Адам қарады: 385 | Жарияланды: 2019-04-15 05:38:17

Сауысқан

Баяғыда бір Сауысқан тіршілік етіпті. Кіп-кішкентай түріне қарамай мансапқор болыпты. Бірақ қанша тыраштанса да мансап бұйырмапты. Қанша армандаса да арманына жете алмапты. Орда бұзар отыздан асып, қамал алар қырыққа жақындағанда тіпті мазасызданып кетіпті. Құдай оған Арыстандай айбатты, Қырандай қанатты, Қасқырдай сесті, тіпті Түлкінікіндей болса да тісті бұйыртпапты. Тек ала қанат пен мақтанқұмар мінез беріпті.

Ішін кеулеп алған құмар оған маза таптырмапты. Ақыры ол айналасындағы өзінен мықтылардың бәрін ебін тауып қырып-жоюды көздепті. Өзінің әлі келетін құрт-құмырсқа, бақа-шаянға билік жүргізіп, жалғанды жалғыз билеп отыруға құмартыпты.

Бір жақсысы аспанда қалықтап ұша алады, сол артықшылығын пайдалануды ойлапты.

Көк аспанда әрі-бері ұшып, тыным таппай, не істерін білмей, әлі келер қара кезікпей, кіл мықтыға іштей кіжініп жүргенде - алыстан мылтық асынып, атқа мінген бір адамды көзі шалады. Дереу қасына ұшып барып:

- Адам, мынау сорайған мылтығыңа қарап аң аулауға шыққаныңды байқап тұрмын. Қандай аң керек, айтыңыз. Мен көктен бақылап, қай аңның қай маңда жүргенін айтып беремін, - деді.

Іздегені алдынан оңай шыққанға қуанған адам аясын ба, бірден:

- Арыстан еді іздегенім, - деді.

- Онда мені мұқият тыңда. Мен ұшып барып бір жерде дамыл таппай қанат қақсам, сол маңда Арыстан жүр деген белгі бергенім. Кел де атып ал.

- Түсіндім,  - деген адам, - қарымтасына не сұрайсың? - деді.

- Осы маңдағы бүткіл азулы аң мен тұяқты құсты түгел атып алсаң болды, - дейді Сауысқан.

Адам:

«Бұл бір қызық Сауысқан» екен деп ойланып қалады.

Сауысқан алысқа ұшпады. Бір жерге барып жыланға арбалғандай қанат қағып тұрды да қалды. Бұқпантайлап, тура келген адам аң патшасы Арыстанды оп-оңай жүректен атып алды. Аспанда ұшып, мәз болған Сауысқан өзінше «адам маған рахмет айтатын шығар» деп дәмеленіп, қайта-қайта ойқастап ұшып еді, оңай олжаға риза болған адам оған көңіл бөліп қарамады, шыны керек, ол Сауысқанды сол сәтте-ақ ұмытып кетті. Есік пен төрдей жерге созыла, сұлап түскен ауыр Арыстанды жылқысының шаужайына байлап, қамшымен майлы жамбастан осып-осып жіберді. Алаңсыз тұрғанда тиген ащы қамшыдан көзінің оты жарқ еткен жылқы алдыға қарай ытқырына көтеріліп еді, өлген Арыстан мыңқ деп орнынан қозғалмады. Қайта жылқыны өзіне қарай тартып қалғандай, жылқы құлап қала жаздап әрең түзелді.

Атының әлі келмесін білген адам Арыстанды байлаған арқанды шеше салып, ауылға қарай құйындай шапты. Көп кешікпеді, ауыл жақтан он шақты ат қиқулап қайта келді. Алып Арыстанды оншақты адам бірі басынан, енді төртеуі төрт аяғынан, қалғаны белінен байлап ауылға қарай гу-гу әңгіме айтып кетіп бара жатты.

Олар ұзап бара жатып бәрі келісіп алғандай артқа бірге бұрылып қарап, әлі сол маңда тынымсыз ұшып жүрген Сауысқанды көрді. Бірі қол бұлғады, бірі өңеші жыртылғанша ысқырды. Бірі дауыстап бірдеңе айтты. Мақтап бара ма, даттап бара ма ол жағын Сауысқан түсінбеді.

Сөйтіп, Сауысқан аң патшасы Арыстаннан оңай құтылды. Көп ұзамай адамға Жолбарысты алдырды. Одан соң Бұғының, кейін Аюдың көзін құртты. Бір ғажабы Сауысқан айнала ұшқан жерде ажал барын көреген Қасқыр аңдап қалды.  Дереу барша аң-құсты құлақтандырды. Енді ешбірі Сауысқанға алдырмады.

Бұл оның қатты ашуына тиді. Адамға белгі беріп, айнала ұша бастағанда Сауысқанның сырына қанық аң зып беріп қашып, аңшы жетіп үлгермей қала берген соң ол енді аңшыға кектеніп алды.

Бір күні Сауысқан бір жерге қадала ұшты. Сауысқанның сырына қанық аң-құс таса-тасаға тығылып, сығалады. Сауысқан әлі ұшып жүр.

«Сұмырай құстың ойынан бейхабар кім болды екен?» деп Қасқыр таса-тасамен сол маңға барды. Бақылап қараса айналаны тіміскілеп жалғыз адам жүр. Басқа тірі мақұлық көрінбейді. Қасқыр ұлып белгі беріп, ұяластарын шақырды. Бәрі жан-жақтан қаумалап, адамды қоршап алды. Бұл жағдайға түсінбеген адам аспанға қарады. Қараса Сауысқан өзінің төбесінде қанат қағып қатып тұр екен. Сауысқанның жымысқы сырын, ешкімді аямас жауыздығын сезе қойған адам, тез ес жиып, атына сегіз өріп жуан қамшыны басты. Қорқыныш, бір жағы ашу қысқан адам қамшыны қатты құлаштап жіберді-ау, ауаны тіле сусылдап келген қамшы аттың екі бұтының арасына қате тиіп, ат аспанға ышқына бір секіріп, қоршап алған Қасқырды бұйым құрлы көрмей төбесінен бір-ақ қарғып өтті. Тілерсегі дірілдеп, арбауға түскен аттың аяқ асты қылығына таңғала қарап қалған Қасқырлар атпен бірге аспанға, одан бұрқ еткізіп шаңдата түсіп, жосып бара жатқан жағына ауыздарын ашып, сілекейлері шұбырып қарап қалды. Сөйтіп, ойламаған жерден аузына кеп өзі түскен астан аяқ асты айырылды. Ал Сауысқан аспанда қалықтап ұшып жүрді де бірдеңе де саңқылдады. Оны тыңдауға Қасқырларда қош болмады. Сол күннен кейін сатқын Сауысқанға адам да, аң да өш болып алды. Адам Сауысқанды көрінген жерде себепсізден себепсіз атып, өлтіріп кете беретін болды. Сауысқанның өлі денесі өзі басшылық еткісі келген құрт-құмырысқаға жем болып әр жерде бір шашылып жатты.

Ал Сауысқан деген құс атаулы өмірге Сауысқан боп келгеніне өкінетін күйге жетті. Осылайша бір құстың кесірі бәріне бәле болып тиді. Содан бері олар өзге туыстарын көрсе алыстан қашып, бастары бірікпей бөлек-бөлек тіршілік ететін болыпты.

Қазақ тілінде жазылған