Адам қарады: 521 | Жарияланды: 2019-08-23 02:41:43

Мақпал

Баллада
Жақындаған бір сұмдықты сезініп.
Күн де қашты бұлт астына безініп.
Елін аяп күңіренді туған жер.
Астаң- кестең зобалаңға кезігіп.


Қолы жетпей наркескенге қайраулы.
Жау  шапқанда айдаһардай айбарлы.
Қапылыста қыршын кетті армандар,
Шейіт зары кезіп кетті жайлауды.


Мың арманды қойдай сабап «бір шыбық».
Ару дала аңырады түршігіп.
Бұла суы қызыл қанға боялып,
Бұлақ ақты, жылап ақты күрсініп.


Шұбатылып Алатауға ауды жұрт,
Сұм дұшпанға лағынетін жаудырып.
Қарай - қарай қайран ата мекенге,
Қара көздер қарашығын талдырып

Аңыраған ел тар аңғарға тірелді,
Енді қалай болар екен күн енді?

Арыған жұрт, арты - жалын, алды - құз,
Бір-біріне жаутаңдайды үрейлі.


-Халқым! - деген дауыс кенет саңқ етті.
-Амал құрып алқыну – өлумен тең, санаң бар.
Өмір үшін талпыну – жеңумен тең, жараңдар!
Қайыспаңдар, уа, елім!
Қайрат қылар ерің бар, қайта қонар жерің бар,
Айбат болар тауың бар, мұқалатын жауың бар.
Үзе көрме үмітті!
 Нәркес жанар жарқ етті.

Жасырыпты мойыл ұзын шашын да,
Жарқ-жұрқ еткен дулығасы басында.
Ақсауытқа қарағанмен күдікті.
Еркесі екен, Мақпал екен расында.

-О, Мақпал! – деп күңіренді қалың ел,
Жаны батыр жас аруын таныды ел.
-О, Мақпал! – деп қосылыпты биік тау.
Ел қорғаған ерлер мәңгі сүйікті-ау!
-Бұл өрлігің тек өзіңе жарасқан,
О, Мақпал! – деп мөлдіреді көк аспан.

Он екіде бір гүлі де ашылмай,
Тәтті өмірге ынтықтығы басылмай.
Ата жауға ат үстінен қарады,
Ырғып бұлттан жарқылдайтын жасындай.

Алған сертпен алға қылыш сермеді,
Қас дұшпанның сыбағасын бергелі

Көкірегін қарс айырып тұнжыр тау,

Тар арнамен топан тасқын селдеді.

Дұшпанға өткел бермеді.

 

Қандай ауыр алмақтың да салмағы.

Тау иесі жас өмірді жалмады.

Келер ме екен орнына,

Тістеулі елдің бармағы?!

Есін жиып аз уақытта ел енді,
Таусылмайтын қуанышқа кенелді.
-Қайда кетті Мақпалжан,
Елді ажалдан ап қалған?!
Ал жаңғырық аспан асып жөнелді,
Асқақтатып жеңіс жайлы өлеңді.

-Мен мұндамын!-
Естігенді таң қылып
Шықты соңғы жаңғырық,
Тауды естен талдырып.

 

«Сен тұрсың арғы жағада.

Мен тұрмын бергі жағада.

Мөлдіреп сенің көзіңдей,

МАҚПАЛ су жатыр арада.»


Халық оны жеткізіпті ән қылып,
Өлмейтұғын мәңгілік.

Қазақ тілінде жазылған