Адам қарады: 285 | Жарияланды: 2019-07-18 05:21:59

Көкбөрі

Тобықты Мамай батыр  туралы екі бөлімді драма)

(Белгілі шежіреші қаламгер Молдабек Жанболатұлының деректі еңбектері негізінде жазылған )

            Қатысушылар:

Әнет баба – Орта жүз, Арғынның ғұлама биі

Жұмағұл -  Мамай батырдың әкесі, би, батыр

Олжай Жандостың әкесі, би, батыр, сазгер

Көкенай батыр атақты қарт батыр, би

Мамай – 13-17 жастағы кезі

Сана – қалмақ қызы

Жора – қалмақ батыры

Мамай батыр – 60-70-тегі кезі

Қызжан – Мамайдың жары, Кіші жүз Тама руының қызы

Адай батыр -  Мамайдың жолдасы, азан шақырып қойған аты Сәлімгерей

Жандос( Жігітек) батыр – Мамайдың жолдасы, Кеңгірбай би, батырдың әкесі

Кеңгірбай би – Мамайдың бауыры, Тобықтының киелі биі

Тоқтамыс батыр – Мамайдың үзеңгілес інісі

Қазақ, қалмақ жауынгер, жасауылдары

 

            Бірінші бөлім

            Бірінші көрініс

            Өзен бойына тігілген қазақ үй еңселі болғанмен, ішінен берекесіздік сезіледі. Шешіліп жинала қоймаған тең-тең жүк әр жерде теңкиіп жатыр. Төрде қымыз ішіп отырған Әнет баба, Жұмағұл, Олжайлардың да жүзі сынық. Сырттан «а құдай, иә, аруақ» деп үздіге сыбырласқан әйелдердің үні талып естіледі.

            Диктор: Шамамен он сегізінші ғасырдың жылдың басы.  Арғын аға баласының іргелі бір тайпасы болып табылатын Жеті Момынның ата қонысы Шыңғыстаудан үдере көшіп, Жиделі Байсынға барып, онда байыздай алмай Сырдың бойына келіп, жайғаса бастағаны, осы кез. Ел басына түскен бұл сергелдеңнің аз-кемі жоқ бір ғасырға жуық  жуық уақытқа созылатынын сол шақта кім болжап біліпті?! Заманнан заман өткенде үш жүздің басын қосып, жалпы қазақ ордасына билігін жүргізген Әбілмансұр-Абылайдың да, оның сенімді серіктерінің бірі Мамай батырдың да дүние есігін ашып, өмірге келетіні де дәл осы жылдар шамасы.

            Жұмағұл: Қадірменді Әнет баба, сіз менің әкем Боранай мен онымен бірге туысатын Қабасты та көрген адамсыз. Енді етегімізді жинап, ел боламыз ба деп отырған шақта аласапыран шаққа тап болдық. Қазақтың бір біріне жаттығы жоқ десек те, қырдан ауып Сырға келеміз деп ойлаппыз ба! Оның үстіне жығылғанға жұдырық дегендей... (күмілжіп, булығып отырып қалады)

            Олжай: Жұмағұл, жасыма, бұл да алланың  алдымызға тартқан бір сынағы болар! Қай сынақтан болсын сүрінбей өтуге жазсын делік! ( Әнет бабаға бұрылып) Жұмағұл балаңыздың үйіндегі келініңізді толғақ қысқанына, бүгін міне үшінші күн. Сол себептен де бір бұл ғана емес, осындағы барша бауырларыңыз алаң көңілмен күй кешіп отырғаны рас.

            Әнет баба: Оң тілек тілей білсең, алланың алды кең. Көп тілегі көл деген де бар. Бәрін де сезіп отырмын. Әз әже – аналарыңның, жалпы баршамыздың тілегімізді алла қабыл етсін!  Асылық болмасын, күйініш пен сүйініш, яғни реніш пен қуаныш бірін бірі алмастырып жатпаушы ма еді! Сабыр сақтап, әліптің артын бағайық, ағайын!

            Жұмағұл: Баба, сіздің ортамызға келе қалғаныңызды жақсылыққа ырымдап отырмыз. Ана жақта әйелдер «қара қатын бұрын ба, қара қазан бұрын ба» деп жарысқазан жасап жатыр ғой. Біз еңсесі түскен көңілді есті әңгімемен көтерсек кәне! Жылдардан жылдарға созылған нәубат туралы не айтасыз, баба?

            Әнет баба: Менің білуімше бірде толастап, бірде созылып кетіп жатқан  қазақ-қалмақ соғысының жүріп жатқанына екі ғасырдан асып барады. Әз Тәуке хан билік басына келгеннен бергі жиырма жылдан астам уақытта «қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған заман орныға бастаған еді. Жасым сексеннің ортасына тақап тұрған шағымда шыққыр көзімнің елдің босып келіп отырғанын көргенін айтсаңшы!

            Жұмағұл: Мұндайға тап боламыз деген үш ұйықтасақ түсімізге кіріп пе!  Артымызға қарайлай-қарайлай көзіміз талып келіп отырмыз ғой.

            Әнет баба: Жұмағұл қалқам, мүмкін сен де білерсің, біздің ежелгі ата қонысымыз Хан Шыңғыс деп атанғанға дейінгі ол таулы өңірдің аты бірде Желдітау, бірде Кіндіктау, ал одан бергі жерде Найман күре деп аталып келді ғой. Мұның соңғысы сегіз өзен деген ұғымды білдірсе керек. Шыңғыс хан жер кіндігі болып табылатын сол  өлкені ат шалдырып, күш жинақтау үшін бекерден бекер таңдамаған болар. Ақ киізбен көтеріліп, Қаған, яғни хандардың ханы болып сайланғаны да осы жер!

            Олжай: Ал одан бергіде, қазақ өз алдына шаңырақ көтеріп жатқан шақта болса керек, Асанқайғы бабамыз желмаясына мініп халқына жерұйық іздеп жарты әлемді шарлап жүргенде Шыңғыстауды көріп: «Япырай, бұл Шыңғыстау Алтай, Алатау секілді басын мәңгі ақ қар басқан асқар тау болмағанмен киелі жер екен. Мұның киесі суы мен топырағында, өсімдігі мен оны жеген мал жануарында, сол малдың етін жеп, сүті мен қымызын ішкен адамдарында екен» депті дейді ғой.

            Әнет баба: Пәлі, сендер әлден Шыңғыстауды сағынып-ақ қалыпсыңдар. Ал менің не жаным жүр? Ендігі кәрі қойдың жасындай қалған өмірімде Шыңғыстауды көре алмасам да, туған жер, өскен елдің жаудан азат болғанын естіп барып көз жұмсам да арманым болмас еді. Ал сол арманым толығымен орындалып, қазақ даласы мен қазақ баласының еңсесі тіктеліп, азат елге айналсақ, шіркін!

            Жұмағұл: Бұрын да әркімнен шет жағасын естігенмен, елден қашан, қандай жағдайда білім-ғылым іздеп бір қиырдан бір-ақ шыққаныңызды өз аузыңыздан естісек деп отырмыз, баба!

            Әнет баба: Қазірде тоқсанды иектеп отырғанмен, біз де бала болғанбыз. Сол бала кезімде әкеме қатты еркелейтінмін, Шыңғыстаудың биік асуы Ақбайталдан асып, аяғы тайпалған жорғаның үстінде келе жатсам да, енді түйеге мінгім келеді дейтінмін әкеме. Оған неге құмарттың деген сұрағына, ол аттан биік қой деймін. Ал Ақбайтал асуынан асқанда енді Шыңғыстың құзар шыңынан да биікте қалықтап жүрген қыран құсқа қызығамын. Дүниені тым биіктен қыран көзімен көргім келгені де.

            Олжай: Кішік атамыз не дейтін еді сондайда...

            Әнет баба: Сенің Кішік атаңнан айналсақ болмас па! Әлемнің әрі қызық, әрі күрделі де құпия жұмбақтары, ел мен жер тарихы туралы сұрағыма өз білгенінше жауап бере келіп, ал соның қайсыбіріне жауап беруге қиналып қалғанда «қой, сені оқытпаса болмас» деп тиянақты бір шешімге осылайша келген. Солайша Шыңғыстан ашамайға мініп кеткен бала Бұқара шәріптегі Көгілташ медресесінен бір-ақ шыққан...

            Жұмағұл: Баба, Көгілташ деген сөз қандай ұғымды білдіретінін айта кетсеңіз...

            Әнет баба: Оны айтпас бұрын шәріп деген сөзге анықтама бере кетейін. Мұсылман жұртында Жеті шәріп бар. Яғни, Мекке шәріп, Медине шәріп, Бұхара шәріп, Шам шәріп, Қатым шәріп, Құдыс (Мысыр) шәріп және Кәләм шәріп (Құран Кәрім).  Шәріп сөзі қасиетті, киелі деген ұғымды білдіреді. Сол қасиетті де киелі қаладағы медресені заманында Көге деген дала қазағы қалаға келіп қанша қиналса да, өз күшімен қатарға қосқан екен. Бастапқы атауы Көгетас, яғни Көге құрылысы деген ұғымды білдіреді.

            Олжай: Содан осы Көгілташ медресесін бітіріп шықтыңыз...

            Әнет баба: Күлсең кәріге күл деген, енді осы орайда мақтанамын-ау! (өзі де күледі)  Тегінде менің азан шақырып қойған атым Әтанат екен. Бұл сөз «асқан ақыл иесі» деген ұғымды білдірсе керек.  Бірақ оған әжемнің тілі келмей Әнет атанып кете барыппын. Сол медресені үздік белгімен бітірді деген шатырхатқа мүдіріміз ғұлама деген жазуды және жаздырыпты.

            Жұмағұл: Міне, қызық... содан әлгіндей шатырхатқа ие болған соң жолыңыз ашылып сала берген болар. Осында оқыған жылдарда он екі пәнді толық меңгеріпсіз. Оның сыртында араб, парсы, түрік тілдерін жетік үйреніп шығыпсыз дегендей...

            Әнет баба: Е, мені сөйлетіп, өткен өмір тарихымды білім қалайын деп жатқан сияқтысыңдар-ау!.. Қанша жыл өтсе де, сол шақтағы айтылған сөз күні бүгінгідей ойымда сайрап тұр. Медресе мүдірі: «Әнет, міне сен ғұлама болдың. Қадамың құтты болсын. Енді сен Түркістанға жүргелі отырсың» дей келіп, ондағы имамның қасиетті адам екендігін, ал маған одан өзге лауазымды лайық көрмей отырғандарын айтты. Сөйте келіп өзімнен ақыл сұрағандай болып қиналған. Мен қадірлі Шейх-ұл-исламға «Түркістанға лауазым іздеп бара жатқан жоқпын» дедім. «Енді не іздеп барасың?» деді ұстазым. «Елімді іздеп барамын, еліме қызмет етемін» дедім.

            Олжай: Түркістанға болмаса да, оның сыртындағы Сауран, Қарнақ, Шорнақтағы тағы бас қалалардағы сан ондаған мешіттердің ешқайсысына имам болып бармапсыз. Бірақ солай дей тұрғанмен, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мешітінің әулие имамының өзі сіздің алдыңызға келіп, ақыл-кеңесіңізге жүгініпті деседі ғой.

            Әнет баба: Пәлі деген... сен екеуің мені мақтаншақ шалға айналдырып барасыңдар-ау! Ал қазіргідей аумалы-төкпелі заманда әрнеге мақтанып, тоқмейілситін кез бе! Әйтеуір, осындай сын сағатында әз Тәуке сынды ханның қасынан табылғаныма, жеті бидің бірі болып «Жеті Жарғыны» қалыптастырғаныма шүкіршілік етемін.

            Жұмағұл: Әз Тәукенің алдындағы ханымыз Салқам Жәңгір емес пе еді?

            Әнет Баба: Иә, біліп тұрсың. Орбұлақтағы ерен ерлігімен есімі ел есінде мәңгіге сақталып қалған Салқам Жәңгір одан бертінгі ұрыста ерлікпен қаза тапқан соңғы жерде таққа талас өршіп сала берді ғой. Кешегі айбынды Алтынорданың түбіне де жеткен осындай бақталастық, баққұмарлық. Күлесіз бе, жылайсыз ба, сол шақта кейбір хандардың билігі небәрі бірер күнмен тамамдалған. Ақыры Алтынорданың құлдырап, іргесінің сөгілуіне сондай баққұмар хандардың бірі Тоқтамыс себепші болған. Ал түбі тексіз Әмір Темір түрік сұлтаны Баязиттің  басын алып, дәуірлеп тұрған түркі жұртының түбіне жеткен.

            Олжай: Осы орайда бізге әз Тәуке ханымыз туралы аздап болса да мағлұмат бере кетсеңіз...

            Әнет баба: Билер хан кеңесіне осы кісіні ұсынуды маған жүктеген болатын. Соңынан хан кеңесшісі болып тағайындалдым. «Ханда қырық кісінің ақылы бар» дейді халқымыз. Демек бұл қырық уәзірінің кеңесіне құлақ түре білген хан ғана  түпкілікті мақсатына жетеді деген сөз. Осыны басшылыққа алған әз Тәуке кешегі Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын ескере отырып, елдігіміздің алтын заңы болып табылатын Жеті Жарғымыздың қабылдануына ұйытқы бола білді. Содан кейінгі жерде халық болып қалыптаса бастадық десек, артық айтқандық болмас.

            Жұмағұл: Баба, жеті дегендеріңіз түсінікті. Қазақ үшін жеті қасиетті сан ғой. Ел Жеті Жарғы жеті бидің туындысы екен деп жүр. Ал Жарғы сөзі  жорға, жарғыш, жарлық, жар салып жариялау деген ұғымды білдіреді деп ұқтық. Яғни, соның әрқайсысы жеті жорға би айтыпты, сол жетеуі де қара қылды қақ жарғыш екен, яки бұл ханның жеті жарлығы, жар шақырып жариялауы екен дегенге саяды. Осының қайсысы шындыққа саяды? Сонсоң біздің сізбен күнде кездесіп, сырласуымыздың сәті  бола бермес. Сондықтан бақыт туралы көпті көрген сіз не айтар едіңіз?

            Әнет баба: Жаңағы айтқаныңның қай-қайсысының болсын қателігі жоқ. «Халық айтса, қалып айтпайды» деген. Ал екінші сұрағыңа келсек, бірде әз Тәуке де бақыт неде деп маған сенің осы сұрағыңды қойған. Мен үшін бақыт жерімнің тұтастығы, халқымның бас бостандығы, тілімнің, дінімнің, қанымның бұзылмауы деп білемін дегенмін сонда. Хан «ал соны сақтау үшін не керек» дегенде мен: «Ел басқаратын ханның парасатты, ақылдылығы, сарай қызметкерлерінің ханға, халыққа, еліне адалдығы, халқымыздың ынтымақты бірлігі, ұрпағымыздың ілім-білімді меңгеріп, басқа халықтардың ұлы көшіне ілесіп өсуі керек» деген едім.

            Олжай: Баба, сөзден шаршап қалмаған болсаңыз енді мына Жидебай-Шыңғыстаудан  Жиделі-Байсынға, қырдан Сырға қарай жөңкіліп көшіп келіп жатқан Жеті Момынның арғы тарихын айтып бермейсіз бе? Біз бұл әңгіменің шет жағасын білгенмен, болашақ ұрпаққа оның нақты дерегі сіздің аузыңыздан жеткені дұрыс болар еді.

            Әнет баба: Онда әңгімені қысқаша болса да, әріден бастауға тура келеді. Арғын атамыздың Ергүл деген бәйбішесі ақылына көркі сай, оның сыртында адуынды адам болыпты деседі. Тоты және Мейрамсопы деген бір қыз, бір ұлмен шектеліп қалған соң ақсақалы Арғынмен тұстас ұлы жүз Бәйдібек бидің Момын деген қызын қосағына өзі айтырып алып беріпті. Сол Момыннан туған Қанжығалы, Тобықты, Бәсентиін, Қарауыл, Атығай, Шақшақ, Саржетім кейінде Жеті Момын атанып кеткен.

            Жұмағұл: Енді бізді таратып берсеңіз...

            Әнет баба: Тобықтыдан-Ырысбетек пен бүгінде Жуантаяқ атанып кеткен Дәулетек . Ал сенің арғы атаң Ырысбетектен Мұсабай, одан Толымқожа, Сүйірбас, Сүйірбастың ұлдары Әлі, Сары, Қожабергендер де аталары мен әкелері секілді батыр болған. Сенің үшінші атаң Сары батыр Есім ханның сенімді серігі, батыры болған. «Ей, қатағанның ханы Тұрсын, Кім арамды ант ұрсын!» деп Марғасқа жырау айтпақшы Ташкенттің билеушісі Тұрсын хан бұра тартып, бөлінуге бет алғанда негізінен арғындарға сүйенген ер Есім хан оның басын алған.

            Олжай(күліп): Осы арада кімнің кімге жиен-нағашы екендігі анықталады-ау енді...

            Әнет баба: Иә, бұра сөйлеген күлгенге жақсы. Тұрсын ханның олжаға түскен үш қызының бірі Қоңырбике Сары батырға тиесілі болады. Осы үшеуіміздің бабамыз Сары батырдың екінші әйелі болып табылатын Қоңырбикеден Мәмбетсопы мен Кішік дүниеге келеді. Ал Мәмбетсопының екі ұлының бірі Боранай болса, екінші ұлы Қабас. Жұмағұл сен Боранайдың ұлысың, мен Кішіктің ұлымын. Кішіктің екінші ұлы Әйтек менің туған інім, менен бір мүшел жас. Мына Олжай сол Әйтек бауырымның ұлы.

            Жұмағұл: Бұрнағы жылы жиырма сегіз жасында әз Тәукенің Жарлығымен отыз мыңдық қазақ ғаскерінің қолбасшылығына тағайындалып, казак-орыс, башқұрт, қалмақтарды күйрете жеңіп, Еділ-Жайық бойынан асыра қуып тастаған Қанжығалы Бөгенбай да бізге алыс болмас тегінде. Биылғы жылы қазақтың игі жақсылары Қарақұмда бас қосқан алқалы жиында халықтық тұтас жасақ құруға шешім қабылданып, бас қолбасшылығына сол Қанжығалы Бөгенбай батыр тағайындалды деп естідік қой.

            Әнет баба: Бөлінгенді бөрі жейді, бөлінбейік. Керісінше қарға тамырлы қазаққа айналайық! Осы бір ел басына күн туған аласапыран шақ халқымызды мидай араластыруға себепші болып жатса кәнеки! Сондықтан осы жолғы көш барысында ешкімді жатсынбай, керісінше әр елдің игі жақсыларымен дос-жолдас, құда-жекжат болуға ұмтылып бағыңдар деймін сендерге. Ал енді сендерге тағы бір айтайын дегенім сол, Қанжығалы Бөгенбай ағаларың кезекті бір шайқасқа дайындық үстінде. Бірақ орысқа, оның отты қаруына арқа сүйеген қалмақтар әзірге бой беретін түрі жоқ. Сондықтан қай-қайсымыз болмайық, қапыда қалмайық деймін. ( Осы кезде сырттан іңгалаған нәресте үнімен бірге «Сүйінші, ақсарбас, ақсарбас, дүниеге атұстар келді» деп сүйінші сұраған дауыс естіледі, Жұмағұл орынан атып тұрып, қайта отыра кетеді)

Жұмағұл: Ал асыл аға, ардақты баба, міне Қызылқұмға дүрмекті көшпен бірге келіп қалған біздің әулеттегі жақсы хабарды естіп отырсыз. Дүние есігін енді ашқан немереңіздің, менің ұлымның есімін өзіңіз қойып кетсеңіз деген өтінішім бар.

Әнет баба: Бұл көңілге демеу боларлық жақсылық. Хан болуға таласпаспыз, ал батыр болып жатсақ несі айып! Кешегі Қасым, Есім, бүгінгі Тәуке сынды үш жүздің басын қостатын болашақ хан да биылғы жылы өмірге келіп жатпасына кім кепіл! Ал бұл шақалақтың есімі Мамай болсын деймін.  Мамай деген сөз көне түрік тілінде қасқырдың бөлтірігі деген ұғымды білдіреді. Өмірге айғайлай келген нәрестеңнің үні ащы екен.Сол бөлтірік өсе келе көкбөріге айналсын!  Кешегі Алтынорда ғаскерінің бас қолбасшысы болған, орыс кнәздері  атын естігенде тізелері дірілдеп тұратын Мамай батырдың есіміне қанықсыңдар, соның жолын берсін! Ал енді батамды берейін!

Жұмағұл: Иллаһи әмин!

Әнет баба: Мамырда туған Мамайың, Қайырлы болсын, ағайын! Жайшылықта елінің малайы, Жау келгенде батыры - Мамайы болсын! Жортқанда жолы болсын, жолдасы Қыдыр болсын! Аллаһу Акпар!

 

                        Екінші көрініс

Қаратаудың бір аңғары. Сол аңғардың ішімен жаяу жалпылап келе жатқан бозбала Мамай жан-жағына қарағыштап-ақ келеді.  Бір сәт өзіне өзі «Әнет бабаның өзіме жүктеген міндетін аброймен орындау маған серт» деп қояды. Сонсоң «осыған қарағанда бабаның маған сенгені-ау» дейді қайраттанып. Қауіптенетіндей жөні бар екен, анадайдан төрт-бес қалмақ жауынгерінің сұлбасы көзге шалынды. Абырой болғанда бұл жартас түбіне жасырынып үлгерді. «Сақтансаң сақтаймын» деген алланың сөзі рас –ау» деді сонсоң өзіне өзі.

Міне, қарапайым қос ішінде Көкенай батыр мен бозбала Мамай әңгімелесіп отыр. Басын ақ дәкемен байлап алған Көкенай жарасы жанына батса да, оны Мамайға сездірмеуге тырысып бағып, зорға жымиып сөз қозғауда.

Көкенай батыр: Айналайын, Мамайым, сенің мынадай қанды қырғында мені іздеп тауып келуің келу-ақ!  Ризамын, қалқам... Сенің жасың да он бес-он алтыға келіп қалған болар тегі...

Мамай: Он үште отау иесі дейді ғой халқымыз, жасым он үште, батыр аға! Бірақ отау құру қашпас, отан қорғасам деймін. Сіздің дала қосыңызға, әскери қосыныңызға Әнет бабамыздың өзіңізге деген ақ алғысы мен ыстық сәлемін алып келіп отырған жайым бар.

Көкенай батыр: Қайран, Әнет баба... Ақыл-парасатымен, ғұлама данышпандығымен өткенді екшеп, алдағыны болжап отыратын сіз Арғын Тобықтының ғана емес, исі қазақтың бабасына айналып едіңіз-ау!  Әз Тәуке өмірден өткеннен кейін қазағым үшке бөлініп кетпесе жарар еді деуші еді жарықтық қауіптеніп... Отыз жыл билік құрып, елді тыныштыққа бөлеген әз Тәукенің де өмірден өткеніне бес жыл бол қалыпты-ау! «Жеке жүрген қазды топтанған қарға алады» деп бабамыз айтпақшы, ендігі күніміз не болар екен?!

Мамай: Батыр аға, биылғы ақтабан шұбырындыда арыстай бес ұлыңыздан айрылып қалыпсыз, ағаларымның имандары кәміл болсын, арт жақсылығын берсін. Жасыратын несі бар, бабамызға да биылғы жыл қиын болып тұр, ол кісі де бес ұлынан айрылып қалды ғой. Атам Боранаймен бірге туысатын Қабас атаның да жеті ұлы осы сұрапыл соғыста шейіт болды...

Көкенай батыр: Ал енді Мамай шырақ, білсең үлкен кісінің Қаратаудың бір саласындағы Қошқаратада көшкен жұртқа ілеспей қалып қоюының себебін айтшы?

Мамай: Өзіңіз де білесіз, биыл бабамыздың жасы тоқсан жетіге толып отыр. Осы жасымда қашқын атанамын ба деп намыстанған да болар. Бірақ мен білетін шындық мынада. Жау жақындап, ел абыр-сабыр болып жатқанда ол кісінің үйінің шаңырағына ұя салған қарлығаштың сол ұясын бұзғысы келмегені маған ақиқат. Соны қаншалықты қиын жағдайдың өзінде шұбырынды жұрт естіп алып, бабамызды «қарлығаш әулие» атандырып үлгеріпті.

Көкенай: Қайран жарықтығым-ай, қайран данышпаным-ай!.. Бабамыздың қартайғанда көрген кенжесінің есімін Шақа деп қойып, содан соң «кәрі айғырдың құлыны шақа туар,  бірақ шата тумас» дегені де бар еді. Енді бабамыздың сол Шақа мен басқа балаларына амандық тілейік! Өзім де аман қалған балаларыма шүкіршілік етіп отырмын.

Мамай: Енді негізгі шаруама көшейін, батыр аға. Бабамыз сіздің осы Қаратау аңғарындағы Қаратал, Ақтал деген жерде Орта Жүздің бес мың әскерімен шеп құрып, қалың ел қасиетті Қаратаудан асып өткенше жан беріп, жан алысып шайқасып, артымыздан қорған болғандарыңызға, оған сіздің қаһармандықпен басшылық жасағаныңызға дән риза. Осы сәлемімді жеткіз деп еді қарт баба!

Көкенай Батыр: Оны сен жеткізе білдің, жас түлек! Отау құруға да, отан қорғауға да жарап қалыпсың! Тіл көзім тасқа, сөзің де ширақ екен. Атыңды бабаның өзі қойғанын естігенбіз. Сен ендеше қалайша жақсы болмассың!

Мамай: Ниетіңізге рахмет, батыр аға! Мынадай аласапыран шақта сізбен дидарласып әңгімелесуге осындай сәт бола бермес. Егер шаршап қалмасаңыз көңілімде сізге кездескенде қояйын деп жүрген бірер сұрағым бар еді...

Көкенай батыр: Бағанадан мені жасартып батыр аға деп отырсың ғой. Ағадан бұрын ата болармын өзіңе. Мен де жас жағынан сексенді иектеп қалған жанмын. Сұрағыңды қоя бергін балам.

Мамай: Сізден есіміңіздің Көкенай атануының жөнін өз аузыңыздан естісем деп едім...

Көкенай батыр: Әнет баба да, сен де, мен де Арғын Тобықтының ішінде Рыспетектен тарайтын Сары батырдың ұрпағымыз. Сарының Мәмбетей, Үмбетей, Мәмбетсопы, Кішік деген төрт ұлы болған.  Ал  менің тіке өз атам, ал сенің төртінші атаң болып табылатын Сары арғы заманда Есім ханның айтулы батырларының бірі екен. Сары атамыздың Әлі, Қожаберген деген екі бауыры болған. Сол Қожаберген деген ағасын  қалмақ әскерінің қолбасшысы Улану жекпе-жекте өлтіріпті. Сары арада оншақты жыл өткеннен кейін ағасының кегін қайтарып, жекпе-жекте Ұлалының түбіне жетеді де, оның сұлу жалғыз қызын бәйбішесінен туған екінші ұлы Үмбетейге қосады. Сол Үмбетейдің ұлы мен Көкенаймын. Кукнай – қалмақша жасыл апиын деген ұғымды білдіреді.

Мамай: Сода сіздің есіміңізді қалмақ әжеміз қойған болды ғой...

Көкенай батыр: (күледі) Әй, қу бала-ай, әзілің жарасса, атаңмен ойна деген. Қалай болғанда да сұрағың орынды. Мені жұрт жасымнан қатал, тура мінезді, өткір тілді деп есептейді. Қанша жау дегенмен, нағашы жағына қайтып тартпассың...(тағы да күледі)

Мамай: Енді онда сұрамасқа болмады, екеуі де өзіңізге жақын Қалқаман мен Мамырдың бірін өлтіріп, екіншісін неліктен оққа байладыңыз?.. Сөйтпеуге болмады ма?!

Көкенай батыр: Мамай қалқам, тура сұрағыңа тура жауап берейін. Расында, бұл орайда менің жат түгіл, жақыныма қатыгез болғаным шындық. Ертең мені сен сияқты болашақ ұрпақ та түсінбесі анық. Бірақ мен жастардың арасындағы сүйіспеншілікті ұғына отырып, сонау Есім ханның кезінен қалыптасқан салт-дәстүріміздің сақталғаны дұрыс деп есептедім. Қалқаман мен Мамырдың арасы бес-ақ ата. Ал оларды аман қалдырсақ, бұл індет секілді өршіп кететін еді. Сондықтан басқаға үлгі көрсетпесек болмады. Тек қарт бабаның көңіліне қарап Қалқаманды аман жібердім. Болмаса менің құралайды көзге ататын мергендігіме ешкім шек келтіре алмас.

Мамай: Батыр аға, жан жараңыздың аузын тырнап алғаныма кешірерсіз. Қалқаман-Мамыр оқиғасына да, міне біраз жыл болып қалды. Уақыт бәріне емші деп жатасыздар ғой. Мүмкін бәрі де ұмтылып, жан жарасы да жазылар. Олай болмаған күнде сіздердің осындай қатал шешімдеріңізді түсініп бағармыз. Уақыт бәріне тек емші ғана емес, төреші де болар.

Көкенай батыр: Кейінгі ұрпақ өкілі болып табылатын сенімен кеңесіп, ішім бір босап қалды ғой. Тән жарасы жазылар, жан жарасы қиын екен. Міне, Қалқаман-Мамыр оқиғасынан кейінгі уақыттан бері өзімді өзім қажап, іштей мүжіліп қалған едім. Ендігі айтайын дегенім сол, маған әзірге өмірден аттанып кете баруға болмайды. Бұл қу жанымды қимағандық емес. Жасы жүзге жақындағанда мынадай күйге тап болған бабамыз, жаман айтпай жақсылық жоқ дегендей, олай былай болып кетсе, ол кісінің мүрдесін Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жеткізіп жерлеу менің міндетім. Яғни, бабамыз бақилық өмірінде қазақ арыстарының қасында жатуы тиіс.

Мамай: (өзіне өзі) Бұл бір ойда болатын, үлгі аларлық іс екен. Халқымыздың ардақтыларына деген осындай құрметті кейінгі біздер жалғастырып әкетіп жатсақ, шіркін!  (Сонсоң Көкенай ағасына бұрылып): Мен енді жол жүрейін. Әнет бабаға, ұлы көшпен кетіп бара жатқан елге не сәлем айтасыз?

Көкенай батыр: Ең алдымен сен маған мына бір аңыздың жайын айтшы. Жоңғар ғаскері биыл ерте көктемде бейбіт жатқан елге жеті бағыттан тұтқиылдан жасаған жойқын шабуылының салдарынан халқымыздың үштен екісін жалмап өткен алқакөл сұлама, ақтабан шұбырындыға орай зарлы да мұңды «Елім-ай» деген ән шығыпты, оны шығарған өзіміздің Олжай екен дегенді естіп қалдым. Соның анық-қанығын білесің бе?

Мамай: Анада Керей Құлшыман батырмен асығыс жүздесіп қалғанда ол кісі жамағайын туысы Қожаберген жыраудың «Елім-ай» деген атпен дастан шығарып үлгергенін айтқан. Ал «Елімайдың» сарыны Олжай батырдыкі болуы да мүмкін. Қалай болғанда да  оның шыққан беттен халық туындысы болып тез арада-ақ ел арасында тарап кеткені рас.

Көкенай батыр: Онда елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтай білген азаматтардан айналдық! Олардың баршасына, соның ішінде ел ағасы Әнет бабаға, қазірде аты шығып аспандап тұрған Қанжығалы Бөгенбай, қабандай дүркіреп аты естіле бастаған жас пері Қаракерей Қабанбай және мен танитын басқа да батырларға сәлем дегейсің! Біз өмір базарынан қайтқан адамдармыз, сол базарға енді бара жатқан сендерге ақ жол тілеймін! Сонсоң... (Қиналып отырып қалады)

Мамай: Иә, сонсоң... Батыр аға,  не жүктесеңіз де оны жеріне жеткізу маған серт!

Көкенай батыр: Онда былай болсын... Сары батыр бабамыздың туы, Орта Жүздің туы осыған дейін менің қолымда болғанын білесің! Соны енді Әнет бабаға, не Қанжығалы Бөгенбай батырға жеткізіп, табыстау саған серт! Ал одан кейінгі жерде оны кімге беретінін баба өзі шешеді. Ал жортқанда жолың болсын, жолдасың Қыдыр ата болсын! (Екеуі қол жайып, бет сипасады)

( Мамай  сай-сайдың арасымен, тау-тастың тасасымен асыға басса да, жан-жағына қарағыштап кетіп бара жатады. Бір уақытта дәп алдынан бір қалмақ сайтандай сап етіп шыға келеді. )

Мамай: Ау, жер астынан жік шықты дегендей, сен кімсің, сайтанның сапалағымысың?

Қалмақ: Иманыңды үйіре бер, қасқа қазақ! Сенің қойныңда Көкенай батырдың туы бар екендігін маған жел сыбырлап жеткізген. Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан алам!

Мамай: Сұрамшақ, ит қалмақ, туды алып, туырлығымызды ортасына түсіргің бар екен! Оны сөзбен емес, жекпе-жекте шеше жатармыз! ( Екеуі ұзақ шайқасады, соңғы бір шешуші сәтте Мамай қалмақты алып ұрып, қанжарын қалмақтың жүрегіне бойлата салады. Бұдан кейін бой тасалай жүріп Әнет баба ауылына жетеді. Ауыл ішінде «Елімай» әні орындалып жатады.)

Әнет баба: О, боздағым, аман-есен жеттің бе? Өзім де тағатым таусылып сені күтіп жатыр едім... Үмітімді ақтадың, құлыным! Жолда сені қауіп-қатерге ұрынып қала ма деп алаңдаумен болдым...

Мамай: Ондай қауіпті сәт болмай қалмады. Жолай кезіккен бір қалмақтың жанын жаханнамға жіберіп келіп отырмын.

Әнет баба: Бұл сенің алғашқы олжаң, ал мұны қазақта жүрекбасар дейді. Жүрегіңді бастың, енді тынысың ашылады.

Мамай: Соның бәрі қасиетті көк тудың арқасы. Көкенай батырдың аманатымен бұған дейін сол кісінің қолында болған Сары бабамыздың көк туын өзіңізге әкеп отырмын.

Әнет баба: Сенің атыңды Мамай деп бекер қоймаған екенмін. Исі түркі жұрты көкбөрінің ұрпағымыз. Бүгінгі аласапыран заманның ендігі көкбөрісі сендерсіңдер! Осыған дейін халқыңның малайы болсаң, енді міне ту ұстаған Мамайы бол! Жүрегіңді бастың, жолыңды аштың! Жеңісті жолың жалғасып, түптің түбінде осы қасиетті туды Шыңғыстың шыңына тігулеріңе жазсын!  Әумин!

            Үшінші көрініс

«Елім-ай» әні баяу естіледі. Өзен  жағасы. Қабырғасы тастан қаланған, есігі мен төбесі  темір тормен бекітілген абақты ішінде  екі тұтқын жігіт сыр шертісіп отыр.

Мамай: Сені менің жаныма әкеп тастағанына, міне үш күн болды. Сол үш күнде тілге келіп отырғаның бүгін. Жөніңді айта отыр замандас. Ныспың кім?

Адай: Мен Маңғыстау жағының қазағымын, адаймын. Құлдыққа түскеннен бергі бес жылда Сәлімгерей атым ұмтылып, Адай атанып кеткен жанмын.

Мамай: Е, танысаң адаймын, танымасаң құдаймын десеңші! Менің атым – Мамай.

Адай: Пәлі, Мамай, қасқырдың бөлтірігімін де! Қашанғы бөлтірік болып жүре бересің. Биыл туған бөлтірік бір жыл қар басқан соң жалын күдірейтіп, аузын қайшылап түз тағысына айналып шыға келмеуші ме еді!

Мамай: Жөн-ақ, сөзден есеңді жібермедің. Тұтқынға қашан, қандай жағдайда түсіп жүрсің?

( Осы кезде абақты күзетшісі қалмақша бірдеңе деп шүлдірлеп, оған Мамай жауап қатып жатады)

Адай: Ана патшағар, не дейді? Өзің қалмақша білетін секілдісің ғой?

Мамай: Өзара неге қазақша сөйлейсіңдер, сен осында келгелі қалмақша үйреніп алдың емес пе, енді ана қандасыңа қалмақша үйрет дейді. Еріккен соң, қолдарында билік тұрған соң айта береді де. Жата жастана үйрете жатамын ғой деп алдаусыратып қойдым.

Адай: Әй, иттер-ай, біздің өзара қазақша сөйлегенімізді де көре алмағаны ма? Ал енді жаңағы сұрағыңа келетін болсақ, мен осыдан бес жыл бұрын түрікпендердің қолына тұтқынға түскен едім. Түбі бір туыс қой деп олар да аяушылық таныта қоймады. Солар жақында ғана мына торғауыттарға бұлдап сатып жіберді. Ендігі күнімнің не болатынын бір алла біледі! Ал енді өз жағдайыңды айта отыр.

Мамай: Мен негізі Арқаның қазағымын, Арғын Тобықтымын. Бірақ еліміз бір шапқыншылықта ауа көшіп Жиделі Байсынға барып, одан Сырдың бойы Қызылқұм маңында барғанда өмірге келіппін. Арғын ішінде Жеті Момын деп аталатын біздің ел қазірде осы төңіректі, Сыр өзені маңын шиырлап жүр.

Адай: Онда Әнет баба ұрпағы екенсің ғой. Кіші жүзге келіп, Еділ-Жайық бойын түрікпен, орыс-казак, мына торғауыт қалмақтардан азат етуге атсалысып жүрген Көкенай, Қанжығалы Бөгенбай батырлардың өздерін көрмесем де, сырттай аттарына қанықпын.

Мамай: Кешегі ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада жасы жүзге жақындап, оның үстіне бес бірдей ұлынан айрылған бабамыз құсадан өмірден озған. Ал Көкенай батыр болса сексенге келген шағында да берген сертінде тұрып, бабамыздың сүйегін қасиетті Түркістанға апарып, жерлеп барып өмірден өтті.

Адай: Менің білуімше Орта жүздің туы сол Көкенай батырдың қолында болмап па еді?

Мамай: Неше жыл тұтқында жүрсең де, бәрін біліп тұрсың, Сәдеке-Адеке! (бір сәт қамығып үнсіз қалады) Әнет баба Көкенай батырдың қолында болған ол туды маған табыстаған болатын. Осыдан біраз жыл бұрын жер шолып жүріп, қапыда жау қолына түстім. Әйтеуір, дес бергенде туды кезекті жорыққа ала шықпаған едім. Сол абырой болды. (тағы мұңайып отырып қалады) ...Мүмкін ту қолымда болса жау қолына түспес пе едім.

Адай: Мамеке-Көкбөріеке, бозбала шағыңнан, осы он жеті жасыңда ұрыс алаңында атой салып үлгерген қандай бақытты жігітсің! Өзің шамасы жүрекбасар жасап та үлгерген боларсың?

Мамай: Мақтанып қайтейін, ондай да болған... Бірақ енді өзіме тапсырылған туымды күткізіп, абақтыда жатқанымды қайтерсің!

Адай: Ат жақсысын кермеден, жігіт жақсысын түрмеден табарсың деген, мұңайма, құрдас! Қызғанғандықтан емес, қызыққаннан айтамын, түрмеде жатсаң да, жағдайың менен бір бас жоғары. Яғни, аяғыңда кісен болғанмен, екі қолың да бос. Үш күн тілге келе алмасам да, сыбызғыны сызылтып ойнағаныңды естіп жаттым. Маған әл берген де сол туған елімнің әуендері болар тегі. Ағаштан, қурайдан жасап самсатып тізіп тастаған түрлі бұйымдарың анау. Қалмақша және сайрап тұрсың, осының бәрінің мәнісін айтшы, құрдас!

Мамай: Керек тастың ауырлығы болмас дегендей қалмақ тілін осында жатқанда  үйреніп алған жайым бар. Қалғанының бәрі бойыма ана сүтімен, әке өнегесімен қонған болар.

Адай: Тіпә-тіпә, тілім тасқа, жігітім-ақ екенсің! Алла жолыңды оңғартсын, Орта жүздің ұланы, Шыңғыстаудың қыраны!

Мамай: Па, шіркін, жақсы сөз жарым ырыс деген, көңілімді аспандатып тастадың-ау! Жігіт екенсің деп жатырсың, мен саған бір сыр айтайын. (Адайға жақындап, сыбырлап сөз бастайды) Осында қалмақтың Сана есімді қызы бар. Өзі сыбызғының әуеніне, әлде менің қолымнан шыққан түрлі бұйымдарға құмарта ма, жоқ өзімді ұнатып қалды ма білмеймін, маған жиі келгіштеп жүр. Менің жүрегімде де оған деген бір сезім бой көтеріп келе жатқан секілді...Алайда, оны әкесі Жора деген батырына ұзатамын деген серті бар екен. Соған да алаңдаймын. Міне, ол сен менің жаныма келгеннен бері көрінбей кетті.

Адай: Мыналар менің есімді жиып, тілге келгенімді тосып отырған болар... Әне, айтпадым ба, ана бір дәу қалмақ бізге беттеп келеді ғой. Кездескенше күн жақсы, құрдас! Шіркін, сенімен бір сапта болып, Еділ-Жайықты, одан қала берді жалпақ қазақ даласын жаудан азат етуге аллам нәсіп етсе деймін!

Мамай: Сәлім, айтқаның келсін! Сен айтқандай алла қаласа, ондай аттылы күнге де жетерміз! ( Қалмақ батыры Жора Адайды желкелеп алып кетеді. Мамай сыбызғысын тездетіп қолға алып, сызылта ойнап, жаңа досын, жас досын тамаша бір әуенмен шығарып салады. Сол әуен аяқтала бергенде Сана да келеді).

Сана: Батыр, мені жоғалтып алған жоқсың ба? Оның себебін қазір айта жатармын.

Мамай: Сені жоғалтып алғаным да, жаңа дос тапқаным да рас. Оны әлгінде ғана сенің Жораң алып кетті.

Сана:( бұртиып) Сенің Жораң дейді... мені оған телімеші. Әлде одан мені қызғанасың ба?

Мамай: Ол да ықтимал...

Сана: (жүзі алабұртып өзімен өзі болып) Қызғанады, демек... Мамай, сен мені Жорадан бостан босқа қызғанбашы, мен оны ұнатпаймын ғой. Оны ұнатсам саған келер ме едім. Жорада алапат күш болғанмен, сезім жоқ. Ал сезімсіз адамға қосылғаның, есекпен қосақталғанмен бірдей емес пе!

Мамай: Санатай, сен бұрынғыдан да ашыла түсіп тұрсың ғой. Соның себебі бар ма деймін.

Сана: (жыламсырап) Иә, солай... Әкем бүгін жаңағы қасыңдағы серігіңді, ал ертең сенің өзіңді казак-орыстарға жөнелткелі отыр. Сатқансың десең өзің біл, біздің қалмақтар уақыт өткен сайын орыстармен ауыз жаласып, соларға бір табан жақындай түсіп келе жатқанын саған айтпасқа шарам жоқ.

Мамай: Бұл шешеңнің ықпалы болар. Ол кісі қазақ қызы демедің бе өткенде.

Сана: Нағыз қазақ қызы! Арада қанша жыл өтсе де қалмаққа сіңбеді ғой. Ал сенің әке, ағаларыңа жар болған қалмақ шеше, жеңгелеріңді сырттай да құрметтеп, сағынышпен еске алғаныңды сан мәрте естідім ғой. Демек, бұл сендердің, қазақ азаматтарының әйел затын ұлтына да қарамастан құрметтей білетіндігін көрсетсе керек. Сонымен сөздің тоқетерін айтқанда шешем сенің етегіңнен ұста деп отыр.

Мамай: Әкең ше, әкең бұл қылығыңды кешіре ме? Сонсоң өзіңнің ішкі ойың не дейді, жасырмай айт! Абақтыға қамалғалы ашығып әлсіреп қалмағаным да, елімді ойлап, сарыуайымға берілмегенім де сенің арқаң. Сондықтан саған алғыстан басқа еш өкпем жоқ.

Сана: Жаңа әкемнің менің шешіміме қалай қарайтынын сұрадың ғой. Әкем мені еркелеткенмен, соншалықты қатал адам. Кейінгі кезде көңіліне күдік кірген секілді. Мені тездетіп Жораға қосақтағалы жатқанын аңғарып қалдым. Ал өз басыма келетін болсам, шындығы керек, екі оттың ортасында жүргендеймін, екі адам секілдімін.

Мамай: Онда сені қыстамаймын. Саған рахметтен басқа айтарым жоқ...

Сана: Мамай, енді былай болсын... Кешкі күзетке анау нашақор жасауыл келетінін біліп алдым. Оның сыбағасын әкеп берермін. Ал ол масайып ұйқыға кеткенде, қолындағы есік пен кісеннің кілтін саған табыстармын. Қалғанын көре жатармыз. ( Сана кетеді, бірақ бағанағы сөзінде тұрып, кеш қараңғылана қайтып келіп, нашақор жасауылды жайғастырады да, есік пен кісеннің кілтін темір тор арқылы Мамайға табыстайды, Мамай сыртқа шығып жасауылдың аяқ-қолын байлап тастайды)

Мамай: Ал Санатай, алла разы болсын дейді мұндайда нағашың қазақтар. Мен енді ана аттардың біріне мініп, бірін жетекке алып, қашпақ болсаң зымыра дегендей табанымды жалтыратайын! Өзің қандай тоқтамға келдің, ақылдым!

Сана: Ақылдым дедің-ау, ақылды бола алсақ жарады... Етегіңнен ұстадым, батыр!

Мамай: Кеттік ендеше, алла жолымызды оңғартсын делік! ( Ат дүбірі алыстай береді. Сәт өтпей жатып, арттарынан қуғын шығады. Бірақ бұлар соңына түскендерден түн қараңғылығын пайдаланып алыстай береді. Сөйтіп, Мамай мен Сана түн қараңғылығы сейілген шақта тау етегіндегі бір көлге жетіп, тыныстап отырады. Сәлден кейін ат дүбірі естіледі.)

Сана: Құрыдық деген осы, Мамай! Мен қателеспесем мынау Жораның тап өзі! Қап-ай, адастырып-ақ кеткен секілді едік. Енді не істедік...(бетін басып жылап отыра кетеді)

Мамай: Саспа, Санажан, басқа салғанын көріп алдық! (Осы сәт Жора да көл басына ат басын тірейді)

Жора: Ал Мамай, басыңа сауға, менің заңды қалыңдығымды таста да жүре бер!

Мамай: Сөзіңе болайын, ит қалмақ! Одан да жекпе-жектен қашпаймын десең, жөніңді айт!

Жора: Сен де ер жігіт қой деп басыңа кеңшілік жасап едім, болмадың. Ал Сана не дейді екен?

Сана: (күмілжіп) Мен не дейін?.. Бәлкім, Мамай расында басым олжа деп жөніңді табарсың...

Мамай: Ол болмайтын шаруа! Менің іздегенім жекпе-жек!

Cана: Онда қай жеңгенің менікі!..

Мамай: (ызаланып) Сөзіңе болайын... Жора, екеуімізді де риза қылды бұл бәтшағар! Ал сөзбен қағысып, уақыт өткізіп қайтеміз, алдымен найза қағысуға қалай қарайсың?

( Екеуі найзамен ұзақ шарпысады. Сондай бір сәтте Жораның найзасы ортасынан шарт сынады. Мамай болса қарусыз қалған оған тиіспейді)

Мамай: Қалай дегенмен бір елдің білдей бір батырысың ғой. Қапыда кеттім дерсің! Сондықтан енді қылышпен сынға түселік.

( Жора алғыс та білдірместен үн-түнсіз бұған тап береді. Екеуі тағы да біраз уақыт бірін бірі ала алмай шайқасып бағады. Сондай бір сәтте Мамайдың  қылышы қолынан ұшып кетіп Сананың алдына түседі. Жора  қапы қалма деуге жарамайды, Сана да бұған қылышын алып берместен сазарып тұрып қалады. Соған бойын ыза кернеген Мамай Жораға ойлануға мұрша бермей, шалт қимылдап жуан жұдырығымен тұмсықтан оңдырмай соғады да, ол құлап бара жатқанда кездігімен қарнын есіп жібереді. Жора өкіре құлайды. Содан кейін Мамай ештеңеге қарамастан жүріп кетеді. Сана болса соңынан ілесе береді. Сөйтіп бұлар ұзақ жүреді)

Сана: Аттарымыз болдырып көл басында қалғаннан бері табанымыздан таусылып жаяу келе жатқанымызға бес күн болды. Содан бері маған бір ауыз тіл қатпадың ғой. Өкпең орынды, десе де...

Мамай: Сана, саған ризашылығымды айтып үлгергенмін. Сол айтқанымнан қайтпаймын. Бірақ ендігі жерде мен сендік, сен мендік емессің! Сені елге жеткен соң Қанжығалы елінің мырзасы, өзім ежелден сыйлайтын Нұрғожа мырзаға тарту етемін. Бірақ оған сені өзіңіз де алмаңыз, ұлыңызға да әпермеңіз, күң ретінде ұстаңыз деймін. Енді сөз осымен тәмам, әйел затымен салғыласу біздің дәстүрімізде жоқ!

Сана: Танысқаннан бері сенің мінезіңді біліп қалдым ғой. Сондықтан босқа сөйлеп сенің басыңды қатырмайын. Тек... (күмілжи сөйлеп) тек бетімді өзің аш, соған да разымын...

Мамай: Жақсы ағамның есігін күң болып аттасаң да, мүмкін өз теңіңді табарсың... Сондықтан обалыңа қалып қайтейін! ( Сана бетін басып жылап отыра кетеді)

                        Екінші бөлім

                                   Төртінші көрініс

            (Жәнібек Кәрменовтің орындауында Ақтамбердінің атақты толғауы орындалады) Жайықтың жағасы. Жан-жақтан ағылып келіп жатқан қалың әскер жаттығу үстінде. Адай мен Жандос екі қапталдан Мамайды тықсырып жартасты паналауға мәжбүрлейді. Бірақ күші де, айласы да мығым Мамай бұл тығырықтан  сытылып шығып, екеуін де жер қаптырады. Осындай саналуан тәсілдерден соң шаршап, шалдыққан  үш дос – Мамай, Адай,  Жандос ертоқым жастанып әңгімелесіп отыр.

            Мамай: Адамның басы - алланың добы деген. Cәлімгерей-Адай сенімен бүгінгідей шешуші шайқастардың бірінің алдында кездесемін деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген жай. Мына Жандос-Жігітек те естісін, жөніңді айтшы, құрдас.

            Адай: Оны сонсоң айтайын. Әлгінде менің негізгі атымның өзгеріп, қалайша Сәлімгерей-Адай атанып кеткенімді бұл жігітке айтып өттің ғой. Ал  досыңның қалайша қосарлаған есімге ие болғанын түсіндірші маған.

            Мамай: Бұл жігіт Әнет бабадан кейін  Жеті Момынның екі тізгін, бір шылбырын ұстап отырған Олжай батырдың кенже ұлы. Олжай – Әнет бабаның туған інісі Әйтектің үлкені. Ал  Олжай атамыздың Айдос, Қайдос, Жандос атты үш ұлы болып еді. Сол үш ұлдың ортаншысы Қайдос  жан беріп, жан алысып кескілескен бір ұрыста қаза табады. Артында Бөкенші, Шегедек деген екі жас баласы қалады.  Қайдосты жерлеп, көш енді алға озғанда марқұмның жесірі Айсана әлгі екі ұлымен аяқ астынан бейне жер жұтып қойғандай жоғалып тынады. Ал Жандос болса өтірік аунақшып ішім ауырды деп көшке ілеспей жатып алады.

            Адай: Иә, содан...

            Мамай: Не содан дейтіні бар...Мұның сырын, яғни екі бауырын қимай қиналып жатқанын Айдостың қосағы Айпара қалтқысыз ұғынып, қасына Жандосты ертіп, ат басын кері бұрады. Сөйтіп, бұлар жан үшін бір сарттың етегінен ұстаған Айсананы іздеп табады. Бірақ әлгі бейбақ сартқа жақтасып Жандосқа  тап берген көрінеді. Атаға тартып туған ұл қойсын ба, екеуін де жайратып салып, екі бауырын алып келіп, көшке қосылады. Сонда бұған ерекше риза болған ақылды Айпара жеңгесі: «Жігіт-ақ екенсің, жігіт-ақ екенсің» дей берген ғой. Міне, содан біздің Жандос дос «Жігітек» атанып кете барған.

            Адай: Ойпырмай, шындығында да Жандосыңыз, жан серігіңіз жігіт-ақ екен! «Әкеге тартып ұл тумай ма, әке жолын қумай ма» деген осы да! Ал енді маған келетін болсақ,  қалмақтар тарапынан казак-орыстарға тарту ретінде кетіп бара жатқан шақта өзімізбен құрбылас Сырым батыр, Сырым Датұлы құтқарып алып қалды емес пе! Мамай, Сырым сені  жақсы білетін секілді ғой. Тегінде екеуіңде батырлық жағынан да, шешендік жағынан да бір ұқсастық бар. Сырым Еділ мен Жайық өңірін қалмақтармен бірге казак-орыс, түрікмендерден азат етісуге атсалысып жатқан Орта жүз жігіттеріне, соның ішінде Қанжығалы Бөгенбай, Керей Қолшыман, Тобықты Мамай саған дән риза. Маған сендерге ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімес деген сөзді айта бар деді.

            Жандос: Мамай тұтқыннан босап келген соң елі босып жүргеніне қарамастан қал-қадірінше той жасаған. Сонда Адай сенің атыңды алғаш естігенмін.

            Адай: Мамай, осы сені үйленді деп естідім бе? Қосағың сол қалмақ қызы болар?

            Жандос: Бұлай десең, сен көп жағдайдан хабарсыз секілдісің. Досың сол жолы-ақ қалмақ қызынан іргесін аулақ салған, яғни оның өзіне жар болып жарытпайтынын бірден аңғарған. ( Сонсоң Мамайға бұрылып:) Мамай, қалған әңгімені өзің айтасың ба, жоқ мен айта берейін бе? ( Мамай рұқсат дегендей басын изейді)

            Жандос: Екеуміздің ортақ досымыз жас болса да көзсіз ержүректігімен, оған қоса ұрыс тәсіліне жетіктігімен ордабасы Керей Қолшыман сардардың көзіне түсіп, жасы жиырмадан енді ғана асқанда мыңбасы болып шыға келді емес пе! Мұның жау тылын барлаудағы айла-амалы, бір шайқас барысындағы жекпе-жекте бес бірдей қалмақты жер жастандырғаны Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың құлағына да жетеді. Сол хабарды ханға жеткізушілер оған біздің Мамайдың жас шағынан билікке де араласып, қара қылды қақ жаруға тырысып бағатын мәмлегерлік қасиетін де айтса керек.

            Мамай: (қысылып) Жандос, сен де жандырып айтасың-ау!..

            Жандос: Енді хан тапсырмасымен башқұрттарға барып қайтқаның шындық қой.  Сол сапар барысында жас көкбөрі бас көкбөрілермен, башқұрт сөзінің осындай ұғымды білдіретіні өздеріңе де аян, ортақ бір мәмлеге келіп қана қоймай, башқұрт ағайындардың Назым есімді қызымен сөз байласып келгені де рас болатын.

            Адай: Міне, қызық... Құрбы жеңгеміздің есімі Назым болып шықты ғой сонда...

            Жандос: Адай, сөздің соңын күте білмейтін неғылған тағатсыз адамсың! Бұл орайда, өкінішке қарай Мамай дос бауырлас екі халықты жақындастырып, ортақ жауға қарсы қоямын деген, сонымен бірге башқұрттың бір аруымен көңіл қосамын деген екі тілегіне де қол жеткізе алмады. Мұның ішкі ойын сезіп қалған орыстар екі халықтың арасына тосқауыл қоюмен шектелмей, Назым арудың ауылын зеңбірекпен атқылап жермен жексен еткенін қайтерсің!

            Мамай: (қамығып) Адай, саған айтпасқа болмайтын шындық осы! Досың екі мақсатына да жете алмады. « Қатын жолда, бала белде» дегенмен, мен үшін Назымның жөні бөлек еді! Ал жауынгер башқұрт сарбаздарымен тізе қоса алсақ, оның да маңызы зор болатын. Ал одан ештеңе шықпаған жерде кейбіреулер жалдамалы әскер жасақтайық деген сөз шығарды. Әнет бабам саудаға жақын сарттармен жақындаспай-ақ қоялық деген еді сонау қиын күндерде де. Сондықтан өз басым жалдамалы әскер жасақтауға түбірімен қарсымын. Не болса да басқа түскенді көріп алғанымыз жөн болар!..

            Жандос: Әнет баба дегеннен шығады, ол кісіге біреу қазаққа ел болып қалу үшін не керек дегенде ол  біріншіден елге бірлік, сонсоң ақыл-парасат, терең ілім-білім қажет, екіншіден жастарға туған жерін, ата-анасы, ұрпағын, ата өсиетін, ана дәстүрін, қарындастың арын, өзінің азаматтық намысын қорғай алатын ерік-қайрат керек деген екен.

            Адай:  Ата сөзі асыл сөз. Жалпы қазаққа ортақ хан құтаймай тұрған мынадай алмағайып заманда сондай ақылман билеріміз бен қаһарман батырларымыздың  маңынан табыла білгеніміз жөн болар.

            Жандос: Ал енді Адай сені зарықтырмай Мамай досыңның қалайша үйленіп, отбасын құрағанын қысқаша айтып берейін. Ел мақтағанды қыз жақтаған дегендей,  тұлпар мініп, ту ұстаған батырға қыз табылмайды деймісің! Сүйегі Кіші жүз ішінде Тама болып табылатын Қызжан есімді қызды бұл да, мұны ол да ұнатқан. Бірақ түбі ата қоныс шалғайдағы еліне қайтып кетеді деп есептеген қыз туыстары айлаға көшіп, бізге қиын шарт қойды. Ондай қалың малды өтеу бізге шындығында қиын еді. Сонда ішінде сенің ағаң Сырым батыр да бар, бәріміз ақылдаса келіп, түрікмендерді шауып келуді ұйғардық. Бұлардың түбі бір түрікмен деп аталғанмен Кіші жүз қазақтарына әбден тізелері батқаны шындық қой. Сөйтіп, олардың да мысын бастық, досымыздың шаңырақ көтеруіне қажетті қалың мал да табылды. Бұдан кейін сенің туыстарың – тамалар да жұмған ауыздарын аша алмаған.

            Адай: Осының ішінде болған Сырым батыр маған бұл жайында тіс жармады. Тегі достарының өз аузынан естісін деген болар.

            Мамай: О, Сырым дегенің Әйтеке биден кейін Кіші жүздің сөзін ұстайын деп тұрған азамат қой. Жаңа Адай өзің айтқандай ел сөзін ұстаған шешен билер мен ел шетіне қалқан бола алатын батырлар көп болса, бізді жау ала алмас. Ал Сырым дегеніңіз әрі шешен, әрі көсем һәм батыр туған азамат қой.

            Жандос: Мамай, осы орайда соғыс өнеріне баулып, жолыңды ашқан ұстаздарың туралы не айтқан болар едің?

            Мамай: Қазірде Кіші жүз елінде, сол Кіші жүз жасағының құрамында жүрміз ғой. Мұнда жалпы билік Әбілқайыр ханның қолында болғанымен, әскердің бас сардарбегі Қанжығалы Бөгенбай батыр, ал ордабасы Керей Қолшыман оның оң қолы екендігін өздерің де жақсы білесіңдер. Ерлік пен өрліктің, бірлік пен іріліктің өнегесі деп білемін бұл асыл ағаларымды. Мені жатсынбай, жассынбай қолтығымнан демеп келе жатқан Керей Қойшыман батырға қайтіп басымды имеспін! Енді сонау Сарыарқа, Жетісу жерінде көзсіз ерліктерімен көзге түсіп, есімдері ел есінде құрметпен аталып жүрген Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай сынды батырлармен ортақ жауға қарсы бір сапта шайқассам деген бір арманым бар.

            Адай: Мамай, менің естуімше сен ағаң Көкенай батырдың да қасында болып, батасын алып үлгерген секілдісің ғой...

            Мамай: Қалқаман-Мамыр оқиғасына байланысты ел ішінде Көкенай батыр туралы қатал, қатыгез деген ұғым қалыптасып қалғаны рас. Мынадай құбылмалы заманда қатал болмасқа не шара! Соған байланысты сендерге мына бір оқиғаны айтып берейін. Ертеректе қалмақтар қазақ ортасына жылқы ұрлай келіп, қолға түсіп қалады. Сонда Әнет баба: «Айтқан сөзі атқан оғыңдай мүлт кетпес бауырым, мына істің жазалау билігін өзің шеш және жөнсіз қан шығармай жазаласаң  деймін» дейді Көканай батырға.

            Адай: Апыр-ай, ә, сонда батыр ағаң мұны қалай шешті екен?..

            Мамай: Иә, сонда Көкең «бұлардың аттарын тұл ғып күзеп, сол аттарымен елдеріне қайтару керек» депті. Осыған орай кейбіреулер « аттың жазығы бар ма еді, әлгілерге тым болмаса дүре соқтырмағаны қалай» десіп өзара күңілдесіпті. Сонда Көкең «жаудың мұндай арандатқан қылығына алданып қалмауымыз керек, ал жасырынып келген ұрыларының аттарының жал-құйрығының күзелуі сол ат иелерінің тірідей өлтірілгенінің белгісі емес пе» деген екен.

            Жандос: Бұл қалмақтарға қашан да сенім жоқ. Мамай, бүгін жекпе-жекке шыға қалсаң, байқағайсың! Болмаса осы жолы кезекті Адай екеуіміздің бірімізге бер. Біз де бір көзге түсейікші.

            Мамай: Қалмақтың абақтысынан қашып шығып, Жора деген батырымен сайысқанда көргенмін олардың әдепсіздігін. Міне, қатыгездік деп осыны айтады. Ал бүгінгі жекпе-жек мәселесіне келсек, оны жаңа айтқандай соғыс тәртібіне, ұрыс ережесіне қарай көреміз. Егер ханға хан, болмаса мыңбасыға қарсы мыңбасы шығуға тиіс болса, менің бұғып қалғаным қалай болады? Сонсоң сәтті жекпе-жектің соңын «Ай қораланды» ұрысына жалғастырып, аяғын «Қоян қашты» ұрысымен бекітуіміз керек. Тегі осы естеріңде болсын!

            Жандос: Ендеше ұрыс алдында өзіңе тағы бір ұсынысым бар. Егер осы үшеуміздің біреуіміз алдағы ұрыстардың бірінде шейіт болып кетсек, соны қалған екеуіміз қасиетті Түркістанға апарып жерлеуге серт етейік!

            Мамай: Жандосым, бауырым сертің қабылданды. Бірақ ол үшін ең алдымен ерлігіміз бағаланып, елге еңбегіміз сіңуі керек. Солай ма, адай баласы!

        Адай: Солай, әрине солай!.. ( Осы кезде қалмақтар жағынан «Жекпе-жек, жекпе-жек» деп ұрандатқан дауыс естіледі. Іле «маған керегі Мамай» деп және өрекпиді. Солайша ұрыс алаңына қалмақтың Жәңгір деген батыры мен Мамай батыр шығады. Алдымен айбалтамен арпалысып, содан кейін найзаға жүгінген бұлар соңында қылыштасады. Сондай бір қолайлы сәтте Мамай қалмақ батырының басын шауып түсіреді. Енді бұған оның інісі Зеңгі ұмтылады.)

       Мамай: (ақырып) Өз кезегіңді күтпейтін көргенсіз сен кімсің?

            Зеңгі: Мен жаңағы Жәңгірдің туған інісімін. Сондықтан оның қапысын сенен мен аламын, иманыңды үйіре бер, сормаңдай қазақ!

            Мамай: Ізденіп келген екенсің, тарттырайын сазайыныңды ендеше! (Зеңгіні бірден найзасымен шаншып тік көтеріп әкетеді. «Ұр,ә, ұр ә» дескен қазақтар қашқан қалмақтардың соңынан түре қуады)

                                   Бесінші көрініс

            Самар даласы. Алыстан кісінеген ат дүбірі, қылыш, найза қақтығысы, «жау қаштылаған» үн талып естіліп, бірте-бірте күшейе түседі. Әбден шаршап, қалжыраған  Мамай, Адай, Кеңгірбай, Тоқтамыс сынды батырлар бір төбенің басына келіп жата кетеді.

            Мамай: Тоқтамыс, сан шайқаста денеңе қарудың ешқайсысын дарытпап ең, бүгінгі шешуші соңғы шайқаста немене жараланып қалғанбысың?

            Тоқтамыс:  Сырдың бойында кесілген кіндік қаным сол жерге тамса, ал қасықтай қаным Жайықтың бойында төгілгеніне қуанбасам, ренжіп тұрған жоқпын, ағасы!

            Адай: Сонымен Еділ мен Жайық өзендері аралығындағы Самар даласындағы соңғы шайқас та өз мәресіне жетті. Бас аяғы төрт жүз жылға жуық уақытқа созылған соғыс соңы біз, қазақтар үшін түпкілікті жеңіспен аяқталды. Қорыққан мен қуанған бір демекші, соған өзі сенбейді де екенсің. Бас жарылса бөрік ішінде, қол шықса жең ішінде демекші, Тоқтамыс бауырым барлық қиындық осымен кетсін! Қарындас халықпыз ғой, аласапыран шақта жұдырықтай жұмыла білген сендерге бек ризамыз. Ал Мамай құрдас, ойға шомып кетіпсің ғой. Нені, кімді ойлап толғанып тұрсың?

            Мамай: Асырып айтатын болсам, жарты ғасырдан бері ат үстінде жүр екенмін. Осынша уақыт ішінде жүзден астам шайқасқа қатысыппын. Соның басым бөлігі Еділ-Жайық бойында өтіпті. Басында Шыңғыстау, Сарыарқада шұбырындыға ұшырап, Жиделі Байсынды бетке алған Жеті Момын жұрты қасиетті Қаратауға ат басын тіреп, одан Сырдың бойына асқанда  мен сол жақта өмірге келіппін. Мына Кеңгірбай Олжай бабамыздың тұңғыш немересі. Бұл жорық үстінде Кеңгір өзенінің бойында туғандықтан Кеңгірбай атанып еді. Абылайдың алдында көзге түсіп, он жеті жасында би атанғанын, қол бастап батыр болғанын әкесі Жандос шетін көріп үлгерді. Бүгінде арамызда жоқ сол Жандосымды ойлап тұрмын...

            Кеңгірбай: Батыр аға, досыңыздың ұрпақтары сізге риза, сіз де әкемізге қарыздар емессіз, тілегін орындап әулиелі Түркістанға апарып өз қолыңызбен жер қойнына тапсырдыңыз... Өмір бар жерде қаза бар дейді халқымыз. Біз сол үшінде де қарыздармыз.  Мен мұны әке жолдас, өлім ортақ деген мағынада айтып тұрмын, оны дұрыс ұққайсыз!

            Мамай: Ниетіңе рахмет, қарағым! Үнемі ат үстінде жорықта жүріп, тіпті ойланып, толғануға да уақыт болмаған секілді. Енді соғыс аяқталған соң өткен оқиғаның бәрі ойға оралып тұрғаны. Біздің Жеті Момын жұртының қайда болып, қайда тұрғаны сендердің аттарыңнан-ақ көрініп тұр емес пе! Жаңа сен Кеңгір өзенінің бойында туғандықтан Кеңгірбай атанғаныңды айттық. Ал Айдос ағамыз бен Айпара жеңгеміз Торғай бойында туған түңғыштарын Торғай деп, Ырғыз өзені жағасында туғандықтан келесі ұлының есімін Ырғызбай,  тағы бір ұлдары сонау Орынбор даласындағы Ор өзені Қарағаш маңындағы Көтімалды деген бұлақтың бойында туғандықтан Көтібақ, Торғай өзені маңында туған тағы бір ұлы Торғай аталғанын да сендер жақсы білесіңдер. Аға-жеңгеміздің Топай есімді ұлы да жақсы азаматтар санатында.

            Адай: Мамай, сенің жасың жиырмадан енді асқанда осы өңірде мыңбасы атанғаныңды да, үлкен шайқас алдында Жәңгір, Зеңгі деген ағайынды қалмақтарды жекпе-жекте жер жастандырғаныңды да, «жекпе-жегіңнің арты қайырлы болды» деп саған Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың алмас қылыш тарту еткені де есімізде.

            Кеңгірбай: Жасыңыз отыздан асқанда – сардар, қырықтың ортасында бахадүр, одан сәл кейініректе ордабасы атанғаныңыз да еш қоспасы жоқ шындық...

            Мамай: Бәрінен де бұрын Еділ-Жайық бойында алғаш игі жақсылардың көзіне түскен мен абыройсыздыққа ұшырамай, жеңіс шапағаты мен шарапатын осы өңірде көріп отырғаныма бек  ризамын.

            Адай: (күліп) Құрдас, қайын жұртыңа еңбегің сіңудей-ақ сіңді...

            Мамай: Бұра сөйлеген күлуге жақсы деген. Ал осы орайда менің есіме Әнет бабаның қиын-қыстау кездің өзінде басқаны баурыңа тартып, қарға тамырлы қазаққа айнала біліңдер деген өсиеті есіме түсіп тұр.

            Адай: Менікі жай қалжың ғой. Болмаса сен шайқасқа қатыспаған өңір бар ма! Сондықтан исі қазақ саған разы десем, артық айтқандық болмас.

            Тоқтамыс: Екеуің екі жақтап маған сөз беретін түрлерің жоқ қой. Батырдың жорық жолы туралы қысқаша мен айтып берейін. Кеңгірбай бауырымыз соны кейінгілерге жеткізсе деймін. Қанжығалы Бөгенбай 1724 жылы қазақ қолына басшылық жасап, алдымен Түркістанды, содан кейінгі жерде Сайрам, Шымкент, Отырар аймағын жаудан азат еткенде сіз беліңіз енді бекіп келе жатқан бозбала болатынсыз. Солай дей тұрғанмен сол шақта Әнет бабаның ұйғарымымен Орта жүздің туы сіздің қолыңызға көшкен-ді. Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің азаттық үшін күрестің ұйымдастырушыларына айналатыны да осы кез ғой. Сол шайқастың алдында Қанжығалы Бөгенбайдың қолына Ұлы жүздің жасағы қосылатыны, солайша қазақ қолы үлкен күшке айнала бастағанын кім жоққа шығарады?!

            Мамай: Сөзіңде жалғандық жоқ. Айта бергін...

            Тоқтамыс: Ал 1726 жылы Ордабасыда өткен алқалы жиында үш жүздің біріккен қолына басшылық жасау Әбілқайыр ханға тапсырылып, бас сардарбегіне Қанжығалы Бөгенбай тағайындалды. Солайша Аңырақай шайқасында айтулы жеңіске қол жеткізілді. Өкінішке қарай, сол жеңісті жеңіске жалғастыра алмадық. Өйткені, жалпы қазақ билігін қолыма ұстатпадыңдар деп өкпелеген Әбілқайыр хан өзіне қарасты әскерін ертіп, ұрыс алаңынан еліне қайтып кетті.

            Мамай: Оның да рас. Әнет баба қауіп еткендей, төрелердің көп жағдайда билік үшін басқа емес, әкесі баласын, баласы әкесін сатып кетіп жататындығы, тіпті селт етпестен өлімге қия салатындығы бар енді. Бірақ бұл сөз менің тұрғыласым Абылайға жүрмейді. Орта жүздің ханы Әбілмәмбет ағасы өз тағын бауыры Абылайға өз еркімен ұсынғанда сабазың бас тартты ғой. Өз басым Абылай бір Орта жүздің ғана емес, жалпы қазаққа ортақ хан болатындығына және ол бұл міндетті абыроймен атқара алатындығына кәміл сенемін.

            Тоқтамыс: Осы орайда Шаған шайқасы туралы айта кетіңізші! Құрдасыңызбен сол жолы жете таныстыңыз емес пе?

            Мамай: Бұл менің ата-бабамыздың ежелгі қонысы Шыңғыстау өңіріне алғаш баруым ғой. Жеті күнге созылған шайқаста жалпы басшылық Абылай ханның өзінің қолында болды. Солай дегенмен ақылы асқан хан өзінің сенімді серігі, әскер қолбасшысы Қаракерей Қабанбайдың қай мәселеде болсын қолын қақпады. Доржы хан бастаған қалмақ қолы сан жағынан едәуір артық еді. Бірақ біздің қолбасшымыз әр жүздік пен мыңдықты соғысқа алма кезек қоса отырып, түпкілікті жеңіске қол жеткізе білді.

            Тоқтамыс: Сіз сол қырғын шайқаста бірнеше мәрте жекпе-жекке шығып, бес қалмақ батырын жер жастандырдыңыз емес пе!

            Мамай: Сендер бірінші кезекте өз ағаларыңды айта бермей, басқалар туралы сөз қозғамайсыңдар ма? Сол жолы өз басым Абылай хан мен Қаракерей Қабанбай батырға, олардың елім, жерім деп соққан жүректеріне ерекше риза болып қайттым. Абылайдың парасаттылығы сол емес пе, осы Шаған шайқасынан кейін Қабекеңді ресми түрде «хан батыр» атандырды емес пе! Сол шайқаста Қоңырәулие үңгірі басында мәңгілік жер жастанған барша қазақ жауынгерлеріне тағзым ету бүгінгі біздердің де, болашақ ұрпақтың да абзал борышы деп білемін.

            Адай: Әлгінде өзіңнің қазақ жерінің әр түкпірінде болып, ұрыс салғаныңды айттық. Осы сапар барысында Тарбағатай, Зайсан, Алтай жағы, Шығыс Түркістанға дейін барып қайтқаныңды  естіп жатырмыз. Мені түрікпен, казак-орыс жасақтарымен соғысып жатқан Сырым батырдың қасында бол деп ертіп кетпегенің де рас. Жасыңда Әнет баба, Көкенай батырдан тәрбие алдың. Одан кейінгі жерде Әбілмансұр, Әбілмәмбет, ал осы жолы Абылай ханның ыстық ықыласына бөлендің. Бұрынырақта жақын ағаң Қанжығалы Бөгенбайдың, кейінде Қаракерей Қабанбайдың сенімді серіктерінің біріне айналдың. Енді сенде не арман бар?

            Мамай: Осы орайда көп араласқан ұстазым Керей Қолшыман батырға разымын. Бұл кісі маған тек ұрыстың тәсілін ғана емес, өмірдің мәнін үйрете білді. Айталық, Тобыл, Қызылжар өңірін жаудан азат етуге барғанда мені Қожаберген жырауға ертіп алып барды. Қиын ұрыстың бірінің алдында әулие ақсақалдан бата алсын дегені ғой. Қанша батырмыз десе те, іштей бір қобалжу болатыны рас. Соны дөп басып сезген жырау өрекпіген көңілімді басып ақ батасын берген. Сөйтіп, келесі күнгі жекпе-жекте кезекті жеңіске осылайша жеткенбіз. Сондықтан бұл тұрғыдан алғанда армансызбын деп айтуға да болады, тек бірақ...

            Кеңгірбай: Мен сізді түсініп тұрған секілдімін...

            Мамай: Әнет баба жасы тоқсаннан асқан соң ел дауы, жер дауына араласпай, кейде өзімен өзі болып қыр асып кетеді екен дейді.  Қаз дауысты Қазыбек інісі: «Баба, не іздеп жүрсіз?» деп сұрапты. «Өзімді іздеп жүрмін» депті бабасы. Інісі мұны түсінбепті. Сонда бабасы: «Адам баласы алланың әмірімен жарық дүниеге пәк, таза, адал күйінде келеді. Мен қазірде кәртайдым. Су жорғаны мініп те көрдік, сұлу әйелді құшып та көрдік, өзен судай тасып та көрдік, өткел бермес дариядан асып та көрдік – бәрі жалған екен. Енді маған ештеңенің керегі жоқ. Баяғы күнәдан пәк адал жүрегім керек. Өзімді іздеп жүрмін дегенім осы» депті. Мен де өзімді өзім іздеп таба алмай жүрмін. Ал Адай құрдас, сен маған арманың бар ма дейсің!

            Кеңгірбай: Батыр аға, ал сізге Әнет бабаның жасы әзірге алыс, сондықтан өзіңізді іздеу де тым ерте ме деймін.

            Мамай: Сол себепті алдыма үлкен мақсат қойып отырмын. Сол Әнет бабамыз Орта жүздің туын маған тапсырғанда оны уақыты келгенде Шыңғыстаудың шыңына тігуімді тапсырған еді. Соның, міне реті келіп, сын сағаты соққан секілді. Яғни, осы жолы Жеті Момынның ежелгі ата қонысы жаудан біржола азат етілгеніне көзімді жеткізіп келдім. Сондықтан енді көш басын елге қарай бұрсақ па деймін.

            Адай: Түбі осындай әңгіменің шығатынын біз де сезген едік. Анау Сырым досың Мамайдың өзінің де, соңынан ерген елінің  де бізге, Кіші жүз жұртына еңбегі сіңді. Сондықтан олар Еділ мен Жайықтың ортасынан қалаған жерін таңдап алсын деп дұғай-дұғай сәлем жолдап жатыр.

            Мамай: Ол солай демесе, Сырым бола ма! (күліп) Баяғыда қайын жұртым қыздары Қызжанды маған қимай, осыны орындай алмас деп үстемелетіп қалыңмал сұрап еді. Қазірде де жасы келген қыздарын алысқа жіберуге қимайтын секілді. Солайша Тама елі де жерден таршылық көрмейсіңдер деп-ақ жатыр. Онысына рахмет! Бірақ ертеңгі әрі тұр, бері тұр деген сөзден қорқамын. Екіншіден, Әбілқайыр хан өзінің соңынан ерген елді сонау отызыншы жылдардың басында-ақ орысқа тәуелді етіп, бодандықтың қамытын өз еркімен мойнына іліп алғаны бұған тағы бір себеп. Елу жыл ат үстінде жүріп, еліміз бен жерімізді жоңғарлардан азат еткенде енді келіп, орыстың қолтығына кіргеніміз қай сасқанымыз!

            Кеңгірбай: Иә, ағасы, жер өспейді, ел өседі. Сондықтан мынадай бейбітшілік заманында ренжіспей тарқасқанымыз абзал! Айтпақшы Қызжан жеңгеміз сіздің бұл шешіміңізге не деп отыр?

            Мамай: Тама елі әлгіндей себеппен қыздарын маған бергілері келмей бұлталаққа салғанда кесімді сөзді Қызжанның өзі айтқан болатын. Сол себепті ол менің сол сөзім сөз, етегіңнен ұстағаным ұстаған деп отыр. Бірақ көш мәселесі бір күнде шешіліп үлгермейді ғой. Сондықтан асықпай етек-жеңімізді жинап алайық.

            Кеңгірбай: Онда осы бастан келісіп алайық, көш басшысы, ел басшысы өзіңіз боласыз.

            Мамай: Менің жасым бүгінде алпыстан асып бара жатқанымен, өзімді қартпын деп санамаймын,яғни көштің қолбасшысы болуға әлі де жарап тұрмын. Ал ел басшысы да, биі де өзің боласың, бидің кеңесшісі болуға Көбей әбден лайық деп білемін! Ал енді аллатағала сол тілегімізге жеткізуге жазсын! (бәрі алақандарын жайып, бет сипайды)

                                   Алтыншы көрініс

            Орда тауының етегі. Одан әріде Шыңғыстау мұнартып көрініп жатыр. Бейне көк-жасыл кілемдей құлпырған көгал үстіне жайғасқан Мамай, Қызжан, Кеңгірбай, Тоқтамыс өзара ақылдасып, арғы-бергі көш жайын сөз етіп отыр.

            Тоқтамыс: Батыр көңіліңізде алаң бар секілді ғой. Ата-баба қонысына, ел шетіне іліктік емес пе, несіне қобалжып тұрсыз?

            Мамай: Оның рас, ендігі уайым-қайғының жөні жоқ. Өз тұрғыластарымен алға шолғыншы болып аттанған Ырғызбайдан да жақсы хабар келіп жатқаны рас. Осындайда бұл бауырымның балуандығымен хан Абылайды риза еткені ойға оралады. Оның сол жолғы бәйгесіне берілген қомақты олжа біразға дейін аттарымыздың жеміне ырыздық болып еді-ау!..

            Кеңгірбай: Батыр аға, сіздің көңіліңіздегі алаңды білмей, сезбей тұрған жоқпын. Ертістің бойын ен жайлай бастаған діні, ділі, тілі бөлек жандардан сескенген діндар Қараменде бауырыңыздың соңына ерген біраз ағайынмен балқаш көлін бетке алғаны рас. Маған «Сәлем де Кеңгірбайға кел кетейік, Мықты сабаз атанды терлетелік. Мұсылманның еліне бетті бұрып, Аты жақсы дариядан ары өтелік» деп хат жазыпты.

            Мамай: Ал Кеңгір, бұл сөзді сен жауапсыз қалдырмаған боларсың?

            Кеңгірбай: Мен не дейін... «Атыңнан айналайын, Қараменде, Ұл тумас сірә, сендей кейінгі елде. Керегедей Шыңғысты қия алмадым, Неде болса қаламын осы жерде» деп бірақ шумақ өлеңмен жауап қайтардым.

            Мамай: Бұлай демесең, сен Кеңгірбай болармысың! Иә, «Басы еді Тобықтының Қараменде, Сірә, сендей жан тумас дара пенде. Асыл сөзден тең буған мың тоғанақ, Орта жүздің құты едің қара көмбе!» Бұл өзі маған қазақ пен ноғайдың екі айрылған заманын еске түсіріп кеткенін айтсаңшы! Әйтеуір дәтке қуат дейтін жайт сол, өз елімізде жүрміз ғой.

            Сонау Ордың Қарағашынан бері ата қонысқа қарай қозыаяғымен беттегенімізге аз-кемі жоқ қырық жыл өтіпті. Әрине, бір жерде тұрақтамай, үздіксіз көше берген жоқпыз. Міне, осы келісімізде Ертістің бойында екі-үш жыл еру болып жаттық емес пе! Әйтеуір, жылдан жылға созылған көштің арты қайырлы болды. Сол үшін көшбасшысы, ел басшысы Кеңгірбай бауырға жасы үлкен ақсақал ретінде өз атымнан да, бізге үміт артып соңымыздан ерген елдің атынан да алғыс білдіремін.

            Кеңгірбай: Өтіп кеткеннен кейін бәрі көрген түстей сезіледі екен. Болмаса жылдан жылға созылған ұлы көш барысында басымыздан не өтпеді. Соңғы рет тұяқ серпіп қалуға тырысып, жаралы арыстандай арпалысқан жау әскері Қызыларай тауына қарай тықсырып алып кеп, қоршап жойып жібермек болғанда одан да жол тауып кеткен өзіңіз едіңіз ғой, батыр аға! Сонда малдың аяғына киізден тұяққап жасатып, түн қараңғысында биік асудан асып кетіп едік қой. Кейінен сол маңдағы жергілікті тұрғындар әлгі өткел бермес асуға «Мамай асуы»  деп ат беріп, айдар таққандығы туралы жақсы хабар соңымыздан жетіп жатты емес пе!

            Тоқтамыс: Ал Көкшетаудың сексен көлінің бірінің жағасындағы оқиға есіме түссе, құйқа терім шымырлап кетеді. Қалың қамысты, батпақты көл жағасында малымыз жоғалып, берекеміз қаша бастады емес пе! Содан батыр аңғал дегендей, ағамыз мұның мәнісін білмек болып, қасына ешкімді ертей көл жағасына бір өзі барғанын білесіздер. Әйтеуір, абырой болғанда қалың қамыс арасынан өзіне атылғалы жатқан өгіздей үлкен жолбарысты соңғы сәтте аңғарып қалып, қозы жауырын жебені оның өндіршегіне бойлатып қадап үлгереді ғой. Ал оған да жығылмаған түз тағысын қақ маңдайдан шоқпармен ұрып сұлатқаны айтуға ғана оңай! Бұдан кейінгі жерде әлгі  көл де «Мамай көлі» атанып кеткені және рас.

            Қызжан:  Ардақты қайындарым-ау, кешке дейін қорқынышты әңгіме айта бермей, қуанышты сәттерді де сөз қылмайсыңдар ма!

            Кеңгірбай: Сіздің оңды уәжіңізге тоқтамасқа болмайды, Қыз жеңеше! Айтпақшы, сол жолы сіз де ерлік жасап, жетінші ұлыңызды өмірге алып келгенсіз. Оның есімін атына заты сай болсын деп Жолбарыс деп қойған едік қой. Көкбөрі атанған ағамыздың жетпісінде көрген Жолбарысы ел қорғаны болатындығына еш күман жоқ. (күліп) Болмаса осыған дейінгі басқа інілеріміздің аты Жиеншора, Байшора, Молшора, Жолшора болып шұбырып кетпеді ме!

            Қызжан: Би қайным, сөзіңнің бір ұшығын маған бағыттап жатырсың-ау! Біздің Таманың ішінде аты аңызға айналған Шора есімді ерен батырдың болғаны да, соған орай мына ағаларыңның өзі «жігіттің жақсысы нағашысынан» деп бірер ұлының атын осылайша ұйқастырып қойғаны да рас. Тұңғышы Жиеншорадан туған алғашқы немересіне өзі ерекше құрметтеп, сыйлайтын Қабанбай есімін бергенін де білесіңдер. Жолбарыстың алдындағы ұлдарымызға Еламан, Жоламан деп ат қойсақ, оның себебін айтып жату артық болар.

            Кеңгірбай: Біздің ағамыздың арманы жоқ қой. Міне, еліңізді бастап ата қонысыңызға да келіп жеттіңіз. Бірақ баяғыда адамда арман таусылушы ма еді деп едіңіз?

            Мамай: Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ деген. Сол айтқанымнан қайтпан. Алтын асықтай ұлдарды сыйлаған қыздай қосылған қосағым Қызжанға басымды ие отырып, үш арманымды айтайын. Бірінші арманым – бар ғұмырым ат үстінде соғыспен өтті де, жас кезімде жігітшілік, сал-серілік құра алмадым. Екінші арманым – бозбала кезімде ғашық болған башқұрт қызы Назымға қолым жетпеді. Орыс патшасының әскері башқұрт ауылын зеңбірекпен атқылағанда Назым да шейіт болып кетті. Орыс жандаралы үшінші арманымның да жолын қиды. Яғни, ол башқұрт ханы Ағиолды Орынборға алдап шақыртып алып, дарға асты. Солайша башқұрттармен басымыз бірікпей қалды да, түбі бір түрік жұртын топтастырамақ болған талабымыздан ештеңе шықпады.

            Қызжан: (күліп)  Соңғы арманыңды қайдам, жас кезімде жігітшілік құра алмадым десең, әлі де кеш емес. Бір жас иісті өз қолымнан алып берейін.

            Кеңгірбай: Міне, біздің асыл жеңгеміз қандай!

            Мамай: Айтып жатқандарың құлаққа жағымды естілгенмен, маған жеті ұл сыйлаған Қызжанның үстінен қыз алмай-ақ қояйын! Бұл мәселені жылы жауып қоялық. Менде бәйбішеме басқаша мазмұнда ұсыныс болып тұр. Оның  мені қалай жоқтайтынын көзім тірісінде естісем деймін.

            Қызжан: Астапыралла, мына кісі не дейді? Отағасы-ау, бұл қалжыңың ба, шының ба?

            Тоқтамыс: Шындығында, ағасы жаманшылық шақырып қайтеміз.

            Кеңгірбай: Ел шетіне келгенде жоқтау айтып жатқанымыз қалай болар екен?

            Мамай: Жоқ, өмір бойы елді аңсаған өксік, мұң-нала осымен кетсін! Тілегімді жерге тастама, бәйбіше!

            Қызжан: Әзіл-қалжың ба десем, шындап барасың ғой, отағасы! (күмілжіп) Сөзіңді жерге тастаған да жерім жоқ еді. Екі оттың ортасында қалдым ғой. Ал енді қайт дейсіңдер, қайындарым?

            Тоқтамыс: Батыр екі сөйлемейді, Қыз жеңеше! Қысылғанда соқыр көзден де жас шығады демеуші ме еді халқымыз.

            Қызжан: (көзіне жас алып) Болмадыңыздар ғой... Артта қалған елді де сағындық, маңдайымызға жел болып тимеген ерді де қимаймыз дегендей...(бүйірін таянып, мұңлы бір халық әнімен жоқтауды бастап кетеді):

            Атадан алтау туып ең, Мамай,

            Батырлық жолын қуып ең, Мамай.

            Досыңа жаздай жайдары шуақ,

            Жауыңа қыстай суық ең, Мамай.

            Он үште атқа қонып ең Мамай,

            Қызғыштай елді қорып ең, Мамай.

            Абылай ханның қасына еріп,

            Торғауытты торып ең, Мамай,

           

            Жасанған жауды қайтардың, Мамай,

            Темірдей жауды тойтардың, Мамай.

            Дүниеден көшіп жөнелдің, Мамай,

            Сондай ед деп айтар кім, Мамай?

            Қылышыңды қандадың, Мамай,

            Сырдың суын жалдадың, Мамай.

            Желмая мінген Асандай жортып,

            Халқыңа қоныс қамдадың, Мамай.

            Қырандай құзға самғадың, Мамай,

            Тамадан мені таңдадың, Мамай.

            Алыстан алған қызды жылатпан деп,

            Үстіме тоқал алмадың, Мамай.

            Торқадай болсын топырағың, Мамай,

        Аруағыңды шақырамын, Мамай.

            Тер исі сіңген шарайна сауыт,

Сағынсам иіскеп отырамын, Мамай!..

Кеңгірбай: Болды, жеңеше болды, жетіп қалар. Ағамызды қаншалықты ардақтайтыныңызды осыдан-ақ аңғарып тұрмыз!

Мамай:(күліп) Мынадай сай сүйегіңді сырқыратқан жоқтаудан кейін өле берсең де болғандай екен...

Тоқтамыс: Ойнасақ та біраз жерге барыппыз. Батыр ағамыз әлгінде айтқандай, барлық мұң-нала осымен кетсін!

            Мамай: Кеңгірбай қарағым, хан Абылайдан үш нәрсені – Тобықтының ұраны етіп оның өз есімін, Сарыарқаны босатқан соң Шыңғыстауды қара қоныс етуді және Арғын руының көз таңбасы бізге де ортақ болсын деп қалап, сұрап алып ең. Сонда Абылайдың назарына іліккен немерелес інің Ырғызбай да қасыңнан табылған болатын.  Бір кезде жер өспейді, ел өседі деген де өзің болатынсың. Міне, қара қонысқа келдік. Көш басшысы, ел басшысы ретінде ендігі кесімді сөзді өзің айт!

            Кеңгірбай: Батыр аға, хан Абылайдың есімін ауызға алып жатырсыз. Сол жолы өзіңіз сыйлайтын Абылай хан сіздің Отан қорғаудағы еңбегіңізге лайықты бағасын бере келіп, Шыңғыстаудан ең бірінші қоныс таңдау еркі Мамай батырдың еншісінде болсын деген еді. Сіз найзаңызды қадаған өңір сіздің әулетке шектеусіз беріледі.

            Мамай: Ниетіңе рахмет, айналайын! Анау көрініп тұрған Орда тауы. Әнет бабаның айтуы бойынша ол Шыңғыс заманына дейін Көктау аталған екен. Естуімше бұлақтан кенде емес, яғни суы мол, шөбі шүйгін, қысы жайлы жер екен деседі. Көктаудың іші түрлі жеміс ағашы мен аң-құсқа да бай екендігін естіп отырмын. Бекініске де жақсы жер секілді. Мен сондықтан жеті ұлыммен, бізге ере келген тама, осыған дейін осы жерге орнығып үлгерген ақымбет елімен сол жерге жайғассақ дейміз.

            Кеңгірбай: Ертістің бойына ендеп кіріп орнығып жатқан ормандай орыстан сескенген діндар Қараменде бидің мұнда тұрақтамай Балқаш жағына ауа көшіп кеткенін әлгінде айттық. Ал мына Тоқтамыс батыр соңына ерген Жуантаяқ елімен Шаған өзені бойына жайғассақ деп отыр. Ал Олжай ұрпақтарына, басқа да ағайындарға Сарыарқа төсінде керегедей керілген Шыңғыстың іші-сырты артығымен жетеді деп ойлаймыз.

            Мамай: Кеңгір қалқам, Ертістің бойында болған осы бір-екі жылда ағайын-бауыр үшін сақал-мұртың күзеліп, орыстың түрмесіне де отырып шықтың, уақ ағайындармен де шайқасып қалдың. Қарт Шыңғысқа елді әбден жайғастырып болғанша әлі талай гәпті басыңнан кешіруге тура келер. Соның бәрін найзаның күшімен емес, өзара түсіністікпен шешкеніңді қалар едім. Ендігі жерде де елдің көшбасшысы болып өзің қала бересің. Ал арғы Сары батыр, бергі Көкенай батырдың туын  соңымнан ерген Тоқтамыс батырға табыстаймын!

            Тоқтамыс: Жақсы аға, бабалардан қалған туды кейінгі ұрпаққа аманаттау менің басты міндетім деп білемін!

            Кеңгірбай: Батыр аға, «не Тобықтыға ата қонысты – Шыңғыстауды алып беріп ел етемін, болмаса қор етіп сол жердің топырағында қалдырамын» деген бұрынғы сөзім сөз!

Бұл сіздің алдыңызда аруақтарға қарата айтқан антым деп біліңіз! Соны абыроймен жеріне жеткізу маған серт!

            Мамай: Алла тілектеріңе жеткізіп, елдің құрметіне бөленулеріңе нәсіп етсін! Әумин!

            Диктор: Сол шақта Мамай батыр Әнет бабасының жасына келіп, тоқсан жеті жасында өмірден өтетінін, інісі Кеңгірбай бидің сертінде тұрып өзін қасиетті Түркістандағы қазақтың қасқалары мен жайсаңдары жайғасқан Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне өзі бас болып  барып сүйегін сонда жерлейтіндігін, арада екі ғасырдан соң Мамай ру, ел атына айналып өзінің тіке ұрпағы  ұрпағы үш мыңнан асып жығылатындығын да білген жоқ.  Ұлы көш ата қоныстары – қарт Шыңғысқа арада жетпіс жылдан кейін оралса, тағы бір жетпіс жылдан кейін мұнда Олжай ұрпағы - қазақтың болашақ хакім ұлы, адамзаттың алыбы Абайдың, одан жасы бір мүшел кіші дала данышпаны атанған Шәкәрім қажының, ал ғасыр соңында Мұхтардың  өмірге келетіндігін, одан кейінгі жерде жиені Әлихан Бөкейханның ұлт көсемі атанатындығын білмесе де, рухы сезініп жатты.

Ал Сары, Көкенай, Мамай сынды батырлардың көк туы күні бүгінге дейін Тоқтамыс батырдың тікелей өз ұрпақтарының қолында сақталып келсе, егемен еліміздің көк туы Астана төрінде желмен  желбіреп, айналасына нұрын шашып тұр! Еліміз мәңгілікке бет алған шақта туымыз шайқалмайтындығы шындық. Ел тәуелсіздігінің арқасында Семейдегі қос мұнаралы мешітке Әнет баба, үлкен бір көшеге Мамай батыр есімі берілген. Би ата атанған Кеңгірбай би үшеуі туралы кітап шығарылып, үшеуіне де Абай елінде ескеркіш орнатылған. Оның сыртында іш құрылысы Ордада жерленген Мамай батыр зираты  үш жүз жылдығына орай жаңартылып, сәулетті күмбез және орнатылды. Сол жылдары сондай ерекше құрмет Би ата, Тоқтамыс батырға да көрсетілді. Басымызды иелік, батырлар аруағына!

                               Соңы

 

Қазақ тілінде жазылған