төренің аман қалу қалмауы сенің қолында, һәм Бұхара-Қазақ одақтастығын да осы жолы сен шешіп келерсің деген ойдамын» деп айтқан сөзі кетпей қайталанып тұрып алған.

Дармина "Мәделі, Мәделі!" деп, зар еңірел жылап тұрып, Мәделіні Бұхара дарбазасынан көзімен шығарып салды. Оның зар еніреген дауысы бұлар ұзап кеткенше естіліп тұрған.

Мәделі қасындағы қырық нөкеріне білдірмей көзінің бір тамшы жасын сығып алды. "Қап кеше оны бекерге ұрыппын" деп күйзелді де, "бірақ шын ұрған жоқпын ғой, ойын екеніне Дармина түсінер" деп өзін өзі жұбатқан болды...

 

2.Көне Құмкент қапталында

 

                                                                    

                                                                      Мен секілді ешбір жан туған да жоқ,

                                                                  Бүгінде пірін сыйлар ел қалған жоқ

                                                                  Дұспанға кеткен емес менің арым,

Қайрат күшім атамнан кем болған жоқ

/Мәделіқожа/

 

 

...Қасым төренің жанына асығысып шауып келген қызметші төлеңгіт оның әкесі Абылай Қазаққа астана етіп салмақшы болып, бірақ сала алмай кеткен Сайрам тұстағы Хан Қорғанда қиялдап жүрген көңілін өзіне аудартты:

- Төрем, айтсам ба екен?

Қасым төре, мына қағілез жігітке біраз қарап алды. Оның жаңалығын айтқызбай тұрып, өзі жорамалдап біліп көрмекші. Жігіт те Қасым төренің осы ермегіне әбден әккі болған ба, түк те сыр бермей безірейіп тұрып алды. "Әмби болсаң ішімдегіні таба қойшы қанекей, өй кәрі төбет, қартайғанда алжасайын деген екенсің, ішімдегіні айтқызбай табатындай Құдай ма едің"- дегендей қағілез төленгіт әдейі сыр бермей мелшиді де қалды. Қайдан түлен түрткенін кім білсін, бұрын осы жігіт Қасым төрені өзі жаман үйреткен, хабар әкелгенде жаңалықтың жақсысын да, жаманында түрінен білдіріп қоятын еді. Содан бері бірте-бірте Қасым төре әлгі жігіттің хабарын айтқызбай-ақ біліп қойып, қайта одан бұрын өзіне айтып беретінді шығарды. Көбісі тура келіп жүрген.

Бүгін енді мына тымырайып, тастан қашаған мүсіндей тілі байланып қатып қалған мына кісәпірдің жүзіне қанша үңіліп қараса да ішкі ойының кілтін таба алмаған Қасым төре әбден ойланып-ақ бақты.

Әлгі Саржан нөкерлерін ертіп Шаянға кетіп еді. Сол келіп қалды ма екен. Ол асыға келмесе керекті. Саржан кеше кетіп еді ғой. Жолай Баб Атадағы Ысқақ баба кесенесіне зиярат жасап онда бір күн болар. Одан әрі қарақасқа Атты Қамбар бабаның Үсіктастағы бейітіне барып құран оқып мал сояр, онда бір күн түнер. Сосын барар Шаянға.

Есенгелдінің де келіп қалар уақыты емес. Ол да Мәнжідегі көшпелілерді аралап, одан әрі Шолақ Қорған, Қозымалдақ, Созақ барар. Содан Көктөбе, Төбет, Бақырлы, Шаға, Ақсүмбе барар. Одан айналып Боқтықарынға өтер. Шудың төменінен жоғары қарай жағалап отырып Қақпансор мен Жуантөбе, Қоңырат Арық, Тарақты Арықтағы елді аралар. Тасты, Қырық кепе, Жолөткен, Қызылжайма, Шошайды көрер. Мойынқұмды  асып ай жарымда осында жетер.

Таскенттен бір хабар келді ме екен әлде. Өткенде ғана емес пе еді шабармандарының келіп, Саржанды Таскентке шақырып жатыр деп кеткені. Саржанның осы мандағы елден, анау Әулие Ата, Шымкент, Шарапханаға дейінгі жерлерде тұрып жатқан қазақтардың басын қосып көтеріліске шақырып үгіт жүргізіп жүргенінен хабардар болған Таскент бегі қуанышта ма әлде ренжулі ме. Таскент бегі Искандер Саржанды жақсы сыйлайды.

Екеуі міне үш жыл бойы бас қосып қазақ даласын Орыстардан қорғауға күш жұмсап бағуда. Тек бұлар Орыстың от қаруларына төтеп бере алмай жүр ғой. Бұдан екі жыл бұрын Таскент құсбегі Искандер бек алты мыңдай әскермен Ұлытау маңайындағы Алашахан кесенесі орналасқан жерге жақын маңайына барып Саржанмен күш біріктірген болатын. Сол жерде Орыс әскерлеріне қарсы соғыс ашып Көкшетау дуанын, Ақмолла приказын олардан тазартпақшы болған еді. Бірақ генерал-майор Броневскийдің мың адамдық және алты зеңбірегі бар қарулы күшіне шыдай алмай, олар Бетпақдалаға қарай қашқан. Құсбегі сол қашумен отырып тұмсығын Таскентке бір-ақ тіреген еді.

Оның Арқадағы Сарысу өзені бойындағы екі қорғаны жау қолында қалды. "Мүйіз сұраймын деп құлақтан айрылғандай" күй кешкен. Тіпті бұл жеңіліс Саржан үшін де қатты күйзеліс болды. Ол енді Арқа мен Ұлытауға сыймай өзінің сарбаздарымен Қоқан ханының қармағындағы Ұлы жүз жеріне келген еді. Ойы Қоқанмен тізе қосып Орыстарға қарсы қайта шықпақ.

Орда бұзар ұлдарының бірі Кенесары осында. Ол Саржан, Есенгелді және Көшек ағалары сияқты мәселенің бәрін тез арада тындырып, асығыс шешім қабылдай салатын, күші бойына сыймай, тыныш отыра алмай алас ұрып жүретін мінезі жоқ, Өте байсалды жігіт. Нені де болса, он ойланып, бір толғанатын, жеті өлшеп, бір кесетін ойлы.

Ағалары орыстармен алысып, жаумен жағаласып, қас пен дос ажыратып жүргенде, бұл аң аулап, құс атумен шұғылданды. қазір де сол, не тауға арқар аулауға кетті, не осы Қызылкөлде балыққа ау құрып жүр.

Биыл отыздың төртеуіне келген жігітке бұл жараспаса да, Қасым қарт осы ұлына «әй» деп сес көрсеткен емес. Күштілігі де, ептілігі де, ер қаруы бес қаруды жете меңгеруі де, ақылдылығы, сабырлығы, басқа ұлдарынан артық болмаса кем емес. Тек қана анау үлкен ұлдары саясатпен айналысып, ел қамын ойлап, ұйқы көрмей сабылып жүргенде мына Кенесарының жан күйттеп, аң қуып, балық аулап жүргеніне әке көңілі сәл-пәл танданыс білдірер еді. Бірақ ұлдардың барлығы далақтап шаба бергеннен, бірді-екілісі үй маңында жүріп, іс тындырып, керегінде дем алып, көңіл көтеріп жүргендері де дұрыс - ау дейтін.

Қасым төре ыңғай білдірген соң төлеңгіт жігіт:

- Төрем, сіздің құзырыңызға бас иіп, сонау Қасиетті Бұхарадан елшілер келіп отыр. Бұхарадан дегені болмаса түгел қазақтар. Басшысы Жызақтың жаңа мыңбасышы Мәделі оғлан екен. Тым жас, сенер-сенбесімді білмедім – деді.

- Жас бала өспей ме, көкейінді теспей ме, қазіргі заманда, танданатын дәнеңе де жоқ. Атты әкел, барайын – деп, Қасым төре тас үстіндегі кілемшеден сырғып түсті. Бойын тіктеп, Қызылкөлдің арғы бетіндегі мұнарта көрініп тұрған ауылға қарады. Ауыл бұлыңғыр тартып, жағалау арасында сағым ойнап, ондағы тіршілікті анық көрсетпей, буалдырландырып тұрды.

Қасым төре өз үйіне өзі сәлем бере кірді. Мәделінің жанындағы малдасын құрып отырған, өзімен бірге бас кеңесші ретінде келген ақсақал Жақсымбет орнынан қалбалақтай түрегелген. Оның бұл рәсімін қонақтар іле жалғастырды. Қасым төре "отыра беріңдер, қонақтарым, өзім қолдарыңызды аламын" деп, қос қолын соза ілгері аттаған.

Қасым төренің мына кішіпейілділігін көріп, меймандардың іштей, риза көңілдері өсіп қалды. Үлкен - кішісіне қарамай төре өзі қолын алып шыққасын, оң жақтағы қалың салынған көрпенің үстінде жайылып жатқан жолбарыс терісінің үстіне жайғасты. Меймандардың келген құрметіне ақ тілек тілеп қолын жайды. Сосын:

- Мейман атаңнан ұлы, қонақ келсе құт, келген қадамдарына гүл бітсін, қарақтарым – деп, бетін сипады. қонақтар "әумин" десіп, алақандарымен беттерін сипаған.

Келген меймандар өздерін таныстырып, Қасым қарияның денсаулығын, мұндағы шаруашылық жайларын, мал-жандарының жағдайларын сұрасып, біліп отырып шай алысқан.

Күннің қызуы қайта бастаған шақта киіз үйлердің алдына су себіліп, үйдің алды салқындатылған еді. Қатарынан тігілген төрт үйдің алдындағы орта шенінде, үсті қамыспен жабылған, оншақты ұстынға тіреп көтерілген, шайла іспеттес жаппа жасалынған екен. Сол жаппаның түбіндегі көлеңкеге, қонақтар демалып отыратын киіз жайылды. Жаңа көрпешелер төселіп, меймандарды сол салқынға шығарған.

Негізгі шаруа осында ет желініп болғасын, қымыз сапырылып жатқанда айтылған еді. Қасым төренің сауалын күтпей-ақ Мәделі келген шаруасының мән-мағынасын айтуға өзі кіріскенді. Қасымның да әдеті сол, келген адам қашан шаруасын өзі айтқанша асықпайды, сұрамайды да, өзі алдын-ала олар айтпай-ақ біліп алғысы келіп, мейманның әр сөзін, қимылын іштей қадағалап отыратын.

 - Асылы келген мейман, бұйымтайын да, келген шаруасын да жолға шығар, қайтар сапарында айтар еді, бірақ біздің келген жайымыз бір сөзбен біте қояр нәрсе емес, шаруамызды айта берсек деген ойым бар еді, ал жауабын бір күн, екі күн ойланып берерсіз, көке! – деп, Мәделі Қасымға тіктеп қараған. Қасым Мәделіге бажайлай қарап бас шұлғыды. Одан бұрын, айтпақ сөзін алдын-ала біліп алмақшы болып біраз тырысып баққан. "Жайлау сұрап келген жоқ шығарсың, себебі менің өзім бұл жерге әрең сыйып отырмын. Әлде бірігіп Қоқанға қарсы көтерілейік дер ме екен? Олай бола қоймас. Менің де, менің ұлдарым да Қоқанмен одақтас екенін білуі керек бұлардың. Орыспен бірлесіп соғысайық дер ме екен. Бірақ Орыстардың бұларға жетуіне аралары ұзақ ғой. Қарқаралы мен Көкшетаудағы ақ патшаның келімсектерінде бұлардың не шаруасы бар?» деген ойлар қас-қағымда өте шықты.

- Қарағым келген шаруасын айту мейманнан, ол қашан айтса да өз еркі. Біз сұрасақ та айтылатын сол шаруа ғой, неге келіп едің деп сұрау салсақ, жақтырмағандықтың белгісі болып қалар, өзіңнің бастай бергенің мақұл – деп, Қасым әңгіме тыңдау үшін жатқан орнынан аяғын жинап тіктеліп отырды.

 - Қасиетті Бұхараның әмірі Насролла сардар сізге дұғай-дұғай сәлем жолдай отырып, сізді Ұлы Даланың еркін кезген билеушісі деп таниды. Сіздің Ұлы Даладағы істеп жүрген әрекеттеріңізге әмір сырттай қанық. Қазақ даласына патша әскерлерін кіргізбеу ниетіндегі қимылдарыңызға дән риза. Сонымен бірге бұл әрекеттеріңізді әрі қарай жалғастыруыңызға қол ұшын беруге даяр екендігін сізге жеткізуімізді бізге тапсырған еді.

- Әмір сардардың өркені өссін! – деп, Қасым қарт басын шұлғып-шұлғып қойды.

- Ол кісінің сізге арнаған сый-сыяпаты бар еді, соны қабыл алыңыз – деп, Мәделі шеттеу отырған нөкерлердің біріне қарап иек көтерді, нөкер орнынан жеңіл көтеріліп бағана жетекте бірге келген ахалтеке арғымағын әкеліп, Қасым төренің алдына көлденең тартқан. Соншама жол жүрсе де, әлі жүріс көрмегендей ытылып, ойнақшып тұрған жануар шын дүлдүл екендігін, сұлу бітімдегі жаратылысымен сала құлаш жалымен, мойнының ұзындығымен, онысын көпшілікке паш еткендей жұтқыншағын аспанға соза, жалын сілкілеп жайып жіберіп, ойнақши секіріп кісінеп қоя берген.

Қасым төре риза болып, шын көнілімен алғыс айтты. Нөкер енді киізге оранған екі тай жүкті үш-төрт жігіт болып көтерісіп келіп төренің алдына қойған. Көмекшілері арқанды шешіп, тай орамын ашты. Тай ішінен кездеме маталар шықты. Мынаусы оқ өтпейтін мата-сұрып, сосын масаты, парша, тағы да нешеме түр-түрі, он екі мылтық пен оқ-дәрілер шықты. Бұхар маралының терісінен тігілген жұмсақ мәсі, оның мүйізінен сапталған кездік сыйлыққа ұсынылыпты. Алтын күміс жалатқан ыдыстар, құмыралар да бар екен. Бұхара Қасым төренің бәйбішесі мен тоқалын да және қыздарын да естен шығармаған. Әшекейленген өңірліктер, шашбау мен білезіктер де сыйлықтар арасынан шықты. Таза күмістен оюлап, нақышын келтіріп дөңгелекшелерден жасалынған жемелекті Қасым төре қолына алып қызыға қарап әрі-бері аударыстырып көрді. Сосын басын отау үй жаққа қарап бұрып:

- Әй, төлеңгіт Қияқбай, Қалипажанды шақыршы – деді, көңілдене. Қонақтар бір сәт мойындарын бұрып боз отау жаққа қарап қалған еді. Боз отауға Қияқбай тез кіріп шықты. Оның сонынан ілесе аржағынан өзі жұмыртқадай аппақ, көмірдей қара шашы қобырай, тобыққа түскен ұшы желге желбірей, бой жетіп қалған, жасы он төрттер шамасындағы қыз шықты. Жүрген жүрісі ерке тотайға ұқсайды. Үстінде шымқай қызыл бүрмелі көйлегі қыпша белін қысып-ақ түр. Жалаң аяқ күйінше еліктей секіріп, ойнақшып әкесінің қасына жетіп келді.

- Әке, шақырттыңыз ба? – деді де, Қасым төренің қасына жалп етіп отыра бере, бетін қонақтарға бұрған еді. Меймандар арасынан өзіне қадала қарап, сәл танқалғандай рай беріп, бірақ елжірей қарағаны басымдау назар салған Мәделіге көзі түсіп кетті де, енді сыпайылық танытып, әкесінің қасына жақындай, ығысып отырды. Ол жігіт жүзіне көптеу көз салғанын енді анғарып, жүзін тез бұрып әкетті, Сөйтті де, қобыраған шаштарьш тез-тез жинап, үшын өре бастағанды. Қызының ыңғайсызданған күйін қарт сезе қойды да, тамағын қырнап жіберіп;

- Қызым, шашыңды қобыратпай өріп жүруіңе болады, мә, мынау шолпының бір түрі - жемелек. Сыңғырлатып тағып ал.

- Әке-ау, менің жылтыраққа әуес емес екенімді білесіз ғой, осыны Қалышқа әлде Бопайға-ақ бере салмадыңыз ба? – деді, Қалипа әкесінің құлағына сыбырлай.

- Әй, баламысың деген, әлі-ақ қызығарсың, әлі Бопаймен де, Қалышпен де таласарсың, Бұхара әмірі жіберген сыйлық, ала ғой, жарығым, - деп, Қасым төре қызынын арқасынан қағып кеңк-кеңк күлді.

Қыз әп сәтте-ақ есейіп қалған рай танытып, жемелекті қос алақанын жайып тұрып қабылдады. Сосын оны маңдайына тигізді де, одан соң кеудесіне баса, әкесіне және қонақтарға басын иіп, "сыйлықтарыңызға рахмет, дүние тоза берсін, өмір оза берсін" деп шегіншектеп барып, бұрылып отау үйге қарай асықпай аяндай кете барған.

Осы кезде аулағырақта тігілген қараша үйлердің тау жақтағы тарапынан ызы-киқу шу шықты. Қыз кілт тоқтай солай қарады. Отырған адамдар да беттерін бұра назар аударған. Түйелердің бір келесі бықпырт тигендей бір-біріне соқтығысып, ойнақтап жүр, әрлі- берлі тапырақтауда. Анықтап қарағанда байқалды, келе ішінде бір бура үлекті қуып жүр. Келе ішіндегі бір нақсүйер малға таласқандай түрлері. Үлек те, бура да дене бітімдері атандай үлкен екен. Атан демекші, келенің атаны шетте биігірек төбеде әскер басшысындай оларға маң-маң қарап тұр. Әлгі қуаласқан екеу келенің бықпыртын шығарып, түйекештер мен сауынға дайындалған сауыншылардың улыған-шулығанын келтіріп енді шетке беттеді. Шетке шыққаны сол екен, бура үлекті қуып жетті. Қызық енді басталды. Екі түйенің айқасы ұласып, бірі-бірінің тірсегінен, мойнынан тістеп тарпысады, алдыңғы екі аяқтарын көтерісіп, кеуделерімен соғысады. Бастарымен қабырғаларын ұрысады. Атқа мінген үш түйекеш үш жақтан далақтап түк бітіре алмай жүр. Түйелердің шын ашуынан жылқы да қорқады екен. Бір торы қасқа жақын барып бураның санынан тістелемекші еді, оны оң аяғымен теуіп, үстіндегі иесімен бірге торы қасқаны да жамбастай құлатты.

Енді бура үлекті қоя салып, екінші қара айғыр мінген түйешіге ауыз салмақшы болып ұмтылған. Осы сәтті пайдаланып үлек те қашпақшы болды ма, әлде кедергі жасамандар дегені ме, үшінші аттыға тіке ұмтылып, тапырақтай алдыңғы екі аяғымен тарпып кетпекші болып шапшыған. Үшінші аттылы қашып үлгерді. Енді екі түйе қайтадан өздерінің айқастарына кірісті. Бақырысып жүріп, айқасын жалғастыруда еді. Бір сәтте екі түйенің мойындары оратыла есілгендей болды. Тура арқан ескендей есілді. Ойпырмай, колмен бүйтіп түйе мойнын сонша ұзын болса да есе алмассың. Ал өздері есе алады екен. Енді қайсысының күшті екендігі мойындарының мықтылығында еді.

Бақырысқандарын бір сәт доғарып қойып, ырсылға көшті. Үлектің алдыңғы аяғы бүгіле бастаған. Бура осыны пайдаланды да артқы аяғын бүге беріп, бар күшін алдыңғы екі аяғына салып, ышқына тартып қалып еді, үлектің "бахк" еткен дыбысы шықты. Жансыз мойны былқ-сылқ етіп, бураның мойнынан үзіліп түскен жіптей айнала-айнала жерге басы сылқ ете құлады. Содан соң артқы аяғы да бүгілместен денесі жеріге дүрс ете түсті. Бұл жеңісіне мәз болған бура енді көзі қанталап, ашуы одан сайын шықты, ол сауыншыларды тұра қуа, бағытын бері қарай өзгерткен.

Тіке салып, жолай тігілген жалшылардың лашықтарынан секіре осы ақбоз үйге қарай тартқан. Жерошақтағы бірді екілі қазандарды аудара-маудара тіке келіп, әлгі боз отауға тоқтаған. Мына алапаттың алдын алмақты ойлап, мына отырғандар орындарынан өре түрегелді. Қапелімде кім не істерлерін білмей, әлі аңтарылысып тұрған. Нөкерлер қылыштары мен найзаларына жабысты.

Төлеңгіт Қияқ, әлгі Бұхарадан сыйға келген мылтықтың біреуін рұқсатсыз алып, оқтай берді. Бура да жақындап келіп, отырғандарға соқтықпай кілт бұрыла беріп, боз отауға кеудесін тіреді. Төсімен боз үйді ырғай бастады. Шаңырақ селкілдеп уықтар айни сықырлаған. Үзіктердің баулары, туырлықтардың арқандары шарт-шұрт үзілген. Кереге ұштарының бірді-екілісі сына бастаған. Шыңғырып, ойбайлап қатын-қалаш, қыз-қырқын шапқылап жүр.

Аттылы-жаяу опыр-топыр жан-жағында қаумалауда. Алыстан қолдарына айыр, бақан ұстап, шауып жүргендері қаншама.

Қасына барған олардың екеуін бура теуіп, жалпасынан түсіріп үлгерген. Қияқбай енді бураны атпақшы болып мылтығын көтеріп көздеп тұрғанын Қасым төре байқап қалды да:

- Тоқтат, Қияқбай, мал жаны ырыс-береке, атпа! Мылтықты жауға ғана кезенер болар, малды адам баласы атпас болар. Малға мылтық, қылыш, найза көздегендерің қай сасқандарын – деп, айғайлаған.

- Төрем-ау, қиратып барады ғой, қайтеміз енді, жау екеш жау да бүйтіп бықпырт тигізбейтін шығар – деді, Қияқбай мылтығының ауызын жерге түсіріп.

- Қолмен, айламен алу керек, киізүй қираса жөндеп алармыз. Бәріміз тұрып бір бураға қолымыздың күші келмей ме, аюға намаз үйреткен таяқ, ендеше таяқтандар – деді.

Көпшілік енді қолдарына таяқ алуға кіріскен. Бірақ асығыста табыла қоятын таяқ бар ма. Қолға ілінген сырықтар мен отынға арналған шыбық пен кеспелтектерді қолдарына алып жүгірген екі үш адамды бура түкірігін шаша басымен ырғап, бұлғап, таяқ сілтеулеріне келтірмей шалқаларынан түсірген.

Мына қызыққа танданып тұрған Мәделі енді өзіне-өзі келіп, мына көпшілікке жәрдем беру керек екенін есіне түсірді. Ол шалт жүгіріп, бураның қасына жетіп барды да, тура буранын төсінің алдына тұра қалған. Бура да мұндай сәтті күтпеді ме, төсінің маңайына не ауызы, не аяғы жетпейтінін біліп сәл кейін шегінген. Кейін шегініп, алдында тұрған жаннан безген мынау екі аяқтының желкесінен қыршып тістеп алып, сілкіп-сілкіп, жұлқып-жұлқып, тісінің қышуын қандырып, бір айызы қана алысқа лақтырмақшы еді.

Бұл жағжайды көріп тұрған көпшілік іштерін тартып, үнсіз тұра қалды. Араларында бірді-екілі әйелдер "қап, мына жазған өлетін болды-ау» десе, енді біреулері «мейман болып келсе, тыныш отыра бермей ме, ертең өлгенін бізден көріп кұн төлететін болды-ау" – десіп, жатты.

Бураның сәл кейін шегінгенін пайдаланған Мәделі шалт қимылмен түйенің екі құлағынан ұстап алды да, екі қолынын сұқ саусағын оның құлағының ішіне батыра кіргізді, өзін түйе кетеріп кетпеу үшін, сол аяғының ұшын керегенің іргелік тесігіне сұғып үлгерді. Құлағының ішін тесе кірген сұқ саусақтардың батуынан, дәл бір миына ине сұққандай ауырсынған бура бақырып қоя берген. Бір сәт аяқтарын қимылдатуға да дәрмені келмеді. Мәделі енді осы сәтті тез пайдаланып, оң құлашымен түйенің тұмсық жағын орап алды да, оның мойнын бұрай аспанға қайырды. Тағы бір ырғады, Бура соңғы күшін жинап бір сілкініп еді, Мәделінің аяғын іле, тіреліп тұрған керегесі шарт сынған. Бірақ сонда да қолын түйенің мойны мен құлағынан жібермеген. Сұқ саусағын одан сайын түйенің бір құлағына батыра берген. Бура Мәделіні жоғары көтеріп алды. Мәделі сонда да айрылар емес. Айрылса, біткен жері осы екенін ұқты. Түйенің басымен бірге бұлғақтап жүріп, оның жағын аштырмай сығымдай түсті. Бір қолымен оның құлағына сұқ саусағын одан сайын батыра берді. Енді түйе аулаққа қашпақшы болып, аяғын қозғауға көшкендей еді, бірақ сол бір орнынан қозғала алмай қойды. Одан әл-дәрмен кете бастаған еді. Бір кезде Мәделінің сұқ саусағының ұшы қышыр еткендей дыбыс сезіп, одан ары қарай батып кетіп еді, түйе соңғы тұяқ серіппесін жасағандай, табаны үй керегесін осып орақпен орылғандай, белдеу тұсын сөгіп кеткен, Туырлықтың киізі жиырыла, әрменіректе желбіреп қалған.

Түйенің басымен бірге жерге құлаған Мәделі орнынан тұрып, жансыз жатқан әпеттей түйеге жаны аши қараған. Өзің ғой, жынданып жұртқа тиіскен, өз обалың өзіңе, мен сені өлтірем деген ниетім жоқ еді, жаның жай тапсын деп іштей қынжыла, сұқ саусағындағы қанды, түйенің жүніне сүртіп, теріс айналды.

Тым-тырыс тына қалған жұрттың естері енді кіріп, жабыла жүгіріп түйенің қасына келген. Түйенің құлағымен ауызынан қан ағыпты. Жігіттер жабыла сүйреп, бура мен үлекті аулақка апарып, сойып, етін иттерге тастады. Бауыздалмай өлген малдың еті харам. Соңы адам шығынынсыз біткен мына уақиға көпшілікке қызық болған еді.

Мәделінің мына ерлігіне ырза болған Қасым төре баласына бәйек болған әкедей, енді Мәделіге арнап еті жұмсақ болсын деп бие сойдырды.

- Жүдә, қызғаншақ мал еді, үлектерге де, атаншаларға да, буыршындарға да тыныштық бермейтін. Анау үлектің ешкімге зияны жоқ, келеден келеге ауысып жүре береді. Қызғанатындай ол үлек маяларға, күйлектерге, тайлақтарға қайысын, қайымасын тіпті көз салмайтын да еді-ау, тіпті шынын айтайын, сол үлектің бар ғой, қайыған, қайымаған ұрғашы мал атаулы да жұмысы жоқ. Тек мынау бура тектен-текке қызғанып, міне ақыры ие болды – деп, Қияқбай басын  шайқап-шайқап қойды. Сосын:

- Мен де жындымын-ау, бағана оны ата жаздадым-ау, төрем қой демегенде - деп, қиқылдап күліп алды. Сол күліп тұрған күйінше қолын тау жаққа шошайтып, тағы да:

- Әп, бәрекелді, Кенесары келе жатыр, қасында „көсесі,, бар. Науанжан аңнан шаршамаған ба, анау атқосшылармен ат үстінде алысып, ойнап келеді ғой - деп, еді. Бағанағы Бұхара әңгімесін жалғастыруға қайтадан алқа-қотан отырған адамдар тау жаққа тағы да беттерін бұра қарады.

- Ия, Кенежан келеді екен ғой, жүдә жақсы болды, онда әңгіме жалғасын сол осында келгесін бұйдалайық, - деп, Қасым төре құс жастықты қолтықтай, жамбастап жатып алды. Ол жамбастап жатқан мезгілде оның арғы жағына жабыса қонақтарға сығалай қарап отырған Қалипа сопайып қалғанына ыңғайсызданып, ол да әкесінің ығына бұқпантайлаған. Қалипа қазір ғана әкесінің арғы жағына келіп, иегін соза, көзін әке иығынан асыра, Мәделінің жүзіне сығалай қарап отыр еді. Енді қырын қарап отыр. Не осылай отыра берерін не тұрып кетерін білмей, ыңғайсыздық жағдайға қалып отырғанда, ағасы Кенесары мен оның құрдасы Ағыбай да аттарынан түсе қонақтарға сәлем берісе жақындап келген.

Іле-шала соңдарынан ойнақ сала жүгіре жеткен Наурызбай да келіп, көпшілікке сәлем берді. Ол сосын шеттегі отырған мейман нөкердің құйрығынан бір теуіп:

- Нөкер дегендердің орны анау қараша үйде емес пе, бұлар неғып отыр төренің төрінде? – деп, қиғылық салды. Онысымен қоймай:

- Әй қыз, сен неғып ербиіп, мұнда отырсың, шашынды қобыратып, тұр жоғал, шешеңнін қасына! – деп, Қалипаға ақырды.

- Әй, Науанжан, қоя ғой енді, қызымды өзім шақырып алғам. нөкерге де өзім рұқсат бергенмін, бұлар маған да, саған да нөкер емес, бұлар қонақ, құт береке! – деп, Қасым төре кенжесіне зілсіз жекіген.

- Қонақтың да қонағы бар, барлығы құт береке болса, азаннан кешке дейін күніге жұрттың бәрін қонаққа шақырып, малыңның бәрін сойып, таусылған күні құт береке келеді, - деп Наурызбай тентектігін қоя алмай тұр.

-Әй, Науан, бар кет бұл жерден, анау шешеңнін қасына баршы, айналайын, басты қатырмай, бағана арқарларды үркітіп жыныма тиіп едің, ендігің не, меймандардың көзінше, әй айналайын-ай – деп, Кенесары да зілсіз сөз қатып еді:

-Ә,ә, тоқалдың баласын өстіп қуасындар, ә - деп, Наурызбай шыны да, аярлығы белгісіз, қатарластырып үшінші ретке тігілген ақ боз үйге қарай аяңдап кете барды.

-Ой, жынды неме! – деп, Қасым төре кенжесінің сөзіне не ашуланарын, не күлерін білмей оның соңынан қарап тұрып, басын шайқап-шайқап қойды.

Кенесары жуынап-шайынып болғасын, көлеңкеге салынған көрпешелер үстінде отырған қонақтардың қасына Ағыбай екеуі келіп жайғасқан.

Бұл Кенесары да шүңірек көз, қошқар маңдай екен Мәделі оған барлай қарап отырып өзіне осындай ұқсастық тапты. Сосын көздерінің көкшілдіктері де, қастарының қалындықтары да бірдей екен. Тек Кенесарының қалың сарғыш мұрты мен бұйралана біткен қысқа да жирен сақалы нағыз ер жасында екенін байқатып тұр.

Биыл Кенесары отыздың төртеуінде, әрі ол Мәделіден он төртжас үлкен. Бойы орта болғанымен дене бітімі төртбақ, жауырыны кең, аяқ-қолы бураның санындай жуан екен. Үстіндегі жеңі шолақ қызыл күрең бешпенті денесімен жабысып, мүсінін айқындай түскендей, Басындағы тақияны жиектей орамалды ширата таңып қойған.

Қасында құрдасы Ағыбай ірілеу тұлғалы, батыр бейнелі кісі екен. Бірақ көрінісі олай болғанымен, мінезі жасықтау ма қалай, әлде Қасым төре мен Кенесарының мысына алынған ба, солардың ыңғайына көшіп, сәл кейіндеу отырған сыңайы бар. Ләм-мим сөз қатпай басын салбыратып отыр. «Ұлық болсаң, кішік бол» -батыр болсаң да баладай бол деген қағиданы сақтап отырған болуы керек деп ойлаған Мәделі оған бір-екі рет қарап қойды. Мәделі ойын тез басқаға бұрды да, әлгі үзіліп қалған әңгімені жалғастыруға ыңғай білдірген:

- Келген әңгімемізді жалғастырайық, Қасиетті Бұхараның аймағында біздің Қазақ бауырларымыз көп. Жер көлемінің жартысының көбісінде солар орналасқан. Ал жайылымдарының барлығы қазақтардықі десек қателеспейміз. Бірақ Бұхараға қарағанда Қоқан хандығы жүдә кенге жайылып барады. Ондағы қазақтың жерінің де үлкендігінде дауымыз жоқ. Қазақтың жерінің бір пұшпағы Хиуа хандығының иелігінде кетіп отыр. Теріскейді Орыс жайлап жылжуда. Сіздің де бұл Құмкентке еріккеннен не зеріккеннен келмегеніңізді білеміз. Осы жағдайларды ойлай келе әмір Насыролла Сізге ыңғайлы жағдай туғызғысы келіп отыр. Оны керек десеңіз өтініш деп те қабылдауыңызға болады. Бірақ әрине бұйрық немесе өз пайдасын ойлау деген тұжырымнан аулақ болуыңызды өтінеміз – деп, Мәделі бұл айтқаным Қасым төреге қалай әсер етіп жатыр екен дегендей оның жүзіне анықтап қарап біраз отырды. Асықпай жаймен сөйлеп, не де болса, мыңбасы екендігін, жас болса да кісілік жолмен әңгіменің майын тамыза, үлкендерше сөйлеуге тырысып бақты.

Қасым төре де әңгіменің тоқетерін естуге асығатын емес, әйтеуір бір айтылар дегендей, екі көзін жұмғандай болып, еш асығыстық білдірмей, ұйып тыңдап отырғандай кейіпте еді.

Осы тұста әңгіме желісі тағы үзілді. Мұны үзген тағы сол Қияқбай. Атаңа мың рахмет Қияқбай сырттағы қыбыр еткен өзгерісті байқап отыратын әдетінен бұл жолы да жанылыспады. Ол енді Құмкент тараптан келетін жолға қарап отырып:

-Төрем, әне Құмалақ датқа  да келіп қапты. Әтеңе нәлет ит, сүмеңдеп тағы жетті. Жау алатындай қасынан жиырма нөкерін тастамайды. Ет жеуге келсе бір сәрі, арғы атамызға дейін тергейтін әдеті жаман. Бұхарадан қонақтар келгенін жансыздары хабарлаған ғой. Кім екен бұл біздің ішімізде, оларға барып жеткізіп тұратын? – деді.

-Әй, Қияқбай - ай, оны сен бізден емес, қайта біз сенен сұрауымыз керек емес пе? – деп. Кенесары оған сынай қарады.

-Йә, бас төлеңгіт сен емессің бе? – деп, Ағыбай да шүйлікті.

-Мен төремнің қызметшісімін. Мұндағы әр үйдің алды-артын орағытып жансыз іздейтін менің қайдан уақытым болсын?

-Шынында да көрмеген жердің ой шұқыры көп, әр ауылдың салты басқа, иттері қара қасқа. Бұл Құмкент әр түрлі салт дәстүрдің жинақталған жері. Бұл жерден жақсылық та, жамандық та, немқұрайдылық та кездеседі екен.

-Мына датқаның кеш бата келе жатқаны ұнамай тұр. Сәлем бере келген ел басшысы, мұндай жерге түске дейін келер еді, - деп Қасым төре сәл қынжылыс білдірді. Сосын Мәделіге қарап:

-Шырағым не де болса, абай болып отырғайсын – деді.  

-Бұл Мәделінің көрмей жүрген датқалары жоқ. Таскент бегін де, Бұхараның әмірін де көрген ғой. Бұл датқаның күші әрі кетсе солардай болар. – деп, Жақсымбет қасындағыларға қарап қойды.

Сартай Теңге нөкерлерімен жердің шаңын аспанға бұрқыратып, мына отырған кісілердің қасына өңмендей жақын келіп аттарынан түсісті. Арқада жүргенінде келетін жолаушылар шақырым жерден аттарынан түсіп жаяу қол қусыра жақындайтын әдет-ғұрып бұл ауылда болмай тұрғанына Қасым төре іштей қапа болғанды. Ісің түсіп тұрғасын сол ғой, Қоқаннын мынадай иттеріне ешнәрсе дей алмайсың. Әйтпесе бұл Қасиетті Құмкент керек десең ағасы Уәлиден бастап, бес алты ағасының туылып кіндік кескен жері емес пе. Абылай әкесі бұл кентті кезінде гүлдендіріп еді ғой. Заман өзгереді, елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан дейтіні осы. Одан бері жүз жыл өтсе де сол құралпы болып қалыпты. Ел қазан болған. Бұрынғы салт дәстүр тозған. Енді басқаша бет алған. Жұрттың беті жалтақтап-ақ қалған. Біресе күнгейге қарайды, біресе теріскейге қарайды. Теріскейі-Көкшетау, Абылай хандық құрған жер, күнгейі - Таскент, Қоқан. Қазіргі билік солардың қолында.

Датқа төрге озды. Қасында бет құрылысы тазыдан аумайтын, иретілген хатшысы да, оның шалғайына жабысқан мысыққұйрық тікендей болып оның етегін басып қонжиып отырып алды.

-Төре әке, алыстан мехман келген екен, ештіп жатқанымыз бар, сіз мұнда көшіп келіп, хандық құрмақ ниетіңіз бар ма қалай? Жат жұрттық келімсектер әууәл, бұл шаһардың хәкіміне хәм датқасына жолығар болар. Құдайға шүкір, мен – Құмалақ, қазіргі жағдайда бұл жердің хәм датқасы, хәм хәкімі. Мені сыйламасаңдар да, менің осы екі қызметімді, одан қалса Қоқан ханы Мұхаммед Алиді – Мадали ханды айтамын, одан қалса Тошкент құшбегі – Беглердің бегі – Искандерді сыйлаш керекду – деп, Құмалақ меймандардың жасы үлкені -Жақсымбетке қарап ежірейе сөйледі.

"Қап, әтене нәлет ит-ай, өзбектің жаманы сарт болады, демекші мына өзіміздің төренің сақауланып өзбекше араластырып, әдейі сөйлеп отырғанын қарашы, осыныммен Қоқан ханына жақсы көрінем деп отыр ма екен?" деп ойлаған Кенесары, оның бетінен алуға оңтала беріп, әкесіне қарап еді, әкесі бас шайқағандай болған. Әкесін сыйлайтын көргенді Кенесары арғы жақтан келіп қалған ашуын әрең іркілдірді.

-Ие, датқа-еке, хаким әкә, сенің әкең Бақыр, шын пақыр еді. Абылай әкемнің аң аулайтын итіне жуынды құятын қызметші болып күнін көрген. Қармағындағы иттерді арықтатпай, олардың нәпәқасын өзі ұрлап ішпей, адал қызмет жасағандықтан әкең Бақыр ит қора басшылығына дейін көтеріліпті. Сенің оқып, хат танығаның да хан ордасының арқасы еді. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсін, иттің арасында өсіп, мінезің де сондай болған екен. Адамнан құмалақ шыгу оңай, ал құмалақтан адам туғызу мүмкін емес. Мына айтып отырған сөздеріңе қарап, атыңа затың сай екенін ұғып отырмын, - деді Қасым қабағын шытып.

-Басқа елдің жерінде отырып, есіктен кіріп төр менікі дегеніңіз бе мұныңыз, мыңғырған малыңызға, құжынаған жаныңызға жер бөліп бергеніме кінәлі болып қалдық па, Қасеке?! – деді, Құмалақ ыржақтай күліп.

-Сендей нақұрысты хәким етіп тағайындап жүрген Беглер бегі де таза ақымақ екен. Бұл жерге келуіме біріншіден сен емес рұқсат еткен, мақұлдасқан Беглер бегі - Искандер мен ұлым Саржан. Екіншіден қайбір қаймана қонақ жұрттың үйіне меймандықка бару үшін хакімнен рұқсат сұрайды екен? Одан да жөніңе көш!

-Бұхарадан келген елшілер деп естіп едім, Бұхар Қоқанның ата жауы. Сіздерді өзіне қаратып алып, елге іріткі сала ма деген ой ғой менікі. Ондай ештеңе айтылмады ма? - деді, қайтадан Қасым төреге бұрылып.

-Искандер бек менің баламның құрметті адамы. Екеуі бас қосып төрт жылдан бері Орыстармен соғысуда, ол ұлыма жақын болса, маған да алыс емес. Келген қонақтың ешкім ауызын тия алмайды. Не айтса да өз еркі, бірақ бұл меймандар екі елге іріткі салу үшін емес, қайта жақындасу үшін, қыз беріп, қыз алысып, құда түсуге келгендер. Мынау төрде отырған ақсақал Жақсымбет деген кісі - бас құда. Ал қасындағы отырған күйеу жігіт. Есімі Мәделі, Көктіңұлы ханы Жүсіпқожаның ұлы. Ал анау ойнақтап тұрған ақтұлпар құдалықтың беташары – деп, Қасым төре өмірінде айтпаған өтірігін айтып қалған.               

Ол мына отырған Құмалақ Бақырұлына сенбейтінді. Кім білген шала-пұладан сөз құрап, Бұхараның жансыздары деп меймандарды тұтқындауы да мүмкін. Үйінде жансыз ұстап алдық деп Қасым төрені де Қоқан ханына жамандамай ма? Аумалы-төкпелі уақытта ондай жағдайда бұған жақсы бола қоймас – деп, ойлағанды.

-Ә, олай болса, біз қателесіппіз, Жүсіп ханды мен білемін ғой. Бұхараға сатылып жүргені болмаса, батыр кісі ғой.

-Әй, доғар сөзіңді, Жүсіпқожа Бұхараға сатылған емес, егер сен олай ойласаң, сен де Қоқанның қол астында жүремісің. Күшті болсаң, біз Қарқаралыда Орыстармен соғысып жүргенде қайда қалдың. Мықты болсаң мына жайылып жатқан қазақ даласын Қоқанның қол астынан құткармайсың ба? – деп, енді Қасым төре ашу шақырып еді, Құмалақ тағы да түлкілігіне басты:

-Қасеке, сөз арасында байқамай қыстырып жіберіппін, менің айтпағым көпшіліктен қалмай бірігіп, Қоқанның қол астына бәріміз кіргеніміз абзал еді дегенім ғой – деп, күліп қойды. Сосын жан-жағына қарап:

-Күйеу баланың өнерін байқап, сынап көрмейміз бе, а, кәне датқаның алдында бір өнерінді көрсет – деп, ол Мәделіге шұқшиды. Датқаның енді меймандарға тиіскен мінезінен Кенесары ыңғайсызданып:

-Қонақ кәде, күйеу жоралғы дегеніңіз, ауылдың алты ауызы мен ауыл өнерінен басталмай ма? Бізде мынадай, ал сіздерде қалай – деп, айтпаушы ма еді? – деген көпшілікке қарап.

-Олай болса, кәне Кенесары сен бір өнерінді көрсетші, қалқам. – деп, Құмалақ оған қолын шошайтқан.

-Жоқ. Сәке, мен де, менің бауырларым да күйеуді сынамайды, қалыңдығы ұнатса, Құдай алдынан жарылқап жүре берсін. Шынымен бірі-бірін ұнатса. қарсылық жоқ, тіпті қалың мал да алмаймыз – деп, Кенесары кесіп айтты.

Құмалақ таңдана жан-жағына қарады. Кенесарының сөзін Қасым төре де, Ағыбай да, Қияқбай да, тағы сол ауылдың осында қатысып отырған үш-төрт шалдары да қоштағандай бастарын изеп құптап отыр. Мәделі де мұртынан күліп, мына ойынға іштей мәз еді. Жақсымбет ақсақал сыр беріп қоймасам болғаны деп басын төмен иіп алған.

Қалипаның бағанағы қиыла қараған көз тастасы, Мәделі жүрегінің түкпірінен мықтап орын алғандай. Оның үстіне Құдай аузына салғандай Қасым төренің де, Кенесарының да айтып отырған сөздерін естіді. Бұл жорта айтылған сөз болса да, Мәделі үшін шындыққа пара-пар сияқты еді. Е, Құдай шынымен солай болса деп іштей тілегендей де сыңайда.

Қасым төре де, Кенесары да өте жақсы кісілерге ұқсайды. Мынадай ойын сөзді тектен тек айтпаса керек. Негізгі ойлары бұларды Құмалақтың шеңгелінен құтқару болса, екіншісі шынында да құда болса несі бар дегендей ризалық кейіптері еді. Олай болса шынында да бұл неге өнер көрсетпеске. Бұл елге болашақ күйеу болар ма, болмас па, оны уақыт көрсетер, бірақ Көктіңұлы ханының баласы деген атым бар, оның үстіне қасиетті Бұхараның Жызақтағы мыңбасышы емеспін бе, деген оймен Мәделі:

-Құмалақ көке, датқа және әкім басыңызбен бір өтініш қылған екенсіз, сөзіңізді жерге тастамаймын. Үндемей қалғаным мына болашақ қайын жұртымнан да ұят болар. Дегеніңіз болсын, шартыңызды айта беріңіз. Сіз не айтсаңыз да, қандай өнер көрсет десеңіз де, орындауға тырысамын. Бірақ «аспандағы айды әпер, мына Қызылкөлді жұтып жібер» дегендей қиял-ғажайып шарттарыңызды айтпасаңыз болды, - деді әкімге тіке қарап.

Жұрттың Құмалақтан басқалары мына жігітке таңдана қарап қалғанымен, оның не болса да орындайтынына сеніп отырды. Бағанағы түйені жыққан өнерін Кенесары көрмесе де, мына құрыш құйғандай денелі, батыр тұлғалы жас жігітке сенген рай танытқандай.                                              

Көпшіліктің көздері тегіс Құмалаққа ауған. Үнсіз. Не айтар екен дегендей. Құмалақ та  үнсіз бірауық отырып қалды. Ол да не айтқысы келетінін ойланып отыр. Ақыры тапты. Тапты да Ағыбайға қарап:

-Сенің әлгі асыранды бұлышың қайда, осында ма? Тез шақырып кел, аспаптарын ала келсін – деді, нығырлай.

Көпшілік "ах" ұрғандай үн шығарды да тағы тына қалды. Мына нақұрыс тағы қандай бәлені шығармақшы. Жылан арбайтын бұлышты қайтпек? Оның жыланы түгілі, албастыдай жүрген жүрісінен үрей алатын қарапайым жұрт мына сөзден сескеніп-ақ қалды. Сонда да әліптің артын баққан көпшілік қауіп қатерлі нәрсе болса да қызыққұмарлығы басымдау болып мына ортаға үймелей жақындап келді.

Бұлыш сыбызғысын бір қолына, қапшығын арқасына арқалап, жан-жағына үрей шаша, Ағыбайдың соңынан ерген шайтандай жетіп келген. Ұзын сақал-шашы да, түр-түсі де қап-қара. Басында көк шүберектен сәлде. Бұтында қызыл дамбал. Иығы жалаңаш аяғы жалаң. Ол келіп, екі алақанын қосарлай жабыстыра ұстап, қырынан мандайына тигізіп, әуелі Қасым төреге, сосын Датқаға, одан кейін қонақтарға тағзым еткен. Сөйтті де жерге қойған қапшығын қайта арқалап алып, Қолына сыбызғысын ұстап, Қасым төреге қарап бұйрық күтіп тұрды. Қасым төре сұқ саусағымен Құмалақты көрсетіп:

-Сыйқыршы жігіт, сені мына датқа шақыртып еді, осының өтінішін орындап бергейсің – деді, жайбарақат сөйлеп.

Сыйқыршы ләм-мим сөз қатпай енді датқаға бұрылып, басын иіп тұрғанда Құмалақ:

-Сен мына жыланыңды, мынау отырған жігіттің үстінде әрі-бері жылжыта аласың ба? – деді.

-Егер ол бүйтіп отырмай шалқасынан жатса, дегеніңізді орындаймын.

Енді датқа Мәделіге қарап:

-Кеудеңді жалаңаштап, мына жыланды үстіңнен жүргізе аласың ба? - деп, сосын көпшілікке сынай қарады.

"Қап, мына найсап, не бәлені көңірсітіп отыр? – деп, ойлаған Қияқбай:

-Жылан шағып алса қайтеді. Ертең жұртқа не бетімізді айтамыз, өткенде бір қаптан босанып кетіп, байлауда тұрған ісек қошқарды шағып өлтірмеп пе еді. Сонда соңынан қуып келген мына сиқыршы сол қойды кұтқаруға үлгере алмай қалған жоқ па? - деп, қарсылық білдірді. "Ойыннан от шығады, қойсандаршы түге" деп шалдар қауқылдасты.

-Мейлі, қорықса өзі білсін, менікі әшейін сынап көру ғой, не де болса орындаймын деген өзі, тілінен қағынып – деп, Құмалақ басын шайқап-шайқап қойды.

Мәделі үн-түнсіз орнынан тұрып, масаты бешпентін, көйлегін тез-тез шешіп тастады да:

-Қане, қай жерге жатайын? - деді, қасқайып.

-Ой, қойсаңдаршы, әй мыналар жынданған шығар - десіп жатты жұрт. Алған бетінен қайтпайтын Мәделі кең төселген текеметтердің шетіндегі ашық жеріне шалқасынан түсіп жатып алды да:

-Мен дайын, сыйқырыңды істей бер – деді, сыйқыршыға.

Сыйқыршы жылан салынған қапшығын Мәделінін аяқ жағына қойып, онын аузындағы буылған бауды шешіп, өзі Мәделінің бас жағына, қапшыққа қарама-қарсы малдасын құрып, отырып алды да, сыбызғысын ызындатып, мияулата, ұлыта, сыңсыта, ішегін тартқыза қилы-қилы күйдегі әуен шығара бастады. Әуеннің әуезіне елтіген, қаптың ішіндегі жылан бүлкілдей қозғалып, енді бірде онын ауызын тауып алып, сыртқа шықты. Оны көрген жұрттың көздері атыздай болып тұна қалды. Жуандығы баланың білегіндей, ұзындығы бір құлаштай бар қалқантөс екен. Ысылдай ауызын ашқанда, қанат сияқты қалқаншалары жайылып-жайылып кетеді. Ауызы қыпқызыл, тістері сояудай. Сыбызғының әуезі бәсеңдесе, айғырланып, қалқанын көтеріп айбат атады, ұзын айыр тілін жалаңдатады. Сыбызғы даусы қаттырақ шығып, ұлып, мияулай бастаса, ирелендей алға жайымен жылжи береді. Ол өз жолында Мәделінің кедергі болып жатқанын жақтырмаған белгі көрсетіп, тура алдында шошайып, табанын көрсетіп жатқан қос етіктің біреуінің ұшын тістелеп көрді, басымен соғып көрді, қалқаншасымен ұрып көрді. Қатты екен. Тісі батпайтынын сезген ол енді жылдамдата, шалбар үстімен жылжи өрлей Мәделінің кеуде тұсына мініп алды. Жылтырақ, темірді тесіп өтердей өткір көзімен Мәделіге қарап біраз тоқтап тұрды. Көз астындағы қошқардыдікіндей коңқак мұрынның тесігін көріп үңгір деп ойлады ма, солай қарай жылжыған. Көріп тұрған жұрттын тіл-аузы байланып "ойпырмайлауға" дәрмені жоқ еді, Мәделі не де болса шыдап бағуға тырысқан, Ең қауіптісі бет пен мойын тұс. Жылан бір шақса осы тұстан немесе қолтықтан алуы мүмкін. Жылан енді Мәделінің мұрнының тесігіне үнілгендей болып тұр еді, әтеңе нәлет сыйқыршы сыбызғы тартуын доғара қойды. Ашуланған жылан аузын ашып,  қалқанын жая беріп еді, Мәделі де қапы қалмады. Бұл да мойынын алға соза, жыланның басын ауызымен қыршып алып, дәл датқаның етегінің үстіне  түкіріп жіберген еді, шошынған  датқа «ойбай» деп, бақыра орнынан  атып тұрды.

Мұны көрген жұрт тынып тұрған тыныштығын бұзып ду күлген. Мәделінің ерлігіне риза болып бастарын шайқап "бәрекелді" деу де еді. Датқа «ойбай!" -лап үстін қаққыштап жүр . Ол енді нөкерлеріне "атқа қоныңдар"- деп әмір бере, өзі де атына қарай жүгірді. Атының қасына барып кілт тоқтап қайтып келген. Қайтып келді де түк болмағандай Қасым төреге ыржаңдай қарап тұрып:

-Күйеу балаңыз құтты болсын, батыр екен, тойына шақырарсыз, артық кеткен жерім болса кешірерсіз – деп, қолын төсіне қойып иілу рәсімін жасады.

-Бие сойылып, ет асылуда еді, дәм ауыз тиіп кетпедің бе? – деп, Қасым төре миығынан күліп еді:

-Жоқ, рахмет, біз құдаларыңызға кедергі келтірмейік – деп, бұрыла берген. Екі-үш қадам аттап тағы кілт тоқтаған. Сосын бері бұрылып:

-Қасеке, анау Искандер бектің шақыруын ұмытып кеткен жоқсыз ба? Бірсі күні жолға шығамыз, даярланыңыз – деді де, жөнеле берді.

Сыйқыршы енді қалай күн көремін дегендей, өлген жыланның денесін қапшығына салып, оны умаждап отыр еді, соған көзі түсіп:

-Әй, сыйқыршы қайғырмай-ақ ғой, енді сенің бұл аймаққа қажетің жоқ, сені де Таскентке алып кетеміз, сонда барып күніңді көрерсің – деп, датқа атына қамшы басты.

Ет желініп, ел қашан ұйықтағанша, Бұхардан келгендер енді негізгі мәселесін әңгіме еткен жоқ. Не де болса енді бір оңаша шақты күтпесе, бұл жерде, айтуға келген мәселені жайып салуға болмайды екен. Мұны Қасым төре де сезген. Ел жатқасын Қасым төре жанына Мәделі мен Кенесарыны ертіп үшеуі шалқып жатқан Қызылкөл жағасына барған. Сол жерде оңаша әңгіме болды. Бұхар әмірінің өтініші осы жерде айтылған. Ылажы болса бірігіп, тізе қосып, Қоқан саясатына қарсы тұрайық, Ұлы Дала Көктіңұлы хандығындай Бұхараға бағынышты болып тұрса, Бұхара олардан Қоқан хандығындай салықты көп алмайды. Мұсылмандықты сақтап, дінді уағыздауды күшейту керек. Шаһарлар мен кенттерге мешіт пен медреселер салуды қолға алу керек. Орыстарды енді бері қарай өткізбеу, және Таскент маңайын осы жердегі қазақтардың күшімен Бұхараға қосу керек. Бұхара Хиуамен шиеленісті жағдайын шешіп болғасын бетін бері бұрып Ұлы Далаға жәрдемге келеді. Бұхараның бетін тіке бері бұруға дәл қазір біріншіден Қоқан хандығымен арадағы ішкі іске араласпау туралы "уағдаластық" қарсы болып тұр. Оның соңғы мерзіміне әлі үш жыл бар. Екіншіден Хиуамен арадағы кикілжің мойын бұрғызбай тұр. Дәл осы Қоқан үшін Хиуа арасында қырғын соғыс басталуға да көп уақыт қалмады, Хиуаның Қоқанға жақтасуы, оның дәп бір Қоқанға жаны ашығандығы емес, оның қаупі Бұхара Қоқанды алса ол күшейіп кетіп, өзінен асып кете ме, деген іштарлығында еді. Бұхара әмірінің шынында да осы үш мемлекеттің басын құрап исламның бір күшті мемлекетін құру мақсаты да бар екен. Егер оған Түрікпен елі мен Ұлы Дала қосылса құба-құп. Онда әмір Ұлы Түркістан мемлекетін құру ойында бар. Ол алдағы арманы ғой. Қазіргі мәселе осындағы Қасым төре Қоқанға карсы шығып. Бұхараның қол астына кірсе, егер кірмесе де жақтасы болса болғаны екен. Бұл өтінішке Қасым төре көп ойланбай:

-Әмір сардардың солай айтатынын өзім де сезіп жүргенмін, оның мені Қоқанның қол астына келіп, жан күйіттеп жүргенімді теріске санап, "...одан да біздін қанатымыздың астына кірмейсің бе?" дегенін де түсініп отырмын. Мен жауабымды ертеңге қалдырмай-ақ бүгін-ақ айтайын. Менін үлкен ұлым Саржан алған бетінен қайтпайтын ердің өзі. Ол өзінің ойының дұрыс екендігіне шын ықыласымен сенсе, онда тіпті менің де айтқанымды қылмайды. Одан кейінгі балам Есенгелді де сондай мінезді. Оларға қарағанда Көшек пен Кенесары жуастау. өздерінікі дұрыс болса да менің ақылымды тыңдайды. Мен Саржан мен Есенгелдіге Бұхар мәселесін айтып түсіндірсем де олар алған бетінен қайтпас. Себебі олар азды-көпті төрт жылдай Таскент құшбегімен бірге тізе қосып Орыстармен соғысты ғой. Құшбегі Искандер де сатқындықты қатты жазалап отыратын адам. Кейінгі кезде Саржан мен Есенгелді халықты үгіттеуге көптеп күш салып жүр. Олар қайткенде де Қоқанмен күш біріктіріп Орыстарды Қазақ даласынан айдап шықпақшы, ең болмағанда екінші шекаралық сызықтан бері өткізбеуге күш салады. Орыстар алғашқы келгенде-ақ менің ағам Уәлидің баласы Ғұбайдулланы өздерінің жаулап алған жеріне Көкшетау ояздығына аға сұлтан қойған еді. Сонда алқаны жиып, ұлы дүбірлеген той қылғанды олар. Одан бұрын Орта жүздің ханы, ағам Уәли еді ғой. Уәли ақ патшаға адал қызмет жасады. Ал енді Ғұбайдудланы ақ патша Орта жүзге хан қойғанымен, Ғұбайдулланың бар ойы Қытайда болды. Ол аға сұлтандықты көңілі қаламай әкесі сияқты хан болғысы келген. Ол көріп тұрған нәрсесін, көрмегендей болып үлкен қателік жіберген. Онысы мынадай еді, Кіші жүздің аға сұлтаны осыдан он бес жыл бұрын, яғни Ғұбайдулла сұлтан болардың алдында үш жыл бұрын аға сұлтандықты менсінбей, ақ патшадан хандықты сұраған еді. Бұған ашуланған Ресей патшасы оны Қалуға деген шаһарына айдауға жіберді. Ақырында ол сол жерде өлді. Соны байқап, естіп жүрген Ғұбайдулла бәрібір хан боламын деп алған бетінен қайтпай Қытайға арқа сүйеген еді. Оның өтінішімен Қытайдағы Шыңжаң астанасы Құлжадан Қытай анбаны Орта Жүзге үш жүздей жауынгерімен және оншақты ақсүйегі бар, елшілік дәрежесімен Баян Ауылға келді. Мұнан хабардар болған Омбы басқармасының төрағасы подполковник Кригөревский қытайлықтардың бұл жерден кері қарай кетуін талап етті. Ал Батыс Сібір кенерал-күбірнатырының ерекше тапсырмалар жөніндегі қызметшісі Пүтинсеп пен үшінші казак полкінің атаманы Лүкин болса Ғұбайдулланың қосын қоршап алып, оны, және оның досы Торайғыр биді тұтқындады. Осы кезде мен көп әскеріммен Жасыбай көлінің маңында жүр едім. Жойқын соғыс ашып Ғұбайдулланы құтқаруға да болар еді. Мен бірақ қимылдамай жатып алдым. Менің бұл қылығымды кейбір билер мен төрелер жақтырмай мені кінәлап та жүрді. Бірақ мен дұрыс жасадым деп осы кезге дейін ойлаймын. Оның көптеген себептері бар. Ең әуелі бауырым Ғұбайдулланың өмірін қимадым. Мен жойқын шабуыл жасағанымда, көзі қарауытқан казак атаманы қолындағы Ғұбайдулланы өлтіріп жіберуден тайынбайтын еді. Екіншіден ол екеуміздің алған бағытымыз екі түрлі еді. Оның бағыты Орыс қол астында жүріп, қазақ хандығын әкесі Уәли ханның жолымен жалғастыра беру еді. Ондай күннің өткенін ол түсінбеді. Ал менін бағытым Орыс патшасына мүлдем бағынбау. Өз алдымызға дербес хандық құру еді. Айналадағы мемлекеттердің ешқайсысынан да көмек күтпей, тек ғана өз күшімізге сену, Сондықтан да әзірше бір жерде тұрақтамай ен даланы ойқастап жүргеніміз сол. Бірақ мен орыстар Ғұбайдулланы тұтқындағанмен, бәрібір оны босатып, аға сұлтандығына қайта қоятынына сенгенмін. Сол сеніммен үш ай күттім. Арқа мен Шу бойының қазақтарынан жауынгерлер жинап әскерімді толықтырып, Орыстарға қарсы шабуылға дайындалып жаттым. Солай етіп жүріп, Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Кансебішке /Канцевич/ хат жолдадым. Онда қазақтың соңғы ханзадасы Ғұбайдулланы тұтқыннан босатуын талап ете отырып, егер олай болмаған жағдайда ең соңғы ақтық айқасқа шығатынымды ескерттім. Қазақ түгел көтерілетінін айттым. Ал егер Ғұбайдулланы босатса, онда менде оларға женілдік жасап, ендігәрі Батыс Сібір Губерниясына жоламайтынымды, батысқа қарай шегініп, Орынбор губерна тарапына кететінімді білдірдім. Сол хатты алысымен Омбы әкімшілігі Ғұбайдулланы тұтқыннан босатып, оған қайтадан аға сұлтандық дәрежесін ұсынды. Бірақ Ғұбайдулла аға сұлтандық дәрежеден бас тартты, енді ешқандай саясатқа араласпай Көкше өңірінде жүр. Мен мұны неге айтып отырмын? Мұны айтып отырған себебім Орынбор губерниясында да, Омбы губерниясында да менің сенер адамдарым жоқ. Қайта жауларым көп. Мықты, халықтың қамын ойлайды дегендер, яки Тұрсын Шыңғысұлы, Ахмет Жантөреұлы, Күшік Айшуақұлы, Қоңырқұлжа Құдаймеңдіұлы, Мұса Шорманұлы, Елемес пен Бабай Жайнақұлылар, Боштай Тұрсынбайұлы және тағы басқаларының көбісі орысқа беріліп кеткендер. Торғай, Ырғыз жағына барып едім, Кіші жүздер Орта жүзден бұрын Ресей патшасына қосылғандықтарын білдіргендей, бірігіп Орысқа күш көрсетудің орнына, өзіме көп қарсылық көрсетті. Ол жерде қабырғалы үлкен ел жаппас дегендері маған ашықтан ашық күреске шықты. Оларды зауряд хорунжий Жанғабыл Төлегенұлы дегені басқарып жүрді. Содан уақытша Қоқан иелігіндегі жерге келіп жасақтар іздеп күш жинауға бел будым. Мен үшін енді Қоқаннан басқа қолдаушы жоқ. Ал енді Қоқанды қоя тұрып Бұхараға бет бұрсам уақытты өткізіп аламыз. Бұхара қимылдаймын дегенше Орыстар төбесін Қаратаудан да көрсетіп қалар. Таскент құсбегі бізді не үшін мезгілсіз ерте шақырып жатқанына түсінбей отырмын.

-Бәлки сізді Бұхарамен тіл табысып қояр деген қаупі бар шығар – деді, Мәделі. өзінің келген жұмысын тірілте түспекші болып.

-Әй қайдам, сол құсбегінің оданда басқа жаман ойы болмаса – деп, Қасым төре біраз үн-түнсіз ойланып отырды.

-Олай болса Сіз Таскенге бармаңыз, сізге олар қастандық жасауы да мүмкін ғой, мен Бұхарадан осындай хабар естідім, Таскентте дуанға жиналған қазақтарды қырып салмақшы жоспарлары бар екен, әмір осыны да Сізге ескерт дегенді!

-Ой, сен де әлі бала екенсің, Искандер маған да, менің ұлдарыма да қастандық жасамайды, олар жан берісетін достар ғой, бұл әшейін әмірдің бізге айтып отырған саясаты шығар, ондай өсекті туу қияндағы Бұхара естеді де, біз неге осы кезге дейін естімейміз?! – деп, Қасым төре біраз кеңкілдеп күліп алды. Сосын:

-Мен Бұхараға қосылар едім, бірақ өзің жеткізіп отырған сөзіңдей, ол жуық арада менімен тізе қосыса алмайтындығын ескертіп отыр емес пе? Оның үстіне ол бізден қауіптеніп отыр ма деп те ойлаймын. Бірақ мен тек ғана Орыстармен соғысатынымды, оларды қоя салып Бұхараға қараптан-қарап тиіспейтінімді білетін болуы керек. Менің бір өзім-ақ Орысқа әлім келмейтіні де, маған тез арада одақтас күш керек екенін де, ол Қоқан болатынын да байқап біліп отырған шығар. Бірақ ол менің Қоқанмен одақтастық құруыма қарсы ойын білдірген сыңайлы. Мен дәл қазір екі жақтында көңілін аулағым келіп отыр. Мен Таскентке құсбегі шақыруына бармаймын. Ал Саржан мен Есенгелді алған бетінен қайтпайтынын білесің. Барса олар барып келер. Әмір Сардарға айта барарсыз, Қасым төре «осы жақында Орыстарға жойқын соққы беріп көремін, ол үшін Қоқанмен арадағы одақтастығымды жоя алмаймын, ал Бұхара әміріне ниетім түзу, оның қарамағындағы қазақ жерлеріне көз алартпаймын, көтеріліске шақырмаймын» - деді дерсің. Бұхара керуендеріне біздің үстімізден өтетін жол әрқашан ашық. Ал оның Қоқан мен Хиуа араларындағы кикілжіңдеріне әзірше араласпаймын – деп, Қасым төре орнынан жайлап түрегеліп, сөзінің аяқталғанын білдірді.

-Әмір Насыролла Қоқанмен жасасқан бітімін бұза алмай амалсыздан да жүр. Әйтпесе Түркістан мен Созақты Қоқаннан тартып алғысы-ақ ойы бар. Егер осы екі шаһарды және соның маңайындағы жерлерді қосып алса, Ұлы Даламен шекаралас болып, сізбен қарым-қатынас күшейер еді. Сырдың бойын Шәуілдірдің тұсынан төмен қарай жайлаған Қоқандықтар Арал теңізі, Қазалы тұсынан Хиуа мен шекараласып жатыр. Хиуа мен Қоқан тура осы тұста бірімен бірі ауыз жаласқандай Бұхараны қыспақка алғандай сіздің жерге де, Бұхараға да керуен өткізбейді. Арадағы келісімдерді еске алып шекарадағы керуен қозғалысын реттеуді қолға алып, оған назар аударуларын оларға айтқан жағдайда, "бассыз үйдін иті үреген" дегендей, Хиуа барлық кінәні Қоқанға аударып, ал Қоқан Хиуаға аударып сүттен ақ судан таза екендіктерін айтып бастарын шайқайды. Қазіргі жарап тұрған керуен жолы біздің Көктіңұлы хандығының үстінен өтетін жол. Бірақ бұл ұзақтау жол. Әмірдің осы керуен жолы туралы, әрі Ұлы Далаға жол ашу мақсаты, осы Түркістан мен Шиелі арасын, әлде Шымкент пен Түркістан арасын бұза-жара Ұлы Даламен шекараласып оны Созақ арқылы жүргізу еді. Осы жайтта ойыңызда жүрсін һәм Таскентте Сіздерге қастандық жасалатыны туралы қауесетгі естігеніміз рас екеніне де сеніңіз! – деді, Мәделі Қасым төреге қатарласа ере жүріп.

-Мәделі інім, мен сенің Қоқанды жамандап, Бұхараны мақтай беретініңе түсінбедім, ақ ит, көк ит, бәрі бір ит емес пе? – деп, Кенесары әңгімеге қосылды.

-Әркім өз елін мақтайды, Мәделі Бұхарадан болғасын мақтап жатыр ғой деуден аулақпын, бірақ Мәделі жас болса да көргені, түйгені болуы керек. Бұхараның Қоқаннан қай жері артық соны айтып бере аласың ба? – деп, Қасым төре тоқтай қалып, Мәделіге бұрылды.

-Енді анаусы жақсы мынаусы жақсы деп тізіп айта беруге болады, бірақ ол уәж бола қоймас, бірақ мен сіздерге өткенде болған уақиғаны айтып берейін, деп ол Тұрсынның тойынан кейін, Таскентке барып, әкесімен Бұхара елшілерімен де бірге барып Искандер бекпен кездескені туралы қысқаша әңгімеледі.

Әңгіме төркінен көп нәрсе түйюге болатындығын түсінген Қасым төре көл жағалай келе жатқан жүрісін кілт тоқтатты да:

-Искандербектің де Бұхара араларындағы пәтуәні сыйлағандығы білініп тұр. Бірақ таяқтын екі ұшы бар. Ол сіздердің шекараларыңыздағы тонаушылықты тоқтатқанмен Алатау мен Қаратау араларындағы оспадар қимылдарын үдете түсті ғой. Бұхараға тісі бата алмайтынын біле тұра, онымен амалсыздан келісімге келгенге сыңай танытқанымен, ол әлсіреп тұрған біздің Даладан жер ойып алмақшы саясатын күшейтті. Ол бізбен бірге Орыстарға қарсы шығамын деген желеумен біздің жерді түбегейлі бағындырып алмақшы ғой, Даланың түгелімен Қоқанға кеткенін қаламай тұрған әмір  Сардардың бізге шынымен көңілі ауып тұрғанына сенуге болады. Егер Мәделі сенің айтып тұрғаның рас болып, шынымен, зекет салықты әркім өз қадір-мүмкіндігінше төлеп, зорлық-зомбылық көрмейтін болса, онда Бұхар қол асты да дұрыстау сияқты. Бірақ қанша дегенмен өзіңмен өзің болғанға не жетсін. Ау, сендердің үйге қайтуға оншама зауқыларын болмай тұр-ау шамасы? – деп, Қасым төре, белбеуін шеше бастаған Кенесарыға қарады.

-Мына суға қызығып тұрмын, біраз құлаш сермеп, жүзіп алғым келіп тұрғаны, әке ! – деп, Кенесары бешпентінің де ілгектерін ағыта бастады.

-Мейілдерің білсін, мен үйге қайта берейін – деп, Қасым төре жетекте тұрған атына мінуге ыңғайланды.

Мәделі мен Кенесары түнгі тыныштықты бұза, шалқып жатқан көлге гүмп-гүмп қойып кетті. Есіл мен Нұра секілді Ұлы Даланың қасиетті өзендерінде шомылып өскен Кенесары мен Сырдарияның балығындай болып өскен Мәделі, енді екеуіне де ортақ, қарт Қаратаудың маржаны Қызылкөлде рахаттана шомылған. Екеуі де жақсы жүзеді екен, Жарыса жүзісіп садақ атым жерге дейін барып қайтты. Жағада шомылып жүріп әңгіме әзіл-қалжың айтысты. Жастарының арасы он төрт жыл болса да Кенесары Мәделіні кіші демей, қатарлас бауырындай сыйластық көрсетіп, көңілге тимес әзіл мен қалжың тастап қойып жүрді. Мәделі, мінезі де, батыр тұлғалы жаратылысы да өзіне ұқсаған аға тапқандай, іштей қуанған. Кенесарының кейбір мінездерін, аса бауырмалдылығы мен кейде шарт етпе мінезін өз ағасы Исмайылға ұқсатқан.

-Жиырмаға толыпсың, балақай, бағана әкем сені күйеу бала болуға келіпті, дегенде қуандың ба, әлде ренжідің бе? – деді, Кенесары жағаға шыға берісте.

-Сіздей қайнағасы бар адам, әрине қуанады да.

-Әй, мынау қайтеді-ей, асатпай жатып «құлдық» деп шынымен сеніп қалғаннан саумысың өзі, ең әуелі күйеу болып ал, сосын қайнаға дерсің – деп, Кенесары рахаттана күлді.

-Келесіде, шын құдаларыңызбен бірге келемін.

-Сонда, әлі осы кезге дейін айттырған қалыңдығың жоқ па, бірақ өзбек байыса там салады дейді ғой, Бұхаралықтар там салудан-ақ қолы тимейді ғой.

-Осы біздерді өзбек дей беретіндеріңіз не? Біз Бұхар қарамағында болсақ та, таза қазақ хандығын құрып отырмыз ғой. Біздің хандықта өзбекті күндіз шам жағып іздесеңіз де таппайсыз.

-Әй-әй, күйеу бала, сен Жызақтың мыңбашысы екеніңді ұмытып кеттіңбе?

-Ой, Кенеке ғафу етіңіз, мен Жызақ пен Бұхарада жүрсем де жаным мен тәнім Көктіңұлында ғой. Сол Бұхарада мен бір күндік мейманшылықта жүргендей сезінемін. Елге қайтқым келіп аңсарым ауады да тұрады. Ол өнірде қазақтар жүдә көп, бірақ мені туған өлкем, өзімнің Сыр бойы, Қосжарсуат, Көкшымылдық, Дарбасы, Ордабасы, Бадам, Арыс сағынта тартады да тұрады. Жаным солармен бірігіп жүргендей.

-Мен сені күйеу бала етіп, Далаға қарай тартпақшы ойым бар еді, ол ниетімнің де орындалуы қиын екен де.

-Маған, енді күшік күйеу болған жараспас!

-Ей, мынау, басынайын деді ме, кім саған қызын бермекші?! Келсең өзің кел, бірақ мен сені атқосшылыққа да алмаймын !                     

-Мен сіздің қол астыңызға келейін деп те тұрған жоқпын, ең әуелі, қол басшы болып алыңыз, сізге келгенде, аң аулайтын тазыңды бағамын ба әлде, балыққа ау тоқитын тоқымашы боламын ба?

Екеуі енді бірі біріне оқты қөздерімен ата қарасып аз-кем тұрып қалысты. Басқа бәле тілден. Ойыннан от шығады. Мына арланның бөрісіндей шақылдап, қаймықпай тұрған неменің жынын қағып алсам ба деп біраз ойланып тұрды да, Кенесары ол райынан тез қайтты. Жиырмадағы жалындап тұрған баланың, әлі білетінінен білмейтіні көп. Өзі де осы жиырма, жиырма бестегі кездерінде Саржанмен талай тайталасып қала беруші еді ғой. Сонда бұл Саржаннан қанша таяқ жесе де өзінікі дұрыс деп есептейтін. Міне сол жас кезі Мәделі болып айта келіп өзінің істегенін өзіне көрсетіп тұр. Сол кездері бұл Саржанмен ерегіскен кезде ашуын баса алмай, қайта ағасы Саржанның бұдан кешірім өтінгенін қалап тұрушы еді. Кешірім сұрамаса да сәл жұмсарса, бұл оны құшақтай алар ниеті болушы еді. Енді соны еске түсіріп, бұл күліп жіберді де:

-Әй баламысын деген-ай, мен ойнап едім әншейін - деді. Сол сол екен Мәделі мұны құшақай алып:

-Аға кешіріңіз, айып менен, осы бір тік мінез, жаман әдетімнен арыла алмай-ақ қойдым, енді сізге қарсы сөйлемеуге тырысамын – деп, шын ниетімен оның иығынан қысты. Кенесары да жастық шағының елестей көз алдына келгеніне рахаттанып қалған. Ендігі сөздері үйге жеткенше қайтадан әзіл-қалжыңға ұласты...

 

3.Майлықожаның алғашқы сыйы

Әсем Қызылкөл, көне Құмкент, кәрі Қаратаудың өткел берер асуы – «Одаман бұлақ» артта қалды. Қарақасқа атты Қамбар баба өмір сүрген Үсіктас, сол Құмкент пен Қызылкөлдегі Назым сұлуға барып-келіп жүріп, осында Қаратаудың күнгейінде жолбарыс аулап жүретін Арыстанды өзені де өткел берді. Сонау сан ғасырлар бұрын бұл өңірде арыстан да өмір сүрген шығар. Егер мұнда арыстандар өмір сүрмесе «арыстан» деген сөзді біліп, мына өзенге Арыстанды деген атауды атам қазақ қайдан қойды екен? Әлде бұл өңірде табиғаттың қаталдығына бола, қысы арыстандай ақырған қарлы боранды, қара суық желі осы өңірдегі екі өзенді Арыстанды-Қарабас атандырды ма? Беймәлім.

Бірақ Қамбар батырдың осы өзеннің қамыстарынан жолбарыс аулағаны рас ғой, рас...

Жүргіншілер Бөгенді жағалай отырып, тулап ағып жатқан Арысқа келді. Одан кешіп өтіп, Бөгеннің егізінің сыңарындай болып келіп сол қапталдан сылаңдай ағып, Арысқа қосылатын, Бадам өзеніне жақын қалды. Бадамға иек артса, аласа болса да шоқтығы биік Ордабасы көрініп тұр. Осы тұста Мәделі қасындағы Жақсымбет ақсақал мен нөкерлерін Жызаққа тікелей кете берулерін өтініп, өзі екі-үш күннен соң баратынын айтып, аттың басын Ақбұлаққа бұрды. Жолай Бадам ауылындағы Асқарқожаға кіріп сәлем беру ретін ойластырғанды. Ретінің өзі қызық болайын деп тұр. Асқарқожа дәл қазіргі күнде бәйбіше мен тоқал тұратын үлкен үйде ме, әлде нақсүйері-Таһминаның отауында ма? Қайсысына бірінші ретте кіруі керек? Асқар қожаның жасын сыйлап сол Таһминаның отауына кірсе, ал ағасы бәйбішенің үйінде болып қалса, бұл Таһминамен жеке кездессе тіптен ұят болар. Ал енді бәйбіше үйіне түссе, мінезі қатқылдау Асқар "неге маған келіп сәлем бермедің? – деп, ілік-шалыс мінез керсетер.

Онда ең дұрысы Асқардың қайсы отауда жүргенін алдын ала біліп алмаққа бекінген Мәделі, енді Сұлтанқожаның тұрағын іздеген, Оның былтыр осы Бөржар мен Бадам тұсқа көшіп келгенін Бұхарада жүріп естіген еді. Бұл Бұхарада оқу-үйрену мерзімін ойдағыдай аяқтап, әмір сардардың бұйрығымен бір топ нөкерімен Жызақ барғанды. Одан біресе Бұхара, біресе Жызақ келіп, сергелдеңде жүрді. Жызақта мыңбасылық қызметті қабылдап, сол қиыншылығы да қызықшылығы  мол жұмысты атқарам деп жүріп бұл маңай түгілі, Қосжарсуаттағы әке-шешесіне сәлем бере келуге де уақыт таппаған. Осы жолы Құмкенттегі Қасым төреге жүрер алдында ғана жолай Қосжарсуатқа соғып, әке-шешесінің қасында болып сағынышын басқан. Мұның Таһминамен көңілі жақын екендігін Сұлтанқызы Сербиназдан естіген Қойхан-шеше Жүсіпқожаға ашу мен өкінішін білдіре айтқан екен. Жүсіпқожа бар ықыласы, өсіп-жетілген Тұрсын мен Исмаилда болып жүріп, мына Қонысайымнан туған тұңғышы Мәделіні әлі бала санап жүргеніне, өзінің бір кемшілік жібергеніне өкінген сыңайын Қойханға білдіріпті. Тіпті ол Қонысайымның өзін де кінәлапты:

-Он бесіңде маған күйеуге шыққаныңды ғой білесін, ал он жетіге толған баланың үйленгісі келетін-келмейтінін, көңілінде бір жақсы көретін қыздың барын-жоғын сұрауды білмейсің, бұл қалай сонда" депті. Сонда:

-Өзі айтпағасын, сыр білдірмегесін, оның үстіне тұңғышым болғасын, мен қалай сырласамын, ұят қой, ұялдым, "әй бала, үйленетін қызың барма-ей" деп қалай сұраймын – депті, Қойхан апаң.

-Отыз жас үлкен менен ұялмай, мені тоқалдыққа алсаң, өзіңдей ұл туып беремін" деуге ұялмағаныңда, өзіңнен он бес жас кіші өз ұлыңа "келін әкелмейсің бе-ей?!" деген бір ауыз сөз айтуға ұялғаныңа болайын – депті, Жүсіпқожа.

Сөз сонымен тәмәм. Енді екеуі де кейістерін Асқарқожаға бағыттапты. „Онысы несі-ей, қыз құрығандай Мәделіжанның көңілі ауған қызға барып ұрынғаны„ депті, Жүсекең. "Екі қатыны жетпеді ме екен, тұқымына тартқан жаман, бәрі де төртеуден алмаса көңілдері кеншімейді» депті, Қойхан апаң. "Тәк-тәк, әй қатын, не деп кеттің, өзіңді де ойла, сен екеуміз қосылғалы бақытты болдық емес пе" депті, Жүсіпқожа.

-Мен сіздің соңыңыздан қалмай өзім ердім ғой, ал анау Мырзаға, Таһминаны байлап-матап әкелген жоқ па? Әке-шешесі ырзалықпен беріп отырғасын, ешкім еш нәрсе айта алмады емес пе? Тіпті қыздың әкесінің мына Қосқақтағы бәйбішесінің өзі қызға басу айтып көндірген жоқ па? "Менің сүйгенім бар, мені жіберіңіздерші» деп сыңси жылағанда; „Бәріміздің де сүйгеніміз болған, бірақ қайсымыз сүйіктімізге қосылып жатырмыз. Бәріміз өзіңдей жылап-сықтап келгенбіз, міне енді үй болып, бала шаға өрбітіп отырмыз, әлі-ақ осы үйдің сойталдай қатыны болып, ұл қыз өсіріп шыға келерсің, сонда бұл жылағаның бір мезеттегідей де болмай ұмытылып кетер, "әй бала екенмін ғой, сонда несіне сыңсыдым екен" деп, өзіңе өзің күлерсің әлі» деп сондағы жиналған кемпірлер қауқылдасқан еді ғой. Тек менің ғана ойым олардікіндей еместі. Себебі мен сүйгеніме қосылғанымды есіме  түсірдім. "Сенің сүйгенің кім еді қалқам?» деп сұрауға оқталып тұрдым да беташарды бұзып алармын деген қауіпім болды да, үндемеген едім. Сонда сол сұрақты періштелер аузыма салуындай салған-ақ екен. Мен қолдана алмаппын. Енді Мәделінің жүзіне қай бетімізбен қараймыз - депті Қонысайым.

-Өз обалы өзіне, құдайға шүкір, жеңгелері мен қарындастары жетерлік, солардың біреуінің құлағына сыбырлай қойса да болар еді ғой - деген екен Жүсекең.

-Қарындасының түрі анау Сербиназ ба? Сыр сақтағышын, патшайымның, онысын сары алтындай ғып ішіне бүгіп сақтап жүргенше бізге келіп айтып, қайта сүйінші сұрамай ма, ол қар? - деп Қонысайым енді Сербиназға кіжініпті.

-Құдай деген қыз ғой, ол Сербиназ, іштегі сырын шаша берсе, не кадірі қалады, қызыңның сондай болғанына қуанбайсың ба?

-Мен әркім емеспін ғой, оның да бір шешесімін, айта салса, ол сыр шашты деп мен қапа болмас ем...

...Мәделімен бірге астындағы Көкбесті де ойға кетті ме кім білген, кібіртіктеп жүрісін өндірмей келеді екен, Мәделі атын тебініп-тебініп қойды. Көкбесті де, ойдан арылып енді жорғаға көшті. Мәделі қайтадан бұрынғыларды есіне түсіре бастады:

...Мәделі Қосжарсуатқа келгенінде әке мен шеше қуаныштарынан жүректері жарыла жаздап қарсы алған. Қайта-қайта бетінен сүйіп айналып толғанып әбден сағыныштарын басқан. Бірақ соншама еміреніп, жақсы көріп, сағынғандықтарын білдіргенімен, бірнәрседен ұялыс тапқандай, әкенің де, шешенің де жүздері жалтақ сияқты көрінді Мәделіге. Оның себебі де белгілі. Ол жағдайды бұл Жызақта жүргенде естіп біліп алған. "Сүт тасыса-көбігі бұрын төгілер» -дегендей тіпті Бұхарада жүргенінде ол жағдайды сезген еді. Болар нәрсе болған. Енді өкпеле-өкпелеме бәрібір. Оданда абыроймен: "жаңа түскен келіндерің құтты болсын, Асқар көкем, бір қуантып тастаған екен" дегеннен басқа сөз жоқ. Жоқ, соңғысын айтпай-ақ қояйын. Әке мен шеше көңіліне алып қалар. Мені Таһминадан айырған, Таһминаны Асқарға әперген бұлар емес ғой, Таһминамен арамыздағы көңілімізді, беташардан соң-ақ Сербиназдан естіген бұлар қайбір қуана қойды дейсін-деп ойлаған Мәделі ешқандай сыр бермеуге тырысқан.

"Келіндерің құтты болсын" деп айтарын айтып алған да, әке шешесінің түрлерінің өзгеріп кеткенін байқап, әңгімені тез арада басқаға бұрған. Басқа болганда да көңіл аударарлық нәрсеге бұрған еді:

-Сұлтанқожа-ағамды елден қуып жіберіпті деп естідім, сол рас болар ма? – деп әкесіне тіке қарап үнсіз отырды. Жүсіпқожа жаңағыдан бетер ыңғайсызданды. Екі жағына алма кезек қарай баласына сөз айта алмай дағдарған. Қойхан-ана жарыларға шақ қалған. Әкесін ыңғайсыз жағдайға қалдырған ұлына қатты айқайлады:

-Біздің әулеттің ұлдары қыз болмай қалған, қыздары ұл болмай қалған, Ғазизайым ер жігіттің қолынан келмеген тірлікті істеп, «сүйгенім осы» деп, Сұлтанқожамен бірге қашып кете барды, ал ұлымыз «сүйгенім бар» деп не шешесіне, не Бұхараға алдына барған әкесіне бір ауыз сөз айта алмай көңілі жарасқан қызынан айрылып қалып отыр. Елдегі жоқ қисынды істеп, анау ағаң Сұлтанқожа жеті атаға жетпей, қызымызды әйелдікке алып отыр. Бұл не деген масқарашылық. Енді сөйткен Сұлтанқожа-ағаңды ауылда сақтап бетіне қарап отырыңдар демекпісің, а? - деп Қойхан жылап жіберген. Сыңсып отырып: "Анау ел басқарып отырған ағаң Асқардың қылығы анау, басқа қыз құрып қалғандай болашақ келініне үйленіп" деп өксіп-өксіп жіберді...

«Қап қайран ғана Қонысайым апам-ай» - деп, қатты күрсінген Мәделі тағы да кібіртікке басқан Көкбестінің сауырынан қамшымен тартып-тартып жібергенін өзі де байқамай қалды. Бағанадан бері жүгенін еркіне қоя берген иесі, мұны ұмытып кеткен шығар деп ойлап келе жатқан байғұс Көкбесті, жамбасына екі рет қатарынан қамшы тигесін безе женелген. «Осылай да қамшылай ма екен? Тақымдаса да болар еді ғой, апар деген жеріне апарып та жүрмін, ой, жамбасым-ай" дегендей Көкбесті шауып келе жатып оқыранып-оқыранып қойды, Көкбестінің мына оқыранғаны Мәделіні ойынан оятқандай болған. Ол Көкбестінің шауып келе жатқанына таң қала жан-жағына қараған. Ешкім көрінбейді, Көкбестінің оң жамбасының төмендеу сан тұсында қамшынын қос ізіне көзі түсіп оны аяп кетті. Ой үстінде отырып, Көкбестіге қамшыны қаттырақ жұмсағанын біліп өкінгендей сыңай танытты. Жапан даладағы жан серігі Көкбестіден іштей кешірім өтініп жүрісін баяулатты, жалынан сипап-сипап алды.

"Е, бәсе, өз ойымен, өзі болып байқамай қалған ғой, әлде үстімде келе жатып ұйықтап кетіп түсінде қасқырды ма әлде, түлкіні ме қамшылаған шығар", үстімде ұйықтай беретін әдеті емес пе?» деп Мәделіні кінәдан актағандай болып, жай кісінеп алды. Еркелегенде кісінейтін әдетін қайталағанга Мәделіде ырза болып Көкбестінің жалынан тағы да сипалап қойған. Екі ер тез түсіністі. Сосын Көкбесті майда желіске басқанда, Мәделі тағы ой құшағына енген. Есіне Қонысайымның айтқан сөздері тағы оралды:

-Сұлтанқожа-ағаңа яки қазіргі жездеңе „бұл арадан кет„ деген біздің тарапымыздан сөз болған жоқ. Бәрін бүлдіріп жүрген Асқар мен Сұлтанқожаның туысқан ағалары Тәуке, Батырша, Қашақ батырлар ғой, оны елінен бездіріп, „бес атадан қыз алдың деп, мұнда да жүрмейсің күшік күйеу болып,, деп, ол жаққа да бұл жаққа да жуытпай қойған. Әкесі-Атақожа тірі болғанда бұндай жағдай болмас па еді. Бұл жерде әкеңнің де, Тұрсынның да, «Қызылшұбарқожа» қайнағаның да, «Маппаққожа» мырзағаның да бір түйір кінәләрі жоқ. "Ау көке, мен де хан тұқымынан алыс емеспін, мен ешқайда кетпеймін, сіздермен бірге боламын, бір нәрсе десеңізші» деп өзі әкеңе келіп бір ауыз сөз айтса да болар еді  ғой, соны айтуға жарамады, «Шатан». Бәлкім өз кінәсін білгесін мұнда келуге ұяты жібермеген шығар, ана қызда да ес жоқ, өзі-ақ келіп айтпай ма, күйген дүние күйіп-ақ кетседе. Қашуын қашып алып, енді бұғып жата бергенше. Байға қашуға ұялмайды да, енді әкесі мен анасынан кешірім өтініп, жәрдем сұрауға ұяла ма, сонда? Мына қоңыраттардан да ұят болды. Олардың ішіндегі бірді-екілі кейбір жамандары көтін ашып күліп отыр: „Патшаның немересі бүйткенде, қара халық не істемейді, „жеті атаға дейін қазақ ағайыннан қыз алмасын,, деп, қазақтың пірі Мүсірәлі софы әзиз бас болып, осы қожалар емес пе еді әз-Тәуке ханға жарғы шығарып берген, заман да жарғы да бұзылайын деген бе? - дейтін көрінеді. Заман жаман емес, жаманның сөзі жаман. Жаманның жаман сөзі заманды жаман қылады. Жаман да болса менің бауырларым, өз қолымды өзім кесемін бе? Сұлтанқожа қазір Бадамда. Әлгі досың Мусабек те қазір сол Бадамда. Екеуі қоңсылас болып, біріне бірі жәрдемін аямай өмір сүруде. Барып жағдайын сұраймын десең өзің біл. Арғы жағында таяқ тастам жердегі су жағасының бергі бетінде Асқарқожаның ауылы бар. Жас тоқалына сол жерге бөлек үлкен әулежай салып берген. Өзі де сонда. Бәйбішелерінің үйі Бадамның үлкен ауылында, су жақ жиегінде, Сұлтанқожа үйлері сол ауылдың екінші қарама-қарсы жағындағы Қараспанға шығар жолдан теріскей тарапқа таман, Бөріжар жолына қарайғы биіктеу төбеде, Барсаң оңай табасың шеттеп салынған бір үлкен үймен, оған жақындау ұзынша етіп салынған жай тұр. Сол Сұлтанқожаның үйі...

Е, онысы рас екен әне, анау тұрған сол «Шатанның» үйі болды ғой деп, Мәделі қолын көзіне көлегейлеп еңкейе бастаған күн астына қарады. Бадамға жақындай бере Көкбесті де жүрісін баяулатып, аяңмен келеді екен. Мәделі Көкбестіні күре жолдан тез оңға бұрды да әлгі жырағырақта тұрған қос үйге қарай лекіте жөнелді.

Үй алдында от жағып, кешкі ас қамына кірісіп жерошақтағы табаға нан пісіріп жүр ме, әйтеуір сырттағы ошақ басында күйбендеген Ғазизайымды Мәделі ұзақтан таныған. Ал Ғазизайым өздерінің үйіне қарай атын лекіте жақындап келе жатқан жолаушыны танымай біраз қарап тұрған еді. Ғазизайым Аппаққожаның тұңғышы боғандықтан атасы Ысаның қолында өсіп, шалдың қызы атанған еді. Ол ат үстінде мығым отырған ірі денелі Мәделіні алғашында Жүсіпқожа екен деп те қалды. Атамның бұл жалғыз жүрісі несі деп аз кем таң қалыс та білдірді. Ол келетін болса Ордабасы тұстан келмес пе еді, қасына нөкер ерітер еді ғой деп те ойлап үлгерген, Жақындай келе ат үстіндегі Мәделі екенін танып, қолындағы көсеуі түсіп кетті. "Жарығым сол, келесің бе шығыстан туған күнімдей боп» деп інісіне қарай құстай ұшқан. Мені де іздеп келетін бауырым бар екен-ау, айналайын жаным, жолыңа құрбан болайын" деп іштей қайталап егіліп жылап келеді. Көзінен жас парлап келеді. Ғазизайымның өзіне қарай құстай ұшып жүгіріп келе жатқанын көріп, Мәделі Көкбестіден домалай түсіп, оған қарсы жүгірді. Апалы-інілі бауырлар құшақ айқастыра біраз тұрып қалған еді. Ғазизайым енді еңірей жылады. Жеке қалып, жалғызсырап, әбден ішқұса болса керек. Айдалада қараша үйде екі жыл тұрып, енді мына Бадамның шетінде жырақтау кепеде көзге шыққан сүйелдей оқшаулана өмір сүріп жатқан ғұмыры, бұрынғы Жая ханның бас уәзірінің тұңғыш немересі екеніне мүлдем ұқсамайтын еді. Тура "Мың бір түн" ертегісіндегі сүйген жігітімен қашып кетіп, әбден небір қорлықтарды көретін патша қыздарының уақиғасындай. Бұрын сол ертегілерді оқығанда бұған ол шынымен ертегідей әсер ететін. Енді байқап жүрсе, сол ертегі екеш ертегіңде өмірде болған нәрседен алынып айтылып, жазылады екен. Сол үш жылдан бері Ғазизайым жалғыздықтың қорлығын көріп, туысқан мен бауырдың қадірінің зарын шеккен еді. Ғазизайым талықсып барып есін жинаған. Қос аяғы дірілдеп үйге әрең жетті. Қорыққан мен қуанған бірдей екен.

 Мәделі үйге жақындағанда жас сәбидің жылаған дауысы естілген. Сол дауысты ести салысымен жаңағы Ғазизайымды кездестіргендегі қамкөңіл лезде ғайып болып, жүрек түбінен қуаныш орын алды. Ол енді тезірек іңгәлған сәбиді көруге асыққан.

Іңгәләп жөргекте жатқан сәбиін Ғазизайым көтеріп алды да:

-Жылама бөпем, жылама, нағашысы келген жігіт жыламас болар, тағаң келді, нағашы ағаң келеді, Мәделі жаным келді, әй айналайын күндерім менің – деп, Ғазиза екеуін де айналып-толғанып, сәбиінің маңдайынан, мұрнынан сүйіп қойды.

-Е, е, жиен-батыр, тағаң келгеніне қуанып жатырсың ба? Тпә, тпә, мына жаманың күледі ғой, мені танып жатыр-ау деймін – деп, Мәделі сәбиді қолына алды. Ол енді сәбидің маңдайынан иіскеп-иіскеп қойды.

-Ғазиза, уақытында қолым тимей келе алмадым, ұлыңның кіндігінің бауы берік болсын! – деді.  Сосын ол сәбиге тағы қарап «тпә-тпә» деп тұрып:

-Ал бұл батырдың аты кім болды екен? – дей бергенде, сәби күшеніп жіберіп "парқ" еткізді де, екі қолын ербеңдете күлді.

-Об-бо! – деп, Мәделі танданыс білдіріп біраз тұрды да, сәбиге қосыла бұл да күлді. Тіпті карқылдай күлді. Сосын:

-Әй, мынауың ұялмайды ғой, осы кімде болса ақын болады-ау шамасы, ақын адам көпшіліктен де, үлкен кішіден де ұялмайды, қаймықпайды, ойындағысын айта береді, мынау әлі тілі шықпаса да, ойындағысын жеткізіп, «тыштым сенің нағашы болғаныңа» деп жатыр-ау, жаман неме - деп, Ғазизайымға қарап тағы күлген. Төрге көрпеше салып, қолы тимей жатқан Ғазизайым ұлының не істегенін енді түсініп:

-Ойбу-у, балам-ай, тағаңның алдында ұялмайсың ба, қоя бер Мәделіжан, дүние-боқ, саған байлық сыйлап жатқан ғой қарағымның, әркім барын береді дә, бұның да қазіргі қолда бары осы болғасын, нағашысынан сыйын аясын ба? – деп, Ғазизайым енді ынта-шынтасымен күлген. Апалы-інілі екеуін күлкіге қарқ қылғанын сезгендей нәресте уілдеп, әндетті де, жырқылдай күліп қолдарын сермеп-сермеп қойды.

-Мынау жырқылдайды ғой пәлі, неше айлық, жасқа толды ма?

-Қазір маусым болса, бұл былтыр қарашаның соңында туылды ғой, сонда жеті айдан асып барады екен.

-Туылды ма, туды ма? Осы қазақтың қайсы сөзі дұрыс? Көбісі туды дейді ғой?

-Әйел адам бала туады, ал бала туылады. Түйе боталайды, бие құлындайды, сиыр бұзаулайды, қой қоздайды, ешкі лақтайды. Ал «менің туған жылым, сенің туған жылың» деген дұрыс емес. Ондай деп әйел өзінің баласын айтады. «Менің туылған жылым, сенің туылған жылың» деу керек – деп, Ғазизайым қазақ тілін анықтап берді.

-Рахмет, түсіндіріп бердің, енді мынанын боғын сасытып осылай ұстап тұра беремін бе? – деп, Мәделі нәрестеге қарап қойды.

-Сен де қазақтың мықты жігіттерінің бірісің ғой, түкіріп берші, осылай қолыңа ұстап тұрғаныңда – деп, Ғазизайым Мәделіге өтініш білдірді.

-Осы күйінше ме?

-Осы күйінше!

Мәделі аз кем ойланып тұрды да:

-Айналайын нәресте,

Нағашың келді емес пе?

Қолымды боққа толтырдың,

Әрқашан болар бұл есте.

Туысқан, бауыр халқыңа,

Қазақтың әдет, салтына

Өзгеден оза жақын бол.

Сол халқыңды сыйлайтын,

Шабытың кеудеңе сыймайтын,

Қарағым ұлы ақын бол! – деп, тілегін екі ауыз өлеңмен қайырып, Мәделі нәрестенің аузына түкіріп, ырымын жасаған. Інісінің мына өлеңіне риза болған Ғазизайым:

-Айналайын Мәделім-ай, бақытты бол, өркенің өссін, сен де бақдәулет ата бол, жаным – деп, көңілі босап нәрестесі мен інісін құшақтап, бауырына басып біраз тұрған. Сосын нәрестенің дамбалын ауыстыруға, және Мәделінің қолына су кұюға сыртқа беттеді. Нәрестені жуындырып жерге қойғаны сол еді, ол енді еңбектеп Мәделіге қарай жорғалай жөнелді. қолын лайға ысқылап жуып отырған Мәделі, нәрестенің өзіне қарай асығыс еңбектеп келе жатқанын көріп:

-Мына, күшік, нағашысын шынымен танып, сағынып қалғанын білдіріп жатыр ма? Есімін кім деп қойып едіңдер, айтып қойшы, аттарымызды айтып сөйлесіп көрейін – деп, күлді.

-Аты, бұл өңірде жоқ есім, әкесінің тауып қойғаны ғой, Мұсабек екеуі екі күн ойланып қойған. «Майлы» қоямыз деп екеуі жерден жеті қоян тапқандай екі күннен соң қуанып жүр. Майлы дегені майы көп деген сөзден шыққан емес, «Майлы» - ескі түркі сөзі, ол – «шуақты күнгі ауаның мамыражай рахат райы».

Мәделі енді, еңбектеп қолына келіп тізесіне асыла, қаз тұрған Майлыны көтеріп алып кеудесіне қысты. Ішінен "Желке ет болмас, жиен ел болмас" деген мақалдың күлін көкке ұшырар, қарағым осы  Майлықожа болар Құдай нәсіп қылса»-деп күбірлеген.

 

4.«Қалайсың, қайран Таһмина ?!...»

-Сендердің махаббаттарыңның түрінен қорқушы ем, болмысынан шошушы ем, бірі біріңді сағыныса асығатындарыңнан секем алушы ем, әсіресе Таһмина, ол менімен кездескенде әңгіме тек ғана сен туралы болуын қалаушы еді. Мен әңгімені басқа жаққа - ақ бұрсам, ол бөлек шыға жайылған малды қайырғандай, әңгіме төркінін сенің қораңа қайтып айдап кіргізуші еді. Мен оған "Ләйлі дейтінмін, Жібек дейтінмін, Шырын дейтінмін. Сонда сол теңеулерді айта беретініме кейін Асқарға күйеуге шыққанында өкініп жүрдім. Ол шынында да әлгі қиссадағы қыздардай арманына жете алмады – деді, Сербиназ шын көңілімен қинала.

-Енді соны айта бермеші Сербиназ, Мәделі енді-енді көңілденіп келе жатқанында – деп, Сұлтанқожа дауысын қатқылдау шығарды.

-Енді айтты не айтпады не, сонымен не істейміз, барамыз ба Асқарқожаның үйіне? – деді, Мусабек көпшілікке қарап.                   

-Бармағанда ше? Енді соншама жерден ат сабылтып келіп, ағасының үйіне кірмей кеткені туысқандық рәсімге қайшы келмей ме? Сол қыз үшін енді Мәделі Асқардың жүзін көрмей кетеді деп отырсыңдар ма? Асқар көкем судан таза, сүттен ақ. Ол қайдан білсін Таһмина пен Мәделінің бірін-бірі ұнататынын? Есі дұрыс болса, ол қар айтпай ма Асқарға, "ойбай, саған күйеуге шықпаймын, сенің ініңді жақсы көремін, байласып қойған сөзіміз бар" деп. Көп сөзді қой Мәделі, ағаңа бар, сәлем бер, сопайып маған келгенше бірінші сол кісінің қолынан алмадың ба? – деп, Ғазизайым дұрысын айтты.

"Осы кеше ғана емес пе, мына Ғазизайымның мені іздеп келер туысқаным бар екен-ау, айналайын, жаным" деп қуаныштан жүрегі жарыла жаздағаны, енді болса міне, «неге бірінші маған келдің» дегендей кейіп көрсетуі, асылы әйел адамдарға сену, сенбеу қиын екен. Бірақ кеше сағынышпен айтты, енді жөнін сөйлеп отыр ғой, мен анау Таһмина Асқардың үйінде болмағанда, сен айтпасаңда, ілкі соның үйіне бармас па едім. Бәлкім Таһмина әлі күйеуге шықпаған болып, осы Бадамдағы туысының үйінде жүрген болған да, алғашымен соған жолығар ма едім. Енді міне екеуінің де көзіне түскім келмей, кежегем кейін тартып отырмын. Олар үйленбегенде сенің табалдырығынды үшінші үй ретінде аттарымды біліп те отырсың ғой жан апа. Бәрін білесің. Менің ынғайсызданатынымды да білесің. Біле тұра, туысқандық, ағайын деген қауымдастық, бірін-бірі байланыстырып тұрған ізеттілік, сыйластықтың жібін үздіргің келмей отыр ғой, жан апа - деп ойлаған Мәделі, Ғазизайымның жүзіне күлімсірей біраз қарап отырды. Сосын:

-Ғазиза, сен дұрыс айттың, мен ілкі Асекеңнің алдына барып сәлем беруім керек еді, әлі де шалалығым бар екенін түсініп отырмын. Ау менің негізгі ойым сол еді ғой. Сендерге кіріп шыға сала, Шатанды ертіп Асекеңе барып сәлем берермін дегенмін, өзің де білесің, кеше Шатан үйге келмеді. Мусабек екеуі ұнжырғалары түскендей, бастары салбырап таңертең келіп отырған жоқ па? «Түйе де жоқ, бие де жоқ таба алмадық, біреу ұрлап, қолды болыпты» деп. Бұлар шын айтып отыр ма, әлде түнімен қызойнақта болып, біздің көзімізді бояп отырған ба, оны итім білсін - деді, жан- жағына немқұрайды қарап.

-Мынау қайтеді-ей, сенбей отыр ма бізге?

-Мынау шынымен Мәжнүн болған шығар. Күнімен, түнімен мал іздегенімізге сенбей, бізді күнәкәр деп біліп отыр ғой!

-Сендерді ешкім күнәкәр деп отырған жоқ. Ол әшейін менің ойым. Олай ойлайтын себебім, сендердің сондарыңды ала бере мына Сербиназ да келді, түк білмегендей.

-Үй-бай-й, мынаның маған тиіскені несі, мен саған жаңа айтқан жоқпын ба, мен сені түсімде көрдім, сен осында келіпсің, ұйқымнан тұра сала, Асқар көкемнің үйіне жүгірдім. Сені сол үйге келіп қалған шығар деп. Ол үй енді ұйқыларынан үрпиісіп тұрып жатқан екен. Таң атпай ербиіп жетіп барғаныма Таһмина танданыс білдірді. "Не болды-ей, кербез қыз, құлқын сәріден қыдырып? Тыныштық па?» деп бетін шымшып қойды. Мен: «Тыныштық»-дедім. -Сендерде ше? Ешкім келмеді ме? -Кім келуші еді, кімді іздеп жүрсің? Мен "Мәделі келмеді ме?" деп айтуға оқтала беріп едім, іштен Асқар көкем шығып келеді екен, үндеместен, кері бұрылыл, тұра зыттым. Сол бойыммен осында келдім. Міне сен келіпсің, мен қателеспеппін. Үй-бай бетім-ау, мені кінәлағаны несі?

-Дегенмен көріпкелдігің бар екен. Асқар көкем бәйбішесінің үйінде болғанында дұрыс болар еді. Ал енді ол кісі Таһминамен оңаша шай ішіп отырғанында үстіне қалай кіріп барамыз?

-Сонда көкемнен ұялып отырсың ба? – деді, Сербиназ аңкаулана қалып.

-Көкемнен несіне ұялады. Анау Таһминадан бата алмай отыр ғой, сабазың – деді, Мусабек күліп қойып. Сосын: түнімен мал іздеп шаршаған бізді, «қызойнақта болдыңдар» деп кінәләғанда ұялмайсың, ал көкең Асқарға барып сәлем беруге "Таһаң»-нан ұялып бетің шыж-быж болады. Неге? – деді.

-Бәсе, неге? Неге Мәделі ұялу керек екен? Бұл жерде Мәделінің не кінәсі бар? ұялса қайта Асқар көкем ұялсын, Таһминаның өзі ұялсын – деп, Сербиназ кербездене иығын қиқаң еткізген.

-Ұялып отырған ешкімде жоқ, әншейін ыңғайсызданып отырмын Таһмина да ыңғайсызданып қала ма деймін, ол мені енді ұмыта бастағанда, мені қайтадан көргесін, Асқар көкемді жақсы көрмей кете ме деген ойым ғой. үйінде күнде ұрыс, айқай болып жатқанды кім қалайды. Басқа қыздардай емес Таһминаның мінезі баршылық ғой, ол таяқтан да қорықпайды.

-Енді кәйт дейсің, Мен Асқар көкемді бәйбішесінің отауына шақырып апарсам қалай болар?

-Қоя тұр, сен өзің ауылдан қашан келдің? – деді, Ғазизайым Сарбиназға.

-Кеше.

-Кеше келсең, түнде кімнің үйінде болдың?

-Үй-бай, апамды-ай, мені барлықтарың жабылып тергейін дедіңіздер ғой, айтайын, бәйбіше апамның үйінде, Жәбек ағамның үйінде.                                                                              

-Онда кеше келсең білмейді екенсің", ондайды бәйбіше апам айтпайды ғой, саған. Расы Асқар көкем Таһминаға там салып беріп, сол үйге кіріп алған, бәйбіше мен тоқалдың үйіне содан бері кірген емес, енді де бармайтын шығар.

-Әй, бұл ағайындарға не болып барады, өстіп-үстіп, бір-бірімізбен қарым қатынасты доғарамыз ба? - деп, Сербиназ басын шайқап-шайқап қойды. Мен ғана екен ұшып-қонып араларыңда дәнекер болып жүрген.

-Бір күні сенде байға кетерсің, сені менен басқа ешкім іздеп бармас -деп Сұлтанқожа күлді.

-Сен барсаң, Сербиназдың бүгін сені іздеп келген қарызын өтеу үшін бірді-екілі мәрте барарсың, сосын ұмыт болар – деп, Мусабек әзілдеп еді:

-Келмесе қу тірліктен қолы тимегесін келмей жүрер, жек көріп, немесе естен шығарып келмей жүргеннен Құдай сақтасын. Келмесе де сырттай тілеулес болып жүрсе, соның өзі маған жетеді – деп, Сербиназ Сұлтанқожаға болысқан.

-Ал онда жиналыңдар, барамыз – деді, Мәделі.

-Е, сөйтсеңші, бір батырлығынды көрейік, шіли ұялып бара жатсан мына үшеуі қақпақылдап отырар – деп, Ғазизайым әзілдеді.            

-Мына үшеуі несі, сенше? – деді, Мәделі сұраулы жүзбен.    

-Мен бармаймын.                                             

-Е, неге бармайсың, біреуін көндіріп едік, енді екіншісі шіренеді ғой, бұлар бұзылайын деген шығар – деп, Мусабек те танданыс білдірген.

-Сендер еркектер ештеңе ойламайсыңдар. Мен Қосқақ пен Қосжарсуаттың манында айдалада жалғыз үй болып бүрсендеп Шатан екеуміз өмір сүріп жүргенде Асқар көкем бізді бірде-бір рет іздеп келмеді. Қойхан шешем, мен босанатын күнімнің жақындағанын естіп келіп Жарсуатқа алып кетті. Сонда босандым. Майлы жаным бекіп, қатайғанша алты ай хан Ордасында, Қойхан шешемнің бағуында болдым. Сол алты ай ішінде Ордаға Асқар көкем сан мәрте келіп кетті, бір бас сұғып жағдайымды сұрамады, балама «құтты болсын» да айтпады. Таһминаға үйленумен әлек болып жүрді. Ол ханның інісі болса, мен қарындасы. Ол Жүсіпқожаға немере іні болса, мен шөбере қарындасы. Тек бір ғана айырма бар. Ол Қоқан хандығының қолшоқпары, Бадамның датқасы, мен үйі-жайы, күйі жоқ мүсәпірмін. Қоңыраттың жалға берген үйінде, «қашан қуып жібереді» деп күніге жалтақтап жүретін пәтершімін. Әне сосын ол маған келмейді, мен оған бармаймын - деп Ғазизайым көңілі бұзылып көзіне жас алды.

-Ғазиза, Ғазиза, қойсаңшы-ей, ұят болады ғой – деп, Сұлтанқожа сөйлей беріп еді:

-Ұят, ұят болады деп, сен ғой осында көшіріп әкелген, «күшік күйеу деген сөзден ұялып жүрмін, өлсем де қоңыраттың ішіне барып өлейін, туысқаннан бездім, мыналар маған күн берер емес, отырсам опақ, тұрсам сопақ», деп сен қоймадың емес пе? – деп, Ғазизайым енді Сұлтанқожаға ашу шақырды.

-Мына апаң не дейді-ей, қойсаңшы енді, бір шатақ шығарғың келіп отыр ма? – деп, Сұлтанқожа не ашуланарын, не күлерін білмей Мәделіге қарады.

-Соны айтпасаң қайтер еді? Ғазиза-ау – деді, Мусабек қысыла ұялып. Сосын:

-Сендерді бұл үйден ешкім қумайды, үйді сендерге бергенмін. Ал енді сағындым,  Тасдарбасыға кетемін десең әне жолдарың, мені тастап кетті деп әсте өкпелемеймін, сендердің қайда жүрсендер де көңілдеріңнің көтеріңкі, жағдайларыңнын түзу болғанын мен тілеймін ғой.

-Тасдарбасы да туған қайын атасы тұрады емес пе, Қосжарсуатта қайнағасының елінде жүріп, күшік күйеу болып кемсітіліпті, енді Шатан Тасдарбасыға өлтірсең де бармас – деп, Сербиназ іліп тастады.

-Күйіп-жанған ештеңе де жоқ, жездесі болғасын Зікір, Оспан, Абрайымдардың бір-екі рет әзілдегені бар, соған намыстанып жүргені ғой мұның -деп Ғазизайым бауырларының оғаш қылықтарын жуып-шайған.

-Ойыны болса да ойындағылары ғой деді, Сұлтанқожа да ақталып.

-Олар күшік дей ме, ит дей ме, жезде болғасын айтқанына көнуіңіз керек. Бұрын бауыр болып, іні есебінде санап жүріп, енді олардың әзілі әрине сізге түйеден түскендей болады. Енді ашулан, ашуланба, қайындарыңыздың әзіл қалжыңына шыдайсыз. Әңгімені басқа жаққа бұрмай Асекеңнің үйіне ертерек кіріп шығайық, мен де асығыспын. Жызаққа ертерек жетуім керек, содан соң Бұхара жүремін. Ал енді сен Ғазизаш бізбен бірге жүресің, не десе де жасы үлкен кісі, мен де сол жасы үлкендігін ғана сыйлағаннан сәлем беріп шығуға барамын. әйтпесе Таһминаны алғанына қуанғанымнан бара жатқан жоқпын -деп Мәделі бұларды асықтырды.

-Дұрыс айтасың Мәделі, мені шеттетіп, ағайындарын маған араласуға тыйым салғаны үшін, мен де оны қайбір сағынып барады дейсің, мына сенің келіп қалғанын пайдаланып арамыз осылай суи бере ме, әлде бұдан былай қарай түсінісіп жүреміз бе, мәселенің , арасын ашып алу үшін барамын - деді Сұлтанқожа да.

Көктемде буырқана ағатын Бадам, кең арнасьшан түсіп қыздың майдалап, бөлшектей өрген тұлымшағындай жіңішке арықшаларға бөлініпті. Тек ғана сол жақ бетіне аунап түсіп ширатыла ағып, екпіндей алға ұмтылған таяқ тастам ендіктегі кіші арнасында суы мол. Сонда да сол мол су өткел тұсқа келгенін де жайыла ағып жайпатыла, айнала тереңдігін жоғалтып оны көлденеңдеп малтатастар дәл бір көш түзген тасбақалар керуенін елестете арғы бетке қарай созылып жатыр. Аттылы жүргінші кесіп өтер де, жаяуы әлгі жұмыр тастарға табан тіреп, тепе тендігін бұзбай секіре аттап, арғы жағаға шығар. Тепе тендігіңді сақтай алмай, аяғың жұмыр тастан тайса, қауіпты емес, тобыққа дейін су кешесің де, әлгі тасбақа-тастарға қайта табан тірейсің.

Мәделілер аттылы, жаяу әлгі өткелден өте оңға бұрылып, әлі сырты сыланып үлгермеген жаңа зәулім үйге келіп тоқтады. Кең аула шыбық-шарбақпен қошалған екен, құрылыс әлі жүріп жатыр. Мал қора мен ұзыннан-ұзақ кепе көтеріліп, еңселері биіктей бастапты. Құрылысшыларда, ала тақия киіп алған өзбегі де, көк тақия киіп алған қазағы да аралас. Бұлардың арасында жүрген Жәдігер мен Жәбек, қонақтардың келгенін байқап қалып, жүгіріп келіп бұларды қарсы алған.

Қонақтарды төргі бөлмеге жайғастырып, Жәбек інісі Бабекті әкесі Асқарқожаға хабар айтуға жіберген. Датқаның жұмыс орны Бадамның ауылының арасында, ауыл әкімінің Ордасымен жапсарлас, ескі тамда еді. Сапақ би Бөржардан жаңа үлкен сарайдай жай салып, сонда көшкесін бұл ескі там, жаңа ордасының біткенінше әзірше жарар деп Асқарқожа жұмысханалыққа пайдалануда еді. Асқарқожа үйге келемін дегенше Таһмина олармен кездесуге ұялып, түпкі бөлмеде тығылып отырар деген ойда еді меймандар. Бірақ бұлар қателескен сияқты. Таһмина меймандар үйге кіргеннен-ақ алдарынан шығып иіліп сәлем салып, қайындары мен қайын сіңлілеріне ізет көрсетгі. Сабазың бір сыр бермейді ғой, ұялу қымсыну дегені қаперіне де кірмейді, ат көліктерінің аман-есен келгендерін сұрастырып, алыс жақын ағайындардың денсаулығын, жақсы -жаңалықтарын білістіріп, Мәделі мен Сұлтанқожаны бұрын соңды көрмеген, тек ғана сырттай білетін адамындай, немесе анау Бәбек, Жәбектердей күнде көріп жүрген балалардай, бірқалыпты сөз ыңғайын тапқан.

Мәделі тектен-текке ыңғайсызданып келгендерін ұқса да, іштей Таһминаға өкпелеп қалды. Бұл, Таһмина мұны көре салысымен, қызарақтап, ыңғайсызданып, өзін қоярға жер таба алмай қалатын шығар деп ойлап еді. Ал Таһмина өйтпек түгілі, алғашқыда бұған көз де салған жоқ. Бұл, Таһмина мұны көргенде, мынадай ыңғайлы шақты пайдаланып, Асқарқожаның бұл жерде жоқ екенін пайдаланып, кемсеңдеп көзіне жас алатын шығар деп ойлаған. Ал Таһмина жыламақ түгілі, қайта бұған жасырын бір рет көз сала, жымия күлімдеп, Ғазизайыммен амандық сұрасып, кішкентай Майлыны қолына алып, иіскей, емірене берген. Бұл, Таһмина мұны көре салысымен, «сені де көретін күн болады екен ғой, менің жағдайым мынадай болды, ылажы болса көңіліңе алмағайсың, тағдыр біздің қосылуымызды жазбапты, кінәлі болдым, сөге көрме» деп кешірім өтінетін шығар деп ойлап еді. Ал Таһмина болса, "ал меймандар төргі бөлмеге өте беріңдер, отағасына балалардың біреуін жіберіп шақыртып қояйын" -деген. Сосын сол тұрған орнында: "Бәбек қайдасың-ай, әкеңді шақырып келе ғой шырағым, «меймандар келді» -де, тез жетсін, жұмысты қырып жатқандай, кеңсесіне күніге бір барып келмесе көңілі көншімейді, онымен оның ескі жаман тамына барып жатқан ешкім жоқ, арыз айтушылар, бәрі топырлап осында келеді. Бұл үй әрі мекеме, әрі мейманхана болды. Әлде олар жас тоқалдың түрін көруге келе ме қайдам, әйтеуір келгіш деп, Таһмина сылқылдап күліп алды.

Үйге келгенде Асқар да бұрын-соңды түк болмағандай мінез көрсетті. Осы кезге дейін Сұлтанқожамен қатынасын үзіп жүрсе де, оның тірлік-тынысын сырттай бақылап, ұзын құлақтан хабар алып, бұлардың қандай жағдайда жүргендіктерін білетіндігін білдірген, Ашумен қанша тырысып жиырылғанмен болар іс болыпты, өз саусағынды өзің кесесің бе?

Уақыт та емші. Ашу араздықты мерзім өткен сайын емдеп, қалыпқа келтіріп, дұрыстай бастайды екен. Асқардың Сұлтанқожаға деген ашуын арада өткен екі-үш жыл елі-елі, сүйем-сүйем өкпесінен сылып алып тастапты. Бұрын іні болып жүрген, ендігі күйеу баласының өзі үйіне іздеп келгенде бұл қуанышын білдіріп-ақ жатты. Ал інісі Мәделіге бөлектеу қараған қанша ақжарқын, көңілді болып көрінгенімен, іште жатқан бір ыңғайсыздығы байқалып қала берген. Сонда да сөзбен айтар сыр бермегендей кейіп көрсетпек болған.

Бар ойы Таһмина пен Асқардың арасы туралы пікірінен бе, әйтеуір Мәделі бәрібір Асқардың ішкі ыңғайсыздығын қанша көңіл бөлмеймін десе де сезіп отырды. Бұл үйде де шақалақ нәресте бар екен, "іңгәлаған" дыбыс шығарды арғы бөлмеден. Бұл сөз жоқ Таһминаның бөпесі болуы керек. Сол ойын қуаттағандай Мусабек:

-Асеке ұлыныздың даусы шешесіне тартқан ба, әнші сияқты ғой -деген.

-Даусы тартса тарта берсін, басқа жағы өзіме тартқан ғой – деп, Асекең мәз бола күлді.

-Қызыметі де өзіме тартсын деп, есімін де дұрыс қойған екенсіз дә?!

-Иә, өзім датқа болсам, бұл хан болса, мұртымызды балта шаба қоймас, сендерге де пайдасы тиер.

-Көке, ұлыңыздың кіндігінің бауы берік болсын! - деп Мәделі құтты болсын айтты.

Әңгіме, үй-іші отбасы ауқымынан шығып, енді бірде шекара мәселесіне келгенде Асқар:

-Әлгі, бұрнағы жылы ма, жоқ, оның алдыңғы жылында ма еді, өздерің Таскент барғандағы келісілген шекара мәселесі іске асқанымен„ кейін, нақтылай бөлісер кезде, шекараны дұрыс жүргізбеген екенбіз, оны кейін ойланып қалдым. Шаруаға екі жаққа да ыңғайлы жерлерді бөлісіп алудың орнына, тік сызықпен мекендерді айырып-айырып тастаған болыппыз. Ол кездері Жүсіп көкем де аса мән бермепті, енді малымыз аралас, қойымыз қоралас болып жатыр. "Онысы мақұл-ақ дейін десең, мал ұрлаушылар есімізді кетірді. Арғы жақ жоғалған малын бізден көріп, біз қолды болғанымызды олардан көріп, ашық айтпасақта, іштей сыбап жүрген жайымыз бар. Мұндағы жұрт түгел Ордабасы, Ақбұлаққа көшіп кетпеу үшін, арғы беттің зекет-салығына тенестіріп, мұндағы салықтарның мөлшерін азайттық. Оған Искандер бек те келісімін берген. Бірақ Шымкент, Сайрам жақтан, мұнда салығы аз екен деп көшіп келгендерге тиым салуымды бұйырды. Ондайды Шымкенттің датқасы Қасымбекке де қатты тапсырды. Жаңағы айтып отырғанымдай, Арқа мен Әулие Ата жақта болып тұратын үлкен барымталар мұнда болмағаны мен кішігірім ұрлық болып тұрады. Қосжарсуат, Қосқұдықтағыдай қой үстіне "бозторғай қайта-қайта жұмыртқалаған» жағдай мұнда жоқ.

-Иә, мына Шатанның үш жылқысын, менің бес жылқымды, тағы да басқа кісілердің жиырма шақты жылқысын жымқырып кетіпті. Қосқұдыққа да, Бақабұлақ пен Бағаналыға дейін барып келдік. Ізі қайым жоқ. Арасында Ордабасы мен Акбұлақтың да адамдарының жылқылары кетіпті. Олар әрі қарай өз жерінен іздемей бері өтіп, Темірланнан бастап, Арыс өзенін жағалап отырып, Балықшы, Шарапкентке дейін іздеу салып барыпты. Таба алмаған. Жым-жылас жоқ. Біз олардан көреміз, олар біз жақтан көреді. Осы арамызда дау дамай болып кете ме, деп қорқамын – деді, Мусабек басын шайқап, басталғалы келе жатқан екі мемлекеттің дау дамайының ара жігін байқап.

-Дұрыс ау, бұндай жаман нәрсенің ұшқындарын байқап, мен өткенде Жарсуатқа барғанда Жүсіп көкеме айтқанмын. Ол түсіне қойды да, «Бұл мәселені естен шығармауымыз керек екен, шынында да, Ордабасы мен Акбұлаққа, Қосқұдық пен Тасдарбасы, Ақдала мен Жарсуаттан көшіп келушілер көбеюде ғой. Сұлтанқожа сияқты жалғыз шыққан «саяқ» жоқ, бұл қазақтың әдеті емес пе, бір көшсе, тайлы-таяғымен ауыл аймағымен бір атаға қарайтыны түгел көшетін. Қазір бұл жер бұрынғыдан үлкейіп кетті. Отырықшы егіншілер көп. Олар тек егіншілікпен ғана күн көріс жасамайды, сонымен бірге хал-қадірінше мал да ұстайды. Таза малшы қауымдай, жазда жайлауға, қыста қыстауға көшіп әуре болмайды. Сосын мұнда көшіп келушілер көп болғандықтан да, бірін-бірі жақсы танымайды. Өзіміздің Сыр мен Қосқұдыққа қарағанда мұнда ұрлық көп болып тұратындығы да  сондықтан болар. Оларды ауыздықтап, тию менің міндетім. Бірді екілі қауесет бойынша білгенім, осы керуендер өткен кезде немесе солар кеткеннен соң малдар жоғалатын көрінеді. Осыдан екі-үш күн бұрын Арқа жақтан келе жатқан бір керуен елді мекендерге соқпай, қырат пен шөлейттер арқылы жүріп отырып, Қабылсай тұстан бір көрініп қалып Таскент тарапқа өтіп кетіпті деп естідім. әне содан кейін де біраз адамдар малдарын жоғалтып маған келіп отыр. Міне сіздер де жоқ іздегендеріңізді айтып отырсыздар. Енді қалмағаны әр керуеннің қосына сүметілдіріп нөкерлерімді ертуім ғана еді" деген.

-Негізі, керуен жанында, олар қай мемлекет үстімен өтсе, соның керуен қосшылары шекараға дейін еріп жүрмейтін бе еді? – деді, Сұлтанқожа.

-Ой, ол Насыролла әмір мен Жүсіп көкемнін ойлап шығарып жүргені ғой, әлгі Нұрата қарақшыларынан керуенді аман өткіземіз, әрі өзіміздің де абыройымыз дейтін. Ал мына тұста, коқаның да, қазағың да, керуенін адасып айдалада тоналып кетсе де, қасына әскер қоспайды. Кім қосады-ей, әрқайсысы өзі қарақшы болып, немесе қарақан басын ойлап, жан күйттеп жүргенде? Қоқан әшейін Көктіңұлы хандығындағы шекарасында ғой мәдениетсіп қалатыны, ал былай Теріскей жаққа, Шығыс тарапқа керуен қалай барады, кәйтіп барады, онда шаруасы жоқ. Ал Ұлы Даланың қазіргі жағдайда әшейін аты ғана, бұрынғыдай межелеп алған Жібек Жолының ұлы тармақтары да ұмытылған. Қазір құмырсқаның ізіндей қаптаған жол, әркім өз білгенімен жүреді. Баяғыда мен жас кезімде естуші едім, Таскенттен шыққан керуен төрт жолмен Шымкент барады екен. Егер Таскенттен төрт керуен шығар болса, Таскенттегі керуенсарай басшысы, әлгі төрт керуенді міндетті түрде сол төрт жолға бір-бірден салып жібереді екен. Ал Шымкентке келгесін, ол жерде де Жібек жолының сол жерден әрі қарай жалғасатын тарауларына бөлек-бөлек бағыттайды екен, деп. Қазір ондай жоқ. Балапан басына, тұрымтай тұсына. Әркім қалаған жолымен кете барады. Әлгі Арқа тұстан келе жатқан керуеннің де, қылығын қарашы, жолда ешқайда соқпай, Қабылсайда бір көрініп, Таскент өтіп кеткенін?!.

Мәделінің есіне Арқанын саудагері Байлархан түскен, «бірақ Арқадан келетін сауда керуені бір ғана Байларханда емес қой, бәлкім жол білмейтін жаңа керуеншілер шығар» деген де қоя салған іштей.

-Ал айналайын Шатан жан, өзің іздеп келген екенсің рахмет, ұрланған мал ұрланды. Табылса «қайтып келген малда береке бар» деген, табылмаса оған қайғырма. Менің мына Майлы жиеніме бәсірем бар. Жиендік жасап сұрамай алып кете берсе де еркі. Кешке мал өрістен келгесін, анау көгалдағы жылқы қорадан үш жылқы ал. Сауым сиырларың да жоқ шығар, анау жиен аш болмасын, ертең Бабек желіні сүтті екі бұзаулы сиыр апарып берер үйіңе – деп, Асқар кеңпейілдік жасап, әсіресе қарындасы Ғазизайымның көңілінің үстінен шықты.

Асқар Мәделі қашан өзі келген шаруасын айтқанша одан еш нәрсе сұрап, әңгімеге тартпады. Тек ғана қайтар мезгілде: «қонып кетпедің бе, жай шаруамен жүрсің бе?»  деген сөзді амалсыз айтқан.

-Құмкент тұстан келе жатыр едім, жолай сізге сәлем бере шығайын деп...

-Жарсуатқа соғасың ба?

-Жоқ, тіке Жызаққа тартамын, содан Бұхараға.

-Онда қанша боласың?

-Құдай біледі. Бітірген тірлігімді әмір сардарға айтуым керек. Сосын қайда жіберетіні белгісіз, егер ешқандай тапсырма болмаса, Жызақка қайтып келетін шығармын. Бұхарада тағы да қаландарлар дайындайтын мектеп ашқанбыз. Мені сонда уақытша ұстаз етіп тағайындаған, әмір Насыролла, мен ол жерге біраз үйренгеннен соң Жызақтың мыңбасылығын маған қайта тапсыру негізгі ойы екенін білдірген.

-Сен, Мәделі, байқа, Қоқан мен Бұхара арасында осылай бейпіл өмір болып тұра бермейді, екі арада әйтеуір бір қырғын соғыс болады. Сол кезде екеуміз бірі-бірімізге оқ атып жүрмейік.

-Сіздер бастамасаңыздар біз тиіспейміз. Қоқанға сенім жоқ. Тек ғана қоқан ханына емес, сізге де сенім жоқ.

-Ей, не деп кеттің-ей, не туралы айтып тұрсың? -деп Асқар жүдә ыңғайсыз жағдайда қалып, інісіне не ашуланарын, не күлерін білмей тосылып қалды. Мәделінің мына сөзін естіген, Мусабек, Сұлтанқожа және қыз-келіншектер, "Мына Мәделі Асқарқожаға Таһмина туралы ренішін айтып салатын болды-ау" деп ойлап қатты мазасызданып кеткен. Қыздар еріндерін жымқырып алды.

-Көңіліңізге тиіп кетсем кешіріңіз, мен Жүсіп әкемнің хан ордасын осы Ордабасыға көшірмекші болып жатқанын еске түсіріп едім, ол кісі Қосжарсуатты тастап, хан ордасын осы Ордабасы-Қотырбұлаққа тектен-текке көшірмейтін шығар? Мұндағы шекара маңайы араласып, ботқа болып кетіпті. Осыны пайдаланып сіздің жақтың малшылары, біздің шөбі шүйгін, Көкшымылдық, Қабанжелке, Акдалаға сыналай кіруде. Сапырылысып араласқан малшылар. Егер Қоқанның Мадали ханы тыныштық сақтап осылай отыра берсе, онда мейлі, жердің отын ағайыннан қызғанбаймыз. Ал егер жаңағы өзіңіз айтқан екі арадағы кикілжің туа қалса, «ол, жаңағы жайлаулар біздікі еді» деп ауыздарыңыз қисаймасына кім кепіл? - деп Мәделі сұраулы жүзбен Асқарқожаға қараған. Асқарқожа да інісінің саяси тірлікке бой ұра бастаған өзгерістерін көріп іштей ризалық көңілін білдірсе де, онысын сыртқа шығармай:

-Саған, Мәделі, «Көктіңұлы ханының тірлігінде шаруаң болмасын» дегім келіп тұр, Жызақ туралы айтар уәжің бар ма? Бар болса айт, жоқ болса басқа нәрсеге араласпа, Сендердің Шыназ тараптарыңдағы дау-дамайларың да шаш-етектен асып төгілерлік. Хауаст пен Ұратөбедегі саяси ахуал ұшынып тұрған жоқ па? Ходжент пе әлде Қожакент пе, ондағы тәжіктер біресе Бұхарға, біресе Қоқанға қараймыз, деп аумалы-төкпелі болып толқып жатқаны анау? Соларды барып басып жаншудың орнына, сен мұнда келіп, маған ақыл үйретесің, мұның қалай?

-Мен ұстаз болуыммен бірге, Жызақ уәләйатының Ұлы Дала мен Көктіңұлы жұрты бойынша кеңесшісімін. Көктіңұлы хандығы біздің, жақсы көршіміз. Олардың тыныш өмір сүргенін бізде қалаймыз. Олардың жағдайының жақсы болуы үшін Бұхара да, оның қол астындағы Жызақ та, бар күшін аямайды. Көктіңұлының жауы, бізге де жау.

-Мына Мәделі, қалай-қалай сөйлейді-ей, мен сені Қаратаудың жықпылынан құс аулап келе ме десем, Құмкентте де саяси мәселелерді шешіп жүрген шығарсың, бәсе, Қызылкөлде Қасым төре жатыр деп еді, ол төремен уағдаласып, бізді екі жақтан қыспаққа алмасаңдар болғаны – деп, Асқар қарқылдай күлген.

Ол Мәделіні әлі баласынып тұр. Асқардың көп нәрсеге сенбей тұрғанын Мәделі де байқаған. Қолда бар алтынның кадірі жоқ. Мәделі Асқар үшін әлі жас бала болса да, сондықтан да саяси жағынан қадірсіз болса да, ақыл жастан дегендей, Бұхара әмірі Насыроллаға бұл жас баланың қадірлі болып, екі ел тағдырын шешер мәселемен жүргенін Асқар жете көңіл бөліп байқамады.

Бәлкім ол әлгі Таһмина жағынан айыпты болғанын есінен кетіре алмай, бар ықылас көңілі сол жағдайды ойлай бергендіктен де шығар, ол Мәделінің мұндай жоғары дәрежеге тез көтерілгеніне көңіл аудармағаны. Әйтпесе бұл Асқар Құмкент хақында, Қасым төре туралы сұрары хақ еді. Бірақ сұрамады. Қасына, яғни мына көрініп тұрған Қаратаудың арғы бетіне жақындай келіп, көл жиегіне қонып отырған, қазақтың болашағын шешер, ұлдар – Абылай ханның немерелері – Саржан мен Есенгелді туралы сұрары хақ еді. Бірақ сұрамады. Асқарқожа інісі Мәделінің тез есейіп ер жеткеніне мән бермей, оны сол баяғы кішкентай ғана бауырындай көріп Мәделінің өкпесін ғана андып соны сезіп, басқа жағдайға аландамағандай еді. Бірақ:

-Неге асығасыңдар, мына Мәделімен әңгімеміз енді ашыла бастады ғой – деп, Асқар сонда да, енді ғана өзі де ашыла бастағанын білдірді.

-Жоқ, көке, "қайтамыз" деп, орнымыздан түрегеліп енді есік аузына келгенімізде, қайта барып тағы қонақ бола отыруымыз, енді жараспас, шын жібергіңіз келмей, әңгімелескіңіз келсе, жаңа біз орнымыздан тұрмай жатып-ақ, сөзіңізді бастырмалата бермедіңіз бе? – деді, Сербиназ барлығы үшін жауап беріп.

Енді орыннан бір тұрғасын Мәделінің де қайта отыруға шабыты соқпады. Оның үстіне ол Таһминаға қатты ренжіген еді. Оның жаңа мыналар әңгімелесіп, тамақтанып отырғандарында бұлардың қастарына келіп, аз да болса жағдай сұрасып, ең болмаса Сербиназбен шүйіркелесіп отырмағанына қапаланғанды. Бұл Таһминаның бұлар отырған жерге анда-санда кіріп-шығып жүргенінде, бірде-бір рет бұған көз салмағанына, керек десең бұл: "Таһмина, анау сүлгіні әперші" деп, ол осы бұлар отырған бөлмеге бір келгенінде, өтініш жасап еді, ол естімегенсіп, көңіл аудармай, өзінің тірлігімен болып, сосын шығып кеткен.

Оның үстіне ол, бұлар отырған бөлмеге, кірген сайын, «Асеке не істейін?", "Асеке, шай әкеліп берейін бе?, "Асеке, қуырдақ қуырайын ба, әлде ет асайын ба?», "Асеке, астыңыздағы көрпеше жұқалық қылып жатқан жоқ па, тағы біреуін қабаттап, қалыңдатайын ба?», "Асеке..." деп байын енді көргендей тек ғана Асқар арқылы ғана біліп жүріп, Мәделінің жынына тигендей болғанына қапаланды. Таһминаның мұнысы дұрыс па, әлде бұрыс па? Егер де ол бұрын бізді танымаса, онда мақұл-ак, меймандардың жағдайын күйеуі арқылы біле берсін, танымайтын меймандармен тіке сөйлесу әйелдерге әбестік болар. Бірақ Таһмина мұның ең жақын досы, жолдасы. Тіпті ғашығы,.. Ал Сербиназдың ол ең жақын құрбысы ғой.

Сербиназдың да қабағы онша ашық емес. Бағана осында қаламын деп отыр еді, енді "қайтамын"-ға бастапты.

-Ал сен қайда барасың? "Шатанның үйіне бардым» дедің, бәйбіше анаңның үйіне "қондым" дедің, енді тоқал апаңның үйіне барып қонасың ба? Осында қала салмайсың ба?-деген Асқарға:

-"Жас жұбайларға" кедергі жасау  келімсектің ісі, келімсек болмай-ақ қояйын – деп, жауап қата, қабағын тыржитып қойды да, сосын лезде өзінің табиғи кербездігіне салып:

-Мен Мәделімен бірге Қосжарсуатқа кетемін – деді.

-Е, онда өзің біл – деді де, Асқар қарындасына одан әрі қолқа салмады, қайта бұл үйге бұлардың ешқайсысы қонбай, бұларды онаша қалдырғандарына қуанған сыңайы да бар сияқты.

Ерке қыздай сылаңдай, таубұлақтың дауысындай сылдырай ағып  жатқан ерке Бадамның өткеліне Мәделі бұрыла беріп, соңына амалсыздан бір рет қараған. Ол ойлап еді, ең болмаса Тахмина менің арқамнан қимастықпен қарап тұрар деп. Қателесіпті. Есік алды бос. Жана әлде ғана есік ауызына дейін еріп келген Тахмина зым-зия, көрінбейді. Қайта Асқар көкесі, Мұсабекпен сөйлесіп, бұлармен қапталдасып өткелге дейін келді. Енді осында хош айтысып қалар деп еді, жоқ мұнда да қалмады, өткелден өткесін енді Сұлтанқожаның үйіне қарай бұлар топтана жүріп еді, Асқар да ере берген.

Е, оның ойы түсінікті болды, «бұны енді, Сұлтанқожа үйінің есігінің алдында көпшілік болып шығарып салмақшы екен» деп ойлаған Мәделі, арғы бетте қалған Асқардың үйіне тағы да бұрыла көз салған. Ешкім көрінбейді. Көңілі жүдә пәсейіп қалды, Тахминаны тіпті жақтырмай қалды. Бәрі әншейін «гәп» екен ғой. Мені әншейін алдап жүрген екен, тәлпіш қыз. Ой, арам-ай, ондайы болса, неге ол маған «сені жақсы көремін» деп айтты, ал мен оған сеніп, Мұсабектің көрші қызына да, Рысқұлбектің аулындағы қызға да, Күләшқа да шекемнен қараған жоқ па едім? Осы Таһмина үшін, олардан баз кешкен жоқпын ба? Мына "кербез" – Сербиназ да, ол қыздың арам екенін білмеген бе, «сені сүйеді» деп сайрап, құлағымның құрыш етін жеуші еді, енді бұған да сауап жасады ол арам қыз. Тіпті бұл енді Таһминаға үйіне қонбайтынын да білдірді емес пе, ренжігені сонша. әйи-й, Таһмина-ай, ең болмаса, нәркес көзіңмен бір қарамадың-ау, ең болмаса бір рет. Сол бір рет қарағаныңа-ақ, тояр едім. Сол бір рет қарағаныңа өмір бойы ырза, болып, сені сырттай аялап өтер едім, менің саған деген сағынышымды түсінбейсің ғой, қайран Тахмина!. Сенсіз өмір сүруім қиын екенін білсеңші, сен. Бұхарада көңілге демеу болған Дармина, сені онша сағынтқан жоқ. Неге?

Неге десең мен Дармина қасымда жүргенінде, Дармина емес сен менің қасымда жүргендей болатынсың. Мына Құмкент сапарындағы он күнім он жылға татыды ғой. Дарминаны да бірге Құмкентке ала келмегеніме екі күннен соң өкіндім. Себебі менің саған деген сағынышым кеудеме сыймай бара жатты. Сол сағынышты басар тек ғана Дармина болар.

Өйи-й, Таһмина-ай, енді сені сағынбауға тырысармын, мені қатты өкпелеттің, енді Дарминаны да басқа жаққа жөнелтпесе болмас, ол менімен бірге жүрсе, ол тек ғана жүрегімді жаралаумен айналысары  хақ. Оған да «хош бол» айту керек болып тұр енді, Таһмина! беуу, бірақ сені ұмытуым қиын шығар. Не істедің сен? Сенің Асқарға қалай тигеніңді ешқайсысы жарытып айтып бере алмады, маған әлде әдейі айтпай ма, ағайын арасы суып кетпесін деп. Тек ғана Көктіңұлы хандығына емес, бүкіл Бұхара әмірлігінің тірлігіне араласып кете беретін Жүсіп әкем де, ағайын арасындағы тірліктірге көзін жұма қарайды. Бірақ ол кісінікі дұрыс шығар, хан басымен, алтын уақытын үй арасындағы майда-шүйдеге жұмсамайын дейтін шығар, әлде хандық жолмен өз туысқандарымды қорқыта, айтқанымды істеткенім жараспас деп ойлайтын да болуы керек. Ейи-й, Таһмина... – деп, қатты ойға кеткен Мәделі, Сұлтанқожаның үйіне келгенде ғана ойынан арылды.

 

Ару Таһмина әрең шыдаған. Жаңағы қонақтардың кетуі бір емес он жылға созылғандай болған. Мынадай қимастық сезімді білдірмей, жүріп-тұру бұрын даланың ерке елігіндей еркін жүрген ерке қызға қиямет қиын  болған, әрең шыдады-ау. Сыртқы есіктен Мәделі шығып кете салысымен, бұл үйге, жатын бөлмеге жүгіре кіріп, етпеттей түсіп, ал кеп солқылдап жыласын. Сандық үстіндегі көрпелерді өзінің үстіне құлатып жіберіп, бетін құс жастыққа көме сүңгітіп, ал кеп бір боздасын. Булыға жылап, боздауын тоқтатпаққа қанша ниет қылса да онысы орындалмай, қайта солқылдай аңырады. Өзін-өзі тоқтатуға дәрмені келмегесін, енді көз жасын еркіне жіберген. Өзегі суырылып кете жаздап жатты. Өкпесіне дем жетпей шиқылдай-қиқылдап, тұншыға жаздап жатты. Өкпесі бітіп, солқылдай өксуде еді. Дауысы тек ғана аңырауға келіп, солқ-солқ өксумен арада дем жұтуда еді. "Мәделі-і-і"-деп шиқылдай, өксіп, қарлыға қақалады. Ол енді тіпті тұншығатын болғасын үстіндегі құлаулы көрпелерді лақтыра шашып, етпеттеп жатқан жатысынан, тізерлей отырды. Қос қолымен маңдайын сығымдап, басын екі жаққа шайқап әбден шаршағанша жылады. Сосын талықсып жатып, бесікті қасына қойып, Асқар келемін дегенше ұйықтауға жатып қалды.

Содан түс қайта оянған. Бесіктегі баласы шешесінің жағдайын түсінді ме, әйтеуір мазасын алмады.

Таһмина, енді ұйқыдан оянғасын, шамалы жеңілдеп қалғанын сезді. "қой, енді жыламайын" деді іштей. Сосын тағы "Құдайға шүкір, Мәделі, маңайда жүр ғой, мен де асылық жасаппын-ау, ол өліп қалғандай, жылап, жоқ, енді жыламаспын, Мәделініңде есі бар жігіт ғой, мына бүгінгі оған көрсеткен "менсінбеушілік» мінезімнен кейін, ол да, мені сағынбас. Үйге қайта- қайта келіп, Асқардың көзіне түскен сүйелдей болмас, көрінбес. Мені енді ол жек көрер «алдамшы, өтірікші» дер, «ең болмаса соңымнан көз салып шығарыпта салмадың-ау» дер. Десін, қайта дегені жақсы. Ағайын арасынын суымай, жылы жүргені біздің арамыздағы махаббатымыздан артық болуы керек ғой. Ағайынның ынтымағы үшін, бір ғана махаббат емес, тіпті жанын пида еткендер де баршылық ғой. Ағайын арасындағы татулықтан біздің ендігі махаббатымыз артық емес. Солай Мәдешім, сен мені жек көргейсің -деп ойлаған Таһмина, енді оған хат жазуға отырды. Асқардың іс қағаздарын жазатын тақтаны алдына алып, өзі оған бір шынтағын тіреп жағын таяна, ойға кетті. Не жазады? Ол құстың қауырсын қалам сабын оң қолының саусақтарымен әрі бері шиыра айналдырып отырып өткенді, сонау Шардарадағы оқиғаларды көз алдына елестетті. Болған уақиғалардың бәрін анықтап жазып, бұл үйлену жағдайға Асқардың да, өзінің де бір түйір де кінәлі еместіктерін айтып, сосын енді біраз уақытқа дейін бұл үйге келе бермеуін өтініп, егер келе берсе бұның да жүрегіне ауыр тиетінін ескертіп, ағайынның тату тұруы үшін енді екеуміз арамыздағы махаббатты ұмытуға тырсайық деп жазбаққа ниет етті. Сосын ақ қағазға қара сиямен Мәделіге арнаған хатты бастаған. "Жаным Мәделі! Бұл сөзді саған бұл Таһмина соңғы рет айтып отыр. Бұл сенің бұрынгы Таһминаң, дәл қазір, сені сағыныштан сарғайып, өкініштен күйініп, реніштен өті жарылайын деп отыр. Егер мен сені бүйтіп сағына берсем, жарылып өлетін шығармын, Мәделі. Сен мені сөге көрме. Сенің бұрынгы Таһминаң, мына мен Асқарқожаға қалай тигенімді айтып берейін. Сен соңына дейін шыдап оқып ал. Оқып болғасын ғана, кім кінәлі, кім кінәсіз екенін ойлап, ой таразысына саларсың...

 

...Асқарқожа Шардараға әкім мен би тағайындау бұрынғы датқа мен әкімнің іс қағаздары мен ақпарлық құжаттарды, өткізіп-қабыл алу қазылығына, Таскент бегінің атынан Шардара шаһарын Көктіңұлы хандығына өткізуші һәм Шыназ шаһарын қабылдаушы жауапкершілігі бар топтың басшысы ретінде барғанды. Бұхара тарабынан Мир Саид, Көктіңұлы жағынан Ыса мен Сапақ би қатысты.

Шардараның халқы бұл меймандарды өте қошаметпен қарсы алып, қуанышты жағдайда күтті. Бұлардың рұхсатынсыз-ақ шаһар тойын жасады. Олардың осылай қуанышты түрде тойлайтынын ақыл иесі Искандер бек алдын ала білген болуы керек, сондықтан Таскенттен жергілікті найыптардан ешкімді жібермей, Таскент атынан Шардараға баруды тек ғана Асқарқожаға тапсырғанды. Егер Таскенттен осы құсбегі сарайындағы іс жургізушілерден, әлде уәзірлерден, немесе бектерден бірлі жарымы барған болса, сөз жоқ Шардарадан үлкен ренішпен қайтар еді. Себебі бұрыннан бері Таскент пен Қоқанды жақтырмайтын Шардара бектері мен оның халқы бұларды "келеғойыңдар!" деп сыйламақ түгілі, аман есен қайтарса, соған-ақ риза болуға  болар, сондықтан ол жаққа Асқар барғаны мақұл. Өздерімен өздері болсын. Асқарды да бір сынап көрейік. Егер ол Шардараны ың-шыңсыз өткізіп аман сау оралса, онда құба-құп, шағым болса өз обалы өзіне. Ол сол Шардарадағы Қоқан мемлекетіне қарасты мүліктерді Шыназдағы мүліктермен салыстырып, бағасын айырмасы қай жақта, айырмасын Бұхар әлде Таскент төлей ме? Егер Таскент төлеу керек болса, онда ым жымын білдірмей тігісін жатыстыру, ал Бұхара төлейтін болса, онда ол мүліктің бағасын екі үш есе көбейтіп сол Шардарадан алып қайтар. Оныкі сол төленетін айырманы Бұхараның әлде Жызақтың немесе Қосжарсуаттың төлеуін күтпей ақ, сол Шардарадан еселеп алып қайту. Осындай тапсырманы орындаса Асқар жаман елші болмағаны. Айырманы еселеп әкелсе, жақсы датқа болғаны.

Асқардың Бадамға датқа болуын өтінген Жүсіпқожа үшін әрине інісінің Бадамда қызмет істегені жақсы шығар. Тек ғана Жүсіп хан емес, оның жақсы жұмыс істегені Искандер бек үшін де, Таскент үшін де жақсы болар.

Енді бектер бегі Асқарды Жүсіпқожаға қарсы айдап салып отыра береді, Енді бадамдықтарға, тіпті тек ғана бадамдықтарға емес, бүкіл Шымкент уәлилігіне жақсы болды, жайлауы кеңейіп қарқ болды да қалды. Асқарды пайдаланып енді Ақдала, Көкшымылдыққа енуге болады деп Искандер бек азма аз жоспар құрғанды.

Сонымен Асқар Шардарада уәкілдікте аунап қунап жатып алған. Шардараның әкімі Дәулетияр бек Асқарға қызмет жасауға Шардараның бай саудагері Қалысбай мен Көктеректен жақында ғана көшіп келіп, осы Шардараның базарлары бойынша бас таразбан Торыбайды қойды. Торыбай еті тірі жігіттердің бірі еді. Ол әрі осы Шардараның шіріген атақты байы мына Қалысбайдың тоқалының інісі. Қалысбай да түбі осы Шардаралық болғанымен, мұның да каңғып жүрмеген жері жоқ. Осы кейінгі кезде ғана осы Шардараға тұрақтап, ешқайда шықпай жүргені. Әйтпесе бұрындары дегенің Қалысбайдың құйрығы жер иіскемей, сауданың соңына түсіп, кезіп жүретін. Шардарада анда-санда бір төбесін көрсететін. Сол Қалысбайды Дәулетияр бек өзінің әкімшілік кеңесіне шақырып алып:

-Қалеке, біздің Шардара Таскентке бағынып тұрған кезінде, сіз әрі-бері ойқастап көп жүрдіңіз, енді, мына Көктіңұлы хандығына өткелі, сіз олай-былай шығуды қойғанға ұқсайсыз, яғни сіз де бұл Шардараның Таскент ықпалынан шыққанын қалайды екенсіз. Олай болса, енді, құжаттастыру мен қабылдау-өткізу басталады. Мені енді бұл Шардараға әкімдікке де, қазылыққа да, билікке де тағайындамайтын шығар, әкімді де, биді де жаңадан тағайындайды. Өзіңізді мен жақсы білемін. Осы Шардараға әкім болуға да, би болуға да ылайықты адамсыз. Сондықтан анау алыстан келген меймандарды қарсы алып күтуді өзіңізге тапсырамын. Жақсылап күтіп алыңыз -деді

-Ондай қамқорлығыңызға, үлкен-үлкен рахметтен басқа айтарым жоқ. Енді біздің жасымыз, қарап отырсаң нағыз мемлекет қызметін атқаратын уақытымыз ғой, сенім білдіргеніңізге ризамын. Ал енді, қонағымыз кім еді соны айта отырыңыз.

-Қонағыңыз Қонарұлы Асқар қожа. Искандер бектің Бадамдағы жаңа датқасы.

-Оның қолынан мені Шардараға әкім етіп қою келер ме екен, маған неге осы тірлікке қатыстыларын меймандыққа бермейсіз?

-Ондай іс оның да қолынан келеді, ал енді Ыса мен Сапақ биді, немесе Бұхаралық Мир Саидты берсем онда, өсек болып кетуі мүмкін. Ертең жұрт "Қалысбай Ыса мен Сапақты үйіне жатқызып, пәре беріп, тамыр-таныстықпен Шардараға әкім болды дейді"...

 

Қалысбайдың үйінде Асқар күтімі өте жақсы өтті. Күніге той-думан. Қымыз, шарап  қыз-келіншек. Күніге семіз жас малдың еті...

 Есеп-қисап аяқталды. Шардара Таскентге не қарыз, не қарыз емес екендігін Асқар есептеп, өлшеп-пішіп жатпады. Ол төтесіне көшкен. Таскентге қатысты Шардарадағы мемлекеттік мүліктердің арбаға артуға жарайтындарын, Шыназға апарып тастап, қағазға түсіріп ондағы әкімге өткізді де, Шыназдағы Бұхараға қарасты мүліктерді арбаға тиеп  алып бері әкелгізді. Тек ғана қозғалмайтын мүліктер ғана қауқиып, қалған. Олардың да бірі-бірінен артықшылығы жоқ, төбесі бір жаппалы әкімшілік кеңселері мен, кәуәпхана екен, Шыназдағы ат қораларды бұздырып алып кетті. Шардарада мешіт саламыз деп осыдан алты жыл бұрын әкелінген отыз шақты шіріген теректі, Шыназға апарғызып тастады. Сонымен, уәссалам, екі жақ есеп-қисабын бітіріп біріне-бірі қарыз болмай, келісіп қолдарын алысып хош айтысқан. Асқарқожа енді би мен әкім тағайындау дуанына дайындық көріп Қалысбайдың үйінде тағы бес-алты күн жататын болды. Ол Жүсіпқожаның осы Шардараға би мен әкім тағайындауға келетін қүнін күтетін болды. Міне енді Қалысбай мен Торыбайдың нағыз іске кірісетін кезі келген. Олар енді Асқардың көңілін одан сайын хош қылу үшін ойына келген амалдарын істеген. Тіпті Қалысбай оған шарап үстіндегі бір әңгімеде:

-Асеке, ертеңдері Жүсекең де келіп қалар, ол кісі келсе, көптен күткен дуанымыз да басталар. Бір күндегідей болмай, ол мереке де өтіп кетер. Сіз енді ол кісі келгенше, уақытыңызды көңілді өткізуге тырыссаңызшы – деген.

Бұл сөзге Асқар сәл таңдана қарап:

-Ау, бұдан артық енді не көңілді өткізу керек, қолдарыңызда бар шаралардың бәрін жасап, жатырсыздар, енді бұдан басқа не керек?

-Не болғанда, осы кезге дейін сізге көрсетпей тығып жүрген, тағы бір таңқаларлық тамаша қызығымыз бар еді, соны көріңіз! – деді, Торыбай.                                                                  

-Ол не еді, жақсыны көрмек үшін, көрсек көрейік!?

 Асқар келісім бергесін "қазір онда" – деп, Торыбай Қалысбайдың оңаша шығарып бөлек алып кетті.

«Қалеке», деді Торыбай жайымен сыбырлап, жан-жағына қарап-қарап алып, ешкім жоқ екенін білгеннен соң.

-Ау, не?

- Сіз енді өз жаныңыздан басқаны Асекеңнен аяп қалмаңыз, керек десе анау біздің жиен қыздарды да беріп жіберсеңіз болады. Бәрібір біреуге кетеді. Қызды бойжеткеннен кейін үйде ұстап отыру күпіршілік, осы ылайықты-ау дегеніңізге ұзатып жіберу керек. Мынау Асекең сізге күйеу бала болуға нағыз лайық кісі. Нағыз ұрымтал жеріңіз осы. Дәл қазір осылай істемесеңіз ертең кеш болады. Ертең Жүсіп хан келгесін Ыса мен Сапақтың емес, "сырт көз» деп, Қоқанның иелігінің датқасы деп, бірінші Асқардан сұрайды, осы Шардараға әкімдікке кім ылайық екендігін. Сосын барып Ыса мен Сапақ бидің айтқандарымен салыстырады. Асқар мына кісіні тағайындайық деп отырса, Ыса да, Сапақ та, тіпті Мир Саид те қарсы болмайды. Оларға бәрі бір емес пе, кімді қойғандарында. Сол үшін де сіз анау әнші қызыңызды, әркімнің көзіне күйік қылмай осы Асқарға беріңіз. Одан ұтпасаңыз ұтылмайсыз – деді.

Қалысбайға бұл ұсыныс, сарымайдай жақпаса да, біраз ойланып қалды. Бұл қыз өзі, қыздарының ішінде сүйкімдісі еді, әншісі еді, өзіне тең біреуге ұзатамын деп ойлаушы еді, ыңғайсыз болды-ау. Осы ойын Торыбайға айтып еді. Ішек-сілесі қата күлген Торыбай:

-Ой-й, Қалеке, сізде әлі ол әнші қыздан да басқа қыз көп ғой, жүдә бір-екі қызымды өз теңіне беруім керек десеңіз, берерсіз сол қыздардың бірді-екеуін, Қосжарсуаттағы Күләшіңіз бар, осы Шардарадағы Сара бар, Ұратөбедегі Үкілім, Бану, Асық Атадағы...

-Мен, солардың біреуін берсем қайтеді осы Асқарға?

-Жоқ болмайды, мына қызыңыздың нарқы жоғары. Сіз бүйтіңіз, оған айтыңыз, міне мынау қыздарым, көріңіз де, қалағаныңызды алыңыз, күйеу балам бол, бірі-бірімізге осылай туысқан болып, жәрдем жасап жүрейік деңіз. әне сонда ол қай қалағанын алса өз еркі. Осында Күләшті алдырып үлгере алмассыз, барымен базар, Сара мен Таһминаны қатар отырғызып көрсет. Қалағанын алсын. Ал енді "қызымды ал" деп өзіңіз айтуға ыңғайсыздансаңыз мен-ақ қазір оңаша сөйлесіп көрейін, иә сөйтейін, сіздің айтқаныңыз шынында да ыңғайсыз шығар, келістік пе? - деп Торыбай қолын ұсынып тұрып тағы да:

-Осыдан Асқар келісіп, сізге күйеу болып, сізді әкім етіп сайласа маған Күләшті бересіз, бір. Екіншіден өзіңізге бірінші орынбасар етіп тағайындайсыз – деді.

Қалысбай мына антұрған Торыбайға әбден сеніп кеткен еді. Осы бір қайнысының осы кезге дейін дегеніне қарсы болмай келіпті, бұнысы әлде тоқалының мысы ма? Бұл жолы да Торыбайға қарсы ештеңе дей алмады. Тек:

-Енді өзің білесің ғой, мен бұл Асқарға Таһминаны қимай тұрмын, ол өнердің адамы ғой, қор болып қалмай ма? Үшінші әйел болу да жас қызға оңай емес, ылажы болса анау Сараны-ақ берейік тә - деген.

-Жарайды дегенің болсын, бірақ «Таһминаны бермесеңдер, онда аулақ жүріндер» десе амалсыздан Таһминаны беруге келісеміз – деп, Торыбай қиналғандай сыңай танытты.

Торыбайда есерсоқтық мінезбен бірге түлкінің қулығы мен қасқырдың кекшілдігі де бар еді. Ол енді Асқарқожаның, сөзбен ол жағына бір, бұл жағынан бір шығып, оны әбден елітті, ылжыратты, иітті. Оның жас сұлуларға деген махаббатын кеудесінде тулатты, тіпті үйіндегі бәйбішесі мен тоқалын ұмыттырғандай да жағдайға әкелген. Таһминаны айтып, оның әншілігін, сұлулығын сүйкімділігін сездіргенде, ол қыз Қосжарсуаттағы Жүсіп ханның келінінің тойында өлең айтыпты -мыс, жұрттың бәрін таңғалдырыпты дейді деген әңгімені айтқанда, Асекеңнің есіне сол өткендегі әнші сұлу, әнші қыз түсіп, бұған мақтап айттырып отырғаны сол қыз екенін білгенде тіпті, қуанғанынан жүрегі тарсылдап құлап қала жаздаған.

- Өй Торыбай інім, ол қыздың әке-шешесі келісімін беріп, мен оған үйленетін болсам, сенің де жағдайың жаман болмайды. Туған інімдей сыйлап, байлықты үстіңе үйіп төгемін.

-Жоқ, Асеке, маған байлықтың керегі жоқ, өз дүниемді қайда сыйғызарымды білмей тұрмын, өзім бойдақпын, тек...

-Айта бер, қысылма, сен де қожаның бір қыздарына асықпысың?

-Жоғ-а, Құдай сақтасын, Асеке, сіздердің қарындастарыңа үйленіп алып, көрпенің аяқ жағынан кіріп, кірерімде олардың шуас сасыған аяғын иіскейтін жағдайым жоқ.

-Е, несі бар, аяқ жағынан кірсен, ештеңеде етпейді, бірақ сен шуаш деген пәлеңді айтпа, қожаның қыздарынан таза пенде бұл әлемде жоқ.-деп Асқар мына сөзге шамданып қалды.

-Ие, сонда қожаның қыздары күніге шомыла ма екен?

- Әрине, күніге шомыладыдағы. Олар бұл сендердің қойшы қыздарың дейсің бе, жылына екі рет шомылатын, жайлауға көшкенде бір, қыстауға қайтқанда екі, Сырдың суынан әрі бір, бері бір өткенде шомылатын. Оны естіген, жайлауға шықпай қалып кеткен қыздар оларға таң қалады екен, "өлә-ә, біз екі жылда бір шомылсақ, мыналар жылына екі рет шомылып, балық болып кеткен бе" деп.

-Ие, кім білген, әзіліңіз шығар Асеке, алла разы болсын, сол таза қарындастарыңыз да, шіріген байлығыңыз да маған көк тиынға керегі жоқ, тек...

-Айта бер дедім ғой.

-Айтқанда, мына ертең, әкім тағайындалады деді ме,..

 -Ие, ие!

-Соған...

-Е, түсіндім, Шардараға әкім болғың келеді, ғой, ә?

-Жоға, құрысын маған әкімдігі, менің қолымнан әкім болу келмейді.

-Еу? Енді не? Саған осы не жағады? Қарындасың керек емес дейсің, әкім болмаймын дейсің,..

-Анау, біздің жезде, сіздің болашақ қайынатаңыз, Қалекең, әне сол нағыз өзі, лайық әкім.

-Тоқта, тоқта, тоқта... әй, бұны мен неге ойламағанмын, ие, ол  сені делдалдыққа жіберіп отыр екен да, яғни ол қызын беруге көніп отыр ғой, рас па?

-Иә, дәл солай.

-Болды онда, ол ертеңнен бастап Шардараға әкім...

-Онда сіз де ертеңнен бастап Таһминаның байысыз, бола ма?

-Болады.

-Болса болды онда, мына шараптан алып қояйық, шарап жақсы ғой, Асеке. Осы шалдар қымыз ішеді, шарап ішпейді. Неге? Бұл шарап дегенің жанның рахаты ғой?!

- Ия жанның рахаты  ғой....

 

Ертесіне Жүсіп хан Шардараға нөкерлерімен келген. Шаһардың жай күйімен танысып, білісіп, көрді. Бұл шаһар Сырдың бойына жағалата салынған кепелері молдау, қаладан гөрі қыстаққа көбірек ұқсайтын мекен екен. Монша дегендері жоқтың қасы, әлде дария, қасында тиіп тұрғасын ба, әлде Дарбазадағыдай әркім өздеріне бір-бір моншадан салып алғандықтан ба? Бірақ бәрібір шаһар деген аты болғаннан соң, келім-кетім меймандар, Жібек жолының бір тармағы өтетін үлкен жолдың саудагерлері болғандықтан бір шаһарға бір үлкен монша керекдүр.

Сосын осы шаһарды хандыққа Орда жасасам ба деген ой да   болған Жүсіпқожада. Бірақ онысынан тез айныды. Қыштан үлкен хан  сарайын тұрғызып, бұл жерде тұрғылықты Орда салу үшін мекенде егіншілікті дамыту керек. Егер егіншілікке бетті бұрсақ, малдан Орда жүрдай болатыны сөзсіз. Бәрін алтынға айырбастап отырықшы мемлекеттің жағдайына өтуіміз керек. Ондайға үйренісе аламыз ба? Үйреніскен жағдай да, дәл қазір осы Шардараның тұрған жері Орда болуға қолайсыз жер. Бұл жерде отырып алып, Ордабасыдағы, және басқа да шекаралық аймақтардағы халықты басқару қиын болар. Негізі Орданы сол Қотырбұлақ тұсқа көшіру ең колайлысы деп ойлаған Жүсіпқожа енді Шардараға басқаша көзқараспен қарады.

Жүсіпқожаға Асқар осы Шардараға әкім болуға мына Қалысбайдан ыңғайлы ешкімді кездестіре алмай тұрғанын айтқанда хан, ойланбай-ақ басын шайкады:

-Жоқ, болмайды. Қалысбай, бұл – даудың адамы, оның жүрген жеріне шөп шықпайды. Ол сонау баяғыда осы өңірдің ханы болған Жая ағамыздың бұл елді тастап кетуіне себепші болған - деді. Жоқ, болмайды, болмайды – деп, сосын Асқарға барлай қарады. Асқар Жүсіпқожаның өзіне анықтап барлай қарасының соңында не жататынын білетінді. Егер де дәл қазір Жүсіпқожаның мына көзқарасын көріп тұрып, оған бір қарсы дау айтса, онда ағасы мұның мандайынан сипаламасы белгілі еді.

-Қайдам, маған солай көрінді, бірақ бұның Жая ханға зияны тигенін білмейтін едім – деп, құтылған.

Хан Шардараға сол баяғы Дәулетиярды әкімдікке қайта тағайындады да, сол күні Қосжарсуатқа қайтты. Қайтып келе жатқан жолда, Асқардың көңілі пәс болып, Жүсіпқожаның қатарымен жүрмей, тіпті нөкерлерден де кейіншектеп қалып, өзімен өзі келе жатқан. Бар арманы Таһмина еді. Енді, енді қолына қондырмақшы құсын, бүгін Жүсіпқожа ағасы келіп ұшырып жібергеніне жүдә пүшайман еді. Бұл әнші қызға шынымен ғашық болып қалыпты.

Бағана әкімдікке Қалысбайды емес, Дәулетиярды тағайындаған маслихат өте салысымен Асқар енді Қалысбайдың үйіне де, өзіне де жоламаған. Жүсіпқожа мен бірге Дәулетиярдың үйінен дәм ауыз тиіп, солармен бірге жолға шыққан.

Соңынан шауып келе жатқан ат тұяғының дүсірі естілгесін, еріне артына мойнын бұрған. Қараса, Торыбай, тойда үлестіріліп жатқан шапаннан құр қалғандай, атын борбайлата шауып келеді. Бұл оны танығасын атын кідірткен.

Торыбайдың әңгімесі Асқардың көңілін көтеріп-ақ тастады. "Асқар қожа, менің Шардараға әкім болуыма жәрдемім тимеді-ау деп көңілсізденгеннен, тіпті маған қайырласып та кетпеді, түсінемін. Оған бола көңілін пәсейтпесін. Мен әкім болмасам да, менің жанашырым Дәулетияр әкім болды. Бүлінген дәнеңе жоқ, мен берген уәдемнен таймаймын, қызымды осы қыстауға әбден бекігесін ұзатуға дайындаламын. Қалыңдығы онікі, күйеу мен қалың малы менікі -деген Қалысбайдың сөзін жеткізді Торыбай Асқарға.

-Қап, онда, менің ол кісімен хош айтыспай кетіп қалғаным ұят болған екен-ау – деп, Асқар қиналыс білдірген.

-Қиналатын түгі де жоқ. Егер дәл сіздің орныңызда Қалысбай болса да мен болсам да сөйтер едік. Еш қысылмаңыз, қалындық сіздікі, құтты болсын, күйеу жігіт – деп, Торыбай миығынан күле, атының басын кері бұрып, алыстап қалған Шардараға қарай шаба жөнелді.

Асқар, Торыбайдың соңынан, қашан ат тұяғының астынан шығып, аспандата көтерілген шаңның арасынан көрінбей кеткенше қарап тұрды. Бұндай шешімге келген Қалысбайдың әрекетіне түсінбесе де, ризалық көнілін іштей білдіруде еді. Бұл әрекеттің Торыбайдан келгенін білмеді. Торыбай осындай әрекетімен Мәделінің жанды жеріне тиіп, одан өткен күндердегі Көктеректегі кеткен ақысын осылай қайтармақшы еді. Енді Асқар сонымен Таһминаға үйленсе, Мәделінің көңілінің күйзелісіне Торыбай әбден риза болар еді. Таһминаны басқа біреуге емес, сол Мәделінің ағаларының біреуіне тоқалдыққа беруді осы Торыбай ойластырған еді. Сол ойы орындалмақ енді...

... Бұл әңгімені маған Торыбайдың өзі айтты. әдейі айтты. Сенен де, менен де өш алу үшін айтты. Бұл әңгімені ол мен Асқардың келін алушылары келіп, мені ұзатып алып барар алдында айтты.

Торыбайдың мұндай арамдыққа барарын, бұрын соңды ойламаған едім. Одан абай болып, сақ жүргейсің. Ол әлі талай кедергілер келтіруі мүмкін. Жызаққа барып-келіп жүргеніңде, ылажы болса Шардараға соқпай, айналып өтуге тырысқайсың. Сол бәленің көзіне түспей-ақ қойшы жаным...

...Мен Асқардың әйелі болсам да тілегім сенде. Сырттай тілеушіңмін. Бұл үйге көп келе бер ме! Сені көрген сайын менің іштей мың өліп мың тірілетінімді білгейсің, Мәдешім. Мен туралы ойлама, енді. Сау бол, бақытты бол, сені соңғы рет сүйіп, құшушы, Таһминаң...

...Өййй, бірақ шыдай алар емеспін, егер қаласаң  бүгін түнде кел, егер қаласаң, мені алып қаш, сен қайда алып кетсең де ризамын. Түнде кел, кетейік бұл жерден, бірге болайық... әй, жоқ, не деп кеттім, масқара, ұят, мені сен қайтейін деп едің, келме! Хош тұр!,.. Жоқ, кел, кешке... бүгін, Жызаққа кетпей тұрғаныңда кел, мені Жызағыңа алып кет! Болды енді айнымай тұрғанымда сөзімді бітірейін - деп Таһмина хатын тәмәмдаған.

 

Сосын хатты тағы бір оқып шықты да, бүктеп-бүктеп кішкентай бүктемеге айналғасын, алақанына қыстырып алып, үйден сыртқа шыққан. Бадам жағасында балшықпен ойнап жатқан кішкентай балалардың арасынан көршінің жетідегі, өзі жақсы көретін Аққыз деген қызын шақырып алды да, оған не істеу керек екендігін әбден түсіндірді. Ол түсіндім дегеннен соң, қолына хатты ұстатқан.

Хатты уысына қыстырған қыз арғы бетке өтіп, Сұлтанқожаның үйіне қарай бұрыла бергенде, оның дәл алдынан Асқарұлы Жәбек шыққан. Ол қызды тоқтатып, оның жұмулы уысын қолымен қысып тұрып ашқызды. Ашылған алақандағы, бүктеулі хатты алды да, бүктеуін жазып оқуға кіріскен.

Кішкентай Аққыз бақырып жылауға болмайтынын біліп, тістеніп, екі қолымен Жәбекті бойы жеткен жерінен төмпештеумен болды. Оны шыбынның шаққаны құрлы көрместен Жәбек хатты қызыға оқып тұрды. Мәделімен құрдас Жәбек Асқардың, үлкен ұлы еді. Оның хатты оқып тұрғанын көріп, Таһминаның жүрегі тоқтай жаздап үйге қарай жүгірді. "қап, ұят-ай, ұят-ай" деп іштей қайталай берген.

 

5.Амалсызданған Искандербек.

Бектер бегі, Ядгар бек пен Шарқыбай бек екеуінің айтқандарын ой елегінен өткізіп көп отырды. Бұны енді ешкімнің мазаламауын қызметшіге бұйырып, тіпті қатыны келсе де кіргізбеуін қадағалап айтқан.

Ядгар бек айтып еді: "қазақ біздің бірге туған бауырымыз, оларға өзбектен жақын туысқан ешкім жоқ. Біздер тете туып, төл өскен ағалы-інілерміз, өз туған ағайының бар болса көре алмайды, жоқ болса бере алмайды деген бар, өз жұртың күншіл деген бар, әне сондай данасөздердің қисыны бұл. Мені мақұл десең ағайынның ара жігін бұзба! Қазақ пен өзбек халқы бірге туған бір ұлт еді, оны бөліп бұзған мына біздер - ел басқарушыларымыз әрбір патша, хан, бек өзі бөліп алып билік жүргізгісі келіп, ел арасына іріткі салып, біртуыстықты бұза дараланғысы келіп, бөлшектенгенді жақсы көреді. Бөлініп болғасын, енді, басқаларын бағындырып, қалған бөліктерді өзіне қосып алып әмірін жүргізгісі келеді. Басын біріктіру әрине оңай шаруа емес. Бөліктердің арасына ши жүгіртіп, от жағып, бірін біріне айдап салып, қарсыластырып, соғыс ашып, қым-қуыт алапатқа айналдырады. Мұндағы сорлайтыны қарапайым халық. ұлт пен ру арасында наразылық туып, бірін-бірі жек көріп, араздық қаулайды. Одан соң олардың басын күшпен біріктіріп, бағындырғанымен, ол ұзаққа бармайды, Егер тілімді алсаң жаулап алу ойыңды да, елді біріктіру пиғылыңды да жылы сөзбен, достықпен іске асыра біл. Егер олар бағынбай бөлек кетіп бара жатса, соғыспен күштеп бағындырарсың, бірақ, арамдық айламен, кісәпір қулықпен бағындыр ма! Саржан, Есенгелді, Қасым төре қазақтың бетке ұстар азаматтары. Оларды шақырып алып, алдыңа алдырып, зынданға тастаймын дегеніңе мен қарсымын. Мына Шарқыбайдың айтып отырғаны оңбағандық. Егер бұның айтып отырған сөзі рас болса, Саржан мен Қасым әскер жинап Таскентке шабуыл жасаған жағдайда да, олардын шаһарды алуға күштері жетпейді. Олар сол ойларымен осында келген жағдайда да, оларды Шарапхана тұсынан қарсы алып, жойып жіберуге біздің жиырма мындай әскеріміздің күші жетеді. Оларды ашық айқаста жеңсек абырой біздікі, өздері келіп тиісіп, жеңіліске ұшыраса өз обалы өздеріне. Біз Құдай алдында да, қазақ бауырларымыздың алдында да күнәдан таза болып қаламыз. Бірақ мен Қасым мен Саржан Таскентке шабуыл ұйымдастыруға әскер жинап жатыр дегенге сенбеймінй -деген.

Шарқыбай бек айтқан еді: "Ядгар бек, сенбесе өзі білер. Ядгар бектін сенбей, қазақтарға бүйрегінің бұрып отырғаны, бәрімізге мәлім, көктіңұлының қазақтары, айдалада бұл өлімші халде жатқанында тауып алып, өлімнен құтқарып, емдеп-домдап, бетін бері қаратқаннан соң да. Шарапқа сылкия тойып, бектің тапсырмасын, орындамай, шекара бұзып, далаға қаңғып қайда қалғанын білмей жүрген адамның сөзіне сену де қиын шығар.

Осы тұста Искандер Шарқыбайға оқты көзімен ата қарап, "Бек, жөніңізге кешіңіз, мен сізге біреудің кемшілігін айтып бер деп отырған жоқпын -деген.

-Ядгар бек те мені кемсітіп отырған жоқ па, мені қазақ деп, қазақ бола тұрып, өз туысқандарына жаманшылық ойлап отыр деп айтады. Жаңа сөзінен сондай ыңғайын ұқтым. Мен бұл жерде туысқандық жағдайды мүлдем ойлап отырған жоқпын. Менің мақсатым, қалай дегенмен де Қоқанның тыныштығын сақтау. Саржанның әскерін Шарапханадан күтіп алып, қырғын соғыс қылып, қаншама мың адам шығынын жасағанша, сол соғыс ұйымдастырып жүрген бір-екі басшының басын алу әлде қайда оңай емес пе? Қасым төре мен Саржанды құртпай, біздің Ұлы Даланы бағындыру ниетіміз орындалмақ емес. Ал туысқандықка келетін болсақ, бәріміз де алыс емеспіз. Мен сіздерді қайнаға деп сыйлаймын. Мен үшін, қазақты өлтірдің не, өзбекті өлтірдің не, сартты өлтірдің не, түркіні өлтірдің не, бәрібір. Бірақ әйтеуір түбінде бір тұтас ел болып отырғанымыз пайда, Егер амалын тауып, Қасым мен Саржаннан құтылсақ, Жүсіпқожаны да тайрандатып қоймауымыз керек. Оның көзін жойсақ біздің шекара кеңейіп, Сыр өзені толығымен бізге қарайды. Жері шұрайлы, жайылымы шүйгін шөп, малы мыңғырған. Шаһары жоқ қу дала десендер, ол жерге датқалыққа мені-ақ жіберіңдер, мен қалай сіздерді байытар екенмін -деген еді Шарқыбай жұтынып-жұтынып қойып.

Мұның айтып отырған әлгі әңгімесі Қасым төре, Саржан, Есенгелді сияқты батыр ұлдарын, Қаратаудың күнгей-теріскей бетіндегі    қазақтардан    қол   жинап   Таскентке    шабуыл ұйымдастырмақшы-мыс. Осындай қауесетті ести сала Беглер бек, Қасым төреге асығыс хабаршы шаптырған. Олардың тез арада Таскентке келуін тапсырған. Қасымға сенбесе де Саржанға сенеді. Екеуі біраз дәм тұздас болды. Орысқа қарсы аз-кем соғысты. Бұл Орыстардың добынан именіп, әскер шығынына ұшырап қалмау үшін кейін шегінген кезде де, Саржан кейін қайтпай, өз әскерімен Орыстарға қарсы соғыс салып жүрді. Сонда Саржан бұның кейін шегінгеніне ренжіген жоқ, қайта «сіз дұрыс жасадыңыз, қалың әскеріңізден бұл жерде айрылып қалсаңыз, Орыстар аттың басын Таскентке бір-ақ тіреуі мүмкін. Сіз бара беріңіз, мен бұларды тоқтата тұрайын, бұлар енді бұдан әрі ішке ендей кіре қоймас. Сіздің кейіндегі бүкіл әскеріңізден қаймығар» деген. Сонысы рас болып, Орыстар бері қарай жылжуын тоқтатқан.

Сондай сөз айтқан ақылды Саржанның енді келіп Ташкентке шабуылға шықпағы мүмкін емес нәрсе. Бірақ сенбейін десе, мына Шарқыбайдың айтып отырғаны не? Шарқыбайдың дәлелдері де орынды сияқты. Анау куәләрі әлгі әпенділері: Ақмалта, Бекмалта, Жанмалта. Оларға сенуге болмайды. Егер осылардың үшеуі де өзбек болса, әлгі айтқан сөздері үшін, арқаларына қырық дүреден ұрғызып, сарайдан қуғызып шығарар еді.

Мына Ядгар бектің айтқаны да орынды- жау сырттан келмейді, осындай ағайындар бүлдіреді. өздерін қазақ, қазақ болғанда үшеуі үш жүзден, сөйтіп отырып өз қазағын, мына маған жамандап келіп отыр. Жарайды бұл әпеңділер зекетшілік қызметінен қуылғасын, енді маған жағынып, осылай жасасам бір қызмет берер деп үміттеніп келген шығар. Қызмет үшін, мансап үшін сатылатындар көп ғой.

Ал ендігі бір куәсі әлгі керуенші-саудагер Байлархан. Бұл Шарқыбайдың кімі? Туысқаны ма? Дос -жараны ма? Тыңшылардың айтуы бойынша Байлархан Шарқыбайдың туысқаны да, дос-жараныда емес екен. Яғни туысқаны да, дос-жараны да болмаса, онда алты аласы, бес бересі жоқ адамға төтенше келіп мұндай хабарды жалған болса, сүйінші сұрағандай айтпаса керекті. Әлде Байлархан деген  саудагері кезінде Санжардан әбден қүқай көріп, безер болған біреу ме?                                                  

Ол өзі кім екен, деген сауалмен Беглер тыңшыларын тағы да жіберіп көріп еді, тыңшылары екі күн ішінде біраз жаңалықтар алы келген. Сөйтсе, Байлархан дегені әрі саудагер, әрі керуенбасы екен. Терістігі Орысиет, күнгейі Парсы, Ауған, жақын аралықтағы Ұлы Дала, Бұхар, Хиуа, Қоқан барлығын аралап жүретін ірі жаһанкез болып шықты.

Тұрғылықты жері белгісіз, бірақ туып-өскен жайлауы Арқаның арғы беті, қазір Орыстардың қол астына өз еркімен кірген Ырғыз маңайындағы ел. Ол жерде баяғы Кіші жүз ханы  Әбілхайырмен бірге бұдан жүз жыл бұрын, Ақ патшаға шын ықыласымен берілген ел бар. Ол жерді сол жүз жылдық орыс ықпалынан әсер ала өскен көкжал Жанғабыл Төлеген ұлы «зауряд хорунжий" деген атақ алып басқарып жатыр дейді.

«Зауряд  хорунжий» дегеніне түсінбеді. Осы Таскентге келіп-кетіп жүрген орыстардан "урядник» дегенін естіген. Мұнысы да сондай бір дәреже шығар. Егер сондай болса, біздердің жүзбасыларымыздан қызметі төмен, әрі кетсе қырықтықтармен манайлас болар деп түйген.

Ал тыңшылар бұған Жанғабыл туралы не үшін айтты? Мына Байлархан сол Жанғабылдың рулас ағайыны екен. Ағайыны болса ол да Қасым төреге жау. Олай болса Байларханның да сөзі шикі. Жауының отына біздің қолымызды көсеу қылмақшы. Сонда Шарқыбайға не жоқ? Тыңшылардың айтуы бойынша Байлархан Шарқыбайдың Көктеректегі қосына жиырма отыз жылқы кіргізіп беріпті. Онысымен қоймай тағы жүз жылқы беремін деп уагда берген көрінеді. Ал Шарқыбай сол жүз жылқыны, алтынға айналдырып, туған қайнағасы – Қоқандағы Мадали ханға апарып бермекші екен дейді. Қой өтірік шығар.    

Жоқ өтірік емес, тыңшылар алдамайды. Бұлардың да білмейтіні жоқ. Осылардың бәрін қайдан біліп алады бұлар? Ақшаны көбірек төлесең, жердің астында не болып жатқанын біліп келеді бұлар.

Сонда Шарқыбайға бір тоқтау салар бір жігер болмағаны ма? Көзі шақырайып алып араласпайтын жері жоқ. Көңіліне тиіп, сарайдан аластатып қуып жіберейіи десе, Мадали хан бұған оң кабағымен қарамайтыны белгілі. "Сенің жайың белгілі, қасыңа, тек көк шай ішіп, көпіріп отыратын, сарттарды жинап алып өсек тындап отыруды аңсайсың» - деп ашуланары хақ.

Өткенде де бір осылай жағдай туып Тілләқожаны сарайдан қуып жібермекші болғанда, сол Мадали ханға барып шағым жасап, Искандер бек енді өзбек пен қазақты қойып, айналасына кіл сарттарды жинап жатыр депті. Мадали хан өзінің мыңбасысын жіберіп: "Беглер бегіне айта бар, құсбегілік ұнамаса, Түркістанның арғы жағындағы жаңадан салып жатқан қорғанға, яки Сырдың жағасындағы Жаңақорғанға датқа болсын, орнына Шералыны жіберермін»-депті.

Оның бұл қай сасқаны? Оларды яғни Шералыны әулетімен қырғыз асырып қуып жіберген өзі емес пе? Енді келіп Таскентге кұсбегі қылып қояды-мыс - деп бұл танданған. Сосын бұл Тілләқожаны қайта сарай нұсқаушылығына қабылдаған да қоя салған.

Жаңақорғанда иті лағып па? Ол жер күйіп тұр. Қорган салу оңай емес. Далада жалғыз жүргенді, ұстап алып, ақысыз-пұлсыз қорған салуға айдау да оңай емес. Құрысын, Тілләқожасы да, Шарқыбайы да осында жүре берсін...

Тағы бір куәгері әлгі Құмкенттің датқасы, ол да сау сиырдын боғы емес. Жымысқы бір неменің өзі. Искандердің рұқсатымен Қасым төре мал жанымен Қызылкөлге көшіп келгенде, сол Құмалақ бұрқан-талқан ашуланып осы Искандердің үстінен арызданып Мадали ханға барған еді. Ол Мадали ханға құр бара ма? Алтын қүмісін арқалап барған да болар. Бірақ хан өз қолын өзі кесе ме?

Искандер бекке аз-кем ескерту жасап, Құмалақты, датқалықпен бірге Құмкентке әкім коюын бұдан талап еткен. Құмалақ бұл екі қызметті де өзі алмаса, біреуін сол Қасым төре немесе соның балалары таласатындай болған, әне енді сол Құмалақ та әлгі үш әпенде мен Байларханның әңгімелерін растап, тіпті олардан бұрын бұның құлағына құйып отыр.

Ал жарайды Қасым төрені де, Саржан мен Есенгелдіні де зынданға салып тастайын. Олар қанша жатады? Онан мен не ұтамын? Олардың соңынан іздеп келуші кім бар? Бұлардан басқа әзірге, жеке шығып ту ұстап жауға шабар ешкім жоқ.                         

Әлгі Кенесары дегені ше? Содан бір нәрсе шықпаса әкесі мен ағаларын жоқтап сол ғана келуі мүмкін. Бірақ ол кімге сеніп келер? Әлгі Саржан мен Есенгелдінің жинаған сарбаздарына ма? Олар Кенесарыны тыңдай ма? Саржан, Қасым, Есенгелді зынданда жатқанда ол сарбаздары Кенесарыға еріп, мұнда келе қоймас. Тағы қандай куәлар бар еді? -деп Искандер басқа да Саржанды жамандаушыларды есіне түсірмекші болып, ойлана бастағанда, есікті жайлап ашып қызметші ұсқынын көрсетті.

-Не болды?

-Сарай алдында Мадали ханның шабарманы келіп тұр. Баса көктеп кіріп келе жатыр еді, қару жарағын тартып алып өзін, есік алдында күзеттіріп қойдым.

-Дұрыс, істепсің, тағасының үйіне қелгендей, бұлардың шабарманына дейін еркін, баса көктеп жүре береді, бұл жер Таскент екенін білмейді-ау деймін, мақұлықтар?-деп Искандер бек қызметшісіне риза болып қалды.

-Не бұйырасыз?

-Жібер, кірсін.

Қызметші басын иіп, тағзым етіп, шығып кетті де, сәлден соң ол шабарманды ертіп, қасына өзінің екі нөкері бар, қайта келді. Шабарман ашуға түтігіп қап-қара болып кеткен. Келе дүрсе қоя берді:

-Бұрынғы құсбегі, біздердің алдымыздан шығып, шаһар қақпасынан қарсы алатын еді, сен енді Мұхаммед Али ханның шабармандарын кіргізгің де келмейді ғой, сарайыңа?

-Шаруаңа көш!

-Амандық-саулық сұрамай ма екен?

-Аман-сау келгеніңді көріп тұрмын, менің де есен екенімді өзің байқап тұрсың. Шаруанды айта бер.

-Шаруамды айтсам, Таскентке Мұсылманқұл келе жатыр алдынан шығыңыз, мені сол кісі жіберді – деп, шабарман да қиқарлық көрсетіп бектер бегінің жауабын күтпей сарайдан шығып кетті.

Искандер Мұсылманкұлдың есімін естігенде өзінен-өзі селк ете қалған. "Мына антұрған не дейді-ей?" – деп, қызметшісіне қараған.

Қоқан хандығының тағынан үміті бар муһдасиб Мұсылманқұл, Искандердің алдынан шығып қарсы алмағанына ренжіген жоқ. Бұл жердегі жағдайларды біліп қаныққан соң, ол Искандерге Мадали ханның бұйрығын көрсетті. Бектер бегі ширатпа қағазды жазып, болған соң сұраулы жүзбен Мұсылманқұлға қараған. Сосын:

-Хан ием бұл бұйрықта мәселенің ашығын айтпапты, бар болғаны, "менің бұйрығымды мұһдасиб Мұсылманқұл ауызша жеткізеді. Бұйрықтың орындалуына екеуің де бастарыңмен жауап бересіңдер»-делінген. Ол қандай бұйрық еді? – деді.

-Қазір айтпаймын, өз уақыты келеді, сонда айтармын, әзірше асықпа – деп, Мұсылманқұл Мадали ханның Қасым төремен қоса онымен бірге келген барлық елшілерді өлтіруге бұйырғанын әзірше жасырып, сыр бермеген сынай танытқан.

Ертесіне қасында жиырма шақты адамы бар Саржан Искандер бек құзырына келген. Бұл топтың ішінде Есенгелді, Әлжан, Сұлтан, Ағыбай және Қияқбай бар екен. Келген жиырма адамның ішінде Қасым төренің жоқ екенін білген беглербек «ух» деп дем ала іштей қуанған.

ҮІ -ТАРАУ

ҰЛЫ ТАРИХ

                                                                                             Бұхардан алып ерлікпен

                                                                                          «Батыр басы» амалды                

                                                                                           Соңынан лашкер ілескен

/Майлықожа/

 

Лебап жорығы алдында...

 

Бұхара мен Хиуа арасы төменгі Әмудария бойындағы және одан жоғарғы қарайғы түрікпен жері үшін талас тудырар қырғи-қабақ жағдайда шиеленісіп  кетті.

Хиуа ханы Аллақұлының бар ойы түстігіндегі, баяғы Дешт-и-Қыпшақтың падишаһы Әбілқайырдың немересі - Мұхаммед Шайбанидың Иран шаһы Исмаилдан қаза табатын, түрікпен жеріндегі Мәреу шаһарында және терістігіндегі Арал мен Сырдария бойы Борсық құмындағы жерлер болды.

Әмударияның Лебап тұсындағы өткелі, одан әрі Қызылдың құмындағы Жанкелдіге дейінгі жерлер Хиуаға да, Бұхараға да құтаймай-ақ қойды. Шекара біресе ары, біресе бері ығысып, ондағы мыңғырған мал иелері тіпті қайсы мемлекетке қарайтынын білмей дал болған. Жангелдіден Лебапқа дейінгі аралықты түпкілікті Бұхараға қарату үшін әмір Насыролла жаңадан әскери топ құрып сонда жібермекші ойда болып отырғанда Жызақтан Мәделіқожа да келіп қалған еді.

Бұхараның негізгі ғаскери-харби күші Ромитан, Кермене, Шаржүйде тұрғандықтан және де Хиуа күштері де Ташхауыз, Дәнеу, Дарған Ата, Көнеүргеніш тарапта болғандықтан жаңа құрылған әскери жасақты үш мындық санға толтырып, Мәделіні қолбасшылыққа сайлап Жангелдіге аттандырмақ ойда еді әмір.

Жангелдідегі Хиуа қолын талқандап, Лебапқа дейін асыруды тапсырған. "Шекараны дарияның бойымен ұстап тұра бер, егер де Хиуамен үлкен соғысқа кірісер болсаң, алдын ала аңысын аңда, жау жағынын күштілігін байқасаң, хабар берерсің, бізден қосымша күш барғанша сонда бол -деген Насыролла нығарлап.

Жызақта мыңбасы деген дәрежелі аты болғанымен мыңбасылыққа лайықты атқарып жүрген пайдалы ісі болмай оңай атақ-дәрежеден әбден іші пысқандай еді. Мәделінің. Бірақ әйтеуір қаландарларды үйрету ұстаздығы ғана бұның уақытын әжептеуір алатын. Жаттығудағының бәрі ойын. Шын соғысы жоқ ойынмен соғыс өнерін үйрету ұстазға да, үйрену шәкіртке де оңай шаруа емес. Мәделі өзінің ұстазынан үйренгенін шәкіртіне айтып дәріс бергені болмаса, өзі де бұған дейін шын соғыста болмаған жігітке мұнысының бәрі әшейін ойыншық сияқты көрінетін.

Енді әмір Насыролланың мына тапсырмасын естігесін Мәделі қатты қуанды. Мұндағы Бұхарадағы оқу-жаттығу ойындарын енді, шын соғыста сынап көретіндігіне көңілі көтерілген. Оның үстіне ол жерде әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ, өзі әкім, өзі би болатыны да жақсы болды. өз қармағындағы үш мың сарбаздың мыңнан астамы сол Жызақтағы өзі жаттықтырған болашақ қолбасылар. Оларды да тәжірибе жинақтау үшін Мәделінің қол астында Хиуа мен Бұхара арасындағы жанжалды шешуге аттандыратын болыпты.

Әмір Насыролла әскерлерді Лебапқа аттандырар алдында бір күн бұрын, сарбаздар көңілін көтерсін деген ниетпен ойын-сауық ұйымдастырып, өнерлі жігіттердің бағын сынаттырды. Шаһар алаңында жамбы ату мен найза лақтырудан, күрес пен ат жарыстан, ат үстінен аударыспақ пен батпан көтеруден және тағы басқа әскери ойын түрлерінен бәсеке болды.

Ал әмір сарайының кең ауласында, сарай қызметкерлері мен меймандар қызықтауы үшін қылыш сайысынан жарыс өткізген, Бұл Бұхарада қылыш сайысы басқа Жаурупа патшалықтарындағыдай бірін-бірі өлтіргенше немесе өлімші еткенше жүргізілмейді, Мұндағы сайыстың шарты - қарсыласыңның қылышын қайткенде де қағып түсіру. Анау-мынау кішігірім алған немесе салған дене жарақаты кешіріледі,

Бұл қылыш сайысқа өңкей ығай мен сығай қатысты. Өңкей сен тұр мен атайын дейтін жанкештілер. Шаһар мен аймақтың осындағы сарай қорғанысындағы батырларымен бірге, бұл жерге Жангелдіге аттанатын ғаскерлердің мыңбасылары - Арыслан бек, Дәде Сейіт, Мирсапа бар еді.

Сайыс әбден қызды. Мәделінің қолбасшыларының үшеуі де қарсыластарының қылыштарын олардың қолдарынан ұшырып түсірісісіп, жеңісті өздеріне алды.

Ойын аяғына таман қарсыласын жеңген бір сабаз:

-Құрметті әмір сардар, дат! – деп, әмірдің алдына келіп бас ие, тізе бүккен. Ойын арасында бұл не өтініш білдірмекші болды екен дегендей, әмір тандана қарап, бас изеп ананың арызын тындауға ден қойды. Сабаз:

-Аса қадірлі әмір-сардар, Сіздің кемеңгер ақылынызбен бірге батырлығыңызды да білеміз – деп, сәл бөгелді. Жаңа ғана күбір-сыбырмен тұрған жұрт тына қалды. Олардың араларында «мына антұрған қасиетті әмір-сардарды сайысқа шақырып тұрмаса неғылсын» дегендей  ойлары да бар еді. Бәлкім Насыролла да солай ойлап қалған шығар, себебі ол:

-Йә, әлі жауымның ешқайсысынан бетім қайтқан емес – деді, күлімсірей.

-Олай болса құрметті әміршім менің де әліге дейін ешкімнен бетім қайтқан емес – деді, әлгі сабаз да, міз бақпастан. Бұл сөзге шамданып қалған, сарайдың Бас батыры – «топшыбасы-и-лашкар» Аһрор бек:

-Әй, найсап, сен бүкіл Тұранның ислами падишаһының алдында тұрғаныңды білесіңбе, сенің бетің әмір-сардардан қайтуы ләзімдүр – деп, алға ұмтылды. Әмір оны қолын көтере тоқтатқан. Аһрор бектің мына сөзін естіген әлгі сабаз:

-Құдайым сақтасын, әмірге қарсы тұратындай менің кәлләм екеу емес, бірақ Бас батырға қарсы тұрарлық қауқарым бар – деп, оған ежірее қараған. Мұны естіген топшыбасы-и-лашкар екі жеңін шынтағына дейін түре алға шығып келе жатыр еді, Насыролла оны тағы да тоқтатқан. Сосын:

-Ей жігіт, қай жердің тумасысың және өзің кімсің, қане датыңды айтып көрші, тыңдайық – деп, содан соң көпшілікке көз салып, олардың тынышталуын бұйырғандай кейіп танытқан.

-Құрметті әмір, мен осы Бұхараның тумасымын, сартпын. Атым Шируан. Сіз Хиуа тарапқа жорықка ғаскер жібереді екен деген хабарды естіп келіп тұрмын. Ғаскер саны үш мың екенін де білдім. Бірақ сол түменіңіздің қолбасшысы да, оның ішіндегі мыңдықтардың мыңбасылары да маған ұнамайды.

Бұл сөзді естіген көпшілік күңкілге басты. «Оған ұнамайтындай, ол кімнің шікәрәсі екен?!», «Әмірді сынайтындай бұл қайдан шыққан, әпенді?!», «Қарай гөр мынаның батырын!» Жұрт осылай сыбыр-күбір әңгіме айтқанымен әмір үндемей шыдамдылықпен гәптің ақырын күтті.

-Мыңбасыларыңыздың үшеуі де жергілікті емес, Дәде Сейіт – түрікпен, Арыслан бек – түркі, Мирсапа – Кенимехтің өзбегі. Ал, анау түменбасыңыз ауызынан әлі ана сүті кеппеген бала – Сырдарияның арғы бетінен келген қазақ. Қолды неге қазақ басқаруы керек, неге осы жердің тумасы мен басқармаймын?! – деп, Шируан кеудесін соққылап қойды.

Әмір көпшіліктің алдында өте сыпайы көрінгісі келді ме, әлде мына ойын-сауықты өзі бұзғысы келмеді ме, әйтеуір жү