Адам қарады: 94 | Жарияланды: 2019-08-08 03:04:33

Қарттар үйіндегі қарт ана

Үзілмеген кеудесінде бір үміт

Су, су,-деді қарт кейуана үздігіп

Әлсіз дене қозғалуға келмеді

Есік жаққа жаутаңдады жүз бұрып

 

Су, су,-деді ана тағы анықтап

Естен ауып кетті бір сәт шалықтап

Түс көріпті айдын-көлдің үстінде

Бара жатыр екен биік қалықтап

 

Созды қолын суға қолы жетпеді

Ана әрмен биіктерге беттеді

Ақ, бұлттардың арасынан ананың

Айдын-көлге көзі түсіп кеткені

 

Таңдай кеуіп өлеусіреп жанары

Ана көктен су бетіне қарады

Кенет...кенет ортасында айдынның

Жалғыз ұлы суға батып барады

 

Көмек, көмек!-шырылдады анасы

Жер мен көктен тым алыс қой арасы

Ана байғұс тырысқанмен төменге

Түсуге еш жетпей қойды шамасы

 

Бара жатты ол биіктеп тым көкке

Ал, айдында жалғыз ұлы өлмекте

Айқайлады естімеді оны ешкім

Келмеді ешкім баласына көмекке

 

Көз алдында өлім-қауіп тізіліп

Өткенінен қалды елес бір үзік

Әлсіз жүрек қорқыныштан тоқтады

Кетті ананың соңғы демі үзіліп!

Қазақ тілінде жазылған