Адам қарады: 164 | Жарияланды: 2019-04-08 03:21:04

Қандай қалпақ керек

Әрбір адамның өз ермегі бар. Біреу ағаштан ою ойса, біреу тиыннан коллекция жинауға әуес. Біздің үкіметтің ермегі ол отставкаға кету. Көп үкіметті білемін. Бірі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарта алмағаны үшін кетсе, бірі денсаулық, білім саласын шеше алмағаны үшін кетеді.

    Әр үкіметтің отставкасын есте сақтау үшін ауысқан сайын бас киім алмастырайын деп шештім.

   Халқымыз «Тымақ ауыстырғандай» деген сөз сонан қалса керек. Анау бір жылы Түгелбаевтың үкіметі жалақы мәселесін  шеше алмай ауысқанда құндыз бөрік алғанмын.

   Жұрт айғай-шу шығарып Сәрсенбаевтың үкімет тұрғын үй мәселесін шеше алмай ауысқанда жәй былғары тымақ ала салдым. Негізі, кәстөм-шалбар алсамда болар еді, оны қалтам көтермейтін болған соң бас киімге тоқтағанмын. Мен тымақ, бөрік алғанымда үкімет қыста ауысып, күн суық, аяз болатын. Кейде ол шіркіндердің ауысуы жазға тура келіп қалатын әдеті бар. Теңге құнсызданып, Баймурзаевтың командасы отставкаға кеткенде дәл сондай болды. Ойланбастан көгілдір, шеті зерленген тақия алдым.

   Үйренгенім соншалық, сенесіздер ме, екі жыл мерзім бітіп бас киімім тоза бастағанда олардың ауысуын күтпей-ақ шапке алып едім, ертеңіне үкімет ауысты! Аллаға шүкір! Мерзім деп осыны айтыңыз. Білемін ғой мен.

Енді  шеті торланған сұр ши шляпіге аңсарым ауып жүр. Сәті түссе үкімет және ауысып қалар!

Қазақ тілінде жазылған