Адам қарады: 3220 | Жарияланды: 2019-06-04 02:56:52

Пішту!..

        Екі перделі, 11 көріністі трагикомедия

 

Қатынасушылар:

Дәубасов – сот

Мәрлен – сот хатшысы

Берденова Оразкүл – жылжымайтын мүлікке техникалық қызмет көрсету мекемесінің қызметкері,  кексе әйел.

Гүлмира – бұл да сол мекеме қызметкері, жастау. Оразкүлдің құрбысы.

Үкібаева Айнагүл – үй шаруасындағы әйел

Әбдеев Омарбек – жазушы, Айнагүлдің күйеуі

Бақтыбек – адвокат, жазушының інісі

Махаббат – адвокат, Оразкүлдің құрбысы

Айгүл – Махаббаттың танысы

Шынтас – Оразкүлдің күйеуі

 

 

                                                

                                           Бірінші перде

                                            Бірінші сурет

                                               

     (Перде ашылған кезде Гүлмира ортадағы столда әлденені жазып отырады. Сахнаның көрермендерге қарсы бетінде есік-терезелері жоқ көп қабатты үйлер. Оразкүл әндетіп сахнаға кіріп келе жатады. Көңілді.)

Оразкүл: - Айдан әппақ, күннен көркем Гүлмира сіңлім-ау, хал-жағдай нешік, не жаңалығың бар? (Қолындағы жасыл сөмкесінің ауызын тырс еткізіп ашып столға қоя салады) Мә, көр! (Гүлмира сөмкенің ішіне бір қарап, көздері бақырайып, екі қолымен өзінің ауызын жаба қояды.)

Гүлмира: - Жаңалық дегеніңіз сізде сияқты ғой, әпкетай, (сыбырлап), қайдан алдыңыз? Алаяқтығыңыз былай қалып, енді банк тонағаннан саусыз ба? Әлде әккі ұрылардың біреулерімен әмпей-жәмпей болдыңыз ба?

Оразкүл: - Тс-с-с (сұқ саусағымен Гүлмираның еріндерін басады.) Құдай беремін десе, оп-оңай, пөртішкеден де лақтыра салады екен ғой...

Гүлмира: - (таң қалып!)  Айтыңызшы, кімді сындырдыңыз?

Оразкүл: - Сенен несін жасырайын, осында бір тәп-тәуір рулас сіңлім бар еді, күйеуі оқымысты, жазушы. Бүгін көшеде сол сіңлім кездесіп қалып үйіне шайға шақыра қойғаны. Күйеуі үйінде екен. Бұрын танымаушы едім. Жазушыны дегенді кім көріпті. Өзі бір аңқылдақ, бала сияқты, аңқау кісі екен. Сізге арнайы келдім деп соқтым ғой әңгімені. Әйелін менің жақын сіңлім еді деп құлпырттым. Менің бұл сөзіме әйелі де ол кісі де марқайып қалды. Мұндай мәментті жіберетін мен бе? Балам Астанадан пәтер алайын деп әрекет жасап жүр еді, соған бес жүз мың жетпей тұр, көке, тойес, күйеу бала деп мүләйімси кеттім. Астанаға барып келген соң хабарласамын ғой, балам кредит апормит етіп қойған деуді де ұмытқам жоқ. Жазушы байғұс ешқандай сөзге келмей-ақ, қолыма бір пәшке ақшаны судыратып ұстата салды. Міне, бар болғаны осы бұл жолғы төккен терімнің. Оп-оңай!..

Гүлмира: - (риза болған пішінмен күледі) Әй, қулығыңызға найза бойламайды ғой, әпше. Бұйырсын. Енді не істемексіз? Көп ақша ғой бұл (басын шайқайды). Жауап беріп қалмайсыз ба?

Оразкүл: - Пішту! Сол да сөз бе екен. Ертең бастыққа кіріп демалыс аламын да, Астанаға кетем, біраз думандатып дегендей... қызым босанып немерелі болып жатыр едік, бұл жақсы болды. Ал, бүгінше, жүрші, екеуміз бір кафені шашайық, Махаббаттыі ерте ктейік. (Оразкүл мен Гүлмира шығып кетеді).

                                                                 

     Сахнаға Омарбек жазушы кіреді. Қолдарын сермеп күбірлеп, әрлі-берлі қиялға шомып жүр. Ұзақ жолдан келгендей сәндене киінген Оразкүл де ылдым-жылдым қарсы жақтан кіріп келе жатады. Өте көңілді. Жүзінде шуақ.

Оразкүл: - Сәлеметсіз бе, күйеу бала! Күйеу болса, осындай болсын деген, маңдайыңыз күн тайғанап түсетіндей жарқырап, мені күтіп қалған жоқсыз ба?

Жазушы: - А... кім?.. (аң-таң болып біразға дейін Оразкүлге қарап қалады, қолымен көзәйнегін мұрнының үстінен қабағына қарай жылжытады.Танымаған сыңайлы).

Оразкүл: - Күйеу бала танымай қалмаса нетсін. Оқымыстылардың басы ойдан босамайды деген тап рас-ау. Оянсаңызшы, Сіңлім жоқ па үйде?

Жазушы: - Ия, ия, сен, әлгі... атыңды ұмытып қалғанымды қарашы...

Оразкүл: - Айнагүлдің әпшесімін ғой мен, енді есіңізге түсті ме? О... - р... - а...

Жазушы: - Түсті, түсті (екі саусағымен аспанды нұсқап), Оразкүлсің ғой, кел отыр, қайынбике, ай-күндерің аман ба, Айнагүл де келіп қалар... іргедегі дүкенге кетіп еді. Қайдан жүрсің?

Оразкүл: - (қулана күледі) Несін айтасыз, күйеу, Астанаға барып қайттым. Балалар пәтерлі болды, соны кішкене сізбен әтметкі жасайын деп (қолсөмкесінен бір шыны коньяк шығарып столға қояды). Балалар сізге арнайы беріп жіберді, ризашылықтың, жақсылықтың хабаршысы ғой... (Айнагүл бөлмеге кіреді).

Айнагүл: - Уа, пәлі! Екеуің жарасып қалыпсыңдар ғой. Қашан келдің, Оразкүл әпше? Астанада не жаңалық? Есілдің суы, жағалауының нуы аман ба?

Оразкүл: - Сіңлім барда, мынандай мақтаулы күйеу барда, не қам бар. Астана орнында. Екеуіңнің тілектерің қандай керемет еді. Балалар пәтерлі болды. Соны думандатып қайтқаным ғой. Алла қаласа, екеуіңді тойға шақырып, төрге отырғызамын. Ондағы балам да кредитін алған екен, өткендегі ақшаларыңды әкелдім, соны берейін деп...

Жазушы: - Оның несіне асықтың, Оразкүл, жата-тұра берер едің де. Балалар қиналып қалмай ма? Кредитті қайтару керек деген сияқты...

Оразкүл: - ПіштуІ Оның несін уайымдаймын (қолын сілтейді). Балам прокурор ғой. Қарыз арқалап жүру де мен үшін оңай емес, уайым жұтып жүргенше, қайтарайын...(Оразкүл тырс еткізіп қолсөмкесін ашады). Айтпақшы, сіңлім, жазушы күйеу, құпия бір нәрсе айтайын, сіздерде бала-шағаның басы баршылық қой, бәрі де кәмелетке жете қоймапты, менің қызмет орным сіздерге аян, қалада көшіп кеткен орыстардан қалған бос пәтер көп, осылардың біреуін аттарыңызға жаздырып берсем қайтеді, ә! Мына ақшаға бір бөлмелі пәтердің өзі сұранып тұр... Жазу-сызуын келістірсек, құжатын дайындап беретін адамдарым, сотта да, ЦОН-да да бар... Он-онбес күнде қанттай етіп қолыңызға ұстатамын. (Жазушы ештеңеге түсіне қоймаған кейіпте аңырайып әйелі Айнагүлге қарайды.)

Айнагүл: - Рас па, әпше?

Оразкүл: - Рас! Сіздер, мұндайды білмейді екенсіздер ғой. Көштен қалу деген осы. Біз өзіміз осы ортада жүрген соң, әлдеқашан өзіміге бес-алты пәтерден заңдастырып қойғанбыз. Ол пәтерлерімізді жалға беріп отырмыз. Ақша деген ешқашан артық болмайды, сіңлім. Адам уақытпен бірге жылжу керек, еті тірілер есігімізді тоздырып жүрген жоқ па. Алып, қалыңыздар. Қазір үкіметтен теп-тегін пәтер алу деген жоқ қой.

Айнагүл: - Жарайды онда, әпше. Балалар да өсіп келеді, ол рас. (Айнагүл күйеуіне көзінің астымен қарап қояды). Бұл қалам ұстаған кісілердің пәтер-сәтер дегеніңмен жұмысы болмайды ғой. Осы отырған пәтеріміздің өзін де өзім жылдар бойы ала сөмке арқалап жүгіріп жүріп зорға қол жеткізгем. Айтқаныңыз болсын. Бір бөлме болса бір бөлме! (Оразкүл сырт еткізіп қолсөмкесінің ауызын қайта жабады.)

Оразкүл: - Жарайды, олай болса мен кеттім, тездетіп іске кірісейін... Айнагүл, сіңлім, ертең маған пәтер алуға қатысты құжаттарыңды түгел әкеліп бер. (Оразкүл кетеді).

Жазушы: - Әлгі Оразкүл не деп кетті өзі, түсінбей отырғаным...

Айнагүл: - Не деуші еді, отағасы. Балаларыңа бір пәтер жасап берейін дейді. Туыстың туысқа жаны ашиды да.

Жазушы: - А, бопты онда. (Айнагүл екеуі де шығып кетеді).

                                                                 

     Сахнаға Гүлмира кіреді, қолында сызғышы бар. Столға отыра қалып әлденені ойша сыза бастайды. Аяқтарын ойнақтата басып сылаңдап, артынша Оразкүл кіреді. Гүлмира отырған столдың жиегіне алақандарын тіреп тоқтайды. Бөксесін бұлтыңдатады. Жүзінде күлкі, Гүлмираға тіке қарап біраз тұрады.

Гүлмира: - Көңілдісіз ғой, жазушыңыз не деді? (сыбырлап) Ақшасын сұраған жоқ па? (ауызы ашық күйінше қалады, көздері бақырайған).

Оразкүл: - Сұраған жоқ па... (қарқылдап күледі). Не деп сұрайды ол маубас. Мені танымай да қалыпты. Жазушы деген қиялиың осындай болады. Ақшамен жұмысы жоқ... тірлікпен жұмысы жоқ... әйелінің, бала-шағасының бар -жоғын да білмейді, жүрген бір ауыш, көшеге шықса үйін таба алмай қалады, үйіне кірсе есігін таба алмай жүргені... Шаштары ағарып кеткен. Бұлар бар ғой, я, аспаннан, ауадан ақша жасайды, өздері сандырақтап жүреді екен, сандырағын кітап етіп шығарады, сосын сатады, өздері ақшаның не екенін білмейді білем, көрсетемін мен оларға тегін ақшаны...

Гүлмира: - Солай де... Жазушы дегенді мен де білмеймін, көрген емеспін, барсам бола ма? ( Гүлмира басын бір иығына қондыртып ойланып қалады).

Оразкүл: - Бар, неге бармайсың. Мен не үйретіп жүрмін саған. Пішту де бәріне. Ол кісі ешкімді жатырқамайтын сияқты. Сенгіш. Көздерінің ағы былғанбаған. Мені сүріндіріп кететіндей, мұндайдан сүттен ақ, судан таза шығатындай етемін ғой сені әлі.... Қазір емес, екі-үш күннен соң бар. (Гүлмира ойланып қалады).

Гүлмира: - Нені сылтау етсем екен, а... Ә, таптым... таптым... (Оразкүл мен Гүлмира шығып кетеді).

                                          

     Сахнаға Омарбек жазушы кіреді. Бір қолын төбесінен асыра көтеріп, екінші қолын алға созған. Есік тықылдайды.

Жазушы.: - Ашық, кім де болсаң кіре бер. (Бөлмеге именшектей басып, сызылып Гүлмира кіреді.)

Гүлмира: - Сәлеметсіз бе, жазушы аға!

Жазушы: – Сәлеметсіз... қолдарын өзгертпеген қалпында бүкіл денесімен бұрылып артына қарайды. (Гүлмира сыңқ-сыңқ етіп өте сүйкімді күледі.)

Жазушы: - Кім болдыңыз? Көктен түскен періштесіз бе, әлде бір айдын көлдің айтулы аққуысыз ба? (Гүлмира одан сайын сыңқылдайды).

Гүлмира: - Алдымен қолдарыңызды түсірсеңізші.

Жазушы: - А, ия, солай екен-ау (қолдарын түсіреді). Төрлетіңіз!

Гүлмира: - Жазушы аға, сізге келіп едім (езуінде әлі күлкі үйіріліп тұрады), дұрысы - Оразкүл жіберіп еді.

Жазушы: - А, ол, әлгі менің әдемі қайынбикем ғой, ол не дейді?

Гүлмира: - Ең алдымен алған пәтерлеріңізге құтты болсын айтайын. Құтты болсын! Бала-шағаңызбен рахатын көріңіз.

Жазушы: - Айнагүл, а, Айнагүл, қайда жүрсің, қазан көтер, мына бала жақсы хабар әкеліп тұрмын дейді. (Бөлмеге Айнагүл кіреді.)

Айнагүл: - Сәлеметсіз бе, құрбым! Ұмытпасам, сіз, Оразкүлмен қызметтессіз ғой. Төрлетіңіз! Қазір бәрі де дайын болады. Сөздеріңнің бәрін де есіттім. Лезде бола қалғаны қандай жақсы. Рахмет!

Гүлмира: - Ия, рахатын көріңіздер!

Айнагүл: - Оразкүл не деді? Құлағыма жағып барады, тағы да айтшы!

Гүлмира: - Пәтер дайын. Тек қана оны ендігі жерде жазып-сызып техникалық құжатын дайындайтын мен ғой, сосын бастық бар дегендей...

Айнагүл: - (сыбырлап) Оған не қажет екен, қанша?.. Айта бер ағаңның құлағы онша есітпейді, бәрін де өзім тындырамын.

Гүлмира: - Көп емес. Жүз мың болса жетеді...

Айнагүл: - Бопты, былайырақ шығайық... (шеткерірек барып екеуі күбірлеседі, аздан соң сыпайы басып Гүлмира есіктен шығып кетеді.)

Жазушы: - Айнаш, әлгі қыз кім, не дейді?

Айнагүл: - Бәрі жақсы, отағасы, жұмысы болған соң келіпті. Кездесуге, шақырған еді ғой сізді, жүріңіз, мен де мектепке барып қайтайын, уақыт та болап қалыпты. (екеуі де шығып кетеді).

                                                             

     Сахнаға Айнагүл мен күйеуі қайта кіреді, олардың артынша бөлменің есігін тықылдатып, аяқтарын майыса басып, дауыс ырғағын көтере, сүйкімді сөйлеп Оразкүл де кіреді.

Оразкүл: - Сәлеметсіздер ме, осы сіздер кәдімгі кітаптағы ғашықтар секілдісіздер. Қызығамын. Менде де осындай күйеу болса ғой... төбеме көтеріп мақтан етіп жүрер едім. Жазушы күйеу иогамен айналысатын сияқты ма, қалай...

Айнагүл: - Төрлетіңіз, Оразкүл әпше, төрлетіңіз. (Екеуі бет сүйіседі). Жаңалықтарыңыз... (Оразкүл Айнагүлдің еріндерін сұқ саусағымен жаба қояды).

Оразкүл: - Менің хабарым тек қана жақсылықтан тұрады ғой, сіңлім. Басқа сөздерге тілім де келмейді менің. Маған бір ой келіп тұр, осы пәтерлеріңді екі бөлме етсек қайтеді, балаларыңның да аяқ-қолдары ұзарып қалыпты. Әне-міне дегенше келін де түсіретін кез келер, құдалар келеді дегендей...

Айнагүл: - (қуанып кетеді) Онда тіпті жақсы болар еді. Шалым да мәз болып қалар. Ол кісі шаттанса лапылдап шын шаттанады.

Оразкүл: - Шалыңа айтпай-ақ қойсақ қайтеді, әзірше... Бәрі біткен соң бір-ақ айтайық. Лапылдағанның көкесі сонда болмай ма?

Айнагүл: - Ол да дұрыс екен-ау. Ол үшін не керек енді. Екі бөлме мен бір бөлменің айырмасы бар, әрине, оны айтпасаң да түсінемін.

Оразкүл: - Былайғыларға қымбатырақ, сендер өзіміз болған соң арзан жасаймыз ғой, төрт жүз мыңдай болса жетеді. Сонан соң, мұндай тастанды пәтерлер сот арқылы өтеді, білетін шығарсың, онда өз адамдарым отыр, мен дайындап беремін, олар шешім шығарып қол қояды. Сонымен бітті. Пәтеріңе бар да көсіліп жата бер...

Айнагүл: - Ол соттардың бағасы қанша?

Оразкүл: - Үш жүз...

Айнагүл: - Былайырақ... (екеуі шетке шығады, қолсөмкесінің тырс-тырс еткіп ашылып жабылғаны білінеді.  Оразкүл аяқтарын билей басып сахнадан сыртқа беттейді.)

Оразкүл: - Күйеу бала, сау болыңыз, әзірше...(шығып кетеді).

Жазушы: - Әлгі Оразкүл жайша келіп пе?

Айнагүл: - Тірлігі болған соң келеді ғой, отағасы! Әйелдердің ісі... (сыртқа шығып кетеді)

(Сахнаның сыртында телефон дауысы шар-шар ете қалады. Айнагүлдің дауысы есітіледі)

Айнагүл: - Алло, кім екен?

Оразкүл: - Мен ғой сіңлім, үйдесіздер ме, жазушы күйеу үйде ме?

Айнагүл: - Үйдеміз. Көптен бері көрінбей кеттің?

Оразкүл: - Қазір барамын. Үйде әңгімелесерміз. Менікі тек жақсылық қой...

                                               2-ші көрініс

     Сахна. Орындықта жазушы жалғыз отыр. Сырттан (ас бөлме жақтан) ыдыс – аяқтың сылдыры есітіледі. Есіктен майыса басқан Оразкүл кіреді.

Оразкүл: - Сәлеметсіз бе, күйеу бала! Үйде өзіңіз ғана ма? (Оразкүл жан-жағын көзбен шолып шығады. Ешкім жоқ. Батылдығы ұстап қарсы отырған жазушының жалтыр басынан сүйіп-сүйіп алады. Қайынбикесінің омырауынан шыққан қымбат иіссудың иісіне елітіп қалған жазушының басы бұлғаңдап кетеді). Не деген қазына бас мынау, не деген мойын, не деген сіңір, буылтық-буылтық бұлшық ет... (Оразкүл тағы да бір еңкейгенде жазушы шалқалақтап орындықтан құлап қала жаздайды. Ас бөлме жақтан (есіктен) Айнагүл шығып қалады.)

Айнагүл: - О, менің әдемі де іскер әпшем келіп қалыпты ғой, сау-саламат жүрсіз бе? Күйеу балаңыздың басына массаж жасап жатырсыз ба? (Күледі). Құба-құп!

Оразкүл: - (жымиып) Жазушы дегеннің бастары майлы бас қой, ойға суарылған бас, әй, сіңлім-ай, осы бастың қадіріне жетіп жүрсің бе, жоқ па, білмеймін. Құрметтеу керек мұндай басты. Менің де ептеп арқам бар ғой, мен білсем, осы бас көбірек уқалауды қажет ететін сияқты. Соны сезіп тұрып өзімді өзім ұстай алмай қалғаным ғой. Қалай жазушы аға, дұрыс боп қалды ма, қате айтпадым ба?...

Жазушы: - Дұп-дұрыс, Оразкүл, өзің секілді, қолының биоқуаты бар қайынбикелер көп болса ғой, шіркін. Басым көп қатпас еді, шымырлап жатқан шырын шабыттың нағыз қайнарынан сусындау ғой бұл бас уқалау дегенің... Бәйбіше, қазан көтер.

Айнагүл: - Қазір, бәрі дайын... Ас бөлмеге барайын (Айнагүл сахнадан шығып кетеді).

Оразкүл: - (жазушының басына тағы да жабысады). Осы күйеу-күйеу демей-ақ, аға дейінші, сол дұрыс болатын сияқты. (қаттырақ уқалағаннан ба, әйтеуір, Оразкүлдің өзі де  ыңырсып, қыңсып  ыс-ыс етеді. Жазушының басы тағы да бұлғақтай бастаған. (Ас бөлме жақтан Айнагүл келеді. Артынша, ашық қалған есіктен Гүлмира да кіреді.)

Гүлмира: - Мәссаған, Оразкүл әпшем қайда кетті десем, мұнда екен ғой. Массажист болып кеткенсіз бе. Жоқ, күйеудің басы ұнап қалды ма, Оразкүл әпше? Сәлеметсіздер ме! Айнагүл құрбы, сәлеметсіз бе?

Айнагүл. – Төрлет, Гүлмира, қалай жағдайың, Оразкүл екеуің арнайы қыдырып келген боларсыңдар, қазір бәрі де дайын болады. (Айнагүл шығар есікке қарай /ас бөлмеге/ кетеді. Оразгүлдің қолдары жазушының басын өзінің иіссу аңқыған омырауына баса нығарлап қайтадан құшақтап алады, сол қалпы Гүлмираға ымдайды).

Оразкүл: - (сыбырлап) Гүлмира, сен қайдан жүрсің, бүгін келем демеп едің ғой.

Гүлмира: - (сыбырлап) Сіздің келетініңізді білмеген едім. Кетіп қалайын ба?

Оразкүл: - Жоқ, ойбай, отыра тұр, қайта осы келгенің жақсы болды ғой деймін, менің аузымды бағасың ғой, артық-ауыс ештеңе айтып қойма, мені құптай бер.

Гүлмира: - Жарайды... (ас бөлме жақтан Айнагүл келеді).

Айнагүл: - (көңілді) Келіңдер, құрбылар, адамның келгені – құдайдың бергені... нендей жаңалықтарың бар? Осы сендер келсеңдер, шалымыз екеумізге береке келеді.

Оразкүл: - (қаттырақ сөйлейді) Күйеу әрі жазушы ағамызды қуантайық деп келдік. Аға, біз уәдемізді үш жүз пайызға орындайық деп тұрған сияқтымыз. Гүлмира екеуміз екі жақтап жасап жатқан жұмысымыз қарқындап тұр. Алатын пәтерлеріңіз үш бөлмелі болатын болды! (үш саусағын жоғары көтереді).

Гүлмира: - Ура! Ура!!

Айнагүл: - (аң-таң қалыпта ол да қосыла кетеді) Ура! Оразкүл: - Шынын айтсам, екеулеп жүріп ретін зорға келтірдік. Ендігі таңдау, өздеріңізде... Мен біраз пәтердің мекен-жайын беремін, қағаз-қалам әкеліп жазып ал, Айнагүл сіңлім, өзің барып таңдап, мынау болады деп бізге айтасың, сонымен іс бітті. (Айнагүл қуанған сыңайлы. Қалтасынан қағаз-қалам әкеліп күйеуінің алдына қояды).

Айнагүл: - Отағасы, жазып алыңызшы.

Жазушы: - (таң қалған кейіпте) Бұл не, неге шулап жатырсыңдар өзі?

Айнагүл: - Бізге бұйыратын пәтер үш бөлмелі болатын бопты, қалағандарыңды алыңдар дейді, сол пәтерлердің мекен-жайын жазып алу керек. Сосын барып екеуміз көреміз, таңдаймыз...

Жазушы: - Жақсы болған екен, екеуіне әдемі екі көйлек кигіз, бәйбіше! Жазатыныңды өзің-ақ жазып алшы. (қағаз қаламды қайтарып алған Айнагүл ымдап Оразкүлді былайырақ шақырады). Тағы қанша берейін?

Оразкүл: - (сыбырлап) Өзің білетін төрт жүз мың ғой... (Айнагүл сәл ыңғайсызданған сыңай танытады, бірақ түсін өзгертпейді, күйеуінің жанына келіп тұрады).

Айнагүл: - Отағасы, құдай қаласа, пәтеріміз үш бөлмелі, әрі қалағанымызды алатын болдық, құнында ептеп айырмашылық бар секілді, соны беріп жіберсек қайтеді, бұл құрбылар соны айтып келіпті.

Жазушы: - (елпелектеп) Мұндай жақсы адамдарды қайдан табасың, беру керек, оның кілті өзіңде ғой, мен  ақша ұстамаймын, оны білесің, артығымен бер, біз үшін жүгіріп жүр ғой, жұмыстарын тастап...

Айнагүл: - (жай күрсінеді) Жарайды, ас бөлмеге барайық құрбылар. (Жайдарман көңілді Оразкүл мен Гүлмира Айнагүлдің соңынан ереді. Сыртқа шығады, сахнаға қайта кіреді. Ортаға келіп тоқтайды. Оразкүлдің қолсөмкесінің сырт-сырт етіп ашылып жабылғаны есітіледі. Аздан соң сол көңіл күйлерін өзгертпестен аяқтарын бұрала басып екеуі сыртқа шығып кетеді. Айнагүл отағасына келеді).

Айнагүл: - Отағасы, осылардан бір қолхат жаздырып алу керек еді, мен ыңғайсызданамын, сіз болса айтпайсыз. Сол қаржыны табамын деп шашыңыздың ағарып жүргенін білесіз бе? (екі алақанын жаяды).

Жазушы: - Екеуі де тәп-тәуір қыздар сияқты ғой, сенбестік білдірсек істерің бітпей қалар, шыдайық, жақындап қалыпты ғой... Жамандық шақырма! (Айнагүл екі иығын қушитады, жазушы шығып кетеді).

Телефон тағы да шар-шар ете қалады. Айнагүл қалтасынан телефонын алады.

Айнагүл: - Алло!..

Оразкүл: - (телефондағы дауыс) Айнагүл сіңлім, пәтерлерді барып көрдіңіздер ме, қайсысы ұнады?

Айнагүл: - Оразкүл әпше, барып көрдік, бірақ ол пәтерлердің бәрінде адам отыр. Біреуінің ғана есігі жабық, ешкім жоқ, көршілері де ештеңе білмейді.

Оразкүл: - Сіңлім, өткенде айтамын деп ұмытып кетіпппін. Ол пәтерлердің тұрғындарымен сөйлесудің қажеті жоқ, ұнаса болды, пішту бәріне, ол тұрғындар пәтерді жалдап тұрып жатқандар ғой.

Айнагүл: - Өзіміз де ешкіммен сөйлескен жоқпыз. Сонда да ыңғайсыз екен.

Оразкүл: - Тағы да бір қайтара қарап шығыңдар. Сосын айтасыңдар. Бірақ, тез болсын, мұнда бір өзгеріс болайын деп жатқан сияқты, телефонның сөзі емес, кейін жолығып айтармын.

Айнагүл: - Жарайды, әпше. Екі-үш күннен соң хабарласармын. Күйеуім жолға шығып кетіп еді. Менің жалғыз барып көргенім оған ұнамай қалса, болмайды ғой.

Оразкүл: - Жақсы, сіңлім, тезірек бітіргенің өзіңе дұрыс. (телефон өшеді. Гук-гук... шығып кетеді).

                                                 3-ші көрініс      

Жазушының пәтері. Бөлме ортасындағы столда жазушы мен әйелі Айнагүл отыр.

Жазушы: - (шаршау) Уһ! Бәйбіше, жүре-жүре аяғымыз да талды, қай пәтер ұнады өзіңе. Біреуін айта салшы, әпшеңе. Мен енді пәтер көруге бармаймын. Болдым, шаршадым.

Айнагүл: - Әлгі, иесіз пәтер дұрыс қой деймін, не де болса. Екінші қабатта екен.

Жазушы: - Ішін көрген жоқпыз ғой, бола бере ме, мүмкін орыстар тұрған шығар, темекі мен арақ мүңкіп...

Айнагүл: - Мейлі, не де болса, бұйырғаны... бәрібір, әркім өз талғамына қарай жөндеу жұмыстарын жүргізеді ғой, біз де сүйтерміз...(Осы кезде телефон шырылдай қалады.)

Айнагүл: - Алло, кім екен?

Оразкүл: - Алло, сіңлім, өзің бе, мен Оразкүл әпшең, айға жуық уақыт болып қалды, хабарласпай, не болды, тыныштық па?

Айнагүл: - Оразкүл әпше, өзіңіз берген мекен-жайдың бәріне бардық... бұл да оңай жұмыс емес білем, ұрлық жасайтын адам сияқты.

Оразкүл: - Ұнағаны бар ма? Соны айтшы!

Айнагүл: - (шаршаңқы дауыспен) Бар, ана Сейфуллин көшесіндегі, екінші қабаттағы пәтер...

Оразкүл: - Өзім де соны айтады-ау деп ойлап едім, ол пәтердің бір «бірағы» бар, ол үйдің көршілері жаман, сонан соң подвалы суға толып кеткен... құлап қалуы да мүмкін. Басқасы болмады ма?

Айнагүл: - Әпше, шынымды айтсам, біз шаршадық, сол пәтер бізге жетеді, жөндеп аламыз ғой. Пәтер-пәтер деп жүргенімізде арада жылдар өтіп кетті. Соза беруге де болмайтын шығар. Сол пәтер болады бізге.

Оразкүл: - Бопты, онда, қазір барып өзіңе жолығайын, телефонмен айтуға болмайтын нәрселер бар ғой... Қазір барамын, менің жазушы ағам үйде ме? Ол кісінің де хал-жағдайын сұрап қайтайын. (Көп ұзамай Оразкүл келеді.)

Оразкүл: - (дауысы шаршау) Өзімнің де жүгіре-жүгіре аяғым талды, өкпеме де зақым келген сияқты ма... Жазушы аға, жағдайыңыз қалай, пәтер іздеймін деп сабылып қалдыңыз ба, ештеңе етпейді, ертең-ақ бәрі ұмыт болады. Жаңа пәтерді жуамыз, әкесін танытып. Солай емес пе, сіңлім? Менің сендерді асықтырған себебім, соттағы шешім шығарып беретін адамым басқа жаққа жұмысқа ауысып кетті. Енді ол кісінің орнына келген жаңа соттың алдынан өту керек болып тұр. Бір-екі күнде бітіріп берем деп отыр. Көбі бітіп, азы қалды ғой, кейін шегіне алмаспыз... Жазушы аға, солай емес пе? (Шаршағандықтан болар жазушының беті түтігіп кеткен.)

Жазушы: - Солайы солай ғой, қайынбике, одан да қашпаспыз, тірлік бітсе тағысы тағы бола жатар, осының бәрі заңға қайшы емес пе, біз не істеп жүрміз өзі? (Жазушы екі қолымен уыстап басын ұстайды).

Оразкүл: - Жазушы аға, тоест күйеу бала, еш уайымдамаңыз (Оразкүл дауысын көңілдірек шығаруға тырысады), бәрі де заңды болады. Тек қана сот ауысып кетіп...

Жазушы: - Жарайды, Оразкүл, бітсе бопты, сіңліңе айта берші...

Оразкүл: - Олардың ставкасы сол ғой, өздеріңіз білетін... үш жүз мың...

Жазушы: - Бопты, осымен біте ме? Онда былай болсын: Осы күнге дейін бізден қанша қаржы алдың, соның бәрін қазіргі алатыныңа қосып, мына сіңліңе қолхат жазып бер. Алыс адам емеспіз бір-бірімізге сенімді болайық. (Жазушы сөзінің аяғын нықтаңқырап бітіреді).

Оразкүл: - Болды, жазушы аға! (Оразкүл жасыл қолсөмкесінен қағаз-қалам алып жаза бастайды): Астанадағы балаға керек деп алдым – бес жүз, пәтер екі бөлмелі болатын болды деп – төрт жүз, сотқа деп – үш жүз, пәтер үш бөлмелі болатын болды деп – төрт жүз, сот  ауысып кетті деп тағы – үш жүз, барлығы – екі миллион теңге!  Қол қойдым. Болды ма, аға! Міне, Айнагүл сіңлім, алшы. (қолхатты Айнагүлдің қолына ұстатады).

Жазушы: - Міне, енді дұрыс болды. Бәйбіше қазан көтер!

Оразкүл: - Айнагүл, сіңлім, рахмет! Мен ертерек әлгі үйдің құжаттарын сотқа жеткізейін. Екі-үш күнде бітіп қалар. Мүмкін одан да ерте... (Оразкүл шығып кетеді).

Жазушы: - Бәйбіше, Айнаш, әлгі Оразкүлден ұяттау болды ма, қайдам, сенбеген адам сияқтанып... Құда боламыз, бажаңызбен таныстырамын деп те жүр еді, онысына да мақұл дегендей едік. Бір қателік жібердік-ау...

Айнагүл: - Ештеңе етпейді отағасы, осы да дұрыс шығар, тым болмаса көңіліміз тоқ дегендей... Ол қаржының бәрі сіздің түн ұйқыңызды төрт бөліп жүріп жасаған еңбегіңіз емес пе? (екеуі сыртқа шығып кетеді).

                                           4-ші көрініс

     Айнагүл бөлме ішін сыпырып жүр. Телефон безектей жөнеледі. Қалтасынан телефон алып құлағына тосады.

Айнагүл: - Алло, кім? А, Оразкүл әпше, сіз бе? Не боп қалды?

Оразкүл: - Бітті бәрі де, ЦОН-ға барып құжаттарыңызды ала беріңіздер!

Айнагүл: - Шынымен бе, қандай жақсы болған, бір-ақ күнде бітіріп... Күйеу балаңыз қуанып қалатын болды. Кеше өзі де қатты ыңғайсызданып қалып еді, қолхатты бекер жаздырдым-ау деп. Кешіріңіз, бізді, әпше!..

Оразкүл: - Оқасы жоқ, сіңлім. Ондай-ондай болады ғой, ЦОН-ның бастығына үлесін ұсынуды ұмытпаңдар, қисаңдап, созып жүрер.

Айнагүл: - Айып болмасын әпше, оның үлесі қанша еді, мен білмеймін ғой... (телефон біраз үнсіз тұрады) айта салыңызшы әпше!..

Оразкүл: - Екі жүз, оның да еңбегі бар, мені де ұмытпағайсың сіңлім...

Айнагүл: - Болды, болды, әпше, айтқаныңыз болады. Ең бастысы, пәтерлі болдық қой, сізге көп рахмет! (Телефон сөнеді, гук-гук... Айнагүл билеп жүр. Бөлмеге жазушы отағасы кіреді).

Жазушы: - Ойдойт, деген. Бұл ненің қуанышы тағы да? (Айнагүл күйеуінің мойнынан құшақтай алады.)

Айнагүл: - Отағасы, сүйіншіңді бере бер, пәтер құжаты бітті, ертең барып ЦОН-нан аламыз! Жаңа ғана Оразкүл әпше звандады. Сүйінші! Ойбуй, ұмытып кетіппін ғой (Сасқалақтап, қалтасынан телефонын іздей бастайды. Табады. Оразкүлдің нөмірін тереді).

Айнагүл: - Алло, Оразкүл әпше, мазалағаныма айып етпеңіз, айтпақшы, мен ЦОН-ның бастығын танымаймын, әлгісін қалай апарып беремін, ыңғайсыз сияқты, өзіңіз жәрдем етпесеңіз...

Оразкүл: - Жарайды, қазір барамын, мені де ұмытпа.

Жазушы ағаны да құттықтай кетейін. (Телефон сөнеді. Іле-шала Оразкүлдің өзі де үйге кіреді. Жүздері бал-бұл жанған жазушы мен Айнагүл Оразкүлді қарсы алады. Қуанышты).

Оразкүл: - Жазушы аға, жаңа пәтеріңіз құтты болсын! Қара домалақтарды көбейте беріңіздер.

Жазушы: - Оразкүл, рахмет саған! Кешегіні айыпқа санама. Пенде болған соң, ондай қателіктер болады. Бәйбіше, қазан көтер!

Оразкүл: - Ол не дегеніңіз, жазушы аға. Бастысы – тірлік бітсе болды емес пе. Оның ойға алатын дәнеңесі де жоқ. Қайта сіздерге рахмет, бірер жыл болса да шыдадыңыздар... Асығыс едім, тамаққа рахмет. Кеш болып қалмай тұрғанда әлгі ЦОН-ға жетейін.

Айнагүл: - Оразкүл әпше, былайырақ шығыңызшы. (шеткері беттеген Айнагүлдің соңынан Оразкүл ереді. Тоқтайды.)

Айнагүл: - Міне, әпше, Алла разы болсын, әлгі айтқан екі жүзіңіз, өзіңізге жүз, барлығы үш жүз мың теңге. Әйтеуір бітті-ау. (қолсөмкенің жаппасы тырс-тырс етеді. Айнагүл Оразкүлдің бетінен сүйеді).

Оразкүл: - Енді ұмытпай ертең барып пәтерлеріңіздің құжатын алыңыздар. (Оразкүл кетеді. Күйеуін қолтығынан алған Айнагүл де екінші есікке қарай беттейді. Перде жабылады).

                                          Екінші перде

                                           5-ші көрініс

     Перде ашылады. Сахнаның көрермендерге қарсы қабырғасында табиғат суреті бар. Бөлме ішінде Айнагүл теңселіп жүр. Түтігіп кеткен. Жазушы столда отыр, басын орамалмен таңып алған.

Жазушы: - Бәйбіше, әлгілерден не хабар бар. ЦОН-ға барып жүрсің бе?

Айнагүл: - (күрсінеді) Екі айдан бері сан рет барған шығармын, ондай құжат бізде болмайды дейді ондағылар. Сонда да үмітсіз шайтан... Бара-бара өзім де шаршадым. Бір сөзінде Оразкүл: құжаттар ЦОН-да жоғалып кете береді, кейін табылады деген еді. Сондай болған шығар деген сандырағым ғой.

Жазушы: - Оразкүлдің жұмыс орнына бардың ба? Бастығы не дейді?

Айнагүл: - Бардым, бастығы, біз пәтер сататын мекеме емеспіз, не айтып тұрғаныңызды түсінбедім дейді. Енді не істеймін. Оразкүл деген ауруханадан шықпайтын сияқты, қай ауруханада жатқанын итім біліп пе? Гүлмира да жоқ. Әйтеуір, таптырмайды... (Сыртқы есік тықылдады, біреу келген сияқты.)

Айнагүл: - Есік ашық, кіре беріңіз. (Үйге Бақтыбек кіреді).

Бақтыбек: - Ассалаумағалейкүм, аға, жеңге, дені-бастарыңыз сау ма? Аға, неғып басты таңып алғансыз? Тұмауратып қалдыңыз ба?

Жазушы: - Қолдан сатып алған ауру ғой... Айнагүл біледі, менің шаруам қанша.

Бақтыбек: - Онда тез алдын алайық, аға, уақыт өткізбей (Бақтыбек екі алақанын ысқылайды). Айнагүл жеңге, бірдеме қамдап жібересіз бе?

Айнагүл: - Жоқ, ойбай, қайным, ондай таныс ауру емес. Бұл аурудың реңкі басқаша болып тұр... Өзімізге де обал жоқ.

Бақтыбек: - Сонда қалай, ол не ауру...

Айнагүл: - (түңіліп) Басқаша, қайным, басқаша, бұл аурудың түрі жаман... (Бақтыбек үрейленіп қалады).

Бақтыбек: - Астапыралла, алла өзі сақтасын, не айтып кеттің жеңеше, беті аулақ! (Бақтыбек, бас киімін қолына ұстап, қайта-қайта үһілеген ағасының қасына барады).

Айнагүл: - Қайным, осындағы бір алаяқтар ағайың екеумізді үптеп кетті ғой. Сенгіштіктен тапқан ауру бұл. Арзан пәтер әпере қаламын деп сумақай біреулер бізді жағалағанына көп болған. Ақыры мынау – ағайың екеуміз де аурудан жаманбыз, қолда бар азын аулақ тиін-тебенімізден түгел айырылдық. (Бақтыбек бәрін де түсінген сыңайлы, басын шайқайды).

Бақтыбек: - Жеңеше, болған оқиғаны болғандай маған түгел жазып беріңізші. Қолхаттары болса, оны да көрейін. (Айнагүл сахнадан шығып кетеді).

Жазушы: - Бақтыбек інім, заң жағында жүрсің ғой, заман мынау – жаман емес сияқты, ашаршылық жоқ, адамдарға не болған? Соны түсінбеймін. Бұрындары біреу біреуді алдап сазға отырғызып кетіпті дегенді есіте бермеуші едік.

Бақтыбек: - Аға, сіз болса да шығармашылықтың адамысыз, біреуге жамандық ойлауды білмейсіз, қулық-сұмдықпен ісіңіз жоқ, басқалар ше, басқалардың ішінде мұндай алаяқтар көбейіп тұр ғой. Түрме толып кеткен. Заң да өзгерген. Қарап тұрсақ, үкіметіміз сол алаяқтарға жол да беріп қойған сияқты. Алаяқтардың қолхатты қорықпай жаза беретіні сондықтан. Қазіргі заң холхат жазып берген адамды қамауға ұйғармайды, өйткені бұл қолхатта аз да болса мәміле бар дейді. Ал, алаяқтар мұны жақсы біледі. Олардың заңнан қаймықпайтыны сондықтан. (бөлмеге Айнагүл келеді, қолында парақша бар).

Айнагүл: - Міне, қайным, бәрі осында жазылған, қолхаты мынау (Бақтыбектің қолына екі парақ қағаз ұстатады).

Бақтыбек: - Аға, сау болыңыздар, көп уайымдай бермеңіздер, ол адамдарды сұрастырып көрейін. (Бақтыбек шығып кетеді. Соңынан Омарбек жазушы әйелі екеуі де тысқа беттейді).

Жазушы: - Бақтыбек, соны қоя салсақ қайтеді, ел-жұрттан...

Бақтыбек: - Болмайды, аға, мен араласып көрейін, сіз түк білмегенсіп отыра беріңіз, неңіз бар, біз, жеңгей екеуміз ізденеміз, жүріңіздер, сыртқа шығып таза ауа жұтыңыздар (үшеуі де кетеді).

                                              6-шы көрініс

     Оразкүл мен Гүлмира бірінің артынан бірі сахнаға кіреді. Екеуі де түтігіп кеткен. Әсіресе, Оразкүл долданып жүр. Сахнаның екінші есігінен Махаббат кіреді.

Махаббат: -  Оу, қыздар, сендерге не болған, көшенің жаман қатындарына ұқсап... Мына түрлерің не, жылан қуғандай?

Оразкүл: - Махаббат, құрбым (ашуы басылған сыңайлы сыбырлаңқырап), біздің тірлігіміздің астына су кетейін деп тұрған сияқты...

Махаббат: - Не дид,  ол қандай су тағы? Мен тұрғанда сендерді тасқын да алмайды...

Оразкүл: - Солайы солай ғой, Махаббат құрбым, өзіңе тиесіліні сен де алып тұрсың, ана бір Бақтыбек деген әтпекеттен бәлеге қалдық! Біздің нервімізді тоздырды. Әр жаққа әтпекеттік хат жолдап біздің мүлкіміздің анықтамасын сұратқан ба, құдай-ау, тергеушілерге шақыртып жатыр...

Махаббат: - Не туралы? Не керек екен ол Бақтыбек мәнжубасқа?

Оразкүл: - Қаладағы ана жазушыны білесің ғой, қияли...

Махаббат: - Бізде бір-ақ жазушы бар ғой, Омарбек пе?

Оразкүл: - Сол болса сол шығар, пішту, атын кім біліпті оның...

Махаббат: - Айта бер.

Оразкүл: - Ол қиялиыңда ақша көп, кетпен шаппайды, орақ ормайды, оныкі арам ақша, аспаннан сауылған. Соны Гүлмира екеуміз ептеп сындырғамыз ғой. Көп те емес, шет жағасын өзің білесің.

Махаббат: - Оған бірер жыл болып қалған жоқ па?

Оразкүл: - Осы жылдардың бәрінде біз алып тұрғанбыз ол қақпастан.

Махаббат: - Мен кейінгілерін білмеймін ғой, бір рет алған соң болды емес пе, неге кетпедіңдер ол арадан?

Гүлмира: - Мен бір-ақ рет алғам, сонымен тоқтағам, мені қоса берме Оразкүл!

Оразкүл: - Міне, көрдің бе, бұл да жалт бергісі келеді, сатқын.

Махаббат: - Құрбылар, сендер бүйтіп көп сөзді бола бермеңдер, біріңнің артыңды бірің қопсытып аласыңдар. Прокурор деген тағы бар. «Алаяқтықты тұрақты кәсіпке айналдырып алған» деген ұғым, заңда бап та бар. Сондықтан басқаша қимылдау керек. Сендерге салсам, аларыңды алып алып, ендігі жерде сол жазушымен итырғылжыңға барайын деп тұрсыңдар ғой. Ол кісіні алдағандарың өтірік емес қой. Енді неге бүйтіп өздеріңнің беделдеріңді түсіресіңдер. Онан да басқа жолын табу керек...

Оразкүл: - (сасқалақтап) Ол қандай жол?

Махаббат: - Басқа! Басқа жолын табу керек... Қатын емессіңдер ме? Қатында қырық айла болады. Ол жағын менен жақсы білесіңдер. Бопсалау деген сияқты... Жазушы болса болар, алайда ол да пенде, осыны да мен сендерге үйретуім керек пе? (бір көзін қысып күледі).

Гүлмира: - Таптым, таптым (секіріп, секіріп қояды). Жазушының басын уқалау... (Оразкүл Гүлмираға алайып қарайды, жүзінде таң қалыс бар, Гүлмира сұқ саусағын жоғары көтеріп айналдырады).

Оразкүл: - Ия... ия... мен оның басын уқалағанымда талып қала жаздап еді... (әлдене есіне түскендай Оразкүлдің көздері жыпылықтап кетеді), ия... ол да адам, еще қандай адам, қияли... пішту, не айтсаң соған сенеді.

Махаббат: - Міне, енді дұрыс таптың... Сөйтіп үнін өшіру керек ондай сумилардың, әрі сауабын аласың. Онан кейін бірдеме десе, маған кел! Мүмкіндігің болса, ақшасын қайтарып бер, уқала, бер... Елді шулатып не керек. Маған да зияндарың тимесін.

Махаббат: - Ол жазушың телефонның не екенін біле ме?

Оразкүл: - Пішту, қайдан білсін, телефон ұстағанын көрген емеспін.

Махаббат: - Онда тіпті жақсы, кездесулеріңді телефонға басып алыңдар, іс насырға шауып бара жатса, зорлады деп өзіне бәле саласыңдар, сонымен кетсін қаңғып...

Гүлмира: - Солай ету керек, дәйек болады. Міне, ақыл... (көздерін бақырайтып, алақандарымен екі бетін басады).

Оразкүл: - Гүлмира бері жақындашы (сыбырлап), онда, алдымен сен баста. Ертең жазушыға бар, дұрысы званда, шақыр бір жаққа, әйелі біліп қоймасын. Түсіндің бе!

Гүлмира: - Қайда шақырам, білмей тұрмын... (алақандарын жаяды).

Оразкүл: - Сен әйтеуір шақыр, ол жазушының көлігі бар, көлігіне мініп ал, сонан соң қайда кетсең онда кет, ол да еркек, басына... қол тигізсең болды ғой... (Гүлмира сенімсіздеу басын изейді. Бәрі де сахнадан шығып кетеді).

                                           7-ші көрініс

     Даладан дар-дар еткен жеңіл көліктің дауысы шығады. Сахнаға Омарбек жазушыны қолтығынан алған Гүлмира кіреді. Жарты жолда тоқтап Омарбектің құлағына әлденені сыбырлайды. Омарбек шалқалақтап күледі. Мәз.

Омарбек: - Бүгінгі ауа райының кереметін-ай! Көктем деп осыны айт! Сен есіме салмасаң, менің тауға шығып, мұндай табиғатты көруім де екіталай екен-ау. Айнагүлді де ертіп келуім керек еді, қарашы... Білмедім ғой қаладан шығып кетерімді. Құлай кетсем бе екен, жайқалған жасыл нуды да, бұраңдаған мөлдір бұлақты да сағынып қалыппын.

Гүлмира: - Ағасы құламаңыз, әлі ертерек (сыңқылдап күледі), жерде тастар бар, онан да мен мына көк шөпті жаймалап жіберейін. (жаймалайды) Отырыңыз! (жазушы отырады, жазушының тізесін баса сүйкеніп Гүлмира да жантаяды, жартылай ашық омырауынан қымбат иіссудың иісі бұрқырайды. Қалта телефонын ыңғайлы жерге орналастырып қояды.).

Омарбек: - Шіркін, көктемнің иісіне не жетсін! Тамаша ғой, тамаша! (Гүлмираның омырау тұсына көзін түсіріп алмауға тырысады, басын шалқайтады).

Гүлмира: - Аға, басыңыз шалқайып кетті, ауырып қалды ма, уқалап берейін...

Омарбек: - Мұндай табиғатта бас ауырмайды ғой, Гүлмира қалқам, ауырмайды... (Гүлмира Омарбектің тізесіне бір шынтағын батыра түсіп екінші қолымен басын қаусыра құшақтамақ болады).

Гүлмира: - Аға, сіздер ғой, жазушысыздар. Махаббат тақырыбын әдемі қиыстырып жазасыздар, соның бәрін қиялдан аласыздар ма, әлде, жоқ, оңашада орындалған арман, сиқыры құпия қалатын, ешкімге айтылмайтын сезімнен аласыздар ма? Жазушылар мен ақындар ойының негізгі тұрағы қайда болады өзі? (Омарбек аң-таң қалған түрде Гүлмираға қарайды, қарағанда да төбесінен төне қарайды).

Омарбек: - Гүлмира, қалқам, сұрағыңа қарасам, сенің өзің көзге түспей жүрген, нағыз ағып тұрған ақын сияқтысың ғой. Ой тербетуің тамаша екен.

Гүлмира: - Қайдағы ақындық (күрсініп), сызудан басқа не білем мен. (Гүлмира Омарбектің қолын жылжытып жұқа көйлек жапқан омырауының үстіне қояды, бір бұлқынып құшағына жақындай түседі. (Омарбекті ыңғайсыздық билеген, көздері тағы да аспан жақты шарлап кетеді...).

Омарбек: - Солай де!.. (Омарбек қолын жайлап жылжытып, Гүлмираның омырауынан тартып алады). Ақын болу да оңай емес. Ол үшін жапырақтың сыбдыры мен бұлақтың сылдырымен тілдесе білу керек. Бұл жерде еттен жаралған тіл емес, жүректегі сезім тілі ғана сөйлейді ғой. Гүлмира, қалқам, күйеуің бар ма? (Омарбек түйеден түскендей бұл сұрақтың ауызынан қалай шығып кеткенін өзі де білмей қалғандай, басын шайқайды). Ай-ай-ай...  (өкінеді).

Гүлмира: - Өліп қалған! Оны неге сұрадыңыз аға!

Омарбек: - Жәй, аузымнан шығып кетіпті, кешір!

Гүлмира: - Аға, сізге бірдеме айтсам, ұрыспайсыз ба?

Омарбек: - Айта бер! Менің де бірінші әйелім өліп қалған. Осы жас адамдар неге өледі екен, а!.. (Омарбек өксіп-өксіп қалады).

Гүлмира: - Айтар болсам, аға, мен сізден бір азырақ ақша алған сияқты едім, соны кешіресіз бе? Қателік болды, қайтара алмай жүрмін.

Омарбек: - Қой, қалқам, мен сені жөнді танымаймын да, біздің үйге әлгі Оразкүлмен бір-екі рет келдің ғой деймін. Басқасын білмеймін. «Ақша алдымы» несі тағы да. Сен секілді ақынжанды, сезімтал адамға қолымда бардың бәрін де бере салар едім керек болса. Ондай сөзді енді айтушы болма! Бітті! (Гүлмира орнынан қарғып тұрып, жазушының мойнынан құшақтай алады).

Гүлмира: - Ағатайым, менің! (Омарбектің бетінен сүймек болады).

Омарбек: - Болды, болды (Гүлмираның қолдарын мойнынан түсіреді).

Гүлмира: - Ағатай! Кеттік онда! (екеуі сахнадан шығып кетеді).

 

      Сахнаға ылдым-жылдым Махаббат пен Оразкүл кіреді. Өзара бірдемелерді дауласып келе жатыр. Оразкүл қолын сілтеп-сілтеп қояды. Екінші есіктен Гүлмира көрінеді. Қолындағы сөмкесін аспандата көтеріп, әндете билеп жүр. (Махаббат пен Оразкүл аң-таң болып бір-біріне қарайды).

Оразкүл: - (ұрсып)  Не болды сонша, жерден жеті қоян тапқандай.

Махаббат: - Айтпақшы, бұл сылқым кеше жазушымен кеткен. (Оразкүлдің көздері бақырайып, ұясынан шығып кете жаздайды).

Оразкүл: - А, солай ма еді, бәсе, бәсе... Нәтижең қалай, соны айтшы одан да, секеңдей бермей. Қияли қалай екен!

Гүлмира: - Во! (Гүлмира бас бармағын аспанға қарай шошайтады.) Во!!

Оразкүл: - Пішту! Мына сорлы, байы өліп қалып еркек көрмей-ақ жүр екен ғой өзі, шошайған бас бармағы несі тағы.

Махаббат: - Гүлмира, одан да мына жерге отырып, айтып берші, не болды, келістіңдер ме? Жазушыны икемдеуге бола ма екен? Мына Оразкүл-ақ құлағымды жеп қойды.

Оразкүл: - Ия, айтшы! Жазушыңның бетінен қайтатын түрі бар ма? Қайда бардыңдар, не істедіңдер дегендей... Жоқ, тағы да бірдемесін қағып келдің бе? Барын шаша салатын маубастар ғой олар.

Гүлмира: - Ол кісі жаман адам емес. Кім білген, жазушының бәрі осындай болатын шығар. Ешкімге зияны жоқ сияқты. Бұл жақта не болып жатқанын білмейді ғой дедім. Бақтыбек шығар, ол кісінің миын ашытпайын деп, өзінше қимылдап, бізді үркітіп жүрген.

Оразкүл: - Сонымен, не болды, қысқасын бір-ақ айтшы! Икемге көне ме? Сөзіңді өткізе алдың ба? Сыйпалап, уқалағанға иліге ме? Соны айтсай!  Бердің бе... (тұтығып) ақшасын дегенім ғой... (өтірік жөтеледі). Телефоныңды ашшы, көрейік.

Гүлмира: - Ол кісі біз ойлағандай емес, басында тіпті бөтен ой жоқ қой деймін, әйтеуір елпелектеп тұрған, жүрегі таза адам, періште! Телефоным қасақана істемей қалыпты. Ештеңе бастыра алмадым.

Махаббат: - Түсінікті болды, ар жағын айтпасаң да болады.

Оразкүл: - Мен қалай жолығамын ол кісіге, айқайлап кетпей ме? Гүлмира, сен қалай шақырып алдың?

Гүлмира: - Білмеймін, айтып едім, келе салды ғой... Мен білсем, сізге де сүйтеді.

Махаббат: - Оразкүл, сен былай ет, ақыры болмайтын болды екен, жазушыны жақын маңдағы бір банкке шақыр, соған келіңіз де, ана пәтер құжаттары ЦОН-да жоғалып кетіпті ғой дерсің. Енді банктен кредит алайын деп тұрмын, ақшаңызды қайтарамын де. Одан арғысын өзің білесің. Мен білсем ол кісі барады. Ал, жөне! Сонымен, Бақтыбектің аузына құм құямыз. Мақсатың тек қана жазушыны оңаша шығару болсын, өнеріңді сосын төге бер, басын уқалайсың ба, ар жағын өзің білерсің... (Оразкүл өзіне өзі сенімсіздеу кейіппен мойнын бұрып екі жағасына түкіріп-түкіріп қояды)

Оразкүл: - Жарайды, кеттік... тоес кеттім... (үшеуі сыртқа шығып кетеді).

     Сахна сыртынан жеңіл көліктің дауысы есітіледі. Тоқтайды. Тарс-тарс етіп есіктері жабылады. Сахна есігінен Омарбек жазушы мен Оразкүл кіреді. Оразкүл Омарбектің жеңінен тартқылап (сыңқ-сыңқ күледі) әлденелерді айтып келеді.

Оразкүл: - Жазушы күйеу-ау, көңіл-күйіңіз бүгін тамаша ғой өзі. Күнде осындайсыз ба?

Жазушы: - Оразкүл, неге шақырдың? Өзің де жайнап тұрсың... Бұл жақта банк жоқ қой.

Оразкүл: - Бүгін кредит алатын күнім еді, ана пәтер туралы тірлік ақыры құрып тынды ғой, маған өткен қаржыңыздан құтылайын деп едім. Алла қаласа, бүгін болып қалар, бұлар ақшаны сағат кешкі бестен кейін береді білем. Ол жағын білмеп едім. Кешке дейін әлі көп уақыт бар. Сонан соң осында аздап дем алайық деп сіздің атыңыздың басын бұрғызғаным ғой. Мынау өзіміздің үйреншікті көл, арғы жағы көркем тау, жап-жасыл құрақ дегендей, оның үстіне бүгін менің туған күнім еді, соны аздап...

Жазушы: - А, солай ма еді, онда бүгін несіне әуре болдың, банкке ертең-ақ келетін едік. Сен де табиғатты, жақсы көріп, сағынасың ба?

Оразкүл: - Жақсы көргенде қандай, жазушылардан басқа пенделер табиғатты білмейді ғой деп ойлайсыз ба. Оның үстіне, бітер істің ертерек біткені жақсы ғой, аға. Мен өзі қарыз дегенге шыдай алмайтын адаммын. Құрысын... Сізден қатты ұялып жүрмін. Шындығын айтсам, Айнагүл сіңліме де көрінетін бет қалмады. Оңаша шақырғаным сол, айып етпеңіз. Одан да мына көк шөптің үстіне аяқ жазайық, менің жолға ала шыққан бірдемелерім бар еді... (Оразкүл қолындағы пакетті ашып, ішінен бірдемелерін шығарып, газет бетіне жаймалай бастайды.) Күн жылы ғой, кәстөміңізді шешіңіз. (Жауап күтпестен Оразкүлдің өзі жазушының костюмін шешіп алады). Дала ғой, ешкім жоқ, мына шалбарды да лақтырыңыз, пысынап кетесіз. Шалбардың ішінен шалбар киіп алғансыз ба? Ыңғайсызданбаңыз, бөтен көз жоқ мұнда. (Жазушының ай-шайына қаратпастан Оразкүл жазушының шалбарын да шешіп тастады. Қалта телефонын ыңғайлы жерге қоюды да ұмытпады). Міне, енді дұрыс болды.

Жазушы: - Апырай, Оразкүл, қымсынып отырғаным...

Оразкүл: - Қымсынып!.. Не қылған қымсыну ол... пішту... Еркек емессіз бе, мені икемдеудің орнына, ол несі екен-ей... (Оразкүл өзі де сырт киімдерін шешіп тастады) Еш ұялмаңыз. Әйел дегенді көріп жүрген шығарсыз. Бүгін бәрі сіздікі... Еркін болыңыз. Еркіндік деген осы емес пе?! Тәуелсіздік деген осы емес пе?!

Жазушы: - Оразкүл, тәуелсіздікті қоспашы бұл жерге, мына еркіндігіңнен де қатты қысылып отырмын. Онан да маған мынаны айтшы... (қолымен өзінің екі тізесін құшақтайды), бүгін айдың нешінші жұлдызы, аптаның қай күні?..

Оразкүл: - (сыбырлап) Ойбай, басы кеткен екен ғой мына қасқаның, (қаттырақ дауыспен) басыңызды уқалап берейін. Уһ, арқам ұстап кетті ғой, (Оразкүл аласұрып жазушының басын уқалай бастайды, екі иығы селкілдеп кетеді), міне, енді жақсы болады... жақсы болды... мә, саған, мә, саған... бүгін күн жексембі, жексембіде жыным қозады менің... (Оразкүлдің уқалағанына басы бұлғақтап отырған жазушы, оның не айтқанымен, жұдырығымен басын тоқпақтап жатқанымен жұмысы да жоқ), тағы қай жеріңізді уқалайын, тез айтыңыз... әруақтарым қашып кетпей тұрғанда... қане, қане, қимылдап қалыңыз!.. тізеңізді қаусырмаңыз... керек болады ол тізе...

Жазушы: - Саусақтарым, саусақтарым илікпеуші еді...

Оразкүл: - (жазушының тізесін құшақтап отырған екі қолын тартқылап жоғары көтеріп алады да, саусақтарын созып патырлата үзіп, буындарын уқалауға көшеді, екі тізесін жазушының жауырынына тіреп алған...). Осыны да саусақ деп, пішту, қалам ұстағаннан басқа неге жарайды бұл шидей ірің саусақтар. Мә, ендеше, мә, саған, саусақ... (Жазушы қанша азаптанып отырса да шыдайды). Тағы қай жеріңізді уқалайын, аяқ жаққа жылжиын ба?.. Тізелеріңіз бір – біріне жабысып қалған ба, аш былай, аш... Әруақтарым, қара жын мен сары жын, торы жын мен кәрі жын, уа, жылан бапы пірлерім, жауырыным қысып тұр, сендер не дейсіңдер... а... ия, ия,.. кіндікке, кіндікке бармақ тығып бұрап жіберейін бе?!. Көйлегін көтер дейсіңдер ме... (жазушы қолдарымен көйлегінің етегін жаппаққа әрекет етеді) Тарт қолыңды, өзім-ақ, өзім-ақ жайратамын... уа, қара жын мен сары жын...

Жазушы: - Жоқ, ойбай, қайынбике, ол жаққа барма, бара көрме... Қазір, қазір... ышқырыма тиме, кіндігім, ойбай, ойбай... (Ышқырын қос қолдап ұстаған жазушы отырған орнынан кирелеңдеп тұра бастайды, тұрып болған соң орнында секіріп-секіріп алады да қолдарын ышқырынан босатып, жоғары көтерген бойы сахнаны айналып құс болып ұшып кетеді... Екі қолын қанат жасап ұшып, жүр, ұшып жүр, ыз-зу, ыз-зу деген дыбыс шығарады, көздері ештеңе көрмейтін сияқты... Басын бұрып, мойынын созып жан-жағына қарап-қарап қояды. Оразкүл аң-таң, ернін сылп еткізеді).

Оразкүл: - (көздері шарасынан шыға) Мәссаған! Әй, жазушы аға, күйеу бала, жерге түс, жерге түс, болды енді... қонатын жер таппай қалдың ба, дайын отырмыз ғой, жұп-жұмсақ боп, бол, бол енді... (Әлден уақытта жазушы қалықтап келіп орындыққа отырады. Әлгі сезімнен ажырай алмай отырған сыңайлы, мойыны былқ-сылқ). Жазушы аға, қонатын қыратыңыз ол емес еді ғой... Орындық қаттылау тиген жоқ па?

Жазушы: - (сандырақтаған сыңайлы) Кім бұл сөйлеп отырған, мен қайдамын өзі (жан-жағына, өзінің үсті-басына көз жүгіртеді), менің ұйқымды бұзған кім, тәп-тәуір түс көріп жатыр едім...қап!.. (есі енді кіргендей), ойбай, менің киімдерім қайда, шалбарым қайда, Айнагүл сен қайдасың? Үйде қонақ бар екен ғой, ұят болды-ау, ұят болды-ау... (Оразкүл де қорқып қалған сияқты, үдеріп отырады).

Оразкүл: - Жазушы аға, мені танымай қалдыңыз ба? Бері қараңызшы... Басыңыз ауырып тұр ма? Уһ...

Жазушы: - Жоқ, ойбай, бас ауырғаны несі... Таныдым, таныдым, танымай ше, Оразкүл қайынбикем емессің бе, ой, айналайын, әруағың тіпті күшті екен, ұшып кеттім ғой... ұш-ы-ып... мұндай рахаттанбаспын...

Оразкүл: - Тағы да қайталайын да онда... бір рет... Жақындаңызшы бері... (Оразкүл жазушыға қарай саусақтары ербеңдеген қолдарын созады).

Жазушы: - Жақындама, ойбай, бүгінге осы да жетеді, жетеді, шашылып қалам ғой...

Оразкүл: - Мені де сүйтіп шашса ғой біреу... паршалап тастаса... (сыбырлап сөйлейді) ой, ақымақ, жер бетінде мұндай да сүмелек болады екен-ау. Жазушы, жазушы дегенге дыңдай екен десем. Пішту!... (А-ха-ха – ха... Оразкүл қарқылдап кеп күледі, жазушы киімдерін киеді).

Жазушы: - Оразкүл, қайынбике, неге күлдің, одан да қайтайық үйге, дел-сал болып салдырап қалдым, күн де батуға айналыпты, Айнагүл де күтіп қалған шығар. (Оразкүл мен жазушы сыртқа шығып кетеді. Жеңіл көліктің от алған дауысы есітіледі).

                                       

     Сахнаға Оразкүл, Махаббат, Гүлмира үшеуі бірдей кіреді. Дауыстап, дабырлап сөйлеседі.

Махаббат: - Екеуің не бітірдіңдер? Маған соны айтыңдаршы. Оразкүл сен ғой, кеше ғана Омарбек жазушымен кездестің. Әңгіме райы не болды? Телефоныңды әкел, көрейік. Жазып алдың ба, бірдеме бар ма? (Дегбірсізденіп тұрады). Әкел, әкел тез!

Оразкүл: - Жаздым, қарық болсаң көре бер. (телефонды Махаббатқа ұсынады).

Махаббат: - (таң қалып) Мынауың керемет табиғат қой, қай жерде болдыңдар? Осында қанша жыл жүріп мұндай тау баурайын көрмеппін, шынымен-ақ біздің қаланың маңында осындай жер бар ма? Нағыз, жұмақ! Мә-ә!.. Айтарға сөзім жоқ. Мұндай табиғат аясында адам ішпей-жемей мас болатын шығар! Ай, мынауың не тағы да, мына тыриғаның Омарбек пе? Қатырған екенсің. Шешініп тастапты ғой, өзі. Міне, материал! Мә-ә!..

Гүлмира: - Мен де көрейінші! Махаббат әпше, арырақ отыршы немесе бері бұршы телефонды. (Махаббат а-ха-ха-лап күледі, оған Гүлмира қосылады).

Махаббат: - Мынауың не боп кетті, өзі... Шынымен Омарбек жазушы ма, ышқырын уыстап тұра қашқаны несі... (а-ха-ха) Оразкүл, сен бе тоқпақтап жатқан, түгін қалдырмапсың ғой, байғұстың (а-ха-ха)  ойбай, ішім –ішім... Мә, Гүлмира, ар жағын сен көр. (телефонды Гүлмира алады) Жазушың құс болып ұшып кетті ме, не өзі... жоқ, шалығы бар ма...

Гүлмира: - Мен бұдан қызықты ештеңе көріп тұрған жоқпын, айта қаларлықтай оқиға жоқ қой мұнда. Заң адамы болмасам да біліп тұрмын, бұдан ештеңе шықпайды.

Махаббат: - Неге шықпайды, тым болмаса, жазушының әйеліне көрсетесіңдер, бопсалаңдар дедім ғой, сендердікі амалдап жауапкершіліктен құтылу емес пе? Жазушыңның басына әңгіртаяқ ойнатып, әйелінің миын шайнайды бұл жазба. Істерің шатаққа айналып бара жатса интернетке салып жіберіңдер.

Оразкүл: - Ол болмайды, ойбай, масқара боламыз. Менің күйеуім көріп қойса...

Махаббат: - Сенде күйеу бар ма еді, көрсе көре берсін. Кеше ғана емес пе, бір біріңді көрместей болып, иттей ырылдасып, Шынтаспен ажырасқаның. Сені, көпшіліктің, ағайындарыңның алдында күнәңді тізбектеп, алаяқ деп көзіңе шұқып масқараңды шығарған жоқ па сол күйеуің, оған  осы керек... Соның екі қызы үшін осынша өрекпіп, кімнен не қағамын деп әркімнің соңында сілікпең шығып жүгіріп жүрген жоқсың ба? Осыны білді ме ол шіріндің. (Басын бір иығына салған Оразкүл ойланып қалады).

Оразкүл: - Пішту! Ол ажырасу, шындығына келгенде, көзбояушылық қой, Бақтыбек қудалап қоймаған соң, пәтерлерімізді де әркімге жазып құрттық... Ол кеңесті берген өзің. Мен өзім пәтер жалдап тұрып жатқанымды да білесің ғой, бәрі өзіңнің ақылың... О несі екен-ей, түк білмегенсіп. Үстімнен іс қозғалып, бәрі кәмпеске болып кетсе не істемекпіз, Шынтастың да көлігі бар дегендей... (Оразкүл қайғырып отырып қалады).

Махаббат: - Әй, ит қатын! Сенің шынымен соған жаның ашып отыр ма? Шынтасыңның не істеп жүргенін білмейсің бе, сен! Ол арамтамағың сенің тапқаныңмен адам болып жүр ғой. Айтшы, көк тиын табысы бар ма өзінің. Жоқ қой. Оны мына біз де білеміз. Еще қымбат көлік әпересің, шалқытасың. Ол теке сасып сілікпесі шыққан қаншықтардың соңынан сүмелеңдейді. Солардың біреуі ұл туса ғой, Шынтасыңды соңынан кетті дей бер, қаласың бықсып. Қысқасы одан құтылғаның жақсы болды. Жүрсін солай, нәлет! Екі қызың болса да тұрмыста. Өздерімен өзі, саған салмағы жоқ. Неге сен оларға тасына бересің? Өзіңді неге ойламайсың?! Ендігі қалған миыңды өзіңе жарат! Өлмекшісің бе! Өткенде Бақтыбек жеңгесі екеуі барып Шынтасқа жолыққан екен, айтыпты ғой, мен Оразкүлмен ажырасып кеткенмін, күл болмаса бүл болсын, сотталып кетсін, жұмысым жоқ деп. Саған керегі осы ма! Ондай шайтан байдың кімге керегі бар!

Оразкүл: - Рас-ей! Маған Шынтас айтқан ол сөзді әдейі айттым деп. Ақымақпын ғой, мен ақымақпын. Сендім. Мен осы уақытқа дейін осыны ойламаппын ғой (көзіне келген жасты орамалымен сүртіп тастайды), көрсетемін мен оған, еще қалай көрсетемін... Адам аласы ішінде деген. Ақымды алам... кегімді қайтарам...

Махаббат: - Сен одан қалай кек қайтаруды, білмейсің, арандап жүрме тағы. Гүлмира сен бері жақындашы. (Гүлмира состиып тұр. Келеді).

Гүлмира: - Құлағым сізде, әпше!

Махаббат: - Гүлмира былай етші, үшеуміз бір адам сияқтымыз. Қиындықтан бірге шықпасақ болмас. Сен мына телефондағы жазбаны көшіріп ал да, алдымен Шынтасқа апарып көрсет, соңынан ана Бақтыбек жазушының әйеліне көрсетесің. Тағысын тағы айтамын, сақ қимылдау керек. (Оразкүл ауызын аңқита ашып қалған).

Гүлмира: - Мен бармаймын, әпше, қорқамын! Мұндай тірлікке араласып көрмегенмін, бармаймын. (Оразкүл сол ауызы аңқиған күйінше Гүлмираға бұрылады).

Оразкүл: - Махаббат, бұл қырсық бармаймын десе, бармайды. Бұның мұндай екенін білмеппіз ғой. Сен білмейсің, саған бұл қайғымызды да айтқан жоқпыз. Осының кесірінен біз екеуміз же жұмыстан шығып қалдық қой.

Махаббат: - Қалай, сонда екеуің де қазір жұмыссызсыңдар ма?

Оразкүл: - Жұмыссызбыз! Оны істеген мынау (қолымен Гүлмираны көрсетеді, сұқ саусағы дірілдеп тұрады).

Махаббат: - Қалай?

Оразкүл: - Не қалайы бар. Былтыр болу керек, осы Гүлмира маған бір ағайынды, қалталы екі жігітті таныстырған. Сол екеуін сындырғам ғой, пәтер керек екен оларға...

Махаббат: - Сосын... Олардан не алдың, мен неге білмеймін... (Гүлмира бірдеме айтпақ болып, оқталып қалады, оны Оразкүл қайтарып тастайды).

Оразкүл: - Не болушы еді, азғантай ғана, пішту, екеуінен екі миллион...

Махаббат: - Мә-ә! Осыны маған білдірмей істеп жүрсің бе? Сені қорғаштап жүрген мен де ақымақ екенмін.

Оразкүл: - Айтамын деп есімнен шығып кетіпті...

Махаббат: - Сосын не болды?

Оразкүл: - Не болушы еді, әлгі екі кісі біздің мекеменің облыстағы басшыларына барған ғой... Сонымен жұмыстан кеттік. Несі бар маған ондай иттерді таныстырып.

Махаббат: - Солай деңдер... Гүлмира, сен, Айгүлді шақырып келші, жаңағы істі соған тапсырайық. Оның қолынан келмейтіні жоқ... Оған өзім түсіндіремін. Оразкүл сенде ақша бар ма? (Оразкүл жасыл қолсөмкесінің салтқысын сыртылдатып қояды).

Оразкүл: - Қанша? (қолсөмкесіне үңіліп отырады).

Махаббат: - Екі іске екі жүз, маған жүз, барлығы – үш жүз мың теңге... (Оразкүлдің иықтары қисаңдап қалады). Бол тап, оңай жұмыс деп тұрсың ба, мен тек тығырықтан шығатын жол көрсетемін, сосын жоқпын, осыны біліп қой, әйтпесе, қазір тұрам да кете беремін... (орнынан тұруға әрекет жасайды).

Оразкүл: - (сасқалақтап) Тоқта, тоқта, ойбай, Махаббат, міне, алшы мынаны, үш жүз... (қолсөмкесінен алып ақша ұсынады, Махаббат ақшаны санап отыр, Оразкүл кетуге ыңайланады) Осыдан бір құтқаршы, Махаббат!

Махаббат: - Тоқта, Оразкүл! Мынауың қанша еді?...

Оразкүл: - Не болды?

Махаббат: - Сен мені де алдамақсың ба?.. Жүз мыңы қайда! (Оразкүл қолсөмкесін ақтарады).

Оразкүл: - Кешір, Махаббат, құрбым, кешір! Мына жақта қалып кетіпті ғой, ал... Ай, құдай-ай, осындайым бар ғой менің... (бәрі де шығып кетеді).

                                             8-ші көрініс

Сахнаға Махаббат пен Айгүл кіреді.

Махаббат: - Шынтасқа көрсеттің бе әлгі телефондағыны?

Айгүл: - Көрсеттім, бұлқан-талқан болды. Көзі қанталап, жаман ашуланды. Оразкүлді өлтірем деді. Әйтеуір түсіндірдім ғой. Қарымтаңды жазушының жас қатынынан қайтарасың дедім. Бәрін айттым, ақырында ол көздері жылтыңдап көнді. Жазушының үйінің маңында күтіп тұратын болды.

Махаббат: - Ендеше бүгін жазушының үйіне бар. Айнагүлге де телефондағыны көрсет, жазушың ауруханада жатқан білем. Мен білсем, ол қатын да қатты ашуланады, далаға атып шығар. Сол кезде Шынтас оны іліп әкетсін, білдің бе, басқа таксиге мініп кетпеу жағын қадағала. Өзің бірге шығып икемдейсің ғой, сонан соң, мейлі илектей берсін, ол қатынға сол керек. Адам дегеннің бәрі де пенде... етегіне намаз оқып жүрген ешкім жоқ. Есесіне бәрінің де үндері өшеді!

Айгүл: - Махаббат әпше, сіз өте ақылдысыз!...

Махаббат: - Бар, бар енді, өзің бірдемеге ұрынып қалма, мә, мынаны шай пұл қыларсың. (Айгүлге азырақ ақша ұсынады. Екеуі кетеді).

                                           9-шы көрініс

     Сахнаға Шынтас кіреді, шыдамсыз, әлдекімді күтіп жүрген сыңайлы, сағатына қайта-қайта қарағыштай береді. Сахна сыртында жеңіл көліктің моторы от алып түрған дауысы есітіледі. Аздан соң, аласұрып бірін-бірі жетектей Айнагүл мен Айгүл кіреді.

Айгүл: - Такси, такси...

Шынтас: - Мен такси, қайда барасыздар? (Айнагүл, түтігіп кеткен, шашы ебей-дебей, жүгіріп келеді).

Айнагүл: - Кеттік, ауруханаға... (Шынтас екеуі жылдам басып сахнадан шығып кетеді).

Айгүл: - (а-ха-ха-лап күледі де көздері бақырайып тез басылады). О, тоба, мұндай да майдан болады екен. Біреуден үш мың теңге аламын деп бәлеге қалмасам жарар еді. Ай, мейлі, не болса, о болсын. Менің нем кетті... (кетеді).

    Сахнаға бір бірімен жағаласқан Шынтас пен Айнагүл қайта кіреді. «Айнагүлдің орамалы басынан ұшып кетеді).

Айнагүл: - Сен мені кім деп жүрсің, а, кім деп жүрсің!.. Ауруханаға барам дедім ғой мен саған. Аты-жөнің кім? (қатты айқайлайды) Жәрдем беріңдер, жәрдем... кім бар!.. (Шынтас жұлқылап жүр) Ойбай, өлтірді, өлтірді!... (Шынтас Айнагүлдің аузын басуға әрекеттенуде).

Екі полиция қызметкері сахнаға жүгіріп кіреді де, Шынтасты тұтқындайды, қолына кісен салады.

Полиция: - (Айнагүлге) Сіз де жүріңіз! (Бәрі де кетеді)).

 

                                           10-шы көрініс

     Сот залы. Бір шетте Оразкүл, Гүлмира, Айнагүл, Омарбек жазушы, Айгүл, Шынтас түрегеп тұр. Оң жақтағы орындықта Мәрлен - сот хатшысы, сол жақтағы орындықта Айнагүлдің қорғаушысы Бақтыбек отыр.

Мәрлен хатшы: - Тұрыңыздар! сот келе жатыр. (Дәубасов ортадағы орындыққа келеді).

Дәубасов: - Отырыңыздар! (өзі де отырады). Бүгінгі азаматтық сот отырысында қаралатын мәселе – Үкібаева Айнагүлдің арызы. ҚР Азаматтық істер Кодексінің пәленінші бап, түгенінші тармағын қамтитын бұл істі қараудағы соттың негізгі мақсаты тараптарды татуластыру, сондай-ақ, азаматша Үкібаевадан Берденова Оразкүлдің ақша алған, алмағандығы, алғанын қайтарып берген, бермегендігін анықтау болып табылады. Азаматша Үкібаева сіз бұған не дейсіз? Берденова Оразкүлдің сізден қарызға ақша алғаны, оны осы уақытқа дейін қайтармай жүргені рас па? (Айнагүл ортаға шығады).

Айнагүл: - Мен Оразкүлге ешқандай қарызға деп ақша бергем жоқ, ол қаладағы бос қалған пәтерлерден үш бөлмелі біреуін менің атыма заңдастырып беремін деп менен ақшаны алдап алған. Бір емес, бірнеше рет алған. Осы уақытқа дейін қайтармады.

Дәубасов: - Айнагүл, отырыңыз. Берденова Оразкүл сіз не айтасыз? Пәтер жасатып беремін деп ақша алғаныңыз рас па? Мойындайсыз ба!

Оразкүл: - Ақша алғаным рас еді, Бірақ, оны қарызға алғам және түп-түгел қайтарып бергем. Пәтер туралы ешқандай сөз болған емес. Ештеңені де мойындамаймын! Мойындаса, Гүлмира мойындасын, ол да алған, Махаббат та алған. (залдан Гүлмира мен әлдекімдердің «өтірікші, өтірікші, өтірік айтады» деп айғайлаған дауыстары есітіледі).

Дәубасов: - (балғасымен столды тықылдатады) Берденова, сіз өзіңіз үшін жауап беріңіз. Мына қолхатты жазған сіз бе, мынау сіздің қолыңыз ба? (Оразкүлдің жазған қолхатын көрсетеді). Бұл қолхатта пәтер болмай қалды, уәдемді орындай алмадым, алған екі миллион теңгені пәлен күні қайтарамын депсіз. Азаматша Үкібаеваның ақшасын қайтарған болсаңыз, қолхатыңызды неге қайтып алмадыңыз?

Оразкүл: - Ұмытып кетіппін.

Дәубасов: - Тағы да қайталаймын, бұл қолхатты жазған сіз бе? Мына қол сіздің қолыңыз ба? Айнымайсыз ба? Азаматша Үкібаева Айнагүлден екі миллион теңге алғаныңыз рас па? Нақтылаңыз!

Оразкүл: - Ия, мен жазғам. Менің қолым. Мені зорлап жаздырған, жазушы мойнымнан басып тұрған, әйелі қолымнан ұстап жаздырған. Бірақ, мойындамаймын! Мойындамаймын!!

Дәубасов: - Куәгер Әбдеев, Берденованың сізден пәтер әперемін деп ақша алғаны рас па? Және қанша? Берденованы мойнына басып тұрып жаздырғаныңыз туралы не дейсіз?

Омарбек: - (сасқалақтап) Мойнынан басқаны несі тағы. Тіпті де олай емес, Оразкүлдің менің басымды уқалағаны рас, қолының биотогі бар екен. Ал енді, ақша туралы айтсақ, мен, Оразкүлге, пәтер жасатып беремін деген соң, өз қолыммен бес жүз мың теңге бергем, қалғанын білмеймін, әйеліме қолхат жазып беріп жатқан.

Дәубасов: - Олай болса, куәгер Әбдеев, Гүлмираның да сізден ақша алғаны рас па, және қанша? Не деп алды, қолхаты бар ма? Болса маған беріңіз.

Омарбек: - (Гүлмира жаққа қарайды) Бұл қызды мен онша танымаймын және ешқандай ақша берген емеспін.

Дәубасов: - куәгер Әбдеев, мына Махаббат деген азаматша (қолымен көрсетеді) туралы не білесіз және сізден қанша ақша алды? Не деп алды? Қолхаты бар ма?

Омарбек: - Бұл кісіні көрген емеспін, танымаймын, менен ақша алған емес!

Дәубасов: - Отырыңыз! (Омарбек кетеді). Үкібаева сіз мұнда келіңіз.(келеді).

Дәубасов: - Үкібаева, сіз Гүлмира мен Махаббатты танисыз ба, сізден қанша ақша алды? Қолхаттары бар ма?

Үкібаева: - Гүлмира үйге бір рет келген, әлгі пәтерді сызатын мен едім деп жүз мың теңге алған менен, қолхат жаздырмаппын, Махаббатты танымаймын. (Залдан Оразкүлдің: алған, Махаббат та алған, оған мен бергенмін деген дауысы есітіледі).

Сот: -Тынышталыңыздар! Тынышталыңыздар!! Берденова сіз мұнда келіңіз! (келеді).

Сот: - Берденова, айтыңызшы, Бұл екі миллион теңгені кімнен алғаныңызды неге жазбағансыз?.. (Оразкүл аң-таң болып қалады, екі алақанын жазып жан-жағына қарайды).

Оразкүл: - Кімнен алғанымды қалай жазбағам, түсінбедім... (Махаббат жаққа жалтақтайды). Менің қорғаушым бар! Сол айтсын!

Сот: - Қорғаушыңыз кім? Неге мұнда тіркелмеген?

Оразкүл: - Қорғаушым анау тұр (Махаббатты нұсқайды).

Дәубасов: - Өкінішке орай ол кісі куәгер ретінде шақырылған. Азаматша Берденова, мен сізден екі миллион теңгені кімнен алғаныңызды неге жазбағансыз деп сұрап тұрмын. Сіз шындығында соны жазбапсыз.

Оразкүл: - (сасқалақтап, көздері алапаштанып кетеді)  Мен жазғам жоқ ол қолхатты, Махаббат біледі... Айнагүлді танымаймын. Танымайтын кісіге мен қалай қолхат беремін. Менде видео бар, телефоныма жазып алғанмын, айғақ ретінде сізге беруіме бола ма? Мен екіқабатпын... (зал жақтан, біреулердің мырс-мырс еткен күлкісі, біреулердің қарқылы, болды, болды, жап аузыңды деген Гүлмира мен Махаббаттың, тағы басқа біреулердің айқайлаған дауыстары есітіледі, сот аң-таң, балғасымен столды тықылдатты).

Сот: - Тынышталыңыздар! Берденова, ол жазбаңыз осы іске қатысты ма?

Оразкүл: - (еліріп) Қатысты, қатысты болғанда қандай! Міне! Мен ешқандай да алаяқ емеспін, барлық қарызымнан құтылғам... міне! (телефонды сотқа ұсынады, сот алады, көріп отырып иықтары күлкіден бүлк-бүлк етеді...).

Дәубасов: - Түсінікті, азаматша Берденова, сізге сот келемеж бе?.. Осымен сот отырысы бітті! Сот кеңесу бөлмесіне кетеді. Үзіліс. (сот кетеді. Оразкүл қос қолдап басын ұстайды. Қатынасушылардың күбір-сыбыры көбейеді).

Мәрлен: - Тұрыңыздар сот келе жатыр!

Дәубасов: - Сот барысындағы куәгер-тараптардың жауаптарының әрқилылығына, істе ұйымдасқан кәнігі алаяқтықтың белгісі бар болуына байланысты жауапкерлер: Оразкүл, Махаббат, Шынтас, Гүлмира, Айгүлдің бас шаралары өзгертілсін, уақытша тергеу изоляторына тоғытылсын! (Қолында кісендері сылдырлаған полиция қызметкерлері келіп жауапкерлерді алып кетеді. Басқалардың бәрі де шығып кетеді).

                                            11-ші көрініс

     Сахнаға Оразкүл мен Махаббат кіреді, қолдарындағы сыпырғышпен көшені сыпыра бастайды. Көшеде әйелдердің қып-қызыл қолсөмкесі жатады. (Оразкүл алақ-жұлақ жан-жағына қарайды, еңкейіп, қолсөмкеге қолын соза бергенде қасына келіп қалған Махаббат қолын қағып жібереді).

Махаббат: - Ойбай, тоқта, Оразкүл, қолыңмен ұстама! Бәлесінен аулақ!

Оразкүл:- Не бопты, екеумізден басқа ешкім жоқ қой... пішту, бөлісеміз...

Махаббат: - Ұстама дедім ғой, мен саған, ұстама, ойбай! Кеше ғана ғой, келгенің, түрмеде өткен төрт жылың ештеңе үйретпеген бе саған?! Кет, былай!

Оразкүл: - (көздері бақырайып) Тоба-а! (ернін шылп еткізеді).

 

                                            Шымылдық

 

 

 

 

 

                                                      

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған