Адам қарады: 105411 | Жарияланды: 2019-04-08 04:57:10

Еліктің лағы мен аталық бұлан

Ертеде үйірінен адасып қалған еліктің лағы жабайы иттердің қамауына түсіп қалады. Аш иттер оны жемекші болады. Әбден үрейі ұшқан еліктің лағы не істерін білмей, сасады. Иттер азу тістерін ақситып, ырылдасып, кішкентай лақтың зәресін алады. Қалтырап-дірілдеп, екі көзінен жас сорғалап тұрған лақтың маңыраған ащы дуысын қоңыр аю естиді. Қорбаң-қорбаң етіп жетіп келіп, бар дауысымен ақырған аюды көрген жабайы иттер ығысып, кері шегінеді. Еліктің лағын иығына салып алып, апанына қайтқан аюдың соңынан иттер де қалмай, ілесіп отырады. Аю да оларды олжаларынан айырғанын біліп келеді. Өйткені иттер  қалайда кек қайтармақшы. Олармен айқасуға қолы да бос емес еді. Еліктің лағынан айрылып қалуы мүмкін ғой. Енді не істесем екен деп ойланып келе жатқан-ында оған еліктің лағы:

   ­- Аю ата, мені ана бір жартастың қуысына жасыра тұрсаңыз, иттер таба алмай қалады, - дейді. Лақтың айтқаны аюға ұнап қалады. Ол артқы екі аяғымен тік тұрып, биік жартастың қуысына еліктің лағын жасыра қояды. Сөйтеді де өзі иттерге қарсы тұра ұмтылады. Олар айқасып жатқанда еліктің лағы жартастың қуысынан шығып, қаша жөнеледі. Оны иттер де, аю да көрген жоқ еді.

   Алды-артына қарамастан шапқылап келе жатқан лақтың алдынан жалғыз жүрген аталық бұлан кездеседі. Ол еліктің лағын тоқтатып:

   ­­- Сен қайдан келесің? Неге жалғыз жүрсің? –деп сұрайды. Еліктің лағы бұланға өзінің басынан өткен оқиғаны баяндайды.

   ­- Сенің туыстарыңды қасқырлар қуып кеткен. Егер аман қалса, ендігі олар ұзап кеткен болар. Жүр мен сені өзіммен бірге ала кетейін. Өз үйіріңе қосылғанша менімен бірге боласың. Енді бұл арада қалуға болмайды. Иттер де, аю да ізімізге түседі. Сенің алдап соққаныңды аю кешіре алмайды. Бас аяғыңды жылдамырақ!

   Бұлан қалың орманды қақ жарып, алды-артына қарамастан шаба жөнелді. Еліктің лағы да одан қалып қоймайын дегендей, құлдыраңдап келе жатыр. Әйтсе де бұланға ілесу қайда! Едәуір қалып қояды. Өйткені орман ішіндегі қалың бұталар мен ұйысып қалған қалың шөптер еліктің аяғына оратылып, көп кедергі келтіре берді. Әлі алысқа жүруге үйренбеген нәзік елікке бұл жорық үлкен сын болады. Талай мәрте сүрінді де, құлады да. Бұлан болса алысқа ұзап барып, мұны күтіп алады. Аз ғана демалдырып, қайта шаба жөнеледі. Еліктің лағы екі бүйірі солқ-солқ етіп, жүруден қалады. Бұлан енді мұны алдына салып, өзі тұмсығымен демеп келе жатады. Олар осылайша бірнеше бел асады.

   Еліктің лағының қалі тіпті аянышты еді. Оның жүруге күші қалмады. Өзінің қарны да ашты. Өйткені ол әлі өздігінен жайылып, шөп жеуге де ілінбеген болатын. Елікті бұлан да аяп кетті. Енді ол өзінің үйірінде жаңа бұзаулаған аналық бұлан бары есіне түсіп, бар дауысымен мөңіреп еді айналаны жаңғырықтырып жіберді. Бір кезде алыстан басқа бұланның мөңіреген үні естілді.

   - Сен аздап шыдай тұр. Қазір аналық бұлан келіп, сені емізеді. Әлденіп алмасаң, жүруге жарамассың. Әлі де бірнеше белестен асатын боламыз. Әлденіп ал.

   ­- Аналық бұлан мені бөтенсіп, емізбей қойса не істеймін? –деп еліктің лағы мұңайып қалады.

   - Сен ең бастысы жыртқыштардың жемтігі болудан аман қалдың. Осыған қуан! Қалғаны тәңірдің қолында, - деп  жұбатты оны бұлан. Арада көп уақыт өтпей-ақ аналық бұлан да келіп жетті. Оны солқылдатып еміп алған еліктің лағы екі бүйірі қампиып, тойып алады. Бойына күш жинап алған ол алыс жорыққа дайынмын дегендей, бір орнында тұрып, секіріп-секіріп алды.

   - Ал енді жүрейік! –деп аталық бұлан орнынан қозғалмақшы еді оны аналық бұлан кідіртті.

   - Сендер босқа әуре боласыңдар. Еліктердің үйірі тым алыстап кеткен. Бір-екі күнде жете алмайсыңдар. Менің ақылымды тыңдасаң, осында қала тұр-сын  бұл. Әбден әлденіп, өздігінен азықтануға жарағанша мен өз бұзауыммен бірге еміземін. Есейген соң өзі шешеді қайда баратынын. Анасы іздесе, белгі берер. Сен бұған не айтасың, еліктің лағы? –деді. Еліктің лағы болса аналық бұлан мен аталық бұланға жалтақ-жалтақ қарап алды да екі көзі боталап, жылап жіберді.

   ­- Сен неге жылайсың? Әлде біз сені ренжітіп алдық па? –деп аналық бұлан сасып қалады.

   - Мұнда қалғың келмесе, жеткізіп салайық үйіріңе. Бірақ олардың қазір қайда екенін табу да оңай болмайын деп тұр ғой. Біз сені аяған соң уақытша осында қала тұрса деп едік. Не, қалғың келмей ме? –деп сұрады аталық бұлан.

   - Мен сіздерге неге ренжимін? Алғысымды қалай айтарымды білмей жыладым ғой.

   Еліктің лағы бұландардың арасында қалады. Аналық бұланды бұзауымен  тел еміп, алаңсыз өсе берді. Екеуі бір-біріне әбден бауыр басып алады. Қайда барса да бірге жүреді. Өзге ересек бұландар да оны бөтенсімейтін болды. Арада бір жылдай уақыт өткен соң ғана еліктің лағы өз үйірімен табысады. Бірақ ол бұландарды әрдайым сағынғанда шапқылап, барып-келіп тұратын болды. Бұлан досымен бірге болып, ойнақтап, мауқын басып қайтады. Олардың достығы әлі күнге дейін жалғасуда екен.

 

 

Қазақ тілінде жазылған