Адам қарады: 71 | Жарияланды: 2019-07-18 04:36:18

Атақты жазушы болу

            Е... құрметті достар! Кімнің атақты болғысы келмейді десеңші. Бірақ, құр атақтан да аса пайда да жоқ! Оған қоса ақшаң болса, міне сонда өте дұрыс болар еді. Ақшаң болса, атағың да болады. Осыған кейбіреулер, қазір тура сондай заман деп жатады, бұрындары басқаша болған деседі. Әй қайдам, соны айтқан ғұламалар да қателесті ме деп те, кейде ойланып кетесің? Негізі, ең дұрысы, ақшаң болсын, ал, ақшаң болған соң бәрі де болады! Дұрыс ойламадым ба? Неге дұрыс емес, олай болса, іштей неге ақшасы барларға қызғанамыз? Қызығамыз? Міне, солай...

            Бопты, кім қалай ойласа, олай ойласын. Әркімнің өз еркі бар емес пе? Бұл жерде айтпағым, сол ақшаны қалай табуға болады? Қандай жолдары бар? Біраз ойланайын десем, жол бермей, ақша болса, атаққұмарлық та басып кететіні несі екен? Атақ алып келетін жолдың бірі – жазу.

            Бірақ, қысқаша айтқанда, бұл жазу дегеннің өзі де бір бәле! Ішіңнен әлдебір, басқа тұрмақ, өзіңе де білінбейтін, сезілмейтін, бірақ бар екені анық, «сублимациялық» әлдебір тылсым күштің итермелеп тұрғанын ұғасың!

            Мысалы, мені алайық, енді, кішкентай кезімізде өлеңсымақ, тақпақтар жазып жүрдік қой, соны қойшы, кім жазбады дерсің?! Сол әдет талайға дейін тоқтамай, басылмай жүрсе, ең жаманның жаманы сол! Уақытында қоя қойса, міне сол, өте дұрыс болар еді. Менде де соның дер кезінде қоя салмағанын қараңызшы, тіптен студенттік кезді қойып, әжептеуір «орда бұзар» шақтарға дейін қалыспай, ақыры әрең тоқтағаны да бар. Мүлде тоқтаған болар деп, 14 жылдай ештеме жазбай, өзім қуанып жүргем, аяқ асты әлдебір «капеляциялық» әсерлер болды ма, жаңағы ішкі түйсік қайта түрткілей бастады.

            Басталғанда былай, әйелім үй жинастырып жүріп, қатталып, шаң басып жатқан, бірталай ескі дәптерлерді тауып алып, «- Мына пәлелерің немене, керек нәрсе ме, қарашы...»,- дей қалғаны. Бекер-ақ қараған екем. Барлық «жамандық» содан басталды! Не жоқ десеңші, жаңағы сарғайған қағаздарда! Оны әлдеқандай қылып, қызым түгелдей компьютерге басып қойды. Жазуым сонша жаман (қызығы қызым соны жақсы таниды), сызылған, бұзылған жерлеріне де қарамай, ерінбестен түгелдей шығарды. Өзі де бірталай екен, құдай оңдағанда үш «қалың-общая тетрадь» сатылып та кетті, әйтпесе, тағы қанша басты ауыртатынын кім білсін. Енді қызымның сонша еңбегін еш қылмай, әлгі жазбаларды біраз қарап, өңдеп, елге ұсына бастадым. Сол-ақ екен, ішкі түрткілеу үдей түсіп, қайта бұрқырататынды шығардым. Кімге керегін...

               Білем, білем, кейбір жаны ашитын оқырмандар, әншейін көңілжықпастықпен ғана «- Неге олай дейсіз? Сіздің жазғандарыңыз қызықты, жаза беріңізші... біз сүйсініп оқимыз!»,- деп те жатады. Ол жағын енді кім білсін, жай ғана, этика сақтап, айтылған «дипломатиялық» сөздер болар! Өйткені, сенейін десем, үйде баспадан шыққан кітаптарың (бұрынғы Кеңес заманындай емес, шығарғаның үшін қазір өзің ақша төлейсің ғой) қорап-қорап болып, әйеліңнің «швабрасының» жынына тиіп жүрсе, енді не демексің!

            Жақсы, оны да қойшы, тіптен мені де қойшы, жазушы деп, өзімнің ескі танысымды айтсаңшы! Мен жылына өліп-талып бір кітап жазсам, ол қанша керек болса сонша жаза алады! Менің кітаптарым өтпей жатса, оныкі өз-өзінен таратылып жатады. Менің кітаптарымның бағасы бір-екі мың теңге болса, оның кітаптарының бағасы бес мыңнан кем емес! Қалай дейсіздер ғой? О! Ол өйткені атақты жазушы!

            Өзі менімен жақсы таныс, жерлеспіз. Тіптен, естеріңізде болса, алдыңғы бір әңгімемде айтып кеткен едім, бірде жас күнімізде соның өлеңіне «породия» жазам деп, ақыры, тұрайын деп тұрған қызметіме тұра алмай, басқа жаққа кеткен едім. Міне, сол «досым» қас қылғандай біздің мекемеге жұмысқа келгені. Өмір деген шыныменен қызық-ақ! Бір кездегі ұрысқан адамыңды біраз жыл «бизнеспен» айналыстырып-айналыстырып, ақыры, айналдырып-айналдырып тура қасыңа әріптес қылып алып келеді. Сірә, «тағдыр», немесе, «жер шары шыныменен дөңгелек» деген, осындайлардан шықса керек!

            Екеуміздің бір-бірімізге сыртқа өтірік күлгенімізбен, іштей өте-мөте «жылы» қабақ танытып жүргеніміз де ешкімге, осы айтқанымнан соң, аса құпия бола қоймас. Бір-екі жыл өте салысымен, оның ісі алдыға жүре бастады. Себебі, оның тағы бір қасиеті бар, қазағымның «өзіңнен зорлар шықса, бір көзің сонда шығар» атты мақалын тура, дәл мағынасында түсініп, өзінен «үлкендеулерге» жаға біледі. Адам қызығатын, ерекше тартымды – қасиет!

            ... Бірде басқарма бастығы шақырып алып (қасында әлгі «дос» отыр екен... Неге отырғаны түсініксіз...), маған:

            - Та-аак, мына мекемеміздің биыл юбилейі, воо-от, соған арнайы кітап шығару керек! Сенің бірталай жазатыныңды естіп те, көріп те жүрміз. Осы істі саған тапсырсақ, қалай қарайсың?,- дей қалғаны.

            Аяқ асты ұсыныстан не дерімді білмей, оның үстіне, ондай кітаптарды өзімнің әжуалап жүретінім бар, біраз күмілжіп қалып, бас тартып  едім, әлгі «дос» іліп әкетті:

            - О! Басеке, бұл дегенің керемет екен! Өте дұрыс, иә, иә, кітап шығару керек! Оның ішінде Сіздің ерен еңбегіңізді ерекше атап өту қажет! Енді, бұл жерлесім, негізі жақсы жазатын болғанымен, ондай материалдарды «обработка» жасауға қарағанда, өзі шығарғанды жақсы көреді. Менің де бұрын бірталай жазғаным бар еді, сенім артсаңыз, мен көрейін.

            Бұған өз басым қатты қуанып кеттім де, бастыққа «бұл ұсыныстың өте дұрыс» екенін айтып, сол «қуанышым қойныма симаған» қалпы рахметімді айтып, шыға бердім. Өзім оны ұмытып та кетіппін, бірде анау-пынау емес «замның» өзінен маңызды тапсырма бұрқ ете қалды: «бәленбай уақытқа дейін, бөлім туралы барлық ақпараттарды қысқа, екі-үш бетте, WORD, 14 Кегль, электронды түрінде және бөлім мамандарының жұмыс үстінде бірге түскен суреттерімізбен қоса әлгі «досқа» беруіміз керек! Орындамай көр, зырылдатып отырып, бәріміз жан-таласып орындап шықтық!

            Біраз уақыт өткен, «ұйымдастыру бөлімінің» бастығы шақыртқанға барсақ, не дейсіздер ғой, иә, дұрыс айтасыздар, бір-бір керемет кітапты арқалатып жіберді. Сапасында мін жоқ, жалтырап-ақ тұр! Әдемі мұқаба, қымбат қағаз. Сонысына қарағанда болар, бағасы да әдемі, бар болғаны он мың теңге! Қайтерсің, жалақыдан, айналамызға қарап-қарап қойып, боқтап-боқтап қойып, жинап бердік. Сонша ақшаға алғандығымыз бар, кітапқұмарлық та бар, ішін ашып көрсек, мына қызыққа қараңыз, түгелдей әлгі өзіміз жасап берген дайын материалдарды реттеп, дұрыстап келтірген де қойған! Бар болғаны сол. Алғы беттердің бірінде, бастықтан соң, күлімдеген автордың суреті! Жақсы түсіпті. Сәл болғанда қызғаныштан жанып кете жаздап, лақтыра жаздасам, мұқабаның бірінші бетінде еліміздің туы, гербі! Қалай тастарсың?!  

            Содан бастап-ақ әлгі танысымның тасы өрге қарай домалады да кетті. Жылына юбилейлерге бір-бір кітап, бастықтардың юбилейлеріне бір-бір кітап! Менің бұрқыратқаным айдалада қалды, оныкі қайнап жатыр! Не деген сарқылмас шабыт десеңші! Адам таң қалады! Тура бір бұрқылдап шығып жатқан қайнар көзі емес, арқырап-сарқырап, анау-мынау тастарыңды төңкеріп, селдетіп ағатын таудың асау өзені дерсің! Кереметтен асқан ғажап - дарын, тума талант! Адам қызықпақ түгіл, аузыңды ашасың! Атағы жер жарады! Теледидарда сол, газеттерде де сол, жиналыстарда да сол! 

            Міне достар, атақты жазушы болғыңыз келсе, мен сияқты майда-шүйдеге түртінектенбей, ана «дос» сияқты бірден, «шедевр, бестсселлер» жазу керек! Ол үшін үлкен еңбек ету керек! Сонда атақ та өзі келеді. Ал ондай атақ келген соң, кітаптарың да өтімді болады, сосын арғы жағы белгілі ғой, жасырып қажеті не, бәрімізге де өте керек ақшаң да өзі келеді. Көптеген достар, талантыңызға бас иетін, қадірлейтін оқырмандарыңыз да молая түседі. Ең бастысы, тура сол танысымнан үлгі алып, талмай ізденіс, таудай талап, көз майын тауысқан оқу, мұрағаттарда белің майысқанша отыру т.б. және сарқылмас білім қажет.     

Қазақ тілінде жазылған