Адам қарады: 304 | Жарияланды: 2019-04-19 05:03:02

Бармақ батырдың соңғы сөзі

 

 

  Келер ұрпақ десе егер:

«Еренші Уақ Бармақ кім?!

Елін сүйген еңселі ер

Батырың мен, ардақтым!

 

Тасыраңдап таспадым,

Әкіреңдеп аспадым.

Керей-Уақ біріккен

Қалың қолды бастадым,

Жамбасқа жауды жастадым,

Өтті бәрі басымнан

Бір өлімнен басқаның.

Қысқасын елдің ұзартып,

Үзілгенді жалғаппын.

Садақ тартсам, жебесін

Жау қолына самғаттым.

Қолыма қылыш алсам мен

Талайларды таң қалттым.

Ақ найзаны атқанда,

Шоқпар ұстап шапқанда,

Күркіреп күндей қосылды

Тау мен тасы жан-жақтың!

Шоқ басқандай шошынды

Зәресі ұшып қалмақтың!

Ғұмырымды, елім-ау,

Бір өзіңе арнаппын.

 

Ойлап қамын жалпының,

Шайқас болды әр күнім.

Қажыған сәтім қаншама,

Қайтқан емес қарқыным

Тіледім бақыт баршаға,

Елім болды гауһарым,

Ауылым болды алтыным.

Дүние-мүлік жиған жоқ

Халқым-ау, бұл қарт ұлың!

Бәсеңсіп енді қарқыным,

Тар төсекте жатырмын.

Сезінеді жан-тәнім

Тағдырдың маған салқынын.

Өмірден өлім жақынын.

Келер ұрпақ, сендерге

Берерім- батам, ақылым!

 

Ойладық қамын өрістің,

Тірлігін ата қоныстың.

Басында жүрдік көп істің,

Көтердік Туын жеңістің!

Білдік қалмақ, орыс кім,

Қор екенін жеңілген,

Сор екенін соғыстың.

                                     

                                      «Жанжалдың шоғы қызарса,

 Ақылдың суын сеп!» деген.

Тіліңді қысқарт ұзарса,

Мақсатқа ашу жетпеген!

 

Қазылған дайын көр сонда,

Отқа толы ор сонда

Ақылға жеңдір ашуды,

Қанжарға ойсыз қол созба!

 

Ешкім емес егескен,

Ештеңе өнбес елестен.

Елес, егес дос болса,

Айрылғаны ер естен!

Жанарыңа жас толса,

Кем болмайды кеңескен!

Кешіре білген ұтады

Егессе достар тел өскен!

 

 Қуаныш бар,    қайғы бар;

Анадан біреу айрылар,

Әкеден біреу айрылар,

Баладан біреу айрылар,

Төзе білсең қайғыға,

Көңіліңді Алла жай қылар.

Орны толып олқының,

Туар жаңа толқының.

Қуанышың,ол-күнің!

Ізгілік толы ізіңді

Жалғар ұлың-ұрпағың.

Жаз ғып қыс пен күзіңді,

Атқан жаңа бұл таңың!

Қайта көктеп жайылар,

Төрт құбылаңды сай қылар.

Кедей болсаң бай қылар,

Тоғыз ұлым тұрғанда

Жөнім жоқ менің қайғырар.

Жасаңдар қайырым кімге де,

Көре алмай жүрген пенденің

Жүрегі мұздап шайлығар.

Жаныңды жеген мұң-қайғы

Қайырымнан ғана қаймығар!

 

Кім әлсізің, кім мықтың?

Тағдыр сынап талқылар.

Өтірік  пен шындықтың

Арасында Ар тұрар,

Арыңды әсте қалғытпа!

Парасаты, парқы бар

Өтер небір сырғып күн,

Кезің келер алқынар.

Қалғытып алсаң Арыңды,

Алжытып сені ант ұрар!

Қалғытпасаң Арыңды,

Асырып Алла бағыңды,

Жанарың жанып, жарқырар!

Әркімнің де ерекше

Өзіне біткен қалпы бар.

Біреу сәл-пәл жел соқса,

Қапаланар, қалтырар.

Біреу қара дауылға

Қарсы ұмтылып,атылар.

Біреу бұғып, пана іздеп,

Біреу көмек шақырар.

Қолдасын де бір Алла,

Құтқармас өлім қашқанды,

Тұңғиығына батырар.

Қолдаса Алла-Тағала,

 Арайлы таңын атырар!

Жоғыңды қайта бар қылар!

Көлің толып, толқындап,

Бұлағың ағып, сарқырар.

Бас салуға қапыда

Ажалдың өзі тартынар!

 

Абайсыз айтқан сөзінен

Жан жоқ жапа шекпеген.

Өзім білем дегендер

Өкінішсіз өтпеген!

Ұстамды адам–кемеңгер,

Өсіп-өніп көктеген!

Ақылды адам

Ақылсыз

Сөзді тұсап,көгендер.

Шындықпен өрсең сөзіңді,

Өнеге, өшпес өнер дер!

Аузыңа қарап ағайын,

Есті сөзге елеңдер.

Ізгілік, ізет, мейірім,

Әділет– жігіт әулеті!

Білім–ғылым–дәулеті!

Ұшар бастан  бақ-дәулет,

Болсаңыз егер әулекі!

 

Салиқалы, салмақты

Халқымен әр ел ардақты.

Көрші, дос-жар, нағашы

Қалмақтан елім зар қақты.

Кеш білдік орыс екенін

Айдап салған қалмақты.

Ұлық та, Ұлы– Кешірім,

Достасса, ашық есігім.

 

Кекшіл қанға қақалар,

Сұғанақ арсыз атанар,

Арсыз азап арқалар.

Елді, Ерді бақытқа

Бірлік бастап апарар!

 

Бірлікке  қолды соза біл,

Өзіңнен-өзің оза біл,

Кішілік– үлкен кісілік,

Ұлық болсаң, бол әділ!

Қазына,байлық-иманда,

Ақылдан сарай соға біл!

 

Арйланып атар таң,

Қорқытпайды батар күн.

Елім аман, арман жоқ,

Ел Бармағы атандым.

Елім үшін күрестім,

Жәнібектен бата алдым.

Қалба таудың қойнауын

Құшаққа алып жатармын.

 

 

Найза тиіп тәніме,

Қансыраған жайым бар.

Мың-мың алғыс бәріңе

Құшақты кең жайыңдар.

Құшағыңа сыйсын бар

Қарағайлар, қайыңдар,

Туған-туыс, ағайын,

Нағашы, жиен, қайындар.

Бітпей қалған ісім бар,

Айтпай қалған ойым бар.

Жеңіс келер күні ертең,

Ағайын алда тойың бар.

Қазақ елін бір кезде

Жер жүзі тегіс мойындар!

Қалба тауым – қарт тауым

Бауырына мені қойыңдар.

 

Елім десем, еріді

Іштегі қайғы-қорғасын.

Ер етті елдің сенімі,

Арым болды жолдасым.

Ұлы деп емес, Отанды

Сүйдім жаным-тәніммен

Өзімдікі болғасын!

Сендерді Елім, Ертеңім

Бір Құдай жар боп қолдасын!

Қазақ тілінде жазылған