Адам қарады: 123 | Жарияланды: 2019-06-08 03:19:18

Силикон жүрек

Фантастикалық әңгіме

Мынау әлемде өзімнен өзім жалықтым. Менің таңертең төсегімнен әрең тұрып, беті-қолымды шая салып, шәйімді ішер-ішпестен жұмысқа қарай бет алуым, содан кейін жұмысқа келіп айналамдағы адамдармен амандасып, көңіл-күйімнің болмай жүргеніне қарамай, ешбір адамды ренжітпеуім, тіпті шашымды тарап, түюім де жалықтырды. Неге мен адамдарды ренжітпеуім керек? Бәрін тастап безіп кеткім келеді. Бекерден-бекер жұмысқа келіп, бекерден-бекер ақша тауып, бекерден-бекер оны пайдасыз нәрселерге жұмсау, әдемі киіну, астымдағы қымбат көлігім, әдемі үйім, бәрі-бәрі жалықтырды. Мені тек бір ғана қызықтыратын нәрсе бар. Ол - Ұлы поэзия! Ол адам бойын жігерлендіріп, ерекше күш береді. Ессіз далада есі ауысқан пенденің күйін кешіп, жалғыз өзім ойлана басып келемін. Өз көңілімді көтеру үшін бар ақшамды аямай тамаққа да тойып алдым, киім алсам ба деп ем оны көңілім хош көрмеді. Оны қай шекем қызды деп киіп жүрем. Не керек маған өзі? Сүлдерімді сүлесоқ сүйретіп, көңілім жай таба ма деп кітап дүкеніне бұрылдым. Әр кітаптың әр сөзінен жаныма жылы сөз іздегем. Таппадым. Кітап сатып алғым келді. Ақшам да жеткілікті. Бірақ кітап оқып байыз табатын күйде емеспін. Шылым шексем бе екен дедім. Сыра ішсем көңілім көтерілер бәлкім. Жоқ болмайды, көңіл-күй болмаса одан әрмен бұзып алармын. Намаз оқу ниеті бар негізі, бәрін қойғам. Не істесем екен? Бойымдағы «жыннан» арылғым келді. Көктемгі желік пе екен жұрттар неге осы көңілді? Ешкім жоқ жерде бар даусыммен бақырып тұрып жылағым келді. Жылап алсаң жеңілдеп қаласың дейді. Бірақ өзімді өзім аядым. Оған жүрегім шыдамас. Онсыз да әлсіз жүрек.

Жұмысқа келдім. Бастығым креслода қалғып отыр. Светті ақырын сөндіріп қойдым да, сырт киімімді іліп шығып кеттім. Асханаға келдім. Су ішкім келді. Бірақ асхана жабық. Қайтадан кабинетіме келдім. Не істеп жүргенімді білмеймін. Бір ой мені әрі-бері қуып жүр.

Жүрегім төмен тартып ауырып барады. Неден ол? Жүректі тегін ауыстыруға болады деп еді, ауыстырсам ба екен? Бәлкім қажыған жүректен гөрі жасанды жүрек пайдалы болар... Ешнәрседе шаруасы жоқ. Тыныштық іздеген көңілге пайдалы нәрсе осы. Езуіме күлкі үйірілді. Жас баланың қиялына еніп кетем осы кейде. Болмайтын нәрсені ойлап тауып. Шынында да кардиологқа хабарласып көрейінші. Хабарласып ем:

- Түстен кейін келіңіз, көрейік қандай жүректер бар екенін. Сізге негізі махаббат жетіспейтін болар деп күлді.

- Е-ее, бұл жүрек махаббатқа тойған. Сол махаббаттың әсер етпеуі үшін ауыстырғалы жатқан жоқпын ба? Маған енді ешқандай махаббаттың қажеті жоқ. Махаббатымның соңы бақытсыз өлеңмен аяқталады. Кездескен жігітім кейіпкерге айналып, ғайып болып кетеді. Елес қуып жүрген періште секілді, қол бұлғап қала берем. Жүректегі дертімді өлең ғана жазады. Алланың қолыма қалам бергені мұңаймасын дегені шығар. Өлеңді бақытыма берді ме екен, әлде сор ма білмедім... Бақытсыз қылып жаратып, бақытты қылдым өлеңмен деген жігітім. Маған қысқасы жүрегімді ауыстыру керек.

- Түсінікті.

Түстен кейін жұмыстар сұранып, жүрек іздеуге кеттім. Қандай жүректер бар екен? Кәдімгі адамның жүректері шығар? Оны қайдан алады адам соймаса? Қазір небір нәрселер шығып жатыр ғой. Ерін де, қас та қабақ та, басқа да жасалып, жапсырылып жатыр.

Кардиологтың кабинетіне келдім. Бойы ұзын, келбетті жігіт екен.

- Сіз ба жүрек сұрап жүрген?

- Иә, мен едім, жүрегім сезімге тоймай жүрген дедім ауыр күрсініп.

- Маған бір жүрек емес екі жүректі қоса салып берсеңіз де риза болар едім негізі, неге адамның жүрегін жалғыз етіп жаратты екен Алла?

- Адамның жүрегі жалғыз дана болғанымен, ондағы сезімді жарты қылып жаратқан. Сіз толығымен сезіне алмайсыз, себебі адам миының жартысы ғана ойлау қабілетіне ие, Сіз соны білесіз бе, қарындас?

- Ойпырмай-ә! Бұрын соңды соған мән бермеппін. Демек маған екі жүрек салынған күннің өзінде пайдасы жоқ дейсіз ғой...

- Әрине, ол тек өмір сүру үшін ғана керек. Сонда Сіздің кеудеңізде екі түрлі дүрсіл пайда болады және оның біреуі ажал жетіп өлген күннің өзінде екіншісі Сіздің ойлау жүйеңізді басқара алмайды. Оны оймен байланыстыра алмайды медицина.

- Ал, екі жүректі байланыстырсақ ше, тамыр арқылы?

- Сіз өзіңіз қызық екенсіз. Қайсы жүректің ұзақ жасауын кім білсін? Сонда Сіз мынау дүниеге көңіліңіз толып, керемет болып кетем деп ойлайсыз ба? Адам көңілі ешқашан да толған емес. Бұл өмір сондай құпия сұрақтардан тұрады емес пе?

- Әрине, бірақ мен оны екі есе түсінгім келеді. Бір жүрегім сұрақ қойса, бір жүрегім жауап берер деген ой ғой баяғы.

- Қызық екен. Бірақ жүрекке әмір жүрмейді емес пе? Көрейік.

- Сонымен Сізде қандай жүректер бар?

- Біздегі жүректер силиконнан жасалған. Силикон - төтенше температураға тұрақты материал. -70 градустан + 250 градусқа дейін шыдай алады. Медициналық бұйым ретінде оны 40 жылдан бері қолданылып келеді. 1958 жылдан бері патенттелген дүние. Түсі мөлдір.

- Адамның сыртқы денесіне силикон жапсырады деуші еді? Оны қалай енгізесіздер?

- Оны операциясыз жасауға болады. Қалай дейсіз бе? Сіз оны сұйықтай жұтып жібересіз. Ол ішек-қарынға емес, өңештен өткен соң жүрекке қорытылады. Сонда бұрынғы жүрегіңіздің орнына силиконды жүрек болып көмкерілмек. Яғни, жүрегіңіздің қорғаныштық қапшығы қысқаша айтқанда. Және ол Сіздің көңіл-күйіңізге байланысты ұлғайып, кішірейіп отырады. Оны айнадан көз арқылы байқауға болады. Көзіңіздің қарашығы ұлғайған кезде жүрегіңіз жақсы қызмет атқарып жатыр деген сөз. Бірақ оның айналадағы құбылыстарды қабылдау қабілеті өзгеше болмақ. Сіз қанша өмір сүресіз сонша жасайды. Өз бетімен дүрсілдеп, мазаңызды да алмайды. Қанша ойланам, қанша жынданам десеңіз де өз еркіңіз. Ешқандай сырттан ауырлық түсірмейді. Бірақ ешкімге ғашық та болмайды. Біреудің ғашық болуын да сезінбейді. Тек өмір сүруші тыныштық құралы ғана болмақ. Егер сол ерекшелікке келіссеңіз, қабылдаңыз.

- Міне қызық. Ғашық болмауға болады дейсіз бе? Жүректің дерті сол емес пе? Ендеше келістік. Мына әлемде ең бақытты адам мен болатын шығармын. Тәуекел!

- Жоқ, Сіз дұрыстап ойландыңыз ба? Бірақ ол бір салынған соң мәңгілік алынбайды. Соны ескеріңіз. Өзіңіз бойдақсыз ба?

- Иә, сол бойдақтық мені қажытқан. Содан осы жолмен құтылмасам болмас. Тіпті жалғыздығымды да сездірмейтін құрал болса тіпті жақсы болар еді дедім.

- Мен де бойдақпын. Есімді алған ессіз дүниеден құтылғым келеді кейде. Осы силиконды жұтып жіберсем бе деймін. Бірақ мәңгілікке ғашық болмай қалсам дүбара болам ба деп ойлаймын. Жүрек қалауымды тапқан күні бірлесіп ішермін деген ойдамын. Бірлесіп жұтсақ қалай қарайсыз? Сонда мен де Сіз де ешкімге ғашық болмай, соңғы махаббаттың дәмін сезініп өтер едік. Бір қызығы бұл силиконды кіммен бірге жұтсаң сонымен бір күнде өлесің. Жүрегіміздің бақытты болуы махаббат па, басқа ма білмедім. Міне силикон. Ұстаңыз. Шыныдай мөлдіреген сұйықтықты қолыма ұстатты. Бетіне қарадым.

- Алла сақтасын! Алдымен мешітке барайық. Некемізді қиғызайық ең болмаса... Мен Сізге таңертең келемін, міндетті түрде. Егер сіз мені осы дерттен құтқаратын болсаңыз деген сөзді қалай айтқанымды білмеймін.

- Рас па? Мен Сізді расында да құтқарғым келеді. Жалғыздық атаулыдан Сіз де мен де құтылып, бұдан әрі ғашықтықты сезінбейікші. Қолымнан қысып, бетімнен сүйді.

- Жүріңіз үйіңізге апарып салайын деппін сасқанымнан.

- Жоқ менің өзімде де машина бар. Рахмет. Мүмкін мен Сізді шығарып салармын.

- Жарайды, күтейін.

Сыртта біраз тұрдым. Не істеп жүрмін өзі. Әп-әдемі кардиолог білімді жігіт екен. Екеумізге силикон жүректің керегі бар ма бұдан кейін? Бәлкім жігіттен айрылып қалмас үшін керек те шығар...

Әдемі қысқа пальтосын киіп, туфлиін тазартып жігіт сыртқа шықты. Кілтпен кабинетін жуып, кілтін саусағында шыр айналдырды да көлігін оталдырды. Мен де машина ішінде айнадан қарадым да кеттік дедім. Алдында мен, артымда әдемі жігіт келеді. Бір-бірімізбен жарысып келеміз. Телефонын алмаппын-ау! Терезені ашып, ұялы телефонымды көрсеттім. Ол да терезесін аша бергенде терезеден ұялы телефонымды оған ішке қарай лақтырып үлгердім. Ол да өзінікін маған лақтырды. Менің нөміріме «маяк» тастап үлгеріпті. Содан тоқта деген белгі берді.

Екеуміз жолдың жиегіне қарай тоқтадық. Көліктен түстік де қарсы алдымыздағы ресторанға кірдік. Қолыма «соткамды» ұстатты. Қолдары неткен нәзік еді. Ғашық болудың не екенін енді ғана сезінген адамдай, ұялып қалдым. Сырт киімімді шешіп, орынға жайғастық.

- Ішпей-ақ қояйық, ертең мешітке барамыз ғой деді. Мен намаз оқитын едім. Сенің көңіліңді көтергім келген.

Оған бірден келістім. Оның үстіне екеуміз де «за рулем». Екеуміз танысып, біраз сырластық. Силикон жүрек бола ма шынымен де?

Мырс етіп күліп жіберді.

- Болмайды.

Манағы армандаған ойымның парша-паршасы шықты. Төбемнен біреу су құйып жібергендей.

- Неге? деппін таңырқай.

- Сол, мен Сізге ғашық болып қалдым.

- Қойыңызшы, қалайша?

- Маған ең алдымен Сіздің даусыңыз ұнады. Қандай дауыс иесі болса да үйленбекке бел шештім, келісесіз бе? Мен де мына өмірден жүрегіме пана таппай жүрген жанның бірімін. Одан кейін көзіңіздің көгілдір мөлдірлігі ұнады. Мына әлемге деген құштарлығы мол, ойлы көзіңіз мені баурап алды. Бүгін мен бақыттымын.

- Сонда... Сонда мен... шынымен де... Әкелші, ішпесем болмайды бүгін. Бүгін мен ессізбін!!! Манадан бергі жүрегімде тағат таппай жүрген мазасыз ойлар көз жасым арқылы шықты.

- Жоқ, мен Сізді емдеуім керек. Бұдан былай ішпеңіз. Ішкізбеймін де!

- Мен кеттім үйге, орнымнан тұрдым да есікке беттедім.

- Мен Сізді шығарып салайын.

- Ендеше артымнан қуыңыз. Мәшинемді оталдыра салдым да, газды бастым. Қарағанды тас жолының бойымен ұшып келем. Ол да қуып келеді. Қызық жігіт екен өзі. Адамдарды қалай-қалай емдейді? Өз дертін қалай жеңеді екен? Атын сұрамаппын-ау! Беу шексіз дүние –ай! Қайда апарып соғады екенсіз пендеңді?!

Үй алдына келіп тоқтай қалдым. Артымнан іле-шала ол да тоқтады. Мәшинеден түсті де мені түсірді. Қолымнан ұстап алып, «Мәшинені жынды айдайды екенсіз?» деді.

- Бензин бітті, соңғы бензин еді, Сізбен жарысам деп жүріп, жолдан алмаппын.

- Бұдан былай машинаны бұлай айдамаңыз, өтінем. Ертең келем. Көзін қысты да бетімнен сүйіп, үйіне кетті.

Таңертең күн ерекше шығып тұр. Сырттан машинаның тоқтаған дауысы естілді. Халатымды жеңіл жамыла салдым да, балконнан қарадым. Қолында ұзын-ұзын 5 тал раушан гүлін ұстап кардиолог жігітім тұр. Атын атап қол бұлғайын десем, есімін сұрамаппын. Жылдам киіндім де, дәретімді алып, орамалымды қолыма ұстаған күйі сыртқа шықтым. Бетімнен сүйіп гүлді қолыма ұстатып, машинаның есігін ашып отыр деген ишара білдірді.

Гүлімді артына қойдым да, алдыңғы орынға отырып, мешітке қарай тарттық. Менің саған операциясыз салған «силикон жүрегім» осы, жаныңмен қабылда, деді күлімдеп. Бетіне қарап күлдім де, екеуміз іштей Аллаға ризашылығымды білдірген күйі мешітке кіре бердік...

 

 

Қазақ тілінде жазылған