Адам қарады: 1345 | Жарияланды: 2019-08-13 09:07:15

Ерте есейген Ертай

Повесть

             Ертайдың мектептен сіркесі су көтермей қайтты. Сыныптасы Асқардың сөзін көңіліне ауыр алды. Кінәсіз еді. Орынсыз сөз естігеніне өкінді. Оқыс оқиға екі сабақ арасындағы үзілісте болды. Бала жастан тентектеу боп өсіп келе жатқан Асқар әбестік жасады. Ойын түбінен от шығатынын ойламаса керек.Тақта алдынан өтіп бара жатқан сыныптасы Сәуленің алдына аяғын тоса қойды. Мұндай тосқауылды күтпеген Сәуле сүрінді. Еденге екі қолын тірей екпетінен оңбай құлады. Қыстығып жылаған дауысы да ащы шықты. Сынып бөлмесінің іші табанасты үре-дүре болды. Сәуле тұрып кетуге ниет еткен жоқ. Кеудесін көтере тізерлеп отырған күйі көз жасын бұлай берді.

Ертай Сәуленің жанына аяқтарын жеделдете басып тез жетті. Көмек қолын созды. Қолтығынан демеп тұрғызып алды.

-Өтінем, Сәуле. Жыламашы. Өмірде бәрі де болады. Асқар құлайды деп ойлаған жоқ шығар. Қазір сенен кешірім сұрайды.

Оқтау жұтқандай қалшиып тұрған Асқардың қараторы жүзінен өкініш сезімі сезілмеді. Ертайға ала көзімен ата қарап тіс жарды.

-Мен кешірім сұрамаймын. Өмірге әркімнен кешірім сұрау үшін келгенім жоқ. Сен қыздарға жақсы атты көрінгеніңді қой. Өз болашағыңды ойла. Әкең жоқ, жетімсің.

Өңменінен өткен суық сөзден Ертайдың тұла бойы тітіркенді. Алқымын ашу қысса да сабырлық танытты. Іштей ой өткелін кешіп те үлгерді. «Жо-жоқ. Мектепте төбелес шығаруға болмайды. Білім нәрін сеуіп жатқан қасиетті мекен мектепті үлкеніміз де кішіміз де сыйлауға міндеттіміз. Бұл мектептен түрлі мамандық иелері атанған тұлғалар шығып жатыр. Оны анада директор ағай ата-аналар жиналысында айтқан. Жіпке тізгендей есімдерін жария етті. «Біз алтын ұя мектебімізден білім алып, туған жері, алтын бесік ауылының атын шығарып жүрген жерлестерімізді мақтаныш етеміз» деді. Анам да осы мектепте ұстаз. Менің мектепте ойланбай жасаған қылаудай кінәм анашымның атына кір келтіреді. Үлкен ұятқа қалдырады. Мен ондай әбестікке жол бере алмаймын. Асқар тау әкемнің 5 сыныпта оқып жүргенімде айтқан ақылы мәңгі есімде. Санамда бойтұмардай сақтаулы. «Ұлым, бәрін де есейгенде білесің. Үлкен өмір күреске толы. Тасқын судай ағынды ашуды алдаспан ақылыңмен жеңе білетін бол» деді. Мен «Иә» деп уәделі жауап бердім. Мен сол сертті уәдемде тұрамын».

Сәуле солқылын баса алмаған күйі өз партасына келіп отырды. Ертай тағы өтінді.

-Сәуле, болған оқиғаны ағай, апайларға айтпай-ақ қойшы. Жарай ма?

Сәуле келіскенін басын изеп сездірді. Асқар қайран қалды. Ертайдың ашу шақырмағаны ойландырып та тастады. «Бұл қалай? Менің ауыр айтқан сөзімді Ертай құлағына да ілмеді. Дегенмен ер бала емес пе? Намысын оятқан жоқ. Оны сыныптағы ұлдар да, қыздар да сыйлайды. Айналсоқтап жанынан шықпайды. Айтқан әңгіме, әзілдері жараса кетеді. Ал менен бәрі бойларын аулақ салады. Қастарына таянсам болғаны бөгде бөтен біреу келіп қалғандай сезінеді. Сыныптастарым мені неге ұнатпайды, осы? Тентек мінезді қою керек шығар енді. Шынында ұят болды. Менікі дұрыс емес. Дөрекілік таныттым. Сәулені шалып құлаттым. Ертайға жетімсің едім. Не деген суық сөз. Жас жүрегіне садақтың жебесіндей қадалған  шығар. Ойланбай сөйледім. Ауырмай өлдім. Ертайдың сөзінде тырнақтың кіріндей кінәрат болған жоқ. Қайта маған араша түсті. Сәулеге «Асқар, сен құлайды деп ойлаған жоқ шығар» деді. Шынында солай. Мен ойнамақшы болғам. Өкінішке орай ойын түбінен от шықты.  Неге ойланбай сөйлеймін, осы? «Сәуледен кешірім сұрамаймын. Өмірге әркімнен кешірім сұрау үшін келгем жоқ» деп айтып та қойдым.  Оқиға соңында Ертай маған тағы араша түсті. Менен әлдеқайда ақылды екен. «Сәуле, болған оқиғаны ағай, апайларға айтпай-ақ қойшы» деді. Менің абыройымды ойлады.  Иә, мен  Ертайдан кешірім сұрауға міндеттімін. Қалайда сұрау керек. Есейіп келе жатырмын. Әкем де «ақылды бол, балам» деген сөзді көп айтатын болды. Енді адам болатын жаққа шығуым керек».

 Ертай  үйіне келді. Оқушы сөмкесін өз орнына қойды. Күндегі әдетінше қабырғада  ілулі тұрған әкесінің көңілді түскен суретіне назар салды. Алабұртқан көңілі босап қоя берді. «Әке, мен сізді сағындым. Жалғыз мен емес, анам мен қызың, менің сүйкімді қарындасым Қалимаш та сағынып жүр. Неткен өкінішті еді. Кездейсоқ жол апаты өміріңізді мезгілсіз қиып кетті. Қайғы-мұңнан моншақ тағынып қала бердік. Келместің кемесіне мініп кеткелі жылдың жүзі толып қалды. Жағалауға қайтып оралмадың. Ағайындар киелі шаңырағыңда жиі бас қосып жатыр. Жылдық асыңды береміз. Құран бағыштаймыз дейді. Ниеттері қабыл болсын. Асыл әке, мен бүгін сыныптасым Асқардан суық сөз естідім. Әкең жоқ, жетімсің деді. Алғашқыда ашуым келгені рас. Сол сәтте өзіңіз айтқан ақылыңыз есіме түсті. Сабыр сақтадым. Алтын ұя мектебімді сыйладым. Ұлағатты ұстаздың бірі болып жүрген анамның да абыройын ойладым. Қателікке бой алдырмадым. Төбелес шығаруға жол бермедім. Асқарды да түсінуге болады. Бір үйдің маңдайынан шертпей еркелетіп өсірген жалғыз ұлы. Не ішемін, не киемін деп жүрген жоқ. Төрт құбыласы түгел. Сыныптастарымның бәрін де дос сезінемін. Өйткені бәріміз де бір жылғы төлдерміз. Алла қаласа мектепті бірге бітіріп, қияға бірге қанат қағамыз. Балалық шақпен қоштасқан Асқар досымның өскенде жақсы азамат болмасына кім кепіл. Қалай деуге болмайды ғой. Мүмкін ауыл, аудан әкімі болып қалар. Халыққа қалтқысыз қызмет етер. Әке өзің «Балам, мейірімді, кішіпейіл, кешірімді бол» дегенсіз. Мен Асқар досымның балалығын кешірдім».

Ертайдың ұзақ сонар ойын анасының жарқын дауысы үзді.

-Ертай келе ғой. Түскі ас әзір. Қарындасың сабаққа барады.

Асқар да мектептен көңілсіз қайтты. Ертайдан кешірім сұраудың сәті түспегеніне өкінді. Маңайына үйірсек балалар, оңаша, бетпе-бет жүздесуге мүмкіндік бермеді. Санасын мазасыз ойлар шырмауықтай шырмап алды. «Сегіз сыныпта оқимын. Жігіт боп қалдым. Оң мен солыма сын көзбен неге қарамай жүрмін? Қыздар да бойжетіп қалған секілді. Әдемі киініп, сыпайы сөйлегенді ұнатады. Бұрын қалай байқамағам? Көздеріне дейін күлім қағып сөйлеген қыздардың жүздерінде ерекше бір жылылық пен мейірімділік, сүйкімділік пен сұлулықтың нұрлы шуағы шашылады екен-ау. Жоғары сыныптың балалары махаббат туралы әндерді неге көп айтып жүр? Шынында бой түзей бастаған Сәулені жас бала құсатып шалып  құлатқаным ұят болған екен.  Жо-жоқ, мен ең алдымен Сәуледен кешірім сұрауға міндетті екенмін. Сосын Ертайдан...».

Асқардың әкесі  ауылға беделі бар азаматтың бірі. Қырық жастың қырқасынан асқан Сағымбек Айдынкөл ауылдық округі әкімінің орынбасары болып қызмет етеді. Қазекем ат қойғанға шебер-ақ қой. Ауылдастары оның ұзақ қызметтік лауазымын шұбыртып айтып бастарын қатырып жатпайды. Қысқартып  «Екінші әкім» дей салады. Осы екінші әкім Сағымбек пен өмірлік серігі Әлимаш құдайдан сұрап алған жалғыз ұл Асқар дегенде әлдекім не сұраса да беруге әзір. Үлде мен бүлдеге орап, кекілінен сипап, еркелетіп, үкілеп өсірді. Тентек мінездеріне кешіріммен қарады. Артық сөз, оғаш қылықтарын байқағанда «Әлі бала ғой. Есі кірген соң бәрі қалады» деп арқаны кеңге салды. Екінші әкімнің, сыйлы адамның баласы болған соң әр пәннен дәріс беретін мұғалімдер де Асқардың тентектігіне көз жұма қарады.

Түскі ас үстінде әке-шешесі әдеттегідей көңілді отырды. Әкесі кейде ауылдың келешегін, атқарылып жатқан игі істер жайлы әңгіме қозғап қоятыны бар. Бұл жолы да солай етті.

-Алтын бесік ауылымыз жыл санап көркейіп, ажарланып келеді. Бүгінгі бақытты жас ұрпақтың бейбіт күні үшін Ұлы Отан соғысына қатысқан ауыл азаматтарына ескерткіш пен тақта орнатылып, есімдері мәрмәр тасқа қашалып жазылатын болды. Ақыл жастан деген емес пе? Бұл игі бастаманы ауыл жастары көтерді. Жиынға қатысқан ауыл тұрғындары қызу қуаттады. «Бүгінгі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман үшін толарсақтан қан кешкен батыр бабаларымыз бәрімізге ортақ. Ешкім де шет қалмаймыз. Қаражаттан көмектесеміз. Ауылымыздың атын шығарып, береке, бірлігімізді танытатын абыройлы істі тезірек бастау керек. Бүгінгі жасөспірім балаларымыз батыр бабалары рухына тағзым өсетін болады» деп қуанысты.

Асқардың бұрын әкесінің әңгімесін тыңдауға онша құлқы болмайтын. Бұл жолы зейін қоя, ынтыға құлақ қойды. Өйткені ол «Жігіт боп қалдым. Адам болатын жаққа шығамын» деген ниетте еді. Шай соңында әкесі әңгіме тақырыбын өзгертті. Алдымен ауыр күрсініп алды.

-Марқұм  Қайырғалидың баласы, сыныптасың Ертай досыңды айтам. Жақсы жігіт боп өсіп келеді. Таңмен таласа тұрып анасына көмектеседі. Сауылған сиыр, бес-он тұяқ қой-ешкілерді өріске өзі айдайды. Сәлемді де қос қолдап береді. Үлкен адамдарша «Отбастарыңыз аман-есен бе?» деп те сұрайды. Әкесі де ауызын ашса жүрегі көрінетін жақсы жігіт еді-ау. Әттең, бір кем дүние. Бір ұл, бір қызының қызығын көре алмай кетті.

Осы тұста әңгімеге анасы да араласты.

-Көптің көзі-сыншы. Тіл-көзіміз тасқа. Ертайды елдің бәрі ақылды бала деп айтып жүр. Бауырмашылдығы ғой. Қарындасын күнде мектепке апарып салып, кешке алып қайтады екен. Аман болсын. Әкесінің көрмеген қызығын әлпештеп өсіріп отырған анасы көрсін.

 Әке-шешесінің дастархан басындағы әңгімесі Асқарды тағы да ойға шомылдырды. «Қандай керемет. Ауылымызда ел қорғаған майдангер аталарға ескерткіш пен тақта орнатылмақ. Батыр бабалардың өшпес рухтарына тағзым етеміз. Жүрегімізде отанға, өскен елге, туған жерге деген патриоттық сезім оянады. Үлкен кісілер бәрін де байқап жүреді екен ғой. Әкем де анам да Ертайды мақтады. Жақсы жігіт боп өсіп келеді дейді. Амандығын да тілеп жатыр. Мен неге Ертайдай ел-жұрт мақтағандай жақсы жігіт болмаймын?  Әкем ауылдың екінші әкімі. Ұятқа қалдырмауым керек қой».

 Күн көзі жылып, нұрлы шуағын шашқалы ауыл тұрғындары қарбалас қимылға көшкен. Үй  іргесіндегі бау-бақшалық жерлерін аударып, көкөніс егуге  белсене кірісті. Қызметтен бос уақытында әкесі де қол қусырып қарап отырмады. Қолына алма кезек кетпен, күрек, тырманы алып тыным таппайтын болды. Ұлына ақыл-кеңесін айтуды да ұмытпады.       

-Балам, ата-бабаларымыз «Көктемнің бір күні жылға азық», «Не ексең соны орасың» деп бекер айтпаған. Жан-жағыңа көз жүгіртіп, зер салып, байқап жүрген боларсың. Ауылдастарымыздың бәрі қасиетті жер ананың ырыс несібесін теріп алу үшін еңбек етіп, тер төгіп жатыр. Біз де уақыттан ұтылмайық. Сабақтан келген соң түс қайта мына бір атыз жерді аударып қоярсың. Өз қолыңнан егіп, аялап өсірген жемістің дәмі тәтті болады, балам.

Асқар бұл күні жер аударуға тым құлықсыз кірісті. Жұмыс істеуге ниеті болмап еді, әкесінен ұялды. Амалсыздан қолына күрек алды.  Еңбек ету оңай емес екен. Алты қанат киіз үй орнындай атыздың қыртысын қопсытуы мұң екен, денесі ағыл-тегіл терлеп қоя берді.  Ойсыз да болмады. Ауылда бір-ақ үй бау-бақшасына көкөніс екпейді. Ол сыныптасы Еркебұланның  үйі.  Әкесі жеке кәсіпкер. Төрт түлік малдары қора-қопсы, үй әулісіне сыймаған соң ауылдан қашықтау жерге жай салып, ақылы малшы отбасын ұстап отыр. Еркебұланның айтуынша әкесі анасына былай депті. «Аллаға шүкір, тәубе. Төрт құбыламыз түгел. Жиған-тергенім үкілеп өсіріп отырған бала-шағама жетеді. Есік алдына «огород» егіп әуре болмаңдар. Не қажеттің бәрі дүкендерде самсап толып тұр. Ақшаға сатып ала саламыз».  «Біздің үйдің де жағдайы жақсы. Тұрмысымызға қажеттің бәрі де бар. Бірақ менің әкем көкөніс егуге неге құмар екен?» деп ой өткелін кешті Асқар.

 Асқардың осы сәтте Ертайдың үйіне баруға аңсары ауды. Әке-шешесі мақтай беретін сыныптасының не тірлік істеп жатқанын көргісі келіп кетті. Бір көшеде алтыншы үйде тұратын Ертайдың үйіне  лезде-ақ жетіп келді. Шарбақ сыртында тұрып үй әулісіне көз жүгіртті. Сыныптасы  қызу жұмыс үстінде екен. Көзіне солай көрінді ме? Жер аударған Ертайдың қимылы ересек жігіттердей өте ширақ боп шықты. «Пысығын қарашы. Әке-шешем мақтайтындай бар екен ғой» деп іштей ой түйген Асқар шұғыл теріс айналып келген ізімен кері қайтты. Жол-жөнекей Асқардың есіне Ертайға қатысты  екі оқиға түсті.

Мезгіл өткен жылдың көктемі еді.Арада екі айдай уақыт  өткенде ауылдағы  көкөніс еккен үйлердің бау-бақшалары құлпырып сала берді. Енді әрбір отбасының қосалқы жауапты жұмыстарының бірі-көкөніс дақылдарын талапқа сай күтіп баптау, мал аяғына таптатпау, қышыған тістерін тигізбеу еді. Әкесі Асқарға құлаққағыс жасады.

-Мектептен келген соң түстен кейін бау-бақшаға көз қырыңды сала жүр. Мал басып, еткен еңбегіміз еш боп жүрмесін, балам.

Сынаптай сырғыған көп күндердің бірі еді. Күн кештетіп, ауылдағы сауын сиырлардың  аяқ буындары сыртылдап өрістен қайтып жатқан кез болатын. Асқар өз бөлмесінде ғаламторға телміріп отырған еді. Қарсы бөлмеден анасының  дауысы естілді.

-Асқаржан, дарбазаның есігі ашық қалған-ау. Сиыр кіріп кетті. Айдап шыға ғой. Бау-бақшаны бүлдіріп жүрер.

Орындығынан асығыс тұрған  Асқар сыртқа да тез шықты. Ондағы мақсаты шақырусыз келген «қонақты» тездетіп тәртіпке шақырып, «сыбағасын» беру болды. Алдымен ашық қалған дарбазаның кіші есігін жапты. Содан соң әкесінің өріске мал айдағанда ұстайтын ақ таяғын қолға алды да тұра жүгірді. Сауырына  қаттырақ таяқ тиген қарала сиыр қаша жөнелді. Кірген есігі жабық тұрғанын байқаған  жануарға жан керек екен. Үлкен үйді айнала қашсын. Ашуға булыққан Асқар өкшелей қуып таяқ сілтеуін тоқтатқан жоқ. Ұлының іс қимыл әрекетін терезеден байқап қалса керек. Сыртқа шыққан анасы жолын кесті. Сөзге келді.

            -Тоқта, балам. Бұдан былай малды ұрушы болма. Киесі болады.

Мынау Ертай досыңның үйінің сиыры ғой. Үйіне жайлап айдап апарып бере ғой.           

Анасының сөзінен кейін жүгіруі мен қарала сиырды ұруын  кілт тоқтатқан Асқар қатты тосылды. Ішінен «Ертай менің досым емес» деген ойға келіп дарбаза жаққа беттеді. Көңілсіз күйі есікті ашып қарала сиырды көшеге айдап шықты.

Ертай қарсы кездесті. Шамасы сиырын іздеп шыққан беті болу керек. Анасынан ескерту сөз естіп сіркесі су көтермей қалған  Асқар сыныптасына үлкен адамдарша қабағын шыта сөйледі.

-Сиырыңа неге ие болмайсың? Әулімізге кіріп кетіп, әуреге түсіп еккен көкөністерімізді тасталқан ете жаздады. Бұдан кейін мұндай жағдай қайталанбайтын болсын.

Ертай да үлкен адамдарша салмақты жауап қатты.

-Дұрыс айтасың, Асқар. Малға ие болу керек. Бұдан кейін мұндай жағдай қайталанбайды. Кешір.

Алма кезек дүние емес пе? Үш күн өткен соң Асқардың сүтті қарала сиыры Ертайың үйінің әулісіне кіріп кетті. Ол реніш білдіріп, ашуға бой алдырмады. Қолына сойыл алып соққыға да жықпады. Ой үстінде де болды. «Асқар досым сиырын іздеп әуре боп жүрген шығар. Айдап апарып берейін. Әнеукүні ол да айдап әкеліп берген жоқ па?»

Сиырды іздеп шыққан Асқар да Ертайға қарсы жолықты. Сыныптасының жүзінен өкпе реніш сезілмеді. Керсінше күлім қаға сөзге келді.

-Сенің де сиырың біздің әуліге кіріп кетті. Оқасы жоқ. Айдауыңа жүргенімен айтқаныңды түсінбейтін төрт аяқты малды ұруға болмайды.  Малдың киесі бар деген сөзді  ауылдағы  Айбол ата айтқан еді. Әнеукүні сен де біздің үйдің сиырын айдап әкеліп бердің. Енді мен де әкеліп тұрмын.

Асқар жақ ашып, тіл қатпады. Тіптен айтатын сөзі де болмады. Ой деген жүйрік. Анасы мен Ертайдың сөздерінің тым ұқсастығы қайран қалдырды. «Малды ұруға  болмайды. Киесі бар деп Айбол ата айтқан екен. Осы ақылды екі күн бұрын анам да айтты емес пе? Ал менің Ертайдың қарала сиырын қуалап жүріп ұрғаным тым әбестік болыпты. Шындығында  Ертай  менен әлдеқайда көп ақылды әрі пысық боп шықты.Үлкен кісілердің айтқан ақыл кеңестерін құлағына құйып жүретіні белгілі болды».

Екінші оқиға ат төбеліндей ауыл сыртындағы «Айнакөлде» қаңтар айында болды. Қыс қаһарына мініп, «Айнакөлге» мұз қатқанда ауыл балаларының төбелері көкке екі-ақ елі жетпей қалады. Өйткені қызықтың бәрі осы мұз айдынында. Конькиін киіп, шанасын сүйреткен үлкенді-кіші балалар сабақтан тыс уақытта «Айнакөлге» асығады. Әсіресе демалыс күндері көшеде ойнап жүрген баланы ешкім көрмейді. Ата-аналар балаларын іздей қалса тек «Айнакөлден» ғана табады. Қытымыр қыстың ызғарлы суығын місе тұтпай ойын қызығына түскен балалардың ішінде күннің ерте батқанына қынжылыс білдіретіндер де көп еді.

Қызуы әлсіз күн көзі ұясына қонуға найза бойы қалса да ойын қызығына белшесінен батқан балалар үйлеріне қайтуға асығар болмады. Бір кезде айдын ортасынан шыңғыра жылаған баланың дауысы естілді. Ойнап жүрген балалар жанына лезде топталды. Мұз үстінде жылап отрған баланы қоршауға алды. Екі көзінен аққан жасы моншақтай төгілген жеті жасар бала  тоңып қалған екен.

Жиналған топтың ішінен бірінші болып алға  Ертай  суырылып шықты. Шапшаң қимылмен балаға  ұмтылды.

-Сәкен көкенің баласы ғой,-деп үн қатқан  Ертай  баланы мұз үстінен тік көтере құшырлана құшаққа алды,- Қой, жылама. Жігітке жылаған жараспайды. Мен қазір сені үйіңе жеткіземін. Атың кім?

-Ержігіт.

-Атың жақсы екен. Ержігітке жылаған ұят болады. 

Ертайдың іс-әрекетіне жиналып қалған балалар таңдана қарады. Сөздері де әсерлі болды. Ертай            курткасын тездетіп шешті де Ержігітке кигізді. Одан соң асығыс арқалап алды да ауылға қарай бет түзеді. Аяғындағы конькиі де жүріс тілегендей сырғи жөнелді. Ойынға қайтып зауықтары соқпаған балалар Ертайдың  соңынан ілесті. Іркес-тіркес боп ауылға қарай шұбырды.

Ел құлағы-елу. Ертайдың  «Айдынкөлде» жаурап қалған Ержігітке жасаған жақсылығы мен қамқорлығы ауыл ішіне лезде жайылды. Бұл жағымды жаңалықтан Асқардың әкесі де құлағдар болған екен. Оны түскі ас үстінде өзі айтты.

-Ертайдың  әкесі Қайырғали жүзінен мейірім шуағы төгілген, кісіге жақсылық жасауға асығып тұратын, қайырымды жігіт еді. Ертайы  өзіне тартыпты. Кеше Сәкен ағаның кенже баласына жақсылық жасапты. Бұл әңгімені Сәкен ағаның өз аузынан естідім. Жаураған ұлын «Айдынкөлден» үйіне дейін арқалап барған Ертайға ұзақ өмір тілеп, алғысын жаудырып жатыр. Мектеп директоры да  алғыс айтқан көрінеді.

Директор Төрехан ағайдың Ертайға алғыс жариялағаны рас еді. Түске таяу соңғы сабақ үстінде директор ағай сынып бөлмесіне кіріп келгенде оқушылар өре түрегеліп сәлем берген.

-Саламатсыңдар ма, балалар? Мен сендердің сыныптас достарың Қайырғалиұлы Ертайға алғыс жарияғалы келдім. Күні кеше Ертай көлде жаурап қалған  жеті жасар балаға мейірімі төгіліпті. Жүрек жылуын беріпті. Ауылға дейін арқалап келіпті. Бала болса да азаматтық жасапты. Өркенің өссін, Ертай шырағым. Бәрің де Ертайдай  мейірімді, қайырымды болып өсіңдер.

Химия пәні мұғалімі Зәуреш апай бастап, сынып оқушылары қоштап ду қол шапалақтап жіберді. Көппен бірге  көңілдене қол соғып жібергенін Асқар да аңдамай қалды. Қатты ұрған екен. Екі алақанының ауырғаны сезіліп дуылдап қоя берді.

Есіне оралған, осы өзі куә болған  екі оқиға Асқарға толқынды ой қайығының ескегін естірді. «Үлкен өмірдің, адамгершілік қасиеттің мен білмейтін құпия қыры мен сырлары көп екен-ау. Шындықты мойындауым керек. Сөйлер сөзімді, істер ісімді алдын ала ой таразысына ешқашан салмақтап көрмеппін. Балалықты, еркелікті, тентектікті бәрін де доғарамын енді. Бұзақылық, төбелес үшін жинаған шоқпарларымның бәрін де отқа саламын. Өртеп жіберемін. Әлімжеттік қылып өзімнен кіші балалардан тартып алған асықтарын, қорғасын құйылған сақаларын кешірім сұрап өздеріне қайтарамын. Ұяттағы-ай, үшінші сыныпта оқитын баланың да сақасын жылатып, еңіретіп тартып алдым-ау. Алмас едім. Арқардың асығы екен. Қызығып кеттім. «Стукаш» боп үйіңе айтып барсаң аяушылық болмайды. Көрешекті көрсетемін. Оңбай таяқ жейсің. Көзіңнен сораңды ағызып, екі қолыңды артыңа қайырып, мектептің артындағы қара талды құшақтатып  байлап қоямын» дедім. Ол үйіне айтпады. Қорыққаны ғой. Енді арқардың сақасын жәбір көрген баланың өзіне қайтарып қуантамын. Кешірім демекші, қашанғы қысылып, қуыстанып жүремін? Ең алдымен тап бүгін Сәуле мен Ертайдан кешірім сұраймын».

Алаң көңілі байыз таптырмаған Асқар түс қайта сағат үш кезінде үйден шықты. Ауылдың шығыс жағындағы Сәуленің үйіне қарай жол тартты. Ойсыз да емес. «Жасаған бұзақылығым көп болды. Бұл менің өмірімде бірінші рет кешірім сұрауым. Сәуле кешірер ме екен?»

Асқар Сәулені үй әулісінде нан жеп тұрған төрт жас шамасындағы інісіне шақыртты. Сыныптасы көп күттірген жоқ. Жайдары мінез танытып, жанына таянды да:

-Асқар, жәй келдің бе?-деді.

-Мен сенен кешірім сұрағалы келдім,-деді көңілі телегей теңіздей толқыған Асқар сөзге әрең келіп,-Әнеукүні сені тақта алдында аяғыңнан шалып құлатып едім ғой. Содан бері ұялып жүрмін. Сәуле, сен менің ағаттық жасаған ісімді кешірші...

Сүйкімді жүзі балбұл жанып, көздеріне дейін күлім қаққан Сәуле келіскенін, кешірім жасағанын басын изеп сездірді.

-Рахмет, Сәуле. Сау бол.

Көңілі көлдеп, ерекше бір сезімге бөленген Асқар енді Ертайдың үйіне жетуге асықты. Еңбекқор Ертай бау-бақша ішінде арамшөп отаумен айналасып жүр екен. Мұны көрген соң жұмысын тоқтатты. Алдынан қарсы жүрді.

Асқар іркілген жоқ. Келген шаруасын айтуға кірісті.

-Сәуленің үйінен келе жатырмын,-деді ол жүрегі дүрсіл қаға сөйлеп,-Анадағы тақта алдында істеген әбестік ісіме кешірім сұрадым. Ол кешірді, мен рахмет айттым. Енді сенен кешірім сұрауға келдім. Асқар тау әкең жайлы ауыр сөз айттым. Содан бері қысылып, өзімді қоярға жер таппай жүрмін. Сен де мені кешірші. Бұдан былай қайталамауға уәде беремін.

Ертай әдетінше сабырлы да салмақты сөйледі.

-Асқар, мен саған өкпелеген жоқпын. Ата-бабаларымыз айтты емес пе? «Жаңылмас жақ, сүрінбес тұяқ жоқ» деп. Сенің айыбың ойланбай айтып қалғаның болды. Оқасы жоқ. Ондай кемшілік бәрімізде де болады. Кешірім сұраудың да қажеті жоқ еді.

-Ертай, екеуміз дос болайықшы.

-Екеуміз бұрыннан доспыз. Мен сені дос ретінде сыйлағым келеді.

Асқардың жас жаны жаздай жадырап қоя берді. Көңілі қатты толқыған Асқар бұдан әрі шыдай алмады. Ертайды қапсыра  құшаққа алды. Жүрегі жұмсақ Ертай да құшағына енген Асқарды  кеудесіне құшырлана қысты.

Асқар досының үйінің әулісінен тым көңілді шықты. Әудем жерде төменгі сынып оқушылары асық ойынының қызығына батып жатыр екен. Үйге тездете жүріп келген Асқар бөлмесіндегі асық тола қалтаны қолға алды. Сыртқа қайта беттеді. Ойсыз да болмады. «Мен есейдім. Жігіт болдым. Енді маған көшеде еңкейіп, шалқайып асық ойнаған мүлдем жараспайды. Көрген көпшіліктен ұят болады. Бетіңе емес, сыртыңнан айтады. Ауылдың екінші әкімнің баласының балалығы қалмапты. Әлі асық ойнап жүр екен дейді. Жиған-терген асықтарымның бәрін де балаларға таратып беремін. Қызығын көрсін. Арқардың сақа асығын өз иесіне қайтарамын».

Асық ойнап жүрген балалардың қарамы оннан асады. Бәрі де төменгі сыныпта оқитын оқушылар. Бірден тани кетті. Ішінде арқардың сақасынан жылап-еңіреп айырылған бала да жүр. Ойын алаңына жақындаған Асқар дауысын көтере сөйледі.

-Қане, бәрің де мұнда келіңдер. Мен сендерге асық беремін.

Балалар қасына лезде топталды. Асқар қара қалтаның ауызын ашып, екі жүзге жуық асықты жерге төкті. Алдымен таң тамаша боп  тұрған балаларға көз жүгіртіп, арқар сақадан айырылған баланы жанына шақырды.

-Сенің атың кім еді?

-Ербол.

-Ербол, мен саған арқар сақаңды қасына жиырма асық қосып қайтарып беремін. Сен мені сақаңды тартып алғаным үшін кешір. Жарай ма? Қалғанын өзге балалар бөліп алады,-деді де Асқар асықтарды санауға кірісті.

Сақасы қолына тиген Ерболдың қуанышында шек болған жоқ. Еншісіне тиген асықтары қалтасына сыймай қалды. Сыймағанын төсіне қол жүгіртіп, көйлегінің ішіне салып алды. Басқа балалар да қалған асықтарды теңдей бөлісіп қарық болды.

Асқар кері бұрылып жүре бергені сол еді, жанына екі құлағы езуіне жетіп мәз болған Ербол жүгіріп келді.

-Мен сізге алғыс айтуды ұмытып кетіппін. Сақамды жиырма асық қосып қайтып бердіңіз. Рахмет, аға.

Асқар мырс етіп күліп жіберді. «Қарай гөр, пысығын. Сіз деп сызылып, аға дейді. Рахмет айтады. Баламысың деген. Ағасының сақасын әлімжеттік қылып тартып алғанын ұмытқан екен. Қайтып бергеніме мәз. Өзіңнен кіші бала аға деген соң не айтуға болады. Есейгеннің, жігіт болғанның белгісі осы емес пе? Шынында мен үшін бүгін сәтті күн болды. Сәуле мен Ертайдан кешірім сұрадым. Ерболдың арқар сақасын өзіне табыс еттім».

Асқар арқасынан ауыр жүк түскенлей денесі жеңілдеп, көңілденіп сала берді. 

                                     * * *

Ертай кешкі ас-дәмін ішіп болған соң өз бөлмесіне келді. Әдеттегідей әкесінің қабырғадағы мейірімді жүзінен шуақ шашылған жансыз суретінің алдына келіп аялдады. Ой құшағында тербелді. «Жан әке, сіздің рухыңызға тағзым етемін. Сіздің рухыңыз мәңгі өшпейді. Өшпес рухыңызбен отбасы, жанұяңызды демеп, жебеп жүрсіз. Оны әнеукүні Айбол ата айтты. Әрбір отбасыны ата баба аруақтары жағалап жүреді. Ұрпақтарын демеп, жебейді деген. Бүгін Асқар досым жарады. Түстен кейін үйге келді. Анадағы ойланбай айтып қалған ауыр сөзіне кешірім сұрады. Мен оны жақсы көріп кеттім».

Ерболдың әке рухымен сырласқан тәтті ойын бөлмеге сөмкесін арқалай келген қарындасы Қалимаш бөлді. Бұл күндегі дағды бойынша сабақ оқимыз деген «тревого». Ертай қарындасының сабағына ерекше көңіл аударады. Үйге берген тапсырмаларды мұхият орындауын қадағалайды. Сұрағанын айтып, білмегенін түсіндіріп көмектеседі. Білімге деген құштарлық, ынта мен ықыластың нәтижесі болар. Ағалы-қарындастардың суреттері үздік оқушылар қатарында мектептің Құрмет тақтасында ілулі тұр.

-Қалимаш, екеуміз жақсы оқуға міндеттіміз,-деді Ертай қарындасына мейірлене қарап,-Өйткені әкеміздің жансыз суретінің өзі екеуміздің сабаққа  қалай  дайындалып отырғанымызды  бақылайтын секілді.

Әкесінің суретіне жалт қараған Қалимаштың көңілі босап қоя берді.

-Білемін. Мен әкемді сағынып жүрмін. Енді қайтып келмейді ғой.

Осы сөздерді әзер айтқан Қалимаш қыстығып жылап жіберді. Өзінің де көңіл күйі нілдей бұзылған Ертай қарындасын ет жүрегі елжірей құшаққа алды. Жұбатуға кірісті.

-Асқар тау әкемізді мен де сағынып жүрмін. Бірақ шындық солай. Ақтық сапарға кеткендер қайтып келмейді. Әкеміздің өмір жалғасы екеуміз. Жасамаған жасын жасап, көре алмай кеткен қызығын екеуміз көреміз. Өтінемін, жылымашы Қалимаш. Қоя, қойшы енді.

Көңіл деген алақұйын. Ертайдың да жылағысы, іштегі мұң-шерін тарқатқысы келіп кетті. Ол бұл ойынан тез айныды. Ұйтқыған алай-дүлей борандай болған  сезімін қарындасына сездіргісі келмеді. Қолынан келгені әкесіне деген сағынышын баса алмай өксіп жылаған қарындасының қос жанарынан моншақтай төгілген көз жасын алақанымен сүрткілей берді.

Аптаның соңғы жексенбісі күні әулет ағайындары Қайырғалидың қарашаңырағына жиналды. Ауылдың жасы үлкен, қадірлі қарты Айбол ата бір жөткірініп алып сөз саптады.

-Жазмыштан озмыш жоқ. Әр пенде пешенесіне, маңдайына жазғанды көреді. Алланың әмірі, тағдырының талқысы  солай жазған  шығар. Қайырғали бауырымыздың бес күндік жалған дүниеден өткеніне де жылдың жүзі толып қалыпты. Тірі адам тіршілігін жасайды. Бауырымыздың рухына тағзым етейік. Жылдық асын өткізуге қам жасайық. Құранға қол жаюға келген қонақтарға көңілдегідей қызмет көрсетіп шығарып салайық. Бауырымыздың жылдық асын келер аптаның жұмасы күні таратамыз. Қонақасы бір күн бұрын беріледі.

Айбол ата көпті көргендігін танытты. Ақылдасуға келген әрбір ағайынға атқаратын міндетті жұмыстарын тәптіштеп айтып берді. Әңгімеге жеке иелікте жүк көлігі бар Қайырғалидың немере інісі Талғат та араласты.

-Ертай бауырымның үйінде отын қоры баршылық екен. Көптік етпейді. Мен бір мәшина жыңғыл отынын түсіріп беремін. Қайырғали ағамның көз тірісінде көп жақсылығын көрген едім. Аруағы риза болсын. Ағайындық көмегімді беруге ниет еттім. Ағамның жылдық асына арнап бір жылқы байлап отырмын.

Жиналғандарға Талғаттың сөзі ерекше әсер етті. Бәрінің де кеудесін Талғатқа деген ризашылық сезімі баурады. Айбол ата серпіле сөйледі. Сөзінің соңын Ертайға бағыттады.

-Мұның көпке үлгі болатындай азаматтық іс екен, Талғат шырағым. Өркенің өссін. Алла разы болсын.  Бала-шағаңның қызығын көр. Ертай, айналайын  саған да айтар ақылым бар. Әлі буыным бекіп, бұғанам қатпаған жаспын деме. Біле білсең сенің жолың үлкен. Киелі шаңырақтың иесі болдың.  Жатқан жері жайлы, жаны жаннаттың төрінде шалқысын. Қайырғали бауырымыз бүкіл ауыл ардақ тұтқан азамат болды. Өнерімен өрге жүзген дәулескер күйші, ойын-сауықтың гүлі еді. Қазір бәрі де көрген түстей. Жаманатқа қимайсың. Амал нешік? Алла да да жақсы адамды керек еткен шығар. Өнегелі өмірі қамшының сабындай қысқа болды. Енді болған іске болаттай болғаннан басқа амалымыз да жоқ. Ата-бабаларымыздан «Алма ағашынан ұзап түспейді» деген қанатты сөз қалған. Әкеңе тартсаң жаман болмассың, айналайын. Әлпештеп өсірген анаңа, өзіңе, қарындасыңа  ұзақ өмір тілейміз. Ақ тілегіміз періштенің құлағына шалынсын.

Сауапты істі ақылдасуға жиналған ағайындар анасы көтерген қазаннан дәм татып, шай ішіп, оқылған құранға қол жайып, бата берісіп тарқасты.

Дәметкен кісілер кеткен соң ғана өзіне әзер келді. Айбол ата мен Талғат қайнысының сөздері көңілшек көңілінің кілтін босатып-ақ жіберді. Қатты толқығаны сонша Талғат қайнысына алғыс айтуға да шамасы жетпей қалды. Іштей тынды. Анасының ойын сезгендей Ертайы сөзге келді.

-Әкемнің асына арнап жылқы байлаған Талғат ағам атымтай жомарт екен. Кейін есейіп еңбек еткен соң Талғат ағамның ұл-қыздарына мен де жақсылық жасаймын, апа.

Дәметкеннің көңілі тағы да бұзылды. Жанарына толған жасты ұлына көрсетпеуге асығып:

-Мақсатыңа жет, жаным,-деді де теріс айналып кетті.

Асқардың мінез-құлық, іс-әрекеттерінде өзгеше өзгерістер пайда болды. Оны өмірдің өзі өзгертті. Жан-жағына сын көзбен қарай бастады. Үнемі ой үстінде жүретін әдет тапты. «Мен Ертай  досым секілді  ел мақтайтындай жақсы жігіт болуым керек. Одан көп нәрсе үйренуге болады. Ол үшін намыстанбаймын. Керсінше қуанамын. Сабаққа сапалы дайындаламын. Мектеп кітапханасына жиі барамын. Әдебиет кітаптарын алып оқимын. Мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене қатысамын. Әкем жұмысы басынан асқан мемлекеттік қызметтегі адам. Қолына айыр, күрек, кетпен ұстатпаймын. Мал мен бау-бақшаға қатысты шаруаның бәрін де өзім ретке келтіріп, атқаратын боламын».

Асқар іштей ширығып өзіне берген уәдесінде тұруға ниет етті. Ең алдымен сабаққа ден қойды. «Оқу инемен құдық қазғанмен бірдей» деген рас екен. Бұрын оқуға құлқы болмаған сабақты игеріп кету оңайға түсе қойған жоқ. Ол бірақ алған бетінен қайтпады. Бұзақылық жасағандағы өжеттігін енді сабаққа салды. Ұйқысын қашырды.Түннің бір уағына дейін сабақ оқып, пысықтауды әдетке айналдырды. Білімге деген құлшынысын еселей түсті. Мұғалімдер сабақ үстінде пәнге қатысты сұрақ қойса бұрынғыдай қорқақ қоян құсап бұғып отырмайтын болды. Қол көтеріп нақты жауап беретін дәрежеге жетті. Мектепте түрлі тақырыптарда өтіп жататын ісшаралар Асқарды қызықтырмайтын. Сол себепті қатысқанды жөн көрмейтін. Енді ісшаралардың бірінен де қалмай бел ортасында жүретінді шығарды. Оқыған әдеби кітаптарынан қызықты эпизодтарды тыңдаған балалардың құлақ құрышын қандыра айта жүретін де болды. Асқар сыныптастары арасындағы қарым- қатынастарын да күрт өзгерті. Жанжал іздеп, бір иығын беріп тұратын тентектік мінездерінің бәрін жайына қалдырды. Жүздескенге, тілдескенге инабаттылық танытып, іштарта күле сөйлеп, сыпайы сыйласа білетіндігімен ерекшелене түсті.

Сырт көз сыншы. Асқардың сабақты жақсы оқи бастауы, мінезіндегі бой көрсете бастаған адамгершіліктің асыл қасиеттері әр пәннен дәріс беретін ұстаздар мен сыныптастарын таңқалдыра бастады. Бір-біріне жұғыса қоймайтын Асқар мен Ертайдың мектепке бірге келіп, бірге қайтып жүргендері де парталастарын ойландырмай қоймады. Бәрінен де досы Ертай қатты сүйсінді. «Жарайсың, Асқар! Сенің жақсы жігіт болатыныңды жүрегім сезген, көңілім сенген». Сезімтал Сәуле де өз ойын Ертайдан жасыра алмады. Үзіліс арасында айтып та қалды.

-Ертай, байқап жүрсің бе? Асқар қатты өзгерді ғой.

-Иә, дұрыс айтасың, Сәуле. Біздің досымыз Асқар бұрынғы Асқар емес. Бұл жақсы жігіт болудың бастамасы.

Асқар уақыттан тапшылық көре бастады. Жайшылықта екі қолы алдына сыймай, арқасын кеңге салып жүретін Асқар үй шаруасына бет бұрғалы  күнделікті істейтін жұмыстары басынан асып кетті. Бірі бітсе, бірі күткен тіршілік түйткілдері ащы шектей шұбатыла берді. Ниет етіп қолға алған істі көңілдегідей бітіру үшін алтыннан қымбат уақыт керек екен. Сол алтын уақыт Асқарға жетіспей жатты. Мектептен қайтып, түскі асын ішіп болған бетте білек түріп іске кіріседі. Көз жауын алып гүлдей бастаған көкөніс дақылдары  арасындағы арамшөптерді отайды. Атыздарға су салады. Қора-қопсыны тазалайды. Көше бойындағы «колонкадан» ауыз су тасымалдайды. Ара-арасында сабақ және әдеби кітаптар оқиды. Әдеби кітапқа  бас қойғанда уақыт шіркіннің жылдам өтетініне іші ашиды. Әр кітапты оқыған сайын рухани ләззат алып, жандүниесі тазара түскенін сезінді. Ғ.Мүсіреповтың «Ұлпан», Ш.Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары», М.Шолоховтың «Тынық Донын» оқып шықты. Керемет шығармалар екен. Қызыға оқығаны сонша кейіпкерлермен бірге кітап ішінде өзі де бірге жүргендей болды. Екі күн бұрын мектептен қайтқан жол үстінде Ертай досына осы оқыған кітаптары жөнінде айтып берді. Ол сүйсініс білдіре қоштай сөйледі. «Кітап оқыған жақсы, досым. Сезіміңді сергітеді, ой өрісіңді кеңейтеді. Мен де бұл кітаптарды оқыдым. Жақсы әсер алдым. Екеуміз әдеби кітаптарды көп оқуымыз керек. Келешегімізге жақсы». «Иә, Ертай досым дұрыс айтады,-деп Асқар сонда іштей оймақтай ой түйгені бар,-Жақсы кітап адамгершіліктің асыл қасиеттеріне баулиды екен».

Ата-ана көңілі балада. Асқардың соңғы екі ай ішіндегі жүріс-тұрысы, сабақ оқуға ден қоюы, үй шаруасына қолғабысы әкесі Сағымбек пен анасы Әлимаштың назарынан тыс қалған жоқ.

-Ұлыңды байқап жүрсің бе?-деді Сағымбек құдай қосқан қосағына көңілдене қарап,-Кітаптан көз алмайтын болды.Үй шаруасына да тыным таппай қолғабыс жасап жатыр. Әнеукүні қолыма тырма алып бақшаға бара қалып ем. «Әке, сіз жауапты қызметте жүрсіз. Уақтылы демалыңыз. Өзім істеймін деп қолымдағы тырманы алып қойды. Ертай досым да бәрін өзі істейді екен» деді.

-Ие, байқап жүрмін. Бала деген есейген соң өскен ортасына, қатарына қарайды ғой,- деді Әлимаш.

-Балам, еркелік, тентек мінездерін де тастаған-ау,-деп күліп қойды отағасы.

Дәметкен қайнысы  Талғат пен келіншегі Айымға дән риза. Ағайын болса осылардай-ақ болсын. Екеуі есіне түссе қалса дендеріне саулық, отбасы, бала-шағасына амандық тілеп бәйек болып қалатыны бар.  Қайырғалидан көз жазып қалғалы қайнысы мен келіні қаралы үйге жиі ат басын тірейді. Алтын бесік ауылдың аузын ашса жүрегі көрінетін аңқылдаған ақкөңіл азаматтарының бірі де осы Талғат қайнысы. Өзінің бауырмашылдығында шек жоқ. Үйге келген бетте Ертайы мен Қалимашын құшаққа алады. Беттерінен құшырлана сүйіп, кекілдерінен сипап еркелетеді. Жүрек жылуын төккен мұндай әсерлі іс қимылдан келіні Айым да қалыспайды. Екеуіне әкелген сыйлықтарын ұсынады. Ұлы мен қызы көкесі мен апасы базардан келгендей қуанатынын қайтерсің. Өмірдің қызығы да осындай сәні келген сыйластықтың көңілге қуаныш сыйлаған әдемі сәттері болар.

Қайнысы үйге ат ізін салған сайын хал-жағдайларын тәптіштеп сұрайды. Қора-қопсы жаққа барады. Жиырма шақты уақ мал мен төрт бес сиыр, торпақтардың қоңына қарайды. Жемшөп қорына да назар салады. Үй жаққа қайтып оралған соң алдымен інісін мақтайды.

-Ертай бауырым өз шаруасын ұршықша иіріп жүр екен. Малдары қоңды, шөп қоры мол, қорасы таза. Ал, жеңеше енді өзіңіз бұлбұлша сайраңыз. Кезегін күткен қандай шаруа, шешілмей жатқан нендей мәселе бар? Жасырмай айтыңыз. Жәрдем береміз, көмек қолын созамыз.

Дәметкен қайнысының қамқорлық таныта айтқан сауалдарына ризашылық сезімін білдіре жауап қатады.

-Рахмет, қайным. Жаратқан иеге шүкір, тәубе дейміз. Елдің ішінде, ағайынның ортасындамыз. Өзіңдей қамқор ағайынымыз барда жағдайымыз жаман бола қоймас.

-Жарайды, жеңеше. Шаруа болып жатса сәлем айтарсыз,-дейді Талғат қоштасып жатып.

-Мақұл, қайным. Өзің айтқандай шаруа болып жатса Ертай інің  хабарласа жатар.

Ауыл жұртшылығы Қайырғалидың жылдық асы келер жұмада өтетінінен құлағдар болды. Түскі ас үстінде Сағымбек ұлы Асқарға қарап:

-Ертай досыңның үйі әкесі Қайырғалидың жылдық асын бергелі жатыр екен. Одан хабарың бар ма?-деді.

-Иә, естідім.

-Естісең досыңның үйіне бар. Қолғабыс жаса, көмек қолыңды соз. Кісі күту оңай шаруа емес. Дайындық жұмыстарына достық үлесіңді қос.

Асқардың жауабы дайын боп шықты.

-Дұрыс айтасыз, әке. Сыныптағы ер балалар бағана ақылдастық. Сағат үште жиналып Ертайдың үйіне баратын болдық.

Сағымбек ұлының салмақты сөзіне сүйсінді.

-Онда дұрыс ақылдасқан екенсіңдер.

Ертайдың үйіне барып қолғабыс жасау жөнінде бастама көтерген де Асқар болатын. Сабақ арасындағы үлкен үзілісте сыныптас балалардың бастарын қосып өз ойын ашық айтты.

-Ертайдың үйі ас бергелі жатыр. Дайындық жұмыстарына қолғабыс жасаймыз. Қандай жұмыс істейміз? Ол жағын бара көреміз. Көмек беруге әркім өз еркімен барады. Барғысы келмегендерге қарсылық әрі қыстау жоқ.

Сыныпта жиырма бір оқушы бар. Олардың тоғызы ер, қалғаны қыз балалар. Ақылдасуға жиналған балалардың ішінде тек Ертай ғана болған жоқ. Тығыз шаруасы болса керек. Ертеңгісін сынып жетекшісі Гүлнұр апайдан сұранып кетіпті. Асқардың жанына жиналған сыныптастары бастаманы қызу қуаттап, шу ете қалды. Бірауыздан:

-Барамыз,-десті.

-Менде барамын,-деді үйінде мал ұстамайтын, «огрод» екпейтін кәсіпкердің ұлы Еркебұлан.

-Баратын уақытты айтыңдар,-деді жеңілтек мінезді Әли.

Уақытты да Асқардың өзі белгіледі.

-Сағат үште орталық алаңда жиналайық.

Ертай сезімтал еді. Сыныптастарының көмек беруге келгенін біле қойып көңілденіп қоя берді.

-Бір взвод сарбаз келдік,-деді Асқар қалжыңдай сөйлеп,-Тек бізге жұмыс керек. Шалғыдай шауып, қоғадай жапырамыз.

-Екпіндерің қатты екен,-деді күлім қаққан Ертай,-Арнайы келген сарбаздарға жұмыс табамыз. Әулі тазалаймыз. Отын шабамыз.

Асқар жұмысқа құлшыныс таныта тіл қатты.

-Олай болса ұрыста тұрыс жоқ. Іске кірісейік, «жігіттер».

Сыныптастар қолдарына құрал-саймандар алып жұмысқа білек түре кірісіп кетті.

Бұл күні түс қайта мектепте сабағы жоқ Дәметкен үйде еді. Сағыздай созылып таусылмайтын үй шаруасын күйттеп жүрген болатын. Ертайының сыныптас достары қолғабыс жасауға келгенін сезе қойған Дәметкен келіні Айымға телефон қоңырауын шалды.

-Қайным екеуің үйге тез келе қалыңдар. Баламның достары келді. Әулі тазалап, отын шауып жатыр. Балалармен бірге тамақ ішеміз.

Жеңгесінің келіңдер деген хабарын естіген Талғат байыз таппады. Қолға алып жатқан жұмыстарын жиыстырып қойды да, Айымды асықтыра бастады.

-Тездетіп барайық. Балалар тірлік етіп жатыр екен. Баскөз болайық. Көкқасқамды міне барайын. Қажеті боп қалар.

Талғаттың көкқасқа дегені жылқы малы емес. Жеке иеліктегі жүк көлігі «Газ-53». Кабинасының түсі көкала болған соң «Көкқасқа» деген атты өзі қойып алған.

Талғат ағасының үйіне келгенде байқады. Ертайдың достары біраз шаруаны тындырып тастапты. Әулі тазаланып, коқыстары бір жерге үйіліпті. Өзі түсіріп берген отынның біраз бөлегі шабылып, дестеленіп жиналыпты. Ауылдың аңқылдаған қазағы ғой. Талғат әдетінше дамбырлай  сөйледі.

-«Жас келсе-іске» деген. Жарайсыңдар, балалар. Дос болған соң осындай болу керек. Көзге көрінетіндей көп тірлік істеп тастапсыңдар.

Асқар Талғат ағасына еркелей дау айтты.

-Аға, біз бала емеспіз.

Мұндай қарсылық болады деп ойламаған Талғат тосылып барып уәжге келді.

-Мен қателестім бе? Сонда мен не деуім керек еді?

-Біз бала емес, жігіттерміз,-деді Асқар жүзі жадырай түсіп.

Рахаттана күліп жіберген Талғат аңқылдаған мінезіне қайта басты.

-Дұрыс айтасың, жігітім. Мен қатты қателескен екенмін. Шынында мұндай тірлік бала-шағаның қолынан келмейді. Сендердей жігіттер ғана атқара алады. Қане, енді уақыттан ұтылмайық. Еңбек етіп, тер төгіп жинаған қоқыстарыңды «көкқасқама» артып беріңдер. Ауылдан аулаққа лақтырып тастаймын.

Күлісіп алған 8 «а» сыныптың «жігіттері» артқы порты ашылған «көкқасқаға» үйілген қоқыстарды тиеуді бастап жіберді.

Бұл кезде үйдегі Дәметкен мен Айым да қызу жұмыс үстінде еді.

-Азамат баладан өседі ғой. Ертайымның  жұмыс істеп жатқан достарына арнап қазанға ет салып қойған едім. Қайнауы жетіп, пісіп те қалды. Қамырын илеп, жаюға қам жасай бер,-деді Дәметкен Айым келініне.

-Жарайды, жеңеше,-деп пысық келіні де білек түре іске кірісті.

Бұл күні Ертайдың асар жасаған сыныптас достары үлкендерден алғыс арқалап үйлеріне көңілді тарқасты.

Өз бөлмесіне келген Ертай әке суретінің алдына келіп тоқтады. «Әкетайым менің, қалай екенін қайдам? Сіздің өшпес рухыңызбен  үнсіз тілдеспесем әлдене жетіспей тұрғандай күй кешемін. Айбол ата бастаған туыстарымыз жылдық асыңызды беруге дайындық жасап жатыр. Үлкен кісілердің ақыл-кеңестері мен іс-әрекеттерінен адамгершілік қасиеттердің қыры мен сырын біле түстім. Алғашқы ақыл қосқан жиында Талғат аға отын түсіріп беретінін және сіздің жылдық асыңызға жылқы байлап отырғанын айтты. Талғат ағаның жүрек жылуын төккен қайырымды ісіне бүкіл ауыл адамдары риза болды. Алғысын айтып мақтап жатыр. Мен анама айттым. Ержетіп,  жұмыс істеген соң Талғат ағаның балаларына мен де жақсылық жасаймын дедім. Мен уәдемде тұрамын. Өйткені мен өзіңізге тартқанмын, әке. Сыныптас дотарымның да жасаған жақсылықтарын айтуға тиістімін. Бүгін түс қайта үйге келген достарым әуліні айнадай етіп тазалады. Жиналған күл-қоқыстарды Талғат ағаның «көкқасқасына» тиеп берді. Отын да шауып көп шаруа бітіріп кетті. Мен достарымды мақтаныш етемін».

Көз тірісінде ел-жұртына қадірі артқан Қайырғалидың жылдық асында келім-кетім кісі көп болды. Өмір жасы қысқа болған азаматты қимастық, сағынышты сезіммен еске алысты. Қамшының сабындай қысқа ғұмырындағы еткен еңбегін, жасаған жақсылықтарын, адамгершілік қасиеттерін сөз етісті. Рухына тағзым етіп, оқылған құранға қол жайысып тарқасты.

Тірі адамның тіршілігі жалғаса бермек. Қайырғалидың жылдық асы таратылып, үстінен ауыр жүк түскендей күй кешкен Дәметкеннен бұл түні ұйқы қашты. Ертайы өз бөлмесінде, Қалимашы жанында, тәтті ұйқы құшағында. Ал өзінің таң күзеткен қарауылдай кірпіктері айқасар емес. Қайырғали есіне түскені сол, лүпіл қаққан жүрегі шымырлап қоя берді. Қорғасындай ауыр, тұманды ойлардың құрсауында қалды. «Қайырғали мен сені ұмытқаным жоқ. Жүрегімнің төріндесің. Өзіңді ұмыту мүмкін де емес. Үйде мейлі дүзде жүрейін көз алдымнан бір сәтте кетпейсің. Сол баяғы күлім қаққан жайдары қалпыңмен жанымда бірге жүргендей боласың.

Сенсіз арада жыл өтті. Жүрегімде жазылмас жара қалды. Өкініш өзекті өртейді. Отбасыңа, қасиетті қара шаңырағыңа қайтып оралмадың. Екеумізді құдай қосты. Жұлдызымыз жарасты. Үкілеп ұл мен қыз өсірдік. Бақытты едік. Шаңырағымыз шаттыққа толы еді. Қайтейін, енді не дейін. Тағдырымыз бізге қаталдық танытты. Қол ұстасып ұзақ ғұмыр кешуді, өмірдің қызығын бірге көруді маңдайымызға жазбапты. Сенің бұл фәни жалғанда жоқтығыңа көңілім еш сенбейді. Күні кеше ұзақ сапарға жол жүріп кеткендейсің. Ерте ме, кеш пе келіп қалатындай, ақ босағаңды аттайтындай боласың да тұрасың. Бәрін де біліп, жүрегіммен сезіп жүрмін. Өзіңді ұлың мен қызың да әбден сағынды. Сағыныштан сарғайды. Ертайыңды құлыным, Қалимашыңды ботақаным деп еркелетуші едің ғой. Құлының мен ботақаныңның көңілдерін кірбің шалып мұңайған сәттерінде тағдырға налығаннан басқа не айтарымды, қалай жұбатарымды білмеймін. Қиналамын, күйзелемін, күйіктің уын ішіп іштей тынамын. Айттым ғой. Бәрін де біліп, сезіп жүрмін деп. Ертайың өз бөлмесінде, сенің суретіңнің алдында көп тұрады. Рухыңмен сырласады. Сағынышын басады. Құлының мен ботақаныңды рухыңмен жебеп, демей берші...

Өзіңсіз өткен бір жыл маған оңайға түскен жоқ, Қайырғали. Әр күнім айға, бір жылым ғасырға айналғандай болды. Енді елдің жасап жатқан жақсылығын да айтайыншы. Қайғы-мұңымды, шерменде шерімді бөліскен ағайын-туыс, жекжат-жұрағат, жолдас-жора, көрші-қолаңға мың да бір алғыс. Ел-жұртың қадір қасиетіңді бағалады. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Жетікүндік, қырқың мен жылдық астарыңды да көңілі жақын көпшілік атқарды. Отбасыңа, иығымызға салмақ түсірген жоқ.

Ертайың есейіп келеді. Сөйлеген сөзі, істеген ісі өзіңе тартқанын байқағанымда қуаныштан жүрегім жарыла жаздайды. Көзкөргендер де:

-Алма ағашынан ұзап түспейді. Алла амандығын берсін. Ертайың әкесінің ізі мен көзі ғой,- деп мақтаныш тұтқанда төбем көкке жеткендей болады. Өзіңе тартса жаман болмас деп жаратқан иеге шүкіршілік етіп жүрмін».

Осы сәт Дәметкеннің ет жүрегі езіліп кеткендей болды. Толқыған көңілін баса алмады. Қос жанары жасқа шыланды. «Жо-жоқ уәде беремін.  Мен жыламаймын, Қайырғали. Болған іске болаттай боламын. Сен Ертайың мен Қалимашыңды маған аманат етіп қалдырып кеттің емес пе? Олай болса мен жылауға тиісті емеспін. Аманатқа адалдық танытамын. Құлының мен ботақаныңды үлкен өмірдің ұлы көшінен қалдырмаймын. Мақсаттарына жеткіземін. Мектептің, үйдің де жұмысынан ешқашан шаршамаймын. Құлының мен ботақаныңның қуанышты сәттері, шат күлкісі маған күш-қуат береді. Мен үшін екеуінің болашағы мен бақыты алтыннан да бәрінен де қымбат».

Дәметкен толқынысын баса алмаған күйі құшағында тәтті ұйқыда балбыраған Қалимашын бауырына қыса түсіп, бетінен мейірлене өпті.  

                      

                                           * * *

 

 Ертай Асқар досының үйіне кіші бесінде барды.

-Сенімен ақылдасуға келдім,-деді Ертай.

Бұл сөзге Асқардың  көңілі көтеріліп қалды. Не айтар екен дегендей досына сұраулы жүзбен қарады. Ертай сауал тастады.

-Асқар, сен туған ауылымыз Айнакөлдің тарихын білесің бе?

-Шынын айтсам білмейді екенмін.

-Мен де білмеймін. Ауылдың, мектептің, көлдің  де да аттары Айнакөл аталады. Тарихын білуіміз керек қой.

-Дұрыс айтасың. Білгеніміз жөн.

-Онда былай етейік, Асқар. Екеуміз сынып жетекшісі Гүлнұр апайға барайық. Ауылдың қарияларын жинап ісшара, кездесу өткізейік дейік. Үлкен кісілер  ауылдың тарихын бес саусақтай біледі. Бізге айтып беретін болады дейміз.

-Сонда апайға қашан жолығамыз?-деді Асқар.

-Апайдың үйіне дәл қазір барамыз. Мектепте, сабақ кезінде апайдың уақытын алуға болмайды ғой.

-Жарайды, кеттік.

Таңның атысы мен күннің батысы мезгілінде ауыл өмірінің тыныс тіршілігі қарбаласқа толы. Ұстаның көрігіндей қызып, оттағы қазандай қайнап жатады. Әсіресе өрістен оралған төрт түлік малды жайғау кезек күттірмейтін шаруаның бірі. Сиырларды сауып, сүт толы шелегін көтеріп келе жатқан Гүлнұр апай үйіне кештете келген екі шәкіртіне таңдана қарады. Жылы жымиып:

-Келіңдер, екі кештің арасында жәй жүрсіңдер ме?-деді.

-Сен айтшы,-деді Ертай досына.

Асқар іркілген жоқ.

-Апай, Ертай екеуміз ақылдастық. Ауылдың, мектептің, көлдің де Айнакөл аталу себебін білгіміз келеді. Ол үшін ауыл қарияларының басын қосып, ісшара, кездесу өткізсек дейміз. Үлкен кісілер ауылдың тарихын біледі емес пе?

Гүлнұр апай екі шәкіртінің ұсынысына дән риза болды.

-Өте дұрыс ақылдасқан екенсіңдер,-деді апай көңілдене сөйлеп,-Бұл ұсыныстарың аяқсыз қалмайды. Күні ертең ең алдымен директор ағайға ақыл салайын. Хабарын өзім беремін.

Екі дос үлкен бір шаруа атқарып тастағандай үйлеріне көңілді қайтты.

Гүлнұр апай ертеңіне екі сабақ арасындағы үзілісте сынып бөлмесіне келді. Ертай пен Асқарға:

-Түс қайта сағат 3-те директор ағайдың бөлмесіне келіңдер. Кешегі ұсыныстарың бойынша ақылдасатын болдық,-деді.

Сынып оқушылары елең етісті. Апай бөлмеден шыққан бетте Ертай пен Асқар сан сұрақтың астында қалды.

-Екеуіңді директор ағай неге шақырып жатыр?

-Қандай шаруамен ақылдаспақшы?

-Бізден не жасырып жүрсіңдер?

-Мақсаттарың не? Бізден неге бөлінесіңдер?

Ертай Асқарға қарады. Асқар көзі күлімдеп иек қақты. Бұл ишарасы өзің айта бер дегені еді.

-Жарайды, шынымызды айтайық,-деді Ертай сыныптастарына ойлы жанарымен көз тастап,-Алдымен сұраққа жауап беріңдер. Ауылдың, мектептің, көлдің не себепті Айнакөл аталғанын білесіңдер ме? Кім тарихын айтып бере алады?

Сыныптастар үнсіз қалды. Ешкім тіс жарып, жауап қатпады. Ертай сөзін қайта жалғады.

-Бұл сұраққа Асқар екеуміз де жауап таппадық. Сосын кеше Гүлнұр апайдың үйіне бардық. Ұсыныс жасадық. Ауыл қарияларының басын қосайық. Кездесу жиынын өткізейік. Аталар мен әжелер туған ауылымыздың тарихын айтып беретін шығар дедік. Апай екеумізге бұл ұсыныстарыңды директор ағайға айтып көрейін деп уәде берді. Енді директор ағай шақырып жатыр дегенін өздерің естідіңдер.

Оқушылар арасында пікірталас туған жоқ. Осы кезде қазақ тілі әдебиеті пәні мұғалімі Қуат ағай келіп қалды да сабақ басталып кетті.

Түскі ас үстінде Асқар әкесіне Ертай екеуінің ауылдың тарихы жөнінде Гүлнұр апайына айтқан ұсынысын, директор ағайдың шақырып жатқанын айтуға оқталды. Айтар сөзін көңіл таразысына салып көрген ол бұл ойынан тез айныды. Іштей өзіне ақыл салып «Мақтанғандай болмайын. Әліптің артын бағайын. Ісшара өтіп жатса  әкемнің өзі де елден ести жатар» деп шешті.

Ердің жасы елуден асқан Төрехан Имашев ауылдағы белді азаматтардың бірі. Қатардағы мұғалімнен мектеп директоры қызметіне дейін көтерілді. Ол бұл лауазымға өзінің бетегеден биік, жусаннан аласа қарапайым мінезімен, сан қырлы жағымды адамгершілік қасиеттерімен жетті. Үлкенге құрметі, кішіге ізеті үзілмейтін сыпайылық пен парасаттылық, білікті білімділік те осы кісіге тән.

Директор Төрехан сынып жетекшісі мен екі шәкіртін жылы шыраймен күлімсіреп қарсы алды. Алғы сөзді де өзі бастады.

-Гүлнұр апайларыңнан естідім. Жақсы ұсыныс айтыпсыңдар. Бұл ұсыныс қана емес туған жердің қасиетін білуге деген құштарлық, игі бастама. Біз де бала болғанбыз. Туған жердің ақ топырағын аспанға шығарып, асыр салып ойнағанбыз. Асық атып, көбелек пен доп та қуғанбыз. Бұл игі бастаманы кешіктіруге болмайды. Гүлнұр өзің ұйымдастыр, басшылық жаса. Шәкірттерің қосшы болады. Ауылдың көпті көріп, көненің көзі болған қарттарын шақырыңдар. Ауылдық округ аппараты қызметкерлеріне, өнер, спор  мектептерінің ұстаздарына, ауыл жастарына хабар беріңдер. Бүгінгі таңда әр салада еңбек етіп жүргендердің бәрі де осы ауылдың, осы мектептің түлектері. Бұл басқосуға жоғары сынып оқушыларымен  бірге өзім де қатысамын. Игі істеріңе сәттілік тілеймін.

Директордың бөлмесінен Ертай мен Асқардың қуаныштары қойындарына сыймай шықты. Мектеп басшысы шәкірттерінің игі бастамасын қызу қолдаған соң Гүлнұрдың да көңілі марқайып сала берді.

Оқушы болған соң мектепке бару міндет. Ертеңгісін сабақ басталар алдында сыныптастары Ертай мен Асқарды тағы да ортаға алды. Бар қызықтан құр қалғандай директор ағайдың қабылдауында болған әңгімені білгендерінше асықты.

-Директор ағай қалай қабылдады?

-Ақылдасқан шаруаларың бітетін болды ма?

-Басқа қандай мәселелер айтылды?

-Екеуің көздерің күлім қағып көңілдісіңдер ғой, тіптен.

Ертай досының жауап беруге асықпағанын сезген Асқар шыдай алмады.

-Жарайды, мен-ақ айтып берейін,-деді Асқар көтеріңкі көңіл күймен серпіле сөйлеп,-Директор ағай Гүлнұр  апай, Ертай үшеумізді күлімсіреп жылы қарсы алды. Ертай екеуміздің туған ауылымыздың тарихын білу жөніндегі ісшара өткізу жайлы ұсынысымызды игі бастама деп бағалады. Өте қарапайым кісі екен. Балалық шағын еске алды. Біз де бала болғанбыз. Туған жердің шаңын аспанға шығарып ойнағанбыз. Асық атып, көбелек те қуғанбыз деді. Гүлнұр апайға ісшараны өткізуге өзің басшылық жаса. Ауыл қарияларын шақырыңдар деп тапсырма берді. Жоғары сынып оқушыларымен бірге жиынға өзім де қатысамын деді.

-Директор ағай бала кезінде ләңгі де тепкен шығар,-деді Әли.

Әңгімеге сабаққа қыры жоқ тәмпіш мұрын Есен де килікті.

-Көбелек қуған директор ағай ләңгі теппеді дейсің бе?

-Ауыл өмірі балалардың бәріне бірдей,-деді Асқар.

Әйтеуір, ылғида осылай. Сыныптастардың әңгімесі енді қыза түскенде мұғалім келіп қалады. Амал жоқ партаға отыруға, сабаққа кірісуге тура келеді. Математика пәні мұғалімі Зәуреш апай өткен сабақты пысықтау қажеттігін айта бастады.

Мектептен үйге қайтар жолда Сәуле Ертай мен Асқарға өтініш жасады.

-Ісшараны ұйымдастыруға  мен де қатыссам бола ма?-деді.

-Әрине болады,-деді Асқар.

-Енді үшеуміз бірге жұмыс істейміз,-деді Ертай.

Осы күні мектеп директоры Төрехан Имашев жоғары сынып жетекшілерін өзіне шақыртты. Ұстаздарды жинағандағы ойын ортаға салды.  8 сынып оқушылары Ертай Қайырғалиұлы мен Асқар Сағымбекұлының туған ауылдың  тарихын білу мақсатында жасаған ұсыныс, көтерген игі бастамасын мақтанышпен айтты. Сынып жетекшілеріне құлаққағыс жасады. Маңызы ерекше болатын бұл жиынға жоғары сынып оқушыларын толықтай қатысуды қамтамасыз етуді тапсырды. Сөз соңында бұл басқосуға өзі де қатысатынын мәлімдеді. Сынып жетекшілерінің ішінде Дәметкен де бар еді. Ұлының атына айтылған мақтау сөзді мектеп диркторының өз аузынан естігенде көңілшек көңілі босап қоя берді. «Жо-жоқ, мен жыламаймын. Қайырғалиға уәде бергенмін» іштей ширыққан Дәметкен кірпіктеріне іліккен көз жасын әріптестеріне сездірмеуге күш салды.

Жаңалық хабар жатқан емес. Екі оқушының көтерген бастамасын Сағымбек аппарат жігіттерімен бірге естіді. Бастамашылардың бірі өзінің ұлы Асқар екен. Үйге көңілді оралған ол қуанышын Әлимаштан жасыра алмады. Сөзге келді.

-Естідің бе? Ертай мен Асқар туған жеріміздің тарихын білу жөнінде бастама көтеріпті.

-Иә, естідім,-деді Әлимаш аққұба жүзі жадырай түсіп.

-Қайдан естідің? Кім айтты?

-Сүйінші сұрағандай көрші келіншек айтты.

-Әйтеуір, қайран қаламын. Жаңалық біткенді ер адамдардан бұрын үйде отырып-ақ естіп қоясыңдар ғой,-деп қалжыңдады Сағымбек.

-Оның рас. Мен саған бір күлкілі әңгіме айтып берейін бе? Тыңдауға уақытың бар ма?

-Қане, айта ғой. Бір күліп алайық. Құлағым сенде.

-Бұл оқиға өмірде болған ба, әлде жоқ па? Ол жағын білмеймін. Әйелдерден естідім.

-Айта бер. Әйелдер өтірік айтпайды. Естігендерін айтады.

-Ертеде бір совхоздың бас бухалтері сыбайластарымен бірігіп мемлекет қазынасына қол салыпты. Ұйымдасқан топ бармақ асты, көз қысты жасаған. Көрші келіншек бас бухгалтердің әйеліне айтыпты. «Совхозда мал басы кеміпті. Талан-тараж болған. Сенің де күйеуің істі, сотты болатын көрінеді» дейді. Бухгалтердің әйелі шошып кетіп «Қой, олай деме. Жақсы сөз айт» деп үйіне келеді. Отағасына көрші келіншектен естігенін айтады. Ол табанасты ашу шақырып «Әйелдер оттапты» дейді. Арада бірнеше ай өткен соң бас бухалтер, ферма меңгерушілері, бір топ малшылар істі болып қамаққа алынады. Бухатердің әйелі күйеуіне тамақ апарып, жолығуға рұқсат алады. Түрменің қысымын көріп әбіржіп кеткен бас бухалтер әйеліне:

-Ауылдың әйелдері мен туралы не айтып жатыр?-дейді.

-Бұл сұрағыңа түсінбедім. Не айту керек еді?-дейді әйелі таңданыс білдіріп.

-Әйелдер менің істі болып түрмеге қамалатынымды алдын-ала  білді. Енді мына қапастан қашан шығатынымды айтпай ма?

-Әзір ондай әңгіме жоқ. Әлі де біраз жатасың-ау,-депті сонда әйелі.

-Дұрыс айтасың. Әйелдер бәрін де алдын-ала біліп отырады,-деп күліп алған Сағымбек,-Біз де бала болдық. Өкінішке қарай Ертай мен Асқар сияқты ауылдың тарихы жөнінде бастама көтеру ойда болмапты.

Сөз реті келген соң Әлимаш іркілгенді жөн көрмеді.

-Ойыннан қолың босамаған ғой,-деп қалжыңдады.

Сағымбектің езуіне тағы да күлкі үйірілді.

Гүлнұр алдымен ісшара жоспарын жасауды қолға алды. Ойсыз да емес. «Бұл өте жауапты, маңызды әрі әсері мол ісшара болғалы тұр. Екі шәкіртім мерейімді өсірді. Директор ағай үлкен сенім артты. Сәуле шәкіртім де белсенділік танытыпты. Ісшараға атсалысуға өтініш жасапты. Ауыл қарияларына хабар беруді  осы үш шәкіртіме тапсырамын. Ауыл жастары үшін көшеге хабарландыру ілеміз. Ауылдық округ аппараты, өнер, спорт  мектептері ұжымдарына өзім хабарласамын. Өнер мектебі басшысына ісшара соңында өнерпаз балалардың көнцертін беруді сұранамын. Бұл дайындық  жұмыстарының бәрін де директор ағаймен ақылдаса отырып, әріптес ұстаздарыммен бірге атқарамын».

Ісшараға дайындық жұмыстары күн санап қыза түсті. Гүлнұр апай ауыл қарияларының тізімін Ертай, Асқар, Сәулеге ұсынды. Шәкірттеріне ақыл қосуды да ұмытпады.

-Әр қарияның үйіне арнайы барып сәлем бересіңдер. Үлкен өмірдің өткелін кешіп, көпті көріп, көненің көзі болған қариялар асыл қазынамыз. Олардың ішінде немере, шөбере сүйген ардақты ата, асыл әжелер де бар. Сөйлеу мәдениетін сақтаңдар. Инабатты, сыпайы болыңдар. Өздеріңе сұрақ қойған қариялар болса ойланып жауап беріңдер. Ісшараның мақсатын дұрыс түсіндіре біліңдер. Бұл қоғамдық жұмысты сабақтан тыс кезде атқарыңдар.

Апайдың маңызы зор тапсырмасын мұхият тыңдап алған үш шәкірті былай шыққан соң өз «ақылдарын»  қорытты.

-Бөлінбейміз. Қай ата-әженің үйіне барсақ та бірге жүреміз,-деді Ертай.

-Әрине, солай етеміз,-деді Сәуле құптай сөйлеп.

-Менде мынадай ұсыныс бар,-деді Асқар,-Түске дейін сабақта боламыз. Ата-әжелердің үйіне түс қайта ерте барайық. Кештетіп жүрмейік.

Сәуле де ниет етіп, қолға алған  істеріне қатысты  өз ойын айтуды  жөн көрді.

-Ісшараға тақырып қоюымыз керек сияқты. Апай да айтқан жоқ.

-Сәуле дұрыс айтады. Ойланайық, қандай тақырып қойғанымыз жөн,-деді Асқар қолдағанын сездіріп.

-Сәуле қандай тақырып қояды? Сол болады,-деді Ертай.

-Мен екі тақырыпты ойлап жүрмін. Біріншісі «Туған жерім-тұғырым», екіншісі «Ауылым-алтын бесік».

Асқар қуанышын жасыра алмады.

-Керемет, екеуі де ғажап тақырып. Қайсысын қалаймыз?

Ертай ойланып барып тіл қатты.

-Гүлнұр апай таңдасын. Келістік пе?

Бұл ұсынысты Сәуле мен Асқар да мақұл көрді.Үш шәкірті ісшараға тақырып қою қажеттігін айтқанда Гүлнұр апай тағы да қуанды.

-Өте дұрыс. Менің ойыма келмепті. Қандай тақырып қоямыз?

-Сәуле екі тақырып дайындапты. Сіздің қалағаныңызды қояйық деп шештік.

-Айта ғой, Сәуле. Таңдап көрейін.

-Біріншісі «Туған жерім-тұғырым», екіншісі «Ауылым-алтын бесік».

-Сәуленің ойлаған екі тақырыбы да жақсы екен. Бөле-жарып алу қиын. Дегенмен біреуін таңдауымыз керек. Ісшарамызда  айтылатын  әңгіме тақырыбы ауыл өмірі. Олай болса «Ауылым-алтын бесік» тақырыбы дұрыс болар.

Алдағы болатын ісшара сынып жетекшілері арасында да қызығушылық туғызды. Бір-біріне шынайы ой-пікірлерін де айтысты. Бірі:

-Осы ауылда туып өстім. Шынымды айтсам, ауылымыздың Айнакөл аталу тарихын білмейді екенмін,-десе, екішісі:

-Мен де білмеймін. Осы ісшарада ауыл тарихын толық білетін боламыз,-деп қуанысты.

Жауапкершілік жүгін арқалаған үш оқушы қариялардың үйіне ниет еткен «жорықтары» демалыс күнге тап келді. Бұл сәттілікті Ертай үлкен адамдарша жақсы ырымға бағалады.

-Бүгін күн демалыс. Алла қаласа көп шаруа бітіреміз. Жолымыз болады.

-Қай атаның үйінен бастаймыз?

Бұл сұрақты Сәуле қойды.

-Ауыл ақсақалы атанған Айбол атадан бастамаймыз ба?-деді Асқар.

-Әрине, Айбол атадан бастаймыз. Алдымен келісіп алайық.Үлкен кісілерден «Жеті өлшеп бір кес» деген сөзді естіген едім. Біз де солай етейік. Әр қарияның үйіне барғанда біреуміз-ақ  шаруа жайын айтамыз. Қосарланып сөйлемейік,-деді Ертай.

-Олай болса бірінші өзің баста.

-Жол менікі емес. «Қыздың жолы жіңішке» деген.  Айбол атаның үйіне барғанда  шаруамыздың мақсатын Сәуле айтады. Келесі кезек сенікі, одан кейін менікі.

-Жарайды, келістік. Солай-ақ болсын.

Сәуле достарының мерейін көтергеніне риза боп қалды.

Айбол ата биыл 84 жаста. Ауылдың жасы үлкен қариясы да осы кісі. Жаратқан иенің берген қуаты болар. Сезімі сергек, жүріс-тұрысы, сөз саптасы ширақ, әлі де құр аттай тың. Кең кеудесін айқара жапқан ақкүміс сақалы қариялықтың қасиетін паш етіп, әжімсіз қызылшырайлы жүзін нұрландыра түскендей әсер қалдырады. Бүгінде еткен еңбегінің рахатын, жасаған бейнетінің зейнетін, бала-шағасының қызығын көріп отырған Айбол ата қара шаңырағының табалдырығын аттаған өрімдей балаларды жүзі жадырай қарсы алды.

            -Халқымыздың салт-дәстүрінің жөні бөлек, шырақтарым. Жасы үлкен, мейлі кіші болсын үйге келген қонақтың орыны -төр. Жоғары шығыңдар, айналайындар. Шаруамен келген шығарсыңдар. Шаруа айтуға асықпаңдар. Алдымен дастарханнан дәм татыңдар. Ағарған ішіңдер,-деді Айбол ата.

            Атаның сөзін естіді ме? Әлде үйге қонақ келгенде қалыптасқан әдет-ғұрып па? Бөлмеге сәлем бере кірген жас келіншек дастарханға ас мәзірлерін қоя бастады. Арасында ұлттық тағамдар құрт, ірімшік, брензе де баршылық. Ең соңында шағын шараны қос қолдап көтеріп келді де кеселерге айран құя бастады. Айран толы кесені алдымен атаға ұсынды. Одан кейін үшеуіне біртіндеп кеселерді таратты. Жас келіншектің әрбір іс-қимылынан инабаттылықтың, әдептіліктің, сыпайылықтың сүйкімді лебі есіліп тұрды. 

            Ас ішіліп болған соң Айбол ата дәм қайырды, бата берді. Сары алтындай сабырлы кісі екен. Сөз саптауға асықпады. Ақкүміс сақалын сұқ саусақтарымен салалап тарап біраз отырды да:

            -Ал, қане балаларым, шаруа айта отырыңдар,-деді.

            Келісім бойынша шаруаның мән-жайын Сәуле айтуға тиіс-тін. Асқар мен Ертай Сәулеге қарады. Сөз сөйлеудің сәтін күтіп отырса керек. Сәуле сүйкімді дауысымен үн қатты.

            -Ата, біз сізге келдік,-деді ол жүзі балбұл жанып,-Мекепте туған ауылымыздың тарихын білу мақсатында ардагер ата, әжелермен кездесу жиынын өткізуге ниет етіп жатырмыз. Сол жиынға өзіңізді құрметті қонақ ретінде шақырғалы келдік.  Оқушы балаларыңызға көл мен ауылдың Айнакөл аталуы тарихы жөнінде айтып берсеңіз деген өтінішіміз бар.

            -Ол жиындарың қашан өтетін еді?

            -Күнін белгілегеніміз жоқ, ата. Алдын-ала хабарлайтын боламыз.

            -Аманшылық болсын. Барамын, шырақтарым. Түтіні түзу шыққан ауылымыз жайлы білген, көргенімді айтып беремін.

            -Рахмет, ата. Сау болып тұрыңыз.

            -Иншала, аманшылықпен жолығайық.

Айбол атамен жылы қоштасып көшеге шыққан бетте Асқар Сәулені мақтай жөнелді.

            -Жарйсың, Сәуле! Жақсы сөйледің. Бұрын байқамай жүріппіз. Сөзге шешен, аратор екенсің. Ата жете түсінді. Қайталап сұрақ қойған жоқ.

            -Қойшы, Асқар. Асыра мақтап жібердің ғой.

            -Шын айтам. Қалжыңым емес.

            -Менің байқағаным, көңілге түйгенім,-деді Ертай,-Айбол ата қайраты қайралған қарт екен. Қызықты әңгімесін көппен бірге еститін боламыз.

            Сақыпжамал әже үйде бір өзі ғана екен. Асқар, Сәуле, Ертаймен сыртта кездескен әже алақанын күнге көлегейлеп сөзге келді.

            -Аман-есенсіңдер ме, шырақтарым?  Немерелерімдей балалар екенсіңдер. Жалғыз өзім ішім пысып үйге бір кіріп, бір шығып жүр едім. Жақсы келдіңдер, айналайындар. Бүгін күн демалыс. Орысша не деп айтушы еді?

-Воскресенье,- деді Асқар езуіне күлкі үйіріліп.

-Иә, сондай күн болған соң қолдағы  кенже ұл мен келін бала-шағасымен үйде тұрмайды. Асылтас қаласының базарына кетеді. Отбасы болған соң бәрі де керек. Қажетті азық-түлік, балаларға киім-кешек алады. Садағасы кетейін, келінім жақсы. Маған да базарлық алуды ұмытпайды. Өткен базарда  әкелген мәсісінің былғарысы тәуір  болды. Ұл-қыздарым ақылдасып әрекет жасап жатыр ма? Қайдан, кімнен естігенін білмеймін. Есін біліп қалған бір немерем «Әже, биыл 80 жасқа толдыңыз. Жазда той жасаймыз. Мәсіден де бағалы «пәдеркі» сыйлаймыз» деп қуанып жүр. Кім айтты деп нем бар? Ертеректе  үйге ауылдық «Селсебеттен» өздеріңдей жастар келеді. «Жылдық санақ шаруасымен  жүрміз. Отбастарңызда қанша жан бар? Ұл-қыздарыңыз нешеу болды? Қорадағы қой-ешкі, жылқы, түйенің санын айтыңыз. Жердің де салығын жинап жүрміз» деуші еді. Жасы келген кісіні мазаламайық  дей ме? Қазір менен ештеңе сұрамайды. Бала мен келіннен сұрайды. Жас келген соң ойға түскенді айта беретін болдық. Қолдарыңда қағаз, қалам бар екен. Жұмыспен жүрген шығарсыңдар. Қане, үйге кірейік. Шаруларыңды далада  емес үй ішінде айтыңдар. Алла ақ жолын берсін. Асылтас қаласы мына тұрған жерде емес пе? Жолаушылаған бала-шағам да келіп қалар. Марқұм,  иманды болғыр қариям «Асылтас қаласына көкқасқа жорға атммен бір  сағатта сырғытып жетіп барамын» деуші еді. Дамыған заманды көріп отырмыз. Қазіргі жастар «Мәшинамен Асылтасқа сүтпісірім уақытта жетеміз» деп мақтанып жүр ғой.

Әңгімешіл әже үйге бастады. Үлкеннің айтқанын орындау кішіге міндет. Ләм-лим деп жақ ашпаған үшеуі соңынан ілесті. Жаз айларының бірінде 80 жасын тойлайтын әже пысықтық танытты. Ток шәйнекке шай қойды. Үлкен кісінің қолынан шай ішкенді әбестік көрді ме? Сәуле:

            -Әже, шай қойып әуре  болмасаңыз қайтеді?-деп өтініш жасады.

-Қонақжай халықпыз. Ұйге келген қонаққа шай қойған әуреге жатпайды, қызым. Шүкір, күш-қайратым баршылық, Үй шаруасынан әлі қалғаным жоқ. Әңгіме айта отырып ішкен шай балдан да тәтті болады.

Шынында өзі айтқандай әженің іші пысқан екен. Әңгімесін қайта жалғастырып әкетті.

-Жас келген соң қайдағы мен жайдағы еске түсе береді екен, шырақтарым. Біз де өздерің секілді өрімдей жас болғанбыз. Осы ауылда туып өстім. Бойжетіп, жан-жағыма сын көзбен қарай бастадым. Біздің жас кезімізде күні-түні бүгінгідей жағы сембей қақсай беретін «телебізір» жоқ. Ауыл клубынан кино көреміз. Бұл бұйрық дегенді қойсаңшы. Мектеп бітіргеніме небәрі он-ақ күн болған. Көңілде кітапханашының оқуына барамын деген ой бар. Сол түні ай сүттей жарық болды. Кинодан қайтқан бетім. Құрбылырымнан  бөлініп бір өзім үйге таянып қалғам. Ол кезде көшеде бүгінгідей құмырсқадай өріп жүретін жеңіл мәшине жоқ. Бір есек арба жанымнан өте бере кілт тоқтай қалды. Үш-төрт жігіт арбадан асығыс секіріп түсті де әй-шәй жоқ бас салды. Аузымды басып, күштеп арбаға мінгізді. Бір жігіт құлағыма сыбыр етті. «Тырп етпе, үніңді шығарма, қарындас. Біз сені өмір бақи бақытты ететін жігіттің үйіне апара жатырмыз» деді. Атын айтқан жоқ. Болашақ күйеуінің кім екенін Еркін аталарыңның үйіне барғанда бір-ақ білдім. Ақ кимешекті әжелер кезегімен бетімнен сүйіп «Қадамың құтты болсын, айналайын. Қосағыңмен қоса ағар» деп ақ тілектерін айтып жатыр. Қуаныштары құшағына сыймаған жас келіншектер басыма ақ шашақты орамал салып шымылдыққа кіргізді. Аузыма түскен сөз «Мен өз еркіммен келгенім жоқ. Кетемін, оқуға барамын» болды. Сонда жиырма жастағы Еркін «Қапа болмаңыз, қарындас. Ата-бабаларымыз оқымай-ақ ғұмыр кешкен. Өмір көшінен қалмаймыз» деп күле қарап тұр. Соңымнан қуғыншылар келді. «Байласқан сөзім жоқ. Үйге кетемін» дедім көзімнен жасым сорғалап. Жеңгем құшағына алып басу айтты. «Ауыл халқы аралас, қойларымыз қоралас. Тас түскен жеріне ауыр. «Қайта шапқан жау жаман, қайтып келген қыз жаман» деген. Ақ босаға аттадың, шаңырақты сыйла» деді. Еркін аталарыңмен елу бес жыл отастық. Колхозда еңбек еттік. Кетпен шауып, егін ектік, мал да бақтық. Отау үй тіккенде ақсақалды аталар мен ақ кимешекті әжелердің ақ баталары, ықыласты ниеттері періштенің құлғына шалынып, Жаратқан ие қабыл еткен шығар. Үкілеп ұл-қыз өсірдік. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық. Үйлі-жайлы, балалы-шағалы болған бес ұл, бес қызымыздың бірі Астанада, бірі Алматыда, бірі Ақтауда дегендей дәм-тұздары бұйырған жерлерде тіршілік етіп жатыр. Айналайын, қыз баланың бармайтын жері жоқ қой.  Ортаншы қызым Семей жаққа Абай ауылына келін болды. Бір жиеніміз «Абай атама тартып ақын боламын» деп өлең жазып жүрген көрінеді. Ішімнен «Абай атасының аруағы қолдай гөр» деп тілеп те қоямын. Кенже ұлым әкесінің қара шаңырағына ие боп отыр. Қайсысы санап жүргенін қайдан білейін. Анада бір қарадомалақ немерем «Әже, сіз бақыттысыз. 35 немере, 18 шөбереңіз бар екен» деді. Құдайдың бергені ғой. Өз ұл, қыздарымның аттары болмаса немере, шөберелерімнің атарын шатастырып немесе ұмытып қаламын.

Ток шәйнек қайнады. Жан-жағынан буы бұрқыраған қақпағы селкілдеп кетті. Сәуле әжеге көмектеспек ниетте орнынан көтерілді. Шынысы жалтыраған  аққұманға шайды әженің өзі демдеді. Әженің нұсқауымен дастарханға ас мәзірлерін әкеліскен Сәуле кішілік танытты.

-Әже, шайды мен құяыншы,-деп өтініш жасады.

Әже келіспеді.

-Қызым, орныңа отыра бер. Өзім құямын. Жас болсаң да қонақсың. Қонаққа шай құйғызғаным ұят болады. Айтпақшы, жөн сұрауды да ұмыт қалдырыппын. Шай алып, шаруа айта отырыңдар.

Уәде бойынша шаруа жайын айту кезегі Асқардікі еді.

-Әже,-деді Асқар биязы сыпайы сөйлеп,-Әңгімеңізге құлақ құрышымыз қанды. Әсерлі әңгімеңізден өмір, еңбек жолыңыз бен бірге шаңырағы шаттыққа толы отбасы, жанұяңыз жайлы да хабардар болдық. Он ұл-қызды аялап өсірген «Алтын алқалы» ана, немереңіз айтқандай бақытты әже екенсіз. Үшеумізді сізге сынып жетекшісі апайымыз жіберді. Жақын арада мектебімізде «Ауылым-алтын бесік» тақырыбында ата, әжелер қатысқан жиын болмақшы. «Айнакөл» су тоғаны қалай салынды? Және ауылымыздың өсіп өркендеу тарихы жөнінде мектеп оқушылары жиынға қатысқан ата-әжелердің айтқан әңгімелерінен естігісі келеді.

-Түсіндім. Осы жасқа келгенімше тоғанның қалай салынғанын менен ешкім сұраған жоқ еді. Білгенімді мектепте айтайын. Тоғанды салуға мен де қатыстым.

Жүріс-тұрысы жеңіл, іші пысқан әже өрімдей үш қонағымен далада қоштасты.

-Аман боп тұрыңдар, айналайындар. Асылтасқа кеткен бала-шағам кешікті. Кенже ұл мен келінім қалталарындағы теңгелері таусылғанша базардан шықпайды.

Әже айтқан Асылтас қаласы ауылдан 25 шақырым жерде. Фосфор кенін өндірумен аты аспандаған, көркіне көз тоймайтын қала. Ауыл жастарының дені осы қаланың кен орындарында жұмыс күндері әрі-бері қатынап еңбек етіп ырыс-несібелерін  теріп жүр. Әже үйінен ұзаған соң Сәуле:

-Жарайсың, Асқар! Жақсы сөйледің. Бұрын байқамайды екенбіз. Сөзге шешен, аратор екенсің,-деп өзіне айтқан сөзді қайталады.

Қарымта қалжыңды түсіне қойған Асқар күліп жіберді. Әженің «тоғанды соғуға қатыстым» деген сөзі үшеуін де ойландырған еді.

-80 жастағы әже тоған соғуға қатысқанын айтты. «Айнакөл» Ұлы отан соғысы жүріп жатқан 1944 жылы салынған деп естідім. Сонда әже бес жаста екен,-деді Ертай.

-Әже сонда қандай жұмыс істеді екен?-деп таңданыс білдірді Асқар.

-Ол жағын әженің өз аузынан естігенде білетін боламыз,-деп сөз қосты Сәуле.

Сәуле, Ертай, Асқар енді ауылдың қақ ортасындағы алаш ардақтысы Дінмұхамед Қонаев атындағы көшеге бет түзеді. Бұл көшеде «Батырдың баласы» атанып кеткен Аманкелсін ата тұрады. Атаға бұл қосымша атты бала  жасында ауыл қариялары қойған екен.  Аманкелсін атаның әкесі Ерман соғыстан екі аяғы санынан кесіліп оралған. Қылыштай қиып түсер 25 жастағы азамат майдан даласынан кескен томардай домаланып қайтқанда ауыл халқы қайғыдан қан жұтқан. Майдангер қара шаңырағын аяқсыз аттаған. Бір жастағы ұлы Аманкелсінін құшаққа алып, құшырлана сүйгенін көргендердің омыраулары жасқа толыпты. Сұм соғысқа қарғыс, лағнет айтыпты. Ерманға батыр деген атақты да ел-жұрты беріпті. «Біздің Ерман хас батыр. Қан майданда толарсақтан қан кешті. Ел мен жер, келешек ұрпақ үшін екі аяғын бірдей беріп келді» деседі. Аманкелсінді «Батырдың баласы» деп басынан сипап еркелетеді. Сол бір ел басына күн туған ауыр күндерден бастап Аманкелсін «Батырдың баласы» атанып кеткен көрінеді.

Аманкелсін ата да үйінде болып шықты. Бір қолында наны бар, бес-алты жас шамасындағы немересімен дойбы ойнап отыр екен.

-Ойланып, жаңылмай басу керек,-деп қояды атасы.

-Ойындарыңды қойыңдар. Үйге кісілер келді,-деді пеш түбінде ұршық иіріп отырған әже.

Үйге келген «кісілер» аман-саулық айтысты. Кекілді қара бала да дойбы тастарын жиысырып, қобдиына сала бастады. Орнынан жеңіл көтерілген әже бөлмеден шығып кетті. Қонақтар ата жанынан орын алды. Ертай іркілген жоқ. Арнайы келген шаруаны Сәуле мен Асқар секілді асқпай айтып шықты. Аманкелсін ата да шақыра келген жиынға қатысатынын мәлімдеді. Ертай сөз соңында былай деп сұрақ қойды.

-Ата, ауыл қариялары сізді неге «Батырдың баласы» деп атайды?

-Бұл өзі  ұзақ әңгіме, шырақтарым. Сұраған соң айту керек. Бұл аттың өз тарихы бар. Соғыс ардагері әкеме қатысты айтылған. Соғыс жүріп жатқан 1943 жылдың ақпан айында жарық дүние есігін ашыппын. Әкем шілдеханама жиналған ағайын мен көршілерге айтыпты. «Ел басына күн туды. Ер-азаматтар бес қаруын асынып майдан даласында толарсақтан қан кешіп жүр. Періште нәрестем тілеуқор болсын. Зұлым жаумен шайқасқан батырларымыз елге аман келсін деген ниетпен ұлымның атын Аманкелсін қоямын» деп азан шақырып құлағыма үш рет сыбырлапты. Мен қырқымнан шықпай әкем де әскерге шақырылып, майданға аттаныпты. Бір жасқа толып, еңбектеп, тәй-тәй басып жүргенімде әкем екі аяғынан айырылып елге оралады. Балалығым ғой. Тілім шығып, үш-төрт жасқа келгенімде әкемнен «Екі аяғыңыз қайда?» деп сұрайды екенмін. Әкем бұл сауалыма «Кейін білесің, балам. Есейгенде айтып беремін» дейтін көрінеді.

Ата әңгімесін бөлмеге тостақпен айран әкелген әже бұзды. Баппен қолға алған кеселерге айран құйып тарата бастаған әже сөзге келді.

-Айран ішіп алыңдар, айналайындар. Содан соң аталарыңның әңгімесін асықпай тыңдай берерсіңдер. Бала мен келін облыс орталығына жолаушылап кеткен. Достарының бірі бүгін кешке 40 жасын тойлағалы жатыр.

Айран ішіліп болған соң Аманкелсін ата әңгімесін қайта сабақтады.

-Әкем үй ішінде сирағы мен табаны жоқ аяқтарымен жүретін. Таяқты тай ғып мініп бірге шапқылап ойнайтын балалар да «Ерман көкенің аяқтары қайда?»  деп сұрайды. Мен шынымды айтамын. «Білмеймін» деймін. Көшеде кездескен әкемнен жастары үлкен ата-әжелердің бәрі «Батырдың баласы» деуші еді. Танымай қалғандары «Қай баласың?» дейді. «Ерманның баласымын» десем болғаны «Әп, бәрекелді! Зұлым жауды жағасынан алып жайратқан өзіміздің Ерман батырдың баласы екенсің ғой» деп кекілімнен сипайды. Көшенің шаңын бұрқыратып көп балалармен ойнап жүргенімде танып қалған әже, апалар қол бұлғап «Әй, батырдың баласы, мұнда кел» деп шақырады. Асығыс жүгіріп барамын. Сәлем берген әже қолымды қыса ұстап жетектеген күйі үй ішіне кіргізеді. Қалталарымды құрт, ірімшік, тәттілерге толтырып береді де «Жей ғой, батырдың баласы. Бүгінгі бейбіт күніміз, алшаң басып жүргеніміз соғыста жанын қиып, тәнін берген сенің әкеңдей азаматтардың арқасы ғой» деп арқамнан қағып шығарып салады. Әкемді мектепте өтетін жиындарға соғыс ардагері  ретінде қонаққа көп шақыратын. Мұндайда жоғары сынып оқушылары әкемнің арбасын итеруге, құрмет көрсетуге таласып жатушы еді. Есейген соң әкемнің арбасын өзім итеріп жүре бастадым. Кейде әкемнің екі аяғы бірдей жоқ, домаланып қалған бейнесін көргенде өкініштін өзегім өртенетін. Терең ойдың тұңғиығына батамын. «Адамзатқа алапат соғыс не үшін керек? Адамның бір-біріне оқ атқаны, жауыздық жасағаны неткен қатыгездік? Бір-бірін өлтіріп немесе он екі мүшесін кем еткенде не  ұтады?» деп іштей күйзелемін. Бірақ бұл сұрақтарға жауап таппай азапқа түсетінмін. Мен әкемнің тән жарасы, тағдыр талқысына мойынұсынбаған қайсарлығына қайран қалатынмын. Әлде, көрер жарығы таусылмай, ер-азаматты қынадай қырған алапат соғыстан туған еліне аман жеткенін дәтке қуа етті ме екен. Тек мен ғана емес, әкемнің ақжарқын, ақкөңіл мінезі мен қайрат-жігеріне бүкіл ауыл халқы таңқалушы еді. Кемтар жанмын деп жапа шекпеді. Ағайын, жекжат, дос-жаранның той-домалағынан қалмады. Арбамен жүріп билеп, сырнаймен тамылжыта ән салғанда өнер сүйер қауым қуана қол соғатын. Ерекше құрмет көрсететін. Жастары үлкен әже, апалар «Жігіттің сұлтаны ғой» деп көздеріне жас алатын. Әкем үй шаруасын да қанттай етуші еді. Арба үстінде жүріп-ақ қора салды. Мал жайғады. Қора-қопсы жаққа келгенде төрт түлік малдар да иесін тани кететін. Қой-ешкі маңырап, сиыр мөңіреп, жылқы кісінеп қоя беруші еді. Сендердей есейіп қалған шағым болатын. Бір күні әкем кең құшағына алып:

-Балам, төрт-бес жасыңда «Әке, аяқтарыңыз қайда?» деп сұраған едің. Мен «Кейін білесің. Есейгенде айтып беремін» деп уәде еткенмін. Енді міне, сен де есейдің.  Жігіт болдың. Оң мен солыңды танып қалдың. Аяқтарымның қайда қалғанын айтып берейін,-деді.

 Соғыстың сойқаны, қайғы-мұңы, қатыгез қасіреті, жазылмас жарасы, шейіт болған қанды көйлек қарулас достары есіне түсті ме екен? Әкемнің нұрлы жүзі күреңіте ауыр күрсініп әңгіме желісін тартты.

-43-ші жылдың ақпан айында сен өмірге келдің. Майданға аттанған ер-азаматтар елге аман оралсын деген ниетпен атыңды Аманкелсін қойдым. Арада бір ай өткен соң мен де әскерге алындым. Бұл тұста жаудың беті қайтып, қанқұйлы ордасына шегініп бара жатқан еді. Алғы шепке жеттік. Қолға қару алдық. Майдан даласы қорқынышты еді. Ажал іздеп ысқырған оқ, отқа оранған дала, қолқаны қапқан көкала түтін, астан-кестең дүние. Бәрінен де сорақысы ақылға сыймайтын қатыгездік. Адам адам баласына оқ атып жатыр. Қазір ғана жаныңда жүрген жауынгер досың оқ тиіп көз жұмғанда өзіңді қоярға жер таппайсың. Зұлым жауға деген өшпенділік кегі кеудеңді кернейді. Кек қайтару үшін атой салып алға ұмтыласың. Соғыстың аты соғыс. Құрбандықсыз болмайды. Қаншама қарулас достарымнан айырылдым. Бәрі де он екіде бір гүлі ашылмаған жалын атқан жастар еді. Отан ұшін отқа түсті, қыршынынан қиылды. Болашақтағы үкілі үмітті тәтті армандарын да өздерімен бірге ала кетті.

Қиян-кескі, жан алысып, жан беріскен ұрыстарға қатыстық. 44-ші жылдың қаңтар айы. Ұрыс шептерін тастап, кейін шегінген жау жаралы еді. Екі қарыс, бір қадам жер үшін қан төгістік. Кезекті бір атойлаған шабуыл кезінде жау ұшақтары ұрыс алаңын бомбылауға кірісті. Бір бомба әудем жерге түсіп жарылды. Құлағыма гүрс еткен дүмпуі жойқын дыбыс, көз алдыма найзағайдың отында жарқ еткен сәуле келді. Одан арғысын білмеймін. Есімді дала госпиталында жидым. Жан-жағыма қарадым. Өзімдей жараланған қарулас достарым жатыр. Бірінің басы, бірінің кеудесі, бірінің қолы, бірінің аяғы ақ дәкемен оралған. Таңылған жердің бәрінде қып-қызыл қан дақтары бар. Өз-өзіме келгендей болған соң он екі мүшемді түгендей бастадым. Екі қолым сау, Басым да аман. Тек аяқ жағым ауыратын сияқты. Аяқтарымды көтеріп көрейініші деп ниет еттім. Міне, сұмдық! Бір емес, екі аяғым бірдей жоқ. Санымнан кесіп тастаған. Көңіл толқыса қиын. Жаспын ғой. Жаным жараланды. Өзегімді өртеген өкініш уы қос жанарымнан жас болып төгілді. Жаныма дәрігер келді. Шені капитан, қазақ жігіті екен. Ол ең алдымен бас жағымда жатқан орамалды алып көз жасымды сүртті. Содан соң мұңая тіл қатты.

-Сабыр сақта, жауынгер дос. Жағдай осылай болды,-деді  көңілсіз үнмен.

-Аяқтарым қайда?-дедім мен қапаланып.

Дәрігер ауыр күрсініп жауап берді.

-Аяқтарың ұрыс даласында қалды. Бомба снаряды жұлып кеткен. Госпиталға жаны бар кеудең ғана келді.

Жігерім құм болды. Тамаққа тәбетім жоқ. Ұйқы қашты. Сарыуайымға салындым. «Бүйтіп жарты денем қалғанша ажал құшқаным әлдеқайда жақсы еді. Енді  зұлым жаумен алғы шепте соғыса алмаймын. Елге қайтарады. Мына түріммен ауылға қалай барамын? Жо-жоқ, мен ауылға қайтпаймын. Ешкімге масыл болғым келмейді. Мүгедектер үйіне кетемін» деген секілді салмағы зілбатпан ауыр ойлардан құтыла алмадым.

Жанымда бір қолы жоқ солдат жатыр. Оның да қолын бомба снаряды жұлып кетіпті. Ол менен гөрі әлдеқайда бақытты еді. Өйткені жер басып жүретін аяқтары бар. Туған жер, отбасына өз аяғымен барады. Сол қолы шынтағына дейін жоқ солдат менің өз ойыммен арпалысқан жанкүйзелісімді сезіп жатса керек. Әңгімеге тартты.

-Қапа болма, қарулас дос. Бәріне уақыт емші. Бойдақ па едің?

-Үйлегенмін. Бір балам бар.

-Енді сен де, мен де әскери сапқа тұра алмаймыз. Ауылға қайтамыз.

-Мен елге қайтпаймын.

-Неге олай дейсің?

-Сен ауылға өз аяғыңмен барасың. Мен мына түріммен қалай барамын? Мүгедектер үйіне кетем.

-Сен олай деме. Артық сөз айтпа, жауынгер дос. Қайтқаның жөн. Құдай қасқан қосағың, өмір жалғасың ұлың бар. Сен бармасаң олардың өмірі сені күтумен өтеді.

-Жоқ, мен бара алмаймын. Солай шешім қабылдап қойдым.

-Келіншегіңнің аты кім?

-Сандуғаш.

-Аты жақсы екен. Өз атыңды айт.

-Ерман.

-Менің атым-Ермек.

Госпиталда көңілсіз күндерім, ұйқысыз түндерім өтіп жатты. Дәрігерім өз міндетіне адал. Шолақ аяқтарымды емдеуді үзген жоқ. Жылы сөйлеп көңілді көтергісі келеді.

-Сен жаужүрек батырсың. Екі аяғыңнан отан үшін отқа түсіп айырылдың. Бұл бақытсыздық емес,-дейді.

Ермек бір күні ауылдан келген хаттарымды оқығысы келетінін айтты.

-Ішім пысып кетті. Уақыт өткізейін, ермек қылайын,-деді.

Ойымда ештеңе жоқ. Жауынгерлік жол қапшығымды ашып, анаң Сандуғаш жазған хаттарды алып бердім. Сөтсем Ермек маған жақсылық жасауды ойлаған екен. Ауылдың адресін алып анаңа хат жолдапты. Мынау сол хат. Әкем қалтасынан алған екі жапырақ қағаздың бірінің бүктеуін жазып оқи бастады. «Құрметті Сандуғаш! Ауыл-аймақ аман-есен бе? Бұл хатты өзіңе өте асығыс жазып отырмын. Менің атым Ермек. Ерманның жауынгер достарының бірімін. Екеуміз дала госпиталында бірге емделіп жатырмыз. Мен шындықты айтуға тиістімін. Өтінем, тек сабыр сақта. Ұрыс даласында жарылған бомбаның астында қалдық. Мен бір қолымнан, Ерман екі аяғынан бірдей айырылдық. Енді Ерман елге қайтқысы келмейді. Мүгедектер үйіне кетпекші. Бұлай болу мүмкін де, әділдік те емес. Ерман екі аяғынан отан үшін, елі үшін, өзің мен ұлының келешегі үшін айырылды емес пе? Сандуғаш сенен өтінем. Сүйген жарың Ерманыңа тездетіп «Ауылға қайт, ұлыңа жет» деп хат жаз. Жауыннгер досымның жас өмірін өксіте көрме. Сәлеммен Ермек».

Ал, мынау анаңның маған жазған хаты. Мұны да өзім оқып берейін. «Құрметті құдай қосқан қосағым, Ерман. Мен бұл хатты жылап отырып майшамның жарығымен жаздым. Күндіз  колхоздың жұмысынан қол тимейді. Жанымда өзің атын қойып кеткен ұлың тәтті ұйықтап жатыр. Жаныңдағы Ермек досыңның маған жолдаған хатынан бәрін де білдім. Екі аяғым жоқ. Елге қайтпаймын деген көрінесің. Бұл шешімің мүлдем дұрыс емес. Сен өскен еліңе, отбасыңа, сүйікті ұлың Аманкелсінге келуге міндеттісің. Біз бақытты отбасы боламыз. Ұлың екеуміз сені сағындық. Өзіңнің Сандуғашың». Анаңның осы хатынан кейін елге қайттым. Екі ай өткен соң аудандық коммисариаттың бастығы үйге ат басын тіреп, «Отан» орденін омырауыма тағып кетті.

Ата әңгімесін демдерін ішіне тарта тыңдаған үшуінде үн жоқ. Ертай мен Асқар Сәулеге ұрлана көз қиықтарын тастады. Ол қос жанары жасқа толып жылап жіберуге шақ отыр екен.

Әңгімесін аяқтаған Аманкелсін ата орнынан тұрып кетті де келесі бөлмеден сұр түсті пәпкі алып келді. Ішін ашып Ерман атаның орден, медалдары, куәліктерін, жазылған хаттарды үшеуінің алдына жайып салды.

Сәуле, Асқар, Ертай «Батырдың баласы» атанған атаның үйінен қалың ой үстінде қайтты. Жол-жөнекей өзара ой-пікірлер де айтылған жоқ. Әркім өз ойымен әуре еді.

Гүлнұр апайының қоғамдық тапсырмасын үш шәкірті ойдағыдай орындап шықты. Берген тізімі бойынша ауылдағы барлық ардагер ата-әжелерді алдағы болатын жиыннан хабардар етті. Үшеуі әрбір ата-әжелермен жүздесіп, дидарласқан сәттерінде ауыл өмірі, қилы-қилы тағдырлар жайлы әңгімелерге қанықты. Өздерін есейіп қалғандай сезінді.

Ауылдық округ әкімдігінің кеңсесіне Гүлнұрдың өзі барды. Ауыл әкімі аудан орталығында болатын жиынға кеткен көрінеді. Асқардың әкесі, екінші әкім Сағымбекке жолықты. Мүмкін баласынан естіген болар. Бұл кісі  ісшарадан хабардар екен.

-Естіп, білдік. Бұл басқосуға аппарат ұжымы түгелдей қатысқалы отырмыз,-деді.

Сынып жетекшісі осы ісшараны өткізуге атсалысып жүрген үш шәкіртінің бірі ұлы Асқар екенін айтқысы келген еді. Бірақ бұл ойынан тез айныды. Іштей тынды. «Мемлекеттік қызметтегі кісі. Мақтауды ұнатпаса ұят болар».  Бұдан соң Гүлнұр ауылдық өнер және спорт мектептері ұжымдары басшыларына жолығып, ісшара жайынан құлағдар етті. Өнер мектебінің директоры өнерпаз оқушылардың концертін ұйымдастыруға уәде берді.

Көкөніс атыздарын суаруды аяқтаған Асқардың есіне ішінде жазуы бар, парта астынан тауып алған парақ түсе кетті. Үйге барған соң көрермін деп сөмкесіне сала салған еді. Енді сол қағазда не жазылғанын білуге көңілі ауды.  Үй ішіне кірді де сөмкесін ашты. Тор көз қағазды қолға алып, бүктеуін жазды. Көз жүгіртті. Мәссаған, міне қызық! Хат... Анау-мынау хат емес. Лүпіл қаққан жас жүректен үн қатқан ғашықтық, махаббат хаты. Кірпік қақпай хатты оқып шыққан Асқар демін әзер алды. Керемет жазылған. Іңкәр сезімнің ғашықтық сыры тілсіз үнмен ақ қағаз бетіне қалам сиясымен төгілген. Маржандай тізіліп жазылған әріптерге, қолтаңбаға үңілді. Таныс сияқты. Өкінішке орай кімдікі екенін ажырата алмай қойды. Асқар кідірмеді. Жерден асыл қазына тауып алғандай Ертай  досының үйін бетке алып  құстай ұшты. Ертаймен жүздескен бетте соңында қуғыншы бардай асығыс сөйлей бастады.

-Ертай хат...Махаббат хаты... Керемет жазылған. Жігіт қызға ғашық болған. Парта астынан тауып алдым. Тез оқышы.

Хатқа көз жүгірткен Ертай да Асқардың кебін киді. Кірпік қақпай, демін тартпай қалды. Елеңдеп Асқар тұр. Ертайдың жымың етіп  күлімдегенінен хатты оқып біткенін сезген Асқар:

-«Подчеркісі» таныс сияқты. Бірақ кімдікі екенін ажырата алмай қойдым,-деді.

-Мен танып тұрмын,-деді езуінен күлкі шуағы шашылған Ертай,-«Художник» Санжардың қолтаңбасы ғой.

-Сонда қалай? 14 жастағы художниктің титімдей жүрегінде махаббат сезімі оянған ба? Қай қызға  ғашық боп жүр? Бір қызығы хаттың басында қыздың, соңында жігіттің аттары жазылмаған.

-Қазір анықтаймыз. Кеттік, Асқар.

-Қайда?

-Санжарға барамыз. Бетпе-бет сөйлесеміз.

-Художник Санжардың қызға хат жазғанына еш сенбеймін,-деді Асқар жол үстінде күдікті ойын жасыра алмай,-Оның сурет салудан қолы әсте босаған емес.

Екі дос көшенің бір шетіндегі Санжардың үйіне жол тартты. Санжар сыныптағы біртоға, көпсөзділігі жоқ, қараторы сүйкімді баланың бірі. Таланттан да құр алақан емес. Сурет өнерімен шұғылданады. Оның салған суретін көргендер риза болғаны сонша таңдай қағып, бас шайқайды. Әр тақырыпта салған суреттеріне жан бітіп, сөйлеп тұрғандай әсер қалдырады. Санжардың ой-қиялынан туған тамаша қолтаңбалары мектептегі оқушылардың қолөнер бұйымдары қойылған бөлмеде ілулі тұр. Өнерін бағалаған сыныптас достары «художник Санжар» деп атап кеткеніне де екі-үш жылдың жүзі боп қалды. Кейде азан шақырып қойған атын ұмытып, «художник» деп те айта салады. Санжардың де бұл қосымша атына құлағы әбден үйренген. «Әу» деп елең ете қалатыны бар. Қағаз бетіне қаламмен жазған жазулары мүлдем бөлек. Кітаптағы әріптерден айнытпай жазады. Көркем, сұлу жазады.

Енді Ертай мен Асқарға махаббат хатындағы маржандай төгіліп жазылған әсем жазулар «художниктің» қолтаңбасы емес пе  деген күдіктің ақ пен қарасын анықтау ғана қалды.

Бала көңілдерін махабат хаты алабұртқан екеуі Санжардың үйіне келді. Босаға аттады. Санжардың әкесі мен анасы «коль» атанып кеткен бөлмеде теледидардағы «Кеш қалмайық» бағдарламасына сүзіліп отыр екен. Анасы орнынан тұрып, жылы шырай таныта:

-Санжарымның достары келді. Төрлетіңдер, айналайындар. Достарың өз бөлмесінде. Интернеттен көріпті. Суреттен конкурс жарияланған екен. Сол конкурсқа қатысамын деп қағаз, қаламнан қолы босар емес.

«Айттым ғой,-деп іштей ойға берілді Асқар,-Художниктің сурет салудан қолы әсте босамайды. Жүрегінде ғашықтық сезім оянбаған. Махаббаттың құдіреті күшті. Еріккеннің ермегі емес. Ғашық болған жігіттің жұмысқа зауқы соқпайды. Тамақ ішпейді, дұрыстап ұйықтай да алмайды. Өйткені оның жүрегі ғашықтық дертімен ауырған. Жазылып кетуі өте қиын. Емі мен шипасы тек ғашық еткен сұлу қыздың жүрегінде. Мен мұны бір әдеби кітаптан оқып білгем. «Значить» бұл хатта бір гәп бар».

Анасы айтқандай Санжар қызу жұмыс үстінде екен. Жан-жағына мойын бұруға мұршасы жоқ. Үстелге байланып қалғандай қалшиып отыр. Ой, қиялы, қолындағы қыл қаламы сурет әлемінің сырлы құпясын ашуға бейімделіп кеткен секілді. Бөлмеге енген сыныптастарын да байқамады.

-Біз саған келдік, Санжар,-деді Ертай.

Художник асықпады. Үстел үстінде жатқан бояуы қанық суретінен көзін әзер алды.

-Қолым тимей жатыр еді. Жай келдіңдер ме?-деді Санжар оң қолындағы қарындашпен самайын сипалап.

-Жұмыспен,-деді Асқар қолындағы бүктеулі қағазды ұсынып,-Мына хатты сен жаздың ба?

Санжар қағаз бетіндегі жазуларға көз жүгіртті де:

-Иә, мен жаздым. Бұл хатты қалай ұрлап алдыңдар?-деді.

-Біз ұры емеспіз. Парта астынан мен тауып алдым.

-Түсіріп алған екем ғой. Тілім жазықты болды. Ұры емес екенсіңдер.

-Ал, шыныңды айт. Қай қызға өлердей ғашық боп хат жазып жүрсің?

-Ешкімге.

-Енді мына хатты неге жаздың?

-Бұл «заказбен» жазылған хат. 11сыныпта оқитын бала төменгі сыныптың бір қызына ғашық боп қалыпты. Маған қиылып өтініш жасады. Сабаққа қырым, түнде ұйқым жоқ. Осы қыз есімнен кетпейді. Көмек бер. Менің «подчеркім» жаман. Жазған әріптерімді кейде өзім де ажырата алмай қалам. Сенің жазуың «печатный» әдемі ғой. Өзің художниксің. Көшіріп жазып бер деді. Шынында түріне қарасаң, аяйсың. Жаның ашиды. Сосын хатты көшіріп жаздым. Өзі де әсерлі етіп, жүректің сөзін жазыпты. Уәде бойынша ертең өзіне беруім керек болатын.

-Ол бала хат жазып неге әуреге түскен? Ғашықтық сөзін қызға неге ауызша немесе телефон арқылы айта салмаған?

-Ол айтты. Бетпе-бет жүздесуге, тілдесуге бата алар емеспін. Кездескен күнде де жүрегімде тұнған тәтті сырымды қысылып айта алмайтын секілдімін. Одан гөрі хат дұрыс. Асық ойнап жүрген бір баламен келісіп қойдым. Хатты қызға сол апарып береді. Ақысына он асық, бір сақа сұрады. Мен тауып беремін деп уәде еттім деді қапаланып.

-Ал, сенің көз майыңды тауысып  жазған еңбегіңе не береді?

-Маған да еңбегіңді жемеймін. Кафеге отырамыз. Шокалад, шашылык жейміз, кола ішеміз деді. Мен қажет емес. Еңбегімді сатпаймын дедім. Сосын ол «Алла қаласа, кейін осы әйбат қызға үйленсем тойға шақырамын. Құрметті қонағым боласың. Қарсылық етпесең той төрінде күйеу жолдас боп тұрасың» деді. Мен «Уақытында көрерміз» деп жауап бердім.

-Хаттың басында қыздың, соңында ғашық болған «жігіттің» аттары неге жазылмаған?

-Қыздың аты әлі құпия. Қай қыз екенін мен де білмеймін. Хатты жіберетін күні жазамыз деп жүр.

Әңгіме осымен тәмам болды. Сұрақ та түгесілді. Хат хужожникте қалды. Үш сыныптас сыртқа шықты.

-Хат ағайдың немесе апайдың қолына түскенде не болар еді?-деді Асқар күдікті ойын жасыра алмай.

-Ештеңе де болмайды,-деді художник,-Мұғалім шәкірті сабақ оқымаса, тәртіп бұзса сөйлеуі мүмкін. Ғашық жүректерге ренжи алмайды.

Олар қоштасып тарқасты. Ертай мен Асқар махаббат хаты еске түссе жымиып күлгендері болмаса ешкімге тіс жарып, жақ ашпады. Жабулы қазан қақпағы ашылмаған күйі қалды. Художниктің айтуынша махаббат хатын тоқтатуға ұстазардың да шамасы келмейді екен. Рас шығар. 

                                         * * *

Төрехан телефон тұтқасын қолға алды. Аудандық оқу бөлімінің басшысымен тілдесті. Мектепте өткелі жатқан ісшарадан хабардар етті. 8 сынып оқушылары көтерген бастаманы мақтанышпен баяндады. Жиынға қатысатын маман жіберуді өтінді. Оқу бөлімінің басшысы қуанған сыңай танытты.

-«Ақыл жастан шығады» деген осы. Оқушы балалар жақсы бастама көтерген екен. Бірнеше әдіскер маман барады. Бұл шараның іс-тәжірибелерін ауданның барлық мектептерінде насихаттаймыз. Әр бала туған ауылының тарихын біліп өссін.

Төрехан бұдан соң аудандық «Таң нұры» газетінің бас редакторы Жарқынбек Қырғызбековке телефон қоңырауын шалды. Аз-кем аман-саулықтан соң шаруасын айтты. Сөз соңында:

-Осындай басқосу өткелі жатыр. Бір тілшіңізді жіберсеңіз жөн болар еді,-деді.

-Тілші барады. Редакцияда аудан жаңалықтарын видиокамера арқылы облыстық телеарнаға жолдап отыратын тілшіні де жіберемін,-деді баспасөз басшысы.

Аудан айнасына айналған газет редакторына алғыс айтып қоштасқан мектеп директоры телефон тұтқасын тұғырына қондырды. Сосын күбірлей сөйлеп «Сәттілік деген осы. Екі шаруа бір сәтте бітті» деп мұртынан күліп қойды.

Мектептен ой үстінде қайтқан Ертай өз бөлмесіне келді. Сөмкесін үстел үстіне қойған соң әке суретіне қарады. Күбір етіп үн қатқанын өзі де байқамай қалды. «Әке, екі күннен соң ауылда үлкен жиын өткелі жатыр. Жас жеткіншектер туған ауылымыздың тарихын ардагер ата-әжелердің айтқан әңгімесінен естіп білетін боламыз. Әттең, сіздің өмірде болмағаныңыз өкінішті-ақ. Әйтпегенде бұл жиынға сіз де қатысатын едіңіз ғой».

Көңілін кірбің шалған Ертайдың назары енді әке суреті жанында ілулі тұрған үкілі домбыраға ауды. Бұл әкесінің көзі тірі бос уақытында қолынан түспейтін қазақ халқының қасиетті қоңыр домбырасы. Бұл домбырамен әкесі сахна төрінде талай мәрте күмбірлете күй тасқынын ағызған. Бұл домбырамен талай рет өнер байқауларының додалы жарыстарына қатысқан. Шашасына шаң жұқтырмайтын тұлпардай топты жарып, оза шауып өнер сүйер қауымның ыстық ықыласына ие болған. Әкесін сиқырлы сахна төріне шығарып, қошаметшіл халыққа бас идірген де  осы  он екі перделі, екі шекті қоңыр домбыраның құдіреті еді.

Әкесі өмірден озғалы бұл домбыраға ешкімнің саусағының ұшы тиген жоқ. Қоңыр домбыраның да сахна төрін сағынып, иесін күтіп үнсіз тұрғанынына да жылдан асты. Шіркін-ай десеңші. Әкесі осы домбырамен құйқылжыта құлақ құрышын қандыра күй тартқан сәттерде басына тағылған үкісі де билеп тұрғандай діріл қаға ырғалып тұрушы еді-ау.

Ертай ауыр демалып домбыраға қол созды. Кілем бетіндегі ілгектен мойнын босатты. Құшағына алды. Енді ішкі сыры мен мұң-шерін домбыраға айтып тарқатқысы келді. «Мен бәрін де біліп, сезіп жүрмін. Мен әкемді, сен иеңді сағындың, домбыра. Уақыт шіркін зымыран екен. Әкем екеуіңнің сахнаға шықпағандарыңа да жылдың жүзі болды. Тіптен асып та кетті. Өмірде әкем болмағанмен сен барсың, домбыра. Уайым етіп, жапа шеге көрме. Енді әкемнің өмірі мен өнерін екеуміз жалғастыратын боламыз. Сағынған сахна төрінде күмбірлете күй төгетін күнің де алыс емес. Небәрі екі-ақ күн қалды. Менің де саусақтарым домбыраның шегін шертіп, пернелерін басқанды сағынды. Әкемнің шабыттың шалқарында шалқып орындайтын күйлерін сәтін салса енді мен орындаймын. Шынайы шындықты айту керек. Тек Нұрғиса атаның «Аққу» күйін әкем секілді екі домбырамен тарту әзірше қолдан келмейді. Әкемнің «Балам, талаптансаң, ниет етсең алынбайтын асу жоқ» деп айтқан ақылын мен ешқашан ұмытпаймын. Келешекте үйреніп аламын. Уәде етем. Нұрғиса атаның «Аққу» күйін әкетайым сияқты екі домбырамен сылқылдатып мен шертіп, сырлы сазды әуенін көрермен жүрегіне сен жеткізетін боласың.  Айбол ата әр сөзін терең ойланып, ақылмен айтады. «Азалы, қазалы үйде жыл өткенше ойын-сауық, даңғаза шу болмасын. Аруақтарға тыныштық керек» деген сөзі өте дұрыс. Сол себепті өнер мектебіне сабаққа бармағаныма, қолыма домбыра алмағаныма да жылдан асты. Екі күннен соң ауылда болатын үлкен жиында өнер мектебінің шәкірттері концерт қойғалы жатыр. Осы концертте сахна төріне, ел алдына екеуміз бірге шығатын боламыз. Айттым ғой енді әкемнің өмірі мен өнерін екеуміз жалғастырамыз. Әкетайымның рухы мені де, сені де жебейтін болады».

Ертайдың лүпіл қаққан титімдей жүрегінде өнерге деген құлшыныс, домбыраға деген сүйіспеншілік сезімі атой салды. Әке домбырасын құшақтаған күйі орындыққа келіп жайғасты. Екі шекке сұқ саусағы тигені сол күй дүбірін сағынғандай домбыраға тіл бітті. Әкесі келтіріп қойған құлақ күйі де сол күйінде екен. Ертай одан әрі іркілген жоқ. Әкесінен үйренген күйдің бірін құйқылжыта тарта жөнелді. Домбыраның қос шегін шерткенді саусақтары да сағыныпты. Сол қолының саусақтары домбыраның аққу мойнында зыр жүгірді. Оң қолының саусақтары бозторғайдай бебеу қағып, домбыраның қос шегін самал желдей желпіді. Домбыра шанағынан шалқып тасып шыққан ерке де тәтті күйдің сарыны жағалауға асыққан толқындай алға ұмтылды.

Дәметкен үй ішінен шыққан домбыра үнін ас бөлмесінде жүріп естіді. Қолға алып жүрген шаруасы жайына қалды. Оқтау жұтқандай қалшиған күйі домбырадан шашудай шашылған ырғақты әуенге құлақ түрді. Жаратқан иеге құлшылық жасады. «Құдайым-ау мынау Қайырғалидың домбырасының дауысы ғой. Иесіз қалғандай қабырғаға асылып тұрушы еді. Жо-жоқ, шүкір, тәубе. Иесіз қалмаған екен. Қасиетті қоңыр домбырасын ұлына аманат етіп кеткен екен».

Қуаныш пен шаттықтың сазды әуенін асқақтата, аспандатқан Ахмет Жұбановтың «Би» күйі де толас тапты. Әкесінің домбырасымен Ертайы шерткен күйге жұмсақ жүрегі елжіреген Дәметкеннің қос жанарынан екі тамшы ыстық жас үзіліп түсті.  

Бұл күні Қалимаш мектептен үйге қуанышы қойнына сыймай келді. Екі езуі екі құлағына жеткен ол ағасы Ертайдан сүйінші сұрағандай мақтана сөйледі.

-Аға, мен бүгін үш бірдей пән сабағынан 5 алдым.

-Жарайсың, қарындасым. Жақсы оқысаң болашағың жарқын болады.

-Қазақ әдебиеті сабағында Мұқағали атаның өлеңін жатқа айтып бердім. Мен ғана емес сыныптағы барлық оқушы жатқа айтып 5 деген баға алды.

-Мұқағали атаңның ол қандай өлеңі еді?

-«Анашым» деген өлеңі.

-Қане, айтып жіберші. Мен де тыңдап көрейін.

Қалимаш іркілген жоқ. Таңдайы тақылдап айта жөнелді.

Анашым!

Асыл анам, есіл анам,
Елжіреп есіркеймін, есіме алам.
Мен үшін сен суалтқан ақ сүтіңді
Ақтамасам, боп жүрмін несіне адам.
Алыс жолда жүрсем де арып-ашып,
Ағат ойлап түсірмей жаныңа шық,
Оқытып кешеу барған хаттарымды
Отырмысың үрпиіп, жаның ашып?
Өткізіп талай жылды, ай, аптаны,
Оқуын ұлың жақсы аяқтады.
Анашым, білем сені, қарсы емессің
Кеттім мен тың даланы оятқалы.
Анашым!
Қайда жүрсем сен - күш, арым,
Сүйемін дидарыңды, мен құшамын.
Қайда барсам, өзіндей қарсы алады
Кең байтақ Отанымның кең құшағы.
Анашым!
Жаратылдың бағыма шын
Білемін көңілсізсің, сағынасың.
Қайда жүрсем, қамқоршым Отаным бар.
Қапа болма мен үшін, неғыласың..

-Бәріміздің анамызға арнап жазылғандай ғажап өлең екен. Іркілмей жақсы айттың. Мұқағали атаңның басқа да өлеңдерін оқып, жаттап жүр. Сен Мұқағали атаңның ана туралы өлеңін оқыдың, енді мен әке туралы жазған өлеңін айтып берейін. Жаттап  алған едім.

Әке,сенің жасыңнан асып барам.

Кезі-кезі келгенде тасып та алам,

Кезі-кезі келгенде жасып қалам,

Мына өмірге,бәрібір, ғашық балаң.

Құр алақан емеспін қуаныштан,

Қуаныштар алдымда құрақ ұшқан.

Бір арыстан өмірден өткенімен,

Өмір сүріп келеді тірі арыстан.

Өкінбе, әке, отың бар сөнбейтұғын,

Ол мәңгілік жанады көрмей тыным.

Ұрпағың бар, ел менен ер намысын,

Тірі тұрса, қолынан бермейтұғын.

            Өлеңді көңілі толқи айтқан Ертай қарындасын құшаққа алып, еркелете, мейірлене бетінен өпті.

 

* * *

Күн аптаның соңғы күні жексенбі еді. Түс ауа ауылдық клубқа жиналған көпшіліктің қарасы біртін-біртін молая түсті. Ауылдың ардақ тұтар ата-әжелері жеңіл көліктермен келіп жатыр. Кім шақырғаны өздеріне аян. Бастауыш сыныптың оқушылары да бар қызықтан құр қалатындай топ-топ болып осында жүр. Санаулы минуттардан соң «Ауылым-алтын бесігім» атты жиын басталмақ. Соңынан өнер мектебінің оқушылары концерт қоятынынан ауылдың үлкен-кішісі түгел хабардар еді.

Жиын тізгінін Айнакөл ауылдық округінің әкімі Саят Тілепбергенов ұстады. Мектеп директоры Төрехан Ескермесов бұл  ісшараға әжептәуір дайындық жүргізгенін жасаған хабарламасынан байқатты. Ауыл тарихы өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан бастау алыпты. Ат төбеліндей ауыл тұрғындары ең алғаш бірнеше колхоздарға мүше болыпты. Осы тұста балшықтан тұрғын үйлердің іргесі қаланыпты. Кеңес өкіметінің сол кездегі саясатымен еңбекке жарамды үлкен-кішінің бәрі колхоз жұмысына тартылған. Партияның бесжылдық жоспарларын орындауға атсалысқан. «Айнакөл» су қоймасы соғыс жылдарында салыныпты. 50-ші жылдары аяғында ұсақ колхоздар біріктіріліп «Бірлесу» совхозы құрылған. Ауыл аты да Бірлесу атанған екен.

Мектеп директоры хабарламасының соңын былай деп аяқтады.

-«Айнакөл» су қоймасы қалай салынды? Ауылдың аты да не себепті Айнакөл атанды? Міне, осы сұрақтарға жауап іздеген 8 сынып оқушылары осы жиынды өткізуге мұрындық болған еді. Осы мақсатта су қоймасын салуға, ауылымызды көркейтуге атсалысқан ата-әжелерімізді арнайы шақырып отырмыз. Қадірлі қарияларымыз өткен күндерден, еңбек жолдарынан сыр шертетін болады.

Кең жауырынды денесін тік ұстап, ширақ қадам басқан Айбол ата мінберге көтерілді. Қариялық келбетін ақкүміс сақалы ажарландыра түскен ата айтар сөзін де асықпай бастады.

-Жаратқан иеге шүкірлік етемін. Аспанымыз ашық, еліміз аман, жұртымыз тыныш. Сексеннің сеңгіріне шықтым. Осы жасқа келгенімше «Айнакөл» су қоймасының тарихын менен ешкім сұраған емес еді. Өрімдей үш бала үйіме келді. Аталап сәлем берді. Осындай жиын өткізгелі жатырмыз дегенде қуандым. Жас ұрпақ туған жердің, өскен елдің тарихын, ата-бабалардың, әже-апалардың келешек ұрпақ үшін атқарған істерін біліп өсулері керек. Сонда ғана жүрегі елім деп соғып, туған жерге туын тігеді. Менің замандастарымның балалық шақтары отан соғысының қасіретті ауыр жылдарымен тұспа-тұс келді. Бала болып асық атып, доп қуып, асыр салып ойнағанымыз жоқ. «Соғыс басталды» деген суық сөзді алты жасымда естідім. Ауылдың бір топ жастарымен бірге менің де әкем майданға кететін болды. Сол күні әже-апалар дауыс салып жылағанда тұла бойым түршікті. Бала болсам да соғыстың жаманат хабар екенін сезіндім. Ауылда қалған ақсақалды қария, ақ кимешекті әже, ақ жаулықты ана, зыр жүгірген балаға дейін колхоз жұмысына шықты. Қантөгісті соғыс болып жатса да мектеп жабылған жоқ. Жеті жасымда мектеп табалдырығын аттап, әріп тани бастадым. Сабақтан бос мезгілде оқушылар колхоз жұмысында болдық. Әліміз келген, шамамыз жеткен жұмыстарды істедік. Күндіз үлкеннің де, кішінің де, балалардың да колхоз жұмысынан қолдары босамаушы еді. Жағдай өте ауыр болды. Жарытып, тоя тамақ ішпедік. Ашқұрсақ жүрдік. Әкемнен хат келген күні анам мені құшақтап сүйіп қатты қуанушы еді. «Әкеңнен хат келді. Жау шегініпті. Қуып барамыз. Жеңіс күнін бірге тойлаймыз» деп жазыпты деп мәз болушы еді. Екінші кластан бастап әкеме хатты анамның айтуымен өзім жаза бастадым. Ауылдың жаңалығын, ауа райына дейін жазатынмын. 44-ші жылдың ерте көктемінде аудан орталығынан кісілер келді. «Су қоймасын саламыз. Егін саламыз. Пайда табамыз. Су қоймасын салуға ауданның барлық колхоздарынан жұмысшы күштері келеді» деді. Кешікпей ауыл іргесіндегі екі жотаның бойында су қоймасының жұмысы басталды. Су қоймасының іргетасы қаланған күннен бастап ауылдың еңкейген қарты мен еңбектеген баласына дейін құрылыс алаңында болды. Көптеген киіз үйлер, шатырлы күркелер тігілді. Жұмыс уақытында емшектегі балалар осы киіз үйлер мен шатыр күркелердің ішінде болды. Бесіктегі нәрестелерді тербетіп, жұбату 4-5 жастағы қыз балаларға жүктелді. Жас аналар бесіктегі нәрестелерін анда-санда емізіп кеткендері болмаса жұмыстан қолдары босамайтын еді. Ауылға күн бата, ымырт жабыла бере қайтатын едік. Арада он-онбес күн өткен соң ауданның барлық колхоздарынан көмек келді. Күш-көлік, құрал-сайман, киіз үйлерімен келген көпшілік жұмысшылар санын көбейтті. Әр колхоздан көмекке келгендердің бәрі де алпыс жастан асқан қарттар мен еңбекке жарамды аналар еді. Барлық жұмыстар қол күшімен істелді. Тас қаланды, топырақ төселді. Су қоймасын салуда қарттар мен аналар адам айтқысыз қыруар жұмыстар атқарды. Шаршап, шалдықтым деген ешкім болған жоқ. Өйткені қайраты қайралған жандардың бәрінің жүрегі тек «Ұлы Жеңіс» деп соқты. Жеңіс деген құдіретті сөз бәрінің бойына қуат беріп, күш-жігерін тасытты. Бес-алты жастағы балалардың бәрі өгіз арба айдадық. Аталар мен аналар арбаларға тиеп берген тас немесе топырақты межелі жерге жеткіземіз. Бір күні топырақ тиелген арба үстінде қалғып кетіппін. Иесіз қалған өгіз басқа бағытқа бұрылыпты. Мен «Бригадир ата» аталып кеткен қарияның иығымнан түрткенінен оянып кеттім. Бригадир ата құшағына алып, шаң-тозаң басқан бетімнен сүйді. 

-Оқасы жоқ, балам. Шаршағансың ғой. Жеңіс күні де алыс емес. Майданда жүрген әкең, ер-азаматтар елге жеңіс туын желбіретіп оралады. Жәңіс мейрамын бірге тойлаймыз. Сендер салысып жатқан су қоймасы ырыс-берекенің қайнар бұлағы болады. Егін салып, молшылыққа кенелеміз. Жеңіс мейрамынан кейін балалардың бәрін жұмыстан босатамыз. Мына өздерің салысқан су қоймасында жазда балық аулайсыңдар, шомыласыңдар. Қыста мұз қатқанда сырғанақ тебесіңдер. Кейін есейгенде су қоймасын біз де салысқанбыз деп мақтанып жүретін боласыңдар,-деді.

Бригадир ата бұл сөздің бәрін мені құшақтаған күйі шаң басқан бетімді ақ орамалымен сүрте отырып айтты. Менің ұйқым шайдай ашылды. Жеңіс тойынан кейін арба айдағаннан босайтыным, өзім  көмек берген су қоймасында балық аулап,  шомылып, сырғанақ тебетінім қуантқан еді.

Ер азаматы соғыста мерт болып аза тұтқан қаралы үйлер де көп болды. Мұндай суық хабар жеткен күні ауыл іші күңіреніп кететін. Жылап-сықтаған үлкен кіші бірін-бір жұбатып жататын еді. Ер азаматты жоқтап, сұм соғысқа қарғыс, лағнет айтатын.

Соғыс жылдарының  ауыртпалығы мен қатарлы балаларды ерте есейтті. Тоғыз жаста едім. Таңқаларлық оқиға су қоймасының құрылысы қызу жүріп жатқан мамыр айында болды. Аманкелсіннің әкесі Ерман ағамыз елге оралды. Ат арбадан екі аяғы бірдей жоқ, үйінің алдына домалап түскенде қорыққанымыздан төбе шашымыз тік тұрды. Қариялар көздеріне жас алып, әже, апалар дауыс салып жылады. Аманкелсіннің анасы Қатыш апамыз Ерман ағамызды құшаққа алып еңірегенде етегі жасқа толды. Балалар қорқып әрі ағаны аяғаннан жыладық.

Уақыт өте келе көзіміз үйрене бастады. Оның үстіне Ерман ағамыздың қайсарлығы мен өнері балаларды өзіне тартып баурап алған еді. Ағамыз су қоймасы құрылысынан бір күнде қалған жоқ. Көк түсті сырнайы құшағынан ажырамаушы еді. Аға арбасына мінген бала өзін бақытты сезінетін. Ел-жұрт ол кісіні «Батыр Ерман» деуші еді. Батыр аға ертеңгісін су қоймасына арба үстінде сырнайлатып ән шырқап барушы еді. Екі аяғы жоқ болса да өгіз арба үстіне қолмен тас, күрекпен құм лақтырып қайран қалдыратын. Түскі үзілісті тағы да сырнаймен ән шырқап жұмыстан шаршаған көпшіліктің көңілін көтеретін. Кешкісін ауылға қайтқанда арба үстінде тағы да ән салатын. Жаяу-жалпы шұбырған көпшілік те әнге қосылып ауылға көңілді қайтатынбыз. Батыр аға сезімтал еді. Балалар өкпелеп  қалмасын деп ойласа керек. Әр баланың өгіз арбасына кезекпен мінуші еді. Батыр Ерман аға осылайша сырнайдың сырлы үні, әсем әнімен үлкен мен кішінің еңбекке құлшынысын еселеді. Су қоймасына өзіндік үлесін қосты.

Ауылдан бес шақырым жерде су аяғы құрдымға ағып жатқан Қармақшы өзенінің арнасын су қоймасына бұру жұмысы қолға алынды. Ені бес, тереңдігі үш метр арнаны қазу да қол күшімен атқарылды. Күн суытып, шөп басын бозқырау шалғанда су қоймасының құрылысы толық аяқталды. Су қоймасына су жинау мен егістік алқаптарына жіберу келер жылдың еншісіне қалды.

Қыс өтіп, көктем шықты. Жауын-шашын көп болды. Арнасынан аса толқып аққан Қармақшы өзенінің қызыл суы су қоймасына сарқырай ақты. Қойма суға толды. Бұл кезде шегінген жаудың жеңіліс табатыны белгілі болған. Әкемнің соңғы хаты наурыз айының басында келген. Одан соң хат келу пышақ кескендей кілт тоқтады. Анам қаншама хат жазса да жауап болмады. Елге оралмады. Хабар-ошарсыз кетті. Жаманат хабар болмаған соң анам «Әкең келіп қалар» деп күдерін үзбей өмірден өтті.

Күн жылып, жер қызған соң далада дүбір басталды. Су қоймасының рахатын көруді ниет еткен дихандар егіс алқаптарын дайындады. Тың жерге өгіз соқамен түрен түсті. Айдалған жерлерге ырым етіліп ас атасы бидай егілді.

9 мамыр-Ұлы Жеңіс күнін мерекеледік. Бұл күні ел-жұрттың қуанышында шек болған жоқ. Халық қуаныштан көз жасын көлдетті. Түс қайта аудан басшылары ауылға ат ізін салды. Көпшілік су қоймасына жиналды. Жалынды сөздер сөйленді. Ұлы Жеңіс күні су қоймасын ашу салтанатымен жалғасты. Егістікке ең алғашқы суды жіберу бақыты соғыс ардагері батыр Ерман ағаға бұйырды. Батыр аға қол арба үстінде отырып-ақ жүзі күн көзімен шағылысқан кетпенмен су қоймасының арығын ашты. Осы кезде өжет боп өсіп келе жатқан он жастағы менің сыныптасым Қайроштың қаттырақ шыққан дауысы қуаныш құшағында қол шапалақтап тұрған көпшілікті елең еткізді.

-Бұл су қоймасына енді ат қою керек,-деді ол.

-Бала дұрыс айтады. Су қоймасы атсыз болмайды.

-Қандай ат қоямыз?

Дуылдаса бастаған көпшіліктің дауысын  оң қолын көкке көтере сөйлеген батыр Ерман ағаның сөзі үзді.

-Су қоймасына атты ұсыныс жасаған баланың өзі қойсын. Қане, іркілмей айтып жібер, балақай.

-Кеше кешкісін бір топ бала осында келгенбіз. Су бетінен жаңа туған ай мен өз суреттерімізді көріп қуандық. Су қоймасының атын «Айнакөл» деп қойса қайтеді?

Көпшілік тағы да дуылдасып кетті.

-Әп, бәрекелді! Ақыл жастан деген осы.

-Қандай тамаша ат.

-«Айнакөл» болсын.

-Бір ауыздан қолдаймыз.

Сөйтіп, 9 мамыр Жеңіс күні ата, апа, балалардың салған су қоймасы іске қосылып, «Айнакөл» аталып тарихта қалды. Есейіп ержеткенше бригадир ата айтқандай «Айнакөлде» жазда балық аулап, шомылып, қыста сырғанақ теуіп ойнадық.

Қазыналы қарт Айбол ата тарих қойнауынан сыр шерткен әңгімесін аяқтады. Клуб ішіндегі құлаққа ұрған танадай тыныштықты ауыл әкімінің сөзі бұзды.

-Келесі сөз кезегін «Батыр ана», ауылымыздағы ардақты, асыл әжелеріміздің бірі Сақыпжамал Қалабайқызына береміз.

-Қарияның әңгімесі ерекше әсер етті,-деп бастады мінберге ширақ қимылмен шыққан Сақыпжамал әже,-Іштей егіліп жылап та отырдым. Менің де балалық шағым, сұм соғыстың өзекті өртеген ауыр жылдарында өтті. Менің де әкем майданнан оралмады. Бес жасымда «Айнакөл» су қоймасының құрылысы басталды. Мен қатарлы қыз балалар арбаға тас лақтырып, құм артқамыз жоқ. Бірақ бізге де жұмыс табылды. Тігілген киіз үйлер мен күркелердің ішінде бесіктегі балаларды тербеттік. Тәй-тәйлап жүре бастаған балаларды жыласа жұбаттық. Батыр Ерман аға келген соң біздің жұмысымыз жеңілдеп сала берді. Ол кісі жылаған кішкентай балаларды сырнай тартып, ән айтып жұбатушы еді. Алғашқыда батыр ағаның жоқ аяқтарынан қорқатынбыз. Кейіннен бізге тақпақ жаттатып, ән үйреткен соң ағаны жақсы көріп кеттік. Балажан еді. Балалардың еркелеп, мойнына асылғанын жақсы көруші еді. Сөйтіп, бес-алты жастағы қыз балалар ертелі-кеш су қоймасының жұмысы аяқталғанша жылаған балаларды жұбаттық. Есейдік, үйлі-жайлы, балалы-шағалы болдық. Совхозда еңбек еттік. Егіс алқаптарына бидай, жүгері, мақта, көкөніс ектік. «Айнакөлдің» су қоймасының арқасында еңбегіміздің рахатын көрдік.

Асыл әже әңгімесінің соңын ақ батамен аяқтады.

-Аспанымыз ашық, баларымыз, ауыл-аймағымыз аман болсын.

Ауыл әкімі келесі сөз кезегін Аманкелсін атаға берді.

-Менің әкем жайлы Айбол аға мен Сақыпжамал тәте айтып өтті,-деді көңілі толқи сөйлеген Аманкелсін ата,-Әкем майданнан екі аяқсыз елге оралғанда, «Айнакөлдің» құрылысы басталғанда бір жаста екенмін. Су қоймасының қалай салынғанын білмей өстім. Ержеткен соң шопырлық мамандықпен совхозда еңбек еттік. Жетпісінші жылдары мемлекеттен қыруар қаражат бөлініп, «Айнакөл» су қоймасын ұлғайту, жаңа үлгіде бетондау жұмыстары қолға алынды. Осы жұмыстарға жүк көлігіммен үлес қосқанымды мақтаныш етемін. Елуінші жылдардың аяғында ұсақ колхоздар біріктіріліп «Бірлесу» совхозы құрылды. Егін, мал шаруашылығы дамыды. Жаңа тұрғын үйлер салынып, ауылымыз көркейе бастады. «Айнакөл» су қоймасынан әр көше бойындағы арықтарды жағалап аққан судың арқасында ауылымыз көк желекке оранды. «Айнакөл» ауылдың атын шығарды. Ұмытпасым 1975 жылдың күзі болу керек. Осы клуб үйінде үлкен жиын өтті. Жиында ауыл жастар бастама көтерді.

-«Айнакөл» су қоймасының арқасында ауылымыз жыл санап жаңарып, жасарып келеді. Аудандағы озат шаруашылықтың бірі атандық. Енді ауылдың да, совхоздың, орта мектептің де атын Айнакөл атауымыз керек,-десті.

Бұл ұсынысты көпшілік қызу қолдады. Ауыл, мектеп, совхоз да сол күннен бастап Айнакөл аталған еді.

Жалғасын тапқан жиын барысында зейнет жасындағы қариялар да сөз алып, ауыл халқының берекелі бірлігі мен өрісті тірлігін тілге тиек етті. Іле-шала ауылдық өнер мектебі өнерпаздарының концерті басталды. Сахна шымылдығын «Айару» би тобының бишілері ашты. Әуелете ән салған өнерпаз жасөспірімдер көрермен қауымның зор қошеметіне ие болды. Концерт жүргізуші:

-Келесі тыңдайтындарыңыз сазгер Шәмші Қалдыаяқовтың әні «Ана туралы жыр». Орындайтындар Сәуле Әуесқызы мен Асқар Сағымбекұлы,-деді.

-Әлемнің жарығын сыйладың сен маған...деп ән жолдарының басталуы сол көрермен қауым қосыла үн қатып шырқай жөнелді.

Асыл анаға деген шынайы іңкәр сезім, таңғы шықтай мөлдір ғажап ән үлкеннің де кішінің де жүрегін жаулап алған еді. Көңілдердің қошын келтіре шырқалған әннің қайырмасы да қол шапалақтаумен аяқталды. Бір қолымен сәбиді, бір қолымен әлемді тербеткен асыл аналарға арналған неткен керемет ән десеңізші.

Жүргізуші жігіт тағы да хабарлама жасады.

-Құлақтан кіріп бойды алған күйге де кезек береміз. Келесі тыңдайтындарыңыз сазгер Әбдімомын Желдібаевтың күйі «Ерке сылқым». Орындайтын Ертай Қайырғалиұлы.

Сахнаға ұлттық киім, үкілі домбырамен шыққан Ертай алдымен көпшілікке тағзым етіп, басын иді. Орындыққа да асықпай жайғасты. Осы сәт көптің назары өзіне ауғанын сезген ол ептеп қобалжығандай болды. Көңілдің көк дөнені жүйрік. Ертай өз-өзіне тез келді. «Жо-жоқ. Маған әбіржудің еш реті жоқ. Әкемнің домбырасымен туған ауылымның халқына өнер көрсеткелі тұрмын. Әкемнің көз тірісінде осы сахнада талай мәрте құйқылжыта тартқан күйін бәрі де сағынған болар. Енді әкетайымның орнын мен бастым емес пе?» деген ойға тастүйін бекінген Ертай домбыра бетіне саусақтарын жүгіртті.

Үкілі домбыраға үн бітті. Клуб ішіне еркелей, наздана, есіле жөнелген сазды әуеннің нұры шашылғандай болды. Бұл көп күйдің бірі емес, бірегейі. Бұл ерке күй, сылқым күй. Бұл күпті көңілді марқайтып, жасыған жанды жадыратқан күй. Ертай күй әуеніне құлақ түріп, өзіне көз тіккен көпке қараған жоқ. Әке саусақтарының ізі қалған қос шек пен перне белдеулерінен қарақты көз жанарын айыра алмады. Бәрінің де шегі бар. Сылқ-сылқ ететкен сылқым күй сыңғыр қаға сызыла түсіп алма сабағындай үзілді. Есесіне қол шапалақтау үдеді. Ертай орнынан сыпайы көтерілді.  Қошеметшіл хадыққа тағзым жасап, басын иді.

Көпшілік ашық-жарқын гуілдесе жөнелді.

-Әкесіне аумай тартыпты.

-Әке көрген оқ жонар деген осы.

-Болайын деп тұрған бала екен. Жаратқан ие тіл-көзден сақтасын.

 Жастардың дауысы жарқын шықты.

-Өте жақсы тартты. Күй жұп болсын. Жұп...

Әке домбырасы, сылқым күй, көптің қошеметті сұрауы Ертайдың сезімін серпілтті. Бала көңілін масайратты. Ол өнер сүйер қауымға тағы да тағзым етіп, орындыққа қайта отырды.

Бесінші қатарда әріптес ұстаздар ортасына жайғасқан Дәметкеннің көңіл күйі мүлдем өзгеше еді. Сахна төріне әке домбырасын құшақтай шыққан Ертайының іс-қимыл, әрекетінің бәрі де көз алдында өтіп жатты. Сүйріктей саусақтарымен «Ерке сылқымды» сылқылдатып шерткен бетте-ақ лүпіл қаққан жүрегін сүйіспеншілік сезімі баурай жөнелген. Іле-шала толқыған көңілден қос жанарына жас шыланғанын сезінген ол бекем болуға әрекет етті. «Жылауға болмайды. Жанымда отырған әріптес ұстаздардан ұят болады. Су тиген бордай езіле берудің еш реті жоқ. Қайырғалиға да уәде бердім. Енді жыламаймын дедім». Өз ойымен осылайша арпалысқа түскен Дәметкен көзін уқалаған сыңай танытып қос жанарына іркілген мөлдір тамшыларды саусақ ұшымен іліп алып отырды.

Домбыраға тағы да үн бітті. Киелі аспаптың шанағынан таудан құлаған сарқырамадай мың құбыла құлпырған күй сазы клуб ішін кернеп кетті. Сезімді серпілтіп, құлақ құрышын қандырып, делебені қоздырған асау толқынды күйде құдірет бар. Бір сәтте есті алған елестей болған күйде дүбір пайда болды. Бұл жай дүбір емес. Көк жиекті кең дала, сағымды сахара төсінде аламан бәйгенің ақ шаңын аспанға атқан тұлпарлар тұяғының дүбірі елес бергендей. Жиын басталғалы аудандық басылыман келген екі журналис тізе бүккен жоқ. Бірі видиокамерасын құшаққа алып, бірі қойын дәптер, қаламын қыса ұстаған  екі тілшіні күй әуені баурап алса керек. Сахнаның алдындағы бір бұрышта қаққан қазықтай, тұрғызылған ескеркіштей қалшиып қалыпты. Бұл қоңыр домбыра өнерінің қасиетін паш еткен күй атасы Құрманғазының аты аңызға айналған самалды «Сарыарқасы» еді.

Көрермен қауымды әсем әуенімен әлдилеген күй де шарықтау шегіне жетті. Ертай әке домбырасын құшақтаған күйі тағы да көпшілікке тағзым етті. Ыстық ықыласты қошамет ұзақ ду қол шапалақтауға ұласты. Дәметкен көңіл толқынысына тағы төтеп бере алмады. Әдеттегідей қос жанарына іркілген мөлдір жас тамшыларын сұқ саусағымен сүрткілей берді.

Көптен күткен жиын, көңілді концерт те аяқталды. Жұртшылық сыртқа бет түзеді. Баламысың деген. Бастауыш сыныпта оқитын ер балалар жиыннан алған әсерлерінен арыла қоймаған екен. Клубтан шыққан бетте өзара әңгіменің отын үрлей бастады.

-Тағы да су қоймасы салынса ғой, шіркін. Мен де арба айдап тас пен топырақ тасыр едім.-деді сылыңғыр қара бала.

-Өгіз арбаны барлық бала айдай алады. Мен тас пен құмды қаппен арқалап таситын ем.

Бұл сөзді айтқан ержеткенде үш мәрте «Қазақстан барысы» атанған Бейбіт Стыбаевқа еліктеп балуан боламын деп жүрген толық денелі қараторы бала еді.

-Егер мен соғысқа қатысқанымда,-деді өткір көзді сары бала,-Айнакөл ауылымды жаудан қорғап Ерман атадай батыр атанар едім.

-Ал мен барлаушы болуға лайықтымын. Жаудың атақты генаралын тұтқындап, аяқ-қолын кісендеп, итше тепкілеп айдап келер едім,-деді қағлез келген аққұба бала.

Балалар үйлеріне тарағанша біраз қызықты әңгімені сары қымыздай сапырып тастады.

Әке домбырасын қолға ұстап, үй ішіне енген Ертайға қарындасы Қалимаш құшағын жая ұмтылды. Дауысы да жарқын шықты.

-Аға, сіз добыраны күшті тарттыңыз ғой. Мен сыныптас достарыма мақтандым. Олар да мақтады. Маған да домбыра үйретіңізші.

Ертай  да қос тізесін бүгіп қарындасын құшақ жая қарсы алды. Толқынды бұйра шашынан сипап:

-Үйретемін. Сен де домбырашы боласың,-деді сенімді үнмен.

Ұлы мен қызының бауырмашылдығы Дәметкеннің жұмсақ жүрегін тағы да елжіретті. Ұлының  бүгінгі көрсеткен өнеріне деген ризашылық сезімін елеусіз қалдырған жоқ. Ертайын құшырлана құшып бетінен сүюмен шектелді. Тіс жармады. Ойындағы мақтау сөзін қызы Қалимаш айтып қойған еді.

Ертай әке домбырасын өз орнына түсі ашық кілемнің бетіне ілді. Сосын әке суретіне ынтыға қарап өз ойын үнсіз айтуға асықты. «Әкетайым, бүгін ауылда үлкен жиын болды. Клуб ішіне адам симай қалды. Бастауыш сынып балаларына дейін келді. Келгендері дұрыс. Ауылдың тарихынан хабардар болды. «Айнакөл» су қоймасын соғыс жылдарының қиын кезеңінде салынғанын білдік. Ата, әжелердің әңгімелерінен ауыл тарихына қанықтық. Туған ауылымды жақсы көріп кеттім. Жиын соңында өзіңіз еңбек еткен өнер мектебінің оқушылары концерт қойды. Өнерпаздардың ішінде сіздің де шәкірттеріңіз бар. Сахнаға мен де шықтым. Өзіңіз үйреткен күйлерді тартқым келді. Алғашқыда жүрексініп, қобалжығаным рас. Сіздің рухыңызға сыйындым. Рухыңыз мені демеп, жебеді. «Ерке сылқым» мен «Сарыарқа» кұйлерін тартып, көрерменнің қошаметіне бөлендім. Қарындасым Қалимаш та «Аға, домбыра үйретіңізші» деп өтініш жасады. Уәде бердім. Талаптыға нұр жауатынын білемін. Алдағы уақытта құлының мен ботақаның өміріңіз бен өнеріңізді жалғастырады. Өзіңіздей шебер домбырашы, дәулескер күйші боламыз».

Әке рухымен сырласқан Ертай өзін бақытты сезінді.

Көптің көзі ашық, көкірегі ояу. Теледидар жаңалықтарына назар салып, газет бетіндегі ақпараттар ағынына көз жүгіртіп отырады. Аудандық «Таң  нұры» газетінің екі тілшісі жарады. Араға күн салып облыстық телеарнадан «Елден хабар» айдарымен «Бастамашыл балалар» деген тақырыпта көлемді хабар берілді. Самал желмен толқыны жағалауға асыққан «Айдынкөл» су қоймасы, жасыл желекке оранған ауыл келбеті, клубтағы алқалы жиын, мінберде сөйлеген ата, әжелердің бейнелері, оқушылар концерті сапалы түсіріліпті. 8 сынып оқушылары Ертай, Сәуле, Асқардың жиынды өткізудегі бастамасы атап өтіліпті.

Ертесіне аудандық газеттің ішкі екі бетін түгел  жаулап алған «Ауылым-алтын бесік» айдарымен «Ауыл тарихын зерделеген жиын» атты тақырыпта мақала жарияланды. Тілшінің қаламы жүйрік екен. Құлақпен естіп, көзбен көріп, көңілге түйгенінің бірін қағыс қалдырмай жазыпты.

Телеарнадағы хабар, газеттегі мақала ауылдың атын аспандатты. Үлкеннің де, кішінің де жүрегінде туған жерге, өскен ауылға деген мақтаныш сезімдері еселене түсті. Асқар  аудандық газеттің екі тілшісіне өкпелеп қалыпты. Достары Сәуле мен Ертайдан қазанның түп күйесіндей болған өкпесін жасыра алмады. Мектептен қайтар жолда айтып та қалды.

-Теледидардағы хабар мен газеттегі мақалада үшеумізді балалар деп айтып, жазыпты. Екі тілшінің мұнысы дұрыс емес. Бала деп бастауыш сыныптың оқушыларын айтады.

- Асқар, енді өзің айтшы. Қалай деп айтып, жазу керек еді?-деді Ертай күлімсіреп.

-Егерде мен қаламы жүйрік журналист болғанда былай деп жазар едім. 8 «а» сыныптың есейіп қалған оқушылары көтерген бастама әйбат болды деп.

-Тілшілерге орынсыз өкпелеме, Асқар. Мектеп бітіргенше бізден бала деген ат қалмайды,-деді Сәуле де күлім қағып.

Өзінше жігіт болдым деп жүрген Асқар әділдік болмағанына қапа болғандай іштей тынып, үнсіз қалды.

  Күлімкөз Сәтбекқызы мектепте мұғалім. Бір отбасының сүт кенже қызы. Өткен жылы ғана университет бітіріп, «Дипломмен ауылға» келген. Ағылшын пәнінен дәріс береді. Ауылдастары «Осы қыздың есімін Күлімкөз деп тауып қойған» деседі. Шынында солай. Күлімкөз десе дегендей еді. Үнемі күлімдеп тұратын көз жанары сүйкімді жүзіне одан сайын көрік беріп тұрады. Мінезі де есілген жібек жіптей жұмсақ, сыпайы да инабатты. Сабақ үстінде күлімдеген көз жанары, әдепті мінездерімен шәкірттерінің көңілінен шыға біледі. Адамгершіліктің жақсы қасиеттерін таныта білген жас ұстазды оқушылар да жақсы көріп кеткен. Соңғы күндері «Күлімкөз сөз байласып жүрген жігітіне үйленеді екен» деген алып-қаш әңгіме ауыл ішінде самал желдей есілді. Ауыл айтқыштарының сөзіне қарағанда зейнет жасындағы әке-шешелері кенже қыздарын қазақ халқының салт-дәстүрімен қолдан ұзатпақ. Болашақ құдай қосқан құда, мың жылдық күйеу баланың ауылы қашық емес. Кісінеген жылқының, үрген сақ құлақ иттің дауысы жететін өзеннің арғы бетіндегі ауылда көрінеді. Жақсы қыздың басқа ауылға кететініне іші ашып жатқандар да көп дейді. Ел-жұртты елең еткізген бұл жаңалықтан Күлімкөздің шәкірттері де құлағдар болып, қимастық сезіммен әңгіме етісе бастады.

-Кұлімкөз апай үйленеді екен,-деді ауыл ішіндегі әңгімеге құлақ түріп жүретін Әли.

-Бұл әңгімені кім айтып жүр?-деді художник Санжар.

-Ел аузынан естідім.

-Аңыз ба, ақиқат па?

-Ақиқат.

-Жігіті ауылдан ба?

-Өкінішке орай ауылдікі емес көрінеді.

-Әттеген-ай, сонда қай ауылдың жігіті?

-Көрші ауыл, Жаңатұрмыстікі. Жігітін көргендер де бар екен. Әдемі жігіт дейді.

-Апайдың ауылға үйленгені, бізге сабақ бергені жақсы еді ғой.

-Әрине, бәріміз де қимаймыз. Бірақ басқа амал жоқ. Апай да бақытты болуға тиіс.

-Мен әлі сенбеймін.

-Мен бұл мәселені ертең біржақты етемін. Анық-қанығын білеміз.

-Қалайша?

-Сабақ үстінде апайдың өзінен сұраймын.

-Қой, сұрамай-ақ қой. Ұят болып жүрер.

Әли мен Санжар арасындағы әңгіме осымен тамам болды. Екеуі де апайларының басқа ауылдың жігітіне тұрмысқа шығатынын ұнатпаған еді.

Мектеп өмірі қызыққа толы. Балалардың шат күлкісі, тәтті сөзі білім ордасын думанға бөлеп жатады. Балалықтың базарлы шағы, бәйкүнә қылықтары сынып іші, сабақ үстінде де толас тапқан емес.

Сыныпқа Күлімкөз апай келді. Сабағын бастады. Әлидің сабақ тыңдауға титімдей де құлқы болған жоқ. Өз ойымен  әлек болған жайы бар. Апайдың көрші ауылдың жігітіне тұрмысқа шығатыны художник Санжар айтқандай аңыз ба, ақиқат па? Осы аса маңызды мәселенің ақ, қарасын анықтау керек. Апайы дәрісін үзер емес. Ағылшын пәнінің сырлы құпиясын ашу үстінде. Әліптің артын баққан Әли оңтайлы сәтті асыға күтті. Төзімін тауыса апай да сабағын тәмамдады. Білегіндегі сағатына көз жүгірті де:

-Сабаққа қатысты кімде сұрақ бар? Түсінбеген тұстарың болса айтыңдар,-деді.

Шәкірттерінің бәрі құлақтарына құйып алғандай ешкім белсенділік танытпады. Осы бір қағаберіс сәтті қалт жібергісі келмеген Әли оң қолын көтерген күйі орнынан  тұрды да:

-Апай, менің сұрағым сабаққа қатысты емес,-деді.

-Енді неге, кімге қатысты?

-Сізге, апай.

-Қызық екен. Айта ғой. Жауап беріп көрейін.

Сынып іші тып-тыныш. «Не айтар екен?» дегендей сыныптастар назары  Әлиге ауған. Ол іркілген жоқ.

-Апай, «Ел құлағы елу» деген. Естіп жатырмыз. Сіздің көрші ауылдың жігітіне тұрмысқа шығатыныңыз рас па?

Күлімкөз апайдың қос жанары одан сайын күлімдеп жауап қатты.

-Ұстаздардың шәкіртіне өтірік айтқаны әбестік болады. Бұл сөз рас.

-Апай, біз сізді басқа ауылдың жігітіне қимаймыз. Ауылымызда да жақсы жігіттер бар емес пе?

-Әрине бар. Ауылымызда жақсы жігіттер мүлдем көп. Бірақ бұл менің жеке шаруам. Жүрек қалауы солай болды.

Тап осы кезде үзілістен хабар келді. Күміс қоңырау сыңғырлады. Күлімкөз апай жүзінен күлкі шырайы үзілмеген күйі шәкірттерімен сыпайы қоштасып есікке беттеді. Апайдың көрші ауылдың жігітіне сөз бергені шындыққа айналды. Сынып бөлмесі құлазығандай болды. Оқушылар көңілін қимастық сезімі баурады.

Аудан әкімі Қалыбек Қайратбекұлы Айнакөл ауылында өткен жиынды телеарнадан көріп, газеттен де оқыды. Аудан тіршілігінің ыстығына күйіп, суығына тоңған басшы үш оқушының көтерген бастамасына риза әрі тәнті болды. «Балалар игі бастамаға мұрындық болған екен. Мұндай талғамы мол ісшараны барлық ауылда өткізуді қолға алу керек. Әр ауылдың әкімдеріне ескерту жасайын». Осындай ойға берілген аудан әкімі Айнакөл ауылындағы орта мектеп директорына алғыс айтуды жөн көрді. Телефон тұтқасын қолға алды. Бес жастай үлкендігі бар мектеп директоры қызмет бөлмесінде екен. Байланысқа тез шыға қойды.

-Төке, саламатсыз ба? Мен аудан әкімі Қалыбек ініңіз ғой.

-Аман-есенбіз.  Хабарласқаныңа рахмет, інім.

-Рахметті мен айтуым керек боп тұр, Төке. Жақсы жиын өткізіпсіздер. Теледидардан көріп, газеттен оқып қуанып қалдым. Теледидардағы хабарды бүкіл обылыс жұртшылығы да көріп, ауылымыздың өсіп өркендеп жатқанын білген болар. Ауылдың атын шығарған жиын өткізгендеріңіз үшін рахмет айтамыз.

-Мұндай жиын өткізу ойда жоқ еді. Балалардың еңбегі ғой,-деді директор шындықты айтуды жөн көріп.

-Бөліп жаратын ештеңе жоқ, Төке. Бастама көтерген сіздің шәкірттеріңіз ғой. Абырой бәрімізге ортақ боп тұр. Енді шаруа жайын айтайын. «Айнакөл» су қоймасының айналасын көгеріштендіріп, көркейтуді қолға аламыз. Туристер ат ізін салып, демалатын орынға айналдырамыз. Аудандық орман шаруашылығы мекемесі басшысына тапсырыс беремін. Келер сенбіге дейін түрлі тал, жеміс, шырша көшеттеріне ауылдарыңызға жеткізіп беретін болады. Белсенді ұстаз бен шәкірттеріңіз көшет отырғызуға көмек қолдарын созсын. Айып ете көрмеңіз. Кісілер келіп қалды. Сау боп тұрыңыз.

Күнделікті қызметі басынан асып жататын аудан әкімінің алтыннан қымбат уақытын бөліп рахмет айтқанына  Төрехан қатты риза болды. «Жақсы сөз жарым ырыс» деген. Айтқан алғысы көңілді көтеріп тастады. Бәрі де бастама көтерген үш шәкіртім мен жиын өткізуге белсене ат салысқан ұстаздардың арқасы. Аудан әкімі абырой бәрімізге ортақ деп дұрыс айтты-ау. «Айнакөлді» туристер ат басын іркетін демалыс орнына айналдырмақ. Тал көшеттерін егуге ұстаздарыңыз бен шәкірттеріңіз қол ұшын созсын дейді. Алла қаласа, ол күні «Айнакөл» үшін ауылдың үлкен-кіші демей еңбек ететін шығармыз». Іштей ойға беріліп, көңілі көлдеген Төрехан түс қайта ұстаздарды өзіне шақыртты. Оларға аудан әкімінің айтқан алғысын, «Айнакөл» су қоймасына тал көшеттері отырғызылып, туристер демалатын көрікті орынға айналатынын  мақтаныш сезімімен жеткізді.  

                               

                                         * * *

Сағымбек қоңыраулатқан ұялы телефонын қолына алды. Көкшетау қаласынан хабарласқан досы Мейіржан екен. Көңілді екені сөзінен байқалды. Бала күнгі ақкөңіл, ақжарқын мінезінен айнымапты. Айрандай ақтарылып сөйлеп жатыр.

-Балдәурен балалық шағымыз өткен ауылды, туған жерді сағындым. Жырақта жүрсекте бүйрегіміз ел жаққа бұрып, жүрегіміз  ауылым деп соғып  тұрады ғой. Теледидардан облыс жаңалығын күнделікті үзбей көріп отырамын. Теледидардан туған ауылымды көргенде қуныштан жүрегім жарыла жаздады. Сағыныштан шығар. Қуанғанымнан қол шапалақтап орнымнан тұрып кетіппін. Қызмет, отбасы деп елге жол түспегеніне де біраз жылдың жүзі болды ғой. Алтын бесік ауылым керемет өзгеріп кетіпті. Екеуміз жазда балық аулап, мөлдір суына шомылып, қыста коньки тепкен «Айнакөлді» көргенде көзімнен жас та шығып кетті. Көкшетаудың сексен көлі «Айнакөлдің» қасында түкке де тұрмайды. Рас айтам. Кімге болмасын туған жердің нұрын төккен күні де, жылқы аунаған күлі де, тау-тасы мен мал жалдаған лай суы да ыстық. Ауылдың шалғайда жүрген жігіттері бір-бірімізбен хабарласып жатырмыз. Алла қаласа, жақын күндері кіндік қанымыз тамған қасиетті туған жерге ат ізін салып та қалармыз.  Ауылдан соғысқа аттанып, ел қорғаған майдангерлерге арнап ескерткіш қойылатынын естіп қуанып та жатырмыз. «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған ғой. Біз де бір ұйғарымға келдік. Ауылдан жаңа үлгіде жүз орындық балабақша құрылысын бастаймыз. Құрылысқа қажетті қаражаттың бәрі өзімізден болады. Бастама көтеріп, ауылдың атын шығарған үш балаға өз отбасымнан арнайы сыйлық тапсырамын. Кімнің балалары екенін бара білермін. Айтпақшы, үйдегі құрдас қалай? Ердің жасы елуге келіп қалдық. Ерте қартайтып, алма бетіне әжім түсіріп қойған жоқсың ба? Мен барғанда қыз күніндегідей қылымсып тұратын болсын. Кездескенше сау болып тұр, досым.

Досы Сағымбектің аузын аштырмады. Бір ауыз сөз де айтқызбады. Әңгімені өзі бастап, қалжыңмен өзі аяқтады. Сағымбектің жүзіне күлкі шуағы үйірілді. Балалық шақтары есіне түсті. Шілде айының от боп жанған ыстық күндерінің бірі еді. Мейіржан екеуі ересек ауыл балаларына ілесіп «Айнакөлге» барды. Шомылуға бардық деген аты ғана болды. Әйтпесе екеуі де жүзе білмейді. «Айнакөлдің» жағасында су жалдап ойнап қайтатын. Тұншығып, су жұтып жүріп жүзуді де үйренген. Қыс келгенде екеуі бір күнде коньки сатып алды. «Айдынкөлге» жалғыз аяқ жолмен жүгіріп жеткен бетте аяқтарына конькилерін де асығыс байлайтын. Бір күні Мейіржан көк айдын мұз үстінде оңбай құлап мұрнын қанатты. Бұл мазақ етті.

-Тебе алмасаң конькиді шешіп, лақтырып таста. Шанамен ойна,-деді.

Бекер мазақ еткен екен. Ертеңіне өзі де сүріне жығылып бетін қанатып алды. Мейіржан да мазақ етіп есесін қайырды. Өзінің айтқан сөзін айнытпай қайталады.

-Тебе алмасаң конькиіңді шешіп, лақтырып таста. Шанамен ойна.

Сөйтіп, сан мәрте тұншығып су жұтып, үйрекше сүңгіп, аққуша жүзуді, бір құлап, бір тұрып желдей жүйткіп конькимен сырғанауды үйреткен «Айнакөл» ғой бұл. Шіркін, балалық шақтары қайтып оралса ғой. Жазда күнде шомылып, қыста күнде сырғанақ тебер еді.

Сағымбектің балалық шаққа саяхат жасаған тәтті ойын қызметтік телефонның шырылы үзді. Ауыл әкімі екен.

-Сәке, мұнда келіңізші. Ақылдасатын шаруа боп қалды.

-Қазір.

Саят ауылға әкім болып өткен жылы жазға салым келген. Сырттың жігіті. Аудандық әкімдікте бас маман еді. Дауысқа балама боп түскен үш үміткердің бірі болды. Аты озды. Аудандық мәслихат депутаттарының көпшілік дауысымен округ әкімі атанды. Сыпайылығы мен қарапайымдылығында қылаудай кінәрат болсайшы. Бала жастан қалыптасқан қасиет болса керек. Жасанды, бояма мінез емес. Үлкенге де, кішіге де сіз деп сызылып сөйлейді. Сағымбектен үш жас үлкендігі бар. Солай бола тұра «Сәке, мына шаруаны былай етсек қайтеді? Сіз қалай ойлайсыз? Сіз айтсаңыз болды» деп іш-бауырға кіре сөйлейді. Аппараттағы жас мамандарға да сіз деп тіл қатады. Олар болса «Басекең жасы үлкен болса да сіз деп сөйлегенде ұялып қаламыз. Бірақ ол кісі әзіл-қалжыңсыз шын ниетімен айтады» деп сыртынан әңгіме де етіп қоятындары бар.

Әкім бөлмесінде аппарат жігіттері түгелденіп жиналып қалған екен. Сағымбек орындыққа жайғасқан бетте Саят сөз бастады.

-Аудан әкімі хабарласты. Ауылымызды мақтап жатыр. Теледидардан тамашалап, газеттен оқығанын айтты. «Айнакөл» су қоймасының болашағы зор. Түристер келетін киелі мекенге айналдырамыз. Алдымен айналасына тал-дарақ отырғызамыз. Түрлі тал көшеттерін жібертемін. Сенбілік жасауға дайындық жұмыстарына кірісе беріңіздер дейді. Сәке, осы сенбілікті ұйымшылдықпен өткізуге өзіңіз басшылық жасасаңыз қайтеді?

-Жарайды,-деді Сағымбек,-Сізге сыртта қызмет етіп жүрген ауыл азаматтары хабарласқан жоқ па?

-Әзірше ешкім хабарласқан жоқ. Қандай мәселе жөнінде болу керек еді?-деп әкім Саят қарсы сауал қойды.

- Бүгін жаңа ғана Көкшетаудан кластас досым хабарласты. Ауылдан шалғайда жүрген азаматтар «Жақын күндері елге ат ізін саламыз. Ауылдан жүз орындық балабақша құрылысын бастаймыз. Құрылысқа қажетті қаражаттың бәрі өзімізден болады. Туған жерге туымызды тігеміз. Ауылымызды көркейтуге үлес қосамыз» деп жатыр.

-Сәке, мұныңыз өте қуанышты жаңалық екен. Досыңызбен жиі байланысып отырыңыз. Ауыл азаматтары келетін күні алдынан шығайық. Ас-тұзымызды ұсынып, құшақ жая қарсы алайық. Бұл шаруаға да өзіңіз бас-көз болсаңыз қайтеді, Сәке?

-Жарайды,-деді Сағымбек тағы да мақұлдай сөйлеп,-Менде бір ұсыныс боп тұр.

-Ол қандай ұсыныс? Айтыңыз, Сәке. Төрт көзіміз түгел отырғанда шешіп алғанымыз жөн.

-Соғыс жауынгерлеріне арналған ескерткіш пен балабақша құрылыстыры іргетасы қазықтарын қағу рәсімін бір күнге белгілесек қайтеді?

-Мұныңыз өте дұрыс ақыл болды, Сәке. Солай етеміз. Тағы бір мәселені ақылға салайық. Кеше Айбол ата келіп кетті. Ауыл тұрғындары, жеке кәсіпкерлер телефон қоңырауын шалып жатыр. Ескрткішке жинайтын қаражатты кімге береміз дейді. Шынында кім жинағаны дұрыс?

Осы кезде бас маман Серік сөзге араласты.

-Құдай жолына түскен, шариғат уағыздаған адам. Қаражатты ауылдық мешіттің имамы Берікбол ағамыз жинағаны жөн секілді.

-Дұрыс айтасың, Серік. Қаражаттың кіріс-шығысына да өзің бақылау жасайтын боласың. Көп түкірсе көл болады. Қаражаттан тапшылық көрмейтін секілдіміз. Мен өзім бір айлығымды бергелі отырмын.

-Бәріміз де бір айлығымызды береміз,-деді бас маман Серік.

-Енді ең маңызысы ескерткіш пен тақтаны істейтін адамды іздестіруіміз керек сияқты. Осы шаруамен қалаға өзіңіз барып келсеңіз қалай болады, Сәке?

-Мақұл.

Жиылыс аяқталды. Сағымбек үйіне кеудесіне нан пісіп, көңілді оралды. Түскі ас үстінде әңгіме желісін тартты. Тыңдаушысы құдай қосқан қосағы Әлимаш пен ұлы Асқар. Аппарат жігіттерінің бүгінгі басқосуында сөз болған мәселелерді қаз қалпында айтып берді. Мақтаныш сезіммен айтты. Әңгіме соңын:

-Ауылымыздың аты алысқа ұзай береді. Жақын күндері ауылдың қақ ортасынан жаужүрек жауынгерлерге арналған ескерткіш пен жүз орындық балабақшаның құрылысы жұмыстары басталады. «Айнакөл» су қоймасына айнала түрлі тал-тарақ көшеттері отырғызылады. Келешекте «Айнакөл» су қоймасы көлденеңді көк атты таңдай қағып, бас шайқайтын дәрежеге жетеді. Ауыл халқы мен туристер демалатын зәулім қонақ үйлер де салынады. «Қуырдақтың көкесі түйе сойғанда» демекші, қызықтың көкесі сонда «Айнакөлде» болады,-деп аяқтады  Сағымбек.

Асқарға әке әңгімесі ерекше әсер қалдырды. Балғын кеудесін туған ауылына деген сүйіспеншілік, мақтаныш сезімі баурай жөнелді.

Ертеңіне облыс орталығына сапар шеккен Сағымбектің жолы болды. Іздеген адамымен кездесті. Өзінен жасы кіші жігітті әңгімеге тартты. 

-Алдымен танысып қояйық. Менің есімім Сағымбек.

-Жеңіс.

Сағымбек ауылдан арнайы ат терлетіп келген шаруа жайына көшті. Майдангер батырларға арналған ескерткіш пен тақтаның қажеттігін жеткізді.

-Ескерткіш пен тақта қашан бітуі керек?-деді Жеңіс.

-9 мамыр Жеңіс күніне дейін аяқталса жақсы болар еді.

-Сіздердің ұйғарымдарыңыз бойынша ескерткіштің жобасы қандай болғаны дұрыс?

-Ол жағын өз фантазияң біледі.

-Алдымен келісіп алайық. Ескерткіште бес қаруын асынған қазақ жауынгерінің бейнесін сомдасам. Екі жағына орнатылған мәрмәр тасқа ауылдан майданға аттанған сарбаздардың есімдерін жазсақ қалай қарайсыз?

-Ойың жүйірік екен, інім. Өте жақсы. Осылай болсын. Саудада достық жоқ деген. Енді еңбегіңнің ақысын айта қой.

-Аға, мен биыл отыз жастамын. Менің атам да Ұлы Отан соғысына қатысқан. Мен жарық дүние есігін ашқанда атам шаттана қуаныпты. «Қырғын соғысқа қатыстым. Алла жар боп аман келдім. Немере сүйдім. Атын өзім қоямын. Жеңіс болсын. Есейіп, ержеткенде еткен еңбегі жемісті, жеңісті болсын» деп азан шақырып құлағыма сыбырлапты. Майдангердің немересі болған соң соғысқа қатысқан аталарға деген құрметім де ерекше. Материал шығынын өтеп, аз мөлшерде еңбегімді берсеңіздер болғаны. Жауынгер аталарымыздың аруақтары риза болсын.

-Рахмет, Жеңіс. Майдангер аталарыңның аруағын сыйлағаның үшін отбасыңа Алланың нұры жаусын.

-Телефон нөмірін, агент поштаңызды беріңіз. Жұмыс біткен соң хабар айтамын. Ауылға жеткізу көлігі өздеріңізден болады.

-Тақтаға жазылатын майдангер аталарыңның тізімін әкеліп берейін бе?

-Әуре боп қайтесіз? Агентпен поштама салыңыз. Тізім алфавит бойынша жазылса дұрыс болар еді.

-Солай етеміз. Рахмет, Жеңіс. Абыройлы ісіңе сәттілік тілеймін.

Ауылға кештете оралған Сағымбек атының басын ауыл әкімінің үйіне бір-ақ тіреді. Сапардың сәтті болғанын бүге-шегесіне дейін айтып берді.

-Жолыңыз болған екен, Сәке. Асқарыңыздың қызығын көріңіз. Жеңіспен өзіңіз хабарласып отырарсыз,-деді ауыл әкімі Саят та қуанғанын сөзінен сездіріп.

Әлемнің барлық сұлулығын жинап алғандай Айнакөл ауылының таң алдындағы бейнесі ғажап. Кер маралдай керілген ауылдың көркем келбеті көлденеңді көк аттының көз жауын алып жатыр. Күліп шыққан күн көк төріне өрмекшідей өрмелеп барады. Тіршілікпен тыныс алып, дамылдайтын ауылда жексенбі күні еңбек дүбірі тіптен үдей түседі. Әркім өз отбасында қырық қабат шаруаның қыртысын жазуға бел буған. Ниет еткен тірліктің тізгінін ұстап, жағасына жармасады.

Асқардың күн демалыс екен деп арқаны кеңге салар жайы болған емес. Ойға түйіп, қолға алар тірлігі бүгінде басынан асып жатыр. Алдымен сабақ оқып алуды жөн көрді. Содан соң арқандай шұбатылған шаруалардың бетін қайтармақ. Кешкісін біріңғай әдеби кітап оқуға ден қоймақ болды. Соңғы күндері Илияс Есенберлиннің «Көшпенділері» көз майын алып жатыр. Бұл анау-мынау кітап емес. Қазақ деген ұлы халықтың шежіресі, ата-бабалардың ұрпақтарына ұран болған теңдесі жоқ ерліктерінен сыр шерткен дүние. Егерде қазақ тілі әдебиеті пәні мұғалімі ерікті тақырыпта шығарма жаздырса ғой. Осы «Көшпенділерден» ойға түйгендерін ақ қағаз бетіне маржандай тізіп, қалам тербер еді. Күн көзі сәскеге тырмысқанда Асқар үйге берілген сабақ тапсырмаларын оқып, пысықтап болды. Сыртқа шыққаны сол, есік алдына художник Санжар келіп қалған екен. Салқын амандасқан Санжар:

-Асқар, мен саған келдім. Ертайға барайықшы. Екеуіңмен ақылдасатын шаруа болып тұр,-деді.

Асқар енді байқады. Сыныптасының түр түсі бұзылып кетіпті.

-Жайшылық па?-деп сұрақ қоюға мәжбүр болды Асқар.

-Бара айтамын.

Сіркесі су көтермей қалған художник жол-жөнекей жақ ашпады. Ертай алма тал түбінде кітап оқып отыр екен. Әдеби кітап қызығына берілген ол сыныптастарын жанына келгенде бірақ байқады. Асқар беті жабылған кітаптың мұқабасына көз жүгіртті. Жазушы Дулат Исабековтың «Екі жиырма» атты повестер мен әңгімелер жинағы екен. Санжар Ертаймен де салқын амандасты. Екі көзімен жер сүзіп біраз тұрған Санжар:

-Істі, қылмысты боп қалдым,-деді.

Бұл мектеп оқушысы айтатын сөз емес еді. Сыныптасынан мүндай сөз күтпеген Ертай мен Асқардың кірпіктері қимылдамай қалды. Художник сөзін қайта жалғады.

-Бұлай боларын білмедім. Өзімнен болды. Алданып қалдым. Келіспесем түкте істей алмас еді. 11 «б» сыныптағы Алмас, Қайрат, Бекіш, Ерлан төртеуі кеше түстен кейін үйге келді. Алмас айтты. «Братишка» сенің бізге көмегің ауадай керек боп қалды. Қолтаңбаң керемет қой. Әжет аш. «Тапқыр болсаң тауып көр» деген плакат жазып бер. Тапқырлық жөнінде жарыс өткізетін едік. Бір сағат өткен соң келеміз. Тездетіп бітіріп қой. Бір ауылдың балаларымыз» деді. Маған бір ауыз сөзді жазу қиын болған жоқ. Жазып қойдым. Олар алып кетті.

Художниктің айтуынша «қылмыстық оқиға» одан әрі былай өрбіген. Ауылдағы учаскелік полиция инспекторының аты Әлмен. Лейтенант шенді жас жігіттің ауылға келгеніне жылдың жүзі толған жоқ. Алмас, Қайрат, Бекіш, Ерлан төртеуі көлденең ақша табуды ойластырады. Ақылдаса келе ұрлық жасауға ниет етеді. «Тауық ұрлаймыз. Жексенбі күні Оразалы ағаның «Газелімен» Алтынтас қаласының базарына апарып саудалаймыз. «Жығылсаң нардан жығыл» деген. Полицияның тауығын ұрлаймыз. Тәжірибесі жоқ жас жігіт. Қылмысты ашу қолынан келмейді. Тауықтарды алған соң қорасына «Тапқыр болсаң тауып көр» деген плакатты іліп кетеміз. Плакатты Санжарға жаздырамыз» деп сөз байласады.

Түн жамылған ұрылар өткен түнде он тауықты барымталайды. Іші бос қалған қора есігіне Санжар жазған плакатты іліп кетеді. Етеңіне лейтенант Әлмен аузы ашық қалған тауық қораны, ілулі плакаттың сөзін оқып қайран қалады. Мырс етіп күліп, ойға шомады. «Бұл ауыл балаларының ісі. Анау-мынау емес, полицияның тауығын ұрлаған жүрек жұтқан балалар екен. Ал, полиция лейтенанты тапқыр болсаң тауып көр».

Айнакөл аулынан Асылтас қаласына тәулігіне екі мезгіл «Газель» автобусы қатынайды. Шопыры өткен айда ғана 45 жасын отбасымен атап өткен ойынпаз Оразәлі. Өзі барып тұрған көкмылжың. Ұзақ жол бойында жағы мен тіліне тыныштық бермейді. Бұлбұлша сайрайды да отырады. Көлігіне аяқ артқан сырмінез ауыл адамдары мылжың шопырдың ұзақ сонар әңгімесін бірі тыңдап, бірі құлақ қоймайды.

Түн қатып он тауықты қолды еткен төрт оқушы «Газельдің» ең соңғы орындығына жайғасты. Бір қап ішіне тоғытылған он тауық та мазасыз екен. Қыт-қыттап дыбыс шығарып қояды.

Ауылға қызмет бабымен талай учаскелік инспекторлар келіп кеткен. Ауылдың айтқыштары олардың аты мен қызметтік лауазымын толық айтқан емес. Қысқа-нұсқа «учасковой» дей салады. Бұл күні Асылтаста тығыз шаруасы болған «учаковой» Әлмен де автобусқа мінді. Алдыңғы орындықтың біріне қоныс тепті. Іші жолаушыға толған «Газель» орнынан қозғалды. Жолаушылардың дені ақ жаулықты аналар. Қолдағы сауын сиырлардан алынған өнімдер-сүт, айран, құрт, ірімшіктерін қала базарына апарып пұлдайды. Орайы келсе «бартер» жасайды. Яғни, «орта және шағын бизнес».

«Газель» қала ішіне бас сұққаннан жолаушылар әр тұстан түсіп, қарасы азая бастады. «Конечный» аталған  аялдама базарға тұмсық тірегенде қалған жолаушылар орындарынан өре түрегеліп тысқа беттеді. Орындығына шегеленіп қалғандай «учасковой» ғана қозғалар емес. Ең соңында төрт оқушы да шығар есікке таянды. Қолдарында ештеңе жоқ. «Учасковой» Әлмен шыдай алмады.

-Тауықтарыңды неге түсірмей кетіп барасыңдар?-деді.

Бір оқушы пысықтық танытты. Қысылып, қымтырылған да жоқ. Күле жауап қатты.

-Кешіріңіз, аға. Бұл тауықтар біздікі емес, сіздікі. Біз әуре боп әкелдік, енді өзіңіз алып қайтыңыз.

Сөз тапқанға қолқа жоқ. Әлмен еріксіз күліп жіберді. Балалар «Газельден» түсіп, жөндеріне кеткен соң шопыр Оразәліге қарап тіл қатты.

-Аға, мен ауылға кештетіп қайтамын. Тауықтарды үйге апарып тастай саласыз ба?

-Әрине, апарамын. Мен арқалап бармаймын ғой. Сонда қалай? Түсінбей қалған жайым бар. Жаңағы төрт бала сенің тауықтарыңды ұрлағаннан сау ма?

-Ие, дәл солай болды, аға,-деп жымың етті Әлмен.

-Таңқаларлық іс екен.  Сенің тауықтарыңды ұрласа нағыз баукеспе, жүрек жұтқандар болды ғой.

Түн қатып жасаған ұрлықтары күн құрғатпай ашылған төрт барымташы қалаға кідірген жоқ. Келген іздерімен кері таксилетіп қайтты. Ауылға жеткен бетте алдымен Санжарға жолықты.

-Біз ұсталып қалдық,-деді плакатқа «заказ» берген топтың басшысы Алмас.

-Ұсталғаны қалай? Кімге? Не үшін?-деді аң-таң қалған художник.

-Кездейсоқтық болды. Түнде «учасковойды» тауықтарын ұрлағанбыз. Сенің жазған плакатыңды тауық қораға жапсырып кеттік. Бүгін тауықтарды Асылтас қаласына саудаламақ болғанбыз. «Газельге» міндік. Қырсыққанда қымыран іриді. «Учасковой» да мінді. Қырылып қалғыр тауықтар қыт-қыттап білдіріп қойды. Базарға барған соң тауықтар салынған қапты қолға алмай түсе бергенімізде учасковой «Тауықтарыңды неге түсірмей кетіп барасыңдар?» деді. Сосын мен айттым. «Кешіріңіз, аға. Бұл тауықтар біздікі емес, сіздікі. Біз әуре боп әкелдік, енді өзіңіз алып қайтыңыз» дедім. Учасковой ауылға әлі келген жоқ. Енді біз жауапты боламыз. Қатал заң алдында сен де жауап бересің. Жаныңды қинап қоятын сұрақтарға дайындық жасай бергенің дұрыс. Соны айтқалы келдік.

-Мен не үшін жауап беруім керек? Ұрлыққа қатысым жоқ қой.

-Неге қатысың жоқ? Айғақты зат плакатты айқайлатып сен жазған жоқсың ба?

Художниктің тілі байланды. Барымташылар жөніне кетті. Салы суға кеткен художник Санжардың алдымен Асқарға, содан соң Ертайға ақыл салмақ ниетпен келген беті еді.

Қылмыстық оқиғаға қатысты әңгімесіне нүкте қойған Санжар:

-Енді не істеймін? Басым қатып кетті. Әке-шешеме де тіс жарғам жоқ. «Учасковойдың» тауықтарын ұрлағанға қатысты болғанымды бүкіл ауыл адамдары, мектеп оқушылары түгел естиді. Сосын мені де ұры атайтын болды,-деді мұңайып.

«Жүрек жұтқан» барымташы оқушылардың түнгі жорықтарын тыныстарын зорға алып тыңдаған Ертай мен Асқар өз-өздеріне әзер келді. Шынында естігеннің жағасын ұстатып, таңдайын қақтыратын оқиға еді. Естіген, білген бар ма екен? Полицияның қорасына ұрлыққа түсу бұрын-соңды ешқандай ауылда болмаған да шығар.

Асқардың сыныптас досына жаны ашып кетті.

-Ертай екуміздің қолымыздан ештеңе келмейді. Ауылдың екінші әкімі ғой. Мен әкеме айтайын. Учасковоймен сөйлесіп көрер.

-Әзір әліптің артын баққан дұрыс,-деді Ертай өз ойын білдіріп,-Ұрлық жасағандар шындықты жасыра алмайды. Үйлеріне айтып барады. Әке-шешелері учасковоймен өздері сөйесіп, бір мәмлеге келіп қалар.

Шындығында Ертай ойлағандай болды. Бауыр еті бала үшін ата-ана от пен суға түсуге әзір. Суыт хабарды естіген төрт оқушының әке-шешелері шала бүлінді. Намыстың отына күйген  әкелер қатты кейіді. Алқымдарын ашу қысқан кейбір қатал әкелер ұры ұлдарына таяқ та сілтеді. Өкінішке орай бәрі де кеш еді. Болар іс болып, бояуы сіңген соң айтқан сөзден, сілтеген таяқтан не пайда? Төрт бұзақының әке-шешелері шұғыл бас қосып, ақылға келді. Полицей Әлменнен кешірім сұраудың қамына кірісті. Бір үйге қазан көтеріліп, самаурынға шай қойылды. Учасковойдың ауылға келуін асыға күтті.

Қолды болған тауықтар әлдеқашан өз қорасына аман-есен оралған. Енді Әлмен келсе болғаны. Асылтастан кештете таксилетіп оралған Әлменді Айбол ата бастаған бір топ кісілер ауыл шетінен күтіп алды. Іші қылп ете қалған лейтенант  шапшаң ойланып, іштей шұғыл шешімге келді. «Аты аспандап тұрған ауылдың абзал азаматтары мені жайдан-жай күтіп алып тұрған жоқ. Кешірім сұраудың қамы. Артық сөз, ұрлық жайлы мысқалдай әңгіме айтуға болмайды. Айбол атаның ортаншы баласының өзі менің әкемнен жасы үлкен екен. Атаны, бәрін де сыйлауым керек».

Жеңіл көліктер кісі күтуге дайындық жасап, қара қазан көтерілген үйге тұмсықтарын тіреді. Әлмен кімнің үйі екенін қонақтардың қолына жез құманмен су құйған баладан сезе қойды. Ертеңгісін қаланың базарында «Тауықтар біздікі емес, сіздікі» деп таңдайы тақалдаған баланың нақ өзі екенін айнытпай таныды. Өзі қолына су құйғанда ештеңе бүлдірмегендей күлімсіреп қояды, пәтшағар.

Шіркін, алтын бесік ауылдың адамдары-ай. Оқыс оқиға, ұрлық-қарлық болмағандай әсерлі әңгімелер, қағытпа әзіл-қалжыңдар айтып  отырыстың сәнін қыздыра түсті. Соңғы шай  үстінде ғана ақкүміс сақалын әдетінше саусақтарымен салалай тараған Айбол ата сөз саптаған.

-Батыр Баукең «Тәртіпсіз ел болмайы, Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп бекер айтпаса керек. Өткен түнде балалар балалық жасапты. Осы оқиғадан кейін батырдың сөзі еске түсіп отыр. Жамандығын жасырып, жақсылығын асырған ұлы халықтың ұрпағымыз. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген дана бабаларымыз. Балалардың балалығын кешір, шырағым. Тентектерімізді тезге өзіміз саламыз.

Әлмен де ойсыз емес-тін. Бұл кештегі арқа-жарқа отырыс, тартылған қасиетті дәм-тұз өзіне арналғанын, кешірім де сұралатынын іштей сезіп отырған еді. Үнсіздікті ұзатпауды жөн көрді. Тіс жарды.

-Дұрыс айтасыз, ата. Қызмет бабымен сырттан келсем де Айнакөл туған ауылымдай болып кетті. Бұйырған дәм-тұзын татып, құдығының суын ішіп, ұл-қыз өсіріп отырмын. Балалар балалық жасаса оқасы жоқ. «Бас жарылса бөрік, қол сынса жең ішінде» деген емес пе? Ешкім жауапқа тартылмайды. Тек қызметтестерім естісе ұят болды. «Он тауығыңды қорғай алмадың. Балаларды басыңа шығардың» деп күліп, мазақ ететін шығар. Балалардың тауық қорама «Тапқыр болсаң тауып көр» деп іліп кеткен плакатын оқығанда өзім де күліп жібердім.

Әлмен сөзінің соңын осылай әзілмен аяқтады. Отырған көптің ризалығын Айбол ата жеткізді.

-Рахмет, айналайын. Өркенің өссін. Кең болсаң, кем болмассың.

Бір үйдің қозы-лағының аяғы сынса естіп, біліп отыратын ауыл тұрғындары балалардың түнгі суыт жорықтарынан хабардар еді. Сөйлемесе тісі қышитын ауылдың қалжақпас айтқыштарына рахат болды. «Не болса, ол болсын. Айнакөл ауылының балалары ерлік жасады. Полицияның қорасына ұрлыққа түсу жүз емес мыңның бірінің қолынан келмейді» деп күлісіп жүретін болды.

Лейтенант Әлмен ертеңіне мектепке арнайы барды. Директор Төреханмен оңаша сөйлесті.

-Өмір болған соң бәрі де болады, Төрехан аға. Балалардың тентектік қылықтарын кешірдім. Сізге өтініш айта келдім. Ата-аналар жиналысын өткізіп, төрт оқушыны тәртіпке шақыра көрмеңіз. Балалар көптің алдында ұялып, жігерлері жасымасын. Айбол ата тентектерімізді тезге өзіміз саламыз деп уәде берді.

Директор лейтенанттың адмгершілік қасиетіне риза болды. Қоштай сөйледі.

-Дұрыс айтасың, Әлмен бауырым. Жас жеткіншектерді психолгиялық күйзеліске ұшыратуға болмайды.

Заң алдындағы қорқынышты тергеу амалдарынан аман-есен құтылып қуанышы қойнына сыймаған  художник Санжар ант бергендей Ертай мен Асқарға ойындағы сөзін кесіп айтты.

-«Подчеркімнің» жақсы болғаны өз басыма сор болды. Бұдан былай ешкімге әжет ашпаймын. Қыздарға хат, ұрыларға плакат жазғанды үзілді-кесілді тоқтатамын. Тек қана сурет салумен айналысамын. Болашақта Қастеев Әбілхан ата сияқты атақты суретші болсам ғой деген арманым бар.

-Басыңа тиді ғой. Сөйткенің дұрыс,-деп үлкендерше ақыл қосты Асқар.

Жазушы Дулат Исабековтың «Оң қол» атты әңгімесін оқып шыққан Ертайдың көңілі нілдей бұзылды. Жас жаны жабырқады. Әңгіме кейіпкері сұлу бойжеткен Алманың аянышты тағдыры ой қайығын естірді. Алманың оң қолы өзіне қас жау, дұшпан болған. Оң қолы иесіне қарақшылық шабуылды тек меңіреу түн ішінде тәтті ұйқы құшағында жатқанда жасайды. Алқымынан алып буындырады. Тылсым дүниеде таңғажайып көп. Оң қолдың саусақтары кеңірдегіне тас кенедей жабысқанда бойжеткен ешқандай әрекет жасай алмайды. Бос жатқан сол қолы да көмекке келмейді. Үйде әке-шешенің, емханада дәрігердің қатаң бақылауына алынып, күзетке ілігеді. Айға жуық кесел дертін зерделеген дәрігер бір ғана шешімге келеді. Дұшпан болған оң қолды кесу керек. Басқа үміт те, амал да жоқ. Бойжеткенді операция үстеліне жатқызу жоспарланады. Дәрігер бір ай бойы түн мезгілінде кірпік ілген жоқ. Алманың жанында болды. Оң қолы тамағын қылқындырған бетте арашалап алып отырды. Бір кем дүние. Дәрігер себепті жағдаймен операция ертең деген түні бойжеткеннің жанында болған жоқ. Ажал айтып келмейді. Қаныпезер оң қол сол түні Алманы буындырып өлтіріп тынды. Он екіде бір гүлі ашылмаған Алманы өз қолы мерт еткенде Ертайдың өкініштен өзегі өртеніп қоя берді.

Ертай кітапты сабақ арасында Сәулеге ұсынды.

-Ауылдың кітапханасынан алғам. Дулат ағаның «Оң қол» әңгімесін оқышы. Болған соң Асқарға бер. Ол да оқысын.

Жазушы кітабы Ертайдың қолына ертеңіне қайта оралды. Сәуле мен Асқар «Оң қол» әңгімесі жайлы ой-пікірлерін ортаға салуды ұмытпады.

-Жақсы жазылған шығарма екен. Алмаға жаным ашыды. Аяғаным сонша көзімнен жас та шығып кетті,-деді Сәуле жүзіне мұң  ұялап.

Асқар да жеңіл күрсініп сөзге келді.

-Ерте солған гүлдей болған Алманың қайғылы тағдыры маған да ерекше әсер етті. Өз қолы өзіне ажал құштырғаны өкінішті екен.

Ертай мен Қалимаш кешкі астан соң сабаққа дайындыққа кірісті. Қарындасы ара-арасында жауап іздеген сауалдарын да қойып отырады. Алғашқы сұрағын да қойып үлгерді.

-Аға, мектеп бітірген соң кім боласыз? Қандай жұмыс істейсіз? Әкім боласыз ба?

-Дұрыс сұрақ қойдың, Қалимаш. Болашақты ойлаған жақсы. Мамандықтың жақсы, жаманы жоқ. Әркімнің өз қалауы біледі. Үйге келген газет-журналдарды оқығанда журналист болғым келеді. Журналистер халықтың ортасында, жақсы істердің жанында жүреді. Ел-жұрт оқитын қызықты мақалалар жазады. Әдеби кітапты оқығанда жазушы болғым келеді. Жазушылар жазған әңгіме, повесть, романдар өмірдің шындығын суреттейді.

-Аға, мен де ойланып жүрмін,-деді Қалимаш,-Кеше сабақ үстінде біздің сыныпта оқитын Ләйла ауырып қалды. Қатты жөтеліп құсты. Ақ халат киген дәрігер апай жүгіріп келіп дәрі берді. Білегіне «укол» салды. Ләйла жазылып кетті. Ол кісіге мұғалім апайымыз рахмет айтты. Менің сол апай сияқты дәрігер болғым келеді.

-Дұрыс таңдау жасапсың. Сенің жақсы дәрігер болатыныңа мен сенемін.

Ертай әдетінше қарындасын құшағына алып, еркелете кекілінен сипады.

Біраз күндер алға озған соң Асқар мен Ертай художник Санжарды ортаға алды. Асқар күле сөйледі.

-Біз де құпия сырды ішке сақтай білетін жігіттерміз. Сенің қызға ұрланып жазған хатыңды ешкімге тіс жарып айтқанымыз жоқ. Қолтаңбаңды қалдырған хаттың тағдырын білгіміз келеді. Жігіт жүрегін жаулаған қыз хатқа жауап берді ме?

Санжар сауалға кідірмей жауап берді.

-10-шы кластың қызына ғашық балаға үш күн бұрын жолыққанда сұрағам. Өзінің көңіл күйі жоқ екен. Мұңайып жауап берді. Қыз жауабын кешіктірмеген. Екі ауыз сөз жазған. «Жүрегімде ешқандай махаббат сезімі жоқ. Ғашықтық сырын мектеп бітірген соң ойланатын шығармын. Кешіріңізші...» депті.

-Сонда қыз хатты сіз деп сызылып жазған ба?

-Солай жазбағанда ше? Олар әлі жүрмеген ғой.

-Қызық екен.

Сәуір айы орталап қалды. Ауыл тұрғындары сенбілікке дайындыққа кірісті. Бұл ағымдағы әр аптада талтүске дейін ғана өтетін сенбілік емес. «Айнакөл» су қоймасы айналасына тал-тарақ көшеттері отырғызылатын жұмыс көлемі үлкен сенбілік болғалы тұр. Сол себепті сенбілікке бір кісідей қатысуға бүкіл ауыл жұртшылығы ниет етуде. Әсіресе сенбіліктен құлағдар болған ауыл жастары білектерін сыбанып, алақандарына түкіріп жүрген жайлары бар.

Мектеп директоры Төрехан ауыл әкіміне келді. Ұсыныс жасады.

-Сенбілікті жексенбі күнге ауыстырсақ қалай болады? Ұстаздар қауымы да ұйымшылдықпен қатысуға ниет білдіріп отыр.

-Солай еткеніміз дұрыс,-деді әкім Саят,-Сенбілікке ауылдың үлкен-кіші, бала-шағасына дейін қатысатын сыңайлы.

-Бұл жақсылықтың нышаны.  Береке бастауы ғой.

Жексенбі күнінің ақ таңы арайлап атқаннан ауыл тұрғындары «Айнакөл» су қоймасына қарай ағылды. Шүкіршілік, ауылдың әрбір отбасында бір-екіден жеңіл автокөліктер баршылық. Ата-әжелер, емшектегі нәрестелерін бауырына қысқан жас аналар жеңіл көліктермен, мектеп оқушылары жаяу-жалпы  келіп жатыр. Игілікті істен ешкім де шет қалғысы келмеген. Соғыс жылдарында ата, әжелер, жас аналар мен балалар салған су қоймасын көріктендіруге енді бейбіт күнде үлестерін қоспақ ниетте еді. Ауыл әкімінің мектеп директорына айтқандай «Айнакөлге» ауылдың үлкен-кіші, бала-шағасына дейін келген сыңайлы. Көптен қалғаным ұят болар деп ойланса керек. Төрт түлік малының қым-қуыт шаруасынан әсте қолы босамайтын жеке кәсіпкер Еркебұланның әкесі Айымбек те келіпті. Талғаттың «көкқасқасының» үсті тола күрек, кетпен, шелек. «Көкқасқасына» жегіп алған екі доңғалақты тіркемесінде ауыз су құйылған бөшке де бар.

Аудан әкімі уәдесінде тұрды. Түрлі тал көшеттерін жібертіпті. Бес «Камаз» тал көшеттерін облыс орталығынан аудандық жануарлар дүниесі мен орман шаруашылығының басшысы Шалқар Мәсімов алып келді. Әркімде әрқилы мінез бар. Ол өзінің мақтаныш сезіммен екпіндеп сөйлейтінін байқатты.

-Бес «Камаз» көшеттерді алу оңайға түскен жоқ. Беделімді салдым. Талас-тартысты да түсінуге болады. Тал көшеттері облыстың он ауданындағы әрбір ауылына керек. «Жыламаған балаға емшек бермейді» деген рас. Мен кесіп бірақ айттым. Ерігіп жүрген ешкім жоқ. Шалғай ауданнан келдім. Анада «телевизрден» Айнакөл ауылын, «Айнакөл» су қоймасын көрдіңдер ме? Вот, мен сол су қоймасына апара жатырмын. Жан-жағына жағалай тал көшеттерін отырғызамыз. Келешекте туристер келетін, халық демалатын мекенге айналғалы жатыр. Қалай деуге болмайды ғой. Алла жол түсіріп, Айнакөл ауылының дәм-тұзы тартса сендер де барып демаласыңдар. Болмаса сөздің тоқетерін айтыңдар. Өз үйімнің бау-бақшасына апара жатқаным жоқ. Облыс әкіміне кіремін дедім. Қалауын тапса қар да жанады емес пе. Сөзім өтті, айтқаным болды. Биылша осы бес «Камаз» көшеттерді қанағат етейік. Келер жылы ерте көктемде Алматыға жол тартам. Ақбас Алатаудың шыршасы мен жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіретін Алматы аппортының көшеттерін әкелемін.

Аудандық жануарлар дүниесі мен орман шаруашылығы мекемесі басшысының қызына, мақтана сөйлегені сонша жарықтық етке айтылатын мақалды алмаға да қосып жіберді. Ептеп бірқақпайы бар ауыл әкімі Саят ризашылығын күлімсіреп білдірді.

-Дұрыс жасаған екенсіз, Шәке. Бес «Камаз» көшет әкелу оңай шаруа емес. Біздің қолымыздан келмес еді. Сіздің арқаңызда келді. Ерлікке пара-пар іс істепсіз,- деп онсыз да терісіне сыймай тұрған басшының қолтығына су бүркіп қойды.

Сенбілік салтанатында Айбол, Аманкелсін аталар, Сақыпжамал әже, ауыл әкімі Саят Тілепбергенов, аудандық жануарлар дүниесі мен орман шаруашылығы мекемесінің  басшысы Шалқар Мәсімовтер сөз алды.  Шешендер өз сөздерінде ауыл халқының бірлігі мен тірлігін мақтаныш етті. Елдің амандығын, жұрттың тыныштығын тілеп, себілікке белсене ат салысуға шақырды. Алғашқы тал көшеттерін отырғызу рәсімін осы кісілер бастағаны сол сенбілік бірден серпін ала жөнелді. Жас келсе-іске. Ауыл жастары мен мектеп оқушылары шұқырша қазып, шелекпен су тасып жатыр. Қол қусырып қарап тұрған ешкім болмады. Ауылдың атқа мінер әкім-қара азаматтары да белсене іске кіріскен. Бәрінің де көңілдері көтеріңкі, көз сүйсінерлік қызу жұмыс үстінде. Ертай Сәуле мен Асқарға ойындағы сөзін айтып қалды.

-Су қоймасын салысуға Айбол ата он, Сақыпжамал әже бес жасында қатысыпты. Ал, үшеуміз он төрт жасымызда тал егіп жатырмыз.

-Шіркін, батыр Ерман ата болғанда ғой. Бүгінгі сенбілікте сырнай тартып, ән шырқар еді,-деді Сәуле.

-Онда мен «Лизгинка» биіне билеп берер едім,-деп күпінді Асқар.

-Ал, мен,-деді Сәуле көзі күлімдеп,- Батыр атаға қосылып ән шырқар едім.

Түскі ас ішуге ауылға ешкім ат ізін салған жоқ. Ауыл аналары бірлігі мен тірлігін көрсетті. Ұйғарым солай болса керек. Ошақтарға көтерілген қазандарға «Наурыз көжелер» істелді. Қаздай тізіліп қойылған самаурындардың кернейлерін от жалыны шарпыды. Түскі ас үстінде өнер мектебі ұстаздары мен клуб қызметкерлері концерт қойды. Ұзақ жолдан тосын келген жолаушы болса «Айнакөлде» сенбілік емес той боп жатқандай сезінер еді.

Бұл күнгі сенбілік шын мәнінде дүбірлі еңбек мерекесіне айналды. Бес «Камаз» тал-дарақ көшеттерін тұгелдей отырғызған көпшілік кіші бесінде ауылға бет түзеді. Мектеп оқушылары жаяу-жалпы ашық аспан төрін әсем әнмен әлдилеп қайтты.

Сенбіліктен ой үстінде қайтқан Ертай өз бөлмесіне келді. Әке суреті алдына аялдады. Әдеттегідей ойындағы сөзін үнсіз тілмен айта бастады. «Әке, бүгін «Айнакөл» су қоймасының жағасында сенбілік болды. Мұндай керемет сенбілік еш жерде, еш ауылда болмаған шығар. Ауылда ешкім қалған жоқ. Балаларға дейін қатысты. Бес «Камаз» тал-тарақ көшеттерін ектік. Әттең, сіз болмадыңыз. Әйтпегенде көппен бірге сіз де тал көшеттерін отырғызатын едіңіз ғой. Сіздің орныңызы жоқтатқан жоқпыз. Апам, Қалимаш үшеуміз сіз үшін де жұмыс істедік. Туған ауылым Айнакөлдің болашағы зор болғалы жатыр. Аудан әкімі «Айнакөл» су қоймасын туристер келетін, халық демалатын орынға айналдырамыз депті. Бес «Камаз» тал-дарақ көшеттерін де сол кісі жібертіпті. Ботақан қызыңыз да ақылды болып өсіп келеді. Кеше маған «Мектеп бітірген соң кім боласыз?» деп сұрады. Мен «Журналист, жазушы балғым келеді» дедім. Бүгін түнде қолыма қалам аламын. «Айнакөлде» өткен сенбілікті аудандық «Таң нұры» газетіне жазамын. Тырнақаллы мақаламды жіберемін. Рухыңызбен демей көріңіз, әкетайым».

Осы кезде бөлмеге Қалимаш келді. Өзі тым көңілді.

-Апам шақырып жатыр. Тамақ ішеміз. Бүгін апам еккен талдарға мен де су құйып көмектестім. Сабақ беретін апайымыз сыныптағы балалардың бәрін мақтады. «Жарайсыңдар, қолғанат боп қалдыңдар» деді.

Қарындасының «апам» деген сөзінен Ертайдың есіне әкесі тағы оралды. Әкесі тілі енді шыға бастағанда «әке, апа» деген сөздерді үйретіпті. Есейе бастағанда айтқан ақылын әлі ұмыта қойған жоқ.

-Балам, мені әке, анаңды апа деп айтқаның жөн. Папа, мама деп орыс ұлтының балалары айтады. Біз қазақ деген халық боламыз.

Бұл сонда әкесіне қарсы сұрақ қойған.

-Ауылдың балаларының бәрі әкесін-папа, анасын-мама деп неге айтып жүр?

-Қалай атайды, әр баланың өз еркі біледі. Ал, анаң екеумізге сенің әке, апа дегенің ұнайды.

-Жарайды, әке.

Осы уәдесінде Ертай тұрды да.

-Апа,-деді Ертай анасына дастархан басында,-Мен болашақ мамандығымды таңдадым. Журналист болғым келеді.

Дәметкен ұлына таңдана әрі сүйсіне қарады. Шынында 8 сыныпта оқып жүрген Ертайдан  мұндай салихалы әңгіме күтпеген еді. Анасының ой үстінде қалғанын сезген Ертай сөзін қайта жалғады.

-Аудандық газетке алғашқы мақаламды бүгінгі сенбіліктен бастап жазғаным дұрыс секілді. Қалай қарайсыз, апа?

Толқи жөнелген көңілін әзер басқан Дәметкен ұлының сауалына жауап беруге асықты.

-Дұрыс шешім қабылдапсың. Журналист қастерлі мамандықтардың бірі. Талабыңа нұр жаусын, жаным.

Анасының ақ батасын алған Ертай орнынан тұрып, сыртқа шығып кетті. Дәметкен қызына мейірлене қарап:

-Ағаңның жаңа не айтқанын түсіндің бе, қызым?

-Иә, апа. Ағам маған  журналист боламын деп анада айтып қойған. Газетке бүгін өткен сенбілікті жазады.

-Ағаң газетке мақала жазып отырғанда мазасын алмайсың ғой.

-Әрине, мақала жазу қиын ғой. Көп ойлану керек шығар.

-Сен ақылдысың, қызым.

-Ағам да ақылды.

-Ағаң мақала жазған күні сабағыңа мен көмектесемін. Білмегеніңді менен сұра. Келістік пе?

-Иә, апа.

Ертай жазу үстеліне отырды. Ой құшағына енді. «Сенбіліктің басталғаны мен қалай аяқталғанын көзіммен көрдім. Енді көңілге түйгенімді ақ қағаз бетіне түсіруім керек. Алдымен мақалаға жақсы тақырып қою керек. «Айнакөлде» өткен сенбілік», «Ұйымшылдықпен өткен сенбілік», «Еңбек мерекесіне айналған сенбілік», «Сенбілікке серпін берген күн». Осы тақырыптардың қайсысын қойсам екен. Меніңше «Айнакөлде өткен сенбілік» атты тақырып дұрыс секілді. Өйткені сенбіліктің қай жерде болғанын тақырыптың өзі-ақ білдіріп тұр емес пе?»

Тақырыпты қағаз бетіне түсірген соң Ертай тағы ойға берілді. «Мақаламды қалай бастасам екен? Нартәуекел етіп, былай деп жазайын. «Күні кеше «Аинакөл» су қоймасында сенбілік болып өтті. Сенбілікке ауыл халқы түгел жиналды. Айбол, Аманкелсін аталар, Сақыпжамал әже, ауыл әкімі Саят Тілепбергенов, аудандық жануарлар дүниесі мен орман шаруашылығы мекемесінің  басшысы Шалқар Мәсімов ағалар жалынды сөздер сөйледі. Абыройлы іске бір кісідей ат салысуға шақырды. Іле-шала сенбілік қызу басталып кетті. Сенбілікке ауылдың ардақты ата, әжелері мен мектеп оқушыларына дейін үлес қосты. Бес «Камаз» тал-дарақ тал көшеттері отырғызылды».

Осы сөйлемдерді жазған соң Ертай қайта тосылды. «Журналист болу оңай емес екен. Мақалам қысқа боп қалған секілді. Сенбілікті көркемсөзбен суреттей алмаған сияқтымын. Ойлану керек. Сенбілікшілердің көтеріңкі көңіл күйін, қайнаған қызу еңбекті, шырқалған әсем әнді жазған жөн». 

 Іштей ширығып, намыс отын үрлеген Ертай өжеттік танытты. Жазған мақаласын біршеше мәрте шимайлап, қайта түзеп бітірген болды-ау, әйтеуір. Одан соң компьютерде теріп, «флешкаға» түсірді. Сағат тіліне көз салды. Түнгі екі боп қалған екен. Үлкен бір шаруа бітіргендей көңілденген ол енді демалуды жөн көрді. Ұйқысы келмесе де құс жастыққа бас қойды.

Түн түңлігі серпілді. Арайлап тағы таң атты. Тіршілік тамырына қан жүгірді. Құс ұйқылы Ертай әдетінше ерте тұрып анасына көмектесті. Сауылған сиырларды, уақ малдарды өріске айдады. Жуынып-шайынған соң Асқар досының үйіне баруға асықты. Шаруасы әкесі Сағымбек ағасында еді. Ертайды досының әкесі үй әулісінде қарсы алды. Аман-саулықтан соң Ертай:

-Аға, мен сізге келдім. Шаруам бар еді,-деді.

-Үйдегі апаң шай жасап жатыр. Шаруаңды ас үстінде айт. Халқымызда «Таңғы астан қалма, кешкі асқа қарама» деген нақыл бар.

-Жарайды, аға.

Ертайдың келгеніне досы Асқар мен анасы Әлимаш қуанып қалды.

 –Бір отбасының азаматысың. Жоғары шық  айналайын,-деп бейек болды Әлимаш.

Сүт қатылған шай құйылды. Дәм алынды. Ертай шаруасын айтуға оқталды.

-Ағаң мен кеше өткен сенбілікті шамам келгенше жазған болдым. Аудандық газетке жіберсем бе деймін. Кем-кетігі бар шығар. Алдымен сізге оқытып алайын деп келдім.

-Әп, бәрекелді, жарайсың Ертай! Туған ауылды мадақтап газетке жазған да бір ғанибет қой. Көмектескенде қандай, мақалаң қайда?

-Компьютерге жазып, «флешкаға» түсіріп әкелдім.

-Маған бере қой. Бүгінгі жұмысым сенің мақалаң болады. Енді ешнәрсеге алаңдама. Аудандық газеттің поштасына өзім салып жіберемін. Редкторды да жақсы танимын. Ол кісімен де телефон арқылы өзім сөйлесемін. Ағалық ақ тілегім қаламың ұштала берсін.

-Рахмет, аға.

Ертай үйге қуанып келді. Анасына Асқар досының үйіне барғанын, түнде жазған мақаласын әкесі оқып, аудандық газетке өзі жібермекші болғанын мақтанышпен жеткізді.

-Дұрыс болған екен, балам,-деп сүйсініс білдірді анасы.

Сағымбек жұмыс бөлмесіне енгені сол ұялы телефоны сылдыр қақты. Көкшетау қаласындағы кластас досы Мейіржан екен. Қызмет бабында отырса керек. Бұл жолы қысқа-нұсқа сөйледі.

-Бүгін аптаның дүйсенбісі. Алла амандығын берсе  туған жерге, өскен ауылға сенбі күні ат ізін салып қалармыз. Жиырма үш азамат баратын болдық. Әңгімені барған соң Қармақшы өзенінің көктемгі тасқын суындай ағызармыз. Сау бол.

Байланыс үзілді. Сағымбек ой үстінде қалды. «Ауылға жиырма үш азамат келмек. Ешқайсысы қара жаяу, осал кісілер емес. Арғымақ атқа мініп, сан қырлы жауапты қызметтердің тізгінін қаққандар. Бәрі де кіндік қаны тамған, балдәурен балалық шақтары өткен киелі Айнакөл ауылынан қияға қанат қаққан, түлеп ұшқан түлектер. Енді өз қаражаттарымен ауыл ортасынан 100 орындық балабақша салмақ. Атымтай жомарттық танытып, туған жерлеріне осылай өшпес қолтаңбаларын қалдырмық. Дегенмен ауыл әкімі сырттың жігіті. Жүректерін туған ауылға деген сағыныш сезімі тербеп келе жақан азаматтар менің ағайындарым, бауырларым. Ауылға апталап, айлап келіп кетіп жүрген кісілер емес. Олай болса бауырларымды күтіп алу, құрмет көрсету «екінші әкім» менің міндетім. Жасалатын қызметтің өзі орны, жөнімен болғаны дұрыс. Ертеде ата-бабаларымыз игі жақсы, сыйлы меймандарға тай сойған екен. Құдайға шүкір, жағдайым жаман емес. Мен де солай етемін. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген. Алыстан келген ардақты ағайын, бауырларыма тайдың да, қойдың да басын тартамын. Қазір, ең алдымен Ертайдың шаруасын бітіріп алайын».

Ертайдың мақаласын компьютер бетінен оқып шыққан Сағымбек еріксіз күбір етті. «Сенбілікті қаз қалпында суреттепті. Аудан әкімінің «Айнакөл» су қоймасы туристер келетін, халық демелатын орынға айналады» деген сөзін де жақсы келтіріпті. Кәсіби журналистер секілді тілі жатық, шұрайлы екен. Осы талап, ынтамен жаза берсе жақсы қаламгер болуы да мүмкін. Мен түзейтін еш жері жоқ. Әттең, сенбілікті суретке түсіру ойға келмеген екен. Оқасы жоқ. Келесі ісшараның бәрінде  Ертайдың қасына ауылдағы суретші Еркеғалиды қосып жіберетін боламыз».

Мақаланы аудандық газеттің поштасына жөнелткен Сағымбек редакторға телефон қоңырауын шалды. Жылы шырайлы аман-саулықтан соң шаруасын айтты.

-Кеше ауылымыздағы «Айнакөл» су қоймасында үлкен сенбілік өтті. Мектепте оқитын оқушымыз сенбілікті мақала етіп жазған екен. Пошталарыңызға салдым. Көз қырыңызды саларсыз.

-Ауданымыздағы жылт еткен жаңалықты халыққа жария ету міндетіміз ғой. Бүгін беттері қатталып жатқан газет нөмірінен қалдырмаймыз,-деп уәде етті редактор.

Сағымбек ауыл әкімінің бөлмесіне келді. Көкшетаудағы досының хабарласқанын, сенбі күні ауылға қызмет бабымен сыртта еңбек етіп жүрген 23 азаматтың келетінін, балабақша құрылысын бастайтындарын жеткізді.

-Олай болса сыйлы кісілерді күтіп алу қамына кірісу керек екен ғой.

-Ол жағына алаң болмаңыз. Өзім реттеймін.

Осы кезде бөлмеге жеке кәсіпкер Айымбек кіріп келді. Бұл ауылдағы бақуатты азаматтың бірі, Еркебұланның әкесі еді. Әкім- қаралар келген қонаққа орындарынан тұрып, ізет көрсетіп амандасты. Орындық ұсынды.

-Естіп, біліп, қуанып жатырмыз,-деп әңгіме желісін тартты Айымбек,-Туған ауылымызда жақсы істер қолға алынады екен. Соғыс ардагерлеріне арнап ескерткіш пен тақта тұрғызылып, 100 орындық балабақша салынатын көрінеді. Менің де әкем соғысқа қатысқан. Сүт кенжесімін. Бүгінде жалғанды жалпағынан басып жүргеніміз де сол әкеміздің арқасы. Ел-жұрт ескерткіш тақтаға қаражат жинап жатыр екен. Көштен қалмаймын. Мен де беремін. Қанша доллардан жинап жатқанын білейін деп келіп ем.

-Біздің Айекең тек доллармен сөйлейді ғой,-деп күлді ауыл әкімі Саят,-Ниетіңізге рахмет. Біз де әңгіменің ашығын айтайық. Нақты кесімді баға жоқ. Бере ме, бермей ме? Әркімнің өз еркі өзінде боп тұр.

-Жарайды, енді түсіндім. 10 000 доллар берсем жете ме?

-Айекең атымтай жомарт қой,-деп әкім мақтай сөйледі,-Асқар тау әкеңіңіздің есімі мәрмәр тасқа қашалып жазылғалы жатыр. 10 000 доллар деген сізге не тұрады, тәйірі.

-Дұрыс айтасың. Қолдың кірі бар дегендей. Маған түкке де тұрмайды. Екі сөйлеу әдетімде жоқ. Айтқанымды беремін.

-Рахмет, Сақа. Бала-шағаңыздың қызығын көріңіз.

-Айтқаның келсін. Пендеміз ғой. Кейде кем ойлап қалатынымыз бар. Өткен аптада қап деп өкініп, сан соғып, бармақ тістеп қалдым. Әттеген-ай...

-Қапы қалдырған қандай өкініш еді, Айеке?-деді Сағымбек күлімсіреп.

-Сенбілік жақсы өтті ғой. Сол күні қаражат етемін деп байлап отырған 17 жылқының біреуін сойып тастауым керек еді. Науырыз көжеден кейін қазысы бес елі жылқының етін жеп тіс шұқығанымызда көптің алғысын алатын едім.

-Жақсылықтың ерте-кеші жоқ, Айеке,-деді әкім Саят,- Ауылымызда әлі талай думанды қызықтар болады. Бұйыртса қазысы бес елі жылқыңыздың бірін ертелі-кеш бір жей жатармыз. Отбасы тіршілігімен алыс пен жақынға шапқылап жүретініңізді білеміз. Бұл апта ішінде ауылда боласыз ба?

-Маған қатысты мәселе бар ма еді?

-Сенбі күні ауылдың тысқары жерлерде еңбек етіп жүрген белді азаматтар, бауыларыңыз келгелі жатыр. Балабақша құрылысын бастамақ ниетте. Ескерткіш пен балабақша құрылыстарын бастау рәсімі өтеді. Сіз де ауылдағы бетке ұстар азаматарымыздың бірісіз. Ішінде болсаңыз дегеніміз ғой.

-Айтқандарың дұрыс болды. Әйтпегенде тағы да қапы қалатын едім. Шаруам басымнан асып жатса да ешқайда шықпаймын. Ауыл азаматтарының өз қаражаттарымен балабақша салатынынан хабарым бар. Келетін кіл мықтылардың ішінде Дәулетбай деген мырза менің кластасым еді. Мектепте оқып жүргенде қой ауызынан шөп алмайтын момын, сабағы да орташа болды. Әскерге барып, «үнстетте» оқып адам болды. Бүгінде өзі оқыған «үнстетте» ұстаз, «кандидат наук». Өмір деген үйретеді, ширатады екен ғой. Ол бүйтіп ширап, пысық боп кетеді деп ойлаған жоқ едім.

-Енді кластасыңызбен сағынысып қауышатын болыпсыз ғой,

-Мен дайындыққа кірісейін. Алыстан келген ағайындарға дәм берейін. Кластасым да менің жағдайымды екі көзімен көріп кетсін. Бәрі де бала-шағаның қамы ғой. Сатамын ба деп байлап отырған 67 құнан сектің біреуін сойып тастаймын.

-«Қолы ашықтың жолы ашық» деген. Шіркін, сіздей жомарт жандар көп болса ғой.

Мақтау сөздерден кеудесіне нан піскен жеке кәсіпкер орнынан тұрып екі әкіммен қол беріп қоштасты.

-Аман боп тұрыңдар. Жақсылықта жолығайық. Ескертіп қояйын. Екі сөйлеу әдетімде жоқ. Айтқан сөзімде тұрамын,-деп өзін-өзі көтеріп тастаған Айымбек шығар есікке бет алды.

Түскі үзілістің уақыты болды. Жеңіл көлігіне аяқ артқан Сағымбек үйіне күлімсіреп ой үстінде қайтты. «Шіркін баршылықтың буы-ай. Айымбек  ағам көп өзгеріпті. «Қатты жерге қақ тұрады» деген мақалды көп айта беруші еді. Онысын қойыпты. Теңгені місе тұтпайды. Доллармен сөйлейтін болыпты. Кісілерге 67 құнан сектің бірін соятын болды. Мен тай сойып асып түсейін. Қайтер екен? Тағы да қапы қалдым деп іші күйіп тұз жалар ма екен? Қызық болсын. Әзіл, қалжың, күлкі болмаса ішкен асымыз бойымызға сіңбейтін халықпыз. Ел-жұрт айта жүретіндей әңгіме қалсын. Менікі бәсекелестік емес. Кәсіпкер ағамнан бұрын тай соямын деп ниет етіп, айтып қойғанмын».

 

                                                    * * *

Ауыл тұрғындарына газет-журнал тарататын пошташы жігіттің есімі-Серікқали. Өзінің бірқақпай қалжақпастығы бар. Жүріс-тұрысы мен қызықты қылықтары да көрген кісіні еріксіз езу тартқызатын  нағыз ауыл қазағының бірі. Күн көзі жылт етіп жылығаннан аппақ киім киеді. Ондағысы күн өтпесін дегені. Жерге қар түскенше газет-журналдарды өзі солай атап кеткен шайтан арбамен (велосипед) таратады. Күн күрт суытып, бозқырау түскен сәттен киімі қалың қара түске айналады. Бүгінде қариялар басына жолатпайтын ұлттық түлкі тымақты да осы Серікқали бауларын тамағының астына тас қып байлап киіп алады. Мұнысы жел, суық өтпесін, тымауратып қалмайын деген сауысқандай сақтығы. Алғашқы қар жапалақтап жауған күні шайтан арбасын «отставкаға» жібереді. Аюдай ақырғанда дауысы жер жарған әңгі қара есегіне тақым басады.

Серікқалидың ауылда «жеңеше» деп қытығына тие қалжыңдаспайтын келіншектер кемде-кем. Қабағы салқын кейбір жеңгелерінің өзін еріксіз сөйлетіп, езу тартқызатын «өнері» де бар.

Қайырғалидың қара шаңырағына Серікқали екі құлағы езуіне жетіп, ат басындай алтын тауып алғандай  екі кештің арасында келді. Дәметкен жеңгесін көрген бетте дауысын көтере сөйлеп берді.

-Сүйінші, жеңеше. Сүйінші... Ертай інімнің мақаласы газетке шықты.

Жақсы сөзден жүрегі лүпіл қаға жөнелген Дәметкен күлімсіреп:

-Сүйіншіңе теңге әлде доллар аласың ба?-деп қалжыңдады.

-Сүйінші, көрімдік, байғазы дегендердің кесімді бағасы жоқ, жеңеше. Ырымын жасасаңыз болды. Інімнің мақаласын өзім де әлі оқығаным жоқ. Бірінші әлпештеп, аялап өсірген анасын қуантайын деп шайтан арбаммен құйындатып жеткенім осы болды. Мақала тақырыбының өзі-ақ айқайлап тұр. Үйге барған соң рахаттанып оқимын. Айтпақшы сүйіншіні былай етейік.Түріктің киносындағыдай мейрамханаға барайық. Қатықсыз қара шай ішіп, әңгіме шертейік. Жо-жоқ, бұл болмайды екен. Қара шайға «кәйіп» болмайсың. Әңгімеміз де жараспайды. Ең дұрысы Ертай інімнің мақаласын құрдастарыма «пива» әперіп өзім жуамын. Бір отырысқа шамам жетеді. Қыз көрсе қыңыр қарайтын сүрбойдақ құрдасым Түйтебайдың пива ішпегеніне көп болды. Қаңсыған таңдайын жібітіп, ықылық атқызып, кекіртейін бір. Мақала жазу оңай емес. Оңай болса екінің бірі неге жазбайды? Мен неге жазбаймын? Қалам ұстау үшін теңіздей терең ой, милы бас керек. Амандық болса Ертай Айнакөл ауылының атын шығаратын атақты жазушы болады.

Өз сөзіне өзі риза болған Серікқали бұдан әрі кідірмеді. Қош айтыспастан шайтан арбасының үзеңгісіне аяқ салды. Қуаныш сезімінен ерекше бір күйге енген Дәметкен ішінен «Айтқаның келсін» деп күбір етті. Қызы екеуі өрістен қайтқан малды айдап келген Ертайды сыртта қарсы алды. Газетті ұсынып сөзге келді.

-Мақалаң шығыпты. Құтты болсын. Алдымен өзің оқы. Одан соң қызымыз екеуміз оқимыз.

Қалимаш та қарап тұрмады.

-Құтты болсын, аға,-деп ағасының белінен құшақтай алды.

Осы сәтте анасының да, баласының да көңілдері толқып кетті. Толқыған көңіл күйін сезірмеуді жөн көрген Дәметкен шаруасына асыққан жандай теріс айналды.

Күн көзі күлімдеп ұясына иек артқанда «көкқасқасын» гүрілдетіп Талғат қайнысы да жетті бала-шағасымен. Бауырмашыл Талғат қос қолдап сәлем берген Ертайды қапсыра құшаққа алды. «Жарайсың, бауырым!» деп құшырлана бетінен сүйді де ақкөңіл, аңқылдаған мінезімен сөз тізгінін босатты.

-Айып ете көрмеңіз, жеңеше. Өрістегі төрт түлік малға қарайлап кешігіп келдік. Аудандық газетке бауырымның мақаласы шығыпты. Құтты болсын. Келініңіз екеуміз үйге келген бір газетке таласып оқып шықтық. Керемет, ғажап жазылған. 8-ші кластың оқушы баласы жазды деп ойламайсың. Ойы да, қаламы да жүйірік екені білініп тұр. Тілі, стилі тым бөлек. Оқыған бетте баурап әкетеді. Алла қаласа Ертай бауырым мектепті «Алтын белгімен» бітіреді. Оқуға грантпен түседі. Президенттік степендиямен оқиды. Қалаған қаласына өзім апарып орналастырып келемін. Уақыттан ұтылмайсың. Ұшаққа, әуе кемесіне отырамыз. Жолақысын өзім көтеремін. Жыл он екі ай ауылда жүре берген соң жалығады екенсің. Бауырымның арқасында бір қыдырып қайтамын.

Осы кезде келіншегі Айым жымың етіп сөзге келді.

-«Көкқасқаңмен» бармайсың ба?-деп қағытты.

-Жеңеше, осы келініңіз кейінгі кезде біртүрлі емес, нешетүрлі болып жүр, түге. Көкқасқамды ұнатпайды. Шетелдік жеңіл көлік алайық дейді. Ал мен «иномарканы» ұнатпаймын. Көкқасқама мінсем түйемен жүргендей боламын. Қалай екенін қайдам? Әлде солай көріне ме? «Иномаркаға» мінсем болғаны кең дүние тарылғандай қысыламын. Жол қуған олжаға жолығады. Көкқасқамның қия басқан жерінің бәрі орта және шағын бизнес. Үстіне әлдекім жүк артса болғаны қышыған алақаныма теңге түседі. Қара қылды қақ жарып, төрелігін айтыңыз, жеңеше. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?

Дәметкен күлімсіреп уәж айтты.

-Отбасылық шаруаны өздерің ақылдасып шешкендерің дұрыс қой,-деді.

Талғат алқалы басқосу, маңызды жиындарда айтылатын сөздерді осы арада киістіріп жіберді.

-Жеңіл көлік алу, алмау бүгінгі күн тәртібіндегі аса маңызды мәселе емес. Бұл мәселені осы үйде дауысқа салып, шешу үшін келгеніміз жоқ. Басты шаруа Ертай бауырымның газетке шыққан мақаласына құтты болсын айту. Қазақ ырымшыл халық. Бес жастағы баласы тайға мініп тізгін қақса «Тоқым қағар» ырымын жасайды. Бауырымның тырнақалды мақаласының тоқым қағарын мен жасаймын. Ертең кешке біздің үйде боламыз. «Декабрский» марқа қозыны соямын. Бұйырған дәмді бөлісіп, ішіп-жеп арқа-жарқа бір отырайық.

Келін Айым шай қамына кірісті. Дәметкен қысқы соғымнан қалған жылқының сүр етін қазанға салды. Ертай өз бөлмесіне келіп, әке суретінің алдына аялдады. «Әкетайым, бүгін сіздің жанұяңыз қуаныш құшағында. Ұлыңыздың тырнақалды мақаласы аудандық газетке шықты. Ең алғаш анам мен қарындасым құтты болсын айтты. Көкқасқасымен Талғат аға, Айым тәте балаларымен келіп қуанышқа ортақтасып жатыр. Талғат ағам жаны жайсаң жан ғой. Ертең «декабрский» марқа  қозысын сойып, менің жазған мақалам үшін «тоқым қағар» жасайтын болды. Газетке шыққан алғашқы мақаланың жөні бөлек екен. Көңілім қазір қатты толқып тұр. Алдағы уақытта да ой, ізденіс үстінде жүріп, қаламымды ұштай беремін. Журналист болғым келеді. Қатты ұнайды, қызықтырады».

Асқар тау әкесінің рухымен осылайша үнсіз сырласқан Ертай орындыққа келіп жайғасты. Қолындағы бүктеулі газетті жазды. Ішкі үшінші беттегі «Айнакөл ауылындағы сенбілік» атты тақырып көзіне оттай басылды. Қуанған сезімнің әсері шығар. Жүрегі лүпіл қақты. Газеттің жарты бетін алған өз мақаласын асықпай оқып шықты. Алғашқыда көңілінде «Қалай болар екен? Мақалам көп өзгеріске ұшыраған шығар» деген мазасыз оймақтай ой да болған еді. Күдік бұлты сейілді. Екі сөйлемге ғана түзету жасалыпты. Әсіресе мақала соңындағы «Ертай Қайырғалиұлы, Айнакөл орта мектебінің 8 сынып оқушысы» деген сөздер көзіне тым ыстық көрінгені сонша көңілі көлдеп, арқаланып сала берді.

Жылт еткен жаңалыққа жаны құмар ауыл адамдарының бұл күнгі әңгіме арқауы Ертайдың мақаласы болды. «Жақсы жазған екен», «Ертай газетке жазбағанда сенбілікке бүкіл ауыл халқы қатысқанын аудан жұршылығы білмейтін еді», «Сенбілікке ұйымшылдықпен қатысқанымызды аудан әкімі де оқып риза болған шығар» деген секілді әсерлі бір-екі ауыз сөздер таудан аққан бұлақ суындай сыңғыр қақты. Асқар әкесі мен анасына:

-Ертай досымның мақаласы жарық көрді,-деп өзі жазғандай мақтанды.

Асқар екі ойлы болды. «Үй арасы алыс емес. Ертайдың үйіне жүгіріп барып құттықтауға болар еді. Бірақ сыныптас достардан бөлінбейін. Дос қуанышын көппен бірге бөліскен жөн». Сыныптастар да Ертайдың газетке шыққан мақаласынан хабардар екен. Ертесіне сынып бөлмесіне кірген бетте шуылдасып қоя берді.

-Жарайсың, Ертай.

-Оқыдық, жақсы жазыпсың.

-Басқа сыныптың оқушылары жазса қайда қалды екен?

-Енді өзіміздің сынып оқушыларының қызықты өмірлері жайлы жаз. Мақтанып жүрейік.

Алғашқы сабақ ағылшын пәні еді. Пән мұғалімі Күлімкөз апай сынып бөлмесіне мектеп директоры  Төрехан ағай және  сынып жетекшісі Гүлнұр апаймен бірге келді. Оқушылар орындарынан өре түрегеліп сәлем берді. Директор ағай айтар сөзін сабақтады.

-Мектеп өмірінде жақсы жаңалықтар болып жатыр. Ертай Қайырғалиұлының мақаласы газетке шықты. Қаламың ұштала берсін, Ертай. Тағы бір қуанышты жаңалық жаңа әзірде ғана телефонмен хабарлады. Санжар Қуатұлының облыстық конкурсқа жолдаған «Ауылым-алтын бесік» атты суреті бас жүлдені иеленіпті. Бәйгең құтты болсын, Санжар. Түстен кейін облыс орталығына жетіп қонғаның жөн. Марапаттау рәсімі ертең сағат 10-да болады екен. Мекен-жайын беремін. Талапты шәккірттер тәрбиелегені үшін сынып жетекшісі Гүлнұр апайларыңа мектеп дирекциясы атынан алғыс айтамыз.

Кеуделерін екі сыныптасы мен апайларына  деген мақтаныш сезімі кернесе керек. Оқушылар орындарынан атып тұрып, ду қол шапалақтап жіберді.

Ауыл тұрғындарының құлағы түрік. Алдағы уақыттарда болатын оқиғаларды ұзынқұлақтан естіп, біліп отырады. Сұлу бойжеткен Күлімкөздің көрші ауылдың сері жігітіне ұзатылу тойы оқу жылының аяқталуына шегерілді. Әке-шешесі солай шешім қабылдапты. 100 орындық балабақша салатын азаматтардың ауылға келетін күні де белгілі болды. Осы сыйлы азаматтарды күтіп, құрметтеп жіберуге дайындық жасап, шала бүлініп жатқан ағайын-туыстардың да қарасы көбейді. Жол қашанда үлкендікі. Алғашқы дәмді ауыл ақсақалы Айбол ата беретін бопты.

Ауыл мақтанышына айналған сыйлы кісілерді күтіп, дәм татыруға ниет еткеннің бірі Талғат еді. Олай болатын жөні де бар-тын. Белді азаматтардың ішінде кластасы Баймұрат та бар. Балалық шағы, өткен күндер еске түсті, езу тартты. Құлын-тайдай тебісіп өскен Баймұраттың аты оныншы класта оқып жүргенде-ақ алысқа ұзады. Тығыршықтай толық, орта бойлы, шымыр боп өскен Баймұрат ауылдағы спорт мектебінің бокс бөлімінде дәріс алды. Ауыл балалары оның спортқа деген сүйіспеншілігіне, тіптен жаттығулар жасаудағы жанкештілігіне қайран қалысты, таңдай қағысты. Таң енді ғана арайлап атып келе жатқанда ауыл көшелерін айнала жүгіріп жүргенін екінің бірі көретін. Жанында тайыншадай ірі аламойнақ иті де қалыспай шапқылап жүретін. Көшеде бос жүрген иттер үріп жолға шыққанда аламойнақты көрген бетте қайқайған құйрықтарын төмен салып үндері өшіп қалушы еді. Ауылдастар аламойнақты Баймұраттың «оқ қағары, охраны» дейтін. Істен шыққан шынжыр табанды «ДТ» тракторының дөңғалақтарынан өзі құрап алған зілтемірді көтергенде шаршап, шалдыққанды білмейтін. Былайғы жұртқа еріккеннің ермегіндей көрінетін жаттығулардың сан түрін ойлап табушы еді. Екі марқа қозыны екі қолтығына қысып алып, үй әулісінде зыр жүгіріп жүргенін көршілері көріп талай тамашалаған. Бес жасында тайға тақым басқан Баймұрат ат құлағында да ойнады. Есейе келе ауыл сыртындағы атшабарда бірнеше жерге түюлі шүберек тастап, іліп алып жүрді. Ауылда өткен мерекелік ұлттық ойындарда теңге ілуде ересек жігіттердің өзі Баймұратқа тең келмеді. Теңге ілу де қиын спорттың түрі емес екен. Баймұрат ер үстінде аяғынан тік тұрып аттың басын қоя беріп шапқанда көзі көргендердің бойларын қорқыныш билейтін. Түсі қара көк «Урал» атты велосипеді болды. Баймұраттың ептілігінде шек жоқ еді. Осы велосипедтің алдын көтеріп алып, жалғыз доңғалақпен зырылдатып айдағанын көрген балалар қорыққандары әлде жығылады деп аяғандары  шығар. Көздерін тас жұмып алушы еді.

Күзге салым ауылда жасөспірім балалар арасында бокстан аудандық жарысқа іріктеу басталды. Спорт мектебінің жаттығу алаңына құрылған шаршы алаңда спортшылар өз салмақтары бойынша бақтарын сынасты. Олимпиада ойынын қызықтайтындай үлкенді-кішілі көрермен де көп болды. Класстас балалардан ешкім қалмапты. Бәрі Баймұратқа «боленчик» боп барды. 55 келе салмақта былғары қолғап киген балалар рингке шықты. Бірнеше жұптар өнер көрсетті. Біруақытта аты-жөні аталғаны сол екі білегінің бұлшық еттері білеуленген Баймұрат шаршы алаңға ойнақтап шықсын. Кәсіпқой боксшылар секілді бос қолдарын әрі-бері сермеп, жұлқынып бір орында тұра алар емес. Қарсыластарының аты-жөні хабарланғанымен ешкім рингке шықпады. Жарысқа қазылық еткен бірнеше төрешілер бастарын түйістіре шүйіркелесіп кетті. Ақылға келсе керек. Нәтижесін хабарлады.

-Баймұрат Сарманұлына қарсылас жоқ. Бұл салмақтағы боксшылардың ешқайсысы шыққысы келмеді. Сол себепті Баймұрат Сарманұлын 55 келе салмақтағы жеңімпаз деп жариялаймыз. Екінші және үшінші орын жүлдегерлерін енді анықтаймыз,-деді.

Спорт зал іші «боленчиктердің» айқай-шуынан жаңғырып кетті. Кластастар алақандандарын аямастан ұрды-ау бір. Сол күні үйлеріне өкініп, сан соғып қайтқандар да көп болды.

-Әттеген-ай, Неткен өкінішті еді. Баймұраттың шаршы алаңда жасындай жарқылдап ойнағанын көре алмадық-ау.

-Қарсыластарына жан керек болды. Қорыққандарынан бәрі де «отказ» берді.

-Нартәуекел ету керек еді. Жығылса жер көтеретін еді ғой.

-Сен де айтасың-ау. Баймұраттың жасаған жаттығуларын көргендер жүрегі дауалап қалай шыға қойсын.

-Ана мақтаншақ Әлиасқар неге шықпады? Әшейінде екі көшенің атаманымын деп төсін ұрып, екі иығын жұлып жеп жүруші еді.

-Бокс еріккенің ермегі емес. Ептілік, батылдық, жүректілік керек. Әлиасқар төменгі кластың балаларына қораздай қоқиланып, атаман болып жүрген жоқ па? Өзі үшінші орынға ұпай санымен әупіріммен әзер ілікті.

-Мен байқап отырдым. Төреші жақтасып, екі-үш ұпай қосып жіберді ғой.

-Ойда-қырда бәрін де біздің Баймұраттың мысы басты. Жасап жүрген «триноровкасын» көзбен көрмесе де естіген шығар. Сосын қарсыластарының үрейлері ұшты. Накдауын емес, накаут алатындарын жүректері сезді.

Баймұраттың бапкері отыз бес жастағы мақтанып сөйлегенді жаны сүйетін жігіт Мейрамбай еді. Фискультура институтын бітіргелі ауылдық спорт мектебінде жаттықтырушы болып еңбек етіп келеді. Әңгімені жақсы айтады. Тілге шешен, қара сөзден қамал тұрғызатынның нақ өзі. Жасөспірім шәкірттеріне мектепте оқыған балалық шағынан сөздің майын тамызып, естеліктер айтып қоятын әдеті де болды.

-Біз де сендердей бала болғанбыз. Мектеп қабырғасында жүргенде спортты жанымдай сүйдім. Балалық шағымның қызықты сәттері «Айнакөл» су қоймасында өтті. Жаздың күні айдынның о шеті мен бұл шетіне демалмай жүзіп барып келетін бала мен ғана едім. Біраз балалар еліктеп жарым жолда шарщап, су жұтып әлекке түсетін. От пен су тілсіз жау. Кейбірі суға бата жаздағанда аяқтарынан сүйреп жағаға алып шығушы едім. Жүзе алмайтындары бар маған ілесіп несі бар десейші. Ал қыстыңкүні көкала мұз үстінде конькимен мәнерлеп сырғанап, түрлі музикаға билейтінмін. Бірде «Ламбадағы» билеп достарымды таңқалдырдым. Сосын футбол десе ішер асымды жерге қоюшы едім. Қарсылас команданың шабуылшы, қорғаушыларын бір өзім алдап өтіп гол соғатынмын. Бірақ мен голды қақпаның тек сол жақ қапталындағы жоғары бұрыштан соғатын едім. Жоғары бұрышқа ұзынтұра қақпашылардың бірінің де серейген қолдары жетпейтінін білетін едім. Он бір метрлік айып добы менің еншімде ғана болатын. Өйткені жоғары бұрышты ешқандай «футболист» көздей алмайтын,-деп шәкірттерінің спортқа деген құмарлығын арттыра түсуші еді.

Бір күні Баймұратты бапкері Мейрамбай аудандық жарысқа алып кетті. Бірінші орынды иеленіп, облыстық жарысқа жолдама алып келді. Бапкерінің айтуынша Баймұратқа қарсылас төрт бозбала болыпты. Өкінішке орай ешқайсының Баймұратты тасталқан етіп, тізе бүктіруге  шамасы, қауқары жетпеген. Төртеуі де бірінші раунтта накаутпен ұтылып ұятқа қалыпты.

Облыстық жарысқа аттанарда бапкері Мейрамбайдың ырымшылдығы ұстады.

-Қазақ халқының жақсы салт-дәстүрі көп,-деді ол шәкірті Баймұратқа,- Ұзақ жолға шығарда ақылы бар жігіттер ауыл ақсақалынан бата алады. Біз де солай етеміз. Айбол атаның ақ батасын аламыз.

Мән-жайды түсінген Айбол ата екі алақанын жайып:

-Жортқанда жолдарың болсын. Туған, өскен ауылдарың Айнакөлге абыройлы, олжалы оралыңдар. Жаратқан ие ниетімізді қабыл етсін,-деп бетін сипады.

Баймұрат облыстық жарыста тағы да топ жарды. Ауылға қуанышы қойнына сыймай кеудесіне нан пісіп оралған бапкер Мейрамбай «тіл» сұрағандарға ауызының суы құрып былай деді.

-Облысымыздың түкпір-түкпірінен «сен тұр мен атайын» дейтіндей кіл мықты спортшылар келді. Шаршы алаңдағы шайқастар тартысты, қызықты болды. Алған әсеріңді тілмен айтып жеткізу қиынның қиыны. Арнайы барып, көзбен көріп тамашалау керек еді. Көңілдеріңе келсе де айтайын. Ауылдан арқандаулы аттай ұзап шықпайсыңдар. Әбден үй күшік болып қалғансыңдар. Ал мен көрдім. Баймұраттың сойқан соққыларын көріп жаным рахаттанды. Финалға дейін төрт жігітпен жұдырықтасты. Үш қарсыласын екінші раунтқа жеткізген жоқ. Бірінші раунт-ақ сұлатып салды. Бапкерлері мен дәрігерлер зыр жүгірді. Есін білмей құлап жатқан қандай қорқынышты. Қандасың қазақ жігіті болған соң жаның ашиды екен. «Қап, мына Баймұратты-ай. Абайлап, жанына батырмай ұрса қайтеді? Бір отбасының үкілеп, аялап өсіріп отырған баласы мертігіп қалса обал-ау» деп іштей қиналып, аяп та отырдым. Ақтық айқасқа, финалға шыққан қарсыласы мықты екен. Бірінші раунтта қаша ұрыс жасап бетіне қолғап дарытпай қойды. Үзілісте Баймұраттың құлағына «Сенің алдыңдағы ұрыстарыңды көріп қорқып жүр. Қуалап жүріп ес жинатпай сабала. Айбол атаның ақ батасы қолдасын» деп сыбырладым. Шәкіртім басын изеді. Былғары қолғаптар қайта түйісті. Зал ішін у-шу, ысқырық дауысы кернеді. Ішкі түйсігім сезіп отыр. Көрерменнің бәрі бейтаныс болса да  Баймұратқа «болейт» етіп жатыр. Шәкіртім ақыл кеңесімді екі етпеді. Қуалап жүріп сабады дейсің. Шаршы алаңдағы шайқастың жөні бөлек. Қас қағым сәтте көрермен күтпеген жағдайлар болып жатады. Баймұраттың келесі бір сойқан соққысы қарсылысын шалқасынан түсірді. Шәкіртім кейін шегініп кетті. Төреші саусақтарын бүгіп санауға кірісті. Бір... екі... үш...төрт... Тұрып кетті. Ұрыс қайта жалғасты. Тағы да қуғын-сүргін. Еще, накаут. Бір... екі... үш... төрт... бес...Қарсылас басын сілкіп шайқады да тізе бүккен орнынан тағы тұрып кетті. «Жығылған күреске тоймайды» деген емес пе? Жұдырықтасуды қайта жалғастырды. Баймұраттың соққысы тіптен үдеп кетті. Осы кезде түрі өрт сөндіргендей түтігіп кеткен бапкері ринг ішіне ала орамал лақтырды. Төреші екі қолын шапшаң сермеп ұрысты тоқтатты. Ептеп есі кетіп қалған-ау. Қарсылас әрі-бері теңселіп әзер тұрды. Зал іші құлақ тұнған айқай-щуға ұласты. Мен асқан шапшаңдықпен ринг ішіне өттім де Баймұратты белінен қапсыра құшаққа алдым. Тік көтерген күйі ринг ішін жүгіріп бір айналып өттім. Қуаныштан болар көзімнен жас та шығып кетті. Шәкіртімнің соққысы сойқан, жұдырығы кубал екен. Үкілі үмітімді байрақты бәсекеде ақтаған шәкіртімнің шаршы алаңдағы  ойын тәсілдерін әлемдегі қай атақты боксшыға теңесем екен? Енді есіме түсті. Тура айна қатесі жоқ Тайсон секілді ұрады ғой. Бір айдан соң Астанаға республикалық жарысқа аттанамыз. Бірақ шындықты айту керек. Егерде  Айбол атаның ақ батасын алмағанда біз мұндай ірі жеңіске қол жеткізе алмайтын едік. Бағымыз байланып, ауылға салымыз суға кетіп оралатынымыз сөзсіз еді.

Ауыл ішін гу-гу әңгіме кернеді.

-Баймұрат облыстық жарыста чемпион болыпты. Айнакөл ауылының атын аспандатыпты.

-Тренері Мейрамбектің айтуынша соққысы сойқан, жұдырығы кубал екен.

-Қарсыластарын бірінші әрі кеткенде екінші раунттан асырмапты. Тайсон секілді кілең накаутпен сұлатып салыпты.

-Жасап жүрген жаттығулары да керемет еді ғой. Төккен терін ақтаған екен.

-Айбол атаның ақ батасын алмағанда қарсыласының бәрін накаутпен жеңу мүмкін емес екен.

Ауыл балалары және кластастары Баймұратты осы жеңісінен кейін оны бірауыздан Тайсон атап кетті. Ауылдың тентек балалары   Тайсонның бойы көрінгенен жылыстап, аулақтау жүретін болды. Баймұраттың республикалық жарыста да бағы жанды. Ауылға чемпион атанып оралды. Ауыл мақтанышына айналған Баймұратқа өзінен кіші балалар қатты еліктеді. «Баймұрат сияқты атақты боксшы боламыз» деп көрген жаттығуларын жасауға кірісті. Көшеде қозы-лақ көтеріп, жүгіріп жүрген балаларды көргендер риясыз күлкіге қарық болды.

Онжылдық мектепті үздік үлгеріммен  аяқтаған Баймұрат медицина институтына оқуға түсті. Ауылдың үлкен-кішісі аң-таң. Екеуара күңкілдесіп бас шайқасқандар да көп болды.

-Тайсонның мұнысы қалай? «Спорт школға» түседі деп жүрсек.

-Қап, әттеген-ай. Әлем, олимпиада чемпионы болатын еді.

-Тайсон өз бағын өзі байлады.

-Баланың бір білгені бар шығар. Әркімнің өз таңдауы, өз еркі өзінде ғой.

Мединститутты тамамдаған Баймұрат жолдамамен солтүстік облыстың бір қаласына кетті. Дәм-тұзы тартқан жерде тұрақтап қалды. Бүгінде мықты хирург көрінеді. Енді Талғаттың сол Тайсон кластасы ауылға келгелі жатыр. Талғат келіншегі Айымға ақыл қосуын үдетті.

-«Ала қойды бөлек қырыққан оңбайды» деген сөз бар. Тайсонды бөлек күтпейміз. Келген кісілердің бәріне ортақ дәм береміз. Бәрі де зиялы қауым өкілдері, оқыған-тоқыған ағайын-туғандар. Дастарханыңды жайнат. Кафедегідей болсын. Ауылдан қалаға күнде қатынап жүрген таксист жігіттер көп. Біріне қаражат беріп Ақжайықтың бекіресінің уылдырығын алдырт. Сырдарияның дәмі тіл үйіретін сары сазанын ұмытпа. Ұятқа қалып жүрмейік. Білмегеніңді «подрушкаларыңнан» сұра. Көмек қолдарын созсын.

-Ладно,-деді келіншегі күлімсіреп.

-Қасиетті ауылым Айнакөлде бір орыс жоқ. Сен осы орысша сөйлегеніңді қойшы. Мектепті орысша оқыдым деп қоймайсың, түге.

-Талгатчик, менің орысша сөйлегенім не нравится?

-Мені Талгатчик деп «пазор» қылма. Қазақшалап айт. Талғатжаным де. Хватить, балтай-шалтай керек емес. Іске кіріс.

-Жарайды, Талғатжаным.

-Саған дауа жоқ екен.

Талғат еріксіз күліп жіберді.

Түтіні түзу шыққан алтын бесік ауылдың жөні қашанда бөлек. Жаны жомарт, көңілі көпшіл, пейілі кең, жүрегі жұмсақ, үкілі үмітті ауыл тұрғындары абзал азаматтарды дәм-тұз ұсынып, ауыл шетінен күтіп алды. Ағайын-туыстарымен сағынышпен құшақ жая қауышқан меймандар Айбол атаның үйіне ат басын ірікті. Ауыл әкімінен бастап белсенді азаматтар сыйлы қонақтарға тік тұрып қызмет көрсетіп, төредей күтісті. Ертеңіне сағат 10 шамасында қарасы көп жұртшылық Ұлы Отан соғысы майдангерлеріне арналған ескерткіш, тақта мен балабақша құрылысы басталатын аумаққа қазық қағу рәсімін өткізді.

Ел-жұрттың етжүрегін елжіреткен жиында алғы сөзді келген қонақтар атынан Алматы қаласында ірі құрылыс компаниялардың бірінің басшысы ауыл тумасы Сағи Еркінов алды.

-Қызмет бабымен сыртта қызмет етіп жүрсекте жүрегіміз туған жер, өскен ауыл деп соғады. Ниетіміз түзу екен. Майдангер ағалардың өшпес рухына арналған ескерткіш пен тақта тұрғызылатан жерге қазық қағу рәсіміне қатыстық. Ырымшыл халықпыз ғой. Балабақша құрылысының қазығы да майдангер ағалардың рухына тағзым еткен күні ескерткіш тақтаның іргесінен қағылды. Бұл жақсылықтың бастамасы. Әрине жаңа үлгідегі балабақша салу үлкен шаруа. Ауылдан аулақта атқа мініп жүрген 23 азамат игі істі жеті өлшеп, бір кесіп қолға алып отырмыз. Жинаған қаражатымыз жеткілікті. Басты мақсатымыз туған жерге туымызды тігу. Ертеңгі күндері заманауи үлгіде соғылған балабақша іші бүлдіршін бөбектердің шат күлкісімен тыныстап, ата-аналарының қуаныш құшағында жүрсе дейміз. Құрылыс жұмыстарын он күннен соң мен жетекшілік ететін құрылыс компаниясының бір бригадасы жүргізеді. Іске сәт дейік.

Көптің көңілін толқытқан жүрекжарды сөз қол шапалақтауға ұласып кетті.  Айбол ата мен Сақыпжамал әже ауыл халқының бірлігі мен тірлігін тілге тиек етіп, балабақша салуды қолға алған абзал азаматтарға алғыс айтты. Ақ баталарын берді.

Ақкөңіл, қызба мінізді Талғат өзін-өзі ұстай алмады. Сөйлегісі келіп кетті. Қолын асығыс көтеріп көп алдына шықты.

-Менің де айтар бір ауыз сөзім бар,-деді ол дауысы жарқын шығып,-Менің балаларым өсіп қалды. Мектепте оқып жүр. Алла қаласа ұлдарым ержетсе келін түсірем. Немере сүйем. Сонда менің немерелерім жаңа балабақшада тәрбие көреді. Олай болса артық қаражаттың зияны жоқ. Абыройлы істен шет қалмаймын. Бір ту биемді Қарабұлақтың базарына апарып сатамын. Қаражатын балабақша құрылысына беремін. Сосын «Газ-53» жекеменшік көкқасқа көлігім бар. Балабақша жұмысына көлік те керек. Бүлдіршін балалардың құтты мекені үшін көкқасқаммен ақысыз жұмыс істеп беремін.

Талғаттың сөзі онсызда толқынысты сезімде тұрған көптің көңілін тіптен көтеріп тастады. Шексіз риза етті. Ісшараны аудандық газетке жазуға ниет етіп, қолдарына қойын дәптері мен қаламын ұстаған Ертай ағасының сөзіне тіптен мәз болды. Тек іштей өкініп, ернін тістеп, тісін қайраған бір-ақ адам болды. Ол жеке кәсіпкер Айымбек еді. «Әттеген-ай, тағы қапы қалдым. Ылғида осылай, келте ойлап кеш қаламын. Талғат емес, мен айтатын сөз еді. Кедей жомарт деген осы. Бар болғаны төрт-бес жылқысының бірін сататын болды. Пысықтығында шек болсайшы. Көкқасқасымен тегін жұмыс істеп бермек. Талғат менен көп жас кіші. Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді. Одан кейін сөйлеудің еш реті жоқ. Енді елдің алдына шығып екі жылқымды сатып, ақшасын беремін десең де әсері болмас. Төрт құбылым түгел, барлығымды тағы көрсете алмай қалдым-ау».

Сол күні меймандар түскі асты көңіл күйі пәс боп қалған кәсіпкер Айымбектің үйінен ішті. Жасы үлкен адам ғой. Сіркесі су көтермей қалса да  ішкі өкінішін ешкімге сездіре қоймады. Ертайдың жиыннан алған әсері мен көңілге түйгені көп болды. Үйге көңілді оралған ол өз бөлмесіне енді. Әдеттегідей әке рухымен сырласа бастады. «Әке, бүгін бүкіл ауыл халқы жиналған жиын өтті. Соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіш тақта мен балабақша құрылыстары жүретін жерлерге қазық қағу рәсімі болды. Балабақша құрылысын ауылда  туып өскен бүгінде еліміздің әр қаласында жауапты қызметтер атқарып жүрген жиырма үш азамат ағалар жинаған өз қаржыларымен соғып беретін болды. Туған жерге деген сүйіспеншілік пен құрмет дегеніміз де осы емес пе? Жиында Айбол ата, Сақыпжамал әже, Алматыда құрылыс компаниясын басқаратын Сағи, Талғат ағалар сөз сөйледі. Сағи ағаның «Басты мақсатымыз туған жерге туымызды тігу» деген сөзіне ауылдастары қатты риза болып қол шапалақтады. Талғат ағам да жақсы сөйледі. Келешекте немерелері тәрбиеленетін балабақшаға қаражат беріп, көкқасқа мәшинесімен ақысыз жұмыс істеп беретін болды. Кейін есейіп ержеткен соң мен де ауылымның көркеюіне өз үлесмді қосатын боламын. Мен қазір жазу үстеліне отырамын, әке. Бүгін өткен жиынды аудандық газетке жазып жіберемін. Аудан халқы ауылымызда қандай жақсы жаңалықтар болып жатқанын білгендері дұрыс емес пе? Асқар досымның әкесі Сағымбек аға өткенде жазған мақаламды оқып, газетке шығаруға көмектесті. Ертең де Сағымбек ағаға көрсетемін. Осы жолғы мақалам суреттермен шығатын шығар. Ауылдағы суретші Еркеғали аға жиыннан бірнеше суреттер түсірді. Оған Сағымбек аға тапсырған болатын. Ауылда балабақша салуға бастама көтерген ағаларға кеше Айбол атаның, бүгінгі жиыннан кейінгі түскі асты Айымбек ағаның үйі берді. Бәрі де атымтай жомарт ағаларға құрметтерін көрсетіп жатыр».

Ауылға бір аптаға ғана уақыт тауып келген азаматтар он сегіз ағайынның үйінен дәм татты. Талғат кісі күтетін күні інісі Ертайға арнайы келіп жолықты. Шаруасын айтты.

-Бүгін кешке кісілер біздің үйде күтіледі. Анаң, қарындасың үшеуің үй жаққа ертерек келіңдер. Сыйлы кісілердің жанында боласың. Келешекте журналист, жазушы боламын деп жүрсің ғой. Жақсы мен жайсаңдарға осы бастан жұғысты бола бер. Өнегелі сөздерін, жақсы әңгімелерін естисің. Қолыңа құман алап, иығыңа орамал сал. Қолдарына су құйып баталарын аласың. Сосын, айтпақшы 10-шы класта оқып жүргенде бокстан Қазақстанның чемпионы болған досым Тайсон ағаңды көресің. Әттең, мединститутқа түсіп хирург болды. Жоғары спорт мектебінде оқығанда олимпиада және кәсіпқой бокстан әлем чемпионы сөзсіз болатын еді. Соққысы сойқан, жұдырығы кубал болатын. Қазір аялы алақанды, жүрегі мейірімге толы ақ халатты дәрігер. Қайта дәрігер болғаны жақсы болды. Әйтпегенде кәсіпқой бокспен айналысқанда  өзінше мықтымын деп кеудесіне нан пісіп жүрген бір мүсәпірді жазым ететін еді.

Осы кезде шайтан арбасымен пошташы Серікқали келіп қалды.

-Ертай інімнің мақаласы аудандық газетке тағы шықты,-деді ол көңілді үнмен,-Айнакөл ауылымыздың даңқын бүкіл ауданға танытып жатыр. Жарайсың, бауырым. Алғашқы мақаласын құрдастарыма жуып тастадым. Сүр бойдақ құрдасым Түйтебай пиваға шөліркеп өле жаздапты. Екі сағаттың ішінде орнынан қозғалмай бір өзі он бес «крөшке» пива ішті. Сауабын бір алдым-ау. Тағы жу десе қарсылық етпеймін. Азар болса төрт-бес мың теңгенің «шәшілігін» жеп, пивасын ішер.

Талғат Серікқалидың мақтау сүйетінін білетін. Көтермелеп жіберді.

-Дұрыс жасаған екенсің. Сені ауылдастарың сыртыңнан жүрегі жұмсақ, қолы ашық азамат деп мақтап жүреді. Енді өзіңе бір өтініш бар. Алыстан келген ағайындар бүгін біздің үйде қонақта болатын еді. Үш-төрт газет бер. Ертай ініңнің  мақаласын кісілер де оқысын.

-Ой, Талғат аға үш-төрт газет бірауыз сөзіңіздің садақасы. Мен сізге ауылдағы он құрдасымның үйлеріне баратын газеттердің бәрін де беремін. Жыл он екі айда газеттің бір нөмірі үйлеріне бармай қалса менің тілімді кесіп, басымды шауып алмас.

-Ұят болмай ма? Құрдастарың Ертайдың мақаласын оқимыз деп іздейді ғой.

 -Солай еткендері дұрыс. Іздеп оқығандары қызық болады емес пе?

Талғат ағасының айтқан кеңестерін Ертай екі еткен жоқ. Сыйлы кісілердің қолына су құйып, орамал ұсынды. Тайсон атанып кеткен ағаның қолына су құйғанда кубал болған жұдырығына назар салды. Шындығында жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы болатындай жұдырық жағы баршылық екен. Қонақтар ішке еніп орындыққа жайғасқан соң Талғат пошташы Серікқали әкеліп берген он газетті таратты. Іштей «Бауырым жазған мақаланы оқи отырсын» деген оймен мақтаныш сезіміне бөленіп, сыпайы үн қатты.

-Шай келгенше аудан жаңалықтарын оқи отырыңыздар.

Құрметті кісілермен бірге Айбол, Аманкелсін аталар, Сақыпжамал әже,  ауыл әкімі Саят, екінші әкім Сағымбек, кәсіпкер Айымбек дастархандас болды.

Газет беттеріне назар аударған Сағи «Туған жерге туын тіккен ағалар»  деген тақырыптағы  Айбол ата, Сақыпжамал әже және өзінің суреттеріне көзі түсіп:

-Охо, міне жақсы жаңалық. Газетке суреттеріміз де шығыпты,-деп көңілдене үн қатты.

Осы кезде Ертай кісілер отырған бөлмеге ақ самаурынды көтеріп енді. Қайта шығып кеткен соң ауыл әкімі Саят:

-Мақаланы ауылдағы тілшіміз осы бала жазды. 8 сыныпта оқиды. Есімі Ертай ,-деді.

-Әкесі Қайырғалиды өздерің де білесіңдер,-деді Айбол ата ауыр күрсініп,-Ауылымыздың бетке ұстар азаматтарының бірі еді. Пешенесіне жазған жазмыштың жазуы солай болған шығар. Өткен жылы көлік апатынан қайтыс болды. Соңында бір ұл, бір қызы қалды.

Ертай ағасымен қабаттаса жүріп қонақтарға қызмет көрсетті. Салихалы әңгімелерін тыңдады. Талғат ағасы меймандарға табақ-табақ ет тартылар кезде қойдың басы салынған ыдысты Ертайға ұсынды.

-Сен де жігіт боп қалдың, бауырым. Кісілерге басты сен апар.

-Кімнің алдына қоямын?

-Жасы үлкен адамның жолы да үлкен. Айбол атаңның алдына қой.

Табақтардағы ет турала бастағанда Сағи Ертайды өзіне қарай шақыртып, қарама-қарсы орындықты нұсқады.

-Кел, отыра ғой, Ертай. Азамат баладан өседі.Табақтас боламыз.

Орындыққа отырғаны сол еді. Сағи ағасы қолындағы жамбас жілікті ұсынды.  

-Талапты, талантты азамат боп өс, айналайын.

Ертай жілікті орнынан қайта тұрып ізет көрсете рахметін айтып алды.

Ертеңіне күн көзі сәскеге тырмысқанда Айбол ата бастаған меймандар Қайырғалидың шаңырағының табалдырығын аттады. Сағи көңілі нілдей бұзыла отырып Дәметкнге көңіл айтты.

-Тағдыр талқысына дауа жоқ. Қайғы-мұңдарыңызға ортақпыз. Болған іске болаттай болыңыздар. «Соңында бар оңалар» деген емес пе? Ізін басар ұл мен қызы аман болсын. Ертайдың газетке жазған мақаласын оқып қуанып та жатырмыз. Қайырғалидың атын шығарған азамат болсын.

Сыйлы қонақтар ауылда болған бір апта ішінде су қоймасында бірнеше рет болды. «Айнакөлге» жағалай егілген тал-дарақты көріп сүйсінді. Су қоймасы сағасында өткен балалық шақтарын, қайталанбас қызықты сәттерді еске алысты. Мейіржан кластас досы  Сағымбекке сыр шашты.

-Зейнет демалысына шығысымен сол күні Айнакөл ауылыма көш бетін түзеймін. Кіндік қаның тамған туған жерге жетер ештеңе жоқ екен. Осындай киелі құт мекеннің саф алтын ауасын жұтып, тіршілік етіп жатқан Сағымбек досым сендер бақыттысыңдар.

Көңіл толқытар сөзді естіген Баймұрат (Тайсон) та үнсіз қалмады.

-Дұрыс айтасыз, Мәке.  Мен де солай етемін. Немерелеріміз туған жерде, ағайынның ортасында өссін. Шындықты айту керек. Сыртта жүре берсек жат боп кететін түріміз бар екен.

Туған жерге деген сүйіспеншілік әрі Баймұрат сөзін қуаттаған соң Мейіржан қызына сөйледі.

-«Айнакөлдің» сағасына бес «Камаз» тал-дарақ егіліпті. Туристер, халық демалатын құрылыстар салынбақ. Туған жеріміз жұмаққа айналады дегеніміз де осы емес пе? Аман-есен зейнет жасына жетіп елге келген соң туған жерді түлетуге үлесімізді қосамыз. Ауыл мен су қоймасының аралығына тал отырғызамыз. Немерелеріміз «Айнакөлге» шомылғанда тал көлеңкесімен барып қайтатын болады.

Әсерлі әңгіме арасына көкқасқасын айтпаса көңілі көншімейтін Талғат та килікті.

-Қандай жұмыс болмасын көлік керек. Жүк көлігіне алаң болмайсыңдар. Мен көкқасқамен ақы-пұлсыз қызмет етіп беремін.

Екінші әкім Сағымбек жақсы сөзді жарым ырыс етті.

-Жаратқан ие ниеттеріңді қабыл етсін. Сол күндерге аман-есен жеткізсін.

Кластас досы Мейіржан күлім қағып:

-Атқа мінер әкім-қаралар да ақ батаны жақсы береді,-деп қалжыңмен қағытты.

Меймандарды ең соңында екінші әкім Сағымбек күтті. Ол той жасайтындай үй әулісіне шатыр құрды. Ауылдан отбасы қалдырмай түгел дәмге шақырды. Меймандарға табақ-табақ ет қазы-қарта, жал-жаясымен қабаттаса жылқының екі шекесі мен қойдың басы келді. Асқардың сыныптас достары зыр жүгіріп қызмет жасады.

Жеке кәсіпкер Айымбек тағы да сан соқты. «Қап, әттеген-ай. Жиында алдымды орап сөйлеген Талғаттан көресіні бір көріп ем. Енді екінші әкім Сағымбек шықты. Шерісін қарай гөр. Бір қойды місе тұтпай тай да сойып ауыл отбастарына түгел дәм берді. Іштарлық етті ме екен? Кісілерге құнан қой мен тай сояйын деп жатырмын десе қайтеді. Бірақ Сағымбек айтуға тиісті емес. Әркімнің отбасы, тіршілігі бөлек. Кім кісіні қалай күтеді өз еркі өзінде ғой. Кінәлі құдай қосқан қосағым,  өз әйелім. Сағымбектің тай сояйын деп жатқанын көрші келіншектер айтпады деймісің? Бұлай болатынын алдын-ала білгенімде байлап отырған алты жасар ақта атымды сойып тастайтын едім. Ауылдың үлкен-кішісі ғана емес мектептегі оқушы, бесіктегі баласына дейін келсе де тай қазанға асылған ет жет3п артылытын еді. Япыр-ай десеңші. Ауыл жігіттерінің  келіншегіне дейін пысық, әйтеуір. Талғаттың үйіндегі келіннің де кісілерге жасаған дастарханы әйбат болды. Ақжайықтың бекіре балығының уылдырығын, Сырдарияның сары сазанын алдырыпты.  Енді өкініп, бармақ тісегеннен не пайда? Енді келешекті ойлау керек. Айнакөлде алдағы уақытта талай қызықтар болады. Ел аман, жұрт тыныш болсын. Төрт құбылам түгел екенін сонда көрсетемін. «Ештен кеш жақсы» деген де сөз бар». Жеке кәсіпкер өз көңілін өзі көтеріп жаны тыныш тапты.

Екінші әкім Сағымбектің ішкі есебі түгелденді. Алыстан келген ағайынға дәмді ауыл тұрғындарымен бірге берді. Ауыл жастары бұрын көрмеген абзал ағаларымен дәм-тұздас боп, таныс-біліс бола жүрсін деген ниетіне жетті.Үлкен дәм үстінде көпті сүйсінткен тағы бір оқиға болды. Сөз алған Сағымбектің кластас досы Мейіржан ортаға шықты. Ағынан жарылды.

-Туып өскен ауылымызға келіп бір жасап қалдық,-деді ол көңілдене үн қатып,-Көкшетауда жүргенімде ауылдың тарихын зерделеген жиынды теледидардан көріп қуанышым қойныма сыймаған еді. Сол жиынды өткізуге мұрындық болған үш оқушыға шексіз риза болдым. Сол үш оқушыға арнайы әкелген сыйлығымды тапсыруға рұқсат етіңіздер. Қане, үшеуің мұнда келе қойыңдар, айналайындар.

Мейіржан ортаға инабаттылық танытып шыққан Сәуле, Ертай, Асқарға түр түстері бірдей компьютер сыйлады. Көпшілік ризашылық сезімдерін сездіріп қол соқты.

Ауылдастарымен бірге арқа-жарқа отырыстан соң қонақтар қайтуға ниет етті. Ағайын-туыспен қимай қоштасып, ат үзеңгісіне аяқтарын салды.

Кісі аяғы басылды. Кісілерді күтуге зыр жүгіріп қызмет көрсеткен сыныптастарына Асқар алғыс айтты. Үй арасы жақын болған соң Ертай қайтуға асықпады. Екеуара оңаша қалған соң досына ойындағы сөзін жеткізді.

-Туған ауылымыз көркейгелі жатыр. Біз де өз үлесімізді қосайық. Шамамыз келген істі қолға алайық. Ескерткіш тақта орнайтын, балабақша құрылысы жүретін аумақты арам шөптен арылтайық. Құрылысшылар келгенде қазық қағылған жерлер тап-таза тұрса қандай жақсы. Сыныптас достарымызға да айтайық. Ешкім қарсы бола қоймас.

-Ертай, мұның дұрыс ақыл болды,-деп қуана қоштай сөйледі Асқар досы,-Ағалар бастаған істі қолға алайық. Абыройды сыныптас жігіттер мен қыздарымыз алсын.

Ертеңіне екі сабақ арасында Ертай мен Асқар сыныптастарына құлаққағыс жасады. Жаңа құрылыс алаңына сенбілік жасау жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды. Бәрі де шу етіп қуаттай жөнелді.

-Ешкім де қалмайды. Қыздар да барады,-деді Асқар.

-Әрине барамыз,-деді Сәуле алма жүзі күлім қағып.

-Келіссек былай етеміз,-деді Ертай,-Түс қайта сағат үште қазық қағылған құрылыс алаңында бас қосайық.

-Қажетті құралдар-кетпен, күрек, айыр, тырмаларды жігіттер ала келетін болайық,-деп ақыл қосты Асқар белсенділік танытып.

Түс ауа уәделі жерге жиналған сыныптастар, уақыт оздырмай жұмысты бастап жіберді. Оқушылардың жұмыс істеп жатқанын ауыл әкіміне бас маман Серік жеткізді.

-Ауылдық клубтан қайтып келе жатқанымда байқап қалдым,-деп аяқтады сөзін.

Әкім Саят мектеп директорына телефон қоңырауын шалды.

-Төке, жаңа құрылыс алаңында оқушы балалар сенбілік жасап жатыр екен. Сіз ұйымдастырдыңыз ба?

-Бізде сенбілік жөнінде әңгіме болған емес,-деп таңырқай  жауап берді директор.

-Төке, мен сізге қазір Сәкең екеуміз барамыз. Уақытыңыз болса шәкірттеріңіздің қолға алған жұмыстарын бірге барып көрейік.

-Мен дайынмын.

Ауыл әкімі Саят орынбасары Сағымбкті жанына серік етті. Мектеп директоры сыртқа шығып күтіп тұр екен. Құрылыс алаңына келгендерінде оқушы балалардың кісі қызығатындай қауырт қимылды еңбектерінің үстінен түсті. Жұмыстарын тоқтатып сәлемдескен оқушыларға ауыл әкімі:

-Еңбектерің рәтті болсын. Сендерге сенбілік жасауға кім нұсқау берді?,-деді.

Сыныптастар «сен сөйле» дегендей Ертайға қарады. Ол іркілген жоқ.

-Ешкімнен нұсқау болған жоқ. Сыныптас достар осылай шешім қабалдадық. Ағалар бастаған іске өз үлесімізді қосқымыз келді.

Мақтаныш сезіміне бөленген мектеп директоры шыдай алмады. Арқаланып сөзге келді.

-Бұл балалар мектебіміздегі үздік сыныптың оқушылары ғой.

Бұл кезде сенбілікшілер ішінде ұлы Асқары жүрген  екінші әкім Сағымбектің де төбесі көкке екі елі жетпей тұрған еді.

Оқушылардың жаңа құрылыс алаңында сенбілік жасап жатқанын үйге газет әкелген пошташы Серікқалидан естіген Талғат шала бүлінді. Балалардың арасында Ертайдың да жүргенін байқап қалыпты.

-Япыр-ай, Ертай бауырымның мұнысы қалай? Тазалық жұмыстары жүріп жатқан жерге жүк көлігі керек болатыны қалайша ойына келмеді екен? Оқасы жоқ. Балалар балалық жасаған шығар. Шақыртпай-ақ өзім барайын. Анадағы жиында көп алдына шықтым. «Алла қаласа жаңа балабақшада немерелерім тәрбиеленеді. Құрылыс жұмыстарына жүк көлігі де керек. Көкқасқаммен ақы-пұлсыз тегін жұмыс істеп беремін» деп уеде етім емес пе?»  Осындай ой өткелін кешкен Талғат көкқасқасына да асығыс мінді.

Талғаттың жүк көлігі үлкен жолдан шығып өздеріне қарай бет алғанда сыныптастар қуанып сала берді.

-Талғат аға көкқасқасымен бізге арнайы келе жатыр.

-Біз жинаған шөп-шаламды шығарып тастайын деп келе жатқан ғой.

-Кім айтты екен? Ертай, ағаңа сен ескерткен шығарсың?

Ертай шынын айтты.

-Ағама айту менің ойымда болмапты.

-Онда жаңа сенбілікті көрген ауыл әкімдерінің бірі айтқан шығар.

-Директор ағай да айтуы мүмкін.

-Кім айтса да дұрыс келді.

Сыныптастардың жасаған жорамалдарын Талғаттың өзі теріске шығарды. Сөзін амандасудан бастаған ол:

-Сендердің осында жұмыс істеп жатқандарыңды қазір ғана пошташы Серікқали ағаларыңнан естіп жеткенім ғой. Күн де шағырмақ. Шөлдеп, шаршаған шығарсыңдар. Шүкір, бойымда күш-қуатым бар. Көкқасқама шөп-шаламды өзім-ақ артамын. Сосын аулаққа лақтырып тастаймын.

-Ол не дегеніңіз Талғат аға?-деп сөзге келді бірқақпайы бар Асқар,-Жалын атқан жас жігіттер тұрып сізге жүк салдыртып қойғанымыз қыздардан ұят емес пе?

-Мен де әлі жаспын. Қылыштай қиып түсер қырықтан  енді асып барамын ғой,- деп күле сөйледі Талғат.

-Мейлі, жиырмадан енді ассаңыз да бізден үлкенсіз.

-Дұрыс-ақ, үлкенді сыйлай білсеңдер жаман болмайсыңдар. Еңбектерің рәтті болсын.

Жаңа құрылыстар түсетін алаңды айнадай етіп тазалап, жиналған шөп-шаламды Талғат ағасының көкқасқасына тиеп берген сыныптастар үйлеріне үлкен бір шаруа бітіргендей көңілді қайтты.

Өмір деген қызық. Көңіл шіркін бір атым насыбайдан да қалады. Ертеңіне жоғары сынып жетекшілері Гүлнұрға өкпе айтты.

-Мұның қалай, Гүлнұр? Бөлектеніп сенбілік жасап жақсы атты көрінгеніңе жол болсын.

-Бізге де айтсаң қайтеді? Сыныптағы оқушыларымыз қолғабыс жасайтын еді ғой.

Гүлнұр сүттен ақ, судан таза екенін айтып ақталды.

-Сенбіліктен еш хабарым жоқ. Өздері ұйымдасып істепті. Сенбесеңдер шәкірттерімнен сұраңдар.

Сағи Еркінов уәдесінде тұрды. Бригада жігіттері құрылыс материалдары тиелген көліктерімен артынып-тартынып ауылға да жетті. Ауыл тұрғындары қуана қарсы алған құрыш қолды құрылысшылар уақыттан ұтылмауды жөн көрді ме? Ертеңіне-ақ балабақша нысанының іргетасын қалауды бастап жіберді.

Мамыр айының 2 жұлдызы күні Ұлы Отан соғыс майдангерлеріне арналған ескерткіш пен тақта Айнакөлге Талғаттың көкқасқасымен әкелінді. Мүсінші жігіт Жеңіс те бірге келді. Ол қолынан шыққан дүниелерді өз қолымен тұғырлы тағына тұрғызып, ел-жұрттың алғысын алмақ ниетте екен.Талғаттың екі езуі екі құлағына жетіп қалыпты.

-Соғыс сарбаздарының рухы бар ескерткіш пен тақталарды көкқасқаммен әкелгенімді мақтаныш етемін,- деді ол қарсы алғандарға екпіндей сөйлеп,-Ұзақ жол тақтайдай тегіс болса да темір тұлпарымның спидометрін 50-60-тан асырмадым. Өйткені абырой керек. Тұғырлы тұлғаларға арналған ескерткішті елге аман-есен жеткізуді азаматтық парызы деп есептедім.

Мүсінші Жеңіс ертеңіне ауыл жастарын жанына серік етіп ескерткіш пен тақталарды орнатуды қолға алды. Ауыл әкімдігінде Айбол, Аманкелсін аталар, орта және өнер мектептерінің директорлары Төрехан, Алдияр, кәсіпкер Айымбек, ауыл имамы Берікбол, аппарат қызметкерлері бас қосты.

-Көптен күткен ескерткіш пен тақта да ауылымызға келді,-деді ауыл әкімі Саят,-Мүсінші Жеңіс інімізбен тілдестік. Құдайына қараған жігіт екен. Еңбегіне аз мөлшерде ақыпұл сұрап отыр. Мен де майдагердің немересімін. Материал шығыны ақталса, майдангер аталардың аруағы риза болса қанағат етемін дейді. Ел елдігін жасады. Жиналған қаражат мөлшері көп. Артылған қаражатты не істейміз? Төрткөзіміз түгел отырып, осы мәселені ақылдасып шешсек деп сіздерді шақырған едік.

-Ел елдігін жасады деп дұрыс айттың, шырағым,-деді Айбол ата,-Шүкір, тәубе дейміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Артылған қаражатты балабақша қорына аударыңдар.

-Мүсінші Жеңіспен ақылдастық. Ескерткіш пен тақталарды орнатуды 7 мамыр күніне дейін толық аяқтап  беруге уәде етті. Ашылу салтанатын қай күнге белгілегеніміз дұрыс?

-Менде мынадай ұсыныс бар,-деді майдангердің ұлы Аманкелсін ата,-Ел-жұртты қуаныш пен шаттыққа бөлеген, Жеңіс парады болған 9 мамыр мерекесі күні өткені дұрыс секілді.

-Солай етеміз. Сол жылы он жаста едім. Жеңіс мерекесі күні топымды аспанға лақтырып қуанғам. Қуанғаннан көз жасымды көлдетіп жылағам. Жалғыз мен емес. Ұлы Жеңіс күні қуанғаннан үлкен де, кіші де жылаған,-деді Айбол ата өткен күндерді еске алып.

Екінші әкім Сағымбектің де айтары бар екен.

-Ескерткіштің ашылу салтанатына,-деді ол,- майдангерлер ұрпақтарын түгелдей қатысуын қамтамасыз етуіміз керек. Әсіресе, сыртқа тұрмысқы шыққан майдангер ағалардың қыздарына хабар жеткізген жөн. Бұл мәселені аппарат жігіттеріне тапсырамыз.

Жеке кәсіпкер Айымбек те әңгімеге араласты.

-Қалай екенін қайдам? Соңғы күндері әкем түсіме жиі кіріп жүр. Осы туған жерді алшаң басып жүргеніміз де ел қорғаған батыр әкелеріміздің арқасы ғой. Ескерткіштің ашылу құрметіне орай майдангер әкелеріміздің рухына арнап бір жылқымды сойып құран оқытсам деген ниетім бар. Алыс пен жақыннан келген меймандар, ауыл халқы дәм татып оқылған құранға қол жайса деймін.

Айбол ата көңілдене үн қатты.

-Алланың нұры жауып, ниетің қабыл болсын, Айымбек шырағым. Жылқыны сен сойсаң, дастарханын бүкіл ауыл боп көтереміз. Асыл ағаларға арналған ас бәрімізге де ортақ.

-Аудан, облыстан шақырылатын қонақтардың тізімін жасаймыз. Теледидар мен газеттерден БАҚ өкілдерін шақырамыз.

-Мереке салтанаты күні мектебіміздегі алғашқы әскери пән шәкірттері сапта жүріп, патриоттық әндер айтатын болады,-деді директор Төрехан.

-Біздің мектептің шәкірттері,-деді өнер мектебінің директоры Қали Әлиакпаров,-концерт қоятын болады.

Айымбек басқосудан үйіне ой үстінде көңілді қайтты. «Дұрыс айттым. Айбол ата риза болды. «Алланың нұры жаусын. Ниетің қабыл болсын» деп ақ батасын берді емес пе. Көпті көріп, көненің көзі болған жан ғой. «Жылқыны сен сойсаң, дастарханын бүкіл ауыл боп көтереміз. Асыл ағаларға арналған ас бәрімізге ортақ» деді-ау. Ас күні екінші әкім Сағымбектің үйіндегідей ұлым Еркебұланымның сыныптас достары зыр жүгіріп қызмет ететін болады».

Ауыл әкімдігінде 9 мамыр мерекесі күні өтетін ісшараның бағдарламасы жасалды. Белгіленген уақыттар бойынша ескерткіштің ашылу салтанаты, мектептегі алғашқы әскери даярлық нәні шәкірттерінің сапта жүріп патриоттық әндер айтуы, майдангерлер рухына бағышталған ас, өнер мектебі оқушыларының концерті, атшабарда өтетін түрлі ұлттық ойындар бағдарламасы аудандық газетте жарияланды.

Бірлігі мен тірлігі жарасқан ауыл жұртшылығы мерекеге дайындық жұмыстарына Айбол ата айтқан ақылмен ұйымшылдықпен бір кісідей кірісті. Айымбектің майдангерлер рухына арнап жылқы сойып, ас беремін деген азаматтық сөзіне риза болып, сөз етісті.

Өнер мектебі оқушыларының концерті болатынын естіген Ертай екі ұдай сезімге бөленді. Соңғы күндері екі домбырамен күй шертіп үйренуді оқта-текте қолға алып жүрген еді. «Нұрғиса ата мен өз әкем секілді «Аққу» күйін сахнада орындасам ғой» деген арманды ойдың мазалағанына да көп болған. Енді сол өнер жолындағы арманын батыр бабалар рухына тағзым еткен Ұлы Жеңіс күні орындасам деген ниетке біржола бекінген жайы бар. «Нартәуекел,-деп іштей ширықты Ертай,-Жеңіс күні майдангер батыр бабалар мен асыл әкемнің рухтарына сыйынып, сахнаға, көптің алдына шығамын. Әзір апам мен қарындасыма айтпаймын. Сахнаға екі домбырамен шыққанымда бір-ақ көрсін».

Ана жүрегі перзентім деп соғады. Үйде мейлі дүзде жүрсін ұл-қыздары көңілінде жүреді. Дәметкен ұлының ойындағысын айтпай-ақ біліп қойды. Ертайы қолы қалт етіп босай қалса өз бөлмесінде қос домбыраны құшаққа алып күй тартып отыратынын байқап жүр. Соңғы екі күннен бері оңашаланып қос домбырамен  күй тарқанды тіптен жиілетті. "Ертайым Жеңіс мерекесі күні болатын концертке дайындық жасап жүр. Тіфә, тіфә, Жаратқан ие тіл-көзден сақтасын. Үстелге отыруы, домбыра ұстауы, қимылы мен шертісі әкесінен аумайды. Әттең, Шерхан Мұртаза ағамыз айтқандай «Бір кем дүние». Қайырғали тірі болғанда ғой. Құлыншағының өзі секілді екі домбырымен күй тартқанын көріп, қуаныштан жүрегі жарыла жаздар еді-ау».

Қуанып әрі көңілі босаған Дәметкеннің ойын жанына келген Қалимашы бөлді.

-Апа, ағам менімен сөйлеспейді.

-Неге, қызым?

-Бөлмесіне барсам домбыра тартудан қолы босамайды. Мазалағым келмей шығып кетемін.

-Сен ақылдысың, қызым. Ағаңды сен де, мен де мазалауға болмайды.

-Неге, апа?

-Ағаң концертке дайындалып жүр.

-Ағамның өзі айтты ма?

-Жоқ. Ағаң айтпаса да сезіп, біліп жүрмін.

-Концерт қашан болады?

-9 мамыр Ұлы Жеңіс күні болады. Ағаң сол күні сахнаға екі домбырамен шығып күй тартады. Екеуміз қошамет көрсетіп қол соғатын боламыз.

-Апа, ағам күй тартқанда екеуміз ғана емес. Көрерменнің бәрі де риза боп қол шапалақтайтын болады. Анада күй тартқанда сөйтті ғой. Мен ағамды мақтаныш етемін, апа. Күйші әрі журналист болайын деп жүр ғой.

-Айтқаның келсін, періште қызым.

Дәметкен Қалимашын құшаққа алып, бетінен құшырлана сүйді.

9 мамыр күнінің ақ таңы арайлап атты. Ақ матамен оралған еңселі ескеркіш пен тақталардың жанындағы алаңқайға қаздай тізіліп тігілген ақшаңқан үйлердің маңайы абыр-сабыр тіршілікке толы. Қонақ күту қам-қарекетінің куәсіндей қазан ошақтары, самаурын мұржалары түтіндеп жатыр. Атқан таңмен таласа тұратын ауыл тұрғындарының қарасы сүт пісірім уақыт ішінде тіптен көбейе түсті. Алыс, жақын ауылдардан желдей жүйткіген темір тұлпарлармен қонақтардың алды да келе бастады. Қойын дәптер, қаламын, видеокамерасын қолға алған аудандық, облыстық БАҚ өкілдері де жетті.

Ескерткіш пен тақтаның ашылу салтанаты сағат 10-да басталды. Аудан, облыс басшылары, майдангерлердің ұл-қыздары сөз алды. Ұлы Отан соғысының отты жылдарындағы майдан даласындағы ерлікті, тылдағы ерен еңбекті тілге етті. Ескерткіш пен тақтаға оралған ақ матаны алған кезде жиналған жұртшылық толқынысты сәтті бастан кешті. Бес қаруын асынған қазақ жауынгерінің айбарлы да жаужүректі бейнесі сомдалған ескерткіш отанға, туған жерге, елге деген патриоттық сезімді паш еткендей еді. Майдангерлер ұрпақтары әкелерінің аты-жөні қашап жазылған мәрмәр тасты аймалай құшақтап, көздеріне жас алды. Тебіреніске толы сәттерде  көңіл толқынысына бой алдырмаған жан болмады

Мерекелік ісшара одан әрі жалғасты. Орта мектептің алғашқы әскери тәрбие пәні шәкірттері сапта жүріп патриоттық әндер шырқады. Іле-шала әудем жердегі клуб үйінде өнер мектебі оқушыларының концерті басталды. Әуезді әндер мен мың бұралған билер арасында аты-жөні аталған Ертай үкі тағылған екі домбыраны ұстап сахнаға шықты. Тыныштық орнай қалған клуб ішінде жасы үлкен кісілердің күбірлескен сөздері ғана естіліп тұрды.

-Мына бала марқұм Қайырғалидың ұлы өзіміздің Ертай ғой.

-Екі домбыраны бірдей ұстап жүргені несі? Әлде жанына тағы біреу келе ме?

-Екінші баланың аты аталған жоқ. Сахнадағы орындық та жалғыз. Өзі тартатын болды.

-Онда Ертай баламыз жарады.

Ертай ең алдымен өнер адамдарына тән әдетпен көпшілікке тағзым етіп, басын иді. Көңілінде толқыныс пайда болғанын сезінген ол сабырлы болуға күш салып, орындыққа жайғасты. Екі қолындағы қос домбыра да өз орындарын тапты. Клуб іші сілтідей тынды. Әке рухына іштей сыйынды. «Әкетай, көп алдына шықтым. Топқа түстім. Өшпес рухыңмен демеп, жебей көр». Домбыраларға да үн бітті. Пернелерді дөп басқан он саусақ екі домбыраны бебеу қақтырды. Тыңдағанның есін алып, тұла бойын шымырлатқан Нұрғисаның «Аққу» күйі көрермен қауымның етжүрегін баурай жөнелді. Айдың көлдің еркесі, сұлулықтың, сүйіспеншіліктің символы аққулардың сазды үні клуб ішін кернеп кетті. Сезімді серпілтіп, жанды жадыратқан сазды күй шарықтау шегіне жетіп толас тапқанда көк төрінде қалықтап ұшқан аққулар ұзап кеткендей әсер қалды. «Әттеген-ай, аққулар ұзап кетті-ау». Көрермендер көңілінде осындай өкініш қалды. Есесіне ақулар көл бетін сабалап көк күмбезіне көтерілгендей екпіні өршіл қол шапалақтау үдеп кетті.

Ақ сақалы ажарын  ашып, алдыңғы орындықта отырған Айбол ата түрегелді. Сахна төріне шықты. Қошаметші көпшілікке үш мәрте басын иіп, тағзым еткен Ертайды кең құшағына алды. Маңдайынан сүйіп:

-Өнеріңмен өрге жүзе бер, айналайын,-деді. 

Айбол атаның Ертайға құрметі мен ақ батасы көрермер қауымды бейжай қалдырмады. Көңілдерін толқытты. Жасы келген әже, апалар көздеріне жас алып, күбірлесіп те жатыр.

-Әкесіне аумай тартқан екен.

-Болайын деп тұр екен, айналайын.

-Тіл-көзден сақтасын, Тәңірім.

 Ауыл жастары, сыныптас достардың айқай-шуы тіптен үдеп кетті.

-Жарайсың, Ертай.

-Біз сенімен мақтанамыз.

-Екі домбырамен менің бауырымнан басқа кім тарта алушы еді.

Бұл «Аққу» күйінің әсем сазына делебесі қозып, інісінің өнеріне тәнті болған Талғат ағасының жарқын дауысы. Ағасының өнеріне сүйсінген Қалимаш та алақанының ауырғанын елең қылмай, көптен қалыспай қол шапалақтап жатыр. Көрермендер арасында қол шапалақтауға шамасы келмеген Дәметкен ғана болды. Ол көңілінің толқығаны сонша қос жанарынан домалаған жас тамшыларын сүртуден саусақтары босай қоймаған еді.

Талтүсте отан соғысының отты жылдарында толарсақтан қан кешіп, ел қорғаған майдангер бабалар рухына арналып ас берілді. Ауыл жастары, Еркебұланның сыныптас достары қонақтарға мінсіз қызмет көрсетті. Кәсіпкер Айымбек ел-жұрттың ақ алғысын арқалады. Түс қайта атшабарда түрлі ұлттық ойындар өтті. Арада апта өтпей аудан, облыстық газеттерде жарияланған мақалалар, теледидардан берілген хабарлар Айнакөл ауылының атын аспанға тағы бір шығарды.

Мектепте оқу жылы аяқталды. Соңғы қоңырау соғылды.  Оқушылар жазғы демалысқа шықты. «Айнакөл» су қоймасында жаз қызығы басталды. ҰБТ-ы тапсырған мектеп түлектері қияға қанат қақты.

Демалыс болған соң сыныптастар оқта-текте болмаса бір-бірімен күнде кездесе бермейтін болды. Ертай қолы бос сәттерінде алтыннан қымбат уақыттарын жоғалтқан жоқ. Компьтерге телмірді. «Алтын қалам» конкурысының сайтына түскен шығармалар жандүниесін рухани жаңғыртты. Ойсыз да болмады. «Көркем әдебиеттің құдіреті күшті екен. Барлық жанрда жазылып жатыр. Қай шығарманы оқысаң да ой салады. Өйткені көркем шығармаларда үлкен өмірдегі күрес, қуаныш, өкініштер шытырман оқиғаға, айшықты образ, қызықты сюжеттерге арқау болған. Сын садағының адырнасын тартқан сатира жанрындағы мысқыл, мінеу, мақтамен бауыздау өмірдің өзінен алынып шынайы жазылған. «Алтын қалам» конкурсы сөз өнерінің семсерін сұлу сермеген қаламгерлердің аламан бәйгесі болды. Әр шығарманың айтар ойы, берер тәрбиесі бөлек. Әдебиет сүйер қауым үшін өте дұрыс ұйымдастырылған байқау екен».

Бір күні кешкісін Асқар келді.

-Ертай, бос уақыттарыңды қалай өткізіп жатырсың?-деді ол.

-Досым, шынымды айтайын. Менде ешқандай бос уақыт жоқ.

-Қалайша бос уақыт болмайды. Үш ай бойы демалыс емес пе?

-Саған да айтқалы жүр едім. Келгенің дұрыс болды. Компьютерден «Алтын қалам» конкурсының сайтын аш. Ережесін оқы. Қаламгерлердің бәйгесі болып жатыр.  Шығармаларға көз сал. Қай жанрда жазылған шығарманы оқисың. Қалағаныңның бәрі бар. Сонда бос уақытты таппай қаласың. Айтпақшы, Сәулеге, жолыққан сыныптас достарға да айт. Олар да оқысын.

-Санжарға айтпаймын.

-Неге?

-Оны көркем әдебиет қызықтырмайды. Сурет салудан қолы босамайды. Бар арманы Әбілхан атасындай атақты суретші болу.

Ертай жымиып күлгені болмаса қайтып сөзге келген жоқ.

-Ертай, сен де қағаз, қалам ұстап жүрсің ғой. Журналист боламын деген ниетің де бар. Қаламгерлер бәйгесіне қосылып, неге бақ сынап көрмейсің?

Ертай ойланып барып жауап қатты.

-Ниетіңе рахмет, досым. Ондай бәйгенің мәре сызығы маған әлі алыс қой.

Бір отбасының кенже қызы мұғалім Күлімкөз қолдан ұзатылатын болды. Той жабдығына кіріскен әке-шеше, аға-жеңгелеріне өзі ақыл салыпты.

-Айып ете көрмеңіздер. Мен өз ойымды айтайын.  Тойды қаланың кафесіне емес. Үй әулісіне жасаңыздар. Тойға ауылдағы барлық отбасыны шақырыңыздар. Ешкім қалмасын. Өкпешілер болып жүрмесін. Күйеу балаларыңыз Нұржігіт менімен ақылдасты. Қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрін ұстанып отыр. Мені ауылдан жан-жағына шар байланған, музыкалатқан шетелдік көлікпен емес, арғымақ аттармен келіп әкететін болды. Қарапайымдылық жасаймыз дейді. Мен келістім,- депті.

Бұл сөзді естіген ауылдың ақ кимешекті әже, ақ жаулықты апалары риза болысты. Әңгіме етісті.

-Ақылы бар, оқыған, тоқыған қыз бала ғой. Қалаға қызықшылығын жасаған көп ағайынның тойына жете алмай қалған күндерімізде болды емес пе? Дұрыс жасаған екен. Қызымыздың тойына барамыз. Ақ тілегімізді айтып, батамызды береміз.

-Осындайда қайдағы-жайдағы еске түседі екен.

-Есіңе не түсіп кетті, тағы. Айтсаңшы, естіп, біліп отырайық.

-Ертеде үйлену тойларымыз айлы кеш, таза ауа, жұлдызды аспан астында өткен жоқ па?

-Соны айтсайшы. Шіркін, жастық шақ-ай. Кәрілік келмейтіндей жүріппіз.

-Өкініп қайтеміз. Қылымсып жүретін жас кезіміз енді қайтып келмейді ғой.

Жазиралы жаздың мақпал кешінің бірінде Күлімкөзді ағайын-туыс, дос-құрбы, ауыл тұрғындары қимастық сезіммен ұзатып салды. Құйма тұяқ сәйгүлік аттарға мінген қалыңдық пен күйеу жігіттердің нөкерлері көрші ауылға аттанып кете барды. Апайын жақсы көретін 8 сынып оқушылары өкініш сезіміне бой алдырып қала берді. Әсіресе Әли мен Санжар.

                     

* * *

Күндер сырғыды. Айлар алмасты. Жылдар жылжыды. Өмірдің ұлы көші керуенін тоқтатқан жоқ. Айнакөл ауылы көлденеңді көк аттының көзінің жауын алатындай өзгерді. Пайдалануға берілген жаңа балабақша үйі бүлдіршін бөбектердің шат күлкісімен тыныстады. Жаңа үлгіде бой көтерген зәулім үйлердің қатары көбейді. «Айнакөл» су қоймасына егілген тал-дарақтар саялы баққа айналды. Демалыс орындары салынды. Туристердің алды келіп демала бастады. Жеміс талдар өнім берді. Жаңарған, жасарған ауылда ел-жұртты сүйсіндірген талай қызықты оқиғалар болды.

Ертай сыныптас достарымен бірге он бір жылдықты аяқтады. Жас түлектер ҰБТ-ға дайындыққа кірісті. Олар былайғы жұртқа жүріс-тұрысы, сөйлеген сөздері, іс-қимыл, әрекеттерімен есейіп қалғандарын сездірді.

-Мектепте оқып жүрген соң,-деді қалжыңқұмар Асқар достарына,-соңыңа шырақ алып түсіп алғандай бала деген сөзден құтыла алмайды екенсің. Бірінің ауызына бірі түкіріп қойғандай оқушы бала дегенді қоймайды. Енді аттестат алған соң «Жігіттер» атанамыз.

-Сен бәрібір әке-шешеңе кішкетай бала күйінде қаласың,-деді художник Санжар.

-Бұл қай сөзің? Қандай дәлелің бар?

-Есіңе түсірші, Асқар. 8 сыныпта оқып жүргенде Сәуле екеуің Шәмші ағаның «Ана туралы жыр» атты әнін айттыңдар. Сол ғажап әндегі «Есейіп кетсем де, Мен саған сәбимін. Көгілдір көктемді, Көзіңнен танимын» деген жыр жолдарын ұмытып кеттің бе?

-«Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген. Мен жеңілдім, Санжар.

-Өмірдің өзі бір жеңіс, бір жеңілістен тұрады.

-Тіл-көзім тасқа. Сенің ой-қиялың өте жүйрік. Келешекте Әбілхан атадай атақты суретші болатыныңа бек сенімдімін.

-Мен де сенің атпал азамат болуыңа тілектеспін.

Күні ертең мектеп бітірушілердің көңіл күйін алаң еткен ҰБТ. Ертай бұл түні кірпік ілген жоқ. Тестілеу сұрақтарының жауаптарын пысықтаумен, іштей қайталап күбірлеумен таң атырды. Ол кірпіктері айқасып, ұйқы көрмесе де өзін  сергек сезінді. Әке суретінің алдына келді. «Әкетайым, бүгін сүйікті ұлыңның жас өмірінде ең алғашқы үлкен сынақ күтіп тұр. Ұлттық біріңғай тестілеуге қатысамын. Алтын ұя мектебімнен он бір жыл бойы ұлағатты ұстаздарымнан алған білімім сарапқа салынады. Дайындығым өте жақсы. "Алтын белгіден" үміттімін. Соңғы алты ай бойы күні-түні дайындалдым. Бір өкініштісі осы уақыттар ішінде әдеби кітап оқуға мүмкіндік болмады. Уақыт тапшы болды. Газетке мақала жазуға да қолым тимеді. Басты мақсатым мен арманым ҰБТ-ны сәтті тапсырып, журналистика факултетіне оқуға түсу. Айнакөл ауылында ақ таң енді ғана арайлап атып келеді. Осы арайлы ақ таңда жақсы ырымды ниет етіп, рухыңызға сыйынып тұрмын. Үлкен өмірдің алғашқы асуындағы сынақта ұлыңызды өшпес рухыңызбен жебеп, демей көріңіз, әкетайым».

Бұл түні Дәметкен де ұйықтай алған жоқ. Тәтті ұйқы құшағында балбыраған Қалимашын құшақтап жатқаны болмаса көңіл алаң, ой жүйрік. «Тестілеу сынағының ауыр жүгін сезінгені ғой. Ертайым түн баласына ұйқы көрмеді. Бір Алла жар болсын. Ата-баба аруағы, әке рухы қолдасын. Соңғы бес-алты айдан бері дайындығында кінәрат болмаған секілді. Кей түндері бөлмесінің жарығы кеш сөніп жүрді. Әріптес ұстаздар мен қайнысы Талғат «Ертайың «Алтын белгінің» иесі ғой» деп жүр. Айтқандары келсін».

ҰБТ-ы сынағы аудандық мәдениет үйінде өтетін болды. Аудан мектептерінен келген жас түлектер  мен ата-аналардың көңіл күйлері толқулы. Әр түлектің жанында тілеуін тілеген етжақындары жетерлік. Ертайдың қасында тілеуқор боп анасы Дәметкен, ағасы Талғат, жеңгесі Айым, қарындасы Қалимаш жүр. Тест тапсырушылар ішке шақырылды. Ертай өз-өзіне сенімді секілді. Жүзінен қобалжушылық нышаны сезілмеген күйі сынақ нысанының табалдырығын аттады. Талғат жеңгесіне қарап тіс жарды.

-Ешқандай алаң болмаңыз, жеңеше. Есіңізде ме? Анада айтып едім ғой. Ертай «Алтын белгі» иегері атанады деп. Сол айтқаным айнымай келеді. Бауырымның тілеуін тілеп жүргеніме көп күндер болды ғой. Түнде түс көрдім. Ақ түйеге мінген Ертай тауға қарай желе жортып барады екен. Жақсылыққа жорыдым. Ертай бүгін «Алтын белгі» иесі болады екен.

-Айтқаның келсін,-деді көңілі алабұртып тұрған Дәметкен.

Жас түлектер түске дейін бәрі де тест тапсырып шықты. Қорытындысы түс қайта сағат 15-00 –де  хабарланды. Сәуле мен Асқар «Үздік аттестатқа» ілігіпті.

-Ертай Қайырғалиұлы «Алтын белгі» иесі атанды,-деген сөзді естігенде Дәметкен өзін-өзі ұстаудан қалды. Жылап жіберді. Қос жанарынан моншақтай төгіле жөнелген көз жастары асыл ана жүрегін тербеткен көл-көсір қуаныштың таңғы шықтай мөлдір тамшылары еді...

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                     

   

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған