Адам қарады: 118509 | Жарияланды: 2019-04-08 04:58:18

Кәрі тасбақа мен кесіртке су көзін іздеді

   Кәрі тасбақа шөл далада жалғыз келе жатады. Оның жүрісі тым баяу еді. Өйткені жал-жал болып жатқан құм жоталар оған жол беретін емес. Бір жотаның төбесіне енді шығайын деп қалғанында аяғының астындағы сусыма құм төмен қарай сырғып кеп береді. Құммен бірге кәрі тасбақа да жотаның етегіне дейін домалап түседі. Ол әрең дегенде шалқалап жатқан жерінен аяғына тұрып алып, жотаның басына қарай қайтадан өрмелей жөнеледі. Осылайша кәрі тасбақа әбден қалжырап шаршайды. Сонда да алға жүруін тоқтатпайды. Егерде мұнда қалып қойса, ажал құшатыны сөзсіз еді. Өйткені құм суырған шөл далада бір тамшы да су жоқ. Оның үстіне мұнда да кейбір жыртқыш аңдар кездеседі. Кәрі тасбақа көбінесе түнгі мезгілде жүріп отырды. Түн біршама салқындау. Қауіп-қатер кездесе қалса, құмға көміле қалады.

   Кәрі тасбақа осылайша бірнеше күн-түн тоқтаусыз жол жүрді. Бір күні оған жас кесіртке кездесті.

   ­- Тасбақа әже, қайдан келесіз, қайда кетіп барасыз? –деп сұрады ол.

   - Мен өмір сүретін өлкеде қиын жағдайға тап болдық. Бір қара құйын өмір нәрін беріп тұрған мөлдір бұлақтың көзін тас қылып бітеп тастады. Сусыз өмір жоқ екенін жақсы білесің. Онда өмір сүретін адамдар да, малдар да, сол бұлақтан су ішетін өзге аң-құстар да бір тамшы суға зар болып қалды. Адамдар құдық қазса да су шықпай жатыр. Сол өлкеге қайта өмір нәрін беретін су көзін іздеп шыққанмын. Мұнымды ешкім білмейді, - деп кәрі тасбақа кесірткіге бар сырын ақтарады.

   ­- Сіз енді суды қайдан таппақсыз?

   - Мен жүріп келе жатқан жол ерте заманда үлкен өзеннің арнасы болған екен. Бұл туралы маған бала кезімде әжем айтқан болатын. Бір кезде арнасы кең өзен неге құрғап қалған? Өзеннің бастау алған көзін табуым керек.

   - Міне қызық! Сіз мына баяу жүрісіңізбен өзеннің бастау алаған көзіне қа-лай және қай кезде жетесіз? Қарсы болмасаңыз, мен сізбен бірге барайын. Мен жылдам жүремін ғой. Сіздің алдыңызда жүріп отырайын.

   - Сенің ұсынысың маған ұнайды. Алайда сені әке-шешең менімен жіберуге тәуекел ете алар ма екен? Өйткені бұл қауып-қатерге бас тігетін сапар ғой.

   - Мен анамның бауырынан ажырап, өз бетімше өмір сүруге үйренгенмін. Сондықтан өзіме-өзім қожамын.

   - Оның жөн екен. Ендеше тарт алға!

   Кәрі тасбақа мен жас кесіртке ұзақ жол жүрді. Кесіртке алға жорғалап, ұзап кетеді де тасбақаны күтіп алады. Сосын қайта жорғалай жөнеледі. Осылайша олар талай мәрте қауып-қатерді бастарынан кешті. Жас кесіртке жылдам жорғалаймын деп кейде сақтықты ұмытып кетеді екен. Кәрі тасбақаның даналығы оны төніп келген қатерден әрдайым құтқарып отырды.

   Бір күні кесіртке үлкен қара тастың астындағы құмның ылғал екенін көреді. Қуанғанынан алақайлап, кәрі тасбақаны шақырады. Тасбақа болса оған айқайлама дегендей белгі береді.

   - Сіз неге олай дейсіз?! Қайта қуанбайсыз ба? –деп ренжиді кесіртке.

   - Сен мына дәу қара тастың бұл арада неге жатқанын ойладың ба? Айналаңа қарашы, сусыма құмнан басқа не көріп тұрсың? Бұл тасты біреу әкелгені анық.

   - Енді не істейміз?! –деп кесіртке қорқа бастады. Осы кезде шынымен де кәрі тасбақа мен кесірткенің үрейін алған мынадай бір құбылыс пайда болған еді: Күнұзақ мөлдіреп тұрған көк аспанды бір сәтте-ақ өркеш-өркеш қара бұлттар басып, айналаны қараңғы түнге айналдырып жіберді. Құм жоталар үдере көшіп, уілдеп, ән шырқауда. Құм суырған жоталарға қарау мүмкін емес еді. Көзді аштырмайды.

   - Кесіртке! Кел менің бауырыма! Мына бір жыраға бой тасалайық! –деп ымдап шақырды тасбақа жас серігін өзіне. Олар тездетіп құмға жасырынды. Осы кезде алыстан қап-қара болып құйын келе жатты. Құйын өзінің жолын-дағы құм жоталарды суырып, айдап келеді екен.

   - Бұл мен тұратын өлкедегі бұлақтың көзін бітеп тастаған құйын! –деді тасбақа кесірткенің құлағына сыбырлап.

   - Сіз оны қайдан білдіңіз? –деп сұрады кесіртке.

   - Бұл құйын жер бетіндегі бұлақ-өзендердің бәрінің көзін бітеп тастамақ-шы. Біздің мұнда келгенімізді біліп қойған ғой. Демек біз іздеген өзеннің көзі де мына қара тастың астында болуы мүмкін!

   - Ендеше тездетіп судың көзін ашайық та!

   - Мына құйын қара тастың айналасын құммен көмейін деп күш салуда! Қимылсыз осында жасырына тұрайық! Әйтпесе құйын кетпей тұрып алады!

   Айтқанындай-ақ қара құйын құм жоталарды айдап әкеліп, қара тастың түбіне үйіп тастады. Сөйтті де өзі айдалаға безіп кеттті. Аспанды торлаған қара бұлттар да құйын кеткен бағытқа қарай жөңкіліп бара жатты. Кәрі тас-бақа  мен кесіртке жасырынған жырадан әзер дегенде шығып алды.

   - Енді кешеуілдеуге болмайды. Тездетіп іске кірісейік! –деді тасбақа. Сөйтті де қара тастың астын кеулеп қаза бастады. Кесіртке тастың астына тереңдеп кіріп кетті де зерттеп шықты. Шынында да өзеннің көзі қара тастың астында екен. Бірақ құм басып қалыпты. Тасбақа алдыңғы аяқтарымен құмдарды сыртқа итеріп шығара бастады. Осылайша өзіне жол салып алды. Кесіртке болса сыртқа шыққан құмды жаймалап, ескі арнаның екі жағына бөліп үйе берді. Тасбақа мен кесіртке бірнеше күн-түн тынбай еңбектенді. Олар тереңдеп қазған сайын құмның ылғалдығы молая берді. Арада бірнеше күн -түн өткенде жылт-жылт етіп су көрінді. Бір кезде үлкен үңгір пайда болды да қара тас қозғалып кетті. Сөйтті де гүрс етіп үңгірге құлады. Сар етіп су атқылады! Кесіртке әрең дегенде жағаға шығып үлгерді. Ал тасбақа болса керісінше судың түбіне қарай жүзіп бара жатты. Ол судың астында өсіп тұратын жасыл балдырлар барын білетін. Өйткені аш еді. Кесіртке сыртта, жағада тұрып, тасбақаны ұзақ күтті. Ол кешіккен сайын бойын үрей билеп, қорқа бастады. Бірақ тасбақа аман-есен жағалауға шықты. Су өзеннің арнасына толып, шөл даланы қақ жарып ағып барады. Аз уақыттың ішінде-ақ өзеннің екі жағалауы жасыл желек жамылып, тіршілік базары қыза түсті. Бір кездері жан-жаққа сулы жер іздеп, безіп кеткен аң-құстар қайта оралған еді. Бірақ олардың ешқайсысы да бұл судың қайдан ағып келгенін және кімнің арқасында өзен пайда болғанын білмейтін еді. Кәрі тасбақа болса мақтанған-ды жаны сүймейтін. Сондықтан өзеннің көзін бітеп тастаған қара құйын туралы да, өзінің ескі арнасымен жүріп өткен ұзақ сапары туралы да ешкімге айтқан жоқ. Бірақ кесіртке өзінің әке-шешесіне болған оқиға туралы мақтан- ышпен әңгімелеп берген болатын. Олар бұл жөнінде өзге жәндіктерге хабарлаған. Онда да өзеннің арнасына толып ағып келгенін жас кесірткенің ерлігі деп айтып жүрді. Мұны кәрі тасбақа да естіді. Әйтседе ол кесірткелер-дің сөзінің жалған екенін білсе де, үндемеді. Өйткені кәрі тасбақа даналыққа жеткен әрі істеген жақсылығын бұлдамайтын қайырымды тіршілік иесі болатын.

 

 

Қазақ тілінде жазылған