Адам қарады: 114 | Жарияланды: 2019-06-12 06:20:09

Қарбыз доп

    – Біз қарбыз сатып алуға келдік. Көңілді балалардың үні дарбазаның арғы жағынан шат-шадыман естіледі.

   Тәпішкесін асығыс киіп Айдана іштен атып шықты. Жалма-жан Ақтабанды үйшігіне қуып тастады.

    – Түнде сіздің үйге дәу машина келіп қарбыз түсіргенін көрдік. Әсия қолындағы тиындарын шылдырлатып екінші қолына аударыстырды.

    – Келісін қаншадан сатасыңдар?  Нартайдың дауысы соншалықты нық болар ма?

   Олар ауланың түкпірінде үйіліп жатқан қарбыздарды көрді.

    – Ойбай, мөлдір торда дәу қарбыз ілулі тұр. Басымызға түсіп кетпесінші. Аңқау Әсия көптің көңілін биікке қарай аударды.

    – Мә, Әсия, мынау саған. Айдана тенкиіп жатқан көп қарбыздардың ішінен біреуін алды да, Әсияға қарай бағыттап лақтырып жіберді.

   Әсия жасқаншақтап, басын ала қашты. Қарбыз көк айдында қалықтап  ұшты да, жерге түсіп, секіре жөнелді.

    – Әсия қорқақ, кішкентай торпақ. Нартай секектеген қарбыз допты ұстап алып, Әсияға қарай жүгірді.

   – Кірпіктері тіп-тік болғаны үшін Әсияны бұзау деп мазақтай берулеріңді қашан қоясыңдар? Бағила бұл жолы да досын қорғап, баж-баж етеді.

   Қарбыз доп қолдан-қолға өтті. –Қытайдың ойлап таппайтыны жоқ екен. Нағыз қарбыздан аумауын қарай гөр. Тек резеңке доп демесең...

   Сұқтанып, сусылдап сөйлеп тұрған Нартайдың қолынан Айдана допты жұлып алды. –Бұл жарнама құралы. Ойнай беруге болмайды. Апам ұрсады. Қарбыздарды тезірек сату үшін биікке іліп қоямыз.

   Сол күні ауыл балалары қарбыз доптарды сырттай қызықтады. Артынша бақша өнімін сатып алушылар қатары көбейді. Қарбыздың көп-көп сатылып жатқанына қарап Айдана қуанады. Балалармен алаңсыз ойнайтын сәтті қарбыз сияқты доп та тағатсыздана күтеді. Өйткені бір орында тұрғаннан гөрі аспанда ұшқанға, ерсілі-қарсылы секіргенге не жетсін! 

 

Қазақ тілінде жазылған