Адам қарады: 267 | Жарияланды: 2019-07-18 05:18:18

Жәнібек ән салады...

  Екі бөлімді драма-реквием

            Қатысушылар:

Бала Жәнібек

Бозбала Жәнібек

Жәнібек отыз бен қырық аралығында – әнші, жазушы

Мағрипа ана

Қыздары

Кәмен – ұстаз, жазушы

Жәнібектің сыныптас достары

Кәрім Нұрбаев – аудан басшысы

Сапарғали Бегалин – жазушы

Жүсіпбек Елебеков – әнші, ұстаз

Қайрат Байбосынов – досы, әнші

Ақселеу Сейдімбеков – аға жолдасы, этнограф-жазушы

Тұрсын Жұртбаев – досы, ғалым-жазушы

            Диктор: Қарт Шыңғыстың іші. Мезгіл 1949 жылдың наурыз айы, нақтылап айтқанда  күн мен түннің теңелген ұлыстың ұлы күні. Елсіз, күнсіз жалғыз қыстақта  соңғы екі-үш күннен бері толғақ қысып  жаны қысылған соң Мағрифа ана тың шешімге келген сыңайлы. Күндіз-түні мал соңында жүрген қосағы Кәрменді қыздары Әсәуира, Рымғайша, Бәнуге, ал оларды бір құдайға тапсырып, ауылдағы түйеші шалдың жәрдемімен екі түйені қомдап бөлімше орталығына, елдің ортасына жөнеп береді.

            Жайшылықта түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз болып жататын күн райы бүгін бұзылып-ақ тұр. Азынаған боран, боздаған түйе, алыстан талып естілген ұлыған қасқыр үні Мағрифа ананың зәресін ұшырып, жүрегін аузына келтіргендей... «Иә, алла өзің жар болып, аруақты аталар қолдай гөр... одан кейінгі жерде Бифатима ана бір өзіңе сыйындым...» дейді үні қыстыққан бейбақ. «Бұған дейін өмірдің талай қысталаң шағынан аман-есен өткенде ендігі мына сынағыңнан іштегі перзентім үшін жаным қалса екен...»

            Алланың кеңшілігі көп қой. Түйеші шал мен айы, күні жетіп отырған ана сайын Сарыарқаның бастауындағы Жәнібек жазығына жетіп жығылғанда азынаған боран да сап тыйылған. Толғағы піскен  ананы жел өтінен алып шығып, тыныштау өзекке жеткізген  соң түйеші шал амалсыз түйелерді шөгеруге мәжбүр болған. Содан көп уақыт өтпей шырылдаған нәресте үні Жәнібек жазығын жаңғыртқан. Алланың ұйғарымы, тағдырдың жазуымен оның кіндік қаны осы Жәнібек жазығына тамып, кіндігі осында байланған. (Әнші Тамара Асардың орындауында Шәкәрімнің «Анадан алғаш туғанымда» әні орындалады)

           

            Бірінші бөлім

            Бірінші көрініс

            Шыңғыстың іші. Жалғыз қыстақ. Мағрипа ана алды бой жетіп қалған, кенжесі бір-екідегі қыздары Әсәуира, Рымғайша, Бәну, Кенжегүл және жасы бестен енді асқан ұлы Жәнібекпен жер үстелдің басында таңғы астарын ішіп отыр.

            Мағрипа ана: Ал қарақтарым, әкелеріңді мәңгілік мекеніне жөнелтіп, қырқын да өткізіп үлгердік... Жоқтық жомарттың қолын байлайды деген. Аманшылық болса жылдығын да қал-қадірімізше өткізе жатармыз. Жарықтықтың ендігі бізден дәметері – құран ғана.

Қасиетіңнен айналайын Ербол аталарыңның немересі Кәрмен де келместің кемесіне мініп аттанып кете барды. Тірі адам тіршілігін істейді деген. «Мен ішпеген у бар ма» деп адамзаттың ақылманы ақын аталарың айтқандай, бұл өмірде мен бейбақтың басынан не өтпеді десеңдерші! «Жетім қозы тасбауыр, отығар да жетілер» дейді халқымыз. Ендігі жерде үлкен-кішіміз болып мына Жәнібек айналайынның қас-қабағына қарағанымыз жөн болар (күрсініп отырып қалады).

            Әсәуира: Шеше, қайғыға беріліп, сонша алаңдай бермеңіз. Біз де бой жетіп қалдық емес пе, бір жағынан шығысармыз.

            Мағрифа ана: Оның енді жөн сөз, Әсәужан! Бірақ сендер менің боркемік жан емес екенімді өздерің де білесіңдер. Енді мына бауыр, сіңлілеріңнің құлағына да сіңе берсін деп айтатын болсақ, небір зұлматтар мен нәубаттар артта қалыпты ғой (ойланып отырып қалады). Алғашқыда мен бейбақ, қайта-қайта аттарын атап күнәһар болып жатырмын-ау, Абай аталарыңның хатшысы болған Мүрсейіт Бікеұлының үйіне келін болып түспедім бе! Біле жүріңдер деп айтайын, тегінде ақын өлеңдерінің қолжазбасын Мұхтар ағаға жеткізіп, табыстаған сол кісінің ұлы, менің алғашқы қосағым –Рақымбай болатын...

            Бәну:(жасқана сөйлейді) Шеше, мен де бұл әңгіменің шет жағын естігенмен ұмытыңқырап қалыппын... сол Рақымбай атамен жолдарыңыз қалайша екіге айырылып кетіп еді?

            Мағрифа ана: Е, балам-ай, оған біз де, басқа да  емес, қу тағдыр, кесір заман кінәлі. Отыз екінші жылғы ашаршылықта жолымыз амалсыздан екіге айрылып, бай түгіл, баурымдағы баладан да көз жазып қалдым емес пе! Яғни, елде қалса ұлымыз Мүфтибекті аштықтан аман алып қалу мүмкін болмағандықтан Рақымбай оны ертіп шұбатылған жұртпен Семейге кеткен. Ал мен басқа амал болмағандықтан ұлымды бір аллаға аманаттап, ішім қан жылап елде қала бергенмін. Сол Мүфтибегімнің хабарын, міне енді ғана естіп, біліп отырмын ғой. Сөйтсем, бұлар ашаршылық жылдары біраз жерді айналып келіп, ең ақырында мына іргедегі Саржал ауылынан бірақ шығыпты. Оларды мен жылдар бойы еш хабар болмай кеткендіктен тірі емес шығар десем, ал Рақымбай мен екінші қайтара тұрмыс құрғанымды естіген соң мұны енді мазаламай-ақ қояйын деген секілді. Бірақ қалай десеңдер, олай деңдер, ұл-қызын тауып беріп жатқандықтан Тобықты баласының маған өкпе-реніші жоқ шығар деп білемін!

            Рымғайша: Десе де, нағашы жұртымыздың да сізге өкпесі жоқ болар. Өйткені, кенже ұлыңыздың атын нағашымыз Керей Ер Жәнібектің құрметіне қойсаңыз, оларда қандай өкпе болуы мүмкін...

            Жәнібек: Апа, сіз өзі саясаткер екенсіз ғой... сонда мені нағашым секілді батыр болсын дедіңіз бе?

            Мағрифа ана: Піш, мына Тобықтылар қайтеді ей! Намысшылын қарашы өздерінің! Тағы да амалсыздан арғы қайын аталарымның атын атаймын-ау! Сендер білмесеңдер айтайын, арғы замандағы Ырғызбай аталарыңның бәйбішесі Ермек Керей Ер Жәнібектің туған қарындасы болатын. Би аталарың өзінен кейін билікті екі жақсыдан туған Өскенбай аталарыңа беруі бекерден бекер дейсіңдер ме! Содан кейінгі жерде сондай дұрыс шешімнің арқасында Құнанбай аталарың өмірден өз орнын ғана тауып қоймай, Абайдай дананы өмірге әкелген.

            Рымғайша: Шеше, бұл енді ақталып жатқаныңыз ба, жоқ әлде мақтанып жатқаныңыз ба?

            Мағрифа ана: (күледі) Мұнымен мақтанып та, ақталып та жатқаным жоқ. Негізінде соңдарыңнан ерген мына бауырларыңның атын Шыңғыстаудың етегіндегі, Сарыарқаның бастауындағы Жәнібек жазығында туғандықтан солай деп қойған едім. Ал сол есімі атақты батыр нағашысының есімімен ұштасып жатса, несі айып?! Оның ар жағындағы қазақ хандығының ұйытқысы болған Әз  Жәнібек исі қазақ жұртының мақтанышы емес пе! Бұл шіркіннің соларға тартып туып, елінің елеулісі, халқының қалаулысы болып жатса ана шіркінде арман бар ма! Бұл орайда бұра тартқандай болмайын. Тегінде Тобықты азаматтары өзді-өзі болып оқшауланып қалмай, болашақ жарларын алыстан іздей білген. Кейінде осы елдің ұйытқысына айналған Үйсін Айпара, Найман Зере, Арғын Ұлжан, Төлебике-Дәметкен сынды Тобықты келіндері сол сөзімізге айғақ. Ал сондай мидай араласып, қарға тамырлы қазаққа айналған жұрттан би-батыр да, әкім мен ақын да көптеп шығуы заңдылық.

            Бәну: Батыр болған да, әкім болған да жаман емес шығар. Ал Абайдай ақын, Әлмағамбеттей әнші болса кімнен кем!

            Мағрифа ана: (тағы да күліп алып)Мұндайда «піш» демей қайтейін! Тобықты жұрты бұған дейін жаудан да, даудан да беттерің қайтып көрмеп едіңдер, бірақ дұрысы осы! Менің Жәнібегім ел бастаған көсем болмаса да, сөз бастаған шешен, аспандағы аққуға үнін қосқан күміс көмей әнші болса деймін! Тілі енді ғана шығып келе жатқан ана Кенжегүлден бастап, бәріміз, соның ішінде әсіресе сен, Бәну жап-жақсы әншісің! Шыңғыстың тау-тасы да, тербетілген тал-терегі де, оны айтпағанда селеуіне дейін өзінше ән шырқап, сыр айтып жатпай ма! Соған біз де қосылып, Жәнібектің бойына ән мен сөздің мәйегін сіңіріп бағалық. Сондықтан  Бәну ана дадан Тобықты Манарбек Ержановтың «Қойшының әнін» шырқайықшы бір!

            Жәнібек: Апа, бұл әнді мен де білемін. Мен де қосылайын сіздерге...

            Мағрипа ана: Талабыңнан айналдым, құлыным сол!..

 ( Бәрі: «Ақ серке қой бастаған ай мүйізді, Саулықтар қауын желін-ау, сары уызды. Қой қоздап бетегенің түбі сайын, Толтырған ойымыз бен-ау қырымызды» деп басталатын әннің бірінші шумағын айтып  болған соң қалғандары өзара келісіп алғандай қайырмасына келгенде тоқтай қалады. Содан арғы ән қайырмасын бес жасар Жәнібек еш жасқанбастан жеке өзі жалғастырып кетеді: «Саулығым артық маралдан, Мыңғырып өсіп таралған. Қозыларым егізден, Иесі өзім өргізген. Шәй-шәй қойым, шәй қойым, Құйрығы қардай май қойым. Өсе бер төлдеп егізден, Итке, құсқа жегізбен!» Ән қайырмасы айтылып бола берісімен бәрі Жәнібекті қаумалап, аймалап көтерісіп әкетеді)

                        Екінші көрініс

            Қарауылдағы Абай атындағы орта мектеп үйі. Кешкі уақыт. Әлсіз сығырайған май шамнан оқушылардың жүздері анық танылмайды. Оның үстіне Кәмен мұғалімнің жоқтығын пайдаланып баққан тентек балалар класс ішін абыр-сабыр шуға айналдырып бара жатады. Осы сәтте тақтаға   Жәнібек шығысымен, жаңағы шу су сепкендей  басылады.

            Жәнібек: Балалар, аудан орталығының өзінде электр жарығының әлсін-әлі өшіп қалып жататынын өздерің де білесіңдер. Әлі-ақ заман түзелер. Сондықтан осындайда өрекпімей, керісінше сабыр сақтаған дұрыс болар. Ал Кәмен мұғалім неге кешігіп жатыр дегенге келетін болсақ, оның да себебі жоқ емес. Біздің мұғалімімізбен аудан басшысының өзі санасып отыратынын сендердің де біле жүргендерің жөн. Әлгінде ғана ол кісіні райкомға шақырыпты. Тегі ондағылар ұстазымызбен әлдене шаруаны ақылдасып алайық деген болар.

             Оқушы бала: (жанындағы оқушы қызға сыбырлай сөйлеп жатады) Жаңа ет қызуымен менің дауысым басқаларға қарағанда қаттырақ шығып кетіп еді. Мына Жәнібек енді менің атымды өзі басшылық жасайтын «Мектеп прожекторынан» бірақ шығармаса  етті!

            Оқушы қыз: Ә, бәлем, батырға да жан керек дегендей, әлгіндегі «ерлігіңнен» із де қалмапты ғой.

            Жәнібек: Әй, балалар, жүздерің танылмағанмен, дауыстарың маған естіліп қалып жатыр. Ал енді сендерге айтарым сол, мен тырнақ астынан кір іздейтін адам емеспін. Оның үстіне бірге оқитын сендерге, кластастарыма жамандық ойласам, кім болғаным.

            Оқушы бала: Жәнібек, сен қалай десең де, біздің сенен қорқып, сескенетініміз рас.

            Оқушы қыз: Қорқақ  болсаң көретін күнің осы! Сондықтан тек жүрсең, тоқ жүресің дегенді ұмытпа! Ал біз, қыздар жағы Жәнібекті ағамыздай сыйлап, құрмет тұтамыз.

            Жәнібек: Жақсы сөз жан семіртеді деген. Тек жүрсең, тоқ жүресің деген сөзді бәріміз де ұмытпайықшы өзі. Әсіре белсенді болуға мен де соншалықты құмар емеспін. Сол себептен де, мені тек «Мектеп прожекторымен» байланыстырып қоймай, «Абай ұрпақтары» қолжазба журналының алқа мүшесі екенімді де ескере жүріңдер. «Болмасаң да ұқсап бақ» деп кетті емес пе, Абай атамыз бәрімізге. Ендеше сіз бен бізге «Мектеп прожекторынан» емес, «Абай ұрпақтарынан» неге көрінбеске! (Осы кезде класқа Кәмен мұғалім кіріп келе жатады. Оқушылардың бәрі орнынан тұрып, ұстаздарына ізет көрсетеді)

            Кәмен мұғалім: Болар адам он бесінде баспын дер, болмас адам отызында жаспын дер дейді халқымыз. Жаңа класқа кіріп келе жатып Жәнібектің Абай атасын еске алып, «Абай ұрпақтары» журналын тілге тиек етіп жатқанын құлағым шалып қалды. Бастауышты сонау Шыңғыстаудың бір қуысында бітіріп бізге келген бұл Жәнібектің сол кездің өзінде ескі әңгіме, есті сөзге бейім екендігін аңғарып қалған едім. Шыңғыстың іші тұнған тарих қой, шіркін!.. Сайдың тасындай адамдары қандай десеңізші! Абайдай дананың көзін көргендермен жүздес болған Жәнібек қайтіп жаман болсын!

            Оқушы бала: Мұғалім, сөзіңізді бөлгеніме айып етпеңізші, сол шақта аудан орталығымен көршілес мына Бірлік ауылының Баян деген қызы иығынан шапан, басынан тақия, қолынан Абайдың өлеңдер жинағы түспейтін бұған «кішкентай шал» деп атақ беріп, айдар таққан болатын.

            Кәмен мұғалім: Бұра сөйлеген күлгенге жақсы деген. Сол кездің өзінде мұның Абай өлеңдерін жатқа айтып қана қоймай, Абай әндерін де шетінен келістіре шырқай білгенін де айтпайсың ба сен, қарағым. Рас, онда Жәнібек Абай әндерін сырнаймен айтатын. Қазір, міне домбыра шертуді де қапысыз меңгеріп алды. Осы орайда  бала Жәнібектің Абай әндерімен бірге, Кенен әндерін де сүйсініп орындайтыны еске оралып отырғаны. Соның ішінен ол әсіресе «Бозторғайды» боздатып орындаушы еді. Сол шақта мұның жасы онан енді асқан болатын. Ал Кенен атамыз да осы әнін осының сол кездегі жасында шығарған екен. Бөстекі сөзге үйір болғанша, осындай дерекке құлақ түре жүрмейсіңдер ме!

            Оқушы бала: Мұғалім, тағы да біреуден естігенімді емес, көрген-білгенімді, көңілге түйгенімді айтып қалайын... Бұлар Қозы мен Баян болмаса да, Баян мен Жәнібек бола білгендері рас енді, рас... Оны бүкіл аудан халқы біледі.

            Оқушы қыз: (жыламсырап) Сен... сен «а»ны айтқанда, «б»ны неге айтпайсың! Мұғалім, менің білуімше...

            Жәнібек: Мұғалім, рұхсат етіңізші, мына қара бала мені қаралап-ақ жатыр ғой, сол бықсыған әңгіменің мән-жайын өзім айтып берейін сізге. Баян екеуміздің өнер жайында достық көңілмен пікір алмасып, хат жазысып тұрғанымыз рас енді. Сол достық көңіліміз мейлінше бұрмаланып, Баянның мектеп бойынша талқыға түскені де, менің оны қолымнан келгенше жалған жаладан арашалап қалғаным да шындық. Бірақ...(Жәнібек қабағын шытып) ол қазірде мектептегі оқуын тастап, медучилищеге кетіп қалды. Роза Бағлановадай әнші болуды мақсат тұтып жүрген оның алдағы болашағы енді қалай қалыптасатындығын бір аллам білер...

            Кәмен мұғалім: Қызға қорған, өнерге жанашыр бола білген сенен айналдым, Жәнібек! Кімді болсын, оның ішінде әсіресе өнерге бет алған адамды  рухтың осылайша тазалығы ғана көздеген мақсатына жеткізер деп білемін...

            Жәнібек: Мұғалім, редакция алқасының мүшесі ретінде «Абай ұрпақтары» қолжазба журналының келесі санына бізбен бір сыныпта оқитын мына Төлеген Жанғалиевтің бір топ өлеңін ұсынсам деп едім. Түбі осы Төлегеннен мықты ақын шығатындығына өз басым нық сенімдімін.

            Кәмен мұғалім: Әзірге өз шәкірттерімнің ішінен әдебиет ауылының табалдырығынан жасқанбай аттап, төрге бет алған Мерғали Ибраев деген ағаларың ғана. Бұл Төлеген сол Мерғалидың туған інісі ғой. Бұлардың әкесі Жанғали да өлең-жырға жуық адам. Алтынды шыққан жерден белден қаз деген. Бір үйден екі бірдей ақын шығып жатса несі артық?!  Ал қазақшаға да, орысшаға да қамшы салдырмайтын Роллан Сейсенбаевтың да мен үшін жолы бөлек. Бұл азамат қара сөздің шебері бола ма деймін. Сендерден біршама класс төмен оқитын Тыныштықбектің де күні ертең-ақ қанаты қатайып, жыр керуенінің алдыңғы сабынан көрінбесіне кім кепіл! Ал Жәнібек сенің де ақындық пен қарасөзді қатар ұстап келе жатқаныңды байқап жүрмін. Бірақ сол өнеріңді жарияға шығармай, іштен тынып келе жатқаның қалай?

            Жәнібек: (желкесін қасып) Оны енді оңашада өзіңізге көрсетіп ақылдассам ба деп едім...

            Кәмен мұғалім: Осы «Абай ұрпақтары» қолжазба журналының кезінде аяулы Мұхаңның, Мұхтар Әуезовтің елге келгендегі бір ақыл-кеңесімен жарыққа шыға бастағанын өздерің де білесіңдер. Бұл Мұхтардай дананың, үлкен кісінің елге, сол елдің болашақ талапты ұрпағына деген өзіндік қамқорлығы еді ғой! Ендеше жігітке,  жігіт қана емес, өнер мен әдебиет ауылына бет алған кімге болсын жасқаншақтық жараспайды. Ал, сен Төлеген журналға ұсынатын өлеңдеріңді реттестіре бер. Махмутбай, сен кластағы тәртіп жөнінен Жәнібектің оң қолы болуға тырысып бақ. Бұл сенің қолыңнан келеді. Себебі сен қайсар да өжет, бірбеткей жігітсің!

            Жәнібек: Осының бәріне рахмет, мұғалім. Солай дей тұрғанмен, сізбен оңашада ақылдассам ба деген тағы бір шаруаларым бар еді...

            Кәмен мұғалім: Жақсы келістік. Ал балалар, әлгінде Жәнібекті Абай өлеңдерімен бірге, әндерін де келістіріп айтып келеді деп бекер мақтаған жоқпын. Сонымен бірге ұлы ақынның кемі елу өлеңін жаттау менің, ұстаздарыңның тарапынан баршаңа міндет болып жүктелгенін бәрің де ұмытпаған боларсыңдар. Келесі сабақтан бастап соның жайын сұрастыра бастаймын. Ал қазір қараңғыда қамалып отыра бермей, Жәнібектің орындауында Абай аталарыңның бір әнін тыңдап барып, үйлеріңе қайтасыңдар. Біз болсақ, одан кейін де біраз отыратын шығармыз.  (Жәнібектің орындауында Абайдың «Сегізаяқ» әні шырқалады.Ән орындалып болған соң оқушылар біразға дейін қол соғып тұрып қалады да, сонсоң үйлеріне қайта бастайды)

            Жәнібек: Мұғалім, сізді мазалағаныма тағы да кешірім өтінемін. Енді былай ғой өзі, былай... Бір хикаят жазып едім. Повесть деуге келмес. «Ақылбайдың әні» деп аталады...

            Кәмен мұғалім: Ақылбайдың деймісің?.. Кәдемгі Ақылбай... Абай атамыздың ұлы жөнінде ме! «Ақылбайдың әні» дейді... естуім бар. Апаш-құпаш асығыста шығарылған, солай десек те кең тынысты ән. Сол ән, сол оқиға туралы болды ғой бұл хикаятың?

            Жәнібек: Солай десе де болады енді...

            Кәмен мұғалім: Онда сен, Жәнібек жарқыным, жарадың! Жаңа неге балалардың көзінше оқымадың?

            Жәнібек: Балалар мазақтап күле ме деп...

            Кәмен мұғалім: Оның сыртында жарық болмағанын да ұмытып кетіппін ғой. Бұл дүниелігіңді мен үйге ала кетіп асықпай оқиын. «Шөп басы қауызын жарып, бағылан қозы құйрығын ауырлады» деп басталатын анадағы «Хорлан» деген әңгімең  сөз саптасыңмен сүйсіндіріп еді. Жазушы үшін ең бастысы – тіл.  Ал мына хикаятыңды оқып шыққаннан кейін ақыл-кеңес, сын-ескертпелерімді айта жатармын өзіңе. Мұндайда асығудың керегі жоқ. Оны екеуміз бірлесе отырып, әбден иін қандырып барып журнал оқырмандарының назарына ұсынғанымыз жөн. Ал соған келіссек, маған тағы қандай өтініш, сұрағың бар?

            Жәнібек: Мұғалім, осы сіз қажыны... Шәкәрім атаны айтып тұрмын, көрген боларсыз?  Қандай жағдайда көрдіңіз, сол кезде жасыңыз нешеде еді?

            Кәмен мұғалім: Е, Жәнібек қарағым, осындағы баршамыздың жүрегіміздегі ескі жараны, өзектегі өкінішті қозғадың-ау!.. Ол бір ел басына ауыр салмақ түскен қиын кезең еді ғой...(жан-жағына қарап, Жәнібекке есікті қайта жаптыртады) Есің кіріп қалған естияр бозбаласың ғой, отызыншы жылдардағы ашаршылық туралы естіген де боларсың! Онда менің жасым он бір-он екіде болатын. Құбылмалы саясаттан бойын аулақ салып, елсіз, Шыңғыстаудың бір түкпірінде жатқан қажы бірде амалсыздан Қарауылға келген. Сол шақтағы республиканың бір басшысы Елтай Ерназаровтың осы жаққа арнайы келгенін естіген соң, елге бір септігім тие ме деп  жеткен ғой...

            Жәнібек: Қажыны сонда көрген екенсіз ғой, аға!.. Әңгімесін, әнін өз құлағыңызбен ести алдыңыз ба?..

            Кәмен мұғалім: Е, баламысың деген... Қажыны сол жолы көруін көрдім ғой, бірақ жасы оннан енді асқан мені алып ақынның, үкімет басшысының жанына кім жолатсын! Бірақ сол алып ақынның үлкен әкімге жолығып шыққан соң, «иә, не жөнінде әңгімелестіңіздер» деген мазмұндағы жергілікті азаматтардың сұрағына: «Басшыларың весьма тупой! Былғары ерін, құл қарын, көрерсіңдер әлі-ақ бұл қарынның елді былғарын» деп етегін бір қағып, атына мінген соң артына да қарайламай жүріп кеткені есте мәңгіге қалып қойыпты.

            Жәнібек: Мұғалім, ал енді сондай ғұлама адам жаназасы шығарылмай, еңбектері жарық көрмей қашанғы құрқұдықта жата береді?..

            Кәмен мұғалім: Елуінші жылдардың аяғында қажыны Мәскеудің өзі ақтағанмен, сол игі шаруа өз кесірімізден аяғына жетпей қалды емес пе!  Осыдан үш-төрт жыл бұрынғы талпынысымыздан да нәтиже болмады. Мұхаң, Әуезовты айтамын, екі қажының алдында қарыздармын, Абайды алып шығу үшін еріксіз осындай қадамға бардым ғой деп өмір бойы өкініп өтті. Соған қарамастан Шәкәрім қажы әлі-ақ өзін өзі алып шығады деп отыратын. Сондықтан сенің кеудесі алтын сандық қарттарды төңіректеп, солардың Абай, Шәкәрім жөнінде айтқан әңгімелеріне құлақ түре жүргеніңді, әндерін үйрене бергеніңді қалаймын!

            Жәнібек: Сол мақсатпен алдымен кімдермен тілдескенім жөн болар еді?

            Кәмен мұғалім: Сен, Жәнібек, бастауышты бітіргенше сырттағы, яғни қарт Шыңғыстың ішіндегі шежіре қарттардың мектебінен өтіп үлгердің. Бауырдағы, яғни, ел ішіндегі бүгінгі көзі тірі ақсақалдар да бірінен бірі өтеді. Кешегі Кәкітайдай асылдың сынығы, Абайдың көзін көрген Әрхам атаң өзі тұрған бір мектеп. Ән тарихын іздесең Құндыздыдағы ақын Шәкір Әбенов атаңды жағалағаның жөн. Үлкенмен үлкенше, жастармен жас болып тіл табыса білетін ол кісімен түптің түбінде дос-жар болып кетуің мүмкін. Ал осы Қарауылдағы Балтақай атаңның Әуезовтың бала кезден досы екендігін естіген боларсың? Басқа да көне көз қарттармен өзім сені жата жастана таныстырып, табыстыра жатармын. Ал енді Жәнібек қалқам, қарсы болмасаң менің де саған сауалым жоқ емес...

            Жәнібек: Құлағым сізде, мұғалім.

            Кәмен мұғалім: Сонымен болашақта әнші болмақпысың, жоқ әлде жазушылықты қалайсың ба?

            Жәнібек: Әнші... әнші болсам деймін. Ал одан кейінгі жерде... әрине, қолымнан келіп жатса ән әлемі, әншілер тағдыры туралы шығармалар жазғым келеді.

            Кәмен мұғалім: Қадамыңа гүл бітсін, қарағым!..

            Үшінші көрініс

            Қарауылдағы Кәмен мұғалімнің үйі. Алматыдан келген сыйлы қонақтар кешкі астан соң  өзара әңгіме-дүкен құрып, тыныстап отырған сыңайлы.

            Сапарғали: Міне, біздің бір топ болып елге келіп жатқанымызға екі жұмадан асып бара жатыр екен. Кел демек бар, кет демек жоқ деген. Сондықтан баршаңызға ризашылығымызды айтып, жолға жиналсақ деп отырмыз. Кәрім қарағым, жазғы таусылып бітпес қарбалас науқанға қарамай ,бізге де уақыт тауып көңіл бөле білгеніңізге бек ризамыз. Тек осындай қарбалас науқандармен шектеліп қалмай, Шыңғыстау еліндегі рухани  мәселелерді де көзден таса, көңілден жырақ қалдырмай келе жатқаныңызды да білеміз. Әзірге аяқсыз қалғанмен, Шәкәрім қажыны ақтау мәселесінде мұнда өзіңіз бас болып, ерекше қажыр-қайрат көрсеттіңіз. Сізді сол ұлылар аруағы қолдасын дейміз!

            Кәрім Нұрбаев: Рахмет, жақсы аға! Қазақ әдебиеті өкілдерінің қазіргі ақсақалы өзіңізсіз. Сізді көзі тірісінде Мұхаңның өзі құрмет тұтып, қадірлегенін білмейді емес, білеміз. Сіздің жетпіс жылдық тойыңыз, тек жеке бастың емес, әдебиет пен мәдениетіміздің, елдің тойы. Сондықтан осы күндері өзіңізбен бірге, еліңіз де бір жасап қалды. Біз соған да қуаныштымыз.

            Сапарғали: Соңынан сол елге менің, менің ғана емес, менің шашбауымды көтере келген барша қонақтардың атынан ризашылығымызды айта жатарсыз, Кәке!.. Бұл бір. Екіншіден осы сапарда екінші қайтара айналып келіп отырған Кәмен бауырымыздың шаңырағына да алғысты екенімізді айта кетсем деймін. Мұхаң жарықтық бұған елден қол үзбе, алысқа кетпе дегенде біздің де жағдайымызды ойластырған-ау, шамасы(отырғандардың бәрі «рас, рас-ау» деп күледі). Сонсоң тағы бір айта кететін жайт сол, Кәмен екеуміздің рухани жақындығымызбен бірге, менің мына Сәлима бәйбішем осы үйдегі Лиза келіннің кіндік шешесі болып келеді. Мен сонау 1924  жылы Архат бекетінде сот болып қызмет істегенде осы Лизаның әкесі Рахым соттың хатшысы болатын.

            Кәмен мұғалім: Сапарғали аға, Мұхаң демекші, сіздің ол кісімен 1943 жылы елге келіп  кеткеніңіз, ал соғыстан соң іле шала өткен Абай атамыздың жүз жылдық тойында Мұхаң, Ғабең, Ғабит Мүсіреповты айтып отырмын, барлығыңыздың сол дүбірлі тойдан соң елде, Шыңғыстауда бір ай жатып аунап, қунап қайтқандарыңыз күні кешегідей есімде. Ол да бір дәурен екен-ау! Ал осы жолғы сіздің елге еркелеп келген бұл сапарыңыздың мәні мен сәнін келтірген Жүсекең болды ма деймін.

            Жүсіпбек: Өсер елдің баласы бірін бірі батыр дейді демекші, айтатыны жоқ, Сапекеңнің мерейтойын кіндік қаны тамған өз елінде, ұлылар топырағында дүркіретіп өткізе білдіңіздер. Осы сапардан өз басым да Жәнібектей жас өскінмен танысып, олжалы болып қайтып бара жатырмын...(осы сөзден кейін отырғандар «бұл енді жөн сөз» десіп қозғалақтап қалады)

            Кәрім: Әзілің жарасса, атаңмен ойна деген... Мен кісі танысам, сіз артық сөзге жаны қарсы, тура адамсыз. Бірақ Жәнібекті анада алғаш тыңдағанда соншалықты ықылас білдіре қоймап едіңіз. Өзіңізден ғафу өтіне отырып, соның сырын білуге болмас па екен?

            Жүсіпбек: Ол жолы осы үйде кісі бұдан да көп болып, үйдің ішінде ауа тарылып, ерекше қапырық болып кетті емес пе! Оның үстіне әзірге ауылдан ұзап шықпаған, топты жанның ортасына түсіп көрмеген бозбала қорғаншақтады ма, қайтті, ашылып өзін өзі таныта алмады. Мұның сыртында ол шақта менің көңіл күйім де соншалықты болмағаны да рас. Оған сіздер де, әрберіден соң Жәнібек те емес, Сапекең кінәлі...(отырғандардың бәрі «бұл не сөз» дегендей Жүсіпбекке аңтарылып қарап қалады)

            Сапарғали: (күліп) Оу, Жүсіпжан-ау, біз пақыр неден жаздық?.. Не болса да айтып өлтірсеңші!..

            Жүсіпбек: Сол күнгі сапар сіздің кіндік қаныңыз тамған Дегелең тауынан басталды емес пе! Ондағы әкіреңдеген әскерилер бәрімізді темір тордың арғы жағындағы сіз дүние есігін ашқан қыстаққа жібермей көңілімізді бір жабырқатса, мұнан кейін амалсыз қыстақ жағына, сонсоң Дегелеңге дүрбімен көз салған сіз: «Мыналар не істеген, жер түгілі тау екеш таудың сұрқы қашып, мүжіліп бітіпті ғой... Менің Дегелеңім өлген екен» деп сай сүйегімізді сырқыратпадыңыз ба?! Бұдан кейін мен мына Кәменнің үйіне қандай көңіл күймен келгенімді өздеріңіз де ұғарсыздар деп сенемін.

            Сапарғали: Кейде өнер адамдарының жанын түсінбей қалып жатамыз-ау!.. Маған деген көңіліңнен айналдым, Жүсіпжан! Ал осы орайда сіздерге құпиялап айтайын, ұлы Мұхаң осы атом сынақтарына байланысты өмірден өткенше алаң көңілмен кетті ғой. Мына Кәрім біледі, Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаевтің соңынан қалмай елге - Абай, Абыралы жағына білікті дәрігер ғалымдардан құралған арнайы экспедиция жіберткен де сол кісі болатын. Мұхаңның Жапонияға барған сапарында басын бәйгеге тіге отырып, Семей атом полигонының зардаптары туралы сөз қозғағанын оңашада  өз аузынан естіп қалғаным бар. Оның соңынан үндеместердің тарапынан өмір бойы қойылған қарауылдың Мұхаң Лениндік сыйлық алғаннан соң барып алынғанын айтпасқа амалым жоқ. Сонда бұл кісі өмірінің соңғы екі- үш жылында ғана алаңсыз ғұмыр кешкен.

            Кәмен: Енді көңілді әңгімеге көшудің реті келіп тұрған секілді. Бағана кешкілік аудандық мәдениет үйінде Сапарғали ағаның құрметіне өткен кеш аяғына қарай сахна төріне біздің үміт күтіп отырған Жәнібегіміз шықты емес пе! Бозбала әнші Абай атасының «Сегіз аяғын» көсіле шырқап, баршамызды сұлу ән әуеніне бөлеп бергенде қасымда отырған қасымда отырған Жүсекең менің тіземді уыcтай қысып жіберіп, соңынан алақанымен аялай сипағанын өздеріңізге жеткізгенше асығып отырған жайым бар. Сонсоң Жәнібектің әніне көрімдігім деп өзі де аттың басын жіберіп, қамшы салдырмай шырқап берді емес пе! Сондағы жас түлекке деген риза-хош тілегіңізді осында отырған қауымға өзіңіз баяндап берсеңіз қайтеді, Жүсеке!

            Жүсіпбек: Әлгінде де айтып кеттім ғой. Шіркін, әнші-ақ екен. Әміре о дүниелік болғаннан кейін сағына аңсап іздеп жүретін әншімді, міне, Абай ауылынан кездестірдім. Ән, жалпы музыка өнерінің білгірі академик Ахмет Жұбанов  Алматыда биылғы көктемде өзің жоқта жас орындаушылардың байқауы өтті, сонда Абай елінен келген бір бозбала ән орындаудағы өзіндік ерекшелігімен көзге түсті дегені бүгін есіме түсіп отыр. Бұрынғы тыңдап жүрген әншілердің бәрі Жәнібектен соң төмендеп қалды. Енді бір үш-төрт жылдан соң бүкіл халық мұны құрметтеп, мақтаныш тұтатынындығына еш күмәнім жоқ.

            Сапарғали: Жүсіпбек-Жәнібек... аттарың ғана емес, үндерің де ұқсас... бірақ баланың өнерден өз орнын тапқаны жөн ғой.

            Жүсіпбек: Дұрысы сол, Сапеке!.. Қайда екен, Жәнібек... тағы бір тыңдасақ артық болмас еді.

            Кәрім: Сіздердің тараптарыңыздан осындай өтініш болып қалатынын сезгендей, оған осы маңайда бол деген едік, ішке кірсін онда (имене басып Жәнібек ішке енеді) Жәнібек, қарағым, алыстан келген қонақтар, жасы үлкен ағаларың сенің әніңді тағы бір тыңдағысы келеді. Заманында Арқаның ғана емес, алаштың Ақанына айналған серінің «Құлагеріне» қамшыңды басшы бір! (ән аяқталғанда «әй, бәрекелді» дескен қауым  дүрлігіп барып әрең басылады)

            Сапарғали: (қолын жайып бата беруге ыңғайланады) Өркенің өссін, Жәнібек! Әннің Құлагеріне айналып, әманда өнер бәйгесінің алдында болғайсың!  Жортқанда жолдасың Қыдыр болсын! Әумин! (бәрі бет сипасады)

            Кәмен: Жәнібек, сен кетіп қалма, ендігі әңгіменің ішінде бірге бол!

            Кәрім: Ал қадірлі Сапеке, Жүсеке, ертең ертемен жолға шығып кетететіндеріңізді айттыңыздар. Олай болса азаматтар өздеріңізді біраз жерге дейін шығарып салар. Сіздер риза көңілмен аттанып бара жатсаңыздар, біз соған дән ризамыз. Солай дей отырып, Абай елінің атынан сіздерге деген бір өтінішімізді айтсақ дейміз.

            Сапарғали, Жүсіпбек: (қосарланып) О не дегеніз, айтыңыз! Ол өтініштеріңізді қолдан келгенше орындап бағармыз.

            Кәрім: Сапеке, олай болса жаңағы Жәнібекті, осында баршамыз үлкен үміт күтіп отырған талантты баламызды атыңыздың артына мінгестіріп жіберсек деген ойдамыз. Сіздер елге келгелі Жәнібек маған да, ұстазы Кәменге де қолқа салып, Алматыға барып оқығысы, Жүсекеңнің соңынан еріп, шәкірт болғысы келетіндігін айтып бағуда. Мұндағы қалың ағайынның да тілегі осы!

            Кәмен: Сапарғали аға, әлгінде соғыстан соң іле-шала өткен Абай атамыздың тойына Мұхаңмен бірге сіздердің елге келіп кеткендеріңіз туралы айтып қалдым ғой. Сол сапар соңында Мұхаңның осындағы досы Балтақайдың жасы жетіге енді толған ұлы Манатайды бауырына басып Алматыға ала кеткені есіңізде болар. Ондағы ойы досының ұлына қала тұрмысын көрсетіп, тәлім-тәрбие беру болса керек. Сол Манатайыңыз қазірде аудандағы белді маманның бірі.  Әрине, Жәнібекпен екеуінің жолы екі басқа. Мұның оқуы, тұратын үйі дегендей... шындығы керек, жесір әйел, жетім бала болып өскен мұның артынан баратын көмек те жоқ. Сондықтан біздің салмағы ауыр өтінішімізге бірден жауап беру сіздерге де оңай болмас.

            Сапарғали: Бұл өтініштеріңізді естеген бетте ойланып қалғанымыз рас. Бірақ анау деп, мынау деп елдің тілегін жерге тастағанымыз болмас. Елімнің Жәнібектей талантты бір баласын бауырыма басып ала кетуім мен үшін де, мына жаныма еріп келген інілеріме де зор абырой деп ойлаймын. Мен осыларға да сене  отырып, Жәнібекке қамқоршы бола алатын шығармын деп отырмын.

            Жүсіпбек: Сапекеңе көмекшілікке өз басым әзірмін. Алғашқы жылы өнер сапарларында қасыма ертіп, сонсоң класыма қабылдап, әншілік өнерін жетілдіре түсуге уәде беремін! (дастархан басындағылар «осылай болады деп ойлағанбыз, еліңнің үмітін, ағаларыңның сенімін ақта, жолың болсын Жәнібек» десіп гуілдесіп, иығынан қағысып жатты)

            Кәрім: Көпшіліктің тілегі қабыл болғай! Саған, Жәнібек, баршамыз тек қана ақ жол тілейміз!

                        Екінші бөлім

                        Төртінші көрініс

            Өнер студиясы. Жүсіпбек Елебековтың ән класы. Ұстаздың орнында Жәнібек отыр. Оқушы түлектердің бәрі соның аузын бағып, ұйып тыңдап отырған сыңайлы.

            Жәнібек: Ұстазымыз Жүсіпбек ағаның кейінгі кезде сәл сырқаттанып жүргенін бәрің де аңдаған боларсыңдар. Сабаққа кешігіп жатса, дәрігерге қаралып жүрген шығар. Менің естіп білуімше Жүсекең санаторий, курорттардың біріне барып, емделіп, сауығып қайтпақ. Сондықтан, балалар, ұстаз келгенше шуылдап, дапдырамай тыныш отырғанымыз жөн болар.

            Жабықбай: Бейне өзі ұстаз секілді бәрімізге балалар деп қояды...Былтыр осы өнер студиясына оқуға түскен бетте мұның маған Абай өлеңдерін неге білмейсің деп ығыртып ұрсып алғанын қайтіп ұмытайын. Сонда деймін-ау, шындығында бұл Жәкеңнің жасы бізден біршама үлкен бе деп жүрсем...

            Қайрат: Жабықбай бұл орайда оны алданып аға тұтқан жалғыз сен ғана емессің! Мен де оның алдында аға деп елпек қағып, қалайша жүгіріп кеткенімді білмей қалыппын. Соны енді әңгіме болсын деп айтайын. Осы отырған бәріміз оқуға жаңада ғана қабылданып, жатақханаға енді орналасып жатқан болатынбыз. Бойы бәкене болғанмен өзін салмақты ұстайтын, сөзі де орнықты өзім шамалас сары баланы әлдебіреу «осыған дейін «Қазақконцертте» әнші болыпты, болашақ ұстазымыз Жүсіпбек Елебековтың қасынан тастамайтын сүйікті шәкірті екен» деген соң бәріміз де оны түрі жас көрінгенмен, өзімізден ересек адам ретінде қабылдағанымыз рас қой енді. (класта отырғандар оны қостап «рас, шын сөз» десіп қалады)

            Сондықтан болар, әлгі сары бала бөлмеге кіріп келгенде бәріміздің орнымыздан атып тұрғанымыз да шындық. Әй, сонда сабазың міз бақпай: «Рахмет, айналайындар! Отыра қойыңдар. Өркендерің өссін» дегенін қайтерсің! Сонсоң Бергеннен мені көзімен нұсқап: « Иә, мына тұрған қай бала? деді. «Аға, бұл әлгінде өзіңіз іздеген, Жаңарқа ауданының баласы Қайрат Байбосынов қой деді ол. Жәкең сонсоң маған бұрылып: «Ә, Қайрат қалқам, бұл сен бе едің? Осы жазда Жүсекең екеуміз гастрөлдік сапармен сенің аулыңа барып едік. Сонда атыңа әбден қанық болдым. Райкомның бірінші хатшысына сені іздеттіріп едім,  Алматыға кетіпсің. Қарағым, Жүсекеңдей ұлы адамға шәкірт болып келген екенсің, маңдайыңның бағы бар екен, қадамың құтты болсын! деп қамқорлық танытып тұрған адамды қайтіп аға тұтпассың! Бақсам бақа екен демекші, «Қазақконцертке» әнші болып қабылданғанда  мұның жасы небәрі он жетіде ғана екен. Оның үстіне бір жылдан астам уақыт бойы Жүсекеңдей өнер тарланының қасына еріп, еліміздің біраз жерінде болып үлгерген Жәкеңді өзімізбен тұстас бозбас деп қайтіп ойлайсың!

            Жәнібек: (күледі) Қайратжан, содан көп ұзамай, сен де менен есеңді мықтап тұрып қайырдың-ау!..

            Жабықбай: Жәке, егер намыстанбасаң соны өз аузыңнан естиікші.

            Жәнібек: Оған намыстанатын несі бар?! Өтті, кетті, ол бір артымызда айта жүретін оқиға болып қалды дегендей... Бір күні бір бөлмеде тұратын Кенжеғали екеуі дүкеннен нан алып жатақханаға келе жатқанда өзі қарны ашып бұратылып тұрса да, Қайраттың басына керемет идея сап ете түскен ғой. Сөйтіп, даусын құбылтып қыз бола қалған Қайрат телефон-автоматтан жатақханаға қоңырау шалып, мені шақыртпай ма! Қасында тұрған Кенжеғали болса бұған көмекші бола қалыпты. «Әлгі қыз» Алматыға мені арман жетелеп әкелді, талантыңызға, өнеріңізге көптен табынып жүрген жанның бірі едім, адресіңізді іздеп тауып алғанмен, бірден жатақханаға барғанға сіз қалай ойлайды деп көп күйзелдім. Осы жолы сізбен кездесе алмай кетсем... маған бұл тірліктің қажеті қанша» деп үзілгенде менің де жүрегім атқақтап кеткені.

            Жабықбай: Болды қызық... содан?

            Жәнібек: Жоқтық жомарттың қолын байлайды дегендей, енді қалтама қарап қипақтай бастап едім, соны қапысыз сезіп білгендей әлгі «ғашығым» : «Аға, сіз ештеңеден қысылмаңыз, мен елдегі бір Герой Соцтруданың қызымын, керек болса қасыңыздағы жолдастарыңыздың бәрін ресторанға ертіп баруға мүмкіндігім қапталымен жетеді. Бірақ мен бүгін тек сізді ғана көргім келеді» десін. Содан ана ботқаларыңды өздерің жей беріңдер деп шығып кеттім емес пе! Оқиғаның аржағы өздеріңе белгілі. Қыстың қыраулы күні бөлмеден жеңіл киіммен шығып кеткен мен, жатақханаға мейлінше жаурап кешкісін бір-ақ оралмадым ба!

            Қайрат: Әй, балалар, Жәкең кімге есесін жібергендей жан! Арада көп уақыт өтпей жатып: «Менің қолымның қысқа екендігін өздерің де білесіңдер, сендерден көптен бері қысылып жүруші едім, бәріңді дәмге шақырамын, адам болып бір еркін отырайықшы» деп бәрімізді ресторанға ертіп барғаны, одан түннің бір уағында жатақханаға қайтып келген соң «мынау сдачаң» деп қолыма болмашы ақша ұстата салғаны естеріңде болар. Сөйтсем, әлгі ақша өз атыма елден келген қаражат екен ғой. Соны бұл «доверенностпен» алып алған екен. Солайша есеп бірде бір болып теңескен.

            Жабықбай: Әй, қайран жастық-ай десеңші!..

            Қайрат: Иә, жасыңа жетпей кәртайып қалған кісі құсап сөйлейсің ғой...

            Жабықбай: Солайы солай. Анадағы Сарқант сапарынан соң ежелден шал атанған Жәкеңмен бірге мен де шал болып қайттым емес пе! Ол хикаяның жай-жапсарын сендер әлі естіген жоқсыңдар. Осы жазда бұған атқосшы болып өзімізше гастрөлдік сапармен мұның болашақ қайын жұрты жағына жөнеп бергенбіз. Жәкеңнің арқасында ол жақтағылар біздің келе жатқанымыздан  алдын ала хабардар болып, қонақ күтуге шабылып дайындалған көрінеді...

            Қайрат: Па, шіркін десеңші!.. Сонсоң...

            Жабықбай: Сонсоң «қоянның бойын көріп, қалжасынан түңіл» демекші, жасы он сегізден енді асқан, қабырғалары ішіне қарай жабысқан бізді көрген соң олардың менсінбей қалғаны рас. Мұндайда Жәкеңнің бой бермей кететін өр мінезін өздерің де білесіңдер. Совхоз басшысы Өкітай Ахметов деген ағамыз қалай дегенмен қолын қусырып, қойын сойып дегендей ауыл ақсақалдарын үйіне жинап қойғанына қарамастан досың дәмнің соңын ала шарт етіп мінез көрсеткені...

            Қайрат: Оу, сонда оларға не деп кінә артады бұл сабаз?

            Жабықбай: Иә, кінә артатындай жөні жоқ секілді еді... Дәм соңында халқымыздың дәстүрі бойынша  ауыздың алты аузын айту да сақталған. Енді бізден қонақкәде сұралғанда Жәкең: «Көрінген басшының үйінде ән салмаймыз. Шамаларыңыз келсе, мәдениет үйіне халықты жинап беріңіздер. Өнерімізді сахнада көрсетеміз» десін. Өкітай ағамыз да сабаз азамат екен. Еш артық сөзге бармастан тілегімізді орындап жатты. Бір сөзбен айтқанда мәдениет үйінде ән де, әңгіме де молынан айтылды. Біз кеткен соң сарқанттықтар «жақында ауылымызға екі шал келіп, баршамызды әнге де, әңгімеге де қарқ қылып кетті, ал сол екі шалдың жасын қоссаң да қырыққа жетпейді» дейтін көрінеді разы көңілмен. Сарқантқа барып шал атанып қайттық деп жатқаным сондықтан. Қысқасы жасы жетпей шал атанған Жәкеңнің жанында жүрсең, өзің де көпті көрген кәрияға айналып шыға келеді екенсің!

            Жәнібек: (күліп) Жақсы сөз жан семіртеді деген. Рахмет саған, Жабықбай шал қарағым! Бірақ мұндай мақтау сөз ұстазымыз Жүсекеңнің атына айтылғаны ләзім. Көретін көз, ұғатын құлақ болса сол кісінің соңынан ерген бір, бір жарым жылда өмір бойғыға жететін тәлім-тәрбие алдық қой. Алыс жолға шыққанда қалғып, мүлги бастасам: «Балам, жан-жағыңа көз тастай отыр дей келіп  Мұхаңның «жер – шежіреші, жер шежіреші болған соң ел шежіреші» деген сөзін еске салатын. Мұхаң демекші, жыл айналып Қарауылға келгенде ат басын ұлы жазушының осындағы досы Балтақай ақсақалдікіне тірегенбіз. Тегінде Жүсекең Абай  әндерін атамыздың сүйікті әншісі Әлмағамбеттің өзінен үйренген ғой...

            Қайрат: Жүсекең Абай еліне келген соң ұлы ақынның әндерін бірінен кейін бірін нақышына келтіріп орындаған болар...

            Жәнібек: Ұстазымыз замандас жолдасы Балтекеңе: «Мен осында келген сайын жастық шағыңызды еске түсіргіңіз келіп «Жамбас сипарды», «Ғалия» мен «Жиырма бесті» айтшы деп маза бермеуші едіңіз. Оныңыз да дұрыс шығар. Бірақ бүгін Жәнібектің орындауында Абай әндерін тыңдайық. Әлгі өзіңе Мұхаң сыйлаған домбыраны берші бұған» деді. Мен мұны ұстазымның елдің сыйлы ақсақалының алдында есеп бер дегені деп түсіндім. Оның үстіне Мұхаң сынды ғұламаның домбырасын қолға алғанда ерекше қобалжып, алғашқы бетте жүрексінгенім де рас. Бірақ ұстазымды жерге қаратқым келмей, бойымды тез жинап алдым. Содан екі ақсақалдың сұрауымен Абай әндерінің біршамасын шама-шарқым жеткенінше орындадым. Бұдан соң әншілік төңірегінде біраз әңгіме айтылып болған соң Балтақай ағам мені тәрбиелеп, баптап жатқан ұстазыма елдің атынан ризашылық білдіре келіп, Мұхаңның қасиетті домбырасы қап түбінде қалып қор болмасын деп маған сыйға тартты.

            Қайрат, Жабықбай: (қосарланып) Пәлі, мынау біз бұрын естімеген әңгіме екен... Ештен кеш жақсы деген. Құтты болсын, мерейің арта берсін! Мұхаңның аруағы қолдасын!

            Жәнібек: Өзі мақтанғандай боламын-ау!.. Жүсекеңнің қасына ерген сол аз уақытта мерейімді аспандатқан бақытты сәттер аз болмаған секілді. Айталық, Қарқаралыға барған сапарда ұстазымның мені өзінің алдына түсіріп Мәдидің «Қарқаралысын» маған орындатқанын, сонсоң ән соңында кезінде өзіне Мәдидің осы арада бата бергенін айта келіп, өзі де маған осы жерде бата бергенін қайтіп ұмытайын! Сол сапар барысында бір үйлену тойының үстінен түскен едік. Сонда  жайлау төрінде, дала төсінде өтіп жатқан той шымылдығын қарапайым той иелерінің өтініші бойынша ат үстінде ашқаны күні бүгінгідей есімде. Ал келесі бір жерде бір шаруашылық басшысы өз дастарханының басында : «Жалпы әнді тыңдағаным болмаса, мен сол әніңізді түсіне бермеймін ғой» дегенде «онда сенің малдан айырмашылығың болмады ғой» деп бетке айтқанын да естігеніміз бар.Мұның бәрі қайтіп ұмытылар, шіркін! (осы кезде ұстаз аудиторияға кіріп келе жатады, шәкірттердің бәрі жапырлап орындарынан тұрады)

            Жүсіпбек: Рахмет, айналайындар, отыра беріңдер. Иә, бәрің Жәнібектің әңгімесіне елтіп қалыпсыңдар ғой. Мұның тек әнші ғана емес, сөзге жүйрік әңгімеші де екендігін мойындап үлгерген боларсыңдар?

            Жәнібек: Мына балаларға жер ұйығы Қарқаралы, ондағы өзіміздің қаракесектер туралы көзбен көріп, көңілге түйгендерімді айта бастаған едім...

            Жүсіпбек: Әні, Қарқаралы, ондағы өзіміздің қаракесектер дейді... Бұлайша бауырға тартып, өзімсініп сөйлеуге болады, ал бірақ бұра тартып, бөлінуге жол жоқ. Сонсоң әңгіме өзегі ән мен әнші төңірегінде болып жатса, оған не жетсін! Шындығында қысыр сөзбен уақыт өткізбегендерің жөн! Той-томалақтың соңына түсіп, оңай олжамен жан баққыларың келетініндігін де білмейді емес, білемін! Ал сондай той иелерінің көздеріңше мақтап, сырттарыңнан маған жамандап жататындықтарын несіне жасырайын! Мұндайда мен сендерді жақтап-ақ бағамын. Бірақ өз бағаларыңды, ән мен сөздің бағасын түсірмеңдер,қарақтарым!

            Жәнібек: Бұл сөз ең алдымен маған бағышталған болар, аға, кешіріңіз...

            Жүсіпбек: «Қарға баласын аппағым» дейді қарағым! Ана Қайрат екеуіңді «Телқоңырым» деп еркелетсем, оған малданып, есіріп кетпеңдер деймін! Бұл Қайрат ақкөңіл, ақкөйлек, аңғал болса, сен басыңнан сөз асырмайтын, ешкімге жалынып бас ұрмайтын жансың! Міне, мен денсаулығымды оңдайын деп шипажайға кетіп барамын. Ал мен жоқта бірдеңеге ұрынып қалып жүрмеңдер. Бұл тек Қайрат пен Жәнібекке ғана қатысты сөз емес. Сондықтан осы ақылымды бәрің де ескерерсіңдер деп білемін! Ал Жәнібек әлгінде Қарқаралы, қаракесектер туралы әңгіме қозғаған екенсің, Мәдидің «Қарқаралысына» басшы енді! (Жәнібектің орындауында «Қарқаралы» шырқалады)

                        Бесінші көрініс

            Республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясы. Аталмыш басылымның әдебиет, мәдениет және өнер бөлімінің меңгерушісі Ақселеу Сейдімбековтың жұмыс кабинетінде бас қосқан әнші Жәнібек Кәрменов пен жазушы Тұрсын Жұртбаев әңгіме көрігін қыздыра түсуде.

            Жәнібек: Қадірлі Ақа, кім болсын мейлі, ара-тұра өзіне өзі есеп беріп отырғаны ләзім деп білемін. Сексенінші жылдың басынан бергі соңғы төрт-бес жылда, мақтанғаным емес және соған тәуба, шүкір деп айтайын мен жақсылық пен жаңалықтан кенде болмаппын. Айталық, осы жылдар аралығында Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанып, Мәскеуде өткен дүние жүзі жастары мен студенттерінің фестивалінің дипломанты атанған екенмін. Мұның сыртында дәл осы кезеңде сіз бен біз қазақ ән өнері туралы Қазақ теледидары арқылы оншақты хабар жүргізіп, мен сол хабар барысында жүзге жуық ән орындаған екенмін. Солайша соңғы он-он бес жыл көлемінде түрлі себептермен сахнадан шеттетілген менің есімім жалпақ елге танылды. Рас болса Қазақ теледидарының күнделікті хабарларын үш-төрт миллионға жуық көрермен көреді екен. Сондықтан Ақа, өзімді сізге қарыздармын деп есептеймін.

            Ақселеу: Пәлі, Жәнібек, ол не дегенің? Мүмкін керісінше мен саған қарыздар шығармын. Екеуміздің мақсатымыз халқымыздың қалғып кеткен санасын ояту болса, сол мақсат үддесінен шыққандаймыз. Сенің замандасың Жарасқан ақынның  осы орайда екеумізге арнап шығарған «Жәнібек ән салады, Ақселеу тамсанады» деген эпиграммасы халықтың арасында афоризм болып тарап кеткені сондықтан ба деймін. Өз басым тек соның «Жәнібек ән салады, тыңдарман тамсанады» деп өзгертіп айтылғаны дұрыс па деймін.

            Тұрсын: «Білесің, білген соң айтасың» деп академик Әлкей ақсақал  айтпақшы, Ақа осыған дейін бұл Жәнібектің басынан не өтпеді дейсіз! Айталық, Жүсекең санаторияге емделуге кеткенде  студия басшысының мұны анау-мынау деп жалған жаламен оқудан шығырып тынғанын, әйтеуір ұстазының өтінішімен  сол кездегі респубикамыздың Ішкі істер министрі, генерал Шырақбек Қабылбаев елге кетіп қалған мұны айналасы бір тәуліктің ішінде Алматыға алдыртқанын білетін боларсыз! Оның соңы ел басшысы Димекеңнің, Қонаевтың қамқорлығына ұласып, небәрі жиырма жасында Алматының қақ ортасынан екінші бір генералға тиесілі хан сарайындай үш бөлмелі үйді иеленгенін де өзіңіз естіген боларсыз. Бірақ мұны естісеңіз де Жәнібек бауырыңыздың жетпісінші жылдардың ортасында сахнаға қолы жетпей қара жұмыс істегенін біле қоймассыз?

            Ақселеу: Япыр-ай, ә, мұны мен естімеген екенмін! Сонда мұндай қысастықтың себебі неде?

            Тұрсын: Ұстазы Жүсекең ескертіп отыратындығындай оған «кінәлі» Жәнібектің өзінің ешкімге бас ұрмайтын өр мінезі! Соған орай сол кездегі Мәдениет министрі мұны сахнаға жолатпаумен тынбай, шетелдік өнер сапарларына іліккен жерден тізімнен есімін сызды да отырды емес пе! Менің әндерімді орындамайсың деп радиодағы тағы бір ағасы да қолынан келгенін істеп бақты. «Жәнібектің даусы жоғалып кетіпті, анадай, мынадай жағдайға ұшырапты» деген мағынадағы неше түрлі қауесет сөздің шығатыны да осы кез. Бірақ соның біріне бұл иліккен жоқ.

            Жәнібек: Ақа, Тұрсынның сөзінде бір өтірік жоқ. Менің жайымды бұдан артық кім біледі. Бірақ талпына білсең әр қиындықтың шығар жолы, қайырым-шапағаты болады екен. Сол жетпісінші жылдардың соңына қарай студиядағы Жүсекеңнің ән класына ұстаз болып орналасқан соң оқушыларға ән өнерінің иірім-қайырымдарын үйрете жүріп, өзім де жетіле түстім. Сол тұста университетке түскенім де кәдеге жарап, «Жалын» баспасына және қызметке орналастым. Іле «Ақылбайдың әні» деп аталатын алғашқы кітабым жарық көрді. Солайша реті келгенде Кәмен мұғалімге берген уәдемді орындап, сөздің де соңына түстім. Менің  «Өнердегі өмір» атты жаңа кітап сериясын ашу жөніндегі идеям баспа директоры, марқұм Қабдыкәрім Ыдырысовтың тарапынан қолдау тапты. Одан кейінгі жерде мына Жұртбаевты атақты актеріміз Қалибек Қуанышбаев туралы деректі кітап жаздыруға көндірдік дегендей...

            Тұрсын: «Піш» деген... (Жәнібек екеуі қосылып күледі)

            Ақселеу: Өздерің айтып, өздерің күлмей мұның себебін маған да ұғындыра отырсаңдаршы...

            Тұрсын: «Піш» - Жәнібектің анасы Мағрифа шешейдің ерекше жағдайда сүйініп, күйінгенде жиі айтып қалып жататын сөзі еді. Әнді де бір кісідей айтатын, сөзге де жүйрік мінезі адуынды кісі еді, жарықтық! Кейде түрлі жағдаймен еңсеміз түсіңкіреп алдына  барғанымызда өр мінезді шешей: «Үй, шіріктер! Не болды бастарыңды иіп... Қатынымен кім ренжіспейді? Жас күнімізде өзімізді байымыз күндіз қанымызды шығарып сабайтын, түнде жанымызды шығарып сүйетін. Тәйт әрі! Көзіме мүләйімсігендеріңді көрсетпеңдер!» дегенде жынымыз қағылып-ақ қалатын.

            Ақселеу: Ер Жәнібектің ұрпағына жарасатын сөз ғой бұл. Айтқан-ақ екен анамыз!

            Жәнібек: Сол бір қиын күндерде жігерімді жанып қанаттандырған, өмірге құштарлығымды арттырған анам мен құдай қосқан қосағым Тотыға ризамын...

            Тұрсын: Одан да сөздің басын ашып айтып «екі керейге» десеңші!

            Жәнібек: «Келін қайын ененің топырағынан» деген сөз бар. Тұрсын, сен күлсең де айтайын, үш жүзден таңдап алған Тотайдың анама тартып жаратылғаны рас. Солайша басыма қиындық түскен кезде еңсемді көтеруге жарамай жатып қалмай, өмірдің ағысына қарсы жүзе білдім ғой деймін!

            Тегінде мен ұлы ұстазым  Жүсекеңнің қасында аз кемі жоқ он бес жылдай жүрген адаммын. Бұл кісі туралы ғұлама Әуезов «Жүсіпбек ән өнерінің ғана академигі емес, адамгершіліктің де академигі» деп баға берген ғой. Мұхаңнан асырып не айтарсың! Сондығы емес пе, ұстазым осы жылдар аралығында маған 350-400-дей ән үйреткенімен шектелмей, мені тәлім-тәрбие алсын, ұлағатты өнегелерін көріп, үйренсін деп бірде театр өнерінің асқар шыңы Қалибек Қуанышбаевтың, тағы бірде өнер ғылымының академигі Ахмет Жұбановтың, ал келесі жолы әні мен әншілігіне жасымнан ден қойған Манарбек Ержановтың алдына ертіп баратын. Манарбек ағаға соңғы бір барғанымызда ауырып жатқан ол кісі әлсіреп-ақ қалған екен. Соған қарамастан Жүсекеңе: «Қайрат пен Жәнібектей шәкірттеріңіз бар сіз бақытты жансыз ғой» дегені жүрегімді толқытқан. Аяулы Ғарекең де, Ғарифолла Құрманғалиевті айтамын, Жүсекеңе осы тұрғыда қызығып, риясыз көңілмен көпшік қоя сөйлетін.

            Ақселеу: Адам алпысқа келгенде ғана ақсақал болмайды. Қазақта «отызда омыраулы ақсақал, қырықта қоңыраулы ақсақал» деген ұғым бар. Мінезі өр, өлеңі өрт Махамбет ақын «кәрісі кімнің жоқ болса, жасы болар дуана» деген екен. Ұлылардың табанының ізі қалған жерде туып, жасыңнан ескі де есті әңгімеге қанығып өскен,ал одан кейінгі жерде мынадай ортаға тап болған Жәнібек сенің жаман болуға қақың жоқ екен-ау!

            Жәнібек: Азар көкірегің соқыр болмаса, тәлім-тәрбиеден кенде болмадық қой. Осыған орай бір оқиғаның есіме оралып отырғаны. Бірде тұңғышымыз Әсеттің туған күніне орай  Сапарғали, Жүсіпбек сынды жақсы ағалармен біздің үйде бас қоса қалдық. Тұңғышымыздың атын әнші Әсеттің құрметіне орай Сапекеңнің өзі қойған болатын. Жақсы отырыстың орта тұсында жайшылықта биязы Құныпия досым қарап отырмай: «Енді Жәнібектің жуырда ғана Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» деген өлеңіне жазған әнін тыңдасақ қайтеді?» деп қалғанын қайтерсіз! Мен бұл сөзден кейін не дерге білмей қысылып, көзіммен жер шұқи бергенмін. Оның себебі сол, ұстазым кемі 30-40 ән шығарғанмен соны «менің ән шығаратын да өнерім бар» деп көпшіліктің алдында орындамайтын. Ал Абай сөзіне ән шығару деген...

            Ақселеу: Япырай, ә, сөйтіп бұл тығырықтан қалай шықтың?

            Жәнібек: Ұстазыма қарасам, жүзі түтігіп кетіпті. «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда?» деген Абай. Кемеңгер сөздің қасиетін ұғынар кімдер бар? Абай жырына ән шығарған екенсің ғой. Ал тыңдайық!» деп маған домбырасын ұсына берді. Енді шегінетін жер жоқ. Бойымды жинап, ойымды тиянақтап жаңа әнімді орындап беруге тура келді. Әнді орындау барысында ұстазыма көзім түсіп кетіп еді, ән әуеніне ақырындап қосылып отырған секілді көрінді. Ән аяқталған соң ұстазым: «Әнің жақсы, бірақ ақсақ екен. Бір күні маған кел, аяқ салып берейін» дегенде үстімнен жүк түскендей болып,  бойым  да, ойым да сергіп сала берген. Бұдан кейінгі жерде ән шығаруға байқастап баратын болдым.

            Тұрсын: Жәнібектің өзі осылай дегенмен, мұның жетпісінші жылдардың соңында қайта өңдеп, жан бітірген әндері баршылық, Ақа! Соның ішінен «Әсет пен Кемпірбайдың қоштасуын», Майбасардың Мұхаметжанының «Қайран жастығын» бөліп айтсақ еш артықтығы жоқ па деймін. Мысалы, мұның алғашқысы бұрын көп айтыла бермейтін. Соның өзінде Манарбек әншіге рахмет. Бірақ Сол Манарбек орындаған үлгіні ұстана отырып, бұл әнді бүгінгі дәрежеге жеткізе жетілдірген Жәнібек екендігін мойындамасқа болмайды.

            Ақселеу: Тұрсын, шырақ, оның несін айтасың, ондай жағдайға кейінде өзіміз де куә болып, көзіміз жетті ғой. Айталық, Ақтамбердінің толғауын жарыққа шығару барысында Жәнібектің жылдар бойы еңбектеніп, ақ тер, көк тер болып толғау-ән әбден бабына жеткенде Семейден келе қалған Жүсекеңнің тұңғыш шәкірті Мәдениет Ешекеевтің өзі «Мұны Жәкентай өзің болмасаң мен орындай алмайды екенмін» деп мойындағаны да есіңде болар, Тұрсынжан! Ал мұның сыртында сол Жәкентайдың жерлес Мейрамбек Жанболатов ағасының «Ән-домбыра» деп аталатын әнін де екі-үш жыл баптап барып тыңдарман көңіл таразысына содан кейін  ұсынғанын білеміз ғой.

            Тұрсын: Ол әннің де, сіздің «Дәурен-ай», «Сарыарқа» әндеріңіздің сөзін де жазған Несіпбек Айтұлы болатын. Үшеуіңіздің араңыздағы сол жылдардағы шығармашылық жетістікке дос сүйініп, дұшпан күйінгені өтірік емес. Осы тұста Жәнібектің екінші тынысын ашқан өзіңіз болатынсыз, қадірлі Ақа!

            Жәнібек:(күліп) Ақа, мынадай сөзден кейін насыбай атқың келеді екен, Құнанбай қажыдан ауысып, қолыңызға тиген шақшаңызды тастаңызшы бері. Сол шаруаны ұмытып бара жатырмыз ғой өзі. (іле қайтадан қамығып) Жұртбаев сен мені мойындағанмен, осы шенеуніктерге жүнім неге қызыл? «Баяғы жартас, бір жартас» дегендей, шетке шыға алмай өтеміз бе екен өмірден?!

            Тұрсын: Болды Жәжә, босқа қамықпа! Ондай аттылы күнге де жетерміз бұйыртса! (екеуі бірін бірі иыққа қағып, мәз болады)

            Ақселеу: Екеуіңнің тез қамығып, артынша тез мәз болғандарыңды және түсінбей қалдым ғой.

            Тұрсын: Ақа, мұның «Жәжә» деген лақап атын білмейді екенсіз ғой. Оның мағынасы «Жә, Жәнібек болды» деген ұғымды білдіреді. Балалары да, Тоты да, біз достары да бұл бой бермей бара жатқанда «Жәжә» дейміз оған.

Ал Жәжә, аз сөз алтын демекші, мен білсем сіздің үйге баратын болармыз енді.

            Ақселеу: Келіннен, балалардан ыңғайсыз болмай ма өзі!

            Жәнібек: Мен Тотыны кезінде «жыртығымды жамасын,жетім көңілімді жебесін» деп алғанмын. Мұның еш ыңғайсыздығы жоқ. Тоты да мұндайға көндіккен. Оның үстіне күні кеше ғана соғым сойып алғанымызды айтып қоямын-ау енді! Ана Несіпбек пен Құныпияға да таңертең телефон шалып,бүгін кешке біздікіне жетіңдер дегенмін.

            Тұрсын: Мен білсем, біріміз әннің, екіншіміз проферанстың қызығына әбден қанатын болдық қой.

            Ақселеу: Иә, Құныпия мен Жәнібек бүгін бізді әнмен сусындататындығына  сөз жоқ. Сонда да қазір шығар ауызда Ақтамбердінің толғауын тыңдасақ қайтеді?!  (Жәнібек бәлсініп жатпастан ағасының тілегін орындайды)

 

 

                        Алтыншы көрініс 

            Алматы. Жәнібек пен Тұрсын Алматинканы бойлап, Алатауға қарай беттеп барады.

            Жәнібек: Ақаң мен Несіпбек достың ән-өлеңінде айтылатындай «атқан оқтай, шапқан аттай» зырғып өтіп жатқан уақыт, шіркінді жалынан ұстап тоқтата алармысың! Шындығында соңғы төрт-бес жыл қат-қабат оқиғаларға толы болды ғой.

            Тұрсын: Айтатыны жоқ, Жәке! Қызыл империяны дүр сілкіндірген Алматыдағы желтоқсан көтерілісіне куә болдық. Одан кейінгі жерде соған орай қуғындалып, қызметінен аластатылған бергі Ақаң да, арғы Ахаңдар да, Ахмет Байтұрсыновтар бастаған Алаш қайраткерлерін айтамын, ақталып елімен қауышты. Бір қарағанда тәуелсіздікке оп-оңай қол жеткен секілді көрінгенмен, ел тарихында оған дейін қаншама қилы кезеңдер артта қалды десеңші!

            Жәнібек: Тәуба, шүкір деп айтайын, қоғам, ел өміріндегі оңды өзгерістер жеке басымыздан да айналып өткен жоқ. Ештен кеш жақсы дегендей республикамыздың еңбек сіңірген әртісі атандық, соңғы бір-екі жылдан бері әлем сахналарына жолымыз ашылды дегендей...

            Тұрсын: Құрманғазы атындағы консерваторияда жаңадан ашылған халық әндері кафедрасының бастауында тұрғаныңды мен айтайын. Осыдан екі жыл бұрын дүние есігін ашқан кенжеңе содан екі жыл бұрын ақталған Шәкәрім қажының есімін бердің. Соның бәрі кешегі заманда қол жетпес арман еді ғой. Жаныңа балайтын Ботаң желкілдеп өсіп келеді. Міне, тұңғыштарың Әсеттің үйлену тойына санаулы күндер ғана қалды. Соның бәріне жаңа өзің айтқандай тәуба, шүкір дейік! Айтпақшы, осы тойдың қарсаңында Семейдегі Бозтаев ағаңның темір тұлпарға бұт артуыңа мүмкіндік жасағаны және бар. Бірақ соған бола қол тоқпақтай болғанмен адамша сөйлеп тұрған шешен домбыраңды облыс басшысына сыйлай салғаныңды өз басым құп көрмедім, Жәжә!

            Жәнібек: Сен бұлай демесең Жұртбаев боласың ба! Семей атом полигонындағы соңғы сынақтарға байланысты Кешекеңнің алғашқыда солқылдақтық танытқанын бұл мәселеде  Олжекеңнің оң қолы болып жүрген сенің кешіргің жоқ. Бірақ бұдан кейінгі жерде Бозтаевтың басын қатерге тіге отырып, бір жағынан шығысуға ұмтылғанын да ескерейік. Сонсоң домбырамды мәшина үшін емес, облыстың білдей бір басшысы сол домбырамен халық әндерін айтқаны үшін сыйлаған едім...

            Тұрсын: Кәрменов, дос жылатып айтады деген... бірақ сен бұдан да сытылып шығып кеттің. Мұхаңның домбырасын ғой, өзіңе соншама қамқорлық таныта білген генерал Қабылбаевқа сыйладың. Хош делік! Ал анада ғана дүркіреп өткен Қаракерей Қабанбай батырдың үш жүз жылдық тойында тағы бір домбыраңды айтыстың ғана емес, әннің де жұлдызы екен деп Абаш Кәкеновқа алмаймын деп қысылғанына қарамастан беріп кеттің. Ат пен шапанның жөні басқа. Ал неше жерден үйіңде домбыраның көмбесі болса да, осы тірлігіңді жөн көрмеймін, Кәрменов мырза!

            Жәнібек: «Құр бақырған ән бе екен»... депті Абай атам. «Ән айтсаң да жаныңды жеп айтасың» деген сөз және бар. Сөк мейлің, сөкпе мейлің , жақсы ән естігенде өститін әдетім бар менің...

            Тұрсын: (күліп)  Сол жолы Абаш табан астында бір шумақ өлеңмен: «Өнерді жастайымнан серік еттім, Келеді қазақ сөзін теріп өткім. Әр  сөзім шығып жатса, арманым жоқ, Термесіндей Кәрменов Жәнібектің» депті. Иә, сөз қадірін де, ән қадірін де білетін азамат қой ол да!

            Жәнібек: Жұртбаев, жуырда мен Түркия сапарынан оралдым ғой. Сол сапар барысында жүректі сыздатқан да, езуіме күлкі үйрілткен де оқиға болмай қалмады. Соның алғашқысына келетін болсақ, сондағы ағайындар ортасында жасы бүгінде сексенге тақап қалған ақсақалдың тағдыры жүрегімді қатты толқытқаны рас. Сұрапыл соғыс жылдары тұтқынға түскен әлгі бейбақтың содан беріде елдің бетін көрмегеніне елу жыл болыпты. Сол ақсақалды ұлдың тойынан кейін елге шақырып алғалы отырмын. Екеуіміз бірге қарсы алайықшы!

            Тұрсын: Сөзіңнің садағасы, Жәке! Ал енді күлкілі оқиғаны айтсаң...

            Жәнібек: Стамбұлда өткен соңғы концертке түрік, қазағы, басқасы бар, халық көп жиналды. Жаңа айтқандай, жанымды жеп шырқап ән салып жатқанмын. Бір уақытта залда насыбай атып отырған қызылқоңыр топылы түрік ағайынға көзім түсіп кеткені. Содан есімнен айрылып қалуға шақ қалдым. Себебі содан бір күн бұрын шақшамдағы насыбай таза таусылған болатын. Сөйтіп, соңғы әнімді айтып болысымен әлгі түрік ағайыннан көз жазып қалмауды ойластыра бастадым. Ақыры үзілісте оны тауып та алдым. Бірақ түрікше білмеймін ғой, тек «насыбай, насыбай» дей беріппін. Алғашқыда менің не айтып тұрғанымды ол да ұқпай біраздан кейін «а, нас, нас» дегені. Сөйтсем түріктер насыбайды нас дейді екен ғой. Олардың насыбайды нас дегенін аса ұнатпасам да, сондағы қуанғаным-ай!

            Тұрсын: Түркияға келесі сапарда Ақаңды ерте барсаң, сендер бүкіл түрік қауымына насыбай атқызып келетін боларсыңдар, тегі...

            Жәнібек: Түркия сапарынан кейін елге, Семей мен Шыңғыстау жағына барып келдім ғой. Баяғыда ел басшысы Хафиз ағаға айта жүріп, елмен қайта қауышуыма дәнекер болған өзің едің. Ол үшін саған рахмет, Жұртбаев! Бірақ мына алмағайып заманда ел іші қайта бүлінген секілді. Егеменді ел атанғанымызға еміренген гөрі, алып қалсам, қарпып қалсам деп бұзылған ниетті, ағайын арасындағы алауыздықты көрдім. Бұл тұрғыдан алғанда Алматыдағы алдыңғы толқын ағалардың да оңып тұрғаны шамалы. «Қатыныма қадірім жоқ етімді көреді, Халқыма қадірім жоқ бетімді көреді» демекші, алдыңғы толқын ағалар ұсақталып, өнердің де қадірі кетіп бара жатқан секілді. Соның бәрі  қосыла келгенде «Ағалар-ай» деген жаңа әнімнің өмірге келуіне түрткі болды...

            Тұрсын: Оу, бағанадан бері әңгімені содан бастап, сол жаңа әніңді тыңдамадық па!..

            Жәнібек: Оны енді шәкіртім Рамазан Стамғазиевке үйретіп кетуге тырысып бағармын...

            Тұрсын: Жұмбағымның жауабын өзің шешіп ал дейтін осындай мінезіңді қойсаңшы, Жәжә!

            Жәнібек: Сен де орғи бермей, сөзіме құлақ сал, Жұртбаев! Шешем марқұм: «Түсімде Тұрсынды көрдім, үстіне Абайдың шапаны мен тақиясын киіп алыпты. Түбінде Тұрсын ғұлама ғалым атанады, сыйлап жүр» деп отырушы еді. Саған айтпағанда кімге айтамын, түсіме анам кіріп жүр. Осы мен биылдан қалмайтын сияқтымын. Анам түсімде аруланып, жасанып, адуынды бір күйі болушы еді ғой, соған түсіп алыпты. «Әй, балам-ай, баспанадан әлі тарығып жүр екенсің-ау! Жуырда тойың өтпей, үйің кеңиді. Сен менің қасыма кел, үлкен, жарық, еңселі кең сарай салғызып қойдым. Сыңғырлап тұр. Сонда ғана тыныштық табасың» дейді. Қатынды қойшы, жөнін табар, ана Ботама қара, ұқтың ба, Алма мен Назымыңдай көр. Керімнің мен есінде қалмаспын. Бәрін бір аллаға тапсырдым.

            Тұрсын: Жәжә, болды! Ойнап айтсаң да, ойлап айтсаңшы сөзді!..

            Жәнібек: Әй, Жұртбаев-ай, мен солай дегенде өзім барып бірдеңеге ұрынады деп ойлайсың ба? Бәрі бір алланың қолындағы шаруа. Әйтеуір бастаған екенмін, сөзімді аяғына жеткізіп айтайын. Қадірменді ұстазым Кәмен мұғалім: «Сөз ұстайсың ба, әннің соңына түсесің бе?» дегенде мен мұның екіншісін қалаймын дей отырып, ал  алғашқысына да айналып соғып отыратындығымды айтқан едім. Сол айтқанымды орындап «Ақылбайдың әні» деп аталатын алғашқы жинағымнан соң «Махаббат әні», «Ғашықтың тілі» атты кітаптарым жарық көрді. Соның қай-қайсысы болмасын өнер тақырыбына арналғанын өзің жақсы білесің. Енді тойдан кейін Дәукеңнің соңынан Семейге кетіп, ерке Ертістің жағасынан жер үй салып алып, көптен көңілімде жүрген отызыншы жылдардағы ашаршылық туралы «Молаға бастаған жол» атты көлемді шығармама отырсам деймін. Қайран, Семей, ұшақпен ұшып келіп, аэропорттан түскен бетте-ақ салқын самалына көкірегің ашылып сала береді ғой!..

            Тұрсын: Ән әлеміндегі секілді, сөз өнерінде де жұлдызың жоғары болсын, Жәке! (екеуі құшақтасады)

            Диктор: Өкінішке қарай, жан-жақты талант иесінің тағдыры басқаша жағдайда шешілді. 22-маусым, екінші дүниежүзілік соғыстың кешегі Кеңес елінде басталатын күні Жәнібек Кәрменов Алматы-Қапшағай тас жолында автомобиль апатынан көз жұмды. Солайша өзінің атақты толғауында  «жалғыз шықпа сапарға, өкініште қаларсың» деп баршаны  сақтандырумен болған мәрт жүрек иесі қапияда мерт болды. Оның алдындағы ән өнерінің дүлдүлдері Әміре – 46, ал Күләш 45 жасында өмірден өтсе, Жәнібектің жасы бұл шақта небәрі 43-те ғана болатын.

            Әйтеуір, көңілге дәт дейтін жайт сол, алдыңғы аға-апайы секілді Жәнібектің де есімі ел есінде. Соның айғағындай, Алматы, Семей, Түркістан қалаларында оның атында көше бар. Туған жері Қарауылдағы саз мектебіне есімі беріліп, осында ескерткіші орнатылған. Абай, Шәкәрім, Мұхтар, кешегі ұстазы Кәмен Оразалиндермен бірге жүз жылдықтың осы өңірден шыққан көрнекті тұлғасы деп танылып, бейнесі мен аты  қашап жазылған мәрмәр тас та осында. Жәнібек өмірден өткеннен бергі жылдарда Алматы мен Астанада ол туралы естелік жинағының, өз шығармаларының да жарық көргендерін естеріңізге саламыз. Жер-жерде оны еске алу кештері әлсін-әлі өтіп келе жатқаны мұның сыртында. Әркезде әркімге сыйлаған домбыраларына келетін болсақ, Балтақай ақсақалдан Жәнібекке, Жәнібектен министрге өткен Мұхаңның домбырасы  бүгінде Қостанайдағы генерал Шырақбаев атындағы полиция академиясының мұражайында. Семей облысының басшысы болған, марқұм Бозтаевқа тарту ретінде сыйланған домбыра Жәкеңнің досы Дәукеңнің дәнекер болуымен Семейдегі бір кезде ірге тасының қалануына хакім Абайдың өзі мұрындық болған тарихи-өлкетану мұражайына қайтарылды. Жәкеңнің тағы бір досы Құныпия ертеректе оның өзіне сыйлаған домбырасын Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің мұражайына табыстады. Жәкеңнің тағы бір домбырасын отбасы кейінгі бір жылы  Алматыдағы Ықылас атындағы халық аспаптары мұражайына өткізді.

            Отбасы демекші, бүгінде Жәкеңнің жұбайы Тоты халықтың аяулы ұлының шаңырағын шайқалтпай ұстап келеді. Бұлардың тұңғыштары Әсет полиция полковнигі шенінде ел тыныштығын күзетуге атсалысып жатса, Ақбота өз саласының білгір маманы. Ал кенжелері Шәкәрім теледидар жұлдызы атанып отыр. Немерелері желкілдеп өсіп келеді. Бір сөзбен айтқанда ұрпағы барда, елі барда оның есімі еш ұмытылмақ емес. (Әнші-сазгер Тұрсынғазы Рахимовтың «Әнің қайда, Жәнібек, әнің қайда?» әні автордың орындауында шырқалады)

Соңы

           

           

Қазақ тілінде жазылған